Күліп алып жазатын

Естелік
Біз жазушыларға арнап салынған қырық пәтерлі үйде 8 жыл көрші тұрдық. Жаңа қонысқа көшіп барған күннің ертеңінде есік алдында кездесе қалғанымызда ол жымыңдап тұрып:
– Мына үйдің дені сау екен. Бұрынғы пәтерім, бәтшағар, қызық еді: бірінші пәтерінде жілік шақсаң елуінші пәтеріне естілетін, – деді. Құйма қабырғалардан құрастырылатын үйді айтқаны.
– Ал мұнда қалай? – дедім қазақы «жілік шақсаң» қалжыңының жалғасын естігім келіп. Бүкіл бет-ауызы күліп тұрды да:
– Бір бөлмесінде бомба жарсаң екінші бөлмесіне естіле қоймас, – деді. Кірпіштен салынған үйге кіргеніне риза болғаны.
Сол жайлы баспанада, оның о жақ-бұ жағындағы үйлерде тұратын қазекемдер Осекең туралы алуан-алуан әдемі әңгіме айтады. Мысалы:
Ол жақын мекемелердің бірінде қызмет істейтін Кеңес атты жігітпен таныс екен. Он шақты жас кіші Кеңес оны ағалап, сәлем беріп жүрген. Бір мереке алдында екеуі тағы кездесе қалады. Інісі еңбегіне қарай берілген төрт-бес орден-медалін тағып шығыпты. Өзіне ондайдың біреуі де бұйырмаған ағасы бұрынырақ «қамшылап»:
– О, Кеңке, ағеке, ассалаумағалейкүм! Сіз соғысқа қатысқан екенсіз ғой?! – депті…
Осекеңнің ертелі-кеш үй маңында қыдырыстап жүретін әдеті бар-ды. Кеңсе атаулыда тұрақтап жұмыс істемеген жан, бар уақыты өзінікі. Сондай рахат сәттерінің бірінде жап-жас милиционер қазақ келіп амандасады да:
– Аға, сіз мына төрт қабатты үйде тұрасыз ғой, ә? – дейді.
– Бірінші подъезд, үшінші қабат, алтыншы пәтер!
Өзіне рапорт бергендей қаздия қалғанына, нық-нық сөйлегеніне іші жылып кеткен милиционер жымиып:
– Аға, сізге бір сұрақ қойсам деп едім, – дейді.
– Бірінші сұрағыңды қойдың ғой, ендігісін санамай-ақ қоя бер.
– Алдыңғы жақтарыңыздағы анау жекеменшік үйге кеше түнде ұры түсіпті, байқап қалған көршілерінің айтуынша, ұры қазақ әйел сияқты. Сіз осы маңда жүресіз, сол сезікті әйелді байқамадыңыз ба?
– Байқамақ тұрғай, көрдім де.
– Қашан?
– Алдыңғы күні де, кеше де, бүгін де.
– Түр-түсін айтып бере аласыз ба?
– Неге айтып бере алмаймын? Айтқанда мен айтайын. Орта бойлы, арық та емес, семіз де емес. Қараторы. Қасы-көзі қап-қара. Аңқылдап сөйлейтін ашық мінезді әйел. Отыз тісінің он шақтысы – алтын мен күміс. Аты – Нұрсұлу.
– Фамилиясы кім? – дейді милиционер, қуанғанын жасыра алмай елп етіп.
– Айналайын, оны енді өзінен сұра.
– Қайда тұратынын… білмейсіз бе?
– Неге білмеймін, ол менің пәтерімде тұрады.
– Қалай?!. Неге?!.
– Әй, шошқа, ол – менің әйелім! Менімен тұрмағанда кіммен тұруы керек? – деп ағекесі ақтарыла күледі. Не күлерін, не ыза боларын білмеген «шошқа» милиционер абдырап:
– Аға, сіз кімсіз, то-есть, аты-жөніңіз қалай? – дейді.
– Айналайын інім, менің атым – Оспанхан, жөнім – Әубәкіров.
