Мәриям ХАКІМЖАНОВА. МҰРЫН ЖЫРАУ

 

Мәриям ХАКІМЖАНОВА

Мәриям ХАКІМЖАНОВА

Сеңгірбекұлы Мұрын (шын аты Тілеген) жыраудың дабысын бұдан 47 жыл бұрын естіген едім. Ол былай болды:
1939 жылдың жазында Қазақстан Жазушыларының II съезі болды. Осы съезде отызға жасы жаңа толған Әбділда Тәжібаев Жазушылар одағының бірінші бастығы болып сайланды. Съезге Москва делегаттарын басқарып Леонид Соболев жолдас келді. Съездің қаулысы бойынша одақтың құрамында мынадай тоғыз бөлім құрылды:
I – поэзия бөлімі, 2 – проза бөлімі, 3 – драма бөлімі, 4 – аударма бөлімі, 5 – жас ақындар бөлімі, 6 – орыс әдебиеті, 7 – балалар әдебиеті, 8 – ұйғыр әдебиеті, 9 – Соболевтың ұсынысы бойынша Жамбыл бөлімі жаңадан құрылды. Бұл бөлімнің бастығы етіп Иса Байзақов ағайды сайлады да, мені соған көмекші етіп бекітті. Бұл бөлім кейін келе халық ақындары бөлімі болып аталып кетті.
Съезге әр елдің атақты халық ақындары арнайы түрде шақырылған. Солардың бірі Гурьевтен Сәттіғұл Жанғабылов деген қарт ақын келген. Мен сол келген ақындардан еліндегі ақын-жыраулардың аты-жөндерін сұрастырып, тізімге ала бастадым. Себебі: Жамбыл бөлімінің атақ-даңқына лайық толықтыру керек. Бір кезде Сәттіғұл ақсақал келіп Орал-Гурьев маңындағы ақын-жырауларды, күйшілерді, әншілерді атап тізімге жаздыра бастады. Бір кезде ол кісі шошынғандай:
– Ойбай, ең мықтысын, ең жүйрігін ұмытып барады екенмін-ау. «Қырымның қырық батырын» қырық күн талмай жырлайтын атақты Сеңгірбекұлы Мұрынды жазшы, шырағым. Ол кісі қазірде сексенге келіп қалды. Бірақ шымыр. Ақыл-есі дұрыс. Сымбатты, бойы әлі де тіп-тік, иілген жоқ. Мен осы жасымда хат танымайтын қарадан шыққан ондай зерделі, алғыр, ұғымтал жүйрікті көрген де емен, естіген де емен. Біз ақын болсақ ескіше оқып хат таныдық. Жаза білдік. Кітап оқыдық. Ал Мұрын болса елуден астам батырлар жырын аузымен теріп, өміріне өзек еткен дарқан жан. Ерінбей-жалықпай сайраған бұлбұл десем де болады, дүлдүл десем де болады. Мұрын жырау келіпті дегенді естісе ат жетер жердегі елдің жыр құмарлары айлап жатып жыр тыңдағанын көзіммен көрдім. Оның жыр айтқандағы үнін, екпінін, тебіренісін басқа жыршылардан естіп көргенім жоқ. Мұрынның бір ғажабы тыңдаушыны біржола сиқырлап тастағандай өзіне табындырып, ынтықтырып отыратын қасиеті күшті. Оның жырларын тыңдағанда көктемнің самалына кеудеңді ашып отырғандай рахаттанасың, сүйсінесің, – дегені күні бүгінге дейін есімде ұмытылмай қалды. Міне, Мұрын жыраудың даңқын 1939 жылы осылай естіп, көрсек-ау деп армандағанбыз.
Съезден кейін атақты халық ақындарына арнайы түрде хат жазып, еңбектерін, өмірбаяндарын, тұрақты адрестерін сұрадық. Аздан кейін ақындардан келген хаттар, материалдар бұршақтай жауды. Оларды тізімге алып, бас-басына папка ашып, тәртіпке келтірдік. Бірақ Мұрын жыраудан хабар-ошар болмады. Отан соғысына дейін ақындардың ұзын саны екі жүзден асып кетті. Олардың ішінде «Жартыбай тобына» жататындар да аз емес-ті.
Ақылдаса келіп Сәттіғұл ақынға қайта хат жаздық. Мұрын жыраудың өлі-тірісін біліп, тауып беруге көмектесуін өтініп сұрадық. Ол хатқа Иса мен Есмағамбет Ысмайыловтар қол қойды. Ұзақ уақыттан кейін 1940 жылы жауап алдық.
«Мұрын жырау тірі. Осы жылдың басында жыраудың жасы сексенге толған екен. Соған байланысты Қырғыз, Қара-қалпақ, Түрікмен, Тәжік, Бұхара, Хиуа, Майрамәлі, Астрахан жағындағы ілік-жұрағаттары мен достары қонаққа алып кеткен екен, содан әлі оралмапты» депті. Ол екі арада 1941 жылы Отан соғысы бұрқ ете түсті де, «балапан басына, тұрымтай тұсына кетті». Бәрі де жайына қалды.
1942 жылы соғыстың түтеп тұрған кезі. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген қасиетті ұран Отанымызды он екі қабат орап алды. Иса ағай бастықтықты маған тастап, майдангерлерге көмек жинау үшін өз алдына топ жинап, ел аралап кете барды. Иса ағай сияқты, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов та бір топ өнер адамдарын бастап ол да аттанды.
Мұрын жырауды талмай іздеген, ұмытпай-жалықпай сұрастырған, талай адамдарға өтініш хаттар жазған, оған екеуіміздің қолымызды қойдырып жіберетін де Есмағамбет болатын. Ол Жазушылар Одағы мен Академияның тіл-әдебиет бөлімі атынан Маңқыстау ауданы басшыларына хат жазып, Мұрын жырауды тауып, тезірек Алматыға жеткізіп берулерін өтінген еді. Ұзамай хабар келді.
«Қасына кісі ертіп жақында поезбен жібереміз» депті. Есімнің қуанышында шек жоқ. «Қырымның қырық батырын» жыраудың өз аузынан жазып алу қандай тамаша, қандай байлық, қандай бақыт!» – деп өз-өзінен мәз болатын. «Жазып алу үшін тек жақсы ақындар керек. Ақындарымыздың көпшілігі майданда жүр. Олардың келуін күтетін уақыт жоқ, жырау сексеннен асып кетті. Өстіп жүріп дариядай шалқыған байлықтан құр қалып қоймасақ жарар еді» деп уайымдайтын Есекең кейде: «Апатай, енді бар салмақты өзің көтеретін боласың» деп ақырын жымиып, маған ойлана қарап қоятын.
