КӨКІРЕГІНЕ ҒАРЫШТАН ҚҰЙЫЛҒАН ҮН

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

«Ойымды еле, сөзімді қайта қара,
Қайта қара, сезімді байқа, бала.
Үңіл-дағы жасырма, әділін айт,
Жүрегіңді бір сезім айқара ма?

Айқара алса жаныңды
толғанысым:
Сөзімнің де, сезімнің
болғаны шын.
Ақ-қарасын айт, қарғам,
адалынан,
Болсын маған жасаған
қолғабысың.»
Ақын өлеңінен.

Ақын өлеңдеріне сын-сараптама

Нұрлан Оразалиннің 2014 жылы жарық көрген алтытомдық шығар­малар жинағы қолымда отыр.
Нұрлан ақын шығармашылығы жөнінде пікір айтқан, баға берген, саралау, талдау, зерттеу жасаған 20 адамның аты-жөніне көз салсам, жүрегім дір ете түседі. Атағынан ат үркіп, атан тарта алмайтын кілең бір Алатаудың мұзарт шыңдары, қасабалы қара нарлары, табаны бұдырлы буыршындары. Ғасырымыздың жарқыраған тәжін­дей «қақырығы – құйма алтын, түкірігі – түйме алтын» от ауызды, орақ тілді, қара сөздің қаймағын қал­қып ішкен шешендері мен кө­семдері екен. Тізімнің басы шоң Шыңғыс Айтматов пен оқшау Олжас Сүлейменов, сарабдал Серік Қирабаевтан басталып, орта тұсы тұмадай тұнық Тұмағаң, алмас жыр­дың Аққұртқасы Фаризамен бекіп, аяғы қорғасын құйған кеней асықтай Кеңшілікұлымен аяқталып тұрғасын белгілі емес пе.
Көз алдымнан жазиралы, жасаулы бір әлем ашылды.
Нұрлан әлемі…
Қазақ көңілі толған азаматты «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатады ғой. Сол сегіз қыр Нұрланда бар екен және оны былай жүйелеуге болады:
1. Адамдық; 2. Азаматтық; 3. Ақын­дық; 4. Драматургтік; 5. Көсем­сөзшілік (публицист); 6. Шешендік (оратор); 7. Қайраткерлік; 8. Тұлғалық.
Ал осы сегіз қырдың толық ашыл­май қалғаны қайсы? Меніңше, ақын­дық сипаты.
Менің мақсатым – алдымен мін табу емес, алдымен қаламгердің құпиясына үңілу, шеберханасын зерттеу, ешкімді қайталамаған, өзгеде жоқ ерекшелігін табу, шеберлігін, шешендігін, әдісін, тәсілін табу. Әдебиетте ашқан жаңалығы бар ма, соны сөзі, сонар ізі бар ма? Соны паш ету. Тегінде бір жаңа форма, бір жаңа үлгі, жаңа сөз тудырғанның өзі үлкен олжа. Жетістік деген сол.
Хадисте «Мінсіз – Жаратушы ғана» делінген. Мұны Нұрлан жақсы біледі.
«Кездік едім суарылған…
Тек, әттең,
Ащы қайрақ сала алмай жүр
жөнді ешкім»,
– деп жазған да Нұрлан болатын.
Ендеше… Тәуекел!

І. Топтаманың атрибуттары.
Не нәрсенің екі жағы болады. Сыртқы форма мен ішкі мазмұн. Форма мазмұнды ашып тұрса, үйлесімділік те, ашпаса – кереғарлық. Көзімізге елестетейікші: кез келген оқырман қолына түскен кітапты бірден бастап оқи жөнелмейді. Аударып-төңкеріп атына, жөніне, суретіне, әріне, зеріне бір қарап шығады да, ар қарай өмірбаянды оқудан бастайды. Өйткені қарапайым оқырман табиғаты сондай.
Мұқағали не деп еді: «Егер күндердің күнінде әлдебіреу менің өміріме қызығушылық танытып, зерттегісі келсе, өмірімді өлеңімнен іздесін. Тек бірде-бір өлеңнің ретін бұзбай, орнын ауыстырмай оқысын. Күллі өмірім – өлеңімде» деген. Абай болса «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» деді. Ал Нұрлан ақын:
«Білгің келсе, өмірім – өлеңімде…»
«Мен адаммын өмірге ессіз ғашық,
Білгің келсе, жанымды ізде жырдан!» – деген. Қайталау емес, үндесу.
Алты кітапта – 6 сурет. Осы алты суреттің таңдап алынып, орналас­тырылуының өзінде үлкен ой мен кірпияз талғам бар. Әр сурет – сол кітаптағы өлеңдердің кезеңі мен мазмұнын айғақтап тұрған үнсіз куә.
Айталық, 1-суреттен бізге жанында, жүрегінде бір кіршік жоқ, жарық дүниеге барынша сенген, сүйген періште бейне-ұлан қарап тұр. Ұлан емес-ау, арманы – асқақ, ниеті таза, бірақ олпы-солпы олақтығы да жоқ емес, сол олақтығымен де соншалық шынайы, аңқау, пәк бала – жыр қарап тұр.
2-сурет. Қызуы, қызығы мол, қыз­ды­ратын шоғынан гөрі күйдіре­тін оты мол, жар астында жау бар-ау, қыр астында қатер бар-ау деп ойлатпайтын «жастық» атты кезеңге аяқ басу… Сәл тіксіну, сәл таңырқау, сәл секемдену…
3-сурет. Анық жолын тапқан, бағытын анықтаған асқақ ақын, арда азамат.
4-сурет. Өз-өзіне сенімді. Айнала­сына үңіле, зерттей қарау.
5-сурет. Есейген, бірақ шар­шаулы, сәл абыржулы.
«Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор еткен» бір қиракезік шақ па екен…
6-сурет. «Бойында бар асылы түгел жайнап, маңына сәуле шашқан шырақтай» кесек, кемел, кемеңгерлік шақ. Иә, суреттер сөйлейді, ол тек сән үшін емес екен.
Бөлімдер мен тараулар аттары. Астарына құпия сыр бүккен сұлу әлем. Саусағың тиіп кетсе, сөйлеп кеткелі тұрған күйсандықтың пернелері тәрізді.

«Ерте көктем», «Сырнайлы шақ» – мұңсыз, қамсыз балалық.
«Сырғалы түн» – жастық
жалын, ыстық сезім.
«Беймаза көңіл», «Жерік түндер», «Үн мен ән», «Арғымақ ойлар», «Жетінші құрылық» – арманы, арпалысы көп асқақ арын, азаматтық үн.
«Жанның дауысы», «Тәуба», «Екі дүние», «Тәңірмен тілдесу», «Тәннің құндағы», «Жанның жұмбағы» – хақтық рухқа, ғарыштық ақиқатқа жанымен ұмтылу. Неткен үйлесім…
Эпиграф. Эпиграф алу – тек сән не үрдіс емес. Осы эпиграф алуда қазір қалыптасып, сәнге айнала бастаған «өнімсіз, ұсақ қулық» бар. Неғұрлым «Батыстық», неғұрлым таныс еместеу, қиындау есімдерді алсам, соғұрлым оқырманыма «ұлы» көрініп, үрейін ұшырып, зәресін алып, «ойпырым-ай, мынаны оқыған бұл да бір осал емес қой» дегізем деу бір мақсат болды. Эпи­граф алуда қазақ даналары түгіл, орыс ұлылары да модадан қалғаны қашан. Шығысты шиырлап, Ба­тысты да базарлап көрдік. Енді, Жа­пон, Үнді, Қытай жақтан іздейміз. Жақ­сы­лықтың бәрін жаттан іздеп, өзгені зор, өзімізді қор тұтуды қашан қоямыз осы? «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы» дегенді Абай емес, Аристотель айтса, қандай құрандай жаттап, құлап түсер едік.
Ал Абайдың: «Құлағын сатқан, Тәңірі атқан.»

«Самородный сары алтын
Саудасыз берсең алмайды
Самарқанның бөзіне.»

