Махаббаттың киесі

Тұрсынхан Шалдибекқызы

Жұмыстан қайтқан Берік үйінің табалдырығын қабағы тұнжырап, ұнжырғасы түсіп, көңілсіз аттады. Былдырлап алдынан жүгіре шығатын екі қызының күлкісі кірлеген көңіл терезесін жуып-шайып жарқыратып жіберетін. Бірақ бүлдіршіндерінің тықыры естілмейді. Құлаққа ұрған танадай. Әйелі қыздарды алып қыдырып кеткен сияқты. Ермегі-қыдыру . Күні бойы қарап отырған адамның екі қолы алдына сыюшы ма еді. Әсіресе бүгінгідей айтысып-тартысқан кездерде қолдау көрсететін жанашыр іздеп тентіреп кететіні бар. Күйеуінің өзіне деген қарым-қатынасының қара бояуын баттастыра көрсетіп, ішін бір босатып алмайынша күндіз күлкіден,түнде ұйқыдан айырылады. Екі иығын жұлып жеп ұрынарға қара таппай жүретін әйелі Айпара таңертең жоқ жерден ұрыс шығарғаны. Бұрынғы сүйіктіңді бір сәт те есіңнен шығарған емессің. Шырт ұйқыда жатып: «Данагүл, кетпеші өтінемін, – деп айқайлағаныңды білесің бе? Сүймесең маған неге үйлендің? Әйелім еді-ау деп көңіл бөліп қоймайсың.
– Тағы бастадың ба?
– Данагүлден қай жерім кем? Түр десе түрім бар.
– Түрің бар, бірақ ақылың жоқ.
Бұндай тәжікелесуден кейін ас батушы ма еді. Нәр татпастан жұмысына кете барды.
Жатын бөлмеге бас сұғып киім ауыстырды. Әйелінің киімілгіштері бос тұр. Демек, тайып тұрған. Онымен бас құрағаннан бері қит етсе қаша жөнелетін «өнеріне» қанық. Анасы, әпкелері Айпараның кінәмшілдігіне, өткен жерінің әптер-тәптерін шығаратын құйын мінезіне, қызғаншақтығына көздері жетіп, Берікті аяйтын. Әсіресе анасы: «Ұлымның бағы ашылмады-ау», деп күйінетін. Тағатын кінәсі – Данагүл. Әлдеқашан іргесін аулақ салған Данагүлді жастық шақта жақсы көргені үшін күйеуін атарға оғы жоқ.
Ас үйге барып шай қойды. Кешегі қуырдақтан қалғанын жылтып жеп жүрек жалғады. Диванға қисайып, теледидарды қосып еді, Шаншар театрының концерті болып жатыр екен. Қарауға зауқы соқпай, сөндіре салды. Неге екенін әйелі есіне түсті. Өзіне тағатын пайдасыз кінә-мінәсі, бабын табуы қиын ойпы-тойпы мінезі жігіттің төзімін тауысып-ақ біткен «Айпара үйіне барып, менен қорлық көрген пұшайман жанның кейпіне еніп жыламсырап мұңын шағып отырған шығар шешесіне».
Әйелге тән нәзіктігімен, жағымды мінезімен көңілімді кірлетпесе мен де ит емеспін ғой. Неге сыйлап-құрметтемеске, неге өмірлік серігім, балаларымның анасы ретінде аяламасқа. Екі сөзінің бірі – мені сүймейсің. Сүю адамның ырқына көнбейтін жүректің ісі екенін білмейді деймін-ау».
Көрмей-білмей сырттай өштесіп, ұрыс-керісінің себеп-салдарына айналған Данагүлді бұның өліп-өшіп сүйгені рас. Алматыдағы нөмірі екінші мектепті жақсы бітіріп, бірден энергетикалық институтқа түсті. Бір топта оқитын құмырсқа бел, аққу мойын, талдырмаш қызға салғаннан ғашық болды. «Көңілің түскенге көзің де түседі» демекші сол арудың жүріс-тұрысын, басқалармен қарым-қатынасын жанарымен бағатын да отыратын. Жыл бойы қызға деген сезімін құпия ұстады. Қызға көңілін білдіруге енді оқтала бергенде себеп те табыла кетті. Гүлім есімді курстас қыз тұрмысқа шығатын боп, той өтетін мерзімді бірінші курсты тәмәмдаған күнге белгілепті. Берік пен Данагүл аудоториядан бірге шығып келе жатқан.
– Данагүл, өзіңе бір қолқа салмақпын. Қабыл алуыңды өтінемін.
– Айтып көр.
– Тойға киетін костюм-шалбар алуым керек. Сенің таңдағаныңды қалаймын.
– Неге менің…?
– Ең алғаш жүрегімді дір еткізген өзіңсің десем, сенер ме екенсің?
– Ең алғаш дегенің қашан?
– Бірінші курстың алғашқы аптасында-ақ.
– Жүрегіңді дір еткізгенмен, сезім отыңды тұтата алмаған сияқтымын ғой.
– Неге олай дейсің?
– «Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма» демейтін бе еді дана Абай. Менен көз алмай тесе қарап отыратының болмаса сен тарапынан ыстық ынтызарлықты байқамаппын.
– Оқу басталмай жатып артыңнан жүгірсем, жеңілтек әлдекімге балайтының анық. Сезімді ақылға жеңдіре білу де ерлік. Әр нәрсенің жұлдызды сәті болады.
– Пікіріңе алып-қосарым жоқ. Жарайды, костюм-шалбарыңды бірге тандайық.
– Рақмет, Данажан.
