Патигүл Мәхсәтова. CОҢЫМ СОҚПАҚ СЕКІЛДІ, АЛДЫМ – САҒЫМ

 

МЕНІҢ ЖЫРЫМ

Менің жырым – жақсылықтың жаршысы,
Менің жырым – махаббаттың дастаны.
Менің жырым – өмірімнің алшысы,
Шайдай ашық көңілімнің аспаны.
Менің жырым – жүрегімнің сазды-үні,
Менің жырым – сүйіктімнің наз-мұңы.
Менің жырым – қысты өзгертер жаз күні,
Бағалының басқалардан аздығы.
Менің жырым – жүрегімнің от күші,
Менің жырым – намысыма әділ сот.
Менің жырым – құрбандықтың тоқтысы,
Сағынышпен айтылатын әнім – шоқ.
Менің жырым – табиғаттың сырлары,
Менің жырым – ұзақ түннің жұмбағы.
Менің жырым –  жердің көркем қырлары,
Жайлауда гүл, сексеуілі құмдағы.
Менің жырым – ынсап, таупих, иманым,
Менің жырым – сырлы ғалам, жаһаным.
Менің жырым – тілім, ділім, күй бағым,
Таза қоныс, құтты мешін қатарым.
Менің жырым – тентіреген бақытым,
Менің жырым – ала алмаған тақ тәжім.
Менің жырым – батырлардың аты тың,
Жоғалтпаған сенім, үміт мақтаным.
Менің жырым – ынтық болған ғашығым,
Менің жырым – отаным мен отбасым.
Менің жырым – қос жанарым, асылым,
Іле, Тарым көздің жасы, доп басым.
Менің жырым – бар дертімнің шипасы,
Менің жырым – атқан таңның құс үні.
Менің жырым – мөлдір сезім ұйқасы,
Аян болған аспан жақтан түс ұлы.
Менің жырым – жинап-терген қазынам,
Менің жырым – міскін болған хал-күйім.
Менің жырым – елудегі базынам,
Басымды иіп елге ұсынған ән-күйім.
Менің жырым – өмірдегі ақиқат,
Менің жырым – мен емеспін, мен деме.
Менің жырым – сендік жүрек асыр сап,
Байлап қойған тұлпарың ғой кермеге!..
* * *

ӨМІР – КЕРУЕН

Жолаушыдай іздеген ең керегін,
Өмір – керуен, жетелеп мен келемін.
Жайлауыма жайнаған жетсем бе деп,
Көңіліме дамылсыз жел беремін.
Артым соқпақ, секілді алдым сағым,
Айналамнан сеземін қардың табын…
Ер жігітті өлердей ғашық еткен,
Бір қиырда қалғандай балғын шағым.
Уақыт құстай қиырға алып ұшқан,
Өз жолынан емес ол жаңылысқан.
Тірілердің қатары сиреп күнде – 
Есесіне көбейді қабырстан.
Салғанына тағдырдың көнбесін кім?
Бір күн батып кетеді сөнбес күнің.
Жарқын бейнем жарқ етер көз алдыңнан,
Жүрегіңнен үн қатса өлмес жырың.
* * *

АҚ ҚАЙЫҢДА НЕЛІКТЕН ҚАРА ДАҚ БАР?

Ақ қайыңдар, қайыңдар, жарайсыңдар,
Айтылмаған сендерге талай сыр бар.
Таң самалы тербесе тереземнен –
Жамырасып, жәудіреп қарайсыңдар.
Мен де ынтыға қараймын өздеріңе,
Шуақ толып, мұң толып көздеріме.
Биші қыздай бұралып билейсіңдер,
Тауып айтқан ақынның сөз-деміне…
Болып жатқан әлемдік ғаламаттар –
Таңқалдыра алмайды, тәмәм ақпар.
Аққайыңдар, сүттей ақ, Аққайыңдар,
Ақ тәніңе қарасам қара дақ бар.
Жерден бе екен, қара дақ көктен бе екен,
Бұл заманда қуарып кеткен мекен.
Әлде Тәңірім осылай жаратты ма?
Әлде, әлде белгісіз дерттен бе екен?
Жапырақтай сарғайып сана қатты,
Жүрегімді менің де жара қапты.
Ойлап көрсем қолымнан келмейді екен – 
Сылып тастау ақ тәннен қара дақты.
* * *

МӘҢГІЛІК СЫЗЫҚ 

Зираттағы қалқиған тасқа қара,
Секілді ол басқа әлем, басқа «қала».
Есігі, қақпасы да құлыпталған,
Ұқсайды ол үнсіз қалған баспанаға.
Терсем де мың құлпырған дала гүлін,
Менің де басымда бар – нала мұңым.
Суық тас, суық жазу қақ бөліп тұр,
Өмір менен өлімнің аралығын.
Қабір басы.
Қилы ойға бастайды анық,
Кірпікке қорғасындай  жас байланып.
Адамның соңғы өмірі барлап тұрсам,
Кетеді екен оюлы тасқа айналып.
* * *

