Мырзан КЕНЖЕБАЙ. БIЛМЕЙДI ПЕНДЕ БАСЫНА ТҮСПЕЙ БҰЛ КҮЙДI

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

 

АЙДЫҢ ӨЗІ ЖЫЛАП ТҰРЫП ЖҰБАТТЫ
(кенжем Әбді-Нәжімге ғұмырнамалық өсиет)

Жібімеді-ау, – деп жүргенде, – бұл жалған,
Алла берген Ай да болған –
Күн болған
Әбді-Нәжім! Жарығым-ау
тыңдап ал,
Әкең қандай күн өткерген?
Кім болған?

Қозғаса да қай қуаныш, қай шерін,
Әкең ешбір сөз айтпайды
«жәй», «тегін»;
Сенің жиырма беске толған күніңе
Жете алмайтын сияқтымын, қайтемін?!

Бұл заманның көтере
алмай салмағын,
Жабырқасаң, жанашырсыз
жан-жағың.
Мен өлгенде сен нешеге келеді деп,
Білгім келеді қанша күнім алғанын.

Алла, оңғарып тағдыры мен алабын,
Ержеткенін көрсеткей –
деп баламның,
Оңашада анаң жоқта, сен жоқта
Көз жасымды төгіп-төгіп аламын.

Татпасам да тірліктің бал, шекерін,
Сен ержеткен шаққа
мүмкін жетерім,
Сені ойлап сенделемін, бұл дүние
Білгендіктен рахымсыз екенін.

Мен кеткесін тек Алла жар десем де,
Уайымның у-батпағын кешем кеп…
«Жарығым-ай, біреулерден
таяқ жеп,
Зәбір көріп, жылап жүрсе
нетем?» – деп.

Сонау сәби кезімнен-ақ кекілді
Өмір маған өгей шеше секілді…
Құшақтар дос, не пышақтар
дұшпан жоқ,
Жалғыздық жеп келеді
жүрек-жетімді.

Жоқ дұшпанды кейде
«өзім сұрап ап»
Жіберсем де жүз қателік, мың ағат,
Арбалмадым, сандалмадым
табам деп,
Байлық деген салдақыны қуалап.

Жылу көрмей дүние
жалған-жарықтан,
Жылап тұрған сәби көрсе қамыққан
жаным солғын күзгі раушан секілді
Тұман жапқан жарты
әлемдей жабыққан.
Арсыздығы алға түскен арындап,
Замандаспен мекенім – бір,
жаным – жат,
Күзгі аспаны сұп-сұр, жері –
боз қырау,
Тұлабойым – уайым толы табиғат.

Күнболғаным!
Тыңдап алшы күнім-ай,
Мен қайтейін бұралқы
иттей ұлымай?!
Алақтадым «Кінәм не?» – деп,
Жат түгіл
Ең жақыным жүргенде іші жылымай.

Көз алдымда керуен-өмір көсіліп,
Үзілгенде үздіктірген бос үміт,
Өлең жазып күбірледім,
Көз жасым
Шыныаяқта шараппенен қосылып.

Аз дегендей маған түскен сынақты
Ақ жүрекпен сүйгендерім жылатты,
Бұлттар аяп, маған қарап күрсініп,
Айдың өзі жылап тұрып жұбатты.

Күн болғаным! Ақылдым да көріктім!
Есі барым, әрі ерке еріктім!
Жер бетінде мені ұнатқан ешкім жоқ,
Көп адамға көрі жоқ бір өлікпін.

«Осы өмірдің бар ма, –
деп те – керегі?»
Жабырқаған сәтте жанның желегі,
Шағым айтып марқұм әке-шешеме
Әлі еңіреп құшақтағым келеді.

Болса-дағы еш мұқтажы жоқ мейлі,
Адам күллі арманымен көктейді.
Жету үшін мендік биік арманға
Жүз адамның ғұмыры да жетпейді.

Бақыт деген кімге – сүйеу, кімге-сын,
Бар болса сол бірде – өтірік,
бірде – шын,
Өлмей келем,
Қайғы деген досыммен,
Өрлігім де қатар өмір сүргесін.

«Жоқ болғасын
кескін-келбет, дерегі,
Сол бақыттың бар ма, –
десем, – керегі?»
Қайғы әумесер бөркін теріс киіп ап,
Құрдасымдай қылжақтаумен келеді.
Жаратқасын ойы еркін адам ғып,
Келмей ешбір қалыбына қамалғым,
Ұясына у құйғым кеп тұрады,
Өрісі кең, пейілі тар заманның.

