КҮРЕСТЕ ӨНЕРДІҢ БІР ТӨРЕСІ


Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 7 қола жеңіп алды.

 

Қазақ күресі – ғасырдан-ғасырға жетіп, ата-бабаларымыздан кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған спорт түрі. Бұл – қазақ деген қабырғалы халықтың төл өнері. Сол себепті оны барынша өркендету, кеңінен құлаш жаюына ықпал ету, шарықтау шегіне жеткізіп тұрып дамытуға сүбелі үлес қосу – Алаштың әрбір азаматының парызы. Осы орайда мақтанатындай жайымыз бар. Өйткені қазақ күресін дамыту мәселесі жақсы жолға қойылған. Әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі көрсеткішіміз қызығарлықтай. Мәселен, төл өнеріміз бойынша Дүниежүзілік қауымдастық құрылды, құрлықтық және әлем чемпионаттары үздіксіз өтіп келеді. Оған қатысуға ниет білдіріп жатқан мемлекеттердің, спортшылардың қарасы қалың. Осының өзі зор мақтаныш емес пе?!
Демалыс күндері Қызылорда қаласында өткен Азия чемпионаты жоғарыдағы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Бесінші мәрте жалауын көтерген құрлықтың басты жарысына Қазақстанның әр аймағынан келген балуандарынан бөлек, Қытай, Моңғолия, Ресей, Сирия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның ұлттық құрама командалары қатысты. Жарыстың ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов, Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Қыдырбек Рысбекұлы, Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті Серік Төкеев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөздерін арнады. Ал белді балуандар бәсекесін тамашалауға ниет білдірген жанкүйерлер «Еуразияға» ағылып келіп жатты. Зәулім спорт кешенінде, тіптен ине шаншар орын болмады. Салтанатты жиын барысында Қыдырбек Рысбекұлы төл өнеріміздің жанашыры ретінде танылған Болатбек Қуандықов мырзаны «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет белгісімен марапаттады. Жасыратыны жоқ, Сыр өңірінің азаматтары қазақ күресі десе, ішкен астарын жерге қояды. Төл өнерімізді өркендету жолында олар қажырлы еңбек етуде. Қызылорда облысының әр өңірінде спорттың бұл түрі жақсы дамып келеді. Облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаевтың да қазақ күресіне деген ықыласы ерекше. «Біздің басты міндетіміз, әрине, Олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрлерінің өркендеуіне барынша жағдай жасау. Бұл міндетті біз ойдағыдай жүзеге асырып келеміз. Алайда төл өнер түрлерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені жүрегі «Қазақ!» деп соққан әр азамат ел тарихын терең білуге тиіс. Өзінің салт-дәстүріне ұқыптылықпен қарағаны жөн. Осындай рухта тәрбиеленген Сыр өңірінің азаматтары ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде қазақ күресіне ерекше ден қоюда. Біздің бұл бастамамызды облыс әкімі үнемі қолдап, барынша қамқорлық көрсетуде. Болатбек Баянұлының тікелей мұрындық болуының арқасында Қызылорда қаласында осындай дүбірлі дода өтуде», – дейді Садық Шонмұрынұлы.
Жарыстың өзіне келетін болсақ, бәсекелер жеті салмақ дәрежесі бойынша өрбіді. Бір байқағанымыз, бұрынғы кездегідей өз қандастарымыз барлық салмақта толықтай үстемдік құрған жоқ. Бір жағынан бұл жағдай бізді қынжылтты. Өйткені өз өрендерінің жеңіс тұғырының ең биік сатысында марқайып тұрғанын кім жек көрсін?! Екінші жағынан –қуандық. Қуануымыздың себебі, шетелдіктер біздің төл өнерімізге ерекше қызығушылық танытып, жақсы көңіл бөле бастаған екен. Яғни, қазақ күресі алыс-жақын шетелдерде кеңінен құлаш жайып келеді.
