Мұрат Шаймаран. Өлмейтін тек – айдың әппақ сәулесі…

Ол

Сарғалдақ – көйлек, сарсан бір жандай күйге еніп,
Қасыма келіп отырды сәл-сәл именіп.
Алаулап оттай бұтағы билер шетеннің,
(мен-дағы бірге өртеніп кетер ме екенмін!?)
Екеуміз ғана.
самсаған орман, салқын бақ,
Күн құлар көктен шұғыласы күрең жалқындап.
Алыстан сонау сырнайдың үні сыңсыған,
Күрсінеді ол да,
мен де бір мұңға тұншығам.
Анары солған, бұрымы әнтек әсерлі,
Иісі аңқыр таң алды жауған нөсердің.
«Жалғызбын…» – дейді, бар ойы кеткен шайқалып,
Бұл сөзді маған көзімен мұңды айтады.
Басымды изеп боламын мен де келіскен,
«Жалғызбын…» – деймін, күбірлеп қана тек іштен.
Сүйегі сартап қураған кәрі қайыңның,
Іңірдің бұлты қанаты сынды уайымның.
…Сосын ол өксіп бүлдіршін қыздай жылайды,
Гүл теріп жүріп адасып кеткен сыңайлы.
Жұбатар едім, жетпейді дәрмен, әй, тегі,
Жанарымда лықсып қап қойған жасты қайтемін?!
«Есен бол!» – деймін,
Шаһардың жанған бар шамы,
Қолымды созам, сұп-суық екен саусағы.
Алдымда – соқпақ, қарағаш қалғып тұр өскен,
Соңымда – сұлба, кебісін сүйреп ілескен…
Қараша ғұмыр, біз солай болып туғанбыз,
Ізімнен менің жүреді еріп Күз – жалғыз.

Уақыт

Өлген жоқ асылып сағаттың тіліне,
Қалған жоқ көміліп шөптердің ніліне.
Ойлардың ішінде – есігін тот басқан,
Тұрған жоқ қамалып саңылау таппастан.
Жыққан жоқ теңіздің шу асау толқыны,
Өртеген жоқ тағы батқан күн жалқыны.
Өшкен жоқ сиқырлы бояулар соңынан,
Себебі, мен оған әр дәйім жолығам.
Келген жоқ адаммен, кеткен жоқ және еріп,
Моладай жаңарып немесе көнеріп;
Жатқан жоқ табытта сартап боп сазарып,
Болмайды ешқашан уақыттың ажалы!

Аспанның демінен мен оны сезінем,
Қарайды ол маған жұлдыздың көзімен.
Созылған шексіздік – тек оның сұлбасы,
Шуағын жұта алмас қараңғы түн басып.
Кейде Ол өнеді ағашта бүр атып,
Түн бойы сыбырлап алады жылатып,
ып-ыстық жасыммен сорғалап ағады,
Жүректің киелі қоңырауын қағады.
Секілді диуана тылсымнан оралған,
Айтады ең ұлы қайғыңды жоғалған.
Ескі бір өлеңнің оянып жұртында,
Ғаламның құбылған мінезі ырқында –
Жүр, әне, көшеде,
Алаңда,
Мүйісте,
Өмірдің тершіген маңдайын иіскеп.

Өлген жоқ асылып… жоқ тіптен мызғаған,
Қайтпас бір жақтарға аттанған біз ғана…

Қысқы түн

Жым-жырт дала, күртік қар,
Қашқан қоян ізі анық.
Ай астында бір түп тал,
Көрінеді ұзарып.

Сәттер үшін сәулелі,
Сүйем жайқын түнді мен.
Ымдай-ымдай әрнені,
Жұлдыз біткен мүлгіген.

Билер кенет жел тұрып,
Күміс қанат ұшқындар.
Менің де бір желпініп,
Асау шарап ішкім бар!

Құдіретті күшімен,
Кетеді еріп жан – мұздық.
Жанарымның ішінде,
Әнге салар Жалғыздық.

Асқақ, зарлы әуені,
Һәм тәкаппар мінезі,
Мынау кірсіз әлемнің,
Иесіндей бір өзі, –

Көкке шапшып дауысы,
Басып ғалам тамырын,
Төзімін бек тауысып,
Селк етеді Тәңірі.