– Ой, аға! Мен сізді сырттай білемін, күлдіретін әңгіме-өлеңдеріңізді оқып жүремін, «Сүзеген сөзіңізді» білемін! – деп сайрай жөнелген інісін Осекең иығынан құшақтап:
– Екеуіміз танысып болдық, енді үйге жүре ғой, – деп үйіне апарып, бір кітабын сыйлапты…
Радио тілшілерінің бірі сұхбаттасып отырып: «Аға, жер мен көктің арасы қанша?» деген «оқыс» әзіл сұрақ қойғанда: «Жер мен көктің арасы жер мен көктей!» – деп жауап қайырған Осекең жайында «жер мен көкті» аралап жүрген осындай әзіл-аңыз көп. Әзіл түбі ақиқат десек, соның бәрінде де негіз, бастаукөз бар.
Және бірі былайша: Осекеңнің жасы елуге толғанда ел-жұрты (Алматы облысының Жамбыл ауданы) шақырып, бірнеше күн құрметтеп, су жаңа болмағанмен жап-жақсы «Жигули» аутокөлік мінгізіп қайтарыпты. Сонымен үйіне келіп түскенде көліктің құжаттарын ұсынған шофер жігітке Осекең:
– Тоқтай тұр, бала, – дейді де мәшиненің алды-артына шығып қарап, кәнігі шоферлерше дөңгелектерін бір-бір теуіп байқап, жымыңдап: – Итің мықты екен, ә? – деп шоферге қарап: – Бала, сенің осындай төрт дөңгелегің бар ма? – дейді.
– Жоқ, – дейді анау.
– Мені пәленбай күн бағып-қағып, қалғып-шұлғып жүргендердің арасында сендей сілесі қата шаршаған күшік жоқ. Сені бүгін-ертең, басқалар тұрғай, үйіңдегі келін де танымай қалар. Сондықтан, әйдә, жүр! – деп шофер жігітті қолынан ұстай жетектеп апарып мәшінге отырғызып: – Айналайын інім, осы итті саған сыйладым, ырылдатып-ырылдатып ызаландырып ал да келінге қарай қайқай! – дейді. Шофердің есі шығып, не дерін білмей:
– Аға, аға… – дей берген.
– Мен мұны ырылдатып мініп жүре алмаймын, бұл енді сенікі, берген бастықтарға қазір телефонмен айтамын, бар, қайқай!
– Аға!..
– Әй, бала, сен шошқа болма, айтқанды ұқ, зымырат! – деп Осекең шоферді арқасынан қағып, мәшіннің есігін жауып: – Жөнел, кәне! Жарықта келінге жет! Ал тайып тұр! – дейді.
Сол хикаяты туралы сұрағанымда ол әдетінше мәз бола қырылдақ күлкісіне басып:
– Сөйтпегенде қайт дейсің? Одан бұрына әлгі бір «Москвич» деген торпақты мінгенмін. Бір күні сол тұлпарыммен Ұзынағаштан шіреніп, екі көзім, әрине, аспанда, жүйткітіп келе жатсам бір самолет кетіп барады, осылай қарай. «Өй, шошқа сол, Алматыға менен бұрын жетпексің бе?!» – деп педальді последний миллиметріне дейін бастым ғой! Сөйтіп «Москвичімді» шыңғыртып шауып келе жатып, бір кезде бір жерге топ ете түстім. Есім сау. Ұшып тұрып қарасам: тәйір атқыр тұлпарым жол жиегіндегі сорайған бағанды бір шекесімен сүзіп кеп қалған да, құдауәндә, шалқасынан түсіп, келген жағына қарап жатыр. Мені қапшықша лақтырып тастай салған! Содан кейін: «Қой, бүйтіп баған санай берсем Алматы электрсіз, телефонсыз қалып жүрер» дедім де мәшіннің рөлін ұстағанша шошқаның құлағын ұстайын деп, төрт дөңгелекті пәлекетке жоламауға ант бергенмін, – деді…
Бірде кешкісін үйіміздің қарсысындағы азық-түлік дүкенінде тоқайласып қалдық.
– Е, Осеке, не таңдап жүрсің? – дедім.
– Мыналарға, – деп мені қолтықтап, шыны жаймалардың жанына алып барды да, жайрап жатқан балықтардың басы қырқылғандарын нұсқап:
– Мына байғұстардың атын білесің бе? – деді.
– Ставрида ғой.
