Кәдірбек Сегізбаев. МЕРГЕН

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ

Туған әдебиметіміздің ыстығына күйіп, суығына тоңып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы тынымсыз еңбекпен тер төгіп келе жатқан жанкешті бейнет иесі өзіміздің Кәдекеңді, Кәдірбек аға Сегізбаев есімін бүгінде білмейтін алаш баласы кемде-кем десек, қаталаса қоймаспыз. Қаламға адал, не жазса да жанын жеп, жүрек қанымен жазатын жазушының талантты туындысы әрдайым сөз қадырын білетін оқушы көңілінің төрінен орын алатыны белгілі ғой. Біздің Кәд-ағамыз да мыңдардың жүрегін жаулап, сүйіспеншілігіне бөленген сондай бақытты қаламгердің бірі. Кәд-ағаң – журналистика мен көркем прозаны өмір бойы қатар алып келе жатқан «қос қанатты» жазушы, сол кезеңдегі рухани ой-сананың ұйтқысы болған «Лениншіл жас» газетінде ұзақ жыл қызмет атқарды. Шерхан, Оралхан, Ақселеу… сынды біртуар тұлғалармен қатар тұрып, тарих тақтасына Сөз өрнегін қашады. Осы талантты когортаның заман шеңберінде түрлі тақырыпта толғаған есті, ойлы туындылармен кейінгі буын сусындап өсті.
Қамшы салдырмас жүрдек тіл, уақиғаның бас-аяғын шашыратпай жинақы, қызықты баяндау һәм түрлі құбылыстың моральдік-әлеуметтік астарын әдемі юмормен ишаралап жеткізу – міне, бұл Сегізбаев прозасындағы басты сипат. Жазушының мойыны озық ондаған әңгіме-хикаяттарынан осы ерекшелікті аңғару қиын емес. Қалаға кеп үйсіз-күйсіз қаңғыған жаутаңкөз қазақ жастарының аянышты тағдырын шынайы бейнелеген «Біз қалада тұрамыз», тағы басқа да ел өміріндегі ащы проблемаларды арқау еткен «Қойнаудағы ауыл», «Жылдың ең қысқа күндері», «Арасан»… секілді үлкенді-кішілі туындыларының кезінде оқырман ортасында қандай зор резонанс тудырғанына біз куәміз. Сондай-ақ, ел-жер тарихын шабытпен толғаған «Жол», «Беласқан» романдары да жазушының өзін шығармашылық қиын жолда биік бір белге асырып, әдебиетімізге олжа салған мерейлі туындылар болды.
Шабысынан жаңылмай шабыты шалқып-төгілген Кәд-ағаң жақында ғана «Мерген» деп аталатын жаңа шығармасына нүкте қойған екен. Жарты ғасырлық уақиғалар ауқымын қамтитын кең құлашты тарихи романның алғашқы тарауларын көрнекті жазушының мерейлі 80 жасына орай, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Редакция

МЕРГЕН
(Роман)

1916 ЖЫЛ. ҚАҺАРЛЫ МИЗАМ

Биыл жер аяғы құрттаған көктем келіп, Сауыр елі жазға ерте қамданды. Бұрындары мамырдың соңғы күндеріне дейін таудың биік шың-құздары аппақ сәлделерін шешпей жатып алатын, бір-екі күн сол ақ сәлденің әр тұсын тесіп, жартастар қарайып көріне бастаса, алдымен Мұзтау мен Сәменнің адам аяғы баспас биігіне әлдеқайдан ауып келіп, қонақтай кететін сұрғылт бұлт қайтсем де көктемді кешеуілдетейін дегендей ақ ұлпасын шашып, бүкіл тау сілемін қыс кейпіне қайтадан келтіріп кететін. Тозығы жеткендей ақ сәлденің біраз бөлігі көгере бастаған көктеулікте отырған Лепестің ауылдары да бау-шуларын тез жинап, жайлауға қарай дүрк көтерілуге даярлана бастаған. Бұл кезде кенже туған бірлі-жарым қозы-лақ болмаса төл әбден ширап, аяқтанып қалған. Ал жарықтық жылқы баласы жарық дүниені көрген сәттен-ақ пысық келеді. Жаздың алғашқы айының жуан ортасына дейін күркіреп-сарқырауды білмей ең алдымен әр тұсынан опырылып түсіп, күн санап мүжіліп бітер Үйдененің мұзы азайып, өзені де ерте ояныпты. Жуырда ғана опырылған қалың мұз астынан сылдыр-сылдыр, шүлдір-шүлдір сөйлейтін көз жасындай мөлдір, бірақ ағысы қатты тау өзенінің түсі қарасұрлана бұзылып, тегеуіріні артыпты. Оның қазіргі үні сылдыр-сылдыр, шүлдір-шүлдір дейтіндей тым момақан емес, ендігі үнін салдыр-гүлдір, арсы-күрсі деуге келетіндей, опырылған ойықтардан қарақошқыл ағыстар мұз астына сыймай бұрқ-сарқ қайнап шығып, мұз үстімен қызыл су болып жөңкіледі. Түйені жүгімен ағызардай қаһарлы емес, алапат тасқынның жүріп өтер уақытының жақын қалғанының ескертпесі ғана бұл бұлқыныс. Демек, жайлаудың төменіректегі ашық тұс, алаңқай жұрттары мен жайылымдықтардың қары сетінеп, көктің күн көзін қызықтап, қаулай бастағанының белгісі. Ұлы тасқын қолат-қойнауға тығылып, биік құздарға өрмелеген қар-мұздықтар жаппай еритін кезі бір, бір жарым аптадан кейін басталмақ. Табиғаттың осындай құпия сырларын көпті көрген қарттарды қойғанда, ауылдың сарыауыз жеткіншектері де біліп алған. Иә, мұның бәрі де жыл он екі айдың ішіндегі жұмақтың төріндей көрінер жайлауға қарай ұбақ-шұбақ көш керуендерін түзейтін мал баққан жұрт үшін аса бір шаттықты, қызығы мол уақыт болатын. Бұл елдің салты бойынша, әсіресе, көктеуліктен жайлауға ірге көтерерде әр қыстаудағы жұрт бір-бірімен хабарласып, бәрі де бір күні, бір мезгілде өз қыстауларынан көшіп, тауға өрлер жолдың алқымында түйісетін де, өрге қарай барлық көш салтанатымен керуен болып аттанатын.
Алдымен Тұрғанбай бидің Сарышоқының етегіндегі Майтепсеңде отырған он екі қанат ақ ордасының түңлігі сыпырылып, жүк артатын түйелер шөгерілген. Қам-қарекеттерін қалт жібермей бақылап отырған Меркіттің Лепесінің қыстауларына жақын әр көктеулікте отырған басқа ауылдары да күткен бұйрықтарын алғандай үйлерін жыға бастаған. Меркі ауылының (қазіргі Жаңатұрмыс) жоғарғы жағындағы Қоқай сайында отырған Әлібай ауылы да айтылған уақытта үлкен көш жолына жеткен болатын. Жайлауға шығу, жайлаудан түсу, күзем алу, қыстауға көшу – бәрі де баққан төрт түлігінің жай-жапсарына орайластырылып, ғасырлар бойы әбден қалыптасқан, қанға сіңісті қасиет болса, ауыл ағасы мен ақсақалдарынан бұрын қарекет қылмау да дәл сондай қасиет болатын. Мұның түпкі мән-маңызы: «Үлкеннің алдын кесіп өтпеу», «Ел ағалары шешетін іске басқалардан бұрын килікпеу» сияқты кісілікті қасиеттер атты жазылмаған ережемен тұжырымдалған дәстүр болатын. Күн қырқадан көрінген кезде ауылдардың көш керуендері бір-бірімен келісіп алғандай ұбақ-шұбақ болып, бір мезгілде жайлау жолына бет алды.
Барларын киіп жасанған бай ауылдардың қыз-келіншектері қызылды-жасылды елестей болып, тізбектеле шұбырған жүк артқан түйелердің айналасын ерекше бір салтанатқа бөлеп еді. Оған көш алдында ат үстінде топтаса әңгіме-дүкеннің көрігін қыздырып бара жатқан ақсақалдар, көш бастап, жүктердің аумауына, керуеннің бірқалыпты ырғағына жауапты әлекедей жаланған жас жігіттердің қыз-келіншектерге әзіл тастап, бәрінің қ­ысыла ду-ду күлгендерін естіп келе жатса да «Е, жастық шақтың мәз-мәйрам күлкісі бізге қайдан жарассын? Бұл да өтті, кетті дәурен екен ғой» дегендей кимешектері қарқарадай бәйбішелер көштің бір қапталында оңаша келеді.
Көштің жолын шаңдатпау үшін шұрқыраған қалың жылқы қосындары мен түйе келелері жайлау жолына бірер күн бұрын түссе, қой-ешкі отарлары мен аздаған сиыр малы үш-төрт күн бұрын қара қостарын алған салт малшыларымен бірге ерте қозғалып, қазірде әрқайсысы өз жұрттарына жетіп, шөптің басын кекілдеп жеп, жайлау қызығына қанып жатқан. Жолда бір күн ғана ерулеп, көліктердің аяғын суытып, екінші күні олар хан жайлауға бет түзеген кезде ғана көктеуліктегі басқа ауылдар да үйлерін жыға бастаған. Бұл да қалыптасқан дәстүр. Бұл дәстүрдің ең бір тәуір жері жайлауға алдымен барып, кереге керген би-болыс пен қажының ауылына жол береді, кейіндеп келгендер үшін оларға бұрын келгендер ерулік береді. Жайлауға шыққанда да, жайлаудан түскенде де көш жолының бойындағы шалғын болып жайқалар шөп басын төрт түлігіне алдымен шалдырғаны үшін, түкті кілемдей құлпырып, түрлі түсті гүлдері жайқалған көгіне жұрттарға алғашқы болып үй тігіп, адамдардың жыл құсындай жаз шыға келерін асыға күтіп жатар табиғат сұлулығымен қауышқандары үшін немесе жайлаудан түскенде де етектегі бетегесі киіздей болып бітік өсер күзеуліктің де өзіне ғана тән тұнып тұрған әсемдігін тағы да алғашқы болып тамашалағандары үшін сыйлы ауылдардың қарашаларына жасаған қайырымдылық алғауы іспетті. «Біз неге ең алдымен көшіп, қарашаларға ерулік беруге даярланып отыруымыз керек?» деп болыс пен қажы ауылынан бір кісісі сауал қоймайды, болмаса «Біз неге олардан кейін араға бірер күн салып көшуге міндеттіміз?» деп, қарашаның бір кісісі таңданыс білдірмейді. Бұл да әбден қалыптасып, тек осылай болуы қажет дейтін бұлжымас қағидаға айналған дәстүр.
Биыл да Лепестердің ауылының алды осынау тәртіптері мен Сауырдың Мұзтауының айнадай жарқырап, «Менен биік, менен айбарлы қайсың барсың?» дегендей қысы-жазы аспан кіндігін түртіп, ұшар басы көрініп тұратын атамекен жайлауларына жетіп, кереге керген. Бұл нағыз көк шалғыны жапырылса да таусылып бермес күреңсесі тебіндеп шығар кез. Тау биігінің етегі Ирек, Тастығараның шалғынды шөбіне жарты айдан астам үй тігілген соң малдың арыны басылатын. Содан кейін ғана ауыл әбден пісіп, бас жарып тұрған күреңселі биікке Таз жайлауына қарай өрлейтін. Оған дейін ерулік-қарулық, қымызмұрындық сияқты жасалмай қоймайтын жайлаудың шартты қызықтарын ықшамдап, тұсаукесер, бесік той, сүндет той, тіпті құда түсіп, күйеу келтіру, қыз ұзатып, келін түсіру сияқты жұрттың көбіне ел жиын отырар жайлау үстінде өткізуге тырысатын той-томалақтары басталып, жаз қызығы үздіксіз жалғасып жатар. «Байы да – бай, кедейі де – бай» дейтін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бір заман дерліктей.
Мал аяғы баспайтын ауашалау жасаңға сарыала үзігімен, туырлық сыртынан сән үшін ғана түзілген қызылды-жасылды шымшилерімен көз көрім жерден көрінетін осы елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына бекем ұстаған биі Тұрғанбайдың он екі қанат ордасы дөң басынан дөңкиіп мен мұндалайды. Сән-салтанаты дәл сондай болмағанмен өздерінше жарасымды тігілген төрт-бес шағын-шағын ақ отаулар орданы ортаға ала тігіліпті. Ол үйлер, шамасы үйленген ұлдары мен інілерінің отаулары, болмаса қызметшілерінің үйлері болса керек. Олардан көп ұзамай, дауыс жетер жерде он шақты ақ орда қатар-қатар сап түзепті. Бұлар да осы елдің сыйлы, игі жақсыларының үйлері еді. Бірнеше белегірдің арғы жағынан жасыл қонысын қоңырқай жұрт қып үлгірген ұсақ мал түнейтін орындар. Олар өздеріне тиесілі жайылымдықтары ауқымында қоныс ауыстырып жүрсе де, байлар мен билердің қатар сап түзеген ауылдарына жақындамайды. Олардың төңірегіне жақындау жүретіндер қымызшылар мен сауын биелердің үйірлері ғана. Қымызшылар ауылы мекендеген қыраттың үстіндегі биебау, керілген желілерге байланған құлындар, шелектерін көтеріп, қымыз ашытатын қараша үйге кіріп-шығып жүрген әйелдер көрінеді. Кезекті сауым уақыты тақаған болса керек, бір үйірдей биелерді желі басына айдап келе жатқан жігіттің құраулаған үні кешкі тыныштықты бұзғандай. Бірер бала тай үйретсе, оны қызықтаған бес-алтауы соның төңірегінде жүр. Орданың айналасында да әрлі-бері жүрген әйелдер, қыз-келіншектер көрінеді, ал ауылдың желке тұсындағы биікке төселген сырмақтардың үстіндегі он шақты ауыл ақсақалы әңгіме-дүкеннің отын маздатып отырғандай. Ақсақалдардың Меркіттің Лепес руының биі Тұрғанбай, оның інісі Мұқаш, 21-ауылдың биі Кәдірбай, Бәтішке руының ақсақалы Сақари, Өндігер руының бетке ұстар беделі Қазақбай қажы, тағы да бұлардан басқа бес-алты ақсақал-қарасақалдардың бұлайша дөң басына жинала қалулары жай ғана қысыр әңгіме-дүкен емес, өріс жайы, қоныс жайы сияқты кезекті бір келелі мәслихатқа ұқсайды.
Жайлау үстіндегі жұрттың осынау тіршілігі сырт көзге соншалықты мамыражай, соншалықты жұмақ өмірдей көрінетіні анық. «Ертеңгі күнім не болады? Не ішіп, не кием? Бала-шағамды қалай асыраймын? Қолайыма келер қандай шаруамен айналысамын?» дейтін бір адам бұл отырғандардың ішінен табылмас сірә. Жылқышы жылқысын бағады, қойшы қойын құрттап, айранын ұрттап жүре берер. Адақтап міндет қып жүктеп қойылмаса да әркімнің өз шаруасы бар. «Аштан өлдім, көштен қалдым» дейтін немесе «Мен мұндай шаруамен айналыса алмайды екенмін» дейтін біреуі болсашы. Малшысы да, жалшысы да, байы да, кедейі де бір атаның ұрпақтары, бір қаннан жаралған жандар. Содан да «еңбегім еш болды» дейтін жан табылмас еді. Дәл сол кезде нағыз Лепес руының адамдары ғана емес, жайлаулары да, қыстаулары да жетерлік, өздерінің көңіліндей кең сақарасы бәріне де пана бола білген, мыңғырған малын баққан, оған қоса жанын баққан қазақтың әр баласы Жердің Күнді айналатынын, бар тіршілік атаулыға пана болап тұрған сол Жердің шетсіз-шексіз жазықтық емес шар тәрізді домалақ дүние екенін білмесе де, осы өмір, осы тіршіліктерімен-ақ бақытты еді. Тіпті бес-алтауының біреуі өзі есімін жаза алмаса да, ақ қағаз бетіне таңбаланған сыңар сөзді оқи алмаса да бәрібір бақытты еді. «Бақыт дегеніміз – атар таңды уайымсыз қарсы алу, бақыт дегеніміз – бала-шағаңның кірбіңсіз қабақпен күн кешуі». Бұрынғылар білмесе солай демес еді. Сол бақытты өмір шіркін бүлінер болса, аспаннан зауал жаумай-ақ, жер астынан жік немесе Мәді шықпай-ақ шарайнаға тас кесегі тигендей күл-талқан болуы оңай екен. Бір отбасын иектеген бақытсыздық емес, бүкіл ауыл басына төнген қатер болса да әйтеуір, «ел аман болсын» дер едің. Бақытсыздықтың бүкіл елді тұмшалаған зіл батпан қара бұлты Айдың-Күннің аманында келіп бұл елді де басқан еді…

* * *

Жалғыз салт аттыны алдымен Мұқаш көрген. Ауылдың оңтүстік жағындағы Үйдененің сай саладан су жияр арнасы Күркелі шатқалынан өтіп одан бергі Көктекше арқылы Сәмен биігін кенерелей жүріп келе жатқан жолаушының қиын да қиялы жолды таңдауы аса бір маңызды шаруасы барын байқатқандай. Күркелінің арғы бетінде жатқан Сауырдың малға да, жанға да жайлы жатағандау жоталарын, терең құзды емес сай-саласын Найманның Төртуылдары, сонан соң азды-көпті қожа-төрелер жайлайтын. Әлде суыт жүрістен терлегеннен, әлде түрі-түсі солай жаралған жануар ма, әйтеуір жолаушының көлігі баранданып көрінген. Төре ауылынан төтенше хабар-ошар әкеле жатқан шабарман болар ма дегендей, дөң үстінде отырған мәжілісшілер бір сәтке әңгімелерін доғарып, назарларын жолаушыға қарай аударған.
– Ой, мынау өзіміздің Әлібай ғой. Әне, иығында шошайған мылтығы да көрінді, – деген Мұқаш. – Мен асқа не тойға шақырып келе жатқан біреу ме десем, аңға шықпаса асы бойына сіңбейтін өзіміздің Әлекең баяғы.
Жолаушының бар болғаны өздерінің Әлібай мер­гендері болғанына Мұқаштың көпе-көрнеу көңілі ортайып қалғандай. Осынау Сауыр-Сайқанның жықпыл-жықпыл сай-саласы мен қолат-қойнауынан өріп жайылатын жұрт «Қарымбайдың малы» атап кеткен аң-құсы – арқар-бұғысы, елік-қарақұйрығы, кекілік-құры, ұлар-шілі – не керек, бәрі-бәрі де Әлібайдың түзге еркін жайылуға жіберген «малы» әрі жанын жадыратар ермегі болатын. Жалғыз ат, жалғыз мылтықтан басқа байлығы жоқ мергеннің де жұртта көп жұмысы жоқ, жұрттың да онда шаруасы аз болғандықтан, саяқтау жүретін кездері көп. Содан да болар, топтасып отырған жұртқа, әсіресе ауыл ағалары маңызды әңгіме үстінде отырған кезде «бұлар не айтып отыр екен, біле кетейінші» дейтіндей сөзуар жандардың қатарына да жатпайтын. Астындағы Керқұласы баран тартып, қара терге малшынғаны ол отырғандарға жақындаған кезде анық көрінген.
– Оу, мына шіркіннің жүрісі суыт қой. Тыныштық болғай да, – деді Сақари жолаушыға еңсеріле бұрылып.
– Қанжығасы да бос сияқты, – деген Мұстақи да. – Олжасыз оралмаушы еді.
– Олжасын біреуге байлаған болар…
Сөйткенше, өзі де отырғандарға жақын келіп, атынан түскен. Өне-бойы тұтастай түтіндеп, ақ көбігі шығып терлеген Керқұла да «ақыры жеттік-ау» дегендей иесі арқасын босатқан кезде ауыр бір ышқына дем алған. Ол демалысы жануардың күрсінісіндей болып естілді.
– Оу, жігітім, жүрісің суыт қой, тыныштық па?! – деп, ақсақалдардың бірі оның бетіне сұраулы жүзбен қараған.
Әлібай оң қолын кеудесіне қойып, отырғандарға дауыстап сәлем берді де, атының шылбырын бір қолымен ұстаған күйі тізерлеп отыра кетті.
– Биаға, – деді ол Тұрғанбайға қарап. – Биаға, әңгімелеріңізді үзіп, көңіл­деріңізді бұзайын деген ниетім жоқ. Айтпасам, болмайтын, бүгін айтпағанмен, ертең естілетін жайсыз хабармен келіп тұрмын. Бүгін етекке жақын Күркелінің арғы бетіне бармасам етті, барған екенмін, керең болғыр, құлағым осы бір сөзді естімесе етті…
– Не болды, сонша күңіреніп?! Төртуылды жау шапқаннан сау ма өзі? Айтпайсың ба, бәрімізді сөзбуаз қылмай. – Тұрғанбай бұған түксие қарап, қонышынан серке мүйіз шақшасын суырған.
– Төртуыл да, оған жапсарлас жатқан Жәдік те аман. Бірақ ел ішінің ала тайдай бүлініп, бір күнде шиыршық атып, алаңдауларына қарағанда, бұл осы төңіректегі Керей, Найман ауылдарына келген кесел емес, бүкіл қазақтың басына түскен зұлмат сияқты. Биаға, басқа да ағалар мен аталар, сөздің тоқетері – ақ патшадан бұл қалың қазақтың көсегесін көгертпеуді көздеген жаңа мизам келіпті. Соғыс жүріп жатқан орыс жерлерінде оқтан пана болатын ор қазу сияқты қара жұмысқа біз сияқты бұратана халықтың 19 бен 43 жастың арасындағы өндірлерін тұмсықтарынан тізіп, алып кетпекші.
– Астафиралла, төбеден төнген қос басты жыртқыш самұрық бұл қазақты жемсауына толайым жұтып болғанша тыншымас деп едім. Айтқаным айдай келді-ау, ақыры. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы. Ең момын жануар қой екеш қой да қылша мойнына пышақ таянғанда тұяғын бір серпіп қалар еді. От қаруынан от бүркіп, тұқымыңды тұздай құртар аузы түкті, тірегі мықты сасыр бас сарыларыңа қарап тұяқ серпе алармысың? – Тұрғанбай астыңғы ернін бұлтитып тұрған насыбайын сұқ саусағымен алып, ту сыртына серпе лақтырды. Жаңа естіген жайсыз хабарды сол бір шөкім насыбайымен бірге лақтырып тастағандай құшырланды. – Біз жазған басымыз қосыла қалса, төрт түлігіміздің өрісі мен малмен бірге көшіп жүрер өзіміздің қонысымызды қоңырлатып әңгімелеуден аспас едік. Енді мал қамы емес, жан қамын ойлайтын, ертеңгі еліңнің тірегі болар деген тамам жастарыңды көгендеген тоқтыдай ғып алдына салып берсең ендігі күнің не болар, ағайын?! Әлібай інім, табаныңа тас батқандай бүгежектеуіңнен қорқып едім, не ақыл айтарымды білмей абдырап отырмын…
– Биаға, көппен көрген ұлы той. Сонау Алтайдан бермен Ертістің қос ернеуін еміп жатқан, батысында Қалба мен Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ, Тарбағатай, Сауырдың қолат-қойнауына сыймай отырған қалың Найман, Керей баласы қарап жатпас. Бір амалын ел болып қарастырар. Аңысын күтелік, – деді орта жас­тан асып қалса да денесін тік ұстап, ширақ қозғалатын Сақари Тұрғанбайдың жүзіне тура қарап.
– Балаларды бергенше қолында құрбан болып, шалынсақ болар! – деген Кәдірбайдың сөзіне жанында отырған Оқбай өз ойын білдірді:
– Ол шіркіндердің «Бұл қазақтар обалды болып текке өлетін болды-ау» деп, жаны ашыр деймісің? Қайта көзімізді молынан құртып, түгін тартсаң майы шығар, түбін қазсаң қазынасы шығар жерімізге бас ие болып қалу болар осылардың түпкі арманы. Ор қазамыз деп жүріп, көбінің бастары сол орларда қалар жастардан жанымыз артық емес, жастығымызды ала жатсақ та атқа қону керек.
Тұрғанбай қолын көтерді. Дуылдап бара жатқан жұрт тына қалған. Ол ойын жинақтайын дегендей кең шапанның жан қалтасынан тағы да шақшасын суырды. Асықпай қимылдап, көк бұйра насыбайды алақанына молдап салып атты.
– Ағайын, – деді ол Сауырға келіп басын сүйеп жатқандай көрінер төменіректегі Маңырақтың быдырықты жоталарының біріне қонақтаған Күннің алтындай жарқыраған табағына шаншыла қарады. – Ағайын, мен білсем, бұл бір ғана Меркіттің, оның бір ғана Лепесінің, тіпті Керейдің басына төнген зұлмат емес, жалпақ қазақ баласының басына төнген қасірет. Және ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен еңсеремін деп атқа тақым басар жеңіл-желпі майдан емес бұл.
Жастар жағы бөлініп-бөлініп, ойға түсіп, қалың ел шетін шолып қайтсын. Не көрсек те көппен бірге көрерміз. Бүгінгі байлам – осы. Бүгін-ертең қатын-баланы шулатып, ел шетіне жау тиді деп дүрліктірудің қажеті болмас, дегенмен мініс аттарыңды белдеуден, мал біткенді белегірден алыстатпай жинақы жүріңдер.
Сөз осымен тәмамдалып, ақсақалдар қай ауылға кімдерді аттандыруды ақылдасып жатты. Дүкімнің балалары Ағат пен Сағат та осы жиынға қатыспаса да Әлібайдың дөң басында отырғандарға тым суыт келгенін көріп, «Әй, бұл тым тегін жүріс емес-ау. Әлібайдың үлкендер отырған жерге атын кеуделетіп келетін жаман әдеті болмаушы еді, барып білейікші» десіп, үйлерінен шығып, отырғандардың жанына келген. Әңгіменің шет жағасын естіген соң Сағат орындарынан тұрып жатқан ақсақалдарға былай деген:
– Биаға, біз де бір тосын жаңалықты бүгін естіп едік. Біздің айтпағымыз да ақ патшаның осынау жар­лығымен үндесіп жатқан сияқты. Рұқсат десеңіз, айтайын… – Би орнынан тұрған бойы жас жігітке «сөйле» дегендей ишара жасаған. Сағат та даяр тұр екен. Бөгелген жоқ. – Биаға, ініміз Жанат та Шымқора жақтағы жездеміздің үйіне соққан екен. Абдолла жездеміз айтыпты. Оның сол жерде қарашекпендердің қатарында келгенмен, біздің тілімізді үйреніп, қазақтармен емін-еркін араласып кеткен қазағуар Мекенай деген тамыры бар екен. Сол Мекенай сыр ғып айтыпты. Ертіс бойы мен Алтай-Сауырды сағалап, ауыл-ауыл болып отырған орыстардың отбасыларына оқ-дәрісімен бір-бір мылтықтан ішкертіннен арнайы жіберіп таратыпты. Оны ұйымдастырып, таратып жүрген орыстардың ауылын басқаратын арнайы ұйымның «ушәске бастықтары» дегендер болса керек. От қару ұстап, аңғы шықсын деп отыр дейсіңдер ме? Осы сендерге қарсы жасап жатқан бір зымиян әрекеті болмасын. Бізге әзірге айтқандары «қазақтардан қорғану үшін» дейтін көрінеді. Сондықтан азаматтарыңа айта бар. «Алымды азайтсын, шұрайлы қонысымызды қайтарсын», деп ойланбай бас көтеріп жүрмеңдер. Әскерін былай қойғанда, біздің жұрттың мылтық ұстаған әскері емес, біраз әумесерлері де сылтауы табылса сендерді ойланбай қырып береді. Аңдап басып, абайлап жүріңдер» деп сәлем жолдапты Мекенай тамыры.
– Иә, жатақтарға жан бітіп, ауыл арасына иығына шошайтып мылтық асынғандар көбейіп кетіпті дегенді менің де құлағым шалып еді. Осының бәрі де өтті-кетті дейтін желсөз болмады, – деп, Кәдірбай ақсақал да торыға сөйлеген.