Бас жүлденің төртеуі елде қалды. 54 келі салмақта Қазақстан құрамасы командасының мүшесі Бауыржан Райысов алдына жан салмады. Жарыстың басынан аяғына дейін бабын жоғалтпай, шынайы шеберлігін паш еткен Бауыржан ақтық айқаста моңғолиялық Бағдат Сумьяға сан соқтырды. Ақтөбелік Евгений Серебряков пен қызылордалық Дәурен Қатартаев жүлдегерлер санатына қосылды. 60 келі салмақта Бауыржан Тәліптің мықтылығына тәнті болдық. Жасы 30-ға келген балуанымыз бұған дейін де талай байрақты бәсекеде топ жарып, әлем чемпионы атағына қол жеткізгенін жанкүйер қауым жақсы біледі. Өзіне тән сабырлық пен сақтықтан айнымаған Бауыржан шешуші сәтте жасындай жарқырай білді. Нәтижесінде қарсыластарының денін айқын басымдылықпен ұтты. Финалда тәжікстандық Начиболла Хабибовтың аяғын көктен келтірді. Үшінші орындарды жерлесіміз Нұрболат Ыстыбаев пен өзбекстандық Шерхан Ибрагимов өзара бөлісті. Сөйтіп, қос Бауыржанның, яғни Райысов пен Тәліптің құрметіне қазақтың әнұраны шырқалды.
Одан кейінгі екі салмақта Моңғолия балуандарының мерейі үстем болды. Осы жарыс қарсаңында Гобби шөлінде жаттыққан жігіттер Қызылордаға тамаша бабында келген екен. 66 келі салмақта белдескен Санжаасурен Мияарагуана қарсылас шыдатқан жоқ. Барлық балуандарды қиналмай ұтқан ол, ақтық айқаста қазақстандық Міржан Қуанбаевтан айласын асырды. Қола жүлде жерлесіміз Сүлеймен Жайнаров пен Қытайда тұратын қандасымыз Нұрлан Далалханға бұйырды. 74 келі салмақта боз кілем иелеріне бірде-бір медаль бұйырған жоқ. Бірінші орынды моңғолиялық Болт-Эрден Одсурен олжаласа, екінші тұғырға ирандық Илхомжан Абака табан тіреді. Қырғызстанның қос өрені – Берік Қасымбеков пен Санжар Османәлиев үшінші сатыларға жайғасты.
82 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Мұхит Тұрсынов дара шықты. Ол шешуші сайыста Тәжікстанның мақтанышы Муборакшо Ибодовтың осал тұсын таба білді. Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Жасұлан Досымов пен қырғыз Нұрбек Қожабеков қола жүлдені иеленді. 90 келі салмақта Сирияның саңлағы Меткал Алжараманидің алдын орайтын ешкім табылмады. Ақтық айқаста ол өзбек Украм Раджабовтан басым түсті. Қандасымыз Дархан Бижанов пен өзбекстандық Мұхсин Хисомиддионов қолаға қол созды. +90 келі салмақта тәжік Нәбимұхаммед Хоркашев топ жарды. Күміс медаль өзбек Адалдан Төлендібаевтың мойнында жарқырады. Айбек Нұғымаров пен Иінбек Тыныс қола жүлдені қанағат тұтты.
Ең соңында жарыс жолына нар тұлғалы жігіттер шықты. Делебені қоздырып, қанымызды қыз-қыз қайнаттырған осы бәсекелер болды. Тартысты бәсекелер барысында Қуаныш Салықбаевтың шоқтығы биік екені аңғарылды. Азияның әр түкпірінен келген жалынды жастар 37 жастағы түйе балуанның осал тұсын таба алмай, әбден әлекке түсті. Қара терге малшынып, қос жауырынымен жерге қадалғандары қаншама?!. Тіптен финалдық бәсекедегі қарсыласы тәжік Нұролла Нұхматов Қуаныштың алдында тым дәрменсіз күй кешті. Сөйтіп, Азия чемпионатының түйе балуаны атағына Қазақстан құрамасының мүшесі, әйгілі спортшымыз, семейлік Қуаныш Салықбаев қол жеткізді.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша командалық бас жүлде Қазақстан құрамасына бұйырды. Жерлестеріміз 4 алтын, 2 күміс және 7 қоланы қоржынға салды. Екінші орын алған Моңғолия балуандары 2 алтын мен 1 күмісті иеленді. Үшінші орында – Тәжікстан құрамасы. Олар 1 алтын және 3 күміске қол жеткізді. Сөйтіп, Сыр бойындағы екі күнге созылған жарыс өз мәресіне жетті. Оның ұйымдастырылу деңгейіне барлық мамандар мен меймандар аса жоғары баға берді. Ең бастысы, құрлық чемпионаты арқылы біздер қазақ күресінің тұғыры биіктеп келе жатқанына дүйім жұрттың көзін жеткіздік.

