Кешкі мұң

Мерей: Жабал Ерғалиев – 70

Кең даланың көз ұшына байланар көкжиегіне ілініп алып, дөңгеленген шалқар дүниенің астыңғы қабатына баяу жылжып түсіп бара жатқан күн көзінің қызыл жалқын шапағына малынған осы бір ымыртты кештің тыныштығы қара басының уайымы мен мұңы жоқ, қамсыз-қарекетсіз әрі көңілі тоқ адамның жанына жайлы тиері де анық еді. Күні бойы аптап ыстыққа қуырылған мазасыз дүние бір уақ салқындап, қайнап жатқан аласапыран тіршіліктің де қызуы қайта бастаған осы бір шақтың ала көңіл болып жүрген жан пендесінің ғана еңсесін басып, көңіл түпкірінде жатқан әлдебір мұң мен шерін қозғайтыны бар.
Жақсылық атаулыны құлай сүйіп, сол жақсылыққа қарай өмір бойы ұмтылып келе жатқан сәтіңде арам пиғылды жамандардың кеудеңнен итеріп тастайтыны да болады екен жалғанда. Дүниенің жақсылығы қазіргі кездері жамандықтан жасқанып, бұғып қалғандай ма қалай өзі? Қазір неге осы жамандық пен жамандардың мерейі өсіп, солардың ғана жолы болып тұр?!. Кезінде адал еңбек етіп, адал өмір сүрген не бір жақсылар мен жайсаңдар қазір зорға жүр де, солардың қолдарына су құюға жарамайтын талай бір жүліктері осы күндері жорғамен жүр. Дүние-ай, шіркін!..
Кеш түсе осы бір ойлар Арайдың бар санасын билеп, бүкіл жан дүниесін қаумалап алатын да, ол сол сәтте жан күйзелісіне түсетін. Бар ғұмырының жәбір-жапасы да, наласы мен аласы да оянып алады да, мүжіліп жатқан жан жарасын одан әрі тырмалайды-ай келіп. Әлде өмір мұны тағы да сынаққа салып отыр ма? Бірақ… сынай беретіні де, сынға сала беретіні де жалғыз өзі ме?! Сынайын десе мұнан басқа пенде жоқ па екен жер бетінде?! Енді қашанғы сынап бағар екен?!.
Көкейіне келіп, кептеліп қала берер осы бір сауалдарға жауап таппай қиналатын да, бәрін де өз тағдырынан көретін. Алайда өз тағдырың неге өзіңді осыншалықты күйзелтеді, неге қинайды?! Әлде өз тағдырың өзіңе өгей ме екен?! Жарайды, өмір Арайға өгейлік жасады. Көзін тырналап ашқалы көргені де, танығаны да Сандықтаудағы жетім балалар үйі, сондағы өздерін бағып-қағып өсірген тәрбиешілері мен ұстаздары ғана болатын.
Сол жетім балалар үйінен кейінгі бақытты ошағы осы шаңырағы еді. Аудан орталығындағы училищенің бірер айлық тігін ісіне үйрететін курсында жүрген кезінде Айдарды кезіктірді. Тағдырына бір риза болатыны да осы еді! Айдарды кезіктіріп, ол мұны ақ ниет, таза көңілімен құлай сүйіп, Арайдың «детдомның» тұл жетімі екендігіне де қарамастан бір кеште осы шаңыраққа алып келген-ді.
Әуелде Арайдың келін болып түскен үйінің қуанышында шек болмады. Кейін ел ішінің «жетіскен екен, тегі беймәлім, кімнен туып, кімнен қалғаны да белгісіз біреуді қатын қылғанша осы ауылдың көп қыздарының бірін алмады ма екен?» деген сыпсың сөздері жиілеп бара жатты.
Бұл сөз Арайдың адуын мінезді енесі Күләйдің қай-қайдағысын қоздырып, сабырын тауыса бастаған-ды. Екі көзі қанталап, екі иінінен дем алып, әлдекіммен ұстасқысы келіп, жаңа түскен келіні Арайды түтіп жеуге шақ тұратынды шығарды. Бір үйдің шаруасын бір өзі игеріп, бір өзі осы үйдің жанына да малына да билігін жүргізіп қалған Күләй келіні Арайдың кейде ас-суға араласа бастағанын көріп, ытырына қалатын.
– Бар… әрі тұршы! Оқтауды солай ұстай ма екен? Андағы айырдың сабы деп пе едің? Андағың оқтау ғой, оны әуелі жақсылап сүртіп алу керек. Мұнымен жейтін нанымызды жайып отырған жоқпыз ба? – деп Арайдың кебеженің үстінде тұрған оқтауды алып, бірден нан жаюға кірісе берген қолын қағып жіберді.
Сағы сынып, жаны жабырқай қалған Арайдың қос жанары жасқа толып жүре берді. Жүгіріп далаға шығып кетті. Ас үйдегі шағын төсекшенің үстінде белін жазып, қисайып жатқан Танабай кемпірінің келін баласына жасаған оғаштығын байқаса керек, басын көтеріп:
– Өй, сорлы неме! Ендігі қазымырлығың мен қытымырлығыңды біреудің осы баласына көрсетейін деп пе едің?, – деп бәйбішесінің мына қылығын ұнатпай қалды.
– Біреудің баласы дейді ғой!.. Иә… кімнің баласы екен? Білесің бе? Айтсайшы кімнің баласы?!
Қызып тұрған табаға май құйып жібергендей жалындап ала жөнелген Күләй келіні шыққан есікке қарай беттеп бара жатқан отағасын шыжғыра бастады.
– Иә… кәне, кімнің баласы екен? Білсең айтсайшы?! – деген Күләйдің адуынды сөзі Танабайдың адымын ашқызбады. Шыға берістегі тақтай орындыққа отыра кетті.
– Иә… андағы босағаға келініңнің қайдан шыққанын айтайын деп отыра қалдың ба?
– Иә… осы арада отырып соны саған айтайын деп әдейі отырдым!
Танабай да сілкініп шыға келді. – Айтсам, ол да бір Алланың жаратқан пендесі! Әуелі соны біліп қой! Сонан соң…
– Иә… сонан соң?! – деп Күләй шалына мысқылдай қарады.
– Сонан соң… ол да – біреудің перзенті, – деді Танабай ойын жинақтап.–Тапқызған әкесі мен тапқан анасы өздерінің кім екендіктерін айтпай тастап кетсе, оған бұл сорлы баланың жазығы жоқ! Ата-ананың бір ауыз жылы сөзі мен мейіріне зәру болып өскен бала емес пе? Ертең-ақ іші-бауырымызға кіріп, өз баламыздай болып кетеді. Білмегенін айт, көрсет, үйрет, тәрбиеле! Оспадарлығыңды енді қайтып көрсетуші болма?! Әйтпесе…
Ұзақ жыл отасқан шалының мына орынды сөзіне Күләй жауап қата алмады. Басындағы жаулығын түзеп, ашудан өті жарылардай болып, қазан-ошақтың жанындағы күйбеңімен айналыса бастады.
Танабай сыртқа беттеп, үйден ренжіп шығып кеткен келінін қарайлап, іздей бастады. Әуелде көзіне жан иесі түсе де қоймады. Өрістен қайтқан малын қоралап, кешкі астарын ішіп, түннің тыныштығын тілеп, алды жатып қалған шағын ауыл іші жым-жырт қалпында мүлгуге кіріскендей еді.
Қараңғылық үйіріле бастаған тылсым сәт ай сәулесімен енді-енді жарық­танып келеді. Қос жанарын жаспен жуып тұрған Арайдың жүзі ай сәулесімен айшықталып, көріне бастап еді.
– Айналайын, қарағым! Кеш түскенде жылама! Ырымға жаман ол! Айна­лайын, жүр үйге, – деген атасы Танабайдың жылы үні жүрегін сергіткен­дей, қос жанарын басындағы орамалының ұшымен сүрткен Арай «қазір барамын, ата» деді.
– Жүре ғой үйге! Жалғыз өзің қорқып жүрерсің! Енді қайтып ол кемпір саған аузын да ашпайтын болады, – деген Танабайдың үні Арайдың тұла бойын ғұмыр бойы сезінбеген де, көрмеген де әке мейіріміндей шарпып өтіп еді.
– Менің әкем де осы кісідей ме екен?! – деген әлдебір ой санасын қарып өткені сол еді, жүрегі аузына тығылды. Бір сәтке дем алысы жиілеп барып, сәлден соң тынысы қалпына келген сәтте көкейіндегі өз анасы мен өз әкесіне деген өкпе-реніші ояна жөнелді.
– Кім жазықты?!. Әкем менің!.. Анам менің! Мен екеуіңді де жазғыра алмаймын! Көрмеген, білмеген сендерді қалайша жазғырайын! Мен өзім жазықтымын! Дүниеге неге ғана келдім екен?!
Арайдың осы сәтте көкейіне келіп кептеліп қалған әлдебір өзге де ойлар бірінен соң бірі сабақталып ала жөнелді.
«Дүниеге неге ғана келдім екен?!». Осы бір жалғыз ауыз жалқы сұрақтың жауабын таба алмай, іштей мүжілген Арай атасы Танабайдың үй алдындағы ұзын орындыққа келіп отырғанын анық көрді.
«Үй шаруасын жетік білмейтінім анық енді! Маған оны кім үйретіпті?!» – деген ішкі ойының иірімінен шыға алмай тұрған Арай балалар үйінде өскен, тәрбиеленген кей сәттерін есіне алып тұрған еді. Бірде аудан орталығында әлдебір дүкен ішінде балалар үйінің тәрбиешісі Елена Александровнаны жолықтырып қалғаны бар.
– Арай, қалың қалай? Сені тұрмысқа шықты деп естіп жатырмыз. Бақытты бол! – деп обалы нешік көз алдында өскен Арайды көріп, шын қуанып жатты.
– Рахмет, Елена тәте! Тұрмысқа шықтым, міне, менің күйеуім! – деп екі беті қуаныштан бал-бұл жанып жанында тұрған Айдарды таныстырды.
– О… көрікті жігіт екен! – Бақытты болыңдар!
Айдар ізеттілік танытып, алғысын айтты да, Арайдың және оның бұрынғы тәрбиешісімен арадағы әңгімелерін бөлгісі келмей, сауда үйін аралап кетті.
– Білесіз бе, Елена Александровна, сіздер бізге жаман тәрбие берді деп айта алмаймын! Рахмет бәріңізге! Ал енді бір ғана айтарым бар. «Детдомға» ай арылтпай, күн құрғатпай келіп-кетіп жататын түрлі тексерушілер мен түрлі қонақтардың алдына қыз балаларды шығарып, соларға сызылтып ән салдырып, бұралтып би билете бергенше, одан да оларға нан жабуды, бауырсақ пен борщ пісіруді үйретіңіздерші! Қыз балаға соны білу керек екен! – деген Арайдың мына уәжіне тәрбиеші апайы қарсы ешнәрсе айта алмады.
Өмірде кім не біліп, не білмей келіп-кетіп жатыр дейсіз?! Беймәлім дүниенің адам баласы білмегені әлі де көп. Сол білмегенін білуге ұмтылып жатқан адам баласының бүгінгі тіршілігі дүние шіркіннің де мазасын алып жатқандай. Айдың арғы бетінде не бар екен?! Марста тіршілік бар ма, жоқ па?! Жалпы жер бетінен басқа галактика жүйесінде адам баласы өзінен өзге өркениет болуы мүмкін бе деп те бас қатыруда!..
Дөңгеленген жер шары да тарылып, адам баласы соған да сыймай бара жатыр дейді білетіндер осы күндері. Соның бәрін қойып адам баласы ең бастысы мына жарық дүниеге не үшін келіп-кетіп жатыр?!.
– Иә… біз адам болып дүниеге келген соң сол адамға тән өмір неге сүрмейміз?!, – деген ой санасын билеп алған Арай өзіне қарай жақындап келе жатқан атасының аяқ басысынан сезді де, ойын жинақтап, «ата, сіз үйге бара беріңіз! Мен Айдарды тосып аламын», – деді.
– Шырағым-ау, ол жылқысын кешкі салқынмен оттатып, шарбаққа әкеліп қамағанша әлі біраз бар ғой! Кеш те бүгін салқын екен, жаурап қалып жүрерсің?! – деген атасының қамқор ниетінен көңілі сәл-пәл жайлана бастаған Арай атасына қарсы жүрді.
– Ата, – деді Арай жақын таяп келген Танабайға. – Сіз мен үшін апаммен ұрсыса бермеңізші! Ренжітпей-ақ қойыңыз апамды! Ол – жақсы адам! Менің үй шаруасын әлі де жетік біле бермеймін ғой. Апам сосын да ұрсатын шығар маған.
– Тәйірі-ай, осы ауылдың келіндерінің бәрі бірдей үйлерінің шаруаларын үйіріп әкетіп отыр дейсің бе, айналайын?! Шыбық басын сындырмайтындар да жетіп жатыр. Мен байқап жүрмін, шаруа істеуге деген ең бастысы ынтаң бар… қолың да епсекті екен! Сол кемпірді бәлсіндірмей, үй шаруасын саған өзім-ақ үйретемін.
Танабайдың әкелік ниетімін айтқан осы бір ауыз сөзі Арайдың қамыққан көңілін жадыратып сала берді. Жабырқау көңілдің емі – бір ауыз жылы сөз! Алайда, осы бір жайды кейде ескере бермейтініміз өкінішті-ақ! Не нәрсеге де жүрдім-бардым қарауға бойы үйреніп алған осы күнгінің адамы бір-бірінің жанына жара салуға келгенде желігіп тұратыны да, тіпті тартынбайтындығы да ұдайы келіп саналының жүрегін тырналайды. Сол күйді басынан кешіп отырған Арай да атасының бір ауыз жылы да қамқор сөзімен көңіліндегі кірбіңді шайып тастап, жадырап шыға келді.
Көп ұзамай Арай атасының өзіне қамқор болып, үйретуімен-ақ, осы үйдің шаруасын игеріп, алып кетті. Танабай болса, келіні сиыр сауса да жанында тұрып, шелегін көтерісіп, сүтін сүзісіп, бірге жүретін болды. Сүт мәшинесін де өзі жинап беріп, сүттің дұрыс айырылуына дейін қадағалап отырды. Біраз уақыттан кейін сол шаруаның барлығын да Арай өзі тындыратын болды. Өзге де үй шаруасын дөңгелетіп алып кете барды. Соның барлығын бақылап, байқап жүрген, обалы нешік Күләйдің де қабағы ашылып, келінінің пысып, ширай бастағанына іштей қуанып жүрді.
Қанша айтқанмен ана емес пе, дәті шыдамай кешкі шайын құйып беріп отырған Арайды жанына шақырып, маңдайынан иіскеді де, қамзолының қалтасынан қызғылт тасты сәнді бір жүзікті алып:
–Мынау маған осы үйге келін болып түскенде көзімдей көріп жүр деп енемнің қолыма салған жүзігі еді. Енді сол жүзікті сенің қолыңа салайын! Сен де менің көзімдей көріп жүр! – деп қос жанарына үйіріле қалған қос тамшы жасын жаулығының ұшымен сүрте берді.
Салалы саусағына енесінің жүзігін салған қалпы Арай да көз жасына ерік бере Күләйдің құшағына еніп, біруақ босатпады. Ана мейірімі тұла бойына тұңғыш рет тарап жатқандай, денесі қызып ала жөнелді. Шіркін, ана мейірімнен артық қызулы да қуатты дүние бар ма екен әлемде?!
Туғанынан ана мейіріміне сусап өскен Арай өзі зар болған ана жанының жылылығы мен шуағынан енді айырылып қалғысы келмегендей еді.
– Қой… қой, шырағым! Жылама… жылама, жаным! – деді Күләй аналық ыстық бір мейіріммен.
Манадан бері үстел басындағы бөстекте қисайып жатқан Танабай: «Е…біздің кемпірдің ақылы болушы еді!» – деп мырс етті де, орнынан тұра берді. Күләй аналық мейіріммен сол жолы маңдайынан сүйген Арайды өз ғұмырының соңына дейін аялап өтті…

