КӨРҚАУЛАР

КӨРҚАУЛАР

Екі әңгіме

Әбдікерім Мұратов, Қырғыз жазушысы

Зираттың қақпасына салынған темір құлып тас болып қатып қалған екен, екеуі үйінен ала шыққан сіріңкелерінің екі-үш талын алма-кезек жағып отырып, мұзын әупірімдеп ерітіп, сонда да қаңтардың суығын әбден сіңірген темір құлыптың кілтін әрең бұрап, сақырлатып отырып зорға ашты.
Қар бір түнде тізеден жауып тастапты. Мұндайда бамдат намазға келгендердің қарасы да сирек. Ай көмескіленіп барып, жұлдыздар да біртіндеп сөніп, жер беті жарықтана бастады. Атамзамандағыдай көнетоз ағаш есіктер күннің ыстығында сықырлап әзер ашылатын, бұл жолы қар басып қалыпты, екеулеп ағаш күректерімен дарбаза есігінің жан-жағын күреп жалғыз аяқ соқпақ шығарып, зираттың кіреберісіндегі саз балшықтан салынған кепе там жаққа жол ашпақ болды.
Екеуінің бірі – жасырағы Еген, үлкені – Кәміл. Сол жерде көр қазып жүр. Әркім әрқандай айтады: біреулер «мүрдеші» десе, басқалары «қабірші», ендібірі «көр қазғыш» деседі, құрдастары жай ғана «көрқау» деп жібереді. Өздері болса «марқұмдарға жай салып береміз» деп қоя салады, қатарластары жынына тие берсе, «байқа, сенің көріңді аяғыңды соза алмайтындай етіп қазып берем» деп қалжыңдап қояды.
Бұлар негізі үшеу болған, үшеу еді, кеше ғана…

* * *
Кәміл дұрыс ұйықтай алмай, ары-бері аунап, дөңбекшумен болды, бір кезде әйелі: «Дөңбекши бермей, ұйықтамайсыз ба енді, ертең тағы жұмыс шығып қалса, көрдің ішінде ұйықтап қаласыз», – деп қойды. Бүгін түні – осындай берекелі аппақ қар жауып жатқанда кім өлер дейсің деп ойлады Кәміл ішінен.

* * *
Сөйтіп ұйқысыз жатқан түн жарымында – аспанда жұлдыз жамыраған кезде сырттан біреудің үні естілді. Шықса, Миталдың кенже ұлы, «Әкем нашарлап қалды, ағамдар сізді тезірек келсін деп жатыр» деді де, жүгіре жөнелді. Кәміл ішке кіріп, жалаң аяғына калошын іліп, тонын ұйықтағанда киетін жейдесінің үстінен жамыла салып «а, құдайлап» кіріп барса, Митал ағасы созылған бойда кетіп бара жатқан екен. Аяқ-қолын созып, иектерін таңып, иманын үйіргенше тілін кәлимаға келтіруге үлгермей-ақ, бір «ғы-ырқ, ғы-ырқ» етті де, аузынан көк шыбынын ұшырып, балаларын шулатып кете берді.
* * *
Қыздарына, ұлдарына не істеу керектігін, кімге хабар беру қажет екенін айтып, «мен әлгі орналастыратын жерінің қамын жасайын» деп Егенге келіп, екеулеп жұмысты бастап жібергені де осы еді.
* * *
Бұл жер шағын қалашық болғанымен салт-санасы, адамдарының пейіл-ниеті шалғайдағы тұрғындардан аумайды. Әу баста, тіпті, ауыл болатын бұл жер. Бір жылдары Мәскеуден тынбай орыстар келіп, кен тауып, содан қарғыс атқыр сол кенін қаза бастап, топ-тобымен көшіп келген кеншілер төрт қабатты үйлер көтеріп екі жылда шаһар болып шыға келді. Содан ескі зираттан басқа тағы жаңа екеуі пайда болды: бірін «кладбище» деп атап, оған келімсектер қойылды, екіншісіне мұсылмандар жерлене бастады. Қала дүркіреп өскен сайын зираттар да толып, ураннан уланғандардың саны күн сайын артып, жер үстіндегілерден гөрі жер астындағылар саны көбейіп бара жатқанда «жылан да шақпай, жылқы да теппей» әлгі союз дегендері ыдырап, уран қалдықтарын тастап сырттан келгендер жан-жаққа кете бастады. Оларды өкшелей зауыт, фабрика да тоқтаған соң жұмыссыз қалған жергілікті халық та азая берді. Бұрындары көр қазуға сауап болады деп елдің бәрі жабылып шығып, мүрдешілерге арнап көрші-қолаң ыстық тамақтарын алып келіп, бір адамның жатар жерін әп сәтте қазып тастайтын еді. Бара-бара жабылып көмекке келетіндердің аяғы сұйылып, молда «бұл жолы мына көше, келесіде ана көше шықсын» деп міндеттейтін болды, ол да болмай «бұл жолы бәленшенші жылы мектеп бітіргендер, келесі де олардан кейін бітіргендер шықсын» деп кезекке қоятынды шығарды. Ол да болмады. Адамдар анда, мында кетіп қалады екен, ауырып қалады екен, жұмыс істейміз деп ала дорбасын арқалап шет жақтарға тентірейтіндері бар. Кейде көрі дайын болмай, марқұмның жақындары қолдарына күрек алып шыққан кездер де болды. Содан ақылдаса отырып, бір кісілерді табайық, оларға ақысын өлік шыққан үй төлейтін болсын дегенге де ешкімді көндіре алмай, ақыры осы Миталды бір жыл істеп бер деп ептеп көндірген еді.