Мұрын жыраудың келетініне көзіміз жеткен соң Жазушылар одағында шағын жиын болды. Онда Есмағамбет қысқаша хабарлама жасады. Жыраудың келуіне дайындықтың өте қажет екенін айта келіп, мынадай ұсыныстарды атап көрсетті:
Біріншіден – жыраудың түсетін үйі керек.
Екіншіден – азық-түлік мәселесі қиын уақыт, оны қайдан алу керек? Өзі жүдеп-жадап келе жатқан қартты жақсылап тамақтандырып, мәпелеп күтіп бақпасақ одан түк те ала алмаймыз.
Үшіншіден – мезгілінде тамақтандырып, кір-қоңын жуып тұратын қазақ әйелінен күтуші керек.
Төртіншіден – жыраудың өзіне де қасындағы жолдасына да күтуші әйелге де айлық төлейтін қаржыны Совминнен сұрау керек.
Бесіншіден – жырауды үкімет емханасына тіркету керек. Жасы жетіп отырған қарт ауырып-сырқап қалса кім бағады, кім күтеді?
Ендігі бір сүбелі мәселе жыраудың жырларын жазып алатын ақындар туралы. Халық ақындар бөлімінде жалғыз Мәриям. Жалғыз адам 50-60 мың жол жырды қарттың аузынан қолмен жазып алуы мүмкін емес. Сондықтан Сапарғали Бегалин мен Жақан Сыздықовтарды шақырып едім. Екеуі де ат-тондарын ала қашты. Ал, жыраудың өмірбаянын толық етіп жазып алуды Бозтай Жақыпбаев ақсақалға тапсырамыз. Қосымша етіп Мәриям Исаеваны бекітеміз. Ол мүмкін болса стенограммамен жазып көрер. Жазылып алынған дүниелерді машинкаға басып отырар. Жазып алатындарды басқарып бақылап отыратын Есмағамбеттің өзі болды.
Жыраудың күтіміне байланысты қажеттің бәрін айтып Жазушылар Одағы мен Тіл әдебиет институты атынан зор өтінішпен Совминнің бастығы Оңдасынов Нұртасқа хат жазып, көмек сұрады. Ол хатқа жазушылар бастығы Ә.Тәжібаев пен тіл-әдебиет институты бөлімінің бастығы Н.Сауранбаев қол қойған болатын. Мың болғыр Оңдасынов сұрағанның бәрін де қабылдап совет үйінен жырауға деп екі бөлме босаттырды. Азық-түліктің бәрін Совминнің базынан алатын етіп бастығы Бапкинге ерекше тапсырма берді. Сұрағанның бәрін босатқан соң арқамыз кеңіп тыныстап қалдық.
Кезі келгенде айта кетейін:
Оңдасынов жолдастың қазақ әдебиетіне ерекше жаны ашитын азамат еді. Мұрын жырауға көрсеткен құрметті Нұрпейіс Байғанинге, Омар Шипинге, Шашубай Қошқарбаевқа, Нұрлыбек Баймұратовқа, Нартай Бегежановқа, Кенен Әзірбаевқа да көрсетті. Соның арқасында Нұрпейіс ақын тарихи тақырыпқа «Нарқыз», «Ақкенже», «Қобланды» жырларын берсе, Ұлы Отан соғысы туралы «Жиырма бес» деген поэмасын алғаш рет мен жазған едім. Оман Шипин (Аманкелді батырдың сарбазы) «Аманкелді батыр» поэмасын осында жазды. Нұрлыбек Баймұратов ақын азамат соғысы туралы «Қанды жорық» поэмасын осында жазды, төрт ай дегенде аяқтаған болатын. Кенен Әзірбаевтың азамат соғысы туралы «Әли батыр», «Қырғызбай батыр» деп аталатын екі поэмасын мен жаздым. Нартай Бегежанов ақын өз еңбектерін араб әрпімен жазып әкеп тапсыратын. Міне, жоғарыдағы аты аталған ақындарға «Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне еңбек сіңірген қайраткер» деген атақты осылай алып берген болатынбыз. Міне, жақсы жанашыр басшы Ондасыновтың қайырымдылығының арқасында әдебиетіміздің алтын қорына осындай сүбелі тарихи еңбектердің қосылғанының айғағы болдым.
Ұзамай Мұрын жырау да келіп қалды. Құрметтеп қарсы алдық. Қапсағай келген ашаң жүзді, қарасұр кісі болатын. Сақал-шашы бурыл тартқан. Мен көргенде 82 жаста болатын. Көп шешіліп сөйлемейтін сабыр иесі адам еді. Ол кісі насыбайды аузына салмай мұрнымен тартатын. Осыған орай мына бір жағдайды айта кетейін.
Бір күні жырау: – Шырағым үйің базарға жақын ба? – деп сұрады. Онша қашық емес, – дедім. «Ендеше балалардың бірін жіберіп маған насыбай ала келші ертең» деді. Ертеңіне базарға өзім барып қағазға түрген бір бөлек насыбай сатып алдым. Келгеннен кейін жырауға беріп едім, қағазды ашып қарап отырды да:
– Мынау насыбай ма, балам? – деді.
– Иә, ата, базардан өзім барып алдым. Сол жердегі үлкен кісілерден сұрап едім бәрі де мақтады. «Мұны ширатпалы насыбай деп дәріптеді» дедім. Жырау олай қарады, былай қарады да «тышқанның қиы сияқты домалақ екен. Мұрынға тартсам болмай тұр» деп ақырын жымиып тастай салды.
Мен ыңғайсызданып қалдым. Жыраудың қасындағы балаң жігітке насыбайды көрсетіп – біздің үйде насыбаймен әуестенетін адам жоқ еді. Базардан өзім барып-ақ алып едім. Сол жерде отырғандар «ең жақсы насыбай шырағым. Бұл тек жақсы темекінің жапырағынан ғана жасалған деп мақтауын жеткізіп еді, бірақ атайға ұнамады» дедім. Пысық бала: «Апай үндемеңіз. Мұны мен қазір шал жарататын ғып беремін» деп дөңгелей жөнелді. Бір кезде сексеуілдің күлін тауып әкеліп, қураған гүлден босаған кішкене құмыраға салып, атайдың таяғымен қайта үгіп еді, әлгі қиыршықтар араласып, майдаланып кетті. Мүйіз шақшаға салып, атайға апарып берді. Жырау балаша қуанып «Мұрным қаңсып отыр еді, жақсы болды ғой» – деді құшырлана тартып, құмардан шыққандай.