* * *

Арайдың сол жолы енесі Күләйдің құшағында жадыраған жаны әр кеш сайын әлден уақытта алыстан… жылқы жайылып жүрген жайлау жақ беткейден естілер әлде бір әннің әуенімен желпініп сала беретін. Өзіне таныс ән, жүрегіне жылы тиетін әуен. Тағдыр қосқан қосағы Айдармен отасқалы осы бір әнді қанша тыңдаса да, құмары бір қанбай-ақ келеді.
Айдар да бұл әнді айтқан сайын сан құбылтып, мұның жүрек иірімдерінің қан тамырларына дейін кеңейтіп, тынысын тарылта түсетін. Мынау кешкі ымырты үйіріле қалған кең даланың жайлаулы сахнасынан шырқалған әннің бүгінгі асқақ және де тым нәзік бір сезіммен шарықтауы аспан әлеміндегі сансыз жұлдыздардың біресе жымыңдап, біресе таңырқап тыңдасынан дүние тіршілігі тына қалғандай еді.
Үп еткен жел жоқ. Кеш болса тас төбеңе үйіріліп, ызыңдап мазаңды алар шыбын-шіркейлердің өздері де мына тәтті әуеннің шырқын бұзғысы келмегендей. Олар да жым-жырт. Сол жым-жырт дүниенің ән бесігінде тербелген ат үстіндегі Айдардың кең пейілді көңілі мен Арайдың ынтыға да тағатсыздана тосқан жүрек лүпілі мазасыз тіршіліктің тәтті бір күйін шертіп тұрғандай болатын.
Көшкенде жылқы айдаймын даламенен,
Ауылыңа барушы едім аламенен.
Түскенде сен есіме, беу қарағым,
Сарғайып, сағынамын санаменен!..
Беу, шіркін!.. Сезімді әннің әуеніне елегізіп келе жатқан ақбоз ат та басын шұлғып тастап, қос құлағын қайшылап ауыл жаққа қарай желіске бергісіз аяңмен келеді.
Айдар осы әннің ырғағымен және ақбоз аттың жайлы жүрісімен тербелген өз көңіліндегі өмірге іңкәр мөп-мөлдір сезімін мына жалпақ әлемге шашу етіп шашқысы-ақ бар. Алайда, кімге керек ол сезім?! Адам баласының бойындағы мөлдір де таза сезім атаулының семіп бара жатқан қазіргі күйіндегі аяқ асты болып тапталып жатқан аппақ дүниені кір шалғалы қашан?! Жүрегінде аяулы бір сезімі жоқ жандардың әппақ, кіршіксіз көңілдерді кірлетіп, содан жылап жатқан жандар қаншама?!
Сол жылап тұрған өз жанын өзінің Айдары салған мына әнмен жұбатып тұрған Арай да көңіліндегі мұңы мен көзіндегі сезім жасты сылып тастап, жүрегін қос қолына алып, ән өмірге қарсы жүріп бара жатты.
Қазақтың кең даласы мен биік аспанының астын жалғастырып та жарастырып та тұрар осы бір ән қашан болсын шынайы да таза сезім мен махаббаттың үні болып шырқалып келеді. Халық әні дейді… Алайда сол халықтың бір перзентінің өз ғашығына мөп-мөлдір сезімі мен оттай лаулап жанған сағынышын жеткізе алмай ынтыққан да, асыққан көңілінің іңкәр әні қазақ даласын күні бүгінге дейін шарлап жүр.
Махаббат пен сүйіспеншілік мәңгілік пе дерсің?! Солай да болар? Әні де әуені де халқының тағдырымен бірге талайғы бір диірменінің тасына түсіп, үгіліп те жатқан кезеңдер болса да, қазақтың осы бір әнінің түндігін ешкім де, небір запыран заман да жаба алмады. Бұл ән жүрек әні болатын! Талай да талай бір тоқтап қалып жатқан жүрек осы әнді өз сезіміне орап алып, өлтірмей кетті. Сол өлмес жүректің әнін Айдарға үйреткен де, осы әнге жан-тәнімен беріліп, асқақтата да, шалқыта да шырқауына үйреткен де, іңкәр еткен де Жандыбай болатын.