* * *

Қызылорда кілемінде қазақ күресінен екі күнге созылған Азия чемпионаты аяқталды. Бұл сынға «Сарықұрлықты» мекендейтін алыс-жақын 10 мемлекеттен 80-ге жуық балуан келді. Ел намысын негізгі және қосалқы құрамдағы шеберлер қорғады.
Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан құрамасы сапында небір мықты балуандар бар екен. Ал Иран мен Сириядан келген балуандарға чемпионат басталмас бұрын біздің бапкерлер арнайы дәріс өткізді. Қазақ күресінің айла-тәсілдерімен жан-жақты таныстырды. Енді бір айта кетерлігі, қазақ күресінің күртешесі барлық қатысушыларға тегін таратылды. Сырттан келген және өз еліміздегі төрешілерге арнап, мамандар арнайы семинар өткізді. Бұдан кейін чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қызылорда облысының әкімі төл күресімізден өтіп жатқан Азия чемпионатының маңыздылығын ескеріп, барлық шаруасын доғара тұрып, ашылу рәсімінде келген қонақтар мен қатысушыларға ақ тілегін білдірді. Жыл аяғы болғандықтан, биылғы маусымда халықаралық аренада Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған және жүлдеге іліккен Сыр елінің спортшы ұл-қыздарын өзі тағайындаған арнайы стипендиямен марапаттады. Жалпы саны 30 спортшы 56 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. «Мұның өзі – Сыр еліндегі спортқа жасалып жатқан ерекше қамқорлық», – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары Қыдырбек Рысбекұлы.
Содан соң «Қазақ күресін жете меңгерген балуан қарымды дзюдошыға да, әккі самбошыға да, атақты еркін күрес шеберлеріне де дес бермейді. Өзінің төл күресін жете меңгерген ата-бабаларымыз елі мен жерін сақтап қалып, қантөгіс майдандарда жат жерлік батырларға дес бермеген. Бүгінгі таңда елімізге кеңінен танымал қазақтың даңқты балуандарының барлығы да күрес әліппесін төл күресімізден бастаған», – деп жалғады сөзін. Бұдан кейін Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовты ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.
Содан соң бозкілем белдесулері басталды. Ұлттық федерация төл күресімізді жан-жақты дамыту үшін кілең мықтыларды бір топқа жіктеді. Ондағы мақсат келген қонақтар финалға шығып, өз еліне жүлдемен оралып, қазақ күресін насихаттасын деген шара еді. Алайда келген балуандар шынымен де мықты болып шықты. 90 келі және ауыр салмақта мықты деген қазақтың бірде-бір балуаны ақтық айқасқа шыға алмады. Есесіне 90 келіде бас жүлдені өзбекстандық Украм Раджабов пен Сириядан келген Меткал Алмарамани сарапқа салса, одан жоғары салмақта өзбек Адылжан Тулендыбаев пен тәжік Нәбимұхамед Хоркашов арасындағы финалдық белдесуді жиналған жұртшылық аса бір қызығушылықпен тамашалады.
Сәл ғана басымдық танытқан тәжік балуаны Азия чемпионы атанды. Жалпы, Хоркашов – биыл самбодан Грецияда өткен әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізген әккі балуан. 90 келіде Азия чемпионы атанған Сирия балуаны Меткал Алмараманидің дзюдомен айналысқанына 15 жыл болыпты. Ол барлық белдесуінде қарсылас шақ келтірген жоқ. Белдесуден кейін онымен тілдескенімізде: «Қазақ күресі айла-тәсіл мен орасан күшті қажет етеді екен. Тек шапшаң қимылдасаң болды. Қарсыласыңды әп-сәтте қапы қалдырасың, маған қатты ұнады. Енді еліме барған соң сіздердің күрестеріңізді насихаттайтын боламын. Ендігі қазақ күресінен өтетін барлық халықаралық сындардан қалмауға тырысамын», – деді.