Жырауды анда-санда Есмағамбет машина тауып әкеліп, қаланы аралатып, көрнекті жерлерін көрсетіп, бойын сергітіп, көңілін көтеретін. Шақырған үйлерге қонаққа ертіп апарып жүрді. Оншақты күн өткенде, жырауға бөлінген адамдарды бастап Есекең жыраудың жатқан жеріне келдік. Әлі есімде Хажым Жұмалиев те бізбен бірге барды. Сәлемдескеннен кейін Есекең алдымен Хажымды жырауға таныстыра келіп:
– Бұл жігіт біздің мықты ақынымыз, білгір ғалымымыз. Өзіңіздің жерлесіңіз, кіші жүздің баласы, атақты Исатай-Махамбеттердің зерттеушісі. Сонымен қатар Махамбеттің барлық өлең-жырларын түгелдей жатқа біледі. Абай атындағы мұғалімдер даярлайтын институттың аға оқытушысы – деді.
Жырау кәдімгідей жадырап, Хажекеңнен аты-жөнін, елдің, жердің жағдайын, азаматтар туралы сұрастыра бастады. Исатай мен Махамбет туралы өз білгендерін де айтып ортаға салды. «Шіркін Махамбеттің сөздері ақ алмастың жүзіндей, ақ найзаның ұшындай сілтегенге дәл тиеді ғой» деп жырау сүйсіне мадақтар еді.
Хажекең – Махамбет нағыз кедей табының ақыны дей келіп: – Жәңгір ханның ордасында отырған билер мен бектер:
«Ел басқаратын білікті адамдар ақсүйектер тұқымынан, текті тұқымнан шығады» дегенде Махамбет жұлып алғандай:
«Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десе нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз»
деп тұрып шығып кетіпті – дегенде жырау: «Сабаз-ай» деп таңдайын қағып-қағып қойды. Жырау Хажекеңе қарай жақындай түсіп: тағы-тағы бір үзінді айтып берші шырақ, өзіңнің де, даусыңның да пісіп жетіліп тұрған шағың екен деп жадырап кетті.
Хажекең:
– Махамбеттің тапқырлығына, батылдығына, ақындығына қызыққан Жәңгір хан қалайда өз жағына тартуға әрекет жасайды. Мұны байқап қалған зерделі, кекті ақын орайы келгенде Жәңгір ханға тік қарап:
«Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпандарың басқа ұрсын.
Хан емессің ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің аярсың,
Айыр құйрық шаянсың» – деп ордадан шығып кетіпті деп Хажекең төгіп-төгіп жібергенде жырау қанатын қаққан бүркіттей сілкініп қалғандай болды.
Бұдан кейін жырау біздің жүмысымызға бәлендей шешіліп жадырай қоймады. Жырауды сөйлетем деп Бозекең біраз айналдырып еді, оған жырау көне қоймады.
«Бүгін басым ауырып, еңсем түсіп отыр. Қайта мына азаматтың жүйелі сөздері жүйкемді бекіткендей болды. Былайда сөзге шешен кісі емеспін. Жасымнан жолдас болған жырды да үзбей, күн-түн демей қырық жасыма дейін ғана айттым. Қырықтан асқан соң қайғы-қасіретті көп көрдім. Соған байланысты жеті атамның кәсібі болған ұсталық пен зергерлік өнеріне көштім. Ал шынымды айтсам мен тек жаттанды жырлардың аузын буған қапшығы сияқтымын. Сол жиған-тергендерімді шашып-төгіп алмай сақтасам болды деп жүрген жанмын ғой балалар» дегеннен аспады.
Жарқын жүзді, өткір тілді Хажекең мен Есім екі жағына отырып алып: «Қадырлы қартымыз, үнемі кездесе бермейміз ғой, көпті көрген, көп жақсыларға жолдас болған, көп елді аралаған адамсыз. Көп халықты аузыңа қаратқан жыршысыз. Бізге тек өзіңіздің өміріңізден әңгіме айтып берсеңіз болғаны. Өзіңіз пір тұтқан ұстаздарыңыз туралы аралаған елдеріңіз бен жүрген жерлеріңіз туралы айтсаңыз тіпті жақсы. Бізге айтқандарыңыздың бәрі де хатқа түседі. Ол сөздеріңіз тарих бетінде сақталады» – деді.
Жырау сәл ойлаңқырап алды да, тақиясын маңдайына қарай еңкейте киіп сөйлеп кетті:
– Мен 16 жасыма дейін әкемнің көрігін басып, шаруасын қарадым. Менің Төлеген деген жалғыз ағам болды. Ол да ұсталық-зергерлікті кәсіп етті. Он алтыға жасым жеткенде мені үйлендірді. Сол кезде әкем аурушаң болатын. Ол кісі көбіне ат тағалайтын, айбалта, қылыш, қанжар, кездік, жеке ауыз мылтық, орақ, балта, пышақ, қасқыр шоқпар1 сияқтыларды соғатын. Сабын өрнектеп, бірнеше тілді бәкі соғып достарына сыйға тартар еді.
Зергерлікте: сақина-жүзік, білезіктер, сырғалар, үкі аяқ-тамыршылар неше түрлі ілгектер-алқынбаулар, алқалар, ноқталы қозалар, ноқталы ақықтар, күмістен құйған түймелер соғатын. Қыз ұзататын байлар, келін түсіретін адамдар неше түрлі тапсырыстар беріп әкемнің есебінде кезекте тұратын. Өстіп еңбегі мен өнерін қызықтап жүрген әкем менің 17 жасымда дүние салды. Әкемнің орнын Төлеген басты. Төлеген намысқор табан ақылына мықты адам еді. Әкемнің ұста дүкенін де, жалпы шаруамызды да меңгеріп аздырмады. Әкеммен араласқан дос-жарандардан қол үзбеді.
Мен тиіп-қашып жүріп ұсталық-зергерліктің бар құпиясын үйреніп алдым. Жас кезім ғой көрікті басып, қызыл шоқты жайнатып қойып өлең айтып, ән шырқайтын көрінем. Оны өзім байқамайтын болсам керек. Өткен де, кеткен де ұста дүкеніне соқпай кетпейтін. Сөйтіп жүріп әнші-жыршы бала атанып кеттім. Ат жетер жерде тойлы думан болса, маңайдағы елдер әдейі кісі жіберіп шақыратын болды. Еш жерде оқымаймын, хат танымаймын. Біреуден жақсы әңгіме, жақсы жыр, жақсы ән, жақсы күй естісем, соны жеріне жете үйренбей қоймайтын едім. Ондай өнерді үйрену үшін талай күн, талай түнді үй көрмей өткізем.
