ОЙЛЫ СӨЗБЕН ӨРНЕК САЛҒАН

Үстіміздегі жылдың тамызының соңғы күндері Сабырбек Олжабайдың «Ақсақ Темірдің алмас қылышы» атты кітабы қолымызға тиді. Шынымды айтсам, оқып шығуға зауқым соқпады. Бүгінде ұзын-сонар кітап оқу уақытты босқа шығындау деген көзқарас қалыптаса бастаған кез. Және Сабырбек жарты әлемге танымал канадалық қысқа әңгіменің шебері Элис Монро да, әйгілі қытайлық Мо Ян да, түркілік Орхан Памук те, колумбиялық Габриэль Гарсия Маркес те емес.
Жерлес қаламгердің кітабында екі повесть, он алты әңгіме жинақталыпты. Кітап мазмұнындағы «Құл» әңгімесіне көзім түсті. Тақырыбы мен мұндалап тұр екен. Оқуға кірістім.
«Әуке, әй, Әуке! Жер жұтты ма-ей, қайдасың? Атың өшті ме, атың өшкір. Керең болып қалдың ба әлде. Әлі-ақ қалқан құлағың жарбиып жерге жабысар. Үндемегеніңді сонда көрермін. Үндеместер ауылына асығып жүр екенсің, арман-мақсатың сол болса барарсың ұзамай…Сен асыранды құлсың» деген жан түршігерлік қарғыстарды оқып, ойға қалдым.
Ойпырмай, қарғап жатқан кім болды екен? Кімге сұм семсерін сермеп жатыр? Ол байғұс не жазып қалды деген сан түрлі сауалдар қаумалап алды. Оқығым келмей, кежегем кейін тартып тұрған мені жетелей жөнелді. Шөл даладан аңқасы кеуіп келіп, мұздай мөлдір бұлаққа етпеттей жатып бас көтермей шөлін қандырған жолаушыдай сімірейін келіп, сімірейін.
Сөйтсем шаңырақ көтергендеріне отыз бес жылдың жүзі болған, жыландай ширатылып, бүйідей бүрісіп, қарақұрттай жиырылып зәрін шашқан қарғыс иесі әйелі Сәндікүл де, қарғыс қоқысына көміліп жатқан күйеуі Әбубәкір екен. Сәндікүл бүгінгі бай-бағланның қызы да, Әбубәкір жоқ-жітіктен шыққан. Көрмеген қорлығы жоқ. Ол бейшара екі қолын төбесіне қойып көз көрмес, құлақ естімес әлдебір тұңғиыққа терең-ақ батып кеткісі келеді. Бірақ, жол таппайды. Сабырбек әңгімені былай аяқтайды.
«…Қараңғылық. Адамдардың соңғы демі таусылғанда баратын жері көрдей қараңғылық… Осы уақытқа дейін қараңғыдан қорқатын Әбубәкір соңғы жүрек жұбанышын неге екені өзіне де белгісіз, түнерген түннен іздеп келеді» деп соңғы байлам жасауды оқырманның өзіне қалдырады. Дайын рецепт ұсынбайды. Білгішсінбейді.
«Жарқ етіп жоғалған бейне» әңгімесінде қарапайым отбасының қызы қаладағы қалталының еркетотайына тұрмысқа шығады. Қыз төркіндеп келгенде күйеу баланың кіді мінезінен, ерсі қылығынан, өркөкірек өгіз әрекетінен бүкіл ауыл мезі болады.
Қалаға қайтар жолда сұлу да сымбатты, тәрбиелі Сағыныш шағын стансада түсіп қалады.
Қаламгердің шеберлігі неде? Теңсіз (бай-кедей) неке шаңырақ көтерген жастарға көбіне опа бермейтінін, тең теңімен, тезек қабымен болу қажеттілігін ескертеді. Оқырман әңгімедегі оқиғаларды жан дүниесінен өткізе отырып, «үйленіп қыран жігіт жапалаққа, сұлу қыз жексұрынға жар болатынын» ішкі түйсігімен сезінеді.
