М.Әуезов және әзербайжан әдебиеті

М.Әуезов шығармалары арқылы бүкіл қазақ әдебиетінің бар асыл мұраларын өзінің ана тілінде сөйлетіп, бүгінгі жас ұрпаққа мол рухани мұра сыйлаған әзербайжандық әріптесіміз Низами Тагиоғлы Мамедов туралы мәліметтерді алғаш «Ана тілі» газетінің №29 ( 2019.18-24 шілде) санында жарияланған журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанаргүл Қадырованың «Қобыланды» жырын он бес жыл аудардым» деген сұхбатынан оқып, жақында Баку қаласына жолымыз түсіп онымен жүзбе-жүз танысудың мүмкіндігі болды. Түбір бір түркі туысымыздың қазақ әдебиетіне, оның көрнекті тұлғаларының туындыларына деген қызығушылығы мен олардың өзінің ұлт тіліне, азербайжан тіліне тәржімалануына тікелей себепші болып жүргендігі, өзінің жүрек қалауымен қыруар қызметтер атқаруы бізді шынында да қатты таңдандырды. Сондықтан бүгін біз әзербайжан ғалымы, филология ғылымдарының докторы, ақын, аудармашы, Баку славян университетінің профессоры, Әзербайжан Жазушылар бірлестігінің мүшесі Низами Тагиоғлы Мамедовпен қазақ оқырмандарын таныстыруды мақсат етіп отырмыз.
Әзербайжан Республикасы президентінің Жарлығымен «Әзербайжанның халық ұстазы» атағы мен Қазақстанның Әл-Фараби медалінің иегері, 700-ден астам ғылыми-публицистикалық мақаланың, 21 ғылыми-теориялық монографияның авторы Низами Тагиоғлы Мамедовтың еңбектері «мен қазақпын» деген оқырманды қызықтыруы әбден абзал.
Көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы, аудармашы, ақын, сыншы Низами Тагиоғлы Мамедов (бүркеншік аты – Тагисой) Әзербайжан Республика­сының Уржар ауданына дүниеге келген. Орта мектепті озат бітірген ол М.Ф.Ахундов атындағы Әзербайжан педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін де үздік бітіреді. Осы институттың аспирантурасына үлкен конкурс арқылы түскен Низами Тагиоғлы 1986 жылы «Русские переводы пьес Самеда Вургуна и их сценическое воплощение» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1990-1992 жылдары докторантурада оқып жүріп, әдебиеттің сан саласында өзін сынап, шығармашылықпен айналысады. Поэтикалық әлемі көркем, тілі бай поэзиялық туындылары оны интеллектуалды ақын ретінде танытса, өз кезеңінің әдеби процесі, әзербайжан және түркі тектес халықтар әдебиетіндегі классикалық шығармалары туралы жазған көркем сындары, ғылыми танымдық зерттеулері, аудармалары көркемдік-эстетикалық талғамы жоғары кәсіби сыншы ретінде танытады. Осылай әр мектептен толыққанды білім, жан-жақты тәжірибе жинаған жас ғалымның қаламы қалыптасып, ғылымға нық дайындықпен келеді. 1992 жылы «Русская поэзия ХХ века в азербайджанских переводах» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған Низами Тагиоғлы бірнеше жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі, профессор ретінде педагогикалық қызметтер атқарады. Ал, 2010 жылдан бастап Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясының Низами Гянджеви атындағы әдебиет институтында түркі халықтарының әдебиеті бөлімінде бас ғылыми қызметкер болып еңбек етіп келеді.
Өзінің педагогикалық және ғылыми жұмыстарымен қатар көп тілді меңгерген полилог маман ретінде түркі кеңістігінде бірнеше кітаптарымен жақсы таныс Низами Тагиоғлы жөнінде: «…Профессор Низами Тагисой-автор многочисленных статьей и книг об азербайджанском, русском, украинском, башкурдском, гагаузском, казахском, каракалпакском, караимском, карачаевском, киргизском, малкарском, ногайском, татарском, узбекском, хазарском, кумухском и других тюркских этносах и народов», – делінген (Низами Тагисой «Творчество Мухтара Ауэзова: от традиции и новаторству» . Баку, 2019, 216 с. 211 стр).