Менің бұл жүрісіме жас жұбайым Дәметкен де, ағам Төкең де наразы. Кейде ағам:
– Әй, бала! Сен бұл жүрісті қашан қоясың? Жеңгең мен Дәметкенге көрік бастырып қойып, өзің сұқсырдай сұңқылдап, ел кезіп жүре бересің бе? Ертең қартайғанда жыр да тозар, дауыс та кетер, сонда бала-шағаңды немен асыраймын деп ойлайсың. Еріккен жұрттың «Ой пәли!» дегеніне желігіп, әуейіленіп кеттің! – деп ұрысты. Содан кейін бір-екі айдай үйде болып, едім жер-көкке сияр емеспін. Сөйтіп жүргенде ауылға Мәулемберді Үдербай баласы деген жырау келіп сонымен танысып алдым. Ол кісі үлкен жыршы адам еді. Соған еріп кете бардым. Оның қасында бір жыл жүріп әртүрлі жырлар, термелер, айтыс өлеңдерді үйрендім. Менің орындау шеберлігіме бірінші баға берген сол кісі еді.
18 жасымнан бастап біржола өлең-жыр айтуға кірістім. Менің әсіресе көп еріп, жыр үйренген ұстаздарым адай, беріштен шыққан атақты жүйріктер Нұрым, Қашаған, Мұрат деген ақын-жыраулар, 20 жасымда Нұрым ақынның қасында жарты жыл жүріп жыр жаттадым. Ол кісіден үйренген жырларым:
«Ала тайлы Аңшыбай батыр», оның ұрпақтары: «Баба түкті Шашты Әзиз», оның баласы «Парпария батыр», «Құттықия батыр», «Едіге батыр», «Нұрадын батыр», «Мұсахан батыр», «Орақ-Мамай батыр», «Қарасай-Қази батыр». Осы аталған тоғыз батырдың жырын күн-түн демей жарты жылдың ішінде жаттап та, айтып та үлгірдім. Әрбір жырды жаттағаннан кейін Нұрым ақын менің үнімді, жыр айтудағы екпінімді, сөз мәнерін қалай орындауымды кәдімгі оқытушылар сияқты тексеріп, жақсы жағыма қуанып, жетпей жатқан жағыма көмектесер еді. Өз сынынан өткізіп алғаннан кейін топ-жиынға апарып салар еді.
Қашаған ақынның қасында бес жыл бойы еріп жүрдім. Анда-санда үйге келіп, көмектескен болам да, жөнімді Дәметкенге айтып түсіндіріп, қайта кетем. Қашаған ақын әрі келбетті, әрі сұсты кісі болатын. Ол кісіден мына жырларды жаттадым: «Қыдырбайұлы Қобланды батыр», «Шынтасұлы Төрехан батыр», «Әмет батыр», «Алау батыр», «Көкше батыр», оның баласы «Қосай батыр», «Асан қайғы аңызы», оның баласы «Абат батыр», Асан-қайғының інісі «Тоған батыр», «Манашы батыр», оның баласы «Тұяқбай батыр», «Айса ұлы Ахмет батыр», «Қарға бойлы Қазтуған жыры». Түрікменнің атақты жыры «Көрұғлы батыр». Осы он төрт батырдың жырларын жаттап үйрену, ұстазымның ойынан шығу маған да оңай болған жоқ. Қашаған ақын да Нұрым ақын сияқты жаттаған жырларды бірнеше күн домбырамен қайталап айтқызып, әрбір жырдың айту сарынын, сөздің тыңдаушыға анық жетуін қадағалап отырар еді. Әсіресе «Көрғұлы» жырының мақамын өзі бірге айтып, жан-жүйеңді тебрендіріп жіберетін-ді. Ол кісінің үні әрі сазды, әрі сұлу болатын. «Домбыраның үнін өз даусыңмен жетектеп отырсаң сонда ғана тыңдаушың сүйсініп, құмартып, ұйып тыңдайды» деп үйрететін де. Сол дарын иесі дариядай ақтарылған ұстаздарым маған жыр байлығын ерінбей-жалықпай кеудеме құйып беріп кетті.
Мұрат ақыннан мынадай батырлардың жырларын үйрендім: «Қарадөң батыр», оның ұрпақтары: «Жұбаныш батыр». «Сүйініш батыр», «Төгіс батыр», «Тама батыр», «Тана батыр», «Нәрік батыр», «Шора батыр», «Кұлыншақ батыр», «Ақжонас батыр», «Кеңес батыр», «Жаңбыршы батыр», оның баласы «Телағыс батыр», «Оғыз батыр» жырларын үйреніп жаттадым. Осы он төрт батырдың жырын құмарлана, ат бергендей қуана, ынтыға үйрендім.
Маған жыр үйреткенде Мұрат ақын екі түрлі әдіс қолданды. Бірінші әдісі: – Ол кісі етікші болатын. Ұсақ-түйек жұмыстарын маған істетеді де, өзі тігін тігіп отырып, айтылатын жырдың шығу тарихын маған түсіндіріп айтып береді.
Содан кейін: – Ал, бала енді дайындал, жыр толғауына ілесіп отыруға әзір бол – деп ескертеді. Бір кезде әдемі жұмсақ қоңыр дауыспен сайрай жөнелер еді. Мен ақынның ырғағына ілесіп, іштей қосылып отырамын. Бұл әдісті көбіне қысты күні қолданар еді. Ал, жазды күні шөп шабу, егін ору, жылқы бағу сияқты жұмыстарды жақсы көретін. Ондайда мені қасынан қалдырмайтын. Кең сахараға шыққан соң ақын ерекше көңілденіп, масайрап кетер еді. Даусы да шабытты, тартымды болып шығатын.
– Бүгін мынадай жырды бастаймыз – деп тағы да айтылмыш жырдың тарихын қысқаша айтып береді де, жыр тиегін ағытып, аңырата жөнеледі. «Үніңді шығарып, маған қосылып отыр!» – деп ескертіп алатын. Мен де ақын сынынан өту үшін барымды салып бағамын. Бір кереметі, жыр айтқанда әр сөзін сабырлы, салмақты, терең ойлы «тыңдасаң да тыңда, тыңдамасаң да – тыңда» дегендей шегелеп, шегендеп айтар еді. Менің бір байқағаным, қыстай үйде отырып үйренген жырларымнан гөрі сахарада жүріп үйренген жырларды тез айтып жаттығып кеттім.
Мұрат ақын алдына жан салмаған орақшы болатын. Белорақпен шөп шапқанда соңына ергендер ала өкпе болып қабынып, алқынып, терлері шұбырып көздеріне құйылатын да, көш жерде қалып қоятын. Ал ақын орақтың шөпті қырыққан сырылына қосыла отырып, жыр шумақтарын шұбыртып айтып барады. Бір ғажабы оның шапқан шөбі жырдың жолындай дестеленіп, жігін жазбай шашылмай, төгілмей тақталанып түсер еді. Анда-санда орақты ауық-ауық жанып алып, айран ішіп сусындап алғаннан кейін жейдесін шешіп басына орайтын да, қайта сілтеп жөнелер еді.
