«Күншығыс аңыздарындағы» бізге беймәлім жапон әдебиетінің әлемі

200 жыл бойы бірде-бір шет елдікті еліне кіргізбей, өз адамын сыртқа шығармай, томаға тұйық тірлік кешкен Жапония ХХ ғасырда ғана есігін баршаға айқара ашқаны тарихтан мәлім. Жұмбақ та құпиясы мол елдің тез арада әлемдік білім мен техниканы жаулап алуының сырын білуге деген құштарлық өткен ғасырдың басында жалғыз қазақ емес, өзге елдердің де қызығушылығын тудырған. Оның дәлелі Алаш зиялыларының, оның ішінде 20 жастағы Мұхтар Әуезовтің «Япония» атты танымды мақала зерттеуі болды. Еуропаның өркениетін көз жұмып көшіре бермей ұлттық қасиетіне қылдай да қиянаты жоқ жаңашылдықтарын ғана үйреніп, өз елінің ертеңіне деген ересен жауапкершілігінен туындаған жетістіктерінің жұмбақ сырларын зерттеген М.Әуезовтің де «жапон шпиондары» деген жалған жаладан жырақтала алмағаны тағы ақиқат. Ақылды, дарынды, шындықтың бетін ашудың амалын табатын талантты тұлғалар қоғамның күші өзін-өзі тани отырып, толысатынын, сонда ғана ол алға жылжитынын терең түсініп, барлық күш-жігер, ақыл-ойын сол мақсатқа жұмсады. ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының халықтың қуаныш-қайғысымен бірге өмір сүріп, өз мұраттары жолында құрбан болса да шындық үшін отқа да күйіп, суға да түскен ерліктерін ХХІ ғасырда қайталап жүрген қазақтың қаршадай қызы Шарафат Жылқыбаеваның «Күншығыс аңыздары» (Танымдық мақалалар, аударма, сұхбаттар. Алматы: «Жалын» баспасы. ЖШС, 2010. 288 б) атты кітабындағы кісі ойына келмейтін кесек тұжырымдары, оқшау ойлары, ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін танытатын ұстанымдары, ғылыми теориялық пікірлері шынында да ақиқат ауылынан алыстамайтын шындық, шындық болғанда да үлкен шындық екендігі еріксіз мойындатады. Санасы сергек, не нәрсеге ойлы көзбен қарап, нанымды нәтиже шығаратын, өзіне, біліміне сенімді зерттеушінің батыл қисындары емеурін, күмілжуден гөрі бүгінгі тәуелсіз еліміздің ешкімнен бұқпайтын еркін ойын танытады. Кітапқа жапонтанушы, фольклорист, аудармашы Шарафат Жылқыбаеваның Күншығыс халқының дүниетанымы, әдебиеті, мәдениеті мен өмір салты туралы танымдық мақалалары, жапон тілінен тікелей аударған аңыз-ертегілері мен жапон жазушыларының шығармалары енген. Күншығыс елінің көне тарихын қазақ тарихымен тікелей байланыстыра қарастыратын бірден-бір жапонтанушы маман Ш.Жылқыбаева ұлы дала тарихында өріс алған көптеген өркениеттің ізі өшпей, бүгінгі қазақ ішіндегі руларда сақталғанын, олар жөнінде қытайдың көне жазбаларында көп деректер барлығын, алайда сол деректерді архивтерден аршып алып халыққа жеткізер мамандардың аздығы жөнінде айта келіп: «…Шығыстың көне әдеби-тарихи құнды мұраларының қайсысын ашып қарасаңыз да гунну, сунну, турк, т.б тарихтағы ірі-ірі елдердің атаулары кездеседі. Бірақ Ресей шығыстанушылары осы еңбектерді орыс тіліне аударғанда идеологиялық мақсатпен бұрмалауға орын берген. Ол қателіктер түпнұсқамен салыстырғанда анық байқалады. Шығыс жауһарларының орыс тіліндегі нұсқаларында міндетті түрде топонимдер мен этнонимдерге, антропонимдерге түсініктеме берілген. Сондай түсініктемелерде гунді де (хун, гунну, т.б), үйсінді де (сунну, үйсун), түркіні де «варварлар» деп атаған. Әрине, мұндай анықтама беру империяның Шығыстың әдебиеті мен мәдениет тарихын зерттеуде ұстанған мықты принципі болғаны белгілі. Қол астындағы Орта Азияның, оның ішінде қазақ деген ұлттың арғы ата-бабалары өркениеттер ордасын орнатқан, ұлан-байтақ жердің иесі, батыр ел болғанын көрсету отарлық мүддеге қайшы екені белгілі. Сондықтан ежелгі еңбектердегі біздің ата-бабаларымыз жайындағы мәліметтер орыс тіліндегі нұсқаларында барынша бұрмаланды. Шығыс тілдеріндегі көне кітаптардың түпнұсқасымен танысуға мүмкіндік туған заманда төл тарихымызды орыс зерттеушілерінің жазғандарынан емес, тікелей Шығыс деректерінен іздеуіміз керек деп есептеймін», – деген пікірлері бүгінгі мемлекеттік мүддемізге сай міндет екендігі де сөзсіз (26-б). Әсіресе, Түркі академиясы, Ұлттық Ғылым академиясындағы тарих, шығыстану, т.б институттарының ойланатын, Шарафат сияқты сирек мамандарды жинап, тамыры тереңге кеткен төл тарихымызды түгендеп, жүйелейтін ғылыми жұмыстар жүргізуге жағдай жасайтын уақыт келгендігін айтқан мақұл. Уақыт шіркін зымырап тез өтеді, осындай «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» кезеңді пайдаланып қалмаса, ертең сан алуан кедергінің кездеспесіне кім кепіл?! Өзгені былай қойғанда жәй ғана мына індеттің өзі қаншама шаруаға қолбайлау болып отыр емес пе?!