* * *

Иә, бұл кезде сонау Ертіс жағалауы ғана емес, бүтін қазақ даласына жүз мыңдаған жандардың басын жұтып, тағы да талай жүз мыңдаған, бәлкім миллиондаған жандарды құрбан етудің, болмаса ата-бабалары ғасырлар бойы күл төгіп, қамсыз-мұңсыз күн кешкен туған топырағынан безініп, жат жұрттың телменіне айналдырған қилы заманның басы ғана екенінен Сауырдың биігін жайлап жатқан Лепестің аз жұрты мүлде бейхабар еді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа даярлықсыз кірісіп кеткен Ресей өздері «бұратана» деп атайтын, негізінен Азияның жуан ортасын алып жатқан бодан жұрттарын айтпағанда, өзінің орыстарын да «өлместің күніне» жеткізген еді. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кебін киіп, мемлекеттің жыртығын жамау үшін алым-салықты еселей түскен. Шаңырақ алымы дегені 4 сомнан 8 сомға бірден секірсе, басқа да азық-түлік, жер салығы дегендерді ойлап таба берді. Бұған дейін де елдің екі тізгін, бір шылбырын қолыма нық ұстап отырмын деген қазақтың би-болыстары мен мыңғырған мыңдарды айдап, «маған тиісуге кімнің батылы барар» деп жүрген байшыкештердің өздерін құйқалы қоныс, суатты өрістерінен түре қуып, атақоныстарын келімсектерге зорлықпен алып берген соң ақ патшаға олардың да қандары қарайып жүрген. «Ойбай, өртеп кетті», «шауып кетті» сияқты тосын әрекеттер де бұл өлкеде жиі көріне бастаған. Тіпті ақ бауыр сойыл, бұжыр бас шоқпармен-ақ өкімет адамы саналатын әскерилер мен милицияның отты қаруына қарсы шыққандар әр тұстан көрініп қалып жатқан. Ақ патша билігі сыртқы жаулармен жан алысып, жан берісіп арпалысып жат­қанда ірге-жаудай көрінген бодан жұрттар да аяқтан шалып, «аю-елдің» жынына тиіп болған еді. Содан да болар, жергілікті билікті қорғап, қарауылдайтын азын-аулақ милиционерлер мен әр бекетті күзеткен әскери шегарашылардың бас көтергендерге шамасы келмей жатса деп әскери министрлік қамсыздық шарасын алдын да қарастырған.
1916 жылғы округ әскери командасының бұйрығы бойынша, Семей облысындағы кенттердің орыс тұрғындарына оқ-дәрілерімен алты мың дана винтовка таратылған болатын. Бұл да әскери министрліктің бұйрығымен қазақ жерінің барлық облыстарына таратылған қару-жарақтың бір бөлігі ғана еді. Николайдың Жанаттың жездесіне құпиялап айтқан сырының түп тамырының қайда жатқанын жайлауда отырған жұрт қайдан білсін.
Етектерін қағып, орындарынан тұрған ауыл ақса­қалдары да бұрынғыдай қауқылдаспай, көңілсіз тарасқан. Өздері отырған дөңнен сәл төмендеу белегір үстіндегі көгалдағы ауылдарына қарай екіден-үштен бара жатқан­дардың бәрінің де айтар сөздері бүгінгі ашық күнде тұтқиылдан келіп соғар қара дауылдай болып тиген патша жарлығы туралы еді. Тек қана бұл сұмдық хабардан мүлде бейхабар жатқан ауылдағы адамдар күндегідей бейбіт тірлік қамында. Сауын биелерді желі басына қарай айдаған жігіттердің құрайттаған үндері ауыл сыртындағы тай үйретіп, дуылдаған балалардың шуылы, отау үйлердің біріне кіріп, бірінен шығып жүрген қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектердің жарасымды жүрістері, орда іргесіне жайылған сырмақтардың үстінде әңгіме соғып отырған күндіктері қара­қарадай бәйбішелер – апыр-ай, бәрі-бәрі де өздерінің ең соңғы бақытты, атам заманнан бері өзгерместей, бұлжымастай болып әбден қалыптасқан рақаты мол жайлаудың соңғы жазын өткізіп жатқанын, азабы мен тозағы мол жазған жұрт қайдан білсін?!
Ауыл ақсақалдары ұзағаннан кейін суыт жүріп келген соң, таң асыру үшін қаңтарып қойған Керқұласын жетекке алған Әлібай Сағатқа иек қағып, өзіне қарай шақырған.
– Сағат, бауырым-ау, шынымен айналамызды албастыдай басып жатқан көп орысқа мылтық таратса, қазақ сорлыны отқа қақтап, шыжғырып жеуге бекінген шығар бұлар. Өзі әлгі Мекенай айтыпты деген шын сөз бе, әлдекімнің айтаққа аттан қосып, дуылдатып жүрген желбуаз сөзі ме? Олардың ішінен де қазаққа іш тартатын жанашыр пенде шығады дегенге сене алмай тұрмын-ау.
– Е, олар да Құдайдың жаратқан жұмыр басты пендесі емес пе? – деген Сағат та өзі жеткізген хабардың шындығын дәлелдей түсейін дегендей. – Қай халық болса да оларды да Алла ала-құла ғып, адамын да, жаманын да, адалын да, харамын да араластырып жаратпай ма?! Онсыз өмірдің қызығы бола ма? Естуімше, Мекенай да «мен – орыс, сен – қазақ» деп бөлуді білмейтін, достыққа адал, көршілікке сенімді жан білем ғой. Жездеміз Абдолла тамыры Меканай туралы аузының суы құрып, мақтап отырғанын өзім де талай естіп едім.
– Жә, сонымен тегін таратқан мылтық Мекенайыңа да беріліп пе? Егер берілген болса, бұл сөздің шындығына сенуге болады, – деген Әлібай да осынау хабардың шын-өтірігіне біржолата көз жеткізіп алайын дегендей.
– Берілгенді қойып, жездемізді үйіне түнде апарып, жүгінің артына тығып қойған су жаңа «бентопка» дейтін мылтығын көрсетіпті. Бір атқанда түтін үзбей төрт-бес оқ шығарады дейді.
– Ондай болса, бұл – ақиқат хабар болды. – Әлібай әлдене ойына түскендей сәл кідіріп, Сағаттың бетіне қараған. – Мекенайларың ақ патшадан келген құпия пәрменді сақтамай жездеңе бар сырды жайып салуының сыры неде сонда?
– Қара шекпендер бұдан пәлен жыл бұрын ішкертіннен азып-тозып, аш-жалаңаш келгенін білем ғой. Бес-алты отбасы жүктері мен азық-түліктерін, балаларын бір арбаға тиеп, өздері жаяу-жалпы жеткен көрінеді. «Пәлен деген жерге барып тұрасыңдар» деген бұйрық және барар жерлерінің бағыт-бағдары сызылған қағаздары да болса керек қой. Соған қарағанда, Мекенайдың әкелері «Шымқора деген осы ма?» деп, бөгенайын дөп басып-ақ келіпті. Бәріміз де алыстан арып-ашып келген жан иесіне, мейлі ол кәпір болмақ түгілі, одан зорғысы болса да ақ-адал асы мен ақ жүрегін ала жүгіретін жұрт емеспіз бе. Жездеміздің әкесі Меканайдың әке-шешесіне бір сауын сиырын, өсіріп мал қылу үшін үш-төрт тұяқ ұсақ жандығын да берген дейді. Ондай жақсылықты қалай ұмытсын, орталарында жүрген ауыс-түйісті есепке алмайтын адал дос­тар, сенімді тамырлар болыпты әкелері. Қазақ арасында қазақ болып ойнап, қазақша ойлап өскен Мекенай мен Абдолла жездеміз де әкелерінің жолын қуып, адал достарға айналса керек… Қалай, күмәнің енді сейілді ме? – деген Сағат та.
Би: «Елді дүрліктірмеңдер» деп қанша шегелеп айтса да жайлау үстіндегі жұрт бұршақ астында қалған ешкі отарындай бір түнде-ақ үрпиісіп, бұрынғы сән-салтанатынан, жастардың алтыбақан құрып, тау аңғарын жарасымды күлкіге, әуелеген әніне толтыратын қызығынан жаңылып қалғандай. Түн жамылып келіп жатқан, кетіп жатқан салт атты, сабау қамшылы жүргіншілер көбейген. Қандай кеселге, қандай зоба­лаңға ұшырағандарын әлі нақтап біле алмаған, алайда отағасылары мен ержеткен азаматтарының қатулы қабақтарына қарап-ақ, ауыл арасының әжік-күжік әңгімесі емес, қарайған халыққа аяқ астынан төнген нәубет екенін сезген әйелдер қауымы да кеселді сауалдың жауабын таба алмаған. Алайда, «Мәселе былай болыпты, соған орай азаматтарды үрей билеп, ала шапқын болып жүр» деп ешкім де ашып-жарып, әңгіменің түйінін тарқата алмаған.
Көпшілікті сөзбуаз қылған мәселенің мәні келесі күні сиыр түс кезінде белгілі болған. Алдымен болыстың шабарманы жеткен. Ат жетер ауылдың ақсақалдары мен азаматтары ертеңгі сағат екілерде, яғни түс ауа Зайсан қаласындағы ояз кеңсесінің алдына жиналуы керек екен. Үйездің орысы бар, қазағы бар өңшең қаратаяқтар мәслихат өткізбек. Оған қатыспағандар зәкөн алдында жаза тартады. Демек, зәкөн қатты, жан тәттінің күні туды деген сөз.
Оған дейін де етек жақтағы елге шығып, хабар әкелуге кеткен жігіттердің алды орала бастаған. Дәтке қуат етердей әңгіме айтып келген біреуі жоқ. Айтыстары жаман. Ел ішін үрей билеген. Сары ала киімді, бес қаруы бойында жүрген әскер, милиционерлерін ерткен ішкертіннен келген өңшең шенді-шекпенділер үйез кеңсесінің үйіне әр болыстың басшы-қосшыларын жинап, мәжіліс-жиын өткізіп жатса керек. Айналасы бірер аптаның мезіретінде майданның қара жұмысына аттанатын барша жастардың «спесегін» әзірлеу қажеттігі жөнінде пәрмен беріпті. «Бұл бұйрықтан жалтарып, қарсылық көрсетіп, болмаса басқа елге бас сауғалап кетуге ойы кеткендер болса, аяушылық болмайды. Соттап әуре болмайды. Босқа қырғынға ұшырайды. Бүкіл ел болып жан алып, жан беріп дегендей Ғарасат майданын жүргізіп жатқан кезде ақ патшаның қанатының астында қамқорлық көріп жүрген қазақ-қырғыз жұрты да біртұтас Ресейдің өз халқы саналады. Сондықтан, бұра тартып, бұйрыққа адам бермейміз дейтіндер, жан сауғалап, көрші елдердің шегараларынан асамын дейтіндер болса, соғыс жағдайындағы қатаң тәртіппен жазаланады. Онан да қара жұмысқа адамдарыңды риза-хош деп, шын көңілден аттандырып, ел көріп, жер көріп, оның үстіне еліне аз да болса қолғабысын тигізіп, есен-сау туған жерлеріне оралсын. Сіздерден ақ патша осындай кісілікті, ақылды шешімді, түсіністікті күтеді».
Елдегі болыс-билерді, ел ағалары саналатын біраз ақсақал, қарасақалдарды ояз кеңсесіне жинап алып, екі-үш күн сайын өткізген жиналыстың мәні осы еді. «Риза-хош болып барып, риза-хош болып қайтып келсін» деп мәймөңкелеткенмен, «бала бермеймін деп қасарыссаң да, шегара асып, жалтарамын десең де қанды шеңгелімнен құтылмайсың» деген күштінің дүмін де жасырып тұрған жоқ еді.
Зайсан оязы Кубицкийдің кеңсесінің алдында өткен бірінші күнгі жиналыста халық қарақұрым жиналған. Сап-сары ала киімді, алтын зерлі пагонды, бес қаруын асынған үйез бастығы жұрт «Серке Күпін» атандырып алған Сергей Кубицкий домаланып келіп, мінбеге шыққанда жұрт құлаққа ұрған танадай жым-жырт бола қалды.
Төңірегінде найзалы мылтық, қылыш, тапаншаларын асынған қорғаушы әскері, әкімшілік-полицейлері ояздың бір басының амандығын қорғап тұрса да ол мынау қара-құрым болып жиналған жұрттан үрейленді ме, әлде маусымның шақырая төбеден төнген Күні ысып кетті ме, салбыраған әукесі, табақтай дөңгеленген бет-жүзі пештен жаңа шығарылған бөлкедей қып-қызыл болып көрінеді. Кителінің жоғарғы түйелерін ағытып, фуражкасын шешіп, көлкемедей орамалымен басын тұтасқан бітеу мойнымен қосып, қанша сүртінсе де сырт көзге оның тұла бойы түгел түтіндеп бықсып жана бастағандай әсер береді. Шашын бұзау жалағандай артына қарай жылмитып тараған жылмаң қазақ тілмашы ояздың аузынан шыққан сөздің соңғы дыбысы аяқталар аяқталмаста зырылдатып қазақшалайды. Ояз ақ патшаның қамқорлығына алып отырған қазақ халқына да зор сенім біл­діретіні туралы сөзін айтқаннан кейін айналаны адам таңғалардай үнсіздік басқан. «Бәлем, солай болса керек еді, қатырып сөйлеп, миларына қалтқысыз құйып бердім-ау» дегендей айналасында тұрған жағымпаз топқа қарап қойып, соншалықты бір маңғаз қимылмен тағы да терін сүрткен. Олар да бас шұлғысып, әлденені айтып жатты. Көпшіліктің алдыңғы жағындағы топтың ішінен бір орта жастағы азаматтың оқыс шыққан үні жаңағы тыныштықты бұзған.
– Әй, ояз! – деді ол қамшысын көтеріп. Сусар терісімен көмкерілген жеңіл бөркін шалқайта желкеге қарай итеріп қойды. Дауысы сәл қарлығыңқы болғанмен, айналасының біразына естілердей қуатты екен. – Әй, жандарал! «Бас кес­пек болса да тіл кеспек жоқ». Ақыры сендерден көрер опамыз жоқ екен, ендеше айтарымызды айтып өлейік. Ақ патшаңа айта бар, бауыр етіміз баламызды бермейміз. Сөз – осы! Алдыға қарай қадам бассақ та, бір қадам артқа қарай шегінсек те бізге деген Қорқыттың көрін даярлап отыр екенсіңдер. Оқтан өлдік пе, оттан өлдік пе?! Даярлағандарың бір өлім екен. Біз бала-шағамызбен туған жерде жүріп өлуді таңдадық.
Тілмәш оның әр сөйлемін ояздың құлағына аузын тақап, аударған сайын оның қызара бөрткен өңіне сұрғылт рең жүгірген.
Жаңағы үкімет адамдарының жүректеріне жебедей қадалған әрі олар күтпеген лебіздің иесі сөзін жалғады. Көгілдір жұқа шапанының ашық өңірінен көрініп тұрған кіршіксіз тік жаға ақ көйлегі, басындағы жеңіл бөрік, аяғындағы былғары саптама, тәрбиелеп қойған дөңгелек сақал – бәрі-бәрі де оның да тегін адам еместігін көрсетіп тұрғандай. Күмістеген ат әбзелдері мен астына мінген көлігінің келіскен сырт келбеті сөз ұстаған жігіт ағасының киім киісі – бәрі де өзара жарасымды үйлесім тапқандай. Аттылы-жаяулы тұрғандардың біразы «Өй, мынау кім еді? Кім болса да сабазың тайынайын деп тұрған жоқ», – деп бір-бірінен сұрай бастаған. «Е, бұл Алладан болмаса, адам баласынан тайынып көрмеген Қожан елінің жауға да, дауға да түсуге даяр бет жүздігі Қоңыр қажы ғой, – деген бір қария. «Е, мыңғырған малым, аюдай ақырған он бір ұлым болса мен де батыл сөйлер едім», – деді жымыраңдаған тор атын ілгері қарай тебіне түскен қысқы малақайының бір құлақшынын ішіне қайыра киген сары шал. Түрі-түсінен, айтқан сөзінен Қоңыр қажыны жаратпай тұрғаны анық еді.
Ояз қазақтың мына мырзасына қандай тыю саларын ойланып үлгергенше жаяу тұрғандардың ішінен жұпыны болса да жарасымды киінген, қайыра шаш қойып, зиялы адамдар қатарынан екенін айғақтап тұрған орта бойлы жігіттің дауысы саңқ еткен.
– Жоғары мәртебелі, Сергей Михайлович! – деді. – Біз Ресейге бағынышты жұрт саналатынымыз рас. Алайда, мысықтабандап жүріп, шұрайлы қонысымызды, суат­ты өрісімізді алып жатырсыңдар. Ақырын күтіп, оған да көндік. Енді келіп, жастарымызды, ұрпағымызды отқа салып, оққа байламақсыңдар. Қатын патша Екатеринаның бұзау терісіне жазып: «Қазақ мал боданы, шөп боданысың. Ал дініңнің, салтыңның боданы емессің. Солдатқа балаң алынбайды» деп берген серті қайда?! Қазақта «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген сөз бар. Жүндеп болған жоқ па едің, ақ патшаның айғайшылары, осыдан төрт жыл бұрын Зайсанның уақытша комиссиясы мен тұрып жатқан Кендірлік болысында пайдаланылмай жатқан екі жүз мыңнан астам десятина жер бар деп жалған ақпар берді. Ол менің қыс қыстауым, жаз жайлауым болатын. Бізді құмды, сортаңды шөлге көшіріп, ол жерімізді ішкертіннен әдейі зорлықпен көшіріп әкелген қара шекпеніңе алып бердің. Семей, Омбы ұлықтарына дейін арыздандым. Ашынған дауысымызды естіген жан болды ма? Қайта өзіміздің артымызға шала байладыңдар. Ойқастамаңдар, оязым мен ұлықтарым! Ең момын жануар қой екеш қой да өлерінде тұяқ серпетін. Жаманнан жуан шығып, серпіген тұяғымыздың жазымына ұшырап жүрмеңдер. Ажал аузына балаларымызды жібергенше өзіміз-ақ құрбан болармыз. Құрбан болармыз, алайда жастығымызды ала жатамыз.
Бұл сөйлеген бұрын да жер үшін өнімсіз дауға түсіп, әбден ашынған Абзали Тонкин дейтін оқыған, зиялы азамат еді. Жұрттың біразы ғана оның азулы үкіметпен біраздан бері әділдік үшін алысып келе жатқан азамат екенін еститін.
1912 жылы Зайсанның уақытша комиссиясы Кен­дірлік болысынан ғана 202600 десятина жерді қоныс аударып келген орыстарға қазақтардан заңсыз алып бергені үшін Семейдегі Далалық генерал-губернаторға арыз түсірген. Ол арызы сол жылдың 25 ақпанында облыстық басқармада сол кездегі генерал-губернатор А.Н. Тройницкий, округтік сот төрағасы О.Н. Станкевич т.б. қараған болып, арызды қанағаттандырмаған. Ол аздай Тонкиннің өзін «саяси сенімсіз» адам ретінде көзден таса қылмау жөнінде арнаулы орындарға тапсырма да берілген…
Бұл сөзге не айтарын білмей қалған Зайсан оязы С.М. Кубицкий қыр желкесінде тұрған ұзынтұра полиция приставы Михаил Головинге әлдене деп еді, үш-төрт полицей екі-екіден барып, бірі атпен тұрған Қоңыр қажыға, екеуі Абзалиге барып жармасты. Сол кезде аттылы-жаяулы қалың нөпірдің күркіреген үндері бірден естілген. Астында есік пен төрдей жирен қасқа атқа мінген әлдекім қолындағы шоқпарын сермеп, «Аруақ, Қабанбай, аттан!» деп шауып өтіп еді, бағанадан үн-түнсіз тұрған нөпір бомба болып жарылғандай болды. Полицейлер бірі атты, бірі жаяуға жармасқан кезде бес-алты салт атты жігіт тәртіп сақшыларының тапаншаларын қораптарынан, қылыштарын қындарынан суыртып үлгертпеген. Ұзын сойылдарымен олардың білектерінен бір-бір қағып, қарсыласуға шамаларын келтірмеді. Әлдебіреуі үкімет адамына қарсылығын ашық білдірген қажыны ортаға қарай қақпайлап әкетсе, Абзалиді қолтығынан демеп, атқа мінгізіп жатты. Қандарына қызынып, елеуреп алған жігіттер ештеңеден тайынар емес, ояздың өзі, учаскелік приставтар, әкімшілік-полициясының бастығы тұрған кешелі-бүгін тақтайдан асығыс құрдырған мінбеге қарай аттарымен ентелей ұмтылған.
– Мынау азамат кім болды екен? – дегендерге бір жігіт:
– Мен білсем, бұл – Көкжарлының жүрек жұтқан ері – Күркебай батыр болса керек. Анау әскерилерді сойылдап өткен соның жігіттері, – деген бір жігіт.
Күркебай бастаған бұл жігіттер мәжіліске арнайы сонау Тайынты-Тарғын болысынан келіпті. Тайынтының жігіттерінің тайынар түрлері көрінбейді.
Бекер обалы қане, ояздың ту сыртында тұрған әскерилер де мылтықтарын аспанға қаратып атып, сес көрсеткендері болмаса, қара нөпірге қаратып оқ атуға тәуекел ете алмаған. Олардың біреулерін өлтіріп аламыз-ау деп кісіліктері ұстағаннан емес, әбден желігіп алған мынау аттылы-жаяулы тобырдың жынына тисе, оязды қорғағанды қойып, бәрімізді де ат тұяғының астында қалдырар деген үрейден осылай «имандылық» көрсеткен еді. Иығына асынған мылтығы бар орта бойлы тығыншықтай жігіт астындағы Керқұласын тебініп қалып, ендігі әңгіменің мән-мәнісі болмайтынын түсініп, мінбеден түсіп бара жатқан ұлықтарға қарай тақап келген. Бұл осы жиынға жайлаудан арнайы шақырылған Тұрғанбай, Сахари, Кәдірбай сынды ауыл зиялыларына еріп келген азаматтардың бірі Әлібай болатын. Ол саңқылдай үн қатқан.
– Әй, ұлықтар! «Күштінің көті диірмен тартады» деп, ең алдымен малымызды бағып, жанымызды бағып отырған жерімізді сұраусыз тартып алдың. Оның бір мысалын жаңағы жігіттің аузынан естідіңдер. Елім, азаматым аман болса, әділдік орнап, бәрі де орнына келер деп, жылдарды жылдарға жалғаумен шыдап келеміз. Шыдамның да шегі бар. Енді келіп, ат жалын тартып мінген жастардан бастап, жігіт ағасы атанған азаматтарды тұмсығынан тізіп, сүйегімізді бөгде ел, бөтен жерге апарып, көмусіз қалдырғың келеді. Жоқ, оныңа енді көне берер көмпіс елді таппассың. Біз өлсек жиналған кек, әлімжеттіктен көрген намыс үшін, туған жердің топырағын жастанып жатып өлуді дұрыс деп шештік.
Оның аузынан шыққан сөзді ұлықтың құлағына құйып тұрған тілмаш енді ғана сырт айнала берген жігітке қарап:
– Ұлық сізді ішке, кеңсеге кіріп сөйлесейік, – дейді. Мархабат, аттан түсіңіз.
– Барма, ойбай, олар ішке кіргізіп алып, ата салудан тайынбайды, – деген дауыстар әр жерден шыққан.
– Мырзам, ұлық: «Дала батырлары да қорқа ма екен?» дейді. Айтар базынаңызды кеңсеге кіріп айтыңыз. Тілмәштің өзі келіп, аттың шаужайынан ұстаған. «Атты борбайға бір салып, шаба жөнелсем, мына өңшең ақ құлақтар мені, мен ғана емес, барша жұртымды қорқақ деп ойлар» деген байламға келген ол атынан секіріп түсіп, мойнындағы мылтығын ту сыртында тұрған Сағатқа ұстата берген.
– Бекер барасыз-ау, аға, – деген ол да өзінен бір мүшелге жуық жасы үлкен, қырықтың қырқасын қайдасың деп қылшылдап тұрған Әлібайдың мылтығын қолына ала беріп. – Сенбеймін-ау осыларыңа.
– Сенсең де, сенбесең де «қорқақ» деген атты алғанша не болса да көріп алдым. Ел атынан айтқан екен­мін, айтқанымнан қайтатын адам мен емес. – «Ағайын!» деген аттылы-жаяулы көпшілікке қарап. – Ағайын, шай қайнатымда шыға қоймасам, мыналар тығылған кеңсесін менімен қосып өртеңдер, – деген. Ондағы ойы ел билегіштерге доқ көрсетіп: «Байқаңдар, мені тұтқындасаңдар, сұраусыз емеспін» дегенді сездіріп қою болатын. Оны екі полицей аса бір құрметті қонағын қошеметтеп апара жатқандай ояз кеңсесіне қарай бастай жөнелген. Жаңа ғана жарты әлемді билеп жүргендей өздерін тым мығым да нық ұстап тұрған шенділер мен шекпенділер де бүкіл алаң қара дәрі толтырған алып бөшке сияқты жарылуға шақ тұрғанын сезгендей ту сырттарын әскерилер мен полицейлерге күзеттіріп, кеңселеріне асығыс кірген.
– Жоғары мәртебелім, сөз ұқпайтын тағыларды алаңға шақырғанымыз қате болған сияқты-ау, – деді оязды денесімен қорғаған болып жанасалап келе жатқан ұзын сирақ, қылқа мойын қорғаушы-кешеуілдердің бастығы.
– Ақылдарың түстен кейін кірген екен. «Аюға би үйреткен таяқ», бұлар да қорыққанын ғана сыйлайтын дінсіздер. Аямау керек. Жаңағы қазақтың түріне көз салдың ба? Тура өзі де ақ мылтық болып атылғалы тұр. – Жанынан көлеңкесі сияқты екі елі қалмайтын тығыншықтай домаланған адьютанты тағы да ақылды сөз айтты.
– Жоғары мәртебелім, Өскеменнен жазалаушы отряд пен жақын маңдағы шекаралық заставалардың әскерлері келгенше бұларға ешқандай күш көрсетуге болмайтын сияқты. Жаңағы пысықай қазақты және сол сияқтылармен майдалап сөйлесіп, мәймөңкелеп шығарып салайық. Мәселе олардың кім екендерін мекен-жайларын біліп алсақ, соңынан асығып-аптықпай-ақ бір-бірлеп көздерін жою қиын емес.
Пысықай адьютанттың осы ақылының өте дұрыс болғанын дәлелдейік дегендей бес-алты салт атты кеңсенің есігін сыртынан күзеткен полицейлерге: «Ішке кіргізіп әкеткен кісімізді дереу шығарыңдар. Әйтпесе қан-жоса болысамыз!» деп доқ көрсеткен. Сол кезде ояз адъютантының ақылымен полицейлердің приставы Михаил Головин сыртқа шығып, аса бір кішіпейілділікпен тіл қатқан. Ал бұлардың аудармашысы да қазақ-орыс аралас тұрып жатқан ауылдың орысшаға жетік, қазақшасы «сүрініп-жығылған», алайда өзін орыстарға жан-тәнімен берілген Жора дейтін қазақ болатын. Әке-шешесі Жарқын деп қойған есімін өзгені қойғанда, бұл кезде өзі де ұмытып қалған болатын.
– Оу, ағайындар, – деген ол тілін күрмеп. – Ол азамат сіздердікі сөз айтады. Ұлық тындайды. Сонан сон не істеу керек айтады. Ол азамат биздерге керек емес, казир шығады.
– Мынау тілін шайнап, малтасын езіп тұрған қазақ па, әлде орыс па? Кім өзі? – деді аттылардың бірі.
– Қазақ шығар. Түрі де қазақ сияқты ғой.
– Е, қазақ болғанда қазақтың қамын жеп жүр дейсің бе? Жанын жеп, жалданып жүрген итаршы да. Дегенмен, рас айтса, «қазір шығады» деп тұр ғой. Ақырын күтелік, – деген есік пен төрдей көкқасқа ат мінген жігіт ағасы. Осы сөз тоқтау салды ма, әйтпесе алдарында бес қаруларын қолда-рына алып кезеніп тұрған әскерилер мен полицейлердің қолдарында өлуге бар аттылы-жаяулы топ байырқалап, сабырға келгендей.
Расында Әлібайды ішке кіргізіп сөйлескен полиция бастығы пристав Михаил Головин ешқандай өктемдік көрсеткен жоқ. Кең маңдайлы, денелі тұлғасына оқалы сарыала мундирі жараса қалған полиция бастығы көп­тен көрмеген досын көргендей жылы шыраймен қарсы алған. Оны кіргізген қызметкерлерін шығарып, тілмашты шақыртты. Оның бұлайша өте «кішіпейіл» болып қалуына ояз бастығының: «Біраз тексерген болып, аты-жөнін, мекен-тұрағын, онан соң өзі сияқты «оттан көйлек киіп», өрепкіп жүрген идеяластарын сұрап көр. Бізді түтіп жегелі тұрған мына тобыр тарасын. Әуселелерін сонан кейін көрерміз. Ал мына содырыңды жылы-жылы сөйлесіп, шығарып сал» деген бұйрығын ол бұлжытпай орындауға тырысқан.
Полиция бастығы, пристав Михаил Головин жымия сөйлеп, Әлібайды қарсы алдына отырғызып алып, оның айтқан сөзін бағанағы тілмаш аузы аузына жұқпай Әлібайға аудара бастаған.
– Жігітім, ақ патша жалғыз орыстардың ғана емес, бүкіл жарты әлемді билеп отырған алып империяға қарайтын қазақ, қырғыз сияқты басқа да халықтардың ұлы қамқоршысы. Ол тұрғанда бәрімізге де ешқандай жау тимейді. Ол – біздің ортақ әкеміз. Әкемізге ағат сөз айтуға болмайтыны сияқты ақ патшаға да лайықсыз сөз айтуға болмайды. Біздің ояз да өте кеңпейілді адам ғой, сізге осыны ескерт деп әдейі ішке кіргіздірді. Басқа біреу болса, жаңағы сөзіңізден кейін қой боғындай бір қорғасынмен шаруаңызды тындырар еді.
Мынандай өте сыпайы әңгімені естіген соң Әлібайға «Апыр-ай, осы мен шынымен де артық кетіп қалдым-ау». Әйтпесе бір қазақты оққа байлай салу қиын болып па?» деген ой келген. Ол содан да өздерінің қай болысқа қарайтынын, болыстарының кім екенін, қазір қай жайлауда отырғандарын, өзінің аты-жөнінің кім екенін сұраған соң жасырмай тізіп айтып берген. Айтқандарын қағазға түсіріп отырған приставтың жиі қайталаған жалғыз сөзін тілмаш та «жақсе, жақсе» деп айтумен болған.
Әрине, Әлімбай сап-сары ала оқалы киімімен айбарлы көрінер тәртіп сақшасының жүзінен ешқандай реніштің, ашуланудың ізін көре алмағанына аң-таң. Әсіресе, Меркіт тайпасы Лепес руының екі-үш аталығы үнемі Сауырдың ең биік Таз, Сәмен жоталарын бірге жайлайтынының неліктен «жақсы» екені, ауылдарында еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейінгі біраз жандардың бар екенінің неліктен «жақсы» екені, өзінің есімінің Әлібай, әкесінің атының Ошеке екенінің, жасының дәл қазіргі сәтте үш мүшелді толтырғаны, түп-тұқияны Шағыр Меркіттің Жансары атасынан тарайтын Бәтішке бөлігіне жататынының да неліктен «жақсы» екені – бәрі-бәрі түсініксіз түйін еді. Ол мұндай маңызы жоқ бос әңгіменің ұлық үшін неге қажет болғанын да мүлде түсіне алмаған.
Тілмаштың аударған приставтың соңғы ескертпесінен де ағаттық көрмеген. «Бұл пақырлар бастықтарының айтқандарын екі етпеуді үйренген қуыршақ пенделер ғой. Солар берген бұйрықты орындау үшін барын салады да. «Ал ор қазуға, тіпті ажал аранына жібереміз бе, жоқ па, оны өзіміз шешерміз» деп ойлаған полиция приставының рұқсатымен Әлібай ашу-ыза да жоқ, тіпті бағанағыдай қорқыныш та жоқ, тек жүзінде таңданыс қана бар, есіктен шығып бара жатты.
Қарапайым жұртшылықтың ішінен ұлықтың кеңсесіне тұтқын емес, өкіл сияқты кіріп, зәбір-жапасыз есен-аман шығып келе жатқан Әлібайды көрген азаматтардың жаңағы ояз көмекшісінің жалған сөйлемегеніне көздері жеткен. Әсіресе жайлаудан бірге келген Сақари, Кәдірбай, Тұрғанбай би сияқты Лепестің игі жақсылары соңдарынан ерген інілерінің есен-аман оралғанына тәубе дегендей аттарына мінген. Басқа да болыстардан шақырылған игі жақсылары да бүгінгі әңгіменің тым келте аяқталғанына сенер-сенбестерін білмегендей қайтуға жиналған.
– Иә, ішке кіргізгенде не деді?
– Зәбір жасаған жоқ па?
– Зілдері қатты сияқты еді, қалай тез жібере қойды? – деген сияқты жан-жағынан қарша жауған сұрақтарға Әлібай келте жауап берген.
– «Әкелерің сияқты қамқоршы ақ патшаға қарсы ағат сөз айтпаңдар» деп жылы шырай танытып, шығарып салды. Елімді, жерімді, аты-жөнімді сұрады.
– Інім-ай, атылатын жыртқыштың жеміне үркітіп алмау үшін баспалап, бұққаны ғой бұл. Жаңағы сөзің үшін жазаламақ қой. Бекер айтқан екенсің, – деді Тұрғанбай.
Сол кезде ояздың шала қазақ тілмашы Жора-Жарқын кеңсе алдына шығып, бастығының соңғы тапсырмасын жеткізген.
– Туыстар, – деген ол шыңылтырлау, тіпті еркектен гөрі әйелдің үніне келіңкірейтін тым жіңішке ащы дауысымен айғайлап, – туысқандар, жоғары мәртебелім ертең сағат онда өз кеңсесіне арнайы шақырылған болыстарды ғана қабылдайт. Документ бойынша. Бөтендер кірмейт.
Тұрғанбай жанында тұрғандарға қарап, ақырын тіл қатқан:
– «Еркек дауысты әйелде ұят болмайды, әйел дауыс­ты еркекте қуат болмайды» деуші еді бұрынғылар. Мен білсем, мынау шіңкілдеп тұрғаныңда қуат жоқ, мият та жоқ, екі тілді білгеніне еркінсіп жүрген міскін ғой, – деп езу тартқан.
Айтқанындай, ертеңіне «Ұлық бүгін қандай пәрмен берер екен?» дегенді білгісі келген жан-жақтан аттылы-жаяулы келгендер қызыл кірпіштен өте сәндеп тұрғызылған кеңсеге кемі жүз қадамнан әрі жіберілмеген. Болыстардың өздерін мөр басылып, қол қойылған қызметін куәландыратын бір беттік қағаздарын мұқият тексеріп барып кіргізген.
Олар кеңседе ұзақ отырды. Семіз ұлық Кубицкий кешегідей ырсылдап, терлеп-тепшімей, креслосында бүгін тым нық отыр екен. Үні де зілдірек естілген. Тілмаш оның болыстарға деген мынандай пәрменін жеткізген.
– Әр болыс жұмысқа алынатындардың тізімін әкеліп тапсыруға міндетті. Срок – жеті күн. Яғни бір апта. Бұл – өтініш емес, приказ! Жасы жарлықта көрсетілген нормаға сай келетін бірде-бір кісі қалып қойса, ол болыс жауапты болат. Бай екен, бар екен демеймін, болыс екен, би екен демеймін. Екі көзі Сібірде жылтырайтын болат. Өскеменнен келе жатқан жазалаушы отряд ертеңдер осында жетет. Ауыз өзіміздікі деп қисық сөз айтқанды, ерік өзімдікі деп жаман қылық көрсеткенді аямаймын. Кеше емін-еркін, есіре сөйлегенді елемеген болдым. Елемегенмен жұртқа үгіт жүргізген олар туралы мәлімет-деректер бар. Оларға да оралармыз… Ал бүгіннен бастап, әңгіме қатқылдау өрбитін болат. Арғы беттегі Қытай еліне асып, жан сауғалаймын дейтіндер болса, ескертіп қояйын, шегараның әр қыр, әр белегірі қатаң күзетте. Олар кәрі-жасына қарамай жайратып салат. Елдеріңе осыларды бұлтартпай жеткізіңдер. Сөз – осы! Барыңдар! – Тілмаш Жора да айтып тұрғанының бәрі де бастығының емес, өзінің сөзі сияқты «барат», «келет» деген шолтаң қаққан сөйлемдерін барынша зілді ғып жеткізген.
Үлкені бар, кішісі бар, тымақтысы бар, тақиялысы бар – жиналған жиырма шақты ел билігін ұстаған мырзалар ұнжырғалары түсіп, отырысып қалған.
– Ұлы мәртебелім, сонда тізімге түскен азаматтарды қашан, қайда әкететін ойларыңыз бар? – деген шоқша сақалды, толықша келген жігіт ағасы. – Ол шаруаны үкіметке, яғни бізге сеніп тапсырыңдар. Қайда баратыны, қашан баратыны уақыты келгенде айтылат. Қане, іске кірісіңдер! – Тілмаштың тілі шолақ па, әлде ұлықтың сөзі осындай кесек пе, отырған үлкен-кішіге ешқандай сыпайылықтың шетін көрсетпей, кенже ұлына сөйлегендей сөзін «сен» деп бастап еді, алдында ел иелері емес, құлдары отырғандай, «сендер» деп аяқтағаннан-ақ барша жұртты ысқырып өргізіп, пысқырып жусататын елдің иесі – мен дегенін ернінің емеурінінен танып, жиналғандар орындарынан тұра бастаған. «Е, қалай қашсаң да алдыңа Қорқыттың көрін қазып қойдым» дегені ғой мұнысы, – деген лепестіктердің болысы әрі биі Тұрғанбай. – Көр таңдайтын мұрсат берсе, онда туған жердегі Қорқыттың көрін-ақ таңдайтын шығармыз. Сендердің «Ойланбай айтсам да менікі жөн, көздемей атсам да менікі жөн», «Ырыққа көнбесең, құрығым бар» деген өктемдік, басынғандық қой бұларың.
Бұл сөзді ішкі кабинетіне кіріп кеткен ояз естіген жоқ, тек оның соңынан ілесе жөнелген тілмаш қана артына бұрылып, сұқ саусағын ерніне апарды. Мұнысы «Үндемеңдер!» дегені еді. Сонан соң сол сұқ саусағын безеді. Мұнысы «жазаланасыңдар!» дегені еді.
Ел зиялылары тысқа шыққан соң да еңселерін зіл батпан болып басып тұрған мынау салмақтан қалай құтыларын білмегендей дел-сал күйде еді. «Суға кеткен тал қармайды» деуші еді, суға кетпес үшін қандай талға жармасу қажет? Не болса да көріп алдым деп от пен оққа қарсы шабу керек пе? Сойыл, шоқпар ұстаған, әрі кетсе елу-алпыстың бірі ғана құс мылтық пен шиті мылтық ұстаған жасақ құр намыспен кімді мұқатып, кімді қорқытарсың? Әлде, әлде, тәмам боздақты тұмсығынан тізіп, қасапхананың қырмасына айдап жіберген мал сияқты амал-айласыз, дәрменсіз халде қала береміз бе, сонда?! «О, Алла! Бір өзің қайырын бер!» деп отыра беру ғой бұл. Ақыл айтар кімің бар, тағдыр емес, ақ патша құрған қамаудан шығар жолды нұсқар жан бар ма?». Бәрінің де көкейлерінде түйінін таптырмай тұрған осы сауал еді. Тұрғанбай да тығырықтан шығар жол таппағандай үнсіз қалды.
– Ағайын, көшеде тұрып, үзеңгі үстінде әңгіме құрғанымыздың жөні болмас, – деген еді жасы да, жолы да үлкен Лепестің қадірлі қариясы Қазақбай қажы. – Оның үстіне біздің сөзімізді жеткізер салпаң құлақ тыңшылар да төңірегімізде жоқ деймісің?! Бүгін кешке бәріңіз де Қасқажол асып, Меркі ауылына жиналайық. Жұрттың бәрі жайлауға шығып кетсе де сіздерді бір түн күтуге жарайтын бірлі-жарым жатақтар табылар, – деп ол әлі жиын тұрған болыстарға ұсыныс айтты.
– Қазекең жөн айтып тұр. Енді қашан әр қиырдан жиналып, басымыз қосылар? Ақылдасып, бір мәмілеге келгеніміз жөн болар… Кешегідей емес, мына ақ құлағың бес қаруын асынып, «жау қайдалап» келе жатқан қалың әскеріне арқаланып отыр ма, бүгінгі сөзі – көнсең де осы, көнбесең да осы деп, күш көрсетіп отыр, – деп, Кендірліктің болысы Ақбай Аманшаұлы қолдап еді, бәрі де: «Жөн сөз» десіп, осы байламға тоқталып, тарасқан. Оның үстіне жау жағаға жармасқан кезде сән-салтанат іздеп, жайланып жатар күн емес. Тай сойдырып, қымыз сапырмады демеспіз. Меркіттің жатақтары күтпеді деп те сөкпеспіз. «Барына – базар» деп келелі әңгімеден келісім іздеу үшін, көзден таса сол ауыл дұрыс.

* * *

Қаншалықты Меркіттердің жайлауға шыға алмай қалған жатақтары дегенмен Әлібай, інілері Бәлібай, Дүкімдер болып, ауылдарына ертелетіп жеткен. Арнайы шақырсаң басын біріктіре алмайтын Керей, Найманның игі жақсыларын жайлауға апара алмаса да таудың аңғарындағы сарқырап жатқан Жеменейдің жағасындағы қалың тоғайдың ішіне үй тіктіріп, сойыстарын да әзірлеп, жақын жайлаудан сабамен қымыздарын алдырып үлгірген.
Айтқанындай, жаздың жылдай ұзақ күні Кішкенетаудың бір шоқысына қонақтап, ымырт үйіріле күткен қонақтар екіден-үштен келе бастаған. Тіпті бүгінгі ұлық алдында болған болыс-билер, старшындар ғана емес, бүгінгі мәжілісте айтылар сөздің күрделілігін, шешімін табар байламның жұрт үшін мән-маңызының ерен екенін білген басқа да әр рудың сыйлы азаматтары, ауыл старшындары, болыстардың шабармандары шақыртпай-ақ жинала бастаған соң Қазақбай қажы жұрттың жиналуына өзі себепші болғандықтан, ақ патшаның жарлығына қарсы әрекет жасау үшін қазақтардың басын қосып, құрылтай ашып жатыр дейтін сөзден жасқанып, өзінше жалтарма айла жасаған болған.
– Ағайын, – деген ол, – оңаша үйге жиналған ел ағаларына. – «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» дегендей, заманың мынау – қаққанда қаныңды, сыққанда сөліңді аламын деп тұрған. Сондықтан бұл жиынымызды мәжіліс-мәслихат емес той, сүндеттой деп бүркемелеп отырмын.

* * *

Қазақбай қажы ағайындарына тапсырма беріп, жайлаудағы өзінің бәйбішесі мен үш жасқа енді толған Едіге деген немересін түнделетіп алдырмақ болды. Немерені сүндетке отырғызу үшін Зайсан мешітінің бас имамы Қайырды қариды ертеңіне алдыратын болды. Көк жайлауда, қалың елдің ортасында дүркіретіп өткізетін қажы шаңырағының ең үлкен қуанышын жетім қыздың тойындай ғып бірлі-жарым жатақтардың ортасына барып тойлайтынын естіген өзгені қойғанда, өз отбасындағылардың өздері ұға алмаған. «Бұл шал алжиын деген бе? Көптен күткен қызығымызды «баланың ойыны, бақсының жынына» айналдырғаны қай сасқаны? Әлде көппен көрер ұлы тойды ағайын-жұрттан қызғана ма?» деп бәйбішесі күңкілдесе, «Әкеміз ойланбай іс қылмаушы еді, мұнысы қандай хикімет болды?» деп, ұл мен келін де қарсылықтарын білдірген. Бірақ бұл шешімнің ақылды әрекет болғанына жиналған игі жақсылардың бәрінің көзі жеткен. Әлдекім: «Ойбай, сіздер шақыртқан би-болыстардың бәрі де тайлы-таяқтысы қалмай, Жеменей өзенінің жағасындағы Меркі ауылына жиналып жатыр» деп, басшыларға жеткізсе керек, ертеңіне-ақ сиыр түс болмай бес-алты полицей: «Бұл неғылған жиын?» деп жеткен болатын. Олар келген кезде бұдан шай қайнатым уақыт бұрын Қайырды имам, әрі қари әлі ештеңенің байыбына барып үлгірмеген Едіге дейтін азаматты алып соғып, «бір, екі, үш, төрт бес, шүметейді кес» деп, «мұсылмандықтың шартын» жасап та үлгерген. Жер-көкті басына ерке немере өртелген көк шүберектің күлін қанаған шүметейінің басына кішкене кесемен төңкерген кезде де ақ сәлдесі қарқарадай қариды да тілі жеткенше балағаттап баққан. Тек атасы кекілін үкілеп, жүген-ноқтасын күмістеген, сәнді ашамаймен ерттелген сүттей аппақ тайды есік алдына әкеліп:
– Сен сияқты батыр болатын бала жылай ма екен? Мынау сенің – сүндет тайың. Ертең жазылған соң осы тайыңа мініп, ойдағы-қырдағы ағайынды жайлаудағы болатын сүндет тойыңа өзің шақырасың. Өзім ертіп жүремін, – дегенде ғана Едіге жылауын тоқтатқан.
Қажы атасы сүндет тайын барлық әбзелдерімен ерте бастан әзірлетіп, биыл жайлау оты жетіліп, мал әбден шелденген тұста Меркіт баласы ғана емес, ат жетер жердегі Керей, Найманның жұрты біразының басын қосып, тамашаласам деп жүрген қызығы еді. Жөпелдемеде жайлау­да жасалатын қызығын тау етегіне түсіп бастауына тура келген. Онда да ойы ұлықтың шақыртуымен келіп қалған ел ағаларымен тілдесіп, бір рақайға келіп қалу болатын. Иә, барша ағайынның басын қосып, дүрілдетіп өткізсем деген тойының жалғасы қалай болары бір Аллаға мәлім болмаса, бұлар үшін мүлде күңгірт еді. Ауылдың, болмаса бір Меркіт, бір Лепестің басына емес, барша қазақтың басына төнген зобалаң екенін қажының, ол ғана емес осындағы болыс-би сияқты ел ағаларының барлығы да түйсініп, мойындағандай.
Бес-алты салт атты полицей ертеңгі сиыр түс кезінде сау етіп жетіп келгенде үлкен тойдың беташары деп басталып кеткен әртүрлі қызықтар қызып жатқан. Жайлауға қарай өрлейтін көш жолының бойымен төмен қарай шұбатыла жаяу жүгіріп келе жатқан жиырма шақты баланың қарасы көрінген.
Полицейлер приставы атақты қаныпезер Михаил Головиннің «Бұл не жиын?» деген сауалына Қазақбай қажы иек қағып, жас жігіттерін қонақтарын аттан түсіртіп алуға жұмсаған. Бүкіл өзеннің бойын, қалың тоғайдың ішін алып кеткен қайнап жатқан жас еттің сорпасы мен сары қымыздың танау жарардай хош иістері келгендерді де еліткендей. Полицейлердің біреуі қазақ екен, ол орысшалап, бастығына әлдене деп еді, ол да шамасы қымыз іше отырып тілдеспек болды ма, аттың шау­жайына жармасып тұрған жігітке тізгінді ұстата беріп, лып етіп аттан түсті. Қолтығынан демемек болған жігіттің қолын дөрекілеу қимылмен қағып жіберген. Басқалары да аттан түсіп, төселген сырмақтардың үстіне тасталған құс жастықтарды шынтақтарымен жаныштап жатқан ел ағаларының жандарына келіп, тізе бүгісті.
– «Бұл не жиын деймін сіздерге?» – дейді пристав мырза. – Қазақ полицей тілмаштың де міндетін атқарып, бастығының не дегенін жеткізді. Әріптестері сияқты шиырып мұрт, жалбыратып шаш қойған орта бойлы, толықша денелі тойған қозыдай томпиған жігіт еді. Жүзі тым сазарыңқы болған соң ба, отырғандар оған «Әй, кәпір, тәнің қазақ болғанымен, жаның орыс болып кеткен, жақсылығың өз басыңнан аспайтын қу боларсың» десіп бөгенайына белгі соғып қойған. Бұған да кешегі шала қазақ тілмаш болмысын таңып үлгірген.
– Сабыр, – деп үй иесі ретінде отырған қажы аса бір сырбаз қимылмен қолын көтерген. – Бастығыңа айт, жау қуып келе жатқан жоқ. Алдымен сарықтарыңды басып, сусынға қараңдар. Жиынның себеп-салдары да сонан соң айтыла жатар.
Қажының үнінде, қимыл-қозғалысында қорқу-үрку немесе мәймөңкелеп, кішірею емес, қайта «айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүре берер біз емес» деген бір ірілік байқалады. Осы кезде басында кимешек-шылауыш киген орта жастағы әйел бір тегене қымызды ортаға қойып, құлаштап сапыра бастады. Екінші бір жастау келіншек келіп, шеткерірек отырған соңғы қонақтардың ортасына дастарқан жайып, құрт-ірімшік, бауырсақ төкті. Сарыала ағаш тостағандарға құйылған, оның үстіне үздіксіз сапырылған қымыздың исі айналаны алып кеткен. Етіктерімен малдас құрып отыра алмаған соң, кейбірі бір жамбастап жатса, кейбірі сырмақ шетіне бір тізерлей отырған шақырылмай келушілер шынымен шөлдесе керек, тостағанын бастарына бір-ақ төңкерген. Тілмәштің қызметін де қоса атқарып жүрген қазақ полицей босаған тостағын тағы ұсына беріп еді, бастығы оны ала көзімен ата қараған соң еріксіз «болдым» дегеннің ишарасын жасап, тостағанының бетін алақанымен жапқан.
– Қазаққа «Бұл қай жиын?» деріңіз бар ма, төрем, – деген Қазақбай қажы сусынының бір тостаған ішіп болған қонағына. – Жаз қызығы, жайлау қызығы деп той атаулымызды осындай жер аяғы кең кезде жасағанды жөн көреміз…
Осы кезде жаяу жүйріктердің алды жолдағы сайлауыттың бергі белегірінен көрінген. Еһелесіп келе жатқан екеудің соңынан қиқуға басып, көлденеңдеп қосылған екі атты көрінген. Әңгімені аз-кем үзе тұрайық дегендей жаяу жүйріктерді қолымен нұсқап, әңгімесін кідіртті. Бұл әрекетінде де «Ауыл біздікі, болып жатқан қызық біздікі, сондықтан дегенімізге көне тұруға тура келеді» дейтін пейіл де байқалатын. Жаяу жарыс емес, пәлен жүз сәйгүлік бақ сынайтын аламан бәйгенің алды көрінгендей жұрт дуылдасып, шуылдасып, ұбақ-шұбақ бірінің соңынан бірі келіп жатқан әр баланың тілеулестері алдарынан шығып, қарсы алып жүр.
Есік пен төрдей торы атқа мінген бір жігіт жұртқа қарап былай деген:
– Қажы атамыздың немересі Едігенің сүндет тойы­ның беташар қызығы – балалардың жаяу жарысында бірінші болып келген желаяққа ер-тұрманымен дөнен сыйланады, екінші келген жүйрікке құнанды, ал үшінші бала тайды иеленеді.
Бұл кезде қазақ полицей осы сөздің барлығын шашау шығармай аударып үлгірген. Бастық болса: «Әр нәрсені сылтауратып, күнде той тойлаумен өмірлерін өткізіп келе жатқан осынау ойсыздықтан, мұңсыздықтан, жұмыссыздықтан бейғам тіршілік кешіп жүрген жұртты ортақ тәртіпке бағындыруды қолға алған патша ағзам мың жасасын» деп өз-өзінен марқайды.
– Иә, қыс баласы төрт түлік малымызды бағып, оған қоса жанымызды бағып кетсек, жайлауға шыға ерулік, қарулыққа шақырумен қоса, қыз ұзатып, келін түсіру сияқты тойларымызды өткізуге тырысамыз, баланы сүндетке отырғызу сияқты қызықтарымызды да осы кезде өткізуді жөн көреміз, – деп, қажы қонақтарының бағана қойған сауалына бәрі жайғасып орындарына отырған соң жауап берген.
– Бұл жер жайлау емес қой. Жұрттарыңыздың көбі сол жайлауда емес пе? – Бастық «Жайлау-жайлау деп отырып, неге ойға түсіп, той өткізіп отырсың?» дегендей оғаш болса да есті сауал қойған. Қажының да алдын ала даярлап қойған жауабы бар болатын.
– Төрем, біз ырымшыл жұртпыз. Азамат болудың алғашқы қадамын аттап отырған немереме мына отырған ел ағаларын арнайы шақырып, жинай алармын ба?! Ұлық бәрімізді шақырып, басымызды қосқан соң, осылардың батасын алып қалайын деп сүндеттойды орталыққа жақын жерде бастауға тура келді. Әйтпесе, әр тараптан келген бұл болыс-билердің де тау басындағы жайлауға барып жүруге уақыттары қайдан болсын. Оның үстіне имамымыз да жайлауға бара алмайтын болған соң амалдаған шаруа ғой. Қайта жақсы келдіңіздер. Бүгінгі қызығымызға ортақтасып кетіңіздер. Үлкен тойды балам сүндет тайына мінуге жараған кезде бірер айдың ішінде асықпай жайлауда өткіземіз. Мүмкіндіктеріңіз болса, оған да келіңіздер. Кісі жіберіп шақыртайын. Ал осында жиналған балалар үшін жаяу бәйге, күрес, тай жарыс сияқты кішігірім қызық-думандар өтеді.
Бүгінгі жиынның басты себебі сүндеттой екеніне, бүкіл үйез жұртының игі жақсыларының балаға баталарын беріп кетулері үшін ғана мұнда келгендеріне полицейлердің басшысы Михаил мен оның қосшылары сенгендей сыңай танытқан. Олар да балалар күресі мен тай жарысын тамашалап, ет жеп, сорпа ішіп дегендей, сырт көзге риза-хош болып аттанғандай. «Бұл шіркіндер кешегі үлкен әңгіме туралы не айтар екен?» деп қазақ полицей болыс-билердің ауыздарын қанша баққанымен, күдікті сөз, бөгде әңгіме ести алмаған. Тіпті ел ағалары той тарқаған тұста етекке қарай аңдушыларымен бірге құлдаған.
Полиция бастығы Михаил Головин «Әлібай мерген көрінбейді ғой» деп сұраған. Дәл бір ескі досы, тамырын іздеген кісі сияқты. Отырғандардың ішінен Тұрғанбай би де елеусіз ғана: «Е, жайлауға кетемін деп жүр еді. Кетіп қалса керек» деп жауап берген. Кешегі Әлібайды оңашалап алып, достық пейіл танытқан болып, оспақтап біраз сырды біліп алуларының тегін еместігін, жеміне шабар жыртқыштың жымын білдірмей басатынын сұңғыла бидің іші бірден сезіп еді. «Әлібайды сол әкеткеннен бірден неге жауапқа тартпай, сылап-сипап шығарып салған?» дейтін руластарының көкейіне қонақтаған сауалға да ол тұшымды жауабын Әлібайға да естірте берген:
– Ақ патшаның мизамын місе тұтпай үкіметке алғашқы болып ашық қарсылық көрсеткен адамдарды, оның ішінде біздің Әлібай да бар, қамауға алмағанының екі себебі бар. Біріншіден, аттылы-жаяулы ашулы нөпірден қаймықты. Бес-алты полицей мен сол мөлшердегі әкімшілік әскері қара нөпір қаһарына шындап мінсе, оларға қарсылық көрсете алмас еді. Сондықтан соңынан жазалаушы отряд келгенше ұлықтың «кеңпейіл» мінез көрсетуі – уақытша жасаған амалы. Екіншіден, ашулы топтың алғашқы арынының алдап-сулап, көңілдеріне күдік келтірмейтіндей ғып бетін бір қайтарып алса, кейінгісін от қарудың күшімен-ақ оларға дес бере қоймаспын деген уақытша шегінісі. Ашық қарсы шыққандары болса, басқаларға сабақ болу үшін аямай жазалайтындары да шындық. Сондықтан, Әлібайдың ауылдан бой тасалай тұрғаны жөн. «Қасқыр тартқан бөксем бар, иттен несін аяйын» деп ерлік көрсетіп отыруыңа болмас. Көп бөгелме, шырағым.
Бидің осынау болжамының шындыққа айналғаны бастықтың оны бір-екі дүркін сұрастыруы дәлел еді. Бидің айтқаны айдай келіп, көп ұзамай шақырылмаған қонақтардың Зайсаннан шықты деген шолғыншылардың хабарын естіген бетте ауылдан ағайындары Әлібайды қуғандай ғып шығарған. Әлі ештеңеден жүрегі шайлығып көрмеген Әлібай мерген болса, «Е, мені жазалағылары келсе, олардың қолдарын күні кеше біреулер ұстап тұрып па?» деп, елден бұрын жайлауға кеткісі келмеген. Екі айтуды немесе айтқанынан қайтуды білмейтін бидің мінезін білгендіктен және басқа да отырған жұрттың пікірлері Тұрекеңнің ақылын қостап отырғандай сыңайды байқаған соң ол еріксіз орнынан тұрған.
Полицейлер осы жолы оны тұтқындау ойларында болса да ол қиялдары жүзеге аспай, оның орнын сипап қалды. Екіншіден, осы оязға қарайтын барлық болыс-билердің жұмылған жұдырықтай болып, бір ауылға жиналуларының себебін анықтау болатын. Тіпті өкімет шешіміне қарсы сөз айтқан адамдары болса, шен-шекпендеріне қарамай, тұтқындап алып келуді мойнына алып келген тәртіп сақшылары қымыз ішіп, ет жеп қайтқандарын қанағат десіп, бос аттанған. Ең таңданарлығы, «Әй, өзіңнен басқаға жақсылығың аспайтын қусың-ау» деген қазақ полицей атын жетектеп келген жігітке тағы да қолтығынан деметкен жоқ. Әбжіл қимылмен үзеңгіге аяғы ілінер-ілінбесте лып етіп, атына мінді де, теріс қарап тұрған бойы жігітке сыбырлай тіл қатқан: «Әлібайға айт, ол «қара тізімге» іліккен. Тездетіп, басқа жаққа бой тасаласын. Ұсталса аямайт, – деп, жанындағылар күдіктенбесін дегені болар, енді дауысын шығарып сөйлеген. – Вот, болыстар, кешегі сөзді ұмытып кетпеңдер. Список енді алты күннен соң ұлықтың алдында жатуы керек. Бұл жұмыстың қалай орындалатынын мен, яғни Қозыбай баласы Құсайын, өзім бақылаймын. Біліп қойыңдар. Болды!»
Аз да болса оқу көріп, өз заманының көзі ашық азаматының бірден-бір белгісі сияқты дәл төбеден қақ жарып, жылмита таралған шашы, қияқ мұрты бар толықша келген ақсары жігіт әп-сәтте түсін суытып алыпты. Ол атын тебініп қалып, көлігіне мініп үлгірген бастығының жанына жақындаған. Қонақтар қоштаспай аттанды және ішкен ас-сулары үшін рақмет айтуды да қажет деп санамаған.
Қазақ полицейдің дәл аттанғалы жатқанда үнін қатайтып, бастығының айтқанын жарамсақтана қайталағаны отырғандарға ұнамаған. Ел ағаларының ішінде отырғандардың бірі қамшысымен саптамасының қонышын бір тартып қалып, зілдене тіл қатқан:
– «Іштен шыққан жау – жаман». Қазақ болмай қазыққа жығылғырдың мықтымсуын көрдіңдер ме?! Қызталақ! Еліңді жау шапқанда жандайшаптап қоса шабатын, аяғыңнан шалып жататын ағайының сол жауыңнан да қауіптірек. Тағы да «Қозыбай баласы Құсайынмын» деп шіренеді. Ұрдым, оның Қозыбай баласы Құсайын болғанын.
– Ағасы, ондай қасыңнан шығар қаскөйлер болатын шығар, алайда жаңағы жігіт жанашыр ағайынның сөзін айтып кетті, – деген жаңа ғана оны аттандырып салған Қазыбек есімді жас жігіт. – Әлібай ағамның «қара тізімге» ілініп тұрғанын сыбырлап айтып үлгеріп кетті. «Бір жаққа кетіп, тезірек бой тасаласын, әйтпесе бүгін-ертең ұсталады, ұстаса аямайды», деп кетті.
– Апыр-ай, ә! Мынау нағыз азамат болды-ау, – деген Сақари да жау қуғандай жарыса шауып бар жатқан полицейлерге қарап. – «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген сол екен-ау. Қаны бар екен-ау бұл жігіттің.
Олардан сәл бұрынырақ аттанған ел ағаларының бір тобы соңдарына қуғыншы түскендей келе жатқан заң адамдарын көріп, не айтарларын білейік десе керек, аттарының басын тартып аялдаған. Полицейлер олардың жандарына да кідірмей, еңістете тарта берген.
– «Қара тізім» дегені мен білсем, не атылатын, не айдалатын, әйтеуір жазаланатындарды айтса керек, – деген Қазыбек. – Оның «тездетіп, басқа жаққа бой тасаласын» дегені нағыз жанашырдың сөзі.
– «Қозыбай баласы Құсайын» деп өзінің аты-жөнін айтып кетуі де тегін емес-ау, жігіттер. Бұл сөзін «Сендерге әлі де пайдамды тигізермін» дегені болар. Әйтпесе оның өзінің аты-жөнін тәптіштеуінің реті жоқ еді. – Қазақбай қажының бұл болжамы да көпшілікке шындыққа жақын болып көрінген. Ол өз шешімін айтты. – Бір-екеуің кідірмей жайлауға аттаныңдар. Үкіметіңнің айласы мол, құрығы ұзын, біз асықпай жүреміз деп азаматымыздың обалына қалып жүрмейік.
– Айтқаныңыз болсын, қазір-ақ жүріп кетейік, – деп Әлібайдың інілері Әлжан, Бәлібайлар бұл шешімді бірден қолдаған.
– Әлібай ағамыз отқа күйсе, біз де бірге күюге, суға кетсе бірге кетуге әзірміз, – десті оның туыстары Оқбай мен Бұтабай да орындарынан бірге тұрып жатып. Осы кезде Тұрғанбай би өз шешімін айтқан:
– Сол үшін де бірге туған екенсіңдер немесе қаның ғана емес, жаның жақын туыс екенсіңдер. Ағайын үшін барыңды салуға даяр екенсіңдер. Бәрекелді! Әлібай қара басын қамдап, бой тасалағанмен, мына қаһары қатты үкімет артындағы қатын-бала, іні-қарындасына тыныштық берер деймісің?! Бәлкім, оны жалғыз қаңғытпай, бала-шағасымен, іні-қарындастарымен жайлаудың Сасықбұғы сияқты орысты қойғанда қаңғыған шайтан да бара бермес бір тұйыққа апарып, мал-жанымен бой тасалатқандарың жөн болар. «Қазан аузы – жоғары», заман түзеліп, төбемізге қара аспан құламайтын болса, үйірлеріңе келіп қосылу қиын болмас. Егер де қазақтың басына төнген қара бұлт сейілмейтін болса, күштіні райынан қайтара алмасақ, түнде ел ағаларымен пәтуаласқанымыздай, шегара асып кетсек, ол жақта да басқа жұрттың билігінде жүреміз дегеніміз болмаса, қалың қазағым отыр емес пе?.. Ал, балаларым, жортқанда жолдарың болсын, жолдастарың Қыдыр болсын! Әумин!
Бидің сөзіне ешкімнің де қосып-алары болған жоқ. Жолға жиналғандардың біразы аттарына мініп, оңтүстік-шығысқа, жайлауға қарай бет алса, басқа әлі де жолға шыға қоймаған ел жақсыларының қалғандары да аттарына мініп, етекке, солтүстікке қарай бет түзеген.
Топ-топ болып, қара жолды қуалап бара жатқан ойда-жоқта шақыртып алған сыйлы қонақтарының соңынан тысқа шығып, біраз қарап тұрған Шылғаубай би тағы да бетін сипап: «Иә, Жаратқан, қамсыз-мұңсыз жұртымды жылата көрме!» деп күбірледі.
– Айтқаныңыз келсін, би аға, – деп Қазақбай қажы да бетін сипаған. Жанына келген Кәдірбайға:
– Жігіттерге айт, үйлерді жығып, көліктерді әкелсін. Жайлауға, ел ішіне жетіп, көрерміз қалғанын, – деген.

