КӨКПАРДА КӨКТЕГЕН МАХАББАТ

             Таңғы шәйдің үстіне кіріп келген қапсағай денелі Қабылқақ:

– Ассалаумағалейкүм! – деп, оң қолын кеудесіне қойған күйі қалт тұрып қалды. Дөңгелек жер үстелдің төр жағында қос жастықты қолтығына қойып, шынтақтап жатқан Әлімғазы ақсақал:

– Уағалейкүмәссәләм! – деп, басын көтеріңкіреп отырды.

Сәлима бәйбіше: – Есенсің бе, Қабдешжан! Төрлет, төрлет! – деп, қалбалақтай бастағанда, жас бозбала – Жомарт орнынан ұшып тұрып:

– О-о! Қабыл көкем келді ғой! – деп, арсалаңдап барып құшақтаса кетті. Қоңқақ мұрын, дөңқабақ, қарасұрлау келген жігіт ағасы бозбаланың маңдайынан сүйіп, арқасынан қағып тұрып:

– Былтыр ғана бала сияқты едің, өсіп қалыпсың ғой, – деп, күреңіте бастаған күрек тістерін көрсете күліп еді, ұшқын атып тұрған үшбұрыштылау көздерінің құйрығынан жіп-жіңішке әжімдер жамырай шашырады. Келген қонақ: – Қол жуып алып отырайын, – деген соң Жомарт жүгіре басып, шылапшын мен құмған әкелуге жөнелген. Қабылқақ керегенің басына қамшысын ілді де, текеметтің шетіне отыра кетіп, қонышы ақжемделген құрым етігін шешіп тастады.

Қолын жуып болған соң, ақсақалдың оң жағына жайғасқан Қабылқақ «пісміллә» деп наннан ауыз тиіп, шәйдан бір ұрттады да, айналдыра тұскиіз тұтылып, үш-төрт түлкі терісі ілулі тұрған киіз үйдің ішкі көрінісіне сүйсіне қарады. Төрдегі сандық үстінде тұрған домбыра мен босаға жаққа ілінген жүген-ноқталар да үй сәнін келтіріп тұрғандай.

– Биыл киіз үйді ертерек тігіп алыпсыз ғой, Әлаға? Жылда шілдеге қарай тігуші едіңіз?– деді сонсоң шалдың жүзіне сұраулы жүзбен қарап. – Кейінгі жылдары жайлауға да шықпайтын болдыңыз?..

– Е-е-е, Қабдеш-ай! Жасың жетпістен асып, сексенге таяған соң, әр жыл сайын наурыз бен маусымды сағынып аңсайды екенсің. Әлгі… «Өлмеген құлға келді жаз» демеуші ме еді, мына менің өзім де кейінгі жылдары «А, Құдай, алдағы жазға аман-есен жеткізе көр!» деп тілек тілеймін. Білесің ғой – биыл қыста қатты ауырып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағынан зорға өттім-ау деймін. Содан болар, биыл маусым айы келе салып киіз үйге шығып кеттім. Кеудем кеңіп, жаным рахаттанып қалды. Мен үшін бұл да бір дәурен ғой. Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда, басқа қандай қызық бар?! Жайлаудан не іздеймін?! Биелерге кім қарайды? Өзімнің күйім жоқ.

– Неге, Әлаға, – деген Қабылқақтың қалың қасы қыбырлап кеткендей болды, – Міне, биыл жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылын да көріп отырсыз. Еліміздің тәуелсіздік алғанына он жыл толды. Бұл бақытты да көрдіңіз. Бұрынғы өкімет құлаған соң ел мен жұрттың біраз қиналғаны рас. Әрине, ешбір жақсылық бірден бола қоймайды ғой. Бірақ, құдайға шүкір, сіздің әулетіңіз жүдеген жоқ. Төрт түлік малыңыз алдыңызда, жүйрік аттарыңыз тақымыңызда. Өзіңіздің малшы кезіңіздегі қыстауыңызды да, жеріңізді де сақтап қалдыңыз. Балаларыңыз бір-бір үй болып түтін түтетіп отыр. Немерелеріңіз де өсіп жатыр. Міне, Жомартжан отыр ғой, өзіңізге сүйеу боп. Әй, Жомартжан, сен мектебіңді жақсы бітіріпсің ғой. Енді оқуға түсуге қалаға кеткелі жатыр деп естідім.

– Иә, – деді Жомарт, – сондай ойым бар.

– Мен де соны естіген соң келіп отырмын. Бәрі құтты болсын! Қалаға кетуіңе қанша уақыт қалды?

– Бір… он күннен кейін шығар.

– Әп, бәрекелді! Сені бүгін-ертең кетіп қала ма деп қорқып келіп ем.

– Неге?

– Сен естімеп пе едің? Келесі жетіде тәуелсіздіктің он жылдығына арналған той болады ғой. Аудан бойынша. Бәйгетөбеде. Ат шабады. Балуан күреседі. Ең кереметі – бір-біріне жақын тұрған үш ауылдық округтың арасында даңғайыр көкпар берілмекші. Қатысатын ауылдық округтер – біздің Ақбұлақ, Көктүбек, Томар. Бұл көкпарға ұйытқы болып отырған әлгі бізден шыққан бай кәсіпкер – Құлжанов бар ғой, сол. Жеңген жаққа миллион теңге бәйге тігіп отыр. Әр командада он көкпаршыдан ғана болады. Біздің Ақбұлақтан он жігіт шығуын шығады ғой, бірақ мықты аттар тапшы болып тұр. Жақсы аттардың көбінің күйі төмен. Қыс бойы тебіндеп шыққан жылқыда не күй болсын! Ал, даңғайыр көкпарға ең бірінші аттың күші керек қой. Аты болдырып қалса, көкпаршының күні күн бола ма?! Оның үстіне осы көкпардың үрдісі де бөлектеу болып тұр. Жер аумағы да үлкен. Осы жағдайлар мені көп ойландырып, есіме сен түсе қалған соң, арнайы келіп отырмын.

– Оған бұл баланың не қатысы бар? – деді Сәлима бәйбіше Қабылқақтың сөзін бөліп.

– Ой, жеңеше-ау, бұл Жомартжан менің төл шәкіртім ғой. Көкпарды додадан суырып шығаратын – мен, алып қашатын – осы бала. Екеуміз бірге көкпарға барсақ, жұрттың шошып қалатыны да содан. Осы жолы Нарторысына мініп бұл да барса, иншалла, көкпарды Көктүбек пен Томарға бере қоймаспыз.

