Ер мен әйел арасы… немесе ұлттық тәрбие хақында

Қуат ҚайранбаевXXI ғасырдың төрімізге шыққанына да ширек ғасырдан асыпты. Адамзат қоғамы көз ілеспес жалдамдықпен алға жылжып, даму үстінде. Техниканың әлдебір жаңалығына таңдай қағып, таңданыс білдіріп жатсаң, күн өтпей-ақ оның ескіріп қалғанын естисің. Осылайша табиғаттың құпиялары біртіндеп ашылуда. Алайда, қаншама зерттелсе де сырын алдыра қоймаған, құпиясын ешкім аша алмаған жай – адам жанының құрылысы, олардың арасындағы қарым-қатынас шығар, сірә.
Әрине, осы саланы зерттеп жүрген мүйізі қарағайдай ғалым-оқымыс­тылар бұл мәселе төңірегінде пікір айтумен ғана шектеліп жүргенде, біз ақиқаттың соңғы сөзін жеткіземіз деуден аулақпыз. Алайда, адамдар турасында, соның ішінде еркек пен әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны мен рөлі туралы білген-түйгенімізді өздеріңізбен бөлісіп, пікір қосқанның еш айыбы бола қоймас деген оймен қолымызға қалам алған едік.

Қилы-қилы заман бар

Бұл тақырыпқа баруымызға бүгінгі еліміздегі отбасы, неке мен тәрбие мәселелері түрткі болған еді. Соның ішінде гендерлік саясат деген батыстан жеткен бастама ойланбасымызға қоймаған. Өздеріңізге белгілі, қазір бұл ұғым көпшілігімізге түсініксіздеу болса да құлағымызға сіңісті болып қалған. Біздің білуімізше, 2003 жылы гендерлік мәселелерді шешу мақсатында Қазақстанда тұңғыш рет гендерлік саясат тұжырымдамасы әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілген. Гендерлік саясатгың міндеттеріне:
– әйелдер мен ерлердің билік құрылымында тең болуына қол жеткізу;
– экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту;
– қызмет бабында ілгерілеу;
– отбасында құқықтар мен міндеттерді тең жүзеге асыру үшін жағдай жасау;
– әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою кіреді.
Қазақстан Республикасы «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұр­мыс құрған әйелдердің азаматтығы» конвенцияларына, сонымен қатар, әйелдер мен балаларға қатысты халықаралық ұйымдардың 30-ға жуық шарттарына қосылған екен. Аз да емес, көп те емес.
Осы мәліметтерді оқи отырып: «Бізде, Қазақстанда әйелдердің жай-күйі шынында да алаң туғызарлық жағдайда ма?» – деген сауал туындаған. Әпке-қарындас қыздарымыз бар, көп балалы отбасында өсіп, жетілдік. Кейіннен бір аруға өліп-талып ғашық болып, соған қол жеткізгенімізді бақыт санадық. Енді ұл-қыздардың әкесі болып, қыздарымызды ұзаттық, келін түсірдік. Ендеше қай тұста, қандай олқылықтарға жол бердік екен деп толғанғаным да рас. Қарап отырсам әпкелерім де, қарындастарым мен қыздарым да өз білімдеріне сай мамандық меңгеріп, ел қатарлы еңбек етіп келеді екен. Ешкімнен кем қалған тұсы жоқ. Жезделерім мен күйеубалаларым алақандарына салып аялауда. Барлығы да бір-бір шаңырақтың берекесі, отбасының ұйытқысы, әулеттің анасына айналған.
Айналамдағы мен танитын әйелдердің де бірде-бірі ерлер тарапынан, әйтпесе мемлекеттік тұрғыдан кемсітушілікке ұшырап отырған жоқ. Білім беру, денсаулық сақтау саласында жоғары білімді маман ғана емес, білікті басшы болып жүргендері жетерлік. Қазір министр, депутат болған қыз-келіншектермен ешкімді таңдандыра алмайсың. Керісінше, отбасында көбіне-көп әйел қауымының үні өктемдеу шығатынын аңғарып жүрміз. Ендеше ел аман, жұрт тынышта қара аспанды суға ағызып, байбалам салудың қажеті бар ма өзі?
