Мирас АСАН
Бүгін жүрек – кеңістік
***
Бүгін ойлар ғарыш сынды,
Бүгін сөздер нұр сынды.
Бүгін жат та таныс сынды,
Бүгін тікен гүл сынды.
Бүгін тағдыр тым жайдары,
Бүгін бақыт тым жақын.
Бүгін тәтті – мұң қайнары,
Бүгін ғалам – сырлы ақын.
Бүгін әуен дұға сынды,
Бүгін ауа көк сынды.
Бүгін ренжу күнә сынды,
Бүгін қылмыс жоқ сынды.
Бүгін көздер – жарық Ай, Күн,
Бүгін сана – құс жолы.
Бүгін түйсік – тәңірі ойдың,
Бүгін ми – хат үстелі.
Бүгін сезім толқын сынды,
Бүгін сенім тау сынды.
Бүгін қола алтын сынды,
Бүгін науқас сау сынды.
Бүгін жұмбақ мендік той бұл,
Бүгін қысқан қол ыстық.
Бүгін құшақ – ендік-бойлық,
Бүгін жүрек – кеңістік.
***
Сөзден тәтті жоқ,
Иісе таңдайға!
Сөзден қатты жоқ,
Тисе маңдайға…
Өксік көмейді
Қырнап, қажайды…
Тартыс көбейді,
Таныс азайды…
Жолым тым батпақ,
Ұшты шолжаң бақ…
Бөздей қымбаттап,
Сөздей арзандап…
Тағдыр – би, төре,
Тықты түнекке…
Ақыл – жүйкеде,
Ақын – жүректе…
Жұмсақ қате үшін,
Қатты кетістік.
Бала – зат есім,
Қорықты – етістік.
Жүрек жыр беріп,
Рәуіш ашылар…
Жүйке сыр беріп,
Реніш басылар…
Бәрі – өтпелі,
Жалған – қып-қысқа…
Алла көктегі,
Жалғыз түпнұсқа!
***
Бұл күз бізді неге есіне түсірді?
Қарсы отырмыз – бақыттылау пішінді…
Даяшы ұл дәм мәзірін әкелді,
Даяшы қыз ән мәзірін ұсынды…
Кезек-кезек ойнап жатқан саз да, Алла-ай,
Суыртпақтап сыр тартады сөз барлай…
Күллі әннің кейіпкері сен сынды,
Күллі әннің мәтінін мен жазғандай…
Бұл не сезім,
батты әп-сәтте жан мұңға,
Махаббат па,
басқа салған тағдыр ма?
Ойша бидің құшағында тербелдік,
Ойша үйдің тұрдық ұзақ алдында…
Сен алыстап, жақындауда өзге алыс,
Боза түскен бода-бода боздады іш…
Сені мүлде сүймегендей бұрылыс,
Мені мүлде сүймегендей қозғалыс…
Ғашықтықтың сырқаты іште қашанда,
Екі бетте қарсы отырмыз қос арна…
Тік қарауға болушы еді, о саған?
Тіл қатуға болушы еді, о сонда?
Үнсіз іштен төгіл, төгіл ән-жырым,
Үнсіз іштен егіл, егіл жан гүлім…
Бұл шақ менің ең аяулы сезімім,
Бұл сәт менің ең аяусыз тағдырым.
***
Бар ғұмыр жатқандай сәтте аздау,
Мәжнүнге елес те – шын медеу.
Сағындым дегенің – хат жазбау,
Сүйемін дегенің – үндемеу.
Арамыз алыстап – тым жырақ,
Өткелдер айналды қамалға!..
Шаттықтар көздегі тұнжырап,
Шық болып тұнады жанарға…
Сені ойлау – жабыққан жанды емдеу,
Сені айтып ішпеген суым — у.
Ғашықпын дегенің – мән бермеу,
Өртендім дегенің – суыну.
