Елу жыл өмірін қазақ күресі мен самбоға арнаған майталман бапкер, күрестен Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, халқымыздың даңқты ұлдарының бірі Диханбай аға Биткөзов биыл 80 жасқа толып отыр. Мерейлі күнге орай, Айнұр Диқанбайқызы әкесінің ғибратты өмір жолы туралы естелік жазған екен. Сол кітаптың кейбір үзінділерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Редакция
Әкем 1965 жылы 24 жасында Алматы ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсті. Осы жерде
«Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған балуан жігіт неге Алматы дене шынықтыру институтына бармады?» деген сұрақтың тууы заңды. Бала кезінде өгізбен, бозбала шағында трактормен жер жыртып, бірнеше ай механизатор оқуын оқыған әкем ол кезде агроном мамандығын алып, әуелі бір шаруашылыққа 32 агроном, сосын бас агроном, түптің түбінде колхоз, совхоз директоры болуды көздепті.
Сол мақсатпен Алматыға оқуға аттанады.
Студент Биткөзов сабағына өте тиянақты болыпты. Үлгерімі жақсы, тәрбиелі, мектептен кейін оқуға түскен жастарға қарағанда өмірден түйгені мол, қайратты, белсенді азамат көп ұзамай институттың комсомол жастар бюросының мүшесі болады. Яғни Алматыдағы бірнеше мың жасты қамтитын іргелі оқу орнындағы үлгілі, озық студенттің бірі.
Ауылшаруашылығы институтында самбо үйірмесі бар екен. Жаттықтырушы – Қазақстанға белгілі спорт маманы Петр Григорьевич Терещенко. Петр Терещенко әкемнің қабілет-қарымын бірден аңғарып, балуандар тобына жетекші етіп тағайындаған екен. Яғни өзі жаттығуға кешіксе, оның орнын Диқанбай Биткөзов басады. Балуандардың тәртібін, спорттық режим сақтауын қадағалау, жарысқа, жаттығу жиындарына барар кезде құжат жинау, билет алу, қонақүй дайындау, сапардан оралған соң есеп беру, жиынға спортшылардың толық қатысуын қамтамасыз ету т.б. шаруаларды Петр Терещенко Диқанбай Биткөзовтің мойнына жүктейді. Әкем бапкерінің сенімін артығымен орындаса керек. Араларында бір-біріне деген өкпе, реніш болмапты. Себебі әкем балуандар командасының тізгінін мықтап ұстаған екен.
Аптасына алты күн жанкешті жаттығу. Әкем машықтану десе, жанын аямайды. Кеудесіне жабысқан жұқа футболканы айтпағанда, сыртынан киетін спорттық формасы балуандардың қым-қиғаш, алапат жаттығуынан кейін қара терге малшынып тұрады дейді.
Қос қолдап сықсаң, судай ағады. Жаттығудың ауырлығы сонша, әкемдер спорттық сөмкелерін зорға көтеріп қайтады екен.
Обалы не керек, кеңес өкіметі спортшылардың ас-суына, жағдайына жақсы қарапты. Әкем Қазақстан чемпионы, институт құрамасының белді мүшесі ретінде сондағы спорт клубынан 50 сомның талонын, бұған қоса 30 сом шәкіртақы алып тұрыпты.
Оқу-жаттығу жиындары, жарыс кезінде тамаққа берілетін қосымша талон тағы бар. Бала кезінде көбіне жарты құрсақ жүрген әкем Алматыға келген соң ең бір байқуатты студенттердің бірі болыпты.
Өзінің айтуынша, ол кісі Алматыдағы аспирант үш досына тамақ әперіп тұрыпты.
Бұған қоса Мәскеуге, басқа жерлерге жарысқа барғанда Алматы жастарының, әсіресе ауыл адамдарының қолы жете бермейтін, КСРО-ның еуропалық бөлігінде еркін сатылатын киімдерді аздап ала келеді. Мұндағы жастар ақшасын қолма-қол төлеп, таласып-тармаса бөліп алады. Сауда – пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті. Әкеміз сол кездің өзінде осы бір берекелі тірліктің кілтін іздеген екен.
Кішкентайынан анасы Зейнептің қасында тігіншілікті кәдімгідей меңгерген Диқанбай Дүржанұлы студент жігіттердің жаңадан сатып алған шалбарларын жинап алып, бір түнде он бес, жиырмасын қолмен қысқартып береді екен. Сонда әкемнің қолмен тіккен жері тігін машинасымен көктеп өткендей түп-түзу, тегіс болып шығады екен. Төлемақысы ательеге қарағанда арзан әрі жастар тігінші іздеп алысқа бармайды. Істің көзін тауып, адал еңбекпен мал жисаң, жұрттың алғысына бөленсең, қайырлы тірлік деген осы емес пе.
Әкемнің тігіншілік шеберлігі бізге таңсық емес. Оқушы кезіміз де киімді, үйге қажет кей затты Қарағандыдан алдырушы едік. Бір жолы маған жаңа жыл мерекесіне киетін ақшақардың киімі Атасудан табылмай, әкем үйде тігін машинасымен әдемілеп тігіп бергені бар. Бәз біреулер мақтанды демесін, сол жолы ең әдемі ақшақар киімі менікі болған тәрізді. Әлі есімде, Жалғас ағама іс-шараға қатысуға қажет клоунның киімін әкем өз қолымен тігіп берді.
Алматыдағы студенттік жылдар әкем үшін берекелі әрі нәтижелі болыпты. Атақты балуан Диқанбай Биткөзов 1967 жылы самбо күресінен КСРО спорт комитетінің жүлдесі үшін ірі турнирде топ жарып, 1969 жылы Кеңес Одағының ауылшаруашылығы спортшылары арасындағы чемпионатында 62 келі салмақта алтын медальды жеңіп алды. Диқанбай Дүржанұлы – қазақ күресінен 34 Қазақстанның 1964-1971 жылдардағы 7 дүркін чемпионы. Самбодан Қазақстан чемпионаттарын 1965-1971 жылдары 5 мәрте ұтып алды. Бұл – қысқа қайырып, түйіндеп айтқандағы әңгіме. Егер кеңінен тарқатып айтсақ, әкемнің балуандық кезеңінің өзі шағын кітапқа жүк болар еді.
Алатаудың баурайына қоныс тепкен әсем Алматы қазақ жұртының астанасы болумен қатар талай игі жақсылардың табысуына, олардың білім нәрімен сусындап, ат жалын тартып мінуіне, рухани ортада өсіп-өнулеріне жол ашты. Дәл осы жылдары әкем Диқанбайдың болашақта өмірлік досы болған Марат аға Жақытпен сыйластығы беки түсті. Екеуінің салмағы шамалас, сондықтан екі дос жарыс кезінде бетпе-бет айқасуды жөн көрмей, Қазақстан көлеміндегі бәсекелерде бірі 66 келіде белдессе, екіншісі 70 келіде бағын сынапты. Ал Кеңес Одағының кілең мықтылары жиналатын жарыстарда Диқанбай Биткөзов 62 келіде кілемге шықса, Марат аға 66 келіде күресетін болған. Екеуі алғашқы күндерден бірге тамақ ішіп, бірге жүгіріп, бірге тұратын әдет тауыпты. Сол бір алабұртқан асау кездерінде екі дос күндердің күнінде бапкерлік белесте жолдары тоғысатынын білмегендері анық.
* * *
Әкем Қарағашта тек агроном болып қана қойған жоқ, қазақша күрес пен самбодан Қазақстан ұлттық құрамаларының белді балуаны ретінде жаттығу жиындары мен ірі жарыстарға шақырту алып тұрды. Бірақ бұрынғыдай еркіндік жоқ. «Рассвет» совхозының директоры Сұлтан Түсіпов Алматы жақтан хат, шақырту келді дегенше, шәт-шәлекейі шығып бітеді. Іссапарға жиі сұранатын – жалғыз Биткөзов емес. Әнші, гитарашы Қорабай Есенов те осы кеңшарда қызмет істейді. Бір күні Алматыдан Диқанбай Дүржанұлының атына арнайы шақыру жетті. Совхоздың белді қызметкерлері жиналған лездеме үстінде Сұлтан Түсіпов ашуға мінді дейсің:
Құдай-ау, маған мына сайтан мен сапалақты қайдан әкеліп бердің?! Бұлар жұмыс істейтін адамдар ма, әлде күрес пен музыка қуып, осылай тайраңдап жүре бере ме?
Директордың қатты ашуланғаны сонша, қолындағы көзәйнегі стол үстіндегі шыныға түсіп кетіп, шарт ете қалды. Онсыз да жүйкесі су көтермей тұрған директор сынған көзілдірікке одан сайын күйінсін:
Құдай-ау, мына екеуінің кесірінен соқыр болдым ғой! Директордың кабинетіне жағалай жайғасқан ауылдастары «біз қайдан білейік» дегендей үнсіз отыр.
Сұлтеке, маған көзілдірігіңіздің размерін беріңізші, онын жасатып әкелейін, – деп Диқанбай агроном басшының көңілін ауламақ болып еді, ана кісі одан сайын қаһарлана түсті.
Сөзін қарашы мынаның, жарысқа жіберсін деп айтып отырсың ғой…
Жас агроном бұдан әрі әңгіменің мәні жоқтығын ұғып, тілін тарта қойды. Содан келесі жолы ретін тауып, Алматыға жарысқа аттанды. Осы жолы әкем «Қайрат» ерікті спорт қоғамы республикалық кеңесінің төрағасы, көрнекті спорт қайраткері Ахметжан Қазымбетов ағасына арнайы жолыққан екен. Сондағы негізгі шаруасы совхоз директорының мұны жарысқа, жаттығу жиындарына жібергісі келмейтінін жеткізу болатын. Адамшылығы мол, кесек мінезді Ахметжан Қазымбетов:
Жарайды, Диқанбай, еліңе әдейі барып, басшыларыңмен сөйлесіп қайтамын, – дейді сыйлас інісінің сөзін жерге тастамай.