Әкең емес бірге жылап, бір күлген…
Өмір сайқал бір күн өзге бір күннен!
Балам, менен өрлікті үйрен,
Қалғанын
Не болса да үйрен заман-түлкіңнен.
20.08.2008 ж.

ЕЛІККӨЗ ҚАЛҚАМ ЕТЕГІН СЫҚҚАН ЖАҒАЛАУ…
(НЕМЕСЕ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ШАЛДЫҢ МОНОЛОГЫ)

Шарайна көлге шапағын
төгiп шартас күн,
Жүйткидi сәуле жүзiндей
аппақ алмастың,
Албырт бір қыздай алқынып
жеткен ақ толқын.
Етегiн сүйді емiренiп
төнген жартастың.

Сағынып келген сағымызды
сірә, сындырмай, Қарсы алар еді тораңғысы
тұнған тұнжыр сай,
Сол сайды құлдап құладын
торғай торып жүр,
Ажалы әр сәт дап-даяр
дүние құрғырды-ай!

Мұңая шолып илеуге толы ылдиды,
Қартайған қыран жақпарда
жалғыз мүлгидi.
Берерiм белде,
Аларым алда деп жүрiп,
Бiлмейдi пенде басына
түспей бұл күйдi.

Болар бұл, мүмкiн, орынсыз
әлде орынды,
Билеп бір тұрса беткейге
тұнған тобылғы,
«Тобылғы күрең сұлуды…
сөйтпей…» деген жыр
Есiңе түсiп, құлшынтар құрғыр көңiлдi.
«Шомылдық бiраз,
бүгiнге осы жарар бек,
Көлденең бiреу көз
сүзiп көрiп қалар» деп,
Елiккөз қалқам етегiн сыққан
сонау тұс,
Дариға-ай, тағы екеуiмiз
бiрге барар ма ек.

Ой, дүние-ай, бәрi бүгiнде
өтiрiк, бекердей,
Көмулі көңілім мертiгiп
қалған мешелдей.
Сен келіп қазір жарқ етсең,
мына жағалау,
Селк етіп кенет тіл бітіп
сөйлеп кетердей.

– Қой, кеттім үйге, жабыға
беру жарамас,
Жоқ енді ол шақ, ішіп те,
ішпей шала мас, – деп едім,
– Мырзан, мен бармын, тоқта, тоқта, – деп,
Қамығып қарап тұр
екен құрдас қараған.

ЕСКЕРТКIШ
(тағы да Батихаға)

Есіміңді жырмен қашадым,
Болсын деп мәлім баршаға!
Жердегі ғұмыр сапарым
Таусылуға жақын қалса да

Батиха – жырды бұлай ғып,
Жаза алмас ешбір жай тегін:
Тек маған ғана лайық
Перизат едің, қайтейін!

Киесі кеткен көктемде
Сарғалдақ үміт сөнді де
Әкетті сені жат пенде,
Тірідей мені көмді де.

Өкінішке толы бір ағын
Кеміріп тәнді білінбей,
Ән салсам, даусым шығады
Ұлыған иттің үніндей.
Күй шертсем шығып оңаша,
Жаза алмай шерден басқа өлең,
Бұлақтар жылап балаша,
Күрсінді таулар таскерең.

Сені айтып жұртқа тыңдаған,
Шертсем де жанның қай шерін,
Кінәнің бәрін, бір ғана
Өзіме арттым, қайтемін?!

Санамда сені сақтадым,
Болғасын басқа жолдасым…
Қайтейін жазмыш-патшаның
Бұйрығы солай болғасын.

Жайдарман көңіл жат маған,
Болғасын өмір өкпе кіл.
Алтынмен атыңды аптаған,
Жыр жазуменен өтті өмір.

Есімді алған елес пе ең,
Жердегі жалқы, көріктім?!
Тек тірі жүр ғой демесең,
Сен кеткен күннен өлікпін.

