…ОЙ ТҮБІНДЕ ЖАТҚАН СӨЗ, СЕН НЕ ДЕГЕН КЕРМЕК ЕҢ!

 

ӘН

Қайтатын құстар салады бір ән

«Өтті ғой бәрі…» деп өксіп.

Толған Ай-қыздың жамалы қылаң,

Телмірем соған емексіп.

 

Жанымда тұрған ойланбай күліп,

Жаным сол – жарты Ай сырғалы…

Санамда бір ой салғандай бүлік;

«Баянсыз құспыз біз-дағы…».

 

Қайталап қаздар,

тырналар да әнін,

Қай-қайдағыны қозғаса,

«Осы ма, – деймін, – бұлдағандағың,

көрінбес бақыт көзге аса…»

 

Толған Ай сонда бұлтқа кіреді,

Зіл-мұңын маған бұлдамай.

Құрысып тұрып Құртқа-жүрегі,

Күледі үнсіз.

Бұл қалай?..

 

Көз жасын тежеп, зорға күледі,

Көлегей тұтып білегін.

Құстардың әнін ол да біледі,

Тірінің қозғар жүрегін:

 

«Қайтады бәрі мұратты айдынға,

Кімде мұң басым,

Кімде – арман?..»

Бұлт шалған Айды жұбатпаймын да,

көзінен сүйем дымданған.

 

…Мұнартып кеудем, мұңая қарап,

Айға ұқсас жанды ақтамақ

қалтырап қолым,

тұрам аялап,

Шын сүйіп…

Со-онша қатты аяп!

 

МЕНІҢ ДЕРТІМ

«Мен– Ғашықпын!» деп едім…

«Кімге, кімге?.. кімгелеп»,

есі кетті көршімнің білгісі кеп бір дерек.

 

«…Өмірге…» деп өрекпіп,

қымсынып қап кідіргем.

«Со қыз ба-а-а?..– деп тамсанды, –

қармағыңа ілінген?

Неғып тұрсың мәңгіріп –

тұрыс бар ма ұрыста:

Гүл сатып ал,

әтір сеп,

төсегіңді дұрыста…»

– ?

 

«Білесің бе, мен енді шын Ғашықпын» дедім мен,

бір жыршыға өзінің дауысына семірген.

«Өл деймісің?

Несі бар – қызық емес көп күнгі,

Оралыңның барында ойнақ caп қал!» деп күлді.

– ?

 

«Мен Ғашықпын, ата…» деп ақсақалға жүгінсем,

«Дұр-е-ес, – дейді,–

Кеше біз әуре болдық. Бүгін сен…»

– ?

 

Осы сырды ашпақ ем,

Күн-көкірек жан ба деп,

Қабақ шытты кәрі қыз

«Обалыма қалма…» деп.

 

Әйеліме кеп айттым,

жетім қалды сол сырым.

«Мейлі, – дейді, –

менде де көңілі бар көршінің!»

 

Мейірімге шөлдеген,

мұң меңдеткен жесірдің,

«Маған ба-а?!» деп,

көзіне жас алғанын кешірдім.

 

Мен – Ғашықпын.

Бұл дерттен демім бітпей құтылман.

Ойын болса бұл тірлік –

ойнамай-ақ ұтылғам.

 

Ұлы ұғымды

ұры да жаттап алған кезде бұл,

Жұқтырмасам деп едім,

Сезімге – шаң, сөзге – кір!

 

Асағанын жұтатын Құмарлық бар ашқарақ,

Ашық қалған жұлындай мұның жөні басқарақ.

Мен – Ғашықпын.

Дерттімін.

«Сүйем сені!» дегенім –

«Мен – тірімін!» дегенім –

серттен тайсам өлемін.

 

Сүймеген жан – сөнген от.

Сүйген жүрек – жаралы…

Жаным өліп, от сөнсе,

тәнім ғана қалады.

 

Сене алмасты сендірмен:

(Тірі тән де күн көрер!)

Шын Ғашықты

«Мәжнүн» деп бетін сызып күлген ел…

 

…Ақымақтық кір жаққан

қорғансызым,

еңселім –

Әйел-Өмір!

Мәжнүнің бола алам ба мен сенің?!

 

 

ӘЙЕЛ

 

 Ұлы суретшінің көрмедегі «Жалаңаш әйел» атты        

 картинасының жанында біреулер ыржаңдасып тұр. Мейлі

 

Әлің жетсе,

жанарыңды ала қаш –

Әйел! Әйел…

Әйел тұттай жалаңаш!

Әйел емес,

күллі әлем тұр алдымда

күнәсі мен қасиеті аралас.