ЖАҚСЫ ИТ 

Біздің үйді күзеткен ит қартайып,
Қаңғып кетті далаға жұрттан тайып.
Ешкім де оған ренжіп «кет» демепті,
Ол да ешкімді дей алман өкпелетті.
Қылықтары көп еді мақтайтындай,
Өтті өмірден жағымсыз дақ қалтырмай.
Иесіне көрсетті адалдығын,
Мал, қорасын күзетіп жатпай-тұрмай.
Сен куәсің бәріне көне мекен,
Жаққан шырақ жел соқпай сөне ме екен.
Адамдар да, иттер де ақырғы рет,
Жақсылығын қалдырып өледі екен.
* * *

ЖЕР АНАНЫҢ ҰЛЫСЫҢ

Өлең-жырмен атқызған уақыт таңын,
Өтіп кетті-ау, ақыным, бақыт шағың.
Қадірің кетіп нарықтың заманында,
Тамырыңда қалғандай қатып қаның.
Елемейді бай, манап жазғаныңды,
Ой құдығын қаламмен қазғаныңды.
Тыңдағысы келмейді өңшең керең,
Жүрегіңнен маздатқан назды әніңді.
Ғашық еткен жырына құралайды,
Оқымайды ол сен түгіл, ұлы Абайды.
Оқымайды Пушкинді, тек мансаптың – 
Жабығынан жалықпай сығалайды.
Сығалайды, надандар сығалайды,
Мақтайды олар бір-бірін, сынамайды.
Рухы өшкен пенделер түбінде бір,
Басын соғып жартасқа тұралайды.
Ей, ақыным, қамықпа, жалықпа да,
Ортаймасын ақыл, ой, жарық сана.
Жаз, жырыңды жасындай жарқылдатып,
Еңбегіңді бағалар халық қана. 
* * *

ҚОШ, БАЛАЛЫҚ

Алуан түрлі теретін дала гүлін,
Қайда жүрсің, бал дәурен, бала күнім.
Арманымды арқалап қалдым жалғыз,
Көңілді бұлт, басқандай сананы мұң.
Өкінішті-ақ өзіңнен айрылғаным,
Аққан судай артыңа қайрылмадың.
Ақ бантикті қыз едім, қызғалдақ ем,
Елеңдеткен еркелеп Ай құлағын …
Қош айтысып көгілдір көктеміме,
Ақ бантигім ақ гүл боп кеткеніме?
Парақтаймын күн сайын жыр кітабын,
Сағынышпен ой салып өткеніме.
Асып кеттім өмірдің сан асуын,
Бой жеткен соң түсіндім ана сырын.
Қош бол енді, балалық, балдәуренім,
Қош бол енді, мөп-мөлдір қарашығым.
Пәк қарыңдай бір жауған қарашаның,
Қош бол, қош бол, күнәсіз бала шағым.
Сен есіме сәт сайын оралғанда –
Өлең-жырдан жолыңа бал ашамын.
* * *

ЕКІ ҮЙДЕГІ БІР ДЕРТ

Терезе алдында көшеге қарап,
Отырар қайғырып кәрі ана жалғыз.
Ағады ащы көз жасы қанап,
Ұшуға даяр тұр шыңырауда жан-құз.
Қарттардың үйінде қамыққан ана,
Шарасыз сорлы не қылсын тозбай.
Тасбауыр мінезін танытқан бала,
Ескермей кетті ескірген бөздей.
Ұлын күтеді ішінен шыққан,
Қаматып кетіп ед малдай «қораға».
Аман болсын деп тіл-көзден, сұқтан,
Тілейді, ол ұлы қайта соға ма?
Терезе алдында көшеге қарап,
Отырар жабырқап бір сәби бала.
Жанары жасты бейкүнә қарақ,
Балалар үйін ол етеді пана.
Есіктен бас сұқса бейтаныс әйел,
Анам деп талпынып қолын сермейді.
«Анаң емес, – деп айтқанмен – әй ол»,
Сәби жәутеңдеп ешкімге сенбейді.
Анасын күтеді құшағын ашар деп,
Көрмеген болса да туғаннан оны.
Баурына басады мені қашан деп,
Өксікке булыққан кеудесі толы.
Біреуі анасын қарттар үйіне,
Біреуі баласын жетімдер тобына.
Жіберген қос мұңлық қараңдар күйіне,
Кездескен кер заман өмірдің тоңына.
Ананы өткізген ұл ма екен ант ұрған?
Баланы тастаған ана ма, азғын ол!
Тағдырлас екеуі тамұққа қалдырған,
Пенделер ішінде бар сондай қанды қол!
* * *

