ЕЛУ ЕКІНШІ ЖЫЛ

Медеу Сәрсеке

 2 бөлім, 9 көріністі тарихи драма

СӘТБАЕВ Қаныш Имантайұлы −  Қазақ КСР ҒА-ның президенті

ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА −  Сәтбаевтың әйелі, инженер-минералог

БӨПЕЖАН −  Қазақ КСР Ғылым академиясы президентінің көмекшісі

ШАЯХМЕТОВ Жұмабай −  Қазақстан К(б)П ОК-ің бірінші секретары

ОМАРОВ Ілияс −  Қазақстан КП(б) ОК-нің секретары

ХРАМКОВ Иван Петрович −  ҚКП ОК-нің үгіт-нсихат бөлімінің меңгерушісі

ИСАБЕКОВ Бөлебай −  Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісінің орынбасары

ЖАРЫЛҒАПОВ Исләм −  Орталық Комитеттің сектор меңгерушісі

НАБАТОВ Алексей Александрович −  Қазақ КСР-ның бас прокуроры

ТӘЖІБАЕВ Төлеген −  ҚазМУ-дің ректоры, профессор

ӘБДІҚАЛЫҚОВ Мұхамеджан −  Партия тарихы институтының аға қызметкері

ӘУЕЗОВ Мұхтар Омарқанұлы − жазушы, академик, Сталиндік сыйлықтың иегері

КАССИН Николай Григорьевич −  Геология ғылымының докторы, академик

КЕНЕСАРИН Натай Әзімханұлы  −  гидрогеолог, Кенесары ханның шөбересі

БЕКМАХАНОВ Ермұхан −  тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор

БЕКМҰХАМЕДОВА Халима Адамбекқызы − Бекмахановтың әйелі

ЖИРЕНШИН Әбіш −  Орталық мұражайдың директоры, ғалым-филолог

ӘДІЛГЕРЕЕВ Халил −  тарих ғылымының кандидаты

ДІЛМҰХАМЕДОВ Елтоқ −  тарихшы

СОЛОВЬЕВ – КСРО Қауіпсіздік комитетінің аға тергеушісі

ВЛАДИМИРОВА Анна Васильевна – емдеуші дәрігер

 

Эпизодта тарихшылар мен техникалық қызметкерлер

 

1951-1953 жылдары Қазақстанда жүрген аса ірі саяси қуғындау оқиғалары драмаға арқау болған. Науқанға атсалысқан билік иелері, куәгерлер және зардап шеккендердің  бәрі де  өз  есімдерімен аталады. Драмаға арқау болған тартыс айғақтары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жабық қоры, Қазақстан КП ОК-нің қаулыларынан, мерзімді баспасөзден және қазірде жарық көрген деректі кітаптардан алынған. Тартысқа қатысушылардың бәрі өздерінің есімдері және лауазымдарымен аталған…

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Қазақстан КП ОК-нің секретары Ілияс Омаровтың кабинеті. Төрде В.Ленин мен И. Сталиннің портреттері. «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы санын хатшы шұқшия оқуда. Әредік басын шайқайды, әлденеге долданып, үстелді жұдырығымен соғады. Мазасызданып жан-жағына қарайды. Залдағы көрерменге шұқшия қарап, «Апыр-ай, не істеймін? Бұл енді біз үшін – жаңа сойқан!..» –  деп те  мазасызданып дауыстайды…

Сахна   бұрышындағы  шағын  экранға  «Правда» газетінің 1950 ж. 26  желтоқсандағы ішкі екі беті, «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» делінген сойқанды мақаланың жалпы нұсқасы, тақырыбы, соның аяғындағы үш автордың – Х. АЙДАРОВА, Т. ШОЙЫНБАЕВ және В. ЯКУНИННІҢ фамилиялары қара әріппен бадырайып түседі.

ОМАРОВ (комутаторға): Бірінші секретарьдың көмекшісін қосыңыз! Бол, тез! Сансыз!.. “Правданың” 26 күнгі номерін Жұмекеңе кіргіз! Тура қазір апар!..

ДАУЫС:  Жолдас хатшы,  Храмков газетті бағана әкелген…

ОМАРОВ: Жұмабай Шаяхметұлында кім бар?

ДАУЫС: Иван Петрович отыр. Жарым сағат болды.

ОМАРОВ: Апыр-ай, кешіктім білем. Храмков шыққан кезде маған хабарла!

ДАУЫС: Ұқтым, Ілеке! Тура сөйтемін.

ИСАБЕКОВ пен ЖАРЫЛҒАПОВ рұқсатсыз кіреді. Қолдарында “Правда” газеті.ОМАРОВ (ашулы): Сендерді шақырғам жоқ. Қу жаныма тыныштық беріңдер…

ЖАРЫЛҒАПОВ: Ермұхан байғұсқа қиын болды. Мына мақала − оған жасалғанқастандықтың зоры. Сірә, басын жоюға бағытталған қаракет! Бала-шағасын жетім ету…

ОМАРОВ: Жә, жә! Бәз-баяғы Асан Қайғының ежелгі гөй-гейі…

ИСАБЕКОВ: “Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып…” – деген сөзді Абай данышпан тектен-текке айтпаған… Мынау сол, Шіркеубайдың сүмелегі Ермұханмен қоса сізді де қапқан. Иә, иә, бөрібасар итке қосаметкей талату!..

ОМАРОВ: Шіркеубайың кім? Сығыр құдай, кімді оспақтап тұрсың?

ИСАБЕКОВ: Менің бастығымның лақап есімі. Храмковты айтамын (Газетті нұсқап) Мынау да − соның әрекеті, Мәскеуге белсенді идеолог болып көрінудің амалы…

ЖАРЫЛҒАПОВ: Ілеке, көңілім сүттей іріп, екі ауыз өлең шығардым! Дат деңіз!..

 «Тағдыр шіркін тап беріп,

Тамағымнан алып тұр.

Пәле деген аңдушы,

Аяғымнан шалып тұр.

Жала деген төбеті,

Балтырымнан қауып тұр…

Сауысқан, қарға, қарақұс,

Жемтік аңдып бағып тұр.

Табалаған жаманның,

Шаян тілі шағып тұр.

“Әй, сені ме!” дегеннің,

Айызы әбден қанып тұр…»*

 

* Ахмет Байтұрсыновтың  “Жау қолына түскен мүсәпірдің сөзі” атты өлеңінен

ОМАРОВ үстелді тықылдатады. ИСАБЕКОВ есікті ашып, ауыз үйге қарап, қайыра жабады. Үшеуі де өлең сөзінен ерекше шошиды.

ОМАРОВ: Өлең – сенікі емес, уақытынан бұрын тұншықтырылған ескі жайсаңның бізге қалдырған өсиеті әлде ескертуі… Жә, (газетті нұсқап) мынаны не істейміз?

ИСАБЕКОВ: Мақаланың саяси сұғынан қатты шошып тұрмын, 37-ші жылғы зобалаң осындай ұрдажық сыннан соң өрбіген. Қашан айттың демеңіз, мұның қияметі Ермұхан мен Сізді дүрелеумен сірә тоқтамайды…

ОМАРОВ (шошына қарап): Бөлебай, Асанқайғының бәз-баяғы уайымы мұның…

ЖАРЫЛҒАПОВ: Илайым, қателескен болайын! Ежіктеп тұрғанымыз − Ілияс Омарұлы, қауіп-қатерден сізді сақтандыру! Мынаның түп көздегені − қазақтың маңдайалды оқымыстыларын құрықтаудың бисмилләсі, соңында осы науат зиялы қауымды түгел шалады, бірінші хатшыға осы қатерді алдын-ала ескерту керек!..

ОМАРОВ: Исләм! Білгіш дегенге сен тіпті, тоқтат уайымыңызды! Мынаның зардабын жеңілдетудің жолын нұсқаңдар маған! Не істейміз?..

ИСАБЕКОВ: Бас газеттің сынын дереу талқылап, “Қазақстан тарихының” газет нұсқаған олқылықтарын дереу мойындап, түрліше шаралар белгілеу қажет. Әлбетте Ермұхан сорлыға қатаң сөгіс байлатыңыз! Иә, иә, тек қана сөгіс! Қысқасы, Ілеке, қатердің алдын алған жөн…

ЖАРЫЛҒАПОВ: Қазақ тарихы кафедрасының меңгерушілігінен де оны уақытша босату қажет. Қатардағы профессор болып бірер жыл жүре тұрса мұрты қисаймайды…

ОМАРОВ: Көкейге қонымды ұсыныс. Уақытша шегініс жасамай болмайды. Сірә, сөйтеміз… Ал, “Қазақ КСР тарихына” жауапты редактор болып, Кенесары көтерілісін халықтық қозғалыс ету саяси қателік екенін қасақана “көрмеген” маған, Орталық Комитеттің идеолог хатшысына қандай жаза лайық? Мақаланың сұғы маған арналған…

ИСАБЕКОВ: Әлбетте сізге де, Ілеке, қатаң сөгіс байлау керек.

ІЛИЯС ОМАРҰЛЫ: Тартпасын ақтарып, ашық конверттен хат суырады.

ЖАРЫЛҒАПОВ: Қолыңыздағы – 1949 жылғы қазан айының 12-і жаңасында Мәскеуден жолданған хат, авторы профессор Панкратова. Мен соны жатқа білемін… «Ілияс Омарұлы, “Вопросы истории” журналында жарияланған Ким жолдастың өткір сынын оқыдыңыз ба? Меніңше, бұл да кейбір тарихшылардың ақиқатты теріске айналдырып, қазақ халқының тарихын көпе-көрінеу сүмірейтіп көрсету ниетінен туған сандырақ тұжырым. Осындай тарихи жағдайды басынан кешкен грузин патшасы мен өзбектердің ханы неліктен ізгі ойлы қайраткерлер саналып, ал, қазақтар Абылайды және Кенесары Қасымовты бұзық билеушілер етуге тиіс? Түсінбеймін. Қазақ тарихының аса көрнекті қос тұлғасын бағалауда мен тарихи ақиқатты бұрмалап, өзім сенген иланымнан ешқашанда айнымаймын…» Қайран Анна Михайловна, бұдан артық не десін?! Мәскеу тарихшысының осынау жүрекжарды сөзін қызыл матаға жазып, Орталық алаңға қойған жөн еді. Соны оқыған жұрт: “Апыр-ай, мына кісі көз алдындағыны көргісі келмейтін біздің итаршы тарихшыларды қалайша сүмірейткен, өткен заманның оқиғаларын теріс-қағыс түсіндірген сол шіркіндердің сорақы тұжырымын қалайша әшкерелеген? Жарайсың, Панкратова! Ғалым болсаң сендей бол!..” – деп сүйсінері хақ!

ИСАБЕКОВ: Ілеке, бұл хатты тартпада ұстау − саяси қателік! Алған бетте-ақ баспасөзде жариялаған жөн еді. Мен соны сізге ескерткемін. Әлбетте, әлі де кеш емес…

ОМАРОВ: Жеке адамға жолданған хатты жариялау этикада жоқ дәстүр…

ИСАБЕКОВ: Түбінде сіз, Ілеке, осынау шексіз кішіпейілдіктен опық жейсіз…

ОМАРОВ: Жә, ойларыңды ұқтым. Қатаң сөгіспен құтылсам −  тәубе дер едім. Сақал-мұрты өскен ескі дауды Мәскеуде, партияның бас газетіне бастыруға қолы жеткендердің желігін қатаң сөгіспен сірәда тоқтата алмаймыз?..

ЖАРЫЛҒАПОВ: Қойыңыз, мұндай күпір оймен ертеңгі алыс-жұлысқа жарамайсыз, Ілеке. Бұл істе аянуға қақыңыз жоқ! Тек қана қарсы күресті үдету керек! Ал, қателестім, түсіндім, түзеймін… десеңіз – Шіркеубайдың сүмелегі бастаған қарақшы топ біздің де, сіздің де басымызға сиіп-тышып, ойына келгенін істейді. Бір деңіз…

Телефон шырылдайды. ОМАРОВ трубканы көтереді.

ОМАРОВ: Ұқтым, Сансыз! Қазір жетемін. Бөгде біреуді Жұмекеңе жолатпа!

ЖАРЫЛҒАПОВ: Жолыңыз болсын, Ілеке! Мойымай, тек қана қарсы сөйлеңіз…

ИСАБЕКОВ: Жұмекеңді де әлгі уәжге иліктіріңіз! Тегінде осы науқанда бәріміз де таяқ жейміз…

 

II

ҚазМУ ректорының  демалыс бөлмесі. Кабинет иесі әлденеге ерекше абыржулы.

Қолындағы газетті умаждап, мазасызданып отыр. БЕКМАХАНОВ келеді.

ТӘЖІБАЕВ: Төрлет, Ермұхаш. XX ғасырдың Дон-Кихоты, монтиған түріңе қарағанда  ештеңе білмейтін сияқтысың?..

БЕКМАХАНОВ: Жайшылық па, жолдас ректор? Кімнен қорлық, кімнен зорлық?..

ТӘЖІБАЕВ: Қазақтың ашық аспанын қара бұлт торлады, топан-судан тек аман болғай?!.. Мә, оқы, шалқаңнан түспе тек! Сендей нар жігіттер газет бетіндегі былшылға шарт сынса, біз сияқты уақытша әкімдер танауымен жер сүзіп, есінен тануы анық…

БЕКМАХАНОВ (Газетті алып, әр жерін дауыстап оқиды): «Қазақ халқының тарихы өзінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған, сыртқы және ішкі жауларға қарсы күрестің тамаша оқиғаларына бай… Алайда, Кенесары Қасымов сұлтанның феодалдық  монархиялық қозғалысы шексіз мадақталған…». (Кенет мырс етіп) Сөз-ақ! Батырды батыр демей, от көсеген қатын дейміз бе сонда?.. (Мақаланың аяғын көрген соң) Бәсе, баяғы үш соғынды. 37-жылдың жедел соты десек артық емес: атақты жалақор Тілеуқажы Шойынбаев, қатын белсенді Хадиша Айдарова және қонақжай қазақтың асын ішіп, кандидат атанған шалағай тарихшы Александр Якунин…

ТӘЖІБАЕВ: Ермұхаш, ұсақтанба, бұдан да зорды көргенсің!

БЕКМАХАНОВ: Жә, жолдас ректор, лекциядан әлгінде шықтым. Шай алғызсаң −  бас тартпаймын. Қызғаншақ тарихшысымақтардың менің соңыма шам алып түскені −  бүгін емес.  “Домалақ” арызбен докторлық жұмысымды бекіттірмей, екі жыл әуреледі,  Мәскеу мен Алматыда үш мәрте айтыс ұйымдастырды. Не шықты? Енді мына мақала…

ТӘЖІБАЕВ: Тәубені ұмытпа, қазірде сен − ғылым докторысың һәм профессор…

БЕКМҰХАНОВ: Төлеген Тәжібайұлы, мына шимайды “Правдаға” жолдаушы −  әлгі үшеу емес, басқа екенін білесіз бе?

