Мұхтар МАҒАУИН.  А Л Т Ы Н  О Р Д А

Мұхтар МАҒАУИН. 

А Л Т Ы Н  О Р Д А

Танымдық тауарих. ХІІІ-ХІV-ХV ғасырлар

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ, 7.ІХ.2021–6.IX.2023

Айқындама сөзіміз

Алтын Орда ұлысының Қазақ жұртына арналған толымды тарихы тәмам болды. Елесі арманға айналып, ауыр өкінішке ұласқан, шерлі көкіректе тұнған, ешқашан ұмытылмас ғажайып тарихымыз.
Мен бұл тақырыпқа шет жағалап, сонау бір қапас, отарлық заман шеңгелінде күн кешкен 1971 жылы алғаш рет қалам тартқан екем. Советтік таршылық пен арғы тамырым ыз шендестіре байыпталатын «Көк мұнар» романының қосалқы тарауларында. Айбынды Ұлұғ Ұлыстың ең соңғы майданы ретінде Құндызшы ұрысы, жиырма үш жастағы қайтпас қаһарман Темір-Бұқаның танымы мен ең соңғы жекпе-жегі сыпатталатын. Тұмшалап, бүркемелеп айтылған толғамдардың бәрі аман-есен өтіп кетті. Оқырман қауым, әсіресе жастар риясыз қабылдаған роман, ресми басылымдар, әдебиетші, жазарман қауым тарабынан, әлбетте, басқа бір тұрғыда, (тура елу жылға созылған) жаппай сөгіске ұшырап жатса да, осы барымызға шүкір айттық. Бұдан артық, жайыла сөйлеуге мүмкіндік те жоқ еді. Ол заманда арыдағы Шыңғыс хан тұрыпты, берідегі Абылай хан туралы да бір ауыз оңды сөз айту мүмкін емес-ті.
Ақыры, 1991 жылы, қандықол, қыспақты, жыртқыш империя тырапай асып құлады. Басқаны білмеймін, мен – Мұхтар Мағауин бар жағынан азат, толық еркіндікке жетіппін. Өзгеше тұрғыдағы қаншама жаңа шығармаға жол ашылды. Бірінші кезекте – тарихи таным алға шықса керек еді. Әйткенмен, бүгінгі күнгі, ең зәру тақырыптар анталап тұрған: роман, хикаят, әңгіме, ғылыми зерттеулер. Ақыры, Аруақтың нұр сәулелі аянымен, ұлы қағанның дәргейіне бас ұрдық. «Шыңғыс хан», қатарынан төрт кітап. Біздің еркін эмиграция кезеңіміз – 2008 жылы, Еуропада басталып, тиянақталып, 2015 жылы Америкада соңғы межесіне жетті. Арғы бетте де, бергі бетте де өзіміздің тума тілімізде, ешқандай шырғасы шықпай, сол қалпында басылып шықты. Әуелде, жекелей төрт кітап – 2011-2016 жылдары Алматыда, бұдан соң, 2020 жылы, біздің 25 томдық Толық жинағымыздың ХІ-ХІІ-ХІІІ-ХІV кітаптары есебінде.
Бұл екі аралықта «Шыңғыс ханның» жалғасы, сонымен қатар өзінше дербес «Алтын Орда» таңбаға түссе керек еді. Дилогия деп шамалағам. Бабымда тұрсам да, тезінен қамтылуға тиіс басқа бір жұмыстармен және біршама бөгеліппін. Ақыры, асқарға шыққан сексен бір жасымда бел шешіп тікелей кірістім. Кеңінен көсілуге тұрмыс жағдайым да, денсаулығым да кәміл сияқты, әйткенмен, Тәңірі тағаланың қандай да пендесінің ғұмыры шектеулі, енді аңдап басып, мүмкіндігінше шұғыл, сонымен қатар асықпай, бар бабымызбен жұмыс жасау керек еді – екі том емес, мейлінше сығымдалған және толымды, бірегей, жалғыз кітап. Бүгін сол арманның үддесінен шығып отырмыз.
«Шыңғыс ханнан» бір айырма, бұл «Алтын Орда» – түбегейлі зерттеу емес. Сонымен қатар, әлемдік тарихнама өз алдына, бауырлас түрік халықтарының оқымысты жұртшылығы соңғы отыз жылда жеткен соны зерттеулер мен жаңаша танымға қарайлас еңбек дер едік.
Шыңғыс хан империясының Еуразиядағы жалғасы Алтын Орда тарихы – біздің жүмлә түрік қауымы, оның ішінде қыпшақ-түрік жұртының, кейінгі заманнан ажырамас, өзіндік, төл тарихы болып табылады. Бұл тарапта, тіпті, советтік отарлық тәртіп өз күшінде тұрған соңғы жылдардан бастап, әсіресе, зұлымдық империясы құлағаннан бері, біздің туысқан татар оқымыстыларының еңбегі айрықша болды. Баяғы Нұрлы Қазан жауланған қасыретті кезеңнен бастап, бес ғасыр бойы шеңгелі бір босамаған, күні бүгінде құрсауын жазбай отырған, қысылтаяң ахуалға қарамастан, татар бауырлар, совет заманында есімінің өзі елеске айналған Алтын Орданы қайтадан қаз көтерді.
Осы орайда, жаңа серпіннің бастауында тұрған ғұлама оқымысты, тарих докторы, профессор Мирқасым Усмановтың (1934-2010) есімін айрықша құрмет, алғыспен атау – парыз деп білем. Отаншыл, түрікшіл, қайсар Мирқасым бауырым өзі бастап, Қазан Университеті мен Татарстан Ғылым академиясының білгір оқымыстыларын Алтын Орда тарихын зерттеу, тануға жаппай ұйыстырған еді және бұл игі жұмыстарға шет елдік тағы қаншама оқымыстыны тартты. Сең бұзылып, ғылыми таным алғы кезекке шықты. Әйгілі ғалым дүниеден өткен соң, ол мұрындық болған мақсатты шаруалар тоқырауға ұшырамады. Енді бұл қастерлі шаруаны Татарстан Ғылым академиясы Тарих институтының Мирқасым Усманов атындағы, «Алтын Орданы зерттеу орталығы» жаңа қарқынмен жүзеге асыра бастаған. И.Миргалиев, Т.Хайдаров, америкалық Ю.Шамильоғлы және басқа да әлденеше білімдар ғалым Алтын Орда тарихын одан әрмен тереңдете зерттеді. Тек бұрнағы Совет шегі ғана емес, жер әлемнің әр түкпіріндегі ондаған оқымысты ортақ іске бағытталды. М.Усманов қалыптастырған үрдіс бойынша, Халықаралық тағы қаншама ғылыми конференция өткерілді, әрқилы тақырыпты, аса құнды ондаған жинақтар шықты, атаулы журналдар басылды. Бір сөзбен айтқанда, Алтын Орданың бұрнадан бар, бірақ жүйеге түспеген толық шежіресін дәйектеп, қайта жаңғыртып, аса жоғары дәрежедегі ғылыми тарихын қалыптады. Әлбетте, жоқтан құралмаған, көмескіні аршып, барды ұқсату нәтижесі. Және тек өз күшімен, жалғыз-жалаң емес. Айтқанымыздай, әлемдік тарих ғылымының бұрынғы-соңғы жетістіктерімен қатар, жаңашыл оқымыстыларын түгелдей ортақ іске жұмылдырып.
ХХ ғасырдың соңғы үшегі, әсіресе, Советтен кейінгі дәуірде бетін оңға бұрып, тың тыныс тапқан орыс ғалымдары да Алтын Орда тарихының жекелеген мәселелерін айғақтай бастаған. Осы орайда, бұрнағы Г.Федоров-Давыдов, оған жалғас Р.Храпачевский, В.Трепавлов, өзіміздің татар М.Сафарғалиев, кейінгі толқындағы В.Егоров, А.Юрченко, Р.Почекаев, А.Пачкалов қатарлы зерттеушілер тағы қаншама күңгірттің бетін ашқан.
Осы орайда, Еуропа, Америка медиевистерімен қатар, біздің қазақ тарихшылары да өнімді еңбек етіп келеді. Бұлардың кейбірі, мәселен, Т.Сұлтанов, А.Қадырбаев Ресей ғылыми орталықтары арқылы жұмыс жасап жатса, енді біразы, мәселен Ж.Сәбитов, Қ.Өскенбай, А.Көшкімбаев, Н.Күзембаевтар ата жұртында еңбектеніп отыр.
Жинақтап келгенде, бұрнағы патшалық ақ орыстық, коммунистік қызыл орыстық сырқат сана келмеске кетті. Берісі – татар мен қазақ, арысы – орыс пен Батыс жұрттар оқымыстыларының жаппай, бірегей ізденістері нәтижесінде баяғы Алтын Орданың шынайы, толық тарихы қалыптана бастады. Қазірдің өзінде Жошы ұлысын тану жолындағы ғылыми зерттеулер жаңа бір, биік өреге жеткен. Шынында да, Алтын Орда бар екен. Өз заманында әлемнің алдына шығыпты. Асқаралы, ұлы мемлекет болыпты! Және із-түзсіз, біржола жойылып кетпеген. Тікелей ұрпақтары Еуразия шегінде жасап жатыр.
Алтын Орда – талайлы тарихымыз. Және бүгінгі күнде біз үшін мақтаныш, рухани үлгі.
Өткендегі «Шыңғыс хан» тетралогиясы сияқты, мына «Алтын Орда» кітабы да берісі – Қазақ, арысы – бүткіл Қыпшақ-түрік жұртының танымы үшін ғана емес, езілген еңсесін көтеру үшін, өзгеше болашағына нұсқау ретінде жазылды.
Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ
12.ІХ.2023.

Б і р і н ш і  б ө л і м

А Й Б Ы Н

ҰЛҰҒ  ҰЛЫСТЫҢ  БАСТАУЫ

Әлқисса

Ұлан-байтақ Еуразия алқабындағы, Ұлы Түрік қағанатынан соңғы аласапыран, бірлік пен ажыра, өріс кеңейту, қандай да сыртқы күштерден тәуелсіз жағдайға ұмтылу, осы орайдағы әрқилы ішкі және сыртқы соғыстар – алмағайып заман ауқымындағы, түп тамыры ортақ, тілі мен дәстүр-салты үйлес түрік ру-тайпалары ХІІ ғасыр шегінде өзара дербес жағдайдағы екі үлкен суперэтникалық топ құраған еді. Шығыста – Қара Жидұн (Хиңган) тауларынан Орталық Азия – Алтайдың түстік-батыс етегі, ұзын аққан Ертіс өзеніне дейінгі аралықта – түрік-татар жұрты, Ертістен қиыр шалғай – Қарпат жотасының жазаңы, Торлы (Днестр) өзені мен Дунай дарияның етегіне дейінгі аралықта – түрік-қыпшақ жұрты.
Батыс өлке тақау төңірегімен тайталас, тіпті, біршама үстемдік жағдайда күн кешіп жатса, шығыс атыраптағы ахуал мейлінше күрделі, аумалы-төкпелі ғана емес, қатерлі сыпат алыпты. Қағанат дәуірінен кейінгі кезең – тұтас бір жарым ғасыр бойы, туыстас ағайындардың ежелгі керей тайпасы ұйыстырған қуатты әскери одағы – қытай тарихнамасында «Цзубу» («тайпа-рулар») аталатын, түп-тамыры ортақ рулар бірлестігі тынымсыз, екі, үш жақты ауыр соғыстардан соң қырғынға ұшырап, жарым-жартылай кіріптар жағдайға түседі. Енді бұдан әрі өзара дербестенген, бұрнағы күш-қуаты қайтса да, халқы мол, жауынгер керей мен татар, меркіт пен найман әрқайсы өз алдына дербес ту көтереді. Жер көлемі кең, жұрты ұжымды төрт ұлыс. Бұдан басқа үлкенді-кішілі тағы қаншама жұрағат бар еді: қият, қоңырат, жалайыр, қатаған, салжығұт, барын, дүрбен, сүнит, маңғыт, бесүт, барлас, ұраңқай, баяуыт, сұлдұс, кенегес, күрлеуіт, қоралас, телес, төлеңгіт, байыс, байжігіт, оңғыт және басқалар. Бұлардың кейбірі баз-базында іргелі төрт ұлыстың бірімен жұғысса, көбіне-көп дербес күн кешті. Кеше ғана іргелі мемлекет құрамында ұйысқан, ендігі тіршілігі де қанаттас, жалғас бұл ағайындар негізінен алғанда, өзара тату, аралас-құралас, құданда, жекжат қатынаста. Ал еңсесі биік төрт ұлыс – керей мен татар, меркіт пен найман бірегей ынтымақ таба алмапты. Бақталас, тайталас, үнемі дерлік өзара соғыс жағдайында. Дәп іргеде отырған Қытай мемлекеті – әуелде Қидан, кейінірек Шүржен империялары бұл өзара қайшылықты тиімді пайдаланады. Көбіне-көп шартты түрдегі бодандық мәмлеге тоқтап, жеңіл салғыртпен шектелсе, әлденендей сенімсіздік туған жағдайда сыпыра шабады. Айрықша күшейіп, тізгін үзіп бара жатса, біріне бірін соғады. Қисапсыз әскер шығарып, ауыр жорық ұйымдастырады. Тіпті, бейбіт жағдайдың өзінде іргелес Татар ұлысына үш жылда бір атаулы шапқын жасап, кәмелетке толған, қару ұстауға жарайтын жеткіндерін қырып кетеді екен. Алайда, осындай ортақ жау бетінде аталмыш рулардың, өзара туыс төрт ұлыстың алауыздығы тоқталмапты. Берекесіз, бейбақ, кер заман осылай жалғасып жатқан.
Ақыры, жұлдызды 1155 жылы Керей ұлысының одақтас боданы қият қауымы, ел ағасы Есугей-бахадұрдың шаңырағында Темужін деген ұл дүниеге келсін. Ертегілік Алып ер, болашақ Шыңғыс хан. Туған әке бауырындағы әлпешті, барақат күндер, Оң ханның өзінің ордасында еркін жүрген өзгеше өмір. Ұзаққа созылмапты. Ес біліп, төңірегін тани бастаған он екі жасына дейін. Бұдан соңғы бар хикметтің жалпы сұлбасы мағлұм. Тәрізі, көлденең сырқаттан үзілген әке өлімі, енді иесіз қалған қият руының басшылығына ұмтылған аталас ағайынның зорлығы мен зәбірі, арада үш жыл өтпесте Шүржен жұртына құлдыққа айдалған зарлы заман; тұтас он жылдық зобалаң астында қайыспаған, ер жетіп, күші толысып, ақылы марқайған Темужін ғайыптың күшімен азаттық алып, елге оралды. Әкесі айттырып кеткен, үмітсіз жағдайдың өзінде адалынан айнымаған Бөрте-бикемен қосылды. Өкіл әкесі Оң ханның алдына барып, панасын, сүйеніш тапты. Алғашқы жауынгер серіктер тобы тас-түйін жасаққа айналды. Күн озған сайын атақ-абыройы асқан, ағайын жұрт арасында ерекше беделге жеткен Темужін уақыт оза келе бір ата емес, бүткіл ұлыс шегінде кеңінен танылып, ақыры қаншама өткелек, қанды шайқастан соң Керей хандығының билігіне жетті, байтақ Шығыс атыраптың еңселі тұлғасына айналды. Көп ұзамай-ақ, Татар, Меркіт, Найман жорықтарынан кейін бүткіл Татар Даласының бірден-бір әмірі болып шықты. 1206 жыл, Ұлы Құрылтай. Шыңғыс қаған!
Алғашқы жауынгер жасағын ұйыстырып, өкімі мен өрісін кеңейте бастаған болашақ Шыңғыс хан алмағайып күндердің өзінде өмірлік арман, мұратын айқындап алғаны күмән туғызбайды. Әуелгі мақсат – осы кеңбайтақ Татар Даласын жайлаған қырық-елу рудың басын қосып, төбеден төніп отырған жат жұрттың шапқынына төтеп беретін, ауызбірлікті, біртұтас, үлкен ұлыс құру екен. Қаншама қанды шайқас, от кешулерден соң орнына келді – аспани орда тігіліп, айдынды, аруақты ту көтерілді.
Ендігісі – айқын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, соңғы мың, мың жарым жыл бойғы қадым тарихқа бойламаған күннің өзінде кейінгі жеті ата тұсында өлесі қатер болып келген Қытай өктемдігіне қарсы күрес. Және бұл күрес бұрнағыдан басқаша сыпатта атқарылуға тиіс. Осы тұстағы Шүржен патшалығының шапқынын тоқтату, тепе-теңдікке жету ғана емес, ата жауды күйрету, яғни күш-қуатын қайтарып, біржола жуасыту болатын. 1211 жылы басталған жойқын жорық жеңістен жеңіске ұласты. Арада төрт жыл өткенде озбыр империяның Орталық астанасы Чжунду (кейінгі Пекин) бағынышқа түсті, Хуаңхэ – Жасыл өзеннің сол жағалығы түгелдей Еке Моғұл ұлысының иелігіне көшті. Шыңғыс ханның өмірлік екінші мұраты орындалды деңіз.
Енді ұлы қағанның түпкі, ең негізгі – Үшінші мұраты жүзеге асуға тиіс еді. Өзі нықтап айтқандай, бүткіл киіз туырлықты, көшпенді қауымның бір ұлыс құрамында ұйысуы! Яғни, Алтайдан асып, Ертістен озып, ұланғайыр Дәшті-Қыпшақ өлкесінің арғы шегіне жету. Ол деген… ол деген – Қазіргі Қазақстан жерін түгелімен игеріп, жайқын Еділден аттап, сол қанатта Қапқаз, одан әрі Қара теңізді көбелеп, кейінде Еуразия аталған ұланғайыр даланың батыс шегі – Қарпат тауларына дейінгі, туыстас түрік текті қауым жайлап отырған құтты мекенді түгелімен баурап, бір ту, бір низам астына ұйыстыру. Ақыр түбі ұлы қағаннан соң тақау ұрпақтары жүзеге асырған ғаламат құбылыс.

Негізгі бағдар – Дәшті-Қыпшақ

Шыңғыс хан 1211-1215 жылдарғы Ұлы Қорғаннан асып төгілген жойқын жорық нәтижесінде әлемдік Шүржен империясының қарымын қайтарып, келешек күні күмәнді, қалтырақ жағдайға түсірді. Қайткенде алдағы екі-үш ата бойы қауіпсіз. Ендігі назары батысқа – Дәшті-Қыпшақ тарабына ауып еді.
Әуелі жер ортасы Жетісуға таңдама қолбасы Жебе-ноянды аттандырды. Екпіні қатты, бұрнағысын айтпағанда, соңғы, алмағайып Шүржен майданының бас қаһарманы Жебе-ноян жалғыз-ақ жазда қуатты Қара-Қытай ұлысын күйрете талқандап, бүткіл Жетісуды Ұлы Моғұл империясының ғұзырына келтірді. 1217 жыл. Енді шығыс-түрік патшалығы Еке Моғұл ұлысы – бүткіл Түркістан, Иран мен Ауған – байтақ Оңтүстік-батыс Азияны тұтасымен қамтып жатқан құдіретті Хорезм империясымен шектесіпті. Шыңғыс хан бірден-ақ арнайы елшілік жолдап, ежелгі әулет өкілі, ғұзыры зор, соңғы жиырма жылдағы қат-қабат жеңістің буымен өзін Екінші Ескендір деп жариялаған хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедпен жалғасады. Сен – Батыс әмірі, мен – Шығыс әмірі, ынтымақта болайық, депті. Осыған орай бейбіт көршілік, Жібек Жолының еркін ашылуы, керуен, сауда келісімі. Шыңғыс ханның жаңа бір жорық бастау ойы жоқ. Тек Мәуреннахр шегінде ғана жарым миллионнан астам әскер ұстап отырған құдіреттен имену емес, пайдалы қатынас, тиімді саясат жөні. Айтқанымыздай, ұлы қағанның түпкі мұраты – Дәшті-Қыпшақты үлкен үйірге қосу болатын.
Міне, абадан, жаңа көршімен осындай келісім шақта Шыңғыс хан тұңғыш ұлы Жошы мен қарымды, данагөй қолбасы Сүбітай-бахадұрды Батысқа қарай бағыттайды. 1217 жылдың соңы, күз түсе бір түмен жасақпен үдере аттанған Жошы жер қарада бұрнада өткерген үйреншікті сорап – көлденең Танну-ола тауынан асып түсіп, екі қабағы биік Енисей – Кем-дарияның қалың мұзы арқылы Қырғыз ұлысының тура төбесінен түседі. Осының алдында ғана қайта көтерілген екі бөлек, асау жұртты түпкілікті бағынышқа келтірген соң, Ертістің етегі, Құлынды, Барабы даласын басып, Шығыс Дәшті шегіне жетіпті. Өзімен бір шамада аттанған, тәрізі, Алтайды көктей өтіп, Сары-Арқаның бұрнадан танымал шығыс атырабында қыстап шыққан Сүбітай-бахадұрмен ұштасыпты. Жошы бастап, Сүбітай қостаған екі түмен енді бүгінгі байтақ қазақ даласын жалпағынан сүзе жылжиды. Жергілікті қыпшақ қауымымен мәмле, бірлі-жар қарсылықты жаныштау өз алдына, негізгі бір мақсат – бұдан он бес жыл бұрын уыстан шығып кеткен, тәрізі, қыпшақ жерінде пана тапқан Меркітті елдіктен айырып, біржола қирату болатын. Ақыры, Ырғыз өзенінен өтіп, Мұғажжар етегінде іздегенін табады. Меркіт ұлысының ең соңғы ұжымды жасағы, бұл тараптағы бүткіл ел-жұртымен қоса қырғынға ұшырайды.
Осыған жалғас, Меркіт майданының ертеңіне болған өзгеше оқиға – Хорезмнің алпыс мыңдық ірікті әскерімен арадағы қырғын соғыс сұлбасы бар тарихтан белгілі. Нақты тарихи деректер негізінде дәйектеп айтсақ, хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедтің өзі бастап шыққан алпыс мыңдық қалың қол жиырма мың жауынгерінен өлідей айрылып, түн қараңғысында жылыса қашып, әрең-пәрең бас сауғалаған екен.
Кейінде Ырғыз ұрысы аталған дәп осы қанды майданға қатысты азғана кілтипан бар. Тақ мұрагері, бас қолбасы Жошы, осыдан жарым күн бұрын ойран болған апат алаңында бір сәт іркілмей, өкшесін баса, суыт шыққан, кештен – түнге, одан таңға жалғасқан шеру нәтижесінде Еке Моғұл жасағын қуып жеткен Хорезм әскерімен соғысқысы келмейді. Өткен жылғы бітім жайы белгілі, одан бергі әлей оқиғалардың хабары жетпеген. Бұл кезде екі ел қияпат зобалаң жағдайында тұр. Өткен жазда хорезмшах бар уәдесінен, жазба куәліктерден бас тартқан. Ілкідегі бейбіт келісім шарт бойынша жырғалып жеткен, тоғанақты бес жүз түйелік бай керуен тонауға түседі, керуенші төрт жүз елу кісі түгелдей өлімге кесіледі. Өйткені… хорезмшах шайтан азғырып, әуелгі сөзінен айнып қалыпты. Бар кесел – кейінгі тарихшылар айтып жүргендей, хорезмшахтың өзінің, немесе Отырарда билік құрған нағашы аға Қайыр ханның ашкөздігінде емес. Жарым Азияны бауырына басып алған ғаламат империяның егесі Ала-ад-Дин Мұхамед үшін бес жүз түйелік қазынаның бес тиындық қана балауы бар. Керуенді тонау, керуеншілерді қырып тастау – бұрнағы келісім шарттарды жоққа шығару – аралықты ажырату, әдепкі жанжал емес, қан майданға сұрану есепті болатын. Негізгі кілтипан – қашанда кеш ойлайтын хорезмшахтың топас тасырлығынан емес, ол замандағы жер жаннаты Жетісуға кім иелік етеді деген мәселеден туындаған. Бұрнағы тайталас Қара-қытай ұлысы қирады, соншама байтақ қоныс, бар байлықты Шыңғыс хан басып қалды. Енді Еке Моғұл ұлысын оңай жау көрген хорезмшах қазаға ұшыраған керуеннің сұрауымен келген бас елшіні және өлтіріп, қалған екі елшінің сақалын күзеп қорлап, бар зілімен кері қайтарады. Есіркегеннен емес, хабаршылық үшін. Және атап айтып, Шыңғыс ханға ашық соғыс жариялапты. Ізінше, жүз мың әскермен Жетісу жеріне келіп кіреді. Бұл кезде Жебе-ноян Еке ұлысқа қайтып кеткен. Жаңа әкімшілік орнықпаған. Есебі, өзінен өзі қолға келіп түскендей. Бүгін. Ал ертең – Жетісуды көктей өтіп, мәжуси Шыңғыс ханның ұйықты жұртын ойрандау керек. Қайткенде әжептәуір соғыс. Хорезмшах ел астанасы Самарқандқа кері оралады. Бірақ көп ұзамай, ірікті алпыс мың әскермен Қыпшақ сақарасына аттанады. Қазіргі Қазақстан шегі. Шыңғыс ханға қарсы жеңісті, үлкен майдан алдында, ту сыртын тазарту, яғни желкедегі Қыпшақ жұртын біржола жаныштап кетпек төтенше шара. Сүйтіп, Сары-Арқаның төрінде, күтпеген жағдайда, кейінгі оқиғалардан мүлде бейхабар ханзада Жошының жасағымен кездесті…
Біздің бұрнада жазғанымыз бар. Ырғыз ұрысында Хорезмнің тағдыры шешілді деп. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы мен кейінде әлемге әйгілі ұлы қолбасы Сүбітай-бахадұр бастаған жиырма мыңдық шолғыншы жасақ – Ала-ад-Дин Мұхамедтің таңдама алпыс мыңын біржола жойып жіберуге шақ қалды. Алып мемлекеттің шегін одан әрмен ұлғайтып, жаңаша қуатқа жеткізген тәжірибелі қолбасы хорезмшах өзі оп-оңай санаған жауының кім екенін нақты таныды. Және ел тынышта тілеп алған зор майданның қалай аяқталарын кәміл түйсінді. Сондай-ақ, Жошы мен Сүбітай басқарған шектеулі әскер – екі түменбасы, жиырма мыңбасы, қалған бүткіл жауынгер жасақ та алдағы дұшпанның соғыс тәсілдерін, әлсіз тұстарын нақты пайымдаған еді.
Анығы – он бес-жиырма, бәлкім, отыз жылдан соң ғана тұтануы ықтимал ғаламат соғыс тым көп ұзамай, 1220 жылдың соңғы айында басталады. Арты немен тынғаны бар тарихтан белгілі.

Үлкен ұлдың мерейі

Хорезммен соғыс ойда, есеп-қисында жоқ кезде, әуел бастан-ақ, бүткіл Дәшті-Қыпшақ Жошының үлесіне кесілген. Алдағы уақытта кемеңгер әкенің дәрежесі төменірек, бірақ ғұзыры зор серіктесі. Бүгінгі замандағы білгір, парасатты тарихшы В.Трепавлов дәйектегендей, түрік жұртында алғашқы қағандар заманында қалыптасқан дәстүрлі дуумвират: бағзыдағы Бумын қаған мен Естеми қағаннан басталып, Білге-қаған мен Күл-тегін бахадұрға дейін жалғасқан ежелгі дәстүр. Әкенің көзі тірісінде қанаттас көмекші, болашақта бірден-бір тақ иесі мұрагер.
Жошы – ол кезде жалаңқылыш, жалғыз атты Темужін, болашақ Шыңғыс ханның ақылды, адал жар Бөртеден, бір қыздан соң туған тұңғыш ұлы. 1182 жылы дүниеге келген. Әлбетте, ең жоғарғы деңгейдегі далалық тәрбие мектебінен өтеді. Жеткін шағынан әкесінің жауынгер жасағы құрамында. Алғаш рет дербес қосын бастап шығуы – 1206 жылдың қара күзі. Байкөлдің түстік-батыс атырабында қоныстанған Орман жұртын бағынышқа түсіру жорығы. Айтарлықтай қарсылықсыз, біршама бейбіт жағдайда Жошы әуелі түрік текті барғұт, тұмат, мұңғыл текті бурят, қоры тайпаларын Еке ұлыс құрамына қосады. Бұдан соң Сегіз-мүрен, Саян алқабында тірілік кешіп жатқан үлкенді-кішілі тағы біраз руларды қаратады. Алда үлкен Енисей – Кем дарияның бойы, Минусы даласын жайлаған қуатты қырғыз ұлысы тұрған. Жошы қысқы дарияның тоң мұзы арқылы Батыс Саян тауларын кесіп өтеді де, Кем-Кемжүт бойында отырған Түмен-Қырғыз ұлысының қақ желкесінен шығады. Ауыр соғыс, тау қамалдарын қирату нәтижесінде бүткіл өлкені бағынышқа келтіреді. Бұдан соң Минусы жазығына жетіп, бұл аймақты қоныстанған Еди-Орұн (Жеті-Орын, Жеті-Жұрт) ұлысын шабады. Бірталай қарсылықтан соң мұндағы қырғыз да бағыныш танытыпты. Ізінше, батыста жапсарлас отырған төлеңгіт, телес тайпалары да өз еріктерімен құлдық ұрады. Шыр айнала шеңбер жасап, түстік тараппен қайтқан жолда түрік текті байыт, байжігіт, таз, тоқас рулары да Еке Ұлыстың ғұзырын мойындайды.
Өзінің қолбасылық үлкен дарынын танытқан, бодандыққа жаңадан өткен ру, тайпа басшыларымен бірге Ордаға жеткен жиырма төрт жастағы Жошы ханзада қаған әкесінің алғысын алып, мейлінше мадақталған екен. «Сен менің ұлдарымның үлкені едің, енші алмай тұрып, ауыр жорыққа аттандың, енді сәтімен оралып отырсың. Әскерің артық шығынсыз, ат-көлігің күйлі, өзіңнің дені-қарның сау. Міне, бүткіл Ағаш елін бағынышқа түсірдің. Енді осы жұртты өзіңнің жеке иелігіңе бұйырамын!» – депті. (Көп ұзамай-ақ, Еке Моғұл ұлысының өрісі кеңейіп, Батыс тарапқа еркін аяқ салғанда, Жошының үлесіне бүткіл Дәшті-Қыпшақ белгіленіп, әуелгі иелік – Таулы Алтай, Тыба, Қырғыз өлкелері Түпкі жұрт, яғни кенже ұл Төленің еншілігіне көшеді.) Мұнымен ғана шектелмеген. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыны өзінің ізбасары – болашақ тақ мұрагері ретінде белгіледі деп айтар едік. Жошының сөзсіз мұрагерлік мәртебесі туралы нақты деректер заманалық аса құнды жәдігер «Хуан Юань шэн-ву Цзин-чжэн лу» – «Қасиетті Юань Әулие-жихангерінің жеке жорықтарының сыпаттамасы» және байтақ шежіре «Юань ши» – «Юань империясының тарихы» (ондағы «Хэсымайлының ғұмырдерегі» тарамы) арқылы жеткен.
Бұдан соңғы кезеңде Жошы Шүржен жорығына да белсене араласады. Әкесіне селбесе отырып, басқа да қолбасылармен қанаттаса жүріп, талай майдан атқарыпты. Әуелде Е-Ху-Лин – Түлкі-Асудағы шешуші ұрыс – Еке Ұлыстың 90 мың әскері Шүрженнің 400 мыңдық қисапсыз қолын қиратып жеңген зор майданға қатынасады. Бұдан соң үш лекке бөлінген әскердің оң қанатында, інілері Шағатай, Өкетаймен бірге, қол бастап, жаңа жеңістерге ұйытқы болыпты. Жошы, түптеп келгенде, 1211–1215 жылдарғы аса ауыр Солтүстік Қытай майданында үлкен абыройға жетеді. Осы және кейінгі Хорезм соғысына қатысты қаншама қызметіне қарай, Жошыны Шыңғыс хан заманындағы ең атақты Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр, Мұқалы-гованға тетелес қолбасы деп айғақтар едік. Кісі тануда қателесіп көрмеген ұлы қағанның Жошыны айрықша ақыл-парасат, әскери дарын, саяси және ұлыстық санасы үшін өзіне ең жақын серік ретінде бағалап, бұлар да өзгеше тұлға ретінде бой көтерген тетелес інілерінің бәрінен озғын бітім, қасиетіне қарай өзгеше сенім артуы заңды жағдай болатын.

Хорезм майданы

Хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедтің Еке Ұлыспен арадағы бейбіт көршілік, Жібек Жолындағы керуен құқұғы, өзара еркін қатынас туралы келісім шартты өрескел бұзуы – кейінгі тарихшылар дабылдатып жүргендей, Хорезм сияқты кенеусіз бай, ғаламат байтақ империя үшін мән-мәнісі шамалы бес жүз тоғанаққа қызығу емес, екі ел арасындағы қисынсыз соғысқа жол ашу, көпе-көрнеу зодыр, сыныққа сылтау болатын. Мана дәйектедік, аралық қайшылықтың басты себебі – Хорезммен жүз жылдан бері тайталас келген Қара-Қытай империясының күйреуі нәтижесінде жер жанаты Жетісудың ендігі иесі кім болуға тиіс дейтін дертті мәселеге тірелген. Бұрнағы және қазіргі заман тарихшылары айтып жүргендей, әуелде жанжалға ұмтылған және бастап соғыс жариялаған – ұлы қаған емес, хорезмшах болатын. Шыңғыс хан қабылдады. Тура жолынан бұрылып, амалсыздан. Айтқанымыздай, Қытайдың бетін қайтарғаннан соңғы негізгі мұрат – батыстағы түрік жұртын, яғни, бүткіл Дәшті-Қыпшақ даласын үлкен орда құрамына ұйыстыру болатын. Жошы ханзаданың Шығыс Дәшті, есебі бүгінгі Қазақстан шегін икемге келтіру жорығы – ұланғайыр істің бастауы ғана. Бұдан әрі Еділден өтіп, Батыс Қыпшақты қосып алу мақсаты тұрған. Алайда, орта жолда, өзіне сенімді, қисапсыз, бір миллиондық әскерінің буымен есірген парықсыз хорезмшах келіп араласты. Және кейінгі заман тарихшыларының өзі атап көрсеткендей, бүгінгі тұрыпты, сонау ерте дүние, ортағасырлық саясат пен дипломатияның өзіне сыйымсыз зорлық пен қиянатқа жол берді. Ал Шыңғыс ханның ту сыртында, қираса да қауқары қайтпаған, әлі де қатерлі Шүржен империясы тұр. Енді Дәшті-Қыпшақ мұраты белгісіз уақытқа кері шегерілді.
Менің зәредей кінәм жоқ, бар пәлені бастаған қастас дұшпанның өзі, енді Тәңірі қуат берсе, ұлы жорыққа аттанамын деп, мойнына кісесін салған Шыңғыс хан шамасы бір жүз елу мың әскермен Батысқа қарай үдере атанды. 1219 жылдың ерте көктемі екен. Еке ұлыстың бар қуаты жинақталған темір түмендер үш лек болып, бірі – Алтайдың қарлы мұзынан асып, екіншісі – аптап пен шөлден соң Жоңғар қақпасынан өтіп, үшіншісі – қамал бұзар өзгеше жарақ сүйретіп, қысылтаң Талқы асуы арқылы, шамасы мамыр айының соңына қарай Ертіс пен Еміл бойы, Іленің орта ағысына жетеді. Жаз айлары ең соңғы дайындық, ат семірткен, әскер дамылдаған, қару шыңдаған қатерлі тыныс үстінде өтіпті. Күз түсе салқар шеру басталады. Қалың қолдың алғы легі Желтоқсан айының орта шенінде, ежелгі қыпшақ шаһары, бұдан он жыл бұрын Хорезм басып алған Отырар – енді алып империя ғұзырындағы шекаралық қамалға келіп жетеді. Тезінен берік қоршау. Әскердің шағын бір бөлегі ғана. Арада апта өтпей, Шыңғыс ханның өзі бастаған негізгі күштер егіз дария алқабына бойлай еніп, Бұхара, Самарқанд қалаларына қарай бет түзепті. Ал Жошы ханзада, шамасы екі түмен жасақпен Сейхұн – Сыр-Дарияның еңісіне қарай аттанды. Айтарлықтай қарсылықсыз жеңіл жылжып, бұрнағы Қарахан ұлысының әйгілі қалалары: Сығнақ, Женд, Үзгенд, Баршынкент, Ашнас, Жанкент шаһарларын, ежелгі түрік қонысы, үлкенді-кішілі тағы қаншама елді мекен – Арал теңізіне құлаған бүткіл Сейхұн-Сыр бойын хорезм-парсы өкімінен бостан қылыпты. 1220 – мамырға дейін, айналасы төрт ай ішінде. Дарияның ұзына бойы, тақау төңірегін түгел алған Жошы осыншама уақытта артық шығын, орынсыз қантөгіске жол қалдырмаған. Алалық жоққа жақын, түп-тамыры ортақ ағайын жұрт қайта табысқандай. Жошы барлық қала, кент, елді мекен атаулыға жергілікті әкімдерін бекітіп, әскеріне тыным берді дейді.
Тарихи нақты мұралардан көрінетіндей, Жошы ханзада Хорезмнің ұйықты орталығы Мәуреннахрдағы үлкен майданға араласпайды. Самарқанд, Бұхара және басқа да елеулі қалалар Шыңғыс ханның қолына өтіп жатыр. Әрине, қаған әкемен арадағы байланыс тоқталмаған.
Бар тапсырыс орнына келген соң Жошы Қызылқұмда аял қылды дейтін дерек бар. Содан Үргеніш соғысы – жыл аяғы Желтоқсанға дейін Сары-Арқаға қайта көтерілді деп шамалар едік. Жиырма мың әскер ұзақ жаз, сары күз – алты-жеті ай бойы Қызылқұмға сыймас еді. Шын мәнісінде, кейінгі қазақтың түпкілікті қонысы Жошы мен Сүбітайдың 1218 жылғы жазғы жорығында толық игерілген. Енді етене мекен есепті. Үлкен ұл, тақ мұрагері Жошының меншікті иелігі, кейінгі Алтын Орданың Сол қанаты, одан соңғы Қазақ Ордасының ұйықты орталығы. Яғни, біздің қазақ жері, бұрнағы 1218 жылды үстірт санасақ, осы 1220 жылы Шыңғыс хан империясы – Еке Ұлыс құрамына біржола қосылды.
Ал Хорезм патшалығының байтағы Үргенішті қамалау – хижраның 618 санаты, зүлқада – 1221 жыл, январь айында басталыпты. Жошы өрісі тақау, бұрын жеткен Шағатай мен Өкетайға сәл-пәл кейінірек келіп қосылған екен. Осы орайда айта кетер бір жағдаят – жолайғы ауылдық мекен, шағын кенттердің барлығында қанды қазаға, тонау мен зорлық-зомбылыққа жол бермеген. Енді ағайынды үшеу әйдік шаһарды қоршалау жұмыстарына, ұтымды шабуылға дайындалады. Қамал түбінде жиыны алу мың аламан топталған екен. Әлбетте, тікелей ұрыстан бұрын – бейбіт келісім жөні. Алайда, толық жүз мың әскері бар, оларға кемі жиырма-отыз мың жасақшы қосылған, неше қабат қорғанды Үргеніш ешқандай жөнге келмейді. Өзіне еншілі Хорезм аймағының бас қаласы, халқы мол, базары дулы, сарайлары сәнді, ертегілік шаһарды қадарынша бүтін, қирамаған жағдайда, адамын да артық шығынға ұшыратпай қолға түсіруге тырысқан Жошының бар әрекеті жоққа сайыпты. Қарсылықсыз берілген қала атаулы ешқандай қиянатқа ұшырамайтын рәсім бар, менің иелігіме бөлінген жұртты өз қорғауыма алам деп, шаһар басшыларына әлденеше мәрте елші жіберсе де, мәмлеге көндіре алмапты. Әйтсе де, үміт үзбей, екпінді шабуылға кеңінен жол бермей отырғаны аңдалады. Осы орайда Жошы мен дәулетті, әйдік, ең бастысы – жаулас жұрттың астана байтағын тезірек алуға тырысқан тетелес іні Шағатаймен арада алауыздық туындағаны, бұл хабар құлағына шалынған Шыңғыс ханның үлкен ұл Жошыны бас қолбасылық мәртебесінен айырып, негізгі міндетті үшінші ұл Өкетайға тапсырғаны белгілі. Енді ең соңғы сәтте иліккен жұрттың өзіне ешқандай рақым жоқ еді. Үш ай қорғанған Үргеніш айналасы бір аптада құлайды, әскері ғана емес, қарашы жұрты да жаппай қырғынға ұшырады, бұдан да зоры – Жейхұн дарияның арнасын бұрған алып бөген бұзылып, байтақ шаһар топан су астында қалады. Ендігі ел иесі үшін үлкен өкініш, орны толмас шығын. Қайткенде, кейінірек қадарынша қайта тұрғызылған Үргенішпен қатар, ежелгі Хорезм патшалығының ұйықты, тұтас бір аймағы Жошы ұлысының құрамына қосылған еді. Алтын Орданың ырысты, байлығы шалқыған тірек аймақтарының бірі және бірегейі.
Мәуреннахр, Хорезм тарабындағы негізгі мақсатына жеткен Жошы Үргеніштегі көлеңкелі күндерден соң қаған әкенің алдынан өтіп, рұқсат, ризашылық жөнімен Сары-Арқаға біржола орнығады. Бас ордасын Ұлатауға тігіпті. Және бүткіл Дәшті-Қыпшақ өлкесін болашақ ұрпағының құтты мекені ретінде қабылдайды. Осы орайда айтқан әйгілі лепесі бар. Ауасы хош, суы тұнық, жері жайсаң Дәшті-Қыпшаққа жетер қоныс –әлемде жоқ, деген.
Хорезм империясының ғұзырындағы Мәуреннахр біржола тыншып, Иран мен Ауғанстан, Хорасан мен Тоқарстан жуасып, күні кешегі алып империя Ұлы Хорезм жоққа айналған соң, бар мұраты орнына келген жихангер Шыңғыс хан ата жұрт Татар Даласына бет бұрады. 1222 жыл, желтоқсанның ақыры. Самарқанд түбінен. Бар әскері, Орда, ұжымымен. Жайыла жылжыған байсал жүріс. 1223 – қой жылы, қыстың соңы, көктемде Шыршық, Келес бойында. Жазда – Жетісу, күзде Ала-көл, Еміл. Бір сөзбен айтқанда, кейінгі Қазақ жері. 1224 жылы көктемде шығысқа қарай біржола бет бұрыпты. Ал Жошы өз ордасы, бар жасағымен жаңа жұрты Шығыс Дәштіде қала берген.
Айтқанымыздай, бас Ордасы Ұлытауда. Тек Шығыс Дәшті мен Хорезм уәлаяты ғана емес, өзіне өкілет берілген Мәуреннахр, Жетісу – бүткіл Батыс аймақтың ағасы. Ұзын арқандағы дербес әмірші есепті. Ендігі бағдар – Еділдің арғы беті. Алдағы мұрат. Бірақ әзірше құдіретті қағанның арнайы жарлығы жоқ. Бірақ дайындық шаралары тоқталмаса керек. Күш жинап жатыр. Соның бір көрінісі – 1226 жылғы Таңғұт жорығына әскер қоспайды. Әрине, ұлы қағанның рұқсаты бойынша.
Ақыры, Дәшті-Қыпшақ әмірі, болашақ Алтын Орданың негізін дәйектеген Жошы 1227 жылы қыс соңында көлденең қазаға ұшырапты. Төтенше сырқаттан емес. Ілгерінді-кейінді шыққан әрқилы алыпқашпа әңгімелердің де ешқандай тарихи тиянағы жоқ. Даладағы аңшылық кезінде, қайыра шапқан құлан (анығы – тарпаң) айғыры тапап өлтіргені қазақтың тарихи аңыздарында айғақталған. Бұл деректі негіздей түсетін жазба куәлік те бар – Өтеміш қажы – «Шыңғыс-нама». Кет-Бұқа күйші Жошының қайғылы қазасын Шыңғыс ханға естіртіпті дейтін «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі, әсерлі аңыз, толғамалы жырымен қоса күні бүгінде дүйім қазаққа мағлұм. Жошы ханның басында, ауыр қазадан соң аз ба, көп пе уақыт өткенде, бәлкім, біршама кейін, Берке хан тұсында жаңартылған, заманынан озған еңселі, сәулетті күмбез тұрғызылады. Қазақ жеріндегі, өткен даңқты тарихымыздың айғайындай қастерлі ескерткіш Сары-Арқаның төрі, Ұлытауда, Кеңгір өзенінің бойында тұр.
Біз 2011–2015 жылдар мұғдарында жазған төрт томдық Шыңғыс хан эпопеясында кейінгі ұрпақ айрықша ұлықтаған Жошы ханның да бар болмысын біршама бажайлап жазған едік. Енді жаңа кітап – Алтын Орда тарихының тұтастығы үшін қысқаша қайталап еске салуға тура келді.

Батыс Дәштіге барлау

Жошының 1218 жылғы, Шығыс Дәшті жорығы Меркіт соғысынан кейін бейбіт аяқталуға тиіс еді. Ойламаған жерде, амалсыз жағдайда Хорезм әскерімен қақтығыс туындады. Кейінгі тарихта айтылатындай, тепе-тең майдан емес. Ибн әл-Асирдің нақты жазуынша, ойсыраған шығынға ұшыраған Ала-ад-Дин Мұхамед келесі таңдағы ықтимал және алапат ұрыстан бой тартып, түн жамылып, жылыстап қашады. Яғни, сөзсіз жеңіліс. Ол да ендігі қажетсіз шайқасты қаламаған, бірақ алғашқы күнгі жеңіске сенімді Жошы да ат басын өз еліне қарай бұрады. Бұл кезде бес жүз түйелік бейбіт керуені тоналып, төрт жүз елу қосшы ғана емес, екі мәрте елшілігі де қазаға ұшыраған Шыңғыс хан құдіреті күшті, ант бұзған Хорезм патшалығына қарсы соғыс қамына кіріскен. Шамасы, арада екі ай өткенде ұлы қағанның алдына жеткен Жошы мен Сүбітай, және оларға тетелес жиырма мыңбасы бахадұр, нояндар Ырғыздағы ұрыстың мән-жайын тәптіштеп айтпақ. Әлбетте, онсыз да өзіне, халқы мен әскеріне сенімді Шыңғыс хан оқыс жеңілейді. Алдағы зор майдан, сөз жоқ, ауыр, бірақ ұтымы анық.
1219 жылдың көктемі, Ертіс пен Еміл, Іленің орта ағысына жеткен қалың қол жаз бойы тынығып, күзге қарай салқар шеруге түседі. Желтоқсан айының бас кезінде Хорезм империясының шеткі шаһары Отырардың түбіне келіп шоғырланды дедік. Сайыпқыран қолбасы, данагөй көсем Шыңғыс хан алдынала шамаласа керек, хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамед шешуі шайқас, үлкен ұрысқа дауаламайды. Бар әскерінен айрылып, бірден-ақ жер боларын байыптаған. Жаңа стратегия бойынша, берік қамалды әйдік шаһарлар әрқайсы жеке-жеке қорғануы шарт. Мәжуси көшпенділердің тісі батпауға тиіс. Бірақ бұл – ескірген мағлұмат еді. Шүржен майданынан соң Шыңғыс хан әскері қамал бұзудың жаңа тәсілдеріне жетіккен болатын. Бұрнада жазғанымыздай, ілкіде айтқанымыздай, енді қандай да берік бекініс бөгет емес.
Ұлы қаған Отырар түбінде Шағатай мен Өкетайды қалдырып, Жошыны Сейхұн – Сыр-дарияның еңісіне бағыттап, өзі орталық түмендермен Қос-өзен алқабына бойлап енеді. Әуелі, үлкенді-кішілі кенттерді айтпағанда, әскері мол, қамалы қапысыз Бұхара құлады. Келесі кезекте – Ұлы Хорезмнің жаңа астанасы Самарқанд тұрған. Жүз он мың сарбазы бар мызғымас бекініс. Бірақ көреген қағанның бар есебі түзу. Екінші күні таңда, әлі қоршалау басталмай тұрған кезде бір түмен әскермен Сүбітай-бахадұрды аттандырады. Келесі, әлде арғы күні тағы да бір түмен жасақпен Жебе-ноянды жорық жолына бағыттайды. Мақсат – Еке ұлыс қарулы күштері ел шетіне жеткен кезде бетпе-бет ұрысқа шыдамай, астана Самарқандтан безіп шыққан Ала-ад-Дин Мұхамедті қолға түсіру болатын. Бұл кезде хорезмшах Жейхұн дариясының арғы қабағы, Мерв пен Балх аралығындағы шағын бір кентте аңыс аңдап отырған. Соңынан қуғын түскенін білген соң, ары қарай қашады. Үлкен патшалығының ішкі өңіріне. Бұдан соң одан әрі, тағы бір қиырға. Сүбітай-бахадұр мен Жебе-ноян кейде бас қосып, көбіне әрқайсы өзінше, хорезмшах жүріп өтіпті, бара жатыр, немесе тығылып отыр деп шамаланған қаншама өлке – Хорасан, Парсы-Ғирақ, Мазендаран, Түстік Әзірбайжан және іргелес тағы соншама өңірді жаппай сүзіп шығады. Жай ғана жүріс емес, тынымсыз майдан және аталмыш өлкелердің сөзсіз бағынышы. Жаңадан әскер жинауға мүмкіндігі жоқ, қайда барса береке таппаған, патшалығынан ғана емес, шыбын жанынан да түңілген хорезмшах тірідей қолға түспейді, ақыры Хазар теңізінің түстік беті, Әбескүн жағалауында әлдебір иесіз аралда құса мен қорлықтан өлгені белгілі. Әзірше, өлмесе де есептен тыс.
Енді Шыңғыс хан Жебе-ноян бастап, Сүбітай-бахадұр қостаған екі түменді Қапқаз асып, Батыс Дәштіге өтуге бұйырады. Адамзат соғыстары тарихында теңдесі жоқ ұлы жорық өзінің негізгі бағдарына түсіпті. Жолай Армения мен Грузияны бар қуатынан айырып, бұдан соң Ширван шатқалы арқылы Терістік Қапқазға өтеді. Жолай тар қапшағайда бекінген алан әскерін талқандайды, әуелде бұларға қосыла соғысқан қыпшақ жасағымен түсіністік табады. Бұдан соң кең дүние – Терістік Жазыққа шығыпты. 1222 – Тауық жылы, мамыр айында.
Осы орайда, мұсылмандығы күшті, «дінсіз жабайыларды» жек көретін Ибн әл-Асирдің Татарлар күні кеше ғана, сендер мен біз – ағайындас бір жұртпыз, өзара жағаласатын жөніміз жоқ деп, аландардан бөліп жіберген қыпшақты соңынан қуа шығып, түгелдей қырғынға ұшыратты дейтін лепесі мүлде қисынсыз. Көпе-көрнеу алдамшының қандай да сөзіне бұдан кейінгі жерде кім сенбек. Керісінше, осы әуелгі қыпшақпен біржола одақтасқан сияқты. Осыдан соң жауласа жүріп, жекелеген басқа да топтармен тіл табысқан реттері байқалады. Жалғас кезеңде Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр әскерінің құрамында қыпшақтардың көп болғаны туралы нақты деректер бар. Сондай-ақ, әр тараптағы қыпшақпен өзара шайқас та біршама орын алған. Түбі бір туыс дегенмен, әзіргі ел-жұрттары бөлек. Және баяғы Түрік қағанаттары дәуірінен бері тіл мен дәстүр, салтта азды-көпті айырым белгілер пайда болған. Қайткенде, Шығыс пен Батыс – екі жұрттың алалығы біршама. Қыпшақ үшін ауыр шығын, үлкен дүрбелең. Біз бұдан бұрынғы «Шыңғыс хан» тетралогиясының үшінші кітабында бұрынғы-соңғы бүткіл Қыпшақ ахуалы, Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұрдың Батыс жорығы туралы бажайлап жазғанбыз.
Ақыры, ойран-топан болған қалың қыпшақтың бір тарабын билеп отырған Күтен хан іргелес жұрт, үйреншікті жау, қайткенде аралас, әрі құданда Орыс кінәздіктерінен көмек сұрайды. Кейінгі тарихтан әйгілі Күтен хан.
Көпшілігі қыпшақ нағашылы, бұрнағы әжелері мен кейінгі аналарын айтпағанда, өздері де қыпшақ қыздарынан алып отырған, көбінің түрі орыс емес, дала жұртына бейім, екі тілге бірдей жетік орыс кінәздері түп көтеріле аттаныпты. Жиыны бір жүз үш мың қалың қол. Ал қыпшақтар… Күтен ханның шеткері ұлысынан құралған әскер саны анық оң мыңға толмаған сияқты. Бәлкім, бес-алты-ақ мың. Күтен ханның өзі де, әлде бұрнағы соғыстан жарадар, әлде жүрегі дауаламаған, Галич кінәзі, Ақжолтай атанған Мстислав Удатныйдың сарайында, кінягиня қызының қасында қалыпты. Ал азғана әскеріне орыс воеводасы сайланған екен.
Қысқасы – әйгілі Қалқа ұрысы. 1223 жыл, 31 май. Зор майдан, қисапсыз қырғын. Кейінгі орыс тарихшылары қалай бұрмалап, қайтіп мипаздаса да, ақырғы нәтижесі даусыз: орыстың жүз мыңнан астам әскері жиын саны өздерінен бес есе кем жат жұрттық жасақтан қирап жеңіледі. Жай ғана жеңіліс емес, түгелге жуық қырғын тапқан. Заманындағы орыс жылнамаларының куәлігі бойынша, қиян далаға аттанған әскердің оннан бірі ғана аман қайтыпты. Кемі тоқсан мыңы қазаға ұшыраған. Әдетте, әркім өзіне тартады, тіпті, он мың емес, бес-алты мыңы ғана бас сауғалауы мүмкін. Ұрыс үстінде, қуғын кезінде өлгендері өз алдына. Татарлар тірі тұтқын алмаған. Тіпті, қоршауға түсіп, ақыр түбінде шөл мен аштықтан азып-тозып, қарсылықсыз берілген Киев жасағы – ұзын саны қырық мыңнан астам жауынгер түгелдей қылышқа шалынады. Өйткені… орыстар осының алдында ғана, аралық мәмлеге жүрген елшілерді түгел өлтірген екен. Далалық ұғым, Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы бойынша, бейбіт елші атаулыға қиянат тек қанмен ғана жуылуға тиіс, кешіргісіз қылмыс.
Ал қыпшақтар… Күтен ханның жасағы алғы шепте тұр екен, таңғы, тосын шабуыл басталғанда ауыр шығынға ұшырайды, әйткенмен, жүйрік аттарының арқасында көпшілігі аман құтылған сияқты. Бұл қыпшақтар, өздері қашып бара жатып, олар да жан сақтау амалындағы орыс тектілерге шабуыл жасады, жағалай өлтірді, ат-әбзелдерін олжалады, деп жазған сол замандағы жылнамашы мен кейінгі тарихшылар. Бұрын да аяусыз соққы көрген, енді ортасынан ойылған қыпшақ аламандарының өкшелей қуғын, жаппай үркін кезінде тезірек бой жасырудан басқа қамы болмаса керек. Бірақ жылнамашының тосын дерегі – шындық. Тек орыспен бірге аттанған қыпшақ емес, бұрнада татарға қосылған қыпшақтар. Яғни, Жебе-ноян мен Сүбітай әскерінің құрамындағы. Бұлардың саны тым көп болса керек. Өйткені, қашқын орысты қуғындасып шыққандар өз алдына, осы жаппай қырғын кезінде әуелгі берік шептері, қырат үстінде қоршауда қалған қырық мыңдық Киев жасағын тұмшалап, күзетіп отырған тағы да қыпшақ аламандары екенін көреміз. Қисынына қарағанда, әлденеше мың. Сығар хан мен Тешу хан (Цыгаркан, Тешюкан) бастаған екі топ. Кейінгілер аңдамаған төтенше жағдаят.
Қалқа ұрысынан соң Еке Моғұл әскері қашқан жауды одан әрмен қудалап, орыс жеріне бойлай еніпті. Бұдан кейін алды, артын жинақтайды. Ақыры, Батыс Дәштіні түгелге жуық адақтаған ұзақ сүргіннен соң кері бұрылыпты. Келген жолы Қапқаз арқылы емес, Еділ бойын барлап барып. Жолай қуатты Бұлғар ұлысының қалың әскерін талқандайды. Ақыр соңы Еділден асып, Жайықтан өтіп, Сары-Арқа – Шығыс Дәштіге жетеді. 1224 жылы, жазға салым. Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр, тақ мұрагері, осы кезде, тәрізі, Ұлытауда орда тіккен Жошының алдынан өтіпті. Бұдан әрі Еміл бойында отырған Шыңғыс ханның дәргейіне тағзым қылып, бар жағдайды баяндайды.
Есебі, Еділдің арғы беті, әзірше аяқ жетпеген Қарпат тауы мен Дунай-дарияның етегіне дейінгі бүткіл Шығыс Еуропаны кернеп отырған туыстас қыпшақ жұртының барлық жағдайы мағлұм болды. Енді ұлы қаған киіз туырлықты көшпенді түрік жұртының қиыр батыс бөлігін Еке Ұлыс құрамына қосу мәселесін күн тәртібіне қояды. Алайда, бұл кезде Шүржен қайта тіріле бастаған, Таңғұт бас көтерген. Яғни, Шығыс атыраптағы күрделі жағдаят ең алдымен шешілуге тиіс. Бірақ Батыс тарап та ұмыт қалмаған. Әзірше үлкен ұл, ел иесі Жошы қолда тұрған Шығыс Дәштіге біржола орнығуы қажет. Және, көп ұзамай арттан жеткен әскермен қуаты толыққан соң Ақ Жайықтан өтіп, жайқын Еділге аяқ басуға тиіс…

БАТЫС ЖОРЫҒЫ

Ұлы қағанның таңдама немересі

Шығыс Дәшті әмірі, дала жұрты хан деп таныған Жошы көлденең қазаға ұшыраған шақта, оның екінші ұлы, жаңа ұлыс – болашақ Алтын Орданың іргесін берік бекіткен Бату он сегіз жаста екен. Арада ай өтпей, Таңғұт жорығының алдында тұрған Шыңғыс ханға қаралы хабар жетеді. Қастерлі үлкен ұл ғана емес, болашақ тақ мұрагерінің мезгілсіз кетуі – үлкен қайғы. Қаған Ұлытауға інісі Темуге Отшыгенді аттандырыпты. Қайтқан әкесінің орнына ендігі ел иесі ретінде Батуды әйгілеу және әрқилы әреке шыға қалса, жұртты тыныштандыру үшін.
Бату Жошының екінші жұбайы, қоңырат Үкі-қатыннан туған. Алғашқы қатын, ол да қоңырат қызы Сартақтан туған Орданың жолы үлкен еді – тұңғыш ұл. Алайда, Дәшті-Қыпшақ жұртына өкімдік таңдауы Батуға түседі. Кейінгі зерттеушілер әрқилы болжал айтқан. Соның ең бастысы – Үкінің әкесі Алшы-ноянның үлкен ана Бөртеге туыстық жақындығы. Бірақ бұл – шешуші себеп болмауға тиіс. Әмәнда, Шығыс ханның кісі тануында қапы жоқ. Және жеке бас, жақын жамағат емес, ел мүддесі бірінші орында. Бату бала кезінен-ақ қаған-атаның оң назарына ілінсе керек.
Біз Шыңғыс ханның отбасылық, пенделік өмірі туралы сырттай ғана білеміз. Туған ұлдарын, әрине, көшпенділердің ғасырлық дәстүр-салты бойынша тәрбиеледі: үй-ішіндік әдеп пен рәсім жөнін айтпағанда, екі-үш жасында ашамаймен атқа мінгізді, төрт-бес жасында садақ тартуға баулыды, бұдан соң аңшылық, әскери ойындар; әуелде бәрін дерлік өзі атқарса, кейін атаулы нөкерлер бекітілді. Қайткенде, әке парызымен қатар, болашақ ел билеуші, әскербасы ретіндегі ерекше мінез қалыптасып, міндет, парызын ұғуы шарт. Сондықтан ересек ұлдарына Ұлыстағы басқа да бахадұр, нояндар қатарлас қарайды. Мейірбан, кең ғана емес, қатқыл әмірші, сыншыл ұстаз. Бұл жағдай бізге Жошының алғашқы, Кем-Кемжүт жорығынан айқын танылған. Осы орайда, басқа да жағдаяттармен қатар, Хорезм майданы кезіндегі өзгеше бір шетін оқиға нақты мысал болар еді. Соғыстың соңғы кезеңі, 1221 жыл, қоңыр күзде Бамиан қамалының түбінде Мүтіген (Мүтікен) дейтін немересі қаза тауыпты. Шағатайдың ер жеткен үлкен ұлы, отау көтерген, бала сүйген жас жауынгер. Шыңғыс хан Мүтігенді айрықша жақсы көрген екен. Тәрізі, қаршадай кезінен бастап. Ал Хорезм жорығы кезінде үнемі қасында ұстайды. Ақыры, Гиндукуш таулы өлкесіндегі, Үндістанмен шекаралас терең аңғардағы Бамиан қамалын қоршалау кезінде садаққа ұшыпты. Қаған өзегі өртеніп, айрықша күйзелген екен. Қолма-қол тақау төңіректегі Шағатайды және Өкетай мен Төлені алдына келтіреді. Әуелде, балаларымен бас қосқан дастарқан үстінде, кейде мені жүре тыңдайсыңдар деп жорта реніш білдіріп, бұл қатарда Шағатайға шүйлігеді. Бәрі де таң, әсіресе Шағатай, ешқандай кінәсі жоғын айтып ақтала бастапты. Содан соң қаған-әке қазір саған не айтсам да көтересің, жылап-сықтауға жол жоқ, ақырына дейін үнсіз тыңда деп барып, күтпеген қазаны естіртеді. Шағатай үн-түнсіз, шөгіп отырып қалды дейді. Қаған-әкенің ілкідегі жарлығы бойынша, тыпыр етуге, дымын шығаруға батпаған. (Тарихи емес, эпостық «Қастерлі шежіреде» – көп алды, ұлы құрылтай үстінде қаған әкесі мен туған анасын қатарынан қорлап, бірін – Жошы сенің ұлың емес деп, екіншісін жау тұтқынынан олжабай бала әкелдің деп, бүткіл Ұлыстың басты кісілері алдында масқараға ұшырататын, ханым-анасының етегін ашып, қаған-әкесіне арсылдайтын, кейінгі зерттеушілер мен жазармандар сол қалпында, ақиқат шындық ретінде байыптаған қисынсыз көріністің ойдан шығарылған бас кейіпкері Шағатай.) Иә. Қаһарлы Шыңғыс ханның бетіне кім келмек. Туған ұлы болса да. Әкенің ескертуінен соң, тысыр етуге шамасы келмей, іштен тынған, ақыл есі шайқала құмыққан Шағатай, дастарқаннан соң ғана, оңаша шыққанда, бар шері тарқамаса да, көкірегін кеңітіп, ағыл-тегіл жылаған екен. Көлденең жұрт алдында сыртқа сыз бермеген, қатуланса да қайыспаған Шыңғыс ханның өзінің қайғысы, қайғы нәтижесіндегі ашу-ызасы әлденеше есе болыпты. Үстірт шабуылмен Бамиан қамалын тезінен басып, бекініс ішіндегі тірі жан тұрыпты, ит пен мысыққа дейін түгел өлтіріп, қорғанды бай шаһардан ине сабақ жіп алдырмай, сәулетті сарай, қалқиған құрылыс атаулыны түгел жермен-жексен қылып қиратыпты. Және шаһар орнын қарғыс атқан жер деп жариялап, алдағы заманда да тірі жан баспауға бұйырады және тұрақты мекен, үй-жай салуға тыйым жасалады. Жихангер атаулының кейбір реттегі мейірімсіз қаталдығы ғана емес, ұлы қағанның туған немересіне деген өзгеше көңілінің айғағы. Бұдан соң жүз жыл өтеді, екі жүз жыл өтеді. Міне, арада сегіз ғасыр, Бамиан қисары күні бүгінге дейін қаңырап, жайрап жатыр. Жер тарылған, алмағайып заманның өзінде тірі жан баспаған. Төңірегі лықсып тұр, ал қамал шегі – бірыңғай тегістелген, биікше қыратқа айналыпты. Аэро-фото көріністерінен нақты танылады.
Шыңғыс хан туған балалардан соңғы немерелерін жер бетіндегі ғұмырын одан әрмен жалғастыратын асыл тұқым ғана емес, сәулетті патшалығының болашақ иелері, тозбас ғұмырдың куәгер нысандары деп қарағанын көреміз. Қай-қайсын да алдынан өткеріп, келешегін болжағандай, тілек-батасын айтқан сияқты. Мәселен, Хорезм майданынан қайтар жолда, Еміл өзенінің бойында орда тігіп, тыныстап отырған кезде Бөрте-қатын бастаған біраз ағайын алдынан шығады. Тәрізі, Бөртеге селбес тағы бір құрметті қатындар. Және жасы кіші немерелер. Бұлардың ішінде он жасар Құбылай мен сегіз жасар Құлағу бөліп айтылады. Болашақ ұлы мәртебелері ғана емес, таңбаға түсірген тарихшының қолайына қарай. Ұлы қағанның ұрпағына үміт артқан сенімі және балажан мінезін көреміз. Немерелерінің алғашқы сәтті аңшылығы құрметіне бас бармақты майлау рәсімін жасады дейді. Және осы орайда Құбылайдың салмақты, қалыпты жағдайын, және Құлағудың қатқыл, шешімтал мінезін бірден аңдапты. Сондай-ақ, өзінің тағы бір немересі, болашақ қаған Күйікті оншама ұнатпағаны туралы да жанама дерек сақталған. Таңғұт жорығы алдында атаулы енші сұрап келген Күйікке, тиесілі сыбағаңды әкең Өкетайдан аласың, ал сен өзің ең алдымен денсаулық жағдайыңды ойла деп, білгір тәуіппен ұштастырып, елге қайтарғаны бар.
Шынын айтқанда, Жошының ұлы Батуға көзқарасы туралы ешқандай нақты дерек сақталмаған. Әрине, әуел бастан-ақ талай рет көрді. Ал 1223 жылы, жазғытұрым, бүгінгі Оңтүстік Қазақстан, Құланбасы деген жерде, ұлы жорықтың сәтімен аяқталуына арналған құрылтай мен дүбірлі тойда Жошының Орда мен Бату және басқа да ұлдарын алып келуі күмәнсіз. Бұл топ немерелер қаған-атаның дәргейіне құлдық ұрды, жүзін көрсетіп, алқау сөздерін естіді. Кейінде мағлұм болғандай, Жошының ұлдары бірінен бір өтеді. Ал Бату бұдан бұрын-ақ сынға толса керек. Қайткенде, ертелі-кеш бар болмысын нақты тануы хақ, Жошының көлденең қазасы туралы естісімен-ақ, бірден алға шығаруы басқаша ойлауға жол қалдырмайды.
Яғни Бату – болашақ Сайын хан да әуел бастан ұлы қағанның айрықша үміт артқан сүйікті немерелерінің қатарында болған.

Жаңа шапқын қарсаңында

Батудың иелігіне көшкен Жошы ұлысының әуелгі аумағы – шығыста Ертіс өзенінен басталып, батыста Жайықтың сол жағалығы, түстікте Балқаш көлінен тартып, Шудың аяғы, Сейхұн – Сыр-дарияның ұзына ағысы және Арал теңізінің етегінен Жейхұн – Әму-дарияның атырауы – Ежелгі Хорезм уәлаятының ұйықты орталығын қамтып жатқан. Ұлан-байтақ қоныс. Әзірше, болашақ Ұлұғ Ұлыстың шығыс бөлігі – жарым жұрты ғана. Әйткенмен, халқы дарқан, жері бай, әрі кеңіс – тұтас бір патшалық есепті.
Әлбетте, жаңа әмірші Батудың алғашқы шаруасы – әке ісін жалғастыру ғана емес, ұлыстың етек-жеңін жинақтап, ондағы бұрнағы жұрт пен келгінші шығыс түріктерін өзара ұйыстыра түсу болса керек. Шындығында, батыстағы қыпшақ-түрік пен шығыстағы татар-түріктің қалыптасқан ұясы біреу-ақ: Ежелгі Түрік қағанаты. Ал көпшілік қауымның қақ жарыла бөлінуі – ІХ–Х ғасырдан беріде ғана, яғни бұдан екі, үш жүз жыл бұрын бір мемлекет құрамында болған ағайындар қайтадан табысып жатыр.
Жошының қазасынан соң ел ішінде әлденендей қайшылық, бұра тарту болмаған сияқты. Ал жаңа ұлық Батудың тізгіні – қаған-атадан соң билікке келген әб-аға Өкетайдың қолында. Бату Татар даласының шегі, ендігі астана Қарақорымда 1229 жылы өткерілген Ұлы құрылтайға қатынасады. Өкетайды қаған көтеру рәсімі. Бұдан соң еліне қайтса керек-ті. Бірақ Өкетай қаған өз қасында ұстап қалады. Ақыл, кеңес, жаңа орын, жаңа жағдайға икемдеу. Ізінше, 1230 жылы күзде Шүржен майданы қайыра ашылды. Бату, тәрізі, әскер бастаушылар қатарында емес, қағанның дәргейіндегі қосшы нөкер ретінде қатысты. Үнемі дерлік тікелей ғұзырында. Әб-ағаға бар ісі ұнаса керек. Осы жаңа майданда жүргенде нақты суреті салыныпты. Кейінде Пекиндегі император сарайынан табылып, тарихқа жария болған. Жиырмаға жаңа келген, сақал-мұрты шықпаған сымбатты бозбала. Қытай үлгісіндегі қымбат киімді. Беліне семсер ілген, қорамсақты арыс садақ байланған. Қиғаш қас, қиық көз, салқын жүзді. Қытай суретшісі өзіне қарай бұрып кетті десек те, өзіндік, ерекше бітімі айқын танылады. Кейінде көзбе-көз көрген Рубруктың жазғаны бар. Денесі ірі, еңсегей бойлы деген тұрғыда.
1234 – Шүржен, яғни Цзинь империясы біржола қиратылды. Ал Бату осы Солтүстік Қытай соғысына бастан-аяқ қатынаспаған сияқты. Мұншама қажеттілік жоқ еді. Және Жошы ұлысы, басқа да ханзадалар бар дегенмен, өте үлкен ел, бас иесіз қалмауға тиіс. Алайда, атаулы жорық жолындағы азды-көпті еңбегі елеусіз қалмапты. Беделді ханзадалар жаңа жауланған жерден енші алатын рәсім бойынша, Батудың үлесіне Қытайдың Пиньянфу аймағы кесіледі. Қазірде өзі, кейінде үрім-бұтағы осы өлкеден түсетін кіріс-пайдаға иелік етпек.
Шүржен бағынған соң, 1235 жылы Алтын ұрық өкілдері түгелге жуық қатынасқан құрылтай енді Батысқа жорық мәселесін алға шығарады. Ұлы қаған Шыңғыстың бағзы бір өсиеті негізінде, Жошы ұлысының шегін кеңейту, яғни Еділдің арғы бетіндегі қыпшақ жұртын берідегі бүткіл түрік қауымымен бір мемлекет құрамына ұйыстыру. Келесі, 1236 жылғы құрылтайда бұл мәселе түпкілікті шешіліпті. Батысқа жорық Шыңғыс хан әулетінен он бір ханзадаға жүктеледі. Атап айтқанда: Өкетай қағанның ұлы Күйік, тағы бір ұл Қадан; Шағатайдың алтыншы ұлы Байдар және тұңғыш ұл Мүтігеннен қалған Бөрі; Төленің үлкен ұлы Мөңке мен жетінші ұлы Бөжек; қағанның інісі, Шыңғыс ханның төртінші қатыны Құланнан туған Құлқан. Әрине, ұлғайған, іргелене түскен ел мен жаңа жердің негізгі иесі болуға тиіс Жошы әулеті: Бату бастаған Орда, Шәйбан, Таңғұт. Жай ғана іріктеу емес, әскери тәжірибесі бар, кемел тұлғалар. Бас қолбасы ретінде – жұрт иесі Бату бекітіледі. Кеңесші, шын мәнісінде бүткіл жорықтың ұйытқысы мен ұйымдастырушы жетекші міндеті Батыс беттің бар жағдайын жақсы білетін әйгілі Сүбітай-бахадұрға жүктеледі.
Шын мәнісінде, Жайықтан арғы байтақ алап, ең алдымен Еділ дарияның ұзына бойы өткен жылдарда үнемі назарда тұрған. Өкетай қаған әуелгі, 1229 жылғы құрылтайдан соң әр тарапқа әскер бөлгенде, Қыпшақ, Сақсын, Бұлғар бет, яғни берідегі Жайық, арыдағы Еділ майданына үш түмен – отыз мың әскер шығарып, Көгедай-ноян мен Сүбітай-бахадұрды жіберген. Әуелде барлау, аңыс аңдау. Жекелеген келте ұрыстар. Ақыры, үлкен соғыс. Арада екі-үш жыл озбай, Жайық бойы Жошы ұлысының құрамына өтеді, тағы екі жылдан соң, 1236 жыл қарсаңында Көгедай-ноян Еділ дарияның сол қабақ етегін түгелге жуық игеріп, Самар иініне жетеді. Бұлғар жұртының жиын ұйытқысы, ұлы астанасына бес күндік, шамасы екі жүз шақырымдай ғана жер қалған екен.
Алайда, халқы жиын, әскері қарымды, қорғандары қат-қабат Бұлғарды біржола жеңіп алу үшін тағы қаншама қосымша қуат керек еді. Жайқын Еділден ары өту, Батыс Дәшті тарабын айтпағанда. Тікелей шапқын, қанды жорық арқылы ғана іске асатын, күрделі мәселе.

Батыс жорығы

Батыс майдан. Яғни, Еділдің ұзына бойы, одан арғы байтақ Дәшті. Іргелес, қанаттас басқа жұрттарды айтпағанда. Әлбетте, Қарақорым – Еке ұлыс астанасында, көпті көрген, тәжірибелі әскери қайраткерлер бүткіл жорық, кең майдан стратегиясын белгілеген. Әуелі Бұлғар, Еділдің екі қабағы. Одан әрі… әрине, қалың қыпшақ. Тек қыпшақ қана емес. Аралық – бөкше, бұртас, арджан және етектегі сақсын, тағы бір түсініксіз тайпалар. Ал терістік бағытта – күні кеше бейбіт елшілерді азаптап, бауыздап өлтірген, бұдан соң Қалқада жеңілген, бірақ мүлде қирап қалмаған Орыс елі тұр. Бұл Орыстың өзі Қыпшақтан арғы жарым дүниені алып жатыр. Сондықтан, кешегі кек қана емес, алдағы қауіпсіздік үшін біржола талқандау шарт. Міне, осыдан соң анау Ертістен тартып, Еділден асып, тағы екі-үш ұлы дарияны өткеріп, бар жазықтың шегі – Қарпат дейтін бұлдыр тауларға дейінгі ұлан-байтақ қоныс – Жошы ұлысының құрамында – мәңгі-бақи құт мекенге айналуға тиіс!..
Әуелде Түпкі жұрттағы әскер қозғалады. Одан соң Шағатай жасағы. Ұзақ жаз салқар шеру үстінде өтпек. Ақыры, Жошы ұлысының өз жеріндегі қарулы күштер. Қисынына қарағанда, қара күзде Жайық өзенінің орта тұсында бәрінің басы қосылды.
Еке Моғұл ұлысының Батыс жорығына жұмылдырған әскерінің жалпы саны туралы әр кезде әрқилы болжам айтылған. Арыдағы Карамзиннің 500 мыңынан бастап, кейінгі советтің 300 мыңы, қатарлас кезеңдегі Г.Вернадскийдің 120 мыңы, Р.Груссенің 150 мыңы, бұрнағы Н.Веселовскийдің 30 мыңы, кейінгі Л.Гумилевтің 40 мыңы, қазіргі қазақ тарихшысы Ж.Сәбитовтың 60 мыңына дейін. Орыс жеңілуге тиіс емес, амал не, бірге – жүз жабылды деп санаған Карамзиннен кейінгі барлық есептің өзіндік қисын, дәлелі бар. Бұл мәселені біз де жан-жақты қарастырған едік. Орта есеп емес, нақты дәйектер негізінде 70 мың деп түйіндедік. Яғни, толық жеті түмен. Мұның бес түмені – 50 мың – Шыңғыс ханның байырғы жұрты – Татар даласында жасаған, алғы бөлігі Орта Азияға, Шығыс Дәштіге ойысқан қият, қоңырат, керей, найман, жалайыр, ұраңқай, қатаған, қоралас және басқа да туыстас тайпалардан. Қалған екі түменнің басым көпшілігі – Шығыс Дәштідегі қыпшақ, біразы Мәуреннахрдағы оғұз бен тәжік-парсы тектілер деп шамалауға мүмкін. Жиыны 70 мың дедік. Қайткенде жүз емес, жүз жиырма, жүз елудің қарасын көрмейді.
Жайық бойындағы әскер жиыны, алдағы соғыс тәсілдері төңірегіндегі байсал кеңестен соң бар әскер екі топқа бөлінеді. Мөңке мен Күйік – екі түмен – жиырма мың жауынгермен Еділ майданы – ұлы дарияның орта тұсынан етегіне дейінгі қос жағалауын сыпыра шабуға тиіс. Ал Бұлғар бағыты, оған жалғас Орыс майданына бес түмен қажет деп танылған. Жошы ұлдары: Орда, Шәйбан, Таңғұт бастаған, жергілікті есепті үш түмен, Түпкі жұртта жинақталған, Алып қағанның кенже ұлы Құлқан бастаған құрама түмен және Шағатай ұлысынан, Байдар мен Бөрі бастаған бір түмен. Арғы қисапсыз орысты айтпағанда, бергі қуатты Бұлғар патшалығын сындыру үшін осыншама күш қажет еді.
Біз Еділдің арғы бетіндегі Қыпшақ майданы, дарқан дарияның Ақ Еділ (Қама) бойында өткерілген Бұлғар соғысы, оған жалғас Орыс ахуалы туралы да, Шыңғыс хан тетралогиясының төртінші кітабында бажайлап жазғанбыз. Қайталай ежіктеу қажетсіз. Алайда, Ұлұғ Ұлыс туралы дербес кітаптың тұтастығы үшін, жалпы сұлбасын байыптай кетелік.
Еділдің сол жағалығы, Қама бойына түрік тайпалары миләди ІІІ-ІV ғасыр, Ғұн заманында қоныстана бастаған екен. Уақыт озған сайын өрісін ұзарта келе, VІІІ-ІХ ғасырларда іргелі ел – Еділ Бұлғар ұлысы ретінде біржола бекінеді. Ақыры, мұсылманшылыққа бой ұрған бұлғар-түрік қауымы хижраның 310-санаты, миләди 922 жылы ислам дінін ресми түрде мемлекеттік дін деп жариялайды. Еуразия құрылығының солтүстік-шығысындағы жалғыз шырақ. Өз заманы үшін үлкен мәдениетке жеткен. Іргесі берік, нанымы кәміл. Тіпті, іргелес орыс елін исламға тартпақ болған әрекеті бар. Кейінірек, табиғаты ізгі, бірақ рухани өрісі шектеулі Рубруктің айтқаны бар: «Мұншама қиыр өлкеге Магомед рәсімін қандай сайтан жеткізді екен», – дейтін. Және бір сөзі: «Бұлғар – сарациндер арасындағы ең жауыз халық», – деген. Яғни, жауынгерлік қабілеті өте жоғары. Осы қарулы әскер, үлкен күш-қуатының арқасында қаншама ғасыр бойы өзінің елдігін де, дін-өжданын да берік сақтап тұрған екен.
Қайткенде дәп осы жолы, табанды қарсылыққа, ерлік күреске қарамастан, туы жығылды. Қырғын майдан, дала және қала соғыстарынан соң, Батыс тарапта бірінші болып Жошы ұлысы, кеңінен алғанда, Еке Моғұл империясының құрамына қосылды. Ақыр түбі – Алтын Орданың ең ұйықты, берекелі, бай өлкелерінің бірі.
Бұлғардан соң, Орыспен аралық өлкедегі бөкше, арджан, яғни мордва жұрты, бұртас және Меровия, Пайдовия – шамасы марий, шыбаш тайпалары бағынышқа түседі. Алда – шексіз қар басқан Орыс елі тұрған. Бар орыс емес, әзірге солтүстік-шығыс аймақ.
Бұрнағы великоросс, кейінгі орыс-совет тарихшылары асыл текті ұлы халықтың әлдебір көшпенді, дүрмек жұрттан жеңілуін ақылға сыйғыза алмайды. Әйткенде, бүйткенде, аңдаусыз қапы қалмағанда, әлдебір мезетте әлдекім серіктесе алмай, қатарын бұзбағанда… жеңілмес едік деп сарнайды. Ең зор қайғы, негізгі себеп – орыс кінәздерінің басы бірікпепті, әйтпесе қиратады екен… Иә. Біріккенін де көргенбіз. Ілкідегі Қалқа ұрысы. Қосалқы қыпшақты айтпағанда, таза орыс – бір жүз үш мың әскер. Жабайы көшпенділердің небәрі жиырма мың аламаны тас-талқан қылды. Біз бұрнада, оның ішінде дәп осы кітапта: Ұлы Хорезм империясының тағдыры Ырғызда шешілді деп жазған едік. Осыған тұпа-тура сәйкес жағдай – Орыс елінің тағдыры Қалқа ұрысында шешілуі анық. Бәрі бас қосқанда, өздерінен бес-алты есе кем татардан жеңілді. Ал жиырма мың емес, елу-алпыс мың, бәлкім, жүз, екі жүз, үш жүз, тіпті, бес жүз мың жендет қаптағанда қайтпек керек? Бас қосу туралы үміт пен ниет адыра қалған. Әркім өзінше жан сақтауға тиіс. Мүмкін, дәп саған тура келмей, айналып өтер, немесе басқа тарапқа кетер. Соның өзінде… Қалқа ұрысынан сырт қалған, қатысып үлгермеген солтүстік-шығыстағы Рязань мен Владимир–Суздаль кінәздіктері ғана тұяқ серпуге жарапты. Рязань қаласы үш күнде, ал байтақ астана Владимир-Залесский тікелей шабуылдан соң бір жарым тәулікке жетпей құлаған. Осының алдында ғана, Коломна түбіндегі, екі кінәздік күш қосқан ауыр майданда бар әскерінен айрылып, қирап жеңілген Владимир әміршісі Юрий Всеволодович аулаққа безіп, жаңа жасақ топтай бастаған еді. Сить өзенінің жағасында тып-типыл қазаға ұшырайды.
Осы қанды жорықта Батуға қарсылық білдіріп, азды-көпті қорғанған қала, бекіністер саусақпен санарлық, Рязань мен Владимир бастап, бәрі де қираған, қырылған; сонымен қатар, көпшілік кенттер келісім бойынша қақпасын қарсылықсыз ашып, мал-жаны, бар жұртымен аман қалғанын көреміз. Бұл – 1237 жылдан 1238 жылға қараған қыс айлары. Бату бастаған қалың қол бұдан соң көктемде түстікке, Еділдің етегі, Қыпшақ даласына қарай жылжыпты. Бұл кезде және жалғас жазда Мөңке мен Күйіктің екі түмені ұлы дарияның оң қабағын түгелдей бейбіт жағдайға келтірген. Есебі, қыпшақ қаруы майырылып, кең қоныс қана емес, көпшілік қауым Жошы ұлысының ғұзырын мойындаған екен. Келесі кезекте Таң (Дон) мен Үзе (Днепр) бойы, Қырым мен Терістік Қапқаз тұрған. Көп ұзамай, үш тарап та бағынышқа түседі. Сөйтіп, 1240 – тышқан жылы көктемге қарай Қыпшақ-Орыс жорығы өзінің негізгі мұратын тапты. Енді соңғы серпіліс – ежелгі Русь елінің байтақ астанасы, орыстың ұйытқы және ең әйгілі шаһары Киев бағыты. Батыс Қыпшақтың орталық аймағын жаныштаған соң, қараша айының басында Бату бар әскердің негізгі тобымен Алтын мұнара, айдын қақпалы Киев шаһарының түбіне келіп тоқтайды.
Бұл заманда Киев – Орыс жұртының бейресми астанасы, бас кент қана емес, Еуропа шегіндегі ең зор қалалардың қатарында. Жалпы ауданы – 400 гектар, халқының жиын саны – 50 мың. Әрине, алыстағы халифат, жақындағы Мәуреннахр қалаларымен салыстырғанда, тым қораш көрінуі мүмкін, алайда, айтқанымыздай, Еуропа өлшемінде әйдік, ыңырсып, толықсып тұрған өзгеше шаһар. Мән-маңызы, халқының көптігіне қарай, бекінісі де берік – үш қабат екен. Толық қоршауға түседі. Әуелде тас-атар, от-шашар серіппелермен аяусыз төмпештейді. Қамал қабырғасының бір бөлігі құлағаннан соң тікелей шабуыл. Орыс жылнамаларының риясыз деректеріне қарағанда, Киев екі күн ішінде толығымен жауланып біткен. Рәшид-әд-Дин тоғыз күнге қаратады. Алғашқы құрсау, дайындық, жаппай атқылау күндерімен қосып есептегенде.
Киевтен соң, өткендегі терістік-шығыс сияқты, түстік-батыс – Волынь-Галич аймағы да, кейбір қалалары ұрыссыз, енді біреулері азды-көпті қарсылықтан соң, тұтасымен мойын ұсыныпты. Ал Орыс елінің терістік-батыс қиырына әзірге аяқ түспеген. Қолайлы жағдай болмаған, мұрша келмеген. Ақырында тым ұзамай, Бату ханның Орталық Еуропа жорығынан соң, ел билеушілері өз аяғымен жетіп, бодандық ниет танытпақ.
Сөйтіп, бүткіл Орыс қауымы Жошы ұлысының дәргейіне бас ұрыпты. Алда, кейінгі орыс және совет тарихшыларының айтуынша, үш жүз жылға созылған «иго» – кіріптарлық ахуал, бүгінгі біздің тұрғыдан қарағанда, Еуразиялық үш жүз жылдық бірлік заманы тұрған.

Орталық Еуропа майданы

Шыңғыс хан нұсқаған, Ұлы Құрылтай алға қойған барлық міндет орнына келді. Осымен тоқтауға болар еді. Алайда, Батыс жорығы одан әрі жалғасады. Кейінгі бір зерттеушілер Батудың жеке шешімі деп шамалаған. Шынында да, Дәшті-Қыпшақтың болашақ бірлігі мен тыныштығы үшін, басталған істі ықтимал шегіне жеткізу қажет еді. Орыспен іргелес қалың қыпшақтың ең үлкен хандарының бірі Күтен Орталық Еуропа, Мажар шегіне өтіп кеткен. Баяғы, өзінің күйеу баласынан тартып, бүткіл дерлік Орыс елін Қалқа қырғынына бастаған қажырлы Күтен хан. Азғана жасауылымен, жалғыз өзі емес. Үй-жай, мал-жан, ордалы жұртымен, жиыны қырық мың шаңырақ. Есебі, қырылғаннан қалған, ендігіде қару ұстауға жарарлық отыз-қырық мың аламан. Саны қаншама болса да, бұрнағы-кейінгі тынымсыз жеңілістерден соң жаннан түңілген жұрт. Батудың ұғымында, бүгін бас сауғаласа, ертең қайрыла шабуы мүмкін. Шаппаса да, кейінгі қыпшақ ішіне іріткі салуы, тым құрғанда, басбұзар, теріс ойға жетелеуі ықтимал. Бәрін жинап қойғанда, мұншама жұрттың бодандықтан безіп, жаңа ұлыс құрамынан сыртқары қалуының өзі ақылға сыймастай. Басбұзар ханның көзін құртып, қалған жұртын кері қайтару қажет. Бату Мажар-венгр королі Белаға, бірнеше мәрте елшілік аттандырып, өзінің «малшы-жалшы жұртын» қабылдамауға, ел шетінен шығаруға талап қояды. Алайда, король Бела жағынан илігу жоқ, керісінше, арнайы елшілердің өзі хабарсыз кетіпті: кейбірі орыс жерінде қазаға ұшырады, енді біреулері сол Мажар тарабында жойылған. Енді ауған боданды қайтару ғана емес, әуелде қыпшақты қабыл алған, кейінде бейбіт елшілерді түгел өлтірген король Бела мен оның жұртын жазаға тарту қажет екен. Сөйтіп, Бату ханның Орталық Еуропа жорығына жол ашылады.
Бұл кезде әрқилы себептермен Күйік және Мөңке ханзадалар елге қайтқан. Екі түмен әскерімен. Батумен әуел бастан кермар Бөрі де өз ұлысына оралған. Батудың ғұзырында Шығыс Дәштідегі, байырғы үш түмен қалады. Сонымен қатар, Байдар бастаған Шағатай түмені. Және Қаданның өкіміне көшкен, Түпкі жұрттағы, бұрнағы Құлқан және қарайлас ағайындар жетегіндегі бір түмен. Біздің есебіміз бойынша, жиыны бес түмен. Әрине, үш-төрт жылғы майданнан соң қатары селдіреген. Ондықтар да, жүздік, мыңдықтар да толық емес. Алайда, Батыс Қыпшақтан қаншама жаңа әскер жинақталған. Оның үстіне, кейінгі бодандар – бұлғар мен мордва. Және кеше ғана жауланған орыс та күш қосыпты. Бұл жаңа шеріктің жиын санын нақты айту қиын. Әйткенмен, өткен төрт жылдық шығынның бар кетігі толса керек. Сонымен, Батудың Батыс жорығына Еке ұлыс туының астында шыққан әскердің ұзын саны елу мың шамасында деп қоялық. Біздің әуелгі есебімізге сәйкес.
Еке Ұлыс қосындары төртке бөлініп, Қарпат тауларының әр тарабындағы асулардан өтіп, көп ұзамай-ақ Орталық Еуропа – Венгр патшалығының шегіне шығады. Бату хан мен Сүбітай бахадұр бастаған негізгі лек 1241, март айының әуелгі аптасында Монтана асуындағы күзет әскерін ығыстырып, Дунай дария, Тиссаның бір тармағы Шайо өзеніне келіп жетеді. Барлау және тайқыма ұрыс үшін алға Шәйбан ханзада бастаған бір түмен әскерін шығарыпты. Бұл кезде әрқайсы бес мыңдық жасағы бар Қадан мен Бөжек түстік тараптан кірген екен. Олар да жылжып келе жатыр. Ал бір түмен және қосалқы, шамасы төрт-бес мыңдай қыпшақ, орыс, мордва жасағын бастаған Байдар бәрінен бұрын, жыл басы, январь айында қар мен мұзды кешіп, Польша шегіне өткен еді. Озғын әскердің негізгі мақсаты – Венгрияны ықтимал одақтастар – Польша, Моравия, Богемия және жекелеген басқа да жауынгер жасақтардан оқшау қалдыру екен. Бұл кезде Польша біртұтас мемлекет емес, алайда, жекелеген иеліктердің әрқайсы да қуатты. Байдар Түстік Польша арқылы шапқындап, әуелде Малополска астанасы Краковты қиратады, бұдан әрі бірнеше жеңісті ұрыс өткеріп, ақыры Силезия астанасы Вроцлав қаласын басыпты. Ішкі бекініс – цитадельді қиратып үлгермейді, қатерлі шұғыл хабардан соң Легница кентіне қарай үдере аттанады. Бұл жерде Силезия герцогы Генрих Побожни (Пірадар) қалың әскер топтап жатыр екен. Таратып айтқанда: Жоғарғы және Төменгі Силезия, Малополска, Великополска әскері, жекелеген қала, кент құрамалары, сонымен қатар, Германиядан, Франциядан, Моравиядан шыққан рыцарьлар – әйгілі Тамплиер, Госпитальер, Тевтон ордендерінің бас магистрлері жебелеген темір-болат жасақтар. Қисапсыз қалың қол. Сол замандағы поляк тарихшысы Матвей Меховский жүз мың деп атап айтқан. Кейінгі заман тарихшылары кеміте көрсетеді. Қайткенде, жетпіс, сексен мыңның үстінде. Біздің есебіміз бойынша, айттық, Байдардың туы астында байырғы жұрттан бір түмен, яғни небәрі он мың, қосымша, құрама жасақ – мордва, орыс, бұртас пен бұлғар, батыс қыпшақ – жиыны жарым түменнен аспаса керек, бәрін қосып келгенде, он төрт-он бес мың жауынгер. Шешуші шайқас Легница кентінен тоғыз шақырымдай жердегі, полякша Добре-Поле, немісше Вальштатт – Жайсаң Дала аталатын, жатаған қырқалар арасындағы жазаң алқапта өткерілген. Таң азаннан қараңғы түнге ұласқан ғаламат майданда көшпенділер қаруы үстем шығыпты. Бас қолбасы, ел иесі Генрих Пірадар жаралы қалыпта тірідей қолға түсіп, өлімге кесіледі, қарақұрым қалың қол – әлде жетпіс, сексен мың, бәлкім, Матвей Меховский айтқандай, жүз мыңдық қисапсыз әскер түгелге жуық харап болыпты. Бұл кезде Еке Ұлыс жағы, жеңісті ұрыстардан соң, нақты есеп үшін, өлген жаудың оң құлақтарын кесіп алып, нақты санақ жүргізеді екен. Әйгілі поляк тарихшылары – ғаділ және ұлтшыл Ян Длугош пен білімпаз Матвей Меховскийдің айтуынша, ұрыстан соң кесіп, жиналған құлақтар тура тоғыз қапшық болыпты. Сондай ғаламат, аяусыз қырғын. 1241 жыл, 9 апрель.
Арада екі күн өткенде, Венгрия шегі, Шайо өзені, оң жағалық Мохи жазығында, бұл жолы Бату хан мен король Бела әскерінің арасында шешуші шайқас өтеді. Венгр патшалығының бұл майдандағы әскерінің жиын саны, алман шежірелерінің айтуынша, сексен, әлде жүз мың. Негізінен мажар болғанымен, бұл да құрама: Батыс Еуропалық рыцарлар және Шығыс славян қосындары бар. Ал Бату ханның әскері отыз мыңға толар-толмас. Алайда, ерлігі асқан, ұрыс тәсілдері ұтымды, озық Еке Ұлыс қосындары жарым күнгі қырғыннан соң, айқын басымдыққа жетеді. Бар әскерінен айрылған король Бела әрең қашып құтылыпты. Легница шайқасынан екі күн кейін, 11 апрель 1241.
Біз Еуропа шегінде өткерген 2006-2015 жылдар межесінде осы, қанды, әйгілі екі ұрыс даласын да көрдік. Легницада, әуелде ұлым Едіге мен есімдері нысаналы Бату, Байдар дейтін немерелер және соңыра келін, бәйбішеммен, атаулы күн – 9 апрельде, жиыны үш рет болдым. Шайо – Мохи алаңына да, 2010 жылы, ұрысқа сәйкес 11 апрельде, баламмен, немерелеріммен бірге барып қайтқан едім. Өткен ғаламат ұрыстар тарихына қатысты жер бедерін нақты байыптау ғана емес. Біз үшін мерей, мақтаныш болса, Орталық Еуропа жұрты үшін өлшеусіз қасырет майданы. Қайткенде, туған халқыңның өткен тарихы. Бүгінге жетпеген, көңілде елесі ғана қалған айдынды рухың. Ешкім, ешбір тарихтан өшіріп тастай алмайды. Соған орай, Шыңғыс хан эпопеясында барынша бажайлап, жеткере жаздық. Ілкіде ескерткеніміздей, жаңа, дербес кітаптың толымды бітімі үшін қарабайыр қайталаумен шектеліп отырмыз.
Хош. Ондаған шағын шайқас, бұрын-соңды болмаған екі үлкен қырғын майдан – ендігі кезек бізге келеді деген қауіппен бүткіл Еуропа қалтырап отырды дейді. Ешқандай амал жоқ. Әскер топтап қарсы шықсаң, ажал сағатын одан әрмен жақындата түседі екенсің. Ендігі бар үміт – рақымы мол құдайда ғана. Ақыры, жаратқанның көмегі, әлде шайтанның шырмауы – Аттила заманында бір бөріккен Батыс жұрты, бұл жолы таза христиан қауымы, тағы да аман қалыпты. 1241 – сыйыр жылының соңы, қазіргіше желтоқсан айының 11 күні Шыңғыс ханның тікелей мұрагері, ақылман, мейірбан, бірақ кенеусіз маскүнем Өкетай қаған дүниеден өткен екен.

Елге оралу

Бұл кезде Мажарстан тұтастай жауланып болған. Тақау көршілері түгел қираған. Түп негізі кейінгі Қазақ даласынан қозғалған, Мұғажжарды басып, Еділден өтіп, Қарпат тауларының етегінде аялдап, ақыры, Еуропаның қақ ортасына барып түскен, көп ұзамай-ақ айрықша қуатқа жеткен, төңірегін түгел шапқындап, өрісін мейлінше кеңейткен мажар жұрты – Венгр корольдігі енді опыр-топыр жағдайға түсіп, ойран болып жатыр. Бірақ Шайодан соң тоқтаусыз қашқан, ақыры қазіргі Хорватия шегінде бой жасырған король Бела қолға түспей-ақ қойды. Небәрі бес мыңдық, бірақ бетіне жан келмес жауынгер жасақты бастаған Қадан ханзада Адриа теңізінің жағасынан бір-ақ шығады. Тәрізі, әуелгі теңіз – Шүржен шегінен әрмен, шығыста болса, ел аңызындағы, Шыңғыс хан айтыпты-мыс Соңғы теңіз осы тәрізді. Соңғы болар, болмас, ұлан асыр жорықтың ақыры екен.
Өкетай қағанның күтпеген өлімі туралы хабар Орталық Еуропаға бес айдан соң әрең жетеді. Бату қиыр озған Қаданға кері қайтуға жарлық береді, өзі де бар әскерімен ел бетіне бұрылыпты.
Осы орайда, бұрынғы, кейінгі тарихнамада Бату ханның Батыс жорығы неге орта жолдан үзілді дейтін сауал туындаған. Ең айқын жауап орыстан шығады. Арыда, Ресей империясы заманында тарихшылар, ақын, жазушылар тарабынан айтылған. Кейінде советтік қызыл империя кезінде дәйектеліп, біржола бекітілген. Барлық мәселе ұлы орыс халқының жанқияр қажыр-қайратына байланысты екен. Татарлар мұндағы жеке кінәздіктерді жаулау кезінде ойсыраған шығынға ұшырап, әбден әлсіреген еді, әйтсе де, әуелгі ағынымен Батысқа қарай төңкерілді. Алайда, артта қалған Орыс елі басқыншыға қарсы күресі мен қарсылығын тоқтатпады, тіпті, күшейте түсті. Сондықтан, көк желкеде Орыс елін қалдырып, бұдан әрі ұзап кету – мейлінше қатерлі. Ақыры, айрықша қауіп ойлаған моңғол-татарлар ат басын кері бұруға мәжбүр болды. Орыс қауымы сонау ұлы ақын Пушкиннен бастап, кешегі Чивилихин дейтін шаласауат жазарманына дейін, біз бүткіл Еуропаны апат пен ажалдан сақтап қалдық деп дабылдайды.
Шындығында… жаңа жауланған Шығыс Еуропа әзірше біржола тыншы­маған. Қыпшақтар наразы, толқынып тұр. Бұлғар қайта көтерілді. Мордва және басқа бір тайпалар да қарулы күресін жалғастырған. Ал ұлы Орыс… тыпа-тыныш. Селт еткен жел, әлденендей күбір-сыбыр атымен жоқ. Еке Ұлыс әскері жаулаған, жүріп өткен аймақтар сөзсіз бағыныш танытып отыр. Оны аз десеңіз, Бату ханның Батыс жорығына қосымша әскер берген. Жүз болар, мың болар, орыс жауынгері Легница мен Шайода көрініп қалады. Яғни, арттағы қарсылық, Еуропаны сақтап қалу қайда, бірге жауласқан. Сол Еуропаны. Мұны аз десеңіз, кері қайрылған Еке Ұлыс әскері ел шетіне жетер-жетпесте, бұрнада азат қалған орыс кінәздерінің өзі бірінен соң бірі келіп, Бату ханның аяғына бас ұрған, бодандыққа сұранған. Болды, бітті. Есебі, Батыс жорығына тоқтау салған – қайтпас қаһарман Орыс емес екен.
Дәп осы ретпен Еуропа тарихшылары мен жазушыларының да адасқаны бар. Жабайы көшпенділерге темір-жүрек Еуропа рыцарлары ауыр соққылар берген, ақыры қиратып жеңіпті. Мәселен, Легницада. Және Моравия – Оломоуц түбінде. Бұл ертегіге данышпан Гөтенің өзі сеніп қалған. Зәуде сүйініп айтқаны бар. Аз-маз сауатты Еуропа тарихшылары кейінірек басқаша бір қисын табады. Енді атаулы жеңіс те, жеңіліс те жоқ. Алайда, Еуропа рыцарларының ерлік күресі арқасында, татардың тұмсығы тасқа тиіп, қисапсыз қазаға ұшырап, мүлде титықтаған екен. Бұдан арғы майданға шыдамай, кері қайрылған.
Міне, осындай ғажайып шешімдер.
Ақыры, тарих ғылымы біршама дамыған ХХ ғасырда біраз жағдаят басқаша байыптала бастайды. Орыстан тартып, бүткіл Еуропаның таңдама әскері қирап жеңілуі анық. Алда – мүлде дерлік қорғансыз Рим мен Париж тұрған. Бірақ орта жолдан ат басы кері бұрылыпты. Ең негізгі себеп – иә, Өкетай қағанның өлімі, осыған орай Шыңғыс хан мемлекетінің болашағы, яғни алдағы қаған сайлауының қам-қарекеті. Қайткенде, жорық үстіндегі Бату мен Байдар, Қадан мен Шәйбан және Жошы ұлысының шегінде қалған Берке мен Тоқай-Темір, тағы да қаншама ханзада Ұлы Құрылтайға қатысуы шарт.
Міне, енді ғана жобаға келді. Ең басты себеп – тақтағы қаған өлді, арттағы қалың ел иесіз қалмауға тиіс. Және Бату бастаған Жошы ұлысының болашағы да алдағы шешуші оқиғаларға тікелей байланысты.
Әрине, Өкетай қағанның өлімі – жорық жолының үзілуінің басты себебі. Алайда, шұғыл шешімнің бар мәнісі алдағы Ұлы Құрылтай, жаңа қаған сайлауға дайындық жұмыстары ғана емес. Бұл кезде Бату ханның Батыс жорығы өзінің негізгі мақсатына жеткен. Бейбіт елшілердің зорлық өліміне жауапкер Мажар патшалығы мың сан әскерінен айрылып, қалалары қирап, тас-талқан жеңілді. Ал әуелгі бір кілтипан – босқын қыпшақ мәселесі өзінен өзі шешілгендей. Мажар жұртынан пана тапқан баяғы Күтен хан, парасатты, жауынгер король Белаға қайшы алпауыт атаулының ақылсыз, топас, бірақ шешімтал озбырлығы нәтижесінде қапия қазаға ұшыраған. Орысты алып, енді Мажар шегіне шабуы мүмкін Татарға қосылып, іштен тоздыруы мүмкін деген қисынсыз күмәнмен. Бұдан соң, қарулы отыз-қырық мың қыпшақ әскері, үй-жайы, мал-басымен, тізгінін теріске бұрып, түп көтеріле қозғалып, Мажарстанның біраз аймағын ойрандап, Болғария шегіне өтіп кетіпті. Тұпа-тура татар шапқыны қарсаңында. Яғни, Батыс жорығының негізгі бір кілтипаны өзінен өзі орнын тапты деген сөз. Ал ел ауған қыпшақ мәселесі уақыт оза келе, оңынан шешілуге тиіс. (Шынында да, көпшілік бөлігі тым әрі ұзамай, бейбіт жағдай, өз еріктерімен Жошы ұлысының құрамына құйылған екен.)
Тосын жорықтың екінші бір, әуелгіден мәндірек, нақты дерегі айтылмаса да, ықтимал себебі – Жошы ұлысының аумағын одан әрмен кеңейту, жаңа, қосымша қоныс жөні болса керек. Бәлкім, осы келешек қажеті, бәлкім ізгілік, жанашырлық жөні, Бату Мажардың қираған қалаларын оңдауға, ең бастысы – жаппай ашаршылықтың алдын алып, азық-түлік жайын қамдау үшін ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге жарлық береді. Әрине, әуелде естіген, шамалаған, кейінірек көзбен көрген жағдаят – Орталық Еуропаның ауа райы Еуразия өлкесімен салыстырғанда біршама жұмсақ екен. Тіршілікке де, шаруаға да ұтымдырақ. Бұл қолайлы өңір – орманы сирек, аласы, ашық далаңы көп, жасыл жазық – Мажар өлкесінен басталып, бүгінгі мемлекеттер шекарасы бойынша, Словакияның біраз жерін қамтып, одан әрі Австрияның шығысы, Сербия мен Хорватияның, Словения мен Боснияның терістігін алып жатқан Паннония алабы. Шөбі шүйгін, суы мол. Дәштідегі біраз жұртты түп көтере көшіріп әкелсе несі бар. Бірақ әуелде қызыққан Бату ойланып, толғана келе бұл тараптан айныса керек. Жайқын Еділ, тұнық Таң (Дон), берекелі Үзе (Днепр) дарияларының бойы – қысы қатаңырақ болса да, бар жағынан орайлы, халқы байлыққа бөгіп, сән-салтанатымен шалқып отыр. Рас, әзірше дүрбелең басылған жоқ, бірақ көп ұзамай-ақ әуелгіден де ырысты жаңа заман орнауға тиіс. Осы шексіз байтақ, ұйықты өлкені біржола баурау керек.
Ендігі бір, біздің жұртқа әуелде таң көрінген, кейінде жиреніш туғызған ерекше бір жағдаят – Еуропа халқының тақыр-таза кедейлігі. Бар жағынан алғанда. Қытайдың жібегі мен Мәуреннахрдың үлпек маталары қайда, әдепкі алтын, күміс, қымбат қазына атаулы жоққа жақын. Мыңғырған мал көрінбейді, жайқалған егін де шамалы. Мұндағы қауым тамағын қалай асырап отыр дерліктей. Ел-жұрттың тұрмысы жұпыны ғана емес, мейлінше жадау. Шағын ауыл, кенттері сұрықсыз, шаһарлары ыбырсып, осы сөздің тура мағнасында сасып, шіріп жатыр. Үлкен қалалардың ешқайсында таза су келтіретін һәм былғаныш, нәжіс атаулыны сыртқа ағызып әкететін жерасты құбыры атымен жоқ екен. Үлкен де, кіші де дәретін тақау жер, көше қалтарысында атқара береді. Көбіне-көп өз үйлерінде, қыш саптаяққа. Әрине, онысын таң асырып, күн оздырып сақтап отыру мүмкін емес. Соған орай ұтымды әдісін тауыпты. Сол мезетінде, кез келген уақытта терезеден, бірінші ғана емес, екінші қабаттан да, сыртқа ақтара салмақ. Кейде өтіп бара жатқан аттылы, жаяу кісінің басына. Және таң емес екен. Өстіп, онсыз да тар көшелері үнемі былығып жатады, қысқы аязда болмаса, жылымық кезінде, әсіресе қар еріген көктем, жаңбыр жауған жаз бен күзде балшықпен араласып, найқалып тұрмақ. Жаяудың тобығына жететін, аттардың шашасынан асатын былжыр. Әрине, қала атаулыда таза ауа атымен жоқ. Күндіз де, түнде де, қыста да, жазда да – жыл бойы иістеніп, аңқып жатады. Дем ала алмайсың. Жаңа ғана ішкен адал асыңды ақтарып салсаң ғажап емес.
Әлбетте, біздің ағайындардың әуелгі көргені – Венгрия, Польша, Силезия, Богемия мен Моравия, ішінара Австрия шегі. Бүгінде мағлұм болғандай, арғы жұрты – Батыс Еуропаның да оңып тұрғаны шамалы екен. Франция мен Италия, Испания. Дәп осындай сасық пен қорыс. Тіпті, кейінгі ХVІІІ ғасырдың өзінде Париж бен Рим, тіпті, француздың әйгілі Людовик корольдерінің сарайындағы сәулетті аристократтар мен әсем әйел заты сарай іргесіндегі бақ ішінде – ағаш пен бұта түбінде дәрет сындырған. Онысы да жөн. Бұтына жібермейді ғой. Сонда, анау үлкенін қайтпек? Ол да оп-оңай. Сырттағы тұрыпты, король сарайының ішінде кез келген қалтарыс мүйісте жеңілейе береді. Сөйтіп, амал не, король тұрағының өзі үнемі мүңкіп тұрған…
Алдыңғы қатарлы Еуропа осындай болғанда, ормандағы орыстың жағдайын ойша елестету қиын емес. Қаласы деп сондай. Ал үйлері үйшік – егеуқұйрық қаптаған, бүрге мен қандала өріп, тарақан басқан, қапырық, тар кепелер.
Енді міне, ертелі-кеш бізден үйренгені бар, әйтіп-бүйтіп өздері жеткені бар, ақыр-дүние теріс айналғанда, оқыс серпілген Еуропа жаңадан шыққан от қарудың күшімен бүткіл әлемді табанына салды. Сөйтіп, бір замандағы шын жабайы, кембағал жұрттың жаңа идеологтары біздің бар жағынан озық тұрған ата-бабамыздың кембағал тұрмысы, төмен мәдениеті туралы қымсынбай жазып жатыр. Және бізді де осыған иландырып қойды.
Ұзын сөздің қысқасы, Еуразия кеңістігін еркін жайлаған бұла жұртқа ол замандағы батыс халықтарының өзі – құнсыз, қонысы – мүлде қажетсіз екен. Міне, Адриа теңізіне жеткен ат басынның кері бұрылуының негізгі себебі.
Рас, қағанның өлімі, өлімінен де зардапты шығуға мүмкін кейінгі салдары әрқилы жайсыз ойға, қажетті қам-қарекетке жетелейді. Әйтсе де, әзірше көлденең біреу орталық өкімді зорлықпен басып алуы мүмкін емес. Бәрін де алдағы Ұлы Құрылтай шешпек. Бату хан әуелде асыға қозғалса да, көп ұзамай сабасына түсіпті. Енді мейлінше байыппен жылжиды. 1242 жылы көктемде басталған кері сапар – зор майдан, үлкен жеңістерден соңғы демалыс, мереке есепті, бір-екі айдан соң Дунайдың етегінде тыныс табады. Жаппай дамыл. Жаз өтіп, күзден озып, қыстан асып, келесі 1243 – қоян жылғы көктемге дейін.
Әрине, осыншама мазаң уақыт, ел іргесі дерлік тақау аймақта, алдағы ұлыспен байланыс күшейе түскен. Барыс, келіс, хабардар қатынас қана емес, қажетті әкімшілік шаралары. Ақыры. Бату ханның ғұзырындағы бар әскер қозғалысқа түседі. Көп ұзамай, Валахия мен Молдавия арқылы Дәшті-Қыпшақ шегіне өтіпті.

Қажетті бір дәйектеме

Алтын Орда тарихы қай ғасыр, қай жылдан басталады?
Айту оңай сияқты. Оңай болғандықтан әрқилы түйін жасалған. Бұл жерде мәселе атауда емес, мәністе.
Нақты «Алтын Орда» термині ХVІ ғасырдың орта шеніндегі орыс тарихи жазбаларынан көрініс тапқан. Ендігі өтіп кеткен әйдік мемлекеттің атауы ретінде. Қайдан, қалай шыққанын анықтау қиын емес. Әуелде Қарақорымдағы қағанның, кейінде Дәшті-Қыпшақ әмірінің басты ордалары. Алтынды Орда, Алтын Сарай. Бүткіл ұлыс шегінде. Ал орыста, әдепкі қатынаста – Орда. Сән-салтанатына сәйкес Алтын Орда. Әзірше мемлекет есімі емес, орталық билік орны. Бірақ сол әуелгі заманның өзінде қосымша ныспы ретінде қолданылған сияқты. Кейінгі кезеңде бірте-бірте тарихи әдебиетте жиі айтылып, ақыры біржола орнықты. Алтын Орда – енді әлдебір сәулетті, негізгі, ресми үй-жай емес, тұтас бір мемлекет атауы ретінде. Шығыс пен Батыста, барлық айғақтау, зерттеу нұсқаларда.
Қашанда мемлекет тарихы оның атауынан бастала бермейді. Әуелде бір, кейінде екінші атау, оның өзі орта жолдан өзгеріп жатуы мүмкін. Яғни, Алтын Орда мемлекетінің кейінгі, қалыптасқан атауы оның ту көтерген мезгілімен сәйкеспейді. Сонда, Еуразиялық алып мемлекет қай уақыттан бастау алмақ? Әр кезде, күні бүгінге дейін әрқилы байлау ұшырасады.
Көбіне-көп 1269 жыл, әйгілі Талас құрылтайы өткен меже айтылады. Мөңке қағанның 1259 жылғы күтпеген өлімінен соң Еке Моғұл ұлысының шығыс және орталық бөлігіндегі қиян-кескі азамат соғысы, империя астанасының жат жұрт түкпірі – Пекинге көшуі, осыған орай орталық өкімге қарсылық нәтижесінде туындаған алалық қана емес, біржола ыдырау – ақиқат шындыққа айналған. Талас құрылтайы бұрнада біршама қалыптасқан, ашық, жария жағдайды ресми түрде айғақтап, бекітті. Бұрнағы бөлшек ұлыстар енді туған жұртынан мүлде дерлік қол үзіп, әлдебір қиырда отырған Құбылайды Еке Моғұл мемлекетінің ең жоғарғы, заңды қағаны деп танымайды, әскер күшімен билікті басып алған антбұзар ғана. Тіпті, қылмыскер. Демек, ендігі Қытай патшасымен аралық ашық болуға тиіс. Бұдан әрі Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Өкетай әулеті – әрқайсы өз иелігін, жаңа шекараларын бекітеді. Яғни, бәрі де біржола азат, осы қатарда Алтын Орда ұлысы да толық еркіндік алды деген сөз. Өз ақшасы, өз низам, тәртібі бар дербес ел.
Анығы – бұл да шартты меже болатын. Шын мәнісінде Өкетай қағаннан соңғы кезеңде Бату жекелей өкім құра бастаған. Аралықтағы қатын-патша түгілі, заңды қаған Күйіктің өзіне сөзсіз құлдық ұрмайды. Бірер жылдық толқыма, Күйіктің өлімінен соң еңсесі көтеріле түскен. Енді, ресми түрде бүткіл Шыңғыс хан әулетіне Аға. Мөңкені өз қолымен таққа отырғызды. Бұдан әріде рәсім сақтап, шартты түрде Еке Ұлыс құрамында саналғанымен, бүткіл Батыс өңірдің дара билеушісіне айналды. Яғни, Алтын Орданың ту көтеруі – Бату ханның Батыс жорығына жалғас 1242 жылдан басталмақ. Бірақ бұл да ұшқары есеп. Шындығында, ұлы қаған Шыңғыс атасы көзінің тірісінде Батуды бүткіл Дәшті-Қыпшақ әмірі деп бекітіп кетті. Яғни, қазіргі тілге көшірсек, әуелден-ақ автономиялық ұлыс. Есебі, 1227 жыл. Алайда, бұдан бұрын дәп осындай өкімге жеткен Жошы тұр.
Біз ғана емес, әр тараптағы тарихшы, зерттеуші қауымның біршама бөлігі Алтын Орда тарихын осы Жошы ханнан бастайды. Және кейбір еңбекте нақты айтылыпты. 1222 жыл. Кейде 1225 жыл. Жошыдан бастауы қисынды, бірақ дәп осы 22-жылдың да, 25-жылдың да ешбір реті жоқ. Тиянақсыз, бұлдыр меже. Хорезм жорығының ақыры демесек. Онда әйгілі Құланбасы құрылтайы өткен 1223 жылға тоқтасақ керек қой. Қаған әкесі Жошының ендігі иелігін біржола бекітіп берген.
Алайда, жаңа бір кілтипан шығады. Шыңғыс ханның ғұзыры бойынша, Дәшті-Қыпшақ үлкен ұл Жошының еншісіне, Хорезм майданы басталар қарсаңда, тәрізі, 1219 жылы атап берілген. Біз бұл межені де толығымен қабылдамас едік. Анығы, одан да бұрын, тіпті, Шүржен соғысының соңы, 1216 жыл, тың тыныс кезінде. Ендігі кезекте, киіз туырлықты қауымның шеткері және ең бір үлкен бөлігі – Қыпшақ мәселесі көтерілген.
Ұлы қағанның атаулы жарлығынан кейін, 1218 жылдың ұзына бойы, Жошы Шығыс Дәштіні бастан-аяқ адақтап шықты. Шартты түрде дейік, қазіргі Қазақ даласын Еке Ұлыс құрамына келтірді. Бірақ әзірше біржола бекіте алған жоқ. Осыған орай, Жошы Шығыс Дәштіні толық баураған ең негізгі, таңбалы жыл – 1220 дер едік.
Шыңғыс ханның ұланғайыр Хорезм жорығының бір тармағы – Шығыс Дәштіні біржола игеру болатын. Үлкен ұл Жошыға басқа тарап емес, Сыр бойын жаулау жүктеледі. Бұдан әрі – байтақ Сары-Арқа. Түйіндеп айтқанда, кейінгі Қазақ Ордасы, бүгінгі Қазақ республикасының шегі тұтасымен. Жошы өзіне тапсырылған міндетті артық қантөгіссіз, тезінен және абыроймен атқарып шықты. Осыған орай, бүгінгі қазақ даласының Шыңғыс хан империясы құрамына қосылуы – осы 1220 жыл деп белгіленуге тиіс.
Жошы Хорезм майданына Үргенішті жаулау кезінде ғана қатысты. Бас қала және бүткіл уәллаят болашақ Жошы ұлысының құрамына енуге тиіс еді. Үргеніш алынған соң бар әскерімен Шығыс Дәштіге қайтып оралды. Атаулы ұлысының бас ордасын Ұлытауға орнатыпты. Өз сөзін аз-маз өңдеп, қайталап айтсақ, суы бал, шөбі шүйгін, ауасы хош Дәшті-Қыпшаққа, яғни кейінгі Қазақ Даласына жетер қоныс жер әлемде жоқ екен. Құтты мекенге біржола орныққан Жошының ақыры осы Ұлытауда тыным тапқаны белгілі.
Сонымен, жинақтап айтсақ, ғаламат Еке Моғұл империясының құрамындағы автономиялық Жошы Ұлысының іргесі бекіп, туы көтерілуі – 1220 жыл болады. Арада жиырма жыл өтпей, қанатын кеңге жайып, бүткіл Дәшті-Қыпшақ – Еуразия құрылығының жарым жерін қамтыған ұлы мемлекетке айналғаны мағлұм.
«Жошы ұлысы» – бүгінде қайта жаңғырып, көпшілік қабылдаған атау. Сонымен қатар, әуелгі Жошы ұлысы – Дәшті Қышпақ өлкесін шығыс тарихшылары әр кезде Берке ұлысы, Өзбек ұлысы, Тоқты ұлысы деп те атай бергені белгілі. Біз барлық заманға ортақ, әрі Батыс пен Шығыс тарихнамасында орныққан Алтын Орда атауын мақұл көрер едік. Сонымен қатар, ұлыстың негізін салған және ақыр соңына дейін тікелей ұрпақтары билеген алып мемлекетті Жошы ұлысы деп атау да қисынды және ғаділетті. Иә, айтпақшы, сырттай Қыпшақ мемлекеті, Қыпшақ патшалығы, өз ортасында Ұлұғ Ұлыс дейтін атаулар да қолданылған. Және жалпылама – Дәшті-Қыпшақ. Бұл негізгі атаулардың барлығы да өзара мәндес, артығы, кемі жоқ, нақты. Әйтсе де, шашыратпай, Жошы ұлысы Алтын Орда десек анығырақ болар еді. Немесе, тек қана Алтын Орда.

БАТУ – САЙЫН ХАН

Батыс жорығынан соң

Өкетай қағанның көлденең өлімінен кейін арада жарым жыл өтпей, Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай да дүниеден көшіпті. Енді Бату бүткіл Алтын Ұрықтағы ханзадалар арасында, жасы үлкені болмаса да, жолы ең үлкен, бірден-бір ғұзырлы тұлғаға айналады. Ресми түрде Аға. Оның үстіне, Батыс жорығымен бірге келген абырой, бедел бар. Және жері байтақ, әскері алымды, үлкен ұлыстың әмірі. Ал Түпкі жұртта келесі қаған мәселесі мүлде шешілмеген. Астана Қарақорымдағы орталық билік Төрегене-қатынның ғұзырына өтеді. Бұл заманда төтенше рәсім. Шыңғыс ханнан соң, уақытша болса да бар өкім Бөрте-қатынға ауысқан жоқ қой. Алайда, Алтын Ұрық өкілдері, оларға жалғас алпауыттар тобында ешкім де сөлекет көрмесе керек. Рас, Төрегене Өкетай қағанның бас бәйбішесі емес, бірақ заңды мұрагер саналуға тиіс үлкен ұлдар мен немерелер анасы.
Баяғыда Шыңғыс хан талассыз, ресми мұрагер Жошының тұтқиыл қазасынан кейін ендігі тақ иесін атап айтып, қалған үміткер атаулыдан сенімхат алған. Ал Өкетай қағанның болашақ ізбасар туралы байламы солқылдақ шығыпты. Әуелде, Төрегенеден туған үшінші ұл Күшу, оның мезгілсіз өлімінен соң – немерелердің алды Ширамұн. Әлі де жетісіп піспеген бозбала. Ширамұн болар, туған ұлдардың бірі болар, Төрегененің төтенше билігі асса бірер жылдық, уақытша жағдай саналған.
Ал Төрегене-қатын бірден-ақ қатқыл өкім жүргізе бастайды. Және біржола, берік орныққандай. Еке Ұлыс тағының ең ықтимал мұрагері, үлкен ұл Күйіктің өзі, билік қайда, астана байтақтан шеттеліп, Еміл бойындағы еншілі қонысына барып жатыпты. Ал Өкетай қаған тұсындағы беделді тұлғалардың барлығы дерлік ел тұтқасынан ысырылып, кейбірі әрқилы жазаға тартылады, өміріне қауіп төнген айрықша зорлары әр тарапқа қашып, бас сауғалайды. Ал Төрегене бұрнада астана базарында делдал болған, ақыры қисынсыз жағдайда қаған сарайына кіріс тауып, өзінің айрықша сеніміне жеткен Фатима дейтін сарт әйелді тетелес өкімге жеткізеді. Әлбетте, бұрын-соңды болмаған заңсыздық өрістеп, ұлыстың барлық шаруасы былығып жатыр. Әйтеуір, қарулы күштер қаз-қалпында. Құрамдас аймақтар өз орнында.
Бату Қарақорымдағы қиғылық жағдайға әуелде оншама алаңдамаған сияқты. Керек десеңіз, мұндай бұлағай ахуал Жошы ұлысын ұтысқа жеткізетін. Қажетті, дербес өкім, жаңа құрылым, ішкі шаруалар тұрғысынан алғанда. Бары бауырында, билігіне сырттай тежеу жоқ. Толық еркіндік. Әкімшілік басқару жүйесі ғана емес, бүткіл әскер құрамы өзінің ғұзырында. Бартольдтың айтқаны бар, Жошы қазаға ұшырағаннан соң Батуды ең алдымен Дәшті-Қыпшақ шегіндегі әскер мойындады және мәртебесін көтерді, деген. Сол әскер қазір молыға түскен, һәм Орыс, Қыпшақ майданы, бұларға жалғас Орталық Еуропа жорығынан соң біржола күшейген, және Батуды ұлыстағы бас қолбасы санайды. Қарулы күштер тізгініне жалғас саяси, әлеуметтік өкім де нығая, берки түскен.
Атасы Шыңғыс ханның жол-жобасы, әкесі Жошының үлгі, өнегесіне жалғаса, тиесілі тізгін алған Батудың Еке Ұлысқа тән басқару жүйесі, Жасақ заңының негізінде қандай шаруалар атқарғанын ойша шамалауға мүмкін. Қалыпты жағдай. Жаңа ұлысының іргесін бекіту, әскер ісімен қатар, ішкі мәселелерді реттеу, оның үстіне, түрік текті, түп негізі ғана емес, бар болмысы ортақ, енді еріксіз араласып жатқан қыпшақ һәм татар қауымының бірлігін жарастырып, ынтымағын қалыптастыратын қаншама ұтымды шаруа атқарылғаны күмәнсіз. Кейінгі бір араб тарихшысы әл-Омари долбарлап айтқандай, татар аталатын келгінші жұртты жергілікті қыпшақ қауымының біржола жұтып қоюы емес. Ассимиляциядан тысқары жағдай. Тілі бір, түр-тұлғасы ортақ, дәстүр-салтында айырым аз, бар жағынан үйлес, қандас, өзара туыс рулар тобының қайтадан ұйысуы ғана. Әйткенмен де, Түрік қағанатынан соңғы заманда, ертелі-кеш аралары ажыраған ағайынның бейбіт жағдайда жаңадан тоғысуы үшін ақылды, епті саясат керек еді. Жаулау, бағынышқа түсіру деңіз, қайыра бірігу деңіз, әуелгі, тұтқиыл шапқын кезеңінен соңғы дәуірде қыпшақ-түрік пен татар-түріктің арасында айтарлықтай алауыздық, өзара жаулық түгілі, пәлендей жатсыну ұшыраспағаны бар тарихтан белгілі. Бағзыдағы Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұрдың әйгілі жорығы кезеңінде, ұрыс-соғыстармен қатар, алғашқы ынтымақ та айқын аңдалған. Бұдан соңғы Қыпшақ жорығында да жаппай, жанкешті қарсылық көрінбейді. Ақыры, бүткіл Дәшті-Қыпшақ Еке Ұлыс құрамына қосылғаннан кейін, Бату ханның Батыс жорығына арғы, бергі қыпшақ түгелдей, қадарынша ат салысады. Ал Бату қайтып оралған кезде, Ертістен бастап, Еділден асып, Қарпатқа дейінгі бүткіл Дәшті-Қыпшақ – біртұтас ел, Жошы Ұлысы. Бірегей, түрік текті қауым тұрыпты, түрі де, тілі де бөтен қаншама халық, оның ішінде ормандағы қалың орыстың өзі иіліп тұр. Басқаша қисыны жоқ еді.
Өз жұртында өкімі шектеусіз хан танылған Бату Батыс жорығынан соң, 1243 жылы жазғытұрым Ұлыс шегіне жеткен кезде Орыс елінің негізгі бір басшысы ұлы кінәз Ярослав Ордаға келіп, бодандық ниет білдіреді. Күні кеше Владимир-Суздаль кінәздігін билеген, Коломна түбінде бар әскерінен айрылып, ақыры Сить ұрысында қазаға ұшыраған Юрий Всеволодович кінәздің туған інісі. Ұлы кінәз деген аты ғана, өкімі жалпы жұртқа жүрмейді. Бату Ярославты жақсы қабылдап, оған «великий князь», «старей всем князем в русском языце» – орыс текті кінәз атаулының үлкені, ұлы кінәз деген мәртебе беріпті. Тарихшылардың айтуынша, баяғы Киев Русінің заманынан соңғы дәуірде шартты ғана атақ екен, енді Батудан соң шынымен-ақ ғұзырлы, толық мағынасындағы ұлы кінәз болып шығыпты және тұқым-жұрағатымен одан әрі жалғастық табады. Есебі, ең жоғарғы мәртебелі ұлы кнәзі бастап, бүткіл Орыс елі Жошы Ұлысының толық бодандығын қабылдады деген сөз. Амалсыз десек те, бейбіт түрде, өз еркімен. Әрине, күні кеше жарым жұрты шапқынға ұшыраған Орыс ешқайда кете алмайтын, тізгінін теріске бұрса, әуелгіден әрмен қатал қырғын таппақ, сол себепті, артық қайшылықсыз ноқтаға көну – ақыл ісі болатын. Сөйтіп, ұлы кінәз Ярослав арқылы Орыс елі жаппай бағынышқа келді. Тек Даниил Галицкий кінәздің ғұзырындағы Түстік-батыс Русь жағдайы ғана өзгешерек қалыптасқан – кейде бодан, кейде ұзын арқан, тіпті, өзінше біршама дербес. Әсілі, Дәшті-Қыпшақпен іргелес көрші Орыс қана емес, Қапқаздағы Гүржі патшалығы, Кіші Азиядағы Селжүк сұлтанаты, Қырымдағы шағын Феодоро кінәздігі және Дунайдың арғы етегіндегі Болгар мемлекеті де Жошы ұлысына кіріптар саналатын.
Сонымен, Батудың әуелгі Бұлғар, Орыс, оған жалғас Орталық Еуропа майданынан соң, айрықша талайлы жаңа құрылым – Жошы ұлысының өзіндік шекарасы анық айқындалады. Бодан және жартылай бодан елдерді есептемесек, Ертістен басталып, Еділден озып, бұдан әрі Таң, Үзе дарияларынан өтіп, Қарпат тауларына дейін созылатын, ал түстікте Балқаш көлі, Шудың төменгі ағысы мен Сыр бойы, Арал теңізін етектеп, ежелгі Хорезмді қамтыған, Қапқаз жотасы – Темір-қақпадан өтіп, Қобан, Қырымнан соң Қара теңіз жағалауы, Дунайдың атырауына дейін жайылып жатқан кең-байтақ өлке – жарым Еуразия, бүткіл Дәшті-Қыпшақ – Жошы Ұлысы Алтын Орданың құтты мекені болып бекіген екен. Жері жайсаң, берекелі, халқы кеуделі, қисапсыз және елдігі мен ерлігіне бүгінгі біздің ақылымыз, қиялымыз жетпес айбынды жұрт, алып мемлекет.

Шырғалаң

Өкетай қағанның өлімі және кешігіп, көп кейін өткерілген Ұлы Құрылтайға дейінгі тұтас бес жыл, яғни, Төрегене-қатын билеген өлара заманда Батудың Дәшті-Қыпшақтағы өкімі ғана емес, бүткіл Еке Ұлыс шегіндегі атақ-беделі де күшейе түсуі анық. Сонымен қатар, бұлғақ шықпаса да берекесіз заманға тоқтау салу, заңды құрылтай мәселесін көтеру де әзірше Батудың назарынан тыс қалғанын көреміз. Қайткенде, ел орнында, азамат күшінде, дәп осы мезгілде өз жұртының қам-қарекетінен маңызды ештеңе жоқ. Бар есеп түзу еді. Алайда, бүткіл Еке-Моғұл Ұлысының шегінде орын алып, күн озған сайын жайылып бара жатқан келеңсіз жағдай бұдан әрі жалғаса бермеуге тиіс. Ел бірлігі әупіріммен тұрған. Іштей божырау мен бассыздық, Жасақ заңының аяқасты қалуы – қатерлі сыпат алған. Ақыры, оңды, солды, әрқилы саяси күштердің, ең бастысы – төрт әулеттің ортақ мәмлесінен соң, Ұлы Құрылтай күні белгіленеді. Енді мұндай заңды жиынды Төрегене-қатынның өзі тоқтата алмайтын еді. Қолынан билік сусып бара жатқанын анық аңдаса да, амалсыз мақұлдапты.
Құрылтай қарсаңында астана байтаққа ең алдымен Шыңғыс ханның еркін, әрі парасатты кенже келіні, Төленің бас бәйбішесі Сұрғақтан-бике келіп жетті дейді. Айрықша сән-салтанатымен, төрт ұлының, таңдама әскер, қаншама мәртебелі ұлықтың қостауымен. Бұдан соң Шығыс тараптан сексен (сексен!) ұлымен Темуге Отшыген-ноян келіп түседі. Бұларға жалғас, ілгерінді-кейінді Шағатай және Өкетай әулеттерінің басты тұлғалары. Әрине, бар тараптан – ұлыстың ұстыны саналатын бахадұрлар мен нояндар, әкімшілік саласындағы ықпалды әмір, алпауыттар. Бұларға жалғас – бодан, жартылай бодан өкімді тұлғалар мен бек, әмірлер, оған қоса, сыртқары, бірақ ниеттес, немесе бейбіт қатынастағы патшалықтар жіберген арнайы өкілдер мен елшілер. Бір сөзбен айтқанда, жарым әлемнің бетке шығар ірілері түгел. Тек… Дәшті-Қыпшақ егесі Бату ғана тартынып қалыпты. Тобанаяқ сырқаты жолға шығуға мүмкіндік бермеген. Әлде шыны, әлде сылтау. Бірақ Ұлы Құрылтайға қарсылығы жоқ, қандай шешім шықса да мақұл екен. Оң ниетін куәландыру үшін қатарынан алты бауырын – Жошы Ұлысын ұстап отырған Орда, Берке, Шәйбан, Беркешар, Таңғұт пен Тоқай-Темір есімді інілерін жіберіпті. Толымды ғана емес, ғұзырлы өкілдер.
Ұлы Құрылтай миләди 1246 жылы тамыз айында өткеріледі. Бұл кезде кемеліне келіп тұрған Еке Моғұл Ұлысының күш-қуаты мен салтанатының айқын көрінісі есепті болыпты. Құрылтайдың ашылуы, барысы мен шешімдері туралы Шығыс деректерімен қатар, дәп осы кезде Қарақорымға келіп, бар тамашаны өз көзімен көрген Карпинидің жазба куәлігі бар. Негізінен айдыны мен сыртқы сыпаты. Ал жабық мәжілістер жөні мұсылман деректерінен мағлұм. Құрылтай айтарлықтай тартысты болмаса да, кейбір кіді мәселелерді өзінше тарқатыпты. Ең алдымен, Өкетай қағанның дүмбілез шешімі теріске шығарылады. Әкелері тірі тұрғанда, балалары бас билікке қол созуы орынсыз деген қисынмен, немере Ширамұнның құқұғы шектеледі. Яғни, алғы қатарда – туған ұлдардың бірі тұруға тиіс. Бұл ретте талас жоқ. Ұлы қағанның тағына лайықты ұл – Күйік деген шешімге тоқтасады. Яғни, Еке Моғұл ұлысының Шыңғыс хан мен Өкетайдан соңғы үшінші қағаны. Біз «Шыңғыс хан» эпопеясының Екінші кітабында (2012 ж.) сыпаттаған, одан көп бұрын «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында (1993 ж.) дәйектеп жазған ежелгі түрік рәсімі бойынша, Күйік сән-салтанатпен таққа отырғызылады.
Күйіктің қағандық өкімі – миләди 1246 жылдың қыркүйек айынан 1248 жылдың көкек айына дейінгі аралыққа сәйкеседі. Жинақтап келгенде, бір жыл, жеті айға толар-толмас азғана уақыт. Бірақ кейінгі тарихшылардың бағамы бойынша, осы бір жарым жыл – Еке Моғұл ұлысына зор апат әкеле жаздапты. Күйік пен Батудың арасы әуелден қырбай екені мағлұм. Енді Күйік бастап, оған қолма-қол қарсы аттанған Бату, яғни Түпкі жұрт пен Жошы ұлысы арасында ғаламат майдан ашылуға тиіс екен. Бүткіл Еке Моғұл империясын саяси дағдарыс қана емес, тікелей азамат соғысы жағдайына түсіретін өзгеше апат. Бұл жосыққа кемеңгер тарихшы Бартольдтың өзі ыңғай берген. Шындығында, біршама кейінгі заман – Күйіктен соңғы ұлы қаған Мөңке мен Сайын хан Бату арасындағы тығыз бірлік нәтижесі, екі тарапты бұдан әрмен жақындастыра түсу үшін, қаған төңірегі ойдан шығарған, қисынсыз ахуал. Бату таққа отырғызса, одан бұрын біз де айрықша қызмет жасағанбыз демек үшін. Міне, қараңыз. Күйік қаған Қарақорымнан аттанған кезде оның шын ниетін аңдаған Сұрғақтан-бикенің Батуға шапқыншы жіберуі, қолма-қол қарсы жүрген Батудың Алатау етегіне жетіп үлгеруі, басқасын былай қойғанда, ешбір мезгілдік есепке сыймайды. Бұл кіді мәселені Шыңғыс хан эпопеясының Төртінші кітабында таратып айтып, нақты дәйектеген едік. Шындығында, Күйік Батуға қарсы аттанған жоқ, денсаулық жағдайына байланысты, өзінің Еміл бойындағы жайлы, атадан еншілі қонысына қарай жүрді және арада қырық күн өтер-өтпесте, жолай ажалға ұшырады. Ал Бату, қисынына қарағанда, қиыр-қиғаш Самарқанд емес, тиесілі жол ұштығы – Алатау етегі Алақамаққа Күйіктің өлімі туралы хабардан көп кейін келіп түсті. Айналасы бірер ай ішінде, суыт жүрістің өзінде үш жарым айлық жолы бар Еділге Күйіктің қатерлі жорығы туралы хабар жетіп, ертеңіне де емес, дәп сол күні Батудың қалың қолмен қарсы аттанып, Алатаудың етегінен шығуы үшін, кем дегенде жеті ай, шындығында, ең шұғыл дегенде сегіз-тоғыз ай уақыт керек болар еді. Біздің басқалар жазған үстірт тарихымызда осындай шалағай байламдар ұшыраса береді. Қайталап айтайық, Күйік пен Бату қаншама қырбай болса да, ұлы империяны азамат соғысына ұшыратар қисын жоқ еді. Бату Күйіктің қаған көтерілуін іштей мақұлдамаса да, қалыпты жағдай нәтижесімен санасқан, әуел бастан атаулы қарсылық танытпайды, сондай-ақ, қаған көтерілген Күйік те Батуға, Жошы Ұлысына қатысты ешқандай көлденең әрекет жасамаған, атаулы жарлығы тұрыпты, тағы бір немере іні Бөрі сияқты, артық-ауыс лепесі жоқ. Күйік қаған бұрнадан белгілі нашар денсаулығын оңдау үшін, ауа райы қолайлы, өзіне үйреншікті Еміл–Ала-көл алқабына тынысқа шықты. Ал Бату Күйіктің ақ-адал ажалынан соң, Ұлыс өміріндегі шешуші кезең қамымен Алатау етегіне келіп жетті, енді осы, Түпкі жұртқа тақау аймақта отырып, Еке Ұлыстың келесі қағанын сайлау қамына кіріскен.
Ал Еке Моғұл ұлысының тарихындағы үшінші қаған Күйікке тағдыр қажетті мұрсат бермеген екен. Бастаған игілікті істерін жеріне жеткізе алмады. Біз бұдан бұрын атап жазған едік: түптеп келгенде, Күйіктің келте қиылған қағандық қызметі оңымен бағалануға тиіс – божыраған ұлыстың бас-аяғын қайыра жинақтады, ұзақ бес жыл бойы орын алған жолсыздықты тыйып, ежелгі Жасақ заңын қайтадан күшіне енгізді, Ұлыстың басқару жүйесін бұрнағы арнасына түсірді, деп. Өзінің алып империя, асқаралы халқының алдындағы борышты қызметін хал-қадарынша, мүмкіндік шегінде, адал атқарып кетті, деп. Ерекше тумысынан емес, Шыңғыс хан құрап, қалыптастырған мемлекеттік жүйені одан әрі жалғастырған себепті.

Алтын Ұрықтың Ағасы

Қайткенде Шыңғыс ханның Жасақ заңын берік ұстанған, ұлы бабаның өсиетін қастерлеп, ұлыстық-мемлекеттік рәсімді берік сақтаған, өзі ұнатпайтын Күйікті заңды қаған деп мойындап, көпе-көрнеу алауыздық, басбұзар әрекеге бармаған Бату енді толық еркіндік алды. Әулет Ағасы ғана емес, бүткіл Еке Ұлыс шегіндегі ең басты тұлға. Бастаушы және бағыттаушы алапат күш.
Бұл кезде құдіретті Шыңғыс хан империясында осымен екінші мәрте қатын-билік орнаған. Күйік қағанның бас бәйбішесі Оғұл-Қаймыш. Бұрнағы Төрегене-қатыннын өктем ғұзыры жоқ, есесіне парықсыз топастығы жетіп артылады. Қайткенде биліктен тайдыру тым қиын саналмаған. Бату қозғау салып, бүткіл Еке Ұлыс шегінде, жаңа қағанды көтеруге тиіс үлкен құрылтайға ашық дайындық және астыртын қам-қарекет басталады.
Алтын Ұрық әулетінің ішіндегі әрқилы келіссөздер ағымында бір жыл өте шығыпты. Айтарлықтай нәтиже жоқ. Керісінше, дүние теріс айналып барады. Жаңа қаған сайлау тұрғысынан ғана емес. Бүткіл Еке ұлыс, атап айтқанда, Қарақорымдағы басқару жүйесі бойынша. Ақылсыз Оғұл-Қаймыш төңірегіне бақсы-балгер жинап алып, бей-берекет күн өткеріп жатыр. Ал Күйік қағанның бел балалары Нақу мен Қожа әрқайсы өзінше әмір сияқты. Қаған міндетін атқарушы шешелерімен келіспей-ақ, екі тарапта мемлекеттік екі кеңсе ашады. Әрқайсы дербес өкім құрып, кейде өзара қарама-қайшы, әртүрлі жарлық шығарып, шар тарапқа жолдап жатады. Сөйтіп, бірегей мемлекет ішінде билікті үш орталық пайда болыпты. Бас уәзір, данагөй Шыңқай қайсын қабылдарын, қайтерін білмей басы қатып отырады екен. Әрине, бар шаруа былығып, ұлыстың әкімшілік қызмет жүйесі дағдарысқа ұшыраған.
Ақыры, Бату бар істің тізгінін жеке өзінің қолына жинақтай бастапты. Іргелі ел бағзы бір кездегідей иесіз қалмауы керек және қиыр Шығыстан көз жеткісіз Батысқа дейін созылып жатқан алып мемлекетті басқару – бала-шағаның күш-қуаты мен ақыл-парасаты жететін оп-оңай шаруа емес, деп ашық айтыпты. Яғни, Өкетай қаған ұлдары үлкен билікке жарамсыз. Ал Шағатай әулеті туралы сөз болуы да мүмкін емес. Шыңғыс ханның екінші ұлы әуел бастан-ақ орталық биліктен тысқары қалған. Сөйтіп, Батудың таңдауы Төленің үлкен ұлы Мөңкеге түседі.
Бату мен Мөңкенің қашан, қалай жақындасып, ортақ тіл тапқаны белгісіз. Бұрнағы білістік өз алдына, Батыс жорығында бірге болды және Мөңке Батуды ашық жақтамаған күннің өзінде, Күйік пен Бөрінің қарсы жанжалынан сырт қалған. Кейінгі тарихшылар айтқандай, екеуінің жаһаттас достығы да сыртқары долбар. Сондай-ақ үлкен ұл Жошы мен кенже ұл Төленің ұрпақтары ортаншы екеу – Өкетай мен Шағатай әулетін биліктен тайдыру үшін одақтасуы да беріден қайрылған ұшқары пікір. Шындығында, кемеңгер атадан соңғы екінші, үшінші қағандар Өкетай мен Күйік әулеті үлкен өкім, мемлекет тағдырын шешетін, ел– жұртты болашаққа бастайтын айрықша қабілеттен тысқары болып шықты. Яғни, Батудың бар ісі – билік жолындағы күрес емес, ұлыстың болашағы туралы тереңінен ойланған қам-қарекет нәтижесі. Белгілі бір әулет емес, бүткіл халықтың мүддесі, мемлекеттік көзқарас бірінші орынға шықты деген сөз. Егер бар кілтипан билік тұтқасында тұрса, дәп осы кезде Батудың өзінің қаған сайлануы оп-оңай еді. Шынында да.
Сөз аяғы созылып бара жатқан соң Бату шешімтал қимылға кіріседі. Төрт тарап, мәнді, мәнсіз, нәтижелі, нәтижесіз келіссөздерден кейін, шамасы 1249 жылдың жазғытұры Кіші құрылтай шақырыпты. Тәрізі, өз иелігі, Дәшті-Қыпшақ даласының шығыс шегінде. Бұл Кіші құрылтайға Шыңғыс ханның үлкен және кенже ұлдарының ғұзырлы ұрпағы түгелге жуық, ал ортаншы екі ұлдың әулетінен санамалы ғана кісі қатынасады.
Мәжіліс басталар-басталмастан-ақ әуелгі топтағы Алтын Ұрық өкілдері, әскербасылар мен шонжарлар Батудың өзіне қолқа салыпты. Шыңғыс ханның алтын тағына бірден-бір лайықты тұлға сенің өзіңсің, қаған көтереміз, деп. Бату бірден-ақ бас тартады. Және ұлы бабаның кенже ұлы Төленің ерекше талайын алға салып, ендігі таңдау Мөңкеге тиесілі екенін айғақтайды. Талассыз ақиқат. Енді Өкетай немерелері – Күйік ұлдары Қожа мен Нақу құрылтайдың аяғын күтпей, ешкіммен қоштаспай, өз ордаларына қайтып кетіпті.
Онсыз да шешіліп қойған мәселе – Бату Мөңкенің айрықша құқұғын біржола дәйектейді. Және көпшілік қауым да осы шешімге тоқтайды. Ақыры, Мөңкенің рәсімді, сыпайы қарсылығына қарамастан, толық келісімін алыпты. Бұдан соң Бату бастаған барлық жұрт баскиімдерін шешіп, кіселі кәмәр белбеулерін мойнына салып, құлдық ұрады және жаңа қағанды мұндағы тақ есепті биіктеу бір тұрғыға апарып отырғызады. Қайырылмас шешім қабылданды. Бірақ бұл – алғашқы қадам ғана болатын. Бар рәсім заңды түрде толық атқарылу үшін, қаған сайлау Түпкі жұртта, Алтын Ұрық өкілдерінің сөзсіз мақұлы, әскербасы және ел ұстаған алпауыт әмірлердің қостауы арқылы ғана жүзеге асуға тиіс.
Бату Ұлы Құрылтай мәселесін саясаты мол, дарынды іні Беркеге тапсырады. Қасына Тоқай-Темірді қосып, отыз мың әскер шығарыпты. Тиесілі сауын айтылады. Алайда, Өкетай мен Күйік әулеті түгелдей, Шағатай ұлдары түгелге жуық мұндай құрылтайды мақұл көрмейді. Батудың таңдауы дұрыс емес, бармаймыз, және біздің қатыс, ризалығымыздан тыс қандай да құрылтай өткерілуге тиіс емес, деп жариялапты. Іс алға жылжымай қояды. Ақыры, құрғақ үгіттен қажыған, шарасыз Берке Батудың өзіне хабар салыпты. Міне, екі жыл өтті, біз Мөңке қағанды заңды тағына отырғызудың жолын таппадық, Өкетай қаған мен Күйік қаған балалары келген жоқ және Шағатай ұлы Есу-Мөңке де шырай бермей отыр… деп. Батудың жауабы нақты, әрі қатқыл болыпты: Сен Мөңкені таққа отырғыз, кім болса да құрылтайға келмеген кісі Жасақ заңы бойынша басынан айрылады – деп.
Сонымен, көп ұзамай-ақ қажетті Ұлы Құрылтай өткеріледі. Төленің үлкен ұлы Мөңке – қаған көтерілді. Рәшид-әд-Диннің дәйектеуінше, хижраның 648-санаты, доңыз жылы, зүлқада айында – миләди 1251, февраль.

