Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ. МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Дүрілдеп өтіп жатқан тойдан ақырын сытылып, сыртқа шығып кеттім. Дүбірлеген зал іші қапырық, у да шу музыка, кезек-кезек топ-тобымен шығып жаттанды сөздерді сағызша созып сөйлеушілер – ығыр ғып жіберді.
Шөп біткен қурайланып, шілденің піскен шағы. Мейрамхананың алдында ары-бері жүргіштеп, тау жақтан ескен самалға кеудемді тостым. Арырақтағы ағаштар саясына қарай бара жатқанымда:
– Аға, ағатай! – деген дауысты естіп, тұрып қалдым. Қасыма жазғы шифон жеңсіз көйлек киген толықша әйел ентіге келіп:
– Аға, мені танымадыңыз ба? – деді бірден.
– Қарағым, шырамытатын сияқтымын.
Үңіле қарадым, шамның күңгірт жарығынан дөңгелек жүзді, шашын түйген бұл пысық жанды қайдан көрдім.
– Аға, ағатай. Ұмытып қалғансыз ба? Баяғы Қопа станциясындағы тәттіңіз ше?
Сылқ-сылқ күліп жібергенде есіме сап ете түсті.
– Иә… иә… Айсұлу.
– Дәл өзімін. Бағана тойда сіз сөйлегенде жүрегім тарсылдап кетті. Түк өзгермеген, әсіресе дауысыңыз… – деп бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды. Сыңғыр-сыңғыр күлкісі-ай, дәл баяғыдай.
– Қарағым-ай! Тәттім менің… Айсұлу анық сенбісің? Одан бері қаншама уақыт өтті десеңші?..
– Тура отыз жыл өтті ғой. Онда мен он тоғызда, сіз отыз сегізде болатынсыз. Менен екі есе үлкен едіңіз. Ағажан, сізге сәлем берейін деп әдейі байқатпай шығып кеттім, күйеуім анда, әлі күнге дейін қызғаншақ. Аға, сіз екеуміздің суретіміз бар менде. Альбомымда жапсырылып тұр. Есіңізде ме, орыс фототілшіңіз келіп, қырманда түсіріп, шығарып беріп еді ғой.
– Қазір қайдасың, қарағым?..
– Мектеп директорымын, мен мұғаліммін ғой. Аға, қайтайын, күйеуім алақтап іздеп жатқан болар. Қызғаншақ тіпті.
– Мә – визиткамды ала ғой. Хабарлас.
Ол бетімнен тағы сүйіп алды да, екі қолымен қапсыра құшақтап:
– Тәттім менің! – деп сыңқ-сыңқ күліп, жүгіре басып кетіп қалды.
Қалың ағаш көлеңкесінде состиып тұрып қалдым.
«Тәттім менің!»… Айсұлу! Қайран, «Тәттім менің?!».
* * *
Онда мен газеттің білдей редакторымын. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары шақырып алып, зіркілдей зілдене тапсырма берді. Қалың түкті қабағы ашылмайтын, ақ кірген шашын артқа қайырып тарап қоятын жуан қара кісі көзілдірігін бір киіп, бір шешіп сұстана:
– Анау астық қабылдау пунктінде ұрлық-қарлық көп дейді. Егін орағы күйіп тұр. Он бес күн сонда өкіл болып барасың. Бір дән шашылмауы керек, партбилетпен жауап бересің. Түсіндің бе? – деді алдында жауынгердей сымдай тартылып тұрған маған.
– Түсіндім, Болат Ақжанович!
– Бүгін бар қане!..
Қопа станциясында үлкен элеватор бар, ауданның бүкіл орып жатқан егінінің астығын осында тасиды.
Аспан айналып жерге түсердей лапылдаған шілденің аптабында амал жоқ, жүз шақырымнан артық жол жүріп Қопа станциясына жеттім-ау. Бұл ара – тоғыз жолдың торабы, гүжілдеп, ысқырып-пысқырып поездар өтеді, қара жолдың шаңын бұрқыратып нән-нән машиналардың бірі келіп, бірі кетіп жатады.
Астық қабылдау пункті – элеватор, автобазасы, үш бастырмалы қырман, төрт автотаразы, жатақхана, асханасы бар үлкен мекеме. Осының бәрінің директоры бұрыннан танитын жасы келген буырыл мұртты жамағайын ағайым мені көріп қуанып қалды.
– Болат Ақжанович айтты сен өкіл болып келеді деп. Биыл егіннің тұнып бітік шыққаны-ай! Бес жыл бұрын жеті миллион пұт жинап едік, биыл аудан он миллионға жетейін деп тұр. Жүр саған бөлек жай тыныш жерден дайындап қойдым, – деп бурыл мұртын сипап жатын орнымды көрсетті. – Бұл аудан, облыс басшылары келсе тынығатын жер еді, сенен інім несін аяйын, өзің демал, ішінде бәрі бар. Тамағыңды осында әкеп беретін болады – деп бастық ағам шаруасына асықты.
Поезд жолдың астыңғы беті жусанды сағымы буған дала, ары қарай жел суырған, күн шыжғырған сексеуілді құмды өңір. Ал, тау жақ беті түгел егістік, қазір сары алтындай толқып, шалқып ұшы-қиырына көз жетпейді. Тың көтеру деген Хрущевтің ұранымен бұрын мал жайылымы болып келген алып алқапқа соқа түсіріп, айдап тастапты. Төрт-бес жылда ғана бір өнім береді, ал қалған уақытта аңызаққа күйіп, қу сабағы сорайып, комбаин түсіруге де жарамай қалады.
Биыл егін ырғын, елдің бәрі көңілді, алашапқын. Жуынып, шайынып болып, далаға шығайын дегенімде есік тықылдады.
– Кіріңіз!
– Сәлеметсіз бе, ағай! – деп жасы қырықтан асқан кең-мол жеңіл көйлек киген толық әйел мен оның артына жасырына үлбіреген қыз кіріп келді.
– Мә-ә, ағай деппін ғой, менен де кіші жап-жас екенсіз ғой. Сізге түскі ас әкелдім. Мен осында аспазбын, әрі таразыда істеймін. Осында тұрамыз. Үлгере алмай жатсам мына қызым Айсұлу әкеп беріп тұрады, – деп әйел стол үстіне ақ орамал жайып, тамақтарын қоя бастады.
– Атым Назымбек, отыз сегіздемін – дедім жас дегеніне намыстанып.
– Нәке, асыңыз тәтті болсын! Егер бірдеңелер керек болып жатса ертерек айтып қойыңыз, бәрін әзірлеп береміз – деп толық әйел қызын ертіп шығып кетті. Астық қабылдау пункітін түс ауа аралап шықтым. Егін басынан тізіліп нән-нән машиналар келіп, қырманға қорабындағы астықты сауылдатып төгіп, қайта қара жолды шаңдатып сары жалданған егін алқабына тартады.
Қырманда тау-тау үйілген қызыл бидай. Арпа ертерек орылып, тазартылып, қамбаға құйылып алыныпты.
Бәрін аралап, аяңдап оралғанымша кеш болды. Даладағы душқа түсіп келе жатынжайыма кірсем бағанағы шешесінің артына жасырынған еліктің құралайындай қыз күтіп тұр.
– Аға, тамақ әкелдім – деді көзін жарқ еткізе бір қарап.
– Айсұлу, қазір киінейін, – деп жалаңаш кейіпімнен қысылып, төр бөлмемнен жейде, сымымды киіп шықтым.
– Мұнда тым ыстық екен, – дедім.
– Шілде кірді ғой, бүгін 41 градус болып тұр.
– Дала жанып тұр, бәсе! Қалай шыдайсыңдар?
– Күніне екі-үш мәрте суға түсіп аламыз, тіпті үйреніп кеттік, осы жерде туып-өстік…
– Мен ана тауда, салқын самал төскейде туған жанмын. Айсұлу не істейсің мұнда?
– Таразшымын. Келіп көресіз бе? – деп тәтті жымиды.
– Ертең барамын. Айтпақшы мынау менің кітабым – деп сиырдың тіліндей жұп-жұқа жаңа шыққан әңгімелер жинағымды бердім.
– Ой, рахмет ағай. Сіздің әнеукүнгі газетке шыққан «Қос ғашық» деген әңгімеңізді оқығам. Тек бітпей қалған секілді, соңында не болатыны түсініксіз қалыпты.
– Әдейі солай істедім. Оқырман да ойлануы керек.
– Жақсы ағай, – деп ыдыс-аяғын жинастырып, берген кітабымды алып, қыз шығып кетті. Электр жарығын жақпай кешкі қараңғылықта біраз отырып, далаға шықтым.
Егінші қауым түні бойы да тыным таппайды, қаздай тізіліп бес-алты комбаин шамдарын жағып алып, теңізде жүзген қайықтай алыста егін орып жүр. Гүж-гүж еткен ауыр, үлкен машиналар легі де тоқтар емес. Бүкіл станция, элеватор, астық қабылдайтын жердің бәрі самаладай жап-жарық.
Төменгі құм өңірінен ыстық леп соғады, дала әлі лапылдап тұр.
Қайта бөлмеме кіріп салқындатқыш кондицонерді қосып, телевизор көріп жатып, ұйықтап кетіппін.
Ертесіне сергек тұрдым да, егін басына тарттым. Бұл «Жартасты» совхозында өмірі шықпаған астық ырғын өсіп, төрт бөлімшесін аралап шыққанша аптап күйіп тұрған күн де батыс иекті түгел қызыл жалындатып, саңы әзер семді.
Іңірде станцияға келіп, суға түсіп салқындап шыққанмын.
– Бүгін қырғыз артистері келіпті, қазір концерт қоймақшы, соған жүр, қарағым, – деп пункт бастығы арнайы шақырды.
Дала қосында сүргіленген сәкілерге отырып, біразы қара жерге малдас құрып, даладағы сахнадан концерт көрдік.
Айсұлу шешесі, өзінен айнымайтын сіңлісі үшеуі келіп, бір бүйірдегі жерге жайғасты. Өздері кішкентай орындықтарын ала келіпті.
Комбайыншы, шофер, қырманшы қыз-келіншектер топ тобымен келді.
Жігіттер дабырласып темекісін тартып тұрса, орамалдарын шешіп, шаштарын тарап сәндене қалған бойжеткендер сылқ-сылқ күлісіп, бір-біріне тығыла түсіп, жан-жақтарына ұрлана көз салады. Ауыл шаруашылығы институтының студенттері лаборант қырманшы болып бөлек жатақханаларда жатады, күндіз күнге тотыққан жүздерін орамалдарымен тұмшалай байлап алған олар құлпырып кетіпті.
Алдыңғы қатардағы екі арқалы орындыққа бурыл мұрт пункт бастығы екеуміз жайғастық.
Шіркін, даладағы шырқалған әндер қандай? Әсіресе гармонын кере тартып қырғыздың жаныңды үзілдіріп, тебірентіп, телегей-теңіз сезімге шым батырып әкететін әндері қандай десеңізші! Сыңқ-сыңқ етіп қара қомуузын тартып-тартып келіп, жапан түзді жаңғырта айтқан сазды әуенді бірінен кейін бірі төкпелеп, ынтықтыра айтып, әп-сәтте баурап алды. Жиналған жұрт дымдарын шығармай тыңдап, әр әншіге дүрілдете қол соқты.
Концерт біткенде бурыл мұртты бастық сахнаға шығып, рахметін айтып:
– Енді жазушы, ауданымыздың өкілі Назымбек Қалиевке сөз береміз, – дегені:
– Алатаудың күнгей теріскейін тел емген түйенің қос өркешіндей қазақ-қырғыз ешқашан еншісі бөлінбеген бауырлармыз. Манастай алып батыр ұрпағы өнерпаздарының шырқаған әндері бойымды балқытып, шымырлатып, жанымды жадыратты. Өнерлеріңіз өрге жүзсін! Өмірде де, өнерде де биіктен көріне беріңіздер, – дегенімде бәрі тік тұрып, қол соқты. Анадай жерде шам жарығына жанары жарқылдап, аппақ тістерін көрсете күліп Айсұлу шешесі екеуі алақандарын аямай шапалақтап тұрғанын көзім шалды.
Студент қыздар да кете қоймай шоғырланып, маған тақап:
– Жазушы ағай, кітабыңызды бересіз бе?
– Не жөнінде жазасыз?
– Махаббат туралы жазғаныңыз бар ма? – деп сұрақтарды төпелеп қоя жөнелді.
– Бұл Назымбек Қалиев деген ағаларың өте мықты жазушы. Біздегі кітапханаға кеше кітабын беріп қойған, содан алып оқыңдар. Бүгін таң қараңғысынан кейін сонау Буырлы, Жартастыға дейін аралап жаңа ғана келді. Ағаларың осында болады ғой. Қазір демалсын, – деп бурыл мұрт бастық мені қоршай алып, сыңғырлаған қыздардың арасынан суырып алып шықты.
Шешесінің қолтығында анандай жерде Айсұлу артына маған бұрылып қарай-қарай кетіп бара жатты.
Райсполкомның іркілдеген сары орыс төрағасы келіп, онымен бірге ауданды аралап екі-үш күн жүріп қайттық.
Сол күні буырыл мұрт бастық үйіне шақырды. Қасқаланған қойдың басын тартты, райсполком төрағасы арақтан тартынбайды, құдық секілді қанша ішсе де мас болмай, быршып терлеп, қызара бөртіп отыра беретін дөңбектей ірі жан. Оны шығарып салған соң, бас инженер арық көзілдірікті бұжыр бет қатпа қара кісі қонаққа шақырып тұр.
– Аға, әуре болмаңызшы. Мен кешке қағаз жазатын едім.
– Дәстүр солай қарағым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген қазақпыз.
– Ықылас-пейіліңізге рахмет, аға, – деп әзер сұранып қалдым.
Буырыл мұрт бастық ағам бөлмеме келіп:
– Қарағым, күнде қолға түсе бермейтін аудан басшысының бірісің. Бірі ғана емес бірегей жазушысың. Осындағы белсенді аға-інілерің кезекпен төрлерін көрсетіп, қонақ қылмақ еді. Бармаймын депсің ғой.
– Сіздерге рахмет. Маған асхананың дәмді асынан артық ештеңе керегі жоқ. Интернат, әскер, студент кезіміздегі көпшілік тамағын сағынамын шынымды айтсам. Түнге қарай жазуым бар, айып етпеңіздер, – деп жұқалап айтып түсіндірдім-ау.
Қырманды аралап үстіне қызыл жалау ілген үйдегі таразы тұрған жерге Айсұлуды әдейі іздеп бардым. Басына жеңіл орамал тағып алған қыз таразыда тұрған машинадағы астықты есептеп, дәптеріне тәптіштеп жазып жатыр.
– Ағажан, көрінбей кеттіңіз ғой, – деді көзіне түсіріле байланған орамалын шешіп алып.
– Ауданның егіншілерін аралап қайттық.
– Қайдам, студент қыздарды концерттен кейін сықылықтатып мәз қы­лып, көп тұрып алдыңыз ғой. Олар бірінен кейін бірі сізді сыртыңыздан сұрай беретін болды. Кітапханадан кітабыңызды алып, жапатармағай оқып жатыр.
– Саған жеке бердім ғой.
– Оқыдым. Сол түні-ақ оқып тастадым.
– Қалай екен?..
– Қыздарға, жалпы әйелге өте қатал қарайды екенсіз. Оларды аямай, кілең бір жаман жүректі, бұзылғандарын кейіпкер етіп алып, сүмірейтіп жібересіз. Сонша неге жек көресіз?
– А, солай ма? Жоқ, жақсы көремін.
– Ана студент қыздарды ма? Солардың жатын жайына барып, қай бойжеткенді таңдадыңыз?
– Айсұлужан, сен қызғанып тұрсың ғой. Менің міндетім ғой, аралап көру, тексеру. Осы арада сенен әдемі, сенен көркем қыз жоқ.
– Шын айтасыз ба?
– Шын сөзім. Міне, әдейі сені іздеп келдім.
Аядай ғана таразышылардың бөлмесінде екеуміз ғана. Әйнектенген терезе ар жағында таразыға машиналардың бірі келіп, бірі кетіп жатыр.
Бұның өкпелегені қандай әдемі. Кәмпитке ренжіген сәбидей қабағы ашылмаған қыз күліп жіберді.
– Айсұлу, тергеп жантерімді шығардың ғой.
– Мә, алыңыз Назымбек ағай, – деп сөмкесінен беторамал шығарып ұсынды. Борша-борша қапырықтан терлеп, әтір иісі бұрқыраған орамалымен сүртіне бастадым.
– Бері еңкейші қарағым, – деп бетінен шөп еткізіп сүйіп алдым.
– Не үшін ағай? – деп қызара жөнелген қыз жанарын жарқ еткізді.
– Орамалың үшін… Ал, мынау сені қызғанғаның үшін – деп екінші бетінен және сүйдім.
– Назымбек ағай, Сіз де сондай ма едіңіз?
– Қандай?
– Осындай. Мына отыз студент қыздардың қаншасын сүйдіңіз өстіп?
– Өй, қой жаным. Ешқайсысына тіпті жолағам жоқ, қарағым.
– Қайдам, ағай. Ақын-жазушылар сондай жеңілтек деп жатады ғой.
– Тек саған ғана еркелегім, әзілдесіп, сөйлескім келіп тұрады.
– Сіз ізім-қайым көрінбей кеткеніңізге орай ойлағаным ғой.
– Мына орамалды кірлетіп тастадым, өзім тершең едім, мына шаң-­то­пы­рақта тіпті шыдар емеспін. Поездардың, шойын жолдың иісі қандай.
– Менің туып-өскен жерім осы станция. Бәріне үйренгеміз ағай, мән бермейміз.
– Біздің ауыл таудың саясында, бұлақтың жағасында көкорай шалғын, бау-бақшалы рахатстан жеріненмін.
– Әркімнің туған жері – жұмақ емес пе ағай…
– Айсұлу шешен сөйлейді екенсің.
– Мен болашақ филологпын ғой, ЖенПИ-дің екінші курсын бітірдім.
– Әп, бәсе? Сенімен жақсылап әңгімелесуім керек екен.
– Кешкі асты апарамын Сізге.
– Күтемін.
– Мені ме, асты ма?
Екеуміз де рахаттана күліп жібердік.
– Сені тәттім деймін енді. Күтемін тәттімді.
Ол шешіп тастаған орамалын басына қайта тақты да:
– Беторамалды беріп кетіңіз. Жуып апарып берейін, – дегенде қос білегінен ұстай алып, өзіме тартып, маңдайынан иіскелей сүйдім.
– Назымбек аға, машина кеп қалды. Ұят болар! – деді қымсына қысыла.
– Әлемдегі ең ғажап сұлу қыз сенсің Айсұлу! – дедім кетіп бара жатып.
Күлімсіреп, орамалын жөндеп, оң қолын көтере жақсы деп қоштасып қала берді.
Шам жақпай қаракөлеңкеде отырғам. Қызыл іңірде ол өзі ас алып келді.
– Ағажан, келіңіз, тамақты суытпай ішіп алыңыз, – деп столды жасай бастады. Шолақ жең мойны ашық, жаздық гүлді-гүлді көйлек киіпті. Орнымнан лып түрегеп, қызды қапсыра құшақтап, ернінен сүйдім. Жаңа ғана шомылса керек шашының суы кеппепті, денесі сап-салқын, өзіме тартып мойнынан, дымқыл шашын иіскеп, қайта ерніне қадалдым. Мың-миллион қиял-сезімдерім атойлап көтеріліп, құштарлық атты ләззат буы басымды айналдырып, қолым қыздың ашық омырауына сүңгіп кетіп, екі топ-томпақ төңкерілген кеседей төсін аямай аймалай бастады.
Не деген шетсіз-шексіз шалқар іңкәр сезім, тәтті дәурен құлындай шауып, қыз көзін жұмып, ырқыма көніп, жандүниесі қорғасындай балқып, шалқып, құшағымнан құлап түсердей ынтық әуезбен сүйсіне әзер-әзер үн шығарып, болып-толып тұр.
Дәл біздің мекеніміздің жанынан гүр-гүр етіп мотоцикл тоқтады. Қыз селк етіп, есін жиып, құшағымнан сытылып шығып, шашын жөндеп:
– Е-е, анау тағы кепті ғой! – деді.
– Кім? Кімді айтасың?
– Мына көрші Рославль ауылынан. Механик. Оның әкесімен менің папам әскерде бірге болған дос, жегжат. Менің сыртымнан құда болайық деп баяғыда-ақ келіскен ғой. Қызғаншақ әбден. Кеттім ағай, мына сыртпен көрінбей үйге барайын.
Үш аяқты «Урал» мотоциклінен түсіп, басындағы шлемін шешіп, үсті-басын қаққыштап жатқан жігіт сұлбасын терезеден байқап қалдым.
Толықша тапал жігіт мотоцикл қорабынан бір заттарды алып, сүртіп, тазалап, мықшыңдай көтеріп тыпылдай басып ұзай берді.
Жаз дидарлы жаңағы қызды мына бір жанға қимай, қызғаныш оты тұтанып, терезеге телміріп тұрып қалдым.
Жарты сағат өтер-өтпесте мотоциклін тырылдатып тапал жігіт кетіп қалды.
Ол ұзағаннан кейін барып, дастарханға жақындадым.

* * *
Таңғы асты алып келген шешесі:
– Бүгін кешке біздің үйде қонақ болыңыз. Үндік сойдыртып жатырмын, кеше жекжатымыз Раславльдан қымыз беріп жіберіпті. Әнеукүнгі қырғыз концерті тамаша болды, ә? Оларға керемет сөз айттыңыз.
– Қырғыз әндерін өте жақсы көремін. Әжем қырғыз еді, ылғи ыңылдап жүретін. Әуезді ғой олардың әндері.
– Рас па? Мен де қырғыз қызымын ғой. Мына Тоқмақта ән салып жүрген жерімнен Айсұлудың әкесі алып қашып кетті емес пе?!
– Апырай-ә? Солай ма?
– Кешке ұмытпасам бір-екі ән айтып берермін. Айсұлу қызым өлең жазады, Сізге көрсетуге ұялады.
– Оқып көрейін, маған берсінші.
– Сіз ешкімдікіне қонаққа бармаймын депсіз. Бірақ бүгін біздікіне ке­ліңіз, дәм татыңыз.
– Қырғызша ән айтып берсеңіздер барамын.
– Айтамыз. Келесіз ғой?
– Барамын.
Кешке сол үйдің төрінде отырдым. Айсұлудың әкесі шомбал қарасұр кісі моторист, бүкіл осындағы техниканың жүріп-тұруына жауапты жанның бірі, үндік қуырдақпен шәй келгенде жұмысына шақырып кетті.
– Анда сыбағаңыз пісіп жатыр. Асықпай соны жеп қайтарсыз, – деді кетерінде. – Үлгерсем келермін.
Бұрыш-бұрыштағы екі желдеткіш зыр айналғанымен лапылдаған ыстық табы кетер емес. Есік алдындағы тапшанға шығып, құрақ көрпенің үстіне жантайдым. Айсұлу қос жастық әкеп берді.
– Мамаңды шақыршы, қашан ән айтасыңдар?
Айсұлу жүгіре басып шешесін ертіп келді.
– Тамақты көріп жатырмын, пісіп те қалыпты, – деп қолын орамалға сүрте-мүрте келіп, тапшан түбінде тұрып түсіндіре бастады.
– Біздің үй станцияның шетінде, дөңесте салынған.
Отағасы көп сөзге жоқ жаңа көрдіңіз ғой. Құдайдың берген үш қыз, үш ұлымыз бар. Мынау тұңғышымыз Айсұлу, одан кейінгі мына сары қыз Таңсұлу, тоғызыншыны бітіріп отыр. Жарас деген баламыз бесінші сыныпта оқып жүр. Қане бәрің келіңдер, мұнда. – Өзіңіздің қанша балаңыз бар – деп сұрап қалды.
– Бір ұл, бір қыз өсіріп отырмыз.
Шешесі ескі қол сөмкесіндей ғана кішкентай қара гармонды қолына алды, кекілі желбіреген бала барабанын әкелді.
Қара гармон құйқылжып, кере тартқанда тіпті жүрегіңді суырып алардай әуендер аспандағы жыпырлаған жұлдыздарға ілініп, тамылжып, аптаптан дамылдап жатқан кең дала төсінде шарықтап ап жөнелді. Қара гармонды ары-бері аударып, төңкеріп, бунақ-бунақ ән қайырмаларын төгіп-төгіп жіберді де шырқай жөнелді.
Қазақтың нәрлі, шерлі халық әндерінен попуриді айтқанда бал қосқан бапты қымызды ішкендей аяқ-қолымды жинап, еңсемді көтеріп, ынтыға тыңдап отырдым.
Айсұлу шешесінің артына тығыла, сіңлісі екеуі қосылып кеп бергенде жапан түз гүл-гүл жайнап кеткендей әсем үн ақтарыла, үздіге төгілді дерсің.
Кенет бәрі тына қалып Айсұлу аузындағы сырнайын үрлеп ойната бастады. Оған Таңсұлу қолындағы ат тұяғын тақылдатып, інісі барабанын ұрып, шешесі гармонмен қосылып қырғыз әуендерінің нақыштарын ойнай жөнелді.
Алатаудың арғы-бергі, күнгей-теріскейі шырқайтын әнді үшеулеп бастап кеп кетті.
…Сағынғанда бір келерсің,
Сарғайғанда бір келерсің
Алатауды көруге…
Ән айтқанда шешесі жасарып, түрленіп, бұлттан шыққан күндей жайдарланып кетеді де, ал Айсұлу осы әнді маған арнап айтқандай екі көзі тұнықтанып, мұңдана сырын ұқтырғандай дауысы діріл қағады. Таңсұлудың тұнық үні бәрін басып тұр…
Қырғыз әндерін бірінен кейін бірін төгіп-төгіп шырқады дейсің… Мына анда-мұнда поездар боздап өтетін құла түздегі станция шетіндегі қараша үйден естілген әуен түнгі даланы елбіретіп, елжіретіп тұр.
Жүрегім аударыла төңкеріліп әнге елітіп, ынтық сүйсініспен мына тымық түндегі көркемденіп кеткен Айсұлу бойжеткенге көз тігіп, ғажап үніне, сұлу сымбатына іңкәр болып тұтқындалып, тұла бойым балқып, кейде тіпті шымырлап екі құлаш жерде тұрған оны көңіл көзіммен аймалап, аялап, соншама ыстық сезіммен құштарлана жақсы көріп кеткенім-ай!..
Алқара аспанның күміс сырғасындай боз сәуле себелеген толған ай көтеріліп келеді. Көк жүзінде жымыңдаған қызыл алтын моншақ жұлдыздарға бір, мына ән әуеніне берілге шырқаған Айсұлуға бір қарап, осы керім көркем сұлулық әлеміне сұқтанамын. Бойжеткен де анда-мұнда тұп-тұнық жанарын электр жарығына жарқ еткізе маған қарағанда жүрегім шым ете түседі. Үлбіреген балғын бейне, жүзі қандай, қанат қағып сызылып шыққан дірілдеген үні қандай? Ара-арасында аузына сала салып бізге таңсық сырнайды тарта жөнелгенде алпыс екі тамырыңа ыстық сезім құйылып, жұмақ әлеміне кіргендей рахат күй кешесің.
Аптап бетін сылап қайтарып, тау жақтан үлбіреген самал желпіді.
Үшеулеп шырқап тұрса да Айсұлудың дауысы ерекше: үкілі сағым-армандарды алып қашып, қияли сезімдерге атой салдырады.
– Қой, ет әбден піскен болар. Ас дайындайын – деп шешесі екі иығындағы гармонын алып, тершіген маңдайын сүртіне бастады.
– Керемет әнші екенсіздер! – деп таңданғанымды жасыра алмай алғысымды жаудырып жатырмын.
– Қайдағы қазір өнер? Жастайымнан талай-талай әншілер байқауына қатысып, Бішкекке оқуға шақырған да болатын. Тоқмақтың жұлдызы ата­нып шырқап ән салып жүргенімізде осы үйдің отағасы достарымен келіп алып қашып кетті емес пе?! Алты бала өсіру де оңай емес. Осылардың басын қосып оркестр құрсам ба деген ойым бар еді, – деп шешесі салдырлап ас дайындауға кірісті.
Нән табақ етке беттей алмай, ырымын жасадым. Тағы да қолқалап едім, үшеуі қосылып тамылжыта екі-үш ән айтып берді.
Қош бол қалқа көргенше,
Қайта айналып келгенше!..
– деп кетерімде айтқан әні жүрегімде тербеліп тұрып алды.