82 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Мұхит Тұрсыновтың бағы жанды. Биыл ғана ел кубогын еншілеп, Қазақстан чемпионы атанған семейлік балуан шын мәнінде өз шеберлігін паш ете білді. Финалда тәжік балуаны Муборакшо Ибодовты кілемге алып ұрып еді, қарсыласының иығы сынып кетті.
74 келі салмақта ирандық Акаба Илхоммұхамед пен моңғолиялық Болд-Эрдэнэ Одсүрэн бас жүлдені сарапқа салды. Былтыр ғана самбодан әлем кубогын жеңіп алған Моңғолия балуаны биыл дзюдодан өткен әлем чемпионатында 5-орын алған болатын. Шынымен-ақ, осал емес екен, қарсыласын бірден қапсыра құшақтап алып ұрып, айқын басымдыққа қол жеткізді.
66 келіге дейінгі салмақта өте тартысты белдесу өтті. Биылғы Қазақстан чемпионатында топ жарған, ал әлем және Азия біріншіліктерінде жүлдеге ілінген Мейіржан Қуанбаев моңғолиялық Мияарагачаа Санжассүрэнмен күресті. Басында бір жартылай жеңіс әдісімен Мейіржан ұтып жатқан. Алайда самбодан Азияны үш мәрте мойындатып, биыл ғана әлем кубогының кезеңінде топ жарған Санжассүрэн бірнеше әдіс қолданып, бір «бүк», бір «жартылай жеңіс» әдісін еншісіне жазды. Ал белдесудің бітуіне бір минуттай уақыт қалғанда «жамбас» әдісін қолданып, бірінші орынға ие болды.
60 келі салмақтың ақтық белдесуінде ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі балуандарымыздың бірі Бауыржан Тәліп тәжікстандық Начибулло Хабибовпен күресті. Белдесудің аяқталуына 1 минут 35 секунд қалғанда Тәліп тәжік балуанның аяғын аспаннан келтіріп, айқын басымдыққа қол жеткізді.
Ең жеңіл салмақта тағы бір жерлесіміз, былтыр Ресейдің Орск қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған Бауыржан Райсов моңғол Батгал Сумьямамен күресіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Әдіс қолданудың қас шебері Бауыржан белдесу барысында қарсыласын алып та, шалып та жықты. Тіпті жерлестерінің алдында қарсыласын алып ұрып, таза жеңіске қол жеткізді.
Жиналған жанкүйер қауым аса тағатсыздана күткен түйе балуандар бәсекесінде 12 спортшы бақ сынады. Ел абыройы үшін қашанда барын салатын мақаншылық Қуаныш Салықбаев финалға дейін сүрінбей жетті. Бас жүлдені тәжікстандық Нурулло Нухматовпен сарапқа салып, намысты қолдан бермей, жеңіске жетті. Қуаныш: «Кешегі жеңілістен кейін мен түні бойы өзімді қайрап шықтым, егер түйе балуандар күресінде бас жүлде қонақтардың еншісінде кететін болса, онда бізді жанкүйер қауым кешірмес деп барымды салдым», – деді.
Азия чемпионатының өтуіне мұрындық болған Қызылорда облыстық Туризм және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев: «Біз үшін құрлық біріншілігін өткізу сынақ болды. Біз содан сүрінбей өттік деп ойлаймын. Өйткені қонақтар ризашылығын білдіріп кетті», – деді.
Осылайша, бесінші Азия чемпионатында қазақ елінің балуандары 4 алтын, 1 күміс және 7 қола медальға ие болды.

* * *

Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен V Азия чемпионаты болып өтті. Құрлық бәсекесіне Қазақстаннан өзге Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран және Сирия елдерінен балуандар келді.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Болатбек Қуандықов осындай үлкен жарысты Сыр елінде өткізуге сенім білдірген азаматтарға алғысын білдіріп, сайысқа келген барлық балуандарға сәттілік тіледі. Елімізде спортты дамытуда іргелі істер атқарылып келеді. Елбасымыз бұл саланың өркендеуіне айрықша қамқорлық танытып отыр. Ол жастардың түрлі додалардан табысты оралуына игі ықпалын тигізуде. Осындай жоғары жетістіктерге Сыр бойы спортшылары да қол жеткізуде. Өткен жылы ауыр атлет Илья Ильин Бейжің төрінде өткен Олимпиадада алтыннан алқа тақты. Бұл үмітті ұландардың алар асуы әлі де алда екенін дәлелдейді.
