МЕН ІШПЕГЕН У БАР МА?..

ИРАН-ҒАЙЫП

Абай – Ақын.
Құнанбай – Аға сұлтан-правитель, Абайдың әкесі.
Оразбай – Ру басы.
Күнту – Ру басы.
Көкбай – Абайдың досы.
Ақылбай – Құнанбай бауырына салған – Абайдың тұңғышы.
Олжабай – кедей жігіт.
Нұрғаным – Құнанбайдын кіші әйелі – тоқалы.
Әйгерім – Абайдың әйелі.
Xадиша – Олжабайдың ғашығы.
Ел адамдары.
Үлкен кемпір.
Кіші кемпір.

Оқиға – XIX ғасырдың аяқ кезінде өтеді.

БІРІНШІ БӨЛІМ

АЛҒЫ СӨЗ

Даңғаза әуен дал қылған дархан досым,
Ақын болсаң – аруағың, арқаң болсын.
Қара нардай қасқиып алысқа тарт –
Поэзия ауылының шаңқан көшін.

Етек-жеңін жимасын бел-белең дүр,
Құлан жортпас құла дүз шөлменен жүр.
Ізім-қайым желге ұшып жоғалады –
Игілік илеуіне көнбеген жыр.

Шөл асып ұлан-ғайыр теңізге жет,
Дертке дауа отты ырғақ – ем іздеп өт.
Теңізге жет – толқынмен тәнін шайсын,
Болдырып болған жандар сені іздемек…
…Сайын мұрат сомданып сайлан, досым,
Ақын болсаң – айбының, айлаң болсын.
Бірақ, «Мыңмен алысқан…» Абайды енді
Құнанбайсыз қазағым қайдан көрсін!..

БІРІНШІ КӨРІНІС

…Билігін құрып, төрелігін айтып, төбелігін
көрсетіп – топтан бөлініп шыға берген Абай қарасына…
Оразбай шоғыры ере түседі…

Оразбай (Абайға жанаса беріп).
Ей, Абай!
Аспа?!
Мейманасың таспасын!
…Әнет бабаңнан безініп –
Кең пішіп,
Кемел толғаған –
Кеңгірбай атаңды
«Қара қабан!» дедің!
Өзіңді өгей сезініп –
Алыстан қармап ойлаған –
Әкең Құнанбай мен Біздерді
«Талыс надан!» дедің!
Аруақ атып,
Ақтық сәт –
Омақаса асарда –
Осыныңды ұмытпа! –
Осылар-ақ ойының!..

Күнту (іліп әкетіп).
Ор-еке!
Ушығып тұрғанда,
Ұмалығына жеткізбей,
Үзіп тынбаймыз ба мойынын?!
Бастан жақша бөлініп,
Талшығын ми санаған –
Қайдан шыққан жұлын бұл!..

Оразбай
Жә!
Абай
Солай,
Оразбай!
Ит не жесе –
Соны тышады! –
Боғыңды дәрі қылғым жоқ!
Айтқаным – айтқан!
Айтқанымнан – қайтпан!
Бос сөзбен басты қатырма?!
Қолыңнан екі келсе –
Екеуін де қыл!
(…Оразбайдан оза түсіп, Көкбайға)
Көкбай!
Кеше де – осыны жырладым!
Бүгін де – осыны жырладым!
Ертең де – жырғарым – осы!
Қиянатты кәсіп еткеннің
Нәсіп-дәмі таусылып,
Көк аспанын қайғы алсын!
Тұқымы құрып өктемнің,
Зорлық аты жойылсын!
Көркіне енген көктемнің –
Жас тілеуін оңғарсын!
Тоғыз ермен сайланып,
Хадишаның әкесі –
Жуантаяқ Бәзілге
Жеделдетіп барып қайт!
Күш асырып,
Айла ғып,
Атастырған адамы –
Оразбайдын туысы –
Есболатқа бергізбей,
Хас махаббат ғайыбы –
Абралыдан келген жолаушы –
Каракесек Олжабайға зайыптап,
Дереулетіп алып қайт!

Көкбай
Ләппай, Абай аға!
(…Абай екеуі біраз жерге барысып – екіге айырылысып кетеді… Кеңгірбай бейіті… Оразбай мен Күнту бастаған топ бейітке бет берісіп тұрып, баталасып жатады…)

Оразбай
Абай асты! –
Тырнағына алдырды,
Талауына қалдырды
Жыртқыш – сөзінің!..
Алапаты асты Абайдың! –
Мейманасы тасты Абайдың! –
Боранды күні боққа ұшырап
Талыққан жетім қозының
Талағындай көгердім,
Өкпесіндей қарайдым!

Күнту (шаптай түсіп, алауыздық отына май құйып).
Абай асты дегенше,
Қара жерге тек кірмей,
Бақ-беделін таптатып,
Ұн-жырғасын түсіріп ұрпағының,
«Қара қабан» атанып,
Қорланып, көрінде өкіріп,
Кеңгірбайдың аруағы қашты десең-ші!

Оразбай
Кеңгірбайды «қара қабан» атантқан
Қасиетті атаның қара жерге кіргені емес,
Құнанбайдың күшігінің
Қалың Найман алдында
Жатыры бірге жаралған,
Арам қаны жоқ, аталас –
Біздерге қарап үргені!

Күнту
Үргені несі?!
Талады ғой!
Талады!
Жесірін қуған Сыбаның
Ет-бауыры езіліп,
Тарс айрылып талағы,
Құнанбаймен көрші қонбауға
Ант-суын ішісіп,
Ата мекенінен безініп
Аулақ көшіп барады!
Оразбай
Қарғыбауына бойын үйретіп
Абайын алсақ та – жарады! –
Амал жоқ Құнанбай қақбасқа!
Анау жылғы кеңесте
Текті атаның баласы –
Бетіне жан қаратпас
Берен туған Бектас та:
«Қыстың айы алтау еді,
Құнанбаймен жетеу болды,
Қоңсы отырсам –
Тауығым шақырып,
Таңым атпас!» –
Деп,
Көкшеге қоныс аударды емес пе?!

Күнту
Жіліктеп бөлсе жат шығар
Қарауылды былай қойғанда,
Олжай бабадан тарайтын
Ені бірге еншілес,
Жері бірге көршілес
Тобықтының өзін тоз-тоз ғып
Салғалы қашан ойранға:
Байсал, Бөжей, Түсіпті
Тайқатып көңілін демдеді.
Қит етсе қарсы келдің деп,
Ұлытау асырып жіберді
Қандасы Қарамендені!..
(Ел адамдары қызынып, қоштап қояды…)

Оразбай
Құнанбайдың қорқау балалары
Бас-басына би болып
Жан-жүрегімізді жаралады:
Сыпайы біткеннен сый көріп,
Ырыздықты туған ысқаяқ
Тәкежаны мен Ысқағы
Әйелдеріне дейін әкіреңдеп,
Ар-намысымызды жаныштады,
Семізімізді сұраусыз,
Жүйрігімізді ылаусыз,
Ықтиярсыз басыбайлы ғып
Төзімімізді тоздырды,
Үмітімізді ыстады.
Тумысынан тарпаң, жабайы,
Оспадар мінез Оспаны,
Ақылға басым Абайы
Абыройы асық болғасын
Төбе билікті төркін етіп
Құлағымызға құйып қорғасын,
Кесіп тынбақ тілімізді,
Өшіріп тынбақ үнімізді!
Сарымайдан сарысу айырған
Итке берсін мешел күнімізді?!
(Ел адамдары өре түрегеліп, еліріп, дауыс көтеріп кетеді…).
Күнту
Ия!
Абай асты!

Оразбай
Абай асты дегенше,
Кемел атадан кем туып –
Бізді албасты басты десең-ші!..
(Аз-кем ойланып)
Жоқ!
Заманым, тарылма?!
Абайың да аса алмайды!
Албастың да баса алмайды! –
Құнанбайдай Құдірет барында!

Күнту
Құнанбайды Құдірет деймісің?..
Құлдық ұрып, қызмет қып
Құдіреттің қамын жеймісің?!
Құнанбайдай құбыжық болса Құдірет –
Құдіретіңе түкіргенім бар менің!

Оразбай
Жұмақтай кең ғой деп жүр ем,
Тамұқтайын тар ма едің?..
Қарыс жер қалмай қасымнан,
Ниеті жатпен қырқысып,
Қашанда намыс жыртысып,
Таралғыдай талысып,
Үзеңгідей қағысып
Талайдан талмай тартқан Ер –
Кебеже қарын Күнтуым,
Есіріп соққан жел ашса
Етегіңді жабатын
Ес пенен Епке зар ма едің?!

Күнту
Есірік желге жүгініп
Безіндің менен ертерек!
…Құдірет тұтқан Құнанбай
Жер жарылып жік шығып,
Екі құлағы тік шығып –
Құдайға айналса қайтер ек?!
Құрбандығына шалар ма ең!

Оразбай
Құрбандықтың лайығы –
Сен сияқты қақсал бас емес, ей, Күнту! –
Абай сынды – Ақсарбас!..

Күнту
Абай?..
Ақсарбас?..

Оразбай
Абайды Құнанбай о бастан
Ұзын арқан, кең тұсау –
Жіберіп тартып,
Жіберіп тартып келеді.
Туа-бітті Абай бағы асқан
Халықтың қайғы-наласын
Қылғыта жұтқан кезінде
Кемісі толмас Әкенің
Кеңірдегінен ала береді.
«Судың да бар сұрауы» –
Иен билікке сұғанақ
Оза туған Баланың
Омақаса кұлауы –
Хас Әкенің керегі!
Түптің түбі, Құнанбай –
Қасіретіне тұншығып,
Өктемдік тағын Абайға
Өткізген күні – өледі!
Құнанбай өлді деген сөз –
Билік өлді деген сөз!
Билік өлді деген сөз –
Бағзы атаның баласы
Өлім – біздей сорлыға!..

Күнту
Құдай да өлер болды ма?..
Абай-шұнақ құлақ кесті –
Құлы емес пе,
Құнанбай –
Құдайдың!
Құл –
Құдайын өлтіреді қалайша?!

Оразбай
Аласталып, ара түспесек,
«Атасы бөлек аттан түс!» –
Құл –
Құдайын өлтіреді Абайша!
Ісіну де іске сеп –
«Атасы бірге атқа мін!»…

Күнту («ұғынып», кілт-өзгеріп).
Батаңды бер?!
Аумин де, Ор-еке!
Ақыреті болам Абайдың!
Құрбандығы болам Құнанбайдың!
Құдайымды –
Құлға өлтіртіп,
Кеңгірбай –
Аруақ басында
Кеңге салып арқамды
Бостан-босқа лағып,
Кер кетіп,
Кергіп тұра алмаймын!
Аумин!..

Оразбай
Аруақ аттаған – азсын!
Ағайын даттаған – тозсын!
Қанына тартпағанның – қары сынсын!
Жақынымен жат болғанның –
жағы қарыссын!
Аумин!
(…Бәрі дүрліге атқа қонады…)

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Нұрғанымның отауы… Құнанбай – төрде,
Нұрғаным оң жақта қымыз сапырып отырады…
Ақылбай сол қанатта төсек тартып ауырып жатады…
Абай мен Көкбай кіреді…

Абай
Ассалаумағалейкум, Әке!

Көкбай
Армысыз, бай-еке!
Құнанбай
Уағалейкумассалам…
Аманбысың,
Көкбай жұрағат!
Жоғарылат!..
(Нұрғаным келгендерге құрақ ұшып, құрмет көрсетіп, көрпеше қалыңдап, жастық қостайды…)
Балам!..
(Ақылбайға қарағыштап алакөңіл болып отырған Абайдың зейінін өзіне бұрып)
Бұрын аға деуші едің,
Қазір әкеге көшіпсің.
Кеше – есіктей аласа едің,
Бүгін төрдей күжірейіп,
Төбе билікке өсіпсің –
Қайырлы болсын барлығы.

Абай
Айтқаныңыз келсін…
(Ақылбай жөтеліп, Абай сөзден тыйылып барып)
Бұрын аға деп тартынсам –
Атаның жолын таяныш қып,
Жақсы әкені жоқтатпас
Ағайын барын сезгенім.
Қазір әке деп алқынсам –
Аярлы хәлі аянышты,
Аяғыңды қия аттатпас
Бар ағайыннан безгенім!..
…Кеше – есіктей аласа көрсеңіз,
Бүгін – төрдей биіктігіме сенсеңіз –
Бұ да Құдайдың бергені,
Алла-Тағаланың игені!
Иншалла!..

Құнанбай
Иншалла!
Ия!
Жаратқан-Ием Жарлығы!..