Көрнекті ғалым негізгі кәсіби мамандығы бойынша аударманың теориясы мен методологиясы, әдеби байланыс, компаративистика, этногенез, этнологии и этнография, эпикалық мәдениет, фольклорлық дәстүр, түркі халықтарының классикалық және қазіргі әдебиеті, өзге де өзекті мәселелерін жүйелі түрде зерттеп, өзіндік жеке көзқарастары бар, ашық дискурсқа шақыратын зерделі зерттеуші ретінде танылған. Зерттеушінің Ф.М.Достоевский, А.Блок, С.Есенин, К.Симонов, А.Адалис, П.Антоколский, А.Твардовский, С.Васильев, С.Вургун, И.Эфендиев, Анар, Эльчин, Э.Гусейнбейли, Р.Раван, Э.Ахмед, К.Кюргырахлы, А.Халафли, А.Мадатоглы, В.Бахманлы, А.Гасанлы, А.Рагимов т.б шығармашылықтарын поэтика тұрғысынан талдаулары әзербайжан әдебиетінің ғылыми теориялық және көркем сын саласының интеллектуалдық деңгейін көрсетсе керек.
Түркітанушы ғалымның осы күнге дейін жарияланып, әдеби, ғылыми ортада мойындалған монографиялық еңбектері тың тақырыптарымен, жаңаша көзқарастарымен , соны сараптауларымен ерекшеленеді. Атап айтар болсақ, «Русская поэзия ХХ века в азербайджанаских переводах» (Баку, 1992,134 с. На рус.яз), «Национальное своеобразие подлинника и перевод» (Баку, 1998,68 с.на рус.яз), «Драматургия Самеда Вургуна на русском языке» (Баку, 1999, 132 с.на рус.яз), «Поэтический перевод» (Баку, 2001.245 с.на рус.яз), «Каракалпакская литература» (Баку, 2007. 296 с. на рус.яз),( «Течение прозы: контекст времени и пространства» (Баку, 2008. 152 с. на азерб.яз), «Фольклорно-этнографическое исследование «Шильян- мудрое слово как родник» (Баку, 2009. 172 с.на азерб.яз), «Этнос и эпос: с прошлого к настоящему» (Баку, 2010. 372 с), әзербайжан фольклорында ерекше орын алатын ауызекі – классикалық жанр жөніндегі «Поэтика мейханы». (Баку, 2011. 432 с.на азерб.яз), «Каракалпакская литература» (Баку, 2007. 296 с.на рус.яз) и (Баку, 2015, 456 с, на азерб.яз), «Карачаевская литература» ( Баку, 2016. 312 с.на азерб.яз), «Роман Эльчина «Голова» в контексте структурно-функционального анализа» (Баку, 2017, 272 с, на азерб.яз), және өзге де ғылыми зерттеу еңбектері баршылық. Міне, осы тізімнің өзі зерттеушінің еңбекқорлығын, өз ісіне адал да жанашырлығын, жанкешті табандылығын көрсетеді. Және екі тілде еркін сөйлеп, жаза білетін ғалымның бүкіл еңбектері ТМД елдеріне жақсы таныс және ЖОО-дарындағы, ғылыми мекемелердегі студенттер мен оқытушылардың, магистранттар мен докторанттардың жиі жүгінетін кітабына айналған.
Түркі тектес халықтар әдебиетіне әуелден әуес және ортақ әдеби мұраларды жүйелі түрде зерттеп әзербайжан еліне кеңінен таныстырып , ортақ рухани игілікке айналдыру мақсатында абыройынан гөрі азабы мол, маңдай тер мен табандылықты талап ететін тәржімалық жұмыстарды да адал атқарғанын осы аталған еңбек тізімінен байқауға болады. Аударманың теориясы мен методологиясы туралы үзбей ізденіп, жинаған білімін тәжірибе жүзінде кеңінен қолданатын әдебиеттанушы ғалым әзербайжан тюркологиясы бойынша тұңғыш рет қыпшақ түркілерінің фольклорлық ескерткіштеріне зерттеу жүргізіп, ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде «Каракалпакские народные сказки» (Баку, 2006, 201 с) атты атақты зерттеуін жариялаған.Тұңғыш рет әзербайжан әдебиетінде «Толковый словарь переводоведческих терминов» (Баку, 2010, 164 с, на азерб,яз) деген сөздікті профессор Низами Мамедовтің жетекшілігімен (профессор Рафик Манафоглу және профессор Рустам Камалмен бірге) дайындап, жарыққа шығаруы да үлкен рухани сілкініс, тың жаңалық болғаны белгілі.
