Ақжүрек Таңатаров, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері: ОЛИМПИАДАДАН АЛТЫН АЛАМЫН ДЕП УӘДЕ БЕРГЕНМІН…

«Қазақ – балуан халық» дегенді жиі айтамыз. Еркін күрес әлемінде еркін ойқастаған жамбылдық балуан Ақжүрек Таңатаров кәсіпқой спортшы ретінде сол сөздің растығын дәлелдеп берген болатын. Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарында қола жүлдені мойнына ілген ол кейін Әлем чемпионатында да үшінші орын иеленді. Кәсіби спортшы ретінде қатысқан Азия чемпионатында топ жарғаны да есте. Бүгінде облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебінің директоры қызметін атқарып отырған Ақжүрекпен әңгімелескен едік.

Спиридоновты бір емес, 3-4 мәрте ұрдым

– Ақжүрек, осыдан біраз жыл бұрын Лондон Олимпиадасындағы үндістандық Сушил Кумардың «құлақ тістеу операциясы» өмірлік өкінішіңізге айналғанын айтып едіңіз. Өйткені финалға бір қадам қалған. Осы жағдайды ойласаңыз, тіпті қан қысымыңыз көтерілетінін де жеткізген едіңіз. Сол өкініштің оты сейілді ме қазір?

– Өзім жалғыз қалғанда немесе бір адамдармен отырғанда: «Әттең, сенің қолаң алтынға тең. Сол үнді балуанының лас әрекеті болмағанда алтын алатын едің» деп айтып жатқанда, бәрі қайтадан еске түсіп, жүйкем сыр береді. Бұл өмір бойы ұмытылмайтын өкініш шығар. Тіпті кішкентай баламның өзі: «Ой, әке, сол үндіні тістегені үшін бетінен бір ұрып ұйықтатып тастамадыңыз ба? Тістерін сындырып тастау керек қой», – деп айтады. Сол кезде «шынымен сөйту керек пе еді?» деп те ойлайсың. Алайда ондай қадамға барсаң жарыстан шеттетіп тастайды ғой. Кейде «өйту керек пе еді, бүйту керек пе еді?» деп ойланасың. Сондықтан мен ол оқиғаны ешқашан жадымнан өшіре алмаймын-ау.

– Сол кезде бапкерлер неге қарсылық танытпады, олардан сұрадыңыз ба?

– «Көрмедік» дейді. «Көрмедім, білмедім» деген адам оңай құтылады ғой. Сондай сылтау бізге жақсы болды.

– 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасына тас түйін дайын болсаңыз да сіз бармадыңыз, жанып тұрған кезіңіз еді. Таңдау легионер Леонид Спиридоновқа түсті. Есімде қалғаны, сіз сұхбаттарыңыздың бірінде оның жеңілетінін айттыңыз. Мұндай болжам жасауыңызға не түрткі болды?

– Спиридоновтың техникалық шеберлігі бүкіл якуттардыкі секілді жоғары саналады. Әйткенмен олардың физикалық, функционалдық әлеуеті төмен келеді. Сондықтан оның Олимпиадаға физикасы, функционалдық дайындығы жетпейтінін 22 жастағы жалғыз мен емес, барлық бапкерлер білді десем қателеспеймін. Олар біліп тұрғанмен «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегеннен әрі аса алмады. Осылайша күресе алмаса да байдың баласы барсынға салуларына тура келді. Ол секілді өкіл әкем алмаз зауытының басшысы болса, мен де баратын едім. Тіпті қазір жұмыс істеп жүріп-ақ Жапониядағы Олимпиадаға да қатысатын едім. Бірақ менің жағдайым оныкіндей емес қой.

– Сол Спиридоновты кезінде оқу-жаттығу жиынында ұрғаныңызды білеміз. Әлгі оқиғадан кейін қол алыстыңыздар ма, әлде бітіспес жауға айналдыңыздар ма?

– Мен оны бір емес, 3-4 мәрте ұрдым ғой. Олимпиада біткеннен кейін қазір сөйлесеміз. Оның өзінде жақсы араласпаймыз. Өйткені спортшының арманы – Олимпиада ойындарына қатысып, медаль алу. Шынын айтсам, 2008 жылы мен нағыз формада жүрген етінмін. Салмақты да көп қумаймын. Функционалдық дайындығым 2012 жылғыдан әлдеқайда мықты болатын. Сол кезден бастап Спиридоновты апарып, мені тастап кетіп отырды.
Қырғыз Республикасында ұрғанымды ел көп айтады. Ол кезде екеуміздікі де дұрыс емес. Бірақ біздің қазақтың бапкерлері Леонид Спиридоновты емес, мені бір жылға спорттан шеттетті. Неге дейтін шығарсыз? Өйткені мен қазақпын ғой. Егер мен якут, ол қазақ болғанда Спиридонов шеттетілетін еді. Бапкерлердің арасындағы жаман әдет қазақтар өспесе екен дейді. «Қазақтың баласы өсіп кетсе, күні ертең мені танымай кетеді. Мен оған жақсылық жасап едім. Ол ұмытып кетті», – деп айтып қалам ба деп қаймықты. Оларда қазақ өссін деген әңгіме, ниет болмады.

