Есқара Тоқтасынұлы. ТІЛМАШ

Есқара Тоқтасынұлы

Еркінбек Ақынбеков рухына
(Ояз тілмашы, фольклор жинаушы, автономия сүраған Ташкент
көтерілісіне қатысқаны үшін 1918 жылы Түркістанда атылған).

Қыркүйектің ортасы, мың тоғыз жүз тоғызыншы жыл, қазақ шат: Түркістаннан шығысқа қарай түстік жер Ибата тұсындағы мидай жазық бейне жорық алды тыныстаған Абылай ханның қолы, тоқсан баулы қоңыраттың мыңғырған екі байы әкелеріне ас беріп жатыр; сауын айтқалы сексен сый тігілген «Қосбәйге» дабыры төрт құбыланы дөңбекшіткен.

* * *
Көшпенді ел осындай майқанада кештете алқа-қотан жиылып, ежелден әңгіме соғады, «паҺ-паһлап!» балбырайды.
«Ақымақтың бәрі көкпарда. Сейдуәлі, сендей қопалға құрдас ұшқыр ат болмайды, түсіп қаласың. Саған үйренетін жуас ат керек. Берікбайдың атының түрі анау, өзі анау – екі етегін шапанының беліне қыстырып, шұбар жабағысымен көкпарды ойға тарт, қырға тарт деп айқайлап жүр; дукөтен. Көзі адам танымайды». «Одан інісі озды, қатынының тілін алады. Сырдың бойында отырып байшыкеш боп қалды. Үш жүздей ешкілі болды». «Көктемдегіні айтам, Асанбек құнанына мініп көкпарға барған. Әлденуақ біреумен ұстасып қалғаны. Қопал еді қайтер екен – қайтер екен дегенше болмай ерден ұшып кетті. Өлді-ау бишара деп жұрт шу етті. Құлаған бойда басын қақшаң еткізіп, қайта жатты. Кейінше құлағаның құлаған, басыңды көтере беріп сылқ түскенің не десем, кім келер екен деп ем дейді». «Әй, Әбу, сен – құдасың, жай сөзді кейін есітірміз, тойхананың әңгімесін айтшы?». «Мақұлбек бай әкесі Байжанның жылына кеңес – асын шақырып бәйге беремін дегенде, шамаң келмес деп ағайын рұхсат етпеген. Бай екінші мәрте жиып, тігерге тұяқ қалмаса да бәйге беремін деді. Әкесі Күленнің жылына саңғылдың ақсай атасынан Ибатадағы Бегалы би де бәйге бермекші екен; үлкендер бастапқыда бір шартақтан қос бәйге өте алмайды, кезек өткіз деді. Мақұлбектің Шоқтастағы жетімдер құдасы Рүстем би кезек шаптырам деген не сөз, екі саңғыл – ақсай, нұрсайың – бірге өткіз деп, аулынан жігіттерін ертіп келіп, Кеңқорық – төбеге шартақ орнатқан». «Мақұлбек те, Бегалы да – ұлтарағы ушыға бай, әрі сақы. – Қызылшырайлы кісі қара тақиясын желкесіне ысырып, екпіндей сөйледі. – Айтқасын нәшіне келтіріп айт! Үй екі жүзге таяды, үй басына күн сайын бір қой, төрт үйге бір жылқыдан сойылады; қазан-ошақта тыным жоқ, жігіттер ауқатты сыдыртып атпен тасиды. Ырзасың ба?! Оң қапталға құдды шәрдің (Түркістан) базары көшіп келгендей; бай-бағланның бұрала басқан еркетотайы нөкерімен, қыз-қырқын, кимешек киген кейуана, бала-шаға топырлап, сауданы қыздырады; жал-жал боп тігілген үйлер арасы жорғамен мырзалар ағызады; былайғы жазаңда білегін түрініп, не апайтөс шабандоз ат жаратады. Ырзасың ба?! Әнеу – көгерген көк жолақ – кәрі Қаратаудың жуан Мыңжылқы жотасының күнгей-теріскейі, Шәуілдір, Сыр бойы елі боса-болмаса, төмен Қызылдың құмынан, жоғарғы Әулиеата, Шымкент өңірінен ат қоспаған ел кем де кем. Не желқабыз, шақпақ тұяқ, күміс құйрық жетелеген талапкердің алды ай бұрын келіп ат таңасырды. Құдай қаласа, ойсан бәйге болмақшы?!». «Әбеке, жиырма күнге пісенделген астың бүгін он бесінші жаңасы, бәйге түгілім өңге сайысы басталған жоқ, қалай болар екен?». «Шалғай аймақтағы қадірлі кісілерден пәлен күні жетеміз деген хабар үзілмей кешеуілдеуі содан. Асқа о баста бес жүз қара, мың қой сойылмақшы-тұғын, Мақұлбек бай – отыздан жаңа асқан жас жігіт қой, астың ұзаратынына бек қуанып, таудағы жылқысынан үйір-үйірімен осылай қарата айдатып жатыр». «Онда мақұл, Алланың нұры жаусын!». «Жамағат! Бағана пайтонмен ояздың тілмашы Жұманәлі Арыстанбеков келді, – деді жалпақ бет кісі жадырай. – Оқығанның аты оқыған, ала-құла киімді елден ерек, өнебойы аппақ: ақ шайы камзол-шалбар, ақ жейде – өзі де қыр мұрын, мұрты қияқтай келісті азамат – жұрт жұбын жазбай аңтарылып тұрды. Көшірімен уағдаласып үлгергенше жартытөбелік тиес саңғыл ағайыны құшағына оралып, көппен араласып кетті». «Жұман-торысын былтыр жағалбайлы Есенжол мініп шапты емес пе?!». «Ұлы Жүздің шабандозымен тағы айқасады десей! Қызыққа батады екенбіз!». «Рас-өтірігін қайдам, тілмашың Бүрген-саздағы сол кедей алшын-жағалбайлыға жақтасып, құсаталық есалы жетімдермен бақастас білем». «Бәсе, көзім шалып қап еді, Баймұрат болыс бекер шіміркенбеген екен». «Иә, есалылар – сойқан».

* * *
Салтанаты алыстан көз арбап, биік бақанда көк байрақ желбіреген тойхананың қыраңда тізілген ақбоз үйіне қарата келе жатып, Жұманәлі тілмашты ой шырмады. Бәйбішесінің қолындағы үлкенін алысқа оқыта алмадым деген өкініші бекер екен: бала – зерек, шаруаға пысық, бәйгеден кейін қалыңдығын әкеліп үйлендірсе, бұдан былай ел жақтан қам жемейді. Інісі қарап – баптайтын торы атына ғана алаң, қызметі Шымкентке ауысқалы: «Ием, сен қайда болдың? Сағындым!» деген құрлы басын сілкіп – атдорбадан құтылмақ болып, тағы іші-бауырын елжіретті.
Ол киімін ауыстырған, үстінде сұр шекпен, басында сусар бөрік – даланың сұлу қазағының бірі. Жолшыбай манағы Баймұрат болыстың үйі тұсында назары қызыл көйлекті қыздарда Есенжолды байқап, езу тартып, елеусіз өтті. Жайлап аяңдай, сыйлы мейманды қарсы алып тұрған тойхана басшысы Ыса болыс бастаған саңғылдың ірілерімен жағалата төс соғыстырып: «Ниет қабыл болсын!» айтқасын, айрықша ілтипатпен жігіттері тойхана дастарханына бастады. Гүбір-гүбір адам толы сегіз қабат жеті үйдің бесіншісіне келіп кіргенде, іштегі жақсылар тілмаштың: «Ассалаумағалейкөміне» жапырлай түрегеп, төс соғыстырып, амандық-саулық сұрасты. Ол божбанның даңқты болысы Көбелекті, шоқтастық жетімдер Керімбек әжіні (қажы), еңгезердей жап-жас жігіт қоңыр – жиенбеттің Жанәділ болысын таныды.
Басынан сөз асырмайтын ділмәр, жора көріп өскен ірілерге ай мен күндей кермиық бір сұлу барша әшекейімен cұқтандырып, қымыз сапырады. Әлі дастарқанға қол тимепті. Сәлден соң тегенені қыз былай ысырып, оюлы кесеге ақшылдау етіп шай құйып, ішіне алтын теңге салып, оң қатардағы шекпенді кісіге ұсынды. Ол кербез жымиып, омырауын ашып, ішкі камзолының қалтасынан кесеге сыңғырлатып алтын тиын салғанда, жапатармағай жымың қағысқан. Кесе әрмен жағалай, жылтыр сары мырза шақасын даярлап отыр екен, шай тағы сонша көтерілді; шоқша сақалды, сұлуша Көбелек болыстың алтынынан шай тура бір еліге атқыды; Жанәділ болыс ешкіммен таласпасын аңғартып, жайма-жай кесе ернеуінен екі алтынын сырғытты. Әркім шама-шарқынша пұл салып жатыр. Бұл дәстүр-дәрежеңді анықтайтын сынақ; тілмаш (расы байлармен бәсекелесте жеңейін деп емес, өңге жақсының жеңуін қалап) екеумен шектелді. Кесе манадан тыпыршып, екі көзі оттай жанған, он бестегі балауса мырзаға жетіп, уысынан төгілген алтынан шай тіке екі еліге секірсін. Жұрт көлден ұшқан қудай гуу етіп, жеңетінін аңғартты. Кезек ең соңында оң аяғын іргеге созып жамбастаған, көзінде мүкісі бар жалпақ кісіге барды. Ол кемер белдігін аспай-саспай ағытып, шақасын жайма-жай алып, салмақтап, шайнектей жұдырығын ашып сау еткізгенде, шай сыртқа асып төгіліп: «Озды! Озды!», «Сыздық озды!» деген дауыстан үй дүрлігіп кетті. Сол екен кеудесін керіп отырған әлгі жас мырзаның намыстан мұрнының етегі делдиіп, түсі бұзылып, атығырылып шыға жөнелсін. Шекпенді кісі мұртынан күліп: «Бұланбай байдың алпысында көрген баласы Ханжігіт мырза ғой!» деді. «А, солай ма? Бөкеңнің Қарнақтың медресесінен мақтаулы, тасқайнатар баласы бар деп еді, сол екен дә».
Қоқанмен қайтпай соғысқан, жаулары таралғысына у жағып өлтірген қошқарбай тама Құлтас батыр жайлы тілмаш талай естігенімен, баласы Сыздықты алғаш ұшыратып, оның жоралы бір сөзі жадына түсті. Божбан Сапарбай болыс жорта байқамағансып өтіп бара жатқанда, шайханада отырған Сыздық: «Мына шолтаңдаған көк атты кім-ей?» дейді. Соны күткен Сапарбай болыс дізгін тартып: «Басы таз, көзі соқыр болмаса кісіні міней ме» депті. Кейін сол бишара Сапарбай болыс өлгенде ақсай саңғыл Иманберді болыс бастап, барлығы жиналып барады. Сонда Сыздық өкпем-ай, бауырым-ай, жүрегім-ай деп жылай беріпті. Кейінше бұның қалай деп қасындағы сұраса, Сыздық: «Ағайын-жұртты өкпелетпегесін өкпем-ай демей, не дейін?! Бауырды, ел-жұртты табыстырғыш болғасын бауырым-ай демей не дейін?! Жүректегі сырымды тапқан соң жүрегім-ай демей не дейін?!» деген екен…
Соңыра әрқилы әңгіме маздап, қымыз ішу саябырси:
– Жұманәлі шырағым, әңгіме айт? – деді Көбелек болыс. – Сирек кездесеміз, даражаңа тәнтімін, мәжілістес болғаныма разымын. Сен оқыған азаматсың, түрлі кітап аудардың. Тірлікте не мән бар деп білдің?
– Әңгімеге көсейтін таяқ керек, – деді жылтыр сары көршісі. – Ақыл – исламда!
– Молданы күнде естиміз.
Көбелек болыстың «Қарнақтан өгіз алма, Бабайқорғаннан ат алма, Сасықтан қыз алма» деген нақылы тілмаштың жадында. Өйткені Қарнақ – қазір негізі өзбек – дихан ел, соқа тартатын жақсы өгізін, Бабайқорған – атқұмар ел жақсы атын бермесі айдан анық; «Сасық руының қызынан жақсы бала тумайдысын» ажыратпады, жаман келіні болуы ықтимал.
– Жәке, атам қазақтың мыңдаған жылдардан жиған ақыл-қазынасы көл-көсір.
– Ол рас, әйткенімен жасы ұлғайған адамды ой мүжиді. Қалай өмір сүрдім, не істеп, не бітірдім? Ел билегесін астамшылық, тәкаппарлық өтпей қоймайды. Қалай бақытты болатынымызды сұрамақшы едім.
– Болысеке, бұныңыз өте қиын сұрақ?
– ?
– Жақсы адам болмақ керек шығар?!
– Оңай емес екен, – деді дөңгелек жүз, ақ мұрт, толықша кісі Көбелек бас шайқай. – Күн сайын қанша қуанып, ренжисің! Не есітіп, не көрмейсің!
«Есалы жетімдермен» арадағы кикілжіңінен көргенді кісі ештеңе сұрамады.
* * *
Естігенге құлақ тоймайды, үй-үйде кешқұрым баяғыша әңгіме.
«…Түркістанда бөрікші Исабекті білесіңдер. – Шойтпақ қара тақиясын шекесіне түсіріп, ыржиып күлді. – Түрлі үлпәтте бәйге жайлы айтылса, ылғи еліріп, бұрын менің осындай жүйрік атым болған, пәлен-түген бәйгеде озған, сенбесең пәленшеден, төленшеден сұра деп сықпыртады. Қоймағасын, түнеукүні жігіттермен уағдаласып сіздің сондай жампоз атыңыздың болғанын пәленше, төленшеден сұрап білдік, енді атыңыздың құйрығын майлаңыз деп ақыры илалап бір түсірдік». «Қатырыпсыңдар. Оны білем, ат қосқанын естімеппін. Әйелі жарамды адам, алаша, бөкебай тоқиды». «Түнеукүні Жәңкең тарапыда Орынтайдың қатынын әперіңдер деді. Ойы жесір әйелді малымен алу. Балалары қайтып күн көреді? Қариялар ана қашарыңның біреуін бер, біреуін сойып адам шақыр десе көнбейді. Тегін, әрі малымен алсам дейді. Мазақ болды. Баяғы жетім – шоркіндік оңа ма?! Сәмидің қутілді баласы бізге көзін қысып, ана күрең қасқаңызды мінгізсеңіз мен шешемді берейін деп еді, тіріде бере ме?!». «Әбеке, қылжақ сөзді кейін тыңдармыз, тойхананың жаңалығынан айтшы». «Бәйгеге қызылқұмдық Еділбай тапкер Шайтанкөгін, есалы жетімдер Баймұрат болыс Жаужүрегін, Қыздарбек Қарақұлағын, тиес саңғыл Құланбай Қызылқасқасын, бабайқорғандық сунақ Нұреке тапкер Үкіаяғын, ноғай Кәрібай тапкер Шаппайберін қоспақшы, тағы кім?». «Арқадан ат арылтып келген әйел тапкер Маржанкүлдің Қазанғап торысы, Мәделі қожаның, тапкер Алдашүкірдің аттары бар». «Пәлі, кілең талай-талай майқанада топ жарған сайгүлік қой!». «Белгісізі қанша?! Ұлы Жүздің атын айтпадың? Бегалы бидің құдасы Досыбай бидің қарақасқасы бұрнағы жылы Шілікте өткен бәйгеде бас жүлдені ап кетпеді ме?!». «Дұрыс екен! Сүйтіп, ұрандатып өтпекші десей?!». «Қоңырат-тың руларынан басынан сөз асырмас екі ата жетімдер Барқы, маңғытай-саңғыл Мүлкеман, божбан елі Қияқ, іргелес Ұлы Жүздің Бөген-Шаян бойын жайлайтын тазша, қоңыр, сыргелісі Досай, теріскейдегі Төртшидің тамасы Қозыбақ деп айқайды сап шіренбек. Жалпы қоңыраттың ұраны ежелден Алатау батырдың есімімен – «Алатау» ғой. Бәйгеге келген ел атын суарғанда Кеңқолтық өзені тоқтап қап жатыр». «Жарандар ана Молдабек тапкерге жолама, Шіліктегі Үндемес байдың бәйгесінде үш-төрт жігіт бап үйренейік деп жата қап аңдиық. Біруақтары атын шапқызып-шапқызып, ерін алып, аңызға айдап жіберді. Біз де босаттық. Сүйтсек ол атының тілін байлаған екен, ертеңгі бәйгеде біздің атымыз тышқақтап – елдің соңында қап, күлкі болдық». «Мен сунақ Нұреке тапкерге тұрам. Атын борбайлатып шапқызып, үстіне қалың жабу жабады да тобығынан тамған терді санайды, дәмін татады. Сұрастырсам, ат жарағанда тері су татиды екен». «Мен ноғай Кәрібай тапкердің Бұланбайдың бәйгесінде Әділбектің торысын сынағанын естідім. Әдеке, қамау терін тізесіне түсіріпсің. Дүлдүлқызылыма, Қазанқапқа, төртінші бекеттен соң Шайтанкөкке оздырасың деді. Ол кеткесін Әділбектен сұрасақ қамау терін тобыққа түсіру керек, жолаушылап үлгермегем деді». «Апырай, ә!». «Жұрт Мекеге барып қайтқан жетімдер Керімбек әжі айтты деп жүр, Еділбай тапкерді арап, парсылар біледі екен». «Көп жасағыр, тапкер – Бейімбет қой! Көрерсің! Ана жылғы Құланбайдың бәйгесіндегі салым көкпарда атыңның ұршығы шығыпты, шаппа деді. Көнбем едім, артынша атым оңбай ақсап, кешке таман жер тарпуға жарамай пышаққа ілінді». «Аты қатын демесең Маржанкүл мықты. Әрдайым жүлдесіз кетпейді. Бір кісі атым Байұзақтың бәйгесінде екінші келген, қазіргі күйін болжаңыз дейді, тапкер аттың алды-артынан өтіп жүйрік ат екен, бірақ бұл бәйгеде жүлдеге іліне қоймас, жабудың кертігінен күн өтіп, шоқтығына тер қысылыпты депті. Айтқаны келіпті». «Жігіттер, болжам-болжам, түгел жаны бар сөз. Алайда әр жарысқа жүйрік әртүрлі бапта келеді, тапкердің сыры өзіне аян: күні-түні атын қарауылдатып, тірі жанды жақындатпайды, оңайлықпен сыр шашпайды. Телмірген көз, тігілген құлаққа оның жалғыз лепесі мың құбылып тарайды».