Жүрегім – жағалау, көзім – көл,
Мен кешкен бұл күйді кешіп көр?
Айтуға болмайтын сезімдер —
Ашуға болмайтын есіктер…
***
Жүректен бұйрық келмей, болмай әмір,
Ниеттің бәрі теріс сондай әділ!..
Көңілін көтерем деп шерлі жанның,
Көңілді ән айтыппын, қандай ауыр?!.
Құлайды асып кетсе шектен құрылыс,
Асқақтау — аласаға жеткен күнгі іс.
Есіркеп қол берем деп жетім жанға,
Мүсіркеп нан беріппін, неткен қылмыс?!.
Жақынды қорғай-қорғай — тор түзіппін,
Кесірін кейін білдім келте үзіктің…
Сойылын соғамын деп сезімімнің,
Айылын ақылымның шорт үзіппін…
Қызықсыз, тұтас ойдың соңын айту,
Құр босқа ол — ақ көңілді қоңырайту…
Сүйем деп ғашық жарға ашық айтпау,
Сүйем жер қалған жерден — кері қайту.
Келемін сезімге ойды атастырып,
Келемін сезімге ойды бақас қылып…
Аптапта күн көзінен қалқалауды,
Көлеңке түсірумен шатастырып…
Ұлым кетіп барады мектебіне
Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған,
Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған,
Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген,
Дәптері де су жаңа тысталмаған,
Ұлым кетіп барады мектебіне,
Биік шыңға балапан беттеді де!
Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл,
Қолы құлын жалына жеткені ме?
Әліппесін қолтыққа қысқан көкем,
Әріп көшін танымақ ұстам бекем!
Сондай құштар өмірге, сондай ынтық,
Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен?
Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған,
Тақта да үлкен, білемін, парта да оған…
Бес күн жалған ой жүгін барады асып,
Бестегі ұлым ойыны тарқамаған…
Білім – бәйге, жарысқа жан сал күшпен,
Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем.
Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды,
Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен.
Алда сенің ақ арман, арай гүлің,
Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн:
Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме,
Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла, ұлым.
Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған,
Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман.
Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс,
Бірді бірге соғудан сақ бол, балам.
Ақтап үміт, арқамның босат жүгін,
Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн!
Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған,
Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым.
Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен,
Шындыққа да берік бол шыған көшкен.
Алты құрлық, төрт мұхит – барлығын сүй,
Алты Алашты бірақ та шығарма естен.
Кетпес, білем, кей сөзім бірден ұнап,
Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ.
Ала допты болады сәл қууға,
Ала жіпті аттама мүлде бірақ.
Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң,
Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң.
Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап,
Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам.
Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай,
Сол жолдарда ағартқан әкең самай.
Мектепке анаң апарса қалай бүгін,
Меккеге ертең сен де оны апар солай!
Көздерімде қуаныш лағылы ойнап,
Қадамыңа қараймын бәрін ойлап…
Тарыдай боп мектепке кірген саған
Таудай талап тіледім, тарыдай бақ.
***
Менмін сенің бар айналаң,
Ай.
Күн.
Жұлдыз.
Жымың қаққан.
Қоңыраумын жаңа ойнаған,
Аппақ таңмын бүгінгі атқан.
Сен тоқтатқан көлік менмін,
Сен төлеген ақша да — мен.
Маған жаурап тоңып келдің,
Мезгіліңмін ақсары әлем.
Қолайнаңмын,
Тарағыңмын,
Қолшатырмын қолыңдағы.
Күртешеңмін қара-күлгін,
Жиектаспын жолыңдағы.
Менмін тыныш жұмыс бөлмең,
Менмін дәптер, кітаптарың.
Менмін — жауап дұрыс көрген,
Менмін — торғай бұтақтағы…
Сағатыңмын сыртылдаған,
Батырмаңмын басылмайтын.
Күнтізбеңмін жыртылмаған,
Терезеңмін ашылмайтын.