* * *

Көпті көрген және қазақ елі тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңнен бастап, мұңғылдың Байөлкесіндегі бар ғұмырының жүгін жығып, ата жұртқа көш түзегендердің алғашқысы осы Жандыбай еді.
«Ата жұртым, қазағым, елім», – деп келгендер үшін сол көштің алғашқы қуанышы да, соңын ала қапалы кездері де аз болмады. Обалы нешік, қазақ елі Мұңғылиядан беттеген көштің алғашқы легін қазақ елінің ақ жаулықты келіншектері кәмпит-құрттан, ақындары мен әншілері жыр мен әннен ел шетіне кірер-кірместен шашу шашып, қарсы алған сәтте көздеріне жас алмағаны қалмап еді.
Жандыбай болса тізерлей қалып, қос қолымен қалың жусанның арасын ашып жіберіп, қара жерге маңдайын тигізіп, қара топырақты құмарлана иіскеп бір сүйіп еді. Сол сәтте тұла бойына ыстық қан жүгіріп, орнынан тұра бере басы айналып кеткені де болды. Бақыттан бас айналады деген болушы еді, мұнысын Жандыбай соған жорыды.
Жыр айтқандар да, ән салғандар да, жалынды сөз сөйлегендердің алды ас ішіп, аяқ босатып болған соң көліктеріне мініп, асығыс аттанып кетіп жатты. Ата жұртқа ат басын тірегендерді аты-жөндерімен түгендеп, бірді-екілі шенділер бұлардың әрқайсысының қоныс тебетін ауылдарын атап, сол елдің тізгігін ұстап жүргендерге табыстап жатты.
Жандыбайдың әулеті мен тағы бірер шаңыраққа ие болған Алымбек деген азамат солардың көшін бастап, Бұлақ ауылына алып келіп, күні бұрын дайындалып қойылған үйлердің алдына әкеліп, көштерін қаңтарып жатты. Сұрастыра жүріп Алымбектің осы шаруашылықтың басшысы екендігін білді.
Көп күттірмей Жандыбайға кеңсеге келсін деген шақырту жетті. Барды. Шаруашылықтың басшысының кең кабинетінде біраз адамдар жиналып отыр екен. Жандыбай болса төрде отырған Алымбек директордан өзгесін танымағандықтан, әркімнің бетіне бір жалтақтап, жасқана басып, есік жақта бос тұрған орындыққа отыра берді.
– Ағасы, қалай орналысып жатырсыз? Бәрі дұрыс па? – деді Алымбек еркіндеу және өзімсіне сөйлеп.
– Рахмет, інім! Алла разы болсын! Жайғасып, жайланып жатырмыз! Әзірге бәрі дұрыс сияқты!
Жандыбай осыны айтып болмай жатып, директор алдындағы әлдебір газеттен басын көтерместен, қарқылдап күлсін-ай келіп. Не сайтан түрткенін кім біліпті?! Сол бір есер күлкісін тия алмаған қалпы шашалып-қақалып, алдындағы сауытқа құюлы тұрған судан бір жұтып, бір сәтке тыныштала қалды. Бар жұрттың назары басшыда. Ол болса, бұлардың төзімін тауыса түсейін дегендей әлі де газетінен бас алмай, үнсіз отыр.
Мына жай Жандыбайдың есін алды. Апыр-ай, жат жұртқа табаны тимей жатып, бір нәрсені бүлдіріп алды ма екен, әлде бір тәртіп бұзып алды ма екен? Әйтпесе, бір елді басқарып отырған басшы жайдан-жай дымы қалмай, күлмес еді ғой. Миын осы бір ойлар мүжіп жатты. Ойы да, бойы да дел-сал қалпы отыр еді, директор гүр ете түсті.
– Ақсақал, мал бағатын адам болмай жатыр! Қойшы боласыз!, – деді Алымбек әмірлі бір үнмен.
– Жарайды інім, кез-келген жұмыстан қашпаймын ғой! Алайда, менің мамандығым өнер саласы ғой, – дегенді Жандыбай жасқана айтты.
Расында да, Мұңғылияның бетке ұстар іргелі оқу орындарының бірі –Ұлан-Батордың мемлекеттік университетінің музыка факультетін үздік бітір­ген және де не бір халықаралық байқаудың бірнеше дүркін лауреаты болған Жандыбайға «малшы боласыз» деген сөз ауыр да тиді. Үндей алмады. Ата жұртына табаны тимей жатып, уәж айтып, әлдебір шарт қоюды ретсіз көрді.
– Иә, ақсақал, сонда қандай аспапта ойнайсыз?, – деді директор мысқылдау бір кейіппен.
– Мен бе… мен, – деп тосылыңқырап қалып жауап берген Жандыбай өзінің қазақтың ұлт аспаптары домбыра мен қобызда және қолына түссе кез-келген шекті аспаптарда ойнай алатындығын айтты.
– «Вот», – деді директор жиырылып, – алдыңызға бір отар қой салып береміз, соны жайып жүріп, ен далада домбыраңыз бен қобызыңызды қанша тартсаңыз да болады, өз еркіңіз! Тіпті домбыра мен қобыз тыңдап жайылған қойлар жақсы оттап, тез семірер. Оны да көрейік, – деген директор осыны айтты да тағы да қарқылдап күлсін-ай келіп.
– Жақсы, інім, – деді Жандыбай жасыған бір үнмен. – Қой бағуға қашан шығайын?..
– Қазірден бастап та шыға беруіңізге болады, – деді директор немқұрайлылау. – Қойды екі «сменамен» кезектесіп бағасыздар! Барлығын да мал мамандары түсіндіреді, – деп сөз осымен бітті деген кейіп танытып, қабағын тыжырайтып, алдындағы телефонмен әлдекіммен байланысқа шыға бастады.

* * *

–Түс ауа бір отар сабалақ құйрықты қойларды қабылдап алған Жандыбай әуелі өзіне беймәлім жер мен жайылымының жайын біліп алуы керек еді. Алдындағы отарды ересек ұлдары Қайнарбек пен Анарбекке тапсырды да, өзі болса ен даланы шолуға шықты.
– Бірден көзге түскені Бурабай тауының сілемдері еді. Бұл баяғы Мағжан ақын «Арқада жер жетпейді Бурабайға, ертеден қоныс болған Абылайға» деп жырлаған қасиетті Бурабай ғой! «Е, нәсіп етсе бала-шағаммен барып, бүкіл қазақ баласы тамсанатын Бурабайды да аралап көрерміз» деген бір жақсы ойдың жетегімен Жандыбай кеш түскенше төңіректің біраз жерін аралап, қабағы қырыстанған қалпы жайылып жүрген отарына оралып, балаларына көрген білген жер жайында айтып жатты.
Екі күндік қой бағудың кезегін өткізіп келген күннің түс әлетінде бұлардың шаңырағының есігін ашып, Танабай мен Күләй және Айдар келіп қоныс құтты болсын айтты. – Біз мына сіздерге қарсы үйде тұрамыз, – деді Танабай сөз бастап. – Елге ел қосылса құт деген бар емес пе? Бір-бірімізге іргеміз құтты болсын! Ал енді кешке қарай біздің үйге бала-шағаларыңызбен түгел келіп, еруліктеріңізді жеп кетіңіздер! Атадан қалған салт қой… ол да бір!
Сол еруліктен кейін Танабай мен Жандыбайдың отбастарының бір-бірімен аралас-құраластықтары жарасып, бірін-бірі бұрыннан білетін ағайындай болып сыйласып, араласып кетті. Қазақтың дархан көңілі-ай! Қазақтың алысты жақындатып, жатты бауырластырып жіберер салты мен дәстүрі-ай, шіркін!
Қазақтың кең сахарасын аралап, әбден танысқан жат жұрттың бір жаһангері қазаққа білім берудің қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрінің өзі тұнып тұрған білім дегенді айтып, қағазына түсіріп кеткені бар дейді. Біліп айтқан екен, адалын айтқан екен!..
Дәм ішіп, көршісімен әбден білісіп, көңілі орнына түскен Жандыбайдың көзі төрде ілулі тұрған қоңыр домбыраға түсе беріп отырған еді. Соны байқаған Айдар ілулі тұрған домбыраны қолына алып, құлақ күйін келтірді де «ауылдың алты ауызы болады деуші еді» деп ән бастап кетті. «Өзіңмен Арыстың…» деп басталған әнді Жандыбай іштей қайталап, көшіп-қонудың аласапыран харекетімен жүріп, біраздан бері шертілмей қалған жан дүниесінің күйін қал­пына келтіріп жатты. Ән аяқталып, «бәрекелдісін» айтып риза болған Жан­ды­байға «аға, енді кезек сізде» деп Айдар домбыраны қонағына ұсына берді.
Қоңыр домбыраны қолына алған Жандыбайдың сол сәттегі жүзінде ойнап шыға келген қызыл шырайды біреу байқап, біреу байқамаған да болар. Ол шырай Жандыбайдың ішкі жан дүниесінің жалыны еді. Әнді сағынған… әлдебір дүниені сағынған жанымен домбыраның қос шегін шерте отырып, әуелі әлдебір қоңыр әуенді күй төгілдірді. Сол бір қоңыр ырғақпен желпінген жан дүниесі әбден тазарып, сол жан дүниесі өзінің күйіне келді-ау деген сәтте Жандыбай өзге бір дүниеауи ән-әуеніне басты.
«Көшкенде жылқы айдаймын даламенен», – деп басталған әннің «ахаулаған» қайырмасын бір қайырғанда қайран қалып, таңырқамаған жан қалмады. Бұл «Екі жирен» еді! Осы бір әннің шырқау аспанға көтеріліп кетуіне Танабайдың тас қабырғалы тарлау үйі кемдік еткендей.
Ұшы мен қиырына көз жетпейтін кең даланың төсі мен төскейінен шырқалып та, шарықтап та келе жатқан бұл ән сол кең даланың сахнасына да сыймай сонау биікке… сонау аспанға көтеріліп, бүкіл төңіректі жаңғыртып тұрып алушы еді. Әрдайым биік аспанға ұмтылатын құдіретті ән бұл жолы да даладан салқын леп келсін деп ашып қойған терезенің желдеткішінен шығып, аспанға көтеріліп, шарықтап бара жатты. Айнала төңірек «ахаулаған» әуенмен жаңғырып тұрды.
«Сағынып, сарғаямын санаменен», – деп отыр Жандыбайдың ән жүрегі. Кімді… нені сағынады… неге сарғаяды, несіне мұңаяды?! Ән – өткен күндердің соғып тұрған жүрегі! Өткен күндердің белгісі де сол ән! Өткен өміріңнің өзекті өртеген өкініш мен өксігін де ести аласың сол заманның кез-келген әнінен! Махаббаты да, сырлы сезімі де, сағынышы да, мұңы да, қуанышы да, ерлігі мен өрлігі де, бізге дейінгі талай заманалардың талай адамдарының тағдыры да сол кезеңнің әнімен бізге жетті. Өмір… өмір болатын сол әндер!
Ал енді ше?!. Адам баласының жан сарайының тәтті бір сезімін жүрек тілімен жеткізе алып жүр ме қазіргі әншілер?!. Тіпті ойсыз да, мұңсыз жалаңаш әндерден жан дүниең жалыққандай. Бір сәттік ән де әнші де көбейген заман болды. Қасиет кетті екеуінен де! Тіпті әншілікті отбасылық күн көріске айналдыру да үрдіс болып барады.
Кешегі бір замандарда әндерін өздері жазып, өздері орындап, бүкіл қазақ сахарасын ынтықтыра түскен сол әндері әлі де тұнық қалпымен халқының жүрегінде тербеліп келе жатқан Ақан серілер мен Біржан салдардан садаға кеткірлер, онсыз да ессіз дүниенің есін алып барады. Әнге де қиянат, шын талантты әншіге де қиянат жасалып жатқанын ұғынар естілер қалмай бара ма өзі?!
Қазір жер жаһанды сүйсіндіріп жүрген және де әлемдік құбылыс болып танылып кеткен жас әнші жігіт әуелі өзіміздің, яғни, қазақтың бір байқауына қатысып еді, ән орындаушыны бағалаушылар: «Қыздың даусына салып осыншама неге шыңғырасың?» деп сайқымазақ ете бастағанын да көз көріп, құлақ естіді емес пе?! Әйтеуір өзінің де, ол орындаған не бір талай әннің де, мына тыңдарман біздің де бағымыз бар екен, сол талант көрші елдің ән байқауына қатысып, жұлдызы жанып шыға келді емес пе?!
Е… дарындылар мен жақсыларға қиянат жасауға келгенде… біз бе… біз тым шеберміз де, аса таланттымыз! Жандыбай қолындағы қоңыр домбыраға қосып ән айтқан сайын ол өзінің көкірегін кернеп алған осы бір ойлармен алысып бақты. Маңдайынан шып-шып шыққан ақ тер де, көк тер де сол жан күйзелісінің сыртқа тепкен ақ сораңы еді.
– Айдар, інім! Әнді шын беріліп жүрегіңмен айтады екенсің! – деді Жандыбай қонақтарға шай құйыла бастаған сәтте. – Сен үнемі аттың үстінде, ен далада жүресің ғой, саған манағы мен айтқан халық әні «Екі жиренді» айту керек. Ол әннің құдіреті мен қасиетін де аттың үстінде ен далада жалғыз өзің шырқасаң барып қана тани түсесің! Дүниенің сол әнмен тербелгенін сонда барып сезінесің! Бұл – дүниеауи ән!..