Зерттеуші өз пікіріне дәлел ретінде осы кітап бойында қаншама құнды тарихи, әдеби, ғылыми фактілер келтіреді. Соның біріне ғана тоқталсақ: «…Мәселен, жапонның дүркіреген тарих баянын сөз ететін «Хэйкэ моногатари» эпопеясында ғұндар, түркілер жайында мол мәліметтер қоры бар. Шаньдунның әскери қолбасшысы болған Ань Лушаньның тегі түркі екендігі де осы еңбекте жазылған. «Хэйкэ моногатари» – шынайы шежіре, бұнда тарихи оқиғалар кеңінен баяндалған. Бұл еңбекті жапон тарихының ғана емес, Шығыс тарихының хронологиясы десек те болады. Ғұндар мен үйсіндер, түркілер – біздің тікелей арғы тегіміз. Дүниежүзі тарихындағы орасан орны бар ежелгі мемлекеттерді ертедегі бір ел деп емес, бүгінгі қазақтың архаикалық тегі деп тану жағы бізде жетпей жатыр… Қазақтың нағыз тарихын Шығыс шежіресіндегі ғұндар мен үйсіндер, түркілер арқылы танитымыз хақ», – деген кәсіби маман ретіндегі дәлелді дәйектері кімді болса да ойлантары хақ (27-б). Отаршылдықтың өркениетке, тарихқа жасаған қысымы, Бауыржан атамыз айтпақшы, ақиқатты ақтарар, әділетсіздікті әшкерелер архив арқылы түбінде ашыларын, шовинистік пиғылдағы емес, адамзаттық рухани құндылықтарға кәсібилікпен, адам­гершілік парасаттылықпен қарайтын биік деңгейдегі билік пен маман әр тарихтың заңды өз орны бар екендігін дәлелдейтін ойларын Шарафат өзі таныған, оқыған, білген тарихи шежірелерден сыр тарта, таратып талдайды. Шарафаттың стильдік ерекшелігі айтатын сөзін артық боямасыз нақты әрі нанымды баяндайды. Оның аудармаларындағы Күншығыс аңыздары мен ертегілері кімді де баурап алып, тартымды тілімен тартып, қызықты оқиғаларымен әрі ойландырады, әрі қызықтырады.
Әсіресе Күншығыс елінің 97 пайызы жапондар екендігі, алайда бұл «Жапонияда бір-ақ ұлт бар» деген сөз еместігі, өткен ғасыр басында білім іздеп келген Корея, Қытай, Еуропа елдерінің жастары қоныс теуіп қалғандығын, одан өзге де «айн» деген ұлт барын, бірақ оны жергілікті халықтың мойындамайтынын зерттеуші ғалым нақты тарихи дәлелдер келтіре отырып, нанымды дәлелдейді. 6 миллион халқы бар Хоккайдо деген елді мекенде тұратын айндардың, яғни біздің арғы ата-бабаларымыздың сандық мөлшері 20-30 мың төңірегінде екенін, олардың тұрмыс-салты, діні мен ділі, әдет-ғұрпы мен тіліне дейін қазақтармен ұқсастықтар бар екендігін «Айндар қайдан шыққан?» деген танымдық мақаласында егжей-тегжейлі баяндайды. «Ертеде Күншығыс аралдарына айндар көшіп келіп қоныстаныпты. 10 мың жылдан кейін жапондар көшіп келіп, айндарды солтүстікке ығыстырып, жерін иеленіпті. Бар болжам осы ғана», – деген автордың айтпағын айқындар мұндағы бірден-бір мекеме –Хоккайдо ғылыми зерттеу мұражайы. «Бұнда айнның этнографиялық дүниелері, Хоккайдо аралдарынан табылған ежелгі аң-құстардың қаңқалары сақталған. Мұражай директоры Танбо Норихитоның айтуынша, айндар бұл өлкені 20 мың жылдан бері мекендейді. Теңіз асып көшіп келген (қайдан?!) айндар сауда-саттықпен айналыса бастапты. Одан соң аңшылықты кәсіп етіпті. Этнографиялық заттар болмаса, мұражай бүгінде ғылыми мәліметтерге зәру боп отыр. Зерттелінбеген этнос десек те болады. Айнның саны аз болатын себебі жапондармен көп соғысыпты-мыс. Бұл туралы жапон тілінде сақталған айнның фольклорлық мұрасынан білеміз.