 

Әлде қатер,

Әлде ләззат,

Әлде мұң?..

Жыр оқуға

жетпей қалды дәрменім.

Жүдемедім жалған сопы жүзденіп –

Күнәһарға құны тиын сәлденің:

 

Шарап бар ма?

У қоссаң да,

құй бәрін,

Алты құрлық,

төрт мұхитты сыйладым!

Арыстанның өзі-ақ едім…

ал, мұны

Алаңғасар Сезім, саған қимадым.

 

Безеу бетін боятқандай қынамен,

Әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем,

Әйел емес,

қарсы алдымда қас қақпай

Қасиетті һәм күнәһәр тұр Әлем!

 

Жүрегімді жарар болды-ау жасын-ән…

Әлем-Әйел!

Құзырыңа бас ұрам,

Қасиетіңді кие тұтып,

күнәңді

өз күнәмдай жанұшырып жасырам.

 

…Не жайсаңы ішімде өлді арманның!

Жалғыз мұң бар –

Жан біткеннен қалған мұң:

«Әйел!» десем ән салатын Мылқаудың,

«Әлем!» десем –

көзі соқыр…

Таңғалдым!

 

 

СЕНІМ КҮЙІ

«Ой түбінде жатқан сөз…».

Асанқайғы.

 

«Жүрек – жердің жүзі осы:

шексіз күрес,

шетсіз дау…

Жер болмысты жүректің сыбағасы –

тек сыздау.

Күн астында жүргенмен, күрсінуге көп себеп!

«Ащы Ой!

Неге қалмайсың қыр соңымнан өкшелеп?!

 

Терең, терең…

тереңге телміргелі кеп едім –

Құлап өлді Құрдымға қыз қызығар өлеңім,

Бір қарап ем қаймықпай –

қанша асылым жоғалды:

Көз бен көңіл бояуға алданбастай боп алды.

 

Шындық жыртқан сезімнің

бетпердесін желімдеп,

Шырқырайды жүрегім:

«Қайт!

Қарама!

Шегін! – деп, –

Өзіңді ая, мені ая,

Сала берме қиынға:

Қанша майдан онсыз да қағынып тұр миыңда!».

 

…Алақандай аз ғұмыр,

Күрес серті – жеңілмеу,

Ой жұтады кісіні.

Ойламасаң – жеңілдеу…

Ойда жоқта кездесіп,

мұншама азап шектірген

сол құрдымға бір қарап, өзімді аяп кеттім мен.

 

Шегінбесем шеңгелін салардай боп

бір сұмдық,

бәрін жоққа шығарып,

тіс ақситты сұм Шындық!..

Соған шыдай алмадым,

талай сойға шыдағам.

Сенімі мол Дүние-ау,

сен қалсын деп дін аман,

Жүрегіммен тығындап зындан-аузын

Құрдымның –

«Сенің өзің Жалғансың!» –

деп жаныммен шыңғырдым!

 

…Маңдайымнан сипады Күннен

мейір-нұр құлап,

Ызыңдайды ызалы үн шойын қақпа ұрғылап:

«Күн астында жүргенмен, күрсінуге көп себеп!

Өтірік күл!

…болмаса, өлтіремін өкшелеп!..».

Күйін кештім патшаның безе қашқан тағынан.

Дәруіш – Ой!

мен сенен қайда барып арылам?..

 

«Айың – аман. Күн – есен.

Ақырзаман төкпе!» – деп,

күндік тірлік – Күрең қыз,

сырт айналдың өкпелеп.

 

«Әлем – әннің тұрағы,

Нені аңсайды бұл мұндар?»

деп таңдайын қағысты

алтын тұмсық бұлбұлдар…

 

Күрең қызды айқалап,

бас изейін бұлбұлға –

Ащы ой!

Мені сүйреме,

қай-қайдағы құрдымға.

 

Сенімі мол дүние-ау!

Қалғи берме сен де енді.

Қалың ойға қаптырма

қалтыраған пендеңді.

 

Алдымнан шық тазарып,

басыңа ақ ту байланып.

Кетсін суық сол Кескін

жалғандыққа айналып!

 

Жақсы ойыншық жасап бер,

жасыр әрі күнәңді.

Жеті қабат жерге көм

көзіңдегі күмәнді!..

 

Аулақ!

Аулақ, ой-Кезбе!

Азабым жоқ,

Шерлі емен…

…Ой түбінде жатқан Сөз,

сен не деген кермек ең!

 

Мейірхан АҚДӘУЛЕТ




ПІКІР ЖАЗУ