ГАУЛИЯҢ АРАҒЫ
Аз сөз аудармашыдан
(Романнан үзінді)
2012 жылғы әдебиет саласы бойынша берілетін Нобель сыйлығы, тағдыр жазып, қытай жазушысы Мо Янға (Mo Yan) бұйырды. Бұл алыс-жақын назар аударған айтулы оқиға болды. Ел қатарлы елеңдеп біз де шығыс жақтағы көршіміздің ауласында болып жатқан елеулі жаңалыққа еліте көз тіктік. Сонда естіген-білгендерімізді енді жаңа қолға алған осы шағын мақаламызда жұртпен бөлісейік дейміз.
Бір-ақ сәтте атағы аспандап, әлемге аты кеткен тәлейлі жазушының туған кезінде әке-шешесі қойған шын аты Гуан Моие екен. Мо Ян – кейін өзі қойып алған қалам-аты, яғни, бүркеншік есімі. Мұндай дәстүр қытай қаламгерлерінде бұрыннан болған.
Мо Ян Қытай Халық Республикасының Шандұң (Shan dong) өлкесіне (облыс) қарасты Гау ми (Gao mi) деген ауданда, 1955 жылы, 17 ақпан күні дүниеге келіпті. Балалық шағы отанында жүрген он жылдық ойран, аты шулы саяси апат – «Мәдениет төңкерісінің» салқынына ұрынған болашақ қаламгер жоғары өрлеп оқи алмай, оқуын орта жолда тастап кетеді. Жалынды жастық шағын амалсыз қолына кетпен алып, туған ауылында жер шұқып, егін егумен өткізеді. Бірақ, үйренуге аса ынталы, білім құмар болғандықтан, кітап парақтауын қоймайды. Қолына қалам алып, қағаз бүлдіруді де сол байтал түгіл бас қайғы болған қолайсыз уақытта бастаса керек. Содан 1976 жылы әскер қатарына алынып, өскен жерінен алғаш рет ұзап шығады. Әскери өмірде өзін жақсы қырынан көрсетіп, әуелі сержант дәрежесіне көтеріледі, артынан кітапхана жұмысына біржолата ауысып, іздеп жүрген жайлы орынын сонан табады. Бұрынғы оқудан, үйренуден кеткен есесін осы жолмен қайтаруға мықтап бекінсе керек.
Көптеген қаламгерлер секілді жазуды ерте бастаған Мо Ян үндемей жүріп біраз дүниенің басын қайырады. Бірақ, шығармалырын жариялауға, жарыққа шығаруға асықпайды. Тек өткен ғасырдың 80 жылдарының басына келгенде ғана қозғалып, қолжазбаларын белгілі баспаларға ұсына бастайды. Солардың алғашқысы болған «Қызыл гаулияң» романы 1987 жылы жарық көріп, авторына ойламаған жерден үлкен табыс әкеледі. Жаңа туынды сол жылы ел ішінде озық туындыларға берілетін «Үздік хикаят» сыйлығын жеңіп алып, кезекті рет жұрттың назарын аударады. Осы арада аз аялдап, сол сом туынды туралы тоқтала кетсек дейміз.
Шығарма екінші дүние жүзілік соғыстың шығыстағы көп майдандарының бірі есібіндегі жапон армиясының қытайға басып кіріп, ойран салған тұсындағы Дұңби деген ауылда болған ұрыс қимылдарының аянышты барысын сөз етеді. Озбыр басқыншыға жергілікті халықтың қалай бірігіп қарсы тұрғаны, соңына дейін берілмегені және қалай жан аямай күрескен күрделі жағдайлары әсерлі әңгімеленеді. Арасында соғысқа дейінгі мамыражай өмір, ондағы жалындаған ыстық махаббат, қызыққа толы жастық көктем де жазушы назарынан қағыс қалмайды.
Ұрыс қаһармандарының бірі әрі жетекшісі болған Үй Жиянау деген батырдың сол тұстағы ерен ерліктері, бастан кешкен қилы-қилы оқиғалар көп жылдан соң еске алған немересінің естеліктері арқылы беріледі. Он неше жылға созылған аласапыран уақыттағы оқиғалар сілемінде де, бейбіт тіршілік те ішінде, қамтитын іс-қимыл тізбектерінде де нақты бір реттілік жоқ. Еркін форматта қағаз бетіне түскен. Кез келген жерден басталып, ширыға жөнелетін оқиға сәлден соң кенет үзіліп, араға басқа сюжеттерді салып, әлден уақыттан кейін қайта атып шығып, өзінің керекті тұсымен септеліп, ары қарай жалғасып кете береді. Бұл үлкен шеберлік көрінісі ретінде көлемді шығармаға аса қызықты динамика сыйлап, тартымдылығын одан сайын арттыра түскен. Кей тұсы, тіпті, публистикалық баянға көшіп, жалпы баяндауда реті келмегендіктен ілінбей, түсіп қалған кем-кетік жерлері сол бір тарихи кезеңді зерттеуге шыққан зерттеушінің (автордың өзі болуы да мүмкін) аузымен толықтырылып отырады.
Қызыл гаулия көмкерген ерекше ауылда ерекше дәуірде жасаған қарапайым адамдар өмірі, тіршілігі, мінезі, ерлігі, сатқындығы, бір сөзбен тұжырғанда, кейіпкерлердің алмағайып тағдыры қытай әдебиет тарихында бұрын болмаған, бір қарағанда, қарапайым, оңай, ал шын мәнінде асқан шеберлікті талап ететін жаңа бейнелеу тәсілі арқылы суреттеліп, дара-дара сом бейнелер тұлғасы сөзбен қашалады. Жазушының сол тұңғыш романында қылаң берген баяндаудағы, суреттеудегі осы және өзге де тың әдістер оның кейінгі шығармаларында да түрлі деңгейде, түрлі формада көрініс тапқанын сыншы, зерттеушілер зерделеп, дәлелдеп жазды. Тіпті оның кімнен ауысып, кімнен жұғысты болғанына дейін тәптештеп тілдеріне тиек етті. Мысалға алсақ, қырағы зерттеушілер байқаған, олар айтпаса да шығармашылығында шынымен де болған У. Фолкнер мен Гарсия Маркестің үлкен әсерін жазушының өзі де мойындады. Бірақ, дәл өзі емес, бөлек сипатта, өзгеше өрісте өрнек тапқан жаңа өркені. Жазушының Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының қазіргі заман қытай сөзөнеріне жасаған әсері талқылаған бір әдеби талқы үстелінде «Мен Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» оқығаннан кейін қытайдағы ауыл өмірін қалай жазуға болатынының жаңа тәсілін анық аңдағандай болдым» дейді. Бұл сөз біздің жоғарыда айтқандарымызға толық айғақ бола алады.
Арада бір жыл өткен соң Мо Яннің аталған «Қызыл гаулияң» романы экранға көшіріліп, халықаралық бәйгеге қосылады. Шығарманың атын иеленген картина Берлинде тұрақты түрде өтіп тұратын 38-кезекті кино бәсекесінің «Алтын аю» марапатын иеленіп, режессерімен бірге жазушының есімін де елдің іші-сыртына бірдей танымал етеді. Содан былай жазушы ылғи да өсу үстінде болыпты. 2011 жылдың тамыз айында, cодан екі жыл бұрын, яғни, 2009 жылы желтоқсан айында жарияланған «Бақа» романы қытай жазушыларының басты марапаты, атақты жазушы Мау Дүн (Mao Dun) атындағы ең үлкен сыйлыққа ие болып, өзінің қытай әдебиетіндегі орынын түбегейлі бекітеді. «Бақа» романындағы «бақа» сөзінің мағынасы көлде жүзетін көлбақа не қырда құрылдайтын құрбақа да емес, қазақтың ұғымындағы «тірі жан, тісті бақадағы» бақаға жақын екенін айта кеткеніміз жөн.
