Кемпірқосақ тұрмайды ұзақ аспанда…

Мұнар

 

ДАРА ДАМУ
Аңсағанмен ақшаны қауым мына,
Жауың – ақша, адамзат,
дауың – мұра.
Махаббатсыз қосылған қосақтар бар,
Махаббатты мансұқтау – ауыр күнә.

Қан қайнаған кезінде, қана қызған,
Сабақ алған сауап-ау, қара тұздан.
Қосақтар бар қосылған махаббатсыз,
Қандай ұрпақ тарайды шарасыздан?

Асқақ сезім айналды аса қатқа,
Шомылмайды шарасыз шапағатқа.
Мал мен жанның бар
бір-ақ айырмасы,
Айырмасы тек қана махаббатта.

Махаббатсыз ай нұрын шаша ала ма,
Көкжиектен Күн күліп ата ала ма?!
Махаббатсыз жаралған балалардың,
Махаббаты болмайды ата-анаға.

Махаббатта – сезім – сел,
сана – заңғар,
Шала жұбай ұқпайтын, шала жарлар.
Қосақтар көп қосылған махаббатсыз,
Махаббатсыз жаралған балалар бар.

Махаббатсыз жаралған ұрпақтарда,
Кескін-келбет, бет-әлпет,
тұрпат бар ма?
Іштен туған жарымжан, мүгедектік,
Барлық бәле емес қой құрсақтарда…
Адамдардың алыстап аралары,
Таусылуда айла, амал, шаралары.
Махаббатсыз қосылу қауіп-қатер,
Тым төтенше жағдай саналады.

Махаббат па, махаббат – даму дара,
Лапылдап та, жалындап жану жаңа.
Ақтауға да жатпайтын, ақталуға
Махаббатсыз қосылу – ауыр жаза!

АСҚАҚ АТАУ

Шынын айтсам, шынын айтсам,
ал шынын,
Шаршының да,
қажеті жоқ талқының.
Көшелерге адамдардың аттарын
Таратуға түбегейлі қарсымын.

Басы байлы бір адамның пікірін,
Тыңдамауы бәлкім көп пен күпірің.
Бір көшеге атын беріп АЛҒЫСТЫҢ,
Бір көшені иемденсін ШҮКІРІҢ.

Бір көшенің аты аталып МЕЙІРІМ,
Екіншісі болса деймін ИІРІМ.
Махаббат қой анықтайтын ақырғы,
Адамдардың асқаралы биігін.

Ана көше АДАЛДЫҚТЫҢ атынан,
Мына көше САЛТАНАТТЫҢ сапынан.
Осы көше МӘҢГІЛІКТІҢ көшесі,
Ғасырлардан қол созатын ғасырға.
Қалыс қалмай ҚАНАҒАТ пен ҚАЙЫРЫМ,
САҒЫНЫШ ТА, ШАПАҒАТ ТА, ҚАБЫРЫҢ.
Көшелердің аттарымен аталсын,
Адамзаттың санасына сай ұғым.

Қалай да ел, қалай ел не десе де,
Көше атауы көгертеді көсеге.
Арсыз адам қалай тұрады, қысылмай,
АР, АДАЛДЫҚ атындағы көшеде.

Санасына қалу үшін қашаулы,
Кеудесіне көшу үшін Бақ ауылы.
Көше аттары салу керек есіне,
Адамдарды асқақтатар атауды.

НЕКЕГЕ НЕМЕУРІН

Махаббатта неке жоқ.
Наполеон.
Неке жайлы мынау менің түйгенім,
Керегі не қымбат кортеж, күйменің.
Мендельсонның маршы не береді,
Түкке тұрмайды ішкен,
жеген, кигенің…

Мүмкіндіктер болып
жатса мүмкіндік,
Мұның бәрі дүние ғой бір күндік.
Дүниеге бола демде дүрлігіп,
Дүрдараздық танытпаса шіркін жұп.

Неке көйлек және неке жүзігің,
Баса ала ма көңілдердің қыжылын?!.
Сүзілдіріп тұрса жұртты сүзілтіп,
Түзігін айт, ниеттердің түзігін.

