Күләш Ахметова. ЖЕР ҮШІН, ҒАЛАМ ҮШІН УАЙЫМДЫМЫН…

НҰР

Құтты күн!
Тағы да бір құрметті күн.
Мұншалық күн шапағын нұрлы етті кім?
Лә иләһа иллаллаһ!
Құтты күнді
Құрметтеп қарсы алуға міндеттімін!

Жақсы күн!
Жап-жарық күн,
Әппақ, ашық.
Ашылар менің көңілім Хаққа ғашық.
Бақбақтың қауызында мөлтілдеп тұр,
Жарықты жақсы көріп пәк, таза шық.

Көкте – нұр.
Көзімде – нұр.
Ішімде – нұр.
Нұр құшып ұшушы едім түсімде бір.
Құлшылық етіп жалғыз Жаратқанға –
Берілген бізге – сүю үшін де өмір.

Күн бойы
Қиялымда тағы ұшамын.
Алдымда аппақ мұнар, сары сағым
Бастай гөр тура жолға, ия, Раббым,
Бақытты – ақиқатты, таныса, кім.

Жарық таң!
Жасағанның әйбат таңы,
Анық қой айналаны жайнатқаны.
Абайла!
Адамдарды даттап, сынап,
Сыртынан айтқан сөздің ғайбат бәрі!
Әркімге
Жүрегіңнің мұңын шақпа.
Құйғытқан қиял да бір құлыншақ та,
Барады қандай пенде қиянатқа.
Осынша рахымды, сұлу шақта?!

Нұрлы күн!
Бақытты күн!
Нұр – айналам.
Нұрымен шыққан Күннің шырайланам.
Сезеді тіршіліктің құдыретін
Сәби де күлкісінде нұр ойнаған.

Самалмен таралғанда таң сыйлығы,
Қалады жан тазарып, тән ширығып!
Ауа, су, жемісті ағаш – жердің беті,
Құдай-ау, қанша нығмет, қанша игілік?!

Шалқиды Рахман нұры бар маңайдан.
Салмайды шаң ұшырып, жел де майдан
Санаға саңлау тауып жыр келеді,
Алыстан, не ғарыштан, әлдеқайдан…

Болжасам, болашақтың жайын бүгін,
Жер үшін, ғалам үшін уайымдымын…
Нұр төгіп, медет беріп жылжиды Күн
Жолымен мәңгіліктің, байырғының.

Құтты күн!
Құн жетпейтін қайырлы күн!!

АЙША БИБІ
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»
(Күмбездегі жазудан)

Күмбезін көріп анамыз Айша бибінің,
Көзіме жас кеп, кеудеме толды күй бүгін.
Сақтай алмаппыз бастапқы таза қалпында
Хас шебердің қалдырған қымбат сыйлығын.

Өрнекке қара өмірмен бүкіл өрілген,
Топырақ мықты екен ғой тіпті темірден.
Қымызға илеп, қыл қосып құйып, қыздырған
Қыштарды қатал уақыт қалай кемірген.

Жер сұлу – күзде.
Күздегі бұлттар тым кезбе.
Күздегі тірлік, күздегі көңіл мүлде өзге.
Бітпейтін мұң мен сағыныш, талант бірлігі
Биіктік берген, сұлулық берген күмбезге.

Жасайды даңққа бөленіп бөлек өрнектер,
Бас иер әлі қаншама ұрпақ, әулеттер.
Әйелдің атын қалдырды мәңгі,
өз атын
қалдырмай кеткен қарапайым бір сәулеткер.

Өткізді ме екен осында ол көктем, жазын да,
Өнер ғой майдай сазды дәл тауып қазу да.
Өнер ғой оны құю да…
Бірақ шынында,
Өнердің нағыз көкесі анау жазуда!

Шеберлігі үшін таласпаймын да ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»
Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.

