Табиғат әуендері
Құлаққа сыңғырлаған үні жағып,
Жатады тау бұлағы күліп ағып.
Жас қайың жағадағы аруға ұқсап,
Алыпты бұрымына үкі тағып.
Келсе егер жол жүрудің орайы шын,
Замандас аралап көр тоғай ішін.
Кесілген ағаш көзге жиі ұрады,
Кей жандар келгендейме тонау үшін.
Кейін қап, кедір-бұдыр қырқа майда,
Аяңдап кіріп бардым ну тоғайға.
Оталған ағаштарға көзім түсіп,
Баттым мен сұрағы көп бір топ ойға.
Орманды, қайың, терек, тобылғылы,
Аралап келе жатты қоңыр бұғы.
Көргенде жанды жансыз табиғатты,
Көңілімнің тоғайға артты мол ынтығы.
* * *
Көгерер көктем келді дүние енді,
Бөлемек қуанышқа дүйім елді.
Арудың көтерілген көкірегіндей,
Қайыңның қапталына түйін өнді.
Мінеки көктеменің жеңді мысы,
Даланың тауға қашты желді қысы.
Құбылтып әр алуан ән салатын,
Орманның көптен күткен келді құсы.
Көктемнің жетпей жатып қырға жемі,
Соқтықты күздің суық құмға желі,
Ызғарлы айдың соңы жазға ұласып,
Бөленді қазағымның нұрға жері.
Кеткен соң ғайып болып жердің шаңы,
Ауылдың қырға шықты кемпір-шалы,
Түрленген түкті кілем секілді бір,
Даланың бозаңға өскен бозжусаны.
Жаңбыр жерге болады құйса сусын,
Шаң-батпақты кетіріп қоса жусын.
Содан кейін жұтайын рахаттанып,
Танауыма таянған жусан иісін.
* * *
Жел тұрса бұлт қайдан тапсын тұрақ,
Жаңбыр боп, төкті таудан асып құлап.
Арнасы суға толған кіп-кішкентай,
Лезде кетті әнеки тасып бұлақ.
Боранға араласып желік қуған,
Ақ жаңбыр өте шықты желіп қырдан.
Құлпырып кетті дала нөсерден соң,
Кешегі кенезесі кеуіп тұрған.
Егіз шумақтар
Тастай сап, көп бөгетті бұзып қағып,
Өмірді өткізбедім қызық бағып.
Өзгені былай қойып, сүйгенімнің,
Көрмедім саусағына жүзік тағып.
Сезбеген алақанын баршылықтың,
Боранға көп қақталған
тал шыбықпын.
Саусаққа тағар жүзік таба алмасам,
Кесірі шығар деп біл тапшылықтың.
* * *
Жететін бір басыңа бар ақылың,
Көзге ұрып, көрініп тұр дара қырың.
Бағамдап, айналаңды анық басып,
Өнердің биігіне бар ақырын.
Алақан қалқа болмас көкте күнге,
Дәйексіз айта аласың өкпе кімге?
Аңдамай алды-артыңды ашуменен,
Жалақор салып кеткен өртке кірме.
* * *
Тау жолы күні кеше өзім жүрген,
Шатқалға жетелейді көк орманды.
Жас шақта қиялымды
кезіп жүрген,
Іздейтін әдетім бар көп арманды.
Арманның бірі жанды, бірі сөнді,
Ол өзі қолға түспес түлкі ме еді?
Замандас шындықты
айтқан дұрыс енді,
Ойласам көзіме жас іркіледі.
* * *
Уақыт өтіп жатыр бір кідірмей,
Әшейін жүргендеймін тк бітірмей.
Дегенмен, көп жырымды қағаздағы,
Шығармас өтірікке жұрт бүтіндей.
Мен топты жасамадым жарып дүбір,
Дей көрме ой тербеуден жалықты бір.
Алайда ақ қағазға кестеленген,
Атымды қалың елге танытты жыр.
Жеке шумақтар
Тапсам деп жақсылықтың жолын кілең,
Әрдайым жан-жағымды шолып жүрем.
Көрсең де қанша жақсы жардай,
Мәңгілік өмірдің де жоғын білем.