Хоккайдоның аңыз-әпсаналары дегеніміз – айн ұлтының туындылары. Кейіпкерлерінің өз есімдері, жер аттары, тұрмыстық заттардың атаулары жапон тілінде емес, айнның өз тілінде берілген. Сонымен қатар аңыздардың көпшілігі жаугершілік замандағы оқиғаларды бейнелейді. Дүниежүзілік лингвистика бүкіл ұлттардың тілдерін топқа, бұтаққа бөліп жіктегенде, айн тілі шет қалып қойған. Тіпті, айнның тілін іргесіндегі жапондар да зерттемегендігі таңдандырады. Айнның көне әдебиеті де Жапонияда жапон әдебиеті ретінде тараған», – дейді зерттеуші (29-б). Одан әрі жапонтанушы ғалым Хоккайдо мұражайындағы этнографиялық заттардан көшпенділік белгілерді көптеп кездестіруге болатынын, ақсақалдың шапаны, алаша, ши, т.б этнографиялық дүниелердің бейнесі, пішіні, көшпенді қазақтың қолынан шыққандай әсер беретінін, ою-өрнектері отырықшылық емес, таза далалық өмір салтын танытатынын, көшпенділердің ой-танымына тән екендігін айта келіп бұлардың бәрі мойындамасқа болмайтын тарихи жәдігерлер, ғылыми мәліметтер екендігін, сондықтан олардың азиялық көшпенділер құрамындағы бір этнос деп ашық айтуға негіздің барын батыл жеткізеді (31-б). «Сакура, сакэ, сакана..» деген тараудағы «Бәрі де «кудасайдан» басталған» атты шағын мәтінде автор Сыр өңірі адамдарының сөздері «сай, сейлеп» келетінін, жапон тілінде ізеттілікті білдіретін «кудасай» деген сөзінің ұқсастығын, мағынасы да тілдік қолданысы да тым жақын екендігін, «Қазақстанның Оңтүстігіндегі етістік пен жапон сөздерін салыстырсақ былай болады: жазсай-какинасай, көрсей-гораннасай, ішсей-номинасай, оқысай-йоминсаай, жесей-табэнасай, т.б деп тізе беруге болатынын дәлел ретінде тіл заңдылықтарына сүйене отырып, салмақтайды (33-б). Осындай орнықты ғылыми тұжырымдарға сүйенген фольклорист, аудармашы, жапонтанушы Ш.Жылқыбаева жапонның брендіне айналған сакура гүлі мен күріштен жасалатын ұлттық сусын сакэнің, жапон тіліндегі «са» деген иероглифпен қалып қоймай оған «к» дыбысының қосылуында белгілі бір мән барлығын, оның солай аталуының мәнін атақты лингвист жапон ғалымдарының әлі күнге дейін түсіндіріп бере алмауы себебін қазақ болмағандықтан дей отырып, олардың түбірі де, «қазақтың сабасы да – Сақ сөзінен» таралатынын бірнеше мысал келтіріп дәлелдейді (34-б). Зерттеушінің «Күншығыс аңыздары» атты танымдық дүниесінің мазмұнын құрайтын туындылар, атап айтсақ, «Ооками-көк бөрі» – Жапон ұлтының архаикалық тегі туралы, Қойтөбе құпиясы, Сақтар, ғұндар және жапондар, Айндар, Сакура, сакэ, сакана. Күншығыстағы Оғыз жыры, Умай һәм Хидзири, Алма атаның шаһары», т.б, айн деген ұлттың ежелгі көшпенді өркениетінің бүгінгі өкілдері екендігін архаикалық, этнографиялық, антропологиялық, тарихи деректер негізінде нанымды баяндалады. Жапон ғалымдарының зерттеулері мен энциклопедиялық еңбектерге, тіл мамандарының пікірлеріне сүйенген зерттеушінің қисынды ғылыми болжамдары, аңыз-ертегілер, жер-су атаулары, топонимикалық түсініктер, кейіпкерлер тағдыры мен тарихы турасындағы келтірілген есепсіз фактілері, өзіндік түйіндері еріксіз оқушысын жұмаққа бергісіз жұмбақ та құпиясы мол Жапонияны тануға ынтықтыра түседі.