Кезегі келіп тұрғанда соны да қоса кетейік, жазушының үздік туындыларының бірінен саналатын «Бақа» романы қытай еліндегі тарихы 60 неше жылға созылған ауылдық жердегі «отбасын жоспарлау» саясатын өзек ететін көлемді еңбек. Онда 50 неше жыл бойы өзі туған ауылда «туыт анасы», яғни, акушер болып еңбек еткен Гу гу есімді әйелдің бастан кешкен қилы-қилы кешірмелері баяндалады. Сол арқылы мемлекеттің тез қарқынмен өсіп келе жатқан жан санын тізгіндеу жолында жүргізген қатаң саясаттың күрделі де киын, ұзақ барысын көрсете отырып, осы күресте алдынғы шепте болған қарапайым ауыл дәрігерінің сезімдік тартысқа толы, жан теберентерлік жарқын бейнесі жасалады. Мау Дүн сыйлығын алғанда сөйлеген сөзінде жазушы осы шығармасының жай-жапсарына тоқтала келіп, былай дейді: «Көптеген адамдар менен романыңыз не жайында деп сұрайды. Мен адам туралы деп жауап беремін. Гу гу есімді 50 жылдан астам ауылда акушер болып жұмыс істеген әйелдің аңыз рәуішті өмірі жайында, оның қайғысы мен қуанышы, жан түкпіріндегі ішкі драмасы, толғанысы мен өкініші, кісілігі мен кеңдігі және кіділігі мен тарлығы хақында деймін. Мен оның кәсіптік ахлағы (мораль) мен заманының қарама-қайшылығын және олардың ортақтаса алған тұстарын көрсету арқылы көріністе біреу ғана болып көрінген бір топ адамның өмірі жөнінде жаздым. Шындығына келгенде, мен өзімді жаздым. Лу Шүн мырзадан үйреніп, әйелдер көйлегіне жасырынған кішірейген өзімді суреттедім. Мен неше он жыл бойы басқаларды жазып келдім. Сырттағы оқиғалар туралы қалам тербедім. Ал бұл жолы өзімді баяндадым. Өзімнің ішкі жандүниеме үңіліп, жүрегімнің сырын шерттім, ащы запыранымды құстым. Қоғамның көлеңкелі жақтарын айпаралап, өз тереңімдегі қараңғы үңгірлерді қаздым. Біле-білсек, бұлардың бәрі адамның күнделікті көңіл күйі. Қаламгер жазу барысында адамның осы бір дағдылы сезімдерін күзетуге тиіс. Соған қоса, оған қарсыласа білуі де қажет. Себебі, бұл сезімдер үнемі зұлымдық тудырады. Ал менің «Бақада» өзімді сын тезіне алуым жеткілікті дәрежеде болды ма? Жоқ, аса пәрменді, үзілді-кесілді болған жоқ. Осы жайдан кейін мен өзіме батыл қол салып, еркін ота жасай алатын шешуші бағытқа қарай жүруім керек екенін біліп отырмын». Міне, бұл автордың өз шығармасы жайында айтқаны. Барша қаламгер есінде мықты ұстауға тұрарлық-ақ жайлар.
Жазушы Мо Яннің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Бұл ретте, әрине, алғашқы кезекте ауызға әдеттегідей ағылшын, француз, неміс, италиян, испан, орыс, ветнам және кореи тілдері ілінеді. Соған жалғап, біз өз тарапымыздан қаламгер туындыларына асқан қызығушылық танытқандардың алдынғы легінде жапондықтардың да жүргенін аса бір таңданыспен айтамыз. Себебі, жоғарыда аталған «Қызыл гаулияң» романында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қытайға басып кірген жапон армиясының, яғни, жапондардың шегінен шыққан жауыздығы, нақтап айтар болсақ, қолдарына түскен қытай қасабына өз ауылдасын аспаққа асып қойып, тірідей сойғызатын арсыз айуандығы аяусыз әшкереленген-ді. Жан түршігетін көрініс оқыған жанның есінде мәңгілікке қалар еді. Алайда, ірілігі, әлде басқа себебі бар, сол жайларды жапондықтар елемепті. Әлде өздерін қытайлардың алдына қарыздар сезінді, Мо Янді соңына дейін қолдаған. Оның шығармашылығы туралы пікірін сұраған журналисттерге жапонның әйгілі жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Кензабуро Оенің (Oe Kenzaburo) «Мо Ян қытай жазушыларының арасындағы Нобель сыйлығына кандидат болуға ең лайығы» деп жауап беріпті. Кісі қызығарлық қолпаш. «Балықшыны балықшы алыстан таниды» деген, сірә, осы болса керек.
Жазушының үздіксіз қалам тартқан тұрақты тақырыбы – ауыл тіршілігі. Ауылда туып, ауылда өскендіктен болар, ә деп қолына қалам алғаннан бүгінге дейін негізінен осы төңеректен ұзап шықпаған, осы бағытынан таймаған. Содан да болар, зерттеушілер оны қытай әдебиетіндегі үлкен бір бағыт – «тек іздеушілер» ағымына жатқызады. Бірақ, қаламгердің өзіне дейінгілерден жазу машығы, тәсілі мүлде басқа. Өзіне тән өзгешілігі біреумен шатастыруға келместей айқын. Бір сөзбен айтқанда, көп жылғы ізденістің нәтижесі ретінде өз соқпағын салып, бөлекше жолын тапқан. Бәлкім, әлемдік деңгейдегі марапатқа ие болып, биік даңққа қол жеткізуінің басты себептерінің бірі осында жатқан болар. Әйтпесе, халқының 80 пайызға жуығы әлі күнге ауылдық жерде тұратын, одан ешқашан тамырын үзіп көрмеген, ежелден бері «ауыл-қыстақ елі» атанып келген қытайда ауыл тақырыбын қаузайтындар аз дейсің бе, тәйірі. Гәптің басқада екені анық.
Жазушы шығармаларын жапон тіліне тәржімалаған бір аудармашы кітапқа жазған алғы сөзінде аударылған романның қытай әдебиетіндегі ауыл тақырыбындағы «елес (магия) реализмі» ағымының басты шығармаларының бірі екенін баса айта келіп, көлемді туындының өн-бойынан атақты америкалық жазушы У. Фолкенр мен голомбиялық даңқты жазушы Г. Маркестің әсері айқын байқалатынын тілге тиек етеді. Тегі, осы сөздің жаны бар. Оған дәлел ретінде Мо Ян шығармашылығы туралы пікір білдірген қытай зерттеушілері мен сыншыларының да дәл осы бір елеулі ерекшелікке қайта-қайта айналып соға беретінін айтуға болады. Олар бір ауыздан: «Мо Ян туындылары «елес (магия) реализмінің» ықпалына ұшыраған, онда ерекше типтегі объективті сезім әлемі жасалып, әуеде қалқып жүргендей шеберлікпен суреттеледі, өмір мен болмыс ақылға симастай сырлы түске еніп, соңғы қорытынды күтпеген жерден шығарылады» дейді. Бұл тұжырымды Нобель сыйлығы комитетінің мына жиынтық пікірі де біржола бекіте түскендей. The Nobel Prize in Literature 2012 was awarded to Mo Yan «who with hallucinatory realism merges folk tales, history and the contemporary”. Яғни, «2012 жылғы әдебиет жөніндегі Нобель сыйлығы «Галюсинатори реализмін ел арасындағы аңыз-әңгімелермен, тарихи оқиғалармен және бүгінгі өмірмен біте қайнастырып жіберегені үшін» Мо Янға берілді».
Мо Янды еңбекқор жазушылар қатарына қосуға әбден болатындай. Неге десеңіз, 30 жылдан асатын шығармашылық ғұмырында үлкенді-кішілі, көркем шығарма, сұхбат, эссе, мақала, ой-толғау және кино, телехикая сценарийлері бар, жалпы, отызға тарта кітап жазып, жарыққа шығарыпты. Оның он шақтысы, арасында жапонияның шетелдіктерге беретін «Азия мәдениет марапаты» бар, әр деңгейдегі сыйлықтарға ие болған. Бір сөзбен айтқанда, ол бүгінгі қытай еліндегі танымалдығы аса жоғары, ықпалы зор санаулы қаламгерлердің бірі. Бәлкім, бірегейі. Құрамында он атақты сыншы бар бір реткі жабық дауыс беру жолымен жүргізілген бағалауда ол 31 жетекші жазушының арасынан тоғыз дауыспен бірінші орынды жеңіп алыпты. Осыған қарап-ақ оның талант қуатының қай деңгейде екенін шамалауға болатындай.