* * *
Құлыншақ ақынның келгенін Жұманәлі тілмаш ертеңіне естіді. Қолын алуға анабір іс ішінде дес бермей, «бас жақта» деген алшын – жағалбайлының үйіне қарата келе жатты.
Түркістан – он екі болыс, екеуі өзбек. Қаратаудың Мыңжылқы жотасының осы күнгей етегі Хантағы өзені бойындағы бұлағы бұрқырап, нулы бауында Сырдария облысының генерал-губернаторы демалатын Құсата – жетімдер руының есалы атасының қонысы – жиырма төрт төбеге бөлінеді. Төбесі егіндік жер. Екеуі алшын-жағалбайлыға тиесілі. Жаңадан сайланған Баймұрат болыс алшын – жағалбайлыға сен кірмесің, жерді босат деп дақыл еккізбей отыр. Көпе-көрнеу зорлық екені мәлім, ілгері құсаталық есалының ірісі жоғарғы Бүрген-Сазда отыратын жалғыз ауыл алшын-жағалбайлының біреуін ұрып өлтіріп, дуалы ауыз Қалкөз дананың билігімен жетімдер екі төбесін айыпқа тартқан. Тілмаштың араша сөзін болыс құлаққа ілетін емес.
Ол есік алдында Бүрген-Саздың қарияларымен сәлемдесіп, қараша үйге кіріп, дастарханнан дәм татқасын: «Көп сөйлемейін, шырағым, – деді алпысты қаусырғанымен, әлі шымыр қарт Сүлеймен. – Қысырақ қуған байталдай бізде не қауқар бар? Асқа сен деп келдік, кедейдің көкпар мен той не теңі? Құсата түгелімен бізге тиесілі еді ғой! – Естімеген сөзге тілмаш елең еткен. – Күнгейдің қоңыраты тау мен Сыр арасы көшпенді өмір кешкенде, бұлақ басына біздің атамыз баяғыда ауып кеп орныққан екен. О жерден бізді Бүрген-Сазға Қоқан ығыстырды. Қоқанның кезі әкіреңдеген сарттар есалының біреуін өлтіріп қойып, соның құнын даулаған Адырбек деген сойы Құсатаны есалыға әперген. Екі төбені бізге есалының не үшін тартқанынан хабардарсың. Қысқасы бұл іс шапқа су сепкендей бір тамырға соғып тоқтауы керек қой?! Жүйкеміз қиылып, ақылымыз ұрланып тұр. Бұйрықтың көзі жоқ, жүрсе аяғы жоқ. Түбі тартып алса да ит тірлікте іш қып күн көрерміз. Нақақтан ердің қаны төгіліп еді, ата жолы биге тоқтап шешіліп еді?!».
Қарттың мына сөзі қыршып, тілмаш тіке бата сұрады. Бет сипасымен бейқам Есенжолға: «Жүр, бірге барасын?!» деді. Алпамса жігіт ана қыздарды көруге құмартқанымен, жолшыбай: «Ағатай, маған орынсыз. Кірмей-ақ қояйыншы? Осы жерде сізді күтейінші» деген. «Мен жалғызбын, жабылып сабаса қайтемін? – деді тілмаш ойнап айтып. – Сөз үйренесің». Жігіт қынжыла ереді. Әудем жерде өмілдірік тағып, құйысқан, тебінгілерін алтынмен булаған қызылкүреңдегі Бұланбай байдың баласы Ханжігіт ұшырай: «Ағатай, Есенжол қанша салым салмақшы?» деді жымиып. Әр қазақтың баласының жақсы болмағына құмбыл тілмаш баланың салтанатына сүйсініп, Ханжігіт барса ерте кетейін деп ойлады. Нұрсай саңғылдың бүкіл төрт қақпа Түркістан сыйлайтын кеңқолтық байының баласын бетінен кім қағады?! Дауда жас адам тез өседі. «Ханжігіт, сөз тыңдауға қалайсың?». «Ыбәрәт аларлық жер болса?». «Онда бізбен жүре ғой».

* * *
«Маңызды сөз айтшы, Әбу! Бұларды қой!». «Қазақ жыл он екі ай мал соңында. Көктем, күз той мен көкпарда ел-жұртты көріп, шер тарқатады. Әңгіме құмарлығы содан. Айтсын».
«Сақып төре ауылға келіп, қатар-құрбысына әнебір сұлу келіншектен сөз әпер дейді. – Молдасоқынған жуан мұрт кісі шөкелеп отыруға көшіп, мұртынан күлді. – Ауылдың қушыкештері қоймай, пұшық, маңқа, жесір әйелді жасап киіндіріп, төре не қылса да үндеме дейді. Төреге сөзін берді, ай туысымен сонау талдың түбіне жет дейді. Түнде ынтазарына жолығып, қарсыласпағасын бәрі боп, атына мінейін дегенде әйел өштіп-өштіп кеп тұйыңыз дейді ғой. Біздің ауылға сол төре өле-өлгенше қайтып соқпай кетті». «Өй, пәтшағар-ай!». «Әбу, бұлардың қылжақ сөзі таусылмайды, тойхананың әңгімесінен соқ». «Бәйгеге қосылмақшы аттың саны төрт жүзден асты. Салт бойынша мейманды байдың ағайын-туысы, құда-жегжаты күтеді, жем-шөбі тағы мойнында. Төмендегі – ана жылы тартылған шойынжолға жақын – Отырабаттың Қосетек деген жеріне төбе үйдірген. Билер әуелі сөжерде бас қосып күтіледі, сөжерден ат жіберіледі. Билердің басында жиырма бес дәйекші-сарапшысы бар саңғылдың Ыса болысы. Мақұлбек бай қоңыр-тазшадағы құдасын қарсы алам деп атын алтындатып, күмістетіп, бар жақсысын киіп, бәйгекеріне мінгенде, жалғыз шықпа көз тиеді деп ағасы қарсы болған. Сүйтсе, мінгізген жас сәбиге көз тиіп, кешке құлап, арпалысып жатыр дейді». «Әттеген-ай, ә! Құдай сақтасын!». «Бегалы бидің Ұлы Жүздегі құдасы Досыбай би тай-тұяқ жамбы әкеліпті дейді». «Мақұлбектің құдалары да зор, анау ананы әкелді, мынау мынаны әкелді деп хатқа түсіріп жатқан болар!». «Иә, Ұлы Жүздегі Ханқожа құдасы кешігіңкіреп келе жатқасын алдынан шықса, жиырма бес қара, жиырма бес қалы кілем, не керек тоғыз-тоғыздан елу түйеге артқан шашуы бар екен. Аза-бәйге шаптырамын, жеке отырамын депті». «Туу! Азамат екен!». «Мақұлбек төрт ағайынды ғой, інісінің құдасы-қаңлы Аманбай шәрдің іргесіндегі Текеде отыратын кедей, дихан ел. Шашуы мандымасын білгесін, астыртын әйелін жіберіп, байдың өзінен алдырып, ертеңі ей, Ыса болыс, біз дихан елміз, қарамыз жоқ, ақша берейін деп бес жүз сомды лақтырып тастағанда жұрттың көзі тостағандай болып, қисая-қисая кетісті». «Ой, пәлі!».

* * *
Жұманәлі тілмаштың естуінше қоңырат екі атадан: Орынби, Мелдебиден тарайды. Жайлаған жері Шәмілдір – яғни Қараспанның базары, Сырдарияның бойы. Қиссада кездеседі. Екеуінен жиырма сегіз бала өрбіген; Емен, Семен деген құлымен отыз. Аламат кезінде үркіп, әлденеше баласы өліп, Орынби Баулы – Бадахшанға ауады. Одан байбөрі ұрпағы – Алпамыс батыр тарайды, олар түркмен жерінде. Тәжікте өзін қоңырат санайтын лақай деген ру бар, тілі соларға бейімделіп кеткен. Қаратау баурайында қалған Мелдебиден Көктіңұлы, Құдайберді (Көтенші) туады. Көктіңұлы сегіз ата, Құдайбердіден (Көтеншіден) Бес Ата, Жаманбай.
Мелдебидің Құдайбердісінен туған Бес Атаның ішіндегі жетімдер руы бұлақ басына орнығып, бау-бақшаға қызыққан отырықшы ел. Содан болар Қоқан ханына жағып, датқа көп шыққан: Құсатадағы есалы атасынан Қоныс датқа, шоқтастық қарасынан Байұзақ датқа, Қаратаудың теріскейіне көшкен байдалы атасынан Үсенбай датқа. Алайда есік алды алақандай жердегі мәуе-шәуеден жарып баю қайда, мал баққан рулардан кедейлеу. Дегенмен: «Мініп келді атқа, Болып келді датқа, Не десе де істеңдер, Сыбысын шығарма жатқа…» деп Молда Мұса шайыры айтқандай билік жағынан напақа айыратын ірі ру.
…«Есалы жетімдерлер» тілмаш дем баспай жетіп келеді деп ойламай үдірейсе, төрдегі пұшпақ ішік жамылған Баймұрат болыстың қасынан шәрдегі көпес, оқыған аты бар (Орынбор гимназиясын жырмалап тауысқан), бұдан екі жас үлкен, қырықтағы жиендері Қалиды көріп, тілмаш ошарылды. Жымық құлақ, ұзынтұра мырза салған беттен: «Кел, кел, быжық-тыжық маңғытай – саңғыл?» деп кекесінмен күліп, мұқатқан құрлы жағалата қарай, «Ыһ!» деп болыстың шоқша сақалы селк еткен. Мырза мүлт кеткен – тілмаштың інісінің әйелі жетімдердің қызы: «Быжық-тыжық болсақ та қыздарыңның үстінде жатырмыз» десе аузына құм құйылатын еді; тілмаш сыр шашпады. Осы мезет болыстың қара бөрікті туысы: «Маңғытай-саңғылдан айдың жарығы жақсы, әйтпесе есті кісі өнбейтін іске араласа ма?!Көкпарда жүре алмайтын, қыз беріп, қызын алмайтын, ауып келген кірме, кедей-кепшік, алшын-жағалбайлының шоқпарын соғып, ұшпаққа шығамысың? Көрерміз молда к…. ді деген сөзді есітіп пең?» деп бастырмалатып бақты. Қали: «Мына байдың төбетіндей салақтап, ерткенің кім? Әкет, әрмен! Кім көрінгенді…?! Кісі тектіден, бай баласынан шығады. Палуан, шабандоз дегенің есерсоқ та?!» дегенде Есенжол қып-қызыл болып, ата жөнеген. Тілмаш манағыда жігітті тыңдамағанына өкінді. Ауыр сөзге мойымай, үйдегі саябырси: «Жақсылар, – деді жүзінен жайдарылық есіп. – Кімнің кімнен артық – кемдігін Алла біледі. Жетімдер билік ұстаса, бес ата саңғыл-бай, момын ел екенбіз. Қазақты сақтаған отбасылық, рулық ынтымағы; алайда ешқайсымыздың маңдайымызға руымыз жазылмапты. Адамды жақсы, жаманға, ұлтқа бөлемін. Әрнеде татулық жақсы». Қали: «Сен – орысша оқып, шалақазақтанған адамсың. Сырлы күмбез, ішінде дәнегі жоқ жалғыз атты кедейсің. Бетіңмен шоқырақтатқаның жөн еді. Демігіп қаласың, шірен бе?!» деп майын сөзге иілмеді. «Мырза, байлықпен шешілмейтін іс болады?!». «Болмайды. Әрнені ақша бұзар киліккенде. Бай мен кедейді теңестірме?! Адам – пенде, нәпсісін жеңе алмайды. Жөнге кел. Оданда торыңды көкпарға сап, орысшаңды пұлдап күніңді көр?!». Әдепсіз сөзге жоқ, іліп-шалып, тұқыртып бағатын мінезге қанық тілмаш әдеттегіше сабырға жеңдіріп: «Болысеке? – деді. – Әр сөздің айтылатын орны, арқалайтын жүгі болады. Түнеукүні бұл іс заңға, шариғат, ата – баба жолына бірдей қайшы дедім. Бұны ас дейді, аста бәтуемен тарқассақ – сауаптың үлкені?!». «Сен өзің тілмаш намаз оқимысың?» деді манағы қара бөрікті додырайып. «Құдайға шексіз сенемін». «Не пайда амалын істемегесін?!». «Әділдік үшін күрессем, мүсәпірге жақтассам, ғайбат сөйлемесем, елімнің-жерімнің қамын ойласам, елдестірер сөз айтсам – мұсылмандық сол. Қазақ арапқа бағынбай тұрып өмір сүрген, салт-дәстүрі, өнегесі ұшан-теңіз халық». «Оқу өтіп кеткеннен болар құйысқанға қыстырылған б…абыройсыз іске кіруің… Аз оқысақ та әр істің орайын келтіреміз!» деді Қали тақымдай.
Сол мезет манадан тықыршып, көзінен от жалтылдап, тілмашқа жалтақтаған Ханжігіт: «Дат, жақсылар? – деді саңқ етіп. – Қоңыраттағы екі ата жетімдердің түбі Сауранның маңы, Қарнақтың төменгі жағы, өзеннің қабағы қырық қақпалы Қарашықтың ханы Әбілқайыр екен. Оның Сұқсырханым деген жалғыз қызы болыпты. Оны ержүрек Ақтам төреге беріпті. Уәзірлері қызғанып, төрені өлтіріп жібереді. Сұқсырханым екіқабат екен, оның қоңыраттағы Орынби деген досы баланы аман алып қалмақ үшін түрікменге алып қашады. Ол кездегі рәсім бойынша аяғы ауыр әйелге үйленбейді. Барғасын Сұқсырханым ұл туып, атын Сүйеніш қояды. Кейін Сүйеніштің балалары қоңыраттың қолында ержетіп, жеке ауыл болып отырғасын «жетім балалардың ауылы» атанып, кейін жетімдер руына айналып кетіпті. Жетімдердің қоңыратқа қосылатын себебі қоңыраттың қолында тәрбиеленіп өсуінен. Жақсылар, сонда кім кірме болғаны? Бағанадан жерден алып жерге саласыз, бәдікайкөш сөздің не керегі бар?». «Тоқтат, мұрынбоқ!» деп Баймұрат болыс қамшымен көрпешені сарт еткізді. «Ендеше руға тиіспеңіз? Мен мұрынбоқ емеспін!» деп қасқиған баланы тілмаш қолынан ұстай алды; тойтарма уәж мұның тәрбиесіне ұйқаспаса да аузы батырлықтың орны кейде мірдің оғы қарайлас. «Сен, мұрынбоқ, ақсай саңғылыңның дені теріскейге көшіп кету себебін білемісің? Білмесең біліп ал, – деді Қали мырза мысқылдай езу тартып. – Бір мықтысымағың ілгері Шоқтастың суын әрмен қарай бұрып, Шошқакөлге құятын етіп жібереді. Әзіреті Сұлтанның – Түркістанның қожа-молда, сарттары егініміз қурап барады деп қанша жалынып сұраса көнбейді. Ел айтады, сол уақ жұт болып па, ақсайыңның күллі малы қырылып қалып, әлдеқайсы бізді қожа-молданың қарғысы ұрды депті, олар содан көшкен! Әне!».
– Мен мұрынбоқ емеспін! – деді Ханжігіт. – Шөміштің басындай тутыңдайсыз, сіз басы-қасында болып, түйеге жүгін артысып па едіңіз?
Уытты уәжге тілмаштың іші бүлкілдеп қоя беріп, лажсыздан мырс еткен.
– Мырзасынып кілең ақ делбегей киетін, былғанады деп жиында к…жер иіскемейтін есалының қалай күлкі болған жерін сіз білесіз бе? – Ханжігіт-дағы мүдірмей жүзі заматта шуақ бүрікті. – Күнгейлік қоңыраттың жиырма отыз қасқыр жайсаңы теріскейге ханкелді қоңыршұнақтың бәйгесіне бара жатады. Уақыт күз екен. Жонда адасып, қонуға тура келеді. Таудың түнгі суығынан есалылар «жидек қағып» бір, тоқымын жамылып жатып екінші мәрте күлкі болады. Азанда қараса, ақ делбегейлері сатпақ-сатпақ. Қасындағы тағы ірейді. Оған ұлан-асыр тойда ел жұртқа көрінуден ұялып, елге қайтқанын қосыңыз. Біздің Бұланбаймен, Оспанбаймен, Құланбаймен, Мақұлбекпен теңесерлік жетімдерде байың қайсы?!
Тілмаш әңгіменің ушығарынан қаймығып:
– Ханжігіт шырағым, мені далада күте тұршы? – деп ол шығысымен сөзін жалғады. – «Сыпайыны зықтама, палуанды иықтама». Жақсылар? Біреулердің бақталастықта шығарған кемсітпе сөзіне несіне тулайсыз? Бала естігенін айтады. Сіз бен біз қоңыратпыз, Құдайбердінің балаларынан туған, құшағымыз ажырамаған ағайынбыз. Оның тамыры ықылым заманда, беріде Шыңғысхан тарапынан әйгілі. Күмәнді сөзге жоқ адаммын. – Тілмаш есалының райдан қайтпасын сезіп, орнынан түрегелді. – Сіздерге ояздан сөз келсе қайтесіз?
Үй іші заматта бүрісіп қалған, Қали: «Бұған ояздың қатысы қанша?!» дегенмен, дауысы үрей бүрікті. Болыс қана «Сен – екі бұзық, бар, далада салғылас!» деді. «Жақсылар, ойлан? Әрнеде бәтуе жақсы?!» деп тілмаш таба нанан үзіп-дәм ауыз тиіп, «аумиынмен», шығып кетті.
Болыс сазарып: «Шәрдегі диюға адам жібер! Майдандассын екеуі, аржағын көрерміз?! – деді. – Бір қой өңгеріп ала кетіңдер».

