Автобус ішінде қысылып-қымтырылып жүріп әрең дегенде бос орын тауып отырғанмын, қасыма жайғаса кетті. «Бұл да бір машраптан қайтқан өзім секілді біреу шығар» деп ойлап, үндемедім. Аялдамадан түсіп темекі тұтаттым. Ол да түсті. Қасыма келіп тағы да үн-түнсіз тұрды.
– Қай бағыттың автобусын күтіп тұрсыз? – деп сұрадым үндемей тұра беруді ыңғайсыз көріп.
– Өзің ше?
«Өй, мынау бір дөрекі немеге ұқсайды ғой», – деп ойладым да үйге қарай қозғалдым. Ол да соңымнан ерді.
– Ей, өзіңе не керек? Кімсің өзің? Әлде өгей балам ба едің?! – шынымен ызалана бастадым. Ол мұны қаперіне алар емес.
– Есімің кім сенің?
– Есімім… Періште.
Менменшіл неменің бетпақтығына әуелі күлкім келген. Сосын ашуға бастым:
– Періште болсаң қанатың қайда?
– Періштеде қанат болады деп кім айтты?
– Кинолардан көріп, кітаптардан оқып жүрміз ғой.
– Бос сөз. Сен сияқты надандардың құр қиялы.
– Паһ, қанатсыз Періштенің ақылды бола қалғанын-ай! – деп айыптауға көштім.
– Сен орынды-орынсыз ренжи беретін қырсық болып кетіпсің, Надыр, – деді ол.
– Ей, мені қайдан танисың? Мүмкін менің қатынымды да танитын шығарсың? Ол әзәзілді танымайтын кісі жоқ. Айырылысып зорға құтылдым!
– Танимын. Жаңа сенімен ішкен сырластарыңды да танимын.
– Ал, айтшы, кім олар?
– Мәжит, Тохти, Шерип. Лақап есімдерін де айтайын ба?
Тұрған жерімде ескерткіш тәрізді қаттым да, қалдым. «Алла-ай, бұл кім болды екен? Арнаулы орындардың артыма салып қойған тыңшысы емес пе? Бірақ өкіметтің алдында қылдай айыбым жоқ. Жалпы, пендешілікте кім қателеспейді?» Қорыққанымды сездірмеу үшін әр қадамымды нық басуға тырыстым. Қалтамнан шақпағымды шығарып, шырағын бетіне жақындаттым. Негізі, кішкентайымнан бері бір көргенімді ұмытпаймын, есте сақтау қабілетім жақсы. Бірақ мынаның бет-әлпетін, өллә-біллә, бұрын еш жерде көрген емеспін.
– Ей, бауырым, адамның басын қатырмай, мақсатыңды айтшы. Әлде қонар жерің жоқ па? Егер менің үйшігімнен жиіркенбесең, мархабат, жоғары мәртебелім, – дедім бұл оңбағанды тексеріп көрмек болып.
– Рақмет, Надыр. Мен сенің жомарт жігіт екеніңді бала кезіңнен білемін. Танысып қояйық. Атым – Қадыр.
– Оп-па, көтере алмасаң сүйреп кет! – өзімді ұстай алмай ішек-сілем қатып, екі бүктетіліп қалдым.
– Оу, мына бала жынданған ба? А-ай, көршілер, бармысыңдар? Мынау Надырды тұрғызыңдар! – бұл аянышты дауысты естуім сол, шошып кетіп басымды көтеріп алдым. Көршіміз Сауыт әкей екен.
Түк түсінбей қалдым. Жаңа ғана өзін Қадыр деп таныстырған неме ізім-қайым жоқ. Қоңсымның қолындағы аса таяғын көріп жасырынып үлгерген тәрізді.
– Не болды, балам? – көрші шал басы-көзімді сипады.
– Ештеңе. Әлгі қасымдағы адамды көрмедіңіз бе?
– Ей, жоға. Сен біздің көшеге бұрылғалы бері қарап тұрмын. Өзіңмен-өзің сөйлесіп келесің. А-й-й, тағы да ішіп алыпсың ғой, балам! Қашан ер жетер екенсің сен!