* * *
– Назымбек аға, қарамайсыз ғой бізге. Студент қыздарға асығып барасыз ба? – деді артымнан қуып жеткен Айсұлу еркелей.
– О, тәттім, жаным! Халің қалай? Кешегі айтқан әндерің көкейімде ұйып тұр.
– Аға, ертең үйдегілер Рославльге досының туған күніне кетеді. Мен бармаймын.
– Айка, онда ертең Отардағы көлге шомылып келейік. Қазір соған барып көріп, тапсырма беремін. Екеуміз ғана рахаттанып демалсақ жарай ма, жаным.
– Жарайды, – деп қолындағы кішкентай орамалын тербете сыңқ күліп, бұрылып кетті.

* * *
Түске салым отыз шақырымдай жердегі Отар көлінің жағасына келіп жеттік. Машина іші қапырық. Көл жағасы салқын, тотияындай көкпеңбек боп жарқырап, самал ұрып, бойыңды сергітеді. Жағасындағы тал-теректер қалың тоғайға айналған, жапырақтары сыбырласып, біздің келгенімізге қуанғандай құстар да шулай қарсы алып пыр-пырлай ұшып қонады.
Осы жердің күзетшісі мосқал сақалды орыс қонақ күтуге әбден төселіп алса керек, бөлек үй дайындап, балық аулап қойыпты.
Шыныдай мөлдіреген көлдің екінші қабағы қалың қамыс құрақтарынан көрінбейді, ал төменгі жағы – жап-жасыл толқыған теңіздей жүгері алқабы.
Жұп-жұмсақ құмды жағалауда шешіне сала суға күмп секірдім.
– Айка, келші жаным.
– Ұяламын біртүрлі.
– Ешкім жоқ қой.
– Сіз ше?
– Мен екеуміз бір жан болып кеттік пе деп жүрсем…
– Ой, тәтті сөйлейсіз Назымбек аға. Қыздардың бәріне осылай дейсіз бе?
– Жоқ, жоға. Аспанда ай жалғыз, жерде мен үшін Айсұлу тәттім жалғыз.
Ол ішке кіріп, бел мен кеудесін бір тартар қызыл гүлді шомылатын лыпасымен шыға келгенде бас салып құшақтай сүйіп алдым.
Ешқандай бір міні жоқ құлын мүсінді, ай келбетті Айсұлу қымсына басып көлге кіріп барады. Соңынан суды шолпылдата барып, қолынан ұстадым.
Ол суда жарқыраған ақ сазандай жүзіп, сүңгіп, ары-бері әппақ тәнін жарқырата аунап, рахаттана сақ-сақ күледі.
– Тәттім, сен керемет жүзеді екенсің ғой.
– Жазда жылда нағашыларыма барып, Ыстықкөл жағасында демаламыз.
– Ал мен әскерде Тынық мұхитта шомылғанмын.
Екеуміз тып-тыныш жатқан көгілдір айдын бетін айран-асырын шыға­рып, бір-бірімізге су шашып, ол қашып, мен қуып мәре-сәре болып, тоңғанша судан шықпадық.
Күзетші әйелі екеуі бөлмемізге тамақтарды әкеп, дастархан жасап қойыпты.
Балық пен құс етін қуырып, қасына картоп, көк-мөкті салып пісіргендері тіл үйіреді.
Ол шәй құйды, екеуміз әзілдесіп отырып ас ішкен қандай десеңші!
Қол жууға далаға шығып, күзетшіге демалатынымызды ескертіп, кешкі асты сағат алтыларға дайындауды тапсырдым.
– Кепеден сірне жасап қоямын – дейді ол қауға сақалын сауып, көзі күлмең қағып. Кеше келіп тиын-тебенін беріп, келісіп кеткенім қандай жақсы болған.
Көл жағасында екі үй, мынауы бөлек демалушыларға арнап салынған, ішінде бәрі бар: мұздатқыш, кондиционер, бөлме іші сап-салқын, рахат.
Ішке кірсем Айсұлу дастархан жиыстырып жүр екен, белінен қапсыра құшақтап, өзіме қарай қысып, үлпілдек қаздың тамағындай омырауын құшарлана иіскеп, ып-ыстық ернінен ынтыға сүйдім.
Сол бойы тік көтеріп, түпкі жатын бөлмеге алдым да жөнелдім. Бұл бөлме терезелері тұмшаланып жабылған, қаракөлеңке, қоңыр салқын.
Төсекке әкеп шалқасынан жатқызып, жаңа киіп алған халатының түймелерін ағыта бастадым.
Ол екі көзі тарс жұмулы. Асығыс-үсігіс барлық түймелерін ағытып, кеудесінде төңкерілген қос әппақ шыныдай төсіне ернімді төседім. Екі анары қап-қатты, біреуін алақаныммен сипалап, уқалап, екіншісін тіліммен төңірегін түгел түрткілей шүйіліп, өліп-өшіп өбіп жатырмын. Түймедей қоңырбарқыт түстенген ұшын ерніме сала ойнап, тісіммен ауыртпай тістелей бастасам:
– Аға, ағатай. Не істеп жатырсыз? Қытығым келеді – дейді қыз әлсіз үнмен. – Қойыңызшы!
– Қайдағы қойған, махаббат майданы жаңа басталып жатқан шақта бас баһадур қарыс жер шегіне ме? Піспеген әңгелектей топ-толық қостөбені айналып-толғанып, мытып-мытып қоямын.
Қайта шиедей қызарып, алаулап тұрған ерінге желімше жабысып, сүйісе де білмейтіндігін аңғарып:
– Айка жаным, тіліңді берші – деймін үздігіп.
Ол балшырын тілін шығара бергенде шөліркеген жандай төніп түстім. Аймалап, бүкіл құлақ түбі, тамағы, көтеріліп-басылып тұрған төсінің түкпір-түкпіріне дейін құныға, қызыға сүйіп, төмендей бергенімде:
– Аға, ағатай төстен төмендемеймін деп едіңіз ғой.
– Жоқ, тиіспеймін, тек иіскеймін.
– Онда неге тартқылап жатырсыз?
Қос төсінің ұшын қайта еміп, сорып, тіліммен, тісіммен ойнай бастағанымда қыз «уһ!» деп, денесі түгел жайылып, жайланып, босап, көзі шоқтанып өзі мені сүйе бастады. Екі алақаны ып-ыстық, арқамды сипалап, шашымды тарақтап, өзіне қысып, құшып тартып барады.
Кеберсіп, ісініп кеткен ерні пісіп ағып түсер бүлдіргендей толықсып, бал татиды. Дір-дір етіп, құмарта сүйіскен қалпымда бәрі-бәрі өң мен түстің арасында қиюласа кетті. Арқыраған арқар алып найза шыңда күркіреп, оған тастан тасқа секіріп зар күйіне келіп, сағынып жеткен қосағына жақпар-жақпар құз жартасқа қарамай мекіреніп, мейірленіп, тасыған қуат-күшін аямай сыйлап жатты…
Терезені тұмшалап жауып тастаған қаракөлеңке бөлмеде ақ сазандай бұлықсыған бойжеткеннің жалаңаш әппақ тәні есті алып, армантауларға ұшып әкетті дейсің. Бүкіл әлемдегі ың-жыңнан аулақ, бәрін-бәрін тарс ұмытып, құмарлық пен құштарлық сезіміне алаулап, екі жан ынтыға сүйісіп, қорғасындай балқыды. Көңілдері шаттана жұптасып, айхай да ойхай шарпылған сезім тәттілігін шәрбатша жұтып, шалқып жатты.
Кеудесіне жасырған қос алмасын иіскелеп, тістелеп жауар күндей күркіреп, сарқыраған жүрек әміріне бойұсынып, бүкіл алпыс екі тамырымдағы ыстық қан атойлап, қуаныш әнін асқақтата сала жөнелді.
Тау қопарғандай денем бусанып, жеті қат аспанға ұшып қайтқан дәуренсал күйі алқынған демімді басып, көзім ілініп кетіпті.
Жандүнием рахат буына шомылып, жадырап жайнап ояна кетсем Айсұлуым төсек шетінде бүкшиіп, бүрісіп теріс қарап, екі иығы бүлкілдеп жылап отыр.
– Не болды, жаным? – деп тоңазыған жалаңаш денесін қаусыра құшақтай алдым.
– Ештеңе…
– Айтсаңшы жаным?..
– Бұл ағажан қыз біткеннің осылай көз жасын төгіп алатын сәті ғой. Өзімдегі он тоғыз жылдан бері сары алтындай сақтап келген барымды, тап-таза арымды Сіздей жігіттің сұлтанына қиып, сыйладым.
– Не жаным, ренжіп қалдың ба? – деп бәйек болып кеттім.
– Жо-жоқ, О не дегеніңіз. Ә деп Сізді алғаш көргенде-ақ ұнап қалғансыз. Кітабыңызды оқып, жандүниеңізді, сыр-мұңыңызды ұғып, ғашық болдым. Сізді көргім, кездескім келіп тұрады. Рас айтсам ағажан, Сізді сүйеді екенмін.
Ол батылдана дәл осылай деп жәудірей қарағанда не дерімді білмей қатты қиналдым. Құшақтап бауырыма тартып шық тұрған гүлдің үлбіреген қауызындай мөлдіреген көздерін сүйіп алдым. Ерніме ашқылтым тұз белгісі жұқты.
– Айка, жаным, жүр шомылайық, – дедім сасқанымнан. Еңістен ыстық жел ұрып тұрған қапырық буған далада бірден мен көкмұнарланған көлге сүңгідім. Айсұлу душқа түсті.
Күзетшінің көк-мөк, дәмдеуіштер қосып балбыратып пісірген сірнесін ашқарақтана, сүйектерін сорып, қарпып-қарпып бөріше асадым. Өңі сынық Айсұлуым шәй ішкенсіп қана отырды. Ол ақжайманы жуып, кептіріп қайта төсегіне төсеп қойды.
Кешкі апақ-сапақта үйінің жанында машинамнан түсіріп жатқанда:
– Айка жаным, қабағың бір ашылмады-ау. Ағаңа ренжіп қалған жоқ­пысың? – деп тағы сұрадым.
– Жоқ, ағатай, – деді бәсең солғын үнмен.
Шаң жұққан бетінен өбіп, қош дедім. Қаша алдында оны Таңсұлу сіңлісі күтіп тұрғанын байқап қалдым. Айсұлу аяғын санап басып, басын салбырата иығы түсіп бара жатты.
* * *
Ертесіне ертемен Ақтерек совхозының егінжайын аралап кеттім. Ымыртта келіп, жуынып-шайынып, бөлмемде шам жақпай шалқамнан түсіп демалып жатқанымда кешкі асты ол өзі әкелді.
– Ағажан, үйдесіз бе? – деп сыңғырлай күліп, жадыраңқы қоңырау үнімен кіріп келгенде орнымнан атып тұрдым.
– Ағажан, жаным, алтыным! – деп бойжеткен талдырмаш денесін тақай мойныма асыла кетті. Кешегі пәс реніш белгісі ізім-қайым жоғалған, аста-төк шаттық кеудесін буа:
– Сізді сондай сағынып кеттім! Екі көзім төрт болды ғой. Сіз қырманға мені іздеп келе ме деп! – Ол ынтық оттай ыстық ернімен, сыңқыл қаққан үнімен шөпілдетіп сүйе бастады. Дереу оны тік көтерген күйі есік ілгегін іле сала тыпырлап, төргі бөлмеге ала жөнелдім.
Екеуміз мәз-мейрам күлісе ұмар-жұмар төсекке құладық. Балғын денесі керіліп-созылып, құштар құмығыңқы сезім буына бөккен ыңыранған, тұншыға шыққан ләззат үні мас қылып, мұхиттай тасып кетіп барамын.
Сүт пісірімдей уақыттан кейін екеуміз ағаш стол басында арқа-жарқа сезіміміз көлдей жарқырап, рахат пейіштен келгендей ас ішіп отырдық.
Ол қасыма жантайып отырып, еркелей наздана сан сұрақты сауылдатады, әңгімеге құштар.
– Сіз көп оқыған жансыз, қандай ақылды сөйлейсіз. Айтыңызшы махаббат деген немене?..
– Махаббат еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілік, бір-бірін жақсы көру, ұнату, сағыну. Ғашықтық, іңкәрлік, сүю – бұл адамзатқа берілген табиғат сыйы. Данышпан ойшылдар, ұлы ақын-жазушылар бұл жайында талай-талай жазып кеткен. Бірақ, әркімнің түсінігі әртүрлі, сезімі де сан тарау. Тіпті кейбіреулер сезімнен жұрдай махаббаттың не екенін білмей, сезбей өтеді.
– Ағатай, Сізге сырымды айтайын ба? Әке-шешем мені титтейімнен анау мотоциклші-механикпен атастырып қойған. Оның әкесімен менің папам қыл өтпес дос, жегжат. Шынымды айтсам оған түк сезімім жоқ. Бірақ шешем оңашада зарлайды: «Одан артық бай таба алмайсың. Бұлар дәулетті, бәрі бар. Өзі сені алақанына салып қадірлеп өтеді. Сүю-күю дегенді жазушылар ойлап тапқан, қыз бойжеткенде ата-анасы кімге күйеуге шық десе соған баруы керек. Оның әке-шешесі достарымыз, енді құда-құдағи болмақшымыз Құдай қаласа!» – деп анам мені көндіріп қойған, қалай әке-шешеге қарсы боласың. Механиктің жұмысы өте ауыр, қолы босай сала осылай мотоциклін тырылдатып жетеді. Ол келсе үйде отырамыз, шешем шәй береді, альбом көреді, содан қайтып кетеді. Білемін, мені өлердей жақсы көреді, әлі бір рет құшақтап, сүйіп көрген жоқ, оған жібермеймін. Не жарытып сөйлесе де алмайды. Өзі біртүрлі қызық. Жеке қалсақ қипақтап, ұялып, берекесі кетеді.
– Үндемеу де ұлылықтың бір белгісі.
– Білмедім аға. Сізді кездестірген Аллаға мың да бір рахмет!

* * *
Күнде түсте, немесе кешке ол тамағымды әкеледі. Шешесі асханадан қолы тимей, шыға алмайды.
Ол кірер-кірместен бас салып, өліп-өшіп өбіп, аймалап төсегіме ала жөнелемін. Ол да аққала тістерін көрсете рахаттана күліп, жайнап шаштарымды тарақтап, арқа-басымды сипалап, шөліркеген ернін тоса береді. Көктемгі үлпілдек қызғалдақтай ажарланып, құлпырып кеткен айдидарын, қылаңдай міні жоқ құлын мүшесіне сұқтана қарап, аялаймын, сипалап, жандүнием кемерінен тола шымырлап, гүл-гүл шешек атады.
Беу, шіркін, қайран қайырылып қайта келмес тәтті де сәтті сылқым сезім, бура көңіл күндер-ай!..

* * *
Шыжғырған өрттей аптап та, гүжілдеп, дүрілдеп шаң бұқыратқан не түрлі машиналар үні де, солқылдатып өтіп жатқан қара майы тамған поездардың боздауы да, тарс-тұрс еткен мотор, қырманның қылпық-тозаңы, бұрқыраған шуы да әсер етпей, дүние гүлжазираға бөленіп, шарқ ұрып Айсұлуымды ынтыға күтетін әдет таптым. Әзілкеш сиқыр күлкілі СХИ-дің отыз студентін де, қаптап жүрген қыз-келіншектердің біреуін де көзіме ілмеймін.
Қараңғылықта мотоциклін тырылдатып механик жігіт келсе ішіме қызғаныш өрті кіріп, ол кеткенше сыртта жүріп аламын.
Ертесіне бойжеткенім кіріп келгенде салқын қарсы аламын.
– Алтын ағажаным! Не болды сізге?
– Анауың кеше келіпті ғой.
– Ой, ағатай, оны қойыңызшы, – деп сыңқ күліп, еркелейді, назданып, сүйкімді қылығымен жанартаудай жалындатып, өзіне магниттей тарта жөнеледі.
– Тәттім менің, махаббатым менің! – деп құлақ түбіме ернін тақай сыбырлағанда көңілім шайдай ашылып, майдай еріп жүріп беремін.
– Ағажан айтыңызшы, махаббаттың қандай түрлері болады? – дейді ол екеуміз ентігімізді басып, ас ішуге отырғанымызда көзін төңкере, қиыла сұрап. Еріндері қып-қызыл толып, алаурап, көзінің жанарларында оттар жарқырап, беттері қызғылттанып, кеудесі көтеріліп, басылып сықылықтай күле береді.
– Алғаш балапан махаббат деген түйсік пайда болады.
– Ол қай уақытта?
– Балапан махаббат баланың жаңа-жаңа өмірге бейімделе бастаған уыз шағында алты мен тоғыз жасар кезінде белгі бере бастайды. Ер бала бұл шақта жылт еткен әлдебір қызбен ойнағысы келіп, соның айтқанын құп көріп, мәз-мейрам күлісіп жүреді.
– Одан кейін ше?
– Құйын-перен ойыннан жалықпайтын тоғыз – он жасы кезінде әтеш махаббат пайда болады. Ер бала жақсы көрген бүлдіршін қыздың бантигінен, шашынан тартып, жөн-жосықсыз ұрынып-тиісіп, қағып-соғып кететін ұрыншақ шақ.
– Оннан асқан соң қандай болады?
– Бұл нағыз өскелең шырын шақ. Осы от сезімді кезеңді албырт махаббат деймін. Он-он бес жас кезінде жасөспірімдер бойына қуатты, құлпырған сезімдер құйылып, ол сан ауытқып, бірі ұнап, бірі ұнамай алақұйынданып ұл-қыздар бір-біріне сырттай ынтық болып, хат жазысып, іштей сезімге булығып жүретін албырт кезең.
– Енді бозбала-бойжеткен шақта қалай болады?
– Жастар он алтыдан асқанда қыз қылықтанып, назданып түрлене құлпырып, гүлдеп, шешек ата бастайды. Даусы өзгеріп, гүрілдеп, мұрт тебіндеп, қол-аяғы серейіп өскен бозбалалар паңданып, бөтен қыз көрсе таңданып, солардың төңірегін жағалап, өзіне лайықты бойжеткен іздеп, шарқ ұратын бұла шақ. Міне, осы он алты мен жиырманың арасындағы лаулаған өрт сезімге құштарлықпен бірлесіп, бір-бірін тапқан екі жас қол ұстасып, сел-сел көңіл-күйлерін бірге бөлеп, бірге жүріп, бір-бірін сағынатын, іздейтін, ғашықтық атты өрт дертін бастан кешіретін бал махаббат уақыты келеді. Екі жас бір жұп болып, бас құрап, отау құрып кететін, ғұмырлық серігін табатын ыстық та іңкәр, ғажайып бақ бастарына қонған құт мезгілді бал махаббат дәурені дейміз.
– Ойпырым-ай, ағай, міне мен екі айдан кейін жиырма жасқа толамын. Басымнан Сіз айтқандай балапан, әтеш, албырт махаббат сезімдері өткенімен, мына бал махаббат дегенді әлі кездестірмеппін, – деп Айсұлу әңгімемді ынтыға, беріле тыңдайды.
– Ал, енді жиырма мен отыздың арасындағы, ақыл тоқтатып, сабырлы, салиқалы шаққа жеткенде бір-бірін тапқан жұптарды – дана махаббат дейміз. Өйткені, бұл уақытта олар алды-артын болжап, мамандыққа ие болып, тіршілікке бейімделіп, арғы-бергіні көріп, таразылап, таңдап сыңарын іздеп табады.
– Ойпырым-ай, ағажан, махаббат дегенді жіліктеп, түсіндіріп бердіңіз. Ал, кейбіреулер бас құрағаннан кейін ажырасып кететінін қалай дейміз?
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» – деп қазақ атам баяғыда оған баға беріп қойған. Сезімге шарпылып шаңырақ көтеріп жатқандардың кейбіреулері алғашқы қиындық кедергі сыннан өте алмай сынып кетеді, бір-біріне ауыр сөздер айтып, айырылысып тынады. Қазір не көп, күйеуден ажырасқан келіншектер көп. Бірлі-екілі балаларын жетелеп кетіп қалып, жесір әйел қатарын көбейтіп жүргендер қаншама? Байдан шыққан орамалдыларды еркек біткен жеңіл жүрісті, оңай көнетін, көрінгеннің ермегіне айналатын – жүріскер қатын деп есептейді.
– Еркектер де оңып тұрмаған болар? Кінә екі жақтан орын алып, отбасы бұзылғанда отағасының да мінез-қылығы анық көрінбей ме?
– Дұрыс айтасың. Қазір әйелдерін жесір, өзінен туған балаларын жетім дегізіп, сидаң қағып, әуелі бала-шағасына алиментін төлемей, көмек көрсетпей қашып-пысып жүрген бөріктілерді көргенде қатты қынжыласың. Өз баласынан безінуден артық қандай қылмыс болады. Бүкіл жаратылыс, тіршілік, жан-жануар біткен өз ұрпағын аялап, бағалап өсіріп, бағады ғой. Міне, бұлардың махаббатын – шала махаббат дейміз. Ойланбаған опық жейді, орға құлайды. Махаббатпен ойнауға болмайды.
– Ағажан, сіз махаббат теоретигі секілдісіз. Дәл диагноз қойып, анықтама береді екенсіз. Тағы қандай махаббат болады?
– Айка, жаным, бұл өте терең тұңғиық әлем. Мәселен отыздан асқандарда да, тіпті жасы келген жандарда да сезімдері дауыл болып келіп, сабыр боп бітіп, барахатты отбасы құрап жататындар да бар. Олардағы үлкен сүйіспеншілікті сара махаббат деймін.
– Ой, ағажан, сіз менің көзімді аштыңыз. Дүние түгел бұлыңғыр, мұнар секілді көрінуші еді.
– Бәріне ақыл, жүрек әмірі керек. Махаббат адасуды кешірмейді.
Қой, біраз нәрсенің басын шалып, өз ой-көзқарасымды айтқаным ғой. Қаншама ұлылар жазып, айтып кеткенімен, заман әуенімен өзгеріп тұратын бұл ұлы сезімге әлі талай-талай баға, тұжырымдар беріледі. Жіктеп, тізбелей берсең шын махаббат, жын махаббат, құл махаббат дегендер де болады. Өмір, тағдыр болған соң неше түрлі оқиға, құбылыс, тіршілік иірімдері саналуан кездеседі. Әр адам – жеке құбылыс, жеке әлем. Өзі өмір сүрген қоғам, орта, отбасына бейімделіп базарлы, бақуатты, берекелі өмір сүру – бұл пешенеңнің емтиханы. Ғұмырың – сын мерзімі, сынақтан өту уақыты. Әркім өзінің ғұмырына өзі жауапты.
– Назымбек аға, осының бәрін біліп, ойлап жүрген сіз нағыз данышпансыз.
– Қой өйтіп асылық айтпа. Күнделікті тіршілікте, көрген жайлардан түйген тұжырымым ғой.
– Жоқ маған сіздей ғұлама тұңғыш рет кездесіп отыр.
– Тәттім-ау, мен әлі түк бітірген жоқпын. Астанаға кетіп, ақын-жазу­шылардың ортасында жүрсем, жаза алмай, ойымда бұрқырап пісіп жатқан дүниелерімді жазып, жарыққа шығарсам деймін…
– Ой, ағай, Сіз аудандағы дөкей бастықтың бірісіз. Екі кітабыңыз шықты. Бәрі оқып, үлкен жазушы деп жатыр. Ана студент қыздар «Бұл кісі махаббат жыршысы екен» деп шулап жүр.
Ол келіп артымнан құшақтап, төбеме ернін тигізе:
– Мен бақыттымын ағажан! – деді сыбырлап.
– Тәттім менің… – деп түрегеп қос қолыммен айқара құшақтағанымда қос алмасы кеудемді тіреп, кеудесі дүрсілдеп тұрды.