* * *
«Қарап отырғанша әңгіме болсын. Көргенімді айтайын. Осы Мақұлбек байдың қайнысы, итемген божбан Дәу Бөрібай былтыр кеңес асқа төрт адам болып келген. Алдына керсенмен қымыз қойып, сендер жер шұқылаған Сырдың қазағы іше алмайтын шығарсың дегенде, Бөрібай намысқа тырысып бір өзі ішіп қойды. Қойдың ішінен марқасқа қозыны әкеліп біреуін соямыз ба, екеуін бе дегенде, Бөрібай күн тигізбей екеуін де ас деді. Үлкен қараша үйге кіргізді. Ерегіс жаман ғой, үйге симаған көпшілік керегеден сығалайды. Бөрібай екі тостақ майды сіміріп жіберіп, түйенің өркешінен қарш-қарш шайнап жеп отырды. Соңынан әлігі қозының құйрықтарын екі шайнап жұтқанда, қасындағы құсып жіберді. Екі қозының етін талғамай тағы жәукемдесін. Сосын домаланған бойда бұлаққа жетіп, қойып кетті. Бұлақтың көзінде екі күнге дейін май қалқып жүрді». «Естігенбіз. Бөрібай көрім ғой?!». «Біздің құдамыз кешке таман он бес шақырымдағы аулыма барып аттан түсе бергенімде бірдеңе сылқ етті, сүйтсем азанда шапқан көкпар әлі тақымымда жүр екен. Ұмытып кетіппін дейді». «Пәтшағар, айтады-ақ екен?!». «Кім біледі, батыр аңғалдау болады. Рас шығар».
«Сәке, сен тойхананың әңгімесін сұрағың кеп отыр, ә?». «Боса-болмаса?! Әйтпесе бұл екі қылжақбастың сөзі таусылмайды». «Құдасы Досыбай биге Бегалы би тілегің не деп сұраса, менің қарақасқам озсын десең атты ұзақтан жібер депті. Ал Кіші Жүз – Шиелі ме, Перовскінің бе бір адамы түрікменнің бәйгесінен келе жатып, Түркістандағы осы бәйгені ести әттеген-ай, білгенде соған баратын едім деп өкініпті. Бірақ құмарлық деген жаман, жолда атының басын остай бұрады. Жол-жөнекей қонған үйінен аттың құнын сұрасаң да бер деп кепей қозыны сатып алады; сойып, әбден пісіріп, ылжа-ылжасы шыққанда екі бақыраш сорпасын шалдығып жатқан екі атына ішкізіп, ұйықтап қалады. Таң бозында атының біреуін оятса, оқыранып үш секіріпті, екіншісі екі секіріпті. Аты жарағанда әдеті аспанға үш секіреді екен. Егесі тапкер екен, қуанып, кеше кешке олар-дағы жетіпті». «Кіші Жүз жағы арсыздау келеді, біздің Түркістан елі сарт сияқты, жұлымыр, бүрісіп қалған. Арқа қазағы боркемік»… «Ағайын? Бәйге адал өтсе болды, нәлеті Кәдірбек бай тағы үш ат қоспақшы дейді?!». «Тобасы жоқ адам табылады, ертең көресің!». «Тойхана басшысы Ыса болыс – додакеш адам, зорлық жасата қоймас?!». «Әуселесі жетсе?».

* * *
– Ассалаумағалейкө…ө…м!
– Уағалейкүмассалам! Уа, менің оқыған баламбысың? Кел, шырағым. Бұл ел жаныңды қоя ма?! Өзіміздің саңғылдың тойында абырой асырасыз деп ертіп келді. – Қарадан гөрі көкшілдеу жүзді, бойы ортадан биіктеу қарт – Құлыншақ ақын тілмашты қасына шақырды. – «Құлбектей ер қайда, Құланбайдай бай қайда?!». Құланбай, Нарбек би ағаларың өсжерде болар?
– Иә, жәке.
– Балам, шет өлкенің әңгімесінен айт? Патша не дейді? Ағылшындар аспанға айырплан деген ұшырыпты. Өзің айтқан оқыған жақсымыз тағы не әрекет қып жатыр? Ресей мұсылмандарының бізді қорға деп түрік патшасына жазған хатынан не хабар бар? – Қарт сүйріктей саусағының жұмсақ көбесімен қолын сипай қысып, ұстап отыр. – Мектеп ашып бала оқытуға, көне жәдігерлерді жинауға сөз байластық деген едің?!
– Қарашада Әділхан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов Орынборға тағы жияды, содан көп үміт күтеміз. Әзірге туған өлкемдегі майқанадан қалмай сөз жиям. Ішінде сізден жазып алған он өлең, екі жырды Әубәкір Диваев деген ғұлама кісіге аманаттап тапсырдым.
– Сауапты іс екен шырағым. Заман аттап басып бізден озып барады. Жасың ұлғайған сайын самғайтын шағың көзден бір-бір ұшады. Мұрын, кеуде құрғырың шаңға тұншығады, таза ауаға зар. Дуды әшейін көргеніңе мәзсің.
– Жәке, Майлықожамен ұзақ жыл айтысыпсыздар, кім көп жеңді? Жұрт әртүрлі айтады, – деді шай құйған жігіт.
– Балам-ау, кім біліпті? Оның ләпермені оған, менікі маған жеңдірді. – Қарт әлдеқай күндерді еске алды. – Өй, жаның жәннатта болғыр жақсы адам еді?! Қанша айтысқанда, намысқа тиетін сөз қосылмапты. Ілгері, үш ай жаз Арқада той-томалақ қуып жүріп қалып, қыркүйектің аяғы елге келсем: «Ойбай, көке, бүрсүгүні Шәуілдірде бай божбанның тойы өтеді. Сізге екі мәрте адам жіберген» деп дем бастырмады. Жұрттың аңсайтыны біздің айтыс. Барсақ, жарықтық қожам сырқаттанып қалыпты. Соның алды көңілін сұрауға Шәді төре барады.
Түркістан уалайаттан Шәді келді,
Көп адам Көтеншіден ере келді.
Ішінде жетімдерден Керекең бар,
Қайткенмен де оларда береке бар, –
деп бастап, Керімбек әжіні мақтап өлең айтыпты. Тұрлыбек болысқа:
Тұрлыбек мәз боласың туғаныңа,
Беліңді баптап байлап буғаныңа.
Осы жерден шалқиып тез келмедің,
Мәз боласың көбелек қуғаныңа, –
деп қағытыпты.
– Жәке, айтысқа тіктірген үй алыстан көз арбайды. Қожаңыз жоқ, сізге қарсылас табылса?
– Олай деме, жүйрік түрлі-түрлі, бірақ ақын қорқақ болмайды. Тілмаш балам, Құдай қаласа қажылықтан оралғасын кітабымды шығаруға қолқабыс жаса? Шәді төреден өңгеміз қараңғымыз, тасқа бастыруға талап қылмай, жұрттың қолпашына қоразданып, өлең айтып жүре беріппіз. Е… басқа бәле тілден, өкпе жаматсақ Құдайдан рахым тілейміз.
– Патшаның Ресей, Украина, Дон өзені тұсынан, ойдан – қырдан қашқан тексіз жұртын қазақ жеріне қоныстандыруы тиылатын емес. Үш жыл бұрынғы екінші Думасынан кейін қазақ даласынан депутат сайламайтын етті. Әділхан, Ахмет, Халел Досмұқанбетов сияқты көзі ашық азамат бастап, ұлтымыздың мұңын жоқтап, күресін жалғаймыз. Түбі отарлықтан құтылмасақ қазақ құлақкесті құл есепті сергелдең кешпек.
– Сендердің ізгі ниетің, ақжүрегіңді билік пен байлықтың шырын дәмін татқанның бағалауы екіталай. Абайла балам, абайла?! Ерлігіне ақыл-парасаты тең Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Ақсақ Темірдей заңғар түгесіліп, қазан-түйнегі қалып, азғындаған заман. Біз де қал-қадарымызша тіл мен жаққа сүйеніп айтудайын айтамыз, өнгені жоқтың қасы. Абайла балам, абайла?!
– Жәке, данасы мен батыры жоқ ұлт халық болып жарытпас?!
– Бәрекелді! Алдыңнан жазсын, шырағым?! Қазақ ашынғалы қашан, қолдан түк келмей күңіренемін. – Кенет ақын «ы…ы…ы» деп кідірістеп, толғанып, суырып салып өлеңдете жөнеді:
Жайлауымды жау алып,
Ықтияр кетті-ау күллі елден.
Жайына жатқан қазақ ек,
Жайыла жатып күн көрген.
Енді қалып барасың,
Бірігіп басың жүргеннен.
Елде жарақ қалмады,
Асынып белге ілгеннен.
Батырлар қылған соғысты,
Шаруа іздер қонысты.
Патшамыз біздің орысты,
Күннен-күнге қылып тұр,
Көңілдегі жоқ істі.
Қаптаған хахол сыймайды,
Қазақтан алды қонысты…
Тілмаш қағаз – қаламын алып, аттап жазып үлгеріп, ақын арыны бәсеңси қайталап сұрайды.
* * *

