Нұрлан ОРАЗАЛИН. «ЖҮРЕК СӨЗІН АҚ ҚАҒАЗҒА КӨШІРДІМ…»

«Жауыңды басындырма,
Халқыңды ашындырма…»

Тоныкөк

«Жатқан – тұрар,
Көтерілген – отырар,
Жарық – сөнер,
Жүрген кісі – тоқтар…»

Жүсіп Баласағұн

ДОЛЫ ДӘУІР!

Жасырайын, несін мен?
Сәтім аз ба көсілген де есілген?
Қыспағыңа қилы-қиын көп түстім,
Самғау үшін…
Қалмау үшін көшіңнен.

Қалмау үшін…
Жан дауысым сезім боп,
кезім аз ба лапылдаған көзімде от?
Көңіл шіркін қара шанақ секілді,
шертіп қалсаң, сөйлеп кетер безілдеп?!

Қолын созып қара түнде ой алдан,
кезім аз ба ішім селге боялған?
Келтірмек боп адасқанды тәубаға,
таңмен тұрып өлең жаздым,
Ей, Аллам!

Артық айтсам…
Кешіре көр!
Кешіргін!
Ақиқатты жаздым неше,
өшірдім.
Көргендей боп Жаратқанның жанарын,
Жүрек сөзін ақ қағазға көшірдім.

Өкініш – от… Өзегімді өртеді…
Өмір – ұйық…
Емес екен ертегі…
Долы дәуір!
«Қалмағын, деп көшіңнен»
қалың аруақ шанағымды шертеді…

Өмір…
Өмір…
Өзегімді өртеді…

* * *
Дауым жоқ, деме!
Сөз жалған.
жауым жоқ, деме!
Көз жалған.
Көріп тұр бәрін Жаратқан,
Көріп тұр мына боз жалған.
Қасым жоқ, деме!
Іргеңде.
Досым көп, деме!
Бір демде…
Қас пенен досты танырсың,
тағдыр шеңгелі бүргенде…

Жанатын тұста жанып қал,
баратын тұста барып қал,
бастағы бақтың ғұмырын
уақыт шіркін анықтар.

Ғаламды көрсең…
Көр түнде!
Сағыныш – жүрек өртінде.
Өмірдің қызық, қайғысы –
Алланың ғана еркінде!

ТҮС. ЕКІ АДАМ

Мінім бар ма еді ісімде?
Мұңым бар ма еді ішімде?
Әлдекімменен алысып,
Жұлқысып жүрмін түсімде…

Бірде – ол, бірде мен алып,
бірде – бар, бірде жоғалып;
үңгірде жүрмін көлбеңдеп,
жандайын қалған тоналып?!

Өмірім – ессіз елестей,
Көк жалын – көңіл, көмескі ой.
Алысып жүрмін арбасып,
дәрменім жетер еместей…

Мінім бар ма еді?
Күмәнді…
Мұңым бар ма еді?
Тұманды…
Көлеңкеменен алысып,
көйлегім терге шыланды.

Қашқандай бойдан күш тегі,
Үрей кеп жанды тістеді.
Елестеп кетті Өзім боп,
алысқан адам түстегі.

Дірілдеп иық, табаны,
гүрілдеп ойдың бағаны,
тартқылап жүрмін түсімде
дал-дұлы шыққан жағаны.

Мінім бар ма еді ісімде?
Мұңым бар ма еді ішімде?
Екі адам болып жарылып,
жұлқысып жүрмін түсімде!..

О, Тоба!

ДҮНИЕ ШОЛАҚ

Дәуірге қиын кез келдік…
Кез келдік, мүлдем өзгердік.
Өзгерді қала, көшелер,
сөз бермейтіндерге сөз бердік,
көз көрмейтіндерді көз көрдік…
Өзгердік!

Беттесер армен кез келді,
өзгерді дала, көз көрді;
жібегін жұртым бөз көрді,
бишікештерді би етіп,
батыр жасады ездерді.
Дүние шолақ өзгерді.
Бәрін де бәрін…
Көз көрді!

Моншағым өрде шашылды,
намысым жер боп басылды.
Болмауы бұлай керек­ті,
шығардық төрге масылды;
тәрк етіп ақық, асылды,
пысыққа пенде бас ұрды!
Таразы басы бүлінді,
айласын қулар асырды.