«Жұртым-ау, шалқақтамай
сөзге түсін.
Ұқсаңшы сыртын қойып,
сөздің ішін», – дегені осыдан кем бе?
Бұл сөздер даналық, ұлылық, философия болу үшін тек Гераклит пен Демокрит айтуы керек пе? Шешендікті Цицероннан ғана емес Майқы биден, философияны Гераклиттен ғана емес – Қорқыт Бабадан, күлкіні Аристофаннан емес – Алдаркөседен, ақылды күлкіні Эзоптан емес – Қожанасырдан, қайғыны – Шекспирден емес – Асан Қайғыдан іздеп көрейік те. Неге біз Абайды емес Пушкинді, Мұхтарды емес – Толстойды, Мағжанды емес – Есенинді, Сәкенді емес – Маяковскийді, Бейімбетті емес – Чеховті, Ғабит, Ғабиденді емес – Шолоховты алуға құмармыз?
Міне, осы тұста да Нұрланның ақылына, азаматтығына, ұлтжанды­лығына тәнті боласың. Нұрлан эпиграфты кімнен алғанын қарайық. Хадистен бастап, халық даналығы, Майқы би, Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт Баба, Асан Қайғы, Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали, қала берді өз замандас ақындарына да жүгінген. Бұл дегеніміз – өткенге құрмет, бүгінге ізет емес пе. Әрине, Батыстық, Шығыстық даналар да жоқ емес. Бірақ «өзгені» өзінікінің алдынан еш жібермеген. Ұлтжандылық деген осы екен ғой.
Безендірілуі. «Алтынмен аптап, күміспен күптеймін» десе қолынан келмей қалмаған шығар. Жоқ, кітап бедері – қазақы ою-өрнек. Оның өзі тарихи тастардан табылған таңбадай бедерленіп, ойылып түскен. Бояу да, өрнек те көзге ұрмайды. Ақын өлеңдеріндегі ұлттық рух та дәл осылай көзге ұрмайды, бірақ терең таңбаланып түскен. Мәңгілік өш­пейтін таңба…

«Ат төбеліндей қазақпен
Ақыретке дейін біргемін.»
Ақын өлеңінен.

II. Ақын өлеңдеріндегі
ұлтжандылық.
Ақын – замана перзенті. Ол заманнан, адамнан, қоғамнан тыс өмір сүре алмақ емес. Кез келген ақын өлеңіндегі сипат – қоғам сипаты. Бірақ замана сұранысына қарай бір сипат басымдап алға шығады. Мысалы, бір кезең ерлікті, бір кезең интернационалдықты, бір кезең патриоттықты, бір кезең жаңашылдықты басты кезекке қояды. Ал қазақ үшін өте керегі қай сипат?
Иә, кеше де, бүгін де, ертең де қазақ үшін ең қажет қасиет ол – Ұлтжандылық.
Заман секілді әрбір қаламгерде де бір сипаты басым болады. Бірі – сезімтал, бірі – махаббатшыл, бірі – мұңшыл, бірінде – ерлік, бірінде – серілік, бірінде – сұлулық, бірі – ұлтшыл, бірі – ұраншыл, бірі – пәлсафашыл. Ал Нұрлан болса, ақыл мен сабырдың ақыны. Нұрлан бойындағы атойлап көзге ұрып тұрған сипат – ұлтжандылық!
Нұрлан көпшілігіміз секілді Тәуелсіздіктен кейін ғана оянып, «ойбай-ау, мен қазақ екем ғой, не істеп жүргем өзі» деп, қазақтығын Наурызда қазақ шапан киіп дәлелдеп жүрген шөре-шөре күлдібадам қазақ емес. Нұрлан ұлтжандылығы ата тегінен беріліп, ана сүтімен сүйегіне сіңіп, әке қанымен тамырына тараған қасиет. Сол қасиет кейіннен өлеңдеріне де тамырға тараған қандай сіңген. Нұрланның қаршадай бала кезінен бастап, ақсақал жасына жеткен бүгінгі күніне дейін қазақ исі, қазақ рухы аңқып тұрмаған бірде-бір өлеңі жоқ. Нұрланның бала шағы Кеңестік идеологияның қаңтардағы бурадай сақылдап тұрған кезі екен. Күллі замандастары:

«Галстук қызыл мойнымда,
Мектепке қарай жүгірдім»,
– деп әндетіп жүргенде,
бала Нұрлан:
«Жел болып кезіп қырқаны,
сай-салаға тараймын.
Махамбеттің ұрпағы,
жалғасымын Абайдың»,
– деп жазыпты. Сол бала кездің өзінде:
«Қариясыз – өмір – жетім.
Мұңайдым.
Жоқсың, ата…
Кімнен бата сұраймын?!»

«Әжелерім қайда әлгі ақ күндікті
Ақ түндігін арманның тербеткендер», – деп, атасының батасын, әжесінің ақ күндігін, нағашысын сағына жыр етіпті.
«Кербестіні босаттым кермесінен
Сезім құсын ұшырдым ақ қанатты…»
«Бірі – құмай болғанда, бірі – тұлпар.»
«Көңілде – ақжал сәйгүлік…»
«Алдына келсе, тістеген
Асаудай еді бұлаң бір;
Бұғалық әлі түспеген
Білетінің жалғыз – құлан-қыр»,
– деп жазады.
Бала Нұрланның қалайша «Раке­тадай жырларым, мен Гагарин бола­мын» демегеніне таңқалам. Оның есесіне атажұрт, әруақ, бата, алғыс, ие, кие, тұлпар, құмай, қыран, бұғалық, күндік, түндік, инағаш, қоламта, құлын, қыр, ауыл, қария, керме – қаны тамып тұрған, қазақ иісі аңқып тұрған сөздер. Және осыны жазып отырған 13-14 жастағы бала. Ақынның балалықтан – бозбалалыққа бет бұрған кезінде де қазақы рух әр жерден әр кезде бұлқына бой көтеріп, тамырында тулап қалады. Деген жалындаған жиырма жасының өзінде жырларында махаббат пен романтикадан гөрі «неге бұлай?» деген әлде бір мазасыздық басым. Сылаң саясат пен ұраншыл ойларға үрке қараған ойлар басым.
«Неге ендеше жүре алмаймын мен еркін, Алшаң басып Алматының төрінде?»
Мені – қазақ! Мені – ұлт! «Мен неге алшаң баса алмаймын», – дегені – қазақ неге өз жерінде алшаң баса алмайды? – дегені. Өз жерінде жетім ұлдың күйін кешіп, жабыдайын жалтаңдап күн көріп жүрген ақын емес, оның ұлты. Ақын елдің мұңын мұңдап отыр, өз басының мұқтажын емес. Тіпті өмірі өз кебісін өзі алып киіп көрмеген Абайдың өзі «қалың елі қазағы» үшін «жарлы емеспін, зарлымын» деп күңіреніп өтті емес пе.
Дүние түлеп жатты. Заман дүбірлі. Технократия тасқыны, ақпараттар ағыны. Қазақ өлеңінде де түбегейлі өзгеріс. Жаңару, бейімделу, ұраншылдыққа үн қосу. Енді қырды, елді, әжеңді, ақ күндікті, торы құнанды, батаны – жыр ету тіпті күлкілі боп қалған жоқ па? Сол кезде де Нұрлан бағытынан айнымай:
«Ата-бабам басып өткен
Балдырлы су балғыным.
Қайда мені ғашық еткен
Қара өлеңді шалғыным?»
«Қай қиырда жүрсем де қара бала,
Қарадала есімнен кеткен емес.»
«Қиялымда Көкбастау.
Қорым. Елік.
Ақбоз мініп арманды торып едік…
Ойсырласым, серігім – торы көлік.»
Ойсырласы, серігі қыз болатын, жұлдызды түн болатын жалынды жиырма жасында ақын жігіттің қара баланы, Қарадаланы, Торы құнанды ойлауы тегін бе? Бұл – қазақты, қазақтықты, ұлтын, ұлттық рухты сағыну. Еркін жортқан еркін күнін аңсап Көкбөрінің айға қарап зарыға ұлуындай бір алапат сезім, жан ышқынысы. Менің де есімде. Студенттік шағымызда бүкіл қазақты «Хали-Гали» жаулап еді. Бүкіл көше, жатақхана біткен, қайда жиын, қайда той – «Ей, ей, ей, Хали-Гали» деп есіре әндетіп жататын. Біз де қуана қосылып әндетуші едік. Дәл сол кезде студент Нұрлан «Хали-Галиді» біз құсап қол соғып қабылдамапты.
«Хали-Гали»…
Мезі қылды-ау жанымды,
мезі қылды-ау
байқұс жырларымды.
Біле алмаған
бұл ғасырда барымды,
шалғайдағы момын қырларымды.
Ғажабымды,
Париждегі қалықтаған әнімді –
кеудемдегі ғажап үнді,
Ей, Алматы!
Танымайсың барымды…
… Алматы түні жыртылып,
арман алыстап,
жүрек тоңады, қызады…
Тауым жеткізбей,
Далам ұзады…
Сезім быт-шыт боп,
жүрек қанжоса…
Тілінді…» – деп, ұлтжанды ақынның ашуы, сезігі, алдан күткен қорқынышы мен үрейі көзіміз үйренген сыпайы, сырбаз шумаққа сыймай, осылай бір буырқанып, тасып, төгіліп, шашылып кетеді. Сөйтеді де өзі де байқамастан сол заман үшін жаңа бір форма тудырады. «Поэзияда жаңа форма жасайыншы» деген мақсаттан тумай, керісінше, шабыт пен сезімнің қысымынан туған жаңа түр. Біз есімізді енді жиып, «ау, ұлттық құндылығымызды жоғалтпайық, мәдениетіміз, тіліміз шұбарланбасын. Батыс жұтып қоймасын» деп енді ұрандап жүргенімізді Нұрлан қырық жыл бұрын жазыпты.
«Тіл – шұбар…
Дінім – шұбар…
Шұбар – ғалам…
Шұбарға қалай жеттік? Таңырқанам.»
«Сауға сұрап таңдардан,
Қауға сұрап шалдардан,
Қара жорға кісінеп,
Қыр басында қалды арман.»