ТӘЖІБАЕВ: Мәндірек бірдеме айт!

БЕКМАХАНОВ: Мұның түп иесі  − “Үлкен үйдегі” Шіркеубаев.

ТӘЖІБАЕВ: Храмков па? Сонда ол шіркін Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінде шалжиып отырып, өзіне-өзі көр қаза ма? Қой, батыр!..

БЕКМАХАНОВ: “Правданың” екі тілшісі − Виталий Озеров, Александр Черниченко өткен күзде Алматыға келіп, Храмковтың кабинетінде бұғынып отырып, біздің шалағай есті әумесерлерді әлденеге емексітіп, өздері дайындаған мақалаға қол қойдырғаны – маған мәлім.

ТӘЖІБАЕВ: Сөзіңде логика жоқ, батыр.

БЕКМАХАНОВ: Әу баста олар соған Жұмекеңнің қолын қойдырмақ болған…

ТӘЖІБАЕВ: Өсекші жұрттың жел сөзі, сенбеймін!..

БЕКМАХАНОВ: Орыс патшасының әскеріне ғазабат соғыс жариялаған дағыстандық Шәміл имамды “Большевик” журналы жариялаған мақаласында түріктің агенті еткен жалақор автордың кім екенін білесіз бе?

ТӘЖІБАЕВ: Білемін, Миржафар Аббасұлы Багиров. Әзірбайжан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары… Апыр-ай, сонда «Правда» газеті сол амалды бізге де қолдаған ба?

БЕКМАХАНОВ: Бұл жолы соғындылар Компартияның бас органын пайдаланған. Алайда, Шіркеубай баласы зымияндықпен жобалаған арандатуға біздің Жұмекең көнген жоқ. Қисынды уәж айтып, бас тартқаны маған мәлім…

ТӘЖІБАЕВ: Демек, Жұмекең біздің – нағыз ер! Оқымағанның данышпаны!..

БЕКМАХАНОВ: Өз басын арашалағанымен ол кісі Храмковты тоқтата алмады. Сол шіркінге ол кісі: «Иван Петрович, жүз жыл бұрынғы тарихқа басыңды ауыртпа!..» − деп үстелді тықылдатса, өркөкірек Храмков бұтын қысар еді, амал қанша?!.

ТӘЖІБАЕВ: Жұмекеңнің айбары мен қайраты бір басына жетіп артылады. Ел тарихын ол кісі келімсек идеологқа ешқашанда қорлатпайды!

БЕКМАХАНОВ: Илайым, айтқаның келсін! Мен сізге тағы бір шындықтың бет пердесін түрейін: “Правданың” бас редакторына наразылық білдіріп, осыдан бір ай бұрын жеделхат жолдадым. Мені қолдаған екінші телеграмманы докторлық диссертациямның бірінші оппоненті, тарих докторы Михаил Вяткин Ленинградтан жіберді. Үшінші наразылықты Панкратова бастаған мәскеулік тарихшылар жасады…

ТӘЖІБАЕВ: Бәрекелді! Маған неге сездірмедің? Университет ғалымдарының атынан ұжымдық хат ұйымдастырып, өзім де соған бірінші ретте қол қоятын едім…

БЕКМАХАНОВ: Сізді бұған әдейі қатыстырмай, келешек тартысқа сақтадық, Төке.

ТӘЖІБАЕВ: Ә, бір есептен о да жөн екен. Жә, содан кейін?..

БЕКМАХАНОВ: “Правда” газетінің алқасы, әділін айту керек, сол мақаланы Алматыға, Тарих институтына жолдап, жазбаша пікір сұрады.

ТӘЖІБАЕВ: Демек, қазақ тарихшылары дауды өздері шешсін деген. Жөн-ақ!..

БЕКМАХАНОВ: Тарих институты сол мақаланы екі күн талқылады. Мені қатыстырған жоқ. Талқы бағытын теріске бұрмалаған тағы да Храмков, біздегі ЦК-ның бөлім меңгерушісі, шалағай идеолог… Сол талқы ақырында мені түзелмейтін ұлтшыл етіп, мақаланы мақұлдаған қаулы қабылдады. Кенесары ерге де нақ сол күні біздің бейшара тарихшылар “Қазақ халқының қас жауы” деген тұжырым шығарды.

ТӘЖІБАЕВ: Апыр-ай, пәле-жала қайдан дейміз? Өзімізді өзіміз тұқыртудан қашан арыламыз?! Мына күпір жайтты мен естігем жоқ…

Хатшы әйел келіп, дастарқан жаяды. Ас-су әкеледі. Екеуі шай ішеді.

БЕКМАХАНОВ: Ішімдегі күйікті басатын ащырақ бірдеме бермейсің бе?

ТӘЖІБАЕВ: Күйректікке салынба, Ермұхаш! Қазір саған да, маған да мейілінше сергек болу қажет! Өйткені бұл мақала – саған ғана жасалған қастандық емес, мұның артында маңдайалды ұлт жайсаңдарын дүрелеу науқанының сирағы шығып тұр…

БЕКМАХАНОВ: Мейрімді Алла, оның бетін әрі қаратсын, Төке!.. “Правданың” көздегені – мен, иә, сонсоң менің еңбегімді қызғыш құстай қорғаған Ілияс Омаровты мықтап дүрелеу!.. Түпкі мақсаты сол шіркіндердің тіпті сорақы: мені атышулы 58-бапқа байлау! Ең шатағы, Мәскеу тарихшылары маған енді қол ұшын бере алмайды. Өзі би, өзі қожа “Правда” газетіне кім қарсы шығады?!

ТӘЖІБАЕВ: Сөйтсе де әліптің артын бағайық… Екеумізді де “Үлкен үйге” шақырып отыр. Сені сабақта деп бір сағатқа кеңшілік алдым. Астан ал, шайға бас! О жерде не дейміз, екеуара келісу керек…

БЕКМАХАНОВ: Жо-жоқ, Төке, «Үлкен үйге» мені сүйреме! Бармаймын. Таба алмадым, үйінде ауырып жатыр деген сылтау айт. Тымаудың ауыр түрі де…

ТӘЖІБАЕВ: Ермұхан, тағдырың сол үйде шешілетінін ұмытпа. Бір ме? Екінші, Ілияс Омарұлы саған қас адам емес, мына мақалада оны да сынап, тарихты “бұрма-лаушы” деген. Үшінші, Орталық комитеттің секретарына мен сені қалайда ертіп барамын деп уәде еттім…

БЕКМАХАНОВ: Туған ел үшін оттан да, судан да тайынбайтын ерсің, Төлеш. Іскерлік те, сүңғыла ақыл да шарадай басында жетіп артылады. Жұмекең сені үкімет төрағасының орынбасарлығынан бекер сырғытты. Совминге төраға еткені жөн еді…

ТӘЖІБАЕВ: Жә, бостағай сөзді доғар! Бізді хатшы күтіп отыр.

БЕКМАХАНОВ: Жарайды, “Үлкен үйдегілер” тап бүгін көргісі келсе − мен дайын. Міне, бас! Міне, мойын!.. Үрпе-шүрпе бес баламды үкіметтің өзі асырайды, болмаса солардың жетім атанған тағдырын Храмковтың мойнына артамын, ха, ха!…

Беттерін сипап бата жасап, киіне бастайды.

 

III

Ілияс Омаровтың кабинеті. Үстел басында, – Омаров, Храмков, Жарылғапов, Исабеков, Шеткері орында – Тәжібаев пен Бекмаханов.

ОМАРОВ: Жолдастар, бәріміз де партия жарғысын мойындаған коммуниспіз. Бұл сөз әсіресе сізге қатысты, Ермұхан Бекмаханұлы. Партияның бас газетінің саяси мәні ауыр мақаласына сіз сондай сеніммен қарасаңыз – ұтылмайсыз, өзіңізге тілеулес  қауымның  күткен биігінен көрінесіз… Бізге, яки қазақстандық идеологтарға, «Правданың» сыны жаңа міндеттер жүктеп отыр: мақала бастауыш ұйымдарда талқыланып, жаппай мақұлдануы шарт; “Қазақ КСР тарихының” екінші басылымы бүгіннен бастап қолданыстан шығарылады; оның маркстік-лениндік ұстанымдарға сәйкес емес тарауларын түзетеміз; бұл міндет Ғылым академиясының төралқасына жүктеледі; ал соған жөн-жоба көрсетіп әрі мүлтіксіз орындалуын қадағалау насихат және үгіт бөліміне, оның меңгерушісі Храмков жолдасқа тапсырылады… Мақаланы жер-жерде талқылауға үгіт-насихат бөлімі ұсынған шараларды Орталық Комитеттің секретариаты бүгінгі отырысында толық мақұлдап, сол жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысынан бастауға ризаласты. Яғни, 30 желтоқсан күні Шымкентте бас қосатын үгітшілер алдында профессор Бекмахановтың ғылыми есебі тыңдалады…

БЕКМАХАНОВ: Жолдас секретарь, үгітшілер семинарында мен не жайында есеп беруге тиіспін?..

ОМАРОВ (кіді үнмен): Ермұхан Бекмаханұлы, мәселені бекерге қиындатпаңыз. Кенесары көтерілісін халықтық қозғалысқа қасақана бұрмалаған қателігіңіз жайында сол жиында түсінік бересіз… Бірінші хатшы сізді уақыттан шектемеңдер деді, біржарым, иә екі сағат сөйлейсіз. Есіңізде болсын: Шымкентке Орталық Комитеттен де өкілдер барады…

БЕКМАХАНОВ: Ғапу етіңіз, бұл турасында сөйлеуге менің құлқым жоқ! Білімдар қауым баяғыда қабылдаған, 12 жыл бойы әспеттеген ғылыми еңбегімнен бір-ақ күнде бас тартып, теріс-қағыс көзқараспен жазылғанын мойындау − мен үшін ауыр жаза екенін сіз, Ілияс Омарұлы, нақты білесіз…

ОМАРОВ: Бұл шара Орталық Комитет тарапынан сізге жасалған нақты қамқорлық, Ереке! Мәселені қиындатпай, түсінікпен қараңыз!..

БЕКМАХАНОВ: Түсінгенде қандай! Осы мойындаудың астарындағы жымысқы әрекетті де көріп тұрмын: ұлы еретик Галилео Галилей, 1633 жылы Ватикан инквизи-торларына: «Коперник те, мен де қателестім. Жер планетасы Күнді еш уақытта айналмайды» дегеніне үш ғасырдан асты. Алайда, Жер планетасы Күнді айналуын бір секунд те содан бері тоқтатқан жоқ!.. Сол сияқты мен де, көзімді ашқаннан күннен кеңес мектебінде білім алып, кеңес институтын тәмамдап, Мәскеу ғұламалары алдында тарих ғылымының докторы атағын қорғаған, Жоғарғы партия курсында саяси білімін шыңдап, большевиктер партиясының үздік насихатшысы атанған һәм профессор тарихшы шымкенттік үгітшілерге: “Кенесары Қасымов бастаған халықтық қозғалыс туралы елге әйгілі еңбегім бастан-аяқ жалған әрі ұлтшылдық пиғылмен жазылған, оған енді жиіркеніш сезіммен қараңдар!..” – деуім керек. Осы ма, жолдас секретарь, менен талап етіп тұрған есебіңіз?

ТӘЖІБАЕВ: Жолдастар, мәнді мәселені асығыс шешпесек қайтеді? Ілияс Омарұлы, ертеңге дейін ойлануға мұрсат сұраймын?..

БЕКМАХАНОВ (Өршелене): Төлеген Тәжібайұлы, өтінемін, ой-пікірімді ашық мәлімдеу құқығы әзірше өзімде екенін ұмытпаңыз! Сталин жолдастың “Шынайы ақиқат ғылыми айтыс үстінде туады” деген данышпандық сөзін мен студент кезімнен жадыма тоқыған тарихшымын. Бұл жерде сөз қазақ халқының басынан кешкен дүрбелең кезеңін әділ саралау турасында болуға тиіс. Кенесары қозғалысы турасында 1946-1948 жылдар аралығында Мәскеу мен Алматыда төрт мәрте ғылыми айтыс өтті. Солардың бірде-бірінде «Бекмаханов жұртты шатастырды» деген қортынды туған жоқ. Одақтың көрнекті тарихшылары менің монографиямды толық мақұлдады. Ал, бүгін, ғылыми еңбектері көпшілікке беймағлұм үш тарихшы орталық басылымға даулы пікірін жариялады деп, зиялы қауым мақұлдаған концепциямды мен неге өзгертемін?! “Правда” газеті ақиқаттың жаршысы қалпында қалғысы келсе − менің де ой-пікірімді жариялауға тиіс!..

ХРАМКОВ: Міне, көрдіңіздер ме, сауатын ашқанына жарты ғасыр болмаған қараңғы қазақтан да «менің айтқаным жүз пайыз дұрыс» дейтін білгіш шықты! Галилейден де асқан еретик, ұ-л-ы-ы та-рих-шы! Сіз, Бекмаханов жолдас, айналаңа зер сала қарап, қайда отырғаныңды ұмытпай сөйлеңіз!. Тәлім-тәрбиеңіз соны ұғуға жетпесе, амал қанша, өкініш білдіремін: есіңізде болсын: сізге соны ұмытпастай етіп әрі төбеңнен нұқып отырып ұғындыратын амал табылады!..

БЕКМАХАНОВ: Иван Петрович, қашаннан бері сіз жазалаушы органға ауысқансыз? Әлбетте, мына мақалаға сіздің үшінші, иә екінші емес, соның мәтінін  неше мәрте қарап, өзіңіз ұйымдастырған бірден-бір автор екеніңіз маған мәлім!Тәжібаев қағазға ескерту жазып, Бекмахановқа сырғытады.

ХРАМКОВ: Төлеген Тәжібаевич, өркөкірек профессорыңызды сіз сірәда тия ал-майсыз. Өйткені бұл кісі өзін екінші мәрте тумайтын ұлы тарихшы санайды. Дүние жүзі коммунистері пір тұтып, ақылгөйі санайтын “Правданың” сыны, байқайсыз ба, оған шыбын шаққан ғұрлы әсер етпеген… Әсілі, дарынды ғалым, ерен тарихшы санап, жөнді-жөнсіз мақтап, Бекмахановты төбеге көтерушілердің бірі − сіз! Міне енді, не ексеңіз – соны орып отырсыз!..

ОМАРОВ (Үстелді тықылдатып): Иван Петрович, сізге мен сөз бергемін жоқ. Бекмаханов жолдас, сіз де тиылыңыз! Ал, дауласуға құлшынып тұрсаңдар, асықпаңдар, ондай сәт – алда!.. Жолдастар, әлгінде не айтылды, бұлжытпай орындауға дереу кірісіңіздер!

БЕКМАХАНОВ: Менің пікірім өзгермейді, Ілияс Омарұлы, тізеге салмаңыз!