Осы сауалдарға жауап табу үшін ең алдымен тарихқа жүгінуге тура келген. Қарап отырсақ, көшпенділер өркениетінде әйел-ананың орны мен рөлі қашанда биікте болып келіпті. Бағзы заманнан бізге жеткен деректердегі Сақтардың патшайымы Тұмар ханымнан (Томирис) бері тартып, бүгінгі күнге дейін небір ел бастаған көсем, сөз бастаған шешендер шығыпты әйелдер қауымынан. Бүкіл елдің анасына айналған Домалақ ана, бір рулы қауымның ұраны болған Қызай ана, Қабанбай батырдың қарындасы Гауһар, Кенесары ханның соңынан ерген ерке бауыры Бопай ханым, Абайдай данышпанды тәрбиелеген Зере мен Ұлжандай аналар ерлерден кем болды деп кім айта алады?! Немесе, олардың құқықтары жаншылып, ерлерден қиянат көріпті деуге негіз бар ма?
Тіпті сонау қараңғылық түнегі тұмшалады деп жүрген кезеңде де ата-бабаларымыз қыз баланы алақанына салып, аялап өсірді емес пе?! Өзгелер сияқты басына пәренже кигізіп, бетін көлегейлемеген. Ел-жұрттан жасырып, оқшаулап ұстамаған. Керісінше, бар жақсы мен асылды солардың үстіне жапсырып, көз тимесін деп тақиясының төбесіне үкі таққан. Қыздың жүрісін шолпысының сыңғырына қарап бағалаған. Ал, үйінде отырып-ақ бір рулы елді қас-қабағымен жусатып-өргізген аналарымыз туралы аңыз каншама?! Ер-азаматтармен бірге атқа мініп сауық құрып, қажет болғанда қолаң шашын бөркінің астына жасырып, жауға шапқан аяулы аруларымыз аз ба?! Сөйткен қазақ XXI ғасырға жеткенде әйелдердің аяғына тұсау, басына томаға салыпты дегенге кім сенеді?! Ендеше, мынау гендерлік теңдік деген қайдан шыққан?
– Қазақтың бөтенге және бөгде нәрсеге еліктеушілігі, құмарлығы мен қызығушылығы бағзыдан белгілі, – деп жазады филология ғылымдарының кандидаты Асхат Әлімов бір еңбегінде. – Бұл қызығушылық көп жағдайда тым әсіреленген күйге еніп, тіпті құбыжықтанып кетеді. Қазір батыстың ықпалына берілмеген өміріміздің бірде-бір саласы қалмаған сияқты,
Мүмкін еліктеушілік жаман да қылық болмас па еді, егер біз басқаның ең озық үлгілерін бетке ұстағанымызда. Алайда олай емес қой…
…Сол секілді күдігі мол ұғымдарға әйел мен еркектің арақатынасына қатысты саясатты жатқызуға болады. Бұл идеяны өз басым тек батысқа ғана тән құбылыс, батыстың өзіндік өнімі деп есептеймін, – дей келе. – Маған феминистердің (әйелдердің еркектермен тең құқылығын жақтаушылар) ұстанымдары мен талаптары табиғатқа қарсы шығумен бірдей көрінеді. Шындығында, еркек пен әйелдің физиологиясындағы көптеген өзгешелікке сәйкес олардың әлеуметтік қызметтерінің (жанұяда, қоғамда, экономикалық қарым-қатынастарда) айырмашылықтары мол емес пе? Феминистер әйелдерге ер адамдардың барлық міндеттерін жүктегісі келеді, еркектердің барлық әрекеттерімен айналысуын қалайды. Қысқасы, оларда «әлеуметтік қызмет» және осыдан туындайтын әлеуметтік жауапкершілік түсініктері мүлдем жоқ сияқты…. Феминистер ұсынып отырған ерлер мен әйелдердің арасындағы «теңдік» сұлулық пен нәзіктіктің символы саналып келген әйел табиғатының, әйел ұғымының күрт өзгеруіне жол бермей ме?.. Бұл солақай түсініктің нәтижелерін отбасының ұйытқысы және негізі болғысы келмей, сәл-пәл туған қиындықтан қашып, күйеуі мен баласының алдындағы жауапкершіліктен бас тартқан, өзін-өзі «бүгіндері нағыз еркек жоқ», – деп ақтаған әйелдерден көремін.
