Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай

Маңғыстау археологиялық ескерткіштері

Маңғыстау тарихының ерекшеліктері бүгінгі таңда ғылыми әлемнің қызығушылығын оятып, дәйекті деректерімен қолдау туғызуда. Аймақтың құпиясы ашылған әрбір ескерткіші Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзат тарихында елеулі орын алып отыр. Олар: ежелгі палеолиттік Сарыташ шығанағы шеберханалары, тас дәуірінің аяғы кезеңді Қосқұдық кешенді елді мекені, қола дәуірінің қала типтес Тоқсанбай, Айтман ескерткіштері, Бәйте 1-3, Қызылүйік, Тасастау, Қайнар, Әурентөбе, Соққы, Ақпан ерте темір дәуірінің ғибадатханалары, Жезді, Қарақауақ және Қызылқала орта ғасырлық қалашықтары, Шақпақ-ата, Қараман-ата, Сұлтан-епе, Шопан-ата, Бекет-ата жерасты мешіттері, орта ғасыр және жаңа заман кезеңдерінің кешенді қорымдықтары. Тарихи-сәулет және археологиялық ескерткіштер тізімі жыл сайын жаңадан анықталған объекттермен толықтырылып отыр.
Облыстағы соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағыттарының бірі 10-13 ғғ. кезеңдерімен шамаланатын Қызылқала орта ғасырлық қалашығы қалдықтарын зерделеу болып табылады. Бұл ескерткіш Қазақстан аймағындағы ірі ескерткіштердің бірі ретінде саналады. Қызылқала қалашығы мәліметтері Арал-Каспий өңірі көшпелілерінің орта ғасырлық тарихы, сондай-ақ Шығыс Европа мен Азия елдерінің сауда бағыттары мен дамуы туралы шексіз жұмбақтардың шешіміне негізді жол сілтейді.
Өлкенің ежелгі сәулет ескерткіштерінің сыртқы келбетін қайта жаңарту
Бағзы замандардан бері түбекте дамыған ғимараттарды салу құрылысына жеңіл өндірілетін ақ-бор ұлутастарды кеңінен пайдаланылған. Оңай өңделетін бұл материалдан жасалған туынды өзінің пішін-құрылысын ұзақ уақытқа дейін сақтайды. Бұдан 2-3 мың жыл бұрын басқа мықты материалдан тұрғызылған ғимараттар өзінің бастапқы келбетінен мүлдем өзгерген немесе құрылысы түгелдей бұзылған. Ал Маңғыстау құрылыстары бұзылған күйінде де ежелгі мекендеушілердің тұрмысы, мәдениеті, діни-нанымдары мен сәулет өнері туралы көптеген мәліметтер береді. Қазіргі таңда, біз бұл ерекше өлкенің тас қашау өнерін танудың табалдырығындамыз, алдағы уақытта Маңғыстау тас өңдеуші шеберлерінің өнері жан-жақты толығымен бағаланады деп сенеміз. Археологтар мен архитекторлардың ежелгі құрылыстар іргетас қалдықтарына өткізген мұқият талдауына, сондай-ақ, орта ғасырлардың және жаңа заман сәулеттік құрылыстарын қабылдау қорытындыларына сүйеніп, олардың бастапқы келбетін сипаттауға болады. Археологтар жергілікті тастың бұдан 5 мың жыл бұрынғы уақыттан бастап, тұрғын-үй құрылыстарына пайдаланылғанын нақтылайды, ал жалған күмбезбен жабу құрылысы Маңғыстау жерінде қола дәуірінің соңғы кезеңдерінде-ақ мәлім болған.