* * *

Сәті түскен күні және де Лондонда әлдебір оқуда жүрген үлкен ұлы Айдарбегінің аз мерзімге елге келген күндерін пайдаланып, Жандыбай да бір малын сойып, өз шаңырағының есігін көрсету мақсатымен өз көрші –қолаңдарына дастарханын жайып, дәм берді.
Ықыласты көңілмен жайылған дастархан үстіндегі бұл жақта ұмытыла бастаған тәтті сүзбе құрттан бастап, ақ ірімшік пен қызыл ірімшік, бал қаймақ пен тары сөгін көрген ауылдың байырғы тұрғындарының сілекейлері шұбыра жөнелді десе де болғандай еді.
Бұйырған дәм ішіп-желініп біте бергенде, Жандыбай келесі бір бөлмеден әлдебір қобдишаны алып шықты да, биіктеу үстел үстіне қойып, қақпағын ашып, әлдебір тетігін бұрап жіберіп еді, қоңыр дауысты әлдебір әншінің «Көшкенде жылқы айдаймын даламенен», – деп шырқай жөнелген ләззатты үні баурап кете барды. Ән аяқталғаннан кейін, Жандыбай қобдишаны жинап жатып, «бұл патефонды осы күйтабағымен Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар фестивалінде көрсеткен өнерім үшін, сыйға алған едім. Соны Айдар інім, саған тарту еткелі отырмын!» – дегенді айтты.
Жандыбайдың шаңырағынан шағын ауыл үйдің кәрі-жасы жайлы бір көңілмен, жадырап тарады. Сол күннің кешінде-ақ Айдардың үйінің есігінің алдынан ескі патефон ойнап, сол бір ән… «Көшкенде жылқы айдаймын даламенен» деп басталып, ауыл аспанын жаңғыртып тұратын болды. Және де күн сайын… күн сайын кешке…

* * *

Күндердің күнінде тұрғылықты жерге тіркеліп, азаматтық алу үшін құжаттарын өткізуге барған Жандыбайдың аудан орталығынан жаны жүдеп, жасып қайтты. Құжаттарды қабылдайтын мекеменің қызметкері, қазақтың өрімдей жап-жас қызына – Шырағым, мен мұңғылиядан келген едім, – дей бергені сол еді, әлгі қарағым, «я на казахском не понимаю, говорите по- русский! Надоели мне эти монголы!» деп шынылы бөлменің шағын тесігінен шақ ете түспесі бар емес пе?
–Шырағым, мен орыс тілін білмеуші едім, – деп өзімнің баламмен жасты қазақтың бір қызы ғой, иілер, көмегін жасап, құжаттарымды қабылдап алар деген ойының тағы да тас-талқаны шықты.
– Я ничего не знаю! Все документы заполняйте на русском языке, – деп Жандыбайдың әлгі шырағы «мен ешнәрсе де білмеймін, бүкіл құжатта­рыңызды орыс тілінде толтырыңыз» деп міз бақпай отырып алды.
Апыр-ай, ә! Қазақтың елінде қазақтың тілінің жүрмегені ме бұл?! Осы қыз­дың бастығына барайыншы, мүмкін бар мәселені сол шешіп берер деген оймен сәнді бір емен есікті ашып, кең бөлменің қақ ортасындағы емен столда отырған жас жігітке, «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп, кіре бергені сол еді, «Аксакал, у меня прием по личному вопросу завтра. Так что приходите завтра… ертең… ертең…» деп бір орысшалап, бір қазақшалап Жандыбайдың сәлемін керек те қылмай, оны айтасыз, ауызын да ашқызбай, «ертең… ертең… завтра прихо­дите» деп өңменінен итергендей болып, кабинетінен шығарып жіберді.
Бұл не қылған безбүйректік?! Қазақтың тілі жүрмеген елде қазақтық қасиет те қалмаған-ау деп ойлады Жандыбай. Несі бар екенін қайдам, осы елге келгелі өз қазағының үлкені мен кішісі, бала-шағасы мен қатын-қалаштарына дейін бір-бірімен орысшалап жүргендердің қарасы көп екендігін байқап жүр. Соған таңырқайды… соған күйзеледі…
Әлем бойынша өтіп жататын талай бір фестивальдар мен байқауларға қатыса жүріп, Еуропа дейсің бе, одан қалды Орта Азияның талай бір мемлекеттерін аралап, өнер көрсеткен талайғы бір сапарында тап мұндай, дәл қазақтардай өз тілінен безген өзге халықтарды көрмеп еді.
Апыр-ай, ә!.. Орыспен араласқан Сібірдің талай бір халықтарының тілдерін қойып, өздері де жойылып, жоғалып кетті деп жатушы еді, соның рас болғаны ғой! Жоғалғанымыз емей немене, қазақтың қаршадай қызына өз тілімде өз мәселемді айтып жеткізе алмадым!
Кеш түсе осы бір күйікпен өз шаңырағына оралған Жандыбай үйінің алдындағы көгалға көрпе-жастық төсетіп, шалқасынан жатып, ойлы жанарын қазақтың көк аспанына қадады. Шөкімдей бұлт жоқ. Тап-таза аспан астындағы тіршіліктің де өзіндік бір ауыр ойы барын сезінді. Мына жұмыр жердегі пенделердің харекетінен аспан да тесіліп жатыр дей ме өзі?! Енді қайтсын?! Мына өзім будақтатып тартып отырған темекімнің түтінінен бастап… жер бетіндегі мыңдаған… тіпті миллиондаған өндірістердің түтіні мен небір улы демдері аспанға көтеріліп жатқан жоқ па?! Анау Араб құмдарындағы… одан қалды өзіміздің Атырау мен Маңғыстау өңіріндегі мұнай мен газ құбырларынан аспанға жалындап шығып жатқан отты да қайтерсіз?! Бұған тағы да жер бетіндегі миллиондаған… әй, осы миллирадтың да шамасы болып та қалған шығар… әлгі бүкіл көлік атаулының түтінін қосыңыз! Қайра мына аспан тесілмек түгілі… қалай күйіп, қалайша жанып, жарылып кетпей тұр десеңізші?!
Ой кернеген көкірегін кере дем алды. Сол сәтте аспан биігінде ауырлап ұшып бара жатқан ұшақтың дауысы жетті Жандыбайдың құлағына. Соңынан ақ жолақты іздерін тастап беймәлім әлемге жол тартып бара жатқан мына ұшақтың да дыбысынан әлде бір мұңды сезінді де, түтіні будақтап тұрған темекісін лақтырып жіберді де, – «Әй, қайсың барсыңдар?» – деп айқай салды. Үйден жүгіре шыққан бәйбішесіне «қобызымды алып келші!» – деді де, қос жанарын алыстап бара жатқан ұшақтан айырмады.
Аспан биігіндегі сол жалғыз ұшақ Жандыбайдың да жан дүниесіндегі сағыныш пен мұң-сырын бірге тиеп, өзімен бірге алып кетіп бара жатқандай ма қалай?! Ауырлап ұшып бара жатқаны да сол ма екен?! Қайда барып қонары да, қайда барып мұның көңіл жүгін түсірері де беймәлім жалғыз ұшақ та әлгіндей-ақ заматта көзден ғайып болып, шарбы бұлттарға сіңіп көрінбей кетті. Соңында ізі ғана қалып барады…
Иә… ізі ғана қалып барады!.. Апырай-ә… ана ұшақтан да із қалып барады! Қозғалған… қимылдаған, жүрген-тұрған, ұшқан дүние атаулының барлығының да соңынан із қалып жатар болса, екі аяқты адам баласының соңынан да із қалсайшы! Жақсысы да, жаманы да басып кеткен және де басып жатқан жер бетіндегі табанының ізінен басқаны айтамын да! Алайда… жер мен сол жер бетіндегі адам баласы жаралғалы «міне, мынау мынаның табанының ізі» деп көрсете алатын қай жерден және кімнің басқан ізін нақтылы атап, көзге көрсете алар едің?!. Адамның жерде қалған табанының ізі ме, әлде сол адам баласының адамзаттың жады мен есінде, жүрегінде қалар ізі ме іздегенің?! Адам баласының жердегі емес, жүректе қалған ізі… сол мәңгілік болар бәлкім!..