Әйелдің әнін қорғауға әркез даярмын,
Мәніне қара қайсыбір жырдың, қай әннің.
Айшаға күмбез орнатқан ел ғой,
туғызған –
Бейнесін асыл Қыз Жібек пенен Баянның.

Күмбезге қарап тумайды қалай шалқыма,
Ерлік пе, әлде елімнің үлгі салты ма?..
Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің
Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма!

ТАҢНЫҢ АЛТЫН ШАПАҒЫ

Бүрмеленіп ірге жақ,
Орын қалып түнге аз-ақ,
Ығыстырып келеді
Үр жаңа күн бір ғажап.

Үлбірейді гүл нәзік
Таңның шығы – гүлге азық.
Құстан бұрын оянам
Жүрегіммен жыр жазып.

Нұрмен тарап шашымды,
Таң пердесі ашылды.
Аяғымның астына
Алтын, гауһар шашылды.

Табиғат та баянды,
Таң шапағына боянды.
Күліп ашып көздерін
Немерелер оянды.

Кеңейеді шығысым,
Көбейеді ырысым.
Дүниенің естимін
Дүбірлеген дыбысын!
Таңғы нәсіп бұйырды.
Тостағаным бүйірлі.
Қаратаудың бойында
Жылқым жатыр үйірлі.

Құт толтырды үйімді.
Таудай байлық жиылды.
Күллі әлемнің шаттығы
Шаңырағыма құйылды.

ЖАРАТЫЛЫС

Алла – бір.
Барлығынан сол ғана асқан.
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.
Жұлдыздар керуен түзеп,
Кеңістікке
Тәңірлік шеберлікпен орналасқан.

Құс жолын құндағымда көрсем керек.
Қарасам, биіктейді еңсем бөлек.
Ауқымын алыс көктің парықтауға
Ғарыштық құдіретті өлшем керек.

Шарқ ұрып,
Таппаған соң теңбе-теңін,
Ойымды жер бетімен тербетемін.
Мәңгі бол,
Жаратқанның хикметтерін
Көтерген көгілдір шар, кең мекенім!

Дәл мендей тауға біреу құштар ма екен?
Сонша асқақ сонша сұлу сұс бар ма екен?
Ауаға бауырымды төсеп қана
Ақ таулар үстіменен ұшсам ба екен?

Су менің таңданғаным сосын анық
Ілесем киттерге іштей қосыла құп –
Жүзгендей кең мұхитта кедергісіз
Түпсізді түзу жарып, осып ағып.

Мұхиттар дөңбекшиді шабыт қысып,
Бұлттар да жүйелі бір бағытқа ұшып,
Ай мен Күн алмасады
Айнасынан
Айналған Жер жүзіне жарық түсіп;

Табиғат толықтырып бір-бірін бек,
Жел тұрып, жасын ойнап, су гүрілдеп,
құс ұшып, орман шулап, мал жайылып,
Шегіртке секіреді –
Гүл дірілдеп!

БАЯНАУЫЛҒА БАРҒАНДА

Қазақтың даласына шын ғашықпын
Қалада тұншыққанда қырға асықтым.
Көруге Баянауыл суреттерін
Сұранып сұлу күзде жолға шықтым.

… Кең дала. Қаладағы кептеліс жоқ
Саф ауа, самғайтындай тек періште.
Көліктен көкжиекке дейін түгел
Көзіме көрінеді теп-тегіс боп!

Жол – жазық. Жол төселген Жер де – жазық
Ән – нәзік. Ән тыңдаған мен де – нәзік.
Керемет жанға рахат сезім кешіп,
Кеңдікте демаламын кеуде жазып!

Жан далам, жарылқанған рахым, нұрмен.
Өзіңе өзегімдей жақынмын мен.
Жаныммен, жүрегіммен жақсы көріп,
Көзіммен сүйіп келе жатырмын мен!

