Мұхтар Мағауин. БАЛАҚАН. Ғұмыр-бастау шежіресі

Соңы. Басы өткен сандарда.

Қатал үкім. Кәмпеске

Қар жаңа жауған кезде басқа бір үйге көшкенбіз. Біздің әулеттің мәңгілік келіні Мәуияш тәтенің кеңіс үш бөлмесінің сол жақ қанатына. Мұратқан сабақ басталғалы осы үй, тіпті, осы бөлмеде тұрып жатқан. Енді, шеше жұрты емес, ата жұртының шаңырағына ауысқандай. Бұрнада бір айтқам, қазақы долбар ғой. Шын мәнісінде, бәріміз бірге тұрамыз. Кешкі үлкен асымыз ортақ. Бұдан он жыл бұрын Құдайберген ағаның орнын басқан Оразғали аға жағымды, кең кісі еді, біздің әулет үшін күйеу есепті. Бұл кезде бірнеше балалы, ешқашан Мұратқанға бөтендігі, бізге жаттығы болмаған.
Көп ұзамады. Бір күні, түс ауа, үйге өңі суық үш адам келген. Осы ауданның тұрғындары, жүздері маған болмаса да, басқа үлкендерге жақсы таныс екен. Рақима тәтем абдырап қалды, ал Мәуияш тәтенің өңі бұзылып кетті, бірақ сабыр сақтаған, дегбірінен айрылмаған екен. Келесі мезетте байыз тауып, үй иесі, жақын туыс ретінде көрініп еді.
Келген үш кісі әкімшілік пен сот өкілдері болып шықты. Түйінді шаруаларын бірден айтқан. Әлдебір жапырақ қағазды ежіктей, нығарлап оқып. Ұзақ емес, қысқаша, шағын, нақты үкім.
Мұқан Мағауин пәлен де пәлен статья бойынша отан алдында қылмыскер деп танылып, жиырма бес жылға бас еркінен айрылады. Үй-жайы, барлық дүние-мүлкі кәмпескеге кесілді…
Әрине, суық хабар. Бірақ, күтпеген, төтенше хабар емес. Салмағы мен зардабын өткен жаз, жайлауда, аға ұсталған оқиғамен салыстыруға келмес. Әйткенмен, бар сұмдықтың қорытынды түйіні. Бой суыса да, бұрнағыдай тарықпаған сияқтымын.
Зіңгіттей үш еркек бәрімізді шығарып, өздері ғана қалды. Иә, тәтеммен бірге. Мәуияш тәте ұзамай, босаға алдында тұрды.
Кәмпеске жөнін естігенім бар. Байлардың барын қалай сыпырып, тартып алғаны туралы. Ал бізде ондай төтенше қазына жоқ. Төсек-орын. Ыдыс-аяқ. Тәтемнің көйлек-көншегі. Түлкі ішігі. Азғана уақытта бәрін жинап, ортаға үйіп қойды. Кесе-аяққа дейін. Сол кезде тәтем түннен қалған көжесімен қоса, үлкен қара шөңкені де жайдақ стол үстіне тарс еткізіп қойып еді. Іші, сыртымен түгел алыңдар, деген. «Рақимаш, сабыр, бұл кісілер жоғарыдан келген жарлықты орындаушылар ғана», – деп басу айтып еді Мәуияш тәте. Түктері сыртына шығып тұрған орындаушылар тағы біреулерді шақырып, қоқсыған бар боқтықты кезектесе, құшақтай көтеріп, сыртта тұрған ашық машинаға тиеген. Сот үйінің бір бөлмесіне апарып үйген екен. Сол қалпы неше күн жатыпты. Арты не болғаны белгісіз. Байтал түгіл бас қайғы заман. Төсек-орын кетті-ау деп, ешкімнің ойына кіріп шықпаған. Кейін тәтем әлдеқалай түлкі ішігін еске алғаны бар. Қымбат дүние емес, суықта киіп шығар қамсау ретінде.
Ертеңіне осы, әлде басқа бір сот орындаушылары біздің Ескі-жұртқа барыпты. Итжеккенге айдалмақ Мұқан Мағауиннің барлық үй-мүлкі алынды, енді есептегі малын кәмпеске жасау керек екен.
Бар мал – бірталай. Екі бие – жабағы, тай, құнанымен және көк бесті. Екі сыйыр – торпақ, тайыншаларымен. Жиыны он, әлде он екі қара. Және он бес тұяқ. Ол заман үшін өте көп мал. Ең бастысы – жұмыстан қалған үш кәрі және Мұратқан екеуіміз үшін күнкөріс, тіршілік көзі. Түгелімен үй іргесі, қолда тұрған жоқ, бірақ бәрі де осы Молотов колхозының есебінде. Сот орындаушыларына нақты куәлік керек екен. Қағазы және кісісі. Ауылсовет төрағасын ала барыпты. Төлеутай Ыбыраев деген кісі. Соғысқа қатысқан, он екі мүшесі бүтін оралған, қырықтың жуан ішіндегі, көзі өткір, қарасұр кісі. Әйгілі Шақантай батыр әулеті. Бірден-ақ қиғаш тартыпты. Міне, тіркеуде осыншама малы бары рас. Бірақ одан бері дүние алмасты. Бір тайды соғымға сойған. Сенбесеңдер клетке барып көріңдер, түгелге жуық тұр. Бір жылқысын сатып, Семеймен аралықта қаражатқа пайдаланған. Колхоздан алған қаншама қарызы бар. Оның есебі – бір тайынша деп қойыңыз. Барын түгел ортаға салсаңдар, кәрі шал-кемпір өтеуін қайдан табады. Ұсақ тұяқ он бес екені рас. Бүтін тұр. Ал ірі-қараның анығын айтқанда, үшеуі кем… дейді ғой. Сот орындаушылары сенді, сенбеді, бірақ нақты айғағы жоқ, ақыры үш қараны есептен шығарып, қалған малды түгел кәмпескеге жатқызады. Шақантай батыр әулетіне тән ерлік пен мәрттік дарыған Төлеутай ағаның мінезіне қайран қалам. Халық жауының арам малын жасырып, әділ соттың үкіміне зарар келтірді деп әлдекім түртіп жіберсе, тіл тартпай кетер еді. Ол заманда Ата-қазақтың ежелгі кісілік қағидалары ұмытылмағаны өз алдына, тақау төңіректен ешкім мынау істің артын қозғамайды. Сонымен, соғым үстіне, екі қара арашаға түскен екен. Малдың жасын емес, басын ғана есептейтін заман, біздің шаңырақта бұрнағы адал малдан бір бие, бір сыйыр қалыпты. Тақау жылдарда мен үшін қымыз, кәрілер үшін айран мен сүт.
(Ол заманда, бәлкім, ішінара қазір де, қазақ үшін аяқты мал – тіршілік көзі ғана емес, көңіл шуағы. Өз малымен қатар, жалпы төрт түлік жануар атаулы. Әрине, ағаның қайғысы бәрін басып жатыр. Әйтсе де, жау айдамай, тапа-тал түсте тартып әкеткен, енді, колхозға тиесілі дегенмен, иесіз, дербес күтімсіз қалған, бұрнағы меншік, рас, түгел емес, жылқы жағы көзден де, көңілден де кетпепті. Уайым болмаса да, жанашыр жағдаят. Келер, әлде арғы жылы кіші әжем кездейсоқта көріпті, біздің боз бие ауыл іргесінде үйірілген топ жылқының ішінде тұр екен. Әжемді танып, оқыранып, мойын бұрыпты. Жүзім шыдамады, тұра қашпасам да, сырт айналып, тезінен аулақтауға тырыстым, дейді. Бұл, құлыннан қалған боз бие Семейдің ет комбинатына бағытталған үш түлік мал қатарына қосылған екен.
Бітімі ірі, аңсағай, кіші көк биенің талайы тіпті қиын болды. Төлеутай аға басын қатерге байлап, бір жылқыны арашалап қалғанымен, көк биенің нақ өзін қайта иелену мүмкін емес. Жұрт біледі, әлдекім танып, көрсетуі де ықтимал. Көрсетпесе де, сақтық жақсы. Орнына басқа бір, жас, әрі сүтті бие ауысып еді. Ал көк бие бұрнағы жері мен иелерін аңсаса керек, Бірбет жақ, қысқы қостағы бағымнан соң, ерте көктемде бошалап, біздің Ескі-Жұртқа қашыпты. Бірақ жетіп үлгермейді, өзеннің арғы қабағы, екі қыр астында топ қасқырға кездесіп, қазаға ұшыраған екен.
Осы көк биеден туған, бізден жабағыдай кеткен жирен қасқа, әлдебір ауыс кезінде бұрнағы мекеніміз Алғабас ауылына өтіпті. Өзінің туып-өскен қонысы. Жатырқамай үйренсе керек. Арада үш-төрт жыл өткенде бәйге атағы шығады. Арынды, қуатты, ұзын сирақ, сүйекті тұлпар. 1955 жылы, менің тоғызыншы класым, дәстүрлі Октябрь мерекесінде алғаш рет көрініп, бірінші болып келіп еді. Келер көктемде Нарқызыл аттың бағы шалқыған. Менің Мағауия атам жаратып, баптаған, жеті-сегіз жыл бойы Шұбартау, Абай мен Аягөз ғана емес, бүткіл Семей обылысын шулатқан пырақ Нарқызыл. Енді Жиренқасқа екіншіге түсті. Аудан көлемінде үнемі Нарқызылдан соң. Ал екі-үш аудан қатарынан қатысқан және обылыс орталығы Семейдегі үлкен жарыстар кезінде Нарқызыл ешбір талассыз, үнемі бас бәйгені алса, Жиренқасқа бір жолы үшінші, тағы, бірде төртінші келіп еді. Атам, әрине, өзі баптаған Нарқызылдың тілеуінде, әйткенмен, баз-базында іші ауырса керек. Меншікті болуға тиіс Жиренқасқаны өзім жаратсам қайтер еді деп ойламауы мүмкін емес. Жиренқасқа Шұбартау ауданының шегінде Нарқызылдың ең басты бәсекелесі болды. «Қасқа жирен тағы да екіншіде қалды… Әрине, Нарқызылдың жөні бөлек… Әйткенмен, біздің құлынның жарауы келіспей жатыр…» – деп айтқанын бір емес, екі рет естіген шығармын. Ақыры, бұл Жиренқасқа, мен нақты өмірлік негізде, «Жүйрік» атты хикаятымда сыпаттап жазатын, үш ауданның сәйгүліктері кем көрсетілген елу шақырымға шапқан Барлыбай бәсекесінде төртінші келіп, бірақ аяғын алдырып, ақсап қалады және бұдан соң бәйгеге қосылмайды.
Баяғы Көкбесті ат бар еді ғой. Ағаны ұстап әкеткенде атам мініп, түн қатып жүретін. Бұл да енесіне тартқан ірі болды. Бірақ бәйге шықпаған. Енді бізден кеткен соң, колхоз бастығынан тартып, әркімнің астында жүрді. Басқа да шаруаларға жегіледі. Ақыры арбадан бұзылыпты. Енді көрнекі мініске жарамсыз, қатардағы қойшының шылауына түссе керек. Кейінгісін білмеймін.
Міне, осындай, иесінің бағы қайтқан соң, әрқилы сорға ұшыраған қылқұйрық жануардың әртүрлі тағдыры. Бұл ретте, талайлы деген Жиренқасқаның өзі мүлде басқаша ғұмыр кешер еді деп ойлаймын.)
Сот үкімі орындалған соң көп ұзамай-ақ, аудандық өкіметке қатысты әлдебір жанашыр ағайын атама пайдалы кеңес берген екен. Сот алқасына арыз жазыңыз, дейді. Бұл Мұқан Мағауин менің балам болғанымен, отанын сатқан опасыз екенін білмеппін. Аңқаулықпен атына жаздырып едім. Шындығында, барлық мал жеке менің өзіме тиесілі. Бұрнағы қағаздарда жазулы тұр. Бала баққан мұғалімге екі-үш жыл орайында соншама мал қайдан келсін. Түгел болмаса да, жарымын өзіме қайтаруды сұраймын, деп.
Атам мақұл орнына реніш айтқан екен. Бұл мал – баламның жолына айтылған садақа, деп. Осы жасқа дейін арымды малға сатқан жерім жоқ, деп. Құдай бар болса, пәле-жаладан құтылып, аман-есен қайтып келеді, деп. Шынында да, атам әуелгі бір түсіне сенетін. Туған анасы Бәкізе әжем төрт бөлек қағаз шай берді ғой, осыны ішіп тауыс, деп. Төрт күннің қисыны жоқ – төрт апта. Ол да өтті. Енді төрт ай. Бұл төрт айдың ақырында ауыр үкім жетті. Енді… төрт жыл. Мұқан аға ақыр түбі төрт жыл, төрт айдан соң аман-есен оралып еді.
Бірақ оған дейін қаншама заман. Әр күн – аптаға татыр, әрбір ай – жылға татыр зұлмат заман. Он бір жасқа жаңа келген, көкірегі таза мен үшін төрт жыл төрт ай – қырық төрт жылға парапар болатын. Тіпті, одан да ұзақ, мәңгілік қапас. Ешқандай жіптік үмітім жоқ.

Мен аман қалдым

Соншама ғаламат, ауыр жағдайда ешқандай үміт жоқ еді. Аға тар қапастан қайтып шығады деген. Еңсем жазылып, жадырап күлем деген. Арада алпыс бес-жетпіс жыл өткен соң, Америкада, ол да мен сияқты, балаларының қолында тұратын, өткенде ғылым кандидаты доцент, ұлағатты ұстаз, енді немерелерін қарағыштап отырған, менен бес жас үлкен Пәтен Аухадиев ақсақал, бұрнада және кейінде біраз шығармаларымды, оның ішінде өмірбаяндық жазбаларымды да оқыған екен, кезекті бір қонақта төтенше сауал қойып еді. Сонда, әкеңіз кеткеннен кейін көрші-қолаң, тұстас балалар қалай қарады, деп. Жоқ. Ешқашан, ешқайдан бетке басқан, кемісіткен жағдаят болып көрген емес, дедім. Өйткені… алаш ұлы, оның ішінде қарапайым жұрт иманнан айрыла қоймаған кез. Оның үстіне, біздің өңірде жазықсыз жанның сотталуы – әдепкі жағдай болатын, әркімнің үйінде ұқсас қайғы. Ал менің өзім… қашанда еңсем биік тұрдым, үздік оқыдым, ешкім бетіме келіп, бұралқы сөз айта алмас еді… Иә, дедім содан соң. Бір-ақ рет ұқсас жағдай болыпты. Аудандық дәрежедегі үлкен қызметкердің ұлы, қатарлас класта оқитын бір баланың, мүшелік жарна төлеп тұрған кезімізде, комсомол билетін менің тұмсығыма тақата сілтеп, «пленский билет» дегені бар. Осындай, бір реткі, жалғыз-ақ мысал, дедім.
Бұл белсенді комсомолдың есім-сойы Рымғали Нұрғалиев еді. Сегізінші класта көрші Абыралы ауданынан келген. Мен «пленге» емес, осыншама қисынсыз, көпе-көрнеу қорлыққа жүрегім суып кетіп еді. Алайда, жасықтығым болар, тіл қата алмай қалдым. Тура мұрыннан перуім керек екен. Бір жаманы – күшім бар болса да, төбелеске жоқ едім. Ішіме тұттым да қойдым. Кейінде әріптес шығып, ортақ достар ыңғайымен, жақсы араластық. Өзі де қаражаяу емес, сонымен қатар өмір сүрудің ұтымды әдіс тәсілдерін жете меңгерген. Әйтсе де, әуелден-ақ баспа төңірегінде белді қызмет атқарған, кейінде бұл салаға қайтып оралған, республикалық ең басты әдеби журналдың тұтқасын ұстаған мына менің тікелей қолдауымды мейлінше көп көрді, әрқилы баспалдақ кезеңдерде атақ-беделімді жұмсаған аралық көмегім өз алдына. Алайда, Ежелгі Үндінің «Жатақа» кітабында: «Арам дос, дүниенің патшалығын сыйласаң да, ақыр түбі сені сатып кетеді», – деп айтылғандай, ешқандай зиян келтіре алмағанмен, сырттайғы бықсығын қоймапты. Өзімен кетті ғой деп жүруші едім. Елу жыл өткенде, кеше ғана, артына тастап кеткен тағы бір жымысқы сөздері мағлұм болды. Енді тартына берудің жөні жоқ, кезекті бір естелігімде ашылып айттым. Менің қатем – сол он төрт жасымда бой тартып, ал кейінде, керек болса жауласып, қайткенде арамнан аулақ жүруім керек екен.
Бұл ерекше жағдайды еске алып отырғаным, осы ауыр жылдардың өзінде бірге жүрген, өскен орта тарабынан тұпа-тура, көлденең зәбір болмады. Рухани тарығу, ауыр ойлар, азапты күйзеліс өзімнің жүрек, жүйкем арқылы ішке түскен. Халық жауының баласымын деп емес, зұлмат қоғамның зорлық талқысы нәтижесінде өрісім тарылып, тұрмыстық қиындыққа ұшырауым, және болашақ бұлдыр тағдырым жөнін байыптағаннан.
Әлдебір жағдайда жазғаным бар. Менің осы ұзақ ғұмырымдағы ең үлкен ерлігім – он бір жасымда басқа түскен, арылмас, ауыр зұлматтан аман шыққаным, деп. Нақты есімде жоқ, негізгі тұрғысы осындай.
Иә. Осы, бұғанам бекімеген, панасыз, дәрменсіз кезеңде қиял соқпай, жүнжіп жасымай, сол бастапқы, тәңірі еншілеген сораппен, әуелгідей асқақ, әрі екпінді болмаса да, тынымсыз алға жылжып, рухани қуатқа ұмтылуым – менің өзгеше болашағыма жол ашқан. Ең бастысы – осы, төрт жылдан астам – елу екі ай, бір мың бес жүз сексен күндік азапты тіршілік, жан-жақты тығырық, қиямет кезеңнен аман-есен өттім.
Ең алдымен, әрине, Тәңірінің алқауы. Аруақтың демеуі. Содан соң – атам мен екі әжемнің батасы және, Итжеккеннің төрінде, терең шахтада өлі мен тірінің арасында жүрген, күндіз-түні тек мені ғана ойлаған бейбақ ағамның ақ тілеуі арқасында.
Рухани тұрғыда – алға жетелеген, көкірек-көзімді ашқан, сырлы, мұңды, қажыр-қайратты, мән-мағналы ғажайып кітаптардың күшімен.
Пенделік, денсаулық тұрғысында – ат үстіндегі жүріс, қазақтың қымызы мен құрт, ірімшігі, ет тағамы.
Осының бәріне қоса, көңіл ауаны үшін – мылтық аңшылығы мен балықшылық өнер.
Бұрнада талай жазылған, әйткенмен, жаңа тақырып аясында жеңіл-желпі қайталап өту артық емес сияқты.