Күндердің күнінде Ахметжан Қазымбетов Алматыдан Қарағандыға ұшады. Республикалық «Қайрат» спорт қоғамының білдей бір басшысы, бір кездері Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде лауазымды қызмет атқарған Ахметжан аға айдаладағы балуан інісінің тілегін жерге тастамай, ұшақтан түскен бойда Жаңаарқаға келеді. Атасуда Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұқан Медеубаевқа жолығып, мән-жайды түсіндіреді:
Диқанбай Биткөзов – анау-мынау адам емес. Диқанбай – Қазақстанның әлденеше мәрте чемпионы, республикамыздың на- мысын қорғап жүрген айтулы балуан. Кеңес Одағының ауыл-се- ло спортшылары арасындағы чемпионатының жеңімпазы. Мұндай спортшыны қолдау керек. Осы азамат үшін Алматыдан арнайы келдім.
Аудан басшысы Ахметжан Қазымбетовпен емен-жарқын шүйір- келесіп болған соң, қасына аудандық партия комитетінің үшінші хатшысын қосып, Қарағашқа жібереді. Совхоз директоры Сұлтан Түсіпов сыйлы қонақтарды құрақ ұшып қарсы алады.
Ауылдарыңнан ел намысын ту еткен бір азамат шыққан екен.
Осы жігітті жарысқа, жаттығу жиындарына жіберуге қиналмаңдар. Білген адамға мұндай балуан елдің мақтанышы емес пе! – дейді сөзі мен ісі жарасып тұратын Ахметжан Қазымбетов ауыл басшыларына қарата. Сонау республика астанасынан арнайы ат арытып жеткен абыройлы кісінің сөзін директор жерге қалай тастасын. Осымен әңгіме тәмам.
Әкем мен анам Ахметжан ағаның құрметіне қазан көтеріп, Қазымбетов ауылдың игі жақсыларымен бірге біздің үйден дәм татыпты. Міне, бір кездегі қазақтың жайсаңдары мен жақсылары қандай болған, шіркін! Еркін және классикалық күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, КСРО-ның құрметті спорт шебері, КСРО халықтарының спартакиадасында ұлт намысын қорғаған атақты балуан, бүтін бір елдің маңдайына басқан марқасқа азаматы Ахметжан Қазымбетовтің бар шаруасын жиып қойып, әкемнің бір ауыз сөзі үшін қиырдағы Қарағашқа келуінің өзі түсінген адамға өнегелі жайт емес пе.
Осы жерде Ахметжан Қазымбетов пен Диқанбай Биткөзовтің таныстығы қалай басталғаны туралы қызықты әңгімені ортаға салайық.
1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан ауылын- да қазақ даласының батыры, әлемге әйгілі балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесі үшін қазақша күрестен бірінші турнирдің тұсауы кесіледі. Сол бәсекеде бұған дейін көпке танымал балуан Ахметжан Қазымбетов әкем Диқанбаймен бір салмақта сынға түсіпті.
Екеуі қарсыластарына дес бермей, қол созымдағы бас жүлде үшін шешуші белдесуге шығыпты. Әкемнің әскерден оралғанына жарты жыл бола қоймаған кез. Республика көлеміндегі жарыстарға енді-енді қатыса бастаған тұсы. Ол кезде әкем Қазымбетовті танымайды. Бұл жылы Ахметжан аға жиырма тоғызға толса, әкемнің жиырма үштегі нағыз бұлықсыған шағы еді.
Диқанбай Биткөзов қым-қиғаш тартыс үстінде Ахметжан Қазымбетовті жамбасқа келтіріп, кілемге шалқасынан жығады. Төреші екеуін орындарынан тұрғызады, бірақ әкеме ұпай бермейді. Қызынып, арқаланып алған Биткөзов қарсыласын жұлқи тартып, дөңгеленте жүріп, екінші рет жамбасқа салады. Қуаты ерен, жілік майы тоқ жігіт тағы да қарсыласының кеудесіне мініп алады.
Кілемдегі қазы ысқырық шалып, екеуін тағы тұрғызып жібереді. Әкеме керегі – маңдай термен жеткен таза жеңісі. Төреші түк болмағандай ортаны нұсқайды. Әкем – Ахметжан ағаға қарағанда бойшаңдау, оның үстіне, белі мықты кісі. Қапысын тауып, үшінші мәрте қарсыласын жамбаспен алып ұрған Биткөзов Қазымбетовті кеудесінен басқан күйі жатып алады. Тағы да ысқырық! Төреші иығынан түртіп:
– Тұр, – десе:
– Таза жықты деп есептесеңіз, тұрамын, әйтпесе тұрмаймын, – деп әкем сол күйінде тапжылмай жата береді. Бір кезде Ахметжан Қазымбетов:
– Әй, бауырым, тұр, қолыңды ол көтермесе, өзім көтеремін, – дейді.
Диқанбай Дүржанұлы Ахметжан ағасын сүйемелдеп орнынан тұрғызады. Сол кезде Ахметжан Қазымбетовтің даусы саңқ ете қалады:
– Көтер қолын!
Кілемдегі қазы бұйрықты екі етпей, әкемнің қолын жоғары тарта жөнеледі.
Әкемнің айтуынша, Ахметжан Қазымбетов – бұл тұста республикалық«Қайрат» спорт қоғамының басшысы. Ол кезде салмағы бар, құзыреті күшті тұлға. Бір ауыз сөзбен түйіп айтсақ, Қазақстанның ауылшаруашылығы спортының төресі, жұрт аузына қараған дәу бастық.
Сонымен, Қажымұқан жарысы мәреге жетті. Өз салмағында жеке-дара топ бастаған Диқанбай Биткөзовке ұйымдастырушылар медаль, грамотаға қоса алтын сағат сыйлаған екен. Әкем алтын сағатты дүйім жұрттың көз алдында Ахметжан ағасына тарту етіп тұрып былай дейді:
– Аға, сіз мені кешіріңіз. Ата-баба салты бойынша, інісі ағасының жағасынан алмаса керек еді. Менен бір ағаттық кетті. Мен бұған дейін сізді білген жоқпын. Енді біліп жүремін, аға! Жол сіздікі!
Ахметжан аға Диқанбай інісінің сыйын қабыл алып, жас жігіттің көргенділігіне, өткірлігіне ризашылығын білдіріпті. Ойлап көріңіз, менің әкем бұл кезде өрімдей жас. Егер қазақи тәрбие сүйегіне сіңбесе, бойында аталарынан жалғасқан тектілік қасиеті болмаса, Диқанбай Дүржанұлының осындай өрелі тірлік жасауы екіталай емес пе. Осыдан кейін қазақтың қос саңлағының арасында қылаусыз, әдемі сыйластық орнапты. Осыдан кейін Ахметжан аға әкемді еркін күрес, қазақша күрес және самбо жиындарына үзбей шақыртып тұрыпты.
Темірлан жеріне алғаш рет табаны тиген әкем күрестен дүниежүзінің чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының зайыбы Мінәйім апаймен, балуанның ұлы Айдарханмен, басқа да жақындарымен жүздескен екен. Сонымен қатар осы сапар еркін күрестен 1963 жылғы Кеңес Одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы, одақ чемпионы, талай дүбірлі халықаралық жарыстарда озып шыққан Әбілсейіт Айханов ағасымен танысып, күресін тамашалайды. «Айханов нағыз бабында екен. Балуандардың ешқайсысы ол кісіге тегеурінді қарсылық көрсете алмады», – дейді әкем сағымдай бұлдыраған сол бір шақты еске түсіріп.
Ал Ахметжан Қазымбетовтің есімі аталса, әкем сондай бір ыстық сезіммен: «Ғаламат адам еді», – дейді көкейдегі сағынышын бір ауыз сөзге сыйдырып.
* * *
Қазақтың тұңғыш премьер-министрі Сәкен Сейфуллин Жаңаарқа деп атаған біздің ауданның тарихы тым тереңде жатыр. Тым әріге бармай, екі-үш ғасырдың шегінен бері шолғанның өзінде қара домбырасымен күмбірлете күй төккен Сайдалы Сары Тоқа, қоңыр қобызының шанағына байтақ даланың мұңы мен мүддесін қатар сыйғызған Ықылас абыз, қара сөздің қаймағын қалқып, қадірін арттырған атақты Байдалы би, найзасының ұшына жау мінгізген Нұрбай баһадүр, екі елдің дауын екі ауыз сөзбен шешкен Телғозының Шоңы, қос бармағынан күш саулаған Битабар балуан, асқақ үні алты қырдың астынан дауылпаздай саңқылдап шығатын Омардың Игілігі, жазушылығы мен сазгерлігі, ғалымдығы мен шешендігі адамды қайран қалдыратын Ақселеу Сейдімбек, қазақ әнінің арда күреңі Қайрат Байбосынов, әншілігі мен жыраулығы, ұлтшылдығы мен қайраткерлігі тең тұратын Бекболат Тілеухан, алаштың абыройлы ақындарының бірі Ғалым Жайлыбай…
Жаңаарқа топырағынан түлеп ұшқан осынау абыройлы шоғырға әкем Диқанбай Биткөзовті еш күмәнсіз, талассыз қосуға болады. Бәз біреулер мені туған қызы болғандықтан Диқанбайды асыра мақтап, орынсыз әспеттеп жатыр деуі әбден мүмкін. Жоқ! Мен әкем туралы сәулелі ойды, биік бағаны халықтың өзінен алдым. Жас кезімде әкемнің тарихи тұлғасын безбендеуге танымым, ақылым, өмірлік тәжірибем жетіңкіремесе, есейе келе, іздене жүріп әкемді біршама терең танығандай болдым. Нақты деректерге сүйенсек, Диқанбай Биткөзовке дейін Жаңаарқа өңірінде әлемдік деңгейдегі күрес бапкері әрі күрес төрешісі, Жаңаарқа ауданын самбоның халықаралық дәрежедегі биік ордасына айналдырған спорт қайраткері болмаған екен. Бұл – жалғыз менің ғана пікірім емес, халқымыздың белді спорт мамандары мен атақты спортшылары Диқанбай Дүржанұлының жарты ғасырлық еңбегін жоғары бағалайды әрі әкемді мемлекеттік дәрежедегі көрнекті спорт қайраткері деп біледі.