Жапонтанушы ғалым дүние жүзі бойынша озық технологиясымен басқалардан озық тұрса да Жапон халқының көне мәдениеті мен өнерінен алыстамағанын, Кимонодай ұлттық киімі, Кабуки, Но театрлары, Сйодоу (каллиграфия) өнері 127 миллион халықтың мыңдаған жылдар бойғы рухани мұрасы болып келе жатқанын, ана сүтімен енген ұлттық құндылықтарын қатаң ұстанатынын, әсіресе бала тәрбиесіне ежелден басты мән беретініне баса көңіл аударған. «Жапондар баланың тәрбиелену кеңістігінің ауқымды болғаны дұрыс деп есептейді. Олар: «Сәби ұйықтап жатып та тәрбиеленеді» деген даналығының өнегесі өміршең… Ата-баба дәстүрін қандай заманда өмір сүрсе де, бұлжытпай сақтауға тырысатын ұлттың бірі – жапон», – деген зерттеушінің тұжырымдары ғылымы мен техникасы қарыштап дамып, ғажайып технологияларды өндіріске енгізіп, соның арқасында экономикасы өзге мемлекеттерден озық тұрған Жапонияның адам ресурстарына деген қатынасын айқындап береді. Баланың ержеткенге дейінгі рухани толысуы үшін жасалатын ғұрыптар Күншығыс храмдарында күні бүгінге дейін бұлжытпай орындалатынын, ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалатынын, ойын арқылы жапон баласы ержүрек бабасының ерлігін түйсініп, дана әжесінің шеберлігін ұғынатын ұлттық тәрбие тамырының тағылымды екендігін де Шарафат осы еңбегінде егжей-тегжейлі сараптап, салмақты ой айтады. Мысалы, «Карута тори» деген ойынды кішкене баладан бастап, ересек адамдар да ойнайды екен. Мұндағы әр ойын уақыт өткізу үшін емес, елінің кешегісін санасына сіңіруге арналғандығын айта келіп: «…«Карута ториді» ойнау үшін байырғы әдебиеттен жүз жыр білу керек. Бұл жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Феноменді ми қабілеті осылай дамиды. Екеуін де қазақ халқы сияқты еркелетіп өсіреді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық – ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасының ұйытқысы болуға баулу», – дейді автор (106-б). Үлкенді және ер адамды сыйлау дәстүрінің екі ұлтта да тәрбиенің негізі екендігі осы кітапта кеңінен әңгіме болады.
«Жапонияда ең бай адам – жазушы. Кавабата құпиясы. Ұлтсыздану отбасынан басталады. «Самурай» романы туралы. Шығыс тіліне қауіп қайдан?.. Үстінде – кимоно, қолында – домбыра. Шамисян сазы. Ақынын ардақтайтын ел. …Жапондардың Жаңа жылы. Америкада оқимын деп ұлттық қасиетін ұмытқан жапон қызы. Жапондар ер баланы қалай тәрбиелейді?» деген тараулардағы тақырыптары айшықтап тұрған таңсық әлем, Жапонияның әзірге қазақ оқырмандарына мәлім емес фольклорлық мұралары, олардың тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық таным-түсінігіне, салт-дәстүріне қатысты құнды, танымды мәліметтер кім-кімді де қызықтырса керек. Сондай-ақ алғаш рет жапон тілінен аударылып отырған Жапонияның Хоккайдо аралдарын мекендеп отырған айн елінің ертегілері мен аңыздары да – фольклорлық шығармалар, Аматэрасу аңыздары, Кантоу, Чюгоку, Айчи, Акита, Тоухоку, Окинава, т.б аймақтарынан жазылып алынған көне жәдігерлер, әдеби ескерткіштер екі елдің арғы ата-баба мұраларынан осы күнге дейін беймәлім болып келген құнды мәліметтер береді. Бұл еңбектің басты ерекшелігі деп мұндағы аңыз-ертегілердің бәрі әлем тілдерінің ішінде алғаш рет қазақ тіліне аударылғанын айрықша атап өтудің өзі маңызды. Айн аңыздары да – қазақ тілінен басқа дүниежүзінің бірде-бір тіліне аударылмаған, әлем оқырмандары үшін мүлдем тың, енді ғана әдеби, ғылыми айналымға енген мәтіндер, бүгінге дейін беймәлім болып келген әдеби мұралар.