Тағы да кітап

Аудан орталығы Баршатас, орта мектепке көшкен, кезеңдік, тек қана қуаныш болуға тиіс, бірақ дүние кері айналған ең ауыр күндердегі жалғыз игілік – мол кітапқа ұшырасуым еді. Біршама бай мектеп кітапханасы бар. Тәтем аудандық кітапханадағы жақсы таныс әйелге апарып, өз атына жаздырған. Мұнда шын кеніш екен.
Екі кітапхананы да опыра төңкеріп шықпақпын. Алайда, апта өтпей көлденең қиындық туған. Мұндағы жартылай кітапханашы мұғалім де, андағы толық ғұзырлы, шаласауат әйел де менің соншама оқығыштығыма сенбейді. Екі тарап та уақытын шақтап беретін болды. Мектеп кітапханасы бір апта, аудандық кітапхана он күнге бекіткен. Яғни, болашақ қаламгерге жасалған алғашқы қысым – оқуыңды тежеу. Кейін басқа бір орта, кеңіс дүниеде жазуыңды шектеуге тырысады. Соңғылары бұлай жазуға болмайды десе, алғашқылары – бұлай оқу мүмкін емес, дейді. Әркім өзімен өлшейді ғой. Соған қарамастан, жыл аяғына жетпей, мектеп кітапханасын тауыстым. Және әу бастан-ақ аудандық кітапханадан жұқалтаң емес, қалың, толымды кітаптарды ғана алатын болғам.
Осы, қысылтаң жағдайдың өзінде өрісім өлшеусіз кеңіп еді. Орыс қана емес, шет жұрттар әдебиетінің үлгілері. Кейінде айтқанымдай, бұл кезде орыс және әлем әдебиетінің озық нұсқаларын қазақ тіліне аудару – біршама жолға қойылған. Бар оқығаным есімде жоқ, әйткенмен, елеулі әсері болған біраз кітап санада берік таңбаланыпты. Енді қадарынша тізбелеп көрейік.
Осы жылы алғаш рет Толстойды аштым. Мектеп оқулығындағы қысқа мысалдары, ұзағырақ «Қапқаз тұтқыны» есеп емес. Таңдама әңгімелерінің жинағы. «Шапқын» мен «Орман отау» ерекше көрінген. Мүлде басқа бір әлем, басқаша жазу. Жаныма жақын көрінген Пушкиннің өзімде бар толымды бір томдығын алмадым – өлең, поэмалар ғана емес, бүткіл прозасы – «Капитан қызы», «Дубровский», «Белкиннің хикаяларын» өткенде оқып тауысқам. Оның есесіне бұрнадан жақсы таныс, бар мәнері ұнаған Тургеневтің жаңадан шыққан романдарына түстім: «Дворян ұясы», «Рудин», «Әкелер мен балалар» және «Аңшының әңгімелерінің» біршама толық басылымы. Гогольдың жекелеген шығармалары. Ең әуелгісі – «Тарас Бульба» мен «Ревизор» болса керек. Келесі және арғы жылдары бес томдық «Толық жинағы» шықты. Кезегімен аудандық кітап дүкенінен сатып алып, түгел оқыдым. Комедиялары көңілге де жақсы екен, «Ревизор» тұрыпты, «Үйленуден» бастап, тағы бір шағын пьесаларын оқығанда күлкіге қарық болып едім. Бірақ бұл – негізгісі емес. «Петербург повестерінен» бастап, «Өлі жандарға» дейін айрықша әсер еткен. Жалпы, әуелдегі оқырман ғана емес, кейінгі қаламгерлік қызметімде, орыс әдебиеті тарабында Тургенев пен Толстойдан соң Гоголь үлгісі үлкен өнеге болды. Осы жалғас кезеңде, шамасы менің жетінші, сегізінші класымда, Толстойдың «Анна Каренина» және «Арылу» романдары шықты. Гоголь томдары сияқты, Толстой романдарын да кітап дүкенінен сатып алып едім. Бүгінде «Анна Каренинаның» Ғали Орманов қазақтың бай тілімен аударған екі кітабы және Гогольдың Үшінші томы сақталып қалыпты. Енді бүткіл кітапханам құрамында Америкаға жетпек. Иә, тағы да бір алып жазған «Бишаралар» – біздің Шоқанның жақын, жанашыр досы болған Достоевскийдің ұмытылмас хикаяты.
Жалпы, біздің Қазақ елінде орыс әдебиетінің аударылуы да, насихаты да жоғары деңгейде болыпты. Классика өз алдына, үлкенді-кішілі ешбір жазушы назардан тыс қалмаған. Әуелден танымал Чехов бар. Гончаров аударылды – «Обломов». Тағы бір романы шыққан сияқты, сол кезде оқыдым ба, әлде кейінде түпнұсқада толық сегіз томның қатарында кетті ме, нақты айта алмаймын. Лесковтың шағын жинағы. Кейіндегі Серафимович – жұмысшылар өмірі, панасыз бала туралы мұңды әңгімесі болатын. Иә, есіме түсті. Свирский – «Сары бала». Жетім баланың қилы тағдыры. Айтпақшы, Горькийдің «Жалаңаяқтар» туралы әңгімелері мен ғұмырбаяндық романдары. Ол заманда қатты насихатталатын, пролетариаттың ұлы жазушысы, әлемде теңдесі жоқ, біріншінің біріншісі. Қазір мүлде есептен шыққандай. Шындығында анау да емес, мынау да емес, ешқашан ескірмейтін, жақсы жазушы. Тағы не… Вазов, Бианки. Пришвин. Ертегілік, сырлы әуендер мен жан-жануарлар. Шырышы бұзылмаған табиғат. Мамин-Сибиряк… Әлдеқалай айтқаным бар, нық сенім, ақиқаты да солай: орыстың екінші, үшінші қатарда саналатын жазушыларының өзі әлемдік өлшемде бірінші кезекте, деп.
Бұл кезде советтер шегінде Сталиндік сыйлық алған шығармаларды түгелдей дерлік қазақ тілінде аудару – дәстүрге енген. Осы реттегі он бес-жиырма роман. Тихон Семушкин – «Аласталған Алитет». Александр Степанов – «Порт-Артур». Елизар Мальцев – «Шын жүректен». Константин Симонов – «Күндер мен түндер». Бәрі де жақсы оқылған. Әсіресе, Семушкин романы, Чукотка. Иә, бұл ретте – өз заманы үшін үздік шығармалар да, әдепкі халтура да бар екен. Виктор Некрасов – «Сталинград окоптарында» және осыған қарама-қайшы «Алтын жұлдызды жігіт» – Семен Бабаевский. Есте қалған тағы бір роман – Жапоннан босатылған, шын мәнісінде тартып алынған Оңтүстік Сахалин, құрғақтағы «қайтадан игеру», теңіздегі балықшылық туралы, кітап атын да, авторын да ұмытыппын. Осының бәрі – ұлы классиктер ғана емес, қатардағы орыс жазушыларының өзі менің дүние танымым, үлкен өрісім және әдеби сауатым жолында, керек десеңіз, қазақ тілінің бар байлығын қамтуда айрықша игілікті қызмет атқарды дер едім.
Бұл – орыс әдебиеті. Сонымен қатар, тым терең, жан-жақты болмаса да, әлем әдебиетінің озық үлгілерімен де танысуға мүмкіндік бар еді. Келген бетімде, мектеп кітапханасында Марк Твеннен бастадым. «Гекльберри Финнің бастан кешкендері.» Бұрнада, ауылда «Том Сойердің таңғажайып істерін» оқығам. Кітапханашы мұғаліммен арамыздың бұзылуы да осы көнбіс Гекльберри Финнен басталған. Ертеңіне апарып едім. Түгел оқып, төрт күннен соң кел деп, қайтарып жіберді. Бұдан соңғы уақытта біршама кең өріске шыққан сияқтымын. Қайсын қай тараптан алғаным есімде жоқ. Тәрізі, көбіне-көп аудандық кітапхана. Бастапқы бір кезекте – «Дон-Кихот.» Кетпектей, алты, жеті жүз беттік кітап. Және жүгіртіп оқуға көнбейтін сияқты. Үңіле зерделеп, төрт әлде бес күн отырдым. Бұдан соң, қызғылықты, ғибратты «Робинзон Крузо». Бүгінгі барлық басылым, тіпті, «Әлемдік кітапхана» сериясымен шығып жүрген бірінші кітап қана емес, әуелгі толық нұсқасы. Терең мағналы «Гулливердің саяхаттары». Сервантес өрісімді кеңейтіп, Даниэль Дефо балалық қиялға дем берсе, Свифт романын дәйекті түсініктерімен қоса, тәптіштеп оқыған едім. Керек десеңіз, менің болашақ қаламгерлік қызметіме әжептәуір ықпалы болыпты. Осы қазақша «Гулливер» мен «Дон Кихот» кейінде әлдебір ескі қоймадан әлдеқалай қолға түсіп еді, күні бүгінде өзімнің үлкен кітапханам құрамында тұр. Арыдағы күрделі өмірдің тағы бір астары – «Том ағайдың лашығы» болды. Гарриет Бичер-Стоу. Жат нәсілдің құлдық қамытындағы ахуалы. Аянышты ғана емес, танымдық мәні зор, өзгеше туынды деп таныдым. Бальзак – «Горио әкей». Бұл – бұрынғыдан басқа бір әлем еді. Тақырыбы, мазмұны. Ешкімге ұқсамайтын тірі тұлғалар, көлденең шешім. Арада азғана өткенде – «Шегірен былғары». Мүлде тосын дүние. Тағы бір шығармаларын оқысам деймін, бірақ қазақшасы жоқ екен… Айтпақшы, «Қазына аралын» ұмытып барам, Стивенсон. Әуелден-ақ ерекше оқиғалы емес, ерекше бітімді кітап ретінде қабылдаған едім. Осы шамада қызыға оқыған жазушыларымның бірі – Жюль Верн болды. «Он бес жасар капитан» – шытырман хикая десек, «Су астындағы сексен километр» (түпнұсқада «Жиырма мың лье» екен) – ғажайып туынды болатын. Арнайы сатып алдым, үйде, жеке кітапханамда тұрды. Жасөспірімдерге беретін тарихи және географиялық мол мағлұмат үстінде, ұлттық тәрбие үлгісі дер едім. Оның ішінде езілген халық өкілдеріне, шеткері жұрттар болашағына қатысты дерек, толғамдар. Бұл сарын «Он бес жасар капитаннан» да айқын аңдалатын. Мәселен, Патогониялық үндіс және шалғай отарда өсіп жатқан жергілікті ұлт өкілі – жас бала. Кейін, университет жылдарында орысша сегіз томдық жинағын бастан-аяқ түгендеп шықтым. Бағасы арта түсті. Бүгінде бұрнағыны қайталап, һәм жаңадан үстеп, қатарынан бастырып жатсақ, жас ұрпағымыз үшін аса үлгілі тәбәрік болар еді.
Көп ұзамай-ақ мен оңды-солды қолға түскен аударма әдебиетті түгелдей оқып бітірдім. Әйтсе де, шеңберім тарын, кең өріске жете алмай тұрғанымды жақсы білем. Ең бастысы – қам көңіл, қиындық жағдайыма қарамастан, Мұхтар Әуезов сияқты үлкен жазушы болам деген арман көмескі тартпаған. Көп оқу керек, көп білу керек. Алайда, тұйыққа тіреліп тұрмын. Аударма кітап та, басқа кітап та бірталай. Бұл, он екі-он үш жасымда, орта және ортадан да төмен прозаны бірден танимын. Осыған орай оқырмандық астамшылық келіпті. Тек қана үздіктің үздігі – классика. Мәселен, жетінші класта ғой деймін, Куприннің «Жекпе-жек» романы қолға тигенде, оқуға тати ма, татымай ма деп, ойланып отырғаным бар. Бұл кезде, айтқанымдай, абың-күбің бірталай кітапты ақтарып тастағам. Енді мүлде жаңа бағдар. Орташаға көңіл бөлмеймін. Уақыт кетері өз алдына, талғамды бұзуы мүмкін… Ақыры, жаңағы Купринді оқыдым. Тәп-тәуір екен. Бірақ Тургенев емес, Толстой немесе Чехов емес.
Ал қазақ жазушылары ше? Қайткенде өз жұртың, өз халқыңның өмірі. Және түпнұсқадан бастап қазақ тілді. Әйткенмен, бәрі де жұтаң. Бәрі болмаса да түгелге жуық… Айтқанымдай, Мұхтар Әуезовтің Абай туралы үш кітабын қайыра оқымадым. Оқи түсу керек еді. Басқасы болмаса да, көркем суреттері, бай тілі үшін. Он жылдан соң ғана қайрылған екем. Оның есесіне Сәбит Мұқановтың жаңа шығармалары. Өткендегі, маған айрықша әсер еткен «Өмір мектебінің» бірінші кітабынан соң екінші, үшінші кітаптары шыққан. Мүлде нашар. Насихат пен ұран көп екен ал алғашқы кітап, кейінде жазғанымдай, «Абай жолының» бірінші томына парапар қазақ классикасы болатын. Бұл кезде Ғабит Мүсірепов еңселене көтерілген. Қайыра басылып жатқан, негізінен ана туралы әңгімелері әу бастан ұнамайтын еді. Енді үлкен роман – «Қазақ солдаты.» Шамалы көрінді. Өтірік демейін, жылтырағы көп. Бұл кезде «Курляндия» дейтін, тым көлемді роман шыққан. Әбдіжамал Нұрпейісов. Жұрт жапырлай оқып жатыр. Өте қызғылықты саналған. Бас кейіпкер Есейге неге Совет одағының батыры атағы берілмеген деп қызбаланар еді. Бұл – деректі кітап емес, көркем шығарма деп сөз қыстырған емеспін. Сонымен қатар, қисынсыз, қып-қызыл өтірік. Бұл кезде қазақтан тағы нелер оқығаным есімде жоқ. Оқысам да ұнамауы анық.
Енді қайттік? Әрине, ізденіс одан әрі жалғасуға тиіс. Қазақ ұнамаса, аударма әдебиет бітсе… Әрине, орыстілді кітаптарға түсу қажет. Бірақ мен бұл кезде дүниеден түңіле бастағам. Ескі эпос тілімен айтқанда, арыстандай емес, жұдырықтай жүрегімде ат басындай қайғы-шер бар. Бұрынғыдан да қабындай түскен зілмауыр. Әйтеуір, тәңірім өзінше жаратқан зор көкірек. Бар болмысымды менмен көңіл ғана ұстап тұрған. Осыған орай, мектептің міндетті сабағында бар баладан озық болуым шарт. Ал бұдан арғы өріс… өз еркімде. Анығы, мен табиғатымнан жалқау болсам керек. Дәп осы ретте қиыннан тартынып қалыппын. Орыстілді үлкен әдебиетке тым құрса жетінші класта түсуім қажет еді. Бай болмаса да, біртіндеп жетігуге мүмкін әжептәуір тілім бар. Алайда, дәп осы кезде ештеңенің қызығы жоқ. Ақыры, еріксіз, ерікті түрде сегізінші класта ғана айдынның шетіне үңіліппін. Тікелей, орыс тілді нұсқаларға.
Орыс әдебиетін түбінен қотару үшін Радищевтен бастаған едім. Содан соң, анау-мынау емес, Тургеневке көштім. Ішінара қазақшасы бар «Аңшының жазбалары.» Әдемі болғанымен, мехнаты бастан асады. Осы Тургеневтің өзіне байыздамадым. Бұдан әрі Толстой тұр ғой. Өзім қазақшасын оқи бастаған Толстой. Бірақ орысша Толстойға да баспағам. Жеңіл, қызғылықты бірдеңе керек екен. Бұл ретте ең әуелі қолыма түскен – Майн Рид болды. «Всадник без головы» – яғни «Бассыз салт атты». Бұдан әрі Буссенар. Бұдан соң Фенимор Купер тұрған. Ешқайсын менсінбедім. Пайдасы шамалы. Әйтеуір, орыс тіліне машығуыма септеседі демесек…
Осылай, өнімсіз оқу, ауыр дағдарыс одан әрі жалғасып жатқан.