Менің ойымша, ең бірінші кезекте ерлер мен әйелдер әлеуметтік қызмет (функция) түрғысынан бөлінетінін ескеру керек секілді. Осы тұрғыдан алғанда: ер адамның ең басты қызметі – әке болу, яғни жанұясын материалдық өнімдермен қамтамасыз ету және оны қорғау, балаларына үлгі болып, тәрбиелеу. Дәл осы секілді, әйелдің ең басты қызметі – ана болу, яғни өмірге өмір әкелу, сол арқылы адамзат баласының өмір жібінің үзіліп кетпеуін қадағалау».
Міне, ғалым осылай дейді. Егер осы тұжырымды гендерлік теңдік саясатына шақтап көретін болсақ, бір-біріне тура келмейтінін аңғарамыз.
Атап айтқанда, әке – негізгі асыраушы және қорғаушы қызметінен, ана-ұрпақ тәрбиелеуші рөлінен ажырауы керек екен. Яғни, әлмисақтан келе жатқан ата-баба дәстүрі бұзылып, біз бөтеннің үлгісіне телінеміз. Осы орайда түгел сөздің атасы Майқы бидің:
Қилы-қилы заман болар,
Қарағай басын шортан шалар.
Қарап тұрған жігітке қыз асылар,
Сиыр пұл болар,
Қатын би болар, – деген сәуегейлігіне еріксіз иланасың.
Ұятты жерлерінің бәрін жарқырата ашып, шолтаңдаған қыздардың, жігітті үйлеріне кіргізіп алып, некесіз тұрмыс құрып жатқан бойжеткендердің, «бүгінде нағыз жігіт жоқ» деп ешкімді менсінбей жүрген арулардың қайдан шығып жатқанына көзің жеткендей болады.

Еркек көктен түскен жоқ

Қайсыбір оқырманымыз «Бөріктінің намысы бір» дегендей автор өзіне жағымды жайларды ғана мысалға алып отыр деп айыптамауы үшін «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалия Қайдауылқызының пікіріне де құлақ түріп көрелік:
– Гендерлік саясат дегеннің өзінде құйтырқы саясат жатыр, – дейді ол. – Неге ол қозғалыс немесе бағдарлама емес. Ал саясат деген қашанда белгілі бір топтың мақсат-мүддесін жүзеге асыру үшін пайдаланылып келген құрал ғана. Бұл жерде білекті сыбанып тастап, еркектерге билік жүргіземіз немесе үкіметті басқарамыз дегеннен гөрі ақылды әйелдер ең алдымен өзін-өзі билеуі керек сияқты. Әйелдер өмірге келген күннен дүниеден озғанынша аналық қасиетін сақтауы керек. Өзін өзі билеген әйел ерін де, сол арқылы дүниені де билемейді ме?! Осы аналық пейілімен, әйелдік құрметті, ырыздық-несібені үн-түнсіз, айқай-шусыз жинап отырады. Осыған дейін теңесеміз деп жүріп біраз жерге бардық қой. Содан не шықты? «Қыздан қылық кетсе, ұлдан ұят кетеді» дегендей, ата-баба дәстүрін тәрік етіп, батысқа еліктеуімізден рухани жұтаңдыққа жолығып, дүбәрә ұрпақты дүниеге әкелдік емес пе? Қазақ ешқашан қыздарына қиянат жасамаған халық. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел. Өзгеге еліктейміз деп жүріп өзіміздің ғасырлар бойы жинақталған құндылықтарымыздан бас тарттық. Енді қарттар мен балалар үйіндегі қаракөздер қайдан шықты деп таңғаламыз. Барымызды бағаламай, әсіре еліктеуден тапқанымыз осы ғана…».
Мен бұл жерде ерлер мен әйелдердің тең құқылы болуына күмән келтіруден мүлдем аулақпын. Мәселе, оны жоғарыдан, батысқа еліктеу арқылы, әйтпесе «бұл бізде де бар» деп айту үшін ғана күштеп енгізуден кім ұтады дегенге келіп саяды. Ата-бабаларымыз баяғыда-ақ төрт жол сөзге:
Әйел жерден шыққан жоқ,
Ол да еркектің баласы.
Еркек көктен түскен жоқ,
Әйел оның анасы, – деп, әйел мен еркектің тең құқылы екенін айтып кеткен болатын.