Осыдан кейін облыс басшысы үстіміздегі жылы түрлі халықаралық додаларда топ жарған бір топ қызылордалық спортшыларды марапат­тады. Олардың арасында ауыр атлет Алмас Өтешов, самбошы Диана Сәдуақасова, велоспортшы Берік Көпешов, грек-рим күресінен Ербол Киікбаев сынды жастарымыз бар.
Туризм және спорт министрлігі спорт комитеті төрағасының орынбасары Қыдырбек Рысбекұлы, дүниежүзілік қазақ күресі қауымдас­тығының президенті Серік Төкеев жарысты жоғары деңгейде өткізуге қолдау білдірген облыс басшылығына алғыстарын арнады. Комитет төрағасының орынбасары облыс әкіміне «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» Құрмет белгісін табыс етті.
Салтанатты рәсімнен кейін балуандар белдесуі басталып кетті. Алдымен боз кілемге 54 кг. салмақтағы балуандар шықты. Бұл салмақта алты спортшы бақ сынады. Олардың арасында жерлесіміз Бауыржан Райысов та бар. Қармақшылық балуан бұдан бұрынғы жарыстарда да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, өз шеберлігін танытып жүр. Ол қазақ күресінен әлем чемпионы атанған еді. Осы жарыста да өзін жақсы қырынан танытуға күш салды. Жерлесіміз іріктеу бәсекесінде еш іркілген жоқ. Қарсыласының бәрін жықты. Ақтық бәсекеде оған Моңғолиядан келген Бағдат Сумьяа қарсы тұрды. Бұл белдесу тартысты өтті. Моңғол балуаны да осал емес. Қазақ күресінің әдіс-тәсілін жете меңгергенге ұқсайды. Ол Бауыржанға үлкен қарсылық көрсетті. Әйтсе де, жерлесіміз өзінің айласын шебер пайдалана білді. Осының нәтижесінде Азия чемпионы атанды.
Одан кейінгі 60 кг. салмақта он балуан боз кілемге шықты. Жергілікті жанкүйерлер тәжік балуаны Начибулла Хабибовтың шеберлігіне тәнті болды. Қазақ күресінің қыр-сырына енді ғана қанығып жүрген ол өзінің күш-қайратының арқасында қарсылас шақ келтірген жоқ. Тәжік балуаны ақтық сайысқа жетіп жығылды. Соңғы сайыста ол қазақстандық Бауыржан Тәліппен кезікті. Қазақстандық балуан бұдан бұрын әлем және екі дүркін Азия чемпионы болған еді. Екі балуан кілем үстінде ұзақ айқасты. Әрине, спорттың осы түріне әбден ысылған Бауыржан қолайлы сәтті құр жіберген жоқ. Қапысын тауып, қарсыласының жауырынын жерге тигізді.
Қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақиттің айтуынша, бұдан бұрынғы жарыстарда алтынға тек өз спортшыларымыз қол созатын еді. Бұл жолғы бәсеке тартысты өткенімен ерекшеленеді. Мәселен, 54 және 60 кг. салмақта ақтық сайысқа өзге елден келген балуандар да шығып отыр. Қонақтар қазақ күресінің әдіс-тәсілін әлі де жетік меңгере қоймағанымен, күш-қайраты жөнінен біздің балуандардан қалыспайды. Моңғол және тәжік балуаны да өздерін жақсы қырынан таныта білді. Осының арқасында олар ақтық сайысқа дейін жетті. Әрине, бұдан бұрынғы жарыстарда жоғары жетістікке жеткен өз балуандарымыз жеңісті қолдан бере қойған жоқ. Осыған қарай отырып, алдағы уақытта біздің спортшылардың бұл жарысқа үлкен дайындықпен келуі керек екені айқын аңғарылды. Монғолиядан келген Мияарагуа Санжаасурен 66 кг. салмақта ешкімге дес бермеді. Жиырма алты жастағы балуан қарсыласының барлығын қоғадай жапырды деуге болады. Әрбір әдіс-тәсілді пайдалануда өзінің шеберлігін таныта білді. Бұл салмақта біздің жерлесіміз Мейіржан Қуаңбаев та сынға түсті. Екі мәрте Азия чемпионы атанған ол іріктеу кезеңінде кез келген қарсыласын оп-оңай жеңді. Оған лайықты қарсылас ақтық сайыста кездесті. Моңғол жігіті біздің балуанның ыңғайына көне қойған жоқ. Тіпті, өзінің күші басым екенін аңғартып қойды. Қос балуан бір-біріне лайықты қарсылас бола білді. Дегенмен, моңғол жігіті қолайлы сәтті құр жібермей, біздің балуанның жауырынын жерге тигізіп үлгерді. Белдесу біткенде төреші Мияарагуа Санжаасуреннің қолын жоғары көтерді. Мейіржан қазақ күресінен үшінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады.
