КӨЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ

 

Тұрсынбай Жандаулет

Бұл оқиға 1930 жылдардың тұсында, аумалы-төкпелі, аласапыран заманда болған еді. Ол кезде қыр елі ойда жатқан қалалы өлкеге сапарлап келіп, базар аралап, малын сатып, орнына астық, шәй-қант алып, айырбас жасайтын. Қысылтаяң кездің әдетте аштары да, ұры-қарысы да көп болады. Сол себепті базарлап шыққандар көбінесе топ-топ болып, топтасып жүретін.
Сондай жолаушы шыққандардың үшеуі Дәуіт көлінің маңындағы ну қамысты етектей қонып, таңертең күн ұясынан шығар-шықпаста сәрілігін ішіп, атқа қонудың қамын жасап жатты. Әрқайсысының бір-екіден түйелері, түйеге артатын кебежелері немесе нән қанары бар. Бұлай болуының себебі, әркім өз үйіне ғана емес, басқа қолқа салған ағайын-тумаға қоса сауда істесіп, солардың үйлеріне де зат сатып алған болатын.

Үшеудің бірі – түйесін шөгере алмай жатқан шикіл сары өңді, шегір көз кісі, аты – Шахиман. Жас шамасы 30-35-тің тұсы. Жеңгелері мінезінің қызулығына қарай «Шаңқылдақ» деп атап кеткен. Өзі қызарып кеткен. Жүк артып үйренбеген жас түйе ыңғайға көнер емес. Шахиманды шыр айналып, басын қайқаңдатып, жүріп алды.

– Жамандатқыр, мына әкеңнің… итімді шығарды-ау. Иесі оңбағанның малы қайтіп оңады. Арам қатқырдың малы. Сорпаңа тояр ма еді, – деп, кіжініп қояды.
«Иесі оңбаған» деп меңзеп жүргені, бұл түйе біреуден жалдап алған малы болатын.

– Әй, мына сары өмірінде мал көрмеген ғой, – деді еңгезердей қара жігіт атынан түспей, шірене түсіп…
Дәу қара да осы үшеудің бірі – аты Қазанғап. Тума-туыстары аулында «мынау Әлеке бидің ұрпағы еді, әруағыңнан айналайын, осыны шеттетпеңдер-ші» – деп әлпештеп үйреткендіктен бе, әлде мінезі солай ма, өзін тым биік ұстайды, мыналардың қазіргі бастығы өзі іспеттес.

– Әй, сары, бұйданы тарта берме, мұрнын жыртып жіберерсің, түйең үркіп тұр ғой. Жануарды үркітіп, қамшыңды шошаңдата берме.
Екінші түйенің жүгін теңдеп жатқан жылмақай қараның аты – Ысқақ. Өзі осы Қазанғаптың ауылдасы. Содан болар Қазанғаптан ығыса, жайдарлана сөйлейді.

– Қазеке, осы Туырлықтыға бұрын-соңды қомақты мал біткен бе, тоқалақ ешкімен күн көріп жүргендері ғой, бұлардың.

– Ей, Ысқақ, тіліңді тарта сөйле! – деді Шахиман, шегір көзі шатынай түсіп. – Туырлықты қай елге қол жайып еді, бұрын-соңды, а? Іргелі елге тіліңді тигізсең, тілің байланар.

– Ой, мынаның шамданғышын-ай, – деді Қазанғап, ананың шын ашуға мінгенін сезіп, істі насырға шаптырмайын дегендей, жайдарлана күліп. – Әй, қатар жігіттің қалжың-назы болмаушы ма еді?! Торсықтай тырсылдағаныңнан-ақ ішіңнің тарлығын сездірдің-ау. Ай, Туырлықтым-ай. Елің май жеп отырса, руыңның аты Туырлықты болар ма еді.
Шахиманды ашу қысты. Ана екеуінің тілі ащы, бірі бастап, бірі қостап, қалжың айтқанда, жұмбақтап тидіре сөйлеп, мұның мысын құртады.
– Әй, Шәке, – деді Ысқақ. – Сен түк қысылма! Қазір түйеңді шөгеріп, жүгіңді де сайлап береміз. Қазекеңе көңіл аударма, біздің Елғараның (елғара – Қазанғап пен Ысқақтың руы) апайтөстері тірі тұрғанда, туырлықтының уығы шайқалмас. Солай ма Қазеке? – деді, мырсылдап күліп, мұртынан жымиып….