Бүтіндері саяси элита қаласа да, қаламаса да қоғамдағы әйелдердің белсенділігі барған сайын арта түсуде. Билікте де, бизнесте де олардың үлес салмағы көбейіп келеді. Әзірге көп бола қоймаса да Парламентте, түрлі деңгейдегі мәслихаттарда, облыстық, аудандық әкімдіктерде жемісті еңбек етіп жүр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі экономикалық құлдырау кезеңінде әйелдер арқаларына ала дорбаны арқалап алып, шет ел асып, елді құлдыраудан алып шыққанын көзіміз көрді. Жалпы, ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде әр уақытта ерлер жерге қараған тұста, нәзік жандар намыс отын алаулатып, басын бәйгеге тігіп, атойлап шықпады ма?! Оның соңғы көрінісін Желтоқсанда байқадық. Қазақ қызының өжеттігіне, қайсарлығына, намысшылдығына сол жолы тағы бір көзіміз жеткен. Ендеше, осындай халықтың әйелдері қағажу көріп жүр деп айтуға негіз бар ма?!
Феминистер, солардың сөзін сөйлейтін гендерлік саясатшылар көбіне-көп елімізде биліктегі әйелдер үлесінің аздығын алға тартады. Шынымен, онда әйелдер неге аз деген сауалды біз де өзімізге қойғанбыз. Үңіле келсек бұл әйелдердің қабілетсіздігінен немесе ер-азаматтардың олардың қызмет бабымен өсуіне тосқауыл қоюынан емес екен. Бұл тағы да әйелдердің табиғаттан берілген аналық қасиетін, ұрпақ сабақтастығын үзбеу міндетін атқаруға көбірек көңіл бөлуінен деп ұқтық. Қарап отырсақ ақылды, көрікті, байсалды әйелдердің ерлері үнемі жақсы қызметте жүреді. Керісінше, ақылды жігіттер әйелінің олақтығынан жолы болмай қалып жатады. Демек, жаңағы феминистер айтқандай, теңсіздіктен емес, біздің әйелдер жарының жоғарылауы үшін, балаларының ана қамқорлығын көріп өсуі үшін өз карьераларын құрбандыққа шалады екен. Ал, соның бәрін тәрік етіп, қызметке үмтылған қыз-келіншектер елімізде көп-көрім биіктерден көрініп жүр. Тіпті, бала-шағасына, күйеуіне қарап, қызметте де жақсы жетістіктерге қол жеткізгендер бар. Сондықтан отбасынан тыс, мемлекеттік немесе қоғамдық жүмыстарда, өнер мен ғылымда табыс биігінен көрінемін деген қыз-келіншектердің өз мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер мол деп ойлаймын.
Бүгінгі мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет етіп жүрген әйелдердің үлес салмағы 55,4 пайызға жеткен екен. Соның ішінде басқару аппаратындағылардың 30 пайызын нәзік жандар құрап отыр. Жаны нәзік болғанымен әйелдердің өте төзімді, жұмысқа мығым, алдына қойған мақсатына жетуде табандылық танытатынын білеміз. Олардың интеллектуалдық мүмкіндіктері де ерлерден кем емес. Мәселен, ер-азаматтардың уақытының көбін ғылымға, жұмысқа арнай алатындығында деп ойлаймын. Ал әйелдер үшін отбасын құру, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны өсіріп-жеткізу қашанда басты мәселе болып келген. Сондықтан бүл жерде ғалым әйелдердің үлесі тым аз екен деп байбалам салудың қажеті де жоқ шығар.
«Бұл өмірдің қандай жақтарын алмасақ та толық (абсолюттік) теңдікке жету мүмкін емес, – дейді Асхат Әлімов. – Тек салыстырмалы түрде теңдікке жету мүмкін шығар. Ал, сол абсолюттік теңдіктің қажеті бар ма? Адамзат тарихында әлеуметтік саладағы теңдік ұғымы қандай жантүршігерлік нәтижелерге әкелгенін білеміз. 1917 жылғы большевиктер төңкерісінің нәтижесінд билікке келген Кеңес өкіметі 70 миллионнан астам адамды бас бостандығынан айырып, жазықсыз жапа шегуіне, өмірден мезгілсіз өтуіне алып келгенін білеміз. Кеңес Одағы құрылғанда есепте бар 200-ге тарта ұлттан 70-ші жылдары 120 ұлт қана қалған еен. Ал сол Кеңес өкіметі барша адамдардың теңдігі үшін күресті емес пе?!

Ұлды ұлша, қызды қызша тәрбиелеу

Бізде, тәуелсіз Қазақстанда, конституциялық құқығымыз бірдей болғаны­мен азаматтардың бәрі тең дәрежелі деп айтуға келеді ме? Бай мен кедейдің, әлеуметтік жіктердің арасы барған сайын алшақтап бара жатқанын көріп жүрміз. Ендеше, біз әйел мен еркектің арасындағы қандай теңдік үшін күресіп жүрміз?