– О, құдай-ай, мен оны, әкетай, тап осы сізді көргендей-ақ көрдім. Автобуста да бірге келдік. Әзілкеш біреу сияқты. Есімін біресе Періште дейді, біресе Қадыр дейді. Сөз ләміне қарасам қонатын жері жоқ, диуана ма деп қалдым. Соны үйге…
– Надыр, айналайын, жүр біздікіне. Апаң ыстық шәй дәмдеп берсін. Екеуміз отыз жылдан бері көршіміз. – Әкемдей болып кеткен бұл кісінің бір ауыз сөзі-ақ сергітіп тастады. Айналадағы көрші-қолаң келмей тұрғанда үйіне кіріп кетейін деп дереу соңына ердім. Бір жағынан «осы мен шынымен есуас болып қалмадым ба?» деп уайымдап та келемін. Апаның дәмді тағамы – суюқаш пен екі пияла шәйін ішкен соң кәдімгідей-ақ адам болып қалдым. Олардың «қона сал» дегеніне көнбей шығып кеттім. Әлгі жағдай, құдды түсімде болғандай, көз алдымнан кетпейді. Кішкентай кезімде жатқа білетін сүрелердің есте қалғанын сыбырлап оқи бастадым.
– Өһү-өһү…
Алла, бұл кім болды? Қарасам, әлгі неме артымда отыр. Ашудан жағасына жармаса кеттім. Бірақ қолыма ешнәрсе ілінген жоқ.
– Әй, оңбаған, шық бері! – деп айқайлап жібердім.
– Міне мен, қайда кетер дейсің?
– Әй, бас қатырғыш, көршімнің алдында қарабет қылдың ғой. Енді бүкіл ел «жынды» дейтін болды мені. Не үшін қашып кеттің, Қадыр болмай қатып қалғыр неме?!
– Айттым ғой, топас, мен Періштемін деп. Мені көруге де, ұстауға да болмайды. Бүгін сені өзім әдейі таңдап алдым. Сондықтан тек сен ғана көре аласың мені.
– Көрмей-ақ қояйын! Ооо, Жаратқан ием!.. Өтінемін, досым, өз жолыңмен кете берші. Менде саған берер дәнеңе де жоқ. Алам десең әкемнен қалған ескі қолсағат бар, соны берейін. Қастерлеп сақтап жүр едім, – тізерлеп отыра қалып зар илей жөнелдім.
Маған жаны ашыды білем, сүйеп орындыққа отырғызды. Үстімдегі киімімді шешіндіріп, керегедегі шегелерге ретімен іліп қойды. Беті-көзімді суық сумен шайды. Сосын қарсы алдыма отырып, көзіме тіктеле қарады.
– Надыр, көріп тұрсың ба мені?
– Көріп тұрмын.
– Кімге ұқсайды екенмін?
Мен оған ұзақ қарадым да:
– Кейбір жерлерің маған ұқсайтын сияқты, – дедім абыржып.
– Есіміміз де ұқсайды, солай ма?
…
– Енді зейін қойып тыңда. Мен, шынымен Періштемін. Жаратқан иеміз қай жерде қатер туса бізді сонда жібереді. Кімге жіберсе соның кейпіне ене алатын қасиетіміз бар. Сауытқа жіберсе – Дауыт, Сәметке жіберсе – Әмет болып шыға келеміз. Кей кездері барған жеріміздің жағдайына қарап тәуелсіз іс жүргізуге хақымыз бар. Мысалы, бүгін төрт ішкіштің арасынан сені таңдап алдым. Білесің бе, не үшін?
Мен иығымды қозғадым.
– Өйткені сен бірінші болып: «Достар, енді ішуді қояйық» дедің. Бұл – бір.
– Жоқ, сөзді қой. Мен ақшам таусылған соң солай дедім. Олардың ақша шығармайтынын жақсы білемін. Тағы да ішкенімізде бәрі менің мойныма жазылатын еді.
– Дұрыс айтасың. Оны да білемін. Сол күнгі ақшаны қалай таптың?
– Бір «КамАЗ» кірпішті тапсырыс берушінің ауласына кіргізіп бердім.
– Қанша таптың?
– 15 мың.
– Өтірік айтпа, 10 мың ғой?
– Бес мыңды ортадағы кісіге бердім.
– Міне, солай де. Елдің қалтасындағы ақшаны санама. Ол арамтамақ кірпіштің қожайынымен 20 мыңға келіскен, саған 15 мың деді. Қызметі үшін сенен тағы 5 мың талап етті. Сөйтіп, оның ақыл-айласымен бірер минутта тапқанын сен есектей қара күшіңмен күні бойы еңбек етіп әрең таптың. Бұл – екі. Үшіншіден, жолда келе жатып мені жек көрсең де үйіңе шақырдың. Көп адамның арасынан сені таңдағаным дұрыс болыпты, сәл де болса иманы бар екен деп ойлағаным сол еді, жаңа ғана мені үйіңнен кетіру үшін аузыңа «Жаратқан ием» деген сөз түсті.
