Нұрлан ОРАЗАЛИН. ҰЛТЫН СҮЮДІҢ ҮЛГІСІ

Нұрлан ОРАЗАЛИН

«Ерлiк – сенiң несiбiң,
Ерлiк – менiң несiбiм…»
Мұқағали.

Xалықтың рухани тұтастығы мен өмір сүру қабілетін бекітуден, мінезін тұрақтандырудан, елге қызмет етіп, ұлтыңды сүюден үлкен міндетің болуы мүмкін емес.
Бұл – ең бақытты, ең игілікті міндет.
Бұл – ұлт рухын шыңдап, ұрпақтың уақыт көшінен қалмауына, ұлттық ой мен сананың өріс алып, замана талабына сай самғауына, елдік мұраттардың қанатын кең жайып, кеңістікке еркін шығуына барынша мүмкіндік тудыратын, тәуелсіздігімізді қамтамасыз етуге жұмылдыратын ең киелі, ең қасиетті міндет.
Ел өмірінің жаңа өрістерден көрініп, ел тағдырының оң бағыт алуында айрықша рөл ойнайтын осынау міндет үдесінен шығып отыру – қиынның қиыны, ауырдың ауыры.
Қиынды еңсеру, ауырды көтеру нар бітімді сиректердің маңдайына жазылған.
Әр дәуір, әр кезең ұсынар уақыт салмағын жүрегімен арқалап, ойымен соқпақ ашып, әр дәуір, әр кезеңнің көкжиегін кеңейтер, ұрпақ сөзін айтып, ұлт ойына ықпал етер қалыбы кең, мінезі таза, ойы нық, ісі анық мұндай ұлдарын халық әдетте тұлға деп танып, оны өзіне лайық тұғырына көтерген.
Саясаттану ғылымдарының докторы, беделді мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды қаламгер, Парламент депутаты, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі, есімін жалпақ жұрт жақсы білетін, халық назарына бөленген ұлтжанды азамат Қуаныш Сұлтанов біздің ұғымымызда осындай ел танып, ел мойындаған, тұлға биігіне көтерілген алаштың ардақты ұлдарының бірі, бірегейі.


Қуаныш Сұлтанұлы – от пен судан жасқанбай, ыстыққа да, суыққа да қатар түсуге бейім тұратын қайсар мінезді, күрескер тұлға. Ол – шаршау білмейтін, шалдығудан да ада күйде, жаны таза, жүрегі тынымсыз жан, әзіл-қалжыңын араластыра сөйлеп, өзім деген ортаның көркі. Қатарластарын «қамшылап», ағаларын аялап, інілеріне келгенде ықыласынан жаңылмайды. Қоғам, заман, адам жайлы тереңнен толғап сөз сөйлеп, мінбелердің апшысын қуырып, қала берді қаламын суытпай, мақаладан мақаласын жазып жатады… Қысқасы қайраткер-қаламгер дейтін бір бойына жараса біткен қабілет-қарымын ұлт мүддесіне бағыттауда жұдырықтай жұмылып, қашан көрсең атылатын жебедей тартылып жүргенін байқайсың… Өз тағдырын өзі қамшының өріміндей етіп өре білген, өзі өмір сүрген дәуірдің тамырын тап басып ұстап, уақыттың күнгейлі, көлеңкелі тұстарын да алғырлықпен көре білген жомарт мінезді жанның болмысы мен бітімін танытар он сан мысалды молынан келтіруге болады.
Осыдан бірер жыл бұрын Кәкең ойда-жоқта жүрегіне ота жасатты. Мен хабарды кеш естіп, азамат-замандасымыздың көңілін сұрап Астанаға арнайы келдім… Кәкеңнің өңі жүдеулеу көрінді. Бірақ әңгімесінен жаңылар емес… Бейбіт жеңешеміздің «Қуаныш, байқа!» дегеніне қарамай, біраз сөздің басына су құйылды… «Нұрлан, бұл жүрек не көрмеді. Бәрін көрді. Міне, мына «шунтированиесін де» көрдік… Бірінші – Құдай!.. Екінші – жолы түсіп, Қазақстанға келе қалған Канаданың кардиохирургі, өзіміздің Юрий Пя арашашы болды! Үшінші – жүректің өзі! Тромба болған үлкен тамырдың жанынан жылыстап, жол тауып, қан шіркін өзі із салып өткен», деп мәз-мейрам күлкімен қарық қып отыр… Күрсінер сәттің өзін күлкіге, түршігер сәттің өзін қалжыңға айналдырып, айналасына шуағын шашып отыр. Сол тұста жазған «Қуаныштың жүрегі» дейтін бір өлеңімнің бір шумағы қазір есіме түсті.

«Жасын ойнап төбемде,
Он сан ойлар жұлқынады көгенде…
Көп қазақтың жараланды жүрегі
Әз жүрекке сызат түсті дегенде…» –
дейтін жыр жолдарының жазылуына осы бір сәт арқау болып еді.