* * *
Буырыл мұрт директор алаңдап, батыс тұсқа қарай берді.
– Қарашы сағым сіңіп, сонау тұстан қап-қара тұтасқан алып бәле жақындап келеді. Бұл Аңырақайдың жазғы шілдеде бір, қысқа қақаған шілдесінде бір айналып соғар сұмырай бораны. Қой, мен мотористерге барайын, свет өшеді, қазір алай-дүлей басталады. Сіз де үйде отырыңыз, – деп әңгімесін келте қайырып, элеваторға қарай жүгіре басып асығып кетті.
Тұтаса түнек боп жақындап келген бұл шаң-тозаңы бұрқыраған қара боран болып шықты. Дала түгел алай-дүлей, шаң, құмды суырып әкеп саулатып төгіп жатыр, ара-арасында кепкен ебелек, шөп-шабалаң, сабан мен топан қара топырақпен араласып бас-көз демей сабалап, станцияның ұйқы-тұйқысын шығарды. Аспан асты, жер үсті қаракүреңденіп, ышқына соққан дауылдан үй іргесі сықырлап, есік алдында ұйқы басқан иттер қыңсылап, жандарын қоярға жер таппай безек қақты. Терезе әйнегін тырсылдата соққан құм мен тас қиыршықтары асфальт бетін алажабақ қып көміп тастады. Сәл-пәл дамылдағандай болады да, қайта ысқыра, ышқынғанда бағандардағы электр сымдары ұшып кете жаздап, палаткалар үсті ұшатын құстай жалп-жалп етеді.
Күн жеген, жел мүжіген кәрі дала долы мінез көрсетіп, көк аспанды қара жерге айналдырып, ұлы сүргін, сұрапыл дауыл долданып тұрып алды.
Лып-лып етіп жарық сөніп, қырман, элеватордағы бар жұмыс тоқтады.
Есіктен басына қапты үшбұрыштап киіп алған Айсұлу кіріп келіп:
–Ағажан, түскі асты әкелдім, термоспен мамам беріп жіберді, – деп қапты шешіп, үсті-басын қаққылады. – Бұл Аңырақайдың сұмырай қара бораны, ал қыста ақмылтық ақ бораны болғанда қарыс жер жүре алмай қаламыз.
– Тәттім-ау, соның бәрін қайдан білесің?
– Мамамдар айтып отырады. Енді папамдарға тыным жоқ.
– Тәттім, мәмпәзиім! Сені туып, өсірген ата-анаңнан айналайын, – деп аймалап сүйе бастағанымда:
– Аға, шаңымды қағып, бет-аузымды жуып алайыншы, – дегеніне қарамай есіктің күршегін сала бердім.
Сәлден соң қаракөлеңкеде айқасып жатып, ол еркелей төсімнен сүйіп, сипалап:
– Ағажан, кешегі махаббат жайлы айтқандарыңызды жазып қойдым.
– Тәттім-ау, бұл өзі тарам-тарам боп кететін мәңгілік тақырып қой.
– Тағы қандай түрлері бар?
– Иә, кездейсоқ кездесулер – өрт махаббат, уәдені ұзақ күткізер – серт махаббат, зарығып, сарғайтатын – дерт махаббат деп кете береді.
– Қой, ағажан тұрып отырайық. Біреу-міреу сізді іздеп келіп қалар, – деп қыз лып тұрып, киіне бастады.
Мен түскі асты ішіп отырғанда ол маған қиыла, соншама тесіле қарағаны-ай…
– Ағажан, білесіз бе, мен ғалым болғым келеді. ЖенПИ-ді бітіріп, ғылым жолына түссем… Ел ішінде қандай асыл сөздер, ақыл кендер қалып жатыр. Соларды жинап кітап шығарсам… Астанада Сіздің жаныңызда болсам…
– Қазына халықтан жазып алған мақал-мәтелдің бір-екеуін айтшы.
– «Жылқы мінсең тұлпарын мін, қызды сүйсең сұңқарын сүй!», «Текті жерден қыз алсаң – төрде отырасың, тексіз жерден қыз алсаң – көрде отырасың»…
– Сен филолог-ғалым боласың. Мына мақалдарды мен естімеппін.
– Сізге мен әлі талай-талай мақал, аңыз әңгімелерді айтып беремін. Мына долданған әңгүдік Аңырақай желі жайлы аңызды айтып берейін бе?
– Айтшы, тәттім менің…
Есік тоқылдап, ілгегі сылдырлады.
– Ойбүй ұят болды ғой, ағажан, – деп Айсұлу бетін баса есік ашты.
Плащын басына бүркемелеген Таңсұлу кіріп келді. Екеуміздің жайбарақат шәй ішкен түрімізді көріп, көңілі жайланды-ау.
– Мамам тез келсін деп Айсұлу сені шақырып жатыр. Ағай, ертең кешке студент қыздар концерт қоямыз, соған Сізді әдейілеп шақыршы деді. Ертең өздері де айтатын шығар.
– Ағай, оған бармайды, – деді Айсұлу жұлып алғандай.
– Неге? – деп Таңсұлу таңдана қарап қалды.
– Ой, бәрібір олардың өнері сендерге жетпейді. Қосылып айтқан әндеріңнің әуені әлі құлағымнан кетпейді. Тағы бір тыңдағым келеді.
– Біз дайынбыз, аға – деп әпкелі-сіңлісі екеуі мәз болып, біреуі қап, біреуі плащын жамылып үйіне қарай жүгіріп кетті.

* * *
Таңертеңгісін тұрсам дала шайдай ашық, шығыстан рахман нұрын аямай құйып, жерді иісітіп, ысытып алтын шапағын жайып Күн шығып келеді.
Бүкіл алаң, жол, қырман үстін бір елідей шаң-тозаң, құм-топырақ басып қалған.
Буырыл мұрт бастық топырақты сыпыртып, тазалатып жүр. «Волга» машинасы сырғып кеп жанымызға тоқтап, ішінен аупарткомның хатшысы Көпбаев түсті. Ұзақ жыл аудан басшысының бірі болып келе жатқан ол идеологияға жауап береді, толықтығына қарамай іскер, табанды, жұмысты жандырып жібереді.
Жүгіріп барып сәлем бердім, ар жақтан буырыл мұрт директор да жетіп, қалбалақтай амандасып жатыр.
– Редактор жолдас, Сіз қазір мына «Правданың» тілшісі Владимиров жолдасты алып, жолай Беріктас совхозын аралатып, көрсетіп ауданға апарасыз. Сағат төртте бұл кісі бірінші секретардан сұхбат алады, – деді әңгімені төтесінен бастап.
– Әлі үш күнім бар ғой өкілдіктің – деп міңгірлеп едім;
– Осында өзім боламын. Аудан он миллион пұт астық жинауға таяу. Жуырда осы жерге Үлкен кісі келеді, соған дайындаламыз. Мына төңірек не болып кеткен? – деп қара көзілдірігін шешті.
– Аңырақайдың сұмырай бораны болып, жаңа басылды. Ол тек осы шойын жолдың төменгі жағында құм жиегін жағалап соғып өтетін қара дауыл ғой… Бәрін тазартамыз, жөндейміз – деп директор бәйек болды.
– Қане, сен қайта бер. Дегерес, Ақтерек совхоздарын тілші жолдасқа кеше аралатып, көрсетіп шықтым. Беріктаста совхоз директоры тамағын дайындап, Сіздерді күтіп отыр, – деді бөлмеме кіріп, заттарын қойып жайғаса бастады.
Машинамды оталдырып, артық сөзге жоқ шикіл сары көзілдірікті «Правда» газетінің ілмиген тілшісін жаныма отырғызып қайтып кеттім. Қырман жақта тәттім көрініп қалмас па екен деп жаутаңдай қарай-қарай ұзадым.

* * *
Оншақты күннен кейін Қопаға қайта келгенімде танымай қала жаздадым. Жолдың, алаңның бәрі асфальттанған, қып-қызыл ұран-лозунгтер, жалаулар ілінген, қырман элеватор түгел қайта сырланған.
Үстіне жібек шатырлаған сахна алдында егінші-диқандар генералды күткен солдаттардай сап түзеп тұр. Біз бұрын көрмеген «Чайка» атты ұзын сүлік қара машинадан түскен Үлкен кісі – Қазақстан басшысы шынында да ересен биік тұлғалы, ірі кісі екен.
У да ду өткен салтанаттың әсерін кейін жыл бойы айтып жүрдік. Ауданға Мәскеудің Ауыспалы Қызыл Туын тапсырып, Болат Ақжановтың омырау­ына орден тақты. Бір комбайыншыға «Волга» машинасын сыйлап, біраз егінші «Бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісін алды.
Мен айран-асыр осы қуанышта тәттімді іздедім, шешесі алыстан бас шұлғып, өте шықты.
Салтанатты жиналыс тарап жатқанда алқынып қалың жұрттың ішінде Таңсұлу менің жаныма келіп:
– Аға, сыртқа қарай шығып кетіңізші, – деп сыбырлады.
– Айка қайда?
Екеуміз жырақтап, бөлектеніп шыққанша жауап бермеді.
– Айсұлу көрінбейді ғой?
– Оны алып қашып кеткен!
– Кім? Қашан?..
– Сіз кеткен күні анау келіп жүретін мотоциклді механик ше? Сол жолдастарымен бір машинамен келіп алып қашып кетті. Әкемнің досы­ның баласы ғой. Үш адам қуып бардық. Міне, мына сырғаны тақты маған – деп еліктің құралайындай қыз құлағындағы сырғасын көрсетті.
Көңілім көшкен ауыл жұртындай айран-асыр болып, ұнжырғым күрт түсіп кетті. Қайран Айсұлу! Тәтті періштем!.. Тәттім менің…
Сені көргім келіп, жүрегім алып-ұшып жеткенімде естігенім осы ма еді?! Қайран асылзада тәттім-ай!..
– Мынаны ешкімге көрсетпей тек сізге бер деген еді – деп бүктелген оқушының көк дәптерін ұсынды.
Баяғы көк айдын Қопа көлінің жағасына жатып алып көк дәптеріндегі өлеңдерді қайта-қайта оқимын. «Жан ағажан» – деген өлеңдер топтамасын тек маған арнапты, не деген асыл сезім, ақтарылған сыр, сарғайған сағыныш!.. Жүрегім бұлқынып, тұншығып, мен де өлең жаза бастадым. Күзге қарай Алматыға көшіп кеттім.

* * *
Тойдағы кездесу дүр еткізіп, ақжалау сезімдерді сонау күндерге алып ұшты. Архивімде сақталған көк дәптерді алып, Айсұлудың өлеңдерін тағы бір мәрте оқып шықтым.
Апыр-май, уақыт не деген жылдам едің, міне сырғып содан бері арқыраған аттай отыз жыл өтіп кетіпті.
Тәттім… Айсұлудан еш хабар-ошар болмай, тіршілік мұхитына көміліп кете беріппін. Сонау бір балшырын тәтті күндер бірте-бірте көмескіленіп, ұмытылып кете жаздапты-ау?..
Арада апта өткенде қалта телефоныма хабарласып тұр.
– Назымбек аға, ағажан, жалғыз тұрсыз ба? Сөйлесе аласыз ба?
– Кім-кім, бұл?
– Тәттіңіз ғой. Айсұлумын ғой.
– О-о, тәттім-ау, қайдасың? Осындасың ба? Қопадасың ба?
– Жоқ, ағажан. Ауылымызға келгенмін. Біз қазір Оралдың ар жағындағы Ресеймен шекаралас бір ауылындамыз.
– Қазір не істейсің?
– Мектеп директорымын, күйеу балаңыз ауыл әкімі. Бес баламыз бар. Аға, ағажан неге үндемей қалдыңыз?
– Жаным-ау, тәттім-ау, сол жылы сенен бір хабар күттім ғой. Неге телефон шалмадың? Сенесің бе, сағынып құса болып кеттім. Тек ескерткішке берген көк дәптерің ғана қалды, соны ақтарып оқимын.
– Аға, ағажан мен де сізден ескерткіш алып қалыппын. Күйеуге тигеннен кейін тоғыз айдан соң босанып, ұл таптым. Қазір жиырма тоғызда. Астанада теледидарында істейді. Өмірбек Бақдәулетов деген режиссер, екі-үш фильм түсірді. Сенесіз бе, тұп-тура Сізден айнымайды. Екеуміздің сол бір тамаша күндеріміздің куәсі сол. Бұл аға Сіз айтатын шын махаббаттан жаралған Өмірбек ұлым топ жара оқыды, өлең жазып аты шықты, Сізден айнымайды ағажан. Өмірбек ақжолтай болып соңынан ерген төрт іні-қарындасы бар.
– Күйеуің сезе ме?
– Жоға. Мені өлердей жақсы көреді.
– Алғашқы түні қыз емессің деп бетіңе баспады ма?
– Мас болып қалды ғой, ертесіне сен бетімді аштың деп едім, қатты разы болды.
– Алматыға келсеңші, болмаса мен Оралға ұшып барайын.
– Аға, ағажан енді кездесудің керегі жоқ. Мен де енді телефон шалмаймын. Махаббат деген ұлы сезімім баяғы балғын күйінде қалсыншы аға. Сізді өмір бойы сүйіп келемін, өлердей ғашық болдым ғой. Бар кітабыңызды тауып оқимын. Неге сіз екеуміздің арамыздағы шын, шың махаббат жөнінде жазбайсыз. Сыртынан ғана көріп, көз қырыңды салып қойыңызшы Өмірбегіңізге. Бірақ ештеңе демеңіз, бұл сыр екеуміздің ғана арамызда мәңгілік құпия қалатын асыл қазына болсын. Жан аға, асыл ағажаным-менің сау болыңыз!
– Тәттім менің!.. дегенімше болған жоқ байланыс үзіліп кетті.
Қайта хабарласар деп күн күттім, ай күттім… Тым-тырыс… Ол хабарласқан қалта телефон нөмерін қайта-қайта терсем де мүлде өшіріліп тастапты.
Ақыры бұл әңгімемді қадалып отырып жазып тастадым.
Шынында да махаббат деген немене осы?..