Дәл сол кездегі ұлт тағдырын ақын көгендеулі қозыға, құрықтағы құлынға, балақбаулы бүркітке теңейді. Тіпті осы теңеулердің өзінен қазақ иісі аңқып тұрған жоқ па.
«Жүрегімді сілкіді
Құлын-дауыс, көгенді ой.»
«Балақбаулы құстарым
Балақбаулы сезімді байлап ұшар
Алпыс екі тамырды бойлап ұшар.»

Нұрлан секілді ұлтжанды азама­тардың, ақындардың осындай үнде­рі ақыры ұлтын оятты, ұлтының ұйықтаған намысын сілкіді. Жел­тоқсан желіне ұйтқы болды, қолам­тадағы қозды үрлеп, отқа айнал­дырды. Бұл тұста:

«Шідерілі хас жүйріктей шыңғырды
Қою түннің қолтығынан Шындығым.
«Арман-мұңым алданған ұрпағымды
Қалай адам етемін, қазақ етем?»
– деп жазды. Сөйтіп, «еркек тоқтыны құрбан етіп» Егемендікке жеттік. Бұл тұста ақынның азаматтық үні айқындала түседі. Әлденеге өзін кінәлідей сезініп, ары мазаланады.

«Желтоқсанның жетім үні
жүр көкте.»
«Шарлайтындай ел намысы аспанды
Арашалап ала алмаған ұл-қызын»,

– деп, өзін де, өзгені де аямай өлтіре сынайды. Ақын жүрегі, санасы әлі мазасыз. Әлденеге алаңдаулы…
«Құралайдың салқыны далада жүр,
Құралайдың салқыны санада жүр.»
«Көк байрағын бөрі басты көтеріп,
Кезуші еді кеудемді бір көкжал үн.»

«Періден де сұраймын, Періштеден.
Азаттығым аяулы болсын аман.»

Бүкіл өлеңі ұлт тағдырымен өріліп, ұлт намысымен суарылып отырған ақынның ел мұңын шегіп, күйзелмеген бір сәті болмаған секілді. Әсіресе, Жер мен Тіл үшін қатты алаңдайды. Онсыз да жат көзінің сұғында отырған ат төбеліндей аз қазақтың бар қазынасы осы екеуі емес пе. Бұдан айырылса, бодандықтың қамытын қайта киерін ақын қайраткерлік санасымен, ақылымен ұғады. Ұғады да, ұлтына, ұрпағына ұғындыруға, ескертуге тырысады.

«Жасқанамын, несіне жасырамын,
Жүрегімен ұғынған ғасыр әнін
Мен – Халықпын…
Жоғала жаздап барып,
Қайта туып, жалғаған асыл әнін.»

«Өкінбей ше? Ауыл,
қала – аш, ұры.
Өртім болды, дертім болды
ғасырым.
Келімсек пен келесаулар өлкемді
Сатпақшы ма саудаға сап
жасырын?»

«Жерде менің –
Тәңірім мен Тамырым.
Тамырымды үзе алмаймын!
Тәңірімді сата алмаймын!»

Бұдан артық қандай шындық керек?
Қазірдің өзінде «болдық-толдық» демей, ұрпақ болашағына қатты алаңдайды. Асан Абыздай күңірене толғайды.

«Өткенімде – өрт те көп,
өртең де көп,
Білем дәуір келеді ертең бөлек.
Көңіл күпті ойлардан…
Келер ғасыр
Ой, Сананы несімен
көркемдемек?!.

…Уайымым – осы, шын,
жасыра алман.
Тілім аман қалар ма бәсіре алған?
Дінім аман тұрар ма? Келер ұрпақ!
Сені қандай күтеді ғасыр алдан?»

Ақын тіл тағдырына
қатты алаңдайды.

«Бабадан қалған қазынам.
Ортайып қайда барады?»
«Бір заманда.
Уақыт зырлағанда.
Боз ай, басқа боз
ғалам жырлағанда
Сөйлермісің сен аман,
Тілім менің,
Жаратушы жанымды «ұрлағанда»,
– деп толғанады ата Нұрлан, ақсақал Нұрлан, Қайраткер, Тұлға Нұрлан, Ұлт­жанды Нұрла! Ол мінберлерден сөйлегенде де «бөтен сөзбен сөз арасын былғамайтын» қазақтың қара тілді шешені.
«Айту міндет –
шындықты көз көргесін
Жырлау парыз –
Тәңірім сөз бергесін.»
Ақын өлеңінен.

III. Ақын өлеңдеріндегі
адалдық пен ақиқат.
Нұрлан өлеңдерінен 3 түрлі адалдық көремін:

1. Арға адалдық;
2. Жырға адалдық;
3. Жарға адалдық.

1. Арға адалдық. «Өз кемем өрге жүзді, елде нем бар» демей, екінің бірі айта алмайтын шындықты – қоғам шындығын аймандай әшкере етеді. Бүгінгі қоғамдағы рухани және материалдық аштықтан қорқады. Біз де қорқамыз.

«Майдангерің айналды қайыршыға,
Көрер кезде қызығын жеңісінің.»
«Ақындардың көзінде азап-қайғы,
Азаюда қазақтың жыр ұғары.»

«Абайды ұғар қалды қазақ кемде-кем,
Заман туды сөйлесер тек теңгемен.»

Мына екі шумақ арқылы қоғамның күйкі портретін сызған да берген.

«Әкім мұңы – қалай жегу тертені,
Ақын мұңы – қалың қазақ ертеңі.
Пақыр мұңы – тірлік қамы, жанбағыс,
Батыр мұңы – ойды намыс өртеді.»

«Сатқын мұңы – көзіне қос көрінді,
Жаттың мұңы – елестетті төрімді.
Босқын мұңы – туған жердің түтіні,
Достың мұңы –
сөзден жұрты жерінді.»
Бір өтірігі бар ма? Тағы бір адалдығы – өзгені ғана емес, өзін-өзі аямай сынауы, өзіне де сын көзімен қарауы. Адам, пенде ретіндегі кейбір осалдығын, кейде «Ортаның ұлы, уақыттың құлы» болып кететіндігін еркекше
мойындайды.
«Қалыбына түсем бе деп ортаның,
Мен өзімнен өзім сұмдық қорқамын.»
Өзіне-өзі риза болмай, көңілі толмай, «не бітірдім, елге, қоғамға, өлеңге не бере алдым. Жалғасымның жанарына тік қарай аламын ба» деп қиналады. Өзін-өзі «жерлеп-жебірлеп» алады.

«Ұнайтындай не бітірдім мен осы?
Қайраңдап тұр ойларымның кемесі.
Есениннен үш жас үлкен жастамын,
Шоқанның да үш жас үлкен ағасы.»

«Көңілін тербететін айдағы арман,
Жүрегін тек махаббат жайлап алған.
Дос үшін отқа түсіп, су кешетін
Апыр-ай, асыл шағым қайда қалған?!»
– деп, «Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп аһ ұрған Абайша күңіренеді. Кейде «Жүргем жоқ жаттан бақ іздеп, қашпаймын бақтан бой ұрлап» деп пендешілігін мойындап, Лермонтовша баз кешеді.