Арбаушым болып ішке енген,
алдаушым болып іштенген
кім дейін мына тасырды?!
Қолдаушым болып күстенген,
қорғаушым болып тістенген
не дейін мына ғасырды?!
Не дейін?
Айтшы!
Кім дейін?
Көңілдің төрі – түндейін…
Сырым ашылды…
Жырым басылды…
Тынды ойым?!

Сөз бермейтіндерге
сөз бердік,
көз көрмейтіндерді
көз көрдік…
Өзгердік!
Әттең…
Өзгердік…

* * *
Ойлардан бұғып бастағы бөтен,
Қашанғы? Қалай? Бас бағып өтем?
Адам мен Ажал айқасып жатыр…
Өмір дегенің қас-қағым екен…

Арқалап тірлік өсегі, мұңын,
барады ұзап кешегі күнің.
Арбасып іште бақи мен жалған,
Ай аунап көкпен, көшеді Күнің…

Төгіліп бір ән еседі мұңды,
салады еске кешегі күнді.
Періште, Пері алысып іште,
самала нұрлар көшеді түнгі.

Сезімсіз жанның төсегі ғаріп,
тамырын ойдың өсегі қарып…
«Бір күндік сәуле» – жалғанның сиы,
Тәңірдің, қарғам, есебі бар, ұқ!

Көшеді жарық!..
Көшеді ғалам!..
Жалғанар түлеп кешегі Далаң.
Ұрпақ пен ұлттың саулығын тіле!
Ұлғайып жасың – өседі балаң…

Жасырман ойды бастағы бөтен…
Жасырып қалай, бас бағып өтем?!
Келу мен Кету – Мәңгілік шарты.
Өмір дегенің қас-қағым екен…

ҮРЕЙ

Қара суық…
Қара қатқақ…
Дала…
Сыз…
Көңіл – ұйық,
Сана шіркін – панасыз.
Көктен түскен төрт кітаптың қонысы –
қара жердің төрт түкпірі мазасыз.

Сылаң қағып сайтан атты бір епті,
арбайды кеп, алдайды кеп жүректі.
Қарашада қараспанмен тілдесіп,
суық ойдан сана шоршып, дір етті…

Көзсіз өмір берер емес күш тіпті,
ессіздіктен көңіл – алаң, іш күпті.
Жер­жаһанды үрей жаулап алғандай:
Батыс…
Шығыс…
Солтүстікті…
Түстікті…

Үрей!..
Үрей!..
Бар ғаламды билеуде,
сайтан түртіп, сапалақтар күйлеуде;
сарсаңға сап аспан асты, жер үстін,
саналарды саз балшықтай илеуде.

Біреу тынып, біреу артық қарпуда,
Жер тағдырын көкпар етіп тартуда.
Қара жердің төрт түкпірі мазасыз,
төрт қиырды өрт пен жалын шарпуда.

Күн тұтылып, көктен жұлдыз ағуда.
Өркениет ошақтарын жағуда.
Дүниенің тартылысы шайқалып,
Үрей!..
Үрей!..
Қақпаларды қағуда…

Қара суық…
Қара қатқақ…
Дала…
Сыз…
Заман – ұйық…
Адам ойы – панасыз
Көктен түскен төрт кітаптың киелі
Қара жұрты –
Қара Жерім мазасыз…

Адам ойы – панасыз…
* * *
Қатпарынан миымның
ағыл-тегіл құйылды үн;
сыймай жүрмін төріне
төрт кереге – үйімнің.

«Ах» ұрдым да ашындым,
ақ толқындай шашылдым;
сыймай жүрмін қалаға,
көріп көзін жасынның.

Неден?
Неге?
Күйіндім?
Жауар бұлттай түйілдім?
Қалған жандай күй кештім
құшағында құйынның.

Шамырқандым!
Тиылдым!
Тас-түйін боп жиылдым.
Аңыратар жебе-ойды,
садақтайын иілдім.

Қатпарынан миымның
ақ төріне үйімнің
қонып дала, ғаламға
бір алапат құйылды үн…

Күйіндім де сүйіндім,
мұздай сауыт киіндім.
Қолдай көр, деп,
Тәңірім!
Тек Өзіңе сыйындым!
Көктен алыс құйылды үн…

САҚТЫҚ ЖЫРЫ

Саналарды жатқан сынды тас іреп:
Ғасыр – сойқан…
Ғасыр – дүлей…
Ғасыр – от…
Тартысуда, шарпысуда
адамдар,
Заман – соқыр…
күю, сүю – қасырет…

Көңілдерді сыбызғы мен
сырнайдан –
ада­күде, тамтығы жоқ ырғайды ән.
Айдың астын елес кезіп, сұрапыл
жүріп жатыр жүректерде бір майдан.