* * *
Самалдай жылы-жұмсақ
жырда екпіні,
Әбудей кездестірдім шын тектіні.
Қос жанар жұмылғанша
сол ақынның,
Бейнесі жүрегімде жүрмек тірі.
* * *
Сағынтып жас шақтағы күн кешегі,
Жазуға жетелейді жыр көшелі.
Қағазға орнықты ойлар таңбаласам,
Ол қалай меніменен бірге өшеді.
* * *
Қабақ шытсам бұзылып жүр іреңің,
Жалт бұрылсам жат боласың білемін.
Енді қалай тапсам екен ардақтым,
Татулыққа жалғасудың бір емін?!
* * *
Білмеймін, кім даттады,
кім мақтады,
Бұл жайлы ешкім әлі тіл қатпады.
Әйтеуір қуанышым аштым еркін,
Жердегі қасиетті жыр қақпаны.
* * *
Ерте сөнген анамды еске алғанда,
Нағашыма барғым келіп тұрады.
Қапалансам бізді айырған жалғанға,
Көздеріме мөлдір тамшы тұнады.
* * *
Дегендей кетуге әсте бекіме деп,
Қарадың қоштасарда бетіме көп.
Осынау көзқарастан тұрғандаймын,
Жалама жартастардың шетіне кеп.
* * *
Байқадым қабағыңды мұң шалыпты,
Көзіме түсті бірден жүдегенің.
Қалайша қалжырадың мұншалықты,
Таппадың ба сағынған жүрек емін.
* * *
Ауылыңнан аттанарда жолыққаның,
Есіме түсті сонау бір күн міне.
Толқынды ой қиялыңды
торып қалың,
Білмеймін, көзіңе жас іркілді ме?
* * *
Қайтатын таза ауада серуендеп,
Ұмытпан Нарынқолдың
қарлы кешін.
Есіме жиі алсам да сені мен көп,
Қайтемін тым жырақта қалды көшім.
* * *
Көзге ұрып көрінбеген іштарлығы,
Адаммын тірлікке артқан құштарлығы.
Әйткенмен, жанға қатты батады екен,
Жақыныңның жасаған дұшпандығы.
* * *
Көпсітіп, көзге түртіп ұсақ мінді,
Бұл билік тастады ғой тұсап тілді.
Алаңсыз ашық жүрер жолды таппай,
Ұйқысыз өткіземін ұзақ түнді.
Қазағың қадір тұтты
(Есенғали Раушановқа)
Жарқылдап жүрдіңдағы алғы шепте,
Азамат болдың берік арлы сертке.
Алайда кім ескерді Есенғали,
Сені ерте кетеді деп «арғы бетке».
Жырдағы жолын қуып мықтылардың,
Көтердің жүгін сен де тіпті нардың.
Балалық шағың жайлы сыр шертуші ең,
Басыңнан өте шыққан жүйткіп алтын.
Алға озған арғымақтай мығым жалды,
Қазағың қадір тұтты жырыңды арлы.
Әдемі әзіл айтып, ойлы сөзбен,
Құлпыртып жіберуші ең жиындарды.
Жалықпай жаздың талай жыр кестелі,
Демеймін ізгі ойларың үйлеспеді.
Өмірлік өлеңіңе өзек еттің,
Даланы, бозжусанды гүлдестелі.
Көп жандай көрінетін ақыл ебің,
Құс тілін жырға қосқан ақын едің.
«Қара бауыр қасқалдақтың қасиетін»
Дей алман түсінді ерте парқын елің.
Қатпарын ақтармаққа сөздің қалың,
Өтті ғой өлең жазып көп жылдарың.
Көсемдей көш бастайтын кезіңде осы,
Өкініш болды сенің көз жұмғаның.
Дос жинап өткізетін қызу кеңес,
Өзіңдей өткір ұлды кім іздемес?
Саңқ етіп естілетін даусың түгіл,
Жалт еткен болады енді жүзіңде елес.
Тілдестік талай мәрте сыр ақтарып,
Көрген жоқ көкейімде сызат қалып.
Әрқашан маған деген құрметіңмен,
Сезілдің туған інім сияқтанып.