– Айналайын, Қабдешжан-ау! Қайным-ау! – деп сары кемпір жалынғандай үн қатты, – Осы бала көкпарға кеткен сайын есім шығып, жүрегім тоқтамай тұрады. Екі рет ажалдан қалды. Осы былтыр ғана көкпар алып қашып келе жатып, ат-матымен ши арасындағы орға да құлап кетіпті ғой. Сонда… мойны үзіліп кетсе, не болмаса бір жері мертігіп қалса, біз не болар едік? Ана жылы, он үш-он төрт жасында ма, тағы да көкпар алып қашқанда көлденең келген бір нойысқа соғылысып, аттан ұшып кетіпті. Оң иығын сонда сындырды. Әйтеуір, сынықшы кемпір салып берді ғой. Тәуба! Жазылып кетті. Баяғыда, мұның кішкентай кезінде, бір көріпкел құшнаш келіп: «Мына балаға тіл-көз үйір екен, аман болса, бақытты болады. Үстіне тек көк киім кигізіңдер. Күндердің күнінде осы үйге жоқ іздеген біреу келеді. Сүйреткен құрығы болады. Соның құрықбауын пышақпен кесіп алып қалыңдар» деп еді. Оны да істемедік. Құлық қоймадық. Анда-санда ғана есіме түседі.

– Мынау тағы да зарлауды бастады, – деді Әлімғазы ақсақал кемпіріне шақшырая қарап, – Осы сен зарласаң болды, жыным ұстай бастайды. Былтыр ана әкім бала Сейітқұл «Сандыққоңырды бәйгеге қосуға беріңіз, бір қызығын көрейін, ақысы үшін бір телешкі шөп пен екі центнер сұлы түсіріп берейін» деп жалынып-жалпайып келгенінде, бермей жіберіп едім, «Ойбай-ау, жақсы көретін бауырың емес пе – атыңның бір шабысын қимайсың ба? Аспаннан түскелі тұрған соншама шөп пен сұлыны саған кім береді?!» деп күндіз-түні зарлаған соң атты бердім ақыры. Ал содан не болды? Бір күні аяғына қан түсіріп, Сандыққоңырды әкеліп тұр. Міне, отырмын – атақты атымды бәйгеге қоса алмай!

Қабылқақ шалдың сөзін тіп-тік отырған күйі мұңдана тыңдап алды да, терең бір күрсініп:

– Білем ғой – қоңыр аттың бағы байланды. Өзінің екі аяғы бірдей шор болып қалыпты, тіпті, – деді төмен қарап. – Енді мына Нарторының да жасы келіп қалды демесеңіз, әлі біршабары бар. Көкпарға таптырмайтын жылқы. Шыға шабады және алысқа сілтейді. Қартайып қалса да, он бес-жиырма шақырымға барлықпайтын сияқты. «Ат – ердің бағы, ер – елдің бағы» деген сөз бар ғой, Әлаға. Нарторы мен Жомартжанды көкпарға жібересіз ғой, иә?

– Барсын! Бақтарын сынасын! – деді шал дауысын көтеріп, – Егер көкпарды әкеле қалсаңдар, Жармағамбет ағаның үйіне тастаңдар. Кемпірі қайтқалы көңілі көтерілмей жүр. Бір жасап қалсын.

– Әп, бәрекелді! – деген Қабылқақ екі алақанын бір-біріне соғып, сарт еткізді, – Әлаға-ау, менің бұл бұйымтайымның тағы бір себебі бар. Әлгі Көктүбекте тұратын, бұрын жылқышы болған Базарбекті білесіз ғой. Көкпаршы. Атақты Алабел деген аты бар. Нағыз доданың аты. Анау Сұркөжек деген атын да қара жарысқа қосып жүр. Оған еркекшора болып өскен жалғыз қызын мінгізеді. Сол қыз да көкпардан қалмай, әкесінің суырып берген көкпарын әлгі Сұркөжекпен алып қашып әдеттенген екен. Мына Жомартжан сияқты. Міне, мәселе осында болып тұр. Менің естуімше, Сұркөжек он шақырымнан артыққа сілтей алмайтын ұшқыр ат көрінеді. Ал, Бәйгетөбеден Көктүбек он бес шақырымдай. Егер әлгі қыз көкпарды алып қашқан күнде де Нарторы Сұркөжекті жеп қоймай ма?! Шапқан сайын үдей түседі ғой, жануар! Бәйгетөбе үш округтың дәл ортасында тұр. Мұнысы да жақсы болды. Дау-дамай болмайды. Құдай сәтін салсын дейік.

Қарасұр өңіне қан жүгіріп, қызылкүреңдене бастаған Қабылқақ жүк үстіне қойған елтірі бөрігін қолын созып жіберіп, іліп алды да, басына милықтата киді.

– Нарторы қайда? Ауылда ма, далада ма? – деді сонсоң ақсақалға қарап.

– Ол жылқыға көп қосылмайды ғой. Осында. Мына бала мініп жүр.

– Жомартжан, сен бүгіннен бастап атыңды баптай бер. Жөнін өзің білесің, – деген Қабылқақ аузын жыбырлатып, бетін бір сипады да, орнынан тұрды, – Ал, сау болыңыздар. Бүрсікүні тағы да келем.

Жомарт көкпаршы көкесіне ере шығып, атының шылбырын шешіп, қолтығынан демеген болып, аттандырудың ырымын жасады. Ат үстінде Алпамыстай болып отырған Қабылқақ:

– Әй, айналайын бауырым, көтен сүйегі өсіп кеткен көп баланың бірі емессің. Саған сенемін! Мен бүрсікүні келіп, Нарторыны тағалап кетем. Қасаң тағаларды өзім ала келем ғой. Әйтпесе, қырдың төсі тастақ – ат тасырқап қалады. Сен үйде бол! – деді.

***

            Жомарт Нарторыны сол күні-ақ алып келіп, ат баптау амалдарын бастап кеткен. Әкеле салып атағашта байлаулы тұрған атының оң жағына бір, сол жағына бір шығып, сын көзбен қараумен болды. Сиыр қабырғалы жылқы болған соң қарны салбыраңқы көрінді, бірақ бозбала оған кейіген жоқ. Сан еті мен қол етін алақанымен шапалақтап көрген соң, етінің әлі де шақпақ-шақпақ күйінде екенін байқап, көңілі көтеріліп қалып еді. Алайда, сәл аулақтау барып қарағанда сауырлығы сылаланып қалғандай болып көрініп, «осының еті тым ояң емес пе?» деп күмәнданып та қалды. Қабырғасы да көрініп тұрғандай. Ат басын төмен салып, сұлқ тұр. Көзін жұмып, мүлгіп кеткен сияқты. Жомарт бұған көңілін де аудармады. Өйткені, Нарторының тұрысы осы – ештеңеге елп етпейтін, ештеңеге селт етпейтін, тіпті, аяғының астынан құс ұшса да үркуді білмейтін тым жуас жылқы. Салт мінгенде аздаған аяңшылдығы бар демесең, желісі – лоқылдақ. Ауылдан шыққанша шолақ құйрығын шолтандатып, қиқаңдай беретіні бар. Ең кереметі – қасына атты кісі ілессе, Нарторыдан жүргіш жылқы жоқ. Ауыздығын шайнап, тізгінді соза тартқанда, шаба жөнелуге дайындалғандай тыпыршып кетеді. Жай қарағанда жабыланып көрінетін ірі тұлғасы ондай сәтте мүсінденіп, төс сүйектері айқара ашылғандай болады. Аяқ тастасы бірден өзгеріп, билеп басады.

