ҰШҚЫШ КІЛЕМ

«Егер тілім ертең болса құрымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ…»
(Дағыстанның халық ақыны Расул Гамзатов).

«Шіркін-ай!.. Ғайыптан тайып,
ұшып кетсем ғой!..»
(Айбын)

Ұлылардан ұлағат

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

Үйге кеудесін ыза кернеп оралды. Шарасынан ыршып шыққан көз жасы бетінен құлдилай өңіріне тамды.
– Орысша дым білмейсің сен! – деген-ді Нұржан әлгінде.
– Сен қазақшаға шорқақсың! – деген Айбын сөзден жығылмауды ойлай.
– Не тантып тұрсың, ә? – деді анау енді шап етіп.
Бұл да қайтпады:
– Не естісең, сол! – деді тістенген қалпында.
– Колхоз! – көршінің баласы түйіле қалды, – Деревня!..
Онымен де тоқтамады, жұдырығын түйе қасына жетіп келді. Төбелесетін сыңайы бар. Көзі қанталап кеткен. Есіне әжесінің «Құлыным, «аш пәледен – қаш пәле» деген. Бұзақы бала көрсең олардан аулақ жүр!» – деген сөзі түсіп, Айбын кері бұрылды да үйіне қарай жүре берді.
– Әже-е! – деді табалдырықты аттаған бетте дауыстап, – Ә-ж-е-е! Қайда-а-сың-ң?!
Жүгіре басып бөлмелерді аралап шықты. Бір жаққа шығып кеткен-ау, тәрізі, көрінбейді. Негізінде бұл уақытта ол кісі үйде болуға тиісті еді. Немересін тосып, қоңырау шырылын естігенде өзі келіп есік ашатын. «Қап-ай, ә?!.»
Айтқанын орындатпай қоймайтын, бірбеткей Айбынға сыныптасы Нұржанның жаңағы сөзі қатты батқан-ды. Әрине, айналасы солай болғаннан кейін орыс тілін білуі керек. Сынға салса білуін біледі де. Дегенмен дәл шикілсары, мақтаншақ Нұржандай сайрай жөнелмесі анық. Нұржан болса, қазақ сыныбында оқығанымен, сабақ арасындағы үзіліс кезінде және мектептен шыға бере таңдайы тақылдап, өзге тілінде шүлдірлей жөнеледі. Сонда кімді алдайды?! Ана тілін менсінбей ме?! Сонда ана тілі оған керек емес пе?!
Нұржанның кекетіп-мұқатуы алғаш емес. Қалайда бір мін тауып тиісіп қалуды, жоқ дегенде сөзбен шымшуын қоймай келеді.
– Кешірмеймін оның мына сөзін!.. Кешірмеймін-н-н-н!..
Айбын балалармен арада болып тұратын артық-ауыс әңгімелердің бәрін жіпке тізіп, әжесіне жеткізе бермейтін. Нұржанның мына қылығын айтпаса, ішіне сыймайтын секілді. Не деген қырсық, не деген ұрыншақ бұл Нұржан?!
Әкесі Айбынға, «әжесінің еркесі ғой» деп әзілдейтін. Шынында, қара баланың арқа сүйер, «басынан құс ұшырмайтын» әжесі – Құралай бар. Ол барда әке-шешесі мұнымен «байқап» сөйлеседі, әрине. Дәл осыны біле тұра бала «мені әжем жақтайды» деп орынды-орынсыз шолжаңдауды тағы жөн санамайды. Ақылына жүгінгенінен шығар.
Қазақы тәлім-тәрбие көріп, жақсы-жаманды айырар есті баланың қазақ тіліне деген құштарлығы ерен. Кішкентай кезінен-ақ өлеңдер мен мақал-мәтелдерді тез жаттап алатын.
Үш жасар кезінде ол қазақ радиосынан ақын Жұбан Молдағалиевтің:
– Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен күн түрілген, – деген өлең жолдарын естіген соң өз-өзінен: «Мен қазақ, әжем қазақ, көкем қазақ, – деп тақылдауды әдетіне айналдырып алды.
Мұны байқаған әжесі зерек немересін кітап оқуға баулыды.
– Кітап оқы, құлыным, – деген Айбын екінші сыныпқа көшкен жылы әжесі, – Өйткені, кітап оқуға дағдыланған баладан оқымысты, елге сыйлы жақсы адам шығады. Кітап оқу – тіл үйренудің үлкен мектебі.
Таң-тамаша болды.
– Әже, шынымен де кітапті көп оқыған адам оқымысты бола ма? Оқығанының бәрін қалай есіне сақтайды?
– Оның бәрі қаперге және уақытты дұрыс жұмсауға байланысты.
– Қызық екен.
– Мына бір мәліметке назар аудар, айналайын. Мамандардың пікірінше, адамдар 70 жылдық өмірінің 23 жылын ұйқыда, 13 жылын әңгімелесуде, 6 жылын тамақ ішу үстінде өткізеді екен. Бұған мектеп партасындағы, студент аудиториясында, жұмыс столында, станок жанында немесе егіс даласында өткізетін уақытты қос. Мұнымен қоса, әрлі-берлі қозғалысқа, қоғамдық жұмысқа қатысуға кететін уақытты және есептеп шығар. Сонда біздің тек апталар мен күндерді ғана емес, тіпті сағаттар мен минуттардың өзін босқа жіберерліктей бай еместігімізге көз жеткізу қиындыққа түспейді. Ал өмір бір орнында тұрақтап қалмайды: өзіміз таңдаған ісімізде белгілі бір табысқа жетуіміз өзіңдей жас кезде алыс жолға шығар алдында жинаған біліміміздің парқына, асыл уақытты осы мақсат жолында қалай тиімді пайдалана білуімізге тікелей байланысты. Мысалға, мына бір жайға назар аударшы – кемел жазушы кезінде-ақ атақты Лев Толстойдың өз жұмыстарын, әсіресе кітап оқуды айға, аптаға, тіпті әрбір күнге жоспарлап отырғаны мәлім. 11 жасында айтулы ақын Александр Пушкин француз әдебиетін жетік білген.
Бірді айтып, бірге кетіп қалыппын ғой, ботам. Жас кезде алған білім – тасқа қашап жазылған жазу сияқты. Адам әсіресе, 25-30 жасына дейін жақсы есте сақтай алады. Одан соң қапер, әсіресе жаттықпаған қапер, біртіндеп әлсірей бастайды. Міне, осыларды жадыңа тұтқайсың.
Әжесінің сөзіне бала басын изей бергенін байқамаған.

* * *

Айбын былтыр Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» эпопеясын оқыды.
– Жазғы каникулдың екі айын тиімді пайдалан. Жалқауланба! Қалған бір айда ойнарсың, – деген әжесі бірде бір жағы өтініп, екінші жағынан бұйыра сөйлеп.
Әжесінің айтқаны, болса болмаса балаға заң. 1600 беттен тұратын төрт кітапті көргенде алғашында зәресі ұшқан.
«Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.
Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді.
Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады.
Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
– Мына баланың ауылға асығуын-ай!
– Сорлы бала қыстай іш құса болып қалған-ау, – деседі. Бала шәкірт ұзап кеткенде бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып отырып қуып жетеді. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына ілген ұзын қайың сойылы бар-ды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке шабудан тежеп:
– Енді бізден ұзап кетпе! Анау Есенбайдың жырасын білесің ғой!.. Ұры жатады… – деген.
– Сені мен бізді манадан көріп отыр! «Қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсіріп, атын әпкел өзінің!» – дейді де, сені төбеден бір-ақ нұқып, мына бәйге бестіңді алада да кете барады, – деді Жұмабай да.
– Е, сендер ше? Сендер беріп жібересіңдер ме?
– Ойбай, бізде не қауқар бар? Біз екеу-ақ…
– Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, – деп Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді…» – деп басталған жолдар, біраздан соң Айбынды өз иіріміне тартып әкетті.
Табандап отырып, екі жарым айда шығарманы оқып бітірді. Кітаптағы оқиғаларды кейде түсінде көретін болды. Қысқасы шебер жазушы өрнектеген бала Абайдан, дана Абайға дейінгі рухани әлемге сүңгіді. Оқып болғасын өзі түсінбеген кейбір шым-шытырық тартыстар мен оқиғаларды әжесінен тәптіштеп сұрап алған. Эпопеяның бірінші кітабындағы Қодар мен Қамқаның өлімін, Абайдың сүйікті әжесі Зеренің қазасын, Оразбай бастаған қара ниетті жаулардың, Сәмен содырдың Абайды қамшымен бастан тартып жіберіп, соққыға жыққан тұстарын оқығанда өзін-өзі тоқтата алмай, жанары жасаурап үнсіз жылағаны бар.
Міне, бұл білім дариясының тұнық бастауы болатын.

«Шіркін-ай, ұшып кетсем ғой!..»

Аралары екі жас, тете ағасы Жанбатыр екеуі оқыған кітаптарын талқылап, кейде қызыл-шеке айтысқа дейін баратын.
Айбын кішкентай күнінде: «Подушка – жастық, начальник – бастық, параход – кеме, не кушай – жеме» деп жағы сембей тақпақтап жүрді.
– Осы жарығым не таңдайы жарылған шешен, не ел бастайтын көсем болады, – деген сонда әжесі риза пейілмен.
Айбынның бойы аласа. Әкесі де бала кезінде тапал болыпты. Тек он жеті мен он сегіз жас арасында бойы бірден биіктеп кетті дейтін әжесі.
Зейнеткерлік жасқа дейін мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен ұстаздық еткен әжесі ұғымтал, зерек немересіне аңыз-әңгімелерді жиі айтатын. Әсіресе «Ер төстік», «Ағаш ат», «Жас баланың сапары», «Алтын балық», «Күлсе аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа моншақ-моншақ маржан түсетін құс», «Тазша бала», «Хан Шалқан», «Әбдірахман патша» сынды ертегілердің оқиғасы жадында.
Айбындар жазда Астанаға қоныс аударды. Ата-анасы көп қабатты үйден пәтер алды, компьютер сатып әперді, интернетке қостырды. Қалағаныңды қарай бер. Бірақ ол қазақ тіліндегі кітаптарды, «Балдырған», «Ақ желкен», «Мөлдір бұлақ» журналдарын оқығанды ұнататын. Компьютер алдында көп отырмайтын. Анда-санда мультфильм көретін. Жаңа «Samsung» смартфоны бар. Қарау лимиті – күніне бір сағат. Бұл да әжесі орнатқан тәртіп. Оны мүлтіксіз орындау – бала үшін заң.
Айбын көпке дейін ауылын, сыныптас достары Ермек пен Жомартты сағынып жүрді. «Шіркін-ай, ғайыптан қанат пайда болып, Гарри Поттер романындағы сиқыршы Гарри сияқты ұшып кетсем ғой! – деп қиял жетегіне еретін.