Осы орайда қосып айта кететін тағы бір нәрсе, біздегі кейбір мерзімдік басылымдар жазып жүргендей, Мо Ян бұл дүниежүзілік марапатқа ешбір саяси себеппен қол жеткізген жоқ. Мұны кәміл сеніммен айтуға болады. Кезінде оның «Қызыл гаулияң» атты романы негізінде түсірілген көркем филмьнің отанындағы кейбір оңшыл сыншылар тарапынан қатты сынға ұшырап, көрермендерге жетуіне кедергілердің жасалғаны рас. Ал ресми билік тарапынан ешқашан қысым не ескерту болған емес. Арада біраз жылдар өткен бүгінгі таңда сондағы қытай халқының кейбір жағымсыз қылықтарын сын тезіне алатын «Қызыл гаулияң» фильмін қытай киносың үздік туындыларының бірінен саналады. Ел ішінде ашық-әшкере қойылады. Керек десеңіз, ол қытайдың ұлттық кино өнерін әлемдік аяға алып шыққан (қай сыйлықты иеленгенін жоғарыда айттық) алғашқы қарлағаштарының сапында. Кино режиссері Жаң И моу (Zhang Yi mou) да әуелі сол туындысымен танылған. Кейін көптеген тамаша кинолар түсірді. Оның кейбірі біздің елде де (31 телеарнада «Торуыл») анда-санда қойылып жүр.
Жинақтап айтқанда, жазушы Мо Ян өз елінде ағалап алға шығып, топ жарған талант иесі. Осыған дейін өзінің ата жұртында тұратын (абақтыда отырған, өткен бір жылдары нобель бейбітшілік сыйлығын алған Лиу Шиаубо (Lіu xiao bo) есімді дисcидентті қоспағанда) ешбір қытай текті жазушыға Нобель сыйлығы бұйырмаған еді, енді ол тарих артта қалды. Бұл батыстың талайдан бері түрлі сылтаулармен, түрлі тәсілдер арқылы құлағын әбден шулатып, жүйкесін аямай қажап келген қытайға, оның ішінде олардың бейкүнә сөз өнеріне көрсеткен бір жолғы құрметі болса керек. Ләйім, осындай үлкен жетістік бізге де жұғысты болғай.
Әлбетте, мен бұл мақаланы жазып отырғанда, арада біраз жыл өткен соң «Қызыл гаулия» романын қазақ тіліне аударамын деп ойлаған жоқпын. Тағдыр жазып, 2018 жылы үздік еңбекті туған тілімде сөйлеттім. Толық көлемде емес, алғашқы екі бөлімін. Қалғаны, Алла жазса, алдағы уақытта бола жатар. Тәржімаланған бір үзігін «Жұлдыз» журналына ұсынуды жөн көрдім.
Серік НҰҒМАН
І
Гаумидің Дұңби ауылында гаулияң арағының қалай жұпар иісі мұрын жарған, шырын дәмі таңдайдан кетпейтін, татып алса кәйіп қылғанмен, ақыл-естен айырмайтын ғажайып араққа айналғанын анам маған талай рет айтып берген болатын. «Бір әулетке тиесілі арақ ашыту әдісін, жеңілтектік қылып, басқаларға айтып қою – дұрыс емес. Құпиялық ашылып қалса, зәузатымыздың бетіне шіркеу болатыны өз алдына, күндердің күні шаңырағымыздан шыққан біреу арақ ашытумен айналысса, өзгелер бәсекелес бола алмас басымдықтан айрылады» дегенді де қайта-қайта ескертетін. Біздің елде, аз-көп өнер қонған әулеттердің төл мұралары кейінгіге қыздарының емес, түгелдей келіндерінің қолымен жалғанатын болыпты. Бұл, тіпті, кейбір мемлекеттегі заңдар сияқты, қатаң сақталатын ережеге айналған.
Анамның айтуынша, біздің отбасының арақ қайнататын қазаны әкем жалғыз жұмыс істеген кезде кәдімгідей үлкен болыпты. Ол уақтағы гаулияң арағының дәмі әжептәуір жақсы болғанмен, дәл соңғы кездегідей жұпар иісті, бал шырын емес екен. Оның ерекше дәмге ие болуы, Гауми ауданындағы басқа әулеттер арағынан оқ бойы озып шығуы атам әлгі әкелі-балалы екеуді жер жастандырғаннан кейін, әжем талай күнге созылған уайым мен үрейді бастан өткеріп, белін әрең бекітіп, зорға дегенде ес жиып, аяғына тік тұрған соң ғана жүзеге асыпты. Көптеген ғылыми жаңалықтардың тосыннан және ың-жыңсыз ашылғаны секілді, біздің үйдің арағының аяқасты дәмденіп кетуі де атамның арақ күбісіне ойда жоқта сарып қоюынан басталыпты. Сарғыш түсті сарыма бір күбі жай арақты қалай бір күбі ерекше сұрыпты гаулия арағына айналдырды? Бұл, әрине, ғылым жауап беретін мәселе. Мен өтірік айтып, босқа әуреленіп жатпай, мұны ғалымдардың зерттеуіне қалдырайын. Кейін әжем бар, Лохан ата бар, бәрі бірге қайта-қайта сынақтан өткізіп, құлшына ізденіп, тәжірибелерді қорытындылай келе, ескі несіп құтысының орнына сідік сілтісінің қызметін атқаратын қарапайым да қолайлы, дәлдігі жоғары бір ауыспалы қолөнер бұйымын жасап шығады. Құпия болғаны сонша, кезінде оны әжем, атам және Лохан ата – үшеуінен басқа ешкім білмепті. Айтуларына қарағанда, ауыстыру жұмысы жеті қараңғы түнде атқарылады екен. Ел аяғы басыла аулаға шыққан әжем иістендіргіш шам тұтатып (діни рәсім), үш жүз қағаз жармақ өртеп (діни рәсім), сонан соң барып дәріні қабаққа салып, матамен орап алып, үлкен күбідегі араққа матырып, араластырады екен. Ауыстыру кезінде әжем әдейі түрлі қимылдар жасап, біреулер жасырынып келіп ұрламақ болса, шатассын деп, әрі біздің үйдің жын-перілермен әлдебір қатынасы бардай, сауда жұмыстарын Тәңір өзі демеп, қолдап жүргендей көрсету үшін, сан түрлі би билеп, қалыпсыз қозғалыстарға барады екен. Сол себепті, біздің үйдің арағы аз күннің ішінде маңайдағыларды шаң қаптырып, базарды жалғыз келеді деуге тұратын биік нәтижеге жетіпті.
ІІ
Әжем төркініне қайтып келеді. Ептеп үш күнді өткізсе, аржағында қайын жұртына қайтар уақыт та төбе көрсетпек. Ал бұл үш күнде әжем асқа тәбеті тартпай, іштей сарсаң болып, анасы айтқан тәтті сөз, шырын лепестерді құлағына ілмей, қаққан қазық боп қақайып отырады да қояды. Дегенмен, үш күн бойы жарытып нәр татпағына қарамастан, маңдайы жарқырап, екі беті нұрланып, күреңіткен қабақ астындағы көз ұясынан шоқтанған жанары бұлт арасынан көрінген жарық айдай жарқ-жұрқ етіп, ажарлана түседі. «О, менің кішкентай ғана әке-шешем! Сен не ішпейсің, не жемейсің, періштеге айналып кеттің бе, әлде әулиеге? Анаңды әбден ішқұста қып біттің ғой!» дейді шешесі қайта-қайта келіп ызыңдап. Әжемнің терең мінәжатқа отырғандай сілейген түрін көргенде оның кірпіктерінен екі тамшы мөлдір жас ыршып кетеді. Жанарының түкпірінен әрі-сәрілік пен абыржуға толы екі шоқ сәуле ұшқындаған әжем байқұс анасына құдды бір зәулім жағалауда тұрып арындаған өзен суында жанталасқан кәрі балыққа қарағандай сүлесоқ қана назар тастайды.
Әжем үйіне келген соң екінші күн дегенде әкесі қалың мастықтан әрең айығады. Дән Тиіңшиу берем деген құнан шығар қара қашырды әлі ұмытпаған екен. Ояна сала тақтайдай тегіс жолда құйындатқан қара қашырды бірден есіне алады. Аяқ дыбысы кенет құлағында жаңғырады. Қашыр! Көздері шоқтай жанып, тұяқтары тостағандай дөңгеленген қара қашыр! «Кәрі қақпас! – дейді ол кемпіріне. – Қызың тамақ жемесе, маған нағыл дейсің?» Мастығы тарқамаған қысық көзінің қиығымен бір қарап қояды да: «Өртеп жібер оны! Түгін қалдырмай өрте! Ол кімнің ата шежіресін жалғар дейсің!» – дейді.