Ғажаптардың, ғажаптардың, ғажабы,
Жұбайлардың жарқылдаған жанары.
Малынғандар маршы емес мына ара,
Және де емес Бұхараның базары.

Дүниені оңды-солды кеш мейлі,
Махаббаттың мәселесін шешпейді.
Тереңіне терезесі тең не бар,
Мал, дүние тереңіңе жетпейді.

Келер жұптар, келер жұптар,
келер жұп
Көрме көру емес асқан кемелдік.
Жүректердің желкенімен жүйіткитін,
Махаббаттың мұхитында тереңдік.
Керемет күй, ғаламат күй кеш ерек,
Неке қағаз, неке жүзік не керек?!
Некеменен маңайласпайды – махаббат
«Махаббатта неке жоқ қой,
неке жоқ!..»

ҚУАН ҚҰДЫҒЫ

Ерлан Қаринге

Ақтөбе аймағында Ахмет Құдайберген
Жұбановтардың әкесі Қуан
қазған құдық бар, жергілікті тұрғындар
әлі күнге дейін сол құдықты аршып су ішіп отыр.

Аймаласқан ай, күн нұры үстінде,
Құдығынан Қуанның су іштің бе?!
Қуаты сол ақыл-ойдың қуатты,
Суаты сол рухани күштің де.

Қамшы ұстаған су ішкен, құрық алған,
Ай, Күн нұры таласып тұрып алған.
Қуан қазған, құдық бұл Қуан қазған,
Қос құлыным қансын деп шыңыраудан.

Қосуақтам, Қосуақ қос жұрыны –
Жолаушы мен жүргінші дос тұғыры.
Шыңыраудың суына қанып алып,
Шыңырауға айналған қос құлыны.

Бері кеткен су алған, әрі кеткен
Нәрі де естен шықпаған, дәмі де естен.
Құдайберген, Ахмет Жұбановтар
Шыңыраудың суына қанып өскен.

Ұлық ұста атанған, құла мерген,
Кенделікті көрмеген мұрагерден.
Құрығынан Қуанның су ішкеннің,
Атақ-даңқы аспандап шыға келген.

Кедей де ішкен, қу сіңір кенде де ішкен,
Пақыр да ішкен, пұшайман пенде де ішкен.
Пенделіктен тазарып шыға келген,
Пенделіктен, тазарып пенделіктен.

Қарық қылып тұр құдық айдаланы,
Ай менен Күн айнала айналады.
Шыңыраудың түбінен су ішкендер,
Шыңырауға түбінде айналады.

Мәшһүрің де су ішкен, мәлімің де,
Кемтарың да су ішкен, кәрібің де.
Жұбановтар әулетін асыраған
Құдығы тұр Қуанның әлі күнге.

Аспан ауып тұрғанда, ауа жанып,
Дауаланып қайт барып, дауаланып.
Құдығы тұр Қуанның әлі күнге
Өткен-кеткен адамнан сауап алып.

Өлі тілдер оянып, тірі тілдер,
Құлағыңның құлансаз құрышын жер.
Құдай берген, Ахмет болам десең,
Құдығынан Қуанның су ішіңдер!

ОНЛАЙН ОЙЫНДАР

Байланыс аясынан алыс жерде,
Халықты қан қақсатқан,
қанішкен де.
Бағлан, байларменен байланыс жоқ,
Ағзамнан алыс пақыр, алыс пенде.

Ит өлген жерде, соған жақын жерде,
Ат ұстар, атқа мінер әкімдер де.
Кіргенше күнің осы, көрген күнің,
Кіргенше, күнің осы, басың көрге.

Басыр бас, басқа бас та, қасқа бас та,
Байланыс аясынан басқа жақта.
Ағады ағыл-тегіл көздің жасы,
Тоң қатып, қырау қатып
қас-қабаққа.

Қол тимей күнбе-күнгі жиналыстан,
Шендінің шырт түкірген
иманы ұшқан.
Байланыс аймағынан басқа жерде,
Көрмей-ақ кескін-кейпін
сыйла алыстан.