«Жұмеке, – дейді көзі күлімдеген жігіт. – Қаратау жарықтық қазақтың бағына жаралған тау. Алатаудан енші алып, жалпақ сахараға қарата жалғыз салып, аламантасыр замандар Арқадан иен Бетпақты басып– талып жеткен қазаққа көз ұшынан жалғыз жотасы белбеуленіп, көгілжім тартып үміт оятқан болар; шатқалында жынысқан тоғайы, құйқылжытқан құсы, көгінде қалықтаған бүркіті, құздарында секірген арқары, жібек самалы, арқыраған кәусар суымен жұмақ көрінген болар. Жуан Мыңжылқы жотасының теріскейі кәрі Созақ, күнгейі төрт қақпа Түркістан – Әзіреті Сұлтан. Бұл тауды әлмисақтан тоқсан баулы қоңырат жайлағанымен, оның әр сайында әлдеқай заманда келіп қоныс тепкен қазақтың Үш Жүзінің талай атасы ұшырауы ғажап емес пе?! Теріскейінде тарақты, алтай арғын, тама, уақ, күнгейде қаңлы, алшын-жағалбайлы. Жұрты содан ба тіріде меселі қайтпас адуын, қамырдан қыл суырған тапқыр, ат шабандығы мін емес, сауықшыл, көкпаршыл, өлеңші. Той, ас көкпарсыз өтпейді, көктем, күз тиылмайды. Екі шумақ өлеңді екінің бірі айтып салады. Ұтымды сөз бас қосқан жер ауыздан – ауызға тарайды. Данадан-даңқтыдан сұрасаңыз саңғылда Қожамжар мен тарақты Шілменбет шешенге, даугер маңғытай Шойынбетке, саңғыл Бапыш күйшіге күнгей-теріскей тәнті. Ағатай, жазып алсаңыз мен біраз ақыннан ағытамын. Жетімдерде Молла Мұса, төреде Шәді дүрілдейді. Құлыншақ, баласы Сатайдан басқа саңғылда Өскенбай, Темірхан жүйрік. Іңкәр қарындасымыз әлі тайлығып көрмепті. Былтыр көктемде, теріскейде, Қарағұрда той өтті. Құда деп шақырады. Құрсай, Шоқтастан Рүстем би, Керімбек әжі, бір топ жетімдер жегжаты барды. Әжінің абыройы боса-болмаса болыс деңгейлес; бас қосқан жер жұрт Керекеңнен жапырыла құран, бата сұрайды. Әй, бір болыстық ел жиылған шығар?! Айтысқа қоңыршұнақтар Айбарша деген ақын қызын дайындапты. Өткір екен, жүрек тоқтатып тиіскенді бөктергідей қағып түсіре берді. Бас жүлде қызға бұйыратын кез жұрт қояды ма: «Әй, құрсайлық, шоқтастық жетімдер? Сендерге ақындық, батырлық қонған дейді, ұят емес пе?! Жарамасаң елден Молда Мұсаңды шақыр?»деп тақымдап қоймады. Сол уақта алпыстағы Даубай мұртын ширатып: «Жарайды, айтысайын. Бірақ менің қоятын шартым бар?» деді. «Қандай шарт?». «Мен жеңілсем бір қыздың қалың малын тартайын. Егер қыз жеңілсе, төсек – орын, жасауымен қатындыққа алып кетемін!». Жұрт шу етті. Хабар төңірекке тарап, көкпар тамашалаған елдің жарымы осылай аусын. «Шалдан жеңіліп, әлпештеген қызымыздан айырылып қалармыз?» деп, тағы «қалың малдан» дәметіп, қоңыршұнақ тайғақтасын. Жеңгелері «Даубайдың үш қатыны бар екен. Пайғамбар жасына келіпті. Өлеңге қиыстырып, жас қыз сенің не теңің, аналарыңа жарап ал десең жым болады дейді. Әйтеуір сонымен келісті. Айтыс басталды, бір-бірін ала алмай жұрт екі жаққа кезек жығылады. Әлденуақ қыз:
– Даубай-ау, артқы көзің күлімдейді,
Бергі көзің тышқанның ініндейді,
Алпыс пенен жетпісте қыз алам деп,
Кәрілігің өзіңе білінбейді, –
деп бағанағы уәжін сарт еткізгенде, тамам жетімдер, ырғын халық демін ішіне тартып, Даубайға тесілді. Сонда сабаз мүдірмей:
– Қатынды көпсінбеймін азсынбасам,
Не жұмысың бар еді, аш қылмасам,
Өкпеңді содан кейін айта қойшы,
Таба алмай керегіңді салқындасам,–
дегенде, қыз жауаптан тосылып, «Аһ?!» деп құлап түссін.
– Туу?!
– Оның қызығы кейінде. Сол Айбарша сұлу биыл Даубайдан ұл туып отыр.
– Паһ, шіркін!
* * *
Көне пайтон ырғатыла Кеңқорық – төбе етегіне тоқтады. Түркістаннан беріде ауыз жаппаған шәрпристап Перепелов пен оның немере інісі, теміржол депосы жұмысшысы Дубов, жыпырлаған киіз үй, ошақтан шұбаған түтін, оңды-солды шапқылаған аттылы алқапқа состия қарасты. Әсіресе екі жыл бұрын ғана әскери борышын өтеп оралған, дала таңсық Дубов сескеніп, сәлден кейін: «Ех, бы, Никитич? Жан-жаққа он зеңбірек қойып атқылап, азиаттарды өртеп жіберсе?» деп күш қайырған болды; бірақ көлік Баймұрат болыстың үйі алдына шылбыр тастағанша түнеріп, қайтып тіл қатпады. Қылышы салпылдаған, жуан мұрт шәрпристап пен кепкілі серігін болыс пен нөкері жалбақтап, оңаша ұстаған отауға кіргізді. Қазақтың мол дастарханы әдеттегіше сілекейін шұбыртып, қазыдан екі-үш қарбыта асай, шәрпристапқа көліктегі арағы елестей ішінен сыбап алып, «кешке таманға» сүрген.
«Пристаптан» тілмаш хабарланып, ой түзді. Айқасқа байырғыша екі жасты ертеді. Сес, таза, артық сөзге жоқ. Ханжігіт: «Ағатай, орысқа Есенжол, қазаққа мені қойыңыз?» деді тәптіштеп…
– Сізді түсіну қиын, Жұманәлі Аманович? – деді пристап. – Оқыған адамсыз. Білмегенсисіз. Барша кикілжің Ресей империясының заңнамасы арқылы шешіледі. Сізбен бұл тақырыпта талай пікірлестік. Рұхсат жоқ!
– Иван Никитич, жалпақ ел куә, ол жердің талай жылдан егін егіп, нанын жеген егесі бар. Мәнісін жаңа айттым. Абайлаңыз, халықты ашындырмаңыз. Сіздің басты міндетіңіз тыныштық сақтау?!Қазақ халқының бағзыдан салт-дәстүрі, өмір сүру пәлсапасы қалыптасқан. Содан кейін…
Қаяқтың пәлсапасы? – Кертік мұрын Дубов сөз бөліп, ернін түртитті; тілмаштың үстіндегі ұлттық қымбат киімін: «Жетісіп қапсың?!» дегендей кемсітіп шолады.
– Жұманәлі Аманович? Ол шын айтады, бұратана жұрттан адамзатқа не пайда?!
– Иван Никитич, екеуміз оңашада сөйлесейікші?
– Серігім қасымда болады.
– Онда әңгімеге араласпасын.
Атын естігенде Түркістанның баласы жылағанын сап қоятын орыспен тілмаштың тайталасуына болыс төңірегінің қызғанышы, маңқиып таңырқасы қарайлас.
Тілмаш былайыраққа қарата үнсіз адымдайды. «Екеуіне нендей сөз қонар екен? Сен – жаулаушысың. Патшаңның қот-қоттауына елігіп қоқақтап, туған жеріңнен безіп, тайғақ кешесің?! Шыңғыс ханға орыс үш ғасыр бойына салық төлеп күнелтті. Оның билігі әділ еді, тіліңе, діліңе, дініңе, жеріңе тиіспеген. Кімнің мәдениеті озығын содан ажырат. Адамға өмір сүрмекке көп нәрсе керек пе?!. Иә, бұлар сөз қаппайды».
– Иван Никитич? Сізбен кейінгі үш жылда әрнені талқылап-таластық. – Дубовты тілмаш ескермеуге тырысты. – Біраз нәрсе айтылды. Қайта езуге уақыт тар. Басқа жайдан қозғайын? Адамға ең қымбат нәрсе өмір болар, ә? Ұрыста балаң оққа ұшса жаның ауыра ма? Ауырады.
– Ол өлсе Ресей империясы үшін өледі. – Пристап саусағын екі иығына, маңдайын тигізіп шоқынды. – Ол – бақытты өлім.
– Никитич? Әлдеқандай қып несіне тәжікелесесің?! – деді Дубов зәрленіп.
– Коля? Тілмаш мырза – оқыған адам.
– Ақсүйегін бірінші кезекте…!
Дубовтың ашу буған түрінен сезіктеніп – Есенжолдың жоғына өкініп – Ханжігіттің жұдырығы түйілді.
– Сен большевиксін? Әлде сол жолда?
– Никитич?!Неменеге тәжікелесіп тұрсың деймін?! Шап басынан! – Дубовтың көзі сұмдық өштік, өктемдік, қаныпезерлік төгеді.
«Қан көрген бәле екен?!» деп тілмаштың бойы түршікті.
– Ағатай, жақсылық күтпеңіз, бұларды көкем кәпір деген?! – деді Ханжігіт.
«Иә, қазақтың соры… Қақпаннан түбі құтылмай жылау да жылау». Тілмаш жалмажан қалтасынан бүктеулі қағаз суырды.
– Ояздың бұйрығын оқыңыз.
Пристап мөрден-ақ шошып, шала-пыла көз жүгірте «Тфу!» деп лақтырып тастады. Оны алыстан шалған Баймұрат болыс пен нөкері үйлеріне кіріп бара жатты.
…«Іс насырға шапты, – деді болыс көрпешеге сылқ түсіп. – Дайынсыздың сөзіне еріп…, енді елдің бетіне қайтіп қараймын?!». «Болысеке, пұшайман жемеңіз?!» деп Қали кеңк-кеңк күлді. «Сонда не?». «Генерал-губернатор досыңыз, пристапты жұмсаңыз. Және… Гәбіңіз ішіңізде болсын?! Тотияйындай ойып түсетін амал бар?!». «Ол не?». Болыс тінте қарады. «Тамам саңғыл аяғыңызға жығылады, әуелі пристапқа ана істі міндеттеңіз?..». «Айт? Тағы не?». «Бәйге өтпей қалатындай сұмдық төбелес-жанжал ұйыстырамыз!». «Оттама! Аярлықты айтпа!». «Сізге абырой керек пе? Әлде масқаралық…?». «О, жеті ата, жеті пұстыңды?!» деп болыс қамшысын қарманды. Оны кімге айтқаны белгісіз. «Тілмаш күнде тойханаға соғады, ағайынымен пысықтайды. Оқығанға қарсы сөйле деп шақырған өзіңіз? Қосбәйгеден саңғылдың абыройы артады, төрт құбылаға жайылады. Баяғы – Қотырбұлақтың етегіндегі, қалың бермегеніміз үшін қыздарын алып кеткендегі – қырғынды ұмытыпсыз?!». «Тоқтат!». «Басыңыздағы бөркіңіздей көріңіз, тілмаш жағалбайлыға жерін әпермей тынбайды. Ұяты сізге!». «Не деген…?!». «Қарымта өсжерде! Өсжерде! Бәйгеде!.. Ағайыны бәлкім жағалбайлы жақтасатын ел емес деп көндірер? Төбелес ұйыстыру оп-оңай, біраз тентекке бозаға арақ қосып ішкізсек, шағыстырсақ, бітті». Болыс Қалиға тесіледі. «Жетімдердің ірілерін жиып, өткен-кеткенді аршып, намысына тиіңіз. Әйтпесе маған өкпелемеңіз?!».
…Кешқұрым тілмашқа Ханжігіт келіп: «Ағатай, орыстар атын жегіп еді, жаңа қайта босатып, дорбасын түсірді. Кетпейді-ау?! Бағана сізге кіржиген жастауы сайға дәретсындырмаққа баратқан әйелдерге елеңдеумен болды; кейін төбеден бақылады. Абайлау керек?» деді. Байсыз, кедейсіз қоғам орнатпақ Ленин іліміне, теміржол депосындағы жұмыскерлерінің бұлғағына кей-кейде алаңдайтын тілмаш: «Большевиктер Дубов сияқты болса, билікке келсе Құдай басқа салмасын – Ресей империясының ғұмырын ұзартатын да жал?!» деп қамығып тұрған.
* * *
«Күндізгіден кешкі әңгіме қызық, іш пыспасын, одан-бұдан айтып отырайық?». «Отызда орда бұзар кезім. Әуелде маңына жолатпай жүрді. Жеңгем бір-екі ай қарама, өзі шабынады деді. Бір күні бүгінгі түн баршы деді. Ел жата жақындасам, кішкентай баласын құшақтап жатыр. Көрпесін ашсам қарсыласпады. Баланы қайтеміз дегенде шетке шықты… Осы күні нанын жеп отырған бала, сол түннен пайда болған бала. Күйеуі өліп, әбден күйініп, оттай жанып жүр екен. Мылтықтың басуына, киіктің қасуы дегендей?!». «Өткендегі хатым – құранда кәрі күйеу жездеміз Сламбайға құлағың сау ма дегем. Құлақ сау, көзден қалдым дейді. Құлақты таңғаның не? Мына ақты қайтем деп орамалды шешіп, көзін саусақпен ашып көрсетті. Әулие болуға жарамай жүр едің, енді көзден айрылып нағыз әулие болыпсың. Бірдеңе деп көрші, Құдай ұрсын айтқаның келеді деп едім, бәрі қырыла күлсін». «Ағайын? Жайдақ сөзден гөрі ауыз тұшитын сөз айтайықшы?! Ертең азанда «өгіз өлді», түстен кейін салым көкпар?! Жәбеш салым салам деп отыр». «Енеңді үрайын Жәбешті мақтама. Он бала туатын қатыннан тапа -талтүсте айырылып қалған. Мақтауын жеткізіп, үйге ап келдік. Отау үйге екеуін жібергенімізде қыз керегеге қыстырулы қамшыны алып тұра ұмтылды. Ойбай, қайтеді-ей, қайтеді-ей деп Жәбеш бұрышқа тығылсын. Сол сол екен қыз саған тимеймін, сүйегің жасық екен деп шыға жөнеді. Бәле, сынамақ екен. Туу, қыз дегенді қамшы-памшысымен құшақтай алмай ма?! Әй, жынымыздың келгені-ай?!». «Кесірленген жігіттің қамшысының алақаны шіриді дейді екен Ханжігіт мырзаның әкесі Бұланбай». «Мен бір әңгіме айтайын. Былтыр сол Шіліктегі салымда, қара тақиялы кісі көсілді, салымның кәдесінен бізге дегенімде, Ботабек әй-шәй жоқ сені қойшы дегені. Тұп-тура бетіме быламықпен салып жібергендей болды. Жөппелдемеде не айтарымды білмей, қап сені ме деп кеткем. Шоқтастағы көкпарда екі мәрте бөтен үйге салғанымда, бізге бірдеңе бермейсіз бе деді. Мә, саған деп насыбайымды көрсеттім». «Өлтірген екенсіз». «Сөздің атымы сол болды». «Сен шешеңді боқтатып алайын деп отырсың, Ботабек бізге құда?!» деп мына жақтан біреу еңкілдеп күлді. «Әңгімеге көсеу керек. Сөз оттың көзі ашылса шығады, – деп қара тақиялы сөзін жалғады. – Дәулетияр түсімде дозақтың төрінде отыр екенмін. Біруақтарда атымды атап табалдырықтан Смайыл көпес аттағасын, орнымды бердім. Содан не керек, біртіндеп кірген Түркістан еліне жаманатты бай, мырза, ұры-қарыға жылжып орнымды бере бердім, бере бердім. Соңында Кәдірбек бай кіріп, таласа жөнегесін. Өй Кәдеке, сіз екенсіз ғой деп жалғыз орынды босатып, дозақтан тайып тұрдым депті». «Сабаздың айтысы?!». «Кәдірбек бай бірде қазіргі тойхана басшысы Ыса болыстан мен ат болсам қайтер едім деп сұрапты. Ыса сен ат болсаң алдыңа келгенді тістеп, артыңа шыққанды қосаяқтап тебер едің депті». «Мен басқа әңгіме араластырайын. Бүгін Баймұрат болыстың үйіне Түркістанның шәрпристабы түскен. Қасына ерткен орысы бар». «Олар баяғыдан әмпей-жәмпей. Дайраның тоғайынан жабайы доңыз атады». «Сүйікті ауқаты ғой. Атын атамашы?! Бәленің исі жаман, ел көшіреді». «Былтыр пойызбен әкелген оншақты үй мұжығы ә дегенде дайрада балық, тоғайда доңыз қоймай, енді қазақтың малына ауыз салыпты. Текедегі қайным олар өңшең жебір, кілең қауға сақал бәле, мылтығымен қорқытады дейді». «Және тазасы емес, тілі быдық-быдық, дүбәра, нас, жабайыға келетін біреу. Теміржолдың дөкей орысы жұмысқа шақырса, мұрын шүйіріпті».
* * *
Пристап көшірін алагеуімнен оятып, арбасын жектіріп, жағы гүптей болып ісіп кеткен інісіне: «Түнде ішпе дедім, не болды? Айт шыныңды? – деді. – Кімнен? Жаман азиаттан…». «Никитич? Құдай ұрсын, еркек емес – қатын! Қатын! Еркектің қанын ішер едім. Енді құшақтарда қосаяқтап тепкені. Көзімнің оты жарқ етті. Буындырып өлтіріп кететін жер басым айналып…». «Сенбеймін! Бұлардың қызы болмаса қатыны мәсі-галош киеді, еңгезердей еркектің қос тісін қайтып опырады? Әйтеуір көзге түспегенің абырой болды». «Сенбесең қой?!».
Сол мезгіл көкпар алды ұйқысы қашып, далада сейілдеген тілмаш сонадайдан жүргелі жатқан пристапты көрді. Жағын орамалмен таңған, жейдесінің омырауы қан-қан Дубов мұны ызалы көзбен атты. Пристап: «Коляның тісі ауырып, қайтып барамыз. Бәйгені тамашалау бұйырмады» деді. Әудем жерге ұзай соңынан келіп: «Жұманәлі Аманбекович, сізді сыйлағаннан бұл іске әрмен қарай араласпаймын. Бірақ болыстың генерал-губернатормен достығын ұмытпаңыз? Қолы ұзын!» деді. Тілмаш пристаптың шәрге асығуын сыйлағаннан емес «тыныштық үшін», иә інісінің сырқатынан деп тұжырды. Жаздыкүні анда-санда Құсатаның бауында тынығатын Сырдария генерал-губернаторы боса-болмаса ояздан күшті; алайда ұлықтың да уәжге тоқтауы ықтимал… Әйткенімен бұл хабарды тілмаш жақтырмады….
Таңертең «өгіз өлді» көкпар шабылып, түстен кейінгі салымға аттар бұт жазысып, ет қыздырып кірген. Мұрты жаңа тебіндеген бозбала, киіз иекті кәрі атаулы қосаметкей жұтынады. Екі дөңеске шартақ қағылып, алаңқайға қызыл наршаны жетектеп, қызыл байрақ желбіретіп жаршы шықты.
– Уа, жарандар? Құлағың сал! – Пәрменді үн жер қайысқан аттылыны заматта тыншытты. – Бірінші салымға Мақұлбек байдың нағашысы Үндемес пірәдәр нарша мен жүз сом пұл тігеді… Уа, жарандар? Құлағың сал! Екінші салымға Бегалы бидің құдасы Досыбай би жүз сом пұлымен құлынды бие тігеді.
«Үшінші салымға….».
«Оныншы салымға….».
Қыраңнан тамашалаған есекті жаяу мен желпінген қарағұрым аттыдан оқшауырақта, Жұманәлі тілмаш құлағын қайшылап, жер тарпыған торы атының ер-тоқымын орнықтыра тартып жатты.
– Қарағым, додаға көп килікпе. Жалғызсың, дұшпан қамшыдан сақтан?! – Тілмаштың кәдуелгі ақылы. – Әрнеде амандық жақсы, мейлінше етият бол? Бақайы жуан, мойынды, омыраулы, қандай доданы үзетін пәрменді мал. Нағыз жеңгем сүйер ат. Әсілі сен шеттеңкіреп, дода шартаққа маңайлай тиіс.
Тілмаш тап қазіргідей абырой күтпеген. Есенжолдың қаруы мен айласы тең, бірақ жанымасаң оңайлықпен арқасы қозбайтын мінезі ауыр жігіт. Шабандозға ат құлағында ойнау, көртақымдылықтан бөлек беттескенді жоңышқадай жапыратын жүрек керек, сол себепті торыны жақын қашықтыққа әлденеше рет қамшы бастырып шапқызып, жігітті ұзақ қайрады.
Жарқ еткен жанарын шалғасын:
– Күш-жігеріңді алғашқы екі салымға сал, – деді ерекше ықыласпен. – Кемінде бірінші мен үшіншіден әріге жібер ме! Керек боп тұр! Дұшпан бармағын тістеп, еліміз бір жасасын! Қане, Алла жар болсын?!
Тілмаштың шүйліккен қасы арасында кішкене бұлшық еті білеуленіп, бас ие мақұлдауы мұң, жігіт торыға лып етіп мінгенде, жануар артқы аяғына қаздиып, алдыңғы аяқтарымен ауа қармап, иесіне сәлем пішкендей мезереті жасады.
– Иә, сәт! – Тілмаш көкпаршыға қарай құйғытқан жігіт соңынан ат тұяғы төңкерген бос топырақты алақанына салып: «Е, Алла?» деп шашып жіберді.
Бұзау көкпар ортаға тасталуы мұң дүлей қиқу лап етіп, дала төсі тасыр-түсірге ұласып кетті. Сұр далада құжынаған қалың атты таңқаларлық көрініс еді; жеке аттардың тұяғынан шұбаған шаң құс жолындай доданың шоғырына қосылуда.
Додаға тістеніп-ақ кірген талайдың бұзау көкпарға мұғдары жетпей жаңқадай ұшады. «Уа, пірім?» деп есік пен төрдейге сүйретіп, тастап кеткен бар; көп ішінде құр елеуреп, тебініп, біреу-міреу көтертеме деп ауыз тосқан бар; ауылдас, рулас шабандозды қорғаштаған, атын сабаған айқайшы бар; әшейін жұлқынған, әзірге сабыр сақтап, мұртынан күлген мықты, мықтысынған бар. Ұлы Жүз, Орта Жүз, Кіші Жүз боп шабылса да атақонысында өткендіктен сансыз қоңырат әрқайсы руына бұрады. Әлденуақ үйелеген қара нөпір қозғала жөнеді.
– Еу, ағайын? Мынау сүйретіп бара жатқан – Бураханның көкқасқасы!
– Бәсе! Ұлы Жүз! Ұлы Жүз!
– Қап! Кәрі тарлан былтырғыша бетімізді шиедей қыла ма, қайтеді?! Былтыр Шіліктегі «өгізөлді» көкпарда бүзауды не дұрлерің бір-екі айналымнан аспай түсіріп ала берді, сонда ұзын бойлы, тарамыс, аяғы салақұлаш адам бұзауды шыбын құрлы көрмей екі жағына кезек лақтырып, доданы тас -талқан қылып, салымды екі салған. Пәленше, түгенше деген шабандозға сирақ тимеді. Айызымыз қанған. Қырықында бүйтеді, сабаз жиырма бесінде қандай болды екен?!
– Уай қызтәләқ, онымен сірескен кім? Көзім алдамаса, құсаталық есалы жетімдер Баймұраттың күреңі!
– Өй, әнебір екеу екіжақтап жармасты!
– Өлә?! Тартып әкетті. Жоқ, әлі өзінде!
– Оларға ана торы аттының бүйірден шаншылуын қара? …Ойбай жұлып алды, кәрі тарлан аңдамай қалды. Шын!
– Кім болды? Қорқып тұрмын, пәтшағардың айналасы кілең Ұлы Жүз. Қап, мынаны-ай?! Алдап соқты! Алғашқы салым – қызыл наршаны биыл тағы Ұлы Жүз ап кетті?!
– Бурахан емес! Ол кейінде! Әне!
– Онда кім?
Тілмаш қана торысынан көз айырмай, демін ішіне тартады. Есенжол Ұлы Жүз шартағынан қолсозымда ат басын шалт бұрып, жамырасқан қалыңға қарата салды. Шоғыр-шоғырды орағытпай, ат соғысарманда келте қайырып, жармасқан елді өзді-өзін қағыстырып келеді. Қол созғанның талайы ат екпіні, жігіт қайратынан ұтылып, кейіндеп қалып жатыр.
– Мынауың салады! Салады! Беті жаман!
– Өй, бұның «Жұман-торы» сияқты ғой?
– Рас, шынымен «Жұман-торы»! Үстіндегі шабандоз кім?
– Танымадым?
– Салды! Сап кетті!
– Ол емес шығар? Төменнен – Кіші Жүзден жеңіліп көрмеген көртақым шабандоз келді деп еді. Жасырып бағып жатыр деп еді, сол шығар?
– Кім болса да тура жайдың тасындай тіліп өтті!
Бурахан шабандоз жас Есенжолдың қайратын мойындады, әлде күшін сақтайды, әйтеуір қайтып жармаспады. Кіммен-кімнің тартысқанына жұрт ынтызар. Тілмаштың екі көзі төрт, екінші салым бастала Есенжол әр жерден қараң – құраң етіп еді, соңыра қарасын жоғалтты; дүрмек әуелде шай қайнатым сіресіп, әлденуақ өзінен өзі тұтқиылдан ағыла жөнеді. Доданың жұбы жазылмай жазықты айнала, кенет, иә кенеттен айна-қатесіз, құдды қанат біткендей жалғыз қара есік пен төрдейге атылып шықсын.
– Көзім алдамса мынау тағы Жұманторы!
– Иә, Жұманторы! – деген шарылдаған дауыс естілді.
– Е, Алла? Иә, пірім?! – Тілмаштың көзі бұлыңғыр тартып, жүрегі атқақтайды.
– Үстіндегі уай жігіт-ақ екен! Былтыр Ұлы Жүз бетімізді аймандай ғып кетіп еді!
– Мұндай жігітті туған ұрғашыдан айналмайсың ба?!
Есенжол доданы едәуір сүйретіп, айырылды дегенде тағы аман-есен жалт етіп, соңынан мүлде қашпай: «Жармас, арманда қалма!»дегендей ортада жүрді; әредік ұстамай, бұзау тақымында бұлтияды. Ұстасқанның лезде-ақ қары талып, иә қолы қарысып әйтеуір жібере салып, ойнақтап шыға келеді. . «Ойбай, мынау қайтеді-ей? Сенің Жәбешіңді, Баймұраттың шабандозын шопақ көрмей масқара қылды-ау?!» дескенде тілмаштың жүзі дәурендеп тұрды. Екінші салымды салған бойда Есенжол атының басын иірмей, бейне бәйгеде озған құрлы орағыта ызғытты. Әстін-әстін екпінін бәсеңсітіп, қиялай келіп торыдан түсіп, үстіне бала мінгізіп жіберді. Тілмашпен құшағы содан соң айқасты. Тілмаш аузын ашқаннан: «Балам? Торыны саған сыйладым!» деді. «Қалай?». «Солай!». «Ағатай, болмайды, болмайды?!». «Менің құмарым қанды, аласың! Қол тимей барады. Әкемнің аруағы риза болсын, торының атын әуелеттің?! Саған лайық! Алғашқы салымның сыйы да сендерге – алшын-жағалбайлыға! Екінші салымның сыйын біздің елге – Жартытөбелік ағайынға тартамыз!».
Тілмаш Есенжолды әріге қоспады. Бұзау көкпарға талайдың әуселесі жетпей қойқалақтап, соңыра тойхана серкеге ауыстырды. Кейінгі салымды Ұлы Жүз – Бурахан, бір-бірден шоқтастық жетімдер, теріскейлік ханкелді қоңыршұнақ, жабал тама, бабайқорғандық сунақ салды, тағы екі салым көктіңұлының «Шаржуыт», «Қодыкөк» деген аттарына мінген екі шабандозына бұйырды.
Күн кештете жүлде тапсырмаққа тойхана басшысы, келбетті қара кісі Ыса мырза жарқ еткен; құйрық-жалын қыналап, нақышты, тігісті жабумен жалпоштап мінген Көңқарға деген атының мойнында қоңырауы сылдырайды…
Көкпар тарқарда тілмашқа жорғадағы Ханжігіт жолығып: «Ағатай, Баймұрат болыс кешке жетімдердің ірілерін жиып жатыр. Не себепті екен?» деді. «Не себепті?». Тілмаш күрт ойға батты. «Болыс жамандық ойлар-ойламас, қамсыздық жаман. Не істеу керек? Ірілердің…».
– Ханжігіт? Маған ересің.
«Адамның ә дегенде нәпсіге еріп қиянатқа жүгінуін пендешілікке сайсақ, жалпақ елге әшкере бола тұра қитұрқы әрекет іздеп бағуы неліктен? -Жол бойы тілмаш ойын сабақтады. – Өйткені, саналы-ақ адам Баймұрат болыс қазақта пана тұтар мемлекет жоғынан аталас ағайынға арқа сүйеуге мәжбүр, ақылы кем кей жандайшабы кеу-кеулеп, жақсыларымен ақылдасуға бой бермейді… Иә, автономия ыспатты титтей дербестік тисе ғана – онсыз күні қараң-қазақ кемел ойланар бастар еді!».