Демек мен Мұрат ақыннан тек қана жыр үйреніп қойғаным жоқ, сонымен қатар еңбеккерлікті де үйрендім. Қамқорым болған ақынға еріп жүріп шөп те шаптым, егін де ордым, бау да байладым, жылқы да бақтым. Менің жоғарыда аттары аталған ұстаздарым тіл алғыштығыма, зеректігіме, алғырлығыма, ұғымталдығыма қайран қалар еді. Қандай ұзақ жырларды үш қайтара тыңда­ғаннан кейін, өздеріне домбыраға қосып түгелдей айтып беретін едім. Күндіз қолым еңбекпен жарысса, көкірегім күндіз-түні жыр ағынымен жарысар еді. Соған ұстаздарым қуанып: «Сенің иең бар жыршысың» деп бағалар еді. Жаттап үйренген жырларымды ай бойы айтқызып тыңдап, сарапқа салар еді. Нұрым, Қашаған, Мұрат ақындардан үйренген отыз алты жырдың, отыз алты мақамы бар. Әрбір жырды өзіне лайық әртүрлі сарынмен айтсаң тыңдаушылар жалықпай, құмарлана тыңдайды деп үйрететін де солар болатын.
Иә, сөзімнің басында жасымнан ел кезіп жүріп жолдас болған жыршылық өнерді қырық жасымнан бастап сиреттім де, ата-бабама қонған ұсталық-зергерлікке көштім дедім. Енді соның себебін жүйелеп түсіндіріп кетейін.
Менің алғашқы қосағым Дәметкенмен 32 жыл оттастым. Одан үш ұл бала, үш қыз бала сүйдім. Өзім көпшілікті аузыма қаратқан жыршы болдым. Дәметкен жанымды ұға білген жақсы жар болды. Ауыл-аймақ, ағайын-туғандардың бабын таба білді, өзін сыйлата да білді. Сыртқа шықсам ел құрметіне бөлендім. Үйіме келсем бала-шағамның қызығына бөлендім. Өріктей ұлдарым, алмадай қыздарым мойнымнан құшақтап, кеудемде секіріп думандатып жатар еді. Айлап-жылдап ел аралап кетіп жүрген күндерім болды. Орта Азияда мен бармаған жер кемде кем-ақ болар. Сөйтіп шалқып жүрген шағымда үлкен екі ұлыма шешек шығып, екеуі бір жұртта, бір күнде қаза болды. Арасына жыл салмай қалған жалғыз ұлым мен екі қызым да дүниеден өтіп кетті. Өзегім өртеніп, қабырғам қаусап, қанатым сынып қалды. Сол балалардың күйігіне шыдамай, менің қырық сегіз жасымда Дәметкен де дүниеден өтіп кетті. Ақар-шақар сегіз жаннан Тұрлан деген қызым мен екеуіміз қалдық. Көптің азаюы да оңай екен, шырақтарым… Қазірде сол Тұрланым 53 жаста. Мына қасыма еріп жүрген бала содан туған жиенім. Өз атыма жаздырып алғам. Аты Дәуітбай.
Анталаған ажалдан, қамалаған қайғыдан қажып қалған шағымда жақын-жарандарым, достарым қамқорлыққа алып, ақыл айтып мені екінші рет үйлендірді. Ол жолдасымның аты Жанша еді. Бағыма қарай ақ көңіл, ақ жарқын, берекелі кісі болып кездесті. Қызыма да, өзіме де жаман болмады, адал болды. Ағайын-туғандарыма, көрші-көлеңге де жұғымды да тіл тапқыш болды. Одан перзент көрмедім. Қайғының қара бұлты сейіле бастағандай болған кезде жалғыз ағам Төлеген 60 жасында дүниеден өтті. Тұрланым өз алдына тұрмыс құрды. Немере көрдік. Жанша екеуіміз бөбекті қызықтап ата-әженің міндетін атқардық. Менің жасым 80-ге толғанда, 1940 жылы қадірлес серігім болған Жанша аз күн ауырып дүние салды. Қартайып қалған шағымда Жаншаның қайғысы біржола мені шөктіріп кетті. Менің 80 жасқа толуымды сырттай күтіп жүрген ілік-жұрағаттарым мен достарым алып кетіп, жыл бойы тойлады, көңілімді көтерді. Ел құрметіне бөленіп еңсемді көтеріп, көптеген сый-сияпат пен балаларыма келіп қосылған бетімде мына сұрапыл соғыс басталмасын ба?! Тұрланым ол кезде Маңқыстауда қазіргі Форт-Шевченко қаласында тұратын. Мен де сол балалардың қасына барып қоныс тептім. Ол кезде Жанша сау. Барымызды салып, баспана тұрғызуды ойладық. Күйеу балам еңбекқор, қолынан іс келетін пысық азамат. Заматта бізге деп екі бөлмелі үйді салып шықты. Сол үйдің қорасынан ұста дүкенін құрып берді. Күні кешеге дейін ұсталық-зергерлік өнерімді жайлап дамыта бердім. Қанша айтқанмен соғыстың аты соғыс емес пе?! Тұрмыс тауқыметінің қиындауына байланысты күйеу балам Дүйсембай Алдаңғаровтың қарамағына көштім. Ұсталық кәсіпті 82 жасыма дейін жасадым. Қазірде көз жанарым нашарлап барады. Соған байланысты ұсталық кәсіпті біржола доғардым. Форт-Шевченко қаласы Киров атындағы көшеде № 76-ші менің қорам, менің үйім. Сол қорада менің ұста дүкенім тұр. Бәрі де сол қалпында жабулы. Жолдарың түсіп бара қалсаңдар «Шалдың үйі, дүкені» деп естеріңе аларсыңдар. Қазіргі тұрағым Форт-Шевченко қаласынан 15-20 километрдей жерде. «Асан» деген балық алатын станда күйеу балам қызмет істейді. Мен солармен біргемін.
Ол күні жақсы әңгімелесіп, көңілді тарадық. Келесі күні сағат он бір кезінде Есекең екеуіміз келдік. Жырау домбырасын тартып отырды да аздан кейін әуенін қосып байқап еді, бірақ айтқан жырында серпін де жоқ, от та жоқ, екпін де жоқ, өлусіреген бірдеңе болып шықты.
