Пәруана – көбелек қой ақын жазған…  

Светқали НҰРЖАН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 
Бүгінгі қазақ поэзиясы көшбасшыларының бірі – Светқали Нұржан 1962 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданында дүниеге келді. 1986 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірді. Сонау 1980 жылдардан бастап Светқали өлеңдері облыстық және республикалық мерзімді баспасөзде, студенттердің жыр жинағында («Аудитория», 1984) жарияланды. 1993 жылы «Аруана» атты жеке жыр жинағы, бұдан кейін «Таң қауызын жарғанда» атты үш томдық таңдамалысы (2002) жарық көрді. «Дарын» (1996), Қазақстан Жазушылар одағының Т. Айбергенов атындағы сыйлығының және әдебиет саласындағы Президенттік степендияның иегері. 
Айтулы шайыр, белгілі көсемсөз шебері Светқали Нұржанның соңғы он шақты жыл өресінде жазылған лирикалық өлең-балладалары, хикая-дастандары топтастырылған «Көкірегім – көне кітап» атты жыр жинағына биыл әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. 
Ақын жырларында адамның ішкі әлемінің арпалысы, фәни мен бақидың арасындағы нәзік те күрделі сырлар шебер суреттеледі. 
Біз бүгін кемеліне келген кердері ақынды Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін жариялауды жөн көрдік.  
Редакция
ЖАЛҒЫЗ ҚЫРАННЫҢ ЖЫРЫ
Соғылып өлер тасқа хас қыран,
Езгенде жанын жат ғалам!..
Мендей зарлық жоқ –
Аспан астынан
Мұңдасар қара таппаған…
Қайда соқтырар мына жалғыздық? –
Жанды қай шыңға түнетем?
Жан-жақтың бәрін құлама құз ғып,
Тарылтып қойған кім екен?
Отым сөнбесе өзекте жанған,
Кілең құзғынға күн қалса  –
Етекке түсіп тезек тере алман,
Қыран қылғаны шын болса!
Куә бол, шың-құз, 
көзді ала қашпа! –
«Қыран боп өлу артық!»  – деп,
Сіңіп кетемін без қара тасқа,
Аспаннан ағып балқып кеп!
Көздеген мені, сірә, мерген көп,
Туған жер, сөкпе, бұл – шыным:
Ең болмағанда, «Қыран өлген» деп,
Аталып қалсын бір шыңың!..
КӨЗ бен СӨЗ
 1.Көз
Бұл неғылған Көз еді –
Қанбайтын еш ындыны,
Толмайтын еш құрдымы?
Төрімнің нән қақпасына жақындап,
Көрімнің жандатпасына жақындап,
Жұлдыз-тісі  сақылдап тұр,  
сақылдап –
Ай – сілекейлі, күн – күлөкөйлі,
Ұңғылы!
Бұл неғылған Көз еді  –
Жаратылғалы тозаңнан,
Таратылғалы озалдан
Іші-бауырымды үңгіп барады,
Жүрегіме де сүңгіп барады  –
Нұрсыз, сұрсыз обжыландай бозарған.
Бұл неғылған Көз еді –
Жатқа сататын атакүлдіктің 
тыс-түгін,
Боққа сататын ататүндіктің 
іш-құнын,
Антқа тігетін атакіндіктің ұстынын!
Кірпігімен тістеп шешіп 
қызының да ышқырын,
Лыпасын бетперде ғып киіп,
Танытпай тұрған ұсқынын –
Бұл неғылған Көз еді?..
Көздің пәрменімен –
Бәрі де шатылып, бәрі де атылып, бәрі де сатылып –
Тұл қалған бұ қуыс!
Өшіріп мүлде сұмдығын,
Бітей салатын түрме-құрдымын –
Топырақ таппай тұрғаным-ай –
Бір уыс!..
 