Бастықпен байланыс жоқ қарашада,
Оларда – мына шара, ана шара.
Алатын адамдар жоқ арашалап,
Түсетін тірілер жоқ арашаға.

Халыққа қан жұтқызған,
қан ішкен де,
Байланыс аясынан алыс жерде.
Төрелер төрді түгел босатыңдар,
Күн қайда отыратын халық төрде?

Кіретін, шығатұғын есігі-айла,
Күні-түн тербететін бесігі – айла.
Халыққа қай бетімен көрінеді,
Халыққа көрінетін беті қайда?!

Түседі төңкеріліп тұғыр, тағы,
Ішеді атау-кере іңір шағы.
Халықты ойыншық
қылып ойнағандар –
Құдайдың қолындағы қуыршағы.

Алағай, бұлағайды салады рас,
Ары – мас, иманы – мас, сауабы – мас.
Құдайдың құтылмайды құрығынан,
Құдайдың құрығы – ұзын, сала құлаш.

Мансаптың мол азабы, мол лаңы
Алтын тақ – адамзаттың соры, бағы.
Байланыс аясынан тысқары адам,
Аядай жерде Алламен жолығады.

Сынады шоқпарлары, сойылдары,
Осылып онлайн ойындары.
Сөйлейтін сөзді патша табалмайды,
Халықтың көкейі мен ойындағы.

Өзгереді жылдар саны, таңба саны,
Өзгереді сауысқан мен қарға саны.
Ғасырлар, ғасырлардан, ғасырларға,
Ойындар онлайн жалғасады.

ТЕҢІЗ ТЕМПЕРАТУРАСЫ

Шауып шық деп айту ағат, шауып шық,
Толқындарға төнуде апат, қауіп нық.
Көк теңіздің көтеріліп қызуы,
Қан қысымы бара жатыр ауытқып.

Сәресін сәл ішіп болмай сәресін,
Жоқ қылуда, жоюда асқа тәбетін.
Жайлап қыстап алған күл мен қоқыстар
Жайындардың қашыруға зәресін.

Кальмарлардың кім ұйқысын бұзатын,
Көк киттерге кімдер тұзақ құратын?!
Су патшасы Сүлеймендей ағзамның
Келтіруде шексіз ашу, ызасын.

Теңіздердің табылмай тұр, тазасы
Шығанақтың шайқалып тұр шарасы.
Жерді қойып, көкті қойып, мінекей,
Мұхитқа ауыз салуда адам баласы.

Жердің үстін жердің астын лайлап,
Шегіп тұрған шікірейіп кім айбат?
Әрине, адам, әрине, адам баласы
Қылмыспенен, тұрмыспенен сыбайлас.

Айға, күнге шапқанда адам баласы,
Апатты ойлап тапқан да адам баласы.
Табиғаттай таза ғұмыр кешуге,
Жетпей қойды-ау, жетпей қойды-ау шамасы.

Замандардан, қоғамдардан ықылым,
Табиғаттың мысы-басым күшінің.
Табиғаттың қан қысымын көтерсең,
Сенің дағы көтерілер қысымың.

Қоғамдардың келсе дағы қандайы,
Ең бірінші орында аппақ таң жайы!
Адамдардың табиғаты тазармай,
Мұхиттардың ашылмайды, маңдайы!

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ

Хан талапай қақтығысқа ұрынып,
Жаһан жаппай келе жатыр жылынып.
Адалдар жоқ, алып сатар ғана бар,
Ойлылары опат болған қырылып.

Қызыл-жасыл дүниеге құнығып,
Адалдардан адам барады шығынып.
Адамдардың айналуы мұздаққа,
Ақырзаман, заманақыр, тығырық.

Өзімізге ие болмай, өзіміз,
Мұзға айналып барады көз, сөзіміз.
Жаһан жаппай келе жатыр жылынып,
Сіреу мұздар сөгілуде, елі мұз.