Ұзын бойлы, талғаммен киініп, көмірдей қара шашын тік жоғары қайырып жүретін тұрпатты жігіттен Данагүл де кет әрі еместі. Үзіліс кездерінде, кейде сабақ үстінде де өзінен көз айырмай тесе қарап отыратынын екі-үш мәрте байқаған. Жанарлары шарпысып қалғанда да жігіт ыңғайсыздық танытып, көздерін тойдырмай безеріп отыра беретін. Көзқарасынан қайсарлықтың, ынтызарлықтың белгісін жазбай танитын. Арманындағы жігіт сезімін білдірсе, одан неге бас тартсын. Сөйтіп базарға бірге бармақ боп шешті. Жігіттің келісті келбетіне қызыққандай оған әлсін-әлсін ұрлана көз тастап қояды Данагүл.
Бұлар ұзынынан ұзақ созылып,бірнеше шақырымды алып жатқан «Барахолка» деп аталатын базарға келді. Ғимараттың екі жағы бөлек-бөлек бутиктерге (дүкендер) бөлінген. Әрқайсысы киім-кешектің түр-түріне толы. Ортадағы тар жолмен ары-бері өтіп жатқан сатып алушылар кей тұстарда кептеліп, бір-біріне кезек беріп тұрғандары. Костюм-шалбарлардың бірде-біреуі Берікке ұнамаған соң ілгерілей берді. Екінші корпусқа өте берісте адам аяғы сиректеу тұстан жас баланың шар еткен ащы даусы жұртты елең еткізді. Төрт-бестердегі кішкене қызды қысқа шашы дудыраған әйел шапалақпен беттен осып-осып жіберді. Данагүл Берікке «Кешір… мен қазір…» деп қастарына жетіп барды. Қыз басын қолымен көлегейлеп қорғанған болады. Бақырып жылап тұр. Әйел тағы да қолын көтере бергенде:
– Ұрмаңыз баланы! – деді Данагүл өктем үнмен. Әйел жалт қарады. Екі көзі шатынап,бетінің түгі сыртына теуіп ауру адамдай дірілдеп-қалтыраған ол: – Ұрсам өз балам, сенің не шаруаң бар? – деді аузынан түкірігі шашырап.
– Іштен шыққан балаңыздың тілін таба алмай жұдырығыңызға жүгінгеніңіз аналық мейіріміңіздің тапшылығы. Қараңызшы, бала дір-дір етеді. Таяқтан әбден зәрезап болған.
– Таскенеше жабыспай аулақ жүр. Менің білетінім «Аюды үйреткен таяқ»
– Баланың өгей анасы шығарсыз, шыныңызды айтыңыз. Өйтпейінше мен сізді газетке жазамын. Әйел сәл кідірді.
– Өзімнің-ақ қызым. Мінезі шатақ. Бабын табу қиын. Әлден өзінікін істеймін деп қиғылықты салады. Бала боп ақылмен айтқаныңа да, алдағаныңа да көнбейді ғой. Жүйкемді жұқартып бітіретін болды. Әуеніне төңкерілуді жағдайым көтермейді. Үш баланы әкесіз өсіріп жатырмын. Куйеуім ғашығын тауып, бізді тастап кеткен. Ауруханада медбике едім, бас дәрігер орнымды туысына тартып әперіп, еден жуамын. Әйелдің көздерінен жас та ыршып кетті.
– Қамықпаңыз, бәрі жақсы болады. Мен сізге көмектесемін, – деді ойланбастан қыз. Қызды психологқа көрсетіңіз. Туған әпкем балалар психологы. Телефонын берейін. Өзім де айтамын. Қол сөмкесінен қағаз, қалам алып жазды да әйелге ұсынды.
– Оған беретін артық ақшам жоқ.
– Ақысыз қарап береді. Ол сондай қайырымды жан.
– Рақмет, сіңілім. «Жүздің түсін танығанша бірдің атын біл» деген. Есімің кім?
– Данагүл.
– Менің есімім – Шарипа.
Рақмет, Данагүл. Жақсылығың Алладан қайтсын.
– Жол сілтегенімді жақсылықпен шатастырмаңыз.
– Мен үшін жол сілтегенің үлкен жақсылық.
– Айтпақшы, куйеуіңіздің аты-жөнін беріңізші. Қазіргі мекен-жайын.
Әйел сәл аңырып қалды да:
– Ол неге керек? – деді таңданып.
– Керек болған соң сұрап тұрмын. Айтыңыз, өзім жазып алайын.
Әйел айтты. Данагүл жазып алды.
– Ендеше, жақсы, қызыңызды міндетті түрде апарыңыз.
– Апарамын.
Былай шыға бере Берік:
– Данагүл, сені басқа қырларыңнан көргендеймін. Біріншіден, қажетсін­гендерден көмегіңді аямайтын қайырымдылығыңа тәнті болдым. Екіншіден, шапылдаған шайпау әйелді тізе бүктірдің. Сөйлеген сөзіне, іс-әрекетіне ақыл жетекші болу керек адамның. Қиындықтан ақылың алып шықты.
– Ол әйелді сондайға жеткізген тағдыр тәлкегі. Үш баланы бір өзі асырап, тәрбиелеу еңбек ақысы төмен адамға қиын-ақ.
– Шірке-е-н, сенің көл-көсір мейірім-шапағатыңа бөлену бақытына ие болсам ғой…
– Ол өзіңе байланысты. Жүрегімдегі мейірімді иітетін қасиет, артықшылық өз бойыңнан табылып жатса, қанеки.
– Табылғанда қандай! Сен үшін бәріне дайынмын, Данажан.
– Бәрін уақыт көрсете жатар. Күні бұрын уәдені үйіп-төкпей тұра тұр.
– Газетке жазамын дегенің қорқытқаның ба?
– Шыным. Ара-тұра газеттерге мақала жазып тұрамын. Әділетсіздікті, қиянатты жаным сүймейді.
– Баспасөз беттеріне шыққан мақалаларыңды оқысам бола ма?
– Болады. Әрине.
Беріктің ойындағыдай костюм бұларды көп сенделтіп табылды-ау. Данагүлдің таңдауымен шымқай қара костюм құйып қойғандай жараса кетті.
Бірінші курстың соңғы сынағынан өткен күні кешке қарай топтағалар тайлы-таяғымен той өтетін үлкен мейрамханаға жиналды.