ЕЛЕС

Курстас досым Миятхан өзі қыз-қырқынға өтімді, реңді, шашы да бұйра-бұйра, өзіне жарасып тұратын қияқ сұлу мұрты бар ұзын жігіт.
Анда-санда маған:
– Сен тым момынсың. Өмірің, жастығың тез зыр етіп өте шығады.
Әйдә, жас кезіңде қыз-келіншектермен дәурендетіп ойнап, күліп қал. Немене үйіңнен аттап шықпайсың, – деп ақыл айтатын. Ылғи қасында бір қыз, не сылқым келіншек еріп жүреді.
Ауыл жаққа той-томалаққа ертіп апарғанда да біреуін алып түседі. Үйінде бір ұлы мен үш қызы, жазығы орысша сөйлейді демесең, әп-әдемі келіншегі бола тұра, қыз көрсе жұтынып, жұлқынып кетеді. Өзі әйелінен жасырып жүрген сұлуларымен әрі кетсе жарты жыл, әйтпесе 2-3 ай қыдырыстайды да тастап кете береді. Оған басы ауырып, қайғырмайды. Жаңа қыз тапса дос-жарандарына көрсетіп, мақтанғысы кеп жүргені.
Өзі тәп-тәуір жерде қызметте, тәп-тәуір айлық алады. Бірақ сол тап­қан-таянғанын қыз-қырқынға жарата сап, жұмсап тастайтынын қайтерсіз?
Біз кездескеннен:
– Кеңес өкіметі құлағаннан еркіндік тиді ғой. Мына Алматының батыс жақ шеті, – қыз-қырқынға кеңінен толып кетті. Қасқайып шетінен шертіп жүріп таңда да, ертіп кете бер. Бірге барып көрсеңші бір рет, – деді мені бүйірімнен түртіп, әдемі күлкісіне салып. Ол күлгенде мұрты бірге жыбырлап тұрады.
– Ой, құрысын, керегі жоқ.
– Ана Саин көшесінде сап түзеп түрлі сұлулар тізіліп тұр. Тіпті малолеткалар да көп, – деп таңдайын қақты. Жұмыстың соңына таман ол телефон шалды:
– Нариман ұйғыр кафесіне келе қалшы. Бір періштемді көрсетейін, – деп Миятхан кеңк-кеңк мәз болып күлді.
Бір көше төмен ұйғыр кафесінде анда-мұнда кездесіп, шай-пай ішетінбіз, өткен-кеткенді әңгімелейтінбіз. Кафенің дәмі тіл үйіреді. Жаздық алаңындағы үстелде Миятхан бір қызбен отыр. Бірден сөз тізгінін өзі алды.
– Мынау менің Нариман деген досым, екеуміз университетте бес жыл бірге оқыдық. Бұл жігіт тек беске бітірген оқу озаты – деп мені мақтай жөнелді.
– Мына қыз Жамал деген періште. Қарашы, қандай перизат, ғажап, сұлу. Сен екеуміз суретшіміз ғой, мынандай сұлулықты көрдің бе? Қазақ қызы осындай болсын. Мен осы Жамалдың портретін салуға кірістім, – деп қызға сұқтана қарады.
Жамал өңді, бірақ бетіне, қас-көзіне опа-далапты көп жағатын және үстіне арзан иіссуды аямай себетіні сезіліп тұр. Мынандай шыжыған аптапта бұлай боянуы тым артық.
Апта өтпей Миятхан мені тағы шақырды. Бұл жолы атақты Есік ресторанына орын-жай ұйымдастырыпты. Бұл ресторан удай қымбат. Көрінгеннің қолы жете бермейді, ол кезде Алматыда ресторандар жоқтың қасы.
Қоңыр салқын бұрыштағы үстелде үшеуміз түскі ас іштік. Миятхан әлгі ернін қып-қызылға бояп алған Жамалдың асты-үстіне түсіп әлек.
– Нариман шыныңды айтшы, Жамалдың сұлулығына жан жетпейді, ә?
Жамалдың тұтас бейнесін салмақшымын. Талай-талай натурщицаларды көрдім ғой, мына періштемнің дене-бітімінің бәрі қандай ғажап сурет, галерея, ән салып тұрған симфония, мөлдіреген поэзия, бүкіл қазақ қыздарының бітім-болмысының символы!.. Қарашы сен, қарашы мүсінінде бір мін жоқ, мойынында, омырауында және кіндік тұсында әдемі түйме қалы қандай ғажап! Міне, сен де суретшісің ғой, қарашы… Көзі, тұнғиық жанары, әдемі кішкентай қауырсындай құлағы, дір-дір еткен әнтек бүрілген ерні… Міне мұндай сұлулық қалай ғана, бір жанның бойына біткен десеңші! Хор қызы ғой, періште ғой! – деп тамсанып, қызыл ерін қызға үзіліп, үздігіп қарап қойып, таңғалып сымбат көркін айта жөнелді.
Миятханның сөзінен кейін Жамалға зер салып, бажайлап қарасам: еш­қандай асып-тасып жатқан әдемілігі жоқ, сыры кете бастаған сурет секілді. Қайта-қайта ішкен қымбат коньяктан кейін Миятхан екеуінің де беттері қызарып, жанарлары от шаша бастаған жалындай шырайланды.
Жігіт мақтап, мадақтап суреттеген сайын қыз керіліп, тіпті міне мені кө­ріңдер дегендей шалқайып сылқ-сылқ күліп, мәз. Миятханға көзін төңкере қарап:
– Миятхан да нағыз жігіттің төресі. Мына мұнандай бұйра шаш ешкімде жоқ! – деп еркелей наздана шашынан сипап қойғанда Миятхан алты қат олжаға кезіккендей езуі жиылмай ыржалақтай берді.
– Сен ішпейсің, ә? Өмірі арақ ішпейді, әйелінен басқаға бармайды, қалай тұншығып кетпейсің,ә?
– Әкем арақ ішетін, содан іштей өзіме-өзім ешуақытта арақты аузыма алмаймын деп серт бергенмін.
– Нешеуа – деді менің досым мұрты жыбырлап. – Нешеуа біздің де әкелеріміз өкіртіп ішкен…
– Менің де папам көп ішеді, – деді қуыршақтай боп отырған қып-қызыл ерін қыз үн қатып. Көзіндегі жалқын сол сәтте мөлт-мөлт ете қапты.
Екеуі бір бөтелке армиян коньягін ішіп, тауысып, суретші досым әңгімесін сұлулыққа әкеп тірей берді.
– Бар сұлулық әйел денесінде. Әйел затын көрікті, мүсінді етіп әдейі жаратқан. Ал, сол тұлғасына мінез-құлқы сай қыз өте аз. Міне, мен өмір бойы армандап жүрген кейіпкер періштені таптым. Осы қыздың суретін салып біткенде бүкіл адамзат тамсанып аузын ашып қалады… Мен Жамалдың бейнесін сала бастадым. Бұл қыз шешініп, натурщицаның орнына барып тұрғанда сұлулығына сұқтанып, басың айналып, бес-он минут ес-түссіз қарап қаласың. Ол мүсін емес, әппақ көркем періштенің елесі.
– Ой, қойыңызшы ағай… – деп Жамал ақырын күбір етті.
– Жаным ғой, бұл қыз. Іздедім, таптым. Шедевр картина болады – деп Миятхан қыздың бетінен шөп еткізіп сүйіп алды.
– Мен қайтайын, – деп жинала бастадым.
– Рахатстан, ғажайыпстан деген осы болар, – деп досым сұқтанып, қызға мейірлене қарап өліп-өшіп барады. – Отыра тұрмадың ба? Мейлі. Бара ғой. Официант тағы бір 200 грамм армян коньягін әкелші!
Ақырын тұрып, басымды изеп қоштасып, шығып кеттім. Олар бір-біріне қарап қолдарын айқастыра ұстасып, көзбен аймаласып, дуылдай қызарған күйі отырған орындарында қала берді.
Көп ұзамай мен Павлодар облысына жаңа қызметке ауысып, көшіп кеттім. Арада жыл өтті, демалысымды алып, Алматыма сағынып құстай ұшып жеттім-ау. Шілде айындағы Алматының көркі қандай десеңізші. Қол созымда сәукелелері күнге шағылысқан абыз Алатау асқақтайды. Анда-санда таулардан соғатын қоңыр салқын самал кеуде сарайыңды кернеп, көңіл-күйіңді көтеріп, пыраққа мінгендей әсерлендіріп жіберетіні-ай! Кездескен жанға танымаса да бас иіп, сәлемдесіп, күлімдеп жүретін Алматының ажарлы, инабатты адамдары қандай!
Екі-үш күн балаларымды анда-мұнда ертіп апарып, ойнатып жүргенде Миятхан досыма қайта-қайта телефон соқсам көтермейді.
Бір жұмадан кейін ғана Миятхан досым табылды-ау.
– Әлло, – үні түс болып қалса да ұйқылы-ояу досым – Әллө, бұл кім?
– Ой, бұл мен Нариман…
– Імм… Қайдасың, Павлодардасың ба?
– Жоқ, осындамын. Қазір саған барайын деп едім – десем, трубканы тастай салды. Оның шеберханасы қаланың орталығындағы тоғыз қабат үйдің бесінші қабатында, қиналмай таптым.
Темір есігін тықылдатып көп тосып қалдым, қоңырауы істемейді.
Есікті мәйкішең Миятхан ашты. Шеберхана терезелерін тұмшалап жауып тастапты, қап-қара қараңғы.
– Оу, досым қалың қалай, әрең таптым ғой, – деп қаусара құшақтағанымда одан арақ иісі мүңк ете қалды. Электр жарығын жағып жіберіп едім, бөлме іші ыбырсыған қоқыс, шашылған киім-кешек, шеттегі үстел үсті тола бос шишалар, жиналмаған ыдыс-аяқ…
– Түске шейін ұйықтап жатқаның қалай? – деп абажадай үлкен терезенің қақпағын аштым. Бұрыштағы төсектен әлдебір әйелдің ыңырсып:
– Митя, – ол кім? Пиво алдыршы, – деген дауысы естілді.
– Қазір, қазір, – деп Миятхан досым қипақтап қалды. – Жүрші – деп мені сыртқа алып шықты. Пушкин көшесіндегі аллеядағы сәкіге келіп отырдық.
– Нариман, сен ренжімеші. Көк тиыным болмай тұр. Бас сынып барады. Түсін. Сыра алайын, бірдене бере тұршы – Миятханның түрі суға салған ешкінің терісіндей бет-аузы сиырдың солған желініндей быт-шыт, көз алды көгеріп, салым-салымы шыққан, кәртөшкедей ісіңкі. Екі иығы қушиған, дауысы жарқышақтанған, жанары өшкен, адамға тура қарай алмайтын жасқаншақ мүсәпір пішін. Үсті-басы кір-кір, шашы ұйпа-тұйпа, баяғы досымды танымай қалдым.
Қарсы алдымда күні бітіп бара жатқан маскүнем бейшара, бөтен біреу тұрғандай көңілім қатты жүдеді.
– Саған не болған? – дедім сасқанымнан.
– Кейін айтам… Кейін. – Ол менен біраз ақша ала салып, дүкенге жүгіре басып кете берді…
Бір жыл ішінде жүнжіп, араққа жығылған досымның түр-әлпетінен әбден шошындым.
Ол бір сетка сыраны сыңғырлатып алып жетті. Үйге жүр деп ишарат жасап, алға түсіп емпеңдей жөнелді.
– Жанка, мә, іше ғой, – деп кірген бойда сыра бөтелкесінің тығынын тіспен ашып, бұрыштағы әйелге ұсынды. Төсекте отырған күйі әлгі әйел бөтелкені басына көтере қылқылдата ішіп алды.
Менен қысылмай-қымтырылмай ішкі тәні көрініп тұрған ішкөйлекшең қалпы, қасымызға жайғасты. Сонда ғана оның баяғы қызыл ерін Жамал екенін таныдым.
– Жамал сәлеметсіз бе?
– Сәлем, сәлем!.. Митя, тағы біреуін берші, – деп әйел екінші бөтелкені әп-сәтте тауысып, үстел үстіндегі сигаретті тұтатып, түтінін ширатып тарта бастады.
Досым да апыл-ғұпыл сыраны сіңгітіп жатыр. Өсіп кеткен мұртына жағылған сыра көбігіне де қарамай аһлай-уһілеп:
– Жанка, қалай, басың аурығаны қайтты ма, – деп жаутаң-жаутаң етеді.
– Кушать хочу, – деді Жамал сол көк түтінді сыздықтатқан күйі үшінші бөтелкені ашып жатып.
– Қазір, қазір, – деп баяғы арқар тұлғалы досым бүгежектеп қалтырап газ плитаны тұтатып, шәугіммен шәй қойды.
Жамалдың баяғы кербез сиқы жоқ, сап-сарыға бояған шашы ұйпа-тұйпа өлген тауықтың жүніндей үрпиіп, арақ пен темекі сасыған денесінен сыра толы бөшкедей жаман иіс шығады. Ашық-шашық ішкөйлегінен болбыраған денесі, салбырап кеткен екі омырауы, бұлтиып шығып қалған қарыны көзге ұрады. Бет-аузы опа-далапты көп жаққаннан ма, жоқ заһар суды көп ішкеннен бе мыж-мыж қаптаған құмырсқаның ізіндей әжімдер. Шұбар бет, қайқы төс, түрік ернін шүршитіп, ар-ұяттан құрдым жұрдай қатын мені барсың-ау деп те қарамады.
Үстел үсті ыбырсыған қоқым. Қатқан нан, кесілген колбаса, ашылған консерві, шеті тістелген тұздалған балық, темекенің тұқылдары. Босаған бөтелкелер бөлменің әр-әр жерінде домалап жатыр.
– Жанка, іш, ішесің бе? – деп бәйек болған досым үстелдің бір шетін қолымен сыпырып, шақырып еді:
– Не хочу… Басым жазылмай тұр – деп қайта төсегін сықырлатып шіріген бөренедей ары қарап жата кетті. Бөлме іші қапырық, көк түтін, борсыған ащы иіс.
– Жүрші, Жанкаға бірдемелер алып келейікші, – деп Миятхан маған мөлие қарады. Қу жапырақша дірілдеген, құр сүлдесін сүйретіп, ине жеген иттей сүмеңдеп қалған оның мына түр-әлпетін көріп іштей қатты шошындым әрі қорықтым.
Осыдан бір жыл бұрынғы арқардай арқыраған айбынды да адуынды керемет келбетті досымнан жұрнақ та қалмапты.
– Жүр кеттік, – дедім сыртқа шыққанша асығып.
– Нариман, мына бұрышта сырахана бар, соған барайықшы, – деп өзі солай бұрылып, жетелеп алды.
Сырахана іші гуілге толы, өңкей реңі тайған, бет-ауыздары дөңкиіп, өңі тозған мыжырайған жандар қалқайып-қалқайып тік тұрып, кружкаларын көтеріп сыралатып тұр.
Миятхан екі күрешке сыраны қылқылдатып бірақ тартты да маңдайына тізіліп шыға келген шып-шып терін сүрткіледі…
– Болмай тұр, – деді темекісін қайта-қайта құшырланып, үсті-үстіне тартып көк түтінді бұрқыратқан досым жәутеңдеп мүсәпірлене қарады.
– Бас әлі шытынап сынып тұр. Бір құмыра ақ шетушка алшы?!
Маскүнемдердің ежелгі әдеті – арақтың атын тура атамай «шиша, құмыра» – деп атайтынын білемін. Менің қайран асыл текті қыз-қырқынның көз құрты болған алпамсадай алып тұлғалы, сұңқардай самғаған сері досым әбден тозған керзі етіктің қонышындай мыжырайып бітіпті. Есіл азамат бордай езіліп, өшіп бара жатқанын көріп, өзегім өртенді.
Шетушке арақты стаканға екі бөліп құйып алып, тартып алды. Көз жанары тұтанып, әңгімесін гөйітті.
– Нариман, мына досыма не болды деп сұрай алмай тұрсың ғой. Енді сыра ішуге болады – деп кружкадағы сыраны анда-санда ұрттап қойып, соңғы бір жылда не болған жағдайды айта бастады. – Жамалға қалай жақындадым, темірге жабысқан магниттей айырылмай қалдым. Өзің білесің мен қыз-қырқынның бірін икемдеп алып, келесісіне секіріп кете беретінмін. Ешқайсына көңіл бөлмейтінмін, шаруаны бітіремін де, басқа қызығымды іздеймін. Жыласа да, соңымнан қалмаса да, бұрылып қарамай, шорт кесіп тастаймын. Қыздар осы қызық, менің қызыл сөзіме, суша сыпырған уәдеме құлай сеніп қалады. Тілегіме жеткенше уәдені үйіп-төгіп бере беремін. Қалай төсекте дегеніме жеткен соң, жемтігіне тойған бөрідей жеріп шыға келемін. Қанша қыздың сорына қалдым. Қаншасы маған үйленеді екен деп сеніп, барынан айрылды. Мүмкін солардың көз жасы, қарғысы тиді ме екен маған? Сен таңданба. Мен жыланға арбалған торғайдай – осы Жанкаға, осы Жамалға қалай байланып қалғанымды түсінбеймін. Қақпанға түскен арландай қанша мәрте қашып кетейін-ақ деп осы пәледен құтылайыншы деп ойласам да кете алмадым. Арқандаулымын, тіпті темір шынжырмен кісендеулімін. Бұйырғанын орындайтын құл негірге айналдым ғой. Сенесің бе, Жамалдан кете алмайтын кеселге ұшырадым. Соны көрмесем тұра алмаймын. Сорлымын ғой.
– Бұл Жамалды қайдан таптың? – дедім ішімдегі қыжылды білдірмекке.
– Бүгін саған бар сырымды, бар құпиямды айтайын. Сенен басқа кімім бар? Бәрінен айрылдым ғой мен бейбақ. Түп-түгел айрылдым. Жамалды қайдан таптың дейсің бе? Қайдан болушы еді, Саин көшесінен. Анда-мұнда сол көшедегі қаздай тізіліп, көзін сүзіп тұрған көбелек-қыздарды сүзіп, қарап өтетінмін. Саған өтірік, маған шын кешкі апақ-сапақта сол көшені бойлай ақырын машинаммен қарап, кетіп бара жатсам: жол жиегіндегі ағаш түбінде бір әдемі перизат тұр. Тұп-тура періште! Қайта бұрылып келіп, әдейілеп қарадым. Қарадым да таң қалдым. «Қарағым, қаншаға?» – деп машина есігін аштым. – «Аға, – қатты қысылып тұрмын. Бүгін тұңғыш рет шықтым бұл көшеге. Ұялып тұрмын. Маған 100 мың теңге керек, әйтпесе жағдайым қиын. Әкем қатты науқас әл үстінде. Дәрі алуға ақшамыз жоқ» – деді.
– «Жүр, онда демалайық» – деген едім. «Аға, ағатай, алдымен ақша беріп қойыңызшы» – деп қиылғанда қалтамнан айтқан 100 мыңды суырып бере салдым. Міне содан басталды ғой біздің хикая. Алғашқы күндері өзіңмен таныстырдым ғой. Сен басқа облысқа жұмысқа ауысып кеттің. Сен жоқта бұл нақұрыс досың не көрмеді десеңші? Жамал маған алғашқы кезде бәрін өтірік айтып жүріпті. Мен ақымақ бәріне сеніп, айтқанына көніп, құстай ұшып жүрмедім бе? Ақыры мені матап-байлап алды, төңіректеп кете алмаймын. Бұл Жамал мыстан қатын болып шықты. Бұрын байы болған, бала алдырамын деп біржола тумайтын бедеу болып қалған. Екі-үш күйеуімен де де тез ажырасқан. Әкесі ауылда алқаш, оларға да әбден көмектестім ғой. Бұл қатын маған не істесе де, көтере беремін, шыдаймын. Бірдеңе десең шаптығып, қай-қайдағы байәдеп сөздермен ұрысқанда, қара жерге кіргізіп жібереді. Алты айдан кейін әйеліммен ажырастым. Үйімді сатып, жартысын алып Жамалға әкеп бердім. Машинаны да пұл қылғанбыз. Күнде жиын – күнде той, арақ-шарап ішпесек тұра алмайтын халге жеттік. Жұмыстан да, қызметімнен де қуылдым, әзер жарты айлықпен істегенсіп жүрмін.
– Е-е, қалай күн көріп, жан бағып жүрдіңдер?
– Бағанағы шеберхана үкіметтігі ғой, соған көшіп алғанбыз біржола. Біттім ғой, біттім! Қолым дірілдейді, сурет те сала алмайтын болдым.
– Жамал періштеңнің картинасын бітірдің бе?
– Қайдағы?.. Күмп етіп тұңғиыққа түсіп кеттім де, өң мен түстің арасында елес болып, құр сүлдем жүр ғой. Кезінде салған суреттерімді көшеге шығарып сатып, тиын-тебен етемін. Құрдымға біржола түсіп кеттім ғой…
Ол қос қолдай шекесін қысып, еңкілдеп жылап жіберді. Қайран менің асыл текті айбынды досым-ай… мынау мүсәпір, кісәпір мүскін түрге қалай тап болдың? Қалай ғана маскүнем болып, тез арада алжа-алжаң шығып, кәужіреген шірік бөренедей қауқарсыз жанға айналып кеткенсің? Қайран, досым-ай?..
Ол өксіп-өксіп алып, әңгімесін әрі жалғастырды… Мен барып оған тағы бір кружка сыра әкеп алдына қойдым.
– Заман бұзылдарда әуелі әйел бұзылады. Бір ақын айтыпты ғой. «Ақырзаман боларда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» – деп. Арын сатып, өзіндегі бар қазына – бәрін сатып көшеге шығып, тізіліп тұратын жезөкшелер қаптап кетті. Міне, Жамал да сол көп салдақының біреуі, сырты – адам, іші шаян. Мені тірідей жұтты, тірідей көмді. Біттім ғой, біттім…
– Миятхан-ау, оған енді қалай шыдап жүрсің? Біржола кетіп қалмайсың ба?
– Талай мәрте кеткім келді, кете алмадым. Шыр айналып бұдан шыға алмаймын. Білмеймін, бұл нағыз сайқал мыстан, мені жіпсіз байлап-матап алды. Кетейін деп қашсам жүрегім тарсылдап, іздеп, алаңдап, ойымнан бір шықпайды, дедектеп отырып қайта келемін. Өзі де талай мәрте былапыт ұрсып, «кет, көзіме көрінбе» – деп қолына түскен нәрсемен ұрып соғып қуып шыққанда да, бір түннен артық шыдай алмай, жалынып-жалбарынып қайта келдім ғой. Тізерлеп тұрғызып қояды. Сенесің бе, бедірейіп, безбүйректеніп жолатпай қойғанда, қайтейін, талай-талай боздатып, жылатты ғой. Айтқанын істететін өркөкірек, мені шаншып қойған қурай құрлы көзіне ілуді қойды. Адам бар-ау деп менен ұялмай, қызармай не бәлелерді істемеді десеңші. Саған айтуға аузым бармай тұр.
– Бәрін жасырмай айт, Миятхан. Маған айтпасаң шерменде болып өлерсің, байғұс… – дегенімде ол өксіп-өксіп, көзін жеңімен сүртты.
– Балаларымды ойлап қан жұтамын, әйелім басқа жаққа көшіп кетті.
Мен адам терісін жамылған бұралқы ит болдым ғой. Нақұрыспын. Қарадай басым шақшадай болып, адам боп сезінуден қалып барамын. Шынымды айтсам тірі өлікпін… Баяғы Саин көшесіндегі подружкаларын ертіп келіп Жамал үйде арақ ішіп, темекі тартып, жын ойнақ қылады. Олармен бірге ай-шай жоқ опаланып, боянып киініп кетіп қалады. Алғашқыда, түнде кештетіп болса да оралып жүрді, кейін екі-үш күн жоқ болып кететінді шығарды. Келгенде арақ сасып, мас болып, гүрс етіп төсекке құлайды. Құрбыларымен келсе арақ ішіп, билеп, түні бойы маған ұйқы жоқ. Дастархан дайындап, күтушіге айналдым. Бір-екі рет «мұның не» деп көрім едім, кетемін деп шаңқылдап – омырауына тыққан бір бума ақшаны маған лақтырып жіберді. «Сүмелек, пұл тауып, сені асырап жүрмін. Қураған қайыршы арағыңды ішіп шалқып жүрген бұл күніңе зар болып қаларсың» – дегенде жігерім құм болып үндей алмай отырып қалдым. Ақыры мені адам демей-ақ жігіттермен еркін саудаласып сөйлесе беретін болды. Бірде олардың барып жүрген саунасын барып көрмек болдым. Қаланың қақ ортасындағы адресін өзі телефонмен айтып қойған. Түнделетіп жетіп барсам есіктегі еңгезердей күзетші божбан қара жібергісі келмеп еді, қолына бес мың ұстат­тым. «Жамалдан кілт алуым керек» деп әзер ішке кірдім. Сауна іші әлем-жәлем, ұзын көкпеңбек бассейінде анадан жаңа туғандай үстерінде лыпа жоқ қыз-келіншектер тірі пендеңді байқамайды. Бұрыштағы үстел басында төрт-бес жалаңаш еркек. Біреуінің тізесінде отырған Жамал мені көре сала атып тұрып, «Миша, саған не болған? Келме мұнда. Жоғалт көзіңді» – деп мені итермелеп сыртқа шығарып жіберді. Өзі шала қызу, арақтың әсері ме, саунаның ыстығы ма, Жамал құлпырып, жайнап кеткендей көрінді. Мені қуып шыққанда бөксесін ойнатып келе жатқанда бұрыштағы еркектер сұқтана қарағанын көріп ішім әлем-жәлем. «Жанка, бір бөтелкеге ақша берші» – дедім. Ол халатының қалтасынан ақша алып бетіме лақтырды. Ұстай алмай жерге түскен ақшаны ала бергенімде арқамнан дүк еткізіп ұрып жіберді. «Сволоч, өлексе, жолама енді мұнда. Келсең аналарға айтып тұншықтырып өлтіремін де, көлге тас байлатып лақтыртып жіберемін. Түсіндің бе, оңбаған!» – деп далаға итеріп шығарып жіберді. Берген ақшасына бір тәуілік арақ іштім. Жанка қайтпады, жоқ. Ішім өртеніп, күйіп барамын, арақ ішем, сыра сіміремін, кәйіп болып құлаймын. Тірілемін де қайта шөлмекке жармасамын. Ішіп-ішіп өліп қалар ма едім, Жанкам үшінші күні келді. Түк болмағандай бір сөмке азық-түлігі бар, арақ-шарабы бар, жымия келіп, жанаса қасыма отырып, «Миша, саған не болған, тамақ ішейік, адам құсап, міне бәрін әкелдім. Тұра ғой, жаным», – деп киізденіп кеткен басымнан сипап еді, тәлтіректеп атып тұрдым. «Жанка-Жамалым, кешірші, кешірші, жаным!» – деп құшақтай жыладым. Сөйтіп, арағын ішіп, кәйіп болып түк болмағандай жүре беретін болдым. Ол түнге қарай жуынып-шәйініп, әтірін себініп, бет-аузын бояп, барынша киініп шығып кетеді. Екі көзім төрт болып, темекіні сорып, арақты стаканға құйып, қайта-қайта көтеріп, қызғанышымды баспақ боламын. Ол шала мас болып келгенде өлердей қуанам. Кешіксе өзім оның өзіндей құрбы-қыздары жалдап алған пәтерлерінен өліп мас болып ұйықтап жатқан жерінен тауып, есін жиғызып әкелемін. Мен сондай сорлы болдым…
Миятхан үн-түнсіз төмен қарап отырып қалды. Жүйкесі – жүн, жігері – құм менің досым бір жыл ішінде жабысқан шерін тарқатып айтып беріп, енді есеңгіреп отыр. Өрттің өзінен бұрын түтіні көрінеді. Алғаш бүгін мұның ұсқынын көріп, шошып кетіп едім. Аңқылдаған қара нардай қайран досым-ай. Екеуміз де арманшыл едік. Болашақта үлкен ғажайып суретші болсақ деп тәтті қиялдарға шомылатынбыз. Мен қызметтің соңынан кеттім, сен қыз-қырқынның буына мас болып жүрдің. Ақыры міне, өзің қақпанға түсіп, қаңсыраған қасқырдай бұратылып бітіп барасың.
Сен талантты, туа біткен дарынды екеніңді мойындайтынмын. Кезінде салған суреттеріңе таңқалатынмын. Тура жол таппасаң мына қым-қуыт тіршілік қор да қылады, суға да батырады. Жүрегім шаншып, жаман күйзелдім. Опына берсең опырылып кетерсің. Бір амал табуым керек. Су ішпеген ағаш тез қурайды.
– Миятхан! Тұр қане? Кеттік! – дедім. Маужырап отырған ол селк ете қалды.
– Қайда? Қайда барамыз?
– Біздің үйге кеттік.
Ол алақтап, сасқалақтап ілби басып соңымнан ерді.
– Алақаным бөртіп қызарып, екі білегім қышиды, – деп ол қасына бастады.
– Бұл маскүнемдіктің белгісі. Бауырың іріп кетпесін – дедім қатты сөйлеп.
* * *
Айбатынан бүкіл аң-құс айбынған Арыстан сұлу қыз Түлкіге үйленіпті:
– Аңдардың бәрін айбынымен алған, қаһарланса орман дірілдеп кететін Арыстанға қалай қорықпай күйеуге шықтың? – деп Түлкіден сұрайды.
Сонда сұлу Түлкі қызыл құйрығын бұлғаң қақтырып, жымысқы көзін аударып-төңкеріп:
– Арыстан бұрын арыстан болатын. Маған үйленген соң ол мысық болып қалды ғой, – депті.
Шынында да Арыстанда баяғы күш-қуат жоқ, күн санап кәужіреп, ешкім қорықпайтын жуас мысық секілді мәнжубасқа айналыпты. Жасына жетпей өліпті. Бүкіл билігі мен байлығы сұлу қызыл Түлкіде қалыпты.

* * *
Шұғыл шешімге келдім.
Дереу қала шетіндегі әкемнің үйіне ертіп әкеліп, монша жағып, бұлаулап үш қайта шомылдырып, деміл-деміл ыстық шәй беріп, борша-борша терлет­тім. Жаңа іш киім, жеңіл киімді сатып әперіп кигізіп, жаңа туған сәбидей жатқызып қойдым. Әке-шешем қалбақтап ет асты. Қатық қатқан сорпаны қыштап ішкіздім.
Түні бойы елегізіп, аласұрып шықты. Бала кезімдегідей екеуміз бақ ішіндегі тапчанға төсек салдырып жатқанбыз. Түні бойы досым жайлы ой қаумалап мен де шала ұйықтап тұрдым.
Шеберханаға келсек, теріс қарап бөшкедей боп теңкиіп Жамал әлі ұйықтап жатыр. Біреулер түнде болған-ау, үстел үстінде бөтелкелер сап түзеген солдаттардай көбейіп қалыпты.
Миятхан ақырын барып, Жамалдың шашынан дайындап әкелген қайшысымен кішкене қырқып алып, қалтасына сала салды. Сөмкесінен беторамалын алды.
Айдап отырып Алматының тау жағына шығып кеттік. Өзім талай-талай келіп жүрген Есентай өзенін жағалай машинам жеткен жеріне шейін барып, тоқтадық.
Төменде аспан айналып жерге түсердей қапырық буып, төбеңнен ыстық күйдіріп өрттей болып тұрса, Бутаковкада қоңыр салқын. Таңғажайып табиғатты рәсуа етіп сан түрлі ағаш, тоғайды талқандап, қырқа-қырқаны қарс-қарс тілімдеп, үйлер, жолдар салына бастапты. Баяғыда бұл уақта ұшып-қонып жүретін сан түрлі құстар да көрінбейді. Қайран ақ басты абыз Алатауым, жер жетпегендей сенің көркем бет-жүзіңді айғыз-айғыз тілгілей бастағаны ма?! Сәнің мен салтанатың тау бөктеріндегі таңғажайып орман тоғайың емес пе еді?!
Төменде газ бен смолаға, түтінге тұншыққан Алматыдан қашқан жұрт өзен жағалап, бұрын қалың жыныс тоғай болған тұрған тау баурайын отап, өртеп, тақырлай бастапты. Тек сай табанында Алатау мен Алматы осындай халге жетті дегендей көз жасына көміліп мөлдірей аққан өзен суы да баяғыдай емес тартылып, жағалауы құрғап тартылып, топырағы ашылып, көрініп қалыпты…
Су жағасы көкпеңбек майса шөп, суға жабыса жалбыз бен бүлдірген өскен. Бүлдіргені әлі піспесе де ұстап көріп, балалығымды еске алдым.
Миятхан екеуміз долана ағашының көлеңкесіне келіп шешініп, алып шыққан заттарымызды ортаға қойдық.
– Миятхан, сен жақсылап тыңдап ал. Менің айтқанымның бәрін істейсің. Өзің білесің мен Күйік әулиенің ұрпағы, Түктібай бақсының жиенімін. Сені Жамал әбден дуалаған, бойыңа түгел дуа жайылып кеткен. Мен сол дуасын қайтарамын, әйтпесе үзіліп, құрып кетуге аз қалыпсың.
– Жадылаған ба сонда? – деп досым аузын аша таңдана қарады.
– Иә, сен оның сұмдық сұмпайы, мүләйім жәдігөй, әбден азып-тозған жезөкше екенін біле тұра неге айырылмай, жабысып қалғансың? Неге? Бір қатынның қырсығы қырық есекке жүк болыпты деген осы. Сені дуалап, жартыесті, есуастандырып, жіпсіз байлап-матап тастаған.
– Шынында да, – деп міңгірлеп тасқа отыра кетті.
– Иә, әруақтар қолдай гөр. Қорқыт баба, Күйік, Түктібай аталарым ісімді оң қылып, Миятхан пендеңді дуадан тазарта гөр, жын-шайтаннан ажырата гөр! – деп қол жайып бата тіледім. Кезінде шешем осылай айтатын.
Дайындап әкелген консерві қалбырына бір уыс қорғасын салдым да, от жағып, еріте бастадым.
– Ал, Миятхан, қара, – деп балқыған қорғасынды жылтыр қағаздың бетіне шашып төге салдым. – Жақсылап қара. Міне, көрдің бе, шашы жайылған албасты бейнесі шықты. Сені сол қатын дуалаған. Енді дуаны қайтарамын. Мен ғұмыры арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, өйткені мен бақсы, әулиелердің ұрпағымын, маған әсте болмайды. Сен досым болған соң ғана амал жоқ осы іске кірістім.
– Жанка оңбаған екен ғой, ә? – деп Миятхан көзі шарасынан шыға шашылған қорғасынға қарап, басын шайқай берді.
– Ал, енді сені ең қасиетті тұзбен аластаймын, – деп бір шөкім тұзды алып төбесінен жеті рет айналдырып, – Қара бәле-дуа мына қасиетті тұзбен кет, мына ағып жатқан сумен кет деп, – суға лақтырып жібердім.
Шешемнен, ауыл қарияларынан, бақсы-балгер, тәуіптерден көрген­дерімді, оқыған, білгенімді істеп, айтып жатырмын.
– Мына қарақошқыл түтінді қара, – дедім ащы кепкен адыраспанды тұтатып, түтінімен аластай бастадым. Бүкіл буын-буыныңды, алпыс екі тамырыңды түгел буып тастапты. Адыраспан қасиеті денеңе жабысқан жын-пәлекеттерді қуып шығады, – деп үсті-басын көк түтінмен ыстап, аластап шықтым.
– Енді міне Жамал албастының шашын қара, – деп жайпақ тастың үстіне қойып, оны сіріңкемен жағып жібердім. – Пәлекет-сәлекет осымен кет, кет, – деп күлін жинап беторамалға салып түйдім. Екінші шетіне жеті қиыршық тасты салып жоғарырақ барып, жер қазып көмдірдім.
– Үстіне секіріп, тапта – Бәлекет-сәлекет осымен кет, біржола кет! – деп қайтала – дедім. Есі шыққан жартылай жалаңаш досым жаңағы көмілген жерді тепкілеп, өкшесімен тығыздай берді.
– Енді костюміңді алып кел. Мына түйреуішті ешуақ алма – деп түйреу­ішті жүрек тұсындағы ішкі жағына төмен қаратып түйредім.
– Мына албасты пішінді енді өзің үгіт, таспен ұрып бөлшекте – деп бағанағы қорғасынды бердім. Ол құшырлана тістене қорғасынды бөліп-бөліп үгіте бастады.
Қайта балқытып үстіне күкірт тастап едім қайтадан жаман иіс шықты. Жылтырақ қағазға қорғасынды қайта шашып кеп жібердім.
– О-о, мынаны қара Миятхан. Дуаң кетіпті, тазарыпсың. Қарашы, жақсы, қарашы. Мұнда не тұр?
Аң-таң болған досым шөкелеп отыра қалып, үңіліп қарады да:
– Гүл! Гүл ғой мынау – деді таңқалып.
– Албасты дуа кетіп, гүл өміріңе қайта оралдың – деп денесін, арқасын қағып, күбірлеп дұға оқыдым.
Ол сол сәтте атып тұрды да ағашқа сүйене бере еңкейіп, лоқсып-лоқсып құса бастады. Ол ұзақ лоқсыды, екі көзінен парлап жас шығып, іші-бауыры солқылдап, бүгіліп тұра алмады.
– Сен көкжасыл запыран құстың. Болды, міне ішіңдегі дуа сыртқа шықты. Біржола тазардың, ағардың, досым! Енді мына шапшып аққан суға бойыңды тазарт! – Ол суға секіріп сүңгіп кетті. Айқайлап баяғы бала кезіміздегідей өзенге рахаттана шомыла бастады.
Алатаудың сілем-сілем баурайларындағы киіз үй тігіп, малдарын жай­лауға бағып жүрген ағайын-туғандарыма барып, сәлем беріп, аралап, бір апта жүріп қайттық.
Есін жиып, әл жинап, қымыз ішіп, ет жеп бетіне қан жүгірген досым екеуміз Сарыбай бидің кесенесін көріп, Әулиебұлақ басындағы ағашқа беторамал жыртып байлап, демалып отырғанымызда:
– Нариман, әйеліммен табыстыршы мені. Бала-шағамды әбден сағын­дым – деді қиыла. – Баруға бет жоқ. Балаларым нағашыларыма сиыса алмай жүрген шығар.
– Жарайды, кеттік онда Қарағандыға – дедім.
– О-о, әулием! – Сен нағыз әулиесің. Менің Қыдырымсың! Сенің ғана қолыңнан келеді бұл жағдай, – деп мені қапсыра құшақтады.
– Кеттік! – дедім досымның ниетіне риза болып.
Алатаудың баурайы көкмайсаға малынып тұнып тұр. Баяғы маңғырған қалың қой, мал жоқ. Тотияндай көкпеңбек аспанда дәл біздің төбемізде алып құс айналып ұшып жүр…
Тау қыраны – бүркіт пе, әлде өлексе аңдыған тазқара ма? Қанша тесіліп қарасам да ажырата алмадым.