Шетелдің адамы кетіп қалады. Сол кезде олар «оны мен шығарғанмын» – деп сыртынан отырып айта береді. Мысалы, Тигиевті, Лалиевті, Спиридо­новты, Муталимовты, Шапиевті, Семеновты әкелді. Қаншама дайын легио­нерді тартты. Біреуі қалған жоқ. Бәрі ақшасын алды да, тайып тұрды. Ал сол кезде күресіп, Олимпиададан медаль берген бірінші қазақ Мәулен Мамыров ағамыз еді. Оның өзіне керемет қошемет көрсетпеді. Неге десең, ол – қазақ. Қаншама бапкеріміз «Спиридоновты, Тигиевті мен дайындағанмын» дейді. Бұл енді кез келген адамға түсінікті ғой. Барып: «Сен оған не үйреттің?» деп сұрақ қойыңызшы. Ол сол жақтан дайын келген бала ғой. Келді де күресіп қайтты. Оған бапкер боп не жарытты? Бірақ мақтанып жүреді. Себебі олардың өзі жоқ қой. Сол балуандар жанында болса: «Сен маған не үйреттің? Мені дайындаған жоқсың» деп айтар еді. Ал енді солар маған айтып көрсінші. Әлі күнге дейін ешқандай жаттықтырушы маған келіп олай дей алмайды. Мені бұлай деп айта алатын бір-екі ғана адам бар. Біреуі – марқұм боп кеткен Шоқан Нәдірбеков ағайым, екіншісі – Бауыржан Нұрмаханов. Осы кісі айта алады. Одан бөлек Шоқан ағайымның Мәлік деген досы бар. Сол кісі де бапкер болған кезінде мені командаға алып, екі жылдай көмектесті. Бірақ оның өзінде мен Қазақстан чемпионатын лайықты ұтып, командаға қосылдым. Ол жерде енді мені шеттете алмайтын шығар. Қазақстан чемпионы ретінде Олимпиадаға, әлем чемпионатына қатыстырмаса да, командада отыруға лайықпын ғой. Өйткені таза еңбегіммен жеттім. Бауыржан ағайымыз кәдімгідей үйіне жатқызды, үйленгеннен кейін де қарсылық білдірмеді. Олимпиадаға барып келгенше сол кісінің үйінде жүрдім.

– Туған баласына қарағандай қарады дейсіз ғой…

– Иә, тап солай. Жалғыз маған емес, бүкіл 12-13 адамға қамқорлығын аямады.

– Әңгімелерге сенсек, сіздің Лондон Олимпиадасына қатысуыңыздың өзі оңайға соқпаған сияқты. Сол жылдары облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Гамлет Қайнарбеков сіздің Олимпиадаға қатысуыңыз үшін сол жылдары Жамбыл облысын басқарған Қанат Бозымбаев барын салғанын айтады…

– Рас. Қанат Алдабергенұлы қатты көмектесті. Медальдың жартысы сол кісінің еңбегі десем, қателеспеймін. Ал Олимпадаға бару, медаль алу – менің жұмысым.
Ақиқатын айтсам, Леонид Спиридонов додаға бір апта қалғанша салмақ тастап отырды. Мен салмақ қуып жүргендіктен көрген жоқпын. Бірақ бір кісілер: «Лондон Олимпиадасына бір апта қалғанша Спиридонов салмақ қуды», – деп айтады. Сонда біреулердің көкейінде «Ақжүректі бір күні болмаса, бір күні лақтырып жібереміз» деген ой болған ғой. 16 килограмм салмақ қуып, қан қысымың көтеріліп жүрген кезде сенімен бірге бәсекелесің де салмақ тастап, қасыңдағы үстелде тамақтанып отырғанын сезесің. Содан шыдай алмай кеттім де, Қанат Алдабергенұлына қоңырау шалып, жағдайды айттым. Ол кісі шақыртып, әкімдікте күтіп алды. Қоңырау шалатын жерлерге қоңырау шалды. Абыройы бар адам ғой.

