КЕРЕК ЕМЕС ҒАЖАЙЫП ПЕН ҒАЛАМАТ

ТІРІ КӨШЕЛЕР

Арғы дана бабалар-ай,
Қайран жақсы ағалар-ай,
Ақ кіреуке жағалар-ай,
Көшелерге айналып
көшіп кеткен өмірден.
Көшсеңдер де өмірден –
Көшпейсіңдер көңілден,
Сендерменен арғы-бергі кең іргем.

Білем, білем…
Жаралған жан жоқ қой,
сірә, темірден,
Қу жалғаның темірді де кемірген.
Пәни заңы жүрмес бірақ бақиға,
Бізбен бірге, олар бірге өмірмен.

Елмен, жермен мәңгі-бақи бір олар,
Ескерткіште ес пен сес боп тұр олар.
Рухтарымен сардар-сарбаз саптағы,
Қазағына қорған болып тұра алар.

Азырқанбан…
Аз емессің, көпсіңдер,
Тұма тарих, шежірелі тексіңдер.
Зерде көзі жерде тұрып таңданар
Тылсым сырлы зеңгір әлем – көксіңдер.

Жақсыларым көшелерге айналған,
Сендер бар деп шүкір айтып жайланғам.
Сендер, сендер сенімге де тірексің,
Үмітсіңдер кездерімде қайғы алған.
Атойласам – артымдағы асқар тау,
Құралақан емеспін-ау айбардан.

Мың сан көше, мүсіндер мен балбалдар,
Бақида да бақ шырағы жанғандар,
Мәңгілікке елдің рухы болғандар,
Сөрелерде – қалың-қалың томдарың,
Өрелерде өсиет боп қалғандар:
Бабалар-ай, сендерде не арман бар?!

Өлмедіңдер,
Өздеріңдей жан тумас,
Өнегеге кен бе едіңдер сарқылмас?!
Асылдарым көшелерге айналған,
Алаш кешер тайғақтарда алқынбас,
Ұлы жолда ұлағаты таусылмас,
Қилы шақта күрестерден тартынбас,
Ардақ тұтқан ұрпағыңды рухыңмен
Аяла да, әр күн сайын мауқың бас…

ҚАЛЫПША

Бауырым-ау, қара мына ғажапқа:
Бет алса да қияметке, тозаққа,
Малы-жанын, жоқ пен барын түгендеп,
Хал сұрасу қалыпша ғой қазаққа.

Дағдымыздан жаңылмаймыз, Аллам-ай,
Көшеде де көре қалсақ: Хал қалай?
Ағайынмен амандыққа келгенде
Аңқылдаймыз бәйге бермес жорғадай.

Әмірімен тақылдаған таңдайдың,
Әдетімнен әсте мен де танбаймын.
«Қалыпша» деп қарай қалар бетіңе,
Хал сұрасаң қазағынан Торғайдың.

Жол-жобаға еркін жүзіп балықша,
Аныққа – анық, танығыңа – танықша,
Сол сәтінде күлкі үйіріп жүзіне,
Сақ еткізер бір-ақ жауап: қалыпша!

Өмір, мейлі, өгейсітіп налытса,
Кейде, тіпті, тақсыреттен торықса,
Табаны бүр, таймайды бір сөзінен,
Қашан көрсең сол баяғы қалыпша.

Осы мінез дей алмаймын осалдан,
Қалыпшаға қызығамын қашаннан.
Керек емес кердең кеткен керемет,
Үлде-бүлде жалт-жұлт етіп жасанған.

Қуамын деп қу нәпсінің сағымын,
Қазағым да жоғалтпасын қалыбын.
Жарық шамын ақ көңілдің сөндірмей,
Қалыпшаның білген абзал қадірін.

Өмір, өмір, болмай-ақ қой сен абат,
Керек емес ғажайып пен ғаламат.
Қалыпша боп қала берші, дүние,
Қазағыма құт әкелсін қанағат.

Әрине ғой, аш пен тоққа қанағат,
Ал таяқтың екі ұшы бар, жамағат.
Айналма тек қанағатшыл көнбіске,
Ақырып шап аран тұрса қамалап.

Нарығымыз нарық емес, нарықша,
Ісіміз де семіз емес, арықша.
Тоқтамашы, тоқтамашы толайым
Соның бәрі болғанынша қалыпша.

Обалы үшін жәудіреген жанардың,
Тез келуін мен де тілеп бағармын,
Бар қазағым хал сұрасаң қасқайып,
«Қалыпша!» деп жауап бере алар күн.