– Бір жеріңіз ауырып отыр ма, бүгін көңіліңіздің хошы жоқ қой, ата – деп Есекең суыртпақтап сыр тартты.
– Иә, шырағым. Кеше бар бүкпемді ашып айтам деп шеменімді қозғап алыппын. Әрі шаршап қалған көрінемін. Оған сендер кінәлі емессіңдер, балалар. Біз әбден жұқарған кісіміз ғой. Кейде ойланғанды да, толғанғанды да көтере алмай қаламыз, – деп домбырасын диванға сүйей салды.
Осылай үш күн келдік. Мардымды ештеңе ала алмадық. Төртінші күні Есекең жырауды өз үйіне қонаққа алып кетті. Ендігі сөзді Есекеңнің өзіне берейік.
– 1942 жылы Алматы қаласында Мұрын жыраудың қырық батыр жырын жазуға кірістік. Мұрын жырды үнемі айтпайды. Таңертең, күндіз жырды баяу, солғын айтады. Және көлемді уақиғалы дастандардың көп жерін қалдырып, келтесінен қайырып кетеді. Ал кешке қарай мәжіліс құрып, бірнеше адам бас қосып, ықыласпен тыңдап, арасында мақұлдап, көтермелеп отырғанда Мұрын таңертеңгі солғын, қысқартып айтқан жырын әрі толық, әрі тамаша, күшті шабытпен шешіліп, көсіліп шебер, шешен жырлап кетеді. Көңілді жағдайда бірнеше адам бас қосып қызыға тыңдап, көтермелеп отырмаса кешкі мезгілде де ақын жыры ойдағыдай шықпайды. Ондайда ақын басым ауырып отыр немесе есіме түспей отыр, бүгін айта алмаймын дейді. Ал күндіз айта алмауының мәнісін сұрасақ, берген жауабы – бұрын батырлар жырын үнемі кешке, түнде мәжілістерде көп айтып машықтанып едім дейді. Олай болуы табиғи заңды да. Күндіз жұрт жұмыста, қызметте болады да, ақынның жырын тыңдауға бастары құралмайды. Сондықтан жыр ылғи кешке айтылады. Жыршы жастайынан соған машықтанған.
Жырау домбыраны көбірек тартатын. Оның домбырасы қазіргі домбырадай емес шағын, жатаған болатын. Көбіне домбырада бұрынғы жорық жырларының сарынын беретін күйлерді тартады. Кейде көзін тас жұмып алып, өзі соған еріп үзік-үзік жырды төгіп-төгіп жіберетін еді.
Жыраудың мінезі қызық болатын. Күндіз не төсекке, не диванға отырмайтын. Сондықтан жерге төсеген түкті кілемнің үстіне қалың матрас салып, шынтағына қос жастық қоятынбыз. Есім: – Жерде беліңіз ауырады ғой, бір мезгіл диванға отырыңыз!» – десе, «Қойшы, шырағым, біз күн сайын жерге жақындап бара жатқан адамбыз ғой. Анауыңа отырсам жайдақ атқа мінгендей мазам кетеді» – дейтін.
Жырауға шайын қаймақтап беретін, тамағын мезгілінде ішкізіп, мезгілінде дем алғызатын, кір-қоңын жуып, үйін жинап, жеті сайын төсегін ауыстырып отыратын күтуші қазақ әйелі қонақ үйдің асханасында істейтін еді. (Атын ұмытып қалыппын) Есім танитын. Өте бір әдепті, биязы адам болатын. Жырауды өз әкесіндей күтті. Жырау да риза болып, батасын беріп отыратын.
Жыраудың киімі жаңаланып, айлығың деп алақанына ақша салғаннан кейін барып шалың жадырап шешіліп, неше түрлі жыр тиегін ағыта бастады. Өзі жақсылап оңалып алды. Қарт жырау тынығып, бойын жинап, еңсесін көтеріп көңілденді. Өзіне бөлінген дәрігерлер күнара келіп бақылап тұратын.
Бұл жерде еске алып айта кететін мынадай бір жағдай бар:
Ол жылдары халқымыздың аяулы перзентінің бірі Ілияс Омаров сауда министрі болатын. Соғысқа байланысты киім-кешекті кез келген жерден ала алмайтынбыз. Базарда әрі удай қымбат, әрі қалағаның таптырмайтын. Сондықтан Есмағамбет екеуміз ақылдасып Ілиясқа барып жырауға, оның баласына керек киімдерді қазына бағасымен алу жағына көмек сұрадық. Асыл азамат бір сөзге келмей-ақ телефон соғып Әубәкірова деген қазақ әйелі орынбасарын шақырып алып: «Мына кісілердің сұрағандарын түгелдей баздан өзіңіз бірге барып алып беріңіз. Ал бұл кісілер жыраудың өзіне керек киімнің, баласына керек киімнің, үйіндегілері не оңып отыр дейсің, оларға да керектерін тізімдеп алғаннан кейін өзіңізбен хабарласады. Содан соң бір-екі сағат уақытыңызды бөліп, өздерін машинамен алып барып көмектесіңіз деп тапсырды. Біз алғысымызды айтып қуанышпен оралдық. Жолай келе жатқанда Есекең:
– Байқайсың ба апа, осы шал әрі қасиетті, әрі бақытты. Бұл кісі туралы кімге барсақ та бетіміз қайтып көрген жоқ! – деген еді.
Келесі күні жырауға келіп бар мұқтаж керектерін сұрап, тізімге жаза бастадық. Сонда жыраудың бірінші айтқаны: – Дүйсембайдың да, мына қасымда жүрген Дәуітбайдың да телегрейкалары тозып жүр еді. Мына киіп келгені құда баланың киімдері. Екеуінің етіктері де қырық жамау. Біздің жақта былғары деген сатылмайды. Ала алсаңдар етік болмаса да етіктік былғары алып берсеңдер тіккізіп алар еді, – дегені. Шалдың шамасын байқаған соң Есекең:
– Жазушылар Одағы мен институттың атынан шақырып алып, телегрейкамен қайтарғанның жөні болмас. Ол бүкіл қазақтың атына жараспас! – деп тізімді өзінше кең түрде жосылтты. Әбден болған соң енді қаржы жағына ой жүгірттік. Ақылдаса келіп, Жазушылар Одағы мен институттың директорына комиссия атынан хат жаздық. Жыраудың жалпы жағдайын жасырмай айттық. Ә.Тәжібаев пен Н.Сауранбаевтың қол қойған қағазы арқылы литфонды 2500 сом босатты. Академияның филиалы 2500 сом босатты. Сонымен жыраудың қалтасына түспей, ұзататын қыздай жасадық. Екі жәшік шәй-қантты Әубәкірова өз атынан жырауға сыйға тартты. Сол алғандардың ішінде 50 метр жұмсақ ақ зонт бар. Мен байқамай: «Есім, бұл өте көп емес пе» дедім. Сонда Есекең: «Ой Мәке-ай, бұл шал қанша жүреді дейсің… Осы 50 метр ақ мата кебініне де, жыртысына да жетеді дегені бүгінге дейін есімнен кетпейді.