– Қо-ош, Қадыр Періште, енді не істе дейсің маған? – Әлгі сөзінен кейін өзім де әжептәуір күшейе бастадым. – Үйімнің жағдайын көріп тұрсың. Күнімді зорға көріп жүрген біреумін. Оның үстіне жаңа өзің айтқан арамтамақтар да мойнымда.
– Мен саған зәулім үй салып берейін деп келген жоқпын. Бәлкім Жаратқан иеміздің жалпы адамзатқа тарту еткен кейбір қасиеттерін естеріңе салғалы келген шығармын.
– Әуреленбе, әкем мен шешем де сен сияқты ақыл айтатын, не істесем де ешқашан ұнатпайтын кісілер еді. Соңы не болды? Өліп, тыныштық тапты.
– Егер перзенттік борышыңды дұрыс орындаған болсаң олар әлі де ұзақ өмір сүрер еді. Қазір жағдайлары жаман емес. Бірақ сенің мына күніңді көріп, жәннәтта да қайғы-мұңнан бас ала алмай жүр. Бәрібір сені ойлайды.
– Ойба-ай, пәлеге қалған екем ғой!
– Ей, Надыр досым, мен саған шынымен жақсылық жасағым келеді. Біз сол үшін жаралғанбіз. Бірақ алдымен кейбір нәрселерді анықтап алайын. Сосын соған қарап әрекет етемін.
– Ал сұрай ғой! Сен сияқты адасып келген екі-үш періштеге жауап бере алмасам Надыр деген атымды басқа қойсын!
– Досым, атыңды әр күні ауыстырсаң да затың сол күйі қала береді. Яғни есекті тақай дегендей-ақ.
– Мынаның сөзінің сасығын қара!
– Надыр, бұл жағынан да екеуміз ұқсаспыз. Айттым ғой, сені түсіну үшін саған сай болуым керек. Айтшы, арманың бар ма өзі?
– Әрине, армансыз адам болушы ма еді?
– Сол арманыңа жету үшін не істеуің керек?
– Өте қиын, бірақ жақсы сұрақ екен. Ойланып көрейін. Тоқта, таксиші болғым келеді делік. Ол үшін көлік қажет. Мәшине жоқ. Мәшине алуға ақша керек. Ол да жоқ. Ақша табу үшін жақсы жұмыс табу керек. Жоқ. Міне көрдің бе, Періште мырза, егер ақылың болса түсініп аларсың. Сол «Жоқ» дегеннің өзін із-түссіз жоғалту керек.
– Қалай?
– Оп, бәле, бұл сенің тікелей міндетің, жолдас Періште.
– Тағы не жоқ?
– Қайсы бірін айтайын… Әттең, ақшам болса ғой, бәрін сатып алар едім.
– Ақша-ақша дей береді екенсің. Өзіңде қанағат бар ма, тегі? – енді Қадыр ызалана бастады.
– Оны не істеуші ем, не жеуге, не киюге жарамаса?
– Егер қанағатың болса, сол жоқтың бәрі бар болар еді. Қатының да кетпеуші еді. Үйіңді де сатпайтын едің. Қарның тоқ, киімің бүтін болар еді.
– Бар, кетші! – дедім бұл кесапаттан тезірек құтылайын деп. Ұйқым келіп, көзім ілініп бара жатқан. Ешқашан бүгінгідей шаршамап едім.
* * *
Біреу «Тұр!» дегендей болды. Орнымнан атып тұрдым. Өзімді сондай жеп-жеңіл сезінемін. Айналама қарадым, кешегі қырсық жоқ. Түн жарымға шейін не болса соны айтып басымды қатырып еді, нағыз езбе екен өзі. Дегенмен тәубесіне келіп, ерте тұрып кетіп қалғанға ұқсайды… «Тәубе». Ой, тоқта. Кеше сондай әңгіме болған сияқты еді. Тоқташы, өңім бе бұл, түсім бе? Сауыт көкемді көргендей болдым ғой. Үйіне барып тамақ іштім. Сосын әлгі Қадыр, жоқ шын атым Періште деген біреумен сөз таластырдым. Иә-иә, кеше достармен отырдық қой. Кейін не болды? Ә, иә, Шерип «тағы біреуін алсақ болар еді» деп еді, мен: «Жетер, доғарайық» дедім. Кейін жолда әлгі немені кездестіріп қалдым. Үйге ертіп келдім. Тоқта, үйге менен басқа ешкім қонбапты ғой. Түсім болар, сірә… Әлде Сауыт көкемнен сұрап көрсем бе? Ұят болмай ма? «Белая горячка» деген осыған саятын тәрізді ғой. Бірақ анаумен сөйлескенім анық. Не боп кетті өзі?! Қой, таза ауаға шығайын.