Поштабай

Біз мән-мағнасы мен кеселді астарын кейінде ғана байыптаған бала еңбегін қанау – ол кезде әдепкі жағдаят саналар еді. Жылұзақ, тоғыз айлық сабақтан шыршап, жүдеп шыққан балалар жазғы демалыс басталар-басталмастан ауыл-шаруашылық жұмыстарына жегілмек. Әрине, аудан орталығында тұратын оқушылар міндеттен азат, ал ауыл балалары үшін ата-бабасынан келе жатқан борыш сияқты.
Оқу бітісімен-ақ біздің Молотов колхозының бар баласын жинап әкетті. Шөп шабу науқанына. Тырма айдайды, шөмеле салады. Мен де осы қатарда қамыт киюге тиіс едім.
Алайда, күтпеген жеңілдік болды. Жұмыс емес, сейіл-серуен. Баяғы Нұрғантай тәтенің кейінгі, ғашық болып жүріп алған күйеуі, колхоз есепшісі Махмет аға Алпысов маған өзгеше міндет артқан. Ауданмен аралықтағы поштабай. Яғни, бес күнде бір рет Баршатасқа қатынайсың. Бұл жақтан пішен жинау барысы және басқа да шаруалар туралы қажетті мағлұматты ондағы ғұзырлы мекемелерге жеткізу қажет. Керісінше, сол тараптан жолданатын жарлық, нұсқау және басқа да ақпар атаулыны алып қайту керек. Және аудандық поштаға әр тараптан түскен хат-хабар және Алматы мен Семейден келетін баспасөз нұсқалары. Ең кереметі осы болып шықты. Яғни, күнделікті газеттер өз алдына, ай аралатпай қалыңды-жұқалы екі-үш журнал қолға түсетін.
Қатарынан қос атым бар. Бірі – арбадан бұзылған, кәрі көк. Әлдеқалай ауыр жығылып, қалағы сынған жауырыны шодырайып тұр. Осыған орай Қужаурын аталған. Бұрнада қойшының астында болып, оған да жарамай қалған екен. Енді маған берілді. Жай ғана жүресің, желе шабуға болмайды, ондайда мойны қарасып, тура сол жаққа қарай, қисая бұрылып шабады екен, ой мен қыр, шұқыр мен жарға қарамайды. Аудан мен аралық, тау іші, тура тартқанда жиырма бес-жиырма жеті шақырым, яғни, барған, қайтқан бір күндік жолың – анық елу километр. Алғашқы сапардан соң аман-есен жеткеніммен, ақсап қалған, келесі бес күндікке жарамады. Осыған орай екінші ат тиіп еді. Қабырғасы ырсиған, жүдеу торы дөнен. Араға Қужаурынды салып, тынықтырып жүріп, біржола оңалтып алдым. Мен емес, әуелден-ақ ат ұстап, жүйрік жаратқан, кейінірек, өмірінің соңғы кезеңінде бүткіл Шығыс өңірде Нарқызыл дейтін тұлпарымен үлкен даңққа жеткен әйгілі атбегі Мағауия атам өз қолымен көтеріп еді. Көңілімді біржола сейілтпесе де, уайым-қайғымды жеңілдеткен өзгеше жұмыс басталды.
Ауылдан таңертең тым кеш емес, ерте де емес, күн көтеріле, шөп шабу науқанының бес күндік есебі және төтеден шыққан басқа да қағаздарды алып, Баршатасқа барам. Негізгі жұмысым – жеке кеңседе орныққан, Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі аталатын мекемеге байланысты. Есеп қағазын берем және бұл тараптан жолданбақ жарлық, нұсқауларды алам. Дәп сол сәтінде дайын болмаса, бірер сағаттан соң қайтып келуім керек. Бұл екі ортада Райком (Аудандық партия комитеті) және Атком (яғни Исполком – Аудандық атқару комитеті) кеңселеріне кіріп шығуым қажет. Ауызғы бөлмедегі хатшы әйелдер жоғарыдан түскен әрқилы қатынас, бұйрық қағаздарын дайындап қоймақ. Содан соң аудандық пошта бөлімі. Маған ең қажеті және ең қызығы да осы жерде. Біздің колхозға тиесілі газеттер: Алматыдан «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», Семейден «Екпінді», Баршатастың өзінен аудандық «Социалистік малшы». Ара-тұра газет қана емес, бірнеше, жұқалы, қалыңды журнал. Өзім бұрнадан білетін «Пионер», беріде шыққан «Қазақстан әйелдері», ең бастысы – «Әдебиет және искусство» – кейінгі «Жұлдыз». Манағы қатынас, жарлық, нұсқау қағаздарымен қоса, қоржынымның екі басына теңдей бөліп саламын. Иә. Поштадан кейін, көбіне бұрын, аудандық кітапханаға кіріп шығам. Оқылған кітапты тапсыру, жаңа бір кітап алу үшін.
Барар жолдағы мақсат – тезірек жету болса, қайтар жол тұтасымен өз еркімде. Айналма қара жолмен емес, тура тартып, тау ішімен жүрем. Ана жерде шілікті бұлақ, мына сайда тоғайлы жыныс. Жаз ортасында мөлдіреп қарақат пісті. Оған дейін де кең тыныс. Атымды талға байлап қойып, көк шөп үстіне жайғасам. Кеңсеге, Махмет ағаға апарып тапсырмас бұрын осы бес күн аралығында жеткен газеттерді бір шолып өтем. Қызығы шамалы. Әйтсе де, қарап шығу міндет сияқты. Міне, Вьетнамда қырғын соғыс жүріп жатыр. Ақпарына қарағанда, оншама қырғын емес, тым баяу. Баяғы Герман майданымен салыстыруға келмейді. Міне, Халық азаттық армиясы әлде Американың, әлде Түстік Корейдің бір самолетін атып түсіріпті. Келесіде екі самолетін зақымдаған. Ал өздері дін аман. «Капитал елдеріндегі тап күресі» дейтін айдар астындағы қысқа хабарлар да тұшымсыз. Америкада, Францияда, Англияда, әйтеуір Батыс елдерінің бірінде еңбекші тап тұпа-тура, ашық күреске шыққан. Бүгін біреуі, ертең екіншісі, түптеп келгенде барлығы тынымсыз күреседі, сөз ыңғайына қарағанда, келесі аптада, арғы айда, қайткенде көп ұзамай, быйыл, одан өтсе келер, немесе арғы жылы, ұзамай, капитал елдері күйреп, қирап, біржола құлауға тиіс… Ақыры, мен пошта тасыған үш жыл бойы ешқайсы құламады. Бірі емес, бәрі де қалтырап қана тұр. Яғни, келешек ісі. Он жыл, бәлкім жүз жыл…
Бұдан соңғы ең негізгі ақпар – Қазақстандағы егін салу, шөп жинау, ақыры астық жинау науқаны. Қашанда «ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан», еңбектегі ерен ерлік. Келесі кезекте мал шаруашылығы: маңыраған қой, мама сыйыр атаулыны қаптата өсіру ұраны; жылқы, түйе өсіру дегенді көрмедім. «Социалистік Қазақстанда» еңбек озаттары туралы очерк, мақалалар, «Лениншіл жаста» бірлі-жар өлең, әңгімелер. Анасы да, мынасы да назар салып оқуға татымайтын. Оның есесіне «Пионер» журналы тәуір. Бірақ көбіне ұсақ балаларға арналған әңгіме, жыр. «Әйелдер» журналы да жарытпады, тек ара-тұра ғана оқылымды бірдеңелер ұшырасып қалатын. Менің ең үлкен қазынам – әдеби журнал еді. Алғабастың соңғы жылында жазылып та алғанбыз. Мұхтар Әуезов романының үшінші кітабына қосымша, жаңа бір тарау басылып еді. Енді Төртінші кітапты күтіп жүрмін. Әзірше жоқ. Әйткенмен, әр санын бастан-аяқ қарап шығам. Роман, әңгіме, повесть. Өлеңдер, поэмалар. Әдебиет мәселелері, өнер тақырыбындағы мақалалар. Кейде жат жұрттық бұрнағы-соңғы жазушылар мен өнер қайраткері туралы календардық ақпар. Соның ішінде бұрнада маған беймәлім Моцарт туралы біршама көлемді мақала есте қалыпты. Кішкентай кезінен шырқап шығады ғой. Әдеби сын тарабында, мен ертелі-кеш оқыған кітаптар туралы да айтылады. Мәселен, Қасым Аманжоловтың Хамит Ерғалиев – «Біздің ауыдың қызы» поэмасына арналған көлемді мақаласын оқыдым; әдеби сын осындай болуы керек екен, деймін. Рас, кейбір мақаланың қия тартып, қу далаға кететіні бар. Мен мүлде басқаша жазар едім. Бірақ жазбаймын. Тек ойлап қана қоям. Осының өзі қызық еді.
Әдетте Байқошқар ауылына бесінге дейін оралам. Кейде бұдан ертерек, түс ауа. Ара-тұра кешігетін жағдайлар да бар. Онда ертеңіне таңертең. Барлық қатынас қағаз, газет атаулыны Махмет ағаға тапсырам. Әдебиет журналын алып қаламын. Оқып, қарап болған соң, келесі жолы, тіпті, одан да кейін қолдан шығаратын едім.