БРОДВЕЙ

Сонау 70-ші жылдары әлде тағдыр ісі ме, әлде қоғамдағы әділетсіздік пе, әлде жас-шақтың албырттығы ма, әйтеуір қазақ жігіттерінің үлкен бір тобы не оқуда, не жұмыста жоқ қазіргі Абылайхан және Қабанбай көшелерінің қиы­лысында­ғы ТЮЗ-дың (Жасөспірімдер театры) алдында сен­де­ліп жүре­тінбіз. Бұл маңай «Бродвей», «брод» деп аталатын.

Есіме алсам түскенде шашқа қырау,
Бродвей! Жабырқау жас шағым-ау,
Жас шағымды ит тартқан
терідей қып.
Бродвей, өзіңе тастадым-ау!

«ЦК-деген мыстан ба, жылан ба еді,
Өлгенім-ақ жақсы еді-ау
бұдан гөрі, –
деп жылайтын ішіп-ап
Әлиасқар,–
қазағым-ау, елім-ау, кінәм не еді?»
Менің-дағы өшіріп өрлігімді,
Жолдас қылдың жаныма
сорды, мұңды.
қазаққа арман қуып келген талай
Алматы-ай,
көрсеттің-ау қорлығыңды.

Алматым деп білсем де өтерімді,
Біле алмай-ақ мұнда кім екенімді,
Қалың қазақ ішінде қаңғып жүрдім,
«Бродвей» деп атап мекенімді.

Жастық шақтың жүрсем де
әнін жаттап,
Қоғамыма – қаным қас,
жаным – батпақ,
Ұрғым келіп тұрады адамдарды
Ақшасын ап болғасын арымды аттап.

Тойғызбақ боп құлқын мен
қарынды ашқан,
Ақша сұрап ініден, қарындастан,
Берсе – қолдан, бермесе –
жолдан алам,
Оңашада онша көп жалынбастан.

«Ораза ашып» табылса шараппенен,
Онша ісім болмайды тамақпенен.
«Қарғыс атсын, Алматы, –
дедік кейде, –
Келіп ек деп, – Үмітпен,
Талаппенен»

Тең келер жан жоқ еді күшімізге,
Милиция, соттың жоқ ісі бізде,
Үйсіз-күйсіз кіл қазақ – қаңғыбасы
Боксшы да, палуан да – ішімізде.

«Бақыт құсы желпімей нұр қанатын,
Жөнін жоқ, – деп, –
еліңе бұлданатын»
«Бродяга – Бродвей» ортасында
Өлең оқып тұрады Мырзан ақын!

«Орыс бізбен шынымен
сыйлас па екен?
Қаңғыбастық – қазаққа
мирас па екен?
«Бродвейде» мына біз
не істеп жүрміз,
Не істеп отыр, –
деп ұрысам Димаш көкем?»

Тоқетерін түсінбей тәмәм жайдің,
Тағдырым мен
Тәңірімді жамандаймын…Есіме алсам егілем «Бродвейді»
Қазір маңы Абылай
мен Қабанбайдың.

– Тек қазақтан басқаға
бәрі жақ па, –
деп әндетіп еңіреп, аңырап та,
Әлі жүр-ау көп Мырзан
«Бродвейді»
Алмастырып
«Бақай» мен «Шаңыраққа».
25.02.2011 ж.

ҚҰМАРЛЫҚ

Қақсап бір қасаң, қанжылым әнді,
Жүйкеңді жеумен қайта да қайта,
Жүрекке көмген жаңғырықтарды
Ығыр қылдым-ау, айта да айта.

Құбылып өткен қырғауыл қанат
Қызыққа толы ғұмыр сүріппін,
Маған, мен жазған жырға бір қарап,
Ұқтың ба мені, қыңыр қылықтым.

Түсінбейтіндер кінәласын тек,
Қыңырсың жаным, еркесің-ақ тым.
Саңылаулы жан ғой, сығаласын деп,
Көмулі көңілдің көрпесін аштым.

Тартып ең бір сәт сәл ысып құшақ,
Аспаннан түскен айға баладым,
Сен аңсап жаттың ақ мысық құсап,
Басқа бір жанның аймалағанын.

Өзіңді алдап бекерден-бекер
Кеткен соң өтіп әнді ұғар жас бір,
Оралмай мәңгі өтер де кетер
Махаббат деген Алдияр тақсыр.

Ақ тәнің асыл құндыз да болса,
Тартқанын талай жармасып қасқыр,
Білсем де басты игізді-ау сонша
Құмарлық деген албасты басқыр.

Пікір қалдыру