– Сол кезде «алтын алам» деп уәде бергеніңіз рас па?

– Тұтқаның арғы жағындағы адамдар сұраған болуы керек. Тіпті «Ол медаль бермейді. Қатардағы қапшық» деп те айтқан шығар. Қанат Алдабергенұлы: «Ақжүрек, қандай медаль аласың? Айтшы, мен мыналарға айтамын қазір», – деді. «Алтын медаль аламын», – дедім. Тұтқаның арғы жағындағылар рахаттанып күлді. «Қанат Алдабергенұлы өтірікші атанады, ертең бетіне басамыз» деген ой олардың басына сау ете қалды. Сөйтіп «алтын алам» дегеніммен, бұйырғаны қола жүлде болды. Орталық алаңға кешігіп келдім. Бармаймын дегенмін. «Ол кісіге алтын алам деп уәде бергем. Алдына қалай барамын? Ұят емес пе?» – дедім. Сонда әкімдіктегі кісілер келіп: «Олай деме, ол кісі шақыртып жатыр. Белдесулеріңнің бәрін өзі көрді. Әділетсіздік орын алғанын біледі. Жүр», – деп алып келді. Орталық алаңда тұрған кезде Қанат Алдабергенұлы: «Ақжүрек, жарайсың! Сөз бердің, уәдеңде тұрдың. Болды. Мен саған разымын», – деп қолымды қысты.

Белоглазов Қазақстаннан нәтижесіз ақша жасап кетті

– «Уәде – Құдай сөзі» деп жатады. Осыдан біраз уақыт бұрын спорттық мансабыңызда Олимпиада медалінен бөлек, Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының медалін алуға уәде берген едіңіз. Сөзіңізде тұрдыңыз. Қанша дегенмен спорт қой. Неге сонша сенімді болдыңыз?

– Адамның спорттық бабына келуі оңайырақ. Ол үшін маған үш ай жеткілікті. Бұл жерде мен өзімнің мүмкіндігімді білдім. Ешкім оқу-жаттығу жиындарында ашуландырмаса, мен ол жарыстан 100 пайыз медаль алатынымды білемін. Неге десеңіз, ешқандай артық әңгімесіз, жан тыныштығымен барамын. Жақсы көңіл-күймен барған соң ойдағыдай күресіп қайтамын. Кейде сол оқу-жаттығу жиынында түртпектейтін жайттар баршылық.
Кезінде Сергей Белоглазовты ұлттық құрамаға бапкер қылып әкелейін деп жатқан кезде Ерлан Қожасбаймен Астанада Азия чемпионатын көріп отырып, сөйлестік. Ол кісі: «Белоглазовты алып келгелі жатырмыз. Ақжүрек, қалай қарайсың?» – деп сұрады. Мен оны алып келгенмен Үкіметтің ақшасын беретіндерін, елдің ақшасы ағылып жатқанын, «Самқұрық-Қазына» қаржы құйды екен деп 15-20 мың доллар төлей беруге де болмайтынын айттым. Айналып келгенде ол әр қазақтың салығынан түскен қаражат. Былайша айтқанда, сол Белоглазов әшейін келіп, ауадан ақша жасап алды ғой. Ол енді әр қазақтың маңдай терімен келген еңбектің ақшасы. Оны айдаладан келген еврейге бергеннен не пайда дедім. Одан да сол қаражатты қазақтың балаларына бөліп берейік. Бұл оларды ынталандырады. «Мына жарыстан орын алсаң, осынша сыйақы беріледі. Енді мына додада өзіңді көрсетсең, осынша сыйақы» деп бөліп берсе, ұтатын еді. Көп баланың жағдайы жоқ. Ондай адам өз жағдайын жасағысы келеді. Аш бала әрдайым тоқ болуға тырысады. Жарыстарда ұта бастаған баланы осылай қанаттандырып отырып Олимпиадаға дейін апаруға болатын еді.
Белоглазов, мысалы, Белорусь елінде, АҚШ-та, Германияда, Жапонияда, Ресейде және өзге жерлерде бапкер атанды. Кейін эксперименталды база секілді интернат ашқан. Онда жүзден астам бала болған. Олардың сексен-тоқсанының жүрегінен ақау шыққан. Енді ойланыңыз да, одан: «Нәтиже көрсетіп, бір әлем чемпионатының жүлдегерін бердің бе?» деп сұраңызшы. Сонда Ержан Қожасбай маған күліп қарап: «Ақжүрек, сенде қызғаныш сезімі туып тұр ма?» – деді. Мен не үшін қызғанамын? Маған бәрібір. Қалтамнан төлеп жатқан жоқпын. Бірақ, біздің елдің ақшасы ғой. Оны бөтен біреуге бергенше, қазақтың қолына ұстатайық деген ой болды. Жоқ, әкелді. Аяғы қалай аяқталды? Шығарып салу керек, шығарып сала алмайды. «Үйіне қайтам деп айтты. Бүйтті, сөйтті. Қайтарып жатырмыз», – деп ақталды. Ал нәтиже қайсы? 2016 жылды алып қарайық. Бір медаль жоқ.