* * *
«Дәукен момын ғой, үш жылдан асты, үйін әлі сап бітетін емес. Әкесі Мәлік – шабандоз, адуын адам еді. Әкем айтатын, Мәлік көкпарда мойны қатты атынан қаймығып, шаппай отырады. Ойда-жоқта Қожан шабандоз жақындаса, атымның мойнын сындырып берші дейді. Қожан іле жармасып, доданы сүйретіп келе жатқанда кенет шаң бұрқ етіп, біраз атты құлап, үйме– жүйме боп қалады. Сүйтсе, Мәліктің атының мойны үзіліп кетіпті. Оны естіртуге келген құрдастары атыңыз шейіт болды, аумин! Сындырып бер дедің, Қожан сындырып берді, риза шығарсың деп қағытыпты. Өзі әзілге бай кісі Мәлік әттеген-ай, атымның мойнын сындырып бер дегенді аузыма кім салып еді депті».
«Уа, бүгінгі көкпарды айт-айтсаң! Жұманторы ат қой, шіркін?! Ақпан бел, тірсекті, доданы кешіп барады. Артынан ат жеткізбейді. Тұяғын бұрап тастағанда анадай жерге топырақ атады, қуамын деп сонысынан-ақ өліп қала жаздадым». «Жағалбайлының шабандозы мен Бураханның тартысын күтіп едім?». «Былтырғыны айтамын. Көкпар мұрыннан құлаған. Өлсек жібермейміз дедік. Қазан қайнап тұрса, тура соның буынша кеп ұрдық бүйірден. Біраз ат оманға жығылды. Бір ат оманнан сүзіліп шыққанда көкпары түсіп кетердей тұғын, бүйірден жұлып әкеттім. Шұбарым дегдеуге іліге әй бассын! Түйдегімізбен қақпайлап әкеп салдық». «Рас, сол атың Қарашықтағы көкпарда жараған-тұғын, жүні түскен киіктей жылтырайтын». «Әлтеннің шұбары жақсы мал еді, көкпарда өңшең бабайқорғандық лаппа әркімге мінгізіп шапқызып, ықпақыл қып тастады». «Айт-айтпа, бабайқорғандық ат мәнісін біледі. Бірақ сол сунақтардың жаман тұмағы ғана қазақнамайт, қалғаны сарт іспеттес». «Сәке, жорғаңыздың денесіне аяғы келте. Біздің ат шаңына ілістірмейді». «Атты сартоқым құнанында көкпарға үйретпесең бестісінде бас білмей кетеді».
«Әбу, тойханадан айт? Көз тиген бала қалай?». «Нашар дейді». «Бишара өліп қалмаса болды?!». «Бәрін айт та, бірін айт; бүгін Жұманторыны мініп шапқан жағалбайлының шабандоз жігітін айт?! Олардан шабандоз шығады деп кім ойлапты?!». «Көкпаршыл ат үйренбейді, іштен біліп туады. Жетімдер Қуандық шабандоз Жұманторыны адамнан ақылды мал екен депті».