Әжемнің алдына келіп, ентіге дем алған әкесі:
– Қызым, сен не істемексің өзі? Өмірбойына жалғасар неке деген болмашы ғана себепке ілініп тұрады. Сүйіспеншілік болмаса, ешкім ерлі-зайыпты бола алмайды. Өшпенділік болмаса да ерлі-зайыпты бола алмайды. Басың тауыққа байланса, тауықпен, итке байланса, итпен кетесің. Әкең болған мына мен… елден артық кісі емеспін. Сен де алтын ағаштың асыл жапырағы емессің. Мынандай дәулетті жанға кез болуың – сенің де, әке ретінде, менің де бағым. Қайын атаң алғаш келіп, құдалық сөйлескенде-ақ маған бір қара қашыр берем деген. Қандай ірілік десеңші!..
Әжем былқ етпейді. Екі көзі тарс жұмулы қалпы отыра береді. Дымқылданған тал-тал кірпіктері тақ бір бал жағып қойғандай бір-бірімен жабыса айқасып, қабағының астында қарлығаштың қанатындай доғаланып, қайқайып тұрады. Мұны көрген әкесі одан бетер ызаланып:
– Жақсы, сен көзіңді ашпай-ақ қой! Мен түк естімес керең адам болайын! Сен өліп кеткен күннің өзінде Дән шаңырағының кісісісің. Біздің әулеттің бейітінде саған орын жоқ, – дейді.
Әжем кенет қарқылдап күліп жібереді.
Қолын көтерген әкесі оны шапалақпен осып қалады.
Шарт еткен дыбыспен бірге әжемнің миығындағы қызыл нұр сейіліп, жүзі демде сұрланып шыға келеді. Қаны тартылған әппақ жамалына бірте-бірте қайта қызыл жүгіріп, құдды бір таңертең шыққан күндей нарт түске енеді. Артынша жанары шоқтанып, тісін тістене басып, әкесіне бұрылып зәрлене күледі де:
– Тек сен әлгі қашырдың бір тал түгін де көре алмай қала ма деп қорқам, – дейді.
Солай деп көзін тайдырған әжем қолына сақпысын (қос таяқша) алып, алдындағы әлі буы бұрқырап тұрған тамақты сыпырып-сиырып жеп алады. Соңынан босаған кесенің біреуін төбеге қарай үйіріп, жіберіп қалады. Кеңістікке көтерілген кесе шыркөбелек айналған күйі маңына жарқ-жұрқ сағым шашып, арқалыққа барып соғылып, ондағы неше жылғы шаң-тозаңға бір бөгіп алады да, қайыра еңіс құлайды. Еденге түскен соң шамалы домалап, жарты шеңбер жасап барып, түбі көкке қарап бүк түседі. Әжем келесі кесені де лақтырады. Қабырғаға барып тиген ыдыс қақ бөлініп құлайды. Қайран қалған әкесі аузы ашылған қалпы көпке дейін тіл қата алмайды. «Ақыры жедің-ау, балам» дейді қасында тұрған әжемнің анасы риза болып.
Кеселерді шағып болған әжем іле ағыл-тегіл еңірейді. Құлындаған дауысының көкке жеткені сонша, көкірегін жарып ұшқан аяр үн үйге сыймай, есік-терезеден лап қойып, сырттағы егіс алқабына жамырап, ондағы жаз соңына қарай әбден піскен гаулияңның жапырақ сыбдырымен тоғысып, жайылып кете барады. Алысқа шалқыған өз өксігін тыңдаған әжем осыдан аз күн ілгері күймеге отырып ұзатылып кеткенін, одан есекке мініп қайтып келгенін және осы үш күнде бастан кешкен кешірмелерін есіне алып, ой елегінен тағы бір өткізеді. Үш күндегі әрбір сурет, әрбір дыбыс, әрбір иіс кезектесіп қайта жаңғырады жадында.
Қиқылдаған-шиқылдаған, бақырған-шақырған, гүрсілдеген-дүрсілдеген, ысқырған-пысқырған дыбыстар… ұзаққа созылғаны сонша, жап-жасыл гаулияң алқабы қызыл түске енгендей, тұп-тұнық аспаннан жаңбыр тамшылары шұғыл құйып бергендей… жай оты жиі жарқылдап, есіре соққан жел іргені кеулеп, бірде өр, бірде еңіс лақтырған нөсер өтіндегі тынымсыз тербелістен жүрегі аузына тығылып, лобыған бір сәттер… осы бір кедір-бұдыры көп күдір жолда күйме көтерген ана бір шомбал жігіттің ерекше қимыл-әрекеті әжемнің көз алдына қайта көрініс береді. Өзі үйірлі қасқыр ішіндегі арлан тәрізді осы топтың көш бастар серкесі екен. Жас мөлшері жиырма төрттер шамасында болар деді, қараағаштай қатқан бетінен бір сызық әжім көрінбейді. Осы аралықта әжем оның жүзінің өзінікіне соншама жақын келгенін, маржан құртының қабығындай қатты ернінің өз ернін қалай суыра сорғанын да бір ойлап өтеді… Сол бір өзгеше сәтте әжемнің жүрегі кенет тоқтап қалып, артынша қайта атқалақтап соға жөнелген екен. Бойына тараған ыстық қаннан кеудесіне күшті діріл жүгіргенін артынан сезеді. Іле бақай сіңірлері тартылып, құрсақ еттері бүлкілдеп қоя береді. Сол мезеттегі олардың шетін әрекетіне айналадағы жігерлене тербелген қалың гаулияң сыбдырлай дем береді. Өскелең гаулияңның мұнартқан тозаңы дым сезбегендей әжем мен ана жігіттің үстіндегі ашық кеңістікті қымтай орап, торлап тұрады… Әжем бар ынты-шынтысымен тіленіп, бастан кешіп жатқан жастықтың керемет ләззатты шағын басында ұстап қалғысы келеді-ақ, бірақ, амал нешік, ұстап қала алмайды… тек тосын жарқ етіп, жатталып қалған ана жігіттің шіріген сәбіз тәрізді шикіл жүзі ғана көз алдында қалт тұрып қалады… қарға тұяғынан аумайтын ана бір он саусағымен қоса… Тағы әнеу бір шүйдесіне тұлым өрген қатпа қара шал, беліне іліп алған бір тізбек сары жез кілттерімен…
Қазір отырған жері ол арадан неше шақырым қашық болса да, қолқаны қапқан гаулияң арағының исі мен тұншықтырып әкететін ашытқы лебі танауының астында үйіріліп тұрғандай болады. Әлгі бір әйел құсап жүретін екі еркек те есінде қалыпты. Екеуі де арақ күбісінен жаңа шығарып алған, терісіндегі әрбір тесіктен арақ сорғалап тұрған мас қаздан бір аусашы… қолындағы жүзі майырылған кішкене қылышпен талай жердің гаулияңын шауып құлатып, құлаған сабақты реттеп ат тұяғының астына тастағанда, сол арадан жасыл түсті қою сұйықтық жылып ағады. Құдды бір гаулияңның қаны секілді. Жігіттің «Үш күннен кейін қайтып кел!» дегені құлағында, сол сөзді айтқан сәттегі сығыр көзінен қанжар жүзіндей өткір сәуле шашырағаны да есінде еді. Осы жайлардан өзін алда үлкен оқиғалар күтіп тұрғанын тұспалдауға бола ма, қалай?
Белгілі бір мағынадан алғанда, батырды Тәңір жаратады. Оның ержүрек рухы тасада тығылып жатады да, сырттағы әлдебір жайдың себебімен тысқа теуіп, шұғыл әрекетке айналады. Әжем ол кезде бар болғаны он алты жастағы, көз ашқаннан кесте тігіп, біз түйреуді үйренген, ісмер болуға талпынып, ине ұштап, қайшы қайраған, аяқ орайтын кездеме мен шаш майлайтын жүйхуа майын серік еткен қарапайым ғана бойжеткен ғой. Бар көрген-баққаны көрші үйдегі әпеке-сіңілілері болған қызда ойда жоқта жүз берген үлкен оқиғаларды пайымдай алар қабілет пен жүрек… басқа түскен ауыр күндерді еңсерер ішкі дайындық қайдан болсын?! Бірақ, ол, бәрібір, қиялға кірмеген ерен өжеттік танытады. Бұл енді айтып жеткізу қиын болған бір тосын жай.
