ДҮНИЕТАНЫМ КЕҢІСТІГІ

Қазіргі қазақ әдебиеті дамуы үдерісіндегі жарық көрген жыр жинақтарымен («Ақшам хаттары», «Рауан», «Алқоңыр дүние», «Қас сақ Аңқымасы», «Бесінші маусым жұптары») және мерзімді баспасөз беттерінде топтамаларымен оқырмандар көңілін баураған Тыныштықбек Әбдікәкімов бұл күндері ұлттық поэзиямыздағы сыршыл, ойшыл ақын тұғырында танымал болып отыр.
Ақындар жырлары – адамзат ақыл-ойының көркемдік-эстетикалық, тарихи-танымдық дүние­та­­ны­мының сөз өнеріндегі өрнектері. Тыныш­тық­бек ақын поэзиясында мыңжылдықтар бойы көшпелілік пен отырықшылық мәдениет дәстүрлерімен қалыптасып, өсіп-өркендеу белестерінен өтіп келе жатқан қазақ халқының ата-бабалар мен ұрпақтар жалғастығының алтын желісі Ұлы Дала кеңістігіндегі ауыл болмысы, халықтық-этнографиялық әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, қаһармандық-жауынгерлік ұстанымдар азаматтық-отаншылдық рух сарынымен жырланған. Азаматтық-отаншылдық рухты өлеңдеріндегі көркем кестелі бейнелеулерден қазақ ауылының халықтық-ұлттық болмысынан қуаттанатын ұрпақтарға ортақ көркем ойлау көзқарастары байқалады. Мысалы: «Ауылым болушы еді күнде боран», «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап, түнде сол Ай сәулесін тыңдап алам», «Мендегі сөз-құлынды, көз-боталы», «Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп, топырақ-жапырағын маздатады», «Қыз-Көктем көл басына асығады, бұрылып бұлт ішінде тарқатылып», «… түнгі құрбым отыр … омырауынан бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқып» («Мерей»); «Тау – ұйқышыл, ит – тыныш, жусан –сұлық», «Шаңырақтан тік түскен найза – сәске сүйегіне сандықтың тұр шаншылып», «Уіліндегі бұлттардың қанатының, ой-хой Далам – Қазағым – Ана Тілім», «Сабырлы да, сыршыл да шіркін ауыл, сабадағы қымыздың бұрқырауын», «Сияқтанып даламның ала бұлты, жан жаңбырын ішімде қалам іркіп», «Әй, қысық көз, қысық көз – боран өлді» («Жансусар»); «Мұң аңқыған сезімнің шатқалынан маңырайды таутеке ұйқысырап», «Қара өлеңім ұшады қазбен бірге, қарып өтіп тұманды кұз көмейін», «Қиялыммен бұлттан да көйлек пішіп, тырауымен тырнаның көктеп алам», «Кісінесе үміттің ақтаңкері», т.б.). Осы бейнелеу өрілімдерімен жырланған өлеңдегі лирикалық қаһарманның жан ділі сыры арқылы қазақтың саналы ұрпақтарына ортақ азаматтық дүниетаным танылады:
… Құшып алып көңілмен Шар-тарапты,
байғыз үнін тіліммен сорғалаттым.
Мен мұңайсам – ішімде жатар бәрі:
Тау көгеріп, Көл сыздап, қанталап Түн!..

Түн арманын, Тау күшін, Көл талабын,
Жылтыраған сөздерімен саудалап,
Мен бейшара, Даламның мұң айтқан сырын,
пенделердің тіліне аударамын!
(Әбдікәкімов Т.
Алқоңыр дүние: Өлеңдер, балладалар, толғаулар. – Астана: Фолиант,
2014. – 324б., 21-б.).