Уһ, ауа не деген таза! Міне, күн көтеріле бастады. Құстардың салған әні не деген керемет! Біздің бақта… Жоқ! Бұрынғы бағымызда сайрап тұр олар. Былтыр қатынмен ажырасқанда қара шаңырақты бау-бақшасымен қоса сатып, өзіме осы екі сотықты көмірханамен бірге алып қалғанмын. Қазіргі мекенім осы. Қайта басым істеген екен. Әйтпесе мендей жетімек кімге керек? Кім жақын тартады? Шал-кемпір анау төбеге барып жатып алды. Не бірге туған бауырым жоқ. Тұл жетіммін. Ана үшеуі мені басы ауырғанда ғана іздейді. Әшейінде «Досым, келіп тамақ іш» деуді білмейді. Тап-тар ауламды жек көре бастадым. Ішім пысып, қолыма айыр-күрек алып ауланы тазалауға кірістім. Алақандай-ақ жер. Бір демде тазалап болып, темекімді тұтаттым да және ойға баттым. О, тоба, кеше ғажайып жағдай болды-ау! Анау әлі көз алдымда… Кенет Сауыт көкемнің дауысы естілді:
– Ой, Надыр, бармысың балам? – Кімді ойласаң сол келеді.
– Кел, көке. – Шалға сәлем бердім.
– Іске сәт! Ертемен аулаңды тазалап қойыпсың. Әдемі боп қалыпты. Жүр, апаңның ертеңгі асы дайын. Әңгімелесіп, шәй ішейік. Бірер ауыз сөзім бар айтатын.
Жоқ дей алмадым. «Ал, ендеше! Кеше шатақ шығарған болармын» деп ойлап, шалдың соңынан ердім. Апамның жіліктей еткеншәйіне нан қосып ішіп алдым. Не айтса да қарнымды тойдырып алып тыңдайын. Бірақ олардың маған уағыз оқитын түрлері жоқ.
– Надыр, ұлым, – деді ас қайырған соң Сауыт көкем. – Не жұмыс істеп жүрсің?
Жүрегім зу ете қалды.
– Ештеңе.
– Олай болса, мені тыңда. Арғы көшеде тұратын Имар дейтін танысым ауласынан шәйхана салмақ. Өзбектер жасап береді деген, келмейтін болыпты. Сенің қолыңнан келеді ғой. Қасыңа біреуді алып, сол шаруаны қолға алсаңшы. Ақшасын да келістіріп береді. Ол біреудің ақысын жемейтін ынсапты адам.
«Уһ» деп жеңілдеп қалдым. Дереу келістім. Барсам, кеше мен кірпіш тасыған үй. Қожайыны сақал-мұртын әдемілеп қырыққан келбетті кісі екен. Сәлемімді жылы қабылдап, үйге бастады.
– Ағасы, рақмет. Көрші Сауыт көкемнің айтуымен келіп едім. Жұмыс бар деген соң…
– Иә-иә, інім, жақсы. Міне, мына жерге шәйхана салу керек. Жоспар-жобасын сызып қойдым.
Қолыма екі-үш беттік қағаз ұстатты. Өзі тиянақты кісі екен. Құрылыс материалдарының тізімін жасап, бағасын да есептеп қойыпты.
– Еңбегімнің ақысын келісіп алсақ, аға, – дедім.
– Өзің қанша сұрайсың?
Өмірі мұндай жұмыс істеп көрмеген басым кесіп бір нәрсе айта алмадым. Сонда да:
– Сіз менің жақын көршім, атамның орнына ата болған Сауыт көкеммен араласады екенсіз. Шын көңіліңізбен бергеніңізге ризамын, – дей салыппын.
– Бір миллион берсем қалай қарайсың? Тамағың да, жатар орның да менен.
Бұл сөзіне бір сеніп, бір сенбей есім шығып кетті. Ондай ақшаны өңім тұрмақ түсімде де көрген емеспін. Дереу келістім.
– Болады, аға. Барлық нәрсе дайын болса бүгін-ақ бастаймын жұмысты. Жататын жер керек емес. Мен барып көмекшімді шақырып келейін.