ОМАРОВ: Мәжіліс жабық! Төлеген Тәжібайұлы, сәл аялдаңыз… (Жұрт тарайды. Тәжібаев  пен кабинет иесі оңаша қалады.).

ТӘЖІБАЕВ (Басын шайқап): Ермұханды бүгінгі мәжіліске бекер шақырдыңыз, Ілеке! Ішіндегі кек пен ыза бұрқ-сарқ қайнап, күйініп тұрып, Шіркеубайдың қызыл көзіне тап берді. Қайтсін, оңай емес…

ОМАРОВ: Бұл үйде де білгіштер аз емес, әлгі шара солардың ойлап тапқан амалы… Жағдай мүлдем қиындады, Төке. «Заманың түлкі болса, соны тазы боп шал» дегендей ахуал… Маған да, Ермұханға да. Сізге де шегініс жасап, қателестік деп, «кінәмізді» мойындау қажет. Сөйтпесек, қызмет қана емес, бас кетер жар жағасында тұрмыз. Түсінесіз бе?..

ТӘЖІБАЕВ: Бірінші хатшы не дейді?  Маңдайымызға  біткен   білгір, ортамыздағы жалғыз тарихшы докторды қан тілегендерге талатпауға бар ма, Жұмекең?

ОМАРОВ: Менің ойым – қорғау! Саңлақ тарихшыларымызды кезінде сақтай алмадық, түп-түгел 1937-нің науқанында ұсталып кетті. Ермұхан − солардың сарқытын ішкен, ғылыми дегдарлығын ұстап қалған дарабоз! Оны да ұлтшыл етіп елден аластасақ, Төке-ау, мына кабинетте отырғаным −  әншейін ермекке айналмақ. Жұмекеңе солай дедім, қолымнан келгенше қолдайтынымды ескерттім. Әрине, бірінші хатшының өз білгені бар…

ТӘЖІБАЕВ: Жарайды, Ілеке! Ағыңнан жарылдың, ризамын!.. Мансап деген не, қолдың кірі… Әдебиетте – Мұхаң, ғылымда – Қанекең, ән-әуен әлемінде – қайран Ахаң, Жұбановты айтамын, ал тарихта – жалғыз Ермұхан, төртеуі де туған жұртының рухын биікке көтеріп, ұлт мерейін өсіретін дара саңлақтар!.. Жарайды, Ілеке, Ермұханның қол-аяғын байлап апарсам да оны Шымкентке жеткізіп, мінбеге шығаруға амал жасаймын…

ОМАРОВ: Рахмет, Төке! Демек, өзіңіз де бірге барасыз… Жұмекеңнің де түпкі ойы осы: Ермұхан дау-шарсыз “қателескенін” көп алдында мойындаса − партияға мүшелігін сақтауға тырыспақ…

ТӘЖІБАЕВ: Партия қатарында қалса  −   мен де оның   университеттегі жұмысын сақтаймын… Шынымды айтайын: осы шара маған ұнамайды. Бекмаханов сияқты бірбеткей жанды дүйім жұрт алдында дарға асумен бірдей шатақ жаза. Тарихи аналог керек пе? Чернышевскийдің азаматтық қазасын қайталау бұл*… Білімпаз неме әлгінде соны ескертті. Тек Галилейді мысалға алып, масқара болған дінбасыларымен үгітшілер жиынын салыстыруы әрі әпербақан Храмковпен шекіскені − жүрегіндегі күйініштің салдары. Айтқыш-ау сабаз, қайдағыны біледі!..

ОМАРОВ: Үгітшілер алдында мойындатуды ойлап тапқан, сеніңіз, мен емеспін, Төке. Жұмекеңнің нұсқауы, оны да ойлап тапқан әлгі Храмков…

 

IV

Бекмахановтың пәтері. Жиреншин. Әділгереев  жәнеДілмұхамедов. «Үлкен үйдегі» мәжлістен шыққан ашулы Бекмаханов келеді.

 

БЕКМАХАНОВ: Ассалаумағалейкум, ағайындар! Бейуақ кеште бұл не жиын?

ЖИРЕНШИН: Сенің қасында болайық деп келдік. Құдай тағала саған қайсарлық пен өжеттікті бірдей дарытқан. Сенен біз, тарихшы достарың, тап бүгінгі шатақ уақытта болаттай төзімділік күтеміз!..

БЕКМАХАНОВ: Жақсы айттың, Әбеке! Рақмет!

ДІЛМҰХАМЕДОВ: Саған тілеулес жандар, тарихшылар ғана емес, қазақ қауымының көзі ашық, көкірегі ояу білімпаздары саған ғана емес, күллі елдік тарихымызға жасалған қиянатқа қарсылық көрсетсе деген тілектеміз! Сол үшін де, міне, тарихшы достарың өзара жә десіп, “Правда” газетіне наразылық хат әзірлеуге кірістік.

ӘДІЛГЕРЕЕВ: Әй, ағайын! Қазақтың зиялы қауымы бізді түп-түгел қолдайды деген алдамшы ойға малданбаңдар әсілі. Әсіресе, сен, Ермұхан бауыр, сірә да илан ба! Сенің тап осы істе құрдымға құлауыңа қуанатындар көп… Тілеуқажы Шойынбаев түс ауа “Правданың” оншақты данасын сатып әкеп, институтқа таратты. Кердеңдей басып маған жақындап, шіркінде тинәмдай қымсынусыз газетті алдыма қойып, құттықтау күтіп, еміне қарады. “Қазақтың өзі шешер күйкі дауын Одаққа әйгілеу, әй, көксоққан, жетіскендік пе?! Рухани азғындық мұның!..” – деп қуып шықтым. Құжбан неме қарсылық көрсетпеді. Көрсетті бар ғой, бірер тісін сындырып, қолына беруім хақ-ты…

ЖИРЕНШИН: Исатай батырмен қаны  бір туыс екеніңді сездіргенің жөн болған, Халеке. Батпандай жұдырығыңмен танауынан сүйкеп өткенде оңды болатын еді!

ӘДІЛГЕРЕЕВ: Әлқисса содан бір мезетте кіші қызметкерлердің бірі келіп: “Тілеш ағай мақаласына дастарқан жайып, күтіп отыр», −  деп сызылды. Ойпырмай, мұншама жарымес болармыз ба?.. «Ел тарихын жоққа шығарған бүлік мақаланы тойлап, арақ ішпексіңдер, өңкей құл-құтан сорлылар! Ойбай-ау, жер таянып отырып даусың жеткенше жылау керек!..» – деп оны да  қуып шықтым.

БЕКМАХАНОВ: Біржола бүлдіріпсің, Халеке, тек арт қайырын берсін…

ДІЛМҰХАМЕДОВ (тамағын кенеп): Бірер көйлекті бұрын тоздырған үлкендік жөніммен бір ақыл айтайын бәріңе: өзімізді арандатар дөрекіліктен дереу тежеліп, пәле іздегендерге айғақ беруге болмайды, ағайын! Құдай жөні мына хатқа қол қоюшыларды жүзге жеткізіп, Мәскеуге жөнелту! Ал. осындай сәтте үнсіз қалу – елдігімізге сын…

БЕКМАХАНОВ: Наразылық хат жолдамақ ниеттеріңізге, ағайын, дән ризамын! Содан бірақ, әй білмеймін… “Үлкен үйден” түңіліп шықтым: бірқанша естияр азаматтар “Правданың” сұсынан сескеніп қалғанын аңғартты… Қысқасы, кеудесін оққа төсеген Матросов болмаңдар! Сыналған менің еңбегім, құрбандыққа атаған еркек тоқты да − мен болайын…

ЖИРЕНШИН: Ойбай-ау, қалайша бұғып қаламыз?! Газеттің сыны тым солақай, бұзық ниеті әрбір жолында атойлап тұр…

ӘДІЛГЕРЕЕВ: Ұжымдық хатты “Правданың” бас редакторына, бір данасын Сталин жолдасқа, Орталық Комитетке де жолдаймыз.

БЕКМАХАНОВ: “Үлкен үйде” болған әңгіменің шет жағасын айтайын, қорытындыны өздерің жасаңдар… Храмков бастаған ЦК-ның бригадасы бүрсігүні Шымкентке аттанбақ. 600 үгітші бас қосқан жиында баяндама жасау міндеті маған жүктелді…

ДАУЫСТАР:  Сен баяғы кінәңді мойындайсың? Мынасы сұмдық жаза?!   Зымияндықпен жобаланған шара…   Апыр-ай, соншама кеще боламыз ба?

ЖИРЕНШИН (Шашын жұлып жирене сөйлейді): Ермұхаш, сені дүрелеу сол күні басталады, күллі газет атаулы халық қозғалысы туралы еңбегіңді сан саққа ежіктеп, неше түрлі пәле-жаланы басыңа үйіп-төгеді; бізді де қоса дүрелейді… Ал, сен − ортамыздағы жалғыз докторсың, сығыр құдай, қазақтың жабулы жатқан тарихына тыңнан түрен тартқан дарабоз тарихшысың. Меніңше, ақырына дейін шыдау керек. Шымкентке барма, бас тарт!..

ДАУЫСТАР: Әбіш Мұсылманқұлының ақылы –  әділдікке жүгіну.

Ел тарихын кім көрінгеннің тулақ етуіне көнуге болмайды!

Ақырына дейін күресеміз!

БЕКМАХАНОВ: Бері жақында, Халимаш, не дейсің мына сөзге? Тегінде қияметтің көкесін екеуміз тартамыз. Екеумізге қоса шиеттей бала-шаға… “Тас түскен жеріне ауыр” деген уәжді білесің. Тек күмілжімей шыныңды айт! Тап қазір… Халима үстел басына жақындайды.

ХАЛИМА: Ереке, не десең де өзің біл. Ағалардың әлгі сөзі жөн сияқты. Қиянат істі қарсылықсыз мойындау – өз бетіңе өзің түкіргендей масқара іс?! Сөйтер болсаң – осы істе осалдық көрсеткеніңе ғұмыр бойы өкінесің…

ӘДІЛГЕРЕЕВ: Халима келін бәрімізден де асырып айтты! Отбасының тауқыметі ең алдымен әйелге батады, келін әлсіз затына бұрмай, азаматының абыройын ойлап айтты. Рахмет, айналайын!..

БЕКМАХАНОВ: Жарайды, ағайын, өз ойым да осы, Шымкентке бармайтынымды мәлімдеп келдім. Қайтемін, шамам жеткенше қарсыласамын!..

Бәрі де мұңайған қалыпта үнсіз тұрып қалады.

 

V

(Бекмахановтың  пәтері. Үй  иесі  үстел басында әлдене жазып отыр. Есік қоңырауы. Әбдіқалықов келеді. Үй иесі сәлем беріп, сырт киімін іледі.).

БЕКМАХАНОВ: Төрлетіңіз, Мұхамеджан-аға. Жаяу жүрсіз бе?

ӘБДІҚАЛЫҚОВ (күліп): Биік мансапқа қоса дербес көлікті де тапсырғанмын. Соны біле тұра әдейі сұрайсың? Иә, секретарлықпен қоса дара көліктен де құтылғанмын. Содан бері қан қысымым оңалды, міне, қара, жүзіме шыр бітіп, жаяу жарысқа әзірмін…

БЕКМАХАНОВ: Өсекке үйірлер содан бері сізді «Орталық Комитеттің жаяу хатшысы» дейді. Нұсқау бергіш әдетіңізбен, мені оң жолға салуға келіп тұрсыз, сірә?..

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Ермұхаш, бекерге қыңырайма! Ағарту наркомы атанған кезімде, яки 1938 жылы сені білімді жас санап, қызметке алдым. Ал, Орталық Комитетке хатшы болғанымда өзіңді ғылыми жұмысқа тарттым. Сол кезде сен маған мейліңше еркеледің, оғаш қылықтар да жасадың. Татар келінмен дүрдараз болып, үш қызыңды тірі жетім етіп, мына Халимашқа үйленген еркелігіңді жуып-шайып, жазалатпадым…

БЕКМАХАНОВ:  Қамқорлығыңызды   білемін, ағатай. Шаш-етектен қарыздармын сізге! Бірден-бір жанашырым да – сіз, Мұхамеджан-аға! Иә, тек қана сіз!..

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Қыл көпірдің үстінде тұрсың, Ермұхаш. Тар жол, тайғақ кешу деген осы. Мүлт бастың ба −  құрдымға құлайсың. Қатерлі жайыңды түсінуге ақылың жетсе керек еді…

БЕКМАХАНОВ: Жағдайымды соншама ауырлатып, ағатай, неге қиналдыңыз? Әбдіқалықов кенет үстелді жұдырығымен ұрады. Ермұхан  шошына қарайды. Халима есіктен шошына қарап, қайта жабады.

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Бұл жолғы әңгір таяқ Мәскеуден сілтенгенін жадыңнан шығарма!

БЕКМАХАНОВ: Түсінемін, Мұха.

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Түсінсең, әккі шовинист Храмковпен кеше не үшін шайқастың? Шымкенттегі жиыннан не себепті бас тарттың? Ақылды кісінің әрекеті емес…

БЕКМАХАНОВ: «Кенесары Қасымовты халық батыры атандырған − мен емес, Орталық Комитеттің әйдік секретарлары. 1942 жылы қазақ жауынгерлеріне Алматыдан үндеу хат жолдағанда бес секретарь: “Кенесары мен Наурызбай батырлардың аруағы қазақ жауынгерлерін ерлікке жебесін” – деген сөзді мен қазірде сынға түскен ғылыми еңбегіме тарихи бағдарлама еттім. Сол үшін енді он жылдан соң мен қалайша күнәһар атанамын?» − дедім. Сол үндеуге қол қойған бес секретарьдың біреуі − сіз, Мұха…

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Оның рас, партияның сол күндегі талабына бас иіп, халық батырларын ұранға айналдырдық. Қате ме сол? Сөйтуге ой кім-кім, Сталии жолдастың өзінен өрбіді.

БЕКМАХАНОВ: Қандайда тарихи оқиғаны, өзіңіз де тарихшысыз, билік иелерінің қолайына қарай бейімдеуге болмайтынын да білесіз! Бұл енді ешқашанда өзгермейтін қағида! Бір деңіз. Екінші, сіз маған дүмбілез тарихшылардың жалған бопсасын мойында дегелі тұрсыз. Ау, сонда тарихи ақиқатты қайтемін? Ғылымға деген адал да әділ көзқарасымды қалайша тәрк етемін?

ӘБДІҚАЛЫҚОВ тарихшыға одырая қарайды. Ермұхан кілт тоқтайды.

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Ермұхаш, Шымкенттегі жиынға барасың, Дон-Кихот болуды доғар… Қандай саяси органға қарсы шықпақсың?! Баяғы күніңдей сыбай-салтаң емессің. Алды мектепке барып, арты емшек емген бес бүлдіршінге әкесің. Кеше ғана ғашық болып, өзіңе жар еткен жап-жас Халимаштың тағдырын неге ойламайсың!?.