Аң және балық

Оқудан соңғы, ат үстіндегі серуеннен басқа да қызығым бар.
Кәмпескеден кейін, бесінші класым, арада ай өтпей, қысқы он күндік демалыста атам менің мылтық ұстауыма рұқсат берген. Патронды қалай оқтауды алдында үйренгем. Бұрнада ағамнан көргенімше, енді атамның айтуымен. Баяғы Құдайберген ағадан қалған жабдықтар бар. Патронның атылған пистонын шығарасың да, ептеп отырып жаңасын саласың. Содан соң мөлшерлі оқ-дәрі. Қағаз тығын. Енді қажетті бытыра. Тағы да тығын. Міне, дайын болды. Бір емес, бес-алты, оншақты оқ.
Қиыны – бұл емес. Оқ-дәрі қашанда тапшы. Бытыраның жайы тіпті қияс. Ауданда жеке кісілерден мал терісі, аң елтірісі – яғни шаруашылық өнімдерін қабылдайтын арнайы орын бар. Дайындау мекемесі. Қазақшалап Жіпсерия дейміз. Мекеме болғанда, өз үйінде отыратын, бұрынғы белсенді, кәрі балшабек жалғыз шал, Ережеп дейтін. Оқ-дәрі соның қолында. Қорап-қорабымен. Ал бытыра сирек болады. Сирек емес, мүлде жоқ. Мен оқ-дәрі үшін әуелде бір-екі қой терісін апарып, содан соң саршұнақ елтірісін тобымен өткізіп жүрдім. Иә. Қазір ойлап отырсам, тым қатал жағдаят. Қатал болатыны – өзен жағасы толған ін, кезегімен шелектеп су құясың да, саршұнақтың бес-алтауын қатарынан ұстап аласың. Бір жолда. Екінші күні тағы оншақтысын. Үшінші күні басқа бір тұстан және бірнешеуін. Қарны суға толып, іннен әрең шыққан үлкен тышқанды таспен, немесе таяқшамен басынан ұрып өлтіру қажет. Содан соң сыпырылған терісін айналдырып, тұз сеуіп, айыр бұтаққа керіп, сорғытып, ақыры өңін қайта айналдырып, қажетінше иленген қалыпқа келтіресің. Болды. Оқ-дәрі үшін өткізуге дайын. Қатарынан жиырма-отыз саршұнақ елтірісі. Обалын ойламаппын. Шындығында, кәдімгі, әрқилы аң терісін дайындағаннан, кейінде арнайы науқанмен ондатрды жаппай қырғаннан айырымы шамалы болса керек. Жиырма-отызына бір қорап, құмдай сусып жатқан, қап-қара сүйкімді иісі бар, оқ-дәрі алдың… Бірақ бар қажетің түгелденбеген. Ережеп шалда бұл жолы да бытыра жоқ. Бытыра жоқ деп қарап отыра алмайсың. Енді өз қолыңмен жасау керек. Яғни, кәдімгі, сақа құйып жүрген қорғасыннан. Бір сақа емес, пәленбай сақаның қорғасыны. Мырышы бар, басқасы бар, аннан мыннан құрап жинайсың. Бірде ескі қырманның орнында қалған, атқа жегіп, астық бастыратын бұжыр мала тастың темір тұтқаны бекітетін ойығын сындырып, әжептәуір олжалы болғаным бар. (Ауылға кейінгі бір барғанымда, баяғы Два-Нәстілек айтып еді, Мұқасы, баяғыда, мен куә болған қорғасынды мала тас, өзен жағасы, бір шеті омырайған қалпында, әлі жатыр, деп.) Сонымен, қажетті қорғасынымызды таптық. Енді осы барыңды бақырға, май құйып ерітесің, жұқалап қатырып барып, шетінен таспалай кесіп, бұдан соң төс-балғамен жұмырлай созып, шақтап бөлшектеу керек. Доп-домалақ болмаса да, пайдаға жарайтын кәдімгі бытыра.
Тышқан аулаудан басталып, бытыра жасаумен біткен қаншама жұмыс – бір жағы ермек, бір жағы қажеттілік, қайткенде ойыңды бөліп, бойыңды көтеретін амал екен. Ең бастысы – ермек пен сейілдің келесі сатысы – аң аулайтын мылтығың дайын болды.
Сол, мылтық ұстаған әуелгі күні, қыстау үйімізден етекке түсе беріс, сол жақ қапталда тұрған, биіктігі тізеге тақау, жалпақша тасты көздеп едім. Атам мылтықты иыққа тірей ұстап, қалай ату керегін айтып тұрған. Дәл тигіздім. Көкшіл тастың жайпақ бетінде топ бытыраның шашыла түскен ізі анық көрініп еді. (Ұзақ заман өшпей тұрды. Кейінгі бір барғанымда, ізі түгіл, тастың өзі де жоқ екен, шашылған жаңқалары ғана жатыр, тәрізі, трактор табанында қирап үгілсе керек, әдейі ме, аңдаусыз ба, білмедім, әйтсе де, бірдеңем жоғалғандай, жайсыз күй кешіп едім.)
Мылтыққа қол жеткен үшінші күні, қар борай жауып тұрған, етектегі тоғай, тал басында бүршік жеп отырған екі құрдың бірін атып алдым. Ағаш-ағашты тасалап, тым жақын барып едім. Аппақ қар үстіне жалп етіп түсті. Менің жиыны жеті-сегіз жылға созылған аңшылығымның басы екен. Құр – өте сақ құс және үнемі көріне бермейді, ендігі аңдығаным – шіл болды. Әудем жердегі және екі-үш шақырым, тақау аймақтағы ескі қоралардың төңірегі, жұқа жерлерге тобымен түсіп, жағалай қазбалап, торғайотын жеп жатады. Кейде таң атар-атпаста, өзіміздің қыстау іргесінде жайылатыны бар. Оқ жетер жерге баспалап келесің де, дүрк атасың. Екеу-үшеуі қатарынан түседі. Әуелгі қыс емес, кейінгі жылдарды айтам.
Ең қызығы – қоян аулау. Қарлы тоғай іші қаптаған жым. Айқыш-ұйқыш. Қоянның көптігі соншама, кейде адам аяғы әрең бататындай, қатқыл, сыңар соқпаққа айналған. Ашық алаңқайлардан өтіп, қалыңға сіңіп жатады. Ағаш, бұтақ арасындағы қысталаң тұстарға тұзақ құрсам, бір түнде бірнешеуі түсер еді. алайда, бұл тәсілден бой тарттым. Қазақ ұғымында тұзақпен алған аң мен құс адал дегенмен, әуелгі бір тұзағыма түскен қоян шошына секіріп, шиыртпақ қылды соза тартқан бойы өліп қалыпты. Ұзынынан сіресіп, қатып жатыр. Сол күйі, тастап кеттім. Ертеңіне келіп қарасам, орнында жоқ, ізінен анық көрінді, түлкі алып кетіпті. Сөйтіп, тұзақпен аулау пайдасыз болып шықты. Есесіне, алғы жазда Жіпсерия, Ережеп шалдан үш қақпан алып едім. Саршұнақ елтірісіне. Тәрізі, тышқан қақпан, немесе күзен сияқты ұсақ аңға арналған, шаппасы қос алақан аумағындай ғана. Түбін ағашқа байлап, әр тұстан құрайын. Әуелден-ақ қате жасаппын. Аң атаулы темірдің иісін таниды деген бар. Естігем, оқығам. Онсыз да кішкентай қақпанды қар астына жасырып құрған едім. Ертеңіне қарасам, бәрін де қоян басыпты, бірақ ешқайсы ілінбеген. Бұдан соң жұқалап қана көметін болдым. Ол да нәтижесіз. Қоян деген – түлкі емес, қасқыр емес. Жым үстін аз-маз ойыстап, сол беті, ашық-шашық құру керек екен. Кейінде жеткен пайым. Уақытында ойламаппын. Әйткенмен, осы ойыншық қақпанмен үш жылда екі рет қоян ұстадым. Ұзын бақайдан берік тұтқан екен. Қайткенде кездейсоқ жағдай. Мылтыққа ғана жүгінуге тура келген. Алайда, қоян қаншама көп дегенмен, тоғай ішінен атып алу мүмкін емес еді. Тәрізі, сықырыңды алыстан естіп, әрмен қашады. Сондықтан тоғайдан өтіп, шаңғы байлап қырға шығамын. Қоян үшін ғана емес. Біздің Ескі-жұрттың етегі, Қос Босаға биігі, бұдан арғы, өзенге жапсарлас сай-сала, – жатаған, жалпақ жартас беті быжынаған ескі сурет. Әрқилы кейіптегі неше түрлі жылқы, гүжбан бұқалар, қазірде бұл жақта мүлде ұшыраспайтын бұғы, әрқилы шытырық, сызба, ирек таңбалар, тіпті, аяқ, қолды адамдар сұлбасы. (Қазіргіше айтқанда, көне петроглифтер. Кейін, марқайған шағымда, қаншама суретін түсірдім. Біздің елдегі атақты Тамғалы петроглифтеріне тетелес, әлемдік деңгейдегі өзгеше мұра. Әзірше үлгермей жатырмын, «Шыңғыстау-Көпбейіт» петроглифтері деп аталатын, жүздеген ғажайып суреттерімен қоса, анықтама мәтіні бар, арнайы кітап шығармақпын.) Бақанастың осы оң қабағын жағалай, қырға шыққан, еңіске сырғанаған сейіл кезінде, екі, әлде үш рет көлденең бұта түбінен тұра қашқанда алдын кесіп дүрс атып, лақтай, аппақ екі-үш қоян алғаным бар.
Қоян аулаудың ең ұтымды кезеңі – жаз екен. Өзен бойы ұзына созылған тоғай. Алаңқай жерлері де көп. Қалың талды тасалай, аңдап жүресің. Міне, кезекті қоян. Ашыққа шыға берісте, жоңышқа жеп, бүгежектеп жүр, немесе әлденеден секем алып, шоқиып отыр. Дүмп еткізесің. Төңкеріліп түсті. Рәсім және адалдық үшін, қалтадағы бәкіңмен бауыздап аласың. Бұдан соң олжаңды артқы екі аяғынан салақтата ұстап, көтеріңкі көңілмен үйге қайтасың. Жас ет. Әжептәуір талғажау. Одан да ұтымдысы – көңіл делбер ойын.
Мана айтқанымдай, аңшылық күн сайын сәтті бола бермейді. Тіпті, сирек десе артық емес. Үш ай жазғы демалыста көп болса, төрт-бес-ақ қоян түсірер едім. Ал құс жайы бұдан да кеміс. Небәрі екі-үш үйрек. Оның өзі кездейсоқ. Ал ерте көктем, қыстауда отырған кезде жағдай басқаша. Абай атам өзінің әйгілі «Жаз» өлеңін шығарған баба қонысым ғой. «Жоғары-төмен үйрек қаз…» тынымсыз, қаптап ұшып жатады. Бірақ мен ауада қалай атып түсіруді білмейді екем. Тек су бетінде ғана. Таң бозында шығып, жоғарырақ тұстағы ұзын қарасудың арғы беті, тал астында бұғынып отырар едім. Тобымен қонып жатады, жекелей ұшып жатады. Бірақ табысым шамалы болды. Үйрек пен қаз көбіне алыс шетте оттайды. Бұл тұста жағалау көкмайса, ағаш, бұта жоқ, жақындап бару мүмкін емес. Жинақтап келгенде, сәті санаулы ғана.
Менің қоян, қаз, үйрек атуым мектеп бітіргенше жалғасты. Студент кезімде алыс-шалғай Қара-иректе арқар, киік аулағаным бар. Алғашқы жылы. 1958. Сол сәтінде қызық көрінгенмен, келеңсіз жағдай екен. Бұл шалқар қоныста арқар мен киік қойша өріп жүр. Әйтсе де обал. Келесі жылдарда тартынып қалдым. Оның есесіне, Алматыға жолай, Бақанас бойына қайтқанда, күзге таман, өзіміздің Ескі-жұрттан үйрек атуға шыққан едім. Мен баяғыда, бір жағы ойын, бір жағы өзен бетті бақылау үшін қалқасында жататын тесік тастың аузына келдім. Кенет төменнен топ үйрек көрінді. Тіпті көп. Он-он бес. Мылтығымды сайлап, қолайын тостым. Міне, тұсыма, тап астыға келді, жылжи жүзіп. Шүріппені басуым қажет. Дәл сәтінде көлденең бір ой жалт еткені. Мына топ үйрек енді бірер аптада оңтүстікке қайтуы керек. Көктемде сол, неше мың шақырымдық қияннан келді. Туған жеріне. Жайлады, өсті, өнді. Келер жазда тағы… Бірақ бәрі бірдей емес… Ендеше, орта жолдан өмірін үзуім қалай… Бала кездегідей, еті мен сорпасы үшін емес. Еріккеннен…
Содан бастап аң аулау, құс атуды доғарып едім. Кейін, сексенінші, тоқсаныншы жылдарда Маңғыстауды ұзағынан, байсал аралап жүрген шағымда, Болат деген құдам, оның Жақсыбай деген бекзат досы, екеуі де құмарпаз аңшылар екен, таң бозында бірге шығып, табиғатты тамашалаймын, бірақ теңіз бетінде төңкеріле, тобымен ұйлығып тыныстайтын қасқалдақ, үйрек, қазды атып көрмедім.
Балалық кездегі аңшылық күн сайын сәтті бола бермейді. Соған орай негізгі құмарым балыққа ауысқан. Менің балықшылық қызығым ертеректе жазылған «Жыланды жаз» хикаятында біршама тәптіштеп айтылса керек. Қызық қана емес, кәсіп. Шындығында, бұл кезде біздің бар малымызды сыпырып әкеткен. Адал, жанашыр ғана емес, тәуекелшіл батыл ағайынның әрекетімен қолда қалған жалғыз бие мен жалғыз сыйыр – молшылыққа үйренген үйдің бар қажетін өтей алмас еді. Ендігі қыста соғым да жоқ. Ал жазда мал сойылмай-ақ нәпақа табылған. Мен ара-тұра атып әкелетін қоян мен бірлі-жар үйрек. Әйткенмен, негізгі талғажау – балық болып шығыпты. Мен дәп осы кезде екі әжем мен атамды асырап отырмын деп ойламағам. Кейінде ғана байыптадым. Қуаныш қана емес, сүйеніш те болыппын.
Міне, ойлап қараңыз. Күн сайын таңертең үлкен балық әкелем. Кейде біреу, кейде екеу, ара-тұра үшеу. Көбіне екеу. Қазақша сары-ауыз, орысша маринка дейді екен. Әрқайсы екі жарым, үш қарыстан. Қолма-қол сойып, тазартам. Ең алдымен қарнын ақтарып, ішегін ажыратып алар едім. Ұзындығы құлашқа тақау, сырты майлы, ішіне шынтақ айналардай. Екі әжем қолма қол бойлата су құйып, жынынан тазартады да, бақырға салып пісіреді. Екі балықтың ішегі қуырылса, екі шай кесе лықа толған, сап-сары майы шылқыған өзгеше тағам. Тамақ қана емес, ем, әл-қуат. (Кейін, осы әңгімені айтқанда, ештеңеге мұқтажы жоқ біздің әйел қатты қызықты, ауылға барғанда балық ұстап, дәп осылай ішегін алып берші, деген; ауылға бір емес, әлденеше бардық, бірақ тайазыған, құты кеткен, көктемде тасымайтын, жазда үзілуге тақап, жұтап тұрған Бақанас өзенінде ұсақ шабақтан басқа ештеңе жоқ екен.)
Ол кезде балықтың молдығы соншама, шағын қарасулардың түбі әрең көрінердей. Таңертең және кешқұрым жоғары-төмен жосылғанда, өткелді тұстар апыр-топыр, әлем-тапырық болып кететін. Ал біздің ауыл – бүткіл Бақанас бойында менен басқа балық аулайтын жан жоқ. Кейінде мен қайта тірілткен Қазтуғанның «Балығы көлге жылқы жаптырмас» деген толғамына тақау. Қарап тұрсаң, оп-оңай ұстауға болатындай. Бірақ қолға түсіру қиын еді. Суда жүргенінен ғана емес. Қажетті құрал-жабдықтың жоғынан. Ең бастысы – машық кем, ғадетке енбеген, ешкім де күнкөрістік кәсіп санамайды.
Әрине, ау дегенді білмейміз. Менің негізгі емес, жалғыз тәсілім – қармақ. Ал біздің шалғай ауылға қармақ қайдан келсін. Бірде дүкенге түскені бар. Шабақ аулауға ғана жарайтын, кішкентай ілмек. Ал жарым құлаш дәу балыққа қарымды қармақ керек еді. Ыбырай Алтынсариннің мектеп оқулығындағы «Асан мен Үсен» әңгімесі бар ғой. Қазақ тұрмысынан алынған. Қармақты кәдімгі инеден жасайтын. Ал мен үлкен балыққа орай, тебен инеден жасадым. Әжемнің тебен инелері. Әуелі қышқашпен ұстап тұрып, отқа қыздырам. Содан соң, екінші, кішкентай қышқашпен, ұштығын сәл-пәл қисайтып, қажетінше ием, түпкі жағынан жіп өткізетін ілмегін жасаймын. Содан соң, тағы да отқа жалата, бірақ қызартпай, шамалы ғана қыздырып барып, суға матыру керек. Яғни, ұсталар тілімен айтқанда, суару. Қармақ жасаудың ең қиын, жауапты тұсы да осы. Көбірек қызып суарылса, балық тартқанда морт сынуы ықтимал, жетімсіз суарылса, майысқақ, жазылып кетуі мүмкін. Мен қармағымды балық сындырып, және майырған бірер сәтсіздіктен соң, кәнігі шебер болып шықтым. Бір жақсысы – тебен ине көп, дүкеннен тұтас бір қорабын алғанбыз.
Келесі саты – қармақ бауы. Оп-оңай. Әжемнің тігін мәшинесінің жібінен қажетінше тарқатып, төрт қабаттап ызып, қайыра ширатам, яғни, сегіз қабат берік бау. Осы, көбіне төрт құлаш бауды қармаққа жалғау керек. Ендігі кілтипан – балық жеміне байланысты. Жауынқұрты, яғни шылаужынмен аулап көрген емеспін. Сарылып отыру керек және біздің балықтың құртқа әуестігі жоқ. Кәдімгі шабақ керек. Және кез келген шабақ жарамайды. Итшабақ деген бар, қарашұбар, терісі қалың. Қажетінше, күндіз, тайыздан сүзіп аласың. Тым үлкен де, кіші де емес, сұқ саусақтың ұзындығындай, орташасын. Осы қолайлы итшабақтың бел ортасынан, бауымен қоса өткерген қармағыңды желбезектен шығарып қоясың. Бұдан кейін жалғас жіппен қарынның төменгі тұсынан шалып байлау қажет. Кішкене балықтар жей алмайды, үлкен балықтар оп-оңай жұлып әкете алмайды, сол ілмекті, байлаулы қалпында шайнаңдап жеуге тиіс. Яғни, көбіне-көп қармаққа ілінеді деген сөз.
Үлкен балық аулаудың бұл тәсілі – тастама аталатын. Маған әуелде, бірге жүріп, Мұратқан ағам көрсетіп еді. Аудан орталығында тұратын, Бақанас өзенінің жоғарғы жақтағы, жартасты қысаңға тірелген тұңғиығы Баршатас суы мен оған жалғас, енді, әрі ұзын Айдынкөлден балық аулайтын үлкен балалардан үйренген екен. Айттым, біздің ауылда басқа балықшы жоқ, бар байлық менің жалғыз өзіме көшті. Мұратқан колхоздың жазғы бейнетінен аулақтап, орталықтағы Мәуияш тәтенің үйіне кеткен.
Сонымен, күнделікті, ең басты тамағымыз балық болып шықты. Екі әжем ертемен майлы ішекті қуырып жеген соң, міндетті түрде қазанға балық асылады. Көбіне үлкен бір балық. Там-тұмдап, тарата жеп, атам екеуіміз де әбден тоямыз. Бұл, асымға түсетін балықтың өзі жаңа бір сапаға көшіп еді. Әуелде қолма-қол асылған балық тым жасық көрінген. Және бар балығыңды бір күнде жарата алмайсың. Осыдан соң, қабырғасын сөгіп, жеңілдей тұздап қоятын болдым. Алашаның арты, кереге басына ілінеді. Тым ұзатпай, екі-үш күннен соң асса, мал етіндей көрінеді екен. Сонда да тауыса алмас едік. Әжем, әрине, менің рұқсатыммен Қайша апама, тағы бір көрші, туыстарға беретін.
Айтпақшы, балық аулауды аудан орталығы, үй іргесіне көшіргенім бар. Бұл да төтенше алданыш, күтпеген жағдай.
Наурыздың соңын ала, көкек айының орта шенінде, Бақанас өзені арнасынан асып тасиды. Кемі оншақты күнге арғы бет пен бергі беттің қатынасы тоқтайтын. Бұл тасқынның өзі қарап тұрғанға қызық еді. Қолы бос жұрт, көбіне бала-шаға бергі қабақта ошарылады. Арғы жақта, уақытынан жаңылған, бірді-екілі , кейде төрт-бес кісі бергі жаққа айқайлап, әлденелер айтады, бірақ тасыған өзеннің гүрілінен ештеңе естілмейді. Мұндағы еріккен жұрт та қарап тұрмай, нәтижесіз айқайға басады. Ақыры, түк шықпай, ештеңе ұқпай, әрқайсы өз жөндеріне тарасатын. Арғы беттегілер, әрине, далада қалмайды, кері қайтады, немесе тақау бір қоныстарда аялдайды.
Үлкен тасқын бәсең тартқан, бірақ өзеннің әлі де арынды кезінде суға ат салғанды көрдім. Бергі беттен, арғы жағаға. Әлдебір тығыз шаруасы бар жас жігіт. Мен тұрған Еркесары тәтемнің үйінің тұсы, жайпақ жағадан. Бірден-ақ ағыспен ығып жөнелді. Өзі белінен батып, атының құлағы ғана көрініп, қиялап барады. Қарап тұрып зәрең ұшады екен. Ақыры, жарым шақырымға жетпей, көз көрімде қарсы бетке шықты.
Бірер аптадан соң өзеннің екпіні қайтты. Менің қызығым осы кезде басталған. Қисынсыз жерден нән балық ұстау. Алғаш рет Ескі-жұртта бастағам. Май мерекесіне барған екі-үш күн ішінде. Үйреншікті итшабақ жоқ, оның есесіне шынашақ басындай шикі етпен. Әлі де басылмаған тасқын суға тастап. Көп емес, жалғыз қармақ. Ойламағам, әйтеуір сала салғам. Екі күнде екі сарыауыз ұстадым. Біреуі қызғылтым уылдырықты. Оқуым, әлде естуім бар, балық уылдырығы – аса бір нәрлі тағам деп. Бір кесеге тақау жаңа уылдырықты майға қуырттым. Содан соң жеп көріп едім. Онша ұнамады. Екі-үш қасықтай ғана, шөкіп алсам керек. Абырой болғанда, балықтың жұмыртқасы десем де, көрмеген нәрсе деп, әжелерім татпаған. Сөйтсем, бұл маринканың уылдырығы жарамсыз, тіпті улы саналады екен. Әйтеуір көп жемегем. Соның өзінде басым айналып, асқазаным бұзылып, бір кеш азап шектім.
Енді көп ұзатпай балық аулау үшін Баршатасқа қатарынан екі қармақ ала келгем. Еркесары тәтемнің қолына қайтқан кезім. Бақанас өзенінің тастақ жағасы, үй іргесіне тақау. Өзен тасып басылған, бірақ әлі де арнасы тоқ, ағысы біршама. Мен енді ерекше жағдайда қармақ құрудың жаңа бір тәсілін ойлап таптым. Бала-шағаның көзінен тыс, кешкі алакеуімде келем. Асықпай тұрып, қармақбауды ең түбінен, сопақша, әжептәуір үлкен тасқа орап байлаймын. Содан соң жағалаудан бірер құлаш жерге лақтырам. Бұдан кейін қармақ басына әдепкідей, шикі ет шанышып, бұл жақ ұшына да жұдырықтай тас байлау керек. Өр жаққа, әрірек лақтырдың. Қармағың көлденең көзге шалынбайды, тұтасымен лайсаң су астында жатыр. Ертесіне имек сыммен жағалай сызбалап жүріп, қармақ бауын іліктірем. Енді қолға түскен тұсынан саумалдай тартып, қармақтағы балығыңды ұстайсың. Бұдан кейін түпкі тасты тартып, қалған бауыңды түгелдей босатып аласың… Өстіп, арна қайтқанша, бірер апта олжалы болып жүрдім. Күніге дерлік, бір, немесе екі сарыауыз. Әрқайсы үш қарыстан кем емес, тым ірі. Еркесары тәтем таң қалған, әрі мәз болып еді. Келесі, сегізінші кластың көктемінде үй тұсы ғана емес, одан әжептәуір төмен, құмды жағалауға дейін барып, енді бір, екі емес, үш-төрт қармақты қатарынан салып жүрдім. Құрғақ күні жоқ. Біреу – анық, кейде екеу, үшеу…
Сонымен, үш ай жаз – ат үстіндегі жүріс, қоян аулау, үйрек-қаз, құр аңду, күнделікті, тынымсыз балықшы кәсібі, қадарынша кітап, әдеби журнал оқумен, жақсы, әрі тез өтетін. Әрине, көкіректегі арылмас шер біржола тарқамаған. Әйтсе де, жаңа жағдайдағы жаңа қуат. Түптеп келгенде еңсең жазылып, біршама сейілер едің.
Күз болды. Мектепке сағынышпен ораламын.

