Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ. Қ А Р А Ө З Е К (роман)

 

Қапас түн жарық күнмен,
қоңырсалқын көлеңке
шыжыған ыстықпен теңесе алмас.
ҚҰРАН Фатыр сүресі, 20-21-аяттар

 …Бізде айтарлықтай жаңалық жоқ. Бір уақ сабаққа барып келіп, жатақханада шалжиып жатқаннан басқа бітірер ештеңе болмай тұр. «Мамықтан төсек, – тастай боп кесек, – жамбасқа батар, – ұйқы жоқ» деп Абай жарықтық айтқандай, осы күні түннің бір уағына шейін, кейде таң қараңғысына шейін ұйқтай алмайтынды шығардым.

Сондайда қолыма домбырамды алып, жігіттердің мазасын алмайын деп түн баласы жатақхананың ас үйінде шоқиып отырам.

Мектепте жүрген кезімізді сағынам осы күні. Әсіресе интернатты өзіміз өскен. Сен де сағынып жүрген шығарсың ана жақта. Уайымдама, Хақан. Бәрі жөнге келуі тиіс.

Жаз шыға сессиядан кейін тағы барам гревпен. Қыстыгүні бәрі асығыс болды, оның үстіне ақша да аз боп қалды ғой. Қайдан білейін, көрмеген жердің ой-шұңқыры көп деген… Енді олай болмайды. Қазір сенбі, жексенбі базарға шығып жүрмін жігіттермен бірге. Азын-аулақ тиын-тебен  жиналып қалды. Көтерме жұмыс табыла қалса, жақсы-ақ болатын еді.

Ақша демекші, ақша ауысқалы бері азық-түлік пен дүние-мүліктің бағасы да құбылып, әрқалай болып тұр. Бүгін барсаң, кешегі бағаның өзгеріп  кеткенін көресің. Ақшаның ауысқанының өзі  – бір жыр. Елу, жүз сомдық советский  банкноттар  қазір жарамайды, оны өздерің де естіп, біліп жатқан шығарсыңдар. Бізді қойшы, бізде ақша жоқ қой.  Ел ішіндегі сапырылысты айтсаңшы. Теңіздегі қыл-қыбырдың толқын айдап, жағаға шыға келгені сияқты подпольный «миллионерлердің» құпиясы ашылып қалды дейді ел. Әсіресе қала түбінде тұратын  түрік пен грек байларына ауыр болыпты деседі. Қиын ғой, ғұмыр бойы жиған-тергенін кесек елу, кесек жүз теңгеге айналдырып, кассаға салмай жинап жүрген кезде, үкімет айналасы бірер күннің ішінде жарамсыз қылып тастаса. Мен өзім дәл мұндай байлар болатынына сенбеуші ем. Рас екен. Үйткені кісі басына шектеулі ғана банкнот ауыстыруға рұқсат берілді емес пе. Әлгілер жанын қоярға жер таппай біз сияқты студенттерге елу сомдықты өз атыңнан ауыстырып берсең, жарты ақшасын аласың деп жалынып жүрді… Рұқсат етілген сол үш күннің ішінде халықтың абыр-сабыр болғанын көрсең. Неше түрлі қызық жайттар болыпты: ақша ауысатын алғашқы күні біздің бір қу жігіттер консерваториядан сонау әуежайға шейін такси  ұстапты көшеден. Оған дейін қанша, жиырма бес шақырым ба, сонша жолды жүріп келіп, енді түсер кезде кесек елу сомдықты ұстатыпты таксиске. Анау шоршып түсіпті, жігіттер, бұл ақша бүгіннен бастап жарамайды ғой деп. Қалай жарамайды, депті мыналар түк білмегенсіп. Солай, бүгіннен бастап елу сом, жүз сом жарамайды, естімеп пе едіңіздер… Қой, көкесі, үйтіп қалжыңдамаңыз дейді бұлар… Түу, өздерің көктен түскенсіңдер ме, немене… Жоқ, көктен түсетін туысымызды қарсы алғалы тұрмыз… «Бар, жоғалыңдар!» депті амалы таусылған таксист. Мұндай жайттар көп болыпты. Түрік пе, әзер ме, сондай бір подпольный «миллионердің» бірі ақшасын толық  ауыстыра алмағасын қаны басына шауып, үйінде тыққан елу мен жүз сомдықтардың буда-будасын көшеге алып шығып, жұрттың көзінше өртеп жіберіпті.

«Шоковая терапия» дейді екен ғой мұны экономистер. Егор Гайдардың ойлап шығарғаны деседі. Сол терапияның кесірінен сең соққан балықтай есеңгіреп қалдық. Әсіресе инфляция деген пәле қиын  тиіп тұр. Ақша айналасы екі-үш айдың ішінде сарғайып сары жапыраққа айналды. Аузынан жырып, балама жинағаным деп отырған елдің кассадағы ақшасы қаудырлаған сабанға айналды. Тапал-тал түсте тоналып, айға қарап ұлып қалды.

Мен революцияны көргем жоқ. Бірақ ақша терапиясымен де революция істеуге болатынына көзім жетті.

Бірді айтып, бірге кеттім ғой… Көрген түсімді айтайыншы одан да. Екеуіміз өзен жағасында отыр екеміз. Кенет сен үйіріле аққан өзенге шешінбей секіріп кетіпсің. Әлі жоқсың… Ес кетті, жан шықты дегенде арғы беттен бір-ақ шығып, жағаға құлаш ұрып бара  жатыр екенсің. Жақсыға жорыдым. Босанып шығады екенсің. Декабристер ақталады  деп жатыр ғой. Сен де ораласың, Хақан.

Былтыр бізден  шыққан әлгі депутат Мәскеуде, сьезде сөйлепті ғой, сендерді ақтау керек деп. Так что қуаныш алда.

Басқа не жазам… Аман бол. Денсаулығыңды  күт. Жаз шыға обязательно барып қайтам.

Амандық-саулықта жолығайық.

Досың Құрмаш.
28 март,  1992 жыл.
P.S Конвертке ақша салуға қорықтым, офицерлерің алып қоя ма деп.

 * * *

Алдымен темір есіктің жылан көзі – «волчок» жылт етті де, ар жағынан біреу сығалады. Артынша дүңк етіп «кормушка»  ашылып, ар жағынан «гайдамактың» лақтырып жіберген бір қорап «Примасы» дөңгелене ұшып келіп, алдына түскен. Кормушкаға қайта қарағанша болған жоқ, күзетші солдат салдыр-гүлдір еткізіп ар жағынан жауып жатты.

Үш күн бойы кеңсірігі қышып, тамаққа жөндеп тәбеті шаппай, трюмде*** аласұрып жүрген. Хақназар мұндай қуанбас. «Жарықтық темекінің де адамға күш-қуат беретінін кім білген» деп ойлады көк түтінді көмейлете жұтып-жұтып жіберіп барып, сыздықтата шығарып отырғанда. Зеңгіп тұрған басы шайдай ашылып, көкірегі кеңіп сала бергендей көрінді. «Қапаста жатқан адамға бұл да бір қуаныш екен-ау өзінше» деген ой келді оған буын-буыны оқыс әлсіреп, шөкелеп отыра кеткен кезде. Әлденеше күн шылым шекпегендікі болар, басы айналып, тұла бойын әлсіз бір ләззат шымырлатып аралап бара жатты.

Түн баласы темір шконкада* ұйқылы-ояу дөңбекшіп жататын Хақназардың алағызған көңілі енді тыншиын деді. Әйтсе де, ет асым уақыттан соң жан-дүниесі қайтадан қоңылтақсыл, көкірек-сарайы уілдеп қоя берді. Әлдене жетпейтін сияқты көрініп, тағы темекі тартқан. Оның төбеде қалқып тұрған көкшуда түтіні камерадағы қапырық ауаға сіңіп, қолқаны қаба бастаған. «Ең ұстамды, жүйкесі темір кісінің өзі айлап, жылдап трюмде отырса, жынданып кететін шығар» деп ойлады тас еденде малдасын құрыш отырып. «Адам баласы әлсіз. Азап пен қорлыққа шыдап жүре беретін жан жоқ. Ерте ме, кеш пе, морт етіп сынады. Иілмес, бірақ сынып тынар». Міне, алты жыл болыпты түрме мен лагерьдің дәмін татқанына. Алты жыл. Ең асыл жылдары!.. Уыздай жас кезінде соттап жіберіп, қайран бал дәурен шақ зонада өтіп жатыр.

Бес сағат па, он сағат па, трюмде сарғайып отырғанда, уақытты тап басу қиын, әйтеуір ұзақ көрінген, бір кезде продолдан аяқ дыбысы естілді. Салдырлап есік ашылып, жарық түсті.

Көргеннен-ақ таныған.

– Қызылдар қандай кінә тапты, бауырым, – деген темір есік жабылғанда, орта бойлы сары жігітпен қол алысып жатып.

– Кінә – күнә емес құдай алдындағы, – деді Колян. Бушлатын төсеп, дәл бір нағашысының үйіне келгендей жайғасып жатыр. – Кумға* жақпасаң, құмалағыңнан да кінәрәт тауып, зынданға тастар. Біз сияқты бродягаларға**
отстойникте*** түнеп шығу – жарық дүние мен таза ауаның қадірін түсіну үшін керек процедура. Ер жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен деген осы.

Хақназар Колянды промзонада*** сыртынан анда-санда көріп қалушы еді. Бірақ алғаш сөйлесіп отырғаны осы. Біраздан соң Колян табаны қалың қара бәтіңкесін шешіп, ұлтарағының астынан әлденені суырып алды. Целлофанға оралған кішірек екі түйіншектің бірінен шай, бірінен анаша шықты.

– До ужина часа полтора остался. Кипятка побольше  попросим у шныря, да будем чифирить*, – деді жантайып жатып.

– Да ну?! Ты что, политзаключенный в натуре», – деген қара нан жеп, қою қара шайды  рахаттана ішіп отырған кездерінде, – Рас, саяси тұтқынсың ба? 65-бап па? М-м. Декабрист значит, – и не пропадет наш скорбный труд, – во глубине сибирских руд. Э-хе-хе.

– Оның несі күлкі, – деді Хақназар жайбарақат.

– Сонда не болып еді, – деді Колян бір кезде, – Алматыда сол кезде не болғанын ұзынқұлақтан естиміз, ал тірі куәнің орыны бөлек қой.

– Соны айта-айта жалықтым,  – деді Хақназар. – Менікіндей баппен келгенді бұрын көрмеген офицерлер де әрнәрсені сұрап, мазаны алып бітті… Өзің не үшін отырсың, мынау нешінші ходкаң***, соны айтпайсың ба одан да?

– Е-ма, мужик, сен мені тергейін дедің ғой, а?! Ә-хе-хе… Жарайды…. Айтайын.

– Вор я. Крадун по воле***, – деген сосын, өткен өмірін еске алды ма, әлде әңгімені неден бастарын білмеді ме, ұзақ үнсіз отырып, – карманник – қалта ұрысы дегенді білуші ме едің, сол менмін.
…Көзімді тырнап ашқаннан ұрлық істеп келем. Ертістің жағасындағы үлкен қалада туып, өстім.

_________________________________

 

* Кешкі тамаққа шейін бір жарым сағат қалды. Шнырьден қайнақ суды көбірек сұрап, чифир ішейік. –
Ор.  шньрь – камераға тамақ таситын
тұтқын – (жаргон);   чифир – өте қою қара шай – (жаргон).
*Рас па, сен немене, шынымен саяси тұтқынсың ба? – Ор.
*** ходка (ор.жаргон) – лагерьде қанша мәрте отырған деген мағынаны береді.
*** Қарақшымын мен. Еркін өмірімде ұры болғам. – Ор.

Әкемді ес білгеннен білмеймін, көрген емеспін, кейін естідім, мен тумай жатып-ақ шешемді тастап кеткен екен. Шешем байғұс кейін басқа біреуге тиіп, оған екі-үш бала тауып берді… Бауырларым ғой менің енді… Өтірік айтып нем бар, өгей әкем мені туған ұлынан кем көрген жоқ, бірақ соншалықты іш тартқан да емес. Біртүрлі, салқын еді екеуіміздің арамыз. Он екіге шыққанымда шешем өлді. Жастайынан жабысқан ескілікті ауруы болды-ау деймін, онысын жақсы білмейді екем, әйтеуір бір-екі ай ауруханада жатты да, үйге келіп қайтыс болды ғой… Шешем кеткесін бәрімізге ауыр тиді. Әкеміз қатты есеңгіреп қалды. Шиттей балаға еркек адам қарай ала ма, ол кісі бір жамағайын қарыңдасын әкеліп үйге тұрғызды. Бас-көз болсын деп. Менің үйде тұрғым келмеді. Өгей әкем де қарсы болмағасын, қала шетіндегі детдомға – балалар үйіне келіп орналастым. Сүйтіп, жаңа өмірді бастап кеттік…

Сол боқмұрын кезімнен тентек ем. Сабаққа да құлық болмады. Детдом секілді бұзық жерге келгесін мүлде қағындым. Сонда жүріп «привокзальный», «заречный» дейтін шпаналардың Вася-Бетон деген қалта ұрысы бар еді, сонымен араласып жүрдім. Өзіне ұнасам да керек, қасынан бір елі қалдырмайтын болды. Несін сұрайсың, ақыры детдомнан да қашып кетіп, Васямен бірге жорыққа шығатын болдым. Алдымен щипач* болдым… қазір писакпыз**.

Пай-пай, вокзалда жүріп, көлік күту залында отырған жолаушының неше қабат киімінің ар жағында, жан қалтасында жатқан күмәжнігін көрсетпей суырып алып, ақшасын олжалап, өзін қайта орнына салып қоятын карманниктер болды ғой, несін айтасың.

Колян мұны айтып отырғанда, Хақназардың есіне тал басында отырған екі сауысқанның құйрық қауырсынын еппен алып, бірінікін біріне ауыстырып сала қоятын қазақ ертегісіндегі епті жігіт түскен.

– Он алты жасымда ұсталып, малолеткаға*** түстім, – деді Колян одан ары, –  көп нәрсені үйрендік онда жүріп. Қоңырау соққанша үш жыл отырып, бостан өмірге шыққан соң Новосібірге келіп, қалта қағу «өнеріне» білек сыбана кірістім. Одан басқа ештеңе келмес те еді қолымнан. Иә… маңдайға жазған нәрсе сол шығар… Аңдыған жау алмай қоймас, бес-алты жылдан соң Красноярскіде жүріп қызыл жағалылардың қолына қайта түстім. Қазір, міне, екінші ходкада отырмын.

__________________________________

*қолының ептілігімен ақша ұрлайтын қалта ұрысы. – (жаргон).

**киімді білдірмей кесіп, ақша ұрлайтын қалта ұрысы. – (жаргон).

***кәмелетке толмаған қылмыскерлердің колониясы. – Орысша  (қысқарған сөз).

 

Өз өмірінен қысқа қайырған Колян Хақназардан сексен алтыншы жылғы Алматыдағы дүрбелеңнің себебін сұрап, қалай болғанын айтып берші деген. Қараңғы трюмде сағызша созылған уақыттың тез өтуіне себі тиер деп Хақназар да сәлден соң әңгімесін бастап кетті.

Сол жылы қыс жылдағыдан ертерек түскен. Қыстың алғашқы  айының   басында-ақ  Алатаудың ұшар басын ғана емес, сай-саласы мен қуыс-қолатын түгел қар басқан. Дым бүркіп, қалаға келіп шөккен саршұнақ аяз шыдатпай жіберген болса керек, тал-тоғайдың да бәрі бүрісіп қалыпты. Әйтсе де, қала ішіндегі қар жұқалтаң ғана  еді. Мәшине жолдардағы кірлеуіт, жабысқақ қар еріп кетіп жатқан.

Сол күні әдеттегідей жатақханада тұратын жігіттермен бірге сабағына барып еді. Көңілде алаң жоқ кез. Күндегі дағды бойынша екі мен үшінші пар аралығында, оқу корпусының алдында, Сәтпаев  көшесінің жиегінде таза ауамен тыныстап, топырласып тұрған. Алғаш рет сол кезде көріп еді. Көзкөрім жердегі Брежнев алаңына қарақұрым жұрт жиналып қалыпты. Көбі жастар сияқты. Бірақ бұлар дәл сол күні мән бере қойған жоқ.

Ертесіне оқу корпусында да, жатақханада да тәртіп түзеуші, жөнге салушы кісілер көбейіп кетті. Көбі –  өздерінің оқытушылары, кейбірі –қолына қызыл  шүберек байлаған «халық жасағы». Бәрінің айтатыны бір ғана сөз: «үзілісте далаға шықпаңдар, плошадьқа бармаңдар, ол жерде бұзықтар, бүлікшілер жиналыпты, олармен араласып кетіп жүрмеңдер, жатақханадан шықпаңдар». «…Қорыған жерге өш» деген ғой. Сонша әбігер болатыңдай ол жерде не болып жатыр екен деген құмарлық байыз таптырмады. Жатақхана вахтасында отырып, қайда барасың, отыр бөлмеңде, осыдан шығып кетсең, көресің деп, дікіңдеп тұрған кісілерге көрінбей, Хақназар бар, үш-төрт жігіт бірінші қабаттағы қыздардың бөлмесінің терезесінен секіріп түсіп, тура алаңға қарай тартқан.

Брежнев алаңы – көсіліп жатқан бір кең сауыр. Күншығыс басынан еңіске қарай шалт құлап, Фурманов көшесі құлдай түсіп жатыр. Сол көшемен өрлеп, алаңға таяй бергеңде көрді. Көлік атаулыны қаңтарып қойып анау баста тұрған ЦК-ның үйінен осы жерге, «Береке» гастрономына шейін сіресіп қалың әскер тұр екен. Милиция, өрт сөндірушілер, шекара әскерінің курсанттары, ішкі әскер – бәрі тұр. Тура кинодағыдай. Самсаған сары қол.

Бұлар таяқ тастам жерге тақап қалғанда байқады: арғы шеттен лықси төгіліп кеу-кеулеп келе жатқан көп жұрт іргесін бұзбай, иін тіресе, сап түзеген қалың әскердің қатарын сөгіп шыға алмай тұр екен. Бір уақытта, бұйрық берілсе керек, қолында биік қалқаны, резеңке таяғы бар әскер елді сабай бастаған. Айғай-шу, бақырған дауыс естілді. Бұлар сияқты сырттан қызықтауға келген ел мынаны көріп, аңырып қалды. Кенет сапты бұзып, бір топ жігіт атып шықты. Олардың соңынан арттағы қалың жұрт та бері қарай төгілген. Осы кезде бағанадан ештеңеге араласпай тұрған курсанттар қоршауды жарып шыққандарды тепкілеуге кірісті. Айнала астаң-кестең болып кеткен. Әсіресе қыздардың шыңғырған дауысынан  құлақ тұнады. Сапты жарып шыққан жаңағы  топтың арасынан қазақтың бір жас қызы ылдиға, бұл кезде гастрономды жағалап     келе  жатқан Хақназардың тобына қарай жанұшыра жүгірген. Бұларға жеткенше екі аттамдай ғана жер қалған еді, үлгертпеді. Тасырлата жүгіріп, қуып жеткен бір әскер тобықтан теуіп қалып, қызды жалп еткізді. Аяғы көктен келіп, оңбай құлаған бейшара  қыздың басы дүңк етіп бордюрге тиіп,  қызыл қан бұрқ ете қалды. Оған қараған әскер  жоқ, уыстап тұрып шашынан ұстап алып, лақ  тартқандай өрге қарай сүйрелей жөнелген. Қыздың  артынан келіп қалған екі-үш қазақ жігітін де бұл кезде қолында сапер күрегі бар бір топ солдат алдынан шығып, қаумалап ұстап алған еді. Қыздың шыңғырған дауысын естіп  біреуі оған тұра ұмтылды, бірақ қайдан жетіп  келгені белгісіз, бір ұзын милиционер әлгіні шіреніп тұрып іштен теуіп қалды. «Алла!» деп ана жігіт бұратыла құлаған. Анау енді  тепкілей бастады. Бұл кезде Хақназар да қарап тұра беруге шыдамаған еді. Қызды сүйреп бара жатқан пропорщикті қуып жеткен. Қоя бер деп ананың қолынан ұстаған еді, өңкиген жуан неме қолын қағып жіберіп «пошел ты на.., овца!* деп боқтап жібергені. Қаны басына шапқан  Хақназар лып етіп оңға шығып, көз ілеспес жылдамдықпен прапорщикті иек тұстан салып қалды. Анау буыны ұстамай, сылқ етіп құлаған. Келесі сәтте Хақназар жерде жатқан қызды қолтығынан ұстап, тұрғызып алды. Еліктің лағындай ғана кішкентай қыз. «Жүре аласың ба» деп сұрап еді, қыз болар-болмас бас изеген. «Ал енді қашайық» деп жүгіргенше болған жоқ, көзі жарқ ете қалып, етпетінен түскенін біледі.

Есін жиғанда, өне бойы сырқырап ауырып жатыр екен. Екі солдат екі аяғының басынан ұстап алып, қара жермен дырылдатып сүйреп келеді. Әй-шайға қаратқан жоқ, бас-аяғын сілке ұстай көтеріп, қап лақтырғаңдай үстіне брезент жабылған жүк машинесіне тастай салды. Көк ала қойдай қылып әбден тепкілесе керек, белі шым ете қалып, еріксіз ыңырсыған. Бортта  кейбіреуінің қолы байлаулы, кейбірі шалажансар ғана, қан-жоса болып өзі сияқты жас жігіттер жатыр. Қыздар да бар сияқты. Кеспелтек таяқ ұстаған бірнеше солдат баса шығып, үстеріне отырған.

____________________

*Кет бар.., саулық қой! – орысша.

Бір уақытта адам тиеген көлік әлдебір жерге келіп тоқтады. Артқы бортты ашқанда көрді, қаптаған солдат пен милиционер. Милиция бөлімінің қорасы болса керек. Көп ұзамай-ақ бұларды бір-бірлеп жұлқып түсіре бастаған. Одан кейін біріне бірі қарама-қарсы, екі қатар болып тұрған топ солдаттың ортасынан өткізді. Оның мәнісі: машина тұрған жерден бастап, КПЗ-ның* темір торлы есігіне дейінгі аралық –  шамамең жүз қадамдай жер, жүгіріп өтуің керек, ал екі жақта тұрған әскер сен «қарақшыға» жеткенше резеңке таяқпен бас-көз демей сабайды. Тура патша заманындағы экзекуция.

Алдыңғылардың  таяқты ауырсынып ботадай боздағанын көрген кейінгілер артқа серпілген. Офицерлер айғайлап,  тепкілесе де, аттап баспай қойды. Сол кезде мұндай ақылды болар ма, анадай жерде арпылдап, жұлқынып тұрған көп итті босаттырған.  Талауға түскен жігіттер еріксіз қолымен басын  жауып, жонарқасын таяққа төсеп, тұра жүгірді. Аласа бойлы, бір бала жігіт жүгіріп бара жатып құлап қалып еді, қуып жеткен овчарка  иті жалма-жан жұлмалай бастаған. Әлгінің «ағатайлар-ай, әкетіңдерші мынаны, ағатайлар-ай!»  деп құлындаған дауысы құраққа жетсе де, ешкім міз бақпаған.

– Иә, жігіттер, бұл бір жосын нәрсе болды, – деді шашы тікірейген отыздардағы қара жігіт, бәрі қамауға түсіп, темір есік тарс етіп жабылғанда, – тіпті ес жиғызбады ғой, әкеңді…

Рас, ес жидырмады. Осының бәрі қас пен көздің арасында өтіп еді. Хақназарға түс сияқты көрінген.  Тіпті өз көзіне сенбей отыр еді: бір ауыз сөзге келмей, итше сабағанды кім көрген.

Біреу ыңырсыды. Шөке түсіп отырған бұрыштағы жігіт екен. «Оң қолы шығып кетіпті, не істеу керек, жігіттер?» деді қасында отырған біреу. «Есікті қағып, айтайық ана иттерге, скорый шақырсын» деді тағы біреу. Әлгі «ес жиғызбады ғой» деген қара жігіт кісілердің арасымен өтіп барып, темір есікті қаққан.

– Че, че надо?! – деп ар жақтан біреу айғай салды.

– Адам өлгелі жатыр, дәрігер керек!

____________________

*Алдын ала қамау камерасы. – (Орысша, аббревиатура).

  2

Кешікпей-ақ тергеу, тексеру басталған.

– Фамилия?! – деді, мұны солдаттар тінтіп болған соң, жазу жазып отырған, басы қазандай, семіз майор.

– Шығаев.

– Атың?

– Хақназар.

– Туған жылың?

– 1968.

– Қайда оқисың?

– СХИ-да*.

– Факультетің?

– Экономика. 2-курс.

– Так, – деді майор, енді байқа, жауапты жұмысқа  кірісеміз дегендей, шалқайып отырып.
– Площадьқа не іздеп шықтың? Нені көксеп бардың? Біреулердің айтуымен бардың ба, айтса, кім барайық деген? Біреу жіберді ме әлде? Жіберсе, кім ол?

– Өзім бардым.

– Өзім… Өзің атаңның басын іздеп бардың ба ол жерге?

– Енді…  әскер жиылған соң, не істеп жатқанын білгім келді.

– Қарай гөр мынаның сөзін. Әскердің не істеп жатқанын білгім келді. Өкіметке қарсы шықкан  хулигандарды тоқтату үшін келген ол әскер. Сен соны білесің бе?.. Сенен сұрап тұрмын ғой, ей, малғұн?!

– Жоқ…

– Қасыңда кімдер болды?

– Ешкім болған жоқ, жалғыз бардым.

– Автобустың терезесін шағып, машиналарды өртепсің ғой площадьта.

– Кім?

– Сен.

– Мен алаңда болғам жоқ. Тек Фурманов көшесімен өрлеп, алаңға енді жете бергенімде әскерлер ұстап әкетті.

– Сен, немене-ей, – деді семіз майор көзі шатынап, быртиған саусағының арасына қыстырған қаламын үстел үстіне тастай салып, – кіммен қылжақтасып отырсың? Алаңда мәшинені төңкеріп, от қойып жүргеніңді, совет өкіметіне қарсы сөз айтқаныңды біз білмейді деп отырсың ба, а?!

– Давай,  көп  басты қатырмай  мына протоколды толтыр, – деді бір уақытта әлдеқайдан бір қағазды суырып алып, – Есіңде болсын: істеген ісіңді мойыныңа алсаң, бұл жерде көп ұстамай, үйіңе қайтарамыз.

– Мен ештеңе істегем жоқ, нені мойныма алам? – деді Хақназар.

– Сен, бала, ештеңені түсінгің келмейді ғой дейм. Әлде түрмеден бір-ақ шыққың келіп отыр ма, оныңды айт, көрген куәларды тауып, істеген ісіңді мойныңа іліп береміз. Онда уже қиын болады, айтпады деме.

Ақыры, алаңға бара жатқан жолда ұсталып қалдым, ештеңе істегем жоқ, ештеңе бүлдіргем жоқ деп хаттаманы толтырып, көк көз майордан тағы қаншама сөз естіп, камерасына қайтып келген.

Бұл кезде ымырт үйіріліп, қараңғы түсе бастап еді.

Хақназар отырған камерадағы бес-алты жігіттің ішінде бағанағы шашы тікірейген қара жігіт те отыр еді. Өзінің айтуынша, ол таңертеңгісін плакат, транспорант ұстаған бір топ жастарды көріп қалып, соларға ілесіп, алаңға келіпті. «Бұл өзі бір алай-дүлей боп кетті ғой», деді ол бұлардың алғашқы тергеуі бітіп, өздерінше бір тыныс тапқан сәтте. – «Отпускіде едім, шыққаныма осы екі-үш-ақ күн болған. Өзім мына Алматының түбінде Өжетте тұрам, кеше осы қаладағы әпекемнің үйіне қонып қалып ем. Содан, таңертең Брежневский площадьпен өтіп бара жатсам, Сәтпаевты бойлап, мына Сейфуллин жақтан бір топ жастар келе жатыр. Қолдарында плакат. Қарасам, «Каждой республике – свой руководитель» деп жазып қойыпты. Бұнысы несі деп, қастарына бармаймын ба? «Жігітім, жүр бізбен бірге, қазақтығыңды осындайда көрсетпесең, қашан көрсетесің» деді бір жуан қазақ кісі. Қарайм: бастықсымақ адам сияқты. «Қонаев ақсақалды алып тастады ғой»  дейді жай-жапсарды сұраған менімен қатарласып келе жатып. – «Ол кісіге обал болды енді… Өзің білесің, Ульяновскі дей ме, әйтеуір Ресейден Колбин деген біреуді әкеп қойды ғой. Оған мына жастар қарсы, иә, біз қарсымыз. Үйбай-ау, елді жиырма жыл билеген ақсақалды алып тастап, қайдағы біреуді әкеп қоя салатын Қазақстан ойыншық емес қой, солай емес пе? Құдайға шүкір, өзімізді өзіміз билеуге шамамыз жетеді. Бірінші хатшылыққа бір қазақ табылмады деген не сұмдық?! Тіпті, мақұл, қазақ болмаса да, осы Қазақстанда қызмет істеп келе жатқан өзіміздің бір орыс жоқ па? Бұл қалай, өзің айтшы». Шынымен-ақ, ол кісінің айтқаны дұрыс қой: өзімізді өзіміз билей алмасақ, несіне республика болып отырмыз, а, жігіттер? Содан, қаным қызып мен де алаңға келдім. Көп тұрдық. Біреулер сөз сөйлеп жатты. Сендер болдыңдар ма площадьта? Болмадым дейсің бе? … Ә, сен болдың ба? Көрдің бе сол кезде ақ бөкебай таққан, ана ұзын бойлы жігіттің сөйлегенін. Пай-пай, қаныңды қыздырып, алпыс екі тамырыңды солқылдатып жібереді, е, сөйлегенде… Расында, айтшы өздерің, қазақша мектептер мен детсадтардың жабылып жатқаны, жұмысшы қазақ жастарына үй берілмейтіні рас қой. Қазақ байғұс мына поршеньда ма, АЗТМ*-де ме, кез келген бір зауытта танауынан су кетіп он жыл жұмыс істейді, сондағы тигені – жатақхананың қуықтай бір бөлмесі. Бала-шағасымен улап-шулап аядай бір бөлмеде өлмес күнін көріп жатады. Ал сонау Ресейден келген біреу именно сол зауыттың біреуіне орналасса, айналасы екі-үш жылдың ішінде трехкомнатная квартира алып шыға келеді. Сұмдық қой. Одан да зорғы қиянатты көріп жүрміз, айта берсең… Бүгін соның бөрі ішке сыймай, бомба құсап атылды-ау дейім».

Қара жігіт жадырай күлген. Айтпақшы, таныспаппыз ғой, кемедегінің жаны бір, таныса, білісе отыралық, жігіттер, деп, камерадағы бес-алты қазақ баласын өзіне үйіріп алды. Аты Алдоңғар екен. «Күлеміз-ау» деді Алдоңғар бір кезде, маңдайын уқалап отырып, – «Мыналар, менттерді айтам, бүйректен сирақ шығарып, түймедейді түйедей қылып, бізге бір-бір статья ілейін деп отыр-ау осы. Хулиганканы ілмекші шығар сол. Иә, күлетін нәрсе емес. Мықты болыңдар, жігіттер. Ақыры таяқтың дәмін таттық қой, ұрса да, қорқытса да, ештеңені мойынға алмаңдар. Біріңді бірің көрсетпеңдер. …Қап, темекі жоқ, ә, ешкімде … Иттер не заявка жоқ, не доказательство жоқ, бізді үстіп қамап отыра бере ме?»

«Әй, дегенмен, сол кісі тегін емес» деген Алдоңғар бір уақытта әлдеқайда қарап отырып. – Тегін кісі емес. Не спецслужбаның адамы, не жастардың аңғырттығын пайдаланғысы келген біреу. Не болса да, елді аранға жығу үшін жүрген бір алаяқ. Әлгі маған алғаш жолыққан үлкен кісіні айтам».

Бұлардың ішіндегі жасы үлкені осы Алдоңғар ғана. Хақназарға оның осы әңгімесі, қарлығыңқы  дауысы камерадағының бәріне күш беріп тұрғандай көрініп кетті. Бір күннің  ішінде-ақ таяқты да, тергеуді де  көріп, кеудесі басылып қалған, енді КПЗ-ның сыз еденінде отырып, ертеңгі күннің не болатынын ойлап, елегізген жап-жас жігіттерге шынында да жасы үлкен Алдоңғардың бірге болуы әжептәуір ес еді.

3

Бәрінен де, жас болса да, самай шашын ақ шалған, қабағы бір ашылмайтын, еңсегей бойлы қарасұр қазақ жігітінің қайқайып тұрып кеудеден ұрғаны жанға батқан. Оны да қойшы, алабөтен иянаты сүйектен өтіп кетіп еді:

– Ты, сосунок, мразь поганая, ты что, прешь против советской власти? А?! Вот, такие все как ты, мамбеты, все не можете понять, что именно русские вас одели, обули, накормили… Какого черта искали на площади? Хотели власть свергнуть, мирных людей избивать, вандализм устроить?  У тебя спрашиваю, ей?!*

Үстінде формасы жоқ болса да, шені үлкен офицер екені аңдалған. Өзі ұлы нәсілдің тіліне судай екен.  Тергеу бөлмесіндегі аз уақыттың ішінде мұның әбден есін шығарып еді.