Орысша сөйлейтін балалар

Жаңа оқу жылы басталар алдында әжесі екеуі қала аралауға шыққан. Кітап-қағаздар, сабаққа қажет оны-мұны алған. Тәтті балмұздақ жеген. Сән-салтанаты келісті биік-биік ғимараттар мен тұрғын үйлердің сұлулығына тамсанып таң қалған. Тағы бір байқағаны, Астанада әйнекті, зәулім үйлер көп екен. «Шыныдан жасалған үй сыртын тазалап жуу қиын шығар» деп қиялға берілген. Қарай-қарай көзі үйренді ме, әлде егіз қозыдай бір-біріне ұқсаған ғимараттар жалықтырды ма, мына тірліктен кәдімгідей іші пыса бастады.
Сондай күндердің бірінде, сауда үйлерін аралай-аралай шаршап, орталық алаңдағы сәкілердің біріне келіп әжесі екеуі тізе бүкті. Күн қызуы шекесінен өтіп, терлеген соң маңдайын сүртті.
Шындыққа жүгінсе, бала абыр-сабыр, у-шу қала тіршілігін қабылдай алмаған. Бойында жатырқаушылық бар-ды. Үлкендер де, балалар да, әбігер, асығыс. Әжесінің сөзімен айтқанда «құйған астары суып бара жатыр ма?». Неге сонша қапылыс? Қайда барады? Автобус толған адамдар. Әжесіне үлкен кісі ғой деп ешкім орын ұсынған емес. Әнебір жерде анасының жанында өзімен құралпылас үрпек бас, көзі бақырайған шикіл сары бала отыр. Өзі сондай сөзшең екен. Аузы жабылмай әңгіме айтуда. Олардан әрірек ақ сақалды атасымен кішкентай қыз жайғасыпты. Ол да Айбынның әжесін көрді. Бірақ қозғалар емес. Өзі орысша сайрап отыр. Атасы ескерту жасап, айтпай ма? Қызық екен?
Орыс тілінен қиыншылық көрді Айбын. Жаңа ғана соған байланысты дау шықты…
Баланың түсінбейтіні, аулаға шықсаң шетінен орысша сөйлеген балалар. Үлкен кісілер де солай. «Ой, Алла! – дейді ол құдды әжесіне ұқсап. – Қазақ тілін менсінбей ме?! Нұржанның сөзі, әне!..»
Ол орнынан тұрды да, жүгіріп барып дүкеннен елу шар сатып әкелді. Қызыл, сары, жасыл, көк шарларға қатты қызықты.
– Оһо! – деді шаттанып. Қуанышы ұзаққа барған жоқ. «Жарайды, мына шарларға ауа толтырармын! Тіпті ұшармын! Ойлаған жеріме жете аламын ба?!. Кішкене ойланайын… Әжемнің көп мақалының бірі: «Асыққан – сайтанның ісі» – деуші еді. – асықпайын…»
Шапшаңдата үйге жетті де, қара барқыт шалбары мен күздік пальтосын, басына сұр қалпағын киіп аулаға шықты. Таяу жерде саябақ бар еді. Сәнді сәкілер қойылған. Кешке таман бұл жерде өзара сұхбат құрып, ойнаған немерелеріне қарап, тізіліп қарттар отыратын.

Сиқырлы кілем

Айбын қолындағы қоңыр сөмкеден кілем шығарып, орауын жазды…
Оқырманға түсінікті болу үшін, кілемнің тарихын қысқаша баяндайын.
Үлкен кісілердің дағдысы ма, әлде әжесі жастық шағын аңсап, сағына ма, ара-тұра төр үйдегі көк сандық ішінен оны-мұны заттарын: көйлек-көншек, білезік, камзол, шешекті жібек орамал, алтын жүзіктерін шығарып, зер сала қарап, әспеттей бүктеп қайыра салып қоятын. Бір күні сандық түбінен ораулы қызыл кілем шығарып ұза-а-ақ үңіле қарап отырды да, жанары жасаурап қоя бергені. Баланың да көңілі босады. Жүрегі лүпілдей соғып, үнсіз отырып қалған. Әжесі бір кезде жас шылаған жанарын қол орамалмен сүртіп әңгіме бастады:
– Бұл кілем маған сондай ыстық. Шешемнен қалған құнды жәдігер! Көріпкелдік қасиеті бар ағасы, дүниеден өтерін білді ме екен, «көзімдей көр» деп анама сыйлапты. Мен ес білгелі сандықта сақтаулы.
Жарықтық Қабдолла атам осы аймаққа: Бұлақ, Қарағай, Ақтас, Құмтөккен өңіріне әйгілі бақсы, тәуіп, емші болған. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарды қасиетті Құранның аяттарын оқу арқылы емдейді екен. Бір күні Қабдолла атамды бес-алты әйел өз үйлерінде отырып, ғайбаттап сөге-жамандаған ғой. Манағы өсекші қыз-келіншек еттерін жеп, шәйларін ішіп, үйлеріне қайтпақ ниетпен есік алдына шықса, табалдырық алдында бойы серейген сары шашты сары қыз тұр екен дейді. Ал керек болса! Ғайбатта қасиет қонған адамды!
Сен бұған ертегі деп сенбеуің мүмкін. Бұл енді айдай ақиқат! Сәл есейгенде көзің жетер.
– Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» фильмі қиял-ғажайып болса да, жетелеп отырады. Бірнеше рет көрдім. Хогвартс «мыстандар» мен «сиқыршылар» мектебінің оқушысы Гарри Поттер мен оның достары Роналд Уизли, Гермиона Грейнджерлердің бастан кешкен хикаяты ғой. Идеясы – зұлым сиқыршы Лорд Волдемортты жеңу.
Сол «Гарри Поттер» фильмінде бір нәрсе жетпей тұрған сияқты көрінеді… Сіз қалай ойлайсыз?
– Сиқыршылық күнәға жатады. Дін исламға дейінгі, баяғы заманда айға, күнге, отқа табыну болған. Қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, аққан жұлдыздай отыз жаста өмірден озған Шоқан Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Тәңірі – Құдай» деп аталатын танымдық мақалаларында бақсы-балгер, тәуіп-емші туралы егжей-тегжейлі баяндалған.
Шамандар аспан тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары есебінде саналған. Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, өзгелерден мәртебесі жоғары. Ол ақын да, күйші де, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы. Қазақтар шаманды бақсы дейді, ол сөз моңғолша оқытушы, ұйғырша бахшы десе, түрікмендер осы атаумен өздерінің ақындарын атаған.
Атақты бақсылар барлық ауруларды емдеген, қарынды тіліп ота жасаған, әйелдердің аман-есен босануына болысып, албастыларды рухымен сескендірген, керемет ойындарымен өзінің рухын шақырып, бал ашқан. Шамандық сенімнің жоралғылары бертінге дейін келгенін үлкендерден естігем.
Сайтан, жын, пері, марту…
– Атеистер мен философтар жындар тіршілігі бар екенін жоққа шығарады, – деп сөзін жалғады әжесі. Олар жындар әлемін көзбен көруге мүмкіндік болмағандықтан және сезіммен қабылданбайтындығын алға тартып, оны дәлелсіз аңыз, миф түрінде қарастырған. Олардың қатарында дінді «апиын» деп санаған коммунистік идеология да бар.
Адамның көру және сезу қабілетінің мүмкіндігі шектеулі, аясы тар. Ақиқатында, жындарды көрген, олардың келгенін сезетін адамдар болған және әлі күнге дейін бар. Оларды кейбір жануарлар да көре алады. Ғылым мен техника қаншалықты дамыды дегенімізбен, бүгінгі таңда адамзат қол жеткізіп отырған ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар Алла Тағаланың құзырында теңіздің бір тамшысындай ғана болары анық.
Әжесі сәл тыныс қайырғанда Айбын араға сұрақ қыстырды:
– Әже, албасты деген не?
– Албасты – түркі халықтары фольклорында кездесетін мифологиялық кейіпкер. Ол – шайтан, жын, пері, марту секілді жағымсыз күш иесі. Кейбір фольклорлық шығармаларда әйел түрінде берілетін, енді бірінде түлкі кейпіне енетін адам сипатынан гөрі демондық, яғни әзәзілдік сипаты басым, адамға қас дүлей күш.
Көптеген аңыз-әңгімелерде албасты жалбыраған сары шашты, тісі ақсиған, кейде құс сияқты немесе өкшесі теріс қарап тұрған, үстін жүн басқан болмаса керісінше, арқа жағы тыр жалаңаш деп сипатталады.
Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз жыраудан бастап, Шал ақын, бертінгі Дулат Бабатайұлына дейінгі ақын-жазушылар дін-исламды терең білген.
Абай – ислам дінінің уағызшысы, дейді теолог ғалымдар.
– Намаз оқығаныңыз болмаса, діни біліміңіз жоқ. Осының барлығын қайдан білесіз, әже?
– Сауалың орынды. Сәждеге жығылмас бұрын бір жыл бойы ислам теориясын үйрену мақсатында көп іздендім. Мешіт жанындағы алты айлық сауат ашу курсына қатысып, араб тілінің тәжуитін меңгердім. Қазір мүмкіндік көп. Интернетке үңілесің бе, діни кітаптар оқисың ба, толып жатыр.
– Түсіндім, әже. Хәкім Абай туралы айтып келе жатыр едіңіз…
– Бүгінгі ақын-жазушылар мен ғалымдардың көпшілігі Абайды тек ақын ретінде бағалайды. Ал Ибраһим Құнанбайұлының өмір жолына қарайтын болсақ, оның ислами хақиқатты терең түсінгенін, өзі өмір сүрген дәуірдегі ешқандай діни ағымдарға бой алдырмағанын және көзқарасын халыққа түсінікті тілмен айтқан, анық жазғанын байқаймын. Халқымыздың бүгінгі қаламгерлері, өнер адамдарының көпшілігі ислам дінін Абай атамыз түсінген деңгейде түсіне алмай жүргені өкінішті-ақ…
Әжеңді «ақыл айта береді» деп сөкпе! Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсарин:
Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық!..
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар, – демей ме?
Жә, осы да жетер… Имандылық бұлағынан сусындағың келсе, оқы, ізден!..
Қабдолла атамдай бақсы-балгер, тәуіп, көріпкел адамдардың болғанын теолог ғалымдар мен имам-молдалар да жоққа шығармайды.
Мына кілем – соған айғақ!
Үстіне отырып, «Бісіміллә! Көтеріл!» десең ұшады.
«Әп, бәрекелді!»
Айбынның іші қылп ете қалды.

Ұшатын кілем

Кілем қауырсындай жеңіл екен. Үйде ешкім жоқ кезде орауын жазып көрген. Әжемнің айтқаны шын болып, ұша жөнелсе қайтемін?! Тәуекел, тәжірибе жасап көрейін деп ойлады Айбын.
– Бісіміллә! Көтеріл! – деді бала кілем үстіне жайғасып отырған соң.
Кілем баланы қаңбақ құрлы көрмей, қалықтап көтеріліп бара жатты.
– Төмен-н-н!.. Төмен-н-н түс! – деді зәресі ұшқаннан тұтыға.
Содан бері маңына жолаған емес. Орайы енді келген сияқты. Бала үйден шығарда: «Ардақты, әже! Аяулы, әке-анашым! Мен бір жаққа кетіп барамын. Көп ұзамай оралам. Беттеріңнен сүйдім. Айбын. 09.10.22 жыл» – деп ақ қағазға жазды да, ас үйдегі үстел үстіне қалдырды.
…Төңірек тым-тырыс. Самал желмен сыбдыр қаққан ағаш жапырақтары баланың ісіне сүйсінді.
– Дұрыс Айбын! – Жапырақтар жамырай тіл қатты.
– Алғысым шексіз! – деді бала.
– Қолдаймыз!..
– Арманыңа жет!.. – деді тал-теректер де бастарын барынша иіп.
Айбын кілем үстіне отырды да,
– Бісіміллә! Көтеріл! – деді сыбырлап.
Күздік пальто, екі-үш жейде, құлақшын ала шыққан. Қоңыр сөмкеде мұнан басқа пәтер кілті, бір уыс кәмпит, пешене және дәптер мен қаламсап бар.
Кілем көп қабатты тұрғын үйлердің төбесінен асып кетті.
– Ана баланы қараңдар! – Аулада жүрген бес-алты қара домалақ Айбынды көріп айқай салды.
– Қайда?
– Қара аспанға!
– Кім ол?
– Ана бала ғой… Әлгі…
– 6 сыныпта оқитын ұл ма?!
– Иә.
– Жазда көшіп келген…
– Сол…
Айқай-шу естіген «Самал» мөлтек ауданы тұрғындарының қарасы молая түсті. Арасында ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар да жүр.
Бала әуелгі сәтте қорқып еді, аздан соң сынаққа бойы үйрене бастады.

Шопан қол бұлғайды

«…Е-ей-й!.. Саяхатшы бала! Жолың болсын қайда барсаң да!..»