Енді, қадірлі оқырман, әкем Диқанбай Биткөзовтің Атасудағы алғашқы қадамдарынан бастап, ол кісінің тағдыры Жаңаарқамен астасқан талайлы, тастақты бапкерлік жолын шама жеткенше хатқа түсіріп көрейік.
Әкем айтады: «Алматыдағы студенттік жылдар біздің ой-өрісіміздің өсіп, қанатымыздың қатаюына көп ықпал етті. Алматыда жүріп Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген небір асыл азаматтармен таныстық, талай ел ағаларымен, аузын ашса, көмекейі көрінетін бауырлармен дәмдес, сыйлас болдық. Білікті бапкерлерден, білімді ұстаздардан тәлім алдық. Сонымен қатар сол алпысыншы жылдардың екінші жартысында ел астанасындағы қазақтың үлес салмағы тым аздығына куә болдық. Алматыдағы қазақ мектебінің тым тапшылығы көзге ұрып тұратын. Ауылдан барған студент жастар мен жұмысшылардың көпшілігі өзге ұлттың пәтерлері мен «времянкаларын» жалдап, тапқан-таянғандарының біраз бөлігін соларға беретін. Қысқасы, қазақ жастарының өз астанасына өздері кірме болғанын көзімізбен көрдік, соны жан-тәнімізбен сезіндік. Соған жанымыз ауырып, жүрегіміз сыздайтын. Қазаққа шекеден қарау, менсінбеушілік спорт саласында да байқалып тұратын. Сол жылдардағы самбо сайыстарында қазақ балуаны орыс не славян жігітінен ұтылып қалса, әлгі ұлттардың бапкерлері мен мамандары бір үйдің баласындай шаттанып, дүркірей жамырасып жататын. Сол жылдары естіп, жүрекке өте ауыр тиген бір ауыз сөз әлі есімнен кетпейді. Самбо күресінен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Владимир Пак бірде: «Қазақтан балуан шықпайды», – деп күш атасы Қажымұқан, Балуан Шолақ, Боранқұл, Молдабайдай алыптарды туған халыққа топырақ шашқандай болып еді. Оның сол сөзі жүрегімізде шемен боп қатып қалды. Ұлттық құрамада бірге белдескен Марат Жақыт досым екеуіміз Пактың сөзіне қатты күйінгеннен «қайтсек те қазақтан чемпион баптаймыз!» деген уәдеге тас-түйін бекіндік. Алла Тағаланың қолдауымен біздер бапкерлік білік, күрестің ішін, табиғатын тану жағынан сол тұста бізді менсінбеген кей жаттықтырушыдан уақыт оза келе асып түстік…»
Иә, сонау бір ордалы кезінде ел ордасы Алматыда құлағына тиген бір ауыз сөз ұзақ уақыт жанын шабақтаған екен. Ұлты үшін күйініпті. Намыс буыпты. Елі үшін еселеп, аянбай еңбек етуге бекініпті. Міне, Алланың қалауымен сол ниетіне қарай Арқа төріндегі ірі ауданның бірінші хатшысы Мұқан Медеубаевтай қамқор, өнегелі азамат алдынан шығып отыр. Осы кісінің тікелей ықпалымен Атасудағы ескі мәдениет үйі балуандарға берілген екен. Ол кезде бұл дегеніңіз – спортшылар үшін үлкен олжа. Диқанбай Дүржанұлы мәдениет үйіндегі көрермендер отыратын залдың орындықтарын сыпырып алып, еденіне бір жарым ендіктей күрес кілемін төсеп тастайды. Екі кілем қатар сыймаған соң, амалсыз осылай жасапты. Бұл жерде спортшыларға жуынатын орын жоқ, киім ауыстыратын жерді бапкерлер бас болып, қолдан ыңғайлап алады.
Жаңаарқадағы1970 жылы ашылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алғашқы директоры Тайтөлеу Асқаров ағамыз әкем бастаған бапкерлер ұжымына қолдан келген көмегін жасап бағыпты. Мектепте шахмат, стол теннисі, бокс және күрес секциялары жұмыс істеген екен. Ол кезде спорт құрал-жабдықтарын өз еркіңмен таңдап жүріп сатып алуға рұқсат жоқ. Қарағанды облыстық спорт басқармасына алдын ала тапсырыс жасайсың. Облыстық басқарма өзінің жоспарына сай қарамағындағы мекемелерді мүмкіндігінше қамтамасыз етіп отырады. Яғни коммунистік партияның қатаң талабы бойынша орталықтандырылған социалистік жүйе. Қазіргідей ортадан килігіп немесе тиімді әріптес тауып, үстеме қосып олжаға кенелу мүмкін емес. Диқанбай әкем күрес кілемін облыстық басқармадан осындай заңды жолымен алып отырыпты. Спортшыларға қажетті штанга, гантель, кір тастары, резеңке, арқан ол уақытта ауылдарға әлі жете қоймаған екен.
Сонымен, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу ауылында Диқанбай Биткөзовтің басшылығымен балуандар секциясы жұмысын бастайды. Әкемнің естелігіне сүйенсек, 100-ге тарта баланы алғашында бес жаттықтырушы баптаған екен. Олар: Диқанбай Биткөзов, Төкен Оралбаев, Қаманай Мұздыбаев, Құрал Әбілдинов және Жағыпар Шалқыбеков.
Мәдениет үйінің бір жарым кілемдік күрес залы тарлық қылған соң, әкемнің бастамасымен 1971 жылы ұзындығы 17 метр, ені 8 метр жаңа күрес залының құрылысы басталады. Әкем күрестен Атасуда жаттығу жиынын ұйымдастырады да, жиынға келген 15-16 ересек балуанның күшімен он бір күннің ішінде жаңа залдың іргетасын құйғызып, қабырғасын көтертіп тастайды. Ел іші берекелі емес пе, құрылыс басқармасы цементін беріпті, әкем бастаған жігіттер өзен жағасынан құм тасыпты. Басқа да керек-жарағы ауыл арасынан табылса керек. Сөйтіп, қабырғасы қалқиып шыға келген залдың төбесі мен терезесін жабуды аудандық білім бөлімі мойнына алған екен. Сонымен, жылдар өте бүкіл Жаңаарқаның көз қуанышына айналған балуандардың құтты мекені – күрес ұстаханасы есігін талапкер ұландарға айқара ашады.
* * *
Хош, енді Диқанбай Биткөзов бастаған бапкерлер тобы Жаңаарқа балаларын күреске қалай тартты, қалай іріктеді, соған қысқаша тоқталайық.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Атасуда орта білім беретін бес мектеп жұмыс істепті. Әкем жігіттерімен бірге мектептерді ерінбей аралап, балаларды күреске еліктіріп, үгіттей бастайды. Біздің халық батырлары мен балуандарын ерекше қадір тұтады емес пе. Сондықтан Жаңаарқаның орталығында қазақша күрес пен самбо секциясы ашылыпты деген хабар ұзынқұлақтан тараған бойда, жүзден астам өрен балуан болуға талап қылыпты.
Әкем бастаған жаттықтырушылар алқасы алғашқы толқынды бетінен қақпай, түгел қабылдаса керек. Сол үміткерлерден сүзіліп, сұрыптала келе жүздей бала тұрақты жаттыға бастайды. Әрине, бұл балалардың бәрінен бірдей күшті балуан шыға қоймайды. Ендеше келесі оқу жылы қарсаңында іріктеу жұмысын күшейте түсу керек.
Бапкерлер мектептерді аралап, жұртқа хабар таратып, соның нәтижесінде 1971 жылғы оқу жылының басында, қыркүйек туа, бес бапкердің қоластына 250-дей талапкер жиналыпты. Бұл – аудандық спорт мектебі үшін тамаша көрсеткіш, ұтымды селекция. Бірақ бұл балалардың бәрі бірдей мықты балуан болмасы анық. Ендеше әзірге күрес деп жұлқынып, жұтынып тұрған қара домалақтарды қалай іріктеуге болады? Оның тиімді жолы қайсы?
Бас жаттықтырушы Диқанбай Дүржанұлы мен жаттықтырушылар алқасы 250 баланы бірден күрес залында сапқа тұрғызып, әрқайсысына балуандықтың әдіс-тәсілін үйрете бастады деп ойласаңыз, онда қатты қателесесіз. Бапкерлер 250 баланы53 әуелі мектепке іргелес аудандық мәдениет паркінің ішінде жүгірте бастайды. Жүгіретін айналма жолдың ұзындығы 650 метрге жуық. Талапкерлер жарты айдай уақыт осы жолақты айнала асықпай жүгіреді. Себебі бірден қамшы бассаң, талай баланың өкпесі өшіп қалуы мүмкін. Жарты айда жас ағза, балғын дене біршама ширай түседі. Бұл уақытта балалар тек жүгірумен шектелмей, турникке тартылады, «отжимание» жасайды. Атасуда аудандық спорт мектебі жақында ғана ашылғандықтан, осыншама балаға қатар-қатар турник орнатып тастау тағы мүмкін емес. Әкем үзеңгілес бапкерлерімен бірге бұл тығырықтан да шыға біліпті. Парктегі көкке мойнын созған биік ағаштардың бұтағын жерге иіп байлап, адамның қолы жетіп, асылатын көлденең тұсын турник ретінде пайдалана бастайды. Бұл дегеніңіз – ойы шолақтау, ортаңқол, жуас тау маманның қолынан келетін іс емес. Қалыпқа сыймайтын мінезі бар, тапқыр, тегеурінді, ақылды адамнан шығатын тірлік.