Көкбай
Дұрыс айтасыз, бай-еке!
Сұлтандық еткен сізге де,
Ұлтандық еткен бізге де
Қайырлы болсын барлығы.
Қайыбына келтіріп,
Қам ақылды пісіріп,
Саралығының серті ғып
Сайлауда Абай ағаны
Төбе би еткен – Кісілік!
Қайырлы болсын қадамы…

Абай (Құнанбайдың аса жаратпай
отырғанын сезіп, Көкбайға).
Тек отыр!..
(Ақылбай жөтеліп, қинала ыңқылдайды…
Абай – Құнанбай шаңырағының – Атам Қазақ инабаттылығының заңдылығын бұзып, Ақылбайдың басын көтеріп, жастығын биіктеп салады…)

Құнанбай (Абайға, қайта отыра бергенде).
Көргенсіз!
Жөтелімен қоса жаны шығып кетердей,
Үстіне түсе қалдың ғой!
Осынша жыл бағып-қаққаным бекердей…
Ұялсаң ет-ті!
Бұл сенің қай азарың?!
Мен әлі өле қойғам жоқ!
Өз төріме өзім қожамын –
Бұ Дүниеде, шүкір, бармын ғой…
Қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шоқтырмай,
Қалың беріп, қатын алғызып,
Қайсыбір келін болмасын –
Қалжасын жегізіп,
Шаранасын жарғызып,
Азамат етіп, атқа мінгізіп –
Ақын атағыңды шығарып,
Абайлығыңды –
Жақының тұрмақ, жатқа білгізіп,
Жұбатқаныңа уанып,
Жұбанғаныңа қуанып,
Қың еткенінді құп алып,
Төбемнен жай беріп,
Астам қылығыңды
Асқан ақылыңа сай көріп,
Петербордан кіре тартқызып,
Крестеп кітап артқызып –
Батыс пенен Шығыстың
Шежіресіне шым батқызып,
Екі енені тел емгізіп,
Тең айқаста жеңгізіп,
Жаңбырлығыңды аштырмай,
Сызатты жерді бастырмай,
Күн көзіне шығармай,
Көлеңкелі саяда
Жілік майыңды кептірмей,
Тағдыр қосына жектірмей,
Тән азабын тарттырмай,
Жан азабын шектірмей –
Адам еттім ғой сені де!
Адам қыламын мұны да!
Аша тұяқ шомылған
Ащы терің бір түнгі
Жеті атаңның құны ма! –
Босағамда көзін ашқаным –
Ақылбайда шаруаң болмасын,
Басқаларын-ақ, жарылқа!..
Меншіктеп бауырыма басқаным,
Ажалы жетсе – өледі!
Аулақ жүр, Абай?!
Әйтпесе,
Ата салтын теріс ұғып,
Ашуымды келтірмей,
Ел алдында ерсі ғып,
Тірідейін өлтірмей
Тұла-бойы тұңғышыңды
Алып кет – болса керегі!

Абай (өзіне-әзі).
Сөз төркініне сайсам:
Менің түбім –
Бір түнгі ащы тер емес,
Запыранды мұң менен
Шерменделі шерге ұқсайды.
Ақыл-құдіретіне байысам:
Менің тегім –
Қатарынан озған Ер емес,
Құйғаны құрыш шығатын
Қалыбы алтын Елге ұқсайды.
(Құнанбайға)
Айып менен, әкесі!
Қапаланба, қайғырма,
Көңілің күпті болмасын?
Кешір мендей күнәсті?!
Ақылбайдай айбынға
Қатаң қыс – жұтын,
Мазаң жаз – індетін шығарғасын
Алаң болғаным рас-ты…
Жаңылып соққан жүрегім –
Пәледен қашқан Машайық.

Нұрғаным
Қажы-ием!
Телғарадан тентек шығар ма?!
Басы ауырып, балтыры сыздаған
Інісіне ағасы
Қызынған сүйегін мұздатып,
Демін салса – несі айып?!

Көкбай
Алдияр!..
Ұтырын тауып ұғарға –
Әкеше сүю інісін –
Атаның жолын бұзбаған!

Құнабай
Жә!
(Абайға)
Кейінгі кезде кер тартып,
Көкейіме қонбай кейгі ісің,
Дымым шықпай, діңкем құрып жүр –
Әкеңнің уайымын жеймісің?!
Кей дұшпаным жер тарпып,
Жүре тыңдап сөзімді
Аяқ асты қылып жүр –
Осының бәрі сенің осалдығыңнан!..
Кезі келсе айтпақ болып бір сөзді
Қыстығып-ақ жүр едім,
Көңілге түйіп бұрыннан,
Енді сонымды айтайын:
Төбе билі тұрқыңмен
Сияқтанып жайдақ су
Дәйім күліп сөйлейсің
Ақ-қарасы талайлы
Соңыңа ерген жұртыңмен.
Жайдақ суды ит те, құс та жалайды –
Кісіге қадірің болмайды –
Қан тамудың орнына,
Сүт тамады үрпіңнен –
Ең әуелі маған – сол қайғы.
Екіншіден –
Сыйлап көрмей сыртыңмен,
Сына тартып ішіңмен
Көрінгенмен жақын боласың,
Үркініп бір күн бел алса,
Желбегей жанның басына
Үйірілмейді ел онша –
Ақырында жалғыз қаласың! –
Ел алатын қылық ол емес!
Үшінші мінің – орысшылсың! –
Мұсылманға кәпір қол емес!

Абай
Әкесі!..
Қаталап өлсең де қарарсыз
Шыңыраудағы зәмзәмнан
Шарадағы жайдақ су артық –
Күн көруге малданып!
Ит те,
Құс та,
Адам да –
Бір Құдайдың Пендесі –
Жайдақ суша жалданып
Құдайға құлшылық етудің
Жоқ болар, сірә, теңдесі! …
…Ескі заманда
Қазақ залалсыз
Қой сияқты ел еді –
«Шәйт» десеңіз жусайтын,
«Айт» десеңіз өретін.
Адыраңдаған алысқа
Осындай ел-тін керегі.
Бертін келе
Қазақ талансыз
Түйе тәрізді ел болды –
«Шөк» десеңіз аңырып
Тартыншақтай беретін.
Тасыраңдаған талысқа
Мұндай ел шен мен шел болды.
Қазіргі Қазақ –
Ықырарсыз
Табындай жылқы мінезді –
Ыстық-суығына күйесің.
Тебіндеп ақ қар, көк мұзда
Теріскейге ыққан шағында
Тірлігіңнен түңіліп,
Қар төсеніп, мұз жастанып,
Етек-жеңіңді төсек қып,
Еңбегіңді сіңіріп,
Ебін тауып басқарып,
Үде шыға алсаң – Иесің!..
Иесіз кетсе бетімен,
Бара-бара
Қазақ алаңсыз
Кісі танымасқа айналар –
Жүгі жеңіл болса жатағансып,
Жүгі ауыр болса жүрдексіп
Көк аспанын қайғы алар!
…Орысшылсың дегенге –
Жаратылысынан жайсаң ұлы Орыс –
Таһытын түсіп бермеген,
Қолында – қуат,
Жолында – ұлағат,
Өнер, білімді халық дер ем!
Өнер, білімнен уайым жегенге
Тәрбие, тәлім көрмеген
Қасиетсіз надан – ғарып дер ем!
Санасы – сара, ойы – озық
Өсетін елдің ұлына
Үлгі алған лазым әрнеден!..

Құнанбай (өзіне-өзі).
Бүгін балам әкемше ақыл айтады!
Бәлки, ертең көзін ақырайтады?!
(Сырттан аттан суыт түсіп жатқан кісілердің дыбысы естіледі… Үйге Оразбай мен Күнту қабақтары қатулы кіреді…)
Оразбай
Ассалаумағалейкум…

Күнту
Ассалау…

Құнанбай
Уағалейкумассалам…
Жүрістерің – суыт,
Түстерің – суық!
Шабысқалы келдіңдер ме?
Табысқалы келдіңдер ме!

Оразбай
Шабыса-шабыса шаршадық.
Табыса-табыса тауымыз шағылды.
Төбе биіңді тәубесіне келтір, Аға сұлтан!
Тентегіңді тәртіпке шақыр, Қажы-еке?! –
Тобықтыдан тараған
Тоз-тоз қылғың келмесе
Берекесі қашып онсыз да
Бірліктен безген ұрпағыңды!..

Күнту
Абай асты!
Аруақты қорлады –
Кеңгірбайдың аспанын қайғы бұлты торлады!

Құнанбай
Жә!..
Бөрі артындай шуламай,
Жаралы сөзді сарнатпай,
Тігісін жатқызып, тегі – ұлық
Бектей ғып айт, түге!
Көңіл адалын уламай,
Саралы сөзді маңыратпай,
Түп енесіндей емініп,
Сары майға былғаған
Сөктей ғып айт, түге!
Тінтініп қарап,
Төріме шығып,
Төсегімді тілгілерің келе ме?!

Оразбай
Олжай бабадан тараған
Айдос балаларының аты озып,
Қайдос пен Жігітектің
Жігерсіздері жым болып,
Ит мініп, ирек қамшылап,
Жөйттен бетер қоғамшыл
Қалың Найман алдында
Аруағын қорлатып,
Заманақыр орнатып,
Қасірет жұтып, қайғы еміп,
Құсалықтан қан құсып,
Өкініп, өксіп өле ме!..
Құнанбай
Айтарыңды
Тоқалдан туған томарбасша кейіп айтпа, Оразбай?!
Бәйбішеден туған майбасша кеңіп айт!

Оразбай
Кеңіп айтсам –
Жесірі желігіп Мұрын басынды,
Сыбан ашынды.
Мұрын – құлақ асқаным еді.
Сыбан – бауырыма басқаным еді –
Құлақ асқаным
Бауырыма басқаныма басбұзарлық көрсетті –
Ата жолын азғындап,
Етегін жия алмаған ерік беріп қатынға
Тамам елдің алдында қапыл кетіп, ерсі етті!
Ел шетіне жау тисе –
Батыр атқа мінеді,
Қатын үйге кіреді! –
Сол ерсіге ен салып
Атқа мініп едім –
Таралғымды қиды мына Абай!
Үйге кіргізіп едім –
Үкімімді тыйды мына Абай!
Аруағың азған заман деді,
Кеңгірбайды – «қара қабан!» деді…
Қарадан Хан туып едің ғой, Қажы-еке?!
Ханнан да артығым едің ғой, Қажы-еке!
Арғы бабаң Ырғызбайды
Түз тағысына талатпай
Серік етпеп еді Кеңгірбай?!
Бергі атаң Өскембайды
Берен ұстап болаттай
Берік етпеп пе еді Кеңгірбай?!
Өскенбайдан өрген саған да
Өлгенінше өбектеп
Иелік етпеп пе еді Кеңгірбай?!
Енді, міне, сол Кеңгірбай ұрпағының
Оспадарсыздығынан омақасып,
Шаңырақ басқан нардайын
Шөкейінен шойырылып
Белі кетті тұра алмай!
Исі Қазақты айтпағанда,
Орта Жүзге, Қажы-еке,
Шынжыр балақ, шұбар төс
Кеңгірбай аты – Құрандай!
Құранымды таптап,
Үнімді өшірді мына Абай!
Аруағымды аттап,
Әбден есірді мына Абай!
Маза жоқ мертіліп –
Мүшкіл хәлімді
Өзіңе салмасам болмастай, Қажы-еке!
Тәубесіне келтіріп,
Күнәһарыңды
Тезіңе салмасаң болмастай, Қажы-еке?!
Абай (өзіне-өзі).
«Күшік асырап ит еттім –
Балтырымды қанатты.
Мылтық атуды үйреттім –
Мерген болды – мені атты!..»
(Оразбайға)
Күн ашықта мойынымда,
Күн жауында қойынымдасың, Оразбай.
Тентек сөздің тоқпағындасың,
Сотқар сөздің сойылындасың, Оразбай.
Өз болмысыңды
Өзің білмеуден асқан сорлылық жоқ –
Жаманнан жақсы туады
Адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан жаман туады
Бір аяқ асқа алғысыз –
Ойнау білмейтін бала
Шешесінің етегін ашып ойнайды –
Қорлы әкеден құр туған
Сені көріп кембағал
Зығырданым қайнайды!
Тоқсан тұяғың тоғыз мың болғанға
Толып біттім деп жүрмісің?!
Болыстыққа қолы жетті деп,
Күлден қаланған Күнту –
Қорғанға
Болып біттім деп жүрмісің!..
Байлық біреудің маңдайына,
Біреудің таңдайына бітеді.
Сенін табаныңа біткен, Оразбай,
Тасқа салсаң – тозады,
Құмға салсаң – азады –
Қашан көзің жұмылғанша
Май ішкендей қылады –
Онсыз да жоқ, мазаңды!
Ал, шешендік дегенің –
Сүйегіңе бітеді,
Сүйегіңмен кетеді.
Көсем көрмеген көсеуменен қамшылайды –
Білтең белеңді болған соң,
Берен сөйлеу не теңің –
Доғар былшылыңды! –
Мұрын мен Сыбан дауына
Тоқтау айту орнына,
Боқтау естіп былығып –
Сандалғаның жетеді!