Шопанның батасы

 

Көк аспанның шеті мен шегі жоқ секілді. Қанаттарын бірқалыпты қаққан қаздар ұшып барады. Айбын да қалысар емес, астындағы кілемі жәйімен сырғып келеді. Биіктен жерге қарау сондай қызық. Адыр-адыр белдер, аласа төбелер, егіс алқаптары төменде қалып жатыр. Баланың көңілі көтеріңкі, шат-шадыман.
Үш бұрыш жасай әуелеген қаздардың алдында – Ақылбек. Арада біраз уақыт өткен соң Ақылбекті келесі қатардағы қаз ауыстырды. Одан кейін келесі қазға кезек тиді. Осылайша үнемі ауысып отырды, яғни көш бастаушы шаршаған шағында келесі құсқа орын береді, сол кезде ең аяғындағы қаз келесі қатарға шығады. Әлсіз құстар сол үшбұрыштың ішінен тағы бір бөлек үшбұрыш ашып, сонда ұшады және олар алдағы қатарға шықпайды екен.
Не деген реттілік! Не деген тәртіп!
Аспан қылаусыз ашық. Күн жылы. Толқын-толқын, іркес-тіркес ақша бұлттар бірі-бірімен жарысқандай әлдеқайда көшіп барады. Жердегілер ала­қандағыдай айқын көрінеді. Әне, анау тұста бір отар қой жайылып жүр.
– Қараңдар!.. Төменге қараңдар!.. – деп дауыстады бір жас қаз. Тарыдай шашылған қойлар қадала жабысып, жерден бас көтерер емес. Күнде көретін көріністері болғасын ба, олар аспан жаққа қарар емес. Ат үстіндегі шопан бала бас кимін шешіп, қол бұлғайды:
– Еһе-ей!.. Әуеде ұшқан сұр қаздар! Жылы жаққа барсаңдар, бізден сәлем айта барыңдар! Жол амандығын тілеймін!.. Алдағы көктемде жолыққанша, сау болыңдар!..
Шабан торысын тепеңдеген шопан бала кенет тоқтай қалды да, жерден жеті қоян тапқандай:
– Ой-Алла-ай!.. Мұндай нәрсені кім көрген!.. Ана ұшып бара жатқан кілем бе?! Не пәле бұл?! Кісі отыр ма үстінде?! Жо-жоқ, мен сияқты бала екен!.. Бала ғой!.. Бәсе, кілем үлкен адамды көтере ме?!
– Е-ей-й! Саяхатшы бала! Жолың болсын қайда барсаң да!..
Шопан бала әуелеп ұшқан қаздар мен Айбын көрінбей кеткенше қол бұлғап тұрды.

Қазақша сөйлейтін қаздар

«Отан!
Отан!
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті түнін сүйем..»

Мұқағали Мақатаев

 

Баланың құлағы елең етті. Ұшып бара жатқан қаздарды көріп, дауыстады:
– Е-ей, қаздар!.. Қаздар деймін!.. Бес мүйнетке бері бұрылыңдар!..
Құстар екпіндерін азайтып, кері бұрылды.
– Жол болсын! Қайдан келесіңдер? – деді бала жақындап.
– Солтүстіктен келеміз.
– Петропавл жақтан ба?
– Иә.
– Қызылжарлық қаздармыз…
– Естуің бар шығар.
– Қызылжар өлкесін білемін. Корнеевкада – Тораңғыл, Мамлютка жақта Меңгесер көлдері бар емес пе?
– Тура айтып тұрсың…
– Танысқаныма қуаныштымын, – деді бала.
– Біз де қуаныштымыз, – деді едәуір ұзын мойынды, басы кішкене және аяғының ұзындығы қалыпты, ірілеу денелі сұр реңді қаз.
– Қазақша сөйлегеніңе қайранмын.
– Таңырқайтын дәнеңе жоқ! Қазақ тілін білеміз.
– Е-е, білмегенде! – деді жастау қаз да сөз қосып.
– Қазақ тілінде өлең де айтып береміз, – деді үшінші біреуі.
– Тыңдайын, бір тақпақ айта қойшы?
– Қай тілде? – деді, таңырқаған Айбын.
– Қазақ тілінде.
– Мұндай ғажапты естімеппін…
– Бізбен жүрсең, талай қызыққа кенелесің.
– Өлең тыңдайын.
– Мақұл, – деді сұр қаз тамағын жөткірініп. – Мұқағали Мақатаев.
– Атақты Мұқағалидың өлеңі ме?
– Иә.
– Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті түнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «ОТАН!» – деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен…

– Құдды Қазақ радиосындағы диктор Мұхамедәлінің дауысындай!..
Қаздар қанаттарын қақты. Айбатыр қол соқты.
– Тағы кім өлең оқиды?
– Мен оқиыншы, – деді дауысы жіңішке қаз.
– Мен де оқиын…
– Мен де…
– Мен де…
– Мен де білемін…
– Жарайды таласпаңдар!.. Шынын айтсам, әлі сенбей тұрмын.
– Оған неменеге таң қаласың? Қазақ тілін білу – міндетіміз!..
– Бұл – отаншылдық!.. Тіпті ерлікпен пара-пар дүние.
– Біз үшін, қалыпты жағдай, – деді Ержігіт есімді қаз байсалды сөйлеп.
– Сендерді бір-біріңнен ажырату қиын, түрлерің өте ұқсас екен, – деді Айбын. – Аты-жөндерің бар ма?
– Неге болмасын?
– Онда танысайық.
– Жаңа «Отан» өлеңін оқыған қаздың есімі – Ақылбек. Ата-анасы зерек болсын деп, ырымдап қойған шығар. Ақылбек – біздің бастық. Көпті көрген, білімді, білікті болғандықтан, көшбасшы етіп сайлағанбыз. Ақылдың бұйрығы – заң. Қателессе, бүгежектемей, бетіне тура айтамыз. Ақыл сын-ескертпелерге құлақ асып, дереу қорытынды шығарады. Біздің топта – демократия! Ауыз біршілік болмаса, көлденең өткен көк аттыға жем болмаймыз ба?!
– Бөлінгенді бөрі жер…
– Жөн!
– Менің атым – Бұхар, – деді келесі сұр қаз.
– Бұхар – суырып салма ақынымыз.
– Экспромтом десеңші!
– Таза сөйле! Қанша айтам саған…
– Не деген тәртіп?! Қалған қаздармен танысайын.
– Айтайын.
– Ержігіт, Жанасыл, Әлихан, Мұхит, Дәурен, Ақберен, Атымтай, Дәрмен, Демесін.. Қалғандары, көктемде туған балапандар. Үлкендердің атын білсең болғаны…
Әлихан есімді қаз сөз қосты:
– Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер.
– Поу, шіркін!
– Хәкім Абайды білесіңдер ме?
– Білеміз! – деді қаздар бір дауыстан.
– Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол.
– Естігенбіз!..
– Бұл – таң қаларлық жаңалық!
Айбын кілем үстінде отырғанын ұмытып, орнынан тұра жаздады.
– Құлап қаласыз!.. Абайлаңыз!.. – деп ескертті Ақылбек.
Бала малдас құра жайғасқан соң, сөзін жалғастырды:
– Сіздер білесіздер ме?! Қазақ елінде тұратын, үлкені бар, кішісі бар кейбір қазақтардың өздері өз ана тілдерін білмейді!.. Сөйлегісі келмейді!.. Кейбіреулері тіпті менсінбейді!..
– Өз ана тілінде сөйлемеген ұлт өркениет көшіне ілесе ме?!. Өкінішті…
– Кейіме, Айбын! Біз сені көкорай шалғын жерлермен, орман-көлдермен, асау толқынды айдынды теңіздермен, асқар биік таулармен, қайырымды халқы бар қалалармен таныстырамыз. Бәрінің үстінен ұшып өтеміз!
– Тебіреніп тұрмын!..
– Қаласаң, жылы өлкелерді көресің.
– Мен саяхатшымын…
– Иә, саяхатшысың!
– Кілемің сенімді болар.
– Сенімді әрі жайлы.
– Қонған жерде төсеніш, – деді жастау қаз тауып кеттім бе дегендей серіктеріне мақтана қарап.
– Тоңсаң – көрпе! – деді тағы бір қаз тек тұрмай.
Жердегі кісілердің қарасы молайды. Балалардың біреуі ысқырып, келесі біреуі дауыстап тұр.
– Кілемнің қалықтағанын қараңдар!
– Тік ұшақтан аусашы?
– Оның рас!..
– Сиқырлы кілем ертегілерде болатын…
– Бұл – өзге планета тұрғыны!.. НЛО!..
– О заман да, бұ заман, бірінші көруім.
– Ой, Алла-ай!..
Көп қабатты пәтер балкондарынан мойын соза қараған кісілер көбейді.
– Қорықпай ма ана бала?!
– Ұшпас едім мен…
– Ұшпай-ақ қой!..
– Құлап түссе ше?!
– Мертігеді…
– Өліп қалар әуелім…
– Қайдағы жоқты айтпаңдар?! МЧС-ке неге хабарласпайсыңдар?!
Таяққа сүйенген ақсақал айқайлаған балаларды тыйып тастады.

Аттаныс

«Туған елдің үстінен ұшып өткен құстар-ай!
Сендерде де сағыныш бар ма?!.»

Оралхан Бөкей.

 

Ақылбек бастаған қаздар мен Айбын көзден тасаланды. Қала үйлері, ағылған автомашиналар, адамдар биіктен қарағанда ойыншық секілді.
– Ағаттық жасадым!.. – Баланың дауысы шығып кетті.
– Бірдеңе дедің бе?
Соңында ұшып келе жатқан Тапқышбек – қаз қатарласа берген.
– Дауысым шықты ма?!
– Иә.
– Мен де естідім, – деді Ержігіт.
– Туған жерден жырақтау – оңай емес!.. – деді Ақберен.
Бұл кезде олар қала сыртына ұшып шыққан.
– Қалың ағаш арасындағы алаңқайға қонамыз, – деді Ақылбек.
Қаздар сарғая бастаған шөп арасына кеп қонды.
– Сәл демалайық. Айбын да тынықсын! Мөлдір бұлақтан суға қанып алыңдар! Кешке дейін ұшамыз. Салқынмен жүру – жан рақаты!
– Бағыттарың қай жақ? – деді бала.
– Жылы өлкеге кетіп барамыз. Жол-жөнекей Қарқаралы қорығына соғып, Сарыарқаның Қарқаралы және Кент тауларындағы дала өсімдіктері мен қарағайлы орман өскен аймағында жеті-сегіз күн еру боламыз. Бұл жердің ауа райы жайлы, күн сәулесі көп түседі. Қарқаралы, Қопа, Аршын, Қаракеңгір, Кент тауында Қызылкеніш, Қадыр өзендері бар.
– Көлдер көп пе?
– Шайтанкөл, Бассейн, Үлкен көлдерін білем.
– Тұяқты жануарлар мен жыртқыштар ше?
– Сібір елігі, бұлан, арқар, ал жыртқыштардан: қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, ақкіс, ақ қоян.
– Кеміргіштер мен құстар көп пе?
– Кеміргіштерден: дала суыры, қызылұрт саршұнақ, үлкен және секіргіш қосаяқтар, тоқал тіс пен қаптесердің оннан астам түрі бар. Доңыз бен марал, ақшыл тиіндер. Құстардан: маубас жапалақ, байғыз, үкі, бақалтақ қыран, тұрымтай, кәдімгі және дала күйкентайы, орманда үлкен шұбар тоқылдақ, ақшыл қанат сайрауықтар көп. Мұның сыртында бауырымен жорғалаушылардан: секіргіш кесіртке мен өрнекті қарашұбар жылан, сирек жағдайда көк кесіртке, қалқатұмсық жылан да кездеседі.
– Тамаша сапар!
– Айтпаңыз!
– Өзіміз де көк аспанда самғап ұшқанды, жаңа жерге барғанды ұнатамыз!..
– Аттанайық! – деген қаздар ұшуға дайындалды.
– Есіңде болсын, – деді Ақылбек Айбынға қарап. – Біздің жауымыз – бүркіт! Бүркіт шабуылына тап болсақ асып-саспа!.. Адам деген атың бар!.. Адамның мысы болады! Адам – жер шарының халифаты! Алла тағала күллі жан-жануар, құс, тағы басқа тіршілік атаулыны адам үшін жаратқан.