            Жомарт сол күні түстен кейін Нарторыны құдық басына апарып, үсті-басын сабындап шомылдырып жатқанда, атасы қасына келіп:

            – Мұны бәйгеге қосатындай болып баптамай-ақ қой. Күнде мініп жүрген аққаптал, сарытоқым ат қой. Және бұл жануар бап талғамайды. Күніне екі уақ аз ғана сұлы беріп, судан аздап тартыңқырасаң жарайды. Түнде шилеуітке арқандап қой, – деген болатын.

            – Ащы терін алу керек пе? – деп сұраған немересіне күле қараған атасы:

            – Шабатын шағына бес-алты-ақ күн қалғанда сүйегін түзеймін, етін ширатамын, терін аламын деп әуре болудың түк те қажеті жоқ. Оның бәрін істеймін десең, қартайып қалған бұл байқұсты қажытып аласың. Ертең кешке бес-алты шақырымға шауып, моншақ терін алсаң жарайды. Содан соң таң асырасың ғой. Мұнда ащы тер дейтін ащы тер де жоқ, – деді.

            Атасының бұл айтқандарынан жеңілдеп қалған Жомарттың көтеріңкі көңілін Қабылқақ көкесі бұзған. Ол өзінің айтқан күні келіп, Нарторыны тағалап жатқанда, уайымға толы бір сөздер айтты.

            – Кеше кешке маған Ғалымбек келген. Сол мені шошытып жіберді, – деді ол тістеп тұрған атшегесін аузынан алып, – Әлгі Томардағы Қалиолла деген атақты көкпаршы бар еді ғой. Ана жылы тауда көкпар тартып жүріп, тастан ұшып кетіп еді. Аты өліп, өзі тірі қалды. Қатты мертігіп, ақыры аяғын қара саннан кесіп тастады. Сол Қалиолла қайтадан атқа мініпті. Томардың бүкіл көкпаршыларын жинап, кеңесіп жатыр дейді.

            – Ол кісі кесілген аяғымен көкпарға қалай түседі? – деді Жомарт таң қалып.

            – Мәселе оның көкпарға түсу, түспеуінде емес қой. Мәселе соның Бедеуқарасында боп тұр, бала! Қалиолланың қолына жігіттері көкпарды бір тигізсе болды, құйындай ұшып, Томарға бір-ақ жете ме деп қорқамын. Он бес шақырым деген не?! Мына тұрған жер!

            – Бедеуқара сонша жүйрік пе?

            – Бәле! Ол биені Қаражебе деп те атайды. Ұшқыр болғанда – атқан оқтай. Он бес шақырымға Нарторыны шалдырмай кете ме деп қорқамын. Сен оған жеткен күннің өзінде Қалиолладан көкпарды жұлып ала алмайсың. Ол сұмдық қарулы, көкжал көкпаршы…

            Осы сырды естігеннен кейін-ақ Жомарттың ойы – онға, санасы санға бөлініп, күдік пен күмәннің қара бұлты еңсесін басып алғандай еді. Шалқасынан түсіп жата қап, ойға батса болды, Базарбектің Сұркөжегі мен Қайыролланың Бедеуқарасы көз алдына елестейді де тұрады.

            Міне, қазір де бір топ аттының арасында алуан түрлі ой кешіп Бәйгетөбені бетке алып келе жатыр. Тау бөктерінен бері қарайғы бүкіл аумақты алып жатқан қара қырдың қазіргі көрінісі көңіл қуантарлық. Кісі бетінен аялап сипағандай болып ақ самал соғып тұр, сол самал жусан мен изеннің жұпар иісін танау біткенге тықпалап әлек, көз көрім жерден бірде бұлаңдап, бірде сылаңдап көгілдір сағым ойнап тұр, сол сағым аноу Бәйгетөбеге жиналған көліктер мен сыңсыған жұртшылықты әртүрлі кейіпке ендіріп, құбылтады. Кейде бір ертегідегі сиқырлы шаһардай, енді берде жер астынан шыға келіп, жаңа ғана атқылай бастаған жойқын судың қалың норы сияқты.

            Қара жорғаға мінген атасы елтірі тымағының құлағын артына қайырып, шалқайта киген. Атқа отырысы тым ерекше ақсақалдың дағдысына айналған сән-салтанатында осы қазір бір кемшілік бардай. Жомарт анықтап, зерттеп қарап еді – иә, бар екен. Ол кемшілік астындағы ертоқымында сияқты.

            Бағана, таңертең, аттарды ерттегелі жатқанда, атасы бұған жақындап келіп:

            – Нарторыға менің ерімді ертте. Алдыңғы қасы биік, артқы қасы жалпақ қой, көкпар алып қашуға өте ыңғайлы. Өңгерген көкпар мойнына қарай кетіп қалса, қандай мықты атың да ауырлап қалады. Көкпарды иыққа салып шапқан тіпті жақсы – атқа жеңіл болады. Бірақ өйтіп алысқа шабуға адам шыдамайды, оның үстіне сен әлі де жас баласың. Анау орыс еріңді қара жорғаға сал, – деген болатын.

            Жомарт атасының айтқанын істеді. Алдыңғы қасы күмістелген қазақ ерін Нарторыға салғанда, жақсы киім киген адамдай көңілденіп кетті ме, кім білсін, жануар өзінен-өзі оқыранып-оқыранып қойды. Жомарт та қуанып тұр – атасы айтқандай, көкпар алып қашқанға қазақ ері ыңғайлы. Ал орыс ерінің алдыңғы қасы аласа ғана емес, жайпақтау болған соң, өңгерген көкпарың да ат мойнына кете береді. Мұндай сәтте аттың да шабысы бәсендейтінін, көкпаршы да жайсыздыққа ұшырайтынын Жомарттың өзі де сан көрген.