Майдан!..
Майдан!
Себетіндей үрейді,
суық көздер сұр кездігін тірейді.
Суық қала…
Суық сезім…
Сұр үйлер…
Суық жандар
буатындай сұр ойлы.

Салғыласып көк пен жердің өсегі,
сұр аспанмен сұр бұлттар көшеді.
Түсі суық сұр адамдар келеді
қанқақсатып
дала,
қала,
көшені…

Ойды, бойды күндіз­түні кемірген,
Суық түнде төнердейін
жебір­дем…
Ібілістің әрекетін сезінген
Періштелер көшкендейін өмірден.

Безіп сарын сыбызғы мен сырнайдан,
домбырасыз,
жан төрінде – бір майдан…
Майдан!
Майдан!
Алысуда сұр заман,
Адасқан ба?!
Жетім өлең жүр қайдан?!

Сөзден – шындық…
«көзден – бұлбұл», ән ұшып,
сұр алаңдар,
сұр адамдар алысып.
Қатыгездік қыл бұрауын салуда,
көзі сұп­сұр,
өзі сұп­сұр,
қарысып.

Көнер емес
жамағанмен жыртығын –
дүниенің іші –қайғы,
сырты – мұң.
Сұр адамдар көктің жұлқып сақалын,
тырнайтындай
жердің ескі тыртығын.

Нәті неткен суық, сұрқай кез еді?!
Өртенуде тіршіліктің өзегі…
Ақыл қашқан алты құрлық аспанын
Тәңір үні…
Қабір үні кезеді…

Ғалам – сұп­сұр…
Заман – сұп­сұр…
Қасырет!
Саналарды жатқан сынды тас іреп.
Алысуда…
Қағысуда жер үсті
Ғасыр – сойқан…
Ғасыр – дүлей…
Ғасыр – от…

* * *
Көзімде мұң бар…
Көретін кім бар?!
Кеудемде үн бар…
Кімің бар тыңдар?!
Көңіл айдыны – көк тұман,
адассам егер – жоқ кінәм.
Айыпты өзім…
Алдама!
Арбама мені көп, күмән!

Жанымда – жалын,
сөнетін емес;
уайым қалың,
көнетін емес…
Келмеске кетті көп ойым,
ашуды қайда төгейін?!
Жалғаған, бәрін жалмаған
Тағдыр шіркінге не дейін?!

Бейтаныс жандар
көшеде кілең,
жайым жоқ таңдар…
Пешене, білем?!
Көзіне көктің жас ұйып,
басына қырдың тас үйіп,
жалданып жүріп кетерміз,
алданып бір күн өтерміз
жарық ғаламға бас иіп…
Көзімде мұң бар,
көретін кім бар?!
Кеудемде үн бар,
Кімің бар тыңдар?!

ҰЙЫҚ

«Құлақ естігенді көз көреді»
(Халық сөзі.)

Біреулер күй іздеп жүр,
біреулер сый іздеп жүр,
біреулер үй іздеп жүр,
біреулер ми іздеп жүр…
Алты құрлық – тынышсыз,
әркі­тәркі…
Бірін ­бірі біреулер
мүйіздеп жүр.

Біреулер желік боп жүр,
біреулер көлік боп жүр,
біреулер елік боп жүр,
біреулер өлік боп жүр…
Алты құрлық өмірі –
ала­құла.
Біреулер солықтап жүр
біреулер еліктеп жүр.

Біреулер еріп кеп жүр,
біреулер серік боп жүр,
біреулер берік боп жүр,
біреулер көрік боп жүр…
Алты құрлық аспаны –
алақұйын,
Өзгеріске бір сұмдық…
Жерік боп жүр.

Біреудің сиы – құда,
біреудің миы – құда,
біреудің үйі – құда,
біреудің күйі – құда…
«Кәрі құда қыс сынды
әлек салып»,
Алып ғалам тартуда…
Ұйығына…

ЕСКІ ҚОРЫМ

Ескі бір ән есетіндей,
ескі сарын көшетіндей;
естен шыққан ескі қорым
көлеңке боп өсетіндей.

Сай-саладан арман ескен,
ескі шарбақ қалған естен,
ескі қорым,
мың сан жұлдыз
тіл қатардай жанған-өшкен.