Түн ішінде атқа мінген әйел кім?

«…Екі аяқтыларға сенім жоқ!
Сендерден теперіш көргендіктен,
ну орман ішінде жүрмін бас сауғалап!.»

Пері айтқан сөз.

Қаздар қалың орманға келіп жеткенде түн болатын. Жыпырлаған жұлдыздар мен ай жарығынан төңірек айқын көрінеді. Қаздар көлге жақындау кеп қонған. Айбын шоқ қарағай арасындағы шағындау алаңқайды таңдап, жататын орнына құшақ-құшақ жапырақтар мен шөп әкеліп төседі. Төсегі дайын. Әдейі діңі жуан, биік қарағай қасын таңдаған. Сақтықта қорлық жоқ. Бір тосын жағдай болса, өрмелеп басына шығып кетпек.
Бағана Ақылбек:
– Бізден көп ұзама! Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп. Орман ішіндегі аң-құстардың кейбіреуі жем іздеп, түнде жортуы мүмкін. Қорқар болсаң, қасымызға келерсің, – деген.
– Мақұл, – деді бала. – Әкеме еріп, Көкжайдақ деген пәйектен шөп шапқанда неше мәрте ашық аспан астында, арбада түнеген болатынмын. Қорықпаймын.
– Ержүрек екенсің!.. Жігіттің жігерлі болғаны ләзім!.. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты…» деп ақындардың өлең жазатыны, өмірден алынған ғой!
– Өзіме сенбесем, сіздермен бірге алыс жолға шықпас едім.
– Қарға баласына: «Әй балам, тегінде екі шоқып, жан-жағыңа бір қара!» десе, баласы: «Жоқ әке! Мен бір шоқып, жан-жағыма екі қараймын!» деп жауап қайтарыпты. Сол айтқандай, қалай да сақ бол!..
– Түсіндім…
Айбын орнынан тұрып, біраз жүріңкіреп, қаздар жаққа назар салған. Айқайласаң дауыс жетер жер, аралары аса қашық емес сияқты.
Көңілі жайланған бала қалыңдап төселген жапырақтар үстіне жата қалған. Аспанға қараған. Жыпырлаған, мыңдаған, миллиондаған жұлдыздар сансыз!.. Бейне жусап жатқан секілді. Егіз қозылардай біріне-бірі қандай ұқсас! Әне-е-е, анау құдды шөмішке ұқсағаны – Жеті қарақшы. Ерекше жарқырағаны – Темірқазық. Бірер сағат бұрын ғана кең дала жап-жарық, күндіз болатын. Енді тылсым түн. Ай мен жұлдыздарсыз түнгі аспанды көзге елестетудің өзі мүмкін емес-ау! Он сегіз мың ғалам: мұхиттар мен теңіздер, жан-жануарлар әлемі, аңдар мен құстар, жәндіктер, құрлықтар мен мызғымас мұздықтар, бәр-бәрі, әжесінің сөзімен айтқанда, Алланың құдіреті! Хикмет!..
Басына қайдағы-жайдағы, бытықы-шытықы нәрселер оралып терең ойға шомды. Әлде, ормандағы бірінші түн болғасын ба, кірпігі ілінбей-ақ қойғаны. Әрі-бері жүріп, шамалы бой жазайын деген ниетпен жәйімен аяңдап, жүріп кетті.
Тыныш түн. Оқта-текте қанаттары сатырлай ұшқан жарқанат пен үкілерден өзге құстар кезіккен жоқ. Мөлшермен жарты шақырымдай жерде ай нұрына шағылысып, жарқырай түсіп айдын шалқар көл жатыр. Алаңсыз аяңдап келе жатқан бала кенет тоқтай қалды. Құйрық жалы төгілген сұлу арғымақтың үстінде ұзын шашын жайып, бір әйел кетіп барады. Баланың жүрегі су етті.
– Астапыралла! – деді үрейі ұшқаннан отыра қалып.
Ат үстіндегі әйел көл жағасына жетті де, жерге түсіп қалың, ұзын шашын асықпай тарады. Көлге түсетін шығар деп топшылаған. Олай еткен жоқ. Ары-бері адымдап жүрді де, кенет… қырағы көзі баланы шалды ма екен, ышқына дауыстап… құйын-перен жүгірсін… Түсі ме, өңі ме… бірде біреуі есінде қалмапты… Түрі адам шошырлық, шашы алба-жұлба, сүйір тұмсық бір мақұлық бас салды. Ырғайдай мойнынан шеңгелдей қысып, бүріп әкетіп бара жатыр.
– Ыһы-ыһы-ыһы!.. – деуге шамасын келтірмей, көзді ашып-жұмғанша дәу қанарға салды да, ауызын тарс байлап, арқалап жүгіре жөнелді. Есін жиған бала бүрісіп, бар күшін сала тепкіленіп, тыпырлай бастаған. Соны байқағанда мұны арқалап келе жатқан мақұлық тоқтай қалды да, жерге солқ еткізе тастап жіберді. Тас па, тақыр жер ме, бар салмағымен құлаған баланың жан дауысы шықты.
– Көзіңе көк шыбын үймелетем! Білмей жүр екенсің Күлдібадам періні?! Жан баласына жамандық ойламайтын бізге, сонша неге өш бұл екі аяқтылар!..
Айбынның бүйірінен аямай бір тепті әлгі мақұлық.
– Ойбай-ай!.. Жаным-ай!.. – Бебеулеген баланың жан дауысы шықты.
– Солай ма екен?! Қартайғанда көрген қос құлыншағымды тападай-тал түсте ұрлап әкетіп, жоқ қылған сен емессің бе?!. Бұдан былай ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда боласың!.. Естідің бе, ей сорлы?!.
«Мына бәлекеттің айтып жатқаны не?!.»
– Сүттен ақ, судан тазамын деп жатырсың, ә?!.
– Олай деген жоқпын, апатай?!
– Қайдағы апатай?
– Дауысыңызға қарап…
– Дауыстан немді білесің? Мен деген… адам ойын оқитын албасты-перімін.
– Ештеңе деген жоқпын…
– Демесең, дегің кеп тұр!.. Ә-ә, таптым арам ойыңды?! Менен жасырып-жабатын, қулығын асыратын пенде жоқ!
– Қаптың ауызын шешіңізші?! Ақшақардай ақ жүзіңізді көрейін!..
– Солай ма екен?!
– Жалынам-м-м! Құлыңыз болайын көке-тай-й-й!
Әлде өзін мақтағаны жанына жақты, әлде екі аяқты адам баласының жалынғаны ұнады, әлгі мақұлық Айбынға құлақ түруге айналды.
– Босай сала қашып кетпейсің бе?!. Сені қуатын жағдайым жоқ!.. Екі аяқтан қалғалы қаша-а-а-н?!
– Шын тұлпар аяқтан қалады дегенді естігем… Сіз тұлпарсыз!.. Сіз сұңқарсыз!.. Сіз сұңғыласыз!..
– Қу бала, ақыры көпшік қоя бастадың ба?!
– Өллаһи, шыным, апатай!
– Қашпайсың ба, сонымен.
– Ешқайда қашпаймын-н-н-н…
– Екі аяқтыларға сенім жоқ! Сендерден теперіш көргендіктен, ну орман ішінде жүрмін бас сауғалап!.. Қолдарыңа түссек, ұрып-сабап, тепкілеп мылжа-мылжамызды шығарар едіңдер!
– Аяңыз, қорғансыз баланы!.. Қолымнан келгенше қол ұшын берем!.. Жоғалған қос құлыншағыңызды мен де іздеймін!..
– Уәде ғой!
– Уәде берем… апа-тай-й-й-й!..
– Шеш! – деді әлгіндегі өктем дауыс бұйрықты раймен, сонадайда қалқайып тұрған өзі тектестерге.
Қатты күрмеп байланған қап ауызы шешіле берген кезде:
– Шешпе! – деді өзін Күлдібадам атаған әйел қайыра ақырып.
– Өзіңіз…
– Өзім болғанда… былай істеңдер!.. Бұл сұмырай немені көзіме көрсетпеңдер!.. Өйткені, өйткені… тағы жыным қозып… басқа-көзге қарамай төмпештеп, қылғындырып өлтіріп тастауым бек мүмкін… Сол үшін ана жаққа алып барыңдар да, қаптан шығарып, ағаш орындыққа байлап тастаңдар!.. Үшеуіңді бірдей жеңе қоймас!.. Әгәрәки қарны аш болса, өлер-өлмес ас ішкізіңдер!.. Келістік пе, қу ғана қаншықтар!.. Таңулы күйінде ұйықтасын!.. Аяушылық білдірмеңдер!.. Ей, миғұлалар!.. Түсіндіңдер ме?!
– Ләппай, Күлеке!.. Ләппай!.. Бұйрығыңызды бұлжытпай орындаймыз!..
«Үшеу» дегеннің біреуі бала салынған қапты арқалап, недәуір жер жүргесін сықырлата есік ашып бір үйге енді.
– Бала дейді!.. Бәле ғой мынау!.. Ап-ауыр!.. Белім қайысты!..
– Қаптан шығар, – деді нәзік дауысты біреуі.
– Ентігімді басайын. Біреу қуып келе ме?!
Қаптан босаған баланың зәресі ұшқаны сондай, айқайлап қоя жаздаған. «Үшеу» дегені – жап-жас үш қыз екен. Үстеріндегі киімдері алба-жұлба, кір-кір қалың шаштары ұйысып қалыпты. Түрлері кісі шошырлық. Әне бір аласа бойлы, ақсары қыз иман жүзді сияқты. Балаға тік қарамай, көзін алып қаша берген. «Ішіндегі мейірімдісі осы болар, сірә» деп ойлап өтті Айбын.
Кішкене дем алған екі қыз баланы жетелеп әкеп, арқалығы бар ағаш орындыққа отырғызып, жуандығы бас бармақтай арқан-жіппен шандып, байлап тастады.
Қыздар ұсынған кеседен сүт ішіп, нан жеген баланың буынына тамақ түсті ме, сол отырған күйі қор етіп ұйықтап кеткен.
– Тұр! – деген бұйрықты дауыстан көзін ашқан баланың зәре-иманы ұшты.
– Сен ұйықтаған кезде Күлдібадам пері келіп, төмендегідей бұйрық берді. Тыңда сорлы пенде.
Айбын басын изеген.
– Мына үш қыз Күлекеңнің күңдеріміз. Мына лашық – менің мекенім, – деді секпіл бет, семіз қара қыз. Менің есімім – үлкен қыз. Ұқтың ба? Жаттап ал! Үшеуміздің де жеке-жеке өз отау, өз лашықтарымыз бар. Сен менің үйімде бір күн түнедің. Ендігі кезек, ортаншы қыздікі. Оның қарауында бір күн боласың да, үшінші күн кенже қыздың отау-лашығына барасың.
Тағдырың үш күннен соң шешіледі! Сұрағың бар ма қоятын?
– Жоқ-қ…
Бала екінші күні де үлкен қыздың үйіндегідей ағаш орындыққа таңулы қалпында ортаншы қыздың үйінде ұйықтады. Енді кенже қыздың лашық-үйінде отыр.
– Сізді көргеннен жаным ашыды, – деді ақсары жүзді әдемі қыз әңгіме бастап. –Дөңбекшіп, екі түн кірпігім ілінбеді, – деді бойжеткен, кемсеңдеп.
– Жүрегіңіз неткен кең еді! Адамгершіліңізге тәнті болып отырмын, – деді көңілі босаған Айбын. – Әйтсе де, бір жамандық сезудемін!.. Әкесі өлгенді де естіртеді дейтін әжем… Жасырмай, жасқанбай айтыңыз бәрін.
– Ауызым барар емес… Білесіз бе… сізді ертең сойып жемекші пері Күлдібадам… Сол үшін қазір сізді босатып жіберем!.. Бірдеңе қылып, қашып кетіңіз!.. Ана екі қызды біздің сыртымыздан аңдытып қойған шығар… Оларға сенім жоқ!.. Сыбайлас қой ана албастымен. «Қос құлыншағымды адамдар ұрлады» дегені қып-қызыл өтірік!.. Суайттың сандырағы!..
Айбын бұғаудан босаған кезде түн болатын. Ай әлі тумаған, жұлдыздар жамырап шықпаған елең-алаң сәтті пайдаланып, алды-артына қарамай, жүгіргеннен жүгіріп, қаздар жатқан жерге келген. Ақылбек бастаған қаздардың баланы қарамаған, іздемеген жері қалмапты. Айбыннан естіген әңгімеден соң, қаздар мен бала дүрк көтеріліп, «Шайтанкөл» жаққа қоныс аударған.
Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай бес шақырым қашықтықта, биікте орын тепкен «Шайтанкөлдің» тылсымы мол сияқты. Түбі тастақ, суы мөлдір көл бар сырын ішке бүгіп жатқандай көрінді балаға. Түйетайлау бір тұсына барып, беті-қолын шайған ол көп аялдамай тез кетіп қалды.