ҚОШ, МЕНІҢ КӨКТЕМІМ

Қош, менің көктемім,
қайдасың, сағындым,
Көзден жас ағады санамда 
сағым-мұң.
Қоштасып тұрсам да
қимаймын қызығып,
Келмейтін көктемге, 
күндерге шағындым.
Қош, менің көктемім,
болыңдар қайырлы,
Ғашығым жарымнан
бағың да айырды.
Жазым мен күзіме 
жақсылап жеткізгін,
Айтамын Жаратқан, өзіңе жәйімді.
Қош, менің көктемім, ардағым, асылым,
Күзге алып барады  күймелі ғасырым.
Сүйермін немере, бағармын шөбере,
Арманға жетейін келмейді жасығым.
Береке іздеймін күздегі бақтардан,
Көрсетсем жырымды, сырымды ақтарған.
Өмірдің арбасы тоқтамай жылжысын,
Дөңгелек айналсын жолдармен тапталған…
* * *

ӘР АҚЫННЫҢ ӨЗІНІҢ  БАР ӘЛЕМІ

Әр ақынның өзінің бар әлемі,
Табылады жырынан жаралы емі.
Мейлі, қанша жолдары тар болса да,
Шекке жетпей тоқтамас қаракері.
Өз әлемін өзінше тауып-танып,
Жауға аттанған әскердей сауыттанып.
Өлең үшін бәрінен бас тартады,
Ләйліні іздеп Мәжнүндей шауып, талып…
Кірпігіне қондырып түн пердесін,
Тартар пойыз ақын боп тіркелгесін.
Болашаққа жазады хат-сәлемін,
Қызмет етер халқына, бір келгесін!
Көрінгенше бекеті – соңғы нүкте,
Тоқтамайды жалқаусып сол жүрістен.
Дәптерінің парағы жабылмайды,
Кім тоқтатар қаламды қолды күшпен.
Бұтып-шатқан әр нені ақын емес,
Олар үшін Бахтия, Қасым елес…
Ақындықты ермекке айналдырсаң, –
Бақыт келіп қонбайды басыңа еш.
Іздемейді ол, ізетпен арзан елес,
Кездессе де кетпейді алдан егес.
Шабыттанып шарқ ұрған талант қана,
Ақын болар беретін ханға кеңес!
* * *

ӨМІР ҚОҢЫРАУЫ

Өмір күзім қол бұлғап шақырады,
Қуарғандай жастықтың жапырағы.
Ақ таңым ақ шамым боп қонақтады,
Мен жетпеген жол алыс жатыр әлі…
Жапырақтар саудырап жерге түсті,
Қанша төзер дейсің сұр желге күшті.
Тамшылайсың бәйтерек көз жасындай,
Шығарып сап тұнжырап келген құсты.
Жапыраққа жабырқап тұрмын қарап,
Жасырмаққа жоқ шара тұнжыр қабақ.
Ұқсап кетті әуені бұталардың,
Өмір күздің қоңырауы сылдыр қағад!..
* * *

САҒЫНЫШ МҰҢЫ

Өтпесе де өмір мәнсіз бір беткей,
Мехнатсыз бола алмады сүрдек кей.
Жүрегімде қалды өкініш өзгеше,
Мен жылаймын сен есімнен бір кетпей.
Құлағымда ғашықтықтың үні бар,
Көз алдымда қиылған жар құнығар.
Қайта оралмас көзден кетті көктемім,
Қаз-тырнаның сазы қайда құбылар?
Түсімде де іздеп сені табамын,
Шырын түстің қызығына қанамын.
Көзді жұмсам батам терең қиялға,
Ақ жүзіңе тамшы болып тамамын.
Орнын берді келген күзге көктемім,
Үсік ұрған жүзде белгім көп менің.
Жүректегі сағыныштың сан мұңы,
Сөзге сіңіп, өлең етіп төккенім.
Өтіп кеткен арман күндер сағыныш,
Өтіп кеткен балдай түндер сағыныш.
Келер күндер бір Алланың қолында,
Сағыныштар сағынышқа алып ұш!
* * *

ҚАЛАР МЕНЕН БЕС КҮНДІК БҰЛ ЖАЛҒАНЫМ

Өмір бойы зар қақсатты бұл әлем,
Бес күндікке мінгесіппін мына мен.
Түгесіліп бара жатыр татар дәм,
Қаламымды тоқтатпаспын сірә мен.
Жасамадым суып-қатып мұз байлап,
Көкірегім бұрқырайды қыж-қайнап.
Бекер өткен күндеріме бек қапа,
Боламын да, жасап жүрмін ізгі аймақ.
Ойнап-күліп мәз болмадым асыр сап,
Өлім дәлел – ауыруды жасырсақ.
Байлық жиып болғаным жоқ әбігер,
Қазына – өлең жыр оқыдық шашылсақ.
Мейлі ғұмыр өтсін байлық, ақшасыз,
Құндыз бөрік кигізбей-ақ басқа сіз.
Мен жоғалып кеткеніммен бір күні, –
Жар өлеңім жан сырымды тасқа сыз!
Өткеніммен жүрегімнен жаралы,
Адасса да адамдардың жанары.
Ұмытылған мен болайын, алайда –
Жарық болсын өлеңімнің жамалы!
Қалар менен бес күндік бұл жалғаным!..
Ұйғыр тілінен аударған 
Дәулетбек Байтұрсынұлы 

Пікір қалдыру