Дереу жұмыс іздеушілер тұратын жерге тарттым. «Қолынан іс келетін біреу табылса болар еді», деп Алладан тілеп келемін. Жұмыс іздеп жүргендер біраз бар екен. Ол жер-бұл жерде үш-төрттен жиналып алған. Біреулері қызу әңгіме-дүкенге кірісіп жатса және біреулері карта ойнап отыр. Мәшине келе қалса бәрі жүгіріп барады. Байқасам, олардың да «Атаманы» бар секілді. Жұмыс берушімен келісетін де, кезекте тұрған жігіттерді жұмысқа жіберетін де сол екен. Әріректен ұзақ бақылап тұрдым. Бір шетте басын салбыратып жалғыз өзі тұрған толық денелі жігіт көзіме жылы көрінді. Маған көп кісі керек емес. Әйтпесе табыстың берекесі кетеді. Ақырын ымдап әлгіні шақырдым. «Атаман» сезіп қалмасын деп шетке қарай шықтық.
– Кірпіш қалауға қалайсың? – деп сұрадым.
– Мен кәсіпқой құрылысшымын.
– Керемет, інішек. Ағаш шеберінің жұмысы қолыңнан келе ме?
– Келеді.
– Ары кетсе он күндік жұмыс бар. Шәйхана салу керек. Тамақ қожайыннан. Жататын жай менен. Екеуміз бірге істейміз. 200 мың теңге берсем қалай қарайсың?
Ол бірден келісе кетті. Есімі Садыр екен. Ауылдан жұмыс іздеп келіпті. Сөзге шорқақ жігіт көрінді. Маған да керегі сол.
Сол күні-ақ көз байланғанша шәйхананың іргесін құйып тастап, Имар ағаның әйелі жасаған лағманға тойып алдық та біздікіне барып жатып қалдық. Қатты шаршаппын. Ертесіне түске таман Садыр оятты.
– Бетон ендігі қатқан шығар, аға. Қалыптарды шығарсақ та болады, – дейді.
– Бір күн демалайық. Жақсылап кепсін. Буын-буыным сырқырап ауырып тұрмын, – деп шынымды айттым.
– Олай болса сіз демалыңыз. Ұсақ-түйекті өзім істей берейін, – деп Садыр үйден шықты.
Ол кеткен соң ұйқым ашылып кетті. Шаңыраққа қарап қиялдай бастадым. «Аз күнде қолыма бірден 800 мың теңге тиеді. Не деген көп ақша! Оны қайда жұмсасам болады? Мәшинеге бәрібір жетпейді. Алдымен бір киініп алайын. Әй бірақ қазір киім-кешек тым қымбат. Е, айтпақшы, «Секондхендте» бәрі арзан емес пе. Киілген болса да тап-таза. Тері плащты келілеп сатады. Үш килограмм алсам қыстан шығамын. Отын-көмір бар. Оның есесіне бір жылдың алименті тұр. Тоқта, алдымен қолыма жалақымды алайын. Сосын достарыммен келісіп, тындырармын.
Кенет уайымдай бастадым. Мен шалқайып жатып, аспандағы қаздың сорпасына нан салып жатқанымда анау Садыр деген неме қожайын шалдың басын айналдырып, аванс алып қашып кетпесін! Не мекен-жайын сұрап алмаппын. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деуші еді. Қап, төлқұжатын алып қалу да еске келмепті. Орнымнан ырғып тұрып, асығып-үсігіп Имәр ағаның үйіне жетіп бардым. Олар түскі тамаққа отырған екен.
– Қане, кел, інім. Тамақ үстіне келген адам мақтап жүретін болғаны, – деп әпкеміз жозыға шақырды.
– Кеше біраз зорығып қалыппын, – деп қысылғанымнан ақталмақ болып жатырмын. Күмәнім бекер болып шықты.
Садыр қалыптарды жинап, ағаштан екі дана «есек» жасап үлгеріпті. Тамақтан соң іргетастың айналасына қойылатын кірпіштерді дайындап, кеш батырдық.
Садыр туралы жаман ойлағаным үшін қынжылсам да жатар алдында оның кім екенін білмек болып сөзге тарттым.
– Інішек, өзің қайдан боласың?
– Қырғауылдысайдан.
– Бала-шағаң бар ма?
– Бар.
– Әй, інішек, сөзім ұнамай тұр ма? Серіктес болған соң жақынырақ танысайық дегенім ғой.
– Ренжімеңіз, аға. Мені ел «Садыр – пұт» деп атайды. Неге екенін білмеймін – кішкентайымнан әңгімеге шорқақпын. Кезінде құрылыс техникумын бітіріп, қаладағы мекемелерде істегенмін. Екі балалы болғанша пәтер жалдап тұрдық. Ата-анам қайтқан соң қара шаңырақтың шырағын өшірмейік деп ауылға кеттік. Қазір онда жұмыс тапшы. Мұғалімдер мен зейнеткерлерден басқалары нәпақасын әр жерден іздеп күндері өтіп жатыр. Әйтсе де бақша өсіреміз, 4-5 қой, қаз-тауығымыз бар. Сол тіршілік екі бала мен әйелімнің қолында. Өзім көктемнен бастап қыс түскенше жалдамалы жұмыс істеймін. Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жүріп жатырмыз.