Иә…
Осы өлең жолдары есіме түскен сайын сол отаның тарихымен жарысып, «бұл жүрек не көрмеді?! Бәрін көрді!» деген Сұлтановтың әзілге жығып айтқан жалғыз ауыз сөзі де көкейімде қоса жаңғырады.
Қуаныш Сұлтанов хақындағы сөзімді рет-ретімен айтайын.
Қазақ ырымшыл халық… Ырымшылдықтың жарқын бiр нышаны балаға ат қоюдан көрінеді.
1945 пен 1950 жылдар арасында туған қазақ ұлдарының талайының азан шақырып қойылған аттары не Жеңiс, не Қуаныш, не Бақыт…
Кең-байтақ қазақ даласының қай түкпiрiне бармаңыз, кез келген ауылдан осы жылдары туған бiр Жеңiстiң, не бiр Қуаныштың, не бiр Бақыттың шығары анық. Әлгi атты ойлап тапқан кiм дейсiз ғой?!. Кемеңгер Уақыт. Ал уақыт шiркiннiң аузына салған кiм? Ауыл-ауылдың өше жаздап сығырайған бiлте шамдарын желге қақтырмай, қазақы қалыбымызды аман сақтап қалған соғыстағы азаматын үмітпен күткен ару аналар, көнбiс мiнездi ақ кемпiр, қара шалдар едi…
Бiрiнiң ұлы, бiрiнiң шалы, бiрiнiң жары, ендi бiрiнiң немересi майдан даласына аттанған кейуана тағдырлы қазақ халқы үшiн бірде күңiренiп, бірде күрсiнiп, бес жыл күткен ұлы Жеңістен асқан Қуаныш, ұлы Жеңістен асқан Бақыт болсын ба?!
Жоқ! Жоқ едi…
Қарғыс атқыр соғыс дейтiн нәлеттiң сумаңдап кiрiп, сұмырай кескiнiн көрсетпеген бiр үй жоқ шығар?! Мұқағалидың тiлiмен айтқанда: «Жалғанда – жалған, жалғанда, жесiрден мұңлық жан бар ма? Жалғанда, жалғыз қалғанда, әдiре қалған арманға араша түсер жан бар ма?! Жалғанда – жалған, жалғанда, қаңырап бәрi қалған ба? Жете алмай алғы таңдарға, кеттiң-ау, боздақ, арманда», деп қайғының қара бұлтына тұншығып егiлмеген ел, қарашанақ көңілдің көмейiнен от бүркiп, төгiлмеген шер жоқ шығар?! Жеңiс күте-күте сансыраған қазақ ауылдарына үзiлiп барып, қайта жалғанған үмiттiң қанатымен келген едi… Бақыт, Қуаныш ала келген едi…
Сондықтан да үзiлiп барып қайта жалғанған ұрпақтың тiлеуiн тiлеп, сәждеге құлаған кемпiр-шал түгiл, қызыл қарын жас бала жатқан қара бесiктiң үкiсi де «Жеңiс», «Қуаныш», «Бақыт» деп тіл қатқаны, нәрестенің атын айтып азан шақырғаны ақиқат-тұғын…
Қазақ жерiне Жеңiс атойлата келген жылы көктемде туған сол көп Қуаныштың бiрi – Сұлтан әкемiздiң төрiне бақыт ала келген нәресте – ұлтымыздың үкiлi перзентi Қуаныш Сұлтанов едi…
Әрине, бiз бұл арада өзге Қуаныштардың тауын аласартудан аулақпыз. Дегенмен, Жеңiс жылы көктемде туған сол қызылшақа балалардың iшiнен нысаналы бiр күш осы Сұлтан ақсақалдың ұлына ен салып кеткендей көрiнедi маған. Басын түу Жоңғар Алатауының мұз жамылған қия шыңдарынан алатын, ұлы аталары ұсталық құрған сары жұрт – Жасылкөлдiң жамбасын құлдырата тiлiп, ұлы сайдың өндiршегiн суырардай өкiрiп, еңіске құлаған асау Өсектiң жазыққа жетiп, жуасыған тұсындағы «Еңбекшi» дейтiн шағын ауылда шыр етiп дүниеге келген перзенттiң күндердiң күнi болғанда ауыл, аудан, облыс көлемiнен әрi асып, республика жұртшылығын аузына қаратар тұғырлы тұлға биiгiне көтерiлерiн ол кезде ешкiмнiң бiле қоймағаны анық…