Баршатас қыстағы

Міне, осы арада, алпыс жылдан астам ұзақ уақыт бойы біздің Шұбартау ауданының орталығы болған, менің өзім 1951 жылдың күзі, бесінші кластан бастап, оныншы бітіргенге дейін алты жыл бойы орта мектебінде оқыған Баршатас қыстағы туралы азғана ақпар бере кету қажет сияқты.
Ақсүйек ашаршылық, Жорға тауының етегіндегі, әлі толық салынып бітпеген орталық біржола қаңырап қалған соң, аудандық басшы мекемелер түгел Бақанас өзенінің бойына төңкеріледі. Келіп түскен жер аты – Сартерек екен. Мөлдір, тау өзенінің сол жақ қабағы, шағын Балға суымен қиылыс. Теректі, талды қалың тоғай, аса бір көрікті қоныс. Алғашқы кеңселер мен тұрғын үйлер осы Балғаның оң қабағына салыныпты. Ортада кең көше, үлкен алаң қалдырып, екі қатарға. Біз көрген, кейінге дейін сақталған, бітімі өзгеше, шошақ шатырлы, ықшам, фин үлгісіндегі алты үй – ауданның үлкен басшыларына арналған. Төменгі, түстік қанатта – аумақты, жалғызқабат, қаңылтыр шатырлы, ең негізгі екі кеңсе: аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті. Қарама-қарсы бетте – клуб, поштамт, және екінші дәрежелі тағы бір мекемелер. Бұл орталық бөлік Көпкеңсе дейтін атаққа ие болыпты. Уақыт оза келе, екі тарапта бірдей созылып, ұзарады. Ең жоғарыға – 30-жылдардың соңы, соғыс алдында еңселі мектеп үйі салынады. Орталық қана емес, бүткіл аудан шегіндегі ең көрнекі құрылым. Көпкеңсе, тұтасымен алғанда, Бақанасқа бүйірден қосылатын, қар кете шалқып тасып, жазда үзіліп қалатын Балға өзенімен қатарлас екі қырқа аралығындағы ойпаңға орналасқан еді.
Уақыт оза келе, шағын қыстақ Бақанас өзенін жағалай, үш тармақтанып, ұлғая бастайды. Әуелде Балғаның қиылысынан бастап, Бақанасты өрлей жылжыса керек. Бұл жақта аудандық денсаулық сақтау мекемесі мен үлкен емхана салыныпты. Басқадай ресми құрылыс жоқ, әрқилы кәсіптегі жалпы жұрт. Тұрғылықты халық Баршатастың бұл бөлігін Жаңа-қала атайды, ал қалған қауым Қотыр-қала деген жамау жалғапты. Біз 1947 жылы алғаш көшіп келгенде осы Жаңа, әрі Қотыр қала шегінде тұрдық.
Ал қыстақтың Балғаның құйылысынан арғы – тапалтақ белес етегі мен Бақанас өзенін жағалай орнаған төменгі бөлігі – заготскот аталатын. Мал шаруашылығына қатысты әлдебір мекемелер мен осы тұсты қолайлы көріп, үй салып алған басқа жұрт. Мен орта мектепке барарда алғаш келіп түскен және кейінде көбірек тұрған Еркесары тәтемнің үйі осы бөлікте болатын.
Шұбартау ауданы шегіндегі ең үлкен тұрақты мекенде, келгінші мектеп оқушыларымен қосып есептегенде, шамамен үш мыңға тақау халық тұрған сияқты. Ал мұндағы қора-жай атаулының барлығы да шатырсыз, тоқал тамдар болатын. Шикі кірпіштен қаланған. Әдетте екі, кейде үш бөлмелі және қатарынан кірме-шықпа қос дәлізді. Кейде алдында шағын тошаласы бар. Бірлі-жар сыйырға, немесе шаруашылық қажетіне арналған. Мұндағы жалпы жұрттың ешқайсы кемшілікте, жұпыны жағдайда тұрамыз деп ойламаса керек. Бірақ кедейшілікте жасап жатқанын әркім-ақ пайымдауға тиіс. Халықтың қоңторғай заманы. Қайткенде соғыстан соңғы алғашқы жылдар тым мазаң көрінсе керек. Төрт емес, қырық жылғы қырғын аяқталды. Енді алда қауібінен үміті мол жайсаң өмір басталуға тиіс. Егер біздің әулетке көлденең бақытсыздық келмесе, мен үшін дәп солай болар еді.
Бұл қоныстың әуелгі, бұла атауы – Сартерек екен, дедім. Алдыңғы көргендер үлкен-кішілі екі өзеннің тоғысы, ит тұмсығы батпас қалың тоғай еді, дейді. Ит тұмсығы батар, батпас, бірақ тоғайы анық. Аудан орталығы бір шетінен орнаған соң, жазғы құрылысқа, қыстық, күнделікті отынға пайдаланып, айналасы үш-төрт жылда тыйпыл қылған. Енді қу тақыр. Әйткенмен, қиыршық тасты қатаң топырақтың шаңы шықпас еді. Баршатастың кеңіс, әрі ұзын орталық көшесі жазда қобырамай, жаңбырда былықпай, асфальт төселгендей, бірқалыпты тұратын. Ал жұпыны там атаулы бізге тым сыйықсыз көрінбейді. Әдепкі қазақ ауылы. Ретсіз салынған, бірақ іргесі таза, шаңытсыз, қоқырсыз, кәдімгі адам тұрағы. Сән-салтанат құрмаса да, өзіндік, дербес тіршілік. Үйлердің ішкі төбесі жуан мәтшелермен көтеріліп, бұдан әрі тал, шілікпен жабылған, кейде тегістеп сыланған, көбіне сол табиғи қалпында. Іште жал пеш, темір плиталы жатаған ошақ, отын – кәдімгі тал, қараған, тобылғы, қайткенде қырық градустық аязда салқын тартпайтын, жылы ұялар. Жалпы жұрттың үй едені тақтайсыз қара жер, бірақ бұл да үйреншікті жағдай, тапалған топырақ ара-тұра аз-маз сыйыр жапасы езілген, сұйық, сары кірішпен сыланып қоймақ және киіз, алаша төселмеген тұстардың өзі сөгілмей, берік тұрады және құрт-құмырсқа, басқадай жәндіктер жуымайды: кейінгі ғылымда мағлұм болғандай, сыйыр тезегінің антисептикалық қасиеті бар екен, қазақ күні кеше емес, баяғыда білген.
Бұл кезде шеткері колхоз, ауылдармен салыстырғанда, аудан орталығында тұратын жалпы жұрттың тұрмыс-жағдайы төменірек болған сияқты. Тұрғын үйді өзінше жақсарту, сән-салтанатқа ұмтылу да кейінірек келген мінез. Тоқал тамдар, жадау күнкөріс. Алдыңғы ашаршылық, кейінгі қырғын соғыс кезіндегі таршылықтан соң жалпы жұрт әйтеуір қарын қатты ашпаған, күн сайын әңгір таяқ ойнамаған осы тіршілігінің өзіне мейлінше риза болатын. «Басқа түссе – баспақшыл», деген қазақ.
Біз мән-жайын азды-көпті баяндаған Баршатас қыстағы, бүгінде тым жадағай көрінгенімен, алыс аудан орталығы болып тұрған және әр тараптағы, әжептәуір халық ұйысқан қаншама мекен, қоныстардан озық та, қалық та емес, кәдімгі қазақ ауылы болатын. Қайткенде, жергілікті, бірқауым жұрттың әкімшілік орталығы, өз дәрежесіндегі мәдени һәм рухани ұйытқы. Қарыздар, қимас мекен. Айтқанымыздай, ең үлкен бір артықшылық – қаймағы бұзылмаған, бірегей қазақ мекені. Рас, тұрмысы орташа, бірақ халқының кісілік кейпі, ұлттық өзегі таза сақталған. Бар қазақпен қоса бұзылуы – кейінде.
Осы қарабайыр тұрақтың ешқашан ұмытылмас, өзіндік сыпаты бар еді. төңірегінің бұла бітімі, табиғи көркіне байланысты. Баршатас қыстағының негізгі бөлігі – Бақанас өзенінің сол жағалығын өрлей орналасқан, дедік. Аудан орталығына атауы берілген Баршатас – небәрі екі шақырымға жетпес жерде. Өзеннің екі қабағы бірдей, арыда – тіке, беріде бір тарабы түйетайлы, қысаң жартасты қақ жарып өтетін тұстағы мол су. Бел ортадан екіге бөлініп тұрған көгілдір көлдің тереңіне ешкім бойламаған, ұзыны – жарты шақырымнан астам. Бізге ғажайып сырлы және сұлу көрінетін. Тек бұл ғана емес. Қысаңдағы мол су етекке төгілген тұста екі жағалық мүлде жазылып, енді, әрі ұзыны шақырымға тақау тағы бір қарасу пайда болыпты, Айдынкөл аталатын. Баршатас суының екі қапталы да жартас болса, Айдынкөлдің жағасы жайдақ және біз білгенде саялы тоғай. Баршатас – сейіл, Айдынкөл – тыныс еді. Қазір екеуінің де елесі жоқ.
1961 жылы көктемде Бақанас бойында ғаламат тасқын жүрген екен. Жазда барғанда көп кісіден естідім және атамнан анықтап сұраған едім. Біздің Ескі-жұртта қалай болды, деп. Қос Босаға биігі, тар қысаңнан жоғарғы бүткіл алқап суға толды, біздің, жарқабақ басында тұрған қораның төменгі іргесіне екі-үш қадамдай ғана жетпей, лықсып тұрды, деді. Мұндай бұрын-соңды болып па еді, дегенде, менің бала кезімде бір рет, осы үй тұрған аңсағайдың орта шеніне тақап барып қайтып еді, деген. Бүгінде арнадан аса, екі қабақ, бүткіл алқапты жапқан мол су қарсы бет, дөңесте тұрған төменгі көп бейітті түгелге жуық басып, күмбездер мен төртқұлақ, бесіксыпа атаулыны тегіс шайып кетіпті. Атомдық сынақтар әсері ме, әлде басқадай табиғи құбылыс па, осындай, бұрын болмаған ғаламат. Міне, сол тасқын кезінде, Баршатастың қысаңнан жоғары, шамасы екі жүз метрден асатын негізгі бөлігін құм басып, көлденең жартас түбі ғана, таязығанмен, біржола бітелмей қалыпты. Ал етектегі Айдынкөл тас толып, мүлде жайдақталып кеткен екен. Тек осы қабақтағы, біз көктемде ашшылап, рауғаш теріп шығатын, қалың көдесі селдіреген қоңыр төбелер ғана өз орнында тұр.
Бір ауыл емес, бүткіл Қазақ даласына келген жұт. Күні кешегі, біз бала кезде көрген Баршатас пен Айдынкөл қайда, шын шалқар қаншама көл суалды, кеше жасыл шалғын өсіп тұрған ойпаң бүгінде шаңыт тақырға айналған. Көбіне құдайдың қарғысы емес, адамның қағыс әрекеті нәтижесінде. Бүткіл Ата-жұртымыз тозды. Әйтеуір, үстіндегі адамы ғана құрып кетпей, керісінше, біршама өсіп, өніп, көбейіп, енді өз елімізге өзіміз ие болсақ деген тілек үстінде күн кешіп жатырмыз.
Сол бір, балалық шағымызбен сәйкес келген кер заманда кәдімгі қара жер тозады деп ешкім де ойлаған жоқ. Осыған керісінше, жақсылықтан да үміт шамалы, тіпті, жоққа жақын көрінген. Басқа болмаса да, мен үшін. Сондықтан, тәуба деп бір қоялық.