* * *
Тілмаш Жұманәлі Арыстанбеков сәскеде айтыс өтетін үйге жайнаңдай басып келе жатты.
…Ол кеше Ханжігітті ертіп, божбан Көбелек болысқа, Ыса болысқа, Нарбек биге, Құлтастың Сыздығына, қоңыр-жиембет Жанәділ болысқа жолығып, ақылдасып, жетімдердің қазіргі ірілері – шоқтастықтың үйіне соқты. «Ассалаумағалейкөм, құдалар?!» деп жүзінен нұр шашып кіргенде, Ханжігіт суырыла:
…Қоқанды сұрап өтті қара Барқы,
Би болған әулетімен тегіс жалпы,
Кешегі Байұзақ датқа, Ер Телқожа,
Кетпеген қай жерлерге оның даңқы…, –
деген Құлыншақ шайыр, – деп қоштап, жарқ етті.
Жасының үлкендігіне қарамай Телқожа батырдың баласы Рүстем би, Керімбек әжі өре түрегеп, құшағын айқара ашты. Тілмашты тыңдай: «Құрымбай датқаның інісі Дүйсенбі датқа ағасынан кем соқпады, көреген екен, үш саңғылдың баласын орысша оқытып, міне, қазір сенің дәрпің Түркістан асып, үйезге мәшһүр. Тонның ішкі бауындай жегжаттығымыз бір төбе. Елің ірі, Құланбай, Нарбек би – адамның қолы жетпейтін биіктер. Нарбек би алты баласын алысқа оқытыпты дейді, үлкені – патшаның генералы – Өзбекстанды, Қамбарбегі Тәжікстанды сұрап тұр дейді. Тәңір тілеуін берсін?! Иә шырағым, Құсатадағы ол сөзден хабардармыз. Ағайын дегенмен атасы басқа, жайдан – жай ақылгөйсу ұят еді, енді сен келдің, сөйлесеміз. Шақырғасын солай қарата жүргелі отырмыз, жуасытар уәж табамыз. Азғантай алшын – жағалбайлы момын ел, Қалкөз дүрдің аруағы риза болсын?!» деді. «Көнбесе ше?». «Көнеді. Қиқаңдасаң тура өсжерде Жұманәлі тілмаш билер ортасына салмақшы, дүлдүл маңғытай Шойынбет биді шақырмақ дейміз. Қой оған бара қоймас, кейін қайдам әзірге қазақ үлкеннің сөзіне тоқтайды». Бойын қуаныш билеген тілмаш «Жақсының алды – көпір» деп ел ағаларын үстін – үстін құшақтай, Ханжігіт тағы серпіліп: «Мың да сегіз жүз алпыс төртінші жылы Черняев Түркістанды алғанда Қоқан әскері Иқанға қарай шегінеді, сонда жалғыз өзі кейін қарата шауып, қым-қиғаш атыста орыстың әписерін желкесінен жымқыра жұлып ап, өңгеріп әкелген – жетімдер Телқожа батырдың еліне сәлем!
…Битабар мен Байұзақ,
Бегзада еді елдегі,
Алашқа салған салқынын…
Үргеніште қалды сүйегі,
Телқожадай алпының, –
деп Молла Мұсадан өлеңдеткенде, қариялар: «Жақсыдан туған жақсы, әкең Бұланбай – адамгершілікке пір кісі. Атаңа рахмет!» деп жапырыла риза болысты.
…Тілмаштың көңілінің «шеңгел де сорпалығы» есалы жағының басылғанын естігеннен еді. Жеңілген жақта не дегенмен дық қалады, ол бір майдан Баймұрат болысты аяды. Оқыған қазақ Қалидың ғана ақиқат нәрсені қарлықтырмақ бүрсүгінгі сөзіне көңілі күпті. Ішінен: «Ана жақта боса – болмаса алшын – жағалбайлы шат шығар?!» деп ойлауы мұң, төтеннен «Жұмеке?» деген дауысты естіді. Қараса, жылдамтата басқан Қали. «Кімді айтсаң сол келеді. Ғаж…жап?!». «Ассалаумағлейкөм! – Қали бүгін жайраңдап қолын қысады. – Жеңдің, жеңдің Жұмеке?! Көзің айтады – өкпелісің, бірақ сені сыйлаймын. Орыс әйелің ажырасып, түнеукүні Петрборына тайғанын, баласымен оқығасын ояз сені іштартарын да білемін. Әйткенімен тіс жарған емен. Қоқанның кезінде датқа болғанның баласы қазір болыс; маған ақы төлейді, сөзін сөйлеуім содан. Әлімсақтан тірліктің тірегі – ақша. Қытайға киіктің мүйізін сатып, жағдайымды оңдадым. Қазір дайраның тоғайында бес жүзге жуық сиыр, тайыншам бар. Сен одан – дағы…». Тілмаш ішінен: «Бұл адам менің жанымды ауыртты. Алла, күш-жігер бере гөр?» деді. «Қалеке, орысқа нан болып тұрмыз, әйтпесе біз үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шығыс халқы, мұсылман халқымыз; не көрінді жатқа үйленіп?! Екі әйелім де қазақ». «Қалай?». «Ағам қаза тауып, жеңгемді әмеңгерлік жолымен алғанмын. Ол жиырма төртте, мен он сегізде едім. Одан үш ұл, бір қызым бар. Оқудан келгесін қыздай алған әйелімнен бір ұл, бір қыз. Аллаға шүкір, әкемді тыңдағаннан жақсымын, жолым ашылып сала берді. – Тілмаш азырақ мүдірді. – Дүние турасында… Өкімет адамына дүниеқоңыздық жараспайды, ол қалай еліне өнегелі сөз айтпақ?! Құдайға шүкір, жалақыма қанағат. Інім, балдарым, елім бар». «Жұмеке? Әркімнің құмарлығы – иә қуанышы, иә соры?!». «Қалай – қалай?» – деді тілмаш. –Қызық екен. Ондайда азырақ әңгімелесейікші өзі?». Кеңқорық төбеге өрлей тілмаш сөйледі: «Қоқан кеше қазақ жерінің түстігіне өзбегін топтап әкеп орналастырды, орыс бүкіл терістік, шығыстан қамал соғып – құрсаулап, мияуқата қоршады. Жат ел ұйымшыл, ашқарақ. Атамекенінде қазақ құлдың күнін кешпесе деп келешегіне торығамын? Не үшін оқыдық?!». «Жұмеке, болатын нәрсе болады?! Қашан аспаннан Мәді түскенше ешнәрсе өзгермейді, күштінің нашарды басынуы басынған. Жақсы еркекті ақымақ қатыны, байды ақымақ баласы қартайтады, жаман еркек жақсы әйелін сорлатады. Жаман патша халқын аздырады. Алла Тағала бәрін қиюластырып, адам баласын – пендені ұзақ өмір сүрмейтін етіп қойған». Тілмаш биіктен алқапқа жайбарақат көз салады. «Қайсарлығым құмарлықтан емес, білімнен. Сен екеуміз қазақпыз. Нағып қазақ етіп жаратты? Тіліміз, діліміз ортақ?». Тілмаш ойламаған жерден қалтасынан уыстай алтын теңге алып, жоғары лақтырып – қағып ойнай бастай, Қалидың көзі бадырайып, тұтыға: «Е… е… Осал емессің ғой?» деді… «Күн сайын үй-үйді аралап, әңгімеге құлақ түремін. –Тілмаш жайбарақат қалпы ойын сабақтады. – Кілең орта шаруа ел. Кедей-кепшік аз, ат қарауылдайды, үй тігеді. Ресейді Еуропамен салыстырсаң қалық ел, кедей ел. Империялық пиғыл санасына титтейінен сіңіріледі, мұжығының өзі әппербақан. Ай сайын болыстар қазақты зарлатып «түтінпұл», «шөппұл» жинайды, дастарханға салып бөледі, патша ағзамға жібереді. Күндердің күні патша салықты қанағат етпей қазақтың малына ауыз салса ше? Ықтимал ғой? Ондайда малмен күнелткен қазақ аштан қырылады». Қали ішінен: «Е, бұл жусауы бөтен адам екен?!» деп немқұрайды тыңдайды. «Не үшін оқытты? Не үшін оқыдық? Әділхан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтың айтуынша кішкентай дербестік-автономия тимей қазақ қорлықтан арылмайды. Досым, сенің күйбең тірлігіңе қарным ашады. Бізге қосыл?». «Қарайгөр, бұл мені айналдырады…». «Қалеке? Қазақта сұмпайы, cұмырай, сілімтік, сумақай, жалмауыз, арамы, жағымпаз, тасыраң, мүттәйім, қытымыр, дүниеқоңыз, қанішер, көксоққан, бейхая, қарау, қисық, тойымсыз, әулекі, айлакер, жымысқы, тасбауыр, жауыз, көрсеқызар, дарақы, көкдолы, құлқыны жаман, сыбайластық дегендей жүздеген жаман сөз бар. Қайдан шыққан деп ойлайсың?». «Қайдан шыққаны бар ма, халық керек болғасын шығарған?!». «Тамаша жауап! Әлбетте керек болғасын! Шығарған себебі… Отарлықта, құлдықта-сергелдеңде нешеме ғасырды бастан кешіп, жаман заманда жаман адам мен жамандық асқындап, содан пайда болған. Міне, Қали мырза, өсжерде жалпы қазақ түгілім біз – оқыған аңғармас мәніс жатыр. Құлағың салшы? Егерде қазақ тәуелсіз мемлекет болып, жұрты өркениетті елдерше темірдей тәртіппен, баянды ғұмыр кешсе; Үш Жүздің биі қазақтың руларын таластырмай тең ұстаса зорлық– зомбылық, алдау – арбау жойылар еді; сүйтіп, қолданбағасын жаман сөз тіл қорымыздан өзінен өзі түсіп қалар еді! Адамды бас терісінен танимыз, әнеугідей көптің іші болыстың қара бөрікті, қойтыбастау туысы ғана емес, Ханжігіт айтпақшы бәдікайкөш жаман сөзді оқыған сен де аузыңа алмас едің?! – Тілмаш күлімсіреп қарайды. – Жаман сөз ұмытылса адам тазарады. Досым, малпоқы мыңның тірлігін жаса ма?! Қу дүние көздің құрты, сол үшін адам сатылады, сатады; адамдық қалыптан алыстап, күнәға батады. Семіздік малға жарасады, саған беймарал өмір сүруге отыз тайыншаң аздық етпейді, өміртата қып күн көресің. Келешек – ілім – білімде, қазағың оқыған мен оқымағанның арасы аспанмен жердей деген. Ұрпаққа өнеге, тұтқа болып, белсеніп өмір сүрейік! Қашан ғани заман орнатқанша білімді, намысты қазақ айқаста өмір сүруге керек!». Қалидың санасында: «Мұнан былай қалай өмір сүрсем? Қай жолды таңдасам?» деген ілгергі бір сауал қиырдан көлбең қаққан. «Оқыған қазақ әзірге саусақпен санарлық, менің сөзім тікенек болса кешір?!». Қали: «Айтпақшы Жұмеке, қасыңдағы Бұланбайдың дау алғыш баласы қайда?» деді. «Білмедім». «Айтайын. Таныс құмарпаздан естігем. Түркістанда серіктерімен шайханада отырса, Ханжігіт қызылкүрең жорғасымен тайпалтып өтіп бара жатады. Мынау – Бұланбай байдың алпысында көрген жалғыз баласы. Құмарға үйретсек, бірдеңе түсіп тұрады деп былтырдан айналдырады екен. Болатын-ақ бала еді. Е, Түркістанның шәрі – пайда – зарары тең – алабөтен тіршілік, кірсең екі айдасын желімдей жабысып босатпайды. Әнеу шеткергі үйлерден ізде, олар думанды жерден қалмайды, Ал жақсы, сүйт Жұмеке, жоқты іздеме, ертеңді қамда?! Өмір деген екеумізден озық мың жақсы шиырлап, дым таппаған жол». Тілмаш кейістікпен ішінен: «Дүмбілез» деген сияқтанды, бірақ «Бұның түзген шарасын Баймұрат болыс екеуінің қалай біле қойғанын» сұрауға батпады. «Жанымды тағы ауыртты?!» деп алға басуға тілмаштың аяғы ауыр тартады. Ақыры сұрастырып келіп жабықтан қараса, шынымен рас, Ханжігіт ересектер ортасында карта соғады. «Шотал! Шотал!» дейді әлдеқайсы.

* * *
«Әбеке, тойхана жаңалығынан соқ?». «Сәке? – Шашын ұстарамен жаңа алдырған, жуан мұрт тоқтамады. – Осы Әби туралы әңгіме көп, ол адам бүгінде қайда тұрады? Қазақ па, өзбек пе?». «Е, ол тиесілі жерінде қазақ, өзбек, қыпшақ, арғын боп жүре береді. Құсатада тұрады, ана диірменнің түбінде. Жұматай бишара осы Әбидің қылығын жыр ғып айтушы еді. Әйелі өлгесін, ауылға қыз алам деп келе беріпті. Қу жігіттер Жұматайға қыздың киімін кигізіп, көкірегіне томпайтып мақта тығып, Әбиге сыйлас жақсы ағайын едің, жақсы қызымыз бар, соны саған берейік дейді. Көрсет дегесін анадайдан есікті бір ашып қана көрсетеді. Жұматай – қыз келбетті, сүйкімді-тін. Әбидің есі кеткесін, қулар жолын істе дейді. Елі ауқатты ел, малымен, китімен келеді. Бәрі әбден ішіп-жеп жатады. Жұматайды шақырып, сені түнде Әбидің атының артына мінгестіреміз. Жыңғылдың ішіндегі жалғызаяқ жолмен өтерде түсе қалып қаш, атымен қуа алмайды деп құлағына құйып қояды. Жұматай артынан түссем аты теуіп жібере ме деп қорқып келе жаттым. Әлденуақ бұрылып, емшегімнен ұстайын деп қолымен сипалап, жоғарылай бергенде сыпырылып тұра қаштым, ол айқайлап қалды дейтін. Әби азанымен қыздан айырылып қалдым деп келгенде, баяғы қулар ө енеңді…саған қайта-қайта беретін қыз қайда, артыңа мінгестіріп жіберген қыздан айырылып бұл қай мазағың деп сабап-сабап жібереді. Жұматай бишара осы оқиғаны кейін Әбидің көзінше айтып, екеуі күліп отыратын».
«Әбеке, тойхана жаңалығынан соқ?». «Қоймадың ғой… Кешегі қызықтың үлкені Аза – бәйге болды емеспе?!». «Әлбетте! Әлбетте! Ханқожа құданың атасына мың рахмет! Әйтпесе қайсыңның құдаң Үш Жүздің басы қосылған жер мұншалықты ойсан тірлік жасайды?! Шүленгір мырза екен. Бәйге жақсы өтті». «Жиырма шақырым тез екен. Әне дегесін төбеге жүгіріп шықсам, қаптап келе жатқан ат. Озған көк ат Кіші Жүзден болды. Сары аттың егесін естімедім, қайдан екен?». «Мәделі қожаның аты. Үшінші өзіміздің Тарташап». «Аздап арамдық болған. Кейін білдік, орта жолда екі-үш атты былайға сүйрепті. Жытқырдың көбі аза-бәйгені өсжерде есітіп, анау-мынау ұйыстыруға үлгермеген. Ертең көресің?!». «Тағы не есітіп, не қойдың?». «Еділбай тапкер Маржанкүлдің Қазанғап торысын тамашалап, шырағым бас бәйгеден айырылдың-ау депті. Еділбай ұзасымен Маржанкүл тапкер атыңның ішінде кепкен тезек бар деді, қане, шаптырып алып, тұтам қамыс жегізейік дейді. Айтқандай Қазанқап содан кейін жынын ытқытып тастапты».
* * *
Айтыс үйінің төңірегі тұппа шаптыққан дода-арасат халық, тілмаш ошарылады. «Еу, не болды?». «Мырза? Халық Құлыншақты көрейік, айтысын тыңдайық деп сегіз қанат үйді төрт рет жығып, төрт рет тікті». «Жүдә айтыстырмады ма?». «Бағана шарпысқан. Екі-үш ауыз өлеңнен асырмай итермелеп, үйді құлатып, ақындарды басып қала берді. Таптайтын түрі бар». Кейі күледі, кейі ашулы. «Айтысқан кім?». «Құлыншаққа қарсы Кіші Жүз, Арал жақтан Барақат деген ақынды шығарды. Жақсы айтыс боп жатыр еді». «Ақындар үйге кірсін! – Кенет Ыса болыстың маңғаз даусы естіліп, шу сап тиылды. – Киіз, көрпеше далаға салынып, сыртта айтыссын!». Демде қалың ел қақ жарылып, үйдегі киіз, көрпеше сыртқа салынды, тұс-тұстан қолтықтап Құлыншақ, Барақат ақынды алып келді. Толық кісі Барақат:
Отыр міне қасымда Байұзағым, Жайынбайым,
Бұлар тірі тұрғанда тайынбайым,
Басым сотты болмаса дым қылмайсын,
Аман – есен тұрғанда Абылайым, – деп мүдіре,
мына беттен Құлыншақ іліп әкетті:
Қойшыманның әкесі балық сүзген,
Тері тоны келмейді иір тізден,
Торы шолақ байталға жайдақ мініп,
Сұм ауқатын елтіп жүр біздің елден, – дегенде жұрт дуу етіп, ортаға лап қойып, ақындар көрінбей кетті. «Болды! Болды! Құлыншақ жеңді!». «Қой, айтыссын дә?». «Несін айтады?! Сөзінің парқына қарасай?! Бағанадан құр мақтан, уәж жоқ!». «Құлыншақ жеңді!». «Ағайын? Беркімбай болыс сөйлесін? Датқаның баласы сөйлесін?». Ұзын бойлы, келісті кісі оқшауланып: «Жарандар мен Құлыншақ ақынға су жаңа күміс қамшы, сусар бөрік тартамын, сыйға астымдағы атақты бозжорғамды мінгіземін!» деді. «Бәрекелді! Жігіт екенсің!». Құлыншақты ортаға алып шықты. «Көке, абыройыңыз арта берсін!». Жұрт лап етіп, қошамет көрсетті. «Жамағат? Менің өтінішім бар? – деді біреу ойда-жоқта жұлқынып. – Құлыншақ ақын бір шумаққа тоғыз атты сыйдырып көрсінші?». Ақын иегін ширақ көтеріп, шамасы жеті санағандай ойланып:
– Үштөбе, Жартытөбе, Шолаққорған,
Бабата, Балдысумен, Балаторлан,
Ауылым Қанжуғанды өрлей көшіп,
Қарасу басып барып, Созақ қонған, –
деді. «Жаса! Жаса!», «Бәрекелді!». «Паһ, шіркін?!».