БЕЙҚАПАС

Көңіл құрғыр кейде тасқын, кейде пәс,
Қайда, қайда біз
аңсайтын бейқапас?
Ерлеріңнің басы қайда қалмаған,
Сырын бүгіп шерленгендей сайда тас.

Қорған деген қамалым да жай лапас,
Біліп болмас қайда досың, қайда қас?
Қастан дағы, достан дағы азат боп,
Атой салар бар ма сол бір бейқапас?

Бір илеуде құмырсқаның бірлігі,
Бітпейтұғын құжынаған тірлігі.
Көрінеді берекелі ел болып,
Бұл ғаламмен бірге біткен кіндігі.

Біз де неге құмырсқадай болмаймыз?
Шынтуайтта шынайыдан шалғаймыз.
Құмартамыз қаңсығына басқаның,
Бабалардың жолын
қашан жалғаймыз?

Өмір біздің құмырсқаның илеуі
Бола алмаса – жақын, сірә, күйреуі.
Бүлдіреді, бүлдіргі де алады,
Бізде солай патшалардың билеуі.

Аяқ бассаң кезігесің бақасқа,
Сөз өтпейді селт етпейтін топасқа.
Ашынғанның ащы даусы жетпейтін
Нойыстардың құлағы, әлде,
қақас па?

Тұншықтырмас су астында балығын,
Жақсы көрем
Жаратқанның жарығын.
Тереңінде еркін тыныс алғызған,
Ғапылдықта қалдырмаған ғарыбын.

Өмір мәнін түсінбеймін, бәлкім, мен,
Ақыл сөзді көп естимін әркімнен.
Кім біледі, шыққан күні қапастан
Айығармын
бейқапасшыл дертімнен.

ОРЫСӨЛГЕН

Мал емес, мазасыздау бөрісі өрген,
Аулақтау ауыл-аймақ, қоныс-елден,
Орманы оратылған Бөлектауға,
Бір жер бар Зерендіде – Орысөлген.

Демеймін бұл атаудан қайғы табам,
Көзге қос көрінбесін жай бұтадан.
Ұзайды қара жолдан көлденеңдеп,
Томарлы қайың-терек, сайлы табан.

Дала – сыр, дала – тарих, дала – дастан,
Белгісін өткен күннің шолады аспан.
Атына Орысөлген ет үйренген,
Қанықпыз затына да бала жастан.

Білмеймін сол кезде мән
бердік пе екен?
Бұл аттан байқамадық кемдік бөтен.
Тұсынан күн аралап өткен сайын
Үңіліп астарына көрдік пе екен?

Аңыз көп шығатұғын тағы да алдан,
Адаспас айдалада бағы бар жан.
Ертеде өліп жатқан бір орысты
Атамның аталары тауып алған.

Беймәлім неден кетті, неден өлген,
Қай жақтан ажал деген пәле келген?
Созылған көлденеңдеп қыршалы сай
Аталып Орысөлген қала берген.

Ол күнде бабалардың шаттығы кем,
Орыспен бола алмаған шоқтығы тең.
Ойпырмай, әлде, әлде… алда-жалда
Қазаққа тізесі оның батты ма екен?

Болды ма жайылымға, жерге талас,
Зәмзәмді Зерендідей көлге талас?
Ел десе еңіреген Едігедей,
Жоқтаған елдің жоғын ерде талас?

Қамшылап қайрап салды бетке ұрғаны,
Қазағым айтқанына тәк тұрмады.
Намысы қоздай-қоздай өртке айналып,
Орысың болды ма екен кек құрбаны?

Иманды өтті-ау жылдар қасым еткен,
Алашым алыстады қасіреттен.
Орыстың өлген жері ұмытылмай,
Тарихтың өлмес жадын кешіп өткен.

Зер шашақ Зерендіміз жырлы қоныс,
Тамыры әр қазақтың бір-бір орыс.
Халықта қарапайым қапы бар ма,
Қалтқысыз байланыпты кіндігіміз.

Жерім – құт, жерім – ырыс жеміс өнген,
Әр тасы тарих тұнған ел іші кен.
Сағынып ауылыма барған сайын
Алдымнан қарсы алады Орысөлген…

ҚАЙСАР ГҮЛ ҚАРҒАЛДАҚ

Тау басында қарғалдақ,
Алдың баурап жанды арбап.
Сеңгірдегі биігің
Саған ғана қонған бақ.

Құз басында тал қармап,
Мұздасын ба қарғалдақ?!
Қарлы боран өтінде
Күн шуағын армандап.

Мұзбалағы Мұзтаудың,
Айырмаң не хас қыраннан, қарғалдақ,
Тал бойыңа тұнғандай
Жастық арман, қарғалдақ!