ТАҢ

Төгiл, шуақ!
Даланың көркiн құрап,
Желмен ойнап желбiре,
Желпiн, құрақ!
Жұмыр Жердiң жүрегiн дүрсiлдетiп
Жүгiрiңдер, еркiн жел,
Еркiн бұлақ!

Суы – сылқым даланың,
Бұлты – сылаң,
Бәрi ғажап өлкеде бұлқысын ән!
Құстар әнiн тыңдатып
Үй тұсынан,
Алма бақтар оянсын ұйқысынан!

Таңның нұры!
Ай жүзiн жасырасың.
Төгiл!
Жарық үмiттер жасымасын.
Ақ сәуледен тәж киiп басына шың,
Алтын шапақ далаға шашырасын!

Қуансын деп жарыққа қарап бәрi,
Асығады таң нұрын таратқалы.
Қандай бақыт – далада бидай толқып,
Тыныштықпен Елiңнiң таңы атқаны!

Адамдарды таңдантып, мәңгi ойлантып,
Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.
Мына шексiз ғаламда
Өз далаң мен
Өз Отаның болғаны қандай бақыт!

Таң келедi.
Бойында қанша нұр бар!
Өз Елiңдей ел болмас жер шарында,
Отандастар!
Отанның жаңа таңын
Ерте оянып, қуанып қарсы алыңдар!
Қайырлы таң!

Қасиетті мекенім

Тәуелсіздік бәрінен қымбат.
Қ.К. Тоқаев

Баяғы ауасы – әтір самалы ескен,
Балауса балғын шақты алам еске.
Құлпырған гүл бәйшешек арасында –
Нұр тұнған қасиетті далада өскем!

Қай шебер табиғатпен таласа алған?
Таза су, тәкаппар тау, тамаша орман.
Осынша ұлан-ғайыр кең даланы
Жаратқан қазағыма бере салған!

Қабылдап ырзалықпен бұйырғанын,
Қарауға қанағатпен бейім қауым.
Адамды құрметтеуді биік қойған,
О, менің текті халқым, мейірбаным!

* * *
Жаратқан жақсылықты жақтайды анық.
Президент сөз айтыпты қатты ойланып –
Егілсе екі миллиард ағаш, шіркін
Байтақ жер кетпес пе еді баққа айналып?

Кім ондай ұсынысты қолдамасын?
Табылған ақыл-ау деп таң қаласың.
Ауа да тазармай ма жұпар аңқып,
Көркейтсе қазағымның кең даласын.

Күллі әлем жаһанданып жатқаны шын.
Қазағым жерұйығын тапқаны шын.
Әлемдік салтанаттың бір жұлдызы
Мерейлі мемлекетім, мақтанышым!

Өтпеген Ел басынан не замандар?
Көк – куә, көмкерілген аспан заңғар –
Бір сүйем жерді бермей қан майданда
Қорғаған баһадурлар, қаһармандар.

Түсініп аспан сырын, дала заңын.
Таба алған табиғаттан қалағанын.
Меңгеріп мезгілдің әр құбылысын
Мықты екен өмір сүрген бабаларым!

Күй қайда домбыраның күйіне тең?
Ән мен жыр – рухани биігі екен.
Салт-дәстүр, жол-жобаны нықтап кеткен
Халқымның қасиетің сүйіп өтем!

Жүрегім қуанады, лүпілдейді,
Мендегі бүкіл ықылас, бүкіл мейірім
Тоғысып –
Жаратушы Иеміздің
Өлшеусіз нығметтеріне шүкір деймін!!

Туған жер, дидарыңа көз қана ма?
Ғашық ем боз жусанды боз далаға.
Бозторғай, боз ала таң – жыр мен сурет
Дүние-ай, не жетеді өз далаңа?

* * *
Бұл өлке біздер үшін бақ, құт дер ек.
Осында бақыт кілтін таптық дер ек.
Айырылып ата-жұрттан қалмау үшін
Бауырлар, бірлік керек, сақтық керек.