КӨЛЕҢКЕ

– Нариман, маған келіп кетші, – деген генерал Досов ағамның телефондағы дауысын естігенде ұшып кете жаздадым. Бұл кісі жай анау-мынау генерал емес МВД деп қысқартып айтатын Ішкі істер министрі. Ал, мен болсам көкбазардың түбіндегі тоғыз қабат көк әйнек үйдегі көп журналистің бірімін. Министр отыратын Дзержинск көшесіндегі сыртына колонна қойылған сұр үйге әп-сәтте жетіп бардым.
Кірпікшешен шашын теп-тегіс қып қысқартып алған тығыршықтай көмекшісінен не жөнінде шақырғанын сұрап едім, иығын қиқаңдатып білмейтіндігін айтты.
Бұл министр – менің әкемнің соғыста қайтыс болған Дос бауырының жалғыз ұлы. Интернатта, Ресейдегі әскери училищеде, институтта оқып, шетте өсті. Иығына пагон тағып, өмір бойы осы салада істеп, міне министр болғалы үшінші жылға ауды, атағы дүркіреп тұр.
Қабылдау бөлмесіндегі төзіммен кезек күткен сандаған генерал, полковниктерді тез қабылдап, шығарып жіберді.
– Әкең-шешең қалай, барып тұрасың ба? Алматыға көшіп келмей ме? – деп министр ағам жаймашуақ қарсы алды. – Көкеме барып сәлем беріп қайтайық бір жексенбіде – деп, алдындағы күнтізбесін ақтарып күнін белгілеп те қойды. Үні біртүрлі мәнерлі, мағыналы естіледі.
– Нариман, бізге қызметке екі мәрте шақырып едім, ат-тоныңды ала қашып келмедің. Бүгін сенің қайта-қайта сұрап қоймаған өтінішіңді орындайын деп отырмын. Бірақ сен мұны жазып жүрме, тіс жарып жан баласына айтушы болма. Түсіндің бе! Кәне, уәдеңді бер. Дұрыс. Бізде тәртіп қатал өзің білесің. Жендет, жаналғыш дегендердің қандай болатынын көзіңмен көресің. Шыңғысхан кінәліні бүктеп, беломыртқасын күтірлетіп сындырып жіберетін болған. Иван Грозный деген патша мұзға ойық жасаттырып, соған қол-аяғын байлап тірідей тастатып отырған. Гитлер қанышер тұтқындарды топ-тобымен кремоторийге айдап апарып, өртеткен. Ресейде ауыр қылмыскерлерді бүкіл елдің алдында дарға асқан. Ал, бізде басқаша. Қорықпай-ақ қой, көзің бағжиып кетті ғой. Жүр, қане, қазір көрсетейін, – деп орнынан жеңіл көтеріліп, мені бастап алға түсті.
Сарт-сұрт ертіп жүрген кезінде жаяу адам ілесе алмайды, бөкеңдеп желіп отырасың. Өзі де көркем, сымбатты. Әсіресе толқын-толқын мойыл қара шаштары көзге қандай әсем шалынады. Орысша, қазақша мүдірмей сөйлегендегі шешендігіне таң қаласыз. Көп оқыған-тоқыған тұңғиық терең білімдарлығы қандай десеңізші! Мекеме үйінің іші ұзын, бұлың-бұлың.
Лифтімен төмен сырғып келеміз. Бес қабат жер астына түстік-ау. Бұл сұр үйдің үсті алты қабат.
Ауыр қара шойын қақпа ашылып, темір торланған сол дарбаза алдында тұрған екі қарауыл сақшы қолдарын сарт-сұрт шекелеріне апарып, сіресіп, естері шықты.
Шені үлкені бізді бастап шамдары күңгірт жанған ұзын дәлізбен алып жүрді.
Шылдыр-шылдыр еткізіп тағы бір есікті кілтпен ашып, кең залға кіргізді.
Бүйірдегі есіктен ұзын бойлы сержант сарт-сұрт шығып:
– Жолдас генерал! Тапсырманы орындауға рұқсат етіңіз, – деп рапорт берді.
– Орындаңыз!
Ағамның даусы гүрілдеп, күркіреп шығады. Жалпы генерал біткеннің дауыстары қаһарлы әрі жуан, салмақты.
– Құп болады! – деп сержант қалт бұрылып, жаңағы өзі шыққан кабинетке кіріп кетті.
Біз келген есіктен тағы үшеу кірді де, министрді көре сала сымдай тартылып тұра қалды. Шені үлкені:
– Жолдас генерал, бүгінгі операцияны атқаруға прокурор, дәрігер толық дайын. Операцияны өткізу бастығы капитан Мелдешов – деді орысшалап.
– Дәрігер халатыңыз қайда?
– Міне, жолдас генерал, сөмкемде – деп көзілдірікті дәрігер дереу қолындағы үлкен портфелінен ақ халатын алып киді.
Анадай жердегі қабырғаға ілінген үлкен сағат тілі 11-00–ді көрсеткенде зіңгіттей ірі екі сақшы қолдары артына қайырылып, кісенделген қылмыскерді дедектетіп әкелді.
Ату жазасына кесілген ауыр қылмыскер дегенде көз алдымда бет-аузы тыртық-тыртық, көзі заһар отын шашқан, аузынан ақ көбік атқан құбыжық бейнелі албасты, қорқынышты біреу тұратын.
Мына тұтқын отыздан жаңа асқан, аяқ-қолы келсаптай, палуан тұлғалы балпиған ірі. Тыпыршып, тықыршымайды бәріне жайбарақат. Анандай жердегі темір креслоға отырғызып, қол-аяқтарын құрсаулап бекітті, кеудесін шандып шырмап байлап тастады. Қыңқ деген дыбыс шықпады.
Ұзынтұра прокурор жіңішке дауысымен қандаладай қадалып, үкімін оқи бастады. Қылмыскер оны әрбір әріп, нүкте, үтіріне дейін сан қайтара оқып, бір жыл ішінде жаттап алса керек, былқ етпеді. Тек алақандай бақшиған көзінің асты ғана жыбыр-жыбыр еткенін ғана байқадым. Прокурор мұндайға еті үйреніп кеткен бе, түк болмағандай:
– Ату жазасына үкім етілді! – деп будыраған қағазын жинап, қасымызға келіп тұрды.
Тым-тырыс өлі тыныштық орнады.
– Қылмыскер не дейсің? – деді генерал әлгіге оқты көздерін қадап.
– Камерамда балаларыма жазылған хатым қалды. Соны қолдарына тапсырыңызшы, начальник генерал! Осы аманатым, соңғы тілегімді орындаңыздаршы, өтінемін! Жалынып сұраймын!..
Үні майда жұғымды, жалынышты. Алақандай қасіретті зәрлі көздеріменмаған шаншыла, қадала қарағанда денем түршікті. Заң адамдарына ілесіп жазғыра қарайтындай нем бар, дәтім шыдамай жанарымды бұра бердім.
Сол жақтағы есіктен басына қара маска-бетперде киген қолында мылтығы бар бағанағы сержант шыға келіп:
– Рұқсат етіңіз! – деп екі аяғын бір-біріне сарт-сарт ұрып, қолын шекесіне апара қаздиып тұра қалды.
– Рұқсат! – деп генерал күркірей гүрілдеген дауысымен бұйрық берді.
Қылмыскердің екі көзі мені ішіп-жеп барады.
Осы бір баданадай бақшиған жанарларында не ой, не сезім жоқ десеңші!.. Өкініш пен өтініш, жалыну мен жауығу. Жалбарынған қос жанары кейде жәудіреп мұңая ма, тұнық көлдей бола қалады да, артынша-ақ тез бүлініп шатынап, жарылатын бомбадай өзгереді. Дәл сол кездегі үрке, шошына қарағаны: өкпеңді суырып алғандай оқ боп тиеді. Жаралы құсқа тас атып нем бар, жәй көңілмен қараған болдым. Олда соңғы тірлік үстінде соны сезіп тұр.
Зіңгіттей екі жағындағы милиционерлер қара шүберекпен көздерін бас­тыра байлап тастады да, біздің артымызға келіп тұрды.
Екі сұқ көздің түпсіз қасіретіне жүрегім суылдап тұрған мен сонда барып «уһ» деп есімді жидым… Көрген жаман түс құйынынан ояна кетіп өзіме әзер келдім. Генерал бізді шетке бұрып оңаша тұрғызды.
Маска киген сержант бірден алға он қадамдай барып, мылтығын кезеніп тұра қалды. Мылтық үні зал ішін жаңғыртып, жай түскендей миды жара тарсылдар десем, жоқ жай ғана тырс етті.
Темір креслода тіп-тік отырған қылмыскер басы сылқ етіп, қылжиды да қалды.
Ақ халат киген дәрігер барып, тамырын ұстап көріп:
– Тапсырма орындалды! – деді.
Прокурорға ілесіп бізде жанына бардық.
Қылмыскердің дәл маңдайынан бармақтай жер қызылдақтанып тұрды да, содан екі-үш түйір қан төмен аға жөнелді…
Дәрігер көзін байлаған қара шүберекті шешті. Екі көзі ұясынан шығатындай бажырайып, ағы молайып, жанары сөніп, бақшиып тұр. Қолына резеңке қолғап киген дәрігер екі көзін жұмдырды.
– Нөмірі қандай?
– 1975. №31 – деді генерал сұрағына капитан тақылдай жауап беріп.
– Солай деп моласының үстіне темір қалақшаға жаздыртып қойыңдар.
Мынаның камерасындағы хатын дизенфекциялап, тексеруден өткізген соң, маған әкеп беріңдер, – деді де министр маған «кеттік» дегендей ишараттап, сыртқа беттеді.
Кабинетіне келген соң, демалыс бөлмесіне кіріп ұзақ жуынып:
– Сен де беті-қолыңды жуып ал! – деді. – Осындай операциялардан кейін кірлеп кеткендей боласың. Кешке үйде тағы шомыламын – деді ағам көлдей орамалымен сүртініп жатып.
– Сен бұл көрген-білгеніңді жан адамға айтушы болма! – деп министр көкем тағы ескертті.
Үш күннен кейін бұл кісі мені тағы шақырды.
– Ана көмекшім отыратын кабинетті іштен жауып ал да, мынаны оқып көр, – деп көк дәптер ұсынды.
Шақпақ жол дәптердің жартысын толтыра жазған әнеукүнгі қылмыскердің жазып қалдырған хатын екі қайтара оқып шықтым.
Хатты Арман, Асқар атты екі ұлына арнап жазыпты. Ешбір қылмысы жоқ, жаланың құрбаны болғанын, кездейсоқ оқиғадан жазым болғандар үшін мұны кінәлағанын тәптіштеп айтыпты. Арақ, наша деген қызылкөз пәле шықты, содан аулақ болыңдар. Сендер ұзақ, бақуатты жасайсыңдар. Әкеміз осындай адам шошырлық қылмыс жасады деген қарғыс жала беттеріңе таңба болып, сеніп қалмаңдар. Кейін, көп кейін көресіңдер, сенесіңдер сонда ақ адал екеніме. О дүниеде де тек сендердің тілеулеріңді тілеймін, – деген сарында төгіліп, егіліпті. Хатты бірнеше мәрте көшіргенін айтып, егер бұл жазбаға жүректері сезсе әйтеуір әкелерін кешіргенін қалайды.
– Хатты оқып қатты толқып, таңқалдым. Жан сырын ақтарып, ақ қағазға өмірін өрнектеп қалдырып кетіпті, – дедім министр ағама.
– Сен сол антұрғанның жазғандарына шынымен сеніп отырсың ба? Бәрі шылғи өтірік. Бұл малғұндарға ату жазасы үкім шыққаннан кейін бірден орындалмайды. Ол облыс, республика, Мәскеуге барып бекіп келгенше бір-екі жыл өтеді. Жан беру оңай емес сүйкетіп, өтірікті судай сапырып, тап-тазамын, жалақорлар түбіме жетті деп сықпыратып арызды үсті-үстіне айдайды. Заң бойынша ол тексеріліп, бәрі бітіп келгенше, уақыт созылып, бір-екі жылдан да асып кетеді. Міне, осы кезде олар қиялиланып, әйеліне, баларына хат жазуға кіріседі. Неше түрлі қитұрқы ақталу жолдарын айтып, онысын мың көшіріп, аманаттап жеткізуге тырысады. Ақын боп кететіндері де, алдап жынданатындары да, тіпті өз-өзіне қол жұмсайтындары, өзінің аяқ-қолын сындырып, мүгедек болып қалатын неше түрлі сұмырайлар толып жатыр. Мына хат жазғыш салмақты көрінді, ешбір бақырып-шақырмады. Үкім орындауға әкелерде кейбірі тырысып, жүрмей, сүйреп әуреге түсіреді. Көбісі жылап бақырып, аузына не келсе соны оттап, лағнеттеп кетеді. Кейбірі адам таңылатын темір креслоны көргенде жүрегі тарс жарылып, жүріп кетеді. Әнеукүнгі албасты бәле басқалардан титтей рақым болмасын сезіп, көзбен ішіп-жеп, соңғы сөзін саған арнады, байқадың ба? Бұлар – әбден сары аяқ, қу мүйіз психолог болып алған сұмдар ғой. Сенің түріңе қарап бірден бұл органның милиция адамы емес екендігіңді таныды. Хатын саған аманаттап кеткендей болды. Іштей табыстады. Қылмысына қарай олар жазасын алу керек! – деп министр орнынан түрегеп графиннен су құйып ішті.
– Аға, мына хатты балаларына тапсырыңызшы. Кейін өскенде ең болмаса көңілдеріне демеу болсын. Соңғы аманаты ғой.
– Бұл қанышерлерге ешуақта сенуге болмайды, екі адамды өлтірген жауыз ол. Жарайды, көрерміз. Тек әнеукүнгі көргеніңді, мына хат жайында бір адамға айтушы болма, – деп министр толқын-толқын шашын қолымен қайырып қойып, алтын жалатқан көзілдірігін киіп, әңгіменің біткендігін аңғартты.
…Кейде сол бір пақыр пенде түсіме кіріп жүрді. Жалғанда атылар алдында көз алдыңда болған адамнан жаман нәрсе жоқ екен. Алақандай қос жанарынан жас төгіліп: жалынышты, жалбарынады-ау, кейде сөніп шақшиған екі көзі жыпылықтап бір өліп, бір тірілеме-ау! Түсіме көпке дейін кіріп, шошынып жүрдім…
* * *
Алматыдай ғажап, көркем қала әлемде жоқ-ау. Жылдағы демалысымды осы әппақ қар басқан шыңдары көкке шаншылған Алатау баурайында аунап-қунап өткізіп, рахаттана дем аламын.
Медеуге бара жатқан жол бойында көкорай шалғын, қалың ағаш көмкерілген МВД санаториінде жеке ақсарай люкске орналастым. Енді жаңа кітабымның қолжазбасын қарап шықпақпын.
Түскі асқа барғанда асханада Досов ағамды кездестіріп, мәре-сәре болып қалдым. Мақсат Досов министрліктен түсіп қалып, МВД училищесі бастығы болып жүріп, зейнетке шыққан. Жанындағы жеңгем – баяғыдағы әңгелектей дөңгеленген сұлу келіншек бұл күндері тым толық, ыңқыл-сыңқылы көп, әзер жүріп-тұратын кәужіреген кемпірге айналыпты. Ағамның көмірдей тұнық қара шаштары сиреп, Алатаудың құз-шатқалдарындай ағарып, көзілдірігінің астындағы екі көзінің жиектері қызарып, жиі жаусарай беретін болыпты. Бірақ қырым ет жимаған сыптығырдай тіп-тік қалпы, жүрісі ширақ, тек құлағы сәл-пәл тосаң тартқан.
– Біз үш күннен кейін шығамыз. Осыған тегін жолдама берген соң келіп қалдық. Бәйбішенің қан қысымы көтеріліп, жүре алмай қиналып жүр. Министр болып тұрғанда осы санторийді Үлкен кісіге кіріп, өзім сұрап салдырған едім. Қарашы, қандай керемет жерге орналасқан, тау жақ, арқыраған өзен мынау. Абай көшесінен жоғарғы жақ қалың тоғай, ну орман болатын. Көкорайға малынған осы жерді таңдап, мына нән қарағай, шыршаларды кестірмей өзім қатаң бақылап жүріп бітірткен едім. МВД қызметкерлерінде жүйкеден жүйке жоқ, күндіз-түн шапқылап жүрген асыл азаматтар ғой. Солар рахаттанып демалсын дедім. Айтпақшы, бүгін ораза басталыпты. Кешкі асты ішпей біздің палатаға кел, ауызашар беремін, – деді көкем жанындағы столға отырғызып.
Қырғауылдыда тұратын күйеубаласымен медик қызы мол дастархан жасапты. Жасы келген бір кісі мақамдап құран оқыды.
Сылқия тойған астан кейін аға екеуміз сейілдеуге далаға шықтық. Кешкеқарай Алматының тау жағы таңғажайып қой, шіркін! Алатауымнан аңқылдақ ақ самал ақтарылады, тұла бойыңды ұлпадай сылап, жұпардай сипап, жандүниеңді анау жарқыраған жұлдыздардан да жоғарылатып жіберетін қасиеті-ай! Шайыры аңқыған нән ағаштар жол беріп, тротурардың екі шетінде сақшылардай тізіліп қалыпты. Кәусар ауасы кеуде сарайыңды ашып жіберетін тымық іңірде ары-бері көп жүрдік.
– Жаңағы құран оқыған кісіні таныдың ба? – деп сұрады генерал көкем.
– Жоқ, көрмеген адамым сияқты.
– Сен оны көргенсің… Ол сені бірден таныды. «Баяғыда енесінің жанында құлағы едіреңдеген құлындай тыпыршып тұрған, мұны сол кезде кім десем, Сіздің туысыңыз екен ғой» – деді. Есіңде ме, баяғыда мен министр болып тұрғанда әлгі аса қауіпті қанышерді атқан азамат. Онда сержант болатын, қазір отставкідегі майор. Бұларды сыртынан – жендет, палачь деп те атайды. Жоқ, бұлар тапсырманы мүлтікіз орындаушы МВД қызметшісі. Мына жігіт құралайды көзге атқан мерген, бірден көздеген жеріне дәл тигізеді де, сеспей қатырады. Сабырлы, қан қысымы бір өзгермейді, бұлар дәрігердің үнемі бақылауында болады ғой. Ерекше тапсырма орындайтын бұл бөлімнің қызметкерлері елмен араласпайды, қатаң сұрыптау, іріктеуден өтеді, сырт бейнесі, бет-аузында есте қалатын ерекшеліктері болмауы тиіс. Бұлар төменде – подвалда отырады, сонда жаттығатындықтан подвальниктер-көртышқандар деп те атайды, жалпы сапқа тұрғызбаймыз. Мәскеуден өте құпия тапсырма түседі, Совет Одағының бір жерінде мемлекетке аса қауіпті мынандай жанды сездірмей жою керек! Дереу жаңағы подвалдағы сарбаздың біреуіне ерекше тапсырма беріп сапарға жібересің. Бәленбай күннен кейін жай киіммен кеткен ол «Тапсырма орындалды!» – деп келіп тұрғанда, он күн, кейде жиырма күн демалыс береміз, шенін жоғарлатып, сыйақы жазамыз. Міне, мына жігітте сондай мықты азаматтың бірі, білімі – колледж ғана бітірген, бірақ тындырымды. Жан баласымен араласпайды, дос-жараны жоқ, тұйық, бұйығы. Майор шеніне дейін көтердім. Бес баласы бар екен, бір ұлы үйленгенде отставкіге шыққан кезінде шақырды. Туған-туыстарының көзінше әбден мақтадым, қатты риза болды. Меккеге барып, қажы болып келді. Міне, бүкіл санаторийде демалушылардан сол ғана ораза ұстапты. Егінді жегідей жеп құртатын арам шөпті жұлып тастайды ғой, сол сияқты елге зор зиян, орасан қауіп келтіретіндерді білдірмей көзін жою осындай мықты жігіттерге сеніп тапсырылатын. Нариман сен де ана баяғы сержант, бағанағы майорды танымапсың, ғой, – деді генерал ағам күбір-күбір сөйлеп, нән ағаштардың көлеңкесінде арлы-берлі жүріп, серуендегенімізде.
Ертесіне кешке мен ауызашар бердім. Келінім балам екеуі қой сойып, пісіріп әкепті. Бабымен сылынып піскен басты Мақсат көкеме, жамбасты құран оқыған кісінің алдына қойдым. Майор құйқылжыта әуеніне келтіре құран оқыды да, тамақ ішіп бітпестен жатып бір шаруам болып тұр деп,кетіп қалды. Генерал екеуміз терренкурде бір сағаттан аса жүрдік.
Аңқылдаған самал өзеннің сылқ-сылқ күлкісіне көміліп, құлдилай соғады. Жазғы ымыртта жалбыздың, қара бүлдіргеннің ашқылтым иісі бұрқырайды.
Медеу сайы көркем ғажаптығын көрсетуге қызғанардай, қара-көлеңкемен қымтана бастапты. Аспанға ақ маржандай жарқырап шыға келген сан миллион жұлдыздар жерге тамып-тамып түсердей мың-мың жерден жымыңдап еркелейді.
Көптен көкейімде жүрген нәрсені сұрап қалғым келді:
– Аға, баяғы хатты бердіңіз бе?
– Қай хатты? Е-е, анау жетпіс бесінші жылғы қылмыскердің көк дәптері ме? Жоқ, бермедім. – Бұл кісінің есте сақтау қабілеті сұмдық, ештеңені ешуақытта ұмытпайтынына таңқаламын.
– Неге, бермедіңіз аға? Онда ешқандай криминал, құпия нәрсе жоқ еді ғой.
– Беруге болмайды. Заң солай. Заңнан аттауға болмайды. Ол көк дәптерді құжаттарына тіркеп, архивке өткіздік. Біреу-міреу іздесе содан табар.
Екеуміз де үндемей өзен жағасына келіп тұрдық. Су шолп-шолп сылқылдап аққан үнімен сезіміңді қытықтап ойнағандай. Бұрқаған тамшылардан шашуын шашып, ақкүмістене асыға жүйткіп ағады. Алыстан қырғауыл қоразының құрқұлы естіледі. Өзен аңғарында әредікте салқын жел желпіп өтеді.
– Қалам ұстаған інімсің ғой. Саған бір көлеңкемдей ойымнан шықпай қойған құпия жағдайды айтайын. Онда мен бір облыстың милиция бастығымын. Облыстың прокуроры, соты үшеумізге түрмеге баруға Мәскеу­ден тапсырма келіп түсті. Бір азамат кісі өлтірді деген үкіммен жиырма бір жылға сотталып, тоғыз жылын отырғанда, шын басқа қылмыскер табылып, бәрін мойындаған. Сағат онда түрме бастығының кеңсесінде отырдық. Быршып толып кеткен подполковник сұраған құжаттарды алдыртып, терлеп-тепшіп есі шықты. Алғашында өзін тергей ме, қамауға ала ма деп зәресі ұшыпты. Құм жоталардың арасына салынған бұл ескі түрме қаладан тым алшақ, басшылар көп келе бермейтін, көптің көзінен жыраққа орналасыпты. Бұл облысқа менің ауысып келгеніме екі-ақ ай, прокурорға бір жыл, ал сот төрағасы бес жылдан бері сонда істеп келеді. Кабинетке сотталған жанды алдырттық.
Бас киімін шешіп, босағада тұра қалған оның кейпін көріп қырық жаста деп ойламас едім, шашы түп-түгел ағарған, екі ұрты солған, күрек тісі жоқ бейне кәужіреген шал тұрғандай көрінді. Прокурор, одан кейін сот төрағасы сөйлеп, бұл кісінің еш жазығы жоқ, толық ақталғаны жөнінде үкімді оқып, қолына берді. Анау екі парақ қағазды ары-бері аударыстырып тұрып-тұрып: «Менің тоғыз жылғы уақытымды немесе 2376 қайран есіл күндерімді кім қайтарып береді?» – дегені. Ол жылар, айқайлар, балағаттар деп, біз бәріне іштей дайындалып келгенбіз. Бір қарасақ үшеуміз әлгіні қаумалап, кешірім сұрап жатырмыз. Шашы аппақ қудай құр сүйек оны алып шығып, енді ауылына үйіне тарттық.
Үш-төрт машина сау етіп, есігінің алдына жетіп барғанда үйден қолында ожауы бар әйел, үйелмелі-сүйелмелі үш ер бала шығып, таңдана қарасып қалды.
Егде сот төрағасы:
– Осы үйдің отағасы жаламен сотталыпты, сол кісі толық ақталды. Міне, облыстық сот, прокурор, милиция бастықтары бәріміз Сіздерден кешірім сұрап келдік, – деп артқы машинадан түсірілген отағасын қаумалап әкеп табыс еттік. Қолында ожауы бар әйел селк етіп талып түсті, су шашып әзер есін жиғыздық. Үш ұл әкесіне жабысып еңіреп, жылап жүр, әкесі байқұс оларды қапсыра құшақтап алған. Әйел есін жия салып күйеуіне асылып ойбайды салды дейсің… –Баяғыда сот болғанда «егер мен қылмысты болсам, бірден атып тастаңдар еш қылмысым жоқ» – дегеніне сенбей мұны соттап жіберіп едіңдер, сормаңдайлым, асылым-ай» – деп көз жасын көл қылып, еңірей боздап жылағанын айтпа. Озандаған қалпы қолындағы ожауын тастауға шамасы келмей айқайды салып, гөй-гөйге басқанын естіп, көршілер жиналып қалды. Түрі қату күміс сақалы кеудесін жапқан сұлу кескінді ақ қалпақ киген бір қария:
– «Сендер начальник болсаңдар, клубқа бүкіл елді жинап, солардың көзінше ақталғанын айтып, кешірім сұраңдар. Екі парақ қағаздарыңды не қылайын» – дегені. Ертесінде ауданға айтып, клубқа ел жинап, бәрінің көзінше түрмеде жазықсыз отырған мүсәпірден кешірім сұрадық. Ел бірінен кейін бірі сөйлеп әлгіні мақтап ала жөнелді, совхоз директоры жаңа трактор беретінін, звено жетекшісі болатынын да айтты. Жазықсыз жапа шеккен ол туралы, оның адами қасиеті жөнінде, заң орындарының осыншама жауапсыздығын бетімізге басып кінәлап сөйлеушілер көп болды. Әсіресе, алдын әппақ күміс сақал көмген ақ қалпағын шешпей трибунаға шыққан ақсақал қолындағы таяғымен сахнада отырған біздерді көрсетіп:
– «Мына жаламен сотталған баурымыздың барлық шығынын орнына келтіресіңдер. Үшеуіңнен осыны ар сотына саламын. Болмаса Мәскеуге аттарыңды атап жазамыз да отырамыз. Бұл – бір. Екінші осында жазықсыз тоғыз жыл адам көрмеске барып келген інімнің үйіндегі келінім отыр. Міне, нағыз адал жар, ардақты ана осы келінімдей-ақ болар! Тұра қойшы қарағым. Тоғыз жыл бойы күйеуін күтіп, ақ екенін құдайдай зарлап айтудан танбады. Жиырма бір жылда кім бар, кім жоқ демеді, жарының ақ төсегін ардақтап, балаларын бағып-қағып, ассуын, ішер тамақ, киер киімін қамдап, жұмысын істеп, түрмедегі күйеуіне жыл құрғатпай барып тұрды. Міне, нағыз ана! Нағыз адам! Киелі жердің қызы еді, біздің елдің қасиетті келіні екеніңді баршаға үлгі еттің қарағым! Саған Алланың нұры жаусын!» – дегенде зал толы халық ду қол шапалақтап жіберді. Көңілі бостары жылап та отырды.
Қара жерге кіруге тесік таппай әбден қиналып, біз үшеуміз де жер болып шықтық. Москва арқылы ізденіп тоғыз жылғы жазықсыз тартқан жәбір-жапасының төлемін дұрыстап алып беруге заң жолымен уәде еттік.
Облыс орталығына түнде жеттік. Қалаға кіре беріске тоқтап, машиналарымызды қаңтарып қойып, жол бойынан әрірек барып үшеуіміз ақылдаса бастадық.
Ақыры мынандай келісімге келдік.
Прокурор осы бүгінгі істі былықтырғандарды түгел тергеуші, соттан бастап жауапқа тартады. Сот төрағасы жазықсыз сотталған жанның тоғыз жылға еңбекақысын қосымша өндіріп беретін болады. Ал, мен оның бір ұлын оқуға түсіріп, дипломын алып беруге, қамқорлық жасауға келістім. Ана екеуі бір жылға жетпей-ақ уәдесінде тұрды. Істі жүргізген тергеушілер мен судьялар түгел қызметінен босатылып, тергеуге алынды. Сот бізбен бірге қосылып Мәскеуден қуып жүріп өтемақысын өндіріп, мол қаржыны аударып беріп, оған жәбірленуші жанұя өзге қажеттерімен бірге жаңа үй салып алды. Мұнда менікі қиынға соқты, тұңғышы аттестат алысымен қай оқуға баратынын біліп, ректормен сөйлестім. Жатақханаға орналастырып, бар жағдайын бес жыл бойы сыртынан қадағалап жүрдім. Ақыры диплом алып, еліне мұғалім болып оралды. Кейін министр болғанда облыс басшысына айтып әлгіні мектеп директорлығына тағайындаттым. Мұның бәрін өзіне, үйіне сездірмей, ешкімге білдірмей сыртынан істеп, «уһ» дедім ғой. Әкесі байғұс кейін қайтыс болғанын естідім. Сол шашы әппақ қудай ағарып кеткен жанның «тоғыз жылғы уақытымды кім қайтарып береді?» – деген міскін бейнесі көкірегімнен кетпей, түсіме де кіріп жүрді. Қаншама қылмыскер, сотталушы, небір қилы-қилы оқиғаларды көрдік қой. Бірақ осы бір жайт көлеңкемдей қыр соңымнан қалмай еш ұмыта алмай-ақ қойдым. Бұл бүкіл өміріме сабақ болды, әр нәрсенің ақ, қарасын ажыратып алуға тырысатын болдым.
Біздерде жүрек жоқ, мейірім-шапағаттан жұрдай деп ел өсектейді. Жоқ, олай емес. Жаңағы құран оқыған майор айтады: «Соңымнан әлдекімдер тысырлап аңдып жүрген сияқты, көлеңкем болып баяғылар кезектесіп күзететін секілді алағызып, жүрегім байыз таппайтын жайға душар болдым. Меккеге де бардым, ораза-намазды да қаза қылмаймын. Соңымда қалбақтап ілесіп сыбыр-күбір етіп аңдып жүргендердің үнін бұлдыр естимін, қарасам сұлбасы жалт етіп көрінбей кетеді. Невропотолог, психолог дәрігердің талайына көрініп, қаралдым. – «Әлі жиырма бестегі жігіттей дыңдайсыз, ешқандай ауытқу, ауру-сырқау түк жоқ деп шығарып салады», – деп сырын айтты.
Нариман, сені қасыма жұмысқа шақырғанымда келмегенің дұрыс болыпты. Сенің мінез-құлқың судай тұнық, адал қалпың бізге жарамайды екен. Әлгі көк дәптерді сұрай бересің. Оның әйелі, балалары фамилия, аты-жөндерін ауыстырып, намысқа шыдамай басқа облысқа көшіп кетті. Ал, сен ол қанышердің сухитына сенесің.
Сыр ашып, біраз нәрсені ақтарып салдым. Қой қайтайық, жеңгең жатып қалған да шығар, – деп генерал ағам өздері жеке жатқан аппартамент үйге беттеді.
Алматының қара барқыт мақпал түнінде санаторийде ой қаумалаған мен денем тоңазығанша ары-бері кезіп жүріп алдым.