* * *

Ата қонысқа жүгі түсірілгелі сол қобыз бен домбыраның жібек орамы бір шешілмеп еді. Абдырап қалған Зейнеп бәйбіше төрдегі жүк аяқтың үстінде жатқан қос аспапты, қара қобызды да, қоңыр домбыраны да сол ораулы қалпымен Жандыбайға әкеліп берді.
Бұл кезде аспандағы ұшақтың ақ жолақты ізінен басқа көзге көрінер ешнәрсе қалмап еді. Жандыбай құрақ көрпеге жайланып отырып алды да, жібек орамды ашып, әуелі қара қобызын, сонан соң сүйекті оюы бар қоңыр домбырасын алып, екеуінің де шанақтарын кезек-мезек маңдайына басты да, бір сәт өз ойымен мүлгіген күйге түсті.
– Бара бер! – деді бәйбішесіне сәлден кейін. Ерінің ауызының осы бір ауыз сөздің шығуы мұң екен, Зейнеп бәйбіше басқан ізін білдірмей, үй алдындағы маздап жанып тұрған қазан-ошағына қарай жүре берді.
Үш мұңлықтың да іштері толған мұң мен зар еді. Қара қобыз да аңырағысы келеді… қоңыр домбыра да күмбірлей жөнелгісі бар… Жандыбай да сағыныштың зарын төккісі бар…
Үш мұңлықтың да жан шанақтарында қазақтың толмай келе жатқан тағдыры, болмай келе жатқан арманы, өксітіп жіберер өкініші, таусылмай келе жатқан әлде бір сағынышы, бірде алдын, бірде артын берсе де мына дүниеге деген сарқылмай келе жатқан махаббаты мен іңкәрлігі бары анық еді!
Жер шалғай… ел шалғай… аспан шалғай! Алайда, сол шалғай дүниені көңіліңмен шарлауға да болады екен! Қазақтың «көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтіні бар. Санасына осы бір ойлар қона қалып еді, Жандыбай қара қобызының құлақ күйін келтіріп, әлден уақытта… ымырт үйіріле бастаған шақта кешкі аспан астын қыл қобыздың әлдебір мұңлы әуеніне бөлеп, қалықтатып жіберді.
Біраздан бері көкірегіне жиналып қалған бар сезімі қара қобыздың шанағынан алыста қалған туып-өскен жеріне деген сағынышы болып сарнады, өз елім деп келгендегі өгейлікке кезіккен маңдайының сорындай болып зарланды, көрмегенді көрсеткен қос жанарының жасындай сорғалады, тілі жоқ елдің тілім-тілім жүрегіндей қансырады. Үйеңкінің түбінен үйіріп алған дейтіндей және де бесті айғырдың құйрық қылынан тартылған қыл шекті қара қобыз сол кеште әйтеуір күңіреніп бақты, күңіреніп жатты.
Қыл қобыз бір күрсініп алып, адам болып жылады деймісің?! Сайын даланың самалы болып ескен лебінің ырғағымен жазық жайлауды тұяғымен дүбірлеткен, таңғы бір жусау сәтінде үріккен жылқының тұяқ дүбірі мен кісінеген сазы да қобыз шанағынан төгіліп жатты. Әлдебір сәтте демін баяулата берген қара қобыздың әуені бірден ит болып шабаланғаны мен үйірлі қасқырдың ұлыған үніне ұласты. Сол сәтте батып бара жатқан күннің көзін шөкімдей ғана қара бұлт қорғалап тұрып алды да, қыл қобыз аққу болып сыңсып, інген болып боздаған шақта аспан астынан ақ жауын бүркіп… бүркіп өтті.
Сыңсыған және де боздаған дүниенің көз жасы болып төгіліп кетті ме екен жарықтық!.. Қопа көлін мекен етіп жүрген қос аққу және де қайдан пайда бола қалғаны белгісіз қараша қаздардың да қыл қобыздың сыңсығанына ұқсастау мұңлы бір әуенмен қанаттарын баяу қағып кешкі аспан астындағы ауыл үстін сызылтып, олар да беймәлім бағытты бетке алып бара жатты. Қанаты қалтырап бара жатқан мұңлы дүниенің күйі-ай, шіркін… күні-ай, шіркін!
Сол қара қобыздың күңіренгені де, күрсінгені де кешкі ауылдың да аласапыран болып жатар тіршілігін де ұйытып, маужыратып, ұйықтатып тастағандай еді. Кеш түсе айқай-шумен малдарын қоралап жататын ауыл малсақтары да тыныштала қалған. Ауыл ортасын қақ жарып өтетін жалғыз көшенің шаңын аспанға шығарып, ағып өте шығатын әр көліктің соңынан шабалынып ала жөнелетін иттеріне дейін марғауланып, жатып алғандай еді.
Қара қобыздың шанағына қос қолымен жармасып алып, қыл шекті зарлатып отырған Жандыбайдың жанына ең әуелі ауылдың қарттары жинала бастады. Сәлден соң бала-шаға да қаптап кетті. Бүкіл ауыл адамдары түгел ме дерсің?! Бұрын осы ауылдағы орыстар өз елдеріне көшіп кетпей тұрғанда сырнайлатып, масаңдау үндерімен кеш түсе әндетіп жатушы еді.
Бұл ел қара қобызды көзбен көріп, қыл шегінің үні мен әуенін естіп тұрғандары да осы! Тәуба дерсің?! Кезінде бірер үйде домбыра болатын да еді. Кейін осы ауылға қоныс тепкен тың игерушілер келгеннен бері, сол домбыраның қайда қалғаны да белгісіз. Отқа жағылып кетті ме, жоқ әлде боқтыққа лақтырып тасталды ма, ол жағы беймәлім әйтеуір…
Есте қалған бір жай… Ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің бір мерекелік концертінде Жанай деген жалғыз домбырашы сахнаға шығып, күй ойнап бола берген сәтте, кішкене қызыңқырап алған «целиншиктердің» бірі «одна палка, два струна… ничего себе» дегенді бүкіл жұртқа естірте айтып, көргенсіздік танытып, қарқылдап күлуі сол екен, шағын клубқа жиналғандар есірік қарқылдан естерін жыя алмай, тараған болатын. Содан бері жұрт домбыра ұстауға ұялатын халге жетті. Содан бері… бұл ауылда өтіп жатқан талай бір шараларды қойып, қазақтың өздерінің той-томалақтарында да тіпті, домбыра тарту қойылды да, домбыра ұмыт болды!
Қара қобызын бірде зарлатып, бірде сарнатып отырған Жандыбай мына әлемде жалғыз еді!. Әрине, әр адам баласының бәрі жалғыз, жан бөлек! Алайда, өзіңнің ой-әлеміңмен, сезім сырыңмен жалғыз болудың азабын саналының, көкірегі ояудың жалғыз өзінің ғана тартатыны бар. Сыңсып отырған қара қобыздың сарыны адамның жан сыры емес деп айта алармысың?!
Адам болып сөйлеп те… шерін төгіп, сырын ақтарып та жатқан қыл қобыздың шегін басып отырған Жандыбайдың салалы саусақтары сол қыл шекке жармасқан сәтте жүректей сүйірлене қаларын көкірек көзің ғана аңдар еді. Қара қобыз да адам баласының жүрек күйімен толғанып, жүректегі сырыңды ақтарып, мұң мен сағынышың болып төгілетіні де, таусылатыны да сол екен!..
Көптен… тіпті біраздан бері жүрегі шерменде болып жүрген Жандыбай жан сарайын ақтарып, жалпақ әлемге жайып салды да, көңілі жайланып барып, әлдегі бір жайлы сазды баяу сызылта отырып бітірді де, қара қобызына дем берді. Дүние тына қалды… Кешкі ауыл өзінің тал бесігінде балбырап ұйықтап жатқан сәбидің тынысымен тыншыған күйде болатын.
– Мен мана жер шолып қайттым, – деді Жандыбай үлпілдеп тұрған тыныштықты бұзып. – Көзіме Бурабай тауларының сілемдері оттай басылды, жүрегім аузыма тығылды!..
Жандыбайдың айналасында көгал шөптің үстінде отырған ауыл адамдары «е… енді не айтар екен?» деп ынтыға түсті. Соны сезген Жандыбай:
– Баяғыда Байөлкеде жүрген шағымызда Сәкеннің «Көкшетауын» айтып… үлкендеріміз жылайтын еді, жарықтықтар! Кәне, сол әнді айтатындарыңыз бар ма? – деп көпшілікке, ауылдың кәрі-жасы Айдарға қарады.
– Ә… Айдар! Мә, мына менің домбырамды ал да, шырқашы кәне, сол әнді… «Көкшетауды!..» –деген Жандыбайды қоштай ала жөнелгендер алқалап барып, екі жүзі бал-бұл жанған ауыл әншісін ортаға шығарды. Айдар қолына алған домбырасының құлақ күйін келтіріп алып, сол бір әнге басты. Сәкеннің «Көкшетауы» еді бұл ән!..
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын!
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүретін біліп, кетіп есен-сауын!..
Қоңыр дауыстың құлаққа жағымды әуенімен әуелеп бара жатқан әннің әсерімен тербелген жұрт Айдардың осыншама бір шарықтап кеткенін алғаш көрулері еді. Әннің қанаты болады деуші еді, сол рас болғаны-ау! Ендеше осы сәтте өзі шырқап тұрған әннің қос қанатымен аспандап бара жатқан әншінің үні «хала-ли-ла…ли-ла-ли-ла» деп қайырылған сәтте кешкі даланы әлдебір самал жел желпіп өтті…үй алдында өсіп тұрған ақ қайыңдардың жапырақтары да сыбдырлай ала жөнелгені бар. Дүние бір тербеліп, бір ырғалып тұрды…
– Пәлі! – деп сүйсінді Жандыбай ән аяқталған сәтте. – Бұл ән осылай шырқалуы керек еді… жарадың!
– Рахмет, аға! –деді Айдар екі беті бал-бұл жанып. Сол сәтте қос жанарымен Арайды іздеп еді, қалың көптің арасынан өз жарының жаңа туған ай сәулесімен жарқырап тұрған маңдайын көріп, таңырқағаны соншалықты, бір сәтке демін ала алмай қалды. Ақ маңдайлы дегенің осындай-ақ болар! Осы бір жүрек сүйінішімен Арайын қолынан ұстап, жұртпен бірге тарап бара жатқан бұл екеуінің ай маңдайларына жазылған тағдырларының тартқызары тағы да бар еді.