«…Салдыр-күлдір ағып жатқан Өсек өзенінің жарқабақ жиегінде тұрған ескі қорымдағы Қуаныштың ата-анасына бата бағыштадық. Барған сайын арыны күшейіп, арнасы ұлғая түскен асау өзеннің жағасында жасыл желек жамылып жатқан жайбарақат ауылға тамашалай қарап тұрдық. Бір қызығы, мен туған ауылдың ескі аты да Қызылтам, кейінгі аты «Екпінді» еді, Қуаныштың ауылының әуелгі аты Қызылеспе, кейінгі аты «Еңбекші» екен. Содан басқа атамекендеріміздің бір-біріне ұқсайтын ештеңесі жоқ секілді көрінді. Ұлан-байтақ қазақ даласының біріміз қиыр шығысында, біріміз қиыр батысында туыппыз», деп тереңнен толғап бастайтын Әбіш Кекілбайдың көлемді мақаласындағы тебіреніске толы ойлар менің де есіме үздік-создық өткен күндер елесін алып келді… Анамыз Шәрбәнді әкеміз Сұлтан ақсақал жатқан Қызылеспенің құбыла бетіндегі қоңырқай төбедегі ескі қорымға алып бара жатып, мен де Әбекең тәрізді ойға батып, толқып едім. Нарықтың ел есін алып, буып тұрған алғашқы жылдары. Жаркент өңірінің осы бір сұлу жырасы аяулы анамызды соңғы сапарға соншама бір қимастықпен қинала ұзатып еді-ау…
Кіндігін көрікті Көкшенің көркем өңірі кесіп, тағдырдың салуымен Жетісу жерінен пана тапқан тебінгілі, текті тұқымның қызына топырақ Жоңғардан бұйырғанына әрі таңырқап, әрі сүйсініп едік іштей… Апыр-ай! Адам баласы өз өмірін өзі қаншама реттегісі келгенімен, маңдайға жазған жазуынан асып кетпейді білемін?!.
Ананың үні әлі күнге қаз-қалпы құлағында…
Жанашыр ағайындары келіп: «Бүгін түннен қалма! Бет ауған жаққа бағыт ал. Бүгіннен қалсаң, ертең ұсталасың… Басың кетеді!» деген. Төсек тартып жатқан ауру меңдеткен әйелінің де, ағайын-туыстың да шешімі осы болды. Сонда Атбасар станциясына шығуға жиналып, буынып-түйініп, жарына қарап, үнсіз мұңайған, маңдайынан иіскеп қоштасқан әке соңынан шырқыраған он бестен он алтыға қараған Шәрбанудың дауысы Арқаның суық түнін сілкігендей болып еді. Ақыры қызы әкесімен бірге Атбасардан оңтүстікті бетке алған ауыр составтардың біріне мінді.
Алдан не күтеді?
Бұлыңғыр…
Ел-жұрты аузына қараған, «бай атанып», батырақтар дәуірінің қуғынын көрген кескекті жанның нәзік қызы Сарыарқадан сарылып Сарыөзекке жеткенде тағдыр Жасыл көлді жайлаған Мұса есімді ұстаның Сұлтан есімді өжет ұлына кез етеді…
Бұлыңғыр жылдар алыстап, түтіндері түзу ұшқан Сұлтан мен Шәрбанға Алла тағала екі қыз, үш ұл береді.
Әуелі әпкесі – Бағдагүл, сонан соң Қуаныш есімді перзент дүниеге келеді…
Содан соң…
Жиырмасыншы ғасырдың ойлы-қырлы, бұралаң-қыспағы мол кезеңдері, жеңісті, жемісті сәт-сағаттары басталады.
Бүгінде таудай биікке көтерілген тұлғаның тарыдай бала күнінен – жалаң аяғымен Жоңғардың жонын сүзіп, Белдің бетегелі белін кезген, Жасыл көлдің бөктерін шарлап, Өсектің суын кешкен бейкүнә балдырған шағынан бүгінгі ел үміті мен ел тағдырын арқалаған іргелі кезеңге дейін созылып жатқан өмір жолы осыны айтады.