* * *

Кеше кешкілік сам жамырағанда жиналып, түннің бір уағына дейін мәжілістескен игі жақсылар мәселенің әр қырынан келсе де бір тоқтам, бір шешімге келе алмаған.
Қонақтардың қымызға қанып, сарықтарын басқан соң бүгін жөпелдемеде асығыс түрде қалың тал-терек, ақ қайың тоғайының көлеңкесіне ас-су даярлайтын үйлерден оңашалау тігілген алты қанат үйдің иесі Қазақбай сөз бастаған.
– Тағы да айтайын, ағайын, шақырып келтіре алмайтын Зайсан оязы болыстарының игі жақсылары! Ашық аспаннан найзағай түскендей исі қазақтың басына төнген кесірден қайтсек жол табамыз, қайтсек барша жас өскін – ертеңімізді ажал аранынан арашалап қаламыз дейтін түйткіл төңірегінде ақылдасып, бір мәмілеге келу үшін қалаға ең жақын тұрған ауылыма қош келдіңіздер. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген ғой. Әңгімелеріңіздің әр сөзі шашау шықпасын деп, үйді де оңаша тіктіріп, ас-суды да әкеліп, сіздерді күтуге ең сенімді азаматтарымды сайладым… Ал, не ойларыңыз бар? Сіздердің шешімдеріңізді қалың қарашаларыңыздың асыға тосып отырғаны тағы рас. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», ақылдаса отырып, бір мәмілеге келейік, ағайын!
Оның сөзін Кендірліктің жас болысы Аманша баласы Ақбай іліп әкетті. Қажының сөзінің аяғын күтпей сөз алған оның аппақ борықтай болып толған жүзі де алау атады.
– «Ақ патша, ақ патша» деп-ақ өлер болдық қой. «Айтқаныма көнесің, айдағаныма жүресің» деп, азу тісін ақситып шыға келеді. Құнарлы қонысым мен суат­ты өрісімді қаңғып келген қара шекпеніне тартып әперіп, көбімізді шағылды құмдауытқа, қамыс-құрақты шымдауытқа айдады. «Күштінің көті диірмен тартады» деп, амалсыз көндік. Алымым деп, салымым деп, қорадағы малымды, бала-шағаның аузына тосқан барымды сыпырып-сиырып ала бастады. Оған да көндік. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, басына-басына басыма шығып болды. Басыма шығып алып, «Балалар мен боздақтарыңды бер, оққа байлап, ойнайын!» дегені төбемді тескені емес пе?! «Өзекті жанға – бір өлім». Жағаласып өлеміз. Ертең-ақ жағаласып жүріп жан тапсырсақ та, жұртымды күреске шақырамын. Басқа жолды көрмей тұрмын.
– Ақа, сен осыдан алты-жеті жыл бұрын Сатыпалдыұлы Бекмұхамбеттің ерлік әрекетін қайталауға шақырып отырсың ғой. Олар бір рулы елді басынған қарашекпенділердің аз ғана тобын тәубелеріне келтірсе, қазіргі жауымыз арқаларын ақ патшаға тіреген қару-жарағы сай қалың әскер, полицейлері бар үкімет адамдары. «Көтерілем, қолында өлем» дегенің де ерлік болар. Алайда, көзсіз ерлік пен түскен пендені қайта қайтармаса көрдің арасы бір-ақ адым екенін ұмытпаған да жөн болар, – деген төрде отырғандардың бірі.
– Қарап отырып, «қорқамын» деп қор болғанша, жастығымды ала жатып өлгенім артық, – деп Ақбай қызына сөйлеген.
– Оу, жігіттер, қысыр дауды айтып қызбаланбаңдар. Бүгінгі таң – өз еншімізде. Ал әлгі Бекмұхамбеттің қандай ерлік жасағанын өзің айтшы, Ақбайжан. Осы сөздің шет жағасын бұдың-шадың естігенім болмаса, анық-қанығын білмейді екенмін, – деп, Қазақбай жігіттердің қисыны аз дауға бара жатқанын сезіп, әңгіме арнасын әдейі бұрған. Үлкен адам өтініш жасаған соң ол әңгімені айтып беруге келіскендей сыңай танытып, тостағандағы қымызынан бірер толғады да, әңгімесін бастаған.
– Иә, бұл оқиғаның басы-қасында болмасам да оның жай-жапсарына жақсы қанықпын. Ұмытпасам бұған 7-8 жыл бұрын Қара Ертістің бойын қыстайтын, Алтайдағы өздерінің мекендері Ақжайлауға жұрт көшіп келе жатса, жол бойындағы шалғынды жазыққа лашықтарын салып, бақшаларын егіп тастаған қарашекпендер көшті, малды өткізбей: «Бұл – өкімет бекітіп берген біздің жеріміз. Өтпейсіңдер! Егер өтем десеңдер әр бас мал үшін 30–40 тиыннан жербасар төлейсіңдер» деп, 70-80 мұжық мылтықтарын кезеніпті. Үш ұлыс – Қалжыр, Кендірлік, Қара Ертістің мыңғырған малы үшін көп ақша төлеуге көнбеген жігіттердің біреуін және бірнеше жылқыны атып тастапты.
– Әй, нәлеттер-ай, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы-ау. Ата мекенімізді басып алғандарымен қоймай, басымызға шығып, әбден басынды деген осы да, – деп Сақари да шыдай алмай сөз қосқан.
– Иә, содан, – десті отырғандардың біразы.
– Иә, содан кейін осы елдерге бас-көз болып жүр­ген «указной молла» деген үкіметтен алған атағы бар, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді жігіт Бекмұхамбет мұжық­тардың басшысымен тілдесіп, ондай көп ақшаның жоқ екенін, оның орнына малмен төлейтінін айтса, басшылары одан әрмен шалқақтайды. «Кісімізді атып өлтіргендерің үшін сотқа береміз» десе, «Менің орныма өзің сотталғың келсе бара ғой» деп келемежейтін көрінеді. «Заң-зәкөн де, билік те біздікі» дегені ғой. Содан кейін Бекең Дулатұлы Міржақыппен ақылдасады.
– Міржақып деген жігіт туралы әңгімені әр жерден естимін. Ол кім еді? – деді отырғандардың бірі.
– Мен білсем, ішкертіндегі ірі қалаларда болып, терең білім алған ақын жігіт көрінеді. Бекмұхамбет Зайсаннан жаңаша оқытатын мектеп ашып, соған білімдар мұғалім тауып беруді осы елдегі аса ірі саудагер Бидахмет Бобкинге тапсырады, білем. Әнеки, жаңаша оқытатын мектепте сол Міржақып ақын ұмытпасам, 1906-1908 жылдары балаларға екі жылдай ұстаздық еткенін білемін. Сонда ғой Міржақып Бекеңе: «Мұжықтар да ет жүректі пенде. Сіздер де намысы бар жұрт екендеріңді жақсылап көрсетулерің қажет. «Күш көрсеткенге тіс көрсетер болар» деген ақылынан кейін Бекмұхамбет өңшең «Сен тұр, мен атайын» дейтін үш ұлыстың 60-70 жігітін бар қару-жарақтарымен мұжықтардың лашық-шатырларына шабуыл жасап, бар ер азаматтарының мылтықтарын тартып алады. Өздерін сыртқа айдап шығып, қыңыр басшыларын соққыға жығады. «Бір кісіміздің қазасы үшін бәріңді қырып саламыз. Қатын-бабалаларыңды келген жақтарыңа жаяу айдаймыз» дегенде еркек-әйел, бала-шағасы түгел жылап-еңіреп, бұдан былай қазақ атаулының бетіне тура қарамауға ант-су ішіседі. Әнеки, содан кейін ел де аман, жұрт та тыныш дегендей мұжықтар қысатын жерлерін бекемдеп жүрсе керек. Ол аздай Бекмұхамбет бірер жылдан кейін мына Қуаныш ауылының іргесін қалап, біраз кедей-кепшікті егіншілікпен айналыстырмақ болған кезде тағы да мұжықтар біраз қарсылық көрсеткенде де Бекең олардың жайлау жолындағы басқа келімсектерге жасаған ісін есіне салса керек. Кеудесін қағып шыққандардың кеудесі сол сөзден соң тез басылыпты деседі. Бірақ осы оқиғадан кейін мұжықтар аудандағы үкіметке барып: «Мынау Дулатов дейтін учительдері қазақтарды бізге айдап салып жүрген бұзақы» деп арыз түсіріп, елі үшін тәуекелге барып жүрген азаматты бірер апта «кәтөлөшкеге» де жаптырғанын білем ғой. Азамат бұл елде аз жүрсе де өшпейтін осындай ізін қалдырып кеткен…
Ақбай Бекмұхамбеттің әңгімесінен кейін сөзін тағы да қызына аяқтаған.
– Ағайын-ау, бұл әңгімені есіме Қазекем жақсы салды. «Мың күн атан болып жүргенше бір күн бура бол» деген бабамыз. Атыссам да, шабыссам да, ауа көшсем де, мен бұл мизамға келісе алман.
Маңырақтың болысы алпыстың ішін еркін аралап кеткен Мәмбет мырза сәндеп қойған шоқша сақалын сауып отырып:
– Әй, інім, сабыр! – деген. – «Сабыр түбі – сары алтын»… бәріміз де мықтының қарыс жер сайын әлімжеттік көрсете бергеніне намыстан жарылардаймыз. Бірақ оқ бүркетін отты қаруына онның бірінде ғана бар құс мылтығымен, одан қалса шоқпар, сойылымен қаруланған жігіттеріңмен кімді қиратарсың? «Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші» дейтін баба­ларың­ның ерлік көрсетер әділ шайқасының заманы өтіп кетіпті. Азамат емес қару сөйлейтін уақыт бұл. Алыс­қан боларсың, жұлысқан боларсың, алайда алтын басыңды қор қылып, алыстан оқ жаудырып, жер жастандырар…
– Сонда не қыл дейсіз? Түйеқұс сияқты басымды құмға тығып жатайын ба? Айтыңызшы, не істейін енді? – Ақбай мырза әлі де ашуын баса алмай, алдында өзі сияқты бір елдің болысы емес, ақ патшаның өкілі отырғандай зілдене сөйлеген.
– Інім, «Көп қорқытады, терең батырады». Жұрт сияқты қаһарлы қару жасауды да бұйыртпай «А, құдай, бергеніңе шүкір!» деп, «Ішкенге мәз, жегенге тоқ» болып жүрген тым бұйығы, момын ғып жаратқан Аллаға ренжімесең, кімге назыңды айтарсың?! – деген төрде отырған ақсақалдардың бірі. – Бей-жай тірлікке әбден үйреніп, ата-баба ерлігінен де көз жазып қалғандаймыз. Мықтының айтқанына көніп, қайырын Алладан күткеннен басқа шара жоқ сияқты. Айтыстары шын болса, соғыс болады-ау деген жерде ор қаздырып, жол жөндететін көрінеді. «Спесегін» жасау қолымызда ғой, жағдайлары келетіндерден баратындарды аздап қана көрсетсек, бізді кім тексеріп жатыр? – Мұны айтқан Маңырақ болысының сыйлы ақсақалы Ахметжан қажы болатын. – Біз Мәмбет болыс екеуіміз өзімізді қайтып тұра алмайтын орға жығатын қара дауылға қарсы шықпай, дүниенің аңысын аңдиық деп шештік. Сіздерді де сабырға шақырамыз, ағайын.
Ақбай тағы да сөзді бөлген.
– «Бұға берейік, сұға берсін» дейсіз ғой!
– Оу, азаматтар, әңгімеміздің әлден-ақ қиюы қаша бастағаны ма? Асықпай, сөз тосып, өз пікірлеріңізді білдіріңіздер. Бәлкім, бір мәмілеге келерміз, – деп Қазақбай қажы үй иесі ретінде, әрі бүгінгі әңгіменің тізгінін өзі ұстап отырғанын да сездіре сөйлеген.
«Қажекең дұрыс айтады. Пікірлеріңізді дау-шарсыз білдіріңіздер», деген сөздер әр тұстан естілген.
– «Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жолды көріп отырған жоқпыз-ау, ағайын. Сезіп те, байқап та отырмыз, – деген Шілікті болысының Тарбағатайдың сол жақ өңірін қыстап, Қыран, Қобда өзендерінің жағасын жайлап жататын Жантекей руының басшысы саналатын Керімбек гүрілдеген айбарлы үнімен елді елең еткізіп. – Мен білсем, жалғыз жол, іргеде тұрған шекарадан малымызды айдап өте шығу. Ақ патшаның соғысы аяқталып, ашуы қайтқан соң туған жерге қайта өтпейміз бе? Олардың соғысы әрі кетсе екі-үш жылға созылар. Ол уақыт соншалықты көп емес қой. Дәм жазса, қайта оралармыз. – Жұмыртқадан жүн қырыққан бұл қысық көз көршің де «жақсы келдіңдер-ау» деп, құшағын жайып, қуана қарсы алмас. Сары орыс­тан ықтаймыз деп жүріп, қара қытайдың қармағына түсерміз. Әйтеуір сүйегіңді жат жерде қалдырғаннан жақсы ғой.
– Сары орысың да алымын төлеп, малын үйірлеп алдына салып беріп отырған, енді соғыстың қара жұмысына салмақшы болған қазағыңды оңайшылықпен шекара асыра қоймас. – Ақбай болыс әлі де қызулана сөйлеген. – Шоқпар, найзамен болса да соғысамыз. Осынау туған топырағымызда бола ма, әлде шегара асарда бола ма, өлсек те майдандасып барып өлеміз. Мен басқа жолды көріп тұрған жоқпын. Әттең-ай деп менің ішім ашитыны – қытайда бар, орыста бар от қару бізде неге жоқ? Мал қамымен жүреміз деп, өзіміз де мал болып кеткен сияқтымыз. «Баяғыдан бодан болдық, осы күйге содан болдық» деп бір атамыз айтқан екен. Орыстың, қытайдың қолынан келген іс біздің де қолдан келер еді, оған бас иең мүмкіндік бермеген шығар. Ал үйірлеп малымызды берсек те әр шаңырақ бір-бір отты қару алар еді ғой. Бәрі де салғырттық, бойкүйездіктің кесірі. Әйтпегенде дәл осылай бұқпа торғайдай «Сақта, Құдай, сақта!» деп отырар ма едім, ағайын!
Біз соғыспаймыз дегенмен, кешегі оязыңның алдында айылын да жимай айбар көрсетіп кеткен Күркебайлар, тайсалмай азу тісін көрсеткен осы ауылдың Әлібайлары біздің «Әй, жігіттер, қойыңдар!» дегенімізге көне қоймас.
– Е, онда соғысып өтеміз! Ақыры бір өлім екен.
Ешкімнің де сабырға келер түрі көрінбейді. Өзара дауласқан бұл әңгіме астау-астау болып марқа құлынның сырбазы желініп, тегене-тегене қымыз ішілгеннен кейін де, «Е, бәрекелді! Осы сөзге тоқтайық» деген жан болмады. Жаздың қысқа түні түріліп, кейбіреулері «шегара асайық» деп отырғанда сол шегара жақтан, Сауырдың бел ортасынан әрі қарайғы жерді алып жатқан жұмбағы мол, бейтаныс елдің шегарасы жағынан таң рауандады. «Туған жерді тастап, бастың амандығын күйттейік» деген пікірге тоқтағандар күңгірттеу болса да бар болашақтарын сол бейтаныс жұрттың арасынан елестеткен. Олардың уәждері ортаға ала баған қойып, бір ел, бір жерді бөліп тастаған айбарлы аю мен қаһарлы аждаһа сынды екі мемлекеттің кесірі болмаса шегараның арғы жағын да тұтастай жайлап жатқан негізінен өз қазағы. «Қысық көз, қиғаш қабақ» жұрт жердің иесі атанғанмен, бірлі-жарым арнайы қоныс аударғандары мен шегарашылары болмаса, қара халқы әлі ішкертіннен қаптап келе қоймағандықтан, олардан келер көп зиян көрінбейді. Заманның ен күнінен күл төгіп, іргежау – Жоңғар жұрты жайлаған уақыттан бері қарай қоныстанып отырған қалың Найман мен Керей қиналып барған ағайынға қоныс берер.
Ал ел иесі ақ патшаның жарлығына көніп, елінің ертеңін бір Алланың рақымынан күтуден басқа батыл қадам жасай алмайтындарын кейбір болыстар ашық білдірген.
«Балаларымызды матап беріп, қасапханаға мал айдатқандай қарап отырғанша, «қолдарыңда алысып-жұлысып жүріп өлеміз» дегендер аз еді. Аз болса да шегінер, сөздерінен қайтар сыңай танытпаған.
Қонақтар аттанар кезде ертеңгі астарына деп марқаның еті астаулармен тартылып, тағы да қымыз сапырылды. Ет желініп бола берген кезде меркіттердің ғана емес, бүкіл Керей-Найманның сөзін ұстаған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, сөзге араласа бермейтін, атақты Шылғаубай би қамшысын көтеріп, сөз бастайтын ыңғай танытқан. Ол соноу 1755 жылдарға дейін Көксала, Қалба тауын, Бақанасты мекендеп келген 12 Абақтың бесеуі – Жастабан, Жантекей, Ителі, Шеруші және Меркіт атаулының атасы жоңғардан бұрынғы мекендері Зайсан, Маңырақ өңіріне келіп қоныстанған кезден бүтін осы бес атаның түгел сөзін ұстаған. Бесік бидің әділ жолын жалғастырып келе жатқан бүкіл Меркітке қадірі асқан қарт би еді. Жеменейдің Құйғанында отырған әкелерін ұлдары Қазақбай қажы мен Мазақбай әдейі алып келген болатын. Ел аузында ол кісі ертеректе екі ру арасындағы шиеленіскен дауды әділ шешіп, содан «Шылғаубай бітімі» деген сөз қалыпты.
– Ағайын, қыз алысып, қыз берісіп дегендей, Алтай, Маңырақ, Тарбағатай, Сауырдың қолат-қойнауын ен жайлап, айрандай ұйып отырған, қызығымыз ортақ ел едік. Төрт түлік малмен ырзығымды түгендеп, төрт құбылам тең деп жүрген ел едік. Бөрі тиген жылқыдай шұрқырасып бөрлігіп қалған түріміз мынау. «Екі адамның пікірі – ақыл, үш адамның пікірі – мақұл, төрт адамның, тіпті одан да көптің сөзі – нақыл» деуші еді бұрынғылар. Ақыл қосайық, сөйтіп барып, бір мақұлға келерміз деп ойлап едік. «Пікір екеу болса, дау төртеу болар». Қартайып, қайғы ойлаған жасымда: «Олай жүрме, былай жүр» деп айта алармын ба мен?! Айтқаныма көнсең жақсы. Көнбейтініңді көрдім, ағайын. Мен не дейін, барлығың­ды да «жетекке жүрмес жетесіз» дей алармын ба?! «Тозғындаған аққуды шалғындаған қаз аларын» ұмытпасаңдар етті. Біздің жұртымыздан татқан дәмдеріңнің соңы болмағай бүгінгі мәзір. Қайда жүрсеңдер де арттарыңнан ерген қалың қарашаң бар. Өздеріңнен бұрын соларды ойлаңдар. Бағанадан сөз мәнерлеріңе құлағым түрулі болды, алайда ортақ мәміле табар түрлеріңді көре алмадым. Біреуің қаруы қабағат жауға шоқпар, найзамен қарсы шығып, басыңды қисаң да намыс жолында өле кетуге даяр екенсің. Бәрекелді! «Намыс жолында жан пида» деген ерлерден айналдым. Алайда «Ала балта, ақ білектің күші» деп, алысар адал шайқас, әділ майдан заманы бабаларымызбен бірге өтіп кетіпті. Қолыңа һәм жолыңа қараған қарашыңды қыр басы мен сай саласында текке қырдырып алма демекпін. Енді біреуің биікте отырған билігіңнің айтқанына көніп, айдағанына жүрмексің. Ертеңім осылар деп отырған ерлеріңді тұмсығынан тізіп, от пен оққа айдап жіберіп, қалай таңыңды атырып, Күніңді батырарсың? «Түнеріп басқа түн түсті, қиын да қысталаң іс түсті» деген осы. Оны да ойлан, ағайын. Енді бірің бас амандығы үшін ала баған асып, жат жұртта жалтақ күн кешуге тәуекел етпексің. «Иттің аласы – қасқырдың бағы» бола ма деп қорқады кәрі жүрек. Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда мен түйінін шеше алмас түйткілге тіреп отырсың. – «Бойында иесі бар, сөзінде киесі бар» Шылғаубай би аппақ сақалын салалап біраз үнсіз отырды да, алдындағы тостағандағы қымызды дәмін алып, ұзақ ішті. Сонан соң «уһ» деп демін ауыр алған. Қарт би енді не дер екен дегендей отырғандар да тым-тырыс. Би бір жөткірініп сөзін жалғады. – Жаңа Ақбай балам: «Құнарлы қонысымды, суатты өрісімді қаңғытып әкелген қарашекпеніне тартып әперді» деді. Рас айтады… Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болған бір оқиғаның куәсі де болып едік.
Сол қарашекпенділер Ертістің қос жағасы мен Алтайдың шұрайлы жерлеріне әбден орнығып алған соң жайлауға шыққан жұрттан «Жеріміздің шабындығын, егінімізді жапырасың» деп мал басын санап, ақша ала бастайды. Тіпті оған көнбегендерді сабап, бір жігітті өлтіріп те жіберсе керек. Бұл оқиғадан осы ояз жұртының біразы хабардар болса керек.
– Иә, би ата, Бекмұхамбет ағамыздың ол ерлігін естігенбіз. Ол туралы осындағы жұрттың біразына айтып та бергенмін. Біздің шешеміз елге қорған болар ұл тудым деп қалжа жегенін ағайынның есіне салу үшін айтқанмын, – деді Ақбай әлі де қызына сөйлеп. – Міржақыптың ақылдылығының, Бекмұхамбеттің батылдығының арқасында осы күнге дейін мұжықтардың өктем қарекеттерін көрген емеспіз.
– Өзім куә болған дедіңіз бе? – деген отырғандардың бірі қарт биге қарап.
– Иә, солар атып өлтірген жігіттің құн дауына араласып едім. Бұл оқиғаны неге айтып отырмын? – деп қарт би жан-жағына қараған. – Мылтық, қылыш асынған қарулы әскер жер жыртып жандарын сақтап жүрген мұжықтар емес. Ең бастысы қазақ қайратына мінсе, кез келген қиындықты жеңетінін айту еді сендерге. Алайда, «Жарын жауға, ұясын ұрыға алдырмас» деген ұлдарым, балаларым, көзсіз батырлық орға жығар. Менің ұзақ ойланып түйген шешімім – «Жайлауымды қар алды, ойлауымды өрт алды» деген осынау қара дауылдың беті қайтып, сабасына түскенше пана болар ма екен іздеген. Демек арғы бет аса тұрған дұрыс болар. Онда да қуғыншың бар, тосқауылың бар, ерлігіңді сынға салар кезеңге тағы да тап боларсың. Ұйымшылдығыңды, бірлігіңді, амал-айлаңды сонда жұмсарсыңдар, балаларым. Ал жолдарың оң, әр қадамдарыңа Алла жар болғай, әумин!
Бата орнына айтылған аталы сөзден кейін бәрі де беттерін сипап, орындарынан тұруға ыңғайланғанда Қазақбай қажы:
– Ағайын, түн қатып, түсіміз қашып дегендей мәслихат құрдық. Шылекең абыздың сөзінен кейін бұл әңгімені қаузаған жараспас. Бір ояздың барша билері осы ауылға қарай ат басын бұрып, жиналып жатқанынан, Құдай біледі деп айтайын, Серке Күпінің де хабардар екені анық. Көп ұзамай итаршылары да жетер. «Бүгінгі жиынға сылтауым – немеремнің сүндет тойы» деп сіздерге айттым да. Сол тойға қатысып, балама баталарыңызды беріп аттаныңыздар. Екіншіден, күдіктенген биліктегілер де сылтауыма сенсін.
Таң атты. Күн көтерілгенше аздап мызғып алып, бүгінгі «сылтау» тойды тамашалап, бір-ақ аттанасыздар, – деген.

* * *

Әлібайдың інілері Әлжан мен Бәлібай аттарын қарасорпа ғып, жайлауға күн түске тармыса жеткен болатын. Әлібай ағалары да үйінде екен. Іздеушілер бола қалса биіктегі жайлауға олардың аяғы бұл жерге жетпейтіндей тым бейғам, жайбарақат отыр екен.
– Иә, не болды? – деген ол да үйге тым асығыс кірген інілеріне бір түрлі күдіктене қарап. – Тіпті асығыс жүрген сияқтысыңдар ғой. Тыныштық па, әйтеуір?
– Тыныштық дегенде мынандай күндерде қайдан тыныштық бола қойсын? Бізді асығыс аттандырған қажы атам. Ауылға келген полицейлердің ішінде Құсайын дейтін бір қазақ бар екен. Сол кісі: «Сізді дереу бой тасаласын. «Қара тізімге» ілінді. Оны бүгін-ертең тұтқындауға шығады» депті… Оларға сенім бар ма? Сізді ұстауға бүгін-ақ келіп қалуы мүмкін екен.
– Егер қара тізімдеріне қосса кеше кеңсесіне кірген кезімде неге ұстамапты? Қой, бауырларым, алып-қашпа жай сөз болар, – деп Әлібай айылын да жимайтын сыңай танытқан.
– Оның себебін кеше Тұрғанбай көкем түсіндіріп тұрып айтты емес пе? Бүгін ол кісі де, қажы атам да, Сақари көкем де сіздің ертеңіңіз үшін алаңдаулы. Күні кеше ақ патшадан бастап, оның осындағы жандайшаптарына дейін ішкірнелерін ұстататын ауыр сөз айттыңыз. Қайтсе де үкіметке қарсы келгендерді осылай жазалаймыз деп басқаларды жуасытып қою үшін әзиз басыңызды құрбандыққа шала салу оларға түкке тұрмайды, – дескен інілері.
– Сонда маған не істе дейсіңдер? – деген ол екеуінің бетіне шақшия қарап. Қорқыныш не үрейден деуге келе қоймайтындай бет-жүзінен ерекше бір құбылысты байқауға болатын. Тығыншықтай ғана толықтау, бірақ әбжіл қимылдың иесі екенін білдіргендей тым жинақы да шымыр денесіне жараса біткен дөңгелек жүзі алаулап кеткендей. Жайшылықта көп байқала бермейтін оң жақ көзіндегі тоқтап қалған ағы қос інісіне сол сәтте-ақ үлкейіп, қараған кісісінің өңменіне қадалардай көрінген.
– Отағасы-ау, қоржыныңа бірер күндік ас-суыңды салып, ел аяғы баспаған жаққа қарай барып, аңшылық құра тұрсаңшы. Ойда жоқта келіп, байлап-матап алып кетсе, ол кәпірлер сені тірі қайтармас. – Бағанадан үйдің сыртында әлдене шаруасымен жүрген оның әйелі Рәзиға үйге кіріп, өз ойын айтқан. Қайындарының жаңағы әңгімесіне дейін отағысының ояз дейтін ұлықтың алдында не «бүлдіріп» келгенінен бейхабар болатын. Барша жұрттың басына төнген бір қатердің барын ойжора мөлшерлегені болмаса, өзінің сүйеніші де тіреуіші деп жүрген азаматының «қара тізім» дегенге ілінгенін естіген сәтте есінен тана жаздаған. «Әзиз басыңды құрбандыққа шалуы да мүмкін» деген сөзді естіген соң әрі қарай шыдап тұра алмаған. – Құлдығың болайын, қазір өзің кете тұршы. Ертеңдер түнделетіп, бізді алып кетерсің. – Ол қос қайнысына қарап: – Әзірге ағаларыңды жалғыз жібермей, біреуіңнің ілесе кеткендерің жөн сияқты, – деген.
– Қашып-пысып тірлік кешетін болдық па енді?! Алланың жазуы осы болса, амалымыз қайсы, – деп Әлібай амалсыз орнынан тұрған. – Онда атымды әкеліп, ерттей қойыңдаршы.
– Мерген аға, әзірге жаныңызға мен ілесейін, – деген бір інісі Бәлібай. Соңғы жылдары ағаларына жұрт осындай қосымша ат қойып, айдар тағып тіпті ағайындарының өздері оның Әлібай атын ұмыта бастап, «Мерген» атандырып алған соң інілері де солай атай бастаған.
– Жайлау түні суық қой, түнде оранып жататын тұлыбым мен азды-көпті азық-түлікті қамда, – деген ол Разиғаға. – Бәлібай сен де қамдан.
Ұсақ мал жусауға ауыл төңірегіне келген кезде Әлібай мен Бәлібай мылтықтарын, шай қайнатып ішетін шәугім, кесе-тостақтарын жинастырып, жолға шығуға енді даяр болған. Әлібайды іздеп келе жатқан әскері ме, полицейі ме тұтқиылдан келіп қалмасын деп, Әлжан бір биікке шығып, иретіле шұбатылып жоғары өрлейтін көш жолын қарауылдап жатқан. Ол екі ағасы енді жүргелі жатқанда үйге қарай жүгірген.
– Ойбай, мылтықтары шошайып, екеу-үшеуі келе жатыр. Жамансайдан бері асты. Тездетіңдер, – деген. Осы сөз қамшы болғандай бағанадан «Анауым қайда, мынауым қайда?» деп кідірістеп жүрген Мерген де Керқұласына мінген. Ауылдан қозы өрісіндей қашықтықтағы сайды өрлеп келіп, қыратқа шыға бере сиреп салар қалың қарағайға қарай бет алған. Екі-үш арқан бойы құлдаған соң қалың өскен балапан қарағайдың ішіндегі салт аттыны көре қою оңай емес болатын.
Айтқанындай-ақ, екі орыс, бір қазақ полицей ауыл шетіне жете бере әлдекімнен сұрап алып, Әлібайдың үйіне төтелей тартып келген.
Ат үстінде тұрған жуан сары бірден зілдене тіл қатып еді, қазағы оның сөзін жеткізді. Ол кеше ғана «Тезірек бой тасаласын» деп хабар берген Құсайын болатын.
– Қожайын қайда? – Орыс полицейлердің бірінің айтқан сөзін Құсайын да зілді үнмен жеткізген. Әлжан қорқып тұрса да сабырлы сөйлеуге тырысты.
– Сауырдың оңтүстік етек жағындағы Кергентас деген жерде нағашылары тұрушы еді. Нағашы әжеміз қатты науқастанып қалған екен, соның көңілін сұраймын деп, бүгін таңертең кетіп еді, – деген. Кергентас деген бір жайлаудың барын естігені болмаса, ол жақта ешқандай да нағашылары жоқ болатын. Есіне түскен ең алыс жайлауды айта салған. Және өзінің Әлібайдың туған інісі екенін жасырып, «нағашыларымыз» демей, «нағашысы» деген. Ондағы ойы полицейлер: «Әзірше сені тұтқындаймыз, өзі келгенде сені босатамыз» деп жүрер деген сақтығы болатын.
– «Кергентас алыс па?» деп сұрап тұр бастығым. – Тілмаш жігіт те Әлібайдың кете қалғанына барынша ренішті сияқты. Үнінде зіл бар, өңінен жылылық байқалмайтын. – Әлжан бұл жігіттің күні кешегі Меркі ауылына келген полицейлердің ішінде болған қазақ екенін жазбай таныған. Егер кеше оны аттандырып салған Қазыбек дейтін жігіттің Мерген ағаның «қара тізімге» ілінгенін, оның бой тасаламаса, жағдайының қиын болатынын айтып, сақтандырған осы азамат екеніне күмән келтірмеген. Сондықтан да ол полицейді тексеру ниетімен үзеңгілестеріне аударуға болмайтын «қосымша ақпарды» сөз арасында нар тәуекелмен қыстырып жіберген.
– Ой, төрем, Кергентас алыс қой. Бірнеше тау, біраз өзендер бар жолда. Оның үстіне сайрап жатқан жол жоқ дейді білетіндер. Бір күнде жету қиын. Шынында өзіңіздің ақылыңызбен бой тасалап кетті.
Ол, қазақ полицей сол қабағын түйген қалпы мұның сөзін аударуға кірісті. Егер, ниеті теріс болса ол Әлжанның соңғы сөйлемінен кейін-ақ «Ах, солай ма?!» деп бірден мұның өзіне тап берер еді, өйтпеді. Әлжанның арқасы кеңіп сала берген.
– Әлібай қашан келеді?
– Ол жағын бізге айтпады. Барып-қайтар жолына кемі үш-төрт күн кетсе, кемі екі-үш күн нағашыларының ауылында аялдайтын болар. Қиыр жайлап, шет қонған Қожан еліне барып-қайту оңай емес. – Аудармашы полицейдің бөтен ниеті жоқ екені бастығының келесі сөзін аударған кезде белгілі болды. Ол: «Біз қара жұмысқа баратындардың тізімін алуға келген кезде Әлібай ауылда болсын» дейді бұл кісі. Аямайды, келмесін кетсін» деп, бастығының сөзіне өз пікірін де батыл қосқан. Соған қарағанда, қасына ерген серігінің қазақша «өлтіремін» десең де «қың» демейтініне әбден көзі жетсе керек. Алайда, жанындағылары қазақтарына бүйрегі бұрып тұр» деп күдіктенбесін десе керек, әлі сол қабағынан қар жаудырып, зірк-зірк етіп, тіл қатудан келгелі бір танған жоқ. «Елден ерек, шенді-шекпенді боламын деп, тілін білген жұрттың ділін де білемін деді ме екен бұл жазған, – деп ойлаған Әлжан кеше алғаш көрген кезде. – Енді ғой күні үшін осылардың сойылын соққанмен, он екі мүшесін аралап жүрген қаны бұл міскінді де иіп әкеліп, қазақ екенін есіне салған-ау. Оған да тәубе!»
Әлжан есігінің алдына келген жауы ма, досы ма, онда жұмысы жоқ, үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын дәстүрімен әлі аттарынан түсе қоймаған сары ала киімділердің үйге түсіп, сусындауларын, асықпаса марқа сойып, түстендіріп жіберетінін айтқан. Ел аралап жүріп, сары қымызға әбден дәніксе керек, тәпелтек бойлы бастық Әлжанға емес, Құсайынға қарап, қысқа қайырған: «Жақсы, қымызды сыртқа әкелсін. Уақыт жоқ отыратын» депті.
Бір-екі тостағаннан ат үстінде тұрып, қымыз ішкен келушілер қайтадан жолдарына түскен.
Кәпірмісің деген-ау, ақ-адал асымды ат үстінде тұрып ішті-ау. «Сиырға су көрсетпе, жаманға сый көрсетпе» деген осы екен-ау, – деді Рәзиға ренішін жасыра алмай. – Ақ ниетпен ұсынған асыма рақметтің ишарасын да жасамады. Бағыныштыларына көрсеткен мінездерінің түрі осылай болады да.