Кісі үйінде

Бүткіл аудан көлемінде жалғыз-ақ орта мектеп бар дедік. Бұдан басқа, бұрнағы колхоз орталықтарында он төрт-он бес бастауыш, және халқы көбірек үш-төрт ауылдан жинақталған бір жетіжылдық. Бұл мектептерді бітірген бар бала – Баршатасқа, Киров атындағы орта мектепке тоғытылмақ. Мен оқыған алты жыл орайында азды-көп, шамалы айырмамен әуелде алты жүз, соңынан жеті жүз бала оқыды. Бастапқыда – түгелімен бір кезекте, содан соң бастауыш төрт класс түстен кейін. Баршатас қыстағының жоғарғы, шығыс бетінде тұрған, соғыс қарсаңында салынған мектеп үйі – бүткіл аудан орталығындағы ең көрнекті құрылым болатын. Тіпті, қақ орталықтағы Райком, Атком кеңселерінен де артықша. Жатаған шатырлы, іргетасы биік, еңсесі көтеріңкі. Іште едені түгел тақтайланған. Класс бөлмелері кеңіс, жиырма бес-отыз бала сығылыспай, еркін, әр партада екеуден отырады. Мұғалім атаулының бәрі де жоғары білімді және басым көпшілігі өрісі кең, адамгершілігі айрықша жандар екен. Бұлардың арасынан кейінде Алматы институттарына сабақ берген үш оқытушы шықты, оның екеуі ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті. Ауылымыз тым шалғай болмаса, кемі бес-алты профессор шығар еді. Кейінде байқауымша, біздің Баршатас мектебіндегі сабақ сапасы – бүткіл республика шегінде алдыңғы қатар ғана емес, бірінші орында болған екен. Мектеп директоры Базарбеков Кәрімберген – ҚазПИ-дің әуелгі легінен, математик, өткен соғыста бір аяғын беріп қайтқан, сырттай қатқыл, шын мәнісінде айрықша мейірбан, бар балаға қамқор, ізгі кісі. Біздің Баршатас мектебі, ондағы ұстаздар қауымы туралы бұрнада, «Менің әдебиет мұғалімдерім» деген естелікте біршама таратып жазғам. Ол заманда ең арттағы саналатын біздің Шұбартау ауданында оқу-тәрбие және осы орайдағы тұрмыс-жағдай мәселесіне қаншалық мән берілгенін мен арада оншақты жыл өткенде, Алматының түбі, барлық уақытта озық есептегі Қаскелең ауданының орталығында тұрған, біз педагогтық тәжірибе сабақтарын өткізген орта мектеп үйінің кембағал, сорақы жағдайын көргенде қайран қалған едім. Кейінде мағлұм болғандай, болашақ президент Нұрсұлтан Назарбаев оқып, бітірген мектеп. Басқа бір орайда оны да жазғанбыз.
Мектеп оқушыларының басым көпшілігі, бәлкім үштен екісі алыс ауылдан келгендіктен, әрине, өз үйі емес, әлдебір алыс-жақын, немесе таныс ағайындар үйінде тұруға мәжбүр. Рас, арнайы интернат бар, мұнда жағдайы мүлде кеміс, жетім балалар ғана қабылданбақ. Жинақтап келгенде қырық-елуден аспаса керек. Оқу жылының басы, алтыншыға барар қарсаңда Мұратқан осы интернатқа енді. Әкесі жоғы рас, шешесі баяғыдан бері басқа тұрмыста, асырап, сақтап отырған немере ағасы айдалып кеткен, соның өзінде әрең қабылдапты. Бәлкім, халық жауының туысы екені, атап айтпаса да, ойда тұр. Рас, әкесіз жетім үміткер де көп. Әйтеуір өткен. Сонымен, бұрнағы неше жыл бойы Мәуияш тәтенің үйінде тұрып оқыған Мұратқан енді интернаттың қара нанына көшіп еді.
Мен өткен жылы, қар екі жауғанша Еркесары тәтемнің үйінде тұрғанымды айттым. Одан соң, оқу жылының ақырына дейін, өзімнің Рақима тәтемнің қолында, Мұратқан екеуіміз. Енді, Мұратқан кеткеннен соң жалғыз қалдым. Осы жазда тәтем, алыс-жақын ағайын, арғы-бергі мектеп мұғалімдерінің көмегімен, орта мектеп үйіне тақау, Баршатас қыстағының шеткері тұсынан жақсы үй салып алған. Кең екі бөлме, ауызғы дәлізі, сыртқы даланы және шаруашылық бөлігі бар, жұрт қатарлы, бәлкім, көп жұрттан тәуір, жаңа үй. Жаппай асар жасап, іргесін көтеріп жатқан кезде, Жобалай би әулеті, Көктал ауылынан арнап келген Еңбек деген мұғалімнің әйелі, ол да мұғалім Көкен тәте мені құшақтап тұрып, жұртқа қарата, бұл үйді Мұхтарға арнап салып жатырмыз, деген еді. Жақында ғана бар жабдығы біткен осы үйде Рақима тәтем өзінің шешесі Жамал апа және кейінгі әкеден туған, емшектес, Алтын деген сіңілісімен бірге тұрып жатыр. Енді мен де барсам керек еді. Әлбетте, Мұратқанмен бірге. Жалғыз қалыппын. Бар кілтипан осы арадан шыққан.
Мен атам мен әжемнің баласымын ғой. Рақима тәтем – жеңге есепті. Оның үстіне, менің ағам, оның күйеуі айдалып кеткен. Яғни, қолына барып тұрсам… өзімнің туған шешемді қайта тапқандай көрінеді екен. Алыстамаса да бауыр басып. Атасы мен әжесінен аулақтап. Мен, әрине, атам мен әжемнен жерімес едім. Оның үстіне, кейінде естіп, білсем де, тәтемді мойындап көрген емеспін. Ешқайда кетпес едім. Қазақы ұғым, түсінікті былай қойғанда, атам мен әжеме деген ықыласым тұрыпты, менмен кісілігім бұған жол бермес еді. Алайда… қазақтың үлкен баланы үлкен кісілер бауырына салатын, ел амандағы игі дәстүрі дәп қазіргі менің жағдайымда көлеңкелі көрініс берді. Мектеп оқуына бірер апта қалғанда, таңертеңгі шай үстінде, атам маған күтпеген сұрақ қойып еді. «Быйыл қалай, Еркесары тәтеңнің үйінде тұрасың ба, әлде Жамал құдағидың үйінен оқисың ба?» – деген. Аңырып қалдым. Әйтсе де, істің мән-жайын бірден аңдадым. Қайткенде толқынып отырған атамды аяп кеткен едім. Еркесары тәтемнің үйінде тұрам, дедім. Атын атамағанмен, Рақима тәтем демей-ақ, Жамал апамды айтсам да, атам келісер еді. Бірақ маған көңілі салқын тартпақ. Басқаша таңдау мүмкін емес-ті.
Алайда, атам ойлана келе, басқа бір шешімге тоқтапты. Осы өткен айда ғана Мәлкен жездем сотталып кеткен. Баяғыда, бұдан бір жарым, екі жыл бұрын, Социал колхозында басқарма болған кезінде, қысқы жұтта қой қырылған екен. Қайта көтерілген үздік-создық іс ақыры насырға шапқан. Мал шығынына тікелей болмаса да, жанама қатысы бар, салақтық, өз міндетіне жауапкерсіз қарау нәтижесі деген шешім шығып, екі жылға сотталған. Бұл заманда бірлі-жарым болмаса, қандай да отбасында молшылық жоқ. Қарын ашуға тақау қоңторғай тіршілік. Енді балалы-шағалы, кемпір-шалды бұл үйдегі орташа тұрмыс одан әрмен тарыла түспек. Атам мені Қабыш ағаның үйіне әкеп тұрғызды.
Қабыш аға аудан көлемінде тәуір қызмет атқарады. Су бөлімінің бастығы. Әуелгі, өтіп кеткен әйелінен соңғы, Жарма, әлде Шар ауданында жүрген кезде тапқан келіншегі – аты Зоя, қазақша таза сөйлегенмен, орысқа бейім сияқты, мені онша ұната қоймағанын бірден байқадым. Мені біз Баршатаста тұрғанда көрген, кейінірек, Сарқамысқа барарда үйлеріне түскенбіз, бұдан соң, қайтар жолда боран соғып, оншақты күн жатқанбыз. Құрметі күшті болып еді. Менің ерке екенімді, біздің шаңырақ әулиедей құрмет тұтып, алақанға салып, аялап ұстайтынын біледі. Енді басқа заман. Бұл шешеміздің ұғымында мен – панасыз жетім баламын. Соған орай, қатынасы қатқыл болмағанымен, сырдаң. Мені есігіне еріксіз байланған байғұс санайды, амалсыздан шыдап жүргендей. Қиғаш сөйлемесе де, сезімтал көңілмен кәміл аңдадым.
Бұл үйде тұрған күз бен қыс, көктемде қарным аша қойған жоқ. Таңертең бір жапырақ нан жеп кетем. Түсте тағы бірдеңе. Кешке Қабыш аға, осы үйдегі, бұрынғы әйелден қалған, менен үлкенірек Жеткен деген қыз және төрт жасар ұл, бір жасар қыз баламен, ортақ дастарқан басында отырамыз. Рас, көп кейін, Зоя шешем менің неше жапырақ нан алғанымды санамаса да, байқастап отыратынын аңдағам. Бірақ мәселе ас-суда емес-ті.
Ноябрь мерекесі тұсында он бес күндей өз үйімде болдым. Қысқы он күндік демалыс – тұтас бір айға созылды. Наурыздағы алты күн екі аптаға ұласты. Май мерекесінің екі-үш күні бір аптаға. Бұрнада айтқанымдай, мектеп мұғалімдерінің ешқайсы мені жоқтамайды, бар сабағым мінсіз, үздік. Тек атаулы демалыстар ғана емес. Аралықта, қыс күнінде шаңғы байлап кетіп қалам. Кешке қарай шығып, алты-жеті шақырым жердегі Қара-қора қыстауына түнеймін де, ертесіне тура тартам. (Осыған үйлес бір сапар кейінде «Түнгі қонақтар» атты әңгімеге арқау болған еді.) Енді Ескі-жұртпен аралық – жиырма шақырымға да жетпейді. Түс аумай үйге жетем. Тым құрса екі-үш күн қунап қайтам. Ең бастысы – екі әжем мен атамды көріп, сергіп қалар едім.
Көлденең, әдепкі жүріс емес, кезекті демалыс болатын. Рас, үш-ақ күндік, май мейрамына сәйкескен. Бұл жолы Мұратқанның оқуына қарайлап, артықша бөгелмедік. Содан, ауданға қайтар жолда мен төтенше кеселге ұшырай жаздадым. Мұратқан екеуіміз бір түйеге мінгескен едік. Ол алда, мен артта. Қар кетсе де, күн суық. Атқа мініп, бізді ала жүрген атам менің үстіме ақ тонын жауып, енді сыпырылып түспес үшін, Мұратқанмен қоса қабаттап, сыртымыздан шылбырмен тартып байлап қойды. Бәрі жөн. Жақсы келеміз. Манағы, Баршатаспен іргелес Қара-қора қыстауы, Өмірбек деген қойшының үйінде түнеп шығуымыз керек еді. Атамның Баршатасқа ертемен жетіп, кері қайтуы жеңіл болу үшін. Сөйтіп, шеткі қыстауға тақағанда мая шөп түбіне тоқтадық. Ат пен түйенің түнгі талғажауы үшін азғана шөп ала кету керек екен. Бітісе тұтасқан бір құшақ шөп біз мінген тайлақтың екі өркешінің арасы, астымызға салынды. Енді қайтадан жүрерде тайлақ бірден тұрмай, арты көтеріліп, алды тізерлеген қалпы бөгеліп қалып еді. Сол кезде мен өркештен, мойыннан аса салбырай жығылдым. Алдағы, қосақтап байланған Мұратқан менің үстіме түсті. Ауыр салмақтан белім опырылып кеткендей, демім бітіп қалып еді. Аузымды ашсам да, не тыныс, не дыбыс жоқ. Тұншыға тыпырладым. Осы кезде біздің тым биіктен де емес, кісі бойынан төмен және сырғанай жығылғанымызға күле қарап тұрған атама көзім түсіп еді. Ол да мені көрді. Әп-сәтте өңі қашып, аппақ қуарып кетті. Әлі атқа да мінбеген. Тұра ұмтылды. Бұл екі аралықта он бес-жиырма секунд, бәлкім, жарым, бір минут қана өтсе керек. Кенет демім ашылды. Бақыра дауыстасам керек. Енді боп-боздан қап-қара болып түтігіп кеткен атам мені аймалай көтеріп алған. Белім қайтадан үзілгендей, тағы да дауысым шықса керек. Атам мені көлденеңімнен жатқызып, әр жерімді сыйпалап, ешқандай мертігім жоғына көз жеткізді. Бел омыртқам ғана ауырып қалған сияқты. Бірақ бұл тұтса да опырылған, үзілген сынық байқалмайды.
Азғана бөгелістен соң қайтадан көлігімізге міндік. Мен Мұратқанды иығынан асыра құшақтап, әрең келемін. Тайлақ әрбір аттаған сайын белім үзіліп кетердей, солқ-солқ етеді. Амалсыз тоқтадық. Атам мені алдына отырғызды.
Жарты шақырым жердегі қыстауға әрең жеттік. Өмекеңнің бәйбішесі Ақыма әже, өзі шүйкедей, айрықша мейірбан кісі еді. Қатерден тыс дегенмен, белімді сыйпалап, құйрық май жағып, пеш алдына қыздырып, өзінше бірталай ем-дом жасады. Мазасыз ұйықтап тұрған соң, ауруы мүлде басылмаса да, біршама тәуірленіп қалғандай екем.
Ауданға келіп түстік. Сол күні мектепке бармадым. Ертеңіне, портфелімді әрең көтеріп, сабаққа жеттім. Тағы екі-үш күнде әжептәуір оңалып қалған едім. (Түйеден жығылған мезетте сегізкөз үстіндегі бірінші омыртқаның басына зақым келген сияқты. Сыйпалап қарағанда түйгенім. Арада ай өткенде мүлде жазылып кеткендей көрінді. Тек ара-тұра ғана сыз беретін. Тіпті, отызда, кішкентай балаларымды көтеріп, өрге қарай жүргенде байқалатын.)
Міне, осы кезде, үшінші, әлде төртінші күні, Зоя жеңгем мені қораның көлеңке жағы, беті ерісе де, мүлде жібімеген тоң мұзды оюға жұмсады. Онша қиын шаруа емес. Оның үстіне, қолымда оңтайлы қару – бір жағы үшкіл, екінші жағы жалпақша, өткір лом темір бар. Қос қолдай ұстап, көк мұзға салып қалғанда, белім үзіліп кеткендей болды. Шатқаяқтап жығыла бере, қабырғаға сүйеніп, әрең тоқтадым. Содан соң тағы азғана тыныстап, үйге кіріп едім. Түйеден жығылған белім ауырды, дедім. Шешеміз маған өшпенді кейіпте қарады да қойды. Біраздан соң әжептәуір сөгіп алған. Маған осы шектеулі ғұмырымда алыс-жақын ешкім ауыры тұрыпты, аз-маз қатаң сөз айтып көрмеген. Сонымен де тоқтаса жөн ғой. Жатар алдында тағы да ойына түсіпті. Есімде қалған ең қиыны – мен осы үйге масыл екем.
Мен ұрыстың артын тоспай, сыртқа шықтым. Есік алдында тұрып, өзімнің кіріптар, таршылық жағдайымды ойлап, әжептәуір бөгелдім. Түн тастай қараңғы. Менің бүгінгі және болашақ өмірімнің нақты суреті сияқты. Үнсіз өксіп, жылап тұрмын. Аздан соң есімді жидым. Енді мынау мейірімсіз үйге қайта кірмей, күресіннен озып, аулаққа шықтым. Келер мезетте тұра жүгірдім. Сөйтсем, жүгіре алмайды екем. Белім солқылдап, жайлап басып, тынымсыз жылаған қалпымда Еркесары тәтемнің үйіне жетіп едім.
Жанақ атамнан осында қалған, ең жақын, жалғыз туыс қой. Мәлкен аға әлі жоқ, үлкен кісілері бұрнада, колхоз шаруасында таяққа жығылып, ауысқан, ақылы кеміс кенже ұл және бойжеткен қыздарымен бірге, қарама-қарсы, жеке үйде тұрады, Еркесары тәтем, Мағираш дейтін ес біліп қалған қызы, жаңа жүріп жүрген кішкентай ұлы, жездемнің бұрынғы әйелінен қалған, менен біршама үлкен, жоғарғы класта оқитын, ол да мейірбан, мінезі жұмсақ Кеңесия деген бойжеткен, ұйқыға ыңғайланып жатыр екен, үдірейіп қарсы алды. Келер мезетте іс мәнісін аңдаған Еркесары тәтем: «Ой, Жалпақбас…» – деп, мені жұбатып, су, леген әкеп бетімді жуып, жаңадан шай қойып, жік-жапар болып жатыр. Алыс-жақын туыс ішінде қыздан мейірлі кім бар.
Ертеңіне түске таман артымнан Қабыш аға жетті. Абдыраған, мейлінше қысылған кейіпте. «Мен үйде болмадым ғой…» – дей береді, кешірім сұраған кейіпте. Қайыра шақырған. «Бармаймын!» – дедім турасына көшіп. – Енді ол үйде тұрмаймын!..» Қабыш аға жер болғандай, амалсыз кейін қайтқан. Ізінше Кеңесияға айтып, портфелім мен барлық кітап, қағаздарымды алғыздым.
Бұдан кейінгі екі жарым жылда бастан-аяқ дерлік осы Еркесары тәтемнің үйінде тұрдым. Қарның ашса да, жаның тыныш. Және бөтен емес, өз үйің есепті. Көп ұзамай, түрме мезгілі біткен Мәлкен аға аман-есен қайтып келді.
Бұл үйде бәрі де менің көңіліме қарайды. Туған тәтем мені әуелден-ақ жақсы көретін. Мәлкен жездем – пейілі кең, балуан бітім, ер көңілді кісі. Екі кәрі – Садуақас ақсақал мен бәйбішесі – бұлар да ерекше жандар. Ақсақал – үйші болатын. Қазақтың киіз үйінің сүйегін құрайтын шебер. Сонымен қатар, ескілікті әңгімеге бейіл. Оның ішінде ақ қашқан жылдардағы ерен оқиғалардың жай-жапсарына көбіне-көп осы кісі арқылы қанығып едім. Шақантай батыр әулеті Бөдес қажының бұл кездегі қазақта болмаған ерлігі – ауыл үстіне түскен, зорлық зомбылыққа жол берген ақтың отыз екі салдатын әр үй, жаппай ұйқыда байлатып алып, түгелімен тірідей мұз астына жібергені. Сондағы жаужүрек жігіттердің ішінде өзі де болған екен. Бұдан соңғы айларда осы Шақантай ұрпақтарының жекелеген топ – санама салдатты қалай жойып отырғаны, өшпенділік пен аяныш, ақыры, өз шаңырағында бес орыстың қалай ажал тапқаны – ешбір тарихқа түспеген, ендігі заманда менің өзім де жазып үлгермейтін қаншама ғажайып хикаялар…

Сутегі бомбасы

1953, жаз шыққан соң көп ұзамай, ел арасына сұмдық қауесет тарады. Біздің жұрт, Абыралы, Абай ауданы тегіс, осы отырған ата қоныстан ауады екен, әлде Аягөзге, бәлкім, одан да ары түп көтеріле көшуге тиіс, деген. Арада оншақты күн өткенде нақты хабар жетті. Біржола көшпейміз, тақау төңірекке ірге аударып қана, екі-үш ай отырамыз. Содан соң осы араға қайтып келеміз, деген. Бұрынғыдан да зор, үлкен сынақ болады екен. Атом бомбасы.
Үйреншікті жағдай. Міне, үш-төрт жыл болды, үнемі жарылып жататын. Жер тітіреген дүмпу. Екі-үш күннен соң: қуатты жаңа атом бомбасы сыналды, енді елімізге сырттан шабуыл қатеріне тоқтау салынды, деген тұрғыда, арғы-бергі газет бетінде ресми хабарлар шығатын. Бұл кезде жарылыс полигонының дәп іргесіндегі Абыралыдан, оған жалғас Абай ауданынан алысырақ біздің Шұбартаудың өзінде әрқилы, түсініксіз ауру-сырқау, жүректен, қан қысымынан төтенше өлім көбейіп кеткен. Осыған орай, өткен жазда Алматы мен Мәскеуден тұтас бір бригада – маман дәрігерлер келіпті. Әр ауылда, оның ішінде халқы жиын Баршатаста, денсаулығы кеміс, тіпті дені сау бірталай жанды тексеріпті. Нақты қорытындысы бізге белгісіз. Әуелде «бүткіл аудан шегінде дені сау бір адам қалмапты» дейтін сөз шығып еді, көп ұзамай, бұл атом сынағының ешқандай зияны, зардабы жоқ екен, өлгендер өз ажалынан кетті, қалған жұрт бұрынғыша, есен-сау дейтін лақап тарады. Әуелгі сөзге жарым жұрт иланса, кейінгі лақапқа тірі жан сенбеген. Енді міне, бұрынғыдан да күшті жаңа сынақ. Өткен сынақтар кезінде біздің жұрт орнынан қозғалмаған. Енді алыс па, жақын ба, әлдебір жерге түп көтеріле көшуге тиіс. Көп ұзамай, қисынсыз әңгіме шынға айналды. Арыдағы Абыралының бұрнадан қалған жұрты енді Абайға қарай төңкеріліпті. Ал Абай ауданының шеткі ауылдары қаптай жылжып, біздің үстімізге мінбелеп қонып жатыр. Яғни, іргелес екі аудан көшті, көшіп жатыр, ал біз өз жұртымызда қалатын сияқтымыз. Енді жақын ағайындардың еміс хабары келді. Кім, қай ауыл дегендей.
Арада екі-үш күн өткенде атам менің поштабай торы дөненімді ерттеп берді. Бақанасты өрлей жүр, жағалай жұрттан сұрастыр, мына тобықтыдағы нағашы, жиендерді аралап қайт, деп.
Бес-алты шақырымға жетпей-ақ, көшкен ауылдың бар сұлбасы айқындалған. Қырда – қалың мал, көделі, жусанды шүйгін өз алдына, біздің колхоздың егіндігін таптап жатыр. Ойда – іркес-тіркес, қаптай қонған киіз үй. Және біржола келгендей жайланыпты, итарқа мен абылайша жоқ, кәдімгі, үш қанат қараша, төрт қанат қоңыр, бозғыл үйлер. Отын жағып, иті үріп, жапырлай қоныпты. Шетінен тиіп, сұрастыра жүріп, жоғарғы Бақанас ауылымен қатарлас, көгі ырғын Жәнібек алқабында отырғанын анықтадым. Бізге мәңгілік жиен Қорамжан, Қаражан балалары ғой. Оның ішінде ерекше жақын Қатпа атамның үйі. Өзі өтіп кеткен, Мырзашүкір аға мен Мақып әже мені қуана қарсылады. Ассалау… деп үйге кірсем, төр алдында төрт жігіт карта ойнап жатыр. А, қай бала… Е-е, Мағаш ағаның немересі екен ғой деп, жақсы ниет танытқан азғана бөгелістен соң, қайтадан ойынға кіріскен. Мен білетін «Алпыс алты» мен «Бес қарта» емес. Аздан соң анықтадым. «Бура» деп аталады. Жай ғана ойын емес, ақшаға. Әрбір көн бір сомнан екен. Кіші әжем, көзін сығырайта отырып, зәуде бір айтар еді: «Е-е, бұл тобықты бізден озып кеткен ел ғой, зәкүнге де қанық», – деп. Сол айтқандай, біздің жұрт әлі білмейтін, ақшалы «Бура» Шұбартауға екі-үш жылдан соң әрең жетіп еді.
Әрине, бұл төрт жігіттікі де құмар емес, уақыт өткізу амалы, көп ұзамай ет пісіп, табақ тартылды, жігіттер ойынды қойып, дастарқанға үйірілген. Біздің ауылдың ахуал-жайын, қандай әңгіме барын сұраған. Менің аңдағаным, бұл үйде және тақау жұртта ешқандай уайым жоқ, тіпті, мына жұмыссыз сейіл-серуенннің өзі қызық сияқты. Көшіп жеткен шегіміз осы, он-он бес күнде қуатты жарылыс болады, содан соң кері қайтамыз десіп отыр. Жақсы хабар еді. Қуатты жарылысы емес, бұдан арғы біздің сыпырыла көшпейтініміз.
Әйтсе де, алдағы бірер апта шегінде жаппай көтерілдік. Әуелі, біздің ауыл үстіне жап-жаңа, үлкен, жиырма шақты жасыл машина келген. Күн батарда. Ауыл іргесі, қыратқа тоқтады. Таңертең бірнеше бала арнайы барып көрдік. Астына қорапша жәшік қойылған, аппақ, шолақ тақташа столда көрікті, сымбатты төрт жігіт тамақ ішіп отыр. Иықтарында екеу, үшеуден жұлдыздары бар төрт әпесер. Тақау жерде бұрқыраған шойын пеш, мына бастықтарға бірнеше салдат қызмет көрсетіп жүр. Бәрінің де жүзі жылы жас жігіттер, ал төрт әпесер бізге қарап күліп, сірә, ең үлкен біреуі хош келдіңдер дегендей үн қатты. Әскер болса да, мілиса емес, қауіп жоқ екен.
Ертеңіне таң атар-атпаста үйлер жығылды, салдаттар бар жүгімізді жеке-жеке машиналарға тией бастаған. Біздің машинаның шопыр салдаты жап-жас бала екен, тым жайдары, ал үні одан да сүйкімді көрінді. Былдырлап сөйлеп жүр, орысша емес, соған жақын, өте әуезді, майда; көңілді жігіт тілін тістеп сөйлейтіндей, украин деп шамаладым. Көп ұзамай-ақ өзенді құлдап жүріп кеттік. Яғни, Баршатас бағытында.
Кіші әжемнің киіз үйі жеке тиелген, Мұратқан екеуі сонда. Біз үлкен әжем екеуіміз өз машинамыздың кабинасына отырдық, ал атам қайда барып тоқтайтынымызды біледі екен, тағы бір кісілер, ересек балалар бар, атпен қалды. Көп ұзамай-ақ межелі жерге жеттік, үйреншікті Қара-қораның етегі, шілікті, бұлақты көк жазаң. Жиырма-шақты үй, бір ауыл, жиын қондық.
Бұл арада тағы бірер апта отырсақ керек. Алдынала ескерткен күні ертемен екі-үш машина келді. Жүксіз, азғана ас-сумен, түгелдей отырғызып алды. Іргедегі Баршатастың үстімен өттік. Бұлар да жаппай қозғалысқа түсіпті, кемі елу-алпыс машина, үсті сықай толған бала-шаға, әйел-еркек, кәрі-құртаң – көпшілігі абдыраған, сасқалақтап қорыққан қаншама жұрт, ұбақ-шұбақ созылып, өзеннен өтіп, тура батысқа қарай, шаңдата тарттық. Бірақ көп ұзамадық, небәрі алты-жеті шақырым Шұрық деген жерге ілгерілі, кейінді, жаппай түсіріп жатыр. Мен бұрын да көргем. Төңірегі тоқал белес, ортасы жазық алаңқай. Қайткенде ойпаң, әрі ауданның жарым халқы бір жерде, апат жағдайында әрқилы көмек жасауға қолайлы.
Шақырайған күн асты, қалқа, сая жоқ, кейбіреулер мүмкіндігінше көлеңке құрып жатыр. Жалпы жұрт әр тұста от жағып, шай қайнатуға кірісіпті. Ет асқандар да болды, деп жүрді кейінде. Көп ұзамай келіп түскен соң, барлық үрей, қорқыныш тараған. Ал балалар шегіртке қуып, жарыса ойнақтап мәз. Мен атомдық жарылыстар туралы там-тұм оқығаным бар, қауіптенбесем де, арты қалай болар екен деп және жалпақ жұрттың жүзін көрмек үшін, Шұрықтың ана шеті мен мына шетін байыптап жүрмін. Сонымен, бір кезде… жер тұлданып, аспан күңіренді. Қайдан келгені белгісіз, қаншама құс шырлай дыбыстап, көкке көтерілді. Шар төңірек дірілдей толқып барып, келер мезетте құлаққа ұрған танадай тыныштық орнап еді.
Бірер сағаттан соң, дыбыс күшейткіш қалақшадан жалпы жұртқа оңды хабар айтылған. Бұрын болмаған, айрықша қуатты, жаңа бомбаның сынағы ойдағыдай өтіпті. Отанымыздың қауіпсіздігі біржола қамтамасыз болды. Ал совет халқы, оның ішінде осы Шұбартау жұртына ешқандай зақым жоқ. Енді екі сағат бөгелістен соң әркім өз ауылы, өз үйіне қайтуға рұқсат…
Әйгілі сутегі бомбасының алғашқы сынағы екен.
Бәрі тыныш өтті. Айтпақшы, төтенше бір оқиға.
Аудандық милиция бастығы, үйдегі барлық мүкәмал – ағашы мен аяғына дейін екі машинаға тиеп, өзімен бірге ала жүріпті. Жарым ауданның халқы үйірілген Шұрыққа. Жалпы жұрттың көңіл ауаны, мазағы мен ызасы тұрыпты, бақылаушы әскердің үлкені, қаһарлы полковник, алдына келтіріп, мейілінше сөккен екен. Бұл, дүниеқор ғана емес, түйсіксіз нәшәндіктің арты не болғанын білмеймін. Бәлкім, кейін ол да полковник, тіпті генерал дәрежесіне жетуі ғажап емес.
Сол жылы жұмбақты, түсініксіз сырқаттар бұрынғыдан да көбейіп кетті. Қан тасыған, жүрек жарылған өз алдына, әсіресе әйел затына төтенше апат келген. Көпе-көрнеу жағдай – біз білген төңіректе аяғы ауыр үш әйелдің бірі мезгілсіз түсік тастап, енді бірі босану үстінде қазаға ұшыраған. Үштің бірі ғана аман шығып еді. Көпшілік куә болған, жұртқа белгілі ахуал. Ал былайғы шығынның есебін біліп жатқан ешкім жоқ.
Дәп осы жолы термоядрошыл академик, жап-жас Сахаров өзінің екінші, әлде үшінші жұлдызын алған екен. Кейін дабыралы естелік кітабын оқыдым: біз қашанда халықтың амандығын ойлап, сынақ атаулыны жел ыңғайы қалаға, жиын жерлерге емес, елсіз қу далаға қарай бейімделген кезде жасайтын едік, депті. Иен емес, қазақ жайлаған кең байтақ қонысқа. Осы, 1980-90 жылдардың жапсары, жариялылық аталған кезеңде, пәленбай атағым бар, әрі республикалық әдеби журналдың тұтқасында отырмын, Батыс Германиядан келген екі журналист менен арнайы сұхбат алып еді. Мен советтік соғыс программасы бойынша, атомдық қарулар сынау кезінде қазақ халқының бсына түскен қасірет жайын айта келе, Сахаровтың жаңағы лепесін еске алдым. Егер о дүние бар болса, тозаққа алдымен түсуге тиіс, әлемдік қылмыскер деп едім. Неміс, Шығыс та емес, Батыстың еркін ойлы екі журналисі қатарынан дағдарып қалды. Ол деген… Сахаров деген – адамзаттың құқұғын қорғаушы, кең өріс, азат пікірлі қайраткер… Егер сондағы сутегі бомбасы Германияның қақ ортасында жарылса, бүгінде сіз бен біз осы арада кездесіп, әңгімелесіп отырмас едік, дедім. Бұл екеуі де өздері айтқандай, кең өріс, азат пікірлі батыс азаматы, әрі мәдениетті, сыпайы кісілер. Қосыла күлді. Бұл қайткенде мүмкін емес еді ғой… Ал Сахаров соншама сұмдық қарулар жасағаны үшін өзі де өкінді емес пе… Кісі өлтіріп алып, қатал сот алдында өкініп жататын адамдар болады, бірақ солардың қайсын қай сот кешіріпті, қайсын қандай баспасөз мадаққа қосыпты, дедім. Сонымен біздің қиқалақ түсіністі, шындығында өзара алшақ сұхбатымыз да жеріне жетіп, біржола тәмам болған еді. Кейінде жарыққа жетті ме, қайда, қалай – хабарым жоқ.
Сондай-ақ, осы шамада, «жариялылық және қайта құру» бағдары бойынша Францияға арнайы «десант» аталған, үш жүз совет журналисінің «Диалог – 89» сапары кезінде, Француз радиосындағы кездесу үстінде айтып едім. Советтік термоядролық жарылыстар әкелген қисапсыз қасырет, оның ішінде қазақ дейтін тұтас бір халықтың жапай тәжірибе жандығына айналғаны туралы. Қаншама мысал, нақты деректермен. Ешкім сенбеді. Тіпті, жүргізуші журналист менің ақыл-есімнің түзулігіне күмән келтіре жаздады. Мұндай жағдай мүмкін емес, сіз әсірелеп жібердіңіз, деген.
Міне, жеке басыма түскен зәбір, зорлықты айтпағанда, туған халқымның үштен екісі қолдан ұйымдастырылған ашаршылық азабына ұшырап, соғыс-майдансыз қырғын тапқан, кейінде атомдық топан астында қалған, барлық уақытта ұлттық санасы тапталып, кіріптар жағдайда күн кешкен мына мен кім болып шығуым керек? Осымен екінші, әлде үшінші мәрте айттым ғой деймін. Не ұл болуың керек, не құл болуың керек. Жалғыз мен емес. Саналы, санасыз бар қазақ. Қандай да жауабы күмән туғызбауға тиіс.