Жинақта кездеспесе де әдебиет әлемінен таныс жапонның ертегі-аңызында теңіз ғажайып балыққа сүйеніп тұратындығы, сол балық бұлқынса, топан басталатыны жөніндегі мифтік мәтінге мағыналас Шығыстың жер шарын өгіздің мүйізі көтеріп тұруы да екі елдің таным-түсінігіндегі өзара ұқсастықты ұқтырады. Генезисі бір мазмұн-мағынаны білдіретін мәтіндер, аңыз-ертегілер Шарафаттың кітабында молынан кездесіп, екі елдің тамырының тереңде екендігін, творчестволық ортақ пікір қалыптастырудағы ықпалын танытады. Мұның бәрі автордың таңдаған тақырыбын егжей-тегжейлі білетіндігін, тарихи дерек, ғылыми байқау мен болжамның негізділігін ұқтырады. Көне аңыз-ертегілермен ауызданып, ерлік жырларымен ержеткен қазаққа Шарафат аударған жапон аңыздарының сюжеті мен композициясы, психологиялық иірімдері, бір сөзбен айтқанда бәрінің де бөтендігі жоқ. Әсіресе, қазақтың «Күн астындағы Күнікей қызы», жалғыз қолжазбасы Парижде сақтаулы тұрған «Оғызнама» жырының, «Қасқыр асыраған егіздер», «Қызыр баба кім болған?», «Умай философиясы» деген аңыздардың жапон әдебиетіндегі нұсқаларынан өзгешелігі жоқтығы, бізге де жат еместігі ғылыми ортаны ойландырса керек. Бұл болжамдардың бәрі қазақтың ән-күйін жапон жұртына танытып жүрген, «Игайауды» шырқағанда даусы Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержановтардан аумайтын Такахаши Наокидің: «Бәлкім біз бір ұлт болған шығармыз», Нацуми Вагуридің: «Жапон мен қазақ өте ұқсас» деген сұхбаттарында сол ел өкілдерінің сөздерімен нақтылана түседі.
Жапон тіліне жетік, әсіресе төл тілімізден тікелей жапон тіліне тәржіма жасайтын, қазақы тілдің құнарына қанып өскен, ұлттық тілдің мәйегіне жетік Шарафат сынды маман қазір де өте сирек. Сондықтан да тек орыс тілі арқылы ғана аударылып келген жапон жазушыларының, бүгінде әлемдік әдебиетте үлкен абырой-беделге ие суреткерлердің көлемді болмаса да шағын жанрдағы шығармаларын тәржімалауы да бұл еңбектің зор жетістігі, автордың үлкен табысы. Атап айтар болсақ, кітаптың ІІ бөлімін құрайтын Акутагава Рюноскэ «Өрмекшінің ұясы», «Сайго Такамори», Мураками Харуки «Әдебиет елін аңсаймын», «Құбылыс», Мураками Рию «Ай адамы», Ямада Эйми «Тас тамшылар», Ямакавап Кеничи «Ай Шолпан» туындыларының қазақ оқырмандарына жақсы әсер сыйлайтыны сөзсіз.
Сонымен қатар жинақтағы Қазақстанда әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жапон мамандарымен жүргізген сұхбаттары, олардың таным-түсінігі, екі ел арасындағы әдеби, тарихи, мәдени байланыс жөніндегі пікірлері де оқырманын бей-жай қалдырмасы анық. Айталық, «ІІІ бөлім. Сакура саясында» деп аталатын топтамадағы Такахаши Наоки «Бәлкім біз бір ұлт болған шығармыз»; Нацуми Вагури: «Жапон мен қазақ өте ұқсас»; Какумару Камикаваучи «Самурайдың ұрпағы екенімді мақтан тұтамын»; Накамура Йошикацу «Ата-ана ақылына жарымай жүрген жастарды аяймын»; Накамура «Жаһандануда жарға құлатпайтын тірек – әдебиет», Исаго Рина «Қазақ пен жапонның жан-дүниесін түсіну үшін көп уақыт керек», Эби ава Цуйоши «Ауқаттылық жағынан бизнесменнен кем емеспіз», Какумару Камикаваучи «Америкадағы Аттиланың жерін үш жыл іздедім», «Жетіген, кото және чжэн», Масуджима Шигенобу «Дін туралы айтысуға болмайды», «Өкініш пен арман», «Жазушының жан дүниесі», т.б деген әдеби дискурстарда бүкіл адамзаттық құндылықтарға қатысты ойлар қозғалады. Жапон қайраткерлерінің еларалық қызметтері баяндалған әдеби, ғылыми, публицистикалық мәтіндермен оқырман қауымды мұқият таныстырудың жөні де бөлек.
Зерттеушінің әрбір мақаласындағы ойлардан, ғылыми тұжырымдардан туған тіліне, өз Отанына, оның әдебиеті мен рухани құндылықтарына деген өлшеусіз махаббаты, ұлтқа деген ұстанымы ерекше көрініп отырады. Кешегі отаршылдық идеология салдарынан тұншыққан тілімізге әр бітіп, санамызға сәуле түсіп, бұйығы бойымыз биіктеп, өз ойымызды бүгежектемей, кібіртіктемей, еркін көсіліп, бет-жүзге қарамай айтуға жарап қалғанымызды көрсететін ашық ойлары қуантады. Шарафаттың еңбектерінде тарихи, мәдени, әдеби әлемдегі осы күнге дейін бұрмаланып келген шындықты, ірі ақиқаттарды айтуға дайындығы бар, білімі бар, өзіне деген сенімі бар ізденушінің ізгілігі байқалады. Шарафаттың шындыққа суарылған туындыларындағы тың ғылыми тұжырымдар, соны серпілістегі ойлар жапон-қазақ әдебиеті арасындағы әдеби байланысты нығайтуға үлкен үлес қосары хақ. Жапон мен қазақ ұлтының этностық қатынасы турасындағы ғылыми болжамдары да – ішкі рухани тірегі, негізі бар құнды ойлар.