БЕКМАХАНОВ: Әкемнен алты жасымда жетім қалсам да өлген жоқпын, Мұха. Бұлар да сөйтеді. Балаларым жас екен деп ақиқаттың ала жібінен қалай аттаймын?

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Әй, көзсіз ер, Шәміл имамның аңызға айналған дабыра атағын жан-тәнімен қорғаған, ғылыми абыройы сенен он есе артық, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, әзірбайжан профессоры Гусейіновтың бірінші секретарьдың мақаласына қарсы шыққаны үшін оп-оңай және құны сұраусыз дурак атанып, ажал құшқанын білесің бе?

БЕКМАХАНОВ: Гейдар Гусейінов жүрек талмасынан шейіт болған…

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Былшылдапсың! Әзербайжан тарихшысы асылып өлген, сірә, сөйтуіне әлдекімдер жәрдем берген… Жә, тарихи ақиқат үшін мерт болған профессор Гусейінов сол әрекетімен кімді мұқатты? Міржафар Багиров оның көзін жоюмен тоқтаған жоқ, ғылыми атағын, лауреаттығына дейін түп-түгел сыпырып алды.

БЕКМАХАНОВ: Апыр-ай, не дейсіз? Рас па?.. Сонда маған не істе дейсіз?

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Заман аужайы сенің еркелігіңді көтермейді, Ермұхаш. Қасаң догмаға иек артқандарды ақиқатқа жүгіндіруге сенің де, менің де қолымнан келмейді. Тағдырыңды ширек сағатта шешіп, “Ит жеккенге” кете барсаң – не істейсің? Шынымды айтайын: Ілияс Омарұлы ЦК-ға шақырып, кеше кеште менен  ақыл-кеңес сұрады. Сірә, Жұмекең де ақылдас деген… Мен оған сені университеттен уақытша аластап, облыстағы пединституттардың біріне қуыңдар дедім. Осы тактиканы мен 1947 жылғы саяси науқанда қолданып, ұлтшыл атанған жүзге тарта жайсаңдарды Алматыдан қуып, сотталудан құтқардым. Қазақша айтқанда, шашын, сақал-мұртын қырғызғанмен қарақан басын сақтадым. Шашы құрғыр қайта өспей ме? Сен де сөйт, Ермұхаш.

БЕКМАХАНОВ: Сонда сіз маған уақытша шегініс жаса дейсіз бе?

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Иә, сөйткенің жөн, Ермұхаш. “Үлкен үйдегілердің” қитұрқы амалдарын, құдайға шүкір, мен бір кісідей білемін, жеті жыл ЦК-ға хатшы болдым… Кенесары қозғалысын сипаттауда қателескеніңді уақытша мойындайсың, Шаяхметовке солай деп өтініш жаз. Жұмекең оны оқиды да баспасөзге ұсынады…

БЕКМАХАНОВ: Мұха, сол шіркіндерге сенбеймін. Мойындатып алған соң тағы да бірдемені ойлап табады. Храмковтың тілегені  – қан! Мені жою…

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Басқадай амал жоқ! Жоқ! Партбилетіңді сақтауда – бар гәп!..

БЕКМАХАНОВ: Нақақтан жазалы болу да, ағасы, оңай емес…

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Есіңде болсын, Ермұхаш: бес жыл ма, он жыл ма, заман аужайы өзгереді. Еңбегіңді қайтадан шығарасың. Қазіргі теперішің зейнетке айналады! Мақсат – сол күнге аман-есен жету! Бұл да тактика, Ленин айтқандай: «Екі адым кейін, бір адым алға басу да» – амал!..

БЕКМАХАНОВ: Әріптестерім мені қорғап Мәскеуге ұжымдық хат жолдамақ…

ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Сығыр құдай, түгел тұтыласыңдар! Дереу тоқтат!..  Храмковтың күні-түні тілеуі −  қазақтың бетке ұстар оқымыстыларын Сібірге жөнелтіп, өз беделін көтеру! Сол найсаптың бұрнағы жылы Кавказда ерекше қатаң жүрген тазартуда сойқаны мол тәжірибе жиып келгенін мен кеше ғана білдім. Ол – 30-жылдардың ұраншыл комсомолы, Ресейдің орталық өңірінен кулактарды тап ретінде құртумен көзге түскен қанғұмар соғынды…

(Үй иесі басын шайқап, қолын әрлі-берлі сілтеп, олай-былай жүреді. Мұхамеджан Әбдіқалықов безерген қалыпта күтулі.).

БЕКМАХАНОВ: Жарайды, Мұха! Дегеніңіз болсын, сізді маған жұмсаған дөйлердің айтқанын істеймін, қайсар қылықты, еңбекқор, мақтаулы ініңіз осы минуттан бастап, басына ноқта киген, колхоздың жуас есегіне айналды деп біліңіз, міне мойын, міне бас!..

 

Е К І Н Ш І  Б Ө Л І М

VI

Қазақстан КП(б) ОК-нің бірінші секретарының кабинеті. Сәтбаев кіреді.

СӘТБАЕВ: Ассалаумағалейкум, Жұмеке!

ШАЯХМЕТОВ (көзін келегейліп): Е, Сәтбай қажының жалғызымысың?.. Кел,  жақында! Тарихқа көзқарасы таяз деп, партияның бас газеті “Правда” бізді бір жылда төрт мәрте сынады. Соңғы мақалада сені де, мені де, әлгі кім еді… иә, Тәжібайдың Төлегенін ұлтшылдардың қорғаушысы деп күллі Одаққа жариялады. Омаровты, әлгі кім, иә «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Шәріптің жазғыш ұлы Қасымды да аяусыз сілейтті. Енді жазбайды, осы сөзімді жадыңда ұста, төртеуімізді қойша көгендеп, жазалаушы органға табыс етеді (Зорлана күледі)…  Көкпезер бір қатын баяғыда байынан таяқ жеп, ағыл-тегіл жылап: «Өз байымның сабағаны көрім болды, күллі ауыл дүрелесе саутамтығым қалмайтын еді, тәубе!..» − деп өзін-өзі жұбатқан-мыс. Соңғы мақала сондай ахуал: Бекмахановты, онымен сыбайлас болған ұлтшылдарды қорғаймыз деп жүріп төртеуміз де сорлаймыз… Алғашқы кезекте ірі байдың ұрпағы деп сені алады, содан кейін ақсүйек әрі қожа Әуезовті қайыра шалады. Ақырында Шәріпов пен Омаровты, ең соңында мені… Мына мансабымды берумен құтылсам тәубе дер едім, сірә, партбилетті де қосаметкей тапсырамыз. Қысқасы, жар жағасында тұрмыз. Жә, не үшін келдің маған?

СӘТБАЕВ: Төралқа мәжілісіне әдебиетшілер мен тарихшыларды жаппай шақырып, талқылау өткіземіз. Бекмаханов ел тарихын бұрмалағаны үшін кешірім сұрайды. “Қазақ КСР Тарихының” сыналған тарауын түзетудің ғылыми концепциясын айқындаймыз…

ШАЯХМЕТОВ: Кәнсепсия деген не пәле? Қарапайымдап түсіндір!..

СӘТБАЕВ: Ол енді, Жұмеке, қарапайымдап айтқанда, Кенесары қозғалысының себеп-салдарын таптық көзқараспен талдайтын  ғылыми терминнің атауы…

ШАЯХМЕТОВ: Дұрыс, баяғыда сөйткеніміз жөн еді. Ал, сендер сүйектері баяғыда қураған қазақты жүректі ер жасап, Абылайдың қаны сұйық тұқым-тұяғын шетінен батыр еттіңдер. Әлгі кім еді, иә, Кенесарының еркешора қарындасы Бопай ханшаға дейін ерекше ер қатын ғып төбеге көтердіңдер. Қатын басқарған көтерілістен не шықты?..

СӘТБАЕВ: Жұмеке, тарихтың «түзетілген», шындығын айтқанда, мейлінше күзелген нұсқасын қайыра шығарамыз.

ШАЯХМЕТОВ: Сонсоң?

СӘТБАЕВ: Талқылау қортындысын “Правдаға” жолдаймыз.

ШАЯХМЕТОВ (зәрлене): Бәрі осы ма? Сен өзі республика ғылымының төрінде отырсаң да «Правда» сынының мәні мен бағдарын түсінбепсің. Сірә, саяси сауатың кемшін?..

СӘТБАЕВ (басын шайқап): Кемшін болса түсіндіріңіз!

ШАЯХМЕТОВ: Соны саған мен емес, басқалар түсіндіреді. Ұлтшыл  соғындылар тағдырына араша болғаныңды сол кезде ұғасың… Бекмаханов сірәда түзелмейтін кеудемсоқ тарихшы (алдындағы қағазға үңіліп), міне, көріп отырмын, дос-жарандары да  – кәнігі ұлтшылдар. Амал не, солардың қоғамға зиянды пиғылын кеш білдік… Ғылыми талқылауда осы уәжді табанды түрде ұстайсың. Ұқтың ба?

СӘТБАЕВ: Жұмабай Шаяхметұлы, ғылымда сайрап жатқан даңғыл жол жоқ. Ғылыми ізденісте қателесу – зиянкестікке жатпайды. Иә, солай. Ал, “Қылмыс кодексінде” ғылыми қателікті жазалайтын арнайы бап мүлдем жоқ. Тарихшылардың шатасуын сондықтан да ұлтшылдыққа аудару – жөнсіз қиянат!..

ШАЯХМЕТОВ: Сөз-ақ! Жел оңынан шықты!.. Сеніңше қара халықты сүліктей сорған Шыңғыс хан әулетін асыра дәріптеп, «Хан Кене» драмасын ерекше әспеттеп жазған Әуезовті жазалайтын заң кодексінде бап жоқ. Кенесары мен Наурызбайды мадақтаған ескі ақындардың жыр-дастандарын қайыра жаңғыртқан Жұмалиев, Ысмайылов, әлгі кім еді, иә Жұбановтың зиякес мадағын елемей, «Ойбай, солардың бәрі де керемет дарын иесі!» деп төбемізге көтеріп, неше жыл сайраттық. Жоқ, бәтір, ұлтшылардың дәурені өтті, иә бітті. Оған енді оралу болмайды! Әлгілердің бәрін академиядан аластайсың! Әйгілі 58-баптың 2-тармағы – билеуші үкімет саясатына ашық қарсылықтың жазасы!..

СӘТБАЕВ: Жұмеке, сіз “Қара тақтаға” жаз деген ғалымдар − академия шаңы-рағын көтеруге белсене қатысқан, сүбелі еңбектерімен елге әйгілі оқымыстылар, бәрі де ғылым докторлары. Ірге көтергеніне небәрі алты жыл болған ғылым ордасының маңдайалды мүшелерін саяси көзқарасы қате деп жұмыстан аластау, иә соттату – ғылым тарихында бұрын-соңды болмаған, ең шатағы ешқашанда кешірілмейтін қатаң жазалау?! Соларды дайындауға, яки оқытуға қаншама қаржы шығындадық…

ШАЯХМЕТОВ: Тап осы сөзің, ұлтшыл ғалымсымақтарды қорғауың, Сәтбаев жолдас, саяси сауатыңның таяздығы… Сен өйтіп, Имантай бидің еркетотай кенжесі, аңқаусыма! Мен саған секретариаттың құпия ұйғарымын ескертіп отырмын: тоқетерін айтқанда, саяси бағыты күдіктілердің бәрін де жұмыстан шығарасың!

СӘТБАЕВ: Жұмеке, түсінбедім, қандай желеумен оларды жазалаймын?

ШАЯХМЕТОВ: Академияның жалпы жиналысын шақыр, ұлтшыл сұмдардың қоғамға жат пиғылын а яусыз әшкерелеген баяндаманы өзің жасайсың!..

СӘТБАЕВ: Ғапу етіңіз, менің ар-ұятыма бұл − қиыспайтын әрекет!…

ШАЯХМЕТОВ: Ескертемін: ешкімге аяушылық болмасын! Сөйлеушілерді ірікте! Жел сөзге үйір суайттар академияда аз емес… Бәрі-бәрі қаралап сөйлесін! Мақсат − ұлтшыл элементтерді түп тамырымен жою! Ұқтың ба, мүлдем жою!..

СӘТБАЕВ: Жою? Түп-түгел аластау! Қайда? Кімдерді? Не үшін?..

ШАЯХМЕТОВ: Есіңде болсын, бюро мүшелері сол жиынға түп-түгел қатысады…

СӘТБАЕВ: Әсілі бұл – ғылым адамына емес, заң бақылаушысына лайық баяндама… Жұмабай Шаяхметұлы, ондай күпір сөзге мен әзір емеспін, құлқым да жоқ!

ШАЯХМЕТОВ: Бір апта жете ме? Жақсылап дайындал! Кешірімге жол жоқ!

СӘТБАЕВ: Жұмеке, имандай шыным: бетке ұстар зиялыларды көгендеп тізіп, бәрі-бәрін ұлтшыл етуге мен күллі болмысыммен, ар-ожданыммен қарсымын!

ШАЯХМЕТОВ: Сөз-ақ, жел оңынан шықты!..

СӘТБАЕВ: Сіз аласта, жұмыстан қу… деп отырған адамдарды мен көптен бері білемін, білім-танымы терең ғалымдар…

ШАЯХМЕТОВ: Хуатить!.. Сен, сен… ұлтшылдардың қорғаушысы…

СӘТБАЕВ: Сол жайсаңдардың бәрі де ұлтымыздың рухани-мәдени діліне социалистік мән беріп, туған халқының мерейі мен рухын көтеруге хал-қадерінше еңбек еткен саңлақтар! Иә, дара саңлақтар!..

ШАЯХМЕТОВ: Сенің абырой-атағыңды даралап көтеріп, күллі Одаққа мәшһүрледік, ғылым докторы, Сталиндік сыйлықтың лауреаты атандың, Ленин орденінің иегерісің −  бір емес, екі мәрте, КСРО Ғылым академияның толық мүшесі, Жоғарғы Кеңеске екі рет депутат болдың! Осынша құрмет өңің түгілі түсіңе кірмеген марапаттар! Сен, Имантай бидің атұстар кенжесі мынадай сыңдарлы сәтте нағыз большевикше белсенділік көрсетіп, партия қамқорлығын нақты белсенділікпен ақтауға тиіссің! Алмақтың да салмағы болатынын ұмытпа, Сәтбаев жолдас!..

СӘТБАЕВ: Партия алдында қарыздар екенімді білемін. Алайда?..

ШАЯХМЕТОВ (қату түрде): Менің әрбір минутым есепте!.. Айтқанды істейсің! Бітті сөз!..

СӘТБАЕВ (кіді үнмен): Жолдас секретарь, бұл менің − соңғы сөзім, соны сізге ескертуге сұрандым. Ғылым академиясында тазарту жүргізу үшін тегінде сізге басқадай бір қолбала ғалымсымақты іздеуге тура келеді. Ал, мен!..

ШАЯХМЕТОВ: Сен тегі «Ханеке, Ханеке!» дегенге өзіңді хан дәрежесінде көріп, әбден дандайсыған екенсің… Партия сені биікке көтерді, қажет деп білсе?.. Байқа, жар жағасында тұрсың!..

