Оңайгүл Тұржан. ҚАЛАМҚАС

1750 -1770 жылдар шамасында 
Маңғыстауда ғұмыр кешкен батыр қыз, тарихи тұлға 
Қаламқас Еселбайқызының рухына 
Киіктер дейтін бар мұңдас – 
Далама ғажап үйлескен.
Қазағымменен тағдырлас,
Алаң да алаң күй кешкен
Жауса да оқтар сан жақтан,
Қалса да демі ақырғы. 
Адамнан бетер жан баққан, 
Адамнан өткен ақылды. 
Алақан күткен аялы, 
Оқиға еді баяғы. 
Қасіреттерге толып тұр, 
Киіктің өмірбаяны.
* * *
Бозжыраның боп-боз төсінде, 
Кіші бесінде,
Аспан манаурап тұрды,
Күн,
Қарға миы қайнардай алаулап тұрды.
Киіктердің киесі қыдырып,
Осы жерде жүретін.
Адамның да тілін білетін.
Көздері ғарышқа толып,
Тұяқтарымен болашақты жорып,
Адамдай арманшыл,
Жерге талғамшыл.
Жүрген жері ормансыз еді,
Өздері сәбидей қорғансыз еді.
Бозжыра шың – еңкеймейтін тіп-тік,
Боз жусаны сағымданып түп-түп.
Соларға қарап садақ асынған,
Қаламқас тұрды,
Жүрегі лүп-лүп.
Мінезі тік!
Айтқан сөзі – кесімдей, 
Кейігені – кесірдей.
Әппақ жүзі қағаздай,
Назданғаны – намаздай!
Көз жанары қыраннан да қырағы,
Ай сәулемен ақтаңданып тұмары,
Күн шыққанда қара шашы зерленіп, 
Күн батқанда мақпалданып тұрады.
Көзінде – киіктер әлемі,
Не еткен әдемі. 
Киіктер мен мына қыз,
Осы даланың тәж-дәулетті сәні еді.
Бірақ қазір көңілінде – дүрбелең,
Жау садағы 
тыншу бермей іргеден.
Ер-азамат түгел кетті жорыққа,
Қанша күні өтті, міне, түнменен.
* * *
Самал желі ақ көйлегін аймалап,
Тұлпарының тұяғына Ай қадап,
Қаламқас та қайтты үйге,
Көңіліне бір үмітті байлап ап.
Келе жатты!
О, сұмдық!
Әлденеден шошып жұрт,
Ауыл үсті алағаудан, жүгіріп,
Сүрінбеске сүрініп,
Ойбайлаған әйелдердің даусынан,
Сынып кетер секілденіп тау-шыдам.
Жіті көзбен шолып өтіп бар маңды, 
Бір сұмдықтың 
             болғандығын аңғарды.
Шауып келді!
– Не болды, апа? 
Не болды,
– Жылай бермей, 
түсіндірші бар мәнді?
Байғұс ана одан сайын зарланды:
– Не болушы ед! 
Тек әйтеуір жан қалды.
Бас көтерер еркек жоғын біліп кеп,
Қарақшылар айдап кетті бар малды.
– Күшіміз жоқ!
Бүкіл әйел қосыла, 
У-шу болып қала бердік босына.
Өзің мініп кеткен мына жалғыз ат,
басқа мал жоқ, 
…өлдік деген осы да?
* * *
Бір ай өтті!
Күллі ауыл жетімденіп,
Өлімге есік ашқан секілденіп.
Көңілде үрей,
Көргендей осы өмірдің шетін көріп. 
Қаламқас:
– Өлімін бе, білмеймін тірімін бе?
Жаны сірінің де,
Өмірі ілініп тұр, кебек нанның бір ғана тілімінде.
Он шақты ауыл. 
Аштықтың азабында,
Ажал қайнап ауылдың қазанында. 
Малы кетсе, қазақтың жаны кетер,
Тым жиіліп барады қаза мұнда.
Үй-үйді аңдып аштық жүр аласұра.
Өмір менен өлімнің таласы ма?
Бесіктегі сәбимен қоса жылап,
Емшегінен сүт шықпай анасы да.
* * *
Түн жұтынып, қаталап таң да кепкен,
Тіршілік жоқ, әйтеуір, алға кеткен.