«Бір бойымда екі адам тіреседі:
Біріншісі – өртеніп жыр еседі,
Екіншісі – жасырып өз сезімін,
Көп алдында кісімсіп сіреседі»,
– деген Нұрланға сыншы-ның не керегі бар. Сыншының аузы бармас шындықты өзі айтып отыр емес пе. Өзін-өзі аямай сойып салып қарап тұр ғой, жаным-ау. Кейде соның себебін де тапқандай болады:

«Арбаласың, байқамай алданасың,
Теңелгендей болады ханға басың.
Ең қиыны – жаңылып дос пен қастан,
Жағымпаздың жалбаңын
малданасың.»

Ал мына бір шумақтар ақынды ақтап тұрғандай. Жалғанды талақ етіп, жанын ұрып жас кеткен бауыры – ақынның мәңгі мұңы. Сол бауырының әруағына, сол арқылы күллі жас ұрпаққа сырын ашып, мұңын шағады. Кешу сұрағандай да болады.
«Аттандырып өмір көшін, ой көшін,
Кейде күліп, қайғырады кейде шын.
Әкім болып кейде айтады елге сын,
Ақын болып жоғалтады кейде есін.»
«Пері де емен, періште де емеспін.
Керегі жоқ әулие жасау менен»,
– деп, адам екенін, пенде екенін, ақын жүрегімен мойындайды. Осыншалық ақ жарылып айтқан ақиқатты Арға адалдық деп ұқтық. Солай екені рас та.

2. Жырға адалдық. Арға адалдық – адамдық, азаматтық сипат, ал жырға адалдық – ақындық сипат. «Ақындық – хақтың ісі» дейтін Нұрлан өлеңге соншалық бір ынтызар сезіммен, ғарыштық тазалықпен, киелі Хақ үніне мойынсұнғандай бас иеді. Ақындығын адамдық, азаматтық, ағалық, басшылық, қайраткерлік, тұлғалық, әкелік, жарлық-міндетінен де жоғары қояды.

«Еңку-еңку ессіз жыр
Күндерде де ессіз бір,
Жалғыз қалып өткелде,
Дос бұрылып кеткенде
Көмек сұрап Иемнен,
Демеу күтіп Киемнен
Тек өзіңе Сүйенгем!» – деп, Құдайдан соң сиынары өлең екенін жасырмайды.

«Беу, Құдірет, о баста сөз қалап ем,
Боз ат мініп өтейін боз даламен.
Маған егер қонғаның рас болса,
Оян, сілкін, кеудемде қозғал, Өлең.»

Нұрланда жыр киесі бар. Қазақ «Ой, оның Иесі бар» деп жатады ғой. Ие адамда емес, оның бойындағы қасиетте болады. «Мені де иектейді қара кісі» деп Мұқағали айтпақшы, Иесі иектегенде, өлең оның кеудесіне «аппақ құс болып кіреді», «айдынына аққу-ғалам боп қонады», «кеудесінде қызғыш құсы шырылдап», «айдан ақ нұр болып саулайды». «Қалғып жатқан қара орманы сілкінеді», «қыраты өлеңмен өртенеді.» «Өлең шаранасын тепкілеген сәбидей бұлқынып, жүректегі ыстығы жырға түседі». Міне, қайда жыр құдіреті! Бұл ақын ғана сезінетін, ақынға ғана бұйырар бақыт. Өлеңнің азабын да ақын арқалайды. Нұрланның да тағдыры жыр үшін жұлқысу, тіл үшін тартысу, өлең үшін өртке түсу. Сондықтан да ол:

«Өлең – менің Тағдырым.
Тағдырымнан
таландым деп безгенім жараса ма?»
«Ең ақырғы парағым –
жыртылғанша,
Сөзім үшін ақырғы күресемін»,
– дейді. Нұрлан өз жырына ғана емес, өзгенің жырына да адал. Кез келген ақынның, әсіресе, жас ша­ғында өзі әулиедей табынып, пір тұтқан ақын­дарына еліктемеуі мүм­кін емес. Солар­ша ойлап, солар­ша айтқысы келеді…
Нұрланда да өзі бала шағынан пір тұтқан 4 ақынға – Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағалиға – үндесу, үйлесуге ұмтылу бар. Бірақ үйлесуге, ұқсауға ұмтылу бір басқа да, тұтас дайын жолды көшіру бір басқа. Нұрлан одан аулақ. «Өзім болып-толдым» демейді.
«Ағаларша жазғанменен, бірақ та,
Ағаларға ұқсамауға тырыстық», –
дейді. Нұрландағы тағы бір адалдық – ұлылардан алған тұтас жолын немесе шумағын «міне, алдым» деп, тырнақшамен қоршап, ерекшелеп қояды. Бұл – ереже, бұлжымас заң. Орфографияның, пунктуацияның заңдылығы. Осы­ны көп қаламгер білмейді. Абай­дың өлеңінің бір жолын со қал­пында өз өлеңіне қосып алып, еш қысылмайды-ау шіркіндер. Бұл – қаламгер сауатсыздығы. Ал Нұрлан бұл жағынан өте сауатты, өте мәдениетті.
3. Жарға адалдық. Жарына адал азамат көп шығар, бірақ өмірбақи бір ғана әйелге (өз әйеліне) жыр арнап, өз әйеліне ғашық боп өткен ақын аз, Нұрлан сол аздың бірі. Жалпы Нұрланда әйел затына деген үлкен құрмет, сенім, аялау бар. Бұл мүмкін ақ күндікті әжесін Пір тұтып, анасын Әулие көргеннен болар. Әйтеуір Нұрланда әйелдің «балтырын, балағын, төсегін» түгін қоймай суреттеген бірде бір әдепсіз сөз, сумақай сезім жоқ. Тек әйелдің (оның өзінде өз әйелінің) өзіне құлай берілген адалдығын, қоламтадағы қоздай қызуы еш кемімес махаббатын, шыдам-төзімін, кешірімі мен кеңдігін, бүкіл тіршілік-тынысын – осы бір ғазиз жан екенін жазудан жалықпайды. Ақынның осы бір биязы тектілігіне риза боласың.
Әрине, қызды жазудың бәрі адалдықтан аттау емес. Кейде бір ақындық ерке тентектікпен, серілікпен жастық – сұлулыққа күнәсіз сұқтану болады. Мысалы, Мұқағалидың «Жалаңаяқ қыз» өлеңінде ешқандай нәпсілік сұғанақтық, еркектік құмарлық жоқ. Тек ақынның сұлулыққа сұқтануы ғана бар. Құйып тұрған жаңбырдың астында құлын мүшесі қоладан құйған мүсіндей айқындалып, еш секемсіз, қымсынусыз, еліктей ерке мүсін кетіп барады. Құйып тұрған жаңбыр астында еш бояусыз табиғи таза сұлулық кетіп барады. Қыз емес-ау, әркімнің де күнәдан пәк періште Жастығы кетіп барады. Оған қарамаудың өзі топастық болар еді. Оған қарамау үшін соқыр болу керек шығар. Бірақ бұл өлең – ластықтан таза, мөп-мөлдір… Нұрлан жарына ғана емес, күллі әйел затына адалдықтың көзімен қарап, адалдықтың сөзімен жыр жазған ақын. Мына өлең соның дәлелі:

«Сен – аспансың,
Мен – ғалам,
Ойлаймын да толғанам.
Сен – үмітсің,
Мен – сенім,
Іздеймін де қомданам.

Сен – сәуірсің, мамырмын,
Сен – сабақсың, тамырмын.
Бір бүтінбіз көктеген
Бұйрығымен Тәңірдің…»
Әйел қауымының атынан
«Алладан қайтсын»
деген алғысымды да айта кетейін.
«Алды – шуақ, өмірдің арты – бұлдыр,
Ғасыр көшіп барады арманы көп.»
Ақын өлеңінен.

IV. Ақын өлеңдеріндегі даналық пен пәлсафа.
Бұл өмірде, тіршілікте бір ұлт қана емес, күллі жұмырбасты пендені мойындатқан, ойласа – ақылы жетпес, болдырмауға – айласы жетпес, тоқтатуға – күші жетпес табиғаттың ұлы заңдылықтары бар емес пе. Бұл дегеніміз – құсқа мініп қусаң жетпейтін уақыт, алмасқан ғұмыр, дәуір, мезгіл, жалғасқан өмір-өлім, ақ пен қара, жақсылық-жамандықтың – кезек жығысқан мәңгілік ғарасат майданы. Айға ұшып, Шолпанға қонақтаса да, адамзат әлі ұшығына жете алмай отырған Ғалам шексіздігі, Уақыт мәңгілігі, Ғарыш шексіздігі. Тек даналық ой ғана бұлар туралы әлдебір болжамын жасап, батыл пікір тудырып кетеді. Нұрлан өлеңдерінде де саналы ой, салиқалы пікір, тіпті даналық түйін деуге болатын дидактикалық-философиялық иірімдер бар. Қай дәуір болмасын адамда адам өзі жеңе де алмайтын, мойындай да бермейтін бір осалдық болады екен:

«Біз өмірде күлеміз де жылаймыз,
Кейде пенде, кейде нағыз «Құдаймыз».
«Құдай» кезде ұмытамыз бәрін де,
Пенде кезде көлгірсиміз, құлаймыз.