Құмырсқалар шабуылы

«…Ала жаздай жинаған
азық-түлігіміз бүлінді-ау?!»

Құмырсқалар сөзі.

Пері тұтқынынан әрең құтылған Айбын абайлап, жан-жағына жиі көз тастап сақ жүретін болған. Қаздар жүрген жерден онша ұзамайды. Қорек мол. Ерінбей еңбек етсең болғаны. Бірде бала өзі тойса да, көзі тоймай жаздан қалған жеміс-жидекті қарны жарылардай жегені соншалық, таңдайы құрғап қатты шөлдеген. Су ішуге бұлақ басына бара жатып, құмырсқаның илеуін таптап кеткені.
Қатты шошыған ол томпақ төбешікке ұқсаған құмырсқалар илеуін басып тұрғанын аңдаған жоқ.
– Обал-ай!.. Обал-ай!.. Айып етпеңдер құмырсқалар-р-р-р!.. Қасақана істегенім жоқ!.. Ке-ші-рің-ң-дер-р-р-р! – деді не істегенін білгенде қапалана.
Құмырсқалар ұлардай шулап қоя берген:
– Аяғының астына қарамай ма?!
– Алаңғасар неме?
– Жазасын алсын!..
– Аямаймыз!..
Балақтан кірген құмырсқалар біздей тұмсықтарын піскілеп, жоғары өрмелей жөнелсін. Балтыры мен тізесі, жон арқасы, бет-аузы, мойнына дейін дуылдап әкетіп барады.
– Еңбегіміз – еш, тұзымыз сор болғаны ма?! Қысқа дайындаған илеу-үйдегі ала жаздай жинаған азық-түлігіміз бүлінді-ау?
– Аттан!.. Аттан!..
– Жайратамыз қас дұшпанды!..
– Тартқызамыз сазайын!..
Атойлап атқа қонды құмырсқалар. Шетінен сұсты! Қаһарлы!
Айбын үсті-басын сабаланып, безектеп жүр. Құмырсқалар бір-бірлеп жерге секіріп түсіп қалғанымен, ұлы денесі удай ашып, бет-аузы көнектей ісіп шыға келді.
Қолды-аяққа тұрмай ілгерілі-кейінді жүгірген баланы көрген Ақберен қаз дереу ұшып жетті.
– Құмырсқалар-р-р-р-р!.. – деді Айбын әрең сөйлеп.
– Нең бар еді таптап?!
– Байқамай…
– Байқамаған-сайқамағаныңды қайтсын олар?! Қасақана таптады деп ойлаған ғой.
– Іскен жерімді қасысам, одан сайын қышиды.
– Шыда! Ақылбек емдеп жазады.
– Қалайша?
– Орманда не көп, емдік қасиеті бар шөп жетерлік.
– Шыдап бағам… – деді бала дуылдаған аяқ-қолын қасынып.
– Орман іші аң-құстардың мекені ғой, – деді Ақберен. – Жауларымызбен қоса қол ұшын созар достарымыз да көп мұнда.
– Тиіндерді көп көрдім. Түрі жирен, үлпілдек, қалың жүнді құйрығы ұзын, құлағында шашағы болады екен. Бала тиіндердің туған кезде көзі көрмейтіні рас па?
– Тиіндер туылған кезде соқыр болады. Тек 6-8 аптадан кейін ғана көздері ашылады.
– Керемет!
– Тиін – қолға тез үйретілетін жануардың бірі. Ол есте сақтау, жылдамдық, ептілік, аңғарғыштық сияқты қабілеттерге ие. Бүркіттен қатер төнсе, тиін ескерту жасайды. Түлкі қулығын асырғысы келсе, қоянның көмегі әзір. Жылан екеш жыланға соқтықпасаң, бостан-босқа жоламайды. Өткенде сен биік ағаш басынан балалық жасап, аңдаусызда құлаған екі кішкентай тиінге қамқорлық жасап едің, ертеңінде екі қалтадай жаңғақ әкеп берді ғой.
Көмек деген – сол!
Адал ниетпен жасалған жақсылық, далада қалмайды!

Ағаш басынан құлаған бала тиіндер

«Алғысымыз шексіз!..»

Тиіндер сөзінен

Биік ағаш басында бұтақтан-бұтаққа секіріп, алаңсыз ойнап жүрген екі кішкентай тиін аяқ асытынан ұмар-жұмар жерге құлап түсті.
Айбын селк етіп, басын көтеріп алған. Бебеулеген дауыс құлақ жарады:
– Ойбай!.. Ойбай-ай!.. Аяғым-ай!..
– Аттай алар емеспін!..
– Өлді деген осы!..
– Әке-шешемізді тыңдамағанның кесірі…
– Енді не істедік?
Бұл не айқай деп орнынан тұрған Айбын есік пен төрдей жерде жатқан екі кішкентай тиінді көріп қалды.
– Еһе-ей!.. Кім бар, бізді тыңдар?!. Ұшқалақтық салдарынан жатырмыз жерде!.. Жіңішке бұтақтар басына шығып, құтыр деген ешкім жоқ!.. Жібердік бір ағаттық!..
– Ағаттық емес, барып тұрған ақымақтық!..
Жанарларынан жас парлап, бебеулеген қос мұңлық – екі кішкентай тиіннің зарын тыңдап отыру мүмкін емес. Жаны ашып, аяған бала құйтақандай тиіндерді көтеріп әкеп, ақырын-ақырын аяқтарын сылап-сипады. Қара сөмкеден жейдесін шығарып, дар-дар айырды да, тиіндердің сынған аяқтарын қатты қылып таңып тастады.
Көз жастары тиылған сүйкімді тиіндер тынышталып, аздан соң ұйықтап кетті.
Айбын тиіндер ұйықтап тұрғасын жаңғақ әкеп берді. Олар әуелде үркектеп, құлақтарын жымырып, сақтанып бақты. Бірақ баланың қамқорлығын сезгесін үйренді. Жаңғақтарды кішкентай ауыздарымен жып-жып еткізе аршып, жеп жатыр. Екі күннен соң ақсаңдаса да сылти басып, ақырын жүруге жарады.
– Алғысымыз шексіз! – деді тиіндер. – Жақсылығыңды ұмытпаймыз! Ата-анамызға, үй ішіне айтып барамыз.
– Сау болыңдар!
Сүйкімді кішкентай тиіндермен бала да қимай-қимай қоштасты.
Ертеңінде таңертең тұрғанда бала таң қалған. Төсегінің қасында екі-үш қалта көлемінде қоңыр жаңғақтар үйіліп жатар. Оны әкеліп тастаған кешегі екі кішкентай тиіндер болатын.

Өмір атамен әңгіме

Өзің ақылды бала екенсің!..

Өмір ата сөзінен

Айбын көзін ашқанда көргені – көк аспан. Таң атыпты. Табиғат маужырап тұр. Ағаш арасынан күміс күннің жылы шуағы себездейді. Діңі жуан бәйтеректің қасында, қалыңдап төселген жұмсақ ағаш жапырақтары үстінде жатыр. Әжесі тіккен құстөсек есіне түсті. Бір рет ұйықтап көрген. Мамықтай жұмсақ, жылы екен.
– Құсқа қандай қатысы бар? – деген сонда Айбын.
– Қаздың жүнінен тігілген.
– Құстөсек аталғаны содан ғой.
– Иә…
Дене шынықтыру жаттығуларын жасады да, жаңғақ пен жидекке тойып алды. Көз ұшында айнадай болып көл суы жарқырайды. Әрменіректегі шағын аралда болуы керек топ қаздар. Ол жаққа барғанымен не істемек? Бүгін орман ішін аралайын деп шешкен Айбол жұмсақ көк шөпті басып аяңдаған.
– Ты-рау-у-у-у-у!.. Ты-рау-у-у-у-у!..
Төбеде әуелеп бір топ ақбас тырналар ұшып барады.
Алаңсыз келе жатқан бала кенет селк етті. Қарсы алдында ақ сақалды, аққұба өңді, бойы ұзын біреу тұр.
– Ассалаумағалейкум, ата? – деді қорқып тұрғанын білдіргісі келмей.
– Уағалейкумассалам! Жол болсын? Қайда бара жатырсың? Неге жалғыз жүрсің?
– Ауылға келген қонақ едім, – деді Айбын. (Кілеммен ұшып келе жатқанын жасырып қалды. Күдік алып қалар). – Бес-алты бала орман аралап шығып едік. Олар көлге шомылуға кетті.
– Қай көлді айтып тұрсың? Бұл жерде Шайтан көлден басқа көл жоқ қой. Үлкенкөл алыстау.
– Осы елдің балалары, менен гөрі жер жағдайын жақсы білер. Қазбалап сұраған жоқпын.
– Орманда жалғыз жүруің жарамайды. Бұл жақта жыртқыш аңдар көп. Қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, ақкістен бастап санай бер. Оның үстіне мына орман ішінде үш пері қыз бен мыстан кемпір бар деп естігем. Баланың жүрегі дір етті. Албастының бары шын болды-ау. Басынан өткен сол сұмдық оқиғаны әлі түсім деп ойлайтын. Ақсақалға айтса бүлдіріп алар.
– Ата, жын-шайтандардың бары рас па?
– Күні кешегі атейстік қоғамнан шыққан біздер, бертінге дейін сенбегеніміз жасырын емес. Мектепте бала оқытқан тарихшы ұстаз, мына мен жоғары білімім болса да қызыл билетті қастерлап, коммунист болдық қой. Бірақ көкірегімде Құдайға деген сенім берік болды. Аллаға сендім. Бертінде ғой, имандылық жолына түсіп жатқанымыз. Оған да шүкір! Соншама діни сауатым болмағанмен, шариғат іліміне қатты қызығам. Біздікі сол… талпыну, іздену ғой балам.
– Жын-шайтандар туралы…
– Менің білуімше, «жын» – араб сөзі. Мағынасы «жасырын, көмескі» болу, көзге көрінбеу» дегенді білдірсе керек. Мұнымен қоса араб тілінде «бұл іске жын араласпаған» деген мәтел бар. Яғни, «бұл істе құпия сыр жоқ» дегенді аңғартады.
Негізінде әр адамның бойында белгілі дәрежеде өз шайтаны бар. «Өз шайтаны» дейтінім, біреуінде аз, енді біреуінде көп. Жын-шайтан адамды азғырушы, жамандыққа итермелейтін жаратылыс. Аллаға мойынұсынған, аузында «бісімілләсі» бар адамды жындар қармаққа түсіре алмас.
– Мәселен.
– Надандық, ашушаңдық, сараңдық, тәкаппарлық, астамшылық, мақтан сүйгіштік, күмәншілдік, үмітсіздік болып кете береді, балам.
Жындарды көрген, олардың келгенін сезетін адамдар болған және әлі күнге дейін бар. Мұнымен қоса оларды кейбір жануарлар да көре алады. Ғылым мен техника, технология қаншалықты дамыды дегенімізбен, бүгінгі таңда адамзат қол жеткізіп отырған ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар Алла тағаланың құзырында теңіздің бір тамшысындай ғана.
– Менің әжем де осындай әңгімелерді жиі айтады. «Фатиха» сүресін жаттатқызған. Содан соң білетінім – «Бісіміллә!».
– Орман ішіне аса тереңдеме! Достарыңды тауып ал.
– Онша ұзамаспын…
– Ныспың кім?
– Айбын.
– Жақсы есім екен! Айбынды, бақытты бол, балам!
– Сіздің аты-жөніңіз кім?
– Жазушы Өмір Есқали деген атаң боламын. Туған жерім – Ақадыр. Жиенім қонаққа шақырып, Қарқаралыға келгем. Әне бір ағараңдаған екі қазақы үйді көрдің бе?
– Көріп тұрмын.
– Жаман жиен келген сайын, Қарқаралыға жақын орман арасына киіз үй тіккізіп күтіп алады.
– Біздің үйде сіздің «Бұрқақ» деген романыңыз бар.
– Өзің ақылды бала екенсің! Бүгінгі тілмен айтқанда «бундеркинд» деуші ме еді?
– Бұл жайлы менің әжем: «өзін-өзі мақтаған өлгенмен тең» дейтін.
– Үлкенді сыйлап, сөз тыңдай білуің маған ұнап тұр.
– Әжемнің тәрбиесі ғой. Кішкентай күнімнен кітап оқуға баулыды.
– 2000 жылдан кейінгі туған балаларды Z – «зет» ұрпағына жатқызады Американың әлеуметтанушылары.
– Мен де естігем, оқығам.
– Сол «зет» ұрпағының өкілдері кітап оқымайды, аулада аз серуендейді, олар алаңға шығып, футбол ойнағаннан компьютерде футбол ойнағанды жөн көреді. Олар үшін компьютер – бұл табиғи мекен. Олар үшін үлкен көлемде кітап оқымау қалыпты жағдай, бұл олардың ақпарат көзі емес, олар барлық ақпараттарды смартфоннан алады, өйткені Google бәрін біледі, дейді ғой.
Сен кітап оқиды екенсің. Бұл – жақсы қасиет. Өркенің өссін, балам!..
Менің он тоғыз немерем, алты шөберем бар. Жасым 83-те. Адам дүниеге келген соң, артыңда ат атандырмайтын, сүйек сындырмайтын ұрпағы қалғаны бақыт емей немене?!
Қарашы айналаңа. Дала өсімдіктері мен ну орман, жан-жануарлар, сайраған құстар, жайқалған түрлі-түрлі гүлдер… бәрі-бәрі – үйлесімнен тұрмай ма?!.
– Жаңа, сіз Шайтанкөл деп қалдыңыз. Неге Шайтанкөл атаған? Көлде шайтандар бар ма?
– Өзің Шайтан көлді көрдің бе?
– Көрдім, және таң-тамаша қалдым.
– Өзің не аңғардың?
– Аңғарғаным, барлық көл атаулы жер бетінде болса, Шайтанкөл тау басында. Неге?
– Иә, жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы және тағы да басқа бұталы ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады. Көлдің осылай бейне бір тостағанға құйылған мөлдір су іспетті таудың ұшар басына орналаса салуының өзі талай жұмбақтың шетін шығарады. Тереңдігі жайлы анықтама жоқ. Ағынсыз. Өзі де ешқайда ақпай, өзіне де ешбір өзен құймай-ақ бағзы қалпын бір өзгертпейтін бұл көлдің құпия-тылсымының бір парасы, бәлкім, осында жатса керек.
Шайтанкөл туралы ел аузында бірнеше аңыз бар. Әуелі бірінші нұсқасын айтайын. Тыңдайсың ба?
– Айтыңыз.