* * *
Митал зиратқа аяғы тигеннен-ақ жерге жамбасын басып, марқұмдарға арнап құран бағыштап, көр қазу үшін жерге бірінші күрек батырғанда да «біссмілдәсін» айтып, қабірге марқұмды қойып, ел тарағанда да сол жерде жүре береді. Молдалар да, ел де оны жақсы көріп, жақсы мүрдеші тапқанына мәз. Бірақ бір адамның көрін қазуға Миталдың жалғыз өзінің шамасы жетпеді, адамдар өлік шыққан жерден екі-үш баланы жәрдемге жіберіп жүрді. Олар келуін келеді ғой, бірақ кеткенше асығады, қаншасын марқұмдардың қабірінде телефонмен сөйлескені үшін Миталдың өзі қуып шыққан.
Бір жолы екі жігіт келген, «бізді көмекші етіп алыңыз, жұмыс жоқ, бала-шағаны асырау мұң болды» деген жыламсырап. Жарайды деген Митал, жұмыс болса хабар берем деген. Жұмыс болды. Мәскеуде істеп жүрген өрімдей жас жігітті тақырбастар өлтіріп кетіпті. Сүйегі әлі келмеген екен. Көрін дайындай беру керек қой, оны енді Мәскеуге – Қызыл алаңға жерлемейтін шығар, түге. Әлгі екеуін шақырып, қабір қазуды бастап жібереді. Адам бойы шұңқыр қазылғанда Митал сүйек келді ме екен деп хабар алуға марқұмның үйіне бет алады. Ана екеуі қаза бермек. Қайтып келсе сыртқа топырақ шығарылып жатқан жоқ, бітіріп қойды ма, әлде бір жаққа кетіп қалған ба деп ақырын жақындаса, көрдің ішінен дауыс шығады дейді, біреуі «давай, осындай жұмыс бола берсін» десе, екіншісі «көр қазып жүре берейік» дейтін көрінеді. Содан стақандарын сыңқылдатып соғыстырған дыбыс шыққанда қазылған көрдің шетінде тұрған Митал екеуін кесекпен атқылап, қуып шыққан…
***
Кейін оған Кәміл қосылды. Бірінші әйелі толғақ үстінде өліп, есеңгіреп күнде марқұмның қабіріне келіп жүрген кезі болатын, қабір бетіндегі топырақты саусақтарымен езгілеп, мола басында ұзағынан мөлиіп отырып, бір нәрселерді күбірлеп сөйлескен болады. Митал қашан көрсе де осы жерде жүреді де қояды. Бара-бара Миталға септесіп, екеуі бейсауат мал-сал кіріп кетпесін деп зираттың бұзылған қоршауларын жөндеп, жазында адам жүретін соқпақтың үстін басқан шөптерді орады. Келгендердің тізе бүгіп отыруларына ыңғайлы болуы үшін қорымның жиегіндегі теректерді кесіп, жондырып келіп, әр біреуіне алты-жетіден адам сиятын орындықтар жасайды. Екеуі бір-біріне ермек болып қалған-ды.
* * *
Жылдар өте берді. Бір жыл істеп бер деп ақсақалдар әрең көндірген Митал да, әйелінің зиратына күнде келіп жүріп, бара-бара ол молаға баратын жолды есінен шығарып, екінші қатын алып алған Миталдың серігі Кәміл де мүрделерді қарайтын, көр қазатын жұмысын тастап кете алмай қалды. Екеуі де үйіне немесе базар-дүкенге барса да, қала шетіндегі зират көздеріне ыстық көріне береді. Қала берсе бұл жердің ауасы таза, салқын, одан әрі – адырлар, одан әрі тау жалғасады, келген адамның тынысы ашылып, көңіл-күйі көтеріледі. Сол жердегі тапал тамына орындығын, кесесін әкеп қойған, шөлдесе шөп шай демдеп күңкілдесіп, біраз күнде қордаланып қалған сағыныштарын жазып та алады.
* * *
Бір күні бір топ жігіттер келіп, қабірстанды абаттандырамыз, арабтар келіп мешіт салады деп, жолдарға асфальт төсеп, молаға жаңа көр қазып, зиратты қарап жүргені үшін төрт кісіге айлық шығарып берді. «Зиратты осылар сатып алыпты» дегендер де табылды. Сонда көр қазған екеуіне үшінші болып Еген қосылған-ды.
* * *
Еген мен Кәміл қалың қарды қақ жара оңды-солды күреп, тапал тамға жақындай берді…
Екеуінің де он екі мүшесі сыздап, кеуделерін ыза кернеп, бір-біріне қараса өкіріп жылап жіберетіндей жерге үңіле берді, іштеріндегі алай-дүлей бір күш бұлқынып, есесін үйілген аппақ қардан алып, көбік қарды бұрқыратып лақтыра берді…
* * *
Кетпен, күрек, тесе, лом, қайла, қам кірпіш, орындықтарды қоямыз деп осы кепе тамды Митал мен Кәміл салған. Жаздың аптап ыстығында тірі жаннан көмек сұрамай, екеулеп шелектеп су тасып, лай илеп, одан саман кірпіш жасап, олар кепкен соң дуалын қалап, төңіректегі теректерді кесіп әкеліп, адамдардан бір-екі шатыр сұрап жүріп төбесін жауып, бітіріп қойған екен, кейін кетпен-күрегін, шырақтарын, құлпытастарды, ыдыс-аяқты қою былай тұрсын, ыстықта көлеңке іздегендер, суыққа тоңғандар осында жиі бас сұғатын болды.
* * *
Егеннің бұларға қосылғаны да қызық болған. Әкесі жабылып қалған шахтаның бір тесігін тауып алып, көмір қазуды бастаған «апачилермен» ауыз жаласты. Бұрынғының кәнігі кеншісі ғой, көмір қазуға да, жерасты өткелдерінің қыр-сырына да қанық адам ретінде оны серік қылғысы келгендер көп. Бір күні тіреуіштері құлап, төртеуі шахтаның ішінде қалып, оншақтысы қашып шығады. Құтқарушылар келіп төрт-бес күн қазса да, әлгі төртеуіне жете алмайды.