* * *
«Мергенбай ілгері жыршысын ертіп жаңа елге барғанда қасына елеусіз жігітті ертеді екен. Он сегіз жыр білемін, қайсын айтайын дегенде, әлігі жігіт оның бәрін қайтеміз, бізге өзіміздің Қыз-Жібек, Қобыландыны айтсаң болады деп жыршы білетін екі жырдан айырылмай, қасарып отырып алады екен. Шырағым, сол айтқанға ұқсамасын?!». «Онда ермек болсын, Дайрабай – Шақабайдың әңгімесін айтайын?». «Айт?». «Дайрабай қартайған шағыңда жігіттер, кім болсаң ол бол, қу деген атты жаныстыра көрме дейді екен. Жасырақ кезі екен. Бір бай құздан арқар атып, өліп-талып әзер жетіп құлжам, жатырмысың десе, бұрын барып, құлжаның үстіне шөп үйіп, астына тығылған Дайрабай басқа салғасын жатпағанда қайтем дейді. Жапандүзде зәресі ұшқан бай артына қарамай қаша жөнеледі. Ауылына жетіп, бейсенбіде бозқасқа құдайы шалады. Жұрт етін жеп, сорпасына қанысымен Дайрабай мұртын ширатып, оны айтқан мен едім деп көпшіліктің шек – сілесін қатырыпты». «Оның басқа әңгімесі бар. Дайрабай молдаға сіз кімнен қорқасыз деп сұрайды. Молда Құдайдың құдіретінен өзге ештеңеден қорқпаймын депті. Келер жылы молда аманат молаға келіп, мал сойып, құран оқып жатқанда, сексеуілдің шырпысынан үйген шошаймасының астынан кебінді біреу шыға келіп, молданы бас салады. Жұрт атты-атына, есекті-есігіне мініп, тым-тырақай безіп кетеді. Молаға ертерек келіп, тығылып жатқан кебінді аруақ – Дайрабай, молданы умаждап, қапыста айырылып қалғансиды. Молда еліне аҺылап-уҺілеп жетіп, бұрын-соңды бұндай іс болған жоқ еді деп құран оқытады. Сонда әлдеқайсы бұны қылса Дайрабай қылады дейді. Оны өлтірейік деседі. Молда тимеңіз, бәрі тілімнен. Баяғыда Құдайдан өзгеден қорықпаймын деп едім, алдыма келтірді деп кешірім етіпті».
«Әй, Әбеке, палуан күрестің аяғы немен бітті?». «Божбан Жайықбай жеңіп кетті». «Қалай? Үшеуді топ еткізгесін анабір гүржигеннің түрінен шошып, адам шықпай тұр еді?». «Көбелек болыс Жайықбай деген інісін алып келген екен, намыс қоя ма, сабаз шыдамай жетіп барды. Дәу шыркөбелек айналдырғанда, жұрт тынды деп көзін жұмып қалған. Бірақ жерге қоя бергенде Жайықбай жамбасқа салып, атып ұрсын. Орта бойлы демесең, екі иығы екі тауды тіреген жалпақ жігіт екен, кейінгі ұстасқанның ешқайсын шақ келтірмеді». «Божбандар тойлап жатыр десей?! Тағы не әңгіме? Атшабар күн таяды, ел құпияланып, сыбырға көшіп, өңге жақындаса тарс қоя-қойып, ыммен тілдесіп, ұзақ сөз, күлкі жағымсыз естіліп, төрт құбыла қауіпті сезіп, ұшуға қомдаған құстай ішін тартты! Не есітіп, не білдің?». «Әбдіғаппардың бәйгеге қоспақшы бурылын ұрлап кетті!» деді біреу. «Естідік. Қалай болды өзі?». «Үйдетұғымыз. Көзіміз жаңа ілінген. Ат кетті, ат кетті деген ащы дауыстан атқып шықтық. Ұста да ұста! Ұмытыл да ұмтыл! Жайдақ атқа мініп мен қуайын. Беталды шаптық. Түрт те қаш түн, қайдан ұстайсың?! Салбырап оралдық. Қарауылы екеу еді, не қара басқанын?!». «Ол – әккі ұры. Ерін арқалап қапқа салып келіп, мініп кетті де». «Бұл – Байдалы ұры, меніңше. Не соның адамы?!». «Түркістан төңірегінде жаннан безген біреу болмаса оны жан қумайды». «Өсжерде адамы бар дә?». «Әбдіғаппар қан сиіп, ауырып қалды». «Байдың құйрығын үш кескенде тамтығы қалады. Онысы несі?!». «Ат тұсағанда жібек белбаумен тұсайды екен; қайтып келгенде, әлігі жібек белбауды шешуге ерініп, пышақпен қияды екен деп еститінбіз». «Жұрт Байдалыны – кедей аулын асырайтын мәрт ұры дейді». «Жігіттер мұны ас дейді, жақсы сөз – жарым ырыс. Қане, Сәке, сен сөйлеші? Бағанағыны айтшы?».
«Бағана Еділбай тапкерге келген атым, келмесе шошқа қуған атым, аузын үріп, сирағын сыпырған аулымыздың жалғызы еді деп бейтаныс жігіт бәйгекерін тосты. Тапкер оған секие қарап, жиренді сипай сүбелікке тигенде қолын тартып алды; екінші мәрте қи түсеріне тигенде қолын тағы жұлып алды. Атқа қарамай биссмилла, мынау Құдайбергеннің Шұбарының тұқымы ғой деп көзі тостағандай болды. Түркпеннің ұрысына ұрлатып еді, жарықтық ұрпағын топырағына сыйлап үлгерген екен деді. Абдырап, сосын кекілін уыстай, маңдайынан сүйді. Жүйріктіктің сүбелікте, жақта, қи түсерінде нендей белгісі бар деп сұрап едім, сүбелікте жүйрік аттың құйрығы таз, жүні тықыр, өзі қатты; қи тастарының аумағы, екі жақ сүйегінің арасы кең болады деді». «Паһ, шіркін?!».

* * *
«Атшабар! Атшабар!» деп айқайды салған дәйекші қызыл байрағымен сөреге шықты. Үстіне шынатақтай бала мінген бес жүз атты ортада. Қисапсыз халық. Дәулетті бозқасқа құдайы шалады, садақа атайды; кедейден ат қосушы бірлі-жарым, Құдайына сиынады. Бір мезет өрекпіген дабыс қағылып, құйрық-жалын түйіп, жмитып, он-оннан қосақтап айдап бергенде, әлемтапырық үн ылдиға тоғаны бұзылған тасқындай ала жөнелді. Сексен шақырым – төрт бекетке аттың аты жетпек. Бұл – айдау, озу – қайтар жол.
Ат жөнелтілгенімен иесінің жамбасы жер иіскемеді: тамақ батпай, жер – көкке симай жүйкесі жұқарса, ат қоспаған елдің үйреншікті «анау озады», «мынау озадысы» тағы көңіл көншітпей, тойхананың кешкі ойындарын күтісті.
Шай үсті тілмашқа: «Жұмеке, Есенжол келіп тұр?» деді. «Кірмей ме?». «Кірмеді». Торыны жетектеген жігіттің солбырайып тұрысы тілмашқа ұнамады. «Тыныштық па, досым?». «Ағатай, әңгіме бар? – деп жігіт оңашаға меңзеп. – Ағатай, торыны алмаймын». «Е, неге? Болмайды, сыйладым дедім!». «Ағатай, торы бізге лайық емес?!». «Ол не дегенің?». «Бізге жараспайды…Және болыс ұрлатып алады?!». Тілмаш ішінен әдеттегіше «Ғаж…жап?! – деді таңданып. – Иә, майып қылуы тағы ықтимал». «Көкеңнің ақылы болар?». «Оларға айтпағам». Тілмаштың ойы шартарапты шарлай: «Есенжол, сен ана қызды жақсы көремісің?» деді. «Торыны жүз жылқыға бермеп едіңіз, обал емес пе?!». Кенет тілмашқа тұтқиылдан керемет ой сарт етіп, тұлабойы шымырлап қоя беріп, ішінен: «Құдайдың құдіреті?! Ризамын, Алла! Ризамын, Алла! –деді құлшынып. – Атқұмар Баймұрат болысқа торыны сыйласа, әкесі тіріліп келгендей қуанбайды ма?! Төбесі көкке жетіп, Есенжолға кедейінің қызын өзі жетектеп әкеп қосады. Торы үшін тіптен туған қызына қолқа салса болыстың келісуі кәдік, бірақ тілмаш өйтпейді – жанды жерін ауыртпайды. Иә, сондайда жетімдер мен алшын-жағалбайлы арасы жайланады, мұнан былай қалың қоңыратпен құда-жегжаттығы басталады. Жақсылық жалпаққа жайылып, төрт құбыла татулыққа кенелмек! «Жұманторы» тағы біреудің абыройын асырып, қуанышқа бөлейді. Бақыт деген сол шығар?! Ғаж…жап?!». Тілмаш «Бір жоқты, бір жоқ табады» деген қазағының даналығына қайран. «Есенжол мені күт, киінейін, болысқа дәп қазір барамыз. Шыныңды айтшы, ана қыз …қалай?». «Ағатай, қыз болса болды емес пе?!». Есенжолдың кейінгі сөзі тілмаштың жадында тұрақтап, торыны жетектеп болыстың үйіне барғанша сейілмеді. «Рас-ау, бишара кедейдің күні құрысын, ешкінің жүнінен қап шалбар, шидем шекпен киіп, арқасын бит жеп-төсек қайда-түйенің жабуын жамылып жатады. Азанда, кешке бай жеген еттің сорпасына ұн шайып ішіп, таба нанды қойнына салып қойға кетеді; кешке бір-ақ оралады. Сүйтіп, бишара қара халықтың орта жасы қырық -елуден аспайды. Бірсыпырасы қалыңмалы жоғынан отыз, қырыққа дейін үйлене алмайды. «Айналайын жігіттен, қатқан көнді жібіткен…» дегендей талайының жесірмен өмір өткеретіні қанша…».
Әйелді қазір Жұманәлі әрқалай топшылайды. Ашықтықпен, қалың малмен, алып қашып та үйленудің ешқайсына шли қарсылығы жоқ. Отбасыдағы татулық тәрбиеден туындайды. Көңіл күйге сай сезім алдамшы да, отан, отбасын құру – мағыналы, тиянақты құрылым; ендеше сезімді дізгіндеп, ғұмыр алдындағы парыз-міндетпен өмір сүру – бала сүю, ағайын – туыспен аралас, той-томалақ, қарт әке-шешеңе, ата-енеге қарау, дүниеден өтсе арулап шығарып салу мың есе маңызды. Махаббат төсекте. Ата-бабамыз жар салмай-ақ, жақсы жерден қыз алып, жақсы жерге қыз беріп өсіп-өнген. Тағдырыңды ақылы тапшы ұрғашының таңдауына-айнымалы сезімге салу әбестік. Қарапайым оқымаған қазақ Есенжол соған ықыласты. Жұманәлі тәтті сезімді бастан кешсе, ата-баба жолын бұзбауы себепті Алланың нығметі деп білген. Кіші әйелі ізетті жан, қыз көруге үшінші рет барып, аттанарда ғана көзін ашып, үйге оралғанша Жұманәлінің көңілі аспан астына симап еді…
(Ойдан ой туып, тілмаштың қиялы ұзады. Ілгері ілімдар арасында «Әйел адам ба?» деген талас туғаны белгілі. Әлбетте адам, өзгеше жаратылыс. Ата -бабаларымыз қыз баласын қаршадайынан міндетіне сай тәрбиелеп өсіп – өнген; қазір батыста табиғи орнынан айырып, оқуда, өндіріс-мекемелерде – нәпсіқұмар ер адамдар ортасында еңбекке жегіп жатыр. Нәті бос, егесіз әйел-бишара, адамзат қоғамына қатер… Жұманәлінің елдегі бәйбішесі «Ер азамат – сен аман болшы?» деп бетінен сүйіп, шығарып салады. Екіншісі шәр көргеннен соң ілеуде «Бүйтейік» деп қалады; Жұманәлінің назарынан – орны есіне түсіп жанарын жасырады… Шеттегі айну, әлі күнге– ХХ ғасырдың басы көшпенді ел-аңқылдаған қазаққа жетсе апаттай тимек. Қазағым? Әйелдің бас жібінен айырылып қалма!).
Тілмаш алда, торыны жетектеген Есенжол соңында. Есалы жетімдер әулеті қиырдан шалып, етек-жеңін жиып қомақталып, тырсияды. «Оу, датқаның тұқымы, Түркістанды ұстаған қалың жетімдер? Құдалар? Ассалаумағалейкөм? – Тілмаштың баяғы жылы шырайы. – Болысекең қайда, болысекең?». Есалы тобының шүйіркелесер ыңғайы жоқ, болыстың да елпілдемесі белгілі; тілмаш жүдә шамданбай, кішірейіп ішке кірді. «Болысеке? Маған қазақтың жаманы жаттың жақсысынан артық. Көзімнің қарашығындай торы атымды сізге сыйға тартуға келдік!». Келдік деп Есенжолды қосып айтты. Болыс әзіл – шынын болжай тілмашқа қадалды. «Қыз беріп, қыз алысқан қоңырат деген елміз, оның ішінде Бес – Ата, Жаманбайымыз. Шын ниетім! – Болыстың жүзінен күмән қашпағасын, манағы уәжін қосты. – Үкімет ісіндегі адаммын, болысеке?! Торының қызығын бұдан былай сіз көріңіз? Әлі жас мал, дөненге келесі жылы шығады». «Қанша адам сат дегенде сатпап еді, мұнысы несі?»деген сықылды болыстың саусағы оқыстан діріл қағып, қобалжиды. «Болысеке, шын ниетім?!». «Не тілейсің? Тегін болмайды?» деді болыс жадырай. «Тегін болысеке, тегін. Бірақ… келе жатып Есенжол айтып қалды, – деп серігін меңзеді, – шай қойып жүрген қыздарыңызды жақтырып…». «Қыз жетеді. Қанша қыз керек?». Болыс ширақ бой жазды. Аяқ астынан жалтақ қаққан Есенжолға: «Иә, балам?» деді тілмаш. «Ағам бар, менің бұрын үйленгенім ұят?». Болыс: «Қам жеме балам, ағаңа да табамыз» деді. Үй іші нұрға толып кетті.

* * *
Бұл күні ат қоспаған долбаршыл ел күндегіден жай жатты. «Сендерге сол Жақып жайлы естіген әңгімемді айтайын. Ілгеріде әлдекей қоңыршұнақтың біреуі Жақып інілерін ертіп, он екі қарыс қазан алуға Түркістанға барады. Он екі теңге дейді сарт. Қарысына төлейін бе, несіне төлеймін? Қарысына төле. Жақып шырағым, қарыстай қойшы? Он екі қарысы тоғыз қарыс болады. Сонда қолын майлап келген бе деп сарт таңдай қаққан екен… Сол Жақып тоқсанға келгенде Айша сұлуды әпереді. Әзілкештер Айша сұлуға бірдеңеңіз бар ма деп сұраса, қу тілді Жақып қасыңда жалын атып Айша сұлу жатқанда қайтіп шыдайсың, тоқішектей бірдеңе болады дейді екен. Сол Жақыптан бір бала туды. Шал қайтқанда қоңыршұнақтар Айша сұлуға таласып, өліп қала жаздады. Кейінгі тиген қайнысынан бір бала, бір қыз бар. Е, бұл күнде олардан қаншама үрім-бұтақ тарап кетті». «Шалдың да шалы бар. Уыздай келіншекті шалға қосатын болды. Түн ортасы әйелдер келіншекті шалдың қойнына салды. Әлденуақ шал ту пәтшағар, болмады ғой деп үстінен түскенде, сыртта аңдыған қатындар кәрі қақпас, қумаңдай, інің мен балаң алатын қатынды алам деп алжыдың ау, к…қарамайсың ба деді». «Түге, шалды жамандауға ұстасың?! Менің сексеннің сеңгіріндегі бабам Теңгеш сұлуды жүз жетпіс бес жылқыға алғанда досым сен қандайсың, сенің сүйгенің – мен деп еңбектеп шымылдыққа кіріп кетіпті. Таң атқанша болыпты. Кейінше жиырма бес жасқа жасардым, қытығым оянды. Ыстығы мол екен депті. Оны әкем айтатын. Денені өлтіретін суық қой».
«Манағы сөзді аяқтатпады, бөліп жіберді, – деді қара тақиялы кісі. – Амалсыздан жол жүріп, Еділбай тапкерге апарып көрсеттім. Атың семіз екен. Бір бейбақ шауып-шауып келіп, пәлен күн қазыққа байлап қойыпты. Ішінің қазысы іріп, майы аяғына түсіпті. Енді ат қылам десең, ішінің ыстығын сыртқа шығар. Қауыс шығып қалды, азанымен қауыстың суына сауырынан сал, сосын төрт кесе бидай беріп байла деді. Айтқанын кып ем, жануармен кейін талай салым салдық». «Бейсен – аңқылдақ, ақкөңіл ғой. Байғұстың Қошқорғандағы көкпары жақсы өтті. Аттан адам құламады. Әбдуәлі? Сөжерге апарған аттарың ат емес, әшейін қарасын көбейткен өңшең жыланқабырға. Аттың арты қобыздың шанағындай дөңгелек болса?! Сунақ Нұрекенің Үкіағын көрдің, қандай, ә? Іші тартылып келген. Бәйгешіл, көкпаршыл ат сондай болады». «Келе жатқан екі атты сына дегенде, Нұреке тапкер біреуі шалбарым болса да ыстаным жоқ, біреуі ыстаным болса да шалбарым жоқ деп келеді депті». «Жәнібек жиембеттің биесінің аяқтары жақсы, бірақ тұғыр-басы келте, тәшеке, кішкене бие. Құлыны жақсы тумайды». «Әй, бала, құйма? Болды. Шай – шалдың қожайыны деген, түнімен сыртқа жүгіртеді». «Әбеке? Не дейді, Жұманәлі тілмаш торысын Баймұрат болысқа сыйлады дей ме? Тегіні рас па? Қалай?». «Рас, Сәке. Жұманторы есалының желісінде байлаулы тұр. Болыстың қуанышында шек жоқ, жұрт құтты болсын айтысады».