СӘТБАЕВ: Большевик партиясы − бір сіз емес, Жұмеке!..

ШАЯХМЕТОВ: Сәтбаев, қайда отырғаныңды ұмытпа! Төбеге қара!..

СӘТБАЕВ (басын шайқап): Сіз де бекерге дікілдемеңіз! Мен сізге «Әй, тұр! Бар, жүгір!» деуге үйренген көмекшіңіз Жілікбаев емеспін. Он екі жас сізден үлкендігім − өз алдына!..

ШАЯХМЕТОВ (кенет жасыған үнмен): Ғапу ет, көңіл азып отырғанда аузымнан шығып кетті. Үлкендік жолыңызды мойындаймын, Қанеке…

СӘТБАЕВ: Мойындасаңыз, Жұмеке, бұл мәселеден мені азат етіңіз!.. Өмірдің небір ауыр кезеңдерін бастан кештік, ел еңсесін көтерген талай игі істі бірге атқардық… Мен сіздің қайраткерлік еңбегіңізді қадыр тұтамын, турасын айтайын: ал, қарақан басымызды ғана ойлаған мына пендешілігімізді халық кешпейді, сіз де, мен де күні ертең тарих сотына тартыламыз!..

ШАЯХМЕТОВ: Жә, жә! Шәкірт кезіңде алашорда көсемдерінің айтағына еріп, солардың аузына телміре қарап, сарқытын ішкен… деген сен туралы қауесет рас болды (алдындағы папкадан бір хатты суырып). Міне, соның дәлелі!.. Тегінде сен қарақан басыңды осындай қаралаудан арашалауды ойла! Жағдайды қиындатпа!..

СӘТБАЕВ (Орнынан тұрып): Кеңес өкіметіне ақадал еңбегім, жолдас Шаяхметов, партияға да, халқыма да аян! Академия кадрларын шала сауатты, қан тілеген сойқаны мол содырлардан қорғауым − қызметтік парызымды адал өтеу деп білемін!

ШАЯХМЕТОВ: Болды, тоқтат!.. Басыңа ноқта киіп, темір тордың аржағына түскенде көреміз әуселеңді. Бар, жөнел! Саған айтар менде өзгедей уәж жоқ!

Сәтбаев хатшыға қомсына қарап, қоштаспастан шығып кетеді.

 

VII

Қазақ КСР прокуратурасы. Кабинетте Набатов пен Сәтбаев.

НАБАТОВ: Өткен жылдың желтоқсанында КСРО Ғылым академиясының төралқа мәжілісіне барғанда сіз серілік жасау үшін Мәскеуге сапарыңызды үш тәулікке ұзартыпсыз. Міне, бізге сол жайтты тәптіштеп түсіндірген ақпар!..

СӘТБАЕВ (күліп): Қымбатты Александр Аркадьевич, республиканың биік лауа-зымды бас заңгерісіз. Мені де көптен бері білесіз. Бас прокурор шұғылданар мәнді іс пе осы?.. Әлдекімнің нұсқауымен маған қылмыс байламақсыз. Соған тек мәндірек айғақ іздеңіз!..

НАБАТОВ: Іссапарды үш тәулікке өз бетіңше созу – жеткілікті айғақ. Жұмысқа ширек сағат кешіккен токарьға сот алқасы үш жыл жазаны қиналмай береді. Ал, кеңес заңы – жұмыскер мен академик үшін бірдей!..  Азамат Сәтбаев, үш тәулік бойы Мәскеуде не істедіңіз, не себептен прогул жасадыңыз?.. Ана жерге жайғасып отырып, түсінік жазыңыз. Ақтала алмасаңыз − қылмыс қозғау жөнінде жарлық беремін…

СӘТБАЕВ: Жолдас Набатов, мен күн сайын 14 сағат жұмыс істеймін, соғыс кезінде төрт-бес сағат ұйқыдан өзге уақытты кеңседе өткіздім. Мәскеуде үш күн “қыдырғаныма” өмір бойғы жанқиярлық еңбегім өтеу болуға жарамай ма?..

Әріпшіл заңгер академиктің алдына  қағаз бен қалам тастайды.

НАБАТОВ: Мәскеуде не себепті кешіктіңіз? Үш тәулік үшін заңсыз алған командировочный қаржыны кассаға қайтарамын деп көрсетуді ұмытпаңыз!

СӘТБАЕВ: Жазбасам ше?

НАБАТОВ: Жазасыз! Қылмыс кодексінен сіз үшін бап та табамыз!

Ғалым басын шайқап, ойға түседі: ғылыми жұмыстарды үйлестіру кеңесінің мәжілісі екі күнге кешігіп өтті, одан соң 23 желтоқсанда ҒА-сының төралқа мәжілісі болғаны есіне түсті… Алайда, ол сол сәтте жөнсіз қиянатқа қарымта қайыруды ғана ойлады. Шекесі сырқырап, қан қысымы басына шапшығанын да айқын сезді.

СӘТБАЕВ: Жазбаймын! Қолыңнан келгенді істе, бейшара заңгер!

Таза қағазды умаждап лақтырады да, шекесін сығымдап, тәлтіктеген қалпы  есікке беттейді.

 

VIII

Сәтбаевтың пәтері. Үй иесі сырқат. Таған үстінде дәрі-дәрмек. Алды-артында қаттаулы кеңсе қағаздары. Соларды әрірек ысырып, домбырасын қолына алады. Керенау шертіп, ыңылдап ән салады…

СӘТБАЕВ:

«Баянауыл басынан бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес.

Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,

Қош, ағатай дегенің естен кетпес…»

Апыр-ай, зауқың болмаса үйреншікті ән де айтылмайды екен-ау… Таисия!..

ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА келеді.

СӘТБАЕВ: Мынаны оқы! Әділдікті туған елден емес, шалғайдағы Мәскеуден іздеуге мәжбүрмін… Маленковқа тоқ етерін жаздым да, Орталық Комитеттің ғылымды қадағалайтын бөлімінің меңгерушісі Юрий Александрович Ждановқа қолдан ұйымдастырылған пәле-жаланың мән-жайын толығырақ баяндадым. Сол азамат БК(б)П Орталық Комитетіне хатшы болған, Саяси бюро мүшесі Ждановтың ұлы және Сталиннің күйеу баласы, мені ол жақсы біледі, біздің академияның шаңырақ көтеруіне қолғабыс еткен білімпаз азамат!.. Ал екеуінен арызыма оңды жауап болмаса?.. Иосиф Виссарионовичтің орынбасары Тевосянға барамын. Ол болса Сталиннің сеніміне ие болған қайраткер азамат, мені соғыс жылдарынан біледі…

ТАИСИЯ: Құдай жөні, Қаныш, осы қайраткер. Иван Федорович Тевосян  −  атақты металлург-академик, КСРО Ғылым академиясынң вице-президенті Бардиннің сүйікті шәкірті, сұрансаң – сені бірден қабылдайды… Тек сенбеймін соларға да. Өйткені, «Ленинград ісінің» ақыры не болды? Академик Русаков былтыр 25 жылға сотталды…

СӘТБАЕВ: Мұхтар Омарханұлы мен Бейсенбай Кенжебаевты университетте дәріс оқудан кешегі жиында аластапты. Не үшін дейсің бе? «Шығыс әдебиетінің білгірі атанған, әлемнің 22 тіліне аударылған дарабоз Әуезов −  ұлтшылдардың көсемі, ал, доцент Кенжебаев − жалған білімпаз, әдебиет тарихынан дәріс оқи алмайды-мыс!..». Әлкей Хақанұлын талқылау тек кейінге ысырылған. Өйткені, Әлекең Отырар жұртын зерттеуге кетіп, сол жақтан әзірше қайтпаған…

ТАИСИЯ: Бәріңнен де, Қаныш Ахмет Қуанұлы ақылдырақ екен. Ұйқысы тыныш, көйлегі көк, тамағы тоқ!..

СӘТБАЕВ: Несін айтасың?! Консерваторияның директоры, ән-әуен білгірі, академик Жұбанов Компартияға мүшеліктен аласталған күні Мәскеуге жылыстап кетті. Естідің бе, «Пекин» ресторанының оркестріне дирижер болып, күнкөріс қамында дейді… Күлеміз бе, жылаймыз ба?! Профессор Жұбановты сол тірлікке мәжбүрлеген – Мәскеу емес, өзіміздің соғындылар! «Есуас қойшыға қой бақтырсаң, қуалап жүріп өлтіреді» деген нақыл тегінде Тайсия өмірден алынған…

ТАИСИЯ: Ойбай, байқа! Неше түрлі кереғар сөз айтасың, сірә, жүйкең тозған? Маған кейде біздің үйде жасырын микрофондар тұрғандай көрінеді. Салпаңқұлақ тыңшылардың нешеуі, әне, жаяу соқпақтың сыртындағы ағаштың тасасында тұр…

Терезеге жақындап барып, пердені көлегейлеп, сыртқа  қарайды.

СӘТБАЕВ: Бір емес, үш жерде тұр. (Мырс етіп) Тепсе темір үзгендей әлуетті жігіттер! Күні-түні біздің есікті аңдып, келген-кеткенді тізеді. Тіфу! Менің қолыма берсе шіркіндерді геологиялық отрядтарға жұмысшы етер едім, амал не, құзырым жүрмейді!..

ТАИСИЯ (мысқылмен): Мені де аңдиды. Көк базарға барсам да соңымнан қалмайды. Бұрнағы күні зілмауыр сумканы көтертуге шақ қалдым, тек батылым жетпеді. Өкінемін, сөйткенім жөн еді…

СӘТБАЕВ: Жә, мынаған не дейсің?

ТАИСИЯ (арызды шолып): Осы қарсылығың ақыр аяғында өзіңді шалады, Қаныш. Анау тыңшылар біздің үйді күні-түні неге аңдиды, сірә, бір жаққа жылжып кетпесін деп… Сол шіркіндердің түп мақсаты − сені де, Мұхтар Омарханұлын да жергілікті ұлтшылдарға дем беруші көсем ету. Одан арғы белгілі: жазалаушы органға қатардағы тарихшы, әдебиетшілерден гөрі сендер сияқты нағыз шортандар керек!..

СӘТБАЕВ: Бекерге қорықпа, әншейінгі қоқан-лоқы. Маған сес көрсетіп деген-деріне жетпек. Академия парткомының секретары Ефимов дайындаған “қара тізімге” 400-дей ғылыми қызметкер еніпті: байлардың ұрпақтары, кешегі соғыста жау қолында уақытша қалған аймақтарда болғандар немесе сәтсіз ұрыстарда тұтқынға түскендер түгелдей тіркелген…

ТАИСИЯ: Қаныш, батырлық тап қазірде жүрмейді. Қаншама алыстың, арың – таза, ендігің − Дон Кихоттың әрекеті…

СӘТБАЕВ: Қырдағы елдің бірден-бір күнкөрісі  −   төрт түлік малын тартып алғанда жұмған аузымызды ашпадық. Қалың қазақты қойша қырған 32-нің аштығында не істедік? Жезқазғанның кен төбелеріне сүлдерін сүйретіп жеткен бейбақтардың басын сүйеп, талғажау етер ас тауып бергенімізге тәубе дедік. 37-інің зобалаңында бұрғылаушы жігіттерді «Халық жауы!» етіп жаппай көгендеп жатқанда не істедік?

ТАИСИЯ: Сейітқазы Қарсақбаевқа стахановшы деп ара түстің, не шықты содан?

СӘТБАЕВ: Ол енді сұрқылтай уақыт еді, өзімен кетсін!..

ТАИСИЯ: Бір қабат көйлек-көншегіңді сөмкеге салып қойып, қай күні  әкетеді деп  ұйқымыз  бұзылған  азапты  түндерді  мен ұмытқам жоқ, Қаныш. Сол зобалаңда үш ағаңнан айрылдың − Әбікей Зеинович, Әбдікәрім Жәмінович, Ғазиз Имантаевич…Осы күнге дейін солардың өлі-тірісін білмейсің, есімдерін атап, шақырып, кейбір түнде айқайлап жатасың…

СӘТБАЕВ (күрсініп): Иә, үш бірдей жампоз ағаларым  нақақтан опат болды. Үшеуі де менің оқуыма мұрындық болған білімпаздар еді… Қазақ оқығандарының басынан кешкен сүргіндер мына шіркіндерге, сірә, аз көрінген? Соғыстан бергі 5-6 жылда көктемгі көктей қаулап шыққан жаңа толқын зиялыны қойша көгендеу − биылғы қуғынның мақсаты. Апыр-ай, бұдан артық зиянкестік бола ма?! Алматы ғана емес, биылғы науқан облыс орталықтарын да қамтуда, жоғары оқу орындарында жаппай тазарту жүріп жатыр. Ал сен, Тася, кешір, жаным! Араласпа, қарақан басыңды қорғап тыныш отыр дейсің?!.

ТАИСИЯ (қағаздарды қайырып): Жақсы жазыпсың, иланымды!

СӘТБАЕВ: Тася, бекерге қамықпа, түбінде ақиқат жеңеді! Ең басты тірек: партия әділдікті жақтайды, ертең-ақ жалақорлардың шат-шәлекейін шығарады… Таисияны диванға отырғызады. Екеуі де үнсіз. Есік қоңырауы шылдырлайды. Бөлмеге Омаров пен Исабеков келеді. Сәтбаев (көңілденіп): Төрлетіңдер, жігіттер! Аздап сырқаттанып қалдым, өмірімде тұңғыш рет бюллетень алуға мәжбүр болдым. Модный гипертония сырқатым…

ОМАРОВ: Ауырып қалғаныңызды біз кеш білдік, Қанеке, кешіріңіз!

ИСАБЕКОВ: Сонсоң хал-жайыңызды білейік деп…

СӘТБАЕВ: Емдеуші дәрігерім рұқсат етсе келесі аптада жұмысқа шығамын. Жә, шаруаларыңды  айтыңдар.  Академия жұмысын Орталық Комитет қашан талқылайды, сірә, тездеткендерің жөн. Адам тегінде мәлімсіз күтуден ерекше шаршайды. Тася, ауланы қадағала, ешкімді есікке жақындатпа!

ТАИСИЯ АЛЕКСЕВНА кетеді.

ОМАРОВ: Талқылауға қажет қағаздарды мына Бөлебай ініңіз әзірлеп қойды, бастығы бірақ, Храмковты айтамын, мәселені ауырлатқысы келіп, қасақана кешеуілдетуде… Қысқасы, әбден сауыққаныңызды күтеміз. Ал, қазір, ресми емес, інілік ізетпен бір ұсыныс айтсам, мына Ілиясқа не болған деп ұрыспайсыз ба?

СӘТБАЕВ: Айта бер, кешелі-бүгін көрген құқай емес..