Әжем сонша ұзақ жылағанда жүрегін тырнаған ешбір қайғыны сезбейді. Қайта іштей буып жүрген бар құсаның сейіліп, тарап бара жатқан ғажап рахатын түйсінеді. Солығын тарта отырып, өткен шақтың қуанышы мен қайғысын, мехнаты мен ләззатын кезек татады. Өксік атқан үн өңешінен емес, құдды бір сонау шалғайдағы, санасында қабат сәулеленген көрікті де сүреңсіз суреттердің қосалқы күйі боп шертіліп жатқандай шетін әсерге бөленеді. Ақыр-соңында әжем: «Дүниеге келген екенсің, көретінің бір көресі! Тәуекелге бел бусам, онда тұрған не бар?!» деген тосын шешімге келеді.
– Жиу-ар, кететін уағың болды, – дейді әжемнің анасы.
Кеттік… онда кетейік!
Әжем бір шылапшын су әкеліп бетін жуады. Опасын жағып, далабын сүркейді. Айнаға қарап тұрып шүйдесіндегі түюлі торын тартып алады, іле ішіндегі шоқпардай қолаң шашы тарқатыла құлап, тұтас иығын жауып қалады. Ұзындығы сондай, күлтелене төгіліп, сәкіде тұрған әжемнің қылтасына жетіп бір-ақ тоқтайды.
Қолына тарақ алған әжем, шашын иығынан асырып әкеліп, алдына жайып, бөліп-бөліп тарайды. Әжемнің шашы өте қалың әрі қап-қара еді, тек ұшына таман ғана қоңырқай тартатын. Тарап болған шашын түйреуішпен түйреп, шиыршықтап түйіп, қара жібектен тоқылған ұзақ көзді тор дорбаға тоғытып, төрт тал күміс бекіткішпен желкесіне мықтап бекітіп тастайды. Маңдайдағы кекілін қайшымен тура қабағының үстінен тегістеп қияды. Сонан соң аяғын қайта орап, ұзын шалбарын киіп, балағын қаусыра байлап, кестелі аяқ киімін кигенде, ана бір тік бақайлары тіпті де ерекшеленіп, қазықтай боп шыға келеді.
Дән Тиіңшиудің назарын алғаш аударған әжемнің осы ши аяқтары екен. Күйме көтерген жігіттің есін аударып, талағын тарс айырған да – осы тік бақайлар. Әжем оны әрқашан мақтан тұтыпты. Осындай кішкене аяқтарың болса, жүзің толы шұбар болса да, отырып қалмайды екенсің. Ал аяғың үлкен болса, бетің перизаттың жамалындай ақ болса да, ешкімге керек болмай қалады екенсің. Аяғы кіші, ажары нұрлы әжемнің сол тұстағы адамдардың арманындағы ару болғанында күмән жоқ. Менің ойымша, сол бір тарихи уақытта әйелзатының аяғы жыныстық белгілердің ішіндегі айырықша бедерлі біреуі болған. Үп-үшкір, сүп-сүйкімді, тік бақайлар сол замандағы еркек затының нәзік жыныстылардан табатын, арасында әуейі сезім де бар, ерекше ләззаттарының бірі болған.
Әжем тап-тұйнақтай боп реттеліп, дік-дік басып үйден шығады. Әкесі көрпе салынған есегін жетектеп әкеліп, көлденең тартады. Есектің жәудір көзінен әжем өзінің сұлу бейнесін көреді. Өзіне қадалған үлкен шараны аңдаған сәтте одан адамды түсіне алатын бір сұңғыла түйсіктің ұшқындап тұрғанын байқайды.
Әжем есекке қарғып мінеді. Сол кездегі әйелдердің ат, қашыр, есек мінгендегі бұлжымас дағдысына сай қырымен отырмай, есектің қос қапталын екі тақымының арасында қалдырып, нық қонжияды. Анасы оны түзеліп отыруға шақырады. Бірақ, әжем өкшесін қадап тебініп қалады да, қитыңдап жүріп кетеді. Бойын тіктеп алған әжем назарын іле алдына салады.
Сол қозғалғаннан артына қайырылмайды. Алғашында есектің тізгінін ілгері озған әкесі жетектеп жүреді де, ауылдан шыққан соң, жинап өз қолына алады. Әкесі амалсыз артқа өтіп, сөлпектеп еріп отырады.
Үш күннің ішінде бір рет алапат нөсер жауып өтіпті. Әжем жолдың оң қапталындағы түсі сәл солғын тартқан жасыл жыныс арасынан саркүйіктей сарғайып күйіп кеткен, айырықшы оқшауланып, алыстан көзге түсетін бөлек-бөлек гаулияң шоғырын байқайды. Оның найзағай түскен жер екенін іштей шамалайды. Осыдан бір жыл бұрын құрбысы Чиән-арға жасыл түскені есіне келеді. Он жеті жастағы қыздың шашы ұйпалана үйтіліп, киімдерінен сау-тамтық қалмапты дейді. Жон-арқасынан көлбей тартылған ирек сызық табылыпты. Біреулер оны аспандағы шөмішбалықтың (жұлдыз) ізі деп жүрді.
Жұрт сол тұста Чиән-ардың бір жас ғұмырға қастандық жасап, оң жақта отырып туып қойған қыздың шақалағын қыршынынан қиғанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай әңгіме ғып жүрді. Айтуларынша, Чиән-ар базарға бара жатқан жолында жол бойы бір нәрестенің жылаған дауысын естиді. Барып қараса, әлгі – бөбектің құндағы екен. Бетін ашқанда, ішінен қызыл шақа ұл шығады. Тағы бір парақ қағаз. Онда мынандай сөздер жазылыпты дейді: әкесі мұның он сегізде, ал шешесі он жеті, ай ауғанда батысқа, туды, есімі Лу Ши. Кейін әкесі батыс ауылдан Жаң Арже деген талыс аяқ қызды алды, шешесі шығыс ауылдық тыртық көзге қосылып, тастады бір бөлшек еттерін. Әкесі мұрнын сіңбіріп, шешесі сүртті көз жасын. Жүргіншілер естір деп, жылай алмай тұншықты. Лу Ши деген, бұл – олжа, кім алса – соның перзенті. Орадық асыл шағиға. Жиырма жамбы (күміс ақша) тағы бар. Өтініш, қамқор жолаушы, құтқарып мұны сауап ал!
Жұрттың айтуынша, Чиән-ар шағи мен жамбыны алғанмен, баланы алмай, гаулияң алқабына тастап кетеді. Сол себепті Тәңірдің қаһарына ұшырап, жай түсіпті дейді. Әжем Чиән-армен жақын құрбы болғандықтан, мұндай аңызға сенбепті. Дегенмен, адам өмірінде болжаусыз нәрселердің көп болатынын ойлап, көңілін бұлт торлап, көлеңке басқаннан да аман қала алмапты.
Назағайлы нөсер жауып көп өтпегендіктен, жол әлі батпақ екен. Жауын шайған жол қыртысы таза, ойлы-шұңқыр тұстарын ғана сұйық лай тегістеп тастапты. Есек тұяғынан түскен іздер ылғал сүрлеуде бадырайып қала береді.
Ерте бүр жарған ошаған гүлдері солғын тартыпты. Қауашағы мен жапырақтарына шашыраған балшық тамшылары көзге түседі. Шөп сабағына, гаулияң жапырағына қонақтап алған көк шегірткелер ұзын мұрттарын дірілдетіп, күн көрінетін жұқа қанаттарын қағып, зарлы үнмен тынымсыз шырылдайды. Ұзаққа созылған жаздың соңы көрініп, маңайдан күз белгісі біліне бастаған. Соны сезген топ-топ көк бас шегірткелер дәнге толы қарындарын тырситып, гаулияң аңызынан ығысып, жол бойындағы қатқақ жерге жиналыпты. Алда сонда құйрықтарын тығып алып, шұбырта балаламақ.