* * *
Бәйге аттары Отырабаттағы Қосетек-төбеге жетпей, Шошқакөлді айнала намазшам қарлығып, балалар аттың үстінде қалғып, құлап қала бергесін (алагеуімнен ерте оянғаны, сексен шақырым жүргені бар), дәйекшілер сол жерде ұйықтатып алуға ұйғарды. Ертеңіне олар күн шыға оянған. Оразасын шала-пыла ашып, апыл-ғұпыл атқа мінсін. Ол кезде Қосетек – төбенің басындағы қауым: «Нағып кешікті? Енді кешке дейін Ибатаға жете алмайды?!» деп жанығып тұрған. Шыдамсыз біреу: «Ө, жиын қылған енеңді…?!» дегенде, қасындағы: «Сен сорлы екі адамның басын қосып ауқат бере алмайсың. Оңай іс пе?!» деп әлгіні қамшымен жосыта тартып, етпетінен түсірді. Ұзамай бәйге аттары келіп, бас құрай, керілген арқанды босатып жіберді. Патырлата шапқан ат соңынан шаң лап етіп, жер қайыстырған алып дүрмек шығысқа қарата қойып кетті.

* * *
Түске таяу кешелер палуан күрес, аударыспақ өткен жерге дәйекші айыр інгенді жетелеп әкеліп, байлап қойды. Ұршықбас сияқты күміс, тай-тұяқ жамбыны жарқыратып, жұртқа жағалата көрсетті. Тізеден шұңқыр қазып, он екі қарыс қазанға быламық қайнатып, суытып, ішіне жамбыны салды. Сөйтіп: «Осы жамбыны тыржалаңаштанып, аузымен тістеп алған әйелге осы айыр інген беріледі» деді. Төңірек гуу етті. Қанша ләпермен олай-былай қолқа сап жүгірсін, талапкер ұшпай төңірек сопиып тұрды. Содан бірқанша уақыт өтіп, сый тойханаға қайтарда бір кемпір ортаға шығып: «Менің жалғыз балам бар, осыны алғым келіп тұр. Шыққан жеріңді көргің келсе көре ғой?!» деп шешіне бастасын. Құлақ тұндыра шу лап етіп, «Ойбай, апа! Шешінбей – ақ ала қойыңыз?!» деп дәйекші жолын бөгеді.
Айыр інген соған тиіп, гу-гу ентігін баса, ел шетіне жау тигендей қайта дүрлікті: көз ұшынан бұйраланып, сұйқыл топ-бәйге атының шаңы көрінген.
* * *
Отыз бір күнге ұласқан мерекенің шарықтау шегі таяды; алаулап, шартақ қағылған Кеңқорық – төбеге, әйтеуір көз жетер биік іздеп өкпесін ала жүгірген жамағаттың дабырына, атын уақтылы ұстамай жалшысына жекірген байдың, кісінеген ат, ақырған тамам есек дауысы қосылды; озғындаған атты бұрын көру – мәртебе, талас; қораштың бойына, бойшаңның есек-аты жоғына пұшайман жеген жер; қуаныш, жөңкіліс, сапырылыс, әлемтапырық сәт. Қозыкөш жерде біріншіден сексеніншіге дейінгі келген аттылы баланың тақиясын қағуға дәйекшілер желпінеді. Елерген көп: «Кім? Кім?» деседі.
Жалғыз қараны күткен жамағат ауқымды шаңды аңдай:
– Бір кіді болды. Бұл несі? – деді.
Ат қосқан жуанның жетектеуші, қамшылаушы сияқты адамы болады: қыздырмаласқан қиқумен топ адам екі баланың атын үзеңгілігінен, құйрығынан қарашыға сүйреп келеді. Жеңістен үмітті ел көпе-көрнеу алалықтан күйіп-пісіп, қамшысын сығымдаса; ат қоспағанға ол жағы бәрібір – пәруайсыздыққа қайта жадырап, иығы селкілдеп күледі.
Бәйгеге кешеуілдеп жеткен баяғы төменнің тапкері «Құдай жарылқап жел таудан соқпай тұр, бас жүлденің бірі тиіп қалар?!» деп тұрғанда, арсыздар қарақасқасының бетін бұрып, кейіндетіп, үстіндегі бала қапталдан жылап келе жатты. Нұрекенің «Үкіаяғым үш бекетке дейін Қазанғаптың үзеңгісіне бастығып, беріде шаң қаптырады, ал Қазанғап пен Шайтанкөк құйымшағын кеміріп, шартаққа әзер жетеді» дегені расқа айналған сияқты. Иқаннан өтерменде бірнеше аттың басы жоқ боп шықты. Ер-тоқымы, үстінде баласы жоқ. «Шартаққа бұрын жеткізсе болды» деп, болдырған атының басын кесіп алып келе жатқандар бар екен. Дәйекші оларды әр жерден теріп жүр.
– Көкежан-ау? – Тілмаштың қасына сонадайдан елбірей, есік пен төрдей құла аттағы Көбелек болыс таяды. – Төбеңде жауыз жат, алдыңда тұншыққан қараңғы елің, қайтіп жақсы адам болмақсың? Қайтіп?
– Шыдау керек шығар?!
– Қайтіп шыдайсың?
– Өйткені сіз жақсы адамсыз.
– Жақсы адам екеніңді тіріде надан біліп пе, жат бағалап па?!Неге шыдауым керек?
– Шыдайтын себебіңіз сіз жақсы адамсыз.
– Намыс ше? Текті адам қалай шыдайды?
– Міне бұл өте-мөте ауыр сұрақ?!
Тасқараңғы көлдегі шері толқып, көзі жасаураған Көбелек болыс тілмашқа бейне әкесіне ұқсап кетіп, олар бір-бірін ат үстінен қатты-қатты қысып құшақтасты…
* * *
…Бәйге аттары ұрандатып қарақшыдан өтіп жатыр.
– «Алатау!».
– «Мүлкеман!»
– «Барқы!».
– «Досай!».
– «Қозыбақ!».
– «Қияқ!».
– «Жауқашар – Байқозы!».
Жүлдегер аттың егесі, ләпермені-ағайын туысы, құда-жегжаты, күллі тілеулесі мәре-сәре, қауым-қауымымен құттықтауға асық.
…Біруақта өкпе тұстан салдыртқан топ аттыдан төрт бала еңіреп жетіп:
– Көке? Қазанғаптан кейін едік, бізді Кәдірбек байдың адамдары айдалаға жетектеп әкетті. Ұрды, әзер құтылдық?! – деп екі иінінен дем алады.
Кей наразы топ қамшы бұлғасқанымен, тойханаға тақай мөнтекейленіп қалады. Атының шоқтығы биік іріден сұлуша, шоқша сақалды Нарбек би таяп, сыбырлай: «Кәдеке? Үш Жүздің баласынан үят, нәмәрттік жасама?!-деп еді, датқаның баласы екенін алдыға салып, бай додырая: «Майда – шүйде? Қапталыма қолың жетпейді!» деді. Нарбек би атын кілт омыраулатып, саңқылдай:
– Сен әкеңнің басын өңгеріп жүрсің,
Мен атымның басын сенімен теңгеріп жүрмін.
Қылышқа бергісіз ара бар,
Ханға бергісіз қара бар,
Сол қараның сөздері.
Хан сөзіне барабар! – деді қамшысын білеп.
Қызығы: олар әріге бармай, екі жаққа тарап кетті…
Нұреке – дөңгелек жүз, көк сәлде киіп жүретін сыпайы, пішіні келісті адам, шәкірті ноғай Кәрібай тапкер екеуі жолдан арыған аттарға қарасады. Сауыры ақкөбік, жын тастап, талтырақтаған аттардың мұрнына қамшы сабын тығып жібергенде қара қан дірдектейді. Еділбай, Бейімбет тапкерлер аттардың аузына қарбыз тығып жатыр, жан тапсырған атқа қарай көзіне жас үйіріледі.
Бәйгеге қосылған аттың соңы түс ауа жетті. Бірталай жауыздық тіркелді: жеті атқа пышақ салған, үш аттың басын кесіп әкелген, қырық екі атты шылбырынан сүйреп әлдеқайда апарып тастап кешеуілдеткен; отыз төрт ат болдырып, жолдан шыққан. Жануар жеті ат зорығып өліпті.
Арық көп, әр судың арнасы бөлек; жүлде кәдесін жүргізуге ас тамашасы жалғасты. Бағанадан Көңқарға атында төңіректі шартақ биігінен бақылаған тойхана басшысы Ысаға, жасы үлкен Бегалы би:«Біздің тілек шырағым – әділдік!» десе, Мақұлбек бай: «Бәйгеден адам ренішті қайтпасын, жарыстан шеттетілгенге де қой өңгертемін» дейді.
Қарақшыдан ең соңғы ат өтісімен Ыса дәйекшілерді оңаша үйге шақырды. Түркістан бәйгесінде «Бес-Ата (екі ата жетімдер, бір-бір атадан маңғытай-саңғыл, қоңыршұнақ, божбан), Жаманбай (Қоңырсопы, Борай, Жиенбет) деп бөлінеді. Қожа – сунақ бөлек ата. Бүгінгі тойда жүлдені Жүзге айырмақ. Алғашқы жиырмалыққа ілінген әрбір аттың сыйы жүз қойдан, не мың сомнан. Ол екіге жарылады – бірі ат иесіне, бірі Жүзге. Жүзге тиесіліні боса – болмаса аты шауып, топ бұзбағанымен сол елдің шынжыр балақ-шұбар төс жуаны қанжығаламақ. «Қосбәйгеде» сексенінші келген аттың өзі сыйға жылқы жетектемек. Кедей-кепшік пен әйелдер бұған араласпайды. Кіші Жүзден төрт ат қосылып, баяғы түркпеннің бәйгесінен қайтқан кісінің қарақасқасы ірі жүлдеге ілінген сияқты.
Тілмаш қоңыр атта тайпалтқан Қалиды байқап кідірген.
– Жұмеке, әнеукүнгі әңгіме есімнен кетпейді, – деді миығынан күліп. – Дүмбілез дедің-ау?
– Біздің қорда жаман сөз жоқ.
– Солай естілген екен. Мен кіммін, шыныңды айтшы?
– Білмедім.
– Жұмеке, өтінемін?
– Өкпелерсің тағы?
– Оллаһи, өкпелемеймін.
– Кедейден шығып болыстыққа таласқан Әубәкір деген кісі – шешен адам. Бір қайқы бас биге: «О, төстік тартпасы тартылмаған, шешеңді…?!» депті. Жұрт биге сол сөзден жеңілдіңіз бе демей ме?! Сонда би: «Қайтемін, ол менің мінімді тап басып айтып тұр» деген екен. Әнеукүні ішімнен «Тегіңде олқы соғатын жерің бар-ау?!» дегенім рас. Өзің айтпақшы дүние-байлық араның ашылса – шыңырау апан, түссең шығу қиын. Жуан т…м деп өткен өмір – зая?! Оқыған адам – тұп-тура шойынжолдағы көмірмен, сексеуілмен жүріп, вагон сүйрейтін парауыз!
– Рахмет, Жұмеке?! Ырзамын. Төбенің басындағы сөзіңді жүз толғанып ойланамын. – Қали аз – кем мүдіріп, сөзін сабақтады. – Сен де менің кей пікірімді ескерерсің?
Тілмаш оның «жымық құлағының» жараспайтынына қынжылған күйі қалды.
* * *
…Бәйге бөлінер ақ боз үйге томырылған қалыңнан әзірге қадау-қадау:
– Кәдірбектен-ақ зәрезеп болдық! Түзден ат қосқан ел түңіліп кетпесін?! Атын сүйрер оларда адам жоқ па?!
– Қараулыққа жол берме! – деген ашулы дауыстар естіледі.
– Ө, жеті атаңды…! – деп оған Кәдірбек бай түтігеді. -Сырдың қамысында аяғы кержағал шиебөрі болады, азғын. Көбейсе мал жейді. Сол сияқты, өңшең шірік!
– Байеке? Таспа, таспа!
Ұзамай Кәдірбек байдың аты, тағы он үш ат бас жүлдеден қағылды дегенді ести, тісін басқан жұрт: «Әне, сазаң!» деп үлгермеді бай: «Әй, қайдасың, түге? Қыр! Жой!» деп жігіттеріне бұйырсын. Қым-қиғаш төбелес басталып кетті. Көктемдегі бәйгеде дауды басамын деп таяқ тие жаздаған Жұманәлі тілмаш:
– Тоқта, жамағат! Тоқта! – деп атын тебініп, қайта ортаға ұмтылды.
Ұзамай Ыса болыстың гүрілдеген жуан даусымен тойхананың алдын ала даярлаған жуан жұдырық жігіттері бір шеттен лап қойып (жас Ханжігіттің қосыла кеткенін байқап, оның құмар ойынға айналуына тілмаштың жаны ашып тұрды), сабалас іркіліп, әстін-әстін аяғы балағатқа ұласып, әрқайсын қақпайлаумен ұзатып әкетті. Лезде алты адамның басы жарылыпты, талайдың қамшы осқан арқасы тілім-тілім, мұрны даладай.
Жүлдегер желқабыз сексен аттың тізімі жария болды. Бас жүлде – алғашқы жиырмаға: Кәрібайдың «Шаппай бері», Нұрекенің «Үкі аяғы», Кіші жүзден келген қарақасқа ат, Мәделі қожаның қызылы, Қыздарбектің «Қара құлағы», Маржанкүлдің «Қазанғабы», Досыбай бидің қарақасқасы, саңғыл Құланбай байдың «Қызыл қасқасы», тарақты Шілменбеттің құла аты, тама Сыздықтың сұр аты, Еділбайдың «Шайтан көгі», Керімбек әжінің бурылы, қоңырсопы Дінәсілдің күреңі ілікті…
Бас жүлдеден қағыла тұра Кәдірбек бай бие жетелеп қайтып бара жатты.
Ханжігіт ұшырай тілмаш: «Балам, жанжалға неге араластың? Жассың, есерсоқтың біреуі жарақаттап кетсе қайтесің?» деді. «Ағатай, сізден сұрайын деп едім, кетерінде шәрпристапты, серігін көрдіңіз бе?». «Иә», «Жағы қандай екен?!». Бала біртүрлі жымиып барады. Жұманәлі «Бала неге күліп барады?!» деп ойлады да қойды; Баймұрат болысқа «Торы ат тосырқаса бақ қайтуы кәдік, шабандозыңыз Есенжол болып қала берсін?!» деп ескертуге ойы бөлініп тұрған.
* * *
Қаншама күн бұрқ-сарқ қайнаған алқапта мамыражай тыныштық. Қазан-ошақ бұрқылдап, қарны ашқанын жұрт жаңа сезіп, сілекейі шұбырады; үйлерін жығатын ойы жоқ, асқа жиылған қауымды тойхана әлі нешеме күн күтіп, шығарып салады. Сәйтіп, қазақтар ұрпағына айта жүретін өмір атты ғажап салтанаттың бір думанды оқиғасы тарихқа сүңгіп кете барады…

Пікір қалдыру