Прозаға жаңа стиль мен айналасы теп-тегіс жұмыр келетін қысқа да нұсқа ықшамдылықты ұсынған Эрнест Хемингуэйдің «Айсберг шыңы теориясын» біздің қаламгерлеріміз негізге алып отырса, ұтпаса ұтылмас еді. Оның пікірінше, егер қаламгер өзі жазып жатқан материалын өте жақсы білетін болса, алған дүниесін егжей-тегжейіне дейін жазбай-ақ қойғаны мақұл. Егер туынды ақылға сыйымды етіп жазса, көп дүние баяндалмай қалса да оқырман автордың нені меңзеп отырғанын ішкі жан дүниесімен сезінетін болады.
Теңіз бетінде қалқыған айсбергтің сегізден бір бөлігі ғана су бетінде байқалады. Сол сияқты прозада да көп мәселе шығарманың бетінде мен мұндаламай, тереңде бой жасырып жатуы тиіс дегенді айтады.
Сабырбектің кез келген шығармасында көпсөзділікке салынбай, нақты да ықшам жазуы Э.Хеменгуэй енгізген телеграфтық стильді жете меңгергендігін байқатады.
Қолына қалам ұстаған жанның басты мақсаты – қоғамда болып жатқан келеңсіздік пен әділетсіздікті болдырмауға күш салу. Жазушы келеңсіздіктерді көріп жүрегі сыздап, қабырғасы қайысады. Олар нені арқау етсе де, халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен сенімді, бар мен жоқты тербетеді. Қоршаған орта ақиқатын көркем образдар арқылы, қызылды-жасылды бояулармен сұлу иірімдер, астыртын мағыналар арқылы суреттеу арқылы оқырманын тәнті етеді.
Ақиқат өлген жерде жазушы да өледі. Өйткені, шығармашыл жан мен шындықтың өрісі бір. Рухтары ортақ. Шындықты шырылдатып, өтірікті төрге оздырған жанның «иті болып үру» киелі өнерге жасаған қиянат.
Нобель сыйлығының иегері, жазушы Марио Варгас Льосо «Жазушы кеше де, бүгін де, ылғи да наразы болуы тиіс. Өмірдің жабайы «шындығын» қабылдаған және онымен келіскен адамнан жазушы шықпайды» дегенімен келіспеуге болмайды.
«Сұңғыла» повесі мен «Мен оны кінәлай алмадым» әңгімесін оқи отырып, бүгінгі кері кеткен замандағы «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп әлпештеп отырған кейбір бойжеткендеріміздің ар-ұяттан безгенін Айнұр мен Бану – сондай жандар.
Қызыл империяға дейін пәктігі мен тазалығына таңқалдырған қазақ аруларына бүгінде не көрінді? Көшеге неге шықты? Бұған кім кінәлі? Бұзылған заман ба, жоқ әлде қоғам ба? Мүмкін пенденің өзі шығар? Кім біледі? Автор ашып айтпайды. Түйінді тарқатуды оқырманның өзіне қалдырады. Дегенмен «Мен оны кінәлай алмадым» әңгімесіндегі көшеге шыққан Бану қыздың аузына сөз салады. « Мына қайыршы заманда сұраншыдан – тіленші, соқырдан – көрмес, сараңнан бермес туып жатыр. Қоғам ластанды. Лас жерде барлық былық иттей күшіктейді. Қазір сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын деген заман. Өйткені, біз сатқын, жәдігөй заманда өмір сүріп отырмыз» деп өзінің күнәһар жолына түсуіне қоғамды кінәлайды.
Бүгінгі қоғамның ақиқаты осы. Жаңсақ дей алмайсың.