Одан кейінгі 74 кг. салмақта да бас жүлде Моңғолиядан келген балуанға бұйырды. Жиырма тоғыз жастағы Одсурен Болд-Эрдене де қазақ күресіне әбден ысылып қалғанын аңғартты. Осы салмақта қазақ елі атынан бес балуан боз кілемге шыққан-ды. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы жүлдегер қатарынан көріне алған жоқ. Жүлденің барлығы өзге елден келген балуандардың еншісінде кетті. Мәселен, ақтық сайыста моңғол балуанымен ирандық Илхомжан Абака кездесті. Бұл белдесуде Одсурен Болд-Эрдене өзінің күші басым екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Бар-жоғы үш балуанмен келген Моңғолия командасы осылайша екі алтын және бір күміс медальға қол жеткізді. Сырт жерде қазақ күресін кеңінен насихаттап жүрген қандасымыз Бақыт Одынайдың шәкірттері өз елінің абыройын асқақтата білді. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында еркін күрестен жүлдегер болған ағамыз:
– Мен Моңғолияда қазақ күресі федерациясының президентімін. Ол жақта біздің күрес жоғары деңгейде дамып келеді деп айтуға болады. Осы Азия чемпионатында жоғары жетістікке жеткеніміз соның айқын дәлелі іспеттес. Әлемде күрестің бірнеше түрі бар екені белгілі. Біздің ұлттық спорт түрінің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда тек қана жігіттер белдесуге шығады. Оны нағыз ерлердің бәсекесі деп білемін. Мен екі шәкіртімнің алтыннан алқа таққанына қуаныштымын. Алдағы уақытта моңғол жерінде қазақ күресіне деген қызығушылық бұдан да арта түседі деген ойдамын, – деді.
Біздің қоржынға тағы бір алтын медаль 82 кг. салмақтан түсті. Жиырма бір жастағы балуан Мұхит Тұрсынов үлкен жарыста өзін жақсы қырынан таныта білді. Барлық кездесуде қарсыластарын алып та, шалып та жыққан ол соңғы бәсекеде тәжік балуанымен жолықты. Қарсыласының біздің спортшыдан жас шамасы біршама үлкен. Оның қазақ күресінен де біршама әдіс-тәсілді меңгергені көзге көрініп тұрды. Алайда, төл күресімізден бас бәйгені өзгеге беріп жіберуді құп көрмеген Мұхит боз кілемде барын салды. Бес минөтке созы­латын белдесуде ол қарсыласын тықсырып бақты. Осының арқасында бірнеше әдіс-айланы пайдаланып үлгерді. Мұхиттың жігерлі қимылы оны жеңіске жетуіне негіз қалады. Төрешілер бірауыздан оны жеңімпаз деп таныды.
Аталмыш жарысқа Сирия елінен небәрі бір-ақ балуан келген еді. Жиырма тоғыз жастағы Меткал Алжараманидің қазақ күресінің қыр-сырына қаныққанына көп уақыт өте қоймапты. Ол спорттың бұл түрі өзіне ерекше ұнағанын айтады. Алғашқы кезден-ақ оған қызығушылығы арта түскен. «Қазақ күресінде ең бастысы күш-қайратқа көбірек көңіл бөлінеді екен. Маған осы ерекшелігімен ұнады» дейді ол. Меткал бұл жарысқа алғашқы мәрте қатысып тұрғанына қарамастан, бас бәйгеге ие болды. Ол алтын медальға қол жеткізу үшін өзбек жігіті Акрам Раджабовпен белдесті. Төрешілер бұл бәсекеде Сирия спортшысының қолын жоғары көтерді.