Зор қайғы, жалғас реніштер

Туған әкең барса-келмес Итжеккенге айдалған. Өзің мүлде панасыз болмасаң да, кәмелетке жетпеген, дәрменсіз жас баласың. Ең қиыны – кеудең қанша жоғары болса да, болашағың бұлдыр. Бұдан артық сор болуы мүмкін бе. Мүмкін екен. Керек десеңіз, заңды жағдай.
Келесі, жетінші кластың бастауында атам мені төменгі колхоз – «Мәдениет» (кейінде Көктал) ауылындағы Жұмагелді ағаның үйіне апарып тастады. Мұнда Шұбартаудағы жалғыз орта мектептен соңғы жалғыз жетіжылдық – Ақ-школ аталатын атақты мектеп бар. 20-жылдар шамасында Жобалай би әулеті, Омбыда бітіріп, Томда оқыған, білімдар мал дәрігері Бейсенбай болыс ашқан. Оқу сапасы қашанда жоғары, таңдама мектеп. Мен бірден-ақ қайта көтеріліп, үлкен атаққа жеттім. Үздік оқу үстіне, Жұмагелді ағаның малопулька мылтығы бар екен – кіші калибрлі винтовка. Ол заманда аңшы мылтығының үстіне, тәуір үйдің бәрінде бар. Апта оздырмай, көбіне демалыс күндері өзен бойындағы тоғайды құлдап, немесе өрлеп, арнайы шығам да, қоян атып әкелем. Ауыл жар басы, қарасу үстінде тұрғанмен, жарытымды балығы жоқ екен. Жұмагелді аға, тағы бір мұғалімдермен төменге арнайы шықтық. Шоқ-шоқ иірім суларды аумен сүздік. Біздің ауылдағы бұлықсыған сары-ауыз атымен жоқ, оның есесіне алабұға, табан балықтар және көбіне кіші, қарыс сүйемнен азғана астам.
Біздің әулеттің байырғы келіні Кәкен тәте менің аңшылық өнеріме мәз. Қоянның жас етін әкелді деп емес, осындай үлкен жігіт болғаныма. Кейінде менің кітапты көп оқитыным, қатарлас балаларға қосылып ойнамайтыным туралы біздің үйдегі келініне әңгіме айтар еді. Сонымен қатар, басқа мұғалімдерден, балалары менімен кластас ата-аналардан естиді, менің озық оқуыма мейлінше риза.
Бұл үй де аудан орталығындағы Еркесары тәтем сияқты, өз үйім есепті, әйткенмен, қолайсыз бір жағдайы бар еді. Туған шаңырағымның алыстығы. Баршатастың өзіне дейін қырық шақырымға тақау. Қалаған уақытымда үйге қатынай алмас едім. Ақыры, ноябрь мерекесінде ауылға барып қайтқан соң, Баршатасқа тоқтадым. Әрине, Еркесары тәтемнің үйіне. Бұл кезде ересек тартқам, он үштен астым, біршама жеңілейгем. Әйтсе де, қазір ойлап тұрсам, білігім, дүние танымым өз тұсымнан, бала-шаға емес, керек десеңіз, үлкендердің көбінен жоғары болғанымен, мінез-құлық, болмыс тұрғысынан он үште де емес, тоғыз, он жас деңгейінде қалған сияқтымын. Анығы сол. «Он үштегі отау иесі» емес, тұрмысқа, тіршілікке икемі кем, бұғанасы қатпаған жас бала.
Ақ-школдан оралған беті, ноябрь мерекесінде үйде әдеттегіден аз, төрт-ақ күн болып едім. Тезінен өзімнің орта мектебіме жетуім керек. Қайтадан өз класым. Есімде қалған ерекше жағдай, мектептегі қатарлас балалар түгелдей, бірінен соң бірі, бұрын көргені бар, бірді-екілі көрмегені де бар, түгелдей біздің класқа келіп кетті. Үлкен оқиға екен. Мектеп деңгейіндегі айрықша таным. Бірақ мен масаттанғам жоқ. Қаршадай кезімнен өзімнің кім екенімді білем. Осыған орай қалыптасқан, бүгін мұндаймын, ертең шарықтап, андай болам деген, бұрнағы биік кеуде. Рас, қазір біршама басылған. Іштей. Ал сырттай қарағанда, бүгінгі жағдайым – «Бөрі арығын білдірместің» кебі. Бұрнағы зор сенімнен қау көкірек қана қалған.
Сөйтсем, мені бұрнағыдан да үлкен сын күтіп тұр екен. Сын емес, және бір төтенше бақытсыздық. Арада оншақты күн өткенде, көлденең қатынасқан бір кісіден әжемнің қатты ауырып жатқаны туралы хабар жетті. Мұратқан екеуіміз жаяу шықтық. Іргелес Қара-қора, Өмірбек ақсақалдан бір өгіз сұрап алдық. Екеулей мінгесіп келе жатырмыз. Орта жол – Айқай-кезеңнен асқанда, суыт жүрісті атты кісі қарсы ұшырады. Анадайда, бізді көре-сала, аз-маз іркіліп, тоқтай жаздап барып, баяулап еді. Бізбен жақын туыс Нәби деген кісі екен. Амандастық. Мұратқан әжеміздің жөнін сұрап еді. Иә, иә… тәуір… деді де сырғып жүре берді. Бір жамандықты сезгендей, өне-бойым суып кеткен. Арада бірер сағат озғанда анығын білдік. Қайран әжем дүниеден өтіпті. Нәби аға аудан орталығындағы ағайын жұртқа естірту үшін бара жатқан екен.
Онсыз да қамырықты мен үшін қандай соққы болғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Жасы алпыс алтыда екен. Өмірі ауырып, сырқамаған кісі. Ақыры, тәрбиелеп өсірген жалғыз ұлының қайғысына шыдамады. Құсадан өлді. Бәлкім, деп ойлаймын кейін – осыдан үш ай бұрын дүмпіген сутегі бомбасы қосымша салмақ түсірді ме. Қайткенде, жалғанның бар азабынан құтылып, бақиға өтті. Ешқашан ұмытпаймын – 1953 жыл, 23 ноябрь күні. Заманның зұлымдығын көтере алмай, маған қарайлауға және мұршасы келмей, жүре берді… Атам мүлде түнеріп, қап-қара болып кеткен. Кіші әжем көз жасы жуған бет-аузы ісініп, бүгіле шөгіп қалыпты. Мен ес пен түстің арасында болсам керек. Алыс-жақын ағайын қадарынша жиналды. Ауыл ақсақалдарының бірі жаназасын шығарды. Қарлы қыс, шыңылтыр аяз, қып-қызыл, табақтай күн аталарымыздың ескі қыстауы тұрған белестен асып, қосқұлақтана, шашырай қылтиғанда, әжемнің ақ кебінді мәйіті терең қабірге түсіп еді. Ескі-жұрт, өзіміздің ата зиратымыз, екі қайнымның ортасына жатам деуші еді, әдейі арнағандай, Бекмағамбет пен Құдайбергеннің аралығы ашық екен.
Қаралы қоныста көп бөгелмей, оқуға қайттым. Енді ештеңенің қызығы жоқ еді. Мектеп сабағы – бұрнағы екпін бойынша. Қол жетер жерде оқуға татитын кітап қалмаған. Алда жарық сәуле көрінбейді. Әрбір күнім азапты ой астында өтіп жатты. Сөйтсем, тағдырдың маған тартатын ашшы сыбағасы әлі таусылмапты.
Қайткенде сыртым бүтін еді. Жаңа, 1954 жыл, он төрт жасқа толдым. Жетінші класты еңсеріп қалдық. Бұл заманда мектептегі барлық бала әлденендей ұйымға жатады. Бастауыш, бірінші класс – октябрят, бұдан ары – қызыл галстукті пионер; ал он төрт жастан бастап, барлық бала комсомол қатарына жазылуға тиіс. Пионер атағы өз кезегімен келіп жатса, комсомол мүшелігіне арнайы өту керек. Шартты түрде. Әйтсе де, бұл мәртебеден ешкім де сырт қалмауға тиіс.
Март айында, 7-кластың, жасы он төртке толған бір топ баласы комсомолға қабылдандық. Әзірше ұсыныс, мектеп шегінде. Енді аудандық комсомол комитетінің бюросынан өтіп беку керек. Бұл да шартты рәсім болатын.
Келдік. Төрде он-он бес үлкен кісі. Шетімізден қабылдап, бір-екі минутта шығарып жатыр. Жасы, айы ілгері төрт-бес баладан соң мені де шақырған. Солай да солай, тәртібі жақсы, оқуы озат, қабылдау керек. Міне, дәп осы сәтте бір жап-жас жігіт бой көтерген. Аудандық оқу бөлімінің өкілі. Ешкім күтпеген, төтенше лепес. Бәрі жөн, деді. Коммунизмнің болашақ құрылысшылары қатарына жаңа бір жастарды алып жатырмыз… Бірақ бұл бала лениншіл комсомол қатарында болуға тиіс емес. Өйткені, шыққан тегі шикі. Туған әкесі… Отан алдындағы ауыр қылмыстары үшін… тиесілі, әділ жазасын алып, айдалып кеткен. Сондықтан Мағауин Мұхтар комсомолға алынбасын!..
Жұрт қалт тынды. Мен бар істің байыбын түсінбеген, түсінсем де санама жетпеген екідай қалыпта, дағдарып тұрсам керек. Болды, деді алдымен ес жиған комсомол хатшысы. Қырағы, әрі турашыл жолдас айтқандай, қатарымызға қосуға ешқандай негіз жоқ. Аудандық комсомол комитетінің бірауызды шешімі осындай. Мұхтар Мағауин, бара бер!
Жаңағы, дағдарған кейпімде сыртқа шықтым. Түтіккен қалпымда үйге жеттім. Есіктен аттаған, Еркесары тәтемді көрген бетте, қыстыға жылап, төр алдына әрең жетіп, көлденең түсіп жата кеттім. Сол қалпы, көзімді бұдан әрі бұламасам да, жүрегім езіліп, бойым тітіреп, кеш батқанша қимылсыз жаттым. Комсомолдың жас атаулы барлық жанға тиесілі, құрметті мүшелігіне өтпей қалдым деп емес. Келтесінен қиылмақ болашақ тағдырымды жоқтап.
Бұл арада кейінгі жұрттың түсініп, тануы қиын бір кілтипан бар. Ең жоғарғы дәрежелі партия мүшесі – мәртебе болса, аралықтағы комсомол – міндетті рәсім. Он төрттен асқан, он беске толған кез келген оқушы, жасөспірім бала, жалпы жұрт қатарында комсомол мүшесі болуға тиіс. Комсомол билетінсіз жастың жарым құқұғы ғана бар. Яғни, тіршілік жасап жүре берсін, мал бақсын, жер қазсын. Алайда, ешбір жоғарғы оқу орны қабылдауға тиіс емес. (Жоғарғы оқуға түсерде өмірбаяндық жазбада атап айтылады, түскеннен соң мүшелік билетіңді айғақтап, есепке тұрасың – кейіннен көрсем де, әуелден білген жағдаят.) Комсомолға өтпедің, яғни ешқандай болашағың жоқ.
Еркесары тәтем мен Мәлкен жездем қаншама жұбатса да, көңіл делбей алмадым. Кешіне ас та ішпей, жербауырлап жата берсем керек. Ертеңіне оқуға бармадым. Келесі күні де.
Арғы күні түсте жақсы хабар жетті. Кеңесия әпкем арқылы. Маған хабарла деп, үлкен мұғалімдердің бірі айтыпты. Артынан анығын білдім. Менің жағдайымды естіген соң, осы кеше ғана, біздің орта мектеп директоры Базарбеков Кәрімберген аға комсомолды аттап өтіп, тура Райком, бірінші хатшыға барады ғой. Мынау – обал емес пе, депті. Үздік оқушы, артық-ауыс мінезі жоқ. Айдалып кеткен әкесін алғаш сегіз жасында ғана көрген. Ешбір тәрбиесінде болмаған. Туа сала атасы мен әжесі бауырына салып алған. Фамилиясы да осы атасының атында… Жас баланы соншама қудалаудың ешбір қисыны жоқ… – Тұтастай алғанда, осы тұрғыда.
Бұдан соң Райком хатшысы, айтылмыш негізде, әуелгі протоколды өзгертіп, мені басқа балалар қатарлы мүшелікке қабылдау туралы нұсқау берсе керек. Комсомол комитеті ертесіне таңертең мектеп директорына өздері хабарлаған.
Көп ұзамай, жұрт қатарлы комсомол билетін алдым. Бірақ менің ішімдегі кекті түйіртпек тарқамаған. Жеке бір кісіге емес, мына қатыгез заман – қасасқа, түрмеге кеңінен жол ашқан мейірімсіз құрылымға. Ал манағы кісі… көлденеңнен қыстырылып, айрықша қырағылық танытқан, сымбатты Н. деген жігіт… бізбен алыстан қосылатын ағайын болатын. Негізгі мамандығы мұғалім. Ата-тегімізді, туыстық тамырымыз, біздің шаңырақтың басына түскен бақытсыз жағдайды жақсы біледі. Басқасын айтпағанда, өткен күзде ғана, мен Мәдениет ауылында оқып жатқан алғашқы тоқсанда, аудандық оқу бөлімінің инспекторы ретінде біздің Ақ-школға келіп, екі апта жатып кеткен. Әр класта бірнеше сабаққа қатысып еді. Ана тілі, тарих, математика, география дегендей. Мен, әрине, онсыз да озықпын, әдепкі бір ерекшелік – сын сағаттарда тіпті көтеріліп кетер едім. Мұғалімдер аудандық инспектор қатысқан сабақтарда мені үнемі алға салады. Сонда, мектептегі қорытынды жиын, әр үйдегі қонақта мені талай рет ауызға алыпты. Сүйсінген, таң қалған, елге сыйлы Мағауия ақсақалдың немересі ғой деп те айтыпты. Енді міне… Бір сәтте әлдебір жабық мекеменің көзіне түсу, өзінің советшіл адалдығын әйгілеу үшін, жазықсыз кішкентай баланы – панасыз жетім баланы ешбір ойланбастан, құрбанға шалып жіберген… «Құдай кешірсін» дейді мұндайда кеңпейіл пендесі. Мен, кейінгі қатқыл заманымды айтпағанда, бала кезімнің өзінде ондай кешірімшіл жайдақтығым жоқ еді. Қысас көрген, ызалы, бірақ шарасыз қазақ: «Аруаққа тапсырдым!..» – деген, мейлінше түңіліп. Ол кезде мұндай өреге жетпегем. Қисынсыз жәбір жүректің басына түйіліп қала берген. Ақыры, әсіре белсенділік құт әкелмепті. Тым көп ұзамай, отызға жаңа ілінген көкорай жасында мезгілсіз үзілді, жас балалары жетім қалды. Кесел де, қарғыс та емес, жазмыш болар…