Жыраудан жазып алып жатқан жырлардың тарихи маңызы бар, құнды, көлемді, бұрынғы халқымыз білетін батырлар жырларында кездеспейтін мол дүниелер екенін Есекең әдебиеттің атақты ақсақалдарына ауызша баяндап, жеткізіп жүрді. Соның арқасында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ахмет Жұбанов, Хажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев, Әбділда Тәжібаев, тағы басқалар жырауға келіп, сәлем беріп, жүздесіп жүрді. Кейін бәрі де үйлеріне қонаққа шақырып сый-құрмет көрсетті. Ондайда Есекең өзі басқарып, ертіп баратын. Әсіресе Ақаң мен Хажым екеуі жыраудың домбырамен жыр айтып отырған даусын жазып алу үшін көп машақаттанды, бірақ ретін келтіре алмады, соған өздері қынжылатын, өкінетін еді.
Мұрын жыраудан менің жазып алғандарымның кейін жолдарын есептеп шығарып, Есекең:
– 40 000 жолдан астамын жазыпсың апатай. Табандылығың да, тапқырлығың да жетіп жатыр. Ақын жүрегіңмен адал жаныңмен, көз майынды сарқа сіңірген еңбегіңізді әдебиетші қауым атынан бағалай отырып алғыс айтуға рұхсат етіңіз, – деп қолымды алған еді. «Осы шалдың батасы бізді бос қалдырмас» – дейтін.
Бір ескерте кететін жағдай: Жыраудан жазып алған жырларды Бозекең сол жерде жинап алатын да, қайтып қарап шығуға бермейтін. Ол кезде ақ қағаз өте мұқтаж болатын. Кейде Есім типография жағында қызмет істейтін Абдуллин (атын білмеймін) деген азамат болды, содан кесінді ақ қағаз әкеп беретін. Демек, жыраудың жырларын талай-талай қиынды қағаздарға жазғанымызды Академияның қолжазба қорындағы қолжазбалардан көруге болады.
Жыраудан менің жазып алғандарым: «Ала тайлы Аңшыбай батыр». Оның ұрпақтары: «Баба түкті Шашты Әзиз», оның баласы «Парпария батыр», «Құттықия батыр», «Нұрадын батыр», «Мұсахан батыр», «Орақ-Мамай батыр», «Қарасай-Қази батыр». Осы аталған тоғыз батырдың бәрі бір желіге жататын, бір-біріне байланысты жүйелі жырлар. Мұрын жырау осы аталған жырларды Нұрым жыраудан үйрендім дейтін.
Атақты Қашаған ақыннан 14 батырдың жырын үйренген екен. Солардан менің жазып алғандарым: «Көкше батыр», оның баласы «Қосай батыр», «Шынтасұлы Төрехан батыр», «Асан Қайғының аңызы», оның баласы «Абат батыр», «Асан Қайғының інісі «Тоған батыр», «Манашы батыр», оның баласы «Тұяқбай батыр», «Қарға бойлы Қазтуған» жыры, «Айса ұлы Ахмет батыр». Кейбірі есімде қалмапты.
Мұрат ақыннан 14 батырдың жырын үйренген екен. Мен бұл жырлардың бәрін түгел жаздым. Бұл да Аңшыбай батырдың ұрпақтары сияқты бір тұқымнан тараған желілі батырлар. Әрбір жырды жазып болғаннан кейін Есекеңнің қатысуымен жыраудың өзіне қисса оқығандай үндетіп оқып беретін едім. Кейбір төгілмелі жерінде жыраудың өзі сүйсініп, тебіреніп, теңселіп отырып, қосылып жырлай кететін.
Жыраудың сол жақ қолының ортан саусағында таза күмістен құйып соққан жүзігі болатын. Сол жүзіктің төрт бұрышты бетінде «Мұрын жырау» деген арабша жазуы бар. Әр батырдың жырын жазып болғаннан кейін өзі оқытып, тыңдап болған соң, жүзікті қолынан суырып алып жырдың соңғы бетіне басуды сұрайтын. «Бұл менің әрі қол қойғаным, әрі мөрім» дейтін. Есекең күліп:
– «Сіздің жырларыңызды мөрсіз де жоғалтпаймыз, оны әуре етпеңіз, оған ренжімеңіз, онсыз да жұмысымыз жетерлік деп бастырмады. Енді ойлаймын, жыраудың сол өтінішін орындай салсақ та болғандай екен.
Бір күні Есім: Сіздің ұстаздарыңыз Нұрым жырау, Қашаған жырау, Мұрат жыраулар осындай ағыл-тегіл көп жырлардың түп нұсқасын кімнен алғандарын айтпады ма? Бұл тарихқа өте керек. Ойланып көріңізші – деп сұрады. Жырау бет-аузын бір сипап:
– «Мен тереңге бара алмаймын шырағым. Қашаған жырау: – Мен бұл жырларды Нұрым жыраудан алдым дейтін. Ал Нұрым жырау: бұл жырларды Абыл жыраудан алдым дейді екен. Абыл жырау бұл жырларды Сыпыра жыраудан алдым дейді екен», – дегенде, Есекең біраз ойланып отырып, басын шайқап: – бұл дұрыс емес. Сыпыра жыраудың өмір сүрген кезін жобалап айтқанда XIV ғасырда болған адам деп жүрміз ғой. Сондықтан екі ара тым қашық жатыр. «Бұл жырлардың түп-тамыры Сыпыра жыраудан тараған деуі мүмкін» дейтін.
Мұрын жыраудан мен жазып алған «Ер Қосай батыр», «Ақжонасұлы Ер-Кеңес батыр», «Манашұлы Тұяқбай батыр» жырлары 1961 жылы басылып шыққан Батырлар жырының II томында жарық көрді. Көлемі 3995 жол. 1964 жылы басылып шыққан Батырлар жырының III томында «Қарадөң батыр», оның ұрпақтары: – «Жұбаныш батыр», «Сүйініш батыр», «Ер Бегіс батыр», «Тегіс батыр», «Тама батыр» деп аталатын алты батырдың желілі жырлары жарық көрді. Бұл жырлардың көлемі 4487 жол. 1977 жылы басылып шыққан «Ақсауыт» атты батырлық дастандар томында «Ер Қосай», «Қарадөң батыр» және оның ұрпақтары «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашұлы Тұяқбай», «Шынтасұлы Төрехан» жырлары жарық көрді. 8320 жол.