ОМАРОВ: Мәселе мүлдем қиындап кетті, Қанеке, соны ауырлатуға өзімізден де ит қосып жүргендер бар. Мәскеуден, Орталық Комитеттің ұйымдастыру бөлімінен инспектор Шикин бастаған комиссия келді, көмекшісі − Митрейкин, ғылым бөлімінің қызметкері. Екеуі Храмковты қосып алып, біз әзірлеген жобаны қайыра жазуда. Ақылгөй кеңесшілері − Шойынбаев, тарихшы Тәкежанов, филолог Нұрышев, Нілдібаев  сияқты әкірең белсенділер…

СӘТБАЕВ: Түсінікті, қағылған-соғылған белсенділердің көмегімен зиялы қауымды жаппай дүрелеуге әзірлік десеңші. Апыр-ай, неғылған қатыбас заман!..

ИСАБЕКОВ: Ермұханның  ғылыми   атақтарын Мәскеудегі ВАК түп-түгел сыпырып алды. Докторлығы ғана емес, кандидаттық диссертациясын да қоғамға зиянды деген  қарар қабылдапты Тарих институтының   ғылыми  кеңесі.  Университеттің партия ұйымы оның ұстаздық жұмысын талқылаған жиналысқа қатыстым, Қанеке, сеніңіз, 16 адам сөйледі. Шіркіндердің бәрі-бәрі Ермұхан бейшараға қандалаша қадалды. Не үшін, неге сонша шүйілдік бұған… деген сұрау тумады. Ақыры, жабыла дүрелеп, партия қатарынан шығарды. Университет ректоры Төлеген Тәжібаевты да кәнігі ұлтшылды қызғыш құстай қорғадың деп жағасына жармасқандар болды. Қазақ тарихы кафедрасы жабылды. Соны қолымен құрған Ермұхан байғұс – бүгінде жұмыссыз тарихшы…  (Сәтбаев мұңайған қалпы әрлі-берлі жүреді, дәрі ішеді.).

СӘТБАЕВ: Мұның бірде-бірін үй-ішім маған айтпайды, жігіттер. Ұйқымды бұзбаудың амалы… Ермұханның университеттен аласталғаны шатақ іс, яки онымен ниеттес тарихшыларға да тықырдың таянғаны… Жә, өздеріңнің халдерің нешік?

ОМАРОВ (зорлана жымиып): Әзірше аманбыз, Қанеке. Өгізге түскен қайыс ноқта бұзауға да кигізілетіні мәлім… Бұл науқан жоғарыдан жобаланды: Бызов Мәскеуге кетіп, оның орнына Қауіпсіздік министрі болып Павел Фитин деген генерал келді шет елдегі агентураны басқарған әккі чекист деседі… “Правда” газеті бізге неше мәрте шүйілсе де  «Қара тізімге» ілінгендерді Жұмекең жазалаушы органға бермеп еді. Фитин келген соң жағдай өзгерді…

СӘТБАЕВ: Ілеке, күмілжіме! Көмейіңде не тұр? Түгел шығар!

ОМАРОВ (күмілжіп): Сізге де қатер күшейген соң келдік, Қанеке. Осы жүрісімізді жанашыр інілеріңіздің қамқорлығы деп ұғыңыз!.. Президенттің сан алуан жұмысы геологияға Сізді қаратпай, жобаланған ғылыми ізденіске уақыт қалдырмайды деуші едіңіз. Міне, сырқаттанып қалдыңыз. Соны желеу етіп, президент міндетінен босануға арыз берсеңіз қайтеді?..

СӘТБАЕВ: Жолдас секретарь, осы амалды өзің ойлап таптың ба?

ОМАРОВ: Өзім, Қанеке… Рас, кеше кеште бірінші хатшымен ақылдастым. Ол кісі де: «Арыз берсін, мына жағдайда сөйткені абзал…» − деді.

СӘТБАЕВ: Демек, мен арыз жазып, ғылым басшылығынан қатерлі кезеңде өз кәсібім геологияға тайып беремін. Ал, пәле-жала қуған соғындылар академияны шы-найы ғылым иелерінен тазартуға емін-еркін кіріседі. Ғылымда, иә өмірде татымды ісі жоқ сүмелектер білім-танымы өзінен озықтарды Сібірге жаппай айдаттырып, солардың орнына өздері қонжияды… Күллі зиялы қауым, ел билігіндегі сендер де сол сүмелектердің аузына қарап, «Енді не істейік? Тағы да кімді жәукемдейміз?» деген ит тірлікпен өмір сүресіңдер. Сол ма менен тілегендерің?! Әлқисса, содан кейін менің азамат атанып, жер басып жүруімнің қандай азапқа айналарын ойладыңдар ма, жақсы інілерім?

ОМАРОВ: Қанеке, бізге де, халыққа да сіздің амандығыңыз қымбат! Нақтылы қатерді жете білмегендіктен айтып отырсыз бұл сөзді.

ИСАБЕКОВ: Уақытша амал, Қанеке! Заман әлі де өзгереді… Үні шықпай тамағын кенеген үй иесі насыбай атады. Келушілерге тіл қатпай, әрлі-берлі жүреді. Шекесін сығымдайды.

СӘТБАЕВ: Жігіттер, екеуіңді де мен ел мүддесіне адал әрі елгезек азаматтар деп ойлаушы едім. Әлгі сөздерің менің қарнымды ашырды. Анығын айтқанда, бұл – өз бастарыңды қорғап, иә сонсоң биік мансаптарыңды сақтаудың амалы. Жұмабай Шаяхметұлынан туған ой бұл, сірә. Иә, иә, сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері. Апыр-ай, сол шіркіннің ерекше қорғаншақтап отырғанын ішім сезіп, соңғы кездесуде намысына тиетін ауыр сөздер айтып едім. Ойланар, қу жанын шүберекке түйіп, ел азаматтарын қорғайтын өлермендік жасар деп те үміттенген едім. Шикин, Митрейкин дейсіңдер. Екеуі де можантопай шенеуніктер. Суслов, иә Маленковқа барып, болмаса Иосиф Виссарионовичтің өзіне сұранып, маңдайалды қазақ зиялылары нақақтан күйіп отырғанын түсіндірсе − Жұмабай інім нағыз ер атанар еді, амал қанша, мынасы оның нағыз ездік болды…

ОМАРОВ: Ол кісі кәнігі чекист, сіз білмейтін жайттардан хабары молырақ…

ИСАБЕКОВ: Қазіргі ахуал. Қанеке, сіз бен біз, Жұмекең де тоқтата алмайтын қатерлі шекке жетті. Таудан құлаған қар көшкінін тежейтін амал бар ма? Жоқ! Мынау сол!…

СӘТБАЕВ: Жетіскен   екенбіз. Апыр-ай, қазақтың ығайы мен сығайын, бетке ұстар көшбасшыларын дүрелеу тиылатын уақыт қашан туады?!. Жұмекең де, сендер де бұл зауалды тұншықтыратын мезгілді өткізіп алдыңдар, сонсоң да кім көрінген, неше түрлі ұсақ соғындылар ойына келгенін істеуде… Қысқасы, мынадай сындарлы сәтте менен ешқандай арыз күтпеңдер және мен үшін бастарыңды қатырмаңдар! Үкімет пен партияға мен керек адаммын, жеме-жемге келгенде Мәскеу мені храмковтар мен шикиндердің жәукемдеуіне бермейді. Бірақ мен басқа жайттан қорқамын?!..

ОМАРОВ: Қисынсыз жерге пышақ ұрғанымызды ұқтырдыңыз, Қанеке, кешіріңіз!

СӘТБАЕВ: Екеуіңді мен ұлтжанды арлы азаматтар санаймын, сол себепті сендерге таудай міндет артамын, тек уәде десеңдер, айтамын…

ОМАРОВ, ИСАБЕКОВ (жарыса): Айтыңыз, Қанеке! Тәуекел дейміз! Сеніңіз!..

СӘТБАЕВ: Бедел мен күш-қайраттарыңды, жігіттер, осы жолы Мұхтар ағаларыңды қорғауға жұмсаңдар, Әуезовті айтамын. Ол кісінің кемеңгер ақылын, құдай жаратқан шалқар шабытын ойда жоқта мұқалтып алсақ, иә, қапылыста айрылып қалсақ, халық мұны бізге ешқашанда кешірмейді! Ешкімге! Ақыл-есі бәрімізден де асып туған Мұхаң бәрімізден де гөрі халқымызға керегірек екенін естеріңде ұстаңдар!..

ОМАРОВ (тебірене): Өзіңіздей көріңіз, жақсы аға! Уәде!

ИСАБЕКОВ: Сеніңіз, Қанеке! Уәде! Жақсы күнде көрісейік! Екеуін есікке дейін шығарып салып,  Қаныш Имантайұлы үстел басына жайғасады. Кенет әлденені үрдіс жазады. Жазып болып, Таисия Алексеевнаны шақырады.

СӘТБАЕВ: Тася, тыңда: «Москва, Кремль, Сталин жолдасқа, көшірмесі КСРО Ғылым академиясының президенті Несмеяновқа: «В настоящее время группа лиц, спекулируя на неправильном освещении некоторых материалов времен моего юношества, подвергает меня травле. Будучи морально растерзанным, я обращаюсь к Вам с убедительной просьбой дать указания о том, чтобы затребовать материалы обо мне в Москву для рассмотрения их с должной объективностью. Академик Сатпаев».

ТАИСИЯ (дегбірі қашып, әлсіз үнмен): Осы амалды әу баста жасағаның жөн еді. Мұны енді Алматыдан қалай жібересің? Поштаның жұмысы үш қаріптің бақылауында…

СӘТБАЕВ: Көмекшімді тап қазір шақыр да қолына бер, амалды сол табады. Сірә, қырғыз иә өзбек елінің поштасынан жөнелтсе – Сталиннің өз қолына тиеді..

Есік қоңырауы шылдырлап, ақ шашты, ұзын ақ сақалды академик Кассин келеді.

ТАИСИЯ: Николай Григорьевич!? Төрлетіңіз!..

КАССИН: Ескертусіз келгеніме ғафу ет, Қаныш Имантаевич. Сіз де, қымбатты Таисия Алексеевна…

СӘТБАЕВ: Сырқаттанып қалғаннан саусыз ба?

КАССИН: Мазаланба, Қаныш Имантаевич. Баяғы гипертония…

СӘТБАЕВ: Басылып отырыңыз. Жайсыз мезгілде нендей шаруамен жүрсіз?

КАССИН: Қу жаным дегбірсізденіп, үйге сыймаған соң келдім…

СӘТБАЕВ: Таисия, кофе әкел. Жоқ, кәдімгідей сүт қатқан қазақы шай. Николай Григорьевич менен асқан шайқор.

КАССИН: О да, Қаныш, сенің, сенімен ұзақ жылғы достықтың әсері… Таисия Алексеевна басын шайқап, әрең кетеді.

СӘТБАЕВ: Құлағым сізде, Николай Григорьевич. Жайшылық па?

КАССИН: Қайдағы жайшылық, Қаныш. Шатақ іс. Бүгін  мені  үш  әріптің  адамдары шақырды. Аңдауымша, Жезқазған барлауын сенің он бес жылға созғаныңды зиян-кестікке жатқызғысы келеді. Соған нақты дәлел табасың деп дікілдеді маған.

СӘТБАЕВ (күліп): О, тоба! Сірә, сол шіркіндер ақылынан алжасқан?

КАССИН: Мен қатты күйініп: «Сәтбаевтың сорақы қылмысын айтайын, жазыңдар!» − дедім. Қаламын оңтайлап, тергеуші бетіме қуана қарады… «Ұлы Отан соғысында жауға қарша бораған миллиардтаған оқ пен снаряд гильзасының үштен бірі Жезқазған мысынан жасалғанын білесіңдер ме?» − деп өздеріне сауал қойдым әуелі… «Сосын Сәтбаевтың жаулығы осы, мыс көмбесінің шылқыған қисапсыз мол қорын тауып бергені…» − деп едім, тергеуші құлап қала жаздады. − Қаныш Имантаевичтің екінші ауыр «қастандығы» дедім және − Жезқазған кенін соғыстан бұрын ашып, Ұлытауға кең табанды темір жол тартқызғанында. Нәтижесінде алып кеннің құнарлы мысы Отан қорғауға аста-төк жұмсалды. Мысалы, жүздеген миллион снаряд пен миллиардтаған оқтың гизьзасы тек қана Жезқазған мысынан жасалды».

СӘТБАЕВ: Жақсы айтқан екенсіз, рахмет, Николай Григорьевич!

КАССИН: Жезқазғаннан ілгешек шықпаған соң, сол шіркіндер Атасу кен орны туралы сұрады. Сөйтсем, сен оның да қорын зиянкестікпен өте-мөте жайбарақат зерттепсің?..

СӘТБАЕВ: Атасуды барлауға Қара металлургия наркоматынан қаржы сұрап, кем дегенде он мәрте рапорт жазған шығармын. Кім тыңдады мені, кім?

КАССИН: Қысқасы, Имантаевич, сол запискаларыңды ізде. Өйткені сен Атасу кенінің қисапсыз мол қорын ашпауды ойлап, ұлтшылдық пиғылмен жасырғың келген-міс. Яки сен оны Қазақстан Одақтан бөлініп, дербес мемлекет болғанда ғана әжетке жаратуды жобалапсың…

СӘТБАЕВ: О, ғажап!  Мыналардың пиғылы шынында да шатақ екен…

КАССИН: Тоқетерін айтқанда, Имантаевич, геологиялық қызметіңді тексеруге Гостехнадзор басқармасынан комиссия келіпті. Мені соған ғылыми кеңесші етпек…

СӘТБАЕВ: Несі бар, келісіңіз! Келісіңіз де ғылыми шындықты көрсетіңіз…

КАССИН: О, жоқ! Мұндай пасық тексеруге мен сірәда қатыспаймын! Сарыарқаның кіндік жонында сенімен танысып, әріптес болғаныма ширек ғасыр болды. Сірә, одан да ұзағырақ уақыт. Содан бері арамызға қыл өтпес тамаша достығымызды арамдап, сендей данышпан геологты нақақтан қаралап?.. Жо-жоқ, атама, Қаныш! Сенімен достығымды, мен, орыс ғалымы, мақтан етемін! Саған деген шексіз сүйіспеншілігімді ешқашанда, ешқандай асылға айырбастамаймын!.. Бұл менің, Имантаевич, жер бесікке ала кетер жүрек сырым!..

СӘТБАЕВ: Николай Григорьевич! Қымбаттым, сізге соншама тебіренуге болмайды…

КАССИН: Доғар, сөзімді бөлме! Сенің де мен туралы нақ осылай дейтініңді білемін!.. Енді түнделетіп жүрген шаруамды айтайын: ертеңнен қалмай, Ленинградқа қайтамын!.. Күллі ғұмырым қазақ даласының жер асты қазынасын іздеумен өтті. Сенің ынтаңмен Алматыға қоныс аудардым. Ал қазір?.. Ғафу ет, кетемін Нева жағасына!..