Кіндігін арғы-бергі адамзат тарихындағы қырғын атаулының жойқыны – екінші дүниежүзілік соғысының жеңісті шағы кескен, бесігін Ордың желі тербетіп, есімін елге Жәркенттің дуалды көшелері жайған, бозбала шағы ел есін жиып, еңсесін жаңа-жаңа тіктеген қазақы қоңыр өлкеде, қоңторы мінезді ауылда, қалақайлы сайларда, аршалы бөктерлерде өткен, әкеден ерте айырылып, әзиз жанды, ақылды ананың қабағын танып өскен, әпкесі мен қарындасының намысын қорғап, інілерін жетектеп, ерте есейген, жүрегін – қанат, жігерін қамшы қылып жүріп жетілген Сұлтан ақсақалдың осы бір жаратылысынан өжет, алғыр перзентіне өмір мектебі өсу мен есеюдің дәрісін мол бергені байқалады. Қағылез мінезді қаршадай ұлдың ұяда көрген сол дәріс-сабақтары келе-келе биік ұшып, азаматтықтың алуан-алуан емтихандарынан сүрінбей өтуіне, әркез әр сұраққа жаңылмай жауап беруге үйреткен сыңайлы…
Қағылез жүрісті қараторы бала көзiн уқалап ашқан сәтiнен әуелi, ата-анасының, сонан соң ел-жұртының назарына iлiктi. Ол он екі жасында соғыстан жаралы оралған әкеден айырылды. Күллi отбасының ауыртпалығы қамкөңiл жесiр ананың иығына түскенiн көзiмен көрдi. Табиғатынан зерек туған зейiндi бала еркелiк пен балалықтың ауылын артқа тастап, ерте есейдi. Анасының қолын ұзартып, жалғыз әпкесi мен екi iнiсiне, бiр қарындасына қорған болу сезiмiн бойына ерте дарытқан Қуаныш қаршадайынан намыс қанатында жүрiп өстi, көгердi, көктедi. Ол әркез әкесiн көрген, анасын бiлетiн ел адамдарының қамқор сөзiмен қанаттана жүрiп, жетiлдi. Мектептен кейiн бiрден еңбекке араласты. Сарыөзектiң ауданаралық баспаханасында еңбек жолын бастап, аудандық газетте корректор, әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi болды. Әскерге барды. Үш жыл шыңдалу мен төзiмдiлiктiң үлкен мектебiнен өттi. Әскерден келген бойда комсомол жұмысына араласты, алғырлығымен, табандылығымен, көпшiлдiгiмен көзге түстi.
Сөйтiп… Елге қызмет ету дейтiн ұғымға арналған жазығы мен еңiсi, ойы мен қыры, асуы мен бас айналар биiгi қатар жүретiн «соқтықпалы, соқпақты жолдың» алғашқы сүрлеуi осылай Жаркент өңiрiнен басталды.
Алда Талдықорған облысындағы қызығы мен қиындығы қатар қалыптасу жолы – облыстық комсомол ұйымындағы басшылық кезеңi тұрды. Одан әрi Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетiндегi идеология хатшысы, бiрiншi хатшы болып iстеген – ел көзiне ерекше жарқырап түскен жылдары келді…
Бұрын атын естiгенiмiз болмаса, бетпе-бет келiп, қол алып амандаспаған қаршыға мiнездi жас жiгiтпен алғаш осы кезеңде таныстым…
1976 жыл… Небәрi отыздың үстiне жаңа iлiккен жұлындай жас басшының биiк мiнбелерден сөйлеген әрбiр жалынды, жiгерлi сөздерi идеология дейтiн кiсәпiр мiнездi саланың сандалкөктерiн ойлантты. Бiр жиыннан соң екiншi бiр жиында сөйлеген комсомол хатшының батыл сөздерi ауыздан ауызға көшіп, тарай бастады. Жақсы сөз жатпайды. Тез тарайды. Қуаныш Сұлтанов хақындағы сөз де солай ел iшiн қыдырып кеттi.
Комсомол дейтiнiмiз – ол кезде жастармен қоян-қолтық жұмыс жасайтын, кадр дайындаудың нағыз ұстаханасы. Оның биiгiне мықтының мықтылары ғана шығатын. Қазақшалап айтқанда, «жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» озғандар ғана, яғни бiлiмi мен бiлiгi, жалыны мен жiгерi көзге айрықша түскендер ғана сол биiкке көтерiле алатын. Өзiне дейiнгi Саттар Ерубаев пен Сағындық Кенжебаевты, Өзбекәлi Жәнiбеков пен Кеңес Аухадиевтердi шыңдап шығарған, өзiнен кейiнгi Серiк Әбдірахманов пен Иманғали Тасмағамбетовтің қанатын қатайтқан ұстахананың қызыл жалынына Қуаныш Сұлтанов та келiп түстi…
Сол кездегi партияның жазусыз қағидасы бойынша, партияны қойып, тiптi комсомол қызметiнде жүретiн бiраз замандастарымыздың өзi қағазға қарап сөйлеу, әлiптiң артын бағып, үндемеу секiлдi мiнезге әбден бой алдыра бастаған тұс едi… Жаңа келген жас идеолог алғашқы күннен-ақ осы бiр «жазусыз қағиданың» қорығын бұза бастады. Еркiн жүрдi, еркiн сөйледi… Жас жазушылар мен жас өнер иелерiмен де еркiн, еш қысылыссыз араласты. «Үндемеу» дейтiн принциппен жаны қас. Қажеттi жерiнде «қабырғасын қаусатып», айтарын айтып алады. Қайтатын жерiнде қайтады. Шындықты шырқыратып, қамаулы торынан айдап шыққан кезiнiң де талай куәсi болдық. Тiптi, қайсыбiр жоғарғы басшылар «аш пәледен қаш пәле» деп айналып өтетiн «тентек» тұлғалармен де жаңа келген идеолог жiгiтiмiз тез тiл табысып, қоян-қолтық араласып та кеттi… Онысы ақын-жазушыларға ұнады. Ұнағаны сол азғана уақыт iшiнде әдебиеттiң бiраз «жас перiлерiмен» достасып та үлгердi…
Ақын-жазушы дейтiн халықтың ең бiр әлсiз жерi – шығармасы. Шығармасын оқып, оқып қана қоймай, ол туралы таза кәсiби пiкiр айта бiлер адам болса, бас июге әзiр тұратын қауым. Жас идеолог кiрпияз мiнездi қаламгерлер қауымына әуелi осы қасиетімен – кiтап оқып, кiтапты жерiне жеткiзе таратып, талдай бiлетiн бiлiмдарлығымен ұнады.