Күнту («сізге» көшіп).
Қажы-еке!
Тигенге – тиіп,
Тимегенге зәр шашқан,
Қой демейсіз бе, мына дүлейге?
Оза шауып қатарынан
Рухы сәл-пәл болса астам –
Туажатынан безініп –
Терімізді теспей ірей ме?!
Болмаса, іргемізді аулақ салайық па?!
Оразбай (іліп әкетіп).
Туысымнан аласталып,
Түп нағашыма телініп –
Төрт жүз үйлі тобырымды
Толайымен асырып
Бұғылының болысына
Табыс етсем – лайық па?!

Күнту
Табынатын Тәңіріміз –
Өзіңізсіз, Қажы-еке!
Жоқ ететін де біздерді,
Бар ететін де біздерді,
Тәңіріміз, сіздің әміріңіз!..
(Құнанбай ұйып тыңдап отырады…)
Келешегіміздің көріпкелі,
Жарық күніміз – көзімізсіз,
Қажы-еке,
Шартарапты шола қараңыз,
Ер-панамыз бола қараңыз…

Оразбай (Күнтуға, жекігенсіп).
Қадірі өткен қайран аға –
Тобықтының күллі қатыны
Толғатса қайта туа алмас
Табиғаты тылсым Құнанбайды
Тәңіріміз,
Әміріңіз деп тұтықпай,
Құдірет танып,
Құдай десең –
Тілің байлана ма?..

Құнанбай (сенер-сенбесін білмей, өзіне-өзі).
Астапыралла…

Абай
Құдай десең?.. деймісің!
Ешкіні – апа,
Текені жезде деп күн көрген кілең қу,
Қошаметтің қалың салып көпшігін,
Жүрек сазын жұтаттың-ау,
Көңіл хошын мұңайттың-ау!..

Оразбай
Құдай…
Ия, Құдай!

Күнту (Абайға, қадалып).
Құнанбайды саған Құдай емес деп кім айтты?!
Құдай!

Құнанбай (сеніп, «Құдайға» – айналып).
Ия, кім айтты!

Абай (өзіне-өзі).
Жыра – сай болсам дейді.
Тұнық – лай болсам дейді.
Кедей – бай болсам дейді.
Бай – Құнанбай болсам дейді.
Құнанбай – Құдай болсам дейді,
Құдайдан да былай болсам дейді –
Қақ суындай таяз санамыз,
Қайтсек Кісі боламыз?!
(Құнанбайға)
Адасқанның алды – жөн,
Арты – соқпақ!
Әке болу орнына,
Арқа сүйер айбының
Құдай боп шықса – не жорық!..
Жылқы етінің ішек-қарнына
Түгел сыярын – білесіз.
Құдай емес,
Әкемді Адам ғой деп келіп ем,
Жетім қалдым иесіз.
Жазған құлы үшін құзырлы
Құдайлықтың жолы ауыр.
Құдай да емес,
Хан да емеспін,
Қарамын –
Шалдығыңыз, шаршаңыз –
Айттым – Бітті! –
Кестім – Үзілді! –
Өзің жаратқан Қараның
Мұнша Құдай басынызбен
Хұқына қол салсаңыз –
Жаратылысыма қарсымын,
Тағдырыма наламын:
Көп алдында бергенмін –
Қалауын тапқан әйелдің
Теңдігінің жауабын!

Құнанбай
Қайтуы тез болар деп,
Көпке қарсы қойдым де –
Төбемді солай тестім де,
Табанымды солай ойдым де –
Наза артынып нарттанып,
Тасқа айналып таланың!
Көп көмекке келе алмас
Кежегесі кері тартқанға
Кеңгірбайдың аруағы
Тартқызарда зауалын!!
Еншісі әлі бөлінбеген
Кеңгірбайдың әулетімен
Ерегес – саған қол емес.
Көп көптігін жасағанмен,
Есі кіріп ертерек
Етегін жимаса ел емес –
Кеудесі керік көрігінсіз!
Ел көрігі – ер,
Ері мұңсыздың – елі мұңсыз!
Алты қарыс азуы,
Алыстан қармап ойлайтын
Оразбай, Күнту сияқты
Арыстарынсыз ел болмас –
Мұны білмеу ұят-ты!
Бұлағы біткен – көл болмас,
Ажырығына қарап жер таны, Абай,
Азаматына қарап ел таны! –
Үкіміңді өзгерт, ойланба!..
Қаны бірге болғанмен
Қайын енедей қазымыр
Тобықтыны былай қойғанда,
Аз ағайынды азғырып,
Ара-жігіңді аңдыған
Ала өкпе, сыпсың Сыбанға
Оразбай менен Күнтуді
Абыройынан жұрдай ғып
Қалдыра алмаспын күмәнға!

Абай
Жазырымды тартсам да
«Самородный сары алтын»
Саудасыз сөзім орнына
Сала алман сиыр жапасын –
Жөнсізден жезді тегешке!
Екі сөйлеу дегенің –
Қара басы өлімнің! –
Қаңғырып кету емес пе! –
Еңкудегі елге не деймін?!

Құнанбай
Ел дегенің – ер Күнту!
Ел дегенің – Оразбай!
Не, елмен бірге боласың,
Не, елден біржола қуыласың!
(Абай аз-кем үнсіздіктен соң, үйден шығуға бет алады…)

Ақылбай (басын әзер көтеріп).
Абай аға…

Нұрғаным
Телғара, қайда барасың?!
Қайтуы қиын Қажы-ием –
Теріс ұғып қалады?..
(Абай – қайрылмайды…)

Көкбай (Абайға ере шығып).
Арасында екі оттың
Шыбын жаны шырылдап
Шылбырын құр сүйреткен
Аясаң-шы Әкені!
Аясаң-шы Баланы?!
Райыңнан қайтсаң-шы?..

Абай
Ей, Көкбайым, Көкбайым!
Райдан басқа жоқ па уайым?!
Мың айтсаң да миына
Түк енбейтін енжарды
Боқтамайын, тоқтайын.
Бас-көзіне төпелеп
Басалқы айтып ылақпайын.
Аз халықтың ақыретін,
Қалың елдің қайғысын
Енді өзім-ақ жоқтайын.
Өзім тартып мехнатын,
Аздырмайын, азайын.
Өзек жарды жырымды
Өз атымнан жазайын:
Құдайын ұмытқандардың
Қыл басынан тұзақтап
Тамырын кеулеп қазайын.
Тартқызайын амалдап
Арттан кіріп,
Ауыздан
Шыққандардың сазайын!!
(Абай мен Көкбай шығып кетеді…)

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Әйгерімнің отауы… Абай жазып біткен өлеңін оқып, Әйгерім тыңдап отырады…

Абай
«Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!..»
Оразбай мен Күнтуді
Жүрек – Күнімнің нұрына
Бөлеп бала жасымнан
Адам етем деп алаң ем –
Шындықтан қияс кетіппін!
Іші мен тысы тінтулі
Қыр аспай арты ашылған
Жаратылысынан ұрыға
Рухани жем болып,
Ақыл-кеңесімді сарп қып,
Үмітімді қараң етіппін!
Бейбіт тірліктен бүлік тілеген бұлардың:
Бәйгеден аты келсе – мәз.
Салған құсы ілсе – мәз.
Қуған иті жетсе – мәз.
Ішпей-жемей мас,
Масқа – бар ма ләж?!
Ат деген де – хайуан.
Құс деген де – хайуан.
Ит деген де – хайуан.
Өзі келсе – бір сәрі.
Өзі ілсе – бір сәрі.
Өзі жетсе – бір сәрі.
Хайуан жеткен сөреге
Мен жеттім деп есірген
Елірме де – хайуан сойынан!
Надан!..
Надан тегі – хайуан –
Жоқ нәрсеге уанады,
Жоқ нәрсеге қуанады!..

Әйгерім
«Өзіне ар тұтқан,
Жаттан зар тұтады» демеп пе ең!..
Бас-басына би болып,
Манар тауға сыймаған,
Басалқасыз отқа күйген тобырға
Жаның неге ашиды,
Көңілің неге жүдейді,
Сезімің неге суалады?!
«Аз араздық қуған
Көп пайдасын кетірер» –
Обалдары өздеріне!
…«Алтау ала болса – ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса – төбедегі түседі» –
Береке қаптыр безгеніңе:
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Сар тақым бәйбішелерден кете алмайтын,
Тойдан тобық тимейтін
Біздей қор тоқалдарға жете алмайтын,
Басымен босаға қапқан,
Құйрығымен қолайын тапқан,
Алды – кең де, арты – тар,
Әлдеқандай заман болды?!
Елден бұрын ерлі-зайыпты
Екеуіміз әмпей бола алсақ,
Қалғандары жәмпей бола жатар кейіннен!
Адалыңа мендей
Ақ қарап періште-пейілмен –
Сусыныңды ішіп, шөлің бас!..
(Абай Әйгерім ұсынған сусынын ішеді…
Әйгерім Абайдың әні «Татьянаның хатын» іштей, ыңылдап салады…)
«…Жар табылмас сен секілді,
Мен де – сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар?..»

Абай (Әйгерімнің әуеніне еріксіз қосылып).
«…Еш қызыққа арманым жоқ,
Бәрі де бар формының.
Біреуіне қанғаным жоқ,
Өзіме аян сорлымын!…»
(Сәл үнсіздіктен соң)
Сен не дейсің, Әйгерім?..
Мән-мағынасы сұраулы
Сыбай-салтаң өмірге
Сорлы асықтың зар-мұңын
Осылайша жазбаса –
Түп-тамырын қазбаса –
Жақсы жырға жалшы боп
Күні-түні емінген
Жетер ме еді жүрекке,
Қонар ма еді көңілге?! –
Пушкин орын алар ма еді
Бүгінгідей төрімнен!..
(Әйгерімнің жауабын күтпестен, өзіне-өзі,
күңіреніп)
Еһ, Пушкин… қайран Пушкин…
сері Пушкин…
Заманыңда ұқпапты-ау сені де ешкім…
…Қайғылының ұйытқан қан төсіне
Өткен күндер түседі мәрт есіме –
Пушкин өлді риза боп ғасырына,
Болмаса да риза Дантесіне?!
Қарамайтын бароның, болысыңа,
Қалай тәнті болмайын орысыма?!
…Өлтіргенін, өлгенін жан білмейтін –
Абай сонда дүниенің қорысы ма!..
Көргенсізге айналып көргені артық,
Желкесіне мінеді бергені артып–
Оразбайлар, Күнтулер…
Жоқ!
Бұларды –
Жекпе-жекке шақырып, өлген артық!
Біздің заман – жоқ заман жекпе-жегі,
Тағдыр талқы-ұңғысын көп кезеді.
Жатса-дағы Әбілет бетін тырнап,
Жаны сірі Әділет тек төзеді!
Іштен тынған көнбіс күй, хәл – баяғы,
Жекпе-жекке жеңсіктер бар ғой әлі.
Қозы-Көңілім Қодарға сыртын беріп,
«Сабыр түбі – сары алтын» – сарғаяды…
Дуэль жетті түбіне Пушкиндердің,
Дуэлі бар Пушкинді, кеш, күндермін.
Дуэльсіз ажары әрсіз көрінеді
Кей тұзы сор, еңбегі еш күндердің!
Талай ашкөз табынды ғашығыма,
Қол салған да табылды асылыма.
Пушкин – риза… Риза боп мен өлем бе,
Дантесі көп, дуэльсіз ғасырыма!

Әйгерім
Дүниенің бар қайғысын
Бір басыңа салғыштап
Түбі шикі тірліктен
Баз кеше беріп не керек!
Өксік пенен өкініштен не өнеді?!
…Отан қамы –
От басынан басталады,
Ендігі жерде керегі:
Шаңырағыңның аманы,
Туырлығыңның бүтіні,
Алтын масы – мал-жаның,
Ошақ қасы – қатының,
Балаларыңның қас-қабағы, Абай!
Қамсыз жанды қасірет буады,
Бос отырма, беліңді шешіп, бейнет кеш!..