Үретіндей қара күшік,
қалың тырна барады ұшып…
Естен көшкен ескі жұрттың
аспанынан тамады шық.

Ән қуалап көп күзді естен,
(Жүрек тулап, от, сыз кешкен).
Өткен өмір көлеңке боп,
көшетіндей жеткізбестен…

Сапырып түн көмескі ойды.
Дала сұлық…
Жел еспейді…
Ескі қорым арасынан
Өзге дәуір елестейді…

ІНДЕТ

«Мы живем, под собою не чуя страны…»
Осип Мандельштам

Індет – көзсіз…
Өмір – өзге…
Қысылуда жиі дем.
Езбе менен не бір езге
қараймын да күйінем…

Алты құрлық – алақұйын.
Көңіл…
Көңіл…
Шерменде…
Шошынады сана, миың,
Құдайсызды көргенде.

Өзгерді адам… Ғалам басқа…
Қайғы оранды жер үсті.
Тұрмас анық заман баста,
сезіп пендең шер ішті.

Жетті сарын боз даладан
көрге сүйреп пендесін;
қамықты жан Сөз қалаған
қозғап ой мен ел көшін.

Жұмырбастар шабысуда,
бірі – жалын, от – бірі;
көнер емес табысуға,
келісетін жоқ түрі.

Батыс…
Шығыс…
Баяғыдай:
Атыс, шабыс мың жылғы.
(Құл пендеңді ая, Құдай!..
Қу жүрегім шыңғырды…)

Аза бойды қаза қылып,
сай-сүйекті қозғады.
Ғарыш жақтан саз ағылып,
Боз дүние боздады.

Індет – соқыр…
Көнер емес…
Жұрт санасы тұманды.
Екі дүние керегелес,
Жер ертеңі күмәнді…

ТҮН ҚАРАҢҒЫ

Түн қараңғы. Аңыраған күздеймін.
Сыртта жаңбыр. Әлдекімді іздеймін.
Көбі кетіп азы қалған өмірден
үнсіз тынып, үмітімді үзбеймін.

Қара жаңбыр сабап жатыр ауланы,
Найзағайдың жетеді үні таудағы.
Қазан ұрды…
Қарақазан тірліктің
сезіледі көкжиекке ауғаны.

Күндер қайда омыраулы, саялы?
Бөтен ойлар…
Неге құшақ жаяды?
Басы жалын, өрті қалың жалғанның…
Енді, міне…
Қара жаңбыр – аяғы…

Жаңбыр!…
Жаңбыр!
Басылатын еместей…
Жүрек төрін тербейді бір көмескі ой.
Жастық шағым тіліп өткен аспанды
жарқ-жұрқ еткен найзағайлы елестей…

Ұлиды жел…
Бір адам жоқ сырды ашар.
(Сәттер қайда көңіл демін бір басар?)…
Ауладағы күрсінердей кәрі емен…
Достар қайда?
У да-шу боп қырды асар?!

Түн қараңғы… Бір адам жоқ сырласар…

ЖАМАН ТҮС

Түс көрдім мен…
Жаман…
Сұмдық!
Сенбедім…
Түссіз өтер біздің жаста кем бе күн?!
Жұмыр жерді доп қып тепкен жұлынып,
түсімде бір кейіпін көрдім пенденің.

Деп жүретін адам еді: «Досыңмын»,
тіл күрмелді, тани алмай тосылдым.
Иығына сайтан қонып алғандай…
Зәнталақтың қимылынан шошындым.

Қайғы кешкен Құдыреттің саяғы-ай!
Қоңсыласын жылады үнсіз аяп Ай.
Ібілістің кейіпіне еніп әлгі адам,
қара жерді қуды келіп аямай.

Кең дүние бесігінде тербелмей,
буды келіп жүректі
бір шерменде-ой.
Қара найсап қара жерді тепті кеп,
аямастан,
ата жауын көргендей.
Көшті бұлт, сора-сора жас тамды,
Көк жүзінде бір алапат басталды.
Ғарыш ұлы стадиондай дүркіреп,
мың сан дауыс қиқулатты аспанды.

«Сақта, Құдай!
Сақта!
Сақта!» дедім мен,
үнін естіп періштенің егілген.
Ібілістің күлкісіндей бір күлкі
сылқ-сылқ етіп жетті
көктен сөгілген.

Шерге баттым…
Қайғы кештім…
Мұңайдым…
Болады деп ойлап еді бұлай кім?!
Обыр көрдім… Жебір көрдім түсімде…
Үрей көрдім…
Көзін көрдім Құдайдың.