Ер-азамат – елде жоқ біреуі де,
Алты ай болды, бәрі де жауға кеткен.
Осы кезде:
Желіп жүрген қоңыр жел күбірімен,
Киіктердің ақ тұяқ-дүбірімен, 
Бір үміт оянғандай,
Тіршілік ету ілімімен.
Киік келді ауылға, киік келді,
Киесімен боз ала сүйіп белді.
Міне, заулай барады мың бір киік, 
Тұяғымен қопарып үйіктерді.
Көп киікке Қаламқас қарай қалды,
Сұлулық бұл тамсантқан талайларды. 
– Бірақ енді сұлулық емес мынау! –
Қыз жүрегі лүпілдеп тағы ойланды.
Тағы ойланды…
Алдында – қашқан киік тау самалдап,
Артында – аш бала мен 
қаусаған қарт. 
– Қамдану керек енді, керек енді,
Отырмас аштық деген жау шабандап!
* * *
Кешқұрым. 
Отыр бәрі абдыраған.
Үнсіздік. 
Іштей бәрі қан жылаған. 
– Көшеміз Ауған жаққа,
Иран жаққа,
Құр босқа өлтірер бұл зарлы ғалам, –
деп бір шал тұра берді орынынан,
естілгендей ажал-үн қорымынан. 
– Көшкенде, біреу бізді 
асырай ма, әй? –
Бір кемпір айқай 
               салды ел тобырынан. 
Бір ашу бір ашуды іле келді,
Қаламқас ол да орнынан түрегелді. 
– Туған жерді тастайық
деп тұрмысыз,
Біз емес пе бұл жерге ие-белгі!
-Ашпыз деп, тастай көшсек 
баба жерін,
Рухтың аштығында қалады елім.
Қазақтың қара жері – бізге аманат,
Кетпейміз! 
Асырайды дала-белім! 
– Неңменен асырайсың, 
ақымақ қыз,
деді де, кетердей боп шатынап түз,
ақырды кеп әлгі шал Қаламқасқа, 
– Үйде отырып, әйтеуір, 
батыр-ақпыз! 
– Қам жемеңіз!
Ауылға киік келді,
Жаратқан несібені үйіп берді. 
– Сен бе бізді асырар, – деп әлгі шал,
 Қаламқасқа жұдырғын түйіп төнді. 
–Иә, мен – талай жауға
басқан қамшы!
Қарттарым, әдептен бір аспаңдаршы! 
–Әй, шалдар, қайсың барсың? 
Мына қызды,
Тоқалдыққа ап
            ауызын жапсаңдаршы.
–Тоқтат!
Бір қарт кісі қалшылдап әлгі шалға:
– Тиіспе Қаламқасқа! Қарғыс алма!
Батыр қыз ол!
Мерген қыз арамызда!
Тұрсың ба, әлде, 
           жау таппай аңдысарға?!
…Тым-тырыс! 
Көздеріне күз іліне,
Сынып түсіп бақыттың жүзігі де.
Өмір тұрды бір жұтар жұтымдай боп,
Зорға ілініп үміттің үзіміне.
Тағдырдың тас көңілмен 
қарағаны-ай,
Аштық келіп үмітті талағаны-ай.
Аңызақ жел қуырып, үдей соқса, 
Сирек шөптің дауысы жаназадай.
Күндер өтер, 
шаң қалар шабысында, 
Келер ертең қараша-қауысың да.
Шілде кетіп барады түк сезбейтін, 
Шырқай салған
             шөптердің дауысында.
* * *
Құмдар жүр қырды кезіп, 
аттап-аттап,
Кіл шыңдар ере шықты 
әппақ-әппақ.
Қаламқастың мұңды әнін сүйді дала,
Әр тасына әуенді сақтап ап қап.
Тұңғиыққа батады мұңшыл адам,
Күн шыдаған Қаламқас,
түн шыдаған.
Киіктерге телміріп қарай берді,
Пендедей Сүлейменнен су сұраған.
Аштық па?
Оған халық төзгей ме еді, 
Әлде бұл жұбатарлық сөздей ме еді?
Қорамсаққа қол салды!
Қол салды да,
Заулаған көп киікті көздей берді. 
Көздей беріп…
Қаламқас толқып тұрды!