Әжемнің әкесі гаулияңның ұзын сабағынан біреуін үзіп алып, тұяғын сылбыр қыбырлатып келе жатқан есектің шабынан түртіп қалады. Құйрығын шыжбың еткізіп бір қаққан шабан көк біраз жерге қитыңдап барып, жайбасар қалпына қайта көшеді. Өз ісіне масаттанған болу керек, артта келе жатқан қарт кісі іле сол тұста Гаумидің Дұңби ауылына кең тараған «Хай мау зы чиаң» деген әнді бастап кетеді. Өлең сөздерін ойдан құрап, озандай әуелетеді: У дәрі ішкен У Далаңның іші әлемтапырақ… жеті тарау тоқ ішек, сегіз жапырақ өкпе бәрі астаң-кестең… ақымақ қатын алған бәкененің басына бұлт үйірілді… а-а-а, о-о-о, оу-оу-оу… іші ауырып, жаны қиналған У Далияу… інісінің тезірек келуін күтеді… келіп, ана сұмырайдың көзін құртса дейді…
Әкесінің өтірікті суқитып келе жатқанын біле тұра әжем тебіреніп, жүрегі шоршып, аузына тығылады. Үш күннің алдындағы ана бір қолына қанжар ұстаған жігіттің қою қасты, өткір жанарлы кескіні көз алдына тағы көлбеңдейді. «Ол кім… не қылған жан?» дегенді ойлайды әжем. Ешқашан кездеспегені, көрмегені анық. Бірақ, солай бола тұра, балық пен судай етене, әлдеқайдан бір көргендей, кездескендей, санасында бір жақындық сезіліп, түс көргендей күй кешеді. Рухтары шарпысып, жандары тоғысқандай халге түседі. «Тағдыр жазуы деген осы шығар» дейді әжем демін тереңнен алып, күрсініп жіберіп.
Есектің шылбырын еркін қағып келе жатқан әжем әкесінің У Далаңның қайғы-қасіреті туралы толғаған ұзақ толғауын тыңдап, бір суып, бір ыси жүріп, жолдағы Бақалы ойпаңына қалай жеткендерін білмей қалады. Басын оқыс көтеріп алып, қайта түсірген есек танауын тартып, жеткен жерінде төрт тағандап тұрып қалады. Әжемнің әкесі гаулияң сабағын құйымшағына сұққылап, жамбасынан қанша ұрғанмен, бәрібір, қозғалмайды. «Жүр, оңбаған! Әй, жүр деймін, оңбаған есек!» – деп одан ары сұққылайды. Есек жүргеннің орнына кері шегініп, көткеншектеп, қылтасы тіпті майыса түседі. Осы аралықта әжемнің мұрнына жүрек айнытар жаман иіс келеді. Есектен қарғып түсіп, жеңімен танауын басып алып, шылбырдан ұстап, алдыға қарай тартады. Басын кегжитіп, аузын шайнаңдатқан есектің көзі көп өтпей жасқа толады.
– Әй, есек, тістеніп алып өтсеңші! Жер бетінде асу бермес тау, өткел бермес өзен жоқ қой! – дейді әжем.
Есек әжемнің сөзінен әсерленеді. Келістіріп бір аңырап алады да, басын көтеріп, алға қарай тұра ұмтылады. Әжемді аяғын-аяғына тигізбей сүйреген беті қолындағы түйіншегімен қоса жел ұшырған бұлттай ала жөнеледі. Ары өткен жерде адамның мәйітін көреді. Сәп сала қараған әжемнің көзі атыздай болады: әбден семірген сан мың қорқау қоңыз әлгі кісінің етін жеп болып, тек сүйек-саяғын ғана қалдырған екен.
Әжем есегін сүйрелеп Бақалы ойпаңынан өткен соң орнына қайта қонжияды. Көп ұзамай алдынан шығыс-терістік желі ұшырған гаулияң арағының иісі келеді. Әжем өзін қанша жерден тежеп, бекем ұстауға тырысқанмен, ақыр-соңы, бәрібір, ішкі бір әрі-сәріліктен жеңіле береді. Күн көтеріліп, әбден ысыған бір тұста көк жүзінен қазбауыр бұлттар көрініп, сонда барып шамалы дамыл тапқандай болады. Бірақ, сонау алыста мұнартып жатқан ауылды көріп, қоюлана түскен арақ иісін иіскегенде, сүйек майының қатып қалғандай болғанын аңдайды. Батыс қапталдағы қалың гаулияң арасынан әлдекімнің созақтата ән салған қарлығыңқы дауысы естіледі.
Тістері болат,
Сүйегі құрыш,
Сен алға жүр, қарындас, қаймықпа!
Күнге барар жол тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз,
Сен алға жүр, қаймықпа!
Шық енді сен гүлге оранған қызыл мұнараға,
Лақтырған кестелі қызыл добың,
Тисін менің басыма.
Өзіңмен сосын ішейін бір шәйнек гаулия арағын, – дейді қырылдап.
– Әй, бәйітші, шық бері! Ана әуенге бір, мына әуенге бір соғып, әбден жұлмалап біттің ғой! – деп айғайлайды бір кезде шыдай алмай кеткен әжемнің әкесі алқапқа қарап.
ІІІ
Қыспа нанын жеп болған әкем батар күннің қызыл арайына шомылған қалың шалғынды кешіп, өзен жиегімен аяңдап жағадағы суға тойып, нілі тасыған жасыл өлеңді ендеп өтіп, аяғының ұшымен аңди басып су бойына келіп бір-ақ тоқтайды. Мошүй өзеніндегі тас көпірдің үстіндегі төрт мәшине қаңқиып мүлгіп тұрады. Алдыңғы екеуінің дөңгелектері атылып, быт-шыт болыпты. Кебеже тақтайларына, шатырларына жұғып қалған қан дақтары мен езілген ми шашырандылары алыстан көзге ұрады. Бір жапон әскерінің жарты денесі тіркеменің жақтауына асылып, төмен құлаған темір дулығасы мойнына ілініп қалыпты. Мұрнынан аққан қызыл қан дулыға ішіне тырс-тырс тамады. Өзен суы ырғала толқып, ыңырана ағады. Әбден піскен гаулияң масағы қинала ысқырады. Күннің мол, шүлен шұғыласын су бетіндегі ұсақ толқындар сіміре жұтып, жоқ қылады. Күздің ұсақ жәндіктері шөп түбіндегі ылғал жерлерге тығылып алып, күңірене ызыңдайды.
Үшінші, төртінші мәшинелер отқа оранып, өртеніп бітуге таяпты. Қарайған қалың тақтайлары шытынай жанып, шартылдай өртенеді. Осы бір алуан ырғақты үн мен түрлі түсті бояулар ортасында маңына үңіле қараған әкем көретінін көріп, арасында жапон әскерінің біз тұмсығынан ағып, дулығасына құйылып жатқан қанның үзіле сырғыған сырылы мен тасқа тамған тамшыдай құлақты тескен өткір тырсылын естиді. Бұл – мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жылы, ескіше тамыз айының тоғызыншы жұлдызы – әкемнің он төрт жастан жаңа асқан шағы екен. Алтын күннің жанып бітуге таяп, қоламтаға айналған соңғы қалдығы аспан астындағы барша тіршілікті қызыл түске бояйды. Бір күндік кескілескен шайқастан әбден шаршап, құр сүлдері ғана қалған әкемнің бетін бір қабат күлгін тозаң қаптайды.