* * *

Күн арқан бойы көтеріліп қалған шақ. Шахиманның шекесін күннің қызыл тілі жаласа да ашуын баса алмай келеді. Ызақор жандардың әдетімен қабағын түйіп, бозарып, тізгінді білегіне орап, шытынап отыр. Ана екеуі бұған көзінің астымен қарап, өзара иек қағып, мысқылдап күлісіп, мұның сыртынан біраз әңгіме соғып еді, енді күн қыза түскесін, бастары салбырап, қалғып-шұлғи бастады.
Бұлар салт атты адам жасырынардай ну қамыстан шығып, борпылдақ ұн секілді майда топырақты ирек жолға түсті. Сол жақта ит мұрыны батпастай тораңғылды тоғай. Жол шетінде қоңырауы күреңіте бастаған шеңгел, әр жерде қызыл басты жыңғыл өсіпті. Әр тұста дәндей бастаған жантаққа түйе аузын салып, қарпып өтеді.
Алыстан бір қара көрінді. Сірә, салт атты болса керек.
Жеке өскен тораңғылды паналап, селт етпей, бұларды күтіп тұр.
– Әй, мынаның мылтығы бар көрінеді, Ысқақ, сенің көзің жетеді ғой, қарашы, – деді Қазанғап жақындай бергенде, тіксініп.
– Иә, мылтықты көрінеді. Ана, тарпаңнан түскір Қара Жалғас осы маңды торуылдайды деп еді, мынауың сол болмаса игі еді.
– Тәйт, тарт тіліңді! – деді Қазанғап шошып. – Ол болса үшеумізді тізіп қойып, бір оқпен сұлатар. Сен де аузыңа келгенді оттайды екенсің!
– Қазеке, кінә менде емес қой. Құдайдың өзі сақтасын. Мынау жүрген әшейін бір жолаушы болар, жаманға жорымайық.
– Е, жаңдарың, тіпті, тәп-тәтті ғой. Жалғыз қарадан шошып, ұмытқан Құдайларың естеріңе түсті ме? – деді Шахиман ызғарланып. – Елғараның апайтөстері!
Ол мырс-мырс күліп еді, енді Қазанғап ашуланып:
– Әй, сары, батыр болсаң, анау мылтықтың үңірейтіп аузын қаратқанда көрерміз, әуселеңді. Қазірше аузыңды жаба тұр.
– Шәке, Қазеке, егесті қоя тұрыңдар. Әуелі мынаның шамасын көріп алайық, – деп Ысқақ басу айтты.
Енді үшеуі үнсіз қалды.
Үшеуі жақындай бергенде, манадан торуылдап тұрған жігіт атын шоқырақтатып алдарынан шықты. Қара өңді, ұзын бойлы, түсі суық жігіт екен. Астында үркектеу шабдар аты бар.
– Ассалаумағалейкум, ағайын, – деді жігіт алыстан айғайлап, – тізгіндеріңді тарта тұрыңдар. Жоқ іздеп жүрген жайым бар… Жөн сұрасайық.
– Әлік салам, жаным, – деді Ысқақ мәймөңкелеп, – суықтау түсіңізден сескеніп қалып едік, мынауың жөн болды. Ал, сұрай беріңіз. Не мал еді?
– Әлейкумүссалам, амансың ба, құрдас, мал жандарың аман ба? – деп, Қазанғап та қалбалақтап қалды.
– Базардан қайтқан түрлерің ғой, шамасы, – деді жігіт.
Ысқақтың сұрағына жауап бермей, атын көлбеңдетіп, бұлардың жолын кес-кестей түсіп.
– Иә, иә, – Ысқақ басын бөгелек тиген аттай шұлғып, – саудамыз да жүрмей қойды, тек шығынға ұшырадық белшемізден.
– Жөн, жөн… – деді жігіт иығынан мылтығын алып, затворын шақылдатып, – «түк бітірмей қайттық» дейсіңдер ғой, «шығынға ұшырадық» дейсіңдер, – жігіт даусын созып, ыңыранып асықпай қимылдады.
– Түсіңдер аттарыңнан! – Қара жігіт кенеттен ақырып жіберді. – Түспегеніңді атамын, тез түсіңдер! Әй, жуан қара, әкеңнің… – деп Қазанғапқа төне түсіп еді, анау үзеңгіден аяғын әрең шығарып үлгеріп, жолдың борпаң шаңына құлай кетті.