Асаба жас жұбайлардың келе жатқанын хабарлап: – Қане, екі жаққа бөлініп тұрып «Той бастар» әнімен қарсы алайық деп ескертті де әнді зор дауыспен бастап та жіберді. Тұрғандар іле көтеріп әкетті. Міне, жас жұбайлар да ішке енді. Қыз, жігіттердің назарлары соларда. Етегі жер сызған той көйлек пен ақ фата Гүлімге ерекше сән үстегендей. Сұңғақ бойлы, қыпша бел, ақ жүзді арудың қара көздері қуаныштан тана моншақтай жалт-жұлт етеді. Жігіті де өзіне тым ұқсас секілденді. Берік қатар тұрған Данагүлдің құлағына сыбырлап: «Данажан, жас жұбайлардың бақыты екеумізге де жұғысты болғай деп тілеймін»-деді. Қыз сөзін құптағандай сәл басын изеді.
Той қызықты өтіп жатты. Жас жұбайларға тілектер айтылып, соңы әнге, биге ұласуда. Қыздың курстастарына кезек берілді. Бәрі ортаға шығып, қыз бен жігітке баянды бақыт, махаббат тіледі. Ең соңында сөйлеген Берік тілегін әнмен ұштастырды. Асаба қолындағы домбыраны алып, орындыққа жайғасып, құлақ күйін келтіріп алды да «Айқаракөзді» әуелете жөнелгенде биік, жағымды дауысқа жұрт сілтідей тынды. Көпшіліктің қолқалауымен «Көзіңнің мөлдірін-айды» шырқады. Жол-жөнекей Данагүл: – Берік, керемет биік даусың бар екен. Неге өнер жолын таңдамадыңыз? – деді. Аз ойланған жігіт:
– Атамның ақылына ден қойдым.
– Қандай ақылына?
– Өнер жолы – ауыр жол. Үнемі той гастрольде жүреді. Отбасы екінші кезекке ысырылады. Ал адам сүйіп алған жарымен, бала-шағасымен бақытты, – деген еді. Іштей өнерді сүйгеніммен таңдауым басқаға түсті.
Бірде сабақтан жатақханаға бірге келе жатып Берік бір әңгіменің шетін шығарды:
– Жуырда осында тұратын әпкемдікінде кілең сен тұр мен атайын дейтін саңлақ жігіттердің арасына түсіп қалғаным.
– Сонан соң не болды?
– Жездем жағынан туыс болып келетін інілері екен. Мені таңдарғынанына мамандықтары әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтынына қарамастан шетінен кітапқұмар.
– Шыңғыс Айтматовты оқымаған да жігіттер бар екен, – деді бірі.
– Бүкіл әлемге танымал тұлға, Қырғызстан мен Қазақстанға ортақ жазушыны танымау-білімсіздіктің белгісі, – деді екіншісі.
-Мүмкін ол өз мамандығының білгірі шығар. Әдебиет оқымайтындардың саяздығы бәрі бір көрініп тұрады, – деді үшіншісі.
Әңгімелерін тілімді жұтып қойғандай үн-түнсіз тыңдай отырып, қатты ыңғайсыздандым. Олар тілге тиек еткен шетелдік жазушылардың бірде-бірін оқымаппын.
– Өкінішті сияқтысың ғой.
– Ана жігіттердің шаңына да ілесе алмай қалғаныма өзімді қор санағаным рас.
– Басқаны зор, өзіңді қор санағаның жөн емес. Мектепті алтын медальға бітірдің. Сүйікті мамандығыңа қол жеткіздің. Институт қабырғасында да озат үлгеріп, құрмет тақтасында тұрсың.
– Осылай тоқмейілсиміз деп аз жетістікпен шектелеміз. Берік қабағын кіржитіп, өз-өзіне көңілі толмайтынын сездірді.
– Білесің бе, Берік, Жүсіп Баласағұни былай деген: «Білім – теңіз, түбі де жоқ, шегі де жоқ». Ал Блез Паскаль деген француз ғалымы әрі жазушысы: «Біздің білуімізде ешқандай шет те, шек те болмақ емес. Өйткені білудің өзі шексіз», – дейді. Білім-теңізді қотара тауысуға бір адамның ғұмыры жете қояр ма екен? Өзіңе керектісін үйрен,терең біл. Кемшін соққан жағыңды жетілдіруге, толмағаныңды толтыруға уақыт таба білу өзіңе байланысты.
– Данажан, ұлы ойшылдардың білім хақындағы пікірлерін қашан оқып жүрсің? Жігіттің көз шарасы кеңейе түсіп, риза қош көңілмен қызға елжірей қарады.
– Бұрын оқығандарымнан есімде жатталып қалғандары ғой.
– Мені дәйім таңдандырып келесің.
Бұрын мәлім емес басқа бір қырыңды жарқ еткізіп аша қоясың.
– Сен таңданатындай ғажап бірдеме істемеген сияқты ем…
– Ең бастысы-ойландырғаның, ақылыңмен желеп-жебеп тығырықтан шығарғаның. Данажан, сен жақсы, мейірімді ана болатын сияқтысың.
– Айтқаның келсін.
– Данажан, ертенгі жоспарыма орталық кітапханаға баруды ендірдім.
– Не үшін?
– Шыңғыс Айтматовтың бұрын оқымаған романдарының бірін оқуға саңым ауып тұрғаны. Сен де жүрсеңші.
– Ойланайын.
– Сен қасымда болмасаң, бірдемем жетіспейтіндей боп тұрады.
– Шын ба-а?
Данагүл жігітке көзін төңкере қарады.
– Сенің осылай қарағаның ұнайды ғой маған. Сүйіп алайын десем, ел-жұрттан ұят. Барасың ғой, ә?
– Жарайды, барайын.
Бұлар орталық кітапханаға жеткізетін көлік аялдамасына жаяу аяңдап келе жатқан.