Әкем Уаң Уынидің әйелінің мәйітінің үстіне жүрелей отырып, қос уыстап су ішеді. Саусақтарының арасынан аққан мөлдір тамшылар төмен сорғалап, үн-түнсіз төгіліп жатады. Тобарси жарылған еріндері суға тигенде қатты ауырады. Іле қан татыған сұйықтық ауыз қуысын аралап өтіп, кеңірдегіне барып құйылады. Сол сәт түйіле қалған жұтқыншағы қырылдата бір кекіргесін барып әрең-әрең әуелгі қалпына келеді. Мошүй өзенінің жып-жылы суы әкемнің өңешінен өткен соң, кеуіп қалған кенезесін жұмсартып, бойына қиналысқа толы бір рахат сезім сыйлайды. Қан татыған сұйықтық асқазанын астаң-кестең еткеніне қарамай, шеңгелдеп алып көмейіне құя береді, құя береді… тек өзен суы құрсағындағы қыспа нанды толық жібіткенде барып, белін жазып, жайлана дем алады. Бұл қараңғы түсуге таяған, қызыл күннің соңғы сәулесі көк күмбезінің етек жағына ұзын жиек боп тартылған мезет екен. Тас көпірдің үстіндегі үшінші және төртінші мәшинеден тарап жатқан күйік иісі де сейіле бастайды. Дәл осы кезде «гүрс» еткен күшті дыбыс әкемнің зәресін ұшырады. Басын көтеріп қарағанда, жарылыстан соң быт-шыты шыққан мәшине дөңгелегінің құдды бір қара көбелекке ұқсап қалықтап барып өзенге түскенін көреді. Әуелеп ұшқан ақ-қара күріш дәндері де су бетіне жаңбырша жауады. Бұрыла бере әкем қызыл қанға боялған өзен суының шетінен өрмелеп бара жатқан Уаң Уынидің кішкене қызын көреді. Өзен жағасындағы биік қырға шыққан әкем:
– Әке! – деп қатты айқайлайды.
Бір-ақ күнде жүзінің еті қашып, қарайған терісінің астынан арса-арса бет сүйектері сыртқа тепкен атам өзен жиегінен төбе көрсетеді. Жап-жасыл іңір мезгілінде әкем оның бір елідей өсіп кеткен тіп-тік шашының түгел ағарып кеткенін байқайды. Таңғалыс пен қорқыныш арасында үркектей жүріп таяп барады да, қолымен ақырын түртіп:
– Әке! Саған не болды? – дейді.
Жүзінен екі тарам жас аққан атамның кеңірдегінен шыққан гүріл бір-біріне ұласып кете барады. Лың бастық рахым етіп тастап кеткен жапон әскерінің жаусатпа қаруы аяғының астында арлан қасқырдай едірейіп тұрады. Үңірейген ұңғысын құдды бір ежірейген иттің көзі дерсің!
– Әке, сөйлесеңші… нан же! Нан жеп, аздап су іш! Ішпесең, жемесең, қаталап өлесің… аштан қатасың!
Атамның мойны сәл алдыға иілгені сол, басы сылқ етіп омырауына құлайды. Басының зіл салмағын көтере алмағандай денесі де бірте-бірте басылып, шөге береді. Ақыры щойлап, өзен жиегіне тізерлей отырады. Қос қолымен басын ұстап, шамалы бөгелген соң, иегін көтеріп: «Ду гуан! Ұлым! Біздің осылай біткеніміз бе?» – деп ызалана айғайлайды.
Әкем атама тіксіне қадалып ұзақ тұрады. Бақырая ашылған үлкен көздерінің ішіндегі алмастай өткір қарашығынан әжеме тән әлгі бір өжет батылдық, тізгін-шылбырға бас бермес асау аттай өр рух, түнек қараңғылық түбінен қылаң ұратын өміршең нұр қатар жамырап, алдында отырған әкесінің жүрегіне сәуле себеді.
– Әке! – дейді әкем. – Сен тым қамықпа! Мен мылтыққа жақсылап жаттығып, құдды өзің жас күніңде су иірімдерін айналып балық атқандай әбден машығып, құралайды көзге атқан мерген болып шығып, ана Лың Мазы деген иттен туған оңбағанды тауып, есеп аламын.
Атам орнынан оқыс шоршып, секіріп кетеді. Не күлген, не жылаған емес, қырылдаған үн шығарады. Езуінен бір жолақ қарақоңыр қан саулайды.
– Айтқаның рас, ұлым… дұрыс айтасың!
Атам жер беті – қара топырақ үстінен әжем пісірген бір қыспа нан тауып алып, қарпыта асайды. Сарғыш тартқан тістерінің арасынан қыспа нанның қыртысы мен қан көпіршігі қатар жарысып көрініс береді. Әкем атамның нан шайнағандағы малжаңдаған үнін естіп, қоймалжыңға айналған таңдайындағы астың кеңірдегінен асып, жоғалып бара жатқанын көріп тұрады.
– Әке, енді өзенге түсіп су ішіп, ішіңдегі нанды жібіт, – дейді әкем.
Атам тәнтіректей басып өзен жағасына барады. Жағадағы шөпке тізесін тірей бере, қашыр құсап мойнын созып, суға бас қояды. Су ішіп болған соң, екі қолын жазып жіберіп, басын суға мойнына дейін бойлата тыққанын, кедергіге тап болған ағыннан доға толқын пайда болғанын әкем анық көреді. Атам басын суда біршама уақыт ұстайды. Жағадан бақылаған әкем оны тарбиған үлкен мыс бақаға ұқсатып, жүрегі дүрсіл қағады.
Атам суға малшынған басын жұлып алып, ырсылдай дем алады. Сосын орнынан тұрып, жағаға көтеріліп, әкемнің алдына келіп тоқтайды. Атамның басынан құлап жатқан мөлдір тамшыларды әкем ап-анық көреді. Атам басын шайқап қалғанда қырық тоғыз милиграмм үлкендіктегі, бір-біріне ұқсамайтын сансыз моншақтар құдды бір меруерт маржан шашылғандай жан-жаққа серпіле жамырайды.
– Ду гуан, – дейді атам. – Әкеңе еріп барып, бауырластарды көр.
Атам тас жолдың батыс жағындағы гаулияң алқабына еніп, сүрініп-қабынып келе жатады. Артында – әкем. Қоғадай жапырылған гаулияң сабақтары мен өлеусірей жылтыраған оқ жездерін кешкен күйлерінде, оқтын-оқтын еңкейіп, көлденең жығылған, тік сұлаған, аузы ашылып, тісі ақсиған жасақ мүшелерін түгендеуге кіріседі. Олардың бәрі өлген екен. Атам мен әкем тірі біреуіне кездесіп қаламыз ба деген үмітпен оларды аударып-төңкеріп, қозғай береді. Бірақ, олар түгелімен мерт болған екен.
Әкем мен атамның қолдары қызыл қанға боялады. Аралықта батыс жақта жатқан екі кісіні әкемнің көзі шалады: мылтық ұңғысын тістеген біреуінің желке тұсы құдды бұзылған араның ұясындай быт-шыт болыпты; ал жантая құлаған екіншісінің кеудесіне қадалған қанжар сабы алыстан көзге ұрып тұрады. Атам барып аударып жатқызғанда, әкем олардың аяқтарының сынып, іштерінің жарылғанын байқайды. Қатты күрсінген атам олардың аузындағы мылтықты алып, кеудесіндегі қанжарды суырады.
Әкем атама еріп, іңір қараңғысында өзгеріп, жарқырай түскен тас жолдан өтіп, жолдың шығыс жағындағы сұрапыл оқ қырыққан гаулияң сабағының маңына жеткенде тағы да анда бірі, мұнда бірі құлап жатқан ауылдастарын көреді. Қос қолымен дауыс күшейткішін тас қып құшақтап алған Лиу Дахау әлі сол орнында, кернейін үрлеуге әзір қалпында, жүгінген күйі жатыр екен. Толқып кеткен атам: «Лиу Дахау!» деп айғай салады. Дахау үндемейді. «Көке!» деп дауыстайды әкем де қасына барып. Дауыс күшейткіш сырғып жерге түседі. Еңкейіп қарағанда, кернейші кісінің бетінің тас болып қатып қалғанын аңдайды.
Өзен бойынан ұзап, қатты бүлінбеген гаулияң алқабына жеткенде атам мен әкем ішегі сыртына ақтарылып қалған Фаң Чи мен «Лаулау сы» (құрт төрт) аталып кеткен жасақ жауынгерін (ол туылу реті бойынша төртінші, кішкене кезінде құрт ауруына шалдыққандықтан солай аталатын) тауып алады. «Лаулаусының» қара санына оқ дарып, қан көп аққандықтан, есінен танып қалған екен. Атам қанға боялған саусақтарын оның тұмсығына апарғанда, танауынан ескен болмашы лепті сезеді. Фаң Чидің ішегін ішіне салып, жыртылған жерін гаулияң жапырағымен бітеп, тығындап қояды. Демі әлі үзілмеген ол атам мен әкемді көре сала еріндерін жыбырлатып: «Сардар… мен біттім! Менің қатынымды көрсеңіз… аз-тола ақша беріңіз… басқа күйеуге шығып кетпесін деңіз… менің артымда… егер ол үйден кетсе… Фаң әулетінде шырақ жағушы қалмайды…» дейді. Әкем оның бір жастан асқан ұлы бар екенін білетін. Қатынының сүт тіреген талыстай емшегі сәбиін құнарлы да шырын азықпен қамтамасыз етеуге толығымен жететін.
