* * *
Көңіл – арсыз, тарқамайды құмары,
Қаламаса, аңғармайды аланы.
Ырду-дырду кештерге,
Көңіл құлай көшкенде
Менің жаным есік жақта тұрады,
Менің жаным босағада қалады.
Көңіл сонда алынғандай бітеуі,
Лезде ұмытар шағын арзан, жаралы.
Алып барлық құрсауды
Серпілсін деп бұл сорлы,
Менің жаным асықпайды, күтеді,
Менің жаным ұзақ күте алады.
Нала-мұңы қардай еріп талайғы,
Малынғысы келіп нұрлы шуаққа.
Алданышқа тым жеңіл
Талпынады бұл көңіл.
Менің жаным қабағына қарайды,
Менің жаным серпілмейді бірақ та.
Көңіл неге сонша арсыз, қомағай?
Жүректе емес, қайда сонда тұрағы?
Ол аттайтын сызықтан,
Ол ұмтылған қызықтан,
Менің жаным бәрінен де одағай,
Менің жаным сырттап қарап тұрады.
Еліккенмен жаз, күз, қысқа, көктемге,
Жат секілді жабырқатты бұл ара.
Күн жырақта, ай алыс,
Сонда қайсы таяныш?
Менің жаным мүлде адасып кеткен бе,
Менің жаным жерлік емес сірә да…
* * *
Қалай қауыз ашады екен қыр гүлі?
Қандай екен құм мұңы?
Толқын ұрса, күрсінеді қара тас,
Түсінеді кім мұны?
Қара қоңыз күн нұрына шала мас,
Ол да өзінің тірлігі.
Әй, дүние-ай,
көрінеді бәрі оғаш,
Бәрі өрескел бола қалар бір күні…
Ұмтылғанда өмір үшін өрелі
Жалын неге сөнеді?
Келмесе де айналғың бір сорлыға,
Жарға ұрасың кемені.
Алыстайды жақын көрген тау мына,
Арман солай шөгеді.
Жылдар жылжып, іңкәрліктің орнына
Бар нәрсеге еренсіздік келеді.
Кеше қалай барлығына таңғалдық?
Қайдан келді марғаулық?
Таңдай қағар болатынға, болмасқа
Айналаң сол аңғал жұрт.
Сезім гүлі ашылған ғой солмасқа,
Неге кетті ол қалғып?
Жанымызды жетелеп кеп жартасқа
Құрдымына лақтыруға сәл қалдық.
Көп іздедім мен осының жауабын,
Көп екен ғой ада күн.
Пенде байғұс құр санасын бай қылып,
Қамдайды екен жарағын.
Терең, тылсым сыр іздеген қайда үміт,
Құнығу ма амалың?
Уақыт өте жаныңнан да айырылып,
Өмір өте береді екен, қарағым…
Сонда да адам қарамайды әліне,
Сонда өмірдің мәні не?
Баян таппай сонша ұмтылған ісіңнен,
Беремісің дәніге?
Бір шақтарда ой — тоқырау, күшің — кем,
Айналасың кәріге.
Өзіңді ешкім күтпейтінін түсінген
сол бір күні бітеді екен бәрі де…
* * *
Есің болса, іздей көрме төте жау,
Біреулердің ішін тырнар жай әурең.
Есіл ғұмыр өте шығады екен-ау,
Аянышты адамдарды аяумен.
Табылады айналаңнан әр кезде,
Темір олар сынбайтындай сағы бір.
Перғауын ба, алыпсатар, даукес пе –
Кім болса да аянышты бәрібір.
Бұрқ-сарқ етіп долданады жоқта аяз,
Тағдырларды жасап шебер қақпақыл.
Ой дейтіндей ойы да жоқ – тап-таяз,
Жүрек дейтін жүрегі жоқ – тап-тақыр.
Оған жанның, рухтың әні, күйі – ұмыт,
Нұры сөніп, түнге ауыссын күн, мейлі.
Он-жиырмасы, жүзі, мыңы жиылып,
Біреуге тең болатынын білмейді.
Белгілі ғой зау биікке шықпасы,
Құр қайраңда қайқаңдайды кемесі.
Өз ойында ол – әлемнің тұтқасы,
Бірақ тіпті бола алмайды шегесі.
Ұрандарға үн қосады даурықпа,
Атып ұрып, жауы шықса көздескен.
Бейшара деп аяп қарар ол жұртқа,
Өзі байғұс екенін еш сезбестен.
Осы болса тіршіліктің амалы,
О, Жаратқан!
Неткен сенің саяң кең!
Есіл ғұмыр зырғып өтіп барады,
Аянышты адамдарды аяумен.