Жазған жұмбақ пәк сыр небір,
Қаламыңмын үстелдегі.
Есігіңмін ақшыл қоңыр,
Менмін жаңа түстенгенің.
Кеше түнде селмін құйған,
Ертең соғар желмін кері.
Шықпаған ой менмін мидан,
Альбомды емес, көрдің мені…
Не бар — солмын, тағы неңмін,
Жасың,
Тегің,
Атақ,
Атың…
Айналаңның бәрі менмін,
Айналайын,
Махаббатым!
***
Екі түрлі тап.
Біртүрлі қоғам.
Кем – есім…
Отшашу ұшты аспанның жарып көбесін!..
«Отшашу емес, ақша шашу ғой», – деді Өмен,
Теледидардың төмпештеп тұрып төбесін…
Керемет мейрам.
Ескіні қойған тыстатып,
Біздің қоғамда күн, түн және елес – үш уақыт!..
Жезөкшелерді тазалап бұрыш-бұрыштан,
Бозөкпелерді шығарды жалау ұстатып!
Біп-бірдей жейде,
Біп-бірдей қалпақ,
Бірдей кеп,
Ағытылды алғыс, ән қырдан асты, жыр гөйлеп…
Сөз алды әкім: «Роботтануымыз керекпіз,
Өмендікі не, Өмендікі – бос құр бейнет!»
Көсемнің сөзін келтірді мысал бірнеше,
«Айтқаны дұрыс,
Айтпайды патша білмесе!..»
Қырсық мінезді Өменге ғана жақпады ол,
Кет десе келіп, отырды сабаз тұр десе!
Ақылды қала,
Ақылды аула,
О, ғажап!
Шам жанады екен шошайтсаң қолды соза қап!
Нан піседі екен, ұн-ұн боп қамыр баспай-ақ,
Өмір – қалада,
Өмен ғой қора тазалап!
Митинг соңы әдеті бітер мықты әнмен,
Босады шарлар босқа өлген сөздей – шыққан дем.
Өңмеңдеп келіп құшақтады әкім Өменді,
Себебі, сөзін Өмендей тыңдап, ұққан кем…
Қаланың туған күні өтті солай ауылда,
Жиналыс соңы ұласты дүлей дауылға!..
Үш күн демалыс беріпті…
Тым көп емес пе
Жұмыссыз,
жым-жырт,
жұпыны мына қауымға?
Анна Ахматовадан
(Еркін тәржіма)
Аспандағы ақша бұлттай бұп-бұйра,
Сөздеріңді есіме алдым тұп-тура.
Керісінше менің сөзім сендегі,
Түнді күндей жарқыратты, бөлмені.
Жерді тастап, аңсарларға қарманып,
Жұлдыздардай биік-биік самғадық.
Біздегі үміт, біздегі ұят — басқа мән,
Болмайтындай қазір, ертең, ешқашан.
Әлде тірі, әлде ояу жатамын,
Естідің бе, сені қалай атадым?
Сен есікті жай ашқанмен — мысың көп,
Соны қатты жаба алатын күшім жоқ…
1945-2019
***
Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе?
Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде…
Жария оқырмансың жұрт алдында,
Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде…
Сені еске салады әсем әрбір әуен,
Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен!
Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім,
Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем.
Білмеймін, маған кімсің расында сен,
Жолықтық, кез болғандай жасынға сең…
Бейдауа дертсің жалғыз ішімдегі,
Бейтаныс бойжеткенсің қасымда әсем.
Шайырдың шаттығы орта, күлкісі кем,
Тағдырдың келем үшкір түрпісімен…
Тауып ап мен өзіңді жалғыздықтан,
Танымай өте шығам жұрт ішінен…
Сел құйып жатса да ұзақ ар биігі,
Шөл қысып қаталайды жан күйігі.
Мен бұған үйренгенмін ең қызығы,
Мен бұған үйренгенмін ең қиыны.