«Сұңғыла» повесінде сүйіп қосылған жары, сүп-сүйкімді екі ұлы бар Тұңғат пен қаланың ауқатты отбасының қызы Айнұр арасындағы хикая сөз етіледі. Сұлу да сымбатты ерке бойжеткен неше түрлі айла-шарғымен шығармашыл жігітті торына түсіреді.
Туындыны оқи отырып Мөңке бабамның мына бір өлеңі есіме түсті. Мөңке би:
«Кер замандар болғанда су тартылады,
Тана менен торпаққа жүк артылады.
Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,
Қарап тұрған жігітке қыз артылады», – деп баба бүгінгі заманның тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай көрегендік танытқанына таңданбасқа әддің жоқ.
Тұңғат құмарлық құртының құрығына қалай түсіп қалғанына өзі де қайран. Көзсіз көбелектей алабұртқан алдамшы сезімнің жетегіне бұйдаланған ботадай еріп жүре бергеніне өкінеді. Жылт еткен желкем желіктің жетегіне ырық бергеніне бармағын тістейді. Жігіт өз қателігін шетелге саяхатқа барғанда, өте қауіпті дарлингтония өсімдігін көргенде түсінеді. Маңайына жолаған адамды жапырақтарымен орап алып, «тұтқыны» жантәсілім еткенде жыртқыш өсімдік онымен тамақтана бастайтын көрінеді. Бағамдап қараса, мына Айнұр да дарлингтония секілді екен ғой. Енді ол оңайлықпен босата ма?
Бүгінгі қазақ тілі мен дінінен, салты мен дәстүрінен алшақтаған, өз күйін ғана күйттеген, урбанизацияға ұшыраған қалалық тұрғын елестейді. Қазіргі жабайы нарықтық қатынас рухани құндылықтардан материалдық құндылықтарды алға шығарды. Ұжымдық психологиядан дарашылдық менталитетке ауыса бастаған халық екенімізді несіне жасырамыз. Несіне?
«Жетіқарақшы» әңгімесінде құда-құдағи Әріпхан мен Гүлдариғаның « түнгі жорықтары» жайлы сөз етіледі. Қазақ дәстүрінде құданың төріне шығуға болады. Бірақ, туған құдағиының көрпесін көтергенді кім көрген? Кім? Азғындық демей гөр!
Ібілістің азғыруына түскен құда-құдағидың кесірінен үш отбасының шаңырағы ортасына түсті. Бұл нені білдіреді? Ұлттық құндылықтардың аяқасты болғаны қалай? Отанның негізі отбасы десек, қоғамның іріп-шіруі осындайдан басталмай ма? Отбасының ыдырай бастауы салдарынан адаматтық құндылықтардың да құлдырай бастағанына көз жеткізе түсеміз.
Сабырбектің «Сұңғыла» повесіндегі кейіпкері Тұңғаттың ұшақтағы ойы соның дәлелі. «Көк зеңгір шалқар көлдей көсіліп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ аспан әлемінде бір шөкім бұлт жоқ. Төңірек тек тазалықтан ғана қаланып тұр. Адамдар Жер-Ана төсін түрлі қоқыспен ластағалы қашан! Ана жота-жоталарды, қырат-белестерде қанша қан қатқанын кім біледі? Кім?
Тегі, тазалық, мөлдірлік көкте ғана екен ғой. Шіркін-ай, әлдебір күш-құдірет демеп, былғанбаған әлемде мәңгілікке қалып қойсаң ғой.
Тұңғат ұшақ жерге қонбай ұша берсе екен деп тіледі. Ту-у төменде айқыш-ұйқыш от ойнап жатты. Ол тозақ оты тәрізді көрінді. Тұңғаттың өне бойы тітіркенді» деп аяқтайды қаламгер.
Автор Тұңғаттың осынау ойы арқылы жер бетіндегі адамзаттық құндылықтардың да үзілгелі тұрғанын үнсіз меңзейді.