– Мен осыған өлең шығардым.
– Иә, не деп?
– «Ассалаумағалейкүм, ставрида! Әлі өтпей жатсың ба, мыстан рыба!» – деді де қырылдай күліп, қолын сермеп кете барды…
Осекең бір күні «Балалар бұйымы» дүкеніне барса құрдастарының бірі велосипед көріп тұр екен.
– Е, дұрыс, тоғыз ай, тоғыз күншіліктен үш айда жетіп келген күшігің мұны үш айында-ақ мініп алар, – депті. Құрдасы қатты ашуланып, біразға дейін сөйлеспей жүріпті. Сөйтсе, ол құрдасының келіні тойдан кейін үш айдан соң босанып қалған екен.
Енді өзінен естіген және бірін баяндайын.
Осекең бір күні Жазушылар одағынан шығып, «ортақ көлігіміз» – 39-шы аутобусқа мініп үйге қайтады. Орта жолда аутобусқа 5-сыныпта оқитын ұлы Бедел кіріп, орта тұста тұрған әкесін көреді де жетіп барып, қолынан ұстай алып:
– Папа, көре қойғаным жақсы болды, үйге бірге барамыз, иә? – деп қуанады. Әкесі оған қарамайды, ләм демейді, қолын тартып алады. Таңданған баласы:
– Папа, папа, неге сөйлеспейсің? – дейді дауысы шығыңқырап.
– Әй, балақай, тыныш тұр, менде әлі бала жоқ, – дейді Осекең сол күйі қарамастан.
– Папа?!.
Жолаушылардың бір-екеуі:
– Бұл не шу?!
– Бірін-бірі танымай тұрған бұлар кімдер?! – дейді.
Оспанхан аялдамаға тоқтаған аутобустан түседі де жолайғы бір жеңіл мәшінмен үйіне тез жетіп, Нұрсұлуға:
– Қазір Бедел келеді. Мені сұраса: «Үйде, ұйықтап жатыр дегейсің», – дейді де бөлмесіне барып, төсегіне жата қалады.
Алабұрта кіріп келген Бедел:
– Мама, мама, жаңа аутобуста тура папам сияқты бір кісіні көрдім, папам үйде ме? – дейді.
– Үйде, әлі тұрған жоқ, – деген Нұрсұлу Осекеңнің тағы бір қызық жасағанын сезіп: – Ұйықтай берсін, – дейді.
Құлағын түріп, естіп жатқан Оспанхан арсалаңдаған баласы, соңынан келіншегі кіре бергенде қатты ұйықтап жатқансиды да Бедел келіп құшақтап, папалап «оятып», көрген-білгенін айтқанда Осекең: – Сен мені әбден танып ал, әйтпесе, бір күні маған ұқсас біреуді папаласаң, ол сені алып кетеді, – деп Беделіне «ескерту жасап», Нұрсұлуын күлкіге бөктіріпті.
Осекеңнің бұл қырын ғана еске алу себебім: көзі қарақты қазақтың бірі көріп-білген, бірі естіп білген Осекеңнің ешқашан ескірмес ғажап шырайлы да шұрайлы әзіл-сықақ, әжуа-оспақ, мысқыл-мазақ өлеңдері мен әңгімелері сипаттауды қажет етпейді. Көдиі мен Сөдиі, Айдаубайы мен Байлаубайы, Мимырты мен Қошқылы, Анауы мен Мынауы, Кәуікбайы мен Әусегі, Ойнакүлі мен Бөдені… – бәрі де Осекеңнен «бата алған» күйлерінде арғы жақ пен бергі жақта одыраңдап, тасыраңдап, жылмыңдап, қылмыңдап жортып жүр. Танимыз, күлеміз, есіркейміз, жиіркенеміз…
«Лениншіл жас» (бүгінде «Жас алаш») гәзетінде «Сүзеген сөз» әзіл-сықақ отауын тіккен, «Тамашаның» түтінін түзулеген, республикалық «Қуыршақ театрын» қаз тұрғызған, гәзет-журналдар мен теле-радионы тапқыр да көркем қазақы күлкіге, әні сәтті табылған әзіл өлеңге қарық қылған Оспанхан әрқашан арамызда. Ол шебер аудармашы да болды. Серб әдебиетінің классигі сықақшы Бранислав Нушичті, түріктің атақты әзілқойы Әзиз Несинді қазақ оқырмандарына алғаш таныстырды.
