Осы бала
Томпиған бет ұқсап тәтті күлшеге,
Анда-санда бір жымиып күлсе де,
Осы бала айналаға нұр шашып,
Күллі әлемге, қарайды елге нұр себе!
Қарайды елге бір байыппен ойланып,
Сәбилік нұр кіндігіне байланып.
Еміреніп иіскегенде маңдайдан,
Көңіліміз сала берер жайланып.
Шапағындай шуақ шашқан ақ таңның,
Шын қуандым анаң сені тапқан күн.
Осы бала жалғасы боп әулеттің,
Көш ұзара түскендейін шаттандым!
Еңбектеумен ет алуда тәні ердің,
Жас иіспен жасардым да, көнердім…
Ұмтылады шымылдығын түруге,
Мың құбылған мың бояулы әлемнің.
Талпынады тұруға да, жүруге,
Үлгіре алмай ойсыз босқа күлуге.
Асығады ең болмаса тістелеп,
Дәм мен сырын әр нәрсенің білуге.
Қылық бөлек, бөлек көздің қарасы,
Әулеттің де, сәулеттің де дарасы.
Көш ұзара түскендейін қуантқан,
Осы бала – атасының баласы!
Күнделік
«Күнделік жаз, жарқыным!..»
Мұқағали
(Лашынға айтқанынан)
Күнделік жаз, жарқыным, күнделік жаз,
Айналаңнан жақсылық үйреніп жаз.
Зымырандай ағылған уақыттан
Қалып кетпей, асығып, үлгеріп жаз!
Зәу данышпан боласың кімге бүгін,
Кейін кетіп тұрғанда ілгері күн.
Шын сырласыңа айналар сырласа алсаң,
Қолыңа алып ақтарар күнделігің.
Жылжып жылдар барады, ағып айлар,
Көз ұшында күмілжіп, сағым ойнар.
«Жаным-айлар» жақының қалды азайып,
Кезің келіп ұрпақтың қамын ойлар…
Жат болғаны жақынның білінгенде,
«Түу, кәпір!» – деп біреуден түңілгенде,
Өткеніңмен сырласып отырасың,
Күнделікке күрсініп үңілгенде…
Үмітіңді ертеңге жалғап сенің,
Тізіледі құзды асу, қарлы өткелің.
Қолыңа алсаң алдыңнан жамыратар,
Жадыңда жоқ сәттерді жан дәптерің.
…Күнделік жаз, жарқыным, күнделік жаз,
Асығып жаз, бәріне үлгеріп жаз!
Зымырандай уақыт барады өтіп:
Бір кетіп жаз жаңбырлап,
Бір келіп жаз…
Ауылға барғанда…
Әкең де жоқ ауылда,
Шешең де жоқ,
Асыр салып ойнаған көшең де жоқ…
Қара ошақ бар әйтеуір түтіндеген,
Онда-дағы қалған ба… бәсеңдеп от…
Ешкімің жоқ сияқты ауылыңда,
Жоқ сияқты қауымың, бауырың да…
Құр сүлдесі қалқайып тұрған-сынды,
Ағаштары сиреген тау ығында.
Болсаң-дағы сияқты өгей бала,
Қарлығашы ұшады сені айнала.
Өзіңді өзің жұбатып, күрсінесің,
Ішкі әуенді ыңылдап көмей ғана.
Тауы да тұр орнында, бауы да тұр,
Дәтке қуат: бермейді жауына сыр.
Бәрі орнында тұрған соң бейқам бәрі –
Ән сап, билеп, салады қауым асыр.
Өзің ғана жалғызсың сол ортада,
Алаң күйді ақ таңдар ағарта ма?..
Үлбіреген бір үміт үлпілдейді,
Әлсіз бір шоқ маздайды қоламтада.
Тойың да көп, таратар көп қой асың,
Пейілге де, тамаққа бек тоясың.
Шүкіршілік айтып ап, тоқ көңілмен:
«Орнында бар оңалар» деп қоясың.
Ауыл да тұр орнында, қауымың да,
Жындысы да туыстың, сауы мұнда.
Таусылмайды бірақ та сары уайым,
Бір дерт сыздап жатқандай бауырыңда…
Сыртым бүтін…
Қияндарды қиялмен берілетіп,
Үмітімді үзілмес серік етіп,
Жалқауланып жұмысқа әрең барам,
Алға басқан қадамым кері кетіп.
Баяғыдай бәс тігер құлшыныс жоқ,
Ұпай іздер ұтыстан ұмтылыс жоқ.