Талапкерлер бірнеше күн бойы турникке тартылудан, қос қолдың күшімен кеудені жерден көтеруден жарысқа түседі. Бұған қоса ұзындыққа қарғу, тұрған орнынан секіру, биіктікке қарғу машығы тағы бар. Біраз күннен кейін ауылдың қара жұмысын жапырып істейтін көк өрім талапкерлер өздерін спортшыдай сезініп, жанарлары жалтылдай жарқырап, жайтаңдай түседі. Ал бозбала шағында Польшада, одан кейін Қарағандыда, Алматыда, КСРО-ның басқа жерлеріндегі жаттығу жиындарында біраз тәжірибе жинақтап, кәдімгідей ысылған Диқанбай Биткөзов жарты айдан кейін балалардың жаттығу процесін ақырындап ауырлата бастайды.
Ендігі жерде балаларды қысқа және ұзақ қашықтықтарға жарыстыру қыза түседі. Келте қашықтықтағы зу-зу бәсекені айтпағанда, алты жүз елу метрлік жолақты ұшып отырып он мәрте екпіндей айналып келген балалардың біразы ертеңіне жаттығуға келмей қалады. Әсіресе ішімдікке әуес және темекіні өші кеткендей тартатын әкелердің ұрпақтары мұндай сынақтарда сыр беріп қояды. Балуан болуды арман қылған талапкерлер үшін сынақтың ауыры мұнымен шектелмейді. Тынысы ашылып, денесі ширай бастаған ұландар енді келесі белеске қадам басады. Диқанбай Дүржанұлының бапкерлер алқасы ендігі жерде балаларды бір-бірін арқалатып жүгіртуге кіріседі. Бұл бейнетке төзіп, қан сорпасы шыға тістеніп, мәреге зорға жеткен талапкерлерді шешуші емтихан күтіп тұрады. Ендігі сынақ ең ауыры, ең күрделісі болмақ.
Өзіңмен салмағы шамалас баланы мойныңа мінгізіп жүгіруің керек. Мұндай бейнетке бір үйдің еркетотайы түгілі, тарамыстай қатқан еңбекқор ұлдардың өзі зорға шыдайды. Ақыры, не керек, әу бастағы қалың дүбірлі топтан қараша туа 20-25 бала күрес залының табалдырығын аттайды.
Есесіне Жаңаарқаның жүздеген баласы екі ай бойы күрес дуымен дуылдасып, көңілдері кілемге ауып, іріктеуден өткендері шаттанып, өтпей қалғандары өкініп дегендей, олардың бұл көңіл-күйлері шаңырақтарын, үлкендерін де бейжай қалдырмай, қысқасы, Атасу ауылы тайлы-тұяғына дейін қоңыр күздің алғашқы екі айын да күреспен тыныстағандай әсерде қалдыратын.
* * *
Бұл кезде Қарағанды облысы бойынша қазақша күрес пен самбо спорты қанатын әлі кең жая қоймаған еді. Облыс орталығындағы Иоган Кнапп тізгінін ұстаған облыстық құрамадан басқа күшті балуандар шоғырланған жерді бұл өңірден табу қиын болатын. Енді, міне, Диқанбай Биткөзовтің балуандар командасы осы олқылықтың орнын толтыруға белсене кірісті. Бұған қоса әкемнің Қарағаштағы шәкірттері ұстаздары жаққан отты өшірмей, қараша ауылдағы жаттығулар жалғасып жатты.
Жоғарыда үстірттеу болса да, айтып өттік, әкемнің алғашқы бапкері Мәді Смағұлов, әскердегі жаттықтырушысы Владимир Барановский, Қарағандыдағы тәлімгері Иоган Кнапп, Алматыдағы бапкері Петр Терещенко, бұл кісілердің бәрі – түптеп келген де, еркін күрестің мамандары. Сондықтан бұл ағалардың қазақ күресі мен самбоның түпкі қайнарына, ішкі қалтарыстарынатерең бойлай қоймағаны да – бір жағы, өмірдің заңдылығы. Бірақолардың Диқанбай Биткөзовтің мықты балуан, білікті бапкер болып қалыптасуына сіңірген еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Әкем осы кісілердің тілеулес көңілімен, беріле баптауымен, тәрбиесімен ұзақ жылдар бойы шыңдалды, есейді, білім жинады, көп нәрсені көкейге тоқыды. Ендеше бұл ағалар әкемнің ұстаздары, бапкерлері ретінде тарихқа тіркелуі керек.
Әкем Жаңаарқадағы күрес мектебінің қай жағынан да озық болуына алғашқы күннен бастап күш салыпты. Орда бұзар отызға иек артқан Диқанбай Дүржанұлы Қазақстан чемпионаттары мен ірі бәсекелерде белдесе жүріп, Атасудағы күрес залында темірдей тәртіп орнатыпты. Көмекші жаттықтырушылардың біреуі жаттығуға кешіксе не жұмыстан ерте кетіп қалса, сол күнгі еңбек табеліне жаттығу сағаттары жазылмайды екен. Бұрын мұндай ортаны көрмеген, мұндай талапқа үйренбеген жаттықтырушылар бұрынғы кеңқолтық әдеттерінен арыла алмай, бірнеше айдың ішінде біраз жалақысынан қағылса керек. Содан жарты жыл өткенде бапкерлер Диқанбай Биткөзовтің тәртібіне көндігіп, жұмыс өз арнасын табады. Бұл жағдай бас жаттықтырушыны,бір жағы, қуантып, бір жағы, ойға жетелейді. Әкем – шұғыл тәуекелдің адамы. Сол бойда Жаңаарқа аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Сақытай ағасының алдынан бір-ақ шығады. Екеуінің қарым-қатынасы, сыйластығы жақсы, соны арқаланып, болған жағдайды тәптіштеп түсіндіре келе:«Жігіттердің жарты жылда айыпты болып айырылған ақшаларын өздеріне қайтарайық», – дейді. Сақытай ағасы басында келіспейді.
«Уақыт өтіп кетті. Табельдерді бекітіп қойдық», – дейді заңды уәжін алға тартып. Бұған Диқанбай Дүржанұлы қалай көнсін?! Ағасының алдынан кетпей отырып алады. Ақыры Сақытай ағасы жібіп, екеуі аудандық білім бөлімінің бастығына кіреді. Бастық та біраз уақыт тоң-теріс қабақ танытқанымен, екеулеп тақымдап қоймаған соң, Биткөзов толтырып әкелген жаңа табельдерге қол қойып береді. Яғни бапкерлердің жарты жылдан бергі ұсталған ақшалары өздеріне қайтады. Мұны естіген жаттықтырушылар мәре-сәре қуанышқа кенеліпті. Міне, әкемнің жұрт көзінен таса бір қасиеті – осы. Ол кісі қоластындағы азаматтардың жағдайына, қабағына қарап жүреді.
Қолға алған ісін аяқсыз қалдырмайтын әкем бапкерлік білім-білігін көтеру үшін бар мүмкіндікті қарастырған екен. 1970 жылы Диқанбай Дүржанұлы Алматы дене шынықтыру институтында өткен қазақша күрестен екі апталық семинар-кеңеске қатысады. Бұл кеңесті Қазақстан күресінің майталман мамандары, әлемдік деңгейдегі бірнеше мықты балуанды баптаған Петр Матущак, Қабден Байдосов, Сәбит Сатыбалдиев сынды ағалар жүргізіпті. Қазақ елінен асып, Кеңес Одағын, Еуропаны, дүниежүзін мойындатқан ғалым бапкерлердің дәрісінен әкем көп нәрсе түйдім дейді. Әсіресе Қабден Байдосовтың теориялық және тәжірибелік сабақтары Диқанбай Дүржанұлына қатты әсер етіпті. Қабден Рахманқұлұлы еркін күрестің атақты балуаны әрі айтулы жаттықтырушысы болумен қатар қазақша күрестің де әдістемелік кітабын жазды. Бұл кісінің де балуандық жолы біздің әкелеріміз тәрізді ұлттық күрестен басталған екен.
Әкем Диқанбай Биткөзов 1966 жылдан бастап төрешілердің кілем жетекшісі, бас төреші, қазылардың республикалық алқасының төрағасы қызметтерін 2016 жылға дейін үзбей жалғастырып келді. Жаттықтырушы үшін қазылықты терең меңгерудің маңызы зор. Осыны жете түсінген Диқанбай Дүржанұлы бапкерлік пен төрешілікті өмір бақи құстың қос қанаты тәрізді қатар алып келеді.
Спорттың серті – жеңу! Спорттың сәні мен қызығы – дүркіреген жанкүйер қауымды еріксіз елтіп әкететін қиқулы бәсекелер. 1971 жылы Жаңаарқа балуандарының жетекшісі Диқанбай Биткөзов Ақтөбедегі ауыл-село спортшыларының республикалық спарта киа- дасына Қарағанды облысының қазақша күрес құрамасын бастап барды. Облыс құрамасының басым көпшілігі Қарағаш ауылының жігіттерінен жасақталды. Нақтылай айтсақ, 10 салмақ дәрежесіндегі балуандардың 8-і осы ауылдың спортшылары еді. Бұл күрес додасында әкем 69 келі салмақта топ жарса, Қарағаштың тағы бір жампозы Жағыпар Шалқыбеков, Егіндібұлақ ауданының саңлағы Зәрубай Шәкаманов және Шет ауданының белді балуаны Жәкен Ақыжанов республикалық спартакиаданың чемпиондары атағын жеңіп алды. Бұл бәсекеге Д.Биткөзовтің тағы бір шәкірті – 57 келі салмақтағы Өзаман Исатаев та қатысты. Өзаман Шолақ деген атпен көпке танымал қарағаштық балуан жүлдеге ілікпесе де, тартымды әрі өжет қимылымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ең бастысы, Қазақстанның 19 аймағынан жиналған командалардың арасында Диқанбай Биткөзовтің командасы бас бәйгені ұтып алды. Бұл ақжолтай хабар қиырдағы Қарағаш ауылына ұзынқұлақпен тез жетті. Сегіз бірдей ауылдасы белдескен республикалық спартакиада бәсекесінде командалық бас жүлдеге жету Қарағаш тұрғындарын мәре-сәре қуанышқа кенелтті. Совхоз директоры Сұлтан Түсіпов баяғы өкпе-ренішін ұмытып, Диқанбай Дүржанұлы бастаған балуандарды арқа-жарқа көңілмен қарсы алды. Директор мұнымен шектелмей, жеңіс құрметіне мал сойғызып, арнайы дастархан жайғызды.