– Е-е, солай де, інішек. Бірге жатып, бірге тұрып жүрсек те бір-бірімізді дұрыс білмесек адам ыңғайсызданады екен. – Енді өз өмірбаянымды айта бастадым. Өкініштісі, соңына дейін жеткізе алмадым. Көп ұзамай-ақ Садыр қорылға басып, ұйықтап кетті.
Серігім тым ерте оянады екен. Амал жоқ, мен де оған ілесіп тәтті ұйқымды қиюға мәжбүр болдым.
– «Ерте тұрсаң орныңнан, шайтан қашады мойныңнан» деген екен бұрынғылар, – деді Садыр таңғы шәйді алдыма қойып. – Ертемен жұмыс тез жүреді, аға.
Ойланып қалдым. Тоба, мынау үндемес пұттың сөзі ерекше екен. Өзі тегін кісі емес. Анада мастығымды пайдаланып біреу «Мен – Періштемін» деп ақымақ қылып еді. Енді мынау шайтан туралы айтады.
– Садыр інім, сен осы шайтан, періште дегендердің бар екеніне сенесің бе? – деп сұрадым.
– Өзім кезіктірген жоқпын. Бірақ сонша ғаламды жаратқан Алла оларды да ұмытпаған шығар деп ойлаймын.
– Екі түрлі сөйлейтін бала екенсің. Не «иә», не «жоқ» десең болмай ма?
– Діннен онша хабарым жоқ, аға. Сондықтан бір нәрсені кесіп айта алмаймын.
– Өзім де молда емеспін, бірақ… – дей бердім де аузымды дереу жаба қойдым. Мен оған Періштемен кездескенімді айтып қоя жаздаппын, өзімді әрең ұстап қалдым. Айтсам да бәрібір сенбес еді. Тіпті өзім де соған әлі күнге дейін онша сеніңкірей бермеймін.
Ол күні шынымен жұмысымыз жемісті болды. Садыр керемет кірпіш қалаушы екен. Мен оған лай тасып үлгере алмадым.
– Лайды аз-аздан салсаң да болады ғой. Қожайын қарап тұрған жоқ, – дедім белімнің ауырғанына шыдамай. Садыр жымиып қана қойды:
– Шаршасаңыз, демалыңыз. Мен біраз лай дайындап алайын, – дейді.
Екі тал темекіні бірінен соң бірін шегіп, біраз сергігендей болдым.
– Анау ащы түтінді жұтқанша таза ауа жұтсаңыз бойыңызға қуат кірер еді, аға, – деді ол астауға құм, топырақ тастап жатып.
Бірден ашуым келді. Ұрсып тастамақ болғам, бірақ маған соншама пайда әкеліп жатқан өзі еңбекқор, өзі шебер жігіттен айырылып қалармын деп қауіптендім. Бір жағынан, күмәнім да күн санап артып барады. Бұл да әлгі «Періштенің» тыңшысы ма деп ойлаймын. Ара-арасында сырлы, астарлы сөздер айтып қалады. Сосын бас көтермей, сағаттап жұмыс істейді. «Әй, Надыр, не болса да байқа. Сонша ақшадан айрылып қалма!» – деп өзімді жұбатып қоямын.
Сөйтіп жүргенде Имар ағаның жоспары өзгеріп, шайхананың алдыңғы жағынан, ішінде отырғандарға ауладағы гүлзар көрініп тұруы үшін терезе салынатын болды. Жұмысымыз жеңілдеп, оны уақытынан бұрын бітіріп тастадық. Есесіне бірталай кірпіш артылып қалды.
– Түк етпейді, көрші-қолаң керек етсе берермін, – дейді Имар аға.
– Аға, – деп сөзге араласты Садыр, – бір аптадан бері жеңгеміздің газға тамақ дайындап әуре болатынын көріп жүрмін. Бұндай шайханаға бір келіскен қазан-ошақ сұранып-ақ тұр. Сіз отбасыңызға лайық келетін бір қазан тауып келсеңіз, тездетіп ошақ салып берер едім.
– Аузыңа май, балам. Өзім де соны айтуға батпай жүр едім, – деді қуанғаннан төбесі көкке жеткен апамыз.