– А что у тебя глаза-то покрасневшие, не то солому куришь, да? Наркоман недорезанный!*

Содан соң семіз майордың құлағына әлдене деп сыбырлады да, жылдам басып шығып кетті.

– Ал, Шығаев, – деген көк көз тергеуші өз тілінде, үстелді тықылдатып отырып. – Кешеден бері «түк көргем жоқ, түк істегем жоқ» деп бет
бақтырмайсың. Айттым мен саған мойында деп. Өзің мойындасаң, жеңілге түседі деп. Енді өз обалың өзіңе.

Быртық қолымен алдында жатқан көк папканы ашып, ішінен бір парақ қағазды алып шықты.

– Міне, халық жасақшысының арызы. Сен оның қолын сындырыпсың алаңда, сосын…

– Қалай, қалай?! – деді жүрегі су ете қалған Хақназар өз құлағына өзі сенбей.

– Отыр. Отыр дедім ғой саған! Міне, былай деп жазылған арызда, так… так, «… сағат он екі отызда алаңның Фурманов көшесі жағында менің
қолымдағы дубинканы бір жас қазақ жігіті бұрап тұрып тартып алды. Мен әкел дубинкамды деп едім. Ол мені құлатып, сол қолымды сыңдырып жіберді. Мен ол жігітті көрсем, тани аламын» дейді.

– Ал енді сол жігіттің дәл мен екенімді қайдан біле қойдыңыздар?

– Алдыңгүні ГУВД-дан фотограф келіп бәріңді түсірді емес пе, сол шығарған суреттің ішінен сені анық танып отыр.

– Өтірік! – Мынадай бассыздыққа не айтарын білмей, Хақназар булығып қалған. – Жала!! Қайда ол кісі, пожалуйста, беттестіріңіздер.

– Саспа, беттестіреміз, – деді майор орнынан тұрып жатып. Асықпай, есікті ашты да әлдекімді шақырған.

Іле-шала кірген, сол қолы ақ бинтпен оралған орта бойлы сары жігіт бұған бір қарады да, анандай жерге барып отырды.

– Так, –  деді майор орынына отырып, темекісін тұтатып жатып. – Так, жолдас Звягинцев, қараңызшы, мына жігіт сізге таныс па, қайдан көрдіңіз, есіңізге түсіріңіз…

Сары жігіт бұған тесіле қарағанымен, үндемеді.

– Алаңда көрдіңіз бе бұл жігітті? Сізден сұрап тұрмын, Звягинцев, – деді майор даусын қатайтыңқырап.

–  Иә,  көрдім…  Осы…  Осы жігіт менің қолымды сындырған, дубинкамды тартып алған.

Хақназардың тынысы бітіп қалған. Орынынан бір тұрып, бір отырып «жала жауып тұр, өтірік!» дей бергені есінде. Кеудесінің түпкірінде булығып жатқан қорлық пен нала, ашу мен ыза бұрқ етіп сыртқа қайнап шығып, қолындағы кісенін жұлқи берген.

– Дұрыстап қарап алыңыз, – деп отырды бұл кезде майор. – Танысаңыз, таныдым, осы кісі деп, мына жерге жазыңыз!

Хақназар тамағының құрғап кеткенін сезді.

– Қалайша, жолдас бастық…

– Азамат бастық! – деп түзетті майор.

– Азамат бастық… аға, өтірік айтып тұр ғой бұл кісі! Сіз дұрыстап қараңызшы маған, шатасып отырсыз ғой. Сіз анықтап қараңызшы!

Қолына қалам мен қағазды алған Звягинцевтің қасына айғайды салып, жетіп барғанын біледі. Дәл осы кезде екі сержант кіріп келіп, бұлқынғанына қарамай қолынан сүйрелеп алып кетіп еді.

«Япыр-ау» деп ойлады камерада отырып. – «Соншалық арсыз болар ма еді мына Звягинцев дегенің. Әлде… расында қолын сындырған мен екен деп шатасып отыр ма… Жоқ, мүмкін емес. Көз алдында, жарықта қолын сыңдырып қойған кісінің түр-түсін маған ұқсатуы қисынсыз ғой. Әлде… Әлде… милицияның мені қорқыту үшін жалдаған кісісі ме… Қалай бұл енді…»Камерада бір өзі ғана отыр еді, шыдай алмай тұрып кетті. Ыза болып, бетон қабырғаны теуіп-теуіп жіберді. Осыншама қадалып, жала жабады деп үш ұйқтаса, түсіне кірмеп еді. Айтқан сөзге сенбейтін неғылған жандар өзі?… Не айтқаныңа, не жазғаныңа қарамайтын, тіпті алдында адам отыр екен-ау деп жөндеп сөйлеспейтін, өңкей бір кекірейген қатыгез адам. Бұндай сұмдыққа кез болам деп кім ойлаған?!»

«Оқуым не болып жатыр екен? Міне, төрт күн болды, оқудағылар үшін қайда жүргенім белгісіз… А, иә, айтпақшы, сол күні жатақханадан бірге шығып, алаңға барған жігіттер бар емес пе, солар түсіндіретін шығар бірдеңе деп… Не деп түсіндіреді? Милиция тепкілеп-тепкілеп тезегін шығарып, мәшинесіне тиеп алып кетті деп түсіндірмек пе? Жоқ, олардан ондай сөз шықпайды-ау. Мүмкін өздері де ұсталып қалған шығар… Қазір бір жерде мен сияқты көздері бозарып отырған болар… Жоқ, әкетсе, оларды мені тиеген  машинемен әкетер еді ғой, соған қарағанда, қолға түспей қашып құтылуы да мүмкін-ау, ә… Сонда, мен сорлы ғана қолға түсіп  қалғам ба?!. Апыр-ай, ә, қалай ұрынып қалдым. Нем бар  еді сол қызды құтқарам деп, жайыма  жүрмей… Әй, осы ақымақтығым түбіме жетеді ғой. Жетедің не, жетіп тынды емес пе ақыр соңында… Рас… құдай  сақтасын! Қалай құтылам мына  пәледен. Не бір туыс-туған жоқ мұңда жөн білетін, артымнан  іздеп келетін. Курстас жігіттердің қолынан келе ме мына иттермен сөйлесу… Әй, құдайым-ай!… Нем бар еді сол құрғыр площадьқа барам деп! Өлмесе өме қапсын, біріңді-бірің жарып өлтіресіңдер ме, ұрып өлтіресіңдер ме, маған бәрібір деп табанды жалтырату керек еді. Әуел баста. Енді отырған отырысым мынау. Шелек жалаған тұтылдының керін келтіріп. Жала шелегіңді  енді, мыйсыз, ақымақ!.. Дүние-ай,  шешем естісе не болады. Сенгенім сен едің ғой, құлыным, мұндай іске ұрынып қалғаның не, талай айттым емес пе, тыныш жүр, тек жүр деп, енді қайттік, деп назаланса, жаным шырқырап кетеді ғой… Әупірімдеп түскен оқуымнан шығарып жіберсе,  күнім не болмақ. Оқуы тұрсын, шынында да соттап  жіберсе, не істеймін. Қап!… Япыр-ау, мұндай да болады екен-ау… Он сегізімде түрмеге кетсем, қалған өмірім не болмақ? Түнек қой, түнек!!… Оу-у, қырсық құдайым-ай!..»

Хақназар өзін-өзі жеп жібере жаздаған. Ұшы-қиыры жоқ, түпсіз уайым еңсесін басып, басы солқылдап қоя берді. Ерінін тістелеп, қолын қолына ұрып ары-бері тоқтаусыз жүре берді, жүре берді…

4          

– Так, Шығаев, сенімен тәжікелесіп тұратын уақытым жоқ. Онсыз да алтын уақытым осы сенің  ісіңмен кетіп, босқа ысырап  болып жатыр, –  деген ертесінде көк көз майор. Тергеу процесін «жеріне жеткізіп»    қалған кезі еді. – Сен, кешегідей үйтіп… жұлқынып, қарсыласқаныңды қой. Бастықтың өзі саған тісін қайрап отыр, істеген ісін неге мойынына алмайды деп. Сондықтан көп басты катырмай қолыңмен істегеніңді… –  шегіп  болған темекісінің тұқылын күл салғышқа  мыжғылап, бықсытып барып  өшірде де, оның  үстіне мипаздап тұрып түкірді, – …қолыңмен істегеніңді андағы жуан мойыныңмен көтер. Мен саған өзім ғой деп айтып отырмын. Егер жасақшыны ұрғаныңды  мойындамасаң, қылмысты іздеу тобы бар, біздің тергеу бөлімі бар, саған «мокрое дело» –  кісі өлімін ілеміз…  Одан құтыла алмайсың, даю честное слово офицера!* Ал мына қылмысың түк емес, көп болса,  үш жыл, әйтпесе бір-ақ жыл береді. Сен сөзіме.  Маған оңай тиіп отыр  дейсің бе, осының бәрі.  Сендерге біз қадалып отырғамыз жоқ, сендермен айналысып отырған мына біз –  милиция қызметкерлері  емес, ана…, – сұқ саусағын шошайтып төбені көрсетті, –  …ана жақтағы үлкен кісілер. Өзің ойлашы, бала емессің, өкіметке қарсы  шықсаң,  оныңды қай өкімет кешіреді, а? Ешкім кешірмейді. Тарихтағы декабристер сияқты болдыңдар сендер, е-хе-хе. Біріншінің өзі патша сияқты ғой, сендер жергілікті  патшаға, совет өкіметіне қарсы таяқ алып шықтыңдар. Совет өкіметін  құртқыларың келді, бізді… бөтен ұлттарды  қуғыларың келді. Солай ғой… Басыңды шайқама, бәріңнің ойың сол. Қолдарыңнан келсе, басымызды кесіп алудан тайынбайсыңдар… Жә. Сонымен сендердің алаңға шығып митинг  ұйымдастырған әрекеттерің, өкіметке қарсы сөйлеген сөздерің саяси бағыт алып отыр, ал бұл тұрғыдағы  қылмыстық істер оңайшылықпен жабылмайды, осыны есіңе сақта. Сондықтан сен осы іспен ғана құтылғаныңа қуан. Іс жүргізу қағаздарына  қол  қойып, қарсылық білдірмесең, заң тарапынан жеңілдік көрсетеміз, бір-ақ жыл аласың. Мүмкін шартты түрде. Онда сот залынан  бірден бостандыққа, далаға шығып жүре бересің.  Пожалуйста, қайда барам десең, өз еркіңде, оқуыңды жалғастырам дейсің бе… Ал түзу ақылды тыңдамай, осылай қырсығып отыра берсең, басқаша сөйлесуге тура келеді.

Жирен мұртын тістелеп қойып, көк көз майор осы  нұсқада көп ақыл-кеңес айтты. Тергеу барысында бірінші рет өңі жылынып, шешіле сөйлегені еді. Хақназар манадан бері айтылып жатқан сөздің бірін естіп, бірін естімей отырған. Көңілі басқада еді. Ұрсуды да, ұруды да көріп, шала ұйқы, әлсіз тамақпен өткен бес-алты күннің ішінде жүдеңкіреп қалған да еді.

– Отырыңдар, жігіттер, – деп майор бір кезде екі жігітті ертіп әкелді.

Қабырғадағы орындыққа алдымен осы екеуін, содан кейін Хақназарды отырғызып, қазір куә адамдар келіп, осы үшеуіңнің араңнан қылмыскерді табады деп, ешқайсысының сөйлемеуін талап етіп, бөлмеге егде тартқан, толық әйелді кіргізді.

– Ал, жолдас куәгер, мына отырған үш кісінің арасынан он сегізінші желтоқсан күні Брежнев алаңында өткен бүлікке қатысқан, қатысып
қоймай, Звягинцевті… то есть халық жасақшысын ұрып, жерге құлатып, қолын сындырған қылмыскерді тауып, көрсетіп беріңіз. Бұлардың ішінде жоқ болса, жоқ деп оныңызды айтыңыз. Кәне.

– Айтпақшы, тұра тұрыңыз, тұра тұрыңыз… –  деді майор іле-шала. – Өтірік куәлік берген адам заң жүзінде жауап береді, білесіз ғой оны,
так, так, онда мына жерге қол қоя қойыңыз. Міне, дұрыс болды… Ал енді қараңыз мына кісілерге. Қайсысын көрдіңіз алаңда?

Егде әйел бір сәт аңтарылып, бұларға қарап қалды да, оң жақта, терезеге тақау отырған Хақназарды нұсқады:

– Міне, мына жас жігітті… көрдім…

– Қай күні көрдіңіз? – деп сұрады тергеуші.

– Қай күні дейсіз бе? – деп сәл тосылып қалды куәгер, одан кейін қол орамалымен бетін, көзін сүрте бастады. – Дәл енді есімде жоқ…

– Жарайды, – деді тергеуші, әлгі әйел мен бұлардың ортасында талтайып Хақназарға қарап тұр еді, – бірақ сіз бұл жас жігіттің қолына
қызыл шүперек байлаған халық жасақшысын ұрып, қолын сындырғанын растайсыз ғой.

– Иә, растаймын, – деді әйел. Күреңітіп кеткен Хақназарды көріп, жүзін бұрып әкеткен.

– Тамаша… Так, енді мына жерге қол қойыңыз, дұр-рес. Мына жерге де.

Қалай десе де, тергеуші өз ісінің маманы болып шықты. Осылай тағы бір куәні – отыз жастар шамасындағы дударбас жігітті әкеліп, ол шұқып тұрып Хақназарды көрсеткен соң, көңілі жайланған болуы керек, қолын қайта-қайта уқалап, қағаздарын реттеп жазуына кірісіп кетті.

Істің қалай бет алғанын түсінген Хақназар ең соңғы амалға көшіп еді:

– Жолдас тергеуші, – деген. – Бұл куәлар не десе, о десін, менің бұлтартпас алибиім бар: өзімнің куәлерім – қасымда болған жолдастарым бар. Солар бәрін көрген, бәрін растап береді.

Тұқшиып жазу жазып отырған майор басын қалт көтерді. Езуінде мысқыл тұрған.

– Сен, Шығаев, алаңға жалғыз өзім бардым деп едің ғой, есіңде ме? Хаттамаға солай түскен, солай деп көрсеткесің. Ендігі уәжің жүрмейді.

– Бәрібір сотта мен өз куәлерімді шақыртам, – деді Хақназар.

– Жарайды,  –  деді  анау қолындағы қаламсабын қоя салып. – Мә, қағаз, болған уақиғаның хаттамасы, толтыр қайтадан, жаз аттарын…

Екі күн өткен соң Хақназарды қайта шақыртқан. Соңғы үмітін үзбеген бұның алдына:

– Мә, оқы мынаны! – деп тергеуші сау еткізіп бес-алты бет қағазды тастай салған.

Оқыды. Қайран қалған. Одан соң ыза болды. Соңында түңілді. Іші алай-түлей болып, жер-жаһанға сыймай, қатты түңілген еді. «Болары болды деген осы» деп еді өзіне өзі, машинеге тиеп, прокурорға алып бара жатқан кезде. Басаров деген қалалық прокурор мұны қабылдаған да жоқ, қылмыстық ісін тез шолып шығып, түрмеге қамауға санкция беріпті. Бұл кезде Хақназар, үш күннен соң көрге де үйренеді деген рас шығар, үш сағат өтпей-ақ өз тағдырына мойын ұсынғандай еді. Түс пен өңнің арасында жүрсе де, автозакқа* отырғаны, темір торлы есіктері сарт-сұрт жабылып, түпсіз шыңырау, қараңғы үңгірдей суық түрмеге кіргені – бәрі есінде еді.

Сенген жолдастары алаңға барғамыз жоқ, Хақназарды көргеміз жоқ деп танып шығыпты.

5

Көшпелі жұртта абақты болған ба, бәрі отырықшы жұрттан келген ғой, абақты, түрме, зындан деген. Ғасырлар бойы қамау мен айдаудың

түр-түрін көрген, соған орай ащы да болса, дәл айтылған орыстың «от тюрьмы и от сумы не зарекайся» деген мақалы қайнаған өмірдің өзінен алынған еді. Қазақшасы «түрме мен қайыршылық айтып келмейді» дегенге келсе керек.

Империяның отарында жатқан жұрт та түрменің дәмін бір кісідей білетін.

Іле Алатаудың кең қолтығында, Найзақара мен Теміршыңның терістігінде, Көктөбенің етегіндегі жазаңға 1854 жылдан Верный бекінісі салына бастап, кейінірек сол ғасырдың соңына таман қазіргі Алматы түрмесінің де іргетасы қаланып еді. Отырықшы, белгілі жұрттың шежірелі тарихтағы Бастилия, Матросская тишина, Бутырка, Таганка, Лефортово сияқты атағы жер жарған түрмелеріндей болмаса да, ғасырдан астам ғұмыры бар Алматы абақтысының да көргені аз емес. Мұның да жер асты суық зындандарында арғыны қоя тұрып, XX ғасырдағы 16-ның, 29-дың, 37-нің, 51-дің саяси тұтқындары көздері бозарып айдауды күтіп жатқан.

Алғаш камераға кіргенде не істерін білмегені рас. Темір төсек жамбасына батып, екі күн карантинде жатқан ол первоходтың* бір камерасына кіргенде қайдан, қайтіп орын аларын біле алмай, аңырып қалды. Камера ішін тер мен қолаңса исі басып тұр еді.

– Кел бері, – деген аңтарылып тұрған бұған төргі бұрышта малдасын құрып отырған біреу, кейін білді камераға жауапты жігіт осы екен. –  Қай баппен түстің?

– Ол не демонстрация? – деді содан соң бұл жағдайын айтқанда.

Хақназар болған жайды қысқа қайырған.

– М-м.. да, – деді әлгі жігіт. – Жарайды, ана бұрыштағы орын сенікі, жайғасып жата бер, тұра тұр, – деген содан соң мұны еңкейтіп,
құлағына сыбырлай, – фанера бар ма?

– Ол не?

– Ақшаң бар ма деймін өзіңмен бірге?

– Жоқ, – деді Хақназар.

Рас жоқ еді. Автозактың айдауылдары да, СИЗО* қызметкерлері де әбден тексеріп, тіпті «стаканчиктің» жанында тыр жалаңаш шешіндіріп, отырғызып, тұрғызып әбден итін шығарып еді, қайдан болсын ақша.

– Жарайды, бара бер, – деді анау бұйырып.
Хақназарға тиген шконкада әр жерінен тесіліп, ішіндегі мақтасы шығып, буылтық-буылтық болып жаман матрац жатыр екен. Бірақ оған қарайтын уақыт жоқ еді, шала ұйқылы, әбден қажыған ол үстіндегі курткасын жастық қылып, жантая кетті.

– Сен былай істе, – деген ертеңіне түрменің төбесіндегі даланға шығып, таза ауа жұтып келген соң Адик (камераға «карап отырған» жігіттің аты

Адик екен). – Әуелі төсек-орыныңды жөндеуің керек, ретке келуің керек. Одан соң қарыныңның қамын ойлауың қажет. Солай емес пе?

– Солай.

– Так вот. Балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей, мұндай жерде әркім өз қамын, өз семейкасының* қамын ойлауы керек. Сенің
семейкаң аналар болады, – деді Адик Хақңазардың қасында жататын үш-төрт  жігітті нұсқап. – Солармен бірге жүресің, бірге тамақтанасың.
Қайғы-мұңың ортақ болады, камера тәртібін, мұндағы жүріс-тұрысты солардан сұрап ал дұрыстап. Мен айтты де.

СИЗО-да құр матрац ғана болады екен, көрпе, көрпе қап, одеял, жастық дегенді сырттан алдыруың керек екен… Сырттың мәнісі мынау: бұларды күзететін түрме сақшылары – тұтқын тілімен айтсақ, «дубактар»  арқылы киім-кешек, азық-түлік сияқты керек-жарақты алдырады екенсің… Әрине, ақшасына. Азғана айлығы бар дубактар осындай мезірет жасап, «калым» табатын көрінеді. Қызыл армияда, оның ішінде ішкі әскерде қызмет етіп келген жас жігіттер, өзге жерден жұмыс таба алмай ма, әлде мұндағы жұмыс жеңіл көріне ме, әйтеуір СИЗО-ға келіп орналасады екен. Көздегендері – оңай ақша табу ғой. Тұтқындарға шай, темекі, оңтайы келсе, кейде тыйым салынған дүниелерді (мәселен, арақ, есірткі шөптері) де жасырын сатып, күнкөрістік әжептәуір ақша табатын көрінеді. Бұлар арқылы сырттағы ағайын-туыстан ақша да алдыруға болады екен. Тек оның тең жартысын,  кейде үштен бірін, енді келісіп, көндіруіне байланысты,   сол дубактар алып қалады екен. Ал түрмеде өз қолында ақша болса, жағдайың жаман емес деген сөз. Камерадағы ел-жұртқа да, семейкадағы жігіттерге де қадірің болады екен. Мұны Хақназар бірте-бірте ұға бастаған. Тіпті әуелде дубактармен қалай сәйлесудің, олардың тілін қалай табудың да амалын білмеуші еді.

Дубактың да түр-түрі бар. Шахта, құрылыс сияқты ауыр жұмыстан қашып, қолына дубинка* ұстап алып, теңселіп уақыт өткізгеннен басқа қиын ештеңесі жоқ осындай қызметке тұрған дубактардың көбі жеңілдің астымен ақша табу үшін келетін дедік. Десе де, «әділдік» үшін не белгілі бір идея үшін жұмыс істеуге келетіндері де болса керек, бірақ олар да уақыт өте келе өзгелердің қатарын толтырар еді. Үйткені, аяққа тартса басқа, басқа сүйресе, аяққа жетпейтін шолақ айлық өзгелер сияқты «калым» жасауға еріксіз итермелейтін. Әрине, тыйым салынған дүниені сатып (мысалы, есірткіні), кумға ұсталып қалған дубактардың жағдайы жақсы болмас еді, ондайлардың көбі істі болып, күзеткен түрмесінде өзі отырып жататын. Сондықтан болса керек, дубактар бірінен-бірі қуыстанып жүретін. «Сауда жұмыстарын» бөтен көз жоқта тындырар еді.

Алматыда тымқұрса алыс жамағайыны жоқ Хақназар курстастарына еріксіз жалынуға мәжбүр болды. Үйткені бір жағынан төсек-орын мен киім-кешексіз, азық-түліксіз күн көру қиынырақ болса, екіншіден, тағдырдың жазуымен, қатар жатқан адамдармен де бірдемені бөлісіп жеу керек еді. Айналып келгенде, амалсыз бірге оқыған жолдастарына жүгінуіне тура келген. Онша сеніңкіремей отыр еді: бірақ көлеңке түскенде көрінбей, тергеу кезінде сатып кеткен жолдастары бұл жұмыста меселін қайтармапты. Мүмкін осылай кінәларын жуғысы келген шығар. Не болса да, төрт бүктелген, екі елі маляваны* таныс дубак арқылы беріп жіберіп еді, кешікпей жауап та, оған қоса сұраған дүниелері де келді. Азын-аулақ ақша салып жіберіпті. Хақназар өзі мән бермесе де, Адик оны қомсынған еді. «Такие крысы обязаны хлопатать за тебя. Грев должны носить!» деген. Амал жоқ, Адик емеуірін білдіргесін, іс былықпай тұрғанда өз бастарыңды таза алып қалам десеңдер, бәленше ақша салыңдар деп, қайтадан хат жазған.

 6

«Абақты қатар-қатар болады екен, ішіне жаман-жақсы толады екен» деген өлеңді кім айтқанын Хақназар есіне түсіре алмады. Тыстағы дүниеден биіктігі үш құлаш дуалмен, тікенек сымның әлденеше қатарымен бөлінген абақты өмірі сырт адам үшін белгісіз екені де рас.

Электрдің қуатын барынша жейтін жердің біреуі – СИЗО. Мұнда күндіз-түні жарық сөнбеуі керек. Тұтқындарға берілетін үш уақ тамақ та қазынаның мойынында. Көбінесе сұлыдан қайнатылған ботқа болса да, (тұтқындар өздері «параша» дейді) әйтеуір жоқтан бар. Нан күнде келеді, оған өкпе жоқ. Анда-санда ет, картошка сияқты жылы-жұмсақ та тиіп қалатыны бар. Қалай алса да, тұтқындар аштан өлмейтін еді, дегенмен үйден келген, дүкеннен алған тамақтың орыны бөлек қой, сондықтан тұтқындар сырттан – үйден тамақ алдырғанды тәуір көретін. Әрине, шамасы келсе. Ақшасы болса. Алдыратын тамақ сүрленген ет, колбаса, консерві, пияз, сарымсақ, ірімшік секілді бұзылмайтын азықтар болушы еді. Одан соң, әрине, темекі жарықтық. Өзің шекпесең де, камерадағы жігіттерге сыйлайсың, әйтпесе, дубактарға бересің. Бірақ Хақназар өзі де шегуші еді, сол себепті жағдай болса, көбірек сигарет алдырғанды теріс көрмейтін.

Тұтқындар біріне-бірі көп сыр аша қоймайтын, кім біледі, араларында кумның жасырын агенті – наседка отыруы да ықтимал ғой. Біреудің ішіне біреу кіріп шыққан ба. Әйткенмен Хақназарға, әуелгі күдік пен күмән сейілсе керек, Адик те, камерадағы басқа беделді тұтқындар да теріс қабақ  танытқан жоқ. Қалай болар екен деп СИЗО-ға қобалжып келген Хақназардың да күн өткен сайын еті үйрене бастаған. Әсіресе соңғы келген ақшаның біразын ортақ кассаға қосқаным деп Адикке бергелі бері өзін еркін сезінетін болды.  Мұның қылмыстық ісінің жай-жапсарын сұрап, тергеу үстінде алай де, былай де деп тісқаққан тұтқыңдар ақыл да қосушы еді. Ондайда көбіне үндемей отыратын Адик, мен білсем қалай бұлтарса да, Хақназардың хәлі мүшкіл, үйткені бұл өкіметтің кәріне ілігіп отыр, сондықтан осы бастан өзін зонаға дайындауы керек дейді. Бұл сөзді естісе, Хақназардың жүрегі зырқ ете қалады. Түн баласы дөңбекшіп шығар еді. Уайымның үстіне қараңғыда ұйқтап үйренгендіктен, шақырайып тұрған электр жарығына қалыптасу да қиын болды.

Түтін сіңіп, ыс шалған, тер иісі мен қолаңса кеудені қапқан, ауасы тар камераға да, есік түбіндегі пятаққа* отыруға да еті үйренді. Шмон** кезінде дубактар алып кетпеу үшін ақша, шай, заточка секілді тыйым салынған дүниелерді куыс-қуысқа қалай жасыруды да біліп алды. (Заточка дегеніміз – нан турау, мата кесу секілді қажетті нәрсе үшін қолдан жасалған пышақ. Ол көбінесе шконкадан жұлынып алған ұсақ темірден жасалушы еді. Хатаның*** қуыс-қуысын тінткілеп жүріп, кабур*** қазуды да үйренген. Көрші хатадан әлдеқаңдай керекті зат алғың келсе, осы кабурлар арқылы суырып алу үшін «еж**** жасалады.

Онымен жұмыс істеуді, кейін «конь» жасап, оны сүйретуді де меңгерген. «Конь» дегеніміз – тарқатылған жүн шұлықтан немесе жіптен есілген шылбыр. Оның бір ұшында, – «стрела» деп аталады, –  сым темірден жасалған, имек, үшкір, жарты қарыс «найза» болады. Бұл жоғарғы немесе төменгі хатадан әлдебір жүкті түрменің терезесі арқылы алу үшін пайдаланылатын құрал. Мәселен, жүкті –  нығыздалып толтырылған, құлағы бар кешерді** – төменгі хаталардың біріне жеткізу үшін оның құлағына жебесін іліп, «коньды» жалпақ, темір жалюзі бар терезенің торы арқылы саумалдап өткізіп төмен түсіресің, сосын төмендегі хатаның нөмірін айтып, дауыстап шақырасың, өз кезегінде олар да жаңағы жүкті тезірек іліп алып, ары қарай төмен түсіруге тиіс. Бұл жасалған жұмыс тұтқын тілінде «жол салу» деп аталады. Ал жүк түсірген адамды «коневой» дейді. Кез келген түрмеде осындай «жолдар» болады. Түрме күзетшілері сыртында жүріп, мұны көріп қалса, жұлып тастайды. Бірақ «кілтін ойлаған түрме қызметкеріне қарағанда, тұтқындар өзінің темір торлы терезесіне көбірек алаңдайды» деп Стендаль жазып па еді, сол сияқты, күзетшілер салынған жолды, жолмен өткен жүкті, не болмаса жүк тартқан «коньды* қашанғы қуалап жүрсін, бәрібір қойдыра алмас еді.

Анда-санда дубактардың рақымы түсіп бір сағат тұрып  қалмаса,   әйтпесе  жарты  сағатқа шығып, прогулочный дворик – ауа жұтар далаңда ғана еркін тыныс алып, бой жазатын тұтқын халық қалған уақытын тар камерада өткізер еді. Бір орында жата-жата жамбас тесілгесін, қан тарасын деп еріксіз қою шай ішер еді. Шифер ішетіндер де бар. Ыстық, қара шайды ішіп алған адамнын бойына қан жүгіріп, лықылдап тұрған басы жазылар еді, қолқаны қапқан сасық ауаны ұмытып, көңілі көтеріліп, арқа-жарқа болып қалатын еді… Үйткені тар жерде үйелеп жатқан адамның деніне күш, бойына қуат беретін – осы ыстық шай ғана. Содан болар, шайдың қадірі түрмеде ерекше.

«Қонаққа бару» деген бар. «Қонақтың» мәнісі – күзетшілерден рұқсат алып, бір хатадан екінші хатаға бірер сағатқа барып қайту. Әлбетте, дубакқа немесе, корпуснойға* ақысын төлеп қана барасың. Оның өзінде, егер корпуснойдың көңілі түссе. Бұл процесс көбіне түнде жасалады. ДПНСИ** кең болса, көңіл күйі жақсы болса, ақысын аямай төлесең, бірер сағатқа ғана емес, бір түнге, таң атқанша қалаған хатаңа барып, таныстарыңмен әңгіме-дүкен құрып қайтуға болады. Түн баласы осындай қонақтар жүріп жатады. Көбіне-көп ақшасы мол положенецтер*** қаңғып жүруші еді. Адик те көрші-қолаңға шығып келуге әуес еді. Барған үйі сыйлап жіберетін болуы керек, келгесін аузынан арақ иісі мүңкіп тұратын. Қонаққа  баруға  рұқсат еткенімен корпуснойдың өздері қыпылдап жүреді. Оперативтік бөлім сезіп қалса, дубактардың ешқайсысына жақсы болмайды, тіпті ДПНСИ-дің өзі олармен байланыспауға тырысады. Тұтқын тілінде «кум», «кумовья» деп аталатын бұл бөлімнің түрменің  ішінде тергеу, тексеру жүргізуге қақысы бар. Әр постка бөлінген әрбір камерада өз агенті болатын. Оның кім екенін тұтқындар көбіне-көп білмей өтеді. Сол кум, егер «қонаққа» жағдай жасаған дубакты біліп қалса тиісті шара қолдана алады.

Опербөлім – қожайынның  (түрме бастығының) сенімді өкілдері. Олар қожайынға түрменің жүгірген тышқанына шейін – бәрін айтып отырады.

7

Хақназар отырған кезде Миша Лычкин деген кум болды. Нағыз жандармерия еді. Өзі дзю-додан спорт шебері, Воронеж жоғарғы милиция мектебін қызыл дипломмен бітірген бұл жігіт түрмеге алғаш келгеннен бері «біздің Миша» аталып, білгір қызметкер ретінде көзге түсіп еді. Темір есікті еппен ашып, жымын білдірмей жетіп келетіндіктен Мысық деген ат алды. Түрмеде істейтін әйелдер де ешкіммен жүз шайыспайтын, арақ-темекіге әуестігі жоқ, тік жүріп, тік келетін орта бойлы, сымбатты  осы бір жас жігітті жек көрмес еді. Неге екені белгісіз, сол Мишадан тұтқындар да, дубактар да іштей сескеніп тұратын. Өзі осы жұмыс үшін жаратылған жан еді. Бірде-бір дубакқа зекіп көрген емес, бірде-бір  тұтқынды нұқып көрген емес, әйткенмен қай-қайсысы болса да, өздерінің үстінен қатталып жатқан компромат  бар екеніне күмән келтірмес еді. Карьерист деген осындай бола ма, ел ұйқтап жатса да, түннің бір уағында қолына папкасын ұстап, жылмиып Лычкин жүреді. Тым-тырыс тұрған продолда тұрып-тұрып, мына хатаны аш та, тұтқындарды  шығарып отырғыз деп бұйрық береді, сүйтеді де, өзі корпуснойды жұмсап, камера тұтқындарының  карточкасын алдырады. Санай келсе, бір тұтқын қонақта болып шығады… Сүйтіп иісшіл кум қонақ шығарған камераның дәл үстінен түсер еді. Осы тәсілдің арқасында дубактардың түгелге жуығы  Лычкиннің қармағына ілінген еді. Әлде наседканың көмегімен  торға түсіре ме, кім білсін, әйтеуір түрме тұрғындары Мысықтың алдында жазықты болмаған  дубакты естімепті. Сүйтіп жүргенде Хақназардың да бір рет Миша-кумның алдына барғаны бар. Екеуі ұзақ «сырласқан». Сыбайластарың кім, достарыңмен араларыңда не әңгіме болды деп қайта-қайта сұрағаны,  кең камераға ауыстырып, жағдайыңды жасаймын деп алдаусыратқаны  есінде қалыпты. Әсіресе кабинетінен шығыа  бара жатқанында естіген «нацист болып шықсаң, лагерьде шірітіп өлтірем сені»  деген азбарлы үні әлі құлағынан кетпейді. Сол Лычкин кейін, жеті жыл өткен соң түрме бастығы болыпты  деп естіген.