Әдебиет пен өнер дейтін тумысы бөлек, жаратылысы күрделі ұлт рухания­тының қос саласында бұл жылдарда жаңалық атаулы жиі-жиі «төлдеп», жаңа есімдер шоғыры әдебиет пен өнер босағасынан жарыса аттап жататын.
Соның бірі – театрдағы серпілістер. Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлынымымен» басталған ұлт театрындағы бетбұрыс жеміссіз болған жоқ… Роллан, Баққожа, Дулат, Смағұл, Сұлтанәлі, Әділбектердің Алматы, қала берді облыстық театрларда жапа-тармағай қойыла бастағаны да осы кезең еді. Әлгі жігіттердің қатарында менің алғашқы «Шырақ жанған түн» атты пьесам да Жастар театрында қойылды. Жылы сөздер айтылып, республикалық басылым беттерінде де пікір жиі-жиі жарияланды. Орыс тіліне аударылып, орыс, қазақ театрларының біразында қойылды.
Сондай күндердің бірінде «Республикалық комсомол ұйымының басшысы спектакль көруге келеді» деген хабар шықты.
Айтылған күні Қуаныш Сұлтанұлы бастаған қала, облыс, республикалық жастар ұйымы басшылары мен республикалық басылым басшылары, әртістер мен қаламгерлер кейін өртеніп кеткен ескі театрдың (Калинин көшесі мен Коммунист даңғылының – қазіргі Қабанбай батыр көшесі мен Абылай хан даңғылының бұрышындағы ғимараттың) залын лық толтырды…
Спектакль аяқталды…
Жұрттың назары – Сұлтановта.
Бірінші хатшы аспай-саспай орнынан тұрып:
– Қадірлі театрсүйер қауым! Біз – қатардағы көрерменбіз. Көрерменнің сөзі – қысқа. Ұнаса, ұнады, ұнамаса ұнамады дейміз… – деді. Деді де үзіліс жасап, залдағыларға сұраулы жүзбен қарады.
Зал сілтідей тынып, үнсіз отыр.
– Мен театр сыншысы емеспін. Ол жағын Асекеңдерге (Асқар Сүлейменовті меңзеді), Әшірбек, Сағаттарға қалдырайық. Әр саланың өз мамандары болады… Шынымды айтсам, спектакльдегі көтеріліп отырған проблема өмірден алынған. Бүгінгі жастардың жанын, жүрегін тербейтін тақырып. Ғазиза, Досқан, Нұрқанат үштігінде жүрек қылын қозғайтын өмір бар, өнер бар… – деп сөзін қайыра келіп, комсомол жетекшісі енді Асқар Сүлейменовке бұрылды:
– Сіз не ойлайсыз, Асеке? – деді.
– Сіз қай Асекеңді айтып отырсыз? Мен Тоқпанов емеспін, – деді Сүлейменов сұраулы жүзбен.
Әр-әр жерден мырс-мырс еткен күлкі легі байқалды.
– Мен сізге – қазақтың Асқар Сүлейменовіне қаратып айтып отырмын, – деді жас басшы жеңіл жымия күліп.
Отырғандар қол соқты.
– «Бесінді» жазған Сүлейменовке айтып отырмын, – деді сөзін нығарлап.
– Шикарно! Браво! – деп Асекең орнынан тұрып қол соқты: – Сдаюсь, молодой человек! Менің пікірім де сіздікімен үндес. Ғазиза мен Нұрқанат – поэзия! Досқан – реалист! Айтастай спектакль. Кәріс бала, жарайсың! (Спектакльдің режиссері – Вениамин Кимді айтты). Нұрлан, то есть, бүгіннен бастап Нұреке деу керек, опасный драматург…
Залдағылар қол соқты.
Ішек-сілесі қата күліп, Сұлтанов орнына отырып жатқанда, жақын отырған әлдекім:
– Кто он? Что он себе позволяет… – деп қалды.
– Ты что? Он же Аскар… Он же Сулейменов. Он может себе позволить… – деді көршісі ақырын сыбырлап.
«Өнерге басшы болуға болмайды. Өнерде жағдай жасаушы бола білген адам ғана жеңіске жетеді», деген сөзді де сол жылдары Қуаныш Сұлтановтың аузынан сан естігенім есімде.
