АНАҒА ТАРТУ
Саған арнап, жаза алмадым керім жыр,
Керім өлең шықпаған соң көңіл – кір.
Шеше, аздап аялдашы, Ұжмақ,
Әрбір басқан қадамыңа еріп жүр!
Сен болған соң, көңілімде жаз боп жүр.
Күн сезімі-жарты тәулік, аз боп жүр.
Самал біткен самайыңа таласып,
Жаулығыңды желпігенге мәз боп жүр!
Қажыдың-ау, тікені көп тірліктен,
Әжім анау, астарына сыр бүккен.
Ұқсаймын деп сәл жымиған түріңе,
Албарынып ашылады гүл біткен!
Ұқсамайды!
Сендей болу оңай ма?!
Саған арнап, би билейді тоғай да.
Бес күн жалған – мәңгілікке татырлық,
Сен тұрғанда.
Аман жүрші, жарай ма?!
Өзендер де түнде сені тыңдайды,
Шапқылайды,
айтпақ болып біз жайлы.
Немерелер бола тұра періште,
Хош иісіңді алма-кезек ұрлайды.
Барайын деп
оқталғанмен қасыңа-ай,
Бөгеттер көп,
Осылай да, осылай…
…Уысыма салып көріп барлығын,
Жыр сыйладым,
басқа ештеңе татымай!
ТҰМАНДЫ АУЫЛ
Қаңтар мынау,
су тамған қылышынан,
Бу атады Алатау, тынысынан.
Жаяу шығып келемін, бір көшенің,
Алматыға бейтаныс бұрышынан…
Қала сырты-ақ тұман,
күнде осындай,
Қалжыңдасар кісімен,
құрдасындай.
Ой тұманы аз ба еді, басымдағы.
Шөгіп қалған,
бұлттардың тұнбасындай?
Дала-тұман, жол-тайғақ,
көмескі шақ,
Елбең-елбең қағасың, елес құсап.
Бұл қала да,
құшағын бір жаймады-ау,
Асу бермес қашанғы, белес құсап.
Күйбің тірлік берер ме,
жанға тыным,
Алған екен мұржалар,
қолға шылым.
Қасымдардың маңдайы
көп соғылған,
Тас үйлерін жек көрем, Алматының!
Жаңбыр жауған шығар-ау, түніменен,
Жапырақтан тамады тұнық өлең.
Кешке сені табады, шаршаған жұрт,
Тұманды ауыл ыстықсың.
Шыныменен!
БАУДЫҢ ЖІБІ
«Қайда қалды» дейсің бе,
«балғын күнің»?
Балғын күнді, есіме алдым бүгін.
Сырлы ыдысқа, жататын бояп анам,
Қой жүнінен иірген, баудың жібін.
Баудан кейін, тоқылар басқұрыңыз,
Жоғалмасын осы бір дәстүріміз.
Басқұр тоқу, келмесе қолыңыздан,
Қолы шебер біреуге, тапсырыңыз.
Ғұмыр кешкем жоқпа өзі,
мен ертеде?
Әлде жылдар, бізді тез жөнелте ме?
Шырышталған
сырмақтың оюларын,
Тіккен кездер есімде, көлеңкеде…
Шоқысы мен шоқысы,
иықтасқан,
Тау сығалар, күн тұрса сүйіп бастан.
Ат суарған баланың,
қалжыңы аздай,
Көлеңкесі өренің, тиіп-қашқан.
Су алғалы барғанда, тас тұмадан,
Шелегіңді ап қашқан,
жақсы ма адам?
Мен оқуға кеткен күн,
қылжақбас ұл,
Автобустың соңынан
шапқылаған…
Көлік жүйткіп шыққанда,
бұраң белге,
Қол бұлғайсың,
туған жер-мұнар көлге.
Бір ноқат боп, ол артта, қала берген,
Шапқылаумен «жетем» деп,
біраз жерге.
…Қараша үйге, еге боп, бір ермегі,
Маңдайына түсіпті, жыл өрнегі.
Қимылымен айтып ед,
«есейдің» деп,
Тізесінде отырған жүгермегі.
Кейін қайтқан,
бар кімнің бала шағы?
Қуған сайын, белдерден ары асады.
Жер ошақта құрт қайнар,
кешегідей,
Жүгермектер, көбікке таласады.
Санай ма екен енді олар, бізді бөтен,
Біз жоқта да,
күн солай күлді ме екен?
Ақ боз ат, мен кеткен күн,
қамшы жеген,
Неге сонша ұрғанын,
білді ме екен?!
Жолықтырма тәңірім, қайғы еліне,
Тозаң қонғыш, көңілдің әйнегіне.
Мүйізіндей сол баудың,
көлбейді өмір,
Келдім екен, дариға-ай,
қай жеріне?!
ХАТ ЖАЗДЫМ БІР КЕЛЕР ДЕП
Уыстап сағыныштың шеңгелдерін,
Көктемде дей көрмеші
сенделген кім!
Бұлт біткен көшіп келді Алатауға.
Құстар да түгел жетті.
Сен келмедің.
Қар жылап күншуақта,
мұздар да аққан.
Жинады етек-жеңін
ызғарлы ақпан.
Алаулап сені күтіп тұрсам деп ем…
Қыр біткен өрттей болды қызғалдақтан.
Перілер емес пе еді елі Көктің…
Бірі деп ойлай көрме мені көптің.
Қаламша қарқарадай іздеп тауып,
Көңілге құлазыған серік еттім.
Үміттің жанға медет бүрлегені.
Гүл ектім.
Нұрдан да артық түрленеді.
Көкейде сағыныштың сағымы ойнар.
Ол – менің ертеңгілік шілдем еді..
.
Қайтейін, келмедің сен.
Келмессің де,
Теректей ағып кеткен сел-көшкінде.
Көз жасқа ерік бердім,
Көктемді осы
Бірлесіп көбелекпен зерлестім де.
Талпынып келгенменен жыраққа ұшқым,
Сеземін сарқылғанын қуат-күштің.
Түлкідей, аңшы-тағдыр соғып алған,
Қыр үсті қызғалдақты сұлап түстім…
Хат жаздым ең соңғы рет, бір келер деп…
ҒАНИБЕТ
Қара түнге қадалғаным – ғанибет.
Айна алдында таранғаным – ғанибет.
Бірде ойға, бірде мұңға батырып,
Сүю үшін жаралғаным – ғанибет.
Қас-қағым сәт, бақыт құшқан – мәңгі шақ.
Өзгермейтін, өтпейтұғын мәнді шақ.
Көз алдымнан кетпей қойған көлбеңдеп,
Құлағымда тұнып қалған ән құсап.
Зорға жылы тіл қатқаным – ғанибет.
Тәтті ұйқыңды ұрлатқаның ғанибет.
Өкінбеші, сені ойлап жүргенде,
Ай, жылдарым қолды болған зар илеп!
Қанат бітіп, шарқ ұрғаным – ғанибет,
Төзім бітіп, сарқылғаным – ғанибет.
Жасыруға әлім жетпей сезімді,
Жалыныңа шарпылғаным – ғанибет.
Біз бақыттан қалғиықшы қалғысақ.
Ғашықтардың құдайынан алғыс ап.
Қуаныштан есі шыққан жел құсап,
Бір-ақ түнде бүрлей салған тал құсап!
Сынай, сынай, сынақтарым сиреген.
Елесің кеп бар еркімді билеген.
Жан мен тәнді орап алған от сезім,
Түн реңді бұрым қалды күймеген!