Мемлекеттік деңгейдегі бұл табыс жаттықтырушылық қызметке біржола бет бұрған Биткөзовтің ел ішіндегі абыройын көтеріп қана қоймай, ол кісінің шәкірт баптау ісі мен осы бағыттағы тірлігінің дұрыс жолда екенін айқындап берді.
* * *
Алаңсыз шәкірт баптайтын сәт туды. Бұл кезең қазақ жұртының басындағы бір мамыражай шақ еді. Ел еңсесін көтеріп, есін жиюы үшін тыныштық керек. Ұлт өркендеп, мұратына жетуі үшін ұрпақ көбеюі шарт, ғылым-білім қанат жаюы керек. Мұндай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған берекелі, әдемі кезеңде әкем барынша нәтижелі еңбек етіп қалуға күш жұмсағаны анық.
Диқанбай Дүржанұлы Жаңаарқада өзіндік қолтаңбасы бар күшті бапкерлік мектеп құру үшін өзіндегі білім-біліктің кем соғатынын қапысыз ұқты. Соны жете түсінген ол табандап ізденіс жолына түсті. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының басы, ол кезде қазіргідей жетілген фотоаппарат жоқ, қазіргідей бес секундтағы қимылыңды басынан аяғына дейін жіліктеп, қаз-қалпында көлденең тарта қоятын видеокамера жоқ. Таңдаған жолының, көздеген биігінің бар маңызын тереңнен ұққан Диқанбай Биткөзов көп нәрсені жадына тоқуға дағдыланды. Алла Тағала әкемнің жадын тұнық әрі мықты қылып жаратқан екен.
Ұшақ қанатында, пойыздың бауырында еңку-еңку жер шалған ұзақ сапарлардан оралысымен миға тоқып, көкейіне қондырған әдіс-тәсілдерді әріптестері мен шәкірттерінің алдына жайып салатын әдет тапты. Әр әдістің жасалу жолы әр қилы. Әр ба луан бір әдісті ыңғайына, табиғи бейіміне қарай әр түрлі жасауы мүмкін. Диқанбай Дүржанұлы Жаңаарқадағы шағын күрес залын академиялық ойлау деңгейіне, шығармашылық ізденіс орталығына айналдыруға талпынды. Өйткені басқаша болуы мүмкін емес еді.
Себебі Диқанбай Дүржанұлының жаратылысы, ішкі қуаты осындай сұрапыл ізденістерге сұранып тұрды.
Жаңаарқа – Алматы емес, Қарағанды емес. Мұнда өздері тұрғызған шағын залдан басқа күрес орталығы жоқ. Мұнда Диқаңның қасындағы бес-алты жаттықтырушыдан басқа маман жоқ. Күнде көретінің – бір кілем, күндегі серіктерің – ауылдас бапкерлер.
Оларда өрелі ізденіс болса, ілгерілеу болады. Олар батпаққа батқан арба тәрізді қайырлап, ілгері басуды тоқтатса, онда арман қуып, чемпиондық белесті аңсап жүрген жүзден аса баланың болашағы не болмақ? Диқанбай Дүржанұлы жарыс қуып, жаттығу бағып сапарға шыққан сайын өзіндегі иі қанбаған әдістерді басқа бапкерлермен қан сорпасы шыққанша қайталаудан жалыққан емес. Ұзақ бейнеттене жүріп, бір әдісті толық, қатесіз меңгергендей болуың мүмкін. Бірақ бір бәсеке үстінде немесе жаттығу, пысықтау барысында оның басқа деталін көзің шалып қалады. Сосын қайтадан сол әдістің соңынан індете қуасың. Ізденген сайын жаңа ілмек, тосын бұрылыс, күтпеген жаңалық алдыңнан шыға береді.
Диқанбай Дүржанұлы бапкерлердің көпшілігіне тән кемшіліктерді жіпке тізіп беруге дайын. Сондай орашолақ, таяз тірліктің бірі – жас бапкерлердің басым көпшілігі өзі жақсы жасайтын әдісті алдына келген балаға білімсіздікпен таңады. Жас жаттықтырушы өзіне оңтайлы тәсілді шәкіртіме де қондыра қоямын деп ойлайды. Иә, оның ниеті дұрыс, мақсаты айқын. Ол шәкіртін қайтсем де чемпион дәрежесіне жеткіземін деген мақсатқа тастай бекініп отыр. Бірақ өзіне қолайлы, өзіне талай жеңіс сыйлаған әдіс мына баланың табиғатына дөп келе ме, мәселе осында.
Мысалы, жамбасқа салу, иықтан асыра тастау және диірмен әдісін жоғары деңгейде, шапшаң әрі сапалы жасау үшін спортшының аяғы мен белі күшті болуы керек. Бұл – Диқанбай Биткөзовтің талай жылғы қара терін сарқып, ойын жұмсап жүріп көз жеткізген бір шындығы. Бұл – әкемнің бапкерлік білігінің бір ұшқыны ғана. Егер самбо мен қазақ күресінің әдістемелік кітабын жазу керек болса, Асқар Асубаев, Диқанбай Биткөзов, Марат Жақыт, Жанәділ Атаев, Жұмабек Мейрамғалиев, Керей Қойшыбек, Жарылқасын Оңалбек, Әділбек Серікбаев, Бақытбек Дуанов, алдарынан ондаған, жүздеген чемпион өріп шыққан тағы басқа май- талман жаттықтырушылардың балуан баптау тәжірибелері талай жылға азық болар еді.
Бапкерліктің орасан зор жауапкершілігін жанымен сезінген әкем досы Марат Жақыт екеуі бұрынғы Кеңес Одағының қай түкпірінде білім көтеру жиындары өтсе, сол жаққа ерінбей жолға шығатын. Мысалы, кеңестік кезең тұсында Мәскеу қаласында жыл сайын жаттықтырушылардың білім-білігін ұштау, жетілдіру семинарлары тұрақты түрде өтіп тұрды.
Самбо орыс халқының ұлттық күресі саналғандықтан, Мәс кеу дегі спорт басшылары бұл күреске аталарының мұрасындай жана шырлықпен қарады. Ал, шындығына келсек, самбо күресі бұрынғы кеңес өкіметіне қараған біраз халықтың ұлттық күресте рінің жиынтығы іспетті. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Мәскеу орыс ұлтына тән күрес түрін әлемдік аренаға шығару мақсатымен самбо күресін қолдан жасап шықты. Самбода біздің қазақ күресінің элементтері көп. Біздің төл күресіміздің бірталай әдісін самбо мамандары өздеріне лайықтап алғанын да айтуға тиіспіз.
Хош, сонымен, Мәскеудегі жаттықтырушылар семинарына қысқаша тоқталайық. Мұнда түске дейін теориялық сабақтар өтеді екен. Тәжірибелі жаттықтырушы-лектор үш жарым, төрт сағат бойы көпшілікке бір ғана әдісті талдап, әр қырынан тарқатып береді. Ол кезде қазіргідей интернет, электронды технология дами қоймағандықтан, әдістер, негізінен, сурет арқылы көрсетілген екен. Балуанның әдіске кіруі, қарсыласын тепе-теңдіктен айыру жолдары, әдіс жасау – бәрі-бәрі ретімен, жүйесімен, тиянақты түрде баяндалады. Баяндау барысы суретпен көмкеріліп отырады.
Ал түстен кейін одақтың әр қиырынан келген жаттықтырушылар жұптасқан бойда әлгі әдісті кілем үстінде жасауға тырысады. Мысалы, Диқанбай Дүржанұлы өзімен салмағы шамалас әріптесімен дәрісте айтылған әдісті бірнеше рет қайталап шығады. Бұлардың әр қимылы қатаң бақылауда болады. Семинарды ұйымдастырушылар әр жаттықтырушының қимылдарына, әдісті меңгеру деңгейіне баға береді. Қатесін дер кезінде түзеп, дұрыс қимылын назарда ұстайды. Соңынан бір әдісті меңгеру, жасау бойынша барлық бапкерге баға қойылады.
Семинардың соңғы жағында Кеңес Одағының әр түкпірінен келген жаттықтырушылар арнайы құрылған комиссияның алдында емтихан тапсырады. Емтихан алушылар кімдер дейсіз ғой? Орыс самбосының негізін салушылардың бірі, самбо теориясы мен практикасының білгірі Анатолий Харлампиев және оның шәкірті, самбодан Кеңес Одағының төрт мәрте чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, осы саланың айтулы ғалымы Евгений Чумаков, самбоға тек күрес деп қана қарамай, осы жекпе-жекті жан-жақты зерттеуден жаны ләззат табатын небір майталмандар біздің әкелеріміздің мықты бапкер болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген екен.