Дұшпанның жобаларсың түр-тұлғасын.
Қайткенде болу керек рухың басым.
«Ақтабан шұбырынды» еске оралып,
«Алқакөл сұламалы» күн тумасын!

«Қаратаудың басынан көш келеді,
Мөлтілдеп қара көзден жас келеді»
Тарихи оқиғаны суреттеген
Түседі жыраулардың еске өлеңі.

Ерлердің бағдарласақ ерлік ісін,
Заманның сараласақ белгілісін,
Тарихта барлық соғыс
Болған екен
Жер үшін, Отан үшін, теңдік үшін.

Азаттық – жүрегімнің асыл әні.
Көк туым көзіме оттай басылады
Тәуелсіз, еркін елде ұрпақ үшін
Арманның бар гүлдері ашылады.

Тұрсын деп түн де тыныш, таң да құтты.
Қарсы алып керуенін мәңгі уақыттың
Ұлтының мүддесі үшін, ертеңі үшін,
Тас түйін бола білген ел бақытты!

Құйылып көк аспаннан көркіне нұр,
Жатыр-ау мейірленіп алтын өңір.
Бағынбай басқа жұртқа,
Енді қазақ
Сүрсе екен өз жерінде еркін өмір!!

Саналы жас ұрпаққа тіл қатамын.
Тереңде – мағынасы бұл батаның.
Иманды жүрекпенен сүйе білсең,
Бақыттың тұғыры ғой нұрлы Отаның!

Ойланбай күн кешудің өзі айып қой.
Қай кезде ақындарда азайыпты ой?
Жас ұлан, басқа жақтан бақ іздеме,
Өз елің, өз Отаның ғажайып қой!!

АНА ТIЛI

Немесе «Қай тiлдердi бiлесiз?» деген сұраққа жауап

Өнер дертi көтерiп ыстығымды,
Өлең жазып өткiздiм қысқы түндi.
Барлық тiлдi бiлем мен, Муза келсе,
Адам түгiл, түсiндi құс тiлiмдi.

Бұл сөзiме айтпассың дау, қарағым,
Бiр құдiрет барлығын баурағаным.
Барлық тiлдi бiлем мен,
Байронды яки
Петрарканы арнаған Лаураға әнiн,
Өз тiлiме қаласам, аударамын.

Жазғы гүлдей жырларым қаулар әлi,
Россияның сөйлетем тал-дарағын,
Құстың тiлiн аударса Россини,
Россинидiң әуенiн аударамын.

Аударамын жұлдыздар әңгiмесiн,
Аударамын жүрек пен жан күресiн.
Табиғаттың, өнердiң, музыканың
Баламасын табуда мәңгi үлесiм!

Бояуларын сөйлетем небiр күздiң
Тiлiн тауып, күшсiз-ақ темiрдi үздiм.
Түннiң тiлiн ұққандай түсiнемiн
Аппақ ойын қап-қара негр қыздың.

Кетпесiн деп ауаны түтiн бояп,
Жыр жазамын әр сөзiм үкiмдей-ақ.
Өнер тiлiн, гүл тiлiн түсiнемiн
Икебана мектебiн бiтiрмей-ақ.

Судың тiлiн түсiнем, тап-таза ақса,
Жыңғыл жырын түсiнем, отқа жақса.
Дүние тiлiн қабылдап жүрегiммен
Сөйлетемiн қайтадан тек қазақша!
НАУРЫЗ ТОЙЫ

Наурызгүлдер, алыңдар жаңа тыныс,
Наурызкөк құс оралды қанаты ырыс.
Нәзік еді не деген жарықтық-ай,
Жан мейірімін оятқан жаратылыс.

Ериді екен көкпеңбек тастар тәні,
Еркебұлан көктем ән бастар тағы…
Бірнеше елдің жеріне жетер еді –
Қосып жайса, қазақтың дастарқаны!

Аңсаттырған асыл күй, лағыл шақтар,
Ата жолын ақылды қауым сақтар…
Балалардың қолында уыс-уыс
Үлпілдеген сап-сары бауырсақтар.