* * *

Бір шаңырақтың тіршілігі жарасым тауып, Танабай мен Күләй да үш-төрт немере сүйіп, қолдарын енді жылы суға малдық-ау деген кезде ел ішін індет жайлады. Басында бұған ешкім де мән бермегені бар. Қытайдың әлдебір қаласының көшелерінде қынадай қырылып жатқан халықты теледидардан көріп, төбе шаштарының тік тұрғаны да бар.
Көп ұзамай дүние осы індетті айтып дүрлігіп жатты. Алайда, Қытай қайда, қырдағы біздің ауыл қайда?! Сол індет айдаладағы ауылға келмейтін шығар деген ой да бекер болды.
Сол дүрбелеңге түскен ауыл адамдарын күн сайын үрей де билеп бара жатты. Бәрінен бұрын, өтірігі мен шыны қайсы, әйтеуір «COVID-19» деген бұл індеттің әзірге бетін қайтаратын не дәрісі, не емі жоқ екен. Індет жұққан адам бірден дем ала алмай, тұншығып өліп кетеді деген қауесет тарағалы маза да кете бастады.
Көп ұзамай ауыл адамдарын шын үрейлендірген бір жағдай болды. Көкшетау қаласында тұрып, әжептәуір қызмет етіп жүрген осы ауылдың орта жастағы бір тумасы Ағарын қайтыс болып, баяғы қазақы ғадетпен ертеде дүние салған ата-анасының жанында жатсын деген ниетпен ағайын-туыстары мен бауырлары мәйітті елге алып келген-ді.
Марқұмның мүрдесін туған жеріне алып келгені не керек, қорым басын күзеткен әлдебір бөгде жандар жаназасына да, топырақ салуға да ел адамдарынан ешкімді де жібермеді. Үстеріне аппақ киім киіп, беттерін тұмшалап алған еңгезердей үш-төрт жігіт және де бір оншақты жан Ағарынды сол қаланың ауруханасы орап берген қалы кілемімен бірге қабырға салып, көмді де кете барды.
– Астапыралла… астапыралла!.. Мұнысы несі екен? – деген үрейлі сауал әркімнің көкейінде тұрған еді.
– Сол ауруханада арнайы мамандар мәйітті өздері жуындырып, кебініне орап береді екен. Жаназасы да сол арада оқылады. Мәйітті үйге әкелуге де, ашуға да қатаң тыйым және бақылау бар. Індет жаппай тарап кетеді екен! – деп жатқандардың сөздерін естіп, ауыл адамдары «е, құдай өзің сақта!» деген ниеттерімен күн кешіп жатты.
Бұл індет адамзатқа келген шын зауал болды. Бірінің қанын бірі шашып, соғыс пен қақтығыстан көз жазбаған қайран да, қайран адам баласының жер бетінде жасап жатқан жамандықтары мен тіпті хайуандықтарынан Жаратқанның өзі де, жаратылыс та ішін тартып алғандай ма, қалай өзі?!
Есіріп кеткен адам пендесі тіпті есінен жаңылған ба дерсіз?!
Ана-мынаны қойып, тіпті анасынан туғандағы өз жыныстарын қолмен өзгертіп, еркектің әйел, ал әйелдің еркек болып кетіп жатқаны не сұмдық?! Тағы да әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің бір-бірімен мауығып, үйленуі, ол да сұмдық емес пе?! Бәлкім жаратушы соған да ренжіген шығар?! Тойымсыз болып, тыйымсыз кетіп бара жатқан өз адам пендесін бір мезгіл тәубасына келтіру де керек шығар бір мезгіл?!
Өз тіршілігінің қадірі мен қасиетін де танудан қалып бара жатқан астамшыл адам баласының зауалды күндері басталғалы ауа райы да оғаш мінез көрсетіп келеді. Қыс бойы қар қалың түсіп, күн жылына салысымен сай-саланы қойып ауыл мен қалаларды су алып кетіп жүр. Көктемгі сол қарғын судың беті қайтысымен, жарықтық күннің көзі де жаз бойы бар тіршілікті шыжғырумен болады. Қаншама телміріп аспанға қарағаныңмен, ала жаздай бір тамшы жауын жаумай зарықтырғанын қайтерсіз?! Жазды күн шілде болған шақта малдың аштан өлгенін де қазақ баласы бұрын-соңды көріп пе еді?!
Тағы да… анада… тіршілік жаралғалы не қар түсіп, не нөсер жауын жауып көрмеген араб жеріндегі Мекке-Мәдиненің де өзін қар басып, су алып кеткенін көз көргендігі бар. Бұл да болса адам баласы ойлансын дегендік, тәубасына келсін, құдіреттің күші мен жаратылыстың заңдылығына қарсы тұрудың бекершілік екендігін ұғынса етті деу болар?!
Індетті сол жаздың қуаңшылығының да зардабын ел іші айқын сезіне бастады. Малдың жайылымының шаңы шығып, суаттар тартылып кетті. Алдағы алты ай қыстың айларында малына қажетті шөбін шауып алатын шабындықтардың да шөбі көтерілмей, өспей қалды. Дүниенің суала бастағаны ма бұл?! Табиғат әлде адам баласының өзіне жасап келген қиянаттары үшін кек қайтаруға көшті ме екен?! Не де болса дүние адам баласына сыртын бере бастағаны анық еді.
Ала көңіл болып отырған ауыл адамдары қолдарына бар малын біртіндеп күн сайын ел ішін бір аралап өтетін саудагерлерге татымсыз бағаға сата бастады. Әкелі-балалы Танабай мен Айдар да өзара пікірлесіп, алдарындағы екі үйірлі жылқысын жаздың аптабы мен алдағы қыстың қаһарынан қалай аман алып шығудың жайын сөз ете бастады.
– Мұндайды кім көрген?, – деді Танабай жанында үнсіз тұнжырап отырған баласына. – Бір қауіп бар әйтеуір! Не де болса жылқыны сақтап, ұстап қалуымыз керек. Бар күн көрісіміз осы мал ғой!..
Айдар үндемеді. Айтарға сөзі жоқ. Күннің жарығында бағып жүрген жылқыға ие болудың өзі қиындап барады. Тіске жарытымды ілігетін көк болмаған соң жарықтық жылқы малы бір орынға тұрақтамай, шұбыра беретінді шығарды. Бұған қоса суаттың суы тартылып, жартылай қорыс батпаққа айналғандығы және бер. Су іздеген жылқылар кейде сол қорыс батпақтан шыға да алмай жататын жайды да көз көріп жүр. Оты қанбай жүдеп бара жатқан жылқыны кеш түсе жартылай темірден жасалған шарбаққа қамап ұстауға тура келіп жүр. Маңайдың бәрі егін. Көкпеңбек болып шығып келе жатқан сол егінге қарай тұра шабатын жылқының алдын бөгеп отырудың өзі оңай емес еді.
Жә… бұл да түк емес еді. Бәрінен бұрын жер басып жүрген адам пенденің бәрін болмаса да, денін билеп алған үрейлі індет ең әуелі осы ауылда бірінші болып Айдардың анасы Күләй мен Танабайды алып тынды. Бірер күн екеуінің де дене қызулары көтеріліп еді жарықтықтардың.
Ауыл ішінің адамдары мұндайды «жай тымауратып жүрмін» деп ежелден көп көңіл бөле бермейтін дағдымен, олар да өздерінше ыстық шайларына қарынның сары майын салып, кешкілік жаңа сойылған бағланның етін жеп, сорпасын ішіп терлесе де апталап дене қызулары қайта қоймады. Төсек тартып жатып қалған ата-енесін жаны қалмай күтіп жүрген Арай Күләй мен Танабайдың күн сайын тыныс алулары ауырлап бара жатқанын байқап жүрді де, қалт еткен кешкі бір сәтте ауылдағы жалғыз медбике қызға жолығып, жағдайды айтты.
– Тұра тұрыңыз! Не дедіңіз? Дене қызулары түспей қойды дедіңіз бе? – деп абдырап қалған ауылдағы жалғыз медбике аудан орталығындағы ауруханаға сол арада телефон арқылы хабар салды.
Қай жерден індет шықса, соның ошағын өшіруге дайын тұруға дағдыланып алған дәрігерлер көп ұзамай жедел жәрдем машинасымен сау ете түсті. Үстеріне қаудыр-қаудыр етіп тұрған қорғанғыш киімдерін киіп алған және әйнегі бар бас сауыттан көздері ғана жылтырап көрінген бір-екі дәрігер лезде Танабай мен Күләйдің қан қысымдарын, дене қызуларын өлшеді де, екеуінің де наразылықтарына қарамастан сол арада зембілге салып, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті.
– Айналайын, аман болып тұрыңдар!
Бұл зембілде жатып, басын сәл-пәл көтеріп Арайға қарата айтқан Танабайдың соңғы сөзі болып еді.
– Ана үлкен сандықтың кілті… ана бас жағымдағы жастықтың астында қалды. Ие бол!..
Үйден шығып бара жатқан Күләйдің өз келініне деген бұл да соңғы аманаты боларын кім білген?!.
Арай көз жасына ерік беріп, аудан орталығына апарар қара жолға түсіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі ұзап кеткенше қарап тұрды. Көп ұзамай… араларына апта салып әуелі Күләйді, одан кейін Танабайды қара жердің қойнына бергеннен кейін Арайдың өзі де дене қызуымен ауруханаға жатып, емделіп шықты. Құдай аяғанда індетке шалдырта қоймады. Ауруханадан шығып, төргі үйде төбедей болып атасы Танабай, шағын бір бөлмеде ыңқыл-сыңқылымен дөңбекшіп жататын енесі Күләй жоқ. Қаңырап бос қалған үйіне келіп, Арай көз жасына ие бола алмай, аңырасын-ай келіп. Жалғанда әке мен ананың кім екендігін енді сезіне бастаған шағында осы бір аяулы жандардан қапылыста айырылып қалған жан жүрегі құлындай шұрқұрап, аққан селдей өте шығар дүниенің мұңымен тағы бір кешті қарсы алып еді…

* * *

Заманның білімі де, ғылымы да жетілген сайын адам баласына қиянат жасаудың да жетіле түскені бар. Бәлкім бұл әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»,– дегенін адамзат баласының ескермегенінен де шығар. Әйтпесе… иә… әйтпесе білімділердің және ғұлама ғалымдардың ең әуелі адам баласын жаппай қырып, жоятын қару-жарақ ойлап шығаруға ден қоятындары несі?! Жә… әрідегі әлемге бармай-ақ, күні кеше осы ауылдың іргесінде жан баласына да қиянат жасалды емес пе?!.
Күні бойғы аптап ыстықтан қос бүйірлері солқылдап тұрған жылқыларын қоршауға қамап, енді үйіне қайтқалы тұрған Айдарды аттылы әлдебір қос жігіт тоқтатты. Бұлардың кім екендіктерін жыға танымаған соң, жөн сұрасты. «Жоқ іздеп жүрген жандармыз» деген соң қастарына таяп келгені сол еді, екеудің біреуі Айдарға сәлемдескен болып, қолын соза берген-ді. Бейтаныс жігіттің екіншісі желке жағынан келіп, қапсыра құшақтап алды да, Айдардың секем алып, қарсыласқанына да қарамастан, бетін әлдебір өткір иісті орамалмен жаба берді.
Сол өткір иісті әлдебір затпен ұйықтатып тастаған жаңағылар, ессіз қалған Айдарды сүйреп әкеліп, қоршаудың бір бұрышына сүйеп отырғызды да, шыны бөтелкеден лықылдатып аузына арақ құя бастады. Босаған және де екінші бір бос бөтелкені Айдардың жанында қалдырып, екеулеп жүріп, қоршауды ашып, бар жылқыны аласа болса да басы дән алып, сарғайыңқылап қалған егінге қарай айдап салды.
Жазғы жайылымды қуратып кеткен қуаңшылықтың салдарынан күні бойы оты қанбаған бір табын жылқы көз көрім жердегі астықты алқапқа лап қойып, сүт пісірім уақыт ішінде егістікті тып-типыл етіп отап кеткен болатын.
«Көшкенде жылқы айдаймын даламенен», – деп ымырт үйірілген шақтағы тымық ауаны осы бір әнімен әлдилеп жылқысынан қайтар Айдар кешіккен сайын, кешкі асын қамдап қойып отырған Арайдың мазасы кете бастады. Жүрегі қатты соғып, кейде тынысы да тарылып, ен далаға аңырап қарап тұрып қалатын күйге түсті. Айдардың қарасы да көрінер емес, ән де естілмейді…
Жүрегі әлдебір жамандықты сезген Арай қора жағында жүрген үлкен ұлы, Еуразия университетіндегі кезекті бір жылғы оқуын аяқтап, демалысында ата-анасына қолқабыс жасап жүрген Арыстанды айқайлап шақырып алды да, «әлгі әкең кешікпеуші еді… тез… тез машинаңа от алғызшы, жылқы жаққа барып келейікші» деп дегбірі қашты.
Жазғы жайылымдағы жылқы қорасына келген бетте есігі шалқасынан ашық қалған бос қоршаудың алдында қылжиып ұйықтап жатқан Айдарды және бар жылқыны аласұра қайырып, қораға қарай айдап келе жатқан өз төбеттерін де көріп Арайдың есі шығып кете жаздады.
– Жаным-ау, не… не болды саған?! Есіңді жишы… есіңді жишы! Мынау… не қылған бөтелкелер? Арақ татып алғаныңды көрмеп едім ғой! Бұл не… бұл не?, – деп зар илеген Арай көз жасын сыға жүріп, Арыстан екеулеп бар жылқыны қамады да, Айдарды жеңіл машинаның артқы орындығына жатқызып, үйлеріне алып келді.
Айдардың бір табын жылқысы таптап, отап кеткен егістік жер Ерасылдікі болатын. Туған ағасы Нұрасыл Көкшетаудағы көп соттардың бірінде ұзақ жылдардан бері судья болып жүр. Ілгері оқуды оқымай ауылда қалған інісіне ағасының егістік жер әперіп, көктемде тұқымын сепкізіп, күзде астығын орғызып, түскен бидайын өткізіп, әйтеуір қанатының астына алып жүргенін ел тегіс біледі.
Нұрасылдың өзі де туған ауылына анда-санда ат басын бұрып, келіп-кетіп жүреді. Бірдей – бір соттың ауылға келетінің күні бұрын біліп отыра ма екен, осы ауылдың көпшілігінің бірі танып, бірі танып білмейтін ығай мен сығайлар да қаптап кететін. Бірі жүгіріп, Нұрасыл мінген дәу бір машинаның есігін ашып өзін түсіріп алып жатса, енді бір ептілері соттың сылқия киінген келіншегін күтіп, бәйек болып жатқаны. Әйтеуір осы ауылдың халқы Нұрасылдың елге келген сапарында тап бір кинода көрсетіп жататын түрік мырзаларының тұрмысы мен салтанатын өз көздерімен көргендей болып жататын. Ел болған соң біреу сүйсініп… енді біреулері күйініп, күңкілдеп болатын.
Таң атар-атпастан Айдардың алдындағы бір табын жылқы Ерасылдың егістігін таптап, отап кеткендігі жайлы ел іші түгел құлақтанды. «Не сайтан түрткені белгісіз, Айдар арақ ішіп, жылқысын егінге түсіріп алыпты» деген қауесет те бірге тарап жатты.
Күн шығар-шықпастан ауылға ауданы мен облысы бар полицияның қаптап кеткеніне ел іші әуелде үрке қарап еді. Бетін аулақ қылсын, тап бір кісі өлімі болса да, дәл осыншалықты қаптамас та еді. Жеңіл көліктерінің үстіндегі қызылды көк шамдарын жарқылдатып, адамның есін алар дыбыс күшейткіштерін айқайлатып, елдің әбдісін ұшырды. Сол полиция өз көліктерімен Айдардың үйін айнала қоршап алып, әлі де есін толық жия алмай жатқан ауыл жылқышысының қолына кісен салып, алып кетті.