Тыныштықбек – ойшыл ақын. Тыныштықбектің азаматтық-отаншылдық рухы лирикалық налыс-элегия сарынды өлеңдерінен («Уға айналған көз майы», «Мұхит – мұңымның ұлулары», «Сілкініс», «Түн баласы», «Бұл өмірдің театры», «Галлюцинация», «Қара дала», «Санамақ», «Жалғыздық – І», «Жалғыздық – ІІ», «Әй, қарғалар!..». «Пароксизм», «Гегемония», «Әй, мынау түн!», т.б.) Ұлы Дала кеңістігіндегі туған жердің, атамекеннің және халық ұрпақтарының азып-тозып бара жатқан келбетін, перзенттік күйзелісті, мұңды-шерлі сарынмен жырлайды. Налысты-элегиялық өлеңдердегі бейнелеулерден адам жан ділі құбылыстарының кейіптеу-психологиялық егіздеу тұтастығымен бейнелену мәнерін аңғарамыз.
Мысалы, «Уға айналған көз майы» өлеңіндегі бейнелі мағыналы өрілімдерден («Дауылдатқан дәл осы күн секілді, өзімнің де келеді бұзылғым-ақ!», «Қайран менің өз тауым – өз Қыратым», «Қайдасың сен, бауырым-қоңыр Тауым? Қайдасың сен, Самал-Жел-қарындасым», «Көз алдымда барасың сен үзіліп, көдемұртты Далам-ай, селеусақал!», «Қаңғып шығып сырттан –сөз, барақ – арман, қарқылдаушы ек секемім – ала қарғам») лирикалық қаһарманның – Дала ұлының азаматтық күйзелісін сезінеміз:
…Тоналумен Далам-ай, күн кештің-ау,
Тоғайлардан томарлар ғана қалған»
Жұлдыздардың шырынын ұрттағыш Таң
ұйықтап жатыр.
Ұйқыға жұрт та құштар.
Қай кез еді, соңғы рет Шыңғыстаудан
Тамырларын қопара бұлттар ұшқан?!
Қара шашы дауылдың қамалаған
Қара жолдан
көңілім оңала ма?
Мен жолаушы емеспін,
көз жасыңмын,
әжіміңді қуалай домалаған…

(Әбдікәкімов Т.
Алқоңыр дүние: Өлеңдер, балладалар, толғаулар. – Астана:
Фолиант, 2014. – 324 б.; 27-б.).

Философиялық өлеңдер – лирикалық қаһарманның толғаныстарымен тіршілік қозғалысындағы күрделі мазмұнын поэтикалық мағыналы сөздермен, сөз тіркестерімен бейнелейтін көркем туындылар. Тыныштықбектің философиялық өлеңдеріндегі («Түз тағысы», «Түс жорыған», «Өмір», «Ыза қандай іштегі, тоқтам қандай?» т.б.) лирикалық қаһарманның толғаныстары –жақсылық пен жамандық жағаласқан осынау фәни дүние қозғалыстарының әрі қызықты, әрі азапты сипатының бейнеленуі. Қарама-қайшылықты сезімдердің, іс-әрекеттердің, қасиеттердің, құбылыстардың («Ыза қандай іштегі, тоқтам қандай? Ықылассыз жандар бар шоқпар маңдай!», «Сүймес жанның сүйгенді қолдауы – сын», «Дос керек қой бәрібір, бұл өмірде, «досым бар» деп өзіңді алдау үшін», «Біреу – мыстан, ал біреу көкбет еді», «Өз ішіңде дұшпан бар, кеңесші бар, сен алдымен солармен теңесші бар!», «Мұң – мұхит қой, дауылын тыңдар ағаң», т.б.) – барлығы да саналуан бояулы, көпдауысты, мол үнді тіршіліктің қайталанбас ғажайып салтанаты тұрғысында жырланған.
«Түсжорыған» – ақынның балладалық құрылыммен жырлаған оқиғалы, лиро-эпикалық өлеңі. Өлең құрылысындағы баланың көрген түсін (тау, ақбөкен, мәлін, керік, қой, кесе) анасының жоруы («Шыңғыстауың – елің ғой, сол еліңнің бір «ақбөкен» қызына үйленесің!», «Саған тегін «мәлін» боп көрінген «әлгі машақатты түндердің суықтығы», «Ортасында жүре бер «керіктердің», ол – сендегі мерейдің үстемдігі, «Ашқарақ қой» – сендегі алаң көңіл, «сынған кесе» – кешегі ай жаңасы) да түс атаулының жақсылыққа балап жорылатынын, бірақ ішкі көңіл алаңдауын білдірмейтін қазақ ойшылдығын аңғартады:

Көкірегі – көңілі – Дала – мекен,
Дала – мекен – шешем-ай, балаңа кең!..
Қызыл-жасыл ойлардың хикметі,
Құбылмалы маусымнан ғана ма екен?