Диқанбай Дүржанұлы жаттықтырушылық қызметпен қатар төрешілік кәсіпті сабақтастыра ұштастырды. Себебі бапкер адам төрешілікті терең білмесе болмайды. Ал білікті төреші бапкерліктің қыр-сырына терең үңілсе, онда мұндай маманның асығы алшысынан түсті дей беріңіз. Егер сіздің бапкерлігіңіз бен қазылығыңыз жоғары деңгейде болса, онда сіз қым-қиғаш айқас кезінде шәкірттеріңізге не айту керектігін, шәкіртіңізге төреші тарапынан қандай қауіп туындайтынын алдын ала біліп тұрасыз. Кілемдегі арбитр шәкіртіңізге көпе-көрінеу немесе білдірмей қиянат жасағысы келсе, сіз мұндай жағдайда қандай әрекет жасау керектігін сезіп қоясыз. Себебі біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті. Сондықтан жеңіс үшін, әділдік үшін қажет механизмді қателеспей табасыз.
Әкем мен Марат Жақыт екеуі осы жағын терең ескеріп, сонау жетпісінші жылдардың ортасынан бастап Мәскеудегі төрешілердің білімін көтеру семинарларына шама жеткенше үзбей қатысқан екен. Әкем айтады:
– Мәскеудегі қазылар жиынына Кеңес Одағының әр қиырынан 500-дей адам жиналатын. Аумағы атшаптырым күрес залына алты кілем төсеп тастайды. Түске дейін теориялық сабақтар өтеді. Мен самбо ережесін әрбір әрпіне дейін жаттап барамын. Ереженің ав- торын, шыққан жылын, ішіндегі тарауларына дейін көзді жұмып тұрып айтушы едім. Кілемде арпалысып жатқан екі адамның қас қағымдағы қимылына тура әрі әділ ұпай беру оңай емес. Ол үшін өзің сол әдістердің жасалу жолдарын, оған қарсы қорғаныс тәсілдерін, қандай жағдайда қандай ұпай жазылатынын жақсы білуің керек. Семинар кезінде бір ғана кілемде екі балуанның айқасын бағалау аса қиындық туғызбайды. Анатолий Харлампиев пен Евгений Чумаков біздерден бір мезгілде төрт кілемде жасалған әдіс-тәсілге баға беруді талап етуші еді. Яғни төрт кілемдегі төрт жігіт қарсыластарын бір сәтте әр түрлі әдіспен лақтырады. Сол төрт әрекетке қас пен көздің арасында баға беріп үлгеруің керек. Бұл жерде ой ұшқырлығы, көздің қырағылығы, сезімталдық, білім, тәжірибе – бәрі ұштасып жатады. Марат досым екеуіміз осындай тамаша сынақтың талайынан сүрінбей өттік. Мәскеулік ғалым бапкерлерді сан мәрте мойындаттық. Бірақ бізге ұстаздар ешқашан «бес» қойған емес. Үнемі «төрт» алатынбыз. Семинардан оралысымен Мәскеуде жазған конспектіні қайта қарап шығамыз, сараптаймыз, пысықтаймыз. Кілем үстінде бір әдісті қанша мәрте қайталайтынымызды кім санады дейсің. Қысқасы, бапкерлік пен төрешілік мамандықты ғалым деңгейінде меңгеруге күш салдық.
Құдайға шүкір, Марат досым екеуіміз Кеңес Одағының ең таңдаулы мамандарының арасында білім-білік жөнінен алдыңғы лекте болдық. Қазақтың намысына, абыройына дақ түсірген жоқпыз.
* * *
1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, Жаңаарқа ауданы осы облыстың қарауына көшті. Жаңа облыстың қазақша күрес пен самбо бойынша негізгі орталығы Атасудағы шағын спорт мектебі болды. Бас жаттықтырушысы – Диқанбай Биткөзов.
Бұрын Қарағанды облысының орталығында, кей ауданында жекелеген мықты балуандар бой көрсетіп жүрсе, Жезқазған облы сы әзірге ондай деңгейге жете қоймаған еді. Облыс орталығының өзінде білікті жаттықтырушылар жетіспейді, аудандардағы жағдай онсыз да белгілі. Қысқасы, қазақша күрес пен самбодан республикалық, одақтық жарыстарға қатысатын облыс құрамасын, негізінен, Жаңаарқа балуандары құрайтын еді. Шынын айтқанда, осы жылдан бастап Жаңаарқа балуандары дәуірлей бастады. Себебі Қазақстан чемпионаттарына бірнеше жас ерекшелігіне орай қатысатын балуандарды облыстық спорт басқармасы қаржыландырады; ауыл спортшыларының чемпионаттары мен спартакиадалары, түрлі ойындары «Қайрат» спорт қоғамының мойнында; кәсіптік-техникалық оқу орындары спортшыларының қаржысын «Еңбек резервтері» көтереді; жастардың спорт мектептері ұжымының өз жарыстары мен жаттығу жиындары бар; «Буревестник» спорт қоғамы да айтулы жарыстар қарсаңында Диқанбай Дүржанұлының шәкірттерін іздей бастайды; «Динамо» спорт қоғамының да кестелік бәсекелері мен жаттығу жиындары Жаңаарқа командасын сырт қалдырған емес. Өйткені кеңес өкіметі тұсында мемлекеттік мекемелер, жастар ұйымдары, спорт қоғамдары, кәсіподақ мекемелері өз жарыстарын дүркін-дүркін, жүйелі жағдайда өткізіп тұрды. Жарыстар қарсаңында міндетті түрде жоспарлы оқу-жаттығу жиындары болуға тиіс. Ол кезде оқу-жаттығу жиындарына қазіргідей ақша бөлінбейді, спортшылар мен бапкерлердің ас-суына арнайы талон таратылады. Енді есептей беріңіз, бүтін бір облыстың қазақша күрес пен самбодағы бар бетке ұстар саңлақтары Жаңаарқада тұрыпты. Жоғарыдағы мекемелер мен ұйым басшыларына әр жарыстан медаль, атақ-абырой керек. Яғни олар Диқанбай Биткөзов баптайтын Жаңаарқа балуандарын жан-жақтан талонмен, іссапар қаржысымен үзбей қамтамасыз ете бастады. Диқаңның жігіттері Кеңес Одағының қай жерінде ірі жарыс, маңызды жаттығу жиыны болса, еш қиналмай ұшақпен баратын жағдайға жетті. Себебі
«Динамо» қоғамына өз жаттығу жиындары мен жарыстары қымбат, «Буревестник» басшылары да жоспарлы жиындары мен турнирлердің уақытында өткізіліп, спортшыларының қанжығасы майланғанын жек көрмейді. Облыстық басқарма Жезқазған балуандарының Қазақстан және Кеңес Одағы чемпионаттарындағы жүлделерін асыға күтіп отырады. Ендігі жерде Жаңаарқа балуандары кей жарысқа талғап баратын жағдайға жетті. Диқанбай Дүржанұлы өзінің ізденісі мен табандылығы арқасында осылайша бір облыстың ең ірі барлық спорт мекемесі мен спорт қоғамдары «құда түсетін» балуандар командасын жасақтай білді.
Бірнеше ұжымның мол талонына кенелген Жаңаарқаның белді деген балуандары бірте-бірте Атасудағы мейрамханадан ас іше тін жағдайға жетті. Себебі жарыс жиі өтеді. Әр жарыстың қар са ңын да спортшылар жоспарлы түрде жарты айлық жаттығу жиыны на жиналады. Ал жаттығу жиынындағы әр балуанға күніне екі сом елу тиынның талоны беріледі. Ол кездегі екі сом елу тиын ның құны кәдімгідей жоғары. Мысалы, бір сомға Алматы мен Қараған ды дағы кез келген асханадан тойып тамақ ішуге болатын еді.
1975 жылы Жаңаарқадағы кәсіптік-техникалық училищенің дене шынықтыру және спорт саласының меңгерушісі Ғазым Жарылғапов Диқанбай Биткөзовті қосымша бапкерлік қызметке шақырады. Атасудағы «Жас сұңқар» спорт мектебінің бас жаттықтырушысы Диқанбай Дүржанұлы енді, бір жағынан, училище жастарына ұстаздық ете бастайды. «Жас сұңқардың» ержеткен ұлдарын училищеге оқуға түсіріп, екінші жағынан, сондағы спортқа құмар балаларды күреске тарта бастайды. Қазақ еліне танымал күрес маманы, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сейсенбай Жанасыл ағамыз жетпісінші жылдардың екінші жартысында осы училищеде қазақша күрес пен самбодан жаттықтырушы болды. Кеңес өкіметі сол кезеңде жастардың кәсіптік-техникалық білім алуына ерекше мән берді. Училище шәкірттері айына жүз бес сом шәкіртақы алса, спорттан нәтижесі барлары күніне шәкіртақыдан тыс тағы да екі сом елу тиынның талонына тамақ ішетін еді. Салыстырмалы түрде айтсақ, ол кезде ауылдағы белді малшылардың айлық жалақысы жүз елу сомның шамасында болды. Ал училище спортшыларының шәкіртақысы мен тамақ тало- ны жүз сексен сомға жуықтайды.
Негізінен, Диқанбай бапкер басшылық жасаған училище балуандары «Еңбек резервтері» спорт қоғамының қазақша күрес пен самбодан ұйымдастырылған республикалық және облыстық біріншіліктерінде бірнеше жыл ұдайы топ басында жүрді.
Алла Тағала нәсіп еткен осыншама нығметті әкем көтере біліпті. Қадіріне жетіпті. Қадіріне жеткені емей немене, ауылдастары әкем мен анамды қонаққа шақырса, Диқанбай бапкер жоспарлы жаттығуын тәмамдап болған соң ғана залдан шығады екен. Анам Марал да мұндай жағдайда отағасының қабағын бағып, абыройына дақ түсірмеу жағын қатты ойласа керек. Себебі әкем жүзге жуық шәкіртінің, қасындағы үзеңгілес бапкерлердің күнделікті еңбегіне, тыныс-тіршілігіне жете мән беріпті. Пойызбен ұзақ сапарларға аттанғанда шәкірттерімен бір вагонда жатыпты. Кей бапкер тәрізді өзі купеге билет алып, балаларды плацкарт вагонмен апару ойына да келмепті. Балуандарды ортақ тәртіп аясында, өзімен барынша тең ұстауға тырысыпты. Мен басшымын, бүкіл облыс бойынша менің дәуренім жүріп тұр деп негізгі тірлігіне, басты кәсібіне кесірлік жасамапты. Елдің, тілеулестерінің назары өзінде екенін де естен шығармапты. Күнделікті жүріс-тұрысында, жұрт алдындағы тірлігінде барынша өнегелі қалып танытыпты.