2. Сөз
Бұл неғылған Сөз еді –
Мұның бір аты – Өсек,
 бір аты – Ғайбат,
Шегеді Ақ Жүректерге 
сұрапыл айбат!
Бұл Сөзден сүйкімді шығар Сұмпайы сәл –
Салмағынан мұның нар түгіл, 
піл қайысар!
Бұл Сөзден әдепті шығар Сұмырайдың да өзі,
Сол Сөзден сөз естіп шошыған Құмыр-Айдың безі!..
Ең аяулы жерін мұздан суық, 
бізден өткір Сөз қарып,
Жұлдыздардың да жүректері 
кеткен қозғалып!
Бұл Сөздің сұрапылы мен сесінен,
Жер талай аунап кете жаздаған осінен!
Күллі дерт біткен таралған 
осы Сөздің ышқырынан,
Күллі өрт біткен жаралған 
осы Сөздің ұшқынынан!
Сөнген: ділдің дір еткеніне 
бөленген мәңгі ышықтар да,
Өлген: гүлдің жүректеріне 
бөленген таңғы шықтар да!
Бұл неғылған Сөз еді –
«Құсілім» заманнан мүсілім 
заманға дейін улаған,
Атамзаманнан 
атомзаманға шейін шулаған?!.
Бір сөз бар – тірі Сөз: 
ғаламның қуысында,
Кәлам мен Қаламның уысында –
Сұмырайдан да сұмпайы 
Сөздің суығын біртұтас жоятын!
Моласына құлпытас қоятын –
бір Сөз бар!
Бір күнім озып бір күннен,
Сол Тірі Сөзді, 
сол Ұлы Сөзді таппай жүрмін мен!..
КӨНЕ  ТОСТАҚ  КЕРЕМЕТІ
Мен көне шаһардан табылған –
Кірпігіне Ай құя салған жас қатқан,
Бүртігіне қайғы ұя салған
бес батпан;
Қасиетті кәламмен кемерленген,
Өсиетті өлеңмен бедерленген
Ескі тостақтан
Шербет пен ас татқам.
Содан бері тулап қаным,
Ормандарым шулап қалың,
Жанға айналдым асқақ, паң!
Иілем достарды көргенде,
Түйілем дұшпанға келгенде,
Шүйілем шайтанға шерменде!
Ай астында қалт-құлт етіп
Әруақтың қаңқасы арық,
Жалт-жұлт етіп,
Жанарға нажағайлар жаңқа салып,
Санамда қасиетті кәламның 
аңқасы ағып,
Тірілгем мен демде.
Мен, сөйтіп тап болдым ғажапқа,
Шықты Рухым – азатқа:
Енбеймін – тозаққа,
Көнбеймін – мазаққа!
Енді сол өсиетті Кәламды
Ұққызғым кеп жүр,
Қасиетті тағамды
Жұтқызғым кеп жүр,
Жұққызғым кеп жүр жарамды –
күллі қазаққа!..
СҰПЫ-ИШАН  МЕШІТІ. 
 ТАҢДЫ  КҮТКЕН 
Диюлардың кәлласындай
Домаланған тасы бар.
Атым өлмей, арба сынбай
Келдім, Ата, басыңа, ал.
Таудан ойып үңгір-мешіт
Қалдырыпсың, ұлы ишан.
Қылуеттен күмбір көшіп,
Жымияды қыли шам…
Зау құзардан жел ысқырған
Жалт қаратқан кім мені? –
Көріп қалдым – 
көгіс нұрдан
Көйлек киген Сүлдені!..
Жұтқым келіп кәусарынан,
Ұмтылдым мен әуре боп.
Тұттым келіп саусағынан,
Сырғып кетті ол сәуле боп…
Кірпігінде лапыл бар-ды,
Көзінде, әлде тамшы ма?
«Біз күткен Таң жақын қалды!..» –
Сыбырлады ол: «Сәл шыда…»
Кілең нән тас нар боп төніп,
Сұпы-ишанның басында,
Таңды күтіп алмақ болып
Қалдым Сүлде қасында…
Таңмен жетпек менің күймем,
Күтіп бірге кезсін де –
Көгіс нұрдан кебін киген 
Ай астында Боз Сүлде.
Сырға малтып барлық тепсең,
Нұрға балқып түсті ымырт.
Оятады ол қалғып кетсем,
Жұлдыздармен үшкіріп!..
«Сүйінші!» үні көгін керген
Хабар бар ма? –
Ояумын:
Көкшіл нұрмен кебінделген,
Бозғыл Сүлде – аяулым… 
Саусағымен ашты көкті,
Атпай қалмас Таңым да –
Дар айырып тас-түнекті
Жүрген Сүлдем барында!
«Таң атты!..» – деп, 
қан да тулап,
Жар саламын жаһанға,
Күллі кептер: «Алла-һу-лап!»
Зікір салған саһарда!..
КЕЙБІР  КЕЗІ  КӨҢІЛДІҢ
Пәруана-көбелек қой ақын жазған,
Өрт шалар жан қанатын 
ғафыл наздан.
Тәңірі сезінемін кейде өзімді –
Аспанға нажағаймен атын жазған! 
Ал кейде көтерілмей көзім жерден,
Көрімде тұншығамын өзім көмген.
Байрон мен Есенинге
жазған тағдыр –
Өтемін арпалысып сезіммен мен… 
Безініп жан тыныштан, 
тән тыныстан,
Отырам шөлім қанбай
таңқы ыдыстан.
Тұңғы-ұйық Айлы түнге 
көзді малып… 
Жанардан жапырағым
балқып ұшқан…
Түн кезіп Өлі Сүлде секілді боп,
Теңіздің мұзын ашам шетін күреп.
…Айдынның әйнегіне тұр жабысып:
Кемік Ай… 
Жыртық жапырақ… 
Жетім жүрек…

Пікір қалдыру