Егеннің әкесінің қабірін қаза беріңдер деген сонда туыстары, молдалар, ақсақалдар ақылдаса отырып. Сол кезде оның әкесінің моласын қазуға Митал мен Кәміл кіріседі. Марқұмның соңғы панасы қазылып жатқанда құтқарушылар әкесін ес-түссіз жатқан жерден аман-есен алып шығады, сөйтсе әр-әр жерде сырттан ауа кіретін тесіктер болады екен, солардың бірін тауып, соның түбіне құлапты. Еген әкесінің аман табылғанына, ауруханаға жеткізілгеніне қуанып, мола қазуды тоқтатыңдар деп барса, көр қазушылар оның қабірін бітіруге таяп қалған екен, «кел, көмектесіп жібер» деген сол кезде Митал маңдайындағы терін, көзіндегі жасын сүртіп, «бұл мола сенің әкеңе бұйырмаған екен, төрт жылдан бері төсек тартып жатқан өз ағамның қайтыс болғанын қазір хабарлады, мен барайын, Кәмілмен мына жұмысты бітіріп қойыңдар» демесі бар ма.
Осылай келе-келе Еген де көр қазып кетті.
Үйленбеген жігіттің көр қазып жүргені көпшілікке оғаш көрінді. Әкесі қолдап шықты. Шешесі ойбайын салды.
* * *
Еген бір күні дүкенге кіре қалса, сыныптастарының үстінен шығады, арақ ішіп есіріп, мылжыңдасып, ерегіске дейін барып қалған. Омар деген серкесі қылжиып қалыпты, оны көре сала: «Көрқау келді, кел, көрқау, біреуін алып кел де, бізбен іш», – деді. Ананы-мынаны айтып тиісе берді. Егеннің арақ ішпейтінін, ешкімге де арақ алып бермейтінін жанындағылар жақсы біледі. Омарға қой десе қоятын түрі жоқ: «Сен, көрқау, мен өлгенде көрімді кеңінен қаз-ей!» – деп қарқ-қарқ күліп қояды тағы.
Бір ай өтті ме, өтпеді ме, қабіршілер Омардың моласын қазды. Марқұмның өсиеті деп Еген көрін кеңірек қазды.
* * *
Егеннің қорқынышы – қазып жатқан жерден шығып қалатын жылан. «Көр қазып жатқанда көрінен жылан шығыпты», «Сүйегін жылан жайлап кетіпті» деген сөздерді бала кезінен ести беріп біржола шошып қалған. Әу баста мола қазғанда ішіне түспей жүрді, ақымына болса Миталды ғана түсіреді, Еген сол жерде қабір опырылып түсіп ішінде қалып қоятындай тіксініп қорқа беретін.
Бір жолы тағы жан түршіктірер оқиға орын алды. Таң бозамық тартқан кезде зиратқа кірсе, бесіктегі бала жылай ма, әлдеқандай да бір жануар шыңғыра ма, не бір адам боздай ма – әйтеуір жан түршіктіретін ащы дауыстар созылып барып күрт үзіледі. Аяқтарынан жан кетіп, денесі қалш-қалш етіп тұра қалды сол жерде. Әріректе Митал ағасы келе жатыр екен. «Аллаға шүкір!» деді ішінен. «Неге бақырайып тұрсың, бастай бермедің бе», – деді Митал жақын келіп. Екеуі кетпен-күрегін көтеріп алып молаларды аралай бастағанда әлгі үндер тағы шықты. «Ақырзаман белгісі, қорқаулар тағы келген екен», – деді Митал түнеріп. «Жүр, – деді Митал қолына күрегіне бекем жабысқан Егенге қарап, – шибөрілер келіпті». Қараса, бес-алты шибөрі бір көрді айналшықтап, ырылдасып бұларға айбат шегеді. Екеуі күректерімен ұрайын деп жақындаса, сәл кері шегінеді де, қайта көрге келіп алады. Құдай жарылқап, сол кезде бұларға Кәміл де қосылды. Ол да бір жағынан күрегін олай-бұлай сілтеп, шибөрілерді жабылып әрең қуып шықты. Қорқаулар бұларға қыр көрсеткендей, артына жалт-жалт қарап қыр асып кетті…
Сол оқиғадан кейін, таңда зиратқа қарай беттегенде үшеуі жолда жолығып, бірге келетін болды…
* * *
Дегенмен, көр қазушылардың жанын қоймағандар, жұмысына таласқандар, жасаған еңбектерін көре алмағандар да табылды.
Басқалар біреудің өлгенін естігеннен-ақ сол жерге барып көрінуге, туыстары болса отын-суына қарайласқанға сүйек шыққан үйге бет алса, бұлар қабірін кешіктіріп алмайық деп тау жақтағы зиратқа кетеді.
Міне, осындай күндердің бірінде – тағы бір ауылдасының жаназасының алдында ескі актив – қазір имамдыққа таласып жүрген күжірейген кексе кісі «молалар жаман қазылып, іші суға толып жатыр» деп әңгіме бастап еді, тағы біреу «қабір жақтан шибөрілердің шыңғырғаны естіледі» деп салды. «Бұған да көрқаулар кінәлі» десті жұрт.
Бір жолы жас жігіт інісімен Қазақстанға жұмыс істеуге кеткен екен, сол жақта інісі көлік апатынан қазаға ұшырапты, оны да осы жерге қояды, сөйтсе әкелерінің үнемі түсіне еніп: «Мен көрімде тік тұрып қалдым, қайта қазып жатқызып қойыңдар» дей беріпті. Имамды, бір-екі туысын ертіп келеді. Содан ырымдарын жасап көрін қайта ашса, шынымен де сүйектің бас жағы тікейіп қалыпты, қайта жатқызып қойыпты дейді.