Өтірік пе? Сіз де, мен де мұны іштей мойындап отырмыз. Бұл біздің ешкім білмейді деп жүрген «осалдығымыз» еді ғой. Қап, өзімізден өзіміз жасырармыз, бірақ Алладан және ақыннан жасыра алмайды екенсің. Сол секілді тіршілік дегеннің өзі кереғар екі нәрсенің мәңгі арпалысы екенін қалай дөп басады:
«Фәни-жалған опасыз
Күрсінгенмен жоқ пайда.»
«Адалдық пен
зұлымдығың – егесте,
Ар мен арсыз мәңгі-бақи
керісте.»
«Ақ пен қара алысуда жүректе,
Алысуда от пенен су – тіршілік.»

«Өмір өтіп барады» деп күрсінбейтін пенде жоқ. Бірақ осыны ақындар қалай айтады? Мысалы, Қадыр ақын:
«Алтынды – мыс, мысыңды –
темір етіп.
Орманды – ағаш, ағашты –
көмір етіп.
Қысыңды–жаз, жазыңды –
күз қуалап,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп», –
деп, өмірдің бұлтартпайтын қатал заңын, Қадыр Қадырлығына басып, еш бұлтақсыз, майдалаусыз, дәл, нақ, анық, айқын заттық айғақ-дәлелмен сарт еткізіп қарап тұр. Ал Тұмағаң шегірткенің де қанатын сындырғысы келмейтін Тұмағаңдық майтоңғысыз мейіріммен:

«Жаз өмірін, мәз өмірін қыс­қартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып», – дегенде, «Тәйірі, құстың ғұмыры ғой» деп жүріппіз. Ал Нұрлан ше? Нұрлан осыны әлдеқайда поэтикалық сөзімен, мөлдіреген сезіммен, тамшылаған мұңмен, нәзік емеурінмен білдіреді.

«Хан-Тәңірі…
Мұзым қалып барады.
Қарашада ізім қалып барады.
Айғайтастың аңыратып аспанын,
Қайтқан тырна күзімді алып барады», – дегенде ғана, «Құдай-ау, әрбір қайтқан құстың қанатында ғұмырымыздың бір бөлшегі кетіп бара жатады екен-ау» деп, селк еткендей, ес жиғандай боласың.
Жер беті зұлымдыққа толы. «Мал құлағы саңырау» дейтін адам ұятсыздығы шектен шықты.

«Кім айтады, кім береді жауабын,
Кім көтермек жердің
ұлы сауабын?
Естимісің, жұмыр
жердің тұрғыны,
Құдіреттің сауалын,
Құдіреттің зауалын!

– Құрлықтарды сілкіп жатыр ұлы күш…» – деген ескерту бізге ақын арқылы келіп жеткен Жаратушының өз үні секілді. Ал тап-таза филосо­фиялық түйін немесе ақылға толы афоризм деуге болатын мына Ішкі дауысқа – күнделік беттерінен алынған қанатты сөйлемдерге қараңыз:
«А, Құдай! Өнбес дауды қуып, көнбес жаумен алысқаннан сақта!
«А, Құдай! Қуанышыңның зәм­зәмін тең ішіп, қайғы-қасыретіңнің сын сағатын тең бөлісер адал досты қалай сұрасам, жеңгеніңді танып, жеңілгенін мойындар адал жауды да солай сұраймын!»
«А, Құдай! Өзің отырған үміт-бұтағын өз қолыңмен аралап, өзгенің күдік-бағын паналағаннан сақта!»
«Жаныңды жаралаған жаудың қолынан май жалағаннан сақта!» – дейді ойшыл-ақын.

Нұрлан адам-пендеге уақыттың опасыздығын ескерте отырып, оны түңілдірмейді, мәңгілікке үңілдіреді, жүгіндіреді:

«Анығын айтады әлі тарих өзі,
Ұмытпа!
Ғасырдан соң ғасыр барын.

Соғады сағат тілі мәңгілікке,
Ұмытпа!
Адамнан соң адам барын.

Мынау ұлы дүние тұтас бүтін,
Ұмытпа!
Ғаламнан соң ғалам барын.»

«Он сегіз мың ғаламың –
көз бен құлақ,
Ұмытпа! Құдай барын…
Ғарыш барын…»
«Жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі
Тамырына тығылып қаламұштың.»
Ақын өлеңінен.

V. Ақын өлеңдеріндегі
имандылық.
Ұлтжандылық секілді имандылық та ақынға талбесіктен беріліп, тәрбиесіне сіңген. Нұрлан соңғы төрт-бес жылда ғана мұсылман болып, мұсылмандықты кітаптан оқып, не уағыз тыңдап үйренген жоқ. Қаршадай кезінде-ақ Хаққа ұйып, бата-дұғаға ден қойып, әруаққа сиыныпты.
«Алған елден батам бар,
Бұйырса, түбі жыр шыңдар…» – дейді сеніммен.
«Қариясыз – өмір жетім.
Мұңайдым.
Жоқсың, ата… Кімнен бата сұраймын?!» – деп қиналады. Жалпы Нұрлан ақындығында Көкпен, Ғарышпен байланысты бір тылсым құпия бар секілді. Ақын өзі соған әбден ден қойған, оқырман да сенеді.
«Шабандозын жоғалтқан жүйріктейін,
Құлағыма келеді көктен бір үн.»
«Жүрегімде Жаратқанның ізгі үні.»
«Кеудеме көктен алыс құйылады үн.»
«Ақын болу – Хақтың ісі.»
«Жыр деген Кие – үні Құдайдың.»
«Қазақ болу, Алаш – болу өзімнен,
Ақын болу, Жаратушым, тек сенен», – деп, Алланың әділетіне, Тәңірдің таразысына, әруақтың аянына сенеді. Құдай дегеннің құр қалмайтынына, түбінде адал еңбек пен ар тазалығы екі дүниеде де қорған боларына сенеді, сендіреді.

«Асқанды да, тасқанды орнына әкеп,
Түбі бәрін Құдірет теңгереді», – дейді.
Дау бар ма?
«Жұлдыздарды отырмын жайылдырып.
Ойларымның иіріп өрісіне…»
Ақын өлеңінен.

Ақын өлеңдерінің көркемдік сипаты Сыншы үшін ең қызық та, ең қиын да – ақынның көркемдік дүниесін саралау. Себебі ақынның құдіреті де осында, кемшілігі де осында. Саралығы да осында, даралығы да осында. Ақынның көркемдік дүниесіне ендім дегенше, жан баспаған ну орманға, жазиралы өлкеге, қазыналы Қаратауға – ендім дей беріңіз. Сүлейменнің сиқырлы сарайына енгендей інжу-маржаны жарқ-жұрқ етіп, алмасы көзді суырып, лағылы жанарды жеп, «алайын анасын ба, мынасын ба» деп алақтаған күйге түсесің. Дәл қазір мен сондай күйдемін. «Мені қалай көрмейсің, мені қалай айтпай кетесің» деп қырық құбылған, жарқыл шашқан сұлу сөздер, соны тіркестер. «Бір сөз бір сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіреді» деп еді-ау Ғабит аға. Қалайда «кеудесінде аспан мен жер тілдесіп, жұлдыздарды иіріп жайылдырып, боз таулар мен боз даланы сөзбен сілкіп, боз ғаламның жүрегін қозғап, қою түннің жейдесін жыртып, қараңғылықтың езуін тіліп, теңіздейін қозғалып, толқындай құ­лап, қоламтадай қозданып, дауыл­дай жылап, он сегіз мың ғаламмен тілдесіп, алты құрлықпен арбасып» отырған ақын әлеміне кіру үшін батылдық та, білім де, кірпияз талғам да керек шығар-ау.
Сонымен ақынның көркемдік дүниесін 3 бағытта қарастырып көрейік:
1. Ешкімге ұқсамайтын ерекше қолданыстары;
2. Тілдегі қазақы құнар;
3. Формалық жаңалығы.