Әжемнен соң

Біздің шаңырақтың ұйытқысы, құты – үлкен әжем екен. Мен үшін ғана емес, бүкіл әулет, алдын көрген, мейірін төккен барлық ағайын-туыс үшін.
Мінезі қатты, тіпті, әжем өткен кезде көңілі босамаған атам іштей қамыққаны сонша, түнере толқып, мүлде қатайып алды. Енді Ескі-жұрт, төрт қабырғада отыра алмай, ешкім міндеттемесе де, колхоз бастығына барып, қысқы отарда жатқан жылқыға сұраныпты. Үйде жалғыз қалған кіші әжем ескі жылдың ақырына таман, баяғы Бөжей атамның, бізден бес-алты шақырым жерде тұрған ата-мекені Қара-шоқыға көшіпті. Мұнда кешегі Нәби аға қыстап отырған. Бәйбішесі Кенже апа – әжемнің немерелес және жалғыз жақыны. Алдағы бір жарым-екі жыл бойы осы шаңырақпен бірге қыстап, жазда өз үйін тігіп, қатарлас қонатын еді.
Мен Мәлкен аға абақтыдан босап келгеннен соң бар шаруасы түзелген Еркесары тәтемнің үйінде тұрақтадым. Өздері де топты жан. Бұрнада салынған және кейінірек тұрғызылған, қарама-қарсы екі тамда жайыла орналасқан.
Жаз шыға атам жылқыдан босады. «Жаман үйде жалғыз шал» – ешқандай қисынға келмейді екен. Әсіресе қазақы ауыл жағдайында. Өмір өз ықтиярына жүргізді. Жақын ағайындардың араласуымен, жаңа кемпір алған. Бұл кезде атамның жасы алпыс бесте. Әлі де қайратты. Ал жаңа шешеміз – қырыққа жаңа енсе керек. Осы Дағандел-керей болысындағы ең дәулетті атадан шыққан ағайындас үш байдың бірі – Уызбайдың қызы екен. Он бес-он алты жасында әкесі кәмпескеге кесілген, бұдан соң таршылық, қиқалақ өмір. Тегіне тартқан, жақсы кісі еді. Әйткенмен, өткен өмір өзінің көлеңкесін түсірген, кейде әжептәуір жадырап, шай ішіп отырғанда, аяқ астынан өңі бұзылып, әрқилы мінез көрсете бастайтын. Бұрын біздің шаңырақ, тіпті, жақын туыс атаулы менің бетіме қарап отырар еді, енді мен әлдеқайдан адасып келген бейбақ кемпірдің райын бағуым керек екен. Түптеп келгенде, атамды ақырына дейін жақсы күтті, маған да ешқандай қысас, қиянаты болмады. Шамасынша кең, еркелетіп ұстауға тырысады. Тіпті, бастапқы күндері бір қой өткізіп, біздің ауылдағы бар баладан бұрын велосипед әперді. Әйткенмен, менің көңілімді өзімнің әжемнен басқа кім табар. Айтқыш, ашық, тіпті, далбырлақ мінезіне қарай, ауылда Айғай-апа атанған Балғайша әженің қолына, жинақтап келгенде үш-төрт ай ғана қараған шығармын. Соның өзі әрең өткеріліп еді.
Әжем кеткеннен соңғы жетіншінің үш тоқсаны, бұған жалғас сегізінші класс тұтасымен – түптеп айтқанда, 1953 жыл, ноябрден 1955 жылдың ноябріне дейінгі бүтін екі жыл – менің сексен жас, ұзақ ғұмырымдағы ең ауыр кезең болды. Қалай есен-сау өткергеніме қайран қалам. Әлбетте, бұл кезде, бұрнағыдай қара үзбегенмен, оқуда озықпын. Әдебиет тарабы, әрине, тым жоғары. Мен үшін мектеп оқуынан тыс, басқа бір сырлы әлем. Әйткенмен, бұрнада жазсам керек, бұл кезде мен тұрмыс таршылығы өз алдына, рухани тұрғыда қажи бастағам. Күнім өтпейді.
Оның үстіне, сегізінші кластан соң жаздық демалыста мен де ауылшаруашылық жұмыстарына жегілдім. Пішен жинау науқаны. Тырма айдаушы. Таң бозынан тұрып, күн шығар-шықпаста шаруа басына жету керек. Содан күн ұясына қонғанға дейін. Жұмысым ауыр емес. Сенен әлдеқайда әлсіз, тіпті, жасы кіші тағы қаншама бала жүр. Ұйқы қанбағаны ештеңе емес. Ең бастысы, бұл – еріксіз, зорлықты міндет еді. Яғни, мен ойша елестететін түрменің бір тармағы.
Шөп науқанында, жылдағыдай Нәби аға бригадир екен. Тағы екі-үш баламен бірге сол үйде тұрдым. Яғни, Кенже апамның қолында. Қарнымыз ашқан жоқ. Және қымыз да мол.
Кейінде ойлап тұрсам, бұл да бір өмір екен.
Азапты, ұзақ жазды өткердім. Алда – тоғызыншы класс. Одан әрі – оныншы. Бәрі бұлдыр. Қайткенде, жаңа өмірдің бастауы – тайғақ, одан арғы кең құлаш – күмәнді көрінген.

Көкжиек қайтадан ашылды
(Эпилог есепті)

Баяғыда, аға ұсталып кеткеннен кейінгі кеште аспандағы күн батыстан емес, шығыстан батып еді. Өмір мен өлім арасындағы, бар буыным құрыған, өзек өртеніп, ақыл-ойым шайқалған қалыпта тура жиырма күн төсек тартып жаттым. Одан бері күн – орнынан шығып, ай – орнымен батып жүрген. Бірақ менің көңілімде бәрі керісінше. Алайда, атамның сол алғашқы бір түнде көрген түсі – баяғыдан бақилық анасы Бәкізе: «Осыны тауысып іш» – деп қолына ұстатқан төрт бөлек шайдың жоруы бар еді ғой. Әуелде төрт апта, кейін төрт ай өткен. Енді төрт жыл таусылды. Ақыры, төрт жыл, төрт ай дегенде… сәуегей түс тұпа-тура шындыққа айналған. Барса-келмес Итжеккен, Поляр белдеуінің арғы жағында, алты ай қыс, қапас лагерь, терең шахта астында, ауыр азап арқалаған Мұқан аға аман-есен босап келді. Сталин өлгеннен соңғы жылымық кезеңде туған кеңшілік нәтижесі.
Үкімі шығып, айдалып кеткеннен кейінгі жазда алғашқы хаты жетіп еді. Атам мен әжем қуанды, әйтеуір аман-есен жүр екен, кебенек киген қайтып келсе несі бар, деген үмітпен. Кіші әжем аз-маз жадырай бере, дауыс салып жылап еді. Енді міне, көзімен көрді. Және атам. Қазан айының соңы екен.
Біраз бұрын бостандық алуға тиіспін деген хабары жеткен. Адам сенгісіз. Бұл да буалдыр түс сияқты. Енді міне, өзі. Таң қараңғысы, Еркесары тәтемнің үйі, бәрімізді оятып, әлдебір ағайын қуанышты хабар айтып келген. Еркесары тәтем, Мәлкен жездем үшеуіміз бірдей тезінен жеттік.
Аға мені құшақтай бауырына басып, әжептәуір тұрып еді. Ешкім жылаған жоқ. Күтпеген, төтенше қуаныш болса да. Таң ата, түске жетпей, өзіміздің Ескі-жұртқа аттандық. Әрқилы көлікті, он-он бес кісі. Жақын туыстармен қатар, тілектес ағайын. Бұлардың ішінде аудан көлемінде танымал, отыздың жуан ішіндегі Сабырқан, Әміржан деген еңселі, қайратты жігіттер бар. Және баяғыда ағаны Аягөзге апарып тапсырған, енді зейнет жасындағы Иманәлі дейтін мілиса да жүр. Еріксіз болса да айдауыл, өзін кінәлі сезінсе керек. Енді жалпы жұртпен бірге тойламақ. Ол замандағы қазақтың қалыпты дәстүрі. Өліп, қайта тірілген ағайын үшін қуанбасқа немене. Тіпті, екі-ақ жылға кетіп, ертеңіне оралған Мәлкен жездем келгенде әжептәуір думан болған.
Қой сойылды, қазан асылды, бұл кезде қазақ тұрмысына арақ-шарап та еркін араласа бастаған – шулы мерекеміз екінші кештен өтіп, үшінші күні әрең тарқаған.
Аға біршама жүдеу, әйткенмен, он екі мүшесі түгел, дені сау, соншама шытырманнан шыққанымен, мажырап қуанбады. Бұрнағы бұйығы қалпы. Тек қызыл-шырайлы жүзінде көлеңке бар. Және қабағы, бетінің әр тұсында тамырлы, жасыл таңбалар түсіпті. Шахтада істегенде, төбеден үзіліп, қапелімде тиген улы, ұсақ таскөмір ізі екен. Арада оншақты жыл өткенде әрең кетіп еді.
Аға маған қол сағат ала келген екен. Соңғы бір аптада, бостан болса да, шахтаға сұранып түсіп, азғана ақша тапқан. Енді арнайы базарлық. Ол заманда сағат – сирек, әрі қымбат дүние саналады. Көріскен беті, құшағын айырған кезде қолыма байлап еді. Неге екені белгісіз, екі-үш апта өткен соң өзіне қайырып, осы ауыл – Баршатас дүкенінен басқа бір сағат алғыздым. «Кама» деген. Әуелгіміз – «Победа» болатын. Немісті жеңген Жеңіс. Және қапас Итжеккенен келгені көңілде тұрса керек. Бекер болды, сақтап қою керек екен.
Лагерьден аман шыққан кісінің әуелгі қуанышына жалғаса, қазақтың жаппай шақыруы басталды. Бұл кезде мен өзіміздің үйде тұрам. Қонақтың ешқайсына ермедім. Тәтем екеуі ғана. Бірер ай мөлшерінде аға Баршатасты тауысып, ақыры Алғабасқа барып қайтты. Сол кезде ауылсовет төрағасы болып тұрған, шолаққол Қали деген азаматтың арнайы шақыруымен. Және өзі келіп, алдынан өткен екен. Сенің ұсталуыңа менің ешқандай қатысым болған жоқ, көңілің тазарсын, деп. Атап айтпаса да белгілі, анау кезде өз қарауында хатшы болып істеген Қожанның тыңшы, жалақор әрекетін жақсы білген. Осы Қали ғана емес, біраз жұрт, оның ішінде туған ауылына қайта көшіп келген Шайкен ақсақалдың үйінде мейман болып, көңілі өсіп қайтты. Ақыры, мерекелі екі ай, жаңа жылдан соң, үйреншікті мұғалімдік жұмысына қайтадан бекіді. Өзіміздің Баршатас мектебі, бастауыш кластардың біріне сабақ бере бастаған.
Мен, әрине, ауылдан келе сала, ағамның үйіне көшкем. Аға-жеңгесінің қолында кім тұрмайды. Оның үстіне, басқа ағаң болмаса. Арада ай өтпей, табиғи қалпымды таптым дер едім. Әлсіремесе де, сыр бере бастаған денсаулығым тезінен, біржола оңалды. Жүйке-жүрегім беркіді. Көтерілгенім сондай, енді математика сабақтарына айрықша көңіл бөле бастадым. Алгебра, геометрия, тригонометриядан, кезегінше, үйге тапсырмаға бір-екі есептен беріледі. Мен оқулықта арасына сына қалдырмай, бес-алты есепті қатарынан шығарып барушы едім. Мақтан ғой. Әйтсе де, арада ай өткенде, бос дарақылыққа балап, міндетті тапсырмамен ғана шектелетін болдым. Былайғы басты бағдар – әдебиет. Әдебиет болғанда, мектеп оқулығы емес, әлемдік классика. Қолжетім жердегі қазақша бұдан екі жыл бұрын тәмам болған. Енді орыс тілді кітаптар. Орыс қана емес әлем әдебиетінің озық үлгілері. Өкініш, кейіс те жоқ емес. Соншама жалқауланбай, тым құрса арғы жылы шындап кірісуім керек екен. Бірақ менен кінә жоқ деп, өзімді өзім жұбаттым. Жағдай, тұрмыс, ең бастысы – сынық көңіл аяғымды тұсап, артықша мүмкіндік қалдырмағаны рас.
Ақыры, оныншымыз да бітті. Біз – қатарлас оқыған Блок Шайкенов, Төлек Тілеуханов, мен және біздің топқа кейіннен келіп қосылған Рымғали Нұрғалиев – төрт бала алтын медальға ұсынылып едік. Обылыс орталығы Семейдегі тексерісте шалғайдағы Шұбартау баласы үздік оқуға мүмкін емес деп, орыс әдебиеті шығармасын «төртке» қайырған екен. Күміс медаль. Бірақ кемісі жоқ, Алматы мен Семей, тіпті, байтақ Советтер Одағының кез келген жоғарғы оқу орнына емтихансыз түсуге мүмкіндік беретін артықшылығы бірдей.
Сонымен, Алматы. Жаңа өмір, жаңа заман. Үлкен болашақтың әуелгі басқышы. Мен бірден-ақ Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне тапсырдым және арада апта өтпей, студент ретінде қабылданып едім. Тәңірінің әу баста сызып берген тура жолының түйінді бастауы.
Содан бері де қаншама өткелектен өтіппіз. Еңбекке, күреске толы, қиындық пен игілікке толы, бар мұратың орнына келген алпыс үш жыл. Енді, сексен жасымызда, ертегілік Америкада орнығып, бұлдыр-бұлыңғыр, қайткенде қимас балалық шағымыз туралы естелік жазып отырмыз. Өзіміз атқарған ұзақ жолдың әуелгі кезеңін таңбаға түсіріп қалу ғана емес. Кейінгі балаларыма ғибрат, жалпы жұртыма отарлық зұлмат дәуірдің бір тарап суреті үшін.
Осымен, бұдан жиырма төрт – жиырма екі жыл бұрын «Мен» деген ортақ атаумен алғашқы екі тарамы – «Шытырман» және «Қия жолдар» роман-дилогиясы әйгілеген, замана шежірелі ғұмырбаяндық толғау – таза мемуарлық тұрғыдағы естеліктер жинақталған кейінгі үш кітапқа ұласып, бес кітап – «Хамса» тақи тәмам болды.

10.ІІІ. – 18.VІ.2020,
Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

Комментарий (1)

  1. Reply
    Рая Жәлел қызыговорит

    Бір деммен оқып шықтым. Ұнады. Әр заманның өз сұрқұлтаиы бар деген. Аман болыңыз.Қаида жүрсеңіз де.

Пікір қалдыру