Талай-талай өткізген жортып түнді,
батыр еді ол, 
мерген-ді! 
Бірақ мына, 
Киіктің киесінен қорқып тұрды.
Көз алдында: аш ана аш баламен,
Аштықта – дала мылқау, 
тас та керең.
Жас қабірге толтырып қойнын ауыр,
Егіліп үнсіз жатыр қасқа белең.
Сол белеңге бір қарап қаны кепкен,
Көлегейлеп ыстық жел сағым еткен.
Көздей берді Қаламқас мың киікті,
Бағзы жолды дүсірлей жарып өткен. 
Көздей берді…
көзінен жас домалап,
Қарап тұрды қара шың, аспан алап.
Тоқтай қалды құйындар секем алып,
Боз жусанды самал жел баспаналап.
О, кенет…!
Боз жебелер ұшты ысқыра!
Ысқыра да ышқына, күш қысты ма? 
Құлағы бар тірінің зәресін ап,
Азан-қазан боп кетті тұс-тұс мына!
Қызыл шарқат басында даралана,
Ал киіктер доптай боп домалана.
Жалғыз өзі азан сап, атойлады,
Селт етпеген оған тек мола ғана.
Әр жерде қан жоса боп киік қалды,
Зарлы әуен бара жатты иіп талды.
Баяғы Амазонка батырындай,
Қаламқас әлдеқандай күй ұққан-ды.
Пірлерге көлік болған сайғақтайын, 
Тылсымнан естілгендей
оймақтай үн.
Киіктердің зарынан басы айналып,
Күн батты құмда 
адасқан байрақтайын.
Сөнбейтін көңіліңде жалтың бардай,
Кер далада жеңіспен қайту қандай!
«Күн шықпайтын жағынан
күнің шығып,
Ай тумайтын жағынан Ай туғандай».
Беріле ме адамға тағдыр екі,
Қыл үсті – бергі беті, арғы беті.
…Ошақта қайнап піскен ақ сорпалы,
Киіктің қандай, шіркін, балғын еті.
Ел-жұрт еді үбірлі-шүбірлескен,
Кезең еді күндері қырын көшкен.
Өліп барып тірілген күллі ауылда,
Әулиелер жүрді енді күбірлескен.
* * *
Қаламқас!
Кешегі көріністе ойы әлі.
Даланың саяғы – 
киікті емес-ау, 
өзін аяды,
отыра қап,
Әулиелермен тілдесіп:
–Қайтейін,
Омақаса құлады.
Сол бір көрініс көз алдымда тұр әлі.
Қаны өрттен де қызыл екен,
Әлде, 
ери жөнелген менің жанымның
мұзы ма екен?
Басымдағы қып-қызыл орамалымдай,
Тарқатылып бара жатқан
бұл да бір құзыр екен.
Сол сәтте әлгі киіктің, 
Тостағандай көзіне көзім түсіп,
Көзім емес-ау, 
өзім түсіп кеттім.
сол сәтте ол емес, 
мен жапа шектім.
Сол түскенімнен
шыға алмай,
Қасіретімнің топырағынан 
тұра алмай,
Жандүнием шулап ұлардай,
Өле алмай тыпырлап жатқан 
сол киіктей,
тағдырдың бетіндегі күйіктей
өз садағымнан шошынып өзім,
көкірегімді өксік қысып бөз-үн,
жанымды қамшыдай сабалап мұң,
құйрық-жалындай 
         шашылып қаралы аттың,
бәрін тастап …қашып бара жаттым.
Бірақ…
есімді жисам, 
қалшиып әлі тұрғанымды,
шарт сынғанымды,
тас қып ұстап мына садағы құрмағырды,
сөніп тұр екем,
әлгі киіктің көзіне
әлі төніп тұр екем.
Ойпыр-ай, 
Бір түрлі екен адамға 
        қараған қарасы да,
мына көздің шарасына,
мұнша қайғы қалайша сыйып тұрған,
айтатұғын тілі жоқ киік-құрбан,
сөніп бара жатқан 
ең соңғы арайды қаралы,
таратып тұрып, 
маған өліп жатып қарады.
Қарағаны өмірден де өмірлі екен,
Тек шарасына мөлдір шықтар
 төгулі екен.