(Әбдікәкімов Т. Алқоңыр дүние, 13-б.).

Философиялық поэзия – адам мен табиғат құбылыстары тұтастығымен ғарыштық-ғаламдық үндестіктер мен қайшылықтар кеңістігін жырлайтын ойшылдық әлемі. Тыныштықбек поэзиясындағы лирикалық және эпикалық туындылардың барлығы да ойшылдық дүниетаным тереңдіктерін танытатын поэтикалық өрілімдермен жырланған. Ақынның өлеңдеріндегі адам мен табиғат құбылыстары тұтастығындағы үндестіктер де, бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктер де поэтикалық кейіптеу, ажарлау,теңеу, эпитет, құбылту (троп), айшықтау (фигура) өрнектерімен өріле жырланып, ғарыштық-ғаламдық шексіз кеңістікке самғаған саналы ақыл-ой иесі адамзатқа тән көркем ойлау дүниетанымының эстетикалық ұлағатын айғақтайды. Тыныштықбек – қазақ ауылының ата-бабалар мен ұрпақтар жалғастығы тарихнамасындағы халықтың сақталуындағы, дамуындағы қазақ ауылының, ұлттық әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің дала табиғатымен, ондағы жыл мезгілдерімен, ғарыштық аспан денелерімен біртұтас тыныстаған, үндескен болмысын философиялық мағыналы ойларымен өріп жырлаушы ақын. Дәстүрлі поэзиядағы табиғат лирикасына тән шартты бейнелеулер сақтала отырып, лирикалық қаһарманның дүниетанымымен фәни дүние құбылыстарының күрделілігін оқырманға сезіндіреді. Мысалы: «Түнгі күзет», «Ауыл кеші», «Көктем», «Түз тағысы», «Боран алдында», «Боранды түнде», «Мамыр», «Ажал даласындағы тірі тас», «Қара дала», т.б. Табиғаттың негізгі мүшелері қатарындағы саналы ақыл-ой иесі адамдардың көңіл-күйімен де, мінез-құлық психологиясымен де тектес-үндес көріністер, құбылыстар көркем кестелі өрілімдермен өрнектеле жырлануымен әсерлі: «Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған», «Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді», «Сандырақтап Түз жатыр көне тілде», «Мың ашылып ауызы, мың қисайып жапан түзде жалғыз үй есінеген», «Дем алармын желіні сыздап Таңның қозы-бұлттар жамырап емген кезде («Түнгі күзет); «Қақпақылдап тынымсыз жел-уақыт, қаңбақ-күндер келмеске домалаған», «Бүгін Аспан боталап, Тау тамсанды, бүйен-сайға құйылып уыз тұман», «Жаз жазмышын оқисың, жанар қадап, жадыраңқы іңірдің қабағынан», «Марқа көңіл қоймайды маңырауын терезеден Ай қарап теке мүйіз», «Көгілдір нұр төгіп тұр, Көкте жұлдыз, қой көзіндегі сәулеге шағылысқан» («Ауыл кеші»); «Сиырлар да жөтелген ықтасында. Ызғар уыты – есіктің тұтқасында», «Қой- ашқарақ, төл-тоңғақ, жусан –өлі, тал-жалаңаш, бұлт-үркек, жел-солақай» («Боран алдында»). «Күлген сайын сырттағы күрең боран, шын жылайды пешіңнің қолқасында», «Ботасынан айрылған боз інгендей, боздайды кеп көшеде боз бағана» бейнелеулермен өрнектелген «Боранды түнде» өлеңінлегі поэтикалық кейіптеулер мен құбылтулары, ауыстырулары философиялық мегзеулі-ойлылығымен баурайды.