ӘЖЕ…
Десем де соңыңызда із бар аман,
Қимаймын тас қабірге сыз бораған…
Домалап өрге тасым тұрса, қазір,
Мықты ғой іргетасым — сіз қалаған.
Алса ғой уақытында тұлға құнын,
Сезесің жоқтығында шын қадірін.
Әкеліп таудай ұлдар дүниеге,
Жатырсыз төмпешік боп қырда бүгін.
Арқамнан тірейтін-ау шалқайғанда,
Арқамнан қағатын-ау марқайғанда.
Әлемнің көп байлығын көзге ілмеуші ем,
Әжемнің кеп алдына жантайғанда…
Ең қызық кездер еді бала күнгі,
Қонақтан әне әжеміз жаңа кірді!
Жарықтық жанды «қатал» тәркілейміз,
Қалтасын ақтарған қол — шабақ ілді!
Қонақтан келетін қос зат арқалап,
Бөлеміз сол екеуін сәт ортаға ап:
Барқытын барзақтық деп өзі алатын,
Сарқытын біз шуылдақ жатар талап.
Қонаққа апарса егер ертіп кейде,
Кәмпитті жейміз онда шертіп, бейне.
Қаймақтан жалатады бал қосылған,
Қазыдан әпереді, кертіп дей ме?
Ал, үйге қонақ келсе тым шаттанып,
Айтатын әңгімесін жырша ақтарып…
Шежіре төгілетін шешен тілден,
Шекер сөз сыбағадай сүр сақталып.
Сол әжем, ие бол деп мал-мүлікке,
Жиналды бірде тойға, хәл күдікте…
Айтпады қай қонаққа баратынын,
Қайтпады сол қонақтан мәңгілікке…
Әжемді жоқтап бүгін шын егілдім,
Тірелсем тығырыққа тірегім кім?
Қонақтан әжем қайтып келмеді сол,
Қонағы екен адам — бұл өмірдің…
Тағдырдан тәтті шекер татқандай көп,
Кейде үміт шақырады қапталдай кеп.
Қоңыр кеш қорым жақтан жел соғады,
Қонақтан әжем келе жатқандай боп…
***
Неге алыс қол созым жер мына қысқа,
Қос тағдыр қарсы отырдық ұлы ағысқа…
Біреуміз ескерткіштей қайғы-мұңға,
Біреуміз ескерткіштей қуанышқа!
Отырмыз қарсы қарап жат һәм таныс,
Әңгіме – жұмыс, өлең, тапқан табыс…
Сүйісіп көрші үстелде қояды екеу,
Түйісіп шексіздікте жоқ қалтарыс…
Бізде ше, бізде мүлде басқа қалып,
Тәбет жоқ тапсырылған асқа да анық…
Отырған адамдай сіз босқа келіп,
Отырған адамдай мен босқа барып…
Ғажайып орындалмас сәтті тілеп,
Бәрін де көзбен айтып жатты жүрек…
Болмаған оқиғадай бүгінгі кеш,
Жазбаған хикаядай хат құдірет!
Ауыспай сол отырыс, сол мәнерде,
Бір жұмбақ қалды ауада, сәнді әуенде…
Сіз кеттіңіз дәлізді бойлап ұзақ,
Мен қалдым ішімдегі мәңгі әлемде…
Бұл не өзі, анық мұң ба, бұлдыр бақ па?
Бөлеген бізді не күй түн құндаққа?
Пәрменім жүрмейтіндей бұл жүрекке,
Дәрменім жетпейтіндей бұл жұмбаққа!
Кереғар – ІІ
Көктемде құспен келдің,
Шатырдан жас боп тамдым.
Шарапты ішкен менмін,
Сен неге мас боп қалдың?
Көктемде гүлмен келдің,
Үзіліп түскен әнмін.
Күршекті ілген менмін,
Сен неге іште қалдың?