Кумға ұсталмау  үшін дубактар калымды аса сақтықпен жасайтын. Мәселен, арақ сату қылмыс  саналады. Бірақ оңтайы келсе, бағасы түрмеде бес есе, он есе өсіп кететін саудадан дубактар қашпас еді. Ол үшін сенімді «клиентімен» түнде оңашада сөйлесетін.

Десе де, офицерлердің калымының жанында  дубактікі тышқанның ойыны еді.  Аты изолятор болса да, сырттағы адаммен бірер сағат жүздестіруі қап-қабымен азық-түлік кіргізу сияқты жұмыстар қожайынның рұқсатымен ғана жүргізілер еді. Ішінде телевизоры бар екі адамдық, төрт адамдық «люкс» хаталар болады. Ақшалы тұтқындарды соған жатқызып, апта сайынғы жамбаспұлын қожайынның өзі  шытырлатып санап алатын көрінеді. Тізе берсе, мұндай алыс-берістер жетіп артылады. Оның біразын төрт ай СИЗО-да отырған Хақназар да көріп еді. Осыған қарап отырып, «тюрьма –  золотое дно» – «түрме – алтын астау» деген сөздің рас екеніне көзі жеткен.

«Алтын астаудан» жем жеп, түгі жылтырап жүрген  офицерлердің бірі – капитан Үсенов. Естуінше, бұл Үсеновтің әкесі  де ғұмыр  бойы түрмеде қызмет істеген кісі екен. ДПНСИ болып жүргенінде, жүректен кетіп, сүйегі осы абақтыдан  шыққан деседі… Үзілмей келе жатқан осындай қаракөктің тұқымы – капитан Үсенов продолда  келе жатыр десе, тұтқының да, дубагың да дір ете қалушы еді. Аузынан жалын шашқан еңсегей бойлы осы бір адамның сұсы алабөтен еді. Қашан көрсең, қабағынан қар жауып, сызданып жүреді. Солқылдаған жас бозбала күнінен осында жұмыс істеп  келе жатқан, түрменің қуыс-қуысын бес саусағындай білетін сол капитан кеспелтекпен аямай сабағанда кісінің жанын суырып алушы еді. Тұтқындар  қолына түспеуге тырысатын. Сондай қатыгездігінен болар, бір ауыз қазақша білмейтін қазақ Үсенов көп жылдар бойы режим  бөлімінің бастығы болды. Режим дегеніміз – түрменің тәртібіне қарайтын, тұтқындардың күн кестесіне жауап  беретін, таза ауаға деп далаға шығаратын, тағы басқа осындай жұмысты атқаратын бөлім. Бұларға жазықгы болып қалсаң, әй-шайға қарамай карцерге  жаба салады.

Карцер – астыңа төсеніш берілмейтін, күндіз шконкалары ашылмайтын, тастай суық, тар камера. Айыпты  болған тұтқындар осыған түседі. Дубактар келіссе, үш уақ баландаға* ғана рұқсат берілетін, суық карцерге түспеу үшін ақша беріп те құтылуға болады. Карцердің де, басқа кемераның да тәртібін ғана емес, терезе торын да аман-сау ма деп күнде тексеріп отыратын, секем  алса, бүкіл камераға шмон жасап, астын-үстіне шығаратын –  осы режимниктер. Егер темір істік, біз, пышақ сияқты дүниелер тауып алса, хатаға жауап беретін тұтқыннан сұрау алынады. Қаны бойына тарамай тұрған  кезде Үсеновтің өзі көріп қалса,  сабап алуы да ықтимал. Терісіне сыймай ашуланғанда, оның үстіне ішінде «жүз грамм» болса,  тұтқын түгілі, өзінің қоластындағы дубакты ұрып жіберуден тайынбайтын сол Үсенов өз жігіттері әлгіндей қылмысы мүңкіген сауда  жасап жатса, көрмегенсіп өтіп кетуші еді. Менің  құзғындарым да бұйырған несібесінен құр қалмасын деп ойлайтын болуы керек.

8

Таңның атысы, күннің батысы тар жерде сарғайып отыратын тұтқын үшін қуанышты шақтың бірі – төбедегі даланға шығып, таза ауа жұтып  қайту еді. Әр камераның тұрғынын жеке даланға кіргізіп, дубактар сыртынан жауып кетеді. Әжептәуір кең жерде тұтқындар ары-бері жүріп, секіріп, бір жырғап қалушы еді. Хақназар да таза ауаға құмар еді. Әсіресе тордың үстіндегі ашық аспанға қарап тұрғанды ұнататын.

Даланға шығып «қыдырып» қайтуды қанша жақсы көрсе де, подвалдағы моншаны көп елдің суқаны сүймейтін. Бірақ амал жоқ, кірлеп, биттеп кетпеу үшін еріксіз баруға тура келеді. Моншасы – ыстық судан шыққан буы ғана бар, кең, алакөлеңке бөлмедегі әшейін үлкен душ.

Кісі көп, ауасы тар камерадан гөрі санчасть (санитарлық бөлім) деп аталатын түрме ауруханасында жату – барлық тұтқынның арманы. Аурухана болғанда, бұл да сол корпуста тұрған, тура сол сияқты камералар. Темір тор, шойын есік – айырма жоқ. Бірақ ауруханаға жатып шығу – тұтқын үшін тың серпіліс, үлкен тыныс, үйткені дікіндеген режимниктер мұнда көп келмейді, сәл еркіңдік бар, кісі аз, ауасы кең.  Таза. Дәрігерлер денсаулығыңды қарайды дегендей. Бірақ санитарлық бөлімге түсу үшін, әлбетте, сырқат болуың керек. Дүние кімнің көкейін теспеген, ең ақыры мұнда да аяқ-қолы сап-сау, тепсе темір үзетін жігіттер кездесетін…

Сүйтсе де, тұтқын халық үшін түрме мен лагерьдегі ең кадірлі адам – дәрігер еді.

Санчастьтың бастығы жасы жерортасынан асқан подполковник Куравлев деген кісі болды. Өзі сәл жаңғалақтау еді.

– Әй, Сидоренко! – деп ол продолды басына көтеріп айғай салады, кісіге жақындап кетсе, үстінен жуа мен спирттің,  темекі мен
қолаңсаның иісі мүңк ете қалатын, қашан көрсең, көзінің асты көлкілдеп ісіп тұратын арық стоматологқа.

– Тыңдап тұрмын, Петр Ильич…

– Өй, қараң қалғыр, акт қағазын толтыр деп ем ғой саған! Әлі жүрсің бе сенделіп? Жұмыс аяғы бітсе екен, жүз грамға жетсем екен деп жүрсің
ғой, – деп жарықшақ дауысты Куравлев сөзінің соңын орыстың ең күшті боқтығымен бітіреді.

Десе де, сырт көзге аңғалдау, алаңғасарлау көрінетін бұл шал ғұмырының жартысын түрме қызметінде өткізгендіктен қылмыскер жұрттың психологиясын бір кісідей білетін. «Бүкірді көр ғана түзейді» деп бекер айтпаған ғой… әй, бұларда опа жоқ» дер еді жас медиктерге шай ішіп отырған бір сәтте.

Бір күні аяқасты іші бұрап, асқазаны батып, бебеулеген Хақназарды первоход дәрігерінің көңілі түсіп, санчастьқа жатқызған. Сүйтіп, палатасында шахмат ойнап отырған мұны көріп қалған Куравлев «кәне, жүрші сен» деп кабинетіне алып келді. «Э, парень, ты молодец, небось мастера выполнил когда-то?» деген сосын бір партияны ұтарын ұтып алса да, арты не болар екен деп именіңкіреп отырған Хақназарға. Мұның турнирлерге қатыспаған шахматшы екенін біліп, басын шайқап қойды: «заманында біршама ойнаған біз сенен ұтылып отырсақ, сен, бала, оңай жаңғақ болмадың, онда».  Келесі партияны өзі жеңіп алса да, Куравлев ойынға қанбай қалдым, тағы ойналық деп, үшінші партияның тастарын тізе бастаған. Хақназардың тағы ойнауына тура келді. «Санчастьта қанша жатасың?» деп сұраған Куравлев ойын үстінде.»Қай  жерің ауырып түстің» демейді.

– Білмедім, оны дәрігерлер шешеді ғой…

– Мен шешетін болам, дәрігеріңе сүйтіп айт, – деген ақбас подполковник.

Шахмат десе, ішкен асын жерге қоятын ол Хақназар жазылса да, жібермей, он күн ұстап,  армансыз ойнады. Кезінде теориялық даярлығы күшті болса да, турнирге қатысып, тәжірибе жинамаған Хақназар, дегенмен ойнаған партияларының жалпы санын есептегенде, сақа ойыншыдан ұтылып қалып еді. «Ну, бывай декабрист» деген санчастьтың бастығы бұл әбден «емделіп», бұрынғы корпусына қайтар кезде.

– «Сотың тез болып, этапқа» кетіп қалмасаң, өзіме алдырып, тағы ойнармын».

Өзі өз болып тұтқындарды емдеп жатқанын көрмесе де, сол Куравлевтің наркомандарға айрықша қарайтынын сан байқаған. Сүйтсе, мамандығы невропатолог болған соң ба, шал бұларды тексеріп зерттеп жүреді екен. «Инеге отырып, қанын әдейі өзі бұзған соң адам шіркін ібілістің құлы емес пе, емделіп кетуі қиын-ау…» деп бас шайқап отыратын.

9

Сот жазғытұрым басталған.

Сотқа барар кезде тұтқын қауымы үсті-басын реттеп, сақал-мұртын алып, жөнге келіп бірақ шығатын. Жүрегі лоблып, көңілі қобалжып, сол күні ерте тұрып, әбден жуынған. Жаны бір, мұңы ортақ серіктері камерадағы жібі түзу, біркиер киімді үстіне жауып, қалжыңдап, қолпаштап шығарып салды.

Күн жаймашуақ еді. Алакеуім шақ. Автозактың темір торлы терезесінен қалаға қарап отырған Хақназардың көңілінде сергек сезім ұялаған. Жазғытұрғы жұпар иісті иіскеп, бүр жара бастаған жол бойындағы тал-тоғайға, таныс көшелерге, ондағы ел-жұртқа, сықылықтап күліп тұрған қыздарға, өзіне жетеқабыл үлкен сөмкені арқалап, мектепке кетіп бара жатқан бүлдіршіндерге қарап, бір жасап қалды. Бір сәт дүниенің бәрін ұмытып, өзін елге, ауылға бара жатқаңдай сезініп кетті. Айдауыл милитса таңғы пойыздан күтіп алып, енді станса басынан ауылға апара жатқан ағалары сияқты…

Әйтсе де, көңілде түйткіл тұрған.

Сот үйі – тозығы жетіңкіреген, Сталин заманынан келе жатқан екі қабатты сары ғимарат екен. Есік алдында тірі пенде жоқ. Еденнің ескі тақтайын сықырлата, айдауылы бар, бұл бар, сот сот залына кірген.

Бір уақытта «Встать, суд идет!» деп саңқ  ете қалған дауыстан жүрегі су етіп, көңілі алабұртып кетті.

Сот деген бұған бір қол жетпес, киелі сияқты көрінуші еді, олай емес екен. Кең бөлменің ішінде, мына бетте екі жағында екі сақшы, қолында кісен бар бұл тұрса, қарама-қарсы прокурордың орынбасары, оң жақ бетте судья әйел, тағы бір бес-алты адам, содан соң қолынан түк келмейтін  мұның адвокаты отырды. Бар болғаны осы-ақ.  Шешесіне хабар барған еді, өзі де хат жазған, колхоз бастығы жұмыстан босатпай жатса керек, әйтпесе құстай ұшып жететін еді-ау…

Осы кезде емешегін созып көптен күттірген сот процесі де басталып кеткен еді.

Жирен шаш судья әйелдің беташар қысқа сөзінен соң айыптаушы жақ міндетіне кіріскен. Прокурордың орынбасары қазақтың жігіті екен, қолындағы он шақты бет айыптау қорытындысын  ары-бері аударыстырып тұрды да, «қһа» деп  жөткірініп алып, зулата оқи жөнелді.

Бәрі де таныс, тергеу кезінде қайталай-қайталай әбден жауыр болған эпизодтар.

– Жәбірленушіні шақырыңыз, – деді сот бір уақытта.

– Жәбірленуші Звягинцев, – деді ол кірген соң, – сол, 18-желтоқсан күні өзіңіздің басыңыздан өткен оқиғаны бастан-аяқ айтып беріңізші.

Ашаң жүзді сары жігіт –  Звягинцев әуелі анықтап алайыншы, сол ма,  сол емес пе дегендей, қарап алды да, сөзге кірісті:

– 1986 жылы, 17, 18  желтоқсан күндері Отаныма борышымды өтеп, Алматыдағы Брежнев алаңында өз қызметімді атқарып жүргем. Өздеріңіз білесіздер, сол күні экстремистік, террористік топтар белгілі бір мақсатқа жету үшін сол жерде қоғамдық тәртіпсіздікке жол берді ғой… Мен адал қызметімді көрсеттім ол кезде.

Звягинцев, әлде-жаттап алған ба, газет оқығандай, мүдірмей сөйлейді екен.

– …содан шамамен сағат он екі, отызда алаңның Фурманов көшесі жағынан бір жігіт жүгіріп келді. Қызмет орынымда тұрғандығымнан
менің қолымда дубинка болды. Әлгі адам келді де менің дубинкама жармасты. Мен «тәртіп бұзбаңыз, азамат» деп кеудесінен ақырын итеріп
қойдым. Сол кезде  ол мені күрес тәсіліне салам деп, құлатып жіберді. Соның кесірінен сол қолым сынып кетті. Ол дубинкамды алып, алаңдағы топқа кіріп кетті. Мені милиция мәшинесімен ауруханаға жеткізді.

– Жолдас Звягинцев, сізді соққыға жыққан, қолыңызды сындырған қылмыскерді тани аласыз ба? – деп сұрады  судья.

– Иә.

– Осында отыр ма, көрсете аласыз ба? – деді судья әйел тағы да дәл бір бала бақшаның баласымен жасырынбақ ойнап отырғандай.

– Иә, ол мына кісі.

– Жақсы, отырыңыз. Куәгер бар ма?

– Бар, – деді әлдекім.

– Шақырыңыз!

– Азамат судья, маған сөйлеуге рұқсат па? – деді Хақназар орнынан тұрып.

– Отырыңыз. Сізге де кезек келеді, – деді судья.

– Куәгер Рыжова, 18-желтоқсанда сіз не көрдіңіз, жасырмай айтыңыз, – деген содан асықпай кірген жуан әйелге.

–Шамасы сағат күндіз он бір жарым еді. Фурманов көшесін бойлап, орталық музей жақтан біреулер жүгіріп келе жатты.

– Қанша адам жүгіріп келді?

– Он, он бес адам болар. Міне, сол топ жүгіріп келді де, алаңдағы топқа қосылды. Олардың соңына таман келе жатқан біреуді жасақшылар ұстап қалды.

– Халық жасақшысы деңіз, – деп түзетті прокуратураның сауатты қызметкері.

– Иә, халық жасақшылары. Мен ол кезде өзімнің үйімнің балконынан, Сәтпаев пен Фурманов көшелерінің қиылысындағы, күншығыс беттегі, «Океан» дүкенінің үстіндегі үйден қарап тұрғам. Звягинцевті, то есть жәбірленушіні мына кісі ұрып жатты, – деп жуан әйел Хақназарды көрсетгі.

– Шығаевты деңіз, – деді судья. – Бұл шамамен қай жерде еді?

– Сол жерде, әлгі халық жасақшысы осы Шығаевты тоқтатты ғой. Шығаев оны қалай ұрып жыққанын білмеймін, әйтеуір көзді ашып-жұмғанша Звягинцевті кұлатып кетті.

– Қолын сындырып кетті, –  деп түзетті сосын. – Мұның  бәрі тез, бес-алты минутта өткен оқиға еді.

– Сұрақ қоюға бола ма, жолдас судья? – деген осы жерде Хақназар тағы.

– Иә,  қойыңыз.

– Сіз, – деді Рыжоваға қарап, – менің сол кезде қандай киімде болғанымды айта аласыз ба?

– Қандай киімде дейсіз бе? – Куәгер сасып қалды. – Ол есімде жоқ.

– Қалайша?! –  деді прокурор орнынан тұрып тергеу кезінде бәрін айтып беріпсіз ғой, қара куртка,  көк кроссовка киген деп.
– Мен протест жасаймын, жолдас судья, – деді Хақназардың адвокаты осы кезде. – Куәгер ұмытып отырса, прокурор әдейі есіне түсіріп отыр.
Судья үндеген жоқ.

– Жолдас Рыжова, өзіңіз есіңізге түсіріп көріңізші, – деді бар болғаны.

–Иә, енді есіме түсті, бұл жігіттің үстінде қара куртка аяғында көк кроссовка болатын.

– Сіз қанша метрден көріп тұрдыңыз? – деп сұрады адвокат.

–Сол …шамамен жүз метр болар.

– Ал сіз тергеу хаттамаларыңда екі жүз деп көрсетіпсіз, – деді адвокат.

– Иә, есімнен шығып кетіп отыр, кешіріңіз… екі жүз метр.

– Екі жүз метрдей аралықтан бір көрген адамының  түр-түсін есіне сақтай ала ма бұл кісі,  киген киімінің өзін ұмытып отыр ғой.

– Адам екі жүз метрден көргенін есінде сақтай алады, оны арнаулы дәрігерлік комиссияның өзі солай деп шешкен, міне, анықтама қағазы, істің  ішінде тіркелген, –  деді пурокурордың орынбасары.

– Жақсы, – деді судья. –  Келесі куәгерді шақырыңыз, тезірек!

Екінші   куәгер –  көзі  жыпылықтап,  қозғалақтай беретін жас жігіт – болған оқиғаны  Рыжованың айтқанына ұқсатып баяндап шықты.

– Шығаев жәбірленушіні ұрып жатқанда сіз қай жерде тұрдыңыз? – деп сұрады адвокат.

– Сол күні  СХИ жақтан сағат 11-12-лерде Фурманов иен Сәтпаевтың бұрышына, алаңның шетіне бірнеше автоколонна келіп тоқтады, мен де солардың артынан іле-шала келдім. Ленин көшесінің бойында тұратын ата-енемнің үйінен келе жатқан едім. Сол кезде Фурмановтың бойымен тау жақтан бір топ жігіт жүгіріп келді де, шынжырша шұбатылып тұрған шекара әскерінің сабын бұзып, алаңдағы топқа кіріп кетті. Ішінде осы айыпкер бар. Жөбірленушіні құлатып, ұрғанын өз көзіммен көрдім.

Судьяның, адвокаттың қосымша қойған сұрақтары мен куәгердің оған берген жауабы да осы төңіректе болды.

Сот процесі ет асым уақытқа созылып, енді аяқталар мезгілде, Хақназар сөз сұрап:

– Қылмыстық ісім  дұрыс жүргізілмеді деп есептеймін. Үйткені куәгерлер өтірік айтып отыр. Менің сол кезде киген киімімді, оқиға болған уақытты  шатастыра берулерінің өзі соны көрсетіп тұрған жоқ
па. Азамат судья, менің ешқандай  кінәм жоқ, қылмыскер емеспін, бұлардың айтқандары  рас болса, баяғыда мойындайтын ем ғой… – деген  еді, жауап берген ешкім болмады.

Іле сот мүшелері өзара кеңесіп келеміз деп шығып кетті.

Олар келгенше Хақназардың дегбірі кеткен. Жүрегі атқақтап, ауызынан шығып кете жаздап  еді. Дүниеде өз тағдырыңның  қалай шешілерін  білмей, тағатсыздана күткеннен ауыр ештеңе жоқ шығар!

Қанша уақыт өткені есінде жоқ, әйтеуір арқасынан суық тер бұрқ ете қалғанда, еденді ойып жіберердей болып,  тепсіне басып  кірген судья «Заңымыздың атынан сөйлеймін!» деп бастап, «ауыл шаруашылық институтының екінші курс студенті, ұлты қазақ совет азаматты Хақназар Шығайұлы Шығаевты Қазақ ССР-інің Қылмыстық кодексінің  94-інші және 65-інші баптары бойынша алты жылға бас бостандығынан айырып, күшейтілген  режимдегі еңбекпен түзеу колониясына жөнелтуге» шешім шығарған еді.

 10

Түс көріпті. Бұрынғы, бастырылып жатқанында көретұғын атыс-шабыс, қырғын төбелес емес. Жақсы түс. Бірақ несімен жақсы екені есінде қалмапты. Тіпті не көргені есінде жоқ. Әйтеуір тарыққан жаны жадырап, шаршаған тәні балбырап, дем алып қалғанын ғана біледі. Сергек оянған. Күні бойы көңіл күйі көтеріңкі жүрді.

Этапқа дайындалып жатқан кезі еді. Сотталғандар мен транзитниктер* жататын камера тұтқын үшін тұрақты жатар  орын болмаған соң іші аса таза, жинақы болмайды. Және мұңдағы тұтқындар да бірімен бірі онша

жұғыса қоймаушы еді. Хақназар пешенеге жазғанға көніп, алдағы өмірді бір Алланың өзіне табыстап, киім-кешегін түгендеп, лагерьге баруға әзірленіп жатты. Тас-түйін болып алған.

Келесі күні таң бозынан дубактар темір есікті тарс-тұрс еткізіп ұрып, елді оятып алды да, кормушканы  шиқ еткізе ашып:       

–Шығаев осында ма? – деп сұрады.

– Осында.

– Этапқа дайындал!

Әйткенмен құлақ естісе де, көз көрмеген  бөтен дүниеге барасың дегенде, жүйке шіркін шыдамайды екен.  Хақназар дорбасын бір ұстап, курткасын  бір ұстап, жанын қоярға жер таппай қалды.

– Сабырыңды жоғалтпа, жігітім, – деген сыртынан байқап тұрған кәрі ходак**, – Лагерь де – адам тіршілік ететін жер, аузың мен қолыңа ие болып,  таза жүріп-тұрсаң, өлмейсің!

Бұларды Маңғышлақтағы зонаға жөнелтетіні автозактан түсіп, темір жол вокзалының түкпірінде тұрған столыпинкаға* отырғызғанда бірақ белгілі болды. Этапты күзететін ішкі әскердің офицерлері мен солдаттары зекіп, нұқып, үстілерін  әбден тексеріп  кіргізген.

Таңғы ауаны жаңғырықтыра, абалай үрген иттер жұлқынып, жеп қоярдай болып түр.

Автозак артқы  есігін  вагонға  қарата тоқтаған.  Жамбасында «Макаров» пистолетінің  қайыс қабы ілінген, еңгезердей капитан:

– Слезай  по одному! Шаг влево, шаг вправо – считается  попыткой побега, стреляем без предупреждения! деп айғай салған.

Осы кезде ғана бұлар өздерінің ауыз да аша алмайтын  шын тұтқын екенін сезінген.

Солдаттар вагонға артыла алмай кідіріп қалған бұларды резеңке таяғымен ұрып, темір тақалы егігімен теуіп, малша айдап бірақ кіргізді. Бесін ауғанша күн астында қаңтарылып тұрған  тұтқындардың вагоны зорға дегенде пойызға  тіркелген.

Жолда екі уақ тамақтандырады екен. Бірақ күзет тобының офицері екінші күні-ақ тамақты сұйылтып жіберді. Екі түнеп, үшінші күні жолда келе жатқанда түскі асқа қақталған сосиска таратылды. Мұндайдың неше атасын көріп, әбден көксоқта болған ходактар татып алмаған. Лагерь тамағын ішіп көрмеген Хақназар сияқтылар әлгі сосискаларды соғып алды. Сүт пісірім уақыт өтпей шөл қысып, тілдері аузына сыймай кеткен. Көз қарауытып, шөл шыдатпаған соң бұлар:

– Су, су! – деп ұлардай шуласын.

– Су жоқ. Жақын стансаға дейін су жоқ!
Тұтқындар келесі стансаны күткен.

– Су, ағатайлар-ай, су беріңіздерші! – деген пойыз тағы да бір шағын стансаға кішкене аялдап, жылжи жүріп кеткен соң.

Жауап жоқ.

Карта ойыны мен әңгімеден жалыққан соң, екі қолы алдына сыймаған офицерлер қақталған сосиска беріп, адамның қиналғанын көріп мәз болады екен.

Хақназар ауыр шөлден қаталап кеткен кісінің жанын қоярға жер таппай, қалай қиналатынын алғаш рет сол кезде көріп еді.

11

Қазақстандағы «еңбекпен түзеу» лагерьлерінің ең жаманы, ең ауыры Маңғышлақтағы зона дейді. Рас екен. Оны да көзімен көрді. Ауырлығы – мый айналар аптап ыстықта басыңа қалқа болатын тұлдыры жоқ карьерлерде жұмыс істеу еді.

Мұның бәрі, әрине, кейін. Қазір бұлар лагерьдің карантин корпусындағы тар камераға тағы да қойша қамалып еді.

«Әңгіме-дүкен құруға» бір-бірлеп әкетіп жатты. Үлкен бір сын сағат осы кезде басталғанын бәрі де біліп отырған. Этапта – жол бойында-ақ түгелін естіген еді: лагерьге келіп түсісімен колонияның әкімшілігі тұтқындарды жеке-жеке шақыртып, СВП*-ге қызмет етуге үгіттейді екен. Сөзге, алдауға көнбесең, тепкінің астына алады. Ол кезде сенімен резеңке таяқ та, керзі етік те, жуан жұдырық та қоян-қолтық сөйлесетін болады. Не сілең қатқанша әбден таяқ жейсің, не білегіңе қызыл шыт байлап алып, лагерь әкімшілігіне жәрдемдесесің. Екінің бірі. Егер қызмет етуге көніп қойсаң, онда ішкі зонадағы елге жолау жоқ. Тек әкімшіліктің қанатының астында ғана күн көруге мәжбүр боласың.

Кезек Хақназарға жеткен.

Көзі тұздай, қалың ерінді офицер маңдай терін сүрткіштеп, ыстықтап отыр екен. Әуелі аты-жөнін сұрап алып, қаланып тұрған папканың ішінен іздеп қылмыстық ісін тапты. Ақтарып отырып, ысқырып жіберген:

–  65-бап: жаппай тәртіпсіздік жасағандар.

– Що за статья?!» – деген содан соң ажырайып.

Хақназар үндемеді.

– Үндемейсің, ә, иттің баласы, жап-жас болып өкіметке қарсы шыққасың ба? Сенен сұрап тұрмын ғой?!

– Жоқ,  – деді еріксіз Хақназар.

– Түкке түсінбейтін мақұлық деп отырсың ғой мені? Алматыдағы бүлікті естімеген деп отырсың ғой?! Білем бәрін! Сендердің бізге қарсы шығып, өкіметті құлатпақшы болғандарыңды да жақсы білем.

– Мүмкін сен наркоман шығарсың? – деген артынша. – Кәне, кел бері! Кел деймін саған! Түр жеңіңді, білегіңді көрейін, инеге отырған қу шығарсың мүмкін?

Мал қарағандай білегін сипалап, тамырына үңіліп тұрып алды. Содан соң бұрыла бере жақтан солқ еткізе ұрып қап, Хақназарды етпетінен түсірген.

– Тұр!

Тұрғызып алып, сөздің басын жіберсін:

– Сені, сүмелек, итке тастап, сүйегіңді шашып жіберсем де, ешкім қой дей алмайды. Ешкім заңсыз деп айта алмайды, үйткені сен, – сұқ саусағын кезеген, – сен құлсың. Тем более политический заключенный! Резать вас всех  надо*!

Сол күні әбден таяқ жеді.

Бұл аты шулы «сындыру» процесі, «обработка»  еді. СВП-ге көнбегендер ішкі зонаға жіберіледі. Бұдан кейін әкімшілік тиіспейді. Аз болса да, өзіне – СВП-ге қызмет істейтін адамды жиып алғанына шүкіршілік қылады.

Бұл кезде ішкі зонадағы  қалың ел карантиндегі  жағдайдың бәрін біліп отырады. Бір кезде өздерінің басынан өткен нәрсе ғой. Бері шыққан «ағайындарды» салулы төсек, салқын  үйін сайлап, үлкен құрметпен қарсы алады. Ас-суын беріп, бірер күн болса да, жағдайын жасап, көңіліне қарауға тырысады.

Денесі күп болып ісіп кеткен Хақназар қатты қиналып еді. Барактағылар әртүрлі ем-дом жасап, ісікке бірдемені басып жатса да, қос бүйрегі сыздап шыдатпады. Тіпті кіші дәретінен қан кеткен.

«Бүйректі сақтау  керек, жігітім» деді мұны көрген Мұқан деген біреу. Өзі әлденендей май жағып емдеген  болды. Содан соң «санчастьқа қаралғаның жөн» деп қоярда-қоймай сонда алып барды.

– Валя, мынау карантиннен шыққан жігіт. Бүйрегіне зақым келген-ау деймін, қарашы, – деді темір тордың ар жағында жүрген толық әйелге.

– Сен қайда  қарап жүрсің, өзің емдемей? – деді  әйел.

– Жоқ, мынаны сен қарамасаң, болмайын деп тұр.

ДПНК*-ның офицерінен рұқсат алып, бұлар арғы беттегі аурухана аумағына өтті.

Электр шәйнекке су қайнатып, кабинетінде шай демдеп  жүрген Валя шолтиған, сирек сары  шашын сипап отырды да:

– Жеке  карточкаң  қайда, толтырылып па еді? –  деді Хақназарға қарап.

– Ой, Валя, қағазсыз-ақ жұмыс істеуге болатын шығар, – деді күліп Мұқан.

– Жоқ, болмайды. Тәртіпке бағыну керек! Ақыры ДПНК архивінен жеке ісін алдырып алды.

– Да ты оказывается декабрист?! – Істі оқып отырған Валя  санына  шоқ түскендей баж ете қалған. – Нет, лечить таких калбитов я не буду!*

Дәрігердің мына оқыс қылығына әуелі таңырқап қалған Мұқан артынша күліп жіберген:

– Ой, Валячка, шабыңнан түрткен ешкім жоқ, сонша тулағаның не… Қой еңді, бүйректен қан кетіп жатыр, обал ғой бұған.

– Айттым мен саған, мұндай басұрманды емдемеймін деп. Карамаймын дегесін, қарамаймын? Болды!

– Ва-ля… – деді Мұқан дәрігер әйелдің қасына келіп, – Үйтіп ойлауға болмайды, бұл да адам баласы, политкаторжан» деп кеудесінен итеру –адамгершілікке жат. Көмектес енді, ақысын береміз…

– Слушай***, Мұқан, сен өзіңнің маған қарыз екеніңді ұмытып қалдың-ау деймін.

– Жә, мен шайымды ішем, бөгет жасамаңдар. Болды! – деген содан соң, осымен сөз бітті дегендей.

– Мыйы жоқ қатын, – деді Мұқан бұлар зонаға сүйретіліп қайтып келе жатқандарында.
– Дура!

12

Шыжыған ыстықта, аңызақ желде жүріп карьердегі ауыр жұмысқа жегілген Хақназар екі-үш ай өтпей-ақ өзінің Маңғышлақтағы колониядан басқа жаққа ауысатынын естіді.

– Кешірерсіз, азамат бастық, қайда ауысады екем? – деген сұраққа карточкаларды ақтарып отырған прапорщик иығын қикаң еткізіп, жауап
бермеген.

Сонымен тағы да жол жүретін болды. Жарасы жазылып, енді-енді лагерь өміріне үйреніп келе жатқанда қиын болды бұл.

Тағы екі-үш күн этапта жүріп, арып-ашып, жолсоқты болып Қостанай  түрмесіне келіп түскен.

Бұл түрмеде отырғанда басынан бір оқиға өтіп еді.

Транзит камерасында жатқан мұны түннің бір уағында біреу жұлқылап оятты.

– Сені бастық шақырып тұр.

Қараса, есік ашылып, жас дубак бұған қарап тұр.

– Жүр менімен бірге, – деді ол бұйырып. – Жо, жоқ, кешерінді таста, бірер сағаттан соң қайтып келесің!

Не болып қалды екен деген оймен:

– Қайда апара жатырсыз, бастық? – деген баспалдақпен  жоғары      шығып  бара жатқандарында.

– Блатнойларға*, – деді анау. – Сені көргілері келіп отыр.

Хақназар не үшін шақыртты екен деп ойлап та үлгерген жоқ, түпкірдегі камераға әкеліп кіргізіп жіберген.

Төрт адамдық шағын камераның кіреберіс аузында электр пеші, төр жақта телевизор тұр екен. Екі қабат төсектің үстінде біреу жатыр, қалған үшеуі карта ойнап отыр.

– Тунгус, екі сағаттан соң алып кетем, – деді есікті жауып жатқан дубак.

– Жақсы, жақсы, рахмет, Владик, – деді қырықтар шамасындағы төртпақ жігіт.

– Ал кел, төрлет, жігітім, – деген іле бұған қарап. – Қорықпа, сені шай ішуге, қонақ етуге шақырдық, транзитте не бар дейсің.