– Қысқасы, қазақтарға ондай жағдай жасамайды дейсіз ғой…

– Мысалы, мені де командаға бапкерлікке шақырады. Бірақ маған 1500-2000 доллар береді. Ал анау 20 мың доллар алады. Мен жұмыс істеймін, анау қарап отырып 20 мың долларды қалтасына басады. Ал еңбектенгенім үшін мен 2000 долларды місе тұтамын ба? Ол жаққа барып не істеймін? Егер сол ақшаны маған берсе, қазір сол жақта жаттықтырушы болатын едім. Балалармен бірге жүріп, олар жатса – жатып, тұрса – тұрып, үш мезгіл жаттығу жасаса, солармен бірге үш мезгіл мен де жаттығуымды жасап жүретінім сөзсіз. Жалақыма сай аянбай тер төгуден қашпайтын едім. Ал ол келді, жатты, ішті, жеді. Америкадан әйелін, қызын алдырады. Демалады, қайтады. Рахат деген осы ғой. Ең сорлы халық қазақтар екен ғой деп тып-тыныш ақшасын алды да кетті. Оны қойшы, кейін елімізге Хаджимурат Гацаловты алдырды. Жақсы балуан жақсы бапкер болады дегенді білдірмейді. Сол секілді мықты бапкер міндетті түрде мықты балуан болады дегенге кепілдік жоқ.
Енді қараңыз, Бувайсар Сайтиев секілді дүние жүзінде балуан жоқ. Бірақ ол неге жаттықтырушы болмайды? Сайтиев өзінің мықты бапкер еместігін мойындайды. Гацалов – Олимпиада чемпионы. Осетиндіктер оны Қазақстанға жібере салды. Ал Хетаг Газюмов – Олимпиаданың күміс жүлдегері. Алайда оны бас бапкер қып алып қалады. Мен «неге Олимпиада чемпионын бас бапкер қылмайды?» деп ойладым. Біреулер осетиндер христиан деп бөлді дегенді алға тартады. Менің ол жаққа барып жүргеніме қаншама уақыт болды. Оларда ондай жоқ. Дағыстанда бар. Ал осетиндіктер оған қарамайды. Демек, Гацалов олар үшін бапкер ретінде – нөл. Бірақ оны бізге бапкер қылып әкеліп, 15 мың доллар жалақы берді. Екі жыл жұмыс істегенде Гацалов не бітірді? Түк тындырмады. Сол кезде біз блогерлерге де айтып үлгермеппіз ғой. «Ананың жаттықтыру процесін барып түсірші» деп айту ешқайсымыздың ойымызда болмапты. Ол бір адамға әдіс көрсетеді. Үйрете алмаған соң бұрышқа барып, ұялы телефонын шұқылап, 15 мың долларыма қанша уақыт қалды деп жатады.
Ал енді Майрбек Юсуповтың әңгімесі бөлек. Оған қажет болса, 30 мың доллар төле, еңбегін ақтайды. Бірақ оған 10 мың доллар береді. Ана екеуіне 20, 15 мың доллар… Бірақ Юсуповтың еңбегін көрсең, мұсылман кісі ғой, адалынан жұмыс істейді. Осы кісі келген кезде қуандым. «Бітті, мен Әлем, Азия чемпионаттарында медаль алу керекпін» дедім. Бір жылға жетпей Әлемнің қола жүлдесін алып, Азия чемпионы атандым. Астанада да көрдіңіздер, әлем чемпионатының қанша жүлдегерін шығарды, Олимпиадаға қанша жолдама алды. Азиядан екі алтын алуды қазақтар армандап өтіп еді ғой. Қазір екі чемпионнан бөлек, әрбір Азия чемпионатынан алтын жүлдемен келіп жатыр. 74 килограмм салмақта жыл сайын Азияда топ жарамыз. Арман ақиқатқа айналды. 65 килограмм салмақ дәрежесінде де жағдай солай. Мына кісі келгелі бәрі дұрысталды. Шынымен да мықты маман. Бас бапкер Әсет Серікбаев бауырымда қызғаныш жоқ. Оның арманы – күресті дамыту, өркендету. Мен күресіп жүргенде Әсет мені жаттықтырды. Екеуміз доспыз. Досым болған соң онымен сырласамын. Одан соң күресу де, жаттығу да оңай болады. Юсупов қай елге барса, сол елден Олимпиада чемпионын шығарып жатыр. Әлемдегі нөмірі бірінші бапкер. Алла оны қазақтың пейіліне берген. 2016 жылы Якутияда Лебедев пен Мусукаевтың белдесуінде екіншісін төрешілер қысып жібереді. Сол кезде бүкіл Дағыстан жарыстан кетіп қалады. Көрдіңіз бе, олар «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» дейді. Юсупов Ресейді жаттықтырмаймын деп өкпелеген сәтте Ислам Байрамуков мүмкіндікті пайдаланып қоңырау шалған. Осындай мүмкіндікті пайдаланбағанда ол келмес еді. Майрбек сөзінде тұрды. Ресей жағы көп ақша ұсынып қайта шақырса да бармады. Жағдайы бар кісі болған соң ол бапкерлікке хобби ретінде қарайды. Чемпион тәрбиелегеннен ләззат алады.
Лицензия алғанға дейін 18 мың жалақы алдым