Шайтанкөл аңызы

«… Аһ, Шайтанкөл!
Жаралған тұнығы ардан,
Сырың арман талайға,
Жырың арман.
Көл біткеннің барлығы жер үстінде,
Шың басына сен ғана шығып алған!..»

Ғалым Жайлыбай

Баяғыда бір байдың Сұлушаш деген қызы болыпты. Байдың есігінде жүрген Тезек деген құлы Шұнақ деген күңімен қосылып, одан Алтай деген бала туады. Алтай ер жетіп, Сұлушаш екеуі бір-бірін сүйеді. Бірақ бай қарсы болады. Алтайдың Қайсар деген досы, Сұлушаш үшеуі елден қашып кетеді. Олар Қарқаралының маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекендейді. Сол жерден аң аулап, құс ұстап, күндерін көреді. Бір күні Алтай құс аулап жүріп, құзға кездеседі. Биіктегі құзға бүркіт ұя салған екен. Алтай одан бүркіттің балапанын алмақшы болады. Бірақ жолы болмай шыңырауға құлайды. Сұлушаш Тескен деген тасты жерде сырнай тартып отырады. Біраздан соң арт жағынан ырылдаған дауыс естіледі, қараса ақырып арыстан тұр екен. Қорықаннан көлге құлап өледі. Іле Қайсар Сұлушашты іздеп Тескенге келсе, көлдің бетінде қыздың көйлегі, тақиясы жүзіп жүргенін көреді. Ол да көлге секіріп жан тапсырады. Содан бері бұл көл «Шайтанкөл» атаныпты.

Екінші нұсқа

Жиренсақал әулие бір күні кешке қарай тау басындағы көлге барса, дыбыс шығады. Әдеуір жердегі ағаш арасынан сығалап бақылап тұрса, адам бейнесіндегі біреулер суға шомылып жүр екен. Егделеу еркек пішіндісі: «Әплит! Әплит!» – деп жаны қалмай, бәйек болып жүр дейді. Ана жалаңаш адам бейнесіндегілерге сездірмей, ақырын-ақырын шегініп, кетіп қалады. Ертеңінде әлгі адам елсіз алаңға тағы келеді. Әйел бейнесіндегі егделеу біреуіне: «Жәплит! Жәплит!..» – деп бәйек бола бастайды. Сонда Жиенқұл әулие: «Е-е, бұлар өсіп-өнетін ібілістер екен ғой! Әплит – әкесі, Жәплит – шешесі болды» – деп ойлап, дереу отыра қалып аңыратып Құран оқып болғасын:
– Ей, малғұндар! Енді кездессеңдер, маймылға айналдырып жіберем, – деп айқай салады.
Әулие одан кейін де көлге бірнеше рет барып түнеген екен, бірақ шайтандармен қайтып ұшыраспаған. Содан бастап тау басындағы көл –«Шайтанкөл» аталған екен.

Үшінші нұсқа

Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келеді екен. Жағасына Алла разылығы үшін мал сойылып, Құран оқытылады. Шаншар ішінде Торсықбай деген қу болыпты. Бірде ол әлгіндей топтың үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқылдата жұтамын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Бұған қорланған қу ішінен «тұра тұрыңдар, бәлем!» деп кете барады.
Тағы бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді. Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:
– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай жүгіре жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тым-тырақай қашады. Оларды шайтан болып үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, «Бісіміллә!» деп, жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері әулиекөл осылай «Шайтанкөл» болып аталып кетіпті. Осы қарағым, менің естіп-білген әңгімелерім…
Аңыз-әфсана болғанымен, зәрредей болсын ақиқаты бар деп есептеймін…
Жарар, біраз әңгіменің басын шалдық…
Достарыңды тауып ал. Қаласаң, ертең осы жерде, осы уақытта жолығайық.
– Келістім, ата.

Бақыт деген не?

«Бақыт құсын басқа тепкен жігіт…»

Жылан айтқан сөз.