Біздер, өнер адамдары, әсіресе, жазушы қауымы индивидуалистерміз. Сондықтан, бірімізді біріміздің мойындауымыз қиын. Бірімізден біріміз қарадай жерініп, түңіліп жүреміз. Кеше де солай болған… Өкінішке қарай, бүгін де солай… Ертең де солай бола ма деп ойлаймын… Кәсібіміз жазу болған соң, не шара?! Кәкеңнің бір мықтылығы – басы қосыла бермейтіндердің басын қосып, өзі айтпақшы, «өнердегілерге жағдай жасаушы», сырлас дос бола білгені. Осындай қасиет ертеде Ілияс Омаровтың бойында бар еді деп естуші едік… Әрине, бұл сирек қасиет, тұлғаларды ұйыстыру арқылы белгілі бір саланың тұтқасын ұстап, тағдырына жауап беретіндердің басын қосудың төркінінде ұлтты ұйыстыру дейтін ұлы қабілет жататынын ұмытпауымыз керек-ақ!..
Қуаныш Сұлтановтың бойында осы қасиеттің барына сенемін.
Негiзiнде ғажайып ұлтжандылық пен үлкен кiсiлiк жатқан осындай адамшылық алыс-берiстi қалыптастыруда, сондай-ақ қоғам өмiрiнiң көлеңке-күнгейiн ажыратуда, шуағы мен нұрын молайтуда орны айрықша туабiттi елгезектiкке қалай ғана сүйсiнбеуге болады?! Нағыз қайраткерлiк мiнез-бiтiм дегенiмiз де осы емес пе?! Адамгершiлiк асыл қасиеттерден айнымау – ер жiгiтке қашанда сын. Айну болған жерде – адасу, адасу болған жерде – пенделiк әлсiздiктерге бой алдыру басталады. Бұл – өзiн үлкен елдiк ұғымдарға қызмет етуге арнаған адамдар үшiн қатер.
Ел бiлетiн Сұлтанов тiптi сонау қасаңдау кездiң өзiнде ойын бұғып, сөзiн iркiп қалмайтын өршiлдiгiмен, кiсi жанына терең үңiлiп, адам болмысы мен мiнезiн ажырата бiлер кiшiпейiлдiгiмен дара шауып көзге түскенi белгiлi. Алматы дейтiн ұлы қаланың таразы-талқысынан аман өту аз. Ел басқарар азаматтарға Алматының сынынан, емтиханынан өте жақсы деген баға алуы керек. Сұлтанов сол бағаға еркiн, ерте iлiктi. Есiмi де елге ерте, кең танылды. Үлкен коридорларда жүрiп жататын дау-дамайдың отына шалынбай, жалынына ұрынбай өту үлкен өнердi керек етедi. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарындағы республика өмiрiндегi саяси баталиялардың қақ ортасында жүрген жүрегi таза, ойы мықты жiгерлi ұйымдастырушыны Мәскеу қылышы мен Колбин семсерiнiң ала алмауы да осы туабiттi кiсiлiк iрiлiгiнiң берiктiгiнен болуы тиiс.
Тұлға тағдырынан хабары аздау сырт көз саясаткер жолын бiржақты түсiнуi ғажап емес. Кешегi комсомол, кешегi партия, бүгiнде билiк құлағынан алыстай қоймаған адам деп қарау – атүстi баға… Қуаныш Сұлтановты тану үшiн, ең әуелi, оның өз ұлтын жанындай жақсы көретiн табиғи мiнезi мен кiм көрiнгенге бас шұлғи бермес тектiлiгiн тану қажет. Сұлтанов бойында адамды көзiнен көрiп танитын қасиет бар. Сол қасиет оны ел, жұрт алдында құрметке бөлеп келедi. Тұлға бойындағы осы бiр қасиет саясаткердiң қарақан басын ғана емес, ел тұтастығына қызмет етер үлкен-үлкен мемлекеттiк орындарды да абыройға бөлеп келе жатқанының сан куәсi болып келеміз.
Өз басым Қуаныш Сұлтановпен таныс-бiлiс болғалы қырық жылдың жүзi өтіпті.
Қырық жыл iшiнде қаншама өзгерiстерге ұшырадық.