«Шамның сынық сәулесі» әңгімесінде бір ұядан түлеп ұшқан, балапан-қаздар әкеден қалған дүние боқ үшін ата жауындай бір-бірінің жағасына жармасты. Ағасы інісін, қарындасы бауырын атарманға оқ таппады, қасіретке қиып жіберуге тайынбайды. Жақсылық туған інісі Ізгілікті оққа байлады. Ұлды ұл делік, ана өрісі бөлек, жат жұрттықтар да «әкеміздің жиған-тергенінен біз де үлес аламыз» деп дүйім жұрттың көзінше аналары Ақбілек әжені жерге қаратқаны несі? Береке-құты еселеніп, бақыт құсы отағасы тірісінде осы шаңырақты төңіректеп ұшып жүр еді ғой. Кемпір-шалының соншалықты тәлім-тәрбиесі ит тепкі болғанына налыды. Бұрын-соңды қазақ топырағында ағайындардың дүниеге таласып итше ырылдасқаны болып па еді. Бұған кім кінәлі? Осылайша сан ғасыр бойы ынтымағы жарасқан қазақ отбасы күйрей бермек пе? Келешегіміз қалай болмақ?
Автор Ақбілек кемпірдің аузына мына сөзді салады. «Жаңағы шам (түсінде көрген) енді болмағанда өшіп қала жаздап еді. Құдайға шүкір, шалымның жағып кеткен шамы сөнбейді екен. Кеудемде жаным барда ол жаққан шамды сөндірмеймін, өшіртпеймін» деп бекем байламға келтіреді. Мұнан соң мықты қазақ ошағының оты сөнбейді. Лаулап жанатынына сенейік. Иә, сенейік.
Тегінде Жаратқан Ием пенденің бойына сенім деген дән еккен. Сол сенімде салмақты міндет, қажымас қайрат, тылсым бір тағдыр, ғажап бір түйсік бар. Сенім сетінемеген жерде жеңіс, табыс бар. Жаратқан Иеміз әу баста пенденің маңдайына құштарлықты емес, іштарлықты көбірек бат-тастырып жазып қойған-ау.
«Дәнібектің дарағы» әңгімесінде осы қызғаныш деген қызыл ит жайында тереңірек ой тербеген. Алшынбай Дәнібектің еңбекқорлығын ұнатпайды. Өзі секілді кедей Дәнібектің қам кесектен үй тұрғызса да, тұзақ құрып қаз-үйрек ұстап, құс етін тісіне басса да, бау-бақша егіп «көкше байлыққа» қол жеткізсе де ішіне қыл айналмайтын ол көршісінің табысын қызғанады. «Қайтсем ақсатамын» деумен оңтайлы сәтті күтеді.
Дәнібекті ақыры ақсатты, бірақ Алшынбай емес, келмеске кеткен кеңес өкіметі. Оның өз еңбегімен тырнақтап жиған бар мүлкін тәркілеп, итжеккенге айдады. Не үшін?
Негізінде қазақ – балажан халық. Өйткені, ұрпақ ұшқанда қанатың, қонғанда құйрығың, қартайғанда сүйенішің. Тілі балдай, шуағы атқан таңдай немере, шөбере сүйдіріп, қуанышқа кенелтетін өрісің. Бала өміріміздің жалғасы деп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсіретін ел едік. Бүгінде қай тәспімізден жаңылғанымызды қайдам? Бұлжымайтын тұжырымнан неге адасып қалдық? Не қара басты?
Автордың «Ақылды ойыншықтар дүкені» әңгімесінде көкек ана тастап кеткен Манарбектің аянышты тағдыры, «Жанардағы жұмбақ мұң» әңгімесіндегі безбүйрек әкенің кесірінен өмірге келмей жатып соншама сордың шырмауында қалған Саматтың аянышты өмірі жайында өкініштің өрті жанын жегідей жей отырып жазады авторыңыз.