Төбесіне түрлі-түрлі ту іліп,
Бірін-бірі шыжғырып, һәм қуырып.
Адам таппай айналадан шын адам,
Адам жаппай бара жатыр суынып.

Қараулықтың борап қара дауылы,
Аңға айналды ақылды адам қауымы.
Мыңжылдық мұз еріп жатыр, мыңжылдық,
Адал-арам басталды мұз дәуірі.

Қатып қалған ашу менен ызадан,
Ау, мұз адам, ау – мұз адам, мұз адам.
Ерітші бір, ерітші бір, ерітші,
Жан-тәніңді қиянаттан, күнәдан.

Ине жіптен, жаңа шыққан науадан,
Ақыл есі толық адам, сау адам.
Жылы орныңды суытпашы, суытпа,
Жарық – адам, жылу – адам, ауа – адам!

Төбесіне түрлі-түрлі ту іліп,
Бірін-бірі естімейді буынып.
Адамдарда басталып мұз дәуірі,
Адамдардан адам барады суынып…

Табиғатта – ірілік пен ұлылық,
Адам барады адамдардан шығынып.
Қастандықтың қасат қарын ерітуге,
Жаһан жаппай келе жатыр жылынып…

ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘУБЕСІ

Сахараның ақ пенен көк шаңдағы,
Сақалы – аппақ, көк сақалды шалдары.
Аман болсын, аман болсын, айтайық,
Ештеңе емес, ештеңе емес, қалғаны.

Туған елдің түзу, ұшқан түтіні,
Несібесі – кемшіні мен бүтіні.
Аман болсын, аман болғай, лайым,
Үлкен ұлы, Ортаншы ұлы, Кіші ұлы.

Туған елдің шексіз-шетсіз аймағы,
Туған тілдің байлығы мен байрағы.
Ұрпағына ұран қылғай құт қылғай,
Қара қауға, қара қалам, найзаны.

Бетін бұрып ұлт пен жұртқа Меккеге,
Адал-ғұмыр кешсе ерте де кеште де.
Ештеңе емес, ештеңе емес, қалғаны,
Ештеңе емес, ештеңе емес, ештеңе.

Қайран елді салмай сарсаң, әуреге,
Ашық айтқан адамдарды жау деме.
Тәубесіне түсір анау ағзамды,
Тәуелсіздік тәубеңе кел, тәубеңе.

Ем менен дом еркі қашқан тап елге,
Ең алдымен сенім сыйла бап елге.
Ер тәуелсіз, ел тәуелсіз екенін,
Тәуелсіздік, тұрпатыңмен дәлелде…

Болсын мәңгі мәуең биік, мәуең – көк!
Дауасызды ала алмайды дау емдеп.
Алтын таққа тәуелді етпе халықты
Алты аш, құрсаққа тәуелді ет!

Бейуақта мың күрсініп, мың құбылар,
Бұл жерде Мұнар жатыр, мұңды Мұнар.
Басында Жарқын жайлы жырлары бар
Қасында қайғысы бар құлдық ұрар,

Тыңды ұғар, тылсымды ұғар, шырқауды ұғар,
Бұл жерде Мұнар жатыр, мылқау Мұнар.
Ауруды айықтырып жырларымен,
Дені сау адамыңды сырқау қылар.

Жыр жазып жатыр Мұнар моласында
Бас-көзге сабалайтын борасында.
Қасынан көрмей өте шығасың ба,
Басына соқпайсың ба, соғасың ба?!

Бұл жерде Мұнар жатыр шалқасынан,
Сәттерде сең қозғалып, сай тасыған.
Оқиды өлеңдерін Жарқын жайлы,
Шығарып төс пенен жан қалтасынан.

Жат жатыр екі ықылым дүниеге
Жат болып Күн – иеге, Түн – иеге
Өлгендер елге қайтып орала ма,
Өлгендер енді қайтып тіріле ме!

Жат жатыр жаутаң қағып хақ қолында,
Жат жатыр жаутаң қағып жат қолында

Дамбалы – ақ, көйлегі де – ақ, сөздері де – ақ!
Айналған ақ жұлдыздар ақ шоғырға.