СӘТБАЕВ: Николай Григорьевич, өзіңіздің басшылығыңызбен жасалып жатқан Қазақстанның жер қыртысы картасын аяқтаймыз. Одан соң, қымбатты академик, Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасын жасауға кірісеміз. Одан соң бүкіл республика өңірінің… Көрдіңіз бе, сіз бен бізді қаншама ғылыми еңбектер күтулі! Ал сіз соның бәрін тастап?.. Жоқ, бұл жайында аузыңызды ашпаңыз! Мен сізді ешқайда жібермеймін!..

КАССИН: Қаныш, сен керемет оптимиссің!

СӘТБАЕВ: Ал қазір, Григорыч, сізге емделу керек! Таисия Алексеевна шай әкеледі.

ТАИСИЯ: Николай Григорьевич, гипертонияны емдетпеу − зор қателік! Қаныштың да бас прокурордың кабинетінен шыға бере басы айналып, машинасына жете бере құлағанын білесіз бе? Қаныш, бұл кісіні ауруханаға жөнелту керек, тап қазір!  (Екеуіне шай құяды.).

КАССИН: Тася, бекерге мазаланба! Мына қысастан құтылсам-ақ қан қысымы төмендейді. Мені олар қорқытып көндірмек, Колчак бүліншілігі кезінде Омбыны қыстағанымды бетіме салық етеді антұрғандар. Ақтарға қызмет етіппін, шыққан тегім де осал емес −  ақсүйектер әулеті…

СӘТБАЕВ (Телефон трубкасын көтеріп): Алло, коммутатор, Совминнің ауруханасын қосыңыз, кезекші дәрігерді…. Алло, Сәтбаев сізді мазалап тұрған. Сәлеметсіз бе, Анна Васильевна? Академик Кассин кенеттен сырқаттанып қалды. Иә, қан қысымы… Иә, осында, біздің үйден тап қазір алғызыңыз. Рахмет!..

КАССИН: Оу, достар, бұларың не? Проскопья Степановнаны қайтемін? Ол байғұс менсіз сірәда түні бойы көзін ілмейді…

СӘТБАЕВ: Николай Григорьевич, ширек ғасырға созылған ұзақ  достықта мен сізге бір ауыз қарсы сөз айттым ба?

КАССИН: Жоқ, құдай сақтасын!

СӘТБАЕВ: Олай болса менің әлгі әміріме құлақ асыңыз. Қане, жүріңіз!…

 

IX

ҒА президентінің кабинеті. Қабырғада геологиялық үлкен карта.

Үстел үстінде минерал тастар.  Сәтбаев карта алдында тұр. Көмекші келеді.

СӘТБАЕВ: Ауызғы бөлмеде бөгде кісі жоқ па?

БӨПЕЖАН: Кеше де, бүгін де ешкім келген жоқ. Телефон да үнсіз.

СӘТБАЕВ: Ғажап?! Әншейінде сол шіркіндер күні-түні тыным бермеуші еді. Бұларға не болған?.. Неге үндемейсің? Қабылдау сұрағандардан ығыр болушы едің?

БӨПЕЖАН: Соңғы кезде сізге келушілердің күрт сирегенін қалайша байқамағансыз? Жұрт қазір, Қан-аға, жел бағытын аңдап қатысады…

СӘТБАЕВ: Қой, Бөпежан! Дүйім жұртқа топырақ шашпа!

БӨПЕЖАН: Сіз шаң жуытпай отырған игі жақсылардың кейбірі қайраңдап қалған кемеден қашқан жолаушылардай бірер айдан бері сізден жаппай безуде…

СӘТБАЕВ: Жә, жә, болды! Ашық күнде гөй-гөйді көбейтіп, о, несі?!..

БӨПЕЖАН: Есмағанбет Ысмайылов пен Бек Сүлейменов 25 жылға сотталып, суық жаққа аттанды. Шу бойындағы Ново-Троицкі мектебінде сабақ беріп отырғанда Ермұхан  Бекмахановты тұтқындапты. Қажым Жұмалиевті жер аударылған Қарағандыдан алыпты… Кейбір институттарда ізденіспен шұғылданатын зерттеуші қалмай, әбден жұтаған деседі…

СӘТБАЕВ: Бөпежан, мұның бәрін не үшін ежіктеп тұрсың?

БӨПЕЖАН: Мәскеуге жылжып кеткеніңіз  жөн сияқты, Қанеке. Құрдасыңыз, биолог Павловты 1948 жылғы сүргінде Моңғолиядағы ғылыми экспедицияға жөнелтіп, Лысенконың қудалауынан, яки 25 жылға сотталудан құтқардыңыз. Сол амалды енді өзіңізге қолдансаңыз деймін…

СӘТБАЕВ: Ау, сонда әскерін тастап, майданнан безген қолбасшыдай Мәскеуге жылыстап кеткенім қалай болады?.. Қой, өзгедей бірдеме айт!

БӨПЕЖАН: Өзіңіз 1927 жылы Мәскеуден шығарған «Ер Едіге» дастанының үйімдегі жалғыз данасын кеше кеште отқа жақтым, кешіріңіз!..

СӘТБАЕВ: Том университетінің қолжазба қорынан тауып, соны мен қолмен көшірген едім… 25 жылдан кейін сол ісімнің өзіме зиянды айғақ боларын ойлаппын ба? “Ер Едіге”  –  халқымыздың мәңгілік мұрасы! Бекер өртегенсің…

БӨПЕЖАН:  Сөйтсе де, Қанеке, өзіңіздегі кітаптарды үйде ұстамаңыз!

СӘТБАЕВ: Жә, оны қоя тұр, бір жөні болар… Сен қазір Натайға барғын.

БӨПЕЖАН: Геология институтының гидрогеология секторының меңгерушісі ме?

СӘТБАЕВ: Иә, сол, дереу тап та маған оны астыңғы қабаттағы қосалқы есіктен кіргіз!..

БӨПЕЖАН: Қан-аға, пәле-жала көбейіп тұрғанда, сол байғұсты іздеп қайтесіз?

СӘТБАЕВ: Нәубеттің көбі не, азы не? Бәріне −  бір жауап!.. Бар, айтқанды істе!

Көмекші кетеді.  Қаныш Имантайұлы әлденеге шыдамсызданып, телефон трубкасын сипалап отырып, радиотабақты қосады.

ДИКТОР ДАУЫСЫ: «Тіл және Әдебиет институтының өрескел саяси қателері туралы» Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің қаулысында көрсетілген шараларды орындауға Ғылым академиясының төралқасы неше жыл өтсе де ынта білдірмеген. Партиялық бас газеттің әділ сынын біле тұра төралқа және оның басшысы академик Сәтбаев ұлтшыл элементтерді қамқорлыққа бөлеп, талқылауға, жазалауға бермеген…»

Радиотабақты басып, кабинет иесі әрлі-берлі жүреді.

Насыбай атады. Әредік шекесін сығымдайды… Әуезов кіреді.

СӘТБАЕВ: О, Мұха! Көмекшімді жібергелі отыр едім, көрім келдіңіз! (Қазақша құшақтасады). Төрлетіңіз!..

ӘУЕЗОВ: Төрлет дейсің-ау, қайран Қаныш!? Осы күндері мен бұйырған жерге тізе бүгуге ризамын. (Кенет “Еңлік-Кебек” трагедиясындағы Нысан абызша толғанып): «Тұнығым ылай болды. Уа, тұнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды. Құтылар қайран жоқ, Сор құмар сыңай болды…»

СӘТБАЕВ (қостап): «Барары жоқ, байлау жоқ, Ерім қайтып күн көрер! Бәріңнің де нәрің жоқ, Елім қайтып күн көрер?!..»

ӘУЕЗОВ: «Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай… Аспанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді!». Мұны айтушы да – Қаныш, мен емес, Нысан абыз, XVIII ғасырдың батагөй қарты…

СӘТБАЕВ: Сіз өзі “Еңлік-Кебекті” қайтадан жазғалы жүрсіз бе?

ӘУЕЗОВ: Ой, пәлі-ай, қайыра жазғандай, “Еңлік-Кебегім” қаламым өрген шығармамның жілігі татымас жасығы ма еді, тәйірі? Әуезовтің соны қайыра ширатуға шама-шарқы жетпей ме?.. Жә, қайта жазғанда соны жаңғыртып қояр өнер ордасы қайда? Дүйім ел сүйсіне көрген асылымды Мәдениет министрі жуықта кереғар бұйрықпен сахнадан алғызып тастады. «Еңлік-Кебек» оншақты театрда бірден тоқтады. (Нысан абызша толғап): «Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ, Ішті жеген жегінің жерге кірер қалпы жоқ, Барар бетің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ!» −  дерлік аласапыран күн туды… Жә, жөнсіз гөй-гөйден енді не шығады, Әуезовтің көрген құқайы осы ма? Түрменің де темір торын бұзып шыққан көркем сөзі, есіңде ұстағын, әлі-ақ оны тағы бір биік қиырдан шығарады!..

СӘТБАЕВ: Илайым, солай болғай, қайран Мұха!

ӘУЕЗОВ: Анау, көктемгі жауқазындай қаулай өскен кейінгі толқын інілердің, соңымызға ерген жас өрендердің жай-күйі не болады, Қаныш? Соны білмекке келдім, пеш түбінде мысықша бұғып жата алмадым. Университеттегі жұмыстан кетірді, көңіл бұзылған соң қалам да жүрмейді… Жә, өз халің нешік, мына даңғаза қашан тоқтайды?

СӘТБАЕВ (радиотабақты нұсқап): Мына даңғырлақтың сайрауына қарағанда, бүгін бе, ертең бе, менің де тағдырым шешілетін тәрізді… Сөйтсе де бүгінгі қам-қарекетім, ардақты Мұқа, құрыққа ілінгендердің жазасын жеңілдету жолындамын, ақиқатқа сенемін, Мұха! …

ӘУЕЗОВ: Пәлі, мынауың нағыз ердің сөзі! Жар жағасында тұрсам да тірлік-қарекетім −  ғылым өрісін ойлау, ізбасар ұрпақтың қамы десеңші!..

СӘТБАЕВ: Не дейін, Мұха, жалтақбайлар көбейіп, жалпақшешейлер көсем атанған тұрлаусыз уақытқа кез болдық. Ал, ғылым, өзіңіз білесіз, жалған мадақты сүймейді, оның төріне біреуді жақсы көріп, иә билік иелеріне жалпақтаумен жете алмайсың. Абай дана айтқандай, «ғылымға түзу ниет, таза жүрекпен бару керек!»..

ӘУЕЗОВ: Ризамын, бұл да Қаныштан шығар нәрлі ғана емес, нағыз ердің сөзі!

СӘТБАЕВ: Аз ба, көп пе −  біраз іс тындырдық. Еліміздің ертеңін  ойлап, талабы мен дарынына қарай саралап, кәрі-жасты ғылымға тарттық. Сіз – татымды шәкірттеріңізден, мен −  іргелі өндірістерден… Ендігі үміт  −  соларда, Мұха!

ӘУЕЗОВ: Тек жас мұңдарлар төтенше дауылдар мен пәлелі-жалалы соққылардан аман болса екен?!.. Ау, Қаныш, үкіметке менен гөрі бір табан жақынсың, осы науқанның түп себебі неден? Шолақ белсенділердің кезекті сойқаны дегенге иланбаймын, қауырт кірісіп, жаппай шалғанына қарағанда тамыры тереңде сияқты… Бұл науқан, естуімше, украин, өзбек, қырғыз, татар мен башқұрттарды да шала бастапты…

СӘТБАЕВ: Қайта өрлеу заманының италияндық білімпазы Николло Макиавеллидің (кітабын көрсетеді) күшті мемлекет құру үшін қарауындағы халықты үнемі үрейде ұстау қажеттігін ескерткен трактат жазғанын білесіз бе? Қара халықты ол тек тобыр дейді.

ӘУЕЗОВ (Макиавели кітапшасын қолына алып): Пәлі, оның философиялық толғамдарымен мен Ленинградта оқыған кезімнен таныспын. Диктаторлық билікті күшейтуге ол сабаз, ұмытпасам, бес түрлі амал ұсынған… (шошып) Бәрі де шатақ шарттар, өзімен кетсін! Мысалы, адамгершілік  ар-инабатты белінен басып, мемлекет басшысына өтірік айтуға, асыра сілтеуге, зорлық пен зомбылыққа, өз халқына опасыздық жасауға, қарсы шыққандарды жер жастандыр деген… XVI ғасырдың кереғар қағидасы социализм құрып жатқан біздің елге бағыт-бағдар болады дегенге өз басым сірәда сенбеймін…

СӘТБАЕВ: Жөн сөз, Мұха, сенбегеніңіз жақсы! Сөйтсе де, бейбіт тірлікке көшіп, ес жиған кезде осы сүргінге не себептен тап болдық? Әдебиет пен мәдениет қайраткерлерін шалған бүгінгі науқанда қорқыту, қайткен күнде мойынсұндыру, өз бетіңше ойлаудан тиыл… деген пәлсафа неліктен үстем болғанына өз басым түсінбеймін.

ӘУЕЗОВ: Қаныш, бір мысал айтайын, қортындыны өзің жаса!.. Біздің Шыңғыстауда Шәукен деген тілі жоқ бейкүнә кісі тұрады, жасы жетпіске тақады, ой-түйсігі ерекше сұңғыла адам! Бір жолы сол Шәукенге: «Халің қалай?» − деп тосын сұрақ қойдым: Шәукен дереу тамағын салалы саусағымен қырқыды − өз басыммен ештеңе ойламаймын дегені; іле-шала екі қолын ербеңдетіп, екі аяғын көкке көтеріп, тырп-тырп домалағандай қимыл жасады… Мен күлкімді тия алмай ішімді бастым, риза болғаным сонша!.. Ұқтың ба? Шәукен байғұстың сайқымазақ әжуамен көрсеткені −  әлгінде өзің айтқан қитұрқы амал: мимен ештеңе ойламай, аяғыммен, қолыммен істеймін, сонсоң да менен жақсы кісі жоқ дегені…

СӘТБАЕВ: Шәукеніңіз ақылды сабаз болды. Сізге де, маған да, демек, ғылым адамы екенімізді ұмытып, өзімізше ойлауды доғарып, сәрә, «Ләппай тақсырлап» өмір сүру керек!..

ӘУЕЗОВ: Ау, сонда, ел қамын ойлайтын кемеңгерге қашан жаримыз? Туған халқына жан-жүрегі елжіреген жанашыр қайраткерді қашан көреміз?

СӘТБАЕВ (қиялмен): Ерте ме, кеш пе туады ондай азамат! Ол енді есік-терезесі жабық үйге қамалып, тоспадағы судай тоқыраған ой-түйсігімізді дүр сілкінтіп, бойымызға нұр-сәуле құйып, жанымызды сергітер, еңсемізді көтерер тумысы өзге қайраткер болса игі?!.. Терең ақылына парасатты мінезі жарасқан, бір делік…

ӘУЕЗОВ: Жә, сондай кемеңгер қашан туады, екеуміз оны көреміз бе?..