Низами Мамедов 1970 жылдардан бері қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармашылық тұлғаларының өмірі мен туындыларымен танысып, оларды әзербайжан оқырманына таныстыруға белсене атсалысып жүрген түркі жұртының руханиятына жанашыр, ұлтжанды тұлға. Ол қазақтың ақын-жыраулары Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Шал ақын т.б еңбектерімен жақсы таныс. ХІХ ғасырда өмір сүрген Махамбет, Шернияз, Шортанбай, Сүйінбай, Біржан сал, Ыбырай Алтынсарин, Мұрат Мөңкеұлы, Ақан сері, Абай Құнанбайұлы, тағы басқа тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мақалалар жазып, әлемдік және республикалық ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда, ірі мәжілістерде әдебиеттің өзекті тақырыптары төңірегінде бірнеше рет баяндамалар жасаған.
Ал, қазақтың атақты эпосы «Қобыланды батыр» жырын 15 жылға жуық ізденіп жүріп, әзербайжан тіліне аударып, жариялау нағыз жанкешті еңбектің жемісі. Өзіне дейінгі орыс тіліндегі аудармалардың бәрімен таныс ғалым Низами Мамедов оларға көңілі толмай, түрлі сөздіктермен ұзақ жылдар табанды түрде жұмыс жасап, тәржімалауы да қазақ әдебиетіне деген оның ерекше құрметін танытса керек. Ешкімнің өтінішінсіз, ресми талабынсыз, өзінің жүрек қалауымен осындай мехнатты жұмысқа екінің бірі бара бермесі белгілі. Осыншалық уақыт пен күш-жігерді, табандылық пен жанкештілікті талап еткен еңбектің нәтижесі «Казахский героический эпос «Кобыланды батыр» (Баку, 2017, 316 с) болып әзербайжан тілінде алғаш рет жарық көрді. Міне, бұл мысалдардың өзі авторға деген алғысты тудырары хақ. Біздің фольклортанушы ғалымдар үшін бұл үлкен жаңалық болары сөзсіз.
ХХ ғасыр әдебиетінің өкілдері, әлемдік дәрежедегі классиктер Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы оның тұрақты тақырыбы десек те болады. Себебі тек қазақ қана емес, бүкіл түркі жұртының әдебиеті мен сөз өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, туысқан халықтардың көнеден келе жатқан әдеби мұраларының көркемдік қуаты мен құнарын тұңғыш рет танытқан танымал тюрколог, даңқты дарын иесі Мұхтар Әуезовтің есімін әрбір ұлттың өкілі жақсы білуі тиіс деген ұстанымға берік Низами Мамедов күні бүгінге дейін мұхтартануда да өлшеусіз еңбек етіп, өлмес зерттеулер жазып келеді. Әлемге әйгілі қазақтың көрнекті суреткері Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» («Красавица в трауре» (Баку, 2017) әңгімесін әзербайжан тіліне аударып, өз халқына туысқан елдердің таңдаулы туындыларын таныстыру жолындағы еңбектері де қазақ халқының мерейін үстем етер үлкен табыстар. «Қилы заман» («Лихая година») романын өз тілінде сөйлетуді қиял еткен ғалым, тәржімашы осы бағытта еңбек етіп жүр. Зерделі зерттеуші Низами Мамедовтың қазақ әдебиетінің тарихы мен бүгінгі бағыт-бағдары, оның көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылықтары туралы толық мағлұматы, тіпті бізде кездесе қоймайтын кейбір мұрағаттық мәліметтері, құнды әдеби құжаттары, өзге елдердің баспасөздеріндегі беймәлім ақпараттар жөніндегі әңгімелері де еріксіз көңіл аудартады. Өзімізге қажетті мұхтартану саласындағы еңбектері де сан алуан бағытта екен. Біз ол туралы толық ақпаратты Низами Тагисой «Творчество Мухтара Ауэзова: от традиции и новаторству» атты монографиясынан біле аламыз. Өзге мен өз еліндегі Мұхтар Әуезов туралы жарияланған еңбектердің бәрімен таныс ғалымның айтары да, Әуезовке деген құштарлығы мен қызығушылығы да, сүйіспеншілігі де ерекше. Әзербайжан тілінде әр жылдары жарияланған Мұхтар Әуезовтің шығармашылықтары жөніндегі еңбектердің көшірмелерін де біз үшін дайындап қойыпты. Әзербайжандағы қазақ әдебиетінің жанашыры, ұлы суреткердің сол елдегі рухани іздеушісі, бүгінгі мұхтартанудың маңдайалды өкілі Низами Мамедовтің осындайлық махаббаты мен табанды еңбегін елемеу, бағаламау, құрметтемеу мүмкін де емес. Алыстағы ағайынның, әсіресе қазіргідей әдеби байланыстар үзіліп, бір-бірімен етене таныса алмай рухани жүдеп, жатырқап жүрген жат елдегі жанашыр жанның Мұхтар Әуезовтің туындыларын танытып, ғылыми теориялық тұрғыдан талдап зерттеуі кімнің болса