Жазбагер әңгімесін былайша аяқтайды. «Өзімді неге сонша кінәлі санайтынымды түсінбей-ақ қойдым. Бәлкім Саматтың жүрегіндегі жазылмас жараға шипа-шапағат таппағаным үшін өзімді кінәлі санаған шығармын… Жазылмас дерттің дауасы қайда?» деп күйзеледі Сабырбек.
Шынында да бұл дерт қазаққа қайдан жабысты? Қайдан?
Габриэль Гарсия Маркес қоғамдағы жалғыздық жайында терең ойлы тұжырым жасап, әлемге әйгілі Нобель сыйлығының иегері атанды. Сонда жалғыздық деген не? Жалғыздық дегеніміз – әлеуметтік теңсіздік орын алып, қоғамда, отбасында, адамдар арасында бас қосып ынтымақтасудың жоқтығы, күш біріктіріп өзара пікірлесудің болмауы, әркім өз қотырын өзі қасыған ортада бой көрсететін қасірет.
Г.Маркестің атақты «Жүз жылдық жалғаздық» романындағы жалғыздық проблемасын Сабырбек те «Қызы жоқ кемпір» әңгімесіне арқау еткен. Сыртынан байқасаң, Бәтиманың жалғыздықтың қасіретін шегетін жөні жоқ. Соқталдай-соқталдай төрт ұлы, жібектей есілген ибалы да инабатты төрт келіні тағы бар. Жер қозғалса да қозғалмайтын құрдастарының арасында биік болып көрінгісі келетін, Құдайға шүкір, шәлкес шалы да қасында. Сонда да шүйкедей кемпір жалғыздықтың қамытын киген. Сопайған сопа басы.
Төрт бірдей «тұқымы көбейгірлердің» бірде-бірінің мерекеде «Анашым, мерекеңіз құтты болсын! Мынаны сізге әкелдік» деген сыйын көрсе көзі шықсын. Есесіне шүйкебастары не айтса да бүкшеңдеп алдарына түсіп, жауырынына қазық ұшы тиген есектей қиқаңдайтынын қайтерсің.
Сүйіп қосылған күйеуі Бексұлтанның шаңырақ көтергелі бір ауыз жылы сөзін естісе құлағы керең болып қалсын. Шіркін, жақсы көргенін де, жек көргенін де ішінде тұмардай сақтайды. Ол үшін Бәтиманың бұ дүниеде бары да, жоғы да көк тиын. Содан да кемпірі кейде оның сөзінің шыны қайсы, өтірігі қайсы екенін түсінбей өтіп барады бұл өмірден.
Мейірімділік пен ізеттілік – басқаларға (әке-шеше, ағайын-туыс, ата-ене, т.б) көңіл бөлу, дұрыс қарым-қатынас жасау деген сөз. Бұл адам өмірі үшін аса маңызды. «Мейірімділік – деп жазды К.Бови, – мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл». Иә, мейірімділік адамдағы сәулелі қасиеттің бірі. Өзгеге мейірімді болу, құрметтеп, ықылас таныту пенденің жан дүниесінің байлығын, кеңдігін көрсетеді.
Автор осы шағын әңгімесі арқылы тікелей айтпаса да мейірімділік отбасы мүшелеріне, ағайын-туғандарына ғана игілік жасау емес, хакім Абай айтқандай «…Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және хақ жолы осы деп әділетті» деп мейірімділіктің негізі барша адамзатты құрметтеу қажеттігін тұспалдай отырып, көптің көкейіне ұялатады.