Ызғырықта үлбіреп,
Ғашық қылған гүл жүрек,
Сары аязда тербеліп,
Самалдайсың нұр күреп.

Бұл не деген шет қылық?
Неткен қайсар тектілік!
Аспантаудың еркесі,
Тентек туған көкбүлік!

Елең қылмай боранды,
Тотыдайын таранды,
Әлекедей жаланды,
Таң қалдырды жаранды –
Гүл осылай жаралды!

Жер бетінде барлық-барлық гүлдердің
Патшайымы – қарғалдақ,
Ханшайымы – қарғалдақ,
Ән қайымы – қарғалдақ,
Жан сайыны – қарғалдақ!

Тасты жарып, мұз кешкен,
Құлама жар, құзда өскен.
Жанарынан жаз бен қыс,
Көктем көлбеп, күз көшкен.

Қарғалдақ-ау, қарғалдақ,
Аңсаттырған жанды арбап.
Гүл емессің,
Сен, сірә,
Күйшісің-ау балбармақ!..

* * *
Айналайын халайық,
Ақиқатқа бағайық.
Төтеп берер талқыға,
Үлгі ұсынар халқыма,
Қайсар жанды нәзік гүл
Қарғалдақтай болайық.

ШЫҢҒЫС ХАН

«Тумайды адамзатта
Шыңғыстай ер»
Мағжан

«Мен Шыңғыс хан сияқты бақытты болмадым»
Наполеон

Садағымен сағым іліп,
нұр құшқан,
Қыл байрақты бабам еді
Шыңғыс хан.
Асыл тегі жаратылған бөріден,
Әсілінде басынбаған бір дұшпан.

Көк түріктің қият деген ұрқынан,
Құзар шыңды,
қара орманды жұртынан,
Құдіреті маңдайына жазылып,
Қан шеңгелдеп,
қайырлы боп ұл туған.
Әз атадан асып туған арыстан,
Шыңдалыпты темір төсті намыстан.
Түгел сөздің түп атасы Майқы би
Шыңғыс тауда хан
көтерген данышпан.

Көктен – Тәңір, жерден –
кие жебеген
Арысқа жыр арнамаймын неге мен?
Атқан оғы мүлт кетпеген сұрмерген,
Айтқан сөзі қалт кетпеген көреген.

Алашымның арманының сағасы,
Қазағымның хандарының бабасы.
Жер-жаһанның
жампоздары жиылса,
Теңіз ойлы, темір жігер дарасы.

Туырлығы, туы дағы киізден,
Шәрбат ішкен күміс
кемер мүйізден.
Аңыз сарын абызындай Кет-Бұқа
Ай мен күннің нұрларынан
күй үзген.

Бір Тәңірді құдірет деп санаған,
Бұрқан тауды бесігіне балаған.
Құрым тоқым қасиетін асырып,
Даналықты алған екен даладан.

Біріктіріп бүтін дала бар елін,
Тітіретіп жер дүниенің әлемін,
Бір атаның баласындай қылам деп,
Жолдап еді сұр жебелі сәлемін.

Түгел, түгел тауарихты байыпта,
Жоққа бола жығыларсың тайып та.
Отырарды қыпшағына қайтарған
Ер Шыңғысты бұйырмашы айыпқа.

Бейіл берші ықылас пен қаласқа,
Сенікі деп, менікі деп таласпа.
Бақытына Бонапарт та қызыққан
Бахадүр сол бақ боп туған Алашқа.

Ел кімдікі қағанымен бағы асқан?
Ер кімдікі болашаққа жол ашқан?
Ақиқаты алдаспанның жүзіндей,
Жалғыз куә Жаббар Хақ пен көк аспан.
Құр мақтанмен
қыздырмағай шекені,
Түбі бірге түркілігі жетеді.
Еңку-еңку екпін шалған Ер жолы
Сарыарқаны баспай қалай өтеді?

Жошы ханым.
Алтын орда, Ақ орда,
Болат топшы Боз орда мен
Көк орда,
Ұласты да хандығына қазақтың,
Ұлытаудан орнап еді бақ орда.

Бөрі байрақ желбіресе асқардан,
Таққа қонса баба мұрат,
басты арман,
Азат қазақ, қызыр ғажап – бәрінің
Түп тұмасы Хан Шыңғыстан басталған.

Көрдемшелер байланар-ды белдемше,
Елдігіңді еңселендір ерлерше.
Алашқа құт Шыңғыс Ердің аруағы,
Адамзаттың ақық Күні сөнгенше.