Әңгімені осымен аяқтауға да болушы еді. Бірақ, біздің қоғамымыздағы, отбасындағы әйелдер рөлінің артуына байланысты орын алған кейбір мәселелер жайлы үндемеуге дәтім жетпеді. Шынын айтсақ, бұл оқырмандарға беймәлім жай емес. Оны күнделікті баспасөзден оқып, өмірде көріп те жүрміз. Ол – негізінен бала тәрбиесіндегі ана мен әкенің алар орыны жайлы. Жасыратыны жоқ, бүгіндері бала тәрбиесі негізінен ананың мойнына жүктелген. Отбасындағы негізгі дауысты өз құзырларына алған кейбір әйелдер балаларымен бірге күйеулерін де тәрбиелеп жүргенін мақтан етіп айтып отырады. Қоғамда тұлға болмақ түгілі өз үйінде, бала-шағасына беделі жоқ, сөзі өтпейтін еркектер қаптап кетті. Жасы жетіп қалған кейбір бойжеткендерден тұрмыс құрмауының себебін сұрасаң: «Жігіт жоқ» немесе «Қазір нағыз еркек қалмаған. Ал қолынан ештеңе келмейтін, еркектік қасиеті жоқ адамды масыл қылғымыз келмейді!», – деп жауап береді. Бір кездері соғыстар мен қақтығыстарда шейіт болатындықтан ер-азаматтар әйелдерден гөрі аз болып келеді десек, енді ел аман, жұрт тынышта осындай күйге ұшырайтындай не көрінді?
Сөз орайы келгенде айта кетейін, статистикалық деректер бойынша ер балалар қыздарға қарағанда көбірек туады екен. 25 жасқа дейінгі жастардың арасында да ерлердің үлесі басымырақ. Содан кейін-ақ бұлардың саны күрт төмендей бастайды. Жол апаты, басқа да қайғылы жағдайда қаза болатын негізінен еркектер екен. Қылмыс жасап сотталатындар да, маскүнемдікке салынып адам санатынан шығатындар да негізінен осылар. Ал 40-50 жасқа келгеннен кейін жүрек, қан қысымы деген сияқты дерт ең алдымен ерлердің алқымынан алатын көрінеді. Елімізде әйелдердің орта жасы 72,4 болса, еркектердікі 61,8 жас болып отыр. Еңбекке жарамды жаста ерлердің қайтыс болуы әйелдерге қарағанда үш есе артық дейді статистика.
Енді бала тәрбиесіне қайтып оралайық. Тамаша философ Эрих Фромм кезінде ана және әке махаббаты жайлы терең пікірлер мен тұжырымдар айтып кеткен екен. Оның ойы бойынша – ана махаббатының формуласы келесідей: «Мен сені қандай болсаң да сүйемін». Басқаша сөзбен айтқанда ана махаббаты балаға ешқандай шарт пен талап қоймайды, ана үшін баласының бар болғаны жеткілікті, яғни ана махаббатына ие болу үшін ешқандай әрекет жасаудың, ұмтылудың, еңбек сіңірудің қажеті жоқ. Бұл махаббат балаға шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ дайын күйінде беріледі. Осы формуланы ел арасында кеңінен тараған мәтелге аударар болсақ: «Жақсы бол, жаман бол – әйтеуір аман бол».
Ал әке махаббатының формуласы өзгеше: «Алдыңа қойған менің талаптарыма сәйкес келсең ғана мен сені сүйемін!» яғни, әке махаббаты – шартты махаббат. Әке баласы алдына белгілі бір талаптар қояды. Егерде бала осы талаптарға сәйкес келсе ғана әке баласын жақсы көреді. Демек, әке махаббатына қол жеткізу үшін баланың ұмтылуы керек, күш жұмсап, тер төгуі қажет. Өйтпеген жағдайда бала әкесінің махаббатына иемденуі күмәнді. Әке өз талаптарына сай келмеген баланы сүймейді. Бұл формуланы халықтың: «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең – ала бер» деген даналығынан көруге болады.