Уақыт қалай тез өтеді десеңші:
Көк күмбезінде күлімдеп жер әлемді аппақ нұрымен шомылдырған күннің қызуы қайтып, жарқыраған жаз да өтті, – деді Данагүл өкінгендей.
– Иә-ә, уақытты тоқтатар күш қайда-а.
– Жылдың да төрт мезгілі адам өмірінің кезеңдерімен сәйкес келетін секілді көрінеді. Мәселен, көктемді балалық, жазды жастық шаққа теңесек, күзді адам өмірінің шау тартқан кезеңін күзге, кәрілікті қысқа ұқсатуға әбден болады. Әр мезгілдің басталар,аяқталар шағы бар. Ойлап қарасаң, мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі өткінші екенін ишаралап тұрғандай. Адам да табиғаттың бір жаратылысы ғой.
– Адамға Жаратқан ием тіл, ой, ақыл, сана бергенмен. Біраз нәрселерден бейхабар қалдырған. Мәселен, ертең,тіпті бір-екі сағаттан кейін алдыңда нендей жағдайға тап болатыныңды білмейсің.
– Қашан өмірден өтетіні де беймәлім. Өлетін күні мен сағатын білмей тіршілік үшін тырбанып жүре берсін деген сияқты.
– Баюды көздеп жанығып жүргенде қамшының сабындай қысқа өмір соңғы мәресіне жеткенін білмей де қалады ғой пенде.
– Иә -ә, өмір заңы-қатал заң. Келеді, кетеді адамдар.
Осы сәт қыз есімін атаған дауыс әңгімелерін үзіп жіберді.
Осыдан бірнеше ай бұрын базар ғимаратының ішінде қаршадай қызына шырқыратып шапалақ салған шайпау Шәрипа әйел өздеріне қарай жүгіріп келе жатыр. Келе Данагүлді құшақтай алды.
– Данажан, екеумізді Алла бекер кездестірмепті. «Жақсының шарапаты тиеді» деген. Сенің газетке жазған мақалаңды оқып, күйеуім қайта оралды. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң».
Мені кешір, – деді.
– Рас па-а? Қыз шынымен таң.
– Данагүл деген қызға рақмет. Күнәмді бетіме шыжғырып басты. Ай мен күннің аманында адасып, бетіңізге күле қараған жеңілтек әйелмен қол ұстасып кете барғаныңыз ақылыңыздың тапшылығын көрсетсе керек.Сіздің мейірімсіздігіңіз балаларыңыздың жүрегінде беріш боп байланатыны анық.
Дүние кезек. Ертең-ақ қартаясың. Өз балаларыңыздың көмегі мен қолдауы қажет болатын кез әлі алдыңызда. Ойланыңыз… деген сөздері ес жиғызды Данагүлдің, – деп отыр.
– Қызыңыз қалай?
– Аллаға шүкір қызым бұрынғы қыңыр мінезінен біртіндеп арылып келеді. Әпкең өте қайырымды жан екен. Өзің айтқандай ақысыз емдеп берді. Оған барып рақметімді айттым.
– Қуаныштымын.
– Медбикелік жұмысыма да қайта орналастым.
– Жақсы болған екен.
– Данагүл, Берік екеуіңді алдымыздағы сенбі түскі сағат 1-ге қонаққа шақыра келдім.
Келмей қалмаңдар.
– Барамыз, тәте. Сау болыңыз.
Данагүл анадайда тықыршып тұрған Берікпен қатарласа берді.
– Шәрипа әпкеміз алғаш көргендегіден көп өзгерген секілді,-деді Берік.
– Ең бастысы күйеуі қайта оралыпты. Данагүл деген қызға рақмет.Райымнан қайтарған сол, – депті.
– Сен онымен сөйлесіп пе едің не?
– «Жас алашқа» шыққан мақалам үлкен ой салса керек.
– Данажан, мынауың керемет қой! Отбасынан безген қайырымсыз еркекке сөзбен әсер ету сенің ғана қолыңнан келеді,жаным. Сен үшін қуаныштымын.Жігіт қызды құшақтай ап бетінен сүйіп алды.
– Бері-і-к, ұят емес пе,жан-жағымыздағы жұрттан.
– Айтпақшы, сенің жазғаныңды мен неге оқымаймын?
– Кешір, саған айтуды ұмытып кетіппін.
– Шын ұмытып кетсең,сен үшін елеусіз адам болғаным ғой.
– Қойшы енді Берік, рас айтамын. Газетті сумкаға салғанмын саған көрсетейін деп. Бермеппін. Ұмытшақпын, қайтейін.
– Ақысына бетімнен сүйесің.
– Қанша рет сүй десең де сүйем.
– Келістік, ендеше.
Берік пен Данагүл жұптарын жазбай қандай қиын істе де бір-біріне қолдау көрсете жүріп соңғы курсқа жетті. О кезде оқу бітіре салысымен жігіттерді бірден әскер қатарына шақыратын. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтеуге қызмет ететін. Екеуі қоңыр күзде үйленетін боп шешті. Ажал айтып келмейді екен. Аяқ астынан қан қысымы көтеріліп Беріктің әкесі қайтыс болды. Сөйтіп үйлену мәселесі кейінге шегерілді. Асқар таудай ақылшысынан,арқа сүйерінен айырылу Берікке оңай тиген жоқ. Қайғының қара түнегінде тұншыққандай ауыр күй кешті. «Ұлыңды өзің армандаған биіктен көргің келді,әке. Ауылда мектеп бола тұра Алматыдағы екінші мектепке бергенің де сондықтан. Бес қыздан кейін әрең көрген атұстарым,артынан үш ұл ерген ақжолтайым деп әспеттеуші ең. Өмір бойы ұстаз, мектеп директорының ауыр еңбегіне жегіліп, ұлтыңның ұландарын, отбасындағы он бір балаңды тәрбиеледің. Жайбарақаттықты, жан тыныштығын сезінген жоқсың. Не бары 51 жасыңда кете бардың. Артыңда өмірлік қосағың, балаларың, 80-дегі майдангер әкең аңырап қалды. Хал-қадерімнің жеткенінше атыңа кір келтірмеуге уәде етемін,әке».
