Мерей Қарт. ҚАРАШЫҒЫ – ҒАЛАМНЫҢ ҚҰБЫЛЫСЫ


АНА – САҒАН ҚАРЫЗБЫН

Кейде – қайғы, кейде қонар басқа бақ,
Дүние де — құбылатын қас-қабақ.
Ана, Саған қарызбын,
Құрсағыңа біткен күннен бастап-ақ.

Кіндігімнің жалғағалы бір ұшын,
Іште жатып, сездім өмір тынысын.
Ана — Саған қарызбын,
Ақ жүзің ғой, жарық қылған түн ішін!

Нұр тараттың тіршілікке тоң қатқан,
Қамқорлығың қанатымды қомдатқан.
Ана, Саған қарызбын,
Әр сәтіңнің өлшемі жоқ толғатқан.

Тыныстадық Тәңір берген бір деммен,
Жаным бірге, бөлек өмір сүргенмен.
Ана, Саған қарызбын,
Тәй-тәй басып, талпынғаннан-жүргеннен.

Мейірленсең, мінезің де мақпалдан.
Ашулансаң, адуының — ақпаннан.
Ана — Саған қарызбын,
Ақ сүтіңнің алғаш дәмін татқаннан.
Алақаның ыстық, жұмсақ жөргегім,
Тілеуіңмен шыңға шықтым, өрледім.
Ана, Саған қарызбын,
Бал сөзіңмен — тал бесікті тербедің.

Жеке жорттым, кезбей ескі көп ізді,
Кешкен сынды дәрия мен теңізді.
Ана, Саған қарызбын,
Естігелі әлдиіңді ең ізгі!

Жарқын жүзің жасымайтын дәт берген,
Әжеміздің көзіндейсіз көп көрген.
Ана, Саған қарызбын,
Былдыр-былдыр тілім шыққан сәттерден.

Әлемдегі ең соңғы гүл солғанша.
Тәнге қонақ болар екен жан қанша?!
Ана, Саған қарызбын,
Кеуде құсым о Дүние қонғанша!

ЖЕР КЕРЕК…

Жер керек, дернәсілге дамылдасын.
Батады қайғысы да құмырсқаның.
Орманда тал-шыбығым тамырлансын,
Ол да бір тегі жақын туысқаным!

Жер керек, құстарға да ұя салғын.
Аулама керемет қой қонса дүркін,
Тең жартысын әлемнің қия салдым,
Құдырет құзырымда болса, шіркін!

Жер керек – өсімдікке тозаңдансын,
Аралар тасымалдап шырыныңды.
Кірпиязсың, гүлдерім, ғазал жансың!
Сүрсе ғой бір сәт болсын ғұмырыңды!

Жер керек – жеке жортқан жыртқыш аңға.
Жаратқан, жолымызды кесе көрме!
Анда-санда қиялым бұлт құшарда,
Жер керек – жон арқамды төсегенге.

Жер керек — жануарға, қоңыр аңға,
Аз қалдық табиғатпен арандарға.
Шемем-шемен шер толды омырауға,
Тарқатар тез арада амал бар ма?!

Жер керек – Ай серіксіз сандалмасқа,
Ауыр мұң — кердең қоғам арқалатты.
Шара бітті ой-пәлі таңқалмасқа!
Сата-сата тауыстық шартарапты.

Жер керек — жұлдыздарға жәудір көзді,
Тартпасын жетім күйін, жесір мұңын.
Еске салар ең тәтті әр бір кезді
сендер ғой,
жаутаңдатсақ, кешір бүгін!

Жер керек – Күнге шуақ таратқанға,
Түсетін екеуара тартылысқа.
Қай бетімді айтамын Жаратқанға,
Өмірдің басы ұзақ, арты қысқа!

Жер керек – жұмыр басты пенделерге,
Дәрмен жоқ даурыққанмен, деміккенмен.
Келешекке қалсыншы,
кем дегенде,
Ойпыр-ай, кенін алып
кеміткенмен.

Жер керек – мәйітке де
жерлеу үшін,
Құным бар әрбір
қарыс-қадамында.
Жан садаға ешкімге бермеу үшін,
Топырағы қынымда, табанымда.
Жер керек – ұлтарақтай
ұлтым үшін,
Ұрпақтың қарау парыз бетіне тік.
Құрқұдыққа құлыптап
құлқын ісін,
Өктем сөйлеп тұрармыз, өкім етіп.

Жер керек – қақым да
бар сүйемінде,
Туған ел десе жаным сірі мүлде.
Сүтпен сіңген о бастан сүйегіме,
Тілімін де бермеймін тірі күнде!

АҢСАР

Бірте-бірте сиреді, сөнді жұлдыз.
Бұлттар көшті, айқасты Ай кірпігі.
Мен аңсаған мөп-мөлдір
меңді гүл-қыз
тұрар екен қиылып қайбір түні!

Тауысуға тағатты сәл-ақ қалдым,
ескен кезде жүзінен шынайылық.
«Сүйемін!» деп айтуға
сан оқталдым,
Тіл күрмеле береді, Құдай ұрып…

Кербез басып ұзайды көз ұшынан,
Тас төбемнен бір сұлу
сағым көшіп.
Сағынам да, санамнан
сөз ұшырам,
Ғұмырдың мәнін ұғып,
сәнін кешіп!
Аяулым-ау сездің бе күшті лепті?!
Ақ сезімнің бұл да бір
жолданғаны.
Жалғыз өзің жазатын ішкі дертті,
Жақын жансың жаныма
жалғандағы.

ЫНТЫЗАРЛЫҚ

Қарашығы — ғаламның құбылысы.
Сұлулығы — Тәңірдің ұлы күші.
Тал-шыбықтай майысып
топтан озса,
тобығына соғады бұрым ұшы.