Ғалымның пікірі бойынша, ана махаббатын еш еңбексіз иеленуі бала бойынан масылдық пиғыл қалыптастырады. Ал әкенің талапшылдығы оны алға ұмтылуға, еңбектенуге, тер төгуге итермелейді. Ал масылдық психология бала санасында: «Мен үшін басқалар жасай салсын» немесе «Бұл өмірде барлық адамдар маған қарыз, ал мен ешкімге қарыз емеспін!» деген философияны туындатады. Өз ісі мен сөзі үшін жауап бере алмайтын бозбалалар, отыздан асып кетсе де әлі тұрмыс құрмай, бала тумай, тек өзі үшін ғана өмір сүріп жүрген, өзін-өзі «Бүгінгі күні нормальный еркек жоқ!» деп ақтап, алдарқатып жүрген бойжеткендер, эгоистік пиғылдағы ұл-қыздар осыдан шығады.
Мұндағы айтпағымыз, отбасындағы, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыруды ойлайтұғын кез жетті. Гендерлік саясат деп әйел мен еркек билікке таласып жүргенде біз ертең елге тұтқа болатын, жабыққанды жұбататын, жәбірленгенді қорғайтын, қажет кезде елі мен жері үшін басын бәйгеге тігетін нағыз ер-азаматтарды тәрбиелеуді естен шығарып алмайық.
Баспасөз бетінде – кішкене кезінде балабақша тәрбиешілерінен, мектепте әйел мұғалімдерден, үйде анасынан ғана тәрбие алып, соларға еліктеп өскен ұл бала нәзік, жігерсіз болып өседі деп жазылып жүр. Егер ғалымның сөзімен айтсақ: «Ана – өтеусіз тұрғыдан сүйейтін, жебеуші, кешірімшіл, баласын қиындыққа қимайтын, керісінше қиындықтан арашалайтын асқан мейірімді жан». Ана махаббаты зәулім, асқақ ұстанымдардан туындайтын адамдардың ең асыл қасиеті де болар. Ал: «Әке – үйретуші, өмірге аяқ бастырушы, міндет қоюшы, баласының бір мақсатқа жету жолында қайраушы болып табылады. Ол өмір мен заманның қажеттіліктерін біліп, баланы (кеңінен алғанда адамды) соған сілтейді. Бұл тұрғыдан келгенде баланың махаббаты кімге бұйырады дегенде мәселе ананың пайдасына шешілетіні түсінікті де. Бірақ, уақыт өткен соң баласы өзінің тұлға болып қалыптасуына әкесінің өлшеусіз зор ықпал жасап, еңбек сіңіргенін түсінеді. Ол әкесінің алдында өзінің шексіз қарыздар екенін ұғады».
Ал біз қазір нені көріп отырмыз? Жоғарыда айтқандай, отбасында беделі жоқ әке жігерлі ұлды қалай тәрбиелемек? Қызметке орналасып, көп-көрім, ал кей жағдайда күйеуінен көп жалақы алып жүрген кейбір әйелдер соны ерінің бетіне салық қылып, жүнжітіп жүрген жоқ па? Ал енді осы үрдіс жаппай сипат алып, өмірдің барлық саласында «теңдік» орнаса қалай болмақ? Өзіміз әсіре әуестеніп жүрген батыстың қызтекелері, бір жыныстылардың арасындағы неке ертең-ақ арамызда қылаң бермейді ме?
Бұл жерде біз ненің жақсы, ненің жаман екендігін анықтап айтып беруді мақсат етіп қоймаған едік. Біз тек қоғамдағы көзқарастарды салыстыра отырып, көпшілік қауымды ойлануға шақырғымыз келген. Көзі қарақты оқырман мәселенің ақ-қарасын өзі-ақ айырып алуға қабілетті. Ендеше, осы бір өзекті мәселе жайында сіздердің де пікірлеріңізді білгіміз келеді.

Р.S. Сөзіміздің басында адамдар арасындағы қатынас – ең күрделі ғылым дедік. Әсіресе әйел мен еркектің арасындағы қарым-қатынас өте нәзік әрі өзекті. Бұл жерде өзгенің жылтырағына құр еліктей бермей, ұлттық менталитетімізді, ата-баба дәстүрін, тарихи тамырымыз бен өз өркениетімізді таразы басына салып, елімізге пайдалы, қоғамның, соның ішінде болашақ азаматтарымыздың дұрыс бағытта тәрбие алып, өсуіне ықпал ететін ең дұрыс стратегиямен қарулану қажет сияқты. Ал мұндай іс асығыстықты көтермейді.

Пікір қалдыру