Баланың сауалы көбейді. Өмір қарт та шежіре. Көпті көрген үлкен кісі әрі белгілі жазушы Айбынның сұрақтарына ерінбей-жалықпай жауап қайтарады. Сүйей салды жауап емес, ертегі, аңыз, әңгіме түрінде баян еткенде, баланың ауызы ашылып, тырп етпей тыңдап отырады.
– Ата, айтыңызшы? Осы бақыт деген не? Мән-мағынасын қалай түсінуге болады? – деп сұрайды содан әріде қызығушылық таныта.
Жазушы тартынбайды. Сәл жымиып қойып келесі әңгімесін бастайды.
– Бақыт дейсің бе? Оған бір-екі ауыз сөзбен жауап беру қиын. Одан да мен саған бір ертек айтып берейін.
Ертеде бір байдын жалғыз ұлы болыпты.
Тік бақай, ерке өскен ұл жалқаудын нақ өзі екен. Әкесінің байлығына масаттанып, не ішем, не кием демейді. Сайранды ғұмыр кешеді.
Күндердің күнінде әке-шешесі дүниеден озады. Бұрынғыдай малға қарайтын малшы-жалшы жоқ. Қанға сіңген әдетінен жанылмай, жатып ішіп, шайқап төгіп, қолдағы бар малды тауысады. Тұрмыс-тіршілігі жұқарады. Өз бетінше еңбек етейін десе, ебін білмейді. Басы қатады. Содан отырып-отырып: «Апырым-ай, енді қалай күн көрем? Не істеймін? Қандай, амал-айла бар?! Бүйтіп әрекетсіз жатпайын. Бақыт іздейін. Тәуекел!», – деп тас түйін бекініп жолға шығады.
Жүріп келеді, жүріп келеді. Шаршап шөлдейді. Бір қара жартастын түбіне келіп, тізе бүгіп дем алып отырады. Жартастың үстінде қарашұбар жылан жатыр екен. Ол мына баладан:
– Ей, жігітім, қайда барасың? – деп жөн сұрайды.
– Бақыт іздеп барамын, – дейді бала құлықсыз.
– Бақыт іздеп бара жатсаң, менің мына дертіме қандай дауа бар екен? Соны білші?
– Сұрап көрейін… Дертіңіз қандай?
– Он жылдан асты, осы жартастын үстінде жатырмын. Сал болып қалған жайым бар. Белім шойырылған. Осының жәй-жапсарын, анық-қанығын білші.
– Жарайды, білейін, – дейді жігіт.
Жолын жалғастырады. Жүріп келеді, жүріп келеді. Алдынан ағараңдап бір ел көрінеді. Ауылға келіп аяқ суытып, дем алады. Бір үйден сусын сұрап ішеді. Жағдайларын сұрайды.
– Иә, жігітім, жол болсын, не қылған жансын? – дейді үй иесі.
– Бақыт іздеп барамын.
– Бақытты іздеп тапсаң, біздің де тілегімізді құлақ қағыс қылғайсың.
– Айтыңыз, жеткізіп көрейін.
– Біздің ел ежелден егін еккен, сонымен күн көрген халық. Қатарынан бірнеше жыл болды, өзеніміз тартылып, бұлағымыз суалып, сусырап қалған жайымыз бар. Жерімізді қуаңшылық жайлады. Осынын қандай себебі бар? Жағдайымыз қайтсек түзеледі? Жерімізді қалайша суландырамыз? Соны сұрашы?
– Жарайды, білейін, – дейді жігіт.
Жолын жалғастырады. Жүріп келеді, жүріп келеді. Алыстан қарауытып үлкен қала көрінеді. Қуанып, аяғын шапшаң басады. Қалаға кіре беріс тұста биік, темір қақпа кезігеді.
– Не қылған адамсың, қайдан жүрсің? – деп, жөн сұрайды қарауылдағы күзетшілер.
Жігіт жағдайын айтады.
– Жүр, сені ханға апарамыз. Хан не айтар екен? – деп ханға алып келеді. Хан жас адам екен.
– Сен не қылған жансың? – дейді амандық білгесін.
– Бақыт іздеп барамын.
– Менің сәлемімді жеткізесің бе?
– Жеткізейін.
– Елді басқару қиындап барады. Ұры-қары көбейді. Тәртіпсіздік белең алды. Бұл елді қалайша дұрыс басқарам. Осының мәнісін сұрап білші?
– Білейін, – дейді жігіт.
Тағы да ілгері жүріп кетеді.
Жүріп келеді, жүріп келеді. Іздеген бақыты көрінбейді. Үсті-басы кірлеген, өзі қажып-шаршаған бала бір қырдан асқанда алдан шағын елді-мекенннің сұлбасы көрінеді. Жүрегі жарылардай қуанған бала бар күшін жиып, жылдамдата басады аяғын. Ауыл шетінде ұстахана бар екен. Су сұрап ішейін деп ішке кіреді. Қалың қабағы көзін жапқан, ағыл-тегіл терлеген иман жүзді бір адам көрікте қызған темірді төске соғып, қызу жұмыс істеп жатыр екен.
– Ассалаумағалейкум? – деп бала сәлем береді.
– Уағалейкумасслам? – дейді ақсақал да ізетпен.
Бала қарттың алақаны мен бас бармағын қоса ұстайды. «Қыдыр әулиенің бас бармағының түбі былқылдап бос тұрады» деген ұғым бар еді. Ақсақалдың бас бармағы сондай екен. Мен іздеген адам осы болар», – деп қуанып кетеді. Су ішіп болған соң, дем алып біраз отырады. Сөзді неден бастарын білмей дағдарады. Өстіп әрі-сәрі күй кешіп отырғанда, қарт жөн сұрайды.
– Балам, қайдан жүрсің?
– Ата, мен бақыт іздеп шығып едім…
– Е-е!.. Бақыт іздеп шықсаң, келген ізіңмен еліңе қайт. Бақытың тосып тұр…
– Шын айтасыз ба, ата?
– Шын балам!
– Осылай келе жатқанда, бір адамдар өтініш айтып еді. Сұрауға бола ма?
– Сұрағын.
– Алғаш жолыққанам жылан болды. Белінен баса алмай, мүгедек болып жатқанына он жылдан асыпты. «Қайтсем жазылам? Дауасын біле келші?» деп еді.
– Ол жылан дүниедегі ең ақымақ адамнын миын жесін. Сонда құлан-таза сауығады.
– Екінші сауалым. Егіншілікпен айналысқан бір елдің күйі төмендепті. Соңғы бірнеше жыл қатарынан жерді құрғақшылык жайлапты. Өзен-көлдер суалып, бұлақ көзі бітеліпті. Қайтсек су шығарамыз деп қайғырып, дағдарып отыр.
– Ол елдін дәл іргесінде бұлақ бар. Көзінде жалпақ тас жатыр. Ол жәй тас емес. Ат басындай алтын. Соны қопарып алса, бұлақ көзі ашылып, бұрқ-сарқ қайнап су атқылар.
– Үшінші сауалым. Ел басқарған бір хан: «Кейінгі кезде халықты басқару қиындап кетті. Қандай амал-айла бар? Лажы не? Басым қатты», – деп еді.
– Ол хан – тұрмысқа шықпаған кыз. Сол үшін ерге шықсын. Бас екеу болмай – мал екеу болмас! Күйеуімен ақылдаса отырып ел басқарса, бәрі де қалпына келеді.
Жігіт қуанып, қартқа алғысын жаудырып, қоштасып кері қайтады. Өзі жүрген ізге түседі.
Өтініш айтқан ханға жетеді.
– Менің тілегімді жеткіздің бе? – дейді хан.
– Жеткіздім.
Жігіт қарттан естіген әңгімесін айтады.
– Айтқаны дұрыс. Олай болса, сен осында қал. Екеуміз бас құрайық. Сөйтіп, ел басқарайық. Мынау жүгенсіз кеткен елді жөнге салайық, – дейді қыз патша.
– Жоқ, мен қала алмаймын.
– Неге?
– Еліме барамын. Мені елде бақыт күтіп тұр, – дейді жігіт.
– Олай болса, жолын болсын, – деп қыз патша қала береді.
Жігіт жүріп кетеді.
Қуаңшылық жайлаған жүдеу елге келеді. Ел адамдары алдынан шығып қарсы алады. Бұйымтайларын сұрайды.
– Тілегімізді жеткіздің бе? – дейді ел басшысы.
– Жеткіздім.
– Баянда.
– Елге жақын жерде бір бұлақ бар екен, Сонын көзін ашыңдар, – дейді жігіт.
Жұрт жиналып барып, әлгі жерді қазса, ат басындай алтын шығады. Көтеріп қалғаны сол екен, атқылап су шығады.
– Алла бізді жарылқады. Қуанышқа кенелдік. Сенің де еңбегің ерен. Осы ат басындай алтынды саған бердік, қабыл ал, – дейді ел ағасы.
– Алмаймын, – дейді жігіт.
– Неге алмайсың? Біз саған риза болғаннан, адал көңілімізден ұсынып тұрмыз, – дейді жұрт.
Ап-ауыр қылып қайтемін. Өздерің алыңдар. Мені үйде бақыт тосып тұр. Соған тездетіп жетуім керек, – дейді жігіт.
Жігіт елге жүріп кетеді. Баяғы жартастың түбіне келеді. Қара шұбар жылан аяғын баса алмай, кирелеңдеп сол орнында жатыр.
– Ау, жігітім бақытты іздеп таптың ба? – дейді жылан.
– Таптым.
– Менін тілегімді білдің бе?
– Білдім.
– Айтсаңшы жылдам.
– Дүниедегі ең ақымақ адамның миын жесе, тәуір болады, – деді.
Сіңірі созыла титықтап, шаршап келе жатқан жігіт сол жерде қисайып, қор ете түседі. Жылан әрі ойланады, бері ойланады: «Апырым-ай, ақымақ адамды қайдан іздеп табамын? Өз аяғыммен жүре алмаймын. Жатысым болса мынау…»
Тоқта!.. Таптым!.. Осы жігіттен асқан ақымақ болмас, сірә! Патша кыз бұған тақ ұсынды. Маған үйлен деп өтініш айтты. Бақыт деген сол емес пе? Бұл одан бас тартты. Ауылға келіп бұлақ көзін ашып, ат басындай алтын тауып алды. Оны да місе тұтқан жоқ. Тастап кетті. Дәулет, бақыт деген сол емес пе?! Тап осы жігіттен артық ақымақ адам табылмас!.. Және ондай адамды мен іздеп таба алмаймын…»
Сөйтеді де бір үлкен тасты кұйрығымен сырғытып, жігіттің дәл басына түсіреді. Бастың мылжа-мылжасы шығады.
Бақыт құсын басқа тепкен жігіт, сөйтіп жыланнан ажал тапқан екен.

Көне шаһар

«Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар,
Алты ай бойғы алапатта жеңілмеген Отырар.
Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады…»

(«Отырар қаһармандығы немесе жеңілген
жеңімпаз туралы» дастан)

Мұхтар Шаханов

Күні бойы ұшқан қаздар түнде бір елді-мекенге келіп қонды. Бәрі шаршаған. Әдеттегідей қаздар бөлек кетті де, бала кілемін орап, қоңыр сөмкесін иығына асып бір шоғыр ағаштың қасына келіп жан-жағына қарады.
Ай сүттей жарық. Кеше Ақылбек: «Түркістанға бара жатқан жолда Арыстанбап кесенесі оң қанатта қалады» деген болатын. Демек, мына тоқтаған жеріміз – сол төңірек болды ғой.
Құтыдағы су жылы екен. Бір-екі жұтым жұтты да, күндегідей кілемге оранып жата қалған. Ұйқысы келер емес. Қарқаралы орманындағы ию-қию сарпырылысқан оқиғалар, Күлдібадам періден қашып құтылғаны, құмырсқалар шабуылы, мертіккен бала тиіндер, тау басындағы Шайтанкөл, жазушы Өмір атамен арада болған сұқбат көз алдынан көлбеңдеп өтіп жатыр.
– Керемет! – деді бала басын шайқап, – Керемет!..
Әрі жатты, бері жатты дөңбекшіп. Тіпті болмағасын, кішкене жаяу жүріп қайтайын деген мақсатпен орнынан тұрды. Жарым сағаттан соң самсап, самаладай жарқыраған шаһарға келіп кірді. Қала үйлері көрмеге қойғандай көркем! Шығыстық нақыштағы үй-жайларды көріп, ауызы ашылып, таң қалып келе жатыр. Қарсы жолыққан жұрт баламен иіле амандасады.
Адамдар иін тіресіп, халық қаптаған жиынға тап болды. Жәрмеңке-базар екен. Мұншама қара-құрым нөпірді көрмеген баланың есі шықты. Аршылған аппақ жұмыртқадай біркелкі шатырлар астында, қатар-қатар тізілген сауда қатарлары. Тұтынушылардың көптігіне қарамастан кезекте тұрған кісілер дабырламай ақырын сөйлеп, керекті дүниелерін сатып алғасын ың-шыңсыз тарап жатыр.
Жапырағы жайқалған ағаш бұтақтарындағы құс ұясы маңында торғайлар шықылықтап, ары-бері, ерсілі-қарсылы ұшуда. Олар да қайырымды қала тұрғындарына бауыр басқан сыңайлы.
Әдемі үйлесім!..
Қызылды-жасылды не бір заттарға назары түскен баланың көзі тұнды. Аралап келеді, қарап келеді. Құстың сүтінен өзгенің бәрі бар. Киім-кешектің сан түрін көрді. Әсіре қызыл мінезден ада бала еш нәрсеге қызыққан жоқ. Кәуеп иісі тәбет ашып, дәл қасындағы тай қазанда палау пісіріліп жатыр.
– Дәмді палау, тәтті самса, тіл үйірер кәуеп дейсіз бе, ту жылқының қазы-қарта, жал-жая, дәмді еті дейсіз бе, бәрі бар біздің дастарханымызда! Келіңіздер, құрметті меймандар! Төрге озыңыздар!..
Мұнтаздай аппақ киінген сатушылардың тілдері майда, сондай биязы. Ары-бері өтіп жатқан адамдардың бәріне ілтипат таныта дәм татып, ас ішуге шақырады.
Қарны ашқанын сезген бала бір тәрелке палау, бір кесе шәй мен тандыр нанға тапсырыс берген. Шатыр ішіндегі төр жақта бір үстел бос екен, барып жайғаса бергенде буы бұрқыраған ас мәзірін жеткізді жас жігіт. Иіліп-бүгіліп құрақ ұшып тұр.
Ғажап шаһар екен деп ойлады бала. Асқазанға ел қондырған ол әріде қала аралауын жалғастырды. Мына бір тұста күрестен жарыс өтуде. Айнала қоршаған адамдар. Палуандарға дем берген дауыстар. Оң бүйірдегі сахна төрінде мың бұралған биші қыз би билесе, арырақ тұста домбыра шанағынан күміс күй төгілуде.
Бала шаһарды армансыз аралады. Жүздерінен иман нұры төгілген, езу тарта жымиған қайырымды жұрттың кескін-келбетін көріп, қуанышқа бөленген.
Өзі тоқтаған шоқ ағаш түбіне шапшаң жетті де, кілемге оранып жата кеткен. Сол бойда қор ете түсті.
Шекесін күн қыздырып, терлеген бала орнынан ширақ тұрып қаздар жаққа бет алған. Олар да бір жерге жиналған екен.
– Төңіректі тамашаладың ба? – деді Ақылбек.
– Түс десем – түс емес, өңім десем сенесіздер ме?!
– Қиял-ғажайып шығар.
– Бәлкім…
– Сағызша созбай тоқ етерің баянда! – деді әзілкеш Демесін.
– Таңғажайып қала көрдім. Мұндай әсем шаһарды бұрын-соңды естімеген екенмін…
– Ақ сақалды абыздай ғой лебізің… – деді тағы тыныш тұрмай Демесін.
– Жә, сөзін бөлме! Баяндасын, – деді Ақылбек қабақ шытып. Қаздар тынышталды.
– Ертегі елінде болғандаймын… Түнде өзім көрген қаланың сұлулығын, қайырымды тұрғындарының бет-бейнесін суреттеуге тілім жетпес.
– Қайдағы шаһар? Қайдағы қала? – Қаздар қарқылдай күлді.
– Неге мазақтайсыңдар? – деді Айбын қызарып. – Неткен өркениет! Не деген озық ел! Жәрмеңке-базары, қала ішіндегі тағы бір қала! Сенбесеңіздер, жүрген-тұрған жерімнің бәрін… рет-ретімен көрсетіп бере алам.
Қаздар тағы ду күлді.
– Қойыңдар баланы кекетпей, – деді Ақылбек қабағын түйіп. – Айбынның айтып тұрғаны рас! Шындық! – Бұл жерде 9 ғасырдан 16 ғасырға дейін Отырар қаласы болған. Алғашқы атаулары – Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб.
Отырар 9-10 ғасырларда гүлденген ірі қала болып, ғылымның орталығына айналған. Бұл қалада сәулетті сарайлар, ірі медреселер, мешіттер болған. Отырар 13 ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деп аталған. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналғаны туралы көне түркі жазбаларда кездеседі. Мұнымен қоса, 13 ғасырдағы араб географы Якут: «Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала», – деп жазады. Ал, араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын Әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарасақ, Отырар 9 ғасырдың өзінде-ақ өте ірі қала болған.
Отырар 10 – 11 ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болған.
– Е-е, есте жоқ, ескі тарих десеңізші? – деген Жанасыл тыныш тұрмай.
– Ескі тарихты ұмытуға болмас, – деді Айбын.
– Жалпы Отырар қалашығы – 9 ғасырдан 14 ғасырға дейін кезеңдегі Қазақстан аумағындағы ең ірі, әрі дамыған қалалардың бірі, – деп әңгімесін сабақтады Ақылбек.
Отырар атырабы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында, Темір теміржол бекетінен батысқа қарай 10 шақырым, қазіргі Талапты ауылы жанында, Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 57 шақырым, Арыс өзені Сырдарияға құятын жерге жақын орналасқан. Қалашық тарихта орта ғасырлық сауда орталығы Фараб ретінде ежелгі қала Отырардың үйінділері болып табылады. Отырардан бөлек атырап аумағына Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Мардан, Құйық қалашықтары жалғасқан.
Отырар орнындағы алғашқы қала қонысы біздің дәуірімізге дейінгі 2 ғасырға жатады. Оның негізін қалаушы боп қаңлылар саналады. Ежелгі түрік рунаның жазбаларында (6 – 8 ғасыр) қала Қаңлы-Тарабан ретінде бірнеше рет айтылады. 737 – 748 жылдары Қаңлы-Тарабанды арабтар жаулап алады да, солардың билігіне өтеді. Араб үстемдігі кезеңінде Орталық Азияның мәдениет және ғылым орталығына айналады. Мұнда өз заманының ұлы ғалымдары өмір сүрген. Дәл осы қалада ұлы философ және математик, Шығыстың ірі ғалымы, Аристотельден кейін «екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Нәсір Әл-Фараби дүниеге келген. Қарахандар әулеті билік құрған 11-13 ғасырлар кезеңінде қала қарқынды дамып гүлденді. Соңыра Хорезм мемлекетінің құрамына кірді. 1219 жылы қала жаулап алушы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскерімен басып алынады. Қайыр хан бастамашылығымен тұрғындар қаланы 6 ай қорғады. Қаража есімді сатқын моңғолдарға қала қақпасын ашып береді. Отырар қиратылып, біраз уақытқа құлдырап кетеді. 12 ғасырдың ортасында қайтадан ірі сауда орталығына айналады. Ақсақ Темір кезінде жаңадан салынады. 1405 жылы Отырар сайларының бірінде Темір көз жұмады. Отырардағы өмір 18 ғасырдың ортасына дейін жалғасады.
Ұмытып барам, тағы бір маңызды дерек. Отырар кітапханасы – моңғол билігіне дейінгі Отырарда орналасқан әлемдегі ірі кітапханалардың бірегейі болған. 12 ғасырдың соңындағы кітап жинақтардың қараушысы Сунақ руынан шыққан Хисамуддин болған екен. Кейбір деректерде: «Кітапхана ауқымы жағынан тек Александрия кітапханасынан ғана кіші болған», – делінген. Шыңғысхан Отырарды қиратқаннан кейін, кітапханаға не болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Ондағы кітаптар жайлы да жазба деректерде айтылмаған.