Ана бір аласапыран жылдары қасиетті Көкшетаудың ары тарт та бері тарт көкпарға салынып ханталапайға тасталған кезінде жазылған жанайайқай өлең еді…

КӨКШЕ ДЕСЕМ…

Көкше десем –
Түседi еске көктемiм.
Көкше десем –
Мейiрленер көкте Күн.
Бiр керемет жалын кернеп кеудемдi,
Сезiнемiн шапағат нұр өпкенiн.

Тарих сыры қаланғандай текшеге,
Бұдан артық мәртебенi көксеме.
Аруағыңнан айналайын би Қанай,
Абылайды алып келген Көкшеге.

Абылайды Бурабайға қондырған,
Түркiстан мен екi араны жол қылған.
Айналайын Атығай мен Қарауыл –
Хан көтерiп, қазақ бағын жандырған!
Айналаңа,
Бай далаңа қарашы.
Хан Ордасы, Ханның Қызыл ағашы.
Көкшеде бұл шежiредей қатталып,
Көп жазылған тарих
шалдың наласы.

Өткен күндер –
Әрi шаттық, әрi мұң.
Тағдыр сыяр қауызына тарының.
Қауызында, қалыбында қалмаған –
Көкшесi бұл көкжал Кенесарының.

Заманының запыраны сол едi,
Қасiрет пен қасиетi тең едi.
Кенекемдi ер деуге де қимаймын,
Ерлiктен ол заңғар едi, кең едi!

Көкшем менiң сағынар Хан Кененi,
Елiн, жерiн аруағы жебедi.
Айтар Көкше: Перзентiм деп ең ұлы
Кекiлiк тауда ұшып түскен жебенi.

Хан Абылай, Хан Кенелер кемеңгер,
Көкше десем – түседi еске көп ерлер.
Көкше десем – ой аспаным биiктеп,
Көкше десем – сыр-сезiмiм тереңдер.

Сол сезiмдi бәз бiреулер лайлапты,
Ел Көкшенi бөлшектеудi ойлапты.
Көкшетаудың бел баласы Кәкiмбек
Жетпiс жасын
Қызылжарда тойлапты.

Кәкiмбекте, ақын бекте жоқ кiнә.
Өзегiме өрт салғандай шоқ мына.
Кiм көрiнген кете берер бөктерiп,
Көкше саған көгендегi тоқты ма?!

Көкшетауды айырыпты Ақаннан,
Көкшетауды айырыпты Шоқаннан.
Үкiлi ата Ыбырайды бөлiптi
Көкше деген қасиеттi Отаннан.

Алафасы ортақ едi Алашқа,
Ел Ерлерi түспесiншi таласқа.
Тарихыңды айтып берер таратып,
Өттi-ау дүние Қозыбаев Манаш та!
Болған қыздар жайын бiлмес төркiннiң.
Айнакөлдiң қызықтайды көркiн кiм?
Қасиеттер серiлердiң сертiн кiм?
Көкшесi бұл аққу ақын Еркештiң,
Көкшесi бұл Әуелбеков Еркiннiң.

Қазағымның көп тарихы Көкшеде,
Қаланып тұр Оқжетпестей текшеге.
Қазынасын қалдырыпты-ау халқына,
Қайран шерлер армандаумен өтсе де.

Көкше десем –
Көңiл көлi толқиды.
Шалқып тұрған шанағыма шер құйды.
Көкше десем — көктемiме оралып,
Шерткiм келер қуанышы мол күйдi.

Беу, жүрегiм,
Көкшетауды сүйесiң.
Сұлу сырды сусардайын түйесiң.
Көкшенiң бұл ұмытпайық иесiн,
Көкшенiң бұл қастерлейiк киесiн.

КІМ БІЛСІН?!

Бұлақтарды бұғаулады тас шеген,
Соны көріп булығамын, жас төгем.
Еңіреген елім мұңға батқанда
Жаза алмайды екенмін мен басқа өлең.

Ақиқатты құрсаулады тас көген,
Ақ ниеттер аласталды ласпенен.
Ашынғанның ащы даусы шыққанда
Бола алмайды екенмін мен тас керең.

Болашағым бұлыңғырсың, бұлдырсың,
Көкбөрінің үріміне бұл бір сын.
Бетін ашып бердің,
қаңтар, қазақтың,
К…і кімнің ашылғанын кім білсін?!