1. Ерекше тілдік қолданыстары. Фариза ақын да айтып кеткен екен. Нұрлан ақынның қатарластары өте мықты. Әрқайсысы бір-бір тау, әрқайсысы – бір-бір шың. Аламанда үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп қатар келетін қас жүйріктер тәрізді. Мұндайда қазақ «аттан аттың артығы – қарыс сүйем шабысы» деп бағалаған. Ал ақынды ақыннан артық ететін «қарыс сүйемі» ол – басқа ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын ерекше өрнегі, айшығы, бедері, нақышы. Нұрланда ол қасиет жетерлік. Тың теңеу, оқыс ой, сонар тіркес, сергек сөз мол.

«Көк белдер жаныма от берді.
Тырнаның үнінен жас тамды.»

«Аққу-ғалам көзін жасқа бұлады.»
«Жастығым барады ұшып.
Әуенінен Шопеннің тамады шық.»
Қаз-тырнаның, аққудың, бұлбұл­дың – әйтеуір бір натуралық заттың көзінен жас тамуы таңсық емес, көзі­міз үйренген суреттер ғой. Ал тыр­на­ның үнінен, ғаламның көзінен, Шо­пеннің күйінен жас таму! Ғажап қой.

«Саусағын созып таянды ой.»
Осы күнге дейін созылған саусақ десек, Абайдың:
«Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алысы», – деп, ойға оралатын. Ал бұл жерде саусағын созған ой.
«Ақ жаңбыр шайып аспанды
Бүк түсіп жатыр тастарым.»
Жұмбақтау контраст. Әдетте, ақ жаңбыр аспанды шайып өткенде, дүние тазарып, жаңарып, жайнап кетуші еді ғой. Осыған дейін осылай түсінетінбіз. Ақ жаңбыр десе болды, дүр сілкінген дүние келетін көз алдымызға. Бірақ тастар селт етпейді, бүк түскен қалпы. Табиғаттағы емес, қоғамдағы кереғарлық. Нұрландық мұң. Нұрландық тереңдік.

«Қабаржып көңіл – дария,
Қымтанып жатыр тау – дала.
Тоқсаннан асқан қария
Күрсініп отыр аулада.»

Адам мен табиғаттың әрі ұқсас­тығы, әрі кереғарлығы парал­лелизм әдісімен шебер берілген.

«Қазбауыр бұлттардың балағында
Таңдардың қабағында
Көктем көшіп келеді…»

Біз білетін ұғым бойынша көктем құстың қанатында, сәуірдің желімен, ақ нөсермен келсе керек еді. Бұлттың балағында, таңның қабағында келе жатқан көктемді көріп пе едіңіз?

«Сора-сора қайыңның самайынан.
Сорғалады, моншақтап төгілді жыр.»

«Арғымақ-ойлар андыздап,
Аспанның төсі жыртылар.»
«Жылқы-дәуір кісінеп,
Бұлқынады құлын-жыр.»

«Ғаламға тіл бітіріп тасқын өлең.
Жөңкілді ақ бұлттардың асты­менен.»
«Мұңсыздау ғасыр төрінен
Мұңайып өлең қарады.»
«Қондыра алсам жарар еді қағазға.
Көк аспаннан сорғалаған
құс үнін.»
Міне, ақын шабытты қайдан алады? Өлең қайдан келеді? Бақсақ, «арғымақ ойлар андыздай шапқанда, құлын-жыр кісінегенде, көк аспанның үлпершегі жыртылып, ғарыштан саулап үн құйылады екен. Қайыңның самайынан сора-сора боп ағып, көктің көзінен, бұлттың балағынан, құла қырдың қабағынан, құстың үнінен сорғалап ағады екен. Қайыңның жапырағынан жас болып тамады екен». О, Тәңірім, осынша сұлу сурет адамның көкірегіне қалай сияды? «Ақын болу – Хақтың ісі» деген рас-ау! Кейде маған ақын дегеніміз – Хақтың жердегі сәулесі, төрдегі үні сияқты.

«Көкірегім безілдеп.
Бір сұрапыл сезім кеп.
Қопарылды ойларым.
Қарығандай көзімді от.»

«Шоқ тигендей шыр айналды көзімде.»
Осындағы көзді от қару, шоқ тигендей көзде шыр айналу – екінің бірі елестете, сезіне алар құбылыс па? Елестетсе де дөп басар сөз тауып, суретке айналдыра ала ма? Ақын түгілі күллі адам баласының кеудесіне сияр сурет пе? Оқ тигендей, таяқ тигендей, отқа түскендей десе, оны көз емес, ұлы дене сезінеді. Ол түсінікті. Ал мына суретті, мына құбылысты мен түсіндіре алмаймын. Түсініп, сезініп отырмын, тек түсіндіріп бере алмаймын. Тек ұлы Абайдың:
– Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқы жас.
– Болады жылауға да, күлуге де,
Жүректің басына у төгілгендей, – деген ғасырлар бойы адамзатты тәнті етіп, құпиясын ашпай келген, тәкаппар тіркестеріне жүгінбесем. Үндесу. Ұлылыққа үндесу!

«Қара түннің қақ айырып езуін,
Тауға қарап ұлып-ұлып тынды үні.»

«Қаңтар ұлып бара жатыр аспанмен,
Қаңтарулы сезім ұлып жүректе.»
«Сәйгүлік-жел жарысып құба жонда,
Сандал тауды тепкілеп барады ұрып.»
«Қоңыраулы кездерді күмбірлетіп,
Омыраулы кездерім барады ұшып.»
Омыраулы кез. Жастықтың еш­кімге дес бермейтін өркөкірек асаулығын дөп басатын осыдан артық образды сөз бола ма? «Кеуделі» дегенді екінің бірі айтар еді.

«Келші құсым, ақ құсым,
келші бермен.
Базарыңды алып ұш, төңкеріліп.»
Егер, «тілегімді алып ұш, сағынышымды, сәлемімді, хатымды, сезімімді алып ұш» десе, кәнекей. Жоқ. Жастықтың базарын алып ұшу және төңкеріліп ұшу. Не деген соны сурет. «Дәл осы сурет, осы сөз менде де бар» деген ақын болса, айтсын.

«Төбесінен қарағайлы жыртықтың.»
Қалың қарағайлы орманның ашық алаңқайын жыртық деп атау кімнің ойына келген.

«Таң асылып Талдының қыз беліне,
Ән асылып тырналар тізбегіне.»
«Шағалалар көк аспанда
қарша ағып.»
«Көзіндей көктің ақты-айым.»
«Жорықтан соң көз ілген иықтасып.»
«Жабырқасам, жаралы жолбарыстай
Жиырылып, жүрегім бүктеледі.»

«Алауса көздің белгісіз
қайда кеткені?!»

«Көше бойлап кебісті күз келеді.»
«Тамырына тығылып қаламұштың.»
«Айбынымды уайым үңгіледі.»
«Айдынымды шағала қамшылады.»

«Жүрегімді жұлмалап мың жетім үн.»
«Тіршілігім – ыстығындай көмбенің.»
«Өртенді түннің ақ төсі.»
«Қара орман ойды жырақ
ұшқаны-ай,
Қараша таудың жылап ұшқаны-ай.»
«Ойларым бытысады бұрымдалмай.»
«Аспаннан өлең жонатын…»

Қарайықшы: таңның Талдының беліне, әннің тырнаның тізбегіне асылуы, шағалалардың қарша ағуы. Кейде бір орай да борай жауған қайшалысқан қарды елестетері рас. Жұлдыз ақты – таныс сурет, ал айдың ағуы қалай? Жүрек жұлқынса, дүрсілдесе, лүпілдесе, тіпті шошыса, таңданатын не бар. Ал Нұрлан жүрегі жаралы жолбарыстай жиырылып бүктеледі. Күздің небір түрін білгенмен, кебіс киген күзді көрмеппіз. Балауса жүзді көргенмен, алауса кезді көрмеппіз. Жүрекке, жанға, сезімге тығылған өлең болсын-ақ делік, қаламұштың тамырына тығылған өлең көрдіңіз бе? Көмбенің ыстығындай жыр көрдіңіз бе? Түннің төсі өртеніп, таудың жылап ұшқанын, өлеңді аспаннан жонып алғанды тағы бір жерде, бір ақыннан естідіңіз бе?
Ақынның топтамаларын түп қотарып оқуға санасы мен сауаты жеткенмен, қарымы мен қалтасы жетпей, тек газет-журналдан оқығанын қанағат ететін «қарапайым оқырман» деген бар. Солар үшін мына үзінділерді жаза кеткім келеді. Қуансын, сүйінсін. Тұрмыс деген тауқыметтің шаң-тозаңынан бір сәт болса да сілкініп тазарып, саф сұлулыққа, ғарыштық пәктікке ұмтылсын. Өлең деген айдынның тұнығынан жүзіп ішсін.
«Алатаудың қойнында аяз ұлып,
Ақ қайыңның бұтағы түршігеді.»
«Менің мөлдір кезімнің серіктері,
Қалқып ұшып қай
жаққа барасыңдар?»
«Түннің сусып етегі.
Көлбең-көлбең етеді.»