Су ақты, жаңбыр жауды, қар ерiдi, бақтар гүлдедi, жапырақтар ұшты. Уақыт өттi. Қаншама достарымыздан айырылдық. Ағаларымызды жоғалттық. Бауырларымызды мезгiлiнен бұрын қара жердiң қойнына тапсырдық. Аналарымызды арулап, әкелерiмiздi қара жерге тапсырдық. Осыдан қырық жыл бұрынғы мойылдай қара шашымызды опасыз уақыт боз қыраумен баттастыра бояды…
Қоғам ауысты, ормандар өртенiп, армандар күйредi. Дәуiр алмасты. Империя ыдырады. Адамдардың мiнез-құлқы өзгерiске түстi. Құндылықтар ауысты… Өмiр өзгердi. Тәуелсiздiк дейтiн киелi де қасиеттi дүниемiз құтты қонысына қонды. Сол киелі де қасиетті дүниемізді, өкінішке қарай, көкпарға салып, тағдырын тәлкек еткiсi келетіндер де пайда бола бастады… Ұлы Абай айтқандай: «Кешегi дос – бүгiн жау, мен не қылдым, япырым-ау», – дейтiн пенделiк ақиқатпен де сан мәрте бетпе-бет келдiк. Жеке бастың астамшылдығын ел мүддесiнен жоғары қоюға ұмтылғандарды да көрдiк. Барды көрдiк, жоқты көрдiк… Қалталылардың ел iшiн дүрлiктiрiп, қағынғанын, қайыршылардың өткендi сағынғанын көрдiк…
Осындай қым-қуыт өзгерiстер дауылының арасынан бiр сәт адамшылық қалыбын көкпарға салмай, кiсiлiк келбетiнен адаспай, жайдары мiнезiнен жаңылмай келе жатқан адамдарды кездестiргенде ерiксiз қуанасың, таңырқайсың. Өмірде кісілік дейтін ғажайып құндылықтың барын еске салатын сондай қуатты жандардың арамызда жүргені ғанибет емес пе?! Таразыға салып, екшеп көрiңiзшi. Кiм мықты болғаны сонда? Өзгерiс жетегiне түсiп, жанұшыра аласұрғандар мықты ма? Әлде әлгi жайдары мiнезi мен кiсiлiк келбетiн көкпарға салмағандар мықты ма?
Менiң ойымша, құрметтiң төрiне соңғылар лайық.
Тарихтан бiлемiз – өзгермейтiндердiң тұғыры қашанда биiк. Әлбетте, бізге өзгеріс жасайтындар, өзгеріс жасай отырып, өздері ешқашан өзгермейтіндер, адамшылық қалыбынан ауытқымайтындар керек! Құдай көзсiз өзгерiске құмарлардан сақтасын! Қашанда үлкен өзгерiстердi рухы берiктер мен өзiне-өзi өзгермейтiндер жасаған. Менiң жобалауымда, қазiргi таңдағы қазақ қоғамы үшiн де, Қазақстан үшiн де осындай тұлғалар керек. Бiзге бүгiн соңғы жиырма үш жыл iшiндегi тәуелсiздiк кезеңi берген саяси, экономикалық және рухани жетiстiктерiмiздi сақтауға жан-тәнiмен қызмет ететiн (иә, «қызмет ететiн» деген сөздердi баса айтқымыз келедi) тұлғалар керек.
Мұндай тұлғалар – елдегi тұрақтылықтың басты кепiлi.
Мен Қуаныш Сұлтановты мемлекет және қоғам қайраткерi ретiнде осын­дай саяси тұлғалар санатына жатқызамын. Ол қандай басшылық қызметте болмасын, атап айтқанда, Қазақстан Жастар одағының жетекшісі, Орта­лық партия комитетiнде мәдениет, партиялық-ұйымдастыру, идеология бөлiмдерiнiң меңгерушiсi болған ана дәуiрде де, министр, Премьер-Министрдiң орынбасары, Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары, Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшiсi, Сенат депутаты, комитеттер төрағасы, Мәжіліс депутаты, ЕҚЫҰ жүйесiн реформалау жөнiндегi көрнектi саяси қайраткерлер кеңесiнiң мүшесi болған осы кезеңде де елдiк ұғымдар мен принциптi мәселелерде
өзгергенiн көрсеткен емес.
Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналған жиырмасыншы ғасырдың елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарының асулы белдерін, айқай-сүреңді кезеңдерін ойша бір шолып өтейікші. Алып империя құрамында болған қазақ елінің сол бір қиын-қыстаулы тұстағы тағдырын талқан етпей, адам ойы мен санасын оң жолға бастай білген Қуаныш тәрізді қайраткер ұлдарының өсіп-жетілуіне мүмкіндік тудырған билік пен дәуір тізгінін ұстаған Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров секілді алыптарды үлкен ризашылық сезіммен қалай ғана еске алмауға болады?!. Өлең мен өмірді, өнер мен қоғамды қатар қарастыруға дағдыланған аға буынның өнегелі жолы бүгінгі ат үстінде жүрген азаматтарға үлгі емес деп кім айта алады?! Ұлттық идеологияның жаратылысы мен табиғатын ұлтжандылықтан іздегендер көшінің жалғасындай болғандардың қатарында Тәуелсіздік шежіресіне есімдері жазылған Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбай, Оралбай Әбдікәрімов, Өмірбек Байгелди, Нұртай Әбіқаев, Қасым-Жомарт Тоқаевты
қалай ауызға алмауға болады?!
Иә…
Қуаныш Сұлтанов өмірі мен тағдырын ел өмірі мен тағдырынан, қоғам өмірінің өзгерістері мен сілкіністерінен бөле-жара қарауға болмайды.