Кешір, Тәңір!
Көшті ғалам, көшті мұң.
Көрдім жердің мылжа-мылжа кескінін.
«Жұмақ бердім…
Тамұқ еткен – өздерің!»
Деген қатал
Көктің Үнін естідім…

Естідім де, ақ жауынға боялдым…
Артым – құз, жар.
Қара тұман…
Ой – алдым…
Жұмыр жерді жараланған түсімде
құшып жатып,
өксіп жатып ояндым.

ҒАРЫШ ҮНІ

«Құдайсыз қурай сынбайды»
Халық мәтелі

Беу, Құдырет! Бұйрығыңнан
жоқ асқан:
Қалды күндер тұлпар мініп,
дөң асқан.
Жан мен Тәнді салып тез бен қадаға,
шақырды үнсіз қалың жұлдыз,
көк аспан.

Сезім – бөрі…
Ой – атылар барыстай…
Жыр туар ма аламанда жарыспай?!
Қу жүректі қажытты індет жұлмалап,
қара түнде шақырды үнсіз ғарышқа Ай…

Жалған менен жалғап бақи арасын,
қара орман мен күрсінді тау,
қара шың.
Құбыладан жетті талып бір сарын –
ұлып қалған,
құрықталған Жарасым.

Шақырды Көк…
Күн шыққанда, батқанда:
Жазда…
Күзде…
Ақпанда…
Тұтқыны боп құрсаулаған сұрақтың,
күй кештім мен түскен
аңдай қақпанға.

Ала қашып, армандарды бар ізгі,
Өткен өмір ескен желдей қара үзді.
Қара түнді, күңірентіп даланы,
Көшті Ғалам…
Көшкен дәуір тәрізді.

Әлде – жұмақ… Естен шыққан таныстай…
Әлде – дозақ… Қалың қорыс,
қамыстай…
Арасынан мына алапат тажалдың
қолын созып, шақырды үнсіз
ғарышқа Ай…

Өзгенікі секілді боп өз демім.
Өртте қалдым…
Қауқарсызбын…
Көзде – мұң…
Қара індеттен құтқара көр, Жаратқан!
Кең дүние кебін киді өзгенің…

Жырға айналды көргенім мен сезгенім…

* * *
Кейіпінен мына ортаның:
Көңілім – орта…
Ортамын!
Теңіздей жатқан аунақшып,
Тағдырдан тілсіз қорқамын!

Дәруіш емен… Кезбе емен…
Өз ойым,
Сөзім,
Өз денем…
Жүрісім осы, тұрысым,
Адаммын берген сөзге дем.

Қуардым…
Рас, шер кештім…
Мұңайдым…
Рас, селбестім…
Жеңілдім бірақ демеймін,
Жеңілмеу үшін белдестім.

Жасырман, кетті көп есем,
күйреуік бірақ деме сен.
Дос болып келсең – құшақпын,
Қас болып келсең – егесем.

Кеудеме сауыт кигізбей,
жағама қолды тигізбей,
өртеніп-жанып жыр жаздым,
жүрегімдегі күйді үзбей.

Мінезін көріп ортаның:
Көңілім – орта…
Ортамын!
Пендеден емес жауласқан,
Тағдырдан тілсіз қорқамын.

ЖЕР ТӘРТІБІ

Ей, Пәнуәи!
Мұңды адам!
Байқаймысың?
Сені ұмытты бұл ғалам.
Сені ұмытты…
Ұмытқандай кешегі
батырларын
дар алдында қыңбаған.
Мұңайып тұр
мұнарлы шың,
қара шың,
жалғап үнсіз
тау мен көктің арасын.
Сені ұмытты!
Ұмытқандай мына жұрт
онсан мықты,
жүйрігі мен дарасын.
Сені ұмытты!
Сені ұмытты!
Не дейсің?
Заман басқа.
Адам басқа.
Өгейсің!
Жалғыздықпен
оңаша қап алысып,
Өзіңді-өзің жебейсің!
Өзіңді-өзің демейсің!
Өгейсің!
Ақша қуған,
Мәнсап буған дәуірге…
Не дейсің?!
Қарап үнсіз
намысыңды егейсің.
Егейсің де…
Өзіңді-өзің жебейсің!
Әй, Дүние-ай!
Көкқасқа!
Күресуден,
амал енді жоқ басқа.
Шабысу да,
Табысу да – ерге сын.
Дауласу да,
Жауласу да – ерге сын.
Тәнің – жерге,
Жаның – көкке кеткенше…
Ей, Пәнәуи!
Күресесің
айналғанша көк тасқа.
Жер тәртібі!
Көнесің…
Амал, айлаң жоқ басқа!
Әй, Дүние-ай!
Әй, Дүние-ай!
Көкқасқа!