1978 жылы «Лениншіл жастың» редакциясы маған Оспанханмен сұхбат жасауды тапсырды. Жолықтық. Әңгіме соқтық.
– Әзіл-сықақ ауылына қалай келдің? – дедім.
– Әу баста тілімнің бұрала беретініне қарамай әртіс боламын деп консерваторияның қорасына кіріп кеп кеттім. «Актер» деген қабырға гәзеті бар екен, тыныш жүрмей, соған студент жолдастарыма арнап, оқытушыларға деп әзіл өлең жазуды бастадым. Оқығандар: «Өй, маладес!» деп қолпаштайтын болды да мен олар күлген сайын еліріп жаза бердім, жаза бердім, сөйтіп, дәндеп алдым!
– Әңгіме-өлеңдерің кәдімгі гәзетке алғаш шыққанда қайтіп қуандың?
– Кәдімгі атша жата қалып аунадым.
– Сатирада сыйынатын тәңірің кім?
– Абайдың қара сөздері.
«Сыйынарың кім?» дегенге біз сыздаңқырап, бәлденіңкіреп, ойланғанға ұқсас кейіп көрсетіңкіреп, әлемдік әзіл-сықақтағы ұлыларды атап, бағамызды бүгінгі базар нарқынан да қымбаттатып жібереміз. Ал жаратылысынан қарапайым Оспанхан өйткен жоқ. Менің сәл таңданғанымды аңғара қойды да Абекеңнің қара сөздерінен «уыс-уыс» үзінді айтты. Заман, қоғам, адам жайындағы ең толық суреттеме, мінездеме, сипаттаманың Қара сөздерде жатқаны аян. Оқы, ойлан, түсін. Кезектеп керегіңді ал да – қолыңнан келеді екен – жаза бер. Оспанханға құдай оқи білетін, түсіне білетін, жаза білетін қасиет сыйлаған ғой. Күле білетіні өз алдына. Осекеңнің бір «құпиясы»: күлкілі жәйтті айтар алдында да, жазуға ыңғайланғанда да әуелі өзі қайта-қайта күліп алатын. Қай шығармасын оқи бастасаң-ақ қалың күлкінің ортасына еніп бара жатасың ғой. Оқырманының сол күйін автор өз басынан өткеретіні – сырт көзге бір ерекше қызық. Бірде: «Бізге де айтсаңшы, біз де күлейік!» – деп қағытқанымда оның: – Енді қайтейін, шошқалар шошаңдап көз алдымда тұрып алады», – дегені бар. Ол інілерін қатты жақсы көре қалжыңдағанда «әй, шошқа» дейтін. Ағалық, ұстаздық қадір-қасиетіне тәнті шәкірттері әсте ренжіген емес, қайта «айналайын» дегенді естігендей жымыңдайтын.
…Осекеңнің туған әкесі – Тұрсынәлі Ыстыбаев. «Қалқаман-Мамыр» хиссасындағы Қалқаманның ұрпағы екен. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Қастек» колхозының бастығы кезінде 1937 жылы «халық жауы» деген жаланың құрбаны болыпты. Үш жасында әкесіз жетім атанған Оспанханның келешегін ойлаған шешесі Әубәкір деген жігітке тұрмысқа шыққан. Әубәкір парасатты жан екен, балаға өгейлік жасамапты. Алақаны аялы Әукеңді Оспанхан туған әкесіндей сыйлап өсіпті. Мұны бірде ақын ағамыз Әнуәрбек Дүйсенбиев үшеуіміз бас қосып отырғанымызда Осекеңнің өзі айтқаны есімде. Әнекең екеуі туыс екен.
Бұ дүниеге 1934-жылы, мамыр айының 4-і күні іңгәләп келген Осекең небары 52 жыл өмір сүрді. О, жалған! Сағыныш шіркін жүректі саздырып жүр…
Осекеңнің өзі жоқ болса да ел-жұрты 60 жылдығын жақсылап тойлады. Жазушылар одағының ұсынуымен, облыс, аудан басшыларының құптауымен Ұзынағаш ауылында жаңа орта мектепке Осекеңнің аты берілді.