да назарын аудармай қоймайды. Әрине, бір мақалада зерттеушінің бүкіл еңбектеріне тоқталу мүмкін емес. Монографияда қарастырылған тақырып атауларының өзі мәселелердің өзектілігін, күрделілігін көрсетеді. Оларды тізіп шықсақ та көп нәрседен мәлімет аларымыз айқын. Монография «Глава 1. Изображение казахского национального самосознания в беллетристике Мухтара Ауэзова», «Глава ІІ. Отражение исторических событий в романе «Лихая година» и галерея характеров», «Глава ІІІ. Общая картина драматургии Мухтара Ауэзова: тенденциозность оценки и конфликтность критических подходов» деген көлемді де күрделі мәселелерді қамтыған 3 тараудан тұрады. Алғашқы тарауда: «Формирование творческого мышления Мухтара Ауэзова: социально-философская, теоретико-практическая, литературно-эстетическая концепции. Ведущие тенденции прозы Мухтара Ауэзова 1920-1930-х годов: художественный конфликт, использование психологизмов, повествовательные формы. Поэтическая система ранней прозы. Характерные особенности традиции и новаторства прозы М.Ауэзова. Продолжатели творческих традиций М.Ауэзова в казахской литературе ХХ века», – деген қазіргі әдебиеттану ғылымының күрделі ғылыми теориялық мәселелері қаралса, 2-ші тарауда: «Оригинальность обращения в новым типам прозы. Созвучие романа в других национальных литературах в плане тематики, сюжета, проблематики и образного мира, своеобразие обращения к историческим фактам. Роман «Лихая година» в контексте исторических событий и художественной действительности. Проза М.Ауэзова в плане психологизмов и конфликтности ситуаций. Хронотопы романа «Лихая година». Особенности авторской национальной концепции романа «Лихая година» и Туркестанское восстание 1916 года: историческая правда произведения и лаконичный взгляд на документальные материалы» деген тақырыптар төңірегінде сөз болады. Оқысаңыз әр тарауы бір диссертациялық жұмысқа жүк боларлық күрделі мәселелер. Зерттеуші Низами Мамедов бұл тарауда «Қилы заман» романының поэтикасына қатысты көркемдік эстетикалық талдаулар мен көркем прозадағы психологизм, оның категориялары жөнінде ғылыми мәні жоғары тұжырымдар жасайды. Ал, «Драматичность судьбы М.Ауэзова и оригинальность темы его драматургии. Воплощение национально-освободительного движения в Туркестане в пьесе «Ночные раскаты». Темы исторической трагедии «Хан Кене», авторская идея, сюжетная линия, образная система пьесы. Драма «Хан Кене» в зеркале споров и дискуссий. Изображение патриархальных жизненных устоев на фоне исторических событий в комедии «Айман-Шолпан». Взаимосвязь фольклора и историчности в драме «Бекет». Варианты трагедии «Абай» и отражение в ней проблемы исторической личности. Историческая трагедия М.Ауэзова и Л.Соболева «Абай» и драма С.Вургуна «Вагиф»: сходства и различия. Поэтическая система трагедии «Абай».», – атты тараулардағы мәселелердің де салмағы ауыр. Ұлы суреткердің драмалық шығармаларының тарихы мен көркемдік әлемі, кеңестік кезеңде саяси репрессияға ұшыраған «Хан Кене» пьесасының да қиын тағдыры қазіргі жаңаша көзқарас тұрғысынан сарапталған. Сондай-ақ осы жинаққа М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің әзербайжан тіліне аударылған нұсқасы берілген. Жинақ соңына орыс тіліндегі «Резюме» берілген. Зерттеуші осы мәтінде М.Әуезовтің шығармалары жөніндегі ғылыми теориялық ойларын айта келіп: «…При исследовании и анализе названных и других произведений М.Ауэзова мы убедились в том, что в советские годы ни личность, ни мировоззрение, ни особенности творческого своеобразия писателя не были изучены с верных философско-эстетических и социально-художественных методологических позиций. Для высказывания объективных взглядов и выявления истины мы изучили как сами тексты, так и критическую литературу не только советского, но и постсоветского периода, чтобы создать и представить исчерпывающую картину творческого своеобразия Мухтара Ауэзова», – деп өзінің зерттеу барысындағы ғылыми тұжырымдарын түйіндейді (Низами Тагисой «Творчество Мухтара Ауэзова: от традиции и новаторству» .Баку, 2019, 216 с. 209 стр).