Айқайлайды «бұл кім, – деп, –
Өңі суық, ойы – азғын?»
Жүрегім тұр бүлкілдеп,
Алақанында аяздың…

Жат бөлме

Жанарыңда жанған ошақ оты ойнап,
Сен отырсың.
бөтен бөлме… жат аймақ…
Дерттей ауыр дендеп алған білінбей,
Бір сағыныш оттың қызыл тіліндей,
Құшағына ап жүрек деген сәбиді,
Періштедей кірсіз тәнін қариды.

Ақшам нұрын аспан шайқап жіберген,
Көкке өрлейді түтін шашын мың өрген.
Екеуміздің көлеңкеміз жұпыны,
Бара жатыр қабырғаға жұтылып.
Сосын күңгірт сұлбалардай бұрышта,
Сұлап жатты ауыр-ауыр тыныстап.

Қашан есік қаққанынша таң қызы,
Жалын атып билер шарап алқызыл.
Тамбасын деп көзім жасы кесеге,
Қайта-қайта болам отты көсеген.
Қарағансып терезеге мен қырын,
Төгіп-төгіп алам жанның жаңбырын.

Шағылысып күміс сәуле әйнекке,
бұтағына бұлттың қонған Ай – кептер.
Төбемізде төніп тұрған түн – сылаң,
Аяз соғып сыртта қурай сыңсыған.
Әй, осы біз енді жылу таппаспыз,
Шам жағармыз, тіптен мүлдем жақпаспыз…

Желтоқсан. Дионис

Шарабыңнан құй кәні, о, Дионис, тымасыл,
Шақыр сұлу қыздарды (өзің кешір күнәсын)
Бүгін бізде желтоқсан – қар үстіне тамған қан,
Тамған қандай шашырап тарам-тарам жол қалған.

Кезіп жүрер көшені ой – қайыршы, сөз – елес,
Толтыр тағы!
Тәңірмен ақынмын ғой көзелес.
Бүгін бізде желтоқсан – аяз беті бек қиын,
Көзден аққан сорамыз көсемдерге көк тиын.

Шарап деген жұмақта өнген жүзім шырыны,
Күн күмбірі бар онда және теңіз шуылы.
Бүгін бізде желтоқсан демі суық ақпаннан,
Қолымызда – бос шөлмек, дорбамызда – қатқан нан.

Айтшы мынау тобырға, о, Дионис, түсіндір!
Жасадың ғой шарапты тек шайырлар үшін бір.
Бүгін бізде желтоқсан айбарлы һәм қайғылы,
Табандарда жаншылған азалы аппақ Ай гүлі.

О, Дионис, құй кәні, салтын тұтып сақидың,
Отан жайлы мен саған мұңды жырлар оқимын.
Бүгін бізде желтоқсан іші – жалын, тысы – өлік.
…Ащы жасты кесеге тамызып бір ішелік!

Пойызда

Қош айтып бір опасы жоқ отанға,
Шықсам деп ем оралмайтын сапарға.
Сені сүйем, о, пареллель рельс,
Таста мені бір қиырға апар да!

Діріл қағып боп-боз болған еріндер–
«Үйрене алмай кетті, – десін, – өмірге ол…»
Біздер жайлы сен айтарсың бір күні,
Төзімімдей тозып біткен, темір жол.

Арман қайда жаны – жалын, тәні – гүл!
Оны да отап тастар қоғам қолы кір.
О, парабоз, ышқынып бір тарт алға,
Батыс?
Шығыс..?
енді маған бәрібір!

Қызыл шапақ сіңіп қалған ымыртқа,
Шарап сынды төге салған түн ұрттап.
Бағаналар мелшиеді жол бойы,
Олар бізді әлдеқашан ұмытқан.

Адыраспан… жирен сары құм жалы,
Жылғалардан түн қарайды мұңданып.
Кімдер нені, кімге айтады, білмеймін,
Ызыңдайды тек телефон сымдары.

Бетховеннің еліте алмас әуені,
Ниценің де жоқ ешқашан керегі;
Өмір деген біз сүргеннен басқаша,
Онда тіптен бағыт та жоқ, себебі.

Құйрық-жалы өрттей жанып қашқан бұлт,
Қалды ма ұшан кеңістікте бос қаңғып?!
Ере берме елестей боп соңымнан,
Ақ сүйегі сартап болған Бостандық.