«Жанарымен арбасқан.
Жастығыма жармасқан.
Қаншық-сезім жүр қайдан,
Қара түнде қар басқан?»
«Дүниенің дір-дір етті қабағы
Сілкінді сөз қауызына сия алмай.»
Ақын өлеңдеріндегі көркемдегіш әдіс-тәсілдерге тоқталу, оны жазып түгесу мүмкін емес. Көркемдегіш әдіс-тәсілдерді қолданбайтын ақын жоқ, қолданбаса – ақын да емес. Өлең – өлең де емес. Тамақ істеп, тұзын ұмытып кеткендей жай ғой. Нұрлан ақында теңеу, эпитет, метафора, метонимияның небір жарқын бояулы түрлері, синекдоха, символизм, па­раллель мен контрастың қиыннан қиыстырылған түрлері өте көп… Көп болғандықтан да жаза алмаймын. Дегенмен поэзияда еркін иірімге келе бермейтін, қисыныңа да сия бермейтін бір әдістер болады. Сон­дай бір әдіс – синекдоха. Ахаң (Бай­тұрсынов) меңзеу деп ат қойып, қазақ қаламгерлеріне ұсынып кеткен әдіс.

«Алаулатып, жалаулатып, от үріп,
Ұлы қала сөйлеп жатыр көпіріп.
Әз Алатау тыңдайтындай күрсініп,
Түнгі көше күлетіндей өтірік.»
Немесе:
«Шайқақ – шайқақ етеді түлкі тымақ.»

Негізі көпірген де, от үрген де, күрсінген де, күлген де адамдар еді. Шайқақ-шайқақ етіп кетіп бара жатқан түлкі тымақ емес, иесі. Ал бірақ осы әрекеттерді адамға істетсе, түк те әсері болмас еді. Образды сурет алынбас еді.
Ақын біткенде көктем мен жаз жырланса, Нұрланда күз, қыс ерекше. Басқада – мамыр, маусым, Нұрланда – қараша, қазан. Басқада – ақ, көк, қара, жасыл түс, Нұрланда – боз түс. Ақын атаулы аппақ не көгілдір әлемге құмар. Ал Нұрлан боз ғаламға құштар. Неге екенін қайдам, Нұрлан стихиясы – боз әлем.

«Боз айым да бұлқына алмай кештегі,
Боз ойым да сілкіне алмай еш тегі,
Боздауын-ай, қарашада мына әннің…»

«Боз таулар мен
боз даланы саз тербеп,
Боз ғаламның жан жүрегін қозғады.»
«Бозбала мұң кезетіндей көшені,
Боздап үні өшеді.»

2. Қазақы құнар. Ахмет Бай­тұр­сынов ХХ ғасырдың басында қа­ламгерлерге «ескі сөзді байқап қол­даныңдар» деп ескерткен екен. Ал ХХІ ғасырдың басында, керісінше, «жаңа сөзді байқап қолданыңдар» деуге тура келетін шығар.
Қазіргі тіл көрік пен келбеттен, терең мағынадан жұрдай күлдібадам – сайқымазақ жаргондар тіліне айналды. Тіпті ауызекі сөйлеуді былай қояйық, телеарналар мен кино тілінің өзі қысқа-қысқа, дүңк-дүңк, келеңсіз диалог. «Басың істей ме, құлаққа теппеші. Келесіңіз бе, бара жатырғанда, сөйлеп жатырғанда, өзің ғой бастаған, бастамаш, иә, саған». Сонан соң кино қалай қызық болсын, кітап қалай оқылсын. «Сенің иісің-ай, созылған кірпігің-ай, сен де қарсы болмадың ғой сол кезде, күндер-ай шайқаған, сені көріп құмарым қанды, мен сені тастап кеттім, звондама», – деп шатылып өлең жазып ақындар тұрса. Жаңа сөзден қашыңдар! – демегенде не дейміз?
Жақсы қаламгерде көне сөз көп болады. Себебі тілдің нәрі, сөлі, шырыны, сүмесі көне сөзде. Мен бұл жерде архаизм мен историзмді айтып тұрғаным жоқ. Ахаңның қаш дегені осылар ғой. Менің айтып тұрғаным – ұлттық бояуы қанық таза қазақы сөздер. Бұған ең алдымен мақал-мәтелдер, идиомалар мен фразаелогизмдер, афоризмдер, көп мағыналы сөздер мен реңктес сино­нимдер, тіпті табу мен эвфемизмдер де жатады. Нұрланның сөздік қоры өте бай, әрі ұлттық бояуға мол. Алты кітабында сегіз жүзге тарта этносөздер, жүзге тарта тұрақты тіркес, отыз шақты мақал-мәтел бар. Ал Нұрланның өзі ғана қолданып жүрген мынандай сөздері бар: сөтілу, жүректі жұлмалау, жүректі жұлқылау, жүректі сілкілеу, көк шайпау, алты әлем, алты құрлық, салқию, қалыпшы, айғайшы, бұ­рым­далу, бытысу, ар-қабақ, да­лию, егейді (ойымды, миымды), үңгілеу, жалғас (ұрпақ), құндақ – (бесік), сүгірет, дүниенің артын көру, құмай, дабырама, қобырама, қылиды, онсан, қынап, қайып-берен, айқару, қаламұш, қазына түн, жабырқану, қабаржу, шыбын-ғалам, алауса, келесау, апас-қапас, шайқақ-шайқақ. Бұл жерде кейбір сөздер бұрыннан болғанмен, Нұрландық контексте мүлде басқа мағынада қолданылады. Мысалы, қолданыстан шыққанына жарты ғасыр өтсе де, қаламұш сөзі ақында ерекше беделге ие. Көне сөздің қасиеті мен құнарын меңгерген бір ақын болса, Нұрландай-ақ болсын. Бір ғана мысал «күнәлі ой мен кінәсіз түнді жылатып» деген бір жолы бар. Осындағы күнә мен кінәнің екі басқа екенін, бірін-бірі алмастыра алмайтынын «жаңа қазақ» біле ме?
«Шұнақ қайғы, шұнақ мұң.»
Осындағы шұнақ сөзі де Нұрланның көне әдебиетті көп оқыған білімдарлығын, көнеқұлақты қариядай сұңғылалығын көрсетеді. Шұнақтың тура мағынасы – құлағы жоқ. Саққұлақ биге айтыпты делінетін бір сөз бар ғой. «Құлағы жоқ – шұнақ би, құйрығы жоқ – шолақ би» деп. Ал ауыс мағынасы – ерке, қылығы тәтті дегенді білдірсе керек. Өйткені «Абай жолында» Мұхаң айдың қырық құбылған сәтін «Дәл бір қылығы тәтті қу шұнақ ерке баладай» деп суреттейді. Ал қазақта жаны күйзелгенде «О, шұнақ құдай» деп те жатады. Нұрланның «шұнағы» екеуіне де келіп тұр. Келесі сөз – құмай сөзі. Нұрлан: – Аспанымды құмайым тілгіледі, – дейді. Бұл қалай? Құмай деген тазы ит екені, ал иттің аспанға ұша алмайтыны бар қазаққа мәлім ғой. Бірақ Махамбет те «Құстан туған құмаймын» дейді ғой. Көне бір аңыз бар. «Ілуде бір кезде ғана сарала қаздың бір жұмыртқасынан құмай – тазы шығады. Ол өте сирек текті тұқым болады» деген. Қалайда құс пен құмайдың арасында бір байланыс барын да білген және оны өз стиліне сіңірген де Нұрлан ақын. Кей шумақтарынан баба-қазақтың ерлік-дастанының иісі аңқып тұратыны да көне әдебиетті көп білетіндігінен.
«Иықтасып келгенде,
Күйіп тасар көмей бер…»
«Ерегесіп келгенде,
Қасарысу – ерге сын»,
– дегені Доспамбет бабаның:
«Тепсінісіп келгенде,
Тебінгінің астынан
Ала балта суырып»,
– дегенін елестетпей ме. Әр ақынның өз жеке стилі, жеке сөздік қоры бар. Нұрланның сол әлемі сұлу, жатық, әрлі де нәрлі. Тілің тасырқамайды, сезімің тітіркенбейді…