Мана банды жігіт айқайлағанда Ысқақ «астапыралла, астапыралла» деп аттан домалай түсіп, аттың сауырына кіріп кетіп еді.
Тек Шахиманның асығатын түрі жоқ,­­ созбалақтап… аттан түсе бастап еді, банды жігіт кеп «Әй, ит сары, әкеңнің…» деп мұны оңдырмай тепті. Сол сәтте Шахиман мысықтай атылып, ананы аяғынан көтеріп, аттан аударып кеп жіберді. Мылтық даусы шаңқ ете қалды. Банды жігіт қапыстан шүріппені басып қалды ғой деймін, оқ әуелеп ешкімге дарымай кетті.
Бір атылғаннан кейін… қайтадан оқтамасаң, темір таяқ қана болып қалатын «бердеңке» мылтықтан енді қайран жоқ еді. Талай қиын-қыстаудан өткен тіс қақты Шахиман мұны жақсы білетін. Ол енді шапшаң қимылдап жігіттің үстіне секіріп мініп алып, мылтыққа жабысты. Екеуі алыса кетіп еді, банды жігітің, тіпті, мықты екен, Шахиманды адам құрлы көрмей, алай да-бұлай да лақтырады. Шахиман тек жылдырымдай ептілігі мен шапшаңдығының арқасында қарақшы жігіттің астына түспей жүр. Астына түссе, ол мұны бір-ақ қылғындырып өлтіре салары хақ. Шаршай бастағанын сезген Шахиман енді: «Ысқақ, Қазанғап» деп айқай салып еді, манадан аттың астында тығылып тұрған Ысқаққа ес кіріп:
– Ойбай, Қазанғап, қаш! Қаш, Қазанғап! – деп, атына міне сала шаба жөнелді.
Қазанғап та біраз есін жиған екен, ол да атына міне салып, Ысқақтың ізінен шапты. Ана екеуінің қашып кеткенін сезген банды да енді күшіне міне түсті. Шахиманды мылтықтың құндағымен ұрып жықпақ болып, мылтығын шоқпар сияқты ұстап алды.
Шахиман кезінде барымта шығып, талай қиын-қыспақты бастан кешкен жырынды еді, осындай қысылтаяң кездерде мысықтай сұмдық шапшаң да, батыл қимылдайтын. Енді ол айлаға көшті. Әп-сәтте атына қарғып мінді. Банды атқа мінем деп жүріп мылтығын біраз қолынан шығарып алған екен, соны пайдаланып лақ тартқандай, шауып кеп жұлып алды. Бандыны бастан бір-екі қамшымен салып өтті. Ұштығына темір құйылған дырау-қамшы, сірә, ананың көзінен тиген болу керек, банды бетін басып отыра кетті. Шахиман қамшымен әлі төпеп жүр.
– Оғыңды бер деймін, хайуан, оқ бер! – деп айғайлап қояды.
Жігіт қойнынан шүберекке түйген түйіншекті шаңға лақтырып жіберіп еді, онысы оқ екен. Шахиман ат үстінен еңкейіп іліп алды, асықпай мылтықты оқтады.
– Ей, қазақтың баласы екенсің, кештім қаныңды, – деді Шахиман, – сенің күнәңді о дүниеге арқалап баратын жайым жоқ. Кет, бұл жерден. Жоғал!
Жігіт оң қолымен көзін басып тұрып еді, саусақтарының арасынан қан сорғалай бастады.
– Әй, шикіл сары, – деді ол, – түлкідей сасық айламен жеңдің. Осы кезге дейін адам баласынан жеңіліп көрген жоқ едім. Сені де жеңермін, қаныңды ішермін!
Жігіт кіжініп тісін қайрады.
– Кет, кет дедім ғой, атамын. Кет, күнәдан аулақ. Жаныңды аямайтын неғылған қатыбезерсің? – деді Шахиман ананың ашулы жүзінен тіксініп.
– Мылтығымды қайтарып бер, Сары боқ! Бәрібір қатын-балаңды көз алдыңда соямын. Бұл Қара Жалғастың байламды сөзі. Сары қасқа, ұқтың ба?
Шахиман ананың жүзіне қарап, айтқанын істейтінін ұқты. Сосын «А, Құдайым, өзің кешіре гөр» – деді де, мылтықты көтеріп, атып жіберді.