Үстіңгі төсекте жатқан кісі сүйретіліп жерге түскенше Тунгус Хақназарды жаңағы екеудің ортасына әкеліп отырғызды.

– Чифир қайнатып жіберші, Серега, – деді сосын жерге түскен бұйрабас жігітке.

Тунгус пен Серегадан басқа екі жігіттің, қою қара сақал-мұрты бар, ұзын бойлысының аты (әрине, лақап аты) – Вахо, қартаңдау көк көзінің есімі – Жиган екен. Соңғы екеуін Тунгус «в законе»» деп таныстырған.

– Қандай ойын білуші едің? – деді бұған Сергей картаны көрсетіп.

– Жоқ, карта ойнамаушы ем.

Чифир келіп, үстел үстіне әртүрлі тағам қойылғанда әңгіме басталған. Хақназардың Маңғышлақтан келгенін естіп, оңдағы таныстарын сұрап жатты.

– Ал еңді айтшы, – деген Вахо біраздан соң, – сен қыстүгүнгі Алматыдағы бүлікке қатысқан екенсің, бізге келіп жатқан алып-қашты әңгіме көп, қайсінікі бұрыс,  кімдікі жөн,  шайтан білер… – темекісін
тұтатып, көктүтінді бұрқ еткізді, – …Сен қысылма, сол уақиғаны тура сол күйіңде айтып берші бізге.

Не айтушы еді, өзі де жөнді ештеңе білмейді ғой, уақиғаның жуан ортасында жүрген жоқ, демонстранттармен бірге шыққан жоқ, шет жағасын көргені болмаса, не өткенін білмейді. Әйтеуір үзіп-жұлып бірдеңе айтып берген.

– Ой, сен өзің түк көрмепсің ғой, – деді әңгімені бар ынтасымен тыңдап отырған Тунгус. Көңілі толмай қалса керек. –  Біз сенен көп нәрсені естиміз бе десек…

Манадан бергі төрде жантайып отырған Жиган, – тегі, ішіндегі ең беделдісі осы болса керек, –  әжімді жүзін сипап қойып:

– И-иә… – деп қойды. Содан соң:

– Қонақты құр жібермейік, – деп төменіректе отырған Сергейге иек қаққан.

Анау түсіндім дегендей бас изеді де, бірер минуттың ішінде «Беломор» темекісінің ішіне әлденені толтырып әкеле қойды. Хақназар талай көрген, бірақ өзі әлі татып көрмеген нәрсе еді.

«Беломордың» жалғыз талына тығыз, мол етіп толтырылған наша тұтатылып қолдан-қолға көшті. Әрқайсысы бір сорып қойып, қасындағы көршісіне  береді екен.

– Каторгада* саяси қылмыскерлер қазір сирек ұшырасады ғой, – деді Жиган. – Бұлардың көбісі  КГБ*-ның назарында болады.

– Сондықтан бұлармен көп жұғыса бермеу керек, – деді  Вахо жымиып. Нашаның түтінін ішіне жұтып, демін шығармай, көзін жұмып отырды.

Кезек өзіне келгенде Хақназар шекпеймін деп  айтуға батылы бармай, «Әй, не болса да, көрейін, осыдан өліп қалмаспын» деп, нашаны сорып қалып, көмейлете жұтып жіберген еді, тамағын тіліп өтіп, ал келіп жөтелсін. Бірақ аналар көрмеген қалып  танытқан.

– …Мен Қрасноярск лагерінде отырғанымда бір диссидент болды, –  деп жаңа әңгіме бастады Жиган. – …Баяғы  троцкистерге қарағандай оны да лагерь әкімшілігі қатты ұстайтын. Сол  бір күні жоқ болып кетті де, екі ай ма, үш ай ма, уақыт өткесін, қайтып келді. Өзі үндемейтін байғұс  мүлде момақан болып оралды. Лагерь бастықтары да өзіне жақсы қарап, жүргені-тұрғанына шейін аңдып,  сүйтіп  жүрді. Әлгі байғұс түн бойы ұйықтай алмайды, ұйықтап кеткеннің  өзінде басын ұстап ойбайлап шығады екен. Сүйтсек, басының  ішіне магниті  бар бір прибор салып жіберген екен. Солай деп естідік. КГБ медицинасы үшін «подопытный кролик» болып шыққан ғой сонда. Енді, байғұс басын ұстап зар илегенде, төбе құйқаң шымырлайды.

– Қой мүмкін емес шығар, бастың ішінде қалай тұрады ол прибор? – деді Вахо.

– Оның несі таң. Төбе қақпағын  ашып, тырнақтай ғана аппаратты жапсыра салған екен. Басының тігісін де көрдік қой…

Әңгіме тыңдап отырған жұрт таңдай қағып, бас шайқаған.

– Ол не үшін керек болған тәжірибе екен?

– Кім біледі, – деді ойланып қалған  Жиган. – Бұл КГБ кісі баласымен қалай ойнаймын десе, өзі біледі ғой…

Бір кезде салдыр-күлдір етіп есік ашылды да, бұлар еріксіз  сөздерін тия қойды. Ар жақтан Владик  дубактың басы көрінді:

– Уақыт бітті, Тунгус, екі жарым сағат өтті.

– Міне, міне, қазір, – деді Тунгус.

Хақназар қайтуға жинала бастағанда Жиган:

– Сен расында нацист шығарсың. Бірақ жадыңа тұт, жігітім, түрме мен лагерьде ұлтқа жіктелу, нәсілге бөліну деген ешқашан болған  емес. Осыны ұмытпа! – деген.

Анашаның уытынан басы айналып, құлағы шуылдаған Хақназар транзиттегі камерасында көпке дейін ұйықтай алмай жатты.

 13

Қостанайдың  лагерінде тазалық бар екен. Алғаш түскенде осыны байқаған.

Бара салып  адам баласын жұмыспен «түзеу» жүйесінің еңбек торысы саналатын мұжықтар* тобын  көбейткен еді.

Сүйтіп, лагерьдегі күндер де жылжып өтіп  жатты.

Жаңа колонияға келіп түскеніне екі ай өтпей, хат арқылы хабар үзбей отырған шешесі артынып-тартынып жеткен. Күздің қарасуығы келіп, жауын жауып тұрған беймаза кез еді. Жапырағы сарғайып, саудырап түсіп жатқан Қостанайдың қайыңы мен қарағайының да сұрқы кетіп, ызғырық аяз күннен-күнге қатайып бара жатқан. Колония тұрғындарының бушлат киіп, енді тезірек жылы аяқ киім берілсе екен деп тықыршып жүрген кезі еді.

Алыстан келген шешемен кездесуге екі күн уақыт беріліп, арнаулы бөлме бөлініпті.

Айдауыл сыртта қалып, бөлмеге асығыс кіріп келген Хақназарды анадай жерде шоқиып отырған шешесі:

– Балам-ау! Тірімісің, қарғам-ау!!  – деп жүгіріп келіп, бас салды.

Құшақтап ұзақ тұрған шешесін:

– Жақсы, мама, отырайық енді, – деп төсекке әрең отырғызды.

Көзінің жасын сүртіп қойып, қайран шеше қайта-қайта айналып-толғана береді. Әлі жас, қайратты көрінгенімен, жүдеңкіреп қалғаны байқалады. Көзінің астына қаракөлеңке түсіп, мандайындағы әжім көбейген секілді.

– Балам-ау, жүдеп кетіпсің ғой, алтыным-ау, қиналып жүрсің-ау дейм?..

– Жоға, мама-ау, бәрі жақсы, тамақ тоқ, киім бүтін. Үйреніп қалдым қазір.

– Шашыңды тақырлап тастапты ғой, – деген Хақназардың басын сипап отырып.

– Енді… тәртіп солай. Бәрі тақырбас жүреді.

– Сұмдық-ай, қатты ұстайды ғой бұлар адамды!..

Шешесі қол орамалымен көзін сүртіп, тағы үнсіз жылап алды. Хақңазар көңілін бассыншы деп біраз үнсіз отырды. Уәзипа (шешесінің аты Уәзипа еді) сәлден соң өзіне келіп:

– Ойбүу!.. – деген, – ұмытып кетіппін ғой… Қазір, балам… Үйдің дәмін шығарып қоймай, не қара басып қалған мені…

«Тоқ» шәйнек, ыдыс-аяқ, бәрі өзінде бар екен, ДПНК-дан плита алғызьш, ас қамына кіріскен.

–Бастықтарыңның жеке сыбағасын бағана, келген бетте-ақ беріп қойғам, – деді күйбеңдеп жүрген Уәзипа.

– Бекер әуре болғасың, – деді Хақназар қазы мен жентті, сары май мен бауырсақты соғып отырып.

– Үйбәй-ау, қызықсың, балам. Осы күні бастықтың аузын алып қоймаса, қиын ғой…

– Өй, онсыз да свидание беруге тиіс қой бұлар!
–  Пәлі, ұлым-ау.. Өзіңе көз қырларын салып жүрсін деген ғой менікі… Хақназар үнсіз күлген.

– …Әрі ауылдан келген атым бар, буынған-түйінген сөмкем көп, көріп тұр, ұят емес пе, ауылдың дәмін татыру деген бар, дәметеді ғой
қайткенмен…

Етті кешке асайын, оған дейін қуырдақ қуырып жіберейін деп Уәзипа тез, апыл-ғұпыл ас қамына кіріскен. Ет піскенше деп, шай ішіп отырған кезде елдің жаңалығын айтып жатты.

– …Қамысбектің әлгі сары қызы күйеуге тиіп  кетті, шулап жүріп оны ұзаттық. Мына Қараөткел жаққа шықты. …Көрші атаң жазғытұрым қайтыс болған. Тың жүрген сияқты еді, үш күн ауырды да, көз жұмды марқұм… Сол.. Айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой, класс жетекші апайың –  Нұрсипат  менен сәлем айт деген еді, қарыз болмасын, соны айтайын…

Шай ішіп болғанша Хақназар ауылдың біршама жаңалығына қанып қалды.

Кешкісін ет жеп, сорпа ішіп болғасын басынан өткен жайды шешесіне асықпай айтып берген. Сөзін бөлмей, ойлана қарап отырған Уәзипа:

– Құлыным-ау, бір зауал кез бопты ғой өзіңе, бір зауал кез бопты ғой, – дей берген. Кеудесі қақ айырыла «у-уүһ!» деп күрсінген.

– Жесір қатынның сөзін кім тыңдаған, – деді төмен қарап көзіне жас алған Уәзипа, – қолдан келер қайран жоқ! Көктемегір әлгі қалқоз бастықтан әрең сұранып, Алматыға, өзіңе бір барайыншы деп отырғанымда сенен хат келді, келмей тұра тұр, сотым болып кетті деген. Шыбын жанымды қайда қоярымды білмедім, балам. Көрмеген нәрсем ғой бұл. Заңды кім білген… Көмектесер ағайын-туыстың түрі анау. Бетіңе қарап, жаны ашып, құр тамсанғанынан басқа  жәрдем жоқ… Ух!…

Хақназар «жарайды, мама, айта бермеңіз енді* десе де, бір шешіліп кеткен Уәзипа ойдағы-қырдағы әңгіменің бәрін тізіп шыққан.

– Алты жыл деген көп қой, құлыным, – деген үнсіз егіліп. – Ештеңе етпес, балам, ізденем әлі, – деген сосын оқыс қатайып. – Түбіне дейін ізденем.

Уәзипа жас күнінде өжет болған деседі, мойыл қара көзінің оты әлі де жоғалмаған.

– Хақан, – деген қайтатын күні (ұлын Хақан деуші еді), –  ештеңені уайым етпе. Бұзық іске араласпай, тыныш жүр. Бәрі оңынан шешіледі әлі. Атаң үйреткен дұғаны ішіңнен айтып қойып, әкең  қайтыс болған күнді есіңе алып жүр.

– Хатыңды күтем, – деген. – Аман бол, қарғам!

Шешемен қоштасып зонаға кіріп бара жатқанында тамағына тас тығылып, көзінен ыстық жас ытып шыққан еді.

14

Күндер өтіп жатгы.

Бір өңкей сұрқай, ауыр күндер.

Бұл кезде Хақназар лагерь тіршілігіне үйреніп, тісқақты болып қалған еді.

Сүйтіп жүрген күндердің бірінде хат келген. Хатты жазған «әскери борышын өтеп жүрген құрылыс жауынгері», бала күнінен бірге өскен досы Құрмаш екен. «Әдірісті Уәзипа апайдан алдым» депті. Соған қарағанда мұның шешесіне де хат жазған болды ғой.

Досының хатын оқып, қатты толқыған. Өзі әскерде жүрсе де, мұны жұбатып отыр.

Құлынтайдай тебісіп бірге өскен құрдасы емес пе, «Өзім барып, шекеңе тыртық салып бермесем тыныш жүрмейтін болдың ғой» депті бір жерінде. Бес жасында осы Құрмаш ойнап жүріп,  Хақназардың сол жақ шекесіне шөлмектің сынығын қадап қойыпты. Содан тыртық қалған еді. Құрмаштың еске түсіріп отырғаны сол.

Он бірге дейін тентектеу болып өскен еді ол. Шәп етіп біреумен жағаласа кеткенімен тез қайтатын, тіпті бүгін төбелескен баласымен ертесінде күліп, ойнап жүрер еді. Әйтсе де, көрші өскендіктен бе, Хақназар біреумен ілінісе қалса, бұны жақтап шыға келуші еді. Бойы тапал болса да, алыс-жұлыста ешкімге дес бермейтін. Үш оқитын ба, төрт оқитын ба жылы, үлкендердің кеу-кеулеуімен жекпе-жекке түсіп, көйлегінің дал-дұлы шығып, жыртылған Хақназар «Енді үйге не деп барам, мамам ұрсады ғой» деп жыларман болып тұрғанда, «Мә, менікін киіп ал» деп өз көйлегін шешіп беретін де осы Құрмаш еді.  Хақназар тартыншақтағанмен, қоймай кигізген. «Мен апамнан қорықпайым, ол тіпті көйлегімнің қайда кеткенін де білмей қалады» деген.

Хақназардың әкесі жеті-сегіз жасында мәшине апатынан қаза тапса, Құрмаштың шешесі  бұлар ес білмей тұрғанда толғақ үстінде көз жұмған екен. Көзін тырнап ашқаннан әкесінің шешесі – апасының бауырында өскен Құрмаш ерке болды. Бесінші сыныпты бітіретін жылы сол апасы қайтыс болып, әкесі қайта үйленіп, бұлар алыстағы малды ауылға көшіп кетті де, алтыншы сыныпты Құрмаш интернатта тұрып оқыды. Жарым көңіл болып бірін-бірі бауыр тартты ма, кім білсін, әйтеуір екеуі тез түсінісуші еді.

«Интернатты не қыласың» деп Хақназар зорлағандай етіп үйіне әкелсе де, Құрмаш бір жеті тұрар-тұрмастан интернатына қайта кеткен. Әйткенмен ара-тұра келіп, қонып тұратын.

Сүйтіп, екеуі жұптары жазылмай, бірге ер жеткен. Тойға да бірге барды, топқа да бірге кірді.

Домбырашы еді. Бұл өнерін әкесінің немере ағасы Бөжейден үйреніпті. Қырдағы ескі  қыстауда тұратын ол кісі ағаштан түйін түйген ұста еді. Құрмаш интернаттан қашып, сол кісінің үйінде жүретін. Талабын байқаса керек, Бөжекен Құрмашқа домбырашылық өнерден бар білгенін ерінбей үйретіпті. Хақназардың өзі де талай көрген. Жетпісті алқымдап қалған, қалың қасты, қызыл шырайлы шал өзімен-өзі домбыра тартып отыратын. Он жасынан ұста шалдың соңынан қалмаған Құрмаш бертін келе қалқоздағы музыка мектебінде де оқыды.

«Домбырамды сағынып жүрмін» депті өзі де хатында. «Әттең, мына жерде жағдай жоқ, әйтпесе біреуін өзім-ақ шауып жасап алар ем… Кейде түсімде домбыра тартып жатып оянам…» Сол күні жауап хат жазуға мұршасы келмеді. Жұмыстан соң шаршап келіп, тұяқ серіппей ұйықтап еді, түс көріпті. Түсінде, бала кезі дейді, Құрмаш екеуі Бөкен өзенінің жағасында қармақ салыпты. Құрмаш қармағын қазыққа байлап қойып, домбыра тартып отыр екен. Кенет… бұлар отырған жардың шеті қопарылып құлап бара жатады. «Ойбай!» деп екеуі жар шетінен ұстай алыпты. Мұның айғайлайын десе, үні шықпайды. «Хақан!» дейді біреу, қараса, төменде Құрмаш ілініп тұр. Жаңағы өзен жоқ, терең шыңырау екен дейді. Бұл қалай болып кетті деп бұл қорқып үлгерген жоқ: а-а-а! деп Құрмаш құлап бара жатыр екен. «Құрмаш!» деп айғай салыпты.

…Дауысы қатты шығып кетсе керек:

– Өй, Шығаев, төсектің басын ұстап бақырып жатырсың ғой, түсіңде біреу қылқындырып жатыр-ау шамасы, – деп біреулер күліп жатыр екен.

 

                                                       15

Хақназар жүрген төртінші отряд есік пен терезе, үстел мен орындық  дайындайтын ағаш  шеберханасында жұмыс істеуші еді.

Отрядта әртүрлі адамдар болды. Бірі босанып, бірі ауысып жатса да, отряд құрамы негізінен тұрақты еді.

Өмірбек деген ұзын бойлы, қарасұр кісі болды.

Сотталардан бұрын үлкен қаланың түбіндегі бір ауылда шопыр болып істепті. Сүйтіп жүргенде таныс біреу «Өмеке, қорамдағы сиырды қаладағы үйіме жеткізіп берші, ақысын төлеймін» дегесін, көлденең табыс көкейді теспей тұра ма, сұраған бағасына келісіп, екі кештің арасында қалаға зуылдатып келе жатқанында мілитса тоқтатып, мәшине бортындағы төрт сиырды ұрлық малы деп, сол жерде актілеп, қамап тастайды. Ақыр соңында мал ұрлығымен айналысатын сыбайлас топтың қызметінде жүрді, қылмысқа қатысы бар деп екі жыл кескен…

Алпысты алқымдап қалған, өзі аурушаң Өмекең «әкеңнің аузын… бәрінен бұрын қыз-келіннен ұят болды ғой» деп отырар еді. Бір жолы хәлін сұрауға алыстан кемпірі де келіп еді. «Кемпіріңіз жас қой» деп күлген сонда көріп қалған біреулер. Екінші алған әйелі екен. Өмірбек шалға лагерь өмірі жеңіл тиген жок, Оңашада «бәрінен бұрын боғыңмен жасты балалардың балағаттайтыны көңілге жаман батады екен» деп отырар еді.

Өмірбекті отряд бастығы кейде өз үйінің жұмысын істетуге алып кететін. «Нәшәндіктің көңілінен шығатындай бір дүние жасап беру керек. Мүмкін ол кісі мерзімімнен бұрын шығарар, ә, қалай ойлайсың, Хақназар» дейтін.

Бірақ оған жетпеді: босанарға үш-төрт ай қалғанда аяқасты жүректен қайтыс болып кетті. Он саусағынан өнер тамған нағыз ағаш шебері – Володья  Верещагин  еді. Мінезін  кісі түсінбейтін: кейде осы көңілденіп әңгіме айтып, қолына не түссе, соны айналасындағыларға сыйлай салып, бәрімен жақсы болып жүреді де, кей күні қабағынан қар жауып, адамды жау көріп, терісіне сыймай әрең жүреді.

Бірақ өз ісіне мығым еді.

Володья кезекті бір кикілжіңде, өзі ұрттап алған да болса керек,  әйелін сабаймын деп жүріп, өлтіріп алып, лагерьден бірақ шыққан. Бір күні тайғақ іске араласып, «абыройлы азаматтармен» бәске карта ойнап, оңбай ұтылған. Ақырында ұтылған ақшасын түгел қайтарып бере алмай бейшара «қыздар»* бригадасынан орын теуіп еді…

Алексей Васильевич Хвостов – штангенциркульдің не екенін білмейтін, ағаш ісінен хабары жоқ, қолына балта ұстап көрмеген кісі еді. Ішкі Ресейдің бір қаласында қаржы махинациясына араласып (өзі сол саланың маманы, әжептәуір үлкен қызметте істеген кісі екен), «еңбекпен түзелуге» колонияға жолдама алыпты.

Ақылға да, айлаға да шырақ жаққан, әртүрлі саладан хабары бар кісі еді.

– 1917 жылы Петерборда төңкеріс жасаған пролетариат көсемінің шынында қандай адам болғанын білемісің? – дейді бір күні шай ішіп
отырып.

– Жоқ.

– Ол атаң Германияның арнаулы барлау қызметінің ақшасымен большевик партиясын жемдеп, надан әскерді алдап түсіріп, Ресейді сатқан авантюрист қой, – дейді төбеден жай түсіріп.

–  Жаңа экономикалық саясат – НЭП – совет өкіметіне не үшін керек болғанын білесің бе? – дейді тағы бірде отырып.

– Жоқ.

– Өкіметтің тақыр қазынасын толтыру үшін. Мәселен, халықтан астықты, етті бір сомнан сатып алып, өздеріне қайта бес сомнан сатып,
екі арадан түскен төрт сомға чекистерді асыраған.

Алексей Васильевичтің оңашада ғана айтатын бұл сөздері ертегідей естілуші еді.

Лагерьдегі өзгеше топ – орысша айтқанда, «воровской мир», «преступный мир» аталатын каста. Бұлар еркін өмірдегідей мұнда да жұмыс істемейді, колония бастығының – қожайынның табанын жалауға бар, сый-сияпатын беруге даяр, бірақ жұмыс істегісі келмейді. Ар көреді. Арын емес, «вор намысын кірлеткісі» келмейді.

Тар жер, темір қоршауда алшаң басып жүретін бұлардан елдің бері сескенер еді.

Вася деген болды, бар ғұмыры осы колонияларда өтіп келе жатқан. Зонаға алғаш келсе де, басынан сөз асырмаған бір боксшы жігіт сонымен байланысып қалды. Вася алпамсадай жігітке шамасы келмейтінін біліп, кіжініп, қорқытып кеткен. Жұрт осымен басылған шығар деп ойлады. Жарты жыл өтті ме, өтпеді ме, кілтшілердің будкасынан әлгі боксердің көзі аққан, қолы сынған, басы үйтілген, қарыны жарылған, қойшы, әйтеуір адам көргісіз мәйіті табылды. Бүтін колония тік тұрып, кісі өлтірген қылмыскерлерді іздейді. Боксшы жігітті біреуі пышақпен, біреуі ара темірмен, біреуі балтамен, біреуі отверткамен қинап өлтірген бірнеше кісі екені белгілі сияқты еді. Жарты жылдан соң Васяның жалғыз өзі өлтіргені елге мәлім болды. Қылмысының артын жабу үшін мәйітті «ерінбей өрнектеген» екен.

Колонияларда воровской закон – қылмыскерлер заңы үстемдік ететін. Бұл заң бойынша, жүгенсіздік болмау үшін зонада ұрлық жасауға тыйым салынатын. Хақназар тіпті еркіндікте жүрсе қалтасын оп-оңай тазалап кететін қалта қаққыш ұрының сүйекке сінген әдетін ұмытып, бір қорап сигаретін жымқырып кеткен әлдекімді ұстап алып «вора поймали, вора поймали!»* деп жарты дүниеге жар салып жүргенін де өз көзімен көріп еді. Күлесің бе, жылайсың ба: дайын трагикомедия.

– Адамзаттың бойындағы арам без – осы бір ұры-қарақшы қауымы есте жоқ ескі заманнан келе жатыр ғой, – дейтін Хвостов жеке отырғанда. – Бірақ Сталиннің дәуірінде ерекше күшке ие болыпты. Сталин бұларды «халықтың досы» деп әспенсітіп, лагерьлерде кенеусіз есіртіп жіберген
ғой… Сол кезде қонған атақ, тапқан абырой әлі сақталып тұр. Бұл иттердің тұқымын тұздай құртпаса, заманнан заман озған сайын түлеп,
құлпырып отырады емес пе.

Советтің еңбекпен түзеу колониясында Хақназар бес жылын өткізіп, алтыншысына аяқ басқан еді.

 *        *        *

…Хақназар лагерьдің айыптылар изоляторында жатып, басынан өткен осы уақиғаларды Колянға айтып отырған болатын.

– Майын тамызып айтады екенсің, – деді Колян таңдайын қағып.

Бұлар тағы бір «косякты» толтырып жіберіп, енді тұтата бергенде продолдан аяқ дыбысы естіліп,  артынша бұлардың есігі салдыр-күлдір етіп шалқасынан ашылған-ды.

– Шығаев, шық бері! – деген дауыс шықты іле-шала.

Соңынан ерген Хақназарды прапорщик оперативтік бөлімнің бастығы подполковник Москаленконың алдына алып келді.

– Отыр, декабрист, – деді подполковник бұған орындық ұсынып. – Сен бара бер, – деген содан соң прапорщикке.

– Мәселе былай, – деген Москаленко орнына жайғасқан соң. — Сен, Шығаев, біз білеміз, тәртібің жақсы, еңбек күнінді уақтылы орындайсың, ешқандай іске басың шалынған жоқ. Сол себепті,
мен бар, лагерь бастығы бар, саған жақсы деген мінездеме беріп отырмыз.

– Не үшін, азамат бастық? – деген Хақназар түкке түсінбей.

– Мәселе былай, – деген Москаленко аласа креслосына сыймай отырғандай қайта-қайта қозғалақтап. – Жоғарғы Кеңестің 86-шы жылғы
декабрь оқиғасын қайта қарайтын комиссиясының шешімімен былтырдан бері декабристер ақталып жатыр ғой. Биылғы шешімінде сенің де фамилияң бар екен.

Хақназар өз құлағына өзі сенбеген.

– Так что, қуан, бүгіннен бастап бостандыққа шығасың. Бізге ГУИТУ-ден бұйрық келді.

– Бірақ, – деді сұқ саусағын шошайтып. – Жақсы мінездемесі болса ғана, ерте босатылады.
Бізге хабар кеше келсе де, мен, міне,  жақсы мінездемеңді жазып, сенің қамыңды ойлап отырмын.

– Рас па, азамат бастық?! – Хақназар орнынан тұрып кетті.

– Рас, әрине, – деді Москаленко.

Анау баста отырған подполковниктің қасына екі-ақ аттап жетіп барған.

– Көп рахмет, азамат бастық, көп рахмет, – дей берді сосын.

Апыр-ау, бостандық деген осы екен ғой!!

Жарықтық, қадірін кім білген?!

Көкек айының басы еді. Сарыарқаның сары аязының беті қайта бастаған. Әйткенмен, шыңылтыр ауада әлі де ызғар бар. Ойдым-ойдым орман мен кең даладағы қалың қардың мұрты да бұзылмай, әлі сіресіп тұр. Тек мәшинелер ары-бері ағылып жатқан автотрассаның қары ғана ескі тулақтай тесіліп, еріп жатыр екен.

Алты жылға кесілген Хақназардың бар болғаны сегіз жарым айы қалған еді. Куанышты хабар, кешігіп жеткен: жас ғұмырдың бес жыл, үш жарым айы айдауда өтіпті. Бірақ, шынын айтқанда, Хақназардың дәл сол уақытта мұны ойлауға мұршасы да жоқ еді. Жолға қалай дайындалғаны есінде жоқ. Қалай киінгені, зонадан қалай шыққаны да есінде қалмапты. Әйтеуір қуанышына ортақ болып жатқан тілеулес серіктерімен асығыс қоштасқаны ғана есінде екен.

Колониядан шығып, тас жолға бет алғанда тұла бойы жеңілдеп, ұшып кеткелі тұрғандай сезінген өзін.

…Дүние қандай кең еді!..

1

Құйрық-жалы төгілген, есік пен төрдей қоңыр аттың жүрісі жақсы екен. Аршынды аяңы иесіне жакқанын сезгендей, анда-санда бір осқырынып қойып, көк шалғынды омырауымен қақ жарып, екпіндете жүріп келеді. Нағашысының жүрісті, белді ат деп мақтап бергеніндей-ак, екен.

Күншығыстан өркеш-өркеш болып суырылып шығып, терістік-батысқа қарай сілемдене созылған Самалтау көгілдірленіп көз ұшында тұр. Таудың бер жағы – адырлы белес, оның өзі бері қарай жонданып келіп кең, ойпаң жазыққа айналады. Хақназардың түстік жақтан беттеп келе жатқан жері осы жазықта иреңдеп ағып жатқан, жағасы қамысты, қопалы Бөкен өзені. Колхоздың жері болғаннан кейін жан баласы баспаған, жайылымда өскен ойдың қалың жасыл шөбі көздің жауын алып, түгі қисаймай тусырылып тұр. Қоңыр ат ақырын ғана, майда ескен самал жел толқыта тербеп тұрған көк шөптің басын мойнын бұра, бырт еткізіп жұлып алып, ауыздықтың бөгет болғанына қарамай, езуі көк нілденіп, қаршылдата шайнап келеді. Өзен жиегіне жақындаған сайын ит тұмсығы батпастай болып ұйыса түскен жасыл шалғын биік аттың өзіне зорға ашылып, еріксіз жол беріп келе жатыр. Хақназар аққан судың бағытын көргісі келгендей атының басын шалт бұрып, тебініп қалып әудем жердегі иек артпаға шоқыға шыға келді. Оң жағалауындағы шоқ-шоқ болып тұрған бірен-саран тал мен шілікті есептемегенде, жиегін қамыс пен қоға көмкерген енсіздеу өзеннің көрінісі өзгеше әдемі көрінді. Түбіт бұлттары жерге жақындағысы келгендей төне түскен шайдай ашық, тұнық көк аспанның астында бұйығып, бейқам жатқан мына өлке жан тыныштығының жұмбақ мекені секілді. Бәленбай жылғы тар жерден кұтылған Хақназардың күткені де осы еді. Жарықтық, кір жуып, кіндік кескен қайран жердің кейде түсіне кіріп, сағына оянатыны есіне түскен. Іле мауқымды басайыншы дегендей, үзеңгіге салмақ сала атынан түсіп, шылбырды қолынан шығармай, белуарынан келетін шөпті жапыра құлай кетті. Бірақ ұзақ жата алмаған. Атын жетектеп өзенді құлдай жүрді. Сол  бала кезіндегідей, сырым ішімде деп, үнсіз ғана ағып жатыр. Шөбі селдірлеу келген аласа жарқабаққа келіп тоқтаған.

Етектегі үйіріле толқыған қара суды қызықтап тұрған Хақназарды кенет пыр-р ете қалған дыбыс елең еткізген. Үлкен, көкала үйрек екен. Тас лақтырым жердегі қалың қамыстан қанатын сабалай тіп-тік көтеріліп, әуеде бірер секунд тұрды да, сымпылдап ұшып кетті. Әлден соң, тырна ма, көкқұтан ба, айыра алмаған, олардың да төбесінен сусылдай ұшып өткенін көрді. Қайран қалған. Бала кезінде өзен бойында бұл құс көрінбеуші еді.

Шылбырды жұлқи тарта, шөп басын қуалап, еркін оттауға кіріскен қоңыр атты тұсап, ауыздығын алған. Содан соң ыңғайлы жерді іздеп суға түспек болды. Не болса да, бір көрейінші деп, асты шөп пен балдыр болғасын сәл жүрексініп тұрды да, артынша үстіндегі киімінен лыпа қалдырмай, бәрін шешіп тастап, баспен суға күмп берді. «Түу, рақат-ай» деп күбірлеген атып шыққанда. Сергіп қалыпты. Дүние өзгеріп сала бергендей. Жаңа, жас түрге енгендей. Оншалықты терең емес сияқты, бірақ бойлауға батылы бармаған.

«Күзге таман құс атуға келуге болады екен» деп ойлады да, іле-шала-ақ өз ойына өзі күліп жіберді. Осы жасына шейін мылтық атып көрмегені есіне түскен.

Аздан соң ыстықтай бастады. Тас төбеге өрмелеп жетіп қалған табақтай күннің сарша тамыздағы шекені тесетін айрықша ыстығы басталмақ тәрізді. Қой, қайтайын деген оймен әудем жерде шыбындай оттап тұрған атына қарай жүрді. Салқын қайтқасын сәт сайын көбейіп келе жатқан шыбын-шіркейден, әсіресе сона мен масадан қашқан.

2

Желтоқсандықтардың ұйымы бар деп естіген соң соларға барып, ақыл-кеңес алып, оқуын қайта жалғастыруға әупірімдеп жүріп әйтеуір рұқсат алды. Екі ай бойы табанынан таусылып, әбден сеңделген Хақназар қағаз бастылық дегеннің адамды қалай жейтініне де көзі жеткен. Әйткенмен жазықсыз жаладан, сотталған деген сұмпайы аттан құтылатын болғанына қатты қуанып еді. Алаңдап отыр ғой, қуанышты хабарды жеткізейін деп, шешесіне сол күні-ақ хат жазып жіберген.

Бұл кезде Алматыда сары күздің сабалақ жаңбыры басталған. Тіпті қыс ерте түсетінін байқатқандай, тау басына қар түсіп, таңғы ауадан ызғар білінетін. Ара-тұра кей күндері салбырап кеш түсісімен қол созым жердің өзі шаңыттанып, қалың тұман басар еді. Күндіз түссіз аспан түнеріп тұрып алады. Кейбір уақытта қаракөк түске кіріп, қаланы жаныштап тастайыншы дегендей төніп келе, кісінің еңсесін басып тұрып алады. Дегенмен, Алматы сол бұрынғы қалпында екен. Сағынып қалыпты. Мауқымды басайыншы деп Құрмашты ертіп алғашқы күні армансыз аралаған. Аралағанда сол, «Арман» кинотеатрына барып, Абай ескерткішінің қасында жүріп, Горький паркін қыдырып, кешкісін шаршап Құрмаштың жатақханасына оралған.