* * *
Келер жылы жазғытұрым Досов көкем аяқ астынан қайтыс болды.
Иықтары жарқыраған генералдар мен шенділер қарақұрым қаптап Офицерлер үйіне симай салтанат өткізіп, оркестрмен қаралы марш ойнап, Алматының көшесімен алып жүрді. Кеңсайға апара жатқанда шұбырған машина нөпірі бүкіл жолды жауып тастады.
Ел жапатармағай жерлеп, әп-сәтте жас топырақ басқан бейіт төңірегіне қаралы қауым самсап отыра қалып, қала имамы құран оқыды.
Жұрт тарай бастағанда өмірі көзіне жас алмайтын емендей тіп-тік әкем бүгіліп, «Бауыр-е-ем! Бауырым!» – деп қарлыға дауыс сап жылап жібергені. Мақсат көкемнің небір шуақты мінездері есіме түсіп, енді сол бір жан мәңгілікке кеткені ме деп мен де көзіме еріксіз жас алдым. Сары топырағы дегдіп кеппеген мүрде басында жақын туған-туыстары ғана қалдық.
– Ел қырық қадам ұзап кетті ме? Енді бұл кісі о дүниелік. Бұл аруақ көкеміз тірілерден тек құран дәметеді,– деп көнетоз курталы біреу күнқағарын баса киіп, көк шөпке отыра қалып, құран оқи бастады.
Таныс дауыс, мақамына шейін білетін бұл кім екен деп бұрылып қарасам – былтырғы санаторийдегі майор. «Иә, Алла, Досұлы Мақсат пендеңіздің біліп істеген, білмей істеген күнәләры болса кешіре гөр» – деп құранды мәнерлеп оқып бітіріп, бір шөкім топырақты іліп алып, бейіт үстіне себезгілеп тастады да, бұрылып жүріп кетті.
Мені анық көрсе де көрмегенсіген кейіп танытты… Баяғы ел көзінен таса жүруге тырысатын әдеті.
Сол бір жанның бет-бейнесін көз алдыма нақты елестете алмаймын. Бұлдыр-бұлдыр көптің бірі, көлеңке іспетті бұл адамды кейін, содан қайтып кездестірмедім.
Өмірде өткізіп алған кешірілмес күнәң – сүметіліп соңыңнан қалмайтын жарбиған көлеңкең екен-ау…

ҚАРА ЖЕРДІҢ ҚҰШЫРЫ

Тау бөктері құйқалы, қалың жаңбырдан кейін дүр көтерілген шалғын ат бауырынан келіп, жайқалып тұр. Мүсірәлі қия беткейлердің шөбін тықырлай шауып, сайға түсті. Жағасы жалбыздан көрінбейтін өзен жағасына тоқтап, терлеген бетаузын жуып алмақ болды. Арғы қия беткейден ауыл әкімінің «Нивасы» шаңды бұрқырата шаңдатып, тура жанына келіп тоқтады. – Мүсірәлі, досың аудан әкімі болды! – Кім? Кімді айтып тұрсыз? – Ахмет ше? Нұрымның баласы. Сенімен бір сыныпта оқыған досың! – О, тамаша болған екен! – деп Мүсірәлі май-май қалпы ауыл әкімін құшақтай алды. – Сүйіншіңізге бір семіз қой атадым. Қалаған уақытысында алыңыз, аға, – деп мәз болып ыржалақтай берді. Ауыл әкімі – жасы келіп қалған, толықша денелі, тапал Сқақбай ұзақ жылдар мектеп директоры, соңғы төрт-бес жыл маңайында ауыл әкімі болып, өзінен оқығанның бәрін шәкірт санайтын мінезімен: – Біздің шәкірттер шетінен мықты ғой, мықты! Ахмет Нұрымов мектепте қалай үздік оқыды, міне, жарып шықты! Біздің ауылдан шыққан тұңғыш аудан әкімі! – деп Мүсірәлінің арқасынан қағып қойды. – Ең жақын досы да, туысы да сенсің, құтты болсын айтайын деп естіген бойда сені іздеп шықтым. Сқақбай әкім де еңкейіп тау суына бетін жуды. – Біздің таулар да қасиетті ғой! Қарашы, содан аққан суы да тастай суық, тұп-тұнық мөлдір. Біз қандай жер жаннатында тұрып жатырмыз. Асанқайғы атамыз «Балдырғаны білектей, бүлдіргені жүректей, шөбі нулы, күміс сулы ғажап жер екен» деп таңданыпты деседі. Ауыл әкімінің «Нива» машинасымен қырқа асып кетуі де тез болды. Өзенге рақаттана шомылғанда да, қырқаларға шалғы салып, шөп шауып жүріп те Ахмет есінен бір шықпады. Екеуі бір жылы туған төл, құрдас, сәби кезінде колхоз жұмысына шыққанда бұл екеуін екі шеше кезек-кезек келіп емізеді екен. Ахметпен арада үй жоқ көрші тұрды. Нұрым баласын орысша оқуға берді, ал бұл қазақша оқыды.
Ахметтің үшінші сыныпта әкесі қайтыс болды. Шешесі көп ұзамай төркініне кетіп, сол жақта басқа күйеуге тиіпті. Ахмет Мүсірәлінің үйінде жатып, оқуға бірге барып жүрді. Дәті қатты ма, Ахмет шешесін сол бойда көрмей кетті. Бір жылдан кейін күйеуімен келіп, киім әкеліп бергенде бедірейіп, сүйгізбей де, жолатпай да қойды. – Енді маған келме! Сені көргім келмейді! – деп әкелген киімдерін өзіне қайта лақтырып, екі көзі от шашып, қанын ішіне тартып, сұрланып, ышқына айқай салды. Шешесі бетін басып жылаған күйі қайтып кетті. Ауылда орысша небәрі төрт-ақ сынып болғандықтан Ахмет қалада интернатта оқып, тек жазда каникулға келеді, орысқолдылау, өскен сайын суық тартып, оныншыға барғанда көзі нашарлап, көзілдірік киетін болды. Одан университетке түсті. Мүсірәлінің әке-шешесі де заты жуас, ағайын-туғанға бауырмал, Нұрымның шаңырағының оты өшпесін деп ол үйге де қарап жүрді. Демалысқа келгенде Мүсірәлі екеуі үйді ақтап, төңірегінің шөбін шауып, ағаштарды кесіп, жөндеп қойғанмен жыл өткен сайын саманнан салынғандықтан қабырғасы шөгіп, тозуға айналды. Ахмет оқу бітірісімен солтүстіктегі Ресеймен шекаралас облысқа қызметке тұрып кетті. Мүсірәлі – әке-шешесінің жанында, тракторын тырылдатып, ауылдың қызына үйленіп, бүгінде бес баланың әкесі. «Ахмет сол жақта бір дөкейдің қызын алыпты, қызметі өсіпті» деп естіп жатады. Бірде ғана «Алматыдағы «Алатау» санаторийінде демалып жатырмыз», – деп телефон шалғаны бар. Шешесі көмбе нан, құрт, банкі сары май салып беріп, бұл арнайы жолығып қайтқан. Ахмет спорт киімімен есік алдында қарсы алды. Түрі қатқыл, шашын шалқайта тараған, үлкен жарасымды көзілдірігі алтын ба, жалт-жұлт етеді. Арсалаңдап барған мұны құшақтатпады да, қолын салқын алып: – Процедураға кетіп барамын. Асығыспын, – деді қол сағатына қайта-қайта қарап. – Келіншегің, балаң қайда? – деді Мүсірәлі. – Екеуі қазір бассейнде, одан кейін моншаға барады. – Апам мыналарды беріп жіберді, – деп сөмкесін ұсынды. Ахмет сәкіде отырған күйі әкелген тағамдарды көріп шығып:
– Біз диетадамыз ғой. Апам да қызық, аш жүргендей. Жаннета да, Спартак та жемейді ғой мұны. – Келіншегіңді, балаңды, өзіңді әке-шешем ауылға шақырды, келіп қонақ болсын дейді. – Оған қол тимейді. Жаннетаның осында әпкесі бар, соған кіріп шығамыз да, шетелге ұшамыз. – Қазір не істейсің сен? – Мен бе? Аудандық әкімшілікте істегенмін, қазір облыс әкімшілігіндемін. Астанаға ауыссам ба деп жүрмін. – Анамның беріп жібергенін ал енді. Ауылдың дәмі ғой. – Ауылбайский ескі закон. Білесің бе, «Болашақпен» Еуропада, Америкада оқып келдім. Вот там жизнь! Ладно, ана уборщицаларға бере салармын бұл дорбаны, – деп тыжырана сөмкені алып, орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды. Мүсірәлі алып-ұшып келгенде арсалаңдап екеуі баяғы бала күніндей құшақтасар, өткен-кеткенді мәз болып еске алар, әйелі мен баласына «Мынау менің жан досым, жақын туысым» деп таныстырар, әке-шешем, ел-жұрт жайын тәптіштеп сұрар деп аңқылдап жеткен беті еді. – До свидания, – деп бұрылып кете бергенде жүрегі қан жылап, қатты қапаланды. Ау, бұл кешегі көрші Нұрым көкемнің жалғыз тал ұлы емес пе?! Көкем өлгеннен кейін шешесі кетіп қалып, тентіреп қалған мұны Мүсірәлінің әке-шешесі бауырына басып, өз ұл-қыздарынан артық әлпештеп бақты емес пе?! Екеуінің құлын дәурені бірге өтті, бұған бар тапқандарымен жаңа киім әперді, одан қалған, тозғандарын бұл киді. Алматыдан оқудан келгенде өздері қалт-құлт етіп бір қора жан бағып отырса да оның қалтасына жырымдап пұл салып беріп тұрды. Маңдайы жарқырап, шашын шалқайта қайырып, қайраққа жаныған ұстарадай Ахмет те тым ерте есейіп, оқуда алдына қара салмай, қатарының алды болып өсті. Мүсірәлі көңілі қатты қалып, Ахметті көрместей болып торығып қайтты. Аңқылдап қарсы алған шешесіне: – Мама, келіскен көрікті келіншегі бар екен. Аты – Жаннета, өзінен аумайтын Спартак деген ұлын сүйіп мәре-сәре болып қалдым. Сізге, бәріңізге сәлем айтып жатыр. Бұл жолы үйге келе алмайды, шетелге кетіп барады, – деп өтірік айта салды. 54 Ахметті содан қайтып көрмеді, ұзынқұлақтан Астанаға ауысқанын ғана естіген шешесі жеті шелпек таратып, үйге палау пісіріп, көршілерін шақырып, Нұрымды еске алып, Құран оқытқан болатын. – Мама, Ахмет ауданымызға әкім болып келіпті! – деп Мүсірәлі айтқанда шешесі қуанғаннан есі шықты. – Қайран Нұрым-ай, жігіттің бозымы едің. Отынға барып суық тигізіп, содан оңалмай кетті ғой, – деп көзіне жас алды. – Қой, несіне отырмын, Ахмет баламның кеңсесіне барып шашу шашайын! Әкесін көрген, атасына сәлем салған ендігі үлкен біз ғой, әкең екеуміз барып құтты болсын айтып келейік, – деп өрекпіп еді, Мүсірәлі әзер тоқтатты. – Мама, ұят болады. Мен ертең ерте шығып құттықтап келейін, содан кейін барарсыз, – деп көндірді-ау. Шешесі мен әйелі мәре-сәре болып жүріп, жейдесін жуып, үтіктеп, тойға киіп баратын костюм-шалбарын тазалап әуреге түсті. – Әкімге барасың, галстук тақ, – деп келіншегі бір галстукті әзер тауып берді. Баяғыда үйлену тойларында ғана таққан галстугі әлі сақталыпты. Ескі қызыл «Жигулиін» жуып-шайып, қылғына галстук тағынып, таң атпай жолға шықты. Аудан орталығы бұл ауылдан он бестей ғана шақырым жерде. Таңғы тоғыз болмай аудан әкімінің кеңсесіне жетіп барды. Айбынданып алыстан көрінетін әкімдік үйін сыртынан ары-бері өткенде талай көргенімен, өмірі бас сұғып кірмеген екен. Жол-жөнекей «Ахмет құрдасы мұны қалай қарсы алады, қалай сөйлеседі, құшақтаймын ба, жоқ па?» деп жақындаған сайын қобалжи бастады. Өрекпіп жеткенмен, кіре алмай қор болды. Әкімшіліктің ат шаптырым айналасын биік темір қоршаумен тас қамал қоршап тастапты. Темір қоршаудың қақпасында тұрған божбандай күзетші жігіт сан сұрақтың астына алды. Ақыры әзер дегенде ол телефонмен біреулерге хабарласты. Қылдырықтай жіңішке, шашын желкесінен қиған қыз келіп, шаңырақтай көзілдірігімен шалқая қарап: – Жүріңіз, – деп сәлем берместен кабинетіне ертіп әкелді. Бұрышта отырған егде, толық әйел сыпылдатып қағаз толтыра бастады. – Ахмет Нұрымовичке не жөнінде кірмекшісіз?
– Оны қайдан танисыз? – Қандай мәселе айтпақшысыз? – Қанша уақыт онда болмақшысыз? Бұл терлеп ала жөнелді, бет-аузын қайта-қайта сүртеді. Әбден терлетіп, тергеп алғаннан кейін бұған сұстана қарап: – Енді қабылдауға өтініш жазыңыз, – деп екінші бөлмеге апарып отырғызып қойды. Жарты бет өтінішті жарты сағат бойы жаза алмай басы қатты. Шынында не мәселе айтады, бірге өскен досы ғой, тек құттықтайды. Мұның жазғанын жақтырмай, қылдырықтай қыз тақылдап өзі айтып отырып, «Не деген сауатсыз едіңіз?!» – деп ұрсып, екі мәрте қайта көшіріп, әрең жазып берді. Бұрышта отырған егде әйел: – Өтінішіңізді қалдырыңыз. Телефон, адресіңізді айтыңыз. Әр айдың бірінші жұмыс күні – аудан әкімінің қабылдау күні. Кезекке қоямыз, өзіміз хабарласамыз, – деді қатқыл үнмен. Түске салым ғана босап, сыртқа моншаға түскендей терлеп, әптер-тәптері шыққан Мүсірәлінің ұнжырғасы түсіп кетті. «Қашан шақырып қалар екен?» деп апта күтті, ай күтті. Сқақбай ағасына барып айтып еді, ол аудан әкімшілігіндегі анадағы жолыққандарымен сөйлесіп, кезекте тұрғанын айтып, біліп берді. Ақыры күте-күте, күдерін үзді. Оның хабарын, не істеп жатқанын ауыл әкімінен анда-мұнда сұрап, біліп қояды. Ауыл әкімі Сқақбай ағасы кеңсесіне шақырыпты. Ахмет досы келіп қалды ма, әлде содан бір жақсылық хабар болды ма деп алыпұшып жетті. – Ауылымызға аудан әкімі келе жатыр, – деді әшейінде асықпайтын сабырлы Сқақбай дегбірі қашып. – Біздің үйге ме? – деп Мүсірәлі қуанып кетті. – Жо-жоқ. Аудан әкімінің есебі болады, барлық жақта өтіп жатыр. Келер сәрсенбіде біздің клубта өтетін болды. Сонда сен сөйлейсің. Мә, мынаны оқып бересің, – деп бұған қағаз ұсынды. – Жүріңдер, клубты көрейік, – деп қасында отырғандарды ертіп сыртқа шықты. Ақпан буып тұр, сықырлаған сары аяздан үй жылымайды. Ал клубта от жағылмапты. Клубқа электр пештерін әкеп, күн-түн жылыта бастады. Президиумның алды-артынан қосымша электр жылытқыштар орнатты.
Сәрсенбі күні сағат төртте суық сорған клубта халық лық толды. Сөйлейтіндерді бірінші қатарға тізіп отырғызып қойған. Төрт жарымда Ахмет Нұрымов бір қора нөкерімен кіріп келді де, бірден төрдегі президиумға өтті. Қасына дірілдеп, сасып-салбыраған Сқақбай Дәуренов отырды. Аудан әкімі есепті баяндамасын қазақша бастап, ары қарай орысша төгіліп кетті. Мүсірәлі оның айбынды түр-тұлғасына, нық, мығым жүріс-тұрысына, қағазына көп қарамай қолын сілтеп, небір ғұламалардың айтқанын мысалға келтіріп, ұйыта сөйлеген шешендігіне, әбден ысылып-төселген қаһарлы басшы болғанына тәнті болды. Алғашқы сөйлеген бұл қағазын асығып-аптығып оқып берді. Қарапайым тракторшы ретінде аудан әкімінің жатпай-тұрмай істеп жатқан ғажап көп жұмысы үшін ел атынан алғыс айтты. Тек «Ахмет» деп азан шақырып атаған есімін емес, қайта-қайта «Ахмет Нурымович» дегенде тілі күрмелене берді. Сөзін бітірген соң аудан әкімі бұған разы кейіппен қарап, қол шапалақтап отырғанын байқап, көңілі көтеріліп кетті. Кезек-кезек сөйлегендер де жазып берген қағаздарын оқып берді, соңында Сқақбай аудан әкімін әбден мақтауын келістіріп, аспанға шығарды. «Ахмет Нурымовичтің тағы бір ауылда жиналысы бар, соған қазір барады. Мен шығарып салайын, сіздер отыра тұрыңыздар», – деп Сқақбай Ахметтің іліп қойған тонын, тымағын кигізіп, сыртқа бастады. Бүкіл аудан басшылары, бірге келген нөкерлері де лап көтерілді. Әкімнің екі қапталын жауып, ешкімді жолатпаған күйі олар түгелімен далаға шығып кетті. Мүсірәлі жаутаңдап, менімен сәлемдессе, үйге шақырайын деп күтіп отырған. Бұл жаққа қарамады да, әуелі басын да изеген жоқ. Өзі туып-өскен ауылының бір адамына амандаспаған күйі сіресіп келіп, қасқайып шығып кетті. Мүсірәлі қатты кейіді, шешесі мен әкесі үйде тамақ асып, стол жасап, «Ахмет баламыз келіп қалар. Келеді ғой. Әкесінің қара шаңырағын көрер, үйден дәм татар, сәлем берер» деп екі көзі төрт болып күтіп отыр. Өлердей қор болып, Ахметті енді қайтып көрместей ызаланды. «Ойпырым-ау, бұл баяғы Нұрым көкемнің жалғыз тал жетім қалған қалқанқұлақ ұлы емес пе еді?! Бұл Ахмет Мүсірәлі үйінің бір баласы боп өсіп-өнбеді ме?! Ауданға келгелі жарты жылдан асты, он 57 бес шақырым жерде отырған мұның ата-анасына келіп амандасып кетсе қайтеді?! Шешесі төркін жақтағы біреуге күйеуге тиіп, қашып кеткенде, шаңырағында зар илеп жылап жалғыз қалған бұл баланы әке-шешесі жетектеп үйге әкеліп, «Сен Нұрым бауырымыздың қара тұяғысың, енді осы үй өз үйің болады. Қайғырма, алаңдама, балам. Тағдыр осылай болды. Әлі тойға да барасың, торқа да киесің, балам», – деген еді әкесі басынан сипап. Кешке үйдегі бар баласын және ағайындарын шақырып, бір тоқтыны сойып, соның етін асып, таратып отырып: – Мына Нұрым бауырымнан қалған Ахмет – енді менің балам. Ахмет, қане кел, сенің орның – мына менің оң жақ тізем тұрған жер, төрде отырасың. Естеріңде сақтаңдар, Нұрым біздің әулеттің қара шаңырағы еді, мұның жолы үлкен, біреуің ренжітпеңдер. Қолдарыңнан келсе көмектесіңдер, – деген еді әкесі дауысы дірілдеп, жылап жіберуге шақ қалып. Ахмет содан бастап төрге отыруға әдеттенді, әке-шешесі оны қатты еркелетті, ол жұлындай боп оқу озаты, грамоталарды алған сайын қуанып, ағайындарына көрсетіп, мәз болатын. Мүсірәлі болса үй шаруасынан босамайды, есік алдындағы малға қарады, шөп шапты, бау-бақшасын күтті. Одан қалса әкесіне көмекші болып трактор жүргізді, комбайнмен астық орып, техникаға ықыласы ауды да тұрды. Май-май, шаң-шаң болып жұмыстан қолы босамай жүргенде Ахмет үйде қаққан қазықтай шаншылып, тап-таза күйінде сабаққа дайындалып отырды. Бала болып көшеге шығып, у-шу ойынға да қатыспай өсті. Тозып кететін болған соң Нұрым көкесінің үйіне бір түрік отбасын кіргізіп қойған. Олар бала-шағасымен бау-бақшасына неше түрлі жеміс-жидек, бақша егіп жайқалтып-ақ тастады. «Ауданға жаңа келген әкім тік мінез, орысқолды, қарсы келгенді қазықша қағып жіберетін кекшіл екен. Өзімен ерегіскендерді соттатып, қаңғытып, түбіне жетпей, біржола құртпай қоймайтын өте қиын жан» дескен гу-гу әңгіме ұзынқұлақтан құлағына еміс-еміс келіп жатады. Арпалысқанды алып ұрады, қарсы келгенді қалпақтай ұшырады. Қайын атасы – үлкен жерде дөкей, тамыры тереңде, ештеңе жасай алмасын білген талай-талай арызқой мысықтабандап, жәрәукеленіп кіріп, ісін мақтап, аспанға көтеріп, ауылдағы атқамінерлерді жамандап, қоғадай ығына жығылды.
Әке-шешесі де Ахметтен түңіліп, «Е-е, әйтеуір аман болсын. Жетім бала не көрді дейсің, әбден тасбауыр болып кеткен де. Бір күні түсінер, түсінер де алдымызға келер, сәлемін берер», – деп іштен тынды. – Ойпырым-ау, Ахмет Нұрымовичті Астанаға шақырып жатыр дейді, министр болады екен. – Жо-жоқ, министрдің орынбасары болады екен. Алып-қашпа осындай әңгімелер гу ете қалған тұста әке-шешесі «Нұрымның қайтыс болғанына 20 жыл болды, аруағына арнап ас беріп, Құран оқытайық. Ана қызыл өгізшені сояйын. Баласы келсін, ағайынның ортасында болсын» десіп Сқақбайға сәлем айтқызған. Ахмет ат-тонын ала қашыпты. «Мені құртайын деп жүрсіңдер ме?! Прекратите все это! Тоқтатсын бәрін!» – деп ауыл әкіміне орысшалап әбден ұрсыпты.
* * *
Көңілі қарадай қалып, өкпесі қара қазандай болып жүргенде мына суық, сұмдық хабар есінен тандырды. «Ахмет жол апатынан қайтыс болыпты!» дегенді естігенде шешесі байғұс дауыс сап талып қалды. Әкесі: – Балам, машинаңды оталдыр. Жүр, барайық, ағайыннан бізден жақын ешкімі жоқ қой, – деп кемсеңдеп жүріп жинала бастады. – Уһ, қайран балам-ай! – деп қапалана уһіледі. Мүсірәлінің де бәленбай жылдан бері шер-шемен болып кеткен өкпесі бір сәтте жоғалып, іші-бауыры өртеніп, уылып кетті. Әкесі екеуі аудан орталығындағы ауруханаға келсе, ел қарақұрым жиналып қалыпты. Күн ұясына батып бара жатқан ымырт шақ. Күздің қара суығы жерді бүрістіріп тұр. – Ахмет Нурымовичтің әкесі мен бауыры келді, – деп топ адамнан бөлініп шыққан Сқақбай бұл екеуімен көрісіп еді, бүкіл жиналғандар құшақтасып, көңіл айтып шықты. – Мына кісі – аудан әкімінің бірінші орынбасары Қанат Біржанович, – деп шашын тікірейтіп қысқа ғып алдырған, қара куртка киген толық жігітті таныстырды. – Көке, қазір Алматыдан эксперттер келе жатыр, солар тексереді. Қайын атасына хабар беріп едік, «өздерің жөндей беріңдер, біз әйелі, баласы – бәріміз ертең ұшып барамыз» деді, – деп ол тақылдады. Түні бойы әкесі екеуі ескі екі қабат ауруханада теңселіп жүрді де қойды. Алматыдан келгендер апаттан жан тәсілім еткен Ахметті қайта операция жасап, сойып тексеріп, қорытындысын шығарғанша, таң бозарып атты. Әкесі қан-қан болып, ақ жайма ішінде жатқан Ахметті көргенде өгіздей өкіріп жылағаны-ай. – Құлыным-ай, қуанышым-ай, Ахметім-ай! – деп айқайлаған дауысы аурухананы күңірентті. Мүсірәлі де мырсыңдап, көзінен бұлақтай аққан жасты тыя алмай, Ахметтің шалқайта тараған шашынан сипайды да, иіскейді де, қан-қан денесін дәкемен сүрткіштеп тазалай бастады. – Осында мұздатқышқа салып қояйық, – деп бас дәрігер күмілжіп еді. – Жоқ, баламды үйімнен, қара шаңырағымнан шығарамын, – деп әкеcі шарт ете қалды. Алып келген көрпе, текеметіне орап, жедел жәрдем машинасына салып, туған ауылына күн шығар-шықпастан бет алды. Ауылға кіре бергенде жедел жәрдем сигналын қосып, боздатып еді, әкесі қарлығыңқы дауысымен үйіне боздап кірді. Ағайын-туыстар түні бойы ұйықтамай күтіп отыр екен, Ахметтің денесін алып түскенде шешесінің белін таянып аңыраған, зарлаған даусынан көзіне жас алмаған жан қалмады. Бір шетте кеше Нұрым көкемнің аруағына деген қызыл өгіз сойылып жатты. Мүсірәлі ақ таяғын алып, бүкіл балалары, бауырларымен қосылып, есік алдында көңіл айтуға келгендермен жылап көрісіп тұрды. Өң мен түстей, бүкіл аудан көшіп келгендей қарақұрым ел ағылып тоқтамады. Кешке қарай Ахметтің қайын атасы төрт-бес машинамен сау ете түсті. Жалтырбас, дөңгелек жүзді облыс басшысы екеуі бөлек келіп, көңіл айтты. Қайын атасы бурыл шашын өсіріңкіреп жіберген, қоңқақ мұрын, әдемі мұртты ірі денелі кісінің бет-пішіні таза қазаққа келмейді. – Жаннета келе алмады, жүрек ауруы бар, көтере алмайды, – деп бір қойды да, үйге де кірмей, былайырақ шығып, облыс әкімімен сыбыр-күбір сөйлесіп тұрды да: – Біз қайтамыз, жұмыс бар, – деп асығыс кетіп қалды. Ертесіне ауылдағы клуб алдында Ахметтің денесін алып шығып, қызыл кілем жапқан ұзын стол үстіне қойып, қоштасу рәсімін өткізді. Қалың ел-жұрты бірі қалмай сол ораулы күйінде көтеріп, әкесі, ата-бабалары жатқан ауыл шетіндегі дөңнің үстіне апарып жерледі.