Банды жігіт борпаң топыраққа жайлап құлады. Жарасынан аздап қан ақты да, өңі көгеріп, бетінен тіршілік нұры тая бастады.
«Апырмау, мылтықтан қорықпайтын қандай жан еді, не деген қатыбезер!» деп қойды ішінен Шахиман, дірілдеген қолдарына ие бола алмай. Өзінің аяқ-қолынан дәрмен кетіп, бір түрлі әлсіреп қапты. Құсқысы кеп, жүрегі лоби береді.
– Енді мұны жерлеу керек қой, мұсылманның бендесі екен… – деді ол, әлден уақытта күбірлеп.
«Жаңағы иттер қайда безіп кеткен. Соларға көр қаздырмасам, менің шамам келмес» деп ойлады ол.
Шахиман Қазанғап пен Ысқақты көп ұзамай тауып алды. Қазанғап Ысқақты бір тораңғылдың басына шығарып, қарауыл қаратып, өзі аттың үстінде қашуға дайын тұр екен.
– Ой, Шөкетай батырымсың! Аруағыңнан айналайын Барақ батырдың нышаны тиген ғой саған. Ерледің ғой бүгін, айдаһардың демін қайтардың ғой, ақсарбас айттым құда жолына. Бір өлімнен қалдың, Ысеке, түсе ғой.
– Шөке, сен болмағанда, ана дәулеттің бәрінен айрылып едік, – деп ыржаңдап, Ысқақ тораңғылдан түсе бастады.
Шахиман қабағын түйе түсіп, мылтығын оң қолына алды.
– Қазеке, сен атыңнан түс. Сен де, Ысқақ, енді берірек келіңдер. Айтатын сөз бар. Сол жерге тұрыңдар.
Ана екеуі жерге түсіп, қатарласып тұра қалды.
– Ел басына күн туса, – деді Шахиман әр сөзін салмақтай сөйлеп, – қорған болары – еркек кіндігі! Әкенің отын өшірмей жалғастырары да елдің еркек адамы. Сол үшін де қазекем ер бала тапса, төбесі көкке жете қуанған, – деп бір қайырып еді, аналар бастарын көтеруге шамалары жетпей, төмен қарап тұқырая түсті.
– Ал, енді сендерді де елдің қорғаны дейміз бе? Ертең көз алдарыңда қатын, бала-шағаларыңды біреу қорлап жатса, араша түсер шамаларың бар ма? – деп түйіндеді Шахиман сөзін. Сосын асықпай отырып, шақшасын қолына алды, насыбайын атты.
– Зо-оқ, – деді ол, енді сақаулана сөйлеп, – зоқ, сама-ларың зоқ. Сол үсын мен сендерді құда жолына садаға қып жіберейін. Елден бәле-зәле сендермен кетсін.
Шахиман асықпай мылтығын оқтады да, насыбайын түкіріп тастады.
– Ал енді, бір-біріңмен бақұлдасып, қош алдияр айтысыңдар. Иман­дарыңды үйіріп, келеме қайыратын бұл жерде молда да жоқ. Жоққа жүйрік жетпейді. Ал, қош, өмірден ырзалықпен өтіңдер, қайран серіктерім-ай.
Шахиман жылаған болып көзін жеңімен сүртті.
Ана екеуінің түрі құп-қу, «мынау қайтеді-ей» дегендей аңырып тұр.
Шахиман мылтықты екеуіне кезеп, шүріппені басып қалды. Мылтық аймақты үшінші рет жаңғыртып саңқ ете түсті. Оқ ешкімге де дарымай әуелеп кетті. Ана екеуі құлаған жоқ, дегенмен құлардай болып тұр.
– Ха-ха-ха! – Шахиман екілене, көзінен жас аққанша күлді, сосын, – сендер сөз өтпейтін тулақсыңдар ғой. Дегенмен, бүгінгі оқиға естеріңде мәңгіге қалсын дегенім ғой. Жарайды, біраз әзілдестік, енді жаңағы міскіннің бетін жабайық топырақпен, – деді.
* * *
Түс ауа, үшеуі түйелерін шұбыртып қайта жолға шықты. Жолдан әрірек бір түп шеңгел түбінде қарайып бір төмпешік қалды. Шахиманның иығында дүмі әбден мүжілген ескі мылтық шошаңдап бара жатты.

Пікір қалдыру