СӘТБАЕВ: Ең болмағанда немере, иә шөберелеріміз көрсе екен?!.. Ел басқарар қайраткер терең білімді, бүгінгі өндіріс пен техника өрісін аңғаратын салауатты, арлы азамат болса игі.

ӘУЕЗОВ: Әсілі ол халықтың өз ортасынан шыққан перзент болғай! Еңбекқор елдің мұң-мұқтажын білмесе, көңіл-күйін қалайша аңдамақ? Екеу ме?..

СӘТБАЕВ: Үшеу болды. Ол азаматтың ар-инабаты мықты болғай! Ал, егер азғантай елді руға, жүзге бөліп, біреуін қаны бір туысым, екіншісін жан досым деп жетегіне алса − оңбайды, ондай алаөкпе басшыны халық қадір тұтпайды, биліктен кеткен күні өзін де, есімін де тарс ұмытады.

ӘУЕЗОВ: Төртеу делік. Бесінші шартты мен айтайын: кәміл сенген ойымша, би-леуші партияны, иә үкіметті басқаратын азаматта өз халқының ар-намысын, тілі мен ділін, рухани қазыналарын, ел тарихын мақтан етіп, қажеттілік туса соны қызғыш құстай қорғайтын берік ождан болса игі! Өйткені әлдебір ноқай Мәскеуден дауыс көтеріп, мына науқандағыдай: «Өйт, бүйт!» дегенде, ол сабаз: «Жоқ, бұл қиянатқа көнбеймін, халқыма тас лақтырмаймын!» дерлік, табанының бүрі тарпыдай қалың болуға тиіс!

СӘТБАЕВ: Жақсы айттыңыз, асыл Мұха! Сіздің де, менің де, күллі зиялы қауымның тартып отырған бүгінгі қуғын-сүргіні – осы, ел билігіндегі азаматтардың дәрменсіздігі, қара басын ғана ойлаған сақтығының салдары…

Көмекші келіп, Сәтбаевқа  әлдене дейді.

СӘТБАЕВ: Шақыр, осы қазір келсін! Көмекші  Натай Кенесаринді ертіп келеді.

КЕНЕСАРИН: Ассалаумағалайкум, жақсы ағалар!

СӘТБАЕВ: Уағалейкум, бар бол інім! Мұха, мына жігітті танисыз ба?.. Техника тіліне жетік гидрогеолог-ғалым! Мәскеу метрополитенінің құрылысын үкімет қауырт жүргізгенде, жерасты суларын тежеуге ең ұтымды жоба ұсынған ірі маман, Натай есімді ініңіз!

ӘУЕЗОВ: Бәрекелді, Мұхамеджан Тынышпаевтан кейінгі қазақтан шыққан мықты инженер сен деп жүрсек, Натай сынды ізбасар інің бар екен! Бұған да шүкір! Талабың тек қана биікте болсын, қарағым!

КЕНЕСАРИН: Рақмет, жақсы ағалар! Қанеке, сіз шұғыл шақырды деген соң…

СӘТБАЕВ: Нәке, Мәскеуден сені қозғамауым жөн еді. Жұмысың да, пәтерің де жақсы еді… Туған елің ділгір болған өнеріңді Қазақстан гидрогеологиясын өркендетуге жұмсағым келді. Әттең, не керек, қателестім…

КЕНЕСАРИН: Қанеке, сол үшін де шексіз ризамын сізге! Оқу соңында жүріп, туған елден шалғайда өскен, саяқ жылқыдай алыс қиянға шығып кеткен бөзөкпе едім. Алматыға шақырып, халқыммен табыстырдыңыз!..

СӘТБАЕВ: Соның бәрі, бауырым, әншейін іс болды. Қысқасы, бүгіннен қалмай, Ташкентке аттан! Міне, Еңбек кітапшаң… (ұсынады)!

КЕНЕСАРИН: Мұндағы жұмысты қайтесіз? Неге кетемін?..

СӘТБАЕВ: Ташкентте Совминнің орынбасары Хабиб Абдуллаевқа барасың, менің шәкіртім, дарынды геолог! Алда-жалда өзбек елінде тұрақтағың келмесе, Ашғабатқа тарт! Түрікмен университетінің ректорына барасың. Ол саған дербес кафедра береді, профессордың міндетін атқарасың…

КЕНЕСАРИН: Қан аға, елден кетуге пейілім жоқ. Алматыға симасам, Қызылордаға барып, ирригациялық тресте істесем қайтеді? Сірә, сөйткенім жөн!?..

СӘТБАЕВ: Нәке, бұл жолы да менің ақылымды тыңда! Маған сенің амандығың керек!.. Мына зобалаң тиылғанша сөйтіп амалдай тұрамыз.

ӘУЕЗОВ: Пәлі, Қаныш, бұл азамат білгір инженер дедің… Қазіргі қатер бізге, гуманитарлық мамандық иелерін шалуда. Натай инженерді туған елінен неге қуасың?

СӘТБАЕВ: Бұл жігіттің кімнің ұрпағы екенін білесіз бе?

ӘУЕЗОВ: Немене сонша төндіріп… Ау, кім едің, жақсы інім?

КЕНЕСАРИН: Дақпырт есімі өздеріңізге бүгінде ерекше ауыр болып тұрған хан тұқымының ұрпағымын, Мұхтар аға. Кенесарин − менің фамилиям!..

ӘУЕЗОВ: Ә, не дейді?! Сен шынында да Хан Кененің ұрпағымысың?..

КЕНЕСАРИН: Әзімханның бел баласымын, аға. Ал, ол кісі − өзіңіз ерлігін ұлықтаған  хан Кененің немересі… Ал, хан Абылай  – менің алтыншы атам!

ӘУЕЗОВ: Пәлі-ай, «Әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген қағиданы Сталин жолдас жиі қайталайды. XIX ғасырда өмір сүрген атасы үшін сәбет мектебінің түлегі, гидрогеолог Натай не себептен жазалы болады?..

СӘТБАЕВ: Заң атаулы күн сайын өзгеріп, бұрмалауға түскен заманда не деуге болады?.. Бұл да, Мұха, әлгінде өзіңіз айтқан макиавеллизмнен өрбитін солақай сабақ. Натай ініміз Қазақстаннан тезірек кетуі қажет!

КЕНЕСАРИН: Қанеке, үш мәрте қайталадыңыз. Кетпеске енді амалым жоқ…

СӘТБАЕВ: Бүгіннен қалма, Натайжан! Кешіксең −  өкінішке ұрынасың! Тезірек кетсең − мені де ауыр күнәден құтқарасың!..

КЕНЕСАРИН (жыламсырап): Қиын-қыстау күнде туған елден  безуге  мәжбүрмін, жақсы ағалар. Қош болыңыздар! Сіздерге амандық тілеймін!.. (Натай кетеді.). СӘТБАЕВ (қобалжып): Бұл да −  амалсыздың қарекеті, Мұха! Халыққа пайдасы тиер, Қазақстан ғылымын алға сүйрейтін аяулы азаматты елден кетуге кім-кім, өзім мәжбүрледім…

ӘУЕЗОВ: Қаныш, өзіңмен ақылдасуға келген менің де шаруам − осы турасын-да… МГУ-дің Шығыс әдебиеті кафедрасы дәріс оқуға шақыруда, сірә, өздеріне профессор етпек…

СӘТБАЕВ: Сіз… сізді, Мұха,  Михайлов Ломоносов атындағы Мәскеу университеті, Кеңес Одағындағы биік мәртебелі оқу орны өзінде дәріс оқуға шақырған? Құттықтаймын, Мұха!..

ӘУЕЗОВ: Елден кетуге, шынымды айтсам, аса құлықты емеспін.

СӘТБАЕВ: О, жатқа қимасым, бетке ұстарым, қайран Мұха! Мәскеуге аттанып, бой тасалай тұрыңыз деуге дәтім жетпей қиналып отыр едім, не деймін?!.. Халқыңыз сіздің амандығыңызға зәру! Ел мәртебесін биікке көтеретін мәңгі еңбектер толғайсыз! Сіздей суреткерді қазақ халқы қашан туады, екінші мәрте көреміз бе сіздей кемеңгерді?!.. Орыс зиялыларының мұнысы − нағыз бауырмалдық, оларға бұл ертеден дарыған ізгі қасиет. МГУ-дің ректоры, академик Петровский маған да кафедра ұсынып, геология ілімін Мәскеуде дамытасыз деген ұсынысты былтыр айтқан-ды. Алайда, мен…

ӘУЕЗОВ: Пәле-ай Қаныш, олай десе, ойланба! Кеттік Мәскеуге! Біздегі қара жүрек жауыздар сені де тыныш қоймайды, маған қосақтап сені де құрмалдыққа шалады…

СӘТБАЕВ: “Правда” газеті жуықта «Сынаудың орнына ұлықтау» деген бұзық мақаланы неге жариялады? Сізді ұлтшылдар тобына қосу үшін. Бұл да «Профессор Әуезов ескіліктің шырмауында» деген біздегі бір соғындының «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған сыни мақаласын жаңғырту. Орталық Комитеттің секретариаты Компартияға мүше емес сізді жуықта іреп-сойғанда не деді: «Мұхтар Әуезов кеңес үкіметін тек қана сөз жүзінде мойындайды, ал әдеби шығармаларын ұлтшылдық пиғылмен толғаудан айныған емес…» деген тұжырымның ақыры неге соғарын қалайша сезбейсіз? Көңілшектікті қойыңыз, Мұха! МГУ-ге тезірек аттаныңыз! КСРО Жазушылар одағының басшылары да сіздей алыпты ұсақ шенеуніктердің қудалауына бермейді… (Таисия Алексеевна ілби басып, көзін көлегейлеп келеді.).

ТАИСИЯ: Сәлеметсіз бе, Мұхтар Омарханович!.. Қаныш, ауруханадан келемін…

СӘТБАЕВ: Ауруханадан?.. Николай Григорьевичке бардың ба?

ТАИСИЯ (кемсеңдеп): Николай Григорьевич жоқ енді бізге… Бір сағат бұрын дүниеден қайтты.

СӘТБАЕВ: Апыр-ай, не деп тұрсың? Қой, бекер болар. Таңертең кіріп шыққанмын, алдағы зерттеулер жайында қаншама жоспар құрдық…

ТАИСИЯ: Түстен кейін прокуратурадан ба, үш қаріптен бе, палатаның есігіне күзет қойып, Николай Григорьевичтен жауап алыпты… Ол кісі қатты жәбірленген… Айтып-айтпай не керек, ақжүрек қана емес, ең адал қамқоршымыздан айырылдық!… Кризге түсіп жатқанда да, «Сәтбаевтай ғұлама досымды нақақ жалаға бермеймін!» деген күйкі өксікпен ғазиз жан фәни дүниеден аттанды…

СӘТБАЕВ (налып): Неткен кісілік, қандай ізгі жүрек!..

ӘУЕЗОВ: Адал достарға тән бекзаттық! Сабыр ет, Қаныш!

СӘТБАЕВ: Апыр-ай, Мұха, мына дауылдың арты неге соғады? Қымбат достарымыздан тірідей де, өлідей де айырылудамыз? Не үшін? Кімнің әрекеті? Білмеймін. Осыны түсіндірер кісі бар ма, сірә?!..

Үкімет телефоны ұзақ шырылдайды.

СӘТБАЕВ: Алло! Иә, Сәтбаев. Мен… Осы қазір? Кеш емес пе? Жарым сағаттан соң?.. Жарайды, ұқтым, барамын (трубканы қойып)… Тася, “Үлкен үйге” шақырады. Бюро мәжілісінде жеке басымның мәселесін қарамақ…

ТАИСИЯ: Құдай-ау, түн ішінде ме? Сағат кешкі сегіз. Ауырып отырмын, академик Кассин қайтыс болды, үйіне барамын дегенің жөн еді…

СӘТБАЕВ: Бекерге шошыма. Партия алдында да, халқым алдында да зәредей кінәм жоқ! Күн сайын 12 сағат жұмыс істегенімді дұшпандарым да бекер демейді!.. Мына науқан дүрмегіне, сірә, мені де ілмек? Бәлкім, қоқан-лоқымен дегеніне көндірмек? Не десе науқанды тоқтатуды талап етемін, иландыра алмасам –  президент міндетін атқарудан бас тартамын! Не дейсіз, Мұха? Өзініздей ғылым ордасының шаңырағын бірге көтерген жайсаңдарды нақақ жазалауға ұстап беріп, қалайша мен президент атанып, жер басып жүремін?!..

ӘУЕЗОВ: Айтарсың, солай деріңді білемін!.. Не десең де, жарқыным, жасымай, жарқ еткен жасылдай жарып өт! «Айдаболдың» тауы қайтып, «Шауыпкелдің» жаны шыққандай, өңкей қорғаншақ пен табансыздың таңы айырылғандай етіп, шымбайына батыра айт! Ел жақсыларына қорған бола алмаған басшының тарихта атаусыз қалатынын, халық қарғысына ұшырайтынын бозөкпе шіркіндердің жетелеріне жеткіз! Халқыңа сеніміңді жоғалтпай, атар таңынан қуаныш күтіп, қайта өрлеу дәуірі алда деген үмітті арқа тұтып, соны сездіре, төндіре сөйле, жайсаңым! Ал біз, Тайсын келін екеуміз, қане, қолыңды жай, арысым: «Ер маңдайын баққа бер! Абыройы асар жаққа бер! Бес қаруын сай қылып, жеңіп қайтар саққа бер! Меселін қайтармай, көңілін шат қыла гөр!..» − деп саған тілеуқор боламыз! Әмин!..

СӘТБАЕВ (бетін сипап): Жақсы айттыңыз, әмин! Ашық күнге аман-есен жетелік!

ӘУЕЗОВ: Иә, сөйтелік! Иландырдың мені, Қаныш жайсаңым, бетімді Мәскеуге түзеймін…

СӘТБАЕВ: Тася, сенде алыс жолға қам жаса! Президент қызметін, сірә, біржолата беріп шығамын,  болмаса?..   Әуезов пен Сәтбаев  құшақ айқастырып қоштасады.

 

ЭПИЛОГ

Көңілді әуен. Экранда − бүгінгі Алматы. Ғылым академиясының бас ғимараты, Геологиялық ғылымдар институтының фасады, онда тұрған мемориаль тақтаны, Сәтбаев көшесіндегі республика алаңын, әсем үйлерді көреміз. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техника университетінің алып ғимараты, оның алдындағы Сәтбаев алаңы, біртуар ғалымның  зәулім ескерткіші…

Экрандағы көрініс Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы тарихшы Ермұхан Бекмахановтың мүсінімен ауысады.

Ең соңында Әуезов театрының осы күнгі тамаша ғимараты. Соның алдындағы М.О.Әуезовтің маңғаз да парасатты мүсіні.

Көңілді музыка үні күшейе түседі. Сахнаға Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, туы жарқырап түседі.

   Шымылдық  

Пікір қалдыру