* * *

Қой кезегінде жүрген Жандыбай үйімен үйі іргелес отырған Айдарды шала есті қалпы қолына кісен салып, тұтқындап алып кеткендігін түс әлетінде баласы Аманбайдан естіді. Осы бір суыт та жайсыз хабарды естігенде, ол да есеңгіреп қалғандай күй кешті. Сәл-пәл ойын жинақтай алмай отырып қалған Жандыбай, ұшып тұрды да, баласына «сен қойға ие бола тұр» деп шапшаң қимылдап, белдеуде байлаулы тұрған атына мініп, бір тебініп қалды да ауылға қарай шаба жөнелді.
– Келін шырағым, – деді Жандыбай салған бетте Айдардың үйіне ат басын тіреп. – Кешегі күні ата жұртымыз деп Қазақстанға, соның ішінде осы елге қоныс тепкенімізде бізге шынайы бір жанашыр болған айналайын, осы өздерің едіңдер. Қазақ еліне келіп, бір ауыз орысша білмейтін бізді түрлі мекеменің есігіне кіргізіп, тіркетіп, азаматтығымызды да, мемлекет тарапынан шет елден қоныс аударушыларға берілетін тиісті жәрдем алуға да көмектескен Айдар еді! Көрмейсің бе енді?!.
Жандыбай ақсақал булығып жылап отырған Арайға осыны айтты да, көмейіне әлдебір тас тығылғандай болып, үнсіз қалды. Сәлден кейін бір жұтынып алды да, әжімді жүзінің қос жанарын кең шапанының жеңімен сүрте берді де:
– Бұл ма… бұл… қолдан ұйымдастырылған қастандық! Ішім соны сезеді! Айдардың еш жазығы жоқ! Зерт орындары анық-қанығына жетіп, ертең-ақ Айдарды ақтап, босатып қоя берер. Сабыр сақта, айналайын! – деп үлкендік сөзін айтты.
Жазықсыз жазықты болғандардың ақыр-соңы Айдар ма еді?! Дүние түгел жазықты! Жалған жаламен жазғырылған да, зар жылаған да талай бір адам баласының көз жасын аяғымызға басып келе жатқан жоқпыз ба осы біз?! Кімнің көз жасын құрғата алдық?! Кімге араша түсе алдық?! Айнала дүние тіршілігінің қиянатын көрмегендей, солардың зар үнін естімегендей болып, жамандықтың алдында бұғып өмір сүріп келе жатқанымыз кімнің жанын аман алып қалар екен, кімді сақтар екен?!
Кімге не дерсің?! Қалай ақталарсың?! Жаулық қылған қастарыңның обал мен сауапқа да қарамастан өз есептерін түгендегісі келген арам пиғылдары жүзеге асып, дегендері болып тұрған қазіргі заманның зарын айтып еңірегенімен Арай өз Айдарының туғалы аузына арақ татып алмағанын ешкімге дәлелдей алмады.
– Сіз не… туғаннан бері дейсіз… күйеуіңізді туған күнінен бастап білуші ме едіңіз?, – деп тергеуші жас жігіт мысқылдап, онсыз да жаны жай таппай отырған Арайдың жүрек жарасына тұз сепкендей болды.
– Міне, кейбір ауыл адамдары Айдардың арақ ішіп алып, күнде кешке мас болып, өлеңдетіп үйіне қайтып жүретіндігіне куәлік беріп отыр, – деп тергеуші алдындағы қағаздарын ақтара бастады.
Жалған жала жабуға және де жалған куәлік беруге келгенде қазақтың әбден ысқаяқ болып алғанын қайтерсіз?! Көре алмаушылықтан біреуді көрге тірідей салудан да, қызғаныштан тірідей жаныңды шыжғырудан да, іштарлықтан ішіңді кездігімен жарып жіберуден де алдына жан салмайтын қазақтың қылығы талай бір жаны аяулы жақсылардың қыл мойындарына қыл арқан болып түсіп, қылғындырып тастағанын білсек те, соған кейін өкінсек те, әлі күнге шейін жеме-жемге келгенде шыққыр ғана екі көзіңді де жұмып алып, қиянатыңды жасай беретінің не?! Бұл әлде «жай отырған қазақ бір кебісті бір кебіске сұғып отырадының» бойға бітіп, қанға сіңген кеселі ме, жоқ әлде кесірі ме?!
Бір үйдің есі болып отырған Айдарының жалалы болып, абақтыда отырғанына қыларға амалы жоқтықтан жаны қамығып, екі жағы суалып, әбден жүдеген Арай осы бір ойларымен алысып-ақ бағатын болды. Неге… неге… деген жан азабының сауалына жауап таппай қойды. Әй, қайдам… табыла да қояр ма екен?!..
Не де болса… көп ұзамай сот Айдарды ұзақ мерзімге бас бостандығын айыру жайлы үкімін шығарып, қолындағы кісенімен Ақтау жақтағы колонияға этаппен айдап салды. Мұнымен қоса сот тағы да біреудің жеке мүлкіне қасақана түрде зиян келтірді және осы биылғы егісін өткізіп, астықты алқабын тыңайту мен түрлі зиянкестерден қорғау үшін өте қымбат бағаға сатып алған химиялық дәрілерінің құнын қосып, Айдардың мойнына cоның шығынын өтеуді тағы да жапсырып берді.
Қалың ел болса осы Ерасылдың өз егістігін не көктемде, не жазда химиялық жолмен өңдеп жатқанын бір көрген де емес. Алайда, соттың іс қағаздарында Ерасылдың түрлі фирмалардан аса қымбат бағамен химиялық тыңайтқыштар мен дәрілер сатып алғандығы жайлы анықтамалар айғақтыққа тартылды. Жалған анықтамалар да жалған сөйлеп, Айдардың бар мал-мүлкін Ерасылдың меншігіне аударып беруге жақтас болып шыға келді.
Әлмисақтан бері «аққа Құдай жақ» дегенің қайда?! Әлде… иә… әлде қиянат жасағанның жазасын тартқызуға Құдай асықпайды дегеніңе көнгенің де жөн бе?! Құдай ақырын күтіп, сабырлы болғанды жақсы көреді дейді ғой… Сот үкімі оқылып болар-болмастан «Құдайым-айлап» еңіреген Арай сол құдайынан басқаға мұңын шаққан жоқ. Айналасындағылар Арайды сабырға шақырып жатты…
Көп ұзамай сот үкімі күшіне енген күні-ақ сот орындаушы жап-жас жігіт келіп, Айдардың бар малын санап тұрып, «КамАЗ» жүк көліктеріне тиетіп жатты.
Соттан шыққан бетте Айдардың үйіне келген Жандыбай: – Келін шырағым! Болған іске болаттай берік бол енді. Айдар көп ұзамай ақталып келіп те қалар?! Жалғыз өзіңе малыңа ие болу оңайға соқпас. Сауып отырған бір сиырыңды алып қал да, қалған ірі қара мен бар ұсақ малдарыңды санап тұрып, менің алдыма салып бер. Жайлауға айдап алып кетейін! Айдар аман-есен келгенге шейін өзім қарап-бағып, өсіріп берейін, – дегенді шын жанашырлық ниетпен айтты.
Не ұйқы, не күлкі көрмей жылаумен өткізген күндері мен түндерінің белгісіндей екі көзі күп болып ісіп кеткен Арай үлкен ұлы Арыстан екеулей жүріп, соттың тәркіленуінен аман қалған қорадағы бар малдарын Жандыбайдың алдына салып берді. Сиырлары мен қой-ешкілерін айдап әкетіп бара жатқан Жандыбайдың соңынан Айдардың үнемі жанынан қалмайтын төбеттері де бірге еріп бара жатты.
Малының соңынан көз алмай қарап тұрған Арайдың сол сәтте жүрегі қан жылап тұр еді. Соны сезді ме екен, Жандыбайдың соңынан еріп бара жатқан төбеттердің үшеуі де қалт отыра қалып, ауыл жаққа қарады. Өз иелерінің басына төнген ауыр жайды ит екеш ит те сезгендей. Әлгіндей болмай жатып, ақ тұмсық төбет ауылға қарай жүгіре жөнелді де, қалған екеуі мал соңынан кете барды.
Итті есті хайуан, иесіне адал келеді деп танитын және жеті қазынаның бірі санайтын қазақтың осынысы бір көрегендігі мен білгендігі еді. Ақ тұмсық төбет өз үйінің алдына келген бетте қора-қопсыны бір аралап шықты да, есік алдында өсіп тұрған ақ қайыңның саясына келіп, жатып алды. Осы үйге кім келіп, кім кетіп жатарын аңдып отырайын дегендей ақтұмсық төбет сол жатқан жерінен кешке дейін қозғалмады.
Сол күннің кешінде Жандыбайдың жайлауы жаққа апарар қара жолдың шаңын шығарып, алдындағы малды ауылға қарай айдап алып келе жатқан Айдардың қос төбетін көріп, Арай тағы да дауыс салып, алдарын тосып алды. Көз көрім жерде салт аттыны көз шалды. Бұл – Жандыбай еді.
– Келін, шырағым! Келін… шырағым!, – деп ентігін баса алмай тұрған Жандыбай ат үстінде тұрып: – Апырай, ә!.. Малды жайып әкеліп енді қораға қамайтын кезде мына қос төбет өзіме айбат шегіп, сендердің бар малдарыңды жанталаса бөліп алды да, ауылға қарай айдай жөнелді. – Апырай, ә!.. Мына қос төбет сіздің үйдің бар малын қалай таниды ә!.. Ғажап енді!
Қос төбет «бұл біздің мал ғой, неге бөтен қораға қаматасың?» дегендей сұраулы кейіппен Арайдың жанына келіп, бетіне қарады. Қос жанарынан жасы парлап тұрған Арай «енді маған не қыл дейсіңдер? Иеміз жоқ қой!» – деп кешкі даланың ауасын тілгілеген ащы бір дауыс салып, жыласын-ай келіп.