* * *

Төмендегі Меркі ауылындағы «сүндет тойда» болған ауыл ақсақалдары да кіші бесін кезінде жайлауға жеткен. Қонақтарды күтуге деп тігілген киіз үйлерді, ыдыс-аяқтарды артқан түйелердің өзі шағын бір керуен болып, олардан ет асым уақыт кейін келген. Олар да келе салып, жайлауда отырған жұртқа полицейлердің Әлібайды іздеп арнайы келгенін ести салысымен Тұрғанбай би енді өз рулас ел ағаларын әңгімелесуге шақырған.
– Елге төнген үлкен қатерден қалай құтыламыз деп, шыр-пыр болып жүргенде Әлібайымыз қызуқандылық көрсетіп, елден бұрын қарауылға ілініп тұр. Оны бойтасалаттырған ақылыңыз дұрыс болыпты, қажы аға. Орысыңның құрығы ұзын, «қылша мойынға талша оралар» қарғыс шалмасы құрбандығына бір оралса, қайта жібере қоймас. Оязға қарасты төрт болыстың сорпа бетіне шығар игі жақсыларының сөз ләмдерін тыңдадыңыздар. Бірі тауға, бірі бауға тартып дегендей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар түрлері байқалмайды. – Не істемек керек, ағайын? Бұлтсыз күні төбемізге жай түсті деген осы. – Ол шарасы таусылғандай айналасында отырған Лепестің жас-кәрісіне барлай қараған. Бір-екі күннің мезіретінде ұйқы-күлкі көрмегендіктен, аясы кең жанары қызыл жиектеніп көрінеді. Бұрынғыдай «былай болсын» деп шешімін айту емес, «қалай болады?» деген сауалдың жауабын күткендей.
– Е, ағайын, торға түскен торғайдың жағдайындай шарасыздықтың күйі деген осы да. Ақ патшаның әпербақан айдауылдарына «Қолыңда өлейін-ай!» деп ұмтылар жұрттың сұрқы анау шілдің боғындай пышырап жүрген. – Сақари да амал-қарекеті таусылған жандай торыға сөйлеген. – Ең алдымен Әлібай ініміздің амандығын қамдайық. Өзі де аң аулап, түнеп, қайтып жүрген жері ғой. Бірер інісін ертіп, ешкім жайлап, көң төгіп көрмеген Ақирек жолындағы Келіншеккөлдің жағасына көшсін. Бала-шағасын, келінді, барлық отбасын қалдырмай түгел әкетсін. Әлібайды ұстау үшін бұл кәпірлер оның бала-шағасын, інілерін де кепілге алудан да тайынбас, білем. Ол жаққа арғы бет асар біреулер болмаса жан баласы бара бермейді. Әлібайдың одан бөтен құтылар жолын көріп тұрған жоқпын. Мынау ырду-дырду басылса ортамызға оралар. Басылмай жатса, одан арғы жолын Алла нұсқар. – Орта жастың орманын еркін аралап, ел сөзін бірге ұстап жүрген жігіт ағасы жасындағы Сақари мүдірді де, тостағанындағы қымызға қол созған. Сусынын сарқып ішіп болған соң сөзін жалғады. – Ал біз қалың қазақтың қарекетін бағалық. Ел екенімізді танытып, ереуілдеп атқа мінсе, біз де қарап қалмаспыз. Сондықтан, әзірге тиіп жатқан жау жоқ, істің аңысын аңдиық.
– Сөз осы, ағайын, – деген Тұрғанбай би. – Сәкең дұрыс айтып отыр. Бәлібай оралған бетте Әлібайдың үйін көшіріп, мал-жандарын осында қалдырып, аздаған сауын биелерін ғана апарсын.
Жиналғандар осы байламға пәтуаласып тарасқан. «Пәтуаласып тарасқан» дегенмен әрқайсысының жүректерінде ертеңгі күннің, тіпті бұлыңғыр болашақ белгісіздіктің шемені байланғандай еді. Әйтеуір олар пәтуаласқан істің бір тармағы жүзеге асып, бүкіл ауыл «уһ» дескендей еді. Жиын өтісімен жағдайды болжап қайту үшін ауылға қайыра соққан Бәлібай үлкендердің соңғы байламын естіген соң таң құланиектене кіші көштің қамына кіріскен. Бұл шешімге Әлібайдың келіншегі Рәзиға да ер азаматының амандығы үшін қуана келіскен болатын.
– Нұр жеңгем, хал-күйіңіз қалай? Ағатайымды сағынып қалған жоқсыз ба? – деп Бәлібай қайнысы Әлібайдың үйіне әзілдей кірген. – Сізді сағынып қалды-ау деп, бала-шағаңызбен көшіріп әкеткелі келдім.
Заманның тыныш, «қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған уақыт» дейтін күні кешеге дейінгі алаңсыз күндер еді-ау. Жәдік ішіндегі Бүйен аталығынан осы Рәзиғаны, оң жақта аққудың көгілдіріндей бұлықсып отырған бойжеткенді, келін ғып түсіргенде қайындары, әсіресе осы Бәлібай тай мініп, тайраңдап жүрген өспірім кезінде-ақ аса өңді жас жеңгесіне: «Нұр жеңгей» деп ат қойған болатын. Айтты-айтпады, көргеннің көзі сүрінердей жас жеңгесі тым әдемі еді. Қиғаш қас, ботагөз, шолпылы қос өрім қолаң шашы тілерсегін қаққан, ақшаңқан алмадай дидары, сымға тартқандай сындар бойлы – бәрі-бәрі оның мінсіз ару екенін дәлелдей түскендей еді. Барша ауыл жастары – қайындары мен қайынсіңлілері Бәлібай қойған есіммен оны «Нұр жеңгей» атандырып алса, үлкендер де жас­тарды қоштағандай «Нұрбала» деп жарасымды жақсы ат қойып алған. Сөйтіп, азан шақырып қойған Рәзиға деген есімді ұмыттырмай жүрген жалғыз Әлібайдың өзі ғана болатын.
– Ағаңыздың апталап мұз жастанып, қар төсеніп кететін аңшылық әдетіне әбден үйрендік қой. Сағынсақ та, сағынбасақ та, сол ер азаматтың амандығын бұл жеңгең Алладан күндіз-түні сұрайды ғой. Қайда көшірсең де мен дайын. Ағаңның қасында жүргеннен өзге тілерім жоқ… Осы бір келеңсіз әңгіменің шеті шыққалы мен де жиылып-теріліп, даяр отырмын, – деген.
«Орыс шіркін бір басына мың пәлені үймелетіп, аса ма, ата ма, әлде итжеккеніне айдай ма – бәрі де мүмкін дүние. Онан да қиыр қонып, шет жайлап, ағайыннан амалсыз алыстаса да амандыққа не жетсін». Осы ойға бекінген келіншек қайныларының, көрші жігіттердің көмегімен төрт қанат үйін жығып, теңдерін буып дегендей ет асым уақытқа жеткізбей тас-түйін даяр болған. Екі-үш құлынды бие мен екі-үш мініс атын, жүк көліктерін Бәлібай да даярлап үлгірген.
– Балам, сендермен хабарласып тұру үшін қоныс тебер жерлерің Келіншеккөлдің иығындағы қалың қарағайдың іші болсын. Адам аяғы баспайтын жер дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ», қалтарыс-бұлтарысты паналай жүргендерің жөн, – деп Кәдірбай да жөн сілтеген.

* * *

Әлібай інісі Бәлібай екеуі ағалары Кәдірбай айтқан Келіншеккөлдің суағар арна сайын жағалай біткен қалың қарағайды өрлеп барып, бір қалтарыстағы алаңқайға үйлерін тігіп сусындық әрі ермек болар екі-үш құлынды желіге байлағанмен, Мерген бір орында байыз тауып отыра алмай, біраз жылдан бері серігі болып келе жатқан ұзын қара мылтығы – «кіресін» асынып, аңға шыққан. Ол жанторсықпен ала келген қымызды қанағат қып, от жағып, шай қойдырмаған.
– Иен жер дегенмен жаққан отымыздың түтіні әлдекімнің көзіне түсіп жүрер. Отты қараңғы түскен соң бір-ақ жағып, ас қамдармыз. Онда да түтіні аз шығатын ақсөңке аршаны әкеліп қойған дұрыс, – деп, ол інісіне қараған, «қу аршаны өзің жинарсың» деген емеурінін Бәлібай да біле қойған.
Көптен бері із түспеген Ақиректің жолын шолмақшы. Бұл жерге «Ақирек» шегарашылар заставы да жақын болатын. Сауырдың Сайқан мен Мұзтау арқылы түйісер тұсы – Келіншеккөлден қозыкөш жерде ғана. Одан әрі басқа жұрттың, жалпақ жатқан Қытай елінің иемденген жері. Сонау бір заманда орыс пен қытай жер бөліскенде Сайқанның биік шыңы Сарытолағай шегараның арғы беті болып саналып кетсе де, екі жақты мекендеген қалың Керей, Найман, әсіресе жаз айларында осы Ақирек жолы арқылы барыс-келісті тоқтатпайтын. Жаздың шеті жаңа көрінген соң ба, әлде қазіргі ойда-жоқта қара дауылдай соққан мына аласапыранның әсері ме, Ақиректе жүргіншілердің ізі көрінбейді. Әйтпесе көне сүрлеуді кесіп өткен арқар, бұғының, қабан-шошқа мен еліктің ескілі-жаңалы іздері ғана сайрап жатыр. Сайқанға барып тірелер бір терең шатқалды бабалар тегіннен тегін «Сасықбұғы» атамаған ғой. Адам баласының аяғы тие бермейтін қиын шатқалдан бұғы-маралдар ондап-жүздеп өрсе керек. Шатқал ішінде толып жататын бұғылардың қу мүйіздері салт аттыға жол бермейді екен. Ит-құсқа жем болатыны бар, табиғи өлім-жітімі бар дегендей шіріп үлгермей иістенген бұғы өлексесін көрген біреу осылай атандырса керек. Мылтық асынып, аңшымын дейтіндер осы жердің атауына бола қона-түнеп Сасықбұғыға жетеді екен. Тіпті мұнда келмей-ақ өрлеп, мал жайылмайтын Сауырдың сай-саласы жұрт «Қарынбайдың малы» атандырған жабайы адал аңдардың мекені екен.
Әлібай атынан түсіп, көлігінің ауыздығын алды да, шылбырын сүйреттіріп, бос қоя берді. Төрт-бес жылдан бергі сенімді серігі болып келе жатқан Керқұла ен далада иесін жаяу қалдырып, тастап кеткен емес. Арқандап қойғандай, ұзап та жайылмайды. Аңшылық бойға сіңді әдетімен бұқпантайлап, алдындағы белегірге шығып, екпеттеп жата кеткен. Қара мылтығын оң жағына қойды. Жүрісі, қимылы жеміне қарай баспалап жатқан түз шерісі жолбарыс сияқты шөп сылдыратпас тым епті, сақ. Жанары алдындағы сай-саланы тездете тінткілей бастаған. Кәнігі көз бұлақты жағалай біткен тал-шіліктің басының қозғалып тұрғанын бірден байқаған.
«Иә, сәт! Қанды басың бері тарт!» деген қандықол аңшының тілегін іштей қайталап, басын бұғып, қалың шөпке жасырына түскен. Сыптығырдай болып, кер маралдың басы көрінген. Сөйткенше қызғылт «тонына» ақ теңбілдері жарасқан бұзауқасы ойнақтап, енесінің алдын орады. Мерген кеудесіне қыса ұстаған мылтығының шүріппесін қайырған күйі қозғалмай жатқан. Қандыауыз қара мылтықтың ажал оғын жеткізуші үңірейген ұңғысы маралдың сұлу тұлғасынан сәл ауытқыды. Тал-шіліктің әр тұсын «тесіп» шыққан маралдар мен бұзауқалар көріне бастады. Олардың соңын ала «саған керегің біз шығармыз» дегендей сала-сала мүйіздері төрт-бес қарысқа жаңа жеткен екі-үш тайынша бұғы мен кемі он-он екі сала болатын арбиған мүйізімен жолын аршып, үйір қожайыны кер бұғының өзі шыққан. Жануарлар ажал оғы – қой боғындай қорғасынның біреуіне қарай зымырағалы тұрғанынан хабарлары жоқ, тым бейғам жайылып, өрлей жүріп бара жатты.
Әлібай Әлібай болып, мылтық асынғалы сайманының аузын арқар-бұғының, таутеке-еліктің, тіпті аю, қасқыр, сілеусін сияқты жыртқыштардың қанымен қандалмаған аңшылық сапары сирек екен. Алайда, арқардың қозықасын ерткен саулығы, лағын ерткен тау ешкі мен елікті, бұзауқасын ерткен маралды оққа байлап көрмепті. Тіпті қонжықтарын ертіп жүрген маймақ кірекейлерге де талай ұшырасқаны бар. Жо-жоқ, мылтық кезенгені болмаса, оқ шығарған емес. Әкесі Ошеке: «Балам, жүгірген аңның аналықтарына мылтық кезенбе. Олар да ұрпақтары үшін тіршілік етіп жүрген жан иелері ғой. Аналық хайуандардың қарғысы жаман болады. Ол қарғыс аңшының алдынан түбі бір шығады екен. Тек адам ғана емес, олардың барлығының жалпы атауы өмірге ұрпақ әкелуші «ана» дейтін киелі сөз болады» деп отырар еді.
Ол мылтығының ұңғысын өзін осы аңғардың қожасындай тым маңғаз ұстап бара жатқан кербез бұғының тақыр қолтығын нысанаға алды. «Апыр-ау, үлкендігі құнан өгіздей бұғының ұшасын қайда сыйғызамыз? «Ал, барып бөліп алыңдар!» дейтін ауылдастары да алыстағы он шақты қырдың астында қалды. Жануар тым әдемі екен. Жүре берсін». Енді мылтық ұңғысы үлкендігі арқар құлжасындай тайыншалардың біріне қарай бұрылды. «Апыр-ау, осыдан 4-5 күн бұрын атып әкелген құнан өгіздей құлжаның етінің жартысын ағайындарға таратқанмен қалғаны әлі желінген де жоқ сияқты. Оның үстіне Бәлібай да кеше бес жасар ақсүйек серкені сойып әкелген сияқты еді. Қызылсырап бара жатсақ, аң атып алу қиын емес қой. Бұл жануалар да сабын бұзбай, сәнін бұзбай жүре берсін. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты» дегендей, өз өмірім үшін «аңшыларымнан» қашып-пісіп жүріп, қалай ғана бейкүнә хайуандардың дәл бүгінгі күні өмірлерін алмақпын?» деген ой келгенде мылтығының шүріппесін қайта қайырып, орнынан тұрған. Дәл өкпе тұстарынан сопайып, түрегелген негізгі жауларының бірі екі аяқтыны алдымен көрген кербұғы «пыс» еткен бір дыбыс шығарды да қалың жыныстың ішіне екі-үш-ақ секіріп, сүңгіген. Басқалары да сөйтті.
Мерген өзінің бұрынғыдай аң аулауға емес, әншейін іштегі қаумалаған ойды сыртқа қалай шығарарын білмей, ширыққан күйі көне сүрлеуге түскенін енді түйсінді. Бұрынғыдай аң атаулыдан жасырынып, бұқпантайлағанын қойып, «Қорықпаңдар. Мен сендерді атып алу үшін келгенім жоқ» дегендей биіктеу бір жартастың төбесіне шығып отырды. Керқұла ауыздығын сылдырлатып, шөп басын шалып қойған жерінде тұр. Мұзтаудың ақ сәлделі шыңдары бұл маңда сирек болар ашық күннің сәулесін шағылыстырып, көз қарықтырады. Одан бергі биік таулардың түк шықпайтын жалаңаш жартасты шағылдары еңістеген сайын аралас біткен шырша мен қарағайлы орман мүлгиді. Биік долана ағаштары мен аласалау итмұрын бұталарын қоршай өскен қалың бүрген сарқыраған тау өзенінің арнасына жақындаған сайын тал-шіліктерге жол беріпті. «Әкем көрген, атам, тіпті бабаларым тамашалаған тұмса табиғат, сен өзгеріп көрдің бе екен? Тіпті менің пәлен буын ұрпақтарыма да осы қалпыңда өзгермей жетерсің. Ал, біздер, адамдар, неге ғана өзгере береміз? Неге ғана басымыздағы бақытты күндерімізді екіншіміз көп көреміз? Бүгінімді белгісіздіктің, ертеңім­ді бұлыңғырлықтың бұлтына торлату не үшін қажет болды екен? Сауал көп, жауап жоқ. Шіркін туған жерім деп, әр бұта, әр тасының бейнесін жүрегімізге жазып, өзімізді мәңгілік иеңдей сезініп жүргенде күні ертең игілігіңді кім көрер? Менің орныма сенің тау-тасыңды иеленіп кім жүрер?»
Оның есіне Сауыр-Сайқанның жоталарына шығып аялдаған Асанқайғыдан қалған бір әпсана түскен. Жерұйық іздеп жүрген қасиетті қария бір жотаға шығып, желмаясын шөгеріп қойып, шұңқыр қазған екен дейді. Шұңқырға қазылған топырақты қайта салғанда шұңқыр толмапты. Сонда әулие қария: «Үстің төрт түлік малға жайлы, астыңның қазынасы сайлы жер екенсің. Семіз жылқының сауырындай әрі жайлы, әрі майлы жер болғаныңмен, шыққан топырақ өз шұңқырыңа толмағанынан қорықтым. Өлімі көп қанды жота екенсің» деген екен. «Ылайым ол пірәдардың соңғы сөзі сәуегейлік болмағай» деп орнынан тұрған. Бұл таудың «Сауыр» атануы Асанқайғының сол сөзінен бастау алған сияқты.
Дәл осы сәтте ол бірер жылдың мәулетінде және 12-13 жылдан кейін осы жол үстінде талай бейкүнә жандардың қаны төгілерін, ол аз болса «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дейтін тәмсілді ұстанып, аңшылықты кісіліктің жолынан тайдырмай келе жатқан өзінің аямасқа бекінген жауларының біреуі емес, бірнешеуінің қанымен топырақты суаратынын білген жоқ еді…

БҮЛІНШІЛІК

«Қай үйез қанша адамын қара жұмысқа бере алады? Бір айдың ішінде нақты мәлімет даяр болсын!» дейтін ақ патшаның сарайынан түскен жасырын жарлықты тіпті болыстарға көрсетіп, ақылдаспай-ақ әр үйездің басшылары өзара ақылдаса келе мәліметтерін белгілеген уақыттан да ертерек даярлаған. «Әр болыста қанша адам бар? Олардың ер адамдары қанша, әйелдері қанша, кәмелетке толмаған бала-шаға нешеу?» Бәрі де жазулы даяр тұр. Зайсан үйезінің кеңсе қызметкерлері әр болыстағы 19 бен 43 жастың арасындағы ер азаматтарды тізіп шыққан. Үйез бастығы Сергей Михайлович ұзақ ойлана келе, кем-кетікті, аурулы-сырқаулысы болар, оның үстіне мал-жандарын пара ғып ұсынса да балаларын алып қалуға тырысатын бай-манап, болыс-билері болар деген есеппен саралап, санап келгенде әрбір бес адамның бірін, яғни үйез болыстарынан ең кемі 10376 жігітті аттандыруға болады екен. Осындай асығыс даярланған тізім бойынша, Семей облысы 85 мың жігітті тұмсығынан тізіп беруге уәде еткен. «Даяр етеміз, уақтылы орындаймыз!» деген уәде баспалдақтап отырып, жарлықтың шыққан жеріне де кідірмей жеткен. Алайда ләпбайшыл шенеуніктер өздерінің қатал тәртібіне, күш көрсете алатын мүмкіндіктеріне, қаншалықты сенімді болғанымен, оқиғаның өрбуі мүлде кереғар бағытқа бет алып еді. Қазақша айтқанда, нағыз керібаққан шаруаға айналған «берсе қолынан аламыз, бермесе жолынан аламыз. Шоқпар мен сойыл ұстаған жүз қазақ қаһарлы мылтық асынған бес әскерге төтеп бере алар ма!» деген өктем сенімдері ақталмай қалған. Малын бағып, қымызын ішіп, қызара бөртіп, қамсыз жүр дейтін жуас қазағы жуан болып шыққан.
Алғашқы Зайсан үйезі кеңсесінің алдына мінбер құрып, жергілікті жұртқа патша жарлығын салтанатты жағдайда жеткізе қоямын деген тұста оқығаны бар, оқымағаны бар, жасамысы бар, жасы бар қасқайып тұрып, қарсы шыққандарын қалай кешіре алар? Сол күні ел бастап ерекше көзге түскен: би де, болыс та болған Қожан руының бетке ұстар ел ағасы атанған Қоңыр қажы, одан кейін осыдан төрт жыл бұрын Кендірлік болысынан 200 мыңнан аса десятина шұрайлы жерді «пайдаға аспай жатқан артық жер» деп, жергілікті шенеуніктердің орыстарға заңсыз алып бергенін құлғанадай қуалап, сонау далалық генерал-губернаторға дейін арыз жазып, жұртты бір дүрліктірген оқыған, қаратаяқсымақ Абзали Томкин, аңын атып, бала-шағасын қызылсыратпай жүрген Меркіттің мергенсымағы Әлібай, сонан соң анау жирен қасқа атқа мініп, «Қабанбайлап» аттан салатын, оларын ағайындары «батыр» деп әуектеп, әспеттеп жүрген Күркебай дегендер екенін саққұлақ тыңшылары сол күні-ақ қолмен қойғандай ғып қағазға түсіріп берген. Үйез бастығы деген екінің бірінің қолы жете бермес жоғары лауазымды бұл да текке иеленіп отырмаған шығар. Ол дауылдың алғашқы екпінінің қайтуын күтулі. Үкіметке қарсы шығып, жарлықты мойындағысы келмегендердің қылша мойындарының талша қиылғанын көрер. Бәрін де әрі кетсе бір-екі аптаның ішінде ұстатып, тәубелеріне келтірер».
Сергей Кубицкийді қазақтар «Серке Күпін» атандырып алған үйез бастығы өз қиялымен тоғайып, шетелдік сигарын тұтатып, көк түтінді құшырлана сорған. Бұл кеңсесіне өзі келіп тұрған Әлібайды жұрттың дүмпуінен қорқып, өзі босаттырып жібергенен кейінгі үшінші күн болатын. Оны жайлауына барып ұстап әкеліңдер деп жіберген полицейлері салпақтап, құр қайтып келген. Орнын сипап қалыпты. Қу қазақ күдіктенді ме, әйтеуір жайлауына барысымен Кергентас жақтағы нағашыларына қыдырып кетіпті дейді. Ертеңіне биік тау басындағы жайлауға бір-екі полицейді қайта қуған. Үйіне келмей тұрмайды, сондықтан үркітіп алмай, алыстан, жасырын бақылауға алуды тапсырған. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, сиыр түс кезінде жайлауға барған полицейлер енді Әлібайдың өзін қойғанда, ауыл шетіне қарай оңашалау тігілген оның төрт қанат қоңырқай киіз үйінің орнын сипап қалыпты. Қай уақыттағыдай, ауылдастары ештеңе көрмеген «соқыр», ештеңе естімеген «керең» екен. Әлібайдың отбасының түннің қай уақтында, қалай қарай көшкенін ешкім көріп, ештеңе естімепті. Руластарына өкпелегендей ешбір ағайынына «сау бол» айтпай кете барған Әлібайдың бұл қылығына өздері де аң-таң болып, жіп таға алмай отыр екен.
Бұл хабарды естігенде Серке Күпін басындағы фуражкасын алып, үстел үстіне атып ұрған. Қарсы келген жауларын аямай жазалап, бір ықтырып алмақ ойының әзір жүзеге асар түрі көрінбейді. Оның өз терісіне сыймай ашуланатын жөні де бар еді. Бүкіл Шілікті жазығы мен Маңырақтың көп быдырағында толып отырған қалың Қожан руының шамына уақыты жеткенше тимеу үшін Қоңыр қажыға дәл қазір шалма тастауды асығыс әрекет санап, жатқан жыланның құйрығын баспайын деп шешкен. Әзірге жеңіл-желпі, майда шабақ сияқтылармен қанағаттана тұрмақ болып, Абзали мен Әлібайды, атқа мініп, аттандап жүрген Күркебай дегенді тұтқындап әкелуге Көкпекті приставы Владимир Становойға жеделхат арқылы пәрмен берген. Әлібайдан қарап отырып айырылғанын енді мойындады. Қара нөпір жұрттың қаһарынан қаймығамын деп өзінше тактикалық шегініс жасап еді, ол тәсілі де қате болып шықты. «Қазақ бір-екі жігітті күресте жықса, соны «батыр» деп әлдеқандай қылады» деп ат қойып, айдар таққандарының бірі Күркебайды ұстап әкелуге үш-төрт полицейін аттандырған. Тайынты жақтан келіп, Кендірлік маңында көптен бері бой тасаламай емін-еркін ел қыдырып жүрген Күркебай енді бұлардың келетінін біліп отырса керек, сақтықта отырған оның жігіттері полицейлерді қапияда бас салып, аттарын, қару-жарақтарын тартып алып, бір-бір кәрі-құртаң аттарға жайдақ мінгізіп, масқара ғып қайтарыпты. Ішкертіннен бүгін-ертең көмекке келеді деп тосып отырған отряд жеткен бойда батырсынған Күркебайдың әуселесін көрмекке мығым бекінді. Әзірге осыны қанағат қылайын деген оймен тұтқынға түсірген Абзали Тонкинді темір торға қаматып, есігін бірнеше жерден құлыптап, қарулы екі сақшыны бірдей күзеттіріп қойған. Өзінің осы үйез елінің жарым патша – жалғыз билеушісі екенін жалпақ жұртқа көрсетіп отырып, қатаң жазаламақ еді. Ақ патшаға қарсы сөз айтпақ болған әркімге осындай сабақ көрсетпек еді. «Қырсыққанда қызыл иті қырын жүгіріп», жалғыз тұтқынынан тағы да масқара болып айырылды. Ақ көйлегінің жағасына кір жуытпай, пенснесін тағып жүретін, зәкөн қуып қалған Абзалилері: «Сендердің бұл әрекеттерің «Күштінің көті диірмен тартады» дегендей «Ырыққа көнбесеңдер құрық бар» деп доқ көрсетіп тұрсыңдар. Не үшін қамайтындарыңды айтыңдар. Заңсыз әрекеттеріңді бәрібір әшкерелеймін» деп тіл мен жағына сүйеніп тұрған оны пристав Михаил Головин: «Сен әшкерелеп болғанша күні ертең-ақ біз де өзіңді бір жайлы етерміз» деп темір торға қамағанынан да ояз хабардар болатын. «Иә, оған қандай жаза қолдансақ та біздің қолдан ешкім арашалап ала алмас. Бір еліріп, қандары қызып алса шұрқырасып, дүркіресіп тоқтай алмайтын жылқылары сияқты бұл тыюсыз кеткен жұртты ақылшы-басшыларын қатаң жазалау арқылы бір шошытып алайық, тек ертеңгі күннің таңы атсын» деп, алақанына түкіріп отырған таңы да атты-ау. Бірақта таңмен бірге жеткен жайсыз хабар Күпіннің жынын қоздырып, алпыс екі тамырын қуалап жүрген қаны басына шауып, көз алды қызғылт тұманға айналған. Түн ішінде әлдекімдер ың-шыңсыз келіп, түрме күзетшілерін қарусыздандырып, әртүрлі себеппен темір торға қамалған басқаларды да босатып, олардың орнына күзетте тұрған полицейлердің өздерін қамап кетіпті. Бір жақсысы ешқайсысына жәбір көрсетпей, өздерінше азаматтық мінез танытыпты. Тек қана түрменің есігіне оязға жазған хаттарын жапсырып кетіпті. Қазақ тілінде қысқа ғана жазылған хат-жолдауды, аударту үшін дереу тілмәшті шақыртқан. «Аса құрметті Серке Күпін», – деп хаттарын тым сыпайы бастапты. Мәдениеттен жұрдай шіркіндер «Кубицкий» дейтін тегін де бұрмалап қайдағы бір «Күпін» дейтін сүйкімсіз атау беріпті. Оның мағынасын тілмашы «мақтаншақ» деген сөзге жақын дегенді айтқанда жыны одан әрмен қозған болатын. – «Патшаңызға айтыңыз, бұл қазақты басына беремін деп ойламасын. Елімді тоз-тоз қылып, жерімді алды. Көндік. Оның асты-үстіндегі барыма қол салды. Үндемедік. Енді бауырымыздағы балаларымыз – яғни жанымызды алмақшы. Бізге бөлген еншің өлім екен. Туған жерде өлуді таңдадық. Алайда, ішінде өзіңіз де барсыз, құрметті Серке Күпін мырза, жастығымызды ала жатармыз. Аяғыңызды аңдап басыңыз. Қазақтар. Маусым. 1916 жыл». Тілмаш әр сөйлемді аударған сайын Күпін маузерінің құндағын қыса ұстап, ызаға булыққан.
– Бунт! – деп ол үстелді бір қойған. – Көрсетермін оларға «жастықтарын ала жатқанды». Мұны істеген кісілердің кім екенін дереу анықтаңдар!
– Жоғары мәртебелім, күзетшілердің айтуларына қарағанда… – деп сымдай тартылып тұрған өзінің адьютантының сөзін бөлген Серке Күпін:
– Өй, сендердің күзетшілерің бар болсын. Бәрін де соттау керек. Қолдарында қарулары бар бола тұра бір оқ шығармай масқара болып беріле салу деген не деген сұмдық? – деді ол қалшылдап.
– Әрине, олар да тергеуге алынды, ұлы мәртебелім. Бірде-бірін жазасыз қалдырмаймыз… Иә, олардың айтуларына қарағанда, түрмені бұзған алғашқы жиын болған күні «Қабанбайлап» аттан салған анау Күркебай деген бұзақы сияқты. Шамасы, Абзалиді босату үшін келіп, түрмедегі басқа отырғандарды да көрген соң, оларды да шығарып жіберсе керек.
– Дереу шегараларда тұрған әскерлерді шақырыңдар, осындағы полицейлер бәрі атқа мінсін. Түрмені бұзып, менің тұтқындарымды босатып жібергеннің не екенін көрсетейін ол бандитке, – деп ояз ашуына шындап мінген. Сонан соң үйездегі шегарашылары бар, кеңсе төңірегіндегілері бар шағын әскери отрядтың, әрі бірінші учаске бастығы майор Олег Селезновқа қарап: – Бұл операцияны өзің басқарасың. Анау көшені шаңдатып, аттандап жүрген батырсымақтарын алдыма тірідей әкелетін бол, – деген..
– Құп болады, аса жоғары мәртебелім! – деп оң қолын шекесіне апарып, сымдай тартыла қалған жирен шашты жас жігіт.
– Аса жоғары, мәртебелім, өз пікірімді білдіруге рұқсат етіңіз, – деген ояздың адьютанты. «Айта бер!» дегендей ояз иегін сәл көтеріп, ым жасаған. – Жоғары, мәртебелім! Тайынты-Тарғын болысында жүрген тыңшымыздан жаңа ғана хабар келді. Шынында түрмені бұзған сол Күркебай бұзық екен. Ол өз еліне жете салып, әрекетінің сұраусыз қалмайтынын сезсе керек, барлық ауылдарға хабаршыларын шаптырып, қару-жарақ пен жігіттерді жинап жатыр дейді. Сондықтан, асығыс қимылдаймыз деп, арандап қалып жүрмейік. Семей, Өскемен жақтан көмекке келе жатқан отрядты әзірге солай қарай бұрғанымыз жөн болар. Олар қалайда бүгін-ертең сол елге келіп қалуға тиіс.
– Олай болса, ол жаққа тағы да жеделхат жолда, – деп Кубицкий Олег Селезновқа тапсырма берген. – Әлгі бандиттеріңнің не істеп, не қойып жатқандарын айнытпай хабар беріп тұрсын.
Әңгіме осы шешімге келіп тоқтаған. Ояздың өзі ғана емес, бүкіл айналасындағы қызметкерлері, әскерлері бар, полицейлері бар орасан дауыл алдындағы өлі тыныштықта қалғандай еді. Таусылып бір бермейтін бүкіл үйез жұртының сан-салалы жұмыстары шынында бүгін таусылып қалғандай. Келімді-кетімділер де некен-саяқ. Ояз Күркебай дейтін бұзақының айдың-күннің аманында келіп, басынғанына терісіне сыймай ашуланғанмен өзінің соңғы шешімінің дұрыстығына көзі жеткендей маңдайын сығымдай ұстап, отырып қалған. Өзінің атқарған кейбір оңтайлы шешімдеріне көңілі толатын кездері жиі болады. Сол оңтайлы, өте тапқыр шешімдерінің бірі әр болыс-ауылына жергілікті жігіттерден «ұзынқұлақ» тыңшы тауып қою болып еді. «Алтын көрсе періште жолдан тайған» деген сөз ып-ырас. Азын-аулақ ақша беріп тұрса немесе «Болашақта ауыл старшыны қоямыз» деген сөзді айтсаң, соған малданып, мәнсапқор шіркіндер өзгені қойып, өз ағайынының жатқан-тұрғанын, болыс-билердің, ауыл атқамінерлерінің не айтып, не қойғандарын да бұлжытпай жеткізіп тұратын тыңшылар қазақтар арасынан да көп қиналдырмай табыла кететін. Қазақ­тардың арасында көп болған әріптестерінің «Бұл халық ақжүрек, адал, мәрт болғанымен, бір-бірін көре алмайтын, қызғаншақтық қасиеттері де басым жұрт» деген сөздерінің рас екеніне көзі жетіп, ондайлардың пайдасын көріп жүр. Кекшіл, қызғаншақтық мінез де сатқындықтан алыс емес екен. Ондай адамдардың болатынын, тіпті орталарында да ондайлардың жүргендерін де білетін ауылдастары оларды «тәйни» атандырып алыпты. Ең қызығы, осы уақытқа дейін олардың ішінен жалған ақпар беріп, адастырған бірде-бірі болмапты. Тайынты-Тарғын болысындағы тыңшының хабары шын болса, Күркебай дегеннің өліспей беріспеуге бел буып отырғаны ақиқат болды. Олай болса, қару-жарақ жинап, жігіттерін топтастырып жатса, ол бәтшағардың өліспей беріспеуге тәуекел еткені. Сойыл-шоқпар оқ бүріккен винтовкаға қарсы не қылар дейсің дегенмен байқау керек екен. Адьютанттың сөзінің жаны бар. Иә, ашуды ақылға жеңдірген абзал. Бұл мәселеге келгенде майор Селезнов шебер-ақ. Қай болысқа барса да тілмәш арқылы біраз қазақтың тамырын басып жүріп, олжасыз оралмайды. Қалайда бірер тыңшы болар жігітті тауып келетін. Бірақ Серке Күпіннің әр ауылдан тыңшы тауып тағайындап, одан өзінің біраз пайда тауып жүргенмен, ел де өз іштерінен шыққан сатқындардың барын байқап, олардан аяғын тарта бастағанын да естіп, біліп отыратын. Тіпті сонау Самар жақтағы Сібе болысы Мүбәрак дейтін кісінің тыңшыға айналған бір туысы туралы шығарған өлеңін тілмашы мазмұндап айтып берген. Сонда, әбден күйінген болыс былай депті:
Қай заман – мына заман қутыңдаған,
Жақыннан дұшпан шығып, тың тыңдаған.
Дүние-ай, сенімің жоқ, алмағайып,
Қояндай түнде жортып, бұлтыңдаған.