Абай
Ия, Әйгерім.
Адам баласы жылап туады.
Кейіп өледі.
Жылап тусақ та, кейіп өлмелік…
Бірақ, кейбір кещенің
Кейгі ісі бекер сөйлетпес!..
Тіліңді алып, дегенмен,
«Досы жоқпен сырласайын,
Досы көппен сыйласайын.
Қайғысыздан сақ болайын,
Қайғылыға жақ болайын», Әйгерім.
(Әйгерімді маңдайынан сүйіп, бауырына басады… Абайдың төсіндегі қалына Әйгерімнің көзі түседі…)

Әйгерім (өзіне-өзі).
Арыстан жалды,
Абай нышанды деген осы екен-ау…
Сыртыма сыймас сырымды
Ішіме бүгем қашанғы?..
(Абайға)
Жұма күні Молда атамның
Үлкен келіні босанды –
Шілдеханаға барғанмын…
Төсіңдегі қалың… сәбидің
Қарына аумай көшіпті… –
Сорайтқан соқа басымды
Саяқ жүрісіме арландым –
Тағдырыма ғана налимын
Үш мүшелден асар-аспастан
Сап тыйған құрсақ-нәсіпті.
Қызғанышым емес, қызыққаным –
Жалтармай, Абай, шыныңды айт,
Өзің куә Ұлы Ибаның
Қып-қызыл Ұятымен ант етем:
Жария қылман ешкімге! –
Ажар-көркі асық келініңе
Аяғы ауыр кезінде
Оқыстан көзің түсті ме,
Жоқ, әлде, құл боп сезімге,
Кез болып құпия келіміне,
Оқыранып өзің түстің бе!..

Абай (қысылып).
Қыр арқама құмырсқа жүгіртіп,
Не тантып кеттің, тәңір алғыр!
Төсегі басқа, төрі бір,
Төлі басқа, ені бір –
Аяғы ауыр келіннің
Етек-жеңіне үңілтіп
Тағдырым тәлкек қылар ма!
Елімнен десем – мақтаным,
Бейілімнен десем – тапқаным,
Белімнен десем – татқаным,
Есігі бөлек, бесігі бір,
Төсімнің қалы Сәбидің
Қарына көшсе – несі мін?! –
Тұрарлық іс тәубе қыларға!
Әулетті жырдың аңсары,
Әулекі әннің әуейі – Әйгерім,
Бастан – бүлік,
Етектен – дау шығармалық,
Тінткілемей тек отыр
Жан-қалтамның тесігін!..
(Сырттан Көкбай, екі аяғына бір кісен салынған
Олжабай мен Хадиша кіреді…)

Хадиша (титықтап жүре алмай кідірген
Олжабайға).
«Шығады бүркіт алған қыр басына,
Алаштың жолдас болдым мырзасына.
Бір кісен жеке тимей аяғыма,
Олжабай, ортақ болдың бір басына!
Олжеке, тартынасың неге жүрмей,
Бағана қалсаң еді маған ермей.
Бір жұмыс не де болса істеген соң,
Қарада жан қала ма дауға кірмей?!»

Олжабай
Шығады бүркіт алған қыр басына,
Алаштың болдың жолдас мырзасына.
Хадиша-ау, мен тартынбай не істемекпін –
Тобықтың тайып кеткен сырғасына?!
Аяғым аяқ емес, тобан аяқ,
Қарар жан қалмағандай маған аяп.
Тобық та, сырғасы да қалсын әдірә,
Көркіңе күн өткізсем тоя қарап!

Көкбай (Абайға).
Тоғыз ермен сайланып
Хадишаның әкесі
Жуантаяқ Бәзілге барып қайттым, ағасы.
Күш асырып, айла ғып,
Атастырған адамы –
Оразбайдың туысы
Есболатқа бергізбей алып қайттым, ағасы.
Мынау тұрған мүсәпір –
Абралыдан келген жолаушы
Қаракесек Олжабай –
Қорлығы жоқ көрмеген,
Құр сүлдесін арбаға салып қайттым, ағасы!

Абай
Бәрекелді!.. Көкбайым…

Xадиша
«Алдыңа келіп тұрмын, Абай аға,
Бар шығар сізде-дағы мендей бала.
Айдады кісен салып аяғыма,
Ісіне Құдіреттің бар ма шара?..»
Олжабай (өзіне-өзі).
Тоқтық, не дегізбедің?!
Жоқтық, не жегізбедің!..
Кедейшілік, қол байладың, қайтейін,
Көбіне-көп қайғы ойладым, қайтейін.
Намысымды бермейін деп,
Нағашым
Берген Керді борбайладым, қайтейін –
Жетер жерге дер кезінде жете алмай,
Орта жолда ойбайладым, қайтейін!..
Абыройдан, атақ, даңқтан жұрдай ғып,
Тағдыр Бармен қойды о бастан қырбай ғып.
Керегінде құрығымды қысқартты,
Бабамда жоқ, әкемде жоқ бұл байлық!
Өңеші – төр, көңілі көрге қор болды,
Асыл жырым жүрегіммен бірге айнып.
Кісі үстінен күн көргендер көбейді,
Кісімсінген кім көрінгендер көбейді.
Күн көргендер кім көрінгендерді жебейді…
Пасық күліп, пұл бергендер көбейді,
Пұл бергендер ілгерілерді бөгейді –
Бөгелгенге мұндай өмір – өгей-ді.
Орнында жоқ оңалмасын – түсіндім.
Қарға қыран бола алмасын – түсіндім.
Орта қайта тола алмасын – түсіндім.
Ондай заман оралмасын – түсіндім.
Түсіндім де бұл дүниеден ұшындым!..

Абай
Екі аяқта – бір кісен,
Екі Адамда– бір жүрек!..
Зұлымдықтың қанжары
Бейкүнә сол жүректі
Қан қылыпты-ау тілгілеп! –
Сорлы ғашық жылайды:
«Жылайды да жырлайды,
Жыламай қайтіп тұрады:
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды!» –
Кірпігіңді қаққанша
Таһытыңнан тайдырып
Түп енеңді ұрады! –
Асылыңды тапқанша
Асығыңнан айырып
Жылауыңа зорлайды!..
(Көкбайға)
Кеселді, кембақ кісілердің
Кісенін бұзып, басы мен
Аяқтарына бер ерік –
Қанына қызған қарайып
Оразбайдан келер пәленің
Аңысын аңдап көрелік –
Не, таланым байып ұлғаярмын,
Не, тұғырымнан тайып кішірермін! –
Нар тәуекел етпесем,
Еңіреп келген алдыма
Махаббаттың құрбаны –
Мұңлық пенен Зарлықтың
Шыны киімдей кіршіксіз
Көңіліне кірбің түсірермін!..
(Әйгерімге)
Әйгерім!
Ендігі кезек сенікі!..
Тәлім тезіне түсесің:
Малыңды сойғыз,
Қазаныңды ас –
Безі мен жынын ту қойдың
Терісінен аластап,
Кәделі жілік-мүшесін
Толайымен салдыр бөлместен –
Жол азабын мол кешкен
Меймандарымызды марапаттап,
Лайығымен қарсы алайық?..
«Есіңде бар ма, жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің?
Кімді көрсең – бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ,
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар…
…Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті –
Жете алмайсың, тоқтайсың.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын».
(Ақылбай асығыс кіреді…)

Ақылбай
Абай аға…
Абай
…Ақылбай?..
Елің-жұртың аман ба…

Әйгерім
Түсің қашып кетіпті ғой, апырым-ай!..

Ақылбай (мең-зең күйде, өзіне-өзі).
Таппай тұрақ-баянын,
Алға басқан аяғым –
Кері кетіп барады…
Шыр-көбелек…
Айналып –
Өмір өтіп барады…
…Қол бұлғай ма…
Нетеді…
Қасірет – жұтып…
Қайғы – алып…
Бұлың-бұлың етеді…

Көкбай
Қажы-екемнің кенжесі ме,
Есенбісің, батыр…

Ақылбай
Абай аға!
Әкем… ауыр жатыр…

Абай
Тоқталмай айт?!
Не болғанын жасырма!..

Ақылбай
Күзет қойдық…
Оразбай мен Күнту отыр басында!..

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Нұрғанымның отауы… Оң қанатта –
төсек тартқан Құнанбай…
Төрде – Оразбай мен Күнту… Екі кемпір әлсіз жатқан Кұнанбаймен үзір-мәзір айтысып, тұрып кетуге әрекет етіп жатады… Нұрғаным қызмет жасап жүреді…

Үлкен кемпір
Құнанбай,
Құлыным,
Жасымыз болса ұлғайды.
Жасы ұлғайған адамның
Сүйек-сөлі ағарып,
Көзінің жасы құрғайды.
Бір сен емес, бәріміз де
Келген екенбіз – кетеміз…

Кіші кемпір
Жаратқан-ие жазмышынан
Озмышты ойлап нетеміз?..
Жасым кіші болғанмен,
Жолым ұлық жеңгең ем –
Іш-шәй дескен жеріміз жоқ…

Күнту (әзілге бұрып).
Қайнылықтан қан бұзылмас –
Дәме еткеніңе дес беріп,
Дегеніңе көнген ем –
Демеймісің онан да!

Кіші кемпір
Қағыңғыр!
Қарап отыр жайыңа –
Құр атына мініп қалжыңның,
Әмеңгерлік етер әзілге
Кенен жайлау, кең қолтық,
Алқа-қотан заман ба?!

Үлкен кемпір
Қайран-ай, қажы-қайнымның
Мазасы болмай жатыр ғой…

Кіші кемпір
Мазасы неге болмасын
Қос жеңгесі қатар келгенде!..
Құласа да астына алып құлайтын
Қажы-қайным батыр ғой…
Анадан алып туғандар
Ауруға ырық берген бе!

Үлкен кемпір
Көз қарақты болсақ та
Қоламтадай қожырап,
Күл болуға аз қалып,
Мырзасынған мұржа – өмірдің
Өңешіне кептелдік.
От басында омалып
Отырып қалған жайымыз бар.
Жарасып жатыр деген соң,
Үзір-мәзір айтысып,
Қайырласайық деп келдік:
Арамызда, айталық,
Артық-ауыс сөз кетсе,
Атласпен астасып бөз кетсе,
Алтынға араласып жез кетсе… –
Кейіс тұтпай, кеш, күнім? –
Жаманымызды жасыра көр,
Жақсымызды асыра көр, құлыным?!
Рұхсат етсең, енді, біздер қайталық?..

Құнанбай (басын көтеріп).
Талаптарыңды Тәңірім оңғарсын!..
Даярланып-ақ жатырмын –
Жалынан тартып мінерге
Жарамды ақбоз ат болса!
Армансызбын деп айта алман,
Амалым нешік, алайда,
Ақырыма ниет түзедім…
Ақшамның жарық нұрындай
Жарқылдай күлген қос жеңгем,
Кешегі келіншек-қыз едің,
Көңілге қайғы ұялаттың –
Бүгінде кемпір бола бастап! –
Қызуыменен жастықтың.
Көзімізге өңге көрінбей,
Жүрек сезімін жалаңаштап,
Денелерімізге денелеріміз
Тиіп кеткен сыйлы сәт болса –
Кеше көріңдер сендер де,
Жазғыра көрмеңдер, жарай ма?!
Үлкен кемпір
Қалжыңың қандай кәделі еді…

Кіші кемпір
Әзілің неткен әдемі еді, тентегім…
(Отырғандардың бірі күліп, бірі жылайды… Екі кемпір біріне бірі «жүр-жүрлеп» шығып кетеді… Абай кіреді… Құнанбай кеудесін қайта көтеріп, Абайға ұмтыла бере, төсегіне сұлқ құлайды. Төне түскен Абайға кес-кестеп қолын қалқандайды… Абай тұрып қалады…)

Абай
Әке!..
Құнанбай
Балам дейін десем –
Байыбыңа жетпес балаң сөз
Етекте тұрып шыңды алған,
Құлағы шалғанның еркі кеткен,
Парасат пенен пайымыңа
Кемдік ететін тәрізді.
Данам дейін десем –
Алдаспан тектес жалаң сөз
Қиярын тапсаң шыңдалған,
Төбе билікті төркін еткен
Әділ қазылық қайымыңа
Кеңдік ететін тәрізді.
Кемдігіңе жығылайын десем –
Ағайын-туғанға қиянатым зорайып,
Ес бола алмай қайран еліме,
Өтім жарылып телінген,
Бауырым езілетін сыңайлы.
Кеңдігіңе жығылайын десем –
Түп-тамырым суалып,
Қаным қарайып,
Еге бола алмай діл мен деніме,
Тынысым тарылып, тәнімнен
Жүрегім безінетін сыңайлы!..

Абай
Әке!..
Неге дәйімі
Тобақазығыңды таянып
Төбе билікті алдыма
Көлденең тарта бересің.
Күшігеннен қойлық жүн,
Тазқарадан тайлық жүн
Даулаған азғын алқадан
Төрелік сөздің сарасын
Жерім жоқ қалған аянып!..

Оразбай
Тырнама жанның жарасын!
Досқа – күлкі, дұшпанға –
Таба болу ма еді – лайығы!
Күнту
Есболаттың жесірін
Оразбайдың арысына қимай,
Абралының алысына қиып –
Бермеген азарың,
Қылмаған қорлығың қалды ма?!

Оразбай
Бұдан былай да бүйте берсең,
Ұғыныспай-ақ та қояйық!
Туыспай-ақ та қояйық!
Турасайық?!