Бесінші курстың алғашқы жартысы да өте шықты. Бітірушілер диплом жазуға отырған. Аз күнгі бостандықты пайдаланып Берік пен Данагүл жас жұбайлар боп ауылға баруды жоспарлады. Бірін-бірін бақытына балаған екі жастың қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап, бірге болатын күнді асыға күтуде. Әсіресе, Данагүл өзін шексіз бақыт иесіндей сезінуде. Өйтпегенде ше? Қай қыз ерен жігіттің жары болуды армандамайды. Қалап сүйген жігітіне өмірлік серік болу бақыты бұйырса, арманыңның орындалғаны осы емес пе. Келін боп есік аттайтын мерзімде жақын.
Сол күні Берік ерте тұрып, апыл-ғұпыл киініп шығып бара жатып Данагүлге бұрылды. Есікті сыртынан бір-екі тықылдатты да артынша ішке бас сұғып:
– Данаш, – деді ақырын ғана. Алдынан қарсы алған Данагүл:
– Кірсеңші, менен өзге жан баласы жоқ. Қыздар туыстарына кетті, – деп қолынан тартты. Берік кіре қызды қыпша белінен құшаптай алып, ерінінен ұзақ сүйді.
– Таң атпай қайда жиналдың?
Данагүл жігітті қапсыра құшақтай тұра тіл қатты.
– Такси жүргізетін бір сыныптасым бар еді. Соған бізді ауылға жеткізуді міндеттемекпін. Жарайды,мен кеттім. Шығуға ыңғайлана беріп қызды қайта құшақтады. «Жаным, сені бір сәт көрмесем, сағынып қаламын», – деп бетінен сүйді де, көріскенше деп шығып кетті. Берік жатақханадан едәуір жердегі аялдамаға жете бергенде:
– Сіз Берік ағайсыз ба? – деді кенеттен тап бола кеткен түрі бейтаныс жас жігіт.
– Иә. Мұрты енді тебіндей бастаған бозбалаға ежірейе қарады. Оң жақ бетіндегі бір тиындықтың көлеміндей меңі көзге ұрды. Адамның денесіндегі, бет әлпетіндегі меңдер сол жанның ерекше қасиеттері жайлы сыр шертетінін бір жерден оқығаны бар еді. Бозбала бетіндегі меңнің нені білдіретінін есіне түсіре алмады.
– Сен кімсің?
– Сіз оқитын білім ошағында бірінші курста оқимын, аға.
– Менде не шаруаң бар?
– Мынаны сізге бір кісі беріп жіберіп еді. Қоңыр конвертті ұсынды. Конверттің сыртындағы Берікке деген сөзді оқып басын көтерсе, әлгі жігіт ізім-ғайым жоқ. «Қап, ақымақ басым кім бергенін анықтап сұрап алуым керек еді. Аты-жөнін жазған шығар, мүмкін». Конвертті ашты. Оқушы дәптерінің екі парағына айдақ-сойдақ әріптермен асығыс жазылған хатта былай делініпті. «Берік, бауырым! Мен Данагүлдің ауылдасымын. Соңғы сыныпта оқып жүргенде о қыз әлдекімнен ауыраяқ боп қалғанын бәріміз білеміз. Аттестат қолына тиісімен ауылдан қарасын батырған. Сол жақта баласын алдырып, оқуға түскенін естідік. Әйел қырық шырақты деген рас. Енді түк білмегенсіп сен секілді жігіттің сұлтанына күйеуге шығатын көрінеді. «Бөрік кигеннің намысы бір». Бұзылған қыз саған жар болуға лайық емес».
Ә дегенде түс көріп жатып оянғандай, қазір ғана оқығанын түсінде көргендей бір қисын күй кешті. Періштедей пәк санайтын сүйіктісінің төбесінен жаңбырша жауған қара бояу аспан айналып жерге түскендей әсер етті. Аяқ астынан киліккен пәле-жаладан жанындай жақсы көретін Данажанды қалай арашалаймын деп іштей арпалысты. Екінші жақтан бір ой бас көтеріп: «Енді оны арашалай алмайсың. Одан тек айырылысып қана құтыласың. Бесіктен белі шықпай жатып ауыраяқ болған қыз сенің жүрегіңді жаулаудың құйтұрқы тәсілдерін меңгерген әккі де»,-деді. Көздері тұманданып, құлақтары шыңылдап, басы айналды. Жүрегі тарс-тарс соғып, жағаны ұрған толқындай көкірегін ұрғылады-ай кеп. Хатты уыстай ұстаған күйде жолдың қақ ортасында тұрғанын білген жоқ. Ары-бері өткендер есі дұрыс па дегендей таңырқай қарасуда. Кенет, ұмытқан нәрсесі есіне түсе кеткендей конвертті умаждап қалтасына тыға салып, қайтадан жатақханаға оралды. Бөлмесіне кіріп,ішінен кілттеп алды да шешінбестен төсегіне құлай кетті. Еңкілдеп ал кеп жыла. Сөйтіп жатып көзі ілініп кетті. Әлдекімнің есік қаққанынан оянды. Бөлме қап-қараңғы. Басы зеңіп ауырып тұр. Қара шапанын жамылып терезеден түн сығалайтындай.Орнынан созалаңдай көтеріліп жарық жағып,есікті ашты. Данагүл екен Берік оған біртүрлі суық қарады.
– Берік, не болған, түріңнен түр жоқ қой? Әлдеқандай жамандықтың лебін сезгендей үрейлене сұрады.
– Көз көріп,құлақ естімеген сұмдыққа тап болдым.
– Қандай сұмдық? Дұрыстап түсіндірші.