– Бәрекелді, балам. Соны ескермегенімді қарашы. Әй, кәрілік-ай. Әйтпесе, қазан-ошақта піскен тағамның дәмі басқа! Ақшаңды қосып төлеймін.
– Жоқ, олай демеңіз. Бұл бізді бір аптадан бері дәмді тағаммен баққан жеңгемізге деген алғысымыз болсын, – деп Садыр бой беретін емес.
– Ынсаптарыңнан айналайын, балаларым. Олай болса сендерге келістіріп бір дәмді үгіраш жасап берейін, – деп Имар ағаның кемпірі ағынан жарылды.
Кешкісін бәріміз жиналып, дәмі әлдеқашан ұмыт болған үгірашты құмартып ішіп алдық. Содан кейін үй иелері қайта-қайта алғыс білдіріп, көнбегенімізге қарамай «балаларыңа базарлық болсын» деп үлкен қос дорбаны қолымызға ұстатты. Имар аға қасыма келіп: «Мынау екеуміз келіскен еңбекақыларың» деп қалың конверт берді.
– Рақмет, – деп қалтама сүңгіте салдым.
– Санап алмайсыз ба? – деді ол.
– Сіз сияқты кісіге сенбей не көрініпті! – дегенімді өзім де сезбей қалдым.
* * *
Сыртқа шықтық. Тамағымыз тоқ, көңіл-күй де көтеріңкі. Қойнымдағы ақша денемді қыздыра бастады. Өз-өзімнен қобалжып, жүрегім дүрсілдеп әкетіп барады. Мен пақыр аз күн ішінде осылай байып кетемін деп қайдан ойлайын! Негізі, жас кезімде бір шаңырақтың жалғыз еркесі болып, ешкім мінбеген шетелдік көлікке отырып, майлы бүйректей шалқып өмір сүргенмін. Енді міне, соның бәрінен айрылып, үй-жайсыз диуанаға айналып кетуге аз-ақ қалыппын. Осыншама табыс табуға септігін тигізген ақкөңіл, еңбекқор жігітке ризашылығымды білдірмек болдым.
– Садыр, сен үйге барып, шәй қоя бер. Мен соңыңнан жетемін, – деп қолымдағы дорбаны ұстаттым да өзіме таныс дүкенге жүгірдім. Бір жағынан қарызға бір шиша бергенше мың мәрте намысыма тиетін сараң Айханға өзімді бір көрсетіп қоюды да ойлап тұрмын. Бағасы ең қымбат шарап, шұжық, уылдырық алдым. Анау боққарынның екі көзі шығып кете жаздады. Жиырма мың теңгелік қағаздан біреуін алдына тастап, ұсағын қайтаруды да сұрамай шығып кеттім. «Иә, бір рет аққан арықтағы су тағы да ағады. Мені менсінбей кетіп едің, енді көре ғой!» Садырдың еншісін бөліп, басқа қалтаға салдым да үйге кірдім. Шәй дайын екен. Әкелгенімді дастарқанға жайып едім, Садыр одан бетер ыңғайсызданды.
– Қап, неменеге әуре болдыңыз, аға? Соншама шығынданудың қажеті не? – деп шыр-пыры шықты да қалды.
– Олай деме, інім. Аз күнде танысып-білісіп, ағалы-інілі болып кеттік. Есіміміз де ұйқас. Надыр, Садыр! Екі «дыр-дыр».
Ол қарқылдап күліп алды.
– Ау, сен де күледі екенсің ғой, Садыр!
– Бұл жолы біраз табыс таптым, аға. Ғажайып жақсы, ынсапты жандарға кездестім – сіз, Имар аға, жеңгеміз. Сондықтан да жұмысты көңілді, тез істедік әрі сапалы бітірдік. Алла риза болса біз де риза! Мен сізге басымнан кешкен бір ыңғайсыз жағдайды айтып берейін. Анау жылы үш-төрт дос қала сыртынан бір дөкейдің үйін салуға кірісіп, жақсы бағаға келістік. Алты айда зорға бітірдік. Өте сараң, шіріген біреу екен. Әрбір сынған кірпіш, ағаш, иілген шегеге дейін ақшамыздан ұстап қалды. Соңында «рақметін» айтқаннан кейін қалай есімізден айырылып қалғанымызды білмейміз. Ертесіне түске таман көзімізді зорға аштық. Қалтамызды қағып, тазартып қойыпты. Мың бір әуреге түсіп, үйімізге әрең жеттік. Содан кейін бұл кесапатты аузыма алған емеспін, – деді Садыр дастарқандағы араққа көзін алайтып.