Мұрын жыраудан менің жазып алғандарым 33 батырдың жыры, есімде қалғандары. Қайсы бірін ұмытып қалыппын. Арада 44 жыл өткенде, көрген-білгеннің бәрін еске түсіріп айтып беру мүмкін емес екен.
Мұрын жырауға, оның телегей-теңіз еңбектеріне қайта оралуымның себебін түсіндіре кеткім келді.
Өздеріңізге белгілі, 1942 жылы отан соғысының от шашып, оқ жаудырып тұрған Қаһарлы күндері ұмытылмаған болар. Өмір мен өлім бетпе-бет соққыласып жатқан кез болатын. Қара жамылып, қапияда келіп бас салған қарақшы жаудың қанды қадамы шегінбей тұрған кездің өзінде еліміздің беріктігі, халқымыздың бірлігі, Лениннің әділ саясаты, компартияның темірдей тегеурінді басшылығы арқасында «Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!» деген қасиетті ұраны совет адамдарының еңсесін төмен түсірмеді. Соның арқасында өндірісіміз де, өніміміз де, жауынгерлерге деген жанашырлық көмегіміз де, мәдени-тарихи жұмыстарымыз да қатар жарыса жүріп жатты. Сол шындықтың бір көрінісі 82 жастағы Мұрын жыраудан «Қырымның қырық батыры» жырын 1942 жылы осы Алматы қаласында жазып алған едік. Жыраудан менің бірінші жазғаным «Аңшыбай батыр» мен оның ұрпақтары «Парпария батыр» және басқалары. Шаршап-шалдығып қарт жыраудың айтуы да солғын, жалынсыз болды. Бұрын естіп-білмеген жырларды тосыннан меңгеріп жазып кету маған да оңай болмады. Ұзақ жырлардың өн бойында қайталауда көп кездесті. Сол күдік менің ойымнан күні бүгінге дейін кетпей қойды. Жыраудан кейінірек жазып алған қайсыбір жырларым батырлар жырының II-III томдарында, «Ақсауыттың» II томында жарық көрді. Олардың ішінде Аңшыбай батырдың өзі де, ұрпақтары да жоқ.
1986 жылдың басында Оразгүл Нұрмағамбетова жыраудың еңбектерін баспаға әзірлеп жатқанын айтты. Мен Аңшыбай батырдың желілі жырлары кірді ме деп сұрадым.
– Сол туралы апай, сізге өтініш айтқалы отырмын. Жыраудан жырдың көбін жазып алған сіз екенсіз. Жырауды көрген, жырларын жазып алған, басы-қасында болғандардан қалған да сіз екенсіз. Сондықтан сіздің көмегіңіз бізге өте қажет болып тұр. Қазақ әдебиетіне жаныңыз ашитын адамсыз. Өзіңіз жазып алған қолжазбаңызды апарып берсем, бір қарап шықсаңыз бізге көп көмек болар еді – деді.
Тіршілігінде сыйласқан ініміз, білімдар азаматымыз, қазақ совет әдебиетінің жанашыры Есмағамбет Ысмаиловты жыраудың тұсында жете танығандай болдым. Оның болашаққа үміті зор, көрегендігі күшті жан еді. Бұл жөнінде мынадай бір мысал келтіре кетейін:
Жыраудан жыр жазып алу қарсаңында қағаздарымызды жиыстырып, қарындаштарымызды ұштап, әзірлік жұмысына кірісе бастағанымда Есім қасыма келіп:
– Апай, сіз бұл жұмысқа кіріспес бұрын күнделік дәптер даярлап алыңыз. Орыс халқында осындай жыршылардан, ертегішілерден ауыз әдебиетін жазып алғандар күнделікті қатар жазып отырған. Сол күнделіктердің арқасында талай тамаша классиктердің, ертегішілердің мінез-құлқы, семьяға деген махаббаттарын, адамгершілік қасиеттерін, дүниеге деген көзқарастарын, достықтың, бейбітшіліктің болашаққа деген даңғыл жолын тілейтіндерін ұрпаққа жеткізген сол күнделіктердің авторлары.
Біздің елімізде тек қана батырлар жырын жаттап, бар өмірін, бар талантын соған арнаған жыршы жалғыз Мұрын жырау. Ол тек, біреу-ғана. Сондықтан бұл шалдың орны ерекше. Қазақ совет әдебиетінің алтын қорына 50-60 мың жол батырлар жырын аузымен теріп, жүрегінде сақтап әкеп қосып отырған қарттың мінезі сан-салалы болуы мүмкін.
Соларды қағазға түсіріп алсаңыз, пайдасын көрмесеңіз зиянын көрмейсіз. Осы жағын орындау тек сіздің қолыңыздан келетініне кәміл сенемін.
Дүние бір қалыпта тұрмайды. Бұдан жарты ғасыр өткенде біздің осы еңбегіміз халқымыздың қуана тыңдайтын, құмарлана зерттейтін тарихи мұрасына, алтын қазынасына айналатынына дау жоқ, – деген еді.
Есімнің айтуы бойынша жыраудан жыр жазғанымда, күнделікті де қосалқы ала отырдым. Қарт жыраудың отырыс-тұрысын, сыпайы, әдепті мінезін, әкелік қасиетін, ойланып сөйлейтін сабырлы қозғалысын, тазалығын, домбыра тартысын, жыр айтқандағы сергектігін де қалдырмай қамтып жазып отырдым. Кейде жырау:
– Балам кішкене дем ала ғой. Мен насыбай тартып алмасам болмас, мұрным қаңсып, кеңсірігім кепкендей болып отыр», – дейді де, екінші бөлмеге шығып мұрнымен насыбайды тартып, одан кейін қолын жуып келіп отырар еді. Жыраудың осындай ұсақ-түйек қимылын қалт жібермей, кез келген қиынды қағазға, қойын дәптерге, қолжазбаның сыртына, ескі плакаттың сыртына дейін жазыппын. Қарындашпен жазғандықтан кейбір сөздер өшіріліп қалған. Кейбір жазылған қағаздар тозған, жыртылған. Қалай десек те тарихтың көзі дерлік, мол дүниені төкпей-шашпай көкірегінде сақтап келген қарт жыраудың мұрасы халық қазынасына айналды.
Мен осыған қуанамын.

1986 жыл.

  1. Қасқыр шоқпар – кәдімгі қатқан қайың шоқпар. Шоқпар дың домалақ басын бірнеше жерден тесіп, оған қорғасын құяды.

Пікір қалдыру