Киіктік рухтың салтын алып,
Менің бар күнәмді өзіне артып алып,
Ал мен болсам,
киіктің көзіне сәулем түсіп, арбалып,
бірдеңе демек боп қарманып,
Сол өлі көзден,
Өзіме өзім
қарап тұр екем таңқалып.
Киіктің көзі мені сүгіретке түсіріп,
Менің жанымды да түсініп,
Өзіме өзімді көрсеткен кезде,
Тірліктің мәнін өлшеткен кезде.
Мұң-шерімен жанымды
тіліп өтіп еді.
Қайтейін,
Киік екеуіміз – тағдырдың
тірі жетімегі.
Көңілім айрандай іріп,
Ойымды өкініш тіліп-тіліп,
бозарып кеткен дауысым,
боз киіктерге барып сіңіп,
Ұлы тарихтай асығып,
Кейде жел күтіп жатқан
құмдардай басылып,
Әйтеуір, иығымнан түспеді тас-үміт.
Тағдыры таспен көгендеген,
Бұл елім не көрмеген.
Соның бәрін кетірмек 
болған мына жел,
Бейне бір тас қашаған тасшы,
Көргің келсе,
халқымның жүрегінің түбін қазшы,
Әр адыраспанның тамырына 
көз жасы кепкен.
Содан ғой,
адыраспанның дәмі удан ащы.
 * * *
Түз-белең.
Тіршіліктен үміттерін үзбеген.
Сол жердегі сан ауыл
Нәпақасын киіктерден іздеген.
Іздегенде…
Іздеп берер батыры – 
Қолы күс-күс, 
табан – тас!
Жалғыз ғана Қаламқас.
Жалғыз күнгі тоқтығың,
Жалғыз түнде таусылып,
Кеше әкелген сан киіктен дым қалмай,
Аштық тағы бара жатты 
Түндіктерді қаусырып.
Тағы бір күн тарғыл-тарғыл реңді,
Көкжиекке тірелді.
Атқан бойы ымыртына қашқан таң!
Дала мынау тас-талқан.
* * *
Бұл даланың әр белеңі әрлі,
Оған сән берген киіктері 
кісідей сәнді,
Аққұба тәнді,
Бұрылып қарағаны өлеңдей мәнді,
Ол азық ететін мондалағы – 
даланың қонақасысындай дәмді.
Ұлы дала логикасы – 
Кетешек пен Келешек.
Әрқайсысы – ер есеп.
Бар болуға біреу сеп,
Жоқ болуға жүз сылтау – 
Сол болады бар мен жоқты теңесек!
* * *
Шыңдары шұбырып келе жатты.
Құмдары құбылып келе жатты.
Бұлт көрмейтін аспаны,
Бәрін ұғынып келе жатты.
Киіктер тағы да өріп барады,
Кең даласына сүйініп,
Изенге иіліп,
жусанды жағалап,
көптігімен бел-белді орап ап.
Киіктер тағы да өріп барады,
даланы толтырып,
маужырап таң тымық.
Қырқаның сирек шөбі,
Сиректігін ұмытып, 
таңдана,
Әлденеден секем алып қамдана,
Тағы да ат үстіндегі,
қызыл шарқатты,
садақ асынған салт атты,
Қаламқасқа қарай қалды.
Алды мен артын орай барды.
Қарлығаштар ұшатын 
пар-парланып,
Тоқтай қалды аспан да аң-таңқалып.
Сексеуілге жабыса түрегелді,
Шырмауықтар арқанданып.
Құмдар да аңтарылды жүре беріп,
Бақбақ гүл тына қалды күле беріп.
Өйткені,
Қаламқастың өңі,
Өң емес-ау, керген жалаудай екен,
Көздері алаудай екен.
Кімді болса да құтқармайтын,
қамаудай екен! 
Өңінде азынап тұр,
Бәсең тартқан тірліктің ұлық әні,
Ауылдағы аштықтың ұлығаны.
Ал киіктер жосылып олай-бұлай,
Сағымдай құбылады. 
Ақ киіктер – даланың тағысы,
Жанарында – өмір-өлім жарысы.
Болмысында – 
еркіндіктің асау ағысы.
Аптап желге сүйеніп,
Өз киесін Ие ғып,
Шабысымен құшып даланы,
Ұшып барады! 
Қаламқас!