Сайын хан

Бату – қаған мәртебесінен бас тартты. Саясат қана емес, қажеттілік. Жарым дүниені алып жатқан Жошы ұлысының бағы басында, халқы мол, байлығы кенеусіз. Мазасыз Қытай шекарасынан аулақ. Әйгілі керуен жолдарының ұзына бойында. Жері шүйгін, ауа райы ұтырлы. Оның үстіне, Батудың өкімі мен дәрежесі, сырттайғы атақ демесек, ұлы қағанмен теңдей мәртебеде. Тіпті, көп ретте Батудың даңқы ғана емес, пысы да артып жатады. Бұл жағдайға жиһанкез, әрі ғұзырлы елші, әйгілі Гильом Рубрук арнайы назар аударған екен. Өзара өкіл алмасқанда, Мөңкенің тікелей иелігіндегі жұртта Батудың кісілерінің қадыр-құрметі артығырақ көрінеді, депті. Ал Мөңкенің өзінің осы Рубрукқа айтатыны бар: «Күннің сәулесі бар әлемді жарық қылып тұрған сияқты, Бату екеуіміздің билігіміз де жер-дүниені тұтасымен қамтып тұр», – дейді. Тепе-теңдік туралы тағы бір сөзі: «Бір баста екі көз бар, екеу болса да көруі, танымы ортақ», – деген. Батыс падишахы Людoвик ІХ-ға жолдаған мәртебелі хатын тапсырып тұрып, осы мемлекеттік мәні бар қатынас қағазын жолай Батуға көрсету қажеті және оның түзету, мақұлынан соң ғана толық күшіне енетінін ескерткен.
Әрине, шартты түрде Мөңкенің дәрежесі жоғары. Бату бұл ретте ешқандай менмен, тасырлыққа жол бермейді. Батыс жұртының тілімен айтқанда, «Татар патшаларын өз қолымен сайлап отырған» Бату Жошы Ұлысына қай тараптан да арнап келген елшілерді міндетті түрде Қарақорымға, Мөңке қағанның алдына бағыттайды. Сөйтіп, Бату заңды өкімге тиесілі құрмет көрсетсе, ресми қаған да Батудың мақсат-мүддесімен үнемі санасып отырған. Кейбір Батыс зерттеушілері бұл кезде Еке Моғұл империясы шын мәнісінде екіге бөлінді деп жазатыны бар. Құқұғы теңдес екі серек шыққандықтан. Анығы – екі бөлек емес, тең дәрежелі екі патша билеген біртұтас мемлекет. Шыңғыс ханның жолы мен өсиетін берік тұтқан, өзара ақылдас, мұраттас бауырлар. Бірақ тағы қаншама қандас бар. Шын мәнісінде туыстық – екінші қатарда. Ең бастысы – ұлыстың айнымас мүддесі, мемлекеттік тұрғы, ендігі заманда бәрі де сыртқы жұрттар тарабынан кейде татар, кейде қыпшақ атанған, нәсіл, тегі ортақ түрік қауымының мерей-мәртебесі, болашақ ұрпақтар қамы.
Алыс астанада отырған, жолы үлкен саналған Мөңке қаған қандай жағдайда да Дәшті-Қыпшақтың ішкі істеріне араласпайды. Атаулы нұсқау, арнайы жарлықтар жоқ. Осыған керісінше, тиесілі тарабында Бату толық еркіндік алыпты. Өз ұлысымен қатар, империя ғұзырындағы бодан аймақтарда жалтақсыз, жеке өкімін жүргізеді. Бүткіл басқару жүйесі, әрқилы кермар жағдайлар шешімі, барыс-келіс, ішкі, сыртқы қатынастар жөні – Батудың тікелей жарлықтары негізінде реттеліп отырмақ. Сол заман тарихшылары куәландырған кілтипан – бодан жұрттағы әміршілер, немесе іргелес аймақтар арасындағы дау-дамай қашанда Батудың жекелей шешімі арқылы реттелген. Сондай-ақ, Жошы Ұлысының өз ішіндегі ханзадалардың атаулы иеліктері, ауыс-күйісі, мәртебесі мен күш-қуаты да Батудың ғұзырында. Тек Батудың ғана ырқындағы әскер күші өз алдына.
Жеке билігін емес, үлкен ұлыс мүддесін бәрінен жоғары қойған Батудың арқасында осы бір алмағайып кезеңде әлемдік Еке Моғұл империясы біртұтас, қуатты және алып мемлекет ретінде салтанат құрып тұрған еді. Шыңғыс хан немересі, Жошы ұлы Батудың соңғы сағатына дейін. Сондықтан да Бату көзінің тірісінде Сайын хан деген мәртебе алды. Тіпті, негізгі ныспысы есепті. Сайын хан – яғни, мейірбан, кең, ізгі, жомарт, ақылман, ғаділ, жарқын хан. Сайын хан! Алтын Орда тарихында, басқа тарихтарда қайталанбаған, сындарлы, ересен есім.
Сайын хан – тек бауырлас төрелер, ұлыс тұтқасы әмірлер мен әскербасы бахадұр, нояндар, бүткіл қарашы қауым қабылдаған һәм жалпылай үйреншікті, ғұзырлы есім ғана емес, бодан және жартылай бодан жұрттармен қатар, іргелес патшалықтар елшілері мен тарихшылары жаппай таныған биік мәртебе. Сайын хан атағы кейде Бату хан есімімен қатарлас қана емес, араб, парсы, армян деректерінде толық ныспы ретінде, жеке-дара қолданысқа да түседі. Ерекше атаққа негіз болған сын-сыпатымен. Көтермеден, жәреукеден тыс, шынайы, ақиқат мінездеме.
Батудың шет жұрттардағы беделі соншама, бүткіл әулетке қатысты, жалпыға белгілі, үйреншікті «Шыңғыс хан үйі» дейтін ұғым енді «Батудың үйі» деп те айтыла береді. «Бұл Бату Татар жұртындағы ең ұлы, ең алпауыт патша», – деп жазады араб тарихшысы Ибн Уәсіл. «Батудың ұлы қаған тағын иеленуге хақысы басқа ағайындардың бәрінен де жоғары болды», – деп айғақтайды, жалғас заманда ғұмыр кешкен, Жошы ұлысына қатысты көптеген құнды мағлұмат қалдырған араб тарихшысы, Мысыр сұлтанының хатшысы әл-Омари. «Бату өте-мөте ғаділ патша болды», – деп жазған әйгілі парсы тарихшысы Жүзжани. «Батуды Сайын хан деп атады. Ол күш-құдіретті, айрықша ықпалды болды және Жошы ханнан соң ұлысты басқарды», – деп жазған мәшһүр Рәшид-әд-Дин.
Жошы ұлысына бодандық жағдайындағы, яғни, коммунистік, советтік ұғым тұрғысынан қарағанда езілуші, жапа шегуші гүржі, армян тарихшылары да Бату-Сайын туралы көптеген ұнасымды лепес, нақты деректер қалдырған. Нақты, ұнасымды ғана емес, бар жағынан жоғары бағалаған, құнды айғақтар.
Грузияның ортағасырлық «Картлис цховреба» – Картли, яғни «Грузия тарихы» шежіресінде: «Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошының (Туши) ұлы Бато – Овсетия, Ұлы Кивчакия, Хазария және Рус жерін билеп отырған, қатарынан озық, асқан ұлы әмірші» деп атап айтады. Тағы бір тұста Батуды: «Кивчакия мен Овсетияны, Рус, Болгарияны, Даруванд пен Хатаети шегіне дейінгі [қаншама жұртты] билеген ұлы каэн» деп сыпаттаған. Осы гүржінің «Хронограф» аталатын қатарлас және бір тарихы «Бату каэннің» жарым әлемде өкім құрып отырған құдіретті хан екендігін неше мәрте қайталап айтады.
Сол тұстағы армян тұма-көздері бір жосын.
Атақты Киракос Гандзакеци таңбалаған «Армения тарихы» Шыңғыс хан дәуіріне қатысты қаншама құнды дерек, тың мағлұматтармен қатар, Бату хан тұрғысында да біршама ақпар береді. Киракостың кейіптеуінде Бату хан – өз заманында алапаты асып, айрықша еңселеніп тұрған ғажайып тұлға. «Солтүстік алқапта, Еділ аталатын түпсіз терең, ұлы дарияның жағасында, сансыз әскерімен жайласқан ұлы қолбасы Батудың «хан әкесі» дейтін мәртебесі бар…» Түрки лұғатты еркін меңгермеген тарихшы барлық деректегі, Батуға тиесілі ака – «аға» сөзін әке мағнасында ұққан сияқты. Бірақ бұдан іс мәнісі өзгермесе керек. Бұл Батудың өкім-құдіреті соншалық, «оның қалауынсыз ешкім де хан тағына отыра алмас еді…», – депті. Кейінгі кезең емес, Күйік қағанның тұсы. Бұдан әрі Батудың гүржі Русудан патшайымды бейбіт жағдайда бодандыққа келтіруі, оның туған ұлы Давидке бейіл беруі туралы айтылады. Келесі лепес – Күйік қағаннан соңғы заман. Әуелгі бір анықтамасын қайталап, тереңдетіп жазған. «Ұлы әскербасы Бату Солтүстік атырапта, Каспий теңізі мен әлемде теңдесі жоқ ұлы дария Еділ бойында өкім құрады… Бату соншама құдірет-күшке жетіп, жұрттан озды, жер жүзін бағынышқа түсірді, қаншама елді кіріптар қылды. Туыстары оны өздерінің бәрінен жоғары санады, өйткені, осы ортадан патшалық тағына хан таңдау – Батудың тікелей жарлығы арқылы ғана жүзеге асар еді…» Бұдан әрі Батудың жаппай өтінішке қарамай, қаған мәртебесінен бас тартып, Мөңкені өз қолымен таққа қалай жеткізгені баяндалады. Киракос Гандзакеци Батудың ересен беделді, құдіретті өкімімен қатар, ақыл-парасаты мен ғаділ билігін де атап көрсетеді. Қаншама жұрт жапырлап алдына баратын, дейді. «Тиесілі иелігінен айрылған, немесе ғұзыры кеміген, әрқилы жапа шеккен патшалар мен патшазадалар, кінәздер мен көпестер шағым айтып келсе, Бату бар істі байыппен шешіп, ғаділ өкімімен тиесілі есесін қайтарып бергізетін, және Батудың осы реттегі жарлық қағаздарын орындамауға ешкімнің де батылы жетпес еді», – деп атап көрсеткен.
Тек Киракос қана емес, басқа да армян тарихшылары Бату туралы тек қана жағымды, оңды лепестен айнымайды. «Бату айрықша мейірбан еді, сондықтан халық оны Сайын хан деп атады», – деген Григор Акнерци. Ал Себастаци Батуды «Солтүстіктің ұлы әмірі, ұлы хан» деп атайды. Өз тарабында Степанос епископ «Солтүстік ханы» деп көрсетсе, Давид Багишеци «атақты Бату хан» деп жазған. Сондай-ақ Вардан Аравелци Батуды «Солтүстіктің ұлы әміршісі» деп айғақтайды. Магакия Абега «Бату өте мейірбан еді, сондықтан халық оны Сайын хан, яғни қайырымды, жақсы хан деп атады», – деген. Және бірқилы көтермелеп, «Сайын хан бұл кезде Шыңғыс ханның тағында отырған еді», – деп жазатыны бар. Әрине, Шыңғыс хан тағы емес, бірақ Батудың өкімі шексіз, күш-қуаты кенеусіз деген мағнада ұқсақ керек.
Бату Батыс Еуропа деректерінде және құрметпен аталады.
Кейінірек жасаған Марко Поло Сайын ханды аса әлуетті әмірші ретінде сыпаттаған. «Батыс Татардың алғашқы патшасы – Сайын болды, – депті. – Бұл, күш-қуаты зор, құдіретті Сайын патша Росия, Комания, Алания, Лак, Менгиар, Зи, Гучия және Хазария жұрттарын бағынышқа келтірді; одан бұрын бұл елдердің барлығы командарға тиесілі болатын», – дейді. (Мұндағы коман – құман, яғни қыпшақ, менгиар – мажар, зич – черкес, гуч – қырымдық гот; аралықтағы алан, лак, хазар жөні түсінікті болса керек.)
Ал замандас есепті Карпини мен Рубрук жақын ортада сырттай естіген нақты мағлұматтармен қатар, Батуды өз көздерімен көрген, алғаш келген бетінде, кейін Қарақорымнан қайтар жолда, алтынды Ордада бірнеше мәрте қабыл рәсімінде болып, тілмаш арқылы тікелей тілдескен.
«Тоссук-кан ұлы Бату императордан кейінгі ең дәулетті, ең абадан тұлға», – деп атап көрсетеді Плано Карпини. Тағы бір тұста: «Бұл Бату – өзі бағынуға міндетті императорды айтпасақ, Татар әміршілерінің бәрінен жоғары және қуатты», – дейді. Ал Мөңке қаған туралы сөз болғанда, оның құдірет-күші «Батудан басқа барлық жұрттан артық» екенін, яғни бұл ретте де Батудың тепе-теңдес жағдайын дәйектеген. «Бату өзінің қарашы жұртына мейлінше мейірбан, сөйте тұра көпе-көрнеу айбынды; соғыс атаулыда көреген, тіпті, айлакер, ал ұрыста айрықша қаһар», – деп сыпаттайды.
Біршама машақат сапардың ақырында Ордаға келіп жеттік, енді азғана бөгелістен соң Батудың дәргейіне қабылдандық, дейді. Біз мәртебелі Папаның арнайы хатын өзімізге тіркелген тілмаштар арқылы орыс, сарацин (яғни мұсылман, бұл ретте парсы) және татар тілдеріне аудартып, жазып, алған едік, дейді. Бату татар тіліндегі қағазды мұқият оқып шығып, ықылас білдіреді. Сонымен, елшілер өз тұрағына қайтады. Ал екінші мәрте, кең көлемді қабыл біршама тәптіштеліп баяндалған.
«Бұл Бату Татар императоры іспетті, сән-салтанат жағдайында ғұмыр кешіп жатыр», – дейді Карпини. Бұдан әрі еңселі, әрі сәнді шатырда қалай қабылдағанын баяндапты. Тақ сияқты биік төрде, әйелдерінің бірін қасына алып отырды, інілері мен ұлдары ортада, төменірек, ұзын сәкілерде жайғасқан, қалған жұрт бұлардың артында, жерде – ерлері оң жақта, әйелдері сол жақта отырды, дейді. Қақ ортаға жозы қойыпты, үсті толы сусын құйылған, алтынды, күмісті ыдыстар. Бату да, басқа төрелер де тек ән айтылып, күй тартылғанда ғана ішеді екен, депті. Біз әуелде елшілерге тиесілі рәсім бойынша, сол жақ қапталда жайғастық, ал [Қарақорымнан] қайтқан жолы үнемі оң жақта отырдық, дейді.
Осы орайда Гильом Рубруктың Бату және оның Ордасына қатысты жазбалары біршама тиянақты көрінеді.
Бату тұтастай алтын шаптырған, кеңіс, ұзыншақ тақта отырды, деген. Қасына ханымдарының бірін алыпты. Қалған [мәртебелі жұрт] оң мен солға, ілгерінді-кейін орналасқан… Шатырға кіре беріске тақау орындықта саба толы қымыз және асыл тастармен безендірілген алтын, күміс аяқтар тұр… [Нөкерлер] бізді шатырдың орта шеніне жетектеп әкеліп, дұғаның бір қайырымындай уақыт түрегеп, дағдарып тұрған соң, құрметті тағзым жасауды сұрады. Әуелі бір тіземді бүктім, содан соң Батудың өзінің нұсқауы бойынша, екінші тіземді бүктім, дейді. Енді Бату бізге қадағалай көз салды, біз де Батуды бажайлап көрдік. Батудың бой-тұлғасы, жаны жаннатта болғыр Жан де Бомон қарайлас сияқты…» (Бұл де Бомон – Франция королі Людовик ІХ-ның дәргейінде жетінші крест жорығына қатысқан әйгілі адмирал екен: тәрізі, бітімі зор, еңсегей бойлы кісі.) «Батудың бет-аузы қызыл таңдақты көрінді», – дейді. Әлдебір ішкі сырқат белгісі. «Мен датымды баяндап болған соң, түрегелуге бұйырды. Біздің аты-жөнімізді сұрады және бар лепесімізді жазып алуға тапсырды. Бірнеше айқындаушы сұрақтан кейін қайтадан отыруға рұқсат етті және қымыз келтіруге шешті. Өз үйінде қымыз ұсыну бұл жұртта үлкен құрмет саналады екен… Бұдан соң… мен төменшіктеп отыр едім, тіке қарауға бұйырды, – әлде менің түрімді анығырақ көргісі келуі, әлде жерге қарау жаман ырым, теріс әдет санағаннан…» – дейді.
Мәртебелі елшілерді Мөңке қағанға бағыттағанда, қажетті барлық жағдайын жасайды, ал Рубруктың өзіне мол, жылы тон бергізіпті, Бату сыйлаған осы тонның арқасында қақаған қыста жан сақтадым, дегені бар. Келесі бір орайда ұлы қаған Мөңкенің өзі Батудың қалауымен сайланды деп атап айтады.
Қарақорымнан қайтқаннан кейін Рубрук Батудың Орда жұртында бір ай шамасында бөгеліп, іргелесе көшіп жүреді. Бүткіл жазбасында Батудың ханға, әміршіге тән артықша тәкаппар, астам кейпі, әлденендей ұнамсыз мінезі туралы сөз жоқ. Әрине, көпе-көрнеу мақтамайды, бірақ атаулы сөздерінен ризашылығы мен қадір-құрметі айқын танылып тұрар еді.
Рубрук Батудың жиырма алты әйелі бар, деген. Табиғи жағдай. Әрине, көпшілігі құма. Рәшид-әд-Дин бойынша, қатын мәртебесіндегі бәйбішелерден төрт ұл туады: Сартақ, Тоқан, Әбукен, Ұлақшы.
Батудың діни нанымы туралы екідай пікір бар. Жүзжани «Бату айрықша ғаділ және мұсылманға дос болды, – деген. – Мұсылман қауымы оның қамқорлығында, еркін, қауіпсіз, барақат ғұмыр кешті, – дейді. – Сенімді кісілердің айтуына қарағанда, құпия түрде мұсылман дінін қабылдаған…» Бірақ бұл сөзге құлай нанбағаны байқалады. «Егер хақ дінді болса, Алланың рахматына бөленсін, гәуір болып өтсе де, сол Алланың кешуіне жеткізсін», – деп түйіндеген. Ал Уассаф Бату «христиан дінін ұстанды», – деп атап көрсетеді. Бірақ бұра тартқан жоқ, ешбір дінге артықшылық бермеді, дейді.
Өз тарабымыздан дәйектесек, Жүзжанидің де, Уассафтың да толғамында сырттай қисын бар. Жасақ заңы бойынша, қандай да діннің қатарынан артық сыпаты жоқ, өзара теңдес, бәрі де құдіретті танудың өзіндік жөн-жобасы. Яғни Бату мұсылманға ықыласты, христианға да теріскей емес. Алдына келген қандай да кісі өзінің дініне деген сый-құрметті анық аңдаған. Осы орайда түйінді сөз Жувәйниге тиесілі деп білу қажет. «Бату белгілі бір дінді ұстанбаған патша болды, ол әрқилы ағым, тариқат атаулының барлығын жаратқанға құлдықтың әр тарап жолы деп қана санады», – дейді. Ұлы қаған Шыңғыстың айнымас қағидасы. Сонымен қатар Бату да ата-баба рәсімі – Тәңірі дінін берік тұтқан. Жүзжани Бату ханның ескілікті моғұл, яғни қадыми түрік салты бойынша жерленгенін атап айтады.
Негізгі бір мұрағатар куәлігі бойынша, Бату миләди 1255–1256 жылдар жапсарында дүниеден озған. Қашанда дәйекті армян тарихшылары нақты көрсетіпті. «Солтүстік әмірі, ұлы қолбасы Бату армян жыл санауы бойынша, 705 жылдың бастауында қайтыс болды», – деп жазады Киракос Гандзакеци. Бұл деректі Вардан Аравелци нақпа-нақ қайталайды: «Солтүстіктің ұлы падишахы Бату 705 жылы өлді». Бұл «705 жылдың бастауы» – 16 январь, миләди санат бойынша, 1256 жылдың алғашқы айларының бірі, тәрізі, январь мен февраль тоғысы. Көпшілік және қисынды деректерде қырық сегіз жасында ұша барған. Әкесі Жошыдан соң тура жиырма тоғыз жыл өкім құрған екен. Оның соңғы төрт жылында тежеусіз билікке жетті.
Шыңғыс ханның сүйікті ұлы Жошы қазіргі Қазақ жұртының шегінде Қыпшақ ұлысының әуелгі межесі мен өзіндік құрылымын айғақтап үлгерсе, ұлы қағанның озғын немересі Бату болашақ Алтын Орданың іргесін бекітіп қана қоймай, Ертіс дариясынан Қарпат тауларына дейін созылған, жарым Еуразияны қамтып жатқан алып империяның бар тұғырын бекітіп, оның күш-қуатын шарықтау шегіне жеткеріп кеткен екен.

БЕРКЕ ХАН

Қайраткер. Қолбасы

Күйіктен соң, Еке Моғұл ұлысының жаңа қағанын сайлау дайындығы кезеңінде үлкен ұл Жошы мен кенже ұл Төле әулеті тұтасымен, жекелеген Шағатай ұрпақтары және Шыңғыс ханның туған інілері Қасар мен Қашиұн, Отшыген тұқымы – жинақтап айтқанда, қарымды, қарулы төрелер нәсілінің басым көпшілігі Батуға қолқа салғаны белгілі. Бүткіл Алтын-Ұрықтың Ағасы өзің, ұлы қаған мәртебесіне бірден-бір лайықты кісі де өзің, сені хош көреміз және төбемізге көтереміз, деп. Батудың жауабы тосын естіледі: Маған және Берке ініме қарасты мынау байтақ өлке [Дәшті-Қыпшақ] шегінде қаншама патшалық пен иелік бар, соның бәрін басқару үстіне Шын мен Түркістан, Ғажамды және игеру мүмкін емес…» – деген. Өзінде барына қоса, Қытай мен Түркістан және Ғажам (ол кездегі ұғым бойынша Иран, Ирақ, Әзірбайжан hәм Кіші Азия) билігі, яғни, Ұлы қаған мәртебесінен үзілді-кесілді бас тартады. Сөйтіп, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің өзгеше құқұғын алға салыпты. Шын мәнісінде, үлкен саяси есеп, болашақты болжаған даналық шешім. Және бірден назар аударатын жағдаят – өзіне тетелес әмірші ретінде Беркені атап көрсетіп отыр. Бұдан соң шырғалаң жағдайда, қайткенде Төленің тұңғышы Мөңкені қаған көтеру үшін, Түпкі жұрт – Татар даласына сол Беркені жібереді. Қасына тағы бір сенімді інісі Тоқай-Темірді қосып, аз-кем емес, отыз мың аламанммен. Беркенің қатаң, шешімтал басшылығымен, бар шаруа орнына келгені мағлұм.
1
Соншама сенім артқан іні – сөзсіз мұрагер емес, Шыңғыс хан бұлтартпас ерекше пәрменімен өкім – ағадан ініге көшетін ежелгі түрік дәстүрін бұзып, ізбасар мұрагер ретінде өз кіндігінен – әуелде үлкен ұл Жошыны, оның күтпеген қазасынан соң үшінші ұл Өкетайды бекітіп кеткен. Яғни, қаншама беделді болса да, Қыпшақ ұлысының келесі әмірі – туған ұлдардың бірі болмақ. Алайда, Батудың өлімінен соң арада бір жарым жыл өтпей, Түрік қағанаты заманынан тартылған дәстүр-салт қайтадан жаңғырғанын көреміз. Бұл, әлемдегі ешбір халықтың рәсімінде жоқ өзгеше қисын: баяғы Күл-Тегін ескерткішінде нықтап айтылғандай, хан тағына әкеден соң бала емес – іні, бұдан кейін сол інінің ағасының ұлы… отыруға тиіс. Есептен шыққан, бірақ естен кетпеген жол-жора. Бұрнағы қаған Өкетайдан соң билікке қол созбақ болған туған іні Темуге-Отшыгеннің талабы – кейінгі тарихшылар байыптағандай, қисынсыз бұзақарлық емес, сол ескі рәсімнің жаңғырығы есепті. Осы, кейінгі ғұрып бойынша, Жошы ұлысының ендігі әмірі – Бату ағаның бел балаларының бірі болуға тиіс.
Шынында да осылай ойысады. Рәшид-әд-Диннің тауарихында, Батудың төрт ұлы аталады: Сартақ, Тоқан, Әбуген, Ұлақшы. Үлкен ұл Сартақ, Карпинидің, оған жалғас Рубруктың айтуынша, бұл кезде мемлекет істеріне араласа бастаған, есебі, талассыз мұрагер. 1255 жылдың ақырына таман Бату Сартақты Қарақорымға, Мөңке қағанның алдына жібереді. Бұл кезде Мөңкемен аралықта, тым қиғаш болмаса да, арты ушығуы мүмкін қайшылықтар туа бастаған. Негізгі мақсат – сәлем беру емес, осы орайдағы тікелей келіссөз болса керек. Үлкен ұл бәрін тындырып қайтуға, немесе аралық қатынастың ұңғыл-шұңғылын анықтауға тиіс. Алайда, Сартақ Бас Ордаға жетер-жетпесте Батудың өлімі туралы хабар келеді. Қосарлас, үлкен есепте дәрежесі кемшін саналғанмен, атақ-мәртебесі hәм өз тарабындағы ғұзыры да жоғары Батудың дүниеден өтуі ара салмақты мүлде өзгерткен. Мөңке үлкен ұтысқа шықты. Енді екеу-ара кеңес кезінде мейлінше ұнаған, анығы – орталық биіктің ығынан шықпасы аңдалған Сартақ Жошы ұлысының жаңа әмірі деп танылады. Бұл, кейінгі заманда кіші ұлыстар өкіміне қатысты қалыптаса бастаған жарлық, шын мәнісінде Түпкі жұртпен терезесі тең, тіпті, Батуды арқаланып, өздерін мүлде дерлік дербес санайтын Дәшті-Қыпшаққа тосын көрінуге тиіс еді. Жошының өз қойнынан тараған, Батудан кіші болғанымен, оның ұлдарына сөзсіз аға танылуға тиіс кеуделі төрелерге мұндай шұғыл әрі өктем жарлық ұнамаса керек. Тым құрса, Сайын ханның ақырын тосып, біраз бөгеліп барып кеңес салуы қажет еді. Құрылтай шақыру өз алдына. Сондықтан хан дәрежесіндегі жаңа әмір Сартақ бүткіл Жошы әулетінің ортасында опақ болмаса да, орынсыз көтерілген есепті, сүйкімсіз тұлға танылды. Оның үстіне, қаһары іште тұнған, көрер көзге мейірбан, алды кең Бату сияқты емес, тым кердең, мінезі де қиғаш тәрізді. Сондықтан, көп ұзамай-ақ дүниеден өткен Сартақты ешкім де бауыры езіліп жоқтамайды. Бірақ көлденең ажал әрқилы жорамал туғызған. Соның негізгі бір тармағы – қысасты өлім. Кейінгі Еуропа тарихшылары қабылдағанмен, әуел бастан бірауызды, сенімді дерек емес. Руқн-ад-Дин Байбарыс пен әл-Айни өз ажалынан кетті деп көрсеткен, ал ән-Нувәйри мен Ибн Халдун жай ғана ақпар береді, қастандық туралы сөз жоқ. Уассаф өз ажалынан деп қадап айтқан. Ғаффари да осылай. Рәшид әд-Дин Ордадан қайтар жолында, түйнектен өлді деп куәландырады, қазіргіше айтқанда, соқыршек. Басқалай деректердің көбінде іш ауруы аталады, бұл да үйлес сырқат, өз ретімен. Осы қатарда Жүзжани пікірі шетін. Алланың кәріне ұшырады деген. Христиан дінін қабылдағаны үшін. Рас, асқазан дерті деп нақтылайды. Бұдан әрі: «Кейбіреулердің айтуынша, Сартақтың басбұзарлығын аңдап қалған Мөңке-хан, құпия жіберген кісілері арқылы улап өлтіріпті», – деген. Ал армян тарихшысы Киракос: [Сартақ] «өз иелігіне келген кезде, жақын мұсылман туыстары Барка мен Баркача [Берке мен Беркешар] улап өлтірді. Бұл – бүткіл христиан [қауымы] үшін үлкен қайғы болды», – деп жазған. Сартақтың христиандығы туралы Жүзжани де айтқан. Әкесі Батудың орнына тағайындалған соң, Қыпшақ жұртына қайтқан бетінде, Беркемен кездесуден бас тартты, «Сен мұсылмансың, мен христианмын, мұсылманның жүзін көру – мен үшін үлкен бақытсыздық…» – депті. Бұл енді мүлде қисынсыз кеп. Жасақ заңы және Жошы ұлысындағы әдепкі рәсім бойынша, ешбір діннің артық, немесе кемшін жағдайы жоқ, әрқилы нанымдағы үлкен-кіші, ұлық пен қарашы түгелдей теңдік дағуасында. Ел билеуші алпауыттар тұрыпты, жалпақ жұрт ішіндегі мүмкін емес жағдай. Шын мәнісінде Сартақтың христиан дінін жыға қабылдауы да әдепкі лақап. Батудың ғұзырлы ұлы христиан деп естіген Карпини, бұдан кейінгі Рубрук, Сартақтың өздеріне дін қарындас екеніне ешқандай емеурін таппаған және атап жазады.
Әлбетте, Сартақтың төтенше өлімі әрқилы тұспалға жетелеуі – табиғи жағдай. Оның үстіне Беркенің жолы ашылып тұрғандай. Әйтсе де, заманалық әрқилы деректерді саралай келгенде, Сартақ шынымен-ақ өз ажалынан өлді деп түйіндер едік. Әлдекімдерді ақтау үшін емес. Бағзы дәуірде, барлық ел, барлық жерде, тақ жолында жақын ағайынды құрбанға шалу, тіпті, туған әкесін өлтіру де ұшырасып тұрған жағдаят. Ақиқат шындық үшін айттық. Алтын Орда тарихын жазған Шпулер Сартақтың улануын мүлде қисынсыз санаған, қайткенде Беркенің жолы ашылмас еді, дейді. Яғни, үлкен ұлдан соңғы кезекте қатарымен тағы үш ұл тұр.
Сартақтың мезгілсіз ажалына қарай, Мөңке қаған ешкімге айып артпайды, тағы да ұлыстың ұлы тұлғаларына кеңес салмастан, Батудың ендігі бір баласы Ұлақшыны өкімге бекітеді. Көп ұзамай, ол да төтенше сырқаттан өлген. Бұл жолғы күмән шындыққа айналып кетуі де мүмкін деп, сөз аяғын созбайық. Біздің Сартақ төңірегіндегі мағлұматтарды тәптіштеп отыруымыз – оқиғаның өзі емес, салдарына байланысты. Шынында да, Жошы ұлысы Алтын Орданың билігіне кімнің бекуі мемлекет тағдыры ғана емес, осы байтақ елдің құрамындағы қаншама халық, оның ішінде саны басым, әрі жетекші түрік қауымының, яғни бүгінгі біздің болашақ тағдырымызға тікелей қатысты, шешуші тетік екен. Қалай десеңіз де, алас, күлес бірер жылдан соң Беркенің шын мәнісіндегі дербес хандық тағына көтерілуі – үлкен игілік болды.
2
Беркенің тумыс нәсілі белгілі: Жошы хан ұлы, Шыңғыс хан немересі. Ана тегі туралы алғашқы тауарихта ашып айтылмайды. Бірақ күмәнсіз ақиқат ұмытылмаған.
1220 жылы жазда хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедті қудалауға шыққан әйгілі екі қолбасының бірі Жебе-ноян Хазар теңізінің түстік-шығыс атырабы, Мазендаран уәлаятындағы Илал деген тау қамалына келіп жетеді. Жай ғана қырат үсті емес, жартасты биік құз басындағы алынбас бекініс екен. Тікелей шабуыл мүмкін емес, әрі көп уақыт керек. Жебе-ноян оқшау шыңды қоршалай дуал тұрғызып, тәрізі бірер жүз ғана аламан қалдырып, әрі асады. Сүбітай-бахадұр екеуі қандай да қорғанды қала үшін бөгелмес еді, ал мына жағдай басқаша. Ала-ад-Дин Мұхамедтің анасы, Ұлы Хорезмді қабаттаса билеуші, құдіретті Түркен-қатынның бүгінгі жансауға тұрағы екен. Ақыры, тура төрт айға созылған тұзақтан соң, ішер суы таусылып, шөлден тарыққан Түркен-қатын амалсыз беріліпті. Әлбетте, жалғыз өзі емес, азғана жасауыл, шектеулі қызметшісімен. Және уәзірі бастаған бірнеше сарай ұлығы. Ең бастысы – хорезмшахтың сүйікті әйелдері мен туған қыздары, жасы кіші ұлдары. Еркек кіндіктің бәрі өлімге кесіледі, Түркен-қатын қайрылмас тұтқынға ұшырады, ал құрметті қатындар, қызметші бикештер мен кәмелетке жеткен қыздары түгел бөліске түседі. Бұлардың арасында хорезмшахтың үлкен қызы, бұрнада Самарқанд сұлтаны Османға ұзатылған, ақыры күйеуі бастап, ежелгі Карахан әулетінің біржола жойылуына септесін болған Хан-Сұлтан да бар екен. Қаған ордасындағы қалыпты рәсім жөнімен, текті әулеттің нәсілі саналған хорезмшах қызы Жошының үлесіне тиіпті. Еке ұлыста Шыңғыстан басқа хан атаулы пенде жоқ, енді Сұлтан-қатын атанады. Жошымен жеті жылдық тұрмыста үш ұл тапқан екен: Берке, Беркешар және Бөрі-Мұхамед. Мемлекет-аралық ерікті келісім шартты бұзып, бейбіт керуенді тонаған, елшілерді өлтірген – яғни қанды соғысқа сұранған, ақыры елін алдырып, өзі ит-қорлықпен басын жойған хорезмшах қызының нәсіл-тегін жарнамалау оншама ұнасымды саналмаған. Сондықтан заманалық әуелгі нұсқаларда тәптіштеп айтыла бермейді. Тек Рәшид-әд-Диннің жалғасы есепті, кейінгі бір, «Мұғиз әл-ансаб» атты тауарихтан ұшыратамыз. Хан-Сұлтанның Жошыдан туған ұлдарына тиесілі ендігі бір дерек – Жәлел-әд-Дин жорықтарына қатысты. Жәлел-әд-Дин бұрнағы Хорезм империясының солтүстік-батыс тарабында үлкен өкімге жетіп, бірақ төңірегімен түгел жауласып, терістік Әзірбайжан шегіндегі Хилат қамалын үшінші қайыра қоршалап жатқан кезінде (1229 ж.) бардан жоққа айналған әпкесінен арнайы хабаршы арқылы хат алыпты. Өзі туралы ақпар, жанашырлық кеңес. Жейхұн-дариядан арғы бетті біржола иеленіп, Татар жұртымен нақты келісім жасауға шақырады; алайда, өз күшіңе сенсең, ұрыс-майданды жалғастыра бер, ата-анаңның, ел-жұртыңның кегін қайтар, депті. Және өзінің ендігі Өкетай қағанның Ордасында құрметке жеткенін, балаларының Құран кітабын оқып, мұсылманшылық негізде тәрбие алып жатқанын айтады. Яғни, діни еркіндік дәстүрін берік ұстанған Еке Моғұл патшалығында туып өскен Берке қаршадай кезінен бастап ислам жолында болған. Және кейінде Жошы ұлысында үлкен беделге жеткен екінші ұл Беркешар. Және, атының өзі әйгілеп тұрғандай Бөрі-Мұхамед. Мұндағы Бөрі – таза түрки, далалық есім, тәрізі, Жошының өзі қойған, осыған жалғас Мұхамед – әрине, анасының таңдауы; кейбір нұсқаларда екеуі екі кісі ретінде көрінеді, шындығында қосарлы, бір ныспы. Яғни, баз бір нұсқаларда ұшырасатын, көпшілікте ғана емес, ғылымда да қабылданған ресми тұжырым – Беркенің ислам дінін қабылдауы ересек шағында, пәленбай ғұлама, пәлен шайқының әсерімен болған сәтті жағдаят дейтін сөз – кейінде ғана табылған қисын екені күмән тудырмаса керек.
3
Сартақ пен Ұлақшының ел тізгінін алып та үлгермеген, анығы – Мөңке қағанның жарлығы бойынша белгіленген сырттай өкімі, жинақтап келгенде бір жылдан аспаған сияқты. Ойламаған, оқыс тағы бір бөгесін – Батудың бас қатыны Борақшынның Құлағуды Жошы ұлысының билігіне шақырған, ақыры өз басын жойған парықсыз әрекетінен соң Беркенің өкімі күшейіп, Дәшті-Қыпшақ билігіне тура жол ашылады. Қарымы қатты Берке алдыңғы бауырларын сырттай тағайындаған Мөңке-қағанның жаңа бір шешімін күтпейді, байтақ елдің билік тұтқасын ұстаған Алтын Ұрық өкілдерінің, соған селбес әскербасы бахадұр, нояндардың толық мақұл, қолдауымен, Жошы ұлысының әмірі мәртебесін иеленіп алады. Миләди 1257 жылы. Осы орайдағы әрқилы деректерді салғастыра келгенде біз Стэнли Лэн-Пуль айғақтаған хронологияға тоқтадық. Шамасы, сол жылдың ерте көктемі. Алтын Орда хандарының тарихын дәйектеген Р.Почекаев Берке дәп осы кезде Мөңке-қағанның Түстік Қытай майданына аттанған жырақ жағдайын пайдаланды, деп жазған. Еке Ұлыс қағаны Қарақорымда отырса да, бүткіл Дәшті-Қыпшақ ырқында тұрған Берке алған бетінен қайтпас еді. Батудың нұсқауы бойынша, Мөңкені өз қолымен таққа отырғызғаны үшін ғана емес. Бұдан бұрынырақ Батуға атап айтқанындай, Мөңкенің Жошы ұлысының өмірлік мүдделеріне қайшы, жаңа бір, теріс шешімдері үшін де емес. Дәшті-Қыпшақтың өзіндік бағыт-бағдары мен әскери қуатына сенім. Шындығында, бұл кезде Мөңкенің, ақыр түбі апатпен тынған Түстік Қытай жорығы әлі ашылмаған.
Беркенің билікке жету бағдарында кейінгі зерттеушілер ескермеген, анығы – ешкім білмеген кілтипан бар еді. Ежелгі түріктің, Шыңғыс хан заманына жеткен, одан да бері, Алтын Ордаға ұласқан Төре заңы толық күшіне енбесе де, ішінара қолданысқа түскен, ең бастысы – оның үлкен өкімге қатысты байлам, қағидалары әлі ұмытылмаған. Ілкіде айтқанымыздай, бұл ежелгі, халықтық низам бойынша, ел билігі, хан тағы міндетті түрде әкеден балаға көшпейді. Түрік қағанатының тарихына, қадым замандағы Күл-Тегін ескерткішіне қарасақ, қалыпты рәсім бойынша әуелде әлдебір «Алып Ер» қаған көтерілді, дейік. Яғни, әке. Одан кейін осы қағанның туған ұлы емес, бауырлас інісі. Келесі кезекте – бұрнағы қағанның бел баласының бірі. Әрине, кез келгені емес, қатарынан озған жауынгер, әрі саясаткер тұлға. «Білге қағандар екен, Алып қағандар екен». Әуелгі қайырым деп қойыңыз. Енді келесі аға, одан кейінгі іні…
Батудан соң, Беркеден бастап осы ежелгі заңның қайтадан күшіне кіргенін көреміз. «Беркеден соң Батудың екінші баласы Тоқанның ұлы Мөңке-Темір хан болады. Мөңке-Темірден соң хандық оның туған інісі Тұда-Мөңкеге көшеді. Бұдан кейін осы екеуінің туған ағасы Тарбудың ұлы Төле-Бұқа хан болады. Одан соңғы ұлыс иесі – Мөңке-Темір ханның ұлы, яғни Төле-Бұқаның немере інісі Тоқты. Келесі кезекте – осы Тоқты ханның інісі Тоғрылшаның ұлы Өзбек – хан көтерілген.» (Мұхтар Мағауин, Қазақ тарихының әліппесі, 1993-1994 жж.) Яғни, Ұлұғ Ұлыста бұдан көп бұрынғы Түрік қағанаты заманындағы, ел билігі ағадан ініге, одан ағаның баласына, келесі кезекте інінің баласына көшетін өзіндік дәстүр қайта жаңғырғанын көреміз.
(Осы орайда, Беркенің өз кіндігінен туған ұлы болмады деген – кейінгі тарихқа көшкен, мүлде жаңсақ дерек. Бір емес, қатарынан екі ұл туралы ескілікті мағлұмат бар. Жасы кіші ұлдың ғұмыры мен тағдыр жолы белгісіз. Ешқандай жорамалдың қисыны жоқ, өз ажалынан өлсе керек. Ал үлкен ұл Бадр-ад-Дин Мұхамед 1280 жылы февраль айында Мысыр астанасы Қаhир шаһарында дүние салған. Тарихшы Құтұби «Берке ханның ұлы, Сағид Нәсір ад-Дин сұлтанның нағашы ағасы» деп айғақтаған. Тағы қаншама мәнді дерегі бар. Ақын екен, арабша жазылған екі диуан кітабы болған. Сонымен қатар, діни тақырыпта бірнеше шығарма қалдырған ғұлама. Тіпті, өзіндік Мұхтасар кітабын дәйектеген. Елуге тақау жасында, осы Қаһирда, әлдебір биіктен құлап, кездейсоқта кетіпті (Бартольд).
Қайткенде, Берке бүткіл Дәшті-Қыпшақ жұртының тізгінін алды. Енді Мөңке қаған Беркені ресми түрде бекітпесе де, Ұлұғ Ұлыстың өзіндік шешімін теріске шығара алмайтын еді. Сонымен қатар, аралықта, кейінгі тауарихқа түспеген нақты келісім болған сияқты. Қарымы қатты, өкімі орнықты Берке сырттай, шартты түрде болса да, Түпкі жұрттың жетекші құқұғын сөзсіз мойындаған. Түсіністі мәмленің әуелгі бір жоралғысы – Ұлұғ Ұлыс әмірі Берке бұрнағы Мөңке қағанның жекелей пәрменімен басталған, бірақ Батудың қарсылығы нәтижесінде дағдарысқа ұшырап тұрған Иран жорығын мақұлдайды және тікелей ат салыспақ келісімге тоқтапты.
Бұл кезде Дәшті-Қыпшақ шартты түрде болса да Еке Моғұл ұлысының құрамында тұрған. Сонымен қатар, Берке Ұлұғ Ұлыс шегінде тежеусіз билікке жеткенін көреміз.
4
Батудан Беркеге дейінгі, жинақтап келгенде бір жарым жылға да толмайтын аралық, шын мәнісінде нақты биліксіз өлара кезеңде ел тізгіні әжептәуір босаңсып қалған. Шеткері бір аймақтар атаулы дербестік болмаса да, өзінше еркіндікке ұмтыла бастағанын көреміз. Берке өкімдегі алғашқы күндерінен бастап, селкеудің бәрін ауыздықтап, Қыпшақ ұлысының мызғымас дәргейіне қайтаруға тиіс еді.
Әуелі Түстік Қырымға әскер аттандырады. Батыс жұрттары, оның ішінде Венеция мен Генуя иеленіп отырған, әдетте екі жақты алыс-беріс, кең көлемді сауда қатынастарына дәнекер, өздерінше құқықтық бостандығы бар, сонымен қатар, Жошы ұлысына тікелей қарасты, және мол салық төлеп отырған қамалдар мен кенттер әдепкі, шартты міндеттерін аяқасты қылған еді. Берке артық қантөгіске бармай-ақ, доңайбатпен бұрнағы бағынышты ахуалды қалпына келтіреді. Екінші, бұдан гөрі мәндірек жорық Түстік-Батыс Руське қарсы бағытталыпты. Әу бастан-ақ бодандық рәсімді мойындаған, ал 1249 жылы Батудың алдына жетіп, Волынь және Галич кінәздіктері, яғни кейінгі Украинаның негізгі бөлігіне билік туралы жарлық алған кінәз Даниил Галицкий енді Жошы ұлысына кіріптар жағдайдан мүлде құтылуға әрекет жасайды. Бұл – Бату өкімінің соңғы жылдары. Өзін мүлде тәуелсіз ұстаған Даниил кінәз Орталық Еуропа жұрттары – Венгрия және Австриямен құда-андалық қатынас орнатады, Римдегі католик папасымен жалғасып, король мәртебесін алады. Бұдан соң әскерін татар үлгісімен жаңғырта жасақтап, атаулы қалаларының бәрін берік бекініске айналдырады; өз аумағында отырған ұлыс Уәкілдерін тықсырып, Қыпшаққа бейім орыс алпауыттарын жазаға ұшыратып, тіпті, өлімге кесе бастаған. Бұл тараптағы басқақ, Орданың ұлы Құрамыспен арасын ажыратып, әжептәуір қақтығыстарға жол ашқан. Берке Құрамыстың орнына көп әскермен әйгілі қолбасы Бұрұндай-ноянды жібереді. Енді Даниил кінәз ұрыс-соғысқа батпай, Бұрұндай ұсынған барлық шартты қабылдапты. Бодандығын қайыра мойындап, жаңадан тұрғызған қорғандарын түгел өз қолымен қиратады. Алайда, Бұрұндай-ноян Волынь-Галич жорығымен шектелмейді. Галиция шегінен Даниил кінәздің інісі мен үлкен ұлы бастаған қосымша әскер алып, Литва мен Польша жеріне басып кіреді. Жошы ұлысы осы сәтті жорық арқылы Батыс жұртына өзінің айбыны мен күш-қуаты бұрнағы қалпында тұрғанын әйгіледі және алдағы заманда Шығыс және Орталық Еуропа иеліктерінің өзара одақтасып, жаппай қарсы майдан ашу мүмкіндігіне тоқтау салды, деп есептейді кейінгі тарихшылар. Әрине, Беркенің ұтымды, көреген саясатының әуелгі бір нәтижесі.
Бұдан соң Берке Ұлұғ Ұлыстың ішкі мәселелерін берік қолға алады. Бату жолға қойған бірегей кенттер құрылысы енді жаңа серпінге ие болыпты. Сайын хан негіздеген астана Сарай қаласы, кейінгі тарихшылар шамалағандай емес, Еділдің негізгі арнасы Ақтұманың теңізге құяр тамағына жақын, қазіргі Астрахань облысы, Красный Яр қалашығы тұрған Қызыл-Жарда салынған еді. Салыстырмалы түрде тұйық мүйіс. Берке осы Ақтұманың сол жақ қабағымен жоғары көтеріліп, теңіз жиегінен жүз елу шақырымнан астам байтақ алап – кейінде әуелгі астана – Сарай-Бату деп жаңсақ танылған, селеулі, жусанды, тұтастай алғанда жазаң алқапты таңдапты. Батыс пен Шығыс арасындағы ең негізгі керуен жолдарының бойы, бар жағынан ұтымды нүкте. Арғы тарихта Сарай-Берке деп аталған, жаңа, байтақ шаһардың құрылысы тезінен басталып, үлкен қарқынмен жалғасқанын және көп ұзамай-ақ өзінің әуелгі бір шегіне жеткенін көреміз. (Ал кейінгі тарихнамада Сарай-Берке деп есептелетін, қазіргі Сталинградқа тақау «Царев-городище» – күні бүгінге дейін орны табылмай келген әйгілі Гүлстан қаласы болатын.)
Берке бұрнада Бату негіздеген, ұлы мемлекеттің әр тараптағы әкімшілік ұйытқы және сауда һәм экономикалық орталығы, ел тіршілігінде шешуші қызмет атқаруға тиіс тағы да ондаған қаланың біржола орнығуына, өсіп-өркендеуіне бар жағдайды жасаған екен. Сөйтіп, Бату мен Берке тікелей басқарған ширек ғасыр мұғдарында Алтын Орда бірлі-жарым қаласы ғана бар көшпенді жұрттан – кентті, шаһарлы, отырықшы жамағаты да мол, бар жағынан бірдей дамып, әлемнің алдына шыққан, өз заманынан озғын, қастерлі мемлекетке айналады. Таза түрік-қыпшақ ұлысы. Сонымен қатар, әлемдік империя болған себепті, саны шектеулі, әрқилы кәсіп соңындағы тағы қаншама диаспора құрамына енген, сыртқы шекте жартылай патшалық дәрежесіндегі және әлденеше жұрт бодан болып отырған қуатты метрополия.

Мемлекеттік саясат

Қазіргі тілмен айтқанда, ішкі саясат пен халықаралық қатынаста Берке алдыңғы Бату ханның жол-жорасын одан әрі жалғастырады. Ең басты мақсат – түрік негізді қыпшақ және татар қауымының біржола ұйысуы болатын. Ендігі байырғы халық өсіп-өніп, күш-қуаты артып, ұлыстың айбыны аса беруге тиіс. Жаңа бір жаулау жорықтары қажетсіз. Бірақ тақау төңірек түгел құрмет тұтып, именіп тұруға керек. Бодан және жартылай бодан жұрттар уыстан шықпауы шарт. Осы ретте Орыс кінәздіктерімен ара-қатынас бір қалыпқа түскен. Ал күні кеше ғана қираған Батыс жұрттары мен одан да бұрын жанышталған Қапқаз әлденендей бір қарсы әрекетке бармайды. Айбыны асқан Ұлұғ Ұлысқа кім батпақ. Барақат тыныштық заман орнағандай. Алайда… тақау төңіректен, алыс емес, жақын жұрттан жаңа бір қатер көтеріліп келе жатқан.
1
Бұл кезде Мөңке қаған Түстік Қытай – Сұң империясына қарсы жойқын жорық бастаған еді. Шыңғыс ханның әлемдік өсиетінде қарастырылмаған және әскери қисапсыз олжа демесек, мүлде қажетсіз соғыс. Еке Моғұл ұлысының жауынгер жасағы, шамамен жүз алпыс мың аламан 1258 – жылқы жылы көкек айында Хуаңхэ дариясынан өтіп, бұдан әрі Түстік Қытай шегіне басып кіреді. Бір қаладан соң екінші қаланы алып, жеңіспен алға жылжыған қалың қол көп ұзамай-ақ дағдарысқа ұшырапты. Шеті, шегі көрінбеген ұзақ майдан, аса қолайсыз күн райы – дымқыл ауа, аптап ыстықта ұзақ жаз бойғы тынымсыз арпалыс. Кемеңгер Шыңғыс хан қашанда дала жұртына қолайсыз аңызақ айларда таулы алқапқа, самалды қырқаға шығып кететін. Мөңке мағнасыз жорықты орта жолдан үзіп, аял жасағысы келмейді және шолақ ойлы кейбір әскербасылардың ықпалынан шыға алмапты. Аламанға тыныс бермейді, өзі де байыз таппайды. Сөйтіп, көктемнен қоңыр күзге дейін, әскері мол, бекімі берік Хэчжоу қамалының түбінде, шаһарды ала алмай және кері шегінбей, тура бес ай ошарылған екен. Әуелгі аптап енді толасыз жауынға ұласады. Азды-көпті соғыс шығыны енді әрқилы індетпен еселеп көбейеді. Ақыры, Шыңғыс хан құрған ұлы империяның тағдыры осы, қай тұрғыдан алғанда да шешуші маңызды кеміс, қатардағы бір қамалдың түбінде шешіліпті. Жалпы жұртты жайлаған індет Мөңке қағанның да басын жойған. Миләди 1259 жылы 11 тамыз – Мөңкенің ғана қазасы емес, бүткіл Еке Моғұл ұлысының тағдыры шешілген күн болып шықты.
Бұдан арғы тауарих жалпыға мағлұм. Біз өзіміз қалыптаған «Шыңғыс хан» эпопеясының төртінші кітабында бажайлап, жан-жақты баяндаған едік. Ұзын сөздің қысқасы – әлемдік империяның орталық ұйытқысы болып отырған Түпкі жұрт қақ жарылды. Әуелде Мөңкенің тетелес інісі, Шыңғыс ханның Жасақ заңын, бұрнадан қалыптасып, орныққан жөн-жоралғы атаулыны тәрік еткен Құбылай, Қытай шегіндегі әскер күшіне сүйеніп, заңсыз түрде өзін бүткіл Еке Моғұл мемлекетінің қағаны, сонымен қатар, Қытай императоры деп жариялайды. Мұндай сорақы жағдайды мойындамаған, ашу үстінде Төрт ұлыстың ілкіде шақырылған ұлы құрылтайын дәйектеуге шыдамы жетпеген, ең бастысы – өз күшіне сенімді орталық өкім Қарақорымда кенже іні Арық-Бұқаны қаған көтерді.
Қым-қуыт азамат соғысы. Берке, яғни Алтын Орда әуелден-ақ Арық-Бұқаны қолдаған. Заңды қаған ретінде мойындап, атаулы ақша шығарады. Әйткенмен, Татар даласының шегіне әскер аттандырып, тікелей майданға түспеген. Небәрі, тақау аймақтағы үздік-создық көмек. Негізінен саяси және рухани қолдау ғана.
Не керек, төрт жылдан астам қырғыннан соң әскері мол, арты нығыз Құбылай түпкілікті жеңіске жетті. Бірақ бұл да ақыры емес еді. Жетісудан баяғы Өкетай қағанның бесінші ұлы Қашыдан туған немере – Қайду көтеріледі. Қайдудың далалық жұрты және негізінен қытай қосындарына сүйенген Құбылай арасындағы, ары жыққан, бері сүрген тынымсыз майдан тура қырық жылға созылыпты. Ақыры, Татар даласы – бүгінгі Моңғол үстіртін неше мың жыл бойы жайлаған, енді қисапсыз шапқын, үздіксіз майданға ұшыраған бүткіл түрік қауымы түп көтеріле ата жұртынан ауып, Батыс атырап – Жетісу мен Сары Арқаға, одан әрі Алтын Орда шегіне қоныс аударды. Иә. Алтын Орда шегі, Ұлұғ Ұлыстың құрамына келіп құйылды. Нәтижесінде, Дәшті-Қыпшақ жұрты мүлде молығып, бұрынғыдан әрмен іргеленіп, кенеусіз күш-қуатқа ие болған еді. Кері, кеселді жағдай – арыдағы Көк Түрік, кейінгі Шыңғыс хан жұртының ата-мекен қонысы мүлде иен қалыпты.
(Сол күйі, қаңырап жатады. Мүлде тусырап. Ең аяғы қасиетті Бұрқан-Қалдұнға дейін, ежелгі жер атаулары, тарихи нысан түгелдей ұмытылады. Ешқашан ешбір адам аяғы баспаған жапан түз есепті. Арада бір жүз елу жыл өтсін. Ақыры, бір мезеткі Ойрат көшінен соң, бұрнада Маньчжурия шегін жайлаған, небәрі бір түмен әскері бар, яғни жиын саны қырық мыңдай халха руы бір шетінен қоныстана бастайды. Кеңшілік жағдайда, заманнан заман озған сайын қарасыны көбейіп, жылжи көшіп, ен даланы тұтасымен иеленіпті. Бүгінде моңғол атауындағы жұрт. Бұрнада, байтақ татар-түріктің шеткері, әлдебір бөлшектері жырылып, ескі жұртта қалып қойған еді. Уақыт оза келе, аз болса да саны артып тұрған осы халха қауымының арасына сіңіп кетіпті.
Ал біз, баяғы Түрік қағанаттары заманынан соң, Дәшті-Қыпшақ өлкесінде қайыра ұйыстық. Айбынды Алтын Орда. Соның негізгі бір мұрагері – бүгінгі қазақ… Әйтсе де, өткенге ішің ашиды. Ер Түріктің әлмисақтан бергі құтты қонысы, күш-қуат, байлық пен игіліктің ұйытқысы болған Татар даласы біржола қолдан шығып кетті. Айтқанымыздай, кейінгі заманда Моңғол үстірті аталып, тұрмыс кебі үйлес болғанымен, тілі де, өжданы мен әдет-ғұрпы да бөлек, жат жұрттың отанына айналыпты. Бүгінгі Моңғол Халық республикасы. Бір жұбаныш – арғы тегі бір, бүгінгі тілегі ортақ, туыстас қауым.)
2
Алтын Орда жұрты кейінгі заманда түрік-қыпшақ өкіміне көшкен Мысыр елінің жай-жапсарынан біршама хабардар еді. Бұл да бір төтенше тауарих. Батыс Қыпшақ қонысы қалаулы, қалаусыз жағдайда Еке Моғұл ұлысының құрамына кірігіп жатқан бұлағай заманда, араб текті Египет-Мысыр патшалығы, бұрнада қалыптасқан жол-жора бойынша, Қырымдағы құл базарлары арқылы сатып алынған, қыпшақ нәсілді мыңдаған жеткін мен бозбаланы сұлтанның таңдама гвардиясы мәмлүк жасағына әкеліп теліген. Қатардағы жауынгер болып бастаған қыпшақ аламандары бірте-бірте көтеріліп, үлкенді-кішілі әскербасы дәрежесіне жетеді. Тіпті, бас қолбасы, уәзір мәртебесіне. Ақыры, мемлекеттегі ең үлкен билікті басып алып, Мысыр сұлтандарының алтын тағына отырады. Ежелгі жұрттың жаңа тарихындағы, бірнеше ғасырға созылған өзгеше дәуір. Беркенің тұсындағы Мәмлүк-Мысыр сұлтаны – 1260 жылы Құлағу әскерінің шеткері бір бөлігін талқандаған Айн-Джалуд ұрысының қаһарманы Байбарыс болатын. Көп ұзамай-ақ, бір жақта Берке, екінші жақта Байбарыс, қыпшақ-татар текті екі әмірші – туыстас билік, яғни екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнайды.
Әуелі емеурін – Байбарыс сұлтан тарабынан болыпты. Хижраның 660 санаты, мұхаррам айы – миләди 1262, қараша-желтоқсан тоғысында Қаһирдан мәртебелі елшілік аттандырады. Ғұзырлы елшілік Дәшті-Қыпшақ жұртында жиырма алты күн аял қылыпты. Дін-қарындас өждан, қыпшақ текті бауырлас туыстық және ортақ мүдде турасында ұтымды әңгіме болады. Әуел бастан-ақ бар тарапта толық ұғыныс.
Осы, бұрнада хорезмшах Жәлел әд-Диннің ғұзырында елеулі ұлық болған түрік Құшарбек әмір бастаған әуелгі елшілік қайтып оралмастан, Мысырға Қыпшақ ұлысының жауап елшілігі келіп жетеді және Байбарыс сұлтан көп ұзамай-ақ пайғамбар әулеті, сейіт Имад ад-Дин әл-Хашими әл-Аббаси мен әмір Фарис ад-Дин Ақуш бастаған жаңа елшілігін аттандырыпты. Қос-қабат елшілік деректері кейінгі заманға сұлтан сарайына жақын Ибн Әбд аз-Захир және әл-Мүфаддал жазбалары арқылы сақталған.
Екі тарапта да елшілік өкілдері ырғалып-жырғалып келеді және үлкен құрметпен күтіп алынады. Ел басшыларына арналған қымбат тәбәрік бір жосын және қайтар жолда мәртебелі өкілдерге тапсырылатын сый-сияпат та өзгеше. Ең бастысы – риясыз келіссөздер. Берідегі қалың қыпшақ жұрты мен арыдағы, жат елде өкім құрып отырған мәмлүк қыпшақтар қайтадан табысып, біржола туысқандай болыпты. Тарихи таңбаға түскен елшілік деректері тек осындай ойға жетелейді.
Беркенің ордасы Еділ деген шалқыған дария бойында тұр екен, дейді. Суы тұшшы, арнасы кең, біздің Ніл дария қатарлас. Берке елшілерді (Ибн Әбд аз-Захир бойынша, 900 кісі сыятын, әл-Мүфәддал бойынша, 500 атты сыятын) әйдік шатырда қабылдайды. Еңселі шатыр ақ киізбен жабылған екен, ішкі астары – қытайы шым жібектен және інжу-маржан, асыл тастармен безендірілген. Хан [алтын] тақта отырды, салбыраған екі аяғының астына жастықты текше қойылған екен, өйткені сирағы сырқырап ауыратын көрінеді. Бір жағында Тақтағай-қатын дейтін бас бәйбішесі отырды; бұдан басқа тағы екі әйелі бар екен: Жидек-қатын және Қағар-қатын. Ұлы жоқ екен. Тағайындалған мұрагері – Әмір-оғлы аталады, шын есімі Темір [Мөңке-Темір], Батудың ұлы Тоқаннан туған. Бұл Тоқан мен Берке бір әке, бір анадан [анығы, Берке – Батудың інісі, Тоқанға әб-аға]. Бұл уақытта Беркенің жасы – елу алтыда деп шамалапты, шын мәнісінде, қырық екіде. Түр-тұлғасы: сақал-мұрты селдір, жалпақбет, сарғыш өңді, шашы екі өрім, құлақ артына қайрылған; бір құлағында асыл тасты алтын сырға; үстінде қамқап шапан, басында шошақ бөрік, асыл тастар қадалған бұлғары [кәмәр] белбеу буынған, екі аяғында қызыл шегірен бұлғары кебіс. Беліне қылыш байланбаған. Шатыр асты, сәкілерде елу шақты ұлық отырды, депті.
Мысыр сұлтанының мәртебелі жолдауын алып, оқуға уәзіріне береді. Хат түрік-қыпшақ тілінде жазылған еді, хан да, қарашы бектері де бұған айрықша риза болды, дейді. Содан соң шатырдың оң қанатына жылжып отырдық, қымыз құйылды, ас келтірілді, деген. Ертесіне, таңғы тамағымызды Жидек-қатынның дастарқанынан іштік, депті.
Бұдан соң Берке әр кезде елшілерді алдына шақырып, әуестікпен Мысыр жұрты, бұл өлкедегі піл мен жираф сияқты өзгеше жануарлар жөнінде сұрақтар қояды екен. Өлкенің ауа райы, жауын-шашын жайы және Ніл өзені туралы сұрайды. Кенеттен, ешкім күтпеген, төтенше сауал: Дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұр деп естідім. [Осы рас па?] Елшілер мұндай қисынсыз сұраққа таң қалыпты: жоқ, ондай ештеңе көрмедік, дейді.
(Осы елшілік жазбаларын Алтын Орда тарихына қатысты барлы-жоқ ескілікті әдебиетті түбегейлі ақтарыстап жүрген аспирант кезімде алғаш рет ұшыратқанда шалқамнан түсе жаздап едім. Басқасы емес, алып адамның көпірге айналған қу жілігі туралы сұраққа. Бұл ғажайып аңыз-хикаяның түп нұсқасын сегіз-тоғыз жасымда үлкен әкем Мағауиядан естігем. Нұқ пайғамбардың тұсында Құж дейтін қисық-қыңыр, ғаламат дәу болған екен, әйгілі топан суы қаптағанда, құзар таулардың өзінен асқан кенеусіз мұхит тізесіне де келмей, еркін жалдап жүре береді. Ақыры, күннен күн өткенде, балтыр еті шіріп, аяғын баса алмай, опырыла құлаған екен. Әрине, көп ұзамай өледі. Сонда Құждың ортан жілігі көлденеңінен Ніл-дариясының үстінде қалыпты. Күні бүгінге дейін керуен өтетін көпір болып тұр дейді… Мысыр елшілігі мен Берке хан заманынан бері тұтас жеті ғасыр өткен. Соншама ықылымнан кейін әуелгі үлгісіне ұшырасқанда қалай таң қалмассың. Содан, арада тағы әлденеше жыл озғанда, төрт томдық Шыңғыс хан тарихын жазып жатқан кезде қайыра алдан шықты. Әрі көне, әрі жаңа мағлұмат. Бұл жолы нақты жауабы да табылған. Сол заманда, Құлағу ханның түстік-батыс жорығына қатынасқан, басқа емес, Сирия-Мысыр тарабында соғысып, ақыры әрқилы жолмен елге оралған қыпшақ жауынгерлері арқылы келіп жеткен, түп негізі осы өлкеде таралған, шындық кейіпті аңыз-әңгімеге барып тірелетін хикая. Жат жұртты білмекке құмар Берке хан Мысыр елшісінен анығын сұраған, бірақ қажетті жауабын таппаған жұмбақ. Біз таптық. Жеті ғасырды көктей өткен қазақ аңызы, әрқилы тарихи әдебиет деректері арқылы. Туған жұртымыздың ғажайып зердесі, қазақ тағдыры мен Алтын Орданың тарихы, сабақтас жалғастығы ғана емес, рухани бірлігіне қатысты ғажайып дерек ретінде, өз алдына жекелей таңбаға түсіріп едік. 2011, «Құждың қу жілігі» аталатын деректі әңгіме. Кезінде қазақ баспасөзінде және интернетте жарияланған, біздің жиырма бес томдық Толық жинағымыздың Оныншы томында басылған.)
Дәшті-Қыпшақта ұзағынан бөгелген екі жолғы елшілік те ықыласты жағдайда әлденеше кездесу өткізеді. Дін-қарындас қана емес, қыпшақ негізді қандас туыстық, және үйлес мүдде тұрғысында нақты, нәтижелі әңгіме болады. Риясыз түсіністік. Яғни, алдағы замандағы тығыз байланыс: алыс-беріс қатынас, ең бастысы – қажетті әскери одақ. Бұл кезде Алтын Орда мен Иран арасында соғыс қимылдары басталып кеткен. Ал Мысыр әуелден-ақ қатер аузында тұр. Енді екі тарап ұлттық мүдде ортақ дере тапты. Рас, аралары шалғай екі жұрт біртұтас майдан аша алмайтын еді. Әйткенмен, өте ұтымды жағдай – Құлағудың Елхан ұлысы екі ортада қалған. Қай жаққа болса да, бар әскерін төге алмайды. Бұл жағдай әсіресе Мысыр мәмлүктері үшін көбірек пайдаға шыққан. Сонымен қатар, Алтын Ордаға да себесін. Ең бастысы – Мысыр мен Қыпшақ ұлысының арасында өзара берік байланыс орнайды. Болашақта екі елдің тарихы ғана емес, мемлекеттік қатынас, руханият және мәдениет тарабында үлкен ықпалы болған елеулі құбылысқа айналыпты.
Екі ел арасындағы одақтастық келісімнің екі әмірші үшін туыстық қатынасқа ұласқан нақты бір көрінісі – құдандалық: Берке хан өзінің бір қызын Байбарыс сұлтанға ұзатады. Бұл, Алтын-ұрық нәсілді қыздан туған Сағид Нәсір әд-Дин Берке-хан, Байбарыстан соң, 1277 жылы Мысыр тағына отырған (Стэнли Лэн-Пуль). Сол заман тарихшысы Құтұбидің жазбаларына қарағанда, Сағид Берке-хан мінезі жұмсақ, мейірбан, кең, әрі жомарт әмірші болған. Алайда, көп ұзамай, Сирияда үлкен бұлғақ басталады, ақыр түбінде сұлтандық дәреже Сағидтың қайын атасы Қалауынға (1279–1290) көшкен екен. Сағид Берке-ханның өзі көп ұзамай дүниеден өтіпті. Қалауын улап өлтірді ме деген күмән айтылады. Жұбайы – Қалауын қызы Ғазия-қатынның өле-өлгенше жоқтап өткені, анасының аза тұтып, қалай жерлегені туралы әсерлі әңгіме сақталған. Сүйегі Шам қаласында, әкесі Байбарыстың дүрбесінде пана тауыпты (Бартольд).
Осы орайда айта кетер бір жағдаят – Елхан ұлысына бейім, әйгілі екі бұғазды қатарынан иеленіп тұрған Византия Мысыр мен Алтын Орданың еркін қатынасуына біршама бөгет жасайды. Аралық елшілікті ұстаған жағдайы да бар. Оның үстіне, Жошы ұлысының боданы Рұм сұлтанатымен қырбай. Тіпті, биліктен тайып, пана сұрап келген Рұм әмірі Иза-ад-Дин Кейқауысты тұтқынға алғаны бар. Нәтижесінде, Алтын Орда әскері Византия жеріне бойлай кіріп, сұлтанды босатумен қатар, әлденеше рет аймағын шапқындап, ойран салған. Түптің түбінде, Константинопольді біржола құлату үшін кең көлемді жорық бастауға тиіс еді. Иранмен арадағы ауыр соғыс жар бермеді. Ақыры, Беркенің мезгілсіз өлімінен соң жүзеге аспай қалған.

Парсы-Қыпшақ соғысы

Иранды және оның тақау төңірегін қайыра жаулау жорығы – Мөңке қағанның таққа отырған салтанатына жалғас құрылтайда, 1251 жылдың тамыз айында шешілген сияқты. Батудың қатысынсыз және мақұлынсыз. Арада алты-жеті ай өтер-өтпесте нақты жарлық беріледі һәм көктемге қарай, әскердің найман Кет-Бұқа бастаған алғашқы легі аттанып кетіпті. Келесі, 1253 жылы қара күзде қажетті ең соңғы дайындық, Түпкі жұрттағы өкімді әулетпен кеңес, қоштасу мерекесінен соң, Мөңкенің екінші інісі Құлағу бастаған қалың әскер жорық жолына түседі. Жайымен, асықпай қозғалып, ұзақ шеруден кейін Еке Моғұл ұлысының түстік-батыс шегі – Жейхұн дарияға тұмсық тірей тоқтапты. Тоқтамасқа шара жоқ. Дариядан, яғни межелі шекарадан ары өту, яғни жаңа бір өлкеге аяқ басу, соғыс қимылдарын бастау үшін Бату ханның рұқсаты керек.
Бұл Иран, онымен шектес, қиырдағы Ауғанстанның өзі Шыңғыс хан заманында толыққа жуық жауланған, бірақ ұлы қаған осыншама байтақ жерді ұстап отыруды тиімсіз, әрі қажетсіз санап, бар әскерін алып кеткен. Тек Солтүстік Әзірбайжан мен одан берідегі Гүржістан, армян жері ғана ғұзырда қалған. Ырысты, дәулетті өлке, әрі Батыс пен Шығыс арасындағы керуен жолдарының бір тармағы өтетін, алыс-берісті үлкен сауда орталықтары. Есебі, мейлінше ұтымды меже – Қапқаз жотасы тұтасымен. Ендігіде Жошы ұлысына қарасты саналады. Сондықтан Бату хан одан арғы түстікте тағы қаншама өлке жауланып, Байтақ Иранда жаңа бір моғұл ұлысының қалыптасуын мақұлдай алмаған. Есебі, қаншама дайындықтан соң басталған ұлан-асыр жорық Дәшті-Қыпшақ мүддесіне қайшы. Енді міне, үлкен дағдарыс. Түпкі жұрттан аттанған қалың қол Жейхұн жағасы, Мәуреннахр шегінде амалсыз үйіріліп қалды. Дариядан өтейін десе, Сайын ханның рұқсаты жоқ, кері қайту үшін Мөңке қағанның жарлығы керек.
Жинақтап келгенде, осындай екідай қалыпта үш жыл өтсін. Ақыры, Құлағу хижраның 653 санаты, зүлхиджа айының алғашқы күні, миләди есеп бойынша 1256 жыл, 1 январь, Батудың бақилық сапарынан тура бір ай бұрын, жайқын дариядан асыпты. Әрине, Дәшті-Қыпақ әмірінің ұзақ сырқат жеңген, беті анық әрі қараған алмағайып жағдайын пайдаланып.
Құлағудың Иранды жаулау жорығы Хорасан шегінен басталады. Бұдан әрі… Бұдан әрі, қазіргі тілмен айтқанда, алыс-жақын бүткіл мұсылман жұртын, тіпті, шектес христиан иеліктерін де құпия террор, жүйесіз қорқыныш астында ұстап отырған, еуропаша ассасин, бізше мүлхид – Исмайылия-низари патшалығына қарсы майдан ашылады. Биік құз басындағы Аламут қамалын алып, басқа да берік, қырықтан астам тау қамалдарын қиратып, әлем жұртшылығын, Тақау Шығысты тура жүз сексен жылға созылған кенеусіз террор, қанішер қауымнан азат қылыпты. Шыңғыс хан заманында басталған Татар шапқынын бар жағынан айыптайтын мұсылман және христиан тарихшыларының өзі Ассасиндер патшалығының күйреуін ұнасымды тұрғыда бағалайды.
Бұдан әрі Бағдат халифатына қарсы зор майдан. Жойқын ұрыстан соң халифат бар күшінен айрылып, дәрменсіз жағдайға түседі. Ізінше, ертегілік байтақ астана Бағдат алынды. Ең соңғы халифа, парықсыз, дарынсыз, ашкөз Мүстасим өлім жазасына кесіледі. Нешеме ғасырлық даңқты тарихы бар ғажайып Араб халифаты біржола құлады.
Бағдаттан соң бүткіл Қос-өзен – ежелгі Месопотамия алқабы жауланды. Келесі кезекте – Сирия, Түстік Қапқаз. Сөйтіп, тікелей майдан ашылғаннан соң арада үш жыл өтер-өтпесте жаңа бір татар патшалығы – парсы негізді Құлағу ұлысының басқы шекаралары айқындалған еді: Парсы-Ғирақ, Месопотамия, Сирия, Хорасан, Әзірбайжан, бүткіл дерлік Күнгей Қапқаз… Жері бай, халқы мол, аса қуатты, жаңа бір мемлекет. Негізгі ұйытқысы – тұрғылықты, байырғы халық. Жаулаушы, сол кездегі рәсім бойынша татар аталатын қауым – ендігі қаншама жұрттың әлденендей бір бөлшегі ғана, әйткенмен, ұлыстың мәйегі, әскердің негізгі ұйытқысы. Ең бастысы – билікші тап – Түпкі жұрттан шыққан қалың қолдың әскербасы нояндары мен бахадұрлары, әрқилы дәрежедегі ұлықтар бүткіл патшалық шегін берік ұстап тұрған. Шыңғыс хан немересі Құлағу негіздеген бұл жаңа патшалық кейінгі тарихта Елхан ұлысы аталады.
1
Мөңке қағанның Иран жорығына қатысты жарлығын қабылдаған Берке енді Құлағудың атаулы қалың қолына көмекке әскер беруге тиіс еді. Бұрнадан қалыптасқан рәсім бойынша, түмен емес, мыңған емес, қарулы күштердің құрылымы бұзылмас үшін, және болашақта қайыра қалпына жетеді деген жорамен, әрбір ондықтан екі жауынгер. Осы ретпен Алтын Орда қатарынан үш түмен түзіпті. Яғни, бұл кезде Жошы ұлысында жүз елу мың әскер болды деген сөз. Қалың қол. Шыңғыс хан заманында бүткіл Еке Моғұл әрең жеткен меже. Батудың соңғы кезеңінде Алтын Орда осыншама күш-қуатқа ие болған.
Бұл үш түмен әскерге ұлы қағанның әулеті, Жошы нәсілінен шыққан үш ханзада бекітіледі: Орданың үлкен ұлы Құлый, Шәйбанның төртінші ұлы Балақан және Бұуалдың екінші ұлы Мыңқадырдан туған Тұтар. Құлағудың әскери ордасына Құлый Мәуреннахр, Хорезм арқылы өтеді, ал Балақан мен Тұтар Иран шегіне тікелей, Дербенттен асып жетеді. Үш ханзада бастаған үш түмен бірден-ақ соғыс қимылдарына араласады және Бағдатты жаулау ұрысында алдыңғы кезекте қамал бұзыпты. Әуелде ешқандай алалық болмаған. Бірақ уақыт оза келе, үлкен қайшылық шығады. Арттағы елдің айырым мүддесі нәтижесінде.
Әуел бастан-ақ Қапқаздың орталық жотасы мен түстік қыраты – Гүржістан, Армения, Ширван, Әзірбайжан мен Арран – Жошы ұлысының ыңғайында болуға керек еді. Негізінен Шыңғыс хан заманында жауланған аймақ. Алайда, Құлағу бұл байтақ та құйқалы өңірді тек өзіне ғана тиесілі деп санайды. Осындай раймен көп ұзамай-ақ бітімсіз, қатқыл саясат ұстанғанын көреміз. Сыныққа сылтау – аралықты біржола ашатын әрқилы бұзық әрекетке барыпты. Қалыпты рәсім бойынша, жаңадан жауланған өлке, патшалықтан, кез келген ұрыс-шайқастан түсетін әуелгі олжа мен кейіннен өндірілмек тағы қаншама игіліктің белгілі бір бөлшегі осы жорыққа қатынасқан әскердің үлесіне берілуге тиіс. Бұл – Шыңғыс хан заманынан бергі бұлжымас заң. Құлағу Беркеге қандай да сауға бөлуден бас тартады. Ұтырлы жер үлесі өз алдына, аталмыш Түстік Қапқаз өңірі туралы емеурін де жоқ. Яғни, Шыңғыс ханның Жасақ заңы мен Білік қағидалары аяқ асты қалған есепті.
Енді мұншама көпе-көрнеу зорлық пен аталары естімеген қорлыққа шыдамаған Берке арнайы елші жібереді. Араздық сұрап, қан тілеп отырған Құлағу атаулы екі елшіні қабатымен өлтіреді. Елшіге қысас жасау – Батыста да, Шығыста да кеңінен тараған жолсыздық болғанмен, ұлы қағанның Жасақ заңында арнап айтылған, мүлтіксіз заң есепті, ғаламат қылмыс болатын. Енді өзара іргелес, туыстас екі татар ұлысының арасында бітіспес жаулық орнады деген сөз.
Қанды жаулықтың алғашқы жоралғысы ретінде, күні кеше ғана көмекке келіп, бірге соғысқан Алтын Орда әскерінің де көзін жою қажет екен. Әуелде, аралық мүлде шиеленіспей тұрған кезде, пәле іздеген Құлағу ең алдымен Шәйбанның ұлы Балақанды зиянкес жәдігөй деп жариялайды және тиесілі жазаға тарту үшін Беркенің алдына жіберіпті. Аралық ушықпауын ойлаған Берке бар мәселені өзің шеш деп, Балақанды Құлағудың ғұзырына қайтарады. Бұл да қалыпты рәсім болатын. Мәселен, Өкетай қаған Батыс жорығы кезінде Күйік пен Бөріні араларында алалық туған Батудың өзіне бағыттаған болатын, ал Бату кешірген, түсініскен кейіпте ешқандай төтенше шара қолданбаған. Енді міне. Рұқсат алғандай сезінген Құлағу Балақанды өлтіріп жібереді. Бұдан соң көп ұзамай, Құлый мен Тұтардың да көзін жояды. Осыған жалғас үш түмен қыпшақ әскері де әртүрлі жағдайда, қапия қазаға кесіледі. Күтпеген, тұтқиыл шабуылмен қылышқа шалады, жан-жағынан тықсырып, түгелдей жойып жіберуге тырысады. Жекелеген қосындар үлкен шығынмен әр тарапқа шегінеді, бытырап бас сауғалайды. Қыпшақ әскерінің шегіне ұрысып, аман қалған бір бөлігі азып-тозып, Дербент арқылы елге қайтыпты. Ендігі бір мол жасақ қаржаса соғысып, Хорасаннан өтіп, Мәуреннахрға жетеді. Ал Сирия шегіндегі, жан-жағы бітеу әскер жекелей, ауыр ұрыс, қисапсыз қазадан соң, бірер мың, бірнеше жүз дегендей, шағын топтарымен Мысыр шегіне өтуге тырысады. Бұл кезде Алтын Орда мен Мысыр өзара одақтасып үлгерген, әйгілі Байбарыс сұлтан қандас туыстарын қуанышпен, мейірмен қарсы алып, әскербасыларға тиесілі мәртебе беріп, қалған жұртын өзінің мәмлүк жасақтарының қатарына қосады. Бұлардың біразы су жолы арқылы, тағы да өз жұртына оралғанын көреміз.
2
Мұсылман деректеріне қарағанда, Құлағу туының астындағы байырғы татар жасақтары ағайындас әскерге қатысты жойдасыз, әрі опасыз шапқынға қарсы болғаны аңдалады. Тәрізі, көбіне-көбі тұтқиыл майданнан бас тартқан. Бірақ Құлағудың бар кілтипанды оп-оңай шешкенін көреміз. Бұл тарап – Жошы ұлысының күні кешегі одақтас, көмектес әскерінің ауыр тағдыры туралы армян тарихшылары жеткеріп жазған. Мәселен, Магакия сопы араздықтың қалай тұтанғанын байыптайды. «Ханзадалар Құлағудың таққа отыру ниетін таныған соң, оған бағынудан бас тартты, – дейді. – Хан деп мойындамады…» Яғни, Жошы ұлысымен іргелес және бұрнадан еншілі аймақтың біразын бауырына басқан төтенше бір ұлыстың қалыптануына қарсылық. Тауып, әрі нақты айтқан. «Жәдігөй және басқа да жаланың барлығы – сылтау ғана. Ақыры, Балақан, Тұтар [мен Құлый] өлімге кесіліп, садақ адырнасымен буындырылып өлтірілді… деген Магакия сопы. – Бұдан кейін жарғышы армян және грузин әскеріне бүлікшіл жасаққа қарсы аттанып, түгелдей жойып жіберуге бұйырды және дәп осылай болды. Қырылған халықтың көптігі сондай, татар өліктерінің күлімсі иісі тау алқабын тұмшалап, кең далаға дейін жайылған еді…» Ал Киракос Гандзакеци бұл оқиғаның салдарын таратып айтқан. «Ұлы Құлағу Бату мен Беркенің туыстары, өзімен дәрежесі теңдес Құлый, Балақан, Тұтар, Құлыйдың ұлы Меган, Қатаған және басқаларды өлтірді, әскерін түгел қырып салды, кәрі кісілерді де, жас балаларды да аямады. Мал-мүлкінен, қатын-қалаш, бала-шағасынан айрылған санаулы кісі ғана қашып құтылып, Беркеге және басқа да туыстарына әрең жетті…» – депті. Осыдан соң Берке жақын бауырларының, жазықсыз әскерінің кегін қуып, Құлағуға қарсы жойқын жорық ашқан екен.
Онысы рас. Көп ұзамай-ақ соғыс қимылдары басталыпты. Алтын Орданың түстік-батыс – далалық аймақтарының ғұзырлы әмірі саналған, ол да Жошы нәсілі Ноғай, атаулы жарлық жөнімен, осы 1262 жылы, тамыз айында Темір-қақпа Дербенттен асып, ендігі Құлағу иелігі саналатын Ширван өлкесіне басып кіреді. Аз да, көп те емес, отыз мың әскермен. Ауыр күштер іске қосылатын үлкен майданның бастау жоралғысы. Ноғай екпіндеп кірген бетінде, Шәмаха түбінде Құлағудың алғы шеп әскерін қиратып жеңеді. Алайда, біршама уақыттан соң, желтоқсанда қалың қол қаптайды. Ұрыстан тайқымаған, бірақ әскерінің көбінен айрылып, ауыр жеңіліске ұшыраған Ноғай кері төңкеріледі. Шегіне ұрысқан беті, суы мол, асау толқынды Терек өзенінен асып, әрең тоқтапты. Құлағу да бөгеліп тұрмаған, өкшелей жетіп, өзеннен өтеді және арғы беттегі әскер тұрағына ойран салыпты. Елхан әскері түпкілікті жеңіске жеткендей масайрап, мереке сауыққа кірісті дейді. Міне, осы кезде тың, қалың қолмен Беркенің өзі келіп жетеді. 13 январь 1263 жыл.
Қақаған суықта күн ұзаққа созылған, адам айтқысыз қызыл қырғын. Ақыры, кешке қарай Қыпшақ жағы еңсере бастайды. Қисапсыз шығынға ұшыраған парсы әскері жаппай тықсырылып, кері шегініпті. Бірақ кең дала емес, буырқанған Терек өзенінен ары өту керек. Рас, айдынын мұз басқан. Және, кейінгі бір тарихшылар айтқандай, жұқалтаң емес. Сіресе қатқан қалың тоң. Алайда, жапырлай қаптаған қисапсыз ат тұяғының астында, ойылып, опырыла бұзылды дейді. Ақыры, желкеден төнген қылыштан аман шыққан мың сан аламан мұзды суға ғарық болыпты. Құлағудың бұл реттегі жүз мыңдық армиясы түгелге жуық қазаға ұшырайды.
Үлкен жеңіске жеткен, енді ұрыс даласына ие болып қалған Берке қырылып, жусап жатқан мың сан өлікті көргенде, Құлағудың атына зілді қарғыс айтыпты. Ағайын жұртты өзара жандастырып қойды, егер басымыз бірге болса, жер әлемді жаулар едік қой, депті. Елхан ұлысының ағыннан тыс барлық өлігін жинатып, кіші-гірім таудай, күндік жерден көрінетін үш төбе тұрғызды дейді. Бұдан соң Дербентті қайырып алады, бірақ Иран шегіне бойлап енбейді.
Бар жасағынан айрылған, бірақ өз басы қасап қырғыннан аман шыққан Құлағу астана Тәбризге келе салысымен апыл-құпыл әскер жинайды. Алайда, Ұлұғ Ұлыс тарабынан үлкен ұрысқа жалғас жорық болмады, қайыра шабуға Елхан жұртының қауқары жетпей жатыр. Оның есесіне Құлағу ерекше тәсілмен кек қайтарыпты. Ағайындас, аралас екі елді еркін аралайтын саудагер көпестердің Иран жағында қалған барлық адамын тұтқынға алып, мол байлығын тонап, өздерін түгелдей өлтіріп жіберіпті. Мұндай, бұрынғы рәсімде болмаған жауыздық, әрине, қарсы бетте сәйкес ашу туғызады. Берке де Дәшті-Қыпшақта жүрген Елхан көпестерін жағалай сыпырып, малы мен қоса бастарын да алыпты.
Шартты түрде бір империя құрамында саналатын екі ұлыс арасындағы қиян-кескі майдан одан әрмен жалғасады.
3
1265 жылдың бастауында қаһарлы Құлағу хан дүниеден өтеді. Байырғы тілмен айтқанда, қояншық дертінен. Эпилепсия. Соңғы кезде тым жиі, кейде бір күнде екі-үш рет ұстайды екен. Орнына үлкен ұлы Абаға таққа отырады. Жас елханның алғашқы және негізгі міндеті – Қыпшақтың қайыра шапқынына тосқауыл жасау болатын. Қарсы серпін үшін туған інісі Юшмутты мол әскермен аттандырады. Әуелгі үлкен ұрыс тамыз айының басында, Ширван өлкесі, Парсагат өзенінің оң жағалығында өткерілген екен. Иран және оған жалғас армян деректері бойынша, қыпшақ әскері үлкен жеңіліске ұшырайды. Бас қолбасы Ноғай жанама жебе тиіп, бір көзінен айрылыпты, бірақ қатардан шықпаған. Шын мәнісінде майдан Қыпшақ жағының әжептәуір басымдығымен тепе-тең жағдайда тоқырап тұрса керек. Міне осы кезде арттан қалың қолмен Беркенің өзі жеткен екен. Екі лек әскердің бірін бастаған Сүнтай-ноян өз тарабында саны басым Иран әскерімен тікелей ұрыстан тартынса, ханзада Ноғай қарсы беттегі Елхан тобын тықсыра қуғындап, атаулы жеңіске жетті дейді. Енді қолбасы Юшмут жаппай қайрылып, Кура өзенінің оң жағалауында шеп құрады. Аралықта кең арналы асау өзен, жаулас қалың әскер екі қабақта, садақ тартысып, аңыс аңдасып, қырық күн тұрды дейді. Ақыры Берке бар әскері – үш жүз мың қалың қолмен Кура өзенін өрлей шеру тартады. Тифлис тұсынан озып барып, оңтайлы тұста арғы жағалауға өтпек екен. Амалсыз болса да Елхан жұртына әскер берген Давид V патшаның жазасы үшін, бұл тараптағы Гүржістан жерін ойрандапты. Алайда, Берке хан Тифлиске түскен бетінде (енді бір деректерде сол маңайда, тау ішінде) күтпеген жағдайда опат табады. Миләди 1267 жыл, январь. Түйнек деп жазады шежіре деректері. Қазіргіше айтқанда, соқыршектен. Ол заманда емі жоқ сырқат.
Шешуші жеңіске жол ашуға мүмкін үлкен жорық осымен тығырыққа ұшырапты. Қалың қол Беркенің мәйітімен бірге кері қайрылады.
Тұтастай алғанда бір ғасырға тақау – үлкенді-кішілі үзілістермен тура тоқсан бес жылға созылған (1262–1357) зор майданның алғашқы кезеңі осымен аяқталды. Басымдығы айқын танылғанмен, Алтын Орда түпкілікті мақсатына жете алмады. Қапқаздың күнгей жотасы – Әзірбайжан мен Арран Құлағу хандығының қолында қала берді. Алайда, тепе-теңдік жағдайындағы тынымсыз қантөгіс, аумалы-төкпелі қырғын соғыстар нәтижесінде Елхан ұлысы ғана емес, Алтын Орданың өзі де шексіз зардап тартып еді. Өз заманындағы ғаламат Парсы-Қыпшақ соғыстары біздің дала жұртының санасында өшпес із қалдырғанын көреміз. Парсы ұлысы – кейінгі бір халықтық ныспы бойынша Қызылбас аталады. Ежелгі Қазақ эпосында, әсіресе «Қара-қыпшақ Қобыланды» жырында бой көрсететін, қанша қырылса да таусылмайтын, зодыр дұшпан – осы Иран патшалығы. Берке хан мен Құлағу хан тұсында басталып, тағы қаншама ханды өткеріп, қатарынан үш-төрт ұрпақ тұсында толастамаған Парсы-Қыпшақ соғыстарының халық санасында қалған өзгеше бір көрінісі дер едік.
* * *
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы негіздеген жаңа бір түрік-қыпшақ мемлекеті Алтын Орда Сайын хан Бату тұсында біржола іргеленіп, шын мәнісінде өзіндік мұрат, мүддесі бар дербес мемлекетке айналды. Аралық бірер жыл дағдарыстан соң билікке жеткен Берке Дәшті-Қыпшақтың іргесін одан әрмен бекітіп, жаңа бір деңгейге шығарды. Ұлұғ Ұлыстың мұсылман дінді алғашқы ханы, Еуразиялық алып империяны түбегейлі ұйыстырып, береке-бірлікке жеткізген, оның әскери қуатын арттырып, елінің тұрмыс-жайы, әл-ауқатын көтеріп, қисапсыз көшпенді жұртына қоса жаңадан өркен жайған отырықшы қауымды қалыптастырған, байырғы халқымен қоса, келгінші тағы қаншама жұртты бірлікке ұйытқан, әскериятта да, саясатта да қапысыз сара жол ұстанған Берке – Алтын Орда дәуіріндегі, Батудан соңғы ең ұлы хан деп танылған. Біздің емес, әлемдік тарихтың айнымас бағасы.

ЖАЛҒАСТЫҚ

Мөңке-Темір хан

Алтын-Орданың кейінгі тарихында тиісінше бағаланбаған, шын мәнісінде алдыңғы Бату мен Беркеге жетпесе де, бірінші қатарда аталуға тиіс Мөңке-Темір хан ұлыстың ұлылығын сақтай отыра, ел іргесін біржола бекітіп, өрісін кеңейте түсті. Мөңке-Темірдің тұсында Дәшті-Қыпшақ ресми түрде тәуелсіз, дербес мемлекет дәрежесінде аталады.
1
Мөңке-Темір Батудың екінші ұлы Тоқаннан туған. Яғни, Шыңғыс ханның шөпшегі. Анасының есімі – Күшу-қатын, ойрат табынан, белгілі әскербасы Бұқа-Темірдің қызы. Алтын-ұрық ханзадасы ғана емес, Сайын ханның немересі ретінде әуел бастан-ақ өзгеше есепте. Беркенің көзі тірісінде тікелей тақ мұрагері саналған. Нақты мағлұмат – 1262 жылға сәйкеседі. Берке хан 1267 жылы, январь айында дүниеден озғаны белгілі. Әуелде белгіленген, көпшілік таныған мұрагер арада қырық күн өтпей таққа отырса керек. Ешқандай шырғалаңсыз. Осы реттегі әлдебір талас-тартыс туралы жорамалдың ешқандай қисыны жоқ. Бұл кездегі жасы жиырманың ішінде деп шамалауға мүмкін. Қайткенде, кәмелеттен асқан және билік тарабында нақты тәжірибесі де мол. Өкімі зор, саясаты кемел Беркенің мектебінен өткен. Есебі, үлкен әкесі Бату ханның дәстүрлі үлгісі.
Қыпшақ ұлысындағы діни еркіндіктің әдепкі көрінісі – мұсылман Берке тақ мұрагеріне өзінің нанымын міндеттемеген. Мөңке-Темір ата-баба рәсімі – Тәңірі дінінен айнымапты. Әлбетте, табиғи жағдай. Әуелгі, біртұтас Шыңғыс хан империясында қалыптасқан, одан соңғы дербес, жартылай дербес ұлыстарда берік сақталған дәстүр – дін атаулының бәрі қастерлі, соған орай, әрқилы өждан өкілдерінің барлығының құқұқтық теңдігі Алтын Ордада, мұсылман Беркенің тұсында да, тәңіршіл Мөңке-Темірдің тұсында да берік сақталған.
Осы ретте, діні ғана емес, нәсілі де бөлек орыс қауымы ешқашан ешқандай жапа шекпеген, керісінше, христиан шіркеулері – мұсылман мешіттері қатарлас, тіпті, көптігіне қарай, олардан артық қамқорлыққа ие болады, атап айтқанда: жалпыға ортақ алым-салықтан һәм басқа да міндет, қызмет атаулыдан азат және ішкі істерінде де толық дербестік. (Мөңке-Темір ханның осы мазмұндағы атаулы жарлығы күні бүгінге жетіпті; алайда, мұншама діни және рухани кеңшілік арғы-бергі орыс тарихында ешқандай бағаланбаған.)
2
Жошы ұлысы қаншама қуатты болғанымен, Парсы-Қыпшақ соғысы ауыр салмақ түсірген еді. Жеңісті майданның өзіндегі адам шығыны қисапсыз. Халық тұрмысы, шаруашылық жағына зардабы өз алдына. Оның үстіне, ырысты ағым – Күнгей Қапқазға қатысты сауда және әдепкі салық түсімдері тоқталған. Мұны аз десеңіз, Шығыс атырапта Құбылай хан мен Қайду хан арасында қырғын соғыс жүріп жатыр. Әзірше шалғай болса да, қиян-кескіден сырт қалу мүмкін емес.
Мөңке-Темір билікке жеткен соң, арада жыл оздырмай, жеңісті ұрыстан кейін Иран-Елхан ұлысы – Абаға ханмен бейбіт келісім жасалады. Есебі, Ұлұғ Ұлыс шегі – түстік-батыс тарапта жаппай тыныштық. Бұл бейбіт ахуал тұтас бір мүшелге жуық ұзақ уақытқа созылыпты.
Міне, осындай барақат жағдайда Дәшті-Қыпшақтың байырғы халқы өсіп-өніп, қарымы асып, күш-қуаты артып, кәсіптік, тұрмыстық жағдайы нығая түседі. Мөңке-Темір Алтын Орданың өзіндік шаруашылығы – мал өнімі, астық, дүние жүзінде жоғары бағалы ұлпа елтірілер және қала, кент атаулыда мейлінше өркендеген қолөнер кәсібімен қатар, Күнгей Қапқаздан айрылғаннан соңғы кезеңде босаңсып қалған сыртқы саудаға айрықша мән беріпті. Қырым шегіндегі Венеция, Генуя, Пиза факториялары Италия мен Батыс Еуропа елдерімен аралықтағы делдал, көпір есепті болса, Орыс елі, Новгород арқылы Германия – Ғанза кенттерімен тығыз байланыс жасалады. Түптеп келгенде, ұлы мемлекетке шар-тараптан құйылып жатқан береке, байлық арналары.
Әлбетте, Ұлұғ Ұлыстың тынысы кеңейе түсті. Сонымен қатар, жыл озған сайын Мөңке-Темірдің өкімі де бұрынғыдан артып, берік бекігенін көреміз. Сайын хан Бату – ұлы қағанмен дәрежесі тең, шын мәнісінде өз тұрғысында өкімі артық бола тұра, ресми түрде Түпкі-жұрттың жетекші құқұғын теріске шығармаған еді. Сондай-ақ, Батудан кейінгі Берке де толық тәуелсіздік жағдайында, шартты түрдегі кішілік рәсімін бұзбаған. Ал Мөңке-Темір тарих ағымының жаңа бір кезеңінде ұзын арқанды одан әрмен созбалаумен шектелмей, ақиқатында да, ресми түрде де Алтын Орданың толық дербестігін әйгіледі. Бұл тарапта алғашқы қадам жасаған Берке болатын – Еке Моғұл ұлысы қақ жарылған азамат соғысы жағдайында, Қытай шегі – Ханбалық-Пекинде отырған Құбылайды емес, ата жұрт Татар даласы, Қарақорымда қалған Арық-Бұқаны жақтады және Арық-Бұқа түпкілікті жеңілгеннен кейін де, әуелгі бетімен Құбылай өкімін мойындамады. Еке Моғұл ұлысының заңды қағаны емес, Шын-Машын жұртының еженханы деп қана есептеп, енді жаңадан көтерілген Қайду ханмен қол жалғасты. Осы ретпен Мөңке-Темір де бұл кезде дара билігі біржола бекіген Құбылайды танымайды. Және Қайду ханды бұрнағы дала қағандарының орнын басқан, мәртебесі жоғары әмірші емес, өзімен терезесі теңдей одақтас ретінде ғана хош көрген еді.
3
Мөңке-Темір Елхан ұлысымен арадағы қырқысқа тоқтау салғанымен, бұл бітім – тек ұтымды саясат, уақытша жағдаят деп қана қарағаны аңдалады. Мысыр жұртымен достық қатынас, бұрнағы барыс-келіс одан әрі жалғаса берген. Ол тараптағы мәмлүк өкімі де тікелей соғыс бірлігінен күдер үзбесе керек. Мөңке-Темір Ұлұғ Ұлыстың бұрынғыдан әрмен ордаланып, бар күшін бойына жинай түсуі үшін төңірегімен тыныштық жолын таңдаса да, қажет кезінде соғыс шараларынан бас тартпаған. Мәселен, 1270 жылы бодан Орыс елі, Новгород шегіне қатер төндірген Тевтон орденіне қарсы әскер жібереді. Ол замандағы Алтын Орданың айбары соншама, неміс рыцарьлары ұрыс бастауға шыдамай, қойдай ығып, кері ысырылған екен. Сондай-ақ, 1277 жылы Терістік Қапқаз, бас көтерген алан жұртын жаныштау үшін арнайы жасақ аттандырады. Бұл жорыққа орыс әскері де кеңінен тартылған екен, ақыры, жеңісті ұрыстардан соң мол олжамен елдеріне қайтты дейді. Ал 1279 жылы Литваға қарсы, әйгілі Даниил кінәздің орнын басқан ұлы Лев Галицкийге көмек қолын созыпты. Шекарадан асып, Сандомирге дейін шапқындайды.
Бәрі орнымен. Әйтсе де, ең басты бағдар – Шығыс атырап болатын. Бұл кезде Түпкі-жұрттағы үлкен билікті зорлықпен басып алған, Шыңғыс хан негіздеген Еке Моғұл ұлысының ұлы қағаны емес, жаңа бір әлемдік құрылым – Қытай-Юань империясының еженханына айналған Құбылайға қарсы, өткен Арық-Бұқаның орындалмаған мұратын одан әрмен жалғастырған Қайду хан табандап, үлкен соғыс жасап жатқан. Мөңке-Темір де, алдыңғы Берке сияқты, қиыр майдан – Алтай шегіне әскер аттандырмайды. Әйткенмен, бергі бет – Қыпшақ ұлысының өмірлік мүддесіне тікелей қатысты атырапта шешімтал әрекеттен тартынбаған. Қайдумен аралық бұрынғыдан әрмен жақындаса түскенін көреміз. Мемлекет мүддесі, ұтымды саясат қана емес, шын мәнісіндегі қандас жақындық нәтижесі. Дәшті-Қыпшақ пен ордалы ұйытқы Жетісуда шоғырланған Қайду ұлысының рулық құрамы бірыңғай дерлік; мұндағы жұрттың негізін құрайтын басты тайпалар: дулат, жалайыр, керей, найман, меркіт, қоңырат, қатаған, барлас, қаңлы болатын. Қайткенде Жошы ұлысы қанына тартпақ.
Шағатай ұлысының шегінде өкім құрып отырған Барақ (әйгілі Мүтікеннің немересі, ұлы қағанның шөпшегі) енді Құбылаймен аралықта қалған Қайдуға қарсы соғыс ашып, еңсере бастаған кезде, Мөңке-Темір тікелей әскер түсіріпті. Беркенің бір анадан туған інісі, әб-аға Беркешар бастаған елу мың аламан. Енді Алтын Орда қолы Шағатай жұртының бар әскерін қирата жеңіп, Құбылайдың бұл тараптағы одақтасы Барақты бар күшінен айырады. Сыр бойында талқандалып, Мәуреннахрға қарай ығысқан Барақ кім үшін де қатер болудан қалды. Әйткенмен, Мөңке-Темір Шағатай ұлысының біржола құлап, қайткенде іргесі бөлек Қайдудың одан әрмен күшейіп кетуіне мүдделі болмаса керек. Өзара келісім қажет еді. Және Түпкі жұртпен аралық межені айқындау. Яғни, барды бекітетін жаңа құрылтай. Қайдумен екеуі көп ұзатпай, келесі 1269 жылы шақыруға мәмле жасайды.

Талас құрылтайы

Шағатай ұлысын ауыр жеңіліске ұшыратқан негізгі күш – Алтын Орда әскері болатын. Ендігі апатты жағдайдан құтқарушы да осы Ұлұғ Ұлыс болып шықты. Бүгінгі күн ғана емес, келешек тұрғысынан қарағанда мейлінше тиімді үш тағанның сақталуы шарт екен. Жаңа ғана қирап жеңілген, Сыр-дариядан аса қашқан Бараққа, әрине, Мөңке-Темірдің ықыласы бойынша, арнайы елшілік жіберіледі. Қайду ханның немере інісі, тәрізі, бұрнадан ағайыншылық жалғастығы бар Қыпшақ бек. Ендігі бар мәселе – осы Барақтың өзі де құрметті әмір ретінде қатысуға тиіс үлкен құрылтайда шешілуі қажет. Амалсыз Барақ құп алады.
Рәшид-әд-Диннің «Жинақты тауарихы» бойынша, Шыңғыс ханның байтақ жұрты, кейінгі мұрасының тағдыры үшін мән-маңызды, ерекше құрылтай хижраның 667 – миләди 1269 жылы көктемде, Талас өзенінің көкорай алқабында өткерілген. Тәрізі, Алатау мен Қаратау түйіскен кең жазира, әйгілі Тараз қаласының еңісі, көк жазықта. Сол замандағы Шағатай шегі, үш ұлыстың қақ ортасы.
Тақау жерден мол әскер, сән-салтанатымен Қайду келеді. Әзіргі жұрт иесі Барақ өз жөнімен. Ал Жошы ұлысынан – Мөңке-Темірдің өзі емес, әб-ағасы Беркешар, отыз мың аламанмен.
Құрылтай, ежелгі дәстүр бойынша, думан-тойдан басталады. Алайда, тұтас бір ай емес, бір жетімен шектеліпті. Содан соң туыстас, іргелес үш ұлыстың мұрат-мүддесі безбенге түскен келіссөздер.
Әуелгі сөз түйінін таратқан Қайду бұл үш ұлыстың өкімді басшылары – ұлы баба Шыңғыс ханның тікелей әулеті, яғни, осындағы бар және жоқ ханзадалардың өзара туыс екенін еске салыпты. Арамызда алалық болуға тиіс емес. Келіспес жөніміз жоқ, дейді. Бұдан соң сөз алған Барақ аз-маз өкпесін айтады. Дәп солай, бәріміз бір бұтақтан тараламыз. Қайду – Өкетай қағаннан қалды. Мен – Шағатай әулетімін. Бұлардың туған ағасы Жошыдан Беркешар мен Мөңке-Темір. Кенже ұл Төледен Құбылай қаған мен Құлағу. Бәріміздің кіндігіміз ортақ. Алайда, мына бәрің маған жабыла түстің. Ешқандай жазығым жоқ еді… депті. Қайду мен Беркешар аз-маз дағдарып қалса керек. Алайда, тиесілі жауабын береді. Иә, дейді. Уәжің орынды. Бірақ өткенді еске алып қайтеміз. Енді, жаңа жағдайда бәрін жаңаша шешейік, деседі.
Әлбетте, құрылтайға себепті ең басты мәселе – Түпкі жұртқа көзқарас, аралық қатынас мәселесі және Ғажамды басқан соң Құбылаймен берік жалғасқан Құлағудың жөні. Бұл ретте үш тарап бір жерден табылыпты. Құбылай – Мөңке қағанның тұсында Шын-Машынды жаулауға аттанған әскербасы болатын, заңсыз жолмен Түпкі жұрттағы билікті тартып алды, сондықтан да Еке Моғұл ұлысының ғұзырлы қағаны деп танылуға тиіс емес. Яғни, Шығыс аймақтағы қолбасы ғана. Ешқандай заңды құқұғы жоқ. Мұндағы үш ұлысқа өкімі жүрмейді. Сондай-ақ, Құлағу да Ғажам шегіндегі әскер бастығы. Дәрежесі мына үш ұлыстан да төмен. Міне, осындай жаңа жағдайда… Мөңке-Темір де, Қайду мен Барақ та – әрқайсы өздері билік құрып отырған атаулы ұлыстың ғұзырлы, жекелей егесі деп танылмағы ләзім.
Яғни, бағзы да байтақ Шыңғыс хан империясы біржола ыдырады деген сөз. Жошы ұлысы да, Шағатай ұлысы да, Өкетай қағанның әуелгі еншісі, қазір Қайду ұстап отырған ата-жұрт та – әрқайсы өзінше дара, ешкімге тәуелсіз, еркін мемлекет деп айғақталды. Шын мәнісінде бұл үшеуі, әсіресе Дәшті-Қыпшақтың, Түпкі жұрттан ажырап, әрқайсы өзіндік тіршілік жолына түскелі көп болған. Қазіргі тілмен айтқанда, де-факто – іс жүзінде. Сонымен қатар, ол кезде де халықаралық құқық бар – Талас құрылтайы Шыңғыс хан империясының тақи-таза ыдырап, оның орнына өзара дербес жаңа бір мемлекеттердің қалыптасуын де-юре – заң жүзінде бекіткен еді. 1269 жылғы Талас құрылтайының ең басты, ең негізгі нәтижесі. Әрине, атаулы үш ұлыс қана емес, Құбылай басқарып отырған, ендігі заманда орталық болудан қалған Юань – Шын-Машын империясы да, Құлағу негіздеген Елхан ұлысы да шетке шығарылды, енді қаласын, қаламасын, бұлар да өз дербестігін әйгілеуге мәжбүр.
Құрылтай шақырудағы өмірлік мәні бар ең негізгі мәселе шешім тапқан соң, аталмыш үш ұлыстың ішкі жағдаяты да талқыға түседі. Талқы емес, алдыңғы майдандағы жеңімпаз, бар жағынан үстем екеудің бұлтартпас өкімі. Шағатай иелігінің үштен бір үлесі Мөңке-Темір мен Қайдудың пайдасына кесіледі. Барақ айрылған олқысын Елхан жерінің есебінен толықтыруға тиіс екен. Әлбетте, жеткілікті көмек жасалмақ. (Бұл, ағайындары айдап салған төтенше соғыстың бастауы – шешуші майдан алдында, Қайду тарабынан қосылған баяғы Қыпшақ бек ұрыстан тайқып кетеді. Барақ ауыр жеңіліске ұшырайды. Енді өз ғұзырындағы әскербасы ағайындарының және кейбірі бетін теріске бұрыпты. Жейхұн-дариядан қайыра өтіп, ата жұртының шегіне әрең жеткен. Бірақ көп ұзамай-ақ, әлдебір мазасыз түнде дүниеден озған екен, тәрізі, жүрек талмасынан кеткен.)
Иә. Шынымен-ақ бетбұрыс. Талас құрылтайының заңды тұрғыдағы және бір нәтижесі – үш ұлыстың өкімді тұлғалары бұдан былай ресми түрде хан деп аталады және әрбір ұлыс өзінің мөр тамғасымен ақша шығару құқұғына ие болыпты.
Әйтсе де, айта кету керек, кейінгі заман тарихшылары Талас құрылтайына артықша мән береді: Шыңғыс хан империясының ресми тұрғыда ыдырауы, оның шегінде жаңа бір мемлекеттер қалыптасуы – тосын оқиға сияқты. Арғы-бергіні байыптай қарасақ, жартылай ғана шындық. Анығы – бұрнадан-ақ дербестігі мол, өзара жалғас ұлыстар Мөңке қағанның мезгілсіз өлімінен соң, әрқайсы өзінше еркіндікке шыққан. Ендігі жағдай – бар болмысты бекіту, осы іргелес ұлыстардың әрқайсының өз тұрғысын айқындауы, жаңа шекараларын белгілеу болатын. Бұл ретте Жошы ұлысы айрықша белсенділік танытып, өзінің негізгі мақсатын орнына келтіргенін көреміз.
Заманынан озған ұлы тарихшы Бартольдтың осы орайдағы түйінді сөзі бар. «Мөңке-Темірдің тұсында Алтын Орда ішкі діңі берік, біржола ұйысқан ұлы держава болып тұрды», – деген. Күш-қуаты кенеусіз, төңірегі түгел зор тұтатын, жарым әлем есептесіп, райын бағып отыратын, мәдениеті жоғары, халқының тұрмыс-деңгейі ілгері, әйел заты ажарлы, бұла, ер-азаматы кеуделі, кісілікті, әлем тарихындағы өзгеше бір мемлекет.
Мөңке-Темір Талас құрылтайынан соң бар мұратын тапқандай, жайсаң күн кешкен сияқты. Алыс-жақын төңірегіне беделді. Туған халқы үшін айрықша қастерлі. Баяғы Сайын ханның үлгісімен Күлік хан аталыпты – жүйрік, даңғыл деген мағнада. Енді іште береке болса, сыртта қажетті тыныштық. Әйткенмен, қолайлы сәтінде Елхан ұлысына қарсы майданды жаңадан ашып, екі үлкен ұрыста қатарынан жеңіске жеткені бар. Сол беті, тегеурінді майданды одан әрі жалғастырып, Шыңғыс хан заманында Жошы ұлысының шегіне кесілген Күнгей Қапқазды қайтарып алуы да мүмкін еді. Алайда, тағдыр шешімі басқаша болып шықты.
Ата жұртында он үш жарым жыл өкім құрған Мөңке-Темір тарихтың 679 жылы рәби-әл-әууәл айында (миләди 1280, июль) күтпеген жағдайда, көлденең ажалға ұшырайды. Мойнына ұра шыққан екен – іріңді ісік. Оташы дөмпешті жарған кезінде қандауыр ұшын күре тамырға тигізіп алған сияқты. Қайткенде, жазмыштың кесімді межесі. Бұл кезде қырыққа да толмаған.
Парасатты Мөңке-Темірдің мезгілсіз қазасынан соң Ұлұғ-ұлыстың бағы қайтпаса да, әрқилы әрекеге жол ашылған сын сағаттар туыпты.

ДҮБӘРА КЕЗЕҢ

Таудай-Мөңке хан

Көлденеңнен үзілген Мөңке-Темір өзіне мұрагер тағайындап үлгермеген сияқты. Бәлкім, бізге дерегі жетпеді. Қайткенде, шұғыл шақырылған құрылтай Таудай-Мөңкені дау-дамай, тартыссыз хан көтереді. Мезгілі нақты белгілі – тауарихтың 680 санаты, жұмадаил-әл-ахир айы – миләди 1281, 17 сентябрь – 15 октябрь аралығы.
Бәрі жөн. Бату хан немересі, Тоқанның үшінші ұлы, алдыңғы Мөңке-Темірдің бір анадан туған інісі. Патшалық дерегінің бәрі анық сияқты, бірақ Таудай-Мөңке – Алтын-Орданың бұрынғы-соңғы барлық хандарының ішіндегі ең жұмбақ тұлға деп айтар едік.
Әуел бастан-ақ Сайын ханның алтын тағын иеленуге оншама ынталы болмағаны аңдалады. Дүниауи ғұмырдан – рухани тірлікке бейім екен. Көп ұзамай ислам жолына бас қояды. 1283 жылы, қоңыр күзде Мысырға түскен Қыпшақ елшілері Таудай-Мөңке ханның мұсылман дініне енгенін мағлұм қылған. Тәрізі, осыдан біраз бұрын ғана. Берке хан тумысынан мұсылман болды, Беркешар, Тоқай-Темір ханзадалар да хақ жолында және бұл жағдай Алтын-ұрық өкілдері үшін шетін оқиға емес. Алайда, Таудай-Мөңке дәстүрлі исламның сопылық тармағына бас қойған екен. Бұрын да, кейін де ұлы ақындар, атақты ойшылдар ұстанған, жалпы жұрт арасында да таралған ағым. Алайда, ешбір ханға, тіпті ұлықтар мен әскербасыларға да үйлеспес еді: суфизмнің негізгі тұрғысы – фәни жалғанның ешқандай қызығы жоқ, өзекті пенде ең алдымен бақилық ғұмыр – ахирет, о дүние жайында ғана қам жасауға тиіс; осыған орай тақуа тіршілік. Хан тағымен қабыспас, тіпті, мансап атаулыға мүлде қарама-қайшы ұғым.
Әрине, Таудай-Мөңке әуелгі кезеңде әдепкі рәсім жөнімен, қадарынша өкім құрады. Бірақ уақыт озған сайын негізгі шаруасы – ел басқару ісінен алшақтай бергенін көреміз. Ақыр түбінде тек шартты түрдегі хан болып қалады. Әлбетте, ұлыста баяғы Шыңғыс хан заманында қалыптасқан, енді жаңа жұрт, жаңа заман ыңғайымен азды-көпті жаңғырған, бірақ түп негізі орнықты басқару жүйесі өз жолымен жүріп жатады. Соған орай, ел-жұрттың әдепкі тіршілігі де қаз-қалпында.
Таудай-Мөңкенің тұсында Алтын Орда бұрнағыша өз заманының ұлы мемлекеті. Күш-қуаты бойында, мол дәулеті орнында, бар бақыты басында. Мұның бәрі тап қазір тақтағы ханға тікелей байланысты емес. Билік тұтқасындағы, әскер басындағы үлкенді-кішілі ұлықтар мен қолбасылардың еңбегінің нәтижесі. Түптеп келгенде, асқаралы жұрт – еңбекшіл, жауынгер, қажырлы, өз заманы үшін қисапсыз бұқара халықтың арқасы.
Суфизм жолындағы Алтын Орда ханы төңірекпен түгел бейбіт отыруға тырысады. Түпкі жұртпен қатынас жандана бастайды. Таудай-Мөңке таққа отыра салысымен, баяғы Құбылаймен өзара майдан кезінде Қайдудың қолына түскен, бұдан әрі Ұлұғ Ұлыс шегінде, аманат есепті құрметті тұтқында отырған Нумуған ханзаданы еліне қайтарады. Екі патшалық арасындағы өзара қатынас қайтадан қалыпқа түскендей. Әлбетте, тепе-теңдік тұрғысында. Мысырмен бұрынғыша одақтас, достық ахуал. Арлы-бергілі бейбіт елшіліктер. Елхан Ұлысымен аралық бұрнағы қырғын майдансыз. Шығыс Еуропаға қатысты, шын мәнісінде мүлде қажетсіз соғыс қимылдары, нақтысы – атаулы қанды жорықтар бұл кезде беклербек, яғни бас уәзір мәртебесін алған, ақиқаты – Ұлұғ Ұлыстың түстік-батыс тарабының дербес әміріне айналған Ноғайдың басшылығымен атқарылады. Ал бодандағы Орыс тыпа-тыныш, бағыныштан шығу қиялда жоқ, бар тағдырын Ұлұғ Ұлыстың дәргейіне тапсырып қойған.
Әлбетте, Таудай-Мөңке тұсындағы біршама бейбіт жағдайда Қыпшақ жұртының мәртебесі қаз-қалпында. Күн озған сайын байырғы халықтың саны өсіп, ырыс-берекесі молайып, тұрмыс-жағдайы қордалана түссе керек. Біздің тұрғыдан қарағанда, діндар хан бастаған үлкен елде ислам дінінің беделі артып, кеңінен тарала береді. Арада ширек ғасыр өтер-өтпесте, Өзбек ханның тұсында таза мұсылман мемлекеті болып шыққан Алтын Орданың рухани тарихындағы бетбұрыс кезең дер едік. Иә, айта кетер бір жағдаят, Дәшті-Қыпшақ шегінен ең алғашқы қажылық сапар ұйымдастырылады. Мысыр жұртына елшілік жөнімен барған Меджеддин-Ата мен Нұраддин бастаған бір топ кісі бейбіт сапарын одан әрі сабақтап, Меке-Мәдинеге тәуап етіп, аман, есен, қайыра Мысыр арқылы Ұлұғ Ұлысқа оралған екен. Жол ашылды, хақ дін исламға біржола бет бұрған Дәшті-Қыпшақ бұдан арғы заманда осы ізгі жораны тоқтаусыз жалғастыра бермек.
Түптеп келгенде бар игілік – Еке Моғұл ұлысында Шыңғыс хан негізін қалаған, кейінгі Қыпшақ жұртында Бату хан дәйектеп, біржола бекіткен ұтымды мемлекеттік құрылымнан бастау алатын. Тақтағы кезекті хан өз бетімен бірдеңені бүлдірмесе болғаны. Таудай-Мөңке тыңнан жол ашпады, бірақ ештеңені бүлдірмеуі анық. Пайдасы артпаса да, зияны кеміс.
Алайда, күн озған сайын міндетті борышынан аулақтай береді. Пірадарлық – тосын мінез ғана. Бірте-бірте ақыл-есінен жаңылыса бастапты. Кейінгі ізбасар туыстары асырып айтуы да мүмкін, әйткенмен, шындықтан мүлде шалғай емес. Осы орайда, Хиуа тарихшысы, кейінірек жасаған Өтеміш-қажы «Шыңғыс-нама» кітабында жазып қалдырған әрқилы анекдоттық оқиға өз кезінде кеңінен тараған сияқты. Соның бірі.
Түпкі жұрт – Ханбалық Бежіннен елшілер келеді. Ханның қабылдауында болуы шарт. Ал ханымыздың кіресілі-шығасылы ғана есі бар. Сонда, амалсыз сарай бектері ең алдымен тәрбие-түсініс сабағын өткеріпті. Жырақтан Түпкі ханның елшілері келіп отыр, дейді. Қабыл кезінде артық-ауыс сөз айтуға болмайды. Әуелі ханның саламаттығын сұра. Содан соң ел-жұртының игілікті жағдайын сұра. Бұдан әрі ешқандай сауал салма. Біз сенің аяғыңа ұзын шылбыр байлап қоямыз. Айтқанды ұмытып, бейсауат сөйлей бастасаң, арттағы кісі осы шылбырды тартады, сонда қоя қою керек, депті. Хош. Таудай-Мөңке биік алтын тақта отыр. Елшілердің құрмет, тағзымынан соң, тапсырмада нықтап айтылғандай, әуелі ханның саулығын сұрайды, содан соң ел-жұртының барақат жағдайын. Бұдан әрі… өз бетімен кетіпті. «Сіздің елде жаңбыр жауа ма?» – деп сұрайды. Елші: «Пәлі, көп жауады», – дейді. Бұдан соң: «Сіздің жеріңізде тышқан көп пе?» – деген сауал тастайды. «Иә, жүдә көп», – дейді елші. Осы кезде аяқтағы шылбыр тартылады. Сонда Таудай-Мөңке айтты дейді: «Тағы бір сөздер сұрамақ едім, ләкин, аяғымнан тартып жатыр…» – депті.
Сонымен қабыл бітті, елшілер ат мініп, тон киіп, өздерінің жұртына қайтты. Барған соң патшалары сұрады дейді. «Қарындас ханымызды көрдіңдер ғой, қандай кісі екен», – деп. Елшілер айтты: «Көрдік, қабылында бір-ақ рет болдық, сондықтан түгелін аңдап үлгермедік, – дейді. – Әуелі сіздің саламатыңызды сұрады. Және ел-жұртыңыздың барақатын сұрады. Бұдан соң сіздің жақта жаңбыр көп жауа ма, деді, мен айттым, көп жауады, дедім. Одан әрі сіздің жерде тышқан көп пе деп сұрады, пәлі, көп дедім. Содан кейін хан: тағы бір сөздер сұрамақ едім, аяғымнан тартып тұр, деді. Сонымен қабыл бітті. Сый-сияпатпен біз де қайттық. Бар көргенім осы болды», – дейді. Сонда Түпкі хан ұлықтарымен кеңес құрып айтты дейді: жаңбыр деген – ырыс, халқыңыз ырысты ма, дегені. Тышқан жайын сұрағаны да жаман емес, баршаға зиян жәндік қой… Бұдан кейінгі «аяқтан тарту» жөнін біле алмадық», – депті.
(Біз бар кілтипанды оп-оңай және басқаша шешкен едік. Сәті келсе, ертелі-кеш жазылуға тиіс «Сайыпқыран Таудай-Мөңке» дейтін тарихи хикаятымызда. Әрине, белгілі мөлшерде қиял жемісі және Алтын Орданың ақыры туралы азғана байып. Біздің кейіптеуде парасаты мол, еңсегей, ер тұлғалы Таудай-Мөңке бозбала кезінде, асау үйретіп жүргенде аттан жығылып, ауыспалы шалыққа ұшырайды. Бірде алай, бірде былай. Ақыры көріпкел әулиелік дарыпты. Бірде бабасы Батудың Еділ-Дария жағасы, Лабас деген жерде тұрған сегіз қырлы көк күмбезіне барып, мүнажат етіп отырған шағында кенеттен уақыт белдеуі ауысып, алдағы алыс заман – ХХ ғасырдан бір-ақ шығады: күмбез қиратылған, тақау төңіректі бұйра құм жапқан. Алтын Орда құлап, ата қонысты жат жұрт басқан екен. Әлдебір мезетте қазіргі ахуалына қайтып оралады. Бәрі өз орнында. Бірақ Таудай-Мөңке жақсы біледі, өз көзімен көрді, ел-жұрты тозады екен, ұлысы ыдырап, Сайын ханның көк күмбезімен қоса құлайды екен. Осыдан соң Таудай-Мөңке дүниеден баз кешіп, сопылық жолына түседі. Ал Түпкі жұрттан келген елшілік сауалдарының басқаша мәнісі бар. Құбылай ханның кеңесшілері бастапқы, жаңбыр туралы сұрақтың мәнісін оңай табады. Алайда, аяқтан тарту мен тышқан жайы қиынға түсіпті. Ақыры, үш ай мұрсаттан соң әйгілі ғұламалар әрең шешіпті. Құңфудзының «Жыр кітабында» «Тышқандар» деген мысал өлең бар. Сен тышқан, біздің егінді жеме, алыс бір жерге кет, деген. Яғни, Жошы ұлысы ендігі Түпкі жұрттан іргесін біржола бөлмек. Бізден аулақ жүріңдер, ырысымызға ортақтаспаңдар, деген сөз. «Аяқтан тарту» да осыған үйлес шықты. Жаңағы талап, яғни Дәшті-Қыпшақтың Түпкі жұрт Юань құрығын біржола тәрік етуі – ханның ғана емес, қарашы бектердің, барша халықтың ортақ пікірі деген… Реті келіп қалған соң ірікпедік, қайткенде көптен ойланған, енді «Алтын Ордадан» соң жазылуға тиіс, мәнді бір шығармамыз. – 19.III.2022.)
Әлбетте, дін жолына берілген, дәстүрлі дін емес, исламның сопылық тариқатын таңдаған мұсылман үшін хан тағы, жер-жиханның бар байлығы түгілі, мына баянсыз фәнидегі әдепкі өмірдің өзінің көк тиындық құны жоқ. Сондықтан, Таудай-Мөңке хан Алтын Орда тағынан өз қалауымен бас тартты деген қисынға ден қоямыз. Бұл ретте, сол заманда Алтын Орда шегіндегі барлық оқиғадан толық хабардар болуға тиіс Мысыр тарихшысы Руқн-ад-Дин Байбарыс (1245-1325) таңбалаған нақты дерек те бар: «686 жылы [миләди 16.11.1287 – 5.11.1288] Туданменгу ақылынан алжасып, мемлекет істерімен айналысудан мүлде жеріді, шейхтар мен факирлерге жұғысты, құдай жолындағы пірадарлармен араласты, молшылықтан шеттеп, таршылыққа қанағат қылды. Мынау тұрған патшалықта өкім құру керек деген сөзге мыйланбады, мен хандықтан бас тартам, орныма ағамның ұлы Тулабұғаны ұсындым, деп мәлімдеді. Бұл сөзді қатындары мен бауырлары, әб-ағалары мен туыстары, барлық жақыны түгел мақұл көрді…» – деген.
Сөйтіп, Таудай-Мөңке ешкім мәжбүрлемей-ақ зор мансаптан жеріп шықты және басы азат болған сәтінде айрықша жеңілдік сезінген көрінеді. Миләди 1287 жыл екен.
Хандықтан кетті, екі жылдан соң бақиға аттаныпты.

Төле-Бұқа хан

Төле-Бұқа – Бату хан шөбересі, Тоқанның ұлы Тарбудан туған. Таудай-Мөңкеден соң, Алтын Орда ұлысының үлкен құрылтайында хан көтеріледі. Бәрі орнымен, бәрі заңды десек те, Төле-Бұқаның зор өкімге жетуінде беклербек Ноғайдың қызметі айрықша болғаны байқалады. Беркенің тұсында қол бастаған, Мөңке-Темір заманында бұрнағы ықпалынан айрылып, шеткері, өз жұртында жатқан, бұдан соңғы Таудай-Мөңке кезінде беклербек, яғни ұлұғ қарашы бек мәртебесін алып, Жошы ұлысының жарым жерінде тежеусіз билікке жеткен Ноғай енді бас ордадағы үлкен саясатқа белсене араласқанын көреміз. Төле-Бұқаның дара билігі күшейіп кетпес үшін оған кеңесші, шын мәнісінде қанаттас әмір ретінде қатарынан үш ханзаданы бекітіп беріпті: бұрнағы хан Мөңке-Темір ұлдары Алғу мен Тоғырыл және Төле-Бұқаның өзінің бір анадан туған інісі Күншек.
Шын мәнісіндегі жартылай ғана хан Төле-Бұқа өзінің тұғырын бекітіп, беделін көтеру үшін 1287 жылы қара күзде Кіші Польшаға қарсы жорық жолына түседі. Бұл – Ноғаймен бірге Батыс тарапқа бағытталған екінші майдан еді. Әуелгі, бір мақсатты, қанаттас шеру 1285-1286 жылғы қыс айларында Венгрияға қарсы өткерілген. Беклербек Ноғай Трансильванияға басып кіреді және біршама табысқа жетеді, ал Төле-Бұқа ханзада Словакияны шапқындайды, азды-көпті олжа, әйткенмен қайтар жолда Карпаттың солтүстігі, қарлы алқапта қаншама қиындыққа ұшырайды. Ақыры, Галич пен Волынь жеріне шегінеді және бұдан әрі Ноғаймен қатарласа, тағы да екі топ шерумен Польшаға аттанады. Екі жасақтың да құрамында орыс қосындары болды дейді. Ноғай тұпа-тура Краковқа бет алса, Төле-Бұқа Сандомирге бет түзепті. Бірнеше қамалды жаулайды, десе де, толық басқыншылық жүзеге аспайды. Әйтеуір мол олжаға кенеліпті. Кері қайтқан жолында бодан жұрт Галич пен Волынь аймағын амалсыз күйзеліске ұшыратқан екен. Енді сол сораппен, Польшаға қарсы дәп осындай екінші жорық. Бұл алмағайып аттаныс Төле-Бұқа үшін мейлінше сәтсіз аяқталыпты. Сәтсіз ғана емес, адам айтқысыз апатпен.
Тағы да Ноғаймен бірге көтерілген. Жаңа жорыққа шақырған – Төле-Бұқаның өзі сияқты. Тәрізі, жеңісті майданға үлкен үміт артқан. Бірақ ақырғы нәтижесі бұрынғыдан да сорақы шығыпты. Ноғай тума ханына қарайламай, өз бетімен кетеді. Кейін анықталды – Краков жаққа. Әлбетте, талау мен тонау. Қажетті мол олжа. Ал әскерінің біршама бөлігі орыс жасақтарынан құралған Төле-Бұқа Кіші Польшаға кіріп, Завихост қаласын алған соң, Висла өзенінен өте алмай, Сандомир тарабына қайрылады. Ақыры, Сан және Висла арналарын мұз құрсаған кезде арғы қабаққа шығып, кең алқапта азғана тыным табады. Содан соң төңірегін түгел жайпап, барын алып, енді Краковқа қарай шеру тартады. Алайда, бұл атырапты Ноғай басып жатқан. Төле-Бұқа Львовқа жетеді, енді осы өлкені ойрандай бастайды. Бұл кезде бар мақсаты орнына келген Ноғай түстікке қарай ауып, кері қайтқан екен.
Осынау, өзара жалғас екі жорық жөні бұрынғы-соңғы тарихи әдебиетте өзара астасып, біріне бірі сәйкесіп жататыны бар. Ноғай мол олжамен аман-есен өз жұртына оралса, Төле-Бұқа кері сапарында Қарпат тауларының арасында дүлей боранға ұшырапты. Әуелгі жолғы машақат па, әлде бұрнағы жорық азабының артығымен қайталануы ма, нақты ажыратып айту қиын. Бар әскер қарлы сай, мұзды шың арасында жол сорабынан жаңылып, әбден адасыпты. Үш күндік межеде шырмалып отыз күн, енді бір деректе жиырма күн жүреді. Бағдарсыз сандалыс, қақаған суықта қаншама жан күш көлігінен айрылып, үсіп өледі, қалған жұрт жаппай ашаршылыққа ұшырайды. Сол замандағы батыс тарихшыларының әсірелеп те жіберетіні бар. Ит етін жеді, кісі етін жеді, деп. Қисынсыз кеп. Қалың әскердің астыға мінген, жетекке алған мың сан аты бар, қалжаурап жығылған, немесе арнайы пышаққа түскен бір жылқының еті ондаған кісіге нешеме күнгі азық. Осыншама қиын жағдайдың өзінде ешкім аштан қатпаса керек. Ал үсіп өлуі анық. Бес, он емес, мыңдаған, бәлкім, он, жиырма мың аламанның суықтан кетуі. Қалай десеңіз де, Төле-Бұқа жарым әскерінен айрылып, қарлы қапастан әрең шығады. Өстіп, Төле-Бұқаның хан дәрежесінде 1287-1288 жылдар тоғысы, қыс айларында өткерген қарлы-мұзды жорығы оның беклербек әб-ағамен аралық жігін біржола айқындады, Төле-Бұқаны бар беделден айырды, бұдан да ауыры – қисапсыз шығын ұлысты ойсыратып кетті. Ал Төле-Бұқа осыншама бақытсыз жағдайды қайтар сапарда жол нұсқамай, өз бетімен кеткен Ноғай ағасынан көріпті. Әрине, ішіне қан қатқан. Бұл жағдайды Ноғай да анық түйсінсе керек. Енді болашақта сенімсіз хан інісінен қалайда құтылу қажетіне ден қояды. Және ақырын асықпай күткенін көреміз.
Төле-Бұқа батыстағы сәтсіз жорықтың есесін енді түстіктен – Елхан ұлысымен аралықтан қайтармақ болады. Қарлы қамаудың ізі суымастан, 1288 жылғы жазғытұрым Иран-Қыпшақ майданы қайтадан ашылады. Бұрнағы ұлы хандардың мұрат-мақсаты – Әзірбайжан мен Арранды қайыра баурау еді ғой. Алайда, өз кезегінде әскер бастаған Ноғай мен Тама-Тоқты айтарлықтай табысқа жете алмапты. Керісінше, көп шығынға ұшырап қайтады. Осыған жалғас 1290 жылғы жаңа жорық та нәтижесіз аяқталады.
Бұл кезде арамдығын ішіне жасырып келген Ноғай қайткенде Төле-Бұқаның көзін жоюды ойластыра бастапты. Нақты жоспармен. Жалғыз Ноғай ғана емес, Ордадағы алпауыттардың кейбірі жаңа жұлдыз – Мөңке-Темір ұлы, он алты жасар Тоқтыға іш тартса керек. Бұл жағдайды, қайткенде қандас туыс, немере ағасы Төле-Бұқаның өзі де анық аңдапты. Енді басына қатер төнген Тоқты баяғы Беркешардың бір немересі Балықшының қолына жетіп, жансауға сұрайды. Және араша тілеп, бүткіл әулеттің ағасы Ноғайға хабар салыпты.
Әлбетте, аса қажет, жас та болса ағайын арасында жақсы аталып жүрген, шынында да парасаты мол, әрі жігерлі үміткер табыла кетті. Міне, қолбасы ретінде айрықша дарыны көрінбеген, оның есесіне саясатта шаң жұқтырмас Ноғайдың аяр, зұлым ниетінің іске асқан жері. Дунай бойындағы жұртынан арнап шығып, Днепр – Үзе-дариядан өтіп, Еділге иектейді. Әуелі Төле-Бұқаның анасымен жалғасыпты. Қандай да деректе аты нақты аталмайтын құрметті ханымды кейбір тарихшылар шамалап айтқан, Мөңке-Темірдің бас бәйбішесі Шешек-қатын шығар деп, – неғайбыл, атағы кеміс басқа бір әйел; бірақ біз үшін ең бастысы – сол кездегі хан Төле-Бұқаның туған анасы. Ақылы келте, сенімпаз жан екені бірден аңдалады. Ноғай айтыпты: мен айықпас сырқатқа ұшырадым, қалған күнім санаулы, баяғы Сайын-хан ел бірлігі туралы өсиет қалдырған еді, енді арттағы асқаралы жұрттың қамы үшін, Төле-Бұқаға аманат, бақұл сөзім бар, көріссек, ауызба-ауыз сөйлессек, дейді. Жүздесіп отырған ханымның көзінше, аузынан сыздықтап қан білініп жатты дейді. Шешесі араға жүрген соң және соншама сенімді жағдай – Ноғайдың әл-дәрмені бітерге жақын екеніне көзі жеткен Төле-Бұқа, қасында Алғұй мен Тоғрылша және Мөңке-Темірдің басқа да ұлдары бар, әб-аға Ноғайдың соңғы сөзінен ғибрат алу үшін, оңаша, жекелей көріске келіпті. Ноғай манада естілген ауыр жағдайда, екі иінінен демігіп, қан түкіріп отырды дейді. Шындығында ешқандай сырқаты жоқ, өткенде де, қазір де, малдың қанын ұрттап, тамағына толтырып алған екен. Жақын жерге қажетті әскерін жасырып қойған. Ал сенімпаз, аңғал бауырлары шектеулі кісімен ғана келген. Енді, бәрі елбірей жайланып отырғаннан соң, кенет есін жиған Ноғай тақау ұлығына қажетті ишара жасайды. Төле-Бұқа хан мен жас ханзадалар сілкініп те үлгермепті, қарулы жасауылдар тарпа басады, ізінше қалың әскер қаптап кетіпті. Ғұзырлы хан бастаған, түгелдей тұтқындалып, қолдары байланған төрелердің бәрі де өлім табуға тиіс. Мұсылман деректері Ноғай бұлардың бәрін де Тоқтының қолына тапсырды деп көрсетеді. Ал тақау жердегі орыс, мәселен Никон жылнамасы Төле-Бұқа мен Алғуды Ноғай өлтірді деп жазыпты. Нақты айтылмағанымен, қалғандарының да тағдыры айқын. Бәрі де қазаға ұшырады. Қалай кетсе де айырымы шамалы. Талассыз ақиқаты – Тоқты Ноғайдың көмегімен өз өміріне қатер төндірген және ғұзырлы өкімде берік отырған барлық туысынан бір-ақ күнде құтылды. Және алтын таққа тікелей, тура жол ашылған..