Табиғат – Адам бірлігі тұтастығымен жырланған өлеңдердегі кейіптеу поэтикасымен өрнектелген бейнелеулерден жанды қозғалыстағы ғарыштық әлем кеңістігінің романтикалық-реалистік тұтастықтағы болмысын сезінеміз. Мысалы, «Ажал даласындағы тірі тас» өлеңіндегі бейнелеулердің писхологиялық-философиялық сарындар тұтастығындағы мағыналық өрілімдерінің эстетикалық әсері айқын: «Сары Дала дөңбекшіп Күн астында, сайтан-сағым сорады бұлт емшегін», «Айнала –кіл күйік тау, ісік төбе», «Құла түздің кіндігін құйын борап, … көкпен ғана көк жасыл күшіктеген», «Шекелерін сығымдап күшті ғылым, Аспан өле бастады Түз түгілі», «Қызыл жалқын аңызақ долдануда, Ібілістің мыйындай ыстық үні,» «…көлеңкелер мөңкіскен оқыралы», «Қи түбінде кесіртке бақырайып, ши түбінде шегіртке шоқынады», «Жалғыз көзі бозарған Дию-Түннің жарғанаттар шыңғырып етегінен», «Көлдерімді шіркін-ай, сақтап қалсам, көздерімнің мөлдірін берсем де мен!», «Топырақ боп кеткенше тас ұстап, нөсер болып селдетсем сосын тағы!» (Әбдікәкімов Т. Алқоңыр дүние. 24-25-б.б.).
Махаббат лирикасы – әлем поэзиясының мыңжылдықтар бойы дамылсыз жырланып келе жатқан саласы. Тыныштықбектің махаббат лирикасын құрайтын өлеңдері де классикалық әдеби дәстүр деңгейіндегі көркемдік сипатымен ерекшеленеді. Қыз бен жігіттің, әйел мен еркектің бір-біріне құштарлықпен, жалын атқан ынтызарлықпен арналған сағынышқа, арманға, сенімге, үмітке толы көңіл-күй сырларының жырлануы – поэзияның өнернамалық болмысын танытатын эстетикалық ұлағаты. Ақынның махаббат лирикасы ауқымындағы өлеңдерінде («Көк аңқыған кез еді», «Таңға дейін тағы да ұйықтамадым», «Жұлдызды тағдырыңның мен жүрмін іргесінде», «Сені ғашық дейді ғой», «Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!», «Сезімтал боп кеттік пе біз-ақ бүгін?», «Сол бір қыздың соңынан бақ шұбырып», «Бәрі маған ақыл айтқыш», «Маған орман секілді көңіл қалың», «Хатыңды оқығанда», «Иә, біздер жаз бойы хат алыстық», «Хат жазбайсың міне енді, Сен де мүлде», «Алдап әлі келе ме көлгір өмір?», «Күллі тамыры күрсініспен түйірілген», «Шағантайым, Тәңірім», «Шексіздіктен сен де бірде оралдың, «Түн құлағы қалқайып әр мұржаның түбінен», «Қызғаншақсың!» – деп, бір күні кінә арттың-ау Сен маған», «Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды», «Сол алғашқы қызыл қыз», «Сүйіс», т.б.) Адам Ата мен Хауа Анамыз негізін салған еркек пен әйел жынысын бір-біріне құштар етіп қойған Жаратушының ұлы заңдылығы көркем шындық поэтикасының мағыналы өрілімдерімен кестелене төгілген. Махаббат лирикасын құрайтын Тыныштықбек өлеңдеріндегі мағыналы өрнектелген ойлар оқырманды да кейіпкерлік қалыпқа түсіре баурайды. Мысалы: «Маздап жанар жүрегім – жан ошағым», «Көңіл – қобыз, қызыл тіл қылын басар», «Қыз алдында үн-сынық, буын босап», «Жолаушы –көп, бірі адам, бірі- пенде» («Көк аңқыған кез еді»); «Сені сүю – біреуді қызғандыру, сені сүю – біреумен бақталасу», «Сені ойлаумен күрсінген бір сәтімде – сенсіз өткен мың түн бар сығымдалған» («Таңға дейін тағы да ұйықтамадым»).
Махаббат – саналы ақыл-ой иесі адамзат ұрпақтарының сезім әлемінің құдіретті көрсеткіші. Тыныштықбектің көркем мағыналы өрілімдерімен өрнектелген сүйіспеншілік ғаламатын жырлауынан жалпыадамзатқа ортақ сезім болмысын танимыз
… Уысына үміттің уыз төгіп фәни Күн,
елесіңнің ернінен қақ жарылар Қара Ұйқым!
Қақ жарылар Қара Ұйқым,
Ақтарылып Ақ өлөң,
Санамдағы Сәскенің сәулесіне бөленем.
Сәулесіне бөленем Санамдағы сәскенің.
Сені сүю – азадан ада әлемге көшкенім!