Құрмашты босанып шыққалы бері екінші рет көріп отыр. Жазда досы каникулға келгенде, қуана көрісіп, екеуі армансыз сырласқан. Іштегі шерді ақтарып, көңілдің кірін кетіріп, бүккен нәрсесінің бәрін қалдырмай, түндер бойы әңгіме шертісіп еді. Енді, міне, екеуі де Алматыда.

– Қыздарға барайық, – деді Құрмаш жатақтың бөлмесіне сыймай. Сыймағаннан бұрын екеуінің де қарыны ашып еді. Қыздарға барайықтың артында «шай ішіп, ес жиып алайық» деген емеурін жатқанын біліп:

– Құр қол жетіп барғанша, бірдемелерімізді көтере келейік, – деді Хақназар. Ескі темір керуетте шалқасынан түсіп жатыр еді, сықырлата орынынан тұрған.

Консерватория жатақханасының артында, екі-үш жүз қадамдай жерде дүкен бар еді, соған барып, шайға деп пешение, кәмпит сияқты біраз тәтті нәрсені алып келді.

– Осы жерді неғып тещин язык дейді? – деп сұрады Хақназар қайтып келе жатқанда. Абай, Жандосов,  Чапаев деген   үш көшенің
қиылысынан пайда болған, аумағы біршама үш бұрышты жер ел аузында тещин язык – ененің тілі деп аталушы еді.

– Ит біле ме, – деді Құрмаш аузындағы пешениесін шайнап келе жатып, – мыйға кірмейді.  Ал жарайды, үш бұрышты, сала құлаш болып осы жер тілге ұқсап тұрсын-ақ делік, бірақ неге ол «ененің тілі» деп аталуға тиіс. Тегі, орыстың образды ойлау жүйесі біздікінен басқаша-ау.

Қыздар дәл бір қонағын күтіп отырғандай жайраңдап, емен-жарқын қарсы алған.  «Баланың бұлардың алдындағы абыройы жаман болмады» деп ойлады Хақназар аяғын шешіп жатып.

– Қайда жүрсің, Құрмаш-ау, сабақта да жоқсың кешелі-бүгін? – деп сұрады бұлар төрге шығып отырғасын тығыршықтай қара қыз.

– Оның кешірімді себебі бар, – деді Құрмаш жымиып. Жастықты арқасына тіреп қойып аяғын айқастырып, шалқасынан түсіп отырды.
–  Бала күннен мені арқа тұтып өскен бір інішегім келіп қалып еді, өзі, міне, отыр, осыған күні бойы қаланы көрсетем деп өліп қала жаздадым.

Хақназар еріксіз күлді.

– Танысып қойыңыздар, қыздар, – деді Құрмаш. – Менің кластасым – Хақназар.

Біреуі ұрлана, біреуі сынай қарап таныса бастаған.

– Анар, – деді тығыршықтай қара қыз әппақ, ірі тістерін ақсия көрсете күліп.

– Индира, – деді талдырмаш келген, көзілдірік таққан, ұзын бойлы сары қыз оқып отырған кітабын былай қойып.

– Самал, – деді төрдегі терезенің жақтауына сүйеніп тұрған, «спортивка» киген аққұба қыз.

– Міне, ресми танысу осымен бітті. Енді отырысымыздың келесі бөлімі –  қонақасын беру, шай беру деген сияқты ресми емес жағына тезірек
көшейік, – деді Құрмаш қолын уқалап.

– Саған емес, алыстан келген қонаққа қонақасы беруге болады, – деді Индира күліп.

– Е, мен де соны айтып отырмын ғой…
«Осы күнгі қазақ қыздарында екінің бірінің аты – Индира. Қандай сүйкімсіз есім» деп ойлады Хақназар сары қызға қарап.

– Хақназар деген атты бірінші естуім, – деді Индира. – Ол не деген сөз?

«Мына қыз адамның ойын оқи ма-ей?..» деп қысылып қалды Хақназар, бірақ іркілмей тез жауап берген:

–  Енді… оның, шығу төркіні – Хақтың, яғни Алланың назары, Алланың көңілі түсті деген мағынада жатса керек. Атам сүй деп түсіндірген. Өзінің қойған аты ғой. Хақназар деген қазақтың

Ханы да болған тарихта.

– Надо же, – деп Анар басын шайқап күлді.

– Оригинально, – деді бұл кезде дастарқан жасап жүрген Самал.

– Өзі де оригинальный жігіт, – деді Құрмаш.
–  Болашақ экономист,  болашақ сапқоз директоры, нағыз ер-азаматтың мамандығы.

– Рас, – деді Индира.

Құрмаш біздікі сияқты емес, экономист мамандығы нағыз ер-азаматқа қол, керемет жұмыс, бұлардың етегін ұстаған қыздар келешекте не жейм, не ішем демей, ет пен майға бөгіп отырады деп, ұзақ сонар қысыр әңгімеге көшіп кетті.

– Шай ішіңіздер, – деді шынаяққа шай құйып жатқан Анар.

Қыздардың екеуі осы консерваториянікі, Құрмаштан төменірек оқитын, 2-курс студенттері болып шықты. Самал шет тілдер ииститутында оқиды екен.

– Неміс тілі ме? – деп сұрады Хақназар өзінің мектепте оқыған  тілі есіне түсіп.

– Жоқ, ағылшын тілі, – деді Самал қолымен кекілін жинап жатып. Ұзын қолаң шашы әдемі аққұба өңіне өзгеше сән беретін секілді. Қыр
мұрынының үстінде тарыдай меңі бар екен.

– Шай алыңыз, Хақназар, – деді Анар.

– М-м, ішіп отырмын…

Құрмаш уақыт көңілсіз өтпесін деген болуы  керек, Хақназар екеуінің мектепте оқыған кездерін еске түсіріп, балалармен көкке шығарда көршінің үйінен тауық ұрлағанын, ол тауығы артынан Хақназардікі болып шыққанын айтып, елді күлдірем деп, өзінің ішек-сілесі қатып отырды.

– Иә, менің де есіме түсіп отыр, – деді Хақназар да. – Біздің үйге әкеліп, түнде жүнін жұлып, пісірдік емес пе екеуіміз. Ертеңіне келсем,
мамам қауырсынынан танып, тауықты қайда жібердің деп ұрысқаны. Өзі де елде жоқ, ерекше сары тауық еді ғой.

– Соңдай бір тауық етін әкеліп жеу керек еді, – деді Құрмаш, – тәбет ашылып кетті ғой әңгіме айтам деп.

– Біз ет жемейміз, – деді Индира салтанатты түрде маңызды хабар естірткендей.

– Онысы несі тағы? – деді Құрмаш. – Атаң қазақ дүние жүзінде екінші орын алады ет жеуден.  Мынауыңды естімейтін болайын, шырағым.

–Бірінші орынды кім алады? – деп сұрады Анар.

– Неден? – деді Құрмаш түсінбегенсіп.

– Ет жеуден.

– Қасқыр!

Қыздардың үшеуі де күліп жіберді.

– Бірақ біз расында да ет жемейміз, – деді Индира тағы да.

– Ойнап айтып отыр, – деді Анар.

– Жоқ, рас, оның несін жасырамыз, – деді Индира оған қарап. Содан соң керуетте отырған екі жігітке бұрылып:

–  Біз кришнаиткамыз! – деді.

–  Онысы несі тағы?

– Кришна деген, – деді Индира көзілдірігін түзеп қойып. –  Түсінесіздер ме? … Ол былай… Былайша айтқанда вегетарианка деген сөз ғой.

– Бірінші рет естіп тұрм, – деді Құрмаш.

– Оны түсіңдіру қиын. Оны түсіну үшін бізбен бірге сол жерге баруың керек сенің, Құрмаш.

– Ол неғылған жер?

– Шынын айтсақ, біз қазір кришнаиттардың ұйымына барып жүрміз, – деді Анар қараторы өңі лып ете күреңітіп. – Қызық екен өзі. Неше
түрлі обрядтары бар. Бірақ бізге ұнады, үйткені өмірдің әртүрлі құпияларын ашып береді. Оказывается, ет жеген адам қылмысқа ортақ болады екен ғой…

Жігіттер бір-біріне қарап күлген.

– Оның күлетін ештеңесі жоқ, – деді сабырлы қалпында қалған Индира. – Кришна ілімі бойынша, мына дүниедегі заттың бәрінде жан бар. Сендер адамда ғана жан бар деп ойлайсыңдар ғой?

– Иә, – деді Құрмаш мына қыз одан ары не  айтар екен дегендей.

– Сендер адамда ғана жан бар деп ойлайсыңдар, солай ғой… – деді Индира тағы да. – Жоқ, олай емес. Дүние жаратылғанда бәрінде болған, жан-жануарларда да жан бар. Тіпті далада өсіп тұрған шөпте де, таста да, құмда да жан бар.

– Жарайды ал, содан?

– Міне, жаны бар жануардың етін жеп, біз – адамдар  күнәға  батамыз.   Кришна  ілімі сондықтан етке запрет қойған.

– Пәлі, – деді Құрмаш. – Сен шөпте де жан бар деп отырсың, онда мына салатта да, ана бидайдан тартылған нанда да жан бар емес пе. Нан жеген адам да қылмыскер болып шығады ғой сеніңше сонда?

– Жоқ, жоқ, – деді Индира дес бергісі келмей.
– Кришна ілімі бойынша, шөптен жасалған тағамды жеуге рұқсат. Ал етті… ни-ни… атама!

– Сендер бұл пәлемен қашаннан бері ауырып жүрсіңдер, мен қалай байқамай жүрм? –  деді қайран қалған Құрмаш.

– Ауру деп жамандама үйтіп, Құрмаш, – деді Индира. – Бұл ілімді үйреніп жүргенімізге бір айдың жүзі болып қалды. Содан бері, харе,
Кришна, харе, Кришна! – Индира екі қолын алақанымен түйістіріп, көкке қарап сыйынып қойды. – Дүниенің құпиясына бойлап келеміз…

– Біздің мұсылманның ұғымынша, – деді Хақназар тамағын кенеп барып сөзге араласып, – мына дүниедегі жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң адам баласының ризығы үшін жаратылған. Алла тағала адамды жер бетіне жібергенде қалған тіршілік иесін соның қорегіне деп жаратқан ғой.

– Пәлі, сен де дінге сенеді екенсің ғой, – деді Құрмаш мынау не деп кетті дегендей Хақназарға мойнын бұрып.

– Мәселе сенген-сенбегенде емес, ата-бабамыздың ұстанған діні ғой.

– Жоқ, біз атеист емеспіз бе, замандастар-ау, – деді Құрмаш. – Дарвиннің тіршілік эволюциясын оқып өстік қой, атамыз маймыл емес пе?

– Оның бәрін өтірікке шығарып жатыр қазіргі ғылым, – деді Самал. Өз-өзі болып әңгімеге енді араласқан.

–  Құрмаш, сен қызықсың,  – деді Анар. – Қазір біздің өмірде үлкен өзгерістер болып жатыр ғой, сексуальная революция деп, религиознад революция деп түрлі-түрлі кітаптар шығып жатыр ғой. Тіпті өзің айналаңа қарашы, бұрынғыдай бір қалыпты өмір жоқ, дүние өзгеріп жатыр емес пе.

– Сонда, дүние өзгерді екен деп, бәрің кришнаит болып кетпексіңдер ме? – деді Құрмаш.

– Бұл дегенің адам денсаулығына пайдалы ғой, – деді Анар. – Ет жеме, құдайға сыйынып жүр дегеннің несі зиян?

– Сондағы құдайың… жаңағы… аты қалай еді… Кришна ма?

– Между прочим, – деді Индира көзілдірігін түзеп. – Кришнаизм – ең көне дін, адамзат жаратылғалы келе жатқан дін, Индияда пайда болған.

– Индира, – деді Хақназар. – Сонда сіз мұсылман баласы екеніңізді ұмытып кете бересіз бе?

– Мен мусульманка емеспін, – деді шарт ете қалған Индира. – Жарайды, ата-бабамыз ислам дінін ұстаған шығар, бірақ менің де өз талғамым бар ғой… Тем более демократиялық мемлекет орнатамыз деп жатырмыз, ал ондай мемлекетте кім не ойласа, соны істеуге жағдай жасалуы керек. Вот!

3

Хақназардың пәтер жалдайық деген сөзін, өзі де бір бөлмеде төрт-бес жігіт болып тұрып жатқаннан жалықса керек, алғашында Құрмаш қуана құп алса да, артынша «өй, оған ақша керек қой, ондай ақша бізде қайдан болсын?» деп аңырып қалды.

– Мен заочноға ауысам, Құрмаш, – деді Хақназар. – Ақшаның жаңқа құрлы құны болмай, күннен күнге құнсызданып бара жатқан мына
заманында шешемнің азын-аулақ айлығына қарап отырғым келмейді. Стипендия неге жетеді?.. Ары ойлап, бері ойлап, сырттайға ауысып, жұмыс істесем бе деп шештім.

Құрмаш ойланып қалды да:

– Өзің білесің ғой, – деді. – Мен саған не деп кеңес бере алам…  Бірақ қандай жұмысқа шықпақшысың?

– Көреміз… Табылуы керек қой бір жұмыс. Екі қолға бір күрек.

– Сол ақшаңа пәтер жалдамақсың ғой, солай ғой?

– Ие, әлбетте. Бірге тұрмаймыз ба?

– Мен студентпін ғой, қалай сенің ақшаңа ортақ болмақпын?..

– Ештеңе етпес, ер мойынында қыл арқан шірімейд… – деді Хақназар күліп, сосын құрдасының арқасынан қағып қалды.

Оңтайлы пәтер табылмай, Хақназар атышулы «жетім  бұрышта» екі күн тұрды. «Капиталды»  жазған әйгілі сақалды шалдың есіміне және микробты ойлап тапқан атақты француздың атына берілген екі көшенің қиылысындағы жер «жетім бұрыш» аталушы еді. Орысшасы –  «пятачок». Пәтер жалдағысы келетін, пәтерін өткізгісі келетін ел-жұрт осы жерде тоқайласушы еді. Ара-тұра үй сатып алушылар да кездеседі. «Жетім бұрыш» – не үй, не жатақхана таба алмай, өз жерінде жалтақ болып, өз жерінде жетімнің күйін кешкен қазақ байғұстың қойған аты. Дәл қойылған. Хақназар бұл сөздің шын мағынасын екі күн үй таба алмай, әркімге бір жалтақтап жүргенінде толық түсінді. Түсінген де, бас шайқаған. «Рас-ей, әркімге көзіңді сатып тұрасың, жетімдік емей немене» деп ойлады сосын. Пәтерін өткізушілер аз емес. Және түгелі – ата-бабасы переселен болып, ақ патша заманында келген, совет дәуірінде ұлы халық аға ұлт деген атаққа жеткен елдің баласы. Самайын ақ шалып, мықынын таянған маржалар, таяққа сүйенген өлмелі кемпірлер. Көздері шатынап, іші-сыртыңды тінтіп, құл сатып алғаннан әрман тергейді. Ашынғаннан Хақназарға, әй, осы жатағыма кетіп қалсам ба екен деген ой да келген.

– Үйленгенсің бе? – деп сұрайды бірі.

– Жоқ, бойдақпын.

–Бір өзің тұрасың ба?

– Жоқ, екі жігітпіз.

– Мен жігіттерді алмаймын. – Сөз бітті дегендей жуан әйел теріс қарайды.

–Бойдақсың ба? – деп сұрайды тағы бір кемпір тесіле қарап.

– Жоқ, үйленгенмін, – дейді Хақназар қайтер екен деп.

– Жас балаң бар ма?
– Иә..

– Жас бала жылап ес-ақылды шығарады ғой, аулақ!

– Сіз жаңа ғана айттыңыз ғой, времянкам бөлек деп.

– Бәрібір, жас баламен алмаймын!

Міне, пәтер өткізуші елдің талабы осындай.

Күні бойы тұрғаннан аяғынан сыз да өте бастаған. Үсті-үстіне темекіні бұрқыратып тұр еді, бір кезде қолында таяғы, көзінде әйнегі бар бір шалдың топтың бір шетіне келіп тұра қалғанын көрді. Шалдың тегін жүрмегенін сезген Хақназар сияқты пәтер іздеушілер әп-сәтте оны қоршап алыпты. Темекісінің тұқылын лақтырып тастап, бұл да жақындаған.

– Айына қанша сұрайсыз?

– Қай жерде, Шаляпин мен Саинда дейсіз бе?

– Бір бөлмелі пәтер ме? Мебелі бар ма?

– Телефоны бар ма, квартплатасын* төлеу керек пе?

Үсті-үстіне сұрақ жауып, жетпістегі кәрі шал алғашында сасып қалды. Артынан есін жиып, темір тістерін көрсете:

–  Я только сдаю семейным», – деді ыржиып.

Зор дәмемен ентелеп жеткен қазақ жігіттері «е, мынадан да қайыр жоқ болды ғой» дегендей, бұрылып қайтып жатыр. Бұларға сыртынан қарап тұрған Хақназардың басына бір ой келіп, шалға таяй берді:

– Үйіңіз қандай, айына қанша деп отырсыз?
Еңкіш шал қалың көзілдірігінің астынан шалқая қарап, алғашқы ақшаны үш айға төлеу керек екенін, бір бөлмелі пәтерінің жаңа екенін, ішіне әлі ешқандай мебель кіргізілмегенін, бос тұрғанын тізіп шықты. Хақназар ойланып қалды: үш айға бірден төле дегені болмаса, ай сайынғы ақшасы онша қымбат емес сияқты көрінген.

– Сізбен келісіп алайық, – деді содан кейін шалды былайырақ алып шығып.  –  Көріп отырсыз, үйіңізде ештеңе болмағаннан кейін, әрі
алысырақ болған соң елдің бәрі онша қызығып тұрған жоқ. Пәтеріңіз жұмыс орныма жақын екен… Сосын ғой ойланып тұрғаным. Бірақ мен үш айға бірден төлей алмаймын, егер көнсеңіз, ай сайын алдын ала ақшасын беріп тұрайын. Төсек-орын өзімнен.

Шал ойланып қалды.

– Үйленгенбісің өзің? – деді содан соң.

– Иә, әрине…

– Балаларың бар шығар?

– Әзірге жоқ… Бірақ өзіммен тете бір інім бар.

Шал иегін уқалап, көзәйнегін сүртіп, қайта киіп, бұған қарап тұрды да:

– Іһм… Жарайды, жүр, үйді көріп қайт, – деді.

4

Хақназар шалға алғашқы айдың пәтерақысын берерде институттағы қыздардың бірін ертіп алып, «мынау менің әйелім, інім ертең келеді» деп алдағанымен, мини-юбка киіп, жұтынып тұрған ұзын бойлы қыздың санына бір қарап, Хақназарға бір қарап шал сенген рай танытып кеткенімен, тексермек болған шығар, үйдің тағы бір кілті өзінде, жиі келгіштеп жүріп, бір айға жетер-жетпесте өтірігін біліп қойған.

– Ай, яй, яй, Хақназар, – деген шал басын шайқап ас үйде отырғанда (бір айдың ішінде екеуі  тіл табысып  қалған еді, ақсақал Хақназардың атын жаңылмай айтатын). – Үлкен кісіні осылай алдайсың…

– Алдаған емес, Кирилл Савельевич, жағдай солай болды…, – Хақназар не айтарын білмей, еріксіз күліп жіберген. – Бойдақпын десем,
кіргізбейтін едіңіз, солай ғой… Ал енді, міне, бір ай болды, өзіңіз келіп қарап жүрсіз, кілтіңіз бар, кез келген уақта кіресіз: үй таза, келімді-кетімді артық кісі жоқ, Құрмаш екеуіміз ғана. Арақ ішпейміз, бойдақшылық құрмаймыз – көзіңіз жетті. Пәтерақыңызды ай сайын алдын ала төлеп тұрам деген қолхат жазып бердім. Өзіңіз ойланып көріңіз…

– Жарайды, – деді Кирил Савельевич қолын сілтеп. – Болар іс болды, бояуы сіңді. Тәртіпті азамат екенің байқалады. Енді сонау «Алатау»
совхозынан – таудан түсіп, күні бойы пятачокте қақшиып тұратын шамам жоқ.

– Міне, Кирилл Савельевич, білген адамның сөзі. Тіпті бірдеңе бүлдіргеннің өзінде біз паспорттағы мәліметтер өз қолыңызда тұр ғой.

– Иә…

Әсілі, Кирилл Савельевич жаман кісі емес еді. Осылай уақсыз уақта сайтандай сап ете қалса да, Хақназар күле қарсы алып, ыстық шай кұйып берер еді, сонда шал қабағы ашылып, жадырап әңгімесін айтар еді. Неміспен соғысқанын, бозбала шағында соғыстың соңғы жылы әскер қатарына ілігіп, Германиядан қайтқанын, контузия алғанын, Алматыға елуінші жылдары Тамбовтан ба, Рязаньнан ба, әйтеуір ішкі Ресейдің бір жерінен келіп қоныс тепкенін, жұмысшы-слесарь болып істегенін, бәйбішесі өліп, қазір, міне, он шақты жыл болды, таудағы «Алатау» совхозындағы кемпірдің жайлы қолына кіріп алғанын, мына үйді бәленбай жыл кезекте тұрып, биыл ғана фронтовик ретінде зорға алғанын жыр қылып айтады. Өзінің соңғы жылдары простатитпен қатты ауырғанын, одан құтылу үшін операцияға түскенін, одан ақыр  аяғы түк шықпағанын да айтуды ұмытпайды.

– Сен, Хақназар, құдай сақтасын, әрине, бірақ простатит бола қалсаң, операция жасатушы болма! – деп сұқ саусағын безейді содан соң.

Бұл жолы да сөзуар шал Хақназардың еріксіз тыңдап отырғанына мән бермей, әлденелерді айтып, біраз уақыт отырды.

– Қой, күн кешкіріп барады, жігіттер, үйге қайтайын, кемпіріме барайын, – деді бір кезде. Содан кейін шығып бара жатып:

– Хақназар! Ана газ плитканың үстін жарқыратып сүртіп тұруды ұмытпа, – деген.

– Иә, иә, ұмытпаймыз…

– Осы шалды әспенсітіп, сонша уақыт ерінбей әңгімелесіп отыратының не-ей осы сенің? – деді бөлмеде жатқан Құрмаш қожайын шал

кеткесін.

– Енді не істейсің күнің қарап тұрғаннан кейін…

– Төзіміңді айтам осы шалмен сейлесуге шыдаған.

Бос үйге бұл кезде жігіттер жатақханадан екі керуетті, бір үстел мен орындықты ұрлап әкеп қойған еді. Үйдің көркін ашады-ау деген ұсақ-түйек заттар да табылған. Десе де, үй іші жұпынылау еді.

– Одан да бір күй шертші, – деген Хақназар.

Құрмаш бәлсінген жоқ, текеметке малдасын құрып жіберіп, қалақ домбырасының күйіне келтіріп алып, бір әуезді бастап кеткен. Күйдің жүрек қылын тербейтін әрбір нақышын үйірілтіп ойнаған сайын Құрмаш көзін жұмып, бүкіл денесімен ырғатылып кетеді екен. Шанақтан күмбірлей төгілген қоңыр әуеннің ішінде бәрі бар: қаздың қаңқылы, аққудың сұңқылы, өкініш пен сағыныш, шаршау мен аңсау – түгел сезім тоғысқан өзгеше күй екен. Өзі құйылып жатқандай. Ойнап тұрған Құрмаштың саусақтары  емес сияқты.

– Япыр-ай, мынауың керемет екен! – деді Хақназар күй біткесін таңдайын қағып, – Бұрын естімегем. Аты қалай?

– «Кертолғау».

– Тәттімбеттікі шығар.

– Жоқ, Сүгірдікі, – деді Құрмаш.

5

Хақназар жұмыс таба алмай біраз сенделген. Алдымен қаладағы құрылыс басқармаларының біріне барды. Тар жерден үйреніп келген ағашшы деген, тағы бірдеңе деген өнері бар, құрылыс жағын  алып   кететініне  сенген. Бірақ гиперинфляция деген жалмауыз, жеміт заман келген соң бұлардың жағдайы мәз емес екен. Бірнеше ай берілмей жатқан айлығының өзі шамалы екен, көңілі толмай, кері қайтқан. АЗТМ –  Алматы ауыр машина жасау зауытына барды, ондағылар өзіміз қысқарып жатырмыз деді.

Хақназардың  меселі  қайтып, тауаны шағылған жоқ.  «Бірдеңесі болар, ештеңе табылмаған күннің өзінде бір жерге күзетші не карауыл болып орналасармын» деген іштей. Бүгінге осы жетер деп, қалған шаруаны ертең шешетін болып, көше бойлап келе жатқан. Ағызып  барып   анадай  жерге  тоқтаған тоғызыншы модельді «Жигули» мәшинесі артқа беріп, бұған қарай таяп келеді. Алғашында мән бермеген, анау сигнал беріп қоймаған соң кім екен деп жақындады. Бер жақ есік серпіліп ашылғанда да рөлде отырған дөңгелек жүзді жас жігітті

танымаған.

– Шығаев, сен не, танымай тұрмысың, кел, отыр мәшинеге!

Хақназар мәшинеге келіп отырғанда ғана таныды: иә, сол, сонау сексен бесінші жылы бірге түскен курстасы. Амандасып, жағдай сұрасып жатқанда ғана есіне түсірген: аты Ернар еді ғой.

– Да-а, – деді Ернар жымиып. – Сені көреміз деп кім ойлаған?

– Менің немене, жаназамды шығарып қойып па едіндер? – деді Хақназар темекісін тұтатып жатып.

– Жоға… Кешір енді, әшейін сөздің реті келгесін айтып жатқаным ғой.

Ернар – осы Алматыда туып-өскен жігіт еді. Әкесін бір мекеменің   бастығы деп еститін.

Жағдайы жаман емес сияқты, коммерциямен айналысатынын, шетелге шығып жүргенін әңгімелеп жатыр. Хақназар болса, бұрынғы институтына қайтадан студент болып тіркелгенін, қазір пәтер жалдап тұрып жатқанын айтып, сөзін қысқа ғана қайтарды.

– Да-а, Хақназар, көп жыл кесіп жіберді, ә, саған сол кезде? – деді Ернар жолдан көз айырмай. Мәшине қаланың күнбатыс жағына беттеп келе жатқан.

Хақназар үндеген жоқ.

– Кімдерді көрдің бе… Абдоллаларды?

– Жоқ, – деді Хакназар баяғыда мұнымен бірге алаңға барғамыз жоқ деп танып кететін ескі серіктерін есіне түсіргісі келмей.

– Абдолла қазір өзінің облысында жүр, былтыр барғанда көргем, аудандық ауыл шаруашылық басқармасында жұмыс істейді екен. Еркін осында ГАИ-де жүр.

– Мен үйленгем, – деді сәл үнсіздіктен соң Ернар.

– Ә-ә, құтты болсын, Ернар, – деді Хақназар бұрынғы курстасының қуанышына шынымен ризалық танытып.

– Рақмет. Қазір «Самалда» тұрып жатырмын. Екі бөлмелі пәтерім бар.

– Жақсы екен, кішкентайларың бар ма?

– Әзірге жоқ, бірақ сол бола ма деп күтіп жүрміз…

– Жөн екен, – деді Хақназар әйнекті ашып, темекі тұқылын сыртқа лақтырып жіберіп. – Өзіңнің жұмысың… коммерцияңды айтам, қалай
өзі, не сатасың сонда?

– Әрқалай… Ірі фирма емеспіз, оған әлі несие ала алмай жатырмын. Әзірге сол, сабын, тіс пастасы дегендей.

– М-м. Енді несие алмаймысың?
Ернар бұған қарап күлді.

– Ол үшін, бауырым, жақсы шапка керек, сол дайын болмай жатыр ғой…

– Қандай шапка керек? – деді Хақназар түсінбей.

– Коммерческий банкілерден несие алу үшін оның басшыларына тіске басар беруің керек, турасын айтсақ, пара, ақша беру керек. Соны «шапка» дейді. Әйтпесе банкіден несие ақша ала алмайсың.

– Е, сондайы бар де.

– Иә. Сенің воляға* шыққаның кеше ғана ғой… Содан ғой білмей жатқаның.

Ернар автомашинасын кілт солға бұрып, Саин көшесіне түсіп, өрге қарай салған. «Девяткасы» жаңа болса керек, секірмей, солқылдамай, бір қалыпта келеді.

– Мәшинең жаңа ғой деймін, ә?

– Ие, пахан мартта алып берді ғой…

– Айтпақшы, – деді Ернар екеуі тағы да өткен-кеткенді еске түсіріп, Хақназардың үйіне таяп қалғанда. – Сенің өзің қай жерде жұмыс істеп
жүрсің, сұрайын деп отырып тарс естен шығып кеткенін қарашы…

– Әзірге жұмыс жоқ. Іздеп жүрмін, табылып қалар.

– Слушай, – деді Ернар мәшинені кілт тоқтатып. – Сен маған келсең, қалай болады?

– Саған?
– Иә.

– Не жұмыс бар сенде?

– Қаласаң, менің дүкеніме күзетші бол, ұнамаса, барахолкада үлкен контейнерлерім бар, біреуін алып, сауда істе…

– Жас капиталистерге жалданам деп жүріп, жон терім сыпырылып қалып жүрмесін, – деді Хақназар күліп.

– Да ну, брось, какой уж там капиталист… Между прочим*, бізде нағыз капитализмнің элементтері әлі пайда бола қойған жоқ. Ну, бар  енді рыночная экономиканың кейбір тенденциялары… Солай. Сонымен не… кел маған, ақылдасайық.

– Сені қайдан табам?

– Әзірге менде офис жоқ. Давай, бүрсігүні сағат… так, так… сағат. – Ернар қол сағатына қарап ойланып қалды. – Сағат он екіде сельхоз институттың бас корпусының алдыңда кездесейік, мақұл ма?

– Жарайды, – деді Хақназар мәшинеден түсуге ыңғайланып.

– Жарайдыны қой, обязательно кел!

– Жарайды…

6

Орталық стадионның алды – ығы-жығы көп халық. Бүгін футбол матчы өткізілетіні, кешкі ойын басталғалы жатқаны есіне түскен. «Футбол көріп, жанкүйер болмағалы қай заман» деп ойлады Хақназар стадионның қасынан өтіп бара жатып, Құрмаш екі күн болды, үйге келмей жүр еді, бұған не болды екен, мүмкін, жатақханада, жігіттердің қасында жүрген шығар деп консерватория жатақханасына қарай келе жатқан беті еді, «Бірақ бұрынғыдай нөпір болып келуді сиреткен сияқты, футболы несі, байтал түгіл бас қайғы болып жүргенде дейтін шығар» деп ойлады үлкен аялдаманың жанынан ашылған киоскілердің бірінен темекі сатып алып жатып. Темекінің бағасы да күн сайын құбылып тұр екен, кешегі «Кэмел» бүгін қымбаттаңқырап қалыпты, қалтасы жұқа болғасын «Лазер» деген арзанқолдау сигаретті сұраған.

– Саламатсыз ба? – деді осы кезде біреу. Қыздың дауысы.

Хақназар бұрылып қараса, сұңғақ бойлы, қолан шаш бір қыз күлімсіреп қарап тұр. Екі-үш ай бұрын консерватория жатақханасында көрген әдемі қыз.

– Ә-ә,  …саламатсыз ба… Самал, – деді Хақназар. Қызды бұл жерде кездестірем деп күтпеген еді, сасқанынан:

– Темекі алып тұр ем, – дегені.

– Көріп тұрмын, – деді қыз жымиып.

– Ақша үйде қалып кетіп… қалтадағы азын-аулақ тиынға мына жаман «Лазерді» алып тұр ем.. – деді Хақназар қарадай қысылып.

– М-м … – деді қыз да жігіттің қысылғанына өзі де ыңғайсызданып, – мен түсінбеймін ғой темекінің түрлерін, өзіміз шекпегесін…

– Иә, иә, әрине, әншейін айтып жатқаным ғой, – деді Хақназар қызға жүрейік дегендей ыңғай білдіріп.

–  Сіз қалай қарай кетіп барасыз?  – деді Самал.

– Мына өздеріңнің жатақханаларыңа. Консерваторияға. Құрмаш бар ма екен деп.

– А-а, мен онда былай кетем, – деді қыз қарсы бетке қолын сілтеп. – Сабаққа барам.

– Сабақ?.. Сіз консерваторияда оқымайсыз ба?

– Жоқ, ә… Инязда оқим ғой мен, – деді Самал.
«Инязы» – шет тілдер институты болса керек.
– Солай ма?.. Ә, ие, ағылшын тілінің маманы екенсіз ғой, тіпті естен шығып кетіпті, кешіріңіз, – деді Хақназар сигарет қорабын ашып жатып.

–  Оқасы жоқ, – деді Самал. – Өзіңіздің сабағыңыз қалай?

– Жаман  емес. Сіз  сонда өткендегі подругаларыңызбен тұрасыз ба?

– Жоқ, үйде тұрам, өткенде жай қонаққа келгем ғой қыздарға. Анар –  кластасым ғой.