ТОҚТЫ ХАН

Бастапқы жылдар

Тоқты – Бату хан шөбересі. Он ұлы болған Мөңке-Темір ханның алтыншы ұлы. Анасының есімі – Олжай-қатын, қоңырат, жуан тұқымынан. Сайын ханның алтын тағына жеткен кезінде он жеті жасқа толмаған. Миләди 1290 жыл.
Хандық өкімін бастамай жатып, беклербек Ноғайдың теперішіне шыдауға тура келген. Жастығынан емес, амалсыздан және мәртебесі кемшін болса да, күш-қуаты астам ұлықтың арсыздығы деп айтайық. Арада екі жыл өтпей, өкімі зор, әрі әулет ағасы саналған Ноғайдың қисынсыз зорлық талабын орындауға мәжбүр болыпты. Ноғайдың бас бәйбішесі, ордаға атаулы қонаққа келген Байлақ-қатын әкең саған риза болмай отыр, төңірегің түгел тікенек, тамырымен жұлып тастау керек, дейді. Сөз мәнісі – Ноғай Ұлұғ Ұлыстың қазіргі ең басты тұлғалары – бір-екеу, бес-алтау емес, тұпа-тура жиырма үш әмірдің көзін жоюды талап еткен. Ел ұстаған ұлық, әскер баққан қолбасы – беделі зор жиырма үш тұлға. Бұлардың кейбірі Тоқтының туған әкесі Мөңке-Темір ханның заманынан келе жатқан. Басқалары да еңбегі сіңген елеулі кісілер. Бірақ бәрі де күні кеше Төле-Бұқаға қызмет қылыпты. Яғни, Ноғайға қарсы, және Тоқтының өзіне де іштей жау болуға тиіс.
Кейінгі зерттеушілердің ешқайсы мәселенің байыбына бармаған. Бұлардың жаулығы қандай сыпатта? Ұлұғ Ұлыста, бұрнағы ханға қызмет көрсетсе – табиғи жағдай. Тоқты тұрыпты, Ноғайдың өзіне қайшылығы аңдалмаған. Соғыс ашпады. Төле-Бұқа тақау төңірегімен кеткеннен соң жаңа ханның дәргейіне бас ұрды. Айдала – анау Туна–Дунай бойында жатқан Ноғайға келтірер кесапаты және жоқ. Өкімі күшті атаның көпе-көрнеу қиянат, зорлығы болатын. Мақсат – Тоқтының қауіпсіздігі емес. Керісінше, Мөңке-Темір заманынан бергі қаншама жыл бойы ұлыстың тұтқасын ұстап отырған әскербасы мен ұлық атаулының көзін жойып, жас бала Тоқтының қанат-құйрығын кесу, яғни ешқашан өз ықпалынан шықпас дәрменсіз кепке түсіру болатын. Және Тоқтының өзіне қатал ескерту – менсіз күнің қараң, қаласам, сенің өзіңді де оп-оңай тағыңнан жұлып тастаймын деген доңайбат. Ұлыстың басқару жүйесіне зардабы өз алдына, қызметі сіңген, осыншама беделді әмір, ноян, бахадұрлардың көзін құртқан Тоқтының өзі әйкәпір болып, бар абыройдан айрылуға тиіс. Яғни, қайталап айтсақ, ендігі тіршілігі Ноғай әкесіне ғана қарап қалмақ. Қайткенде алтын тақтағы тиянағы тайғақ бала жігіт Тоқты құдіретті әкенің талабын мүлтіксіз орындауға мәжбүр болыпты. Бір күнде емес, апта салып, ай салып, аталмыш кісілердің барлығын да, бірлеп, екілеп, түгел жазықсыз қазаға ұшыратады.
Қамқор әкесі Ноғай бар мақсатына жеткендей. Алайда, дәп осы жолы мейлінше қателескен. Исалмас, жігерсіз байғұс емес, кейінде танылғандай, ақылы да кемел, мінезі де бекем Тоқтының ішіне қан қатып қалса керек. Тек әзірше, бүткіл Ұлұғ Ұлыс шегіне ғұзыры жүрмейді, өзіне тікелей қарасты орталық атырап – Еділ бойындағы өкімі де берік орнықпаған және ғұмыр жасы жиырмаға толмаған жас бозбала. Бірақ сана-сезімі айқын болса керек. Қайткенде Ноғай әкесінен құтылу қажетіне ден қояды. Әзірше іште тұнған ыза мен кек. Сыртқа шығаруға, әлдендей әрекетке шама жоқ.
Сонымен, арада тағы үш-төрт жыл өтеді. Бабаларының жолын ұстанған, сырттай биязы, бірақ мінезі тумысынан қату Тоқты біршама есейді. Ел басқару ісіне машығып, саясатқа жетіге түсті. Және көпшілігін өзі жаңадан көтерген ұлық әмірлер, әскербасылар арасында, тікелей ғұзырындағы ұлыс шегінде әжептәуір беделге жетті. Ел-жұртының алдындағы міндеті мен парызын да толық түйсінсе керек. Шыңғыс хан – Бату хан нәсілі, тумысынан кеудесі зор Тоқты қандай да біреудің қақпақылында отыруға тиіс емес. Ханның хандық ғұзыры, әдепкі пенденің кісілік намысы өз алдына, Ұлұғ Ұлыс осыншама дәрменсіз қалыпта, бөлек-салақ емес, бабалары құрған қуатты, біртұтас, айбынды мемлекет ретінде қалпына келуі шарт. Тоқты өліспей бітіспес қырғын майданға дайындалады. Әзірше астыртын.
1
Осы арада әскербасы, беклербек Ноғай туралы қосымша, азғана ақпар.
Ноғай – Жошы ханның әуелгі бір ұлы Бұуалдың тұқымы. Бұуалдан – Татар. Татардан – Ноғай. Ешқашан ресми хан көтерілмеген. Соншама бедел, күш-қуатқа жете тұра таққа отырмауы – атасының жасы кіші, әжесінің құма, кемшін жағдайынан деп долбарлағандар бар. Шындығында, Жошыдан соң, аралықтағы Беркені айтпасақ, Бату хан әулеті ең жоғарғы мәртебеде берік отырған. Бұрнада еске салғанымыздай, әкеден-балаға емес, ежелгі түрік рәсімі ойынша, аттамалы түрде, әкеден – ініге, одан соң – аға, бұдан әрі – келесі ініге көшетін, әйтсе де осы әулеттен айнымайтын берік рәсім. Ұлұғ Ұлыс билігі сол жорамен, Сайын хан әулетінің ғұзырына бекіген. Ноғайдың да, басқа бір атақты төрелердің де Бату тұқымынан асып, үлкен өкімге өтуі мүмкін емес еді. Бүткіл Еке Моғұл империясында жалғыз Шыңғыс ханның Алтын-ұрқы таққа жететіні сияқты, Қыпшақ, яғни Ұлұғ Ұлыс шегінде тек қана Бату хан тұқымы жоғарғы өкім құратын заңды рәсім қалыптасқан. Яғни, қаншама күш-құдіретке жетсе де, Жошы әулеті бола тұра сыртта қалған Ноғай ешқашан хан сайланбақ емес. Алайда, өз заманында, анығы – өмірінің екінші жарымында, арғы-бергі көп ханнан атағы да зор, дабырасы да күшті. Ұзақ жасаған және Алтын Орда тарихында, көршілес мемлекеттердің заманауи шежіресінде бар ісі айқын таңбаға түскен.
Ноғайдың қатарынан оза шығуы – Берке ханның тұсында. Әскербасы ретінде үлкен міндет артылған. Айттық, Құлағумен соғыстың әуелгі кезеңінде, 1262 жылы, тамыз айында Иран шегіне кірген отыз мың әскерді бастапты. Ширван уәлаятында үлкен жеңіске жетеді, бірақ қысқа қарай, ішкі беттен еселеген артық әскер шығуына байланысты біржола қирамаса да ойсырай шегініп, Дербенттен асып, Терек өзенінен бермен өтеді. Ақыры, мол әскермен арттан жеткен Берке хан Құлағуды қирата жеңді. Бұл қарлы-мұзды майданда, әрине, Ноғайдың да белгілі қызметі болуы анық. Бұдан соңғы, 1266 жылы, Кура бойындағы майданда бір көзінен айрылады. Тағы да Беркенің қаруы арқасында, алмағайып жағдайы жеңіске ұласыпты. Екі ретте де үлкен ұтыс тапты деп айту қиын, сонымен қатар, үздік болмаса да, қабілетті әскербасы ретінде мойындау қажет. Қайткенде, ұлан-асыр майдан, тынымсыз жорықтар тұсында Берке ханның сенімінен айрылмаған. Және өз тарабында біршама бедел, атаулы өкімге жеткенін көреміз.
Беркеден соң таққа мінген Мөңке-Темір Ноғайды есептен шығармаса да, үлкен әскербасы дәрежесінен шеттетіп, Дунайдың атырауындағы жұртына қайтарады. Бұрнада атасы Бұуалдың ғұзырында болған, халқы мол, тақау төңірегі ырыс-дәулетті аймақ. Ноғай бірден-ақ өзінің дара билігін орнықтыра бастапты. Уақыт оза келе, тиесілі ғұзырынан асып, іргелес жұрттармен дербес қатынас жасайды. Әуелде Мысыр сұлтаны Байбарысқа елші жібереді. Өзінің ислам жолын таңдағанын, ендігі заманда онымен берік одақтас болмағын, тіпті, кеудесін керіп, Мөңке-Темірдің Иранға қарсы жаңа майдан ашуына ықпал жасамағын алға тартыпты. Ал кейінірек, Мөңке-Темірден соң, Таудай-Мөңкеден өтіп, Төле-Бұқаның тұсында тынысы кеңейген кезде елхан Абағамен сабақтасады, кенже ұлы Төрені алға салып, ақыры құда болып шығыпты. Бұдан соң Византиямен жалғасады. Ноғайдың артында үлкен ұлыс тұр деп білген басилевс Михаил VІІІ Палеолог қайткенде Алтын Ордамен бейбіт қатынасын нығайту үшін, өзінің некеден тыс қызы Ефросиньяны Ноғайға ұзатыпты. Әлбетте, қатардағы көп қатынның бірі ретінде. Қалайда, тақау жұртпен екі аралықта тыныштық орнайды.
Уақыт озған сайын күш алған Ноғай ақыры бүткіл Қыпшақ ұлысының тақтағы ханымен бірдей, тіпті, кейінгі заманда одан да артық өкім, беделге жетеді. Түрік-славян нәсілді Болғария Бату хан заманынан бері Қыпшақ ұлысының боданы саналатын. Ноғай Болғар патшаларының бірін орнынан түсіріп, енді біреулерін өзінің ордасында, той үстінде өлтіріп, ақыры, 1390 жылы, қыпшақ текті, дәрменсіз Георгий Тертер патшаны, Ұлұғ Ұлыстың емес, жеке өзінің боданы ретінде антқа келтіреді. Міне дәп осы кезде Сербия королі Милутин де өкімді кінәздерімен бірге, өзін Ноғайдың вассалы деп мойындаған екен.
Мұндай, бұрынғы-соңғы ұтысты жағдаяттардың барлығы ең алдымен Ноғайдың мақсат-мүддесіне қызмет етіп жатқан. Осы орайда, алыс-жақын жұрттың біразы Ноғайды толық ғұзырлы, дербес тұлға ретінде таныпты. Мәселен, орыс жылнамаларында – царь, Византия деректерінде құдіретті әскербасы көсем, кейбір мұсылман тауарихтарында – мәлік, яғни патша дәрежесінде аталады.
Енді Ноғай бүткіл Ұлұғ Ұлыстың атаусыз ханы дәрежесінде біржола бекуді ойлапты. Яғни, өкімі тақтағы ханнан да зор, қажет тапса осы хандардың өзінің бірін түсіріп, екіншісін тағайындап отыратын құдірет. Десе де, Төле-Бұқаны үлкен орынға өткізу ісінде шешуші қызметі болмаған сияқты. Өз қолымен сайлапты-мыс – кейінгі долбар. Ал Тоқтының жағдайы – талассыз, айқын. Төле-Бұқа мен оның серіктес, жарты хан дәрежесіндегі бауырларының бәрінің түбіне жеткен – басқа емес, осы Ноғай. Және Тоқтыны өз қолымен хан көтерген.
Табиғи түсінік – күш-қуатым, билігім бұрынғыдан да арта түседі деп ойлаған. Ғұмыр бойы өктеп өтем деп түйген. Бұра тартса, мойнын бұрап алмақ. Әуелгі, біреу, екеу, тіпті, бес-алтау емес, тұпа-тура жиырма үш ұлықтың көзін жою туралы қатаң жарлық – осы ахуалдың әдепкі көрінісі ғана. Тоқты тыпыр ете алмады, төтенше жазаның орынсыз қиянат екенін, тіпті, өз басына көпе-көрнеу зарар екенін біле тұра, үзіп-созып болса да толықтай орындап шықты.
2
Мейманасы тасыған Ноғай, сыртқа сазы шықпаған, қайткенде кемшін жағдайдағы Тоқтыға қатысты жымысқы әрекетін азайтпайды. Амандықта қалған ұлықтарының өзін ханына қарсы қоюға тырысады. Ақыры, бірнеше ноян, бахадұрды қарауындағы халқымен қоса, өз жұртына аударып алыпты. Жасақ заңына қайшы, Шыңғыс хан қауымында бұрын-соңды болмаған сорақы. Төзімі шектен шыққан Тоқты мұндай аумалы бодандарын өзіне қайтаруға талап етіпті. Ноғай қыңбайды. Керісінше, қарымта шарт қойыпты. Маған нағашы атаң Салжыдай-күріген мен Жайлақты және Тама-Тоқтыны басымен берсең ғана аталмыс қауым өзіңе қайтарылады, дейді. Сөз төркіні мүлде күйкі. Бар кілтипан – Ноғайдың Кебек деген қызы өзінің күйеуі Жайлақпен келіспей қалыпты, бұл Жайлақ жаңағы Салжыдай-күрігеннің ұлы екен. Яғни, тұқымын тұздай құрту керек. Ал Шәйбан әулеті, әскербасы Тама-Тоқты – ханның қазіргі тірегі. Баяғы жиырма үш ұлықтың соңынан аттандырмақ. Ендігі, буыны берік Тоқты қайын атасы бастаған ең жақын кісілерін өз қолымен өлімге бере алмайды. Бұдан да мәндісі – төзімі таусылған – алдағы заманда қандай да зорлық, зомбылыққа көнбек емес. Өстіп, сырттай қарағанда жоқ жерден Ноғай мен Тоқты өзара соғыс жағдайына келеді. Бұл ретте мәселе Ноғайдың қызының ренішінде емес, хан мен беклербек арасындағы ширыққан қайшылықтан туындаған. Біз Ноғайдың бұрнағы, орнына келген талабы мен кейінгі сыныққа сылтау арасында тағы қандай сұмдықтар болғанын білмейміз. Қайткенде, Алтын Орда ханы Тоқты өзіне атадан мұра Ұлұғ Ұлыстың бір бөлігінде шектеулі ғұзырынан асып, дербес билікке жеткен беклербек Ноғайдың талай қорлығын көтеріп алса керек. Енді ешқандай мәмле, шегініске жол қалмаған.
Астам Ноғайдың бүткіл Ұлұғ Ұлыстың ішкі істеріне, Тоқты ханның бар шаруасына араласа беруіне тыйым салу қажет еді. Онсыз хандық өкім де жоқ, бодан халық та жоқ, Тоқтының ар-намысы тапалып, кісілік пен пенделік қасиеті тұрыпты, Сайын ханның алтын тағының өзі аяқасты қалғаны.
Тоқты хан өзінің заңды тұғырының биігінен, Ноғай әкесінің бар талабын кері қаққан қатқыл жауап қайтарады.
Онсыз да араздыққа тіленіп отырған Ноғай бірден-ақ тарс айрылады. Ақылға көнбедің, енді тұлпарымызды Таң-дариядан суғарамыз деген қаһарлы сәлем жолдайды.
Таң – кейінгі Дон – Алтын Орданың Еділден кейінгі үлкен өзені, және көбіне-көп, жаз ғана емес, қыс күндерінде де ұлыс ханының көшпелі ордасы тігілетін жер.
Алтын Орда тарихындағы ең алғашқы және ең қырғын Азамат соғысына жол ашылды.
Тоқты бірден-ақ өз ғұзырындағы жұртына шұғыл сауын айтып, үш жүз мың әскер түзіпті. Кідірместен түстік-батыс бетке шеру тартады. Днепр – Үзе-дариядан асып, Ноғайдың тікелей иелігіне түбегейлі шапқын жасамақ екен. Алайда, дәп осы қыста өзеннің мұзы толық бекімеген, соншама әскердің сеңді жарып, арғы қабаққа өтуі мүмкін емес. Тоқты кері шегінеді.
Бұл кезде әккі Ноғай, бар әскері дайын тұрса да, аттаныс мезгілін кешеуілдете береді. Арғы беттен қарасын көрінбейді. Ақыры, қолайсыз жағдайда қалған, және, тәрізі, Ноғайдың қарсы аттанысына күмәндана бастаған Тоқты әскерінің көпшілік бөлігін кері қайтарады. Әрине, соншама қалың қолдың ай, күн емес, тоқсан бойы ошарылып, әрекетсіз тұруы азық-түлік және басқа да жағдайда қаншама қиындық туғызған. Әйтсе де, әскери тәжірибесі кемшін Тоқтының үлкен қателігі болды. Көп ұзамай, қабыршақ мұз сөгіліп, дария сеңнен тазарады. Міне, дәп осы кезде, тәрізі, хан ордасындағы жағдайдан жансыздары арқылы хабарланып отырған Ноғай, Үзе-дариядан бар әскерін өткізіп, тура аттаныпты. Хижраның 697 санаты, миләди 1298 жыл екен.
Шешуші майдан, Руқн-ад-Дин Байбарыс бойынша, Ақсай дейтін, ал Рәшид-әд-Дин бойынша, Бақтыжар дейтін, бәлкім өзара іргелес бір аймақта болыпты, қайткенде Таң өзенінің оң жағалығы. Табанды ұрыстан соң ханның жүз мыңдық жасағы беклербектің екі есе көп әскерінен жеңіліс табады. Үлкен шығын: бірталай жұрт дариямен аралықта қоршауда қалған екен, жапырлаған шегініс кезінде азғанасы арғы бетке өтсе де, басым көпшілігі суға кетіпті. Үлкен жеңіске жеткен Ноғай құрғақ тарапта аман құтылған Тоқтыны ақырына дейін қудалап, Еділге шығып, астана Сарайды басса керек еді. Алайда, қолбасы Тама-Тоқты ілкіде ыдыраған әскерді қайта топтап, үдере шеру тартып келеді дейтін хабардан сескенген Ноғай барына тәуба қылып, кері қайрылыпты. Ұрыс нәтижесіне қарамастан, Тоқты хан ата тағы, өз жұртының өкімінде қалды. Ал Таң-дарияның жағасындағы сәтсіз майданнан соң байтақ Алтын Орда шын мәнісінде өзара дербес екі ұлысқа айналған еді. Жайықтан арғы, Ертіске дейін созылып жатқан, әзірде Жошының үлкен ұлы Орда ұрпақтарының үлесіндегі, ешқашан Сарайдан іргесін бөлмеген, әйткенмен біршама дербес Көк Орданы есепке қоспасақ, Тоқтының өкімі батыса Үзе–Днепр өзенімен шектелген. Ал бұдан әрі – Қара теңіздің терістік-батыс жағалауы, қазыналы Қырыммен қоса, Туна–Дунайдың сағасы, Қарпат тауларына дейінгі байтақ өлке Ноғайдың ғұзырында қалды. Уақытша десек те, атаулы бөлініс – ең алғашқы ара-жік.
Әрине, Тоқты болар, басқа болар, орталық өкімет мойындамас, және төзу мүмкін емес сорақы. Тоқты тағы бір қатаң, шешуші майдан ашуға дайындық жасайды. Және жағдай мен уақыттың өзі Тоқтының пайдасына айналып жатқан. Тәрізі, ел-жұртты ұйыстыру жолында көлденең амалдар іске қосылса керек. Енді өзін беклербек емес, өкімі тежеусіз, әрі қытымыр хан ретінде ұстаған Ноғайдың өктемдігіне төзе алмаған бірнеше әскербасы ұлық, қарауындағы жұрты, бар жасағымен Тоқтының жағына шығады – бес бахадұр, отыз мың әскер. Хижраның 699 санаты деп айтады, шамасы 1300 жылдың көктемі. Осыдан соң өзіне сенімі артып, шешуші қимылға бекінген Тоқты Таң-дариядан өтіп, Үзе-дариядан асып, Ноғай ұлысының шегіне жетеді. Түстік-батыс емес, терістік-батыс. Ноғайдың ескі жұртының шегі, деп айғақтаған Рәшид-әд-Дин. Тарку – анығы Торлы, – Днестр өзенінің бойында шешуші ұрыс өткеріледі. Ноғай отыз түмен шығарған екен. Тоқты әскерінің ұзын саны – алпыс түмен деп айтады, әрине, көтеріңкі дерек. Қайткенде қарсы жақтан көп болуы күмәнсіз. Ең бастысы – ұжымы да, қарымы да артық. Алайда, табанды, айрықша қантөгіс майдан күнұзақ, кешкі ақшамға дейін созылыпты. Ақыры, хан әскері толық жеңіске жетеді. Беклербек әскері жаппай қырғынға ұшырап, қалған азғанасы тозғындап, тым-тырақай қашады. Бар күшінен айрылған Ноғайдың қасындағы қорғанышы небәрі он жеті жасауыл екен. Ақыры, арттағы қуғын тақалғанда, олардың өзі жан сауғалапты. Ноғай жалғыз қалады. Тықсыра жеткен әскердің ең алдындағы, озғын жауынгер – орыс екен. Бұл кезде Ноғай әбден қартайған, күнұзақ, ұрыс үстінде арбада отырып, соңғы, дүркірей қашқан сәтте ғана атқа мінген, толық, зор денелі, басы аппақ қудай, жанарсыз көзін түксиген қабағы салбырай басқан, мүлде қауқарсыз қалыпта. Қуғыншы қылышын көтере бергенде айтыпты: «Мен – Ноғаймын. Өлтірме. Мені Тоқты ханға алып бар!..» – депті. Орыс аламаны бұл сөзге байыз бермей, Ноғайды кескілеп өлтіріп, басын шауып алған екен. Сол беті Тоқты ханның алдына барады. Міне Ноғайдың басы, мен өлтірдім, депті. Тоқты көре тұра, жорта сұрапты. Бұл қарттың Ноғай екенін қайдан білдің, – дейді. Өзі айтты. Мен Ноғаймын, өлтірмей, ханның алдына жеткіз, деді. Бірақ мен сөзін тыңдамай, басын шауып алдым. Мінеки, дейді. Сонда Тоқты: сен біле тұра жанын қиыпсың. Ал қарашы кісінің хан әулеті төренің қанын төгуге хақысы жоқ. Кешіргісіз қылмыс жасағансың. Сол үшін сені өлімге бұйырамын, деген екен.
Сонымен, Алтын Орда тарихындағы, тұтас жиырма жылға созылып, үш ханның тұсында өктем болған беклербек Ноғайдың алас-күлес дәуірі аяқталды.
3
Тоқты Ноғайдың қырғыннан қалған азғана әскерін одан әрмен қуғындамайды. Және осы уақытқа дейін Ноғайдың ғұзырында болып келген өлке шегіне де бойлап кірмейді. Аталас, ағайын жұрттың арасындағы қантөгіс одан әрмен жалғасар еді. Бұл кезде жиырма алты жасқа жаңа жеткен Тоқтының ұлыс тұтастығын қамдаған, ел бірлігін алғы кезекке шығарған кемеңгер бітімінің бір көрінісі.
Айтпақшы, қанды топырдан Ноғайдың үш ұлы бірдей аман кеткен. Үлкен ұл Жәуке өз жұртына жете сала, бір анадан туған бауыры Текені мүлде шетке қағып, бар өкімді өз қолына алғандай болады. Әйгілі әке орнына отыра салмақ. Бірақ Ноғайдың жан-жақты, жүйрік саясаты дарымаған. Керісінше, тым шолақ екен. Сопа бас, дәрменсіз Теке енді Тоқтының ғұзырына жетіп, кешірім алмақ болады. Бәлкім, Жәукенің орынсыз күмәні. Қайткенде, болашағыма қатер деген сезікпен, Текені өлтіріп жібереді. Бұдан соң, жағдайын мүлде нығайту мақсатымен, азғана уақыт әке ұлысының шегінен шығып, бодан жұрт Болғарияға барып кіреді және тағын басып алып, өзін Болғар патшасы деп жариялаған. Ақыры, бағзыдан патшалық әулеті болған түрік-славян текті болғар алпауыттары, әрі құдіретті Тоқты ханның қаһарына қалармыз деген қауіп бар, Жәукені заңсыз тағынан тайдырып, зынданға тоғытады және бірнеше күн озбай, ажалға кеседі: арнайы, машықты жендет буындырып өлтірген екен. Ал Ноғайдың әзірше аман үшінші ұлы Төре де, Тоқтының Сарай-Бұғы деген ақылсыз інісінің сеніміне кіріп, сені хандыққа өткіземіз деп жүрген өнімсіз әрекет үстінде әшкере болып, жаңа досымен бірге қазаға ұшыраған. Сөйтіп, алпауыт беклербек Ноғайдың әскери жеңілісінен соң көп ұзамай-ақ, 1302 жылы ол құрған бөлшек ұлыс та саяси жағынан біржола жоққа айналады. Біртұтас Алтын Орда бұдан соң да салтанат құра беруге тиіс екен.
Кейінгі тарихта Ноғайдың бар қызметі мүлде дерлік теріс бағаланады. Тіпті, беклербек әскери тұрғыда мейлінше дарынсыз болды деп айтылатыны бар. Сөз жоқ, үздік қолбасы емес. Бірақ өз заманындағы көрнекті әскери қайраткер. Қарасыны шамалас, бәлкім, одан көбірек жарақты жауды, мәселен, қызылбас соғысының бастау кезеңі, Ширван түбінде қирата жеңгені бар. Одан соң ойсырай шегінсе, отыз мың жасақтың жүз, жүз елу мыңға қарсы тұруы мүмкін еместен. (Шыңғыс хан тұсындағы темір түмендердің жөні басқа.) Бұдан соң да әрқилы аумалы-төкпелі оқиғалар. Ұтымды саясаткер ғана емес, қабілетті әскербасы Берке ешқашан Ноғайға артық кінә тақпаған. Беркеден кейінгі заманда Ноғай түстік-батыста қару күшімен қатар епті саясатпен өз өрісін кеңейте береді. Ұлұғ Ұлыс шегінде өкім, беделі артып, тақау көршілер түгел мойындаған ірі тұлғаға айналады. Ақыры немен тынғанын көрдік.
Тұтастай алғанда, беклербек Ноғай – қаймағы бұзылмаған, біртұтас Алтын Орда шегіндегі ең алғашқы бұзақар екені дау туғызбаса керек. Ноғайдың ғұмыр баянын, өз заманындағы тарихи орнын түбегейлі зерттеген атақты Н.Веселовский оны алғаш рет тұнықты шайқаған, Алтын Орда тарихындағы көлеңкелі, теріс тұлға ретінде бағалайды. Шынында да. Кейінгі, ХІV ғасырдың екінші жартысында, тұтас жиырма жылға созылып, жиырма бес хан алмасқан, үздіксіз өзара қырқыстан Жошы ұлысы біржола тұралап шыққан Үлкен Бұлғақ апаты осы Ноғай бастаған бүліктен үлгі тартқан еді.
Арнайы бір лепес – біздің шығыс түріктері, әсіресе қазақ халық әдебиетінде «Ноғайлы жұрты», «Ноғайлы заманы» дейтін, қалыпты бір ұғым бар. Шоқан Уәлиханов бастап айтқан, бұл Ноғайлы – Алтын Орда заманының халық санасында қалған айқын бір көрінісі деп. Ұлы империяның сыртқары бір бөлігінде тарихи тұрғыда азғана уақыт өкім құрған беклербек Ноғайдың ықпалында болған бір пара қауым – Ноғай жұрт аталуға мүмкін еді. Негізінен орталық өкіметке мойын сұнбаған көшпенді рулар. Алайда, кейінгі Ноғай Ордасы, Ноғайлы атауларының бүлікшіл беклербекке тікелей қатысы – қазіргі тарих ғылымында күмән тудырған жағдаят (Б.Почекаев, В.Трепавлов). Шынында да әйгілі атауды тікелей Ноғай есімімен жалғастыру – ұшқары болады. «Ноғай» этнонимінің түп төркіні – «ноқай», яғни «ит» сөзі. Ежелгі түрікте ит – бөрімен қатарлас тотем. Шығыс түрік руларының бір парасы әуелден-ақ ноғай аталуға тиіс. Яғни, «ноғайлы», есебі «ноғай жұрты» – беклербек Ноғай атынан туындамаған, керісінше, есім – этноним негізінде шыққан, тарихтан белгілі тұлғалар – Татар, Таңғұт, Орыс кейіптес.
Анығы – Алтын Орда ыдырап, Қырым, Қазан, Сібір, Қазақ хандықтары бөлініп шыққан кезде Жайық пен Еділ, және шектес Таң аралығында дербес Ноғай Ордасы құрылған еді. Бұл да өз алдына жеке бір тарих. Уақыт оза келе ыдырады, тозды, бір тарабы Орыс табанына түсіп, жарымынан артық, көпшілік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына қосылды. Шын мәнісінде бұрнағы ноғай мен жаңа қазақ екеуі – тілі ортақ, дәстүр-салты үйлес, бір-ақ халық болатын. (Таң қаларлық жағдай. Қазақ Ордасына қайыра көш кезінде, Ұлұғ Ұлыс шегі, Еділдің арғы бетінде жасаған арғын – арғынға, найман – найманға, қыпшақ – қыпшаққа, керей – керейге келіп қосылады, ал ежелден-ақ Батыс Дәштіні жайлап, кейінде Көк орда шегінен тыс жасаған рулар тобы – Кіші жүз атанады.) Сөйтіп, Ұлы Ноғай Ордасы саяси бірлік ретінде жоққа айналды. Ресей ықпалында қалған, алайда асаулығы басылмаған көпшілік қауым тікелей геноцид – шапқын мен жаппай қырғынға ұшырады, әлдебір бөлшегі Түркия шегіне ауды, азғана бір жұқанасы бүгінде Россия ғұзыры – Астрахан мен Дағыстан, Күзей Қапқаз етегінде, бытырай шашылып, тіршілік жасап жатыр, ұзын саны енді ғана жүз мыңға тартса керек.
Қарап тұрсақ, Ноғай Ордасы неше ғасыр бұрын құлағанымен, ноғай атауы тарихтан өшпепті. Ноғайлы, яғни ноғай жұрты ретінде Орталық Азия түріктерінің санасына берік орнаған екен. Тіпті, ең дәуірлеген кезінің өзінде азғана уақыт, онда да Ұлұғ Ұлыстың бір бөлшегін ғана қамтыған атау – бірте-бірте бүткіл түрік-қыпшақ қауымының ортақ, біртұтас ұранына айналғанын көреміз. Нақтысы – тарихи емес, эпостық-фольклорлық ныспы. Сол қалпы қазақ, ноғай, татар, қарақалпақ, тіпті, Қыпшақ ұлысының құрамында болмаған қырғызға да көшкен. Біздің туыстас халықтар, әсіресе қазақтың өткендегі, ел болған, ер болған, ерен заманының ауыз әдебиетінде көрініс тапқан бір жаңғырығы деп қана қабылдауға тиіспіз. Яғни, Шоқан тап басып айтқандай, халық санасындағы Алтын Орда дәуірі.

Толық өкім

Ағайын арасындағы және қисапсыз шығын әкелген айрықша қантөгіс нәтижесінде бүткіл ұлыс тітіреген Азамат соғысынан соң Тоқты ең алдымен туған жұртын қайыра ұйыстырып, ендігі бейбіт жағдайда жаңадан көтеру қажетіне ден қояды. Малшы, егінші бұқара қауымның тұрмысы тіпті төмендеп кеткен еді. Оның үстіне, елдің тынысы жаңа ғана ашылған әуелгі кезең – миләди 1300-1301-1302 жылдары жазда аңызақ құрғақшылық, қыста ақсүйек жұт болыпты. Егін өнбейді, мал басы, әсіресе жылқы мен ұсақ тұяқ жаппай шығынға ұшырайды. Әйтеуір бұрнадан азды-көпті қоры бар, енді мал сүмесіне қараған жұрт әупірімдеп әрең ес жиыпты. Қайткенде, тақыр құрғақшылықтан кейінгі жаңбырлы жазда егін жайқалып шығады, жұмсақ қыстан соң азғана мал әдепкідей қаулап өседі. Ең бастысы – ұрыс-майдан елесі жоқ. Жаңа бір өмір басталған.
1301 жылдың ақырында бүткіл ғұмырын әуелде басбұзар Құбылайға, бұдан соң оның мұрагері Темір-Өлжейтіге қарсы күреспен өткерген қаһарман Қайду дүниеден көшеді. Тағына туған ұлы Шапар ие болған екен. Бүткіл орталық өңір қырық жылғы үздіксіз майданнан қажи бастаған, Өкетай ұлысының ендігі тұлғасы жаппай тыныштық жайын қамдапты. Шағатай иелігінің де, Қыпшақ жұртының да тілегені бейбіт өмір. Ақыры, 1304 жылы Шығыста – Юань еженханы Темір-Өлжейті, Жетісу мен Тәңірі тауының етегінде – Өкетай ұлысының ханы Шапар және Мәуреннахрдағы Шағатай ұлысының ханы Дуба, батыста – Ұлұғ Ұлыс ханы Тоқты – бір сөзбен айтқанда, бүгінде дербес төрт ұлыстың билік басында отырған Шыңғыс хан ұрпақтары бейбіт келісімге мәмле қылыпты. Алдағы заманда өзара қырқысқа тыйым салып, қолдасып, осы қалпында жарым дүниені бауырына басып отырмақ. Ал бесінші ұлыс Иран жұртымен арада тыныштық. Яғни, баршаға ортақ қамсыз бауырластық. Ендігі заман ерекше елестеген. Осы орайда елхан Хұдабенде Өлжейтінің 1305 жылы жазғытұрым Франция королі Көркем Филипп ІV-ге жазған хаты мағлұм. «Біз, Шыңғыс хан ұрпақтары… бүгінгі күнге дейін, тура қырық бес жыл бойы өзара кінәласып, тіл табыса алмай келіп едік, енді Көктің аяны, Көктің алқауы нәтижесінде, Күннің шығысынан Далай теңізіне дейінгі өз ұлыстарымыздың басын қосып, тығыз қатынас орнатуға пәрмен қылдық», – депті.
Алайда, әуелгі келісімнен соң арада екі жыл өтпестен бұл ұжымдық біртұтас одақ шытынай сөгіледі. Шағатай ұлысының Талас құрылтайы кезіндегі жойқын ұтылысы, соған орай іште қатқан кек қарымтаға бастаған Барақ ұлы Дуба енді Өкетай ұлысының бүгінгі ханы, кешегі Қайдудың ұлы Шапарға тарпа бас салыпты. Әскерін қирата жеңіп, өткенде айрылған қоныстар үстінде, шығыс беттегі көп иелікті өзіне қосып алады. Майдан барысында Шапар қазаға ұшырайды. Сонымен, Өкетай ұлысы жоққа айналды дейді. Миләди 1306 жыл екен.
Манағы, уақытша ғана болып шыққан бауырластық тұсында Тоқты Елхан ұлысымен аралықтағы аса мәнді бір мәселені шешеді. Қапқаз аймағындағы үздік-создық, бірақ тыйылмаған, жойқын соғыстар аралығы, сәтті кезеңде, екі тарап үшін де айрықша маңызды бір байламға тоқтасқан. Ірі көлемді сауда қатынастары. Құлағу мен Беркенің арасы бұзылғанға дейінгі дәуір, тіпті, одан көп бұрынғы заманда Қыпшақ пен Ғажам арасында керуен жолдары өзара жалғас, тынымсыз айналымда тұрған. Дала жұрты Арран мен Әзірбайжан шегінде бар қажетін тауып, түстіктегі көршілер де Қыпшақ тарабының мал өнімдері, қолөнер дүниелері, ұлпа елтірі және басқа да зәру тауарына қарық болып жататын. Екі жақ үшін де қазыналы, арналы байлық дариясы есепті. Енді ежелгі сауда қатынастары бұрнағыдан әрмен дамып, өркендеді дейді. Осы орайда Уассафтың айтқаны бар. Бұрнағы біршама үзілістен соң, Тоқтының тұсында елші алмасу, аралық келісімдер нәтижесінде екі ел ортасында көпестер мен саудагер атаулының жолы ашылды, жүргіншілер қауіпсіз, еркін қатынады; Арран өлкесі күймелер мен шатырлар жапырынан, айдап әкелінген жылқы мен қойдың көптігінен толқынып тұрды, зәру, қымбат тауарлар жалпы жұрттың игілігіне айналды, деген.
Тоқты хижраның 704 санаты, миләди 1304 жыл мұғдарында Мысыр сұлтаны Нәзір-Мұхамедке елші салады. Жақсы қабылдаған. Бұрнағы достық, туыстық қатынастар орнына келгендей.
Византиямен аралықта қалыптасқан бейбіт жағдай да бұзылмапты. Саясатта мәттақам, қашанда әлсізге зорлық жасап, мықтыны әрқилы амалмен жуасытып отыратын Константинополь бұл жолы да қиядан қатерсіз жол тауыпты. Басилевс Екінші Андроник Палеолог туған қызы Марияны Тоқтыға ұзатады. Екі ел арасындағы бейбіт қатынастың бір тетігі есепті.
Орыс елінің шегінде ұлы кінәздің босап қалған орнына талас, ішкі қайшылықтар ақылмен, бейбіт шешіледі. Сондай-ақ, Көк Орда ұлысындағы, біраз бұрын ғана дүниеден өткен Көніші ханның тағына бәсеке туындаған еді. Ішінара қарулы қақтығысқа дейін жеткен. Баян, Маңғытай, Қосай дейтін үш талапкер үш тарапта қатарынан хан көтеріледі. Созылып кеткен тайталас ең ақырында Тоқтының тікелей қолдауымен, 1310 жылы, кешегі хан Көнішінің ұлы Баянның пайдасына шешіледі. Ұлұғ Ұлыстың сол қанаты саналған Көк Орда өзінің тұтастығын сақтап қалыпты. Және, әлбетте, Қыпшақпен айнымас бірлікте.
Ал жат жұрттармен аралық қашанда аумалы-төкпелі. 1305 жылы Тоқты Мысыр сұлтанына екінші қайтара елшілік жібереді. Иранға қарсы соғыс қимылдарын бірлесіп, жаңадан бастау мақсатында. Алайда, Мысыр мен Елхан ұлысы арасында бейіт бітім жасалып қойған екен, ежелгі әскери одақтастық бұл жолы жүзеге аспай қалыпты. Соған қарамастан, Тоқты өз тарабынан Иранға қарсы жаңа бір соғыс бастамақ. Әуелде, 1302 жылы қатаң талаппен ауыр елшілік жіберген. Арран мен Әзірбайжан және Гүржістан – атамыз Шыңғыс хан тұсында жауланып, Жошы ұлысының үлесіне кесілген, қаншама заман зорлықпен ұстап отырдыңдар, енді бейбіт келісім жағдайында өзімізге қайтару шарт, деген. Әлбетте, қабыл алынбаған. Күтпеген жағдай емес, жаңа майданға сылтау болатын. Соғыс қимылдарының іркіліп қалуы – осыған жалғас азғана уақыттағы, Юань еженханы Темір-Өлжейті бастап, қалған үш ұлыс өзара келісім тапқан туыстық, достастық мәмле болатын. Көп ұзамай бәрі бұзылды. Енді жаңа майданға тоқтау жоқ еді. 1308 жыл екен.
Әуелгі шапқын сәтті басталғанмен, ақыр түбі үйреншікті, тайталас жағдайға ұласады. Кура жағасына бекініп үлгерген Елхан әскерінің берік шебін бұза алмаған Тоқты, қантөгісті, ұзақ майданнан бой тартып, бейбіт келісімге ден қояды. Алайда, екі аралық дүбара, қырғиқабақ күйінде қалған екен. Бұдан соңғы, 1312 жылғы аттаныс та тепе-тең қалыпта, айрықша ұтысқа жеткізбейді. Жошы ұлысының қарымының кемдігі емес, бүткіл Ғажам – қазіргіше айтқанда, байтақ Иран және Қапқаз жотасының күнгейін тұтас, бұларға қоса Хорасан, Мазандеран мен бүткіл Месопотамияны басып отырған Елхан ұлысының да қуат-күшінің көрінісі. Жинақтап келгенде, тұтас бір ғасырға созылған, екі тарапты бірдей әлсіретпесе де, тақау төңіректегі қарымын қайырған өзгеше зұлмат.
Қайткенде Қыпшақ жұрты ешкімге есесін жібермес еді. Осы орайда, Тоқтының азғана күшпен жүзеге асырған игілікті істерінің бірі – Қырым, итальяндар қарауындағы иеліктерге қарсы келте жорық болды. Ұлұғ Ұлыспен келісім бойынша, жартылай тәуелді, сонымен қатар өзіндік құқұғы мол жат жұрттық факториялар екі жаққа бірдей тиімді көтерме саудамен айналысатын. Енді, Кафада ірге тепкен Генуя көпестері құл саудасына кеңінен өріс ашқаны әшкере болыпты. Бұрнада, Батыс Дәштідегі аласапыран кезінде орын алған, бірақ кейінде тыйым салынған сұмдық. Кафа алпауыттары 1300-1302 жылдарғы құрғақшылық пен жұт кезінде қиындыққа ұшыраған қыпшақ-татар отбасыларынан тікелей және әрқилы делдал арқылы жас балаларды көптеп сатып алып, еселеген қымбат нарықпен одан әрмен өткізеді екен. Тоқты 1308 жылы май айында арнайы аттаныс жасап, Кафа қаласын қиратады және бұдан әрідегі құл саудасына қатаң тыйым жасайды.
Сыртқы тыныштық қана емес, ел ішіндегі қалыпты, мамыражай өмір бүткіл ұлыстың мерейін асырып қана қойған жоқ, дәулетті, ірі байлардан бастап, жалпы бұқара жұрттың тұрмыс-ахуалының айрықша жақсаруына себеп болды. Шаһар, кенттерде өзара жақын төңірекпен қатар, алыс аймақтарға керуен тартқан ұтымды сауда, далалық өңірдегі көк жайлаулы, мыңғырған мал басы, Еділ мен Таң, Үзе мен Торлы бойындағы, Қара теңіздің терістік жағалауы, Қапқаз етегі, Қобан өлкесіндегі құнарлы қара топырақта ырғын өскен астық – Алтын Орданың ырыс-берекесі мен қуат-күшін асқақтата көтерген еді.
Осы жаппай өрлеу кезеңінде сыртқы сауда ғана емес, ішкі алыс-берісте ақша айналымы еселеп артқан. Міне, осы орайда Тоқтының тағы бір ұтымды қадамы – бүткіл ұлыс шегінде жаппай, әрі міндетті ақша реформасын жасайды. Бұрнада сонау халифат заманы, Хорезм кезеңінде айналымға түскен, бұдан соң Еке Моғұл дәуірінде соғылған мәнет атаулы араласа, жаппай қолданылып жатқан. Құны әрқилы, өлшемі мен көлемі неше түрлі, сауда, айырбас кезінде көбіне түспал, шамамен бағаланатын қыруар теңге. Тоқты өткендегі барлық ақшаны ортақ өлшем, бір қалыпқа келтіріп, құнды, күміс дәрхам ретінде түгелімен қайта құйғызып, міндетті қолданысқа қосады. Бұл – елдің экономикасын жаңа биікке көтерген ұтымды, төтенше құбылыс болып шықты. Тоқтының ақша реформасы деген атақпен кейінгі тарихқа енгенін көреміз.
Тоқты хан алдыңғы ағаларының әсерімен исламға бет бұрса керек еді, алайда, ата-баба рәсімі – Тәңірі дінінен айнымаған. Сонымен қатар, Шыңғыс ханның Жасақ заңында бекітілген, барлық дін атаулының құрметі, өзара теңдік дағуасы туралы қағиданы берік ұстанды. Бірін артық, бірін кем санамады. Сондықтан христиандар тиісінше бағалап, мұсылмандар өзіне тартса, буддашылар да тым жақын көрді. Алтын Орданың исламға бірегей бет бұрар қарсаңындағы өзгеше жағдаят.
Тоқты жиырма үш жылға тақау хандық құрыпты. Өз тұсындағы тауарихта Тоқтының заманы аса ұнасымды, жоғары дәрежеде бағаланады. Араб, парсы тілді деректердің барлығында оның жеке басының ақыл-парасаты, шешімтал ерлігі мен ғаділ өкімі, мемлекеттік тұрғыдағы игілікті қызметі атап көрсетіледі.
Ибн Шухба әл-Асади айтыпты: «Шыңғыс хан ұлы, Жошы хан ұлы, Сайын хан ұлы, Тоған ұлы Мөңке-Темір ханнан туған Моғұл Тоқтай хан зерделі, саңлақ, ержүрек кісі еді, татар дінін ұстанды, данагөйлер мен дуагөй атаулыны құрмет тұтты, мұсылманды жақсы көрді, барлық діндегі игі адамдарды риясыз сыйлады. Патшалығы байтақ еді – ұзыны бір жылдық, көлденең сегіз айлық деседі; әскері қисапсыз көп болды. Жиырма үш жыл патшалық құрды», – депті.
Бадр-ад-Дин әл-Айни: «Тоқты жігерлі һәм жаужүрек кісі еді, бақсылар мен ғұламаларды және емшілерді қадір тұтты, мұсылман қауымын басқалардан артық санады; әскері қисапсыз еді», – деген.
Ибн Касир: «Тоқты шешімтал және ер мінезді жан еді. Татар дінін ұстанды. Данагөйлер мен дәрігерді құрметтеді, басқалардан гөрі мұсылманға көбірек қамқорлық жасады. Әскері ғаламат еді», – дейді.
Рәшид-әд-Диннің айтқаны бар: «Тоқты өкім құрған жылдарда оның бодан жұрты мейлінше гүлденді, бүткіл ұлыс байлыққа бөгіп, шат-шадымен жағдайға жетті», – деген.
Жаңа заман тарихшылары: Г.Грумм-Гржимайло, Г.Вернадский, Б.Шпулер, Г.Федоров-Давыдов, және күні бүгінгі В.Трепавлов, Р.Почекаев қатарлы білгірлер де Тоқтының өз жұрты үшін игілікті қызметін аса жоғары бағалаған. Шындығында да, Тоқты Алтын Орданың оқыстан шайқалған алмағайып жағдайын толығымен оңдады, құдіретті Жошы ұлысының біртұтас бекімін қалпына келтірді. Бүгінгі заман тарихи нұсқаларында аралық кезеңде жасаған аса ірі тұлға ретінде, сәулетті Алтын Орданың Бату мен Берке, Өзбек пен Жәнібекке тетелес ұлы хандардың қатарында құрметпен аталады.
Әлемдік империя Алтын Орданың тұтқасында жиырма үш жыл отырған Тоқты хан хижраның 717 санаты, рәби-әс-сани айының 4 жұлдызында дүниеден өтіпті – 9 август 1312 жыл. Бір деректерде Орыс еліне қарай сапарға аттанып бара жатқанда, кеме үстінде, күтпеген жағдайда, ендігі бір мағлұматта жайшылықта, астана Сарай шаһарына тақау бір тұс – он күндік жерде, ауыр сырқаттан. Бізге осы соңғы дерек қисынды көрінді. Небәрі отыз сегіз жаста екен. Анығы – мезгілсіз десек те өз ажалынан. Жалғыз ұлы Елбасар әскер ісіне бейім екен, бозбала кезінде әкесінен екі жыл озғын өткен. Бұрнада тақ мұрагері ретінде туған ағасы Тоғрылшаның ұлын бекітіп қойған екен. Кейінгі бір тарихшылардың алыпқашпа, көлденең сөздеріне қарамастан, ешқандай шырғалаңсыз таққа жеткені күмән туғызбайды.
Тоқтының келте ғұмыры, әрине, өкінішті. Алайда, Алтын Орданың келесі ханы аға ісін одан әрмен жалғастырып қана қойған жоқ, бар жағынан үздік үлгі танытты. Тұтас жиырма сегіз жыл бойы өкім құрған, Алтын Орданы өзінің шарықтау биігіне жеткізген данагөй, сайыпқыран Өзбек хан.

АЛТЫН ҒАСЫР

Өзбек хан

Тоқты ханның ағасы Тоғрылшадан туған. Анасының есімі – Баялұн. Ата-тегі: Шыңғыс хан – Жошы хан – Бату хан – Тоқан – Мөңке-Темір хан – Тоғрылша. Бала кезінен әб-ағасы Тоқтының назарында болған. Қатты ұнатып, жанына жақын тұтса керек. Біраз заман Шеркеш тарабында жүреді, содан соң елге қайтарып, мәртебелі әскербасылар қатарына қосады, өкіміне атаулы аймақ бекітіп береді. Әуел бастан-ақ тақ мұрагері санағаны анық аңғарылады. Ресми түрде жариялап үлгерді ме, жоқ па – нақты айту қиын.
Осы орайда, Батысы бар, басқасы бар, Алтын Орда тарихын зерттеушілер байыбына бара алмай, көңілге тоқи алмай жүрген бір жағдаят – Ұлұғ Ұлыстағы тақ алмасу тәртібі – Ежелгі Түрік қағанатының жол-жорасы бойынша қалыптанғаны. Ілкіде айттық, тақтағы ханның бел баласы ешқашан бірден-бір мұрагер саналмаған, керісінше, ешқандай құқұғы жоқ, ең үлкен дәрежеге қолма-қол өтуі әсте мүмкін емес. Ғұзырлы хан соғыста ма, өз ажалынан ба, дүниеден көшкен соң, оның үлкен ұлы емес, басқа ұлдары да емес, туған інілерінің ішіндегі беделі зор, ең атақтысы өкімге жеткен. Туған болмаса, немере, шөбере бауырлардың бірі. Бұл жағдаят Күл-тегін бітігінде нақты жазылып тұр және бүткіл Түрік қағанатының тарихында айғақталған. Осы, әлденеше ғасырлық, қалыпты рәсімді өзінің ғаламат беделі, атақ-абыройы мен тежеусіз ғұзырына сүйенген Шыңғыс хан бастап бұзған еді. Яғни, мұрагерлік – әкеден балаға. Еке-Моғұл империясына жалғас Юань патшалығы, Шағатай, Өкетай, Құлағу ұлыстарында осы рәсім күшінде қалады. Ал Ежелгі Түріктің тікелей дерлік жалғасы, далалық көшпенділер рухы сақталған Жошы ұлысында көп ұзамай-ақ ескілікті тәртіп қайтадан іске қосылғанын көреміз. Батудан соңғы Сартақтың тағдыры осы байырғы Төре заңы негізінде шешілуге тиіс-ті. Ендігі хан Беркеден соң, әлденеше ғасырлық ескілікті низам қайтадан күшіне кіреді. Яғни, хандық мәртебе – ағадан ініге көшпек. (Алдынала ескертсек, ел басында отыз жылға тақау отырған Өзбектің ғұзырымен бұзылған – яғни, туған ұл Жәнібек, одан кейін Жәнібектің ұлы Бердібек. Әйткенмен, Ұлұғ Ұлыс үшін мүлде тосын рәсім Үлкен Бұлғақ кезінде қайтадан теріске шығарылған…)
Сонымен, Тоқтының тағына бірден-бір заңды үміткер – Өзбек болатын. Қазіргі заман зерттеушілері Тоқтының баласын іздеп жатады. Нақты жағдаят – жас та болса жақсы қабілетімен көрінген үлкен ұл Елбасардың әкесінен екі жыл бұрын өтуі. Ескілікті кейбір деректе Тоқтының артында ұрпақ қалмады деп те айтылады. Болса да таққа ұмтылмас еді. Өткен алпыс жылға тақау ұзақ уақыт бойында тақ алмасудың ежелгі түрік рәсімі қайтадан қалыптасып кеткен. Есебі, Тоқтыдан соңғы таққа талас, оның ішінде әлдебір «тікелей» мұрагердің зорлықты қазаға ұшырауы, осы реттегі қырғын – кейбір парсы деректерінде сырттан пішілген құрғақ долбар саналуға тиіс. Өзбектің хан көтерілуіне қарсы болған және қазаға ұшыраған әлдебір ұлықтар жайы шындық десек те, жаппай қанды қырғын орын алмаған сияқты. Ондаған, тіпті жүздеген алпауыттың өлімге кесілуі – Ұлұғ Ұлыста бұрын болмаған сұмдық ретінде бірер емес, әлденеше еңбекте қатарынан, оның ішінде араб тілді тауарихтарда, атап көрсетілер еді. Қайткенде, мезгілсіз кеткен Тоқты ресми түрде мұрагер деп айғақтамаған күннің өзінде, иесіз қалған таққа ең жақын әрі бірден-бір лайықты тұлға – Өзбек деп танылмағы күмәнсіз. Айттық, Тоқтының барлы-жоқты туған ұлы жөнінде сөз болуы да мүмкін емес. Басқа бір дүмді үміткер шықса, оның есім-сойы мағлұм болар еді. Десе де, ел тағдыры үшін шешуші жағдаят, дау-дамайсыз дегенмен, біршама қиындық туған сияқты. Ақыры, үміткердің туған бөлесі, беклербек Құтлұғ-Темір бастаған алпауыттардың шешуші әрекеті нәтижесінде, Өзбектің мерейі үстем шығады. Хижраның 712 санаты, рамадан – миләди 1313, сыйыр жылы январь айында Сайын ханның алтын тағына ие болыпты. Әлбетте, бірегей келісім, атаулы құрылтайдан кейін. Тоқтының көзі жұмылғаннан соң бес ай өткенде. Аз да, көп те емес, қалыпты жағдай, табиғи меже.
1
Өзбек ата жолымен, Жошы ұлысының дәстүрлі сыртқы саясатын одан әрмен жалғастырады.
Әуелгі кезекте Мысырға елші түсіріпті. Достық қатынас, әскери одақ мәселесі. Алайда, мәмлүк сұлтаны ән-Нәсір жаңа бір майданға құлшына қоймаған сыңайлы. Көп ұзамай Елхан ұлысымен арада бейбіт келісім жасасады. Әйткенмен, Алтын Ордадан сырт айналды деген сөз емес. Бауырлас жақындық әуелгі қалпында тұрғандай, тіпті, бұрынғыдан да жымдаса түспек. Сұлтан аталас туыстықты қандас құдалықпен бекітуге бейіл танытады. Яғни, Жошы әулетінен қыз айттырмақ. Өзара елшілік алмас, біршама машақаттан соң, екі жақты келісімге қол жетеді. Қалыңдықтың есімі – Тұлұн-бике. Бір деректе Тоқтының інісі Бөрліктің қызы, енді бір орайда басқа бір оғланнан, қайткенде – Бату ханның тікелей нәсілі. Араб тарихшылары да, кейінгі зерттеушілер де көп жазып, көп айтқан. Құдалық келіссөздер үстінде қыз жағы ниһаятсыз көп қалыңмал сұрады дейді – тұпа-тура бір миллион динар. Хан қазынасын толтыру, және аралықта жүрген делдал көпестердің тамағын тығындау үшін. Байлығы әлемнен асқан Алтын Орданың тіршілік-ахуалы бір қыздың құнына қарап тұрғандай. Анығы – пұл үшін емес, Шыңғыс хан тұқымынан шыққан қалыңдықтың артықша бағамын әйгілеу үшін. Ақыры, Тұлұн-бике 1320 жылы май айында Ніл дарияның жағасына келіп жетеді. Өзіне лайықты барлық сән-салтанатымен. Тұтас бір елшілік – 400 кісі және тағы қаншама қосшы, қызметші бар. Тиесілі рәсім, қажетті сияпаттан соң, арада екі апта өткенде ән-Нәсір ибн Қалауын сұлтанмен некесі қиылған.
Соншама қиырдан қиысқан, сән-салтанатпен басталған мәртебелі некенің арты игілікке айналмапты. Алтын ұрықтан шыққан текті қыз жаңа жұрт, жат жерде бақыт таппайды. Ән-Нәсір сұлтан төре нәсілді қосағынан көп ұзамай-ақ жеріп шығады. Арада көп ұзамай, енді бір деректе, сегіз жылдан соң біржола талақ етіп, әлдебір мәмлүк әскербасыға беріп жіберген екен. Бұдан соң ол күйеуі өліп, басқа бір кісіге телінеді. Одан кейін тағы бір жаңа күйеуге… Әжептәуір заманда төркін жұрт – Өзбек ханға асыл текті қыздарының аяқ-асты жағдайы туралы сорақы хабар жетеді. Арнайы елші келіпті. Үлкен реніш, қызымыз ұнамаса кері қайтар деген қатаң талап. Міне, осы кезде Мысыр сұлтаны күтпеген ақпар береді. Тұлұн-бике алланың ақ ажалы жетіп, арада жыл озбай дүниеден көшкен. Дін өкілдері қағаз жүзінде растаған куәлік жасап қойыпты. Әуел бастан өте бір ыңғайсыз, алдамшы жағдай. Кейінгі тарихшылардың өзі сұлтанның аярлығын айыптаған. Мәселе сақарада бұла мінез, еркін өскен, төре текті Тұлұн-бикенің ән-Нәсірге әлденеден жақпай қалуында тұрған жоқ. Мүлде ұнамасын. Соның өзінде, шабындыдан келген күң емес, қатын мәртебесі сақталмасын, байдан байға өткізбей, гәремдегі көп кәнизәктың бірі ретінде жүре беруіне мүмкін ғой. Жоқ. Кісілігі кем Мысыр әмірі қорлыққа бейім, сорақы істен тартынбапты. Енді қайын жұртына жалған сөйлеп, жеке басы тағы бір былыққа ұрынды. Ақыры, Тұлұн-бике жат жер, бөтен ортада қападан көз жұмған. Шамасы 1340, әлде 1342 жылы. Заманауи жазбаларда құдалық рәсімінен бастап, кейінгі тағдырға дейін бажайлап сыпатталған, бар тарихта нақты жазылған жағдаят, аттап кете алмадық. Шын мәнісінде, Мысыр мен Жошы ұлысының арасын суытқан ерекше оқиға болғандықтан. Осымен, Мәмлүк сұлтаны ән-Нәсірдің саясатқа сыйыспайтын, адамшылықтан шет, орайсыз қылығынан соң, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар тоқталмағанмен, бұрнағы достық, туыстық жағдаяттарға көлеңке түсіп, әскери одақ мәселесі жоққа айналады.
Ұлұғ Ұлыстың іргелес көршісі, әрі ең басты дұшпаны – Құлағу әулетінің билігінде тұрған Иран-Елхан мемлекетімен аралықтағы, кейде айрықша қантөгіс, көбіне үздік-создық ұрыс-майдан ешқашан тыйылмаған. Өзбек ел өкіміне жете сала, Өлжейті ханға атаулы елші жібереді. Арран мен Әзірбайжан және Гүржістан – бабамыз Шыңғыс хан заманында біздің үлесімізге кесілген еді, жойдасыз зорлықпен күні бүгінде басып ұстап отырсыңдар, тезінен түп иесіне қайтаруды талап етеміз, деген. Әрине, жаңа бір соғысқа сылтау. Өлжейті хан тиесілі теріс жауабын береді. Алайда, Ұлұғ Ұлыс жаңа майдан ашпайды. Бір кілтипан – бұл кезде Мысырдың әскери одақтан шығып кетуі, әйткенмен, ең басты себеп – ел өкімін енді ғана қолына алған Өзбек кең көлемді тұтқиыл соғысқа дайын емес еді.
Әйткенмен, бейбіт жағдай тым ұзаққа созылмады. Хижраның «718 жылы, қыс ортасында (миләди 1318-1319 жылдар жапсары) Тоғлұқтың ұлы Өзбек Сақсын мен Қыпшақ шегінен аттанып, қылыштарын жалаңдатқан қисапсыз әскермен басып кірді. Әр кісінің қосар үш аты бар еді. [Бізге] хабары жеткенше, ашулы арыстандай ақырып, тасқын судай қаптап, жолындағының бәрін жапырып, Темір-Қақпадан өтті, – деп жазған Уассаф. – Осы аймақты қорғауға тиіс Тарамтаз әмір мұншама мол, басым күшке қарсылық дауа таппай, амалсыз кері шегініп, ішкері ордаға бет түзеді…» – деп жалғастырады бұдан әрі. Қасқы тұрақта жатқан Әбу-Сайыд хан тезінен қам жасайды. Рәшид-әд-Дин кітабының жалғасы кейіпті, «Зайл-и Жамиғ ат-тауарих» атты, авторы белгісіз (бәлкім, Хафиз-и Абру түзген) еңбекте Уассаф деректері нақпа-нақ қайталанады. Бұдан әрі Әбу-Сайыд хан қолда бар азды-көпті әскермен Кура өзенінің жағасына келіп жетті, дейді. Жау әскері, яғни қыпшақ жағы қаптай жайылып, қарсы қабақта тұр екен. Елхан әскері арналы өзен сыртында шеп құрады. Ізінше, табиғи қорғаныш тасасындағы әскерге жаңа бір жасақтар келіп қосылып жатты дейді.
Қақ ортада өткелсіз дария. Екі жақ та шатыр тігісіп орнығады. Аңыс аңдап, қанша тұрғаны белгісіз. Бәлкім, бір апта, бәлкім, екі-үш апта. Қарлы жаңбыр, қақаған суық. Оның үстіне, бүткіл аймақта азық-түлік тапшылығы туған. Міне, осы кезде Құлағу ұлысы жағынан тұтқынға түскен екі аламан жауаптасу кезінде тосын хабар айтады. Осыдан біраз бұрын Байлақан тарабындағы әмір Шобанға хабар жеткен. Қолма-қол, жүз мың әскермен үдере аттанған көрінеді. Кура бойына емес, Қыпшақ әскерінің қайтар сорабы, Дербент жолында тосып алмақ… «Біздің іздеп келген әскеріміз ту сыртымызға шығып кетіпті», – дейді Өзбек. Оның үстіне, Кураның арғы жағасындағы жаудың қарасыны көбейіп барады. Енді жаңа жағдайда екі оттың ортасында қалмас үшін, кері шегінуге жарлық береді. Төтесінен жеткен бас уәзір Шобанмен аралықта үлкен майдан болмайды. Қарсы жақ қашанда өзін өктем сыпаттамақ. Иран тарихшылары үлкен жеңіс деп дабыралағанмен, атаулы ұрыс өтпеген. Қыс көзі қырау, тұтқиыл шапқын жүзеге аспаған соң, қыпшақ әскері табиғи, берік бекініс Кура өзенінен кері қайрылды.
Ал араб деректерінде Шобан қыпшақ әскерінің ізін де кесе алмай қалды деп айғақтаған. Керісінше, Өзбек хан бүткіл Мұған алқабын жайпап кетті, дейді. Алайда, кейінгі батыс тарихшылары әуелгі, бәрін өзіне бұрған парсы жазбаларын сол қалпында қайталап жүргенін көреміз.
Арада он бес жыл өткен соң, 1335 жылғы күзгі жорық та айтарлықтай нәтиже бермейді. Ұлұғ Ұлыс қосындары тағы да Кура жағасында берік шепке ұшырасады. Лайсаң күз, мазасыз жауын, ылғалды ауа – әскер арасында әрқилы сырқат кеңінен тарала бастайды. Дәп осы кезде Хорезмнен жайсыз хабар жетіпті – ел ағасы, әйгілі Темір-Құтлұғ әмір дүниеден өткен екен. Яғни, ұлыстың бір тарабы иесіз қалды деген сөз. Тағы да нәтижесіз кері шегініс. Иран жағы және бір жеңіс тапқандай. Шындығында, бұл жолы да үлкен ұрыс түгілі, шамалы қауға болмаған. Хамдаллах Қазуинидің жазуынша, Дербентке аман жеткен көпшілік жұрт «патшалық орнында, барымыз басымызда, артық байлықтың қажеті қанша» деп, қанағат, тәуба айтқан көрінеді.
Әбу-бәкір әл-Ахраридің «Шейх Уәйіс тарихында» қызғылықты бір дерек бар. Кураның жағасына жеткен екі әскер арнадан асыра садақ тартысып, бірнеше күн қарама-қарсы тұрды, дейді. Сол жылы жазда жаңбыр тым аз жауған еді. Атқа шөп жоқ. Қыпшақ қосындарының қарсы бетке өтуі тағы мүмкін емес. Ақыры, Өзбек хан жағалауға келіп, ағын суды қылышымен ұрды да: «Шын бахадұр сен екенсің!..» – деп, бүткіл әскерін кері бұрды, деген.
Қайткенде, Өзбек хан өкім құрған отыз жылда бұрнағы тепе-теңдік сақталғанын көреміз.
Осы екі аралықта өзгеше бір кілтипан бар.
Елхан Әбу-Сайыд хижраның 736 санаты, рәби әл-әууал айында (1335, қазан мен қарашаның тоғысында) төтенше қазаға ұшырайды. Өзінің бас бәйбішесі Бағдат-қатын улап өлтірген екен. Тектен-тек емес. Туған әкесінің кегі ретінде. Бұл әке – Әбу-Сайыд ханның бала кездегі атабегі, және осы ұланы өкімге жеткен соң шын мәнісінде бүткіл Құлағу ұлысының тежеусіз әміріне айналған Шобан бек болатын. Нешеме жыл бойы ханды қалауымен жүргізген және уақыт оза келе әскер ісі ғана емес, бүткіл мемлекеттік саясатты толығымен қолына алған. Бағзыда, хижраның 716 санаты, миләди 1316 жылы, елхан Өлжейтінің дәмі таусылған, тақ мұрагері Әбу-Сайыдтың бұғанасы бекімей тұрған аралық кезеңде Өзбек ханға сөз салған: бүткіл Құлағу ұлысын қолыңа ал, Қыпшақ пен Ғажам – екі елге ортақ хан бол, деп. Бір заманда ұшы-қиырсыз байтақ Еке Моғұл ұлысы біртұтас, ғаламат империя болды, енді сол ежелгі жұрттың бір тарабы қайыра тұтасса несі бар. Басқаны айтпағанда, қырық жыл бойғы тынымсыз қантөгіс тоқталар еді ғой. Өзбек мақұл көрсе керек. Алайда, ықпалы зор Темір-Құтлұғ араға түседі. Тәрізі, беклербек қана емес, тағы қаншама уәзір мен ұлық. Тым жайылып кетеміз, бүткіл Иран, одан арғы және қаншама қонысты толық игеріп отыру мүмкін емес, әрқилы бұлғақ, тафриқа шығуы мүмкін, жарым әлемді қамтып жатқан Дәшті-Қыпшақты берік ұстап тұрсақ та жетіп жатыр, кеңейеміз деп, барымызды пышыратып алмайық… тағы қаншама қарсы сылтау айтқаны белгісіз, әйтеуір Өзбек ханды Құлағу ұлысымен ұжымдасудан біржола айнытады. Мүлде қисынсыз жағдай. Теріс тартудың негізгі себебі – қолда тұрған ұлыстың бірлік, берекесі бұзылмағы емес, мүлде бөтен кілтипан дер едік. Жошы ұлысына Құлағу иелігі қосылар болса, бүгінгі беклербектің толық өкімі жартылай ғана сақталмақ, басқа ұлықтар да сырттан қосылған әмірлер қатарында қалады, кемшін болмаса да, көптің бірі. Ең бастысы – бүгінгі Қыпшақ – бірегей түрік текті ұлыс, ал Иран – билеуші тобы туыстас демесек, парсы тектілерді айтпағанның өзінде қырық ру жұрт. Ішкілік басқаруда әрқилы, жаңа қиындықтар тумағы анық… Яғни, жеке бас мәртебесімен қатар, болашақ зор ұлыстың келешегіне күмән туғанын теріске шығаруға болмас. Әйткенмен, бас біріктірген – ақыр түбінде үлкен игілікке жеткермесе де, алдағы қаншама қатерге тосқауыл жасайтын еді. Ақыры, тым арыдан ойлаған қыпшақ ұлықтарының барлық қауібі, өзара қосылмақ ниетті мансұқ еткені тұрыпты, еселеген зұлмат ретінде алдан шығады, яғни, екі ел арасындағы, өткенге жалғас қайшылықтар, ақыры түпке жеткен ғаламат соғыстар. Бұл, келешек бітіспес майданның әуелгі толқыны – әзірше тепе-тең жағдайдағы ұрыс-соғыс пен кезектес шапқындар қайыра басталады. Осы орайда, Өзбек ханның ең басты қарсыласы, бітіспес жауы – кешегі өзіне бейіл әмір Шобан болып шығыпты. Иә, айттық. Ақыр түбінде атаусыз патшаға айналған Шобан 1327 жылы, бұған дейін жарым патша болып келген Әбу-Сайыд ханның жарлығымен қазаға ұшырады. Шобанның қызы, елханның бас қатыны Бағдаттың көкірегіне қан қатқан екен, аңысын аңдап жүріп, арада сегіз жыл өткенде туған күйеуін улап өлтіреді. Көп ұзамай әшкере болып, өзі де жазаға тартылған. Қайткенде, Әбу-Сайыд Құлағу ұлысының берекелі ең соңғы ханы болып шықты. Келесі хан Арпа, оған жалғас Мұса, одан кейінгі Мұхамед – әрқайсы бірер жылдан ғана тақ ұстайды, үздік-жұлық тақ алмасы бұдан соң да тоқталмайды, көп ұзамай Елхан-Иран патшалығы біржола ыдырап, нәтижесінде бүткіл түрік ұлыстарының жендеті, жүмлә мұсылман қауымының бітіспес дұшпаны, қайткенде бар салтанаты өзінің өктемдік өмірімен шектелген Ақсақ Темірді алға шығарып еді. Мұның бәрі әжептәуір кейін. Алайда, осыншама сұмдыққа жол ашқан тартыншақ, шолақ ойлы ұлықтарынан аса алмаған Өзбек ханның ең үлкен қателігі деп қойыңыз.
Түстіктегі Құлағу ұлысымен ара-қатынас осындай, аумалы-төкпелі болғанда, келешекте Алтын Орданың біржола ыдырауына екінші себепкер Мәскеу кінәздігінің өміршең рух алуына, діни қуат тауып, тұғырын бекітуіне дем берген Византиямен аралық мейлінше тыныш, тіпті, достық, туыстық жағдайда қалыптасады. Византия басилевсі Андроник Үшіншінің қызы, жаңа жұртында Таналұн-қатын атанған бас бәйбішенің арқасы. Константинополь сарайынан қатын келтіру – Алтын Орда үшін дәстүрлі салтқа айналғандай. Қатын алу ғана емес, үш айыр майда ділі бар Византиямен аралықта берік бекіген бейбіт рәсім. Жақынды танымаған кеңқолтық жұрт алысты қалай байыптасын.
Іргелес, бодан Орыс елімен аралық қатынас та жаңаша сыпат табады. Бұл кезде орыс жұртшылығының арасында бұрнағы өзара қырқыс, әр кінәздік жеке бір халық есебінде тіршілік жасаған алауыз заман жоққа сайған. Батудан бастап, бәрі де Орда хандарының билігінде. Бектерінің бекімі де, бұқара жұртының тіршілігі де, жаппай «татар» атанған қыпшақ қауымының райына қарап тұр. Әрине, ең алдымен ежелгі кінәз әулеттері. Бұл кезде әбден ес жиып, заман ыңғайын тапқан солтүстіктегі боданның ығы-жығы жұртында үлкен өкімге талас екі әулет озғындап шыққан: Мәскеу кінәздері және Тверь кінәздері. Өзбек бұл ретте де байыпты саясат ұстана алмапты. Бірде Мәскеуді көтереді, бірде Тверь тәуір көрінеді, – ұлы кінәз мәртебесі әлденеше рет алмасқан. Ақыры, мейлінше сенімді – кейінгі қазақ Қалталы Қара Иван атандырған, шын мәнісінде бүткіл Орыс шегінде ең үлкен билікке жеткен Иван Калита болып шығады. Яғни, Москва. Уақыт оза келе бүткіл Русия осы Москва кінәздігінің төңірегіне топтасқаны, ақыр түбі Алтын Орданың түбіне жеткен, аяусыз жыртқыш жаңа бір патшалықтың өсіп шыққаны белгілі. Әзірше одан арыға бармайық. Бұл тарап – Алтын Орда құрамындағы Орыс елі туралы алда арнайы сөз ету қажет болар.
Бұл кезде тек Орыс қана емес, Шығыс Еуропа да тосыннан күш алған. Молдавия және Галиция, яғни сол замандағы түстік-батыс Русь ырықтан біржола кетті. Польша мен Литва күшейді. Және бұрнағыдай аңыс аңдып, тек қана қорғанып отырған жоқ. Қарсы шабуылға көшкен. Тіпті, Бату хан заманынан беріде бауырда тұрған Киевті басып алды. Мұның бәрі болашақ апатты заманның әуелгі бір елесі болатын.
Әйткенмен, күшейіп, аз-мұз еркіндікке жеткен – сыртқы жұрттар. Ал негізгі қоныс – Ежелгі Қыпшақ, кейінгі Ұлұғ Ұлыс өз салтанатының шырқау биігіне шыққан сияқты. Алтын Орда – төңірегі түгел сөзсіз санасатын, алыс-жақын жұрттың бәрі құрмет тұтып, именіп тұратын алып мемлекет ретінде мәшһүр. Жері бай. Халқы мол. Әскері қисапсыз және қуатты. Сондықтан да Өзбек хан заманы – Алтын Орданың ең бір дәуірлеген кезеңі саналады. Бұрнадан күні бүгінге дейін. Шынымен-ақ. Алайда… осының бәрі – Өзбек ханның білігімен қатар, түрік текті, қыпшақ тілді байырғы жұрттың ұлылығының нәтижесі болатын.
2
Өзбектің ата тағына жетуінде оның мұсылманшылығы шешуші қызмет атқарды деген түсінік бар. Нақтысы – мұсылман дінін қабылдамақ ниеті. Ниеттен бұрын – өзін қолдаушыларға берген уәдесі мен мойынға алған міндеті. Ешбір қисынсыз долбар. Нақты айғақ – Өзбек Алтын Орда тағына жеткеннен соң сегіз жылдан кейін ғана пайғамбар жолына түскен. Бір жыл, жарым жыл, тым құрса екі жыл емес. Сегіз жыл – тұтас патшалық дәуір. Рас, Өзбекті қолдаушылар қатарында ислам жолындағы, беклербек Темір-Құтлұғ бастаған алпауыттар шешуші қызмет атқарды. Алайда, ислам жолы үшін емес. Ұлыстың берекесі, Сайын ханның тағына парасатты, ғаділ және жауынгер хан отыруы үшін. Ең бастысы – құдіретті жихангеш Шыңғыс хан салып кеткен сара жол бұзылмауы керек. Барлық діннің құқұғы тең, өждан мен сенімге қатысты қандай да алалық – қылмыс есепті дейтін қағида. Өзбек алдағы уақытта мұсылман болмағы үшін емес, дәп осы кездегі бірден бір лайықты, әрі заңды мұрагер саналып хан көтерілді. Егер ғайри діндегі әлдекімдер қарсылық танытып жатса, алыс болашақтағы дерексіз мұсылмандығы есеп емес. Мүлде басқа, саяси, немесе пенделік себептермен.
Әуел баста Өзбектің ішкі ниеті ғана емес, хан тағына жетсе ислам дінін қабылдамақ міндет, серті болды ма? Жоқ. Мұндай шартқа бой ұсынып, пәтуаға бас байлауы қисынға келмейді. Айттық, атаулы уағдасын аяқасты етіп, тұтас сегіз жыл бойы созбақтауы қандай ақылға сияды?! Бірақ ақыр түбі хақ дінге мойын ұсынды ғой. Анық. Тек мүлде басқа себеппен. Өжданы оңға бұрған шығар. Ең бастысы – өзінің хандық өкімін бекіте түсу үшін. Және халқының қолайын табу үшін. Рас, осының алдында ғана Тәңірі танымды әб-ағасы Тоқты ешқандай шырғалаңсыз өкім құрды. Бірақ ендігі ахуал жаңаша сыпат алған. Бұл кезде ел тұтқасын ұстаған ұлықтардың басым бөлігі және бұқара жұрттың біразы ислам жолына риясыз бет бұрған тәрізді. Яғни, ел иесі қайткенде бодан жұртының ыңғайында болуы керек. Осы орайда кейінгі замандағы әйгілі франуз королі Генрих ІV-нің аузынан шыққан ұтымды лепес еске түседі. «Париж мессаға татиды», – яғни патшалық үшін дінге кіруге болады, деген. Елдегі қырғын азамат соғысының ақыры, гугенот көсемі Генрих Наварр Парижді берік ұстап отырған католик қауымының біздің дінімізге көшсең, Париж сенікі болады деген ұсынысын қабылдайды. Сөйтіп, әуелі Парижді алып, одан соң бүткіл Франияны ғұзырына келтірген. Өзбекке мұндай шарт қойылған жоқ. Алайда, көпшіліктің көңілін табу үшін, уақыт оза келе исламға бой ұрды. Өзінің де оң ниеті шығар. Сонымен қатар, арыдан толғаған саяси есеп.
Бұл кезде Дәшті-Қыпшақ қауымының мұсылманшылығы қаншалық болғанын тап басып айту қиын. Анығы – негізінен ата-баба танымында, исламдық сана тым шалағай, әйтпесе мүлде жоқ. Алайда, Ұлұғ Ұлыстың ең бір өркендеген, қисапсыз бай және заттық һәм рухани мәдениеті жоғары, халқы мол, әскери тұрғыда қуатты үлкен бір уәлаяты Хорезм атам заманнан, міне, шамасы алты-жеті ғасыр бойы ислам жолында келеді. Шығыс Дәшті – Көк Орда шегіндегі, ұлыстың күретамыр аймақтарының бірі, енді Сыр-дария атала бастаған Сейхұн бойы – Отырар мен Жанкент, Сығнақ пен Женд және аралары тақау, моншақша тізілген тағы қаншама қала мен ауыл – ежелден бері, түгелдей мұсылманшылық ауқымда. Батыс Дәштінің Терістік беті – Ақ Еділ бойындағы бай әрі бақуатты, ежелден қажырлы Бұлғар да төрт ғасырдан бері хақ дінде. Сонда… Еділдің орта ағысы мен етегі, бұдан арғы батыс атырап қана аралық жағдайда тұр. Бастан-аяқ мұсылман емес, бөтен бір діндердің де үстемдігі жоқ, пайғамбар үмбеті азды-көпті үлеске жетіп, орнығып отырса керек. Ең бастысы – ислам дінділердің бүткіл Ұлұғ Ұлыс шегінде, елдің саяси басқару жүйесінде ғана емес, сауда мен кәсіп төңірегіндегі салмағы да біршама екені аңдалады. Астана Сарайдан бастап, Еділ бойындағы қалалардың барлығында сәулетті мешіт, шәкірттерге арналған медреселер бар. Енді діни уағыз орталығына айналған шаһар, кенттердің барлығында жаңа мешіттер бой көтеріп жатыр. Алып империя ислам жолына қайрылмастай, біржола бет бұрды деген сөз. Байтақ елдің алғы замандағы тұтастығы үшін, шартты түрдегі болса да діни бірлік қажет еді. Тағы бір жағдаят. Бұл кезде Елхан-Иран ұлысы исламға бейімделген. Іргелес, туыстас Мәуреннахр мен Жетісу ежелден ислам орайында. Көбіне тату, нәсіл-тегі бір, тілдері мен әдет-ғұрпы үйлес, аралас-құралас жұртпен аралық бұрынғыдан да жақындаса түспек.
Түйіп айтқанда, Жошы ұлысында исламның мемлекеттік дін ретінде біржола бекуі – бүткіл түрік-қыпшақ қауымының болашағын айқындаған шешуші қадам болды.
Әйтсе, бүйтсе демейік. Рас, халқы мол, жері кең бодан жұрт Орыс елімен аралық қатынас әуелден күрделі. Бұрын да Ұлұғ Ұлыспен діни тұрғыдағы бірліктен тыс тұрған. Енді одан әрмен алыстамаса керек. Сонымен қатар, біздің далалық жұрттың бірте-бірте христиан дінін қабылдауы да ғажап емес-ті. Өзбек ханнан соң екі-үш ғасыр соңыра. Бодандыққа түсірген, саны еселеген артық, рухани қысымға бейім, өктем қауым қашанда өз дегенін жасайды. Мұндай қысымшылық жағдайда біздің сақара ептеп бастап, түптің түбінде Айса жолына біржола түссе… ежелгі түріктік негіз ақыр соңында жоққа сайып, мына бәріміз де құбақан орыс болып шығар едік. Ғайри діннің артық, немесе кемістігінен емес. Үстем жұрттың жаныштау құралының күшімен. Мәселе діни сенімді өзгертумен шектелмейді, алдағы тарихың басқаша тартылып, ежелгі рухың өшіп, мүлде басқа бір халыққа айналатын едік. Халық та болмас едің. Дінің ортақтасқан соң, бірте-бірте орыстанып, ақыры ұлт ретінде жойылуың анық. Біздің қазақты орыстық – әуелде патшалық, кейінде коммунистік ұлтсыздық дертінен сақтап қалған үлкен игіліктің бірі – ислам діні болды деп айтар едім.
Хош. Сөз орайымен ілгері кетіп қалдық. Өзбек ханның исламдық танымды Алтын Орданың ресми діні ретінде қабылдауы – біздің түрік-қыпшақ қауымы үшін үлкен игілік болғанын, яғни жұртымыздың өзіндік тұғырын бекітудің мән-мағнасын айғақтау үшін.
3
Әуелгі нанымдағы Көк тәңірінің күші дейсіз бе, кейінгі ғұрыптағы Алла тағаланың айрықша шапағаты дейсіз бе, Өзбектің қай жағынан алғанда да бақытты хандық дәуірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ өзгеше бір мамыражай заман орнайды. Әуелгі сегіз жыл бойы Дәшті-Қыпшақта жаз – жаңбырлы болып, сақарадағы шөп қалың шығады – малға азық, көңілге медеу; егіндік атаулы ырғын астық береді – тоқшылық; қыс жылы болып, аяқты мал жұтқа ұшырамай, жапырлап өседі – бәрі қосылғанда, кенеусіз байлық. Ең ақыры, аң жыртылып айрылып, құс қаптай ұшты, бұл да халықтың несібесі, дейді. Шаруаның тұрмысы оңалады, елдің еңсесі көтеріледі, малмен қоса жан – халықтың жиын саны артып, ұлыстың күш-қуаты кемелдене түседі.
Батыс пен шығыстың кейінгі, соңғы тарихшыларының барлығы да бір ауыздан Алтын Орданың ең дәуірлеген, күш-қуаты кемеліне жетіп, мәдениеті, рухани өмірі бар жағынан дамыған асқақ кезеңі – Өзбек ханның тұсы деп таныған. Шынында да. Орта ғасырлар межесіндегі мағлұм жарым дүние Қыпшақ ұлысымен санасты, Терістік Африка, Орта Азия, Шығыс және Арғы Еуропа – жер әлемдегі қаншама жұрт тағдыры Алтын Орданың сыртқы райын бағып отырған. Елдің айбары асып, халқының дәулеті шалқып жатқан, Өзбек тақ ұстаған өте ұзақ – жиырма сегіз жыл бойы алып мемлекет ешқандай толқыныс, ішкі, сыртқы қиындықтан тыс, бір қалыпты тыныштық, барақат күн кешті. Осының бәрі бұрнағы Бату хан, Берке хан дәстүрі ғана емес және күні кешегі Тоқты хан қалыптастырып кеткен орнықты, байсал өкімнің жемісі ғана емес, Өзбек ханның бар тарабын кеңінен қамтыған, сыртқы жағдай мен ел ішіндегі тіршілік кебін терең байыптаған жан-жақты саясатының нәтижесі болатын.
Сол замандағы қарасыны белгілі, алыс-жақын қаншама елді еркін аралап, әлденеше хан, сұлтанның алдын көрген әйгілі саяхатшы Ибн Баттута: «Құдіреті күшті, мәртебесі ұлұғ, қасиеті асқақ, алланың дұшпандарына қатер, дін жолындағы күрескер Мұхаммад Өзбек хан – ұлан-ғайыр патшалықтың егесі; жері байтақ, астана Сарай және Кафа, Қырым, Мажар, Азау, Судақ, Хорезм қатарлы шаһарлары алапат…» – деп жазған. Және осыған орай: «Өзбек – жер әлемдегі ең ұлы, ең әлуетті жеті патшаның бірі», – деп түйіндейді.
Әл-Мүфаддал: «712 жылы, рамазан айының соңғы бір күнінде [миләди 1313, январь] тиесілі қоныс-кенттер мен Қыпшақ Даласының тағына Мөңке-Темір ұлы Тоғрылдан туған Өзбек хан ие болды. Жас жігіт деп айтады. Көркем бейнелі, тамаша мінезді, таза мұсылман, қайратты әрі қаһарман азамат көрінеді», – деп сыпаттаған.
Шейх әл-Бирзали, жас Өзбек туралы: «Бұл – аса көрікті, ержүрек жігіт, мінез-құлқы жарасты, және таза мұсылман» – деп жазады.
Әл-Айни: «Көрікті, мінезі келісті, жаужүрек һәм жігерлі», – деп айғақтаған.
«Жамиғ ат-тауарихтың» жалғасы» аталатын, тәрізі Хафиз-и Абру дәйектеген еңбекте: «Өзбек – сыртқы мінсіз сұлулықпен қатар, ұнасымды мінез-құлық, мейірім мен ізгілік һәм өждан тазалығын бір басына жинақтаған патша болды», – деп түйіндейді.
Муин ад-Дин Натанзи: «Мейлінше ғаділ, әрі ізгі патша, пірадарлығы күшті, пайғамбар жолын берік ұстанды», – дейді.
Өзбектің өрісінің заманынан тыс кеңдігі – шет жұрттармен арадағы мемлекеттік қатынасынан анық аңдалады. Мысырмен, Құлағу ұлысымен ортада қалыптасқан елшілік алмас, епті келіссөздер оны үлкен саясаткер ретінде айғақтаса, діні де, ғұрпы да бөлек шет жұрттармен байланыс жөні де кейінгі дәуірдегі үлгілі халықаралық сыпатта. Рим папасы Бенедикт ХІІ өзінің арнайы жолдамасында Өзбек ханның католик миссияларына мейлінше қамқор болғанына алғыс айтады. «Бұл ісіңіз құдайға құрмет, адамгершілік қасиет», – деген.
Шешімтал, турашыл Өзбек дұшпанына да әділ болған. Алтын Орданың бітіспес қарсыласы, Құлағу ұлысының бас уәзірі қолбасы Шобанның басынан бақ тайған соң, туған ұлы мен немересі жансауға сұрап қашып келгенде үлкен кеңшілік жасап, жақсы қабылдайды.
Өз ғұзырындағы ұлық әкімдерге де кісілік қатынастан айнымаған. Төтенше ашу, орынсыз жаза атымен жоқ. Бар ісінде сенім артып, толық еркіндік берген. Тықақтап, ұсақ-түйекке араласпайды. Қандай маңызды шаруада істің түйінді мәнісіне ғана назар аударады екен. Және тиісінше ақылдасып, орынды ұсыныс, ұтымды кеңестерін қабылдап отырған. Сонымен қатар, бүткіл ұлыс шегінде ғұлама, оқымысты кісілерді кеңінен қолдаған. Ғылым мен әдебиетке қамқор.
Шексіз билігіне қарамастан, жалпы жұртпен қатынаста мейлінше қарапайым екен. Өзбек ханның ордасында ұзақ уақыт мейман болған Ибн Баттута атап айтады. Менмен көкірек емес. Күнделікті тұрмыста жұпыны. Асылға, әлем-жәлемге әуестігі жоқ. Ықшам және қарапайым киінеді. Атақты саяхатшы ханның мәртебелі жұбайларымен қатынасына қайран қалған. Ұлыс әйелдері, оның ішінде хан қатындары да беттерін бүркемейді, ерлермен еркін сөйлеседі; қай-қайсын да ханның өзі айрықша құрметтейді екен, дейді. Әрине, жалпыға ортақ дала дәстүрі. Сонымен қатар, ордаға кірген әрбір әйелін Өзбектің орнынан тұрып қарсы алатыны, қолынан жетектеп әкеліп, тиесілі орнына отырғызуы және бұдан кейінгі шырай мен ашық әңгіме жөнін сыпаттау – бүгінгі зерттеушілердің өзі назар аударарлық ерекше жағдай.
Түйіп айтқанда, Өзбектің жеке басының ерекше бітім, сыпаты өз алдына, осыншама құдіретті ханның кеңшілікті мінез-құлқы, еркін әдет-ғұрпы, тікелей ғұзырындағы ұлықтармен, алыс-жақын, әрқилы кісілермен ара қатынасы, Ордадағы өзіндік рәсім – Жошы ұлысының ең ұлы хандарының кескін-кейпі, бітіс-болмысы туралы толық мағлұмат береді. Сол замандағы Батыс пен Шығыс, мұсылман және ғайри діндегі патша атаулыдан мүлде басқаша сыпат танимыз. Осыған орай, бұрнағы дәуір деректерін кеңінен пайдаланған бүгінгі заман тарихшылары да Өзбек ханның жеке басының абзал қасиеттерін жоғары бағалайды.
Тарих сыны, кезең ауқымынан туындаған алас-күлес, аумалы дәуірден тыс, Алтын Орда кемеліне келген, шырқау биікке жеткен өзгеше заманға лайық асқаралы тұлға екен. Барды бекем ұстады. Ел басқару жүйесінде ұтымды жаңалықтар енгізді. Біздің тұрғыдан қарағанда, ұлы империя, байтақ жұрт – болашақтағы қаншама халықтың рухани ұйытқысы болуға тиіс ислам дінін бүткіл Алтын Орда шегінде біржола орнықтырды. Қай жағынан алғанда да әлемдік ұлы мемлекеттің күш-қуатын бекемдеп, іргесін берік бекітті.
4
Алтын Орда шегінде толық өкімге жеткеннен соң, тура сегіз жылдан кейін исламға бет бұрған Өзбек мұсылманша Ғияс ад-Дин Мұхамед дейтін есім алыпты. Кейінгі бір тарихшылар Ғияс ад-Дин Өзбек деп жазады. Алайда, бодан жұрты үшін де, берідегі тауарих жөнімен де туа біткен Өзбек намында қалды.
Атап айттық, Өзбек ханның әуел бастан-ақ діни ұстанымға өждан тұрғысынан емес, амалсыз демейік, ақыл таразысынан өткен қажеттілік ретінде қарағаны аңдалады. Ақиқатында, жарым жұрты мұсылманшылық жолындағы Өзбек ханға басқаша таңдау қалмаған.
Әлбетте, бұрнада – Шыңғыс хан заманынан бері, Жошы ханның, Бату хан мен Беркенің, тіпті, кейінгі тәңіршіл Тоқтының өзінің кезінде Жасақ заңы нұсқаған діни толеранттық қағидасы, яғни ұлыс шегіндегі дін атаулының ешқайсы алалық көрмей, еркіндік пен кеңшілік шүбәсіз сақталып отырды. Енді басқашарақ заман. Теңдік жағдайдағы біріншілік – ислам дінінің үлесіне айналыпты. Бәрі бұрынғыша – ғайри дін өкілдеріне ешқандай қысым жоқ. Әркімнің адал өжданы – өзінде. Бұл ретте басқалардан біршама бейтарап тәңірі дініне, настырани, яғни несториан-христиандық таным, тіпті, пұтқа табынатын будда жолындағы жұртшылыққа да толық еркіндік берілген. Рас, өткендегі Берке мен Таудай-Мөңке дәуірінен бір айырма, хан тағы тарабынан исламға бейімдік насихатталмақ және үлгі саналмақ. Осы орайда, Тәңірі жолындағы алпауыт ұлықтар мен әскербасылар Өзбек ханға нақты айтқан бір лепес тарихта қалыпты. «Сен бізден бағыныш пен қызмет талап ет. Қандай дін ұстанып, қалайша жүріп-тұратынымызда не шаруаң бар! Арабтың нанымын қабылдап, туған жұртымыздың Төре заңы мен Шыңғыс ханның Жасақ қағидаларынан бас тарта алмаймыз!» – деген. Міне, анық та айқын, асыл сөз. Өзбек хан діни таңдау туралы жалпы жұртқа ортақ ереже шығарып, жекелеген тұлғаларға атаулы жарлық берудің қисынын таппаған. Бәрі бұрынғыша қалады. Дей тұра, түгелімен ескіше емес. Күн озған сайын ислам ықпалы күшейе түскенін көреміз. Зорлық-зомбылық, мәжбүрлеу арқылы емес. Онда дүние астан-кестен болар еді. Ендігі бетбұрыс – уақыт пен замана ыңғайына қарай қалыптасқан. Ескі мен жаңаны жарастыра білген Өзбек ханның кемеңгер саясатының арқасында.
Қайткенде ислам жолы алға түседі. Батыс Дәшті мен Қырымда жаңа бір мешіттер салынады. Бұрнадан-ақ әртүрлі дін жолын бекіткен басқа да ғибадатханалары болғанымен, Сарай-Берке енді сәулетті мешіт, қаншама медреселері бар, шын мәнісіндегі мұсылман орталығына айналады. Осыған орай елдің барлық аймағында әрқилы дін, дүбара жағдайдағы қарашы халық Мұхамед пайғамбар жолына ойыса бастайды. Ең бастысы – тақау көршілер ғана емес, біршама шалғай өңір – Шығыс және Орталық Еуропа патшалықтары бұдан былай Ұлұғ Ұлысты мұсылман мемлекеті ретінде танып, қабылдаған еді.
Сонымен қатар, баяғы Шыңғыс хан заманында ұлы империя шегінде берік қалыптасқан діни толеранттық – жаңарған Алтын Орда аумағында да берік сақталғанын көреміз. Осы орайда Рим папасы Бенедикт ХІІ-ші Өзбек ханға католик миссияларына ізгілікті көзқарасы мен қамқорлығы үшін атаулы жолдама арқылы алғыс айтқаны бар. Ал 1338 жылы арнайы сияпат жасап, оның ішінде асыл тұқымды арғымақ жіберіп, өкілетті елшісіне қолдау көрсетуді сұрапты. Мәртебелі елші Жан де Мариньоли Қыпшақ жұрты арқылы Шағатай ұлысына өтіп, одан әрі Юань империясы – Ханбалық Пекинге сапар шегеді. Сондай-ақ, бұрнада тығыз байланысы бар Генуя және Венеция көпестерімен екі жаққа бірдей тиімді сауда келісімдері жасалады. Қырымдағы факториялар Батыс Еуропамен аралықтағы делдал ғана емес, бай-бақуат, ырысты көпірге айналады. Тіпті, итальяндар өрісі бар тарапта бұрынғыдан әрмен кеңейе түскен. Таң өзенінің құйғаны, Азау қаласымен іргелесе венециялық Тана қаласы ірге теуіпті. Азау-Танадағы христиан қауым тек іскерлік бағытында ғана емес, бар тарапта далалық жұртпен етене араласа бастағанын көреміз. (Мұның айқын бір мысалы – кейініректе Иосафат Барбаро жазып қалдырған, заманынан озық, өзгеше тұрпатты «Танаға саяхат» атты, айрықша құнды кітап дер едік.)
 Алтын Орданың мұсылманшылыққа бет бұруы – түгел төңірек қана емес, Орыс жұртымен арада қалыптасқан ғасырлық байланыстарға да ешқандай көлеңке түсірмеген. Бодандық-одақтастық қатынас сол қалпында дерлік одан әрмен жалғасады. Алайда, уақыт оза келе бәрі өзгерді. Алалық – мұсылманшыл Ұлұғ Ұлыс тарабынан емес, қашанда діни үлкен кеңшілікте, тіпті, айрықша қамқорлықта болған христиандық Мәскеу кінәздігі тарабынан туындағанын көреміз. Діни наным бірінші кезекке шығыпты. Заманнан заман өткенде онсыз да аралық ашылуға тиіс еді.
Қалай айтсақ та, Алтын Орданы ислам жолын біржола таңдауы – Өзбек хан заманындағы ең үлкен бетбұрыс болғаны күмән туғызбаса керек.
5
Юань дәуірі, 1331 жылы таңбаға түскен тарихи қартада Шыңғыс хан империясының жалғас бөлшектері саналуға тиіс төрт ұлыстың жер аумағы, шекара межелері айғақталған екен. Жошы ұлысы Шығыста Ертіс өзенінен тартып, бүткіл Дәшті-Қыпшақты қамтып, қиыр Батысқа қарай созылып жатыр. Ақ Орда, Көк Орда және басқа да ішкері иеліктердің өзара бөлінісі жоқ, осыншама ұлан-байтақ жер – біртұтас патшалық ретінде таңбаланған.
Өз тарабымыздан нақтылап айтсақ, Жошы хан заманында ірге теуіп, Бату хан тұсында Жайықтан ат­тап, Еділден аса емсеген, Қапқаздың күзей алқабы, Қобан мен Қырым, Қара теңіздің терістік жағалауы, Таң – Дон, Үзе – Днепр дарияларының ұзына бойы дерлік, одан әрмен шалқыған Туна – Дунайдың атырауы, Торлы – Днестр өзені, Қарпат тауларының етегіне дейінгі байтақ атырапты еңсеріп жатқан алып ел. Барлық қоныс, өлкені лықа толтырып отырған қисапсыз халық. Мәңгілікке орнаған мемлекет, жүздеген, мыңдаған жылдар бойы дәуірлеп, салтанат құруға тиіс аталы жұрт. Өзіне ғана емес, жақын төңірек, алыс патшалықтардың бәріне дәп осылай көрінген.
Өзбек хан мызғымас Жошы ұлысының ішкі құрылым, басқару жүйесінде түбегейлі реформалар жасапты.
Айбынды Алтын Орда бұған дейін үлкенді-кішілі жиырма үш ұлыстан құралған екен (Жақсылық Сәбитов). Өзбек хан Батудан басталып, Тоқтыға жеткен әкімшілік бөліністі біржола жаңартады. Алып ел жетпіс түменге бөлінген (Р.Почекаев). Әр аймақты түмен-бегі басқарады. Бәрін ұйыстыратын орталық басқару мекемесі – диуан, яғни хан кеңесі құрылады. Шешуші тетік ғұзырлы төрт қарашы бекке тиесілі. Бұлардың бірі беклербек аталады – бектердің бегі. Жан-жақты басқару ісі, сырт елдермен қатынас, бүткіл әскер билігі осы беклербектің ғұзырында. Есебі, бұрнағыша, ханнан соңғы ең үлкен, толық ғұзырлы тұлға. Қарашы бектердің енді біреуі – бас уәзір мәртебесінде. Ол бүткіл ұлыстың ішкі істеріне жауапкер. Қалған екі қарашының да ғұзыры үлкен, әйткенмен, негізінен жоғарыдан түскен нұсқау, жарлықты орындаушы һәм жеріне жеткізуші. (Қазақ тарихшысы Жақсылық Сәбитов Өзбек хан заманындағы төрт қарашы бектің есім-жөнін айғақтайды. Бұлар: бірінші – Темір-Құтлық, қоңырат болса керек; екінші – Исатай қият; үшінші – Нәнгудай, тәрізі қоңырат; төртінші – сижуыт Алатай. Яғни, Өзбектің таққа жетуіне септескен және бұдан кейінгі заманда негізгі тірек тұтқан рулары – қият пен қоңырат екен.)
Төрт қарашыдан соңғы өкімді тұлға – бас жарғышы, яғни рәсім жөнімен алғанда, ең үлкен төреші. Онымен қанат­тас, даулы істерді шешетін, қазіргіше айт­қанда, исламдық сот өкілі қази мәртебесі бекітіледі. Әрқилы дау-дамай, таласты мәселелер осы екі сот­тың алдынан тарқайды. Алдынан болғанда, жауапкер мен талапкердің қалауы бойынша, әлде жарғышы, әлде қази. Жарғышы – ескіліктің көлеңкесі болса, қази – жаңа, исламдық тәртіптің әуелгі бір көрінісі есепті.
Бұл кезде Шағатай, Құлағу иеліктерінде сыртқы соғыстармен қатар, ішкі қайшылық, әрқилы әрекет орын алып жатса, бүткіл Ұлұғ Ұлыс шегінде жаппай тыныштық, берекелі, бейбіт жағдай орнығады. Баяғы Бату хан заманындай. Елдің айбары асқан, халықтың кеудесі көтерілген. Алтайдың етегінен бастап, Дунай – Туна-дарияның сағасына дейін – бүткіл ұлыс – байтақ Дәшті шегінде кез келген адам қауіпсіз, еркін жүріп-тұратын, ел-жұрт өзінің қажет­ті кәсібімен қалауынша айналысатын жағдайға жетіпті. Алтын Орданың шалқып, толқыған шексіз байлығы мен әлемнен озған сән-салтанаты алыс-жақын жұрт­тардың бәрінде аңызға айналады.
Байлықтың негізгі бір тармағы – жалпы жұртқа машықты ата кәсіп – мал шаруа­шылығы болса, екінші бір көзі – қара топырақ, құнарлы өлкедегі егіншілік болды. Қала мен кент­терде қол өнері, қажет­ті ұсталық кәсіп. Сібірден түсетін аса бағам ұлпа елтерілер өз алдына. Мемлекет­тің байлығын тасытқан негізгі бір сала – алыс-беріс, ішкі және сыртқы сауда болды. Шет жұрт­тардан келетін және елдің өз ішінен шыққан дәулет­ті көпестер мен әрқилы саудагерлер бүткіл ұлыс шегінде үлкен жеңілдікпен пайдаланған екен. Сонымен қатар Өзбек хан Батыс пен Шығыс аралығындағы ежелгі сауда жолдарының жандана түсуіне ғана емес, жаңа бір бағдар, бағыт­тар ашылуына мән беріпті.
Өзбек хан 1332 жылы елдің ресми астанасын Ескі Сарайдан Жаңа Сарайға көшіреді. Бұған дейін де ірі сауда орталығы, ғылым мен білім ұйытқысы, әрі діни-рухани байтақ болған Сарай-Берке енді біржола көркейіп, аумағы ұлғайып, салмағы арта түседі. Тек астана шаһар ғана емес, бүткіл ұлыс шегіндегі қала, кент­тердің барлығы да өсіп, өркендей түсіпті. Жаңа бір қалалардың іргесі көтеріліп, бұрнағы шағын ауылдар елеулі кент ретінде бекиді.
Орыс кінәздіктерімен аралық қатынас қалыпты жағдайға түседі. Осы бодан жұрт­тан алым-салық жинау бұрнағыдай Ордада бекітілген басқақтарға емес, орыс кінәздерінің сол бір тұстағы ең үлкеніне міндет­теледі. Және бұл салғырт, ел ішінде жүргізілген санақ нәтижесіне қатысты міндет­телумен қатар, бұрынғы-соңғы орыс тарихшылары зарланып айт­қандай, тым ауыр емес, салыстырмалы түрде біршама жеңіл болыпты.
Айт­қанымыздай, ескілікті низам бойынша, бүткіл Алтын Орда шегінде діни қыспақ, наным үшін шетке қағу атымен жоқ. Кез келген адам, қандай дінді ұстанғанына қарамастан, құқұқтық теңдік жағдайында ғұмыр кешкен. Шыңғыс хан заманынан мұра болған, Батыс елдерінде тек ХХ ғасырда ғана жүзеге асқан өзгеше ахуал.
Өзбек ханның патшалық дәуіріне қатысты ескерте кетерлік бір жағдаят – бұқара жұрт, күшті рулар ішінен шыққан қарашы бектердің салмағы артып, Алтын-ұрық өкілдерінің біразы биліктен шет­теуі. Хандық өкімінің күшейе түсуі және қатарлас ағайындардың кейбірінің алдын тосу үшін. Бұл жаңа рәсімнің ақырғы нәтижесі – келесі хан, арыдағы Түрік қағанаты және берідегі Беркеден соңғы жора бойынша, ат­тамалы түрде, ағадан – ініге емес, тікелей, әкеден балаға өтетін жарғы қайтадан қалыпқа түседі. Тұтас бір дәуір – сексен төрт жылдан соң. Осы ораймен, Өзбектен кейін оның туған ұлы Жәнібек хандыққа көтерілді. Тағын ақтады дейік. Алайда, Жәнібектен соң оның арсыз, имансыз, қаныпезер ұлы Бердібекке кезек тиіпті. Ілкідегі ханның ұлы болғандықтан ғана. Егер алдыңғы, қалыпқа түскен рәсім сақталса, Бердібек ешқашан да таққа жетпес еді. Бар сордың басы болып шықты…

Жазғы жайлау – толған ай мерекесі

Шыңғыс хан дәуірі, тіпті, одан да бұрын, қадым замандардан келе жатқан, дала жұртының дарқан көңілі, сән-салтанаты мен рухани қуатын әйгілейтін әрқилы жиын, той ішіндегі өзгеше бір нысан – жазғы жайлау мерекесі екен. Біздің ежелгі жұрт­тың әдет-ғұрпы, тұрмыс кебіне қатысты салтанат.
Есугей-бахадұрдың мезгілсіз өлімінен соң, иесіз қалған қият тайпасының ендігі бірден-бір көсеміне айналмақ әрекет соңындағы аталас туыс Тарғытай-Қырылтұқ – болашақ Шыңғыс хан, қазіргі жетім, қорғансыз, сонымен қатар, жас та болса жаны от­ты, жігерлі Темужін баланы тұтқын ретінде, мойнына ажырғы кигізіп, қорлықта ұстап отырған шағында, жаздың алғашқы айының он алтысы, ай толған күні, кең жайпақ Онан өзенінің жағалауы, биік жарқабақ үстінде жаппай мереке болатын еді ғой. Жиналған жамиғат ән-күй мен ойын сауыққа көңілі шалқып, кеш бата әрең тарқайды. Қымыз ішкен – мас, ет жеген – тоқ дегендей, абыр-дабыр, жалпы жұрт­тың назары әлдебір кіріптар баладан тыс. Ақыры, дәп осы кеште жас Темужін айласын асырып, қорлықты қапастан қашып шығатын…
Міне, осы ерекше той арада бір жүз алпыс бес жыл өткенде Алтын Ордада жалғасып жатыр екен. Әлбет­те, бір ауыл, бір рудың емес, бүткіл патшалық – Алтын Орданың ұйытқы қауымы топтанған, бүткіл ұлыстық, бүткіл халықтық мереке.
Өзбек ханның ғұзырында мейман болып жатқан Ибн Бат­тута өзінің әйгілі саяхатнама кітабында осы ұлы тойды тәптіштеп сыпат­таған. Қапқаз етегі, арасан бұлақты Бестау (бүгінде Орыс табанында қалған Пятигорск) алқабында өткерілген екен. Хижраның 734 санаты, 28 рамадан – миләди 1334 жылдың 2 июнь күні, шамасы сәскеде басталып, сол күні кешке қарай аяқталған.
Сән-салтанат­ты, дабыралы, аса үлкен жиын туралы кейінгі тарихшылар әрқилы пікір айтады. Қандай оқиғаға арналыпты, нендей мереке. Батут­таның деректеріне сүйенген бір пара жұрт­тың байыбынша, қасиет­ті рамадан, ауыз бекіткен мұсылманшылық рәсімнен соң өткерілетін, кәдімгі ораза-байрам. Бүгінгі қазақша – айт мерекесі. Алайда… рамадан айы бітпей, атаулы межеден екі күн бұрын тойланыпты. Алай, былай дегенмен, қалыпты, тұрақты рәсімді бұзып, оразаның соңын күтпей, он, жиырма емес, тура екі күн бұрын өткерілуі ешқандай қисынға келмейді. Демек, мұсылмандық мерекеден тыс. Ендеше, ай тізбелі календарь бойынша жыл ортасы. Бұл да рабайсыз тұспал. Осы, ай негізді тізбеге тікелей байланысты десек, жыл ортасы тұрақты бір межеге сәйкеспейді. Әлдебір жылы жаз айына үйлескенімен, келесі жылдарда мүлде басқаша жағдай. Жыл межесі кері есеппен тоқтаусыз жылжып отырмақ, яғни, жылына он бір күннен. Он жылда төрт айға тақау – март, әлде февральға өтіп кетпек.
Енді басқа ұлыстарға қатысты мағлұм деректерге қарасақ, бұл өзгеше мейрам үнемі жаз ортасы, июнь айына сәйкесіп жатқанын көреміз. Мәселен, Мөңке қаған тұсы, Еке Моғұл ұлысында 1254 жыл, 7 июнь күні тойланған. Құлағу-Елхан ұлысында 1264 жылы, июль айының соңы. Бұл жолы атаулы мерекеге астас үлкен құрылтай өткеріліпті. Осы бір дерек негізінде Өзбек хан тұсындағы, Ибн Бат­тута куә болған жиын да құрылтай деп танылғаны бар. Айтылмыш күні Құлағу ұлысында үлкен думанға жалғас құрылтай өткізілуі анық десек те, Алтын Орда тойында құрылтайдың елесі жоқ. Әдепкі, зор мейрам. Аңдап қарасақ, бұл өзгеше жиын-тойлардың барлығы да жаздың жадыра бастауы ғана емес, ай толған күні өткеріледі екен. Темужін Тарғұтай-Қырылтұқтың тұтқынында болған мереке де, бұдан кейінгі Өзбек хан тұсындағы мереке де аспандағы ай әбден толысқан, он бесінші түннен соң, он алтыншы күнге сәйкеспек. Яғни, жаздың басы, толған ай мерекесі!
Темужін балаға қатысты жағдаят­та дәп осылай, анық, нақты айтылған. Ежелгі Түрік дәуіріндегі, жаңа туған айға тағзым, бұдан соң толған айға табынудың әдепкі бір көрінісі. (Жаңа айға қатысты, біздің қазақта сақталған бата-тілек бар: «Ай көрдім, аман көрдім, – Баяғыдай заман көрдім, – Ескі айда есірке, – Жаңа айда жарылқа!..» Аллаһу-әкбарсыз, бастапқы толық нұсқасы. Мен балаларыма айтып, кейінгі немерелеріме де үйрет­тім. Ал толған ай – барлық жақсылықтың көрінісі, өзгеше салтанат күні. Қаншама теңеу, өлең-жырға ұласқан ерекше құбылыс… Өкінішті жағдай, мұсылманшылық бел алған соң, мәжуси заманның сарқыншағы ретінде жаз ортасындағы толған ай мерекесі де халқымыздың әдет-ғұрпынан тыс қалған екен.)
Ибн Бат­тута өзі тікелей, бастан-аяқ куә болған бұл өзгеше мейрамды біршама бажайлап сыпат­таған. Ал біз Алтын Орданың күш-қуаты мен сән-салтанаты, байлығы мен айбынының нақты көрінісі ретінде қабылдар едік.
Мереке күні, ертемен, тәрізі, күн жаңа шыққан емес, сәскеге таман, салт ат­ты сұлтан, яғни Өзбек хан көп әскермен көрініс берді, дейді. Бұл көп – бірер мың қосын ба, әлде тұтас түмен, бәлкім, одан да артық қалың қол ма, нақты айтылмаған. Қайткенде, әлденеше мың, толымды жасақ. Бүгінгі тілге көшірсек, әскери парад есепті.
Ханнан соң мәртебелі төрт қатынның кезегі. Осының алдыңғы күні Өзбек бәйбішелерінің [жұма] намазына барысы, қайсының қалай шыққаны тәптіштей сурет­телген. Ибн Бат­тута қайталамайды. Әйткенмен, біз қысқаша сыпат­тай кетелік.
Әр қатынның өзінің жеке ордасы бар, дейді. Әрқайсы өзіне тиесілі, сәулет­ті күймемен жүреді. (Бұл өзгеше көк күймелердің жөн-жоба, толық суреті біздің «Шыңғыс хан» тетралогиясының Бірінші кітабы, VІІ тарау, бұрнағы Сюй Тин, Рубрук, Марко Поло, сәл кейініректегі Иосафат Барбаро мен Рузбихан деректері негізінде қалыптанған «Баспана» тарамында жазылған еді.) Күймені тартатын ат­тардың үстіне алтын зерлі жібек кежімдер жабылған. Осы жегін ат­тардың біріне мінген айдаушы жас жігіт – ылаушы аталады. Күйме ішінде отырған қатынның оң жағында ұлұқатын аталатын егде әйел, сол жағында кішіқатын аталатын тағы бір әйел. Алдында банат аталатын, айрықша сұлу һәм зифа бойлы кішкентай алты қыз, сыртында сүйеніш есепті, сондай және алты қыз. Әр қатынның күймесінде үш-төрт қызметші қыз бар, бұлар да жібектен киінген, тақиялы. Әр қатынның басында кәдімгі тәж сияқты, асыл тастармен әшекейленген, төбесіне тауыс қауырсыны қадалған, [кейінгі қазақтың сәукелесі кейіпті, – М.М.] бұғтақ. Үстінде – асыл тастар тігілген шым жібек. Қатынның нөкер әйелдері мен қыздары да аса қымбат, төгілтіп киінген. Жай уақыт, көш үстінде осы төрт қатынның төрт күймесінің соңында [әрқайсы бір жүзден] тағы төрт жүз арба еріп жүреді екен, қатындардың қазына, мүліктері, керек-жарағы және басқа да қажеті тиелген.
Үлкен қатын – патшайым, есімі Тайтоғлы, екі ұл – Тінібек пен Жәнібектің анасы; сұлтан әр түнін қыздан зият санайтын ең сүйікті әйел көрінеді. Патшайымнан кейінгі екінші бәйбішенің есімі – Кебек-қатын, Нағатай әмірдің қызы; үшінші қатын – Таналұн, әйдік Константинополь әмірінің қызы, төртінші қатынның аты – Ордаша, ұлұғ әмір Иса бектің қызы.
Бұл қатындардың көпшілікке көрінісі қашанда сән-салтанат­ты. Әрқайсы өзінің [көк] күймесінде отырады. Әрқайсының алдында атқа мінген, егде жастағы жиырма әйел, [қос] қапталында – ат­ты елу қыз, артында – беліне қылыш байланған, олар да ат­ты бір жүз мосқал жасауыл, бұлардың соңында тағы да бір жүз бозбала жасауыл. Әрбір қатын намазға барарда да, қайтарда да осы тәртіп, дейді. Әлбет­те, мереке күні толығымен сақталатын рәсім.
Төрт қатынға жалғас кезекте – сұлтанның қызы Иткүшік. Басында нағыз патшазада сияқты, асыл тастар төгілген тәж киіп алған. [Тәрізі, арнап жасалған өзгеше бұғтақ-сәукеле сияқты.]
Екі ұл әрқайсы өз жасағының басында, бұлар да түгел ат­ты.
Ханзадалардың алдында қази бастаған дінбасылар кетіп барады.
Ақыры, сұлтан ағаштан тұрғызылған мұнара-тұғырдың түбіне жетіп, қатындарымен бірге осында жайғасты, дейді. Үлкен тұғырдың оңы мен солына (тәрізі, аз-маз аласарақ) тағы екі тұғыр орнатылған екен, бұларға сұлтанның ұлдары мен жақын туыстары отырды. Хан тұғырының екі қапталы, [төменіректе] сандал аталатын қаншама сәкі қойылған екен, мұнда сұлтанның [басқа бір] ұлдары мен әмір ұлықтар, әрқайсы өздеріне белгіленген орындарын тапты, дейді.
Мерекеге он жеті түменбегі келген екен, бұлар бір жүз жетпіс мың аламанды басқарады, шын мәнісінде, сұлтанның бар әскері одан әлдеқайда көп. Бұл түменбегілердің әрбірінің қарсы тұсына садақ тартуға арналған нысаналы қалқандар орнатылыпты. Нысана көздеу рәсімі мен нәтиже айтылмаған. Тағы да нақты аталмаған ойын-сауық пен әрқилы ермек. Сонымен біраз уақыт өтеді.
Бұдан соң әскербасы, әмір ұлықтарды марапат­тау басталады. Кезекпен шақырылған әрбір ұлық сұлтан тұғырының алдына келіп, оң тізесін бүгіп тағзым етеді. Бұдан кейін ат-шапан сияпат. Қымбат шапан жамылған әмір ұлық көлденең тартылған ер-тұрманды арғымақтың арнап көтерілген алдыңғы [тәрізі оң] тұяғын сүйеді де, тізгінінен жетелеп, ілкіде отырған жеріне барады, сол арада ерге қонып, әскерінің басына барып тұрады. Әрбір әмір осы ретпен сұлтанның алдынан өтіпті.
Ақыры, сұлтан өзінің тұғырынан түсіп, атқа мінеді. Оң жағында тақ мұрагері Тінібек пен қызы Иткүшік, сол жағында екінші ұл Жәнібек, ілгеріде – алтынды қамқа киген төрт қатын, өз күймелерімен. Түгелдей ат­тан түскен кіші ханзадалар мен ұлұғ әмір, уәзір, сарай қызметкерлері сұлтанның алдынан өтіп, «отау» аталатын шатырға бет бұрады.
Бұл – ұзына бойына алтынды, күмісті жапырақшалар қапталып, үстіңгі тұғыры жарқылдап тұрған алтын зерлі төрт бағанаға керілген, сырт­тай қарағанда, кішігірім төбешік тәрізді көрінетін шатырдың үсті жібек маталармен жабылыпты. Еденде қымбат кілемдер.
Шатырдың қақ ортасында үлкен тақ орнатылыпты. Сүйегі ою-өрнекті ағаштан, арқалығы мен [қос] қанаты алтынмен апталып, күміспен күптелген, ал тақтың аяғы алтын шаптырылған таза күмістен. Тақтың үстіне кілем төселіп, сұлтан мен бәйбіше отыратын көпшік қойылған екен. Тақтың оң қапталында сұлтанның қызы Иткүшік пен Ордаша-қатын жайланатын, сол қапталда – Таналұн-қатын мен Кебек-қатынға арналған көпшіктер. Тақтың оң қанатында үлкен ұл Тінібек отыратын, сол қанатында екінші ұл Жәнібек отыратын сәкілер. Бұдан әрі, оң мен солда кіші ханзадалар, ұлұғ әмірлер, оған жалғас төменіректе кіші ұлықтар мен әскербасылар жайғасыпты.
Қонақасы келтірерде алтынды, күмісті жозылар қойылды. Ұлұғ әмірлерге жекелей, қалған кісілердің төртеуіне ортақ бір жозыдан. Ас – кесек-кесегімен пісірілген жылқы еті, қой еті. Ет турауға жібек киімді, белдігіне жібек орамал қыстырып, қыны бар бірнеше пышақ байланған бауыршылар шықты. Әр әмірдің өз бауыршысы бар екен, тақау келіп отырды. Бұл кезде кішкентай алтын, күміс тостағандарға құйылған тұзды су жеткерілді. Содан соң бауыршы жапырақтап ет турай бастайды. Мұның өзі бір өнер, ет – сүйегіне жапсырыла туралады екен. Енді сусынға арналған алтын, күміс аяқтар әкеледі. Бұлар ханафи мазхабын ұстанады және балды шарап ішу айып емес деп санайды екен…
Ибн Бат­тута Ұлұғ Ұлыс ханының тойлы дастарқанын осылайша сыпат­таған.
Иә, айтпақшы, атаулы ас пен шарап үстінде ән шырқалып, [күй төгіліп] жатады. Арыдан тартып, Шыңғыс хан заманынан бері келе жатқан рәсім.
Мен [сыртқа шыққан соң] көз жетер шама – оң мен солға назар салдым, дейді. Үстеріне қымыз саба артылған қаншама [екі доңғалақты] арба тұр екен. Сұлтан осының бәрін қалған халыққа таратуға бұйырды. Менің үлесіме де бір саба беріп еді, өзімнің түрік көршілеріме сыйладым. Бұдан соң мешітке барып, намазға тұрдық…
Кеш бата мереке аяқталды. Жиын әр жаққа тарала бастады. Сұлтан түнемеге қатындарымен бірге қалды, депті. Тәрізі, саяхатшының өзі де осы Бестауға қонып шыққан сияқты. Қажет­ті тынымнан соң сұлтанмен, оның ордасымен бірге Хажы-Тархан қаласына бет түзейді.
Сонымен, Ибн Бат­тута куә болған және біршама бажайлап сыпат­таған үлкен мереке – айт шәріп, ораза-байрам емес, ай негізді күнтізбе бойынша жыл ортасының құрметі де емес, бәлкім, Ежелгі Түрік қағанаты заманынан келе жатқан, Шыңғыс хан тұсында жыл сайын аталып өтетін, енді Алтын Ордада рәсімге енген жазғы жайлау – толған ай мерекесі, жалпыхалықтық ұлы той.
Кейінде қанша заманға созылғаны белгісіз. Қайткенде, Ұлұғ Ұлыспен бірге жасасқан. Әлбет­те, тойсыз өмір жоқ, бергі дәуірде басқа бір мерекелермен алмасады. Әуелгі деректе – болашақ Шыңғыс хан – Темужін баланың қиын тағдырына, тәрізі, өмірде нақты болған оқиғаға байланысты көрініс берді, енді барлық уақыт­та жалпы жұрт үшін қуанышты, мәз-мейрам мереке; кездейсоқ жағдайда, әйгілі Ибн Бат­тутаның қаламына ілініпті. Әлбет­те, кейінірек, ислам дінінің мүлде күшеюуіне байланысты, ескілік сарқыншағы ретінде қатардан қалғанын айт­тық.
Алтын Орда құрамындағы түрік-қыпшақ жұртының бейбіт тұрмыс-кебіне, елдің сән-салтанаты мен рухани қуатына қатысты мәнді дерек болғандықтан, біз де ат­тап кете алмадық.

Жәнібек хан

Алтын Орда тағында өте ұзақ – отыз жылға тақау отырған және тежеусіз билік құрған, халықаралық қатынаста зор бедел, ең мәндісі – өз жұртында айрықша құрмет тапқан Өзбек хан Ежелгі Түрік қағанатында қалыптасқан айнымас заң, Берке хан заманынан бастап сексен төрт жыл бойы қайтадан рәсімге енген, өкім – ағадан ініге өтетін мұрагерлік қағидасын төтесінен мансұқ етіп, бұдан былай тақ алмасу тәртібін әкеден – балаға көшіру туралы жарлық берген екен. Әкеден – балаға…
Өзбек ханның бас бәйбішесі Тайтоғлы-қатыннан екі ұл өсіп жетеді. Үлкені – Тінібек, кішісі – Жәнібек. Әуел баста, әкенің көзі тірісінде Тінібек алға шыққан. Ибн Бат­тута жазбаларында салтанат­ты қабыл, той-думан кезінде Өзбек хан тағының оң жағында Тінібек, сол жағында Жәнібек отыратыны нақты көрсетіледі. Және сол заман деректерінде Тінібектің көз сұқтанар сұлулығымен қатар, ақыл-парасаты мен ұнасымды мінезі атап айтылады. Өнерге бейім, ғұлама оқымыстылар мен ақын, жазушыларға қамқор екен. Кейінгі тарихшылар осы үлкен ұлдың қай жағынан да інісінен еңселі болғанына күмән келтірмейді. Алайда, соңғы жылдары хан-әкеге әлденеден жақпай қалған Тінібек атаулы мәртебеден айрылып, мұрагерлік құқұқ Жәнібекке көшеді. Ұлұғ Ұлыста ханнан кейінгі екінші, тіпті, кей рет­терде тепе-тең дәрежеде. Шет елдік әмірлер тарабынан келетін жолдама, қатынастарда Өзбек ханнан соң осы екінші ұл Жәнібек есімі жазылады. Тіпті, Алтын Орда манат­тарында Өзбекпен қатар Жәнібек есімі таңбаланған рет­тері бар. Есебі, жасы кіші Жәнібек өзінің ағасы Тінібектің алдына шықты және ендігі бірден-бір тақ мұрагері екені күмән туғызбаса керек. Ең басты себеп – Өзбек ханның айнымас сүйіктісі, отаудағы хан төсегі ғана емес, байтақ ұлыстың ішкі, сыртқы істерінде сөзі өтімді Тайтоғлы-қатын осы екінші ұлын артығырақ көрген. Өз орнынан ат­тап түсіп, алға шығуы – алабүйрек анасының арқасында жүзеге асқаны кейінгі қанды оқиғалар орайынан анық аңдалады.
Өзбек Жәнібекті үнемі қасында ұстап, ендігі мұрагерліктен шет­теген Тінібекті арнайы тапсырмамен Хорезм тарабына ат­тандырады. Көп ұзамай өзі де дүниеден озыпты. Ордада отырған Тайтоғлы-қатын Жәнібекті хан деп жариялайды. Кейінгі бір зерт­теушілер шамалағандай, уақытша емес. Қажет­ті, рәсімді құрылтай өткенде толық күшіне кірмек. Ордадағы ықпалды ұлықтар мен әскербасы әмірлер Берке хан заманынан бері қалыптасқан рәсімді еске алды ма, жоқ па, жаңа жосықтың өзі дүбара көрінсе керек. Қайткенде, Жәнібек пен Тайтоғлы-қатын және күмәнсіз жақтастарының сенімі тым берік болмағаны аңдалады. Мұның нақты айғағы – Өзбектің басқа қатыннан туған, тәрізі, Жәнібектен жасы үлкен Қызырбек ханзаданы қапияда өлтіріп жіберіпті.
Әкеден айрылғаны туралы хабар жете сала Хорезмнен ат­танған Тінібекті ғұзырлы ұлықтар Жайықтан өткен беті, Сарайшық кентінде қарсы алады. Үлкен ұл, әрі бұрнағы мұрагер Тінібектің ата тағынан дәмесі қаншалық болды – тап басып айту қиын. Қайткенде, әке өсиетінен шеткері. Әйткенмен, мүлде үмітсіз демейік. Және ел тұтқасындағы ірілер ішінде жақтастары да біршама болуға тиіс. Сонымен қатар, Тінібек өзіне бұрнадан мағлұм жарлықты мойындап, ендігі тағдырымен келісуі де мүмкін. Әйтеуір үлкен ұл дегенмен, заңды құқұғы да, артықша әскер күші де жоқ. Қайткенде, кейбір парсы деректерінде айтылғандай, Тінібек ешқашан хан көтерілмеген және әскер топтап, қырғын соғыс ашпаған. Қай-қайсына да уақыт тұрыпты, мүмкіндіктің өзі жоқ еді. Серпуілге, тыпыр етуге шамасы келмеген. Сол алғашқы күні, жәреуке, құрметпен басталған көріс үстінде, апыр-топыр қазаға ұшырады. Әлбет­те, туған інінің келісімі, туған ананың нұсқауы бойынша.
Жәнібек ешқандай дау-дамайсыз таққа отырды. Енді алаңсыз өкім құруға тиіс. Хижраның 743 санаты, миләди 1342, тәрізі, жыл басында. (Өзбектің өз ажалынан өлімі – хижраның 742 санаты, шәууәл айы, миләди 1341 жыл, 10 март – 7 апрель аралығы.)
1
Алтын Орданың бағы басында тұрған. Бұрнағы, жарым Еуропа жер түбінен дірілдеп отыратын айбары тозып, күш-қуаты кемігеннен емес, Батыс әлемі жансебіл жаңа бір дәрмен тапқан. Бұдан жүз жыл бұрынғымен салыстырғанда, соғыс ісіне жетіге түскен. Шығыстағы екпінді дұшпанның байырғы ұрыс машығын игерумен қатар, татар-қыпшақ соғыстарының тәжірибесін молынан таныған, қорғаныста ғана емес, шабуылда да үйренгені көп һәм сәйкес жаңа бір тәсілдер іске қосылыпты.
Бұл кезде біршама нығайған Польша іргелес, жақын көрші Венгриямен бірегей одақ құрады. Көп ұзамай, бұлардың қатарына румын нәсілді Молдавия қосылады. Литва тарабы да іргесін бекемдей түскен, артында теміртек Тевтон ордені тұр. Қай қайсы да төтенше шабуылда оңай олжа болудан қалған.
Рас, әзірше Орыс кінәздіктері теріс пиғыл танытпайды. Жәнібек таққа отырар отырмаста қалталы Иванның мұрагері Симеон Ордаға жетіп, құлдық ұрады және ендігі ұлы кінәздің бодандық сая­саты Орыс еліндегі басқа да кінәздердің ресми бағынышына жол ашыпты.
Орыс тыныштық және мойынсұну жолын таңдағанмен, Батыс тарапта жағдай күрделене түседі. Ақыры, мажарлар 1345 жылы Трансильванияда татар-қыпшақ әскерін ауыр жеңіліске ұшыратады. Бұрнағы тарихта болмаған және ақылға сыймастай сұмдық. Осы жеңіс нәтижесінде Венгр патшалығының өкімі Торлы-Днестр жеріне жетіпті. Ендігі заманда мажар жұртының жиын орталығына тұтқиыл шабуыл жасалмас сенімді меже. Сондай-ақ Польша королі Казимир Үшінші Литва шегіндегі, Ордаға салық төлеп тұрған Пшемышль және тағы бірнеше қаланы өз ықпалына түсіріпті. Бұл кезде Литва кінәзі Ольгердтың Ұлұғ Ұлыспен тығыз одақтаспақ ниеті түсініс таппайды. Шеткері көршінің Орыспен арадағы қайшылық жағдайында Жәнібек ежелгі боданын қолдағанын көреміз. Енді бетін теріске бұрған Литва Орда ғұзырындағы Днестр мен Буг өзендерінің аралығы – Батыс Русьтің Подолия аймағын өзіне қаратыпты. Алайда, екі аралық бұдан әрмен ушықпайды. Бұрнағы одақтастық мәмле бойынша, Польшаға қарсы әскери шапқындар одан әрі жалғасады.
Батыс шекарада осындай айныма, тұрақсыз ахуал туындаса, түстікте мүлде басқаша жағдай қалыптасқан. Мысырмен аралық, сырт­тай қарағанда әуелгідей сияқты. Достық, туыстық мәмле орнында тұр. Бұрынғыдай елшілік алмас, бірақ әскери одақ туралы сөз жоқ. Яғни, екі ел арасындағы тығыз қатынастың да қажеті шамалы болып қалды. Өйткені, қазір заман да, жағырапиялық тепе-теңдік те мүлде басқаша. Осман түріктері мүлде күшейіп, Анадолыны түгелге жуық жаулады, Балқанға аяқ салды. Және Дарданелл бұғазын бекітіп тастады. Енді Византиямен арадағы дәстүрлі қатынас та мүлде тоқталған. Оның үстіне, бұл кезде Құлағу-Елхан ұлысы бар күшінен айрылып, біржола ыдыраған еді.
Төтенше десек те, заңды жағдай. Әбу-Сайыд ханнан соң берекесі қашқан Елхан жұрты 1340-жылдардың орта шенінде шылпара болып бірнеше ұлысқа бөлініпті. Орталық Иран мен Ғарабы Ғирақ түрік текті Жалайыр әулетінің билігіне көшкен. Хорасан – парсыланған араб нәсілді Мұзаффар әулетінің өкімінде. Әзірбайжан – ол да түрік, жетекші Сұлдұс руының ғұзырында. Ең іргелі үш ұлыс. Бұларға жалғас, жері шағын, қуаты да кемірек тағы екі-үш иелік бар.
Жалайыр ұлысы уақыт оза келе үлкен күш-қуат тауып, жетпіс жыл бойы салтанат құрған. Патшалық әулет­тің арғы атасы – Шыңғыс ханның белгілі нояндарының бірі Жошы-Дармаладан бастау алады. Жошы-Дармаланың ұлы Әлкей Құлағу ханның қолбасыларының бірі, Иран жорығында көзге түскен. Кейінгі ұрпақтары үнемі жоғары мәртебеде болыпты. Ақыры, 1340 жылдар шамасында Хасан Бұзұрғ өзін жаңа ұлыс әмірі деп жариялайды… Ирандағы Жалайыр мемлекетінің тағдыр-талайы – өз алдына бір тауарих. (Ежелгі жалайыр тайпасының кейінгі ұрпақтары күні бүгінде Иранның түстік-батыс жерінде, сол жалайыр атымен, өзінше тіршілік кешіп жатқан сияқты, алайда түпкі жұрты қазақ тарабынан әзірше ешқандай байланыс, танымға талап болмай тұр.)
Ал Әзірбайжан шегінде баяғы өмір-әл-умара Шобан бектің ұрпақтары өкімге жетеді. Немерелер. Бірақ бұлардың әскери дарыны да, әкімшілік қабілеті де баяғы құдірет­ті атаның көлеңкесін көрмепті. Туған ағасынан соң билікке жеткен Мәлік Ашраф өте қатал және халқына сүйкімсіз әмір болып шығады.
Міне, дәп осы кезде Жәнібек хан Қыпшақ пен Елхан ұлысының арасында тұтас бір ғасырға ұласқан тынымсыз майданның соңғы түйінін шешуге ниет қылыпты. 1356 жылы жүз мың, кейбір деректе екі жүз, үш жүз мың әскермен жорық жолына түседі. Дербент­тен өтіп, Ширванға жетіпті. Сол арада Мәлік Ашрафқа елші жібереді. «Мен Құлағу ұлысын түгелімен өзімнің ғұзырыма қаратамын. Сен бектердің бегі Шобанның ұрпағысың, енді маған бағыныш білдірсең, ұлыс әмірі қылып тағайындаймын, тік көтеріл де, құлдық ұрып қарсы ал!» – деп. Мәлік Ашраф айтыпты: «Жәнібек – Берке ұлысының падишахы, Құлағу ұлысына ешқандай қатысы жоқ, бұл жерде мен өкім құрып отырмын!» – дейді. Және Қыпшақ елшісін байлатып алып, зынданға тастайды. Жәнібек бар әскерімен Кура өзенінің жағасына келіпті. Қайыра сөз салады. Ұлықтары қанша үгіт­тегенімен, Мәлік Ашраф илікпейді. Бұл кезде бұқара жұрт Жәнібек ханды ықылас, пейілмен қарсы алып, дәргейін қабылдап жат­ты, дейді. Мәлік Ашраф асығыс әскер жинауға кіріседі. Бар жасағы екі түменге толмапты. Және майданға құлшынып тұрған жоқ.
Шешуші ұрыс алдында екі әскер бетпе-бет келді дейді. Аса жайсыз жағдай – бұршақты нөсер жауып тұр екен. Қыпшақ әскері ен даладағы қамажау аңшылық тәсілімен, қос қанат­тан айналып, Мәлік Ашрафтың жасағын қоршалай бастапты. Және саны әлденеше есе, қалың қол. Елхан әскері ұрысқа шыдамай, майданнан тайқып, жан-жаққа бытырай босқын табады. Қатындарымен және барлық қазынасымен Мәлік Ашраф та қашады. Жолай, әлдебір керуен сарайға түнемелге тоқтаған кезінде өзінің нөкерлері бар байлықты талап алыпты. Қаншама жыл бойғы тынымсыз жинаған мол қазынадан тым құрса екі дәрхем қалмады, түгел рәсуаға шықты, дейді сол заман тарихшысы. Ары қарай қашқан әмірді көп ұзатпай, тағы да өз кісілері ұстап алып, Жәнібек ханның алдына жеткізіпті. Сонда Жәнібек сауал тастады дейді: «Өз жұртыңды топалаң қылдың. Таладың, тонадың. Алланың пенделеріне қаншама зәбір жасадың. Осыншама қаталдықтың себебі неде?» – деп. Сонда Мәлік Ашраф айт­ты дейді: «Зорлық-зомбылық жасаған – мен емес, нөкерлер мен ұлықтар. Патша, хан, сұлтандардың бәрінің жолы осы емес пе…» – деп. Жәнібек мұншама сұмпайы әмірді өлімге кесіп, шабылған басын Тәбріз шаһарының бас дарбазасының алдында, сырыққа шаншып (енді бір деректерде жұма мешітінің алдында, қақпаға бекітіп) қойғызған екен.
Әзірбайжан жорығымен қатар, Хорезмнен Хорасанға және мол әскер басып кірген. Енді Жәнібек осы Хорасан мен Әзірбайжан біртұтас Жошы ұлысының құрамына қосылды деп жариялайды. Құлағу ұлысымен арадағы жүз жылдық соғыс Қыпшақ жұртының пайдасына шешілді. Кеш те болса, үлкен жеңіс. Жәнібек хан Шыңғыс хан заманында Жошы ұлысының еншісіне бөлінген байтақ қонысты түп иесіне қайтарды деген сөз. Бұл – Жәнібек өкімінің соңғы жылы болатын.
2
Жәнібектің осыған дейінгі патшалық дәурені – он бес жыл мұғдарында ел ішінде және сырт­та тағы қаншама елеулі оқиғалар өткен. Құдірет­ті Құлағу ұлысының ыдырағанын айт­тық. Қашанда іргесі бүтін көрінген Шағатай ұлысы да осыған тақау кепке ұшырапты. Әуелде ішкері тұрақсыздық. 1318-1348 – отыз жылда он екі хан алмасыпты. Көпшілігі бір жыл, екі жылдан ғана тақта отырған. Ақыры, бір замандағы қуат­ты патшалық екіге бөлінеді. Түстік-батыс – бұрнағы Шағатай намындағы Мәуреннахр, ал шығыс атырапта – жаңа ұлыс Моғолстан. Бұрнада бір иелік саналған, бір патшалық құрамында ұйысқан жалпақ жұрт­тың тұрмыс ахуалы, шаруа­шылық жағдайына байланысты. Мәуреннахр – ежелден отырықшы, егінші қауым, ал ендігі Моғолстан – негізінен мал шаруа­шылығын ұстанған көшпенді жұрт. Осыдан әжептәуір бұрын Өкетай ұлысы жоққа сайған. Сөйтіп, Шыңғыс хан тұсында іргесі бөлініп, келесі дәуірде жекелеген, қуат­ты хандықтарға айналған, қайткенде бұрнағы құдірет­ті империяның бөлшек жалғасы есепті, өз жері, өз халқымен қоса жасаған атаулы ұлыстар біржола ыдырады. Бұлармен салыстырғанда Алтын Орданың жағдайы ертегідей көрінсе керек. Күннен күнге дәуірлеп, жарым әлемде салтанат құрып отыр.
Жәнібек заманындағы ерекшелік – Ұлұғ Ұлыста мұсылманшылық біржола бел алады. Арыдағы, әркімнің өждан қалауы, кейінгі Өзбек хан тұсындағы біржақты насихат жөніне қалып, ислам – ресми түрде мемлекет­тік дін деп жарияланған. Яғни, мұсылманшылық жолы – айнымас сара бағдар деп танылды. Әлбет­те, басқаша нанымдағы жұрт­ты қудалау жоқ, сонымен қатар, діндес қауымның кеудесі жоғары, және күнделікті тұрмыста өзіндік артықшылығы жүзеге аспақ. Алайда, бодан Орыс елімен арада алалық тумаған, бұрынғыша христиан шіркеуі мен діни қайраткерлер атаулы құрмет­те.
Сырт­тай қарағанда, Ұлұғ Ұлыстың өз ішінде мамыражай, «қой үстіне бозторғай ұялаған» дерлік өзгеше заман орнағандай. Жәнібек хандығының алғашқы жылы, бауырлас екі ханзаданың жазықты-жазықсыз қазасы олардың артында тұрған ұлықтардың жаппай қырғынына ұласпаған. Бұдан соңғы кезеңде де қаскөй қудалау, орынсыз жаза атаулы тыйылғаны аңдалады. Яғни, ел билеуші тап, ұлық, әкім атаулы түгел риза деген сөз. Төрелер тыныш болса, қара бұқараның да берекесі шайқалмайды. Жалпы жұрт­тың тұрмыс-ахуалы жоғары деңгейде. Мал өсіп жатыр, егін шығып жатыр. Халықтың қарасыны көбейіп, саны артып, кент, шаһарлар іргелене, көркейе түскен. Қашанғы тоқтаусыз сыртқы соғыстар да тыйылған. Соған қарамастан, ұлыстың айбары асып, сән-салтанаты мен байлығы да ең жоғарғы деңгейге жеткен тәрізді. Қайткенде, алдағы, әзірге ешкім де елесін аңдамаған қилы заманнан мүлде бөлекше, бақыт­ты, барақат дәурен. Сондықтан да көзінің тірісінде Жәнібек – Әз-Жәнібек хан атанды, ал ұрпақ жадында Шыңғыс ханнан соңғы замандағы тарихта болмаған құдіреті дәріптеліп, кейінгі ұрпақ санасында парасат­ты, ізгі хан ретінде сақталып қалыпты.
Тек өз жұртында ғана емес. Мұсылман деректерінде ғаділ, жауынгер әмірші санатында құрметпен аталады. Бодан Орыс елінің тарихи жылнамаларында Жәнібек «добрый царь», яғни мейірбан патша ретінде сыпат­талады, ал ілкідегі Өзбек – «грозный царь», есебі, қаһарлы, қатаң, қайткенде жайсыз патша есебінде кейіптелген.
Иә. Алтын Орда өз деңгейі, өз орнында тұр. Әйткенмен, дәп осы кезде, әзірше шет-жағасы ғана көрініп қалған өзгеше бір қатер. Бастапқыда қаншалық сұмдық екені анық аңдалмаған. 1344 жыл шамасында, көп ұзамай-ақ жарым әлемді жайлаған, кейінгі тарихта қара тажал атанған оба індетінің алғашқы бір белгілері елес береді. Ең әуелі Қырымда.
Осы бір тұста, қаншама заманнан бері Қырымда орныққан Еуропалық факториялармен арада алалық бой көрсеткен. Атап айт­қанда, Италияға тиесілі Венеция, Генуя, Пиза иеліктерімен.
Мағлұм жағдай – Қырым, яғни Алтын Орда шегінде ірге тепкен шет жұрт­тық мекен-жайлар екі тарап үшін де аса пайдалы қызмет атқарып отырған. Жошы ұлысына Батыс тауарларын жеткізеді, керісінше, дала жұртының байлық өнімдерін Еуропаға тасымалдайды. Бір жағы өз еліне, екінші жақтан Ордаға бодан саналмақ. Сарай шаһарындағы орталық өкіметке төлеп отырған, тым ауыр да емес, салыстырмалы түрде жеңіл дерлік, міндет­ті салығы бар. Екі ғасыр бойы бейбіт жағдай қалыптасқан. Енді итальян көпестері өзгеше мінез шығара бастапты. Есебі – жергілікті жұрт­ты менсінбеу, басыну, мұндағы еркіндігін өзінше артықшылық деп ұғына бастау.
Бұл кезде генуялық иеліктердің орталығы – Кафа қаласында, ал венециялық орталық – Азау-Танада. Ақыры, Азау-Тана қаласында жергілікті кісілер мен келгіншілер арасында тұрмыстық жанжал шығып, тапа-тал түс, көшеде венециялық көпес сақарадан келген байды өлтіріп жібереді. Әрине, қазаның арты – қарулы қақтығыс, Азаудағы шет елдіктердің бар мүлкі тонауға түсіп, қаншамасы ажал тауып, кейбірі өз жұртына қашады, енді бірі қамалы берік Кафаға жетіп тығылады. Әлбет­те, қаржы және мүлік шығыны есепсіз. Венециялықтар кісі өлтірген адамын кінәлі деп мойындағанмен, Кафа жұртшылығы өздерінен пана сұраған көпесті жауапқа беруден бас тартады.
Оқиғаның жай-жапсарын естіген Жәнібек хан ашуға мініпті. Итальяндық барлық жұрт­ты Танадан қуып, алдағы бес жыл бойғы саудаға тыйым салады. Және арнайы әскер төгіп, Кафа қамалын қоршалапты. Берік бекініс бастапқы шабуылға төтеп береді. Көп ұзамай, беклербек Моғұл-Бұқа бастаған әскер кері шегінді, дейді. Еуропалық тарихшылардың айтуында. Анығы – қамалдың беріктігінен де, шабуылшы жақтың қауқарының кемдігінен де емес. Дәп осы кезде Қырымда адам естімеген ғаламат індет – оба ауруы айқын көрініс берген екен. Шабуылшы әскер ішінде өлім-жітім басталады. Алайда, сыртқары жұрт бұл обаның қаншалық қатерлі апат екенін әзірге түйсіне қоймаса керек. Обадан кеткен өліктерді катапульта – атқыш серіппеге салып, қамал ішіне топ-тобымен түсіре бастайды, дейді. Содан соң өз қатарында шығын көбейіп, және күн озған сайын өршіп бара жатыр, қоршауды алып, кері шегінген екен.
Енді ғаламат індет қамал ішіне бекінген еуропалықтар арасында тарала бастайды. Өлгені өлді, қалғаны кемелеріне мініп, ажалды аймақтан қашып, өз елдеріне жетеді. Жай ғана жетпеген, жұқпалы, ауыр дерт­ті Еуропаға ала келіпті.
Шын мәнісінде, қамалдың ішіне түскен обалы мәйіт­тердің ғана зардабы емес. Түбекте таралған індет бұдан бұрын да итальяндар арасына тарала бастауы анық. Мынау – соның бір ғана тармағы.
Шамасы бес-он жыл бұрын Қытайда басталып, Жібек Жолы арқылы Қырымға жеткен, одан әрі, 1348-1349 жылдарда Батыс Еуропаны жайлаған, мұндағы бүткіл халықтың анық тең жарымын, бәлки, үштен екісін жалмап өткен оба дерті тарихи әдебиетпен қатар, әйгілі «Декамероннан» мағлұм. Тек Еуропа ғана емес, ақыр түбінде Алтын Орданың жарым жұртын, оның ішінде Еділ бойындағы қаптаған шаһар, кент­терді жаппай жусатып кеткен ғаламат қырғын. Ал әзірше, әлемдік апат­тың бастауы ғана. Алдағы тарауларда Алтын Орданы ойсыратқан табиғи ғаламатқа кеңінен тоқталармыз. Әзірше негізгі тауарих ауқымынан шықпайық. Ары қарай жылжимыз.
Жәнібек хан Құлағу ұлысымен арадағы жүз жылдық соғысты сәтімен аяқтап, артық қиындықсыз, үлкен майданға түспей-ақ, Әзірбайжанды Ұлұғ Ұлыстың ғұзырына келтірді, дедік. Жауыз және берекесіз, бейбақ әмір Мәлік Ашрафты өлімге бұйырғаннан соң көп бөгелмепті. Жаңа өлкеде елу мың аламанмен мұрагер ұлы Бердібекті қалдырады да, астана жұртына қарай бет түзейді. Бір деректе асығыс қайрылу себебі – әлдебір сырқат белгісін аңдап еді, дейді. Енді бір жазбаларда Дербентке жеткен соң ғана ауырды, деген. Осы соңғысы қисынды болар. Және ағысы тез, қатерлі оба емес, созылмалы басқа бір кесел. Әлде екі ай, әлде алты айдан соң жағдай ауырласа керек. Ұлыс бегі Тоғлұ-би Бердібекке шұғыл хабар салады. Әкең ажал аузында, тезірек жетіп, патшалығына ие бол, деп. Бердібек шұғыл ат­танып, Дербент­тен асып, Ордаға жетеді. Қасындағы он жасауылмен, түн қараңғысында Тоғлұ-бидің үйіне түсіпті. Дәп осы кеште Жәнібектің жағдайы шұғыл жақсарған екен. Басын көтеріп отырады. Өзі төсек тартып жатқанда барлық істің берекесі кеткен. Енді ертең хан кеңесінің жұмысына қатынаспақ. Бар жағдайды байыптап, жаңа жарлықтар шығару ниетін айтады. Сол арада сенімді нөкерлерінің бірі ханға баласы Бердібектің келіп жеткенін хабарлапты. Таң қалған Жәнібек іс мәнісіне алаңдап, Бердібектің анасы Тоғай-Тоғлы-қатыннан сұрапты. Қатын ұлына көлеңке түсірмес үшін, мұның бәрі бекер сөз деп жуып-шаяды. Алайда, күмәні тарқамаған Жәнібек, сенімі күшті беклербегі Тоғлұ-биді шақыртып, тікелей сауал салады. Бар пәленің басы Тоғлұ-би сасқалақтап, істің анығын білейін деп, сыртқа шығады да, әрине, Бердібекпен келісім бойынша, қолма-қол қатаң шешімге келіп, манағы жасауылдар бар, басқасы бар, көп адаммен Жәнібек ханның үстіне басып кіреді. Сол арада, кілем үстінде буындырып өлтіріп жіберіпті.
Әз-Жәнібек ханның жарығы сөнді. Хижраның 758 санаты, 3 шағбан – миләди 1357 жылдың 22 июль күні. Сүйегі бүгінгі қазақ еншісі Сарайшық кенті, хандар зиратында тыным тауыпты.
Бұдан соң қилы заман басталады. Арада жүз жыл өтер-өтпесте Алтын Орданың да күні батуға тиіс екен.

Е к і н ш і б ө л і м

С А Л Т А Н А Т

ҰЛЫСТЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Жошы ұлысы Бату хан өкімінде кемеліне келген алғашқы кезеңінен бастап-ақ Ежелгі Ғұн, Көне Түрік заманында қалыптасқан һәм кейінгі Шыңғыс хан дәуірінде жалғасқан қалыпты рәсім бойынша, екі тармаққа жіктелді: Оң қанат және Сол қанат. Оң қанат­тың иелік межесі – шығыста ұзын аққан Ертіс өзенінен басталып, Балқаштың сыртымен өтіп, Сейхұн – Сыр-дарияның орта ағысы мен атырауы, Арал теңізінің терістік-шығыс жағалауынан Жайыққа дейінгі ұлан-байтақ өлке – тұтастай алғанда, бүгінгі Қазақстан республикасының ішкі аймақтарын түгелге жуық қамтып жатқан Көк Орда атанды. Сол қанат – түстік бет­те Жейхұн – Әму дарияның етегі – Байырғы Хорезм аймағын қамтып, Маңғыстау, Үстірт­тен өтіп, Жайық өзенінен бастап, Еділ дариясынан асып, Таң-Дон, Үзе-Днепр өзендерінен әрмен, ал түстік-батыс тарабы Теріскей Қапқаз, Қобан, Қара теңізді сағалап, Туна-Дунай дариясының атырауы, Орталықта Қарпат тауларының сілбесі, терістік-батыста Торлы-Днестр суына дейін созылып жатқан. Ұлұғ Ұлыстың халқы жиын, қаласы мол, шаруа­шылығы қуат­ты, ең ұйықты бөлігі. Ақ Орда намында. Бұл екі тармақ, біртұтас, айдынды мемлекет өз тұсында Жошы ұлысы, немесе Ұлұғ Ұлыс, кейінгі тарихта Алтын Орда аталғаны мәлім.
Шығыс бөлік Көк Орда әуел бастан-ақ Жошының үлкен ұлы Орданың билігіне берілді. Ал Батыс – шын мәнісінде ұйықты орталықта Жошы ханның бас мұрагері саналған екінші ұл – Бату-Сайын хан өкім жасады. Және біртұтас Ұлұғ Ұлыстың ғұзыры зор, негізгі тұлғасы саналған. Бұдан кейінгі заманда, біз алда арнайы тоқталатын Үлкен бұлғақ кезеңіне дейін Бату хан әулеті Ақ Орда – оң қанат­тa жекелей, сонымен қатар тұтасымен бүткіл Жошы ұлысы шегінде салтанат құрды. Ал шығыс атырапта осы дүрбелеңнің ақырына таман Орда ұрпақтарының да өкімі тоқталады. Билікке Тоқай-Темір әулеті келді.
Әзірше бәрі қаз-қалпы, өз орнында.
Енді айбынды Ұлұғ Ұлыстың осы, әлейім-тәлейім кезеңге дейінгі сая­си құрылымы, әкімшілік жүйесіне қатысты азғана сөз.
Әлбет­те, бір жарым ғасырға тақау ұзақ уақыт ішінде дүние әуелгі қалыпта тұрмайды. Яғни, бұрнағы, дәстүрлі басқару жүйесі уақыт озған сайын күрделеніп, әрқилы өзгеріске түсуі анық. Біз негізінен кейінгі заман, Өзбек хан дәуіріне назар салсақ керек. Өткенде бәрі басқаша болғаннан емес. Айғақты деректердің көбірек сақталуына байланысты.
Әрине, Ұлұғ Ұлыс өкімі – түпкі қазық Шыңғыс хан үлгісі, Жасақ пен Төре заңы, Еке Моғұл империясының ел ұстау рәсімі негізінде қалыптасты. Ең жоғарғы өкім Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтарының ғұзырында болуға тиіс еді. Осы, бұлжымас заң бойынша, әуелде – Жошы. Одан соңғы кезеңде – Бату. Батудың шын жалғасы – Берке.
Жошы – Шыңғыс ханның тікелей тақ мұрагері, бүткіл империя шегінде қаған әкеден соңғы екінші тұлға саналды. Ал Батыс тараптағы ғұзыры ерекше. Байтақ Дәшті-Қыпшақ, яғни Ертіс өзенінен басталып, Түн түбі – жат жұрт­тар шегіне дейінгі қисапсыз өлке тікелей ғұзырына берілген. Өз иелігіндегі өкімі тежеусіз болса, Жетісу мен Мәуреннахр – атаулы Шағатай ұлысында құқұғы құрмет­ті Аға. Жошыдан соң, ендігі үлкен Аға Шағатайға жалғас Бату тағы да екінші дәрежелі тұлға деп танылды. Ресми түрде. Шын мәнісінде, Күйік қағанға тетелес, одан әрі Мөңке қағанмен тепе-тең жағдайдағы әмірші. Ұлы империя құрамында саналғанымен, Өкетайдан соң, Төрегене-қатын тұсынан бастап, Күйік қағанның келте кезеңінде Жошы ұлысы тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде ғұмыр кешті. Ал Мөңке қаған заманы туралы айтып жатудың өзі артық. Бату-Сайын ханның орнын басқан Берке хан да өзіндік сая­сат жүргізді. Бұл кезде Еке Моғұл ұлысы өзінің бұрнағы шарт­ты тұтастығынан біржола айрылған еді. Мұның нақты айғағы – де-юре – заң жүзінде сырт­тай бүтін ұлы империяның үлкен екі тармағы – Жошы ұлысы мен Құлағу ұлысының арасында басталған, ақыры жүз жылға кеткен қырғын соғыс. Яғни, де-факто – ресми бөлініс – 1269 жылғы Талас құрылтайынан көп бұрын жүзеге асқан. Жошы ұлысы Бату-Сайын ханнан бастап, міндет­ті рәсімді араға салмасақ, шын мәнісінде толықтай, дербес күн кешті деп тұжырымдар едік.
Айт­қанымыздай, Ұлұғ Ұлыста ең жоғарғы өкім иесі – хан аталды. Рас, Мөңке-Темірге дейін, тіпті, Бату мен Беркенің тұсында, Еке Моғұл империясының құрамында саналған Дәшті-Қыпшақта ресми түрде хан дәрежесі жоқ есепті, алайда, жергілікті халықтың көзқарасы тұрғысында, тіпті, шет жұрт­тардың ұғымында, Бату да, Берке де хан аталады. Жалғас заман туралы айтып жатудың өзі артық.
Сонымен, Ұлұғ Ұлыстағы ең жоғарғы мәртебе, соған орай ең биік өкім, әдет­те, өкілет­ті құрылтай арқылы сайланған ханның ғұзырында болды. Хан сайлау, хан көтеру Ежелгі Түрік, кейінгі Шыңғыс қаған заманындағы жора бойынша өткерілді. Осы орайда, арыдағы, біз «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясында бажайлап жазған нақты деректерді айтпағанда, ХV ғасырдың басында Ұлұғ Ұлыста еркін жасаған жиханкез рыцарь И.Шильтбергердің нақты куәлігі сақталған. «Татарлар өздерінің королін сайлау кезінде оны ақ киізге отырғызып, үш қайтара жоғары көтереді, содан соң… таққа отырғызады», – деген. Бұдан бұрынғы тарихи жазбалармен және кейінгі Қазақ Ордасындағы дәстүрмен нақпа-нақ сәйкеседі. Енді, таққа отырған ханның қолына алтын қылыш ұстатпақ. Елдің өкімі, қарашы бектер мен бүткіл халықтың тағдыры сенің қолыңда деген ишарат. Әлбет­те, хандық мәртебеге тек Алтын-ұрық – Шыңғыс хан әулетінің ғана құқұғы бар. Ұлұғ Ұлыста әуелде Шыңғыс ханның Жошыдан туған немерелері Бату мен Берке өкім құрса, Беркеден соң – Мөңке-темірден бастап, Жәнібек, Бердібекке дейін тек қана Бату хан ұрпақтары сайланды.
Хан – бүткіл патшалықтың ең жоғарғы өкімі, ел мен жер иесі. Мемлекет­тің ішкі істері, сыртқы сая­саты тұрғысында ең шешуші тұлға. Сонымен қатар, бүткіл ұлыстың қарулы күштерінің бас қолбасшысы. Әскери және әкімшілік саласындағы жетекші тұлғаларды тағайындаушы. Ғұзыры күшті, сан тарап жарлықтар мен нұсқаулар иесі.
Айт­тық, Ұлұғ Ұлыста хандық дәреже әкеден – балаға емес, ағадан – ініге мұра саналады. Ежелгі Түрік қағанатында қалыптасқан рәсімнің ендігі түрік-қыпшақ мемлекетінде қайтадан жаңғыруы. Бір ғажабы, бүгінгі заман тарихшылары түгелдей дерлік бұл рәсімді ақылға сыйғыза алмайды, бұрнағы әрбір хан өлген сайын оның баласын іздеп жатады, және таба алмай, кезекті жаңа ханды зорлықшыл, көлденең тұлға деп жариялайтыны бар, тіпті, ғылыми деңгейі жоғары, көп томдық «Татар тарихының» өзінде «Алтын Ордада» тақ алмасудың берік бекіген жүйесі болмады», – деп жазылғаны таң қаларлық жағдай.
Сонымен, қалыпты рәсім бойынша, заңды түрде сайланған хан – ғұзыры шектеусіз, ең жоғарғы билік иесі, дедік. Алайда, ақылы мол, сая­саты зор хан атаулы бар шаруа­ны бір өзінің мойнына артып алмақ емес. Ұлыс үшін мәнді мәселелерді Алтын-ұрық өкілдерімен және ықпалды бек, бахадұрлармен ақылдаса отырып шешпек. Айрықша күрделі жағдаят­тарды атаулы құрылтайға салады. Бұл құрылтай – Ұлыс шегіндегі ең жоғарғы өкілет есебінде. Әлбет­те, қандай да маңызды, ерекше, төтенше шешім ханның халық алдындағы, ұлыс деңгейіндегі беделі мен атақ-абыройына қатысты. Бұрнада, тіпті, Шыңғыс хан заманында, үлкен соғыстар мәселесі тек қана ұлы құрылтайда бекітіліп отырса, Алтын Ордада әдет­те, ханның жеке басының жауапкершілігі арқылы жүзеге асып жатқанын көреміз. Бұл кездегі соғыстар – Шыңғыс хан заманындағы, қиыр шалғайда, әлденеше жылдарға созылмақ әлемдік майдан емес, іргелес, көршілес жұрт­тармен арада туындаған қысқа мерзімді шайқастар ғана. Бұл да замана ерекшелігі.
Сыртқы, қандай да билік пен күшке жалтақтамайтын тәуелсіз ұлыс шегінде бұрнаға жалғас, сонымен қатар, өзіндік өкім жүйесі қалыптаса бастамақ. Және уақыт озған сайын азды-көпті өзгеріске түсіп, жетігіп отырмақ. Жошы ұлысының басқару жүйесі, әсіресе алғы кезеңге орайлас мағлұмат тым тапшы. Негізгі деректер – Өзбек хан заманына қатысты. Соның өзі там-тұм ғана. Осыған қарамастан, кейінгі заман тарихшылары мемлекет­тің ішкі және сыртқы сая­сатының барлық замандағы өміршең тұрақтылығымен қатар, ұтымды сыпат­тарына айрықша назар аударған. Ұлыстың күш-қуаты ғана емес, ел басқару жүйесінің орнықты, тиімді жағдайына байланысты.
Ұлұғ Ұлыста ханға жалғас ең ғұзырлы тұлғалар – қарашы бек аталады. Бізге мағлұм әдебиет­те алғаш рет Төле-Бұқа ханның тұсында көрініс берген. Өзбек хан заманындағы нақты деректер бойынша, қарашы бектердің тұрақты саны – төртеу. Бұлардың ішінде ғұзыры артығы – беклербек, немесе ұлұғ қарашы бек аталады. Яғни, бектердің бегі, ең үлкен бек. Қазіргі тілмен айт­қанда, премьер-министр. Мемлекет басқару істеріндегі ханнан соңғы ең дәрежелі тұлға. Ұлыстың сыртқы сая­сатына тікелей жауапкер. Сонымен қатар, қарулы күштер – әскер ісіне де қатысты. Үлкен жорықтарда кейде ханның орнына бас қолбасы.
Беклербекке тетелес, екінші дәрежедегі ұлық – уәзір аталады. Ұлыстың барлық ішкі істерін басқарушы. Және қазынадар. Келесі екі қарашы бектің өздеріне тиесілі құқұғы мен өкімі болса керек. Бұл төрт қарашы саны мол, қуат­ты, немесе қатардағы кіші рудан шыққанымен, атаулы бір ру, тайпаның өкілі саналмайды, жалпы жұртқа ортақ, бүткіл ұлыстың төбесінен қарайтын әмір тұлғалар есепті. Яғни, ұлыстағы төрт қарашының өкімі – төрт рудың үстемдігі емес. Әлбет­те, әрқилы жағдайға байланысты, бұлардың орындары жаңарып, ауысып отыруы ықтимал. (Қарашы бектердің төрт тірек – ең негізгі рулардан тағайындалуы – кейінгі замандағы Қырым және өрісі шектеулі Қасым хандығына ғана тән құбылыс.)
Қарашы бектерге жалғас – диуан аталатын ұжымдық құрылым бар – Хан кеңесі. Бұл да тұрақты мекеме есепті. Күнделікті емес, қажет­ті уақытында жиналып, ағымдағы жағдаят­тан туындаған әрқилы маңызды мәселелерді талқылап, тиісінше шешім қабылдап, немесе ұсыныс айтып отырса керек.
Осы төрт қарашы мен Хан кеңесінен де жоғары, тіпті, Шыңғыс хан тұсында өкілет­ті қағанның өзінен де артық саналған, бүкілхалықтық құрылтай бар. Топыр жиын емес, осы халықтың ой-тілегі мен мүддесін алға тартуға тиісті таңдама тұлғалардың атаулы кеңесі. Дәстүрлі құрылтайларда бүткіл ұлыс үшін шешуші мәселелер қарастырылған: жаңа бір ханды таққа көтеру, сыртқы үлкен соғыстар жөні, ішкі жағдайға байланысты маңызды жағдаят­тар. Ұзақ уақыт билік құрған Өзбек ханның тұсында құрылтай дәстүрінің мән-мағнасы кемігені байқалады. Аса сирек, онда да шарт­ты түрде өткеріліп отырған сияқты. Ал Жәнібек хан тұсында жоққа жақындаған. (Кейін, Бердібек хан тұсында және оған жалғас Бұлғақ кезінде мүлде ескерусіз қалады. Қолы ұзынның бәрі, уақытша болса да таққа жетіп жатқанын көреміз және құрылтай атаулы ел басқару жүйесінен біржола шығарылған. Яғни, ұлыстың азып-тозуының нақты көрсеткіші.)
Iшкі шаруа­, тұрмысқа қатысты, күнделікті дау-дамайларды шешетін қади (қази) бар. Әрине, ендігі мұсылман дінді қауым үшін. Ал әзірше ата-баба салтында отырған жұрт талабын бұрнағы жарғышы атқарады. Бұл екеуі де ең елеулі шаруа­лармен айналыспақ. Осыған орай қази мен жарғышы міндет­тері жергілікті жерде өз ретімен шешілсе керек. (Бұл ескілікті жарғышы мәртебесі қазақ арасында Абылай хан заманына дейін сақталған.)
Бүткіл Алтын Орда Оң қанат, Сол қанат – Ақ Орда мен Көк Ордаға жіктелді, дедік. Ішкері жүйенің ең үлкен межесі. Бұған жалғас әрбір қанат тағы да Оң мен Солға айрылады. Һәм басқа да әрқилы әкімшілік бірліктер. Және бұл – ортақ сыпат­ты, қалыпты бөлініс емес. Екі Орда шегінде де Шыңғыс хан–Жошы хан әулеті – Алтын-ұрық өкілдерінің жекелей иеліктері бар. Мәселен, Шибан әулетінің, Тоқай-Темір әулетінің, Ұдұр, Шыңқұм және басқа да оғлан, яғни ханзадалар тұқымының, өзара біршама дербес, кіші ұлыстары. Сонымен қатар, Ұлұғ Ұлыс ханына тікелей қарасты, тұтас патшалық деңгейіндегі Бұлғар мен Хорезм тұр. Және Еділ мен Таң бойындағы байтақ қоныстар. Бұл ірік құрылымдарды тақтағы ханның өзінің ең жақын туыс ұлықтары басқармақ. Сондай-ақ, үлкен қалалар мен елеулі кент­терді қарашы бектерге бағынышты даруға-бектер басқарады. Ал далалық аймақтар атаулы түмендерге бөлінген. Түмен есебінде шамамен бір түмен әскер шығара алатын халқы бар аймақ, мұндағы түменбегі, әдет­те жауынгер қолбасы, бұлар да далалық аристократия өкілдері. Өзбек ханның жұртында, Жазғы жайлау тойын көрген Ибн Батута осы мерекеге он жеті түменбегі келгенін атап жазған. Бір жүз жетпіс мың әскердің басшысы. Алайда, Өзбек ханның жарақты әскерінің жиын саны бұдан әлдеқайда көп, деп ескерткен. Яғни, тағы қаншама түмен бар. Парсы деректерінде әр кезде, Иранға қарсы жорықтарға екі жүз, үш жүз мың әскер қатысқаны айтылады. Бұл заманда Алтын Орда қарулы күштерінің жинақты саны отыз түменнен әлдеқайда артық болғаны аңдалады. Соншама мол әскер. Белгілі деректерде Ұлұғ Ұлыста әрқайсы отыз мыңдық жасақ жабдықтай алатын бес-алты тұлға болғаны атап көрсетілген.
Қайткенде, Шыңғыс хан дәуіріндегі дәстүр бойынша қалыптасып, кейінде уақыт ыңғайы, жаңа бір жұрт­тар, оның ішінде мұсылман елдерінің жекелеген жаңалықтарын қабылдаған Алтын Орданың мемлекет­тік құрылымы, ел басқару тәртібі өзіндік ерекшелігімен қоса, заманына сай, мейлінше ұтымды және өміршең жүйе болғанын көреміз. Әлбет­те, Алтын Орда – ең алдымен әскери держава. Алайда, бары мен байлығының негізгі ұйытқысы – атаулы жорықтар түсімінен тысқары. Десе де, бүткіл шаруа­шылық жүйесі, халқының өткені мен болашағы – ұлыстың қарулы күштерінің қуатына байланысты болатын. Жекелік сыпат емес, сол замандағы барлық жұрт­тың басындағы жағдаят.