3. Формалық жаңалық немесе өлең техникасы. Бұл дегеніміз – ұйқас, буын, бунақ, шумақ, тармақ дейтін детальдар. Нұрланның техникасы қандай? Нұрланда ежелгі классикалық түрлердің бәрі бар. Яғни, 11-12 буынды қара өлең ұйқасы, 7-8 буынды жыр үлгісі, ұйқастан – қара өлең, жыр үлгісі, егіз ұйқас, шалыс ұйқас, аралас ұйқас, айнымалы және шұбыртпалы ұйқас бар. Жаңалығы бар ма? Жалғыз Нұрлан емес, қазіргі ақындарда өлең әлеміне әкелген жаңалық, форма, түр көп. Ұйқастың баста да келуі, әр бунақтың ұйқасуы, сөздердің орнын қанша өзгертсе де, бәрібір жаңа шумақ шығуы, сөздер қанша «секірсе де, билесе де» мағына бұзылмауы. Бұл жақсылық шығыр. Баяғыдағы үлгімен қатып қал деп кім айтар. Тек қалай түрлесе де, көркемдік кемімесе, тіл заңдылығы
өрескел бұзылмаса болды.
Бірақ жаңа форма тудырғанның жөні осы екен деп, қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық заңын өрескел бұзуға болмайды. Бір тіркесті бір жол десе жарайды ғой. Бір сөзді бір жол етіп алудың өзіне үрке қарап жүргенде, одағайды, шылауды, жалғауды бір жол етіп алатын «форма» шықты ғой. Ау, ағайындар-ау, бәрің лингвист-ғалым болмасаңдар да, мектепте оқыдыңдар ғой. Одағай, жалғау, шылау өз алдына жеке тұрып, сөйлем түгіл сөз бола алмайды. Себебі, сұраққа жауап бере алмайды, өз алдына толық мағына бере алмайды.

Мысалы, Абай:

– Бойы – бұлғаң – а
Сөзі – жылмаң – а
Кімді көрсем мен сонан – б, – десе, бұл – жаңа түр (форма). Себебі – «бойы-бұлғаң» өз алдына жеке сөйлем. Жалаң сөйлем. Мұқағали:
– Шелек алған – а
Суға барған – а
Сұлуымды сағындым – б, – десе, бұл да жаңа форма. Себебі «шелек алған» сөйлем болмаса да, тіркес, белгілі дәрежеде мағынасы бар. Ұлықбек:

– Сүйіп қандым – а
Тұйықтандым – а
Ұйып қандым – а
Сырыңа – б, – десе, бұл да жаңа форма. Бұл үшеуін жаңа форма деуге 4 түрлі дәлел бар. 1-ден, жалғыз сөз емес. 2-ден, ұйқас бар. 3-ден, аяқталған, тиянақты ой бар. 4-ден, ұласпалы интонация жоқ. Сол секілді Нұрланның:

«Қариясыз өмір – жетім.
Мұңайдым.
Жоқсың, ата, кімнен бата сұраймын?»

Мұңайдым – дегені де жаңа форма. Осы жерде «Егер бір сөз жеке тұрып бір жол бола алмаса, «мұңайдым» неге жеке жол болып тұр?» деген дауласушы болуы мүмкін. Бұл жердегі «мұңайдым» сөз емес, сөйлем. Қазақ тілінде оны жақсыз сөйлем дейді. Сол секілді жалғыз атаулы сөйлем болғанда өз алдына жеке жол бола алады. Бұл жағынан да Нұрлан ақынның сауаттылығы көрініп тұр. Кез келген жолды әр жерден бөліп, шашып тастағанмен, жаңа түр тумайды. Малды да сойғанда буынсыз жерден жіліктей алмаймыз. Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерінде қысқа егіз тармақ екеу болса, Ұлықбекте үшеу, ал Нұрланда төртеу.
«Сарала күзім.
Сарала құстар.
Сабыр етіңдерші
Қала көрмесін
Сарала сезім таңдайда.»

Міне, жаңа форма деген осы. Ал мынаған не дейсіз? Кәдімгі 11 буынды қара өлең ұйқасын қалаған жерінен үзіп, ортасына 7-8 буынды жыр ұйқасын кіргізіп жібергенде, не грамматикалық, не лексикалық ақау білінбей жымдаса кетеді. Бұл әдістің шебері Жұмекен еді, Нұрлан осыны меңгерген. Қараңыз, 2 тармақтан соң кіргізу:

«Қара ормандар құшағын
жайғандай боп.
Шақырады шұғыла
шайғандай боп.
Жүрегім қызынғандай,
Сеңдерім бұзылғандай,
Тауларым сілкінгендей,
Мұздауыт сеңгірлердің
Тұяғы тайғандай боп,
Дүние тыржалаңаш
аймандай боп…»

Егер ортадағы 5 қысқа тармақты алып тастасақ та, өлең 3 тармақ түріндегі өлең болып тағы да өзінше бір форма болып қала береді. Бірақ ақын мағынаны қоюлатып, әсерді күшейту үшін, үдемелі градация әдісін шебер пайдаланып, тілден көп басыңқылы салалас құрмалас түрін пайдаланып, өте әсерлі жаңа түр тудырған.
Сіз бұрын-соңды тек баянда­уыштан тұрған өлең көріп пе едіңіз? Қараңыз, ғажап емес пе.
«Қайыңсың – еменмін.
Бұйдасың – көгенмін.
Жауынсың – дауылмын.
Аспансың – ғаламмын.
Үмітсің – сеніммін.
Сәуірсің – мамырмын.
Сабақсың – тамырмын.
Жазықсың – биікпін…»

Сол секілді 4 буын мен 7 буынның араласы:
– Өлген – үнсіз – 4
Кімге барып үгілем? – 7
Пенде – мұңсыз – 4
Кімге барып жүгінем? – 7

Керісінше:

Тағдыр. Талықсып дала – шың – 8
Тұнды құлағым – 5
Жөңкіліп қайда барасың – 8
Асау бұлағым? – 5

Нұрланда ұйқастың барлық түрі бар. Әсіресе айнымалы, («Хали-Гали», «Менің жиырма жасым келеді») шұбыртпалы ұйқас өте көркем берілген. Бәріңізге белгілі, біз қалайық, қаламайық, қазір рэп деген жанр шықты. Рэп – шілер жұлдыз болып шетелге танылып жатыр. Бірақ, сол рэп-шілер не айтып жүр? Айналып келіп осыдан екі ғасыр бұрын айтылған Махамбеттің «Өздеріңдей хандардың, қарны жуан билердің басын кессем» деп едім деп, экраннан зіркілдейді де тұрады. Ау, айналайындар-ау, Махамбет айтса, заман тудырған себебі болды. Ал қазіргі заманда көрінген шиборбайдың сахнадан «ханның басын кессем» деп тұрғаны қандай әдеп, қандай әдетке жатады? Мұны көрген жас буын рэп айту үшін алдымен ханның басын кесу керек екен деп ойламай ма? Қандай тәрбие бұл? РЭП-шілердің продюсері неге қазіргі ақындардан іздемейді, шіркін-ау.
Мысалы, Нұрланның мына өлеңі дайын рэп қой.

«Аңсаған елге шуақ бер
Шаршаған елге қуат бер
Сағымдай көшкен дүние
Сағынышымды уат, кел.
Аламан дәуір демей гөр.
Алысқа жетер көмей бер.
Алты алашымды жебей гөр.
Жебей гөр, Тәңірім, жебей гөр!»

Қазіргі ақсақалдарға бата бер десең, тост айтып тұрып алады. Ал Нұрланның мына өлеңі бір қаралық бата емес пе.
«Сақта, Құдай!
Сақтай гөр, бұзылудан,
орынсыз қызығудан,
еліктеу, солықтаудан,
санадан сызылудан;
жалығу, тарығудан,
зарығу, қарығудан,
сыртынан жүндеп, күндеп,
сайтансып арылудан;
кесепат, кесіріңнен,
орынсыз есіруден,
ордасын ойрандап ап,
кешуден,
кешіруден…
Тарыну, тарылудан,
сарғаю, сарылудан,
бүтінім бөлшектеніп,
сақтай гөр!
Жарылудан!
Сақта, Құдай!»
2016 жыл.

Пікір қалдыру