Іркіліс көп ісімде іркіттенген,
Көңілімде күмән мол, күрсініс көп.
Күткен тұсқа деуменен келер кемем,
Мен де ертеңге елімдей елеңдегем.
Кеме тұрмақ қайық жоқ, қалт-құлт тірлік,
О, құдай-ай, неғылған өлермен ем!..
Бедірейіп бетбақтай нән сыздаған,
Алдамшылар бақ құшқан арсыз заман.
Сансыз надан халықты құлша жұмсап,
Отырғандай тағымда қансыз қаған…
Түңілдіріп жұртымның күйі мені,
Елім дейтін ерлерім күйінеді.
Бұқараны мал көрген мыйсыз мұндар
Ел үстінен бишігін үйіреді!
Басымызда түнеріп ауыр бір шақ,
Төмпештеуде төбеден жауын, бұршақ.
Жарлық шашып жаңадан әкім келсе,
Жәутеңдейді жамағат жарымқұрсақ.
Лайламай тұнығын бұлақ жырдың,
Ел ырзығын Құдайдан сұрап жүрмін.
Жұрт күледі қайғысыз, ал мен болсам…
Сыртым бүтін, ішімнен жылап жүрмін!..
Алдамшы…
Түйіле ме тірліктің мұз қабағы,
Жұтқанды да бұ жұртың қызғанады.
Жатып алып үн-түнсіз кей күндері,
Телефон да тіресіп, сызданады!
Селт етпейді келсе де Қыдыр ұлы,
Жығылғанға дайын тұр жұдырығы.
Бір бұл емес дегенмен,
Алаңдатар –
Ағайынның осынша құбылуы!..
Дос, дұшпан да дүңкиер жонын бұрып,
Амандасса суықтау қолыңды ұрып.
Көзіңді ала азуын ақситады,
Кеше ғана жүргендер момын күліп.
Арқа тосар бар ма адам ар-қамшыға,
Жымиғаны достың да жалған, сірә?..
Бүгін көрген қызығың ертең бөлек,
Өмір деген осындай алдамшы ма?!
Ұлылық
Тоққожа Мұқажанұлына
Картиналар тылсым сырлы қоймадай,
Үңілгенде нұрландырар ойды арай.
Кеудедегі көн сауытты бұзады
Қылқаламы қыл шашақты найзадай!
Көзбен емес көру керек көңілмен,
Живописьте жүздесесің өмірмен!
Тұлғаттарда тұлғалармен тілдесіп,
Акварельде сезінесің жеңіл дем…
«Үнсіз әлем» үңілдіріп тереңге,
Мақауға тіл, құлақ сыйлар кереңге.
Боз кенепке тамып түскен секілді,
Мұңлы көзден соңғы сәуле сөнерде.
Тау мүлгиді, тыныштықта тынып қыр,
Сыңсып әуен сызылтқандай сынық гүл.
Ілкі сәтте ұялатар жанға мұң,
Натюрмортта нағыз өмір тұнып тұр.
Бояуынан лекілдетіп сөз демін,
Қылқаламнан сан сырқаттың сезді емін…
Тыным көрмей тылсым сырлы түндерде,
Тұлғаттармен сомдап шықты өз Менін!
Сұр жартасты жарық еткен түнгі Ай-ау…
Әнеу тұста бара жатқан кім жаяу?..
Сиқырымен сезіміңді арбайды
Қоңырқай түс, мақпал әлем, мың бояу.
Өмірағаш жапыраған жайған күн,
Ұлы өнердің кіндігіне байландың.
Ұлы өнермен ұлылардың бейнесін
Кескіндеген кемеңгерге айналдың!!!
Алаң көңіл
Серілікті жүруші ек сертіміз деп,
Суық ызғар соқты ма ерте уілдеп?..
Бірден бірге бара ма күн азайып,
Күннен күнге барады-ау дертің үдеп…
Күннен күнге кемуде салмағың да,
Алаң көңіл атойлар ар жағыңда.
Көзіміздің алдында шөмейдің-ау…
Дерт дейтұғын жем болып жалмауызға.
…Соны ойласам… шығады, құрсын, есім!
Жақындардың қатырды-ау мұң сілесін.
Қалмасаң да қатардан әл-әзірде,
Анда-санда ауыр бір күрсінесің…
Қайтпек керек бір амал білген күнде,
Шыныменен осындай күйге ендің бе?..
Серпіл дер ме ек, шипасын тапқан болсақ,
Дертің меңдеп барады-ау күннен күнге…