            Бозбаланың бойын аяқ астынан әуесқойлық билеп, бірге келе жатқан көкпаршылардың ертоқымдарын барлап қарай бастады. Көпшілігінде – орыс ері. Қазақ ері тым сирек. «Е-е, қазақ ері қайдан табыла берсін бұларға!» деп ойлады Жомарт менсінбеушілікке ұқсас бір сезімге бөленіп. Ертоқымдарына өмілдірік, құйысқан таққандары – төрт-бесеу. Байқап қараса, олар додаға түсетін нағыз көкпаршылар ғана. Мұның Қабылқақ көкесі де – солардың бірі. Додаға түскен кезде ертоқымның не алға, не артқа кетіп қалмауы үшін өмілдірік, құйысқан қажет-ақ. Таулы жердегі көкпарда тіптен керек. Ал, бұлардың бүгінгі көкпары ойда өтпек.

            Міне, Қабылқақ ағасы Қабылан деп аталатын қара айғырының үстінде сол жақ қолын қара санына таянып, қол бастаған батырдай боп, қабағын қарыс түйіп, сұстанған күйінде келе жатыр. Ешкімге жақ ашпайды. Тісін қайрап келе жатқандай суалыңқылау ұрты бүлк-бүлк етеді. Бұның бәрі – Жомартқа таныс құбылыс. Иесінің ішкі ойларын түсініп қойғандай, Қабылан да қайта-қайта пысқырып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жер сүзердей ширығуда. Бұл айғыр, атасының айтуынша, қарабайыр деген тұқымнан. Негізінен, қазанат пен жабының арасынан шыққан қазақ жылқысы. Мойны қысқа, нағыз қой мойын. Қабырғалы да тұрықты. Шоқтығы биік, омырауы есіктей. Доданың үстінде ұршықша иіріліп, тақымдасқан уақытта тік қарғып, шыңғырып жіберетіні де бар. «Қабылан – қасқыр құлақ, қақпан белдің нағыз өзі ғой» деп Жомарттың атасы да ылғи тамсанып отырады. Ең кереметі – осы Қабыланның жалы басқа жылқылардан өзгешелеу. Түп жағы тікірейіп өскен келте жал. Мұны қазақ «құлан жал» деп атайды. Осыған қарап, «жылқы атасы – керқұлан» дегенге қалай иланбассың?!

            Осы Қабылан айғырдың үйірге түскен кезіндегі қимыл-әрекеті, сірә, қара қабыланнан аумайтын шығар деп ойлайтын Жомарт. Құлағын жымырып, тісін ақситып, басын жерге салып ап арқырап жүрген кездерінде, көздерінен от шашырап, өн бойынан қаһар мен қайрат бұрқырап тұратынын айтсаңшы!

            Бұл атты ең алғаш Қабылан деп атаған – Дәуітбек көкпаршы. Бесті кезінде «Атын Қабылан деп қой» депті Қабылқаққа. Бұл айғыр содан бері Қабылан. Әйтпесе, құнан кезінде Құланжал деп аталып жүр еді.

            Жомарттың ойына өзіне тоғызыншы, оныншы сыныпта тарихтан сабақ берген Жанғали мұғалімі түсті. Өте білімді адам. Сол кісі бүкіл әлемде ең алғаш керқұланды ат қылып мінген біздің ата-бабаларымыз дегенді көп айтушы еді. Сондықтан, тақымында жүріп «жылқы» атауын алған осы жануарлардың екпінімен жер-жаһанның жартысын жаулап алған көрінеді. Тек мұнымен ғана тоқталып қалмай, осы жылқыға жегіп соғыс кезінде пайдаланатын қос дөңгелекті арбаны да сол ата-бабаларымыз ойлап тапқан. Ыңғайлы етіп арнайы жасалған сол арбалардың үстінде тұрып садақ тартатын мергендер жаудың қолын жарып өтіп, жеңістерден жеңістерге жеткізеді екен. Не деген құдырет! Не деген жасампаздық! Демек арбаны алғаш ойлап тапқандықтан, дөңгелеп қозғалатын дөңгелекті де солар ойлап тапқан ғой.

            Жомарттың осы бір ойларының бәрі Қабылан айғырдан туындап келе жатыр. Қабылан! Дәуітбек көкпаршы атын Қабылан деп қой деген ұсынысын айтқанда, қаумалап тұрған жігіттер: «Уа, Қаба, өзіңнің атың – Қабылқақ, айғырыңның аты – Қабылан. Енді мұны бүкіл ел «Қабылқақтың Қабыланы» деп атайтын болды» деп қолпаштап әкеткен. Содан бері Қабылқақтың Қабыланы өрлеп тұр. Осы маңайда бұған жететін көкпар аты жоқ шығар!

            Көкпар демекші, осы көкпардың «көкпар» аталуында да көп мән бар екен. Әлгі Жанғали мұғалімнің айтуынша, бұл сөздің түп төркіні – «көкбөрі» деген сөз. Көк түріктер заманында олар өз сарбаздарын «көк бөрілер» деп атаған. Бүкіл өмірлері соғыспен, жаугершілікпен өткен олар аз ғана тыныш уақыттарда сарбаздардың бұлшық еттері босаңсып кетпеу үшін ылғи ат сайыс ойындарын өткізіп тұрған. Жиын, тойлардағы бәйге, аударыспақ, теңге ату, қыз қуу, көкпар сияқты ойындардың бәрі – соғыс өнерінің әдіс-тәсілдерін ұштай түсетін қимыл-әрекеттер. Осы ойындардың ішінде ең қиын да күрделі, алыс-жұлысы, жүріс-шабысы көп ойын көкпар болып саналады. Бұл ойын – «Көкбөрілердің ойнағы» деп аталған. Замандардан замандар өте келе «Көкбөрілердің ойнағы» деген сөз ықшамдалып, қазақ тілінде «көкпар» деген атау алған. Бір қызық нәрсе, бауырлас ел қырғыздар көкпарды осы күнге дейін «көкбөрі» деп атайды. Міне, «көкпарды көкбөрілер ғана тартады» деген қазақ мәтелі де бекер айтылмаған екен. Ата-бабалар қай заманда, қай уақытта болса да ұрпақтарын қайраттылық пен қарымдылыққа, шымырлық пен шыдамдылыққа тәрбиелеуді ойлап, бүкіл елден ауыл-үйге дейінгі өз жұртының намысы үшін әрекет етуге дағдыландырып баққан. Міне, қазір Жомарт та сол үшін көкпарға түсуге беттеп келе жатыр. Жүрегі аттай тулап, көңілі мігір табар емес.