Тағы бір жолы осылай болып, көрді ашса, өлген әйел кебінін аузына салып алған ба, кебіні аузына тығылып қалыпты, «кебінін жеген» деп оның да кебінін мұқият аузынан шығарып алыпты…
* * *
Бір жолы көр қазып жатқанда Кәміл «мен істемеймін, кетем» деп шықты. Митал жыны келіп, «кетсең – кет» деді де, шығарып салды. Кетуін кетті ғой, ертесі күні қайтып келді. Келді де неге кеткенін айтып берді. Сөйтсе әйелі: «Сіздерді көр сатады деп жатыр, моланы әзірлеп қойып, қаладан басқа жақтағыларға қымбатқа сатады екен деседі» депті. «Тапқан ақшаң қайда?» депті.
Мұның жөні былай болған еді. Бір жолы молда атақты кәсіпкерлердің бірін қала шетінде атып кетіпті, сүйегі осы жаққа қойылады екен, қабірін дайындай беру керек деп келген. Қабірін қаза бастады бұлар. Содан «өлігі жоғалып кетіпті» деген әңгіме шықты. Сөйтсе, бір арық бар екен, бір жағы қалаға, бір жағы ауданға қарайтын. Қаланың милициялары келіп, мәйітті ауданға қараған жағына жылжытып қойыпты, ауданның милициялары келіп өлікті қала жаққа ысырып қояды, «өлік кімдікі» деп милициялар бір мәмілеге келісе алмаған аралықта екі күн өткен. Содан мәйітханада жатып, екі күн сараптамадан өтіп, бас-аяғы бес күнге созылады. Сол арада қаланың басқа жағынан тағы бір өлік шығып, әлгі қабірге соның мәйіті қойылады. Сонда кәсіпкерді де тездетіп жерлеу қажет болып, қабірі бір күнге кешігіп қазылады…
Осыдан әлгі әңгіме шыққан ғой, шамасы.
Үшеуі бір-бірімен қайта тіл табысып, жұмыстарына кіріскен еді сонда…
* * *
Кәміл мен Еген кәкір-шүкір қойылған жатаған тамға да келіп жетті. Тамның аласа есігін ашып екеуі қатар аттады. Бір бұрышына Миталдың кесектері үйілген. Әр марқұмды қабіріне қойып келген соң Митал дуалдан жұдырықтай бір кесек сындырып алып осы бұрышқа жинай береді. Ол кесектердің қашаннан бері жиыла бастағанын білмейді, бұлар келгенде бар еді, Миталдың мұндай әрекетіне тек таңғала қарап қоятын екеуі. Бұрыштағы кесектер біршама үйілген екен. Сол кесектерді көргенде екеуі де іштей мүжіліп, жүректері сыздап отыра қалды.
Кеше бесін шағында Митал екеуін де кезек-кезек кеудесіне қысып, «ал, шаршамаңыздар», «бар болыңыздар», «ертең жауырын қағып амандықпен көріскенше» деп кеткен еді ғой. Енді қара, ол ұстаған күректер тұр, кетпендер тұр, ол салған мына үйшік тұр, тіпті өз қолымен үйген кесектер тұр… Кеудесіне басқан екеуі тұр…
* * *
Біреулер көр қазғандарға арнап тамақ алып келсе, екеуі Миталды ақсақал деп, «төрге сіз өтіңіз» деп тұрушы еді, сөйтсе, «төрге өтіңіз» дегені «көрге өтіңіз» дегендері екен ғой.
* * *
Міне, енді сол серіктерінің көрін кеңінен қазып, «қабіріңе жаратқанның нұры жаусын» деп екеуі қараңғы жерден шықты…
* * *
Сүйек көтеріп келе жатқан бір топ адам көрінді…
* * *
«Әбдімитал әкеміз қандай адам еді» деді балаларының бірі үш қайтара қайталап сұрап. «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді» десті топырақ салуға келгендер. Бұл кісі көрін өзі қазған осы жердегі барлық қабірден де марқұмдардың: «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді», «Жақсы адам еді»… деген үндері естіліп тұрғандай болды.
* * *
Балалары зираттан келіп, үйшікке кетпен-күректерді, орындықтарды қойып біткен соң Кәміл дуалдан жұдырықтай бір кесек сындырып алды да, Митал ағасы жинап кеткен үйіндінің төбесіне абайлап қана қойды…

Жесір жеңгемнің жоқтауы

Біз, майда-шүйделер, үлкен атам мен оның бауырларының балаларының бәрін аба дейтінбіз. Оған қоса, туыстар онша көп емеспіз, бәріміз ескі колхоз құрылған кезде еншілеп берген үй іргесіндегі жерлерге иелік етеміз, сондықтан бір үйдің түтіні басқа үйлерді де аралап кетеді. Жамандық-жақсылығымыз ғана емес, оразадағы арапамыз да, сиырымыз бұзауласа қайнатқан уызымыз да бір. Тандыр салсақ та, киіз бассақ та, ұра ашсақ та, көмір түсірсек те – бәріміз бір кісідей жұмыла қаламыз.
Сол абаларымның бірінің қазасы туралы суық хабар жеткенде, мен Бішкектен Дубайға жол тартпақшы едім. Ауылдағы кәріліктен құлағы бірде естісе, бірде естімейтін әкеме телефон шалсам, «Жолыңнан қалмай бара бер, балам, сен келгеніңмен, абаң тіріліп келе қоймас» деп кесіп айтты. Фирманың шаруаларын бітіргенімше әйелімді де, балаларымды да дем алдырып келейін деп өзіммен бірге алып шыққанмын, өрекпіп алған балаларым қалар емес. Кете бердім. Он екі күн жүріп, Бішкекке келген едік, фирманың иесі – шеф, ұшаққа билет алып қойған екен. Алматыға барып, ол жерден Бангкокқа ұшып кеттік, ары Пхукетке демалыс орындарымен туристерді алып баруға келісім жасап, тағы бір айдай жүріп қалдым.