Тынбас деме тірліктің күй күмбірі,
Дәуір өтер, біз кетерміз бір күні.
Өлмейтін тек – айдың әппақ сәулесі,
Сөнбейтін тек – Тәңір текті күн нұры..!

Жапырақ

Сен де өлерсің, жапырақ, мен де өлермін,
Сені жұлып әкетер жел дегенің.
Мен өлермін ақылым толып тасып,
Жүрегіме сенбеген күн.

Сен де ұшарсың, жапырақ, мен де ұшармын,
Мекеніміз, бәрібір, жер құшағы.
Екеміз де баласы секілдіміз,
Уақыт дейтін шерлі шалдың.

Сен де үзіліп, жапырақ, мен де үзіліп,
Жазмышымызға қарайды ел қызығып.
Мен де өлермін ұмтылған ескі жырдай,
Сен де өлерсің, жапырақ – жалғыз үміт.

Сен де құлап, жапырақ, мен де құлап,
Сарала боп жатады жол қаңырап.
Сенсіз-дағы билейді ақ қайыңдар,
Менсіз-дағы тұрады сам жамырап.

Сен де солып, жапырақ, мен де солып,
Құрт кеміріп, маңдайдан пенде соғып.
Көркем болса, дүние жылы болса,
Қайтер еді?!
…өлмес едік!..

Музаға

Сонау сырлы түн түбінен
Немесе күн кірпігінен,
Айдың нұрлы жамалынан,
Таңғы шықтың жанарынан,
Және сұлу анарынан
Маған неге қарайсың, Сен?!

Ышқынғанда теңіз біткен,
Бұлттар аққан кеңістіктен,
Найзағайдың жарқылымен,
Бұ ғаламның бар тілімен,
Ащы айқаймен жан түңілген
Маған, сірә, нені айтасың?!

Жасыл таудың бөктерінен,
Қызыл жалқын от көрінген,
Шоқтай жанып ұшқындаған,
Феникстей ұштың маған.
Қызғаныштан іш тырнаған
Өлер екен қаншама ақын?!

Ескі кітап сөресінен,
Көз алмаймын неге осы мен?!
Сертің де – өлең, дертің де – өлең,
Һәм тәңірлік көркіңменен –
Жастай ыстық мөлтілдеген
Құлайсың кеп маңдайыма.

Біздің лашық іргесінен,
Жолдар жатыр түнге сіңген:
Ұсынатын маған уды,
Бірі емессің көп арудың,
Ізі де жоқ табаныңның,
Сен, япырмай, қайдан келдің?!

О, аяулым – ғажап аты,
О, азабым – тозақ отым!
Көтерілсін көкке денем,
Не бұйырсаң, өкпелемен,
…Кетпе менен, кетпе менен,
Кетер болсаң, өлтіріп кет!

Терезедегі қысқы сурет

Тереземе түні бойы аяз сурет салады:
Сүңгілі тал… өркешті бұлт… құстар қанат қағады.
Тоғай мүлгіп кірпігінде мөлт-мөлт етіп ақ маржан,
Қасат қарды бұза төмен жылқы қайтар қапталдан.

Ал, анау ше? –
Атшана ғой әкем айдап баратқан,
Жентек-жентек қасат қарды ат тұяғы боратқан.
Таудың жаяу борасыны аш бөрідей жиі ұлып,
Әлде қайда асығады ол бишігін шарт үйіріп…

Мүмкін зерлі тақияның үкісі ме шоқтанған?
Қалқатайдың ғашық хаты тереземе кеп қонған?!
Тағдырымның жолы ма екен мың тараулы, шиырлы,
Диуана ма шашы ағарған, алқам-салқам киімді?

Ай ма деймін бозаңданған, ақша жүзі қыраулы?
Мұңды-салқын дауысымен бастамақ па бір әнді?!
Әлде елес пе бар бейнесі қалып қойған әйнекте,
Періште ме биге басқан ләлә түстес көйлекпен?!