Неғұрлым зерттелген ежелгі құрылыстар болып, Үстірт жотасынан және Түпқараған түбегі мен Ақтау маңынан табылған ерте темір дәуірінің ғибадатханалары саналады. Бұл құрылыстардың жобасында салынған биік күмбезді құрылыстың мықтылығы үшін биік тіреу қабырға периметрі бойымен тұрғызылған. Сыртқы келбеті орта ғасырлық күмбезтамдардың тек дөңгелек пішінділерінде ғана кездесетінін есіңізге саламыз. Бәйте ғибадатханасы ежелгі көшпелілердің дала өңіріндегі тас құрылыстарына арналған өлшемдердің ең үлкені болып табылады (диаметрі – 19 м, биіктігі – 10 м-ден асуы).
Археологтар алғаш рет біздің облыс аймағында орналасқан Үстірт керуен-сарайларының бірінің сыртқы келбетін қайта құруды ұсынып отыр. Бұл — Үстірт жолдарының қиындысындағы ең ірі саналатын, әрі жақсы сақталған Қосқұдық керуен-сарайы. Қайта құру керуен-сарайлар жобаларын зерттеу және Орта Азия, Хиуа, Бұқара мен Самарқанд орта ғасырлық қалалары архитектуралық ғимараттарының аналогтары негіздерінде орындалды.
Сұлтан-епе жерасты мешітін қайта құру бойынша ежелден бұл құрылыстың жерасты бөлігінен басқа жер үстінде де 2 қабаттың болғаны анықталды.
Маңғыстау қорымдарындағы сәулет пішіндерінің алуан түрлілігі
Маңғыстау мен Үстірттің рулық қорымдарында Қазақстан көшпелі мәдениетінің 3/2 бөлігіндей сәулеттік байлығы шоғырланған. Шопан ата, Сисем ата, Масат ата, Қамысбай, Қошқар ата қорымдары, т.б. Маңғыстаудың танымал ескерткіштері саналады. Қабірүсті сәулет пішіндерінің әртүрлілігі көшпелілердің исламға дейінгі дін тұтулары мен исламдық діни-нанымның алуан түрлі әрекеттесуін бейнелейді.
Маңғыстау қорымдықтары алғашқы алғашқы исламдық көшпелілерден де бұрын, яғни, тарихшылардың анықтауынша 10 ғ. аяғы – 11 ғ. кезеңдерінде пайда болған деп қабылданады. Алғашқы мұсылман қабірлерінде исламға дейінгі діни-нанымдар шеңберіндегі зороастризмдік белгілер сақталған. Осы уақыттардан бастап, Маңғыстау жеріндегі алғашқы күмбезтамдар құрылысының дәстүрі мұнаралар түрінен бастау алып дамыған. Алғашқы күмбезді тамдардың пайда болу уақыты 14 ғ. кезеңдерімен шамаланады.
Қазақтар ежелгі дәстүрді жалғастыра дамытып, тас қашау-өңдеу шеберлері күні-бүгінгі машықтанып келеді. Күмбезді тамдардың архитектуралық құрылысы бойынша күрделі, қалануы жағынан жеңіл, жаңа әдістерін ойлап шығарды. Қабіртас пішіндері діни түсініктермен толықтырыла, қарапайым түрдегі ежелгі құрылыс-пішіндері күрделене өңделіп, түрлене түсті.
Тас шеберлері қабір тастарды безендіруде ойып қашау, бедерлеп түсіру, сырлы бояулармен салынған суреттермен әсемдеу сияқты түрлі әдіс-тәсілдерді қолданды.
Дәстүрлі ою-өрнектер мен эпиграфикалы жазу-таңбалар кескінделген қабіртастардан дала адамзатының шексіз ойлау қабілетін, табиғат пен әлем жаратылысына деген көзқарасын ұғынуға болады.