* * *
Ащы-тәтті өмір дәмін татып,
Ауыр ойдан шығып, қайта батып…
Жанға жара сала бердің неге,
Төзім шексіз болмайды ғой, уақыт…
Шарайнасы шартараптың сынық,
Шақтар қайда шүбәсі жоқ, тұнық?
Неге сенен үміттене берем,
Бәрінен де көңіл қалып тұрып?
Сауалыма мүлде мойын бұрмай,
Жылдарымды ұрлай бердің, ұрлай.
Шындығында, мынау әлем емес,
Сен шығарсың мейірімнен жұрдай.
Сенен неге күте бердім өлең?
Сені неге арқа тұта берем?
Мақсатың ғой арманы көп жанды
Мәреге тез жеткіземін деген.
Күнмен, аймен жүрек қатты кірлеп,
Бір дүрмекке тағы ілесті дүрмек.
Сәтсіздіктер неге сонша жиі?
Нұрлы шақтар неге сонша жүрдек?
Жылт еткенге көңіл көзін сатып,
Еш құнсызды жасап асыл-ақық,
Қалауымсыз маған тән боп алып,
Қайда бара жатырсың сен, уақыт?..
* * *
Өзің біл құрметтесең, табаласаң,
Болар деп күтпе бірақ дара қашан.
Мен кейде ит аузына ағаш тығып,
Құдайдың шаруасына араласам.
Қым-қуыт тағдырларды өрнегі көп
Ренжимін Құдай неге көрмеді деп.
Наданның тасы неге өрге кеткен,
Неге жүр шын данышпан өлмелі боп?
Неге ез жер етеді батырларды?
Шиеттей бала неге жетім қалды?
Жасампаз жас неліктен қыршын кетті?
Тойымсыз қалау неге ақылды алды?
Тіршілік үміті де, секемі көп
Түрмедей саналыға, бөтенірек.
Алдыма бір азап кеп түсе қалар,
Осыны илеп жүрсең жетеді деп.
Жолыңда кездессе де неше дуал,
Жігерді мұқалтпа тек есе қуар.
Бәрібір болмайды сен қалағандай,
Жаратқанның өзінше есебі бар.
* * *
Қайта тапқандай кезімді арманды,
Жазып қыртысын жанымның,
Кеше бір сондай сезім болған-ды…
Мен бүгін одан арылдым.
Шегініп кері қарынбай айла,
Жоқ болды кенет өкпе кіл.
Санамды сызған қалың ой қайда,
Тіршілік неге жеп-жеңіл?
Ерке толқын кеп жағамды ұрады,
Сезімге бөлеп не түрлі.
Айналадағы адамның бәрі
Мені сүйетін секілді.
Өзім іздердей көріспегенді,
Жүгінбей жантық амалға.
Ашу дегенді, реніш дегенді
Мен ұмытқанмын.
Олар да.
Көшелі көшке жақындап саяқ,
Барын ұсындым төрімнің.
Көсемсіп мүлде ақыл айтпай-ақ,
Ақылдыларға еміндім.
Дүние, сенің кезіңді әдемі
Елестетем-ау арманда.
Кеше бір сондай сезім бар еді…
Апыр-ай, бәрі жалған ба?..
* * *
Жүре-жүре біз де өмірді танып ек…
Тіршіліктің түсініксіз заңы көп.
Кейде ғазиз ғұмырды
Аялаумен жүресің.
Ешкімге айтпас сырыңды
Өзің ғана білесің –
Бұл не деген әділет!
Жұмбақ болмай, сыр ашылса күнә мен,
Мүңкіп, сасып кетер еді мына әлем…
Бақытыңа ұмтылып,
Көп сағынған, көп күткен.
Бір жығылып, бір тұрып,
Сәбидейін пәктікпен,
Қалай, қайтіп туар ең?
Көз алдыңда құнсыз етпей асылды,
Бар кінәңді Жаратушы жасырды.
Сен сондықтан күйесің,
Сен сондықтан сүйесің.
Үмітпенен тұрасың,
Үмітпенен жүресің,
Жұтып ішке жасыңды.
Көкірегіміз тұрмаса да күмбірлеп,
Мақсатымыз – суыртпақтап сыр білмек.
Аш көзіндей аңшының
Тесілеміз құдды бір.
Жасырғасын бар сырын,
Мына дүние – жұп-жұмыр.
Тұра берсін қыр гүлдеп.
Суы сорғып, құртқа айналып қатығың,
Өмір сыры ашылады ақырын.
Қудың тауып сәйкесін,
Алданышты азап деп,
Кірді ақтарып қайтесің –
Мына өмірде ғажап көп!
Соған ұмтыл, пақырым…