            – Анау келе жатқандар – Томардың жігіттері. Қайыролла бастап келе жатыр! – деген қатты шыққан дауыстан Жомарт селт ете түскендей болды. Қараса, сол жақтарынан бір топ салт атты осылай қарай беттеп келеді екен. Сірә, бұлармен түйіспек ойлары бар. Екі топ бір-біріне қарсы жүрді де, тез тоғысты. Барлығы амандық-саулық сұрасып, қауқылдасып болған соң, үлкен бір топқа айналып, ілгері қозғалды. Жомарттың екі көзі Қайыроллада.

            Қайыролла астына мінген Бедеуқарасын оқтаудай етіп жаратып алыпты. Бұл бие екі көзі жұлдыздай жарқыраған, мүсінді жылқы екен.

            Жомарт Қайыролланы төртінші-бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде жаңа үйретілген құнанына мініп бір көкпарды қызықтауға барғанда көрген. Сол кезде-ақ мықты көкпаршының бірі екенін байқаған болатын. Жастау жігіт сияқты еді, қазір шашы ағарып, салбыратып сақал-мұрт қойыпты. Онысы да алабуырыл. Басына – бес сайлы қазақ тақиясын киіпті. Балдағын орта тұсындағы қолтұтқасынан қанжығасына байлап қойған. Атқа отырысы тым мығым. Маңайына тәкаппарлана қарайды. Неге екені белгісіз – Қабылқақ екеуі бір-біріне өте салқын адамдар сияқты болып көрінді. Қайыролланың қара санынан кесілген молақ аяғына қарай қалған Жомарттың жүрегі шымырлап, қатты аяп кеткендей болды. Шалбарының кем аяққа киілетін балағын кесіп, сол жерінен тіктіріп тастаған. «Мынандай жағдайымен көкпарға қалай шабады? Не деген жанкешті адам!» деп ойлаған Жомарт оның белуар тұсын зерттей қарап еді, ерге бекітілген жалпақ қайыспен өзін кіндік тұсынан буып тастағанын аңғарды. «Е, бәсе!» деп күрсініп қойды Жомарт.

                                                                       ***

            Тәуелсіздіктің он жылдығына байланысты өткізілетін аудандық ұлы дүбір тойға жиналған халық – қара нөпір. Тойдың басталу салтанатында бір жігіт пен бір қыз дауыс зорайтқышпен кезектесе сөйлеп, тақпақтап, жұртшылықты желпіндіріп алғаннан кейін, аудан әкімі биік мінберге көтеріліп, елдің мерейтойына арналған құттықтау сөзін сөйледі. Одан соң жасы жетпістен асып кеткен еңбек ардагерлері де тілектерін айтып, баталарын беріп жатты. Жиналғандардың құлақтары сонда болғанмен, бар ойлары енді басталатын ат жарысында.

            Бір уақытта олардың күткен сәті де жетті-ау, әйтеуір. Бәйгеге қатысатын отыз тоғыз жүйріктің нөмірлері бойынша аттары аталып, елдің көз алдынан өткізіліп жатыр. Бәйгетөбені айналып бес шақырымдық шеңбермен жиырма бес шақырымға шабатын осы аттардың арасында алдына ат салып көрмеген Сандыққоңырдың жоқтығы Жомарттың жанына қатты батып, көзінен екі-үш тамшы жас та сырғанап кетті. Өзі үшін ең ауыр, ең мұңды шақ осы екен. Қазір атасының да көңілі бұзылып тұрған шығар.

            Шабатын аттар сапқа тұрғызылып, белгі берілгеннен кейін, отыз тоғыз сәйгүлік алға қарай лап қойды. Көп тұяқтан ұшқан қалың шаң сипай соғып тұрған маусымның самал желімен тез ыдырап кетсе де, Жомарттың көңіліндегі көбең ойлар серпіле қоймады. «Ат шабыстан кейін, әрине, құнан жарыс, жорға жарыс болады. Соның бәрі аяқталғанша өстіп жүре береміз бе?» деп, назалана бастағандай. Кенет: «Көкпаршылар Бәйгетөбеден кетіп, Бірінші қырдың басына жиналсын» деген хабар келді.

            Сәл уақыттан кейін-ақ ат шабатын шеңберден аулақтау тұстағы Бірінші қырдың басындағы құлаған тамдардың, ескі диірменнің маңына үш топқа бөлінген отыз жігіт қана емес, көкпардың басталу қызығына ортақтасқысы келген салт аттылар да лек-легімен келе бастады. Қолына дауыс зорайтқыш ұстаған күрең атты біреу әлгілерге: «Сіздер көкпарға араласпаңыздар! Кедергі жасамаңыздар!» деп, әлсін-әлсін дауыстап, арлы-берлі шапқылап жүр.

            Бір кезде жал-құйрығы төгілген ақ боз атқа мінген осы ауданның ең мықты кәсіпкері, көкпар сайысына демеуші болып отырған азамат дараланып шығып, болғалы тұрған даңғайыр көкпардың алғы шарттары туралы сөз сөйледі. Оның сөзінен Жомарттың бар ұққаны – көкпар үстінде ерегес, төбелес, қамшыласу болмасын. Шауып келе жатқан аттың алдына көлденең келу, көкпарды бермей тартқан адамның айылын босатып жіберу, немесе кесіп жіберу, аттың жүгенін сыпырып алу сияқты қаскөйліктерге тиым салу, өз жеріне озып жеткен көкпаршы ауылдың ішіне кірмей, серкешті неғұрылым шеткерек тұрған үйлердің біріне тастау керектігі сияқты ескертпелер.

Демеуші кәсіпкер жеңген командаға миллион теңге бәйге тігілгенін, оны он көкпаршы жүз мың теңгеден бөліп алатынын айтып сөзін аяқтады да, көкпарға қатысушылардың бәріне сәттілік тіледі.

            Көкпарға түсетін үш топқа ақ, көк, қызыл түсті айырым белгілер ретінде ұзындығы екі қарыстай, жалпақтығы үш елідей ленталар таратылды. Бұлар ат кекіліне байлануы керек екен. Ақбұлақтықтарға көк түстісі бұйырды. Жомарт осы түсті ұнатушы еді, мұны жақсылыққа ырымдап, қуанып қалды. Нарторының келте кекіліне әлгі лентаны қалай байларын білмей дал ұрып, Қабылқақ көкесін іздесе, маңайынан көрінбейді. Нарторыда кекіл дейтіндей кекіл де жоқ болғандықтан, лентаны жалының желке тұсына түйе салды. «Осыным қалай болды?» деп, атқа мінейін деп тұрғанында, «Жомарт» деген әлдебір қыздың дауысы саңқ ете қалғаны. Жалт қараса, басына далбағайға ұқсас бірдеңе киген қап-қара біреу тұр.

            – Сен кімсің? – деді Жомарт танымай қалғанына ұялғандай болып.

            – Мен – Ұлболсынмын.