– Ә-ә…

– Жақсы, мен кешігіп барам, сау болыңыз! – деп Самал асыға басып жүріп кетті.

– Сау болыңыз.   

Хақназар жолдың арғы бетіне өтіп бара жатқан қыздың соңынан қарап қалды. «Балтыры оқтай екен» деп ойлады содан соң темекісін тұтатып жатып.

Құрмашпен бірге тұрған жігіттердің бөлмесінің есігін қағайын деп таяй бергенде-ақ ар жағынан дабырлаған, шуылдаған дауыстар естілген. Есікті ашып қалғанда алдымен төбеге қарай үйіріліп, шуда-шуда болып бөлме ішінде қалқып тұрған темекінің көк түтінін көрді. Үстінде балық пен паштет консервілері, колбаса мен сәбіз салаты,  бауырсақ пен ет, содан соң мойыны қылқиып бір шетте арақ бөтелкесі тұрған аумақты үстелді айнала, алқақотан бес-алты жігіт жайғасыпты. Отырғандарына біраз уақыт болса керек, біріне-бірі сөз бермей, әрқайсысы өз әңгімесін айтып, гүжілдесіп отыр екен. Құрмаш та осында болып шықты.

– О-о-о! Хақназар келді!

– Кел, төрлет, бауырым, – деп дәл бір мұны күтіп отырғандай үлкен қошеметпен қарсы алды. «Қап, асығыс кіріп келгенім-ай, мұндай ерекше отырыс болып жатқанын білгенде бұрылып ап, таятын ем ғой» деп ойлады Хақназар жігіттердің қоярда-қоймай қолқалауымен төрге шығып жатып.

– Пәлі, Хақан, ыңғайсыз болды-ау сенен, – деді Құрмаш мұның қасына келіп, өзі аздап қызыңқырап алыпты. – Алдыңғы күні той болып мына Талғарда, жігіттермен бірге барып келіп ем… Содан, міне, екінші күн  бас жазам деп… әрі жатақханада өзің білесің ғой, анау кездесіп, мынау
келіп қалып дегендей… Сүйтіп… осылай… шыға алмай қалдым… ренжімеші, Хақан…

– Өй, жоға, қой… несіне ренжимін, түсінем ғой… – деді Хақназар жігіттердің көзінше құрдасының сонша ақталғанын ыңғайсыз көріп.

– Хақназарға құйындар! – деді біреуі айғай салып.

– Иә, иә!

– Хақназар, елу грамм көр, бүгін жігіттер тойдан келген, той сарқыты!..

– Жоқ,  бұл  ішпейді, – деді  Құрмаш курстастарына қарап.

Оның сөзіне құлақ асқан ешкім жоқ, арақ та құйылды, тост та айтылды. Дуылдасып, бірінің сөзін бірі бөліп, жігіттер көңілді отыр.

–  Қалай, жұмыс жағы ыңғайланды ма? – деді Құрмаш бір әредікте ақырын ғана Хақназарға сыбырлап.

–  Болып қалатын сияқты…

–  Табылды ғой әйтеуір?!

– Табылды, – деді Хақназар жымиып.

– Дұрыс болған, бауырым, – деді Құрмаш сол қолымен Хақназардың иығынан  қапсыра құшақтап, сосын сәл өзіне қарай тартып қойды.
Куанышыңа ортақпын дегені. – Мен үстіп… аздап ішіп қойдым, сөкпейсің ғой…

– Жоға, қойсаңшы, нете бермей, Құрмаш…

– Мұрат ән айтсын! – деді жігіттердің бірі осы кезде.

– Жоқ жігіттер! Шаршап отырмын мен, өздерің, өздерің… – деді Мұрат деген жігіт.

– Онда Әлібек айтсын, – деді тағы бірі.

– Иә, иә, Әлеке, кәні, өзің әу деші…
Қияқтай мұртын бас бармақпен оңға бір, сұқ саусақпен солға бір сипап қойып, қараторы жігіт домбырасын қолға алған.

– Не айтайын? – деді сосын.

«Жоныпалдыны» айт! – деді жігіттердің бірі.

– Иманжүсіпті айт, – деді екіншісі.

– Иә, соны айт! – деді тағы біреуі.
Шанағы өрнектелген қызыл домбыраны қағып-қағып жіберіп, сағағын бойлай қолын бір жүгіртіп алды да, Әлібек әнді бастап кетті. «А-а-ау!» дегенде бөлмені жаңғырықтырған дауысының қуатты екені байқалған.

Абылай аспас Арқаның сары белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Әуелеген әнді  ұйып тыңдаған жігіттер ара-арасында «уа, пәлі, міне, жігіт!» деп қошеметтеп отырды.  Әншінің құлаққа жағымды, биік дауысына сүйсініп қалыпты.

Қатар-қатар қаланған тастарың-ай,

Мұнарланып көрінген бастарың-ай!..

Әнші жігіт бірте-бірте қай жерде отырғанын ұмытып, кең дүниеге шығып кеткендей желпіне шалқыды.  Тұла бойды шымырлатқан асқақ әннен Иманжүсіптің кір жуып, кіндік кескен туған жердің жұпар ауасына, екі жағы қалың шұбар, көк Есілдің өзеніне, бүркіт асып басына шығатын, енді «көзіме бір көрінші» деп аңсап отырған Ерейментауына деген сағыныш лебі есіп тұр. Ер туған, өткір туған асқақ ақынның ояз бен болысты «шатырлатып сабаушы ем шеттерінен» деп, күшті рухын, өзін ешкімге теңгермейтін тәкаппарлығын жария қалатын мадақ сөздеріне келгенде жігіттер «уа, сабаз!», «ой, азаматым-ай!» деп қауқылдасып қалды.

Қазы-қарта жемейтін қайран басым,

Түрменің қара наны балдай болды…

Әннің өн бойынан қуғында жүрген жігіттің шеккен азабы мен көрген теперіші, қиын халі мен қилы тағдыры сезіліп тұрды. Жүйе-жүйені босатып, аза бойды қаза қылған ұзақ ән Хақназарға қатты әсер еткен.

Ән біткесін жігіттер Иманжүсіптің ерекше өмірін, жоғалған әндерінің тағдырын сөз етісті.

– Ал онда құймайсыңдар ма, – деді біреу бір кезде.

– Өй, есімізден тарс шығып кетіпті, мыналар ішкісі келіп отыр екен ғой, – деп күлді екіншісі.

Жігіттер қайта дуылдасып кеткен.

7

Боз қырау өтіп, арты қиыршық қарға ұласқан. Алғашқы қар бір күн тұрды да еріп кетті. Іле желтоқсанның ішінде жауған жапалақ қар қыс  түскенін аңғартқандай болды. Алматының қысы өзгеше: үскірік боран жүрмесе де, дымқыл, көк аязы жан шыдатпайды, алғашында аппақ болып  түскенімен, соңынан көкала жентекке айналатын тобықтан ғана келетін жұқалтаң қар қыс бойы бекімей, күн райына қарай, бір еріп, бір тоңазып, езіліп жатады. Аяқ киімге обал, жеп қояды. Климат дымқыл болғасын ба, табаны төрт елі, ұлтаны қалың болса да, кез келген аяқ киімнен сыз өтеді. Лаж болса, ұлтарақты күнде  ауыстырып тұрған дұрыс… Калай болса да, басы қарлы мұзарт, етегі қалың қарағай Іле Алатауының кең қолтығына тығылған осынау көрікті қала Хақназарға ұнаушы еді. Жастық қызықтың әр үні, өзгеше күндері осында жатқандай көрінетін. Балғын сезім,  бал дәурен осы қаладан орын тепкендей сезілетін.

Бүгін күн суық болды. Бозарып таң атқаннан қара қошқыл аспан өңін бермей, терістіктен бір  ызғырық соғып тұрып алған. Барахолкадағы қалың саудагер сияқты Хақназар да мұрыны қызарып, қолы көгеріп күні бойы әрең шыдады. Әсіресе табанынан өткен сыз тас төбесіне бірақ шыққан. Сыз өтпесін деп елдің көбі аяқ киімінің ішіне целлофан төсеп қояды, онысы әшейін ілдалда, шын аязда қамсау болмай қалады. Бүгінгі суық та оңай тимеді, сауда жасап тұрған жұрт дүние-мүлкін жинап, буып-түйіп, ерте жинала бастаған. Хақназар да жиналып, контейнерін асығыс құлыптап, үйге асыққан.

Қоңырауды сыңғыр еткізіп басқанша болған жоқ есік ашылып, ар жақтан ыржиып Құрмаш қарсы алды:

– Ә, міне, кімді айтсаң, сол келеді деген, сабаздың өзі де келді! – деді бұл кірер-кірместен дауыстап.

– Үйде қыздар бар, – деді сосын жақын келіп сыбырлап.

– Кімдер? – деді Хақназар сырт киімін іліп жатып.

Құрмаш кімдер екенін айтпақ болып аузын ашқанша, түпкі бөлмеден қолаң шашын желпіп тастап Самал шыға келген.

– Сәлем!

– Сәлем! – деді Хақназар қыздың дауыс ырғағына салып.

Самалға еріп, жігіттерге қонаққа келген Айгүл деген ақсары қыз асүйде тамақ қамымен жүр екен.

Айгүлдің ашық-жарқын екені байқалған:

– Міне,  қонақ болып келген қыздарды досыңыз эксплуатировать етіп жатыр, – деді күліп Хақназармен танысып жатқанда.

– Қайтесіз енді, Айгүл, – деді Хақңазар да қалыспай, – бұл баяғы шынжыр балақ, шұба феодалдардан қалған тұқым ғой. Сіз – бер жағы мені теуіп жұмсағанын көрсеңіз…

– А-а, сондай ма бұл кісі?..

– Сондай.

Азғана ет пен жұмыртқа, тағы бірдеңе деген шөп-шалам қосылып қуырылған вермишель иісі мұрынды жарып, буы бұрқырап, түпкі үйдегі үстелге келгенде Хақназар да қарнының  ашқанын сезген. Ыстық тамақ пен шайдан кейін  бойы жылынайын деді.

Шай үстіндегі әңгіме күннің суығы, базардың  нарқы, дүниенің қымбаттауы сияқты тақырыптардың төңірегінде болды. Ауыз жаппай  сөз сөйлеп, көңілді отырған Құрмаш шай құю  мәртебесіне ие болған Айгүлді «Самалмен бірге  инязда оқиды, француженка» деп таныстырды.

– Қазақтың қызы сияқты ғой Айгүл, – деді Хақназар тәрелкедегі асты қасығымен көсіп алып жатып.

– Француз тілінде оқиды дегені ғой, – деді Самал.

– Ой, сен де қайдағы бір сөзге жабысып… – деді Құрмаш.

Айгүл мен Самалды бұрыннан танитын ол Хақназар біле берсін деп ойлаған болуы керек, үйді көрсетем деп қыздарды қонаққа өзі арнайы шақырып әкелгенін, оның үстіне Айгүлді  Хақназарға таныстырсам деген ниетінің болғанын айтып, досына қараған.

– Е, дұрыс, жөн, жөн, – деді Хақназар. Қуаныштымын,  қыздар келгесін ғой үстіп көңілді отырғанымыз, әйтпесе екеуден екеу қалсақ,

тамақты томсырайып алып ішетін ек.

– Самалды  мен де, біраз болды емес пе, танып қалдым ғой, – деді содан кейін. – Айтпақшы, әлгі кришнаитка қыздарыңыз аман ба, олардың халі қалай?

– Жаман емес, – деді Самал жымиып. – Сізге сәлем айтып жатыр.

– Сәлемет болсын. Өзіңіз қалай, Самал, ондай пәлеге  ұшырап қалған жоқпысыз?

– Ол не пәле? – деді Самал түсінбедім дегендей қасын керіп.

– Кришнаитка болып кеткен жоқсың ба дегенім ғой.

– Жоқ… Бірақ болса несі бар, – деді Самал. – Ол да бір сенім ғой, жақсылыққа бастайтын, адамның  денсаулығын ойлайтын өзінше бір сенім ғой.

– Құрып қалсын ондай сенімі, – деді Хақназар қолын сілтеп.

– Ой, сен де, жоқтан өзгені әңгіме қылып, – деді Құрмаш осы кезде.

– Жоқ, неге, очень интересно, бұл да қазіргі жастардың басындағы үлкен проблема ғой, – деді Самал.

– Осының бәрі – пікір плюрализмі, сөз бостандығы деген ұранды пайдаланып, демократия деген ұғымды желеу етіп шеттен келіп дәріптеп жатқан неше түрлі сектанттардың ісі, мына деградацияға түскен қоғамымыздың әлсіз тамырын басып, шімірікпей жүргізіп отырған сұмпайы насихаты, – деді Хақназар.

– Олардың насихатына өкіметіміздің өзі рұқсат беріп отыр емес пе, – деді Айгүл.

– Сол өкіметің ішіп-жеуден басқа түк білмейді, – деді Құрмаш өзінің мына әңгімеге қалай араласып кеткенін байқамай.

– Бір ұлт бір ғана дінді ұстамай, әртүрлі наным-сенімге бөлініп кетсе, мемлекетің де ұзаққа шыдамай, быт-шыт болады, – деді Хақназар.

– Мы ведь светское государство, так что я не вижу в этом большой опасности*, – деді Самал Хақназарға қарап.

– Бәрібір… мемлекет өзінің тағдырын ойласа, өзінің ұзақ жасауын тілесе, өз ішінде жүріп жатқан әртүрлі… не деуші еді әлгі… әртүрлі ағымдарға жол бермеуі керек, жол бергеннің өзінде бәрін өзі реттеп отыруы тиіс, – деді Хақназар.

– Онда бұл демократияға қайшы келеді ғой, – деді Айгүл.

– Өй, сол демократия дегеніңнің өзін әркім әрқалай түсіндіріп жүр ғой, сондықтан оның атын жамылып, зұлымдықты да насихаттауға болады емес пе, – деді Құрмаш.

– Жо-жоқ, – деді Самал оның сөзімен келіспей. – Демократия – халықтың билігі деген сөз, сондықтан халық өзінің көңілі не қалайды, сонымен айналысуы керек.

– Уа, шіркін-ай, – деді Хақназар, – халық ешқашан өзін-өзі билеген емес тарихта, оны не белгілі бір тұқым, небір саяси топ немесе бір саяси партия билеп келген. Билеп келеді де. «Демократия» деген ұғым – ол… әшейін бетперде саясаткерлер үшін.

– Неге, Америка штаттарында халықтың бәрі жақсы тұрмысқа сол демократияның арқасында жетті ғой, – деді Айгүл.

– Бос сөз – оның бәрі.  Біздің радио-телевидение солай деп шулап жатқанымен, оның бәрі – даурықпа сөз, – деді Құрмаш.

– Сөзің дәлелсіз, Құрмаш, – деді Самал күліп.

– Халықтың билігі дейсің сен, Самал, – деді Құрмаш қолын жайып. –  Қолында билік тұрса, сол Америка халқының өзі неге жұмыссыз жүр?
Жезөкшелік пен наркоманияң ол гүлдеп тұр!..

– Жарайды, мұның бәріне кінәлі демократия-ақ болсын. Сонда халық жақсы тұрмыс құрып, бақытты тіршілік ету үшін қандай қоғам керек
деп ойлайсындар? – деп сұрады Самал.

– Адамзат тарихында идеал қоғам болмаған, – деді Хақназар.

– Вот, видите, сами признались*, – деді Самал. – Ал қазіргі біздің өмірімізде демократиядан артық қоғамды көре алмай отырмын.

– Демократия – жаңа айтылып жатыр ғой, күрделі ұғым, –  деді Хақназар. – Демократия деп әр нәрсеге ерік бере берсек, анархияға тап
болуымыз ғажап емес. Мемлекет өз ішіндегі әрқилы кереғар ағымдарға тыйым сала алмай, қазіргі тілмен айтқанда, әлгі… әртүрлі күштерді реттей алмай отырса, ол анархия емей немене. Қазір де өздерің байқап отырсыңдар ғой, ТМД елдерінің де хаоста тұрғанын, – деді Хақназар.   – Коммунистік империяның илеуінен шыққкаң соң сондай кепке ұшырауымыз түсінікті де ғой, – деді Құрмаш.

Әңгіме қыза түскен.

8

Бәрібір мемлекеттік, ұлттық идеологиясыз сол мемлекеттің өзі ұзақ өмір сүре алмайды, – деді Хақназар екінші мәрте ыстық шай келгенде.

– Ол рас, – деді Құрмаш. – Бірақ қандай идеологая керек, міне, мәселе сонда ғой.

– Фу-у, жігіттер,  мен шаршап кеттім сендердің дауларыңнан, – деді шай құйып отырған Айгүл.

– Мен байқап отырмын, Хақназар, сен консерватор екенсің, – деді Самал.

Хақназар күлді:

– Мүмкін.

– Иә, осымен доғарайық дауды. Бізсіз де қу сөзден қуырдақ қуырған алаяқ саясаткер толып жатыр, – деді Құрмаш.

– Вот именно. Политика – грязная вещь*, – деді Самал.

– Ой, Самал, қайтайық біз, қараңғы түсіп кетті ғой, – деді Айгүл бір кезде, – құрметті мырзалар, шай ішіп болсаңдар, дастарқанды жинайын.

– Өзіміз-ақ жинаймыз, Айгүл, тұра берсін, – деді Хақназар.

– Қайда барасыңдар мына екі кештің арасында. Қона кетіңдер… – деді Құрмаш.

– Иә, қайтайық біз, жігіттер, – деді Самал да. – Жақсы отырдық, енді    бізді шығарып салыңдар.

Дала ызғырық екен. Кешкі қаланы қалың тұман басыпты. Анадайдан өтіп бара жатқан мәшинелердің жарығы ғана көрінеді. Такси тез тоқтай қоймағасын төртеуі үш-төрт жүз метрдей жүріп барып, Саин көшесіне шыққан.

– Сонымен тауға қашан барамыз? – деді Құрмаш Айгүлдің белінен ұстап.

– Қандай тауға?

– Өзің ғой бағана Медеуге барайықшы, бармағалы көп болды деп отырған.

– А-а… Ол есімнен шығып кетіпті ғой, – деді Айгүл. – Жексенбі барайық.

– Мына екі кісі қалай қарайды екен оған? – деді Құрмаш қатар келе жатқан Хақназар мен Самалға қарап.

– Қарсы емеспін, – деді Самал.
Хақназар үндеген жоқ.

– Хақназар, сен ше, барғың жоқ па? – деді Айгүл.

–  Жоқ, ә, жексенбі дейсіңдер ме, барам, барам ғой…

– Бұның жексенбі жұмысы бар ғой, соны ойлап келе жатқан шығар, – деді Құрмаш. – Ничего, Самал баратын болса, Хақназар да қалмайды.

– Оны қайдан біле қойдың? – деді Самал.

– Үйбәй-ау, елдің бәрі біліп отыр ғой Хақназардың сені ұнатып қалғанын, – деді Құрмаш ерекше саңқылдап.

– Досың бір көрген кісіні ұната бере ме?

– Ұмытып қалыпсың ғой, Самал, мен сені осымен үшінші рет көріп тұрмын, – деді үнсіз қалғанды ыңғайсыз көріп.

– А, есіңде екен ғой…

– Әлбетте..

Осы кезде қол бұлғап тұрған Айгүлдің қасына шиқ етіп бір мәшине келіп тоқтай қалды. Бәрі жамырай ұмтылған.

– Жақсы, біз кеттік, – деді қыздар таксиге отырып жатып. – Жексенбіге шейін. Пока!

– Жақсы, жолдарың болсын!

– Қалай? –  деді Құрмаш бұлар үйге келіп жайғасып отыра бастағанда.

– Не қалай? – деді Хақназар досының не айтқысы келгенін түсінбей.

– Самал қалай, қандай қыз дейм, дурак…

– Жаман емес сияқты.

– Жақсы қыз, – деді Құрмаш дастарқандағы ыдыс-аяқты жинап жатып. – Өзі де үріп ауызға салғандай әдемі ғой, әлде сен, маубас, бағанадан бері ештеңе көрмей, ұйықтап отырсың ба?

Хақназар шаршағанын енді сезген еді, аяғын  керуетке артып тастап, текеметке жантая кетті.

– Өзі саған кет әрі емес секілді, – деді Құрмаш.

– Па, шіркін, оны қай құмалақшың  айтыпты?

– Білеміз ғой, бала емеспіз… Кстати, көз салып жүрген жігіттер де аз емес, есіңде жүрсін.

– Осының бәрін қайдан білесің? – деді Хақназар көзін жұмып.

– Қызықсың, туған күндерде, анау-мынау отырыстарда бірге болып жүрміз ғой.

– Сен одан да маған мынаны айт, – деді Хақназар. –  Ел аман, жұрт тынышта Айгүл деген қызыңның бар екенін бүгін ғана біліп отырмын, бұрыннан неғып айтпай жүрсің, шпион?

– Пәлі, сен қызықсың, Хақан. Осы күні қыз табу қиын ба?

– Сен сияқты сері жігіттер үшін, әрине, қиын емес.

Ыдыс-аяқты жинап, үстелді орнына қойып, үйді ретке келтіріп болған Құрмаш Хақназардың қасына келіп отырды.

– Ана жолы той тойлап кеттім емес пе… Сол кезде Самалмен бірге келіпті тойға. Сонда іліп түсірдік қой!.

– Молодец. Құтты болсын, тамаша қыз екен.

– Енді, бауырым, біз анау-мынау қызды ертпейміз ғой!

Мынау не деп тұр дегендей Хақназар басын оқыс Құрмашқа қарап қалды да, артынша күліп жіберген.

9

Алла Тағала екі күнде қара жерді жаратыпты. Төрт күнде сол жердің асты-үстіне бұл дүниенің  керегі мен кереметін, қасиеті мен байлығын толтырып, тіршілік дүниесін үйлестіріп, бір сыпатқа кіргізіпті. Содан соң, көк пен жерге «екеуіңе де ес үрлеп, ерік бердім, әміріде жығыласыңдар ма?» деп сұрапты. «Ықтиярмыз бір өзіңде» депті сонда көк пен жер. Бұдан кейін ғана Алла Тағала көзіне көрінетін және көрінбейтін құбылыстарға дем берген екен. Ізгіліктің иесі – періштелерін жаратып, олардың бойына рахым мен шапағат құйыпты. Жан бітісімен періште қауымы Аллаға сыйынып, құлшылық етуге кірісіпті. Күндердің күнінде құдіреті күшті Алла балшықтан  алғашқы  кісі  – Адам-Атаны жаратыпты. Мұны білген періштелер «біз өзіңді

ықыласпен ұлықтап, ыждаһатпен мадақтай алмадық па, Жаратқан ием» деп сары уайымға түсіпті. Сонда Алла айтыпты: «Адам – менің

орынбасарым болмақ, бұның байыбына сендер әлі жетпейсіңдер. Сондықтан оған жан біткен сәттен бастап жүгініп, тағзым етуге тиіссіңдер» деп. Әмәнда Алланың әмірін құп алатын періште қауымы өздерінің білімді екенін білсе де, Адамға келіп бас иіпті. Тек оттан жаралған кәрі Ібіліс қана бас тартқан екен. Бұған қайран қалған Алла Тағала: «Адам – менің құдіретіммен жаратылған, неге ізет жасамайсың» деп сұрапты. Ібіліс сонда: «Өзіңнің құдіретіңе шәк келтірмеймін, бірақ мен адамнан бұрын жаратылғам, әрі одан әлдеқайда білімдімін, әлдеқайда күштімін, менімен шендесе алмайды» деп жауап беріпті. Содан соң кеудесін керіп: «Менің нәсілім де асыл: оны балшықтан, мені оттан жаратқансың, мен қалай оған бас июім керек?» депті тағы да. Сонда Алла Тағала әміріне елең етпей, сөзін екі айтқызған құлының бұл қылығына қатты ренжіп, оны жоқ етпек болыпты. Мұны көрген Ібіліс аяғына жығылып, «қиямет-қайымға шейін тірі жүргізіңіз» деп жалбарына кеңшілік тілепті. Мейірімі мол Алла кеңшілік беріп, «бірақ азғынға жұмақтан орын жоқ» деп оны шығарып жіберіпті. Сонда Ібіліс онда «қиямет-қайымға шейін өзің жаратқан Адамды азғырып, саған сенбейтін қыламын, сенсе де қасыңа шерік қосам, ол болмаған күнде Хақ жолынан аудырып, нәпсінің құлы етем» депті кетіп бара жатып. «Е, жарайды»  депті кеңшілігі шексіз, шебер Жаратқан – «қиямет-қайымға дейін Адаммен күресуіңе рұқсат берейін». Ібіліс сүйтіп азғын жолға түскесін Хақ Тағаланың өзі мәртебесінің жоғары қылып жаратқан орынбасары – Адам-Сапиоллаға он сегіз мың ғаламның сырын ашып, сау ақыл, сәулелі білім сіңіреді. Сосын періште қауымын шақырып: «Сендер де Ібіліс сияқты өздеріңді ақылды, білімді санайсындар, шын білсіңдер, ал он сегіз мың ғаламның атын айтыңдаршы» депті. Ғылым иесі – Алланың парасатын шексіз екенін білетін періште қауымы бұл сауалға жауап бере алмай, Адамның артықшылығын мойындаған екен. «Дүниенің сырын мен ғана білем, әрі сендердің ішкі ойыңды да естимін деп айтпадым ба сендерге» депті Алла. Періште қауымы сол кезде Адамның жаратылуының сырын түсініпті дейді.

Күн өтті ме, түн өтті ме, жұмақтағы мерзім бізге беймәлім: әйтеуір бірде Адам-Сапиолла отырып Жаратқанға өтініш айтыпты, «Мен жалғызсырап жүрмін, серік тауып берші» деп. Алла «Рас-ау, жалғыздық маған ғана жарасқан, қой бұған бір серік болар жан иесін жасайын» деген ойға құлап, Адамның сүбе қабырғасынан Хауаны жаратқан екен. Содан соң рахымы мол Алла екеуіне былай деп уәһи жеткізіпті: «Құдіретті хикметіммен сен деп өз рухымды құйдым, періштені аяғыңа жықтым. Сен деп Ібілістен мархабатымды алып, бақилық жұмақты саған тиесілі еттім. Опасыздық жасасаң, тозақтың азабын бұйырамын. Сосын: Ібіліс бастаған шайтан қауымы жаулық істейтінін ұмытпа». Бұдан соң Хақ тағала Даан мен Хауаға жұмақтағы жемісті жеуге рұқсат беріпті. Сүйтсе де, бір өзгеше жеміс ағашын көрсетіп: «Бұған жуымаңдар, нәсіп еткен рахатты ғұмырыңды сүріп, ырғын жеміске тойындар, бірақ мынаған жолап, бұның жемісін жесеңдер – маған қиянат істегенің» депті. Содан Адам мен Хауа көздің жауын алып, құлпыра түрленіп тұрған қоңырсалқын бейіште жүріп, оның ерекше ләззатты жұпар иісіне, дәмі алабөтен кәусәр суына құмарлары қанбай, мәңгілік рахатқа батып, Алланың сүйікті құлы болып жүріпті. Өзінің жұмақтан қуылғанын, қарғысқа қалғанын Адам-Атадан көрген іші тар, пиғылы харам Ібіліс оның  бақытты тіршілігінің шырқын бұзбаққа ниет бекітіп, басқа кейіпке еніп жұмақтың бағында жүрген Хауаға келіп жолығыпты. Өзіне іш тартып, күлдіргі сөз, қызықты әңгіме айтып отырып, арасында: «Алланың сендерді әлгі  ағашқа жолама дегені – сендердің періштеге айналып, жұмақта мәңгі қалмасын деген ойы ғой» депті. Бұған сене қоймаған Хауаға «Өзің білесің, бірақ нағыз жұмақтың дәмі әлгі ағашта» депті де кетіп қалыпты. Екі ойлы болып қалған Хауа, әрі-сәрі болып тұрып: «Ақыры мені ешкім көріп тұрған жоқ, дәмін көрсем, көрейінші» деп тиым салған тоғайдың жемісінің біреуін үзіп алып аузына салса, машалла, дәмі тіл үйіргенде жанын қоярға жер таппапты. Осы кезде келіп қалған – Адам-Атаға ол «Мына жемістің дәмін татпасаң, жұмақта жүргенің бекер екен» деп өзінің қайран қалғанын айтыпты. Баста азар да безер болып көнбеген Адам-Ата да ақыр соңында жемістің дәмін татып қояды. Сол кезде аспан қақ айырылып, «аманатқа қиянат жасасаңдар, сендерге тозақ тиесілі!» деген Алланың каһарлы бұйрығы жетіпті. Сонда ғана Адам мен Хауа не істегендерін енді ұғып, құлшылық етіп: «Уа, раббы Иеміз! Опа бермедік, азғынның тіліне ердік, білмей шоқ  бастық, бір жолға кешіріңіз, есіркеңіз» деп жалбарыныпты. «Кешірдім», – депті соңда шапағаты мол Жаратқан,  бірақ жұмақ сендерге енді тұрақ бола алмайды. Фәни дүниеге – жер бетіне жөнелтем. Рахат ләззатың, бақыт дәуренің озды, жаңа тіршілігің, ұзақ сынағың басталды. Жер бетіне түскесін екеуің жұп болып, ұрпақ көбейтесіндер. Зәу-затыңмен қосып сынақтан өтесің. Ібілістің тіліне еріп, азғын жолға түскенің – тозаққа, менің хикметімді түсініп, Хақ жолына бас қойғаның – жұмаққа барасың. Қиямет-қайымға шейін солай болмақ. Барыңдар!»

Міне, неше ықылым өтті: адамзат баласы иман мен азғындық, оң жол мен теріс сүрлеу, сау ақыл мен сырқат сана, мейірімділік пен зұлым махаббат пен ғадауат, жақсылық пен жамандық сияқты неше алуан сынақтан өтіп, жер үстіндегі тіршілігін кешіп келе жатыр екен.

10

– Да-а… Өте мұңды әңгіме екен. Сонда бәріміз Адам-Ата мен Хауа-Анадан тарағамыз ба? – Самал.

Екеуі Медеу мұз айдынының төр жағындағы  шатқалды бекітіп, көлденең үйілген биік бөгеттің баспалдағымен төмен түсіп келе жатқан.

Жапалақтап қар жауып тұрған, үп еткен жел жоқ, өзгеше бір күн еді. Тау іші ақ ұлпа оранып, бұйығып жатыр. Мүлгіген құлаққа ұрған танадай тыныштық. Тек өздері сияқты қыз-жігіттердің, жас балалардың сыңғырлаған күлкісі ғана естіледі. Салқын ауа бойыңды сергітіп, тынысыңды  кеңітіп, басыңды  шайдай ашып жібереді екен.

– Әрине, – деді Хақназар оң қолын беріп баспалдақтан Самалды түсіріп алған соң.

Екеуі сол қолдағы жотаға  беттеген.

– Адам-Атадан тарасақ бәріміз, онда екеуіміз де туыс болып шықтық қой, – деді Самал күліп. Басындағы құндыз бөркін алып, сілкіп қарын түсіре бастады.

– Әрине. Адам баласының бәрі біріне-бірі туыс, бауыр ғой, – деді Хақназар еңкейіп ұлпа қарды уыстап алып жатып.

– Онда сен менің бауырымсың, Хақан, – деді Самал.

Хақназар жалт қараған, қыздың сөзінен өзімсінген жылулықтың, ерекше мейірдің сәулесі байқалған.

– Рақмет, – деген Хақназар аузына басқа сөз түспей. – Сен онда менің қарындасымсың, – деді жымиып. Содан кейін қапелімде не істерін білмей малақайын шешіп, бұл да сілкілей берген.

– Уа,  пәлі! Мыналар қар ойнап жүр ме, немене?!

Құрмаш екен. Анадайдан саңқылдап келе жатыр.

Айгүл екеуі  бағана мұзайдын жақты, түстеніп, тамақ ішетін кафелерді көріп келеміз деп кеткен. Ет асым уақыттан кейін келіп тұрғаны осы.

– Екеуіңді төменде әлі күтіп отырмыз, әлі күтіп отырмыз, бізді кісі қатарынан шығарып тастағасыңдар-ау дейм! – деді  Құрмаш сампылдап. – Жүріңдер, катокқа барайық, әйтпесе соңыра ел қаптап кетіп, конькисіз қалармыз.

Мұзайдын манағы, таңертеңгідей емес, қары жарқырап, жайнап кетіпті. Ел аяғы да көбейіп, коньки тепкен жастардың көңілді үні естіледі. Бұлар келсе,  Айгүл прокатта кезекте тұр екен.

Бұрын  Медеуге келсе де, Хақназар мұзайдында теуіп көрмеген еді. Қыздар да, Құрмаш та өзінің  ар жақ, бер жағы шығар деп ойлаған, сүйтсе, бұл тобығы ұстамай, коньки тайып кете ме деп, қалт-құлт етіп әрең тұрғанда, аналар ұшқан құстай зуылдап ала жөнелген. «Қап, ұят болды-ау» деп коньки теуіп үйренбегеніне өкінген.

Көзді ашып-жұмғанша екі беті бал-бұл жанып,  бір айналымды жүгіріп өтіп Самал келді. Артынша Айгүл мен Құрмаш та келген. Хақназардың кірерге тесік таба алмай тұрғанында шаруасы жоқ:

– Өй, сен тізең қалтырап әлі тұрсың ғой, қап, тұсауыңды кесу керек екен ғой, бала! – деп күліп жіберді Құрмаш.