Тірі адам таба алмайды түбін тегі,
Өлі адам тірі адамды түңілтеді.
Махаббат тірі адамды өлтіреді,
Махаббат өлі адамды тірілтеді.

БАС БАРМАҚ

Хан, патшаның бармақтары басылған,
Марапаттар шашыңнан көп шашыңнан.
Адам неге алданады атаққа
Айла, амалын асырған кім, асырған?!

Тағамдардың халалы көп, халалы,
Халал тағам жанға майдай жағады.
Халал тағам, тек халалды тұтынған
Адамдардың аз неліктен адалы?!

Жарық жұлдыз сықылданып, жарық күн
Марапаттар жабар бетін табыттың.
Анау адам – Еңбек ері екен-ау, Мынау адам –
Қаһарманы халықтың.

Мақұл адам, тақыр адам, тасыр жан
Мадақ пенен марапатқа сатылған.
Халық емес, қатысы жоқ халықтың,
Хан, патшаның бас бармағы басылған.

Мансаптан бас тартқанда адам баласы
Адамдардың жақындайды арасы.
Қайтсем екен, не етсем екен сендерге
Санасы жоқ, сабаздар-ай, санасы.

Таулар қалай биіктейді жотасыз,
Жотасыздан жойқын қылық тосасыз.
Аллада жоқ, Абайда жоқ атақты,
Алған адам барып тұрған опасыз.

Сорлады адам,
сатқындықтан сорлайды, Сатқындарды кімдер қорғап, қолдайды,
Опасызда болады орден, медальдар.
Опасызда Отан бірақ болмайды.

Абайсызда түсіріп тор, қармаққа, жармаққа,
Жазықсызды айналдырар қалыпқа.
Бас бармақтың аржағында анау тұр,
Бас бармақта, барлық пәле – бармақта.

КӨШЕ КӨШЕТІ

Тағылық деп бағалаңыз тағылық,
Құмға түстім, өстім құмды жамылып.
Көшпейтұғын көшетіне көшенің
Көзім түссе, қарап қалам аңырып.

Өскен олар құмды көрмей, құм қаппай,
Асу аспай, қырат аспай, қыр да аспай.
Бір-бірінен аумайтұғын көшеттер
Бірін-бірі түсінеді тіл қатпай.

Ешкімнен сөз естімедім ешкімнен,
Көше көрмей, көшет көрмей өстім мен.
Өз арбамды өзім сүйреп өрлерге,
Өз арбамды өзім атқа жектім мен.

Түсінетін тура менен төтені,
Іште бақай есебі жоқ есебі,
Құмда өсетін құмаршықпын мен деген
Қала түгіл көрмей өскен көшені.

Сақалындай кәдімгі көк текенің
Көшеттері-ай, көшеттері-ай көшенің.
Өтесіңдер, өтесіңдер өмірден,
Түсіне алмай даланың не екенін?!.

Өмірі бір көрмей қала, көшені,
Құмаршықтар құмда ғана өседі.
Ұлы дала жанын ұққанының,
Маңдайының бағы бар, бес, бес елі!

Көшеттер-ай, көктей өскен көшені,
Құм-көсені көрмеген құм көсені.
Құмда туған құмаршықпын, құмаршық
Құмаршықтар құмда ғана өседі.

Қолқасы жоқ, ұғым осы, қолқасы,
Билер бойды орныққан ой ортасы.
Көшет пен құмаршықтың қашаннан,
Он қайнаса қосылмайды сорпасы.

КОЛОРАДО ҚОҢЫЗЫ

Ала тудың астында өсіп масыққан,
Ала қоңыз асып келген АҚШ-тан.
Ала тайдай айналасын бүлдіріп,
Айналасын отап жетуге асыққан.

Қолы ұзын ел болған соң ба, қолы ұзын,
Соры айырбас елге мынау соры ұзын.
Қоңыз болып, қоңыз теріп кетсін деп,
Ең алдымен әкелді ала қоңызын.