Бұл – кешегінің де, бүгінгінің де ақиқат сөзі.
Елдікті мұрат еткен жанның кешегі империяның ой мен санаға құрсау салған күрделі кезеңінде де ат үстінде болғанын, дүниені дүр сілкіндіріп, әлемнің саяси картасын уақыт дейтін қатал мінезді, қатыгез шебердің алып қайшысымен оңды-солды тілгілеген алмағайып әрекетке толы жаһандану дәуірінде де ер үстінде келе жатқанын көреміз.
Қуаныш Сұлтанов – екі дәуір мектебін тең меңгеріп, жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымыз бен ел тағдырын оң жолға бастар саясаттағы кең тынысты мәдениеттілікті қызғыштай қорып келе жатқан ұстанымы берік мемлекетшіл, қоғамшыл, халықшыл тұлға.
Ол – аудандық комсомол ұйымының қатардағы нұсқаушысынан, республика комсомол ұйымының бірінші хатшысына дейін көтерілген, қатардағы аудандық баспахана корректорынан республиканың баспасөз министріне дейін өскен, ұлттық идеологияның туын желбіретіп, Үкімет басшысының, Парламент Төрағасының орынбасары болған, тәуелсіздік дәуірінің аса күрделі, аса қиын кезеңдерінің қай кезінде де Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қай тапсырмасын да айрықша жауапкершілік, адалдықпен, түсіністікпен қабылдап, елдік тұтастықтың сыртқы, ішкі саясатын талмай жүргізіп келе жатқан саңлақ саясаткер.
Нұрсұлтан Әбішұлының ел мүддесіне адал қызмет ететін жауапты тұлғаларды мемлекет ісіне жұмылдыра білетін көрегендігінің бір көрінісі де осы болса керек. Өзіне деген Елбасының қамқорлығы мен сенімін Қуаныш Сұлтанов та ақтап-ақ жүргеніне де көзіміз жетіп жүр.
Ел аузында жүрген адамның толық сипаты үйде де, түзде де қатар көрінуі ләзім. Үй мен түз – ел биігіне көтерілген жанның қос қанаты. Қос қанат қатар жайылғанда ғана қыранның қырандығы танылады. Қалқып ұшады.
Сұлтановтар отбасы – өз дәстүрі, өз мінез-қалыбы қалыптасқан әулет. Жан жары, әулеттің алтын қазығы – Бейбіт Сұлтан келінінің үй төрін аялаудағы орны айрықша. Қанекең екеуінің отбасылық үйлесімінің бар сыры мен жұмбағы осы кісінің сыпайы жүрісі мен нәзік жаратылысына негізделген. Балалары да, немере, шөберелері де соған бейімделген. Бейбіт жеңешеміздің айтуынша, Сұлтанов – үйде де, түзде де Сұлтанов!
Қысқасы, қиындықтан қашпайтын, парасатынан таймайтын, жолынан жалтармайтын, қашан көрсең, отқа суарылған семсердей жарқылдап жүретін жүрегі жомарт, жаны мәрт Қуаныш Сұлтанов есімді тұлғалы, тұғырлы азамат туралы менің айтар аз-кем ақиқат сөзім, шындығым осы.
Қазақ халқы ежелден елге қалтқысыз қызмет ететiн беделдi кiсiлерiн Ел Адамы атаған. Қандай жоғары ортада болмасын, нендей мансап пен билiк тұғырына көтерiлмесiн, өзiнiң халық арасындағы қарапайым қалыбын бұзбайтын, ел iшiндегi абырой-беделiнен адаспайтын, шынайы кәсiби, саясаткер биiгiне көтерiлген адам қашанда халықтық құрметтiң қандайына да лайық.
Бiз бiлетiн, республика жұрты сыйлайтын қайраткер Сұлтанов осындай ел алдындағы перзенттiк парызы мен мiндетiн адал атқарып, ата-анасы азан шақырып қойған атына сай халқын әркез қуантып келе жатқан жұлдызы жарық тұлғаларымыздың бiрi, бiрегейi.
Бұл – ел таныған ақиқат.
Бұл – уақыт дәлелдеген шындық.
Бұл – екі ғасырды тел еміп, ескі мен жаңаның арасына білік-білімімен, ой-парасатымен көпір болып жалғанып, еңбектің ел мерейін үстем етер ұлы құрал екенін көкейіне түйген, жерүсті тіршілігінің суығына тоңып, ыстығына күйген, Тәңіріден кескекті мінез бен келісті дарын мол бұйырған абыройлы жанның биігі…
Бұл – халқының рухани тұтастығы мен өмір сүру қабілетін бекіту жолында ұлтын сүюдің шынайы үлгісін көрсетіп, тынымсыз өмір мен тиянақты күресті ту етіп келе жатқан тұғырлы тұлғаның биігі.

Пікір қалдыру