Қанат Байшолақов, Диқанбай Биткөзов, Талғат Байшолақов
* * *
«Алды қозғалған керуеннің соңы кідірмейді» демекші, қалыпқа сыймайтын, сөз бен істің кесегін таңдайтын Диқанбай әкем ендігі жерде Жаңаарқаны Қазақ еліне кеңінен танытуды алдына мақсат етіп қояды. Балуандарының сырттағы нәтижелері ел ішіне тез тарап, ауылдастарын дүркін-дүркін шаттыққа бөлегені өз алдына, енді әкем Қазақстан спортының игі жақсыларын Арқа төсіне шақыруды мұрат тұтады. Сондағы ойы – өзіне, шәкірттеріне, үзеңгілес бапкерлерге құт болған Жаңаарқаны өзгеше түлету, ауылдастарының өрісін ұзарта түсу. Мұндағы жыл он екі ай жарыс пен жаттығудан босамайтын бауырларын туған ауылдастарының көз алдында аламан додаға салып, ширықтыра, рухтандыра түсу.
Ауылдың ақсақалдары, әжелері, қатарлас замандастар, күрес десе, ішер асын жерге қоятын қара домалақтар, көрші ауылдардың жанкүйерлері нағыз айқастың не екенін көзбен көріп, қолмен ұстасын, намыс деген құдіретті жан-жүректерімен сезініп, арқа-жарқа күй кешсін, алты алаштың баласы Сарыарқаның құба жонында жарысқа түссін, өзара аралассын, біліссін, құлашын кең жазсын деген нағыз ердің сойына тән арман-мүдде еді.
Сөйтіп, Диқанбай Дүржанұлы ұлы мұрат жолында тағы да тәуекелге мінді. Әуелде мұндай дүрмекті көрмеген біраз ауылдасы «аядай ғана Атасу Атырау мен Алтайдың, Қостанай мен Түркістанның арасынан жиналатын жүздеген қонақты қалай күтеді, біздің балалар қазақтың ең таңдаулы балуандарына төтеп бере ала ма?» деген күмәнға бой алдырып, біраз қарсылық танытып бақты. Бірақ бірбеткей Диқаң айтқанынан қайтпай қойды.
Содан, не керек, Атасудағы алғашқы жарыс жетпісінші жылдардың басынан бастау алып, республика жұртшылығы сүйсініп оқитын, таралымы жағынан ел бойынша алдыңғы қатарда тұрған «Лениншіл жас» газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен ұйымдастырылған бәсекеге ұласып, әрі қарай жалғаса жөнелді. Ол кезде «Лениншіл жастың» бас редакторы – көпке танымал спорт жазушысы Сейдахмет Бердіқұлов. «Жұмыр жерде теңбіл доп» кітабымен және спорт тақырыбындағы тартымды дүниелерімен қалың оқырманның ықыласына бөленген қарымды қаламгер.
Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұқан Медеубаев – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, өмірдің талай сынағын басынан өткерген зиялы кісі, Диқанбай Дүржанұлының бастамасын ықыласпен қолдады. Ортақ шаруа, жауапты тірлікке ауданның белді азаматтары шамалары жеткенше атсалысты. Әйтсе де негізгі ауыртпалық Биткөзов бастаған бапкерлердің мойнына түскені анық.
Диқанбай Дүржанұлы Атасудағы аудандық стадионның табанын екі кілем төсейтін аумақта тақтаймен биіктете көтеріп, жайма ағаштың бетіне күрес матынан бірнешеуін жайғызды да, оның үстінен сапалы дермантинмен қаптай тартқызып, шет-шетін көмкере тіктіріп тастады. Талай жерге жарысқа барған Диқанбай бапкер кілемнің дәл ортасына екі балуан ұстасатын шеңберді тез кебетін сырмен өрнектеп сызып шығады. Білмейтін адамға еш кемдігі жоқ, тап-тұйнақтай кілем. Медеубаевтан кейінгі аудан басшысы Мұхаммедқасым Шәкенов жоны жалтылдап, жарқырай жайылған қос кілемді көрген бетте сүйсінгенін жасыра алмай:
«Біздің әр азамат Биткөзовтей жұмыс істесе, Жаңаарқа ендігі жайнап тұрған болар еді», – депті.
Хош, сонымен, кілем дайын. Енді республиканың он тоғыз аймағынан келетін балуан балаларды жатқызатын жерді ыңғайлау керек. Аудан басшысынан тапсырма алған аудандық оқу бөлімінің білек сыбана кірісуімен Атасудағы бес мектептің спорт залдарына кереует қойылып, мұғалімдер мен қызметкерлер үйлерінен көрпе-төсек әкеліп, екі жүздей спортшының жатын орнын әзір қылады.
Спортшы балалардың ас-суы орталықтағы мейрамханада және олардың таңғы шайы мектептерде әзірленіпті.
Енді бапкерлер мен төрешілерді орналастыру керек. Ұзын саны он тоғыз жаттықтырушы, он тоғыз төреші. Қосымша тағы бірнеше қонақ келіп қалуы мүмкін. Аудан орталығындағы қонақүйге 30-35 адам тұрақтаса, қалған жігіттерді әкем мен анам бірнеше күн қонақ қылады.
Мұндайда әкем Диқанбай мен анам Марал біздің шаңырақтың жанына киіз үй тігеді екен. Әкем Қазақ елінің әр қиырынан жеткен достары мен әріптестеріне арнап әр жарыс сайын бір ту бие союды әдетке айналдырыпты. Анам бастаған бірнеше әйел үш-төрт күн бойы қырық шақты қонақты қабақ шытпай, шаршамай күтетін болған. Осы жылдары еске түскенде әкем: «Кейбіреу мені жүз жылқысы, мың қойы бар адамдай көреді», – дейді күлімсіреп. Егер әкем дүние қуса, сол жылдардағы спорт қоғамдары мен облыстық спорт басқармасы, кәсіподақтар, басқа ұжымдардан түскен талон- дарды қаражатқа айналдырып, жамбасына баса берген болар еді.
Бірақ әкем олай істеген жоқ. Шәкірттерінің киімін көк, тамағын тоқ ұстады. Олардың жолақысына да қиянат жасаған жоқ.
Басында балуан күресті кей ауылдасы жатырқай, кейбіреулер тіпті жақтырмай жатса, дәл жарыс басталатын күні жаңаарқалық тар стадионға сыймай қалыпты. Дүрмегі мол республикалық жарысқа жақын ауылдардан, көрші аудандардан да біраз жанкүйер ағылып жетсе керек.
Егер әкемнің орнында артық бейнеттен қашатын, жан тыныштығын көбірек күйттейтін адам болғанда, Жаңаарқада жарыс ұйымдастырып, осынша жұртты, әсіресе өзін әбігерге салмас еді. Ал Диқанбай әкем болса: «Мемлекетін сүйетін адам елінің мүддесі үшін қиындыққа басын тігуге тиіс. Туған жерімді, Отанымды өркендетем дейтін кісі түрлі сынаққа түседі. Қажырлы, қайратты ер мұндайда шегінбейді», – дейді.
Жылдар өте Диқанбай Дүржанұлы бір додамен шектелмей, қазақша күрес пен самбодан «Лениншіл жас» газетінің дәстүрлі турнирін, «Еңбек резервтері» спорт қоғамының республикалық бәсекесін, жастардың спорт мектептері ұйымының жарыстарын және Қазақстанның жастар және жасөспірімдер біріншіліктерін Атасуда өткізетін жағдайға қол жеткізді. Бұдан бөлек, Жаңаарқада қазақша күрес пен самбодан Қазақстан халықтарының спартакиадалары, басқа да ірі аламандар ұйымдастырылды. Атасуда мұндай айтулы бәсекелердің жиі өтуі біздің ауылдың балуандарына ерекше әсер етіпті. Жаңаарқа жігіттері өз ағайындарының, өз жерлестерінің көз алдында жеңіліп қалудан қатты намыстанған екен. Әкемнің Атасуда жарыс өткізуінің астарында шәкірттерін алмас қылыштай қайрай түссем деген де бапкерлік сезім, азаматтық мінез жатқанын көпшілік біле бермейді.
Жарыс пен қонақтың көбейе түсуіне байланысты біздің Атасудағы алпыс шаршы метрлік үйіміз уақыт өте кеңейе келе 150 шаршы метрге жетті. Әкем мына шеті Прибалтика, Мәскеу, Кавказ, мына жағы Алматы мен Шымкент, Өскемен… жылына кемі 10-15 рет іссапарға шығып жүрсе де, арасында үйіне бөлме қосудан шаршаған емес. Бұған күнделікті жаттығуды, жүз шақты баланың жауапкершілігін, мекеменің тірлігін, отбасы жағдайын қосыңыз.
Бір адамның белін қайыстырып жіберетін жүк. Бірақ әкем осындай қым-қиғаш тірлікті сонау жетпісінші жылдардың басынан кеңес өкіметі құлаған 1991 жылға дейін қайыспай көтеріп шықты. Осы жиырма жылдан аса уақытта күрес саласында Жаңаарқаның аты дүркіреп тұрды. Дәл осы кезеңде самбо мен қазақша күрестен дәл Жаңаарқа тәрізді аты жарқырай шығып, бүкіл қазаққа мәшһүр болған спортшы ауданды бүкіл Қазақстаннан табу қиын болар. Бұрын ән-күйімен, желдей ескен жүйріктерімен, балдай қымызымен даңқы жайылған Жаңаарқа Диқанбай Биткөзовтің тұсында атақты балуандарымен бүкіл қазақтың мақтанышына айналды.