            – Ұлболсын? Сен менімен бірге қара жарыста шауып жүрген Ұлболсынсың ба?

            – Иә.

            – Мұнда қайдан жүрсің?

            – Көкпарға келдім.

            – Басыңдағыны шешші. Әлі танымай тұрмын.

            Қыз көзіне түсіре киіп алған далбағайын жұлып алып еді, әппақ маңдайы жарқ ете түсті. Ылғи ат үстінде жүргеннен кейін бетіне жел тиіп, күн қағып қарайыңқырап кеткені болмаса, негізінен, аққұба қыз болуы керек. Тұңғиық қара көздерінің қиығынан білініп тұрған қуақылығы мен ақжарқын мінезі тартымды болып көрінді. Ұл балаларша қысқа қидырған қап-қара қайратты шашы тіп-тік боп өсіпті. Дене бітімі тал шыбықтай нәзік болғанымен, өн бойынан, атқа отырысынан қайсарлық пен қайраттылықтың нышандары байқалып тұрғандай.

            Қыз бас киімін қайта киді де:

            – Ана лентаны аттың жалына байлағаның не? Көрінбей қалады ғой, – деді.

            – Кекіліне тоқтамайды.

            – Қане, мен байлап берейін, – деп, атынан дік етіп түсе қалған қыз, тізгінін білегіне іле салып, әлгі лентаны тез шешіп алды да, жүгеннің желкелігінен өткізіп, көрнекті етіп байлап қойды.

            – Міне, енді анық көрінеді, – деді сонсоң жігітке жымия қарап, – Осыған да ақылың жетпейді, ә?

            – Ойламаппын, – деді Жомарт сәл-пәл қызарақтағандай болып, – Рақмет!

            – Қазір көкпар тартқанда мен алып қашсам, қуасың ба? – дегенде қыздың көзі ойнақшып тұрғандай болып көрінді.

            – Әрине. Қуамын.

            – Жетіп алсаң, көкпарды тартып аласың ғой, ә?

            – Әрине. Тартып аламын.

            – Қыздан тартып алуға ұялмайсың ба? Жігіт сөйте ме екен?

            Жомарт айтуға сөз таба алмай, тағы да қызарақтап қалды.

            – Енді… Енді бұл көкпар ғой, – деп міңгірлегенін Ұлболсын естімегендей болып:

            – Сен одан да жетіп алуға күйің жетсе де, жете алмаған бола салсаңшы. Сонда мен сені ең керемет жігіт деп санаймын. Ал көкпарды менен тартып әкетсең, онда… не деп ойлайтынымды өзің білесің. Ал, мен кеттім. Әкелерім жаққа барайын.

            Қыз Сұркөжегіне лып етіп міне қалды да, өз тобына қарай желіп кетті. Жомарт мең-зең, дел-сал болып, атының жалынан ұстаған күйі ойға батып тұрып қалды. Атқа мінгеннен кейін ғана: «Сұркөжек деген кішкентай ғана жылқы екен ғой!» деп, танауын шүйіріңкіреп, еңсесін көтеріп алды. Қыздың соңынан барып, Базарбек көкпаршыны бақылап көріп еді, бұл да жұп-жуан Алабел атының басына Қабылқақ көкесі сияқты қос қабат қайыс ноқта салып, оған қыл шылбыр таққан екен. Мықты ноқта мен қыл шылбыр додадан көкпарды суырып шығарда ат сүйреуге керектігін Жомарт жақсы біледі.

            Бір уақытта қолына дауыс зорайтқыш ұстап жүрген бағанағы  күрең атты жігіт көкпаршылардың ортасына ішек-қарны алынып, басы кесілген, жарылған қарын терісі мен бауыздау терісін жіңішке таспамен көктеп тастаған көк серкешті әкеп тастады.

            – Қазір бір-бірімен тайталасатын үш топтың үш мықтысы шығып, өзара осы серкешке таласады. Егер кім де кім көкпарды қарсыластарына бермей, тақымында мықты ұстаса, сол адам ары қарай ойынды жалғастырып әкетуге қақылы, – деді ол, – Қане, үш мықты көкпарға талассын. Қалғандарыңыз кимелемей, сәл аулағырақ тұрыңыздар.

            Ортаға Ақбұлақ жақтан – Қабылқақ, Көктүбек жақтан – Базарбек, ал Томар жақтан – жиырма жастан жаңа асқан бір зор тұлғалы сары жігіт шықты. Жомарт өзі танымағаннан соң, қасында тұрған адамнан сұрап еді, ол:

            – Бұл Тұрсын деген жігіт. Оралман. Үш-төрт жыл бұрын Қытайдан көшіп келіпті. Қайыролланың ертіп келген жігіті ғой, – деді.

            Бір қызығы – жігіттің өзі де сап-сары, көзі шегір болса, домаланған жұп-жұмыр аласалау аты да сап-сары және көзі шағыр екен.

            – Астындағысы қандай жылқы? – деп сұрады Жомарт әлгі кісіден.

            – Маңғол жылқысы ғой. Өзінің тақымына әбден үйренген, мініс көрген аты екен. Осында алып келіпті, – деп жауап берді әлгі кісі.

            Үш көкпаршы ортаға шығып, жерде жатқан серкешті бір-біріне алдырмай шырқ айналып жүр. Неге екені белгісіз – Жомарттың көкесі жан сала ұмтылып жүрген жоқ сияқты. Шомбал Базарбек Алабел аттың бауырына түсе екі-үш рет қол созып еді, Тұрсынның сары аты тым әбжіл екен, Алабелді кеудесімен қағып, жамбасымен соғып, көкпарды алуға шамасын келтірмеді. Қолын жеткізбеді. Осы кезде көз ілеспес жылдамдықпен серкешті Тұрсынның өзі іліп ап, тақымына да басып үлгерді. Қабылқақ осы сәтте ғана Тұрсынға жанаса келіп серкештің алдыңғы сирағына жармасты. Аласа бойлы сары аттың үзеңгілігінен жерге дейін салбыраған серкештің алдыңғы сирақтарынан тақымға басу биік ат үстіндегі Қабылқаққа тым ыңғайсыз болғандықтан, ол екі сирақтан екі қолымен мықтап ұстап, Қабыланға тақымын қысып қалғандай болды. Сол кезде Қабылан қатты кеуделеп, сары аттың алдын орап кетті. Қабылқақ тағы да тақымын қысқанда, Қабылан тік қарғып жұлқи тартып еді, сары жігіт серкешті тақымынан да босатпады, төрт тағандап тұрып алған сары ат та қозғалған жоқ.