«Енді маған не қыл дейсіңдер?» деген Арайдың шырылдаған жан дауысы шыққан сәтте қос төбет дөңгеленіп батып бара жатқан қызғылт түсті күннің көзіне қанталаған көздерін қадап, үріп-үріп алды.
Кімге және неге үріп тұрғандары беймәлім қос төбеттің жанын келіп, шой мойындарынан құшақтап тұрып, тағы да ботадай боздаған Арайдың бұл жолғы жылағаны бүкіл әлемнің кешкі бір мұңының күйіндей тымық ауаны күңірентіп жібергендей болды. Алды жазғы қораға жетіп қалған малды қайырып, жайлауға қайра айдап, әкете бастаған Жандыбайға қанталған көздерін қадағаны болмаса, қос төбет орындарынан қозғалмастан Арайға қарай берді.
– Тимеңдер енді! Біздің мал енді жайлауда болады. Жандыбай аға бағып береді, – деген Арайдың айтқандарын түсінгендей қос төбет Жандыбайдың соңынан еріп кете барды.
Заты ит демесең, иттің өзінде ес бар екен-ау! Иесіне адал болады деуші еді, соны мына Айдардың төбеттері көрсетіп бақты. Ауылдың жартысы Айдарға жақ болса, енді біреулері қаралап, жалған куәлік беріп жатқан шақта солардың бойында ит құрлы адалдық қалмағаны ма?!
Адам баласы әлде біз осы өзіміз иттен де жаман болып барамыз ба?! Бұрындары өз үйімізден балаларымызды балабақшалары мен мектептеріне шығарып салып тұрып «көшеде қаңғып жүрген иттен сақ бол, қауып алмасын!» деп иттен сақтандыратын болсақ, осы күндері енді келіп немерелерімізге «көшедегі бөтен адамнан сақ бол, шақырса да барма, жолама!» деп адамзаттың баласынан сақтандыратын халге де жеттік.
Кей-кейде кейіген кездері адам баласының «ит тірлікпен өмір сүріп, жүріп жатырмыз ғой» дейтіні несі екен?! Сонда… бұл әлде… адам баласының иттің тіршілігін кеше бастағаны ма?! Ит тірлік дегенің күнде болмаса да, күнара итаяғына ас құйып беріп тұратыны үшін де өз иеңе адал болу ма, адал қызмет ету ме? Бұл да енді адам баласының өз күні түсетіннің алдында құрдай жорғалап, соған адал қызмет жасау үшін жалпақтауымен бірдей шығар бәлкім?!. Соған да… иә соған да қарамастан сол итің кейде өз иесін қауып та алатыны бар емес пе? Өз иесін қауып алатыны ит пен адамда да кездесетіні сатқындық дегенің емес пе екен?!
Сатқынды сумақай өмірдің бір сұрқиялығын Көкшетауда сот болып жүрген Нұрасыл да тартып жатыр еді. Әлдебір ірі құрылыс компаниясының әлдебір даулы мәселесін сот кезінде солардың пайдасына шешіп бермек болып, ірі көлемде пара сұраған дейді білетін жұрт. Соттың сол сұрағанын көпсініп, ауырсынды ма, әлде қоғамды дендеп кеткен жемқорлықты өз тарапынан болдырғысы келмеді ме, солар барып, тиісті орынға хабар берсе керек. Нұрасыл өз кабинетінде пара алу кезінде, ұсталып, қолына кісен салынып, тергеу үшін уақытша қамалыпты.
Осы бір жайсыз хабар ел ішіне лезде тарап кетті. – Айдарды да соттатып жіберген солар емес пе еді, көрсін біреуге жазықсыз зардап шектірудің қандай боларлығын! Құдай бар ғой! «Көп асқанға бір тосқан», «мейманасы тасып кетіп еді» деген күңкіл сөздер де айтыла бастады.
Біреуі күйініп, біреуі таба көңілмен сүйініп, осыны айтып жатқандардың қайсысының аузына қақпақ боларсың?! Әйтеуір жалған дүниенің бірде болмаса, бірде жарға апарып соқтырар соқпағы да бар екендігін ұмытып кетпеген де абзал-ау!
Дүниеге кім тойған?! Адам баласының екі көзі топыраққа ғана тояды деген қазақы ұғымдағы пәлсапа тірі пенденің не ақылдысын, не ақымағын ойлантып келе ме?! Алайда, осы күні мен ақымақпын деп отырған кімді көрдік? Қолымнан іс келмейді, мен дарынсызбын мен білімсізбін деп отырған және де кім бар? Қазір ақымақтардың бәрі де ақылды да дана болып кеткен заман. Адасқан заман! Тегі адастырған заман дегенің дұрыс болар?! Әйтпесе, заманын түзеп, адамын адастырмайтын ақылдылар мен парасаттылар қайда кеткен? Әлде солардың өздері де ақымақтар мен тексіздердің арасында жүріп, өздерінің кім екендіктерін біле алмай есеңгіреп, дағдарып қалған сыңайлы ма?!.
Түн баласы осы бір ойлар мазасын алып, ұйқысын қашырып, жан азабына салатындығы соншалықты Арай көз ілмейтін болды. Түрмеде жатқан Айдардан да хат-хабар жоқ. Соңынан іздеп барғысы келіп, арнайы орындардан біліп еді, әлі жан иесін жолықтырмайтын көрінеді. Көз жасын төккеннен басқа не амалы қалды?! Барғанда не айтады?! Әлде үлкен ұлын Айдардың рұқсатынсыз Жандыбайдың Англияда оқып жүрген баласының соңынан шет елге қосып жібергенін айта ма?! Е… айтса несі бар?!
– Тәте, – деп үйге кірген Айдарбек сыпайы мінезімен Арайдың көңілін аулап, – Айдар ағамыздың жазықсыз істі болғанын дәлелдейміз әлі! Мен заңгер достарыммен хабарласып жатырмын, – деді.
Жатса да, тұрса да ойынан Айдары бір кетпейтін Арай қос жанарын қол орамалымен сүрте берді де, «рахмет жаным!» деген бір ауыз сөзін айтып, үнсіз отыра берді.
– Тәте, – деді Айдарбек тағы да. – Тәте, біз мына Арыстан екеуміз әбден достасып, сырлас болып кеттік. Сізге бір ұсыныспен келіп тұрмын! Және де біткен іске бітіміңізді алып, көп ұзамай жолға шығайық деп едік.
– Біздің Арыстанмен бірге ме?, – деп Арай өз баласының аты аталған сәтте ғана тілге келді.
– Иә… иә… тәте! Арыстанды өзіммен бірге Англияға оқуға алып кетейін деп едім! Ағылшын тілін үйренуі керек! Жақсы білім алады! Лондонда жанымда болады. Оқуының мәселесін бәрін шешіп қойдық, – деп Айдарбек мән-жайды айта бастаған сәтте үйдің есігі ашылып, Жандыбай мен Зейнеп кірді.
– Келін, шырағым, – деді кешкі шай үстінде Жандыбай. – Мына балалар­дың шешіміне қарсы тұрма! Шет ел асып оқысын! Ағылшын тілін білмек керек енді!
Маңдайы жіпсіп, терлеп отырған Жандыбай сөз арасында бүкіл ел болып ағылшын тілін оқытуға қарсы болып, шулап жатқандығын далбаса деді. Әрбірден соң ағылшын тілін білу – қазақтың өзін-өзі әлемде сақтап қалуының бір амалы. Мал сатып, жаз бойы шөп шауып соны сатып, Айдарбек пен Арыстанның жол қаражаттарын өздері шығарып қойғандығын да айтты.
– Жақсы, аға! Баланың бағын байлама деп отырсыз ғой. Барсын! Тар қапастан Айдар да мерзімінен бұрын босап шығар, – дегенді айтқаны сол еді, Арай өксіп-өксіп жыласын-ай келіп.
Жандыбай батасын жасап, дәм қайырды да, сыртқа шығып кетті. Үйде қалған Зейнеп және балалар бар қамкөңіл Арайды жұбатумен болды.
– Айналайын-ай! Қалай жыламассың, нақақтан күйдірді ғой, – деп Зейнептің шыр-пыры шығып жүр. – Келеді ол! Айдар ма, осы жуырда босайды. Құмалақ тартып едім, маңдайы ашық түсті.
Зейнептің құмалақ тартатынын және айтқанының айнытпай келетінін бір кісідей жақсы білетін Арайдың көңілі орнына түсіп, сәл-пәл жадыраған кейіппен алыс сапарға шығуды ниет еткен Арыстан мен Айдарбекті беттерінен сүйіп, аналық шынайы тілектектестігін білдірді.
– Жеңеше, – деді Арай үйден шығып бара жатқан Зейнепті өзіне қарата. – Ағатайға айтыңызшы, Ерасыл елден жылу жинап жүр дейді ғой! Сот қайын ағамды үйқамаққа шығарып алу үшін кепілдікке салатын қаражатқа қосқан үлесіміз болсын, біздің де бір малымызды сатып, шыққан пұлын соған қоссыншы, – деді.
Адам баласының адал сөзі мен тіпті құдай атымен берілетін уәдесінен де кепілдікке ақша ғана жарап, сол ғана сенімді болып тұрған заманның тартқызар зардабы аз болмас әлі де. Бұл да адалдықтың құлдырауы болса керек. Адалдығы құлдыраған адам баласының құрдымға кетуі де оңай емес пе?! Не де болса, тығырыққа тіреліп тұрған заман болды бұл!
Арай осы бір қамкөңіл ойларымен жүріп, кешкі шайын жинастырды да, ертең таң атсымен ұзақ сапарға шыққалы тұрған Арыстанына үйдегі ескі патефонды есік алдына алып шығып, соны қосып беруін сұрады да, өзі далаға шығып отырды.
«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен» деп басталар сол ән кешкі тымық ауаны жаңғыртып жіберді. Есік алдындағы белдеуде байлаулы тұрған Айдардың кер төбелі оқыранып, кісінеп жіберді…

Пікір қалдыру