Қай заман – мына заман тозған заман,
Қаз ұшып, қарға орнына қонған заман.
Сәйгүліктер сүрініп, жолда қалса,
Жиылып, өңшең мәстек озған заман.
Әрине, ояз бұл өлеңді жете түсінбесе де, орталарында тыңшының барын сезген жұрт өте сақ қимылдарын түсінген. Сондықтан да ол Селезновке ақша немесе лауазым үшін сатылатын әр тыңшыны мұқият тексеріп, тағайындауы және оның өте сақ қимылдауын қайта-қайта ескертетін.
Кешелі-бүгін өзінің қаһарын төккен адамдарының, әсіресе Меркіттің Әлібай деген мерген жігітінің таптырмай кетуі ол ауылда өздерінің сенімді тыңшыларын тағайындап қоймағандарынан екенін түсінген. Ол қаламын алып, алдында тұрған жұмыс дәптеріне: «Меркі ауылынан бір тыңшыны кешіктірмей табуды Селезновқа тапсыру» деген жазуды түсірді.
Қырсыққанда ішкертіннен келеді деген отрядтан да күн батқанша хабар-ошар болмады. Кендірлік жаққа барып, Селезновтан хабар әкелуге бүгін жіберген жігіті келесі күні таң ата оралған. Айтысының беті жаман. «Болыстың адамдары абыр-сабыр. Қару асынған жігіттер әр ауылда мол көрінеді. Түйелерін қомдап, жүктерін буып-түйіп отырғандарына қарағанда, көп кешікпей көшеді».
Ояз өз адамдарын құлқын сәріден жинап, кеңес құрған. Олар ақылдаса келе: «Көшетіндері көшсін. Ары кетсе, Қытайға бет алар. Шекараға жеткізбей желкелерін қиярмыз. Тек көше қалса қай шекараны бетке ұстайтындарын біліп отыру қажет. Олар да ақымақ емес, жазықтағы Шағаноба, Майғапшағайға жоламас. Шамасы, Сарытерек арқылы Кендірлік өзенін өрлеп, Сауырды жоталап барып, Ақирекке бет алуы мүмкін. Отрядтың осынау тау арқылы өтетін жолдарды дұрыстап, қапысыз күзетуі қажет дейтін шешімге келген.
Әр өңір, әр болыстан келіп жатқан ақпарлар ояздың шарадай басын шақшадай қыла жаздаған. Өзінің тұм-сығының астында тұрған түрмені бұзып, тұтқындарды босатып әкеткен Күркебайға есесі кетіп, есінен тана жаздап отырғанда әр ауылдан өз Күркебайлары шыға бастапты. Қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасап бермекші болған Маңырақ болысы Мәмбет пен Ахметжан қажыны сол болыстың Хасен, Нұрғали, Жайдары дейтін кеуделерінде намыс оты жалындаған жігіттері жиналып барып, «Шынымен үкіметтің айдағандарына көніп, жетегіне жүреміз десеңдер, өз обалдарың өздеріңе. Ауылдарыңды шауып, үйлеріңді өртейміз!» деп доқ көрсетіпті. Екі оттың ортасында қалғандай болған Мәмбет болыс: «Енді маған неғыл дейсіңдер?» деп бұғып отыруға мәжбүр екенін танытыпты. Барған жігіттер дайындалған тізімді тартып алып, өртеп жіберіпті: «Үкіметтің дегеніне қарсы келе алмаймын» деп ешкімді тыңдағысы келмей тізімді жасауға кіріскен Бұтабайды Қалжырдың жігіттері ішін жарып өлтіріпті. Мынадай ел іші өртеніп тұрған кезде заң-зәкөніңнен жасқанайын деп тұрған жұрт жоқ.
Катон Қарағайдың Қаратай, Марқакөлдің Қожамбет, Зайсан Найманының Қаракерей, Төртуыл, Абақ Керейдің бірнеше атасы, Тарбағатай, Маңырақ Қо­жандары мен Бұрымбет рулары ашық шекараның әр жерінен қос-қос жылқылары мен қора-қора қойларын айдап, өте бастаған. Санаулы ғана шекара күзеткен әскер мен ат төбеліндей полицейлер қайсыбіріне ие болсын?! Олар ел жинап, өтеді-ау деген тау жоталарының осал тұстарын аңдығанмен үдере көшкендер сай-саладан жол тауып, шұрық тесік ыдысқа құйған су сияқты ырық бермей «аға» бастаған. Немесе үріккен жылқыдай қайыру берер түрлері көрінбейді.
Төртуылдың ақын қызы Ақжан Тоққұлқызы өзінің туған мекені Жарсу, Кеңөткелінен зұлмат заманның дауы­лымен ауа көшіп бара жатып, былай деп жырлаған екен:
Қош енді туып-өскен Кеңөткелім,
Сені мен басқа жерге теңеп пе едім?
Кендірлік, Кеңсай, Қалша, Қарабатпақ,
Қайтсем де көз жазбаспын демеп пе едім.

Аман бол, Шитөбемнің далалары,
Сауыр мен Маңырақтың салалары.
Аянбай, алысып бақ, қайтпа беттен,
Жас ұрпақ – Керей, Найман балалары.

Бұл ісі ақ патшаның текке кетпес,
Еді ғой әділ болса тентіретпес.
Аққан жас, зарлаған үн, мұңды дауыс,
Бір тосар, дегеніне сірә жетпес.

Ел болып, тәуекел деп, түстік жолға,
Дейді жұрт: «Бұл сапардың сәтін оңда».
Сатылған би мен болыс, ақсақалдар,
Түрі бар түсіретін бізді орға.
Әсіресе, жастар жағы бұл өлеңді жаттап алып, ауыздан ауызға тез таратып жіберген. Уайымдары ортақ, амалсыз туған жерлерінен ауа көшкен жұрттың көңілдеріне медеу, «қолында өлеміз» десіп, шоқпар, найза, құс мылтықтарын әзірлеген көтерілісшілерге демеу болған. Айтысқа түссе қарсыластарын жеңбей қоймайтын, сөйтіп анасының емшек сүті ернінен кеуіп үлгірмеген уылжыған бойжеткен Ақжанның есімі бүкіл Шығыс өңіріне тез тараған. Ол өз жырларымен ғана үдере көше жүріп, тосқауыл жасаған әскерлер мен полицейлермен майдандасуға белді бекем буған азаматтарды атақты Ноғайбай Сүлейменұлы* сияқты жампоз ақынның да ерлер мен батырлар туралы жырларын да насихаттаумен болатын. Ноғайбайдың алпыс жылдай бұрын бұл өлкені иелене қоймақ болып, Сауырдан асып, лап қойған қытайдың жаяу «қызылаяқтарына» қарсы майданды ұйымдастырып, жаудың өлексесіне сай ішін толтырған садақшы мерген Жәнделі туралы, ол ғана емес, осы өлкеден шыққан батырларды мақтан етіп, Айбала** қызбен айтысқандағы өлеңін де жатқа айтып, елге жайған. Кейіндері Ноғайбай сол айтыста айтқан жыры былай екен:
«Баймұрат, Ер Жәнібек, Мырзаш батыр,
Батырлар атай берсең толып жатыр.
Жиен қыз тентектікке сала берме,
Қабекең*** бар қазаққа бірдей батыр.

Қаптаған «қызыл аяқ» қалың жаудың,
Садақшы қыз Жәнделі шебін бұзды.

Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды.
Азаттықтың аққуы Жәнделімнің
Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі».

Осынша батырлар шыққан елдің азаматтары бүгінде қасқайып, жауына қарсы тұрмас па дегенді меңзейді Ноғайбай ақын.
Сөйтіп, отырықшы болып қалғандары бар, көктем шыға көшіп-қонып үйренген ел руымен ауа көшіп, Қытайға қарай аса бастаған. Серке Күпіннің аз әскері мен полицейі қарлы шың-құзды, ит тұмсығы өтпейтін жыныс орманды Алтай-Сауырдың қай сайымен қай асуын аңдысын. Оның үстіне ішкертіннен шегаралық Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аймақтарындағы ауа көшетіндердің жолын бөгеп, қарсы шыққандардың жындарын қағып алу үшін арнайы шақыртқан Болдышевтің бес қаруы сай жазалау отряды Зайсанға келіп болмады. Жолай әр жердегі ірілі-ұсақты түсініспеушіліктің көбіне мән бермей-ақ келе жатқан отряд Көкпектіге жеткенде еріксіз бөгелген.

*Ноғайбай Сүлейменұлы 1855–1917 жылдары
Жарсу маңында дүниеге келген туада зағип ақын.
Ивановский дейтін орыс жиһангезі 1903 жылы ғылыми кітапқа
Ноғайбай туралы жазған мақаласында оны Абай,
Шортанбайлармен қатар атайды.

** Айбала атында Кішкенетауда қыстау бар.
*** Қабекең – Қабанбай батырды айтып отыр.
Ел қорғаған, елімнің батыр қызы,
Наркескен ақ семсердей өткір жүзді.

АЛҒАШҚЫ АЙҚАС

«Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері, әйтпесе «Семейден пәлен, Зайсаннан түген адамның тізімін даярлап, бірер айда оларды жолға саламыз» деген шенеуніктердің қағаз жүзінде берген уәденің үдесінен шықпақ түгілі әлі бір де бір болыстан кісілерін қойып, тізімнің өзін ала алмаған соң Зайсан үйезіне қарасты Шорға болысы Абдолла Бөгісов, Қарғыба-Нарын болысы Мүрсәлім Бектенов, Өкпеті-Боғас болысынан Сембай Ботабаев, Омар Шерубаев би, тағы басқа болыстардан Омар Егізбаев, Аманқара Тінеев, Нұрғамыс Баймырзанов сияқты он екі болыстың болыс-билерді жедел түрде жинап, үйездің тең ортадағы Көкпектіде жиналыс өткізуді Зайсан оязы С. Кубицкийдің мүмкіндігі болмай қалғандықтан, Семей өлкелік генерал-губернаторы Көкпекті далалық приставы Владимир Становойға тапсырған. Сондықтан, бүгінгі мәжілістің екі тізгін, бір шылбырын пристав ұстап, үкімет атынан сөйлеп отырған.
Семейден, Зайсаннан келген іс басында жүргендер халыққа жаны ашығансып, жиналғандарға жарлықтың мәнін түсіндірген. «Ешкімді діни сеніміне қарап, ұлтына қарап, тіпті түр-түсіне қарап, алалауды білмейтін ұлы қамқоршымыз ақ патша ортақ жауды жеңуге қара жұмыспен болса да бұл халықтардың ағайындық көмектері қажет екені, ал үшіншіден, бұл халықтарды басқалармен тең көріп отырғанмен, қауіпті майдан шебіне жібермеу ойластырылыпты. Не керек, ақ патшаның, оның ірілі-ұсақты шенеуніктерінің бәрі де бұларды да өз бауырларындай көріп, елжіреп тұрады екен. Сондықтан, шенеуніктер әр болыстың басшылары тездетіп тізім жасап, аттанатын азаматтарды жолға даярлау қажеттігін ықтияттаған. Әңгіме «Кім не айтадыға?» келіп тірелгенде әншейінде аяқтыға – жол, ауыздыға – сөз бермейтін ел жақсылары құртбақай болған ешкі сияқты жалтақтасып, сыбырласып-күбірлесіп, көбі төмен қарап, бүгежектесіп қалған. Патша уәкілі болып арнайы келген Шорғаның болысы палуан денелі Абдолла:
– Ау, ағайындар, бәріңіз де әр болыстан ат арытып, тон тоздырып дегендей арнайы шақыртумен келіп отырсыздар. Айтыңыздар пікірлеріңізді. Қазақ баласының ақ патшаға адалдығын көрсетер жері осы емес пе. Менің ойымша, біз жігіттерімізді от пен оқтың ортасы дейтін қан майданға аттандырғалы отырған жоқпыз. Азаматтар окоп, яғни оқпана қазу, жол салу деп аталатын жұмысқа алынғанмен, бәрі де ел көріп, жер көріп дегендей ширап, шынығып қайтады. Біз Ресеймен тағдырлас, бір тудың астындағы елміз, сондықтан қасарыспай жігіттерді беру керек, – деп жан-жағын барлай қарап еді, жиналған біраз болыс­тар ауыздарына су толтырып алғандай төмен қарап, құнжыңдаса, олардың біреуі: «Ә, Әбекең дұрыс айтады. Қанша дегенмен, өзіміздің бүтіндігімізді сыртымыздан қорғап, тырнақтыға ілдірмей, тұмсықтыға шалдырмай отырған осы орыс елі емес пе? Азаматтарымызды аттандырғанымыз жөн, – деп, іркілдеген денесін қойып, мойнын бұрып сөйлеуге мүмкіндігі келмей отырған бір болыс Абдолланы құптай сөйлеген. Қайсыбіреулері «жөн-жөн» десіп бас шұлғысып қалды. Сол кезде орта бойлы бір жігіт олардың сөздерін жол ортадан бөлген:
– Ресеймен біз ешқашан тағдырлас та, тамырлас та болған емеспіз. Бар болғаны бағынышты боданы ғанамыз. Жан-жағымыздан жұлмалап маза бермеген жауларға сес болсын дегенді сылтау ғып оның қолтығына тығылуы да қазақтың алтыбақан алауыздығынан болатын. Қолтығына алып, басымыздан сипаған олар жоқ. Бірте-бірте төрімізге шыққандары аздай, төбемізге де шығып болды. Біле білсеңдер оларға қазақ елі емес, жеріміз ғана керек. Ол біреулермен қырқысып жатса, өздерінің жұмысы. Орыстар біреумен жауласса, біздің олардың жауымен жауығар жөніміз жоқ. «Есіктен кіріп, төр менікі» дегеннің керін келтіріп, жеріме жағалай бекініс салып, суатты өрісім мен құнарлы қонысымды тартып алып, қаңғытып әкелген «қарашекпенділеріне» берді. «Алымым» деп, «салымым» деп малымды мыңғыртып әкетіп еді, енді боздағымды қаңғыртып, майданына салмақшы. Иә, қанша жерден боданым, бағыныштым деп өңештесе де шыдап болғанмын! Олар итерген отқа барып түсер жайым жоқ. Ағайын, мен қолымнан келсе, бір кісімді де бере алмаймын. Сөз – осы!
Көкпектідегі екінші учаскенің приставы, бүгінгі мәжіліс басшысы Становой дейтін шілбиген арық, шала піскен қызанақтай қызғылтым жүзді шенеунік аудармашы жеткізген мына пікірден кейін орнынан сілкініп, атып тұрған.
– Бұл – бунт! Біз қандай адамдарға сеніп, елді бас­қартып қойғанбыз?! Мен сені «Итжеккен» деп өздерің ат қойған жаққа айдатамын!
– Мырза, сабыр ет! Итжеккенге айдату, ату, асу – басқадай қолдарыңнан не келеді?! Сөйтіп отырып, «тағдырлас елміз» дегілерің келеді. Тағдырласым бол­саң шабыңа от түскендей болып, «айдатамын» дер ме едің? – Бес биенің сабасындай етжеңді жігіт ағасы мынандай билеуші мен бағыныштылардың арасындағы мәймөңкелегенмен ызғары байқалып тұрған жиында емес, ауылдағы ағайын арасындағы әжік-күжік ұсақ әңгіменің арасында отырғандай тым байсалды сөйлеген. Оюлы тақиясын түзеп қойып, приставтың бетіне мысқылды жүзбен қараған.
– Сенікі фамилия кім? – деді пристав Становой айылын жимай отырған сөз иесіне қарап. Шыдамаса керек, аудармашының көмегінсіз шала қазақшасымен сөйлеген.
– Не, менімен құдаласайын деп пе едің? – Ол мырс етіп, миығынан күлді де, онсыз да ашудан қып-қызыл шиқандай болып тұрған пристав шиқан болып жарылып кетсін дегендей шибарқыт пешпетінің жан қалтасынан мүйіз шақшасын суырып, аса бір баппен асықпай насыбайын атқан.
Пристав оның жанына тебітіп жүгіріп барған.
– Сенікі фамилия кім? – деді ол алғашқы сауалын қайталап.
– Менікі фамилия – Бектенов. Менікі есім – Мүрсәлім! – Сауал қалай қойылса, жауапты да солай қайтарған. – Анығырақ білгің келсе, Қарғыба Нарынның болысымын. Бүгінгі әңгімеден кейін болыстық мәртебемнен де азат болған шығармын. Бұл қызметімнің соңғы бедел-билігін пайдаланып, елімнің жігіттерін сендердің ажалды арандарыңнан құтқара алсам, арманыма жеткенім. Дегенмен баяғыдағы қатын патшаң «жігітіңді әскерге алмаймын» деп дұрыс мизам айтып кетіп еді. Ал мына ақ патшаң…
– Молчать! – деді әбден күйіп кеткен пристав. Басқа да Семей, Өскемен, Зайсаннан келген лауазымдылар да демдерін іштеріне тартып, жаяу желдетіп бастаған әңгіменің дауылға айналып бара жатқанын сезгендей еді.
– Әй, қазақ-орысың бар, жиналған мырзалар! «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ». Айтарымды айтып болайын. Менің айтарым: «Көл азса, сазаны кетіп, табаны қалады. Ел азса, жақсысы кетіп, жаманы қалады» дегендей жақсымды жауға жем қылғанша – көшу. Осыдан соң не қоқайыңды көрсетсең де көндім, – деп, ол үстел басында игі жақсылардың қатарында отырған Абдоллаға қарап сөйлеген. – Жауырының жер иіскемеген нар тұлғалы палуан едің. Қара күшіңе қарап, қазағымның қаймағы болар жігіті осындай-ақ болар деп сыртыңнан риза болып, жеті атаңнан бермен қарай ауыздары дуалы, есімдерін елі әлі күнге дейін қастерлеп келе жатқан әділ билердің ұрпағы, текті тұқымның жалғасы деп бағалаушы едім. Туған халқыңды құрбандыққа қиып отырған бүгінгі сөзіңе қарап, сасық қоғадай жапырылған түріңе қарап, сені қазағымның сүт бетіне шығар қаймағы емес, қазан түбіндегі қаспағы ма деп қалдым. «Жақсы атадан тусаң етті, ата жолын қусаң етті» деген тілектің үдесінен шыға алмадың. «Аш жұртыңа – азық, тоқ жұртыңа – қазық» бола алмадың. Ал сенен қалған көңіл, суыған жүрек екі дүниеде де орнына келмес. «Сенікі жөн» деп шыбындап, шұлғып отырған болыстарға айтарым: екі тізгін, бір шылбырын өздеріңе сеніп тапсырған халқыңның қарғысына қалып жүрмеңдер. Болдым!
Болыстардың ішінен біреуі: «Дұрыс айтады» деп қалды.
Кесек денелі Абдолла сүйектен өтер мына сөзден соң қозғалақтап, басын шайқай берген.
Осы кезде приставтың бұйрығымен қыдиып тұрған полицейлер бүгінгі ашына тіл қатқан Мүрсәлімді орнынан тұрғызып ала жөнелген.
«Дұрыс айтады» деген жалғыз ауыз сөзі үшін қосақ арасында кеткендей болған болысты да екі полицей орнынан тұрғызып, алдына салып айдап әкетті. Ал Мүрсәлім екі полицейдің алдына түсіп, өз еркімен залдан шығып бара жатты. Оны айдап келе жатқан полицейлердің бірі үлкен есіктен шыға бергенде тұтқынының білегінен ұстап, «тезірек жүр» дегендей алға қарай сәл демегендей болып еді болыс: «Тарт, арам қолыңды!» – деп гүр ете қалғанда айдауылы қорыққанынан жығылып қала жаздаған. Отырғандардың біразы мырс-мырс күлсе, Мүрсәліммен жас мөлшері шамалас біреуі дауыстап тұрып, замандасының қылығына сүйсініс білдірді.
– Беу, елі үшін еңіреп туған арыстаным-ай, тусаң ту!
Төрде отырғандар оның сөзін естімегендей болған.
Бұл жиналыстың да нәтижесі шамалы болып аяқталды. Семейден, Зайсаннан арнайы келген қаратаяқтар, ояз, прис­тавтар сияқты шенді-шекпенділер қанша үгіт-насихат жүргізгенмен біраз болыстар: «Тізімді жасайық десек, мына құйысқанын көтеріп алған жұрт Қытайға қарай ауа көшуге даяр отыр. Тіпті өзімізді жазым ететін түрлері бар. Сондықтан шарасыз болып отырмыз» десе, енді біреулері: «Ләппай, бәрін де орындаймыз, тек тым асықтыра көрмеңдер» десіп, сөзбұйдаға сала берген.

* * *

Серке Күпіннің жігіттері бірнеше бекеттерден лау аттарын ауыстырып, Зайсанға барған кезде жайсыз хабар арттарынан қуа жеткен. Көкпекті мәжілісі аяқталған күннің таң қараңғысында бір топ салт атты ашықтан ашық «Боранбайлап!» ұран көтеріп, темір торға қамалған Мүрсәліммен бірге оны қолдағаны үшін отырғызылған азаматты және мал барымталады деген сылтаумен бұрынырақ қамалған екі-үш жігітті босатып әкетіпті. Тура Зайсандағы сияқты түрме күзеткен полицейлер мылтықпен қаруланған жергіліктілерге қарсы ештеңе қайран жасай алмапты. Жандарын олжа қылғанға риза болып, бір оқ шығармай қару-жарақтарын соларға «өткізіп» берсе керек.
Мүрсәлім болыс Ақтүбектегі кеңсесіне келіп, жайлауларында отырған Қыржы, Мұрын руларына шапқыншы жіберіп, қара жұмысқа бала беруге ешқайсысының келіспеуі қажеттігін қатты ескерткен. Сол кезде Жанайдың көпті көрген абыз ақсақалы Қоқаш қажыдан хат келген. Ол: «Ормандай орыспен, қазағыңа қазақ бола тұра жаны ашымас кәззаптармен кетіскен екенсің. Олар кешіруді білмес. Артыңа қарайламай Қытайға көш. Өзіңді Хабарасудан күтемін» депті.
Зайсанның қалың Төртуылы мен Керейлерінің бұл жарлыққа түгелге жуық өре түрегелуі аздай, Мүрсәлімге ерген Қыржылар мен Мұрын елі жаппай түйелерін қомдап, аттарын таң асырыпты. Әсіресе, Көкпекті, Ұзынбұлақ, Қалбаны мекендеп отырған Құттықадам, Жәмбике рулары да қотарыла көшуге тас-түйін даяр отырса керек. Осындай үдере көшкен жұрт туралы Кәрібай Таңатарұлы дейтін ақынның:
«Қалбадан жексенбі күн халық көшкен,
Айрылды жақсы-жаман ақыл-естен.
Түйенің үш күн, үш түн қомын алмай
Қарғыба, Базарға кеп бір-ақ шешкен», –
деп басталатын толғауы да ел арасына тез тарапты.
Осы жайлардан хабардар болған Кубицкий: «Болдышевтің жазалаушы отряды Көкпектіге жеткен бойда қарақшы Бектеновтің және Тайынты-Тарғын болысының бұзығы Күркебай дегеннің көтерілісшілерін жойған соң Зайсанға келсін», деп жедел телеграмма соққан. Себебі, «Мүрсәлім Бектенов бастаған қарақшылар жиналып алып көшкенге дейін-ақ патша жарлығын қолдаған болыстардың ауылдарына ат ойнатып, жасалған тізімдерді өртеп, кейбір болыс, старшындарды ұрып-соғуға кірісіпті» деген ең соңғы ақпарды алып отырған еді. Ауыл-ауылға шапқыншылық жасап, патша жарлығын қолдағандарды жазалауға кіріскен Бектеновтің қылығын нағыз көтеріліс деп бағалауға болатын әрекет еді. Сонда да ол «көтерілісшілерді жойған соң» деп батыл да қатал тапсырма берген. Содан кейін-ақ ояз кеңсесіндегі жалғыз телефон мен жалғыз телеграфтың үні өшіп, үлкен әлеммен байланыс үзіліп қалған. Дәл осы байланысты үзіп тастау үшін Мүрсәлімнің жігіттері желмен бірге ызыңдап ән салып, оған қоса орталық пен оязды байланыстырып, үлкен ауылдардың хабар-ошарларын талмай жеткізіп тұрған телеграф сымдарын үзіп, олар асылып тұрған бағандарды құлатқандарын ешкім білмейтін.
Болдышевтың жазалаушы отряды Көкпектіге ақшам мен екінтінің арасында жеткен. Пулемет, зеңбіректері жоқ демесек, істікті винтовка, оған қоса қылыштарын белдеріне байлап, «Қане, кімдерді атып, кімдерді жайратайық» дегендей жалаң қаққан казактар ауыл тұрғындарының өздеріне жау көргендей қараған. Жалпы саны елу-алпыстың арғы жақ, бергі жағындағы атты әскер «анау жау» дегендерді аяйтын түр танытпайды. Түстері суық, жүрістері суыт. Оның үстіне, әлі де суыт жүргеннің өзінде араға кемі үш қонып, Зайсанға жеткенше ондағы ояз Кубицкийдің «Көкпектідегі көтерілісшілерді жойып…» деген телеграммасындағы тапсырмасы казактар үшін нағыз «іздегенге сұраған» болған. Көтерілісшілердің ауылдарын шабу, ен бойлыққа ие болу әрі жалаңдаған сәуріктердің емін-еркін қыз-қатындарымен қызық жасау деген мүмкіндік еді олар үшін.
Отряд Көкпектіге аялдап, жергілікті полицейлерді жан-жаққа барлауға жұмсап, көтерілісшілердің қай маңда топ тасқандары туралы мәлімет жинаған. Ол ғана емес, осындағы орыс крестяндарының бірінші учаске бастығы, майор Селезновтың ақылымен Мүрсәлім сарбаздарды жинап жүргенде пристав пен учаске бастығы бірнеше полицейлер мен әскерилерін жіберіп, болыстың ұлы Заманбекті, қайын атасы Дәндеғұлды тұтқындатып, Зайсан түрмесіне аттандырған. Ондағысы бұзақы болыс райынан қайтсын деген қиялы еді. Алайда, Мүрсәлімнің айналасы екі-үш күннің ішінде жан-жақтан жиналған еріктілердің құрамы да екі жүзден асып қалған. Сан жағы баршылық болғанымен, қарулары казактарға қарағанда түкке тұрғысыз деуге болар еді. Кейбір ауқатты дейтін азаматтардың заманның тыныш кезінде екі-үш қараға дейін бағасын келістіріп беріп алған бесатар винтовка, кейбіреулеруінде кең өңеш құс мылтық бар деген болмаса, көбінде қазақтың байырғы бас қарулары – ақ бауыр сойыл мен бұжыр бас шоқпар болатын. Қай дұшман «ал мені ұра ғой» деп көлденеңдеп алдына келіп, басын тосады? Оның үстіне, олар ағайын арасында анда-санда болар базынаға, барымта-сырымта болмаса үлкен майдан, шын шайқасты көрмеген, соғыс өнерінен сауаты жоқ жандар еді. Оларды атқа мінгізген қашанғы өзімізді жүндете береміз деген, онда да шыдап-шыдап келіп, бұрқ-сарқ қайнап, тысқа атылған ұлттық намыс еді.
Ел ішіндегі жұртын құрбандыққа шалуға даяр қорқақ тексіздер мен намыссыз тірі-өлік пенделерді алдымен жөнге салып алу үшін аттандап атқа қонған соң мәселенің бұлайша тез ушығып кетерін білмей қалғандықтан, «шешінген судан тайынбас» деп, еріксіз майдандасуға мәжбүр болған Мүрсәлім болыс ел шетіне бес қаруы сай жаудың келіп қалғанынан тез хабардар болған соң білгенінше қамдануға кіріскен.
Мүрсәлім Қоқаш қажы тез жет деген Хабарасуға тарта жөнелуге асықпаған. Өзін құрту үшін арнайы келе жатқан жазалаушы отрядтың соқталап жеуіне, ноқталап айтқандарын істетуге соңынан ерген халқын тастап кете алмаған. Ол Баспан тауының Әулие шатқалындағы Әзбай Қызылы деген жердегі жоңғарлардан қалыпты дейтін бекініске жігіттерін әкеліп жасырған.
Мүрсәлім бұл бекініске жігіттерді әкелгенше де талай шаруаны тындырып үлгірген. Ауыл ақсақал-қарасақалдарын жинап, атқамінер старшындарды шақырып, әңгіме өткізген.
– Азаматтарымызды ажалдың аранына қарай өз қолымызбен аттандырып салып қарап отырғанша біз де кеудесінде жаны, жүрегінде қаны, бойында намысы бар ел екенімізді көрсетіп, шайқасып өлейік, жұртым, – деген ол. – Тәуекел деп тас жұттық. Енді шегінерге жол жоқ. Бір күн де болса екі тізгін, бір шылбырларыңды қолыма беріп, жөн көрсетіп, жол нұсқар басшымыз деп танығандарың мен екенмін. Ендеше мен «Су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді» деген жолды ұстанып, баршаңыздың атыңыздан ор қазуға деп балаларымызды оққа айдағанша, туған жерде шайқассын. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болармыз» деген сөзімді айтып, үкіметіңмен ат құйрығын кесісіп келдім. Бұл аяспауға кетістік деген сөз. Қазақ қолынан келгенінше қам жасамаса, орыс ойына келгенін істер. «Көп қорқытады, терең батырады». Не дейсің, ағайын? Менің ісімді жөн десеңдер, ішкертіннен шығып, бізге қарай бет алған жазалаушы казак-орыс әскерімен баяғыша маңдайласып шайқасар бізде дәрмен жоқ. Дәрмен, намыс болғанмен құрсанған отты қару намысымызбен, дәрменімізбен бірге харап қылар. Сондық­тан ел іргесі тынышталғанша «мынау Қытай елі» деп, шегара сызып қойғанымен бірен-саран сібе-солаң, қы­тайы болмаса, өзіміздің Керей, Найман жайлап жатқан ағайындардың арасын паналау үшін көшуге даярланып, қазірден бастап, буынып-түйініңдер. Егер де «Бұл қадамың қате екен. Баламызды, ер азаматтарымызды берсек те солардың тілеуін тілеп, ата жұрттан аумаймыз» дегендерге де қарсылығым жоқ. Шындықты айтқаным үшін құны жоқ құл сияқты ғып сүйреп апарып, түрмесіне қамағаны көрем деген құқайым ба еді?! Жігіттерге рақмет, бабамның аруағын шақырып келіп, құтқарып алды. Түрмесінен ашу қысып, булығып шықтым ба, әйтеуір «Бала берейік. Айтқандарыңды істеп, айдауларыңда жүрейік. Ләббай тақсырлар» деп отырған кейбір «ел иесі» атанып жүрген азаматтардың даярлап қойған тізімдерін өртетіп, ет қызуы үстінде оларға тіземіз де батып кеткендей. Онымызды қате десеңдер, кешу өтіндім. Қазағымның намысы үшін оттан көйлек кигізген бір сәт қой. Тағы да айтайын, «ауа көшем десең де, үкіметтің дегеніне көндім, не болса да көрдім» десең де дау айтпан. Шешім өздеріңде, – деген ол қызына сөйлеп.
Жиналған ел ағалары біраз сөз талқысынан соң «У ішсең – руыңмен» деген. Біз саған сеніп келгенбіз. Әлі де сенеміз, баста жөн деп тапқан жолыңа» деп бір ауыздан ортақ шешімге келген.
– «Бір жағадан бас, бір жеңнен – қол шығардық» деген осы болар, ағайын, – деген Мүрсәлім етектерін қағып, орындарынан тұра бастаған ел ағаларына. – Бірінші айтарым, ақыры қотарыла көшуге бет алған екенбіз. Кешеуілдемей ұзақ жолға дереу дайындалайық. Қолайына қарап, сән-салтанат іздейтін бейбіт күннің көші емес. Қорғауға да, қорғануға да қолай болу үшін жұмылған жұдырықтай болып, бір сәтте «әуп» деп көтеріліп, бірге жүрейік. Бүрсігүнгі сәрсенбінің сәтінде көштің бетін «Алла» деп шығысқа қарай түзейік. Тағы да айтарым, көп ауылдың қалың көші бір-бірінен көз жазып қалмай бәрі де Хабарасуды бетке алсын. Екінші айтарым, көшті – мал-жанды жинайтын қаруы бар азаматтар бүгін-ертеңнен қалмай біздің ауылға жиналсын. Сонан кейінгі өтініш, әлдеқандай заман болады деп, тізімді даярлаған азаматтар, кейбір болыстар мен старшындарды айтамын, арамызда бар болса, ол қағаздарыңызды отқа жағыңыздар.
Бұл ұсынысқа дау айтқан ешкім болған жоқ. Дегенмен көрмеген ел, баспаған жерге ата қоныстарын тастап, ауа көшу дегеннің жан-дүниеге салған батпан салмағынан әлде аумалы-төкпелі болып киліккен қилы, қияметті күндердің соңы немен аяқталары қинады ма, олардың бәрі де әзіл-қалжыңды айтпағанда, езу тартып күлуді де ұмытқандай тұнжырасып аттанып еді.
Тұнжыраса алдағы бір-екі күннің мезіретінде болар қанды шайқасты іштері сезгендей екен. «Қазақ елінің шығысындағы жұрт патша жарлығын мойындамай қара жұмысқа адам бергендері сол, көтеріліс ашып, жергілікті билікке қарсы шығып жатыр. Оларды тәубесіне келтіріп қайт» деген бұйрықты басшылардан алған бойда қанына қарайып, Омбыдан суыт аттанып, Зайсанды бетке алған штаб ротмистр Г. Болдышевтың жазалаушы атты казак-орыс отряды Көкпектіге бірер күндік жол қалғанда Зайсан оязы Сергей Кубицкийдің телеграммасын алып кідірген. Оған Зайсандағы көтерілісшілерді қырып-жоя ма, болмаса Көкпектісі ме, бәрібір болатын. Сондықтан ол Күркебай дегенін тәубесіне келтіре салуға болар еді. Оның болысы бір қиырда қалғандықтан, алдымен Мүрсәліммен «есеп айырысып» алуды жөн санап, Көкпектіге тікелей тартқан. Мүрсәлімге және оған ерген қарулы топ көш керуенін тізілтіп, отар-отар қойларын айдап, қос-қос жылқысын шұрқыратып, шығыстағы шекараны бетке алып, кетіп бара жатқан бір болыс елінің түгелге жуық қопарыла көшіп кеткендерін көріп отырса да қалың нөпірге қарсы шыға алмай бармағын шайнағандай болып отырған төрт-бес полицейдің бастығы пристав Владимир Становойдың құдайы беріп, Болдышевті Көкпектіге түстік жер қалғанда зор қуанышпен қарсы алған.
– Штаб ротмистр мырза, дер кезінде келгеніңізге бек қуаныштымын. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дейтін бұл жұрттың мәтелдері бар. Үндемеген сайын басқа шығып барады. Біразын оққа байлап, қылыштың жүзінен өткізсек, қалғандары алдымызға түсіп, жортатын болады. Мен де өздеріңізбен қосылып, қолымның қышуын қандырсам деймін. Бұл арманыма сіздің арқаңызда жететін болдым, – деген пристав.
Иә, көтеріліс басшылығын өз қолына алған Мүрсәлім мырза да біржолата кетісетін жауымен болар шайқасқа уақыт сонша тығыз болса да өзінше біраз амал қарастырған. Ол ең алдымен дұшмандарының бұған «Енді қайтер екенсің?» дегендей ұлы мен қайын атасын қалайда құтқарып алу үшін ең қарулы, әрі епті бес-алты жігітін Зайсанға аттандырған. Шамалары келсе түн жамылып барып, түрме күзетшілерінің үндерін өшіріп, қамалған тұтқындарды алып шығуды тапсырған. Бәрі сәтті болса, ұлы мен атасы және жігіттерінің көшті Хабарасудан тосуды тапсырған. Сонан кейін бірнеше азаматты жазалаушылардың қай жерде келе жатқандарын, қайда тоқтап, қайда түнейтіндерін біліп, хабарлап отыратын шолушыларын аттандырған. Жазалаушылар Өскеменнен шықты деген күні қырық-елу азамат пен көшті аттандырып, аз ғана винтовка, дара оқты кең өңеш, болмаса шиті мылтықтары бар жиырма-отыз жігіт пен қоян-қолтық айқас бола қалса деп, тағы да жетпіс-сексен қарапайым шоқпар, сойыл ұстаған жасақпен жазалаушылардың жолын тосу үшін Көкпектіден бір көш жердегі Баспан тауының Әулие шатқалындағы бекініске жасырынып, бірнеше биікке қарауыл қойған. Қарауылдардың қайсыбіреулерінің міндеті – жау бұлар жатқан жерден өтіп, ауылға қарай көш жолымен жүріп кетпеуі үшін бірнеше жігіт бой көрсетіп, бекініске қарай қашулары керек. Бекініс сыртына жақын келген жаудың біразын қолдағы бар қарумен-ақ жайратуға болады. Жолын тосқан жолаушылары да бұларды көп зарықтырмаған, келесі күннің кіші бесіні кезінде бір биікте тұрған қарауылдан «келе жатыр» деген белгі берілген.
Сөйткенше-ақ екі шоқының басынан атпен ағындата түскен қос жігіт: «Жау-жау!» деп ұрандап, бекініске қарай құйындата шапты. Оларды «байқап қалған» казактар да ат үстінде келе жатып, мылтықтарын атқылай бастады. Екі жігіт те есен-аман бекіністегілерге келіп қосылды.
– Ал, азаматтарым. Алла жолымызды оңғарсын! Орнымызға барайық. – Мүрсәлімнің сөзінен кейін мылтығы барлар тастан қаланған бекіністің садақшыларға арналған оқатар тесікке жайғасып, мылтықтарын кезене бастады. Жасақтың сойылшы, шоқпаршы жігіттері бір бұрмадағы шоқ-шоқ болып өскен қалың ақ қайыңның ішіне жасырынған.
Ойларында қауіп-қатер туралы ештеңе жоқ жазалаушылар бекініске тақай бергенде-ақ екі-үш винтовка, құс мылтықтар бірден тарсылдап, он шақты казакты ат үстінен жұлып түскен соң, қамалда жатқандарға қылар қайраңдары болмағаннан кейін амалсыз кері шегінген.
– Тойға келе жатқандай еркінсулерін қарашы, – деген жігіттердің бірі. – Ал алыңдар сыбағаларыңды.
Олар ес жинап үлгіргенше тағы да бес-алтауы аттарынан аударылып түсті. Казактардың бей-берекет атқаны және жігіттердің көп мылтықтарының гүрсілінен тау ішінің тыныштығы дар-дар айырылғандай болды. Шатқал ішін көк түтін тұмшалады.
– Атысты тоқтатыңдар да, атқа қоныңдар, – деп Мүрсәлім айғай салды. Себебі шоқ-шоқ қайыңның арасынан сау етіп шыға келген өз жігіттері де мылтықтарын қай жаққа қарай атарларын білмей сасқалақтай бастаған казак-орыстарға тым жақындап қалып еді. Тосқауылда, бекіністе жатқан жасақ жігіттерінің ішінде «құралайды көзге ататын» дерліктей біраз мергендер бар еді, солар тірі нысаналардың біразын аттарынан сыпырып түсірген екен. Тік шапшып барып құлап жатқан жазықсыз жануарлар – жазалаушылардың аттары қаншама. Әне-міне дегенше «Боранбайлап» ат қойған жасақ жігіттері де отряд әскерлеріне араласып қалып еді. Қарауылда жатқан жігіттер де түгелдей ат үстінде келе жатып, бұжырбас шоқпарлары мен сойылдарын қолға алған болатын. Күтпеген жерден мынандай қарсылыққа кездесеміз деп ойламай, тек кездескен бүлікшілерді оққа байлап, қылыштың жүзінен өткізіп алмақ болып, өркеуделеніп келе жатқан казак-орыстың қалғандары атыса отырып шегінген. Оларды бір-екі қыр асырып тастап оралған жасақ шай қайнатымдай уақыт ішінде болып өткен майдан даласында он-он бес қандастарының, олардан әлдеқайда артық болмаса кем емес жазалаушылардың өлі денелері жатқанын көрген. Оқ тиіп жаралы болып жатқан жігіттерді де дереу Көкпектіге жөнелтіп, бақилық болған шаһиттердің мәйіттерін де арулап, жер қойнына тапсыру үшін әлі көшпей қалған елге жеткізген.
Жазалаушылардан өлгендерінің қару-жарақтарын – винтовка, қылыш, оқшантайларын, иесіз қалған аттарын олжалаған. Жүректері шайлығып, біржола безіп кетпесе, тым болмағанда қаруластарының жүздерін өздері келіп жасырып кетер деген оймен оларды орнында қалдырып кеткен. Бір қызығы Жаратушының жалғыз ұлындай алшаң басып, ақыра сөйлеп жүретін Көкпекті приставы Владимир Становойдың да мәйіті екпеттеп жер құшып жатыр екен. Қарулы отрядқа өзінше жол көрсетуші болып шыққан. «Асықпаңдар, осы жердің бәрі де Россия-анамыздың меншігіне мәңгілік айналады» деген пікірін соңғы кездері ашық айтып жүрген жігіт енді: «Бұл жерді ешкімге бермеймін, өзімдікі» деп құшақтап жатқандай. Алайда, оның құшағына алғаны айналасы екі адым ғана жерден аспайтын.
Бұл – көтерілісшілердің бір бөлшегінің ғана алғашқы жеңісі болатын.

* * *
Казак-орыстардың біраз әскерін жер жастандырғаннан кейін Мүрсәлім енді бұл жақта кідіре берсе опа таппайтынын білген соң, ел-жұртымен үдере көшіп, атыса-шабыса жүріп, біраз малдарын жау қолында қалдыра жүріп, Хабарасу арқылы арғы бет асқан. Ең өкініштісі, кешегі билігінде болған ағайындардың біразы көшке ілеспей қалып қойған. Ең қуаныштысы – Серке Күпіннің түрмеге қамап отырған ұлы мен қайын атасын тағы да түн жамылып барып босатқан соң, олар Хабарасуда бұларға келіп қосылған.