ХАЛЫҚ

Біз бұдан бұрын, «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясында байыптап жазғанымыздай, Екінші Түрік қағанаты біржола ыдырағаннан соң, ІХ-Х ғасырлар шегінде, байырғы қауымның үлкен бір топтары Алтайдан асып, бұрнағы Бірінші Түрік қағанаты және кейінгі Батыс қағанат иелік еткен байтақ өлкеге қарай, ілгерінді-кейінді, лек-легімен төңкерілді. Кейбірі, атап айт­қанда, оғұз текті түріктер қазіргі Қазақстан шегінде тым ұзақ тұрақтай алмай, көш жөнімен, әрі кейінгі ағайындардың тепкінімен, одан әрмен – түстік-батысқа ауды. Ал екпіні қат­ты қыпшақ тайпалары әуелде Ертіс бойында күш жинап, одан соң Сыр өңірін басып, ақыры Жайыққа жетеді. ХІ ғасырдың басында Еділден асыпты. Яғни, Шығыс Еуропа шегіне шықты. Бұл Батыс өлке, бағзы дәуір – ІV ғасырдан бастап, түрік текті Ғұн жұрты иеленген, жалғас замандарда кезегімен, Бұлғар қағанаты, Хазар қағанатының ордалы жұрты мекен еткен қоныс болатын. Енді жігерлі, қуат­ты Қыпшақ көп ұзамай-ақ туыстас хазарды жусатып, ол да аталас ағайын бешенекті тықсырып, жайқын Еділ бойын, Терістік Қапқаз, Қара теңіз жағалауы, Дон – Таң-дария алқабы, Днепр – Үзе-дарияның сағасын басып, көп ұзамай-ақ, 1055 жылы Киев Русінің шегіне жетеді. Әуелгі бейбіт көріс көп ұзамай-ақ тынымсыз соғысқа ұласыпты. Қыпшақтар 1061 жылы алғаш рет Орыс әскерін қырғынға ұшыратады. Бұдан соң, кезек-кезегімен, 1068, 1078, 1093, 1094 жылдарда үлкен жеңістерге жетіп, орыс кінәздіктерін мүлде бұқтырып тастайды. Сөйтіп, батыс бағдарында тынымсыз жылжып, айналасы отыз-қырық жыл ішінде Туна-Дунай дариясының етегі, Қарпат тауларының құламасына дейінгі ұлан-байтақ қонысты еркін баурапты. Есебі, Шығыста – Ертіс өзенінен тартып, Батыста Шығыс Еуропа құрылығының көпшілік бөлігін қамтып, бүткіл дерлік Еуразия өлкесін біржола иеленеді.
Сөйтіп, тіл тұрғысынан алғанда қыпшақ тобына жататын, Хиңган тауларынан басталып, Қарпат жотасының етегіне дейінгі, көз жеткісіз ұлан-байтақ қонысты тұтасымен қамтып отырған түрік қауымы екі үлкен супер-этникалық топқа жіктеліпті: Ертістен Туна-Дунайға дейінгі аралықтағы туыстас ру-тайпалар жалпыға ортақ қыпшақ атауында, кейінгіше айтсақ, қыпшақ-түріктер; ал Қара-Жидұң, ендігі Хиңган жоталарынан Ертіс өзеніне дейінгі аралықты жайлаған түрік ру-тайпалары – татар атанды, қазіргі тілге көшірсек, татар-түріктер. Бұл татар-түріктердің бар болмысы дерлік бұрнағы Қытай тарихына қатысты әдебиет­те, соған орай, кейінгі әлемдік тарихта тәуір таңбаланған. Сондай-ақ, Батыстағы қыпшақ-түрік жағдайы да біршама мағлұм.
Екінші қағанат­тан соңғы заманда шығыс тараптағы түрік-татар жұрты қисапсыз шырғалаңға ұшырады, алысты, айқасты, қанға бөкті, қайткенде өзінің елдік дәстүрінен айрылмады, ерлігі шыңдала түсті, әйтсе де, біртұтас мемлекеті жоқ, бытыраңқы күн кешті, осының зардабынан және іргелес көршінің басым қуаты мен зымиян сая­саты нәтижесінде, айрықша жапа шегіп жат­ты.
Батыс тарапта мұншама кемшілік болмады, алайда, қыпшақ-түрік қауымы екі-дай күн кешті, Шығыс Дәшті, яғни бүгінгі Қазақстан шегіндегі жұрт өзінің елдігін сақтағанмен, түстік-батыстағы Хорезм патшалығымен күрделі қатынаста болды, кейде қастас, кейде достас дегендей. Ал Еділдің арғы бетіндегі жұрт мүлде азат күн кешкенімен, ортақ өкімге тоқтаған біртұтас мемлекет ретінде ұйыса алмады. Соған қарамастан, кейінгі заман тарихшылары таң қалған жағдаят – екі тарап Дәштінің әрқайсы өзінше, біртұтас, берік құрылым ретінде күн кешті. Халық санасында алалық жоқ, хан атаулы еншілі жұртына дербес иелік еткенімен, өзара талас, қырқысы болмады, – бұл сөз әсіресе, Батыс Қыпшаққа тиесілі, – елдің сыртқы жұрт­тармен қатынасы ортақ деңгейде, жауға қарсы қосыла ат­танады, қорғаныс та өзара келісімді. Сөйтіп, өз заманында төңірегі түгел таныған, әскери қуаты ғана емес, тіршілік кебі мен мәдениеті де жоғары, қоғамдық құрылымы өміршең, саны мол қыпшақ қауымы Еуразия құрылығының ең бір құйқалы, ұйықты орталығын берік иеленді. Қыпшақ есімі әлемге әйгі болды, қыпшақ тілі – Шығыс Еуропа мен Жоғарғы Азияда халықаралық қатынас тілі ретінде танылды. Біртұтас мемлекет құрмаса да, бірлігі күшті, ұжымы берік қыпшақ-түрік жұрты шалқып-толқып отырған.
Міне, енді арада қаншама заман өткенде Шығыстағы татар-түрік қауымы көтерілсін. Ұлы жихангер Шыңғыс ханның жұлдызы жанды. Бар жұртының басын қосып, жауынгер жаңа ұлыс құрды. Ел-жұртының болашағына қатер Шүржен-Қытай империясын қирата жеңіп, енді өмірлік екінші мұраты – бүткіл Еуразия өлкесіндегі киіз туырлықты барлық жұрт, яғни, түрік текті көшпенді ру, тайпалардың басын қосып, қазіргіден де қуат­ты мемлекет құрамында ұйыстыру мақсатына тікелей бет бұрады. Енді Шығыс Дәштіні үлкен ұлыс құрамына икемдейтін барлау жорығын үлкен ұлы Жошыға міндет­тесе, күтпеген жағдайда Хорезм соғысы басталған кезде таңдама екі қолбасшысы Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұрды Қапқаз асырып, Батыс Дәштіге бағыт­тайды. Ақыр түбі, Бату-ханның Шығыс Еуропа майданынан соң, бүткіл Дәшті-Қыпшақ – Ертіс өзенінен Туна-Дунай дариясының етегіне дейінгі, Жошы ұлысы аталатын, сол заман тарихшыларының тілімен айт­қанда, ұзыны – сегіз айлық, көлденеңі – төрт айлық, ұлан-байтақ, жаңа бір құрылымға айналғаны белгілі.
Әуелде алалыққа тартуы мүмкін, және ақыр түбінде бірлікке бастайтын екі түрлі жағдаят бар екен. Қайткенде, әрқайсы өзінше тіршілік кешіп жатқан, іргесі бөлек екі жұрт; сонымен қатар, түп тамыры ортақ, осыдан үш ғасыр бұрын біртұтас мемлекет – Екінші Түрік қағанатының құрамында ұйысқан, ағайындас қауым. Кейінгі заман тарихшылары айтып жүргендей, мүлде дерлік бөтен емес. Алшағы бар, бірақ жақындығы көп артық. Түр-тұлғалары ұқсас. Әдет-ғұрыптары үйлес. Тілдері бірегей, тек диалектілік айырым ғана болуға тиіс, соның өзінде, кейінгі терминологияға жүгінсек, түрік тілінің бірегей қыпшақ тармағы. Сондықтан да, екі ұрпақ алмаспай, яғни арада отыз-қырық жыл өтер-өтпесте, бүткіл Жошы ұлысы шегіндегі түрік текті қауым іргесі берік, біртұтас халыққа айналады.
Сол замандағы белгілі тарихшы әл-Омаридің айтыла-айтыла әбден таптаурын болған әйгілі сөзі бар:
«Ескіде бұл мемлекет қыпшақ жұрты болатын, алайда, Татарлар келіп иеленген соң қыпшақтар солардың боданына айналды. Осыдан кейін бұлар өзара араласты, туыстасты және татардың табиғи һәм нәсілдік қасиетінен қыпшақ топырағы басым шықты да, моғұлдар дәп қыпшақтар сияқты болып кет­ті…» – деген.
Мүлде дерлік жаңсақ лепес. Шығыстағы, татар аталған түрік қауымы мен Батыстағы қыпшақ-түріктерді мүлде бөтен, екі халық деп таныған үстірт ұғым көрінісі. Бүгінге дейін сол қалпында, айнымас шындық ретінде қабылданып келеді.
1
Айт­тық, Ертістен Дунайға дейінгі байтақ алқап, Еуразия құрылығын тұтастай дерлік қоныстанған түрік текті қауым – қыпшақ атанды. Бұл деген – бүткіл Дәшті-Қыпшақ өлкесін бір ғана ру, бір ғана тайпа иеленіп отыр деген сөз емес. Бағзы заманда кез келген құрама бірлестік осы топтағы ең басты, жетекші қауымның есімімен аталмақ. Сол сияқты, Eуразия қыпшағы да жалпы жұрты әрқилы, бірақ өзара туыстас ру-тайпалардың ұйысқан одағы болатын. Бұл рет­те арғы дәуірден жеткен мағлұмат шамалы, кейінгі заманның өзінде нақты деректер там-тұм. Әйткенмен, сол азғана барды алға тартайық.
Біз 2008 жылдан бастап таңбаға түсіріп, 2011-2015 жылдарда Алматыда басылып шыққан, 2020 жылы Америка Құрама штат­тарында қайыра жарияланған «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясының Үшінші кітабында бұл тақырыпқа арнайы көңіл бұрған едік. Өзімізді өзіміз тұтастай қайталамас үшін, мейлінше қажет­ті азғана дәйектеме.
Қыпшақ бірлестігінің құрамы туралы араб деректері (ан-Нувайри, Ибн Халдун), жинақтап келгенде, он төрт ру, тайпа атауын келтіреді. Санамалап айтсақ: анджоғлы, бурджоғлы, бурлы, джерсан, джузан, дурут, елбури, йета, котян, кунун, қалабаалы, қанғуоғлы (қанғароғлы, қаанарлы), қарабароғлы (қарабирикли), тоқсоба… Бұл тайпалардың кейбірі әлденеше рудың құрамасы екені байқалады, мәселен, тоқсоба – тоғызоба, яғни тоғыз ру, тоғыз ата, йета (орыс жылнамаларында йетоба) – жеті ру, дурут – төрт [ру]; бұлардың ішінара бөлінісі белгісіз. Осы түзімдегі қарабароғлы (қарабирикли) – орыс жылнамаларында ұшырасатын «черные клобуки» – кейінгі қарақалпақтың арғы атасы саналады, шындығында, қарабөрік (кейінгі албан қазақтағы қызылбөрік, қоңырбөрік кейіпті) аталған, басқа бір ру, ал бурдж (оғлы) – беріш, қаңғуоғлы (қаңғароғлы, қаанарлы) – қаңлы, жалпы түрік қауымына мағлұм этноним. Басқа да араб таңбалы атауларды түрки негізіне жақындатсақ: бурли, елбури – бөрлі, елбөрі, бәлкім ал-бөрі (қызыл бөрі, қызылқұрт), есім атаудың түбірі «бөрі», ежелгі тотем негізінде; бұдан соңғылары: анжыоғлы, жерсан, жусан, күтен, құнан; күтен – Қыпшақ қана емес, Татан тарабында да жиі кездесетін есім, яғни мұндай ныспылы рудың болуы да табиғи; құнан – арғы Ғұн заманынан белгілі ру, жусан – қазақ керей шежіресіндегі арғы бір ата, ал жерсан – осы жусанның басқашарақ таңбаланған нұсқасы деп шамалар едік; анжыоғлы есімінің түбір тегі анжы этимологиялық тұрғыда әрқилы талдануы мүмкін, жорамал жасамай-ақ қояйық, анығы – сондай бір ру болыпты.
Атап айтарлық жағдай, бұл ру, тайпалардың барлығы да Батыс Қыпшаққа қатысты. Ал Шығыс Дәштідегі қауым құрамы туралы дәйекті мағлұмат жоқ. Тек Хорезм тарихы және кейінгі Сартауыл соғысына байланысты ескерткіштерде ара-тұра жекелеген рулар есімі ұшырасып қалатыны бар. Мәселен, жалпылама қыпшақ атымен қоса, қаңлы, йемек, баяуыт, ұран дегендей. Әлбет­те, Алтын Орда заманы, одан кейінгі қазақ және башқұрт, қарақалпақ, ноғай, өзбек халықтарының этникалық құрамын бұрнағы, Татан Даласынан өрбіген ру, тайпалар қатарымен салыстыра келе, Шығыс Дәштінің тума жұртының негізгі тармақтарын нақты айғақтауға болар еді, бірақ одан ештеңе өзгермесе керек, ең бастысы, бұл замандағы Қыпшақ – осы, ат­тас тайпа бастаған түрік руларының жиынтық көрініс, ортақ атауы екендігі.
Осы орайда, қимақ-қыпшақ тарихын зерт­теген қазақ ғалымы, арабист Болат Көмеков ғылыми айналымға түсірген нақты бір деректі келтіре кетейік. Бүгінгі Қазақстан шегінде жасаған шығыс қыпшақтары он алты тайпадан құралған екен. Атап айт­қанда, орыс тілді еңбектегі транскрипиясы: борилу, токсоба, йетиоба, дуртоба, ал-арс (ал-ас), бурджоглу, манкуроглу, йимек, таг, башкурт, куманлу, базанак (баджанак), баджана, карабориклу, уз, джортан.
Кирилл жазуында жоқ, бірақ арабқа және түрік-қазақ тіліне бейім дыбыстық таңбаға түсірсек: бөрілі, тоқсоба (тоғызоба), йетиоба, дөртоба, ал-арыс (ал-ас), бөрджоғлы, манкүроғлы, йемек, тағ, башқұрт, құманлы, бешенек, баджана, қарабөріклі, уыз, жортан… болып шығады.
Әрқилы және біршама күрделі құрылым. Бұл арада қыпшақ бірлестігінің құрамындағы башқұрт пен бешенек және уыз андағайлап тұр. Башқұрт – сол кездің өзінде бүгінгі есімімен, негізінен қазіргі Башқұрт автономиялық республикасының шегінде жасап жатқан ағайын жұрт. Бешенек (және қатарлас жазудағы баджана) – бұл кезде негізгі тобы Еділден асып кеткен бешенектің сарқыны, сондай-ақ уыз да қыпшақ тепкінімен түстік-батысқа ауған оғыз тайпаларының шағын бөлшегі (атап айтарлық бір жағдай, қазіргі қазақ ішінде байырғы оғыздың әйгілі ақ-қойлы, қара-қойлы руларының өз есімдерімен сақталған жұрағаты бар).
Бұл арада араб деректері жекелей атамаған, сол бір тұста Қыпшақ одағының құрамында саналған үлкен бір тайпа – қаңлы. Енді «Шыңғыс хан» кітабынан амалсыз тағы бір үзік.
Егер қаңлы – бұрнағы тарихи әдебиет­тегі кангюй-қаңғардың жалғас бір бұтағы деп білсек, ІХ ғасырдың орта шенінде Оғұз ұлысынан жеңіліп, Сыр-дария бойынан айрылғаннан кейін солтүстік-батысқа қарай ығысып, Арал теңізінің терістігінен Жайыққа дейінгі аралықта жаңа қоныс тапқан болады. Әлбет­те, оғұз бодандығын қабылдауға тиіс. (Қаңғардың тағы бір, басы асау бұтағы бешенектер Еділден өтіп, Оңтүстік-шығыс Еуропаға жеткені белгілі.) Бұдан соңғы кезеңде қаңлының Оғұз ұлысын қиратқан Қыпшақ бірлестігінің құрамына енуі – табиғи жағдай. Сонымен қатар, ескілікті тарихи жазбаларда Хорезммен іргелес қыпшақ пен қаңлының ара жігі анық ажыратылмайды. Ендігі қаңлы – қыпшақ есебінде, баз-базында ғана дараланып аталады. Соған орай, кейінгі байыпты зерт­теулердің өзінде, мәселен, Бартольдтың «Түркістан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» ат­ты классикалық, түбегейлі еңбегінде қаңлы және қыпшақ этнонимдері өзара синоним ретінде қолданылған. Тағы бір ескеретін жағдай, бұрнада дербес, әлі де елеулі тайпа қатарындағы қаңлының өзінің құрамы да әр текті; туыстас түрік руларының біразы қыпшақ ішіндегі қаңлы атымен жүреді.
Дәшті-Қыпшақ… Шетсіз, шексіз байтақ жер. Осы құт­ты қонысты еркін жайлаған, сол заманның есебінде қисапсыз қыпшақ жұрты.
Шығыстағы, бұрнада Екінші Түрік қағанатының құрамында ұйысқан, кейінде Еке Моғұл империясының аумағында тоғысқан ру-тайпалар жөні бар тарихта кеңінен мағлұм. Біз аталмыш «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясының алғаш 2011 жылы жарыққа жеткен Бірінші кітабында Татар даласын жайлаған, түгелдей дерлік түрік текті, үлкенді-кішілі, жетпістен астам ру-тайпаны жекелей айғақтап, тиісінше сыпат­таған едік. Ежелден мағлұм ең негізгілері: керей, найман, меркіт, татар, жалайыр, қоңырат, таңғұт, қият… болып кете береді. Шыңғыс хан айдынды туын көтерген Еке Моғұл ұлысында осы ру-тайпалардың барлығы да өз орнын тапты. Және қадарынша әскер құрамаларын түзді.
Ұлы қаған жиыны тоқсан бес түмен негізгі қарулы күштермен қатар, уақыт оза келе, анасы мен інілеріне және атаулы төрт ұлға жекелей енші – қаншама шаңырақ және осыған орай әскер бөліп берген еді. Үлкен ұл – болашақ Батыс өлкенің әмірі Жошыға әуелде төрт мың аламан атайды. Мүңгүр-ноян бастаған бір мың сижуыт, Құтан-ноян бастаған бір мың кеңгіт, Қаушытай-ноянның қаушын мыңдығы және тағы бір мың қаушын, мыңған нояны – Байқы. Бұл – Рәшид-әд-Дин дерегі. Қайталап айтайық, әуелгі бөліс еншіде. Бұдан соңғы кезеңде Жошының үлесі қалған ұлдардан артық – тоғыз мың шаңыраққа жеткен. Тәрізі, әуелгі төрт мыңмен қосып есептегенде. «Қастерлі шежіреде» Шыңғыс хан өз аузымен үш қолбасыны нақты атайды: Құнан, Мүңкеуір және Кете. Кенегес Құнан – ел айрылған түнгі көштен бастап Шыңғыс хан жағында; Кете – қоңырат, алғашқы әскер құрылымында таңдама мыңған нояндар қатарында. Мүңкеуір де сол бастапқы тоқсан бес мыңған ноянның бірі. Сонымен, Жошының ғұзырындағы әуелгі жеті қолбасы: Мүңгүр-ноян, Құтан-ноян, Қаушытай-ноян, Байқы-ноян және Құнан, Мүңкеуір, Кете. Қалған екі мыңдық басшыларын Лубсан Данзанның «Алтын тобшысынан» ұшыратамыз, бұлар – Құқұн-ноян (Құқұ-ноян) мен Мүңгету-бахадұр. Шыңғыс хан Жошының ғұзырына тапсырар кезде әрқайсына арнайы мадақ сөз айтып, міндет­теме жүктейді. Бөртенің туған бауыры, Қоңырат Құқұ-ноянға: «Бұлыңғыр күндерде қасымда болдың, белің бүгіліп, басың ағарғанша қызмет қылдың, енді Жошының ордасының жел жағындағы туырлығы бол» десе, қият Мүңгету-бахадұрға: «Арғымақты бұғалықтар ұзын құрығым едің, бұдан былай Жошыға сүйеніш бол, темір үзеңгіге шіреніп, ер үстінде берік отыр», – деп шығарып салады. Сонымен, жиыны тоғыз қолбасы – тоғыз мың аламан деп қойыңыз. Оныншы мыңдық – әуелден-ақ Жошының тікелей қарауындағы арнайы жасақ болуға мүмкін. Қайткенде, тоғыз мыңның өзі – тұтас бір түмен есепті. Шыңғыс хан үлкен ұлдың меншікті әскерінің түмен бегі ретінде, «Бауыршы мен Мұқалы нояндарға, Додай мен Доқолқұ шербилерге қатарлас», талай сыннан өткен байырғы қолбасыларының бірі Құнан-ноянды бекітеді. Сонымен, атаулы еншінің бас-аяғы жинақталады. Тоғыз (он) мың шаңырақ – кемі елу мың жан. Жошы ұлысының әуел бастағы берік ұйытқысы.
Уақыт оза келе, Ұлы Хорезм империясы біржола қирасын және бүткіл Шығыс Қыпшақ – мекенді жері, барлық халқымен Еке Моғұл империясының құрамына қосылсын, соған орай енді Батыс өлкеге біржола аяқ салу күн тәртібіне қойылды. Шыңғыс хан белгілеп, міндет қылып кеткен ұлы жоспардың алғашқы бір қадамы ретінде Өкетай қаған Қыпшақ, Бұлғар шегіне Көгедай-ноян бастаған үш түмен жібереді. Әлбет­те, Түпкі жұрт­тағы байырғы халық есебінен. Көп ұзамай, Бату ханның Шығыс Еуропа жорығы басталды. Әуелгі, шешуші жеңістерден соң Күйік ханзада мен Төле ханзада елге қайт­ты. Майдан соңында тағы бір-екі түмен.
Сонда… Батыс жорығына қатысқан империялық арнайы әскердің бұрнада кері оралғаны бар, ақырында көп аялдамай, қайтып кеткені бар, Бату хан Қыпшақ жеріне біржола оралған 1243 жылдың көктемінде Жошы ұлысының дербес туы астында 45-50 мың аламан қалды деп байыптар едік. Баяғы Көгедей-ноянның үш түмені, бұрнада Жошының еншісіне бөлінген бір түмен – соғыс шығындарын ескерсек, шамамен 35 мың әскер. Ұлыстың ең әуелгі берік ұстыны. Бұған қоса, қара орман халқын айтпағанда, осы бастапқы кезеңде Батудың байрағы астына топтасқан Шығыс және Батыс Қыпшақтан жасақталған тағы қаншама мың аламан. Бәрін қосқанда, жиыны бес-алты түмен. Алтын Орданың кейінгі қуатына негіз болған қарулы күштері.
Орталық Еуропа майданының қызу кезеңінде және одан соңғы жылдарда нәсіл-тегі түпкі жұрт­тан таралатын әскер саны басым болғаны аңдалады. Оның ішінде арғын, найман, мың, құсшы, үйсін, қоңырат, керей, барлас, оғұз, бұйрақ жасақтары таңбаға түскен. Мәселен, Орталық Еуропа жорығынан қайтып оралған соң Бату осы майданда жақсы танылған інісі Шибанға он бес мың шаңырақ – найман, құсшы, қарлұқ, бұйрақ жасақтарын қосып береді. Қызметі жаққан екінші бір інісі Тоқай-Темірге қаушын, мың, тархан, үйсін, ойрат руларынан құралған әскер бөліпті. Бұл – нақты сақталған жекелей деректер ғана. Сондай-ақ, осы және жалғас кезеңде Жошы ұлысы әскерінің қатарында қоңырат, жалайыр, найман, үйсін, күрлеуіт, бесүт, кердері руларының өкілдері де болғаны мағлұм. Есебі, шығыс түрік тайпалары Бату ханның Батыс жорығына дейін-ақ Жошы ұлысының құрамына көптеп қосылды деген сөз.
Әйтсе де, Жошы ұлысының алғашқы кезеңінде жергілікті Қыпшақ қауымының үлес салмағы еселеген артық болуы табиғи жағдай. Осыған орай, уақыт озған сайын, жаңадан қатарға қосылатын қыпшақ жауынгерлерінің саны да көбейе түскен. Сонымен қатар, тыныштық заманда соны, абат мекенге арт­тан тағы қаншама жұрт үздіксіз көшіп келіп жатуы тағы күмәнсіз. Көп ұзамай-ақ, Жошы ұлысының қарулы күштерінің жиын саны жүз мың, жүз елу, екі жүз мыңға жетпек. Сан ғана емес, сапа. Ендігі Алтын Орданың айбынды әскері. Дәшті-Қыпшақтың байырғы жұртының үстіне, қиырдағы Татан даласынан қоныс аударған Шығыс түріктерінің есебінен. Белгілі түріктанушы С.Кляшторный мен танымал қазақ тарихшысы Т.Сұлтановтың «Государство и народы Евразийских степей» («Eуразия даласындағы мемлекет­тер мен халықтар») дейтін тарихи зерт­теу кітабында ХІІІ-ХІV ғасырлар мұғдарында Алтын Орда шегінде жасаған ру-тайпалардың жинақты, толық тізімі жасалған екен. Түрік-қазақша дыбысталуы бойынша, әліпби ретімен айт­қанда:
алтын, арғын, ас, барақ, барын, барлас, бақрын, башғырд, бұйрақ, бүркіт, бурджоғлы, жалайыр, жүркін, дүрмен, ішкі, ішкі-байри, йеджен, йесүт, йеті мың, қаанбайлы, қарлұқ, кенегес, керейт, кеңгіт, қыпшақ, қоңрат, қият, күйін, күрдер (кердері), күрлеуіт, құсшы, мажар, маңғыт, мәсіт, меркіт, мың, найман, оғұз, ойрат, салор, сарай, сижуыт, таймас, таңғұт, тархан, татар, тілі-мың, тубай, тубай-тұман, тұман, тұман-мың, ұйғыр, үйсін, өкіреш-найман, отаршы, қытай, қаушын, чат, чинбай, чубурған, шадбақлы, шұңқарлы.
Осы арнайы тізімнен соң, біздің шынында да білгір авторларымыз: «Бұл арада моңғол атаулы тайпалардың соншама көптігіне қысылып та, таңырқап та қарамауға тиіспіз, мұның мәнісі, әрине, ең алдымен моңғолдар қыпшақ даласындағы тюрк әлемінде билеуші қауым болды және Жошы ұлысы әскерінің ірік, пұрсат­ты бөлігін құрады», – дейді. Атап санамаса да, бұл «моңғолдар» кім екені андағайлап тұр, бұлар – шығыс тарап, ежелгі түрік қонысы Татар даласынан келген: алтын, арғын, жалайыр, кердері, қият, керей, қоңырат, маңғыт, найман, татар және осы қатардағы тағы басқа ру-тайпалар. Көңілге медеу бір жағдаят – осы «моңғолдар бұл кезде түрік этникалық бірлігінің қатарына қосылған» екен.
Бұдан бұрын да, кейін де жүз мәрте айтылып, мезі қылған, сорақы байлам. Біз де қаншама рет терістеме жасағанбыз. Бұл қағидат­тың түп төркініне бойласақ, қоңырат, найман, жалайыр, керей және басқа да қатарлас тайпалар әуел бас – Түрік қағанаты кезінде түрік нәсілді, түрки тілді екен. Алайда, қағанат құлағаннан соң, ХІ-ХІІ ғасырларда, Шығыстағы моңғол текті қидан өкіміне байланысты бәрі де ана тілін ұмытып, нәсіл тегін тәрік етіп, түгелімен моңғол болып кетеді. Әйтсе де, арада тағы бір-екі ғасыр өткенде, Алтын Орда, Шағатай ұлысы шегінде, мұндағы түрік текті қауымның басымдық жағдайында, қайтадан түрік шығады.
Қандай «ғажайып». Өзіндік мемлекет­тік жүйесі, дәстүр-салты, ана тілі бар, мәдени және рухани дамудың өз заманындағы жоғарғы деңгейіне жеткен, әлемдік дәрежедегі әдеби ұлы ескерткіштер туғызған, ерлігі кемел, саны мол, жүйкесі берік, мың жылдық тарих кешкен аталы жұрт – айналасы бірер жүз жыл ішінде, әуелі өз тамырынан айнып, ары қарай ауады, содан соң тағы да бір-екі ғасыр өтпей, кейінгі тұрғысынан жеріп, түп негізін қайта табады… Бұдан өткен сорақы болмас. Алайда, Еуропалық тарих ғылымы талассыз ақиқат ретінде қабылдаған. Анық осы тарауды дәйектеген, бірақ бұған дейін және кейін Алтын Ордаға, дара қазақ тарихына қатысты қаншама мағналы еңбек жазған Тұрсын Сұлтанов бауырымыз жаппай ағым арнасынан шыға алмапты.
Әйткенмен, осы арада жаңағы тізбеде аталатын, кейінгі қазақ халқының құрамына енген руларды жіктеп айталық: алтын, арғын, жалайыр, қыпшақ, қоңырат, қият, кердері, күрлеуіт, құсшы, меркіт, найман, үйсін, өкіреш-найман, қытай… Әлбет­те, түгелдей қамтылған толық емес.
Алтын Орданың ақырғы және біржола ыдырау кезеңі – ХV-ХVІ ғасырлар межесінде таңбаға түскен «Маджуму ат-тауарих», «Насаб-нама-йи узбек» және «Асами-йи наваду ду фирка-йи узбек» дейтін тарихи жазбалар бар. Түйіп айт­қанда, сол бір тұста жалпылама өзбек аталған Дәшті-Қыпшақ жұртының тоқсан екі тармақ тайпалық құрамы айғақталған. Әрқайсында тоқсан екі ру-тайпа аталатын үш нұсқаның өзара азды-көпті айырымы байқалады, алайда негізі ортақ. Енді осы ХV-ХVІ ғасырларда бүткіл Дәшті-Қыпшақ өлкесін жайлаған жүз қаралы атауды тұтасымен деректемей, негізгі бір тұрғыларына шолу жасайық.
Бұл тізбедегі, күні кеше ғана Алтын Орданың негізін ұстаған, жалғас қазақ халқының құрамында бүгінгі күнге жеткен саны мол, ең іргелі тайпалар, әліпби бойынша:
арғын, алшын, байұлы, жалайыр, кердері, керей, қаңлы, қоңырат, қыпшақ, найман, рамадан, табын, тама, телеу, үйсін;
және бір кездегі іргелі, кейінде қарасыны азайып, үлкен тайпалар құрамына қосылып кеткен рулар мен аталар:
байыс, болатшы, дейіт, кенегес, күрлеуіт, қалмақ, қатаған, қият, қоралас, құла[н]-аян, құсшы, қырғыз, қытай, мұғал (мұңал), маңғыт, меркіт, оймауыт, оңғыт, тоқа, шөмішті.
Сондай-ақ, бұл үлкен тізбеде ірі, елеулі, әйтсе де кейінгі қазақ құрамынан тысқары қалған, ортақ туыстас басқадай түрік қауымына қосылған тайпалар да бар, мәселен: арлат, барлас, барын, дүрмен, мүйтен, қарлұқ, қаушын, сижуыт, сұлдұс, шырын…
Тек бұл ғана емес, Шыңғыс хан заманынан мағлұм, кейінде Алтын Орда шегінде жасаған, алайда, жиын саны аз болғандықтан, жалғас ұрпағы басқалай, үлкенді-кішілі аталар арасына сіңісіп, есім-сойы мүлде ұмытылған аталар да ұшырасады:
бадай, жұрат, кеңгіт, қышлық, салжығұт, ұрұт, дегендей.
Рулар есебінде башқұрт атауы да жүр – тұтас бір халық. Керісінше, осы қатардағы: мажар, ойрат, түркмен, ұйғыр, таңғұт – сол жұрт­тардың өз тобынан ажырап кеткен әлдебір бөлшегі. Сондай-ақ, қырғыз да әуелде Жошының үлесіне берілген Кем-Кемжүт, яғни Енисей қырғызының үлкен тобынан бөлініп, жалпы дүрмекке қосылған жарықшағы.
Бір ескертпе – бұл «тоқсан екі баулы» тізбе Алтын Орда шегінде жасаған ру-тайпаны түгелдей қамтымаған. Бұған кейінгі қазақ, башқұрт, ноғай, қарақалпақ шежірелерінен нақты мысалдар келтіруге болар еді. алайда, біздің мақсат – ру тарихы емес, Еуразия шегінде жасап жатқан кейінгі түрік халықтары, оның ішінде қазақ жұртын құраған тайпалардың бәрі-бәрі Жошы ұлысы құрамында болғанын айғақтау ғана. Яғни, бүгінгі қыпшақ-түрік текті, туыстас ұлт­тардың Алтын Орда сияқты айдынды, алып мемлекет­тің тікелей мұрагері екеніне қосымша дәйектемелер.
Осы арада, қазақ үшін емес, іргелес ағайын, бүгінгі-ертеңгі, алыс-жақын оқырман жұртшылығымыз үшін, кейінгі қазақ халқын құраған рулар турасында азғана, үстірт мағлұмат.
Бүгінгі біртұтас қазақ халқы туыстық жөнімен емес, сая­си-жағырапиялық тұрғыда үш тармақ – үш жүзге бөлінгені мағлұм. Ру-тайпа жөнімен жекелей жіктесек:
Ұлы жүз: қаңлы, жалайыр, шанышқылы, сары-үйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, албан, суан, дулат;
Орта жүз: арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей, уақ;
Кіші жүз: әлім-шөмен (қаракесек, төртқара, шекті, қарасақал, кете, шәмекей), байұлы (шеркеш, есентемір, таз, ысық, адай, беріш, алтын, жаппас, тана, масқар, алаша, қызылқұрт), жетіру (кердері, телеу, жағалбайлы, рамадан, табын, тама, керейт.)
Үш жүз құрамындағы, дербес аталмайтын, бірақ арғы тарихтан мағлұм, кейінде шағын тармақтар есебінде үлкен тайпалар құрамына қосылып кеткен рулар жөні жоғарыда айтылды. Қандай да ру, тайпалардың құрамы мен қарасыны бір қалыпта тұрмайды, әрқилы тарихи жағдайлар нәтижесінде көбейіп, бөлшектеніп, немесе басқа бір рулар ішінде тіркелуі мүмкін. Шыңғыс хан заманы, одан кейінгі, күні кешегі рулар тағдыры мұның нақты айғағы есепті. Және бастапқы ақиқат шежіренің кейінде бұрмалануы тағы мүмкін. Бірақ туыстас қыпшақ негізді халықтардың барлығы да қарға тамырлы және өскен, өнген, немесе ойсырап азайған аталас қауым – баяғы Алтын Орда жұрты екені ешқандай күмән туғызбаса керек.
2
Алтын Орда шегінде, ұйықты орталық Дәшті-Қыпшақ өлкесінен тысқары, сонымен қатар, халқы жиын, шаруа­шылығы ауқат­ты екі уәлаят болды: Бұлғар мен Хорезм. Біз «Шыңғыс хан» тетралогиясының Үшінші кітабында (2014) байырғы Бұлғар мен Ұлы Хорезм туралы қажет­ті біршама мағлұмат келтірген едік. Енді, орайына қарай, азғана айғақтама.
Жошы ұлысының құрамына ұлы қағанның өзі бұйырған Терістік Хорезм – Орталық Азиядағы ежелгі бір құт­ты мекен, исламның алғашқы ғасырларынан бастап-ақ, бүткіл төңірегімен мұсылманшылық жолын таңдаған, Х-ХІ ғасырлардың өзінде әлемдік ғылым-білімге айрықша үлес қосқан, мәдениеті жоғары, абат өлке болатын. Шыңғыс ханның екпінді, жеңісті жорығы кезінде үлкен күйзеліске ұшыраған, бірақ осы ғаламат шапқынға жалғас алғашқы жылдардың өзінде айрықша көңіл бөлініп, тезінен оңала бастаған екен. Ойсырай азайған тұрғын халық бейбіт өмірге бет қойғаны туралы нақты деректер Дао сопысы, данагөй Чаң-Чуннің саяхат жазбаларында көрініс тапқан. Бұдан соңғы кезеңде Хорезм Алтын Орданың ұйықты, құт­ты аймақтарының бірі болды. Әйгілі Ибн Бат­тута өзінің саяхат-нама кітабында бұл кезде Өзбек ханның ғұзырындағы байтақ Батыс Дәшті ғана емес, түстіктегі Хорезм өлкесі туралы да көптеген құнды мағлұмат қалдырыпты. Бұдан жүз жыл бұрынғы шапқынның елесі де аңдалмайды. Жарым әлемді еркін аралап, қаншама патшалық, сансыз жұрт­ты көрген Ибн Бат­тута Хорезм өлкесіне айрықша таң қалады. Қалалары сәулет­ті, халқы қисапсыз. Үргеніш сияқты орталық шаһарда базар күні еркін аяқ алып жүрудің өзі мүмкін емес, дейді. Шалқыған байлық, аста-төк көңіл күйі. Азық-түліктің молдығы, жеміс-жидек атаулының арзандығы, дәмі мен сыпаты. Бәрінен де ғажабы – тұрғылықты кісілердің жұғымды мінезі мен жомарт пейілі, депті.
Нәсілдік тұрғыдан алсақ, бұрнада Хорезм патшалығында түрік тектілер мен парсы тектілер аралас, тәрізі, тепе-тең жағдайда болса, енді Шыңғыс хан шапқынынан соң түрік жағы айқын басымдыққа жеткен сияқты. Алдағы бірер ғасырдан соң Солтүстік Хорезм біржола дерлік түріктенеді.
Ал сонау терістік бет – Еділ-Дарияға сол қабақтан Қама, яғни Ақ Еділ арнасы келіп қосылатын атырау мен тақау төңіректі түгел қамтып жатқан Бұлғар уәлаяты – VІІ ғасырда Қара теңіздің терістік бетінде қалыптасқан, айбарынан Византияның өзі ығып, арнайы салық төлеп тұрған қуат­ты Бұлғар ұлысының VІІІ-ІХ ғасырларда Хазар тепкінімен ыдырап, бір бөлшегі осы Еділдің жоғарғы бойлығына келіп орнығып, дербес патшалық құрған түрік текті халық болатын. Жауынгер, әрі еңбекшіл бұлғар жұрты нешеме ғасыр бойы, тақау төңірегімен тепе-тең жағдайда, өзінің тәуелсіздігін сақтап тұрды. 922 жылы ислам жолын таңдап, мемлекет­тік дін ретінде әйгілейді. Соншама заман бойы мәдениеті жоғары, әскери қуаты жеткілікті, өзгеше бір ұлыс болды. Хазармен жағаласып, Орыспен қаржысып, Қыпшақпен бітісіп, дербес тіршілік кешіп жатқан. Ақыры, Бату ханның Батыс жорығының алғашқы кезеңінде, 1237 жылы, қырғын ұрыстардан соң Жошы ұлысының құрамына қосылыпты. Орталық Еуропа майданынан қайтып оралған Бату хан әуелде осы Бұлғар жұртына келіп, алды-артын түгендейді. Бастапқы астана Бұлғар қаласы болды, ұлыстың ең алғашқы ақшасы да осы Бұлғарда шығарылады.
Жалғас заманда Ұлұғ Ұлыстың негізгі ұйытқысы – Еділдің төменгі ағысына үйірілгені белгілі. Алайда, Ежелгі Бұлғар қонысы Жошы ұлысының іргелі, құт­ты мекендерінің бірі болып қала берді. (Атап айтарлық жағдай – кейінгі татар, нақтыласақ қазан татары осы байырғы бұлғар жұртының негізінде қалыптасқан болатын.)
Енді Алтын Ордаға дейін Еуразия құрылығын тұтасымен дерлік қамтып отырған қыпшақ тайпасы туралы қосымша дәйектеме сөз. Шығыс Дәшті, яғни Ертістен Жайыққа дейінгі байтақ алқап – қазіргі Қазақстан жерінің негізгі бөлігі – Жошы ханзаданың 1218-1219 жылдарғы бастапқы жортуылы, осыған жалғас 1220-1221 жылдарда үлкен Хорезм майданының бір тармағы ретіндегі екінші жорық үстінде жекелеген келте қақтығыстар ұшырағанымен, негізінен ерікті, бейбіт түрде, яғни орынсыз қантөгіс, артық шығынсыз бағынышқа келді дедік. Ал Батыс Дәштіні жуасыту біршама машақатқа түскені мағлұм. Қалаусыз, бірақ қарсылықсыз бағыныш та жоқ емес, сонымен қатар, үлкенді-кішілі ұрыстар да өткеріліпті. Ең қиыны – қыпшақ жұртының елеулі бір бөлігі, атап айт­қанда Күтен хан бастаған 40 мың шаңырақ, шамасы 200 мың жан Батысқа – Мажарстан жеріне, бұл тарапта барақат таппаған соң Болғария шегіне ауып көшті. Қаншама шырғалаңнан аман өткен халықтың басым көпшілігі кейінде ата қонысқа қайтып оралғанымен, арыда қалғаны бар, өлім-жітімі мен ертелі-кеш қазасы бар, осы жиын жұрт­тың тең жарымы болмаса да, анық үштен бірі шығынға түсуі анық. Бұдан соңғы заманда, мұншама ауқымға жетпесе де, ел ауған босқынсыз, көлденең апатсыз болған жоқ. Есебі, кеудесі биік Қыпшақ жұрты бірталай зобалаңға ұшырады.
Қазіргі заманғы білгір маман С.Плетневаның зерт­теу нәтижесі бойынша Батыс қыпшақ жұртының жиын саны – 600 мың шамасында болған. Біз бұдан кемі – 150, әйтпесе 200 мың артық көреміз. Өйткені… Батыс Дәшті жеріндегідей тым жиын емес Шығыс қыпшақтары, өз ішінде қалғаны тұрыпты, құдандалы, одақтас, достық қатынастағы Хорезмге ешбір қиналмай-ақ, 100 мың, тіпті, одан да көп әскер беріп отырған.
Ал кейінгі Шыңғыс хан шапқыны кезінде хорезмшах үлкен, маңызды қалалар гарнизонына қыпшақтан он, жиырма мыңдап әскер бөлген, мәселен, тек Самарқанд қаласын қорғаушылар қатарында кәдімгі қыпшақтан тыс, жаппай қазаға ұшыраған 30 мың қаңлы болыпты. Яғни, Шығыс Дәштідегі ағайындас қауымның жиын саны – әскер мен қалған жұрт­тың ара салмағы бір де бес десек, бес жүз мыңнан әлдеқайда астам шығады.
Сонда, қалай кемітсеңіз де, екі тарап – бүткіл Дәшті аймағы – қыпшақ намындағы жалпы жұрт­тың жиын саны бір, тіпті бір жарым миллионнан әлдеқайда асып жығылмақ. Кейінгі әлейім-тәлейім заман нәтижесінде қаншама азайса да, сол әуелгі деңгейінен оншама кем емес. Айт­тық, Орта ғасырлар есебінде қисапсыз халық.
Ал Шығыстан төңкерілген түрік қауымының қарасыны қанша болды десек, оны да шамалауға мүмкін. Әуелде Жошының еншісіне берілген тоғыз мың шырақ, кейінде Көгедей-ноян үшін бөлінген үш түмен – отыз мың шаңырақ жиыны 40 мыңға тарта отбасы, қосыла көшпек бала-шаға, қатын-қалашымен есептегенде, кемі 200-220 мың жан. Батудың өзімен бірге жеткен, ешбір есепке түспеген тағы қаншама халық – Батыс жорығы аяқталған 1243 жыл межесінде – кемі екі жүз елу мыңға тарта Шығыс түріктері Жошы ұлысының құрамына құйылды деп шамалар едік. Бұдан соңғы кезеңде – бүткіл ХІІІ ғасыр бойы ағайыншылаған ұтымды көш одан әрмен жалғаса беруі анық. Ал Арық-Бұқа мен Құбылай арасындағы шайқастан басталып, Жошы ұлысы да белсене араласқан Азамат соғысы кезінде, ең бастысы – Құбылай империя астанасын Қытай шегіне көшірген, бұрнағы Татар Даласы жаппай өртке оранған, Қайду хан үлкен майданға шыққан, ақыры ежелгі шығыс түріктері түгелге жуық Жошы ұлысына ауа көшкен ХІV-ХV ғасырлар тоғысында… әрине, Алтын Орда шегіндегі жалпы жұрт­тың рулық, тайпалық құрамы түбегейлі өзгерді. Ежелгі қағанат­тар мен кешегі Шыңғыс ханның байырғы жұртында түрік руларының үлкен тобынан амалсыз ажыраған жекелеген бөлшектер, бөлшек те емес, жоққа жақын жұқанасы ғана қалды және бұлар көп ұзамай-ақ жат жұрт арасына сіңісіп, мүлде жойылып кет­ті. Сөйтіп, Татар даласы бүгінгі моңғол даласына айналды.
Есесіне Алтын Орда іргелене түсті. Бұл кезде барша халықты бұрнағыша қыпшақ-түрік, татар-түрік деп жіктесек, екі тарап тепе-тең жағдайға жетеді, бәлкім, Шығыс өлке тұрғындары басым түсуі де. Арада жүз жыл өтпей, манағы әл-Омари айт­қандай, өзара туысып, жаппай араласып кет­ті. Тек татардың қыпшаққа айналуы, немесе керісінше, қыпшақтың татар шығуы, яғни әлденендей ассимиляция емес, үш ғасыр бұрын, Шығыс Түрік қағанаты ыдыраған заманда тағдыр талғауымен аралары ажыраған, нәсіл-тегі ортақ жұрт қайтадан тоғысып, біртұтас қауымға айналды.
Бұл арада азғана кілтипан. Кейінгі жалпы халық тұрпатына қарасақ, баяғы балуан қыпшақ Жошы ұлысы шегінде қатардағы көп рудың бірі ғана болып жүр. Сонда… жаңаша, алас-күлес жағдайда өлшеусіз азайған ба, әлде басқадай хикметі бар ма. Айтарлықтай құпия жоқ дер едік.
Бұрнағы қыпшақ – жетекші, үлкен тайпа есіміндегі, туыстас рулар бірлестігі болатын. Ілкідегі атаулы тізбелерден көрініп тұр. Мәселен, түп негізі ортақ, алайда өзара дербес ағайындар: қаңлы, беріш (бурджоғлы), йемек, башқұрт, бешенек, қара-бөріклі, уыз және құрамы анық емес тоқсоба (тоғыз ру), йетиоба (жеті ру), дуртоба (төрт ру)…
Арғы замандағы рулар межесі, әсіресе шағын аталар толығымен таратылмаған себепті, Алтын Орда шегінде жасаған рулардың қайсы бұрнадан анық Батыста тұрғанын, қайсы кейінірек Шығыстан келгенін нақты ажырату қиын. Әйтсе де, мағлұм деректер бойынша барлап көрейік.
Бүгінгі қазақтың Орта жүзінің құрамындағы атаулы қыпшақтан басқа негізгі тайпалардың барлығы да Шығыстан келгені, яғни, әуелгі Қыпшақ бірлестігінен тысқары болғаны күмән туғызбайды. Тіпті, бергі заманда үлкен тайпалар құрамына қосылған таз, күрлеуіт руларына дейін.
Ал Ұлы жүздің жалайыр тайпасы және бұлар да қарасыны мол ағайындар ішіне кіріккен қоралас, оймауыт сияқты аталар демесек, атаулы жұртының барлығы дерлік Батыс Түрік қағанатына тиесілі және біразы кейіннен Қыпшақ бірлестігіне қосылған ағайындар.
Кіші жүздің құрамы күрделірек. Мынаған қараңыз. Әлім ішіндегі кете, байұлы санатындағы таз, алтын мен жаппас және жетіру есебіндегі телеу, тама мен керейт әу баста Шыңғыс ханның бастапқы ұлысына тиесілі. Сондай-ақ, жекелеген аталар, мәселен, беріш құрамындағы тоқа, адай ішіндегі өзара кірігіп кеткен мұңал мен қият. Ең қызығы – бұрнағы Қыпшақ бірлестігінің негізгі ұйытқысы қыпшақ тайпасы Орта жүзге кетіп, қалған қауымы түгелімен дерлік Кіші жүзге тоғылған. Түптеп келгенде, Дәшті-Қыпшақтың негізгі тұрғындары, арыда Қыпшақ есіміндегі жиын қауым Жошы ұлысының құрамына қосылғаннан кейін сандық тұрғыда ойсырап азайған жоқ, жекелеген рулар жігі ажырағанымен, байырғы жұртшылығы бұрнағы қалпын сақтапты.
Тұтастай алғанда, бағзы бір заман – Екінші Түрік қағанатынан кейін аралары алыстап, Шығыс және Батыс өлкелерде қатарлас күн кешкен, ақыры Шыңғыс ханның жеңімпаз жорықтары, сонымен қатар тереңнен байыптаған көреген сая­саты арқасында бастары қайтадан қосылған қыпшақ негізді екі түрік қауымы біржола табысып, өзара мейлінше араласып кеткен екен. Жошы ұлысының далалық, негізгі ұйытқысы тұрғысынан қарастырғанда. ХІІІ ғасырдың ақырына дейін қалыптасқан, тұрақталған жағдай.
Алтын Орданың екі тарап халқының біржола ұйысқан бастапқы кезеңдегі жиын саны туралы жанама бір дерек. Берке хан Құлағу ұлысына қарсы соғыс кезінде 100 мың, 200 мың әскер көтерген. Кейде 300 мың деп әсірелеп те айтады. Парсы тілді тарихи жазбаларда неше мәрте қайталанған мағлұмат. Кейінірек, ішкі бүліншілік кезінде ең ақырғы шешуші шайқаста Ноғайдың 300 мың жасағына қарсы Тоқты хан 600 мың аламан шығарыпты. Екі есе асырып айт­қанның өзінде, 150 мыңға қарсы 300 мың. Жиыны, екі жақтан жарты миллионға жуық әскер дейік. Көшпенді халықтарда жалпы жұрт пен қарулы жасақтың ара салмағы бес те бір саналатынын еске алсақ, осы 400-500 мың әскердің артында кемі екі, екі жарым миллион халық тұрмақ. Және бұл – Жошы ұлысындағы көшпенді жұрт­тың ғана есебі. Сонда… Алтын Орданың өсіп-өнген, күш-қуаты шарықтау шегіне жеткен Өзбек, Жәнібек хандарының тұсында, ұлыстағы барлық халықтың жиын саны, кемітіп есептегеннің өзінде екі миллионнан асып жығылуға тиіс. Мүмкін, одан әлдеқайда артық. Жарым әлемді қамтып жатқан алып мемлекет, Ертістен Дунайға дейінгі ұлан-байтақ, ғажайып қонысты жайлаған, сол замандағы ең үлкен халықтардың бірі. Қалай санасаңыз да, салмағымен қатар, саны да мол жалпақ жұрт.
ХV ғасырдың орта шенінде құдырет­ті ұлы мемлекет ыдырады. Бұдан соңғы кезеңде… Алтын Орданың рулық, тайпалық негізгі құрамы Қазақ Ордасына көшкенін көреміз. Кейінде Орта Азияны жаулап, түрік дүниесі мен бүткіл Мұсылман әлемінің қара жендеті Ақсақ Темірдің тұқым-жұрағатын ескі кек жөнімен түгелдей құртқан Шәйбани ханның ендігі Шығыс Дәшті әмірі, қазақ Қасым ханды «Шыңғыс ханның тағы мен тәжінің мұрагері» деп сыпат­тауы кездейсоқ жағдай емес.
Иә. Айдынды Алтын Орда. Осы ғаламат мемлекет­тің ұйытқысы болып отырған қыпшақ текті абадан жұрт – түгел төңірегі табынған, қайран қалған өзгеше бір қауым болды. Ұлыстың тірек-тұтқасы ғана емес, қайтпас ерлігі, әскери қуаты ғана емес, іргедегі орыс тұрыпты, бүткіл Еуропадан озған мәдениеті де емес, ең алдымен – кеудесі жоғары бітімі, асқақ рухы, ала жіп ат­тамас адалдығы, кісілік ізгі қасиеті. Ғайри дін, жат жұрт өкілдерінің өзі барын теріске шығармаған. Карпини мен Рубруктен бастап, Киракос Гандзакециден өтіп, Иосафат Барбароға дейінгі аралықтағы қаншама тарихи жазбаларда айтылатын ұнасымды лепестерді терміштемей, бар жақсының мәйегі есепті бір-ақ ауыз сөз – Мысыр тарихшысы, Ибн Арабшахтың (1388-1450) біз «Шыңғыс хан» эпопеясында арнайы келтірген түйінді толғамына жүгінейік:
»Дәшті – түрік тайпалары жайлаған, малы қисапсыз, жері құнарлы әрі байтақ, ауасы кең, суы таза, аңы мен құсы мол, төрт тарабы берік, өзгеше өлке. Бұл түріктердің тілі – бай, шешен, өмірі – мейлінше ізгі, тұлғалары – келісті, сындарлы, түрлері – шырайлы, айрықша сұлу. Әйелдері – күн кейіпті, ерлері – ай кейіпті, патшалары – басты, бектері – кеуделі. Әскері – қайтпас жаужүрек, ғаламат садақшы. Бұл жұрт­тың арасында өтірік жоқ, алдамшы аярлық жоқ, арамдық, қулық-сұмдық және жоқ. Eркін көшіп-қонуды ата салтына айналдырған, өзіне сенімді, ештеңеден жасқанып, қорықпайтын бір халық”, – депті.

КӨК ОРДА

Үлкен ұл Жошының көлденең қазасынан соң, Шыңғыс хан Еке Моғұл ұлысының қазіргі Қазақстан шегінде қалыптанған Батыс аймағының тізгінін Жошының екінші ұлы Батуға бұйырғаны белгілі. Шығыста Ертіс өзенінен басталып, Балқаштың сырты, Сейхұн – Сыр-дарияның орта ағысынан Арал теңізіне дейін, одан әрмен айнала тартып, Жайыққа иектей тоқтайтын байтақ өлке – бұрнағы Шығыс Дәшті-Қыпшақ қонысы. Енді Жошы ұлысы атала бастаған, үлкен патшалық ішіндегі жеке иелік. Айт­тық, басты тұлғасы – Бату. Жошының кейбір деректерде айтылатын отыз тоғыз ұлы, оның ішінде кәмелетке жеткен және өздерінің артықша қабілетімен таныла бастаған оншақты оғлан (ханзада) – яғни, бүткіл Жошы әулеті екінші ұл Батудың ғұзырында. Ал тұңғыш ұл Орда, басқа ұлдар, оның ішінде Батудың өзінен жолы үлкен саналғанымен, келесі кезекте.
Батыс жорығы басталды. Орда әскербасы һәм үлкен ұл ретінде алдыңғы сапта болады. Бұлғар соғысына, солтүстік-шығыстағы орыс майданына қатынасқан, кейінірек Киевті басуға атсалысқан. Қайткенде дара бір қызметі аңдалмайды. Бұдан соң – Орталық Еуропа. Үнемі дерлік Батудың қасында. Кейінгі бір зерт­теушілер жазып жүргендей, Байдардың Польша, Силезия, Моравия тарабындағы жорықтарына тартылмаған. Мұндай жағдайда бас қолбасы қызметі Байдар емес, жасы да, жолы да үлкен Ордаға жүктелер еді. Яғни, 1240 жыл, 9 апрель күні Добре Поле – Жайсаң Далада өткерілген әйгілі Легница ұрысына ешқандай қатысы жоқ. Негізгі тиянақты Батыс деректерінің бәрі де қол бастаған және жеңіске жол ашқан – Пета (Байдар) деп атап көрсетеді. Керісінше, Легница қырғынынан екі күн кейін, 11 апрель күнгі Шайо топалаңының бел ортасында. «Юань ши» тарихнамасында атап айтылған нақты дерек.
Бату бастаған, Сүбітай-бахадұр жетекшілік етіп, Орда, Мөңке, Байдар, Шәйбан және басқа да ханзадалар қостаған Шығыс және Орталық Еуропа жорығы сәтімен аяқталды. Ұзақ сүргін майданның ең басты нәтижесі – Жайықтан тартып, Еділден асып, сол жақ қапталда Терістік Қапқаз бен Қара теңіз, Батыс бағдарда Таң-Дон, Үзе-Днепр өзендерінен озып, Қиыр Батыста Туна-Дунай дариясының атырауы, Қарпат тауларының етегіне дейін созылған ұлан-байтақ Батыс Қыпшақ – Жошы ұлысының құрамына қосылды. Шығыс Қыпшақ әуелден-ақ ұлыс бастауында. Енді, жинақтап келгенде, Ертістен Қарпатқа дейінгі бүткіл Еуразия құрылығы. Бұдан былайғы Жошы ұлысы, тарихтағы Алтын Орданың құт­ты мекені.
Жалпы, Шыңғыс хан империясында қандай да әскер құрамалары, соған орай дербес иелік атаулы оң қанат, сол қанатқа жіктелетін. Яғни, түстікке бет бұрғанда сол қол – сол қанат, оң қол – оң қанат саналады. Осы қалыпты рәсім орайында, Бату ендігі ұланғайыр Жошы ұлысын үлкен екі құрылымға жіктейді. Шығыс тараптағы сол қанат – бұрнағы Шығыс Дәшті, батыс тараптағы оң қанат – баяғы Батыс Дәшті. Өзінің тікелей ғұзырына Батыс Дәштіні таңдап, ағасы Орданың иелігіне Шығыс Дәштіні еншілепті. Түрік рәсіміндегі дәстүрлі түс атауына байланысты – Шығыс атырап – Көк Орда, Батыс атырап – Ақ Орда атанады. Қос қанат­тың бірлескен есімі – Жошы ұлысы. Кейінгі тарихтағы Алтын Орда.
Жаңа айт­қанымыздай, Көк Орданың иелік межесі – Шығыс Дәшті, Жошы ұлысының әуелгі құрамы түгелімен, Шығыста ұзын аққан Ертіс өзені мен оның Үбе-дарияға құйғанынан тартып, терістік бағдарда Сібір орманы, Орал тауының етегі Мұғажжарға дейін, түстікте Балқаш көлінің сырты, Бетпақтың шөлі, Шу өзенінің жайылмасы, Сыр-дарияның орта ағысымен Арал теңізінің түстік-шығыс жағалауын айналып, Жайық өзенімен шектелетін осы ұлан-ғайыр өлке үлкен аға Орданың толық ғұзырына көшті.
Бұл Шығыс Дәшті құрамында – Жошының бірнеше ұлы, атап айт­қанда, Шәйбан, Тоқай-Темір, Ұдұр, Шыңқұм, Сыңқұр, бәлкім, Бөрі-Мұхаммед, тағы бір оғландардың жеке иеліктері болды һәм бұлар ұлыс ханы Орданың ғұзырында саналады. Және Сібірдегі Керей Тайбұға ұлысы.
Ақ Орда мен Көк Орда екі бөлек, біртұтас жұрт болғанымен, әрқайсы өзінше дербес мемлекет сияқты. Ортақ мүдде, бірегей халық есебінде тіршілік кешпек. Көк Орда еңсесі биік Ақ Орданың ғұзырында саналғанымен, үлкен ұл ретінде Орданың ресми құрметі артық екен. Соның нақты бір айғағы – Түпкі жұрт Қарақорымда отырған ұлы қаған Мөңке тарабынан түсетін нұсқау, жолдамаларда Орданың есімі Батудан бұрын аталады. Жошы ұлысы тарихшыларының барлығы да Орда өле-өлгенше айрықша құрмет­те болды деп атап көрсеткен. Орданың әулеті Шығыс Дәштіде Бұлғақ кезеңі – 1361 жылғы Орыс хан өкіміне дейін толық билік құрды. Шын мәнісінде Көк Орданы ұйыстырып, атаулы құрылым ретінде жоғары дәрежеге жеткізген Орда – айт­қанымыздай, Жошы ханның тұңғыш ұлы, Шыңғыс хан немересі. Анасының есімі – Сарқан-қатын, Жошының бас бәйбішесі, қоңырат тайпасынан. Бұл Орда ұстамды, байыпты жан болған сияқты. Шығыс және Орталық Еуропа жорықтары кезінде Мөңке, Қадан, Шибан ханзадалар қатарында айрықша әскери қабілетімен суырылып шықпаса да, туасы мәртебесі жоғары. Күйікті қаған көтермек Ұлы құрылтайда Жошы әулетінен тараған ханзадаларды бастап барады. Және Мөңкемен қатар, аса бір кіді, қиғылық шаруа­ – Өкетай қағанның өлімінен соң, Шыңғыс ханның алтын тағын басып қалмақ ниеті үшін жауапқа тартылған әб-аға Темуге-Отшыгенді тікелей тергеу жұмысына жегіледі; қатал үкім негізінде ұлы қағанның өзінің кенже інісі өлім жазасына кесіліпті, Жасақ заңы тұрғысынан алғанда, әділ ғана емес, айнымас батыл шешім. Орданың турашыл мінезінің бір қыры деп санайық. Орда ел билеу тұрғысынан алғанда да байып пен парасат танытады. Мұның айқын дәлелі – Көк Орданың 1242 жылдан басталып, тұтас бір дәуір – алпыс жылға созылған әуелгі тарихы дер едік. Ел іргеленді, халық біржола ұйысты, тұрмыс-тіршілік үйреншікті ағымға түсті. Бұл кезде Орданың өзі және кейінгі ұрпақтары Жошы ұлысының түстік-батыс тарабындағы Құлағу ханға қарсы алапат майданға араласпайды. Жатсыраған емес, қажет­тілік жоғынан. Оның есесіне кейінірек, Шығыстағы Азамат соғысы – Арық-Бұқа мен Қайдудың Құбылайға қарсы созылма майданынан сырт қалмаған. Әлбет­те, Батыс Дәштіде отырған Берке ханның ырқымен.
Қайткенде, Шығыс Дәшті тақау төңірегімен тыныш жағдайда, және алмағайып кезеңде Орда мен оның ұрпақтарының ұтымды сая­сатының арқасында бейбіт, берекелі тіршілік кешеді. Халқының біршама бөлігі – бұрнағы байырғы қыпшақ пен осы үлкен тайпа намындағы қаңлы және басқа да туыстас рулар. Енді Жошының туы астында осы көне жұртқа қарай төңкерілген шығыс түрік тайпалары: қоңырат, найман, жалайыр, керей, қият, меркіт, алтын, кенегес, күрлеуіт, қоралас, оймауыт және басқа да туыстас рулар келіп тоғылды. Көп ұзамай-ақ, бұрнағы түпкі жұрт – Татар даласындағы ғаламат ішкі соғыстар, Арық-Бұқа-қағанның қирап жеңілуі, бұдан соңғы Қайду хан жаңадан көтерген тайталас майдан, жинақтап келгенде тура қырық жылғы тынымсыз қырғын, негізінен Қытайдың қисапсыз әскерінен күш алған Құбылай ханның түпкілікті жеңісі нәтижесінде, мың жылдық ата жұртынан ауған Шығыс түрік қауымы түгелімен дерлік жаппай көтеріліп, Алтын Орда шегіне құйылды. Әуелде Алтайдан асып, Ертістен өтіп, іргелес Шығыс Дәштіге, одан әрі тынымсыз толқып, Батыс Дәштіге және. Ақыры, Жошы ұлысының жаңғыру кезеңінде бұрнағы қалың қыпшақ түріктердің үстіне, шығыстағы татар-түрік қауымы келіп қосылды. Сөйтіп, бұдан екі-үш ғасыр бұрынғы Шығыс Түрік қағанатының байырғы ру-тайпалары қайыра тоғысып, тарихи Алтын Орданың негізгі жұртын біржола қалыптастырған еді. Әлбет­те, еріксіз ұлы көштен соң Көк Орданың тұрғылықты халқы да молығып, қордалана түсті.
Жаңа ұлыстың Жошыдан соңғы, Батумен қатарлас екінші ханы есепті Орда 1251 жылы дүниеден озған сияқты. Басындағы бар абыройымен, тыныштық жағдайда, өз ажалынан. Жиыны тоғыз жылдай өкім құрған. Орданың атаулы өсиет-жарлығы, немесе ұлыстың басты тұлғаларының төтенше шешімі – тақ алмасу жүйесі Ежелгі Түрік қағанаты және бүгінгі Батыс өлкеден басқаша, яғни ағадан – ініге емес, Түпкі жұрт һәм Шағатай ұлысындағы дәстүр бойынша, әкеден – балаға өтуге бейіл екен. Ордадан соң оның бел баласы Күн-Қыранға есе тиеді. Тура жиырма жеті жыл өкім құрыпты (1253-1280). Шөп басы сынбаған тыныштық заман. Күн-Қыраннан соң тақ алмасу жөні қайтадан бұрнағы Түрік, кейінгі Ақ Орда рәсіміне сәйкеседі: жаңа хан Көнші Күн-Қыранның інісі Сартақтайдың қоңырат қатынынан туған үлкен ұлы екен. Көнші де әжептәуір ұзақ, жиырма бір жыл (1280-1301) ел ұстайды. Бейбіт қана емес, берекелі кезең. Көк Орда шегіне дәп осы кезде Шығыс атыраптан тағы қаншама халық құйылған. Яғни, елдің қуат-күші арта түсті деген сөз. Әйгілі Марко Поло Көншіні (Кончи) «Солтүстік патшасы» ретінде сыпат­тайды. Шыңғыс ханның ұрпағы, татар, қарауындағы халқы да түгелімен татар және барлық жұрты Шыңғыс ханның заң, жораларын берік сақтайды, депті. Көнші ешкімге тәуелді емес, қарауындағы халқы көп, төңірегімен жауласпай, байтақ елін бейбіт басқарып жатыр, дейді. Осынау жұрт кең дала мен биік таулар етегінде еркін көшіп жүреді, нан дегенді білмейді, бар тамағы – ет пен сүт, ал жылқы мен түйе, сыйыр мен қой – бағымдағы малы қисапсыз. Бұдан әрі өлкенің табиғи байлығын атап көрсетеді. Үлкен ақ аюлар бар, қара түлкі бар. Ақ кіс тіпті көп, елтірісінен аса қымбат, мың динар тұратын ішіктер тігеді; тарбаған және басқа да аңдар мол, құландар қаптай өріп жүр. Адам аяғы баспаған қорыс және мұздық аймақтарында ат та, арба да өте алмайды, мұндай жерлерде әлденеше ит жеккен шанамен қатынайды, депті. Өлкенің суық жақтарын қоныстанған жұрт жеркепелерде тұрады, дейді.
Марко Поло Көк Орда ұлысының шығыс һәм терістік аймағы туралы ғана сөз естіп отырғанын аңдаймыз. Әйткенмен, осы үстірт, азғана деректің өзі мәнді дер едік. Ендігі бір тосын мағлұмат – Көк Орданың терістік тарапқа бойлай өрлеуі. Бұл жақтағы жұпыны тіршілік кешкен аңшы тайпаларды бодандыққа түсіріп, қымбат аң терілерінен салық алып отырған сияқты.
Әуелгі хан – Орда, одан соң Орданың ұлы Күн-Қыран, бұдан кейін Орданың басқа бір ұлы Сартақтайдан туған Көнші… Көрініп тұрғандай, Шығыс Дәштіде тақ алмасу рәсімі әлі де орныға қоймаған екен. Не әрі емес, не бері емес. Ақыры, Көншіден соң жаңа хан көтеру талабы қырғын майданға ұласады. Көншінің ұлы Баянның толық екі жылға жетпеген шолақ өкімінен соң, Орданың кенжесі Құлағудан туған Темір-Бұқаның ұлы Құблұқ хандықты тартып алады. Түпкі жұрт­тағы Құбылаймен тынымсыз жағаласып жатқан атақты Қайду ханның көмегімен. Тағынан айрылған Баян Ақ Орда әмірі, бүткіл Жошы ұлысының төбе ханы Тоқтыға жетіп, шағым айтады. Көк Орда өкімін Жошы ұлысының ішкі шаруа­сы санайтын Тоқты Баянның ғұзырын айғақтаған жарлықпен қатар, өзінің інісі Бөрлік бастаған арнайы жасақ шығарады. Рухани қолдау және қарулы күш алған Баян, тәрізі Шығыс Дәштідегі жақтастарын қоса жұмылдырып, көп әскер түзіп, шешуші майданда жеңіске жетеді, ал Құблұқ осы соңғы ұрыста қазаға ұшырапты. Бөрлік Баянды ата тағына отырғызып, жауынгер жасағымен бірге кері қайтады.
Aлайда, Құблұқтың немерелес туыстары тоқтай алмайды. Әкесі хан болған деп, Құблұқтың ұлы Құштайды ақ киізге көтереді. Өзара қырқыс одан әрі жалғасыпты. Әуелде Баян дес бермейді. Ұлыстың негізгі бір бөлігін ұстап тұрады. Әйткенмен, арада төрт-бес жыл өтер-өтпесте Баянның туған інісі Маңғытай бүлік шығарып, 1308 жылы өзін хан деп жариялайды. Амалы таусылған Баян Батысқа қарай ығысыпты. Бірақ тыныштық таппайды. Көк Орданың қатарлас, үшінші ханы Құштай 1310 жылы Жайық бойында соңынан жетіп, біржола қиратады. Жолсыз Баян Еділ бойына өтіп, Тоқты ханды паналаған екен. Бұдан соң Құштай немере ағасы Мағытайды да биліктен тайдырып, Көк Орданың үлкен өкіміне жетіпті. Осы шамада Баян дүниеден өтеді. Бұдан соң бәсекелес ағайындары жоққа айналып, дара өзі ғана қалған Құштайды Тоқты хан Көк Орданың бірден-бір әмірі ретінде ресми түрде бекітеді.
ХІV ғасырдың алғашқы кезеңінде Көк Ордадағы тақ таласы, өзара қырқыс төңірегінде нақты деректер тым тапшы. Кейде өзара қайшыласып жататыны бар. Ара-тұра мезгіл межесі де сәйкесе бермейді. Ақыры, 1318 жылы Баянның ұлы Сасы-Бұқа хан көтерілгені мағлұм. Біршама тыныштық жағдайда 1321 жылға дейін жасайды. Сасы-Бұқадан кейінгі Ерзен хан заманы да тыпа-тыныш. Жиырма бес жыл өкім құрды дейді (1320-1345). Ерзен – ақылды, ғаділ, мейірбан хан болған екен, Өзбек ханның қанаты астында ұлыстың ұлағаты мен бірлік, ынтымағын берік сақтапты. Қиғылық жылдардағы жара жазылып, жалпы жұрт барақат, бейбіт күн кешкендей. Ерзеннен соң оның ұлы Мүбәрак-қожа хан сайланады. Небәрі алты ай ғана тақта отырыпты. Бірден-ақ үлкен ұлыс – Алтын Орданың құрамынан аулақтауға әрекет жасайды. Дербестіктің алғашқы белгісі – «Ғаділ сұлтан Мүбәрак-қожа» дейтін таңбалы белгісі бар төл ақшасын шығарады. Яғни, бұрнағы, шарт­ты түрдегі бірліктің өзін мансұқ етпек. Оның үстіне, қатал, парықсыз, айныма жан екен, алыс-жақын ұлық атаулыны әбден запы қылады. Бұл – Өзбек хан заманы. Әрине, Өзбек хан Жошы ұлысының екіге жарылуына жол бере алмайтын. Жарақты әскерімен үлкен ұлы Тінібекті ат­тандырады. Қирап жеңілген Мүбәрак-қожа бас сауғалай қашыпты (әуелі Кем-Кемжүт қырғызын паналап, ақыры одан да кетіп, Алтай алқабында дүниеден өткен екен). Өзбек ханның қолдауымен, Көк Орда тағына Мүбәрак-қожаның туған інісі Шымтай ие болыпты. Шымтайдың тұсында (1345-1360) Көк Орда жаңаша бірлік тауып, хан өкімі күмәнсіз бекіп, ұлыс қайтадан ұйысады. Шымтайға жалғас кезеңде, қаныпезер Бердібек ханның 1359 жылғы өлімінен соң, Батыс Дәшті, яғни Жошы ұлысының ұйықты орталығында, ақыры тұтас жиырма жылға кеткен өзара қантөгіс – Үлкен Бұлғақ дәуірі басталған еді. Жошының тұңғыш ұлы Орда әулетінің Шығыс Дәштіде бір ғасырдан астам (1242-1360) ұзақ уақытқа созылған патшалық дәуірі де аяқталған екен. Енді Көк Орда өкіміне Тоқай-Темір тұқымы, кейінгі Қазақ Ордасының негізін салған Керей мен Жәнібектің бабасы Орыс хан ие болған (1361). Бұрнағыдай, Алтын Орданың бөлшегі емес, өз алдына дербес, мүлде тәуелсіз мемлекет. Әйтсе де, айрықша жеңілдік жоқ. Алда – Жошы ұлысын қаусатып кеткен бастапқы бір ғаламат кесел – Үлкен Бұлғақ жаңа ғана қызып келе жатқан.

