МАШАҚ КҮЙШІ

Төрехан  МАЙБАС

Машақ ЖАНТӨБЕТҰЛЫ (1815-1894)

Әлтеке елінің отыз үш жыл сайлаусыз болыс болған ірі тұлғасы. Даланың Құрметті қазағы. Жиырма бес болыс Қарқаралы дуанының алды болыпты.
Атақ-даңқы ақылмандығымен, тілмарлығымен, жол тапқыштығымен шығыпты.
Сонымен бірге ірі күйші болған. Күй атасы Тәттімбетпен аралас-құраластықта болған. Көптеген күй қалдырған. Елге белгілісі «Көкейкесті», «Алшағыр» күйлері.
Қаракесек Машайдың Бораншысы бір шикіөкпеге зар болып Жаратқаннан сұраған ғой. Мейіріңді түсіре көр деп. Бір шикі өкпе бере көр деп.
Сол зарлық үстіндегі Бораншының үстіне Әлтеке Өтеген батыр кіріп келеді. Елдің баласы бес қаруымен жүрсе бұлардың бір қаруы қашанда артық болған ғой. Біреудің қойынында күлше жүрсе, бұлардың жабасалмасында сынық жауырын жүрер еді. Қысылғандарында басы-көздерін тұмшалап, сынықтың әр жағынан күнге сығалар еді.
Сонан сөйлеп берер еді:
– Ақ қойым асытқан,
Қара қойым қасытқан.
Әз жыласа жас шығып,
Қара тасты жасытқан.
У ішесің асықсаң,
Су ішетін қасықтан.
Жаратқан өзі бермесе,
Құралмайды шашықтан…
Сынықтың сөйлеуінен хабары бар Бораншы ақтылы қойдан бір қарабасын алдырады. Қара қойдың сынығы ақ болады. Суреті соған тышқан ізденіп түседі.
Өтеген батыр да сөйлеп берген:
– Баяны болмайды,
Сынықтан құраған.
Әйтеуір алмай қоймайды,
Күнде-күнде сұраған…
Мұны естіген Бораншыда ес қалмайды.
– Һақ Жаратқан берем деп тұр. Жалғыз сұрап… сыңар сұрап бекершілік жасағансың. Екі із берем деп тұр. Егіз берем деп тұр…Кіндіктес берем деп тұр…
Көбіктеніп сөйлеп, ақ тер, көк тер болып, жолын алып Өтеген батыр ұзын жолға шығады.
– Түбі жармақ, – дейді ұзын жол үстінде кетіп бара жатып.
Ай артынан ай өтіп, қырық және жеті апта айналғанда Бораншының бәйбішесі аузына арқан тістеп, толғақ сарындап тұрып алады. Соны күтіп тұрғандай-ақ баяғы Әлтеке Өтеген батыр сап ете қалады.
Айтолғақпен бала теріс келіп, тұрып алады. Болмаған соң төменнен жоғары қуалап, қолдағы арқанды аяққа түсіреді. Құрсақ сыртынан басын қуалап отырып, сынықпен шертпе жасайды. Соны күтіп отырғандай баланың басы көрінеді.
Өтеген батыр сөйлеген еді:
– Көз жасымызды көрді.
Һақ Жаратқан берді.
Келмесі келді,
Ермесі ерді…
Сонан сынығын атып ұрған.
Сол кезде шарананың шар еткен дауысы да шығады. Ілесе тағы бір дауыс қосылады.
Бұл кезде Өтегеннен ешқандай батырлық ізі қалмаған-ды.
Атойлап алға бақсылығы шыққан.
Бақшылығы шыққан.
Жаурыншылығы шыққан.
Сынықшылығы шыққан…
Һақ Жаратқан көріпкелдік қасиетін Әлтеке баласының көзіне берген сынды. Өтеген бақшының көз қарасына жан шыдамаған. Бұл адам баласына тән емес көз қарас болатын. Қарағанда көз етіңді суырып алатын қарас. Содан ел шыдамай сыртқа тайсақтап шыға берген. Ең соңында аламан үйде Бораншы мен Өтеген қалған.
О, құдырет, бұлардың көз алдарында тырбанып екі басты шарана жатыр еді…
Бораншының есі ауып қалған. Есі кіргенде көргені арқасы жабысып туған әлгі шарананың аяқ-қолы бүтін, екі тірі жан болып жатқандығы еді. Әйелі де ыңырсып тірлігінен хабардар еткен. Көзге түспегені Өтеген еді. Жер жұтты ма, аспанға ұшып кетті ме, әйтеуір жоқ еді. Келер сәт көзін жылбысқыларының арқаларына жүгірткен.
Жалманмен шапқан екен.