Дастарқанға қоямыз барымызды,
Көршілерге көршілер баруы – ізгі.
Жент сақтаған жеңешем ұсынады
Тостағанмен биылғы сары уызды.
Шайылғандай мұң, кірбің, тозаңдар да,
Жабықпайсың жаныңда наз, ән барда.
Нағыз әжей ойлайды нағыз салтты,
Наурыз көже қайнайды қазандарда!

Келгендерге алғысын жауғызды әже,
Ырыс басы – ол үшін жалғыз меже.
Мол астық пен тоқшылық тілекшісі –
Жеті түрлі дән қосқан наурыз көже.

Ән салыңдар, би билеп, шаттаныңдар,
Ұлы күнін ұлыстың атқарыңдар.
Туындасын бұл күні бүкіл өнер,
Жығылмасын бәйгеге шапқан ұлдар.

Наурыз келді нұрланып, аты да аңыз.
Табиғаттың тамаша сәті нағыз.
Бүгін біздің ауылда ұлы думан,
Келіңіздер, ағайын, шақырамыз!

АЛМАТЫ

Жайнаған гүлдей жамалы бөлек кентімсің,
Көктемнің нұры көркіңді сенің келтірсін.
Ғимараттарымен кеңейіп қанат сермеген
Қазақстанымның еркесіндейсің, еркінсің.

Шаһарым менің, шаттығым, әнім, шәрбатым,
Шапағаттанып жатасың-ау сен таңда тым.
Шілдеде гүлге, ақпанда қарға бөленіп,
Шәйі бұлттардан шәлі байлаған Алматым!

Құйын фонтаннан сезімнің алып бастауын,
Қыдырсақ алтын алма бақтарда жас қауым.
Сүйген жүректің лүпілін қосып үніне,
Сыңғырлаушы еді бұлақтан таққан шашбауың…

Серуенге шығам, шақырса кейде Көктөбең,
Көктөбе жақтан көрінеді екенсің көп төмен.
Көкпеңбек мұнар перделеп сонда жүзіңді,
Қиялға батып, ойға қаламын көптеген…

Қым-қуыт ойлар басады кейде мысымды,
Мезгілім маған беймаза күдік ұсынды.
Бұлақ суымен жуғым келеді бір уақ
Жұлдызды жауып, аспанды басқан ысыңды.

Гүлдеймін бірге гүлдейтін болсаң егер сен,
Көгерем бірге көктемде өзің көгерсең.
Сенімен бірге селге де қарсы тұрам мен,
Сенімен бірге көремін мен де не көрсең!

Өзіңнен күндей тарар деп байтақ елге ізгі үн,
Жыр жолдарына жақсы үмітімді енгіздім.
Тәкаппар таудың тәжді шыңдары сүйеген
Намысымыз бен мәртебемізсің сен біздің!

ҚУАН ЖҮРЕК

Қуан, қуан, құлын жүрек,
Күннің нұры тұр елжіреп.
Күнің барда, үйің барда,
Риза бол бұйырғанға.

Қуан, қуан, адал жүрек,
Құлазысаң, қалам жүдеп.
Қуанышың, күлкің барда,
Құралады мүмкін мал да.

Қуан, қуан, құба көңіл,
Бір орында тұра ма өмір?
Өмір барда, ғұмыр барда,
Талпын биік тұғырларға.

Қуан, қуан, құйын көңіл,
Құлпырып тұр биыл да өңір.
Суың барда, наның барда,
Туған елге әніңді арна.

Қуан, қуан, жалқы жүрек,
Жақсылықтың ауқымы көп.
Ауаң барда, дауаң барда
Сәлем жолда адамдарға.

Қуан, қуан, ұлы жүрек,
Желбіреп тұр Туым жібек.
Туым барда, Елім барда,
Бақытым бар менің де алда!

Пікір қалдыру