Көңілі тұрса да қаусап тағы,
Жебелерді суыра берді саусақтары.
Қабағы қабарып,
Нәп-нәзік болмысы,
Табан асты қайтадан 
темірдей жаралып, 
Тұлпары батырын дара ғып,
Доғаша иілген садағы,
Киіктерге жалт-жалт қаранып!
Кірістен кетер сәтін күтіп жебелер,
Сәл-сәл бөгелер!
О, кенет…
Жебелер ұшты азынай,
Ажалмен апталған сазын-ай!
Оның дауысынан,
Тіпті садақтың өзі де сасқалақтап,
Қаламқастың  да 
көзіне жас қонақтап.
Теңіздей толқыған киіктер,
Бетке алып ашық даланы,
Заулады,
арман боп қашықтағаны,
Қара жерді айырардай
  шашып табаны.
Топырақтардың үрейіндей боп,
Олармен жарыса,
Құйындар да қашып барады.
Сосын ба?
Сосын…
Топалаң тигендей,
Киіктер құлады-ай келіп,
Қан-жоса болды құралай-көрік!
Тәлкекке сап жері мен елін,
Аштыққа ұшыратқандардың кегін,
Киіктерден алғандай,
Арпалысып тағдырымен тар-маңдай,
Үйірі үшін азапқа түсер құртқа ма,
әлде, арландай,
Қаламқас тоқтар емес.
Қара шашы азынап,
Қайдағы бір зарлы әуеннің сазын ап.
Қынай бешпет түймелері шашылып,
Күміс белдік жалғыз тінге асылып,
Күміс сырға күл болып,
Шолпысының сыңғыры
Қақ жүректі қақыратқан үн болып,
Бүрме көйлек байрақтай,
Қасіреттің зауалын да айғақтай,
Етегіне оратылып сұп-сұр жел,
Тіршіліктен үркіп ұшты құс-күндер.
Бұл айқаста кімі қандай енші алмақ?  
маңызды емес, әйтеуір,
Ойран болып түз-биік,
Ұшып келед Қаламқас пен жүз киік.
* * * 
Ақша бетін өксіктің жасы
айғыз-айғыз жуып,
Көкірегін өкініш буып,
Енді ол жүз киікті шыңға қарай қуып,
Қабағы – қаралы,
Тобылғы садағы, 
сап-сары жебелі,
Атойлап келеді.
Жәй күнде – 
аңның да амандығын тілер еді,
Бірақ…
Көз алдында – ашыққан күрең елі.
Шегінер жер жоқ,
Білді енді…, 
Не киік,
Не бұл өледі!
Киік өлсе – ас болады,
Бұл өлсе – қалың елі аш қалады.
Жарысып келеді дала, белес,
Аспанда құзғындар,
Олар да қалар емес.
Қаламқастың көз алдынан,
Өте шықты
әлдеқандай бір жаралы елес!
Бұл маңның шыңдары
тіп-тік еді,
батып бара жатқан күннің
күп-күреңі.
оны көлегейлеп байқатпады,
ет қызуының шайқап қаны,
киіктер
сол шыңға өрлей барып,
пышақпен кескендей құзды көрмей қалып, 
топ-тобымен ышқына құлап,
жебелер де өздерін ысқыра бұрап,
аламан-тасыр алапат сәтте,
астындағы аты сүрініп кетіп,
Қаламқас, 
…әттең, бүгіліп кетіп,
Қуып келген жүз киігімен,
Ешкімді аямас түз биігінен,
Алас-қапаста атымен қоса,
Елім деп жүрген көңіл-затымен қоса,
Қаламқас сұлу да… 
пырақ-торы атты, 
тіп-тік құздан
құлап баратты.
* * * 
Тағдырымен қақпайланып,
Жиырма жасын аттай барып,
Қаламқастың жүрегінде,
Бұ дүния тоқтай қалып.
Мұң қамаған, 
сор талаған,
Аңырап жұрт алқалаған,
Еселбайдың Қаламқасын,
Құшағына ап торқа далам.
Киіктің түсіндей ірең-көрік,
Тағдыры тылсым сілемденіп,
Етік басы көмілетін құмды ауылда,
Қаламқас қыз жатыр,
Маңғыстау деген түкпірде …
күреңденіп.