ТАУ ТҰТҚЫНЫ МЕН ЖАУ ТҰТҚЫНЫ

Жаздың жылдай ұзақ күнінің биік таулар арасындағы «жүрісі» қауырт. Бағана ғана Сарытолағай шыңының ұшар басында тұрған Күн ет асым уақыт өтер-өтпесте Қызылқия жотасына қарай жетіп қалыпты. Ол жотаны асқаны тау іші алакөлеңкеленіп, енді бір шай қайнатымда ымырт үйіріле бастайды деген сөз. Әлібай етегін қағып, орнынан тұрып, тасқа сүйеулі тұрған мылтығын қолына алған. «Қайтамыз ба?» дегендей орнынан тұрған иесін Керқұла алты қанат үйдің орнындай жердің гүлді шалғынның басын ғана кекілдеп жеп, қашанғы әдетімен иесі түскен жерінен ұзай қоймапты. Иесі атының айылын тартып, ауыздығын салып жатқанда ат қалың жыныстың ішіне қарап, құлағын тіккен. Сонан соң қауіпті аң көргенде тыпырлап, пысқырып белгі беретін әдетіне салмай, адам не жылқы баласын көргенін білдірейін дегендей жай ғана оқыранған.
Әлібай атына мініп жатып, әлденеге елеңдеп тұрған көп жылдардан бергі сыралғы серігіндей болған Керқұласына тіл қатқан. «Жан баласы жүре қоймайтын, жүгірген аң, ұшқан құстан өзгені көп көре бермейтін бұл жерден нені көріп, оқыранып тұрсың, Керқұлам?» деген. Керқұланың оң жағындағы қалың бүргеннің басы қозғалақтап қалып, әйел адамның үні естілген.
– Ағатай! Ағатай, кете көрмеңізші! – Әлібай селк ете қалған. Аң аулауға қанша уақыттан бері жалғыз шығын жүргенде жын-пері болмаса адам баласының аяғы тие бермейтін иенде мұндай сұмдыққа кездесіп көрмепті. Тіпті кездесем деп ойлап та көрмепті. Аң аулаймын деп тым ұзаққа шығыңқырап кеткен кездері ер-тоқымын жастанып, тонының бір өңірін төсеніш қып, екінші өңірін жамылып жата кетер еді. Қорқып көрмепті. Адамдар қорқады дейтін таулы жердің аюы жиі ұшырасқанмен, олар да етжүректі. Екі аяқтылардың мың айлалы жыртқыш екенін жақсы біледі. Сондықтан аю екеш аю да олардан аулақ жүруге тырысар еді. Одан кейінгі жыртқыш аң дейтін қасқырлардан Мерген қорқып көрмепті. Мылтықтың, оқ-дәрінің исі шыққан жерге аштан өліп бара жатса да жоламайды. Ал көлігін қорғаудың жолын бабалардан аталары, аталардан әкелері, олардан өздері үйренген тәсіл – әбден талай сыннан өткен сенімді айла. Ол ат тұрған жерге айналдыра қыл арқан керіп қойса болғаны. Ал жылан, бүйі, шаян сияқты жыбырлақ жәндіктерді айтпағанда, биігінен қар мен мұзы үзілмей, кеш батса болды ызғар шашып тұратын мұндай жерге шыбын-шіркей де жоламайды. Сонда бұл әйел дыбысты тіршілік иесінің кім болғаны?! Оның есін ауыл аралап жүріп, үлкендерге қисса, дастан, балаларға не бір ғажайып ертегі, аңыздарды айтатын, сөйтіп жүріп, киім-кешегін айырып, тамағын асырайтын Малқарбайдың бір ертегісі оралды. Ертегіні ойлап та үлгерген жоқ. «Ағатай-ай, кетпеңізші» деген жыламсыраған әйел адамның дауысы естілді де ізінше өзі де көрінген. «Иә, бұл перінің қызы, жезтырнақ болды». Ол ат үстінде тұрып, иенде ұшырасқан қызға мылтығын кезенді.
– Орныңнан қозғалма. Атамын!
– Ағатай-ай, аяңызшы. Мен… мен.. сорлап… – Ол екпеттей жығылған күйі жылап жіберген. «Иә, олар адамды алдап қолға түсіру үшін неше түрлі айла-тәсілді жасайды. Жанына жақындамау керек». Бұл – Малқарбайдың жиі айтатын сөзі.
– Ағатай, мен… мен Қотанашы-Қожыр жайлауында отырған Жантекей Қорабай байдың қызымын. Иен тауда жалғыз қалдым. Кете көрмеңізші. – Қыз етпеттеп жатқан күйі енді дауыстап жылап жіберген. «Тоқта-тоқта, Жантекей руынан шыққан мыңдаған көгала жылқы айдаған Қорабай деген байды естіген сияқты едім ғой. Әлі де көз жеткізейін мұның пері емес, адамзаттың баласы екеніне. Үкілі құндыз бөрік, қызыл бұйра елтірімен жұрындалған жаздық қызыл жарғақ, қайқы бас қызыл ала әмірқан етік сияқты киімдері шынында айтулы байдың қызы екенін куәландырғандай. Дегенмен дәл Қорабай байдың қызы екенін біле түсейін».
– Қорабай байдың қызы болсаң иен тау ішінде жападан жалғыз не ғып жүрсің? Басыңа қандай хикімет туып еді?
Қыз басын көтерді. Қос бұрымға таққан күміс шолпылар нәзік үнмен сылдыр қақты. Қытайы жібектен тігілген қосетек қызыл көйлек – бәрі-бәрі сәмбі талдай балғын бойжеткеннің аппақ, мінсіз сұлу жүзіне жараса түсіпті. Жылап-сықтаудан сәл домбыққан қабақтың астынан қарақаттай жанары да айырықша жарасыммен қос лағыл тастай жалт-жұлт ете қалған. «Перінің қызы қалай киінемін, қалай нұрланамын десе де өз еркінде емес пе. Перінің қызы болса неге жылайды? Әлде мені сендіру үшін бе? Әлде бұл Малқарбай жиі айтатын жезтырнақ па? Малқарбай: «Жезтырнақ құрбандығын алдарда кісіні қытықтап өлтіретін сояудай ұзын жез сияқты тырнағын көрсетпеу үшін ұзын жең киім киіп, тырнақтарын жасырып жүреді екен» деуші еді. Әлібай орнынан тұрып келе жатқан қыздың қолына қараған. Ешқандай жез сияқты ұзын емес, сүйріктей саусақтарға біткен мәрмәрдай аппақ тырнақтарды көріп, көңілі орныққандай болған.
– Ағатай, Қорабайдың қызы екеніме Алла куә. Мені бүгін мына адам аяғы баспас иенде қалдырып кеткенше біржолата өлтіріп, көміп кетіңіз. Онсыз да әкемнің қарғысы шығар осындай күйге ұшырағаным. – Қыз сөйлеген сайын оймақтай ерні дірілдеп, қос жанардан аққан жас ақша бетін жуып тұрған.
Әлібай өзінің орынсыз күдіктеніп, күдіктеніп қана емес, сонша қорық­қанына ұялғандай атынан түсіп, қызға жақындаған. Әлде ертегіші Малқар­байдың қилы-қилы оқиғаларына бала күннен сеніп өскендіктен, әлде ет жүректі пенде шіркін мынау қисынсыз ұшырасудан соң қауіптенді, әйтеуір Мергеннің жүрексінгені де рас еді.
– Айналайын-ай, өзің айтқандай адам аяғы баспас иеннен кездестіргеніме тосылып қалғаным рас. Адам екенің рас болса, бұл жерге қалай тап болдың? Осыны айтшы алдымен.
Біраз жер жаяу жүргеннен болмаса қорыққанынан қыздың тұла бойы түгел қалшылдап, сөйлеуге де шамасы келмейтіндей. Тек тізерлеп отыра кетті де, жанына келген құтқарушысының аяғын құшатындай ыңғай танытқан.
Әлібай уылжыған жас аруға көн етікті аяғын құштырмайын деп сәл шегініп тұрды да:
– «Құс торға еркінен тыс түсер» деуші еді. Бұл күйге қалай түсіп жүрсің? Қане, айналайын, шаршасаң отырып айта бер.
– Алдымен Алла менің мына сұмдықтан аман құтылуым үшін сізді осында алып келгеніне мың алғыс. Бұл жерге қалай тап болғаным ұзақ әңгіме. Жүрегім қалаған азаматтың етегінен ұстап, бақытымды табамын ба деп едім… Сор айдаған екен мені. Екі күн болды етегінен ұстадым деген азаматым «Жолды шолып қайтамын» деп кетіп еді, құс болып аспанға ұшып кетті ме, әлде құрт болып жерге сіңіп кетті ме, мені бір жартастың түбіндегі үңгірге жасырып кетіп еді, содан бері жым-жылас жоғалды.
– Ол үңгір алыс емес пе?
– Жоқ, ана бір қыраттың арғы жағында.
– Үңгірде қалған заттарың бар ма еді?
– Төсеніш қылған аткөрпе мен түнде жамылған тұлып тон, атымның ер-тоқымы да сонда.
– Атың қайда?
– Сол жерде арқандаулы тұр. Берікболды көздеп жотаға шыққанда сіздің атыңызды көріп, үңгіріме бұрылуға шамам келмей, жүгіріп осы жерге жеттім. Бүгін сол үңгірде түнесем үрейден өлер едім.
– Жақсы, – деді Әлібай бейтаныс бойжеткенге бұрылып, – сен мына атқа міне ғой. Мен ілесіп отыра­йын. Өзің түнеп шыққан үңгіріңе барып, сенің атыңды, заттарыңды алайық. Қане, атқа міне ғой.
– Әңгімеңді үйге барған соң айтарсың. Ал елсіз тау ішінен жолыққан сенен жүрексінгенімді жасырмаймын, – деген Әлібай ойда-жоқта ұшырасқан Хордың қызындай аруды қолтығынан демеп, Керқұлаға мінгізген.
Соңынан жаяу еріп келе жатқан иесінің алдына түскен Керқұла аяңмен жүріп, бойжеткен бейімдеп келе жатқан жаққа бет алған.
Бала кезден үйімізге жиі келіп, ертегі, аңыздарды көп айтатын Малқарбай дейтін кісі орман кезіп жүретін перінің қыздары мен адамдарды қытықтап өлтіріп, қанын соратын жезтырнақ әйелдер туралы ертегілерді жиі айтатын. «Перінің барша әйел атаулысының тағы бір қасиеті – ер азаматтарды өзіне күйеу ғып алуға құмар болады екен. Әдемі бойжеткен бейнесінде келіп, адам баласының бетінен бір сүйсе болды, кез келген жігіттің өзі де есінен танғандай болып, періге ғашық болып қалады екен, сөйтіп өзі де періге айналып кетеді екен» деп отыратын еді марқұм. Менің сенен қорқып, үрке қарағаным сол атамыздың әңгімелеріне сеніп өскендіктен болар.
Бейтаныс бойжеткен айтқандай, үңгірдің ішінде ер-тоқым, тұлып тон жатыр. Қақталған ет пен құрт-ірімшік салған кішкене дорба мен қымыз құйған жанторсық жоғарырақтағы текше тастың үстінде тұр екен.
– Иен тау, адам баласын қойғанда, аң атаулы жоламайтын үңгірде өткізген екі түнім өмір бойы есімнен кетпес… Әкемнің қарғысына ұшырадым… Берікбол тірі болса келер еді. Ол жарық дүниеде жоқ адам ғой… – Әлібай арқандаулы тұрған есік пен төрдей, жалдас Ақбақай торыны әкеліп ерттеп, заттарды жинастырып жүргенде де бір бұрышта бүрісіп отырған қыз сандырақтаған адамдай қиюы қашқан әңгімесін көз жасын сорғалатып отырып тоқтатпаған. Иә, ол құтқарушысын Алланың арнайы жіберген адамы деп қабылдап, оған да Тәңіріндей табынып, алғысын жаудыруды ұмытқан жоқ.
Құтқарушысы Ақбақай торыны ерттеп, қызға алып келген кезде ол аттың мойнынан құшақтап, тағы да еңіреген. «Тау ішінде жортқан иеннің ит-құсына сені жолықтырмаған Алладан айналдым. Торы жорғам-ау, екеуімізді елсізге тастап, иеміз қайда кетіп қалды? Жаратқаным-ау, бір мен үшін деп, шешесі мен жалғыз бауырын қалдырып, ағайын-жұртынан безініп, жанын жалдап, ұзақ жолға аттанған Берікболымды сақтай көр, Жасаған. Ақбақай жорғам-ау, білсең айтсаңшы, иеміз бар ма, бұл жарық жалғанда?!
– Айналайын қалқам, тұрып атыңа міне ғой. Біз де басымызға күн туған соң елден безгендей тау сағалап, жасырынып жүрген бейбақпыз. Қара қосымыз жақын жерде, есіңді жина. Алланың шапағаты мол ғой, азаматың тірі болар. Сені үйге апарған соң, оны өзім іздеймін. Қорықпа, оны қалайда табамын. – Құтқарушысының осы сөзі оған дем бергендей, бойына тың күш-қуат біткендей қыз үзеңгіге аяқ артқан.
– Шыда, айналайын, қалғып кетпе. Үйге қазір жетеміз, – деп Әлібай тор жорғаны өзі жетекке алған.
Әркімнің бір басына жетерлік уайымы бар дегендей, «Айналаны бір шолып қайтамын» деп кеткен Әлібайдың есен-сау оралуын күтіп отырған Рәзиға мен Бәлібай күткен кісілерінің үстінде кісісі бар ат жетелеп, қарағайлы өзектен шыға келгенде таңырқасып қалған.
Олардың алдынан Бәлібай, одан кейін сүрініп-жығылып Рәзиға, ал ең соңы болып, Әлібайдың кішкене ұлы Байдолла тысқа шығып еді. Аурудан тұрғандай өңі қашып, екі көзі қызарған, бірақ тал бойында сұлулық пен киген киімінде бір міні жоқ аруды торы жорғамен шайқалтып, ертіп келуі, шынында да таңғаларлық оқиға еді. Тіпті Рәзиға жазған құдай қосқан қосағының әлдекімді әлдеқайдан кішілікке алып келді ме деп те күдіктенгені рас еді. «Ондай ойы болса, ел аман, жұрт тынышта алып келмей, мынандай ала сүргінді сүреңсіз кезді неғып тосқан?!» деген қызғаныштың ыстық жалыны кеудесін шарпып өткен болатын.
– Бәлібай, қонақты түсіріп алшы, – деген үй иесі торының шылбырын інісіне ұстатып жатып. Сонан соң, аң-таң болып тұрған зайыбына да тапсырмасын берген. – Сусын бер де, төсек салып, жатқыза қойшы. Ауырып тұр екен.
Бейтаныс бойжеткен бір тостақ қымыз ішті де, «рақмет» дейтін жалғыз сөзді айтуға шамасы әрең жетіп, салынған төсекке киімшең қисайып, терең ұйқыға берілген. «Мынауың кім? Оны қайдан тауып әкелдің?» дейтін сауалды айтпаса да жүздерінде жазулы тұрған зайыбы мен інісіне Әлібай қысқа ғана ақпар берген:
– Жанындағы серігі жол қараймын деп екі күн бұрын өздері паналаған үңгірден шығып кеткен екен. Содан қайтып оралмапты. «Қайдан келеді? Қайда барады? Ештеңесінен хабарым жоқ. Екі күн, екі түн иен таудағы үңгірді жалғыз паналау оңай ма?! Өзі де әбден үрей билеп, шошынып қалған сияқты. Жақсылап тынықсын. Сонан соң жай-жапсарын сұрай жатармыз.
– Е, бәсе, ағатайым сөз байласқан кісісін алып келді ме деп қорқып едім, – деп Бәлібай жеңгесіне қарап жымыңдаған. – «Екі сиыр сауғанның айраны бар, екі қатын алғанның ойраны бар» деген мақалды ағатайым да ұстанатын сияқты еді. Дегенмен қос жеңгелі болдым ба деп қорыққаным рас. Менен гөрі сіз қатты қорықтыңыз-ау, Нұр жеңгей. Бірақ өзі де «Қыздың сарасы, әйелдің данасы» дейтіндей-ақ айтулы сұлу екен…
– Қорыққаным рас. Бірақ ағатайың менен ештеңесін жасырмаушы еді, – деп Рәзиға да Әлібайдың жүзіне ерекше ықыласпен қараған.
Әлібай қонағының өзі екі-үш дүркін Берікбол деп атаған азаматты іздеп қайту үшін Керқұлаға ертеңіне тағы да ер салған. Кешегі үңгірді оңай тапқанымен одан ешқандай өзгерісті байқамады. Дымқыл ауадан мүк басқан үңгірдің ішінен сыз исі танауды қытықтайды. Жат пиғылды біреулердің қолына түсіп қалса деген сақтықпен өздерінің қай сайда екенін айтпай үйден жазып келген «Келіншек тірі. Күн сайын кешкілік осында тос» деген екі-үш-ақ сөзі бар бір бет қағазды көрнекі жерге таспен бастырып қойды.
Өздері ағайын-жұрт, орталарынан еріксіз безініп шыққан үш ересек пен бір жас бала үшін аспаннан түскендей болып, ойда жоқта ұшырасқан қыз келгелі бері тұяқ серпіген жоқ. Қызыл іңірден ұйықтағаннан келесі күні түс ауғанша қозғалмаған. Түсінде де үңгір ішіндегі жалғыз қалған үрейлі сәтін көретін болуы керек, анда-санда Берікболының атын атап, кемсеңдеп жылай бастайды. Үй иелері де ауру күткендей ұйқыда жатқан сұлу қыздың жүзіне үңіліседі. Әзірге құдаласып қойған қалыңдығы болса да «аяғын шырмай» қоймаған Бәлібай таңғажайып арудың жүзіне жиі үңіле беретін болған.
– Мырзабала, бұл қыз ағаңның бізден жасырып жүрген, арғы бет ассақ ала кетпекші болған қалыңдығы болмасын. Тым жиі жағалай берме. Әліптің артын бағайық. Егер солай болса, біз шіркін азаматымыздың айтқанына көніп, «Тоқал келсе, бәйбішенің көсеуі ұзарады» деп отырғаннан басқа амалымыз бар ма?! Бірақ бұл бойжеткен көсеу болып, қол ұзартатын кісіге ұқсамайды. Сән-салтанаты бөлек екен, – деп Рәзиға да қайнысына қалжыңдаған болып, өзінің де кеудесіне кептеліп тұрған үлкен күдігінің шетін шығарған.
– Ой, Нұр жеңеше, ағатайым сіздің үстіңізге біреуді кіргізгісі келсе, баяғыда-ақ сездірер еді. Олай болмасын деп тілейік, жеңеше… Айтулы сұлу қыз екен. Көз ала алмай отырғаным рас. «Сұлу мінсіз болса да мұңсыз болмас» деуші еді қазекем. Бұл сұлудың басындағы мұңын сейілте алсақ қой, шіркін, – деп Бәлібай да аты-жөнінен, қайдан, қалай келгенінен бейхабар бойжеткенді ұнатып қалғанын мойындаған. Сонан соң жеңгесінің құлағына ақырын сыбырлаған:
– Егер Әлағамның жанына жақын жан болмаса, әлгі өзі сандырақтап айтқан Берікболы сол күйі табылмай кетсе… Құдай біледі бар ғой, онда қайын жұртымнан, ондағы жолымды күтіп отырған қалыңдығымнан да бас тартуға бармын.
Екеуі атын Ақбақай торы жорғамен бірге тұсап, екі-үш сауын биелерге қосып келген Әлібайды көріп әңгімелерін үзген.
– Жә, бұл қыз біраз тынығып қалған болар. Оятып, тамақтандырайық, жөн сұрайық, – деген үй иесінің сөзі Рәзиғаның көкейіндегі күдігін сейілтсе, Бәлібайдың үмітін қанаттандыра түскен.
– Иә, сөйтейік, – деп, Рәзиға да келісе кетті. – Түскі асымыз да даяр болып қалды.
Рәзиға киіз үйге кіріп кеткен соң ашық тұрған сықырлауықтан оның үні естілген.
– Сіңілім, тұра қойшы. Бетіңді жуып, тамақ іш. Біраз ашығып та қалған боларсың.
Сол кезде бейтаныс қыз да тіл қатқан.
– Бұл қай жер? Мен қайда жатырмын? Жаңа Берікбол келе жатыр еді ғой. Ол қайда кетті? Сіз кімсіз, апай?
– Сабыр, сіңлім. Сен қауіпсіз жерде жатыр­сың. Берікбол әлі келген жоқ. Оны кеше өзіңді ертіп келген ағаң іздеп, тауып әкеледі. «Өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді» дегендей, уайымдама, табылар.
Біраз үнсіздіктен кейін қыздың тағы да сыңсып жылаған үні естілген. Өзінің бұл жерге кеше қалай келгені, оған дейінгі үрейлі оқиғалар ойына оралған болар, мұңын шағып, сөйлей бастады.
– Сорлы басым-ай, Берікболым-ау, тірі болсаң, мені зар еңіретіп, үңгірде қалдырғанша неге келмейсің? Әлде жартастан құлап, бір жерде мерт болып жатырсың ба? Қайтейін-ау, мұңымды кімге айтып, тұла бойымды жайлап алған зар-запыранымды қалай шығарайын-ай?! – Бойжеткеннің біраз дем алып, ес жиғаннан кейінгі мынау зарлы үні іште жүрген Рәзиғаны қойып, сыртта тұрған ағайынды екі жігіттің де сай-сүйектерін сырқыратқан. Әлібай бұл қыздың аузынан тастамай отырған Берікболы мұның кімі болса да ең бір қымбатты адамы екенін білген сайын оның үшті-күйлі жоғалып кеткеніне және өзінің оның ізін де таба алмай келгені үшін кінәлі болғандай сезінген. Бәлібай болса, алғашқы бір лап еткен сезім толқынының мынандай қасіретке ұшыраған адамға бағышталғанына іштей қысылып, енді осынша мінсіз жаратылыс иесі ұшыраған ауыртпалыққа жанашырлық күй кешіп тұрған. Сонымен бірге, бұл қыз ағасы Әлібайға мүлде бөтен, бейтаныс жан екеніне көзі жеткен сайын пендауи бір үміт оты да кеудесінде жылтырай бастағаны рас еді.
Қызды уатып, есін жидырып, жерге жайылған жайдақ дастарқан басына отырғанша кіші бесін де болып қалған. Рәзиға сылынып піскен еттен аздап жеді де, екі-үш сауын биені сауып, құлындарды босатқан. Құлындарды желіден босатып, енелерінің бауырларынан тартуға Әлібай да тысқа шыққан.
– Бұл сорлы қыз жарытып тамақ та ішпеді. Ішін өртеп бара жатқан уайымы қатты. Берікболы, шамасы, күйеуі болар, – деген Рәзиға биенің бауырында отырып.
– Бүгін әңгіме айтып жарытпас. Жатып дем алсын, – деген Әлібай да. – Мен ертең ертелетіп тағы да із шолып қайтайын. Берікболын іздеп көрейін, бәлкім, шекара жақты да шолып қайтармын.
Бейтаныс бойжеткен бірер кесе сорпа ішті де тағы да аһылеп-уһілеп біраз жатып ұйықтап кеткен. Екі күнгі ұйқы, оның үстіне уайым-қайғы байғұсты әбден қажытса керек, өзінің кім екенін айтуға шамасы да жоқ еді. Үй иелері де одан жөн сұрап, мазалаған жоқ.
– Осы бала маған он екіде бір гүлі ашылмаған, біреудің оң жақта отырған қызы сияқты көрінеді. Басындағы үкілі бөркі де осы ойымды растай түскендей, – деп Рәзиға күйеуіне сыбырлаған.
– Маған да солай көрінеді. Кім болса да Берікболын іздеп көрейін. Әйтеуір есін тезірек жинауына көмектес, – деген отағасы да.
Тек таң бозарып атып, биік жоталардың басына Күннің шапағы түскен кезде Әлібай орнынан тұрып, бірер тостаған қымызбен оразасын ашып тұрған кезде қонақ қыз көзін ашқан.
– Ағай Берікболды іздеуге барасыз ба? – деген ақырын тіл қатып. – Жақсылығыңыз Құдайдан қайтсын, айналаны асықпай барлаңызшы. Өлі болса мүрдесі, тірі болса өзі табылар.
– Өзім де солай ойлап тұрмын, айналайын. Сен әл жинап, демал. Көп уайымдамай, жақсылап тамақтан. «Қаз өтсе үні қалады, адам өтсе ізі қалады» дегендей күдер үзбейік.
Олардың дауыстарынан Рәзиға да оянған.
– Ұзақтау жүріп қалсаң шай ішіп алып, бір-ақ аттансаңшы, – деген келіншегіне:
– Әлі ерте ғой, жолазық пен жанторсыққа қымыз құйып алдым. Бәлібай да жылқыларды көздеп кетсе керек. Ол келген соң асықпай шайларыңды ішерсіңдер. Мен атты әкеліп ерттейін. Мына қонағымыз да ұйқысын әбден қандырсын. – Ол керегенің басында тұрған ұзын мойын қара мылтығы «кіресін» қолына алған.
– Жолыңыз болсын, Ағатай, – деп қалды бейтаныс.
– Әлей болсын! – Бір қызығы, Әлібай да, Рәзиға да: «Е, сен жазғанның арманың Берікболыңның табылуы ғой. Тілегің қабыл болғай» деп ойлаған.
Әлібай ұзақ тостырып, түс ауа әрең оралған. Жөпшөңкі жүріске қос құлағының түбі ғана бусанатын Керқұла екі бүйірін қағып тұр. Шамасы өрлі-еңісті тау ішінің соқыр сүрлеулерімен ұзақ жортса керек. Ол жолын тосқандарға қуанышты хабар айта алмаған. Шамасы, Берікболдан қалса керек, бір сайдағы бұлақтан өткен жалғыз аттының Ақиректің жолына қарай бет алған ізін көріпті.
– Сол бағытты бетке алып, біраз жүріп едім, жалғыз-жарым аң болмаса, мал жүріп, жапырылуды білмейтін иеннің шүйгін шөбін жапырып, жосылып жатқан аттылардың ізін көрдім… Айналайын, қалқам, демек Берікболың жазатайымнан аман деген сөз, арғы бет асқандарға ілескен болар…
– Ол мені тастап, ешқайда кетпейді. Жау қолына түскені анық, – деп қонағы оның сөзін бөлген.
– Айналайын, «Қазан аузы – жоғары». Алла кебін кигеннен сақтасын, кебенек киген ердің жолын күтер болар… Айтқандайын, ойдағы ел ішінің жағдайы да мәз емес көрінеді. Құдай оңдап, сонау Тайынты-Тарғын жақтан көшіп келе жатқан Көкжарлы Күркебай батырдың қос шолғыншысына жолығып келдім. Солардың айтыстарына қарағанда, қара жұмысқа адам бермеу үшін біраз азаматтар атқа қонған, білем. Енді біразы көліктерін қамдап, дүрк көтерілетін сияқты. Дүрк көтерілгенде кім оларды құшақ жайып қарсы алғалы отыр дейсің? Баяғы арғы беттегі Керей, Найманды сағалап, Қытай аспақшы да. «Шолғыншылар біздің жайды білген соң, бірер күннен кешікпей ішінде Күркебай батырдың өзі бар жасанған жасақтарымен қалың көшті қорғап-қоршап шегарадан өтпекші. Шегарадан асқыларың келсе, ертеңнен қалмай осы маңнан тосып, соларға кеп қосылыңдар. Не көрсеңдер де көппен бірге көресіңдер» деп кеңес берді.
Әлібай өзінің де бір шешімге келе алмай отырған ша-расыздығын сездіргендей екі алақанын жайып, басын шайқап, барып тоқтаған.
– Ағайын-туыстан безіп, қағынан жерінген құландай Көкжарлылардың көшіне ілесіп, не марқадам табармыз? Мен ол көшке қосыла алмаспын, – деп Бәлібай қызулана сөйлеген.
– Мырзабала, – деген Рәзиға сөзге араласып, қайны­сының есімін атамайтын әдетімен. – Мырзабала, қайбір қызық қуып, қыдырыстап жүр дейсің?! Ағаңның бір ағат сөзі үшін артына шала байлап, шырғалап жүрген үкіметің емес пе? Әйтпесе ағаңның біреудің «Сары ізіне шөп салған» әдетін көріп пе едің? Заманынан аманы. Лашынның қанжардай тырнағына ілінгенше қараған-бүргенді таңдамай пана іздейтін шымшық торғай сияқты емеспіз бе?.. Ал, сен, Мырзабала, біз Күркебайға ілессек, сен Отаныңа, ағайындарыңның ортасына оралуға бейіл бол. Ағасы үшін інісі кінә арқаламас болар.
– Иә, егер біз оларға ілесеміз десек сенің қалғаның жөн. Жеңгең жөн сөз айтып отыр. Жә, Бәлкен, сен бүгін ел шетіне барып, тың тыңдап, түнделетіп қайтып кел. Не істеу керегін сонан соң шеше жатармыз, – деп Әлібай бейтаныс қыздың бетіне қараған. – Айналайын, тынығып, дем алсаң, әңгімеңді айтшы, біздің де жай-жапсарды естіп, көріп отырсың. Көшер болсақ, бірге жүресің бе, әлде ауылға апарып қалдырамыз ба? Әлде Берікболдан хабар болмаса еліңе қайтарамыз ба? Соның бәрін ақылдаса шешкеніміз жөн сияқты.
Қыз бір тәуекелге тас түйін бекінгендей, бір күрсінгенмен бұған дейінгі көз жасына ерік берген жоқ. Сұлу жүзін ашық тұрған есіктен орманды тау сілеміне қадап отырып, әңгімесін бастаған.
– Есімім Кербез болады. Тарбағатайдың Қотанашы, Қожыр жайлауын жылқыға толтырған Қорабай байдың үш ұлының ортасындағы жалғыз қызымын…