Құнанбай
Ей, Оразбай!..
Қарға баласын «аппағым»,
Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.
Болар ел болмас ерінің
Бұзақы қылығын да қылмас айып,
Бас жарылса – бөрік ішінде,
Қол сынса – жең ішінде.
Жүрегі – жалын, сөзі – мұз
Абай сынды да бір арыс
Жүре бермеуші ме еді ел ішінде?!
…Аласымыздың орнына
Алла-Тағала берген Аса Таяқпен
Артымызға тыным алғызбай
Түртінектей беретін – өзіміз!
Қарыны тоқтың – қайғысы жоқ,
Ашқарақ бала – жылауық –
Тірлігімізді көшкен бұлтқа беріп,
Бірлігімізді басым ұлтқа беріп,
Ірілігімізді пасық қыртқа беріп,
Басты сыйламай, ұяттымызды бұтқа беріп,
Жанды қинамай, тұяқтымызды жұтқа беріп,
Асылды жасықтан жасқантып,
Пысыққа дүйім елді басқартып,
Өсек теріп, сөз аңдып,
Ертелі-кеш етек пен
ерсі қисайған ауыз бағып,
Әуемен байланып, мақтамен бауыздалып,
Адамилықтан шығып,
хайуанилыққа айналып,
Өліміз – ақыреттігімізді,
Тіріміз – киер киімімізді жаттан алып,
Сарттың егіні шықпаса, жемісі өнбесе –
Жігеріміз құм боп,
Аштан қатып, Хаққа налып,
Кемел толғанып келешегімізбен тілдеспей,
Келелі елдің құлы, күңі құрлы да күн кешпей,
Жиған малын әкесі баласына қимай,
Қатыны байынан айылын жимай,
Һадалды айырбастап, һарам аттап,
Кішісі үлкенін балағаттап,
Тоқал қатындай өр,
Кеселді кісідей ер,
Кедей кісідей кер келіп,
Іркіттей іріп, сүттей ұйымай,
Өлі қойдың тірі етіндей
Өз терімізге өзіміз сыймай,
Құр күпініп, бос мақтанып,
Сұйылып, сиырқұйымшақтанып,
Соры қайнағанды жақын тұтып,
Бағы асқанды жек көріп,
Кірпідей жиырылып, жылқыкөттеніп –
Ел болып не оңар екенбіз!!

Абай (өзіне-өзі).
Айт! Айта түсші, Әке?! –
Тартып ауыр тауқыметі мен азабын,
Надандық түнегін қоныс еткен
Жұлдыз жанарлы, ай – құлақ
Қалың елім, қайран жұртым, қазағым,
Қасіретін ұғынып, қамын ойласын…
Әй, бірақ…
«Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас!»

Құнанбай
Ас орнына атау іштірген
Алауыздық осынау неден шықты, Абай?!

Абай (сәл үнсіздіктен соң).
Әке, мені таба қылмаңыз
Оразбай мен Күнтудей
Сабырсыз, сырдаң саппасқа!

Құнанбай
Сен төбе би болғанда
Туған құлын дөнен шықты, Абай! –
Дөнен – билік мінез шығарып,
Топырағын қауып, тамырын жайып,
Өз төркінін – тегін таппас па?!
(Абай үндемейді…)
Талай да талай
Талайлыдан ұлық қылғаным – Абай!
Бөрі айыбын терісімен өтейді.
Түптеп келгенде – туысың
Оразбай менен Күнтудің
Өлерімнің алдында арыздасу орнына
Артқан өкпелерін тыңдадым –
Өкпелері орынды!
Түсімді бермей тусынып,
Ақтық сапарыма армансыз аттанайын,
Әкелік парызым өтелсін:
Құшақ жайып, қол қусырып,
Айыбыңды төлеп, ағайыныңа
Көрсет жазған жолыңды?!
(Абай үндемейді…)
Бітіспеуге белің будың ба,
Неткен беріштей бекемсің!..
(Абай үндемейді…)
Оңбайын деген екенсің,
Бар ағайыннан безініп!
Оңды іске аяқ баспайсың –
Қарына тартпай қасарған
Тамырыңдағы Олжай бабаның
Қаны еместей көрінеді,
Әлде…
(Абай үндемейді…)
Жоқ деп уайым жеймісің
Жұртқа берер жауаптың
Жалтаратын амалы:
Тауық екеш тауық та
Күлге аунап жұмыртқа табады –
Тауық құрлы жоқпысың?!
Біз – күл құрлы жоқпыз ба!..
(Абай үндемейді… Құнанбай сәл ойланып…)
Ертеректе…
Бейбақ әйел – соғыста өлген күйеуі,
Тұтқындалып,
басының еркі жау қолына тиеді.
Әйел аса сұлу бопты ешкімнің жоқ таласы,
Тұтқынға бір түскен екен
бауыры мен баласы…
Таң қалған Хан әлгі әйелдің көркіне,
Бір қалауын беріпті оның еркіне.
Хан айтыпты: не бауырың, не балаң –
Құтқар, кәні, екінің бірін қалаған!
Бірін – құтқар, екіншісі – өледі:
Бауырың ба, балаң ба, әлде, керегі?!
– Бауырым,– депті сонда сұлу тоқталмай,
Хан басына қара дауыл соққандай,
Деп сұрапты қылышын кезеп жалаңған:
– Бауырыңды артық көргенің бе балаңнан?!
– Уа, Ұлы Хан, мендей сұлу әйелге
Бай табылмас деп ойлайсың қай елде?..
Бай табылса – кәміл бала табарым,
Ал, бауырым… бауырға жоқ амалым!.. –
Деген екен. Жауабына Хан еріп,
Баласына да берген екен және ерік! –
Құнанбай басым қатын құрлы қорытар:
Саған айтар соңғы сөзім – бұл аңыз,
Жүрегімдегі соңғы сезім – бұл аңыз!
Айналып кетейін, құлдығыңда өтейін,
ей, Абай!..
Не, әкеңмен бірге боласың?! –
Аумин!
(Құнанбай қолын оң жаяды… Оразбай мен Күнту Құнанбайдан көргенін істейді… Абай үндемейді…)
Не, әкеңді өлтіріп құтыласың! –
Аумин!
(Құнанбай қолын теріс жаяды… Оразбай мен Күнту Құнанбайдан көргенін істейді…)
Абай (өзіне-өзі).
«Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой!»
(Теріс жайған қолдарымен бетін сипай берген Құнанбайға)
Олай болса –
Аңызыңа аңызбен тіл қатайын,
Көңіл-көгімді күңірентіп,
Жан-жүрегімді жылатайын:
…Ирандағы Хамадан ханы
Атақты емші Ибн Синаны
Іш соқпасынан аман құтылған соң,
Баламды ұрды деп баласын өлтіріп,
Өзін зынданға тастап – қинады.
Ибн Сина он үш жыл жатты зынданда,
Қыршынынан, бірақ, қиылмады –
Терек тамырынан тамған күніне
Жеті тамшы сөл болды – бұйырғаны…
Тауқыметі артса тірі пенде
Тағдырына шара қылған ба?
Сол Хамадан ханы бір күні
Ау құрып, балық астырып,
Өзен бойында сауық құрғанда
Еламан сүйекке қақалды –
Ажат сағаты тақалды.
«Еламан сүйегі жоқ екен –
Түгелденгенде – торта балықтың.
Еліңе сәлем айта бар,
Күні бітті Дүниежарықтың!» –
Боп шықты бақсы білгені.
Ақырына көзі жеткен соң
Хамадан ханы қорынып
Ибн Синамен қас еткен
Қата тірлігін тілдеді.
…Ұзын да сөздің қысқасы –
Басқадай амал таусылып,
Хан Сарайына әкелінді
Ибн Сина – Өмір Ұстасы.
«Тойымсыз, обыр өңешіңе
Еламан сүйек тұрыпты –
Астарын ұғын сөзімнің –
Еткен емнің бәрі далбаса!
Отырасың Өлім Кемесіне –
Тәрк етіп әдет-ғұрыпты
Қарашығындай көзіңнің
Жалғыз ұлыңды құрбан шалмасаң!» –
Жалғыз ұлдың қаныменен
Жазамын деп ұшықтап,
Ибн Сина ең ақырғы
Сөзін айтты пысықтап.
Түсіп тағдыр әуресіне
Көзінің жасын тыйды Хан.
Көрер жарық сәулесіне
Жалғыз ұлын қиды Хан.

Ибн Сина дәу шарыққа
кек қанжарын қайрады,
Ұлының жібек сәлдесімен
Ханның көзін байлады.
Байлады да ұл орнына жіберді орып тұсақты,
Хан жағына алды жанып
қан-қан болған пышақты.
Ибн Сина тынды көңілі
емнің шартын орындап,
Тұсақ қойдың ақты қаны
ұл қанындай қорылдап.
«Ұлым өлді» деп «аһ» ұрғанда Хан ақырып,
Ақ тортаның Еламаны
түсті өңештен атылып!..
…Әкем емес,
Еламан сүйек жұтқан Хансың құлқыны,
Еламанның екі басы –
Оразбай мен Күнтуың!
Енді өзіңді өзің емде,
Өзіңді өзің пышақта,
Құрбан шалар Ұлың да жоқ,
Жоқ байлаулы Тұсақ та!
Құтқаратын емші Уақыт –
Ибн Сина жоқ қазір,
Киер кебін – Ақыретің,
Ажалың да бопты әзір!..
(Абай теріс айналады… Тұра – беріп… Құнанбайдың, Демі – үзіледі Сырттан «ой, бауырымдап!» ел адамдары енеді…)

Күнту
Шарық сүйретіп,
Шапан тоздырып,
Бағзыдан бақыт оздырып,
Кімге енді тұлға болмақпын –
Құзар басы көкпен тілдескен
Бәйтерегім, ойбай, құлады! –
Жалғыз көзі ағып түсті Шындықтың!

Оразбай
Құнанбайдан көшкен Дүниенің
Табылар ма бізден тұрағы…

Нұрғаным (дауыс шығарып).
Ардағы болған Халқының,
Сафтанған Сом-Алтыным,
Талмастан шапқан Тұлпарым,
Қонбастан ұшқан Сұңқарым,
Меккеге барған Қажы-ием,
Қарадан шыққан Сұлтаным…

Абай (жалғыз қалып, өзіне-өзі).
«Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер!..» –
Кезі келді:
Бастан Жақ бөлінді –
Тіл жүйесіз қалды! –
Әкеден Бала жерінді –
Діл иесіз қалды!!

Бірінші Бөлімнің соңы.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

БЕСІНШІ КӨРІНІС

Әйгерімнің отауы… Абай – өлең жазып отырады…
Әйгерім – әлденеге алаң, көңілсіз…

Абай
Ойға алсам тілім байланар:
«Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдоуси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер шағири Фәрияд».
Зағип Гомер, Данте, Шекспир,
Бальзак, Байрон, Гетені
Тағдырым тағылым етеді…
Не істеуге енді айла бар –
Бұлардан өткен қу жалған
Менен де бір күн өтеді!..
(Ойлана түсіп)
«Жүрегім менің – қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтіп аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әр неден.
Өлді кейі, кейі – жау,
Кімді сүйсе бұл жүрек.
Кімі – қастық, кімі – дау,
Сүйенерге жоқ тірек.
Кәрілік те тұр тақау,
Алдымызда айла жоқ.
Қайғысыздың бәрі асау,
Бізге онан пайда жоқ.
Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайрыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған»…

Әйгерім (өзіне-өзі).
Сүюден басқа сөз білмес
Бұлбұлы сайрай бастады.
Қамқор жаны көзге ілмес
Қайғылыдан басқаны!..
(Абайға)
Сезімің суалып,
Аптығың басылып,
Қажы-Атам мен Еркежанның күйеуі
Ерте дүние салғалы –
Естен тана қайғырдың.
Мазамызды алып,
Берекемізді қашырып,
Күндіз – күлкі,
Түнде ұйқыдан айрылдың –
Асылық етпеші, Абай,
Тағдыр заңы қатал-ды:
Біреу – отқа күйеді,
Біреу – суға кетеді –
Отқа күйдірдің,
Суға кетпеші, Абай?!
Шер-шеменнің шоғына
Аяқ-қолы байлаулы
Бейбақтайын үйтілмей –
Сабырлық етсең нетеді!..

Абай
Қас пен Көздей кірігіп,
Бір жеңнен – қол,
Бір жағадан – бас
Шығару дегенің былай қалып,
Көзі – ашық,
Көңілі – ояуды
Ығыр етпесе ырза қыла алмас
Індетке тап болып,
Ұсағымыз үгітіліп,
Кесегіміз ұсақтап,
Тереңіміз тартылып,
Тұнығымыз ылайланып,
Тіл мен Жақтай бірігіп,
Көп боп түкіріп
Көл жасаудан қашқақтап,
Жусаннан аласарып,
Бетегеден биіктемей,
Бас-басымызға би болып,
Боғымызды пышақтап,
Шала бүлініп,
Аласамыз асқақтап,
Асқағымыз аласарып,
Аяқ асты болып, обал-ай,
Дүние шіркін өзгерді-ау?!
Айтары жаңсақ болған соң,
Жапырылары қалмай қоғадай,
Амалсыз Үлкен тосылып,
Көңілі күпті қалған соң,
Ақырзаманның адамы-ай,
Алаңсыз, аңсыз жосылып
Кіші сөйлейтін кез болды-ау!