– Азия чемпионатына шет елден жеткен спортшылар да ерекше дайындықпен келгені байқадық. Мысалы, сириялық балуан жанкүйер көңілінен ғана шыққан жоқ, оның шеберлігін біз де жоғары бағалап отырмыз. Ол кез келген белдесуінде әбжіл қимылымен, қайраттылығымен көзге түсе білді. Осының нәтижесінде жарысқа тұңғыш мәрте қатысып тұрса да, топ жарып, көпшілік құрметіне бөленді. Бұрынғы жылдарда қазақ күресінен халықаралық жарыстарда өз балуандарымыз бас бәйгеге ие болатын еді. Енді, міне, төл спортымыз қанатын кеңге жайып келеді деуге толық негіз бар. Біздің спортшыларға да лайықты қарсыластар табылып жатыр. Мен өз балуанымыз Мұхит Тұрсыновтың да шеберлігін жоғары бағалаймын. Ол жастығына қарамастан, өзінің талантты екенін көрсетті, – дейді қазақ күресі төрешілер алқасының жетекшісі Диқанбай Биткөзов.
Аса ауыр салмақтағы алғашқы екі жүлде де сырттан келген балуандардың еншісіне байланды. Тәжік жігіті Набимухаммад Хоркашев 90 кг. жоғары салмақта өзінің бабында екенін аңғартты. Осы салмақта өзбек балуаны Адалхан Төлендібаев та шеберлігімен көпшілікті тәнті ете білді. Бұл салмақта барлығы сегіз спортшы боз кілемге шыққан еді. Олардың арасынан бабы мен бағы қатар шапқан тәжік және өзбек балуандары ақтық сайыста кездесті. Толағай денелі спортшылар жекпе-жегінде Набимухаммад Хоркашев Азия чемпионы атанды.
Түйе балуан сайысында қазақ елінің спортшысы Қуаныш Салықбаевтың мерейі үстем болды. Ол ақтық сайыста өзбек жігіті Нурулла Нухматовпен белдесті. Қырық жасқа келіп қалса да, әлі де спорттық бабын сақтап жүрген Қуаныш бұл белдесуде ешбір абыржи қойған жоқ. Өзіне деген сенімділігінің арқасында ол жарыстың түйе балуаны атанды.
Осылайша екі күнге созылған қазақ күресінен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алды. Біздің еншімізде 3 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль бар. Бізден кейінгі орындағы Моңғолия құрамасы еншісінде 2 алтын, 1 күміс алды. Үшінші орынға 1 алтын, 2 күміс алған Тәжікстан құрамасы орналасты.
Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті Серік Төкеев жарыс қорытындысы жайында бізбен былайша ой бөлісті:
– Азия чемпионаты жоғары деңгейде өткізілді. Құрлық біріншілігі жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл бұл жарысты Қытай елінде өткізуді жоспарлаған едік. Дегенмен, ондағы кейбір саяси жағдайларға байланысты олар чемпионатты өткізуден бас тартты. Осыдан кейін біз Қызылорда облысы басшылығына қолқа салдық. Қысқа ғана уақыт аралығында Сыр өңірі аталмыш доданы ұйымдастырды. Сол себепті қолдау білдірген облыс басшылығы мен барлық азаматтарға қауымдастық атынан алғысымызды білдіреміз. Жарысты жоғары деңгейде өтті деп айта аламыз. Шет елден келген спортшылар да өз шеберлігін таныта білді. Тіпті, моңғол балуандары жалпы командалық есепте бірінші орынға таласты. Бұл ұлттық спортымыздың дүниежүзінде қанатын кеңге жайып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы 2010 жылы Астана қаласында қазақ күресінен әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Оған жер шарының 56 елінен балуандар келеді деп күтілуде.
Жарыс соңында дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының отырысы болып өтті. Онда бірқатар азаматтар жаңа қызметтерге сайланды. Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, облыстық қазақ күресі қауымдастығының төрағасы Рзақұл Нұртаев Азия қазақ күресі қауымдастығының президенті болып сайланды. Сонымен қатар, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының вице-президенті қызметін атқаратын болды.

Әділжан ҮМБЕТ

Пікір қалдыру