– Қазақта «сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Праймеризге түстіңіз. Не үшін қатыстыңыз?

– Жылдың басында бюджет бөлінетінін білесіздер. Спортқа қаржы қарастырылады. Депутат болған соң, спорттың мәселесін көтеруге болады.

– Олимпиададан келген соң біраз уақыт тым аз жалақы алыпсыз…

– Шынымды айтайын ба? Олимпиададан келген кезде 64 мың теңге жалақы алдым. Екі жыл бойы Олимпиаданың қола жүлдегері болғаныма қарамастан осынша айлықты қанағат тұттым.

– Неге?

– Біздің депутаттар спортшылардың жалақысын көтеру мәселесін қолда­маған деді. «Өте көп алады» деп айтады дегенді алға тартты. Енді депутаттардың көбі миллион жалақысы бар жұмыс болмаса істемейді ғой. Бала-шағасынан бөлек, көлігінің өзі керемет. Бірақ спортты білмейді, түсінбейді. «Ой, спортшылардікі не ол? Барып күресіп, бір медаль алып келді. Онда тұрған не бар? 64 мың жетеді», – дейді. Лицензия алғанға дейін мен Қазақстан чемпионатын 2003 жылдан бастап ұтып келдім. Жалақым 18 мың теңге болды. Жолдама алған соң 36 мыңға көтерді. Олимпиадада үшінші орын алған соң 64 мың жалақы қойды. Сол кезде мен Гамлет Төраханұлына кіргенмін (сол жылдардағы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы). Сонда ол: «Ақжүрек, мен бастық болып отырып, 92 мың айлық аламын. Аллаға шүкір жетеді. Неге жылай бересің?» – деді.
Сонда қалай? Мен өзіме жағдай жасау үшін еңбек еттім. Екі бауырым, әке-шешем бар. Қалай жағдайды реттеймін? Бала-шағам өсіп келе жатыр. Еңбек етіп жүрмін, қаншама денсаулығымды бердім. Қан қысымым көтеріліп ауруханаға түсіп жүрдім. Тіркеуде болдым. Омыртқам қозғалған, басқа да аурулар жеткілікті. Бір отаны дәрігерлер «өзімізсің» деп жеңілдікпен жасағанның өзінде дәрісі, басқасы бар 200 мың теңге кетіп жатты. Аяғыма бір емес, төрт рет ота жасаттым. Сақтандыру мүлде төленбеді. Бәрі өз қалтамнан шықты. Сонда бұл қалай деймін ғой. Депуттаттар қолдамаған дегенді алға тартады. Мұның бәрі көкейде тұрады. Сол үшін спорттың мәселелерін жетер жеріне жеткізіп айтпақ ниетпен депутат болғым келген. Бәрін дәлелдеуге тырысқанмын.
«Е, мынандай жағдай. Әрқайсының денсаулығы жоқ. Қазақстан чемпионы атанған балаға грант берейік, орын алғанына елу пайыз жеңілдік жасайық. Ректорларды шақырып сөйлесейік. Мемлекеттік оқу орындарының грантын кілең байдың баласына бере бермей, спортшыларға белгілі көлемде грант бөлдірейік», – деген мәселені көтерсем деп ойладым. Жылына 50 спортшыға грант берсінші. Қандай чемпиондарды тәрбиелейтін едік. Оқу үшін Алматы мен Елордаға қанша спортшымыз кетті. Бұрынғы педагогикалық институтты Дария Пернешқызы басқарғанда қанша спортшының жағдайымен кірдім, қарсы болмады, қолдады. «Ақжүрек, сендер лайықтысыңдар. Қай факультет десең, соған қабылдаймыз», – деді. Балалар дене шынықтыруды былай қойғанда заң факульетіне дейін оқуға түсіп жатты. ТИГУ-дың ректоры Ерболат Саурықов та қамқорлығын аямады. Үш жыл болды. Осындай жұмыстардың арқасында Алматы мен Елордаға бала жібертпедім. Грантқа түсе алмаған кейбір баланы Шавкат деген досым бар. Сол сияқты жігіттердің көмегімен оқытып жатырмыз. Тіпті кейде киім-кешегін алып береді. Спортшы достарымыз да көмектеседі.