            Қабылқақ тақымдағы серкешті қолмен тартқаны бос әурешілік екенін сезді ме, әлде, саусақтары салдырады ма, әйтеуір, айырылып қалды. Дәл осы сәтті күтіп тұрғандай Базарбек Тұрсынға қарама-қарсы келіп, серкешке жармасты. Ол асқан бір ептілікпен серкештің қос сирағын бірдей тақымына қайыра басып алған соң, «уайт» деп айқайлап қалып еді, Алабел ат ышқына ұмтылып, тарбиып тұрған сары атты шегіндіріп әкетті. Қоршаған жұрттың бәрі қиқулап, айғайлап жатыр. «Тарт, Базке, тарт! Тарт! Тарт!» деген дауыстар аспан астын жаңғыртады. Алабел ат сары атты екі-үш қадам жерге сүйреп барғанда, тіресуге тірсегі шыдамаған сары ат шоңқайды да қалды. Мұндай жағдайда серкешті жібермесе аттың құлайтынын сезген Тұрсын қолдарын босата салды.

            Серкеш өзіне тиген Базарбек шетке қарай ұмтылды. Бірақ қарсы топтар кимелеп, жіберер емес. Өзінің жігіттері де оларды қақпайлап, бұған жолатпауға тырысуда. Бір уақытта аузына көлденең тістеген қамшысын қолына алған Базарбек:

            – Асқар, атты тарт! – деп айғайлады. Зор адамның дауысы жіңішке болғанмен, тым ащы екен. Торықасқа атқа мінген бір жігіт Базарбектің шылбырын ер қасынан суырып алды да, тақымына басып жіберіп, Алабел атты сүйрей жөнелді. Ірі сүйекті, кеуделі ат қалың топты жарып барады, артындағы Алабел аттың мойнын жұлып кетердей болып шауып барады. Бүкіл көкпаршылар абдырап қалғандай. Сытылып кеткендердің артынан тұра шабуға біріне-бірі кедергі келтіріп, өйтіп-бүйткенше көкпар алып қашқандар оқ бойы ұзап та кетті. Жомарт та топ ішінен алас-қапаста шыға алмай қалған. Сөйтіп жүргенде Сұркөжекке мінген Ұлболсынның оқтай атылып шыққанын байқап, ыза буғаннан оң мен солына түкіріп-түкіріп жіберді. Құйындай ұшқан Сұркөжек көзді ашып-жұмғанша аналарға жетіп алды да, Ұлболсын әкесі берген серкешті өңгерген бойы олардың қасынан өте шықты. Көкпардың соңынан сүрен салған аттылардың арасынан озып шыққан Қалиолла ғана Бедеуқарасын қамшылап, жүйткіп барады. Оның соңында – Жомарт. Алдында кетіп бара жатқан аттарды көріп, Нарторы да бар жанын салуда. Аттың танауы пыр-пыр етеді, Жомарттың жүрегі дүрс-дүрс етеді. Аттың танауы қалай пырылдамасын, Жомарттың жүрегі қалай дүрсілдемесін! Алдында кетіп бара жатқандар қашқан киіктей бұлдырап, тым ұзап бара жатыр ғой!

            Жомарт арт жағына қарап еді, аты жүйріктер мұны өкшелеп-ақ келеді екен. Солардың алдыңғы жағында алтындай түгі күн көзіне жарқ-жұрқ етіп сары ат келе жатыр. «Ап-аласа болса да, не деген жүйрік! – деп ойлады Жомарт, – Маңғол жылқылары алысқа шабады деуші еді. Сондай болса, бұл да пәле болды ғой!».

            Алдындағыларға анықтап қарайын десе, ат екпінімен қарсы соққан жалама жел көзін жасауратып, бұлдырлатып жібереді. Қалтасына арнайы салып шыққан беторамалын алып, көзін сүртіп тастап еді, Қайыролланың Ұлболсынға жетіп қалғанын байқады. «Бұл қызға мен емес, Қайыролла ағаның жететіні жақсы болды-ау! Егер мен жетіп, серкешті қолынан жұлып әкетсем… ұят болар еді ғой» деп ойлаған Жомарт арқасынан ауыр жүк түскендей боп, кәдімгідей көңілденіп қалды.

            Әне, айтса айтқандай-ақ, Бедеуқара Сұркөжекке жетіп тынды. Қыздан серкешті жұлып әкеткен ақсақ көкпаршы ары қарай бұлдырап барады. Ұлболсын екпіндеген атын зорға тоқтатып, басын төмен салған күйінде селт етпей тұрып қалыпты. Оның қасынан шауып өтіп бара жатқан Жомарт қыздың жылап тұрғанын байқап:

            – Жылама, Ұлболсын! Әлі талай көкпар болады! – деп дауыстап үлгерді. Қыз қолын бұлғағандай болды.

            Қайыролла солтүстікке – өзінің Томарына қарай бұрыла тартты. Жомарт та оның алдынан қиып түсуге тырысып, Томарға қарай төте тартуды жөн көрген. Осыны байқай қойған көкжал көкпаршы да қиыстап, Жалпаққа қарай беттеді. «Мына кісі Жалпақтың сырын жақсы білмейді-ау, – деп ойлады Жомарт, – Жалпақ дегенің ескі замандағы егіндіктің орны ғой. Содан қалған арықтар мен жыралар көп. Атпен шабуға өте қатерлі».

            Бұл кезде арттағы көкпаршылар мүлде алыста қалып қойған. Аттылардың сұлбасы сары сағымға оранып, бірде зорайып, бірде аласарып көрінеді. Жомарт байқап келеді – Нарторының қолтығы енді жазыла бастаған сияқты. Ентіккені байқалмай, еркін көсіліп келеді. Тек танауының пырылдағаны күшейіп келе жатқандай. Сонша қатты терлей де қойған жоқ. Дегенмен, көзін сүртіп қойған жөн. Жомарт қалтасынан беторамалын алып, қамшысының басына байлады да, тұлпарының екі көзін де кезегімен сүртіп алды. Өйткені, қазір Жалпақтың үстіндегі арық-жыраларды аттың анық аңғарғаны дұрыс. Көзі анық көріп келе жатса, Нарторы ондай кедергілерден қарғып өте береді. Ана жылы Шұбаршидің көп арығынан да көкпарды аман-есен алып өтті емес пе! Бір Алланың өзі жар болсын, осы жолы да аман өтер!

            Нарторының шабысы тіпті үдеп, жер танабын қуыра бастады. Қуғыншының өзіне жақындай түскенін сезіп, Қайыролланың артына жалтақ-жалтақ қарауы да көбейе түскендей. Артынан дүбір таянған сайын Бедеуқара да қыстығып, тапырақтай бастапты. Ендігі жерде қуып жететіні анық болса да, Жомартты бір уайым мазалай береді. Жетуін жетеді-ау, бірақ көкжал көкпаршы бұған серкешті бере қоя ма? Құр әншейін қарсыласымен қатарласып шаба бере ме? Тым құрымағанда арттағылар жеткенше бөгет болуы керек қой.