ҚАЛА, КЕНТ

Кейінгі жұпыны ұғымда, тіпті, ішінара жадағай, көпшілік әдебиет­те, Алтын Орда – көшпенді далалық жұрт мемлекеті дейтін түсінік қалыптасқан. Шын мәнісінде, Жошы ұлысында алғашқы он жылдықтан соң, далалық салт-тіршілікпен қатар, қалалық өркениет тепе-тең дерлік жағдайда берік орныққан еді. Артықшылық та, кемшілік те емес, өзіндік ерекшелік.
Далалық тұрмыс туралы танымның бір себебі – Батыс Дәшті-Қыпшақ шегінде әуел баста, бұрнағы хазардан, басқа да үлкенді-кішілі тайпалардан қалған Еділ (Итиль), Сақсын (Саксин) сияқты бірлі-жарым кент және шағын, қысқы тұрақ есепті мекендер болды, оның өзі тым шанжау еді және кейінгі заманға жетпеген. Тұтастай алғанда, Еділден тартып, Дунайдың атырауына дейінгі байтақ өлке шынымен-ақ далалық тіршілік кебін ұстанған.
Таң қаларлық жағдаят, Бату хан бірден-ақ қарауындағы жұрт­тың бір парасы қала салып, отырықтануына айрықша мән береді. Сақараны берік қамтитын әкімшілік ұйытқысы, сонымен қатар, керуен жолдарының түйінді тұстарын ұстап тұратын қатынас бекеті және ірі сауда орталығы ретінде. Сөйтіп, айналасы оншақты жыл орайында жаңадан қаншама қаланың іргесі бекіп, оның біразы орнығып, әуелде шағын кент, уақыт оза келе әйдік шаһарға ұласады.
Бату хан Орталық Еуропа жорығынан оралған бетінде Еділдің етегіне аялдамай, бірден-ақ астана ретінде Бұлғар қаласын таңдағаны белгілі. Шын мәнісінде дербес, тәуелсіз хан дәрежесінде өкім құрған ғұзырлы тұлғаның жарлық, өкімдері таралатын ұйытқы һәм түпкі жұрт­тағы қаған атынан жаңа ұлысқа қажет­ті ақша шығаратын әуелгі бір манат орталығы. Алайда, ұлыс егесі барлық жағдайды Еділ дарияның бір пұшпағынан бақылап отырумен ғана шектелмеген. Етектен, Хазар теңізінің атырауына жақын бір тұстан Ұлұғ Ұлыстың жаңа астанасына орын таңдап, қарқынды құрылыс жұмыстарына бастап кірісуге пәрмен қылады. Болашақ Сарай-Бату қаласы. Кейінгі атауы Ескі Сарай.
Бұл әуелгі астананың орныққан жері туралы әрқилы болжам бар. Ең соңғы, дәйекті пікір – Еділдің сол жағалығы – Бозан тармағының Ақтұбаға құйғанына тақау тұстағы Қызыл Жар. Қазақтың бізге жеткен ескілікті тарихи әңгімелерінде әйгілі батырлар туып-өскен, «беткейі биік, дөңі зор» деп сыпат­талатын, сол қабақтағы, бүгінде қазақ пен орыс аралас, өзгеше қоныс. Орыс басқыншылығы заманында үстіне Красный Яр аталатын шағын кент орнаған; қазір шеткеріде ғана топырақ басқан үйінді төбешіктері қалыпты.
Сарай-Бату, тұйық, қағажу болмаса да, қиыс, аз-мұз шалғай тұс екен. Батудан соңғы Берке хан ендігі астана байтақты осыдан әжептәуір жоғары, бұл да Ақтұбаның сол жағалауындағы, керуен жолдарына қолайлы, төңірегі ашық, кеңіс жерге көшіреді. Алғашқы тасынан бастап, жаңадан салынған. Әйгілі Сарай-Берке, немесе Жаңа Сарай – осы. Бүгінде Россияның облыс орталығы Астрахань қаласынан жүз жиырма шақырымдай жоғары, Қарабала ауданы (Харабалинский район), Селитренное аталатын, орысы мен қазағы тепе-теңдей, шағын селеннің іргесінде.
Айта кетерлік бір жағдай – осы арадағы, бүгінде ескілікті құрылыстардың іргесі ғана аңдалатын, байтақ жұрт – баяғы Ескі Сарай деп танылды да, кейінгі астана Жаңа Сарай – Волгоград қаласына тақау маң, ол да дарияның сол қабағындағы «Царев городище» деп есептелді. Соңғы зерт­теулер нәтижесінде бұл байтақ шаһар – күні бүгінге дейін орны табылмаған, аты бар да заты жоқ, әйгілі Гүлстан болып шықты.
Әуелгі астана Сарай-Бату тым үлкен қала болып іргеленбеген. Тиімді уақыты тапшылық жасапты. Әл Омари, аралық дипломат­тардан естіген мағлұматы бойынша, бұл Сарайды «өзен мен құм аралығында тұрған шағын кент» деп сыпат­тайды. Әлбет­те, Жаңа Сарай салынбаған, өтпелі кезең. Ал ендігі астана бірден-ақ құлашын кеңге жайып, көп ұзамай-ақ мән-маңызы ғана емес, аумақ, қорамы жағынан алғанда да, ол заманда орыс түгілі, Еуропада теңдесі жоқ алып, әрі сәулет­ті шаһарға айналады. Табиғи жағдай. Алтын Орда жер көлемі ғана емес, қуат-күші, мәдениеті мен әскери әлуеті де айрықша, алып мемлекет болса, оның орталық қаласы да өз заманының алдыңғы қатарынан көрінуге тиіс еді.
1
Сарай.
«Ақыры, Сарай қаласына келдік, – деп жазады Ибн Бат­тута. – Бұл – Өзбек сұлтанның астанасы…» Осыған дейін әлемнің талай, әйдік те әсем шаһарын көрген Ибн Бат­тута, өзі нақтылап айт­қандай, Сарай-Берке аталатын орталық қала туралы біршама мағлұмат қалдырған. «Мейлінше көркем, әрі аумағы ұлан-байтақ шаһар. Жазаң жерге орнапты. Халқы лықа, көшелері кең, базарлары дулы, думанды… Бірде, – дейді Ибн Бат­тута, – шаһардың көлемін анықтау үшін, айнала ат­тандым. Біз бір шетінде тұратын едік, ертемен шығып, келесі шетіне түс ауа жетіп, тиесілі намазымызды оқып, ас ішіп, содан соң өз тұрғымызға күн батарда ғана жет­тік. Тағы бірде қаланың ені қаншалық екенін білмек болдым. Бау-бақша, басқадай бос жері жоқ, жыпырлаған, қатар-қатар үй-жай, содан жарым күнде әрең оралып едік…»
Осы орайда Жаңа Сарай, яғни Сарай-Берке туралы әл-Омаридің лепесі сақталған: «Маған бекзат тілмаш Шужа-ад-Дин әл-Харазми айтып еді, – дейді, – Сарай қаласын Берке хан Туран өзенінің жағасына, сортаң жерге салыпты. Ханның мұндағы үлкен ордасының төбесінде екі қантір (шамамен 89 килограмм – М.М.) сом алтыннан құйылған жаңа ай бейнесі тұр. [Тақау] төңірегі дуалмен қоршалған, [мұнда] алпауыт әмірлердің қысқы тұрақ есепті, мұнаралы ғимарат­тары да орналасқан. Ал дарияның арнасы [біздің] Ніл өзеннен үш есе, бәлкім, одан да жайпақ… Сарай – ғибадат­ты [құрылыстары көп], базарлары бай, әрі арзан, ұлы шаһар…» – депті.
Алтын Орданың астана байтағы Еділ дариясының қатарласа ағатын үлкен бір тарамы Ақтұба (Ақтұма) өзенінің сол жағалығында, арнамен қатарласа, ұзағынан созылып жатыр. 1922 жылы, жайрап жатқан шаһар орнында арнайы қазба жұмыстарын жүргізіп, нақты өлшемдер жасаған профессор В.Баллодтың есебінше, ұзыны – 13 километрге тақау, көлденеңі – 3 километрден астам. Жалпы аумағы – 41 шаршы шақырым деген. Ал ХІХ ғасырдан қалған дерек бойынша, қаланың ені – бес жарым шақырымға тақау. Бұл арада ешқандай қайшылық жоқ. Жыл сайынғы көктемгі тасқын ежелгі шаһар орнын бір бүйірден тынымсыз жеміріп жатыр. (Мен 1997 жылы ата-баба жұртына арнайы барғанда, өз көзіммен көрдім, дәл жағадағы әлдебір ескі құрылыстың ендігі жарым-жартылай бөлігі қабақта тұр екен.) Соңғы бір жүз, екі жүз, бәлкім бес жүз жыл бойы қаншасы жардан құлап, жоққа айналғанын ойша шамалауға болады. Ибн Бат­тута Сарай шаһарының ені – ұзындығының жарымындай деп еді, яғни, 6-7 километр. Қазірде Еділ дариясының негізгі арнасы қала шегінен 8 шақырымдай жерде, есебі соның кемі 3 шақырымы ескі шаһар есебінен. Сонда Сарай-Беркенің жалпы аумағы, В.Баллод айт­қан 41 шаршы километрден екі есе, елу де емес, 80 шаршы шақырымға кетіп қалуға тиіс. Тіпті, В.Баллодтан өтіп, бүгінгі күнге жеткен бөлігінің өзіне қарағанда, Алтын Орда астанасы орта ғасырлар межесінде әлемдегі ең үлкен қалалардың бірі болды деген сөз. Мұсылман әлемі, Орта Азия, Иран мен Мысыр тұрғысынан алғанда. Соның өзінде, Батысты ғана емес, Шығысты да таныған ортағасырлық француз Филипп де Мезире: «Сарай – Мысырдағы Қайыр қаласынан төрт есе ауқымды», – деген (А.Пачкалов бойынша). Ал Еуропаға келсек, онымен салыстырғанда аумағы әлдеқайда кеміс Лондон мен Париж шағын ғана қалашық болып көрінер еді.
Ибн Арабшах: «Дәштінің астанасы Сарай – игілік пен ізгілік мекені… Тұрғылықты жұрты мұсылман, барлық сыр-сыпаты, халқының көптігі жағынан алғанда, [әлемдегі] ең ұлы шаһардың бірі… Берке хан ғылым мен ғұламаларға қамқор болды, алланың ақ жолын ұстанды. Нәтижесінде, азғана уақыт­та Сарай барақат­ты ырыс қайнарына айналды. Мұншама атақты оқымысты, ділмар мен өнерпаз және басқа да әйгілі тұлғалар Мысырдың халық жиын жерлерінің өзінде ұшырамас еді…» –депті.
Ибн Бат­тутаның айтуынша, байтақ шаһарда әрқилы халық қоныстанған. Елдің шын иесі моғұлдар, яғни шығыс түріктері деп атап көрсетеді. Бұлардың біразы мұсылман. Және қыпшақтар, ас жұрты мен шеркестер тұрады. Одан соң орыстар мен византиялықтар – христиан жұрты, дейді. Әр халық тиесілі жер бөлігінде отыр, базары да өзінде. Сондай-ақ, екі Ғирақтан, Мысырдан, Сирия және басқа да жат жұрт­тардан келген көпестер мен шет елдік кісілер де арнап бөлінген, қоршамалы телімде орналасқан, дейді.
Сарай – ел астанасы, әкімшілік орталығы және экономикалық ұйытқы ғана емес, рухани және мәдени орталық болды. Берке хан әуел бастан-ақ, Ибн Арабшахтың сөзімен айт­қанда, білімге, оқымысты атаулыға айрықша қамқорлық жасайды, нәтижесінде Сарай шаһары ғылым мен игілік ұйытқысына айналады, аз уақыт­та астана байтаққа атақты ғалымдар, сөз шеберлері, өнер мен білім өкілдері көптеп жиналады. Ибн Бат­тутаның куәлігінше, бас шаһардағы аса ірі жұма мешітінің саны он үшке жетіпті. Әдепкі мешіт­тер тіпті көп, деген. Кейінгі қазба жұмыстары кезінде Ақ мешіт, Көк мешіт, Жасыл мешіт аталуға мүмкін, аса сәулет­ті құрылымдар іргесі айқындалған. Басқадай шағын мешіт­тер өз алдына. Әлбет­те, атаулы мешіт жанынан кітапхана, мектеп, медреселер ашылады. Яғни, исламнан соң, Жошы ұлысының шегіндегі жалпы сауат біршама жоғары болған. Сол замандағы ғылым мен өнер, әдебиет тарабындағы ғұлама тұлғаларды айтпағанда.
Сарай тұрғындарының жиын саны 75 мың төңірегінде деп шамаланады. Сол заман үшін бұл да қисапсыз халық. Сонымен қатар, шаһар межесі тек қана құрылыс аудандарымен шектелмейді. Көшпенді жұрт қалаларында іргелі тұрғын үйлер киіз үйлі аймақпен жалғасқан. Мәселен, империя астанасы Қарақорым. Басқа мысалдар да көп. (Күні бүгінде Моңғол ұлысында, атаулы кент­термен қатар, ел орталығы Ұлан-Батырдың өзінің шеткері аудандарында тек қана киіз үйлерден құралған және қысы, жазы тұрақты көше, кварталдар қаптап тұр.)
Бүгінде Сарай-Беркенің орны Россия, Астрахан облысы, Қарабала ауданына қарасты Селитренное қыстағының атымен байланысты. Бұл шағын мекенде ХІХ-ХХ ғасырлар шегінде селитра зауыты болған екен. Ол замандағы халық – 5 мың, совет тұсында да осы межеде. Қазіргі азып-тозған Ресей шегіндегі басқа да шағын мекендер сияқты, небәрі 2 мыңдай адам тұрады, бір жақсысы – мұның тең жарымынан астамы – қазақ; Еділдің төменгі ағысындағы қалашық, ауылдардың тұрғын халқы кейде таза қазақ, кейде аралас, сонымен қатар, көпшілігі күн озған сайын қазақтанып келеді, арада қырық-елу жыл өтпей-ақ ата дариямыз Еділдің орта ағысынан етегіне дейінгі бүткіл сол жағалықта басым көпшілікке айналуымыз ақиқат, осы орайда ежелгі астанамыздың үстінде тұрған қалашық та, халқы өсіп, таза қазақ қонысына айналуға тиіс. Әзірше азғана алданыш.
Атаулы Селитренное қыстағы – ежелгі байтақ шаһардың орта тұсына тақау, жағалық бет­тегі еңселі тепсеңге орналасқан екен. Бұрнадан белгілі және кейінгі В.Баллодтың байыбынша, бұл жерде бағзыда хан сарайы hәм сәулет­ті жұма мешіті болған. Және бай, еңселі, тұрғын ғимарат­тар. Әрине, шағын қыстақ орнардан көп бұрын түгелдей талқандалып, қызыл қыш кірпіштері Астрахан қаласының қорғаны мен шіркеу, әдепкі үйлерінің құрылысына тасып әкетілген. Әйткенмен, осы уақытқа дейін әрқилы алтынды, қымбат бұйымдар, күміс ақшалар табылып жатады екен. Бұрнағы сәулет өнерінің жұқанасы – көк, жасыл, сарғыш шыназды кесектер мен әрқилы әсем өрнекті ыдыс-аяқ өз алдына.
Өткен ғасырдағы А. Терещенкодан соң, В.Баллод ескі жұрт­тың бас, аяғы, әр тұсында бір айға жуық қазба жұмыстарын жасайды. Шаһардың жалпы тұрпатымен қатар, әлденеше тұрғын үйдің орнын айғақтаған. Мұның біреуі – ұзындығы 26 метр, көлденеңі 19 метрдей, кең сарай екен. Енді біреуі – киіз үй кебінде, дөп-дөңгелек: диаметрі 4 метрден астам, төбесі күмбезді, шағын да болса, әсем құрылым. Орта дәулет­ті отбасы тұрағы саналған енді бір үй – екі бөлмелі екен. Төргі, үлкенірек жарымның аумағы – 6 да 4 метрлік, еденіне алты бұрышты жұлдыз түріндегі қыш кірпіштер төселген. Үйдің қабырғалары – емен ағашынан. Тағы бір үйдің аумағы – 22 де 19 метр, алты бөлмелі. Үлкен, қонақ жайы – 7 де 5 метрлік. Осындай ауқымды тағы бір тұрғын үйдің кең залында үй иелері салқындайтын, шомылып сергитін, ағын суға жалғас бассейн бар екен. Бұл тұрғын үйлердің барлығы да кән аталатын жер пешпен жылытылады. Қазақтың біз көрген, ішінара бүгінге жеткен жал (шұбалма) пешінің орайына қарай, жалпағынан, бірақ еден астына салынған кейпі. Бұрма ұялар төменнен жылу беріп, ақыры бір бұрыштан, жоғарғы мұржа арқылы түтінін сыртқа шығарады.
Хан ордасы, еңселі мешіт және басқа да мәнді ғимарат­тар күйдірілген шаршылы қызыл қыштан қаланып, іші мен сырты көк-ала, жасыл, әрқилы өрнекті шыназ жағылған өлшемді, шағын кесектермен қапталып, сұлу да сырлы кейіпке түседі. (Қазіргі заманға жеткен көрнекті үлгілер – Түркістандағы Әзірет-Сұлтан, Самарқанд пен Бұхарадағы сәулет­ті құрылымдар.)
Бүгінгі заманғы тарихшы, Алтын Орда қалалары туралы атаулы еңбек жазған В.Егоров осындай ғажайып ғимарат­тардың бірінің сыпат­тамасын жасаған. Қызыл қыштан қаланған зәулім үй тұпа-тура отыз бөлмеден тұрады. Ішкі қабырғалар алтынмен апталып, әсем өрнектелген. Еден алты бұрышты, ою сурет­ті кірпіштермен жабылыпты. Бай қоныс. Ал қарапайым бұқара, жалпы жұрт­тың тұрғын паналары әдепкі шикі, қам кесектер, немесе ағаш бөренелерден қаланады. Бұл да жылы, әрі таза мекен-жай.
Әлбет­те, кез келген тұрғын үйдің асты, айт­қанымыздай, кән аталатын, қатар-қатар, бұрма, ең соңында, бір бұрышта сыртқа түтін шығаратын тікелей мұржасы бар жылу пештері. Және барлық үйде таза су келтіретін һәм жуынды мен дәрет нысандарын сыртқа шығаратын қыш құбырлар бар. Және бұл – жекелік жағдай емес, жалпы жұртқа ортақ игілік. Күнделікті тұрмыстағы мұндай мәдениетке, орысты қойшы, әлемнің алды саналатын Батыс Еуропаның өзі жеті жүз жылдан соң, ХІХ ғасырда әрең жет­ті.
В.Баллод және одан соңғы, күні бүгінгі қазба жұмыстары мешіт, сарай, тұрғын үй, монша жұқаналарымен қатар, сол замандағы алдыңғы қатарлы өндіріс ошағы болған шаһар орнынан металл қорытатын горн пеш, құрылысқа қажет­ті қызыл кірпіш, қыш құбырлар, керамикалық үлкенді-кішілі тұрмыстық бұйымдар, ыдыс-аяқ дайындайтын, әрқилы сыпат­тағы құрылғылар тауыпты. Және сауыт-сайман, қару-жарақ шеберханаларымен қатар, шаруа­шылық пен күнделікті тұрмысқа қажет­ті балта, шапашот, ара, пышақ, күрек, ең аяғы темір шегелер жасайтын ұстаханалар өз алдына. Әр тұстағы қазбалардан бұдан басқа да зат­тық мұра жұрнақтары мен үлгілері көптеп ұшырасқан. Бұл қатарда сан қилы керамика нұсқалары таң қаларлық, деп жазған В.Баллод. Үлкен құмыралар, шағын саптаяқтар, әрқилы кейіпті құмғандар, ас-аяқ пен кесе, дәлеңке, шамдал және басқа да тұрмыстық бұйымдар. Бұлардың көпшілігінің сырты, көгілдір шыназбен сырланған және не түрлі ою-өрнекпен безендірілген. Сондай-ақ шойын қазанның сынығы және мыс ожау кездескен.
Осы азғана уақыт­та жиыны 2300 манат табылыпты. Бедері өшкен, немесе ажыратылмағаны – 780; қалған манат­тың Өзбек хан тұсында шыққаны – 421, Жәнібек хан тұсынан – 169, Бердібектен – 3, Бұлғақ кезеңінде таңбаланғаны – 727, яғни XIV ықылымның 12– 80 жылдар аралығы, тіпті, бүліншілік кезең, бүткіл ғасыр шегінде Сарай әкімшілік орталық қана емес, экономикалық ұйытқы қызметін де атқарды деген сөз. (Арыдан күні бүгінге дейін жинақтап келгенде, байтақ астананың ескі жұртынан ондаған мың(!) әрқилы теңге табылған екен.)
Гүлстан.
Алтын Орданың Сарайға тетелес екінші бір байтақ қаласы Гүлстан екен. Бар тарихта атағы дабылдап тұр. Халқы мол, қатынасы зор, аса ірі сауда және өндіріс орталығы болған. Бірақ таң қаларлық жағдай, осы соңғы жылдарға дейін әйгілі Гүлстанның орны табылмай келді. Тұспал деректері бар – кейінгі орыста шарт­ты түрде «Царевское городище» аталған, әлдебір ескі шаһардың маңайы. Қайткенде табан тірер айғағы көрінбейді. Ал осы ерекше нысанның өзі сол жұмбақты Гүлстан болуға мүмкін деген ой ешкімнің басына келмеген, өйткені ХІХ ғасырдағы орыс ғылымында бұл қадым қала Жаңа Сарай – Сарай әл-Жәдид деп жарияланып қойған. Сондықтан тақау төңіректегі, шамасы бес-он үйден тұратын әлдебір қоныс орны Гүлстан деп танылады. Ескілікті шаһардың атағы дүрілдеп тұр, маңызды манат орталықтары және ақша атаулы – үлкен қалалар есімімен байланысты, тек Гүлстан манат сарайы ғана әлдебір шағын ауылда орналасқан…
Ақыры, орыс ғалымы, Волгоградтық И.Евстратов, тарихи деректер және нумизматикалық зерт­теулер нәтижесінде, 1997 жылы төтенше түйін жасайды: «Царевское городище» деп жүргеніміз – Жаңа Сарай емес, Гүлстан қаласы, ал шын мәнісіндегі Жаңа Сарай – қазіргі Селитренное қыстағының түбіндегі байтақ шаһардың орны. Дәлелді, дәйекті, ғылыми қауым бірден-ақ қабылдаған, түйінді пікір. Осы жаңаша танымға орай И.Евстратов тағы бір көлденең пікір айтыпты. Алтын Орда шегінде ешқашан екі Сарай болған жоқ: әуелгі деп саналған Сарай әл-Махруса да, одан соңғы астана саналған Сарай әл-Жәдид те… бір-ақ шаһар. Тәрізі, тарихи деректерде Жошы ұлысының бірде Бату ұлысы, енді бірде Берке, одан соңғы заманда Өзбек ұлысы деп атала бергеніне орай туындаған жағдаят деп санаса керек. Қисынды. Бұл тосын пікір де біршама қолдау тапты. Әйткенмен, арада жыл өтпей жаңа бір байлам туындады. Аса дарынды жас ғалым, археолог А.Пачкалов нақты қазба жұмыстарының нәтижесінде әуелгі Сарай-Бату қазіргі Красный Яр селенінің астында қалған көне шаһар деген қорытынды жасайды: ең төменгі мәдени қатпар ХІІІ ғасырға сәйкеседі және осы өңірдегі бірден-бір дерлік жағдаят. Сонымен, бәрі де өз орнына қойылған сияқты. Сарай-Бату – Бозан жағасындағы Қызыл Жарда, Сарай-Берке – Ақтұба бойындағы Селитренное қыстағы мен тақау төңірегі, ал үшінші Сарай деген ешбір деректе жоқ. Яғни, күні бүгінге дейін орны табылмай келген әйгілі Гүлстан – қазіргі Волгоград қаласының түстік беті, 70 шақырым жерде, ендігі Царев қыстағының іргесінде жатқан Царевское городище. Басқаша қисыны да жоқ. Бір замандағы байтақ шаһар. Халқы жиын, аса ірі өндіріс ошағы. Еділ дарияның орта тұсы, һәм Жошы ұлысының ұйықты жері. Бар жағынан ұтымды, қолайлы. Алайда, төмендегі Сарай тұрғанда астана болуға аз-маз шеткері, негізгі керуен жолдарынан біршама қиғаш. Әйткенмен, барлық уақыт­та ұлыстың мәдени өмірі, шаруа­шылық жағдайы және ел ұйытқысы ретінде айрықша қызмет атқарған.
Гүлстан орыс ғылымының назарына алдыңғы қатарда ілінеді. Әуелде Жаңа Сарай деп танылған, енді Царевское городище аталып тұрған, бір кездегі ғажайып, әрі байтақ шаһардың ескі жұртында ХVІІІ ғасырдан бастап, жалғас замандарда ондаған оқымысты, тарихшы, археолог, саяхатшылар болған. Арыда – Дж.Перри, И.Фальк, И.Георги, И.Паллас… соңында В.Тизенгаузен. Бәрі де таңырқаған, тиесілі куәлік жасап, кейбірі азды-көпті, үстірт жазбалар қалдырған. Ал 1842 жылы полковник Н.Тетеревников алғаш рет ескі жұрт­тың топографиялық қартасын таңбаға түсіреді. Шаһардың бай-бағландар тұратын орталық ауданы 75 кварталға бөлінген екен, әрқайсында қорамды 20 үйден, жиыны – 1500; сыртқары жағында – 1000 әдепкі тұрғын үй. Сондай-ақ, 1843-1851 жылдары археолог, этнограф А.Терещенко біршама дәйекті қазба жұмыстарын жүргізген еді. Ескілікті шаһардың тұрған жері мен аумағын анықтап, көптеген зат­тық айғақтар тауып, ақыры бұл – баяғы Алтын Орданың ең елеулі қалаларының бірі деген қорытынды жасайды. Енді, арада біршама уақыт өткен соң, 1922 жылы жаз айларында латыш текті орыс ғалымы профессор В.Баллодтың зерт­теу нысанына айналған. В.Баллод өзінен бұрынғы А.Терещенконың ізімен тағы қаншама нақты деректер табады. Қаланың Ақтұба арнасын бойлаған ұзындығы – 13 километр, ені – 4 километрден астам, сонда жалпы ауданы – 55 шаршы километр шамасында, бұрнағы А.Терещенко өлшеміне қарайлас. Алтын Орда қалаларын зерт­теген қазіргі заман тарихшысы В.Егоровтың байыбынша, шаһардың жалпы аумағы әуелде бұдан әлдеқайда артық болған. Бұлғақ кезінде тұрғызылған үйінді мен ор ішіндегі орталық бөліктің өзінің аумағы екі шаршы шақырымдай екен. Алтын Орданың кемеліне келіп тұрған шағында мейлінше өркендеген, сол заманның үлкен мегаполисі. Астана Сарай-Беркеден кейінгі екінші шаһар. Ұланғайыр қала 1395 жылы Ақсақ Темірдің шабуылынан соң біржола қираған. Ибн Арабшах қаланың ғұмыры небәрі 63 жылға созылды депті. Яғни, алғаш рет 1332 жылы бой көтерген. Өзбек ханның тұсында. Әуелгі ұйытқы – дәулет­ті алпауыт­тардың қызыл кірпіштен қаланған, кең көлемді үй-жайы мен бау-бақша телімі болған. Бұдан әрі қаулап өсіп, тезінен өркендейді. Көп ұзамай-ақ байтақ шаһарға айналады. Ұлыстың орталық күретамыры Еділ дариясының алқабы және тұрған орны Орыс еліне жақын, соған орай Терістік Еуропамен де тығыз байланысты үлкен сауда орталығы. Әлбет­те, Еділдің етегі мен Шығыс Дәштіге қатынас та жолға қойылады. Яғни, қай тұрғыдан алғанда, елдің тұрмыс-ахуалы, тіршілігі мен экономикасында елеулі қызмет атқарған.
Гүлстан жер ыңғайына байланысты, көп рет­те Сарай-Беркеден өзгеше. Негізінен Ақтұбаның жақын жағалауында тұрған, шығыс тарапта тақтайдай жазық қыратқа ұласатын шаһар көшелері рет-ретімен, кейде бұрма, көбіне-көп кеңіс екен. Бір ерекшелік – суға бай. Ақтұбадан жырылып шыққан, әлдеқалай ескі атауы сақталған Қалғұты және кейінде Царевка аталған шағын өзендер ағымымен қатар, арнайы тартылған айқыш-ұйқыш тоғандар және жасанды көлшік, тағы қаншама тоспа бассейн бар. Тәрізі, ыстық жаз күндерінде қала тұрғындары шомылатын, салқындайтын мұндай бассейндердің бірінің ұзындығы – 72 метрдей, ені – 57 метр екен. Үлкенді-кішілі тұрғын үй атаулыға таза су келтіретін және кір мен жуындыны қайтаратын құбырлар тартылғаны айтпаса да түсінікті. Яғни, жергілікті жұртқа сол заманның бар жағдайы жасалған. Үлкенді-кішілі әлденеше үйдің орны аршылған екен. Соның бірінің албары – 85 те 64 метр; орталықтағы тұрғын ғимаратының аумағы – 43 те 18 метр шамасында. Еденіне алты бұрыш, өрнекті кірпіштер төселген, ал қиранды қабырғалар өз кезінде түрлі түсті мозаикамен безендірілген екен. Құрылыстың қақ ортасында дөңгелек жозы сақталып қалыпты, диаметрі – 2 метрге тақау, биіктігі 72 см, столдың беті түрлі түсті, құрама мозаикамен өрнектелген. Тағы бір тұстағы ғимарат­тың көлемі – 43 те 18 метр, бұл да бай тұрақ.
Шаһар шегінде сәулет­ті мешіт­термен қатар, кен қорытатын, қыш күйдіретін арнайы горн пештерімен қатар, әрқилы кәсіптік шеберхана орындары табылып жатуы – табиғи жағдай. Әлбет­те, ежелгі шаһардың қай тұсынан болмасын, көгала шыназ қапталған, әрқилы түсті өрнектермен әшекейленген арнайы кесектер мен кірпіш және ыдыс-аяқтардың сырлы сынықтары көптеп ұшырасқан. Ал бұрнағы құрылыс атаулы, оның ішінде сәулет­ті ғимарат­тардың қыш кірпіштері түгелдей тасылып әкеткені және бұл, жергілікті жұртқа қажет­ті дүниелердің әлі де тонауға түсіп жатуы айтпаса да түсінікті.
Орыстың империялық санадағы өрісі тар, пасық, топас тарихшыларының қалыпты қағидатынан мүлде басқа тараптағы, өткен ұлы мемлекет­тің шын мәнісіндегі зат­тық, мәдени һәм рухани биігі туралы мүлде жаңа бір ұғымға тоқтаған профессор В.Баллод, ғажайып екі шаһар – Сарай-Берке мен анық Гүлстан шегінде жүргізген дәйекті археологиялық жұмыстарынан соң: «Жаңа һәм Ескі Сарайдағы, сырты шыназбен қапталған, әсем ою-өрнектермен безендірілген тұрғын үйлер мен ғимарат­тар қандай сәулет­ті көрінер еді!.. Алтын Орданың мәдени орталығы болған Сарай шаһары, ондағы зауыт­тар мен шеберханалар, [Жаңа Сарайдағы] су жүйесі, осынау қалалардың құрылысы, тұрғын үйлердің әсем жабдықталуы, тіршілікке қолайлы барлық жағдайы, жылу жүйесі мен айрықша тазалығы андағайлап тұр. Алтын Орданың ескілікті қалаларында атқарылған қазба жұмыстары бұл халықтың осы уақытқа дейін беймәлім және мүлде теріс байыпталып келген мәдениеті мен өнерін жете тануға септеспек», – дейді. Адал ниет­ті үлкен оқымыстының көзбен көріп, нақты тәжірибе және білімдер парасатпен кәміл таныған ақиқат пікірі. Бұл – 1923 жыл. Совет­тік қызыл фашизм әлі де аяқ, қолын жинай алмай жатқан мезгіл. Көп ұзамай, мұндай, ежелгі империялық сая­сатпен қабыспай жатқан, ендігі танымға да қайшы ғылыми пікір теріске шығарылады. Профессор В.Баллод Алтын Орданы жойдасыз дәріптеп жіберіпті! Жыртқыш, жабайы, қанішер, хайуан жұрт­та мәдениет атаулының жұқанасы да болуға мүмкін емес!.. Осы екпінмен совет­тік жетпіс жыл өт­ті. Енді, амал жоқ, басқаша айтып жатырмыз…
2
Жергілікті халық және келгінші жұрт біршама жиын топтасқан Алтын Орда қалалары тек сауда, өнеркәсіп орталығы ғана емес, мәдени және рухани ұйытқы болды. Берке хан тұсында күш алған ислам діні кейінгі Әз-Жәнібек хан заманында Жошы ұлысының мемлекет­тік діні деп жарияланды. Есебі, түрік текті барша қауымның негізгі рухани қазынасы. Астана Сарай ғана емес, бүткіл ұлыс шегі, шаһар, кент атаулыда сансыз мешіт салынады. Сонымен қатар, Шыңғыс ханның Жасақ заңында бекітілген, барлық дін атауының құқұқтық теңдігі туралы низам берік сақталып тұрғанын көреміз. Ұлы империяның Еуропа жұртында бұрын да, кейін де орнықпаған, өзіндік бір сая­саты. Ғайри діндегі бодан жұрт қана емес, нанымы бөлек келгінші қауым үшін де кеңшілік. 1261 жылы, хақ мұсылман Берке хан тұсында Орыс христиан шіркеуінің Сарай епархиясы ашылады. Ал 1315 жылы, Өзбек хан тұсында Католик епископтық орталығына рұқсат жасалады. Қандай да дін, діни қатынас мәселесіне айрықша мән берген Алтын Орда хандары Рим папасымен үнемі хат алмасып тұрған. Барлық қала, кент атаулыда әрқилы кәсіп, өндіріс жөніне лайықтанған арнайы кварталдар қалыптасады. Мәселен, қару-жарақ ұстаханалары, зергерлік-сән бұйымдарын әзірлейтін, қыш ыдыстар, шыны тауарлар жасайтын кәсіпкерлер, сүйек, немесе металл өңдейтін шеберлер – әрқайсы тиесілі мамандық жөнімен ұштасқан топ пен ұжым атаулы өз алдына, дербес тіршілік кешкен. Осы орайда, бай көпес, саудагерлер қауымы бір жосын. Алтын Ордаға терістік-батыста Балтық бойынан, одан етекке қарата Ғанза-герман жұртынан, Орталық Еуропа мен Италиядан, түстік-батыстағы мұсылман елдерінен, тиімді пайда мен кәсіп соңындағы қаншама саудагер келіп, кетіп жатады. Мұндай, арғы бет қана емес, бергі, байырғы жұрт үшін де мейлінше тиімді алыс-беріске ешқандай көлденең бөгесін жоқ, мейлінше барлық жағдай жасалған. Міне, осыншама игілікті кәсіп, шет жұрт­тармен үздіксіз қатынас, алыс-беріс қана емес, өзіндік тіршілік кебін табу – негізгі керуен жолдарының бойында тұрған астана байтақ пен ірі шаһарлар ғана емес, бүткіл ұлыс шегіндегі үлкенді-кішілі қала, кент­тер арқылы да жүзеге асуға тиіс еді.
Қытайды көзбен көріп, таныған, Шығыс және Орталық Еуропаны да жақсы білген Бату хан мемлекет өміріндегі қалалы жұрт­тың мән-маңызы мен қызметін нақты байыптағаны анық аңдалады. Батыс жорығынан орала салысымен-ақ Еділдің төменгі ағысында Сарайдан басқа да қалалар құрылысына кеңінен жол ашыпты. Ал Берке хан заманында бүткіл ұлыс шегінде үлкенді-кішілі қалалар іргесін негіздеу жаппай сыпат алады және мейлінше өркендейді. Бұрнада шаһар, кент атаулы мүлде дерлік ұшыраспаған Батыс Дәштіде айналасы отыз-қырық жылда қаншама қала бой көтеріпті. Һәм жаңа тұрақ, жаңа кент­тер жалғас заманда да тынымсыз орнығып жатады. Батудан басталып, Берке тұсында өрлеген, бұдан соң да мейлінше дамыған қала құрылысы бұрнағы Қыпшақ, кейінгі Алтын Орданы әуелгі көшпенді тіршілікпен қатарласа, отырықшы, шаһарлы қауымға бейімдейді. Қазіргі ғалым тарихшылар байыбынша, Алтын Орда шегінде 150-140 қала болған деп саналады. Соның біразының есім-жөні де, тұрған орны да белгісіз. Бұлардың, кейбірінің, әсіресе Батыс Дәшті шегінде, жұқанасы да қалмапты, көпшілігінің үйілген, ойқы-шойқы топырағы ғана жатыр. Алайда, мүлде дерексіз емес.
Алтын Орданың тарихи жағырапиясын зерт­теген орыс оқымыстылары ескілікті жазбаларға сүйене отырып, кейінгі археологиялық жұмыстар нәтижесінде біршама байыпты зерт­теулер жасапты. Осы қатарда тарихшы В.Егоров ұлыстың ыдырау кезеңінде қираған, бұдан соңғы Ресей отаршылдығы заманында әдейі талқандалған, бүгінде үйіндісі мен іргесі ғана қалған 102 қаланың орнын нақтылайды. Аймақ межесімен теріп айт­қанда, Еділ бойы – 40 қала, (оның ішінде Бұлғар қонысына тікелей қатысты 11 қала), Прут-Днестр алқабы – 4 қала, Днестр-Днепр аралығы – 7, Днепрдің сол жағалығы – 3, Қырым – 7 қала, Дон алқабы – 8, Терістік Қапқаз – 14, Жайық бойы – 5, Хорезм – 3, Батыс Сібір – 3, Солтүстік Қазақстан – 3, Оңтүстік Қазақстан – 5 қала; жиыны – үлкенді-кішілі 102 қала мен кент. Әлбет­те, В.Егоров есебінде Алтын Орда шегіне қарасты шаһар, кент атаулы түгелдей қамтылмаған. Басқа бір тарап – бұрнағы В.Баллод, кейінгі А.Григорьев, әсіресе А.Пачкалов, өзіміздің Ә.Марғұлан, К.Байпақов пен Л.Ерзакович, және бір зерт­теулерде тағы бірталай қала жұрты аталады. Алдағы заманда бұл тізбе нақтыланып, әрі ұлғая беруі анық. Қайткенде өткендегі төл тарихымыз, барымызды түгелге жуық атай кетейік.
Хажы-Тархан.
Еділ дарияның ұзына бойына орналасқан, іркес-тіркес көп қаланың ішінде Сарай мен Гүлстаннан соңғы ең үлкен шаһар – тоғыз жолдың торабы, ірі сауда орталығы Хажы-Тархан екен. Күні бүгінде іргесі қашан бекігені нақты анықталмаған. ХІІІ ғасырдың екінші жарымы, тіпті, ақыры деген пікір бар. Бартольд ХІV ғасырға сілтейді. Қисыны да осы. Қазіргі заман зерт­теушілері, мәселен А.Пачкалов 1320 жыл шамасында деп айғақтаған. Анығы – тез өскен, үлкен, әрі негізгі орталықтардың бірі. Іргесі қаланған соң, арада он бес-жиырма жыл өтпей, Ибн Бат­тута Алтын Орданың аса көрнекті қаласы ретінде атап көрсетеді. Атақты саяхатшы Хажы-Тарханда екі мәрте болған. Екіншіде жолай. Әуелде – Терістік Қапқаз, Бештаудағы ұлан-асыр мерекеден соң, әжептәуір бөгеліпті. Бұл – хижраның 734 санаты, миләди 1334 жылдың жаз айлары. «Хажы-Тархан – түрік қалаларының ішіндегі ең бір үлкені, маңызды, және айрықша көркем шаһар, – дейді. – Көшелері кең, әсем, қаншама сәулет­ті ғимараты бар.» Және қала іргесі Өзбек ханның тұсында бекігенін куәландырады. Бастапқыда әлдебір пірадар қажының жалғыз үйлі тұрағы екен, сұлтан осы жерді еншісіне беріп, тархан дәрежесінде салық, салғырт­тан босатып, тікелей қамқорлығына алады. Шағын ауылға айналған қыстау көп ұзамай-ақ өсіп, өркендеп, үлкен қала болып шығады. Және Хажы-Тархан атанады. «Бұл – қазірде Еділ бойындағы дулы, базарлы, ең тамаша қалалардың бірі. Сұлтанның өзі суық түсіп, дарияны мұз құрсағанша осы жерде қоныстайды. Содан соң, бұл жұрт­та мал азығына пайдаланбайтын мыңдаған арба сабан алғызып, қатқан мұз үстіне жайғызады да, осы дария және тиесілі тармақтар бойында [жалпы жұрт] арбалы көлікпен неше күндік жерге еркін қатынай береді. Тіпті, [сабан жолмен] керуендер де өтіп жатады…» Әйткенмен, дейді, бұл өзгеше деректің соңын ала, қыс соңына қарай мұз ойылып, жұрт­тың суға кетіп жататын жағдайлары да ұшырасады екен…
Алтын Орданың Хажы-Тархан шаһары Еділдің оң қабағында, қазіргі Астрахан қаласымен тұстас шамада орналасқан екен, бүгінде тасқын судан іргесінің өзі түгелге жуық жойылып, жермен-жексен болған. Жареный (Шареный) бугор деп аталатын қырат төбешік қана қалыпты.
Белжәмен.
Көлемі 500 мың шаршы метр, заманында үлкен қалалардың бірі. Шын мәнісінде араб дерегінде (Абу әл-Фида) таңбаланғандай, Белджамен емес, Белді-Емен болса керек, яғни Жуан емен. В.Егоров ескі жұртқа жапсарлас, ХVІІ ғасырда орнаған Дубовка дейтін селен бар, бұл бұрнағы шаһар атының орысшаланған нұсқасы деген. Ресейдің қазіргі Волгоград қаласының шегі, Еділдің оң жағалығы, аталмыш Дубовка қалашығының терістік іргесі, шамамен екі шақырымдай жерде. Бұл – Еділ мен Дон өзендерінің қарама-қарсы иіліп, тоғысуға тақаған, небәрі 60 шақырымдық, ең жақын тұсы. Сауда және қатынас жолдарының түйінді жерінде тұрған Белді-Еменнің маңызы айрықша болған. Тақау екі тараптағы су жолдары өз алдына, дариядан дарияға ауысатын сүйретпе қылы тағы тұр. Сондықтан Белді-Емен Алтын Орданың ең дәулет­ті, іргелі және көрікті қалаларының бірі ретінде қалыптасады. Тұрғын үйлері қолайлы, атаулы ғимарат­тары еңселі. Қала жұртында аумағы 900 шаршы метрлік тас мешіт орны зерт­телген. Үлкен үш дүрбе тағы бар екен. Шаһардың құбыр жүйесі айғақталған. Әрқилы өндіріс, қолөнер комплекстерінің орны анықталады. Заманында тіршілік қайнап тұрған, ерекше қалалардың бірі.
Үкек.
Еділ бойындағы тағы бір елеулі мекен – Үкек. Жазба деректерде ХІІІ ғасырдан бастап аталады. Еділдің қысаң тұсы, оң жағалық, өткелек аузына салынған екен. Кейінгі жергілікті тұрғындардың куәлігіне қарағанда, 1880 жылдарға дейін-ақ ескілікті қаланың басым бөлігі жардан құлап, суға кетсе, ендігі қалған бөлігі тұтасымен Саратов қаласының астына түсіпті. Алтын Орданың ең елеулі шаһарларының бірі. ХІІІ ғасырдың орта шенінде іргесі қаланса керек. Тарихи әдебиет­те алғаш рет 1253 жылы аталады. Мұнда сол заманның өзінде Рубрук болған, 1262 жылы Марко Поло көрген. Кейініректе әл Омари өз жазбаларында атайды. Ибн Бат­тута «орташа көлемді қала, алайда құрылыстары әсем, игілігі мол, тек қыста қат­ты суық» деп жазған. Бұған жалғас Абу әл-Фида: «Еділдің Бұлғардан төменгі ағысында Үкек қаласы тұр, жағалауда одан әрі – Белджамен, ал Үкек Бұлғар мен Сарайдың қақ ортасы, әрқайсына он бес күндік жол», – деген. Өткел аузында орналасқан, сондықтан пайдасы мол, сонымен қатар, тұрғылықты халқы тұз саудасымен айналысады. Және қалада өзіндік өндіріс орындары болыпты. Қайткенде, дәулет­ті қала, жергілікті жұрты өте бай тұрған сияқты. Кейінгі заманда Увек аталған ескі жұрт­тан мыңдаған күміс ақша табылып жатқан. Жан-жақты ғалым Г.Саблуков осы нумизматикалық байлық жөнімен Үкек туралы да толымды пікірлер айтады. Ежелгі қаланың өзі көрген 1840-жылдар шамасындағы ескі жұртын айғақтапты. Әлбет­те, ежелгі шаһар орны әуелгі қалпынан көп өзгерген және жыл сайын қусырылып барады. Оның үстіне Ресейдің ішкі тарабынан келіп қоныстанып жатқан жаңа жұрт та ескілікті жұрнақтардың біржола жойылуына үлес қосып жатыр, дейді. Г.Саблуков көне шаһардың орныққан межесін айқындап, топографиялық картасын жасайды. Ал В.Баллод 1919 жылы қазба жұмыстарын жүргізіп, қаланың өз заманында үлкен орталықтардың бірі болғанын айғақтайды. Үкек Еділ өзенінің оң жағалығында, созыла жайланған екен. Ұзыны үш шақырым, көлденеңі бір жарым шақырым. Мағлұм аумағы – 270 гектар деп айтады. Алайда, бұл – әуелгі қаланың қаншалық бөлігі екені беймәлім. Сондай-ақ Үкекте 9-10 мың тұрғын болған деп шамаланады, бұл да кейінгі жұртының көлеміне сәйкес шамаланған түйін, анығы – бұдан әлдеқайда көп тұруға тиіс. Сонымен қатар, осы 9, 10 мыңның өзі орта ғасырлар үшін біршама халық.
3
Біз Алтын Орданың Еділ бойындағы ең атақты деген бес-алты қаласын бөліп атадық. Енді ұлыстың отырықты жұрты туралы толық мағлұмат үшін, бүгінде бұрнағы аты да, заты да ұмытылған, әйткенмен, тұрған орындары айқындалған, үлкенді кішілі қалаларды мүмкіндігінше түгендеп шығайық.
Әуелі Еділ-дарияның алқабы. Мұнда нақты орындары айғақты қала, кент­тердің ұзын саны қырық қаралы. Барлығы да қаусап қалған, үйік-үйік төбешік, көбінің іргесі әрең ажыратылады, кейбірін ескі жазбалар негізінде ғана танып алуға мүмкін. Ежелгі есімдері ұмытылған, бәрі де шарт­ты түрде, тақау төңірегіндегі қазіргі мекендердің атымен және қала орны городище деп көрсетіледі. Енді осы, ұлы дарияның етегі мен орта ағысында ғұмыр кешкен, өз заманындағы сән-салтанат­ты, дулы, бізге мағлұм қалаларды бүгінгі қалып-саны бойынша тізбелей кетейік.
Красноярск. Еділдің төменгі тармақтарының бірі Бозан өзенінің биік түбекті сол қабағы, Ақтұбамен қиылысқа тақау жерде. Бұл, төңірегінен бойы озып, оқшырайып тұратын, «беткейі биік, дөңі зор» өзгеше қоныстың кейінгі қазақтағы атауы – Қызыл Жар, ал бағзыдағы ныспысы – Қандақ. Венециялық Фра-Мауроның 1459 жылы таңбаға түскен әйгілі қартасында Қандақ кенті – Еділдің шығыс атырауында, нақты белгіленіпті. Осыған орай және өзінше дербес кейінгі Еуропа карталарында тағы көрсетілген. Ал өз тарабымызда, шағатай тілді ескі «Шыңғыс-нама» тауарихында: «Бату ханның Ордасы Үш Қандақта тұр», – дейтін мәнді дерек бар екен (А.Пачкалов бойынша). Ең жаңа, ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы тиянақты зерт­теулер бойынша, Жошы ұлысының әуелгі, батыс астанасы осы Қандаққа орнаған. Сәулет­ті Сарайға көшуі кейінірек, бәлкім, Батудың тұсында басталып, ақыры Беркенің заманында біржола тиянақталған.
Қандақтағы ескі жұрт­тың төрт тарабы: 800 – 1000 – 400 – 500 метрден. Кейінде тұтасымен орыстың, рас, қазір қазақ аралас тұратын Красный Яр қыстағының астында қалған, Тек селеннің терістік шетіндегі, енді Маячный бугор аталатын екі бөлік ескі зират қана өз орнында. Көне кент­тің мүмкін болған тұстарында алғаш рет 1988-1991 жылдарда ғана қазба жұмыстары жүргізіліпті; кейінде үздік-создық жалғасқан. Мәдени қатпар – 1 метрге тақау екен. Бұдан бұрын жергілікті халық құрылыс асты, үй іргесі, кездейсоқ қазылған жыра, шұқырдан күміс ақша мен әрқилы зат­тар ұшыратып жүрсе керек, мұның бәрі із-түзсіз кеткен, ғылым үшін жоққа есеп. Енді, жоспарлы қазба кезінде металл қорытатын горн пеш, керамикалық өндіріс іздері, әрқилы тұрмыстық, шаруа­шылық бұйымдары шығады. Ең мәнді һәм құнды нәрселер Маячный бугор зиратынан табылыпты: алтын, күмісті зергерлік дүниелер және әрқилы қымбат мүкәмал. Осыған орай, бұл зират – ел билеуші, дәулет­ті кісілерге арналған нысан болса керек деп шамаланған.
Астана-байтақ көшіп кеткеннен соң да Сарай-Бату кентіндегі тіршілік тоқталмаған. Алайда, жаңа жағдайға, һәм жер ыңғайына қарай, бұдан әрі өсіп, өркендемепті. Әйтсе де, әуелгі құт­ты орда, нысаналы қоныс есебінен шықпайды. Жайықтағы Сарайшық қатарлы демалыс, сейіл мекені. Мәселен, сырқат дендеген Тоқты хан киелі кентке келіп, тыныс алмақ сапарында осы Қандақ – Сарай-Батуда дүниеден өтеді.
Мошаик. Алтын Орда заманындағы нақты атауы – Машайық болуға тиіс. Астрахан қаласының түстік-шығыс қапталы, Мошаик қыстағының жанында. Соңғы өлшемдер бойынша аумағы – 2750 де 625 метр, бәлкім, бүгінгі, біршама кеміген көлемі. Қайткенде, өз заманының іргелі кенті. Мәдени қыртыс 2 метрге жетеді екен. Алғаш рет Е.Шнайдштейн 1978-79 жылдарда қазба жұмыстарын жүргізеді. Қыпшақтан бұрын оғұз қонысы болыпты. Дәп іргесінде ескілікті, үлкен зират бар екен. Мұнда Баба-түкті Шашты Әзиз әулие жерленген деп айтылады. Бұл қабір әуелде Астрахан айлағының шегінде жатқан, енді аяқ асты қалмас үшін 1930 жылы, осындағы мұсылман қауымы (тәрізі қазақ, ноғай, татар) жасырын түрде осы Машайық зиратына көшіріпті. Қастерлі зират­та тағы төрт әулие тыным тапты деп саналған. Бүгінде зират­тар ақтарылмаған, қаланың ескі жұрты да түпкілікті зерт­телмеген. Өз кезіндегі әжептәуір үлкен кент, бұдан әріде Хажы-Тархан қаласының дәуірлеуіне байланысты өспей қалған сияқты. Және ХІV ғасырда Хазар теңізінің деңгейі көтеріліп барып су басқанда иен қалуы мүмкін делінеді, ал теңіз кері қайт­қанда бұрнағы халқы қайтадан қоныстанбаған сияқты.
Комсомольское. Астрахан облысы, Краснояр ауданы, Комсомольск қыстағына тақау. Алғаш ХІХ ғасырдың орта шенінде этнограф Н.Небольсин Сеитовка деревнясының (тәрізі, кейінгі Комсомольск қыстағы ) терістік жағында, 10 шақырымдай межеде жергілікті тұрғындар Ақ-Мешіт атайтын ескі қонысқа назар аударады. Мұнда үлкен тас мешіт және «Шыңғыс хан, Жәнібек хандардың моласы» бар екен… дейді. Кейін, ХХ ғасырдың басында Саратов археологы С.Краснодубровский біршама мағлұмат қалдырған. Көршілес ауылдарда тұратын татар молдаларының айтуынша, ескі жұрт қасиет­ті Ақ-Сарай кентінің қалдығы екен, мұнда алыс-жақын өңірдегі мұсылмандар тәуап етіп келетін әулиелер зираты бар, депті. Краснодубровский үстін ғана емес, тақау төңірегін түгелімен құм басып жатқан қаланың нақты аумағын анықтай алмапты. 1928 жылы тағы да Саратовтан шыққан археолог П.Рыков тікелей қазба жұмыстарын жасайды. Үлкен мешіт орны, тұрғын үйлер іргесі және зират төңірегі зерт­теліпті. Қыш кірпіштер өз алдына, су құбырларының қалдығы, шыназ тақталар, керамика үлгілері табылады. 1980-90 жылдар тоғысында Астрахан музейінің арнайы экспедициясы тағы бірталай қазба жүргізеді. Үлкен мавзолей, ауқымды ғимарат іргесі аршылыпты. Бірталай теңге, оның ішінде ХІІІ ғасырдағы Мысыр сұлтаны Бейбарыстың есімі таңбаланған алтын манат табылады. Бұл соңғы зерт­теулердің ғылыми қорытындысы әзірше жарияға жетпеген екен. Бүгінде Комсомольское городище болып тұрған ескі кент­тің ежелгі атауы туралы екі-дай пікір бар: бұл – тарихи әдебиет­тегі Ақ-Сарай; жоқ, бұл – Орда Муаззам. Біз ел жадындағы дерек және нақты ескерткіш негізінде С.Краснодубровский, П.Рыков түйіндеген Ақ-Сарай нұсқасын мақұл көреміз.
Ел Үй Муаззам, қазіргі Астрахан облысының шегінде. Манат сарайы болған.
Орда Муаззам. Еділдің атырауы, Астрахан облысының шегінде. Қазіргі Комсомолское городище тұрған жер деп шамаланады. Анығы – жаңсақ болжал.
Чертово. Облыс орталығы Астраханнан 53 шақырым төменде Икрян ауданының шегінде, Бақтемір тармағының оң жағалауы. Ескі жұрт­тың аумағы – 1300 шаршы метр. Ені 20-30 метрлік, ұзыны 150 және 375 метр, құлаған ескі дуалдардың сұлбасы бар. Бұл қала елеулі теңіз порты болған деп шамаланады. 1864 жылы барон Тизенгаузен зерт­теген, 1962 жылы Л.Гумилев назар аударған екен, 1987 жылы Е.Шнайдштейн қазба жұмыстарын жүргізеді. В.Егоров бұл «Чертово городище» Батыс Еуропада Пицганидің 1367 жылы және Каталон атласында 1375 жылы қартаға түсірілген Құтоба (Котоба) кенті болуға тиіс деп жазады.
Самосдельское. Астрахан қаласынан 45 шақырым төменде, Еділдің ескі бір арнасы, бүгінде Бирюль аталатын тармақтан 1 шақырымдай шығыста, қыраң жерде. ХХ ғасырдың соңында ғана ашылған. Аумағы – 2 шаршы километр, мәдени қатпары – 3 метрдей. Қала іргесі VІІІ ғасырда көтеріліпті, ХІ-ХІІ ғасырларда өркендеген, Ұлұғ Ұлыс тұсында бұрнағы көлемі қусырылыпты. Өз заманындағы іргелі қала, баяғы Итиль, немесе Саксин болуы да мүмкін деген болжал бар. Алтын Орда кезіндегі атауы белгісіз, бәлкім, Абу әл-Фида Жағырапиясында айтылатын Ескі-Юрт.
Тумак-Тюбе. Тұмақ-Төбе, әлде Тымақ-Төбе қалашығы – Еділдің сол қабағы, Астраханнан 32 шақырым төменде, Нариман ауданының шегі.
Новорычанское. Астрахан облысы, Володар ауданындағы Новый Рычан қыстағының іргесінде.
Ақ Сарай. Еділдің төменгі атырауында. Нақты орны анықталмаған. ХІV ғасырға тиесілі теңгелер табылыпты. Және сол замандағы тарихи әдебиет­те аталатыны бар. Бәлкім, Краснояр ауданындағы «Комсомольское городище».
Лапас. Астрахан облысы, Қарабала ауданының шегінде, Ақтұбаның сол қабағы, Сарай шаһарынан 40 шақырымдай төменде. Дария жағасымен, ұзыны 1 шақырымнан астам, көлденеңі – 100 метрдей, біртұтас қоныс. Бұрнағы кент орнымен қатар, шағындау 9 зират және аса ауқымды, кезінде, сөз жоқ, айрықша сәулет­ті төрт мазар бар. Бүгінгі зерт­теушілер мұсылман дінді Берке, Өзбек, Жәнібек деп есептейді. Ал төртіншісін – Бердібек деп шамалаудың қисыны аз, өйткені бұл Бердібек хан жаппай жұрт­тың наразылығы нәтижесінде қысасты өлімге ұшырады және жер қойнына түсер-түспестен Алтын Ордада ғаламат Бұлғақ – қырық тармақты азамат соғысы басталды. Яғни, төртінші мазар – әлде Мөңке-Темір, әлде Тоқтыға тиесілі. Жошы ұлысының әуелгі кезеңінде мұсылман рәсімі нақпа-нақ, қатаң сақтала бермеген. Мен 1997 жылы, осымен үшінші мәрте Алтын Орданың орталық жұртына арнайы сапармен барған едім. Сонда Сарайдан соң, жергілікті қазақтар Лабас деп айтатын ескі қоныс орнын да көрдім. Барлық мавзолей нұсқасын емес, күре жолға тақау біреуін. Мығым іргесі толық сақталған екен. Шаршылы қызыл кірпіштен қаланған. Ислам сызбаларында көп кездесетін алты бұрыш кейпінде. Жалпы диаметрі қырық метр шамасында. Құрылымы – сыртқы сұлба жөнімен, негізінен үш бұрышты әлденеше бөлік. Мені құрмет­теп алып жүрген жергілікті үлкен кісі бұрнада осы ішкі жағынан зеңбіректің ескі тобы – үлкен тас ядро табылған, кейінде музейге алып кетіпті, деді. Яғни, жеңімпаз орыстар бүтін қабырғаларды әуелде зеңбірекпен қаусатқан (бұл – жаулаушы орыс әскерінің үйреншікті ғадеті – бізде Қозы-Көрпеш – Баянның күмбезінің төбесін, ал Көне Үргеніште биіктігі 62 метрлік Құтлұғ-Темір мұнарасының ұшар басын атқылапты; күмбездің кетінеген шошағы сау жағының есебінен толықтырылып, қайтадан қаланған, ал әйгілі, ғажайып мұнараның ұштығы, мен көрген 1985 жылы сол ойылған, қисайған қалпында тұр еді). Тек ескі мазар ғана емес, мешіт пен сарай, сәулет­ті құрылыс атаулы арнайы қиратылып, барлық қызыл қыш кесектерін тасып әкетіп, Астрахан қамалын, және басқа да қала, селендер іргесін, шіркеуі мен үйлерін тұрғызуға пайдаланған, одан қалғанын әдейі шағып, қара жерге теңеп, талқандап кететін болған; бүлдіру, қирату – орыс жұртының ата-бабадан қалған, бүгінгі күнге жалғасып жатқан әдепкі салты.
Дәулет-хана. Сарайдың түстігі, қазіргі Лапас қыстағының төңірегі.
Алтыкешен. Орыс деректері бойынша, А.Пачкалов атаған. Сарайдан төмен, Еділдің етегінде.
Берекзан. Еділдің атырауы, Сарайдан төменгі бір кент. А.Пачкалов нақты атауы Берекеджан болса керек деген. Нақты орны белгісіз.
Суммеркент. 1254 жылы көрген Рубруктың айтуынша, Сарай шаһарынан төмен, Еділ-Ақтұба аймағындағы аралдардың бірінде; қазір су шайып кетсе керек. Ескі жұрт табылмаған.
Базджин. Орыс жылнамаларында Бездеж, манат сарайы болған, елеулі кент­тердің бірі. Сарайдың терістік тарабы, тақау жерде. Нақты орны белгісіз.
Енотаевское. Еділдің оң жағалығы, Сарай қаласының қарсы беті, қазіргі Астрахан облысының Енотаевка және Серглазовка қыстақтарының аралығында.
Заплавное. Ақтұба бойында, Безродное қалашығынан төменірек; бүгінде із-тозы жоқ.
Царицынское. Бұрнағы Царицын кентінің шегінде, кейін Волгоград қаласының астында қалған.
Мечетное. Еділдің Ақтұба тармағы бөлініп шығатын тұсына қарама-қарсы бет­те, дарияның оң жағалығы. 1919 жылы В.Баллод қазба жұмыстарын жүргізіп, бірталай ескілікті зат­тық мұралар тапқан. Бұл кезде көшелер мен үйлер ізі сақталып тұрған екен. ХІІІ ғасырда іргесі қаланған. Бұрнада Жұма мешіті мен хан сарайы, мазарлар және басқа да құрылыстар бұзып алынған екен, қирату, талқандау әлі де тоқтамалмаған. Баллод: «Мәскеу үкіметінің Алтын Орда заманынан қалған биік дәрежелі зат­тық мәдениетке өшпенділігі мен жабайы әрекет­тері таң қаларлық…» деп жазған. Мечетное кенті бүгінде Волгоград қаласының астында қалған.
Ахтубинское. Еділдің сол қабағы, Мечетное қалашығының қарсы беті, Ақтұба тармағының бастауында. Бүгінде іргесіне дейін жойылып кеткен.
Погромновское. Еділдің сол жағасы, Ахтубинское қалашығынан азғана жоғарыда; бүгінде мүлде дерексіз.
Винновское. Еділдің сол жағасы, Волгоград қаласынан жоғарырақ, Винновка қыстағының іргесінде. Әрқилы құрылыс орындарымен қатар, көптеген зат­тық мұра: жез қазан, қылыш пен сауыт, мыс және күміс ақшалар табылған.
Водянское. Бұл да Царицынға тақау, Дубовка селенінің іргесінде. Әлбет­те, ертелі-кеш түк қалдырмай бұзған, қиратқан, құрылыс зат­тары тасып әкетілген; ал Дубовка қыстағындағы сәулет­ті Успен шіркеуі сондағы қызыл қыштан қаланған екен, әуелде шіркеудің ішкі қабырғалары да ескілікті көкала шыназ, әшекейлі тақталармен қапталады, бірақ кейінірек христиан дініне сәйкеспейді деп, түгелдей үстінен сылақпен жабылады. 1921 жылы В.Баллод біршама дәйекті қазба жұмыстарын жүргізеді. Ескілікті ғимарат­тар мен тұрғын үйлердің орнын аршиды, көптеген зат­тық мәдениет үлгілері, алтын, күміс әрқилы бұйымдар, Ұлұғ Ұлыс дәуірінің мыс, әсіресе күміс ақшалары көптеп табылған. Ескілікті қаланың ұзындығы – Еділді жағалай екі шақырымнан астам және көлденеңі де осыншама, жалпы аумағы 500 мың шаршы метрге тақау деп есептелген. Қала көшелерінің сұлбасы айқын танылады, дәулет­тілер тұрған орталық бөлігінде жалпақ әрі түзу екен.
Песковатское. «Водянское городищеден» 3 шақырымдай жерде, Песковатска қыстағының іргесінде. Аумағы 2 гектардан астам. Ешқандай құрылысы сақталмаған.
Стрельное. Песковатска қыстағынан 25 километрдей жоғары, Стрельное деревнясының түбінде. Аумағы бір шақырымдай ескі кент орны болған. Мүлде зерт­телмеген. Ендігі біржола жойылып кетсе керек.
Колобовское. Гүлстан шаһарының түстік іргесі, 3-4 шақырымдай жерде. Алғаш рет А.Терещенко назар аударып, 1844 жылы қазба жұмыстарын жүргізеді. Кейінгі заман, күні кешеге дейін әйгілі Гүлстан шаһарының өзі деп жаңсақ саналған, көрікті тұстағы шағын кент­тің мәнісін нақты пайымдаған А.Терещенко бұл – әлдебір алпауыт бектің үлкен шаһар сыртындағы демалыс жайы деп таниды. Ал ХХ ғасырдың бас кезінде Н.Веселовский хан сарайы деп түйіндеген. Біршама уақытқа дейін «Колобовка» жұртының ғимарат­тары мен мұнараларының топырақ пен құм басқан сұлбасы сақталып тұрған. Орталықтағы үлкен үйіктің қарасыны, 1875 жылғы дерек бойынша, аз-кем емес, тура 20 шақырымнан көзге шалынады екен. Бұрынғы-соңғы қазба жұмыстары кезінде шаршы бітімді, әр тарабы 200 қадамнан астам үлкен мешіт іргесі атап айтылады. Сондай-ақ, жеміріліп тозған тағы бір үйіктің еңсесі 32 метр шамасында, аумағы 200 метрден артық, сыртындағы дуалының ұзындығы 630 метр, ал қабырғаларының қалыңдығы үш ат қатар жүретіндей. Бұрынғы-соңғы қазба жұмыстары кезінде алтын аяқ-табақ, алтын кеселер, қаншама теңге және басқа да көркем, қымбат нәрселер табылған. Өрнекті, көк-ала шыназ тақталар өз алдына. Құрылыстардың барлығы да шаршылы қыш кесектермен қаланған екен. А.Терещенконың куәлігінше, кейінгі орыстың Колобовка қыстағындағы барлық үй-жай осындай ескі құрылыстардан бұзып алынған қыш кірпіштерді пайдаланыпты.
Қалмурзи Сары. Еділдің оң жағалығы. А.Пачкалов қазіргі Камышин кентінің орнында деп шамалаған. Фра-Мауро қартасында белгіленіпті – 1459.
Терновское. Камышин қаласынан 15 шақырымдай жоғары, Еділ мен оған құятын шағын Терновка өзенінің қиылысында. Ежелгі кент орнын алғаш рет айғақтаған Б.Зайковский Алтын Орда кезеңіне тиесілі бірталай зат­тық мұра тапқан екен. 1920 жылы В.Баллод қазба жұмыстарын жүргізген.
Ахметовское. Еділдің оң жағалығы, Камышин қаласының маңы, Ахметовка қыстағының іргесінде.
Шишкин Бугор. Еділдің оң жағалығы, Камышин қаласының іргесінде.
Даниловское. Алғаш рет Б.Зайковский 1907 жылы зерт­теген. Камышин қаласынан жоғарырақ, Даниловка қыстағынан 3 шақырым жер, Еділдің жағасы, ұзыншақ көлденең қырқа басында. Ор қазылған, дуал тұрғызылған, үш қабат қорған кейіпті. Орталық, ең үлкен бөлігінің ұзындығы – 370 метр, көлденеңі – 123 метр шамасында. В.Баллод 1920 жылы қазба жұмыстарын жүргізген.
Елец. Алтын Орданың Орыс шегіне тақау қалаларының бірі. Әуелгі атауы белгісіз. ХІV ғасырдың басында іргесі бекіген. Алғашқы жазба дерек – 1389 жылға сәйкеседі. Көп ұзамай, 1395 жылы Ақсақ Темір қиратып, халқын қырғынға ұшыратады. Орыс жылнамасы жендет жихангердің «осыдан соң Орыс жеріне кіргенін» атап айтыпты. Яғни, бұл заманда Елец – Ұлұғ Ұлыс құрамында болғаны талассыз ақиқат. Бүгінде ескі жұрт­тың ізі де жоқ. Қайта тұрғызылған, неше мәрте жаңартылған Елец қаласы қазір Ресейдің Липецк облысының шегінде, Липецк қаласының батыс тарабы, 75 шақырым жерде, Быстрая Сосна, Ельчик өзендерінің қиылысында тұр.
Тула. Упа өзенінің жағасы, Москвадан 170 шақырым түстікте. ХІV ғасырдың бірінші жартысында іргесі көтерілсе керек. Далалық аймақтың терістікке қарай сұғына біткен ұштығында салынған. Қала атауы – Жәнібек ханның бас бәйбішесі Тайдула-қатынның есімімен байланысты. Шығысы – Рязань, батысы – Мәскеу кінәздіктерінің аралығында, тым жайылмай тұрса да, орыс тарабы бұрын-соңды ешқандай талап білдірмеген.
Калуга. ХІV ғасырдың бірінші жарымында орныққан. Түпкілікті атауы – «қалқа» сөзіне барып тіреледі, яғни, шекаралық қалқа есепті кент. Ока өзенінің сол жағалығында тұрған. Әуелгі кезеңінен бастап кент­тің негізгі халқын құраған түрік қауымы ұзақ уақыт бойы біржола сейіліп кетпесе керек. ХVІІ ғасырдың алғашқы жылдары, Орыс тарихының Смута кезеңінде Касимов жұртының ханы, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамед және басқа да «татар» текті біраз жұрт­тың Калугада топталып, күш жинамақ болуы кездейсоқ емес. Кейінгі заманда да мұсылман дінді қауымның сарқыны түгесімесе керек. Патша өкіметі 1786-87 жылдары Қырымның соңғы ханы Шағын-Герейді осы Калугаға айдайды, 1859-1868 жылдарда әйгілі имам Шәмілдің жартылай абақты мекені, ал 1823 жылы қазақ ханы Арынғазы да өмірі өксіп, ақыры 1833 жылы осы жат жерде дүниеден өткен.
Чебоксарское. Қазіргі Чебоксары қаласының астында. Бұрнағы атауы ұмытылған. Қазба кезінде тұрғын үйлер орны, шыназ өрнекті сынықтар табылған. Ұстаханалар, зергерхана, қыш өндірісі, бұлғары шеберханаларының іргесі айқындалған.
Безродное. Қазіргі Волжское қаласының астында қалған.
Переволокское. Еділдің оң жағасында, Ульяновск облысы, Сенгилей қаласынан 20 шақырымдай төменде.
Тағы да Переволокское. Еділдің оң жағасы, қазіргі Самара қаласының қарсы беті, Переволок қыстағының іргесінде.
Муранское. Еділдің Самар иіні, Самар облысы, Шиган ауданындағы Муранское селенінің іргесінде. А.Пачкалов 1267 жылғы Пицигани қартасында белгіленген – осы кент тәрізді дейді. Өзбек ханның тұсында іріленіп, көркейген. Өз заманындағы елеулі кент­тердің бірі, Дария жағалауымен, ұзыны 3 шақырымдай, көлденеңі 1 шақырымнан астам аумақты алып жатыр. Алғаш ХІХ ғасырдың соңында, кейін 1950-жылдарда зерт­теледі. Mаңызды өлкеде тұрған бай қала Ұлұғ Ұлыстағы Бұлғақ кезеңінде жұрты тозып, иен қалған деп саналады. 1950-жылдардың соңында Куйбышев су қоймасының астында қалады, жаңа ғасыр басында қайтадан құрғаққа шығыпты. Осы кезде жергілікті жұрт Алтын Орда дәуірінің бірқанша дүниесін, оның ішінде мыңдаған теңге жинап алған екен.
Тортанлы. Еділдің оң жағалығы, Сүйретпе (Переволоки) аумағында. Пицигани қартасына түскен – 1367.
Мохши. Қазіргі Пенза облысы, Наровчат қалашығының маңында. Әуелгі атауы да Мохша, теңге таңбасынан айқындалыпты. Тұрғын үй және қоғамдық ғимарат­тар қызыл қыштан салынған екен.
Абисово. Қазіргі Уфа шаһарынан 40 шақырым жерде, қаланың аумағы 500 мың шаршы метр екен. Зет­телмеген.
Крестово. Еділдің сол жағасы, Ульянов облысының Крестово-городище қыстағының іргесінде.
Костьми. Еділдің сол жағасы, Сызрань қаласынан бірнеше шақырым жоғарыда.
Квасниковское. Еділдің оң жағалығы, Квасниково қаласына тақау маң, бүгінде су қоймасының астында қалған.
Узморье. Квасниково қаласынан біраз төменде.
Канадейское. Еділ арнасынан бірталай шалғайда, оң жағалықтан құятын Сызрань өзенінің бойы, Канадей қыстағының түбінде.
Бережковское. Еділдің сол жағалығы, Еруслан өзенінің құйғаны, Терновское қалашығының қарсы бетінде.
Пролейское. Еділдің оң жағалығы, Горная Пролейка қыстағының қасында.
4
Әлбет­те, Еділ бойы – Алтын Орданың орталық ұйытқысы, халықтың жиын тұсы ғана емес, өндіріс пен шаруа­шылықтың мейлінше дамыған аймағы һәм жұрты шоғыр, ең маңызды қалалар тізбеленген күретамыр. Сонымен қатар, Ақ Орданың байтақ қонысының бір бөлігі – Батыс Дәшті мен Терістік Қапқаздың тұрғын жұрты, шәрлі мекендерімен қоса, ұлыстың күш-қуатын нығарлай түскен еді.
Терістік Қапқаз бен Қырымда бұрнағы заманнан орныққан қалалар, енді жаңа мемлекет құрамына қосылып, іргелене түседі һәм бұл өлкеде тағы бір кент­тер бой көтереді, ал Батыс Дәшті – Еділ бойы сияқты, отырықты тұрмысқа енді ғана бой ұрған.
Әуелі осы Батыс өлкені сараптайық.
Қиыр шалғай – Прут-Днестр алқабында төрт қаланың орны белгілі: Ақ-Кермен, және әуелгі атаулары ұмытылған Килия, Старый Орхей мен Костешты.
Ақ-Кермен – яғни Ақ шаһар, әппақ қала – Торлы-Днестр өзенінің жайылма атырауы, тепсеңде орналасқан екен. Алтын Орданың аса ірі теңіз порты. Әсіресе Қырымдағы Генуя факторияларымен тығыз байланыс орнатқан. Негізгі экспорты – Еуропада аса жоғары бағаланатын сапалы бидай екен. Сонымен қатар, өз заманының қолөнер және өндіріс орталығы. Қатардағы тұрғын үйлердің құрылымы орта-азиялық үлгіде, керамика ыдыстардың нұсқасы мен өрнегі де үйреншікті дәстүр аясында; нан пісіретін тандыр пештер табылған. Яғни, біршама жырақ жатса да, ұлысқа ортақ сыпат­та деп жазады кейінгі зерт­теушілер.
Сары-Кермен. Шағын кент, Ақ-Керменнен он бес көштік жерде, Солхатпен (Ескі Қырым) аралығы – үш күндік жол.
Килия. Алтын Орданың батыстағы ең шеткері қаласы екен. Туна-Дунайдың етегі, Қара теңіз жағасынан қырық-елу шақырым жерде орныққан. Бұл да Ақ-Кермен сияқты, Еуропамен аралықтағы аса ірі сауда бекеті. Негізгі әріптес – осы қалада факториясы бар, арнайы өкілі отырған Генуя болған. Экспортқа шығаратын негізгі тауарлары: астық, балауыз, тұз, бал және жылқы.
Костешты қалашығының орны қазіргі Молдавияның Котов ауданындағы Костешты-Гырля қыстағының іргесінде жатыр. Аумағы 4 шаршы шақырымнан астам. Кезінде аймақтың әкімшілік орталығы болған сияқты. Тастан қаланған, кіресілі-шығасылы қыш құбырлар тартылған үлкен ғимарат орны айқындалған, аумағы 600 шаршы метр; ескі қоныстан сондай-ақ металл қорытатын арнайы ошақ пен қалдық қоқыс және қыш күйдіретін пештің жұқанасы табылған екен.
Старый Орхей. Молдавия, Сергеев ауданы, Требужены және Бутучены қыстақтарының аралығында; өз заманындағы іргелі қалалардың бірі, аумағы – екі шаршы шақырым.
Калкашанди энциклопедиясында Ұлақ, яғни Валахия (қазіргі Молдавия мен Румынияның терістік-шығыс бөлігі) жерінде және екі қаланың аты аталады.
Исақша. Дунайдың Понт – Қара теңізге құйғаны, түстік-батыс тарап, жазаң жерде. Тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман.
Тырнау (Тырново). Исақшадан үш қонақтық жерде. Тұрғылықты жұрты – гәуір.
Торлы–Үзе (Днестр-Днепр) өзендерінің аралық аймағында жеті қала белгіленген.
Маяки. Днестрдің құйғанына тақау, сол жағалық, қазіргі Маяки қыстағының жанында. Шығыс өлкелерден баратын керуен жолдарының бойы. Мешіт іргесі және бірнеше тас үйдің орны табылған.
Великая Мечетня. Түстік Буг өзенінің оң қабағы, қазіргі Великая Мечетня қыстағының іргесінде. Әлденеше кірпіш және тас үйлердің құланды қалдығы бар екен.
Безымянное. Түстік Буг өзенінің Кодыма және Синюха арналарының тоғысында. Алтын Орда заманындағы құрылыстардың қираған нысандары бар. Буг өзенінің Витовт есімімен аталған өткелі осы бір тұста деп шамаланады.
Солоное. Солоной өзенінің оң қабағы, Солоной қыстағының маңайында. Үлкен бір құрылымдардың іргетастары байқалған.
Аргамакли-Сарай. Ингуланың бір тармағы Громоклей өзенінің оң қабағында. Тас үйлердің іргесі мен мешіт қалдығы белгіленген. Алғаш рет 1772 жылы картаға түскен екен.
Ақ-Мешіт. Түстік Буг өзенінің оң қабағы, Ак-Мечеть қыстағының іргесінде. ХІV ғасырдағы Алтын Орда қаласының орны деп белгіленген.
Балаклей. Түстік Буг өзеніне Чичаклей арнасы құйған тұста. Орнында көрнекі нысан қалмаған.
Енді Үзе – Днепр дариясының сол қабағындағы алқап. Бұл өңір тиісінше зерт­телмеген. Небәрі үш қаланың орны айқындалыпты.
Кучугурское. Днепрдің сол жағалауы, Запорожье қаласынан 30 шақырым түстікте. Археологиялық жұмыстар жүргізілген. Қызыл қыштан тұрғызылған мешіт орны айқындалады, аумағы – 500 шаршы метр. Және соған жақын көлемдегі сәулет­ті сарай. Және қарашы жұрт­тың бұдан гөрі жұпыны тұрғын үйлері, астынан жылытылатын монша орны табылған. Әр тұста қол өнеркәсібіне қатысты қалдықтар мен аспаптар, металл қорыту нысандары ұшырасқан. Бұл, атауы ұмытылған елеулі қала, тәрізі, аймақ орталығы болған сияқты.
Тавань. Днепрдің сол жағалауы, қазіргі Херсон қаласынан 40 шақырымдай жоғары. Өзеннен өткелек аузында тұрған, мәнді нысандардың бірі. ХV ғасыр деректерінде аталады.
Конское. Днепр арнасынан 60 шақырымдай жерде, Конка өзенінің жағасында. Мешіт орны айқындалған.
Бұл өңірдегі болған-жытқан шәрлі мекендер осымен шектелмеген. Ескілікті деректерде кемі тағы төрт-бес кент­тің сұлбасы ұшырасады: қазіргі Кременчуг қаласының қарсы беті, Самар өзенінің құйғаны мен ұзына бойындағы Конки, Белоозерка, Мечетный, Каир арналарында… Мұндай күңгірт деректер Торлы мен Үзеге ғана емес, бүткіл Батыс Дәштіге қатысты дер едік. Бір замандағы қайнаған қоныстың бүгінде сұлбасы ғана бар, уақыт оза келе елесі де қалмайды.
Алтын Орданың ұйықты орталығы Еділ бойына қарай бір табан жылжысақ, Таң-дария алқабы да халықтың жиын бір тұсы болатын. Осы өңірден сегіз қаланың бұлдыр мағлұматы белгілі. Бұл тарап та айтарлықтай зерт­телмеген.
Краснохуторское. Ресейдің Воронеж облысы, Хреновский ауданының Красный Хутор қыстағының тақау іргесі, Мечетка өзенінің жағасында. Қызыл қыштан салынған жұма мешітінің іргетасы, кірпіш күйдіретін үлкен пештің қалдығы және көптеген зат­тық бұйымдар табылған.
Павловское. Воронеж облысы, Павловск қыстағынан екі шақырым. Шаһар аумағы – 15 гектар шамасында.
Тишанское. Волгоград облысы, Тишанская станицасының іргесінде.
Дурновское. Бұл да Волгоград облысы, Дурновская станицасының түбінде, Бузулук өзенінің сол қабағы.
Глазуновское. Волгоград облысы, Глазуновская станицасының қасында, Медведица өзенінің жағасы. Тұрғын үйлермен қатар, ауқымды мешіт орны және мавзолей іргесі айқындалған.
Кумылженское. Қумылғы өзенінің сол қабағы, Кумылженская станицасының іргесінде, Волгоград облысы. Ескі құрылыстардың кірпішін кейінгі жұрт көптеп пайдаланған екен.
Ситниково. Волгоград облысы, Иловлинская станицасынан 45 шақырым жоғары, Иловли өзенінің жағасында. Металл қорытатын пештер, әрқилы ұсталық аспаптары мен кен қалдықтары табылған.
Азак – Азақ, Азау. Алтын Орда тарихына қатысты бұрынғы-соңғы әдебиет­тен мейлінше мағлұм. Таң – Дон өзенінің Азау теңізіне құятын атырауы – өте қолайлы жерде орналасқан. Бір тарабы Венецияға, екінші тарабы – Алтын Ордаға тиесілі, Тана және Азау аталған, келгінші және тұрғын халқы тығыз қатынастағы екі бөлік, шын мәнісінде біртұтас шаһар. Ірі сауда және транзит орталығы. Азау, Тана 1340-жылдардағы оба дерті кезінде айрықша зардап шегіпті. Ғасыр соңында әйгілі жендет Ақсақ Темір қиратқан. Алайда, тезінен оңалады. Ақыры, Алтын Орданың ыдырауына байланысты, бірте-бірте барлық маңызын жоғалтады. Азау, Танадағы өмір, екі жұрт­тың түсіністі, аралас тіршілігі, қыпшақ қауымының жайсаң болмысы, мәрт мінезі мен ерлік кейпі туралы венециялық Иосафат Барбароның ғажайып жазбалары сақталған.
В.Егоров зерт­теулерінде Еділ мен Жайық аралығындағы алқапта бес қаланың аты айтылады.
Большой Иргиз. Саратов облысы, Үлкен Ырғыз өзенінің бойында, бастапқы атауы ұмытылған. ХVІІІ ғасырда академик Георги біршама мағлұмат қалдырыпты: қызыл кірпіштен тұрғызылған көптеген ғимарат, құрылыстардың нұсқасы сақталып тұр екен. Бүгінде нақты орны белгісіз.
Сухореченское. Қазіргі Самар облысының шығыс шекарасы, Кинель өзенінің бойында.
Бұрнағы және кейінгі тарихи әдебиет­те Еділдің батыс тарабы, Қалмақ автономиясының шегінде ескілікті қалалар орны айғақталған. Маныш өзенінің алқабында, Яшкөл, Жұрақ өзендерінің бойында және Доннан Еділге, сондай-ақ Еділден Қапқазға қатынайтын керуен жолдарының түйінді тұстарында көзге түскен ескілікті құрылыстар сұлбасы, керамика және басқа да тұрмыстық бұйымдар қалдығы шашылып жатқан, Алтын Орда заманының теңгелері ұшырасқан бірнеше елді мекен жұрнағы. Бұлардың кейбірі бүгінде із-түзсіз, қалғаны мүлде зерт­телмеген.
Орынбор. Кейінгі Орынбор қаласының астында қалған елеулі кент. Бастапқы атауы белгісіз. ХVІІІ ғасырда «үлкен татар мешітінің қабырғалары» әлі де сақталып тұрған екен.
Теңдік. Қазіргі Қазақстан, Атырау облысы, Атырау қаласынан оншақты шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалығы. Кезінде қолөнер кәсібі дамыған кент болғаны аңдалады.
Сарайшық. Жайықтың оң қабағы, қазіргі Атырау қаласынан 55 шақырымдай жоғарыда. Кезінде Алтын Орданың сән-салтанат­ты кент­терінің бірі. Еділ бойынан Хорезмге, одан әрі Хорасанға, ал шығыс тарапта Көк Ордаға жол ашатын ең үлкен бекет есепті және үлкен сауда орталығы болған, аса маңызды қала. Жүргіншілер мен керуендер өзеннен шағын кемелер тізбесі арқылы бекітілген қалқыма көпір арқылы қарсы қабаққа өтіп, одан әрі Тас-кешу аталатын керуен-сарайда аял жасаған. Бұдан соң Көк Орда, немесе Хорезм бағдары. Көк Орда, яғни Сарыарқа сапары артық қиындықсыз. Ал Хорезммен аралықтағы жағдай күрделірек. Бұл рет­те біршама мол мағлұмат сақталған. Алда аптап ыстық, сусыз Үстірт тұр. Сондықтан Хорезм жолында күнделікті көш межесі, яғни әрбір отыз-отыз бес шақырым сайын терең құдықтар қазылып, керуен-сарайлар тұрғызылған екен. Бүгінде Сағыздан Үргенішке дейінгі аралықта осындай он бес керуен-сарайдың орны мен жұқанасы айқындалған. Бір ерекшелік – құрылыстардың қабырғасы кірпіштен емес, ұлутастан қаланған – жергілікті, берік, әрі арзан дүние. Заманындағы жақсы мүмкіндік нәтижесінде елеулі қиындықсыз және тоқтаусыз қатынас жүріп жатқан. Осы негізгі сорапты көтерме күймемен 30 күнде жүріп өткен Ибн Бат­тута өзінің жол сапары туралы жақсы сурет­теме қалдырыпты.
Еділ мен Жайық арасындағы қалалы мекендер осы санаулы нысанмен ғана шектелмесе керек. Мәселен, ескілікті тарихи деректе – Сарай мен Сарайшық арасындағы Бешкиз, немесе Беш кыз, яғни Бес қыз қонысы атап айтылады. Бұл, Сарайшыққа тақауырақ ескі жұрт­та бес мешіт бар екен, дейді. А.Пачкалов атаудың түп төркіні Бешкөз, яғни Бес мұнара болса керек деген. В.Татищев Астрахан өлкесі, әлдебір далалық өзен бойы, Ақтұбадан 20 және 40 шақырымдай жерде екі бөлек, ескілікті қоныс орны барын айт­қан. Сарайдың терістік-шығысы, Гүлстан мен Сарайшық аралығындағы күре жол бойы. Сондай-ақ Сарайшықтың батыс тарабы, 20 шақырымдай жердегі әлдебір кент орны туралы ХІХ ғасырдан жеткен тағы бір дерек бар. Бұл ескілікті қоныс, мекендердің қайсы нақты қай жерде болғаны және жалпы сыпаты туралы ешқандай атаулы мағлұмат сақталмапты.
Әйтсе де, тағы бір кент – Жайық. Шарт­ты атау. Қазіргі Орал қаласынан 12 шақырым, батыс, Шаған өзенінің бойында. 2001 жылдан белгілі. ХІІІ-ХІV ғасырлар мұрасы саналады. Әзіргі қазба жұмыстары нәтижесінде жартылай қираған, шошақ төбелі мавзолей, еденнен жылытылатын монша қалдығы, қыш күйдіретін горн пеш қабырғалары табылған. Еділ мен Жайық аралығында, бүгінде мүлде жойылып кеткен қалалардың бір нұсқасы.
5
 Алтын Орданың Оң қанат – Ақ Орда бөлігінде далалық Дәшті-Қыпшақтан өзгеше, алайда біртұтас сая­си өкім және үйлес мәдени өріс ауқымынан табылатын үлкен төрт аймақ болды: Қырым, Бұлғар, Хорезм және Терістік Қапқаз. Өзара әр тарап, алайда, тізгіні ортақ, құрылымы бірегей.
Осы рет­те Еділдің жоғарғы ағысы, кең арналы Қама (Ақ Еділ) саласының бойындағы Ежелгі Бұлғар ұлысы – Алтын Орданың бір ұйықты, ордалы және дәулет­ті аймағы болды. Сонау Х ғасырдың басында ислам жолына бет бұрған, шаруа­шылығы өркен, әскері әулет­ті, ауыл мәдениеті мен қала мәдениеті қатарынан дамыған, өзгеше өңір еді. Бату ханның жаулау соғысы кезінде бүлінген қалалары көп ұзамай-ақ қалпына келеді. Өлкедегі ең үлкен, ең басты Ұлы Бұлғар шаһары, Батыс жорығынан соң Жошы ұлысының астанасы болғаны белгілі. Жалғас заманда бұл ежелгі жұрт Алтын Орданың ырысты, берекелі аймақтарының біріне айналады. Алдағы бір қиғылық заманда Алтын Орданың ыдырауы, бүткіл Батыс Дәшті елдіктен айрылып, халқы қырылып, қалғаны ауа көшіп, байтақ қонысы жау табанында қалуы нәтижесінде жері телімге түсіп, қалалы жұрт­тарының барлығы қирап, күйзеліп, ақырында жабайы жойымпаздық зардабымен іргесіне дейін тозып, бардан жоққа айналса, негізгі, бұлғар-татар жұрты ежелгі қонысында жаңа бір хандық құрып, өз орнында қалған себепті, бұл тараптағы жағдай басқаша шешілді. Әбден күш алған жыртқыш Орыс патшалығының тынымсыз шапқыны мен зобалаң зардабынан халық не бір сұмдықты бастан өткерді, қалалары күйреді, алайда, Батыс Дәшті сияқты, мүлде жұқанасыз кетпеді. Әйгілі шаһарлардың өзі болмаса да, атауы мен іргесі бар және өткендегі сән-салтанаты мен айбарының куәсіндей, жекелеген құрылыс нысандары сақталған.
Бұлғар. Қазіргі Татар Автономиялық республикасы, Еділ мен Қама өзендерінің құйылысына тақау жерде салынған. Бұрнағы Бұлғар ұлысының бас қаласы, Бату ханның шапқыны кезінде біршама бүлінген, алайда Орталық Еуропа жорығынан соң қайта көтеріліп, мейлінше өркендейді. Жошы ұлысының әуелгі астанасы. Батыс пен Шығыс арасындағы су және құрылықтағы қатынас жолдарының бойында тұрған Бұлғар Еуропадағы ең ірі, әрі бай қалалардың бірі болды. Бұл кездегі аумағы – 900 мың шаршы метр екен, яғни 90 гектар шамасында. Алтын Орданың Сарайға тетелес қаласы, айрықша көрікті болған. Құрылыс атаулы жоғары сапалы, тұрғын үйлер және тұрмыстық игіліктер өз заманының биік деңгейінде. Базарлы, дулы шаhар сонымен қатар, өнеркәсіп ұйытқысы болған. Алтын Орданың ақша шығаратын негізгі орталықтарының бірі. Қыш өндірісі, металл қорыту, зергерлік шеберханалары, дәстүрлі бұлғары өңдеу кәсібі айрықша дамиды. Ақсақ Темірдің ойраны кезінде, бұдан соңғы замандағы орыс шапқындары нәтижесінде қала қирады, уақыт таңбасы тағы бар, бүгінгі күнде шаһардың қақ ортасында салынған Жұма мешіті андағайлап көрінеді. Әр заманда аз-маз бүлінсе де, әуелгі қалпына келтірілген. Ақ тастан қаланған жалғыз мұнарасының биіктігі – 24 метр, айдынды, әсем. Мешіт аумағы – 32 де 34 метр екен. Мешіт төңірегінде бірнеше тас құрылыс, оның ішінде шағын екі мавзолей және биіктігі 12 метрлік Кіші мұнара сақталған. Ұлы Бұлғар шаһарының ең соңғы жұрнағы, бүгінде музейлік мұрағат­тар есебінде.
Жошы ұлысы заманындағы Бұлғар уәлаятының екінші бір үлкен қаласы – Биляр болды. Кіші Черемшан өзенінің бойында, бұрнағы, татар шапқынына дейінгі ескі қаланың терістік-батыс іргесі, бір жарым шақырымдай жерде қайта тұрғызылған. Жалпы аумағы – 70 гектарға тақау. Бұл да Алтын Орданың халқы жиын, мәдениеті жоғары, өндіріс және кәсіп орталығы болған елеулі қалаларының бірі. Қазба жұмыстары кезінде әсем, сапалы ыдыстар және басқа да зат­тық мұралар көптеп табылған.
Ендігі бір елеулі – Жөкетау қаласының іргесі Қама өзенінің сол жағалығы, Татарстан, Чистополь кентінің батыс қапталында жатыр. Бұлғар шегіндегі ең үлкен өндіріс орталықтарының бірі. Қара металл қорыту, түсті металдарды өңдеу, керамика және осы орайдағы қажет­ті дүниелерді шығару мейлінше дамиды.
Татар шапқынына дейін Бұлғар мен Билярға тетелес, үлкен қалалардың бірі Сувар екен. Табандасқан майданда қат­ты қираған, кейінде біршама көтерілсе де, әуелгі дәрежесіне жете алмады, дейді.
Кашан. Іргесі Қама өзенінің оң жағалығы, Лайыш ауданы, Шуран қыстағының маңында. Бұл да өз кезінде Бұлғар жұртының елеулі қалаларының қатарында болған.
Ескі Қазан. Қаманың Казанка арнасының бойында, Высокогонский ауданы, Камаево қыстағының іргесінде. Бұрнадан бар, бірақ Жошы ұлысының заманы, ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың орта шенінде дамып, өркендеген көрінеді.
Барское Нарускинское. Бастапқы есімі ұмытылған, Ақсубай ауданындағы ат­тас қыстақ іргесінде. ХІV ғасырда көтерілген деп саналады, аумағы 30 мың шаршы метр, заманындағы мәнді кент­тердің бірі.
Большие Атриясы. Тетюш ауданы, ат­тас қыстақтың маңында. Бастапқы атауы белгісіз, қайткенде Алтын Орда заманына тиесілі мекен.
Қазан. Алтын Орданың ыдырау кезеңінен белгілі. Қазан хандығына ұйытқы болған, бұлғар-татар халқының кейінгі тарихында айрықша қызмет атқарған шаһар. Бүгінде ескі мен жаңаның тоғысы, Татар автономиясының астанасы. Ғабдолла Тоқай айт­қандай, сырлы Қазан, нұрлы Қазан, мұңды Қазан…
Көкярть. Іргесі Ресейдің Ульянов облысы, Старомойнакский ауданының шегі, Утки өзенінің жағасында. Кезінде үлкен қалалардың бірі, ауданы 770 мың шаршы метр екен.
Бұлғар жұртындағы іргелі мекендер осы аталмыш он қаламен шектелмесе керек. Үлкенді-кішілі тағы қаншама тұрақ біржола жойылған, ұмытылған, арғы тарихқа да түспеген деп шамалануға тиіс.
Ұлұғ Ұлыстың Оң қанаты, Ақ Орда иелігінің ерекше бір өңірі – Хорезм болды. Анығы – Терістік Хорезм. Бағзыда хорезмшах иелігінің ұйықты орталығы, бақуат­ты Үргеніш аймағы. Жошы ұлысының шаруа­шылық, мәдени және рухани өмірінде айрықша қызмет атқарған абат өлке.
Үргеніш. Бір замандағы айбынды Ұлы Хорезм империясының астанасы. Татар шапқыны кезінде үлкен зардап шегеді. Ең жаманы – Жейхұн өзенінің тоспасы бұзылып, қаланы түгелге жуық су басыпты. Алайда, Ұлұғ Ұлыс құрамында, арнайы жүргізілген қалпына келтіру және оңдау, және одан әрі өркендету жұмыстары нәтижесінде бұрнағыға тетелес көлемі мен сән-салтанатын тауыпты. Тіпті, өткенінен озғын. Ибн Бат­тута уәлаят есімі бойынша Хорезм деп атайды. «Бұл – ең әйдік, ең маңызды, айрықша көркем түрік қалаларының бірі; базарлары дәріпті, көшелері даңғыл, құрылыстары еңселі һәм шырайлы, тұрғын жұрты теңіздей толқыған қисапсыз. Бірде мен атқа мініп, базарға барып едім, халықтың тығыздығы соншалық, бел ортаға жетер-жетпесте не алға, не артқа жылжи алмай, дағдарып қалдым және қайыра әрең шықтым», – дейді. Бұл шаһар Өзбек ханның ғұзырында. Үлкен әмірі – Құтлұдумур (Құтлық-Темір). Жұма күні мешітке және оның қасындағы медресеге бардым, дейді және де. Медресені барлық құрылымдарымен қатар осы әмір салдырған. Ал мешіт­ті оның жұбайы Төребек-қатын тұрғызған екен, дейді. Және бұл уәлаят­та ислам діні мейлінше берік сақталып отырғанына назар аударған.
Үргеніш қаласы бағы басында, өстіп, шалқып, толқып тұр екен. 1388 жылы Ақсақ Темір қиратады. Жейхұн өзенінің тоспа бөгенін әдейі бұзып, байтақ шаһарға топан суын қаптатады. Ежелгі ғажайып шаһар осыдан соң қайтып оңалмаған. Тақау іргесінде Көне Үргеніш аталатын, шағын, әрі жұпыны кент орнапты. Ежелгі Үргеніштің қай жерде болғанын айғақтау үшін ғана тұрғандай. Бүгінде Түркменстан шегінде.
Мен 1985 жылы байырғы Хорезм және кейінгі Хиуа аймағын аралап шыққан сапарымда ең әуелі ежелгі Үргеніштің орнына барып едім. Ондаған шаршы шақырым жерге созылған сұрықсыз топырақ пен төмпешік үйіндінің аумағы – қылтанақсыз өлі тақыршақ. Ара-тұра бытырай шашылған қызыл кірпіш жарықшағы және керамика ыдыстардың сынығы байқалады. Ал ғаламат Үргеніш шаһары жанартау жұтқан Помпей қаласы сияқты, бірнеше, бәлкім, бес, он метрлік лайсаң топырақ астында жатыр, бар айырма – біздің Үргеніш андағы Помпейден әлденеше есе үлкен болған және табиғи стихия емес, адам қолымен жасалған апат нәтижесінде, және Помпей сияқты, тым құрса әлденендей бір бөлшегі аршылмаған.
Ежелгі шаһар орталығынан шеткеріде үш үлкен құрылыстың негізі сақталған екен. Мұның біріншісі – Текеш шахтың қыпшақ бәйбішесі Түркен-қатын салғызған мавзолей; мен болғанда күмбез емес, далалық үлгідегі, конус кейіпті шошақ төбесі ғана көрініп тұрған дүрбені, жалпағы үш-төрт метрдей, айнала, дөңгелектей қазып, бітеу топырақтан аршып, тәмамдап қалған екен; бүгінде ұзына бойы, төңірегі қоса тазарған толық тұрғысын интернет­тен көрдім, ХІІ ғасырдан жеткен жалғыз ескерткіш деуге болады.
Екінші мұрағат – Құтлұғ-Темірдің жұбайы, төре тұқымды Төребек-қатынның ауқымды мавзолейі, бір тұста күмбезі ойылып, кейбір қабырғалары мұқала тозып жатыр еді, бүгінде біршама қалпына келгендей, ЮНЕСКО есебіндегі мұра болса керек. Үшінші – ол да Алтын Орда заманынан жеткен ерекше нысан – Құтлұғ-Темір мұнарасы аталады. Заманында жеке-дара емес, жұма мешітінің, бәлкім қос мұнарасының бірі. Қазірде төңірегі тып-типыл, көкке бағып, жалғыз өзі аспандап тұр. Іргесі – алты қанат үй орнындай ғана, (дәп солай дерлік – кейінірек нақтыладым, диаметрі небәрі 12 метр) бұдан әрі жоғары тартып, қызыл кірпіштен ерекше бір шеберлікпен қаланған. Тұтамдай өрлеп келгенде, үстіндегі диаметрі 2 метрге дейін қусырылған екен. Биіктігі 62 метр. Түбінде тұрғанда, үстіңе құлап кетердей, бас айналады, әудем жерден – айбынды, алысырақтан – шаншылған тебен ине сияқты. Алтын Орданың бұрнағы күш-құдіреті мен сән-салтанатының соңғы бір елесі кейіпті…
Бағзыда Үргеніштің өзінің төңірегінде үлкенді-кішілі әлденеше кент, мекен-тұрақ болған. Түгелге жуық жойылып кетіпті. Тек екі нысанның ғана аты аталады. Мұның бірі – Янбекир-қала деген, қазіргі Көне-Үргеніш кентінен 60 шақырымдай, түстік-батыста. Тұрғын үйлер іргесі, ескілікті ақшалар табылыпты. Екіншісі – Шехрлик қалашығы, бұл да Көне-Үргеніштің түстік-батысы, 90 шақырымдай жерде. Ескілікті кент аумағы – 15 гектар шамасында, яғни өз заманында әжептәуір қала. Бұл екі тұрақтың да бұрнада қалай аталғаны белгісіз.
Мысыр тарихшысы әл-Қалқашандидің (1355-1418) он төрт томдық энциклопедиясы бойынша, А.Григорьев пен О.Фролова Алтын Ордаға тиесілі тағы он екі (анығы – он) қаланың дерегін келтіреді. Соның төртеуі – Хорезм өлкесіне қатысты. Атап айт­қанда:
Кіші Үргеніш. Үлкен Үргеніштен 16-17 шақырым жер, Жейхұн дариясының батыс жағалауында.
Замахшар. Ежелгі Хорезм шегінде, бүгінде Түркменстанның Өзбекістанмен шекарасына тақау тұста.
Кәт. Ежелгі Хорезмнің ескілікті бір шаһары. Алтын Орда заманында өз орнында тұр екен. Арнап емес, сөз орайында айтылыпты.
Хазарасп. Бұл – берік қамал, Жейхұнның батыс жағы, Кәт қаласына тақау маңда, депті.
Дарған. Хорезмнің Мерв тарабындағы шекаралық кенті. Хазарасппен аралығы – 24 фарсах (ескілікті парсы өлшемі бойынша 133 шақырым шамасында).
Жошы ұлысы біртұтас мемлекет болғанымен, жекелеген аймақтар ғана емес, сол тараптағы қала-кент­тердің бір тобы жалпыдан өзгеше сыпат танытады. Бұл кеп ең әуелі Қырым түбегіне қатысты. Осы, теңіз қойнауындағы абат өлкеде бағзы заманнан бері нешеме ұлт өкілдері қоныстанған еді. Алтын Орда заманында, Қыпшақтан басқа, әр кезде тақау өлкелерден қоныс аударған грек, итальян, армян, алан. Бұлардың ішінде ең көбі және бастысы – Аппенин түбегінен шыққан генуялықтар мен венециялықтар болатын. Ұлұғ Ұлыс өкімімен келісім шарт арқылы Кафа, Судақ, Босфоро, Феодоро, Тана қалаларын иеленіп тұрды және қиыр батыстағы Ақ-Кермен, тағы бір теңіз порт­тарында атаулы өкілдері бар. Осы бекіністер мен кент­терде орныққан жат жұрт­тық, жиын саны алпыстан астам фактория Алтын Орданың Италия ғана емес, бүткіл Батыс Еуропамен қатынас, алыс-беріс тиімді саудасы жолында айрықша қызмет атқарып отырған.
Кафа. Қазіргі Феодосия. 1266 жылы Мөңке-Темір хан бұл кездегі шағын кент­те генуялықтарға сауда бекетін ашуға рұқсат береді. Көп ұзамай-ақ өсіп, өркендеп, іргелі қалаға айналған Кафа енді Қара теңіздің бүткіл терістік жағалауындағы Генуя иеліктерінің ұйытқысына айналыпты. 1330 жылдарда осында болған Ибн Бат­тута Кафаны іргелі шаһар, үлкен сауда орталығы ретінде сыпат­тайды және тиесілі айлағында жиын саны екі жүзге тарта әрқилы – үлкенді-кішілі, әскери һәм сауда кемелері тұрғанын айғақтаған. Қаланың негізгі халқы христиан – генуялықтар, грек пен армян екен, сонымен қатар, өз мешіті, өзіндік басқару жүйесі бар мұсылмандар да тұрып жатыр, деген.
Судақ (Солдайя). Кафа айрықша өрлегенге дейін Қара теңіз, Қырымдағы негізгі сауда бекеті болған еді. Енді осы өңірдегі басты тірек – үлкен әскери бекініске айналады. Қорғанды қамалы күні бүгінге жеткен. Мен осы Судақ қамалында 1970, 1980-жылдарда екі, әлде үш мәрте болған едім. Ескілік заманның өзгеше мұрасы. Биіктігі 160 метрдей құз басында тұр. Қырым татарынша Қыз-күле Бұрұн, яғни Құз мұнаралы тұмсық. Алғы, түстік беті – тіпе-тік жалаңқия жартасты терең шыңырау, оң жағы – тіке биік, сол жағы ғана қия беткей. Негізгі қорғаныш бекімі де осы тұсында. Бұл, жалпы ауданы 30 гектарлық ерекше қамал қазіргі әжептәуір тозған, мүмкіндігінше жөрмелген кейпінің өзінде айбынды көрінеді, бұрнада, бәлкім, әлдеқайда еңселі болған шығар. Заманында бүткіл Қырым шегінде Генуя өкімін бекіткен және айрықша күшейткен, бүгінгі заман үшін де таңқаларлық нысан.
Феодоро. Түбектің түстік мүйісінде орналасқан, түп негізі византиялық, дербес Феодоро иелігінің орталығы.
Чембало (Балаклава). Феодоро иелігіне қарасты, өте қолайлы, бұқпа айлағы бар шағын кент­ті XIV ғасырдың орта тұсында генуялықтар басып алып, Қырым жеріндегі өкімін біржола негіздепті.
Боспоро (Керчь). Түбектің шығыс тұмсығында. Әуелде венециялықтар иелігі, кейін Генуя өкімінде.
Атап айтарлық жағдай, өзінше дербес болса да, аталмыш кент, иеліктер Алтын Орда шегінде, тиесілі рұқсат, жарлық негізінде орнығып отырған. Әлбет­те, соқталы алым төлейді және ілкіде айт­қанымыздай, екі жаққа бірдей айрықша пайдалы қызметі бар, оның ішінде Ұлұғ Ұлыстың сырт елдермен алыс-беріс сауда қызметі, экономикалық өмірінде елеулі кіріс, әрқилы пайда түсіріп отырған.
Енді сәулет­ті түбектегі, Ұлұғ Ұлысқа тікелей тиесілі бірнеше қала.
Қырым шаһары. Құрылықта, Кафаға тақау маңда орналасқан. Бүткіл түбектің әкімшілік орталығы. Ибн Бат­тута үлкен, әрі сұлу қала ретінде сыпат­тайды. Халқы жиын, мәдениеті жоғары. Қазір іргелес салынған жаңа кент орайында, Ескі Қырым аталады. Өзбек хан тұрғызған сәулет­ті Жұма мешіті болған. Бүгінде қираған қабырғалары мен тақыр топырағы ғана қалыпты. Қырым шаһары қазақ эпосында елдің ұйытқысы ретінде сыпат­талады.
Қырық-Ер (бәлкім, Қыр-кермен). Кейінде Қырым хандығының астанасы болған Бақшасарайға жақын тұста. Қазіргі қалдығы – Чуфут-қала деп аталады. Үш тарабы бірдей тіке, терең құз жартас, алдыңғы, жазаң жағы бірер жүз қадамдай ғана, бұл тұста биік қабырғалы қамал орнатылған, өз заманындағы алынбас бекініс. Тұрғын үйлері түгелге жуық жартасты үңгіп жасалған, өзгеше бір кент. Бүгінде мүлде иен, тек туристер үшін таңсық, қызғылықты нысан.
Янгишехир. Алтын Орданың маңызды стратегиялық кент­терінің бірі. Зерт­теушілер қай жерде екені туралы әрқилы, кереғар пікір айт­қан. Ақыры, 1990-жылдардың соңында А.Григорьев шешімін тапқандай болады. Қырымда. Теңіз порты. Кафаға тақау, қазірде Двуякорная бухта аталып тұрған шығанақ жағасына салынған кент; Жәнібек хан 1356 жылы венециялықтарға сауда факториясын ашуға рұқсат беріпті. Енді жаңа, порт­ты қаланы итальяндар Провато деп атайды. Өз заманында Қара теңіздегі сауда қатынасында елеулі қызмет атқарған және Бұлғақ кезінде ұлыстың сая­си өмірінде із қалдырады. Қым-қуыт заманда таққа көтеріліп барып, қайтадан жеңіліске ұшыраған Келдібек хан 1362 жылдың күзінде Қырымға өтіп, осы Янгишехирде өкім құрады, бір жылға жетпей, кезекті хан Абдолладан жеңіліп, Тамань түбегіне және одан да арыға ығысыпты. Бұл екі ортада Қырымда бекінген Абдолла Янгишехирде манат сарайын ашып, өз атынан ақша шығарып үлгерген екен. Бұл оқиғалар бүгінде із-сорабы да қалмаған шағын кент­тің өз заманындағы елеулі орнын айғақтаса керек.
Керчь (әл-Қарш). Қырым түбегінде. Азау теңізіне кіре беріс, Азау мен Кафа аралығындағы шағын кент.
Терістік Қапқаз қалаларының ерекшелігі – бұлардың біразы Ұлұғ Ұлыстан көп бұрын орныққан және негізгі тұрғындары тау халықтарынан және етекке түскен сайын қыпшақ, немесе қыпшақпен аралас жұрт болатын. Өр, ең биіктен басталық.
Дербент. Ұлұғ Ұлыстың түстік шекарасындағы берік әрі биік тау қамалы. Дербент бекінісі, оның қысқаша тарихы мен мән-маңызы туралы Шыңғыс хан тетралогиясының Үшінші кітабында бажайлап жазсақ керек. Ендігі заманда Алтын Орданың Құлағу ұлысымен шекарадағы, әскери-стратегиялық қызметі айрықша, мызғымас шеп. Сонымен қатар, бүгінде Орта Шығыс аталатын елдермен аралықтағы қатынас және алыс-беріс, сауда қақпасы. Дербент қамалының әжептәуір бүлінсе де, әуелгі бір тұрпатын сақтаған қалыбы қазірде Дағыстан шегінде. Ескінің көлеңкесі анық аңдалады, тұрғын халқы және бар, туристік, атақты нысан.
Баланджар. Дербенд аймағында.
Тарки. Хазар заманында салынған бекініс, қалдық жұқанасы Дағыстан астанасы Мақаш-қаладан төрт шақырым жерде тұр.
Урух. Бұрнадан орныққан кент, бүгінге жеткен іргетасы – Қабарды-Балқар автономиясының шегінде.
Терек. Қабарды-Балқар, Тер ауданы, Терек қыстағының іргесінде.
Төменгі Джулат. Қабарды-Балқар, Май ауданы, Майский кентінің іргесі. Терек өзенінің биік, оң қабағында. Бұл да татар шапқынына дейін орныққан қала. Мәдени қатпары – 4 метр екен. Археологиялық қазбалар Терістік Қапқаздағы ең үлкен, аумағы 436 шаршы метрлік, мұнаралы тас мешіт және тұрғын үйлер іргесін, су құбырларын ашқан. Кен қорыту нысандары мен қолөнер кәсібінің орындары айқындалыпты. Және Алтын Орда заманының қаншама ақшасы, оның ішінде күміс теңгелер қоймасы табылған екен. Төменгі Джулат Терістік Қапқаздағы маңызды қалалардың бірі болған деп шамаланады.
Жоғарғы Джулат. Солтүстік Осетия, бұрнағы Киров ауданы, Эльхотово қыстағының іргесінде. Қазба жұмыстары кент­тің Х ғасырда негізделіп, Алтын Орда заманында өркендеп, дамығанын айғақтаған. Жылнамадан белгілі Дедяков қаласы ма деп шамаланады. Бір шіркеу, екі мешіт орны аршылған, мешіт­тердің бірінің биік мұнарасы сақталып тұр екен.
Хамидие. Қабарды-Балқар, Тер ауданының Хамидие қыстағына тақау жерде.
Булунгу. Қабарды-Балқар, Булунгу қыстағының маңайы.
Лыгыт. Қабарды-Балқар, Жоғарғы Чегем қыстағы, Жылға-Су өзенінің жағасында. Х ғасырда іргесі салынған.
Мажар. Терістік Қапқаз етегіндегі маңызды шаһар. Қалдығы Ставропол өлкесі, Кума өзенінің жағасы, Прикумск кентінің іргесінде. Ибн Бат­тута үлкен әрі тамаша түрік қалаларының бірі деп сыпат­таған. Солтүстік Қапқаз бағдарындағы транзит бекеті, әрі сауда орталығы. Ақша шығаратын манат сарайы болған. Кума өзенінің қос қабағына бірдей орналасқан екен. Аумағы кең, халқы жиын, маңызы зор. ХХ ғасыр басындағы дерек бойынша, ескі жұрт­тың тікелей диаметрі 2 миль, яғни 2 километр, 220 метр шамасында. Ал кейінгі бір дерек бойынша, шаһардың сол жағалығы ғана 300 гектар екен, есебі, жалпы аумақ артық-кемді 600 гектар мөлшерінде. Тарихи деректерге қарағанда, ХVІІІ ғасырдың соңына дейін сәулет­ті тас сарайлары сақталып тұрыпты. Бүгінде ескі қаланың орны түгелге жуық тегістеліп кеткен, құрылыстардың жұқанасы қалмағаны өз алдына, біраз жері дақыл үшін жыртылған және ескі қала үстіне жаңа кент салыныпты.
Кіші Мажар орны – Мажар қаласынан бірнеше шақырым төменде, Кума өзенінің сол жағалығында.
Жоғарғы Мажар. Бұл да Кума өзенінің сол қабағы, Мажар қаласынан үш шақырымдай жоғарыда. Соңғы екі кент те үлкен Мажар шаhарымен серіктес, көмектес қоныстар болғаны аңдалады.
Ангелинский ерик. Красноярск өлкесі, Красноармейск ауданы, Ивановская теміржол бекетінен 2 шақырымдай жерде. Заманындағы үлкен қалалардың бірі. Ғылымда ХХ ғасырдың 30-жылдарынан белгілі. Ескі жұрт­тың көп жері егіндікке жыртылып кетіпті, әуелгі аумағы 40 гектардан астам, бәлкім, 80 гектар деп шамаланады. Іргесі анықталған жұма мешітінің көлемі – 400 шаршы метр. Басқа да құрылыстар сұлбасы байқалады. Алтын Орда дәуірінің күміс, мыс теңгелері көптеп табылған. Қала ХІV ғасырдың 60-жылдарында басталған Бұлғақ кезеңінде күйреген және қайтып оңалмаған. Кейінгі әдебиет­те Абу әл-Фида айт­қан Шақрақ қаласы деп тұспалданады.
Тамань (ат-Таман). Керчтің қарсы бетіндегі құрылықта. Тұрғын халқы – мұсылман емес қыпшақтар.
Матрега. Тамань түбегінде, қазіргі Тамань қаласының астында қалған. Сауда бекеті, негізгі тұрғындары грек пен черкес болған.
Копа. Қобан өзенінің құйғанында. ХІІІ ғасырда Генуя факториясы. Жыл сайын көктемде негізінен балық және уылдырық саудалайтын үлкен жәрмеңке өтеді екен.
* * *
Сонымен, негізінен В.Егоров, В.Баллод және басқа да археологтар зерт­теуі бойынша, Ұлұғ Ұлыстың негізгі, Батыс тармағы Ақ Орда шегінде болған мағлұм қала-кент­терді түгелге жуық қысқаша кейіптеп, тізімдеп өт­тік. Бірден көзге шалынатын ерекшелік – тұрғылықты халқы селбесе жүріп бүгінгі күнге жеткен Бұлғар мен Хорезм болмаса, ойсырай қырылған, немесе ауа көшкен жұрт­тағы қаншама әйдік, дулы шаhар – ел астанасы, сәулет­ті Сарайдан бастап, ғажайып Гүлстанға дейін – түгелдей жойылып кеткен. Әрине, замана зардабы, уақыт таңбасы да бар. Алайда, көбіне-көп, тіпті, үнемі дерлік, қиянат пен зорлық нәтижесі. Әуелде мұсылман әлемінің, бүткіл түрік дүниесінің қияли, жыртқыш жендеті Ақсақ Темір жоспарлы түрде, қатарынан, жаппай қират­ты, бар халқын түбегейлі қырып, сәулет­ті сарайларын жермен жексен қылды, бұдан соң жабайы Орыс ірге тасына дейін олжалап әкетіп, өздерінің сыйықсыз, көріксіз жаңа құрылыстарын қалыптады. Соған қарамастан Ұлұғ Ұлыстың ғажайып қалаларының үстірт те болса нақты суреті әр тараптағы тарихи ескерткіштерде таңбаға түсіпті. Одан да мәндісі – қазіргі дамыған ғылым археологиялық жұқаналары арқылы Алтын Орда қалаларының өз кезінде дүмше Орыс түгілі, дамыған Батыс Еуропаның өзі жетпеген аса жоғары мәдениетін, сол арқылы арда халықтың да биік өресін айғақтап жатыр. Біз өз тарабымыздан, бұлдыр деректер негізінде, қадарынша сыр-сыпатымен, тым құрығанда тұрған орнын дәйектеп, қаншама үлкен қала мен шағын кент атауларын айғақтап шықтық. Сондай шаһарлар болыпты, біздің ержүрек, дарқан бабаларымыз осыншама сәулет­ті ғұмыр кешіпті, аталмыш нысандардың барлығы да біздің ата мұрамыз демек үшін. Ең бастысы – Шығыс Еуропа: Еділ дариядан қиыр Батыс – Дунайдың етегіне дейінгі байтақ өлке – біздің түрік қауымның мың жылдық ата мекені болғанын куәландыру үшін. Бүгінгі Татар қонысын айтпасақ, арғы жұрт қолдан біржола кет­ті, әйткенмен, жайқын Еділдің орта ағысы мен етегі, яғни, ұлы түріктің дарқан дариясының ұзына бойында дәп қазір үш жүз мыңнан астам қазақ отыр, арада жүз демейік, жүз елу, екі жүз жыл өткенде байырғы жұртымыз қолымызға қайтып ораларына күмәнім жоқ. Бұрнада жазғам, тағы да айтайын, Қазтуған мен Шалкиіз жоқтаған, Махамбет пен Мұрат аңсаған қайран Еділ ақыр соңында өзінің түп иесімен біржола табысуы анық!..
6
Көк Орда шегіндегі қалалы мекендердің жалпы саны белгісіз. Алтын Орданың тарихи географиясын арнайы зерт­теген В.Егоров Батыс Сібірде 3 қала, Солтүстік Қазақстан шегінде 3 қала, Түстік Қазақстан өңірінде 5 қала – жиыны 11 қаланың атын атап, тұрған жерлерін көрсетеді. Әрине, тым сырдаң мағлұмат. Тек Оңтүстік өлкедегі ескі шәрлердің ұзын саны жиырмаға тартар еді. Және, атап айтайық, бүткіл өлке емес, тек қазіргі Қазақ республикасының, бұрнағы Көк Орда құрамына кіріккен аймағы ғана.
Әуелі бүгінде қазақ иелігінің сыртында қалған Батыс Сібір, тарихта Сібір хандығы аталған Керей Тайбұға ұлысының кент­ті мекендері.
Шыңға-Тұра. Атау мағынасы – Шыңдағы (Биіктегі) қамал. Тобыл өзенінің бір тармағы Тұра өзенінің жарлауыт қабағында. 1220 жылы Керей Оң ханның әулеті Тайбұға бек негізделген Сібір хандығының астанасы. Көп ұзамай Еке Моғұл империясының ғұзырында, бұдан кейін Жошы ұлысының құрамында – Түмен аймағының орталығы. Алғаш Каталон атласында 1375 жылы белгіленген. Ордадан қуылған Тоқтамыс ханның 1396-1406 жылдарғы тірек бекінісі. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде талас-тартыс аймағы. Хан сарайы, мешіт, тұрғын үйлермен қатар, киіз үйлі көшелер болған. 1581 жылы орыс басқыншылығы кезінде қирады. Арада бес жыл өткенде үстін баса, Ресейдің Түмен қаласы орнады. Қазір ешқандай жұқанасы қалмаған.
Қарашы-қала. Сібірді Орыс жаулаған кезде Көшімнің Қарашы-бегінің иелігі. 1581 жылы екі жаққа да үлкен шығынға түскен қырғын соғыстан соң басып алынған. Әуелгі атауы белгісіз. Қазірде Түмен облысы, Тобыл ауданы, Карачино селені тұрған жер.
Әтік-қала. Кейінгі, Көшім хан заманындағы атауы. Орыс шапқыны кезінде Әтік-мырзаның қонысы. Қазірде ізі жоқ.
Жапанша-қала (Еспанчин городок). Тұра өзенінің бойы, сол қабақта. Ермак 1581 жылы қиратқан. 1600 жылы үстіне Туринский острог аталатын атаулы бекініс салынған. Қазірде Свердлов облысы, Туринский ауданының орталығы, Туринск аталатын шағын қала орнығыпты.
Ескер (Искер). Шымға-Тұрадан кейінгі Сібір астанасы. Ертіс өзенінің жағасында, қазіргі Тобыл қаласынан жоғары, 7-8 шақырым жерде. Бүгінде көпшілік бөлігін Ертіс өзенінің арнасы жұтып қойған. Біз 1980-1982 жылдарда жазылып, жарыққа шыққан «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясында Россия патшалығының жаулаушылық кезеңіндегі Сібір хандығы және Ескер қаласының болмысы туралы толымды мағлұмат берген едік.
Назым. Естек қаласы. Нақты тұрған жері белгісіз, анығы – Ескер қаласынан біршама төмен, Ертіс бойында.
Тонтур. Барабы даласы, Ом өзенінің жағасында болған.
Сібір хандығы шегінде ғұмыр кешкен қалалар тағы бірнешеу. Атаман Ермактың Көшім ханмен соғысы турасындағы жылнамаларда көрініс тапқан. Кезінде ешқайсы зерт­телмеген. Бүгінде орны да, ізі де жоқ.
В.Егоров бұрнағы Көк Орданың қазіргі Қазақстан шегіне тиесілі сегіз қаласының атын атайды. Бұлар – Солтүстік Қазақстанда: Мәулі[м]берді, Байтақ, Тағатай; Оңтүстік өңірде: Сығнақ, Сауран, Түркістан, Отырар және Женд. Тұрған жерлері айтылады, және бірер ауыз сөзбен сыпат­тама берілген. Әлбет­те, біздің қазақ тарабының тізімі толық, оның үстіне, арғы замандағы болмысы мен бұрынғы-соңғы тарихы туралы да мол мағлұмат жинақталған. Осыған орай, өз бетімізбен кетейік.
Абат – Байтақ. Қазіргі Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай ауылынан 12 шақырым жерде. Орысша деректемелер бойынша, ежелгі кент атауы – Байтақ. Қазақша қалыптауындағы анықтама мәнісі – бұл арада Абат атындағы еңселі кесене салынған. Мен 1997 жылы басына арнайы барған едім. Өз заманының көрнекті ескерткіші екені андағайлап тұр. Негізгі бөлігі – киіз үй кейіпті, дөңгелене біткен, таза қыпшақ үлгісі. Кейіннен білгенімдей, диаметрі 10 метр шамасында. Күмбезі – доғал емес, Үргеніштегі Текеш шах мавзолейі сияқты, шошақ, конус бітімді. Ал ежелгі Мажар қаласының орнында ХVІІІ ғасырдың соңына дейін бұзылмай тұрған, құрылыстар ішінде П.Паллас түрлі-түсті суретін сызған әлдебір сәулет­ті мавзолей – айна-қатесіз, осы Абат кесенесінің нақпа-нақ сыңары сияқты. Жалпы, мұндай, конус кейіпті күмбез – Алтын Орда сағаналарының ортақ сыпаты екенін атап айту керек. Әлбет­те, кесене иесі, аты аңызға айналған Абат – тегін адам емес, қазақ аңыздары бойынша, Шоқан дала философы атаған Асан Қайғының ұлы, тәрізі, ел ұстаған, батыр, сері, мәрт кісі екен. Күмбез шаршылы қызыл кірпіштен қаланған, төбесі бүтін, қабырғалары тозса да өз орнында, есігі ғана үңірейіп тұр; Алтын Орда заманына тән қосымша, қасбет қабырғасы құлаған сияқты, іргесі ғана аңдалады. Жаңа ғасырдың бас кезінде кесене толықтай зерт­теуден өтіп, қадарынша қалпына келтірілді. Бүгінде тарихи мәнді мұра саналады. Абат күмбезінің тақау іргесі, батыс тарап, шамамен бірер шаршы шақырымдай жер – ескілікті зират. Қалың қау басып кеткен, бірақ сынтас, әрқилы кейіптегі құлпытастар андағайлап тұр. Ғылымға да, жалпы жұртқа да белгілі Маңғыстау–қазақ үлгісінде, айрықша көркем бедерлі, жиын саны екі жүзден астам дейді, анықталғанының барлығы да Қазақ хандығының соңғы кезеңі – ХVІІІ ғасыр және бергі ХІХ ғасырға тиесілі. Абат кесенесі Көк Орда мұрасы екені анық, ендеше, бұл төңірек, кейінгі құлпытастар аралығындағы қаншама ашық-алаң жерде тағы да ескі заман молалары жатуы күмәнсіз. Түгелімен тегістеліп кеткен; бәлкім, қаптаған құлпытас ішінде сол арғы замандағы нұсқалар да ұшырасуы мүмкін. Алайда, Абат-Байтақтағы барлық ескерткіш көрініс табатын атлас жасалмаған. Ал ХVІІІ ғасырда бұрнағы іргесі сақталып тұрған ескі кент орны мүлде зерт­телмепті. Қайткенде, сырлы, жұмбақты күмбез және құлпытастары қаптаған, аса ауқымды зират және ежелгі қала орны ескі заманнан бері әулиелі, қасиет­ті нысан саналған.
Мәулімберді. Ақтөбе облысы, Ойыл өзенінің бойы, ат­тас мекенде. Құрылыстар ізі және егіс тоғанының сұлбасы байқалған.
Тағатай. Ақмола облысы, Нұра өзенінің бойында. Орыс деректері бойынша, ХVІІІ ғасырда іргесі анық аңдалып тұрған екен.
* * *
Сейхұн – Сыр бойы ежелгі заманнан бері қала мәдениеті мен дала мәдениеті қабат­таса дамыған, халқы жиын өлке болды. Алғашқы қалалар туралы дерек тым әріден басталады. Замана ағымы, қолайлы, қолайсыз тарихи жағдайлар нәтижесінде өсіп-өнген, және өшіп, тозып та отырған. Ал Ұлұғ Ұлыс заманында жаңаша өріс тапқанын көреміз. Өзінің әскери қуатына сенімді Шыңғыс хан әйгілі Хорезм жорығы басталмай тұрып-ақ, дарияның орта ағысы мен етегін үлкен ұл Жошының еншісіне бұйырған еді. Oтырардың түбіне жете сала, шамасы екі түмен әскермен, өзіне тиесілі өлкені жаулауға ат­тандырады. Біз бұл дербес майдан және оның нәтижесі туралы Шыңғыс хан тетралогиясының Үшінші кітабында бажайлап жазған едік. Енді, тақырып желісі үзілмес үшін, шағын ақпарат.
Отырар.
Бүткіл Хорезмді жайпаған қалың өрт­тің әуелгі ұшқыны осы Отырарда тұтанып еді. Қала және өңір найыбы Қайыр хан хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедпен нақты келісім бойынша, Отырарға келіп жеткен тоғанақты бес жүз түйе үлкен керуенді талауға түсіріп, қосшы төрт жүз елу кісіні түгелдей дерлік өлтіріп, Шыңғыс ханның ойында болмаған, зор, жаппай майданға жол ашты. Амалсыз жанкешті Қайыр ханның басшылығымен бір жарым ай табандап қорғанған Отырар құлады. Алайда, кейбір шалағай жазармандар дабылдатып жүргендей, берік қамал ішінара қираса да, байтақ шаһар мүлде қаусап қалған жоқ. Көп ұзамай-ақ қалпына келеді. Бұрнағыдай, ғұзырлы әкімшілік және үлкен сауда орталығы. Бұл кезде Жошы ұлысы, Көк Орданың құрамында. ХV ғасырдың ақырында, Тоқтамыс ханның сәтсіз соғыстары нәтижесінде, Ақсақ Темірдің ғұзырына көшеді. Жауынгер жендет 1405 жылдың басында, Қытай жорығына ат­танып бара жатқанда, осы Отырарда, данышпан неміс Гөтенің сөзімен айт­қанда, қисапсыз мұсылманның нақақ қанын төккені үшін, Мұхамед пайғамбардың киесімен, тура жаһаннамға ат­танған. Қалпына келген, орнында тұрған осы Отырарда. Содан соң, тым көп ұзамай-ақ, әйгілі шаһар Ақсақ Темір немересі Ұлықбекті ығыстырған Барақ хан тұсында, Көк Орда ғұзырына қайтып оралады. Бұдан соңғы заманда Қазақ Ордасының құрамында. Ірі сауда орталығы, шаруа­шылық, рухани және мәдени ұйытқы. Ақыры, тынымсыз Ойрат-Қазақ майданы, сәтсіз Сайрам соғысының кезінде, 1684 жылғы біржола қираған. Бүгінде ежелгі Отырар шаһарының көрнекі, әрі нақты жұқанасы Отырар-төбе аталады, Түркістан облысы, Отырар ауданының шегінде. Бұл – бүткіл қала емес, оның орталық бөлігі шахристан ғана. Соның өзінде аумағы мен айдыны көз тартарлық. Төңірегінен оқшау, биіктігі 18 метрлік доғал төртбұрыш: шығыс тарабы – 350 метр, түстігі – 380, солтүстік-батысы – 400, солтүстік-шығысы – 145 метр. Ішкі қисар – 220-да 230 метрлік үшбұрыш кейіпті, бүгінде сұлбасы әрең байқалады. Бүткіл Отырар қамалының аумағы – 20 гектар шамасында. Қамал іргесінде айнала қазылған, ішіне су толтырылған, тереңдігі белгісіз, ені 15 метрлік ор болған. Мұның бәрі, айт­қанымыздай, ішкі қала, шахристан. Ал рабат аталатын сыртқы қаланың ауданы – 150 гектар шамасында. Есебі, өз заманында Отырар Еуропада теңдесі жоқ, Шығыс патшалықтарының өзінде сирек кездесер әйдік қала болған.
Ежелгі Отырар мұсылман тарихында Фараб атымен VІІІ ғасырдан белгілі. Әлемнің Екінші ұстазы аталған Фарабидің туып-өскен жері. Өз кезіндегі түрки атауы – Қарашұқ болса керек (Махмұд Қашғари). Барлық уақыт­та Орталық Азиядағы ислам мәдениетінің үлкен орталығы, елдің рухани ұйытқысы. Жинақтап келгенде, тұрғын халқы сөгілмей, тұтас екі мың жыл ғұмыр кешкен өзгеше шаһар.
Отырар-төбедегі қазба жұмыстары ХХ ғасырдың орта шенінен бері, күні бүгінге дейін дәйекті жүргізіліп келеді. Жазаң, тақау төңірегінен бойы озып тұрған, 18 метрлік қырат – жай ғана үйік емес. Қаланың табаны. Археология ғылымында «мәдени қатпар» аталады. Яғни, адам тұрағы болған, әрқилы құрылыс қалдығы, нөпір мен көңіс, табиғи қалыптан тыс топырақ қабаты. Нешеме ғасыр бойы, бұрнағы қоныс-мекен жұрнағының үстіне жаңадан салына берген адам тұрағының айқын, нақты белгісі. Ғаламат қой – бір-екі, тіпті, бес-алты емес, тұпа-тура он сегіз метр! Әлемде ескі жұртының орны осыншама қыртысты болып шыққан басқа бір шаһар бар ма екен сірәда? Жоқ! – деп нық сеніммен айтар едік. Қазірде үстіңгі қабат­тары ғана аршылып жатыр. Жыл өткен сайын жаңалық. Қаншама ғылыми-зерт­теу және танымдық кітаптар шықты. Отырардың екі мың жылдық шын құпиясы толық әйгіленуі – келешек күндер үлесінде. Ал бұл – қазақтың даңқты тарихының бір тармағы ғана.
Хорезм майданының барысынан белгілі, Шыңғыс ханның темір түмендері жігін жазбай, Отырар түбіне келіп жеткен соң, тыныс тауып, азғана аял жасап, төрт топқа бөлінеді. Ұлы қағанның өзі бастаған негізгі әскер қосындары тұпа-тура Бұхара бағытына түседі. Отырардың түбінде екінші және үшінші ұлдар – Шағатай ме Өкетай қалады. Ал үлкен ұл Жошы Сыр-дарияның еңісін жаулауға тиіс еді. Таң қаларлық жағдай, бұл жорықтың мән-жайын дәйектеген тарихи әдебиет – Сығнақты алудан басталады. Ал Отырар мен Сығнақ аралығында… тағы қаншама үлкен қала тұр. Тәрізі, бұл көп кент­тің ешқайсында атаулы қақтығыс болмаған. Рет-ретімен қол қусырып, алдан шықса керек. Дәрменсіздіктен емес. Бүткіл Сыр бойы осыдан небәрі он жыл бұрын ғана Хорезмнің қарауына өткен болатын. Қарақытай өкіміне сырт­тай болса да бодан саналған түрік қауымы енді дін-қарындас Хорезмнен опа таппақ екен. Бар долбар теріске шықты. Өткен жетпіс-сексен жыл бойы шын мәністі еркіндігіне ешкім қол сұқпаған Сейхұн жұртшылығы енді Хорезм езгісіне түсіпті. Біз Шыңғыс хан эпопеясының Үшінші кітабында жеткере жазғанбыз. Нешеме ғасыр бойы ел билеп келген Қарахан әулеті түгелдей басын жойды, Самарқан мен Отырар халқы тағы қырылды. Бұл жұртың өзі тілеп алған бағыныш – осыншама апатқа әкелген. Енді, ел шетіне, осы қанды Хорезм өкімінен құтқаратын жаңа бір күш келіп жетіпті… Отырардағы қарсылық – онсыз да басы кетпек Қайыр ханның жанкешті ісі, тағы бір тұстағы қантөгістер – жергілікті желөкпелердің топастығының нәтижесі деп жазғанбыз. Шын мәнісінде, қаншама қала қылышын қынабынан шығармай, түгелдей бейбіт бағынышқа түсті, деп.
Енді, осы әуелгі тарихта айтылмаған, бірақ Жошы ұлысының құрамына бейбіт өткен бірнеше үлкен қала туралы шағын ақпарат.
Түркістан. Жиын әскер келіп түскен Отырардың дәп іргесінде дерлік, небәрі 55 шақырымдай. Көк Орда заманында шағын кент. Десе де, тым әрі, V ғасырдан бастау алады. Әуелгі атауы – Шауғар, ХІ ғасырдан бастап – Ясы. Мұсылман түрік әулиесі Қожа Ақмет Ясауи тұрақтаған кезден бастап, далалық түрік жұртының рухани орталығына айналған. ХІV ғасырдың соңында Ақсақ-Темірдің қарауына түседі. Сақара жұртының ықылас-пейілін аудару үшін Ақсақ Темір Қожа Ахмет Ясауидың ескі күмбезін жаңартып, сәулет­ті, үлкен мавзолей салғызады. Алайда, көп ұзамай-ақ әулиелі кент қайтадан дала жұртының иелігіне көшіпті. 1597 жылдан Қазақ Ордасының астанасы және осы кезден бастап Түркістан атанған. Қаланың біршама өсіп, өркендеуі және Орталық Азиядағы мән-маңызының артуы да осы ерекше атауы мен Қожа-Ахмет Ясауидың биік мәртебесіне байланысты.
Сауран.
Қиранды қамалы Түркістан қаласының батысында, 40 шақырым. Солтүстік қаптал – жарты шақырымдай жерден теміржол өтеді. Жолаушылар пойызына ескілікті қорғанның өркеш-өркеш қабырғалары айқын көрінеді, айдынды, әсіресе кешкі, күн еңкейген мезгілде тылсым-сырлы. Бұл – бүткіл шаһар емес, оның ортаңғы бөлігі шахристан ғана. Ал үлкен рабат теміржол шебінен бірталай арыда, тек терістік бет қана емес, бар тарабы, әлденеше шақырым бойы бұйрат­танып жатады. Шаһардың нақты көлемі күні бүгінде айқындалмаған, үздік-создық қазба жұмыстары шахристан шегінде ғана өткерілген, оның өзі ойдым-ойдым. Қайткенде Сауран өз заманында Орталық Азиядағы ең үлкен қалалардың бірі болғаны күмән туғызбайды.
Алғашқы деректер Х ғасырдан бастап мағлұм. Қарахан дәуірінде Жібек Жолының бойындағы елеулі кент. Махмұд Қашғари атап айт­қан. Таң қаларлық жағдай, Шыңғыс хан шапқынына қатысты тарихи әдебиет­те Жошының Сауранды қалай басқаны туралы ешқандай дерек жоқ. Тәрізі, бейбіт бағынған, көлденең, елеулі оқиға болмаған. Көк Орда заманында тезінен өрлейді. Сыр бойындағы ең маңызды тұрғылардың бірі. Әсіресе, Сасы-Бұқа, Ерзен хандардың тұсында. Аса ірі сауда, өндіріс және әкімшілік орталығы. Сол заман тарихшылары Сауранды өте үлкен және көрікті, қамалы берік, қуат­ты қала ретінде сыпат­таған. Көк Ордадан соңғы кезеңде Қазақ Ордасының иелігінде. Қазақ хандары Керей мен Жәнібек және Бұрындық Сыр-дария алқабындағы қалаларды, оның ішінде Сауранды біржола игеру үшін табанды күрес жүргізген. Сауран үшін қанды майдан, қаланың қоршалуы және қалай алынғаны туралы көптеген деректер сақталған. Қазақ халқының түстік өңірдегі ұйытқы тіректерінің бірі болған Сауран ХVІІІ ғасырдың 20-жылдары, Ойрат шапқыны кезінде біржола қирады.
Шахристанды қоршаған, бір заманда «үстінен құс ұшып өте алмас» деп әсірелей сыпат­талған қамал қабырғасы бұл күнде іштен де, сырт­тан да мүжіліп тозған, аласарған, өркеш-өркеш ескі құрылғы ретінде ғана көрінеді. Шикі кірпіш, саз балшықтан тұрғызылған дуалдың биіктігі кей бір тұста 6-7 метрдей, әрине, әуелде бұдан әлдеқайда еңселі, және қалың болған, ендігісі – астыда жалпайып, жермен астасып, үстіде жел қағып, жаңбыр шайып, жұқарып кеткен. Қамалды айнала қоршаған, ішінде су толтырылған бойлауық ор қазірде шұқыршақ қана, кезінде тереңдігі 3 метрден астам, ені 15-20 метр болған және сырт­тағы, ор ішінен шығарылған топырақ үйме де қосымша қорғаныш қызметін атқарған. Ал қала тұрғындары үлкен кәріз және қажет­ті құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Ішкі шахристан аумағы – доғал төрт бұрыш кейпінде, терістік-шығыстан түстік-батысқа қарай 800 метр, қарама-қарсы беті – 550 метр шамасында. Осы аса кеңіс аумақта тұрғын үйлермен қатар, қызыл кірпіштен қаланған, көкала шыназ өрнекті, сән-салтанат­ты сарайлар болған. Бүгінде бәрі де жермен-жексен. Тек жұма мешітінің орны белгілі. Аумағы – 34 те 31 метр екен, сыртқы қабырғасының қалыңдығы бір жарым метр шамасында. Күмбезді, зәулім мешіт­тің алдыңғы екі мұнарасы ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып тұрыпты. 1866 жылы суретке шалынған екен. Іргелері ойылып, тоза бастаған, ұшар бастары құлаған, кетілген. Бергі, бүтіндеу мұнараның дәп іргесінде түрегеп тұрған кісінің сұлбасымен есептегенде, сол кездегі қалыбының өзінің биіктігі – 22-23 метр шамасында. Қазір ол да жоқ.
Ежелгі Сауран қаласының жұртында 1867 жылы орыс археологы П.Лерх, кейін, совет заманында, 1947 жылы А.Бернштам азды-көпті зерт­теу жүргізеді. Дегенмен, тарихи және танымдық тұрғыда айтарлықтай нәтиже болмаған. Мен 1970 жылдардан бастап, ғасырдың аяғына дейін Сауранға үш, әлде төрт рет барған екем. Жайраған, қираған қалпында өліп жатыр еді. Эмиграцияға кеткеннен соңғы қаншама заманда жолым түспеді. 2004 жылдан бастап, үздік-создық, сылбыр болса да қазба жұмыстары басталыпты. Алғашқы нәтижелерінің өзі ғаламат. Ескі теңгелер, зат­тық көне нұсқалар өз алдына, бұрнағы, қызыл қыштан қаланған қорғаныс қабырғалары, ғимарат іргелері ашылып жатыр. Тақаудағы елу жылда таусылмас игілікті жұмыс бары анық аңдалады. Қайткенде, бар тарих өзімнен басталады дейтін, қазақ тарихын тереңдей зерт­теуге тосқауыл қойған надан Назарбаевтың тыйымы мен зорлықты қыспағы арт­та қалған сияқты. Ендігі түйін қазақтың және ынталы басқа жұрт археологтарының өнімді жұмыстарына ғана қарап тұр.
Бүгінгі тарихта Түркістан жазирасы аталатын осы бір аймақта Отырар, Түркістан, Саураннан басқа, үлкенді-кішілі тағы қаншама кент болған. Іргелес, қанат­тас, жалғас. Халқы жиын, дулы, ең бастысы – Жібек Жолының бойында тұрған, әрі бекет, әрі дербес мекен ретінде.
Шауғар. Қазіргі Шойтөбе қалашығымен шендестіріледі. Түркістан қаласының түстік-батысы, 7-8 шақырым жерде. Хорезм жаулаушылығы кезінде Текеш шах ақша шығарған кент­тердің бірі. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Киликия-армян патшасы Гетумның жол жазбаларында Асон деп аталады (К.Байпақов бойынша).
Иқан. Түркістанның шығыс беті, 18 шақырым жерде. Осы атауымен бүгінгі күнге жеткен Иқан кентінің қақ ортасында үйінді қалдықтары сақталған. Терістік-батысы мен түстік-шығысы – 300 метрлік, терістік-шығысы мен түстік-батысы – 225 метрлік, трапеция кейіпті, жалпы биіктігі 6-7 метрдей, біртұтас үйінді. Қисары – кент­тің түстік-шығыс бөлігінде, аумағы – 50 де 50 метрден.
Қарашұқ. Махмұд Қашғари заманынан бастап белгілі. Гетумның саяхат жазбаларында осы атаумен. Сауран мен Түркістан аралығында, бүгінде Төрткөл жұрты. Қамал қабырғасының сұлбасы сақталған – терістікте 120 метр, терістік-батыста – 60 метр, батысы – 130 метр, шығысы – 120 метрлік. Әрбір 25-30 метр сайын мұнаралар болған, бүгінде биіктігі жарты метрдей түбіртегі ғана бар. Қала V-ХVІІІ ғасырлар аралығында ғұмыр кешкен.
Жүйнек. Тарихтан белгілі ақын Ахмет Югнеки туып, өскен кент. Ерменсай өзенінің сол жағалығында. Өзен шайып айқындалған мәдени қыртысы – 12 метр екен. 70 те 150 метрлік биік төбешік ретінде көрінеді.
Ортағасырлық Қазақстан қалаларын түбегейлі зерт­теп, біразында дәйекті қазба жұмыстарын жүргізген профессор Карл Байпақов еңбектерінде бұлардан басқа Сары (Сури, Сортөбе), Қарнақ, Жылан-Қарауыл, Шаға (Шағылжан) дейтін қалашықтар орны аталады.
Бұл тарауда біз бұдан былайғы, Жетісу мен Түстік Қазақстан шегіне бойламай, бұрнағы Көк Орда шегіне тиесілі қала, кент­терді ғана қарастырдық.
Сығнақ.
Сейхұнның етегіне ат­танған Жошы ешқандай қарсылықсыз бағынған Түркістан, Сауран қалаларынан соң Сығнақ шаһарын басуға тиіс еді. Бұл – Жібек Жолының бойындағы үлкен бекет, әйгілі сауда орталығы және өз заманының әрқилы кәсібі өркендеген, сұлу һәм әйдік қала болатын. Іргесі V-VІ ғасырларда көтерілген, Х ғасырдан бастап мұсылман әлеміне белгілі. Ол кезде оғыз тайпаларының орталық ұйытқысы. ХІІ ғасырдан беріде Қыпшақ иелігінде. Тұрғылықты жұрты халықаралық саудамен қатар, өзіндік өндіріспен айналысқан және тақау төңірегінде суармалы егіншілік дамыған екен.
Жошы өзінің болашақ иелігін күйзеліске, қырғынға ұшыратпай, мүмкіндігінше бейбіт жолмен бағынышқа келтіруге мүдделі болатын. Қалалар қирамауға, бұқара жұрт қырғынға ұшырамауға тиіс. Сол есеппен Сығнақтың іргесіне тақап келген шақта, елшілікке осы өңірдің тумасы және жалпы жұрт арасында танымал Хасан-қажыны жіберіпті. Қажы – ең бір қиын күндерде Шыңғыс ханның қасынан табылған, қағанның өзіне айрықша сыйлы кісі еді. Қала қақпасынан өткен соң, бейбіт қол қусыру қажетін, алда ешқандай қысас, жәбір-жапа болмасын айтып, ағайындас қауымды мәмлеге шақырады. Алайда, күшіне сенбесе де, ашуына ерік берген қала халқы Хасан-қажыны сол арада өлтіріп жібереді. Және шабылған басын шаһар қақпасының үстіне іліп қойыпты. Дала жұртының ұғымында бейбіт елшіге зәбірден артық қылмыс болмас. Ашуға мінген Жошы жеті күндік тынымсыз шабуылдан соң Сығнақ шаһарын басып алыпты. Бұзақар қала жұрты түгелімен қырғынға ұшырайды. Әлбет­те, шаһар тұтасымен өртенді, қамал қирады. Қырғын ғана емес, атаулы қарсылықтың өзі қисынсыз жағдай дер едік. Өйткені, бүткіл Сыр бойы – бұрнада Қарахан әулетінің жұрты, осыдан небәрі он жыл бұрын Хорезм басып алған. Осы Сығнақ және бірер шағын кент болмаса, барлық жұрт ілкіде және кейін де Жошы ұлысының иелігіне ешқандай қарсылықсыз көшкенін көреміз. Соған орай, халқы да аман, қаласы да бүтін.
Сығнақ та тезінен қайта көтеріледі. Жібек Жолының бойында тұрған ұтымды жағдай нәтижесі ғана емес, Жошы әуел бастан-ақ қала мәдениеті, қалалық қауымның сая­си және экономикалық мән-маңызына айрықша көңіл бөлген еді. Сығнақ қайтадан ірі сауда бекеті және ұлыс өмірі үшін мәнді орталықтардың біріне айналыпты. Түркістан мен Мәуреннахр, Қашғар мен Хотан көпестері осы Сығнақта тоғысып жатады. Сол заман деректерінің куәлігі бойынша күн сайын ертемен Сығнақ базарына 500 түйелік тоғанақ келіп түседі және кешке дейін бар дүниесі сатылып кетеді екен. Негізгі тауар – астық, мата, тұрмыстық және сән-салтанат мүкәмалы һәм қару-жарақ болған. Сонымен қатар, төрт түлік мал саудасы.
1328 жылы Сығнақта атаулы манат сарайы ашылады. Ал көп ұзамай Көк Орданың астанасы болып шыққан. Ерзен ханнан бастау алған орталық мәртебесі Орыс хан тұсында бұрнағыдан да көтеріле түсіпті. (Кейін, 1469 жылдан 1599 жылға дейін, аралық азғана үзіліспен, Қазақ Ордасының астана байтағы.) Қызыл қыштан сәулет­ті мешіт­тер салынған, әсем, сәнді ғимарат­тар тұрғызылған. Қала көшелері кең, халықтың тұрмыстық қажет­ті Алтын Орданың басқа да шаһар, кент­тері сияқты, тіршілікке қолайлы ұйымдастырылған.
Сығнақ – Көк Орда заманында әкімшілік орталық қана емес, діни-рухани және мәдени, әдеби астана болды. Бірнеше теолог оқымысты есімдері мағлұм. Және әйгілі ақындар шығармашылығы. Хорезмидің, Алтын Орда заманының елеулі мұрасы саналатын, діни ұғымнан тыс ғашықтық дастаны «Мұхаббат-нама» осы Сығнақта жазылған. Ел екінші бір әйгілі ақын Құтб шығыстық үлгідегі «Хұсрау мен Шырын» дастанын арнайы келіп, осы Сығнақта Өзбек ханның үлкен ұлы, тақ мұрагері Тінібек сұлтанға тарту қылған екен.
Дәшті-Қыпшақтың қақпасы атанған әйгілі шаһардың тозған жұрты бұл күнде Қызыл-Орда облысы, Жаңақорған ауданы, Шиелі мен Төменарық теміржол бекет­терінің арылығы, Сунақ-Ата ауылынан екі шақырымдай жерде жатыр. Бұл ескі жұрт та Сунақ-Ата деп аталады. Яғни, Сығнақ-Ата. «Ата» анықтамасы қашанда әулиелі, киелі жер деген ұғым береді, ескі кент орны көп, соның ішінде даралап аталуы – ежелгі Сығнақтың халық жадында қалған ерекше мәртебесімен байланысты.
ХІХ ғасырдың екінші жарымынан бастап, тарихшылар мен археологтардың назарын аударған. Осы орайда, Сібір ескілігін зерт­теуші И.Кастаньенің есте қаларлықтай анықтамасы бар:
«Сағнақтың қираған ескі жұрты қатарлас жабырқау көріністі елестетудің өзі қиын. Қала шегіне жетпей-ақ құлаған күмбез, сынған кірпіш, шылпара ыдыс-аяқ сынықтары көзге шалынады. Міне, төрткіл аумағы жүз де жүз қадам, биіктігі он бес қадамдай төбешік андағайлап тұр, бұл – бір кездегі биік қорғанның сұлбасы. Осы және басқа да үйінділердің үстін қалың сексеуіл басып кеткен. Қамал іргесінде [айнала] терең ор қазылған екен, [таязыған] жұқанасы түстік-шығыс тарапта [су келтіретін] арыққа жалғасып жатқаны байқалады… Аса аумақты зират­та жартылай топырақ басқан, әсем араб жазулы құлпытастар көрінеді. Ең ғажабы – осындағы, қызыл кірпіштен тұрғызылған, әйдік мавзолейлер…»
Заманындағы осындай әсем әрі ауқымды құрылымдардың бірі және бірегейі – әйгілі Көк Кесене күмбезі. (Кейінгі қазақ тарихшылары Шибан тұқымы Әбілқайыр ханмен байланыстырады. Мүлде қате дерек. Көк кесене – бұрнадан бар, атақты нысан. Керек десеңіз, Әбілқайыр ханның қалмақ Өз-Темір тайшыдан қирап жеңілуі – осы Көк-Кесене түбінде болған.)
Кейінгі зерт­теулер бойынша, ежелгі Сығнақ шаһарының аумағы 20 гектар шамасында. Мұның тең жарымы – қаланың орталық бөлігі – шахристан. Қабырғалары тепе-тең емес, бес бұрыш кейпіндегі қамалмен қоршалған. Солтүстік қабырғаның ұзындығы – 250 метр, батыс қабырға – 360, түстік – 250, түстік-шығыс – 450, терістік-батыс қабырға – 350 метрден екен, жиыны – 10 гектар шамасында. Ішкері, түстік-шығыс бет­тегі қисардың аумағы да үлкен. Қорған қабырғаларының қазіргі биіктігі – 7 метрден астам, әр тұстағы бұрмада, сыртқа шыға біткен, биік 15 мұнара болған. Өз заманындағы аса ірі және берік қамал.
Жаппай құлаған, мүжілген, топырақ басқан құрылыстар арасынан қызыл қыштан қаланған бірнеше мешіт, медресе және сәулет­ті сарайлар іргесі айқындалыпты. Қаладағы тұрғын үйлерге кіресілі және шығасылы құбырлар тартылған екен. Есебі, Сығнақ – Алтын Орда заманындағы іргелі және айдынды шаһарлардың бірі болған.
Үзкент (Өзкент). Сейхұн-дарияның сол қабағында тұрған елеулі қалалардың бірі. Ортағасырлық араб деректерінде аталады. Жошыға Сығнақтан кейін, қарсылықсыз бағынған. Бүгінде ескі жұрты Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақжол ауылынан он шақырымдай жерде. Бұрнада В.Каллаур, кейінде К.Әкішев зерт­теген. Шахристан аумағы 300 де 250 метр шамасында. Қамал қалдығы және 15 мұнараның іргесі сақталған. Қорған сыртында ені 10 метрлік терең ор болған.
Ашнас. VІ ғасырда іргесі қаланған, бірақ аса ірі орталыққа айналмаған бекіністі кент. Жошыға қадарынша қарсылық көрсетеді, бірақ тезінен алынып, халқы қырғынға ұшырайды, қамалы қирайды. Көп ұзамай қалпына келген. ХV ғасырдағы ішкі соғыстар заманында біржола күйрепті. Қазіргі іргесі – Қызылорда қаласының түстік-шығысында, 48 шақырымдай жерде. Қисар – 40 та 50 метрлік, шахристан аумағы – 300 де 200 метр екен.
Баршынкент. Сыр бойы тарихынан әйгілі, сәулет­ті қала. Негізгі керуен жолдарының бойындағы, сауда және мәдени орталықтардың бірі. Арыда оғыздар мен қыпшақтардың шекаралық кенті, екі тайпа аралас тұрған, кейінде таза қыпшақ иелігі, П.Карпини Сейхұн бойындағы басқа да қалалар сияқты, Баршынкент те тұтасымен мұсылман жұртының мекені деп көрсеткен. (Кейінгі зерт­теушілер жазып жүргендей, қала атауы эпостағы Алпамыс батырдың жары Баршын (Гүлбаршын) есімімен байланысты емес. Қоңырат­тар бұл жерге Шыңғыс хан–Жошымен бірге келген.) Баршынкент­тің кейінгі қазақтағы атауы – Қыз-қала, яғни ежелгі Баршынның төңірегі. Қазіргі қиранды жұрты Қызылорда қаласының түстік-батысында, 25 шақырымдай жер, дарияның оң жағалығында. Бұл Баршынкент ғылым назарына ерте ілінген, ХІХ ғасырда П.Лерх, В.Каллауыр, кейінде С.Толстов зерт­тепті.
Женд. Ашнас, Баршынкент­тен соң Женд қаласына кезек жетеді. Мұндағы ең үлкен ұлық Құтлұғ хан, Сығнақ пен Ашнастағы жағдайды ести сала, барлық әскерімен, түп көтеріле қашқан екен. Ізін баса, бейбіт бағыныш туралы ұсыныспен келген жанкешті елші Шын-Темір де өткендегі Хасан-қажының кебін құша жаздайды. Зардабын ойламаған, һәм соңында қуат­ты әскері жоқ бір топ есерсоқ оны да өлтіріп жіберуге ұмтылыпты. Бірақ, көпшілік жұрт араша түседі. Елші аман қайтыпты. Алайда, бар әскерімен Жошы келген кезде қала бағыныш білдірмейді және ешқандай атаулы қарсылық та танытпайды. Қамал қақпасын жауып алып, біразы қорған үстіне шығып, мыналар енді қайтер екен деп, тамашалап қарады да тұрды, дейді. Әрине, жауынгер жасақ тезінен қаншама саты жасап, қамалдан асып түсіп, ішке өтеді де, барлық қақпаны ашыпты. Соғыс жағдайындағы қызғылықты ахуал. Енді Жошының бар әскері қалаға еркін кіреді. Қаза да, қысас та жоқ, екі жақтан бір кісі шығынға шықпаған. Женд Жошы ұлысының құрамына қосылды.
Бұл Женд шынында да өз заманы, Сейхұн-дария етегіндегі үлкен, әрі маңызды қалалардың бірі еді. Бейбіт бағыныш кезінде халқы қырылмады, қаласы бұзылмады. Алайда, көп ұзамай-ақ Женд тозып, құлдырай бастағаны аңғарылады. Елдің бұрнағы ірі сауда жолдарынан тысқары қалып, біржола құлдырауы – көп кейін. Бүгінде қамалдың қираған қабырғасы, тұрғын үй, атаулы сарайлардың төмпешік орны ғана жатыр. Уақыт және тағдыр. Бартольд тек Женд қана емес, Сырдың етегіндегі тағы біраз кент­тің құлауы – дарияның арнасы өзгеріп, қаншама жердің құрғақшылықта қалуының нәтижесі деп айғақтайды. Бұрнағы маңызы кеміп, халқы азайса да, Көк Орда заманында өз орнында тұрған.
Жанкент. Әуелгі атауы – Янгикент, бүгінгі қазақшамен мағналас, яғни Жаңа қала. Қазіргі белгісі – Қызылорда облысы, Қазалы қаласынан 20 шақырымдай жерде, Сыр-дарияның сол қабағында. Шаһар орны біршама сақталған. Қаланың орталық бөлігі шахристанның аумағы – төрт бұрышты, 375 те 225 метр, орталық қисар – 100 де 100 метрлік. Сыртқы қамал қызыл қыштан тұрғызылған, қалыңдығы 6 метрге жетеді екен, қазіргі қалпында биіктігі 8 метрдей, әуелде бұдан біршама жоғары болса керек. Әлі де айбынды, іштен оқ ататын ойықтарына дейін сақталған. Рабат мөлшері анықталмапты, яғни шаһардың жалпы көлемі белгісіз. Әйтсе де, белгілі бір межеде екі есе артық болуға тиіс.
Жанкент Жошыға бейбіт түрде бағынады. Көк Орда тұсында да өзінің мән-маңызын жоймаған. Кейінде Қазақ Ордасының құрамында. Ақтабан-Шұбырынды, ойрат шапқыны тұсында күйреп, иен қалды деп шамалауға мүмкін. Қазба жұмыстары кезінде Оғұз заманынан бергі құрылыс үлгілерімен қатар, сарайлар мен тұрғын үйлер қабырғаларынан Көк Орда дәуіріне тән шыназ өрнектер табылыпты.
Құмкент. ІХ ғасыр шамасында іргеленіп, ХІІІ-ХІV ғасырларда дәуірлеген екен. Көк Орданың елеулі орталықтарының бірі. Сауда және шаруа­шылық ұйытқысы. Еділ бойы, Бату хан ордасынан шығып, Қарақорымға бет­теген Рубрук 1253 жылы жолай көріпті, ал 1256 жылы Киликия-армян патшасы Гетум жүріп өткен.
Бүгінде, өз заманындағы үлкен қаланың орны бұдыр-бұдыр; ескілікті құрылыс, көшелер ізі анық аңдалатын негізгі бөлік, бұрнағы шахристан орны – 450 де 300 метр шамасында, солтүстік-батыс, қыратқа қарай өрлеп бітеді. Бұл тұста бүгінде биік төбешік – өлшемі 28 де 30 метрлік көне қисар болған. Біздің замандағы негізгі қазба жұмыстар да осы қамал төңірегінде жүргізіліпті.
Қала іргесінің түстік бетінде жергілікті жұрт Жылы-бұлақ деп атайтын, тасқынды су көзі, қазіргі шағын көлшік бастауында – қазақ аңызы мен эпосындағы әулие Баба-түкті Шашты-әзіздің қабірі бар және бүгінде тегістеліп кеткен ортағасырлық ауқымды зират орны байқалады. Бабаның атаулы қабірі қанша заманнан бері қасиет­ті табыну нысаны, ескі бейіт қаншама мәрте жаңартылса керек, мен көргенде осымен екінші рет, тәп-тәуір күмбез тұрғызылыпты.
Қазақ санасында әулие ретінде берік орныққан Бабаның басы болғандықтан, Құмкент қаласының өзі де киелі саналған. Алтын Орда тарихынан әйгілі және ғажайып эпос кейіпкері Едіге бидің туып-өскен мекені деп айтылады.
Мен Оңтүстікке шыққан кезекті бір сапарымда, 1996 жылы, арнайы барып, ат­тас қыстақта мейман болып, ертеңіне Баба-түкті Шашты-әзіздің басына тәуап ет­тім, бұдан соң ескілікті шаһар орнын еркін аралаған едім. Іргедегі халқы өзгеше мінез, қастерлі кейіпте көрінді. Ілкіде ауыл балаларының бірі су сойған жырадан тауып алған және өз қолымен маған сыйлаған шағын қыш саптаяқ бүгінде Америка, Силвер Сприң қаласындағы үйіміз, жұмыс кабинетімде тұр; түбі тоқ, аузы тайқы, шамасы 250 грамдай сусын сиятын, ою-өрнексіз, бірақ әдемі ыдыс. Құмкент ескілігінен бізге бұйырған ерекше тәбәрік.
Созақ. Ежелгі Созақ қаласының орнын айғақтайтын үймек төбе қазірде Түркістан облысы, Қаратаудың теріскейі, Созақ ауданындағы ат­тас қыстақтың қақ ортасында жатыр. Әуелде үш тарабы бірдей шағын өзен арнасымен шектелетін, етегі тік, жатаған қырқа басында орнаған екен. Бүгінде төрт бұрышты дерлік, үш бөлек, біртұтас кейіпте: орталық бөлігінің ұзындығы – 350 метр, көлденеңі – 200 метр; іргелес екі бөліктің аумағы бұдан аз-маз кемшін, 300 де 200 метрден. Жалпы ауданы 19 гектар шамасында. Күні бүгінде үйлер мен көшелер сұлбасы анық аңдалады. 1946 жылы Марғұлан, 1947-48 жылдарда А.Бернштам қазба жұмыстарын жүргізген. Мәдени қыртыс бес қабат екені айқындалыпты. Ең төменгі қатпар – Х ғасырдан. Яғни, қаланың іргесі алғаш бекіген кезең. Тарихи деректер бойынша, өсіп-өркендеген заманы – Көк Орда тұсы, ХІІІ-ХІV ғасырларға сәйкеседі. Керуен жолдарының бойында тұрған, Түркістан, Сауран мен Қаратау аралығындағы, Арқаға және Шығыс атырапқа жол ашатын маңызды, өтпелі бекет. Киликия-армян патшасы Гетумның жол жазбаларында аталады. Кейінірек, 1465-1469 жылдарда жаңадан ту көтерген Қазақ Ордасының алғашқы астанасы. Қазақ қауымының Қаратау бойына бекініп, алдағы заманда жер аумағын өлшеусіз кеңейтіп, ежелгі Көк Орданың біршама жерінде түпкілікті іргелену майданында тірек ретінде үлкен қызмет атқарған. Және бұдан бұрын ғана емес, кейін де елеулі кент болғаны археологиялық зерт­теулер кезінде айқындала түсіпті. Азды-көпті тиесілі қазбалар кезінде тұрғын үй, керуен сарайлар, мешіт және басқа да құрылыстар іргесі аршылады. Тандыр пештер, құм-көзелер, әрқилы өрнек-оюлы тұрмыстық ыдыс-аяқ табылыпты.
Тарса-төбе. Кейінгі атауы. Созақтың терістік-шығысы, 2 шақырымдай жерде. Атаулы қаланың бір бөлшегі емес, іргелес, шағын кент. VІІ-ХІІ ғасырлар шегінде жасады деп шамаланады. Созақтың өсіп-өркендеуіне байланысты, бұдан әрі қордаланбаған. Алайда, Жошы ұлысының алғашқы кезеңінде бұрнағы тіршілік азды-көпті жалғастық тапты деп шамалауға мүмкін.
Баба-Ата. Қаратаудың терістік-шығыс беткейі, Созақ ауданының орталығы Шолақ-Қорған қыстағынан 25 шақырымдай жерде, ат­тас өзен жағасында. Қисар, шахристан іргелері, рабат аумағы айқын танылады. Қисар – іргесі 60 та 42 метр, бүгінде биіктігі он метрдей төбешік, ХІІІ-ХІV ғасырлар мұрасы саналады. Шахристан – төрт тарапқа бағыт­талған төртбұрыш кейпінде, өлшемі – 182 де 145 метр, бұл да биіктігі 7-8 метрлік қыраңға айналған; әр тұста қамал қабырғаларымен жапсарлас 15 мұнара болыпты, бұлардың кейбірі тәп-тәуір сақталған, биіктігі оншақты метрге жетеді. Рабат көлемі – 25 гектар қарайлас. Өз заманында үлкен қала болған Баба-Ата әуелде, V ғасыр шамасында әлдебір қорамды тұрақ негізінде іргесі бекиді, уақыт оза келе, VІ-Х ғасырларда шағын кент ретінде қалыптасқан, ХІІ-ХІІІ ғасырларда біршама дамып, өркендейді. Маңызды керуен жолдарынан тысқары тұрса да, сақарада ислам дінінің таралуына қарай, рухани-діни орталыққа айналған. Аңыз аталмыш кент­ті түрік-мұсылман әулиесі Ысқақ-Бабтың есімімен байланыстырады. Баба-Ата намы да осы орайда қалыптасқан. Арыдан басталатын медреселер жалғастығы, діни рәсімдер совет дәуіріне дейін үзілмеген.
Киелі саналған ескі қоныста 1940 жылдар соңында Марғұлан, А.Бернштам қазба жұмыстарын жүргізеді, 50-жылдарда Қазақ ССР Ғылым академиясының арнайы экспедициясы біршама тыңғылықты археологиялық зерт­теулер жасаған. Өз заманы үшін жоғарғы мәдениет айқындалыпты. Қисар мен шахристан қыш құбырлар арқылы ауыз сумен қамтылған екен. Арғы дәуір – VІ-VІІ ғасырлардан тартып, VІІІ-ХІІ ғасыр және Көк Орда кезеңіне қатысты зат­тық мұралар көптеп табылады. Бұлар – әрқилы металл, қола мен темірден жасалған тұрмыстық және шаруа­шылық, қолөнер, еңбек бұйымдары, көбіне керамика – үлкенді-кішілі көзе, құм және тұрмыстық ыдыстар. Кейінгі һәм Көк Орда заманына тиесілі кесе, аяқ-табақ үлгілері түсті бояу, әсем өрнегі, нәзік көркемдігімен көз тартқан.
Баба-Ата ХІV ғасыр соңындағы бұлғақ, ішкі соғыстар кезінде күйреп, тіршілігі біраз жалғасқанмен, елеулі кент ретінде қайтып оңалмайды. Әйтсе де, ұзақ заман бойы, тіпті, күні кешеге дейін діни-рухани қызметі тоқталмаған екен.
Саудакент. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының ат­тас қыстағының іргесінде. ХХ ғасырдың ұзына бойында әредік қазба жұмыстары жүргізілген. Ежелгі кент­тің орталық бөлігі шахристан 230 да 160 метр, үйіндінің биіктігі 6 метр шамасында. Құлаған қорған үстіндегі мұнаралар саны – 11. Шахристанның терістік-шығыс бөлігіндегі ішкі қисар 40 та 40 метр, үйме төбешік. Саудакент – Қаратаудың теріскей бетіндегі, біршама маңызды нысан болған. ІХ-ХV ғасырлар шегінде жасапты.
Белен-Ана. Сарысу өзенінің төменгі ағысы, Телікөлден біршама жоғары. Алғаш рет П.Рычковтың назарына ілінген – 1762 жыл. Ескі жұрт­тың ұзыны 6 шақырым, көлденеңі 1 шақырымдай деп айғақтайды. Белен-Ана қазақтар әулие санайтын әйелдің есіміне қатысты атау, күні бүгінде бұл жерде бес мешіт­тің орны тұр, деп жазған. Кейінде Марғұлан Қазақстан шегіндегі көне қалалар қатарында атайды.
Жұбан-Ана. Осы П.Рычковтың анықтауы, Марғұланның куәландыруы бойынша, Кеңгір өзенінің Сары-Суға құйғанына 8 шақырым жерде. Бірнеше мешіт пен тұрғын үй іргелері сақталған. Бұл ескілікті қала да әулие әйел есімінде. Белен-Ана мен Жұбан-Ана арнайы зерт­теу нысаны болмапты.
Ботоғай. Нұра бойында. ХІІІ-ХVІ ғасырлар шегінде жасаған. Академик Әлкей Марғұлан Қазақстанның ескі қалалары туралы зерт­теуінде кент­тің дөңес сұлбасы мен сызба жоспарын келтірген.
Бас-Қамыр. Жезқазған қаласының солтүстік-батысы, 40 шақырымдай жер, Жезді өзенінің алқабында. Үш жағы бірдей қырқалы, ойпаң алаңда, әр тарабы 126 метрлік шаршы кейпінде. Қамал іргесінің қалыңдығы 2 метр шамасында, бірнеше мұнара сұлбасы көрінеді, қазіргі қираған қалпының өзінде биіктігі 10 метрден астам. Іште төрт бұрышты, төрт мұнаралы қисардың табаны анық аңдалады.
Орда-Базар. Тарихи әдебиет­те біршама айтылатын, әйгілі қала. Әйтсе де, аты бар да заты жоқ. Жошы ұлысының әуелгі астанасы. Жезқазған қаласының солтүстік-шығысы, 150 шақырымдай жерде деседі. Кейбір еңбекте қазіргі Жошы-хан күмбезінің аумағы аталады. Алайда, бұл арада ешқандай ескі шаһардың орны байқалмаған. Бәлкім, тақау төңірек, Ұлытаудың терістік-шығысы, ескілікті, дара қоныс, қамалдар төңірегінде. Зады – Орда-Базар, қай тұста десек те, орнықты қала есебінде іргеленбеген. «Базар» анықтамасына қарағанда, ханның көшпенді ордасы деп танығанымыз жөн. Әйдік арба үстіне орнатылған, ауқымды, аңсағай киіз үйлер, яғни көк күймелермен қысы-жазы көшіп жүрген, қажетінше аялдап, кейде ұзағырақ та отырып, бұдан әрі жылжыған, тұтас қала кейіпті, ұлан-асыр, ұжымды жұрт туралы арыдағы қытай деректері де, оған жалғас араб, Еуропа саяхатшылары да, қайран қалып жазған. Біз «Шыңғыс хан» тетралогиясында, әсіресе Бірінші кітапта жеткере сыпат­таған едік. Яғни, Орда-Базар да Жошы ханның орталық астана есепті, көшпенді шаһары. Жошыдан соң, Алтын Орда құдірет­ті, дербес мемлекетке айналған Бату хан заманында ұйықты астана Еділ бойына ауысты, уақыт оза келе, 1254 жылдан бастап, Көк Орданың да негізгі орталығы Сыр бойындағы Сығнақ шаһарында тұрақтады. Алайда, екі тарапта да көшпенді Орда дәстүрі одан әрі жалғасады. Бұл, әсіресе, Қыпшақтың батыс бөлігіне көбірек қатысты. Ұлыстың Базар, яғни жылжымалы, дулы Ордасы кейде Еділ бойында, кейде Таң, немесе Үзе бойында көшіп жүргенін, иәки бөгеліп отырғанын көреміз.
* * *
Сонымен, біз барлы-жоқтыдан құрап, біразы әйгілі нысан, көбінің өзіндік атауына дейін ұмытылған, бірақ қираған, топырақ басқан ескі жұрты бар, кейбірінің тұрған орны ғана айғақты – үлкенді, кішілі 162 қаланың тізбесін жасадық, баз біріне қадарынша сыпат­тама беріп, бірталайының мағлұм деректерімен ғана шектелуге тура келді. Қайткенде, соншама байтақ болса да, бір мемлекет шегіндегі аса көп – осыншама тұрғылықты мекен. Бұлдыр дерегі бар, әйткенмен, нақты орны да, бітім-тұрғысы да белгісіз тағы 10-15 ескі жұрт­тың елесі байқалады. Яғни, бүткіл Ұлұғ Ұлыс шегінде кемі 170 қалалы мекен болған. Десе де, бар мәселе санда емес. Сапада. Айт­тық, Алтын Орда қалалары қай жағынан алғанда, сол заманда теңдесі жоқ, сән-сәулеті ғана емес, қолайлы жағдай, тұрмыс қажеті жағынан алғанда да Еуропадан кемі төрт-бес ғасыр озық шыққан, өзгеше мәдениет үлгісі болды.
Жинақтап айт­қанда, Алтын Орда – далалық, көшпенді тұрмыс кебімен қоса, отырықты, қалалық тіршілік үрдісі қабат­таса өркендеген, сан-салалы, алып мемлекет ретінде бой көтереді. Кең байтақ сақарада мал шаруа­шылығы, егіншілік кәсібі мейлінше дамыса, түйінді бір тұстардағы қалалық мекендер – үлкенді-кішілі әкімшілік нысан ғана емес, кең көлемді сыртқы алыс-беріс, жан-жақты ішкі сауда жүйесі қалыптанған, әрқилы кәсіп, өндіріс орталығы шоғырланған және өнер мен мәдениет ұйытқысы қызметін атқарған өзгеше құрылым болды. Ескілікті тарихи деректер, кейінгі замандағы қазба, зерт­теу жұмыстары Алтын Орданың әскери қуаты ғана емес, далалық рухы мен қалалық өркениеті және де өз дәуірінен әлденеше ғасыр озық болғанын айғақтайды.

ШАРУА­ШЫЛЫҚ, КӘСІП

Орыстың империялық, астам, шалағай тарих ғылымы соңғы екі жүз жыл бойы, Алтын Орда – мәдениеті, өркениеті тұрыпты, әдепкі, адамдық кейіпте тіршілік жасамаған, паразит­тік құрылым болды деп келді. Жалпы жұрт күнделікті ас-суының өзін тек қана төңірегін талау, тонау, ең бейбіт дегенде, бодан жұртына міндет­телген қан сорғыш салық арқылы ғана айырып отырғандай. Рас, түгел жұрт­та соғыс атаулының олжа түсімі бар. Ал Жошы ұлысының алғашқы кезеңіндегі үлкенді-кішілі майданның барлығы да зат­тық және тұрмыстық пайда үшін емес, жағырапиялық кеңістік үшін ұйымдастырылғанын көреміз. Беркеден соңғы, Тоқтыға дейінгі аралықтағы Шығыс Еуропа жорықтарының өзі көршілерді әлсірету, бұқтыру мақсатында өткерілген еді. Кейінгі заман мүлде басқаша. Жаңадан жаулау біржола дерлік тоқталады. Алтын Орда тіршілік және тұрмыстық барлық қажетін өзі өндіріп, өз ішінен тауып, немесе сауда, бейбіт қатынас арқылы иеленіп, және алыс-жақын төңірегіне игілікті ықпал етіп отырғаны – арыдағы нақты деректемелер, кейінгі Батыс Еуропа оқымыстылары таңбалаған ғылыми зерт­теулерден айқын көрінеді. Бұл деген – бүткіл Ұлұғ Ұлыс деңгейіндегі шаруа­шылық және кәсіп тұрғысынан туындаған экономикалық жағдай және бүгінгі күнге жеткен зат­тық мұралардан айқын танылып жатыр.
Алтын Орда көшпенді тіршілік және қала тұрмысының аралас, тығыз бірлігі нәтижесінде үлкен күш-қуатқа жет­тік дедік. Көшпенді тіршілік байлық пен береке әкелсе, қалалық тұрмыс бірлік пен ырыс ұйытқысы болды.
1
Әу баста Алтын Орда жұртының негізін құраған байырғы халық түрік-қыпшақ пен үш ғасыр үзілістен кейін келіп жеткен түрік-татар жұртының қадым заманнан бергі ең негізгі тіршілік көзі – мал шаруа­шылығы болды. Түрік қағанаты, тіпті, одан бұрынғы, атам заманда қалыптасқан үйреншікті машық. Күнделікті тамақ қана емес, тұрақты қор. Киім, баспана негізі және көлік. Көшпенді қауымның бар қажеті төрт түлік мал өнімімен өтеліп жатқан.
Біршама кейінгі кезең, ХVІ ғасырдың бастауында Қазақ Ордасында өкім құрған Қасым ханның одақтастық ұсыныспен мейманға келіп жатқан Моғолстан әмірі Сұлтан Сайыд ханға айтатыны бар: «Біз – сақара жұртымыз… Негізгі байлығымыз – мал басы. Еті мен сүті – тамақ, терісі – киім. Ең үлкен қызығымыз – кең жайлау мен үйірлі жылқы…» – деген. Көне Түрік дәуірінен бастап, барлық заманға тиесілі лепес.
«Бұл жұрт малға бай: түйе, өгіз, қой мен ешкі және жылқысы қисапсыз. Мұншама мал бүкіл дүние жүзінде [ешбір халықта] жоқ», – деген Плано Карпини.
Карпиниге жалғас Рубрук та осы елдегі жылқы мен сыйырдың, қой-ешкінің көптігіне қайран қалған. Сондай-ақ, кейінгі Марко Поло мен берідегі Барбаро және Контарини малдың көптігіне ғана емес, асыл тұқымына, қоңы мен ажарына назар аударады.
Бұл төрт түліктің басы – жылқы болды. Сойса – ең жоғары сапалы ет, сауса – ер-азаматқа қуат, күш беретін, барлық сырқат­тың емі қымыз; ең бастысы – мініс, жай ғана мініс емес, жауынгер көлік. Қазіргі жыл санаудан қырық бес-елу ғасыр бұрын қазіргі қазақ жерінде алғаш рет жылқыны қолға үйреткен прото-түрік қауымы тезінен-ақ артықша қайрат, пәрмен тапты, сыртқы күштер, ең бастысы, кейінде қытай атанған қисапсыз жұрт­тан қорғаныс қана емес, тепе-теңдікке жет­ті, өрісі кеңейіп, жер-әлемнен өз орнын ала бастаған жеңімпаз жорықтардың себепкер, ұйытқысы болды. Ғұн, Түрік қағанат­тары, Шыңғыс хан заманынан өтіп, Алтын Орда дәуіріне жеткен шақта да жылқы түлігінің ерекше орны сақталып тұрған.
Әз-Жәнібек хан заманында Қыпшақ ұлысына келіп, еркін аралаған Ибн Бат­тута бұл жұрт­тағы жылқының көптігі соншалық, қойша өреді, біздің елдегі қойдан да көп, деген. Табиғи жағдай. Басқаны айтпағанда, мәселен, 100 мың әскерді жабдықтау үшін кемі 300 мың, әйтпесе, 400-500 мың ат керек болар еді. Ал 200-300 мың әскерге – кемі бір миллион.
Ұлұғ Ұлыста жылқының негізгі екі тұқымы болды. Мұның біріншісі – қазанат, немесе арғымақ нәсілі – әлемді айдындырған жауынгер жасақтың негізгі ұстыны. Екінші – жабы тұқымы, күнделікті шаруа­шылыққа, ет пен сүтке қарық қылатын ырыс ұйытқысы. Бұл екі тұқым да Алтын Орда дәуірінен өтіп, кейінгі ноғай мен қазаққа көшті. Жаңа заманмен аралық кезеңде ноғай жылқысы аталған нағыз қазақы тұқым, өзінің сұлу бітімі, талмас жүрісі мен шабуылы арқылы төрт тарапқа түгел мәшһүр екен және кейінгі еуропалық басқа да атаулы нәсілдердің шығуына негіз болыпты. Бүгінде таза қалпында сақталмаған. Ал жабы – қазақта күні кешеге жет­ті: әдепкі мініске ғана емес, шаруа­шылық жөніне кеңінен жегілді, ең бастысы – сапалы, дәмді еті үшін. Осыншама пайдасына қарай, Ертістен Қарпат тауларының етегіне дейінгі бүткіл Еуразия алқабын еркін жайлаған қыпшақ текті түрік жұрты осы жылқы түлігіне айрықша мән берген еді.
Жылқыдан соңғы, шаруа­шылыққа, тіршілікке ең қажет­ті мал – сыйыр екен. Түз жұрты сыйырдың сүтін қаншалық дәрежеде пайдаланғаны туралы нақты дерек жоқ. Алайда, іркіт арқылы құрт, май алу – үйреншікті, артықша бағаланған қой сүтімен қатар, тіпті, одан көбірек пайдаға асқан шығар. Анығы – ойсыл-қара тұқымы негізінен жегін үшін өсірілген. Көк күймеге жиырма, кейде одан да артық өгізден жегетін Еке Моғұл ұлысындағы рәсім, Ұлұғ Ұлыста, тіпті, кейінгі Қазақ Ордасында өзгермеуге тиіс. Сыйыр малы табын-табынымен жеке жайылады, деген Барбаро, ал Контарини бұл мүйізді қара – дүниедегі ең асыл тұқым саналуға тиіс, депті. Әлбет­те, сыйыр малы да, басқа пайдасымен қатар, ет үшін өсірілген.
Еуропалық саяхатшылар мен дипломат­тар қыпшақ-татар жұртының қой түлігінің де бітіміне қайран қалған. Бұл қой – Батыс немесе түстік елдердегі қой ұрқынан мүлде басқаша. Денесі тым ірі, тұрқы биік, жүні қалың, үлкен, дөңгелек құйрықты, ерекше тұқым. Кейінгі қазақтағы, күні бүгінге жеткен қара қой мен қызыл қойдың хатқа түскен бастапқы нұсқалары. Қаз-қалпында деп айтар едік. Бұл жайпақ, үлкен құйрықтар 20 фунт­тан астам (қазіргіше 10 килоға тарта, – М.), күнделікті тамаққа пайдаланады, және көбіне, ұзақ жолда жүргенде ұтымды азық; мұндай құйрық май – өте дәмді, таңдайда еріп тұрады, деген Барбаро. Бұл қойлардың құйрығы ғана емес, еті де керемет, деген Контарини. Әлбет­те, қоймен қатар, ешкі де есептен қалмаған. Етінен гөрі ұлпа түбіті үшін деп шамалар едік.
Қыпшақ жұрты қастерлейтін төртінші түлік – түйе болған. Бұл – жүні қалың, қос өркешті түйелер, деген Барбаро. Кейінгі қазақтағы сияқты, жекелей жүк арту үшін емес, жаппай жегінге пайдаланған. Ешбір деректе атап айтылмаса да, кейінгі көшпенділер тіршілігінен мағлұм: еті – азық, сүті – әрі сусын, әрі тамақ есепті ғажайып шұбат. Марко Поло бұл жұрт­та түйе малының да аса көптігін атап көрсетеді.
Түйіп айт­қанда, Ұлұғ Ұлыс жұртының негізгі азық-түлігі – мал өнімдері болды. Сонымен қатар, бұл малдың терісі мен жүні – қажет­ті киім. Мал атаулының айырбас саудаға жүретіні, яғни тағы да жалпы жұрт­тың тұрмыстық қажетін өтеуі – өз алдына.
Алтын Ордада айрықша дамыған мал шаруа­шылығымен қатар, егіншілік кәсіп те біршама жоғары дәрежеде болғанын көреміз. Және жаппай егін егу – мемлекет­тік тұрғыдағы, бүкілхалықтық науқан есептелген. Бұл, негізінен, Ұлұғ Ұлыс тарихының ортаңғы және кейінгі кезеңіне тән құбылыс сияқты.
Иосафат Барбаро айтады. Көктемге қарай, бүткіл Ордаға жар айтылады, егін егуге ынтасы бар жалпы жұрт керекті жабдықтарын даярласын, деген. Содан, межелі мезетінде арбаларына жеткілікті тұқымын тиеп алып, қажет­ті көлігі, кейде қатын-баласымен қоса, шамасы екі қонақ жердегі белгілі межеге келіп жетеді. Жер жыртады, тұқым себеді, тиісті жұмыстарын түгел атқарған соң, жұртына қайтады. Содан, егін піскенше аулақта, бірақ тым ұзап та кетпей, ірге аударып көшіп жүреді. Ал хан барлық уақыт­та [ен қалған] егінжайды қалт еткізбей бақылап отырады. Ақыры, астық піскен кезде манағы диқаншылар атыз басына барып, өнімін жинай бастайды. Астықты қолма-қол сатып алушылар да осы жерге келген. Сөйтіп, бар өнімін арбаға тиеп, түйеге артып алып қайтады, деген. Кейде соншама астықты толық игере алмай, қалғанын далаға тастап кететін жағдайлар да ұшырасады, депті. Біз өткен бір тарауда егін даласының бір ғана тарабында қалған қаншама сабанды, әрине, түгелімен емес, белгілі бір бөлігін, жүздеген арбаға тиеп әкеліп, дарияның мұзы үстіне жайып, қауіпсіз өткел, бұдан арғы ұтымды жол ретінде пайдаға асырып жатқанын жазғанбыз – егістің соншама көптігі және өнімнің айрықша молдығы. Бұл арада Жошы ұлысы шегінде ауылшаруа­шылық техникасының дамуы, оның ішінде әзірше Еуропада жоқ түреннің іске қосылуы елеулі қызмет атқарғанын атап айту ләзім.
Бұл жақтың жері өте құнарлы, деген Барбаро. Қазіргі Украинаның, өзін ғана емес, қаншама шет жұрт­ты астықпен қамтамасыз етіп отырған орталық және түстік аймағы. Сонымен қатар, берекелі Қобан, Терістік Қапқаз етегі және Еділдің оң жағалығы. Алтын Орда шегінде өсіріліп жиналған бидайдың сапасы аса жоғары болған. Сондықтан да шет жұрт­тарға дәркер, экспортқа көптеп шығарылған.
Бидайға жалғас негізгі бір дақыл – тары. Қажет­ті егістің тең жарымы. Көне Түрік қағанаты, Шыңғыс хан заманынан үйреншікті, өнімі ырғын дақыл. Бұдан соң көкнайза, аздаған мөлшерде арпа мен сұлы екпек. Сұлы – ат жемі болса, арпа – түктеліп, бидай қатарлы пайдаға аспақ.
Астықпен қатар, атаулы жемістер де мол екен. Рас, барлық жерде емес. Орман, тоғайдағы жабайы қарақат пен жидек, таңқурай өз алдына. Терістік Қапқазда жүзім бұталары, шабдалы, інжір, өрік, шие ағаштары бапталып, жер жемістері: шалқан, жуа мен сарымсақ, қияр және қауын, қарбыз егілген. Ал Хорезмде өсетін қарбыз бен қауын тіпті өзгеше, деп жазады Ибн Бат­тута.
Теңіз жағасы, өзен бойындағы жұрт­тың және бір ұтымды асы – балық болды. Оның ішінде Хазар теңізі, Еділ мен Жайықта ғана ұшырасатын бекіре тұқымдас және басқа да балықтар. Осы орайда, қара және қызыл уылдырық. Бұл, дала жұрты үшін де ерекше таңсық тағамдар күнделікті қолданыстан асып, шет жұрт­тарға да молынан өткізіліп отырған. Сонымен қатар, осы балыққа жалғас тұз өндірісі де кеңінен жолға қойылады: күнделікті қажет және сыртқа шығаруға.
Сақара жұртының ежелгі бір, айрықша кәсібі – аңшылық болғаны мәлім. Аңшылықтың өзі екі сала: тамақ және тұрмыс қажеті. Қолдағы малдан тыс, дәмді, сапалы ет үшін қоңыр аң: арқар, киік, құлан, домбай көптеп ауланған. Жекелеген аңшылар өз алдына, негізінен қамажау арқылы. Бұл, ұлан-асыр ау тарабында біз «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы және «Шыңғыс хан» тетралогиясында бажайлап жазған едік. Есебі, мың сан, ат­ты, жарақты жұрт кең далаға шығып, қаншама аумақты қоршалап алып, бірте-бірте шеңберді тарылта келе, нешеме жүз, тіпті, әлденеше мың түз тағыларын қыспаққа түсіріп барып, тым тақаудан атып, шаншып олжа қылады. Бұл қамажау Ұлұғ Ұлыс заманында негізінен аумағы мол, әрі халқы тым жиын емес Көк Орда шегінде қолданыстан шықпағаны туралы нақты деректер бар. Аңшылықтың екінші бір саласы – жануарлардың түкті терісі, әсіресе ұлпа жүнді, аса қымбат елтірі үшін. Қасқыр мен қызыл түлкі, суырдан бастап, тайғадағы бұлғын мен сусар, ақ кіс, тиін, қара түлкі, сілеусін және поляр аймағына жақын өлкедегі ақ түлкі, ақ аюлар. Күнделікті қажет өз алдына, әлемде жоқ, айрықша бағалы, ұлпа елтірілер шет жұрт­тармен саудада мол түсім беріп отырған.
Жекелеген адамдардың әдепкі тіршілік жолында, немесе сейіл, серуен үшін садақпен, кейде бабыр, көбіне тазы ит­тер, және қыран бүркіт, қаршыға, ителгі арқылы аяқты аң, қанат­ты құс аулап жатуы өз алдына.
2
Көшпенді жұрт­тарда қадым заманнан бастап, өздерінің күнделікті қажетін өтейтін, жеке-дербес қолөнер машығы қалыптасты. Мұның әуелгі бір көрінісі – ағаш шеберлері, үйші. Айталық, үлкенді-кішілі арба құрайтын, уақыт оза келе, алып арба үстіне орнатылған көк күймелер, дегендей. Бұдан гөрі күрделі кәсіп иелері – қару-жарақ жасайтын темірші ұсталар болды. Мұндай, тіршілік үшін бірінші кезектегі, ең қажет­ті өндіріс көбіне әр ауыл шегіндегі атаулы маман, жекелеген шеберханалар арқылы жүзеге асса, ұлыстық құрылым дамыған кезде, негізгі шаруа­ үлкенді-кішілі ұжым, бірлескен белгілі топ, арнайы кәсіпкер қолына көшеді. Мұндай ұтымды қол өнері кез келген ауылда ғана емес, әрқилы қарулы құрамаларда іске қосылып, кеңінен таралғанын көреміз. Мәселен, Карпини жекелеген әскер бөлімдерінде өзіндік шебер ұсталар болатынын атап жазған.
Жошы ұлысының шегінде қалалардың қалыптасуы және тезінен іріленуі, сонымен қатар, тауарлы қатынас саласында негізгі орталыққа айналуына байланысты, әр тарап өндіріс атаулы да жаңа жағдайға бейімделеді. Сан салалы, үлкен өндіріс орындары қалыптасады. Кейінгі, қираған, құлаған ескі жұрт­тағы қазба жұмыстар Алтын Орда қалаларының адам тұрағы ғана емес, өз заманының айтулы өндіріс және шаруа­шылық ұйытқысы болғанын айғақтаған.
Ең бір дамыған сала – қара металл қорыту өндірісі екен. Келешек заманда жер әлемде айрықша дамыған бұл кәсіп – ең алдымен Алтын Орда жерінде ұтымды жолға қойылыпты. Бұлғар, Гүлстан, тағы қаншама үлкен қалаларда шойын құйып, темір балқытқан арнайы горн пештердің әрқилы нұсқасы табылған. Осыған орай, ұсталық өнер де жаңа бір деңгейге көтеріледі. Ауыл шаруа­шылығына керекті, күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін әрқилы бұйымдар: жер жыртатын түрен, ас пісіретін шойын қазаннан бастап, кетпен мен күрек, қайла мен балта, шалғы мен орақ, шапқы, тескіш пен балға, пышақ пен қайшы, тебен мен ине, балық аулайтын қармақ пен шанышқы, әрқилы шеге мен шынжырға дейінгі қаншама аспап жасалып жатады. Осы қатарда үзеңгі мен ауыздықтан басталатын ат әбзелдері, оның ішінде әдепкі доғабас пен қорғаныш маңдайлық. Ең бастысы – әскер жабдығы. Айрықша шеберлік тілейтін және аса қымбат жарақтар: сауыт­тың әр түрі, қоллық пен тізелік, бұтырлық, дулыға; ал шабуыл құралдарынан: қылыш, сүңгі, селебе, қанжар, шүйделі балта, күрзі және жебенің қаншама түрі. Металдан тыс садақтың әр түрі және жауынгер тұлпардың көн сауыты – құяр өз алдына. Біз «Шыңғыс хан» тетралогиясының Бірінші кітабында ежелгі Қытай және Еуропа деректерінің негізінде бұл тарапта біршама мол мағлұмат берген едік.
Ұлұғ Ұлыс шегінде түсті металлургия да мейлінше дамыған екен. Әйелдер сұлулығын аша түсетін алқа, жүзік, белдік, сырға, моншақ өз алдына. Хан сарайы және дәулет­ті жұрт үшін алтын табақтар, алтынды-күмісті құмған, көзе мен кеселер, алтын ожау мен қасық, тағы басқа да тұрмыстық, қымбат мүкәмал жасалады. Кәмәр белбеу, тарақ пен айна, бөрік пен сәукеле әшекейлері тағы бар. Ең аяғы, бұрнағы Мәскеу кнәздерінің, бүгінгі орыс Мономах тәжі («Шапка Мономаха») деп қастерлеп отырған алтын тәжі һәм осы қатардағы алтынды дулығалар да біздің ата мұрамыз болатын.
Ұлұғ Ұлыста ол замандағы дәркер шыны өндірісі де өз тұсынан озық екен. Бұл тарапта да арнайы шеберханалар болады. Ең бастысы – бозғыл, көгілдір, жасыл, сарғыш реңді терезе шынылары жасалады. Шыны ыдыстар тұрмыста кеңінен қолданыс табады. Арнайы әшекей, түсті бояулы білезік, жүзік, алқа, әрқилы кейіпті моншақтар үйреншікті сәнге айналады. Сондай-ақ, өзгеше реңді березе, аметист, янтарь, маржан, ақық, және басқа да құнды тастардан сәндік бұйымдар жасау дәстүрге енеді.
Қала атаулыда топталған арнайы кәсіптер ішінде қыш негізді өндіріс кеңінен орын алды. Бұл деген – ең алдымен құрылыс қажетін өтейтін күйдірілген кірпіш. Төрт бұрыш, шаршы кейіпті болған. Алтын Орда заманындағы елеулі тұрғын үйлер, сәнді ғимарат, мешіт пен зират, сәулет­ті күмбездер түгелдей, осы, неше ғасыр өтсе де тозбайтын, қызыл қыш кесектерден қаланған еді. Шаhар, кент атаулыда онсыз болмайтын тұрмыстық құбырлар да сапалы саз балшықты балқыта күйдіріп, қалыпқа түсірілген қыш арқылы түзілген. Ал жасалуы күрделі керамика жөні тіпті жосын. Үлкен, негізінен астық сақтайтын құмнан бастап, тұрмыстық көзе, құмғанға дейінгі аралықтағы қаншама қуыс ыдыс. Табақ, дәлеңке, саптаяқ, әрқилы кеселер өз алдына. Бұл күнделікті тұрмыстық бұйымдар айрықша амал, тәсілдер бойынша дайындалып, тұла бойы оюлы, сурет­ті шыназбен қапталып, аса көркем, сәнді кейіпке түспек. Мұндай қымбат ыдыстар жұрнағы біздің заманға көптеп жеткен, ең аяғы, кез келген ескі жұрт­та нәзік өрнекті, көк-ала, сары, жасыл, қызғылтым реңді ыдыстар сынығы жыпырлай шашылып жатады.
Атап айтарлық бір жағдай, Ұлұғ Ұлыста елтірі атаулы күнделікті қажет қана емес, сән-салтанат бұйымы ретінде айрықша бағаланды. Кәмшат бөрік, түлкі, немесе тиін тымақтар, түлкі ішік, қасқыр ішік, бұлғын ішік – байлық пен барлық белгісі есепті. Әдепкі мал терілері де өз орнын табатын. Қой терісі – жылы тон, лақ пен қозының өңделген терісі мәри – жеңіл қазекей ғана емес, жалғас қазақтан аңдалатындай, кәдімгі көйлек. Ал ірі қараның терісі – үлкен есепте көн сауытқа негіз болып, үй арасында төсеніш тайтері, торсық пен сабаға айналмақ. Ең басты пайдасы – сыртқа саудада: бүткіл Еуропа, Азияға әйгілі, аса жоғары сапалы бұлғары иленеді, бұл – Ақ Еділ бойындағы Бұлғар патшалығы заманынан келе жатқан өзгеше өндіріс машығы екен.
3
Әлемдік империяның бақ-дәулеті артып, күш-қуатының толысуында және алыс, жақын елдермен ара қатынасында сауда істерінің мән-маңызы айрықша болды. Бұл тарапта әйгілі Жібек Жолы ең басты арна қызметін атқарды. Алтын Орда Қиыр Шығыс пен Шыған Батыс – Қытай мен Үндістаннан тартқан, бүткіл Азияны көктей өтіп, Еуропаның түкпіріне жетіп тоқтайтын Жібек Жолының орталық бөлігін түгелімен қамтып, ақырғы, түйінді ұштығын ұстап тұрған. Яғни, Қытай шекарасынан бергі құрылық сорабы тұтасымен өз иелігінде. Бұдан соң, Шығыс Еуропада негізгі бағдары терістікке қарай аунайтын және түстікте Қара теңіздегі кеме керуеніне ұласатын аса маңызды сорап та өз ғұзырында. Бұған қосымша, Еділдің ұзына бойындағы даңғыл су жолы тұр. Және терістік-батыста Орысқа, одан әрмен Ғанза одағы мен Скандинавия елдеріне еркін қатынас бар. Түстік-батыста Иран, одан әрі байлығы шалқыған араб елдері жатыр. Бір сөзбен айт­қанда, төрт тарабымен бірдей түпкілікті һәм жан-жақты сауда жүргізбес жөні жоқ.
Бату хан билігінің әуелгі кезеңінен бастап, халықаралық сауда мейлінше жолға қойылғанын көреміз. Жувәйни Бату ханға шар тараптан келген саудагерлер құнды, әрқилы тауарды молынан жеткізді деген. Және, Шыңғыс ханның бастапқы жылдарындағы сияқты, Бату да шет елдік көпестерге тиімді жағдай жасап, сырт­тан келген дүние атаулыға көтеріңкі баға қояды. Әлбет­те, халықаралық сауда қатынасын мейлінше жандандыру үшін. Сол кездің өзінде Карпинидің айт­қаны бар, Татар жұртына Батыс Еуропалық көпестер Венециядан, Генуядан, Акра мен Пизадан келіп жатыр, деп. Жалғас, басқа да бір деректе, тіпті, Испаниядан жеткен саудагер туралы айтылады.
Уақыт озған сайын, халықаралық сауданың көлем, ауқымы арта түседі. Осы орайда Қырымдағы, Азау бойындағы итальян факторияларының айрықша белсенділігін атап көрсету ләзім. Сонымен қатар, Дунайдың сағасы мен Қара теңіздің терістік-батыс алқабындағы порт­ты қалалардың да қызметі елеулі болды. Яғни, тұтастай алғанда, Қара теңіз аумағындағы кеме қатынасы нәтижесінде. Әйтсе де, негізгі сауда – құрылықтағы керуен жолдары арқылы жүзеге асып жат­ты. Түстіктегі Хорезм арқылы Иран, араб елдерімен. Шығыста – байлығы қисапсыз Қытай және алтынды, інжу, маржанды Үндістан – Жібек Жолының арналы бастауы. Ұлұғ Ұлысқа төрт тараптан тынымсыз құйылып жатқан байлық пен игілік қисапсыз екен. Кеден салығынан хан қазынасына түсетін қыруар пайда өз алдына.
Бұрнағы Шыңғыс хан империясы, ендігі дербес ұлыстар шегіндегі керуен жолдары мейлінше қолайлы, әрі қауіпсіз болды. Бүткіл қатынас бағдарының бойында бір қонақ, яғни отыз шақырым шамасында арнайы керуен сарайлар тұрғызылды. Атаулы саудагер және кез келген жеке, немесе топ жолаушы ас ішіп, тыныс алады, мал-жаны, дүние-мүлкі тағы қауіпсіз. Саудагердің жүрісіне, кәсібіне ешқандай бөгесін жоқ, бар жағдайы жасалған. Дүние-мүлкіне зорлық, жеке басына зәбір көрсеткен бұзақар сөзсіз өлім жазасына кесілмек. Сондықтан, мұндай шетін жағдайдың елесі де жоқ. Бұрнағы Еке Моғұл ұлысы кезінде Еділ бойынан алтын табақ көтеріп шыққан кез келген кісі Қытай – Ханбалыққа дейін ешқандай қатерге ұшырамай, аман-есен барып жетер еді, деген сөз әлі де күшінде тұрған.
Алтын Орда экспорт – сыртқы саудаға мал-мүлік, сан салалы дүние, дәркер, қымбат тауар шығарып отырған.
Мал дегенде, айрықша құнды, ең негізгі бір түлік – жылқы болды. Ибн Бат­тута Қыпшақ даласынан Үндістанға қисапсыз жылқы айдалатынын атап жазған. Бір лекте ғана бес-алты мың қылқұйрық болады екен. Сонымен қатар, Батыс өлкелерге де молынан өткізілген. Ал Иранда қыпшақ жылқысымен қатар, қос өркешті сақара түйелері айрықша бағаланған. Барбароның айтуынша, мүйізді қара Италияға дейін жетеді екен.
Аяқты малдан соңғы ең өтімді, және көптеп шығарылған тауар – астық. Молынан өсірілген сапалы бидай шет жұрт­тарда аса жоғары бағаланады және теңіз порт­тары арқылы Еуропаға тасылады. Сонымен қатар, тұздалған балық, оның ішінде бекіре батыс елдеріне ғана емес, Мысырға да жеткізіледі. Әсіресе, жат жұрт­тарға таңсық қара уылдырық айрықша өтімді болған. Сондай-ақ зәйтүн майы мен бал.
Қымбат қазынадан: Алтайдың алтыны, Түстік Сібір мен Орал тауының күмісі, әрқилы асыл тастар шетке шығарылады. Сондай-ақ құйма темір. Тұрмыстық зат­тардан: әлемге әйгілі бұлғары, әрқилы аң терілері, оның ішінде ақ, қара, қызыл түлкілердің, бұлғын мен сусар, құндыз, тиін мен ақ кіс елтірілері айрықша бағалы. Және қолөнер мүліктері: сәндік қалы кілем, Батыста жоқ мақта өнімдері – мата мен киім; Транзит­тік тауарлар да өзіндік орын алған: Қытайдан – жібек пен қамқа, кәрлен ыдыстар, Үндістаннан – алтын теңгелер, інжу мен маржан, піл тісі, Еуропада таңсық дәмдеуіш қалампыр мен бұрыш. Және біздің жұрт­та балалардың бесік- hәм бой-тұмары ретінде қасиет­ті саналған, каури қауашағы. (Қаншама заманнан өткен, «жыланбас» аталатын, осындай бір әдемі қауашақты тіл-көзден сақтайды деп, кішкентай кезімде әжем менің де омырауыма қадап қоятын еді.)
Сыртқы, кең көлемді саудамен қатар, ұлыс шегінде ішкі сауда және айрықша дамығаны мағлұм. Әр қалада, Мысырдан, Қытайдан, Ираннан, араб елдерінен, Еуропа, оның ішінде Италиядан және ұлыстың басқа аймақтарынан арнап келген көпестер тұратын, барлық жағдай жасалған жеке кварталдар болды. Осыған орай, кез келген қалада орталық базар бар. Үлкен шаһарда әлденешеу. Керек десеңіз, жергілікті қауымның байлығы мен сән-салтанаты осы базар арқылы өлшенген. Базардағы күнделікті, әдепкі алыс-беріс, жекелеген мал-мүлік, әрқилы дүние, мүкәмал өтімі – қайнаған сауданың шектеулі бөлшегі ғана. Негізгі шаруа­, мол түсім – әр тарап көпестері арасындағы көтерме сауда арқылы жүзеге асып жатады. Ибн Бат­тута бір қызғылықты дерек келтіріпті: «Мол тауармен келген көпес, – дейді, – базар шегінде біршама дүниесін үйіп, тастап кетеді. Және ертеңіне ғана келіп қарайды. Егер қалдырған дүниесінің қасында бодауға тұрған құндыз, тиін, бұлғын және басқадай тауарға көңілі болса, алады да кетеді. Егер қанағат­танбаса, айырбасына тимейді…» Яғни, әріптесінен үстеме тілейді, немесе басқа бір лайықты кісіні күтпек. Мұндағы, бірден аңдалатын жағдай – ұрлық-қарлықтың жоқтығы, Шыңғыс хан заманынан бергі қалыптасқан жаппай адалдық.
Тікелей алыс, беріспен қатар, Алтын Орда шегінде мейлінше дамыған ақшалы тауар айналымы әр тарап сауданың мейлінше өркендеуіне мүмкіндік берді. Мәселен, Үндістаннан келетін негізгі түсім – алтын манат­тар. Иран мен Мысыр және басқа да тараптар көптеген қажет­ті дүниенің нарқын күміс теңгелермен өтейді екен. Ақша сыртқы сауда ғана емес, ішкі айналымда да кеңінен қолданылған. Ескі шаһарлар жұртындағы қазба жұмыстары Жошы ұлысында ақшалы қатынастың орны елеулі болғанын айғақтайды.
Ішкі базарлар мен сыртқы сауда тарабында біз Алтын Орда қалалары туралы бөлімде шет-жағалап, қадарынша айтсақ керек.