Қазақ пен әзербайжан әдебиетінің байланысы, компаративистика, көркем аударма жәйі қазіргі филология ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі. Әдебиеттану ғылымы қазіргі әлемдік әдеби процесс мәселесін зерттеу барысында түркітектес халықтар әдебиетіндегі жаңа бағыттарға көп көңіл бөледі. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы әлем әдебиеті және әдеби байланыс бөлімінің ғылыми ұжымы осы мақсатта ғылыми жобалар бойынша жұмыстар жүргізеді. Низами Мамедовтың ғылыми еңбектері, қазақ және әзербайжан әдебиетіндегі әдеби байланыстар жөнінде осы институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімжан Хамраев пен ғылыми қызметкер Маржан Шагимолдинаның «Казахско-азербайджанские литературные связи в постсоветский период: коммуникативно-культурологический аспект» деген мақаласында: «…Углубление литературных взаимосвязей и новые переводы художественных произведений привели к тому, что ученые Азербайджана стали исследовать творчество казахских писателей. Монография Низами Тагисой «Творчество Мухтара Ауэзова: от традиции и новаторству» стала историческим явлением в литературной жизни азербайджанского народа. Речь идет о фунтаментальном характере исследования произведений известного мастера пера. Изучены творческая биография писателя в контексте его сложной судьбы, драматургия как этно-поэтической код национальной драмы.
Видный азербайджанский тюрколог Низами Тагисой посвятил много лет изучению казахской литературы. В центре его исследования М.Ауэзов как монументальная личность, свидетель неперерывной духовной эволюции двух эпох: второй половины ХІХ и первой половины ХХ веков. Ученый рассматривает М.Ауэзова как яркого борца за сохранение и развитие национальных, культурных символов, верного последователя и продолжателя пути Абая. Проанализированы взгляды казахского прозаика и истоки твердости воли писателя в период преследования властями за инокомыслие», – деп жоғары баға беріліпті (Алимжан Хамраев, Маржан Шагимолдина. «Казахско-азербайджанские литературные связи в постсоветский период: коммуникативно-культурологический аспект». «Лингвориторическая парадигма: теоретические и прикладные аспекты» научный журнал..2021. №26-1. 151 стр.).
Тағы бір ерекше тоқталар еңбек – Әзербайжан республикасындағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастырумен «Алаш Орда» («АLAS ORDA») атты мақалалар жинағының әзербайжан тілінде жариялануы. 2018 жылы осы елдегі елші Бейбіт Исабаевтың ұйымдастыруымен жарық көрген еңбекке Низами Мамедовтың, қазақтың көрнекті ғалымы, атақты алаштанушы, тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің, Радик Темірғалиевтің, Жанна Кыдыралинаның «Алаш» партиясы мен оның көсемдерінің еңбектері жөніндегі зерттеулері енгізілген. Бұл да биылғы жылы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілетін «Алаш» партиясының рухани көсемі, мемлекет қайраткері, ұлт ұстазы, аудармашы, ақын Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерей тойына үлкен тарту екені сөзсіз.