– Праймеризде алған даусыңызға көңіліңіз тола ма, танымалсыз, аз дауыс жинаған сияқтысыз. Нәтижеге сенесіз бе?

– Шынымды айтсам, сенбеймін. Жәй инстаграмның, ватсаптың өзінде қаншама топта бармын. Әр топта 1000-1200 адамға дейін отырады. Бәрі: «Ақжүрек, саған дауыс бердік», – деп жазып жатады. Бірақ қарасам, төрт жүз бірнәрсе адам ғана дауыс берген деп көрсетіп қояды. А, жарайды, солай шығар дедім. Бұйырмай тұр екен дедім де қойдым.

– Ал қазір спортшылардың жалақысы дұрысталды ма?

– Шүкір, Нұрбол Жүнісбеков басқарма басшысы болып келгелі мәсе­лені көтеріп, әкімдікке барып, тиісті адамдарға қол қойдырды. Аллаға шүкір, қазір спортшылар жақсы жалақы алады. Олимпиаданың, Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы болған мен ондай айлық алған емеспін. Олимпиада жолдамасын алған Әлішер Ерғали қазір 600 мың теңге айлықпен жүр. Негізі бір миллион екі жүз мың теңге ғой. Қазір елу пайызын төлейді. Егер Олимпиададан үшінші орын алса, қалған ақшасын береді. Нұрбол Әбдімәжитұлы келгелі жағдай дұрысталды. Өзі де күрескен жігіт. Сол қиыншылықтан өткен соң бәрін түсінді. Жалпы спорт саласын спортшы басқарғаны дұрыс.
Олимпиададан кейін жағдайым жақсы. Мал шаруашылығым, фазендам бар. Ақша жетпей жатса, сыйақыны балаларға өз қалтамнан беремін. Проблема емес, бір жылқыны сата саламын. Жылына 3-4 жылқы сатамын. Менікі асылтұқымды мал болған соң миллион, екі миллионға ойланбай беремін. Сосын әрбір ел чемпионатына ақшамен кетемін. Жарыстың уақытын біле сала, тұтынушыларыма қоңырау шаламын. Келіп алып кетеді. Орын алған бойда сыйақысын ұстатамын. Осылайша оларды ынталандырамын. Көп ақша беріп жатқаным жоқ. Чемпиондарға 100 мың, күміс медаль алғанға 50, үшінші орынға 30 мың төлеймін. Ол үйіне қуанып барады. Спорттық киімдер де қымбат. Балалар қасындағы жігіттердің киімін көрген соң олардан кем түскісі келмейді. Чемпион болмаса, жағдайы келмесе, жаман киіммен жүреді. Бірақ бәрі дұрыс жүргісі келеді ғой. Сол үшін тырысады. Ана жылы командамыз тарихта бірінші рет командалық есепте топ жарды. Бір жылда екі Азия чемпионын беру деген қандай табыс мысалы. Бүкіләлемдік ойындардан да біздің өңірдің баласы алтын алды. Енді Қазақстан чемпионаты Өскеменде өтпек. Олардың командасы Таразға оқу-жаттығу жиынына сұранып жатыр. Бәрі Таразға келгісі келеді. Атырау, Шымкент, Ақтөбе тағы өзге қалалар да ат басын бұрмақ. Оларға «Мықты балаларың қалады. Қалғанын қуып жіберемін», – дедім. Бұл – дағыстандық әдіс. Балаларымызды бағалауға тиіспіз. Менің балам олардан бір бас жоғары болса, қонақ екен деп, олардың «қапшықтарымен» күреспейді ғой. Оларға «Мықтыларың болса, мақұл. Қапшықтарың үшін өз балаларымды құрбандыққа шалмаймын», – деп ашық айттым.

– Әлішер Ерғали Алматы қаласының атынан Олимпиадаға жолдама алды. Оны ертерек облысқа әкелуге болмас па еді?