Автордың жазып отырған нысанасын терең де жан-жақты біліп қана қолына қалам алатыны байқалады. Мысалы, «Көгентікен» әңгімесінде қауын біткеннің түр-түрінің атауы мен тұқымына әбден қанық екенін байқатады. Ерте пісетін әңгелек, басыбалы, шілге, тәрнек, бол-бол, зембілше, көкдөнен түрлеріне сипаттама берсе, суық кезде дастарқан мәзіріне айналатын хош иісті күләбі, сарыала түсті күләсін, қыртысты сексеуіл, қыртыссыз құмқауын, әміре, әсеті сияқты қауын түрлерін, олардың қасиеттерін кәнігі диқаншыдай терең талдай отырып, бәрекелде дегізеді. Шын жүйрік алған тақырыбын оқырманды таң-тамаша етіп бере білгенімен көрінеді. Бұл талант еншісінде.
Манарбек ересектердің кердең көлгірсулеріне тап болады. «Өңшең бір ығай мен сығайлар, көп-көрім киінген тәтейлер мен өтірік жымиған, сол өтірігін жасырғысы келіп қаншама тырысқандарымен безеу беттерінде безбүйректік, жалғандық жағал-жағал жарқанаттанып көрініп тұратын шіренген, шідірейген, шегірткенің айғырындай шытынаған ағайлар сыр сандықтың ішінен шығатын мың сандықтай қаптап кетті».
«Ақылды ойыншықтар дүкені» әңгімесіндегі осы сөйлемді оқығанымда бүгінгі шенді-шекпенділердің айна-қатесіз күлімсі бейнелері көз алдыма елестеді. Асқар аға Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестерінде» «Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегенсін тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады» дегені есіме түсті. Сабырбектің бұл жазбасында Асқар аға айтқан екі өмір де (сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі») пойыз релісіндей қабаттаса өріліп тұрған жоқ па? Сенбесеңіз қараңызшы!..
Сабырбек сөзбен сурет сала біледі. Салған суретіне жан бітіре алады. Мысалы, жинақтағы әңгімесінде қаламгер: «Қауынның әңгелек атты әп-әдемі қызы бар. Ерте жетілген ару секілді әдемілігіне қоса бойды балқытар, танау жарар хош иісін айтсаңшы! («Көгентікен», 108-бет). Шынында әңгелекті көз алдыңызға келтіріңізші. Керемет бейне!
«Бәлкім, бәлекет бойжеткен мұның пышақтың қырындай (литота) жинағына қанжардың жүзіндей (теңеу) өткір сын айтар, сөйтіп мұның қарқарадай (гипербола) көңіліне мұң ұялатса ше? («Сұңғыла», 47-бет). Бір сөйлемге осынша көркемдегіш құралдарды енгізу шын шеберлік. «Осынау бір үлбіреген шақта үркек сезім үкідей ұшып үміт жетегіне жетектету» кез келгеннің қолынан келе бермейтін тапқырлық десем қателеспеймін.
«Жанымның бүкіл терезелерін ашып, оған деген ыстық та ынтық сезімдерімді білдіріп, ыстық ықыласына бөленген көлдей көңілім адасқан күшіктей далбасалап үріп қалды» («Мен оны кінәлай алмадым», 233-бет). Көңілге шұғылалы сәуле себелеген Банудан көз жазып қалған жігіттің жан сезімін осылайша суреттеу талантты жазушыға тән қадір-қасиет!
Мысалы, «Жұмақтан қашқан періште» атты әңгімесіндегі келіншектің трагедиялық жағдайын, өзін дар жібіне қиюын дауыстап айтпай, ымдап түсіндірмей, үнсіз ғана ұғындыра ма? Қайтеді? Қалай аяқтауды патша көңіл оқырманның өзіне қалдырады. Ол әңгімені былайша аяқтайды.
«Күн қарақошқылданып батып барады екен. Жиектерінен қан сорғалағандай. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген келіншек қалтырап, бүкіл денесі жансызданып бара жатқандай дел-сал күйге түсіп, тізерлеп отыра кетті. Жасты жанарымен көкжиекке тесіле қарады. Қан көрді. Қорқынышты. Қап-қара…».
Бұны поэтикалық-психологиялық кескіндемеге көшірілген табиғат пен адам көңілінің үйлескен әсем бейнесі деуге болады. Мұндай тәсіл шығармаға жан береді.