ҚАШЫҚТЫҚ

Қарға адым жер –
Ақындық пен ақындыққа жақындықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда жазылмаған жарасы.
Қарға адым жер –
Ерлік пенен етекбасты
ездіктің де арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда табылмаған дауасы.
Қарға адым жер –
Жабылық пен жібек жалын
жел тараған жүйріктіктің арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда таусылмаған наласы.
Қарға адым жер –
Асылдық пен басқа түскен баспақшылдай тасырлықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда шайқалмаған шарасы.
Қарға адым жер –
Найзағайлы жасындық пен суқараңғы басырлықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда жайпалмаған қоғасы.
Қарға адым жер –
Мәрттік пенен арды аттаған нәмарттықтың арасы.
Қарға адым жер –
Сырдақтаған сараңдық пен ардақтаған жомарттықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда келмей қалған тобасы.
Қарға адым жер –
Ақ сүт емген адалдық пен көк сүт емген арамдықтың арасы,
Сұңғақ бойлы адамдық пен шұнақ бойлы жамандықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда жыртылмаған жағасы.
Тайбурылдың қырық үш күн кемдігіне парапар
Кемдігінен керемет бір нөсердің
Шындық атты ұлылықтың
Өзі емес,
Көрінетін ербеңдеген сұлбасы,
Көрінетін көлбеңдеген жобасы.

Қарға адым жер –
Қас пен көздің арасы,
Ғасырларда таусылмайтын қашықтық,
Шындық үшін таусылмайтын тіршіліктің таласы.
Қарға адым жер –
Өзіңді біз асылықпен аттап өтуге асықтық.
Ал шынында қарға адым жер –
Атты адамға жол емес пе миллион шақырым шамасы!
…Қарға адым жер – қашықтықтың кереметін қарашы!

МЫСҚАЛ МҰҢ
Рахилаға

Жасымнан мінбесем де күлікке мен,
Жанкешті өмірімді сүріп келем.
Жеткенде жер ортаға
Жалғыз саған
Жарым-ау, жүрегімді жұлып берем.

Кеудемде көтерілген бүлікпенен,
Кезімде кермек сөзді ірікпеген,
Көгімде кіреуке бұлт шайылатын
Мөлдірей араласып тұнықпенен.

Қазір де қалпымыз сол мөлдіреген,
Сезімде селкеулік жоқ селдіреген.
Жалт етер қуанышың жанарыңда
Жаңадан оқып берсем мен бір өлең.

Сол бір сәт сеземісің маған қандай!
Жақын жан болған қандай алаңдардай.
Әлпешің елжіретіп жүрегімді,
Әлі де болып тұрар анам бардай.

Әрине, өткен күндер оралмайды,
Бұл дәурен ол дәурендей бола алмайды.
Шарпуы шыр айналған дүниенің
Шарқ ұрам салмаса деп саған қайғы.

Бел ассын болашаққа көш-күніміз,
Бойласын тамыр тартып өскініміз.
Әдемі ақ әжесі боталардың
Әрдәйім әйәй күліп, хош тұрыңыз.

Өзіңмен ертегіде нұр құшқанмын,
Өзіңмен ертеңіме бірге ұшқанмын.
Қолымнан келе ме деп қорқа берем
Қондырмау қабағыңа
бір мысқал мұң.

* * *
Тағы да бір жас, тағы бір мұңдас
Қосылып тұр-ау нақ бүгін.
Бұл неткен сырлас…
сауығын құрмас,
Қайдасың қайран шаттығым?

Құрышы, сабыр!
Қағатын дабыл
Алақай қайда баяғы.
Жанымда күңгір, қанымда қаңғыр
Алақан неге жаяды?

Қарақан бастың болашақ қамын
Күйттеген едім мен қашан.
Қу тірліктегі алашақтарым
Болмақ па басты далбасам?

Арттағы қайда, алдағы қайда,
Нелер де күндер таяды.
Алғаным қайда, арманым қайда,
Мен бе екем жанның саяғы?

Серілік қайда, перілік қайда,
Саябыр тарттым мен неден?
Ізгілік қайда, ірілік қайда
Іркілмей өрге сермеген.

Күмбірлетуші едім кеудемді жырға,
Аялатушы едім жаңбырға.
Жалаң аяғыммен жүгірдім қырға,
Тойымсыз едім мен нұрға.

Сағымды сары белдерімді мен
Сүйетін едім жүрекпен.
Шаршадым ба өмір өрлерінен,
Тыйылдым неге тілектен?

Жалпағынан жалғанды басқан
Қуаты қайда көктемнің.
Қуанышымның күлкісі қашқан
Күзіме қалай жеткенмін?!

Аламан едім, мен адал едім,
Амалшыл болдым амалсыз.
Қара нар едім,
Қалады-ау енді
Қазына жаным қамалсыз…

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Пікір қалдыру