– Гамлет Төреханұлы басқарманы басқарғанда бұл мәселе айтылған. Ол кезде Әлішер кішкентай болатын. Соңымнан ілесетін бала керектігін жеткіздім. Руслан Сексенбаев пен Мейіржан Әшіров қасымда жүрді. Руслан жарақат алған соң бапкер болуға кеңес бердік. Ол келісті. Шоқан ағайымыздан кейінгі мықты бапкер осы Руслан болды. Азия чемпионаты және басқа жарыстардан нәтиже көрсетті.
Кейде бізде сенбейді ғой. Аллаға шүкір, интернатқа алдырып жатқан балалар чемпион боп жүр. Лицензиялық жарыстың алдында Әлішердің мәселесі айтылды. Нұрбол Жүнісбеков мақұлдады. Бірақ лицензиялық жарысқа аз уақыт қалған соң оны шақыртып, ойын бөлгіміз келмеді. Аман-есен жарысын өткізіп алсын дедік. Сосын әкесімен, ағаларымен сөйлестік. «Менің де басымда болған жағдай. Сен қайт, кішкентай жер деме Таразды. Қолымыздан келгенше жалақыңды қойғызамыз», – деп алып келдік. Бастық қолдады. Қолдаған ағаларға рахмет! Құдай қаласа, Олимпиадада медаль беріп қалады деп отырмыз.

– Әлішерді Токиода медаль береді деп отырсыздар ма, әлде одан кейінгі Олимпиадада ма? 97 килограмм салмаққа көзді ашып қарасақ, кіл ықтылар жүр. Садуллаев бастаған саңлақтардан жеңісті жұлып алу утопия сияқты көрінеді кейде…

– Олимпиадада ешкім ештеңені білмейді. Менің салмағымда әлемді үш рет ұтқан, бір рет жеңген, Олимпиада чемпиондары болды. Менің тобыма кіл мықтылар түскенде «Ой, Ақжүрек мына топта бір айналымнан өтсе – жақсы болады», – дескендер де кездесті. Спорт шебері тек қана мен. Қалғандары – еңбек сіңірген спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Олимпиада чемпионын да, Әлем чемпионын да жеңдім ғой. Жақсы формамен барса, Садуллаевты да жеңуге болады. Ол да – адам.

– Тағы да Әлішер туралы сұрайын. Соңғы ел чемпионатында қарсыластарына бірде бір ұпай бермеді. Енді осындай қарсыластармен елде дайындалу оған қаншалықты қажет?

– Рас, Қазақстандағы қарсыластар оған қарсылас болып жарытпайды. Өсу үшін Садуллаев, Снайдерлермен жаттығуы керек. Мына карантин деген қолбайлау болды ғой. Рұқсат беріліп жатса, ұлттық құрама қарсылық танытса да, облыстың есебінен сыртқа жіберіп, дайындауымыз, осы баланы өсіруіміз керек.
Қызмет – әкемнен қалған мұра емес

– Үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев сұхбаттарының бірінде: «Саланың өткір мәселесін әкімге айтпақ болсаң, қасыңда басқарма басшысы отырады», – депті. Өзіңіз де қазір спорт мектебінің директорысыз. Мәселені еркін көтеруіңізге қызмет кедергі келтірмей ме?

– Бұл орын әкемнен қалған мұра емес қой. Аллаға шүкір, қай күні әкім немесе басқа басшы келіп: «Жұмыс істей алмайсың, орныңды босат», – десе, қорықпай тұрамын да кете беремін. Неге десеңіз, Олимпиададан келген соң қаншама сыйақы алдым. Мал шаруашылығын аштым. Кішігірім бизнесім бар. Олигарх болмасам да, ел қатарлы өмір сүре аламын. Байлық – 20-30 килограмм алтында немесе екі-үш қабатты үйде емес, ұл-қыздарыңа білім бергеніңде, соларды дұрыс өсіргеніңде. Оған миллион доллар керек емес. Менің байлығым – ұл-қыздарым.

– Ұлыңыз күреске қызығады иә, аяғыңызға талай ота жасатқансыз. Оның балуан болғанын қалайсыз ба?

– Балам күреске қызығады. Күреске бергім келмейді. Неге десеңіз, тіземнің өзіне төрт, аяғыммен қосқанда бес рет ота жасаттым. Иық, қолды, омыртқаны қоспағанда. Сондықтан балам оқып, дұрыс жерде жұмыс істесе екен деймін. Қиыншылық көріп жүрген балаларды «досым» деп айтқызып, солармен достастырамын. Олар дұрыс жолға ұмтылады. Күреспе десем де, күресемін дейді. Үлкен қызым гимнастикадан қалмайды. Басқа қызым тенниске барады. Кішкентайым ғана бұл саладан бас тартып жүр.