Әйгерім
Қабырғасы қатпай
Қарын талдырса,
Бұғанасы бекімей
Буынын алдырса,
Еркелік етпей
Егде ақылға жеңдірсе,
Жасына жетпей
Жүрек отын сөндірсе,
Үлкені үйдей пәле шақырып
Ертелі-кеш қайғы төндірсе,
Кешегі балы – бүгінгі у –
Алалы күйіне аһ ұрып
Кіші сөйлемей не қылсын!

Абай (Әйгерімнің сөзіне көңіл қоймай,
өзімен-өзі, әуелгі ойдың жетегімен).
Өліміздің жаманы жоқ,
Тіріміздің жаманнан аманы жоқ.
Шынға нанбаймыз,
Өтірікке есесі кеткен жандаймыз.
Жеке қалғанда демімізге нан піседі,
Топқа түскенде мұрнымыздан қан күседі.
Аспанға ұшқанды аяқтан тартамыз,
Топырақ құшқаннан өлердей қорқамыз.
Алыстан дорбалаймыз,
Жақыннан арбалаймыз,
Түйекіндіктенеміз – кері сиеміз,
Қорынамыз, қорғалаймыз –
Сыйынғанымыздың алдында
қосаяқ қағамыз,
Сүйенгеніміздің алдында
сиырша жорғалаймыз.
Шенге келгенде – жемқор, жебір шығамыз,
Өнерге келгенде – құнарсыз, кебір шығамыз.
Қомағаймыз, түйені түгімен жұтамыз,
Қашқанды қумаймыз, қуса – зытамыз.
Езді ерлікке үйретеміз,
Кещеге ел билетеміз,
Сосын ер-тоқымымызды
бауырымызға алып тулаймыз,
Шырық бұзамыз, шылбыр сүйретеміз…
Нәпсісін тыйғанды – қор дейміз,
Нәпсісі билегенді – зор дейміз.
Шыбық тимей шыңқ етіп,
Үйде – батырмыз,
Түзде – қатынбыз!..
Несін айта берейін!..

Әйгерім
Үйде – жеру,
Түзде – еру болмасаң не қылсын!
Абай, енді, былай қойып өзіңді,
Өңімді алып, өзегімді өртеген
Сөзіңді де сыртқа салдың ба?

Абай
«Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең жеткізбес!» –
Қиялың – ескек, көңілің – көл,
Ішіп-жемің алдыңда!..
Әйгерім
Тәнім тоқ болғанмен,
Жаным – аш, Абай,
Уайымым мол!
Бауырымды мұздатқан,
Бүйрегімді сыздатқан –
Қиянатты, қата тірлігіңе
Қаным қас, Абай!..

Абай
Керегіңнен кенжелеп,
Қысыр қалған жерің қайсы, Әйгерім?!
Ығырымды алған уілдеп
Желді күні желп-желп етеді –
Жүрегің жүрек пе, әлде, шүберек пе!
Тұрсам – ойымда,
Жатсам –қойынымда емеспісің?!

Әйгерім
Жыр деп соққан ғазиз жүректі
Жұма сайын жаралап,
Қаны-сөлін суалтып
Шүберек еткен – өзіңсің.
Жыршы деп айтқан әзиз тілекті
Көп отауды тынбай аралап,
Кескен теректей қуартып
Мүгедек еткен – өзіңсің –
Өзің құл боласың, Абай!
Кімге пір боласың, Абай!!

Абай (өзіне-өзі).
«Сүйсіне алмадым, сүймедім,
Сүйегім жасып, сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің, жарың…» –
Деп тұрған жоқ па осы Әйгерім?..

Әйгерім
Уа, Арғын Ұяласымның Арланы,
Жүрек жарғаным – қалауым,
Көзімді аштырмай,
Қия бастырмай –
Көбе-тырнақтың топырақ парызы өтеліп,
Табанымды тоздырмай,
Бауырымды көтеріп,
Белімді жаздырмай –
Көк етімді жыртып,
Қолтығымды сөгіп,
Бейнетіңе жегіп –
Бұралқыдан бетер таладың!

Абай
Талағаны несі?..

Әйгерім
Таладың:
Ажарымды да – алдың.
Базарымды да – алдың.
Тәнімді де, мәнімді де,
Сәнімді де, әнімді де – алдың!
Енді, менде
Көкірек – көңілі мәңгі жас
Ақын жүрегін елітер
Қылық пен қызық қалмады!
Етекті көрсе есі кеткен,
Күн құрғатпайтын қаңғыбас,
Ел күйеуі Абайдың –
Алып Адамның мен білер –
Басқа болмақ Арманы!..

Абай
«Мыңмен жалғыз алысып»
Таландың деудің орнына,
Жағаласа сөйлеп, жарысып,
Таладыңың не?!
Бұл – қай қара басқаның?..

Әйгерім
Таладың!
Таладың да – тастадың!..
«Әсіре қызыл тез оңар» –
Құтты күні құдайдың
Аузыңнан түспес кешегі
«…Әй… Керім…» емеспін –
Басқамын – «Ей… Көріммін…»…
Тірі болса бермес есені
Оспандай опат марқасқа
Қайын қазасы мазалар:
Дұғасын оқып жылаймын!
…Әмеңгерлікке тыйым болмас па! –
Еріккен жұрттың өсегі:
Қайнағасы мен Келіні –
Еркежанға ауа бастадың!

Абай
Астапыралла…

Әйгерім
Келісті, ғажап келімі
Сұлулығына күрмеліп
Еркежанға ауа бастадың!..
Ауа бастадың – аласың,
Қыран мінезіңді білемін.
Асқынттың жанның жарасын,
Қарайып бітті жүрегім…
Бесқонақтан бетер салқынбыз,
Басқалығымды кеш біліп,
Көгеніңдегі жетім қозыдай
Қылғынып естен танбақпын.
Жаздағы реңкі ескіріп,
Салмағын алған жалқын күз,
Қорғансыз қормын – қаңбақпын! –
Бұдан былай:
Ұшарымды – жел біледі,
Қонарымды – сай біледі!..
(…Жинала бастайды…)

Абай (қысылып, қолын кеудесіне қойып).
«Жүрегім, ойбай, соқпа енді,
Бола көрме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта, енді,
Кімге сенсең, сол шикі…»

Әйгерім
«Жетім қозы – тас бауыр,
Түңілер де отығар!..»
(…Кетеді…)

Абай (бекініп…).
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып тәңір ісіне,
Қорлық пен мазағына таңылса да».
(…Ақылбай кіреді… түрінде үрей бар…)

Ақылбай
Абай аға…
Оразбай бір топ жігітпен
Сіз тіктірген ақ отауын
Өртеп,
Өзін – Олжабайдың
Тірідей көміп кетіпті.
Арашаға түскен аяғы ауыр
Хадишаны да қан-жоса ғып,
Сабап, өлімші етіпті!
Тез жетпесек – болмайды?!

Абай (керегенің басынан қамшысын алып, күңіреніп).
«Туысқаның, достарың – бәрі екі ұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті!..»
…Кеттік!..

АЛТЫНШЫ КӨРІНІС

Өртенген үй… Есі шыға қорыққан Хадиша…
Қыл мойнына дейін тірідей көмілген Олжабай…
Абай мен Ақылбай көрінеді…

Xадиша (Абайға шағынып).
Өзіңіз арнап тіктірген
Күміс қанат, алтын уықты
Ақ отауымды өрт алды, ағасы.
Тауқыметіне тізе бүктірген
Тоңмойын доңыз топастық
Талқандап табалдырықты –
Өзегімді дерт алды, ағасы.
Айтысып жүріп арттырған
Көпке аян
Олжабайымды
Оразбайдың жендет жігіті
Тірідейін көмді, ағасы.
Тән азабын мұнша тарттырған
Көріп тұрмысыз ойран жайымды,
Жас өмірдің бар ма үміті –
Тірілейін бе, енді, ағасы?..
Тірілмейін, тірідейін өлейін бе, енді, ағасы?!
(Олжабайды көрсетіп, басын сүйеп…)
Аһ ұрып Асан-Қайғыдай,
Амалсыз, көзі алақтап,
Жуынып көздің жасына,
Қызыл тілі құр сайраған,
Аяғы жоқ, басы бар
Адам көрген қайсың бар?!

Абай
Арсыз күйінен айнымай,
Аш бөрідей жалақтап,
Зорлықтың тарғыл тасына
Ашу – пышақ қайраған,
Аяғы бар, басы жоқ
Надан көрген қайсың бар!
Оразбай! –
Бассыз надан! –
Көзсіз көр –
Жапырағы азған,
Бұтағы тозған,
Діңі шіріген бәйтерек! –
Тірідей Адам көмуге
Құдайдан қорықсаң қайтер еді?!

Ақылбай
Бұл қорлыққа – мұндай егеске
Болмастайын көнуге…

Абай (Хадишаға).
Үмітсіз – шайтан емес пе!
Сабыр ет, қалқам, Хадиша?!
Баяны жоқ дүние бұл –
Жақсылық тұрмақ,
Жамандық
Айнымас баянсыз қалпынан:
Көгі қалың,
Көлі мол
Жаз келер-ақ жадырап –
Қарлы, боран-аязды
Қатты қыстың артынан.
Жарасым таппа жеңілмен:
«Жаман дос – көлеңке,
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың.
Басыңды бұлт шалса,
Іздеп таба алмайсың» –
Күдеріңді үзбе өмірден:
Жақсы жар – жан азығы,
Жемей – тоқсың,
Ішпей – массың! –
«Бүл өмірдің қызығы махаббатпен,
Жерге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса –
Өлсең де өлмегенмен боласың тең» –
Олжабайлар да күні ертең
Қаршыға – күшіне мінер-ақ,
Көздегенін ілер-ақ.
Аруақ қолдаған апай төс,
Атан жілікті азамат болар-ақ!
Атқа қонар-ақ!
Өнер ашар-ақ!..
Ант атқан Оразбайларды
Әлі-ақ албасты басар-ақ!
Көр де тұр!..
(Олжабай – «Басқа»)
Көңілдегі көрікті ойдың
Ауыздан шыққанда өңі қашады.
Бір қашқан өңі қаша-қаша
Ой да ортаяды екен,
Сөз де қартаяды екен…
Басыңнан басқаң – бақилық,
Бейбақ – бейшара түріңе не дейін –
Надан – нәкәспен алысам деп,
Шойырылып, бүк түсіп,
Белім кетті дейін бе?!
Лағып, желмен жарысам деп,
Бас-басына мықтысып
Елім кетті дейін бе!..
…Билігі асқан Адамым –
Рахым ету орнына,
Зақым етті, қайтейін!
Жаза басқан Заманым –
Ақыл ету орнына,
Ақын етті, қайтейін?!
(Олжабай үндемейді…)
Үндемеймісің?..
Кем түсініп кектенбе, Олжабай?!
Құрышты құндағында жану – өлді.
«Ерді кебенек ішінде тану» – өлді.
Өліп тынармыз түбінде!..
Дуалы ауыз айтпайды – малды ауыз айтады.
Ойлы ұтпайды – бойлы ұтады.
Сүйекті жеңбейді – сүбелі жеңеді.
Күші басым жықпайды –
мысы басым жығады.
Аруақты алмайды – пұлы нақты алады.
Сара озбайды – пара озады.
Білімді сөйлемейді –
Өсек-аяң аңдыған,
Қызметі өктемге арсыз күліп пұл берген,
Арыз жазумен күн көрген,
Жасуынан өтер иненің
Жылпос пен жылмақай,
Жырынды сөйлейді бүгінде!..
(Олжабай үндемейді…)
Үндемеймісің?
Таяқ етіңе өткен бе, Олжабай?!
(Хадиша мен Ақылбай Олжабайдың денесін топырақтан арши бастайды…)
Тінте-тінте жағыңды да ашар – Уақыт.
Түрте-түрте тіліңді де шығарар – Уақыт.
Бірте-бірте өксігіңді де басар,
Өкпеңді де құп алар – Уақыт!
(…Олжабай кеудесіне дейін аршылады…)
Құлшынып құр аттай,
Кеудең аршылып,
Тынысың да кеңір!
Қаулаған құрақтай
Қайтадан алшынып,
Қайғың да кемір!..
(…Топырақтан Олжабайдың қол-аяғы босайды…)
Аяқ-қолың ақыры бостандығын алар.
Кемеліңе келіп, күш-қуатың толар.
Сойыл да ұстарсың…
Сотқар – сотанақ
Паңайыңнан да жүрмейтін болар…
(…Олжабай үндемейді… аяқ-қолын ербеңдетіп опат қимылдайды… оқыс бұрылады…)
Үндемеймісің?!
Қорлық сүйегіңе жеткен бе, Олжабай?!
Дым демеймісің?..
..Айтар сөзің жоқ болса –
Ығыр еккенге ымырасыз
Ызаң болғаны ғой!..
Дұрыс!
Жер ызасы – Ырыс!
Ер ызасы – Ұрыс!!
Ел ызасы – Құбылыс!!!
(Ақылбай мен Хадиша қалш-қалш еткен Олжабайды алып кетеді… Абай жалғыз қалады… Көкбай – көрінеді…).