Үш ғасырға жуықтап содан бері,
Талай рет бүгілген заман белі.
Аңызы – 
елдің дастанында,
Тыңдасаң, келер көзге
жас та, мұң да,
Бүгінде қызыл көйлек
 қыз жүреді дейд,
Киіктердің шұбырған ақ шаңында.
Құралайдың салқынын – 
«киік өрген» дер,
Қаламқас солардың алдында
кетіп баратады дейді
жиі көргендер.
Киік қусаң,
Елестей болып, 
қорғалап,
Қызыл шарқатты қыз шығады дейді,
Көз жасы сорғалап.
Тыңдай қалсаң, 
Жаныңды кескілеп дейді,
Бір дауыс естілед дейді:
–Киікті… 
қырдым мен ел үшін,
Аңсадым, тоқшылық, бақ күнді.
Қайтейін! 
Ел аман! 
Ал мені,
Киіктің киесі жоқ қылды!
Мен өлдім сол жиырма жасымда,
Киіктің зарына тұншығып.
Содан ба, қабірім басында, 
Тұр әлі қаралы гүл шығып.
Бейбіт бір заман кеп, торғын үн,
Адамзат ақылмен ойланар.
Сол кезде қаралы сол гүлім,
Ал қызыл гүлдерге айналар.
Рухы сөйлейді осылай,
Аспай да тасымай.
Тақырып болардай жырға сан,
Тағы да айтады тыңдасаң:
– Өз жаным тұрса да, 
Зорғаааа…
шыдап,
Киік байғұсты мүйізінен бұрап,
Сүйегін сындырып,
Жатса да жаны шыңғырып,
Көздерін ойып,
Тіл мен жағын тіліп-тіліп сойып,
Терісін күл қылып,
Жұмсақ етін сүр қылып,
Жандүниесін таптап,
Қанын сорғалатып әкеліп отқа қақтап…
…Киіктерді жедік,
Өйткені өзіміз,
Аштан өліп бара жатыр едік.
…Бір Құдай кешірер дедік!
Көкейде өксік тұрды нелік.
…Не деген өлермен едік!
* * *
Сары жапырағын төгіп,
Талай рет шырқады күз.
Ол аштан ап қалған сол жұрттың,
Бүгінгі ұрпағы – біз! 
Ел-жұрттың азабын арқалап,
Жаудан да қалқалап,
Қарақшылықтың жолын,
Қырық періште кессе деп еді,
Масылдық 
тауларыма жаншылып тозса деп еді,
Асылдық алға озса деп еді.
Еліме тас лақтырғандардың тасын,
Тарыдай талқандасам деп еді.
Өкініштерімен қоса, 
өртке арқандасам деп еді.
Желпініп келген жауды ырғатылып,
Жетпіс шыңырауым шым батырып,
Жерімді алмақ 
болғандардың өздерін,
жер етсем деп еді,
төр іздеп келгендерді
көр етсем деп еді.
Іргеден үргендерді,
Төрге етігімен кіргендерді,
Қара жердің қан тамырымен буып,
Құлқындарын тезекпен жуып,
Теңізді де көмекке шақырып,
Толқындарымен сапырып,
Жоқ қылсам деп жүрген еді,
Жеткізбеді оған 
Қып-қысқа ғұмыр дүрбелеңі.
* * *
Бойында лаулап жастық тұмары
Рухы сол далада былайша 
сөйлеп тұр әлі:
– Сөйткен замандарданбыз,
Сөйтіп, аман қалғандар – біз!
Шырқырап жан дауысым,
Ұрпақты жалғау үшін,
Қазақтың жерінің бір пұшпағы
иесіз қалмауы үшін.
Жанды сақтағандармыз,
Отанды сатпағандармыз!
Сол жолда айнымай тұрғандармыз,
Белгілі де, белгісіз құрбандар – біз!
Сол елім бұл күнде тең, міне,
Қарақшы заманды жеңді де.
Басынан кешсе де ойранды,
Қаһарман еліме айналды.
Осылай есейді сүйікті Ел,
Шақырып тұр оны биіктер.
Мен болсам, қыр кезіп жүрім әлі,
Кешірер ме екен деп киіктер!?
Енді СЕН аман бол, сүйікті Ел! 

Пікір қалдыру