Сабырбек жазбасының бәрін туған топырағына тән суреттеп, өз халқының қадір-қасиеті арқылы кестелейді. Мысалы, «Елес кезген еңселі үй» әңгімесінде «Жаман түс көріп шошынып қалғансың-ау күнім. Біссіміллә деші, біссіміллә деші. Қорқып қалғансың ғой, тіліңді шығаршы, таң- дайыңды басып жіберейін» деп Балжан әже бәйек болады.
Жоғарыда келтірілген сөйлемдер тек қазақ жазушысына ғана тән сөз саптау. Қазақы болмысты айнытпай, шатастырмай танисың.
Тұрақты тіркестер – ұлт келбеті. Онда халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, қоршаған ортаға көзқарасы көрініс тапқан. Бұл фразеологизмдердің ұлт тұрмысымен біте қайнасқан ғажап сөз туындысы екенін байқауға болады.
Мысалы «Құл» әңгімесінде «Жер жұтты ма-ей, қайдасың? Атың өшті ме, атың өшкір (118-бет). «Ақылды ойыншықтар дүкені» әңгімесінде «Бесіктен белі шықпай жатып қалың уайым, жетімдік» (145-бет). «Дәнібектің дарағы» әңгімесінде «Неге екені белгісіз, өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін ойладым» (160-бет).
Қаламгердің шығармасында әдемі, қиыннан қиыстырылған эпитеттер молынан кездеседі. Мысалы, «Қызы жоқ кемпір» әңгімесінде «Шарасыз шикі күлкі екені сезіліп тұрды. (131-бет). «Ақылды ойыншықтар дүкенінде» «Меңіреу дүниеге малып алғандай тұнжырайды да отырады» (143-бет), «Құл» әңгімесінде «Сорлы жүректің атқақтап лүпіл қаққаны несі?» (124-бет).
Сабырбек шығармасында әбден жауыр болған теңеулерді қабылдамай, көркем, ұлттық ойлау жүйесіне тән теңеулер пайдаланғаны құптарлық. Мысалы, «Ауыр күрсінгенінің өзі көрдегі өлікті дір еткізгендей еді» («Қызы жоқ кемпір».137-бет). «Шырағыңыз түгел сөнгендей түңіле бергеніңіз не осы, – деді Шолпан». («Шамның сынық сәулесі», 179-бет). Шілдің тезегіндей тоз-тозы шығып, тарап барады. («Жетіқарақшы», 109-бет).
Талданып отырылған шығармаларда автордың синоним, антонимдерді шебер пайдалана білгенін көруге болады. Мысалы, «қайын ене көгайыл, көк долының өзі еді» (Жетіқарақшы», 175-бет). «Бөтен, бөгде зат көрінбейді» («Жетіқарақшы», 176-бет). «Нарттай болып қызара бөртіп отырған бай қияңқы ойдан қияс тәрізденді» («Дәнібектің дарағы», 153-бет). «Екеуінің бұл жолғы қарпысы алабөтен» («Көгентікен», 111-бет). «Мұны естіген келіншектер қайту керектігін ескертіп, ешқандай нұсқаусыз-ақ шатырларын жинай бастады» («Жетіқарақшы», 173-бет). «Мысық-тышқан ойнап жүре береміз бе дегенім ғой. Біз туған құда-құдағимыз. Кешкі тымық ауа сыныптастардың дауысын құз-қияға үстемелеп жеткізіп, маңай жаңғырып тұрды» («Жетіқарақшы», 172-бет).
Несін соза береміз! Кітаптағы көркемдік әдістердің сан алуандығы, терең ойға жетелейтін астарлы мәнінің молдығы, жүректі шымырлатып қана айтатын сезім шынайылығы оқырманын бейжай қалдырмайтыны белгілі.

Бегман ЫСҚАҚ

Пікір қалдыру