ӘСКЕР

Алтын Орда, яғни Ұлұғ Ұлыс, өзі қойнауынан жарып шыққан Шыңғыс хан империясы – атаулы Еке Моғұл ұлысы сияқты, үлкен күш-қуатқа ең алдымен айрықша әскери әлуетінің арқасында жет­ті. Түрік-татар қауымы әуелде өзіне жол ашып, жаңа ту көтеріп, бұдан соң барлық жауын жеңіп, алып мемлекет қалыптаса, кейінде бірнеше дербес ұлысқа бөлінген заманда әрқайсы өз тарабында өктем өкім құрса, осының бәрі озық әскери ұжым, жаужүрек жасақтың артықша қаруы мен қайтпас ерлігі, қажыр-қайратының тікелей нәтижесі болатын.
Әрине, мұншама озық ерекшелік – бір күнде, аяқ астынан туа қалған жоқ. Ежелгі Ғұн дәуірінде қалыптасып, аралықтағы Түрік қағанат­тары кезеңінде біржола орнығып, бекіген әскери дәстүрдің жаңа заманда одан әрмен жалғасып, жаңғыра жетілген көрінісі. Ең алдымен, үздік әскери қолбасы, жалғас жылдарда данагөй мемлекет қайраткері есебінде озғындап шыққан сайыпқыран Шыңғыс ханның жан-жақты қызметінің арқасы.
Біз адамзат тарихындағы қым-қуат соғыстарда шендесі жоқ темір түмендер жайын өткендегі «Шыңғыс хан» тетралогиясында біршама дәйектеп жазған едік. Атап айт­қанда, Бірінші кітаптың «Көшпенділер болмысы» тарауының «Қару-жарақ» ат­ты тармағында әскер ісіне қатысты әуелгі бір деректерді айғақтасақ, Үшінші кітапта қарулы күштер жайын кеңінен қамтып, «Темір түмендер» дейтін тұтас бір тарау қалыптаған екенбіз, негізгі тұрғыларын қайталап жату артық. Әйткенмен, «Алтын Орда» – «Шыңғыс ханға» жалғастығымен қатар, өз алдына дербес кітап болғандықтан, Ұлұғ Ұлыстың қарулы күштері туралы азды-кемді сөз айта кету қажет болады.
Еке Моғұл ұлысына сабақтас Алтын Орда әскерінің ішкі құрылымы Ежелгі Ғұн, Көне Түрік дәуірінде қалыптасқан ондық жүйе негізінде бекем тапты. Ең шағын бөлімше – ондық – он аламан, оңтайлы, жедел топ. Он ондық, яғни бірегей ұжымды жүз жауынгер – біршама қуат­ты құрылым есепті. Он жүздік – мың аламанды ұйымдастырмақ мыңдық – қажет­ті жағдайда дербес қимыл жасай алатын қарымды жасақ. Он мыңдық – түмен болады, зор майдандағы аса ірі, қуат­ты құрама, сондай-ақ, атаулы жорық, ұзақ сүргін жортуылдар кезінде өз бетімен елеулі стратегиялық мәселелерді шеше алатын, екпінді, қалың қол. Осы ретпен он түменнің қосындысы – туғ (ту) аталады. Әскер құрамының тұрақты жүйесі үшін қалыптаған атау.
Ондық басшысы – онбасы, дара емес, сол оның бірі. Жүздік басшысы – жүзбегі, өзінің жеке ондығы бар. Мыңдық бастығы – мыңған ноян, тікелей қарауында жүздігі бар. Ал түмен басшысы – ноян атағы, немесе бахадұр мәртебесі бар ең биік қолбасы, оның да өзіне біржола бекітілген жеке, дербес мыңдығы болады. Үлкенді-кішілі басшылардың бәрінің де алдын-ала тағайындалған орынбасары – саңғұсын аталады.
Қажет­ті жағдайда кез келген мыңған бегінің қарауына тұтас түмен, тіпті, бірнеше түмен берілуі мүмкін. Мәселен, Сәмуке-бахадұрдың Түстік Шүржен жорығына бес түмен шығарылады. Ал Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұрдың Қапқаз асқан Шығыс Еуропа шапқынына екі түмен бөлінген екен, бұл рет­те бас қолбасы – Жебе-ноян, ал саңғұсын – Сүбітай-бахадұр. Ұлұғ Ұлыс заманындағы үлкен майдан атаулыда әдепкі басты тұлға – ханның өзі, әуелде Берке, кейінгі кезеңде Тоқты, беріде Әз-Жәнібек болғанын білеміз. Бұл рет­те негізгі себеп – жекелеген қиян жорық емес, өлшемелі жер жағдайына байланысты дер едік.
Шыңғыс хан заманынан бастау алған, бұдан соң жеке ұлыстарға тиесілі жасақ атаулының темір тәртібі, ерлік бітімі – бұрынғы-соңғы барлық тарихи әдебиет­те нақты айғақталғаны мәлім.
Енді Ұлұғ Ұлыс әскерінің жиын саны туралы азғана мағлұмат.
Бастапқы, Хорезм майданы кезінде Шыңғыс хан үлкен ұл Жошыға Сыр бойын бағынышқа келтіру үшін екі түмен әскер берді деп шамаладық. Болашақ дербес ұлыс қарулы күштерінің әуелгі ұйытқысы. Кейінірек, Жайықтан ат­тап, Бұлғарды ығыстыру үшін Көгедай ноянның жетекшілігімен үш түмен бөлінеді. Жошыға тікелей қарасты әуелгі екі түменге үстеме сияқты. Бүткіл империялық Батыс жорығынан соң Бату ханның қарамағында қалған бес түменнің негізі – осы әуелгі әскер деп байыптар едік.
Сонымен бірге, туыс-тегі ортақ, жергілікті, қыпшақ намындағы түрік қауымының қатарға көптеп тартылуы және шығыс атыраптағы түрік-татар жұрты, яғни қоңырат, найман, жалайыр, керей, қатаған, қият, маңғыт, тама, оңғыт, байыс және басқа да үлкенді-кішілі рулардың Дәшті-қыпшақ шегіне жаппай қоныс аудара бастауы нәтижесінде, халық саны ғана емес, әскер құрамы да еселеп көбейеді. Бұл жағдай Батудан соңғы Берке хан заманындағы соғыстар кезінде айқынырақ аңдалады. Құлағумен арадағы үздіксіз майданда, қажетіне қарай, кейде жүз мың, кейде екі жүз, үш жүз мыңға дейін әскер шығады. Бұдан соңғы алмағайып бір кезең – Ноғай ханзаданың бүлігі кезінде Тоқты хан да қалың қол жасақтап отырған. Ең соңғы – Торлы бойындағы шешуші майданда екі жақтан үш жүз мыңнан, яғни қалай айт­қанда да Ұлұғ Ұлыс жұртына тиесілі алты жүз мың әскер қатысады. Замана тарихшылары асыра, көтеріп айт­қан күннің өзінде, екі тарап – қанкешу ұрысқа кемінде үш-төрт жүз, бәлкім, бес жүз мың әскер кіруі анық. Өзбек ханның Қапқаз–Бештау етегінде өткізген ұлан-асыр жаздық мерекесіне он жеті мыңған қолбасы қатынасыпты. Яғни, жүз жетпіс мың әскер өкілі. Ибн Бат­тута бұл – ұлыс қарулы күштерінің бір бөлігі ғана деп атап көрсеткен. Шындығында, сонау Қапқаз етегінде өткерілмек кезекті бір мерекеге Еділдің сол жағалығы тұрыпты, Шығыс бет – сонау Ертіске дейінгі ұланғайыр өлкенің барлық жұрты келе алмайды ғой. Осы орайда, Өзбек хан Иранға қарсы түйінді, жеңіс жорығына 300 мың әскерімен шапты деген мағлұмат ешқандай күмәнсіз қабылдануға тиіс. Бұл отыз түмен, әлбет­те, бүткіл Шығыс атырапты айтпағанда, Еділден арғы Батыс өлкенің өзін түгел қамтымақ емес. Яғни, Ұлұғ Ұлыс қарулы күштерінің тең жарымға да жетпес, бір бөлшегі.
Әлбет­те, негізгі ғана емес, барлық қарулы жасақ – аты әскер. Әрбір аламанның кем дегенде үш аты болады. Мұның біреуі – толық жабдықталған: маңдайы болат қалқалы, алда – мойны мен омырауы, ертоқымнан тыс қос қабырға, арт­та – жаядан қара санға түскен құяр сауыт. Қалған екі-үш ат та қажет­ті, қосалқы саймандарымен. Бұл – ауыр жарақты әскердің бітімі. Ал жеңіл жарақты әскер ат­тарының қорғаныш жабдықтары, орайына қарай, аса оңтайлы, қитықсыз болған. Керісінше, бұл екі тараптың ұрыс аспаптарында айтарлықтай айырым жоқ. Батыс жұрт­тары әуелден-ақ Жошы ұлысы әскерінің қарымды, жарақты, қалпына, ат­тарының өзгеше жабдығына қайран қалып, алыстан-ақ айбынатын еді.
Шынында да, Алтын Орда әскерінің қару-жарағы өз заманының алдыңғы дәрежесінде болды. Және көп рет­те озық.
Негізгі және барлық майданда шешуші қару – садақ. Яғни, қорамсаққа салынған жақ пен оқ қапшығы қылшан. Ежелгі түрки жақ – құрамы күрделі, серпімі қат­ты, айрықша тәсілдермен қалыптанған өзгеше қару екен. Болат жебелер сан қилы, көбіне шырқап, қалқып ұшатын жалпақ бітімді. Сонымен қатар, сауыт-бұзар, үшкіл, қырлы жебелер де кеңінен таралған.
Садақ оғының қарымы – 400-500 метрге дейін. Қарсы бет­тің бар атымы орта жолда жер қауып қалады. Есебі, түрік-қыпшақ әскері өздері үшін мүлде қауіпсіз межеден атқылап, жамсата бермек. Батыс тарихшыларының айт­қаны бар – қан майдан басталмас бұрын атқыштар халқына жаулас жұрт жарым әскерінен айрылады, деп.
Садаққа жалғас айбынды қару – найза. Бұдан соң ауыр семсер, қайқы қылыш. Семсер мен қылышқа жалғас, тығыз ұрыста қолданысқа түсетін, жүзі бір жақты, қысқа селебе мен тұрғысы шағын, екі жүзді қанжар бар. Және шоқпардың әлденеше түрі. Айт­тық, «Шыңғыс хан» тетралогиясының Екінші кітабында осы және басқа да қарулар жайы бажайлап жазылған еді.
Алуан түрлі әскери қару – шабуыл жабдығы болса, жарақ, яғни қорғаныс құралдары да мейлінше жетілген еді. Ең негізгі жансебіл – әрқилы кейіптегі сауыт болды. Мұның әуелгі бір үлгісі – қабыршақ, тақталы берен. Жошы ұлысының кейінгі кезеңінде Иран және Тақау Шығыс үлгісіндегі торлама сауыт­тар кеңінен тарала бастайды. Және берен мен торлама аралас қолданылған бектер. Сауыт атаулы негізінен ұлы денені қорғаса, оған қосымша – білекке арналған қоллық, тізені жабатын тізелік, балтырды қамтитын бұтырлық аталады. Және кеудедегі сауыт­тың өзін бекемдей түсетін шарайна мен белдік болған. Әрине, мұндай қымбат жараққа жұрт­тың бәрінің қолы жете бермейді. Сондықтан қорғаныштың арзан және жұпыны түрлері – әрқилы тәсілмен жасалған, көбіне қабат­талған сырмалы киіз, әйтпесе қыл өрімді, немесе ішкі астарына көн тақталар бекітілген, елтірі тысты, қатаңғы, дегілей аталатын қорғаныш қамсау кеңінен таралады.
Сауытқа қосымша, ең қажет­ті жарақ – дулыға. Берік металдан қалыптанған қыпшақ дулығасының бітімі әрқилы болғанымен, жалпы сұлбасы бірегей – тайқы төбелі, кейде оққағар маңдайшасы мен самай қорғанышы бар, ал артында шығыршықтармен айнала бекітілген, торлы, немесе тақталы желкелік болуға тиіс. Сонымен қатар, ауыр жарақты әскерде тек көздік тұсы ғана ашық қалатын, болат бетперде жиі ұшырасады.
Ендігі бір, әлем жұртында кеңінен таралған қалқан – татар-қыпшақ әскерінде оншама көп қолданысқа түспеген. Көбіне түнгі күзет әскеріне тиесілі. Әйткенмен, ат үстінде ұстауға да оңтайлы; бітімі дөңгелек, қолға жеңіл және қару тигенде серіппелі, тепкіні кем.
Көшпенді, жауынгер жұртымыздың сонау Ғұн, Түрік дәуірінен басталып, Шыңғыс хан тұсында біржола қалыптанған, одан кейінгі ұлыстарға жалғасқан соғыс өнері туралы біз Шыңғыс хан тетралогиясының жорық, майдандарға қатысты тарауларында дәйектеп жазсақ керек. Ең бастысы – жаужүрек қауымның өзіне сенімі, қажыр-қайратына байланысты болатын. Әуелде қытай, оған жалғас араб, парсы деректері, кейінде Батыс Европа тарихшылары бұл жұрт­тың қандай да қатерден қаймықпас батырлығы, бірдің – онға, жүздің – мыңға қарсы шабатын жанкешті ерлігіне қайран қалған. Сондықтан, үлкен ұрыста да, шағын шайқаста да өздерінен еселеген көп дұшпанды бет қаратпай жеңіп отырған.
Бату хан бастаған Шығыс және Орталық Еуропа жорықтары – ұлы қағанның жеңімпаз соғыстарының тікелей жалғасы есепті. Осы орайда Бұлғарды басу біршама қиындыққа түссе, Орысты қирату – айтарлықтай тауқыметсіз жүзеге асты, бұл рет­тегі ең басты кілтипан – қысқы, қатал ауа райы болатын. Ал Орталық Еуропа майданы мүлде басқаша сыпат танытады. Мұқият, әрі шебер ойластырылған шапқын нәтижесінде жекелеген, үздіксіз шайқастар өз алдына, аса көлемді және шешуші екі ұрыс – Байдар өткерген Легница және Бату мен Сүбітай-бахадұр бастаған Шайо – Еке Моғұл ұлысының бүкіл Батыс жұртынан артықша озғын соғыс өнерінің айғағы болды. Ал Жошы ұлысының түпкілікті қалыптасу кезеңіндегі әрқилы ұрыстар сыпаты басқашарақ. Ең үлкен майдан – Елхан ұлысымен аралықта және өте ұзақ – жүз жылға созылған қанды қырғын, шын мәнісінде соғыс тәсілдері бірегейге тақау, өткендегі алып империяның өзара дербес екі бөлшегі арасында жүрген еді, сондықтан қарымы қарайлас, ұрыс тәсілдері үйлес дерлік зор майдан Иранға да, Қыпшаққа да өлшеусіз шығынға соқты. Иә. Негізгі, кеселді кілтипан – екі жақтағы соғыс өнерінің біршама ортақ сыпатына байланысты болатын. Түрік негізді Жошы ұлысы, жекелеген ұрыстарда көбіне-көп басым түсіп отырғанымен, тұтастай алғанда, парсы негізді Елхан ұлысын ақырғы жылдарға дейін еңсеріп жеңе алмады.
Әлемді жаулаған Шыңғыс ханның ұлы қолбасылары туралы мол мағлұмат сақталған. Озық тұрпатымен бар тарихта әйгілі Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр, Мұқалы-гойон мен Бала-ноян, Сәмуке-бахадұр мен Жошы ханзада, және осыларға тетелес ондаған жауынгер басшының әрқайсы туралы дербес еңбектер жазуға болар еді. Біз «Шыңғыс хан» эпопеясында ұлы қағанның темір түмендеріне ұйытқы болған 194 ноян, бахадұр есімін тізбелеп, кейбіріне арнайы, көпшілігіне шақтаулы сыпат­тама берген екенбіз. Ұлұғ Ұлыстың жағдайы мүлде басқаша шықты. Әдет­те атаулы жорық, үлкен майданда қол бастаушы – ұлы ханның өзі. Батудан соң – Берке, одан кейінде Тоқты, Жәнібек. Ескінің жұрнағы Бұрындай-бахадұрды айтпасақ, Алтын Орданың соғыс тарихында кәнігі әскербасылар мүлде аталмайды. Бүлікшіл әрекет, аяр мінезімен көбірек әйгілі Ноғай – кейінгі бір зерт­теушілер айт­қандай, мүлде жайдақ емес, бірақ айрықша әскери қабылет те дарымаған, қабырғалас көп төренің алды ғана. Бұрнағы-кейінгі қолбасылар қатарында, Ноғайдың Сарай жорығына тосқауыл жасаған Тама-Тоқты ғана бірер рет жарқ етіп көрінеді. Әрине, Алтын Орда – қарулы күштерінің қатарында үздік қолбасылар болды, бірақ ұлыстың қалыптасу кезеңіндей дербес, ұлан-асыр жорықтар жоқ, төрт тарабында тұрақтанып, орныққан дәуірі, ханнан кейінгі әскербасылар жөні мүлде ескерусіз қалуы – негізінен түсінікті жағдаят.
Жер әлемнен басым түскен Шыңғыс хан жұртының соғыс өнері туралы біз атаулы тетралогияның екінші кітабында, бұдан бұрын және кейін, әйгілі ұрыстар сыпатын байыптағанда біршама дәйектеп айт­қан едік. Барлық үлгісі кейінгі заманға жалғасты. Енді осы тараптағы шағын ақпар.
Қанды майдан – қыпшақ-татар әскерінің жойқын шабуылынан басталады. Бұл – бетпе-бет ұрыс емес. Ат­ты садақшылар қарсы бет­тің қарымы жетпес жерден оқ жаудырмақ. Бір орында тұрып емес, күргейлей, солдан оңға айнала шапқын үстінде. Бір топтан соң екінші топ. Әдет­те, ат­ты аламанның екі жағы бар. Тиісінше, екі қылшан. Әр қылшанда отыз жебеден, қос қылшанда алпыс жебе. Сонда, бір мыңдық жасақтың 60 000 оғы болды деген сөз. Ұрысқа қосылған бір түменде – 600 000 жебе; бұдан әрі миллиондарға кетеді. Батыс тарихшылары атап жазғандай, майдан ашылар, ашылмаста болат жебелер қарсы тараптың төбесінен, осы сөздің тура мағнасында, жаңбырша жауады. Арғы бет­тегі әскер барлық атынан айрылып, өздері тең жарымдап, тіпті, одан да артығы қырғын табады, жарадар болып, қатардан шығады. Қос қылшан, кейде үш қылшан толы сай жебелер таусылды. Енді тікелей шабуыл. Әуелде – ауыр жарақты найзагерлер. Үсті-басынан бақайына дейін сауыт жапқан, астындағы аты да сауыт-қорғанды татар-қыпшақ аламаны – кейінгі заманның болат қамсаулы танктері сияқты. Онсыз да жапырылған жау қосынын ортадан ойып түседі. Бұдан соң қылыш пен күрзіге, үйлес бітімді ала балта мен екі тармақ, үш тармақ дойырға кезек келмек. Арада бірер сағат өтпей, жау әскері түгелге жуық жер құшып, қалған азғанасы кіріптар тұтқынға түспек.
Әрине, бұл – үлкен ұрыстың сыртқы, жадағай бір көрінісі. Шын мәнісінде оп-оңай ештеңе жоқ. Бір майданның өзі әлденеше бөлікке түсуі мүмкін. Ұрыстың барысы да сан қилы. Тікелей шапқынмен қатар, дұшпан шебін қабырғалай айналып, ту сыртына шығатын «толғама» тәсілі бар. Тікелей шабуылды бастай сала, жалт беріп, жорта қашу, қуғынға шыққан дұшпанның қатары бұзылғанда қайта айналып соғу, немесе тосқауылға ұшыратып, қоршалау мүмкін. Дала жұртының соғыс тәсілдері сан қилы. Және бұрынғы-соңғы тиесілі әдебиет­те біршама жіктеп жазылған. Біз де «Шыңғыс хан» тетралогиясында ондаған атақты ұрысты бажайлап талдаумен қатар, стратегия мен тактика, Шыңғыс хан және оған жалғас замандағы соғыс өнері туралы қадарынша байыптаған едік. Бұл арада соншама күрделі тақырыптың кейбір тұрғыларын ғана сөзге қостық.
Түптеп келгенде, өткендегі Еке Моғұл жұрты сияқты, Алтын Ордаға ұйытқы болған түрік текті қауым – бұрнадан келе жатқан, енді жаңа заманға жалғасқан қыпшақ, найман, керей, жалайыр, қоңырат және аз, алтын, алшын, арғын, арлат, байұлы, байжігіт, байыс, барғұт, барлас, барын, баяуыт, беріш, бесүт, болатшы, бүркіт, дейіт, дүрмен, жағат, жұрат, жүз, жүркін, иемек, кенегес, кердері, күрлеуіт, қалмақ, қаңлы, қарлұқ, қатаған, қаушын, қият, қоралас, құлан-аян, құсшы, қырық, қытай, мажар, маңғыт, масқар, меркіт, мүйтен, мың, нүкүз, оғыз, оймауыт, ойрат, оңғыт, рамадан, салжығұт, сижығұт, сұлдұз, табын, тама, таңғұт, тарғыл, телеу, ұрат, шөмішті, шұбұрған, шырын, үйсін, және көбіне атаусыз, қарасыны кеміс, бірақ шамасынша қызмет атқарған қаншама ру-тайпаның басын біріктірген қыпшақ текті жұрт­тың ерлігі мен ұжымы қуат құйған ұлы халықтың өзгеше талайы болатын.
(Жалғасы бар)

БОДАН ЖҰРТ

Бұл заманда Алтын Орда – әлемдік құбылыс. Қиыр шығыста – байтақ Қытай – Юань империясымен іліктес, сыйлас, түстікте – Шағатай ұлысы, бейбіт, дос-жар пейілді, бауырлас халық, ал Түстік-батыста – Елхан ұлысы Иран, үнемі дерлік соғыс жағдайында, Қара теңіздің қарсы беті – саясаты мол Византия, Ақ теңіздің арғы жағы – Мысыр, көбіне-көп одақтас, достық жағдайдағы ислам жұрты, ал жүмлә Батыс – Орталық Еуропада іргесін бекіткен Литва, Польша, Венгрия, одан әріде әдепкі сауда қатынасындағы Италия мен Германия және тығыз араласы болмаса да, білісті Франция, тіпті, атаулы көпестері келіп жататын Испания мен Португалия. Соншама сырт елдермен алыс-беріс, әрқилы сыпаттағы таным. Яғни, әскери қуаты ғана емес, байлық, берекесі тұрғысынан алғанда да әлемнің орталығы есепті Алтын Орда шалқып, толқып отырған. Және мәңгілік мемлекет ретінде жалпыға мағлұм.
Өз ішінде Ұлұғ Ұлыс, сыртта Қыпшақ аталған Алтын Орда – халқы жиын, түрік текті, қыпшақ негізді ежелгі тайпа, рулардың біржола ұйысқан көрінісі. Өзара ешқандай жаттық, алалық жоқ. Сонымен қатар, ортақ ұлыс құрамында басқа да шағын жұрттар бар, бұлар – Еділдің жоғарғы алқабында және іргелес аймақтарда бағзыдан жасап келе жатқан фин-угор текті удмурт, мари, мордва, бұрнағы бұлғардың оқшау бір тармағы түрік негізді шыбаш, сондай-ақ, Қапқаз етегінде қоныстанған, ол кезде түгелімен шеркеш аталатын, жалпы саны шектеулі, бірақ айрықша жауынгер тау тайпалары. Ұлыстың ішкері жұртының қарасыны қатарында, үлкен қалаларда берік орныққан, қазіргі тілмен айтқанда, тұрақты диаспора – армян, араб, парсы бар. Ұлыс құрамындағы ұсақ, бөгде халықтар мен осы келгінші қауым, жинақтап қарағанда, жалпы жұрттың әлденендей бір бөлшегіне әрең жетеді.
Сонымен қатар, Алтын Орданың тікелей құрамынан тыс, өзіндік билік жүйесі бар, әйтсе де берік бағынышты Орыс елі тұр. Бүгінгі ұғымдағы орыстың нақ өзі емес, кейінде украин, белорус, орыс (великоросс) болып жіктелген шығыс славян қауымы. Бұлардың жиын саны – ұлыс ұйытқысы болып отырған қыпшақ текті түрік жұртынан әлдеқайда көп, екі, тіпті, үш есе артық.
Ендігі азғана сөз – осы, ең басты бодан жұрт турасында.
1
Бату ханның 1237–1240 жылдарғы жеңісті жорығы нәтижесінде әуелі Солтүстік-шығыс, кейінірек Оңтүстік-батыс Орыс кінәздіктері қирап жеңіліп, дәрменсіз кепке түскен еді. Әзірше татар әскерінің тұяғы жетпеген Терістік-батыс пен Орталық аймақтардың өзі қалтырап отырған. Ақыры Бату бүткіл-империялық Еуропа жорығын сәтімен аяқтап, Еділ бойына қайта оралған кезінде бүткіл Орыс жұрты парасатты, ұтымды, жаңа саясатқа бекінген екен. 1243 жылы Владимир кінәзі, шартты түрде Орыс қауымындағы ең үлкен тұлға саналатын Ярослав Всеволодович бұл кездегі уақытша астана Бұлғар қаласында отырған Батудың ғұзырына құлдық ұрады. Қалтырап келсе де, мейірмен, жақсы қабылданып, бүткіл Орыс жұртының ең үлкен кінәзі дейтін мәртебеде бекиді. Бұдан соң, ілкіде шапқынға ұшыраған және жорық жолдарынан қиыс, аман қалған орыс кінәздіктерінің барлығы да бодандық қабылдайды. Тек Түстік-батыс – Волынь-Галиция өлкесінде өкім құрып отырған Даниил кінәз ғана шеткері қалмақ екен. Алайда, көп ұзамай-ақ, 1250 жылы Батудың қатал талабы жетеді: Галич жерін тезінен қарауыма тапсыр! – деген. Енді Даниил, қаншама қауіптенсе де, шұғылымен Ордаға аттанады. Қатер үсті, Батудың алдында тізе бүгіп, құрмет көрсетіпті. Бату бірден-ақ ықылас танытады. «Менің ғұзырыма ертерек келуің керек еді… Әйткенмен, уақасы жоқ», – дейді. Содан соң: «Бізше қымыз ішесің бе?» – деп сұрапты. «Бұрын ішіп көрмеп едім, енді жарлық етсең ішемін», – дейді Даниил. Және Батудың өз қолымен ұсынылған, қымыз толы аяқты төңкеріп ішсе керек. Бату мейлінше риза болды дейді. Бар орыстың алды болып жеткен Ярослав және оған жалғас басқа кінәздер де туыстық рәсімі саналатын, дәп осындай рәсімінен өтсе керек. Ордада бірер ай жатқан Даниил кінәздің ғұзырына Бату Волынь-Галич өлкесін бекітіп беріпті.
Сөйтіп, бүткіл Орыс елі Жошы ұлысының бодандығын қабылдады.
Шығыстан қауіп емес, қорғаныш тапқан Даниил Галицкий барлық ұтымды жағдайды бірден байыптайды. Ең әуелі өзінің жасағын Алтын Орда рәсімі бойынша жаңадан құрып, қару-жарақ жөні ғана емес, бүткіл әскер ісінде озық үлгіге ұмтылыпты. Батыстағы көршілерін алыстан айбындырып, жекелеген қақтығыстарда Венгр, Поляк жасақтарынан басым түседі. Енді Шығыс және Орталық Еуропа шегінде Галиция-Волынь өлкесінің салмағы артып, оның толық пәрменді кінәзі Даниилдың беделі жоғары көтеріледі. Нәтижесінде Батыс жұрттары сүйеніші мол, соншама пәрменді жаңа жұртпен тыныштық тілеп, әулет туыстығына талап қылыпты. Және ішкі есеп – қандай да татар өктемдігіне қарсы күресте жебесін көреді. Ақыры, шағын патшалығында мүлде еркін отырған Даниил Рим папасы Иннокентий Төртіншінің епті ұсынысы бойынша, 1255 жылы, өзінің иелік жұртының деңгейінде король мәртебесін қабылдайды. Бұл – ешқандай артықшылық бермейтін, шартты мансап болғанымен, Даниил Шығыстағы бодандық ноқтасынан бас тартып, Батысқа біржола бет бұрмақ деген сөз еді.
Сонымен қатар, Орда тарабында ешқандай алалық, ашық жаулық танытпаған. Тек өзіне тиесілі негізгі қалалардың іргесін нығарлап, сыртынан қамал орната бастайды. Кімнен қорғаныш үшін болса да. Әйткенмен, бұл – Алтын Орданың соғыс стратегиясына қайшы жағдай. Көп ұзамай, қамал атаулыны жермен-жексен бұзуға жарлық түседі. Өзінің король дәрежесін ұмытқан Даниил кінәз бұл жолы да қарсылық танытпай, қорғаныш дуалдарының барлығын қиратады. Және бодандықтан шықпаған айғағына, Орданың Польшаға қарсы жорығына қосымша әскер береді. Шын мәнісіндегі бодандық қатынас бұдан соң да жалғастық тауыпты. Мұның нақты бір көрінісі – 1274 жылы Мөңке-Темір хан Галицияның Литвадан қорғанысы үшін, ендігі өкім иесі Лев Данииловичке қажетті мөлшерде әскери көмек жасаған.
Жалғас заманда тағы қаншама оқиға. Қайткенде Волынь-Галиция аймағының тағдыры бірте-бірте қалған орыстан алшақтай беріпті. Ақыры, өкіміне өкім қоспаған, шартты түрде ғана король атанған Даниил кінәздің 1264 жылғы табиғи өлімінен соң арада жүз жыл өтпей, 1349 жылы, шағын болса да біршама дербес жұртты Польша корольдігі басып алады. Енді 1363 жылы бұл өлкенің көпшілік бөлігі Литваның өктемдігін мойындапты. Ақыры Австро-Венгрия ғұзырында. Жинақтап айтқанда, алты ғасырдан астам ұзақ уақыт бойы Батыс ықпалында. 1939 жылы Совет Одағының құрамына енгізілді. Бүгінгі күнде шағын жарықшағы – Беларусь, негізгі бөлігі Батыс Украина шегінде.
Еуразияшыл Лев Гумилев бастаған тарихшылар Даниил кінәздің Жошы ұлысының бодандығынан аулақтауы – тарихи үлкен қателік болды деп есептейді. Соншама заман кіріптар күн кешпей, қалған бүткіл орыс сияқты, Алтын Ордадан қуат алып, ақыр түбі еркіндікке жетіп, қайткенде өзінің тума православие дінін сақтап қалатын еді, деседі. Шындығында дін – арғы заман елесі. Ұзақ та болса, өтпелі, мезгілдік құбылыс. Айнымас қазына – ұлттық сыпат, тұрғы мен өзіндік рух. Шын, тума орыс украин халқы өзінің табиғи тұрпатынан біржола айрылып, кәдімгі, ресейлік орысқа айналуға шақ қана қалған. Соңғы үш-төрт ғасыр бойы ұлттық езгінің ең сұмдығын бастан өткерді, атаулы геноцидқа ұшырады. Ал мұншама қысас көрмей, тікелей ассимиляцияға түспей, қайткенде өзінің тума қасиеті – ана тілі мен ұлттық бітімін берік сақтаған бұрнағы Волынь-Галиция – кейінгі Батыс Украина жаңа заманда бүткіл украин халқының қосымша күш тауып, қайтадан оянуына негіз болды, нәтижесінде, мүлде дерлік орыстануға тақаған ескілікті жұрт түбегейлі жаңғырып, өзінің дербес ұлттық мемлекетін құрып отыр. Әрине, мұның барлығы – басқа бір тараптағы әңгіме. Орайы келіп қалған соң ірікпедік.
Ал қалған жалпақ орыс – кейінгі, жасанды атаудағы великоросс Шығыстағы түрік-қыпшақ жұрты Алтын Орданың аясында қала берді. Қаншалық ұтылып, қаншама ұтты – бұл да ұзақ әңгіме. Біз бұл тарамда сол замандағы тарихи жағдай турасында, соның өзінде ең бір түйінді тұрғылар төңірегінде ғана сөз етпекпіз.
Айтқанымыздай, Терістік-шығыс, Түстік-шығыс және Орталық Орыс шегінде мүлде басқаша жағдай қалыптасады. Бар кінәздің басы болып Ордаға құлдық ұрған Ярославтың Қарақорымдағы төтенше ажалынан кейін алға шыққан Александр Ярославич Невский әке жолын қалтқысыз жалғастырады.
Г.Вернадскийдің байламы бар, Александрдың таңдауы – Батыс емес, Шығыс болды, деп. Шындығында ешқандай таңдау жоқ еді. Даниил Галицкий Орталық Еуропа жұрттарымен шектесіп жатса, және біршама сауатты саясат ұстанса, қалған барлық кінәздер тұйыққа қамалып тұрған. Не бағынышты бодан боласың, немесе басыңды жойып, жұртыңды аяусыз қырғынға ұшыратасың.
Алайда Александр Ярославич Ордаға бодан бола отырып, жеке өкімін күшейту жолында туған інісін де, туған халқын да аямапты. Ең үлкен мәртебеге біржола орнығу үшін көмекке шақырылған хан әскері, әлбетте, қарсы жақты қырғынға ұшыратумен шектелмейді, шапқынға түскен қаншама жерді күйзеліске ұшыратады. Бұл – бір ғана, шетін жағдай емес. Артындағы қолдаушысы күшті ұлы кінәз еркіншіл рухтағы Новгородты да «татар шапқынымен» қорқытып, ғұзырына түсіреді және қатал жазаға тартады. Батудың сеніміне кіріп, тақ мұрагері саналған үлкен ұл Сартақпен анда болған баққұмар Александр Невский күн озған сайын өкімін күшейте береді. Ақыры, туған ұлдарын әр тарапта билікке өткізеді. Ұлы кінәздің жәй ғана сатымсақ емес, аяр, епті ұрпақтары түптің түбінде Москва кінәздігіне біржола орнығып, болашақ жаңа бір патшалықтың негізін бекіткені мағлұм.
Сондықтан да кейінгі Орыс тарихы Александр Невскийді әулие дәрежесінде танып, тарихта теңдесі жоқ ұлы қолбасы деп жариялаған. Шын мәнісінде «Невский» мәртебесі – ойдан шығарылған Нева майданы үшін емес, жер иесі ретіндегі, кейінгі ұлдарына да жұғысты, әдепкі сой-атақ, ал бар тарихты дабылдатқан «Мұз қырғыны» – мүлде дерлік дерексіз, және құрғақта өткерілген, шекаралық шағын ғана қақтығыс екен. Сол сияқты тағы қаншама хикмет. Бұл тарап, яғни Орыс тарихы негізгі тақырыбымыздан тысқары болғандықтан, тереңіне бойламадық…
2
Бұрнада бір айтсақ керек, Ұлы Хорезммен шектес Шығыс Дәшті өлкесі бір мезгілде 100-150 мың атты әскер шығара алатын еді деп, яғни 700-800 мың халық. Лев Гумилевтің есебінше Бату хан өкімінің алғашқы кезеңінде Еділ бойында 700 мың, бұдан әрі, Таң-дария мен Қарпат тауларының аралығында 500 мың халық болған. Яғни, Бату хан тұсында, әуелгі Жошы ұлысының шегінде 2 миллионнан астам, бәлкім, екі жарым миллион түрік текті жұртшылық жасаған.
Ал дәп осы кезде бодандыққа түскен орыс қауымы бұдан еселеген артық. Л.Гумилев бойынша – 6 миллион шамасында. Г.Вернадскийдің сол тұстағы алым-салық негізінен шығарған, біршама дәлел-дәйекті қорытындысы бойынша – 10 миллион дерлік. Қайткенде, көне заман үшін қыруар халық. (Орайы келген соң айта кетейік, бұл кезде Англия халқының жалпы саны – 3 миллион, Франция – 20 миллионға тақау, Италия мен Германия жұртының әрқайсы 20 миллионнан, ал Қытай сол кездің өзінде қисапсыз – 150 миллион шамасында.) Міне, осы, Шығыс славян нәсілді, түрі мен тілі, тұрмыс қалыбы мен әдет-ғұрпы да түрік текті қауымнан мүлде бөлекше, ол заманда жаппай орыс аталған орманды-дала жұрты, байтақ қонысының терістік-шығыс және түстік-батыс тарабында ауыр шапқынға ұшырады, сағы сынып, шарасыз жағдайға түсті, жау аяғы баспаған, бейбіт қалған аймақтарының өзі алыстан айбынып, көп ұзамай бағынышқа келді. Ендігі уақытта Жошы ұлысының басыбайлы боданы.
Бұл жаңа өлкеде бұрнада жауланған және қосып алынған аймақ, патшалықтардан мүлде басқаша рәсім қалыптасқанын көреміз. Әдепкі жағдай – ең алдымен бұрнағы билеуші әулет түп-тамырына дейін жойылатын. Жаңа патшалық – болашақ жұртта қайтадан көтеріліп, билікке таласпас үшін. Әуелгі Керей, Найман, Татар, Меркіт хандықтарын айтпағанда, Хорезм шахтарының тұқымы құртылды, соған жалғас Екі Дәштідегі Қыпшақ хандары да жаппай қазаға ұшырап, артындағы халқы ғана қалды. Яғни, барлық жерде билеуші жаңа династия – Шыңғыс хан нәсілі алаңсыз, тежеусіз өкімге жетті. Орыс жағдайында бар мәселе керісінше шешілгенін көреміз. Бұрнағы, әр тарап қаншама кінәздер әулеті өздеріне тиесілі аймақта қайыра орнығады. Басты себеп – бұл бодан, жаңа жұрттың түпкілікті қонысының сыртқары шалғайлығы, халқының көптігі, және әр тарап кінәз әулеттерінің өзара дербестігі мен дәстүрлі бақастығы дер едік. Яғни, біртұтас емес, бытыраңқы қауым, орталық өкімге қайшылығы жоқ. Бәрі де бұрнағы иелігіне жаңа бекім беретін хан тақсырдың ғұзырына қарап отыр.
Бүткіл Орыс шегінде барлық кінәз атаулыдан дәрежесі жоғары ұлы кінәз бекітіледі. Әйткенмен, бұл мәртебе бұрнағы қалпында, тек шартты атау ғана болғанын көреміз. Сонымен қатар, жеке кінәздіктер көбіне-көп өздерінің тума кінәздерінің билігіне берілген. Тек, үлкені бар, кішісі бар кез келген кінәз хан жарлығы арқылы ғана бекуі шарт. Қорлық, кемшін жағдай емес, жалпыға ортақ рәсім, ұлыстың негізгі бөлігіндегі аймақтар мен иеліктердің әмірші бектері де осылай тағайындалатын.
Бұрнағы Орыс және кейінгі Совет тарихшыларының берік тұжырымына мүлде қарама-қайшы жағдаят – орыстар әуел бастан-ақ аса бейбіт, көнбіс, адал бодан ретінде танылады. Кемшін сана, тауансыз былжырлық емес, ақыл ісі, болашағын байыптаған ұтымды саясат дер едік. Соңы немен тынатынын біле тұра, көпе-көрнеу қырылып қалу қандай қисынға келеді. Жеңімпаздың ыңғайын тауып, ел-жұртының тіршілігін одан әрі жалғастыру қажет екен.
Орыс елі ресми түрде Ұлұғ Ұлыс құрамына қабылданғаннан соң, бодан жұрт үшін арнайы халық санағы өткеріледі. Бүткіл мемлекет тұрғысындағы, ортақ тәртіп. Бұл ретте де екі түрлі мақсатта: ең алдымен салық (албан) үшін, одан соң – әскер есебіне қажеттілік. Түпкілікті ұлыста жалпы жұрттың оннан бірі қарулы жасақ қатарына тартылса, Г.Вернадскийдің куәлігі бойынша, Орыс елінде кәмелетке толған ер кісілердің ғана оннан бірі есепке алынған, яғни, жәмиғи қауымның жиырмадан бірі – 5 пайыз мөлшерінде. Соның өзінде орыс жауынгерлері Алтын Орда тарихындағы барлық соғыстарға тартылғанын көреміз. Жалпы санақтың екінші нәтижесі – мемлекет шегіндегі мұқым жұртқа ортақ албанға байланысты.
Әскерге тарту ісімен қатар, салық жинау шырғалаңына ең үлкен жауапкер – басқақ аталған. Қарауында шағын жасағы бар. Жалпы жұрт үшін салық ондық есеп бойынша жүреді. Яғни, он пайыз, жер өнімі – егін түсімінің оннан бірі. Бұрнағы орыс тарихшылары қалыптастырған ұғым бойынша, мұндай бөлшек аталмайды, тек қана рақымсыз ауыр, бұқара жұрттың жеті қабат терісін сыпырып алғандай, зорлықты, қысас шаруа. Шын мәнісінде, тек бодан жұрт қана емес, бүткіл ұлыс халқына ортақ жүк және ол кездегі он пайыз – қазіргі, дамыған замандағы табыс салығынан әлдеқайда жеңіл өткерілген. Бұл албан бастапқыда табиғи қалыпта – мал, немесе астық. Уақыт оза келе ретке түсіп, күміс арқылы өтелетін болған. Ал мал шаруашылығында – бір пайыз, есебі – жүз қойдан бір қой, жүз жылқыдан – бір жылқы. Енді атаулы кәсіп жолындағы, әрқилы халықтан шыққан саудагерлер арнайы мекемелерде кеден салығын төлейді. Жалпыға ортақ салық орысша «выход» аталады, қыпшақ рәсімінде араб негізді, кейінгі қазаққа да түсінікті «қараж». Айтқанымыздай, әуелде салық атаулы орталық өкімет бекіткен арнайы өкілдер арқылы жиналса, уақыт оза келе бұл міндет жергілікті кінәздер еншісіне беріліпті. Бірақ бұдан жалпы жұрттың жағдайы жеңілдемейді, бұрнада албан тікелей төленсе, енді аралық үстемелер қосылыпты. (Орыс елінің жыл сайынғы міндетті салығы Алтын Орда ыдырағаннан соң да тоқталмайды. Ендігі арнайы түсім Ұлұғ Ұлыстың тікелей мұрагері танылған Қырым ханның үлесіне көшіпті. Содан тағы да екі жарым ғасыр бойы, Бірінші Петр заманы, 1700 жылғы Константинополь бейбіт келісіміне дейін үздіксіз жалғасқан.)
3
Орыс елінің Алтын Ордаға бодандық ахуалы, ресми есеп бойынша, жартылай жауланған 1238 жылдан – 1480 жыл, «Уградағы тұрыс» аталатын тайталас оқиғаға дейін, екі жарым ғасыр, нақтылап айтсақ, 242 жылға созылады. ХІХ ғасырдан бергі орыс тарихнамасында «Иго» – кіріптарлық заман аталады. Советтік Қызыл Орыс дәуірінде біржола бекіп, адам айтқысыз қорлық пен езгі ретінде көрініс тапты. Және Орда мен Орыс арасындағы қатынас тек қана жағымсыз тұрғыда сыпатталды. Ғаламат ауыр салық қана емес, тынымсыз шапқын, құлдық пен қаза.
Әлбетте, Орыс–Орда қатынасы барлық уақытта бейбіт, жылмағай болған жоқ. Салық жинау кезінде туындаған, басқадай жағдайда тұтанған ұсақ-түйек қақтығыстар есеп емес. Бұрнағы империялық, әсіресе советтік таным кезінде атап айтылатын, қадап айтылатын «моңғол-татар езгісі» мейірімсіз қанқұмарлық мысалы ретінде сыпатталған бірнеше оқиға ерекше көзге түседі. Бұл – Неврюй, Дюден, Кавдыгай шапқындары. Барлық тарихи және оқулық әдебиеттен орын алған. Әдетте шынайы оқиғалар бұрмаланып, шапқынның бояуы қалыңданып, адамгершілікке жат, тек «татар-моңғол» нәсіліне тән жауыздық ретінде сыпатталады. Түптеп келгенде, дүрбелеңнің себебі емес, салдары ғана баяндалған. Онда да біржақты.
Шынында да өте қайғылы жағдаяттар. Рас, орта ғасырлар тарихының тұрғысынан алғанда, шетін, тым ерекше ахуал емес. Барлық жұртта зорлық-зомбылықтың неше түрі болған. Қантөгісті ақтамайық. Тек ескертіп айтарлық бір жағдай – бұл атаулы қырғындар татардың ғана емес, ең алдымен орыстың, нақтылап айтсақ, билікке таласқан орыс кінәздерінің өздерінің қаражүрек пейілінің нәтижесі болатын. Және айыптың ауыры да осы билікқұмар, мейірімсіз кінәздер жағында.
Енді осы тараптағы анықтама, аз-мұз ақпар.
Әйгілі Неврюй жасағының (Неврюева рать) шапқыны – 1252 жылға сәйкеседі. Орыс шегінде Орда тағайындаған алғашқы ұлы кінәз Ярослав Всеволодович Қарақорым сапарында ажал тапқан соң, оның екі ұлы Александр (болашақ Невский) мен Андрей кінәздердің бақталасы нәтижесінде туындаған шатақ. Бату ең үлкен дәрежеге үлкен ұл Александрды лайық көрген екен. Өкетайдан соң қаған өкімінде отырған Төрегене-қатын оны расында да ұлы кінәз, бірақ бұл кезде мән-маңызы жоққа тән Киев әмірі мәртебесіне бекітеді. Ал кіші ұл Андрейдің иелігіне анық жоғары деңгейдегі Владимир шаһары мен кінәздігін береді. Көп ұзамай-ақ ағайынды екеуі текетірес жағдайға жетіпті. Шеткері Новгородта отырған, ұлы кінәз дейтін дәрменсіз мансабы ғана бар Александр туған інісі Андрейден шын мәнісіндегі Орыс астанасы Владимирді тартып алуға бекінеді. Екі арада қақтығыс басталғанда, Бату әуелден-ақ тәуір көретін Александрға көмекке қорамды әскер аттандырыпты. Орыс тарихында Неврюй аталатын түменбасы, әрине, Андрейдің азды-көпті жасағын қирата жеңіп, өзін бас сауғалап, Швецияға қашуға мәжбүр қылады. Әлбетте, аттаныс және соғыс қимылдары кезінде шапқынға түскен Владимир-Суздаль өлкесі ауыр шығынға ұшыраған. Бұл, Орыс тарихында жаманаты қалған Неврюй, кейінгі заман тарихшыларының айқындауынша, әйгілі Бұрұндай-бахадұрдың немересі Науран екен. Түптеп келгенде, шын күнәкар осы Науран-Неврюй емес, кейінгі орыс тарихында әулие қаһарман саналып, күні бүгінде қастерленіп отырған Александр Невский болып шығады. Ал Батуға ең алдымен бодан жұртының өз ыңғайындағы бірлік, тыныштығы керек еді.
Екінші бір шырғалаң – 1293 жылдың жазы мен күзінде өткерілген оқиғалар – Тоқты ханның туған інісі Тауданның жасағы (Дюденева рать) атқарған қанды майдан. Тағы да, орыс ортасы – Александр Невскийдің ұлдары Дмитрий мен Андрейдің артықша өкімге таласынан туындаған ішкі соғыс. Бұл – Жошы ұлысының өзі екіге жіктеліп тұрған қиғылық заман екен. Кіші ұл Андрейді орталық өкімет, яғни Тоқты хан қолдайды. Ал үлкен ұл Дмитрий – бүлікші Ноғай беклербектің ығында. Бұл кезде Тоқты күш ала бастаған, хан інісі Таудан біршама мол әскермен кіріп, солтүстік-шығыс тараптағы он төрт қаланы басыпты. Әрине, бейбіт емес, кент іргесіндегі, аралық аймақтағы қанды шайқастардан соң. Ақыры, бұл қырғынға да баққұмар орыс кінәздерінің өздері емес, «мейірімсіз татар» кінәлі болып шықты.
1317 жылғы, түменбегі Қаптағайдың (Кавдыгай) шапқыны да іргелес орыс кінәздерінің өзара қайшылығының нәтижесі болатын. Бұл кезде Орыс жұртында іргелі екі кінәздік – Москва мен Тверь біріншілікке ұмтылып, тайталасып тұрған. Сарай өкімі әуелде Тверь кінәздеріне іш тартса, кейінірек айласы мол, ебі артық Москва кінәздеріне бейімделеді. Осы бір тұста Мәскеу кінәзі – Юрий Даниилович (болашақ Қалталы Иванның әкесі), ал Тверь кінәзі – Михаил Ярославич екен. Юрий кінәз Өзбек ханға мейлінше жағып, ақыры «хан күйеуі күріген» мәртебесіне жетеді – Өзбектің әулет қарындасы Күншекке үйленіпті. Қуаты кемірек болса да, кеудесі жоғары Мәскеу кінәзі енді Тверь кінәзіне қарсы майдан ашады. Көмекке түменбегі Қаптағайдың жасағы келіпті. Әрине, бұл жолы да екі жақты қырғын және көлденең, бейбіт жұрт та қаза мен пәлеге ұшыраған күйзеліс. Ең қызығы – Қаптағайдың демеуіне қарамастан, ашық майданда Юрий ауыр жеңіліске ұшырайды, оның үстіне жалғыз қатыны – төре қызы Күншекті жау қолында қалдырып, әрең бас сауғалапты. Бірақ бар қырсық мұнымен бітпеген. Тұтқынға түскен Күншек ханша белгісіз жағдайда дүниеден өтіпті. Енді Тверь кінәзі екі есе жазықты болды. Ақыры, кешу сұрап Ордаға келген кезінде өлімге кесіледі. Кінәз ажал тапты, екі тарап та қаншама қырғынға ұшырады, түптеп келгенде, осының бәріне өзара бақталас екі кінәз емес, араға түскен Орда жасағы кінәлі болып шықты.
Бұрнағы тарих кітаптарында бұл ішкі бүліктер – Неврюй, Дюден, Кавдыгай қырғындарының астар мен себептері айтылмайтын. Әйтеуір, қаныпезер Орда жұртының ылаңы. Ежелгі деректерде мағлұм болғанымен, енді ғана ашық жазыла бастады. Біз қандай да жаңалық ашып отырғамыз жоқ.
Әлқиса, бұрынғы-соңғы орыс кінәздерінің әуелде қаған, ақыры хан сарайларына келісі туралы.
Ресми бодандық рәсімін алғашқы болып қабылдаған Ярослав Всеволодович 1246 жылы, Қарақорымға барған сапарында қайтыс болды дедік. Төрегене-қатын улап өлтіріпті-міс. Кейінгі бір тарихшылар күмән айта бастады. Шынында, құлдық ұра келді, қандай қисыны бар. Біздің байыбымызша да өз ажалы. Үйренбеген тамақтан ұшынған, немесе, түйнек, әлде басқа бір кесел.
Алға озып айтсақ, Тверь кінәзі, жаңағы Михаил Ярославичтің де, орынды дейік, орынсыз дейік, атаулы айыбы бар – хан қарындасы тұтқында өлді, соның төлемі.
Осыған жалғас, қатарынан және екі қаза.
«Қаптағай қырғыннан» соң арада біршама уақыт өткенде, 1325 жылы, Юрий Даниилович және марқұм Михаил Ярославичтің ұлы Дмитрий Михайлович Ордаға бір шамада келген екен. Ашу үстіндегі Тверь кінәзі әкесінің ажалына себепші болған Мәскеу кінәзіне тұра ұмтылып, табан аузында өлтіріп жіберіпті. Ісі оң болар, теріс болар, хан сарайының іргесіндегі төтенше оқиға қайткенде көпе-көрнеу басбұзарлық саналған. Ізінше Дмитрийдің өзі де өлімге кесіледі.
Көп ұзамай, тағы да төтенше қан төгілген екен. Бір емес, екі, бұл жолы Қалталы Қара Иван – кейінгі Орыс тарихында дәріпті Иван Калитаның астыртын, зымиян әрекеті нәтижесінде.
1327 жылдың тамыз айында, Тверь қаласында жоқ жерден тұтанған берекесіз, жаппай бүлік кезінде мұнда сейілге, анығы – керуен бастап келіп жатқан Шалқан төре қазаға ұшырайды. Баяғы Тауданның ұлы, Өзбек ханның немере інісі. Жалғыз өзі емес, азғана қосшысымен бірге. Делебесі қозған жұрт керуенші көпестерді қоса өлтіріп, бар мүлкін талап алады және бейсауат тағы қаншама «татар» қазаға ұшырайды. Мағнасыз бүліктің негізгі себебі де осы тегін олжа болған сияқты. Алдынала бұл Шалқан – кінәз атаулы алпауыттарды түгел өлтіріп, христиан жұртын жаппай қырып-жойып, тірі қалғанын өзінің басұрман дініне кіргізбек дейтін лақап таралған. Шарасыз жағдайдағы Тверь кінәзі Александр Михайлович аяқ астынан көтерілген көпшілікті тоқтата алмайды.
Осы қызыл қырғынның дүмпуі аяқталмастан Ордаға жеткен Мәскеу кінәзі Иван, өзімен ежелден бақас Тверь кінәздігін біржола басуға сұраныпты. Тиісінше, қарымды әскер алады. Екінші тараптан Қалталы Иванға, оның да өз есебі бар Суздаль кінәзі Александр Васильевич қосылады. Біріккен әскердің бас қолбасшысы ретінде Федорчук есімді, әлде орыс, әлде шоқынды, қайткенде мұсылман емес, христиан тағайындалыпты. Қалалар қирайды, ауылдар өртенеді, қисапсыз қаза. Әуел бастан-ақ ешқандай қарсылық ұйымдастырмаған Тверь кінәзі Новгородқа қашады, одан әрі Псковқа. Ақыры, Иванның тұтқынға сұратқан қатал талабынан ығысып, Литва шегінде пана табады. Сыртта бір жарым жыл тұрыпты. Содан соң өзін қалтқысыз жақтайтын Псковқа қайтып оралады да, сабыр айлап, 1335 жылы Ордаға туған ұлы Федорды жібереді. Бүлікке қатысы жоғы айқындалып, Өзбек ханнан кешірім алады және көп ұзамай өзі де келіп, Тверь жұртының ұлы кінәзі мәртебесіне қайтадан бекиді.
Міне, бәрі орнына қойылған сияқты. Алайда бұл жағдай қалталы Иванның тынышын кетіреді. Жалғас екі-үш жылда Ордаға төрт қайтара, әуелде өзі, кейінде ұлдары арқылы арнайы ат ізін салып, хан тақсырға Тверь кінәзін шағыстыра береді. Бұл жолғы ғайбат: Александр Литвамен астыртын келісім жасапты-мыс, енді мүлде бөлініп кетпек… соғыс ашпақ… Өсек-жала күтпеген жағдайда нәтижеге шығады. Ақыры, арнайы сапармен астана Сарайға келген, көңілінде ешқандай қатер жоқ Александр кінәз, мұрагер ұлы Федормен қоса, өлім жазасына кесіліпті – 1339 жыл, қара күзде. Сөйтіп, Мәскеу мен Тверь арасындағы, отыз жылға созылған тартыс ақыр түбі өзінің шешімін тапты. Біржола күш алған Иван Калитаның өкімі артып, Орыс жұртында Москва кінәздігі жетекші орынға шығады. (Александр Невскийден басталған, кейінгі Қызыл Орыс тарихнамасы жасырып-жабатын сұмдықтар: зұлымдық пен зымияндық, қандай да былғаныш әрекеттен тартынбау, бақас кінәздердің көзін құртып, орайына қарай, туған жұртын да аямай қанға бөктіру –кейінгі ұғымда қалыптасқандай, Орыс халқының болашағы жолындағы күрес емес, жеке бір әулеттің мансабы мен мәртебесі үшін жүзеге асып жатқан, жойдасыз сатқындық болатын. Ақыр түбі арам есеп оңға шығыпты. Московия шырқап көтерілді. Бұрнада – бүткіл Еуразия халықтарының сорына. Ал бүгінде… жер-әлемнің тағдыры не болары белгісіз, алмағайып ахуалды көзбен көріп отырмыз.)
Қашанда орыс кінәздері Алтын Орда хандарының алдына қалтырап келеді. Орайына қарай, кейде ай бойы жатады, бір-екі жыл қатарынан қонақтап қалатын жағдайлары да бар. Ақыры, көбіне-көп қажетті жарлығын алып, бұрнада мәртебесі бекігендер жаңа бір сый-сияпатқа жетіп, өз елдеріне аман-есен оралатын болған. Қалай келсе де кері қайтпаған, сол замандағы орыс жылнамалары мен кейінгі бар тарихтан әйгілі, өзгеше бір өлім бар. Орыс-христиан рәсімінде әулиелер қатарында танылған кінәз Михаил Черниговский. 1246 жылы қорлықты қазаға ұшырапты. Арыдағы лақаптан басталып, кейінде кеңінен таралған қатқыл әңгіме мәнісі – Михаил кінәз өзінің ар-өжданын түсірмепті, екі оттың ортасынан өтпеген, әлдебір бұтаға, немесе Шыңғыс ханның бейнесіне табынудан бас тартқан… Бұл әсерлі хикаяттың негізіне сенген кейінгі бір тарихшылардың айтқаны бар: жалпыға ортақ рәсім, екі оттың ортасынан өтпеуі – нағыз топастық болды, деп. Өзінше батыл пікір. Шын мәнісінде, осының бәрі бекер. Амалсыз жағдайда Ордаға құлдық ұрып келген Михаил Черниговский бұрнадағы ғаламат қылмысы үшін жазаға тартылған. Бұл, кешіргісіз ауыр күнә – бейбіт елшілерді өлтіруге байланысты. 1239 жылы ең алғашқы болып Киев түбіне жеткен Мөңке, дарияның арғы бетінде тұрып, қарсылықсыз бағыныш талабымен елшілік жібереді. Дәп осы кезде Киев өкімінде отырған Михаил, алдына келген бірнеше кісіні қатарынан өлімге кескен. Бұл жолы Мөңкенің мұршасы келмей, кері қайтады. Арада қаншама заман өтсе де зұлымдық ұмытылмапты. Ақыр түбі жауыз кінәз тиесілі жазасын алды. Бір ғана кісімен біткен, жеңіл айып дер едік. Атаулы елшінің қазасы үшін нақты күнәкарлар ғана емес, тұтас бір қалалар қырылып кеткен, тіпті, іргелес патшалықтармен арада жойқын соғыс ашылған жағдайлар да бар. Қалқа ұрысында тұтқын алынбай, бүткіл орыс әскерінің өлімге кесілуі де – ілкіде бейбіт елшілердің қысасты қазаға ұшырауына байланысты болатын. Шыңғыс хан жұртында ежелден қалыптасқан қағида – бейбіт елшінің қауіпсіздік шарты – алдыңғы қатарлы саналатын Еуропада неше ғасырдан соң, күні кеше ғана рәсімге еніп, жаппай қабылданды.
4
Советтен соңғы кезеңде, империялық санадан тысқары тұрмаса да, түйсігі басқаша тарихшылар қаратүнек «Игоның» бар болмысына күмән келтіреді. Тіпті де басқыншылық, отарлық құлдық заман емес. Орыс елі үлкен империя құрамында, біршама теңдік жағдайда, еркін тіршілік кешкен, жоғарыда тұрған озық құрылымды негізге алып, болашақ ұлы мемлекеттің іргесін қалаған дәуір, өзгеше құбылыс деп санайды. Біздің – бұрнағы Алтын Орда жұрты Қазақтың танымы мен тұрғысынан алғанда, жай ғана өскелең заман емес, қайырлы, игілікті, кеніш заман деп бағалар едік.
Рас, ол кезде жаппай татар аталатын шығыс түріктерімен беттескен алғашқы кезең орыс жұртына өлшеусіз қасірет әкелді. Әуелі – 1223 жыл – Қалқадағы шайқас. Қыпшақ даласына аттанған 103 мың қалың қол түгелге жуық қырғын тапты. Орыс деректерінің өзінің куәлігінше, онның тоғызы. Бұдан соң 1237-1240 жылдар. Солтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыс қаусап қалды. Әйткенмен, осының бәрі – ортағасырлық қатал соғыстар шеңберіндегі құбылыс.
Бұдан соң – кіріптар бодандық. Жат жұрттың тізгінінде отырған қандай да жағдаят – құт емес. Әйткенмен, өз тұсы және ақырғы нәтиже тұрғысынан алғанда, Орыс ахуалы мүлде басқаша болатын.
Бар тарихтан белгілі, Шығыс Еуропаны қоныстанған, Орыс (Русь) атауындағы жалпақ жұрт, әуелгі, шартты түрдегі Киев бірлігінен соң, ХІ ғасырдың орта шенінен бастап-ақ, дербес кінәздіктер, шет-шәлекей, қырық бөлек жағдайда өзара қырқысып жатқан. Кез келген көрші орыс – атасы бөлек, жаулас жұрт есепті. Кезектесе шабысады, қаласын қиратып, жұртын тонап, халқын қанға бөктіріп, қарымы жеткенше құлдыққа әкетеді. Және бұл ырғын сұмдықтың шеті, шегі жоқ сияқты.
Енді міне, төрт тарап майданда қаншама рет жеңіліп, жау емес, бағынышты қауым ретінде Жошы ұлысының құрамына қосылды. Барлық кінәздік – бір мемлекет аясында. Осыған орай, ішінара жаулық, өзара қырқысқа тоқтау салынды. Ең әуелгі ұтыс деп қойыңыз. Сонымен қатар, бұрнағы Еке Моғұл империясының бұрынғы-соңғы бүткіл бодан жұртынан мүлде басқаша бітімі мен тиесілі құқұғы бар. Үлкенді-кішілі барлық иелік өзінің үйреншік, билеуші әулетімен қалады. Әскери тұрғыдан бөлшектеу жоқ, қандай да кінәз өз жұртына қожайын. Айтқанымыздай, албан-салығын толығымен, уақтылы төлеп, қажетті әскерін жабдықтап берсе болғаны. Іргелес көршіге емес, жоғарыдағы хан өкіметіне ғана қарайлас.
Ұзақ ғұмырының мазмұнды бөлігін эмиграцияда өткерген еуразияшыл әйгілі тарихшы, әрі саясаткер, ойшыл П.Савицкийдің тұжырымы бойынша, Русь әуелгі татар шапқынынан біршама тез оңалады. 1250-жылдардың өзінде әлеуметтік және экономикалық өрлеу үстінде болды, деген.
Ішкі, империя құрамындағы ұтымды ахуалды саралап, санап тауысудың өзі бірталай шаруа. Арғы тарихнама, кейінгі зерделі танымда Орыс елінің күрт көтеріліп, тезінен өркендеуіне тиесілі ықпал жасаған қаншама жағдаят айқындалған. Соның кейбірінің басын шала кетейік.
Ілкіде айтқанымыздай, ең үлкен игілік – орыс кінәздіктерінің ғасырдан озып, жылдан жылға жалғасқан тынымсыз қантөгіс, өзара қырқысының тоқтатылуы. Ескі ғадетпен әлі де ара-тұра шектен шығып кететін басбұзар кінәздер тезінен тәубаға түсіріліп отырған. П.Савицкий Орда хандарының бұл реттегі еңбегін орыс халқына жасалған ең үлкен жақсылық ретінде бағалайды.
Ендігі заманда ел басқару, ішкі саясат тұрғысында Орда өкіметі мен орыс кінәздері ұжымдаса, бірлік негізінде жемісті қызмет атқарады. Барлық деңгейдегі, амалсыз, бірақ қажетті шаруа. Орыс-татар ынтымағының ұтымды нәтижелері Орыс елінің бұдан әрмен мейлінше өркендеуіне негіз болды деген, тағы да сол П.Савицкий. Және осы орайда, «Алтын Орданың ел басқару жүйесі өз заманының алдыңғы қатарында тұр еді», деп атап көрсеткен.
Шыңғыс хан империясының шегіндегі жалпыға ортақ қауіпсіздік, жол-сапар, алыс-беріс қатынастардың мейлінше бейбіт, берекелі болғаны бұрнадан белгілі. Енді бодан орыс жерінде де барлық аймақ ұры мен қарақшы, жолбасар жендеттерден тазартылады. Қандай да қатынас жолдарының бойында тыныштық орнайды.
Тұрмыстағы жаппай кеңшілік нәтижесінде көпшілік жұрттың әл-ауқаты оңалады. Той мен мереке көбейеді.
Ең бір ғажайып жағдай, Шыңғыс хан империясының түпкі табиғатынан туындаған, бұл кезде бүткіл әлемде жоқ діни еркіндік, ар-өждан бостандығы. Осы ретпен Орда хандары православ шіркеулерін тиесілі салық, міндетті шаруашылық жұмыстарынан босатады. Жаңа шіркеулер мен монастірлер қатарға қосылады және мұндай діни орталықтардың беделі ғана емес, байлығы мен барақаты артады.
Ауыл шаруашылығы мейлінше дамиды. Егіншілік кәсіптің жаңа жабдық, құралдары және ұтымды тәсілдер нәтижесінде астық молшылығы жасалып, ол сыртқы саудаға ұласады.
Экономикалық өмірдің айғақты бір көрінісі ретінде қаладағы тұрмыс жаңа деңгейге көтеріледі. Жалпы құрылыс ісі, оның ішінде, бұрнада болмаған, қыш кірпіштен салынған ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп тұрғызылады.
Мектептер мен кітапханалар көбейеді.
Орыстың өз ішінде және сыртқы әлеммен жалғасты жаңа қатынас жолдары ашылады.
Қиғылық жылдарда шет елдерге қоныс аударған босқындар елге қайтады.
Енді Алтын Орданың бір бөлшегіне айналған Орыс жеріне де шет елдік әрқилы мамандар келіп қызмет атқарады.
Орыс мәдениеті жан-жақты өркендеп, бейнелеу өнерінің үздік туындылары жасалады.
Түптеп келгенде, өзінің орманды жұртында бұйығып, тұйықта жатқан Орыс елі алып империя құрамына қосылғаннан кейін, өрісі өлшеусіз кеңіп, әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегіне айналды, және жан-жақты, халықаралық қатынасқа тартылды. Бұрнада Новгород кінәздігінің ғана шектеулі, өзіндік өрісі болса, ендігі Орыс қанатын кеңге жая бастайды. Орталық және Батыс Еуропа өз алдына, Түстікте – араб, парсы жұрты, Түстік-шығыста – Түркістан, Орта Азия, Қиыр Шығыста – Қытай империясы мен Үндістанға дейін. Құрылықтағы және теңіздегі сауда қатынасы, әрқилы сыпаттағы аралас, келім-кетіс енді мәдени және саяси ықпал-әсерге ұласты. Алтын Орда аясындағы орыс жұртының танымы мен білігі, өз заманының деңгейінде өлшеусіз кеңіді.
Сонымен қатар, бұрынғы-соңғы орыс тарихшылары тарабынан мүлде дерлік атаусыз қалған, анығы – көпе-көрнеу теріске сайған ерекше бір жағдаят – Алтын Орданың жоғарғы мәдениетінің Орыс жұртына ықпалы. Бұрнада көшпенді Қыпшақ әсері анық байқалса, енді жаңа деңгейдегі, бірегей түрік текті Ұлұғ Ұлыстың күнделікті тұрмыс-ахуалы, киім үлгілері, үй-ішіндік мүкәмал, тұрмыс-салттағы озық үлгісі айқын танылады. (Бұл игі әсер Россия Еуропаға түбегейлі бет бұрған Бірінші Петр – Екінші Екатерина заманына дейін жалғасқанын көреміз.)
Осы ретте, бар ғұмырын эмиграцияда өткерген, яғни советтік соқыр санадан тысқары атақты орыс тарихшысы Г.Вернадскийдің айтқаны бар: «Орыс өркениеті мен мәдениеті… далалық көшпенділердің мәдениеті мен өркениетін үлгі тұтып, олардың қару-жарағынан бастап, киім үлгісіне дейін алмасты, әскери құрылымымен қатар, олардың ой жүйесін, [батырлық] жырлары мен аңыз, ертегілеріне дейін бойға сіңірді», – деген.
Шынында да. Қазір ашық айтылып, кеңінен жазылып жүргендей, Орыс еліндегі Алтын Орда өкімі – қалыпты түсініктегі отарлық езгіге мүлде ұқсамайды. Бүткіл орыс қауымы азаматтық қана емес, діни тұрғыда, рухани тұрғыда ұлыс құрамындағы түрік текті жұртпен ортақ ұжым негізінде тепе-теңдей ғұмыр кешіп, қызмет атқарады. Ал орталық өкіметке бағыныш, әрқилы бүлік, шетін жағдайда жауапқа тартылу – кез келген мемлекет ішіндегі жалпы жұртқа ортақ сыпат.
Алтын Орда құрамына енген орыс халқының әскери қуаты да өлшеусіз артты. Ең алдымен, сапасы озық, қандай да ұрыста ұтымды шабуыл қаруларының арқасында. Содан соң қорғанысқа қолайлы жаңа жарақтар нәтижесінде. Осының бәрін жинақтап келгенде, әскер құрылымының орайлы ұжымы және соғыс тәсілдерінің жаңаша, озғын байыпталуы айрықша ұтысқа шықты. Орыс жасақтары Ұлыс құрамындағы әскер қатарында адал қызмет атқарады. Сыртқы жорық, шекаралық майданға белсене араласты.
Ең басты нәтиже – үлкен империя құрамындағы Орыс елі сырт жаулардан, әсіресе, Шығысқа өңмеңдеп тұрған, діні бөлек латын жұртынан берік қорғаныш тапқан еді.
Ақыр түбі дербес халық ретінде, іргелі ел ретінде біржола қалыптасуға мүмкіндік алды.
Ал кейінгі, әсіресе совет заманындағы тарихшылардың ресми қағидасы – «татар-моңғол шапқыншылығы» Ежелгі Орыс елінің қатарлас Еуропадан алшақтап, кейін қалуына себеп болды деген сөз – ешбір қисынға келмейді. Русь – атаулы шапқыннан бұрын да Еуропаның шетқақпай, кежір елдерінің бірі болатын. Қырық бөлегін, өзара алабүйрек шапқынын айтпағанда. Тағдырдың өзгеше талғауымен, жер әлемдегі ең озғын Алтын Орда империясының құрамына тартылып, бар кеселінен арылып, қарқындай дамуына, әлем халықтарының алдыңғы сапына шығуына мүмкіндік тапты. Кейінгі мешеулік – «самодержавие» аталатын патшалық зұлмат құрылым, бұқара жұртың басыбайлы, шын мәнісіндегі құлдық тәртіп шеңгеліне түсуі, қара күш пен зорлыққа ғана сүйенген әшшады өкім нәтижесінде жалпы жұртқа ортақ кемшін сананың берік орнығуына ғана байланысты болатын. Біздің сөз емес, бұрынғы-соңғы әлем және сол орыстың өзінің озық ойлы оқымыстыларының түйінді лепесі.
Орыс тарихи ғылымының атасы саналатын, империяшыл Н.Карамзиннің өзі татар өктемдігі болашақ Орыс мемлекетінің қалыптасуында аса маңызды қызмет атқарды деп санаған. Ал В.Ключевский Алтын Орда Русь жеріндегі тынымсыз және өлімші жағдайдағы өзара қырқысқа тоқтау салып, ақыры орыс халқының қатаң сынақтан өтіп, болашақ Москва мемлекетінің негізін бекітуге жол ашты деген.
Еуразиялық мектеп өкілдері Г.Вернадский, П.Савицкий мен Н.Трубецкой Орданың өктемдігі ақыр түбінде игілікті қызмет атқарды деп тұжырымдайды.
Бұларға жалғас Л.Гумилев Алтын Орданың күш-қуаты Шығыс славян һәм түрік текті халықтардың бірлігінен бастау алды, ендігі заманда Орыс мемлекеті осы екі жұрттың өзара түсіністі одақтастығы арқылы дамыса ұтымды болар еді деп байыптаған.
Ең алдымен орыс империясының мүддесіне қызмет етуге тиіс бұл парасатты кеңестің ешқайсы қаперге алынбады. Керісінше, Алтын Орда әкелген барлық игілік, ұнасымды жағдаяттар түгелімен теріске шығарылды. Және бүткіл әлемдік жыртқыш Қызыл Орыс саясаты бұрнағы патша заманынан әлдеқайда қатал жағдайда, түбегейлі ассимиляция арқылы түрік халықтарын және басқа да тәуелді жұртты біржола ұлтсыздандыру бағдарында жүргізілді. Ақыры немен тынғаны белгілі.
Адамзат шеруі – сандаған ғасырлық, өте ұзақ жол. Тарихи тұрғыдан алғанда, қас қағым ғана сәт – соңғы төрт ғасыр шегінде дүние неше төңкерілді. Біздің түрік қауымы, оның ішінде Алтын Орданың тікелей мұрагері қазақтың бар болашағы – алдағы күндер үлесінде тұр.

Ү ш і н ш і б ө л і м

С А Р Қ Ы Н

БЕРДІБЕК ХАН

Әлқисса, Әз-Жәнібек хан Жошы ұлысы Алтын Орда мен Елхан ұлысы Иран арасында тұтас бір ғасырға тақау, өте ұзаққа созылған текетірес қан майданды екпінді, шұғыл жорық арқылы сәтімен тәмамдап, халқы туыстас, қонысы іргелес Түстік Әзірбайжан өлкесін ғұзырына келтірді. Патшалық дәуірінің ең бір сәулетті шағы дерлік. Алайда, жарты жыл да емес, небәрі екі ай өтер-өтпесте, беклербек Тоғлұ-би астыртын ұйымдастырған, соңғы сәтте өзінің бас бәйбішесі Тоғай-Тоғлы-қатынның келісімі нәтижесінде, туған ұл Бердібектің қолынан қазаға ұшырады. Жәнібектің ғана жарығы сөнген жоқ, Алтын Орданың күні еңкейген, ақыр түбінде ұлы империяның біржола ыдырауына әкелген бетбұрыс оқиға.
Барлай қарасақ, бас себепкер – қаражүрек Бердібек емес, аяр, опасыз Тоғлұ-би де емес, Әз-Жәнібектің өзінің анасы Тай-Тоғлы-қатын мен ең сүйікті жұбайы Тоғай-Тоғлы-қатын дер едік. Әуелде Тай-Тоғлы әлденеден айрықша сүйікті ұлы Жәнібек үшін үлкен ұл, заманауи тарихтың куәлігінше, парасатты, дарынды, мейірбан Тінібекті өлімге берді. Ақыры, міне, осы Жәнібектен туған зұлым Бердібектің мерейі үшін, жасында сұлу, қылықты болған, тілі майда, мекер Тоғай-Тоғлы бір ғана кісі емес, бүткіл асқаралы ұлыстың тағдырын шешіпті.
Түптеп келгенде, күнәнің ең ауыр салмағы – Өзбек ханға тиесілі. Ұлұғ Ұлыста, ежелгі түрік жорасымен қайыра қалыптасқан, енді төрт ұрпақ, нешеме хан тұсында берік орныққан рәсім – тақ иесі ағадан ініге алмасатын, онда да құрылтай арқылы бекітілетін мұрагерлік қағидасын аяқ асты қылды, бар дәстүрдің басынан аттап, туған ұлының хандығына жол ашты және еңсесі биік үлкен ұл Тінібектің тиесілі жолын кесіп, ол да лайқат, бірақ заңды құқұғы кеміс, өресі де төменірек Жәнібектің жолын ашты. Болашақ жойқын жендет Бердібекті дүниеге әкелуге тиіс, ақыры өзінің ажалына ғана емес, бүткіл Алтын ұрықтың түбіне жететін тажалдың себепкері.
Қалай күйінсек те, әлемдік ұлы мемлекеттің бар өкімі – ақылы келте, жамандықта тежеуі жоқ, әшшады қорқаудың ғұзырына көшіпті.
Таққа отырар-отырмаста, ең бірінші кезекте Бату хан әулетінен тараған еркек кіндікті барлық жанды өлімге кеседі. Әлдебір жазбаларда нақты саны айтылмай, өте көп дейді, енді бір тауарихта он екі кісі деп нақтылаған. Шын мәнісінде, бұл кезде төрт атаға толған Бату ұрпақтарының жалпы қарасыны бірталай болуға тиіс – әлде отыз, әлде қырық-елу, бәлкім, бұдан да артық. Тобымен шақырып, қырғын салды ма, жекелей басты ма – қайткенде ешкімге аяушылық жоқ. Ең ақыры, Жәнібектің кіші қатындарының бірінен туған, әжесі Тай-Тоғлы арнайы мархамат сұраған сегіз айлық сәбидің өзін сирағынан алып, жерге соғып өлтіріпті. Яғни, Сайын-ханның ешбір ұрпағы тірі қалуға тиіс емес. Ешқайсына тікелей өші жоқ, алайда болашақта билікке таласуы мүмкін деген долбар. Әсте талассыз, жалғыз өзі ғана, еркін отырмақ. Шынында, жалғыз өзі ғана қалды.
Бұдан соң үлкенді-кішілі сарай ұлықтарына кезек жетеді. Әрине дәп өзі кейіптес Тоғлұ-бидің тобынан тысқары, алдағы заманда қауіп келтіруге мүмкін күдіктілер. Бұлардың біразы, тіпті, Жәнібек ханның ізінше, сол кеш, сол жерде ажал тапқан екен.
Сөйтіп, ата тағына біржола бекідім деп ойлаған. Шындығы мүлде керісінше шықты. Кімді болса да кез келген уақытта, ешқандай себепсіз өлімге бұйыруы ықтимал, бәлкім, ақыл-есі де ауыс зұлым хан алыс-жақын жалпы жұрт үшін де үлкен қатер. Ақыры, арада екі жыл өтіп, ендігі екі айға жетпей, 1359 жылы, тамыздың соңы, әлде қыркүйектің басында зорлықты, төтенше қазаға ұшырайды. Тек жалғыз өзі ғана емес, бар сұмдықтың бастаушысы және ұйытқысы болған Тоғлы-би және соның төңірегіндегі тағы неше алпауытпен бірге.
Қарғыс атып, абыройсыз өлді. Және болашақ тарихтағы ең бір сұмпайы тұлға. Алайда, бар шаруасын тындырып кеткен.
Бірінші – Бату ханның асыл әулеті түп-тамырымен, түгелдей жойылған. Енді, Бердібектің өлімінен соң тақыр-таза болды. Бұл ғаламат оқиға сол кездегі халық санасына айрықша әсер етіп, кейінгі ұрпақтың жадынан өшпеген. Ата Қазақта күні кешеге дейін қолданыста болған, қандай да бір игілікті істің құрдымға кетуін айғақтайтын: «Нар мойыны кесіліп, Бердібектің өлген жер!..» – дейтін мәтел бар. Сонымен қатар, тарихи санада: «Нар мойыны Бердібекте кесілді» деген тұжырым сақталған. Ауызекі сөз, халық әдебиетінде ғана емес, арыдағы Әбілғазы-бахадұр ханнан бастап, кейінгі қазақ прозасында кеңінен қолданысқа түскен лепес.
Екінші, бетбұрыс, тарихи жағдаят, жай ғана жағдаят емес, ауыр зардап – талассыз, асыл әулет құрдымға батқан соң, ендігі заманда Жошының отыз тоғыз ұлынан тараған қаншама ханзаданың кез келгені алтын таққа қол созуға хақылы екен. Бұл – бүлік пен бұлғаққа кеңінен жол ашылды деген сөз. Яғни, өзара қырқыс, азамат соғыстары және шет-шегі жоқ тынымсыз майдан…
Мұншама сұмдықпен салыстырғанда тым жеңіл көрінетін, шын мәнісінде аса мәнді, дәуірлік ахуал – осының алдында ғана Жошы ұлысының құрамына қосылған, ол кезде дара, Әзірбайжан аталатын уәлаят қайыра қолдан шықты. Бердібек ата жұртына асығыс аттанарда найыб ретінде Тәбризде тағайындаған Ақұжық әмір көп ұзамай-ақ өзін тәуелсіз патша деп жариялайды және төңірегіне бұрнағы тақтан тайған Мәлік-Ашрафтың алпауыттарын топтастырады. Біржола тізгін үзді және берік бекідім деп ойлаған. Бұл кезде бұрнағы Жәнібек қалдырған бес түмен әскер де Бердібектің соңынан елге қайтып кеткен. Яғни, Әзірбайжан аймағы мүлде дерлік қорғансыз. Арада жыл толмай, іргелес Фарс уәлаятының шапқынына ұшырапты. Мұндағы өкімге жеткен Мұзаффар әулетінің басы Мүбарриз-ад-Дин, шешуші ұрыста жеңіліп қолға түскен Ақұжықты өлімге бұйырады. Есебі, түрік нәсілді Түстік Әзірбайжан парсы текті Иран қарауына оралды деген сөз. Әз-Жәнібек ханның айрықша қантөгісті, жүз жылдық Қызылбас-Қыпшақ соғысын түйіндеген ұлы жеңісі зая кетті. Түстік Әзірбайжан жұрты Иран өкіміне кіріптар жағдайға қайтадан түсті. Ендігі заманда екіге бөлініп қалған әзірбайжан халқының туыстас түстік һәм көпшілік бөлігі міне, алты ғасырдан асты, өзіндік ұлысынан айрылып, әлі күнге Иранға кіріптар болып отыр.

ОБЫР ОБА

Бердібектің абыройсыз ажалынан соң, Алтын Орда ғана емес, бүткіл Еуразия тарихында жаңа бір заман – ілкіде ғана болып, толып, құдырет-күші шарықтап тұрған түрік қауымы үшін жойқын апат дәуірі басталады. Кенеусіз дерт жайлаған, шектеусіз, жаппай ажал. Ағайын арасы ашылып, жақын туыстар бітіспес дұшпанға айналған тынымсыз қантөгіс. Асқақтың еңсесі басылып, төменшік қауым үстемге ұмтылған, жер үстіндегі заманақыр. Нәтижесінде, тарих ағымы төңкеріліп түсті, жарым дүние басқаша құрылды. Ақылға сыймас жағдаят.
Қазақ: «Жұт – жеті ағайынды», – деген. Тәрізі, бағзыдан келе жатқан, өмірлік тәжірибеден туындаған нақыл. Яғни, бақ тайғанда бір пәлеге жалғаса, тағы қаншама сұмдық анталамақ.
Әуелгі пәле – Бердібектен бұрын басталған. Тек Жошы ұлысы ғана емес, сол замандағы мағлұм әлемді түгел қамтыған ғаламат пандемия – қара тажал атанған оба індеті.
Кейінгі заманда, қатерлі, жұқпалы, пәлекет сырқаттың өзара іліктес үш түрі айғақталған: домбық-беріш оба (бубонная чума), іріңді-ісік оба (септическая чума), және өкпе обасы (легочная чума). Әрқайсының өзіндік ерекшелігі, сонымен қатар, ортақ сыпаты бар, және ақырғы шешімі біреу-ақ: бірнеше сағат орайында, немесе арада екі күн өтпей, ауыр азап астындағы, дауасыз өлім. Жинақтап, жалпылай айтсақ: қолтықта, шапта, мойында томарлақ, беріш ісіктер пайда болады; қызу көтеріліп, дене қалтырап, тіл байланады, ақыл алжасады, бұдан соң естен танады; дем бұзылады, ауыз қанталап, тамақ құрғап, қанша ішсе де шөл қанбайды; бас ауырады, ұйқы қашады, жүрек айниды, лоқсып құсады, дәрменсіз, сұлық қалады; өкпе қабынады, кеуде қысады, тынымсыз жөтеліп, қан түкіріп, сүйек сырқырайды… Қайткенде қапысыз ажал.
Әлбетте, сырқаттың тікелей себепкері – кейінде ашылған «оба таяқшалары». Бұл пәлекет әуелде әрқилы кеміргіш жәндіктер арқылы таралады екен. Адамға көшіп, індетке айналып, кеңінен өріс алуына көптеген қосалқы себептер жағдай туғызбақ. Мәселен, жанартау атқылаған, жер сілкінген, немесе басқадай төтенше ырғын апат; қатаң қыс, құрғақ жаз, табиғи, экологиялық қолайсыз жағдаяттар; жоқтық, тұрмыс таршылығы, ашаршылық және берекесіз тіршілік; рухани күйзеліс, алаң мен қайғы; ең аяғы – ел ішіндегі тұрақсыз жағдай, бүлік пен бұлғақ. Бір сөзбен айтқанда, жекелеген кісі емес, жалпы жұрттың басына түскен зобалаң ахуал. Сонымен қатар, әлдебір тұста әлдеқалай көрініс тапқан бұл жұқпалы дерт тақау төңірегіне, одан әрі алыс аймақтарға тезінен тарап, жаппай індетке айналмақ.
Адамзатпен бірге жасасып келе жатқан сұмдық екен. Қадымда Геродот жазған. Одан соң Платон айтқан. Нақты тарихтағы таңбалы көрінісі – «Юстиниан обасы» аталады. Византия императоры, әйгілі Юстинианның патшалығы (527-565) заманында, 542 жылы басталып, әуелде Кіші Азия, Тақау Шығыс пен Еуропаны жайпап, Африка мен Орталық Азияға жетіп, жүз жылда толастағанымен, ішінара қайтадан қозып, екі ғасырға созылған. Тарихи деректер осы, кең көлемді оба апатынан Шығыста 65 миллион, Еуропада 25 миллион халық қырылып кеткен деп санайды. Ежелгі дәуір үшін өлшеусіз қаза.
Оба індетінің адамзат тарихындағы ең әйгілі және мейлінше айғақты, ауыр апаты XIV ғасырға сәйкеседі. 1320 жылдар межесінде Қытай шегі, Цинхай-Тибет жерінде басталыпты. Сол замандағы өрісі ұзақ керуен және қатынас жолдары арқылы, тезінен таралады. 1338 жылы Орталық Азия шегінде көрініс беріпті. 1345 жылы Хорезмге жетеді, келесі 1346 жылы Иран, Тәбрізде байқалады және дәп осы жылы Еділдің етегі мен Таң-дарияның атырауына шығады, Қырымды қамтиды. Бұдан әрі теңіз кемелері арқылы Константинополь, Сицилия мен Аппенин түбегіне жеткен. 1347-1348 жылдары бүткіл Италияны жайлап, одан соң қиыр батыста – Испания мен Португалия, терістікте Англия – түптеп келгенде, арада екі-үш жыл өтпей, бүткіл Еуропа індет аймағына айналыпты. Бүгінде оба пандемиясы Батысқа тек Қырым арқылы ғана емес, Қара теңіздің басқа да порттары, тіпті, Иран арқылы да келуі мүмкін деген болжал айтылады. Қайткенде, бүткіл Еуропа «қара тажал» атанған оба індетінің құрсауында қалыпты.
Бұл – індетінің Ежелгі дүние шегіндегі әуелгі толқыны. 1245-1353 жылдар. Осыдан соң саябырлай бере, арада оншақты жыл өтер-өтпесте қайтадан көтеріліп отырған. Ендігі Екінші толқын – шартты түрде 1360-1380 жылдарға сәйкеседі. XIV-XV ғасырлардың аралық межесін қамтыған Үшінші толқын, XV ғасырдың екінші ширегін өткерген Төртінші толқын бар…
Еуразия мен іргелес аймақтарды түгелге жуық қамтыған ауыр дерт жалпы жұртқа демографиялық өлшеусіз шығын әкелген. Және бар болмысы Еуропа тарихнамасы мен әдебиеті және бейнелеу өнерінде мейлінше көрініс табады. Соның көпке белгілі, ерекше бір айғақты көрінісі – Ренессанс дәуірінің атақты жазушысы Джованни Боккаччоның (1313-1375) Италиядағы пандемияға жалғаса жазылған «Декамерон» кітабы. Көне грек, ежелгі Шығыс әдебиетінің хикаялар сарыны мен баяндау үлгісі арқылы ұтымды тұрпат тапқан «Декамерон», яғни «Он күндік» әңгіме-дүкеннің жөн-жобасы іждағатты оқырман қауымға мағлұм. Флоренция шаһарын жайлаған аяусыз оба дертінен бас сауғалап, тақау сырттағы саяжайға жеткен үш жігіт пен жеті келіншек түн баласында бас қосып, кезек кезегімен, уайым, алаңнан тыс, әрқилы қызғылықты әңгімелер айтысып, көңіл делбейді. Сонымен қатар, бүткіл елді шеңгелдеген індет пен ажалды ахуал мейлінше шынайы көрініс тапқан.
Шынында да. Дауасыз дерттің әуелгі екі толқыны – 1347-1380 жылдардың өзінде Батыс Еуропа жұрты өлшеусіз шығынға ұшырайды. Тұтас қалалар ойсырап, қаншама ауыл қаңырап қалады. Демографиялық жалпы апат барлық халықтың үштен бірін, кейбір аймақтарда тең жарымын, тіпті, түгелге жуық жалмап кетеді. Жинақты қаза – 25 миллион шамасында. Бұл – ең төменгі меже, бұрнағы есеп. Соңғы бір зерттеулер бағамынша, жалпы қаза – 60 пайыз шамасында. Яғни, тұрғылықты жұрттың тең жарымынан артығы. Заманауи нақты деректер бойынша, қала атаулы қаңырауға тақап, көптеген елді мекен, ауылдар мейлінше селдіреп, енді бір аймақтар тып-типыл, иен қалған. Ал жер әлемдегі жалпы шығын – қисапсыз, ондаған миллионмен есептелсе керек.
Оба індетінен Алтын Орда боданы Орыс елі де жапа шегеді. Рас, әуелгі толқыннан қақас қалған. Бұдан соң екінші толқында оба Терістік-батыс орысқа Германия арқылы жетеді де, барлық аймаққа таралады. Әлбетте, атаулы індеттің зардабы мол, бірақ Батыс жұрттармен салыстырғанда біршама жеңіл өткерілген.
Ал Жошы ұлысының жағдайы тіпті ауыр болғандай. Орыстан ғана емес, бүткіл Еуропадан. Алайда, тарихта айрықша аталмайды. Нақты деректі, атаулы ескерткіштердің (Ахмад әл-Маркизи, Ибн әл-Варди, әл-Айни) жадау, аздығынан. Және өзің жоқтамасаң, кім түгендемек. Обыр обаның Алтын Орда халқына қаншалық салмақ түсіргені күні кешеге дейін мүлде дерлік атаусыз қалыпты. Шығыс пен Батыс тарихнамасындағы шақтаулы деректер және кейінгі Батыс зерттеушілерінің үзік-жұлық пікірлері, әрине, мәнді, алайда, бар олқының орнын толтыра алмайды. Ата тарихымыз үшін аса мәнді бұл тақырыпты алғаш рет өз нәсіліміз – татар текті американ ғалымы Юлай Шамильоғлы көтерді, кейінірек Татарстан тарихшысы Тимур Хайдаровтың көлемді зерттеуі жарыққа шықты. Сондай-ақ, жекелеген Батыс ғалымдарының жөнекей айтылған жазбалары да мағлұм бола бастады.
Қайткенде, Жібек Жолының бойымен келген қатерлі індеттің тезінен және жаппай таралуына, жоғарыда айтылғандай, көптеген қосалқы жағдаяттар демесін жасаған еді. Өз орайымызда нақтыласақ, табиғи қолайсыз жағдаяттар мен бұзылған қоғамдық әлеуметтік ахуал. Халық санының өсуі, шаруашылықтың өркендеуі, мал басының қисапсыз көбеюі нәтижесінде Батыс өлкеде экологиялық өзгерістер елес берген. Үлкен дариялар бойындағы ен тоғайлар сиреп, жазаң жерлерде топырақ тоза бастаған. Ондаған жылдан бері Жейхұн – Әму-дарияның арнасы батысқа қарай аунап түсіп, Арал теңізі ортаяды, бірталай бөлігі құрғаққа шығады, есесіне, артықша ағыс келген Хазар теңізі тоқтаусыз көтеріліп, Еділ-дарияның жүз тарам атырауындағы құнарлы егіндік және шалғынды жайылым су астына кетеді, іргелес кейбір қалалардан ел көшеді. Қыс атаулы – қарсыз, қатаң. Тіпті, айлағын мұз басып, Азау-Тана сияқты теңіз порттарының өзі қатардан шығады. Жаз – айрықша ыстық және жауын-шашынсыз. Қысқы қар тапшылығы мен жазғы жаңбырсыз жағдайда бұрнағыдай қаулаған шөп жоқ, төрт түлік жеткілікті азықсыз, бақташы аста-төк тамақсыз – шаруа соңындағы жұрт қысқы ызғырық, шытыр аязда ғана емес, қылтанақсыз жазда жұтқа ұшырайды. Мың айдаған байлар кедейленіп, қатардағы қауым қайыршылық кепке тақайды. Егін шықпаған, мал қырылған кембағал жағдайға қоса, өзара қатынас және керуен атаулы тоқтаған, сырттан келетін өнім жоқ, қала жұрты да күтпеген қиындыққа тап келеді. Сөйтіп, бұрнада дәулетті болған, барақатты тұрмыс кешкен жалпы жұрт енді жаппай таршылыққа түсіпті.
Алтын Орданың дәулетін шайқаған, оның халықаралық қатынас, сыртқы сауда тарабындағы салмағын азайтқан тағы бір көлденең оқиға – дәп осы кезде Юань империясы құлаған. Шын мәнісіндегі Қытай мемлекетінің жаңа өкімі – нәсіл-тегі бөтен Миң әулеті бірден-ақ қалыпты, жүз жылдық саясатты теріске бұрып, қандай да шет елдермен біліс, араласқа шектеу қояды. Қисапсыз қазына ағылып жатқан Жібек Жолы тоқырады. Осыған орай, Батыс елдерімен алыс-беріс те азайды. Бұл төтенше жағдаят жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалына көлеңке түсіруімен қатар, бүткіл ұлыстың кенеусіз молшылықтан бастау алатын қуат-күшіне де теріс ықпал жасаған еді.
Міне, осындай ауыр ахуалда қатерлі індет Алтын Орда шегіне келіп жетті. 1346 жылдың күзінде. Ілкіде айтқанымыздай, әуелі Еділдің етегі, Таң-дарияның атырауы, ізінше Қырым түбегінде көрініс берген. Осы орайда, Қырымды жайлаған оба дерті туралы біршама мағлұмат сақталған. Батыс Еуропа деректері бойынша.
Бұл кезде Қырымдағы венециялық және генуялық сауда факториялары мен Ұлұғ Ұлыс арасында бұрнадан қалыптасқан, үйреншікті бейбіт жағдай бұзылған еді. 1343 жылы Азау-Танада, тұрмыстық жанжал нәтижесінде, венециялық алпауыттың татар мырзасын өлтіруіне байланысты, «Тана дағдарысы» аталатын қақтығыс басталған. Қарымта кек, қантөгіс, талау мен тонауға ұшыраған итальян көпестері мен қызметші қауым кемелеріне отырып, түп көтеріле бас сауғалайды. Тек Тана-Азау ғана емес, Қырым-Қара теңіз шегіндегі барлық тірек-колония халқы. Және алдағы бес жылда әлденендей қатынас, саудаға тыйым салынады. Бұл талапқа берік қамалы бар және қорғаныш әскері де біршама Кафа ғана бағынбапты. Енді, осы 1346 жылдың қара күзінде Ұлұғ Ұлыстың қарулы жасағы Кафаны қамалап жатыр екен. Бастаушысы – Жәнібек ханның өзі емес, біраз тарихи ескерткіш және кейінгі аңыз-жырдан есімі белгілі Моғұл-бұқа дейтін бек. Осы кезде, Қырымның бір тарабынан басталған оба дерті қамал түбіндегі әскерге келіп ілінеді. Шетінен өле бастапты.
Ендігі жалғас әңгіме генуялық Габриэль де Мюссидің (1280-1356) жазбалары арқылы мағлұм. Көп кейін, 1842 жылы, арғы заманда неміс иелігі болған Вроцлав қаласынан табылған. Ескілікті қолжазба деректері бірден-ақ ғылыми айналымға түседі. Ұзын ырғасы: Кафа қамалына тікелей шабуыл нәтиже бермеген соң, татарлар ендігі оба дертінен қазаға ұшыраған өліктерін катапульта арқылы қамал ішіне атқылап түсіре бастайды. Нәтижесінде Кафа жұрты жаппай індетке ұшырапты. Сырттағы шабуылшылар да обадан ойсыраса керек. Аталмыш жазбада нақты айтылмағанымен, көп ұзамай қоршауды алып, жөніне кеткендей.
Бұл ерекше оқиға – қамал ішіндегі халықты обадан қайтқан өліктермен атқылау – Еуропа тарихнамасында бірден-ақ айрықша назарға ілінген. Күні бүгінге дейін жазып жатты, өзгеше тәсіл, адамзат шеруіндегі алғашқы бактериялогиялық соғыс деп. Не керек, Кафадағы жұрттың қырылғаннан қалғаны, кемелеріне мініп, аулаққа қашады. Әуелі – Византия, одан соң Италия. Сөйтіп, Кафа түбіндегі төтенше жағдаят нәтижесінде қатерлі індет Еуропаға келіп жетіпті.
Міне, осы байлам барлық тарихқа енген. Алайда, соңғы кезде басқаша бір пайым алға шықты. Мұның айқын көрінісі – Иерусалим Еврей университетінің профессоры Моше Гринбергтің атаулы зерттеуі болды. Дәйекті және ең соңғы, шешуші түйін дер едік. Өзгеше байыптың негізгі тұрғылары: Кафа қоршауға түскен кезде Габриэль де Мюсси мүлде шалғай – Италияның терістік аймағындағы Пьяченца қаласында, нотариус болып отырған, яғни, аталмыш баян – көзбен көрген емес, сырттай, бәлкім әлденеше жылдан соң естіген ұзынқұлақ, тіпті, жат дінділерді қаралайтын әдепкі лақап. Және осының өзі дербес, оқшау ақпар, мұндай ерекше, шетін жағдаят басқа да бір ескерткіштерде көрініс тапса керек еді. Еуропаға обаның Кафадан бастап таралуы да хронологиялық жағынан қисынсыз. Моше Гринбергтің деректі, дәлелді жазуы бойынша, Кафадағы індет 1346 жылдың күзі емес, 1347 жылдың алғашқы айларында басталған. Және осыдан біршама кейін, шілде айында Константинопольде көрініс беріп, 1347 жылдың күзінде Сицилия порты Мессинаға жетеді, 1348 жылдың басында ғана Генуяда таралған. Әуелде Қара теңіз аймағынан он екі кеме келіпті. Бірақ бұл қатарда Кафа айтылмайды, сондай-ақ, қаланы өлікпен атқылау туралы шетін оқиға да ешбір әдебиетте ұшыраспайды. Ал Жәнібек хан әскерінің негізгі бөлігі мұсылман болуға тиіс. Ислам рәсімінде мәйітті қорлау жоқ, көмусіз тағы қалдырмаған, яғни, серіппемен қамал ішіне атқылануы да қисынсыз. Ең бастысы – көшпенділер жұқпалы дерт атаулыдан қатты қорыққан, қандай да сырқат кісінің үстіне көлденең ешкім кірмеген, індет жағдайында пәлелі жерден түп көтеріле көшіп кететін болған. Кафадағы қоршаудың анығы – індет белгісі байқала сала, қамал түбіндегі барлық әскер ұрыс қимылдарын тоқтатып, тіпті, шатыр мен қос, басқа да дүние-мүліктеріне қарайлауға мұршасы жетпей, аулаққа қашуға тиіс. Міне, осындай ахуал. Ал Кафа тұрғындарын, ерте ме, кеш пе, бәрібір дерт шалуға керек еді. Өйткені тақау төңірек, бүткіл түбекті пандемия жайлаған. Сол алғашқы толқын – азғана уақытта Қырымда 85 мың кісі қазаға ұшырады дейді. Бұл – есепке ілінгені ғана. Шын мәнісінде өлім-жітім бұдан әлдеқайда көп болуға тиіс деп, сол кездің өзінде айтылған екен.
Сириялық шежіреші, әрі ақын Ибн әл-Вардидің жазуында, қатерлі індеттің Алтын Орда шегінде алғаш көрініс беруі – хижраның 747санаты, рәджаб айында – 1346, октябрь-ноябрь (М.Гринберг бойынша.)
 Қайткенде шектеулі аймақты қамтыған алғашқы толқын үш-төрт жылдан аспай, саябыр тартады. Ауыр салмақ әкелсе де, жаппай жусаған қисапсыз қырғын жоқ. Осы, біршама ойсыраса да, күйремей аман шыққан Ұлұғ Ұлысты, арада он бес жыл өтпей, 1363 алапат пандемияның екінші толқыны келіп басады. Бұл жолы Еділдің ұзына бойы, Таң-дария, Үзе, одан әрі Дунай, Қарпатқа дейін. Арғы шеттегі Днестр-Прут алқабы біржола қырғын табады, бұл өлкедегі қала, кент атаулы жоққа сайыпты, кейінірек, заман түзелген кездің өзінде қайтып оңалмайды. Әйткенмен, бұл – халықтың біршама селкеу аймағы. Ал Еділ бойы – Ұлұғ Ұлыстың ең жиын тұсы. Моншақтай тізілген қала, кент, үлкен ауылдар. Мәселен, Сарай-Беркеден дарияның тарам атырауына дейін, жүз шақырым бойы қала мен қала, ауыл мен ауыл, әрқилы елді мекендер арасы қосылып кеткен, жігі айрылмас жапыр-жұпыр, тіпті, көлденең көзге іргелі құрылымдар мен киіз үйлер аралас, біртұтас, қалалы аймақ есепті. Енді түгелге жуық қаусап, қаңырап қалған. Әсіресе құрылыстар иін-тірес, кісісі қаптаған астана Сарай-Берке айрықша жапа шегеді. Содан соң, дарияның арғы бетіндегі Хажы-Тархан. Заманауи тарихнамада атап айтылған. Анығы – қандай елді мекен болса да оңайы жоқ.
Еділдің ұзына бойы мен Таң етегінде және Хорезмде тұрғылықты халықтың саны мол және тығыз ғана емес, арғы-бергі дүниемен сауда қатынасы, алыс-беріс, келім-кетіс, жүріс-тұрысы белсенді, індет мейлінше тез таралады және айрықша ауыр болады. Алтын Орданы жаппай жайлаған оба дерті туралы арнайы монография жазған татар ғалымы Т.Хайдаровтың есебі бойынша, Ұлұғ Ұлыс шегіндегі 3 миллион халықтың төрттен бірі – 750 мың жан тікелей қазаға ұшырапты. Бұл арада Жайықтың арғы бетінен басталатын Ақ Орда туралы ғана сөз болғанын аңдаймыз. Соның өзінде жеріне жетпеген есеп. Принстон университетінің профессоры М.Долстың зерттеуінше, Алтын Орда жұртындағы оба шығыны – 1,5-2 миллион шамасында болуға тиіс. Бұл жерде сөз, тағы да Ақ Орда турасында. Ал әуелгі екі толқынды қосып есептегенде, жиынтық қаза бүткіл халықтың 45-50 пайызын қамтыған. Яғни, XIV ғасырдың ақыры, тек қана Ақ Орда – Жайықтан Дунай, Карпатқа дейінгі аралықта, табиғи өсімін қосып есептегенде, 5 миллионды иектеп отыруға тиіс асқаралы халықтың ендігі шоғыры 2 миллионға дейін құлдырайды. Өлшеусіз олқылық. Батыс жұрттарына келген шығынмен салыстырғанда, әлдеқалайда ауыр апат. Д.Долс қана емес, норвег О.Бенедиктов және басқа да Батыс тарихшылары Алтын Орданың айрықша жапа шеккенін дәйектеген (М.Гринберг бойынша).
Пандемия зардабы жалпы жұрттың ауыр, жаппай өлімі, яғни демографиялық ойсырауымен ғана шектелмеген. Тілсіз, мейірімсіз жау адам санасына да айрықша теріс ықпал жасаса керек. Тарихи әдебиеттен, ең ақыры манағы «Декамероннан» анық аңдалатындай, кештік өмір жөнін ғана қамдаған моральдық дағдарыс, дүниеден баз кешу – жалпыға ортақ кінәрат. Мінез-құлық бұзылды, адамның адамға қатынасы жаңа бір сыпатқа көшеді, қазіргі сәтпен ғана ғұмыр сүрген көпшілік – ертеңгі, арғы күн жайын ойламайды. Қажетті тіршілік қамы естен шыққан. Егін – салусыз, мал – бағусыз. Нәтижесінде, обадан аман өткен жалпы жұрт енді жаппай ашаршылыққа ұшырамақ.
Әлбетте, қалалы мекендерде қаншама орнықса да, сақарадан шыққан және ежелгі дәстүр мен тұрмыс кебінен ажырамайтын біздің жұрттың дүние танымы, өмірлік көзқарасы мүлде басқаша. Қандай да қиындықты көтеріп алады, дүниеден баз кешпейді, болашақтан үмітін үзбейді. қайрат-жігері сарқылмаған. Қадарынша, жаңа бір, ұтымды жолдар ойластырмақ. Алайда, Алтын Орданың бағы қайтып, күні еңкейген еді. Оба індеті басқан қисапсыз шығыннан кейін еңсе жазып, бұрынғыша көтеріле алмады. Оның үстіне, Бердібек ханның қыспақты өкімі мен қорлықты қазасынан соң бүткіл ұлыс шегінде туындаған, және қаншама қайрылса да тоқталмаған, ағайын жұрттың нақақ қаны шашылатын жиырма жылдық алас-күлес бұлғақ, қым-қуыт азамат соғысы келіп, ойран мен бүліктің нешеме толқыны қаптай төгілген екен.

ҮЛКЕН БҰЛҒАҚ

Бердібектің қысасты қазасынан соң, арада ай емес, апта өтпей, Жошы ұлысының шегінде, ақыр түбі Алтын Орданың түбіне жеткен ғаламат Бұлғақ басталады. Азамат соғысы деп айғақтауға келмейді. Екі жақты емес. Үш жақты да емес. Қырық бөлек, қым-қуыт, бірі – біріне, бәрі – бәріне қайшы, өзара, жаппай арпалыс. Күн озған сайын жайыла, үдей келе, ақыры бей-берекет, тынымсыз майданға ұласқан, қисапсыз қантөгіс.
Кейінгі тауарихта бұл сұмдық – Бердібек ханның әке өлтірумен ғана шектелмеген, одан әрі туыстас ханзада атаулының бәрінің көзін жойған, ақылға сыймас қаныпезер ісінен бастау алды деп есептеледі. Шынында да. Бату хан әулеті түп-тамырымен жойылды. Арада екі жыл толмай, Бердібек ханның өзі жаханнамға аттанды. Сонымен, ескілікті шежіреде айтылғандай, халық жадында таңбаланып, бүгінгі күнге жеткен түйінді сөз: «Нар мойыны кесілді» – Жошы ханнан соң бір жүз отыз жыл бойы өкім құрған, мәйекті, ең басты тұқым жоққа сайды.
Десе де, Жошыдан тараған басқа әулеттер өз орнында. Шыңғыс ханның тұңғышының отыз тоғыз ұлы болғаны белгілі. Кейінгі, ел билігіне араласқан, әскер бастаған, мағлұм ұлдарының өзі он-он бес. Бұлардың ұрпағы да түгелімен ірі. Алтын ұрық – қалыпты, дәстүрлі рәсім бойынша, кез келгенінің хандық мәртебеге хақысы бар. Cайын-ханның әулеті қатардан шыққан соң, қай-қайсы да үлкен таласқа түсе алады. Яғни, қым-қуыт бұлғақтың негізгі себебі – Бердібектің өлімі және үміткер мен талапкердің көптігі деп саналса керек.
Алайда, мәселенің түп төркіні тым тереңде жатқан. Біз ең үлкен кінәні Бердібектен емес, одан бұрынғы айбынды ата Өзбек ханнан бастар едік.
Рас, Өзбек хан үлкен күш-құдіретке жетті. Оның хандық заманы Алтын Орданың шырқау шыңы деп саналады. Алайда, Өзбек хан Жошы ұлысын жаңа бір биікке көтеріп қана қойған жоқ, оның болашақ ғұмырына да шектеу жасап, кеселді керме құрып кеткен еді. Өкімі күшті, беделі зор болған ислам ханының ең үлкен қатесі – онсыз да шектеусіз өкімін арттыра түсу үшін дәстүрлі, тіпті, Шыңғыс хан заманында да толық күшіне тұрған, бүткіл ұлыстық құрылтайды жоққа айналдырды. Бұрнада мемлекет мүддесі, халық тіршілігіне қатысты мәнді мәселелердің барлығы да осы құрылтай арқылы шешілетін. Ұлы жорықтар өз алдына, ел өміріне қатысты қандай да жаңалық, өзгеріс құрылтайда бекітіледі. Ең бастысы – хан сайлау рәсімі тек қана атаулы құрылтай үлесінде. Данагөй Шыңғыс ханның өзі елдің ежелгі бірлігін қалпына келтірген қаншама жеңісті майдан, төңірегінен бойы озған атақ-беделден соң, осы бүкілхалықтық мақұл, нақтылап айтсақ, ұлыстың басты тұлғаларының бірауызды келісімі арқылы, ұлы құрылтайда қаған көтерілген. Кейінгі Өкетай, Күйік, Мөңке қағандар да атаулы құрылтай арқылы күшіне кірген. Шартты түрдегі болса да, далалық демократияның сарқыншағын жойған Өзбек енді ұлыс өміріндегі барлық мәнді мәселелерді, рас, үлкен ұлық, әскербасы тұлғалармен ақылдаса отырып, өзі ғана шешетін болды. Ал соңғы жылында, парасатынан зәлімдігі артық бас бәйбіше Тай-Тоғлы-қатынның ықпалымен, бұрнада аталған үлкен ұл Тінібекті емес, екінші ұл Жәнібекті тақ мұрагері ретінде тағайындап кетті.
Алайда, өзінен соң, Тінібек міндетті түрде өлімге кесілмеуге тиіс еді. Шыңғыс ханның артында дәрежесі теңге жақын төрт ұл тұрды. Тақ мұрагері Жошының көлденең қазасынан кейін, әке өсиеті және міндетті құрылтай арқылы қаған көтерілген Өкетай, бірге туған бауырларының ешқайсына қастандық жасамады, жасай да алмайтын еді. Бұдан соңғы заманда Түпкі жұрттағы, Шағатай ұлысы, Құлағу ұлысындағы тақ алмасу рәсімі де көбіне-көп ежелгі жора бойынша жүзеге асырылып отырды.
Бұл ретте Жошы ұлысындағы хан көтеру тәртібі сәл басқаша болғанын айттық. Мұнда ел билігі әкеден – балаға емес, Ежелгі Түрік қағанатындағы Төре заңы – ағадан ініге ауысатын дәстүр қалыпқа түсті. Оның да бекімі, кейде шартты түрде болса да, атаулы құрылтай арқылы.
Билікке таласуы мүмкін деген күдікпен туған ағасы Тінібекті өлтірген Жәнібек ешқандай құрылтайсыз, бірден-ақ таққа отырды. Енді осы жорамен, Жәнібектен соң оның бәйбіше қатыннан туған үлкен ұлы Бердібек таққа жетуге тиіс еді. Алайда, мейлінше асыққан Бердібек қолайлы сәтінде, туған әкесі Жәнібекті өз қолымен ажалға берді. Алдыңғы, қандай да қылмыстан тыс, заңды саналған жол-жора бойынша, енді, көңіліне күмән тууы мүмкін, ертелі-кеш таққа таласуы ықтимал деген долбармен, барлық бауыры – Бату хан әулетінің бесіктегі баладан, еңкейген кәрісіне дейін, түгел қырып салды. Және ешқандай құрылтайсыз, мақұл, қостаусыз хан тағына отырды.
Осы екі ретте де өкімі зор, мәртебелі қатындардың, түптің-түбінде кенеусіз қантөгіске ұласқан, ұтымды әрекеттерін атап айтуға керек. Әуелгі жарықшақтың шығуына Өзбектің бас бәйбішесі Тай-Тоғлы-қатынның, өзіне айрықша сүйкімді кіші ұлы Жәнібектің жолына дарын-қабілеті де, мінез-болмысы да артықша үлкен ұл Тінібекті құрбанға шалған қатыгез мінезі, келесіде Жәнібектің бас бәйбішесі Тоғай-Тоғлы-қатынның тағы да туған ұл Бердібектің аман-саулығы мен өкімі үшін, қастерлі қосағы Жәнібек ханның өзін өлімге берген безерлігі – ескерусіз қалмауға тиіс, қайткенде шетін, сұмдық жағдаяттар. Біздің сақара жұртында әйел заты қашанда беделді, ықпалды. Ерге пана, елге қамқор. Шыңғыс ханның анасы Өгелін-әйкені, тұңғыш және таңдама қосағы Бөрте-қатынды, ұлы қағанның сүйікті келіні – Төленің жары Сұрғақтан-бикені еске алсақ та жеткілікті. Рас, Өкетайдан соңғы Төрегене-қатын мен Күйіктен кейінгі Оғұл-Қаймыш-қатын бар. Уақытша болса да қаған күйеулерінің орнын басып, үлкен өкімге жеткенімен, ақыр түбі бүлінген істер жөнге келіп, бейбақ қатындар тиесілі жазасын алған. Бірақ ол – іргесі бүтін, басқа бір заман екен. Енді бәрі де теріске айналады.
Бердібектің, туған әкеден бастап, Сайын-хан әулетінен тарайтын барлық жақын жұрағатын тақи-таза жойған, сол орта ғасырлардың өзінің аясына сыймайтын әшшады, қанқұйлы қылмысы іргедегі орыс, алыстағы араб, парсы қауымын да түршіктірген. Сонымен қатар, Жошы ұлысында бірден-ақ іштей дүрбелең туғызса керек. Және үрей мен қауіп. Бұқара жұртты айтпағанда, ел ұстаған бүткіл Жошы әулеті, қарашы бек пен әскербасы, үлкенді-кішілі ұлық атаулыға. Кез келген мезетте кез келген кісінің нақақ қаны төгілуі мүмкін. Тәрізі, алғашқы күндерден бастап-ақ, мұндай сұмырайдың көзін жою амалдары қарастырылған. Ақыры, арада толық екі жыл өтпей, орайы келіпті. Бердібек хан 1359 жылы, тамыздың соңында ажал табады.
Өлтірген және бірден-ақ астана Сарай-Беркеде хан тағына отырған шешімтал кісінің есімі – Құлпы (орыс деректері және кейінгі жазбалар бойынша – Кульпа және тіпті қисынсыз, таңбасы жаңсақ түскен – Кульна). Нақты ата-тегі белгісіз, өзін Бердібектің туған інісімін деп жариялаған. Ақыры басын жойған ең үлкен қателігі де осында – Жәнібектің қанша баласы болғаны һәм аналары мен аты-жөндері де төре тұқымына hәм алпауыт қауымға түгелдей, жақсы мағлұм. Әйткенмен, кейінгі тарихи әдебиетте орныққандай, бейсауат жалғаншы (самозванец) емес. Мұндай жағдайда, азды-көпті әскери және саяси қолдаусыз, әлденендей нәтижеге жетуі мүмкін емес, қайткенде Жошы әулетінің әлдебір тармағынан. Құлпы жалпыға жексұрын, сұмырай Бердібекті құртумен шектелмейді, оның барлық былғаныш ісіне дем берген Тоғлұ-биді де өлтіріп жіберіпті. Және, табиғи жағдай, топас, қаныпезер ханның ең жақтас, ең белсенді ұлықтарын тегіс.
Бердібекті өлтіріп, жалпы жұрттың көңілінен шыққанымен, байырғы ұлықтардың біразы хан тағына лайықты көрмесе керек. Көк Ордада өкім құрып отырған Орда-Ежен әулеті Шымтайға астыртын жалғасып, қолқа салыпты. Шымтай хан Сарай тағынан бас тартып, інісі Орда-Шейхті жібереді. Әлбетте, жалғыз емес, біршама жасақпен. Алайда, Орда-Шейх Жайықтан өткен соң, Еділге жетпей, алдан тосқан саны басым әскермен қақтығыста қазаға ұшырайды. Құлпының мүлде жалаң болмағаны.
Әйткенмен, тұғыры босаң шығады. Астана Сарайда небәрі алты ай өкім құрыпты. 1359 жыл, август айының орта шенінен, 1360 жыл, январь айының ақырына дейін. Бұл Құлпының мұсылман діні күмәнсіз, әйткенде ислам мемлекетінде ең үлкен мәртебеге жете алмас еді. Рас, екі ұлының да есімі бөтен: Михаил және Иван. Кейінгі зерттеушілер осыған қарап, христиан деп таныған, ал сақарада жаңа туған сәби әрқилы ырым, сақтық жөнімен әрқилы атала берген, күні бүгінге жалғасып келеді, есебі, ғайри дінде болуы шарт емес.
Құлпының күшінде тұрған кез, 1359 жылдың соңына қарай, Гүлстан шаһарында Қызыр деген тағы бір үміткер өзін Ұлұғ Ұлыстың ханы деп жариялайды. Әйтсе де Сарайға жетіп үлгермепті, бұл екі ортада екпіні қатты басқа бір талапкер Наурыз, 1360 жыл, январь айында астана байтақты өзіне қаратады. Құлпыны екі ұлымен қатар өлтіріп, Сайын-ханның алтын тағына отырады.
Бұл Наурыз (Наурус, Навруз, Новруз, Науруз), сөз жоқ, Алтын-ұрық өкілі, Жошы әулеті. Жаппай мойындалады, Таңғұттың тұқымы ретінде Ордадағы белгілі, беделді ұлықтар тарабынан біршама қолдау тапқан сияқты. Орыс кінәздері де бірден құлдық ұрып, жаңа жарлық алу үшін ғұзырына ұмтылыпты. Енді Наурыз өзінің берік бекемі үшін Жәнібек ханның жесірі Тоғай-Тоғлы-қатынмен некелеседі. Азғана уақытта Сарай-Жәдидте, Гүлстанда, Азауда, Хорезмде ақша шығарып үлгереді. Алайда, бар өкімі бес айға жетпей, 1360 жыл, май-июнь айларының тоғысында басы жойылыпты. Әз-Жәнібектің түбіне жеткен арам қатын, қанішер Бердібектің анасы Тоғай-Тоғлымен қоса. Һәм тағы қаншама ұлықпен бірге.
Бұл реткі жеңімпаз, әрине, ол да өткінші ханымыз – мана Гүлстанда көтерілген Қызыр (Хызыр, Хизир, Хизр, Хидыр). Көп әскермен Көк Ордадан келген. Бір деректе Шибан әулеті, Маңғытай ұлы, енді бір деректерде, анығы да осы – Орда-Ежен тұқымы, Сасы-Бұқа ханның ұлы. Қайткенде, Алтын-ұрық, – ата-сойы күмәнсіз. Ендігі ерекшелік – Алтын Орданың асқаралы тағына Сол қанат төрелері де таласа бастады деген сөз. Қызыр толық дәрежелі хандық өкімде тұтас бір жылдан астам – 1361 жыл, август айына дейін отырған. Бұл екі арада Ұлұғ Ұлыстың басты қалаларының бәрінде өз атынан ақша шығарады, Орыс кінәздерінің көпшілігін ғұзырына келтіріп, бекім береді. Көлденең пәледен тыс, Алтын Орда тағында отыра тұрса, кейінгі Бұлғақ толқыны соншама өріс алмауға да мүмкін еді. Бірақ күтпеген жағдайда қазаға ұшырапты. Өзінің үлкен ұлы Темір-қожаның қолынан. Кіші ұлы Құтлұмен бірге. Талайсыз Бердібектің үлгісімен. Туған әкесін өлтіріп, билікке ұмтылу – әдепкі бір іске айналғандай.
Соншама ғаламаттан соң қанды таққа отырған Темір-қожаның салтанаты әлде екі апта, әлде бір айға әрең жетеді.
Қызырдың сұмдық өлімінен соң, жағдай ушығып, алмағайып ахуалда Алтын Орда тағына үміткерлер саны күрт көбейеді. Гүлстанда – Мүрид, Моқша-Нараушадта – Тағай, Бұлғарда – Болат-Темір, Хажы-Тарханда Қажы-Шеркес бой көрсетеді. Бұлардың бәрінен Орда-Мәлік озыпты. Енді, баянсыз бақыт опа бермей, басына қатер төнген кезде Еділден өте қашқан Темір-қожа өзіне лайықты ажалға ұшырайды.
Орда-Мәлік (Орду-Мелик, Орда-Мулюк) алдағы заманда айрықша күш алуға тиіс Тоқай-Темір әулетінің ең үлкен өкімге ұмтылған алғашқы өкілі. Бұл кезде ежелгі ұлыстың Сол қанат Көк Орда төрелерінің өз шегінен аттап, бүткіл Ұлұғ Ұлыс билігіне қол созуы – Оң қанат Ақ Орданың байырғы ұлықтары тарабынан үлкен наразылық туғыза бастаған. Әуелде – Қызыр, енді міне, Орда-Мәлік. Бірегей келісім нәтижесінде жаңа бір үміткердің төңірегіне үлкен күш топтасады. Тәрізі, азғана уақытта біршама өкімге жеткен, Сарай-Жәдид пен Азауда өз атынан ақша да шығарып үлгерген Орда-Мәлік, шұғыл шайқаста қаза табады. Астана Сарайда небәрі бір-ақ ай отырған екен.
Сарай ұлықтарының, және, сөз жоқ, тағы қаншама алпауыттың жаппай қолдауымен астана байтақта хан көтерілген Келдібек (Кельдибек, Килдибек, Кильдебек) – Бұлғақ тарихындағы ең күмәнді тұлға. Тақау заманы және кейінгі тарихшылар бір ауыздан Жалғаншы (Алдамыш есімді, Самозванец) деп таныған. Адамзаттың қилы шеруінде, әр тарапта ұшырасқан жағдай. Беріге салсақ, Орыс тарихынан әйгілі Лже-Дмитрийлер хикметі. Бұл Келдібек те, сөз жоқ, бөтеннің есімі мен тумысын иеленіпті. Өзбек ханның туған ұлы Еренбектің ұлы деп жарияланған. Әлбетте, қараптан-қарап, өз беті, дара шешімімен емес. Шақтаулы өкімі, азды-көпті әскері бар, ықпалды алпауыттар тобының ұйғарымы бойынша. Әбден қисынды жағдай саналған. Баяғы Өзбек ханның кіші қатындарының бірінен туған Еренбек оғланның Келдібек есімді ұлы болуы рас. Алайда… Бердібек ханның сыпыра қырғыны кезінде қазаға ұшырап кеткен. Десе де, барлық жұрт көзімен көрмеген. Енді міне, кездейсоқтан тірі шықты. Әрине, осыншама нақты куәліктен соң бейсауат көпшілік жұрт сенеді.
Атаулы топ іс төркінін біле тұра неге осыншама күмәнді шешімге тоқтады десек, әуелгі оқиғаларға көз салуға керек. Алтын-ұрық өкілдерінің ешқайсы, тіпті, таққа жеткен, үлкен өкімге бекіген соң да нық орнығып отыра алмады. Өйткені, бұлардың ешқайсы да Бату ханның тікелей ұрпағы емес. Ал Жошы хан нәсілінен тараған басқа әулет өкілдерінің бәрінің де тақ иелену құқұғы тепе-теңдей. Аударыспақтың негізгі себебі де осында жатыр. Сондықтан да «заңды, анық мұрагер» қажет еді. Ақыры, ойланып, толғанып, қалтқысыз кеңесе келе тапты. Кейінгі тарихнама бір ауыздан қабылдаған «Жалғаншы» нұсқасы. Расында да Жалғаншы. Бірақ көлденең көк атты емес, осы Алтын-ұрықтан. Шынында да Жошы хан нәсілі.
Жаңа бір төңкеріс ұйымдастырмақ алпауыттардың береке-беделі де, әскер күші де жетіп тұрған. Келешек ханды да өздері белгілеп алды. Тек бір кілтипан – Бату хан нәсілі деп жариялануға тиіс. Азғана уақытта екінші мәрте – Құлпының кезіндегіден әрмен сорақы. Өйткені… жалпы жұрт сенген төңкерісшіл ұлықтар түгелдей мойындаған жағдайдың өзінде, Өзбек ханның осындай есімді немересін түстеп білген тұғырлы тұлғалар аз емес. Олардың да амалы ойластырылып қойылған. Қарашы қауым есептен тыс. Қаншама ұлық пен алпауыт нақты танып, біліп, қолдап отыр, ендігісі оңай деп шешкен, өз есебінде жеке бас мерейімен қатар, бәлкім, «ұлыс қамын» да ойлаған, қайткенде, алауыздық пен қантөгісті тоқтатуға ұмтылған, бүгінде біз айтып жүрген «тарих сабағынан» бейхабар, кеше ғана Жәнібек ханның түбіне жеткен арам Тоғлы-бидің бел баласы Яғлы-би бастаған белсенді топ. Иә, қайталап айтайық, көпшілік жұрт өткен істің анық-қанығын біле бермейді.
Енді міне, Жалған Келдібек жарияға шығып, нақты қимылға кіріскен шақта, Бату ханның соңғы бір тұяғы деп, қаншама қолдаушы табылған. Тезінен күш алған Жалған Келдібек көп ұзамай-ақ, 1361 жылы октябрь айында Жаңа Сарайды басып, толық өкімге жетеді. Көп ұзамай-ақ Ұлұғ Ұлыстың біршама аймағы – Еділдің орта ағысынан етегіне дейінгі байтақ жұрт, Таң-дарияның атырауы мен Терістік Қапқаз бойы Келдібекті хан ретінде таныған екен. Өкімі әбден күшейген Келдібек енді төңірегін тазарта бастайды. Әуелі астана байтақтағы күмәнді, яғни, күні кеше қолдағанымен, нағыз Келдібек деп іштей танымаған, бойкүйез ұлықтардың көзін құртады.
Бұл кезде шалғайдағы жұрт та бұл жалғаншыны анық Келдібек деп сене бастаған және қол астына кіруге асығады. Осы ретте, бұрнағы Жәнібек хан тұсындағы беклербек Моғұл-Бұқа мен бас уәзір Сарай-Темір және Хорезм уәлаятының ұлыс бегі Нанғудай, қаншама нөкер-қосшыларымен келіп жетіпті. Шын Келдібекті жақсы таныған ірілер. Жалған Келдібек мұндай қатерлі кісілермен жүздеспей-ақ, тегіс көзін жоюға бұйырыпты. Бұдан соң, біржола тазару үшін, бағыныш білдіріп сырт аймақтарда отырған ескілікті ұлықтардың өзін бір-бірлеп Ордаға шақырып, қатар-қатарымен өлтіре бастайды.
Бұл кезде Гүлстанда өкім құрып отырған Мүрид мол әскер жинап үлгерген екен. Астана байтаққа тура аттанады. 1362 жылы сентябрь айында, Сарай мен Гүлстан аралығы, сол жағалықта қырғын соғыс болыпты. Мүрид қиратып жеңеді. Кейбір деректе Жалған Келдібек осы ұрыста қаза тапқандай. Анығы – аман қашып құтылған. Алайда, қисапсыз қан төгіліп, әскері бар қуатынан айрылған, әлсіреген Мүрид астанаға тура шаппай, кері оралған екен. Сарайдағы хан тағына көлденеңнен қосылған Қайыр-Болат ие болыпты. Десе де, жыл аяғына жетпей, астана қайтадан Мүрид ханның ғұзырына көшеді.
Мүрид (Мюрид, Мурут, Мурад, Амурат) – Көк орда, Ежен хан ұрпағы. Орыс жылнамасында баяғы Қызыр ханның туған інісі деп айғақталған. Азғана үзілістен соң, қайыра күш жинап, тәрізі Көк Орда әскерінің қосымша көмегімен астана Сарайды біржола басты. 1362 жылдың соңғы тоқсанында. Жаз шыға Таң етегі, Азауға аттанып, осында бекініп үлгерген Келдібекті қиратады, бұдан соң Қырым мен Қара теңіздің терістік жағалауында күш ала бастаған Абдолла ханның беклербегі Мамайды талқандайды. Орыс кінәздіктерімен қатынас орнатады. Өз атынан Гүлстан мен екі Сарайда атаулы ақшасын шығарған. Алтын Орда хандарының ғұмырбаян кітабын жазған Р.Почекаев дарынды қолбасы деп бағалаған Мүридтің күш-қуаты арттағы Көк Ордада жатқан. Алайда, Шығыс ұлыста Орда-Ежен әулетін Тоқай-Темір нәсілі алмастыруына байланысты, Мүридтің сыртқы сүйемелі азаяды. Ақыры, Ақ Орда ұлықтарының опасыз мәмлесі нәтижесінде, баяғы Моғұл-Бұқаның ұлы, өзінің беклербегі Ілиястың қолынан қазаға ұшыраған екен. Жинақтап келгенде, 1362 жылдың ноябрь айы мен 1364 жылдың сентябрь аралығында патшалық құрыпты.
Қайыр-Болат (Хайр-Пулад, Мир-Пулад) – Шибан әулетінен өкімге жеткен алғашқы хан. Жалған Келдібек қирап жеңілген, ал Мүрид әскерінің көбінен айрылып, әлсіреген өлара мезгілде Сарайды басып алған, және бірер ай өтер-өтпесте амалсыз бас сауғалаған Қайыр-Болат арада үш жыл озып, Мүрид хан көлденең қазаға ұшыраған соң, ұлыс астанасын екінші мәрте қолға түсіреді. Бұл жолы ұзағырақ, тұтас бір жыл – 1364 жылдың сентябрінен 1365 жылдың сентябріне дейін тақта отырады. Қайыр-Болат есімінің үйлес болса да әрқилы таңбалануы өз алдына, бар ісі беймәлім және заманауи тарихнамада қалған дерегі тым сырдаң. Қайткенде, жақсы аты да жаман аты да жоқ. Аумалы-төкпелі Бұлғақ есебімен өлшегенде, әжептәуір ұзақ – он екі ай отырған. Ақыры, кезекті талапкер Болат-Қожаға, әлде келісім, әлде үрей – ешқандай ұрыс-соғыссыз орын береді. Сол беті, Арал теңізінің бойындағы ата-мұра Шибан ұлысына қайтып кеткен.
Болат-Қожа (Пулад-Ходжа, Делиуллах-Ходжа) – Тоқай-Темір әулеті. Арттағы ағайынның күшімен билікке жетсе керек. 1364 жылы. Астана Сараймен қатар, Гүлстанда өкім құрған. Жалпы, Бұлғақ кезінде бой көрсеткен, қосарлы, тіпті, үштік, Болат (Пулад) есімді хандарға қатысты, әрқилы, кейде қарама-қайшы толғамдар бар: бәрі бір кісі, әйтпесе, әрқайсы жеке тұлға дегендей. Шындығында Қайыр-Болат – Мир-Болат хан – Шибан тұқымы, ал Болат-Қожа – айтқанымыздай, Тоқай-Темір әулеті. Сонымен қатар, бұл, кейінгі Болат туралы нақты деректер жоққа жақын. Негізгі айғақ – Пулад-Ходжа, Делиуллах-Ходжа есімімен таңбаланған манаттар ғана. Өзінің өкімін біршама берік деп ойлаған Болат-Қожа Гүлстанға сапарлап кеткен кезінде Астана шаһарды Әзиз-Шейх басып алады. Сентябрь 1365.
Әзиз-Шейх (Азиз-Шейх, Озиз) – Көк Орда хандарының нәсілі. Нақты ата-тегі туралы әрқилы пікір айтылған, тәрізі, Шибан әулеті. Орталық хан өкіметін күшейтіп, біршама берік және әжептәуір ұзақ отырған, 1367 жылға дейін. Орыс жұртына елші аттандырып, бодандығын қайыра мойындауды және тиесілі албан төлеп отыруды талап еткен. Дербестікке ұмтылған Бұлғар әмірі Болат-Темірді қиратып, өлімге кеседі, орнына өзіне қалтқысыз жақтас ұлығын отырғызады. Алайда, ішкі саясатта байырғы бектермен тіл табыса алмаса керек. Оның үстіне, діни рәсім жағына салақ болып шығады, осы орайда, Яссауия тариқатының өкілі, аса беделді мүфти Сайыд-Ата тарабынан сөгіс естиді, қателігін мойындағанымен, бізге беймәлім теріс әдетін түзете қоймапты. Осы кезде ішкі наразылық нақты қимылға ұласады. Әзиз-Шейх хан түнгі төсегінде ажал тапқан екен. Сарай-Жәдид Абдолланың қолына өтеді, алайда, бекініп отыра алмапты. Кезекті талапкер Олжай-Темірден ығысып, астананы тастап шығады.
Олжай-Темір (Улджай-Тимур) – Бұлғақ тарихындағы бар ісі белгісіз хан. Анығы – кездейсоқ жолбасар емес, төре тұқымы – Шыңғыс хан әулеті. 1368 жылы өкімге жеткен. Және Сарай-Жәдид пен Сарайшықта һәм Гүлстанда өз атынан манат шығарғаны белгілі. Хижраның 768 жылымен (миләди 24.XII.1368 – 12.XII.1369) таңбаланған. Яғни, хандық кезеңі – 1368 жылдың соңғы айларынан басталады, алайда, 1369 жылдың ақырына жетпей, кезекті хан Қасенге орын босатқан.
Қасен (Хасан) – Шибан әулеті. Тәрізі, 1369 жылдың орта шенінде өкімге жеткен. Арада бірнеше ай өтпей, қайыра шапқан Абдолладан жеңіліс табады. Бұдан соңғы тағдыры белгісіз.
Абдолла (Абдуллах, Абдаллах) кейінгі тарихнамада Өзбек ханның ұлы саналады – қисынсыз кеп. Өзбек ханның тоғыз ұлының кенжесі емес, Бату әулетінің басқа бір тармағынан шыққан жағдайдың өзінде, талассыз, бірден-бір заңды мұрагер танылар еді. Әйтсе де, Жошы нәсілінен. Құлпыдан соң, хан аударыспақ басталған кезде санатқа қосылған. Қырымда хан көтеріледі. Қай жылы екенін тап басып айту қиын, тәрізі, өз атымен алғаш рет ақша шығарған 1363 жылы. Қырымда және Қара теңіздің терістік жағалауында өкім құрыпты. Жаңа Сарайда екі үзік – хижраның 769 және 771 санатында (1367-68, 1369-70) отырған, жинақтап келгенде жарым жылдан аспаса керек. Астана байтақта, тіпті, атаулы ақша шығарып үлгермеген. Қанша заман Ұлұғ Ұлыстың бір пұшпағын ұстап отырғанымен, үлкен билікке жетпейді. Алайда, бұрнағы және кейінгі орыс, оған жалғас Батыс тарихшылары да Абдолла және оның ізбасар мұрагері Мұхамед-Бүлек кезеңіне айрықша көңіл бөледі. Бұл жағдай аталмыш хандардың жеке басына емес, беклербек әскербасы Мамай есіміне байланысты.
Бұл Қият Мамай – Жәнібек ханның ұлы Бердібекпен жас кезінен біліс, тіпті, дос-жар болған сияқты. Ақыры, Бердібек туған әкесін өлтіріп, таққа жеткен кезде өтімді ұлықтар қатарына қосылады. Бердібектің қарындасы, Жәнібек қызы Тұлұн-ханшаға үйленіпті, енді хан күйеуі күріген, жігерлі, алымды бек бұдан әрі өрлей беруі ықтимал еді, бірақ көп ұзамай, Бердібектің күні бітті. Мамай бас сауғалап, бір кезде әкесі уақытша ұлық болған Қырымға қашады. Осы орайда, төре тұқымы Абдолламен ара қатынасы туралы, оны өлімнен құтқарыпты, керек десеңіз, қауіпсіздік үшін Византияға асырыпты деген, бергі тарихта қабылданған хикаяттар – қисынсыз лақап деп танылуға тиіс. Анығы – осы босқын заманда әлдеқалай табысты, жұғысты, енді авантюрист Мамай бұл Абдолланы жан сақтау ғана емес, әлденендей нәтижеге баспалдақ үшін, қалқан, құрал ретінде пайдалануға шешеді. Заман аумалы-төкпелі қалыпқа көшті. Талаптанып көрсе, әденендей нәтиже шығуы ғажап емес…
Бердібектен кейінгі заманда баянсыз өкімге жеткен келте хандардың әрқайсының ықпалды сүйеніші, дем беруші, қолдаушы ұлықтары болды. Әскер күшіне, белгілі бір шеңберде үлкен беделге ие. Алайда, төре текті емес, өз бетімен таққа отыра алмайды. Сондықтан, жеке бастың мүддесі деңіз, ұлыстың мерейі деңіз – әлдебір үміткерге қол артуға тиіс. Мамай да осы қисап, осы тұрғыдағы жанкешті тұлға болатын. Тек ғұмыры қысқа басқа да ұлықтардан айырымы – кеудесі зор, азды-көпті әкімшілік қабілеті бар және ішкі есеп, сыртқы саясатқа жетік. Сондықтан да үнемі аңдап, ақырын басты, жиын топырға араласпай, мықтылармен тікелей қақтығыстан сақтанып, орталықтан шалғай аймақта аңыс аңдады. Барлық табысының негізі осы қапысыз есептен бастау алған. (Кейінгі тауарихта Мамай бектің атағын көтерген ең басты кілтипан – оның ешбір тарихта болмаған «Куликово шайқасында» апатқа ұшырауы. 1480 жылы апрельде, Астана Сарайға Алтын Орданың жаңа ханы Тоқтамыс келіп, біржола орныққаннан кейін, бес ай мұғдары, 1480, сентябрьде құдіретті «хан» Мамай қисапсыз, үш жүз, бәлкім, төрт жүз мың әскермен Мәскеу кінәздігіне қарсы дүрк аттанады да, күйреп жеңіледі. Яғни, орыс халқының мерейі үстем шығыпты. Кейінірек жазылған қияли хикаяттар негіздеген, мұншама ғаламат жеңістен соң Орыс елінің тағы бір ғасыр бойы Алтын Орда боданы болып отырғаны есеп емес. Көпе-көрнеу, әйткенмен, біздің негізгі тақырыптан тысқары жағдаят, және біз ашып отырған жаңалық емес, сондықтан сөз оздырмайық.)
Әлбетте, түстік-батыс өңірдегі шектеулі бір аймақта беклербек болып отырған, әуелде Абдолла хан атынан, кейінде оның кәмелетке толмаған ұлы Мұхамед-Бүлектің атынан ұзақ және біршама еркін өкім құрған Мамайды мүлде теріске шығармас едік. Сарайда отырған хандармен қосанжарласа, кешегі Ұлұғ Ұлыс атынан Орыс еліне бодандық шарттар ұсынғаны және Қырым тарабындағы халықаралық қатынастарға қол созуы тағы рас. Болды, бірақ толған жоқ. Анығы – Орыс және осыған сәйкес Шығыс Еуропа тарихындағы, ойдан көтерілген жалған герой екенін қайталап айтамыз.
Өз ордасында нешеме жыл хан атанған, қайткенде Орталықта орныға алмаған, кейінгі тауарихта Мамайдың қолжаулығы, бәлкім, шындығында Мамайды атарман ретінде ұстаған, Жошы әулеті болғанымен, нақты тумысы беймәлім Абдолла 1370 жылы бақиға аттаныпты. Бұл кезде шылпара Ұлұғ Ұлыс шегінде, әрбір кезекті хан дербес, көбіне-көп қатарлас, әр өңірде өзінше өкім құрып жатқан. Бірақ Мамай тізгін тартпайды. Енді шартты түрдегі жаңа хан керек еді.
Мұхамед-Бүлек (Мухаммед-Булақ, Ғияс-ад-Дин Буляк) – Абдолла ханның ұлы. Абдолла, тәрізі, өз ажалынан өлген соң Мамай беклербек хан деп жариялаған. Небәрі сегіз жасар баланың регенті ретінде Жәнібек хан қызы, өзінің бас бәйбішесі Тұлұн-ханшаны белгілейді. Әлбетте, бар билік осы Мамайдың ғұзырында. Яғни, бұрынғыдан әлдеқайда еркін. Әйтсе де Мұхамед-Бүлектің хан мәртебесі бар. Көп ұзамай, 1372 жылы Сарай-Жәдидті Көк Орда ханы Орыс басып алады. Мұхамед-Бүлек бұл кезде Қырымда отырған Мамайға қашыпты. Алайда, өз ұлысында бүлік шыққан Орыс хан асығыс кері қайтады да, аралықтағы Шеркес ханды жеңген Мамай, 1375 жылдың басында астана байтақты алып, Мұхамед-Бүлекті қайтадан таққа отырғызады. Әйтсе де, жарым жыл өтпей, Орыс ханнан екінші қайтара ығысуға тура келген. Бұл жолы біржола. Бұдан соңғы жылдарда тақсыз хан – беклербек Мамайдың панасында ғұмыр кешіпті. Ақыр соңы беймәлім. Мұхамед-Бүлек ханнан қалған бар белгі – оның есімімен Хажы-Тархан, Қырым мен Мажарда шығарылған атаулы ақша ғана.
Орыс (Мухаммад-Урус, Орұс) – Тоқай-Темір нәсілі. Көк Орда ханы Шымтай 1361 жылы дүниеден өткен соң, Бату хан заманынан бастап Ұлұғ Ұлыстың Сол қанаты – Шығыс атырапта өкім құрып келе жатқан Орда әулетін ығыстырып, хан тағына жетеді. Нақты қай жылы екені белгісіз. 1368 жылы астана Сығнақта отырғанын көреміз – бар жеңістің қорытындысы, толық өкімді әмір деген сөз. Орыс бірден-ақ Көк Орданы дербес ұлыс деп жариялайды. Еркіндік белгісі есебінде өз атынан ақша шығарады.
Бүткіл Көк Орданы бірлікке келтірген соң, Бұлғақ жайлаған Батыс тарапқа назар салыпты. Әуелі шекаралық Жайықтан аттайды, Шибан тұқымы Елбек хандық құрып, өз атынан ақша шығарып отырған Сарайшық қаласын жаулайды. Бұдан соң Сарай-Беркені алып, өзін Ұлұғ Ұлыс ханы деп жариялайды. 1372 жылы. Көп ұзамай, Хажы-тарханмен қоса, Еділдің етегіне дейін ғұзырына келтіріпті. Үлкен майдансыз, біршама бейбіт жағдайда өкім құрады. Арада екі жыл өткенде Сығнаққа қайтып оралуға мәжбүр болған. Бұл – Көк Орда шегінде таққа талас жаңа бір тұлға – Тоқтамыстың көтерілуіне байланысты. Тәрізі, ел ішінен азды-көпті қолдау тапқан, ең бастысы – Шағатай ұлысының шектеусіз билігіне жеткен Ақсақ Темірге арқа сүйеген Тоқтамысты қиратып жеңіп, Сыр-дариядан асыра қуады да, 1375 жылы Сарайға қайтып оралады. Алайда, бұл жолы тіпті шұғыл, небәрі екі айдан соң кері қайрылады, – Ақсақ Темірден әскер алып, жаңадан бас көтерген Тоқтамысқа біржола тыйым салу үшін асыққан. Сол беті Көк Орда шегінде қала береді. Алайда, Ұлұғ Ұлысты қолынан шығармаған есепті – Сарай-Беркеде өз өкімін айғақтайтын біршама әскер қалдырыпты. Бұл арнайы гарнизон ақыр түбінде, Орыс ханнан соң, Алтын Орда астанасында Тоқтамыстың өкімі орнаған 1380 жылға дейін Сарай-Жәдидті ұстап тұрған екен.
Өз заманында алыс-жақын төңірек, бақталас алпауыттардың барлығы да Орыс ханды құдіретті әмірші деп таныған. Бүткіл Көк Ордаға және, сөз жоқ, Ақ Орда шегіндегі тағы қаншама қауымға арқа сүйеген Орыс хан әскери қуаты ғана емес, түпкілікті мақсат-мұраты жөнінен алғанда да, соқталы, дарынды, ерен тұлға болғаны күмәнсіз. Кейінгі тарихшылардың басым көпшілігі Орыс хан тәж бен тақ үшін емес, Алтын Орданы әуелгі қалпына келтіру үшін күресті деп санайды. Енді бір тарихшылар Орыс ханның негізгі мақсаты – Көк Орданың қуатын арттырып, оған бүткіл Батыс өлкені емес, тек Еділдің сол жағалауы – Шығыс Дәштінің табиғи шекарасына дейін ғана қосып алуға күш салды деп біледі. Біз осы соңғы пікірге бейілміз. Ұлұғ Ұлыстың Оң қанаты – Батыстағы Ақ Орда – тым байтақ, Еділден арғы Таң мен Үзеден асып, Қапқазды көбелеп, Қара теңізді жағалап, Дунай мен Қарпатқа дейін созылып жатқан. Ең қиыны – Бұлғақ жайлаған, нешеме бөлек. Қайтадан құрап, қалпына түсіру – әлденеше жылға созылмақ, қисапсыз машақат. Сондықтан да, бір мезет Хажы-Тарханды ұстағанымен, Еділдің арғы бетіне жорық жасамаған. Ерлігі мен өкіміне сай, есебі де түзу, бірақ бұл кезде жасы ұлғайып қалған Орыс хан Ұлұғ Ұлыстың жаңа бір көрінісі – Ертістен Еділге дейінгі аралықты бір ту астына қарату ұтымдырақ деп санауға тиіс еді. Алайда, Орыс ханның ұлы жоспары өзімен бірге кетті – 1377 жылдың алғашқы жарымы, тәрізі, көктемде өз ажалынан бақиға көшеді.
Бұған дейін, азғана жыл ішінде көп оқиға өткерілген. Орыс хан Тоқтамыс оғланды әлденеше рет қиратып жеңді, дедік. Анығы – Көк Орда тағына үміткерге Шағатай ұлысынан келген әскер – Ақсақ Темірдің арнайы жасақтары. Көк Орда – Орыс ханның күш-қуатын нақты бағамдаған Ақсақ Темір негізгі күштерімен майданға түсуден тартына береді. Есебі, Орыс ханның дүниеден қайтуы – тек Ұлұғ Ұлыс ғана емес, бүткіл Еуразия құрылығының шегіндегі саяси-әлеуметтік ахуал, болашақ ұрпақ тағдыры, үлкен тарих кешуі басқаша бағдар алуына себепкер болды дер едік.
Жалпыға белгілі ендігі бір жағдаят – Орыс хан Қазақ Ордасын негіздеген Керей мен Жәнібек хандардан бастап, ең соңғы Кенесары ханға дейін, төрт ғасырға тақау салтанат құрған Қазақ Ордасындағы, Шыңғыс хан – Жошы ханнан бастау алатын жаңа әулеттің атасы болып табылады. Қазақтың тарихи аңыздарындағы Алаша хан. Атаулы күмбезі Жошы хан кесенесімен қатарласа, бүгінгі күнге жеткен – Қазақстан, Жезқазған облысы, Кеңгір өзенінің бойында тұр.
Қажы-Шеркес (Хаджи-Черкес, Черкеш) – Бұлғақтың соңғы кезеңіндегі тайталас хандардың бірі. Нақты тегі беймәлім. Есіміне қарай, черкес бектерінің бірінің әулетінен болуға мүмкін дейтін тұспал айтылған. Онда Орыс ханды орыс кінәздерінің тұқымы деп тану керек. Ешбір қисыны жоқ. Ол заманда қарадан хан шықпайды. Дәп осындай, біршама қуатқа жеткен беклербек Мамай тұрыпты, құдіретті Ақсақ Темірдің өзі хан аталмаған. Яғни, қайткенде төре нәсілді. Бердібек ханның тұсында әскербасы ретінде көтеріліпті. Бұдан соң да қатардан қалмаған. 1367 жылғы Пицигани қартасында Еділдің оң жағалығы, Үкек төңірегінде өкім құрғаны белгіленген. Одан соң Хажы-тарханда орнығады. Өзіндік дара билігі жоқ, Ұлыс хандарының ғұзырында. Уақыт оза келе, дербестене бастаған. Көп ұзамай, Сарайда отырған беклербек Мамаймен қайшыласып қалады да, тікелей соғыс ашып, астананы басып алады, 1374 жылы. Әйгілі Ибн Халдун: «Хажы-Тархан аймағының әмірі Қажы-Шеркес Мамайға қарсы аттанып, қиратып жеңіп, Сарайды тартып алды. Мамай Қырымға кетіп, сонда өз бетінше өкім құра бастады», – деп жазған. (Орыс әдебиеті мен тарихындағы, қатарынан неше жүз мың әскер шығара алатын құдіретті Мамай – «Куликово шайқасынан» небәрі бес-алты жыл ғана бұрын!) Сол жылы Ұлұғ Ұлыс ханы деп жарияланған Қажы-Шеркестің ғұзырына Сарай-Берке, Хажы-тарханмен қоса, Төменгі Еділ тұтасымен қараған екен. Бұл – Орыс ханның екі патшалығының арасы. 1375 жылдың алғашқы айларына дейін өкім құрған. Жаңадан күш жиған Мамайдан ығысып, Хажы-Тарханға өтеді. Сарайды Көк Ордадан қайтып келген Орыс хан алады. Бұл жолы да берік орныға алмаған бала Мұхамед-Бүлек қамқор басшысы Мамаймен бірге Қырымға қашыпты.
Қағанбек (Ғияс-уд-Дин Қағанбек, Каганбек, Айбек) – Шибан әулетінен. Ибн Халдун: «Қажы-Шеркеске қарсы аттанған Айбек хан Сарайды тартып алды және осында біршама уақыт еркін билік құрды», – деп жазған. Бұл – 1375 жылдың соңынан 1377 жылдың бір шамасы, тәрізі, көктемге дейін. Ұлұғ Ұлыстың орталық тағында кемі бір жарым жыл отырғанымен, Қағанбектің өмірі мен қызметі туралы мардымды дерек сақталмаған.
Ұлұғ Ұлыстың кезекті ханы Арабшах (Ғарабшах, Араб-оғлан, Арапша) – Шибан әулеті, баяғы Қайыр-Болат ханның ұлы. 1377 жылы жазғытұрым Көк Ордадан көп әскермен келіп, Қағанбекті тықсырды да, Сарай-Беркеде хан көтеріледі. Артықша тыным таппай, бұл кезде бодандықтан шыға бастаған Орыс еліне басып кіреді. Қарсылық жасамақ Мәскеу мен Суздаль, Нижний Новгород кінәздіктерінің біріккен әскерін Мордовия шегіндегі Пьяна өзенінің бойында тақыр-таза қиратыпты. 2 август, 1377 жыл. Жеңілістің ауыр болғаны соншалық, кейінгі орыс тарихында «Пьянское побоище» – Пьяна қырғыны аталған. Арабшах бұдан соң Нижний Новгород қаласын басады, Еділдің бір саласы Сура бойын, Рязань қаласы мен кінәздігін шабады. Есебі, Орыс елінің уыстан шыға бастаған терістік-батыс өңірін қайтадан бодандыққа түсірді. Бұдан соң, 1378 жылы Мордва шегіндегі Моқшаға тұтқиыл аттаныс жасап, селкеу кетпек әмір Тағайды өлтіреді, яғни Моқша-Нараушат өлкесі де Ұлұғ Ұлыс құрамында қалған.
Бұрнағы орыс тарихшысы Н.Карамзин ескілікті жылнамаларға сүйене отырып, Арабшахты «ерлігі кенеусіз және ұрыста айлакер һәм қатал, долы», деп сыпаттаған. Ал бүгінгі замандағы білгір тарихшы Р.Почекаев Арабшахты дарынды қолбасы және ақылгөй саясаткер деп бағалайды.
Алтын Орданың ежелгі рухын біршама жаңғыртқан Арабшах жиыны үш жыл хандық құрыпты. 1380 жылы Ұлұғ Ұлыс шегіне Көк Ордадан күш алған Тоқтамыс хан келіп кіреді. «Арабшах қорқақ емес еді, сонымен қатар, ақымақ та емес-ті» – деп жазған Р.Почекаев. Дәупірім ханға қарсы тұра алмасын білген Арабшах ешқандай қарсылық жасамай, астана Сарай мен Ұлұғ Ұлыстың өзіне қарасты бүткіл орталық аймағын Тоқтамыстың қолына табыстайды. Жұрт аман, өз кезінде ел ұстаған Арабшах та мерейлі. Ең үлкен хандықтан айрылғанымен, Көк Орда ұлысындағы Шибан әулетіне қарасты аймақты ғұзырында ұстап қалған екен.
Ақыры, Арабшах әулеті тамырын үзбей, Хиуа хандығында билікке жетеді. «Түрік шежіресін» қалыптаған әйгілі Әбілғазы-бахадұр хан осы Арабшахтың тікелей ұрпағы. Ақылгөй, салауатты тарихшы Әбілғазы ханның өзі: «Арабшах інісі Ибрахиммен бірге, өз ұлыстарында, тыныш, барақатты ғұмыр кешті», – деп жазады. Бұлғақ толқынынан аман, абыройлы шығып, атаулы жұртында жайлауыт тіршілікпен өткен.
Тоқтамыс бейбіт келісіммен Сарай-Беркені алып, Ұлұғ Ұлыстың ханы ретінде ақ киізге көтерілген соң, тұтас жиырма жылға созылған қанды Бұлғақ та тыным тапқан екен.
* * *
Бүткіл Ұлұғ Ұлысты ұйпа-тұйпа, жарадар қалыпқа түсірген Бұлғақ дауылы, ақыр түбі, солықтап барып тынды. Дүйім батыс Дәшті – жайқын Еділден Дунайдың етегі, Қарпат тауларына дейін баурап отырған Ақ Орда, бұрнағы айбыны басылып, күш-қуаты ортайып, кембағал жағдайға тақаған. Жан-жақты, тынымсыз соғыстар, алма-кезек ауыс-күйіс кезінде қаншама қала қирады. Жалпы жұрт күйзеліске ұшырады. Ең бастысы – қисапсыз қан төгілді. Үлкен ұрыстар өз алдына, тынымсыз қақтығыс, бәрі бәріне жау жиырма жылдық сүргінде қарулы қаншама ер-азамат қазаға ұшырағанын есептеп шығарудың өзі қиын. Бәлкім, екі жүз-үш жүз мың. Бәлкім, одан әлдеқайда көп – жарым миллион. Күн озған сайын өрлеп, өсіп келе жатқан қуатты қауым демографиялық тоқырауға ұшырады. Ең сұмдығы – бұл кезде сырттағы жұрт «татар», ал өз ішінде түгелдей «қыпшақ» атанып отырған біртұтас халықтың ортасына алалық кірді. Жошы әулеті ғана емес, ел тұтқасын ұстаған бек, алпауыттар үлкен хандық өкімінен тыс, еркін, бейбас өмірдің елесін көрді, Ұлұғ Ұлыстың салтанатынан, өзінің, шектеулі болса да жеке бас игілігін артығырақ қамдайтын, қай кезде де дербес ту көтеру талабына бейім, арам пиғыл – сананың терең түкпірінен орын ала бастаған.
Обыр обамен астаса, жалғаса шыққан Бұлғақ Алтын Орданың күш-қуатын сарықпаса да, өлшеусіз кемітіп, бұдан да зор апатқа жол ашқан еді.