Үстел үстіне тастай салған хатты алып: Мә, мынаны оқысаң түсінесің,-деп қолына ұстатты. Өзі төсегіне сылқ етіп отыра кетті.
– Жалған! Жан даусы шыққан қыз ышқына айқайлап жіберді. Өтірік жала! Мен адалмын! Бұны кім жазғанын білемін. Кезінде мен қарамай кеткен біреу менен өш алмақшы, сірә. Дұшпанның шіп-шикі өтірігіне бола мені айыптамақпысың?
– Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды.
– Адалдығымды дәлелдеймін, ендеше. Тап қәзір дәлелдеуден қашпаймын. Сенбесең тексеріп көр!
Қыз еңіреп жылап отыра кетті. Оның ағыл-тегіл көз жасы Берікке бит шаққан ғұрлы әсер еткен жоқ. Мізбақпады. Хатты лақтыра тастап туфлиінің өкшесін еденге нық-нық қадай басып Данагүл шығып жүре берді. Киім-кешегін, керекті заттарын алып Берік әпкесінікіне тайып тұрды. Көп кешікпей Данагүлдің жүрегі ауырып ауруханаға түскенін естіді. Бірақ іздеп барған жоқ. Дипломы қолға тиген соң, Берік отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Екі жылды артқа тастап туған жер, отбасына оралды. Мамандығы бойынша қызметке орналасты. Аудандық энергетика жүйесі бойынша бастықтың орынбасары болып тағайындалды. Осы мерзім ішінде Данагүлді бір сәт те есінен шығара алмады. Курстастардан Данагүлдің тұрмысқа шыққанын пешенесіне ерен жігіт тұс келгенін естіп жүрегі солқ етті. Ұлы бар екен. Сол сәт терең ой тұңғиығына тарта жөнелді: «Сүйіктімнен неге бас тарттым? Өліп-өшіп сүйетін Данажаннан оп-оңай әлдекімнің сандырағына бола теріс айналғаным қай сасқаным? Пәктігін дәлелдеу үшін:Сенбесең тексеріп көр дегенге дейін барды ғой. Одан артық не айта алады. Неге ойланбадым? Оның сол сөзіне неге мән бермедім? Теріс пиғылдың адамы еместігін,өзімді жақсы көретінін біле тұра неге қиянат жасадым? Қиянаттың жолы ауыр болатынын естіп едім. Тағдыр мені адастырды. Оң жақ бетінде меңі бар жігіт азғырушы,жолдан тайдырушы шайтан боп кездесті. Шайтанның арбауына түскенімді өзім де сезбедім. Қайран Данажан,сенен тірі айырыламын деп ойлаппын ба? Дана десе дегендей-ақ едің-ау». Атасы: «Балам, үйлен. Көзімнің тірісінде шөбере сүйгіз.» – деп құлақ етін жей берген соң үйленуге ниеттенді. Ауылда мал дәрігері болып істейтін сыныптасымен араласа жүріп, соның Айпара есімді қарындасына үйленіп тынды. Сыныптасының ата-анасы ауылдан жырақта,тауда жалғыз үй тұрып, орманшылық кәсіппен айналысады екен. Айпара еш жерде жұмыс істемейді. Ауылдағы үйінде аға-жеңгесімен бірге тұрады. Бұрынырақта ауылшаруашылығы институтында оқып, үшінші курста оқуын тастап кеткенін кейін естіді. Уақыт өте келе әйелінің үй шаруасын дөңгелетіп әкете алмайтын салдыр-салақтығы,түйеден түскендей қалай болса солай сөйлей салатын әңгүдіктігі, қыдырымпаздығы байқалып, бұл үнемі ескерту жасаумен болды. Сүймейтін адаммен бір шаңырақ астында ғұмыр кешудің азабын сезінген сайын Данагүл бейнесі көз алдынан кетпей тұрып алатын. Берік Алматыға қоныс аударып, құрылыс компаниясына инженер электрик боп қызметке орналасты. Данагүл екеуінің қол ұстасып талай қыдырған көшелерімен жүріп өткенде жүрегі шаншып кетеді.Ұсынса қолы жетпейтін арманға айналған «Данажанымның» ақ жүзін бір көрсем деген сағыныш қолды-аяққа тұрғызбай тыпыршытқанда не істерін білмей есеңгірегендей хал кешетін кездері көп.
Күн сенбі. Берік жеке көлігімен Есік қаласындағы электр жүйесі мекемесі орналасқан ғимаратқа келіп тоқтады. Осы жерде Данагүл күйеуі, екі баласымен тұрады әрі қызмет істейді. Берік ғимарат сыртындағы скверьде отырып сол жаққа қараумен болды. Бір кезде бір көруге зар болған ақ маңдайлы ару ауласына шығып, кір жая бастады. Жігіт орнынан бір тұрып, бір отырды. Данагүл кір жаятын арқанды таза шүберекпен сүртті де, алдымен ер адамның жейдесін (күйеуінікі болу керек) еппен алып сілкіп-сілкіп жіберіп жайып қойды. Жейдесін қалай ұстағанынан-ақ күйеуін құрметтейтінін пайымдағандай. Өзегі өрт шалғандай ашыды. Данагүл кірін жайып боп, қайтадан кіріп кетті. Сол баяғы түр-тұлғасы сақталып қалған сияқты. Толмаған, арымаған.
Келесі жексенбіде Есікке сол үйреншікті орнына тағы барды. Бұ жолы сол маңдағы дүкендерді аралады.Мүмкін осында кеп қалар деген дәмемен базарда жүрген. Түйсігі алдамапты. Данагүл келе жатыр. Данагүл! – деп қалай дауыстап жібергенін өзі де білмей қалды. Ол жалт қарап қалшиып тұрып қалды.
– Данажан, сәлеметсің бе? – деді бетпе-бет тұра қап. Данагүл жақ ашқан жоқ.