«Қаршадай қазақ қызының осынау қайсарлығы, сөз өнеріне деген өлшеусіз сүйіспеншілігі, ұлтқа қызмет ету ұстанымының биіктігі қай қайнардан бастау алып жатыр?» деген қызығушылық бізді еріксіз оның анасы Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектерімен танысуға себеп болды.
Отбасы тәрбиесінен туындап, содан ұрпаққа ұласып, тамырланып, тереңдеп кеткен тектілікке тоқтамасқа болмады. Оны мойындамасыңа мына төмендегі мәліметтер мүмкіндік бермесі де ақиқат.
1. Шарафаттың анасы Мағрипа Жылқыбаева – кванттық физика ғылымы арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанынан табылған Алтын адам мұрасы бойынша протодәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасап, осы сала бойынша 25 том кітап жазған бірден-бір ғалым. Адамзат баласының елу мың жылдық арғы тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі дамыған өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінгі күнге жеткізген бірегей зерттеуші. Қазақ даласынан табылып жатқан Алтын адамдардың Планеталық деңгейдегі ерекшеліктерін зерттеу арқылы Сақ қорғандары мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын тұңғыш ашқан оқымысты.
Ол Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оптика ілімі арқылы зерттеумен айналысып, еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашып, артына мол қалдырған ғалым.
М.Жылқыбаева – Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жылға жуық уақыт зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан, бірнеше ғылыми еңбек жазған ғалым. Техникалық ЖОО-ға арналған «Жалпы физика курсының есептері», «Айналадағы радиация» (Алматы,1990) сияқты физика саласындағы кітаптардың, бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Радиацияның кристалдарға әсері жайындағы жұмыстары бойынша екі патенттің иесі.
М.Жылқыбаева «Исследование природы центров окраски в оптических кристаллах кальцита (СаСО3)» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын 1981 жылы қорғаған. Бұл осы саланы кеңінен, кешенді түрде зерттеу нәтижесінде қорғалған әлемдегі алғашқы еңбек саналады. Өйткені бұған дейін оптикалық кристалдарға радиацияның әсері жайында дүниежүзі бойынша кешенді зерттеу жүргізілмеген еді.
М.Жылқыбаева – қазақтың атын әлемге танытқан ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың елге беймәлім болып келген құпия қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеген республикамыздағы жалғыз жаратылыстанушы ғалым.
2. Тілтану тамыры. Шарафаттың әлемдегі ең қиын тіл жапон тіліне деген құштарлығы қалай туғаны, оған не себепкер болуы мүмкін деген сауалға төмендегі мәліметтер жауап беруі ықтимал.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Жылқыбаева Мағрипа Шөжеғұлқызының ғылыми ғұмырына тағзым ретінде өткен «Ғылым-ғұмыр» атты (2020 жылы, қазан) жиын. Ұлттық кітапханада өткен жиынды ашқан, Жапонияның қоғам қайраткері Имайо Юджидің Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми мұрасының Жапония үшін маңызы ерекше екендігін атай келіп: «Жапонияда ежелгі дәуірде Шйотоку Тайши деген мемлекет қайраткері болған. Мағрипа Шөжеғұлқызының еңбектерінде Алтын адамның жапон өркениетіне қатысы туралы мәні терең, құнды деректердің көптігі, ғалым мұрасы Күншығыс елінде кеңінен насихатталып, ғылыми айналымға енгенін, жоғары бағаланатынын айтуы біздің ұлттық ғылым, руханият үшін өлшеусіз жетістік екендігін, өз елінде бағаланбаса да озық технология мен ғылыми жетістіктерге жете көңіл бөлетін, оны дер кезінде пайдалана білетін Жапон үшін жаңалығы мол, құнды ғылыми қазына екендігін үлкен ризашылықпен айтуы сонда отырған қазақ өкілдерінің өкінішін тудырып, ұлтқа таңба түсіргенімен мақтаныш пен биік мәртебе сыйлағаны сөзсіз. Бүкіл адамзаттың құндылығына айналар әлемдік деңгейдегі мұндай жаңалықтардың жерде жатпасы белгілі. Ең өкініштісі – өз елінде бағасын алмай шет елге шарықтап кетуі. Ол да болса – олжа. Адамзат игілігіне айналмай жабулы қазан күйінде қапаста қалып қоюдан сақтасын. Мағрипаның да жапон, әлем тілдерінен хабардар болуының нәтижесінде ғылыми жаңалықты түсіне білетін ортаға тап болып, еңбегінің еш кетпеуі автор үшін де, ел, ұлт үшінде үлкен мәртебе.