– Осыдан біраз жыл бұрын Әділет Дауланбаевты соңғы мүмкіндігінен айырып, Олимпиадаға легионер Аслан Кахидзені апарды. Сол кезде Әділеттің Асланды үш рет қатарынан ұтқанын айтып, Ислам Байрамуков қана дабыл қақты. Кахизде Олимпиадада түк тындырған жоқ. Басқа спортшылар неге үндемеді?

– Енді Дауланбаев қазақ қой. Егер ол басқа ұлт болса, шырылдайтын еді. 2016 жылы Белоглазов отырған кезде Олимпиадаға мен де салмақ қудым. 65 килограмм салмақта бақ сынау үшін тырыстым. «Мен лицензия алып келемін. Сосын кімммен болса да күресемін. Тек мені лицензиялық жарысқа қойыңдар», – дедім. Қоймады. Ақыр соңында 65 килограмм салмақта лицензия ала алмады. Менің лицензия алатыныма олардың да көздері жетіп тұр.

– Неге олай болды?

– Мен лицензия алып келсем, Қазақстандағы балаларды тағы жеңіп аламын. Ал Олимпиадаға барған соң, әлгі түрік, моңғол, өзбектер болды ғой. Моңғол мен өзбек үшінші орынға таласты, өзбек барлық жарыстың (Олимпиаданы қоса есептегенде) жүлдесін алды. Мен оларға ешқашан ұтылмағанмын. Мен барсам, орын алып тұрмын. Ертең екі дүркін жүлдегер немесе Олимпиада чемпионы атансам, әңгіме басқаша болады ғой. Ол кезде шындық тіпті қатты айтылады. Маған барар жер, ашылатын есік көбейеді. Қазірдің өзінде ойын еркін айтатын Ақжүрек сосын тіпті оталады. Фейсбукте өз ойымды тоқтамай еркін жаздым ғой. Кейін: «Ақжүрек, саған не болды?» деді олар. Олар маған қаншама адам қоңырау шалғанын, боқтағанын «Ей, «вольниктер» медаль қайда?» дегенін қайдан білсін? Сол кісілерге нөмірлеріңізді берейін, жауап беріңіздер дедім. Белоглазовқа абырой емес, ақша керек болды ашығы. Сол кезде күрескен қазақ балаларынан сұрасаңыз, кез келгені шындықты жайып салады.

– Күреске легионерлер неге керек, осыған тоқтау салатын кез келген жоқ па?

– Тоқтату керек! Онсыз болмайды. Егер бір салмақ дәрежесі нашар болса, мейлі. Мәселен бізде қазір 120 килограмм салмақ онша болмай тұр. Осы салмаққа өте лайықты легионер әкел. Өйткені қазақта 120 килограмм салмақта балуан жоқ. Шындық – осы. Бірақ сырттан әкелген соң кемі Олимпиададан жүлде алатын жігіт келсін. Нәтиже қажет. Өйткені мемлекет қанша ақша салып жатыр. Қанша айлық, дәрумен… Кезінде Таймазовты алмай, Муталимовты әкелді. Таймазовты қараңызшы, қандай нәтиже көрсетті. Муталимов үштікке әрең кірді.

– Сізге «белдесуді сат» деген екен Олимпиадада…

– Армяндар 150 мың доллар ұсынды. «Сатпаймын!» – дедім.

– Сізді көше төбелесінен жиі көрінген дейді. Рас па?

– Он жасымнан бері Тараздамын. Тараздың байырғы түсінігін білесіздер. Қанша рет кішкентай кезімде таяқ жесем де, түрмедегілердің біреуіне ақша берген емеспін. Мен үшін сотталған жоқ. Спортшы балалармен бірге жүрдім. Қысқасы, түрмеге ақша жібергісі келмейтіндер біріктік. Сосын «Ақжүрек бандит екен» деген әңгіме кетті. Спортшылар үшін барлық жерге ойланбай барамын. Интернатқа келгенде де төбелестім. Милицияның да алдын көрдік. Пістік, жетілдік. Тіпті Елдостар да (Сметов) біледі. Спортшылардың мәселесі үшін барамын. Жекпе-жекте бәрін ұтатынымды анық білемін. Тіпті танымайтын спортшылар үшін де жетіп барып жүрдім. Өйткені спортшының жаны бір.

– Сонда мен де спортпен шұғылданып жүріп, мәселе туындап сізге хабарлассам, келер ме едіңіз?

– Баратын едім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ

Пікір қалдыру