– Білемін маған өкпелісің. Өкпелейтіндей жөнің бар. Жаратушының жіберген сынағынан оңбай сүріндім. Махаббатымды… Сені жоғалттым. Сол хат… ақылымнан алжастырды. Басыма қонған бағым едің. Бағалай алмадым. Сенсіз өмір сүре алмайтыныма көзім жетті. Он балаң болса да үйленемін. Ажырас.
– Жаманның ақылы түстен кейін кіреді деген. Сен жылатып тастап кеткенде ешкімге керексіз жандай қайғыдан қан жұттым. Көз жасым құрғамай жүргенде қасымнан табылып, алақанына салып аялаған адамға күйеуге шықтым. Одан ажыраса алмаймын. Данагүл айтарын айтып боп кетуге ыңғайланды.
– Данажан, сәл аялдашы. Жігіт оның жолын бөгеді.
«Сен менікі болуға тиісті едің ғой. Қалайша басқаға бұйырдың? Ойласам… ішім от боп жанып, өзімді қоярға жер таппаймын. Қалайша-а?»…
Оны менен несіне сұрайсың?
Жүрегіңнің қалауымен бір-ақ күнде нілдей бұзылып менен сырт айналған өзің. Маған неғыл дейсің? Мені көп мазалай берме. Бүгіндері біз бөтен адамдармыз. Отбасым, балаларым бар.
– Жоқ, біз бөтен адамдар емеспіз. Екі бөлек ғұмыр кешіп жатқанымызбен жүрегіміз бірге соғады. Жүрегім тек сені аңсайды. Сарғая сағынғанда бұ дүниеден баз кешіп кеткім де келеді. Данажан,аппақ қардай кіршіксіз махаббатыңды шайтанның азғыруымен тәрк еттім. Енді соның азабын тартудай тартып жүрмін. Махаббаттың киесі болады деуші еді. Мені махаббаттың киесі ұрды.
– Махаббаттың киесі дегенді қайдан шығардың?
– Ойдан шығарған нәрсем емес. Құдай ерекше қасиет дарытқан данагөй қариялардан естігемін. Бұл әңгіме құлағыма тигенде әлі жас едім. Естігенімнің байыбына барып, тәптіштей сұрап алуды ескермеппін. «Махаббат – айықпас дерт» дегенді кім айтса да тауып айтыпты. Мен сияқты айықпас дертке шалдыққан жаны жаралы біреу ме екен әлде… Данажан, анда-санда өзіңді көріп тұруыма рұқсат ет. Келіншектің бет әлпетіндегі өзгерісті бақылағысы келгендей оған тесе қарап: Бар шындығым – осы. Буынсыз жерге пышақ ұрғаным үшін айып етпе. Басқа амалым жоқ. Амандықта жүздесуге жазсын Алла. Берік жөнеле берді.
Берік Алматыға жетіп, темекі алуға бір дүкеннің алдына тоқтады. Баяғы бетінде меңі бар жігіт кездесе кеткені. Соны көрсем өзінен оңдырмай өш аламын деп тісін қайрап жүретін.
– Ассалаумағалейкум, Берік аға, деп қолын ұсына берді.
– Әлейкумассалам, мені қайдан танисың?
– Сіз екеуміз бір оқу орнының түлектеріміз ғой, аға. Суретіңіз құрмет тақтасынан түспейтін. Берік оның қолпашына емекси қойған жоқ.
– Маған хат бергенің есіңде ме? – деді түйіле қарап.
– Есімде, аға.
Хат Беріктің өміріне айтарлықтай зардабын тигізгенін оның түнерген бет әлпетінен іштей сезе қойған жігіт мән-жайды тәптіштей түсіндіруге көшті.
– Сол күні базардан аяқ-киім алмақ боп таңертең ерте тұрдым. Аялдамаға жете бергенімде алдымды төртбақ, дәу қара кескестеді. Мен Көсемәлінің сәлемдемесін жеткізушімін, – деді жіпсік көздерін сығырайта. Берікті тауып мынаны табыстайтын бол, – деп конвертті ұстатты. Бергеніңше көлеңкеңдей қыр соңыннан қалмаймын. Көсемәлінің атын естігенде бұтыма жібере жаздағанымды несіне жасырайын. Біздің ауылдікі. Бұзақылығымен аты дүркіреп тұрған қаныпезердің нақ өзі. Ауылдың үлкен-кішісі оның көзіне түспеуге тырысып бұғып жүреді. Бетіне тура қарағандарды тепкінің астына алып есінен тандырып көшеге тастап кете береді. Обал-ау деген ой қаперіне кірмейді. Әр нәрсенің де шегі бар емес пе. Бірде одан қорлық көргендер жиналып бет перде киіп кеп түнде соққының астына алады. Өз табағын өзіне тартып есінен тандырып сол орнында қалдырып кетеді. Содан омыртқасына зақым келіп, арбада отыратын мүгедек боп қалды дегенді естідім. «Бұл дүниенің құсасы о дүниеге кетпейді» деген сол, аға.
– Жарайды, бауырым аман бол.
– Сау болыңыз, аға.
Берік үйіне келсе, жездесі туған күніне шақырыпты. Елу жасқа толған мерейтойын мейрамханада атап өтпек екен. Туған әпкесі мен жездесінің қуаныштарына ортақтасу – міндет. Әйелі екеуі барды. Көптен көріспеген туыстар,құда-құдағилар шұрқырай табысып, мәре-сәре болуда.