Сөйтіп туыс абамның қырқы да өтіп кеткен соң, уақыт тауып, ертемен ұшаққа билет алдым да, сол күні намазшамда қайтатын болып ауылға қарай жол тарттым.
Тоқсанға иек артқан әкем мен анамның алдына әкелген базарлығымды тастап, нан ауыз тиіп, бір көрініп кетейін деп марқұм абамның үйі жағына бет алдым.
Жеңгем жалғыз өзі қораның төбесіне қара қағаз жайып жатқан екен, мені көзі шалғаннан-ақ, сатының екі баспалдағын бірден аттап желдей ұшып түсті де, лай-лай болған көйлегі және қолдарымен жүгірген бойда үйіне сүңгіп кетті.
Мына жеңгеме не көрінген? Маған көңіл айтуға кеш келді деп ренжіп, есігін тарс жауып алмасын деген ой сап етті. Бекер обалы не, мен бұл үйге қанша рет келсем де, сонша рет екі бетімнен сүйіп, айналып-толғанып, садағам болып тосып алушы еді. Бұл жолы…
Сол арада үй ішінен жеңгемнің маған етене таныс, бек таныс дауысы естілді:
Мамықтай болған қар бетінде,
Қып-қызыл болып-аай қан жатад.
Қияға жетпе-еей құлаған,
Қайраным-аай, көрде жай жатад…
Мен сонда ғана жеңгем менен бұрын кіріп, құран оқытуға келгендерді, сыртқа шықпай, үйдің ішінде жоқтауын зарлатып қарсы алатын байырғы салтты сақтап отырғанын түсіндім. Қара орамал, көк көйлек киген жеңгемнің бұл кейпі маған өте оғаш көрінді.
Басқадан күтсем де, осы жеңгемнен күйеуінің қазасына осыншалықты күйініп, осындай зарлы жоқтау айтады екен деп күтпегенім рас. Аузым ашылып қалды.
Ақырын басып, жеңгеме жақын таянып, жоқтауын тоқтатса, құран бағыштайын деп тұрып қалдым. Жеңгем жоқтауын тоқтатар емес. Қайта одан әрі үдетіп, мұңды дауысымен мені одан сайын таңғалдыра жоқтауын аңырата берді.
Ақша бір қардың бетінде,
Алшадай болып-оой қан жатад.
Асуға жетпе-еей адасқан,
Асылым, көрде-еей жай жатад…
Жеңгемнен мұндай жоқтау күткен емеспін дегенімнің де себебі бар. Ол кезде жеңгем Фрунзеде – женпиде, музыкалық факультетте оқыған екен. Әбден жақсы оқыпты, кейін альбомынан көптеген суреттерді көрсеткен, курстастарының ішінен танымал әншілер, тіпті халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер де шығыпты. Солардың суреттерін альбомнан ашып көрсетіп жатып үнемі ауыр күрсініп қоятын. Суреттердің арасында әскери киім киген бір жігіттің де суреті болатын, оған ерекше бір сүйіспеншілікпен қарайтын еді. Кейін әлгі альбом абамның қолына түсті де, абам оны тандырда лаулап жанып жатқан темекі паясының арасына паршалап тастап жіберген. Сол кезде мен қарап тұрған едім. Үйленгенімен әлі балалы бола қойған жоқ еді. Абам әдеттегідей, апам айтпақшы «атауын ішіп келіп» тандырға от жағып күйбеңдеп жатқан жеңгемнің қолынан көсеуін жұлып алып, әй-шәй жоқ, арқасынан қойып қалды. Байғұс келіншек қорыққанынан үрейі ұшып қалшиып тұрып қалған еді, лай жағылған шәпкісін басынан жұлып алып, «ее, Таластағыңды сағындың ба» деп, келеке ете бастады. Мен қаршадай баламын. Нан илеп жатқан абамның анасына жүгіріп бардым. Келініне жаны ашыған қайын енесі қамыр қолымен атып шыққанда, баласы анасын да көзге ілмей, «Бұл жалап, таластық жігітін сағыныпты» деп тағы тап бергенде анасы араша түсе қалып, жеңгеме ымдағаны сол еді, жеңгем біздің үйге қарай безе жөнелді…
…Сол жеңгем сол күйеуіне арнап қазір менің алдымда жоқтау айтып отыр.
Жеңгемнің дауысы өте жағымды екен. Бірақ абам оған бір мәрте де ән айттырмады. Адамдардың айтуынша, ауылымыздың басында тұратын әкесі де, анасы да жақсы ән салады екен. Қызы да мектепте ән-хор үйірмелеріне, байқау-сынақтарға қатысып, ойын-сауықтан шет қалмаған. Фрунзеге дейін ән шырқап барып, теледидарға да шыққанын ауылдықтар тамсана айтып жүретін. Сол жақта дауысын бір танымал әнші ұнатып, женпедке түсуіне ұсыныс жасап, содан оқуға қабылданған көрінеді. Таластық бір әскери жігітпен танысып, хат алысып, бір-екі жолы «Ала-Тауға» киноға барған, оның бәрі ауылға басқаша жетіп, қаңқу сөзге айналып, содан үшінші курсын бітіріп, демалысқа келгенде ата-анасы, туыстары оқуға жібермей, осы абама ықтиярсыз тұрмысқа берген-ді.
Бір жолы мектептен келіп, анамды іздеп абамдардың үйіне барсам, үй ішінде жаңа түскен әлгі жеңгем жалғыз отыр екен. Жылаған сияқты. Көздері қызарып кетіпті. Менің тысырымды естіп қойса керек, орнынан атып тұрып, қолындағы альбомын жүктің арасына тыға салды. Мен болсам оны байқап қалдым да, өзімді ыңғайсыз сезініп, табалдырықтан не ішке аттай алмай, не артқа шегіне алмай мелшиіп тұрып қалдым.