2020 жылы ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басында өмір сүрген әзербайжан әдебиетінің көрнекті өкілі, әлемдік деңгейдегі танымал тұлға Сейид Имадеддин Насими 650 жылдық мерейтойына тарту ретінде жарық көрген зерттеуінде ұлы ақын шығармаларының орыс тіліне аударылу тарихы түгенделіп, олардың көркемдік сапасына сараптама жасалады. Әдебиеттанушы ғалым Низами Мамедовтің осы монографиядағы «Фрагментарный взгляд на историю русских переводов лирической поэзии Насими» деген ғылыми тарауында әр жылдары орыс тілінде жарық көрген ақынның жыр жинақтарындағы түпнұсқа мен тәржімаларын салыстыра отырып, аудармашылардың жетістіктері мен кемшіліктеріне, ондағы аударма барысындағы айырмашылықтарына, әдіс-тәсілдеріне биік ғылыми теориялық тұрғыдан баға беріледі. Өзіндік ғылыми ойлары бар автор: «…Разбирая перевод данной газели Насими на русский язык, мы приходим к выводу о том, что перевод таких текстов на другой язык невозможно выпольнить, не разбираясь в истории исламской религии и традиции. Ведь газели Насими пронизаны трепетом, передать который на другой язык сможет только глубокий специалист, владещий образным миром, духовно-эстетическим идеалом крупного религиозного и философского деятеля как Насими. Все отмеченное ясно подтверждает мысль о том, что русские переводчики при переводе произведений Насими на родной язык исходили из особенностей поэтического содержания оригинала произведений Насими», – деп ащы болса да ақиқатты ашып айтады ( Н.Мамедов Тагисой. «Насими». (Баку.2020.-168 с.162 стр). Қай тақырыпта да турашылдығымен, әділ пікірімен сыйлы ғалым Н.Мамедов түркі тілдес туысқан халықтар тілінен өзге орыс тілінде де еркін сөйлеп, еркін жазатындықтан қандай ғылыми ортада да пікірін еркін жеткізетін батыл ойлы парасат иесі.
Сондай-ақ зерделі зерттеушіні сөз зергеріне баласақ та болады. Оның «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай) дегізерліктей деңгейде жазылған жыр шумақтары үш жинағында жетерлік. Қай тақырыпқа барса да жан жүрегімен беріліп, бар білімін тауысып жазатын ақын, ғалым, аудармашы, сыншы Низами Мамедовтің поэзиясындағы поэтика да парасаттылықтың бір парасы. Атап айтар болсақ, «Будешь искат меня» (Баку, «Сяда», 2000), «Может мир заблудился» (Баку, «Азернешр», 2004), «Мой Азербайджан» (Баку, 2018, на рус,яз) деген жинақтарында оның әлем, қоғам, айналасындағы адамдар жайлы жүрек жарды жырлары жарияланыпты. Ойлы да нәзік сырларға толы поэзиялық туындылары мен поэмаларын әзербайжанның белгілі ақыны Гией Пачхаташвили орыс тіліне аударып, өзге ел оқырмандарына қолжетімді еткен. Тіпті кейбір жырларына композиторлар Джаваншир Гулиев пен Разим Пашаевтар ән жазып, әуен әлемінде әуендетуге мүмкіндік берген.
Көрнекті әзербайжан ғалымы, білікті әдебиеттанушы, аудармашы, сыншы, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Низами Мамедов ғылым мен әдебиетке, бүкіл түркі тектес ұлттар әдебиетіне сіңірген еңбектері туралы «Ученые и просветители Азербайджана ХХ века» деген энциклодияда кеңінен орын алған.
Энциклопедиялық білімді, түркі тектес ұлттар әдебиетінің білгір маманы, бірнеше тілді еркін оқып білетін кәсіби тәржімашы Низами Мамедов шынында да биік марапатқа лайық тұлға.
Әзербайжан республикасында тұрып, қазақтың даңқты қаламгері, мемле­кет және қоғам қайраткері, дарынды тұлға, әлемге әйгілі Мұхтар Әуезовтің шығармаларын өз тілінде сөйлетіп, ірі монографиялық зерттеулер жазып жүрген рухани туыс, әріптесіміз әзербайжан ғалымы, профессор, ұлағат­ты ұстаз, көрнекті ақын, сыншы, аудармашы Низами Мамедовтің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы мен асқан сүйіспеншілігі, құрметі мен адалдығы бізді еріксіз тәнті етті. Түбі бір түркі жұртының рухани кеңістігі келешекте де кеңіп, әдеби байланыстарымыз өркендей беретініне сеніміз мол.

Гүлзия ПІРӘЛІ

Пікір қалдыру