ТОҚТАМЫС ХАН

Тұтас жиырма жылдық тынымсыз шабыс, бітіспес алауыздық, аумалы-төкпелі қым-қуыт қырғын, жаппай күйзеліс нәтижесінде Батыс Дәшті – Ақ Орданы біржола күйретпесе де, қалжыратып, апатты дағдарысқа түсірген ғаламат Бұлғаққа тоқтау салып, Ұлұғ Ұлыстың бірегей байрағын қайта көтерген және біршама ұзақ – он бес жыл бойы дербес өкім құрған Тоқтамыс – Алтын Орда тарихындағы қуатты хандардың ең ақыры болды. Әуелгі салтанаты мен ұтымды жорықтары, кейінгі сәтсіз соғыстары және ғаріп ахуалы – тұтастай алғанда, арпалыспен өткерген бүткіл ғұмыр кешуі заманауи тауарихта біршама толық таңбаланған. Дерегі мол, баяны көбіне-көп нақты.
1
Тоқтамыс – Жошының әйгілі ұлдарының бірі, жауынгер Тоқай-Темір әулетінен. Ата-тегін тарата айтсақ; Тоқай-Темір – Саржа – Күнжек – Құтлұқ-Қожа – Той-Қожа, ақыры Тоқтамыс. Есебі, Тоқай-Темірдің бесінші ұрпағы, ал Шыңғыс хан – жетінші атасы болмақ. Туған анасының есімі – Құтан-Күншек, қоңырат қызы. Әкесі Той-Қожа Маңғышлақ әмірі екен. Бату-Берке заманынан бастап Тоқай-Темір әулетінің тұрақты иелігі. Батудың атаулы жарлығы, Орда-Ежен тұсынан бастап, үлкен әулеттің соңы Шымтай ханға дейін үзіліссіз, берік отырған сияқты. Сондықтан да Көк Орданың жаңа өкіміне жеткен, ол да Тоқай-Темір нәсілі, шөпшек туысы Орыс ханмен мығым сөйлеседі. Ақ Орда – Сарайға қарсы жорыққа әскер қосудан бас тартыпты. Орыс хан Той-Қожаны өлімге кеседі. Бұл – 1372 жыл. Шамасы жиырма жастан аспаған бозбала Тоқтамысқа рақымшылық жасалады. Жақын туыстығы үшін ғана емес, үлкен билікке ұмтылып отырған бірегей әулет ішінде іріткі тумас үшін. Алайда, Орыс хан Еділ бойы – Сарайда отырған 1373 жылы Тоқтамыс көлденең әрекетке көшіп, ханға қарсы шоғыр бір топ төрелерді ұйыстырады, тіпті, Орданың билігіне қол созбақ ниетін танытады. Шын мәнісінде, кәдімгі бүлік. Орыс хан асығыс кері қайтады. Алайда, Тоқтамыс тобы сөзден іске көшпейді, қарулы қарсылық жасамайды, ыдырай қашса керек. Кім қалай жазаланды – белгісіз, ал Тоқтамыстың өзі азғана уақыт бой тасалап жүріп, ақыры құдіретті ағасының дәргейіне бас ұрған сияқты. Кешу. Әйткенмен, бұрынғыдай тым еркін, әрі жайсаң емес. Сондықтан да бүлікшіл Тоқтамыстың көңілінде қатер тұрса керек. Орыс хан Сарай-Жәдидке қайыра аттанған соң, 1375 жылы елден безіп шығады. Шағатай тауарихтарында Тоқтамыс ұлу – яғни 1376 жылы Әмір Темірдің ғұзырына келіп жетті деп көрсетілген.
Ақсақ Темір Тоқтамыс оғланды үлкен ықыласпен қабылдайды. Биік дәрежелі ханзада. Және еңселі, келбетті, өркеуде жігіт. Іргедегі бақас, әрі қуатты ұлыс ішінде әреке салар, ұтымды бір тұтқа. Құрмет, сияпатқа жалғас өзіндік тәлім және төтенше міндет. Келер жылы Тоқтамыс Шағатай ұлысынан бөлініп берілген біршама әскермен Самарқаннан шығып, Саураннан өтіп, Көк Орда шегіне басып кіреді. Орыс ханның үлкен ұлы, бұл кезде осы Шығыс ұлысты меңгеріп отырған Құтлұғ-Бұқа қарсы аттанады. Екі арадағы табандасқан, тайталас майданда Тоқтамыс бастаған Шағатай жасағы қирап жеңіліпті. Тоқтамыс әрең қашып құтылады. Алайда, бұл ұрыста Көк Орда орны толмас қазаға ұшыраған екен – Орыс ханның тақ мұрагері, жауынгер Құтлұғ-Бұқа алыстан адасқан бейсауат жебеге шалынып, қаза тапқан. Бұл жоқтың орны алдағы заманда айқынырақ білінуге тиіс-ті.
Пұшайман Тоқтамыс Ақсақ Темірге қайтып оралады. Әйтсе де, әскери ғана емес, саяси тұрғыда және тиімді Көк Орда ханзадасынан үмітін үзбеген Ақсақ Темір қолма-қол жаңа әскер жасақтап береді. Әуелгіден көп және ішкі тараптан Тоқтамысты жақтайтын тағы қаншама аламан қосылмақ. Үлкен ұлынан айрылған ашулы Орыс хан және бір ұлы Тоқтақияны шығарыпты. Тағы да қантөгіс айқас, тағы да Көк Орданың жеңісі. Бұл жолы бар әскерінен тақи-таза айрылған Тоқтамыс, әлде атты қалпында, әлде жалаң жүзіп, Сыр-дарияның арғы бетіне өте бере, қолынан жараланады да, талығып, тура жағалау – жарқабақта жығылады және қансырап жатқан шағында әлдебір сырттай тілектестің көзіне түсіп, кездейсоқта аман қалыпты.
Ізінше Самарқанд – Әмір Темір сарайына Көк Орда елшілері келіп жетіпті. Орыс хан Тоқтамыс оғланды қайырып беруді талап етеді. Әйтпесе, тұрысатын жеріңді айт, депті. Ақсақ Темір: Тоқтамыс бізден пана сұрап келді, бере алмаймын, соғысқың келсе, дайынбыз! – дейді. Және көп ұзамай-ақ, 1377 жылдың басында қалың әскерімен Көк Орда шегіне келіп кіреді.
Екі жақ Сығнақ түбінде беттесіпті. Өзара аңыс аңдыған қақтығыс басталады. Жекелеген шайқастар үлкен майданға ұласпаған сияқты. Ақсақ Темірдің ресми тарихшылары мипаздап, бұл кезде күн айрықша суық болды, соғыспақ түгілі, қолға қару ұстаудың өзі мүмкін емес-ті, сондықтан сайыпқыран Әмір жорық аяғын жазғытұрымға қалдырып, кері шегінуге жарлық берді, деп жазады. Теке-тірес үш айға созылды дейтін дерек бар. Тым ұзақ. Әйткенмен апталар – анық. Әлбетте, екі жақтың бірі, немесе екі тарап та қырғынға ұшыраған, немесе қатарынан қисапсыз қан төгілген шешуші айқас болмаған. Алайда, Ақсақ Темірдің көпе-көрнеу сәтсіздікке ұшырауы күмәнсіз. Жекелеген келте ұрыстарда беті қайтып, енді біржола жеңіліске ұшырамас үшін үлкен шабуылдан бой тартқан. Алайда, көктемге, немесе жаз шыққанға дейін емес. Көктем де келеді, жаз да шығады. Ақсақ Темір Көк Орда шегіне аттап баспаған. Сарай төңірегіндегі тарихшылардың байыбынша, Орыс ханның дүниеден өтуі бөгесін болғандай. Қайта керісінше, ең қолайлы жағдай емес пе.
Иә. Сол қанат – Көк Орда өміріндегі қамырықты оқиға. Тұғырдан таймаса да, егде тартқан Орыс хан көктемге қарай дүниеден озды. Орнын басқан ұлы Тоқтақия арада екі ай өткенде ол да бақиға көшеді. Енді Тоқтамыс тағы да Ақсақ Темір жасақтап берген мол әскермен жаңа жорыққа аттаныпты. Осымен үшінші, әлде төртінші мәрте. Тағы да жеңіліс. Бұл жолы Орыстың келесі ұлы Темір-Мәлік ханнан.
Осымен Ақсақ Темір де, Тоқтамыс та тыншыса керек еді. Жоқ. Бар хикметтің бастауы ғана екен. Көк Орда тағына тиісінше жеткен, батыс өлкеде және беделді Темір-Мәлік ханның ерекше екі қасиеті бар екен. Қасиет емес, сорақы ғадет. Жаңа хан айрықша әйелқұмар және шектеусіз маскүнем болып шығады. Жай ғана нәпсінің құлы емес, көрсеқызар, ажарлы ұрғашы атаулының бәріне көз сүзген арсыз. Сарай төңірегіндегі ұлықтар мен бек атаулының шырайлы қосағын түгендей бастайды. (ежелгі Римдегі Нерон мен Калигуланың жаңа бір, жетілмеген нұсқасы.) Ақыры, төсегі былғанған қаншама алпауыт ішке кек сақтайды. Ал маскүнемдік түннен күнге жалғасып жатыр. Тежеу, тоқтаусыз мереке. Әлбетте, қызойнақпен астасқан былық. Енді не абырой, не бедел.
Осыншама былжыр ханнан түңілген ұлық атаулының біразы аулаққа қашады, біразы нақты қимылға бекінеді. Тезінен жетіп, хандыққа ие бол деген тілекпен Тоқтамысқа хабар салыпты. Ендігі бар ісіне сенімді Тоқтамыс Көк Орда шегіне кірген соң, алпауыт бектердің біразы азды-көпті жасақтарымен жолай қосылады, енді біразы бейсауат қалады. Ел шетіндегі, қамалдары берік, халқы жиын Отырар мен Сауран қақпаларын айқара ашады. Күн озған сайын Тоқтамыс әскері молыға түседі. Ақыры, қарасыны толымсыз жасақпен алдан шыққан Темір-Мәлік атаулы ұрыс аша алмапты. Әскерінің көбі бірден-ақ Тоқтамыс жағына өтеді. Азғана жасауылымен бас сауғаламақ Темір-Мәлік тұтылып, қолма-қол өлімге кесіліпті.
Тоқтамыс ұрыс-соғыссыз Сығнақты алып, Көк Орданың ханы ретінде ақ киізге көтерілген екен. Бүткіл Шығыс Дәшті халқының қалауы және қолдауы арқасында таққа мінді. Сондықтан да, кейінгі оқиғалар барысынан аңдалатындай, әуелгі сәтсіз жорықтарына демесін жасаған Ақсақ Темірге міндеттімін деп білмеген. Оның үстіне, ұлыс мұратын әлдебір өткінші қарыздан жоғары санауға тиіс еді.
2
Тоқтамыс ханның мақсат-мүддесі тым арыда жатқан. Көк Орда тағына берік бекіп, алды-артын түгендеген соң, Ұлұғ Ұлыстың ұйытқысы – Батыс өлкеге назар салады. Шығыс Дәшті шегіндегі барлық қарулы күштерін жинақтап, 1380 – наурызда Жайықтан өтеді. Астана Сарай-Жәдит қарсылықсыз беріліпті. Мұнда отырған, осыдан біраз бұрын солтүстік-шығыс орыс кінәздерінің біріккен күшін талқандап, төңірегін жайлаған Арабшах хан қол қусырып, құлдық ұрады. Тек жалғыз-ақ өтініш – ата-бабадан бері ғұзырына қарасты Шибан ұлысына бекітуді сұрапты. Әлбетте, Ұлұғ Ұлыс құрамында. Ақыл-парасат қана емес, нақты есеп. Сұрағанын алды. Тоқтамыс астанада қауіп-қатерсіз, берік бекіген.
Айналасы бірер ай ішінде етекте Хажы-Тархан мен Азау, жоғарыда Гүлстан – Еділдің ұзына бойы және Таң-дарияның атырауы Тоқтамыстың ғұзырына өтеді. Бұдан соң Қара теңіз жағалауы мен Қырым. (Тоқтамыс хан Сарайды алып, бұдан соң ерікті, бейбіт жағдайда тағы қаншама өлкені өзіне қаратқан дүбірлі заман шегі – 1380, сентябрь айы, – кейінгі Орыс ертегілерінің бас қаһарманы Мамай – үш жүз мың әскермен (арыдағы А.Лызлов – «Скиф тарихы», кейінгі В.Каргалов және басқа да «тарихи» еңбектер бойынша) Орыс елі – Мәскеуге қарсы ғаламат жорық ұйымдастырып, тамаша жеңіліске ұшыраған құдіретті «хан» Мамай қылыш көтеруге де жарамапты. Баяғыда Орыс қырылған Қалқа бойында шеп құрмақ болыпты-мыс, алайда бар әскері жеңімпаз, ақиқат ханның жағына шығып кетеді. Анығы – соңынан қуа шыққан шағын жасақ Ескі Қырымда ұстап, басын алған екен.) Қырымнан соң Терістік Қапқаз. Таң мен Үзе бойы, Туна-Дунайдың сағасы және Торлы – Днестр өзені мен Қарпат тауларының етегіне дейінгі, байтақ, байырғы қоныс. Бәрі де ұрыс-соғыссыз, бейбіт жағдайда.
Сөйтіп, айналасы бес-алты ай – 1380 жылдың ақырына дейін Жошы ұлысының ежелгі шекарасы қалпына келді. Бір мемлекет – бір хан! Кейінгі тауарихта қалай бағаланса да, қым-қуыт Бұлғақты тоқтатқан, Ұлұғ Ұлыстың айбынды туын қайтадан көтерген Тоқтамыс ханның өрелі еңбегі, жеңісті жорықтарының арқасы.
Тоқтамыс астана Сарайда бекіген әуелгі айлардың өзінде Ұлұғ Ұлыстың халықаралық деңгейдегі үйреншікті орнын айғақтап, бұрнағы беделін қалпына келтірді. Сол 1380 жылы, Қырымды баурай сала, генуялық алпауыттармен бейбіт келісім жасасады. Бес жыл бұрын беклербек Мамай зорлықпен басып қалған он сегіз кентті қайтарып береді, сонымен қатар, өткенде Түстік жағалаудағы Феодора иелігіне қарасты аймақты сыйға тартады. Сөйтіп, тиімді келісім нәтижесінде, Еуропамен сауда қатынасы қайтадан жанданыпты.
Бұлғақ заманында күйзелген, бүлінген қаншама қаланы оңдап, көтерумен қоса, шет елдермен аралық қатынас, алыс-берісте үлкен қызмет атқарған Хажы-Тархан, Азау, Ақ-Кермен және басқа да теңіз порттарының жаңадан өрлеуіне барлық жағдай жасалыпты.
Сыртқы және ішкі көтерме сауда, ел ауқымындағы күнделікті тіршілік арқауын жалғастырған ақша реформасы тезінен және толығымен жүзеге асырылады. Бұрнағы әрқилы ханның тұсында, ұзақ уақыт бойы, әртүрлі жағдайда жарыққа жеткен ақша атаулы түгелдей ресми қолданыстан шығады, және тиесілі айырбасқа салынып, түгелдей жинақталып, қайыра құйылып, енді бірегей көлем, ортақ өлшемге түскен күміс манаттар мен мыс теңгелер қажетті мөлшерде жаңадан қалыптанады.
Жаппай тыныштық, берекелі жағдайда мал басы өсіп, егіншілік өркендеп, халықтың әл-ауқаты жақсарады.
Бүліншілік заманда жан сақтап, немесе қуғынға ұшырап, сырт елдерге кеткен, оның ішінде Мысырда, бұрнадан ел билеген, әскери қызметке бекіген түрік текті қауымды сағалап барған қаншама халық туған отанға оралады.
Астана Сарай мен басқа да орталықтарда мектеп, медреселер қайта жанданып, баяғыдай үлкен оқымыстылар жаңадан топтала бастайды. Жазба әдебиет және халық поэзиясы тың тыныс табады.
3
Алтын Орда үшін сыртқары, ең бір маңызды аймақ – әрине, Орыс елі болатын. Тоқтамыс Сарай-Жәдидте біртұтас Ұлұғ Ұлыстың ханы деп жариялана сала, орыс кінәздіктеріне өзінің өкімін мәлімдеген атаулы жарлығын жолдайды. Кінәздер ықыласпен қарсылапты. Және бағалы тарту-таралғымен Ордаға жетіп, құлдық ұрады. Әлбетте, әрқайсы тиісінше жаңа бекім алған. Тек кейінгі тарихта Донской атанған Мәскеу кінәзі Дмитрий Иванович қана атаулы өкілдерін жіберумен шектелген екен. Құрық үзген еркіндік нышаны емес. Күні кеше ғана хан атаулы тоқтаусыз алмасып жатты, бұл жолғысы да ұзақ тұрмас деген долбар. Әйтеуір тартынып қалды. Ал Тоқтамыстың Мәскеу мәселесімен айналысуға мұршасы жетпей жатқан. Ақыры, бәрі де орнына түсті. Арада көп өтпей, 1382 жылы толық жуасытуға шығыпты.
Жазалау шаралары Бұлғар уәлаятынан басталады. Үлкен сауда бекеті және базарлы орталық саналған Бұлғар шаһарында жүрген орыс көпестерінің кемелері ұсталады, бар байлығы тәркіге түседі. Тек Бұлғар ғана емес, басқа да тарап – Еділдің ұзына бойында орын алған жағдаят екен. Осы шамада Тоқтамыс ханның өзі де әжептәуір әскермен дүрк аттаныпты. Орыс шегіндегі әуелгі жұрт – Рязань жерінің кінәзі Олег Иванович Тоқтамыс ханның алдына құлдық ұра келіп, бодандық адалдығын танытады. Қаншама азық-түлік шығарып, Ока өзенінің өткелін көрсететін жолбасшы қосыпты. Әрине, өткел жөнін білетін жалғыз адам осы емес, тиісінше қарулы қолғабыс жасаған. Бұдан соң Нижегород кінәзі Дмитрий Константинович, орыс тарихшыларының айтуынша, «ел-жұртын аман сақтап қалу үшін» өзінің екі ұлын қосып беріпті, әрине, сопа бастары емес, азды-көпті жасағымен. Күш-қуаты біршама Тверь кінәзі Михаил Александрович өзінің сөзсіз бағынышын айғақтаған атаулы елшісін жібереді, бәлкім, ол да ежелден бақас, қанды-кекті Мәскеу кінәздігіне қарсы әжептәуір әскер қосты. Тоқтамыстың қаһарлы аттанысы туралы хабар жетер-жетпесте, кейінгі империя заманында асқақталған ержүрек Дмитрий Донской «әскер жинау үшін» жан сауғалап, аулаққа қашқан.
Халқы абыржып, дүрлігіп отырған Москва түбіне Тоқтамыс 1382, 24 август күні келіп жетеді. Шаһар екі тәуліктен соң 26 август күні құлайды. Орыс тарихында сонау Қалқадан бері келе жатқан ақталма сылтау – «арам уәдемен алдап алыпты.» Қала біржола қирап, өртеніп, талауға түседі, қаншама халық қырғын табады. Бұдан соң Тоқтамыс Серпухов, Коломна, Владимир, Суздаль, Переяславль және үлкенді-кішілі тағы бірнеше қаланы жаулап алыпты. Бас көтермек, анығы – әлін білмей, халқын аямай, қисынсыздан қырысқан Мәскеу кінәзін тәубаға түсірген қанды жорық осымен тәмам болды.
Енді ғана есі кіріп, Ұлұғ Ұлыс өкімін сөзсіз мойындаған Дмитрий Иванович келер жылдың басында Ордаға үлкен ұлы Василийді жіберіп, бағыныш шартына сәйкес бекім жарлық алыпты. Және соңғы екі жылдың салығын еселеп төлейді.
Сонымен, Орыс мәселесі біржола шешілгендей көрінеді. Қайткенде, бұрнағы заман үлгісімен, толық бодандық.
4
Ұлұғ Ұлыстың байырғы аумағын ғана емес, ежелгі күш-құдіретін де қалпына келтірмек Тоқтамыс хан бар тарапта белсенді әрекетке көшеді.
Ең әуелі, 1383 жылы Хорезм уәлаятына басып кіріпті. Шыңғыс хан заманынан бастап, Жошы ұлысының ажырамас бөлігі саналған Хорезм жаппай Бұлғақ басталған 1361 жылы дербестікке ұмтылған. Өзін өзі билемек сепараттық ниет қана емес, Еділ бойындағы қым-қуыт тартыс, жалпы жұртты қырғынға, күйзеліске ұшыратқан қырық бөлек соғыстан сақтану, аулақ тұру амалы. Аталары Өзбек ханның туған қызынан таралатын алпауыт Суфи әулеті Ежелгі Хорезмді тәуелсіз ұлыс деп жариялайды. Және бүлік пен апаттан тыс ғұмыр кеше бастаған. Алайда, 1379 жылы Хорезм өлкесін Ақсақ Темір жаулап алып, Шағатай ұлысының қатардағы бір уәлаяты деп жариялайды. Енді Тоқтамыс Жошы мемлекетінің бұрнағы, дәстүрлі құрамына қайтаруға тиіс еді. Тұрғылықты халық та өткендегі, біршама еркіндік заманын аңсап отырған. Тоқтамыс Ақсақ Темірдің уәлаят шегіндегі азды-көпті әскерін қиратып, Хорезм өлкесін Ұлұғ Ұлыс дәргейіне келтіреді және ілкіде ғана биліктен тайған әулет өкілі Сүлеймен Суфиді әмір етіп тағайындапты. Бұл кезде Шағатай әскерінің бір бөлігі – Иран, енді бір бөлігі Моғолстан жорығында жүрген. Ақсақ Темір қолма-қол жаңа бір майдан ашудан тартынады. Ақыры, бабын тауып, арада төрт жыл өткенде ауыр шапқын ұйымдастырады. Әйткенмен күшті қарсылыққа ұшырапты. Орталық шаһар Үргеніш табандап, берік тұрады. Міне, осы кезде дию-перінің жаңа бір мінезі көрініс беріпті – Ақсақ Темір Жейхұн-дарияның қадым заманнан бергі берік бөгенін бұзып, ғажайып шаһарға, алып шаһарға топан су қаптатады. Хорезм шахтарының заманында қалыптасып, ешқашан салтанаты бұзылмаған байтақ қаланы тұтасымен дүлей тасқын басыпты. Қорғаныс әскері ғана емес, барша жұрт ғарық болады. Ғажайып ғимараттары иін тірескен байсал, сәнді, сәулетті шаһарда небәрі екі-ақ құрылыс аман қалған екен. Мұның бірі – Өзбек хан тұсында сәулетті, әйдік жұма мешітімен бірге тұрғызылған «Құтлұғ-Темір мұнарасы», екінші – ХІІ ғасыр ескерткіші – Текеш шахтың күмбезі. Дөңестеу жердегі мұнараның етегін ғана су шалса керек, ол да осы төңіректегі, кезінде Түркен-қатын орнатқан, қыпшақ үлгісіндегі күмбездің конус кейіпті төбесі ғана қалып, тұтас бойын лай-топырақ басыпты. Шыңғыс хан заманындағы әйгілі шапқын емес, осы кейінгі, Ақсақ Темірдің қырғыны мен топан кезінде болған керемет. Текеш шах күмбезі ғана емес, байтақ қала тұтасымен лай-топырақ астында қалды. Мен 1995 жылы Көне Үргеніш аумағына арнайы барған сапарымда Текеш шахтың күмбезі жағалай, дөңгелете қазылып, іргесінен бастап аршылып жатыр екен, ал ежелгі шаһар орны – оңды-солды әлденеше шақырымға созылған құм мен топырақ астында жатқанын көрдім. Бүгінгі Түркменстан шегі. Кемі бес алты Помпей. Аршылмаған, тым құрса кейбір тұсында археологиялық зерттеу, қазба жұмыстары жүргізілмеген. Әлбетте, болашақ ісі. Және алыс-жақындағы бес-он жыл емес, Хорезм мен Алтын Орда тарихын айғақтай түсетін, әлденеше ғасырлық шаруа.
Хош. Үргеніш-Хорезмнің ақырғы апатынан бұрнағы жағдаятқа қайтып оралсақ, Алтын Орданы әуелгі қалпына жеткізу әрекетіндегі кезекті қадам – 1386 жылы тұрақты иелік – шекаралық Қапқаз тарабына бағытталады. Тоқтамыс хан Дербенттен өтіп, Ширван өлкесіне басып кіреді. Тезінен астана Тәбрізді алып, Түстік Әзірбайжанды ғұзырына қаратыпты. Жәнібек ханнан соң, осымен екінші рет. Яғни, Терістік Әзірбайжанмен қосып есептегенде, бүткіл, біртұтас Әзірбайжан. Мейлінше масаттанған Тоқтамыс осы Тәбрізде өз атынан ақша шығара бастайды және «ғаділ сұлтан» анықтамасына «бахадұр» деген айқындама жалғайды.
Әрине, Жошы ұлысының ескілікті бір мұраты орнына келгендей көрінеді. Ал ашуға мінген Ақсақ Темір Ширван өлкесіне жауынгер ұлы Мираншах бастаған мол әскер жіберіпті. Алайда, бетпе-бет ұрыста Мираншах жеңіліске ұшырайды. Осыдан соң Ақсақ Темірдің өзі негізгі күштерімен аттанады. Әйткенмен, үлкен майдан болмайды. Басты мақсатына жеткен Тоқтамыс ат басын кері бұрыпты. Елге қисапсыз олжа және тоқсан мың тұтқынмен оралды дейді. Алайда, Түстік Әзірбайжан осымен екінші рет, бұл жолы біржола қолдан шыққан еді.
Тоқтамыс хан тыным таппайды. 1387 жылы күзде Мәуреннахрға басып кіреді. Ақсақ Темірдің ұлы, өлкені ұстап тұрған Омар-Шейхтың бар әскері талқан болады. Бұдан соң Ұлұғ Ұлыс жасақтары Мәуреннахр аймағын шапқынға ұшыратыпты. Енді, бұл кезде Иранда жүрген Ақсақ Темірдің өзі, бар әскерімен Орталыққа асығады. Тоқтамыс шешуші, үлкен ұрыстан тайқып, кері қайрылады. Алтын Орда, оның ішінде хандар тарихының білгірі Р.Почекаев: «Тоқтамыстың бұл шегінісі, бәлкім, Ақсақ Темірмен аралық қақтығыс кезеңіндегі ең үлкен қателігі шығар. Бұл жолы ханның Шағатай әмірін бар үстемдігінен айырып, [түпкілікті] қиратуға мүмкіндігі болып еді…» – деп жазған. Ақсақ Темірді асыра бағалау ғана емес, өзінің, яғни Ұлұғ Ұлыстың қазіргі күш-қуатын толық танымау нәтижесі деп нақтылар едік. Ендігі заманда жыртқыш жихангерге тоқтау салу қиындай түскен. Бүткіл Мәуреннахр оқшау майданда қалды, Ақсақ Темір әуелі осы тараптағы наразылық атаулыны біржола жаныштайды, бұдан соң, ілкіде жазғанымыздай, Хорезм уәлаятын біржола талқандайды.
Ұтымды мезетін өткеріп алған, Хорезмнен және айрылған Тоқтамыс хан 1383 жылы Шағатай ұлысының шегіне тағы да басып кіреді. Осыдан біраз бұрын Ақсақ Темірдің қолына көшкен Сауран шаһарын қоршауға алыпты. Берік қамал ішіне бекінген мол әскер барлық шабуылға төтеп береді. Тоқтамыс тек Яссы – Түркістан қаласын ғана қайыра бағындырыпты. Бұл кезде Мәуреннахрдың ішкі аймақтарына қарсы шапқынға шыққан әскердің бір бөлігі Сыр-дария, Зарнұқ түбінде тойтарыс алады. Ақсақ Темірдің қызметіне кірген Құтлұғ-Темір оғлан бастаған жасақ екен. Ендігі жорық ұзақ майданға ұласпақ. Бұл екі ортада қыс түскен. Тоқтамыс Сейхұн бойынан кері шегінеді. Бөгелмей, астана Сарайға қайтып оралады.
Ал Ақсақ Темір белсенді қимылға көшіпті. Ілкіде ғана қолдан шыққан Түркістан аймағын қайтарып, одан әрмен шабуылдап, сол беті Көк Орда астанасы Сығнақты басады. Бұдан соң Ұлұғ Ұлыстың одақтасы Моғолстанға келіп кіреді. Осы кезекті жорық барысында елді берік тұтып отырған қайсар бас уәзір, дулат Қамар-ад-Дин беймәлім жағдайда біржола жоғалыпты. Тәрізі, қазаға ұшыраған. Әскері қираған Қызыр-Қожа хан ақыры кіріптар бітімге тоқтайды. Ендігі бір қуатты одақтас – Мысыр сұлтаны Барқұқ ел ішіндегі тайталас күреске шырмалып жатыр. Османлы түрік Баязидтің бар назары Батыста.
Тоқтамыс Шағатай империясымен бірме-бір қалды. Алайда, ел-жұртына, күш қуатына сенімді. Және көңілінде қатер жоқ екен. Ақсақ Темір батылы барып, айбынды Ұлұғ Ұлыстың орталық аймағына қарсы тікелей жорық ашады деген ой елес бермеген.
Әйтсе де, қанды қырғын, бұрнағыдан өткен ғаламат соғыстар келе жатқаны анық еді. Алтын Орда мен Ақсақ Темірдің жаңа империясының аралығында бітіспес алалық тұрған. Әуелде геосаяси өрістен бастау алған қайшылық күн озған сайын шиелене, күрделене түсіпті. Бұрнағы қуаты қайтса да, кеудесі жоғары Жошы ұлысы өзінің өмірлік мүддесі ғана емес, ежелгі есесін толтыру үшін күрессе, әлемнің бұрынғы-соңғы тарихында теңдесі жоқ жалмауыз Ақсақ Темір төңірегін түгел тыйпыл қылып, жер-дүниені жайпау үшін ғана ғұмыр кешкендей. Және барлығы дерлік ағайындас көршінің есебінен. Осыдан біраз бұрын ыдыраған Құлағу ұлысы – нешеме бөлек Иранды басып алу – Алтын Орданың түстік тараптағы өрісін шектеумен қатар, өмірлік мүддесіне де қатер төндіретін. Ал ішкі жұрт – Көк Орда тікелей шапқынға ұшырады, басты қалалары кіріптар жағдайға түсіп, жиын халқына қаншама залал келді. Қайыра жауланар, орны толар, ал Шыңғыс хан заманынан бері Жошы ұлысының құрамындағы Хорезм уәлаятының біржола оңалуы неғайбыл. Халқы ойсырай қырылды, ғажайып Үргеніш шаһарының үйінді топырағы да қалған жоқ – тұтасымен жер астына кетті. Орны толмас қаза…
Алда бір қала емес, бір аймақ емес, он, жүз қала жойылып, тұтас патшалық апатқа ұшырауға тиіс еді.
Қалай таразыласаңыз да, кездейсоқ жағдай – жын-шайтан, дию-пері араласқан тозақы апат деп айтар едім…

ҚҰНДЫЗШЫ

Кетпек тастағы тарихи таңба; шағатай тілінде, жиыны он бір жол:
«1. Бисмиллаһ ир-рахман ир-рахим
2-3. [дұғаның жалғасы]
4. тарих жеті жүз тоқсан үчінта қой
5. жыл жазнын ара ай тураннын султаны
6. теміир бег уч жүз мин чериг била ислам учун тоқтамыс қан бұлғақ
7. қанықа жоріді бу жерка жетіп белгу болсун дип
8. бұ обаны қопарды
9. танрі нисфат бергай инсала
10. танрі ил кісіга рақмат қылғай бізні дууа біла
11. жад қылғай»
Емле, тыныс белгілерін қалыптап, қазіргі қазақ тіліне нақпа-нақ қотарсақ:
«1-3. (дұғалықтан соң)
4. Тарих жеті жүз тоқсан үшінші, қой
5. жылы, жаздың аралық айы, Туранның сұлтаны
6. Темір бек, үш жүз мың шерікпен, ислам үшін, Тоқтамыс хан – бұлғақ
7. ханына [қарсы] жүрді, бұл жерге жетіп, белгі болсын деп,
8. осы обаны тұрғызды.
9. Тәңірі ықылас бергей, иншалла,
10. тәңірі ел-жұртымызға рақым қылғай, бізді дұғамен
11. жадында сақтағай!»
Бұл – Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға қарсы сұрапыл жорық жолы, 1391, жазғытұрым, Ұлытау етегінде аял қылған кезінде жеке бір кесек тасқа таңбалап қалдырған тарихи жазбасы.
Алғаш рет 1935 жылы, жас геолог, болашақта Қазақстан Ғылым акаде­миясының президенті, ССРО Ғылым академиясының толық мүшесі, совет заманындағы ең үлкен марапат – Лениндік сыйлық лауреаты Қаныш Сәтбаев әйгілеген. Ұлытаудың терістік-батыс баурайы, шамамен он-он бес шақырымдай, Алты-шоқы (кейінгі әдебиетте жазылып жүргендей Алтын-шоқы емес) деген жерде. Мен 1990 жылы , Ұлытау, Едіге биігінен соң, жергілікті жігіттердің бастауымен арнайы барып едім. Шағын-шағын, жатаған, шошақ төбешіктер арасында, өрлеуіт беткейде тұрған, биіктігі кеудеден, күргейлене қаланған, аумағы он екі қадам да алты қадам, ортасы ойыс, бітімі ерекше, шағын қорым; үлкендердің айтуынша, түсініксіз таңбалы, ұзыншақ, кесек тас ешқандай бекімсіз, осы үйме үстіне қойылған екен. Араб емес, кейінде анықталғандай, көне ұйғыр-түрік жазуында. Қанекеңе бұрнадан білетін қарттар көрсеткен. Оқымысты болғанымен, бұл кісі де танымайды, бірақ аса мәнді, ескілікті мұра деп, шамалап, Ғылым академиясына хабарлаған. Көп ұзамай, Ленинградтағы Эрмитажға жеткізіледі.
Мұны да көрдім. Екі, әлде үш рет. Кезінде Түркістан Тайқазанымен бір залда тұрды. Бұған дейін әлденеше мәрте оқылып, негізгі мәтіні ғылыми айналымға түскен.
Біз үшін Алтын Орданың әуелгі жаназа құлпытасы есепті…
1
«Мен – Туранның сұлтаны Темір бек, бүлікшіл Тоқтамыс ханға қарсы аттандым. Үш жүз мың шерікпен. Ислам діні үшін!…»
Бар ғұмырын жер әлемдегі ислам қауымының сағын сындыру мақсатында, түрік жұртын қырып-жойып, жер бетінен көшіру қарекетінде өткерген, ғайри дін атаулының жақтасы, Батыс мемлекеттердің мейлінше күшейіп, бүткіл әлемді жаулауына жол ашқан әшшады жендеттің жүрекжарды сөзі екен.
Үш жүз мың әскер! Шыңғыс ханның өзінің туы астында бір мезетте болмаған, жер қайысқан қалың қол.
Мұншама әскер қашан, қалай құралды дегенге келсек, Ақсақ Темір үнемі, тынымсыз соғыс үстінде. Жүз-жүз елу мың шерігі тікелей қарауында, сақадай сай. Әйтсе де, Қыпшаққа жорық үшін бұл қисапсыз әскерді екі еселеу керек еді.
Бастапқы, Самарқандтан аттаныс, әлбетте, қолда тұрған жүз елу-екі жүз мың шерікпен. Шараф ад-Дин Йазди Ташкент түбінде Хорасаннан [көп] әскермен Темірдің үшінші ұлы Мираншах келіп жеткенін айтады. Қалың қолдың біршама ұйысқан жері. Бұдан соң, Низам ад-Дин Шами Қара-Саман (Қараспан) дейтін жерде Темір барлық ұлықтарын, әскердің алды-артын жинақтады, деген.
Сонымен, ұлан-асыр жорықтың бастауы – Самарқандтан, 793 жылы, 15 сафар күні (1391, 22 январь) – Низам ад-Дин Шами бойынша. Сыр-дариядан қалқыма көпір арқылы өтіп, Ташкент түбінде біршама аял қылады. Бірер аптадан соң Отырардың түбі, Қараспан қырқасына жетеді. Қарлы-жаңбырдың артын күткен, амалсыз кідіріс.
 Міне, дәп осы арада Тоқтамыс ханның елшілері алдан шығыпты. Әлбетте, бұдан бірер ай бұрын қозғалған – жапай аттаныс, күтпеген жорық жайын естімеген. Енді өз көздерімен көрді.
Ақсақ Темір биік мәртебелі елшілерді құрметпен қарсылауға бұйырыпты. Осыған орай, ұлықтар елшілерді жайлы тұраққа орналастырып, күтім жасайды.
Ұлұғ Ұлыс елшілері қастерлі қабыл кезінде рәсімге сай тізе бүгеді. Сияпатқа қыран құс және тоғыз арғымақ әкелген екен. Ақсақ Темір тұйғынды қолына қондырады – ықылас белгісі, тәбәрікті де қабыл етеді. Елшілер сарай ұлықтары арқылы Ақсақ Темірге Тоқтамыс ханның жолдамасын тапсырыпты.
Хат мазмұнын жихангердің ресми тарихшысы Низам ад-Дин Шамидің баяндауы, кейінгі Шараф ад-Дин Йаздидің қайталауы бойынша, сөзбе-сөз, нақпа-нақ қабылдауға болмас. Күні кеше ғана тепе-теңдей майдан ашқан айбынды жұрт Алтын Орданың ханы тым төменшік, өткендегі жарамсыз істері үшін кешірім сұрайды, құлдық ұрады. Анығы – екі аралықта әлденендей түсінбестік болғанын алға тартып, ендігі заманға татулық сұраса керек. Иә, Жер әлемдегі алпауыт екі елдің бейбіт бірлігі туралы ұсыныс. Осыған орай, Ақсақ Темірдің өз кезегінде Тоқтамысқа бірталай кінә артуы анық. Алайда, ат кекілін кескен, бітіспес жаулық, жаңа майдан жайында сөз жоқ.
Енді Ақсақ Темір ақыр түбі алмағайып жорық жолын тежеу турасында ойланып қалған сияқты. Өйткені, Тоқтамыс елшілерінің құрметіне үлкен мереке жасайды, бас елшінің иығына шапан жауып, беліне құшақ буындырады.
Арада екі-үш күн өткен соң барлық әскербасы мен ұлықтар түгел шақырылған құрылтай ашыпты. Әлбетте, алдағы аттаныс турасында түпкілікті ақылдас. Құрылтай, қайткенде жорықты одан әрі жалғастыру туралы шешім шығарады.
Бұдан соң Ұлұғ Ұлыс елшілеріне көзқарас та бірден өзгеріпті. Ақсақ Темірдің әуелгі, мәртебелі қабыл кезінде Тоқтамыс ханға қарата айтылған сөздері сол жерде қалды. Елшілер өз жұртына қайтарылмай, тұтқынға алыныпты. Әскермен бірге жүрмек. Кейінгі тағдырлары белгісіз.
Қараспан, Отырар, Саураннан кейін тағы он бес күн шеру тартты дейді. Ен дала ретінде сыпатталған. Аңызақ шөл. Сусыздан қаншама көлік ұшты, дейді. Жорық жолын қиындатып суреттеудің әдепкі бір көрінісі. Шындығында бұл алқап – өзен-жылғалы, көк шалғын, нулы жер – Қаратаудың түстік беткейі. Қазіргі қурап тұрған заман емес. Мұғал төбелерді батыс ұштығынан айналып, Шудың етегі, Телі-көлге түсуге тиіс. Бұдан әрі – ұзын аққан Сары-су. Ақсақ Темір тарихшылары Сарығ-өзен деп жазады. Арғы заманда дәп солай аталған. Жұмадил-әл-әууәл айының 1 жаңасы, бүгінше 6 апрель. Тәрізі, азғана тыным; мол суды біраз өрлеп барып, ақыры батыс жағалауға өтіпті.
Дәп сол күні, өз жұртынан бас сауғалап, енді Ақсақ Темірге қосшы болып келе жатқан, кейінде атақты Едіге бидің екі нөкері түн жамыла қашып шығады. Әлбетте, қамсыз жатқан қалың елге жау шапқан хабарын жеткізу үшін. Әрине, қос ат, үш атпен. Таң ата, немесе сәскеде жоқтаса керек. Ақсақ Темір соңынан жіберген қуғын ізін шалмай, бос қайтыпты. Бұл – 9-10 апрель шамасы.
Ендігі жол біршама жеңіл, Сары-суды өрлей жүріп, 26 апрель күні Кішітауға ілінеді. Арада екі күн өткенде Ұлытаудың етегіне жетіпті.
Көңілі қуанышқа толған Әмір-Темір биік басына шығып, кең далаға көз салды, дейді. Сақара гүл жазира, көк толқын екен.
Бір күндік аялдан соң Темір әскеріне кесек тас жинатып, биік белгі тұрғызады. Және бедізші мамандарға тас бетін қашап, осы ғаламат жорық жөнінде ескерткіш жазу қалдыруға жарлық берді, деген. Нақты күні – 27 апрель, 1391.
Кейін ғылымда шартты түрде «Қарсақбай тасы» аталған әйгілі таңба – осы. Әуелгі Шами де, кейінгі Йазди де жазудың мазмұн нұсқасын қалдырмаған. Айттық, арада аз-кем емес, бес жүз қырық төрт жыл өткенде, 1935 жылы, Қаныш Сәтбаев әйгілеген атақты мұрағат. Ақсақ Темір тарихшылары жазғандай, Ұлытаудың басы емес, биіктен шамамен 15-20 шақырымдай, аласа, шошақ, шағын төбешіктер басқан Алты-шоқы деген жерде. Таңбалы тас кетті, эллипс кейіпті, кісі бойына тауау қорым қаз-қалпы, өз орнында тұр.
Ұлытаудан соң Жыланшық деген жерге жетті, дейді. Азғана тынымнан кейін, қазір де осы атаудағы өзеннен өтіп, сегіз күн дегенде Анақарақойын (Шами), әлде ұқсас таңбалы Қарағұй (Йазди) және Атақарағұй (Мирхонд) деген жерде (қазақ тарихшысы М.Әбусейітова, бүгінде Қостанай өңіріндегі «Аманқарағай» болса керек деп шамалайды) аял қылады.
Бұл кезде Ақсақ Темір армиясының жолайғы азық-түлігі сарқылып, таза ашаршылық болмаса да, тарыға бастаған. Ақсақ Темір халқы тығыз, жері қусырыңқы Шағатай ұлысында мүлде дерлік ұмытылған, бірақ Көк Ордада байырғы дәстүрлі, қамажау аңшылық ұйымдастырады. Жұмадаил-әл-ахир 1, сенбі күні (6 май, 1391) басталыпты. Бұл деген – кең даланы барлық аяқты аңымен қоса, алыстан қоршалап алып, бірте-бірте сығымдап, ортада, тар жерде қалған адал жануар атаулыны атып, шанышып алу ғой. Екі күндік қамажауда қаншама қоңыр аң тұзаққа түсті, дейді. Қисабына сан жетпейді. Бұғы, киік, басқа да түз тағыларымен қатар, бұрнада көз көрмеген, аса ірі, бұйволдан да үлкен, бұлан (қандағай) дейтін аң… Олжаның молдығы соншама, біздің әскер тек семіздерін ғана таңдап, жаратпаған соншамасын далада қалдырды, деген.
Аш әскер есін жиды, ет-азық молшылығына қол жетті.
Қамажау аңшылықтан соң қарны құрсақтанып, бірер күн тыныққан, енді жазық, кең далаға қосын-қосынымен түзем құрған қалың әскер арнайы байқаудан өткізіледі. Арғымақ атқа мінген жихангер – қолбасы әмір, қосшы нөкерлерімен бірге аралай жүріп, бар жағдаймен танысады һәм ризашылық білдіреді және өзі де қаншама қошамет көрді, дейді. Әскердің көптігі соншама, байқау тура екі күнге созылған екен.
2
Назар аударарлық бір жағдаят – Йассы, Саураннан соңғы екі жарым айлық шеру кезінде ешқандай елді мекен, бейбіт ауылдар ұшыраспаған сияқты. Бұл тарапта Шу мен Сыр бойын қыстайтын Көк Орда жұрты әзірше жазғы жайлаудан тартынған, тәрізі, қалың әскердің дүмпуін алыстан аңдап, Көш жолына түспеген. Ақсақ Темір де Ұлытаудан соң елдің жиын жері Жайыққа қарай – батысқа емес, тұпа-тура терістік тарапқа бет түзегенін көреміз.
Қамажау аңшылық, азғана аялдан соң, 12 май күні немересі Мұхамед-Сұлтаншахты маңдай қосынға шығарады. Бұған дейін Қыпшақ тарабының ешқандай елесі байқалмаған. Алға озған барлаушы жасақ екі күннен кейін бес-алты жерден әлі де бықсып жатқан ошақ орнын көреді. Арттағы Ақсақ Темірге хабар салынады. Жаңа жарлықтан соң бірсыпыра әскер ізге түсіпті. Шапқыншылар күні-түні суыт жүріп, Тобыл өзенінен өтеді. Сол жерде бес-он емес, алпыс-жетпіс от орнын табады, алайда, тақау төңіректе тірі жан байқалмайды.
Бұл кезде Ақсақ Темірдің өзі бастаған қалың қол да алғы лекке келіп қосылған екен. Әлі де қарсы жақтың ешқандай дерегі жоқ.
Ақыры, озғындап аттанған барлау тобы әуелде иендегі бірнеше жадау лашықтан ұзаған бейсауат малшыны тұтады, бұдан соң, орман ішіне қамсыз жатқан оншақты кісілік қарулы, шағын топты төбесінен басып, кейбірін өлтіріп, кейбірін тұтқынға алады. Аңдап қарағанда, бұл топтың Тоқтамыс әскеріне ешқандай қатысы жоқ, бар жағдайдан хабарсыз, бейсауат біреулер екені танылар еді. Бірақ әуелгі малшы да, кейінгі жарақты кісілер де тегіс өлім табады.
Осыдан соң тура батысқа бет түзеген Ақсақ Темір жұмадаил-әл-ахир айының 24 жұлдызында (29 май, 1391) Жайықтың жағалауына жетіпті. Жолбасшы айтты дейді: «Бұл тұста Жайықтың үш өткелі бар: бірі – Айғыржал аталады, екіншісі – Бөрі-кешу, үшіншісі – Шаппа-кешу», депті. Ақсақ Темір: мұның үшеуі де қолайсыз, арғы бір қалтарыста жау әскері тосып жатуы ықтимал, кешу кезінде шабуға мүмкін, дейді. Сөйтіп, бірталай жоғары өрлеп барып, қауіп-қатерсіз бір тұста, таң ертемен Жайықтан өтеді (1 раджаб – 4 июнь). Бар әскер арғы қабаққа шыққанша, Ақсақ Темірдің өзі сырттан байқастап тұрды, дейді.
Осы кезде шалғыншылар көлденеңнен үш тұтқын әкеледі. Кіріптар мүскіндер турасын айтыпты. Тоқтамыс хан мүлде бейхабар еді, жақында Едігенің екі нөкері қашып келіп, қисапсыз әскер шыққанын жеткізді: Тоқтамыс хан оттай жанып, бар тарапқа шапқыншы жіберді де, қазір Қырық-көлде, Оң мен Солдан әскер жинақтап жатыр, депті. Тұтқындар қолма-қол қылышқа шалынады.
Тоқтамыс ханның тым жақын екені белгілі болды. Ақсақ Темірдің түнгі қоналқаға аялдаған қалың әскері мыңдаған қарауыл қойып, алдан ор қазып, төңірегін түгел тұйықтап, үйреншікті, қажетті сақтығын қамдайды. Және кейінгі жүрісте де, әрбір кеште осындай қорғаныс, сақтық шаралары жасалып отырды, дейді.
Ертемен ілгері, Қырық-көлге барлау тобы аттанады. Қалың қолдың сұлбасы да жоқ екен. Шами мен Йазди мол әскер деп сыпаттағанымен, әлде бірер жүз, әйтпесе небәрі қырық кісі. Ешқандай қатер күтпеген және қарсылық жасап та үлгермепті. Осы, қырық аламанды ұлы мәртебелінің алдына жеткізді, дейді. Нақты жауап: Тоқтамыс хан барлық әскер Жайықтың ішкілігі, Қырық-көлге жиналсын деп жарлық шашқан екен, қадарымызша қамданып жеттік, ханымызды да, әскерімізді де уағдалы жерден таба алмадық, төңіректі байқастап, енді қайда барамыз деп тұрғанда, жан-жақтан қоршап алып, тұтқынға түсірді, деседі. Яғни, Тоқтамыс қанша әскермен болса да, жау жақындаған кезде орын аударып кетіпті. Мына, кешігіп жеткен аламандар қаруларын сайлап та үлгермеген. Бәрібір жазықты. Тиесілі ақпарын алғаннан кейін, жамсатып салады.
Енді Ақсақ Темір жаудың қай шамада жинақталып тұрғанын және саны қанша екенін айқындау үшін әжептәуір әскер бөліп, алға шығарады. Бірден-ақ Тоқтамыстың шалғыншы тобының қарасыны байқалыпты. Алайда, күтіп тұрмайды, әр тұстан бұлаңдап елес беріп, ұзай береді. Ауа райы жайсыз, қарлы жаңбыр. Осылайша, арада бес күн өтті дейді, алтыншы күні қалың әскер, шын мәнісінде Тоқтамыс жасағының алғы бір, сайма-сай жасағы қыр басынан көрінеді. Және жөңкіле төмен түсіп, тікелей шабуыл бастайды. Әуелде біршама алыстан садақпен атқылапты. Бұдан соң тікелей шабыс. Ақсақ Темірдің сенімді серіктері қатарындағы Еке-Темір қазаға ұшырайды. Және тағы бірнеше белгілі әмір. Мұндай ірі әскербасылардың өліміне қарағанда, екі әскердің маңдай лектері беттескен, әжептәуір үлкен қақтығыс болғаны аңдалады. Осы бір сәтсіз шайқастан соң жихангердің жеңімпаз әскерін үрей биледі, қатерден қорқып, түнде тынышынан айрылды, деп жазған Мирхонд. Еке-Темірдің өлімінен соң барша жұртты үрей буды, депті Хондемир.
Тоқтамыстың шалғыншы топтары қара үзіп ұзамайды, күн сайын елес беріп, жау әскерін кең дала төріне жетелей беріпті. Ақыры Әмір-Темір, төңірегімен ақылдаса келе, бір ұлы Омар-Шайх мырзаны 20 мыңдық жасақпен алға шығарады, дейді. Қайткенде үлкен ұрысқа жол ашу қажет еді.
Келесі күні екі әскердің алғы топтары тікелей ұрыс бастағаны туралы хабар жетеді. Енді Ақсақ Темір бүткіл шерігімен майдан даласына беттейді.
Шешуші шайқас хижраның 793 санаты, рәджаб айының 15 жұлдызы – миләди 1391 жыл, 18 июнь күні өткеріледі. Еділдің Самар иінінен жоғары, дарияның сол жағалығына тақау, Құндызшы өзенінің бойында.
3
Ақсақ Темір әскерінің жиын саны белгілі. Қарсақбай-Ұлытау тасында нақты айтылған – үш жүз мың. Әуелде мұншама ірі санға дауаламай, «екі жүз» деп, жаңсақ оқығандар болған. Оның үстіне, кейбір тарихшылар да тым көп көрген. Шындығында, екі жүз мың – Алтын Орда кейіпті асқаралы елге жойқын жорық үшін жеткіліксіз, Ақсақ Темір қолдағы бар күшін сарқа пайдалануға тиіс еді. Оның үстіне, кейін оңдап оқылғандай, шынымен-ақ үш (уч) жүз мың.
Ақсақ Темірдің ресми тарихшылары Тоқтамыс та осыншама әскер шығарды, деп жазған. Тіпті, бұдан біршама көп. Екі жақ қарама-қарсы беттескенде, анық байқалды деседі. Рас, Ұлұғ Ұлыс та үш жүз мың шығара алар еді, алайда, дәп осы ретте мүмкін емес жағдай.
Едігенің отаншыл екі нөкері, бастарын қауіп-қатерге байлап, жорық жолындағы жау әскерінен қашып шыққаны – Сары-өзеннен өткен соң, шамасы 10-12 апрель. Құндызшы ұрысындағы беттес – сол жылдың 18 июні. Аралық меже – 65-67 күн. Екі нөкер ел шетіне жетіп, дабыл көтеруі үшін кемі жиырма күн керек. Сонда 45-50 күн қалады. Небәрі бір жарым ай. Тоқтамыстың әскер құрауы үшін берілген мүмкіндік шегі.
Оның үстіне, бұл кезде мұз бұзылып, жаз шыққан. Еділ-дарияның арғы бетінен – Қапқаз бен Таң, Үзе бойынан әскер түсіруге мүмкіндік жоқ. Уақыт және тығыз. Яғни, Еділдің шығыс – сол жағалығы және Жайық бойы мен Сыр-дарияның етегінен ғана әскер тартуға тиіс. Түстіктегі Хорезм мен Көк Орданың шығыс атырабы да тым шалғайда. Егер осыдан небәрі он жыл бұрын Тоқтамысты үлкен таққа жеткізу үшін бүткіл Көк Орда қосындарының түп көтеріле аттанғанын, жалғас заманда байтақ ұлысты бірлікке келтіру, ендігі, ішкілікті және сыртқы дұшпан атаулыны жасқау үшін қаншама жасақ хан қасында қалғанын ескерсек, біз санатқа қосып отырған Жайық пен Сыр бойының көмегі де шектеулі. Сонда негізгі қарасын – Еділдің сол қабағы – Сарай-Жәдид пен Гүлстан, Бұлғар ғана болып қалады.
Айттық, ең қиыны – уақыт тар еді.
Яғни… Құндызшы ұрысында Ақсақ Темірдің жер қайысқан үш жүз мың шерігіне қарсы тұруға тиіс Ұлұғ Ұлыс қарулы күштерінің жиын саны жүз мыңнан аспауға тиіс. Анығы – оған да жетпейді. Біз асса жетпіс-сексен мың деп шамалар едік.
Алайда, Алтын Орданың кеудесі биік. Әскері жаужүрек. Бір заманда бес-он мыңы – қырық-елу мыңды, жиырма мыңы – жүз мыңды талқандай берген.
Рас, бұл жолғы жау – өз ағайындары. Әскери мектебі ортақ. Алайда, ұрыс тәсілдерінде жаңалық бар деседі. Сонда да қиратып салу мүмкін екен. Майдан барысынан анық аңдалады.
4
Ресми тарихшы Шараф ад-Дин Йазди Ақсақ Темір әскерінің ұрыс алдындағы құрылымын бажайлап жазған. Оң қолды ортаншы ұл Мираншах басқарады. Сол қол – тағы бір ұл – Омар-шайхтың ғұзырында. Орталық қол – Ақсақ Темірдің мезгілсіз өткен үлкен ұлы Жихангерден туған сүйікті немере, тақ мұрагері саналған Мұхаммед-Сұлтан-шахқа тапсырылған. Өзінің тікелей қарауында – жиырма қосын (шамамен бір түмен) қалды дейді. Шеткері қамбұл – оң қанат пен сол қанатта, артқы тұтқауыл жасақта тағы да әйгілі әмірлер мен абыройлы, талай майданнан өткен атақты қолбасылар.
Йазди сонымен қатар, Тоқтамыс әскерінің басты тұлғаларын да атап шыққан. Бұлар: Таш-Темір-оғлан, Бек-Йарық-оғлан, Илығамыш-оғлан, Бек-Болат-оғлан, Әли-оғлан, Женте-оғлан – түгелдей Шыңғыс хан – Жошы хан әулетінен. Төре текті оғландарға жалғас: Ғали, Сүлеймен-Софы-қоңырат, Наурыз-қоңырат, Ақтау, Ақ-Бұқа, Орұсшық-қият, Едігенің ағасы Иса-бек, Хасан-бек, Сарай, Көке-Бұқа, Йағлы-би-барын, Қоңыр-би есімдері аталады.
Бұл оғландар мен бектер бастаған жау әскерінің көптігі соншама, санап болмайды, дейді. Ал ұрыс алдында жазыла шеп құрғанда, жихангердің әскерінен екі қанатта да озып тұрды, деген. Әлбетте, артық сөз. Ақылға сыйымды деректер негізінде нақталап, Тоқтамыс әскері Ақсақ Темір әскерінен үш-төрт есе кем болғанын айттық.
Қиян-кескі ұрыс басталып кетті. Екі тараптан қатарынан шыққан дабыл жаңғырығы мен шың дыбысы, ат тұяғымен астас айқай мен сүреннен аспан айрылғандай. Ұлұғ Ұлыс әскері бірден-ақ шабуылға көшеді. Қарсы бет қана емес, қос қанаттан айналып.
Шыңғыс хан заманында, анығы, одан көп бұрын, Қағанат кезінде қалыптасқан, беріде Бабұр бажайлап сыпаттайтын «Толғама» тәсілі. Арыда түрік-татар, кейінде түрік-қыпшақ жасағы, санының аз, көбіне қарамастан, әскердің бір бөлшегін қоршамаға шығармақ. Яғни, орағыта шауып, жау жасағының ту сыртына өтіп кетеді. Енді алдан, арттан, қос бүйірден және қусырылған тегеурінді шапқын.
Келер мезетте Оң қанат – Мираншахтан, ізінше Сол қанат – Омар-шайхтан абыржыған, шұғыл шапқын жетеді. Тоқтамыс сыртымыздан орап кетті, деген. Жауынгер сұлдұз руының жасағы түгелімен харап болды, қалғанымыз да қырылып барамыз, деген. Ту сырттан шапқындаған жау алғы жақта да қатарын бұзбай, қаржып жатыр, жағдайымыз ауыр, деген. Шами жанамалап, Йазди нақтылап айтқан ахуал. Мирхонд та жағдайдың аса ауыр болғанын атап көрсеткен. Әйтсе де, жихангердің шешуші әрекеті нәтижесінде майдан шебі тезінен оңалыпты.
Ал Ибн Арабшах деректері Ақсақ Темірдің дағдарысы мен ұрыстағы бетбұрыс себебін мүлде дерлік басқаша баяндайды. Бар әскері қос қанаттан және қақ желкеден жаппай жапырылып, жеке жасақтардың арасы ажырап, енді біржола тозғындауға тақағанда Ақсақ Темір мүлде дағдарып отырды, дейді. Осы мезетте Сайыд Барака дейтін кісі келіп жетіпті. «Уа, құрметті сейіт, менің әскерім қирап жеңілді», – дейді Әмір-Темір. Сонда пайғамбар әулеті сейіт: «Қорықпа да абыржыма!..» – деп басу айтыпты. Атынан түсе сала, жерден бір уыс құмдақ топырақ алыпты. Жау бетіне қарай шашып; «Йағ қачды!» деп айқайлап, атына қайта мінеді. Сейітке жалғаса Әмір-Темір де бар даусымен: «Жау қашты!» – деп ақырады. Міне ғажап, дәп осы кезде шапқындағы жау әскері бетін бірден теріске бұрып, дүркірей қашқан екен.
Ертегі емес, ақиқат шындық. Толық жеңіске жетуге шақ тұрған Тоқтамыс әскерінің ат басын тартып, кері айналып, дүркірей қашуы. Тек Барака сейіттің сиқырлы қимылы мен дуалы сөзінен емес. Ұлұғ Ұлыс қатарындағы жойдасыз сатқындық нәтижесінде.
Қарсы беттегі, Бек-Болат-оғлан бастаған әскербасылардың бір тобы, бар жасағымен, топырлап кейін шегінген. Майдан даласының қақ орта тұсы иен қалыпты.
Әрине, бұл қуысты Ақсақ Темірдің мол әскері қолма-қол толтырады. Енді бар тараптағы қарсы шабуыл. Және толық жеңіс. Ақсақ Темір жағында. Алтын Орда әскері қисапсыз шығынға ұшырайды. Әсіресе, Еділ дарияға тықсырылған Оң қанат. Түгелге жуық қырылып кеткен сияқты.
Тоқтамыс әскерінің жалпы шығынын кейінгі тарихшылар (Мұхаммед Адрианополлы дерегіне сәйкес) жүз мыңға жеткізген. Яғни, жауынгер жасақтың үштен бірі, немесе тең жарымға жуығы. Айттық, майданға түскен Ұлұғ Ұлыс әскерінің жиын саны жүз мыңға да толмаса керек. Ұрыс барысындағы жалпы шығын үстіне, түгелдей жойылған Оң қанат пен Толғамаға шыққан, енді өздері жартылай қоршауға түскен алғы шептің көпшілігі десек, шынында да орасан апат – кемі отыз-қырық мың аламан шәйіт болды. Ал Ақсақ Темір жағы бұдан екі есе қазаға ұшыраған сияқты. Бәлкім, кейінгі тарихи әдебиетте (М.Сафарғалиев) байыпталғандай, анық жүз мың. Және он сегіз түмен-бегі қазаға ұшырапты.
Қайткенде, шапқыншы да ойсырап қалған. Мұның нақты айғағы – Ақсақ Темір үлкен жеңіске жете тұра, астана Сарай-Жәдидке шаппайды. Ұлыстың екінші үлкен қаласы Гүлстанға бет бұрмайды. Ел ішіне де бойлап кірмеген. Еділдің орта ағысы, сол жағалықты ойрандаумен, қисапсыз олжамен шектеліп, дария жағасындағы Ор-төбе деген жерде бірер апталық мереке, жиырма алты күндік тынымнан соң ат басын Мәуреннахрға бұрады.
Құндызшы ұрысындағы жеңіліс себептері туралы кейінгі тарихшылар бірнеше тұжырым айтқан.
Ақсақ Темір мен Тоқтамыс соғыстарының тарихын арнайы зерттеген һәм бұрнада танымы шектеулі жаңа бір нұсқаларды жарияға шығарған татар тарихшысы И.Миргалеев ең әуелгі және басты себеп ретінде шапқынның төтенше жағдайда және күтпеген тараптан басталуын, осыған орай Тоқтамыстың жеткілікті әскер жинап үлгермеуін алға тартады. Анық. Бұрнада М.Сафарғалиев те осыншама ұтылыс жөнін айтқан болатын. И.Миргалеев және басқа да тарихшылар түйіндеген екінші, ең негізгі себеп – Ақсақ Темірдің Шыңғыс хан заманынан келе жатқан ежелгі әскер құрылымын жетілдіріп, жаңартқан ұтымды тәсілдері екен. Үшінші себеп – Ақсақ Темірдің кейбір қолбасыларды сатып алуы.
Біз осы сатып алу мәселесіне күмәнмен қараймыз. Бұған дейін екі жақтың арасы алшақ, ұрыстың өзі ертеден кешке дейін – бір күнде тәмам болды. Қай жағынан алғанда да мүмкін емес жағдай. Сатқындық – рас, бірақ басқа себептермен. Ал Ақсақ Темір әскерінің аз-маз жаңаша – жеті қосын ретінде қайта құрылуы, майдан барысындағы ұтымды тәсілдерге келсек, ол да рас, бірақ басқаға жүрер, ал баяғы Шыңғыс хан тұсындағы соғыс өнерінің үздік үлгілерін ұстанған, өз заманының теңдессіз қаһарманы Ұлұғ Ұлыс әскері үшін ешқандай артықшылығы жоқ болатын. Керісінше, жиын саны әлдеқайда басым Ақсақ Темір әскері толыққа жақын қоршауға түсіп, біржола қирап, жойылуға шақ қалды. Құндызшы ұрысында Бек-Болат-оғлан бастаған әскербасылардың опасыз сатқындығы шешуші қызмет атқарғаны анық аңдалады. Бұл да талассыз ақиқат.
Ендігі бір, болашақ үшін аса мәнді оқиға – Ақсақ Темір бар әскерімен түп көтерілер кезде, сонау бір заманда Тоқтамыс ханның қаһарынан ығып, жан сақтау жөнімен жат жұртқа өткен, мына жойқын жорыққа бастан-аяқ куә болған, алайда, қолдарына қару алмаған үш алпауыт – баяғы Көк Орданың соңғы ханы Темір-Мәліктің ұлы Темір-Құтлұғ-оғлан мен ол да Жошы әулеті Күнше-оғлан және кейінде әйгілі Едіге – осы жұртта қалуға сұранады: халқын жинақтап, тыныштық орнату қажет екен. Кеңшілік рұқсат болыпты, барлық шаруа реттелген соң, жихангердің ғұзырына қайтып оралу шартымен. Көп ұзамай-ақ Темір- Құтлұғ ата иелігі Көк Ордада хан көтеріледі. Әлбетте, жергілікті ұлықтар, ең бастысы – нағашы ағасы, әуелден-ақ өзінің ерекше бітімін танытқан Едіге-бидің қолдауымен. Осыдан біраз бұрын, манағы сертін сақтаған Күнше-оғлан Самарқандқа жол шеккен екен. Мәнсіз борышынан айнып, жарым жолдан оралады. Көк-Ордада Темір-Құтлұғтың өзіндік өкім құрғаны, бұл тараптағы түрік-қыпшақ қауымының ес жиып, қайтадан тұғырлы туын бекіткені жөнінде хабар алысымен. (Үштіктің бұдан кейінгі тағдыры туралы айтсақ, Едіге көп ұзамай-ақ, Тоқтамыс хан Сарай-Жәдидте жаңадан, қайыра бекіген соң, туған ағасы, беделді ұлық Иса-бектің араға түсуімен, толық кешірім алыпты. Бірақ хан дәргейіне бас ұрып келмей, сол Көк Орда шегінде беклербек ретінде қалып қойған сияқты. Дәуірлейтін заманы алда тұрған. Күнше-оғлан Тоқтамыс ханның ғұзырына жетеді, кейін Оң қанат ұлықтарының бірі, Терек ұрысында белгілі әскербасылар қатарында. Ал Темір-Құтлұғ Тоқтамыс ханның бар өкімін мойындап, Көк Орданың дербес құқұғымен қоса, өзінің хандық мәртебесінен де бас тартады. Тақау заманда – Тоқтамыс ханның ұлығы, қолбасы. Кейін, Едігенің заманында Алтын Орда ханы.)

Құндызшадан соң

Ақсақ Темірдің қисапсыз шығынға түскен ауыр ұрыстан кейінгі қуанышты мереке, ес жиған тынысты, айға жуық бөгелісі кезінде қалың әскер жайыла шауып, Еділдің сол жағалығы, қорғансыз қалған ұлыстың бейбіт халқын қырып, жойып, бар байлығын талапайға түсіреді. Низам ад-Дин Шамидің атап жазғаны бар: олжаның молдығы соншама, жаяу нөкерлер он-жиырма жылқы иеленіп, салт, жалғыз аттылар жүз, одан да көп жылқы айдап қайтты; жихангердің қарауына өткен қазына-мүлікте қисап жоқ; сондай-ақ, қой және басқа да түліктердің есебіне жету мүмкін емес-ті… деген. Құлдыққа айдалып кеткен мың сан кіріптар тұтқын өз алдына. Тек Ақсақ Темірдің ермегі үшін ғана бес жүз сұлу қыз бен сымбатты бозбала таңдап алынған екен. Қазаға ұшыраған мың сан әскер өз алдына.
Осыншама қыруар, ойсыраған шығын. Алайда, бұл шапқын тек Ұлұғ Ұлыстың шағын бір бөлшегін ғана қамтыған. Негізгі, ұйықты аймақ – Еділ-дарияның орта ағысы мен атыраулы етегі, бүткіл оң жағалық, арыдағы Қапқаз, теңіз бойы мен кең-байтақ Батыс өлке қаз-қалпында. Сондай-ақ, Көк Орданың ұйықты аймақтары. Ал астана Сарай-Жәдид бастаған – Хажы-Тархан, Мажар, Гүлстан, Бұлғар қатарлы ұлы шаһарлар ұйытқы болып тұрған бір жүз жетпіс қаланың ешқайсының шырғасы шықпаған.
Құндызшы ұрысындағы жеңілістің ең басты зардабы – арғы Шыңғыс хан дәуірі тұрыпты, кейінгі Алтын Орда заманы – бір жүз жетпіс жыл бойғы Жошы ұлысының тұсында сырт жаудан теперіш көрмеген, үлкен шайқастарда үнемі мерейі үстем болып келген айбынды әскердің, алғаш рет пұшайман кепке түсуі – қалай десеңіз де күтпеген, сойқанды жеңіліс – жалпы жұрттың сенімі мен кеуіліне күмән ұялатқан.
Өз тарабымыздан айтсақ, күні кешегі Бұлғақ зардабы әлі де толық тарқамаған – ұлы мемлекеттің жоғарғы, билеуші табының арасында елес кезіп жүр екен.
1
Қанды майданнан Тоқтамыс хан жеке басы аман шыққан. Қиялай қылыш ұрып, қоршауды жарып, қырғыннан аман өткен жанкешті жасақтардың бірімен. Азғана уақыт – әуелде Бұлғар аймағын, содан жау кеткен соң, бәлкім, Гүлстан, Еділдің орта тарабын паналап, тақау төңірекке өкімін жариялап, қадарынша азды-көпті әскер құрайды.
Бұл кезде күні кеше ғана, шешуші, ақиқат жеңіс табалдырығында, туын теріске бұрып, ат басын аулаққа бағыттаған, бір сөзбен айтқанда, майдан даласын тастап шығып, қаскөй дұшпанның күш алуына, ақыры бүткіл ұлыс әскерінің апатқа ұшырауына жол ашқан Бек-Болат-оғлан, өзімен ниеттес тағы бірнеше қолбасымен тізе қоса, қарауындағы бірер, бәлкім, екі-үш түменмен астана Сарайға келіп жеткен.
Осы бір жолғы Бек-Болаттың, бұдан кейінгі кезеңде тағы бір алпауыттардың көпе-көрнеу опасыздығы, жоғарыда айттық, тіпті де Ақсақ Темірмен жалғастық, астыртын келісім нәтижесі емес, өз тарабынан жеткен «даналық» шешім болатын. Тоқтамыс хан осыдан небәрі он-ақ жыл бұрын бүткіл Ұлұғ Ұлысты әрең-пәрең бірлікке келтірді. Тұтас жиырма жылға созылған қым-қуыт Бұлғақ кезінде жиырма бес, енді бір есептерде отызға тарта хан алмасыпты. Бәрі дерлік басын жойған. Әлбетте, алғашқы табыстан соң ешкімі де тез арада көзім құриды деп білмеген, әрқайсы да мәңгіге келгендей. Осындай алдамшы шалық Бек-Болат-оғланның да бойын құрсаған екен. Міне, мейлінше сәтті жағдай, шешуші мезет. Егер Ұлұғ Ұлыс түбегейлі жеңіске жол ашып, Ақсақ Темір қираса, онда Тоқтамыс хан ұлы таққа біржола бекімек. Керісінше, бар әскерінен айрылып, жеңіліске ұшыраса, онда Бек-Болат-оғланның да бағы көтерілмек: қатардағы, төре нәсілді ханзада емес, биік мәртебелі тақсырдың өзі – Бек-Болат хан!.. Ұлағатты ұлысын, бүткіл түрік-қыпшақ жұртын сатқан опасыз аярлық – осыншама игілікке жеткізбек. Қапысыз, қатесіз, нақты есеп.
Айтқанындай, Тоқтамыс қирап жеңілді. Әлде қырық, әлде елу мың аламан қанға бөгіп, қазаға ұшырады. Бұдан соң Еділдің сол жағалығы – өзімен бауырлас қаншама халық және талауға түсті, өлді, жітті, кіріптар тұтқынға кетті. Мұның бәрі түк емес. Ең бастысы…
Ең бастысы – Бек-Болат-оғлан, қараусыз, қорғансыз қалған астана Сарайды басып алды. Қарсылық танытпаса да, бұл қалай деген қаншама жұртты қылышқа шалды, Тоқтамыстың өзінің үй-отасына зәбір жасады. Жауапсыз, қарымтасыз қимыл санаған. Ғұзырында әлденеше мың жасағы тұр. Ал Тоқтамыс – тақтан тайған, жалғыз атты, асса бес-он, бірер жүз нөкері ғана бар, жалаңқылыш аламан ғана. Бек-Болат-оғлан-ханның өзінің есебі түзу сияқты, бірақ біртұтас ұлыс ахуалы, Тоқтамыс ханның күні кеше ғана берекесіз Бұлғақты біржола тыйып, ел ішінде бірегей тыныштық орнату нәтижесінде жеткен абырой-беделі тұрғысынан алғанда, жадағай, әрі парықсыз шешім болатын.
Тоқтамыс Құндызшы ұрысынан кейін, арада жарым жыл озбай, Сарайды қайтадан алғанын көреміз. Арпалыс заман өткерілді. Ұлұғ Ұлыстың ғұзырлы ханы пәрменді күшіне кірді.
Тоқтамыс ханның дүние әбден тыншыған соң, тарихтың 795 санаты, тауық жылы, рәджаб айының 8-жаңасы – 1393, 20 майда Польша королі Йағайлаға арнап жазған жарлық-намасында, өткен сәтсіз ұрыс жөні, бұдан соңғы барлық жағдай біршама байыптап айтылған екен. Қаншама өткелектен өтіп, кейінгі заманға жеткен ерекше құжатты 1834 жылы профессор К.Оболенский Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің архивінен тапқан. (Бүгінде Польша республикасының Варшавадағы Бас архивінде сақтаулы тұр.) Бірден-ақ ғылыми айналысқа түскен. 1835 жылдан бастап, 1888 жылға дейінгі аралықта О.Ковалевский, А.Казем-Бек, И.Березин, Ш.Уәлиханов, В.Радлов қатарлы әйгілі ғалымдар зерттеп, тиесілі аудармаларын жасапты. Бұл тәржімалар ішінде В.Радлов пен И.Березин нұсқалары артығырақ бағаланады. Айта кетейік, осы ретте 1850 жылы К.Оболенскийдің өзі Қазанда бастырып шығарған ең толық нұсқалы қотарма мүлде ескерусіз қалғанын көреміз.
Жарлық-наманың ғылымға белгілі түрік-қыпшақ тілді түп-нұсқасының, бүгінгі бізше, кирилл-қазақ жазуында емле, тыныс белгілері нақтыланған қалыбын берейік. Түрік ғалымы А.Өзиетгин, 1996, Анкара басылымы бойынша.
«Тоқтамыс сөзүм.
Йағайлаға.
Ұлұғ орұңға олтырған еркейін аңлату.
Құтлұ-Бұқа, Қасан баслы елшілерні йітдүк ерті. Сен тағы келешіңі бізге ійітдүк ерті. Бұрұнғұ йыл Бек-Болат, Қожа-Медин баслы бірнеше оғланлар, Бекіш, Тұрдұшақ, Берді, Дауұд баслы беклер Едүгү атлы кісіні Темірге алдыртын шықарұб ійітміслер. Ол тіл-бірле келті ерті. Анларның ала-көңүл-біле тілініб ел қырығынға йете келгенде аңлаб йығылыб, саншысмаға тұрғанда ол йаман кісілер бұрұн тебігендін ел тарбыб, ол іс тағы, ол шәклі болған ергейі ол ерті. Тәңрі бізні йарылұқаб, дұшманлығ қылған Бек-Болат, Қожа-Медин, Бекіш, Тұрдұшақ, Берді, Давуд башлы оғландар, беклерні мұңғалты емті.
Бұ йарғұнұ аңлату Хасан, Тұлу-Қожа башлы елшілерні ійітдүк емті. Тағы болса бізге бақар еллернің шығысларын шықарыб, барған елшілерге бергіл. Қазынаға тегүрсүнлер, баса бұрұнғұ йосынша басарған ортақларың тағы йүрүшсүңлер. Ұлұғ ұлұсның тұрұшұңға тағы йақшы сый ол болғай теб, алтұн нишанлығ йарлығ тұтұқ.
Тақағу йыл, тарих йеті йүз тоқсан беште, ражаб айының секіз йаңыта Орду Данта ерүрте бітідіміз.»
Енді Тоқтамыс жарлық-намасының В.Радлов қалыптаған, орысша аудармасы.
«Я, Токтамыш, говорю Ягайлу.
Для извещения о том, как Мы воссели на великое место, Мы посылали прежде послов под предводительством Кутлу Буги и Хасана и ты тогда же посылал к Нам своих челобитников. Третьего года послали некоторые огланы, во главе которых стояли Бекбулат и Коджамедин, и беки, во главе которых стояли Бекиш, Турдучак-берди и Давуд, человека по имени Эдугу к Темиру, чтобы призвать его тайным образом. Он пришел на этот призыв и согласно их злонамерению послал им весть. Мы узнали об этом (только) тогда, когда он дошел до пределов (нашего) народа, собрались, и в то время, когда Мы хотели вступить в сражение, те злые люди с самого начала пошатнулись и вследствие этого в народе произошло смятение. Все это дело случилось таким образом. Но Бог милостив был и наказал враждебных нам огланов и беков, во главе которых стоял Бекбулат, Коджамедин, Бекиш, Турдучак-берди и Давуд.
Для извещения об этих делах мы теперь посылаем послов под предводительством Хасана и Туулу Ходжи. Теперь еще другое дело: Ты собирай дань с подвластных Нам народов и передай ее в казну. Пусть по-прежнему опять твои купеческие артели разъезжают; это будет лучше для состояния великого народа.
Такой ярлык с золотом знаком мы издали. В год курицы, по летосчислению в 795-й, в 8 день месяца Реджеба, когда орда была в Тане, мы (это) написали.»
И.Березин тәржімасы:
 «Ягайлу. Мы послали послов, из коих главные Котлубуга и Асан, дать знать о восшествии на великое место, и ты также послал к нам присланника. Третьего года несколько Угланов, из коих важнейшие Бекбулат, и Ходжа Медин, и Беки, из коих главные Бекгич и Турдучак Берди Давуд, отправив вперед человека, по имени Идикгия, послали (без моего ведома) к Темирю. По тому требованию он выступил. Когда он, веруя в лукавое сердце и такой же язык их, пришел тайно вперед мы, узнавъ, собрались; во время битвы прежде те дурные люди ушли с места, отчего и народ ушел с места. Вот что было причиной бывшему до тех пор тому делу. Бог нас пожаловав, предал нам враждующих Угланов и Беков, из коих главные Бекбулат, Ходжа Медин, Бекгич и Турдучак Берди Давуд. Тепер мы послали послов, из коих главные Асан и Тулу Оджа, дать знать об этом случившемся. А далее
С подданных Нам волостей собрав выходы, вручи идущим послам для доставления в казну. Еще по прежнему правилу (мои) негоцианты и твои купцы пусть ходят одни к другим: признавая это хорошим для Великого Улуса, мы утвердили грамоту с золотым знаком. Велено написать курячьего года гиджры семьсот девяносто пятого ново-лунного месяца Реджеба восьмого дня, когда Орда была на Дону.»
Жинақтап айтқанда, Құндызшы ұрысында Ұлұғ Ұлыс әскері Бек-Болат, Қожа-Медин оғландар бастап, Бекіш, Тұрдұшақ, Берді, Дәуіт қатарлы бектер қостаған жойдасыз сатқындық себепті жеңіліске ұшыраған. Ақиқат шындығы.
Біздің данагөй Шоқан Уәлиханов, И.Березиннің өтініші бойынша, Тоқтамыс жарлық-намасындағы жекелеген сөз бен орамдар мағнасын айқындаған хатынан соң, осы тақырыпта түбегейлі зерттеу жасап, арнайы мақала жазған. Қаралай қолжазба күйінде қалған ерекше еңбекті басқа да мұралармен қатар архивтен айғақтаған Әлкей Марғұлан ұлы ғалымның бес томдық жинағының бірінші кітабында, 1961 жылы жарыққа жеткізді. Шоқан қажетті деректемеден соң, И.Березин мен А.Казем-Бек нұсқаларын араб жазуына түсіріпті және К.Оболенскийдің жариялауындағы орысша тәржіманы толығымен келтіреді. Бұл айғақтамада бұрынғы-соңғы А.Казем-Бек, И.Березин, В.Радлов аудармаларында ұшыраспайтын, анығы – кірікпей қалған, аса мәнді бір орам бар:
«Тогда Аксак пришол так тайно на нас аже. Не было нам никакое вести а ни слова. Алиж озрелы есмо его оу нашой державе. Мы па не поспели есмо спрятаты все силы нашее, толко што около на наш двор есть и с тыми стали есмо против того Аксака…»
Қайыра тәржімаласақ; «Сонда Ақсақ жасырын [жағдайда] бізге қарсы жүргенде, ел шетіне жеткенше, ешқандай ақпар, сөз естімедік. Және бар күшімізді жинақтап үлгермедік, тек сарай төңірегіндегі кісілерімізбен ғана сол Ақсаққа қарсы тұрдық…»
Бұл арадағы «сарай» – хан ордасы емес, астана Сарай-Жәдид. Нақты айтылғандай, Тоқтамыс толымды мөлшерде әскер жинап үлгермейді. Ілкіде біз шамалағандай, қажетті төрттің бірі, бестің бірі ғана.
Жарлық-намада атап көрсетілгендей, алдамшы, азғана қызық үшін, тақтағы ханды емес, бүткіл асқаралы жұртына, байтақ ұлысына опасыздық жасап, шын мәнісінде Ұлұғ Ұлыстың тарихын басқа тарапқа бұрған, ақыр түбі арылмас апатқа жол ашқан опасыздар ешқандай барқадар таппаған. Бұлғақ дәуірінен соңғы жалғыз келте-хан Бек-Болат өзінің барлық жақтастарымен бірге астанадан қуылып, Қырымға қашады. Тәрізі, 1392 жылдың көктемі, немесе қыс аяғы. Соңынан ерген азды-көпті жасағымен Ескі Қырым қаласында бекінеді. Әрине, тезінен жеңіліске ұшырап, қолға түскен. Ол да төре текті туысы Қожа-Медин-оғланмен және Бекіш, Тұрдұшақ, Берді, Дәуіт бектермен бірге. Ешқандай кеңшілік жоқ, бәрінің де басы алынған.
2
Құндызшы – ауыр жеңіліс. Алайда, әскердің бір бөлшегі ғана қазаға ұшырады. Байтақ елдің шет пұшпағы ғана талауға түсті. Бейбіт жұрттың өлім-жітімі мен кіріптар құлдығы демесек, олжаға кеткен барлық қазына мен мыңғырған мал – елеулі шығын емес, орны толады. Айттық, ең ауыр зардап – Шыңғыс хан заманы қайда, кейінгі Ұлұғ Ұлыс кезеңінің өзінде үлкен майданда сағы сынып көрмеген, тәкаппар Қыпшақ қауымының буынына түскен, бұрнада болмаған, тіпті, таң қаларлық, қисынсыз жеңілістің жан сыздаған өкініші болатын. Зор көкірек, мызғымас сенімге көлеңке түспесе де, бұл жолғы жаудың айрықша қатерлі кебі анық аңдалған.
Тоқтамыс хан жара жазылып, ел іргесі бүтінделіп, біржола бекуі тарабында белсенді әрекетке кірісіпті.
1392 жылы Мәскеу кінәзі Василий Ордаға келіп, Тоқтамыстың дәргейіне бас ұрады. Өз орнына қайыра бекіп, қосымша сияпат ретінде Нижний Новгород пен Городец қалаларын, бүткіл Мещера, Таруса өңірін қарауына және алыпты.
Тоқтамыс Ұлұғ Ұлыстың халықаралық танымын қалпына келтіріп, алыс-жақын жұрттармен жаңаша бір әскери одақтар құруға талпынады.
Йағайлаға жолдаған аталмыс жарлық-намасында екі ел арасындағы дәстүрлі алыс-беріспен қатар, достық қатынас қана емес, әскери одақ туралы нақты айтылған: «Біздің әкелеріміз үнемі бірлікте болды, елші алмасып тұрды, алдағы уақытта біз де сізбен дәп осындай қатынаста болғымыз келеді; егер сіздің дұшпанға қарсы көмек қажет бола қалса, бар күшімізді аямаймыз, тек хабар жеткізіңіздер, ал бізге жәрдем керек болған жағдайда, сіздер де дәп осылай қол жалғайсыздар,» – деп нақты жазылған (К.Оболенский – Шоқан нұсқасы).
1394 жылдың басында Мысырға елші түсіріпті. Ендігі заманда Ақсақ Темірге қарсы әскери одақтастық ұсынысын мәмлүк Барқұқ сұлтан оңымен қабылдап, жауап елшілік жібереді.
Осман деректерінде Тоқтамыс ханның Баязид сұлтанмен ғана емес, Сивас әмірі Ахмед Бұрханеддин және Қарақойлы Қара-Юсуф және Түркмен эмиратымен әскери одақ құрғаны жөнінде мағлұмат сақталған. Алайда, Еуропаның крестшілерін ығыстырып, Балқанды жаулап, бақыты шалқып тұрған Баязид сұлтан Ақсақ Темірдің жалпыға ортақ қатерлі қауібіне айтарлықтай мән бермегені аңдалады.
Жинақтап келгенде, Тоқтамыстың игі талабы мен одақтастар мәмлесі тек сөз жүзінде ғана қалыпты. Кейінгі зерттеушілер Ақсақ Темір бұлардың әрқайсын жекелей алдаусыратып, созбалаққа салды, ең бастысы – уақыт тапшы еді, одақтастық келісім іске асып үлгермеді, деседі. Анығы да осы болар. Алайда, жаудың бетін қайтару, тіпті, біржола талқан қылуға Алтын Орданың өзінің де мүмкіндігі молынан жететін.
Қан кеше жүріп бар өкімін тартып алған орталық жұрты – бұрнағы Шағатай ұлысы Мәуреннахр сияқты кедей-кепшік елдің тіршілік қажеті мен игілігі үшін аста-төк, қыруар олжа түсіруге тиісті тынымсыз соғыстармен ғана күн кешкен, осы орайда жарым әлемді, нақтылап айтқанда, барлық түрік және бүткіл мұсылман қауымын қырып-жоюдан басқаны ойламаған, сырқат саналы Ақсақ Темір алыс-жақын төңірегімен жауласпай, тыпа-тыныш отыра алмас еді. Бұрнағы Құлағу ұлысының орнын басқан ұсақ иеліктерді түгел қиратып бітіп, кезекті Сирия жорығынан соң қайтадан Қапқазға бет бұрыпты.
1394 жылы Гүржістанға басып кіріп, Дариал шатқалын ұстап тұрмақ болады. Әлбетте, негізгі мақсат – Ұлұғ Ұлыс майданына төтелей жол ашу. Бұған тосқауыл жасау қажет еді. Ұлұғ Ұлыстың Әли-оғлан, Ілияс-оғлан, Иса-бек және Яғлы-би бастаған мол әскері Дербендтен өтіп, Ширванды алып, жаудың ту сыртына шығады. Қоршауға түсу, біржола қирау қатерін аңдаған Шағатай әскері тау сағалап, кері шегінуге мәжбүр болыпты. Бірақ Терістік Әзірбайжан шегінде қыстап қалады. Және бардың үстіне қосымша әскер жинақтай бастайды.
Ұлұғ Ұлыс қандай да тұрысқа дайын еді. Іс мәнісін кәміл таныған Ақсақ Темір енді Тоқтамыс ханға бітім және татулық жөнімен елшілік жібереді. Ұлыс алпауыттарының біразының қатаң қарсылығына қарамастан, Тоқтамыс тыныштық ұсынысын мақұл көріпті. Ақсақ Темір елшілігін құрметпен қабылдаған соң, өз тарабынан келісімді, жауап елшілік аттандырады. Достық, ынтымақ турасындағы жылы сөздерге сенді ме, жоқ па – уақыт ұтып, әлі де күш жинай түсу қажет еді; және жихангер әмір тарабынан соншама аярлық күтпеген.
Қайткенде, Ұлұғ Ұлыстың Тоқтамыс хан төңірегінде ұйысқан барлық оғландары мен бектері – әскербасы мен ұлықтар Ақсақ Темірмен арада жаңа соғыс шыға қалған жағдайда, сөзсіз жеңіске жетеріне соншама сенімді екен.

ТЕРЕК

Ақсақ Темірдің елшісі Шамс ад-Дин Алмалықи – майда, шешен тілді, тісқақты саясаткер екен. Негізгі мақсатына жетеді – есебі, жихангердің дәп қазір соғысқа құлшынып отырмағаны, уақытша болса да бейбіт жағдай сақталатынына сендірді. Сол беті Эльбурс етегі, Самұр өзенінің бойында тыныстап жатқан Ақсақ Темірге келіп, бар жағдайды баян қылады. Жихангер риза болды, дейді.
Қолма-қол әскеріне жар шашып, алдағы жорыққа дайындығын нақты тексерістен өткізіпті. Самұр алқабында түзем құрған қалың қолдың Сол қанаты Эльбурс шыңының етегінде тұрса, Оң қанат Құлзұм (Хазар) теңізіне тіреліп жатты, деп жазған Шараф ад-Дин Йазди. Шыңғыс хан заманынан беріде мұншама мол, әрі соншама жарақтанған әскерді тірі жан көрмеген, деп айғақтайды. Шынында да. Теңіз бен шың аралығы – бес фарсах екен: 30-35шақырым. Әйтсе де, асыра айтылған сөз емес. Алтын Ордаға қарсы Екінші жорыққа, алғашқы аттаныстан әлдеқайда көп әскер тартылған.
Тоқтамыс ханның, ілкідегі келісімі бойынша, бітім бекітуге тиіс, Ортақ бек бастаған жауап елшілігі Дербентке жеткен кезінде, Ақсақ Темірдің қисапсыз қалың қолы қаптап келе жатқанын біледі. Асығыс кері қайтып, іс-жағдайды ел-жұртына хабарлаған екен. Асығыс дайындық басталады.
Әскер жиыны, арнайы тексерістен соң шұғыл қозғалған Ақсақ Темір көп ұзамай-ақ Ұлұғ Ұлыстың түстік шекарасы есепті Дербенттен өтіпті. Мыңғырған әскер тасқын судай, лек-легімен Қапқаздан төмен құлай бастайды. Алғашқы құрбандық – қайтақ жұрты болыпты. Жауынгер, бірақ қарасыны кеміс, түрік текті қайтақ – үстіне жапырлай төнген басқыншыға қарсылық жасап үлгерді ме, жоқ па – Ақсақ Темір түп-тұяғымен қырып салуға жарлық береді. Ауылдары өртеледі, көзге түскені түгел қылышқа шалынады, қалған азғанасы кіріптар тұтқынға кетеді. Мыңнан бірі ғана аман құтылды, деп жазған Шами. (Бүгінде байырғы қайтақтың ең соңғы жұқанасы Дағыстан шегінде тіршілігін жалғап жатыр: біразы дарға жұртына сіңген, дәстүр-салты, тілі ұмытылған; енді біразы туыстас құмық құрамында.)
Ақсақ Темір Дербенттен төрт күн кейін, Дағыстан шегі, Дарқи (бүгінде Тарки) деген жерге жеткенде, Ұлұғ Ұлыстың Қазаншы әмір бастаған маңдай жасағы алдан шығады. Тосқауыл әскер қалай ұрысса да, саны еселеген дұшпаннан ығысуға мәжбүр болыпты. Ауыр шығынға ұшырады, деп жазған Шами. Ақсақ Темір Қазаншыны тықсырған беті, Теректің бір саласы Сунджа өзеніне жеткенде аялдап, әскерінің алды, артын тосады. Ілкіде Тоқтамыс Қурай (Кура) өзенінің бойында әскер түзген екен. Енді ол да Теректің қарсы бетіне келіп жетіпті. Аралықта асау өзен, екі әскер қарама-қарсы, екі қабақта, түн асырады. Таң ата тағы да аңдыспақ.
Сунджаның Терекке құйылысы, екі жағалау да арғы бетке асуға қолайлы екен. Алайда, Ақсақ Темір Терекке ат салса, кешуден өтер-өтпесте Тоқтамыстың жойқын шабуылына ұшырар еді. Қатерден сақтанған Ақсақ Темір енді басқа бір өткел іздеп, Теректің оң жағалығымен жоғары өрлейді. Арғы бетте Ұлыс әскері қатарласа жүрді, дейді. Кежеуіл тура үш күнге созылады. Төртіншіге қараған түнде Ақсақ Темір негізгі, екпінді тобымен күрт кері бұрылып, арада тәулік өтпей, Сунджаның құйғанына жетеді де, ешқандай кедергі, бөгеліссіз Терек өзенінен өтіп шығады. Испан-Кастилия елшісі, бүткіл Батыс жұрттарының өкілі есепті Клавихо – кейініректе Ақсақ Темірдің сарайында құрметпен қабылданып, сапар нәтижесі және Темірлан туралы атаулы кітап жазған Клавихо Гонзалес жихангердің дәп осы жолғы шұғыл, әрі ұтымды қимылын айрықша атап көрсеткен.
Әлбетте, сол күні таң ата Тоқтамыс та кері ұмтылған. Алайда, бір түн бұрын қозғалған Ақсақ Темір енді бар әскерін түгелге жуық Теректен өткеріп үлгерген екен.
Тарихтың 797 санаты, жұмадаил-ахир айының 22 жаңасы – миләди 1395, 14 апрель күні Ақсақ Темірдің жаңа мемлекеті – Бұрнағы Шағатай және Құлағу патшалықтарының біріккен жасағы мен Жошы ұлысының жиын әскері – қарама-қарсы беттесіп тұрды, дейді. Ақсақ Темір 350-400 мың әскер шығарған екен. Тоқтамыс жасағы бұдан азырақ, бірақ толымды – 300-350 мың шамасында (И.Миргалеев).
Бүгінгі күнмен шектесек, бүткіл Еуразияның ендігі алты жүз отыз жылдық, шын мәнісінде болашақ сегіз, тоғыз ғасырлық тағдырын айқындаған ғаламат ұрыс 1395 жыл, 15 апрель күні таң бозынан басталады.
Ұлұғ Ұлыс әскері бірден-ақ өршеленген, жанкешті шабуылға кірісіпті. Дабыл қағылып, шың соғылып, керней тартылып, оған айқай-сүрен мен ат тұяғының дүбірі қосылып, қатерлі даң-дұң, азан-қазаннан аспан асты тітіреді, деп жазған сол заман тарихшысы. Қарш кірген жебе, айыра шапқан қылыш, өңменнен өткен найзадан жапырыла, баудай құлаған өліктер төбе болды, төгілген қан жылға боп ақты, дейді. Адамзат тарихында баяғы Аттиланың Каталун қырғынынан бергі тоғыз жарым ғасырда өткерілген ең зор, ең қанды шайқас дер едік.
Ұлыс аламандарының Күнше-оғлан, Бек-Ярық-оғлан, Ақтау, Дәуіт-Софы және Ұдұрқы бастаған Оң қанаты әп сәтте Ақсақ Темір әскерінің Сол қанаты мен Орталық қосындарын жапырып жібереді. Жағалай жусатып, бірден-ақ жихангердің артқы лектегі жорық шатырына жетіпті. Толыққа жақын қоршауда, бетпе-бет ұрыс астында қалған Ақсақ Темір тұтқынға түсіп, немесе қазаға ұшырауға мүмкін еді. Жанталаса қорғанған нөкерлер бірнеше арбаны жылжытып, шапар қалқандар тігіп, пана жасайды.
Жошы ұлысы түбегейлі жеңістен жарты қадам жерде тұрған. Егер дәп осы сәтте Ақсақ Темірдің басы жойылса, немесе кіріптар тұтқынға түссе, қиян-кескі ұрыс та одан әрі жалғаспас еді, аруағы қашқан Шағатай-түрік – Құлағу-парсы жасағы бірден-ақ тоз-тоз болуы анық. Адамзаттың қаралы күштері бұл жолы да әлемдік жендетті қанатының астына алған екен. Шешуші сәт оңға айналмады. Қайткенде бетін теріске бұрыпты.
Бұл екі ортада Шайх Нұр ад-Дин-бахадұр атынан түсіп, азғана әскерімен, қайтпай ұрысып жатқан. Бұдан соң көп ұзамай әмір Аладад келіп жетеді. Ақыры, қаушын Хұсайын-Мәлік, Зирек Чаку дейтін әмір әскербасылар қосылады. Ақыры, жихангердің немересі Мұхамед-Сұлтан-мырза жеке қосынымен келіп жеткен соң, ұрыс беті оңға бұрылып, жихангер қыспақты қатерден құтылды, дейді.
Қайткенде, бірінші күн – Ұлұғ Ұлыстың айқын басымдығын танытты.
Екінші күнгі шайқаста ұлыс әскерінің Иса-бек пен Жақсы-қажы бастаған Сол қанаты да біршама табысқа жетеді. Жаудың қарсы беттегі Оң қанат әскерінің маңдай қосындарын біржола талқандап, онымен жалғас жасақтарды қирата қашырып, келесі бір жасақты опыр-топыр қоршауға түсіріпті. Қажы-Сейфеддин бастаған бұл түмен тегіс аттан түсіп, алдарына қалқан тұтып, тізерлей отырып садақ тартып, әрең қорғанып жатыр екен. Көп ұзамай, көмекке арттан көп әскер жетіп, біржола жойылудан сақтап қалады және бүткіл Оң қанаттың жағдайын түзепті.
Екі күнгі ауыр шайқаста екі тарап та қисапсыз шығынға ұшыраған еді. Алайда, айқын басымдық – Тоқтамыс жағында болатын. Үшінші күн – толық жеңіске ұласуға тиіс!..
Алайда, үшінші күн Терек ұрысының бар нәтижесін теріске бұрған, ақыры Алтын Орданың түбіне жетіп, бүткіл Еуразия халықтарының болашақ тарихын мүлде басқа бір тарап – біз үшін апатты, ғаламат арнаға түсірген көлденең кесел туындайды.
Дәп ұрыс алдында, бәлкім, одан әжептәуір бұрын, таң бозында, Ұлұғ Ұлыс әскерінің Оң қанатындағы негізгі күштердің қолбасшысы Ақтау бек қияс жанжал шығарыпты: бұрнадан өшпендігі бар, немесе кешелі-бүгін әлденеге келіспей қалған, ол да әскербасы бір әмірдің басын сұрайды. Кек қайтарып, табан аузында өлтірмек. Әйтпесе, майданға шықпайды. Ибн Арабшахтың айтуынша, мейлінше абдыраған Тоқтамыс хан Ақтауды үгіттей бастапты: біз дәп қазір қысылтаяң жағдайда тұрмыз, алдымен жаудың бетін қайтарайық, содан соң талабың орындала жатар, кінәлі болса, жазадан құтылмайды, дәп қазір майдан шебінде тұрмыз ғой… Жабыла шабысайық, хан жарлығынан шықпа… депті. Ақтау өршелене түседі: «Жоқ, осы қазір алдыма келтіресің, әйтпесе, сенің өкіміңді мойындамаймын!..» – деп кесіп айтады. Талаптың қисынсызы өз алдына, Ақтау бекке жақпай қалған әмір де әскерсіз емес, Тоқтамыс көнген жағдайдың өзінде, өлімге байлап келтіре алмайтын еді. Анығы – Ақтау бектің көпе-көрнеу сылтауы.
Сол беті тұлан тұтып, бар әскерін көтеріп, майдан даласын тастап шығады. Қалай айтсақ та, түсінікті жағдай. Тоқтамыстың, шындығында Ұлұғ Ұлыс әскерінің қирап жеңілуіне жол ашпақ. Құндызшы ұрысындағы Бек-Болат-оғлан бастаған сатқындық шешімнің жалғасы. Түсініксіз жағдай – Ақтаумен қоса Бек-Ярық-оғлан мен Таш-Темір-оғланның да алғы шептен тайқып шығуы. Бірге емес, соңын ала кетті дер едік. Атаулы сылтау-себебі жоқ. Қатары бұзылған Тоқтамыс әскері сөзсіз жеңіліске ұшырайды деген қауіп, өз қарауларындағы түмендерді аман сақтап қалу жолындағы далбаса. Қайткенде, бұл да жойдасыз опасыздық. Ұрыс тағдыры әлі де екі-дай, әлі де жеңілістен жеңіс жақын. Есебі, Бек-Ярық, Таш-Темір оғландардың да түпкі ниеті – баяғы Бұлғақ заманындағы қиял. Бұл алдамшы елес көп ұзамай-ақ сағымға айналмақ. Әзірше бас сауғалады. Мың сан бауырын өлімге кесіп.
Әйткенмен, жан беру оңай емес. Үміт үзілмеген. Бәлкім, кешегі, арғы күнгі басымдық түбегейлі жеңіске айналар. Қырғын ұрыс бұдан әрі жалғасуға тиіс.
Тоқтамыс хан ақырғы қайратына мініп, Оң мен Сол, Орталықты бекемдеп, бар әскерін қайтадан ұйыстырады. Қадарынша, олқының орнын толтырып, Солдан Оңға жаңа бір жасақтарды аударады.
Бұдан соң қан майдан басталып кетті, дейді.
Ибн Арабшах үшінші күнгі ұрысты айрықша сыпаттаған. Екі әскер беттесе түйісті, дейді. Бөрінің ақсиған азулары көрінді. Жолбарыс секіре ұмтылды, арыстан ақыра айқасты. Түнерген жүз, айқай-сүрен. Сансыз садақ тартылып, мың сан қауырсынды жебе қаншама денеге шаншылды, қылыштар жарқылдап, қылша мойынды қанға бөктірді, найзалар оза шаншылып, қаншама көкіректі қақырата жарды. Шыр айналған аттардың дүбірі мен қаржысқан қарулар дыбысы, жапырыла құлаған кісілер мен қисапсыз төгілген қан – жер мен аспан орын алмастырғандай алапат…
Ақыры, мана, таң бозында ұрыс-соғыссыз ортасы ойылған, ендігі тайталаста жауын жапыра алмаған Ұлұғ Ұлыс қосындарының қатары селдіреп, әр тарапта сыналай кірген Шағатай-Иран жасақтарының дүмпуімен кері ығыса бастады, дейді. Сол қанаттағы қолбасылардың бірі, атақты бахадұр Әлибек Яғлы-би, қайткенде шегінбес үшін атының аяғын тұсатып қойған екен. Сол, бір орында қаржысқан бетінде қазаға ұшырады, дейді. Осындай бахадұр қолбасылар ғана емес, Екі қанат пен Орталықтағы қаншама қайсар аламан.
Осы үшінші күнгі кешке қарай Ұлұғ Ұлыс шебі біржола бұзылады.
Алтын Орда тарихындағы ең зор майдан, ең үлкен жеңіліс.
Ақсақ Темірдің Терек ұрысындағы жеңісін Клавихо жихангердің ғұмыр кешуіндегі, тіпті, Батыс Еуропаны дірілдетіп отырған түрік Жасын Баязидті қиратқан Аңқара ұрысынан да маңызды, ең үлкен майданы деп бағалаған.
Түптеп келгенде, Терек – Ақсақ Темірдің жеңісі емес, уақытша ғана, алдамшы мерейі. Шын үлкен жеңіс, баянды жеңіс – христиан әлемі, Еуропа жұртының үлесіне тиген. Ақсақ Темірдің отыз жыл бойғы әр қадамын байқастап, тілектес көңілмен сүйініп отырған бүткіл Батыс Еуропа үшін алдағы тұтас алты ғасырға созылған, яғни, бүгінгі бізге жетіп, бізден соң жаңа ғасырларға тағы жалғаспақ мың жылдық салтанат дәуірі басталды.

Теректен соң

Қанды ұрыс Ақсақ Темірге тым қымбатқа түскен сияқты. Әскерінің тең жарымы – 200 мың, немесе соған тақау, 150 мыңынан айрылған. Кейінде Әулие Челеби ендігі жорығын Ақсақ Темір небәрі 200 мың әскерімен жалғастырды деп айтқан. Орасан шығынға қарамастан, ғаламат жеңіс.
Үшінші күнгі, шешуші майданда кешке қарай біржола қираған Ұлұғ Ұлыс әскерінің ендігі қалдығы мүлде бей-берекет емес, негізінен жүйелі түрде шегінгенін көреміз. Тоқтамыс пен Ақсақ Темір соғыстарының бар тарихын түбегейлі зерттеген татар ғалымы Ильнур Миргалеев, бәлкім, Ақтау-бек бұзылып, қатардан кеткеннен кейін, ақырғы майдан алдында атаулы кеңес болып, жеңіліс жағдайындағы іс-әрекет турасында нақты бір бекім қабылданған тәрізді, деген. Шынында да, жекелеген құрамалар мен түмендер қалдығы бей-берекет топыр емес, жүйеліге жуық, тарам тарам шегініс жасайды. Әйтсе де алдын-ала келісімнен гөрі, Ұлұғ Ұлыстың айбынды, тас-түйін әскерінің үйреншікті тәртібінің бұрын ұшыраспаған, өзгеше бір көрінісіне балар едік.
Әуелде шегіне ұрысып, ақыры түн қойнауына сіңіп кеткен, әлі де қарасыны әжептәуір әскердің бір бөлігі – Таң алқабына, бір бөлігі Үзе, және бір үлкен тобы Қырымға қарай беттейді. Ал Тоқтамыс алысырақ қиян – Бұлғар тарабына кетіпті. Ең бір ерекше жағдаят – Ұдұрқы-бек бастаған тас-түйін жасақ, шамасы бір-екі-үш түмен, қалың жұрттан бөлініп, жау шебін айналып өтеді де, Ақсақ Темір армиясының ту сыртына шығады.
Нәтижесінде, жеңімпаз Ақсақ Темір шегініс жолындағы, қайткенде біртұтас емес, бөлшек-бөлшек ұлыс әскерінің өкшесін басып, одан әрмен қудалауға батпайды, Шағатай-Парсы жасақтары амалсыз кері қайрылып, жаңа бір майдан ашуға мәжбүр болады. Ақыры, бұл жанкешті әскер де түгелімен жойылды. Тұтқынға түскен Ұдұрқы-бек азапты ажал тауыпты. Ғази, шәйіт.
Енді сол, үшінші күнгі майданда Тоқтамысты тастап шыққан, ақиқаты – бүгінгі ханға емес, мәңгілік, асқаралы жұртына опасыздық жасаған үш серік – Ақтау әмір, Бек-Ярық-оғлан мен Таш-Темір-оғлан – шын мәнісінде атаулы ұрыс нәтижесін ғана емес, алапат Ұлұғ Ұлыс тағдырымен қатар, әлемнің алдағы мың жылдық тарихын айқындаған тайғақ қолбасылар жайына келсек, бұрнағы мағлұм дерек, кейінгі зерттеулер түгелдей тоқтаған, сырттай қарағанда көпе-көрнеу ақиқат – Ақсақ Темірмен жең ұшынан жалғастық, ілкідегі, немесе аяқ астындағы құпия келісім жөні – ешбір қисынға келмейді. Қаншама тұспалдан озатын жалғыз-ақ дерек бәрін жоққа шығармақ. Ел дұшпаны қаскөй жаумен астыртын келіскен және барлық шартты орындаған осы үшеуі алдағы уақытта Ақсақ Темірдің айрықша мархабатына жетуге тиіс қой. Алайда, мүлде қарама-қайшы, керісінше шығады. Үшеуі де қолма-қол қатаң қудалауға түсіпті.
Бек-Ярық-оғланның өкім құрған ұлысы – Ақ-Кермен шаһары мен тиесілі аймақ екен. Ақсақ Темірдің әмір Осман бастаған жасақтары қаланы қиратып, тақау төңіректі және ойрандап, халқын түбегейлі аяусыз қырғынға ұшыратып, бүткіл өлкені талау, тонауға түсіреді. Ауыр жеңіліс тапқан Бек-Ярық-оғлан Таң-дарияның етегіне қарай қашты дейді. Осында, Азау теңізінің жағасында қайыра шапқынға ұшырайды. Ара-салмақ тең емес, Бек-Ярық барлық әскерінен айрылып, үй-жай, қазына-мүлік, қатын-баласын және тастап, қоршауды әрең бұзып өтті, дейді. Жанталаста үлкен ұлымен бірге бас сауғалаған.
Теректегі ұрыстан соң аман-есен Үзе-дарияға жеткен Ақтау бек пен Таш-Темір-оғлан да тыным таба алмайды. Арттан қусырған қалың қолдан жеңіліп, тынымсыз шапқынға түсіпті. Ақтау бек Үзеден асып, Хұрмадай ұлысына өтеді, бірақ бұрнадан араздық, жаулығы бар аймақ екен, зорлық, зомбылыққа ұшырайды, енді жаңа қатерден аулақтап, Рум шегіне ауыпты, бірақ мұндағы жағдайы да оқсамаса керек. Ал Таш-Темір-оғлан тағдырласы Бек-Ярық-оғланнан бөлініп, Үзеден кері қайрылады, сол беті дарияны өрлей қашып, Орыс шегіне жетіп әрең тоқтады, дейді.
Сатқындық жөнімен опа таппаған бұл үш алпауыттың кейінгі тағдыры турасында нақты деректер сақталмаған. Алайда, өзімен қоса үріккен азғана жұртынан да айрылып, ақыр ғұмыры қорлыққа, өлімге ұласуы күмәнсіз.
Ұлұғ Ұлыстың майданнан аман шыққан, жеңіле тұра болашақтан үміт үзбеген қайсар қолбасыларының негізгі мақсаты – қырғыннан қалған әскердің қарасынын сақтаумен қатар, Тоқтамыс ханды да аман-есен құтқару болған. Басы бұла хан көп ұзамай, жаңадан әскер топтап, ақыр соңында жаңа майдан ашады деп үміттенген.
Ал жаханнамнан тыныс тартқан Ақсақ Темірдің жеңілген жұртты қайыра бас көтертпес, өлесі жағдайға біржола түсіретін, тозақы, өзгеше жоспары бар екен.

АПАТ

Барлық замандағы барлық соғыста жеңіске жеткен тарап жеңілген елдің астана қаласын, немесе басқадай маңызды мекендерін басады. Тонайды, қиратады, жалпы жұртқа зәбір жасайды. Бұған қоса, арыда – құлдыққа мыңдаған тұтқын айдаған, беріде – бар байлығын тасып әкеткен. Жеңімпаз хан, мемлекет – жеңілген жұртты әрқилы кіріптар шарт қабылдауға мәжбүр қылады. Тағы қаншама ауыр салмақ.
Өз заманынан бес-алты ғасыр, анығы – әлі келіп жетпеген он ғасыр – мың жылға озған, сырқат саналы Ақсақ Темір мүлде төтенше жол тапқан. Басты, бірер шаһарды емес, осы елдің барлық қаласын талқандау, әрбірін жекелей қиратып, ешбір құрылысын аман қалдырмай, бастан аяқ түгелдей жермен-жексен қылу. Атаулы майданнан соңғы қарулы күштерінің соңғы жұқанасын жойып, ұрыс-соғысқа қатысы жоқ бейбіт жұртты – еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін, әйел, еркек демей, жағалай қыра беру. Нақтылап айтқанда, атаулы елді барлық нысанымен, мекенді жұртымен қоса, жер бетінен аластау!..
Қанды, теміртек ХХ ғасырда өзара жалғас, әлемдік екі соғыс болды. Мұның біріншісінде екі тараптан да қарулы, қисапсыз әскер қырылды. Екіншісінде – жер мен көк астасып кетті, миллиондаған әскермен қатар, соншама, бәлкім, одан да көп бейбіт жұрт қазаға ұшырады. Қосақ арасында. Бей-берекет атылған оқ, жарылған снаряд өз алдына. Өндіріс ошақтарын істен шығару үшін көктен түскен бомбалар кісі талғамаған. Гитлердің Лондон мен Ковентри, Ливерпуль, Манчестер мен Бирмингем, және басқа да қалаларды қиратуы – бар істің басы ғана екен. Бұдан соң екі жақты жаппай төпелеу өріс алды. Соғыс өндірісі ғана емес, сол тараптағы адам атаулыны қатардан шығару үшін. Сталинград, Берлин, Дрезден мен Магдебург, Кельн мен Гамбург. Және тағы қаншама қала… Қайткенде, бүткіл Британия, тұтас Германия, жалпақ Россия емес. Қирады, қырылды, көпшілігі аман шықты. Жойқын, отты қарулар заманының өзінде.
Ақсақ Темірдің Терек ұрысынан соң бүткіл Батыс Дәшті шегін ойрандаған, тұтас бір жылдық, қарымтасыз қанды майданы отты жарылыстар арқылы жүзеге аспаса да, өз заманы үшін ғана емес, тарихтағы нешеме сұмдыққа бойы үйренген бүгінгі күні үшін де төтенше пәлекет болып көрінуге тиіс. Ойлап қаралық. Екі мәрте Жихан соғысында Германия жеңілді. Әсіресе, соңғы жолы, біржола қаусап. Екі тарапта да ғаламат жауыздық орын алды. Әсіресе Шығыс майданда, соғыстың соңғы жылы. Әскери тұтқындар тағдыры, холокост өз алдына. Міне, осының бәрінен соң, негізгі жеңімпаз Үштік – АҚШ, Ұлыбритания мен Советтер Одағы – есебі Рузвельт пен Черчиль және Сталин Германияның барлық елді мекендерін ақырына дейін жермен-жексен ететін, ал неміс атаулы бүткіл жұртты жаппай қырып салатын шешім қабылдаса және бұл жарлық мүмкіндігінше жүзеге асырылса қалай болар еді? Алтын Орда шегіндегі Ақсақ Темір қырғынының сыр-сыпаты мен салмағын байыптау үшін айтып отырмыз. Бұл тарапта гуманистік Батыс қауымы ешқашан ойланып көрген емес. Керісінше, міне, алты ғасырдан асты, Ақсақ Темір мейлінше дәріптеліп келеді. Деректің аздығынан емес, жалпы таным мен адамгершілік моральдың кемдігінен. Әйтпесе, Ақсақ Темірдің әр ісі андағайлап тұр ғой.
Кейіптеу үшін, байыптау үшін жалғыз Исфахан оқиғасының өзі жетіп жатыр. 1387 жыл екен. Қақтығыста қырылған әскер өз алдына, бейбіт жұрттан 200 мың адам ажал тауыпты. Ақсақ Темірдің өз заманындағы ресми тарихшыларының бірі, түйсігінен айрылмаған Ғийас ад-Дин Әли: «Өліктер [жиналып], тау болып үйілді, кесілген бастардан қаланған келде-мұнаралар қаладағы үйлерден де биік көрінді», – деп куәландырған. Содан соң, бүткіл шаһардан арнайы теріп алынған, бесіктегі және аяғын қаз басқан сәбилерден бастап, жеті жасқа дейінгі өндір балаларды түгел қала сыртындағы ашық алаңға шығарады. Мыңдаған әскер атпен тапап өлтіруі шарт. Жарлық берілгенде, нешеме жылдан бері қаншама сұмдықты атқарып келе жатқан тасжүрек, қанқұмар сарбаздарының өзі іркіліп қалған екен, Ақсақ Темір соңынан ермеген кісі қатаң жазаға тартылатынын айтып, өзі бастап ат қойған. Сөйтіп, олар да әдейі әкелінген, кінәсіз өлімге кешу сұрап зар жылаған аналарының көзінше, жеті мың баланы ат тұяғына бастырып өлтірген. Психикалық сырқат пен қанқұмар паранойяның ең бір асқынған түрі емес деп кім айтар. Айтпайды. Айтпау үшін, осындай сұмдықтың көбін көпе-көрнеу жасырып қалады. Ал мынау – қапелімде сыздықтап өткен жағдаяттардың шетін бір көрінісі ғана.
1398 жылы, Үндістандағы мұсылман мемлекетінің астанасы Делиді аларда, ілкідегі қанды ұрыстарда тұтқынға түскен, енді қарусыз 100 мың әскерді өлімге кескені тұрыпты, қарсылықсыз берілген астана байтақта тоқтаусыз, тұтас он бес күн бойы бейбіт жұртты қанды қырғынға бөктіреді. 200 мың халық қазаға ұшырады, дейді. Шын мәнісінде, жұрты жиын, сол заманда әлемдегі ең үлкен шаһардың бірі Делиде көлденеңнен қаза тапқан кісінің есебі әлдеқайда артық болуға тиіс.
Бұдан соңғы және кейінгі, ешбір соғыс заңына сыймайтын, бүгінгі заманда адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалануға тиіс тағы қаншама кереметі бар. Шам мен Бағдат және басқа да әйгілі қаладағы жаппай қырғын тұрыпты, мыңдаған адамды тірідей көму, өліктер мен дәрменсіз жаралыларды араластыра, бірінің үстіне бірін қалап, төбе-таушық жасау, сексен мың, жүз мың бастан келде мұнара тұрғызу… Айтып түгесе алмайсыз. Сол заманның өзінде таңбаға түскен, адам сенгісіз ғаламат істер.
Ақсақ Темір Алтын Орда шегінде осы сұмдықтың бәрін жасады. Ұлұғ Ұлыстың біреу, екеу емес, барлық қаласы осыншама азапты жағдайға түсті, шексіз қазаға ұшырады.
Әулие Челеби Ұлұғ Ұлыстың 170 қаласы түгелдей жойылды, деп жазған. Мұның ішінде 30 қала Шығыс Дәштіге тиесілі десек, Ақ Орда – Батыс Дәштіде 140 қала болады. Кейінгі замандағы археологиялық зерттеулер де осы санды межелейді.
Бүгінде жоқтаушысы кем. Батыс тарихшылары манағы, жай ғана қанішер емес, сырқат санадан туындаған қылмыстар жайын әредікте, шет-жағалап, сыпайылап қана айтады. Ал біздің жұрт бастан өткерген жер бетіндегі тозақ мүлде дерлік атаусыз қалып жатыр. Қалаларды қиратты дейді де, белгілі екі-үшеуі ғана атап, сырғанап өте шығады.
Заманауи шежірелерде нақты таңбаға түспеген себепті, Ақсақ Темір қай қалада қалай қырғын жасады, деп жекелей дәйектеу қиын. Алайда, жалпы сурет айқын. Алтын Орданың сәулетті шаһарларын қирату, тұрғылықты халқын жаппай жусату тұтас бір жылға созылған. Қашан, қай тарапта ойран салды, көлденең, арлы-берлі, неше қайрылды, Еділ дариясынан қалай асты, Таң мен Үзеден қашан өтті – бәрі де мәнсіз. Өйткені, сурет – ортақ, нәтиже – біреу-ақ. Біз қадарынша апатты қырғынның жалпы көрінісін ғана байыптайық.
Ақсақ Темірдің шапқынына байланысты, негізінен парсы тілді, ресми тауарихта Алтын Орданың қирап, жойылған қалалары жаппай атала бермейді, түгендеп келгенде, оннан аспас, бес алты ғана қала. Осы орайда, Шараф ад-Дин Йазди Сарай мен Хажы-Тарханның қиратылып, өртке берілгенін, сөйтіп, Темірдің арнайы жарлығы бойынша біржола жойылғанын атап көрсетеді.
Айттық, Сарай-Берке – жер әлемдегі ең байтақ және ең көркем қалалардың бірі еді. Халқы, халық болғанда, қарусыз бейбіт жұрты түгел қырылып, өрт жалмаған ғимарат атаулының әдейі қиратылған жалаңаш, мүкіс қабырғалары ғана қалады. Кейінде бұрнағы Алтын Орда шегін еркін аралап, ендігінің бәрін көзімен көрген Әулие Челеби: Темір хан бұл асқақ, ұлы қаланы талқандап, тұрғын жұртын тегіс турап салып, мүлде иен қалдырды, деп жазған. Бүгінде қаңқиған қабырғалары екі күндік жерден көрінеді, осыншама өкінішті жағдаят, дейді. Сондай-ақ, Тоқтамыс хан заманында жүйрік арғымақпен бір күнде аумағын айналып өтуге мүмкін емес Хажы-Тархан қаласын да қара жерге теңестірді деп нақтылаған.
Дәп осы ретпен Сарай-Бату, Белжәмен, Үкек, Мажар мен Азақ және басқа да ұлы шаһарлар түгел қаусады. Үлкен қалалар ғана емес, шағын кент атаулының бәрі жермен-жексен болған .
Бұл – Батыс Дәшті – Ақ Орда шегінде жайнап тұрған сауда және әкімшілік орталығы, жалпы жұрттың жиын мекендері. Шамасы 140-150 қала. Әулие Челеби айтқандай, Темір-хан бәрін де қиратты, енді қаңқиған қабырғалары ғана тұр. Көп ұзамай, орыс басқыншылығы кезінде сол жетім қабырғалардың өзі жоққа айналды. Ендігісі – төбе-төбе, үйме-жүйме, өлі топырақ қана.
Бұл – сыртқы көрінісі. ХІХ ғасыр шегінде А.Терещенко, ХХ ғасыр басында Ф.Баллод, кейінгі заманда Г.Федоров-Давыдов және басқа да археолог, тарихшы ғалымдар жүргізген жан-жақты қазба жұмыстары Алтын Орданың әлемнен озған қала мәдениетін ғана емес, Ақсақ Темірдің әшшады, жыртқыш шапқынының жан түршігер зардаптарын да айғақтады. Өрт пен күл-қоқыс, шабылған бас пен жарқаланған сүйек…
Осындай бір сұмдықты мен де көріп едім. Жүйке-жүрекпен сезіне отырып, өз көзіммен. Археолог болмасам да, ерекше жағдай нәтижесінде. Алтын Орданың сән-сәулетті, мыңғырған бай орталықтарының бірі – Жайықтың арғы бетіндегі Сарайшық қаласы. Бүгінде Қазақстан шегінде. Тәуелсіздікке дейін және кейін, 1990 жылдар мұғдарында үш қайтара барған екем. Екінші жолы, 1991 жылы көктемде жолым түсіпті.
Бүгінде көпке мәлім, арнасы батысқа қарай ауған Жайық әлденеше жылдан бері, байырғы Сарайшық қаласының ең соңғы жұқаналарын шайып кетіп жатыр. Шамасы бес-алты метрлік биік жарқабақ, мен көргенде, әрбір жыл сайын төрт-бес метрге жығылады екен. Сумен жалғас іргедегі адам сүйегінен аяқ алып жүре алмайсыз. Қаншама толағай домаланып жатады. Аталмыш 1991 жылы жазғытұрым барғанымда, бұрынғыдан да басқаша, ғаламат көрініске ұшырастым.
Кезекті тасқыннан құлаған жардың бір тұсында бұдан тура алты ғасыр – нақтылап айтсам, 596 жыл бұрынғы ғаламат трагедиямен бетпе-бет ұшырасып едім. Жардың жоғарғы тұсы, бірер метрден астам таза топырақ, күл-қоқыс астында… қалыңдығы жарым құлаштан астам тұтас бір қыртыс бар екен – қатар-қатар, қабат-қабат адам сүйегі. Оңды, солды, қиғаш, көлденең, бірінің үстіне бірі құлаған. Кейбірінің бас сүйегі көрінеді, бірталайының қу жілігі, омыртқа, және тағы басқа бітімдері сорайып шығып тұр. Тұтасымен көлденең түскен, толық аршылған екі скелет көрдім. Мұның бірі – үлкен кісі, жамбасы мен ортан жілігі, бір қолы мен иығы. Басы жоқ. Екіншісі… шамасы тоғыз-он жасар бала, сәл-пәл қиғаш құлаған екен, қабырға сүйектері – өрілген бір үзік, жуан арқан кейіпті. Нәзік, аппақ қабырғалар оратыла тұтасып, қатып қалған… Міне, осындай сұмдық. Тура алты ғасыр бұрынғы қалпында… Екі жылдан соң қайыра барғанымда, қасыретті жар өз кезегінде тағы да құлапты, әлдебір ескі құрылыстың қыш кірпіштері ғана көзге шалынады; тақау маңда өзіміздің археологтар қазған, белден асатын әжептәуір аумақты шаршылы шұңқыр жарым-жартылай кетіліп, дәл жиекте тұр, бұдан үш-төрт жыл бұрын жағалаудан 40-50метр жерде болатын.
Мен кезінде Сарайшық туралы арнайы мақала жазбақ едім, соқталы жұмыстардан аса алмадық, мұрша келмеді, енді орайлы қисынында іркіп қалмадым.
Ақсақ Темір шапқынына байланысты кейінгі бір еңбектерден екі қайтара ұшырастым ғой деймін, Сарайшық сол жолы қирамай, аман қалды деген сыңайда. Арнап аталмауы рас. Және Сарай-Жәдид, Хажы-Тархан, небәрі бес-алты шаһар, басқа барлық қала түгенделмеген. Сондықтан мүлде қисынсыз, дерексіз лепес. Ақсақ Темір жасақтарының Еділдің жоғарғы жағы – Тұратұр өткелі арқылы шығыс бет – сол жағалауға шыққаны туралы нақты дерек бар. Бұл реттегі негізгі мақсат та осы Сарайшық болуға тиіс. Хан қаласы, сәнді, сәулетті, ең керегі – қазыналы, бай-бағлан Сарайшық міндетті түрде талауға түсуге, біржола қирауға тиіс еді. Және дәп солай болды.
Осы ретте Сарай-Берке мен Хажы-Тарханнын соң, айрықша өшпен­ділікпен қиратылған – әйгілі Гүлстан екен. Алтын Орданың батыс бөлігіндегі бір жүз қырық қаланың ішіндегі, сол заман мегаполисі, құрылыстары түгел жаңа һәм ерекше, тұрғылықты, жиын халық үшін барлық жағдай жасалған, Ұлұғ Ұлыстың соңғы ғасырында Сарай-Беркеден соңғы екінші астана және экономикалық орталық – жер үстіндегі ұжмақ кейіпті ұлы шаһар. Етегінен басына дейін, жүйелі, жоспарлы түрде талқандалған екен.
Біз қаусаған құрылыс, жермен жексен қалалар туралы айтып отырмыз. Қайткенде, әуел баста адам қолымен жасалған игілік. Енді сол адам, бұрнағы емес, дәп осы кездегі қожайын, бар әскері қырылып, қорғаусыз қалған мың да мың сан бейбіт жұрт қайда? Әйел заты, кәрі-құртаң, бала-шаға – қарусыз, дәрменсіз қалың бұқара. Бұлар да түп-тұқиянымен жоққа айналды. Исфаған, Дели – Ақсақ Темір жаулаған, басып өткен барлық жұрттағы барлық қаланы еске алыңыз. Бұлардың ешқайсы да Алтын Орда сияқты тайталас, жаулас, қастанды дұшпан емес еді. Алайда, қанқұмар, паранойік патшаның қызықты ойыны, жебір сырқатының құрбанына айналды.
Шамалап қарайық. Сарай Беркеде – сексен мың тұрғын. Гүлстан мен Хажы-Тарханда бұған жете-қабыл. Осыларға жалғас, Бұлғар, Мажар мен Азақ, және Белжәмен, Үкек сияқты ірі шаһарлар бар. Әрқайсында кемі қырық-елу мыңнан. Және жүз отыз-жүз қырық қала. Алды – жиырма, арты – бес-он мыңнан деп біліңіз. Мегаполистер тұтасымен кетті, қалған кент жұрты жарым-жартылай ғана қырылды деп санағанның өзінде… жинақтап келсек, бір миллионға ат басын тартпай жетеміз. Шағын ауыл, қыстақтар мен кең даладағы егінші, малшы жұртпен қосып есептегенде… бұдан әлдеқайда көп.
Соғыс шығындары, қанды қазаға жалғас Батыс Дәшті шегінде жаппай ашаршылық басталады. Мал – талауға түскен, егін – салынбаған, салынғаны, шыққаны – жиналмаған. Осыншама апат үстіне баяғы обыр оба қайтадан көрініс беріпті.
Жоспарлы, қанды қырғын – бүгінгіше айтсақ, атаулы геноцид, бұған жалғас табиғи апаттар нәтижесінде Ұлұғ Ұлыстың ілкіде ғана шамамен төрт миллионды иектеген, Орта ғасырлар есебімен қисапсыз халқы кемі екі есе, әйтпесе екі жарым есеге кеміп, бір жарым миллион межесінде қалады.
Әлемдік ұлы державаның болашақ өрісін шектеген осыншама сұмдыққа жалғас тағы қаншама кесел туындапты. Соның негізгі бір тармағы – Алтын Орда жеріндегі сауда, қатынас жолдарының белортадан үзіліп, қатардан шығуы болатын. Оның ішінде байтақ әлемнің екі ұштығын жалғастырып жатқан Жібек Жолы өзінің ғасырдан ғасырға созылып келе жатқан игілікті қызметін біржола тоқтатады. Нақтылап айтсақ, Жібек Жолының Алтын Орда жерімен өтетін терістік тармағы. Яғни, байлық дариясының тоқ арнасы суалды. Түстік тарап мүлде қырқылмады дегенмен, жарым-жартылай қысқарды, солғын тартты, бұрнағы ауқымынан айрылғаны өз алдына, Шыңғыс хан заманынан бергі еркіндік пен қауіпсіздік қайтып орнамады. Әлбетте, Алтын Орданың құт-берекесі кетіп, ырысы ортайды. Тек бұл ғана емес. Батыс Европаның Шығыстағы Үндістан мен Қытайға қатынасы тоқталды. Табиғи қажеттілік – күрт көтерілу қарсаңындағы Батыс елдері Жібек Жолының жаңа, тосын тармағын – Теңіз айдыны арқылы іздестіре бастайды. Ақыры, қиыр батыста жаңа құрылық ашылады және шын Үндістан деп саналып, Испания мен Португалия тарабынан шұғыл, белсенді түрде игеріле, отарлана бастайды. Ендігі заманда Америка аталған егіз континент халқы кіріптар кепке түсіп, жаппай қырғынға ұшырағаны, Оңтүстік құрылық ойран-топан болса, Солтүстік құрылықтың абориген халқы біржола жойылып кеткені белгілі. Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға қарсы жүргізген түбегейлі қырғынының тікелей нәтижелерінің бірі дер едік.
* * *
Ақсақ Темір – адамзат тарихындағы өзгеше тұрпатты, мистикалық, жұмбақты тұлға. Мистикасы – ғайыптан көтерілуі, тіке келген талай ажалдан аман қалуы емес, өкімге жеткеннен соңғы кезеңдегі, түсініксіз, қисынсыз жеңістері. Мәселен, Құндызшы ұрысында, Шағатай әскерінің толық қирау қарсаңында, Ұлұғ Ұлыс қолбасыларының бірі Бек-Болат-оғлан майдан шебін ашық қалдырып, ұрыстан тайқып шығады да, Ақсақ Темірдің жеңісіне жол ашады. Келесі, Терек шайқасында бірінші күні тығыз, толық қоршауға түсіп, басы жойылғалы тұрғанда қапиядан аман қалуы – бақытты талайынан десек, алғашқы екі күні қатарынан ойсыраған алмағайып жағдайдан соң, үшінші күнгі ұрыс басталарда, Сол қанаттағы негізгі әскерді ұстап тұрған Ақтау-бек аяқ асты, қисынсыз сылтау тауып, қасарысқан шепті тастап кетеді, сөйтіп, Ақсақ Темірдің түбегейлі жеңісіне жол ашады. Аңқара ұрысында Жасын Баязид – алдында ғана Никополь түбінде Еуропаның біріккен крестшілерін талқандаған, оған дейінгі әр тарап қаншама майданда жеңіске жетіп, Осман-Түрік мемлекетін ұшпаққа шығару табалдырығында тұрған, байыпты, тәжірибелі қолбасы Баязид сұлтан Ақсақ Темірмен беттесер алдында бір емес, әлденеше, қисынсыз, кешіргісіз қате жасайды. Әскерінің жиын саны екі есе кем болса да, Ақсақ Темірді оп-оңай қиратамын деп сенген менмен астамшылықпен, ел шегіне кірген жаумен тезірек айқасу үшін, аптығып, күн-түн қатқан төрт жүз шақырымдық аттаныстан соң, ұзақ жолдан шаршаған, азығы таусылып, ашыға бастаған, ең жаманы – аттары да, өздері де сусаған әскеріне, алысырақ тоқталып, тым құрса азғана тыным бермей, бірден-ақ майданға түседі. Ақылсыз, шалағай іс. Қайталап айтайық, парасатты сұлтан, жауынгер, тәжірибелі қолбасы жол берген, адам сенгісіз қателік. Еуразиядағы түрік халықтарының тарихында Алтын Ордаға жалғас жаңа бір дәуір ашуға тиіс, бірақ дәп осы кезеңде ақылынан да, сабырынан да айрылған Баязидтің бар ісі – шайтан, ібілістің жетегімен жасалды демеске әддің жоқ.
Осыншама ақжолтай Ақсақ Темірдің өзінің бар тумысы күмәнді. Барлас тайпасынан дейді. Айтылып жүргендей, моңғол емес, әуел бастан түрік қауымы. Алайда… 1941 жылы, арнайы, өкіметтік рұқсатпен Самарқанд, Гур-эмир мавзолейіндегі қабірі ашылған кезде… қызыл жирен шашты кісі болғаны айқындалған. Кейінде белгілі антрополог М.Герасимов қалыптаған түр-тұлғасы сенімсіз, – мұндай, еуропалық, отты, қызыл-жирен шаштан соң бар бітімі басқаша шығуға тиіс еді. Әлдебірде нәсіл-тегі византиялық грек екен деген долбар да айтылған. Бәлкім, арғы немесе бергі аталары Орталық Азияға құлдыққа келген сақлаб – славян нәсілі болуға мүмкін. Қайткенде, жан-дүниесі де, мінез-құлқы да біздің түрік қауымына мүлде жат. Бірақ бұл да негізгі дәлел емес. Қай нәсілден шықса да, оның жаханнам жендеті есебіндегі айна-қатесіз түр-тұлғасының ең басты айғағы – өмірлік қызметі мен табанды, тұрақты іс-әрекетінде жатыр.
Енді, таратып айтсақ, бар өмірін ұрыс-соғыспен өткерген жихангер қолбасы, әйгілі әмір Ақсақ Темір кімдермен шайқасып, кімнің мүддесін жоқтаған екен? – Христиан әлемімен тілектес, мүдделес бола отырып, тек қана түрік жұрты, мұсылман қауымына қарсы соғысыпты.
Алтын Орданы қиратты, бірақ іргелес Орыс шегіне аттап жүрмейді. Елец қаласынан кері қайрылыпты. Бұл да Алтын Орда иелігі. Бүгінгі орыс тарихшылары қорықты, сондықтан да кері шегінді деп жазып жүр. Әлемді жаулаған Ақсақ Темір көтерем Орыс кінәздіктерінен именіпті.
Түрік-Осман мемлекетін талқандады. Сөйтіп, әне-міне құлағалы тұрған Византияға елу жыл қосымша ғұмыр сыйлады. Османлы түріктің жер болғаны өз алдына, осы жарым ғасыр орайында Еуропа тың тыныс тапты, Московия айрықша күш алды.
Өрлеп келе жатқан Дели мұсылман сұлтанатына ойран салды. Қисапсыз қырғын жасап, бар күшінен айырды. Тоналған жұрт, қираған қалалар есеп емес, ең бастысы – ғаламат демографиялық апат. Бұл сұмдық Үндістан шегіндегі исламның болашағын шектеді. Тағы да үйреншікті жағдай – мұсылман мемлекетін қиратқаннан соң, арыдағы, ғайри дінді Үндістан шегіне кіруден бас тартады.
Қалтылдап тұрған, әл-дәрмені кеміс, сонымен қатар бай да бақуат, қазыналы Византияны тыныш қояды, оның есесіне қарсы беттегі Мысырмен шайқасады, Сирияны жаулайды.
Барлық уақытта, барлық жерде соғысқаны, қиратқаны – түрік жұрты, мұсылман қауымы. Жай ғана соғыс, теперіш пен бүліншілік емес, қанды қасап, әшшады, патологиялық қылмыс.
Бар тарихтан белгілі, Ақсақ Темір Англия королімен хабарлас, Франция королімен жағаттас болған. Кастилия-Испан королімен елшілік қатынас жасаған. Бұл патшалықтар, сөз жоқ, Ақсақ Темір Алтын Орданы жаулағанда, сырттай сүйініп отырды, ал Түрік Баязидті жеңгенде, бүткіл Еуропа той тойлағаны тарихта таңбаға түскен. Және есімі мен барлық ісі күні бүгінге дейін құрметтеліп келеді. Құрметтемесе де қылмыстарын жасырады, жасыра алмаған жағдайда сыйпай соғып кете бермек.
Бүгінгі, азат, демократиялық Еуропа тарихшыларының өзі Ақсақ Темірдің жауыздық істеріне жүрдім-бардым қарайды. Қолға түскен мың сан әскерді қинап өлтіретіні, бейбіт халықты жаппай қырғынға ұшыратқаны ештеңе емес, бірде нешеме мың тұтқын түрікті тірідей көмгенінің өзін ешқашан болмаған әлдебір діни рәсіммен ақтайтынын қайтерсіз. Кейде мұсылмандарға тиіскен жоқ, арасынан іріктеп алып, христиан дінділерді ғана өлтірді деп те қояды. Түсінікті жағдай. Танымның түйте көрінісі ғана емес, кәдімгі расизм. Және Ақсақ Темір түрік-мұсылман Алтын Орданы құлатып, жарты ғасырға болса да Осман-түріктің қарымын шектеді ғой. Түптеп келгенде тарихи сананың кешеуіл қалыбы. Біз білгенде, бүткіл Батыс әлемінде ақиқат шегінен ауытқымаған тарихшы жоқ екен. Советтер қыспағында күн кешкен түрік-татар, түрік-қазақ қауымының тілі енді ғана шығып келеді. Айттық, бұл ретте біздің бұлғар-татар бауырларымыздың танымы мен қызметі ерекше бола бастады.
Біз бағзы бір күн, 2005 жылы жазылған, әлденеше мәрте қайыра басылған, ақыры, 2020 жылы жиырма бес томдық Толық жинақтан орын тапқан «Келде-мұнара» дейтін хикаятымызда Ақсақ Темірдің сырқат санадан туындаған, бүгінгі тілмен айтқанда, адамзатқа қарсы, кешірімсіз қылмыстарының кейбірін айғақтаған едік. Бір томдағы бір ғана әңгіме. Ақсақ Темірдің зұлымдық шежіресі туралы жиырма бес том емес, жүз де жүз том жазбалар жеткіліксіз болып қалуға мүмкін.
Қайткенде, мұсылман қауымының жендеті, түрік-қыпшақ текті жұрттың болашақ заманын тарылтқан, бүткіл адамзаттың тарихи шеруін теріске бұрған Ақсақ Темір әлі күнге өзінің шынайы тарихи бағасын алған жоқ.

БЕКЛЕРБЕК ЕДІГЕ

Ақсақ Темірдің 1395 жылғы Терек ұрысындағы үлкен жеңісі және жалғас, тұтас бір жылға созылған қанды жорықтары нәтижесінде үлкенді-кішілі қалалары түгелдей жермен-жексен қираған, әскерден соңғы бейбіт жұрты жаппай қырғынға ұшыраған, бұдан соң жетінші, сегізінші жұт – ашаршылық пен оба әбден титықтатқан Алтын Орданың күні біржола өшу қарсаңына тұрған. Осы талыққан, күйреген елдің өзі нешеме ұлысқа бөлініп кеткен еді: Сарай мен Еділдің етегінде шартты болса да хан аты бар Құйұршұқ отырды. Қырымда – Таш-Темір-оғлан. Жайықтың шығыс беті – Көк Ордада Темір-Құтлұғ. Әлі де жарығы таусылмаған Тоқтамыс хан Қара теңіздің терістік-батыс жағалауында өкім құрды. Болашақ, шын мәнісінде біржола бөліністің әуелгі сұлбасы. Ел-жұрттың, ең бастысы – билеуші нәсілдің буынына түскен ішкі дерт, және Бұлғақ заманында өріс алған алауыздық пен жікшілдік қайыра қоздамаған жағдайда, әлем басқаша түрленуі де ықтимал екен. Қайткенде, байырғы Жошы ұлысы дүр сілкініп, жаңадан көтерілді. Бұл, ақырына жетпей қалған өзгеше құбылыс – беклербек Едіге есімімен байланысты.
1
Едігенің тумыс-тегі біршама мағлұм. Ел әңгімелері бойынша, бүгінгі Оңтүстік Қазақстан шегі, Қаратаудың терістігі, Құмкент шаһарында туған. Мұсылман-түрік әулиесі Баба-Түкті Шашты-Әзиздің тікелей ұрпағы. Ақиқат, әлде аңыз. Анығы – Баба-Түкті Шашты-Әзиздің моласы аталатын қастерлі нысан – осы Құмкент түбінде; тек қазақ қана емес, бүткіл Орта Азиялық мұсылман қауымы күні бүгінге дейін басына тәуап етеді, қасиетті қабір үстінде, біз көргенде, осымен екінші, әлде үшінші қайтара, сәулетті, шағын күмбез тұрғызылған.
Біршама деректер бойынша, Едіге көне түрік заманынан келе жатқан маңғыт руынан. Ал Ибн Арабшах қоңырат деп атап айтқан. 1990 жылдар мұғдарында әйгілі «Едіге» жырын зерттеп, диссертация қорғаған, кітап шығарған, ол кездегі жас ғалым, Едіге Мағауиннің байыбынша, екі тарап байлам да қисынды – бүгінде қазақ құрамындағы маңғытай-қоңырат, аталмыс Құмкент және іргелес аймақтарда жасап жатыр. Едіге осы өңірдегі, ежелден ел билеген, хан тағына жанас әулеттен шығыпты. Туған әкесінің есімі – Балтышақ би. Дербес Көк Орданың соңғы ханы Темір-Мәліктің ұлыс-бегі. Анығы – Орыс хан заманынан орныққан, беделді ұлық. Темір-Мәлік Тоқтамыстан жеңіліп, қаза тапқан соң, жаңа ханның алдына әкелгенде, ендігі ел иесіне ант беруден бас тартады, шыққыр көзім шықпай тұр, саған қызмет жасай алмаймын, тума ханымның соңынан кетейін, мені де өлтір деп, ажал сұрап алған екен. Әкесін өлтірген Тоқтамыс Едігенің өз басына кеңшілік жасайды. Енді Сол қанаттағы ықпалды ұлықтар қатарында. Ағасы Иса-бек әйгілі әскербасылардың бірі. Алайда, арада он жыл өткенде, әлденеден ши шығады. Тоқтамысты тақтан тайдыру үшін астыртын дайындалған бүлік әшкере болып қалған себепті дейтін жорамал бар. Қайткенде, Едіге бас сауғалап, Сарай-Жәдидтен қашады. Тарихи нақты дерек және атаулы эпоста айтылғандай, той үсті, түн ішінде. Сірә, мұз қатқан қыс, ізін шалдырмай, Еділ-дариядан аман өтеді. Бұл – 1390 жылдың ақырына таман. Ақсақ Темірдің әуелгі жорығы қарсаңында, бәлкім, осы жорық үсті, Ташкент, немесе Отырар түбінде келіп қосылған. Енді бірге жүруге мәжбүр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, тәрізі, Тоқтамыс өкімінің алғашқы жылында, Жошы әулеті Күнше-оғлан пана сұраған. Енді, Едігеден жарым жыл бұрын Орыс хан немересі, Темір-Мәлік хан ұлы Темір-Құтлұғ-оғлан да Ордадан қаша шығып, Ақсақ Темірге жеткен. Басқашарақ жағдай. Шынында да, Едіге бастап, бұрнағы Көк Орда хандарының тікелей нәсілі, енді ғана кәмелетке толған Темір-Құтлұғты Алтын Орда тағына жеткізу талабында әлденендей астыртын мәмле болған сияқты. Өйткені, осыған дейін бейбіт, барақат тіршілік кешкен Темір-Құтлұғтың өміріне қатер төніпті. Амалсыз қашқын. Бұдан соң Едіге күмәнге ілінген. Ақыры, екі ханзада, бір белгілі бектің басы қосылды. Санаулы ғана нөкері бар, әйтпесе, жалаң қылыш, жалғыз атты аламан есебінде. Ақсақ Темірдің жорық жолында ешқандай елеулі қызметі жоқ, әскер бастамаған, кейінгі бір зерттеушілер атап айтатындай, жол көрсетуші де емес, жер бедері бұларсыз да біршама мағлұм. Осы орайда Р.Почекаев Едіге ханына қарсы шықты, бірақ халқын сатқан жоқ, деп атап жазған.
Ақыры, Шағатай ұлысының құрама қалың қолы Сарысудан өткен кезде, Едігенің екі нөкері түн жамыла қашып шығады. Уақыт ұтқызып алса да, соңдарына түскен қуғыншылар жете алмай қалыпты. Үшеуінің, тым құрса Едігенің тікелей нұсқауы ма, әлде отаншыл екі нөкердің өзінің жанкешті шешімі ме – тап басып айту қиын. Қайткенде, әжептәуір кеш болса да, арттағы ел хабарланып үлгерді.
Сонымен қатар, Құндызшыдан соң Едіге Орданың Сол қанат жұртының өзіне қарасты біршама бөлігіне, қазіргі қоныстан үдере көшіп, шалғайға, сірә, Көк Орда шегіне тезінен кетуі қажетін айтып, астыртын, жарлық жібереді. Бұл кезде Едігенің өзінің де алдағы жағдайы беймәлім болатын. Яғни, өзі жете алмай қалса да, тақау кезеңде өткерілмек екінші майданнан сақтандыру деп білсек керек. Бұдан соң шынында да біраз жұрт аулаққа қоныс аударыпты. Ақыры, әуелгіден де зор екінші шапқыннан аман қалады.
Енді, Ақсақ Темір түп көтеріліп, ат басын кері бұрарда үш серек – Темір-Құтлұғ-оғлан, Күнше-оғлан және бұл екі ханзададан жасы да үлкен, көргені де көп Едіге-бек, тізе қосып келіп, Ақсақ Темірден мәулет сұрапты: әзірше осында қала тұрсақ, берекесі кеткен елімізді, иелік жеріміз бен жұртымызды жинақтап, жөнге түсірейік, деп. Содан соң дәргейіңе қайтып ораламыз, деп. Рұқсат.
Арада көп ұзамай, Күнше-оғлан әуелгі уағда жөнімен, Самарқандқа қарай жол тартады. Тәрізі, жетіп үлгермеген, бәлкім, жол ортасынан кері қайрылады. Тосын хабар: Едіге мен Темір-Құтлұғ-оғлан әуелде қарауындағы елін, ел болғанда, Көк Орданы қайта ұйыстырған екен, енді Ақсақ Темірдің ғұзырынан тайқып, осы жұртта қалыпты, ол аз болғандай, Темір-Құтлұғ ақ киізге көтеріліп, ата мұрасы – Көк Орданың ханы деп жарияланған, ал Едіге – ұлыс бегі. Заманның да, жағдайдың да күрт өзгергенін аңдаған Күнше-оғлан қалт бұрылып, туған жұрты Ақ Ордаға оралады. (Бұдан арғы кезекте Тоқтамыс ханның әскербасылары қатарында.)
Көк Орда шегінде орныққан Темір-Құтлұғ пен Едіге беклербек өздерінің өкімін бекемдей түседі. Дербес жұрттың тәуелсіз қожайындары есепті. Елін ұйыстыруымен қатар, әрине, азды-көпті әскерін жасақтай береді. Ақыры, арада төрт жыл өткенде, Жошы ұлысына қарсы екінші аттаныс алдында Ақсақ Темір Едігеге тікелей сөз салыпты. Үлкен жорыққа қол жалғау турасында. Әуелгі сөзіңнен тайған күнәңді кешірдім, енді қатарыма қосыл, дейді. Тіпті, құдандалық туралы сөз қозғапты. Едіге қатқыл, нақты жауап береді. Сенің жағдайыңды қаншама заманнан білемін, мені бұлайша оп-оңай алдап, құрығыңа түсіре алмайсың, дейді. Есебі түзу еді. Өз халқына қарсы аттанбайды, сондай-ақ арасы ажырап кеткен Тоқтамыс ханмен де табыспақ емес.
Ақсақ Темірдің жойқын жорығы, қырсық шалған сәтсіз жағдаяттар, арамдық пен опасыздық нәтижесінде Жошы ұлысының ұйықты, негізгі бөлігі Ақ Орда ойран-топан болды. Бұл кезде қуат-күші әлдеқайда кемшін Көк Орда өзінің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап, бейтарап отыруға бейіл еді. Ақсақ Темір Қапқаз арқылы кейін қайрылғаннан соң, Едіге мен Темір-Құтлұғ шұғыл және батыл шешім қабылдап, Жайықтан асады. Жүрегі шайлықпаған тастүйін жасағы біршама. Енді Ақ Орданың әлдеқалай аман қалған, немесе әр тараптан құралған азды-көпті әскері және басы бүтін ұлықтары жаппай қолдаған Едіге мен Темір-Құтлұғ мүлде күш алыпты. Осы шектеулі мезгілде қайткенде дербес мәртебесі бар өз хандары Құйұршұқты қостап отырған ұлықтар мен бұқара жұрт бірден-ақ Темір-Құтлұғ жағына шығады. Ол да Орыс хан әулеті, немере аға Құйұршұқ азды-көпті әскер түзуге мұршасы келмей, аман-есен қашып құтылады. Ендігі жерде Темір-Құтлұғ – хан, ал Едіге – беклербек.
Едігенің әлде әпкесінен, әлде қарындасынан туған, әрі жас Темір-Құтлұғ хан білігі де тәжірибесі де мол, hәм жауынгер нағашы ағасының айтқанынан шықпайды. Қаншама қираса да бұрнағы алып денесі сақталып тұрған Ұлұғ Ұлыс толығымен беклербек Едігенің құзырына көшіпті.
Бұл кезде Тоқтамыс хан да байырғы өкімін қалпына келтіру жолында тыпырлап жатқан. Әуелде Қырымды шабады. Бұдан соң Қара теңіздің терістік атырабында біржола бекінуге әрекет жасайды. Ақыры, орыс жылнамасының айтуынша, жаңа ханмен арадағы, тікелей, үлкен соғыста жеңіліс тауып, Литваға қашуға мәжбүр болыпты. Мұнда өзінің бұрынғы вассалы, ұлы кінәз Витовттың құрметті мейманы және алмағайып жағдайдағы одақтасы ретінде ғұмыр кеше бастайды. Витовт Тоқтамысқа Канев-Черкасы шегінде іргелі бір аймақты және Лида қаласын кесіп береді. Әрине, атаулы шарты бар. Тоқтамыс Литваның көмегімен хандыққа қайта отырса, Орыс елінің бодандық тізгінін Витовттың дәргейіне тапсыруға тиіс.
Ал астана Сарайда ғана емес, бүткіл Ұлұғ Ұлыс шегінде берік бекіген Темір-Құтлұғ хан мен беклербек Едігенің қам-қарекеті мүлде басқа тарапқа бағытталған еді. Әлбетте, хан өкімі – тұтастық кепілі. Қалған барлық шаруа – ұлысбегінің ғұзырында. Халықтың кейінгі ұғымында «Ел қамын жеген Едіге» дейтін ақсарағат мәртебеге жеткен беклербек, жарадар, қансыраған, талыққан жұртының есін жиғызып, қарымын қайтадан көтеріп, бар жағдайын оңдауға кіріседі.
Ең бастысы – жалпы жұрттың жарықшақ көңілі тыныштануы керек еді. Өзін сырт жаулардан қауіпсіз сезініп, біртұтас ұлыс ретінде қайтадан ұйысуы шарт.
Жаппай күйзеліс, күрделі ахуал, тұрмыс тарлығы мен әрқилы сырқат, оның ішінде оба дертінің зардабына қарамастан, айналасы үш жыл ішінде, байырғы, батыр да бағлан жұрт біршама ес жиып қалғанын көреміз.
Жошы ұлысының ежелгі ерлік дәстүрін тапқаны, дүр сілкініп, бар тарапта оңалуға бет түзегені – осы кездегі ең үлкен сын – Ворскла шайқасында анық аңдалған еді.