Көкбай
Осында кетті деген соң,
Салып ұрып жеткенім…

Абай
Іргесі аулақ Верныйда
Әбіш ауырып жатқалы
Ат ізін салмай кеткенің,
Көкбай, неткенің?!

Көкбай
Айыпқа бұйырма, ағасы?..
Мұқыр болысынан келемін –
Ай жаңасында барғанмын,
Шақыртқаннан соң нағашым…

Абай
«Костоеді» асқынып,
Қиналып жатыр Әбішің» –
Деген хабар жеткенге –
Қасірет жұтып, қайғы еміп,
Қауырсыннан жеңілмін,
Қорғасыннан ауырмын…
(Абай қойнынан хат алады…)
Хат жазған едім өткенде…
Хат емес – Күпті көнілдің
Көз жасын сарқып төккенім.
(Хатты Көкбайға беріп)
Семей барып, Верныйға
Пошта жіберт тездетіп,
Жөнелт өзің қолыңмен,
Құр қалмайды қарманған!
(Көкбай хатты алып дорбасына салады)
Жо-жоқ, тоқта?!
Кәні, Көкбай, дорбаңнан
Алшы қағаз-қаламды.
Жазшы ілелі қалқама
Түбегейлі тауысып
Жүректегі алаңды?..
(Көкбай дорбасынан қағаз-қаламын алып жаза
бастайды)
Хат. Әбдірахманға.
«Алланың рахматын
Жар тұтып әрнеге.
Әр рахман ол атын
Үйреткен жүмлеге.
Дұғамның қуатын
Жіберме өңгеге.
Әбіштің сиқатын
Беркітсең кеудеге.
Рәушән сипатын
Тез көрсет бендеге.
Осындай шапқатын
Ұмытам мен неге?
Зар хатым – бұл хатым,
Бізді тыныш жүр деме.
Азайып қуатым,
Денем жүр көрмеге.
Бұл – жазған сұңғатым,
Көңіл ашар бір наме.
Менің сол рахатым
Көзіме сүрмеге.»
Әкең Абай. Жаздың ба?..

Көкбай
Жаздым.
Абай
Онда жөнел!
Көкбай!
Шап!

Көкбай (хатын дорбасына салып,
кетуге ыңғайланып).
Абай аға,
Мұқыр болысының игі жақсысы:
«Ақырын салып ақылға
Ат арқасына мініп Абайдың
Сайлауға өзі келмесе –
Қара халықтың сорына
Болыс сайлап сүйгенін
Отырғызар тақырға
Оразбайдай пәленің
Құрбаны болып бекерге
Түсеміз құрған торына,
Жығыламыз қазған орына!» –
Деп еді маған кетерде.
Аманат жолы – ауыр жол,
Мойныма қарыз болмасын…
(…Кетеді…)

Абай (Көкбайдың соңынан).
…Қызыр болсын жолдасың?
(Өзіне-өзі)
«…Есіткендей болады
Құлағым ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп терең бойлаймын
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын,
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?..»

ЖЕТІНШІ КӨРІНІС

Мұқыр болысының сайлауы…
Оразбай тобыры қызу кеңес құрып отырады…

Оразбай
Айтшы, Күнту?
Құнанбайдың сағын сындырып,
Аруағын қалай аздырамыз?
Абайды қалай жығамыз,
Көрін кімге қаздырамыз?!
Айтшы, Күнту, не істейміз?
Қаракетсіз қапыл күйімізде
Керегенің басына
Ілулі үрген местейміз!
Бүгінгі болар сайлауда
Ауырын артпақ Абайдың –
Келе жатқан аурудың
Алдын алуымыз керек қой…

Күнту
(бір кездегі Оразбайдың сөзін қайталап).
Атадан алып туылған
Құнанбай жолы бөлек қой –
Жаратпағанның апшысын
Жөргегінде жатып қуырған,
Төрімізге шығып қасарған
Төреден билік асырып
Қарадан шыққан
Тұңғыш аға сұлтанның
Ақ дегені – алғыс,
Қара дегені – қарғыс қашаннан…
Шарқаяқтанып,
Көзі тірісінде,
Шаш ал десе – бас алып,
Құдайдай Құдірет Құнанбаймен
Аңдысып көрдік – алдырмады,
Алысып көрдік – шалдырмады.
Енді өлісінде тиіссек –
Тегін қалдырмайды:
Көрдегі тек жатпаса –
Жердегінің таңы атпайды!..
Болмашыға күйіп,
Өкініп,
Берекеміз қашып жүрген – өзіміз.
Тигенге – тиіп,
Тимегенге түкірік
Шашып жүрген – өзіміз.
Кетіспеспен кетісіп
Еңсемізді
Албасты басып жүрген – өзіміз.
Жар басында жетісіп
Артымызды жел-құзға
Ашып жүрген – өзіміз!
Бізді, әйтпесе, Құнанбайдың
Суық шалған бүйректей
Бөгде көрген жері жоқ…
Көлденеңді көк атты –
Көрінгенге билетпей:
Ығал едік – теңіз етті,
Сыңар едік – егіз етті!
Бүтін інген жарты бураға қайымас,
Өлі аруақ риза болмай –
Тірі байымас,
Түбі біргеден түңілмей –
Құнанбайды тыныш қоялық?..

Оразбай
Бұл айтқаның – ақыл,
Күнту, алайда,
Абай да осал жау емес:
Көрінгенге үрер күшік еді,
Азу тісімізді барсынып
Аямай талап –
Арыстан шығардық.
Өз күнін көрер кішік еді,
Жарық Дүниеге жаршы ғып,
Аузына қарап –
Данышпан шығардық…
Ор қаздық – құламады.
Опат қылдық – жыламады.
Арыз жаздық – ақсамады –
Ішкі әлемімізді әшкерелеп,
Оязбен ортақ тіл тапты –
Жоғымызды жария етті,
Барымызды жоқ санады! –
Енді, не етер екенбіз?!
Жанын – жара,
Қанын – қара етудің
Қалмады ма басқа амалы!..

Күнту
Жасың үлкен ағасың, Ор-еке!
Өкінішке орай, мендей інінің
Сезімі – жүдеу, ойы – арық…
Жүдеуімді оңалтып,
Арығымды семіртіп
Асылық етсем – жарай ма?..

Оразбай
Жарайды, Күнту, жарайды…

Күнту
Онда, Ағайын,
Осы жолы қалайда,
Сірнедей жабысып,
Қатып сіңірдей,
Төбе билік етер Абайдың
Жабылып төбесін оялық?! –
Соққысы сойқан сойыл да табылады,
Сойыл тығатын қойын да табылады!
(Сыртқа ым қағады…)
Жігіттер!
(…Сойыл ұстаған түсі суық адамдар кіреді…)

Оразбай (риза болып).
Пәлі!..
Күнту, қымбаттым,
Күннен-күнге тарлан ашып келесің –
Уызына жарып ақылдың,
Тұлпар тумасаң, не қылсын?!
Тағдыр салған жұмбақтың
Шешуін таба бересің –
Шежіредегі Ұлықпан хакімнің
Жолын қумасаң, не қылсын?!

Сырттағы дауыс
Абай келеді!..
(Абай кіреді… амандаспай төрге озады…)
Күнту
Ассалау…
Оразбай
Ақырдағы жүйріктей
Күндіз-түні бас алмай
Оқимын деп кітабын
Орыс болып кеттің бе –
Төрелігіңді айтшы, Төбе би?!

Күнту
Кәпірге мойынсұнған соң,
Мұсылмангершіліктен қалған ғой…

Абай
Білікті айтқан бірлікке
Қатқан көндей илікпей,
От-басы, ошақ қасынан
Сынық сүйем аса алмай,
Ішкені – ірің,
Жегені – желім болған қу надан,
Күнту, сендей тобанаяққа
Орыс болу – арман ғой!
Ойланғанға:
Орыс дегенің –
Туғансыз
Тура бидің дәл өзі –
Жоғыңды жасырмайды,
Барыңды асырмайды.
Асылыңды жасық демейді,
Басымыңды пасық демейді.
Айтпайды,
Айтса – қайтпайды.
Қайтқан күнде – қан жұтып,
Қайғы кеміріп,
Пұшайман жемейді.
Туғанын жүндемейді,
Досын күндемейді.
Дұшпаным кім демейді:
Теңсінбегеннің тілерсегін тіледі.
Менсінбегеннің мойынына мінеді.
Елсің дегенді –
Тонның ішкі бауындай жақын тартып,
Қыз болса – құшағына алады,
Жігіт болса – қойынына кіреді.
Жылатқанды құлатады,
Жылағанды жұбатады.
Сүрінсең – сүйейді,
Жығылсаң – тұрғызады,
Жақсылығымен құлдық ұрғызады.
Жықса – жекінбейді.
Болған іске болаттай боп,
Өткен іске өкінбейді.
Өтірік, өсек бақпайды,
Өнер, Білім бағады.
Көрінгенге көзін сатпайды,
Еңбегін сатады –
Маңдай тер, табан ақымен
Ішіп-жемін табады.
Малын бағады,
Егінін салады.
Семіз сөйлеп,
Арық тумайды.
Арызбен пәле қумайды.
Жалған қорқытпайды,
Жаратқанның ырыздығын
Ірі, кесек турайды.
Түптің түбінде
Орыспен талыс болғанның –
Өзегін дерт алады,
Өндірі қурайды!..
(…Олжабай мен Ақылбай кіреді…)

Күнту (Олжабайды көрсетіп).
Тірі өлік ерткен қасына
Шоқынды шошынта бастады –
Абай болыңдар, абай!..

Абай
Ей, Күнту!
Шала туып шешеңнен
Шалағай қадам басқалы –
Істегенің – һарамдық!
Жасағаның – жамандық!
Шынжыр балақ, шұбар төс
Оразбайдың қол шоқпары,
Аяғы ауыр әйелге
Хайуанша таяқ төндіріп,
Арашаға түскен тәуелде
Олжабайды тірідей көмдіріп –
Шерменде қылған талайды –
Сенен шыққан Надандық!
«Шұбар жылқы – тебеген»,
Бетің қандай шұбар болса,
Ниетің де сондай шұбар!
«Биік мансап – биік жартас,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады»,
Бірегей болыс емессің,
Зәр-заһары тісі менен тілінде,
Ділі – өгей шұбар жылансың! –
Шамаң жетпегенді – шағасың!
…Ел менен елдің арасын,
Ер менен ердің арасын,
Ел менен ердің арасын
Алатайдай бүлінтіп
Нендей таупық табасың?!

Оразбай (кекетіп).
Пай-пай!..
Күнту
Пәлі!..
Абай
Көсеу тықса – көмір туады,
Жалмауыздан жебір туады, Күнту!
Оразбай оңалмайды!
Құдіреті күшті Құдай болам дейді,
Қатарынан озып
Құнанбай да бола алмайды.
Құр боламынан түк те шықпайды,
Ең бастысы, Оразбай
Құнанбай боп туылу
Керектігін ұқпайды –
Құнанбай құрдас болмайды
Оспадар мінез Оңаймен!
Құнанбайлық тұрмақ,
Абайлық –
Аяғын сүртпейді Оразбаймен!
Мені таныған ақылменен таниды! –
«Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі кесел асқанға.
Үйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға!»

Күнту (сасып).
Жер жарылып – жік шықты,
Екі құлағы тік шықты…
(Оразбай ашу шақыра бастайды…)

Абай
Қарақан басын дүр көріп,
Көлеңке баққан қорғалап,
Күндіз – күрмеліп,
Түнде ұшқан жарғанат –
Сорлы Күнту!
Иманшартың – озбырлық,
Кәлимең – антың – зорлық!
Айтқаным – айтқан –
Қалдым деме арманда:
Оразбайлардың айтағы –
Озбырлығыңды тыймасаң,
Зорлығыңды қоймасаң –
Ата жауыңа бергісіз
Атақ дұшпан біз тұрмақ,
От-басыңды салып ойранға,
Ет-жақыныңды қалдырып қайранға,
Бала-шаға, үрім-бұтағың,
Немерең мен шөбереңнің
Ісіне кірігіп – жасытасың!
Шөпшегің менен көп шөбің,
Туажатың мен зәузатыңның
Түсіне кіріп – шошытасың!