– Кел, келе ғой, атың кім?
– Мыйзам!
– Мені енді «жеңге» де, ал мен сені «әлгі бала» деп тергейін. – Көптен бері жиналып қалған қайғысын өзінен сілкіп тастағандай бір сәтте жадырап шыға келді.
Содан тағы әлдекімнен қорыққандай жүкке тығып тастаған сурет альбомын алып, маған әр парағындағы суреттер жайлы баяндай бастады.
Осыдан кейін мен жеңгем үшін «әлгі бала» болдым да, жеңгем мен үшін жақын адамға айналды.
Арада сырғып ағып беймаза жылдар өтіп, жаратқан арттарыңда тұяқ қалсын деп абам мен жеңгеме төрт бала, маған екі бала берді.
Міне, енді жеңгем жоқтауын тоқтатпай, жанында «әлгі баласы» жеңгесінің арманды жоқтауының аяқталуын күтіп отыр.
Беренім, бес түлек құстай ұшушы едің-еей…
Бүркітім, сен адамзаттың асылы едің-еей…
«Әлгі бала»,
Белінен сынып бес түлек-еей,
Бүрісіп өлді бүркітім,
Бүркітімнен айырылып,
«Әлгі бала»,
Оой, менің келмеске кетті-еей, ай-күнім… ах, ей…
Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Қайдағы берен, қайдағы бүркіт? Өмір бойы әңгір таяқтың астында алқаш күйеудің азабын тартып, бар өмірі зая болған, беттері әжім-әжім, белі иілген, аяғын сүйреп басқан ақ шашты жеңгем осылай жоқтауын жырлап отыр. Күйеуі олай-бұлай боп кеткен жағдайда жоқтау айтпақ түгіл, бір күн де қара киіп аза тұтпайтын шығар деп ойлаушы едім, жеңгемнің абамнан көрген қорлығын есіме алған сайын.
Сырттан абам мен жеңгемнің үлкен ұлы келіп жаныма отырғанын байқамай да қалған екем. Қарасам – әлі отыр, қолын ұсынып, ыржиып қояды.
Ой, осы бала азап тартты. Өзі ғана тартпай, анасын да өмір бойы азапқа салып келеді. Бара жатқан жерінде құлап, беті-басы қанап, аузынан ақ көбік ағып жатып қалады. Оң қолы, оң аяғы қимылсыз, тамақты сол қолымен жалмап жегенде он күннен бері аш қалған ба деп адам шошиды.
…Бір жолы кешкі дастарқан жайылып тамаққа енді отырып жатқан едік, есік сарт етіп ашылып, ойбайлап жылап-еңіреген жеңгем кіріп келді. Артынан абам есіктен кіре сала, ішінен теуіп-теуіп жіберді. Әкем орнынан атып тұрып, абамның желкесінен бір қойды:
– Есек! Адам емес – ит! Аяғы ауыр әйелге көтерген қолың сынсын! Аяғың үзіліп түссін! – Әкемнің мұндай қаһарға мінуін бірінші рет көруім.
Мас абам, ашуы басылды ма, артына шалт бұрылып, жеңгеме қарап:
– Екінші үйге келсең, соямын! Ұқтың ба, соямын!? Шешеңді!.. – деп шығып кетті.
Тамағымыз жайына қалды. Әкемнің жүрек талмасы ұстап, анам біресе әкеме дәрісін беріп, біресе жеңгеме бірдемелерді ішкізіп, көгерген құрсағына май сылап, үйіміз бір заматта тозаққа айналды.
Ертеңіне жеңгемді доқтырға алып кеткен апам, бесінге жетпей келіп қалды, көңілсіз ғана кірді: «Босанды», – деді. Маған қарап: «Ешкімге айтпа, туыстарына сүйіншілемей-ақ қой», – дегенін жай айтты. Ал маған жеңгем болса: «Әлгі бала, мен ұл туамын, түсімде аян берді, мен босанғанда төркініме өзің барып сүйіншіңді ал, сүйіншіңе тай мінгізеді», – деуші еді. Не қыларымды білмей отырып қалғанмын сонда…
Сол бала – осы. Шала туылып, шала бала болып, шала адам болып, қазір екі күннің бірінде талмасы ұстап, беті-басы тілім-тілім болып жүр. Абамның тепкісінен осындай боп қалғанын мен білемін, әкем мен анам біледі, ал жеңгем білсе де, абама бір ауыз кінә артқанын естімедік те, білмедік те.
Жеңгемнің жоқтауының тоқтайтын түрі жоқ. Тұңғышы да тұнжырап ұйып тыңдап, көзіне жас алғандай болды.
Сен барда мен қырда бір тұрған қырандай-еей,
Сен барда мен шоқыда бір тұрған ұлардай-еей,
Шаңқылдасам үнім жарасқан-еей,
Ақ мүйіздім, керілген-аай,
Сәні едің ғой,елімнің-аай,
Шахзададай келбеттім-аай,
Шаттығы едің сауықтың-еей…
Жеңгемнің «Сәні едің елімнің», «Шаттығы едің сауықтың» дегені мені таңғалдырды да, бір оқиға, өзегімді өртегендей, тап бүгінгідей көз алдыма келе қалды.
…Кино көріп отырғанбыз. Үнді киносы болған сияқты. Ондай киноға ол кезде бүкіл ауыл көшіп барушы еді. Жаңылмасам, «Зита мен Гита» ма еді? Иә, сол кино! Көпшілік ағыл-тегіл жылап отыр. Біз, балалар, орын жоқ, алдыда малдас құрып отырып алғанбыз.
Бір кезде айғай-шу бола қалды да, әйелдер шыңғырып, киномеханик залдың жарығын қосып қалды. Қарасам, – абам! Қолында пышақ. Көйлегі жоқ, дамбалшаң.