            Жомарт осындай ойларға батып келе жатқанда, алдыңғы жағы опыр-топыр болды да кетті. Көзін уқалап жіберіп қараса, Бедеуқара жығылған екен. Төрт аяғы сереңдеп, тұра алмай жатыр. Жомарт жетіп барғанда, Қайыролла ерге бекітілген қайысын ағыта алмай, әуре болып жатқан. Құдай сақтағанда, ат оның молақ аяғы жағынан жығылған екен. Жомарт аттан тез түсіп, байланған қайысты ағытып жіберді.

            – Ат арыққа сүрініп жығылды. Саған рақмет, бауырым! Көкпарды ал да жөнел! – деді Қалиолла Жомарт ұсынған балдағын алып жатып, – Заула! Жолың болсын!

            Жомарт Бедеуқараны тұрғызайын деп еді, бие тұра алмады. Қайыролла оның аяғына қарап тұрып:

            – Мұның жіліншігі үзіліп кеткен сияқты. Енді мал болмайды, – деді, – Тез заулашы, айналайын, әне, біздің Тұрсын да таяп қалды. Ол жетсе, серкешті сенен тартып алады.

            Жомарт Нарторыға ырғып мініп, көкпарды іліп алды да, Ақбұлаққа қарай зымырай жөнелді. Көптен ұзап, көңілі жайланған соң, серкешті бөктеріп, қанжығасына байлап алған.

            Нарторы шабысынан танбаса да, Жомарттың екі қары салдырап, жүрегі қағып, шаршап қалып еді. Ол ауылға таяғанда бөктерулі серкешті алдына өңгеріп, арттағылар жақындағанша жайымен желіп отырды да, олар таяп қалғанда тұра шауып, көк серкешті ауыл шетіндегі Жармағамбет ақсақалдың үйіне әкеліп, есігінің алдына тастай салды. Шуылдап жүрген балалар мен көрші үйлердегі әйелдер аң-таң болып қарай қалған. Дүбірлей жеткен қалың аттылар да осы маңайдағы жұртты дүр сілкінткендей болды. Жармағамбет ақсақалдың ақ батасын алайын дегендей, Жомарт бозбала ат жалына маңдайын төсеп, еңкейіп отыр. Оның санасын осы сәтте жаулап бара жатқан тұтқиыл уайымын кім ұқсын?! Қалай ұқсын?! Өйткені осы жұрттың ешқайсысы Ұлболсынның көкпар соңында еңіреп жылап қалғанын көрген жоқ. Оны сондай жағыдайда еріксіз тастап кетті ғой бұл! Еріксіз. Іздеп барады ғой әлі! Қайыролла көкпаршы да қан қақсап қалды емес пе?! Оның бұрын да көрген, жаңа да басынан кешкен қайғы-мұңы мен кедергі кесапатын тік көтеріп кететін қайсарлығын айтсаңшы!

            – Уай, мынау Нарторы ма, мынау Жомартжан ба? – деген Жармағамбет ақсақалдың зор дауысынан бозбаланың жүрегі дір ете түсті. Қорққаннан емес, қобалжығаннан. Сұлқ тұрған Нарторы да төрт тұяғын бірдей қимылдатып, үлкен басын шұлғып-шұлғып жіберді.

            Есін жинап алғандай болған Жомарт аттан қарғып түсіп, Жармағамбет ақсақалға тұра жүгірді.

            – Ассалаумағалейкүм!

            – Уағалейкүмәссәләм, Жөкешім! Мынау көк бөрілердің ойнағынан осы серкешті қалай алып шықтың, қалай жеткіздің? Қалай жеткіздің жаман атаңның үйіне? – деген қария Жомартты құшағына алып, маңдайынан сүйді де, – Қазақ айтушы еді «қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады» деп, өз атаңа тартып туыпсың, құлыным!

            – Ата, бұл көкпарды әкелген мен емес, Нарторы ғой. Соның кекілінен бір сипаңызшы! – деді Жомарт ақсақалды өзінің атына қарай жетелеп.

            – Бұл Нарторы ғой. Атаң осыны арып-ашып, арса-арса болып сиыршының астында жүргенінде жап-жақсы атына айырбастап алып еді. Ай-хай деген, сол бауырым – нағыз атбегінің өзі! Жасы жетіп тұрса да, бәйгеден келтірді ғой! Анау Сандыққоңырды айтсаңшы! Уф-ф!

            – Ата, Нарторының кекілінен сипаңыз, – деді Жомарт, қолына таяқ ұстаса да, тіп-тік жүретін ұзын бойлы қарияны атқа жетелеп әкеліп.

            Бұл кезде Нарторының әдеттегідей мызғып кеткен шағы болса керек, ақсақалдың алақаны маңдайына тигенде, басын тез көтеріп алып, пысқырып-пысқырып жіберді.

            – Жануар сезіп тұр! – деді Жармағамбет ақсақал, – Жылқы жүрегіндей жылы жүрек болмайды. Жылқы жүрегіндей асау жүрек те болмайды. Соны ұмытпа, балам. Не шықса да жылы жүрек пен асау жүректен шығады. Әй, Жомарт! Міне сен де көк бөрісің! Көкпарды көк бөрілер ғана тартады! – деп, бозбаланың арқасынан қақты да, қаптап тұрған көкпаршыларға қарап:

            – Ар болыңдар! Бар болыңдар, балалар! – деді.

            «Әумин! Әумин!» дескен көкпаршылар ерден қарғып түсе-түсе қалысып, аттарының айылдарын босата бастады. Содан кейін барлығы аяғына қан түспесін деп, аттарын ерсілі-қарсылы сейілдетіп кетті. Жомарт та Нарторысын жетелеген күйі терең ойға батып кеткен. Оның ендігі жердегі барлық ойы – Ұлболсын ғана. Оны қашан көрер екен? Онымен не деп сөйлесер екен?.. Сол қызды қатты көргісі кеп, осы қазірден бастап-ақ сағынып тұрған сияқты.

            Иә, Жомарттың бүгінгі көкпар үстінде бүр жара бастаған балауса сезімі жас жүрегін жарып жібердей боп кеудесін кернеп барады. Шынында да бұл махаббат – ерекше махаббат! Ол, өйткені, көкпарда көктеген махаббат қой. Көк бөрілердің ойнағы – көкпардың үстінде де осындай бір кереметтер болады екен-ау!

Әбубәкір ҚАЙРАН




ПІКІР ЖАЗУ