Ворскла

Ақсақ Темірмен арадағы үздік-создық соғыстар әуелде басым жағдайда өткерілсе де, кейінгі кезеңдегі Құндызшы, одан да зоры – Терек ұрысынан соң әбден әлсіреген Алтын Орда әлемдік держава есебінен шығып, ендігі жерде тақау төңірегіне түгел жем болуға мүмкін еді. Орыс кінәздіктері әзірге ашық бас көтермесе де, жаңа бір жағдайға әзірлене бастады. Ал батыстағы тікелей көрші Литва өз қалпында тұрса да, күшіне күш қосылғандай, тың тыныс тапқан. Саяси терең есеппен бұрнағы сюзерені, бүгінде қуғынға түскен Тоқтамыс ханға пана берген ұлы кінәз Витовт Жошы ұлысының түстік-батыс өңірін біржола жаулап, алдағы заманда Еуропадағы бүткіл шығыс славян қауымын өз туының астына қаратып, айрықша қуатты жаңа бір мемлекет құру ниетінде болады.
Осы орайдағы әуелгі байқастау жорықтары тікелей Алтын Орда шегіне бағытталыпты. 1397 жылы Таң-дария алқабына басып кіреді. Қаншама олжа түсіріп, мыңдаған тұтқын әкетеді. Келер жылы тағы да, айтарлықтай қарсылық ұшыратпай, Үзе-дарияның етегін шапқындайды. Орыс жылнамасының куәлігінше: «Енді Татар жерін біржола басып, Темір-Құтлұғ ханды қиратып, бүкіл патшалығын қолға түсіріп, бөлшектейміз», – депті. Ордада хандыққа Тоқтамысты қайтадан отырғызбақ. Әрине, айтқанынан шықпайтын вассал ретінде, ұтымды шартпен. Осыған орай, Едігенің Темір-Құтлұғ хан атынан қашқын Тоқтамысты қайтарып, қолға беру талабы, әрине, орындалмайды.
Ақыры, жеңіске күмәнсіз Витовт 1399 жылы жазғытұрым Алтын Ордаға қарсы тікелей аттаныпты. Киевте топталған ауыр әскер 18 майда шеру түзейді. Үзе-Днепрдің солақай тармақтарының бірі Ворскла өзеніне 5 август күні жетіп, шеп құрады. Қалың қолдың жалпы қарасыны туралы бірегей, нақты мағлұмат жоқ. 30-40 мың, 50-60 мың, 90, 100 мың… Бүгінде жазылған Литва тарихында (З.Ивинскис) Витовт әскерінің жиын саны 38 мың деп айтылады, Алтын Орда әскері – 90 мың деп көрсетілген. Шындығында, бұл 38 – Витовттың литвин жасағы ғана болуға тиіс. Ал Ұлұғ Ұлыстың 90 мыңын алсақ, тым көп. Осы орайдағы жанама есеп – Витовт шынында да 90 мың әскер құрады деп білер едік. Өйткені, барлық дерлік тарихи жазбаларда сан жағынан айқын басымдық Витовт жағында. Сонда, тарата жинақтап келсек, аттанысқа шыққан қалың қолдың құрамы: Литва ұлы кінәздігінің барлық қарулы күштері, вассалдар мен одақтастар – Киев кінәздігі, Смоленск кінәздігі, Полоц кінәздігі, Псков кінәздігі, Подоль кінәздігі, Рыль кінәздігі, Брянск кінәздігінен жиналған әскер, Польша корольдігінің жасақтары және Тевтон орденінің рыцарьлары мен Молдаван-валах рыцарьлары һәм Тоқтамыс ханның туы астындағы қыпшақ қосындары. Литвиндер 38 мың десек, русиндер – әзірге орыс текті, болашақ украин мен белорус – әр кінәздіктен әлденеше мыңнан, Тевтон орденінен 1600 атты рейтар және 500 жаяу әскер, поляктар – 4 мың, валах – 1300 рыцарь, ал Тоқтамыстың жеке жасағы – 15 мың.
Қалай айтсақ та, Витовт зор майданға 90-100 мың әскермен түскен. Ал Ұлұғ Ұлыс әскері асса 60-70 мың, соның өзі мүмкіндік шегі, алып ел өткен соғыстар жарасынан әлі айығып бітпеген.
Шығыс Еуропаның, яғни жарым дүниенің болашақ тағдырын айқындаған Ворскла шайқасы туралы заманауи деректер біршама: поляк, орыс, неміс… – Длугоштан бастап, Татищев, Карамзин, Соловьев және бүгінгі украин, белорус тарихшылары. Соңғы бір сөзді татар тарихшысы И.Измайлов түйіндеген екен. Әлбетте, шалағай деректер де, қарама-қайшы пікірлер де ұшыраспақ, әйткенмен, бар тауарихтың негізгі тұрғысы бір арнадан табылады. Қисапсыз қырғын болған, ақырғы нәтижесі жалғас заманға астасады.
Сонымен, Витовт 1399, 5 август күні Ворскла өзеніне жетті, дедік. Қарсы, сол қабаққа өтпейді. Ұтымды тұста қорғаныс шебін құрыпты. Тәрізі, алдан әскер шыққан хабарын білген. Күткендей-ақ, үш күн өтіп, төртінші күн – 9 августа Ұлұғ Ұлыс қосындары да келіп жетеді. Ол тарапта да әуелден аңыс аңдып отырған, жіті дайындық нәтижесі. Темір-Құтлұғ хан бастаған әскер. Витовт сайлаған қалың қолдың бір бөлшегіндей ғана. Бірақ бұл – алғы лек болатын. Бейқам Литва – бары осы деп ойлаған.
Әзірше соғыс қимылдары басталмайды. Темір-Құтлұғтың күші кеміс, Витовт қылыш көтермей-ақ бар талабын орындатпақ.
Екі тарап, өзеннің екі бетінде тұрып, өзара арбасқанын көреміз. Өркеуде Витовт қайткенде өзіне де, әскеріне де сенімді. Ал Темір-Құтлұғтың ішкі есебі бар, әуелде тікелей қатер күтіп, дағдарып қалғанмен, майыса отырып, табанды келіссөз бастайды.
«Сен бізге қарсы не себепті аттандың? Мен сенің жеріңе тиіскем жоқ, қалаңды шаппадым, халқыңа зәбір жасамадым. Не мақсатпен келіп отырсың?» – дейді. Витовт турасына көшіпті: «Құдай тағала қаншама өлкені менің ғұзырыма бұйырып отыр. Сен де бағынуға тиіссің. Мені әке деп мойында, ұлым бол!» Сол заман дипломатиясының тілімен айтқанда, әке – сюзерен, бала – вассал. Жеке басы ғана емес, бүткіл ел-жұртымен. «Бодандыққа кіресің, – дейді Витовт. – Жыл сайын міндетті алым-салық төлеп тұрасың. Маған ұл бол. Ұл болғың келмесе, құл боласың. Құл қылам. Және бүткіл Ордаңды қылыш жүзінен өткерем!..» – депті. Хан қорқып, барлық шартқа келісе берді, деп жазған С.Соловьев. Ешқандай қорыққан жоқ. Тек қауіп-қатер алдында бөгей тұру қажет еді. Аяқ астынан дипломат шыққан жас хан Темір-Құтлұғ менмен ұлы кінәзді алдарқатып, әртүрлі қосалқы шарт қойып, келіссөзді соза түсіпті. Сонымен екі күн өтеді. Тәжіке үшінші күнге жалғасады. Ақыры, түс ауған, немесе кешке тартқан шақта арттан мол әскерімен Едіге келіп жетіпті. Кеңес қолма-қол ары қарай жалғасады. Енді мүлде басқаша бағдарда. Өзеннің қарсы қабағында, Темір-Құтлұғтың орнына шыққан Едіге айтыпты: «Сайыпқыран кінәз! Сен біздің ханымызды бауырыңдағы балаң ретінде танып, өзіңді әке санамақ екенсің. Жөні бар. Жасың үлкен ғой. Алайда, менің жасым сенен де үлкен. Сондықтан, мені әке деп мойындауға тиіссің. Толық бағыныш білдіресің, бодандыққа өтіп, жыл сайын албан төлейсің, және өз ақшаларыңа біздің мөрімізді таңбалайсың. Шартымыз осы!..» – депті.
Витовт жарылып кете жаздады, дейді. Қорлау мен мазақ өз алдына, үш күнгі келіссөз тек уақыт ұтып, алдарқату екенін сонда ғана біліпті.
Ертеңіне – 12 август, 1399, таң бозында, Алтын Орданың ақырғы кезеңі, Теректен соңғы ең үлкен соғыс басталып кетеді. ХІV ғасыр, Шығыс Еуропа тарихындағы зор ғана емес, шешуші шайқастардың бірі. Алда асқаралы ұлыстың амандығын сақтап қалу ғана емес, бүткіл түрік-қыпшақ жұртының келешек тағдыры – болмағы, немесе тозбағы безбенге салынған ауыр майдан. Бұл кезде, Едігенің жетегінде келген қосындармен бірге есептегенде, Ұлұғ Ұлыс әскерінің жиын саны біршама толымды болған сияқты. Әйтсе де, кейінгі тарихта айтылатындай, қарайлас, немесе артық емес. Алтын Орда тарихының білгірі Р.Почекаев Витовттың туы астындағы әскер сан жағынан әлдеқайда басым болды, деп түйіндеген. Әйтсе де, тым артық емес, дер едік. Үш пен екінің ара қатынасындай. Әлі жарым-жартылай да оңалмаған, кембағал, және тұтқиылдан, асығыс қамданған жұрт қайткенде 90, 100 мың әскер шығара алмас еді. Оның есесіне, жанкешті, қатқыл қимыл бар.
* * *
Витовт үрей тудыру және ортадан ойып түсу үшін, ұрысты зеңбірек гүрсілімен бастайды. Арнайы арбаларға бекітілген, қатерлі қару. Машықты, маман жарақшылары бар. Зірк-зірк, күркірей атылған топпен қоса, жаяу әскер пищаль, самопал аталатын қол мылтықтарынан оқ жаудырады. Мұның бәрі Орда жұртына мүлде бейтаныс қару емес. Жөн-жосығын біршама білсе керек. Ол заманда қарымы өлшемелі от қарулардың ажалды межесінен тезірек аулақтайды. Айтарлықтай зардап шекпеген. Енді Литва өзеннен өтеді. Дүрк шабуыл. Бұдан соң – бетпе-бет ұрыс. Анығы – қыпшақ әскерінің ұрыс бастауындағы төтенше тәсілдері..
Ол деген – жорта, жаппай шегініс. Литвин-русин-поляк-неміс-валах қосындары жау қашты деп ойлаған. Сол беті, тұлдырсыз жазықта, аз да, көп те емес, сегіз-он шақырым бойы өкшелей қуады. Ауыр жарақты рыцарьлардың астындағы көліктер барлығады, қалған атты әскердің қатары бұзылады. Және дала жұртының еркін қимылдауына мейлінше қолайлы ашық-алаң. Міне, қыпшақ-татар әскері дәп осы кезде тізгін тартып, кері қайрылады. Қайрылғанда, тұпа-тура, кері шапқын емес. Төрт-бес жүз қадам шамасында бөгеліп, қатар түзепті. Ендігі дұшпанның қарымы жетпейтін жер. Керісінше, көшпенділер садағы үшін ұтымды меже. Шыңғыс хан заманынан бері қалыптасқан, Ұлұғ Ұлыстың барлық майданында кеңінен қолданылған машықты тәсіл бойынша, жаппай атыс – қатарласа тұрып және асырып айтқан емес, бір, екі миллион жебеге кезек беріледі.
Енді, небәрі бірер сағат ішінде литвин-русин құрама әскері, не ата алмай, атса жебесі жарым жолда жер қауып, не қылыш суыра алмай, ай даладан айбынып, қараптан-қарап тұрып, жаппай қанға бөгеді. Сай жебе сауытын тесіп өткен мыңдаған жауынгер оққа ұшқан, астындағы аты өлген жүздеген рыцарь жаяу қалып, қолма-қол қазаға ұшырамаса да, дәрменсіз кепке түскен. Міне, осы кезде бір қанаттан Құтлұғ-Темір бастап, екінші қанаттан тағы бір тәжірибелі бахадұр бастап, Ұлұғ Ұлыс әскерінің арнайы бөлінген екпінді топтары тікелей толғамаға шығады. Бұл деген – қос қапталдан айналып, жау шебінің ту сыртына өту, толық қоршалмаған жағдайдың өзінде, алдан және арттан, екі жақты қыспаққа алу деген сөз. Бұл жолы толық қоршауға түсіріпті. Енді аяусыз кескілеу басталады. Құндызшы мен Теректегі, екі жолғы да қисынсыз, талайсыз апаттан соң қаны қарайған қыпшақ, еселеген өшпенділікпен, опыр-топыр қырғын салыпты.
Жаппай жапыру кезінде, шеңбердің әлдебір тұсын әдейі, азғана ашып, қоршаудан шыға қашқан, үрей үстіндегі бей-берекет жұртты, алдын-ала қойылған тосқауыл арқылы тіпті оңай жусататын тәсіл және бар. Бұл жолы шамалы ғана ашылған сияқты. Литвин мен русин, поляк пен неміс және валах – ұлы кінәз Витовттың барлық әскері, айналасы екі-үш сағат ішінде түгелдей қырылып кетеді. Мана, атты әскер шабуылға шыққанда, жаяу әскер ілесе алмай, кейіндеп қалған. Аралық әжептәуір. Енді, негізгі топ мүлде жойылуға тақағанда, бұларға да кезек келеді. Атты мен жаяудың ара-салмағы айқын – түгелдей қылышқа шалыныпты. Сол екпінмен өзеннің арғы бетіне өтіп, мүлде дерлік қорғансыз топшы-туфаншы, яғни зеңбірекші жаяу әскерді және қырып салады.
Ұлұғ Ұлысқа – өз халқына қарсы жорыққа 15 мың қыпшақ әскерін бастап келген Тоқтамыс ханның ұрыс үстіндегі барлық іс-әрекеті жұмбақ, нақтылап айтсақ, мүлде түсініксіз және кейінгі тарихшылар тарабынан арнайы талдау жасалмаған. Анығы – майданның бастапқы кезеңінде поляк, русин, немістің жаппай шабуылынан тартынып, шегіншектеп қалады. Және майданға түспегенін көреміз. Арада екі сағат өтіп, Орда жасақтары әбден қансыраған Витовт әскерін қоршалай бастаған кезде Тоқтамыс мүлде теріс, көлденең қимыл жасайды. Соғысты, ығысты, жеңілді дейтін сөздердің ешқандай негізі жоқ. Түпе-түгел, дін аман тұрған. Дүрк көтеріліп, бір қырын қозғалысқа түсіпті. Жалпылай қоршаудың жолын кескісі келді, бір бүйірден тимек болды, ал Витовт әскері Тоқтамыс қашып бара жатыр деп, қате түсініпті-міс. Енді, Тоқтамыс бетін аулаққа бұрған соң, орталық майдандағы Литва мүлде дағдарады, барлық әскерді үрей буып, қапас қоршаудан сытылып шықпақ болады; түгелімен, дүркірей қашады, нәтижесінде жаппай қырғынға ұшырайды. Расында, Тоқтамыс хан бас сауғалап қашты дейтін байлам да бар. Шындыққа жақын. Қашқанда… әуел бастан ұрысқа белсене кіріспеген, енді майдан даласын біржола тастап шықты. Қорқыныш емес. Қарауындағы, кейінірек үлкен ұлы Жәлел-әд-Динге мұра қалып, атақты Грюнвальд шайқасында Польша корольдігінің біріккен әскерінің ғаламат жеңіске жетуіне айрықша ықпал еткен темір-болат жасағын сақтап қалу ғана емес. Басқа бір гәп. Туған жұртын бей-берекет Бұлғақтан құтқарып, қайтадан іргелі ел қатарына қосқан, Құндызшы ұрысындағы жеңілісітен кейін де ел қамын ұмытпаған, бірақ Теректен соң жұртынан айрылған Тоқтамыс ендігі қолайлы жағдайда, Витовттың көмегімен, хандық өкімін қайтып алғысы келді. Бірақ үлкен ұрыс, қырғын қантөгіске жол ашылады деп күтпеген. Мұншама жарақты, қалың әскер Едіге мен Темір-Құтлұғты оп-оңай тықсырмақ. Ел ішінде бұрнағы ханына тілектес жұрт тағы көп. Енді міне, күтпеген зор майдан, қызыл қырғын қарсаңында тұр. Тоқтамыс өз қанына тартты демейік, өз халқына қарсы, және ақыр түбі күмәнді соғыстан саналы түрде шеттеді, дер едік. Орда үшін, әзірге алмағайып болса да, өзара қырқыстан тыс, біршама бейтараптық. Қайткенде, ұлыстық сана әлі де өз деңгейінде тұрғанын айғақтайтын, көлденең жағдаят.
Ал өзінің үлкен жеңісіне және ерекше болашағына айрықша сенімді ұлы кінәз Витовт, бас қолбасы бола тұра, жаппай шабуылға әскердің негізгі тобымен бірге аттанды ма, әлде басқарушы, бақылаушы ретінде артта қалды ма – нақты белгісіз. Бірге тартса, кездейсоқтан, кейін іркілсе , істің сәтімен, қайткенде топырдан аман шығыпты. Жеңіл жараланған. Әлбетте, алыстан атылған садақ оғынан. Қайткенде шетін жағдай.
Литвин-русин жасақтары мен одақтас – қалың әскер түгелге жуық харап болды. Осыған орай, қазаға ұшыраған жалпы жұрт туралы әрқилы дерек айтылмақ. Қайткенде, әуелде 50-60 мың шықса да, 80-90 мың шықса да, түгелдей дерлік жер жастанған. Негізгі топ – әскердің басым көпшілігін құраған литвин-русин. Одақтастар да ойсырап түскен. Тевтон орденінің 1600 атты әскері түгел қырылып, атақтылардан небәрі үш рыцарь аман құтылған екен. Молдова гоподәрі қосқан 1500 рыцарь жаппай қазаға ұшыраған. Сондай-ақ Королева Ядвиганың тыйымына қарамастан, «татарларды» қыруға асыққан 4000 поляк әскері де жусап қалыпты.
Жалпы жұрт үшін қаншалық ауыр болғаны қолбасылар қазасынан анық аңғарылады. Орыс жылнамаларының айтуынша, Ворскла ұрысында Витовт жағынан 74 кінәз өлген екен. Шындыққа жақын дер едік. Өйткені, жеке жасағы бар орыс-русин кінәздерінің өзінің ұзын саны елуден астам. Кейінгі бір есептерде, майданға түскен кінәз атаулының жалпы саны осы елудің төңірегі. Соның тең жарымға жуығы – 21 кінәз қаза тапқан. Бұлардың ішінде есімдері атап көрсетілген: Киев кінәзі, Смоленск кінәзі, Псков кінәзі, Брянск кінәзі, Рыльск кінәзі және бірнеше литвин кінәз және басқа да воеводалар мен алпауыт боярлар бар.
Ұрыс тағдыры шешілгеннен кейін, қыпшақ әскері, әлдеқалай аман қалған, қоршаудан сытылып шыққан, бұрынырақ қашқан жекелеген топтарды ақырына дейін қудалап, және жайыла шауып, Литва ұлы кінәздігі және түстік-батыс Русьтің қаншама жеріне ойран салады. Жау шегіне бойлап кіріп, Литваның Луцк қаласына дейін барып қайтыпты. Қисапсыз олжа өз алдына, Киевті қоршалап, бейбіт төлеміне қыруар ақша алды, дейді.
Толық, әрі баянды жеңіс.
* * *
«Саны әлдеқайда басым, қаруы артық, тіпті, артиллериясы бар, ұтымды шепте тұрған Литва әскерінің күйреп жеңілуі – күні бүгінге дейін мүлде түсініксіз жағдаят», – деп жазған Р.Почекаев. Біз үшін түсінікті, әрі табиғи ахуал. Орда өзінің ежелгі ерлігін тапты және әскери рухы да дұшпанынан жоғары болды.
Жалпы жұртқа мағлұм ресми тарихта Ворскла ұрысының орта ғасырлар шегіндегі айрықша маңызы атап көрсетіледі. Алмағайып майдандағы Темір-Құтлұғ хан мен ұлыс бегі Едігенің түбегейлі жеңісі – бүткіл Шығыс Еуропаның тақау замандағы болашағын айқындаған еді.
Шығыс славян қауымының басын қосып, қуатты, алып мемлекет құрмақ жауынгер Витовттың бар мұраты кесілді, ендігі заманда жолы ашылған немере інісі, Польша королі Йағайла – Ягеллоның басымдық ғұзырын мойындауға мәжбүр болады. Сөйтіп, Польша біртұтас, пәрменді мемлекетке айналды. Ең үлкен ұтыс – Орыс елінің еншісіне бұйырыпты. Жаңа бір, бұл жолы литвин бодандығынан шеткері қалады және алдағы ғасырда орталықтанып, іргеленіп, төтенше күш табуына мүмкіндік туған.
Өз тарабымызға келсек, басқыншының бетін қайырып, үлкен жеңіске жеткен Ұлұғ Ұлыс ата қонысын тұтасымен сақтады, халқы босқынға түсіп, қырғынға ұшырамады, қайтадан ұйысқан, біртұтас жұрт екенін айғақтады. Ең бастысы – ерлік дәстүрі сөнбеген, биік рухы жанышталмаған екен. Ендігі Алтын Орда өзінің бұрнағы асқаралы деңгейіне жетпесе де, өктем, әлемдік империя қатарынан шықса да, анық ақиқат – дербес ұлыс, зор мемлекет ретінде ғұмыры мен қызметін одан әрмен жалғастыруға мүмкіндік тапты. Ел аман, жұрт тыныш болса, қираған қалалар қайтадан оңалады, жаңадан салынады, қаза мен шығынның орны толып, халық саны еселей өсіп, жүз жыл ішінде дүние қайтадан жаңғырмақ, Алтын Орда барлық күш-қуаты, сән-салтанатымен жер әлемнің алдына шығуға тиіс. Қиял емес, бар суреті нақты көрінген шынайы болмыс.
Алайда, тағдырдың теріс талғауымен бәрі басқаша шешілді.

Тайталас

Азаматы әлсіреп, жалпы жұрты талығып тұрған сын мезетте Либқа – Литвамен арадағы алмағайып майданның үлкен жеңіспен аяқталуы – Ұлұғ Ұлыстың тынысын кеңейтті. Аламанның өзіне деген бұрнағы сенімін қалпына түсірді. Әскербасы, ұлық, бай-бағлан – алпауыт атаулы өздерін көршілес елдермен қайтадан теңескендей сезінді, тіпті, баяғыдай, бәрінен артықша көре бастады.
Осы, еңсе көтерілген азғана уақытта Едіге Алтын Орданың қарулы күштерін бекемдеумен қатар, елдің ішкі тіршілігіне қатысты, аса мәнді, ұтымды бірталай шаруаны жүзеге асырған екен.
Ең алдымен, елдің ұстын-тірегі – заң жүйелерін нығыздайды. Тәрізі, бұрынырақ басталған үрдіс. Шыңғыс ханның ежелгі Жасақ заңы қайтадан күшіне кіріпті. Әлбетте, ендігі, бірегей мұсылман қауымның дәстүр, нанымы орайында, таңдамалап. Нақты айту қиын, әйткенмен, әскер ісіне қатысты тұжырымдар қадарынша іске қосылса керек. Жасақпен қатар, ешқашан біржола тәрік етілмеген, халықтың тұрмыс-салты, күнделікті, әрқилы талабы мен әлеуметтік қажетіне тікелей қатысты, сонау Көк Түрік заманынан келе жатқан Төре заңы ресми түрде қабылданады. Әрине, бағзы қалпында емес, тиесілі жаңалықтарымен деп шамалайық.
Ұлысбегі Едіге бүткіл мемлекет ауқымында ислам дінінің сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде кеңінен өркен жаюына ықпал жасайды. Бұрнада әйтеуір мұсылманбыз деп жүре берген, тіпті, ислам қағидаларынан мүлде бейхабар жұрт енді пайғамбар жолына біршама түсуге тиіс. Замана тарихшыларының кейбірі, тіпті, Ордада ислам дінінің таралуын Едіге есімімен байланыстырады. Шындығы, мұсылманшылық – Жошы хан – Бату хан заманында Тәңірі дінімен тетелес тұрған, бірақ жетекші жағдайға жетпеген, тек Өзбек хан тұсында ғана мемлекеттік мәртебе алған, сондықтан, Едігені Алтын Ордада исламды түпкілікті бекітуші деп қана қарастырғанымыз жөн.
Ендігі бір елеулі низам – Едіге қыпшақ текті жас балаларды саудаға түсіруге қатаң тыйым салады. Тарихи әдебиетте «құлдыққа» деп жазады. Шын мәнісінде, басыбайлы кіріптарлыққа. Қыпшақтың ер балаларын Қырым базарларынан сатып алатын генуялық, венециялық саудагерлер, бірлі-жарымын болмаса, басым көпшілігін үстеме нарықпен араб елдеріне өткізетін. Болашақ мәмлүк жауынгері. Едігенің қатаң жаза бұйыратын толық тыйымынан соң, Мысырдың әскер ісінде үлкен қиындықтар туғаны сол заман шежірелерінен көрініс тапқан.
Әлбетте, сыртқы күштермен жеңісті майдан, ел ішіндегі жаппай тыныштықтан кейін жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы түзеліп, ұлыстың экономикалық жағдайы өрлей бастайды. Мал басының өсуі, егіншіліктің қайта жандануы өз алдына. Бұрнағыдай болмағанмен, сыртқы сауда өркендейді, ішкі сауда, алыс-беріс қалыпқа түседі. Бұқара қауым үшін ғана емес, бүткіл мемлекет үшін мәнді жағдаят.
Өмірдің барлық тарабы өркендеуге, өсіп-өнуге бағдар алғандай. Бұрнағы Алтын Орданың шынайы елесі қайтадан бой көтеріп келе жатқан. Бар жақсылық ұлыс бегі Едігенің арқасында жүзеге асып тұрғандай. Кейінгі халық ұғымындағы, эпос, жырлар мен аңыздағы «Ел қамын жеген Едіге» сыпаттамасы – осы кезде өріс алып, санаға орныға бастады деп кесіп айтуға мүмкін.
Едіге өзін мұсылман әулиесінің ұрпағымын деп жарияласа да, кейбір, төтенше байламдар бойынша, төрелер тұқымынан да жоғары деп айтылса да, қайткенде хан тағына жете алмайтын еді. Қалыптасқан рәсім ғана емес, атаусыз заң, берік низам бойынша. Шыңғыс хан – Жошы хан әулетінен аттап өту мүмкін емес. Сондықтан да, әуелде барлық өкімін өзінің әпкеден, әлде қарындастан туған жиені Темір-Құтлұғ арқылы жүзеге асырды. Әйгілі Орыс хан немересі, бала күнінен өзгеше талайы аңдалған Темір-Құтлұғ – исалмас қаражаяу емес, қабілетті, парасатты, әрі жауынгер тұлға болғаны күмәнсіз. Бұған Ворскла майданы нақты айғақ дер едік. Ұрыс қарсаңында епті саясаткер ретінде көрінеді. Ұрыс үстінде шешімтал әскербасы. Ұрыстан соң – қашқан жауды қудалау шапқынын жақсы ұйымдастырады, Литва шегіне тоқтаусыз басып кіріп, ойран салады, Киевті қамалап, аса мол алым түсіреді. Бұл кезде жиырманың жуан ортасында ғана. Әлі өкімге толық бекімеген жастығының үстіне, ақыл-айласы да, өмірлік таным, әскери тәжірибесі де артық нағашы ағаның берік ықпалында. Толыға келе, жасы өскенде ақырғы қатынас қалай болмақ, кесіп айту қиын, алайда, бар мәселе орта жолда келтесінен қиылыпты. Арақ-шарапқа тым әуес екен. Табиғи жағдай – туған әкесі нағыз маскүнем, ақыры осы ғадетімен өкім құрған хандығынан да, кеудедегі басынан да айрылған. Тумай жатып жан-жүйкеге түскен дерт Темір-Құтлұғтың да түбіне жетіпті – заманауи деректердің куәлігінше, бір жолы тоқтаусыз ішкен хан буыны босап, ұйықтап кеткен екен, сол беті, қайта оянбай, бақиға тартады. Ворскла ұрысынан соң көп ұзамай, тәрізі, 1400 жылдың басында.
Қазіргі тарихшылар қалай айтса да, Едіге үшін орны толмас қаза. Бірақ амалсыз жағдаят емес. Ұлыс бегі келесі кезекте таққа Темір-Құтлұғтың туған інісі Шәдібекті отырғызады. Ол да жиырманың ішіндегі жас жігіт. Тәрізі, басқа анадан, яғни, Едігеге тікелей туыстығы жоқ. Бірақ әуел баста ұлысбегінің ықпалынан аттап баса алмайды. Сырттай қарағанда, толық ынтымақ.
Бұл кезде, кез емес, Ворскла ұрысына жалғас кезеңде бұрнағы ұлы хан Тоқтамыс қайтадан бас көтерген. Либқаның күйреген жеңілісінен соң, бетін аулаққа бұрады. Соңында, шырғасы шықпаған 15 мың аламаны бар. Сол беті, Сібір шегі – Түменге жетіпті. Арада бірер жыл өтпей-ақ өрісін кеңейтіп, болашақ Сібір хандығының негізін салады. Жері бай, әрі кең, бұл тараптағы түрік қауымының тілін тауып, саны мол, жауынгер жасақ құрайды. Әрине, арттан жеткен жақтастарымен қоса. Қайткенде хандығын қайтарып алмақ. Енді тақау жылдар Алтын Орда үшін сырт жаулармен шайқас емес, ішкі қайшылық – беклербек Едіге мен Тоқтамыс хан арасындағы тынымсыз майдан – шын мәнісіндегі азамат соғысына ұласыпты.
Ақсақ Темір сарайында екі мәрте болған испан елшісі Клавихо Едіге бек 200 мың әскер құрады, деп жазған. Бұл – 1404 жыл шамасындағы жағдаят. Асырып айтты дегеннің өзінде қисапсыз қалың қол. Әрине, мұншама әскер, атаулы сыртқы соғыс болмаса, бір мезгілде, бір жерде үлкен майданға шыға алмайды. Соның өзінде, Тоқтамысқа қарсы көтерілетін жасақтың жалпы саны біршама болуға тиіс. Шын мәнісінде Сібір ұлысының ханына айналған Тоқтамыс та бұл кезде үлкен күшке жеткенін көреміз. Қалай есептесек те, кемі 30-40 мың әскер топтаған. Әрине, басымдыққа жете алмайды, сонымен қатар, өзінің дербестігі мен еркіндігін сақтауға толық мүмкіндігі бар. Ибн Арабшах Едіге мен Тоқтамыс он бес рет тікелей майданға түсті, деген. Жеңіс те, жеңіліс те алма-кезек. Әйткенмен, Шәдібек ханның тағына да, Едігенің беклербек мәртебесіне де қатер жоқ. Ұлұғ Ұлыстағы әдепкі өмір өз қалыбымен жүріп жатқан. Ақыры, он алтыншы беттес. Сібір хандығының әскері қирап жеңіледі. Тоқтамыс хан осы ұрыста қаза тауыпты. 1406 жыл. Орыс жылнамасы Шәдібек хан Түмен төңірегінде Тоқтамыс ханды өлтірді, деп дәйектеген. Яғни Едіге үлкен майданды Сібір шегіне көшіріпті. Соңғы ұрыс та осы аймақта өткеріледі. Және қол бастаушы – Едігенің өзі емес, Шәдібек хан. Бүткіл өмірі алмағайып күрес үстінде өткен Тоқтамыс ханның тағдыры осылай тынды.
Арқасы кеңіген Едіге көп бөгелмей, мол әскермен Хорезм жорығына аттанады. Жошы ханға әуел баста Шыңғыс ханның өзі еншілеп берген, әманда Ұлұғ Ұлыс құрамында болған, быт-шыт Бұлғақтың бастапқы бір жылында өзінің дербестігін жариялаған, ақыры, Ақсақ Темір жаулап, қаласын қиратып, халқын қырғынға ұшыратқан Хорезм. Осыдан тура бір жарым жыл бұрын жыртқыш жихангердің өзі де жаханнамға аттанған болатын. Едіге артық қиындықсыз қайтадан Жошы ұлысының құрамына келтіреді. Ақсақ Темір тағайындаған әкім мен бодандық өкімді мансұқ етіп, билікке Ұлыс өкілін отырғызыпты.
Бұл кезде Ордада Едіге мен Шәдібек ханның арасында алалық туған. Түмендегі жеңісіне масаттанған, әрі беклербектің үстем жағдайынан жалыққан Шәдібек хан төңкеріс ұйымдастырмақ екен. Едігеден біржола құтылмақ. Алайда, астыртын әрекет мағлұм болып қалады. Жан сауғаған Шәдібек Дербентке қашыпты. Біржола дерлік еркін өмір кешіп жатқан Дербент әмірі Шәдібекті қайтарып беруден бас тартады. Алайда, қашқын ханның ғұмыры көп ұзамайды.
Айлаға тәкіс беклербек енді басқа емес, Шәдібектің өзінің туған ұлы Болатты хан көтереді. Есебі, өкім-билігі бұрынғыдан да күшейе түсті.
Ел іші ғана емес, бар тарапта беделі артады. Мысырмен арада бұрнағы қатынас қайта орнығатын сияқты. Ақсақ Темірдің мұрагері Шахрухпен жалғастық бар. Едіге барлық сырт жұрттар ұғымында ұлұғ әмір, әскербасы емес, толық ғұзырлы патша есебінде. Сол замандағы араб деректерінде – мәлік, яғни хан. Армян тауарихтары да хан деп жазады. Іргелес Литваның өзінде – хан мәртебесінде.
Бұл кезде бодан Орыс елі толқып тұрған. Ең елеулі кінәздіктер қатарындағы Тверь құлдық ұрып, Рязань жарлықтан шықпаса да, Мәскеу кінәзі Ордаға арнайы келмеген.
Жаңа жағдайда біршама дербестікке жеткен Орыс елі іс жүзінде Орда өкімін мойындамайды және міндетті албан 1395 жылдан бері төленбеген. Едіге 1408 жылдың соңы, қараша айында Москва кінәздігіне қарсы аттанады. Төрт ханзада, тағы әлденеше ұлық алпауыт басқарған көп әскер. Тақау төңірегін түгел қирата келіп, 1 декабрь күні Мәскеу қамалын қоршалапты. Кінәз Василий әскер жинаймын деген сылтаумен Костромаға қашып кеткен екен. Орнына әб-ағасы Владимирді қалдырған. Кейінде Храбрый – Қахарман деген атақ алған кінәз. Владимир қала қақпасын ашпайды. Орда әскері Мәскеу қамалын толық қоршауға түсіреді, бірақ тікелей шабуыл жасамайды. Тақау төңіректегі үй-жай, бәсте атаулы түгел алдынала өртелген, саты, баспалдақ жасайтын ағаш болмады, дейді. Едіге астана шаһарды қорқытып, титықтатып тізе бүктіруді ойлаған. Сол қалпында жиырма күн тұрыпты. Осы кезде Болат ханнан Ордадағы қиғылық жағдай туралы бебеулеген шапқыншы жетеді. Едіге асығыс шегінуге мәжбүр болыпты. Мәскеу қаласын тікелей баспаса да, алыстағы кінәзі мен жақындағы жұртына үрей туғызып, бағыныш туралы сырттай уағда және ол заман үшін қисапсыз саналған үш мың теңге сияпат алып, кері қайрылады. Жорықтың басында және ақырында Орыс жері аяусыз шапқынға және қаншама адам шығынға ұшыраған. Едіге Мәскеу кінәздігіне қарасты Серпухов, Димитров, Коломна, Юрьев-Польский және тағы бірнеше үлкенді-кішілі қаланы қиратып, Рязань кінәздігі мен Елец кінәздігін және шапқындап, арлы берлі жүрген жерін түгел жапырып өтті, дейді.
Момын Болат хан көп ұзамай, 1410 жылы өліпті. Тәрізі, өз ажалынан. Едіге Орданың шартты түрдегі тағына кешегі Темір-Құтлұғ ханның ұлы Темірді отырғызады. Ескілік жөнімен айтсақ, жиеннен туған жиеншар. Алайда, Темір хан нағашы атасына адал болмай шығады. Анығын айтсақ, Ұлыс тағында толық ғұзырлы хан ретінде билік құруға ұмтылған. Арада жарым жыл өтпей, түсініксіз, турасына көшсек, мүлде белгісіз жағдайда, бар күшінен айрылған Едіге жан сауғалап, Ордадан қашып шығыпты. Сөз жоқ, саясатта әлі піспеген, өмірлік тәжірибесі де жетікпеген жас ханның тікелей тепкінімен емес, Ордадағы бірталай алпауыт ұлықтың біріккен іс-қимылы нәтижесінде.
Әлбетте, күтпеген жағдайда және тезінен тықсырылған Едіге жападан-жалғыз емес. Іс ыңғайы теріске бұрылған соң, бірден-ақ төтенше қимылға шешінсе керек, қауіпсіз жағдайда, әлденеше мың әскермен ығысады. 1411 жылдың соңғы айлары екен.
Едіге астана Сарай-Жәдид, яғни бар өкімінен айрылып, Ордадан шықты. Шын мәнісінде, Жошы ұлысының біржола ыдырауы – осы, кезеңдік саналуға тиіс оқиғадан соң басталады.
Бүткіл Еуразия шегінде екі ғасыр бойы берік өкім құрған ұлы мемлекеттің күні батуға айналып, көкжиеккке ілінді. Бұдан арғы сұмдықты тоқтатуға ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Тарихтың, тағдырдың қайрылмас, қатал шешімі.
* * *
Қайраны таусылған Едіге Ордадан ығысты. Алайда, Темір хан бар өкімінен айрылған беклербектің көзін біржола жоймақ екен. Соңынан мол әскер шығарады. Ғазан-бахадұр бастаған қуғын он күннен соң артына ілініпті. Саны басым әскермен ұрыста Едіге жарым жасағынан айрылады, әйткенмен, қазаға ұшырамай, қолға түспей, аман құтылыпты. Сол беті, күні кеше ғана өзі парсы-шағатай өктемдігінен азат еткен Хорезмге келіп жетеді. Хижраның 808 санаты, рәджәб айында – 1406, январь. Әрине, қуанышпен, құрметпен қарсы алған. Толық өкімді әмір есепті. Азғана жасағына тың әскер қосылады. Халық және сенімді. Алайда, жайланып, бітпей-ақ, арттан Темір ханның шапқыншы, көп әскері келіп жетеді. Едіге қамал ішінде қорғануға мәжбүр болыпты. Дәп осы реттегі ұтымды тәсіл. Аңыс пен жанама айқас алты айға созылады. Ақыры, қолайсыз, қу далада қалған, арты бос жазалаушы әскер ешқандай нәтижеге жетпей, кері қайрылған сияқты.
Бұл кезде кейінгі ата жұрт, астана Сарайда үлкен өзгерістер болып жатқан. Темір ханның дара билікке жетпек әрекетінің кері айналған көрінісі. Тоқтамыстың үлкен ұлы, жауынгер Жәлел-әд-Дин ұлыс шегіне басып кіреді. Қарсылықты әскерді бастауға тиіс Ғазан-бахадұр Темір ханды өлтіріп, Жәлел-әд-Дин жағына шығыпты. Тоқтамыс ұлы астана Сарайда құрметпен қарсыланып, Алтын Орда тағына отырды. 1411 жылдың соңына таман.
Енді, Ұлұғ Ұлыстың ғұзырлы ханы Жәлел-әд-Дин Едігені біржола қирату және Хорезмді бағынышқа түсіру үшін тың әскер аттандырады. Жиын саны Едіге-Хорезм жасағынан әлдеқайда басым. Шешімтал қимылға бекінген Едіге, қамал қабырғасынан шығып, кең даладағы ұрысқа ұмтылады. Міне, тап осы ретте епті саясаткер ғана емес, дарынды әскербасы Едігенің жан-жақты тәжірибесі мен амал-айласы кәдеге асыпты. Бар әскерін екіге бөлген екен. Бір тобы тікелей ұрыс бастап, екінші тобы тасада қалыпты. Майдан қызған кезде ұрыс шебіндегі жасақ сөгіле қашады. Әрине, арттан қуған жау әскері көп ұзамай-ақ, ту сырт, тосқауылда қалған екінші топ пен кері қайрылған бірінші топ арасында, толық қоршауға түсіпті. Хан әскері түгелге жуық қырғын табады, қолбасы Қажұлай-бахадұрдың өзі де қазаға ұшырайды. Толық жеңіс.
Алайда, Едіге Хорезмде біржола бекіне алмайды. Ақсақ Темірдің ұлы, Хорасан әмірі Шахрух енді іргелес Хорезмді қайтадан бағынышқа түсіру үшін ауыр әскер аттандырыпты. Бірден-ақ жойқын тойтарысқа ұшырайды. Алайда, Шахрух тоқтамаған. Көп ұзамай, екінші жорық нәтижесінде Едігені Хорезм шегінен тықсырып шығарады. 1413 жыл.
Бұрнағы беклербек, әлі де жоқшысы көп Едігенің бұдан соңғы кезеңдегі ғұмыры арпалыс пен айқас үстінде өткенін көреміз. Астана Сарай – бұрнағы билікке қайтып орныға алмайды, бірақ жыл сайын дерлік, үздіксіз алмасып жатқан хандар – негізінен Тоқтамыс ұлдарымен қатарлас жасапты. Ауыспалы болса да, басыбайлы мекен-тұрағы, өзіне тікелей қарасты біршама әскері бар. Ұлұғ Ұлыс ішіндегі, ешкімге тәуелсіз, өз есімімен аталуға лайық кіші ұлыс ішінде. Қайткенде, жақтасы біршама. Және өзінің тума жұрты Көк Ордадан айрықша қолдау тапқан сияқты. Сонымен қатар, Едігеге қуыршақ, қуыршақ болмаса да, бар өкіміне жол ашатын ресми хан керек еді. Таңдау – Тоқай-Темір әулеті оғландарының бірі Шекреге түседі. Шекре әлдебір жағдайлармен біршама уақыт Шахрухтың сарайында болған екен. Едіге әлі де Ордада отырған кезде, арнайы шақырумен қайтып оралған. Әрине, үлкен құрметте. Тоқтамыстың өлімінен соң, Түмен-Сібір жұртының әмірі болып тағайындалады. Енді, елге жетіп, күш ала бастаған Едіге тілектес жақындарының бірегейі Шекрені үлкен хандыққа өткізу үшін, Тоқтамыстың тақта отырған ұлы Кебекке қарсы майдан ашыпты. Ақыры, 1414 жылы Кебекті Сарайдан ығыстырып, Шекрені хан көтереді. Алайда, күрес одан әрі жалғасыпты. Тоқтамыстың келесі ұлы Керімбердімен. Әлденеше тепе-теңдей қақтығыстан соң, келісім жасалады. Р.Почекаевтың деректемелері бойынша, Орталық – Керімбердінің ғұзырында қалып, Шекре мен Едігенің үлесіне Бұлғар уәлаяты, және, тәрізіне қарағанда, іргелес аймақтар бөлініпті.
Бұл кезде Едігенің жағдайы біршама орнықты болғанын көреміз. 1415 жылы Орыспен шекаралас, Ұлұғ Ұлыс иелігіндегі Елец қаласы мен уәлаятын жапырады – хан өкіметімен тартыстың бір көрінісі. 1416 жылы Киев шаһарын шапқындайды һәм Оң жағалық Днепрде ойран салыпты – Литваға күш көрсету есепті. Және осы 1416 жылы бас бәйбішесі қажы сапарына ниет қылады. Сән-салтанатпен Шам шаһарына келіпті. Соңында қосшы үш жүз атты жауынгері бар. Бұдан соң Сирия керуенімен бірге Мекеге жетіп, тәуап қылған екен.
Манағы, Шекремен бақас Керімберді өзінің туған бауыры Жаббарбердімен шайқаста қаза табады. 1416 жылы. Ендігі күрес осы Жаббарберді ханмен аралықта жалғасыпты. Көп ұзамай-ақ, Шекре хан, әлде соғыста, әлде өз ажалынан өледі. Едіге қолма-қол, Шекренің немере туысы Сейіт-Ахметті хан көтереді. Алайда, Сейіт-Ахмет те ұзаққа бармайды, кезекті бір ұрыста қаза тапқан. Енді Едіге бұл да Тоқай-Темір әулеті Дәруіш-оғланды хандыққа жеткізеді. Көп ұзамай-ақ, тайталас күресте Жаббарберді хан жеңіліске ұшырап, тағынан айрылып, Литваға сапар түзепті, алайда, жолай өз нөкерлерінің қолынан өледі. Дәруіш хан астана Сарайды алып, хан тағына біржола бекігендей екен. Шынымен-ақ, екі жылға тақау өкім құрады. Ақыры, 1419 жылдың басында Тоқтамыстың кенже ұлдарының бірі Қадырбердінің қолынан қазаға ұшырайды. Әлбетте, қызыл майдан үстінде. Әскерінен айрылған Едіге Қырымға қашады. Бірақ мұнда да тұрақтай алмай, Жайық бойындағы Маңғыт ұлысына табан тірепті. Бұдан соң Ұлұғ Ұлыс өкімі, яғни Тоқтамыс ұлдарына қарсы күресті Көк Орда шегіне ауыстырды деп білер едік.
Ең соңғы шайқас 1419 жылы өткеріліпті. Кейінгі зерттеушілер Жайық жағасы, Сарайшық төңірегі деп шамалайды. Қазақ шежірелері мен тарихи әңгімелер Орталық Қазақстанға әкеліп тірейді. Ауыр айқас Ұлытаудың күнбатыс іргесі – 1391 – бұдан қаншама заман бұрын Дәштіге алғашқы жорық жолында Ақсақ Темір аялдаған кең жазықта болған сияқты. Бадр-ад-Дин әл-Айнидің дәйекті жазбалары бойынша, теке-тірес, аяусыз ұрыста Тоқтамыс ханның кенжесі, Ұлыс әскерін бастап келген Қадырберді хан қазаға ұшырайды. Жасағы босқын тауыпты. Едігенің әскері де быт-шыт, өзі де өлесі жарақат алыпты. Ақыры, аулақта, қансыраса да, азғана тыным тауып жатқан кезінде, көмек іздеп кеткен тақау серіктерінің бірінің әлде аңқау, ақымақтығы, әлде айныма опасыздығы нәтижесінде мағлұм шығып, ажал тапқан екен. Қадырғали Жалайырдың айтуынша, алпыс үш жасында. Миләди 1419 жыл.
ХХ ғасырдағы қазақтың ұлы жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» тарихи трилогия романының соңғы кітабында Ел қамын деген Едігенің Ұлұғ Ұлысты қайта көтеру жолындағы жанқияр күресімен қатар, ажал сағаты соққан соңғы сәті де шынайы, әрі көркем бейнелеген еді. Қазақтың тарихи аңыздары бойынша, арттан жеткен нөкерлер сол арада жерлепті. Ұлытау жүйесінің түстік тармағы – бүгінде Едіге тауы аталатын биіктің ұшар басында. Ғылыми тарихпен қатар, халық эпосын, ел әңгімелерін де жете таныған Шоқан Уәлиханов Едігенің сүйегі – Ұлытаудың бір шоқысы Едіге тауында деп атап жазған.
Мен – тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауин, арнайы сапармен барып, шың басына алғаш рет 1989 жылы көтерілген едім. Келер жылы екі балам – «Едіге» жыры туралы, қазақтағы ең алғашқы зерттеу еңбегін жазған студент Едіге және мектеп оқушысы, кенже ұл Мадиярмен бірге қайтып оралдым. Екі ретте де, мен бұрынғы-соңғы өмірімдегі ең бір жұлдызды сәтімді бастан кештім. Балаларыма айрықша әсері өз алдына.
Едіге есіміне қатысты қаншама нысан сол қалпында тұрған. Қыр дөмпештен сәл еңкіш шағын жазаңда – жиегі таспен көмкерілген бірнеше жайдақ қабір, бұдан төмен, жартас қуысында тағы екі-үш адам жатқан сияқты. Жергілікті, білгір жігіттер мұның бәрі – Едігенің жауынгер серіктері, деп айғақтаған. Ал Едігенің өзі – дөңбекпен екі аралық, шақа тас үстіндегі, арнайы жасалған тас молада. Дәп іргесінде, кесек тастардан сылақсыз тұрғызылған, биіктігі төрт метрге тақау, үш қырлы пирамида. Тас мола әлдебір картографтардың ең биікті белгілейтін, арбақ мосы ағаш тұрғызуы нәтижесінде, ірге тастары алынып, беті де ашылып қалған екен. Кертпеш төбелі үлкен бас және бірнеше қу жілік. Мен қосшы жігіттерге жалпақ тастармен қайта жаптырғам. Екінші жолы келгенімде төменгі шеті ғана ашылып, сол қалпында тұр екен. Шың басындағы ерекше қабірлердің бірі – Едігенің нақты өзі болар, болмас – анығы – бәрі де тарихи жәдігер.
Айттым, әсері айрықша еді. Ал Ұлытаудың осы шеткері биігінен қарағанда, бет алдың, батыс тарап – аспанмен астасқан кең дала, бұдан алты ғасыр бұрынғы қалпында, әрине, баяғыдай көк-жасыл емес, бірақ жер бедері өзгермеген, тақау төңірегімен қоса, ежелгі заманын жоқтап, күңіреніп тұрғандай…
Осы, туған ел жайсыздау шығып, міне, он жеті жыл болды эмиграцияда жасап жатырмын. Еуропаны адақтап болғандай, қазір Америкада тұрам. Астана Вашингтонның түбінде. Бүгінгі жасым – сексен үш. Прага – Карловы Варыда дәйектелген «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясының соңғы кітабы осында тәмамдалды, тағы қаншама жаңа шығармалармен қатар, өзім танымдық тауарих деп атаған «Алтын Орда», тәңір қаласа, осында жеріне жетпек. Бәрі жөн. Алайда, арттағы елді ойламай тұра алмайсың. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы хабар мен сурет бойынша, Ұлытаудағы, Едіге есімімен байланысты екі нысан да жоққа айналыпты. Едігенің өзінікі дейтін тас моланың ізі де жоқ, ал тап іргедегі үш те үш және үш метрлік, биіктігі төрт метрге тақау үшбұрыш пирамида, барлық тасы шашылып, мүлде қиратылған екен. Әлдекімдер қазына іздесе керек. Әйтпесе, астында не барын көрмек әуесқой есалаңдық. Мұнысы түсінікті жағдай десек, атаулы моланың үстін ашып, тас қабырғаларын құлатып, кімдікі болса да, адам сүйектерін әлдеқайда шашып, біржола құрту – нендей қажеттіліктен туды екен. Аруаққа да, құдайға да сенбейтін сырқат сананың көрінісі. Имансыз және қандай да мораль, танымнан тәуелсіз заманда жеткен жетістік. Бұл тақырыпта мен бұрнада жазғам. Тағы бір оралып, дәйектеу қажет екен. Орайы келген соң, тарихи еңбек ішіне кірістірмей болмады. Амалсыздан. Және аңыз бен шежіреден бастау алатын, қайткенде мәнді деректі таңбалай кету үшін.
* * *
Халық ұғымындағы «Ел қамын жеген Едігенің» бар тауарихын Ибн Арабшахтың аса мәнді сөздерімен түйіндеу ләзім.
«Алланың рақымы түскей Едіге туралы әрқилы ғажайып әңгімелер мен аңыздар айтылады. Жауға атқан оғы нысанасын тауып отырды, ойлағаны орнына келіп, ұрыстарда жеңіске жетті… Өңі қараторы, орта бойлы, шымыр денелі, ержүрек, айбарлы; терең ақылды, жайдары, сезімтал, аңғарымпаз; оқымыстылар мен кісілікті жандарды жақсы көрді, сопы мен пірадарды сыйлады; тілі майда, әзілқой еді. Ораза ұстады, шариғаттан айнымады, құран мен хадисті алламен аралықтағы дәнекер деп білді. Жиырма ұлы болды, әрқайсы өзінің иелігі, әскері, қосшылары бар патша тұрпатты. Едігенің өзі байтақ Дәштіні жиырма жыл биледі. Оның өкім құрған күндері – ғасырлар шеруіндегі жарқын таңба болса, түндері – замана суретіндегі сәулелі көрініс еді.»
Едігені жақсы біліп, жақын таныған жат жұрттық ғұламаның риясыз мінездемесі. Әсіресіз, шынайы бағам.
Сондықтан да Едіге, тіршіліктегі жанқияр күресі және жұрт ұстау рәсіміндегі парасатты өкімімен ғана емес, тұстас һәм жалғас заманда туындаған аңыз, жырлар арқылы да халық санасынан берік орын алып, атақ-даңқы ғасырдан ғасырға жалғасып келген еді. Бұл әдеби, фольклорлық нұсқаларға бүгінде әйгілі болған тарихи, нақты деректерді қосыңыз. Шынында да «Ел қамын жеген Едігенің» толық бейнесі қалыптанады.

КІШІ БҰЛҒАҚ

Едіге өз қолымен таққа отырғызған Темір хан және оның ырқына көніп, астыртын мәмле тапқан тұтас бір топ, сөз жоқ, айрықша ықпалды ұлықтардың ұйымдасқан тепкінімен астана Сарайдан қуылған 1411 жылы, Ұлұғ Ұлыс тарихындағы, біз Кіші Бұлғақ деп жіктеп отырған, ақыры Алтын Орданың біржола ыдырауына жол ашқан қиғылық заман басталады. Бұл, әрқилы үміткердің үлкен тақ жолындағы өзара қырқысының алғашқы құрбаны – Темір ханның өзі болыпты. Араға жыл толмай.
Айттық, келер жылдың орта шенінде Тоқтамыс ханның үлкен ұлы Жәлел-әд-Дин астананы алып, ұлы хан мәртебесіне жетеді. Жасы отызға жаңа келген, аз уақытта өмірдің талай шырғалаңынан өтіп, үлгерген парасатты тұлға, жауынгер әскербасы. Тевтон ордені мен Польша-Литва арасындағы әйгілі Грюнвальд ұрысына 40 мың қолмен қатысқан (Я.Длугош) және майданның оңымен шешілуіне айрықша үлес қосқан көсем ғана емес, Орденнің ұлы магистрі Ульрих фон Юнгиненді өз қолымен өлтірген қаһарман. Енді ата тағына жетті. Мәңгіге, біржола орнықтым деп ойлаған. Тікелей ғұзырындағы туған халқы да, қарауындағы бодан жұрты да дәп солай байыптаса керек. Әуелде екі Сарай, Хажы-Тархан мен Бұлғар, Еділдің ұзына бойы ғұзырына қараса, көп ұзамай-ақ, Едіге ұстап отырған Хорезмнен басқа бүткіл Ұлұғ Ұлыс мойындайды. Мәскеу кінәзі бастап, Орыс елінің әр тараптағы өкімді басшылары түгелдей құлдық ұрып жетеді және әрқайсы өздеріне тиесілі бекім алады.
Там-тұм жанама деректерге қарағанда, жомарт патша, мәрт тұлға өзіне соншама сенімді екен. Мүлде қамсыз. Сырттан ешқандай қатер жоқ. Көп ұзамай, іштен шығады. Бірге туған інісі Керімберді. Кейінгі бір тарихшылар долбарлағандай, ашық майданда емес, жасырын зұлымдық нәтижесі, хан сарайының өз қабырғасында. Түн іші, тұтқиылда. 1413, август. Әрине, күні кеше Едігеден айныған опасыз ұлықтардың көмегімен. Кездейсоқ десек те, ел тозған, азамат азған бұлыңғыр нәтижесі.
Өз әкесі, Үлкен Бұлғақтан соңғы Тоқтамыс сияқты, Жәлел-әд Дин де Ұлұғ Ұлысты қайтадан ұйыстырып, біртұтас қана емес, қуатты мемлекетке айналдыруға мүмкін еді, қапыда, шәйіт кетті. Алтын Орда өкімінде он төрт ай отырыпты.
Әлбетте, баяғы Үлкен Бұлғақ кезінде, қандай хикметпен болса да, әуелгі табысына жеткен, яғни алтын тақты иеленген кез келген жаңа хан өзін мәңгіге отырдым деп байыптағаны, алайда, көп ұзамай-ақ, кезек-кезегімен басын жойып отырғаны сияқты, туған ағасын опасыздықпен өлтірген Керімберді де ұлұғ өкімге біржола, берік орнықтым деп ойлаған. Берік те емес, біржола да емес, уақытша ғана екен. Жарты жылға да жетпей, бес айдан соң тақтан айрылып, ажал табады. Хандыққа, ол да Тоқтамыстан туған, Кебек ие болыпты. 1413 – 1414 жылдар тоғысы.
Әуелде Липқа-Литвадан қолдау тапқан Кебек бұдан соң ұлы кінәз Витовттың Тевтон орденіне қарсы күресінде күш қосады. Кебек, бір деректердің айтуынша (Абд-әл-Жафар – Б.Шпулер бойынша) үш жыл ханлық құрған, енді бір жазбаларда өкімі бір жылдан аспады деп көрсетіледі. Анығы – екі жыл шамасында. 1415 жылдың басында биліктен тайдырылған сияқты. Б.Шпулер 1415, июль айында Кебектің Витовттан әскери көмек сұрағаны туралы жазған. Қосымша көмек алды ма, алмады ма, 1415 жылдың екінші жарымында, жаңа бір талапкер – Шекрені қолдап шыққан Едігемен ұрыста қазаға ұшырайды.
Шекренің ғұмыр жолы сәл өзгеше. Әлденендей қатерден бой тасалап, бірталай заман Ақсақ Темірдің ғұзырында болады. Ақыры, 1405 жылы, Едігенің арнайы шақыртуымен Ордаға қайтып келген. Айттық, Тоқтамыстың өлімінен соң Сібір жұртында әмір ретінде орнығады. Енді Ұлұғ Ұлыста хан мәртебесінде. Бұл, Тоқтамыс ұлдарының арасына сыналап кірген Шекре де сол әулеттен: Тоқай-Темірдің бір ұлы Өз-Темірден Абай, одан Мыңғасар, одан Ақмыл, Ақмылдың ұлы – Шекре. 1412-1416 жылдар мұғдарында Сарай-Жәдидтен бастап, Алтын Орданың негізгі қалаларының барлығы: Бұлғар, Хажы-тархан, Азауда, тағы бір кенттерде өз атынан манат шығарған. Есебі, бұл кезде Ұлұғ Ұлыс өзінің байырғы, негізгі шекарасында біртұтас болып тұрды деген сөз.
Ақыры, 1416 жылдың алғашқы айларында Тоқтамыстың тағы бір ұлы, Литвадан үлкен әскери көмек алған Жаббарберді ашық ұрыста Шекрені қиратып жеңіп, және өлтіріп, астана Сарайды алады. Алтын Орданың кезекті ханы. Әйткенмен, бұл Жаббарберді де ірге теуіп, ұзақ отыра алмаған. Арада жыл озбай, жаңадан күш жинаған Едігеден жеңіліп, Қырымға қашады. Едіге ұлыстың ендігі ханы ретінде Дәруіш-оғланды көтереді. Және бөгелместен, Жаббарбердінің соңынан қуа шығады. Жаббарберді Қара теңіз аумағында еркін генуялықтар мен венециялықтардан пана тапқан еді. Едіге әуелде Азаумен іргелес Тананы қамап, басып алады. Қаншама жұртын қырғынға ұшыратып, бай шаһарды әбден үптейді. 600 венециялық қаза тапты, бай фактория 200 мың дукат зиян шекті, деп жазған сол заман деректері. Едіге Танадан соң Кафаны қамалайды. Жаббарбердінің басын сұраған. Ақыры, қамалы берік генуялықтармен мәмлеге келіпті: Едіге құрсауды алады, ал Кафа Жаббарбердіні аластауға тиіс. Екі шарт та орындалыпты. Алайда, Литваға бет түзеген Жаббарберді жолай, өз нөкерлерінің қолынан қаза табады.
Едіге таққа отырғызған Дәруіш хан да Тоқай-Темір әулеті; өз әкесі – Тұқрақ, Тоқай-Темірдің бір ұлы Ұрұңғыташтан таралады. Шын мәнісіндегі қуыршақ хан екен. Бұрнада болмаған жағдай – осы бір тұстағы ақша бедерінде хан мен Едіге есімі қатарынан таңбаланыпты. Дәруіш хан 1419 жылдың басында, тәрізі өз ажалынан өлген. Едігенің де бағы қайтты деп айтуға болады. Бұл кезде Қырымға ығысып кеткен. Сарайда Тоқтамыстың тағы бір ұлы Қадырберді хан көтеріледі.
Бұл Қадырбердінің тағдыр жолы өзгеше. Қадырғали Жалайырдың айтуынша, Едіге Тоқтамыстың қызы Жәникені қатындыққа алған екен, бұл кезде Қадырберді үш жаста ғана. Жәнике рақым сұрап, бір анадан туған бауыры Қадырбердінің жанын алып қалады. Міне, арада қаншама жыл өткен соң Едігенің ең басты дұшпаны болып шықты. Өкімге жетісімен, бірден-ақ Көк Орда шегінде қайтадан күш жинай бастаған Едігеге қарсы аттаныпты. Бұл, тепе-теңдей, алмағайып ұрыс нәтижесінде Қадырберді мен Едіге екеуі қабатынан ажал тапқанын ілкіде айттық.
Тоқтамыс ханның жауынгер, бірақ берекесіз, бір-біріне қастан он үш ұлы, әрқилы жағдайда, түгелдей өліп бітті. Едігенің де күні таусылды. Алайда, Ұлұғ Ұлыс шегінде қайрылмас өріс алған Бұлғақ – өзара қырқыс тоқталмайды.
Жарадар Едігенің аулақтағы жатқан жерін, жауды танымай, аңқаулықпен, әйтпесе, көпе-көрнеу, қасақана әйгілеп берген, қайткенде ажалға себепкер болған оғланның есімі – Ішкілі Хасан екен. Тоқай-Темір әулеті, Едіге Қырымнан ығысқанда өзімен бірге алып шыққан жауынгер серік. Бұдан соңғы тағдыры белгісіз. Сірә, алдағы заманда Едіге ұлдарының қолынан қаза табуы мүмкін деп шамаланады. Бұл Ішкілі Хасанның бел баласының есімі – Мұхамед-оғлан екен. Кейінгі тарихтағы Ұлұ-Мұхамед хан. Едіге өмірден өтіп, Тоқтамыс ұлдары да түгелдей басын жойғаннан соң, Бату хан заманынан бері аталарының билігінде келе жатқан Қырымнан дүрк аттанады. Әуелі Хажы-Тарханды, бұдан соң Сарай мен Бұлғарды ғұзырына қаратып, 1420 жылы Ұлұғ Ұлыс ханы деп танылады.
Бұл кезде Көк Ордада Шибан әулеті Қажы-Мұхамед те өзін хан деп жариялаған екен. Шығыс Дәшті алпауыттары мен Едіге ұрпақтарының бірегей қолдауы нәтижесінде. Алайда, Қажы-Мұхамед Жайықтан өтіп, Еділге баспайды. Бұрнағы Көк Орда азғана заман өзінше дербестікке жеткен сияқты. Енді баяғыдай бір аймақ емес, бүткіл Шығыс Дәшті шегінде, уақытша болса да, Шибан әулетінің жетекші орынға шығуы – алдағы заманда Тоқай-Темір әулетімен аралықтың ашылуына, уақыт оза келе тікелей жаулыққа ұласуына негіз салған еді.
Ұлұ-Мұхамед Жошы ұлысының Екінші Бұлғақ заманында аумалы-төкпелі, қилы тағдыр кешкенін көреміз. Тоқай-Темір әулетінің Алтын Орда тағына таласкер басқа да қуатты оғландары – Кіші-Мұхамедпен, Барақпен тынымсыз күрес үстінде, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ығысып, астана Сарайда 1419 жылдан бастап, 1432 жылға дейін, үзік-үзік өкім құрыпты. Өзінің хандық дәуірінде Липқамен тыныштық қатынас орнатады. Түрік сұлтанына, Мысыр сұлтанына дос пейілді елшілер жібереді. Алайда, бұл кезде бей-берекет ішкі соғыстар жайлаған, әлемдік держава қатарынан шыққан Алтын Ордаға бұл екі тараптан да жауап елшілік келмепті.
Жошы ұлысының орталығы саналғанымен, әлденендей бір бөлшегінде ғана өкім құрып отырған Ұлұғ-Мұхамед Алтын Орда тағынан ендігі бір үміткер, Құйұршұқ хан ұлы Барақтан 1423 жылы жеңіліс тауып, Бұлғар уәлаятына қашады. Бұдан соң Литвада бой тасалайды. Азғана уақытта есін жиып, ұлы кінәз Витовттың әскери көмегімен қайта серпіледі. 1424 жылы Қырымды қаратып, ақыры 1426 жылы Барақты Сарайдан ығыстырып шығарады. Мұнымен де бітпеген. Көк Ордада күш жинаған Барақ 1427 жылы қайтадан Сарайды жаулап, хан тағын иеленеді. Алайда, Бұлғар мен Хажы-Тархан ғұзырында қалған Ұлұ-Мұхамед көп ұзамай, Сарайды қайырып алады.
Арада жыл өтпей, келесі бір талапкер Кіші-Мұхамедпен айқасуға тура келген. Теке-тірес әлденеше жылға созылады. Екі аралықта үлкен, шешуші ұрыстар болмаған сияқты. Бұл кезде таққа талас және бір үміткер бой көтеріпті: Керімберді ханның ұлы, Тоқтамыс хан немересі Сейіт-Ахмет. Ұлыстың Батыс өлкесі – Таң мен Үзе бойын баурап, Молдавияны, Подолия мен Қарпат етегін шапқындайды. Қырым жұртын ғұзырына келтіреді. Бұл кезде дүниеден өткен Витовттың орнын басқан ұлы кінәз Свидригайломен достық қатынас қалыптайды; Сейіт-Ахмет Литваға қажетті әскери көмек беріп отырған және ол тараптан да үлкен қолдау табады.
Ақыры, 1430 жылдардың орта шенінде қуаты шамалас үш хан өзара мәмлеге келгендей болыпты. Ұлұғ Ұлыстың әзірше қолдан шықпаған Ақ Орда жерін бөліске салады. Кіші-Мұхамед Ұлыс орталығы – Еділ бойына, Ұлұ-Мұхамед Батыс өлке – Таң мен Үзе, Қара теңіз жағалауына, Сейіт-Ахмет – Қырымда орнығады. Әйткенмен, Ұлұ-Мұхамедтің мәртебесі жоғары саналған. Ең қызығы, Мәскеу кінәзі Василий осы үшеуін бірдей әке тұтып, үшеуіне қатарынан албан төлеп отырған екен.
Жинақтап айтқанда, Ұлұ-Мұхамед аумалы заман орайымен 1419-23, 1426-27, 1428-32 жылдарда Ұлұғ Ұлыс тағын иеленген. Бұдан соң аталмыс үштік қатарында.
Ұлұ-Мұхамед 1436 жылы Орда шегінен біржола қуылады. Азғана уақыт Қырымды паналап, ақыры 1437 жылы Орыс шегіне жетеді. Мәскеу кінәздігіне қарасты Белев қаласын басыпты. Василий кінәз өз елінен қуылған, ешқандай өкімі жоқ босқын ханның тезінен Орыс шегінен кетуін талап етеді. Желтоқсан, қақаған қыс екен. Қайда бармақ. Жарлық аяқасты қалады. Енді Василий Ұлұ-Мұхамедті біржола құрту үшін 40 мың әскер шығарыпты. Шарасыз хан жасағы небәрі үш мың аламан екен. Екі тараптың ара салмағында осыншама айырым болмаған күннің өзінде, орыс әлденеше есе артық. 1437, 5 желтоқсан күнгі жанталас, қанды ұрыста қыпшақ мерейі бәрібір үстем шыққан екен. Мәскеу қосындары қирап жеңіледі, тым-тырақай қашып, тас-талқан болыпты.
Ұлұ-Мұхамедтің бар ниеті – осы аралық аймақта аман-есен қыстап шығу болатын. Қар аршылған ерте көктемде межелі жері Бұлғарға жетеді. Жаңадан күш жинап, көп ұзамай-ақ Мәскеу кінәздігін қайыра шабады. Рязань кінәздігін қоса қиратып, Нижний Новгородты басады, ал 1445, 14 июль күні, Ұлұ-Мұхамедтің екі ұлы – Жақып пен Махмұдек Суздаль түбінде Мәскеу кінәздігінің жиын жасағын талқандайды. Ұлы кінәз Василий, немере інісімен бірге кіріптар тұтқынға түсіпті. Бұл да өзгеше жалғасы бар, тосын тауарих…
Байтақ ұлыстың орталық аймағынан барақат таппаған Ұлұғ-Мұхамед хан осы қым-қиғаш сапарының ақырғы шегінде, болашақ Қазан хандығының іргесін бекітеді. 1438 жылы. Тауарихтың іліктес бір тармағы – Ұлұ-Мұхамедтің бір ұлы Қасым 1452 жылы Рязань аймағы, Оқа өзенінің бойында Қасым хандығының негізін салған. Оның да бар тауарихы мәшһүр-мағлұм. Кейінірек, 1600-1610 жылдарда қилы тағдырлы қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамед дәурен кешкен өзгеше бір ұлыс осы. (Біз 1980-1982 жылдарда таңбаға түсіріп, жарияға шығарған, түпнұсқада әлденеше қайыра басылып, орыс, неміс тілдеріне аударылған «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясында Ораз-Мұхамедтің өзгеше ғұмыр кешуі арқылы Қасым хандығының өткен тарихын байыптай отырып, Алтын Орда жұртының ендігі жұқанасы орыс отаршылдығы нәтижесінде қандай езгі мен қорлыққа түскенін кеңінен суреттеген едік.)
Енді, осы Екінші Бұлғақ кезеңінде Ұлұ-Мұхамедпен қосанжарлас хандық құрған Барақ пен Кіші-Мұхамед турасында азғана ақпар.
Барақ та Тоқай-Темір тұқымы. Құйұршұқ хан ұлы, Орыс хан немересі. Айтқанымыздай, Ұлұ-Мұхамед ханды ығыстырып, 1423-1426 жылдар және 1427-28 жылдар мұғдарында Алтын Орда тағын иеленген. Ата жұрты Көк Ордадан күш алады. Бұл тарапта Сыр-дарияның етегінен Жайыққа дейін, Тобыл өзенінен Ертіске дейінгі аралықта өкімі жүрген. Астана Сарайда отырған кезінде Еділдің орта ағысы мен атырауын ғұзырына қаратты, яғни өзінің ең өтімді жылдарында байтақ Дәшті-Қыпшақтың басым бөлігін бір ту астына біріктірді деген сөз. Барақ хан Ақсақ Темірдің мұрагері Ұлықбекке қарсы майданда үлкен жеңістерге жетіп, Сыр бойының ілкіде қолдан шыққан, бұрнағы заманнан Көк Орданың ғұзырына қарасты, ежелгі астана Сығнақ бастаған, Отырар, Сауран, Түркістан қалаларын қайтарып алады. Барақ хан бүткіл Дәшті-Қыпшақты болмаса да, ежелгі Көк Орданы біртұтас, қуатты құрылым ретінде ұйыстырып кететін еді, алайда, 1428 жылы, Моғолстанмен аралық ұрыстардың бірінде, көлденеңнен оққа ұшады.
Алғаш рет 1428 жылы Ұлұғ Ұлыс өкіміне жетіп, тұрақтай алмаған, ақыры 1432 жылдан бастап, 1459 жылға дейін, әуелде үштің бірі ретінде, кейінде дербес, біршама ұзақ уақыт хандық құрған Кіші-Мұхамед – Темір ханның ұлы, Темір-Құтлұғ немересі, беріде Орыс хан, арыда Тоқай-Темір нәсілі. Тума, тайталас екі Мұхамедті шатыстырмас үшін жамалған үстеме нысан – Кіші-Мұхамед, ал бұрынырақ шыққан, әуелгі Мұхамед – Ұлұ (Ұлұғ), яғни Үлкен атанған еді.
1428 жылғы алғашқы жеңісі баянсыз болды. 1432 жылы қайтадан көтеріліпті. Бұл кезде жақтастарының бір бөлігі тастап шыққан Ұлұ-Мұхамед біршама әлсіреген, енді Кіші-Мұхамедпен мәмлеге келіпті. Кіші-Мұхамед Сарай мен Хажы-Тарханды алды. Айтқанымыздай, 1434-1436 жылдар мұғдары, Ұлұғ Ұлыс шегінде, қуат-күші қарайлас үш хан, әрқайсы өз үлесінде, қатарлас ғұмыр кешті. Алайда, көп ұзамай, бәрі бұзылады. Баяғы құдіретті Едігенің, беклербек Наурыз бастаған ұлдары, Ұлұғ-Мұхамедпен ренжісіп, Кіші-Мұхамед жағына шығып кетеді. Ұлұ-Мұхамед бас сауғалап, теріске бұрылды, кіші-Мұхамед пен Сейіт-Ахмет бірме-бір қалады. Әйткенмен, әскери үлкен қақтығыс туындамайды. Кіші-Мұхамедтің үлесіне – шәрлі, кентті ұйықты орталық, ал Сейіт-Ахметке Еділдің оң жағалығынан Үзе-Днепрге дейін созылатын далалық аймақ қарасты болып шыққан. Алдағы Үлкен Орда. Келешек мұрагері – Кіші-Мұхамедтің ұлы, Угра тұрысынан әйгілі Ахмет хан.
Кіші-Мұхамед 1459 жылы өз ажалынан өледі. Ізінше, бүткіл Еділ бойы Үлкен Орданың құрамына қосылыпты. Яғни, Ұлұғ Ұлыстың ұйықты орталығы қайтадан тұтасып, өз орнына келді. Сондықтан, 1480 жыл, Уградан соң көп ұзамай, қазаға ұшыраған Ахмет – Алтын Орданың ең соңғы ханы деп танылуы шындыққа жақынырақ.
Екінші реттегі, Кіші Бұлғақтың ауқымын әуелгі, Үлкен Бұлғақпен салыстыруға келмейді. Қай жағынан да кемшін. Қалалар қираған жоқ. Мыңдаған, он мыңдаған аламан жаппай жапырылып, қазаға ұшыраған аса ірі соғыстар болмады. Қайшылық, тартыстың көбі алдыңғы ханды әрқилы қақтығыс, шағын майдан үстінде және көбіне-көп астыртын қастандық нәтижесінде өлтірумен шешіліп отырды. Кейінде қарсылас талапкерлер өзара бейбіт мәмлеге ұмтылды. Әрине, қан да төгілді, ең жаманы – ағайын арасы күн озған сайын аулақтай берді.
Осы орайда, бүгінгі алты ғасыр биігінен көз салсақ, әуелгі, Үлкен Бұлғақ Алтын Орда сияқты ғаламат мемлекетті қым-қуыт шырғаға түсіріп, біртұтас жұрт арасына алауыздық енгізіп, әрқилы жат мінезге өркен берсе, алдағы Құндызшы мен Теректегі қисынсыз жеңілістерге жол ашып, өр мінезді, қуатты халықты мейлінше әлсіретіп, ерлік дәстүрінен тайдырса, екінші, әуелгіден әлдеқайда солғын Кіші Бұлғақ – бар жараның аузын ашып, Шыңғыс хан дәуірінен бастау алатын бірегей Ұлыстың толықтай ыдырауын қамтамасыз еткен еді.

ЫДЫРАУ

«Алтын Орда құлады» дейтін, тарихи қалыптасқан, тұрақты тіркес бар. Шындығында, Ұлұғ Ұлыс құлаған жоқ, ыдырады. Және қайыра қосылмастай, біржола.
Алып мемлекеттің ішінара сетінеу белгілері алғаш рет Үлкен Бұлғақ кезінде көрініс берген. Бірақ бұл – мезгілдік, уақытша құбылыс еді. Алып елдің әрқилы тарабы кезекті бір хандардың ыңғайымен дербес билік танытса, көп ұзамай-ақ қайта жұғысып, ізінше тағы да ажырап, ақыры, Көк Ордадан шыққан Тоқтамыс ханның қайрат-жігері, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында жаңадан тұтасты. Екінші, Кіші Бұлғақ әуел бастан-ақ бітімсіз алауыздыққа кеңінен жол ашып, Ұлыстың ада-күде ыдырауына негіз салған еді. Бұрнада, әр кез, әрқилы жағдайда Қырым, Бұлғар, Шығыс Дәшті, Хорезм, Сібір тараптары, әрқайсы өзінше, жеке билікке ұмтылғанымен, Ұлыстың ұйықты орталығынан тақи-таза қол үзіп кете алмады. Сонымен қатар, бұл кезде ішке түсіп, берік бекінген алауыздық та мүлде ұмытылмаған. Ақыры, айбынды Алтын Орда біртұтас, қуатты мемлекет ретінде тарих сахнасынан көшті.
Бұл тоқтаусыз үдеріс қалай және қашан өріс алғанын шартты түрде ғана түйіп айту мүмкін. Сондықтан, кейінгі тарихта әрбір жаңа құрылымның дербестік жылдары туралы әрқилы кезеңге сілтеме жасалып жатады. Анығы – ХV ықылымның 20-жылдарынан басталған және ғасыр аяғына жетпей, 1480 жылы толық тиянақ тапқан.
Ұлұғ Ұлыс құрамынан ең алдымен Көк Орда бөлініп шығады. Бату хан заманынан шектеулі бостандығы бар, енді, Үлкен Бұлғақ кезінде бүткіл Дәшті-Қыпшақ өкіміне таласқан Көк Орда. 1428 жылы, Сібір, Шымға-Тұрада, Жошы әулетінен тараған төрелердің көпшілік мәмлесімен Шибан тұқымы, он алты жасар Әбілқайыр ақ киізге көтеріледі. Орталық – Еділ бойы, астана Сарайдан оқшау, жеке ұлыстың ханы ретінде. Кейінгі тарихта бұл жаңа құрылым Әбілқайыр хандығы, немесе Өзбек ұлысы аталады. Шындығы – байырғы Көк Орданың жаңа бір көрінісі болатын.
Өзара шапқын нәтижесінде орталықтан опа таппаған Ұлұ-Мұхамед ежелгі Бұлғар ұлысына жетіп, Қазан хандығының іргесін бекітті – 1438 жылы.
Бұрнада неше мәрте бөлініп шығып, қайтадан үйірін тауып отырған Қырым ұлысын 1441 жылы Қажы-Керей хан бекемдейді.
Ұлұғ Ұлыстың орталық аймағы – Еділден Үзе-Днепрге дейінгі байтақ өлке – Үлкен Орда атанды. 1433 жылы ірге ажыратып, 40-жылдарда мүлде дараланып, 60-жылдарда үлкен қуатқа жетеді. Әуелгі, іргелес екі бөлік жұрттың қатарлас жасаған бастапқы хандары Ұлұ-Мұхамед пен Сейіт-Ахмет, соңғысының өлімінен кейінгі кезеңде – Кіші-Мұхамедтің ұлы Ахмет. Бұл Ахмет шын мәнісінде Алтын Орданың ең соңғы ханы саналады.
1459 жылы Еділдің етегінде Хажы-Тархан (Астархан) хандығы іргеленеді.
Бодан Орыс елі 1480 жылдан бастап, толық тәуелсіз жағдайға жетті.
Бұрнағы Көк Орда, ендігі Әбілқайыр хан билеген байтақ ұлыста Шибан әулеті мен Тоқай-Темір әулеті арасында қайшылық туған. Ақыры, 1450-1460 жылдар тоғысында Орыс хан шөберелері Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханнан бөлініп шығып, Моғолстанмен шекара – Шу бойында Қазақ Ордасының туын көтереді. Әбілқайыр хандығына қарасты қауым өзбек (өзі бек, дербес жұрт) аталса, Керей мен Жәнібек хандар жұрты – қазақ (еркін, азат ел) аталды.
Қазақ Ордасы арада оншақты жыл өтер-өтпесте өрісін кеңейте бастапты. Бұдан соңғы заманда мүлде күшейіп, Ежелгі Көк Орда жерін түгелдей баурап, Шығыста Моғолстан, түстікте Шағатай ұлыстарының шегіне қанат жаяды. Бар тарихы әлемге әйгі.
Алтын Орданың ескі жұртында жаңадан құрылған, бұрнағымен салыстырғанда шағын, шын мәнісінде жері де кең, халқы да біршама жаңа ұлыстар әрқайсы өзінше ғұмыр кеше бастады. Және болашақ тарих шеруінде әрқилы тағдыр тұрған.
Тоқай-Темір – Қажы-Керей ұрпақтары өкім құрған Қырым хандығы атаулы түбекті және Қара теңіздің терістік һәм батыс жағалауын, Азау теңізінің аумағын, уақыт оза келе, Үзе-Днепр мен Дунай аралығындағы байтақ даланы берік ұстап, үлкен күш-қуат тапты. Бұрнағы бодан, 1480 жылдан бастап, толық тәуелсіз жағдайға жеткен, күн озған сайын қарымын арттырып, үлкен ел ретінде ұйысқан Московиямен үнемі дерлік соғыс жағдайында ғұмыр кешті. Көбіне-көп әскери қуаты артық болды. Қырым хандығы Ұлұғ Ұлыстың ең басты мұрагері және өктем өкімінің тікелей жалғасы танылып, Орыс жұртынан, Бірінші Петр заманына дейін жыл сайын міндетті албан алып отырған еді. Ақыры, халқының қарасыны мол, әрі жаңа дәуірдің әскери ұтымын тапқан Ресейден жеңіліп, 1783 жылы еркіндігінен айрылды. Бұдан соң да өздерінің тума атауын сақтап қалған қырым-татар халқы аяусыз, жаңа отаршылдық қыспағына түсті, біршама жұрты, кейінгі тарих кезеңінде өз құрамына қосып, ағалық танытқан Түркия шегіне қоныс аударды, советтік қызыл-орыс заманында бұрнағыдан әрмен езгі, жаппай репрессияға түсіп, жерінен аласталып, қайтадан ата жұртына оралып, әуелгі санының әлдебір бөлшегін ғана құраған, кіріптар, кенеусіз қыспақ астында күн кешіп жатыр.
Қазан хандығы дәл іргеден бой көтерген, жыртқыш жаңа бір мемлекет – Московиямен қанкешті жағаласта бір ғасырдан астам өзінің дербестігін сақтап тұрды. Ақыры, 1552 жылы жойқын шапқынға ұшырады, астана шаһарды қорғаушылар түгелдей қырылып кетті. Қамал ішіндегі 30 мың бұлғар орыстың 150 мың әскеріне қарсы бір жарым ай қан жұтып, ұрыс салғанда, дәп іргедегі, кемі 300 мың әскер шығара алатын Ноғай Ордасы ешқандай көмек жасамапты.
Арада анық екі жыл өтер-өтпесте Ноғай Ордасының өзі ту-талақай болды. Туған інісі Исмайылмен арадағы соғыста ұлыби Жүсіп қазаға ұшырайды. Ноғай Ордасы да шылпара ыдырады.
Тағы екі жыл өтер-өтпесте, 1556 жылы қауқарсыз Қажы-Тархан хандығы құлайды. Тұяқ серпуге жарамастан.
Бұл, кейінгі тарихта Ноғай Ордасы, Хажы-Тархан хандығы аталған ұлыстардың құрамындағы жұрт – ноғай, ноғайлы аталатын. Сондай-ақ, жаңадан құрылған Қазақ Ордасының жұрты да кешегі ноғайлы. Шын мәнісінде, ол кездегі ноғай мен қазақтың ешқандай айырымы жоқ, екеуінің түп-тамыры ортақ, Алтын Орда заманында бір мемлекет құрамындағы бір халық, атаулары ажырады деген кейінгі қырық-елу жылдың өзінде іргелес, көбіне-көп септес, аралас ғұмыр кешкен. Енді, сыртқы қысым күшейіп, өз ішінде алауыздық өршіген ноғай қауымының үштен екі бөлігі Қазақ Ордасына қарай төңкеріледі. Біршамасы ауа көшіп, көпшілігі – Жайықтан шығысқа қарайғы байтақ жұртымен қоса. Елімен, жерімен, тұтастай келіп, енді қазақ аталып отырған халық құрамына бірікті, алдағы заманда Кіші жүз аталады. Негізінен, Шығыс Дәшті, Көк Ордадан тысқары рулар. Ал қалған қауым – Орта жүз; ежелгі құрылымдары бойынша арғын – арғынға, қоңырат – қоңыратқа, найман – найманға, керей – керейге қосылды. Негізінен – Шыңғыс хан империясының әуелгі ұйытқысы болған, Татар даласынан қоныс аударған ру-тайпалар. Ең қызығы – ежелден Дәшті-Қыпшақ өлкесін жайлаған қыпшақ – Кіші жүз емес, Орта жүз құрамында. Сондай-ақ, түп негізі Орта жүзге тиесілі болуға тиіс жалайыр – кейінгі Ұлы жүз құрамына енеді. (Бажайлап қарасақ, қазақтың Үш жүзі – рулық, тайпалық жақындық негізінде емес, территориялық бөлініс ыңғайымен қалыптасқан, үлкен ұлыс ішіндегі кіші ұлыстар екен.)
Еділдің арғы бетінде, үйірінен бөлініп қалған ноғай тағдыры – кейінгі қырым-татардан да қайғылы шықты. Азғана бөлігі Түркияға өтеді. Бүгінде, негізінен Ескішехир төңірегінде жасап жатыр. Ал «қара ағаштан қалың ноғай» – Екатерина Екінші патшайымның қатаң жарлығы бойынша, 1783 жылы, арнайы аттанған Суворов әскерінің тұтқиыл шабуылына ұшырап, түгелімен қырылып кеткен. Есебі, біржола жоққа айналды. 1959 жылы жүргізілген жалпы санақ бойынша, Совет империясының шегінде небәрі 39 мың ноғай бар екен. Мұның өзі – жаппай геноцидтен соңғы екі жүз жылғы өсім көрінісі. Қазірде 100 мыңнан асқан. Қайткенде, азғана жұқана. Әйтеуір аты өшпеген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, бір жыл өтпей, бүгінгі ноғай жұртының белгілі ақын-жазушы, өнер қайраткерінің атаулы өкілдері келіп еді, қазақ пен ноғай – жақын туыс қана емес, бір халық, бізді көшіріп алыңдар, деген. Қарауындағы жұртын жарылқамай жатқан Назарбаев ай даладағы ноғайды қайтсін, босағаға да жете алмай, кері қайтты. Одан беріде қаншама заман. Назарбаев кетсе де, назарбаевшылық күшінде тұр, тым құрса бейресми, рухани қатынас жоқ. Әуелде Орысқа, кейінде Советке қараған отар, кіріптар халықтардың ішіндегі ең бақытсыз, ең панасыз ноғай бауырларымыз, әлі күнге қорлық, кемшін жағдайда ауыр күндерін өткеріп жатыр.
Көк Орда шегінде ту көтерген Әбілқайыр хандығы көп ұзамай-ақ жоққа айналады. Әуелде қалмақтан жойқын жеңіліс. Одан бұрын және кейін – ішкі қайшылықтар. Ақыры, Әбілқайырдан соңғы тақ мұрагері Шейх-Хайдар қазаға ұшырайды, ендігі бір ханзада Мұхамед Шәйбани қазақ тепкінімен Орта Азияға тықсырылады. Соңында Көк Орда шегінен ауған қаншама халқы бар Шәйбани түстікте үлкен әскери табысқа жетіпті. Самарқанд, Бұхараға қоса, Ғиратқа дейін жаулайды. Бүткіл атырапты билеп отырған Ақсақ Темір ұрпақтарының еркек кіндікті – бесіктегі баладан еңкейген кәрісіне дейін, түгел өлімге кесіпті. Бір есептен, кешегі Ұлұғ Ұлыс жұртындағы ойранның қарымтасы. Анығы – билеуші династияны түп-тұяғымен жоққа айналдыру. Шынымен берік орнығады. Енді, Орта Азияны толық баурағаннан соң, ең жақын туысы Қазақ Ордасына қарсы қанды жорықтар ұйымдастырады. Ақыры, 1510 жылғы қысқы майданда апатқа ұшырапты. Негізгі қарулы күштерінен айрылған Шәйбани алдағы жазда Иран шахы, Сефеви Исмайылмен қақтығыста басын жойды. Бірақ бар өкімі жүзеге асқан. Алдағы заманда, осы Шәйбани ғұзырына қаратқан Орта Азиялық түрік және түріктенген басқа да мұсылман қауымы, кешегі жаулаушылар ыңғайымен, өзбек деп аталады, осы ныспымен бүгінгі күнге жеткен.
Шыңғыс хан заманынан бастап, үлкен ұлыс ішінде өзіндік автономиясы сақталып, Оң ханның тұқымы Тайбұға әулеті өкім құрған, ал Тоқтамыс ханның ақырғы кезеңі – 1396-1406 жылдарда жеке хандық есебінде тіршілік кешкен Сібір жұрты Ұлұғ Ұлыс құрамына қайтадан қосылып, ақыры, Әбілқайыр ханнан соң біршама дербес жұртқа айналды. Бірақ жаңа құрылым шегінде, бұрнағы Тайбұға нәсілі мен билікке беріде араласқан Шибан әулетінің арасындағы күрес тоқталмайды. Түптің түбі, Московия жаулығымен, ең соңғы хан шәйбанид Көшімнің түпкілікті жеңілісінен соң, 1598 жылы еркіндігін біржола жойды. Айта кетер жағдай, бұған дейін және кейін ескілікті Сібір хандығының бүткіл түстік бөлігі – мекен-жері, меншікті руларымен қоса, Қазақ Ордасының құрамына өткен еді.
1480 жылғы, Угра өзенінің қарама-қарсы екі қабағында Мәскеу мен Ұлыс қосындарының шешуші майдансыз, қырық күнгі теке-тұрысынан ұтым тапқан және арада жарым жыл өтпей, Алтын Орданың ең ақырғы ханы Ахмет өз ағайындарының қолынан қазаға ұшырағаннан кейін еңсесі жазылған Московия күрт көтерілді. Уақыт озған сайын күш-қуаты қабындап, бұрнағы Ұлұғ Ұлыс жерін шетінен қайыра жаулап, өзгеше бір жыртқыш жаңа құрылым – Орыс мемлекетін негіздеді.
Түйіп айтқанда, ХV ғасырдың 20-жылдары мен 80-жылының аралығында біржола ыдыраған Ұлұғ Ұлыс енді тоқтаусыз тозғындай береді. Әуелгі зобалаң бұрнағы Ақ Орда шегін жайлапты. Еділдің батыс тарабы. Түрік-қыпшақ жұрты өзінің мың жылдық қонысынан еріксіз ығыса бастайды. Әуелі Туна мен Қарпат, Таң мен Үзе бойынан, содан соң Еділдің оңы мен солы – ұлы дарияның бүткіл алқабынан. Халқы кетті, қаңыраған қонысы ғана қалды. Қираған қалалары жермен-жексен болды. Малға тойын, егінге орайлы байтақ дала – Батыс Дәшті көп ұзамай-ақ, жат жұрттар иелігіне көшті.
Терістік-шығыс, Еділ дариясының жоғарғы, сол жағалауы, Оқа бойында, елдігінен айрылса да, түгелдей қырылып бітпеген Бұлғар жұртының тіршілігі одан әрмен жалғасыпты. Ал бұрнағы Көк Орда ақыр түбі қайтадан серпіледі. Атауы басқа жаңа ұлыс – Қазақ Ордасы алдағы төрт ғасырға жалғасып, дербес ұлыс боп тұрды, XIX ғасырдың орта шенінде отарлық кепке түссе де, жүз қырық жылдық үзілістен соң қайтадан бой көтерді. Бүгінгі Қазақстан.
* * *
Алтын Орда үш ғасырлық ұлы мемлекет ретінде көріністен кетсе де, артында тума халқы қалған екен. Біз алдымен атаған қазақ пен бұлғар-татар ғана емес. Арғы заманда Ұлұғ Ұлыс құрамында болған, қадарынша қызмет қылған, кейінгі кезеңде біржола құрып кетпей, ұрпағын өсірген, әр тарапта өзінің орнын сақтаған тағы қаншама жұрт. Оның негізгі ұйытқысы – айдынды қыпшаққа жалғас түрік текті қауымның қарасыны біршама екен. Қазақтың терістік-батысында ірге тепкен башқұрт. Қилы тағдырлы қырым-татар. Терістік Қапқаздағы құмық, қарашай мен балқар. Орыстар жапсырған «татар» ныспысымен жүрген мешер мен ноғайбақ, қасымлы-қазақ пен сібір түріктері, және бұрнағы үлкен жұрттың соңғы жұқанасы ноғай. Тек осылар ғана емес. Кезінде ұлы мемлекет құрамында болған, ұрыс-соғыс атаулыда күш қосып, бейбіт заманда бірге жасаған тағы қаншама халық: абар мен лақ, дарғы мен лезгин – бүткіл Дағыстан. Чешен мен ингуш. Осетин. Шыбаш пен мари, удмурт. Бәрі де Алтын Орданың тікелей мұрагері.
Жөн-ақ. Алайда, бүгінгі күні өз туын көтеріп, тәуелсіз мемлекет дәрежесіне жеткен – жалғыз қазақ қана. Тек жалғыз қалмайды. Бес-он жыл ма, ұзағанда жиырма-отыз жыл, түптің түбі – татар мен башқұрт, Дағыстан мен Чешенстан да бағымсыз, еркін ел болып шығары анық.
Сөз ыңғайымен алға озып кеттік. Бір мезет өткенімізге оралайық. Алтын Орда ыдырады. Қалған жұрты неше бөлек дегенмен, өз орнында. Әзірше, дүниенің қалай қарай төңкерілері белгісіз. Заман өзгерсе де, бұрнағы Жошы ұлысының шегінде тіршілік тоқталмаған.

ҒЫЛЫМ-БІЛІМ, ӘДЕБИЕТ

Алтын Орда көне ғасырлар ауқымында, Еуропа шегіндегі ең алдыңғы қатарлы, өнері мен ғылымы дамыған және мәдениеті биік деңгейге жеткен, өркениетті мемлекет еді. Шығыстағы Қытай мен Түстіктегі ислам әлемін айтпасақ, сол замандағы христиан жұртынан өлшеусіз жоғары болды.
Бар үлгінің бастау негізінде Ежелгі Түрік қағанатының көшпенді өркениеті мен биік рухының көрінісі тұрған. Уақыт оза келе, Ежелгі Қытаймен жалғастық, бұдан соң, Шыңғыс хан заманында мұсылман халықтарымен тығыз қатынас – бүткіл түрік-қыпшақ қауымының барлық жағынан бірдей өсіп, қауырт дамуына алғышарт жасады.
Берке хан заманынан бастап, мұсылмандық жетекші орынға шыққан. Алайда, тәңірі жолымен қатар, настырани, будда рәсімін ұстанушылар да бар еді. Өзбек хан тұсынан бастап ислам – ресми түрде мемлекеттік дін ретінде қабылданғаннан соң, Ұлұғ Ұлыс іштей біржола ұйысып қана қойған жоқ, тынысы ашылып, өрісі кеңейе түсті.
Исламмен бірге, жалпылай сауаттылық келді. Алтын Орда шегінде қызу өмір шалқыған 170 қала, тағы соншама, одан неше есе көп кентті мекендер тек әкімшілік, кәсіп пен өндіріс, сауда орталығы ғана емес, үлкен мәдени, рухани ұйытқы қызметін атқарды. Кез келген елді тұрақта мешіт бар. Үлкен шаһарларда – ондаған, шағын қоныстарда – бір, екіден. Ибн Баттута тек Сарай-Жәдидтің бір өзінде ғана 13 жұма мешітінің болғанын атап айтқан. Әдепкі мешіттер, әрине, ондап саналуға тиіс. Жәми мешіттер ғана емес, кез келген үлкен мешіт қасында медресе бар. Барлық мешіт – тиесілі мектептер ашуға міндетті. Кейінгі зерттеушілердің байыбынша, Алтын Орда халқы – сауаты ашық жұрт екен. Еуропа қараңғылық түнегінде жатқан, корольдерінің өзі хат танымайтын дәуірде.
Ғылым, білім өз заманының жоғарғы деңгейінде болғанын көреміз. Бұрнағы Берке хан халқының танымын арттырып, өркенін ашу мақсатымен, шеткері ислам елдерінен атаулы ғұламалар шақыртқан. Үлгі шашу ғана емес, болашақта ел ішінде білімдар оқымысты тұлғалар көптеп қалыптасуы үшін. Және құлашын тіпті кеңге салады. Енді мешіттер мен медреселер төңірегіне арнайы келгінші және жергілікті жұрт ішінен шыққан, ғылым мен білімнің әр тарабын игерген оқымыстылар топтасады. Бұл ретте екі Сарай мен Хажы-Тархан, Бұлғар мен Мажар, Үргеніш пен Сығнақ қалалары айрықша көзге түседі.
Заманауи нақты ғылымдар қатарында математика, медицина, астрономия, және география, геодезия, дінтану, тарих, заңнама, логика, шешендік өнер алға шығады. Тұрмыстық және танымдық қажеттілік нәтижесі.
Осы орайда, мейлінше өркендеген бір сала – математика болды. Қарапайым есеп-қисап жөні әуелден-ақ айқын. Кең даладағы мыңғырған мал есебі. Бұдан соң – ондықтан бастап, түменге дейінгі және жалпылама әскер саны. Енді – ішкі, сыртқы сауда дамыған заманда қисапсыз ақша сомасы. Ең төменгі қажеттілік. Есеп-қисап жөні уақыт озған сайын күрделене түседі. Әр аймақта жекелей, ақыры баршаға жинақты халық санағы жүргізілді. Осы танымал халықтан тарам-тарам салық алынды. Нақты есебі керек. Өмірдің барлық саласына ақша араласты – мың, он мың, жүз мың… – тағы да қисапсыз, сан жүйесі. Ауызша емес, жазбаша таңбамен. Жүз қала, нешеме жүз кент-ауылда мыңдаған үй салынбақ. Оның ішінде асқақ мешіт, сәулетті ғимараттар. Қабырғасын тұрғызу, күмбезін жобалау – бәрі де күрделі есепке тірелмек. Жай ғана есеп емес, математикалық тұрғыдағы стереометрия, геометрикалық тұрғыдағы ғылыми және сәндік, көркем шешімдер. Сарай мен Хажы-Тархан, Бұлғар мен Гүлстандағы, қираса да іргетасы қалған сәулетті ғимараттар – ең алдымен осы күрделі математикалық шешімдер көрсеткіші.
Нақты ғылымдар ішінде астрономия айрықша дамығаны айқындалып отыр. Археолог А.Терещенко ХІХ ғасырдың орта шенінде Гүлстан шаһарының орнында қазба жұмыстарын жүргізген кезде, аспан әлемін аңдайтын астролябия, квадрант сияқты астрономиялық құралдар сынықтары ұшырасқан. Соңғы бір дерек – 1996 жылы Жаңа Сарайда тағы да астролябия фрагменттері табылыпты. Жәнібек хан тұсында астана Сарайда белгілі астроном Кемал ад-Дин Түркүмани атаулы трактат жазыпты. Ал мәшһүр астролог Масғұд әл-Бұлғари астролябия, квадрант, секстант арқылы аспан шырағдандарын зерттеп, күннің, айдың тұтылуын алдынала айқындап отырған. Әлбетте, осы орайда аспан әлемі туралы жазылған зерттеу, байыптау еңбектер біздің заманға жетпей қалды. Таң қаларлық жағдай – ұлыс оқымыстылары күннің – жерді емес, жердің күнді айналатынын Коперниктен бұрын анықтаған. Мұның нақты бір айғағы – Сейф Сарайидің «Сүухайл мен Гүлдүрсүн» дастанында көрініс табады. Сондай-ақ, Құтбының «Хұсрау мен Шырын» дастанында ғаламның шексіздігі, аспандағы әр жұлдыз – өзінше бір әлем екені, бұлардың аралығы тым қашық және бүткіл ғалам тынымсыз қозғалыста болатыны айтылады. Әрине, сол замандағы білік пен танымнан бастау алған толғамдар.
Жер тану – жағырапия ғылымына ұласты. Әлемдік империя бүткіл Еуразия құрылығын қамтып жатқан еді. Сондықтан, төрт тарап бірдей танылды. Тоқтаусыз, тынымсыз сауда жолдары, мемлекет аралық қатынас өз алдына, сырттан келетін және сыртқа шығатын саяхатшылар жер әлем туралы нақты түсінік қалыптастырды. Бүткіл түстік-шығыс Азия – Үндістан мен Қытай ғана емес, терістік тарап – қарлы, мұзды «Итжеккен» туралы шынайы ұғым болды. Еуропа – берідегі Германия мен Италия, арыдағы Франция, тіпті Испания мен Португалия – таным ауқымында. Африка – Мысыр мен Мағриб жақсы мағлұм, түстіктегі қара құрылық туралы да нақты түсінік бар. Жұпыны ақпар, жай ғана мағлұмат емес, атаулы ғылыми еңбектер жазылған.
Медицина өз заманының жоғарғы деңгейінде болды. Сырқаттанған кісілер әдетте маман дәрігерге қаралады. Көбіне тамыр басу арқылы диагноз қойылған. Және тиісінше әрқилы дәрі-дәрмек тағайындайды. Үлкен қалаларда қоғамдық емханалар болған. Мұнда жергілікті тәбибтермен қатар, шет елден арнайы шақырылған мамандар да қызмет атқарады екен. Білімдар, тәжірибелі емшілер қатерлі дерттерге дауа іздейді. Әрқилы шөп пен өсімдік тамырларынан шипалы дәрілер жасалады. Сонымен қатар, денсаулықты нығайтатын арасан суларының қасиеті айқындалып, жүйелі түрде шомылу әдетке айналады. «Қара тажал» атанған жаппай оба кезінде ем табылмаса да, оның жұқпалы жағдайы айқындалып, сақтық шаралары қарастырылған екен.
Ұлұғ Ұлыстағы заң ғылымы да өзіндік сыпатта болды деп есептеледі. Әуелгі үлгі – Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы мен «Білік» қағидалары. Ұлыс шегінде ислам дінінің бел алуына байланысты, мұсылман рәсімі мен ұғымы бірінші орынға шығады. Бұл кезде құқұқтану тарабында көптеген ғылыми еңбектер жазылыпты.
Таным саласында тарихи шежіре жазу кеңінен өріс алыпты. Көбіне-көп ежелгі дәстүрлер негізінде. Шыңғыс хан туралы тарихи әңгімелер мен аңыздар халық арасына кеңінен таралады. «Алтын дәптерден» бастау алатын хикаялардың кейбірі, уақыт оза келе Жошы ханмен жалғасып, оның кейінгі ұрпақтарына ұласқанын көреміз. Дәстүрлі, жалпылама ата-тек шежіресімен қатар, ислам тарихы, Мұхамед пайғамбар мен оның ізбасар серіктері туралы аңыз бен тауарих халық арасына жазба және ауызша кеңінен таралады. Сонымен қатар, Дәшті-Қыпшақ тарихына қатысты еңбектер жазылса керек еді. Ешқайсы сақталмаған. Алайда, Мысыр тарихшыларының кейбірінің жазбаларынан бұлардың Ұлұғ Ұлыс шежірелерін кеңінен пайдаланғаны анық аңғарылады.
Атап айтарлық кілтипан – Алтын Орда шегінде туындаған, орныққан ғылым-білім табыстары ғана емес, руханият, әдебиет саласындағы мұралардың басым көпшілігі біздің заманға жетпеген. Әйдік қалалар қирап, өртеніп жатқанда, адам атаулы қырғынға ұшырап жатқанда, ғылым үлгілері мен әдеби нұсқалар таңбаланған қолжазбалардың қатар-қатарымен жойылып кетуі – табиғи жағдай. Бізге белгілі ескілікті мұралардың барлығы да кездейсоқта, сәтті жағдайда ғана сақталып қалғанын нақты айтуға керек.
* * *
Алтын Орда заманынан бүгінгі күнге жеткен көркем сөз мұрасын шартты түрде: жазба әдебиет үлгілері және халық әдебиеті нұсқалары деп, екі топқа жіктеуге болар еді. Арғы дәуірден тамыр тартып, кейінгі заманда мейлінше өркендеген халық әдебиеті нұсқалары тек аңызбен, тарихи әңгімелермен шектелмейді, кең ауқымды түрік-қыпшақ эпосына ұласады. Ал аумалы-төкпелі қырғын соғыстар, ең бастысы, ел – еркіндігінен айрылып, тозғындаған заманда қаншама шығынға ұшыраса да, қиюдан сақталып қалған жазба әдебиет нұсқалары біршама болып шығады. Енді, осы екі саладан бізге жеткен үлгілер туралы азғана ақпар.
Ислам діні Алтын Орда шегінде жетекші ғана емес, дара, үстемдік жағдайға жеткен кезде, мұсылманшылық насихат мешіт қабырғасынан озып, жалпы жұртқа көркем шығармалар арқылы да насихаттала бастайды. Осы орайда, Рабғузидің «Қиссас үл-әнбия» кітабы алдымен аталуға тиіс. Нәсір ад-Дин Рабғузи Хорезм уәлаятында ХІV ғасырдың екінші жартысы, ХV ғасырдың алғашқы ширегінде ғұмыр кешкен. Әйгілі еңбегі 1310 жылы жазылыпты.
Діндар ғұлама, араб, парсы тілдерін жетік білген. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл кітап пайғамбар, әулие-әнбиелердің үлгілі ғұмырбаяны. Жиыны жетпіс екі хикаядан құралған. Араб және көне түрік аңыздары бойынша әлемнің жаралуынан бастап, ислам рәсіміндегі Ибрахим, Сүлеймен, Аййуб, Даниял, тағы қаншама пайғамбарлардың үлгілі істері баяндалған. «Қиссас үл-әнбияның» қолжазба нұсқалары қаншама заман өткелегінен аман шығып, алғаш рет 1859 жылы Қазанда басылған. Бұдан соң да неше мәрте қайыра жарияланып, Ресей шегіндегі мұсылман қауымының арасына кеңінен таралады. Қазақ үшін де танымдық мәні зор, ерекше кітаптардың бірі болған. Әйгілі Біржан-Сара айтысында ақын қыз Сараның «Қиссас үл-әнбиядан оқымап па ең…» деп, Біржан салды сүріндіргені бар. Ол кезде Абай да, сауатты басқа қазақ та зерделеп таниды. Ал совет заманында тоқтау салынған кітап бірте-бірте ұмытыла бастады. Алайда, осы кертартпа, зорлық заманының өзінде қайта тірілгендей екен. Қазақ әдебиетінің тарихын ежелгі түрки әдебиетпен жалғастырған профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен, жас ғалым Алма Қыраубаева 1969 жылы Рабғузи, «Қиссас үл-әнбия» туралы кандидаттық диссертация қорғады. Ал еркіндік заман – 2001 жылы жас қаламгер Роза Мұқанова «Қиссас үл-әнбияны» қазіргі қазақ тіліне қотарады. Алтын Орда заманындағы мұра атаулының біздің жұртымызға да тиесілі, жақын екенін дәйектей кету үшін айтып отырмыз.
Мезгіл жөнінен «Қиссас үл-әнбияға» тетелес, мазмұн жағынан да туыстас, үйлес, діни-дидактикалық «Нахдж үл-фарадис» («Ұжмақтың сара жолы») 1257 жылы жазылған. Авторы – Махмұд Бұлғари, қыпшақтың кердері руынан, Бұлғарда туып, Сарайда ғұмыр кешкен. Атаулы еңбегі Мұхамед пайғамбардың қырық хадисі негізінде, пайғамбарлар мен сахабалар, ғұламалар мен шайқылар ғұмырынан үлгілі хикаялар шертеді. Кітап төрт бөлімге жіктелген қырық тараудан тұрады. Бірінші бөлім – Мұхамед пайғамбардың ғұмыры мен ізгілікті қызметіне, Екінші бөлім – бастапқы төрт халифа мен төрт имамға арналса, Үшінші бөлім – алланың рахматына жеткізер игі шаруалар жөні, Төртінші бөлім – мұсылманшылыққа қайшы зұлымдық пен жаманшылық жайына арналған. Таза діни уағыз емес, ар-өждан, адамгершілік қағидалары насихатталған, тек игілікке қарай бастайтын үлгілі шығарма. Кезінде Ұлұғ Ұлыс шегінде кеңінен таралыпты. Біздің заманға он бір көшірме нұсқасы жеткен. Түркияда сақталып тұрған ең көне көшірмесі – 1360 жылы таңбаға түскен екен.
Өз заманы үшін ерекше бір шығарма – Хорезмидің «Мұхаббат-нама» дастаны. 1353 жылы Сыр бойында жазылған. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл – бастан-аяқ махаббат жыры. Ғашық жігіттің сәлем хаты түрінде құралған. Ендігі бір ерекшелік – «бізнің тіл бірлә» – яғни қыпшақ тілінің негізінде туған. Бай, бейнелі тіл. Өз заманында кеңінен таралған дастанның екі дана түпнұсқа қолжазбасы қазірде Британ музейінде сақтаулы тұр. Тағы екі көшірмесі – Стамбұл ұлттық кітапханасында. Махаббат дастанын әр кезде Бартольд, А.Самойлович зерттеген. А.Щербак орыс тіліне аударған. Ә.Нәжіп түпнұсқаның транскрипциясын жасап, көлемді мақала жазған. Қазақ ғалымы А.Қыраубаева өзінің диссертациясы мен кітабында талдаған. Біршама зерттелген, танымал дастанның көлемі үлкен емес, 473 бәйіт, яғни 946 жол. Таза сезім толқынынан қуат тапқан «Мұхаббат-нама» – Алтын Орда әдебиетінің өз заманы үшін зайырлы, биік деңгейін айғақтайды. Хорезмидің ғұмыр дерегі сақталмаған. Анығы – ХІV ғасыр шегінде жасаған. Әдеби ныпсысына қарағанда, Хорезмде туған. Сыр бойы, Сығнақта ғұмыр кешті деп шамалауға мүмкін.
Алтын Орда жұртындағы оқымысты қауым, әлбетте, араб, әсіресе парсы тілдеріне жетік. Парсының классикалық әдебиетін зерделеген ақындар нәзира үлгісімен, белгілі дастандар сюжетін жаңаша жазып шығады. Соның айқын бір көрінісі – Құтұб (1297 – ХІV ғасырдың орта шені) жазған «Хұсрау-Шырын» дастаны Низамидің аттас поэмасымен жақын туыстық танытады. Ақын бұл дастанын 1342 жылы тәмамдап, Алтын Орда ханы Жәнібектің тақ мұрагері Тінібекке тарту қылған. Низами үлгісімен, ескілікті аңыз негізінде жазылған махаббат хикаясы сезім тазалығын, сұлулық салтанатын жырға қосады. Поэма 90 тарауға жіктелген 4659 бәйіт, яғни 9318 тармақ, біршама көлемді шығарма. 1388 жылы таңбаға түскен бір көшірмесі Францияның Ұлттық кітапханасының қорында сақтаулы тұр. А.Самойлович, Ә.Нәжіп, поляк ғалымы А.Зайончковский, түрік М.Көпрүлүзада зерттеген, қазақ ғалымы А.Ибатов дастанның тіл құрылымы туралы еңбек жазған.
Алтын Орда дәуірінің ұлы ақыны Сейф Сарайидің, сөз жоқ, өз кезіндегі мол мұрасынан біздің заманға ауқымды екі дастаны және бірнеше өлеңі жеткен. Қайткенде соқталы және елеулі мұра. Ақын 1321 жылы, Еділдің жоғарғы бойлығы, Самар иініндегі Қамышлы кентінде туған. Саналы ғұмырының үлкен бөлігі – астана Сарай қаласында өтеді. Алайда, Орданы жайлаған бұлғақ және осыншама бүлікпен астасқан оба кезеңінде Мысырға қоныс аударады. Бұл кезде Ұлұғ Ұлыспен одақтастық, достық орайымен, мұсылман Мысыр патшалығының шегінде сұлтандардың әскери гвардиясы мәмлүктер ғана емес, әр кезде әрқилы жағдаймен келіп, тұрақтаған саудагер, кәсіпкер және бас сауғалаған, тыныштық іздеген тағы қаншама халық бар еді. Арабпен қатар парсыны да жете таныған Сейф ақын сұлтан сарайындағы кеңсе қызметіне жегіледі. Әуелде Александрия, кейінде Қайырда тұрған. 1396 жылы дүниеден өтіпті.
Сейф Сарайи ақынның негізгі шығармасы «Гүлстан би-т-түрки», яғни «Түрікше Гүлстан» – әйгілі парсы ақыны Сағдидің аттас шығармасының нәзира үлгісімен жаңғырған, түрки нұсқасы. Қолжазбасы бүгінде Голландия, Лейден университетінің кітапхана қорында сақталып тұр. Ақынның екінші бір соқталы еңбегі «Ядкар-нама» («Жәдігер-нама) аталады. Қажыға барған әлдебір көзі ашық, пірадар кісі ХVІІІ ғасырда Орта Азияға алып келген екен, бүгінде Өзбек Ғылым академиясының Қолжазбалар институтының қорында тұр.
«Түрікше Гүлстан» тек әйгілі туындының түрленген аудармасымен ғана шектелмеген. Жиыны бес мың жолға тақау, 280 беттік көлемді шығарманың соңғы он жеті бетінде Сейф Сарайимен тұстас ең атақты сегіз ақынның өлең-жырлары таңбаланған. Бұлар: Қази-Мұхсин, Исхақ, Қожа Муәләви, Ғабдел-Мәжид, Ахмет қожа Сарайи, Тұғла Қожа, Хорезми және Хасан-оғлы. Аталмыс ақындардың әрқайсының өлеңінен соң, Сейф Сарайидің өзінің жауап нәзирасы беріліп отырған. Ал «Жәдігер-нама» манағы Исхақ, Тұғлы Қожамен қатар, жаңа бір ақын – Ахмет Ургенджи өлеңін таңбалаған. Есебі, Сейф Сарайи Алтын Орда заманының бүгінде ұмытылған тоғыз ақынын тірілтіп отыр.
Сағдидің «Гүлстаны» сегіз баптан тұратын ғақылия-мысал түрінде жазылғаны белгілі. Мәселен: патшалардың мінез-құлқы, дәруіштер туралы, қанағат жөні, тіршілік қағидалары дегендей. Сонымен қатар, шағын хикаялар мен тарихи үзік әңгімелер, ғибратты нақыл сөздер жинақталған. Орта ғасырлық қана емес, әлемдік, бар заманда озық, үлгілі шығарма. Мұндай ғажайып туындының түрік-қыпшақ тіліне аударылуының өзі – Алтын Орда руханиятының биік деңгейге жеткенін айғақтаса керек.
Ал «Жәдігер-нама» кітабының негізгі бөлімін құрайтын «Сүухайл мен Гүлдүрсүн» – гуманистік тұрғыдағы махаббат хикаясы. Шытырман оқиғалы туынды деп айтуға болады. Жырдың бастауында соғыс апаты, тұтқынға түскен ер жігіт Сүухайлдың азапты тағдыры сыпатталады. Батырды көрер-көрместен ғашық болған шах қызы Гүлдүрсүн Сүухайлды қапастан құтқарып, бірге қашады. Алайда, ауыр, азапты сапар үстінде қазаға ұшырапты. Бұдан соңғы өмірінің мәні қалмаған жігіт те жүрегіне қанжар ұрып, сүйгенінің соңынан кетеді. Өте әсерлі, ортағасырлық роман. Түптеп келгенде, Сейф Сарайи мұрасы Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ-түрік қауымының биік өрелі әдебиет туғызғанына нақты айғақ. Әлбетте, Сейф Сарайи оқшау, жеке бір құбылыс емес. Сонымен қатар, бізге мағлұм ең биік сеңгір.
«Түрікше Гүлстан» алғашқы рет толық қалпында 1954 жылы Аңқарада басылып шыққан еді. Жүзеге асырған – профессор Ф.Узлүк. Советтер шегінде алғаш рет Әмір Нәжіп зерттеген. Бұдан соң 1980 жылы Қазанда, түпнұсқа, араб әліпбиі бойынша баспа көрді. 2021 жылы Татарстанда Сейф Сарайидің 700 жылдығы аталып өтті, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Қазақ әдебиетшілерінің жекелеген мақалалары, тілдік тұрғыдан зерттеулері бар. Алтын Орданың ұлы ақынын толығымен танып білу – алдағы күндер үлесінде.
Хисам Кәтибтің «Жұм-жұма сұлтан» хикаяты – өз кезінде бүткіл Ұлұғ Ұлыс шегінде кеңінен таралған, адамгершіл негіздегі діни-ғақылия. 1369 жылы жазылған еңбектің танымдық жалғасы ХІХ, ХХ ғасырға дейін жетеді. «Жұм-жұманың» қазақ арасында мейлінше мағлұм болғаны туралы Мұхтар Әуезовтің куәлігі бар. Берідегі зерттеушілер «Жұм-жұманың» бізге жеткен қолжазба нұсқалары – кейінгі заманға тиесілі, сондықтан әуел бастағы өзіндік ерекшелігі сақтала қоймаған, деп жазады. Алайда, түрік оқымыстысы Ф.Көпрюлзаде атап көрсеткен, «менің архивімде дастанның хижра, 777 жылғы (1375-1376) нұсқасы және х. 955 санатында (1548), Сақып-Керей ханның жарлығымен, көне-осман тіліне аударылған жазбасы бар» деп. Бұрнағы Советтер шегінде, осы кейінде ғана табылған ең ескі нұсқа – 1706 жылға тиесілі көшірме екен. «Жұм-жұманың» жиыны отызға тарта қолжазба нұсқасы сақталған. Алғаш рет 1881 жылы Қазанда баспа бетін көрген. Және сол өткен ғасырдың өзінде әлденеше мәрте қайыра жарияланған.
Дастанның кіріспе бөлімінде адамзат тарихында жасаған ең атақты адамдар: Ескендір Зұлқарнайын, Наушаруан ғаділ, Шыңғыс хан, Рүстем батыр сияқты тұлғалар еске алынып, солардың бәрі де өмірден өткені айтылатын. Мәңгілік ғұмыр, өлмейтін пенде жоқ, дүние – фәни, қайта айналып тумақ жоқ, дейді. Бұдан соң, құм қапқан бас сүйек тарихы.
Әлдеқалай, Айса пайғамбардың көзіне шалынады. Қу сүйек болса да, ерекше көрініпті. Нендей тарихы барын білмек үшін, Жәбірейіл періштеге сауал салыпты. Бас иесі өмірге қайтып оралады. Заманында дәурен сүрген Жұм-жұма дейтін сұлтан екен. Бұдан әрі дастан Жұм-жұманың тіршіліктегі ғұмырын баяндайды. Зор өкім, қаншама дәулет иесі, неше мың әскері, неше жүз қатыны бар, өзі сұлу, өзі жомарт, мейірбан, оқымысты патша болыпты. Бірде той үстінде, рақым сұрап келген тіленшіні қуып шығады. Осы кесірінің зардабымен, ауыр сырқатқа ұшырайды, өледі. Бұдан соң Жұм-жұманың о дүниедегі тауқыметі сыпатталған. Жазалы сұлтан өткендегі талай патша, алпауыт кісілердің тозақта ауыр азап шегіп жатқанын көреді.
«Жұм-жұманың» негізгі тұрғысы: дүние – фәни, сондықтан адам баласы ізгілікті, адал ғұмыр кешуі керек, ал патша атаулы ең алдымен өз жұртының игілігіне қызмет етуі шарт; өткінші пенде үшін ең бастысы – билік емес, байлық емес – мейірбандық, әркім барға қанағат қылып, рухани тазалыққа ұмтылуы қажет; айнымас тура жол – аллаға риясыз құлшылық, бұл ретте ең игі дін – ислам демек.
Және «Кесікбас» кітабы бар. Көлемі шағын – 270 тармақ өлең. Алтын Орда заманында жазылған, халық арасына кеңінен тараған. «Жұм-жұманың» қанаттас бір нұсқасы дерлік. Денеден айрылған бас тарихы. Үлкен айырма – өзінше ғұмыр кешіп жатқан тірі бас. Халықтық эпос үлгісіндегі қиял-ғажайып дастан. Мұнда да дүниенің баянсызы, тіршілікте тура жолдан айнымау керегі. Діни мазмұнды ғибрат-нама.
Алтын Орда жазба әдебиетінің кейінгі заманда санаттан тыс қалған бір үлгісі – «Бозжігіт» лиро-дастаны дер едік. Арыдан тартып, ХХ ғасыр басына дейін халық арасына кеңінен таралған. Қолжазба нұсқалары Санкт-Петербург, Қазан, Алматы кітапханаларының қорында тұр. Бір көшірме – Британ музейінде, алайда, көне болуға мүмкін бұл нұсқа зерттеліп, танылмаған. Қалған үлгілердің барлығы да кейінгі заман көшірмелері. Сондықтан, мазмұны жағынан демесек, тілдік тұрғыдан бергі дәуір көлеңкесі көбірек танылады.
Лиро-эпикалық «Бозжігіт» – ортағасырлық роман есепті. Жай ғана ғашықтық жыр, махаббат трагедиясы емес. Басты кейіпкерлер қыз бен жігіт әуелде түс арқылы біліседі. Бозжігіт – хан ұлы, Қарашаш та хан қызы. Бұлардың аралары тым алыс – Қарашаш Румда, Бостан шаһарында, енді бір нұсқада Бағдатта тұрады. Ақыры, екі ғашық көп бейнеттен соң табысады, алайда, қыз әкесінің қаталдығы нәтижесінде сүйіспеншілік хикаясы өлімге ұласады.
«Бозжігіттің» қазақ, татар, башқұрт нұсқалары сақталған. Қазақ арасында белгілі, ең негізгі нұсқа – 1870 жылы, Радловтың «Түрік халықтар әдебиеті» жинағының Үшінші томында басылған. Радловтан басқа да қазақы басылымдар бар. Тұтастай алғанда, «Бозжігіт» – толық танылмаған ескерткіш. Қазақ нұсқасын алғаш рет ғылым докторы М.Бөжеев зерттеген. 1970 жылдарда. ХХІ ғасырда Жүз томдық «Бабалар сөзінің» ХVІІ томында жарияланды.
Алтын Орда мұраларының тілі толықтай бір ізге түсіп үлгермеген еді. Әмір Нәжіп «Түрікше Гүлстанды» оғыз-қыпшақ үлгісіне жатқызады. Енді бір пара нұсқалар оғыз лұғатына, енді біреулері қыпшақ лұғатына бейім. Мірқасым Усманов бұлардың барлығын да түрік-татар тілі деп айғақтаған. Ол замандағы «татар» атауының ауқымы кең, «еуразиялық түрік» мағнасында. Алтын Ордадан кейін қалған, тарихы туыстас, тағдыры үйлес татар, қазақ, ноғай, құмық тілдері – түрік тілдерінің қыпшақ тобына жатады. Сондықтан Алтын Орданың әдеби жазба тілін түрік-қыпшақ тілі деп нақтылар едік. Әлбетте, бұл тіл жалғас заманда өзара дербестенген халықтар тілі ретінде өзара, одан әрмен оқшауланып, бұрынғыдан да жетіле түсті. Бірақ түп негізі сақталып тұр.
Әлбетте, Алтын Орда заманында жасалған, қалыптасқан әдеби мұраның әлдебір бөлшегі ғана кейінгі кезеңге өтті. Алайда, осы барының өзі, бір тарабы – халықтың ескі сөзінен, бір тарабы классикалық парсы әдебиетінен үлгі тартқан жазба әдебиет – мазмұны сан салалы, көркемдік және идеялық тұрғыдан өте биік деңгейде болғаны айқын аңдалады. Танып білу, тереңдей зерттеу енді ғана басталды.
* * *
Сөз өнерінің көшпенді түрік халықтары, оның ішінде қазақта айрықша дамып, биік өреге жеткенін ХІХ ғасырда сақараға із салған орыс, поляк, неміс және еуропалық басқа да саяхатшы, зерттеушілер атап көрсеткен. Қайран қалады, сүйінеді, енді біреулері ескі үлгілерді жинап бастырады. Бұл өзгеше дарын мен үлгі – Ежелгі Түрік қағанаты, оған жалғас Қыпшақ дәстүрі, түрки Ұлұғ Ұлыстың жөн-жосығы болатын.
Сейф Сарайи бізге белгілі ең үлкен өкілі саналатын жазба әдебиет – мешіт-медресе, базарлы, думан қалалар жемісі десек, далалық, мың сан, байырғы жұрттың негізгі жан азығы – халық әдебиеті болатын. Бұл да тереңнен тамыр тартқан, өміршең сала. Керек десеңіз, Алтын Орда жұртшылығының ең басты рухани қазынасы.
Ұлұғ Ұлыста дәстүрлі эпостық жырлар жаңадан жаңғырып, кеңінен таралады. Шығыс түріктері – қоңырат, керей, жалайыр, найманның ерлік сарындары батыс түріктері – қыпшақ сарындарымен тоғысады. Жаңа ұлыс, жаңа жағдай – ең бастысы Иранмен тынымсыз соғыстар төтенше бір қахармандар туғызады. Бұл ретте «Қобыланды» жырын бөліп атауға керек. Ерлік жырының көне нұсқасында ең негізгі оқиға желісі – қызылбас–қыпшақ соғыстарына байланысты. Яғни, Алтын Орда тарихындағы бастапқы, ең үлкен, жүз жылдық майдан. Иран Құлағу ұлысы мен Алтын Орда Жошы ұлысының арасындағы бітіспес жаулық.
Алтын Орда тарихынан елес беретін, Ұлұғ Ұлыс рухын әйгілеген батырлық жырлар көптеп туындады. Қалыпты эпикалық дәстүр астарынан әрқилы тарихи оқиғалар сұлбасы айқын аңдалып тұрады.
Бұл заманда ескі үлгімен жаңаша қалыптанған өзгеше бір эпос «Ел қамын жеген Едіге» жыры. Тарихи Едігенің ғұмыр кешуі, жанкешті күресіне қатысты, сол заманға куәгер және мұрагер қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының әрқайсының өз «Едігесі» бар. Әйткенмен, ең үздік мұра – Шоқан Уәлиханов нұсқасы, профессор П.Мелиоранский 1905 жылы Петербургта, түпнұсқа – араб әліпбиінде бастырып шығарған. Совет заманында академик Қаныш Сәтбаев 1927 жылы, жеңілдетілген түрде қайыра жариялаған. Ізінше әрқилы фольклорлық жинақтарға енгізіледі. Алайда, Компартия Орталық комитетінің 1944 жылғы қаһарлы қаулысынан соң, «Едіге» жырына тыйым салынды. Тіпті, атын атауға болмайтын. Ақыры, советтік «қайта құру» кезеңінде Қазақ университетінің студенті, көп ұзамай аспирант және ғылым кандидаты, жас зерттеуші Едіге Мағауин «Едіге» жырын жаңаша, әрі түбегейлі зерттейді. Әуелде – мемлекеттік цензура жойылған 1991 жылы, әдеби газетте атаулы, жан-жақты мақала, содан соң, 1992 жылы, әдеби журналда Шоқан нұсқасының текстологиялық тұрғыда дәйектелген ғылыми басылымы, ақыры, 1993, 1996 жылдары жыр мәтіні мен зерттеу еңбек қосылған атаулы кітапша мен дәйекті монография. Жартылай тарихи, жартылай дәстүрлі «Едіге» жырының қазақтағы қилы тағдырын айғақтау үшін дәйектеп отырмыз.
Тек «Едіге» ғана емес, Алтын Орда дәуірінен елес беретін басқа да батырлық жырлар көптеп туындады. Мұның қазақ арасындағы ең бедерлі көрінісі – ХХ ғасырға Мұрын жырау жеткізген «Қырық батыр» тақырыбындағы ерлік жырлары. Бұл – өзгеше тұрпатты, аса бір мол мұра. Совет заманында термелеп қана басылып жүрді – өткен тарихтағы белгілі есімдер ұшыраспайтын, «бейкүнә» нұсқалар.
Алтын Орданың ыдырауы біздің халқымыздың санасында арман мен мұңға толы, жаралы із қалдырған екен. Айрылған ел, белгілі тұлғалар есіміне қатысты ондаған эпикалық және тарихи жырлар туындаған. «Едіге» жырына қатысты арнайы қаулыдан соң барлығына бірдей тыйым салынады. Тек тәуелсіздік заманда ғана, бас-аяғымен, түгелдей туған халқының игілігіне айналып жатыр.
1950 жыл мұғдарындағы, жалпы халық эпосына қатысты жаппай тыйымнан соң, тым көп күттірмей, қайтадан қатарға қосылған қазақ көркем сөзінің және бір үздік үлгісі – «Ер Тарғын» жыры. Сол кездің өзінде қырағы белсенділер аңғармай қалған ең ауыр күнә – бұл «Ер Тарғын» да Алтын Орда заманына тиесілі мұра болатын. Нақтылап айтсақ, Ұлұғ Ұлыстың ыдырау кезеңіне. Сырттай қарағанда, кәдімгі батырлық жыр үлгісі. Сондықтан да мезгілінен бұрын «ақталып» шыққан. Шындығы – халқымыздың өткен тарихындағы ең бір күрделі кезең – ХV-ХVІ ғасырлар шындығы бар. Қазақтан (жырды алғаш бастырушы Н.Ильминский сол кездегі ғадет бойынша, «қырғыз» деп түзеткен) опа таппаған Ер Тарғын Қырымға барады. Онда да сыйыспай, Еділдегі қалың Ноғайлыға өтеді. Мұнда да аяр опасыздыққа ұшырайды. «Айналасы алты айшылық Еділде» барлық майданда жеңіске жетіп жүрген мәрт батыр қайткенде туған жұртынан қол үзіп кете алмайды. Ақыры, ел данасы Сыпыра жыраудың ақылы, жауынгер серіктерінің қолқасынан соң, осы Еділ бойында тұрақтап, өзінше пенделік бақыт табады. Айрықша көркем және әсерлі жырда Ер Тарғынның осы, бөлшектеніп отырған хандықтардың бәріне ортақ батыр есебінде көрсетілуі – бұрнағы біртұтас елді аңсау ғана емес, қайтадан бірлесу, жаңадан күш қосу ұраны. Алайда, уақыты өткен, мүмкін емес жағдай. Сондықтан «Ер Тарғын» – Ұлұғ Ұлысты жоқтау жыры болып шыққан.
Халық жадында Алтын Орда заманына қатысты әрқилы тарихи әңгімелер мен аңыздар да молынан сақталыпты. Көбіне-көп Әз-Жәнібек, яғни Жәнібек хан есіміне байланысты айтылады. Мәселен, Асан би мен Жәнібек туралы аңызда ханның Орыс еліне қатысты сенімпаз мінезі сынға ұшыраған. Ал Әз-Жәнібек пен Жиренше шешен туралы әңгімелердің бірінде ханның ақылының тайыздығы атап айтылады.
Алтын Орда заманында түрік-қыпшақ жұртының далалық поэзиясы шырқау биікке жеткен екен. Бұл кезде халық әдебиетінде өзгеше кейіпті сөз зергері – жыраулар мектебі қалыптасады. Жаңаша сырлы сезім мен ойшылдық, ғақылия, философиялық сарын араласқан, аяққы ұйқас пен басқы ұйқас, ішкі екпін астасқан, өзгеше көркем өлең өрнегі. Әлбетте, бұл жыраулар мұрасының басым бөлігі мүлде сақталмаған. Әуелгі бастауда жекелеген есімдер ғана бар. Мәселен, «Едіге» жырында айтылатын, бұдан соң «Ер Тарғын» бастап, «Қырық батыр» жүйесіндегі бірталай жырда көрініс беретін, есімі қазақ пен ноғай, қарақалпақта мағлұм Сыпыра жырау. Бұл – бір жүз сексен жасаған, аңыздағы Ала хан мен Қара ханды көрген, одан соңғы «он екі тұтам жай тартқан» Ер Шыңғыс ханның өзін көрген, енді Тоқтамыс ханға, оған жалғас тағы бір берекесіз хандарға ақыл, үлгі айтатын, тек қана ел қамын жеген данагөй қария. Ғасырдан ғасырға жалғасқан халық даналығының жинақты бейнесі. Академик Әлкей Марғұлан Ибн Баттута Сарайшықта тұрады дейтін, бірақ атын атамаған дана қарт – осы Сыпыра жырау болуға тиіс деп жорамалдаған. Қайткенде, Алтын Орда заманында жасаған, бірақ ақыр түбінде аңызға айналған бірегей, ерекше тұлға. Жалпыға танылған, өз заманында даңқты сөз зергері. Сыпыра жыраудың кейбір толғауларының кесек-кесек үзігі кейінгі батырлық жырларға кірігіп кетуі әбден мүмкін, алайда, мына бір толғау – тікелей Сыпыра-жырауға тиесілі деп кесіп айту қиын.
Осы орайда, есімі нақты және бірталай өлең-толғаулары сақталып қалған ұлы ақын бар. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде ғұмыр кешкен Шалкиіз жырау.
Дәшті-Қыпшақ далалық поэзиясының бізге жеткен ең соңғы өкілі Шалкиіз жырау Тіленші-ұлы 1465-1560 жылдар межесінде ғұмыр кешкен. Арынды, арналы ақын ғана емес, бар ғұмыры ат үстінде өткен өркеуде жауынгер. Атақты, даңқты, абыройлы болған. Әуелде Едіге немересі, Үлкен Орданың беклербегі Темір бидің төңірегінде. Темір дүниеден озған соң, Едіге әулеті Мамай мен Жүсіп жағында. Ақыры, Орыс хан нәсілі Хақ-Назар ханның ғұзырындағы Қазақ Ордасына түпкілікті қоныс аударған. (Таң қаларлық жағдаят – Шалкиіздің он сегізінші ұрпағы, бүгінде Батыс Қазақстан облысында тұратын Елеш қарт өзінің ата-баба шежіресін айғақтаған: Шалкиіз, одан Ержақай, одан Жанқабыл, одан Бекболат, одан Аружан, одан Қараша, одан Құлмамбет, одан Шақа, одан Сақ, одан Сәмет, одан Құдайберді, одан Қаз, одан Ақбура, одан Байғазы, одан Құрманғазы, одан Құлмұқамбет, одан Өтәлі, одан Ақбай, одан бізге мағлұм Елеш ақсақал.)
Өз кезінде ауызша және жазбаша таралған Шалкиіз шығармалары заманнан заман өткеріп, ақыры ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде баспа бетінде көріне бастады. Қазақ сөз өнеріне қатысты кітаптарда. Алғаш рет Орынбор, 1875 жылы. Бұдан соң қазақ поэзиясының әрқилы жинақтарында: 1879, 1906, 1910, 1911, 1912 жылдарда. Сонымен қатар, 1883 жылы дағыстандық Мұхамед Османов құрастырған ноғай және құмық өлеңдерінің жинағында, үш-төрт шағын толғауы. Және бірер өлеңі 1896 жылы Радловтың назарына ілініпті. Бұдан соң біржола ұмытылған еді.
Шалкиіз Совет заманында алғаш рет 1965 жылдан бастап қайыра танылады. Қазақ поэзиясының антологияларына енгізілді, Алтын Орданың ыдырауы және Қазақ Ордасының құрылуы кезеңіндегі басқа да ақын-жырауларды қамтыған дәйекті ғылыми зерттеулер арқылы (М.Мағауин) кеңінен жарияға шықты. Бүгінде Шалкиіз жырау Алтын Орданың ең соңғы ұлы ақыны ғана емес, Қазақ Ордасындағы жаңа тұрпатты әдебиеттің бастаушысы саналады. Қазақ әдебиетінің ғылыми тарихы мен жоғарғы және орта мектеп оқулықтарына енгізілген.
Шалкиіз тым арыдан бастау алатын далалық асау, бұла поэзияның ғажайып бір үлгісін қалыптастырған еді. Азаткер рух, ерлік сарыны, көшпендінің дүние танымы мен өзіндік философиясымен қатар, өлең өрнегіндегі өзгеше құрылым және мінсіз көркемдік. Алтын Орда заманынан елес беретін озық үлгі ХІХ ғасырдың орта тұсына дейінгі қазақ поэзиясында жетекші қызмет атқарып келді. Қазір де көненің өзгеше үлгісі ретінде айрықша құнды.

АЛДА – ҚАЗАҚ ОРДАСЫ

Қазақ Ордасының тарихи жолы – таң қаларлықтай ғажайып. Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай-Темір нәсілі, Орыс хан әулеті Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан 1450-1460 жылдар тоғысында, енді Шибан ұрпағы Әбілқайыр хан өкім құрып отырған Көк Ордадан бөлініп, Қазақ, яғни еркін, бостан [жұрт] деген атаумен, жаңа бір ұлыстың негізін салады. Бастапқы тірегі – Сайрам, Шымкент өңірі, бұдан соң Шу бойы мен іргелес аймақта ту тіккен. Арада он жыл өтпей, шамасы 200 мың халқын топтап, байтақ ата жұртына біржола орнығу үшін қайыра жорық ашады. Қырық-елу жылда ерен күшке жетіпті. Алғашқы хан – Керей, одан соңғы хан – Жәнібек, бұлардың ізін басқан Бұрындық хан, оған жалғас Қасым хан тұсында, Қазақ Ордасы бірте-бірте, ежелгі Көк Орда жерінің біршама бөлігін ғұзырына қаратады. Әйгілі «Бабұр-намада» Қасым хан баяғы Жошы ханға тетелес, құдіретті әмірші ретінде сыпатталып, бұл кезде қазақтар 300 мың әскер жасақтай алатын, деп жазылған. Есебі, Қазақ Ордасын құраған жұрттың жиын саны бір жарым миллионға жеткен. Батыс шекара – Жайықтан өтіп, Еділге қарай емсейді, түстікте Түркістан мен Сауран қазаққа өтеді. Көп ұзамай, ежелгі Көк Орда қонысын түгелдей дерлік баураған Қазақ Ордасы енді бұрнағы Шағатай ұлысына бойлап еніп, Шығыста Моғолстанмен тіреседі. Ал ХVІ ғасырдың екінші жарымы – Хақ-Назар ханның тұсында Батыста Жайық бойы мен Орал тауының түстік етегінде берік бекініп, Шығыста Моғолстанды біржола күйретеді. Ақыры, 1598 жылы Тәуекел хан сол заманғы құдіретті Бұхар хандығын ойсырата жеңіп, Шымкент, Сайрам, Ташкентті алып, Ферғанаға кіреді. Бұдан соң, ХVІІ ғасырдың алғашқы ширегі, Есім хан тұсында Қазақ Ордасының жағдайы нығая түсіпті. Бұл кезде қазақ жұрты баяғы Шағатай ұлысына қарасты Жетісу мен Моғолстан иеліктерін және қосып алған еді. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар шегі – Тәуке хан тұсында қазақ халқы бұрнағы Көк Орда шегінде берік отырған. Тәуке ханның, 1694 жылы, астана Түркістанға келген Ресей елшілеріне айтқан: «Мына менің Түрік қондыгері мен Қызылбас шахынан қай жерім кем!?» – деген сөзі, сол замандағы қазақ рухының айқын көрінісі болатын.
Әлбетте, барлық заманда тек қана жеңіс, жып-жылмағай тыныштық болған жоқ. Ауыр соғыстар өткерілді. Ұлыстың туы шайқалып барып, әрең оңалған күрделі оқиғалар ұшырасты. Әйткенмен, Қазақ Ордасы өзінің ерлік дәстүрі мен елдік санасынан айрылмады. Уақыт озған сайын, баяғы Батыс Түрік қағанаты, кейінгі Алтын Орда заманындағы байырғы жұртына біржола орнығып, туған топырағына тамырын жайып, өсіп-өркендей берді.
Сонымен қатар, әуелде Қазан құлап, Ноғай Ордасы күйреген қиғылық жылдар, ақыры, Сібір хандығы түбегейлі жауланған бетбұрыс кезеңнен соң, ХVІІ ғасырдың басында Қазақ Ордасы Ресей империясымен бірме-бір, бетпе-бет келді. Аңыс аңдау, арбасу – ішінара шекаралық қақтығыстарға ұласып, аз-кем емес, тура екі жүз елу жылға созылыпты. Бірақ түптің-түбінде, соншама заманнан соң, бір жақта Орта Азия хандықтарымен қайшылық, ең бастысы – Дүрбін-Ойратпен тұтас екі жүз жылдық тынымсыз майдан нәтижесінде қажыған Қазақ Ордасы күн озған сайын әлсірей берген еді. Бұл кезде әбден күшейген Орыс қару күші мен саясатты қабатынан қолданады. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші ширегінен бастап, әуелде еркін бодандық шарт, кейінде тікелей әскери экспансия зардабымен, қазақ халқы Ресей империясының шеңгеліне түседі.
Бұрнағы Шыңғыс ханның Еке Моғұл ұлысы, оған жалғас Алтын Орда туының астында, біртұтас түрік-қыпшақ жұрты ретінде салтанат құрған, 1450-60 жылдар мұғдарында, ежелгі Көк Орда ұлысын қайтадан жаңғыртқан айбынды мемлекетіміз Қазақ Ордасы, әуелі орыс, оған қосанжарласа шаптыққан, ағайындас өзбек, қырғыз жұрттарының үш тарап, төрт тарап, тынымсыз қысымына төтеп бере алмай, шайқалып барып құлады. 1847 жылы. Қазақ Ордасының ақырғы ханы Кенесары – сайыпқыран Шыңғыс ханның тікелей жиырма екінші ұрпағы болатын (Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай-Темір – Ұрұң-Темір – Ашық – Тақтақ – Өз-Темір – Темір-Қожа – Бадақұл – Орыс хан – Құйұршұқ хан – Барақ хан – Жәнібек хан – Жәдік – Шығай хан – Есім хан – Салқам Жәңгір хан – Уәли-Бақы – Қанішер Абылай – Көркем Уәли – Абылай хан – Қасым –Кенесары хан) және Алтын-ұрықтың тұтас алты жарым ғасыр – 650 жылдық ұзақ дәуірінде, үзіліссіз ел билеп, ту ұстап өткен ең соңғы тұяғы.
(Біз жаңа, бостан заманның әуелгі кезеңі – 1993 жылы жазып, жарыққа шығарған «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабымызда осы Қазақ Ордасының төрт ғасырлық даңқты жолын біршама айғақтаған едік. Бұл арада шұғыл, үстірт ақпармен шектелуге тура келді.)
ХІХ ғасырдың орта шенінде Қазақ елін отаршылдық түнегі басты. Ақ Орыс отаршылдығы. ХХ ғасырда дүние одан әрмен тарылады. Қызыл Орыс отаршылдығы.
Кіріптар десек те, жаңа заманға қомақты санымен, жігер, қайратымен жеткен қазақ, рухани таршылық, жаппай репрессия өз алдына, 1931-1933 жылдары коммунистік империя тарабынан ғаламат геноцидке ұшырады – бар халықтың үштен екісі қырылған, арнайы ашаршылық. Әлемдік отаршылдық үрдісіндегі теңдесі жоқ, ең ауыр апат.
Ақыры… әлемдік жалмауыз Қызыл империя құлап, бауырлас республикалардың ең соңынан десек те, қазақ жұрты өзінің тәуелсіздігін жариялады. 1991 жылдың қақаған желтоқсан айы екен.
Одан беріде қиқалақ, шиқалақпен отыз бірдеңе жыл өтіпті. Әзірше, де-юре – сөз жүзіндегі тәуелсіздік. Ендігі бар болашақ – де-факто – арғы заманнан бастап – қазақ, яғни ер, еркін аталған осы халықтың өз қолында…
Осымен, туған жұртымыздың, «Шыңғыс хан» тетралогиясынан басталған, «Алтын Ордамен» дәйектелген, бұрнада «Қазақ тарихының әліппесімен түйінделген мың жылдық шежіресі тәмат тәмам болды. Күн еңкейген сексен үш жасымызда.
Аруақтың аманаты міндеттеген, Тәңірінің алқауымен жүзеге асқан шынайы тауарих. Туған халқымыздың игілігіне жарап, рухын көтеріп, мерейін өсіргей!..
7.ІХ.2021–6.ІХ.2023,
Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

Пікір қалдыру