Жиынға Жапонияның бірінші дәрежелі архитекторы Имайо Юджи қатысып, Такэдо Масано, Амано Тэцуя, Канджи Фудзий сияқты Жапонияның көрнекті профессорларының жеделхаттары оқылуы Шарафаттың ғана емес, оның анасы Мағрипаның бүкіл ғұмыры, ғылыми еңбектері Жапон жұртымен тікелей байланыста екендігін дәлелдесе керек.
Бір шаңырақ астындағы екі ғылым саласы өкілінің өмірлік те, ғылыми да ұстанымдары мен мақсат-міндеттері ұқсас. «Атадан не көрсең, соны орасың» дегендей, анасының тәрбиесі, ақылы мен бағыты босқа кетпеген сыңайлы. Шарафатқа шапағаты тиген отбасындағы ордалы ғылыми ойлардың, әсерлі әңгімелердің нәтижесі қазақтан шыққан сирек жапонтанушы маман, фольклорист, аудармашының өмірге келуіне себепкер болыпты. Шарафаттың өз ортасынан оқ бойы озық шығып, әлемдегі ең қиын, иероглифтері ми қайнататын әріпті, тілді меңгеруі, әрине, тек тәрбиеден ғана емес, өзінің өлермендік еңбеккорлығы, сүйіспеншілігі, құштарлығынан болса керек.
3. Бүкіл өмірлерін бір ғана бағытқа сарп етіп, ұлттың ертеңі үшін қатерлі қияда жүрсе де өмірін өкінішсіз өткізген жанның тағдыры тағылымды.
Мағрипа – Жамбыл ауданындағы мектепті 1964 жылы медальмен бітірген алғашқы үздік түлек. 1969 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университеттің физика факультетін тәмамдаған. Радиацияның әсерін зерттеу проблемасымен байланысты «Исследование природы центров окраски в оптических кристаллах кальцита (СаСО3)» деген тақырыпта диссертациясын 1981 жылы Томск мемлекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институтында қорғап, «физика-математика ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми дәрежеге ие болды. 1991 жылы 29 қарашада Мәскеуде физикадан «доцент» ғылыми атағы берілді. Неге Ресейде? Неге өз елінде емес? Бұдан да талантты тұлғаның тағдыры тұспалданады. Елден ерекше жанның жаңындағыларға жау көрінуі, өзгеден өресі биік жанға өштердің өрісі кең ашылатыны әменда айқын емес пе? «Саналыға сұм өмір абақты ғой» демеске амалыңыз жоқ. Ол Есік қорғанынан табылған алтын адам жазуларын 30 жылға жуық зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик емес пе?. Қазақ қана емес, кешегі Одақ та емес, әлемдегі ғылыми кеңістіктегі бас айналатын жетістік емес пе? Шіркін-ай,осындай ғылыми жетістіктер неге өз елінде, өз уақытысында бағаланбайды екен. Физик ғалымның еңбектерін зерттеуші қаламгер Болат Шарахымбайдың: «Өкінішке қарай, ғылымда осындай ерліктің үлгісін көрсеткен ғалымның көзінің тірісінде бірде-бір кітабы жарық көрмепті», – деген сөзі де бұл деректі дәйектей түседі. «Өлгеннен соң бәрі жақсы» дегендей, кеше жамбасы жерге тиіп еді, жарықтықтың көзі тірісінде жарияланбаған еңбектері жарық көріп, көзі тірісінде айтылмаған марапаттары айтыла бастады. Алматы облысы Жамбыл ауданында Мағрипа Жылқыбаева атындағы «Алтын адам» ғылыми музейінің ашылуы да кеше. Ғалым мұрасын жинап, баспаға ұсынған да өзге емес, өз қызы – «Жапония-Еуразия» ұйымының мүшесі, рухани іздеушісі Шарафат Жылқыбаева. Кезінде республикалық басылымдарда жарияланған әдеби, публицистикалық әңгімелері, сатира жанры бойынша жазған шығармалары «Алтын адамның мұрасы» және «Алтын адамның аманаты» деп аталатын жинаққа еніп, «Нұрлы әлем» баспасынан жарыққа шығарылды.
4. Көрнекті ғалым М.Жылқыбаеваның ұлтқа қызмет етудің ұстанымы ұрпаққа қалай ұласты деген сауалға жауап іздесек:
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Мағрипа Жылқыбаева ғұмырын ғылымға арнаса да ұлтқа қажетті қоғамдық істен қашық болмады, ол халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты мүшесі еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алматыдағы №128 орыс мектебінің таза қазақ мектебі болуы үшін ата-аналарды ұйымдастырып, тиісті мекемелерге хаттар жазып, мемлекеттік тіл іргесінің беріктенуіне үлес қосты. Қазақ тілі отаршылдық идеологияның ықпалында болған кезеңде В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында декан орынбасары қызметін атқара жүріп, қазақтың атақты ақын-жазушыларымен студенттердің шығармашылық кездесулерін жиі-жиі ұйымдастырып, ұлт руханиятын игерген саналы ұрпақтың қалыптасуына зор еңбек сіңіру арқылы ел есінде қалды.