– Енеңді ұрайын! Көрсетем ұйықтатып қашқанды! Ұйықтамаймын мен! Жалап! Сволыш! – Осындай естіген құлаққа түрпідей тиетін боғауыз, ұят сөздерді жаудырып, пышағын әркімге бір жалаңдатып сілтей берді.
Залдағылар тым-тырақай қашып шықты. Балалар бір бұрышқа тығылдық. Жеңгем жата қалған еді, күйеуі оған төніп барып тепкілеп, пышақ сілтей бергенде құлындағы дауысы құраққа шықты. Абамның әкемнен басқа ешкімге бас имейтінін білген жүздей адамнан, ол түгіл ауылдың атаманымыз, жындысымыз, спортшысымыз дегендерден біреуі де оған жақындамады. Жасырақ кезінде әкем ғана оған құрық тастап, өзі айтқандай «арқасы бар, арақ емес жын ішкен қып-қызыл жынды» інісін ептеп ауыздықтап алушы еді. Біреу сол әкемді шақыруға кеткен екен, ол келгенге дейін екі милиционер де кіріп келіп, абамды күшпен ұстап тұрды.
– Қамаңыздар, жындыны! Болды! Жетті! Тойдырып жіберді! – деді де, әкем абама қарамай теріс бұрылып шығып кетіп қалды.
Жер болған жеңгемді болса інілері қанға боялған күйінде бір көлікке көтеріп апарып отырғызды.
Сол оқиғадан кейін жеңгемнің не концертке, не киноға барғанын, не ел қатарлы тойға барғанын көре алмадым. Базарға барса да керек-жарағын дереу алып, барған автобусымен кері кетіп қалатын.
Абамның кинодағы «киносынан» соң екі күн өткенде ме, яки үш күн өткенде ме, әкемнің анама мынадай дегенін құлағым шалып қалды: «Анау келінің өзін аямаған неме екен. Он бес сөткеге қаматып көрейін деген едім. Арыз жазбай қойды. Пышақты ол сұққан жоқ деп өтіріп айтып, милисаханаға өзі барып, жындыны өзі шығарып алыпты».
Рас, содан кейін абам біраз ішпей жүрді. Үйін сылап, бау-бақшасына қарап, анам айтқандай, «адам болып қалды». Адамдығы екі айдан аспады. Ауылда бір той болып, сол жерге сығалап барып, арақ сұрап ішіп, тойдың тоз-топалаңын шығарып, отырыстағы жігіттерден тойғанынша жұдырық жеп, өлімші болып бір арыққа құлап жатқан екен, жеңгем таң сәріде «өлген жерінен тірілтіп» алып келген.
Енді сол жеңгемнің созылған жоқтауы ауылды аралап барады:
Бозарған таудың түбінде-еей,
Бозарған тамға қамалдың-аау…
Қайырылмай кеткен алтыным-аай,
Боздамай қалай қалайын-әәй…
– Жеңге, қойыңыз енді, сабыр етейік. Тоқтай тұрыңызшы, – дедім шыдамым таусылып, ішім сыздап.
– Апа, – деді ұлы да, – әкемді қинамаңызшы, тыныш жатсын. – Болды! Өзіңізді ұстаңыз?
Елдің бәрі «орашолақ», «тоқсан тоғыз», «жарымес», «бір шаригі кем» деп кемсітіп ат қойып алған, өзінің аты Рысбай екенін ешкім де білмеген баланың ақыл-есі бар адамдай есті сөз айтқанына ішім жыли түсіп, енді жеңгем жоқтауын тоқтатар деген оймен құран оқуға ыңғайлана бастадым.
Жеңгем маған бір қарап алды да, тізесін қатты құшақтаған күйде жоқтауын тағы соза берді.
«Әлгі бала»,
Зарлаған үнім басылар ма-аай,
«Әлгі бала»,
Ақ мүйізде асылдым-еей,
«Әлгі бала»,
Жоқтасам қайтып табармын ба,
«Әлгі бала»,
Абаңдай болған асылымды-еей…
Жеңгем әлі де жоқтауын жалғастырып, әлі де жүректі езуде. Тоқтайтын түрі жоқ.
…Өмір бақи естен кетпестей болған күн де сол абам мен жеңгеме байланысты. Ол кезде ержетіп қалған кезім, ата-анамнан өзімше бөлініп, аулада – жүзім бұталары салбырап төгіліп тұрған тапшанның үстінде аспанға қарап, қолымды көрпенің ішіне тығып, жалғыз жатқаныма риза кезім. Балалармен әлдеқайдан, анам айтқандай, «қаңғып келіп ұры мысықтай бұғып» жатып қалғам. Қала берсе бүкіл үйдің, қора-қопсының сол күнгі жалғыз иесі мен, бәрі жайлауға кеткен. Кетерде анам: «Бәленшенің баласы бойдақ болғаннан бері көшені бермей қалды» деп елдің кебін кимей, ерте келіп ерте жатып тұр. Мынау анамның жасауыма қосып берген мақпал көрпесі. Ауыр, өте жылы, таң атарда сыртта суық болады», – деп ешқашан, ешкімге салынбаған көрпені алдыма тастады. Соны жамылдым. Аспандағы жұлдыздарға қарап, сыныптас қыздарды әлсін-әлі көз алдымнан өткізіп ұйықтай алмай дөңбекшіп жатқанмын, бір кезде дарбаза «шиқ» етіп ашылғандай болды. Қорқып, жастықтан бас көтерсем – жеңгем! «Қорықпаңыз, әлгі бала», – деді де, жаныма келіп тұрып қалды. Жатқан жерінен ақшыл іш көйлекшең күйінде қашып шыққандай. Сол екен, қас-қағым сәтте абамның балағаттанғаны, дарбазаның кіші есігін бар пәрменінше тарсылдатқаны естіліп, ізінше жұлқынып кіріп келе жатқанын көрдім. Дәл сол сәтте мен ештеңені байқамай да қалдым – жеңгем жоқ, көзді ашып-жұмғанша ізім-ғайым. Содан аяқ жағым қыбырлағанда барып жеңгемнің сол жақта өрекпіп, демін ішіне алып, болар-болмас қана дем шығарып жатқанын сездім…
Абам бізді көрмеді. Бөлмелерді кезек-кезек ашып, балағаттанып, есік-терезелерді, ыдыс-аяқты сындырып, аласұрып жынданып жатқанын жеңгем екеуіміз іштей біліп жаттық.