Ағылшынның тілі де ізгі, діл де – ізгі,
Құрақ ұшып қарсы алмайды кім бізді?!
Деді дағы сонан кейін, сонан соң,
Ағылшынның тілін, ділін, кіргізді.

Бұралқы үріп, бодан болар түбінде.
Латынша да – ілім, ғылым білім де
Сөйлеуге бет, мойын басты бұрғызды
Колорада қоңызының тілінде.

Көзін тауып, тауып амал, ретін,
Көзі ашыққа езу тарта күлетін.
Қоңыз еркек, қаптап кетті қоңыз қыз,
Дүниені домалатып жүретін.

Қара жаяу қалғандар бар, қап қойған,
Дүниеге лап қойған бар, лап қойған.
Дүниеқор, дүниешіл адамға,
Ала қоңыз деп қазақтар ат қойған.

Қоңыз теріп кеткендерге айтарым
Талабыңды бекер, босқа шайқадың.
Қоңызыңа қарамайтын пысқырып,
Байтағым бар, ұлан-асыр байтағым!

Колорадо қоңызының тілінде
Деу қателік ілім, ғылым, білім де
Ата-жұртқа аттың басын бұрып тұр,
Көшпенділер көшті бастап бүгінде!

АУТИЗМ АУРУЫ

Жабысқан дерт жатқан шақта жатырда,
Қаны бұзық жұптан жеткен зақым ба?
Кінәлі ме құнсынданған қоғамы,
Пақырларын айдаған ай тақырға.

Аутизм ауруы арбап даланы,
Сананы да жайлап, барады қананы.
Қарғайды олар қан қақсатқан қоғамын,
Ата-анасын әбігерге салады.

Кінә кімнен, жазықты кім, жазықты,
Ауаны да кінәлаймыз азықты.
Ұрығын кім ұшындырған ұйытпай,
Қақпаған кім тура темір қазықты?

Оңды-солды шашып бұзық ұрықты,
Улаған кім тұқымды, ұлтты, ұлысты?!
Кімнің қызып тұрсыз дейсіз шекесі,
Салатын кім кісен менен құлыпты?
Теріс баға берді ме аппақ некесі
Қаны бұзық жаннан тұқым тарату
Қылмыстардың көкесінің көкесі!

Аурулардың болмайды ұсақ, уағы
Айыбын кім жұрт алдынан жуады?!
Ес-ақылынан жұрдай қоғам орнатсаң,
Ес-ақылдан жұрдай бала туады.

Ауруда емес ақиқаттың астары,
Ақыл-естен айырылса жас-кәрі,
Аутизм аурулары жайлаған
Емдеу керек патшалық пен патшаны!

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ МЕН

Мемлекет – бір бөлек, мен – бөлекпін,
Өзіме-өзім сүйенген сенген еспін.
Өз-өзімнен қиылып көмек күтіп,
Өзімді-өзім тілдемек, тергемекпін…

Мемлекет білем не айтып, не дерін.
Ішімде ғой, ішімде – шер-шеменім,
Мемлекет мен жайында білмейді
Мемлекет жөнінде көп дерегім.

Мемлекет бар болғанмен санада,
Көк пен жердей қашықтық бар арада.
Қарыштаған бағаға жоқ қатысым,
Қатысым бар қара нансыз балаға.

Көншарықты, көншарықты, шарықты,
Мемлекет менсінбесе халықты.
Бос сөзіне, қос сөзіне, сөзіне
Сөзіне оның кімдер, қашан наныпты?!

Мемлекет жайында көзқарасым,
Жарамсақпен таппайды тіл, жарасым.
Мемлекет болу керек мүлтіксіз
Құран мен нан ұстағандай нанатын.

Кімдер не деп көкісе де, кім не деп,
Халық – бөлек, мемлекет – бір бөлек.
Елдің аузын жабу қылмыс тұмшалап,
Ауыздықтап, мұрындықтап, сіргелеп…

Екі көзін жұмып, тіпті қалқалап,
Жанды бағу жолында бар жанталас!

Кім келгісі келеді «жаңа Қазақстанға»
Кім келгісі келеді қабын арқалап?!