Біз, кешегі дос-жолдас тұрғыластары, өзіміз тапсырыспен салдырған суретін мектепке сыйладық.
Осекеңнің 70 жылдығы 2005 жылы Жамбыл ауданында тойланды – облыс, аудан басшыларына мың бір алғыс! Ол тойды атқаруға Оспанханның ең сүйкімді, дарынды шәкірт-інісі Көпен Әмірбек бес қаруын сайлап кіріскен.
Қайран Көпеннен де көз жазып қалдық.
Осекеңнің 80 жылдығы Жазушылар одағы деңгейінде атап өтілді…
Бүкіл бет-ауызы күліп келе жатқан Осекеңді көрген сайын ол маған жұмыр басты пенде емес, құдайдың өзі адам қалыбына құя салған тіп-тірі Әзіл-Сықақ сияқтанатын. Екеуіміз 1966 жылдың маусым айында таныстық. Кейінде жазушылардың Жамбыл көшесіндегі, Оспанхан айтқандай, «азаматтардың ақ үйінде» сегіз жыл көрші болдық. Араластық, құраластық. Бірде үйінде жалғыз өзі қырылдай қарқылдап жүргенін көргенім бар.
– Оу, Осеке, жол болсын! – дедім әзілімді астарлап.
– Кел, жүр, бірге күлейік! – деді ол тізгін бермей. Күлген бойы білегімнен ұстай алып, жазу үстеліне қарай «қайқайды».
– Мына пәлені оқышы! – дейді үстелде жатқан парақтарды балуанға тән жуан саусағымен меңзеп. Өзі тағы күліп, шегініп кетті. «Үретін ит пен күлетін ит» деп тақырып қойып жаза бастаған әңгімесі екен.
Оспанханның әзіл әңгіме-өлең жазуға кірісер алдында да, жазу барысында да суреттейтін оқиғасын оңаша күлкісіне «орап, әлдилеп» алатын әдеті барын сол жолы көрдім. «Өзің күлмегенге басқалар да күлмейді» – деді.
Ол шынында күлу үшін, күлдіру үшін туғандай еді. Замандастарының арасында, меніңше, ой-оқиға ойнату, сөз ойнатуда Осекеңе жете алған әзіл-сықақшы жоқ.
Иә, Көшбасшымыздың өзін де, күлкісін де сағынып жүрміз. Исі қазақтың көкірегі ояуы білетін, аруағын құрметтейтін Осекеңе Алматының басшыларынан бастап, үкіметке дейін 20 жыл жазып жүріп, «2-Шаңырақ» шағын ауданынан көше атын әрең алдық. Республика қуыршақ театрының ұжымымен келісе отырып, театрға атын қоюды сұрағанымыздан нәтиже шықпады. Қажет еткен құжаттарды пәленшекеңнің нұсқауымен түгленшекеңе, түгленшекеңнің нұсқауымен пәленшекеңе апарумен Нұрсұлу талай бәтіңкені тоздырып тынды. Сатира сардары 20 жыл тұрған үйге ескерткіш тақта орнатуды әлі күтудеміз…
Менің жасым елуге толған күні Осекең: «Бұл – саған берген құрмет грамотам!» деп мәз болып тұрып ұсынған өлең-хаты мынау еді:
БАСЫҢДЫ ҚАСЫМА!
Ой, «сұмдық-ай», Ғаббас та
Келеді екен Елуге!
Мұндай «уыз қыз жасқа»
Болмайды сені телуге!
Бос «бақырғыш» Қобыланды,
«Байшұбарлы» Алпамыс:
«Келдім, – десе, – Елуге»,
Бола ма соған сенуге?!.
Сен елуге келсең, келе бер,
Дегенменен, түбінде
Жет Жамбылдың жасына, –
Осы түссін басыңа!
Ал енді сол 100-ге дейін
Басыңды сен қасыма!
«Бастығың» ОСПАНХАН (ӘУБӘКІРОВ).
1985. Көкек. Тоғызы.
Қасу-қасымау, Осеке, ол енді…
90 жылдығыңның қалай тойланғанына қарай болар.
(12. 01. 2024 ж.)
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