Жеңгемді таппағанына аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, «енеңділеп», «өлтірем» деп, «қаныңды ішем» деп, өзін-өзі тоқтатата алмай ауладағы көзіне түскен, қолына ілінгеннің бәрін лақтырып жүріп, бір кезде тапшанға жақын келіп, менің көрпемді сыпырып тастамақшы болып оқтала берген еді, неге екені белгісіз үстімдегі, анығы, үстіміздегі қалың мақпал көрпе сыдырылмай қойды. Содан маған айғайлай жөнелді:
– Енеңді ұрайын, ержетіп қалғанға ұқсайсың!? Қайда жалап жеңгең?
Мен орнымнан атып тұрып, еш нәрсеге қарамай ашу қысып, абамды иектің астынан бір қойып, сұлатып тастамақшы болдым. Мас қой, бір ұрсаң өзі-ақ жалпасынан түсер еді. Енді бұлқынып тұрайын десем, аяғым тартылмайды. Көрпемнің ішінде жеңгем санымнан тас қылып құшақтап жібермей жатқанын сездім. Ашу-ызамды да, қимылымды да іштен де, сырттан да бір күш тоқтатып қалғандай жансызданып қалдым.
Абам жеңгемді таппай, балағаттаған бойда ауладан шығып кетті.
Көрпемнің астында жеңгемнің өксіп-өксіп жылағаны, қалтырап-дірілдеген қолдарымен аяқтарымды әлі де жібермей жабысып алғаны маған басқаша бір жанашырлық, жылулық сезімін алып келді…
– Оқыңыз, аба, оқи беріңіз? – деді бір кезде анасының жоқтауы тоқтамайтынын білген тұңғышы.
Мен құранның қысқа сүресін дауысымды жай шығарып, іштен күңгірлетіп оқи бастағанымда, жеңгем жоқтауын күрт тоқтата салды. Оқып болып екі қолыммен бетімді сипаған соң, салт бойынша: «Пенделік екен. Абам жақсы кісі еді, жаны жаннатта болсын», – деуім керек еді. Аузыма сол бір ауыз сөз түспей-ақ қойды. Өтірік көлгірси алмадым. Жоқ дегенде марқұмның алдындағы соңғы парызымды атқаруға ішімнен бір күш пе, кек пе, реніш пе – әйтеуір бір нәрсе жібермей, әлгі сөздерді айттырмай, аузымды жауып тастағандай күй кештім.
– Не болды, «әлгі бала», мені абаңа жоқтау айтып, қайғыра алмайды дедің бе? – Ауыр үнсіздікті жеңгем бұзды. Менің басымдағы ойды оқып қойғандай тап басып айтты. Үндемедім. Үндегенде не деймін. – Әкесінен қашып, балалардың бәрі тентіреп кетті. Байғұсымның жаназасына әрқайсысы бір сылтау айтып, ешбірі де қараларын көрсетпеді. Құран оқытып қой деп ақша салып жіберіпті. Ақшаларының керегі не маған? Өздері керек!.. Келмеді. Мына балам екеуіміз ғана қалдық, – деді жанымызда бір тізерлеп отырған үлкен баласын көрсетіп, – осы ұлымды ептеп үйлендіріп алсам, әкесінің қара шаңырағына ие болып қалса, мен де абаңның жанына кетер едім…
Небір-небір алқалы жиындарда, небір-небір бизнес-форумдарда, халықпен кездесулерде сандуғаштай сайрағаныммен, жеңгемнің алдында тілім байланып, бір сөз айта алмай отырғаныма өзімді-өзім жек көріп кеттім.
– «Әлгі бала», шыж-быж жасап жіберейін? – деп жеңгем орнынан қозғалмақшы еді, мен:
– Жеңге, әуре болмаңыз, қазір қайтадан әуежайға жетуім керек, – дедім.
– Неге мұнша асығып?
– Жұмыс қой, жеңге.
– Арнайы абаңызға келдіңіз бе? Келмей-ақ қою керек еді. Молдалар да арақтан өлгенге жаназа бұйырмайды деп, жаназаға келмей қойды, басқа ауылдан молда алдырдым емес пе…
Бұл жайында аз ғана хабарым бар еді. Бір ауылдасым айтып берген. Әдейі мені көзіме шұқығысы келіп айтқан.
Енді тұрайын деп жатсам, жеңгем байқап қалып, ұлына:
– Абаңа нан алып кел, ауыз тисін! – деді.
Ол маған бір бүтін нанды қолтығына қысып алып келе жатқан-ды. Екі қадамдай қалғанда бірдеме дегендей болды да, кенет шалқасынан құлап, беті-аузы қалтырап-дірілдеп, аузынан аппақ көбік ағып, екі аяғымен аспанды тепкілеп жата қалды. Мен шошып кеттім. Денем тітіркеніп, жүрегім зырқ ете түсіп, аузыма тығылды. Анасы оның үстінде бәйек бола қалды да, маған жалынышты қарап:
– Біз өзіміз, «әлгі бала»… Сіз бара беріңіз… Жұмыстан қалмаңыз… – деді.
Мен асыққан бойда жолға шықтым…
Жол бойы құлағымнан жеңгемнің жоқтауы кетпей, жаңғырып естіле берді… естіле берді…

Пікір қалдыру