Тура пышақпен кескендей ажыратыпты.
Тек біреуіне бір жапырақ ет артықтау ауысқан сынды.
Сол екі балаға Сұраулы, Тілеулі деп есім береді. Бір жапырақ еті ауысқаны Тілеулі болатын.
Тілеулі баласының мұнан әрменде Әлтеке балаларына жуық жүретіні осыдан. Бір бірімен сүйкенісіп жүрсе басқа себебі жоқ.
Пендесі бұларды бөлгенімен, бұлар бөлінбеді.
Бәрі де бір Көктен де.
Сонан бұлар бырттайын быжынап көбейсін. Қаулап өскені соншалық, ел шетіне жау келгендей болса ұранотын жақпай-ақ шайқасты бастап жіберетін.
Хан іздеп бармады.
Хан іздеп келді.
Өйткені Өтеген батырдың бақсылығы, бақшылығы, батырлығы, жаурыншылығы, сынықшылығы осы екі атада қалған еді.
Ал айтып отырған екі атамыз Өтеген батыр жаурыншылығын өзімен бірге ала кетті дейді.
Сол Өтегеннен бесеу туады, бірі Қойкел. Заманында аты шыққан батыр болған. Осы кісінің есімімен аталатын жер-су атаулары бар.
Қойкелден – Болат, Жәмеңке, Жарылғап, Ес, Қан, Жан, Бек. Бұлар Қойкелдің алты аласы аталған. Қазақ алакөзім деп батыршалыс балаларын айтқан. Содан-ақ бұл кісілердің кім болғандығын пайымдауға болар.
Болаттан – Жантөбет, Жайнақ.
Жантөбеттен үшеу туады – Әйнек, Машақ, Итбай. Кейінгісінің ұрпақтарымен кейінге дейін араласқан жайым бар. Оның ішінде Рақытай Шойымбекұлы көшелі ағалардың бірі еді.
Мен Тілеулінің ұрпағы боламын, оның ішінде Кернейі. Жоғарыдағы келтірген баянға байланысты Керней балалары Өтеген балаларына жақын жүреді. Жиенді-нағашылы да осылар, қарсы құдалар да осылар. Олай болса Өтеген батырға, Өтеген балаларына қатысты жайттарды Керней балалары білсе керек.
Сондай көлденең әңгімелердің біразын біз де естідік. Соның бірі Мәшекеңнің сайлаусыз отыз үш жыл болыс болғандығы жөніндегі әңгіме. Бұл әңгіме негізсіз емес. Мәшекең болыс болған тұстары Әлтеке атасының малы да, жаны қаулап өскен кезеңі. Ұрпақтары Бесатаға болыс болған деп көтермелейді. Бестаға беделі жүргені рас, алайда болыс болғаны артық әңгіме. Өйткені Бесата елі әу бастан бір болыс ел болған жоқ.
Мәшекең ел басқарған жылдары оның бақталасы болмады. Баласы Ербекей он сегіз жасқа толғанша.
Атақты күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 1815 жылы туып, 1862 жылы қайтыс болғаны белгілі. Мәшекең болса 1815 жылы туып, 1894 жылы қайтыс болған. Бұл кісілер түйдей құрдас. Тәтекеңнің де болыс болғаны белгілі. Бұл кісілер тіршілігінде араласқан, оңаша отау көтеріп, әңгіме-дүкен құрған адамдар.
Мәшекең асып, толып отырған заманында баласы Ербекей де ел көзіне түсе беріпті. Нағашысы Бәйсейіт би барынша қолдау жасап отырыпты.
Сол баласы әкесімен болыстыққа таласады. Іштей өзінің болыс болып сайланатынына сенімді болыпты әке. Алайда шар тең түсіп, соңғы шар ойнайды. Байдәулет балаларының бірі шар ұрлап, Ербекейдің пайдасына шешіпті. Сонан Мәшекең жатып қалыпты. Көкейім кесілді деп.
Мәшекең де асқан күйші болыпты. Едірей асып, құрдасы Тәттімбетке барыпты. Көкейдегі шерін домбырамен айтыпты. Сонда Тәтекең «мынау күй көкейім кесілді деп тұр ғой, «Көкейкесті» болсын деп Мәшкеңнің домбырасын қолына алыпты. Бұл күйіңді маған қи деп күйді жаңа тұрпатта ойнап шығыпты.