– Сен қайдан үйреніп алғасың-ей, шайтан? Коньки көрмей өскен сияқты едік қой… – деді Хақназар.

– Алматыда бәленбай жыл айға бата қылып жүрді дейсің бе? – деді Құрмаш тістерін ақсита ыржиып.

– Қап, бәлем, енді қолға алғаным осы болсын.

Әйткенмен қолтығынан екі қыз сүйреп жүргесін айдында болған бірер сағаттың ішінде коньки тебуге біраз жаттығып қалды. Бірақ үйренбегендікі болса керек, конькидің бәтіңкесі аяқты қажап, тобығы ауырып қалды да бір шетке келіп отырды. Содан соң шыр көбелек айналып, бірін-бірі қуаласып жүрген жұрттың қызығына қарап уақыт өткізген.

Бәрінен бұрын дәл қар жауған күні тауда жүргендеріне ерекше қуанысқан. Самал мен Айгүл ыстық тамақ алдырып, таза ауада шай ішкен кезде тіпті көңілді отырды.  

– Таза ауада, ен далада ішкен асың сіңімді болады ғой, – деді Хақназар буын бұрқыратып шашлық алып  келген соң.

– Айтпа, Хақан, әсіресе бүгінгідей қар жауып тұрған күні десеңші, – деді Құрмаш.

– Бұл идеяның авторы кім еді? – деді Хақназар қыздарға  қарап.

– Ненің?

– Медеуге шығайық деген ұсыныстың?

– Айгүл ғой, – деді Самал.

– Түу, Айгүл, – деді Хақназар. – Сен болмасаң, қаншама қызықтан құр қалады екенбіз ғой.

– Баяғыда, – деп әңгіме бастады Құрмаш,– қазақтың көшпелі дәуренінде, алғашқы қар түскен қансонар күні бүркітін алып, тазысын ертіп бір жігіт аң қағуға шығыпты. Қанжығасы майланып, бірер түлкіні қиындықсыз-ақ түсіріп, аңшылықтың қызығына батып жатса керек, артынан ауыл жақтан бір хабаршы келіп, «Уай, бәленшеке, сен мұнда бүйтіп жырғап жүргеніңде атаң өліп қалды ғой, атаң!» депті. Сонда әлгі аңшы жігіт тұрып:

«Атам өлсе, қойылар,

Атан өлсе,  сойылар,

Мұндай қызық қансонар,

Енді қашан жолығар», –

деп аңның ізіне түсіп  тартып кетіпті. Сол айтпақтайын, бұрқақтап қар жауып тұрған мұндай  жексенбі күн ылғи бола бермес.

– Сонда түлкі алған аңшы өзің болдың ғой, – деді Хақназар.

Қыздар  күліп жіберді.

–  Бәріміз олжалымыз, – деді Құрмаш қолын сүртіп жатып. –  Осындай қөңілді күннің өзі үлкен олжа.

11

Әдеттегідей таңғы жетіде барахолкаға жеткен. Контейнерін ашып тастап, тауарларды жайма үстелге шығарып, қаз-қатар тізе бастаған  кезде Ернар келді.

– Салам.

– Хал қалай? – деді Хақназар Ернардың былқ-сылқ еткен жұмсақ қолын алып.

– Жағдай былай болып тұр, –  деді Ернар темекісін тұтатып жатып, –  бүгін бір сделка жасауымыз керек. Сен менімен жүр!

– Қайда? – деді Хақназар.

– Оны бара көреміз. Жина дүниеңді!
Жаңа ғана шығарған тауарын асығыс контейнерге жинап, есігін бекітіп, екеуі Ернардың мәшинесіне келіп отырған.

Мәшиненің іші жылы екен, пеші қосылып тұр. «Әй, дүние-ай, қақаған аязда барахолкада қақшиып тұрып бір күні денсаулықтан  айырыламыз-ау» деп ойлады Хақназар осы кезде.

– Та-ак, – деді Ернар бұлар ұзыннан-ұзақ  шұбаған базарлардан өтіп, қалаға кіріп келе жатқанда. – Хақназар, мен әлгі қытайыммен байланысты үзетін болдым. Сол үшін үйдің телефонын да ауыстырып тастадым кеше. Жаңадан ашқан офисімді, само сабой, таба алмайды.

– Не болып қалды байланысыңды үзетіндей? – деді Хақназар.

– Болды енді, мен одан тауар алмаймын, сондықтан бұдан былай керек емес ол маған.

– Бес жүз доллар тапқың келе ме? – деді Ернар сәлден соң.

– Ол не қылған оңай ақша? – деді Хақназар.

– Сен, давай, көп сөзді қой, көмектес маған бүгін. Өзің де бес жүз тауып, олжа түсіресің.

– Қалай? – деді Хақназар.

Ернардың  ширығып, тағатсызданып отырғаны  байқалады. Қолсағатына қайта-қайта қарай береді.

– Бүгін қытайды лақтыру керек, – деді содан соң.

– Лақтырғаны қалай?

– Былай. Қытай екеуіміз үш «КамАЗ» дүниені саттық қой. Тауарын өткізіп беріп, мен де біраз ақша жасадым, бірақ қытай шаш етектен пайда түсірді. Сол бәленбай миллион сабан ақшасына доллар алады бүгін. Қазір сағат онда.

– Содан.

– Содан мен оны лақтыруым керек. Қазір үйге кіріп «кукламды» алып  шығам.

Ернардың айтып отырған «кукласы» – АҚШ-тың кәдуілгі, шын долларынан аумайтын, қуыршақ ақшалар екен. Үйінен соның бір топ бумасын алып шықты да, Хақназарға:

– Жағдай былай, – деді. – Міне, бір жыл болды қытаймен  жұмыс істеп жүргеніме, оның тауарын өткізіп берем де, деревянный акшасына доллар тауып берем. Ол маған сеніп алған. Енді сол сенімді аузы-мұрнынан шығару керек. Ол үшін былай істейміз: оған бүгін сағат онда доллар тауып берем дедім ғой. Орталық стадиондағы обменниктің алдында кездесеміз. Сен мына кукланы қалтаңа салып алып такси ұстап, сол жерде тұрасың. Мәшинеңнің ішінде отырасың. Біз шақырғанда, қытайдың мәшинесіне келіп отырасың, – қытай басқа жерге бармайды, қорқады, –  сосын долларды бересің де,  деревяшкаларды санап алып, мына сөмкеге салып таксиіңмен кете бересің, тура менің офисіме тарт. Мен қытайды шығарып салып, соңыңнан келем.

– Е-е… – деді Хақназар Ернардың сделкасын енді ғана түсініп. – Жоқ, Ернар, – деген содан соң іле-шала. – Мынауың мүңкіген қылмыс екен.
Басым екеу емес, мен ондай іске шатылғым келмейді. Басқа біреуді тап.

– Да ты что? – деді Ернар мынау не деп тұр дегендей көзін бажырайтып. – Хақназар, бұл жерде сен қорқатындай ешқандай қауіп жоқ. Мен сені подставить  еткелі жатқаным  жоқ қой… Мәшинеде отырып, ақшаңды санап аласың да, жүре бересің. Менде арнаулы аппарат бар, қытайды алдау үшін сол аппаратпен мына
куклаларды өтірік тексерген болам, саспа, бәрін шын қылып көрсетеміз. Ал қытай маған сенеді, бұрын да доллар алып жүрміз ғой.

Хақназардың басында «апыр-ау, дайын тұрған бес жүз доллардан қағылып нем бар, күнде базарда суықта отырып, тиын-тебеннің басын құрай алмай жүргенде, мынауың тамаша емес пе» деген ой жылт ете қалған. «Жоқ, арамнан тапқан мұндай ақша жұғын болмайды, аз өмір көрген жоқсың, Хақназар, қылмысқа бармасаңшы» деген тағы бір ой пайда болды. «Мұндай олжалы күн қайта айналып келмейді, өзіңнің бүгінгі тіршілігіңді ойласаңшы» деп әуелгі ой қайта қалқып шыққан.

– Сен қызықсың, Хақназар, – деді Ернар мәшинесін от алдырып жатып. – Бұйырған нәпақаңды қолдан жіберейін деп тұрсың. Несіне
қиналып тұрсың, миым жетпейді… Кеше осыны Эдикке тапсырып едім, ол ақымақ түнде казинода бірдеңе бүлдірген бе, милиция алып кетіпті… Әйтпесе сол-ақ қатыратын еді.

– Бауырым-ау, уақыт тығыз болып тұр ғой, – деді Ернар үлкен жылдамдықпен келе жатып шұғыл Абай көшесіне бұрылған сәтте. – Көмектес енді, бір көмегің болсын!

– Жарайды, – деді манадан екі ойлы болып тұрған Хақназар.

– Міне, осылай демейсің бе, – деді Ернар ризалығын жасырмай.

Қойын-қонышындағы қуыршақ доллар сып етіп жерге түсіп кететіндей, ұятты іс істеп тұрғаннан әрман қысылған Хақназар жан-жағына жалтақтап, әбден мазасы кетті. Сүйтіп тыпыршып тұрғанында сүр девяткасын аңыратып әкеліп, кілт тоқтаған Ернар мәшинеден шығыпғ бері беттеді. Содан соң екеуі девятканың қасына келіп тоқтаған «Волганың» ішіне кіріп, артқы орындыққа келіп жайғасқан.

Бәрі ойдағыдай. Артқы орындықта шалқайып отырған, көзілдірікті қарасұр қытай да, сөйлеген сайын сойдиып қасқа тісі көрінетін алдыңғы орындықта отырған екінші қытай да орысша екі-үш ауыз сөздің басын әрең құрайтындар екен. Екеуінің сенімді адамы болса керек, рөлде отырған  әлде  ұйғыр,  әлде қазақ,  қасқабас аудармашының да қызметін атқарады екен. Екі қытай ештеңе сезбеген, тек аудармашы ғана Ернар долларды мұқият «тексеріп» жатқанда, Хақназарға бір қарап, «мынауың сенімді адам ба» деп екі-үш рет қайталаған. Десе де, Ресейдің сабан ақшасы толған қанардай сөмке қолына Ернардың офисіне жеткенде ғана мойыннан ауыр жүк түскендей Хақназар «уһ» деп бірақ жеңілдеген.

Ернар бес жүз долларды сықырлатып қолына ұстата салып:

– Мінекей, бауырым, еңбегің үшін!’– деп сөмкедегі ақшаны қайта санауға кіріскен.

– Мені қашып кетеді деп ойламадың ба осыншама ақшаны алып? – деп сұрады Хақназар кетуге жиналып жатып.

– Ойладық қой, неге ойламаймын, – деді Ернар. –  бұл істі Эдикке емес, саған сеніп тапсырғаным да сол ғой. Сен, Хақназар, әзірге сөмкемді алып, тайып  тұратын жігіттердің қатарында жоқсың…

Хақназар басын шайқап, офистен шығып кетті.

12

Соңғы екі-үш жылдың ішінде араның ұясындай құжынап, балалаған жәндіктей қаптап кеткен  жеңіл машиналар ғана жүретін орталық көшелерде қар көрінбейді. Бордюрдың теріскей жағын ала үйілген,  тозаң мен ыс қонып, сұрғылт-қошқыл түске енген кірлеуіт мұз болмаса, Алматының ішінде мол қар  да жоқ еді. Әйткенмен қыс ызғарлы еді. Аяздың  сағы әлі сына қоймаған.

Бүгін бір ерекше жарқырап, тас төбеге ерте шығып  алған күн бесінге ауған кезде екеуі Төлебаев көшесін құлдилап төмен түсіп келе жатқан. Хақназардың  ойдан-қырдан жинаған қызықты әңгімелері тәмам болғасын естелік айтуға көшкен кезі еді. Бір жерден оқығаны бар болатын, ғылыми-техникалық революцияның жетістігін, кино мен телевизияның өркенін бастан кешіп, енді  компьютер мен интернетке бас қойған осындай уақытта адам баласы үшін  мемуар оқу ғана қызықты деп. Сол сөз еске түсіп, балалық шағын еске алып келе жатқан. Бірер мәрте Самалдың сүйріктей саусақтарын ұстап, аяз сорған аққұба өңіне, ұзын кірпікті тұңғиық жанарына қарап қойды: көңілі көтеріңкі көрінген.

Шуылдаған моторлы көліктен алыс, ортасында жасыл шырша өскен, аллея іспетті біршама тыныш, түзу көшенің аяқ жағына да жетіп қалыпты. «Мынау қай көше?»  деп сұраған Самал дәл бір қалаға алғаш рет келіп тұрған жандай. «Төле би» деді Хақназар да ресми мәлімет жасап тұрған кісіше. «Төлебаевпен түсіп, Төле биге шықтық» деді сосын. «Төлебаев – Төлеби…екеуі де Төле…бірі бай, бірі би… қызық  ә» деді Самал күліп.

Кинотеатрдың кассасында тірі жан жоқ екен. Афишаға қараған. Кешкі сеанстардың бәрі Голливудтың фильмдері екен. «Доллар құсап біздің елді енді американдық фильмдер жаулай бастапты» деді Хақназар. Иә, солай ғой ол, деді Самал. Бірақ екеуіне қандай кино болса да, бәрібір еді. Бірге жүрсе, бірінің алақанын бірі ұстап осылай бірге тұрса, бірге отырса ғана болды, қалған дүние бәрібір сияқты.

Екі жастың жарастық тапқан бір қызықты күні еді.

Билет алған. Киноға. Кешкі бестегі сеансқа. Сосын сағатқа қарасқан. Әлі жиырма бес минут бар екен. Кассаның алдында тұра беруді қолайсыз көріп, ішке өткен. Кинотеатрдың іші жылы екен. Алдымен даладай кең залды айнала, кино жұлдыздарының қабырғада ұзыннан-ұзақ ілініп тұрған портреттеріне, кинофильмдерден түсірілген үзік-үзік кадрлар суретіне қарап біраз жүрді. Келер сәтте Самал ресейлік кинорежиссерлер мен актерлердің аты-жөнін, туған жылы мен өмірбаянын, олардың қандай фильмдерге түскенін айтып зуылдатқанында, Хақназар еріксіз аузын ашып қалған. «Жаңа фильм» деген журналды бала кезімнен жаздырып алушы едім, содан қалған нәрсе ғой» деп күлді Самал. Содан кейін екеуі күні бойғы жүрістен шаршағанын енді сезгендей залдың бір бұрышында тұрған арқалы орындықтардың біріне келіп жайғасқан. Иығына басын сүйеп отырған қыздың иығына төгіліп түскен қолаң шашынан ерекше бір жұпар иіс аңқиды екен. Хақназар шашынан сипағысы келіп кетті. «Әңгіме айтшы» деді қыз. «Не айтам, бар әңгімені түгел тауыстым» деді жігіт. «Онда мен айтайын» деді қыз. «Ал айта ғой, тыңдайын» деді жігіт қыздың шашынан сипап. «Ой… менде де айтар әңгіме жоқ екен» деді қыз сәл үнсіздіктен кейін. «Давай, одан да үндемей, бір-бірімізбен іштей сөйлесіп отыра берейік» деді содан соң. «Давай…» деп қостады жігіт.

Екеуі жарты сағаттың қалай өткенін де байқамай қалған. Кино басталмапты. Жиналған ел жоқ, кішкене күтейік деп шешкен шығар, десті бұлар. Он бес, әлде жиырма минут өткен соң ба, кассир әйел есіктен сығалап, «Жас адамдар, кешіріңіздер, көрермен халық жиылмағандықтан, кино қойылмайтын болды, билеттеріңізді өткізіп, ақшаларыңызды ала қойыңыздар» деген.

«Киноға тірі пенде келмейтін де заман болады екен-ау» деді Хақназар далаға шыққан соң. «Қазір халықтың кино көретін уақыты да жоқ қой, – деді Самал, – не до отдыха». «Иә…» – деді Хақназар. – «Бір жапырақ нан таба алмай жанталасып жүрген ел киноңды не қылсын…» «Оның үстіне қазір не түрлі телеарналар көбейді ғой, киноның неше атасы көрсетіледі, кинотеатрды қайтсін» деді тағы да көше бойлап келе жатып. «Үйде қазір көбі видик те ұстайды ғой, содан кейін келмейтін болар» деді Самал жігітті қолтықтай бере.

Қайда барамыз деп дағдарып біраз тұрған. Абитуриент болып Алматыға алғаш келгенде бір көргенін, одан соң қайта бас сұқпағанын еске алып, бір кезде Хақназар хайуанаттар паркіне баруға ұсыныс жасады. «Ура, барайық!» деді Самал балаша  қуанып. Екеуі жаяу келе жатып балмұздақ алған. Тамағым ауырады деп Хақназардың өзі жемеді. Өзі бұған қызықпайтын да еді. Есесіне Самал жақсы көретін болып шықты.

Жаздыкүнгі ажары жоқ, кісі аяғы да саябыр тартып, иесіз жұрттай қаңырап қалған Горький паркін көктей өтіп, түпкі жақта орналасқан хайуанаттар паркіне келген. Мектеп жасында балалар мен жас сәбилерін ерткен некен-саяқ кісі болмаса, тордағы аң мен құсты қызықтап жүрген жан көрінбейді.

Келуін келсе де, табаны қызатын болса керек бір орнында тұра алмай, ұзындығы екі-үш-ақ құлаш тордың ішінде тілі салақтап ары-бері  жүгірген жүдеу қасқырды көріп, «қайқаң қағып көкке шығатын күніміз енді тумайды ғой, қайтейік» дегендей, қанатын қағып қойып, аумағы зор, биік тордың ішіндегі талдың басында шаңқылдап отырған ақбас күшігендерді көріп Хақназар қатты аяп кеткен. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын көргенде мұндай сезімді кешпеген сияқты еді.

Бәрінен бұрын екеуіне етектей құлағын баяу ғана қағып қойып, маңғаз қалыпта тұрған үлкен піл ұнаған. Парк қызметкерлері тамақ беруге рұқсат етіп, жас балалар өздерімен бірге ала келген жеміс-жидектерін пілге ұсынып тұр екен. Хақназар мен Самал қолдарында ештеңе болмағанына «қап!» деп өкініп қалды. Иіріле жылжыған жыланның, шықылықтаған құстың түр-түрін көріп, таңдай қағысқан. Өзгеден гөрі, тоқтап, үңіліп қарағандары – қолды-аяққа  тұрмай, қышқыра секіріп, торды өрмелеп, тыным таппай жүгірген маймылдар болды. Әсіресе домалақ көздерін жыпық-жыпық еткізіп, бастарын бұлғаңдатып, неше түрлі ерсі қимыл жасап, алдарынан кетпей қойған кішкентай маймылға қарап екеуі ішек-сілесі қатқанша күлген.

Екеуі де бақытты еді.

  13

Хақназар «рынок» дейтін жаңа заманда өмір сүріп жатқан.

Жер бетіндегі үлкен құрылықтардың бірін жабайы аборигендерден тазалап, одан аман қалған кейінгі тұқымын тұздай құртып, «жаңа дәуірді» бастаған  алпауыт  держава – Құрама Штаттардың бір миллиардері (ұмытпаса, аты-жөні  Арманд Хаммер болса керек) айтыпты деген сөз есіне  түсіп еді. «Ақшаны революция кезінде жасау керек» депті әйгілі бай. Қазіргі жұрттың лауазымды қызметте отырған қарынды шенеуніктен бастап, ең аяғы көше алаяғына дейін осы  принципке жығылатын болса керек. Алтын ақшаны тасқаяқтай қағыстырған бизнесмендердің, оларды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» жүрген жуан жұдырық жігіттердің, тайғақ, тұманды істермен айналысатын тағы басқа «кәсіпкерлердің» қоғам ауысқан алас-күлес, аласапыран заманды пайдаланып қалғысы келетіні сырт көзге анық байқалатын. Бейқам жатқан халық мұзарт шыңнан көшкін құлап, аспан қақ айырылып, жер жүзін топан басқан алапат сұмдыққа кез болып, сең соққан балықтай есеңгіреп қалған еді. Ақыры… ел «ақылды болсаң,  неге байымайсың?» деген тезиске құрылған жаңа  өмірге көндіге бастап еді. Қайтесіз енді… француздың бір философы айтқандай, «адам – адамға қасқыр» шығар…

Расында да қара құйын соғып өткенде, ұлы  үрей басталған еді. Елде «революция» жаманды-жақсылы болса да өнім беріп, елді асыраған өндіріс ошақтары, ұлттың ұйтқысы болып  отырған  ауылдың бұрынғы шаруашылықтары кәкәй деп жарияланды. Қырда да, ойда да жұмыссыздық басталып, ұйыққа батқан ел не істерін білмей аласұрды. Болашағын колхоз-совхозға, зауыт-фабрикаға артып қойған жас мамандар қайда барарын білмей дағдарған. Сүйтіп тұрғанда… амал табылған. Бұратылып өлмес үшін қалың ел базар кезіп, тамағын айыруға тиіс еді. Базарлы экономика ғой. Ендігі мақал…  «өзен емес», «базар жағалағанның өзегі талмайды» болды.

Тапа тал түсте автоматпен атып өлтірген кісіні көріп, жұрт жас банкирге ме, жоқ боқмұрын  фирмачқа ма, жоқ, әлде бұлардың артынд тұрып, алтын астаудан жем жеп отырған ағайға ма,  әйтеуір біреуіне «қарызға кіріп», жазықты болған  кезекті бір кәсіпкер екенін айтпай-ақ білетін болды. Мұны ғана емес, көшеде көзін сатқан тіленшіні көріп, жуан жұдырыққа салығын төлеп, бастан құлақ садақа деп тәубе айтып  отырған базаршы саудагерді көріп, киоскісі өртеніп, зар илеп қалған ұсақ кәсіпкерді көріп, «ақылды болсаң, неге байымайсың?» деген принципке кұрылған ұлы өзгерістердің басталғанын жан дүниеңмен сезесің.

Тіпті бір кезде кісі өлтірген қанішер, ел тонаған баукеспенің аты жер жарған фирманың иесі болып шыға келгенін де көз көрді. Қарағай басын шортан шалғанның әкесі сонда басталған…

Хақназар  бұрынғысынша барахолкада жүрген еді. Барахолка – астанадағы ең үлкен базар. Барахолка – орыстың «барахло» – «кәкүр-шүкір»  деген сөзінен шығып, ел аузында қалыптасып кеткен  атау. Бұл кезде барахолка қара қытайдың кәкүр-шүкірін сатуға көшкен.

– Уай, жол бер, жол! Дорогу! – дейді айғайлап бір кезде инженер болып істеген, енді зор, алабажақ қанарды қоларбаға тиеп, итіңдеп сүйреп жүрген, қамал бұзар қырықтағы қазақ жігіті.

– Самса, ыстық самса! Жігіттер, ыстық самса алыңдаршы, – деп жалынады бір заманда қолын алтын менен күміске малып, жылы кабинетте отыратын маңғаз бәйбіше.

– Польский тауар, өзім барып Калининградтан әкелдім, арзан, алыңыз, – дейді бір кездегі мектеп мұғалімі, қазір қытайдың киімін сатып отырған секпілбет орыс әйелі.

Жұрттың  бәрі – осы барахолкада. Кім жоқ  дейсің мұнда. Жақсы мен жаман да, аяр мен алаяқ та, ұры мен қары да, жетім мен жесір де. Бәрін табасың. Хақназар бір күні тіпті лагерьден босанып шығатын кезінде ШИЗО-да бірге отырған қалта ұрысы – Колянды да көрді. Бес-алты жігітті, сірә, сыбайластары болса керек, қасына ерткен, қолына алтын балдақ тағып, қоңыр былғары дубленка киген карманникке жал бітіп, қоң жиналған болуы керек, зорға амандасқан. Хақназардың осында істеп жүргенін естіп, дүние тар ғой, әлі де жолығармыз деп кетті. Бұлардың базарды қарайтын мілитсамен ым-жымы бір екенін Хақназар білетін. «Наличкамен» – қолда бар ақшамен жұмыс істейтін саудагерлердің соры – осы карманниктер. Бұлардың базарда жүрген жұртты қалай қан қақсататынын талай көзімен де көрді. Бір күні сонау Омбыдан келіп сауда жасап жүрген татар жігітінің ішкі қалтасынан он бес мың долларды жымқырып кетіпті. Оны жұмыс аяғында бірақ білген әлгі жігіт өз көзіне өзі сенбей, үсті-басын мың рет сипалап, басқан ізімен жүз рет қайта жүріп өтті. «Мүмкін емес» деп басы қалтақтап кеткен сорлы бір уақытта қалтасындағы бір бума ресей сомын шашып жіберіп, жерге тізерлеп отыра кеткен. «Жиған-тергенің  қолды болғаннан кейін ендігі өмірдің маған керегі не?!» деп тасқа ұрғылап, шекесінің қан-даласын шығарып, өкіргенін көргеніңде, жер басып тұра алмайсың.

Мұндай оқиға базарда жиі болады.

Хақназар бір күні үйге телевизор, өзіне киім-кешек алайын деп, Ернармен бірге бизнесмен қытайды «лақтырып» кетіп тапқан ақшасын көйлегінің төс қалтасына салып базарға ала келген еді. Түстен

кейін өзінің контейнерін жауып, киім қарауға шығып келе жатқанда қалтасына қол салса… жоқ! Бес жүз доллар жоқ! Басқан ізін, отырған жерін қарап өтті – жоқ! Зым-зия! Алғашында кімнен көрерін білмей қатты абдырған. Артынан ашу қысты. Содан соң осынша бейқамдығына қарадай жыны келіп, өзін-өзі әбден сөккен. Үйге келген соң ғана «қой, сабыр, сабыр, желмен келген ақша желмен кетеді» деп өзіне-өзі басу айтқан болды.

«Мал ашуы – жан ашуы» дегеннің қандай болатынын тұңғыш рет сонда түсініпті.

                                                          14

– Қазақстан бай! – деді Ернар вискидің артынан қалың, майлы шоколадты кертіп жеп жатып.

Екеуі орталықтағы бай ресторандардың бірінде отырған. Ернар үлкен бір іс тындырып, өз тілімен айтқанда, сделка жасап, ақшасына су жаңа, сүйріктей сұлу «Мерседес» алып, соны «жуып» отырған еді.

– Қазақстан бай! – деді Ернар тағы да екі көзі күлімдеп. Екі көзінен ғана емес, отызға жетпей-ақ бұлтиып шыға бастаған қозы қарынынан, әлі де жас, балғын жүзінің сәнін бұзып, иек астынан белгі беріп келе жатқан бұғағынан тоқшылықтың нышаны байқалатындай еді.

– Өзің қара, Хақназар. Қазба байлықтың бәрі бар ғой бізде: алтын, күміс, мұнай, түрлі-түсті металдың неше атасы, алюминий, мыс, жез, мырыш, хром, уран… Тағы не бар еді, құдай-ау, бәрі бар ғой, бәрі бар! Так что біздің болашағымыз алда…

Маңызды нәрсе айтқандай мекіреніп, бос рюмкелерге виски құюға кірісті.

Хақназар үндеген жоқ. Тағамның түр-түрінен қайысқан дастарқанға бір, әрі кең, әрі сәулетті ресторанның ішін мұңды әуенге толтырған скрипкашы қызға бір қарап қойып, темекісін тұтатқан.

– Міне, – деді Ернар. – Мен паханның (әкемнің дегені болса керек) каналдарының арқасында шетелге түрлі-түсті металл өткізетін бір
кішкентай операцияға ғана қатысып, мына тачканы сатып алдым. Ал қаншама қазба байлықты шетелге эшелонымен шығарып жатқан
жоғары жақтағы кісілерді айтсаңшы! Олар не только миллионер, олар скоро миллиардер болады. Во! Кел, алып қояйық!

Хақназар бүгін вискиден бас тартпап еді. Соны көрген анау тағы бір бөтелкесін алдыртқан.

– Болады, Ернар, керегі жоқ! – деген Хақназар. – Алмай-ақ қой екіншісін.

– Саспа, үйіңе жеткізіп тастаймын, оның несіне қорқасың?

– Жоға, мәшинеңді қалай жүргізесің сен? ГАИ ұстаса, не демексің?

– Ол иттердің емі – бес қағаз, – деді Ернар ықылық атып.

Сосын шалқайып отырған күйі Хақназарға қарап күлген.

– Осы сен, Хақназар, кейде бала болып кетесің. Жас бала емессің, өмір көрдің, от пен оқтан өтіп келдің дегендей… Бірақ кейде өмірдің қарапайым заңдарын түсінбейсің.

– Мүмкін, – деді Хақназар жымиып.

– Эх, Хақназар, өмір алда ғой!.. Келші, екеуіміз сол үшін алып қояйық. Кәне, ұста, ұста!… Ал кеттік!… Түу, дәмін-ай мынаның!

– Үлкен бизнеске кірейін деп жүрмін, – деді бір уақытта. – Қалай қарайсың?

– Оң қараймын, – деді Хақназар.

«Уа, бәрекелді, азаматым-ай!» деген қолпашты күткен болса керек, Ернардың мына сөзге көңілі толмай қалды. Онысын өзі де жасырмаған.

– Осы сен қызықсың… Жан беріп, жан алып еңбек майданында жүрген жолдастарыңа бір жылы сөзіңді қимайсың, – деді алдындағы тамағынан бір шанышқы алып, аузына салып жатып.

– Осыншама байлық бар жеріміздің астында, – деді Хақназар бір кезде. – Алақандай Кувейт халқы мұнайдың арқасында асып-тасып отыр.
Дүниеге келген әрбір нәрестеге мемлекет азаматым деп, банктен жеке есепшот ашып беріп, мұнайдан түскен пайданың белгілі бір процентін соған салып отырады екен. Сонда кәмелетке толғанша баланың шотында өміріне жететін ақша жиналып қалатын көрінеді. Міне, өмір. Ал біз… мұнай да бар, қазба байлық та бар, Менделеев кестесіндегі
элементтердің бәрі бар деп ісіп-кепкенде сондаймыз, кәне жақсы өміріміз? Байлықты шетке шығарып, сатып та жатыр екеміз, қайда сол ақша? Халық неге аш, жалаңаш? Жетпіс проценті қоңыз теріп жүр, қазба байлықтан не пайда?

– Сен как будто соның бәрін мен жеп жатқандай сөйлейсің ғой, – деді Ернар бұған тесіле қарап.

– Сені айтып отырғаным жоқ, қуыстанбай-ақ қой… Ана.., –Хақназар көзімен төбені көрсетті, – ана жақта, жоғарыда отырған, «мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін басымды тіккен адаммын!» деп айдың-күннің аманында  жау түсіргендей күпініп отырған шенеуніктеріңді айтам. Құдай-ау, ішкен-жегені қайда кетіп жатыр, тойымы жоқ па, немене? Ей, сол, сатып жатқан байлыққа елдің тұрмысын көтермей ме, өндіріс ордасын ашып, жұмыс тауып бермей ме?

Ернар төмен қарап отырған. Бір кезде басын көтеріп:

– Қызғаныштың қызыл иті ішіңді жеп бара жатыр-ау, – деп ырсия күлді.

Хақназар да еріксіз күлген.

– Олай емес, Ернар, – деген. – Сондай сөз бола ма? Мен анау… ішкен-жегенін, ұрлап сатқанын шетелдік банкілерге жинап жатқандарды айтам. Соншама байлықты тегін иеленіп, борсықша семірген, енді түк көрмегендей беттері жылтырап отырғандарды айтам…

– Тілің ащы, Хақназар, – деді Ернар езу тартып. Рюмкені көтере бере, қайта орнына қойған. – Бірақ сен оларды да көре алмай, қызғанып отырсың…

– Түу, сен… Мен анау жұмыс таба алмай сенделген, бала-шағасын үйде шулатып тастап кетіп, тамақ іздеп тентіреген елді көріп, ашынып айтам.

– Ит басына іркіт төгілген заманды аңсайсың ғой… Сенің қимаң қышып отырған сол елдің ішінен біреу үкімет басына келсінші, ол да осыны  істейді.

– Елдің бәрі ынсапсыз емес, қанағат қылатын, ел қамын жейтін азаматтар да табылады.

– Сен  өзің халықшыл болып кетіпсің ғой, – деді Ернар осы жерде шыдай алмағандай галстугын босатып, көйлегінің жағасын ағытты. – Нағыз коммунист екенсің…

– Коммунистер ел қамын ойлаған емес.

– Қалай?.. – деді Ернар таңданып. – Ел қамын ойлаған солар ғой. Басқаны қойшы, мал бағып, көшіп-қонып жүрген жабайы қазақты  кісі қатарына қосқан осы коммунистер емес пе еді. Сауатсыз, қараңғы халықты жаппай оқытып, қолын аузына жеткізген, электрдің жарығын, техниканың озығын әкеліп берген коммунистер емес пе еді. Оны ұмытпа!..

–  Мұның байыбына барып отырған жоқсың, Ернар, – деді Хақназар. – Көшпелі мәдениеттің өзіндік ерекшелігіне тоқталып жатпай-ақ қояйын. Сен жабайы деп отырған  атаңды оқытқан коммунистер емес. Мың жылдар бойы өзінің жазу-сызуы болған ұлтты дүмше деп жариялап, әліпбиін сасық деп лақтырып тастаған, алдымен латынды, сосын кирилді күштеп таңған – осы  коммунистер. Ал қазіргі ұғымдағы цивилизацияны  әкелген коммунистер  емес. Оларсыз-ақ техника мен электрге қолы жеткен араб елдері мен мына Иран болып-толып отыр ғой. Электрді большевиктер ойлап тапқан емес. «Ильич шамы» деп ұялмай-қызармай иемденіп алып, өздерін барынша дәріптеген. Әйтпесе төңкерістің жауы, халықтың жауы деп  миллиондаған кісіні жазықсыз атып, асып, айдауға жіберетін сол баскесер коммунистер не біледі дейсің. Басқаны қойшы, мына сен жабайы болған деп түкіріп отырған ұлтыңды қолындағы азық-түлігін тартып алып, әдейі ашаршылық жасап, дүниежүзінің көзінше ауыр азаппен 32-ші жылы өлтірген – сол коммунистер емес пе!