* * *
Қырқын өткізіп жатқан шақта сұңқылдаған ащы дауыстан ел үрпиісіп қалды. Қақпадан бері кіре алмай, жүре алмай сексен ширатылып, тоқсан тарқатылып алқам-салқам ойбайлап келе жатқан Ахметтің баяғыда кетіп қалған шешесін таныған жұрт келіп, көрісіп жатты. Әншейінде Мүсірәлінің шешесі «Ол қағынған қарды көрсем өлтіремін» деп отырушы еді, ботасы өлген інгендей абысынын құшақтап, екеуі жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратып, Ахметтің жетімдігін, алғырлығын, опатта бейуақта кеткендігін тізбелеп, дауыстап айтып жоқтағанда Мүсірәлі де ықылық ата өксіп, екі шешесін қалай барып құшақтағанын білмей қалды. Иә, бұл аңыраған әйелге бәрінің де өкпесі қара қазандай, қайта көрместей боп түңіліп кетіп еді. Енді, міне, бәрі көрісіп, ұлына көңіл айтысып бірге жылапсықтауда. Ахметтің бейітіне барып Құран оқытып, аңырап келіп, еңіреп кетті. Ешкімге бірауыз сөз айта алмады, ешкіммен сөйлесе де алмады қайран шеше.

* * *
Уақыт – алдамшы сағым, бұлың-бұлың елестей өте береді, өте береді. Мүсірәлі сол қалың бейіті ұлғайған жотаның екі қапталын шауып жатып, Ахмет есіне түсті. Тракторын сайда қалдырып, жотаға шығып, Нұрым көкесінің жанындағы төмпек шөп басқан Ахметтің бейітінің жанындағы қалың шөпке отыра кетті. – Ахмет, саған арнайы бұрылып келе алмай жүрмін. Асыңды бердік. Міне, сен қайтыс болғалы екі жылдай болып қалыпты. Осы күзде басыңа күмбез орнатамыз ба деп жүрміз. Жиын-терін біткесін, қолға қаржы түскесін еңселі кесене соғамын. Менің ең жақын бауырым, ақыреттік дос, тай-құлындай тебісіп өскен құрдасым-ай! Айкезбедей есімізді алып, есеңгіретіп кеттің ғой! Ылғи сен келіп қалардай күтіп жүреміз. Әкем мен шешем сенің суретіңді үлкейтіп, төрге іліп қойды. Шешем сен өлгелі сәл нәрсеге булығып, көз жасын көлдетіп, жылағыш болып алды. Сонша аласұрып, асыққаның не? От боп жанып, өрт болып өртеніп кеткен қайран Ахметім-ай… Қураған шөпті сықырлатып біреу келе жатқанын көріп қысылып, үсті-басын қаққыштап тұра берді. Басында ши шләпісі, шолақ жең жейде киген Сқақбай көкесі көзіндегі қара көзілдірігін шешіп: – Қарағым, кел, тізе бүк. Құран оқып жіберейін. Өлілер тірілерден тек Құран ғана дәметеді, – деп шөкелеп отырып Құран оқыды. – Қарағым Мүсірәлі, айтқандарыңды естіп тұра беруге дәтім шыдамады. Жігіт болса сендей-ақ болсын. Ахметті ақ арулап, әкесі мен ата-бабаларының жанына қойдыңдар. Қамыға берме, қайғыра берсең орға жығыласың. Бауырыңның қылығы көпке аян. Өзіңді – зор, басқаларды қор санамау керек. Ақылды жетім – кеңесуге құмар, ақымақ жетім – кеуде керіп, егесуге құмар. Ахмет не көрді, әкесі ауру болып, ерте кетті, шешесін өзің білесің. Баланы орысша оқыту да қасірет пе деймін. Өйткені орысша оқығандардың тікбақай, ар-ұяттан, салт-дәстүрден ажырап, безбүйректеніп, суық тартып, ағайын-туыстан алыстап кететінін байқадым. Баланы кіл мақтай берсең – кеудесіне шайтан кіріп, тек өзімдікі дұрыс деп, басқаларды менсінбейтін бұзық мінез қалыптасады. Елімен араласпаған жан – тамырсыз ағаш секілді, тез семеді, қураған діңі ғана сорайып тұрады. Мен мұғаліммін, бұл – өмір сабағы, өмірден түйгендерім ғой… – Сқақбай ағай, Ахметтің тасыраңдаған әйелінің істегендерін естіп, жағаңызды ұстаған боларсыз. Ел бетіне қарай алмай қалдық қой ол сұрқияның сұмпайылығынан. – Өмір жолы біркелкі түп-түзу емес, қарағым. Ахмет өлісімен келіншегі жалғыз ұлының фамилиясын өз атына ауыстырып, өзі басқа күйеуге тиіп алғанын естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Сол келінді Ахмет мұнда ауысқалы көшіріп те әкелмеді, ол әкесінің жанында Астанада тұрып, күйеуінің табысына шалқып жүрді. Ахметтің барында-ақ мына тиген евреймен жақындасып, бірге тұрып алыпты деседі. Ұзынқұлақ жата ма, Ахмет те тыныш жүрмей хатшысымен байланысып, үй сатып әперіпті. Сорлы бала сонша сұғынып, көзі шелденіп, түк көрмей қалды, істегендерін бүгін ойласам, неге сонша жанықты екен?!
Әнебір кәрісті Астанадан алдыртып, көмекші етіп алды да, ол сұмырай тек ақша жасауды білді. Біздерді шақырып алады да, «Бәлен жерді сат та, ақшасын түгел әкеп бер», – дейді. Құжаттарды жасап, біздер жер сатқыш болып алдық. Алдымен бос жерлерді тауып сатқызды, одан жайылым, тау-жота біткенді сата бастады. Аннан қашқан, мұннан қашқан кавказдық, орыс-еврей демей, әйтеуір қалтасы қалың сырттың адамдарына қайран жерімізді тіліп-тіліп сатып жібердік қой. Ол бітіп еді, болашақ ұрпаққа, балашағалар үй салады-ау деп сары майдай сақтаған ауыл іші-сыртындағы бәрін тексеріп, түгел сатқызды. – Анау ауылдың басына көшіп келген өзбек ауылын айтсаңызшы. – Оның жыры тіпті бөлек. Үш жүз түтінге бірден жер кестіріп беріп, өзбек ағайындардан шытырлатып пұлын алған. Олар көшіп келіп, таудан сарқырап аққан суды бұрып, аулаларына арық-арықпен қуалай кіргізіп, сыртқа тамшы шығармай жоқ қылды. Биік-биік дуалдармен аула, үйлерін қоршап, енді мектепте өзбек сыныбын ашыңдар деп шулап жатыр. – Соның бәрін Ахмет істетті ме екен? – Сен білмейсің ғой, Мүсірәлі қарағым. Біз күнделікті ішінде жүрдік, бәрін көрдік, білдік, бірақ үндей алмадық. Біреулер қарсыласқан болып еді, пара бергізіп, қаматып, соттатып жіберді. Аудандағы он екі ауыл әкімінің жетеуі ұсталып, түрмеге түсті. Орнына сырттан жалаңдаған, қаптесер біреулерді әкеп отырғызды.
Ахметті жерлегеннен кейін жаңа әкім комиссия құрып, кабинетіндегі және демалыс бөлмесіндегі сейфтерді аштырса – іші толған қат-қат доллар, евро, қымбат сағаттар дейді. Өзі әскери бөлімнің жатақханасында жаңағы көмекші кәріс екеуі төрт бөлме алып тұрып жатқан ғой. Кәріс бірден шетелге қашып кетіпті. Онда да үш сейф бар екен, екеуі бос, біреуін аша алмаса керек, одан да аузы-мұрны толы доллар шығыпты. Бәрін қаттап, шоттап, әйелі мен қайын атасы келіп алып кетіпті. – Келіншегі баяғы Нұрым көкенің үйін де сатып, ақшасын салып жіберіңдер деген екен. Ол үйді өзіміз сатып алып, інімізді үйлендіріп, сонда бөлек шығарып отырғызып қойдық. – Әй, әйелі де өте қиын, безбүйрек, қазақша бір түйір сөз білмейтін тасыраңдаған бәле екен. «Ахметтің бейітіне Құран оқытсаңыз қайтеді» деп көріп едім, шаңқылдап орысшалап жер-жебіріме жетті. Қасындағы бурыл шаш еврей күйеуі мені бөлек шығарып алып: – «Ауданда бөтен біреулердің атынан бәленбай жерді сатып алып, жекеменшікке шығарып қойдым», – деп Ахмет Жаннетаға талай айтқанын естігенмін. Сіз соларды тауып, маған хабарлап айтыңыз, –деп телефоны бар тілдей визиткасын берді. Адамда тойым болмайды, Ахметтің көзі кеткесін, кім берсін. Мен білсем де, білмеген болам. Бүкіл құмды түрікмендерге, жол бойын кавказдықтар мен түріктерге, жайлау біткенді Алматы, Астанадағыларға сатқызды ғой бізге. Сенесің бе, ауыл-ауылда жеке мал жайылатын өріс қалмады, бәрі қорқаулардың құлқынына кетті. – Тендері бар, құрылысы бар, содан сыдырып-сыпырып жегені жетпей ме екен әкімдерге?! – Ойбай, бұлар бас салып, соруға құмар. Мына жастарды шетелге көп оқытқан да қып-қызыл зиян ба деймін. Шетелдің ділі, діні, тілі бойына сіңіп, солар секілді болсам деген құныққан ой пайда болады. Шетелде бәлембай жыл оқып келе салып, тез байып, қайта сонда біржола кетуді аңсайды да тұрады. Олар бас-көзге қарамай еліміздің жері, байлығы, мүлкі, малы – бәрі-бәрін талғамай сатып, ақшасын офшорға салып, қашып кетуді көздейді. Мен көп көрдім ғой, бір айдан кейін пенсияға шығамын, аман-сау жетсем екен. Сұмырайлардың сұмдық сұмпайы қиянаттарын көріп қатты шошимын. Анау асқақтаған тауларымыз, мына жазира даламыз, өзен-көліміз, жолдар мен ауылдар біздікі емес, бөтенге кетіп жатыр. Бөтен ел, бөгде ұлт қызығын көре ме сонда қасиетті ата-бабамыздың киелі жерінің жемісін?! Сқақбай сұрланып отырып қалды. Мүсірәлі күнде ертеңгісін тұра сап көз қуанышы ететін, баяғы ата-бабасынан мұра болып келе жатқан иығына бұлт қондырған, қасиетті ақ мұздан тәж киген абыз ақсақал – алып тауларға тесіле қарады.
Төменнен екі жігіт, бір әйел көрінді. Ақ орамал тартқан әйел әрірек тұрып сәлем салды.
– Бақытты бол, қарағым.
Нұрымның үйіндегі келінсің-ау шамасы. Әйел мырсыңдап жылап отырып таныстырды.
– Мына екі ұл – Ахметтің інілері, екінші күйеуімнен тапқан балаларым. Ағаларының бейітіне Құран оқытып, үстіне күмбез орнатсақ деген тілекпен келіп отыр. Ахмет балам, Ахметжаным, түнде түсімнен, күндіз есімнен шықпайды. Кеудемді шерге, етегімді көз жасыма толтырып кеттің ғой. Неге сонша қара жерге асықтың, жаным!? Сқақбай жұмсақ үнмен баптап қайта Құран оқыды.
– Мынау Ахметтің жан досы, тумасы да, туғаннан артық болған бауыры Мүсірәлі деген ағаларың болады, – деп Сқақбай көкесі таныстырып еді, зіңгіттей екі жігіт кезек-кезек көріскенде Мүсірәлі шыдай алмады, талайдан бері ішіне шер-шемен болып қатып қалған өкпесін айта алмай бейітті құшақтай өкіре жылай құлады. Қос құлаштай құшағында құшырлы қара жерде Ахмет бауырының бейіті томпайып қана жатты.