Туған үйдің түтіні ме қалған көкке асылып?
Тәңірінің үкімі ме жеткен мөрі басылып?!
Түсінетін болармын мен…
түсінбейтін шығармын,
Сырлы-сырлы жазуларды оқуға бек құмармын!
Қиыр жаққа телмірумен өткіземін әр кешті,
Сан жылдардың қойнауында сағынышым қалды ескі.
Тереземе кім салды екен тағдырымның өрнегін?!
Алыстағы ауылымның бейнесіндей ол менің…

Күздің айы

Зарлығын-ай ақшамда жел – қобыздың,
Аңсары бар аспанда жердегі іздің,
Күз дегенің сағыныш болса бар ғой,
Ендеше, мен де күзбін.

Аласұрып боз жусан белге шықтым,
Қайта айналып кеткен қаз келмес, ұқтым.
Ғұмыр деген таңғы шық болса бар ғой,
Мөп-мөлдір мен де шықпын!

Бұлттай қалың жүректің сыздар мұңы,
Сүйіп еді-ау сәуірдің бізді аруы…
Көздің жасы таматын болса бар ғой,
Мен бе?
Мен – күз жаңбыры.

Жапандағы жанымның бөрісі ұлып,
Күрсінеді Алматы демі суық.
Жапырақ менің кезбе тағдырым ғой,
Баратқан жел ұшырып.

Селт етпес Алатаудың мұз құдайы,
Басар ма бауырына бізді ұдайы.
…Тұр ма екен Қызылимам иығында,
Мен сүйген күздің Айы.

Құлпырмас баяғыдай гүлдің де өңі,
Ақынның жадау жанын білдің бе, елі?!
Дүние аппақ-аппақ құсқа айналып,
Қыс болып қала берем бір күндері…

Қысқы ауыл. Оңаша үй

Дала да әппақ, ақшам да әппақ…
Күй бөлек!
Бар тыныштық тынып қалған үйге кеп.
Қалқатайдың есігіне асылған
Тек борасын кінәмшіл һәм күйгелек.

Кеш қабағын алғандай ма бір шытып?!
Ай бетінде ұйып қалған түн сүті…
Сартап болған сүйектері сықырлап,
Кәрі қурай әндетеді сыңсытып.

Бозаңданып жатқан жота сұлбасы,
Қар астынан ыңыранар, тыңдашы!
Терезеге телміреді көп жұлдыз,
Әлденені сыбырлайды ымдасып.

Лап-лап етіп булығады пештегі от,
(Біз де солай жалын атып өскен ек…)
Қыз отырар қызыл орамалының
Жиектерін зерлі жіппен кестелеп.

Жыр ма мұңды, бір ғажайып діріл ме?!
Жазады қыз оны кесте тілінде.
Бұл ғаламның барлық ынтызарлығы
Тұнып қалған білте шамның түбінде.

Қыр астында ат пысқырып, ит үрген…
Күтер сұлу енді қандай сый түннен?!
Неткен әсем едің, қоңыр тіршілік,
Оһо, жүрек, сен де неткен қиқулы ең..!

Шарапханадағы утопия

Алдымдағы көзені бір тауысып,
Кетсем, шіркін, зеңгірге шырқап ұшып!
Алматының аспанын шыр айналсам
Шуылдаса есінен жұрт ауысып.

Лап-лап етіп жанымда қоздап отым,
Әсем-әсем қақтырсам сөз қанатын.
Бұл Қазақта тек қана өзім болсам,
Ай бетіне есімін жазған ақын.

Жүзсем көкте кеудемді жұлдызға ашып,
Екпінімнен ығысса шың-құз қашып.
Қолын бұлғап төменде жасын бұлап
Қала берсе телміріп мың қыз ғашық.

Дәргейіне Тәңірдің дертім жетіп,
Қарауылдар болмаса еркімде түк.
Шақырып ап ең ұлы шайырларды
Құйсам бейіс шарабын мөлтілдетіп.

Алауласа әр таңда күн басымда,
Таси берсе несібем бір басылмай.
Төгілсем ғой жарлының қалтасына,
Бұхараның саф алтын ділдасындай.

Сарайларын патшаның кекке жерік,
Мансұқтамай, масаймай өткен едік…
Қаламымның ұшынан жұпар аңқып,
Бара жатса әр үйге көктем еніп!

…Ақшам түсіп келеді саясы – күз,
Өмір сүре алмаспыз, әй, осы біз.
«Артық ішіп қойдыңыз, төлей алмай
қаласыз…» – деп кейиді даяшы қыз.

Пікір қалдыру