Бұл әңгіменің бала кезден құлағымызға құйған кешегі жақсының көзі, алтынның сынығы Сүбіхибек Ахметұлы еді. Бұл кісі үлкен ағартушы, өлке тарихын жетік білетін әсіре шежірешіл адам болатын. Өз кезегінде бұл әңгімені әкесі Ахмет мұғалімнен естіген.
Ал Ахмет мұғалімнің бұл әңгімені естуі анық нәрсе. Өйткені Ахмет мұғалім Әбдірахимов 1887 жылы туып, 1937 жылы халық жауы ретінде атылған. Арқа өңіріне аты мәлім ағартушы. Әуелі Шаян медресесінде, онан кейін Бұхарада оқыған. «Ғалия» медресесін бітірген. 1916-1921 жылдары А.Байтұрсынұлы ауылында мұғалім болған. Алашорда көсемдерімен байланысын үзбеген. 1922-27 жылдары Қарқаралы қаласында мұғалім, Ақсу-Аюлыдағы мектепте директор, 1936-37 жылдары Ақадыр стансасында мұғалім болған.
Осы Ахаң тіршілігінде Мәшекеңнің немересі Қатармен араласыпты. Қатар да айтулы тұлға. Мәшекең мен Ербекейдің жолын ұстанған балаларының ішінде ол кісінің орыны ерекше деп білу керек. Қатар да қазағының ертеңін ойлаған. Алашордашыларға жақын тұрған, солармен мәжілістес болған. Олай болса жоғарыдағы әңгімені Қатардың өз аузынан естуі әбден мүмкін.
Осы жауырынға қатысты тағы бір әңгімені айтпасқа болмайды.
Дияқажы Арқадағы айтулы ақын, емсек, көзі ашық, сауатты адам болған. Ол да «Ғалия» медресесінде оқыған. Қажылық сапарында Түркияда қалып қойып, Ая-София мешітінен дәріс алады. Қазақтың айтулы тұлғалары Мәдиді, Мәнненді қырға алып кетіп емдеген. Сол Дияқажы Әлтекенің Тәшен ақынымен жақсы қарым-қатынаста болған екен. Осы атаның Құлжанбек болысы қайтыс болғанда Бесата ақындары жарыса жоқтауларын жазған екен. Олардың арасында Дияқажының өзі, Түсетай, Оқа және басқалары болыпты. Сонда Тәшеннің жоқтауы өткен екен. Тәшен ақын жоқтауын оқығанда көзі жасаурамаған жан қалмапты. Сонда Диекең «балалар, көріп келіңдерші, Құлжекең тұрып кеткен жоқ па екен» депті.
Сол Диекең Ербекей қазасын уақытылы ести алмай қалып, кейіндеу арнайы келеді. Қашандағыдай жанында Тәшен отырады. Қатым Құран түсірген екен, соңында соң аятын оқып, баяғы Өтеген батырды еске алысыпты. Тәшен ақын қағытып:
– Өтегеннен өнер асқан жоқ,
Біреуі сүйек.
Сол өнерді алыпты
Керней тиеп.
Сондадағы болжайтыны өздерінше,
Жып-жылмағай мұрын асты,
қызыл иек, – депті.
Сонда Дия:
– Сен не дейсің, шегіп алып Тәшен жазған,
Жоқ па ерің сөзден азған, көзден азған.
Қаратамақ берген аста дәреттеніп,
Жиендердің басын, бұтын боқпен жазғам, – дейді.
Бұл ас шамамен 1928 жылы өткен. Кернейдің қаратабан байы Тоқсейіттің асы. Сол аста Түйтенің жиені Әлтеке Абыз батыр Аққоян деген жүйрігіне шаппай бәйге сұрайды. Олай дейтіні Түйтеге жиен, олай дейтіні Аққояны алдына қара салмаған жарау екен. Кергіген Абыз «Тіріліп Жарылғап келсе де бәйге біздікі» деп асылық жасапты. Сол аста Абыздың жарауы бәйгеге әзір ілігіпті. Бас бәйгені Түйтенің атақты Көкшағыры мен Ақшағыры алыпты. Сонда Кернейдің шалдары айтыпты, аруақ ұрды деп. Өйткені Аққоянның бұты кетіпті, Абыздың басы жарылыпты. Соны Дияқажы бір жетіде сиырдың жапасымен емдеп жазған дейді.
Сонан Дия ел үлкендеріне сәлем берем, бата жасаймын деп сыртқа шығады. Сондағы барған үйі Мәшекеңнің немересі Шақардың отауы екен.
Сонда ел сұрапты.
– Әлтекенің басқа жақсыларын көрмей Шақармен мәжілістес болуыңыздың себебі неде? – деп.
Сонда Диекең айтыпты:
– Аруақ іздеп бардым, – деп.
Айтып отырған аруағы Өтеген батыр, Өтеген жаурыншы.
Ал Өтегеннің бұл асыл қасиеті Әлтеке балалары ішінде Шақарға қонған.
Сол Дияның тағы бір өлеңі бар:
– Сәлем айттым Шақарға,
Іліктірмес деп қаһарға.
Ақжол алып барамын,
Омбы деген сапарға, – деген.
Осы жолдардан-ақ Керней балаларының Өтеген бабамызды қалай бағалағанын көруге болады.
Керней балаларының тағы бір әспеттейтін тұлғасы Машақ баласы Шәйкен. Шәйкенмен Дия түйдей құрдас. Алыс-барыста болған адамдар. Екеуі де алашордашыл болған жандар. Алашорда кеңестерінен хабардар болып тұрған.
Тағы да Диекеңе жүгінейік:
– Сап етіп ауылыма,
Сапарғали сайтан келді.
Сөзіміз бір еді ғой,
Жоқтатпас Шәйкен мені,
Мәжілісіміз қысқа болды-ау,
Екі кеште қайтам енді.
Ақынның бұл шумағына қарағанда Сапарғали соттан бір ғана Диекең емес, Шәйкен бабамыз да теперіш көрген бе дейсің.
Осы Шәйкен болыс болып тұрғанда бұғатпен ауырған дейді. Соны осы Диекең тірі сумен жазған дейді.
Осы Шәйкен болыс қайтыс болғанда хабар жетпей қалып, Тәшен ақынға наз етіп өлең жолдайды. Құрдасының, қадірлесінің қадіріне тіріде жеткенін, алайда хабардың жетпегенін наз етеді. Мұны кейінгілер айтыс деп қиястап жүр. Тіпті, Диекең жеңілді деп те жазып жүр.
Керісінше Керней балалары Тәшекең жеңілді деп жазып та, айтып та жүр. Мұнымыз барып тұрған жетесіздік болады.
Бұрын-соңдыда аруақ басында отырып ақындар айтысты дегенді естімедік. Бұлай деп айтуды жалғастыра берсек Диекеңнің де, Тәшекеңнің де, Шәкеңнің де алтын бастарын кемітіп аламыз.
Осынау жазбамызды қысқа қайыруға ұмтылдық. Қазіргі заман көпірменің заманы емес. Аруақтарға шет болмайық деп боямасыз сөйлеуге тырыстық. Мәшекең бір ғана Әлтеке атасының баласы емес, қалды Машай атасының, қалды Бесатаның, қалды жалпы Қаракесектің баласы. Соған орай Машақ есімі аталған жерде Қаракесек балалары көлденең әңгімелерінен тыйылған.
Жазғанымыздың артық-кемі жоқ деп айта алмаймын. Кейінгі ұрпақ артығын жонар, кемістігін толтырар. Олай деп айтатынымыз кейінгі уақытта мұрағат материалдары көптеп шығып жатыр. Соларды тарихи дерек деп қабылдаушылар бар. Шын мәнінде онда да саясат араласқан. Ал саясат араласқан жерде шындық бола бермейді. Өскелең ұрпақтың осыны ескергені жөн. Бесата баласының бір-біріне қамшы көтергені болған шығар, алайда қару көтеріп, майып қылғанын естімедік.
Өз басым Әлтеке атасы жөнінде там-тұмдап болса да жазып жүрмін. Осы жолы Жидекең жөнінде ештеңе демедім. Өйткені бұған дейін «Егемен Қазақстанда» үлкен мақала бергем-ді. Әйтпесе, Жидекең менің бабам Жарылғап батырмен үзеңгі жолдас болған ғой.
Мәшекең бабамыздың ұрпақтары асыл бабамыз жөнінде бір-екі ауыз сөз жазып беруімді сұраған еді. Қолқаларын теріс дей алмадым. Осынау айтулы тұлға жөнінде өз алдына жеке кітап та жазуға болар еді. Ол енді келер күннің еншісінде деп білеміз. Ал біздің Мәшекең жөнінде жаңбыр-жаңбырдың астында жүріп жазғанымыз осы болды.

Комментарий (1)

  1. Reply
    Көбен Бекмағамбетовговорит

    Төке бауырым,тамаша шежіре-әңгімеңе мың алғыс! Ағайын ынтымағын әш асқақтату деген осындай-ақ болар!
    Осы жазбаларыңыздың жалғасы Боранқұл батыр-бабамыз туралы болса деген тілек бар.

Пікір қалдыру