Көктемде құспен келдің,
Қыратта гүл боп өндім.
Көліктен түскен менмін,
Сен неге бірге келдің?
Көктемде хат боп келдің,
Қанаты бұл ақ құстың.
Тапанша ат деп бердім,
Сен неге құлап түстің?
Мең
Кірпігі – гүл, қасы – қыр, жанары – айман,
Көзіме оттай басылдың анадайдан!
Сен ертегі шығарсың Күнікейдей,
Құрастырған мына өмір маған ойдан…
Жапандағы жалғыз үй – меңің қара,
Қараша үйден шықты ойнап өмір жаңа.
Қарағанды – сенікі, алшы, жаным,
Меңің – маған, еншіңе сенің – қала.
Ұшына еккен кім екен сені жардың?
Елең ете қалсаңшы, елігі әннің.
Шұңқырына бетіңнің шұғыладан
Екі мұхит көзіңнен төгіп алдым…
Мендік жүрек – көк шыққан қияқты өртең,
Махаббат па, қызардың, ұят па, еркем?
Саған жазған өлең де саған ұқсап,
Аспанға ұшып кететін сияқты ертең…
Қарағыма, ей, өмір, қайғы ойлатпа,
Қағаз жүрек жаралған жан ғой баққа…
Сүйемін деп сүйгем жоқ сені, жаным,
Күйемін деп көбелек бармайды отқа!
Бөтен
Мал өрістен келетін жамырасып,
Қой бөлуге шығамыз адыр асып.
Бөтен үйге кететін қозы-лақтар,
Бері қашып, біресе әрі қашып.
Балалық шақ қалайды алданбақты,
Әлі қуып келеміз сол қаңбақты.
Еркелетіп, көтеріп әкелеміз
Енесінен адасып қалған лақты.
Бөтен іздеп көп барам көршіге мен,
«Адасқан лақ, көрші үйде болшы…» дер ем.
Көйлегі аппақ көрші қыз есік ашты,
Сол шын сезім еді ғой, сол – шын өлең!..
Жылдар өтті. Өзім де сан адастым,
Саған аштым сырымды, оған аштым…
Бізді ауылға ешкім кеп әкеткен жоқ,
Қамын ойлап кеттік те қара бастың…
Бөтен іздеу ұнайды өте маған,
«Бөтен іздеп кел» деді шекер анам.
«Бөтен бар ма?» деп едім көрші үйге кеп,
Есік ашты бөтен қыз – бөтен адам…
***
Бітпеген бүгінгі дау – кешегі егес,
Көз алды көне керуен көшеді елес…
Дауығып алған бұл күй мәңгі мендік,
Сауығып сыртқа шығар шешек емес…
Балаққа шұбатылып шынжыр қоғам,
Тамаққа тіреледі қынжылған ән…
Әзіл сөз тісімдегі тым жылмақай,
Әділ сөз ішімдегі мың жыл бодан…
Бостандық айтам жырын сөзім ұшып,
Бодандық артам жүгін тезі қысып…
Әз басым ермек екен, ел тепкілеп,
Көз жасым кермек екен, өзім ішіп…
Шыжық боп содан ылғи қызық көп кей,
Өте алмай арғы бетке жүзіп беттей,
Өрнегін өлеңімнің бұзып алмай,
Өрмегін шешекемнің үзіп кетпей…
***
Миымда күлімдеп жүресің,
Үйімде тұнжырап жатасың.
Шай құю керегін білесің,
У құйып қоясың шатасып…
Біз жайлы оқыған кітабың,
Күз жайлы тоқыған тоқымаң…
Сен берген уды үнсіз жұтамын,
Сен берген шайды ішіп отырам.
Ой мен у санада шайқасып,
Бірдеме айтпақ боп, тосылам…
Сен жаңбыр жауғанын айтасың,
Мен тағдыр жазғанын жасырам…
Мирас АСАН