Сан түрленіп тотыдай таранады.
Сергітеді сәл күліп қарағаны.
Кербездене құласа құшағыма,
көңілімнің, – сол нұр ғой, – қалағаны.

Қос білегін мойныма салса керім…
Қысып алсам қапсыра талша белін.
Бүлдіргендей қиылып, тәтті күйде,
тіл ұшына жабысып қалса ерін.

Маңдайымыз жарқырап, жалындаса,
Екі құшақ қарысып, алынбаса!..
Екі мың жыл өтсе де екеумізді,
кейінгілер аңыз деп қабылдаса!

Дәл өзіңе осылай ынтығамын.
Жүрегімнің түбіне мұң тығамын.
Өңім түгіл, жаным-ау, түсімде де
қанатсыз-ақ ұшуға ұмтыламын!…

ҒАЗАЛ

Семейтаудың сауырынан сырғыды,
сырға қанып сырғалы Ай!
Қыр басында қылығы бал құрбыны
құшақтаймын құр қалай?!

Жол-жөнекей жұлдыздарды
сиреттік.
Шөкімдей бұлт төбемде.
Бойымызды бірте-бірте үйреттік
сүйіп… құшу дегенге…

Әлденеден бұрыңғыдай қысылып,
ұялудан адамыз.
Қос жүректен құсша тілек ұшырып,
жадырасып аламыз.

Аунаймыз кеп,
асыр салып шалғынға!..
Біз – көңілді, Жаз – мұңлы.
Шынымен-ақ ғашық
болып қалдым ба?
Шаттығым ба аз күнгі?!

Тағдыр шіркін тағдыр
емес шүбәсіз…
Сірә, кештеу жолықтың…
Мөлдіреген жанарыңнан күнәсіз,
өмір жайлы гәп ұқтым!..

«ҚАРА ҚАЗДЫҢ КІРІСІ»

Сүйегін сүйреп қаусаған,
Сылтиды сырқат – қара Күз.
Құлазып келдім, Тау саған,
Тым алшақ еді арамыз!

Тобылғы, бүрген бүрісіп,
Қылаулап түсті қар алғаш,
Төбеңнен кетсе бір ұшып,
Дәурен-ай қайта оралмас.

Айнала түгел тұнжырап,
Қара бұлт – сен де үйлестің.
Тарқатты шерін түн жылап,
Мен де бір тылсым күй кештім.

Көшінен құстың кешігіп,
Қара қаз қалды соңында.
Құйын ба соққан өшігіп,
Әлде бір суық сағым ба?!

Мұз қатқан апай төсіне,
Қимасым, қара қаздарым!
Қосылып салқар көшіңе,
Қанатсыз ұша жаздадым!

ҚҰМАРПАЗ

Еліктіріп әзәзілдің сұр тілі,
Қозындырып қу дүние шіркіні,
Адастырды, бек құмарпаз пендені,
Қара бастың ойынқұмар құлқыны.

Ендігісі – сағы сынған сартабан,
Опық жеген, азғыны көп ортадан.
Үйін, жарын бәске тігіп сорлапты,
Ең соңғы рет ұтылғанда картадан.

Содан бері уақыттың жел-өтін
Көңілінен өткізетін, көнетін.
Бір ойында тағы ұтылған біреуге,
Күшік күннен аялаған төбетін.

Шыбын-жаны шыдамайды-ау бір қысқа.
Еті өлген-ді қаңғыбастық тұрмысқа.
Тұрлауы жоқ, қу дүние үміті
Тұрымтайдың тұмсығындай тым қысқа.

Жанын – қайғы, тәнін аяз қарыған,
Құр сүлдесі қозғалады, арыған.
Қоғам түгел теріс кеткен түкіріп,
Жербауырлап жатқан
жанның зарынан.

Ой жегісі жан-жүйкесін кеміріп,
Жад ішінде ажал жібі өріліп…
Жер тепкілеп,
жатыр бейбақ, шарасыз,
Жын елесі көз алдына көрініп.

Көкжиекке сіңіп кетті Күн лезде.
Иесіне иті оралды бір кезде.
Аяғына оратылып, қыңсылап,
Адамға тән адалдығы тұр көзде.

Құмарпаздық құрты
қозып қайтадан,
Санасынан кетпей ескі сайтан-ән.
Саудалауға қайта кетті, опасыз,
Бәйтөбетін, салпаңқұлақ, майтабан…

МЕНІ БІРЕУ…

Мені біреу — шын түсінсе ертерек,
Сен түсіндің, жалғызым!
Емін тауып, ебін тауып еркелеп,
Еріткенсің жан мұзын.

Мені біреу — күтсе сонша көз ілмей,
Сен күттің ғой, зарығып.
Ғұмыр бойы сөйленбеген сөзіңдей,
Көзіңдегі әр үміт!..

Мені біреу — шын сағынса, сарғайып,
Сен сағындың шынайы.
Паромдар да, кісі толы әр қайық,
Бос келеді ұдайы.

Мені біреу — ойлап жатса таң асып,
Сен ойлайсың тағатсыз.
Құшасың көп, қиялыңнан
бал ашып,
Ұшасың кеп қанатсыз!

Мені біреу — жиі көрсе түсінде,
Сен көресің, сүйсініп.
Алай-дүлей құйын ойнап ішіңде,
Оянасың түйсініп.

Мені біреу — мақтай қалса,
сезем мен,
Сен мақтайсың, асыра.
Таудан биік, өр қыласың өзеннен,
Шаң қондырмай шашыма.

Мені біреу — сүйсе егер мәңгілік,
Сен сүйесің, шүбәсіз!
Көңілде жоқ селкеу түгіл, сәл күдік.
Ғашық адам — күнәсіз!

Пікір қалдыру