Осы сөзімізге дәлел ретінде Атасуда 1980 жылдардың басында өткен бәсекені айта кетейік. Жарыс болғанда, қазақша күрестен бүкіл Қазақстан көз тіккен ұлттық чемпионат. Әлбетте, мұндай додалы сындарға облыс басшылары арнайы келеді. Жезқазған мен Жамбыл облыстары екінші хатшыларының көз алдында республикалық чемпионаттың финалына әр облыстан келген ең таңдаулы балуандар шыққан еді. Солардың қатарында Жамбыл облысы мен Жаңаарқа балуандарының үлесі басымдау болатын. Чемпионаттың бас төрешісі – Диқанбай Биткөзов. Әкем – бұған қоса негізін Жаңаарқа балуандары құраған Жезқазған облысы құрамасының бас жаттықтырушысы.
Межелі уақытта 10 салмақ дәрежесі бойынша финалдық белдесулер басталды. Мыңдаған жанкүйермен жарыса екі облыстың партия хатшылары да білек сыбана намысқа басып, әрқайсысы өз жігіттеріне жақтаса кілемге көз тігіп отыр. Кілем үсті – қым-қиғаш айқас. Ақыры тек Жаңаарқа жігіттерінен жасақталған Жезқазған командасы 10 салмақтың бесеуінде чемпиондық атақты жұлып түсті. Бұған қатты күйінген Жамбыл облысының партия хатшысы: «Тұтас облыстардың командалары аудан командасынан қалай ұтылады?!» – деп шарасыз күйде отырып қалады. Сонда Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхаммедқасым
Шәкенов Диқанбай Биткөзовті нұсқап: «Оған мына жігіт кінәлі», – депті.
Иә, өзі жанындай жақсы көретін Жаңаарқасын Қазақ елі спортының ордалы мекеніне айналдыру жолында бар қажыр-қайратын аямай жұмсаған Диқанбай әкем арманына жетті деп сеніммен айтуға болады. Жиырма жылда біздің Атасуға мыңдаған балуанның, жүздеген бапкердің жолы түсті. Жаңаарқадан дәм татқан игі жақсыларды түгел санап шығу мүмкін емес. Десек те, Ахметжан Қазымбетов, Бауыржан Жаналин, Марат Жақыт,
Қамеш Исмағұлов, Жұмабек Мейрамғалиев, Жанәділ Атаев, Омар Исаханов, Несіп Жүнісбайұлы, Жарылқасын Оңалбеков, Батыр Қуанышев, Ерғали Мұхитдинов секілді қазақ спортының серкелері Атасудағы дүрмекті сындарға арнайы ат басын бұрыпты. Қазақ спорт әдебиетінің көрнекті өкілі Несіп Жүнісбайұлы ағамыз Жаңаарқадағы қазақша күрес жарыстарынан сан мәрте тұшымды репортаждар, тартымды мақалалар жазды. Несағаның сол бір жазбалары сол тұста мыңдаған жас балуанның намысын жанып, жүз мыңдаған жанкүйерді күрес нәрімен сусындатып, жастар газетінің миллиондаған оқырманының көңілін Жаңаарқа төріне бұрғаны – дау туғызбайтын шындық. Атасудағы мәдениет үйі мен стадионда жан алысып, жан берісе белдескен талай балуанымыз кейін әлемдік ареналарда ұлтымыздың намыс туын биікке көтерді. Солардың қатарында әкемнің шәкірттері – біздің ауылдың өрендері де бар.
* * *
Диқанбай Дүржанұлы – жаратылысынан табанды, күрескер кісі. Бір шаруаны қолға алса, қашан түбіне жеткенше тыным жоқ. Ал ұлттық мүддеге келгенде, жанын қиюға әзір. Қазақтың бір шаруасы қисайып тұрса, соны уайымдап, қашан түзелгенше жаны жай таппайды.
Жаңаарқадан 2002 жылы Қарағандыға көшіп келгеннен кейін әкем қазақ күресінен жаттықтырушы болып қызмет істеді. Қоластына біраз шәкірт жиналды. Ал осы талапкерлер қолайлы уақытта жаттығатын күрес залы жоқ. Жарыс пен жаттығу жиындарына қажетті қаражат жағынан да қысылып жүрді. Ұлттық күрестің арнайы формасына қолы жетпей, біраз жыл қиналғаны бар.
Әкем бұл қиындықтан шығудың жолын ұзақ қарастырса керек. Бір күні Қарағанды өңіріне белгілі кәсіпкер, мыңдаған малы бар шаруашылықтың иесі Виктор Афанасьевич Лимге барады. Ол кісіге жолықпас бұрын Виктор Лимнің өмірбаянын сұрастырып, сырттай болса да, біраз мағлұмат жинайды. Сөйтсе, әкем Виктор Лимді тегін таңдамаған екен. В.Лим жас кезінде біраз уақыт күрескен, кейін қызметте жүріп, қазақша күрестен Қарағанды облысының түйе балуаны атаныпты. Диқанбай Дүржанұлы Виктор Афанасьевичке барар алдында осы жағдайларға біраз қанығып алады.
Содан Виктор Лимнің кабинетіне кіріп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін Диқанбай Дүржанұлы келген шаруасына көшеді.
– Осы өңірдегі мекеме басшыларының арасында ұлттық күреске жақыны сіз екенсіз, – дейді әкем төтесінен. – Қазақша күрестен жеңімпаз атанып, жүлде алыпсыз. Яғни біздің күреске қатысыңыз бар азаматсыз деп әдейі келдім.
– Ауылда өстік, – дейді Виктор Лим. – Бала кезде шамалы күрескеніміз бар. Бірақ қазақ күресіне тікелей қатысым шамалы.
– Мен – қазақпын, Қарағандыға Жаңаарқадан көшіп келдім. Қазақ күресінің мүшкіл халі жаныма қатты батып жүр. Шәкірттерім жаттығатын арнайы зал жоқ, спорттық киім тағы тапшы. Бұл жағынан осындағы спорт түрлерінің ең соңындамыз.
– Сонда не істеу керек?
– Облыстық федерация ашсақ, сіз соған басшы болып, жағдайды түзеуге күш салсаңыз деген тілегім бар.
– Білмеймін, ойланып көрейін, – дейді Виктор Лим бұл ұсынысқа аса құлықты емес екенін аңғартып. – Құрылтайшылармен ақылдасайын…
Осы кезде хатшы қыз екеуінің алдына ыстық шай әкелді.
– Сіз қай жерде дүниеге келдіңіз? – деп сұрайды Диқанбай Дүржанұлы.
– Шымкент жақта. Ауылды жерде.
– Қазақстанды Отаным деп санайсыз ба?
– Иә, Қазақстан – менің Отаным!
– Егер Қазақ елін шынайы Отаным деп есептейтін болсаңыз, осы мемлекетке бір игілікті іс жасауға ниетіңіз бар ма? Менің ұсынысыма ойланайын дедіңіз. Жүрек түкпірінде осы елге деген патриоттық сезім бар ма сізде?!
– Мен Қазақстанда туып, Ресейде оқыдым. Сол жақта қалуға да болатын еді. Ата-анам осында болғандықтан, еліме оралдым.
– Иә, бәріміз осылай айтамыз. Бірақ көпшілігіміз туған ел, туған жер үшін нақты шаруаға жоқпыз…
Басында Виктор Лимнің кабинетіне он минутқа деп кірген әкем сол жерде үш сағаттай болыпты. Қадірлі оқырман, екі азаматтың бұл жүздесуі, екеуара әңгімесі әрі қарай қалай өрбіді, қалай жалғасты дегенге келсек, әңгіме тізгінін Виктор Афанасьевичке ұстатқанды жөн санап отырмыз.
«Диқанбай ағамен кездесуден кейін үйге келдім. Себебі ертеңіне азанмен Алматыға ұшуға тиіс едім. Сондықтан ертерек демалғанды жөн санадым. Түннің қай уағы екені есімде жоқ. Түсім бе, әлде басқаша түсініксіз жағдай ма, ол жағын айыру қиын. Ширек ғасыр бұрын өмірден озған әкемнің даусы жақыннан естіліп тұр. Бірақ өзі көрінбейді. Үні сондай ашық, өзінің даусы: «Сен ұмыттың ба біздің қалай аман қалғанымызды?! Ең қиын шақта қазақтар қол ұшын созбағанда, мұндай халге жетер ме едік, жетпес пе едік. Қазақтар өздері қиналып жүрсе де, бізге жәрдемін аяған жоқ. Бізді тағдыр талқысына тастап кетпеді. Жерін берді, асын берді, үйін берді. Өміріміз осылай жалғасқаны үшін оларға қарыздармыз…» Оянып кеттім. Ұйқы біржола қашты. Әке сөзінің тегін еместігін жан-жүрегіммен ұғып, Диқанбай ағаға хабарласуға асықтым. Уақыт таңғы алтының шамасы екен. Тым ертелеу ғой деп, таңғы сағат жеті жарымға дейін әрең шыдадым. Жеті жарымның кезінде телефон соқсам, ояу екен. Амандық-саулықтан соң: «Кешегі ұсынысыңыз күшінде ме?» – деп сұрап едім: «Күшінде», – деді Диқаң байыппен. «Ендеше қазір әуежайға барарда жолай соғамын. Күтіңіз», – дедім. Жолықтық. «Қазақ күресіне қызмет етемін!» деген сөзімді естіген бетте Диқанбай ағаның жүзі нұрланып сала берді. Сол күннен бастап екеуіміз ағалы-інілі жандардай сыйласып келеміз».
Айнұр ДИҚАНБАЙҚЫЗЫ