* * *
Сұрақ – жауапсыз…
Білмеймін!
Өзімді-өзім жүндеймін.
Мұңым ба?
Мұңым – қара түн.
Айтуды бірақ «мін» деймін.

Сырым көп… Шашпан өзгеге…
Мұнымды бекер сөз деме;
сенісер болсаң – досыңмын,
ұқсата көрме кезбеге.

Естігің келсе анығын,
ақындық – осы қалыбым;
намыс дейтұғын қайрақпен
жүректі күнде жаныдым.

Жанып келемін сөзімді,
жанып келемін өзімді;
жауапсыз сұрақ көбейіп,
салуда отқа төзімді.

Жауапсыз жылдар көшуде,
тамшыдай тасты тесуде…
Тәңірім берген бір өмір
жетер ме бәрін шешуге?!

Жетер ме?..
Өмір көшуде…

ЖАН САДАҒА!

Өмір – дәптер…
Азаюда парағы.
тіршіліктің теңселуде дарағы.
Дойыр-заман тамырымнан тартуда,
дес бере алсам, жарар еді, жарады?!

Ойран салып сөздің қызыл өртіне,
өлең шіркін көнер емес еркіме.
Сырқат қоғам ой, сананы шаршатты,
ем табылса, жарар еді дертіне ?!

Ырық бермей олайға да бұлайға,
көз тігемін көктегі алыс құмайға.
«Қырым аман, жырым аман болсын,» деп,
Жан садаға! Жалбарынам Құдайға…

Жә!
Жә!
Сабыр!
Көне алмаспын жәбірге!
Әруақтарым аунайтындай қабірде.
«Елім аман! Жерім аман болсын!» деп,
қол жаямын Тәңірге!..

ӨЗІҢДІ ТҮЗЕ!

Сөзіңді сату…
Ойыңды сату…
Миыңды –
Отыңды сату,
Отанды сату, үйіңді –
Ұрпағың менен
Ұлтыңды алдау, ұғынсаң,
Еліңді сату,
Жеріңді сату – Сиыңды.
Белшеден кешіп,
тірліктің лас батпағын,
әлдекімдердің
өтірік мақтап «шатпағын»,
Арыңды сату,
Барыңды сату, түсінсең,
Сезімді сату –
Өзіңді­өзің сатқаның.
Шын мықты болсаң…
сатылмай ғұмыр кешіп көр,
сатылғандықтан
қирауда бүгін есік, төр.
Ақынын сатқан,
Батырын сатқан елдерде
сәбилер жылап,
шашылып жатыр бесіктер…
Бәрі де бәрі
өзіңді ­өзің сатқаннан,
жарды жылатып,
арыңа садақ атқаннан;
ұяттың ұлы
шегінен шығып қымсынбай,
қылмыстың арсыз
ұйықтарына батқаннан.
Шын мықты болсаң…
Ойыңды түзе,
Көзіңді!
Үйіңді түзе!
Миыңды түзе,
Сезімді!
Әніңді түзе!
Жаныңды түзе, өтінем!
Сатылмау үшін әуелі…
Сөзіңді түзе…
Өзіңді!

***
Сақта, Құдай!

Ұлы өзендер тасуда,
арнасынан асуда;
ақтарылып мұхиттар,
ақ көбігін шашуда;
таулар мініп ашуға,
қалаларды басуда,
төңкеріліп мұздықтар
жағалаулар қашуда…
Көктің тіліп жебесі,
Қара жердің көбесі
жатқандайын сөгіліп,
жиырылып денесі…
Таудың құлап төбесі,
қозғалғандай жер өсі,
кезіп, шарлап жүргендей
заманақыр елесі…
Осы ма еді көресі?!
Тақағандай тірліктің
Ақтық сәті…
Мәресі…
Сақта!
Сақта!
Демеші!
Есті түзе!
Ей, Пендем,
Көк қозғалса, Жер өсі…
Қорғай алмас, ұмытпа,
Нұқтың да Ұлы Кемесі!

Сақта, Құдай!

Пікір қалдыру