Сені сүю – қуатты Қорқынышым көз ілген,
дәл көзіңнің алдынан бірге өтемін Өзіңмен,
Мендік нәзік сезімге қанаты ыстық.
жымиуың – тіл басып маған мың әулиемен ымдасу!
Сенсіз қалсам,дүрлікпе пендешілік тірлікке
Сыймас – іште
Құдайы кұбірлеген бұл басым.
(Әбдікәкімов Т.
Алқоңыр дүние. 62-б.).
Тыныштықбектің лиро-эпикалық және эпикалық жанрлар бойынша жырлаған шығармалары – қазіргі қазақ поэзиясының әлемдік әдеби даму үдерісі аясында бағаланатын туындылар. Әлем әдебиетінің классикалық жанрлары жүйесіндегі көркемдік дәстүрмен үндес балладаларында («Жаза», «Бақ (Қойшы әңгімесінен)», «Тыныш пен өлместің алғашқы рет тілдесуі» «Тыныш пен өлместің екінші рет тілдесуі», «Тыныш пен өлместің үшінші рет тілдесуі»), поэмаларында («Ындын», «Жан-Ар», «Аңқыл Ес-І», «Аңқыл Ес-ІІ», «Ес бағында, т.б.), эпикалық толғауларында («Уай, Әділет, саған айтам», «Қайран», «Қарасарбаз үйінде»), т.б.) – философиялық, психологиялық тұжырымдармен жырлауы – Тыныштықбек ақынның ойшылдық дүниетанымының лирикалық және эпикалық құрылыммен өрнектеудегі жаңашылдығы. Лирикалық толғаныстар мен эпикалық баяндаулар өріле тұтасқан шығармалардың идеялық-композициялық желілерінде ақын Тіршіліктану-Адамтану аясында өзекті мәселелерді поэтикалық даралай бейнелеу нысанына алған. Адамтану аясында лирикалық қаһарман – күрескер Дәуір Азаматының өршіл рухты мәлімдеуін ұсынған:

…Мәңгі ғұмыр формасын шоқпен қарып тәніме,
бұл әлемнің топастығын дәлелдеймін әлі Мен!
Сонан соң ше?
Жәйі қалай жұлдыздара ойлаудың?
Көзі – мына біздерміз ғой – қозғалуды қоймаудың!
Ойдан жүйрік жылдамдықтың қуат-күшін анықтап,
Жол береміз таланттарға табынатын халыққа.
Сонан соң ше?
Қақыратып мына қара Түнекті,
Жаратқанға көрсетеміз
Алақан мен Жүректі!..
(«Салыстыру теориясы» толғауынан).

Тыныштықбектің лиро-эпикалық және философиялық-эпикалық сарындармен жырлаған туындыларында ғарыштық-ғаламдық кеңістікке ортақ фәни мен бақи дүние жалғастығындағы ұғымдар (Тәңір, Өмір, Өлім, Ындын, Жан, Ар, Ес, Ақыл, Құлқын, Бойүкйездік, Үміт, т.б.) оптимистік ұстаныммен («Жан-Ар» психологиялық поэмасы) жырланған:
… Армандауың – әсемдікке сенің құштар көңілің,
Арманыңа байланысты жеңу я жеңілу.
Тектен-текке сұқтанбайды ырықтарға сұрықтар,
бір арманда, біле білсең, жүз миллион үміт бар!..
(Әбдікәкімов Т. Алқоңыр дүние, 124-б.).