Жауқазындар желбіреген желегі
АҚШ-та өмір сүргілері келеді,
Сенеді олар, Сингапурға, Сеулге.
Европа елдеріне сенеді.

Себебі бар, бар әрине, себебі,
Кемел ел деп есептеледі, келелі.
Жапондарға жаутаңдаумен жүреді,
Кемістерге неменеге сенеді?!
Себебі бар, бар әрине себебі.

Төрткүл әлем көзін сүзіп қарайтын
Аспаны – айқын, астары – айқын, таңы – айқын.
Елдерге көз тігеді адам баласы,
Қаламайсың, қаламайсың, қалайсың?!

Қалың елдік қолында тұр иен дерек,
Басу айтам, басу айтам мен не деп?!
Доллар күнде көміп жатса көк шаңға,
«Теңгелеп тұр» деймін қалай, «теңгелеп».

Бар мәселе қисын менен жосын да,
Ел еркінде және де есеп шотында.
«Аш баламен ойнамайды тоқ бала»
Бар мәселе осында ғой, осында!

Жауқазындар желбіреген желегі,
Батыста өмір сүргілері келеді.
Кім кеткісі келеді «жаңа Қазақстаннан»
Кім кеткісі, кім келгісі келеді?

Ең әуелден етек-бөлек, жең-бөлек
Атқамінер, әкім – бөлек, ел – бөлек
Билік бірге болмайды елмен ешқашан
Мемлекет – бөлек, бөлек, мен – бөлек!

ШАХАНОВ ШАҺАРЫНДА

Арқасымен жарып мұздың жалтырын
Ақиқаттың арқалағын алтынын.
Еңбек Ері емес Мұхтар Шаханов,
Қаһарманы қалың қазақ халқының.

Бүгін дағы, ертең ерте, кешеде
Келем, аға, атыңдағы көшеде.
Ескерткішің еңселеніп, асқақтап,
Қасқа жолға қол сілтеп тұр, төтеге.

Кім не десе, кім не десін, керексе
Шахановқа Еңбек ері керек пе?
Қазақ деген құрмет бұл халыққа
Құрмет бұл елге деген ерекше.

Ең ақырғы айқастарда, ақырғы
Кемпірқосақ жеңе алмады жасынды
Жоқ, Шаханов сатылған жоқ атаққа,
Атақ-мансап Шахановқа сатылды.

Ақиқаттай ардақтаған асылды,
Төбесіне көтерді жұрт ақынды.
Билік, мансап – кемпірқосақ кәдімгі
Кемпірқосақ мойнына асылды.

Ақиқатты ақтайды жұрт, жақтайды,
Ауызының суы құрып мақтайды
Кемпірқосақ тұрмайды ұзақ аспанда,
Алдамшыны аспан паналатпайды.

Жанған жасын арлы ақынның төсінде,
Қасқасуға шуақ шашып, Есілге.
Жайдақ шамның жалп еткізіп жарығын,
Өткерменің өңменінен өтуде.

Ұлы дала үміт артқан арлы ұлға
Шапалақтап қол соқты тау, шалғын да.
Шахановқа керек емес атақтың,
Атақ-ағзам иіліп тұр алдында.

Жолыққанда жарқабаққа жал-құмға,
Жорғалайды атақ, мансап-мал ғұн да.
Атам қазақ сақтағай деп тіл-көзден
Үкі таққан шудасына нардың да.

Қара халық тыңдаса егер кімді ұйып,
Соның түбі шыңырау мен тұңғиық.
Маңайында маңып мансап майлы аяқ,
Даңқ оның қолына жүр су құйып.

Ұлы дала ұлағаты көшелі,
Ұрпағы үшін бәрін пішіп, кеседі.
Атам қазақ келсе егер де алдына,
Атасының құнын дағы кешеді.

Кім кеседі қыран қонған тұғырды?
Қыран да сол, тұғыр да сол бұрынғы.
Жапа-жалған құман ұстап қолына,
Атақ-ағзам аяғына жығылды.

Пікір қалдыру