– Ол кезде заман солай болды…

– Заман солай болды деген – әншейін сөз. Қазіргі былық-шылықты да заманға жауып отырмыз ғой, сол сияқты…

– Қазір, міне, – деді Ернар. – Өзің айтып отырсың, және оның құпия несі бар, елдің бәрі біліп отыр: жоғарғы эшелондағы өкіметтен бастап бәрі ұрлықпен, алыпсатарлықпен айналысып жатыр. Бұлар коммунист емес қой… Көрдің бе сондықтан мәселе партияда да емес.

– Қата айтасың. Билік басында отырғанның  бәрі – тонының өңін айналдырып алған кешегі коммунистер. Кешегі сексен алтыда өз ұлтын ұстап, экстремист, террорист деп жүзі жанбай жаһанға жар салған сатқын иттер. Бүгін, міне, солар «мен алаңда жастарды бастап жүргем» деп жағалай ұлтшыл болып шыға келді.

– Өзің сол сексен алтының кесірінен жапа шеккен соң айтып отырсың ғой осыны, Хақназар.

– Одан ғана емес. Екіжүзді саясаткерлердің көзді бақырайтып қойып, теледидардан өтірікті соғып тұрғанын көріп жыным келеді.

– Заманың түлкі болса, тазы болып шал деген.
–  Бұлар тазы болып, олжа түсірсе, арман не… Шошқа құсап жер байлығын, ел ырыздығын құныға жеп жатыр.

– Бұл әлі ештеңе емес, Хақназар, – Ернар бұл әңгімеден шаршап кеттім дегендей, бетін тыржитып, рюмкелерге қайта виски құя бастады.
– Бұл әлі ештеңе емес. Міне, қазір приватизация деген үлкен науқан басталғалы тұр, мемлекеттік мүлікті жайғастыру деген арнаулы комитет құрылды осы үшін, зауыт-фабрик, кен орындары,
дүкен, демалыс үйі… тағы не бар еді, в общем мемлекет құзырында не бар, соның бәрі – түгел жаппай жекешелендіріледі. Тонағанның әкесін сол кезде көресің.

– Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында енді кетеді десеңші…

– Ол да ештеңе емес… Жер сатылатын болады әлі! Жер жекеменшікке беріледі, үлкен саясаттың бықсығын сонда көресің… Жә! Қояйықшы осымен, бас ауырып кетті. Кел, одан да мынаны алып қояйық…

15

Жарықтық наурыз айының басынан қызылжілік болып тұрған биылғы қыс, асығыс шаруасы болып, әлденеге асыққан жанша екі-үш күнде шұғыл жиналып, кәрі сүйегін сықырлатып, ескі текеметін сүйретіп, жымын білдірмей терістікке қарай суыт  кетсе керек, тал-тоғай бүршік атып, бүр жармаса да, жер қарайып, ерте келген кәрі ұзақтың қаздаң басқан жүрісінен, көңіл сенбегенімен, көктемнің келгенін көз көрді. Дегенмен таңға жуық су қабыршықтанып, ауадан ызғырық табы, әлі де болса, кетпей тұр еді. Кісі аяғы баспайтын, мәшине дөңгелегі жүрмейтін қалтарыс бұрыш, қаға беріс қылтада цементпен шегенделіп, темірмен құрсауланып тасталған жуан, кәрі еменнің, сұңғақ, сымбатты ақ қайыңның түбіндегі, күн түспейтін жақтан орын тепкен үйдің теріскей іргесіндегі қошқылданып, іртік-іртік болып, түсе бастаған жұқалтаң қар үйінділері ғана ақбас қыстың көзіндей ойдым-ойдым болып жатыр. Тоң басқан қара жердің бүйірін теуіп шығып, қылтия бастаған көкпен бірге буыны бекіп, бұғанасы қатқан жас көктем бәрібір түптің түбінде күннің шуағын төккізіп, ызғырықты жұтып қоятыны байқалады. Соны растағысы келгендей күннің де шырайы кіріп, жылымықтана бастаған. Бірақ «қардың басын қар алар жауып тұрып» деген ескі қағида есіне кеш түсті ме, әлде тусырап жазғытұрым шыкқанша қыстан қалған иіс-қоңысты кетірейін деді ме, кім білсін, көзге ілінер қар болмаса да, көкек айы кірер кезде күн күрт суытып, жылымшы, қырбық қар ұшқындап жауа бастаған. Күні бойы жауды. Расында да, осы қар еріген соң ғана жер-дүние құлпырып сала берген. Әуелі қыс бойы түнеріп, еңсені басып тұрған, қабағы ашылса да, жылы рай, жайдарлы жүз танытпаған аспан көк  шайдай ашылып, одан сайын биіктей берген. Қыс бойы көрінбеген, енді бой жазып, айдынды аспанға жүзе шыққан ұлпа бұлттардың өзін қызғана ма, теріскейден соққан ескек жел оларды жаңа жазылған ақ, таза дастарқанға шашылған түйе бауырсақша ту-талақайын шығарып ыдыратып жіберген. Одан соң қара түн тұтамдап қысқарып, жарық күн шыжымдап ұзарған сайын жылы шуақ біртін-біртін ауаға жайылар еді. Қара жер балбырап, дүр етіп жапырақ шығып, жазғытұрғы жұпар иіс те аңқи бастаған. Айналасы бірер жетінің ішінде-ақ үлкен қала жасыл дүниенің құшағына оранып қалған еді. Көңіл көтеріңкі болатын. Қара табаннан өткен неше жылғы сыз бен суық жілік-жілікті бойлай тұла бойына өтіп кеткен соң жылуды аңсаған ескі сүйегін күншуаққа еріксіз алып шығар кәрі-құртаң ғана емес, бүтін адамзатқа, жан-жануарға, иісі тіршілік иесіне серпіліс әкелетін жазғытұрғы шақ көңілді көтертпей де қоймас еді. Әсіресе жас дәурен – жиырма бестен енді асқан екі дос –  Хақназар мен Құрмаш қуанышты еді. Құрмаш оқуын бітіріп жатқан. Дипломға да қол жетер сынық сүйем жер қалдырып, мемлекеттік емтиханды үздік тапсырып келген соң  алдымен  өзінің курстастарымен бірге тойлаған. Келесі күні Құрмаш, Хақназар екеуі Айгүл мен Самалды ертіп Медеуге шығып кетті. Әсілі, Құрмаш та Хақназар сықылды базарлы орта, шулы жерден қашып, ауаша жерде, орайы келсе, қала шетінде, табиғат аясында дем алғанды ұнататын еді. Күн жылына ен далаға шығып бой жазуды аңсап жүрген қыздар да қуана келіскен.

Қыстыкүні де өзінше, өзгеше сұлулықтың аясында, қалың қардың астында балбырап тәтті ұйқыда жатқан Медеудің шатқалы жазғұтырым мүлде басқа кейіпке, жаңа түрге еніп, құлпырып кетіпті. Жайнап, жасарып кетіпті. Көкжасыл дүниеге малынған кең дүниеге арылдап шыға бере, ентіге жөтелген «Икарустың» маңдай шынысы мен жапсарындағы аумақты әйнегінен алдымен етегінен ұшар басына қарай тербетіле, жарыса өскен биік қарағайлы, сұңғақ самырсынды, жасыл шырша аралас қалың жынысты кең аңғар көзге түсер еді. Меңіреу тыныштыққа малынып жатқан бұла табиғаттың шырқын бұзып, жотаға күшеніп әрең шыққан ауыр автобустың артқы тұрбасынан лақтырған шуда жүндей атқып-атқып шыққан лас, қою қара түтін адамзат әкелген тарақиаттың жарқын үлгісін көрсеткісі келгендей шайдай ашық, шыныдай мөлдір, таңғы таза ауаға жөңкіліп барып, шудалана тарай бастаған. Саф, жұпар иіс бергі аялдамадан тоқтаған автокөліктен дік-дік етіп түсе қалған жолаушылардың мұрынын жарып, тынысын кеңейтіп, сергітіп сала берді. Асфальт жолға түсіп алып, қырқада менмұндалап тұрған аумағы тай шаптырым алып спорт кешенін бетке алып, асықпай басып өрге қарай жылжыған қыз-жігіттің құлағына шырылдаған құстардың үні талып естілген. Алда жасыл түгі жайқала тербеліп, тал-тоғайы төгіле ұмсынып тұрған кен шатқал жатыр.

– Қандай тамаша!

– О-о, рас, қандай керемет!

Өздерімен бірге автобуспен келген он шақты жолаушы: жас қыз-бозбала мен балаларын ертіп, рюкзактарын арқаларына асып алған бір-екі кісі оң жақтағы шыршалы тауға қарай беттегенде, бұлар техника күшін танытардай болып тұрған биік, зор бөгетке салынған баспалдаққа қарай жүрген. Құрмаш пен қыздар баспалдақтың саны қанша деп таласып келеді, Самал мен Айгүл сегіз жүз сексен бес десе, анау сегіз жүз отыз бес деп бой бермейді. Ақыры ұзын басқыштың қанша қатары бар екен деп төртеуі ұшар биікке шыққанша санап бармақшы болып келісті. Бірақ айтуға ғана оңай екен, сонау басқа жеткенше ентігісіп те қалды. Тіпті оған жетпей-ақ, орта жолда қыздар «қойшы, дем алайықшы»  деп алақандай жазыққа орнатылған орындықтардың біріне отыра кеткен. Қызық  әңгімеге кіріскен соң басқыш санау миссиясы естен шығып та кетіп еді.

Үлкен жолаушы сөмкесіне салып алып шыққан тоқаш, колбаса, шпрот, тағы бірдеме деген консервілер, алма, шабдалы сусынымен бірге жігіттердің қызыл шарабы мен коньягы бар еді. Жөн ғана лүп етер самал жел ескен биік бөгеттің төбесіне шыққан соң кең, жалпақ орындықтардың біріне кішігірім дастарқанды жайып жіберіп, әкелген тағамдарын қоя бастаған.

– Мә-ә, Құрмаш, госэкзаменнен өтіп алып, бізге осылай ғана жуып құтылмақшысың ба? – деді Самал күліп.

– Оу, өздерің ғой Медеуде отырайық деген… – деді Құрмаш колбаса тіліп жатып.

– Ладно, припомним, припомним*, – деді Айгүл саусағын безеп.

– Қаланың сасық ауасын жұтып, тар кафеде отырғанша мынау дұрыс емес пе, – деді Хақназар консервіні ашып жатып.

Таңертең ертерек тұрып, үйден бір шыныаяқ шай іше салып шыққандікі ме, әлде расында екі-үш сағаттың ішінде мезгілі келіп қалған ба, әлде  таудың салқын, таза ауасы тәбетті ашып жіберді ме, қарындары ашқаны да сезілген. Құрғақ тамақтан ауыз тигесін Хақназар бірге ала шыққан құртақандай пластмас  стақандарға қыздарға «Кагордан», өздеріне коньягынан мөлдіретіп құйып қойды да:

– Ал қыздар, кез келген пенденің, көлденең көк аттының  қосына қона бермейтін ерекше бақ, өзгеше талайға ие болған, кеудесіне құдіреті күшті  құдайдың өзі үлкен дарынның ұрығын сепкен қасиетті жан – біздің досымыз Құрмаш мемлекеттік емтиханын беске тапсырып, өзінің шашбауын көтеріп жүрген, бірақ музыка деген нәзік өнерді  түсіне бермейтін, оның үнінен мақұрым қалған біз сияқты қарабайыр достарына, міне, аман-есен өткенін  жуып бергелі отыр… – деді.

– Неге қарабайыр?.. – деді Самал.

–  Сөзін бөлмейік… – деді Айгүл.

– Ой, қырт!.. –  деді Құрмаш күліп.

– …жуып бергелі отыр. Бұл анау-мынау қыздың қолы жете бермейтін, бірақ Айгүлдің өзі құрық салған осындай ер-азаматтың түсінігі бар екенін көрсетсе керек… Іһм… иә, көрсетсе керек. Сүйтіп, бес минутсіз табақтай  дипломға ие болған Құрекең  бізді тауға шығарып, міне, Медеудің төріне отырғызып қойды. Арамыздан суырылып шығып, бірінші болып диплом алғалы тұрған, енді біз сияқты студенттерге төбесінен қарайтын правоға жеткен бауырымыздың қуанышына ортақпыз. Сонымен, тойға жайылған мына… скромный дастарқанды, –  үлкен той алда, диплом  алғанда, – ашық деп жариялаймын. Әуелгі айтылатын тостың құрметі біздің шаңырағымыздың атынан Самалға беріледі…

– Ура!.. – деді Айгүл.

Самал жымиып, кекілін желпіп тастады да стақанын қолына алды.   

– Ал Құрмаш, соңғы емтиханды беске тапсырып шығуыңмен…

– Рақмет.

– Не айтам… Енді біраз уақыттан соң диплом да қолыңа тиеді ғой, сол дипломың құтты болсын, игілігін көр, тойың тойға ұлассын, Айгүл екеуіңнің тойыңа жетейік! Сол үшін!

–Уа, пәлі!

– Ура-а!

Төртеуі ғана болса да, айналаны бастарына көтере шуылдап, бірінің сөзін бірі қошеметтеп, күлісіп отырды. Құрмаштың дәу сөмкесінің ішінде шағын магнитофон да бар екен, оны алып шығып, –  қыздар бағанадан бері осылай істеу керек еді десіп жатты, – алып шығып, әлдебір көңілді әуенді ойнатып жібергенде, даладағы отырыс енді қызық бола бастағандай көрінген.

– … Студенческий анекдот*, – деді қолын көтеріп, өзінің тілегін айтып болған кезде. –  Құрмаш сияқты бір студент…

– Шырағым, мен студенттіктен кеткелі қашан… – деді Құрмаш.

– Жарайды, әйтеуір бір студент болсын онда. Сол студент білегінде…

– Өзім сияқты демейсің бе, –  деді Самал.

– Мен заочникпін ғой…. Иә, сонымен бір жалаңаяқ студент сабақтан шығып, білегінде іліп  алған плащ сияқты бірдеңесі бар, троллейбусқа мініпті. Белдеуден ұстап, далаға телміре қарап тұрған оның  жүдеу жүзіне көзі түскен бір кемпір отырып-отырып: «Қарағым-ай, студентсің-ау деймін» депті.  «Иә» деген анау. «Беске оқитын боларсың» депті кемпір. «Оны қайдан шығардыңыз?» »Өңің жүдеу  болғасын айтып жатқаным ғой, айналайын» депті кемпір. Сонда студент:  «Жоқ, апа, мен үшке оқимын,  беске оқитын  мына Смағұлов қой» деп білегіндегі плащын көрсетеді дейді.

– Ха-ха-ха – деп жамырай шыққан күлкіні бөліп Хақназар:

– …сол сияқты, Құрекеңнің де ашқұрсақ жортып жүретін студенттік шағы кетті, енді үлкен маман иесі болып, қызметке тұрсын!

– Айтқаның келсін!

– Дұрыс айтады!

Бұдан өзге де өздеріне қызық көрінген түрлі әңгіменің басын шалып, қауқылдасып, дабырласып ет асым уақытты өткізген. Бұл кезде төбеге өрмелеп шығып қалған күн шекені қыздыра бастаған еді. Бұлар тұрған бөгет басына да адам жиылып қалыпты. Кейбірі өзара шүңкілдесіп, кейбіреуі бөгеттің  ар жағындағы сай табанына  үңіліп, жалпақ жазаңды қызықтап қарап тұр. Шарапты тауысып, коньякты орталап қалған Хақназарлар жиналып, етекке түсуге ыңғайланды. Қыздар басқышпен емес, айналма жолмен түсейік деп ұсыныс айтқан соң, уақыт мол, алыс та болса, мәшине жолына түскен.

Тау бөктерін  кесіп, қия беткейді жарып жасаған  жаңа автотрасса Шымбұлаққа баратын жол ретінде салынса керек. Екі-үш мәшине қатар сиятындай кең екен. Бұлар сол жақтарында тік көтерілген алып таудың басынан қарға ұшырмас сеңгір көк шыңдарын, одан төмен қарай бұйра жал құсап ұйыса, жарыса өскен, ит тұмсығы батпас  ну жынысты қызықтап түсіп келеді. Етектегі кең шатқал алақандағыдай анық көрінеді. Дүниежүзілік рекордтарды жасап берген, аузымен құс тістеген небір конькишілер келіп, тамсанып кеткен, жанына барсаң, биіктігі  қырық құлаш тас қабырғалары зорайып, еңсеңді басып тұратын, әлемге әйгілі мұзайдын ғимараты кішірейіп, терең, кең,  алып астаудың  ішіндегі ойыншық құсап  аяқтың астында жатыр. Оның арғы жағында кейбірі аялдаманы қоршай, кейбірі қолаттағы дөңеске орналасқан кафе, ойын алаңы, қонақүйлер сіріңке қорабындай болып көрінеді екен.

Бұлардың жүргенінен тоқтауы мен бел жазып отыруы көбейіп, етекке ұзақ жүріп түскен. Мұзайдынға жақындағанда, тауға келген елдің көбейгенін байқады. Бірақ елең еткізгені – әудем жерде әр нәрсеге үңіліп, қуысты тінтіп, бірдеңе іздеп жүрген, ана жерге шоқиып отыра қалып, мына жерге жүрелей отыра қалып әлденені өлшеп жүрген, кейбірі формада, көбісі жай киінген, бірақ қай қызметте екені бір көргеннен аңдалатын жиырма шақты милиционердің жүруі еді.

– Бұлар не іздеп жүр екен? – деді Айгүл.

– Түскен із, шашылған оқ іздеп жүрген шығар, –  деді Хақназар. – Әне, біреуі гильза ұстап, үңіліп тұр ғой, демек бұл жерде түнде атыс болған.

– Поня-ятно, – деді Самал,  очередная бандитская перестрелка…*

– Пай-пай, шіркін, анаң қараңдар, – деді осы кезде Құрмаш даусын қаттырақ шығарып, – Өй, о жаққа емес, атыс-шабыс көрмеп пе едіңдер,
мына  жаққа! Е-е…  Нағыз  той-думанға қарасаңдаршы!..

Құрмаш нұсқаған жақта – мұзайдынның алдында, шашлық пісіретін мангалдары тізіле түтіндеп тұрған кафелердің маңында іркес-тіркес келіп тоқтаған «Линкольн», «Мерседес», «Фольксваген» сияқты шетелдік мәшинелердің соңғы маркалары бастап, ақ, көк, қызыл ленталармен әрленген автокөліктердің жанында дуылдасып, шуласып, мәз-мейрам болып жүрген жастар толып жүр екен. Аппақ той көйлегін киіп, фатасын төгілдіре анадайдан жарқырай көзге түсіп, жайраңдап жүрген қалыңдықтар мен бірі – жаңа костюм-шалбарымен бірге қатып қалғандай ыздиып, бірі – екі езуі екі құлағына жетіп ыржиып тұрған күйеу жігіттер. Бұлардың тобынан мол қуаныштың, ерекше салтанаттың лебі еседі екен. Мына көріністі көрген бетте-ақ:

– Ва-а!.. Қандай әйба-ат! Просто прелесть! – деп Айгүл мен Самал шу ете түскен.

– Біз қашан осылай аппақ «Мерседеске» мініп, ақ көйлек киіп жүреді екеміз, Айгуля, – деп әсіресе Самалдың қатты қызыққаны. Сосын көз
қиығымен Хақназарға қараған.

Хақназар бір жөткірініп алып:

–  Қой, состиып тұрмай, кетейік… Біздің қуанышымыз өзімізге.

Той салтанатынан көз айырмай, тамсана берген екі қыздың көзін әрең айырған Хақназарлар еңіске қарай түсе бергенде, қастарынан баяу сырғып кетіп бара жатқан қара «Мерседес-500» тоқтай қалған. Бір жақ әйнегі баяу төмен түсіп, Ернардың басы көрінді.

– Жастарға жалынды сәлем! Қалайсың, Хақназар, қыдырып жүрсіңдер ме бүгін?

– Ә, хал қалай? – деп амандасқан Хақназар да.
Хал-жағдай сұрасып, жылы қабақ танытқан  Ернар бұлардың қалаға түсіп бара жатқанын білгесін, алғыс айтып, бас тартса да, жүріңдер, мен бос кетіп барам деп  мәшинесіне болмай отырғызып алды. Көңілді екен. Жаңағы үйленіп жатқан жігіттердің біреуі бір аулада өскен жолдастарының бірі көрінеді, сол қолқа салып қоймаған соң (өз сөзі), қуанышына ортақ болып, осында келген кезі екен, енді сағат үште тығыз шаруасы болғасын  асығыс қалаға түсіп бара жатқан беті көрінеді. Ернар әңгімесін  айта отырып, «қыздарыңмен таныстырсаңшы» деп, Айгүлмен, сосын Самалмен, соңында Құрмашпен танысты. Бүгін Құрмаштың соңғы емтиханнан өткен күнін атап өтейік деп Медеуге келгендерін, енді шаршап қайтуға бет алғанын айтып жатқан Хақназарға «бәрекелді, жөн болған» деп қойды.

– Қыздар, қайда оқисыздар? – деді содан кейін.

– Шет тілдер институтында, – деді Самал.

– Жақсы, жақсы, өте жақсы… Ағылшын тілі шығар…

– Ағылшын мен француз тілінің маманы бұл кісілер, – деді Хақназар.

– Бәрекелді… Ағылшын тілін үйрену керек еді маған. Үлкен бизнесте тіл білмеген жаман екен… –  деді Ернар маңдайшадағы айнадан артқы орында отырған қыздарға көз салып.

Жүйрік көлік қоя ма, ананы-мынаны айтысып отырып, қалаға тез-ақ жеткен. Хақназарларды «Арман» кинотеатрының жанына түсіріп, айып етпеңіздер, әуежайда біреулер күтіп отыр, асығыспын деп, Ернар ары қарай құйындатып кетті.

   16

Бірауыз сөз айтпаған. Ендігі сөздің дәмі жоқ деп шешкен еді іштей. Бидай өңіне шырай беріп тұрған бар қанын ішіне тартып алып, сұп-сұр болып тұрған Хақназар әуелі не істерін білмеген. Есесіне төсекте жатқан Самалдың айтпағы көп секілді көрінген. Бірақ көмекейіне  келіп тығылған көп сөздің қайсысын айтарын білмегендей еріні дір-дір етіп, көрпенің шетін тістелей берген.

Таң атып келе жатыр екен. Жаздың бозғылт таңы. Балконға шығып, темекісін тұтатқан Хақназар айналаға көз тастаған. Қараңғылық өзінен-өзі жұтылып, шағырмақтана жанған жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, күншығыс беттен боз бояу жүгіріп, қаракөк аспанға еппен тарап, жайылып бара жатыр екен. Әлдеқайдан талып естілген торғайдың үнін тыныш, бұйығып жатқан көшені жалғыз өзі басына көтеріп, гүрілдеп өте шыққан бір мәшиненің дауысы басып кетті. Біріне-бірі тығылыса өскен тал-теректің енді жайқала бастаған жас жапырақтары ақырын ғана сыбдыр қағады. Салқын  ауа өзі де мазасы қашқан ұйқысын шайдай ашып жіберді. Көмейлете жұтып-жұтып жіберген темекісінің ащы түтіні тамағын тіліп өтіп, көзінен жас шыққанша қақала, ұзақ жөтелген. Содан соң темекісін лақтырып жіберіп, бөлмеге кірді де апыл-ғұпыл киіне бастады.

– Хақан… қайда барасың… таң атпай… – деді Самал ақырын ғана.

Құмығыңқы үні көп құқайды керіп, әбден жапа  шеккен адамдікіндей зорға естілген. Хақназар үндеген жоқ. Көйлегін асыға түймелеп жатқан, көріп отыр: Самал кішірейіп, бүрісіп қалыпты.Үстіне бір шелек тастай суды құя салғандай. Жүзін жауып, қобырап тұрған қолаң шашын әлсін-әлсін қайыра береді.

Бұл кезде киініп алған Хақназар қалай кетерін білмегендей, қораптан бір тал сигарет суырып алып аузына қыстырған. Қыстырып жатып қызға тесіле қараған. Самалдың қандауырдың жүзіндей қайқы кірпігінде қос тамшы жас ілініп тұр екен. Бұл қарағанда тұнық жанарын тайдырып әкеткен. «Ендігі тұрысым не» деп ойлады Хақназар. «Ой, сүмелек ит, қазыққа байланып қалдың ба соншама, немене» деп сөкті сосын өзін-өзі іштей.        

Кілт бұрылған. Кілт бұрылып, жатын бөлмеден атып шыққан. Бірақ кіреберісте тұрған туфлиін қараңғыда таба алмай бөгеліңкіреп қалды.       – Хақан… қайда кеттің… – Самал түнде  киетін  іш көйлегімен бері шығып келе жатты. Жұқа көйлектен анық көрінген сұңғақ, талдырмаш  бойы, саздауға біткен солқылдақ өрім талдай сымбатты денесі терезеден түсе бастаған  болмашы жарықта, алакөлеңкеде сұмдық әдемі  көрінеді екен.

Аяғын киіп алған Хақназар бойын жазып бері қараған. Тағы не айтасың дегендей. Екінші мәрте тайдырып әкеткен көзінен тынымсыз бұршақтаған жасты сүртпей, аяғының басына қараған Самал сөйлей алмай қалды.

Тек жігіт бұрылып, есіктің аузын бұрап аша бергенде ғана;

– Хақан.. тоқташы, бәрін айтып берейін… түсінші… Тоқташы!.. – деп ұмтыла бергендей көрінді.

Хақназар тоқтамаған. Есікті бар күшімен тарс жауып, басқышпен жүгіре төмен түсіп бара жатқанында Самалдың «Хақан!» деп еңкілдей шыққан дауысы естілген.

Подъезден атып шықанда әуелі не істерін, қайда барарын білмей, аңырып тұрды. Бір уақытта аузында темекі тұрғаны есіне түсіп, сіріңке жағып тұтатты. Бір-екі рет сорып қалып еді, сасық түтіннің иісі келген. «Тфүу!» деп түкіріп жіберді сосын. Фильтр жағымен тұтатып
жіберіпті. Содан соң жарық біліне бастағанын көріп кең жолға түсіп алып, жүріп кетті.
Іші алай-түлей еді. Бусанып, буырқанып барып жалын шаша атылған жанартаудай ішкі дүниесі ойран болып жатыр еді. Риясыз, сенген көңілін кірлетіп алғандай. Кеше Медеуден қайтқан соң Құрмаш той жалғасады, менімен жүресіңдер деп Хақназар екеуі жалға алған (бұл кезде олар микроауданда тұрып жатыр еді) пәтерге қыздарды алып келген. Той тойлап, ән айтқаннан жалыққан соң телевизор қараған. Одан жалыққан соң қайта шай ішкен. Ақыры ымырт үйірілген кезде Самал үйге қайтпақшы болды. Хақназар оны таксимен жеткізіп салып, үйінде апа-жездесі жоқ болып шыққасын алғаш рет қасында қонып қалып еді…
Тұнығы лайланыпты. Әлдекім ішкен асына түкіріп кеткендей. Басқа-басқа, дәл Самалдан мұны күтпеп еді… Жан дүниесінің бар асылын

біреу іреп отырып суырып алғандай. «Сенген қойым сен болсаң» деп ойлады келе жатып. Қайда келе жатыр… Басы ауған жаққа. Бас ауған деген осы болады. Сеніскен, сенген дәурен осылай өтеді. Әй, Самал-ай!.. Сеніп ем ғой саған. Жеті ай бойына мені осылай алдап келдің бе… Жеті ай бойы. Аузым салпиып, ұртым салбырап, қыздың өтірігін шындай көріп жүрген өзіме обал жоқ. Сол керек өзіме!.. Хақназар бір кезде астыңғы ерінін тістеп, жұдырығын түйіп алғанын байқады. Жан-жағына қарап аңтарылып тұрған. Бұл уақытта ұясынан көтеріліп келе жатқан күннің қызғылт-сары шапағы нұрлана шашырай көрінген. «Қой, үйге қайтайын, сенделіп қайда бара жатырмын» деп ойлады бір уақытта.

Иіні түсіп, басы салбырап келе жатқанда да басынан «тұнығың лайланған» деген сөз кетпей қойған. Біреу саусағымен көрсетіп, күліп тұрғандай. «Таза деп сүйіп, сүйсініп жүрген мөлдірің осы ма» деді бір ой. «Қызықсың сен, жігітім, жиырмадағы қыздың, оның үстіне әдемі  қыздың осы уақытқа шейін жігіті болмады деп жүрмісің» деген екінші бір ой. «Осы уаққа шейін бір сүйген жігіті болса, неге алдап жүр мені, жақсы көрем деп» деді алдыңғы ой. «Соны да сөзім деп, оны сүйген жігіті екенін қайдан білдің» деді жаңағы ой. «Сүйген жігіті болмаса, осылай… болар ма еді…» деді тағы да әуелгі ой. «Мүмкін бір қиын жағдайға душар болған шығар, Самалдың өзі де айтар сөзім бар деп жүруші еді ғой, жаңа да жай-жапсарын түсіндірем дегенде өзің ғой сызданып кетіп қалған…» «…Намыссыз жігіт қана судай сапырған өтірікті тыңдап отырмақ» … Тағы бір ой… Хақназардың басы зеңгіп ауырып кетті. Көкірегі тас артып қойғандай ауырлап кетіпті. Өзін, не көрсе де, көтеріп алатын ез, исалмас аңқау, топас сезінді. «Бәрі бітті осымен» деді бір уақытта. Арақ ішкісі келген. Айналасына қарап еді, көше шетінде қаздай тізілген киоскілердің бәрі жабық тұрғанын көріп, таң енді атып келе жатқаны есіне түскен. «Бәрі де бітті» деп ойлады содан соң тағы да. «Махаббаттың соңы осылай ойран болмақ… Әлде бұл махаббат емес шығар…» деді өзіне, шыдай алмай темекісін тұтатып жатып. «Беріле сүйген, құлай сүйген сезіміңді енді махаббат емес деп жоқ қылмақсың ба» деді біреу сыбырлап. Жер астынан шыққандай. Кім екен деп айнала қараған. Сонау жерде, аялдамада тұрған кәрі шалдан басқа ешкімді байқамады. Өзінің дауысы сияқты. Өзінің ойы. Жылағысы келген бір кезде, «Басыңа іс түскенде бүйтіп қайғырмап едің ғой, Хақназар-ау. Сап, сап, бас көңіліңді…» деп өзін әзер уатқан.

Көше жағалап келе жатып келесі аялдамаға таяй бергенінде сырт етіп бір киоскінің сыртқы есігі ашылып жатқанын көріп қалды. Хақназар әлдене есіне түскендей жүгіріп барды. Шошып кеткен сатушыны –  қолына кілт ұстаған балаң жігітті – дәл бір бауырын көргендей қапсыра құшақтап, арақ сұраған. Анау арақ жоқ дегенде алабұртқан көңілі су сепкендей басылып: «Енді нең бар?» деді. «Сыра бар» деді анау. «Әкел!» Қақпағын ашқаннан-ақ быж етіп атқып шыққан ақ көбігі бураның езуінен аққан жындай аузынан аса төгіліп, таусылмай қойғасын, не болса о болсын деп, қылқылдата жұтынып жіберген. Жылымшы қытай сырасы кермек татиды екен. «Әй суығы қайда мынаның?..» деген содан кейін жаңағы сатушыға қарап. «Кәледелнік бұзылып қалған, братан…» деді анау. «Тфу… бля…» Ең аяғы сырасы да жылымшы, сырасы да өтірік… Не болып кетіпті мына дүние. Ақыры ішінде түтіндеп жатқан шоқты басайыншы деп ұзын, жуан бөтелкенің жартысына дейін ішіп, қалай болар екен деп біраз тұрды. «Арақ керек» деп ойлады сосын. Өзін одан ары қытайдың жылымшы сырасымен қинай бермейін деп шөлмекті арықтың жағасындағы көк шөпке дүңк еткізіп тастай салды. Ғашықтық дерті буған жігіт көңілін намыспен суарылған алмас қылыш тілгілеп келе жатыр еді. Бір уақытта өзінен-өзі жиреніп, мырс етіп күлген. «Мынауың жалған намыс, Самалдың сөзін тыңдауың керек еді, сонда ғана түсінетін едің оны» деді басына келген бір ой. «Ақымақ есек, қайта кірер есікті қатты серпіп жаппа, жапқан екенсің, қайта бару ұят!» деді іштегі бір үн. Басы үгітіліп бара жатқандай көрінген. Махаббат пен өзімшілдік сезімі таласқа түскесін бе, жүрегі біз сұғып алғандай қатты шаншып кетті.

Үйге сүйретіліп әрең жеткен.

(Жалғасы бар)

 

 

Комментарий (1)

  1. Reply
    Т.Әшімханговорит

    Жалғасы қайда? оқимын.

Пікір қалдыру