Тыныштықбек зарлай, жарлай арнау сарындарымен жырланған толғауларында материалдық және рухани мәдениет салаларының экологиялық зардаптарын сөгіс-налыс толғаныстарымен айыптай-әшкерелей («Қайран») жырлайды:
… Сорлы Дала селдір шашын тұтамдап,
мәңгіп жатыр: басы-мұнда, бұты-анда,
…Мықтылардың азуына қарайтын,
көнбістіктің көкірегіне саңғып кетті талай түн!
Қызыл тілмен табытыңның тақтайын
жона жүріп, қалай екен ән айту?
Ә, Қара өлең?!
(Әбдікәкімов Т.
Алқоңыр дүние. 146-б.).

Тыныштықбек ақынның «Аңқыл Ес-І», Аңқыл Ес-ІІ» атты философиялық-публицистикалық тұтастықпен жырланған лирикалық-эпикалық шығармаларында уақыт пен кеңістік аясындағы жақсылық пен жамандық, шыншылдық пен жалғандық жағаласқан адамзат ортасындағы тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар болмысына сыншыл бағалаулар жасалған. Адамзатқа ортақ әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынастардағы ұғымдардың (меншік, сауда, саясат, қантөгіс, қожалық) ұрпақтардың экологиялық азып-тозуына ұшыратқан зардаптарын ашына толғаған:

Тыныштықбек – ұлттық және жалпыадамзаттық ортақ дүниетанымды ұлықтап жырлаушы ақын. «Алқоңыр дүние» кітабындағы ежелгі сақ дәуірінде негізі қаланған Ұлы Дала Елі ұрпақтарының өсу-өркендеу ұстанымдары (Аңқыр-Мүңкір, Бес күндік жалған, Бес қару, Бес Ене, Сегіз қырлы, бір сырлы Ер, Аңқылдау, Алау, Ақын, Отау, Шаңыраққа қара, Қыдыр, Тән мен Жанның аңқуы, т.б.) көркемдік желі-нысан болып қолданылған. Ұлы Дала Елі ұрпақтарының көпғасырлық тарихында қалыптасқан дүниетанымындағы Сөзтаным мен Күнтануға байланысты ұғымдар-түсініктер поэтикалық мағыналы сөздермен, сөзтіркестерімен бейнелене өрнектелген. Ғарыштық кеңістіктегі ғаламшарларды да, жұлдыздарды да, жер серігі Айды да, Жер тұрғындары адамдарды да, бүкіл тіршілік әлемін сақтаушы, дамытушы Күн-Шаңырақтың қазақ өркениетіндегі бір шаңырақ астындағы ұрпақ ұғымымен үндестіре-сабақтастыра жырлайды:
… Күллі адамзат – бір атаның әулеті,
Өмір сүрген Күн – Шаңырақ астында,
… Ақыл қошта, Көңіл қошта, Ой қошта,
Мейірімсің!
Меншік үшін шайқаспа!
Күлдіреуіштің Кіресіне қара сен,
Дос құшақ – ол,
Қос құшақ ол, айқасқан!
Таңыра – Естен шалқып тұрған Жарғы-зор:
«ЕЛ МЕН ЖЕРДІ БИЛЕМЕСІН ЕНДІ СОР!»
Күлдіреуіштің Кіресіне қара сен,
Алашыңның,
Жарасымның таңбасы – ол!
(Әбдікәкімов Т. Алқоңыр дүние, 296-297-б.б.)

Қорыта айтқанда, ұлттық және жалпыадамзаттық дүниетаным бірлігін гуманистік-философиялық сарынмен жырлаудағы жаңашылдығымен қазіргі қазақ поэзиясының әлемдік классикалық әдебиет дәстүріне үндестігін жырлануын танытқан көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтің туындылары ұлттық сөз өнерінің рухани құндылықтары қатарында бағаланады.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ

Пікір қалдыру