Күнту
Астапыралла…

Абай (Күнтуге төне түсіп).
Үй басына күйсіреп,
Бас-басына бисіреп,
Бірте-бірте өлімсіреп,
Тірлігі тозып,
Бірлігі азып,
Ері езден бетер боп,
Езі түбіне жетер боп,
Ел бола алмай еңіреп,
Етегі жасқа толғанда –
Болашағың лағнет айтады…
Саған!!!
(Күнту – шегінеді…)

Оразбай (жігіттеріне).
Өшіріңдер үнін!..

Күнту
Жігіттер!
Аламан!
Жағын айыр! –
Қызыл-ала қан қылыңдар
Бет-ауызын Ақынның!
(…Жігіттер сойыл көтереді… Абайға таяқ тиеді… Олжабай қайрат қылады… Ақылбай араға түседі…)

Оразбай
Қақ бастан сал!
Күнту
Бүйірден теп!

Оразбай
Белден соқ! –
Енді, мұндай ұл тумасын Анадан!

Күнту
Жын жайласын Бесігін!

Оразбай (бет-ауызын қан көмген Абайды көріп, насаттанып).
Жалғыз көзді жалмауыз –
Құнанбайдың қарғысы
Қарада тегін кетпестей!..

Күнту (іліп әкетіп).
Жығылғанға – жұдырық!
Верныйдағы Әбіші де,
Қарауылдағы Мағышы да –
Жайсыз жатқан көрінеді…
(Екеуі қарқ-қарқ күледі…)

Абай (топтан бөлініп, жалғыз қалып).
Кім үшін… сонша…
Не үшін… мұнша…
Алаң болдым – аһ ұрдым!
Өз жүрегін өзі жаралап,
Өз өкпесін өзі қаралап,
Өз бауырын өзі талаған –
Өңкей Мәңгүрт! –
Миғұла!
(Шарасыз күйде зар кешіп)
…Етінен өткен,
Сүйегіне жеткен,
Атадан мирас қалған,
Ананың сүтімен біткен Надандық
Иттікпен мал тапқан Қазақты,
Өзі де ит болып кісі қапқан Қазақты,
Мал болса Құдайды да паралап аламын,
Құдайдан басқаны қаралап,
Жанын жаралап аламын,
Малым – дінім, Алла-Тағалам,
Халқым, жұртым, мәнім, мағынам,
Білім, ұятым, арым, жақыным,
Атақ, даңқым, абыройым, ақылым –
Деп жаңылып Тәңір атқан Қазақты
Адамгершіліктен мүлдем кетірді-ау! –
Түзелмеске шын бекінді-ау!..
…«Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Жайына біреу келсе кез,
Белгілі жұмыс, сор қайнар.
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Партия жиып, пара алған,
Бейілі кедей байсыңдар.
Қулық пенен құбылдан
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан,
Арсылдар да, қалшылдар –
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт!»
(…Тыныштықты Көкбайдың «ой, бауырымдаған» үні бұзады… Көкбай, Көкбаймен бірге ел адамдары кіреді…)

Көкбай
Ой, бауырым-ай…
Төреліксіз, төркінсіз
Неткен төтен өлім еді! –
Ер Әбіштен айрылдық…
Ой, бауырым-ай!..
Асқар тауым-ай!
Абайым-ай!..
Қу тірлік қараң қалды ғой…
…Әбішің дүние салды ғой…

Ақылбай
Ой, бауырым-ай!..
Ықтиярсыз, еркінсіз
Жанын қиған Жақсының
Неткен бөтен өлім еді…

Нұрғаным (дауыс салып).
«…Қызыл балақ қыранның
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш, бәйтерек
Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал-құйрығын келте алды.
Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды…»

Xадиша (дауыс салып).
«Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім.
Күн шалған жерді тез алған
Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай,
Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?»

Нұрғаным мен Хадиша
«Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым.
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың…»
(…Олжабай бастаған ел адамдары шөгіп қалған Абайды сүйемелдеп, тұрғызады…)

Абай
«Тұла бойың ұят-ар едің,
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған?..»

СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС

…Абай – жалғыз…
«Сегізаяқты» айтып, домбыраға қосылады…

Абай
«…Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Мамықтан төсек,
Тастай боп кесек,
Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.
Сыбыр боп сөзі,
Мәз болып өзі,
Ойланар елдің сыйқы жоқ.
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде – жан жалдау.
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!»
(Домбырасын қойып)
Ия!..
Алыстым.
Жұлыстым.
Айтыстым.
Тартыстым.
Жастығына мастанып,
Жүрек отына өртеніп,
Желді күнгі жалаудай
Желп-желп еткен көңілім
Су сепкендей басылды –
Құр әуремен өтті өмірім.
Көре-көре көсем болдым,
Сөйлей-сөйлей шешен болдым…
Енді, не қылсам – қолайы?
Енді, не істесем – орайы?..
Өлмек –
Пе?!
Өмір сүрмек –
Пе?!
Сүрмек –
Болса…
…Ел бағайын ба?
Жоқ!
Қазақ ел боп жарытпас!
Жоқ елге бағым не керек –
Бағусыз дертке ұшырармын!..
Мал бағайын ба?
Жоқ!
Мал кісілік танытпас!
Арыма кір жұқтырып,
Айдалада далақтап,
Құла түзде
Құр бекерге ұшынармын!..
Ғылым бағайын ба?
Жоқ!
Ғылым баққан жалықпас!
Тілімді ұғар адам таба алмай,
Екі көзім алақтап
Жан-тәсілім етерімде қысылармын!
Жан бағайын ба?!
Жоқ!
Бағар жанымның Ажары азғаны қашан,
Базары тозғаны қашан! –
Ең алдымен –
Ел кетті!
Ел кетті де –
Еңіретті!
Елмен бірге
Етене
Құрмет пен Сый кетті…
Кеткен Ізет пен Иба
Бұғанамды сындырып,
Қабырғамды күйретті.
Құр кетпеді кеткендер –
Мендей қапыл қариға
Ақыреті ауыр болса да
Ақиқаттың жолынан
Айнымауды үйретті!..
…Содан кейін кете барды басқасы:
Шашым кетті –
Ұлғайды Бас қасқасы.
Жұмылмасқа Көз кетті.
Ұғынбасқа Сөз кетті.
Бүйрек кетті бөлініп,
Бауыр кетті желініп…
Аруақ аттатып Әке кетті,
Сақалын боқтатып Аға кетті.
Кішірмедің деп Дұшпан кетті,
Кешірмедің деп Дос кетті –
Екеуі де бос кетті.
Дегенімнен шықпадың деп
Қос өкпесін тебінген
Іні кетті.
Түгімді де ұқпадың деп
Кеуде –
Көгімнен
Жүрегімнің Күні кетті –
«Осынша ақымақ болғаным,
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын!»
Бел кетті –
Бала кетті.
Кұр кетпеді –
Қызығымды тауысып,
Құрбандығына ала кетті!..
Өксіткен ұдай өмірі өтпей,
Жаны – жара,
Қаны – қара ақынмын.
Ертелі-кеш еңіретпей,
Көрігімдегіні көмір етпей,
Батар күндей шоқтантып,
Енді, жаным да
Шығып кетсе – мақұлмын!..
…Келесің!..
Келесің де – кетесің!
Қисынды,
Күшті құдіреті,
Тылсымын тірі жан білмес,
Өлгенше тыным таптырмай
Қудырған Бақыт елесін –
Алдамшы Жарық Дүниеге
Үңіліп те,
Түңіліп те болдым, шамасы –
Мен ішпеген у қалды ма қу тірлікте?..
(…Ақ киген Ажал кейпіндегі Кұнанбай – Елес пайда болады…)

Құнанбай-Елес (Абайдың сыртынан).
Татар – балы,
Ішер – Уы таусылған
Тірлік те, тәйірі, тірлік пе!
(Қолын Көкке жайып)
Уә, Тәңірім,
Алаң болып надан жұртына,
Жүгенсіз «бесті қыртына»,
Тісі тілін тұтқындап,
Қан толған екі ұртына,
Алар демін жаусынған
Жұмыр басты бендеңе
Опасыз мынау дүниеден
Орынсыз баз кештіріп,
Шарт түйінтпей,
Белін шештіріп,
Өкінтіп бармақ тістетпе?!
(Басын қос-қолдап, аһ ұрған Абайға)
…Жерден баян таба алмасаң –
Ұш Көкке!
Ұш!
Ұш, Балам!
Ұш, Балам!–
Игер Аспан Әлемін!
Бірақ, ойлан?!
Сен іздеген жердегі жоқ Әділет
Көкте де жоқ дер едім!
Көкте Әділет қайдан болсын?..
Зауал бар!
Көкке қолын тек жаймайды Адамдар:
Ойнамасын деп тілейді
Жаратылыс жасыны!
Жайламасын деп тілейді
Бақилықтың басыры!..
Көкте нең бар?!
Жерден баян таба алмасаң –
Түс Көрге:
Жек көрмейді,
Кектенбейді еш бенде!
Жатсынбайды,
Шарт сынбайды еш бенде!
Ақиқаттың тербеп әлди – өлеңі,
Мәңгіліктің сызы ұрады денені!
Жалғыздығың жар салмайды санаңда –
Бірігеді –
Құс та,
Аң да,
Адам да!
Сорақылық,
Сорлылық та жоқ онда!
Қорлық,
Зорлық-зомбылық та жоқ онда!
Жоқ Олжабай!
Жоқ Оразбай!
Күнту де –
Болмайды өңге жұмақ – жайын тінтуге!
Барымта жоқ!
Байлық та жоқ!
Басқа да!..
Қызықпайды Алтынға да,
Ақшаға!..
Жоқ Қуаныш!
Жоқ Жұбаныш!
Жоқ Қайғы!
Шын айтпайды!
Өтірік те айтпайды!
Уланбайды ешкім мұң мен зарыңа,
Иланады иманыңа – арыңа!
Һадалмысың – төрден орын аласың,
Һарамбысың – есік бағып қаласың!..
(…Абай орнынан тұрады… Құнанбай-Ажал бәйек болады…)
Жүр, жүр, Балам?
Жүр, Балам?!
Жерде өзің жырлаған
«Мыңмен жалғыз алыспайсың» күні-түн,
Жарығың өшіп,
Үзіледі үмітің –
…Үмітіңді үзген Жер жаңарып, жаңғырар –
Жан біткеннің жарастығы сән құрар?
Тартпас, бәлки, надандықтың азабын –
Қалың елің,
Қайран жұртың,
Қазағың –
Тірлігіңде өліп-өшкен Орысың
Сенер, мүмкін, берер достық – қол ұшын?..
…Татпаған – Бал,
Уың қалмаса ішпеген –
Түс, түс, Балам!
Түс, түс, Балам!
Түс Төмен?!
(…Абайды, Құнанбай-Елес – қараңғыға тартады…)
…Тербелесің!–
Тергелесің!–
…Жатасың!–
Береді
ӘКЕ
БАЛАҒА
Оң батасын!..
(…Құнанбай-Елес қолын оң жаяды…)
Аумин!..
(…Абай – Құнанбай-Елестің соңынан ерген күйі қараңғылыққа еніп көрінбей кетеді…)

Дауыстар
– Абай дүние салды!
– Абай…
– Абай…
– Абай өлді!
– Тәйт!!!
Оразбай
Абай өлді дегенше –
Нәсіп-дәмі таусылып,
Көк аспанын қайғы алып –
Алып өлді десең-ші!
Абай өлді дегенше –
Жаны жүрегін жаусынып,
Қара тобырға айналып –
Халық өлді десең-ші…
Абай…
Абай…
Абай…
Ел болмаспен айтысып –
Арманда кеттің, Абай…
Ақыл-ойдың озығы –
Сен өлгенше,
Төбесінен жай түсіп,
Азған өмір тозығы –
Мен өлсем нет-ті, Абай?!..
Абай…
Абай…
Абай…
Аспан-Дауыс
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!»…

СОҢҒЫ СӨЗ ОРНЫНА
Абай десем – есіме ер түседі,
Қалың елім – құнарым – жер түседі.
Абай десем – есіме қазақ түсер –
күрмелген ғажап түсер,
күңіренген азап түсер –
Абай десем!

Абай десем – есіме тегім түсер,
Есем кеткен ескіге кегім түсер.
Абай десем – қараңғы халық деймін,
қайғылы алып деймін,
қамаулы жарық деймін –
Абай десем!

Абай десем – есіме жар түседі,
Жүрек қаны – көз жасы – зар түседі.
Абай десем – қаралы дала дедім,
қасіретті нала дедім,
жандағы жара дедім –
Абай десем!

Абай десем – сарғайған сана деймін,
Абай десем – данышпан дана деймін.
Абай десем – осылай күй дегенім,
есіңді жи дегенім,
еліңді сүй дегенім –
Абай десем!..
Екінші Бөлімнің соңы.

Пікір қалдыру