Петроглифтері (таңбалар)

Маңғыстаудың тез бұзылатын ақ-бор тасы тас бетінде бейнеленген ежелгі суреттерді сақтай алмайды деген пікірді энеолит кезеңді Қосқұдық 1,2 елді мекендерінен табылған жартастағы жылан бейнесіндегі суреттердің сақталуы теріске шығарғандай болды. Суреттегі жыландардың бірінің ұзындығы 4 м-ге жуықтайды. Ежелгі аңыздарды зерттеушілердің пікірінше, жылан суреті су апатын бейнелейді. Алғашқы аңыздарды зерттеушілердің пікірінше, жылан суреттері суға қатысты толқынды бейнелеген. Қазір бұл суреттер Қазақ­стандағы ең ежелгі суреттердің бірі болып саналады.
Б.з.д.4-2 ғғ. кезеңдерімен белгіленетін Бәйте ғибадатханасының жартас­тарында әртүрлі тарихи кезеңдердің суреттері бейнеленген. Сан алуан суреттер­дің ішінде Сармат-алан ұрпақтарына қатысты рулық белгілер-таңбалары өте көп кездеседі. Бұл жерден 250-ден астам таңба түрлері суретке түсірілді. Археологтар ғибадатхананың тас қабырға қабаттарынан таңбалардан басқа жылан, балық, құлан, төрт дөңгелекті арба, атты әскер, салт атты суреттерін анықтады.
Күмбезтамдардың қабырғаларында кескінделетін асау жылқы мен тау арқарының бейнесі ортағасырлық суреттердің негізгі желісі саналады. Бұл кезеңдердегі суреттер қатарында оғыз-түрікмен ұрпақтарының таңбалары кездеседі.
Қазақтардың бейнелеу өнеріндегі шығармашылығы шексіз. Көптеген суреттердің көшпелілердің діни дәстүрлері мен тұрмыстық-шаруашылық өмірлері туралы бағалы мәліметтер беретіні анық. Көшпелілер салған қарапайым суреттер ашық аспан астындағы көркем галерея болып табылады. Бұл ескерткіштерді зерттеу — атадан балаға жалғасқан мәдени дәстүрлер мен инновациялардың қызығушылығын оятады.
Этнографиялық суреттер Айрақты борлы тауынан және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларынан, сондай-ақ, киелі қабірлеу ғимараттарының қабырғаларынан түсірілді.
Қарулы атты әскер, салт аттылардың шайқасы, дала жануарларын аулау кезеңдерінен және көшпелілердің тұрмыстық өмірінен көріністер — жартасқа бейнелеу өнеріне бастаушы суреттер.
Форт-Шевченко – мұражай қаласы. Маңғыстау тарихи ескерткiштерiнiң арасында ерекше орынды Форт-Шевченко мұражай қаласы алады. Қазіргі Форт-Шевченко қаласының аймағында орналасқан Кетікқала елді мекені туралы алғашқы қысқаша деректер өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына қатысты. Алайда, 2008 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ғана бұл тарихи ескерткіш жайында жекелеген нақты мәліметтер алынды. Жергілікті археолог-мамандар елді мекеннің аумағы 50 га-дан асатынын анықтады. Қалану тарихы күрделі тас құрылысының қалдықтары сақталған жер бөлігі белгіленді. Қалашықтан Хорезм, Иран, Азербайжан және Қытай елдерінде өндірілген қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Өткізілген шағын қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тиындар Кетікқаланың 14 ғ. кезеңдерінде өмір сүргенін болжамдайды. Каспий теңiзiнiң шығыс жағалауын игеру мақсатында 1716 жылы Ресей патшасы 1-Петрдің нұсқауымен А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция осы жерде “Әулие Петр”алғашқы орыс қамалының іргетасын қалады. 1846 жылы штабс-капитан Иваниннің басшылығымен мықты Новопетровск бекiнiсi бой көтерді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған қала Форт-Александовск, кеңестiк кезеңнiң алғашқы жылдарында Форт-Урицкий, 1939 жылдан Форт Шевченко аталды. Қаланың шетінде Қорғантас тауында бекіністің күйреген қалдықтары сақталған. Бекiнiс – енi екi құлаш, ұзыны 620 қадам етіп атты әскерге қарсы тұрғызылған.1882 жылы Форт-Александровск Маңғышлақ уезiнiң орталығы болады. 1896 жылы оған қала атағы берiлдi. 1932 жылы Новопетровск бекінісінде айдауда болған украйн халқының ақыны мен суретшісі Т.Г.Шевченконың мемориалдық музей кешені ашылды. 1849 жылы алғашқы орыс қоныстанушылар Түпқараған теңіз шығанағының жағасында Николаевскi станицасының негізін салды. 1921 жылы Николаевскi станицасы Революциялық кеңесiнiң төрағасы А. Е. Баутиннiң құрметiне Баутин поселкiсi деп аталды. Қоныстанушылар Каспийдің шығыс жағалауында балық өнеркәсібі мен сауданы дамытты. Форт-Шевченко қаласында ХІХғасырдың аяғы — ХХ ғасырдың басындағы азаматтық сәулет ескерткіштері (Баутин кентінің тұрғын үйлері, әкімдік және тарихи ғимараттары) орналасқан. Қалада өлкенің тарихында елеулі тұлғалар ғұмыр кешкен, олардың арасында белгілі тас шебері, діни-мемориалдық және азаматтық сәулет ғимараттарының құрылысшысы Ідіріс Серікбаев, өнегелі істерімен халықтың ризашылығына бөленген бай кәсіпкер, меценат Захар Дубский, түркмен ақыны Хатам-шаир. Украин халқының ақыны Тарас Шевченко және поляк суретшiсі Бронислав Залесский, ғалым-геолог Н.А. Андрусов, географ П.П. Семенов-Тянь-Шанский, этнограф Рихард Карутц, орыс натуралисi, академик М.М. Бэр, жазушы А.Ф. Писемскийлер, революционер С.М.Киров осы қалада болып кеткен. Осы жер арқылы Ақтөбе майданына 1918 жылы Әлiби Жангелдиннiң интернационалдық отряды өткен. Қалалық мәдениет үйi маңындағы шағын үйде қазақтың тұңғыш атты әскер полкiнiң комиссары Төлесiн Әлиев тұрған. Осы қалада қазақ халқының ұлы жырауы Мұрын Сеңгірбайұлы жырлап, осы күнге жеткізген «Қырымның қырық батыры» барлық түркі текті халықтардың эпосы қазіргі таңда бүкіләлемдік әдебиет қазынасының асыл мұрасы.

Гүлрух ЖЕМЕНЕЙ

Пікір қалдыру