ТОМАР

Біздің үй Алатаудың әсем бөктеріндегі биіктеу жота үстінде. Оның үшінші қабатынан Алматы алақандағыдай төменде анық көрініп тұрады. Биыл қыс ерте түсіп, тау етегін қалың қар көміп қалды. Айнала түгел аппақ дүние. Ертеңгісін есік алдындағы қарды күреп тастап, жып-жылы үйге кіріп, жазу кабинетіме рақаттана жайғасамын. Бұл бөлменің үлкен терезесі тау жақта. Анда-мұнда денем құрысып қалса, түрегеп жаттығулар жасаймын. Басынан ақ қалпағы түспейтін Алатаудың сең-сең биік шыңдарына қарап, көзімді тынықтырамын. Үйдегілердің бәрі тұра салысымен асығыс-үсігіс жиналып, жұмыстарына кетеді де, жалғыз өзім қалып, үстелге отырамын. Тып-тыныш мүлгіген тыныштық, төңіректі түгел ақ ұлпа бүркеп тастаған. Ауада екі күн бойы жапалақтап жауған қардың ызғары бар, суықтан дала бүрісіп тұр. Ал үй жұмақтай жып-жылы. Рақаттана шабыттанып, жазып жатқан романымның соңғы тарауын бітіруге құшырлана кірістім. Мен жазып отырған кезең – көшпенді ата-бабаларымыздың алапат соғысын суреттеп, көз алдымда керуен-керуен сапқа түзілген сарбаздар тізіліп, жауға беттеп келе жатты. Бұл әлемет қырғыннан бұлардың қаншасы тірі қалар екен?.. Далада әлдене тоқылдағандай болды. Терезеге барып қарасам, біреу ағаш кесіп жатыр. Үйімнің айналасы қалың қарағай, шырша.
Аспанға құлашын керген зәулім-зәулім бұл ағаштар аясына барсаң, ерекше жұмақ көктің иісі бұрқырап, кеудең толып, ғажап күйге бөленесің. Ай-шай жоқ сол ағаштарды кесіп жатқан бұл кім екен деп, киіне сала сыртқа шықтым. Тобықтан ғана келетін етігімнің қонышынан қар құйылып кетті. Күрекпен жолымды тазалай аршып, әлгіге тақағанда ғана анау маған тұтас бұрылды. Бұл әйел екен, әйел болғанда да кәужіреген орыс кемпірі. Үстінде ескі күпәйке, аяғында керзі етік, қолында кішкентай ғана қол ара. Сәлемімді ернін жыбырлатып қана алып, маған қызылжиек кірпіксіз сөнуге айналған көзімен ажырая қарады. – Мына бір жай түскен ағаштың томарын кесіп алсам деп едім, – деді бірден. – Оны қайтесіз? – Үйде отын жоқ, соған… – Қайда тұрасыз? – Анау жақта, – деп сайдағы өзен жағасын нұсқады. Онда шүпірлеген құрқылтайдың ұясындай кішкене құжырхана-саяжай біткен қыс бойы бос тұрады да, жаз шыға тұрғындары құмырсқадай жыбырлап келе бастайды. Ол жапақтап, қорқып қалған сыңаймен ақтала сөйлеп жатыр. – Жалғыз тұрамын. Жылда орман-тоғай ішін аралап, қураған бұтақтарын рұқсат алып, отынға жинап алушы едім. Биыл күз бойы ауырып, ауруханада жатып жаңа шықтым, – деп ол бет-аузындағы шұбырған терін сүртінді. Кемпірдің жүзін құмырсқаның ізіндей быжынаған әжім басқан. Біз көшіп келген жылы осы ағашқа найзағай түсіп өртеніп, шорт сынып, осы сорайған томары қалған. Кемпірдің арасын сұрап алып томардың түбінен кесе бастадым. Кішкентай ескі қол ара өтпейді, ары-бері мықшыңдап, әп-сәтте ентігіп тұрып қалдым. Томар етегі жұмырланып, білеу-білеу, тасшеге қатты. Мұны бүгін-ертең әуелі бітіре алмайсың. – Мен сізге отын апарып берейін, мынаны кейін біреуге кестіріп қоямын, – дедім. – Оған төлейтін пұлым да жоқ. – Ештеңе керегі жоқ. Мен қазір алып шығайын, – дедім де, қорадағы баламның шанасына моншаға деп кесіп, жинап қойған ағаштарды тиеп, үстін бастыра байлап, сүйреп алып шықтым. Күпәйкесі қолқылдаған кемпір сол орында әлі сүмірейіп тұр.
– Қане, үйіңізге бастаңыз, – дедім. Қалт-құлт етіп, дірілдеген кемпір таяғына сүйенгенімен бір-екі мәрте тайғанақтап, сүрініп кетіп, тырп-тырп басып, екі шетінде саяжайлар қаптаған тар көшеге түсті. Жарды жарып салған кезінде сырты көк сырмен сырланып, онысы әбден жеміріліп тозған тауықтың ұясындай ғана жапырайған үйге келіп, есігін ашты… Үйде бір ғана бөлме, азынаған суық, жалғыз қисық терезе сыртын қар басқан, бұрышта темір кереует, екі орындық, бір ағаш үстел. – От жағып жіберейін, – деп пештің қақпағын ашып, әкелген ағаштарымды тұтата бастадым. Аядай бөлме тез жылынып, үстіне қойған жез шәугімдегі су да сақырлап қайнап сала берді. Кемпір үстіндегі су-су күпәйкесін шешіп, пешке кептіре бастады. – Шай ішіңіз дейін десем, шай бітіп қалып… – деп қынжыла тіл қатты. – Ештеңе етпейді. Өзіңіз жаурап ауырып қалмасаңыз болды. Ол шұбырған терін сүртініп, бір құтыдан дәрі алып ішті. – Балаларыңыз бар ма? – Бар ғой… Біреуі Санкт-Петербургте, біреуі Новосибирде. Шалым төрт жыл бұрын аяқ астынан қайтыс болды. Ол пысық, еңбекқор болатын, үйдегі бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп, тыным таппайтын. Шалым кеткелі күйім кетті. Еңкіш тартқан кәужіреген кемпір булығып, көз жасын көрсеткісі келмей, пешке отын сала бастады. Үйден мүк, сыз бен саз иісі шығады. – Биыл сексенге келемін. Ұзақ жас та ұзақ жол секілді адамды қалжыратады. Өшіп бітуге айналған өлеусіреген шам секілді өміріңнің мән-мағынасы қалмай, құр сүлдеңді сүйретіп жүрген тірі өлікке айналады екенсің. Баланы табасың, бағасың, қартайғанда қураған ағаштай сені керек етпейтіні жанымды жейді. Екі ұлым да талантты, білімді болғандықтан дарынды балаларға арналған интернатта оқыттық, одан Мәскеудегі университетке түсті. Екеуі де атақты ғалым, үлкені Санкт-Петербургте дөкейдің қызын алып, сол жақта тұрып қалды. Ал кішісі Новосибирде әлі үйленбей жүр, атағы жетерлік ядерщик.
Шалым өлгеннен кейін бір айдан соң үлкенім келіп кетті, ал кенжем әлі келген жоқ. Телеграмма және кішкене ақша салып жіберіпті. Ол пұлға әкесінің бейітін жөндеттім, тоңазытқыш алдым, электрге қарыз едім, соған төледім. Шал екеуміз де алматылықпыз ғой, қалада дүңгірлеген кең үш бөлмелі үйіміз болған. Үлкен ұл үйленіп, пұл керек деп отырып алған соң, үйді сатып, бар ақшаны қолына бергенбіз де, осы саяжайға көшіп алғанбыз.
Содан кейін тұңғышым әкесі қайтыс болған соң, бір айдан кейін ғана келіп, қонақүйде үш күн жатты. Баяғы жарқыраған мінез, жарқылдаған талантынан жұрдай, араққа салынған, мүжіліп-үйітіліп кеткен, ештеңеге қызықпайтын, ештеңеге селт етпейтін маубасқа айналғанын көріп қатты торықтым. Жасына жетпей алым-салымы шыққан, түрі қураған жүгерідей тозған, олпы-солпы ол мүлде жат, қанша әңгімелескім келгенімен арақтан аузы босамады, теңкиіп өлген шошқадай ұйықтап жатады.
Маған көмектеспек түгілі қайтарына жолпұлына менен ақша сұрайды ғой. Күн көріп отырған пенсиямды алып бердім. «Бойжеткен бір қызым бар, әйелім де – профессор» дейді. Суреттерін көрсетті. Міне, біреуін сұрап алып қалдым, – деп кемпір жиектері кемірілген айнаның алдындағы бір жапырақ суретті әкеп берді. – Баланы өз үйінде әке-шешесі бағып, тәрбиелеу керек екен. Біз бұл екеуін титтейінен физика-математика интернатына бердік, тек демалыстарында ғана келіп-кетіп жүрді. Келсе болды, кітаптарынан көз алмайды, біз соған мәзбіз. Мәскеуде жүргендерінде тапқан-таянғанымызды соларға салып, жіберіп тұрдық. Аралары екі-ақ жас қой, екеуі де сұңғақ, әкесі секілді реңді, ірі денелі, толқын-толқын шаштарына бәрі қызығатын. Тұңғышымның шашы өлген тауықтың жүніндей жидіп, төбетаз болыпты. Ал кенжемнің суретін көріп танымай қалдым, басында қылпық жоқ, тап-тақыр. Ядерщик болғандықтан шашы түгел түсіп қалыпты.
Олар Мәскеуде жүргенде таныс-білістерімізге мақтанып, ұлдарым оқып жетілсе, керемет ғалым болады деп мақтаныш сезімі бойымызды кернеп, талай-талай тәтті қиялдарға берілуші едік. Қалай университет бітірді, содан олардан көз жазып қалдық. Үлкеніміз әуелі үйлену тойына да шақырмады. Келінді ертіп екеуі қол ұстасып келер, шал-кемпірге сәлем берер деп сағынып жыл күттік, сырғып бес жыл, ырғып он жыл, жылжып жиырма жыл өтті. Ақыры шал шыдамады, пенсиямызды жинап, саяжайымыздағы алмамызды сатып, жолға жиналды. Алдымен Санкт-Петербургке, одан кейін Новосибирге сапарға шықты. Сол жақтарға барып келісімен-ақ ұнжырғасы түсіп, аһілеп-уһілеп, ұйқысы бұзылып, берекеті кетіп, ақыры ауру айналдыра бастады. «Бәрі жақсы, екі бала да үлкен оқымысты ғалым, саған дұғай-дұғай сәлем айтып жатыр. Көп ұзамай келіп те қалар», – деп мен сорлыны үміттендіріп қойды.
Тек қайтыс болар алдында ғана: «Марфуша, саған өте қиын, ауыр болатын болды-ау. Балаларыңнан үміт үз. Тамырсыз ағаш тез қурайды. Ұлдарымыз бізді мүлде ұмытыпты. Қап, қап, әттеген-ай!.. Оларды сыртта емес, біз үйімізде өсіріп, тәлім-тәрбие беруіміз керек еді. Мен қуанып барып, олардан түңіліп, шошып қайттым. Баяғы біздің балалар жоқ, суық, бөтен, мүлде жат болып кеткен кеспірлерін көріп ішім қан жылады. Марфуша, өзің берік бол! Қап, әттеген-ай!» – деп жылап қоштасты. Шал екеуміз елу бес жыл бірге тұрдық. Мына күпәйке сол Митрейдікі. Сол екі ұлға да жазда «биыл қысқа көмір жоқ» деп екі мәрте хат жазып жібергем. Түк хабар жоқ, телефондарын да көтермейді. Әлі хабарласпады. Пенсияма әлі үш-төрт күн бар, үйде азық-түлік те таусылды. Міне, тізеден қар жауып, күн азынап, суытып кетті. Қашанғы ауырасың, белімді буып, Митрейдің күпәйкесі мен етігін киіп, отын іздеп шыққан бетім еді. Кемпір күрешкедегі қара судан екі-үш жұтым ішті де, пеш аузына тағы еңкейді.
– Сізді қалай атасам екен?
– Тетя Марфа дей беріңіз. Бәрі солай атайды. Сізді әурелеп, басыңызды қатырып жіберген жоқпын ба не болса соны айтып?
– Тетя Марфа, мен демалыста үйде отырғанмын. Ештеңеден қам жемеңіз. Көмір де түсіріп беремін, азық-түлік те болады. Мен соларды алып келейін, – деп шығуға беттедім.
– Сізді әурелеп, көп сөйлеп кеттім бе? Томардан басқа қураған отын жоқ, соны кесіп әкеліп отқа жағайын дегенім ғой, – деп кемпір күрк-күрк жөтеліп, тұншыға жылады. Жүйкесі жүн, жігері құм болған бейшара мүсәпір әжей пештің аузына кіріп кетердей құнжиып, бүкшиіп, екі иығы селк-селк етеді. Жүрегім қан жылап, атқақтай соқты.
– Тетя Марфа, қамықпаңыз, қайғырмаңызшы. Мен қазір шоферімді шақырып, қалаға барып келе қояйын. Бәрі болады.
– Сізді әуре-сарсаңға салғаным үшін кешіріңіз. Өмірі шал екеуміз біреуге қол жайып, көмек сұрап көрмеп едік… – деп орнынан тұра алмай бүгежіктеген кемпірдің арқасынан қағып, шығып кеттім. Зеңгір аспан астындағы байтақ дала аппақ қарға қымтанып жатыр. Сәулесіз күн Алатаудан қиыстанып көрініп, шыңға ілініп қалғандай қызарады. Бөктеріндегі зәулім-зәулім шырша, қарағайлар ақ қардан бөрік киіп, күнге сәлем салып тұр. Таңғы ауа тұп-тұнық, сыңғырлап кеуде сарайыңды бірден ашады. Ағаштардан, беткейлердегі қалың тоғайдан әдемі әтірдей шайыр иісі аңқиды. Бос шананы сүйреп келе жатып, осынау әдемілікке селт ете алмай, мына кемпірдің жай-күйі, айтқан әңгімесі жүрегімді жылатып, жанымды егілтіп, ой тұңғиығына жетелеп әкетіп барады. Қайран әже, өз балаларынан опа таппай, енді жалғыздық азабын көріп, зар кешуде. Оқытты, шоқытты, ғалым болған ұлдары енді қартайған әке-шешелерін тастап, біржола безіп кетті. Маймылдың басы ойнауға жеткенімен, ойлауға жетпейді. Суы тартылған құдық секілді мейірім-шапағат атаулыдан жұрдай қатыгез балалары болғаннан болмағаны жақсы еді-ау. Аппақ қарды қарш-қарш басып келе жатып, сонау бір жылдардағы зар қағып, запыран құсып жүрген қасіретті шақтарым есіме түсіп кетті. Бір қайғы мың қайғыны қозғайды. Қайран әженің тіршілік қамытынан қажалып, қасіреттеніп кеткен суреттері көз алдыма келді. Ғұмыры жоқшылықтан, жетіспеушіліктен арылмай, қу жіліншегі аршылған өмірім санамда тіріліп, ұмытып кеткен, көптен бері есіме алмай жүрген сонау бір бордай езіліп, іштей боздаған күндерім зыр етіп миымды осқылап, жан дүниемді қопарып, астаң-кестеңін шығарғаны-ай. Екі көзімнен бұршақ-бұршақ ыстық жас аппақ қарға тамып-тамып кетті. Өксіп-өксіп, иен далада биік-биік шыршалар қойнауындағы жол бойында дауыстап жыладым кеп. Ақша қарды алып бет-аузымды жусам да шер боп қатып қалған құрықсыз-сұрықсыз күндерім, жалмауыз ұйқысыз түндерім кинодағыдай сапырылысып, қатыгез өмірімнің сол бір шағы есіме түсіп, есеңгіретіп жіберді. Ұмыта бастаппын ғой, мүлде есімнен шығарып жібергенмін бе?! Мына бейшара кемпірдің тауқыметі есіме қай-қайдағы, жайжайдағыны түсіріп кетті-ау… Көзімнен жас шықпағалы да қай заман?..
* * *
Мектеп бітірер жылы үй салуға кірістік. Ерте көктемнен кірпіш құйып, кептіріп, жаз бойы екі бөлмелі там салып алдық. Колхоздан қарыз алып, үстін шифрлатып, еденіне ағаш тақтай төсетіп, іші-сыртын сылап, қара күзге қарай кіріп алдық. Әкем жекешенің сиырын бағады, шешем колхоздың қызылшасында. Мектеп бітірісімен колхозға кіріп, құрылысшы болып, үшеуміз үш жақтан жыртығымыз жамалып, үйіміз бүтінделіп қалған шақта мені әскерге шақырды.
Таңертеңгісін армияға кетуге жиналып жатқанда шешем: – Алматыға барып, инситутқа түсе алмадым-ау деп қынжылма, балам. Алтын басың аман болса, әлі талай тауға да шығасың, таудай армандарың да орындалады. Сен болмасаң мына үйді салар ма едік?! Он құрсақ көтердім, төртеуін қара жерге бердім. Тұңғышым сенсің, енді қалғандарың аман болыңдар. Енді мына қанаты қатпаған балапандардай бес қарындасың саған қарап тұр. Әкеңнің жай-жапсарын өзің білесің – кәнтөжный, соғыстың зардабын өмір бойы тартып келеді. Ауа райы бұзылса, «басым, басым!» деп зар илеп дөңгеленіп жатып қалады. Әкең аман болсын де. Әскерден келген соң сені оқытамыз, үлкен азамат боласың. Сені аудан орталығына – военкоматқа дейін шығарып салмаймын. Үйімізден күліп аттандырамын, екі жылдан кейін күліп қарсы аламын, шырағым, – деп тандыр нанның шетінен бір тістетіп, есік алдынан күліп шығарып салды.
Аудан орталығындағы военкомат алды ығы-жығы толған халық. Әскерге баратын әр жігіттің қасында қора-қора шұбырған туыстары, дос-жарандары. Менің жанымда әкем мен менен төрт жас кіші қарындасым Әсемкүл және досым Айқымбай. Соғыстың басынан аяғына дейін болған мүгедек әкемнің қоштасарда дауысы дірілдей қарлығып, көзі жіпсіп сала бергені. Титтейінен қолды-аяққа тұрмайтын, өткір, алғыр, томпақ Әсемкүл қарындасым: «Аға, сізге хат жазып тұрамын, сізге арнаған мынау өлеңім», – деп бір қағазды қалтама тықпалайды. Біз мінген пойыз бүкіл Сібір, Қиыр Шығысты иір-қиыр аралап, Хабаровскіге он бір күнде ыңқылдап-гүрсілдеп әзер жетті. Жол таусылмайды, уақыт шіркін өтпейді. Әсемкүлдің шақпақ жол дәптер парағына жазған үш шумақ өлеңін қайта-қайта оқимын. Маған көрсетпей, айтпай, бұл қарындасым жасырып өлең жазады екен ғой. Қарашы, «асқар тауымызсың, биік бәйтерегіміз, аман барып, сау қайтыңыз, жан аға», – депті.
Сонау Қиыр Шығыста шекарада күнге күйіп, түн қатып жүрген шақтарымда шешем мен қарындасымның сол бір ақ тілеулі бейнелері көз алдымнан кетпейді. От ішінде туған оттан қорықпайды, әлі көрерсіңдер, бұл Қалиев талай-талай биіктерді алады. Тәуекел тау жығады, әке-шешемді үлде мен бүлдеге бөлеп, тамаша дәурен сүргіземін. Олар ұзақ, өте ұзақ жасайды, немере-шөберелерін ойнатып, рақат өмір сүретін болады. Иә, әлі-ақ көресіңдер… Тәтті қиялға шомып, шекарада күзетте жүргенде таңның қалай атқанын, уақыттың қалай зырылдап өтіп жатқанын байқамай да қаласың. Арманыммен талай-талай жерлерге кетіп қаламын. Амансау елге оралайыншы, содан кейін… Амал не, желмен жарысып, көлеңкеңді қуып жете алмайсың. Тәтті қиял санаңда жүргенімен тағдыр сені бұрап, сынап, қиратып, сындырып жібергісі келетінін білмейсің-ау…
Әскерде алты айдай болғанымда әзірейілдей суық хабар келіп, елге аттандым. Құлақтан кірген суық сөз жүрекке барып сірескен мұз болып, есімді жия алмай, көз жасымды тыя алмай үйге келіп қайттым. Қайран асыл анам… жүрек талмасынан бұл дүниемен қоштасып жүріп кетіпті. Басы кәужіреп, аппақ қудай шашы ағарған, қартайып кеткен сорлы әкем мен ұлардай шулаған бес қарындасымды құшақтап, шешемді жоқтап күн жыладым, түн жыладым. Бейітіне боздап барып, боздап қайттым. Апа-ау! Мені «күліп қарсы аламын» деп едіңіз ғой… Неге ерте, тым ерте мәңгілікке кетіп қалдыңыз?! Әскерге аттанарда мейірлене құшақтап неге сүймеді екенмін, неге тапырақтап оқыра тиген танадай асықтым сонша?! Күліп тұрып, мен кеткен соң үйге кіріп, төсегіне отырып алып өксіп-өксіп солқылдап жылапты ғой жан анашым… Нені, нелерді ғана ойлады екен сонда?! – Шешеңнің саған арнап жинап жүрген дүниелері еді, – деп басы қалтылдаған әкем бір дорба берді. Оның ішінен етегіне менің атымды әдемілеп кестелеп тігіп қойған аппақ қардай шымылдық пен ақ орамал шықты. Баяғы әскерге кетерде мен шетін тістеген таба нан мен газеттерге шыққан мақала-өлеңдерімді де осында сақтапты. Қайран анашым-ай, мені үйлендірсем, ел құсап келін түсіріп, немере сүйсем-ау деп армандап жүруші еді.
Шешем түні бойы ұйықтамай кестемен етегіне менің атымды жазып тіккен ақ шымылдықты кеудеме басып, булығып, тұншығып, шерленіп, сағынып өксігенім-ай… Талай-талай арманы ішінде кеткен, жетем дегеніне жете алмай шерменде кеткен қайран әзіз шешем, мынау жалған дүниеден тағдырдың теперішінен шыға алмай өттің-ау. Соңында басы-қолы дірілдеген кәнтөжный соғыс мүгедегі, мүсәпір, сорлы күйеу мен әлі бауырын жазбаған балапандардай аңыраған бес қызы қалды. Үңірейген үйде шешемнің орны бөлек еді-ау…
«Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, кесапат қырсық мұнымен бітпей, сұғанақ сүмелек иттей тістелеп қыр соңымнан қалмай-ақ қойды… Біздің үйге ажал әкелетін жаман түс көргенмін. Қап-қара киінген қара шләпілі, сыриған ұзын бойлы кісі қара таяғымен мені түртіп тұрады. Бет-әлпеті бұлыңғыр, құрықтай сұңқиған ұзын қап-қара плащ киген сол түсіме кіріп, таяғымен түрткілеп оятқан күні біздің шаңыраққа бір әлемет қырсық кіретінін ұғып, жүрегім кеудемді жарып жіберердей дүңкілдеп, шошып жүремін.
Әскерден біржола қайтуға, дембілге төрт-бес ай ғана қалғанда осы қарғыс атқыр түсті тағы көрдім. Жіңішке мұртты, замполит майор мені тағы шақырып алып, әңгімені әріден бастап айта бастағанда-ақ бір сұмдықтың болғанын аңғардым. Телеграмманы көрсеткенде тұла бойым қалшылдап, есіріктене ойбайлап, тар кабинетте өкіріп жылай беріппін. Майор замполит құшағына қысып, арқамнан қағып, тұтыға сөйлеп көңіл айтты. – Саған өте ауыр болды, Қалиев. Бір жылда екі ауыр қаза. Командирге түсіндіріп, самолетпен еліңе барып қайтуға рұқсат алдым. Үйіміздің сұлбасын көрісімен іші-бауырым езіліп, жүрегім шырылдап, Әсемкүл қарындасымды жоқтап боздағаным-ай… Көрші-қолаң үздік-создық келіп, құшақтап көңіл айтып жатты. Ертесіне әкем екеуміз жотаға, шешем мен қайран арманда кеткен Әсемкүл қарындасымның бейітіне барып қайттық. Қос бейітті құшақтап өкіріп жылап-жылап, әбден сағынған сағынышым мен өкінішімді айқайлап айтып-айтып, топырақ болған үсті-басымды қағып-қағып орнымнан тұрдым. Қой, белімді буайын, ес жиып, шаңыраққа қарайын деп шештім. Әкемнің бетін әжім жауып, бүкшиіп, шалынысып әзер жүретін болыпты. Күлге шөккен кәрі ауру атандай жүріп-тұруы қиындап, кеудесін жарып уһілей береді. «Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің». Жылай берсең, көз жасыңа көміліп ағасың да кетесің. Бір үйлі жан маған жаутаңдап қарап отыр. Қазанға салатын ас та, қайнататын шай да таусылған, үй-іші тозып, берекесі кеткен. «Жығылғанға жұдырық» демекші, қызы өліп, қайғы жұтып отырған әкемнің мініп жүрген аты жоғалған. «Колхоз жылқысын ұрлаттың» деп оны мойнына салып, жұмыстан шығарып жіберген… Асы жоқ үйге ит те кірмейді, әкем кәңгіреп, меңіреуленіп, кәрі шалға айналыпты.
Тастүйінделіп алып, сол жиырма күнім жиырма ғасырға татитын шығар, ширығып, зыр қағып жүріп бармаған жер, қақпаған есігім қалмады-ау… Ақыры үлкен екі қарындасым: Ақмарал мен Бақытгүлді ауылдағы интернатқа, ал кішкентай Шолпан мен Фариданы қаладағы балалар үйіне орналастырдым. Әкемді кеңсеге күзетші етіп алдырттым, көрші ауылдағы әпкемнен бір қой әкеп сойып, тұздап, кептіріп бердім. Әкем араққа үйір бола бастапты, дүкен төңіректеп кететінді шығарыпты. Бетінде, көзінің астында үлкен тыртық пайда болыпты. Бір кеште әкеме: – Андағы бетіңе не болған? Арақ ішіп тапқан олжаң ба? – дедім. – Қайдан, қарағым. Өткен қыс жаман жұт болып, колхоздың бар малы қырылып қалды. Суықтан өзендегі су түгел қатып, адам кеудесіне жететін қар жауып, қыс өте созылып, ызғар боран ұлып тұрып алды. Азын-аулақ жиған отын жаңа жыл өтпей-ақ таусылып, төңіректен қураған ағаш іздеп кеттім ғой. Шешең өлгелі Әсемкүлім бір жағына шығып, тамақ пісіріп, от жағып, балаларды қарап жүруші еді. Шырағым-ай, өте пысық, шешесі секілді іскер, тындырымды еді. Маңдайымызға сыймай кетті ғой. Тиын-тебен табамын деп шөпшілерге ілесіп, колхоз жұмысына шығып алды ғой. Қорабынан түсе бергенде машина дүр етіп жүріп кетіп, тасжолға шүйдесімен құлап, тіл тартпай кетті ғой қайран қызым. Несін айтасың, қыс бойы Әсемкүл екеуміз қырқа-қырқаны кезіп, отын іздеумен болдық. Қалың қар басқан далада түк жоқ, колхоздың алма бағындағы қураған бұтақтары да таусылған. Несін айтасың, әзірейілдей қырық градус аяздан бір қора жан үсіп қатып өлетін болдық. Әсемкүл екеуміз колхоздың алма бағының ішіндегі қураған бір томарын қардан аршып, балтамен кесіп алайық деп ақ тер болып жатсақ, «Найзағай» деп атап кеткен күзетші артымнан шауып жетіп келгені. – Әй, ұрылар, қолға түстіңдер ме?! – деп бас-көз жоқ мені сабай жөнелді. Бишігінің ұшына қорғасын құйдырып алса керек. Тура көзімнің астына ұшы тиіп, бетімнен қан сау ете түсті. Әсемкүлім қолымнан жетектеп алып-ұшып Шәйкүл медсестраға жеткізіп, қан тоқтамай, аудан орталығына апарып, тіктіріп қайттық қой. Содан қалған тыртық бұл. Қыс қақағанда жанымызды қоярға жер таппай қалтырап дірілдеп есіміз шықты. Байқадың ба, мына үйдегі еденге төселген бар ағашты алып, жарып отын қылдық қой, – деп әкем аһілеп-уһілеп жер еденге тесіліп қалды.
– Міне, мынаны Әсемкүлдің жастығының астынан тауып алдық, – деп бір дәптер мен фотоальбом берді. Фотоальбомда бәріміздің суреттерімізді желімдеп, шет-шетін әдемілеп өрнектепті. Қалың қара дәптерге өлеңдер жазыпты. Көбісі – есіл кеткен анасына деген сағынышы, аңсағаны, жылағаны, одан кейін маған, сіңілілеріне деген арнаулары. Сегізінші бітіріп, тоғызыншы сыныпқа өткенде желкілдеп өсіп келе жатқан шақта он ұйықтасақ ойда жоқта бізді мәңгілік мұңға батырып кеткен ай жүзді қайран қарындасым-ай!.. Сені есіме алсам болды, әлі күнге дейін өзегім өртеніп, көзімнен жас саулайды!..
Ертесіне көрші Шәйкүл жеңешемнен қарызға пұл алып, есік алдына бір трактор қорабымен көмір түсірдім. Жақсы, мейірбан жандар әлемді ұстап тұр. Кейін, бастық – аудандық газеттің редакторы болып тұрғанда арнайы Шәйкүл жеңешемді іздеп келсем, үйінде екен. Аппақ борсықтай сұлу жеңешем басына кимешек киген әже болыпты. Басына шаршы орамал тағып, пұл ұсынсам алмайды, әйтеуір қалтасына тыққылап әзер бердім. – Қали ағаңнан түрің аумай қалыпты. Күлиман әпкем қандай еді, шіркін!.. Пісірген тамағы, тоқыған шілтері, тіккен кестесі керемет еді-ау! Біздің үйдегі ағаң ашуланып сабайын дегенде әпкеме жүгіріп, қасына барып тығылатынмын. Әпкеме ешкім қарсы келе алмаушы еді-ау, – деп бетімнен сүйді. – Әкең де, шешең де бірге туған ешкімі жоқ жетім өскен ғой. Міне, сендер жетілдіңдер, солардың атын шығарып жүріңдер. Аман болыңдар, – деген ақ тілеуімен шығарып салды. Шәйкүл жеңешем де бұл дүниеден өтіп, әке-шешемдер жатқан жотада мәңгілікке демалып жатыр. Жиырма күннен кейін қайта әскерге кетерімде үйде жалғыз қалған соры қалың, бейнеті бес елі әкем жапақтап жылап қалды. Күні кеше шешем, Әсемкүл бастаған бес қарындасым – бәрі-бәріміз базар мен думан етіп, жаймашуақ күлкіге толтырып жүретін қара шаңырақ құлазып, қаңырап қалды. Шығар-шықпас жаны бар, қайғы басқан, өмір жүдеткен әкемнің есік алдында қураған томардай сорайып жападан-жалғыз қалғанын көріп қапаланып, езілгенім-ай… Бұл әкемді соңғы көруім екенін қайдан білейін?! Мен жердің үстімен барып, қайғы-қасіреттен жердің астымен қайттым.

* * *
Уақыт шіркін зырылдап тоқтамайды. Өткен күндер, жылжыған жылдар бетіңе әжім, шашыңа ақ түсіріп, жасыңа жас қосып, балалы-шағалы болып шыға келесің. Бұл – өмір заңы. «Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» демекші, көрші кемпірдің томар кесіп жатқаны, үй-іші, жағдайы – сонау бір жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп жүрген сүреңсіз бір шақтарымды еске түсіріп кетті. Ертесіне түске салым Марфуша әжейдің үйінде шай ішіп отырғанбыз. Ұядай бөлме іші ыстық, сырт киімді шешіп, рақаттана әңгіме-дүкенге кірісіп кеттік. Әжім торлаған бет-аузындағы терін орамалмен сүртіп қойып, ол алғысын жаудыруда.
– Сізге мың рақмет! Кеше шоферіңіз азық-түлік әкеп берді. Кешке балаңыз бір машина көмір мен отынға деп жарылған ағашқа дейін әкеп тастады. Иегіме қызыл тимегелі қанша болды, ауруханадан шыққалы ыстық сорпа болса ғой деп жүруші едім. Кеше ет асып, терлеп-тепшіп отырып ас іштім. Балаңызға нұр жаусын, екі білегін сыбанып, үйдің ыбырсыған заттарын жиыстырып, жуып-шайып, жаңа көрпе-жастықты кереуетіме төсеп, мына дастарқанды берді. Жаман өлмелі кемпірге бола сонша әуре болғандарыңыз не?!
– Марфуша әжей! Ештеңе етпейді. Менің әке-шешем біздің қызығымызды, үйлі-боранды болғанымызды көре алмай, әттең, ерте үзілді. Шынымды айтсам, сол ата-анамның замандасы сізге қызмет істегеніме іштей қатты қуанып жүрмін. Есік алдына тақай тоқтаған машина бипілдете бастады. Мен үстіме курткамды іле сала тез далаға шықтым. Белінде жолағы бар «Казпочта» деген жазулы жүрдек кішкентай ғана «Нива» машинасынан шыққан сөмке асынған егде әйел қолыма жеделхат ұстатып, қол қойдырды да, тез қайтып кетті. Қалың сыңсыған беткейдегі орманнан шайырдың жұпар иісі аңқиды. Алақандай көк қағаздағы жеделхатқа көз салып, үстіме суық су құйып жібергендей селк ете қалдым. Марфуша әжейдің СанктПетербургтегі үлкен ұлы бір ай бұрын қайтыс болыпты. Университет проректоры оның қай қорымға жерленгенін ғана хабарлапты. «Неге проректор мұны хабарлап отыр? Әйелі, қызы қайда? Жалғыз шешесіне табандатқан бір ай бойы естіртпей, айтпағандары қалай?..». Миымды осындай ойлар найзағайдай соққылап өтті. Мына сіңіріне ілінген кәужіреген, науқас меңдеген, жоқшылық түбіне жеткен кемпірге қазір естіртсем жүрегі тоқтап қалар. Әзірше мұны айтпай тұра тұрайын. Ас-су ішіп, емделіп, күш-қайрат жинасын. Үйге түк болмағандай кірдім.
– Мені іздеп келіп, асығыс өте керек құжаттарға қол қойдырып әкетті, – дей салдым ішкі толқынымды жасырып.
– Шайың суып қалды ғой, кел, қарағым, ыстықтай құйып берейін. Күн де азынап, суып кетті ғой, – деп кемпір жайбарақат шай құйып, кесе ұсынды. Қандай орта, қандай жер болса да мен тамақ талғамаймын, жиіркену, менсінбеу деген менде әсте жоқ. Әжей тұңғышының Англияда, кішісінің Америкада болып, ғылыми жұмыстар жүргізгенін, атақтар алғанын риза пішінмен айта бастады. Кенет алапат сатыр-сұтыр соғыс жүріп жатқандай, гүрс-гүрс бомба жарылғандай, таулар күркіреп, шыңдар шыңғырғандай ғаламат сұмдық құлақ тұндырып, есті аударды. Бүкіл әлем қопарылғандай, топан су сел жүргендей біз отырған кішкентай құжырхана сықырлап ала жөнелді. Кемпір бұрышқа барып тізерлей отырып шоқына бастады. «Бісміллә, бісміллә» деп, өзім жаттап алғаныммен оқи бермейтін «Фатиһа» сүресін суылдатып қайталай бердім, қайталай бердім. Жер-ана алас ұрып, аһілеп-уһілеп, бүкіл Медеу сайы дірілдеп, қайран қара жер қарс айырылғандай қараңғыланып, жаңа ғана тұптұнық мөлдіреген қыстың күні әп-сәтте қара түнектеніп сала берді. Жүрегім аузымнан шығып кетердей атқақтай соғып, балбал тастай мелшиіп отырған күйі Құран сүресін ес-түссіз оқи бердім, оқи бердім. – Балам, тұра ғой, тыйылды ғой, – деп кемпір иығымнан қаққанда барып көзімді аштым. Қорыққанымнан ба, екі көзімді тас жұмып алыппын, содан төңірек қап-қара көрініпті. Үй-іші жап-жарық. Есеңгіреп есімді жия алмай, ұйып қалған қолымды уқалап отырып қалдым. «Сұрапыл сел, тасқын өтіп, әсем Алматым қалай болды екен?..» деген қорқыныш жүрегімді суылдатты. Кемпірді сүйрей-мүйрей далаға атылдым. Тұманданып, бұлдырлап өз көзіме өзім сенбей, аңтарылып, жанжағыма алақтай қарап состиып тұрып қалдым. Жаңа ғана құлпырып, Алатау етегін көк жасылға бөлеп, жайнап, күнге ұшар бастарын жеткізем деп таудың бүкіл беткей-беткейіне дейін ұйысып сыңсып өскен қалың орман әп-сәтте тып-типыл болыпты. Нән-нән қарағай, шыршалар өз-өзінен шарт-шарт сынып, сұлап-сұлап жатыр. Арасынан адам өте алмайтын қайран қалың орман орнында арсиып-ырсиып сынған, ағарып аршылған томарлар ғана қалған.
Әйгілі Медеу сайында қайғы жамылғандай қаншама жылдар осы өңірдің сәнін кіргізген, әрін келтірген ғажап сұлу ағаштар өлген солдаттардай ұзыннан-ұзын жерде сұлап, сұлқ жатыр. Зеңгір-зеңгір көк аспанға қол созған, жыл бойы жап-жасыл жапырағын жайған биік-биік ағаш біткен әп-сәтте түгел қирап, сынып, опырылып, қара жерде қалай болса, солай құлап жатыр. Кәужіреген кемпір екеуміз далада әбден жаурағанша состиып, жан-жағымызға шошына көз салып, үн-түнсіз көп тұрып қалдық. – Жер-ананы ашуландырып алдық-ау. Алатауды әбден жаралап, қорлап, піскілеп, тескілеген соң осындай мінез көрсетті-ау. Табиғатта фальш жоқ, оны қадірлеу керек. Міне, адам көрмеген, құлақ естімеген сұмдық жағдайға кезіктік, қарағым. Табиғат, жер-ана ескертіп жатыр. Адамзат емес, біздер құрбан болайық деп қалың орман түгелімен құлап түсіп, көз жұмды. Арандарың ашылып, пейілдерің тарылып, ниеттерің бұзылып барады деп ескерту жасапты жарықтық Жер-ана!.. Бір уыс әжей күбірлей шоқынды. Мен «Сұбханалланы» бір қайталап шықтым. Сай табанында төңірегі түгел жалаңаштанған ашулы өзен өкіре жылап ағып жатыр. Жайқалған қалың орман орнында әр-әр жерде қарайып, қасіреттеніп, сорайып тұрған томарларға қарап, жүрегім шошынды. Қалың орманды базар қылып ұшып-қонып жататын бірде-бір құс та көрінбейді. Асыл Алматым, Алатаудың жауһар-бойтұмары болған Алматым төменде мамыражай, жаймашуақ қаз-қалпында тыныстап жатыр. Сол түні мен алғаш рет инфаркт алдым.

Пікір қалдыру