Мағрипа Шөжеғұлқызының еңбектерінде Алтын адамның жапон өркениетіне қатысы туралы мәні терең, құнды деректері Күншығыс елінде кеңінен насихатталып, ғылыми айналымға енгені, жоғары бағаланғаны Шарафаттың сәби шағынан санасына сіңіп, арманын қанаттандырғаны, Күншығыс еліне, жапон тіліне деген қызығушылығын оятқаны мәлім.
Шарафаттың ұлт руханиятында ойсырап жатқан олқылықтың орнын толтыруға, әлем әлі мойындай қоймаған қазақ әдебиетін, оның озық үлгілерін жапон тілі арқылы танытуға талпыныс жасауы да тектілікті танытады.
Шарафат Жылқыбаева – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология факультетінің түлегі, жапон тілінің маманы. 2003 жылы Республикалық жас ғалымдардың конкурсында 1-орынды иеленген. 2004 жылы Республикалық көркем аударма конкурсының жеңімпазы атанған. 2006 жылы жапон тілінен Республикалық және Орта Азиялық шешендік өнер сайысының жүлдегері болды. Сондай-ақ ол – республикалық және халықаралық басылым беттеріндегі қазақ-жапон халықтарының ынтымақтастығының өркендеуіне арналған әдебиет, мәдениет, өнер тақырыптарындағы көптеген мақалалардың авторы, еліміздегі санаулы жапонтанушы, аудармашы, фольклорист ғалым.
Жапонтанушы, фольклорист, аудармашы Жылқыбаева Шарафаттың «Күншығыс аңыздары» (Танымдық мақалалар, аударма, сұхбаттар. Алматы: «Жалын» баспасы. ЖШС,2010. 288-б.) атты еңбегі оның тұңғыш кітабы.
Бір отбасынан шыққан анасы Мағрипа мен қызы Шарафаттың қазақ-жапон ұлтының ғылыми әдеби, мәдени байланыстарына дәнекер болып, өздерінің табанды да жүйелі, жанкешті еңбектерімен ғылымның шыңына жетсе де қарапайымдылығынан танбай, тіпті елеусіз еңбек етіп, базбіреулер сынды базына да етпей ірі ғылыми ерліктерге жетуі, ірі жетістіктерді игеруі шын мәніндегі зиялылықты танытады.
Шын мәніндегі интеллигент, ғылымға адал, жанкешті ғалым өзін-өзі кеудеге қақпай, әлдекімнің бағасына зәру болмай, тілемсектіктен тысқары, өзінің ішкі рухына берік болып көздеген мақсаты жолында табандылық танытып, ұлт ғылымы үшін үздіксіз ізденістің үлгісін танытарлық тұлға. Ар-ожданын жоғары қойып, көп білуге ұмтылған, ұлтының келешегі үшін ұнжырғасы түспей, қандай қиындықпен да алысып өткен жаннан артық бақытты жан бар ма, әлемде? Сол бақытты иеленген қазақтың зиялы қыздарының бірегейі Мағрипа Жылқыбаева болса, бірі Шарафат деуге болады.
Ұлттық дәстүр мен төл тарихының тағлымдарын ұрпақтан-ұрпаққа ұластыруды ұлы мұрат тұтқан жапондардың, әсіресе әлемдік деңгейдегі өнер мен білімді игерудегі өзіндік тәжірибесін өнеге, өз еліне үлгі тұтқан ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының, әсіресе Мұхтар Әуезовтің көңілге қонымды қағидаларын қазіргі көзқарас бойынша дамытқан қазақтың қос қарлығаштай қыздары Мағрипа мен Шарафат Жылқыбаевалардың жарасымды жалғастыруы жүрекке жылылық орнатады.Ұлт пен ұрпақтың келешегі тек қана өнер, ғылым, білім, әдебиет, дін, жалпы руханият өсіп, өркендегенде ғана өріс жаятынын қос қыз өздерінің ғылыми және әдеби туындылары арқылы алға тартады. Қазақ өз тарихын, оның әлемдік рухани кеңістіктегі тарихи орны мен рөлін танығысы келсе, Мағрипаның ғылыми мұраларын, Шарафаттың «Күншығыс аңыздарын» оқып, ой түйсе – ұтылмасы анық.

Ескерту: Мақалада «Ана тілі» (2020.№43,22-28 қазан) Нұркен Жандәулетұлының «Ғылым-ғұмыр» атты мақаласындағы Мағрипа Жылқыбаева туралы дерек көздер пайдаланылды.

Гүлзия ПІРӘЛІ

Комментарий (1)

  1. Reply
    Самаликов. Базарговорит

    Гүлзия Сізге мың алғыс

Пікір қалдыру