Туған күн кеші басталып та кетті. Беріктің әншілік-күйшілік өнерінен хабардар құдалар жағы: «Берік ән шырқасын, күй тартсын» деп ұсыныс жасады. Жігіт бәлсінген жоқ. Батыл басып алға шығып, асаба ұсынған домбыраны қағып-қағып жіберіп сүйікті әні «Айқаракөзді» шырқай жөнелді. Шарықтаған сазды әуез ауаға ілініп қалғандай қалықтап барып баяу аяқталды. Бәрі сартылдата қол соғып, тағы айтуын сұрады. Құрманғазының «Адайын» тарта жөнелді. Күй аяқтала бере пора-порасы шығып жылап жіберіп, орнынан тұрып кетті. Туыстары «Не болды екен» – дегендей іштен тынып үнсіз қалды. «Адай» күйін Данагүл сүйіп тыңдайтын. «Адайды» тартшы деп жиі сұрайтын. Жігіттің ішінде не жатқанын, арман ойын білуге әпке,інілері тырыспады. Бірақ жүйкесіне салмақ салған бір түйіткілдің барын аңғарды.Берікті олар ақылды, білімді бес аспап деп мақтан ететін. Сондай бауырының әйелден жолы болмағанына іштей өкінетін. «Тағы да әйелімен келіспей қалған шығар» деп топшылады. Жігіттің баянсыз махаббатын аңсап зар құшқанын ешқайсысы білген жоқ. Махаббат атты дауасыз дертке шалдыққанынан бейхабар еді.
Араға апта салып Берік Есікке тағы да соқты. Келіншектің жұмыс телефонына қоңырау шалды.
– Данажан, сәлеметсің бе?
– Сәлемет.
Келіп тұрмын. Сыртқа шығып кетесің бе, айтарым бар.
Қазір…
Кібіртіктей басып жанына жақындаған келіншекке денесімен бұрылды.Әдеттегісінше жүзіне тура қарады: Данажан, қалайсың? Балаларың өсіп жатыр ма?
– Құдайға шүкір.
– Бұл-өзіңмен жүздесуге соңғы рет келуім. Әлсін-әлі уақытыңды алып, көңіліңді алаңдата беруімді доғармақпын. Сол кездегі өзіме де түсініксіз бір жайды басымнан өткергенімді біле жүргенің артық болмас. Сені өліп-өшіп сүйе тұра,екі-үш күнде үйленетін бола тұра неге өйттім деген сұрақтың жауабын таба алмай-ақ қойдым. Демде теріс айналуға жеткізген құпия тылсым күш бардай сол хатта…. Кешір. Мен үшін осынау жалт-жұлт еткен жалған дүниеде еш қызық қалмағандай. Ішкі әлемім ойран-асыр, сыртым бүтін,ішім түтін жүрген біреумен. Қашып құтыла алмас қасірет жүрегімді жұлқылағанда,жан қиналысымды тілмен айтып жеткізу қиын. Сенің бейнең көз алдымнан кетпейді. Сол кезде… біз қандай бақытты едік. Жұбымыз жазылмайтын. Қыз, жігіттердің екеумізге қызыға қарамағандары некен-саяқ. Әлде… тіл, көз тиіп кетті ме. Әтте-е-ң… Өкініш өзегімді өртейді.
Данагүл ұзын кірпіктері көмкерген қарақат көздерін жігіттің жасаураған жанарына қадап:
– Берік, өзіңді-өзің шыңырауға тастап жіберетіндей не болды? Бұндай жағдай біздің ғана емес, көптеген қыз-жігіттердің басынан өткен, өтіп те жатыр. Солардың әммесі уайымның тұңғиығына құлдыраған жоқ, болашаққа, алға ұмтылуда.
– Данажан, біз бүгін танысып, ертең төсекте табысатындар қатарынан емес едік. Бір-бірімізді құлай сүйдік. Қадір-қасиетімізді бағалап,адалдықтан аттамадық. Сені сәбидей аялап,мәпелегенім сонша, саусағымның ұшын да тигізгебедім. Махаббат жүрегіме ұя салған. Саған айттым ба, айтпадым ба есімде жоқ. Екеуміз маған костюм-шалбар алуға барудан бір күн бұрын түс көрдім. Ұзын аппақ сақалы омырауын жапқан,басына сәлде ораған қария келе жатыр. Етегі жер сызған шекпен киіпті. Мен таңырқап қарап қалыппын. Маған жақындай бере: – Балам,мынау ұя, – дейді алақанына қондырған бірнәрсені көрсетіп. Алақанына анықтап назар салсам,шынында ұя сияқты. Бұл ұяны жүрегіңе қондырамын. Махаббатың берік болады. Ешқашан бұзылмайды, – деп оны кеудеме тақай бергенде оянып кеттім.
Келіншек түске аса мән бермегендей сөзін әрі қарай жалғастырды.
– Ер азаматтың басына не келіп, не кетпейді.
– Түсінбейсің ғой. Тартқан азабымды дұшпаныма да тілемеймін.
– Алла саған ерен ақыл, зор қабілет, дарын берді. Бір басында соншама қасиет тоғысқан адам тығырықтан шығудың жолын таппай қараңғы түнекте адасқандай есеңгіремеген болар еді.
– Соның бәрін бергенмен бармақтай бақ бермепті ғой жаратушы.
– Бұрынғы намысқой, қайсар, жігерлі де қайырымды Берікті көргім келеді.
– Сен қасымда болған да ғана бір кездегі Берік қайта оралады.
– Жетпесті қума деген. Өткен өмірге айналып соға беруден тыйыл. Сені шаршатып жүрген сол өткен шақ. Адам пешенесіне жазылғанын көреді және соған көнеді.
– Жарайды, Данажан, сені жұмысыңнан қалдырмайын. Күйеуіңнен жасқанбай тілдесуге келгенің үшін алғысым шексіз. Мен кетейін. Қош бол. Келіншектің жанарынан басқа бір сыр іздегендей ұзақ телмірді. Жігіт біраз жүріп барып, артына бұрылып қараған. Данагүл орнынан қозғалмапты. Жылап тұрған сияқты. Жігіт те состайып сәл тұрып қалды. Данажан! – деп дауыстап қолын көтерді де, көлігіне қарай бет алды.
Үш күннен кейін Берік екінші рет ұстаған жүрек талмасынан не бары 41-ге қараған шағында қайтпас сапарға аттанды. Артында екі қызы, жеті жасар ұлы қалды.

Пікір қалдыру