– Бауырым, мен сені көтеріп алып кетемін, – дейді атам.
Соны айтады да, отыра қалып, Фаң Чидің екі білегін иығына салып, көтереді. Фаң Чи баж ете қалады. Әкем оның кесілген жерін бітеген гаулияң жапырағының түсіп қалғанын, бозғыл ішектерінің тесілген қарнынан буы бұрқырап шығып тұрғанын көреді. Атам Фаң Чиді қайта жерге қояды. Ауырсына ыңыранған Фаң Чи: «Аға… болды… мені қинамаңыз… одан да мені бір оқпен қатыра салыңыз…» – дейді.
Жүгініп отыра қалған атам Фаң Чидің қолын ұстайды.
– Бауырым, мен сені көтеріп Жаң Шіниге апарамын. Жаң мырза сенің жарақатыңды емдеп жазады, – дейді.
– Аға… тезірек… мені қинама… мен енді мал болмаймын…
Атам көзін жұмып, он неше жұлдыз өшіп-жанып, зорға көрініп тұрған тамыздың ақбоз аспанына қарап, ұзақ өкіріп жылайды. Сосын әкеме қарап:
– Ду гуан, сенің құралыңда оқ бар ма? – дейді.
– Бар, – дейді әкем.
Атам әкем лақтырып берген браунікті қағып алып, серіппесін қайырады да, ала көлеңкеде үңіле бір қарап, оқ салатын айланба шығыршығын айландырып қалады.
– Чи інім, сен алаңсыз кете бер… мен барда ешкім талғажаусыз қалмайды. Келін мен ұлды аш қалдырмаймын, – дейді артынан.
Басын изеген Фаң Чи көзін жұмады.
Атам қаруын көтереді. Сол сәт құдды бір тау көтергендей күйге еніп, тұла бойы дірілдеп кетеді.
Көзін ашып алған Фаң Чи:
– Аға… – дейді.
Атам жүзін жылдам ала береді. Наган аузынан лақ еткен бір құшақ от Фаң Чидің жалтыр басын бір сәт нұрлы жарыққа бөлейді. Жартылай жүгініп отырған ол алдыға қарай құлап, ақтарылған ішек-қарнын басып қалады. Әкем адамның ішіне соншама көп ішек сиятынына сене алмай аңырып тұрады.
– Лаулаусы, сен де жолыңа түс. Ерте қайтсаң – тірлік мехнатынан ерте құтыласың! Сосын қайтып келіп, мына шығыстық азғындармен жақсылап айналысасың!
Атам қару таңдайындағы тағы бір оқты ақтық демі ғана қалған Лаулаусының жүрегіне қадайды.
Лаулаусыны да өлтіріп, жақындарын жайратып салған атамның қолындағы құралы сылқ етіп құлап түседі жерге. Білектері өлі жылан құсап былқ-сылқ етіп, қайта көтере алмай қалады.
Қаруды әкем алып, беліне қыстырады. Есі кіресілі-шығасылы болып тұрған атама қарап:
– Әке, үйге қайтайықшы… үйге кетейік… – дейді.
– Кетейік… кетейік … – дейді атам.
Әкем атамды жетектеп өзен жағасындағы биік қырға шыққан соң, теңселе басып батысқа қарай жүріп кетеді. Тамыздың тоғызында жартылай толған ай тік төбеге өрлеп, төгілген салқын нұры әкем мен атамның үстіне жарық түсіріп, терең де ұлы хан мәдениетіне ұқсайтын Мошүй өзенінің бетіне сәуле себеді. Қанды су арбап, рухы тасыған жыланбалықтар өзен бетіне қарғып шығып, бұратылып ойнайды. Сызық-сызық боп тартылған күміс жолақтар ашық айдында алыстап барып, кері қайтады. Өзен бетінен көтерілген сап-салқын көгілдір бу мен гаулияң алқабынан тараған қып-қызыл жылы бу өзен жиегінде тоғысып, біте қайнасып, аржақ-бержағы анық көрінетін бозамық тұманға айналады.
Әкемнің есіне таңсәрі жорыққа аттанған тұстағы сағызша созылып, шудаша шұбатылған қалың тұман түседі. Күн, бір қарағанда, он жылдай ұзақ сезілгенмен, енді бір қарағанда, қас қағымдай тез өткен екен. Әкем тағы сол тұтасқан тұман ішінде анасының өзін жолға шығарып салғанын ойлайды. Жер түбінде қалғандай болған сондағы көрініс кірпік ұшында ғана тұрғандай жақын сезіледі. Әкем, соған қоса, әскерлердің гаулияң атызында көрген көресісін – гранаттың Уаң Уынидің құлағына келіп дәл тигенін, елу неше жасақтың тасжолда қой құмалағындай қаптап көпірге қарай лап қойғанын, үнсіз қылпылдаған өткір пышақ, қан толған оқты көз, әуеде қалықтаған жаудың басы, дұшпанның қатып-семген арық құйрығы… қанат жайған самурықтай өзен қырына шыға келген анасы… қыспа нан… қырмен домалап бара жатқан қыспа нан… құлай жапырылған қызыл гаулияң… құдды бір қаһармандар секілді арт-артынан құлаған қызыл гаулияң… бәрін түгел жадына алады.
Атам ұйқы меңдеп келе жатқан әкемді көтеріп алады. Жараланған білегі мен сау білегі де әкемнің тақымының арасында қалады. Әкемнің ышқырына қыстырулы наганы арқасына батқан атам іштей қатты жайсызданып келе жатады. Бұл наган жоғары білімді, келбеті де келіскен, қатқан арық қара Рын орынбасардың құралы екен. Атам дәл осы қарудың Рын орынбасардың, Фаң Чи мен Лаулаусының жанын алғанын ойлағанда, жек көргені сонша, жексұрын пәлені Мошүй өзеніне лақтырып жібергісі келеді. Соған ниет қылып, шамалы еңкейіп, арқасындағы ұйқыдағы ұлын жоғары қарай сілки көтергенмен, мұнысы жүрегін тырнаған ащы қайғыны сәл жеңілдету үшін жасаған жай әрекет қана болып шығады.
Атам жүре береді. Жүре-жүре аяғының қандай жерді басып келе жатқанын сезуден қалады. Бұл, анығында, жүрсем деген күшті ынтаның жетегінде ұйып қалған ауаның серпіме толқынында қинала жанталасу еді. Есі кіресілі-шығасылы күйде келе жатып бір кезде алдыңғы жақтан талығып жеткен толқын тәрізді шуылды естиді. Басын көтеріп қарағанда, алыстағы өзен жағасынан айдаһар тәрізді ұзаққа созылған иір-қиыр от тізбегін көреді.
Атам тіксіне қарап аз тұрады. Көз алды бірде тұманданап, бірде қайта тұниды. Тұманданған кезде әлгі бір ұзын айдаһар аузын аша айбат шегіп, бұлт үйіріп, боран соқтырып, зорая түскен денесіндегі алтын қабығы тынымсыз сыңғырлап, соған қоса, жел ысқырып, тұман ұйытқып, күн күркіреп, найзағай жарқылдап, бар дыбыс жиыла тоғысып, дүлей дауыл дүние бетін тазалап, сыпырып бара жатқандай болады; ал қарсы алды ашылған тұста, тоқсан тоғыз алау ұстаған неше жүз адам жөңкіліп жүгіріп келе жатқандай хал кешеді. От жарығы алаулап, өзеннің оңтүстік, солтүстігіндегі қалың гаулияңды нұрға бөлейді. Ілгері тараптағы от арт жақтағы адамдарды, ал арт жақтағы от ілгері тараптағы адамдарды мол жарыққа шомылдырады.
Атам арқасындағы әкемді түсіреді. Теңселіп тұрып, бар күшімен:
– Ду гуан! Тез оян! Ауылдастар бізді қарсы алуға келе жатыр… ауылдастар келді… – деп айқайлайды.
Әкем атамның қарлыға шыққан дауысын естиді. Және көзінен жас тамшыларының ыршып кеткенін сезеді.