БЕРІКБОЛ, ҺӘМ КЕРІМ-КЕРБЕЗ

Бәрі де өткен жылы бұрын жайлау үстінде өткен Қорабай байдың тұңғыш немересі Қуаныштың сүндет тойынан басталыпты. Мыңғырған көгалалы көп жылқыны айдаған бай мұнда шабылмағанда қайда шабылсын. Қазақта қолы жетіп, дәулеті асқандар өліге ас бергенде, тіріге той қылғанда байлығын көрсетіп, атағын шығару үшін аянбай шашылатын бір әдеттері бар. Әсіресе, атақты би, болыс болған немесе аймағында ешкімді шалғайына шалдырмайтын бай о дүниеге аттанса, оның жыл толған асына марқұмның жетісін бере салып-ақ қызу даярланады. Өліге пайдасы тисін деп емес, оның соңында қалған тірілердің атақтарын аспандату үшін ат тұяғы жетер жерге ғана емес, шамасы келсе үш жүзге сауын айтып жыртылады. Ал қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той сияқты отбасылық қуанышты көк жайлау үстінде көңіл жетер ағайынды қалдырмай шақырып, бірнеше күн бойы ат шаптырып, балуан түсіріп дегендей дүркіретіп тойлау ірі байларды айтпағанда, орта дәулетті байшікештердің де бір көрініп қалар тұсы.
Қорабай да бұл тойдан тартынбай барынша шашылып баққан. Жиырма-отыз ақ шаңқан үйлерді Қотанашы жайлауының үстіртіндегі бір жазығына көше-көше ғып тіктірген. Сырт көз қонақтары келгенде жазықтағы жұрттың шалғыны жайқалып тұрсын деп мамыр айынан бастап, мал тұяғын тигізбей арнайы қорғатқан. Несін айтасың, Зайсан оязы ғана емес, басқа ояздардағы Төртуыл мен Байжігіттің, Абақ Керейдің осы өлкеге қоныстанған төрт-бес атасының игі жақсылары арнайы шақырумен тойдан бір күн бұрын келген. Бәйгелер ерте салқынмен кем болғанда отыз бес, қырық шақырымдық көмбеге айдалып, тойдың басқа қызықтары – тай бәйге, бала жарыс, балуандар күресі, теңге алу сияқты ойын түрлерімен жалғасқан. Ел жақсыларының батасымен имам сүндетке отырғызу рәсімін жасаған. Арнайы киіз үйде жатқан Қуаныштың – той иесінің жанында шешесі мен әжесі, тағы бір-екі күтуші әйелдер ғана қалып, басқалары түгелдей той қызығын тамашалап кеткен. Той Қуаныш үшін жасалса да оның бар қызығы өзгелер үшін жасалады екен.
– Ертең-ақ жазылып кетесің. Сүндет тайыңды бағана әкеліп көрсетті ғой. Сондай әдемі екен. Мен торы жорғамды мінемін, сен тайыңа мінесің. Екеуіміз ағайындар мен көршілерді аралап, жігіт болғаныңның көрімдігін жинаймыз, – деп қасында біраз отырған Кербез әпкесі де: «Мен қазір келемін» деп шығып кетіп еді, бір ет асым уақыттан кейін әрең оралған. Әпкесінің беті бал-бұл жанып, алаулап кетіпті. Өзі соншалықты көңілді еді.
– Қайда кетіп қалдың? – деп Қуаныш сүйікті әпкесін бұртия қарсы алған.
– Берікбол ағаңмен бірге қыз қууға қатысып келдім, – деген әпкесі еркелей сөйлеп. – Торы жорғам шабыстың малы емес қой, әкемнің өзіме атап қойған Көкбалақ деген екінші атыма мініп едім. Берікболдың атының тақымын аштырмай, қамшының астына алып келдім.
Ол той басталған тұста сүндеттеліп жатқан Қуаныштың жанында оның көңілін аулап, біраз отырмақ еді. Бірақ киіз үйлерден ауашалау жерде өтіп жатқан тойшылардың дуылдаған көңілді үндерін естіп, байыз тауып отыра алмаған. Қаршадайынан ұл балаша киініп, Кербез емес, Керім атанып, атқа мініп жүруге әбден үйренген ол тойшылардың ортасына бір рет барып қайтуды ойлаған. Өзінің інісінің жанында көп отыра алмайтынын сезгендей жылқышылардың біріне айтып, Көкбалақты бір-екі күн суыттырып, тоқжарау күйінде ерттетіп, кермеге байлаттырып қойған. Қалың дүбірге қосыла алмай орнында тықыршып тұрған жануар үйден қамшысын алып шыққан иесін көріп, оқыранды. Ұл балаша киінгенін қойып, шешесінің ақылымен атқа салт мінген кезде ыңғайлы болу үшін қысқалау тігілген қос етек көйлек киіп, бұрын бөрік астына жасырып жүретін шашын өріп, шолпысын тағынып, осыдан бірер жыл бұрын екінші рет қыз болып, «өмірге қайта келгенде» ауыл­дас бөтен-бөгдені қойғанда, ағайындарының, тіпті әке-шешесінің өзі нағыз арудай періште аспаннан түскендей көріп, «тіл-аузымыз – тасқа» дескен. «Аспаннан түскен» бойжеткенге жақыннан көз сүзетіндер, алыстан құда түскісі келетіндер көбейген. «Ойбай-ау, Қорабайда төрт ұл бар деп жүрсек, ең кенжесі қыз екен. Қалыңын аямай беріп, мұндай ару бойжеткенге құда түсіп қоялық» деген талапкерлер алыс-жақыннан көбейіп тұрған. Бекер обалы қане, әкесі Қорабай:
– Бір жұттық кісінеген өзімде де жетерлік. Қо­сынымен айдап берсеңдер де мені сырты – түк, іші – боқ қыл құйрықтарыңмен қызықтыра алмайсыңдар. Қызымның еркін өзіне бергенмін. Еркекшора болып, ерке өскен баланы жылата алман. Өзінің көңілі қалаған азаматы болса, қолын қақпан. Сондықтан, ағайын, өкпе-наз болмасын, – деп ешқайсысын аяғына отырғызбаған. Бойжеткеннің жеткен жасы деп саналар, он беске толған Кербез әлі де Керім болып жүргендегісіндей ер балаша сөйлеп, ер баланың мінезімен жүретін әдетін жеңгелері қанша айтса да қоя алмаған. «Біреулердің сөзі, біреулердің көзі жаман» деп қызының той-думанға көп араласпауын қалаған әкесі де:
– Балам, мына ініңді жалғызсыратпай, қасында бол, жарай ма? Сөйте ғой, құлыным, – деп біраз тапсырған болатын. Кербезге әке өтініші де көп тоқтау бола алмаған. Кербалақты ойнақтатып жеткен ол сол ерке мінезіне басып, тойды басқарып жүрген ағасы Жайлаубайға келіп, бірден сауал қойған.
– Қыз қуу басталды ма?
– Жоқ, қалқам. Қазір балуандар күресі бітісімен «Қыз қууды» бастаймыз, – деген ол.
– Жақсы болды. Мен қазір ұл емес, қызбын ғой. Алғаш рет қыз қууға қатысқым келеді және мені қууға Берікбол ағам даярлансын. «Үш қос жылқының ең жүйрігі менікі» – деп мақтанып жүреді ғой. Менің Кербалағыма жетіп көрсін. – Кербездің көпшіліктің алдына келіп, қысылып-қымтырылмай еркін сөйлеуі және қуатын жігітті де өзінің таңдауы жұртқа шектен шыққан еркелік әрі ерсі қылық болып көрінген. Бірақ оған тіпті әкесі де: «Мұның не шырағым!» дей алмаған. «Өй, тентек неме сол» деп кеңк-кеңк күлген. Кербез болса, жаңағы базынасы аз болғандай тағы да былай деп дауыстаған:
– Мен бұл жерде көп тұрмаймын. Бауырым Қуаныштың жанына баруым керек… Берікбол, қайдасың? Шық бермен, қазір «Қыз қуу» ойнаймыз.
– Қап, мына қыздың айтқанын істемесек, басымызға әңгір таяқ ойнатар, – деп Жайлаубай еріксіз күлген болған. – Ай, Берікбол қайдасың, кел бермен.
– Мен мұндамын ғой, – деп топ ішінен астындағы бурыл бестісін ойнақтатып, Берікбол да көп ішінен шыға берген. «Үш қос жылқының ең жүйрігі менікі» деп аға жылқышы жігіт айтса айтқандай, астындағы жарау бурылы шабысқа тіленгендей ауыздығын шайнап, тізгінді иесіне шірене тарттырып, ортаға шыға берген.
– Қыз қуудың алғашқы жұбы ортаға шықсын. Анау көз ұшындағы жалғыз төбешікті айналып қайтасыңдар, – деген Жайлаубай. Бірақ алғашқы жұпқа кімдердің қатысатынын айтқан жоқ.
– Жігіттің аты озса, бәйгесі – бір құнан, қыздың аты озса – бесті ат. Қалған жұптар балуандар күресі аяқталған соң жарыс жолына шығады. Алғашқы жұп ойынның шартын білесіңдер. Ал, жолдарың болсын!
– Қане, Берікбол аға, мықты болсаңыз қуып жетіңіз, – деп Кербез көйлегінің етегін тізесімен қымтап, басындағы үкілі бөрігін шешіп алып, ағасы Жайлаубайға ұсынған. – Келгенімше ұстаңыз, аға!
Аттылы-жаяулы топтан қос ат шыға бере тақымдарын қысып, сақпаннан ұшқан сары жасындай ұзай берген. Тәртіп бойынша он-он бес қадамдай бұрынырақ шыққан Кербез көз ұшынан ұзағанша шалдырмай бара жатты.
– Аға, бәсе босқа мақтаныпсыз ғой. Бурылыңыз менің Кербалағымның шаңын қауып қалды ғой, – деп қыз артына қарап, сақ-сақ күлген. Сөйткенше болмай, көз ұшындағы жалғыз төбеден екеуі айнала бергенде, бурылға қанат біткендей зуылдап келіп, Кербалақпен теңесе берген.
– Кербезжан, әке-шеше, ағаларыңның көзінше сағыңды сындырмайын деп едім. Ал мынау ойынның шарты, – деп ол қатарласа берді де, талдырмаш қызды белінен қапсыра көтеріп, алдына мінгізіп алды. Оттай ыстық демімен екі бетінен бір-бір сүйіп, жанасалай шауып келе жатқан Кербалақты тоқтатып, қызды ер-тоқымына мінгізген.
– Ұятыңыз қайда, аға?! – қыз солай десе де ата-анасынан басқа, өзі көп жылдан бері жанына ертіп, атқа шабу өнерін үйретіп келе жатқан етене аға досындай болып кеткен адамның ернінің қызуы жанына ерекше бір жылы ағын құйып жібергендей болған.
Қыз шіркін бұған дейін өзін ұлдардан жаратылысы бөлек жан екенін іштей мойындаса да Берікбол екеуі ағалы-інілідей іс-әрекеттері, өзімсінген сөздері жарасып, өмір бойы солай жүре берердей сезінетін. Не бір асауларды бұғалақтап ұстап алып, қос құлақтан басып, шөкелетіп тастайтын, сонан соң жүгендеп, жанұшыра туласы да сүт пісірім уақытта жуасытып, қақпайлап әкелетін жігіттің ерлігін өзі қайталай алмаса да оның өнеріне қатты қызығатын. Той-томалақтан бұл өлкеде онымен жүрегі дауалап, күреске түсетін еркек кіндік табыла бермейтін. Ондай өнердің өз қолынан келуі мүмкін еместігін бір құпия түйсікпен сезіне тұрса да оны ерекше құрметтейтін. Тағы да сондай жиын-тойларды ол домбырасын бебеулетіп, қоңыр даусымен ән салғанда елтімейтін жан болмайтын. Тіпті әкесі үйіне сыйлы қонақтар келе қалса, аға жылқышысының ауылдан ұзап кетпеуін қадағалап, оған ән салдырар еді. Қонақтары әншіні көздерін жұмып, ауыздарын ашып тыңдағанда, сонан соң өздерінің бұрын-соңды мұндай әншіні тыңдап көрмегендерін айтқан кезде Қорабай бай әнді дәл бір өзі айтқандай кеңк-кеңк күліп: «Иә, біздің жігіттердің көбі өнерпаз. Рас болса, басқа жігіттер айтады: «Берікбол тамылжытып ән салғанда жайылып жүрген қалың жылқы мүлгіп тұрып ән тыңдайды» деп. «Бұл бір біз естімеген кеп екен» десіп, қонақтар таңырқасып отырғанда Берікболдың өзі: «Жоқ, ағалар, тілі жоқ мақұлық жануарлар ән тыңдағанды қайдан білсін. Құрдастарымның шығарып жүрген әзілдері ғой» дер еді. Иә, Кербездің жаратылысына да жаратқан ондай өнерді қимапты. Алайда өзімен әзіл-қалжыңы жарасқан аға-досының, бір-біріне мейлінше адал, аға мен іні арасындағы алғаусыз ықылас-пейілдері іштей ұғысқан егіз сияқты жандардың өзі бір сыңары болғанын мақтаныш ететін.
Ал бүгін неге жүрегі тарсылдап, кеудесіне қамалған торғайдай ауыздан шығып, ұша жөнелердей болып тұр? Бүгін неге сыртта болып жатқан той дүбіріне қызықпай, көз алдына Берікболдың сәндеп қойған қарлығаш қанат қара мұрты, кісіге мейірім төге қарайтын аялы қос жанары, батыр тұлғалы кесек біткен пошымы, әрқайсысы сабаудай-сабаудай жуан саусақтарының домбыра тартқанда билеп кететіні – барлық жаратылыс – бейнесі келе береді. Бүгін неліктен ол ернін тигізген екі бетінің ұшы дуылдай береді? Сауалдар жан-жағынан қамалағанмен жауап таба алмаған. Тек інісі Қуанышқа өзі қатысып қайтқан бір ғана ойынның «барды-қайтты» оқиғасын ұзақ бір қисса айтқандай үзіп-жұлып әңгімелей бергісі келген.
– Кербалағыма қарғып міндім де, тойды басқарып жүрген үлкен ағама: «Балуандарыңыз күресе жатар, мен қыз қууға қатысамын» дедім. (Ол «Мен қазір ұл емес, қызбын ғой. Алғаш рет қыз қууға қатысқым келеді. Жәке, мені қууға Берікбол ағам даярлансын» деген сөзін айтпай қалды.) Содан екеуіміз де заулап бердік. Берікбол аға есік пен төрдей бурылды да жаратып жүрсе керек. Мен төрт-бес қадам алда тұрғандықтан, Кербалаққа қамшы тигізбей-ақ тақымды қысып қалғанымда шабысқа тіленіп тұрған жануар орнынан серпіле ұмтылды. Бурыл не жете алмайды, не қалып қоймайды. Қос танауы делдиіп, құйрық тістесті де отырды. (Сөйтсем, Берікбол мені елдің алдында ұялтпайын деп тізгінін тежеп отырыпты дегенді де айтқан жоқ.) Содан әне-міне дегенше жалғыз төбеге де сол құйрық тістескен күйі жеттік. (Берікболдың бурылы «қанат біткендей» зуылдап келіп, «мынау ойынның шарты» деп мені алдына мінгізіп алды да, екі бетімнен бір-бір сүйіп алды» дегенді әңгімесінен қалдырып кетті. Мұның әлі де қыз екенін мойындамай жүрген інісі Қуаныштың да көңіліне күдік ұялатпайын деген қыз-қулықтың алғашқы көрінісі еді.) Ал төбені айналып, көпшілікке қарай тартқанда бурылдың адымын аштырмай бәлемді жүндей түттім. (Бурылдың нағыз жүйрік мал екенін қаршадайынан ат жалын тартып мінген Керім-Кербез оның аяқ алысынан-ақ сезген және қайтар жолда Берікболдың атының тізгінін тежеп келе жатқанын да байқап қалған болатын. Тағы да ерке қыздың меселі қайтпасын деп, жауырынын қамшыға әдейі тосып келе жатқанын да біле қойған. «Біле қойған соң жігіт жауырынына қамшысын сипай ғана сілтеп келгенін, шынын айтқанда, жаңа ғана ат үстінен жұлып алып, екі бетінен бір-бір сүйгеніне о баста қатты ашуланса да, қамшысын бірер дүркін шындап сілтегенмен, одан кейін «жүндей түтудің» жай ғана неліктен ырымын жасап келгенін өзі де түсінбегенін Қуанышқа айтпаған.) Неге екенін кім білген, Қуаныш әпкесіне бүгінгі мәселеге қатысы жоқ әңгімені мүлде басқа бүйірден қозғаған.
– Берікбол ағам әнді керемет айтады, иә?! Шіркін, өскенде мен де сондай болсам ғой.
Қыз ойланбай-ақ інісінің сөзінің бірінші бөлігін қостай жөнелген.
– Иә, керемет айтады. Әнші ғой ол… – Сонан соң іні сөзінің екінші бөлігіне өз тілектестігін білдірген. – Иә, Қуантай, мен де сенің сондай жігіт болып өсуіңді қалаймын.
Бедел-биіктіктеріне, атақ-дәрежелеріне қарай «Пәленшенің үйі, Түгеншенің үйі» деп әр рудан келген сыйлы қонақтарға арнап тігілген өңшең ақбоз үйлерге астау-астау ет тартылып, одан кейін сорпа, қымыз, тіпті ақ самауырлардан қызыл күрең шай құйылғанға дейін той иесі Қорабай бәріне де кіріп-шығып, қонақтарының риза-хош лебіздерін тыңдаған. Қасына еріп жүрген ұлдары көтерген қоржындарынан «тойдан тобықтай» деп, бір жыл бойы әзірлеткен біраз сыйлы қонақтарына қасқыр ішік, түлкі ішік, тайжақы сияқты жағалы киім бастаған, бөрік, қамшы сияқты тарту-таралғы үлестіріп, бір жаңа үрдісті бастап еді.
Той қызығы аяқталып, жайлау төсіндегі көше-көше болып тігілген ақшаңқан киіз үйлер жығылған соң дуылымен, шуылымен бүкіл өңірге өзгеше бір жан бітіргендей аттылы-жаяулы қонақтар жан-жаққа тарап кеткен соң бай ауылының өз салтанаты біртүрлі қораштанып қалғандай болған.
Қуаныш бірер аптадан кейін-ақ күмістелген ер тоқым, жүген-ноқта, өмілдірік-құйысқан дегендей барша әбзелімен ағалары мен атасы көлденең тартқан ақбоз сүндет тайына мінген. Әрине, Ақбақай торы жорғасына мінген әпкесі Кербез оның жол бастаушысы. Әбден үйретіліп, жуасып қалған сүндет тай барша салтанатымен өзіне ерекше ұнап еді. Ине-жіптен жаңа шығып, арнайы тіктірілген жырым балақ кестелі жарғақ шалбар, үкілі жұқа жаздық бөрік, тік жаға кестелі ақ көйлек пен көгілдір барқыттан қынама бел ғып тігілген бешпет баланы басқа бір жаңа өмірдің босағасынан аттатқандай күйге бөлеген.
Ол аз болса дүрілдеп өткен той әпкесін де басқа бір өмірдің босағасынан аттатып кеткендей еді. Ол алғаш рет өзінің әйел затының бір өкілі болып өмірге екінші рет келгенін, оны енді ешкім де ешқашан да өзгерте алмайтынын мойындаған. Ол аз болса, өзінің де сезім дейтін ет пен теріден жаратылған пенде шіркінге бағынбайтын бір күйге бағынышты құл екенін де мойындай бастаған. Көңіл шіркін алаң. Түсініксіз бір дел-сал күй. «Шіркін-ай, тағы да Берікболмен қыз қууға қатысып, жалғыз төбені айналып келер ме еді» дейтін орындалмас арман иектеп алған. «Орындалмас» дейтіні ақиқат болатын, себебі тағы бір той болып жатса да бұл шіркін енді қайтып: «Мен қазір ұл емес, қызбын ғой… Және мені қууға Берікбол ағам шықсын» деген сөзді айта алмас. Қанша жерден ерке болса да. Ол жолғы сөзі еркеліктің ең соңғы шалығы екенін және ойланбай қалайша түйеден түскендей олай дегеніне өзі де әлі күнге дейін аң-таң. Ең қызығы, ес біліп, ат жалын тартып мінгелі көбіне бірге жүрсе де дәл қазіргідей ол ойынан бір сәтке де шықпайтын күйге ұшырап көрмепті. Енді неғып ойынан шықпайтын болды? Тағы да екі бетін дуылдатып, ыстық демімен тұла-бойын өртердей болып сүйіп алса дейтін бір опасыздау жымысқы тілек дәл жүрегінен, әлде бар жан-дүниесінен бас көтергендей. Ол өзінің ойынан өзі шошынып, «Осы мен ауырып қалған жоқпын ба?» деп те ойлаған. «Ат үстінен көтеріп алмай-ақ та қойсын, алдына отырғызып, екі бетінен сүймей-ақ та қойсын. Тек қана бір көрініп, өзіне еркелете елжірей қараса. Сонан соң тамылжытып бір ән салса… Алайда, алыс, өр жайлаудағы кең өріске айдалған жылқымен бірге кеткен жігіт те ерегескендей көрінбей қойған.
Ал Берікбол жігітіміз де тай-құнандарына, кейіндері Ақбақай жорғасына мініп алып, жанынан екі елі қалмайтын ерке-тотай кенже «ұлды» өзінің туған інісіндей жақсы көріп кеткені рас еді. Ол шіркіннің жаратылысының бөлек, әйел жынысты жан екенін де оның әкесі өмірге қайта келгендей баласына екінші рет «шілдехана» жасағанша сезбепті. Расында өзі де аңқау болғанын мойындап, кей жайларды еске түсіріп, езу тартатын. Ойлап отырса, бұрындары екеуі жылқы жайып, ат үстінде ұзағырақ отырып қалғанда Берікбол:
– Қой бала, дәрет сындырып алайын, – деп аттан түскенде ол:
– Менің сигім келген жоқ, – деп нағыз ұл балаларша сөзді жұмсарта айту дегенді қаперіне де алмай төтесінен қойып қалып қарап тұрар еді. Немесе жігіт тізе бүгіп, дәрет сындырған кезде жүзін жасырып, қымсынуды білмейтін. Ондай бала жүріп-жүріп бойжеткен қыз болып шыға келерін кім пайымдап, ойлай алар? Ойда жоқта аспаннан түсе қалған ару сияқты. Берікбол ойлап тұрса, шынында да өзі барды бардай, көргенін көргендей сол қалпында қабылдай салатын аңқау екен де. Әйтпесе кей кездері күлкісінің сыңғырын, сөйлегенде үнінің соншалықты нәзіктігін күн сайын естіп жүріп, «Апыр-ау, осы баланың үні, күлкісі неліктен қыз баланың дауысынан айнымайды?» деп бір рет те ойлап көрмепті. Бірде жайлаудағы биік жартастан күркірей ағып жатқан сарқыраманың суына түсіп шығуға Керімге мұның ұсыныс айтқаны бар.
– Ой, аға, мен таудың суық суына түсуден қорқамын. Өзіңіз түсе беріңіз, мен жылқының алдыңғы жағын шолып қайтайын, – деген кезде де күдіктенбепті. Әйтпесе, қандай ұл биіктен құлап ағып жатқан кәусардай мөлдір суға шомылып шығудан бас тартар?..
Жігіт шіркін төменде, етек жақта қалған бай ауылын, ондағы шешесі мен інісі отырған қараша үйден гөрі Қорабай байдың сегіз қанат ақ ордасын… ол ақ орда емес-ау, ондағы кешегі туған інісіндей көрген Керім жеткіншек… Кешегі Керім жеткіншек емес-ау, бүгінгі ғайыптан пайда болғандай Кербез бойжеткен мұның түнде түсінен, күндіз ойынан шықпай, жүрегі сазғандай бір беймәлім күйге түсіп, сағына береді екен. «Апыр-ау, маған не болған?» деп, қанша серпілгісі келсе де есіл-дерті төмендегі ел жақ бола берген. Бұрын дәл мұндай күйді байқамаған сияқты еді. Қуаныш баланың сүндет тойынан кейін, дәлірегін айтқанда, Кербездің өзі шақырып, қыз қу ойынына қатысқан сәттен бастап, одан дәлірегі қос жүйрік құйрық тістескен күйі жалғыз төбені айнала берген кезде, ондай батылдық қайдан пайда болғанын, қандай сайтанның қолтығына су бүріккенін өзі де білмейді, қызды ат үстінен жұлып алып, екі бетінен өпкен қас-қағым уақыттан бері өзінің ауру дейтін ауру емес, сау дейтін сау емес бір күйге түскені рас.
Өткен жылдың дәл осы тұсы бұрын болса керек. Жайлау қызығы енді қызып, жұрт қымызмұрындық деп, жұртмайлар деп, ерулік-қарулық десіп, несін айтасың, қыстан қысылмай шықса да жаз қызығын әбден сағынысып қалғандай, қырық сылтаумен ерсілі-қарсылы шақырыстар қабындап тұрған кез болатын.
– Берікбол, сені байекең ертең тойға келсін дейді. – Жұртты шақыруға арнайы жіберілген жігіттердің бірі жылқымен бірге алыс жайылымда жүрген бұған.
– Е, ол қандай қуаныш екен? – дейді бұл.
– Қандай қуаныш екенін анық білмедім. Ол үйде аяғы ауыр жеңгелердің ешқайсысын көрмеген сияқты едім. Естуімше, шілдехана тойы деседі білетіндер. – Жігіт рақаттанып бір күліп алып, өз пікірін білдірген. – Қайдам, үлкен бәйбішенің өзі Құдай беріп, қол-аяғын бауырына алып отырған шығар.
«Жазған құлда жазық жоқ» деп, Берікбол әр уақытта тоқ жарау ұстайтын бурылына мініп, ауылға келген. Үйіне кіріп, шешесінің бір шайын ішіп, інісі Серікболдың маңдайынан бір иіскеген соң өзі шапқан қалақтай қара домбырасын алып, байдың үйіне беттеген. Тойға арнайы шақырылатын құрметті қонақтардың есебінде өзінің жоқ екенін, арнайы кісі жібертіп шақырса, осы қара домбырасының күмбірі мен өзінің әні үшін шақырылатынын жақсы біледі. Жұрт ет жеп, сорпа ішіп болған соң сары қымызға сарықтарын басып отырған кезде бай аға жылқышысы Берікболға иек қаққан.
– Берікбол, айналайын, ағайын мен көрші-көлемнің басын қосып отырған қуанышымның беташары болсын, бір-екі ән салып жіберші.
– Ау, Қоқа, көп жұртыңызға «қыста қалқа, жазда сая» болған адамсыз. Алайда, кей-кейде балалық мінез көрсетіп, алдымызға жұмбақты қарекет көрсететініңіз бар. Бізді сөзбуаз қылмай, бұл қандай той екенін айтпайсыз ба? – деген Қорабайдың өзімен шамалас Терісайрық жақтан келген үлкен құдасы. – Біреулер «шілдехана тойы» дейді, біреулер «жұрт-майлар» дейді. Жіп таға алмадық қой.
– Құда асықпаңыз. Бұл қуаныштың қай қуаныш екенін сәл шыдасаңыз білесіз, – деп жұмбақты шақырыстың себебін білгісі келіп отырған жұртты ынтықтыра түскен. – Ат шаптырып, балуан күрестіретін айтулы қуаныштар, амандық болса, бола жатар. Дегенмен, әр нәрсенің өзі жөні деп, көңіл жетер ағайын мен көрші-қолаңға бәйбішем екеуіміз ақылдаса келе осы шағын дастарқанды жайып отырмыз…
«Қуанышымның беташары болсын, бір-екі ән салып жіберші» деген байдың сөзінен кейін қара домбырасының күйін келтіріп отырған Берікболға үй иесі тағы да иек қаққан. Оның зор да иірім-қайырымы сонша нәзік әндері қонақтардың неге келгендерін білгісі келіп отырғандарын ұмыттыртып еді.
– Бәрекелді! Тусаң ту! – десіп жұрт бірнеше ән тыңдаған соң бай «әзірге болар» дегендей белгі берген.
Бай үйдің оң жағындағы сарыала сырмақ үстіне көрпе төсеп, шаңқандай кестелі кимешек-шылауышы қарқарадай болып, бір-екі абысын-ажынының ортасында отырған бәйбішесі Дүрияға мойын бұрған.
– Әлгі біздің Керім тентек қайда жүр? Мына ағаларына келіп сәлем бермеуші ме еді? – Бәйбіше қымыз сапырып отырған бір келіншекке иек қағып еді, ол орнынан лып етіп көтеріліп сыртқа шығып, біреулерге әлдене деп, ішке қайта кірген. Сөйткенше кестелі қызғылт жарғақ шалбар, қысқа қоныш қызыл етік, тік жаға ақ көйлек, үкілі жеңіл бөрік киген жеткіншек есіктен кіріп келіп, дәл ортаға тұра қалды да, оң қолын кеудесіне басып, отырғандарға сәлем берген.
– Ассалаумағалейкум, аталар мен жақсы ағалар!
– Өй, айналайын, ғұмырлы, бақытты бол!
– Молда бол, балам!
– Жұртқа қадір-қасиетің әкеңнен де биік болғай!
Жеткіншек иіліп, құрмет көрсетті де, шыға берген.
– Е, құда шақыруыңыздың мәнін енді түсіне бастаған-даймын, – деген бағанағы «сөзбуаз» болып отырған үлкен құда.
– Сөйтсеңіз не екен? – деген Қорабай да жайбарақат.
– Мен бірдеңе білсем, бұл кенжеңізге қалыңдық таңдап, біреуге құда түскенсіз ғой. Болашақ келініңізге үкі тағып, «қарғыбауын» келістіріп беріп қайтқансыз-ау, шамасы. Әлде, болашақ құдаңыз барған «жаушыларыңызбен» «бәрекелді» десісіп, оларға «шеге шапандарын» кигізіп те жіберген болар. Егер бар ғой, құда түсісіп «жә» десіп отырсаңыз бар ғой, шатақты мен бастаймын. Айтпады демеңіз, құда түсер жол менікі емес пе еді. – Тұңғыш құданың әңгімесі бейбіт сарында басталған сияқты еді, сөзінің соңғы тұсынан зілді наз байқалған.
– Әй, құдам-ай, шыдамсызсыз-ау. Әлі де ештеңенің байыбына бара алған жоқсыздар. – Айтпақшы, бәйбіше-ау, менің кенже ерке қызым келіп, мына аталарынан неге бата сұрамайды?
– Сізде қыз бар ма еді? – Отырғандардың шыдамсыздау біреуі осындай сұрақты қойып қалған.
Бәйбіше тағы да қымыз құйып отырған келіншекке иек қаққан. Ол тағы да орнынан лып етіп тұрып, сыртқа шықты да, көп кідірмей қайта кірген. Кірген бойда ол бәйбішеге «қазір келеді» дегенді білдіргендей иек қағып белгі берген.
Бұл Қорабай «мысық-тышқан» ойнағандай тағы нені ойлап тауып отыр екен? Осынау сұрақ үлкен орда ішінде отырғандардың көбін-ақ ойландырған.
– Қымбатты қонақтар, қымыз алыңыздар. Тоқбасар шайға дейін тысқа шығып, біраз дем алармыз, – деп үй иесі мүлде басқа «өңірге жол тартқан». Сөйткенше оюлы жарма сықырлауық есік ашылды да, үйге еліктің лағындай қос жанары жәудіреген бойжеткен кіріп келе жатты. Қызыл асығына дейін төгілдіре киген жайлау шөбі түстес жап-жасыл қос етек көйлек, үкілі зер тақия, қос өрімді қолаң шаш – періштенің өзі кіріп келгендей отырғандарға ерекше әсер берген.
– Сәлем бердім, аяулы аталарым мен ағаларым. Мені танымай қалдыңыздар-ау деймін. Мен мына Қорабай әкем мен Дүрия шешемнің кенже қыздары Кербезбін ғой. – Әрине, Қорабайдан өзгеше «өнер» күтсе де дәл мынадайды күтпеген жұрт көздері бақырайысып, тілдерін жұтып қойғандай үнсіз қалған.
– Қоқаңда қыз бар ма еді? – Бағана осы сауалды қойған жігіт сол сөзді сол қалпында қайталаған.
– Алдарыңда «Қорабайдың қызымын» деп қыз тұрса, онда менде қыздың да болғаны ғой, – деп Қоқаң бүгінгі мынау ойын-шыны аралас әрекетіне алдымен өзі риза болғандай қарқылдай күлген. Тағы да домбырасын өңгеріп, әңгімеден сәл үзіліс болса аңыратып ән салып отырған Берікбол бұл отбасында қыз бала бар дегенді естігенде тағы да замандас-құрдастарына әзіл-қалжыңы даяр тұрар қожайынының кезекті бір әзілі болар деп түйген де, ол сөзге көп мән бере қоймай отырған. Ал мынау жайлау түстес киімге малынып ортаға шыға келген балаң бойжеткенді көріп, аң-таң күйге түскен, қыз болып киініп шыққан інісіндей болып кеткен Керімнің бұл қылығын сонша ерсі көріп:
– Өй, тентек, Керімім-ау, сенің де ойының таусылмайды екен. Бұл қай қылығың? – деген домбырасын керегеге сүйей салып.
– Жоқ, Берікбол аға, бұл ойыным емес, шыным. Осы күнге дейін ұл болып киініп жүрсем, енді әке-шешемнің қалауымен өзімнің құдай жаратқан қыз кейпіме түстім. Бүгінгі жиын да менің аталар мен ағалардан бата алуым үшін шақырылған. – Ол Берікболға қаратып айтқанмен, отырғандардың бәріне естірте айтылған жаңалық еді. Ең бір қызығы, оның тұрысында, сөз саптасында балаң бойжеткенге ұқсайтын бірде-бір қылық жоқ еді, керісінше қыздың киімін киген ерке де шолжаң жеткіншектен аумайтын. Мына сөзге, көз алдындағы мына бейнеге сене алмаған Берікбол айналасындағылардан шындықты іздегендей «Не дейді?» деп, жан-жағына қараған. Олар болса «Біз де ештеңені түсіне алмадық» дегендей бір-біріне, сонан соң сұраулы жүзбен үй иесіне қараған.
– Қызым, кел, қасыма отыра ғой, – деп Қорабай ығысып, оған орын нұсқаған. Керім-Кербез қыз бала сияқты сызылмай, екі-ақ аттап, әкесінің жанына отыра кеткен. Үй иесі оның маңдайынан мекірене иіскеді де, айналасында отырғандарды жанарымен бір шолып алып, тамағын кенеген.
– Менің шағын той жасап, сіздерді шақырған себебім де мынау баламның өмірге қайта келуіне арналған шілдехана еді. «Бұл қай шақырыс, қай қуаныш екеніне бәріңіз де жіп таға алмай отырдыңыздар, – деп күміс шақшасын етігінің өкшесіне қағып, насыбайын атты да, әлі қырау шалмаған дөңгелек сақалы мен сәндеп қойған мұртын бір сипап алып, сөзін жалғаған. – Құдайға тәуба, ұлсыз емеспін. Заруарт болып, ұл көре алмай жүрген қазақ кезекті туған қызын ұл ғып киіндіретін. Ондағы ырымы ендігі перзентім ұл болсын дегеннен екенін жақсы білесіздер. Ал үш ұлдан кейін өмірге келген қыз ата-ана үшін «Арпа ішіндегі бір бидай» дейтін өзгеше қуаныш болмас па. Біз де «Ұл – түтінің, қыз – күтімің» десіп, қуанғанымыз рас. Алайда, бәйбішемнің толғағы ащы болып, баланы қойып, өзінің жаны қалуын тілеген сәт болған. Сол кезде ғой көрші ауылдағы марқұм Әбетай бақсыны алдырғанбыз. Бақсы алас ұрып, жындарын шақырып, отқа қыздырылған табаны жалады. Үйдің ішіндегілерді бәйбішем­нің бір абысынынан басқасын түгелдей сарыала қамшымен сабап, тысқы қуып шықты.
Мен де сыртта тұрғанмын. Бәйбішемнің «Иә, Алла!» деп шыңғыра айғайлаған дауысы шықты да, тына қалды. Бізде зәре жоқ. Сол сәтте нәрес­тенің де шар етіп жылаған үні естілген. «А, құдайлап!» ішке ұмтылған әйелдерді Әбетай бақсы: «Әзірге кірмеңдер!» деген зілді даусымен кері тықсырып тастаған. Артынша киіз есікті бір жағына қарай ысырып, басын шығарған.
– Ағайын, қорықпаңдар. Дүрия келін кішкене талықсып кетті. Қазір есін жинайды. Нәресте де аман. Сүйінші Қорабай батыр, тағы бір ұлды болдың, – деді. Айтқандай біз үйге кіргенде мына бәйбішем ұйықтап кетіпті. Ағамыздың зайыбы, Дүрияны жалғыз өзі босандырып алған жеңешем мені «Ортаншым» дейтін әдетімен:
– Ортаншым, – құндақтап үлгірген нәрестені көрсетіп: – бұл ұлыңның сүйіншісін өзім алып, өзім кіндік шеше боламын, – дейді.
Не керек, бақсыны да, жеңгемді де риза ғып той қамына кірісеміз ғой баяғы. Бала өмірге келген күні бақсы мені оңашалап алып:
– Інім, зайыбың да, нәрестең де бір ажалдан қалды. «Алладан бір, пайғамбардан екі сұрап алып қалған мұндай сәбиге тіл-көз үйір болады. Сондықтан біздің жұртта бабалар қолданған «жыныс жасыру» деген, былайша айтқанда, ұл болса бірер жыл қыз ғып киіндіретін, қыз болса, тіпті бойжеткенге дейін ұл ғып өсіретін салт бар. Сенің мына нәрестеңнің де жынысын жасыруың керек. Бүгін сен қызды болдың, – дегені.
– Айтқаныңыз болсын. Тек босандырған жеңгем басы-қасында болып, баланың қыз екенін көрді ғой, – дедім.
– Оған қам жеме. Жеңгеңе әбден түсіндіріп уәдесін алдым, – дейді Әбекем.
Міне, ағайын, одан бері аттай он бес жыл өтіпті. Бұл сырды білетін жеңгем осында. Ол жеңгеме тағы да жасайтын сый-сияпатым бар, – деп, бәйбішесіне қарап еді, ол өзінің жанында аппақ кимешек шылауышы жарасып отырған абысынын құшақтап, бетінен сүйген. Демеп, орнынан тұрғызып, басына қытайдың жібектен тоқылған бөртпе шәлісі мен үстіне зерленген камзол кигізді. Жанында тұрған кішкене сандықшаны ашып, мүйізді алтын білезік, асыл тасты сырғаны жаңа түскен келіндей ғып, құлағына таққан. Сонан соң Дүрия:
– Алтындай абысыным, біздер, әйел адамдар, қазан басында естігенімізді қадам шықпай жатып біреуге айтпасақ ішіміз жарылатындай болатын жұртпыз ғой. Ал сен айналайын, абысыным, біздің отбасылық құпиямызды бір азаматтың ғұмырындай уақыт бойы жан адамға білдірмей ішіңе сақтап келгенің үшін өлшемі жоқ алғысым бар. Керімімнің Кербез деген қыз екенін жұрт бұрынырақ білгенде тұрған ештеңе жоқ еді. Бақсы марқұмның тілегін орындадық, мұның бәрі де құлыншағымыздың амандығын тілегеннен ғой, – деген.
– Тө-ө-өу, менің бәйбішем бүгін шешіліп сайрады ғой. Айтарыңды айтып болсаң, онда баламызға аталарынын бата сұрайық, – деп үй иесі Дүрияның сөзін бөлген. – Ағайын, қарсы болмасаңыздар, Жекен имамнан баламызға бата сұрайық.
Аппақ сақал-мұрты аппақ сәлдесімен астасып кеткендей болып төрдің басында отырған, тазалық пен пәктіктің, имандылық пен кісіліктің жер үстіндегі үлгісіндей болып көрінетін имам екі көзін жұмып, алақанын жайған.
– Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим. Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Әшһәду әллә илләһә илләллаһ! Әшһәду әннә Мухаммәдәр расулуллаһ! – Ол әрі қарай батасын жұртқа түсінікті өз тілімізде жалғастырған. – Уа, Алла! Шығыс пен Батыстың арасын алыстатқандай біз бен күнәларымыздың арасын алыстата гөр! Уа, Алла! Пендешілікпен, әлде соқыр сезімнің арбауымен өзің жіберген тіршілік иесінің жаратылысына өзгеріс енгізбек болған күнәмізді кешіре гөр!
Имам көзін ашып, әкесінің құшағына тығылып отырған Кербезге қарап, батасын жалғастырды:

– Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим!
А, Құдайым, оңдай гөр,
Пайғамбарлар қолдай гөр Кербезімді!
Басталған жаңа қадамы оңынан болсын,
Қуаныш пен шат өмірі солынан болсын,
Не тілеген тілегі жолынан болсын.
Пәле-жала қалыс болсын,
Өмір жолы алыс болсын, Аллаһу әкбар!

Жұрттың бәрі «Әумин» деп бет сыйпаған. Кем-кетік, жоқ-жітікке ғана емес, көңілі түскенге көлдей «береген» атанған Қорабай бай малын қанша шашып жүрсе де дәулеті кемерінен асып-тола беретініне жұрттың көзі әбден жеткен. Әрине, ол бұл тойда да аянып қалмаған. Ер-тұрманы сай әлекедей жаланған жорға мінген бата берген имамнан бастап, әйел демей, еркек демей шүлен таратқандай ғып, сый-сияпат үлестірген. Сый көретіндей бәрінің де еңбегі барын Қоқаң термелеп айтқан.
– Ал енді ағайын, – деген отағасы Берікболға қарап, – мынау менің Берікбол дейтін аға жылқышымның өнерлі жігіт екенін бәрің білесіңдер. Той-думанымның, кез келген отырысымның сәнін де, мәнін де, әнін де жарастырып жүреді. Күрессе шалып жығатын, сөйлесе алып жығатын, домбырасы күй төгетін, әні жүрекке қуаныш егетін біздің Бекеңдей жігіт қайда бар? «Серке санды ат мініп, серілік құрған» азаматымыз осы.
– Қоқа, аға жылқышыңа риза болғаның сондай, тіпті, сөзіңнің соңын өлеңдетіп жібердің ғой, – деген әзілін жарас­тыра сөйлейтін бағанағы тұңғыш құдасы.
– Ойбай-ау, мақтайтындай азаматың болса, мақтағанға не жетсін, – деп, ол құдасына қарап күлді де, сөзін жалғаған. – Бұл жігіттің тал бойында жалғыз кемшілігі бар. Оны бүгінгі қуаныш үстінде бетіне айтайын деп отырмын.
Отырғандар «Ол қандай кемшілік болды екен?» дегендей елеңдесіп қалған. Берікбол да жаңа ғана қожайыны өзінің аяқ-қолын жер-көкке сыйғызбай мақтағанына ыңғайсыз күйге түскендей екі беті алаулап, ұялыс тауып отырған ол ендігі әңгіменің беталысын түсіне алмаған. Дәл осы сәтте жігітіміз інісіндей жанына жақын жүретін Керімнің Кербез дейтін қызға қалай айналып кеткенін әлі түсіне алмай дел-сал күйде отырған. Бай тағы да асықпай шақшасын суырған. Дәл бір Берікбол ғана емес, отырғандардың бәрін де ынтықтыра түсейін дейтіндей асығар емес.
– Оның тал бойындағы жалғыз кемшілігі – жасы жиырмадан асқанша бас құрамай жүргені, ағайын. «Жалғыздың жары – құдай» дегенмен «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген тағы бар. Етегіне сүрініп, осы ұлдың тілеуімен тіршілік етіп отырған шешесін де ойлайтын уақыт жетті-ау деймін.
«Е, сол ма еді кемшілігі?» дегендей біраз жұрт рақаттана күліп жіберген. Берікбол да мойнынан ауыр жүк түскендей жылы жымиған. – Жалғыз шешесінің қолын ұзартып, інісіне жеңге әкеліп берер уақыты жеткен сияқты. Егер көз тігіп жүрген адамы болса айтсын, қыз әкесі қанша сұраса да, үйірлеп айдап берсем де қалыңмалын өз мойныма аламын. Өйткені, Берікбол адал қызметімен қоса Керімім ат жалын тартып мінгелі адал досы, аға-досы бола білді. Сондықтан да бұл жігітіме қандай сый арнасам да жарасар. Сөзім – сөз, уәдем – уәде! Көздеген жері болса, сол күні барып, өзім құда түсемін. Жігітке атайтын сыйым осы. – Сөзді құптаған кезде қол соғу дейтін дәстүр бұл маңда жоқ болса да отырған жастардың бірі шапалақ соғып еді, үлкен-кіші түгел қоштай жөнелген. Бай сөзін жалғаған. – Сөйтіп, Берікбол менің ұлдарымның біріне аға, біріне іні болып жүрер.
– Істеген жақсылығың Құдайдан қайтсын, айналайын, Қорабай! Ниетіңді кеңейткен сайын Алла өрісіңді де кеңейтіп, ырысыңды молайтар. Бәрекелді, айта жүрердей іс болды. Бұл ғана емес, бүгінгі жиыныңды Жаратқан жақтап, жарылқасын, әумин! – деп имам бата іспетті тілегін айтып түйіндеген. Сол кезде өзімсініп, еркін сөйлейтін үлкен құдасы тамағын кенеген. Онысы айтарым бар дегені еді.
– Әлеумет, бүгін құдамның тағы бір тойының куәсі болдық. Іштік-жедік, тоғайдық, – деп ол құдасына қараған. Жүзінде шын ризашылықтың белгісіндей жылы жымиыс бар еді. – Қай қазақ ағыл-тегіл той жасамай жатыр?! Алайда бүгін ішкен асқа ғана көрген қызығымызға, мына інімнің әніне, әңгімелеріңізге тоғайып отырмыз. Әсіресе, құдамның бүгінгі тойды жұмбақтап, бәрін де әдемі ойластырғанына риза болдық. Көп жаса, құдам, көп жаса қызым, – деп әкелі-балалы екеуіне ризалығын білдірді.
Міне, содан бері біраз уақыт өтсе де Берікбол Кербезбен емін-еркін тілдесуден қалған. Тіпті ұлдарша сөйлеп, ойындағысын ірікпей айта салатын ерке-шолжаң Керім інісін сағынатыны бар. Неге екенін өзі де білмейді. Кербезді қанша көргісі келіп, тілдескісі келіп тұрса да қашқақтай береді. Бұрынғыдай бай ордасының тұсына келіп, кез-келген кісіге, бала-шағаға: «Маған Керімді шақырып жіберші» дей алмайтын болған. Әсіресе Қуаныштың сүндет тойынан кейін, сол күнгі қыз қуу ойынына қатысты оқиғадан кейін қызды көргісі келсе де көрмеуге тырысар еді. Өзге емес, сол Кербездің алдында кешірілмес күнә жасағандай күйге түсетін. Енді көргенде: «Аға-ау, менің ұл баладан қыз балаға айналуымды асыға күтіп жүрген адамдай бас салып, сүйгеніңіз қалай?» десе, не деп жауап берермін деп қиналатын.
Бірақ қыз ондай ойдан аулақ екен. Сол қыз қуу оқиғасынан кейін Берікбол байдың ордасына көп жоламай шеттеп жүргеніне екі-үш айдың жүзі болып қалған. Бір күні Ақбақай торы жорғасын тайпалтып, ауылдан қозыкөш жердегі жылқылар қосынына Кербездің өзі келген. Жанында інісі Қуаныш бар, қыз кінә артып, сөгер ойдан ада екен, қайта өкпеден гөрі назға жақын пейілін айта келген. Керім кезіндегі: «Аға, неге өйтпедіңіз, неге бүйтпедіңіз?» деп емін-еркін дікілдей, еркелей сөйлемей қыз қылықты деңгейде ғана сөйлеген:
– Аға, мүлде көрінбей кеттіңіз ғой… Мен сізді келетін шығар деп… – Берікбол да не айтарын білмей, «Малдан шыға алмай…» деп күбірлеген. Қыз сөзін жалғады. – Міне, өзім іздеп келдім… Қыздың көйлегін кигеннен кейінгі батыл қадамым. Қуанышжанның тайы күнде мінген соң болдырыңқырап қалған екен, оны жылқыда қалдырып, бір жүрісі жайлы, жуас атқа мінгізіп қайтайын деп… Соны сылтау ғып, сізді іздеп әдейі келдім.
Ол үйірлерді аралап, жылқыларды қызықтап кеткен Қуаныш інісін иегімен нұсқап қойып, қысылып-қымтырылмай-ақ, «Сізді іздеп әдейі келдім» деп әңгіменің төтесіне көшкен. Қыз көйлегін киіп шыққаннан кейінгі Берікболдың оны екінші рет қана көруі болса да оның мінсіз сұлу жүзіне жарасып, ойнап тұрған ерекше бір нұрды көрген. Ұзын да қалың кірпігі аялы қос жанарын жапқанда оның жүзі бір нәзіктіктің үлгісіндей көрінген. Дәл бұлайша оның қыз-қылық көрсеткенін жігіт бұрын байқамаған екен. Иә, Керім жанарын өңмеңіңнен өткізердей қадап тұрып сөйлейтін. Қазір де сөйтті.
– Менің өткен жолғы қылығым артықтау болды, Керім… айтпақшы, Кербезжан. Сол үшін сен өкпеледі ме екен деп… – Неге екенін кім білген, бүгін жігітіміздің аузынан сөзі түскенмен, керісінше бойжеткеніміздің сөздері батылдау шыққан.
– Олай демеңіз, аға. Қайта сіз менің жаратылысымның басқа екенін тұңғыш рет мойындаттыңыз. Жасырып қайтейін, өзіңізді інілік көңілмен құлай ұнатқан басым, енді келіп өзіңізді ұмыта алмайтын басқаша бір сезімге берілдім, аға. – Оның ұзын кірпігі жапқан аялы жанарынан көрінген бір тамшы мөлдір иегіне қарай домалады.
– Қалқам-ай, сол бір қылығымды неге істегенімді өзім де білмедім. Ол үшін өзімді кінәлап, жан-жүрегімді жегідей жегендей болғаныммен, бәлкім жаратқанның өзі нұсқаған жолы болар бұл қылығым. Жасырып қайтейін, Кербезім, өзің келіп, осы бір қиын күрмеудің түйінін шешіп бермесең мен жазған өз уайымым, өз сезімімді ішке жұтып, не ояу емес, не ұйқыда емес, әрі-сәрі күйде жүре берер ме едім, өзің келіп ояттың-ау, періштем. Шыбын жаным кеудемде тұрғанда бір сен деп өмір сүріп, бір сен деп өмірден өтермін, періштем…
Сол кезде екеуіне қарай болдырды деген тайымен, желе жортып келе жатқан Қуанышты көріп, Берікбол былай деген:
– Жаным, ұзақ тұрып тілдесуге де мұршамыз болмады. Алайда, менің бақыттан басым айналып, Тарбағатай жоталарына сияр емеспін. Үлкен кісі Ертіс жаққа бір асқа барғалы жатыр деп еді, қашан жүретін болды?
– Амандық болса, сойыс малдарын айдап, неше күннен жинаған саба-саба қымыздарын түйелерге артып, ертең түске таман жүрмекші.
– Онда ертең ел жата…
– Иә, ағатай, ел жатқан соң өзімнің отау үйіме жаяулап келіңіз. Кіші жеңгем Ғазиза менің сізге деген пейілімді біледі. Сол кісі қарсы алып, шығарып салар. Ол үйдегі ағатайым да әкеммен бірге жол жүріп кетпекші.
– Бір қара жорға құнанды көріп, қызығып келдім. Нағыз су төгілмейтіннің өзі сияқты. Біраз қуалап көріп едім, желіс-шабысты білмейтін, жаңылмай жорғалайтын жануар екен, – деген Қуаныш екі танауы делдиіп. – Соны ұстап бересіз бе?
– Жоқ, Қуаныш, ол әлі жүген-құрық тимеген шу асау мал. Мен оны үйретіп, әбден жуасыған соң өзіңе жетелеп әкеліп берермін. Өзім де осы қара жорға саған лайық ат болар деп ойлаушы едім. Екеуміздің пікіріміз де, әнеки, түйісе кетті.
– Жарайды, – деген Қуаныш бірден қуана келісіп. Берікбол да Кербез екеуінің ұғысуына себепші болған жеткіншектің жүзіне бір түрлі сүйсіне қараған. «Шіркін, бұны балдызым деп еркелетіп жүрер күн туар ма екен?» дейтін тәтті қиялға да беріліп тұрған.
– Олай болса сен әпкеңнің торы жорғасына мініп қайт, ал әпкеңе үйреншікті Көкбалағын ұстап берейін, – деп Берікбол тың ұсыныс айтқан.
Болдырды деген сүндет тайын жылқыға қосып, жас жеткіншекті әпкесінің жорғасына, ал әпкесін біраздан бері бос жүріп, қоңайып қалған Көкбалаққа мінгізіп, екеуін жолға салған соң Берікбол да малды басқа жылқышыларға тапсырып, ауылға қайтпақ болған. Бірақ ауылға қайтқанда не істемек, бүгінгі кешті қалай батырып, таңды қалай атырмақ? Ол қуанса да, шаттанса да осы тауымен, туған өлкесімен бірге болып, уақытын осында өткізбек болған. Сөйтті де шынында да қосындарды жігіттерге тапсырып «жолға» шыққан. Жолға деп айтқаны болмаса, қайда барарын өрістен ұзағанша шеше алмаған. Ауылына қарама-қарсы бағыттағы қайқайып жатқан биік дөңге қарай бет алып, бурылға тақымын қысып қалған. Ер-тоқымы көбіне күні бойы алынбай тоқжарау жүретін жануар шабысқа сұранып-ақ тұр екен. Тізгінді шірене тартқызып, құлперен көсіле салған. «Бұл Бекемізге не көрінді? Әлде жаңағы келген байдың қызы бір жаққа асығыс жұмсады ма екен?» деп малды алыстан көздеп, қостарында отырған жылқышылар таңданған. Аға жылқышы бұрын-соңды мұндай ұшқалақ мінез көрсетпейтін. Ал Берікбол болса алыстағы дөң басына жете бере атының тізгінін тартқан. «Егер осы жерден ән салсам, дауысым қозыкөш жерде қалған жігіттерге жете қоймас» деген оймен соңына бұрылып қараған. Көгала мен қоңырлардың, ақбоздар мен жирендердің дегендей түстеріне қарай үйір-үйір болып бөлінген көп жылқы жайлау төсінде сол әртүрлі қалыптарында ерекшеленіп, шашырап жатуларының өзі ғажайып сәнді көрініс еді. Үйірлерінен өзіне қарасты бірде-бір малды шашау шығармау үшін мойнын жерге салып, қайтадан топқа қуып тығып жүрген айғырлардың нобайы байқалады. Алайда олардың арқыраған үндері, құлындарын шақырған билердің кісінегендері естілмейді. Демек, мұның әні де қостағыларға естіле қоймас. Ол бір жөткірініп алды да, қай ән ішке сыймай лықсыған жалынымды азайта алар дегендей сәл ойланған. Біраздан бері жастар жағы Абай деген ақынның әні екен деп, бір-бірінен үйренісіп, жиі айтатын «Айттым сәлем, Қаламқасты» аңыратқан.
«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас».
– Апыр-ай, ақын «Сағынғанда сені ойлап, Келер көзге ыстық жас» деп қалай тауып айтқан?! Сондай азапты күндер мұның да басынан өтті емес пе? Тіпті жаңа ғана көрсе де өзінің үздіге сағынып келе жатқанын сезді. Бәлкім, содан болар, көңілі алабұртып, өзінің үніне белгісіз дірілдің араласқаны содан болар.

«Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айнымас», –
деген жолдарды өзіне серт бергендей, шабыттана шырқаған. Әлі де жетпей тұрғандай, жеткізе алмай келе жатқандай. Ол «Қаламқасты» құшырлана, жігерлене қайта шырқаған. Сонан соң «Ахау, керімді», «Қорлығайынды» басқа да біраз әнді шырқап болып, атынан түскен. Расында да бойы жеңілдеп қалғандай сезінген. Ертеңгі түн ортасына дейін таусылып бермес тым ұзақ уақыт еді. Жылқы шетіне барып та, не болмаса шешесі мен інісінің қасында отырып та байыз таба алмасын сезген. Осы бір екі тәулікке жетер-жетпес уақыт бүкіл жиырма бір жыл жарық дүниенің қызық-шыжығын көрген кезеңнен бергі жанын жай таптырмас әрі қуанышты, әрі азапты уақыттың кішкене ғана бір бөлшегі еді. Осы кішкене бөлшекті қалай ғана алға қарай тез жылжытуға болар? Қалаған уақытыңа ыңғайлап жылжыта салар сағат тілі емес, табиғаттың өзінің уақыт өлшемі бар, оған адам баласы әсер етіп, алға не артқа қарай жылжыта алмас. Асықпай жылжып, Күн батады, асықпай келіп таң атады, осылай уақыт жылжи берер. «Қашан ержетер екенмін?» деп асыққан жеткіншекке уақыттың жылжуы тым шабан. «Жарық дүниенің соңғы сәулесімен қоштасар күн таяп қалды-ау» дейтін жасамысқа уақыт тым жүрдек көрінер. Біздің жігітіміз де осынау шабан уақытты қалай жылжытуға болар деген ой басын шарадай қылған соң бурылына қайта мінген. Тапты. Ат тізгінін тежеп, сәл тұрды да көлігінің басын оңтүстігінде тақтайдай болып жатқан жазыққа қарай бұрған. Терісайрықтың жағасында отырған Бұрымбет еліндегі нағашыларына – шешесінің ағалары мен бауырының үйлеріне барып қайтпақ. Көптен бері жұмысбастылық бар, «Бүгін болмаса ертең де күн бар ғой» дейтін етекбастылық бар, көптен сәті түспей жүрген шаруаның реті келе кеткеніне қуанған. «Апама да барайын, тайымды да үйрете келейін» дейтін баланың айтқанындай болды. Бурыл жануар салқын жайлаудан ыстық жазықтыққа түсуге ықыласты болмай, еріне басып келе жатты да, тақымы қатты иесінің бет алған ниетінен қайтпасын білгендіктен, көш жолына түскен соң қос құлағын қайшылап, есе жөнелген.
Әрине, нағашы ағалары мен нағашы жеңгелері оны қуана қарсы алған. Жастарды шақырып, жиендерінің келу құрметіне думанды кеш ұйымдастырған. Жиендерінің өнерлі, әдемі де әдепті болып өскенінен құлағдар ауыл қыздары «барларын киіп, бақандарын қолға алып» дегендей әдеміленіп-ақ келіпті, ал бозбалалары «қызық бар» дегенді көре салуға келгендей.
– Бұл жиен алдын ала хабарын да айтпай, суыт келгеніне қарағанда «қырық серкешін» даулап келіп жүрмесін. «Қырық серкештің» орнына таңдап отырып, бір қыз берсек дауынан, бәлкім құтылып қалармыз, – деп сауық кешті бастап жүрген жігіт әзілдей сөйлеп. – «Қырық серкештің» орнына алдым деп қалыңын бермей жүрмесін. «Қалыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды». Жиенімізді жауырыны жер иіскеп көрмеген балуан, аспандағы аққуға әнін қосқан әнші деп естиміз. Түн ішінде күрестіріп күшін сынайтын емес, құлағымыздың құрышын қандырып, бір-екі ән айтып берсін.
– Біздің жиенге келмей жатып, ән сал деулерің ұят емес пе. Алдымен «ауылдың алты ауызын» айтпаушы ма едіңдер? – деп кіші нағашы жеңге арашаға түскен.
Көпшілік Берікболдың жанында отырған талдырмаш қара торы қызға қолқа салған.
– Қамқажан, жиеннің әнін тыңдау үшін өзің жолды «алты ауызбен» ашып бер. Әні ұнап жатса, бәлкім сені «қырық серкештің» бодауына беріп те жіберерміз.
– Қой-ей, Қамқа жиенің шешесінің өте жақын сіңлісі емес пе. Сонда жиенімізді әкесімен бажа болсын дейсіңдер ме? – Бозбалалар бірі атып, бірі қағып, әңгімені созып бара жатқан соң кешті бастап жүрген жігіт: «Жә, тоқтаңдар енді» деп, Қамқаның қолына домбыра ұстатқан. Қыз бәлсінген жоқ. Домбыраны құлақ күйіне келтіріп алып, «Гауһартас» пен «Гүлдерайымды» сызылтқан. Кез келген топтың алдына ұялмай шығарардай әп-әдемі дауысы бар екен. Екі әнмен тоқтап, домбыраны қонақ жігітке ұсынған. Әдемі әніне қоса, әдемі әзілі де бар бойжеткен екен:
– Жиеннің әні ұнап жатса, «қырық серкештің» кәдесіне жарап жатсам келісімімді беріп қалуым да мүмкін, – деп, Берікболдың бетіне жымия қараған.
– Құрметті замандастарым, «Жігіттің үш жұртының» бірі болған сіздерді сағынғаннан атүсті асығыс болса да келіп қалып едім. Сый-құрметтеріңізге ризамын. Қалай қарсы алғандарыңызды айтып, шешемді де қуандырармын. Бірақ, ағайын, «қырық серкешімд» айдап қайтайын деген ойым жоқ. Осы ниет, ақпейілдеріңіз үшін «қырық серкешімді» алдым деп қайтармын, – деп Берікбол да ағынан жарылған. «Қырық серкештің» орнына бір қыз емес, қырық қыз берсе де Кербезімнің бүгінгі айтқан алғаусыз ниетіне айырбастармын ба?» деп ойлаған.
Ол домбырасының күйін келтіріп алып, тағы да «Айттым сәлем, Қаламқастан» бастап аңыратқан. Мұның дауысы естілген бетте-ақ нағашы ағаларынан бастап, ауылдың үлкен-кішілері үйге кіре бастаған. Оларға орын береміз деп төмен қарай сырғыған жастар жағы еріксіз әнді сыртқа шығып тыңдауға мәжбүр болған. Жастардың тамақтан соң «Алтыбақан» теуіп, «Ақсүйек» ойнаймыз деген жоспарлары орындалмай түн ортасы ауғанға дейінгі уақыт жиендерінің әндерін тыңдаумен өткен. Бұл елге енді-енді тарай бастаған Абайдың «Қаламқасын», тіпті, екі-үш дүркін шырқатқан болатын.
Ол асығыс екенін айтып, нағашыларын да риза-хош қып, өзі де көңілі марқайып, ертеңгі сиыр түс кезінде қайтуға бет алған. Бір топ жастар біраз жерге дейін жаяулап шығарып салып, қолтығынан демеп атқа мінгізген. Бәрі де «Келіп тұр», «Бізді ұмытып кетпе» дескен. Қамқа да сөзіне көп мағына сыйғызып: «Сағындырмай келіп тұрыңыз» деп қалды. Берікбол өзінің көпке, әсіресе Қамқаға ұнап қалғанын біліп бара жатты, алайда жай ұнату емес, өзінің жан-тәнімен құлай берілген адамы бар екенін, өзінің де ол адамға біржолата ұнағанын оны еш алаңдатпай құстай ұшырардай күйге түсірген ерекше сезім болатын.

* * *

Үйіне ақшам мен екінтінің арасында жеткен Берікбол бурылының айылын босатып, қаңтарып қойған. Түн ортасына дейін, өзі алғаш рет жанының бір бөлшегіне аз уақыттың ішінде айналып үлгірген аяулысының ыстық демін жұтуға барар тұста, атын отқа бір-ақ жібермек.
– Аға, бурылыңызды терлетіп келіпсіз ғой, – деген үйден жүгіріп шыққан інісі Серікбол. Жеткіншек ағасының жайшылықта мінген атын қинап, қатты жүріске, себепсіз шабысқа салмайтынын жақсы білетін. Ол да төрт-бес жылдың ішінде ат жалын тартып мініп, бай үйінің таусылып бермейтін көп шаруасының бір шетіне шығыса бастаған. Биыл жазда сауын биелерді қайырысып, кешкілік оларды құлындарымен жылқыға қосып, ертеңіне ертелетіп желі басына айдасып келетін. Одан кейінгі құлындарды желіге байлап, сауын кезінде оларды тарту, сауылған саумалды тасып, сабаларға құю сияқты көзге көп көрінбесе де өте жауапты шаруалар Серікбол шамалас жеткіншек дейтін жастан тезірек өтіп, бозбалалар «ауылына» ат байласам-ау дейтін екі-үш балаң жеткіншектерге тапсырылатын.
– Иә, Секентайым, нағашыларымыздың ауылына барып келдім, – деген ағасы. Үлкен ұлының келгенін білсе де оның үйге кіргенін тосып отырған шешесі Бәтен оның мына сөзін естіп, етегіне сүріне жаздап, үйден жүгіріп шыққан.
– Құдай-ау, мына жазған не дейді? «Нағашыларымыздың ауылына барып келдім» дедің бе?
– Иә, тәте, – деген шешесінің ашулы жүзін көрген үлкен ұл. «Бұл кісінің алдында неден жазып қалдым?» дегендей анасының жүзіне жапақтай қараған.
– Иә, тәте. Жылқы өрісі Терісайырық жақта болған соң, жүріп кетіп едім. Саған да бәрі сәлем айтып жатыр.
– Құлыным-ау, бұл не істегенің? Бірнеше жыл бойы өкпелеген кісіше ат ізін салмай жүріп, бара салғаның қалай? «Торқалы той, топырақты өлімі» болған адамдар бар. Көптен бара алмай, сәтін күтіп, «Шыққан қыз шиден ары» болмай, ел жайлаудан түсе жөн-жосығыммен барып-қайтсақ па деп жүр едім. Балам-ау, сыпайы-салтаң бара салғаның елден-жұрттан ұят болды ғой. – Шешесі ұлының қандай күйде болып, «туысшылап» қалғанын білмегендіктен, ағайындық жол-жоралғыны аттап кеткеніне қатты ренжіген.
– Тәте, ол жағын ойламаппын, ел жайлаудан түсе өзіңізді арнайы апарып, төркіндетіп қайтармын, – деп ол шешесінің шап-шағын денесін еркелеп келіп, алпамсадай құшағына алған. Анасының мінезін жақсы білетін ұл өзінің кешелі-бүгінгі қуанышына қарағанда шеше өкпе-назы ойыншық сияқты көрінген.
– Өй, жынды неме, болды, босат енді, – деп ұл қолынан бұлқынып жерге түскен Бәтен шешесі ұлына сөз түйінін айтқан.
– Құлыным, бала емессің. Елге жүйелі сөз, жөндем іс көрсетер жасқа келдің. Асығыс қадамның арты ағайынның алалығына апарар. Жарайды, барған екенсің, сапарың оң болғай.
Ол «Ананы көрдің бе, мынаны көрдің бе?» деп төркін жұртын әбден сағынып жүрсе керек, әркім туралы әр қилы сұрақтары көбейген. Көптен шаруабасты болып, жылқы қосынында жүретін Берікбол анасы және інісі Серікбол үшеуі шүйіркелесіп отырып, шайларын ішіп, тамақтарын жеген. Төркін жұртын әбден ыждағаттап сұрап болса керек, шешесі сауалды төтесінен қойған.
– Балам, кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Мына үйге ие болар кісіні әкелер ойың бар ма, әлде әніңмен балқып, әләулайыңмен шалқып жүре бересің бе? Бала-шағасының қызығын көргір, Қоқаңның өзіңді қанатының астына алып, аяғыңды шырмауға бейіл танытқанын ұмытып жүрсің бе? – Енді әрі кетсе бір етасымнан соң жолығар өміріндегі ең ғажайып деуге болар кездесуі есінен кетпей ойы онға, санасы санға бөлініп, отырған ұл келте ғана жауап берген.
– Тәте, асықпашы. Алла бұйыртса, келінді де боларсың. Мен ол парызымды ұмытқан жоқпын, – деп шеше көңілін бір жайлы ғып қойды. Сөйтті де сыртқа шыққан. Ай тумағанмен жұлдыздар қол созым жерге жақындағандай бұлтсыз аспаннан жапырласа жымыңдайды. «Бүгінгі қадамыңа біз куә боламыз» дейтіндей. Жүрегі де атша тулап, кеудені керіп кетердей. «Әрі кетсе, енді бір етасым. Шыда жаным, шыда. Толқығаннан жолда жығылып қалмай, қалқамның құшағына сау жетсем, «мен – сендік, сен – мендік» дейтін сертімізді айтысып, есен-сау оралсам, арғы жағын бір Жаратқанға, сонан соң мені де бала қылып алғысы келетін қыз әкесі Қоқаңа тапсырармыз. Мені шын ұнатып, қызының еркін өз қолына беретін уәдесін-де тұрса, батасын да беріп қалар. Өйтсе қызына адал жар, өзіне сенімді күйеу бала ғана емес, шын мәніндегі ұлдарының бірі болармын».
Ол тәтті қиялмен жүріп, бурылдың термен ұйпаланып қалған түгін сипап, ер-тоқымын алды, тұсау салып, отқа қоя берді. Сол тәтті қиялмен үйге кіріп, төсек салып жүрген шешесіне байдың қойшы, сиыршы жігіттерімен әңгіме-дүкен құрып қайтатынын сылтауратты. «Аға, мен де барайыншы» деп ағасынан қалғысы келмеген Серікболға шешесі: «Саған не бар? Онан да ертерек жатып, ұйқыңды қандыр» деген соң әлі де жігіттікке жете алмай, балаң тіршіліктен өте алмай жүргеніне өкінгендей амалсыз төсегіне қисайған. Үлкен ұлдың қалыңдық ойнар бұл ауылда бойжеткеннің жоғын ойлаған шеше баласының түнделеткен осынау жүрісіне жіп таға алмай, аң-таң күйде қала берген.
Берікбол бай ауылының шамдары сөнгенше қораға түсіп, қой ұрлайтын кісіше бұқпантайлап, Кербездің өзіне арнап тігілген ақ отаудың ту сыртындағы шөккен түйедей үлкен тастың артына келіп, тізе бүккен. Шығыстағы жотаның басынан Ай сығалады. Кісіні қойғанда, ортадан шашау шыққан қозы-лақты да көрсете алар Айдың жарығы сәл биіктесе, бұған «Мен ұрлық қылған түні Ай жарық болдының» кебін келтірер деген қауіп те туып еді. Бағанадан дүрсілдеп тұрған жүрек «енді шыдай алар емеспін» дегендей атша тулаған. Сәтін салғанда, отаудың сыртына жеңіл шапанын жамылған келіншек шығып, «Мына тастың түбінде отырған шығарсың» дегендей осылай қарай қолындағы ақ жаулығын, әлде ақ орамалын бұлғаған. Берікбол бұл келіншектің қыздың өзі айтқан кіші жеңгесі екенін біле қойды да, үйге қарай емпеңдей ұмтылған. Отау үйге қарай аспанмен ұшып келе жатқаны, әлде жаяу жүгіріп жеткенін өзі де сезбей қалған жігіт қыз жеңгесінің жанына жеткен бойда сасқалақтап: «Кербез осында ма?» деген келіншек оттан көйлек кигендей жан-жүрегі, тұла бойы лапылдап тұрған жігітті иығынан тартып тоқтатқан.
– Қайным, бір сендер үшін деп, тәуекелге бас тігіп жүрсем, сәлеміңді де қимай барасың ғой, – деп, сыңғырлай күлген.
– Ғазизажан-ай, кешіре алсаң, кешіре көрші. Бұл жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпаспын. Мен жазғанда қайбір ес қалды дейсің, сөге көрмеші.
– Таң сібірлегенше де көп қалған жоқ. Сырттарыңнан байқастап жүрермін, көп кешікпе… – Ол отау үйге қарай ұмтыла берген Берікболдың иығынан тартып, құлағына сыбырлаған. – Алақұйын сезіміңнің ауыздығына ие бол. Шын сүйіспеншілік сабырлылығымен, ұстамдылығымен қадірлі. Ал, бара ғой.
Отаудың іші алакөлеңке. Оң жақ іргеде тұрған әбдіренің үстіндегі май шам жылтырайды. Одан сәл жоғарырақ құрылған шымылдықтың алдында Кербез тұр еді. Екеуі де бір-біріне қанаттарын жая ұмтылған. Қос құшақ еш кідіріссіз келіп, айқаса түскен. Жайлау гүлдерінің исі аңқыған қыздың төгілген қолаң шашына жігіт мұрнын тығып, үнсіз қалған. Қыз да үнсіз еді, бірақ жігіт кеудесіне басылған денесінен оның жүрегінің дүрсілі және тұла-бойының дірілдеп-қалшылдағаны, кеудесіне тырс-тырс тамған ыстық жасы мен ықылық ата жылаған үні – бәрі-бәрі де Берікболды «Дәл қазір өле қалсам да арманым жоқ» дейтіндей әлемдегі ең бір бақытты жан етіп еді.
– Жаным! Жалғызым! – дейді жігіт басқа сөз таба алмай.
– Сағындым ғой, ағатайым! – дейді қыз басқа сөз таба алмай.
Берікбол қыздың бота көзін жуған мөлдір жасының кермек дәмін жұтып сүйе берген.
– Тоңдың ғой, жаным!
– Иә, тоңдым, ағатай.
– Онда төсегіңе жатқызайын.
– Иә, сен де…
Жігіт қаңбақтай қызды, қызды емес-ау, бұл жарық жалғандағы ең ардақтысын, қолына келіп қонғандай жалғыз бақыт құсын аялап әкеліп, атлас көрпені көтеріп, ішіне жатқызды. «Менің енді не істеуім керек?» дегендей бір сәт состиып тұрды да, қыздың «…сен де» деген сөзі есіне түсіп, сырт киімін асығыс шешіне бастаған. Май шамның өлеусіреген сәулесі бағанағыдай емес, көз үйренген соң айнала қалы кілем тұтылған отау үйдің ішіндегі жиһаздардың нобайын тұспалдата бастаған. Алайда, жігіттің көзіне сүйекпен әрленген қызыл ағаш төсек пен шәршеуіне үш жерден үкі таққан жайлау шөбіндей жап-жасыл шымылдықтан басқа ештеңе түсе қоймаған. Ақ көйлек, ақ дамбалшаң қалпы қыз көрпесін ысырған. Кербез де іргеге қарай ысырыла берді. Ыстық құшақтар тағы да ерекше бір ынтықтықпен, лапылдаған от-жалын болып айқаса түскен. Қыздың нәзік те шағын денесін палуан жігіттің алпамсадай тұлғасы төсекке біржола жаныштап тастардай. Өзі сезімнің ырқына берілген бойжеткен ыңырси ғана әлсіз үн қатып, тек жігіттің аймалауына қарсылық білдіре алмай, өзі де оймақтай ернімен сүйіктісінің денесінің тиген тұсын сүйе берген. Күйіп-жанған денелер осынау сағынысып табысқан ләззатқа тояттар емес. Аса алмас асудан, өткел бермес өзеннен де бекемірек болып тұрған осынау лап етіп, өртеніп кетердей денелердің арасындағы лыпалар ғана. Пенденің еркінен тыс өзін-өзі билеп-төстейтін әзәзіл сезімнің тұла-бойыңмен бірге жаралған хабаршысы… тасып, тамырларды жарып жіберердей қан… Сол шіркін, аптал азаматтың «сабыр-сабырының» ырқына көнгісі келмес. Тіпті өрістегі жылқы екеш, жылқы баласы да табиғаттың құдіретімен жұптасар алдында осы хабаршы, осы тасыған қанның ырқына бағынушы еді ғой: «Ал біз қашан?!» дегендей жігіт жанын қинап, тұла-бойын қып-қызыл шоққа айналдырған. Өртеп жіберердей. Енді міне, жарық жалғандағы бар бақытым да, бар қызығым да осы дейтін ғашығы лашын ілген қоянның көжегіндей құшағында әлсіз пенде болып жатыр. «Бұлайша жанын қинамаса, бұлайша «мен – сендік, сен – мендікті» білдіру, сезіну ғана емес, ақ төсек пен ақ некемен келіп табысқанша төзімділік танытпаса, оның қай жері ақ-адал сүйіспеншілік болмақ. Ей, ынсабы аз, ет пен сүйектен және алақұйын сезімнен жаралған пенде шіркін. Аңсарым, аяулым деп таныған ғашығыңды күні кеше ғана аялап, аймалауды ғана армандап па едің?! Оған қолың жеткен соң әзәзіл сезімнің құлы болуды армандай бастадың ба? Сабыр-сабырға бағынайын. Қандай жағдай, қандай қиямет болса да ол сәтке де жетерміз. Тек Алла сол күнге тезірек жеткізгей». Берікбол осылай ойлаған.
«Жанымды біржолата жаулап алған жалғызым-ау, бүкіл тағдырымды өзіңе біржолата қазір-ақ табыстауға даярмын ғой. Дегенмен, мені шын сүйгенің рас болса, ар көпірінен аттай алмассың. Мен де сенің кісілігіңе сеніп, құшағыңда құлап жатырмын ғой. Сабыр жаным, сабыр. Екеуіміз де сабырға келейік. Қыздың ары мен пәктігін рулы жұрттың байлығы санап, ең қасиетті адалдықтың, ақтықтың тұмары деп есептейтін халықпыз ғой, ардақтым?» Кербез де осылай ойлаған.
«Шіркін-ай, ұйқы-күлкі көрмесем де, тамақ ішпесем де дәл осылай неше күн бойы Кербезімді бауырыма балапандай басып, жата берер ме едім». Бұл – Берікболдың ойы.
«Шіркін-ай, қыз шіркінді де осындай ынтықтық болады-ау деп ешқашан ойламаппын-ау. Салмағыңмен тұла бойымды тұншықтыра жаныштауыңнан осынша ләззат аламын деп ойлаппын ба?! Әлі де кетпей, құшағына қыса түссе екен». Бұл – Кербездің ойы.
Екеуі де үй сыртына жиі келіп, «тың» тыңдап жүрген Ғазизаның сыбдырын сезіп жатқан. Берікбол Кербездің құлағына: «Екеуімізді сырт көзден күзетіп жүр-ау, айналайын» деп сыбырлаған. «Жоқ, – деген Кербез, – екеуімізді сырт көзден күзетуден гөрі, мені сенен «қорғап» жүр, жаным».
Сөйткенше отау сықырлауығының сырт жағынан Ғазизаның:
– Берікбол, қайта ғой, айналайын. Қазір малшылар да тұра бастайды. Көзге түсіп қалсаң, бәрімізге де жақсы болмас, – деген үні ап-анық естілген.
Қос ғашықтың амалсыздан құшақтары жазыла берген.

* * *

Бұларды түнгі қалың ұйқыда жатқан ауыл үн-түнсіз шығарып салған. Қатар тігілген бірнеше үйдің иттері екеуін де әбден танығандықтан, мәу деп дыбыс бермеген. Берікбол өзінің бурылы мен Ақбақай жорғаны өз үйінің жанына әкеліп, алдын ала байлап, ерттеп қойған. Тау ішінде түн суық болар деген оймен тұлып тонды, қоржынның қос басын құрт-ірімшік, піскен ет, жанторсыққа құйылған қымызды, ең аяғы аңшылар сияқты шай-тұздарын да түгендеп, әкесі өмірден ерте озса да Берікболым аман болса, аштан өліп, көштен қалмаспын» деп екі ұлының амандығын құдайдан бір, пайғамбардан екі тілеп жүргенде үлкен ұлдан айдың-күннің аманында көз жазып қаламын ба, деп ыстық жасын ықылық атып ішіне жұта жүріп, Бәтен кейуана амалсыздан бәрін де даярлап қойып еді.
– Тәтетай, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей бас сауғалаған заманға тап болдық қой, түбінің қайырын Алла берсін. Келініңді отауынан әрі қарай алып кетемін. Босағамды аттатпады деп сөге көрме. Бізге батаңызды беріңіз, – деп шешесін өзі де кең құшағына алған. Ертеңгі күнінің мүлде бұлыңғырлығын ойлады ма, әлде жұртында қалдырып бара жатқан, ол аздай қызық көремін деп отырған қиялын мынау қияңқы заман күл-талқан еткен анасын құшақтап тұрып, өзі де еңкілдеп жылап жіберген. Ағатайлап келіп, жабыса кеткен Серікболдың дауысы да шығып кетіп еді. Көрші-қолаң естіп қалар деп қаншалықты үнсіз қоштаспақ болса да үшеуінің де ықылық атқан дыбыстары қаттырақ шығып кетіп еді.
– Құлыным, Секентай, азамат болдың ғой. Енді анаңа өзің бас-көз боласың, – деп Берікбол інісін жерден көтеріп алып, екі бетінен кезек-кезек сүйген.
– Ал, қарғам, жолдарың болғай, жолдастарың Қыдыр болғай! Бар балам, бара ғой. Келініме дұғай-дұғай сәлем де! Айтар тілегім, бата-дұғам тек екеуіңе ғана арналар! Бара қойыңдар, құлындарым! Алла жолын берсін?! – деуге шамасы әрең келген Бәтен бүк түсіп, отыра кеткен. Ағасының соңынан жүгірмек болған Серікболға да, қайғыдан қан жұтқандай болып отырған анасына да ол мойнын бұрып қараған жоқ. «Қайтып келмейтін кісі ғана соңына қарайлағыш». Жүрегі езіліп бара жатса да осы бір ырымнан қорыққан. «Бұлай болар деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Қорабай қария уәдеде тұрып, жалғыз ерке қызы Кербезінің қалауына қарсы келе алмас. Сөйтіп, жайлау үстін дүркіретіп той өткізер. Екі жастың некелерін қидырып, қос жүректің бірге соғуына әкелік батасын берер» деген ойға бекінген Кербез екеуі табысып, антқа бергісіз бір-біріне деген ыстық ықылас, пейілдерден кейін тек осылай пайымдап, осылай ойлайтын. Алланың ісі емес, адамның ісі араласып кетті де «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін алақұйын заман кездесті.
Қыздың әкесі мен кіші ағасы астан келген күннің ертеңіне болса керек, Қорабайға Шіліктінің болысы Керімбектің шабарманы келген. «Тез жетсін» депті. Ол кісінің барғанынан қайтқаны жаман болып, жаман хабарды арқалай келіпті. Болыстың өзі тізгін ұшынан Зайсанда өтетін ояз жиналысына аттаныпты. «Ақ патшаның қазақ жастарын қара жұмысқа алу жөніндегі жарғысының» алғашқы шарпуы болатын бұл.
Суық хабар мезгілсіз түскен қыстың ызғарындай болып, бүкіл Тарбағатай, Маңырақты, Қараөгіз, Шорға бойын, Қотанашы-Қожыр жайлауын тез-ақ шарпып, «Ішкенім – артымда, ішпегенім – алдымда» деп жаз қызығын бүкіл өмір-ғұмырларының қызығындай көріп жүрген уайымсыз жұрт қас-қағым сәтте бұршақ ұрған ешкі малындай бүрісіп, естен тана жаздаған.
Уақыт кесірлі кезеңге тап келгенмен, халықтың ішкі тіршілік-тынысы тоқтаған ба? Баласының өтінішімен Бәтен де екі-үш ағайынын ертіп алып, байдың үйіне келген болатын. Ол күйеуі Қабаштың әрі замандасы, тіршілігінде сыйлас адамдар болғандықтан, Қорабаймен тең құрбыдай тілдесе беретін. Бәтен қиялап келіп, қирағаттап келіп, Қорабайдың Берікболды үйлендірген соң өзінің бір ұлындай көрем дегенін есіне сала отырып, өзінің ұлы Берікбол мен оның кенже қызы Кербездің арасындағы «Бірімізсіз біріміздің күніміз харам» дейтін сертке бергісіз ұғысудың болғанын, енді екі бала әке-шеше рұқсатын сұрайтынын жеткізген. Қорекең де ер ғой. Ұзақ ойланып отырып, былай дейді:
– Бәтенжан, ұл болса, осындай болсын деген Берікболдың ұлдарымның бірі болғысы келеріне ренжитін және «Тілмен байланған қолмен шешілмейді» дейтін кісің мен емес. «Айтпан, айтқанымнан қайтпан». Уәдем – уәде. Кербезжанның қалауына қарсы келе алман. Бірақ, өзің де естіп отырған боларсың, ел ішінің аяқ астынан бүлініп жатқанын. Күні кеше мамыражай күндер болса, ойланбас та едім. Бүгініміз бұлыңғыр тартса, ертеңіміз не болмақ?! Жақсы күнді тосайық. Оның үстіне болыстың старшындары 19 бен 43-тің арасының тізімін жасап жатқан көрінеді. Бұл зобалаңның соңы қалай болады? Кім қалып, кім қояды? Сабыр сақтайық, бәйбіше, сабыр! – деп шығарып салған. Оның асықпайық дегенінің жөні де бар еді. «Шаш ал десе, бас алуға даяр тұратын» болыстың шабарманы күні кеше келіп, бұл ауылдан қара жұмысқа барады-ау дегендердің тізімін алып кеткен. Әрине, оның ішінде Берікбол да бар болатын. Керімбек болыс «Ел қалай көшеді» деп біз де басқалардың аңысын аңдимыз ғой. Дегенмен «мыналар барады» деп жар салмасақ та тізімді даярлап қойып, жасыра тұрармыз», деп еді. Айтқанын айнытпай орындауға көшіпті.
Берікбол Кербезбен тағы бір рет оңаша кездескен соң: «Ел іргесі тынышталған соң, сәтіне қарай оралармыз. Ғұмыр бойы бетіне қарамай, еркелетіп өсірген әке де кешу жасар. «Тәуекел деп тас жұтуға деген соң «даярмын». Егер сені қара жұмысқа алып кетсе, мен сорлы уайыммен өлермін» деген сөзді Кербездің өзі айтқан соң жігіт тәуекелге бел буған…

* * *

Түн жамылып шыққан екеуі сау желіспен отырып, түс ауа Сауырды жондап келіп, өздері бұрын-соңды көрмеген Ақиректің асуына жақын жердегі үңгірдің жанына келіп, тізгіндерін бір-ақ тежеп еді. Берікбол Көктомардың қойнауында отырған бір жылқышыға кездесіп, шекара асуға болатын жолды сұраған. Соның нұсқауымен биіктегі Келіншеккөлдің етек жағындағы іші төрт-бес қанат үйдің кеңдігіндей осы үңгірді уақытша паналай тұрмақ болған. Олар сол күні екі атты қаңтарып қойып, сыз исі аңқыған үңгірдің ауыз жағына от жағып, жеңіл-желпі тамақтанған. Берікбол көк шалғыннан біраз шөпті жұлып әкеліп, жерге төседі де, үстіне тоқымдарын, ат-көрпелерін жайып төсек салды. Екеуі тұлып тонды жамылып, киімшең жатып қалған. Ұзақ жүрістен ат соғып әбден шаршаса керек, Кербез ұйықтап бара жатты. Ұйықтап бара жатып:
– Азаматым, бір Аллаға сыйынып, сенің етегіңнен ұстадым. Сен аман болшы… – деген. Жігіт те қалыңдығының маңдайынан иіскеді де:
– Жаным, Алладан қалған ғұмырымызды бірге өткізе гөр деп тілермін. Мен де жалғыз анам мен қаршадай інімді жұртқа тастағандай болып, бір сен үшін деп осы жолға бекіндім. Ертеңгілік өзім барып, жолды барлап, шегара маңын шолып қайтармын. Арғы бетте де жағалай осы елдегі сияқты Керей, Найман жұрты отырған көрінеді. Ары-бері сабылысып жүріп жатқан жұрт қой. Сәтін салса, біз де соларға ілесіп, жол табармыз.
Бірақ бұл кезде ат соғып, әбден қалжыраған қыздың пысылдаған үні оның ұйықтап кеткенін сездіріп еді.
Таң сібірлеген кезде Берікбол орнынан тұрып, таң асырылған аттарды арқандап келді де, кешегі жаққан оттың қоламтасын ағашпен қозғап еді, астынан қызыл шоқ түйіршектері жылтылдады. Ол ұсақ-ұсақ қу бұтақтарды салып үрлегенде, түтіндеп барып, лып етіп тұтанған. Отқа ірілеу бұтақтарды, оның үстіне кесектеу ағаштарды мол ғып тастаған қу қарағай қып-қызыл ұсақ шоқтарын айналаға атқылап, шырт-шырт етіп, лау болып жанған. Жел ұйытқытқан қарағайдың ащы түтіні көзден жас парлатты. Оның есесіне дию-перінің мекеніндей көрінер қараңғы үңгір ішіне жарық сәуле түсіп, от жылуы да сезіле бастаған. Ат соғып, қатты шаршаған болашақ жары періште бейнесінде әлі қатты ұйқыда. Жігіт ай сәулесімен қыз жүзіне үңіліп біраз отырған, бірақ еңкейіп шашынан иіскегісі келгенімен, оған батылы бармады, тәтті ұйқысын қимаған.
Күн шығып, Кербез оянғанша, ол қайтадан орнына қисайған жоқ. Сырт­тан қарағайдың қу бұтақтарын әкеліп, жинап қойды.
– Жаным, піскен етті істікпен отқа қыздырып, жылытып қойдым. Бірге отырып, тамақтанып алайық. Сонан соң мен атқа мініп, айналаны шолып қайтайын. Отты үзбей жағып отыра бер, – деп орнынан тұрған. Кербез оны қанша жібергісі келмегенмен, оның: «Сенің осында отыра бергенің қауіпсіздеу болар. Тез келемін. Алдағы түні шегарадан өте шығатын ыңғайлы жерді болжап келейін» деген сөзінен кейін амалсыз көнген.
Берікбол үңгірден шыққаннан кейін етасым уақыт өтпей-ақ Ақиректің жолымен өрлеп, қырға шыққан. Жылқышы жігіттің айтқаны рас болса, ол: «Келіншек­көлден асып, Ақиректің қырқасының арғы беті Қытайға қарайды. Қазір орыстың да, Қытайдың шегарашылары да көп жүре қоймаса керек. Дегенмен, байқайсыңдар ғой», – деп еді. «Е, айтып айтпай, біздің жолымызға бөгет болар ешкім жоқ екен ғой. Қазір Кербезді ертіп алып, бірден жолға шығайық» деп ойлаған жігіт, тіпті көңілденіп кеткен. Бурылымен желе жортып, бір сайдағы бұлақтан өте бергенде, бурылы қос құлағын тігіп, жиектегі қалың тоғайға үдірейе қараған. «Жануарым, не көріп келесің?». Сөйткенше, ну тоғайдың ішінен екі салт атты орыс әскері шыға келген. Мылтықтары кезенулі. «Қап, қалай құтылсам екен?». Бұл ойын жүзеге асырмайын дегендей қаруларын кезенген тағы екі шегарашы шыға келсін. Ол еш амал істей алмайтын болған соң, еріксіз қолын көтерген. Тұздай екі көзі өңменіңнен өтердей біреуі әлдене деп сөйледі. Бұл болса, ештеңе ұқпадым дегендей жымиып, бас шайқаған. Әскери жігіт білетін аз қазақшасы болса керек, түсін суытқан күйі: «Кайда барат?» деген.
– Осында. Ешқайда бармаймын. Жылқы іздедім. Үшеу, – деп, ол үш саусағын шошайтқан. Оның сасқан кезде ойлап тапқан сылтауын олардың қаншалықты ұққандары белгісіз, жаңа тіл қатқаны әлдене деп еді, екі орыс аттарынан қарғып түсіп, мұны да аттан түсіріп алып, тұла бойын тінтіп шықты. Сонан соң екі қолын артына қайырып байлады да, қайтадан атына мінгізді. Көп ұзамай біреуі оның атын жетелеп, біреуі соңынан еріп, айдай жөнелген.
Заставаға айдап әкеліп ағаш бөренелерден қиып салған шағын үйдің жертөлесіне екі-үш күн бойы қамап, өлместің күні ғып, анда-санда қара нан мен қара су береді. Күніне екі-үш дүркін шақыртып, жауап алады. Олардың да қояр сауалдары біреу ғана: «Ел жоқ иенде не істеп жүрсің? Әлде хабар-ошар тасып жүрген қытайдың жансызысың ба?» Мұның да берер жауабы біреу ғана: «Жоғалған үш жылқымды іздеп жүрмін?». Шегарашылар мұны босата ма, әлде біржолата жоқтауын асыра ма, болмаса ояз жанындағы орталық әтіретке айдай ма? – Оның бәрі де Берікбол үшін жұмбақ еді. Өз басын атса да, асса да, ашықтырып, болмаса ұрып-соғып қинаса да бәрін де көріп алмақ. Жан-жүрегін езгілеп, өлімнен күшті уайымы – иен таудағы үңгірді паналап қалған Кербезі еді. Өзегін өкініштің өзегі жеп бара жатыр. «Қалқам-ай, басынан соры ашылмаған мені қайдан ғана ұнатып едің? Уайым-қайғың жоқ, оң жақта отырған сенің ішіңе ойнақтап жүріп от салыппын. Өлісің бе, жаным, тірісің бе? Сенің маған деген қалтқысыз сезіміңнің садағасы болып кетсемші. Қайтейін-ай, қайтейін! О, Алла, бар болсаң Кербезімнің жанын сақтай гөр!». Ол үш күн бойы ұйқы-күлкі көрмей, торға түскен жолбарыстай алас ұрған.
Иә, мейірімі шексіз Алланың шапағаты мол екен.
Сол үшінші күні кешкілік шекара күзетуші заставадағы әскерлер абыр-сабыр жүгірісіп, мылтықтарын асынып, сап түзеп, бір жаққа қарай шаба жөнеліскен.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ

Пікір қалдыру