Түркістанда

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой…»
Мағжан Жұмабаев.

Түркістанға түнде ұшып келген қаздар әдетегідей топтанып бір жерге қонды да, Айбын оңашалау жерге барып орын тепті. Он бір күн ішінде смартфоны отырып қалыпты. Ертеңінде ерте тұрып, шет жақтағы бір үйге барып қуаттандырып алған. Қосып қараса шалынған қоңыраулар мен ватсап арқылы жеткен хабарлама толып кетіпті.
Тентек Нұржан хат жолдаған екен:
«Сенің Астанадан кетіп қалғаныңды естіп, мазам қашты. Ата-анам да, сыныптағы достарым да маған ренжіп жатыр. Сенің өкпешіл екеніңді қайдан білейін… Кешір, досым!.. Қазақша сөйле деуің өте орынды. Қазір қазақша сөйлейтін болдым.

Сәлеммен, Нұржан.
15.10.22 жыл».

* * *

Айбын Түркістанда тұратын анасының туған сіңлісі Мағираға хабарласып еді, ол кісі жылдам-ақ жетіп келді. Баланы көрген жерден құшақтап, бетінен сүйіп жатыр.
– Ботам-ау, амансың ба? – дейді қайта-қайта тәптіштей сұрап.
– Дін аманмын, апатай!..
– Зәреміз ұшты-ау, құлыным!.. Бір қорқыттың!.. Ширақ екеніңді білемін! Әжең мен ата-анаңның да көңілі алаң… Елегізіп отыр…
– Кетерде хат жазып, қалдырғам…
– Ер жетіп үлкен болса да баланың аты – бала ғой, ата-анаға!
Бауырмал, туыс десе ішкен асын жерге қоятын Мағрипа бірде күліп, бірде жанарына жас алып Айбынмен ұзақ сөйлесті.
– Жүрегің қандай нәзік еді, Айбын құлыным?! Әлгінде өзің айттың, сені қатты ренжіткен Нұржан әбес, теріс қылығына өкініп, уацап арқылы хат жолдап жатыр екен. Кластағы өзге достарың да қайтып оралуыңды қайта-қайта сұрап, өтініп жатқан көрінеді. Бар-жоғы бір-ақ айдың ішінде біршама абырой-беделге бөлену, үлкен адамгершілік! Жүрек тазалығы! Әне-е, әжең де, әке-шешең де, сенің Астанаға келуіңді шыдамсыздана күтіп отыр. Сені қателесті, ағаттық істеді деп айта алман!.. Қазақ тілінде сөйлей қоймадыңдар деген талабың орынды!.. «Сабыр түбі – сары алтын» деген дана халқымыз. Уақыт керек, ботам!.. Кеше ғана бұратана мемлекеттің бұғауынан босағанымыз, отар ел болғанымыз жасырын емес! Ұрпақ алмасар! Заман өзгерер! Осы жайлы толғандың ба?! Көпті көрген, ұлағатты әже бауырында өскен сен, бәрін түсінеді және тиісті қорытынды жасайды деп үміт артам!.. Өтінем!.. Сөзімді жерге тастама!..
Болмаса, осында қал! Қалаған мектепті өзің таңда! Келістік пе, ботам?!.
Қара бала қандай жауап берерін білмей, дағдарған…
Кенет көк аспанда қаңқылдаған үндер естілді. Қаздар жерге жақындау келген сияқты ма қалай?! Айбынмен қоштасып жатқандары ма екен?! Дәл төбеден үш мәрте айналды.
– Мағира әпке! Түркістанға жеткенше мен көп ойландым… Қазақтың «Ана тілі!» деп шырылдағанына отыз жыл болыпты. Өзгеріс бар ма?!.. Тіл түзелсе қайтып оралам!.. Сөзсіз оралам!..
Баланың әпкесі таң-тосын. Көп жасаған абыз ақсақалдай сөйлеп тұрған Айбын қасында жоқ бір қараса…
Бала кілемге отырып, қаздарға ілесіп ұшып кетті…

* * *

Айбын қаздар барған жылы өлкені жерсіне алмай, көп ұзамай әлемдегі мойны озық ел – Жапонияға кетіп қалды…

Оралу

«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта…»
Хәкім Абай

Айбын Астанадан аттанғанда он екі жаста болатын, қазір он сегізде. Жақында орта мектепті бітірді. Жапониядағы ең атақты КЭЙО университетіне түспек еді, жеме-жемге келгенде айнып қалды. Ағылшын, жапон тілдерін жақсы білгенімен, емін-еркін, ағыл-тегіл қазақша сөйлесер жан жоқ. Елді қатты сағынды. Ұшарға қанаты жоқ!
– Арманың орындалды! Елге тез орал, – дейді әжесі телефон соққан сайын.
– Бәрін әлеуметтік желіден көріп отырмын. Небәрі жеті жыл ішінде өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылыппыз. Зауыт-фабрикалар мен шағын кәсіпорындар көбейіпті. Жұмыссыз адамдар жоқтың қасы дейді. Озық техника, технология мен инновацияға жол ашылған екен. Аласапыран, қиын-қыстау ана жылдары шетелге көшкен жастар лек-лек болып, отанға оралып жатыр. Оңды өзгерістерді сағаттап айтуға болар. Шын мағынасында демократия дамыған, иманды, мәдениетті ЕЛ осындай болуы керек!
Қазақ тілінің мәртебеге ие болуы – үлкен қуаныш! Көзбен көрмеген соң, сеніңкіремей тұрмын. Айтыңызшы, әже! Осының бәрі ақиқат па?
– Сенің арманың – қазақ тілінің асқақтауы еді ғой! Қазір Қазақстан халқының сексен пайызы, ұлтына, нәсіліне қарамай қазақ тілінде сөйлейді! Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтіндерді жолатпайды! Үлкен лауазым иелері – билік басындағылар да қазақша сайрағанда тайпалған жорғадай! Несін айтасың, ботам! Әулие, ойшыл Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы болжағандай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман!
Зор жаңалықты айтуды ұмытып барам. Кілеммен ұшқан сенің түріңді айнытпай бейнелеп, биіктігі үш метр мүсін жасап, «Самал» шағын ауданының ең бір көрікті жері – саябақ ішіне ескерткіш орнатқан. Айналасында қызылды-жасылды гүлдер жайқалып тұр! Су бұрқақтан су атқылайды! Қатар-қатар сәкілер қойылған! Балалар жақсы көретін неше түрлі тәтті-дәмділер мен балмұздақ сататын дүңгіршек қатарында, «КІТАП АЛ» деген киоскіде қазақ тіліндегі газет-журналдар мен әдеби, тарихи, танымдық кітаптар қаптап тұр. Сенбі-жексенбі күндері сол дүңгіршек қасында ұзыннан-ұзақ кезек тұрғанын көріп көкірегімді қуаныш кернеді.
Ескерткіштің жоғарғы тұсына:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – деп хәкім Абайдың бір шумақ өлеңін келтіріпті де, сәл төменірек: «АЙБЫННЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ!» – деп айшықты үлкен әріптермен жазып қойыпты.
Тұсаукесер шарасына барғанымда, «Айбынның әжесі» деп маған сөз берді. Сонда… кірпігім жасқа шыланды!.. Қатты толқыдым…
– Мен де тебіреніп тұрмын!..
– Ақылдым сол!.. Монтиған түріңнен!.. Астанаға қашан келесің?
– Бүрсікүні ұшаққа отырам.
– Көріскенше, сау бол құлыным!..
– Сау тұрыңыз, аяулы әжем менің!..

Пікір қалдыру