Жаным ашып кетті. Өкпеме өксік тығылып, жылап жіберуге шақ қалдым. Ішімнен өзімді тынбай қарғап-сілеп отырмын.
– Інім-ай, бізде, адамдарда ынсап қалмаған екен, – дедім бетім бүлк етпей.
– Жақсы кісілер де көп, аға. Оларды айыра алмайтын өзіміз наданбыз.
Оны араққа зорлаған жоқпын. Сонда да менің құрметіме бір рюмкі алып қойды. Өзімнің ашкөздігіме, қара ниетіме қаным қайнап, өшімді арақтан алдым. О, тоба, жақсы кісілермен жақсы әңгіме айтып ішсең мас болып, ақыл-парасатыңды жоғалтпайды екенсің. Садыр мен ойлағандай үндемес, тұйық адам болмай шықты. Отбасы, достары туралы құлаққа қонымды әңгіме айтты. Апа-қарындастары болса да еркек тұяқтан бір әулеттің жалғыз мұрагері екен. Өзім сияқты. Бірақ адамгершілік тұрғыдан маған ұқсамайтын нағыз азамат екендігіне көзім әбден жетті.
Таң атқанша көз ілмедім. Ішкен арақтың қайда кеткенін білмеймін. Аттай сергек жаттым. Көз алдымда өзін «Қадыр» деп таныстырған Періште, сыртымнан күзетіп, пана болып жүрген Сауыт көкем мен ол үйдегі апайым, Имар ағаның отбасы және әріректе қорылдап жатқан іші жас сәбилей таза, намысқой, қолы алтын жігіт. Ал, мен ше? Ата-анамның арқасында шахзада тәрізді өмір сүрдім. Мамам марқұм тапқан қызды ұнатпай, қақсатып қойып, бір «тазға» жолықтым. Асырап, ер жеткізген кісілерден айырылған соң олардың мың бір қиындықпен салған үйі де, отбасым да жоқ болды. Өзім ынсап дегеннен жұрдай болдым. Ақшаны көріп, ішіме тағы да шайтан кірді. Қараптан-қарап, отбасын асырау үшін ел кезіп жүрген азаматқа қиянат жасадым. Жұмыстың ауырын, көбін ол істеді. Ал ақшаның көбін мен алмақпын. Негізі, құрылыста істеп жүргендер жұмыстың бағасын шамалап болса да біледі ғой. Сонда да бетіме басқан жоқ. Алладан ынсабымды тілеген болар.
* * *
Ертеңгілік астан кейін Садыр жолға дайындалды. Мен оны жеңінен тартып, қарсы алдыма отырғыздым.
– Садыр, сен мені кешір, інім. Мен сені сынау үшін «200 мың теңге» дедім. Сен үндемей келістің. Негізі Имар ағамен бір миллион теңгеге келіскенбіз. Мына 500 мың теңге сенің маңдай терің, – дедім.
Ол қобалжып, аузы сөзге келмей қалды.
– Сіз, сіз… Ағам болса сіздей болар еді, – деді ол жанарынан мейірім төгіп. – Бірақ, білесіз бе, бұл жұмысты тапқан сіз болатынсыз. Қаңғытпай, үйіңізге қондырдыңыз. Сондықтан, көбірегі сізге тиесілі болуы керек. – Ол жүз мың теңгені қайтарып берді.
– Жоқ, сенің еңбегің көп. Бала-шағаң бар. Мен болсам, жалғызбын…
– Аға, сіз енді жалғыз емессіз. Бұдан былай бауыр болайық. Былай істейік. Мынау жүз мың теңгеге кірпіш, құм-топырақ сатып алыңыз. Мен отбасыма екі-үш күн қарайласып, қайтып келемін. Үйіңізге жалғап тағы бір бөлме салайық. Кейін тағы да осындай жұмыс табыла қалса бір-бірімізге серік болармыз. Мен де бұл жерге жасқанбай келе аламын. Қарсы болмасаңыз, балаларымды әкеліп таныстырамын. Екі «дыр-дыр» бір болсақ, жаман бола ма, аға? – деп күлді ол.
Мен оны құшақтай алдым. Көпке дейін жібергім келмеді. Бір-біріне жақындай түскен жүректеріміз де бірге соғып тұрды. Тамырымдағы іріңге айнала бастаған қаным қайта тазарып, бүкіл денеме жып-жылы, рақатқа толы нұр құйылғандай болды. Қуанышым ішіме сыймай «Мен бүгін бауырымды таптым!» – деп айқайлағым келді.
Садыр інімді шығарып салып, Сауыт көкемнің үйіне бармақ болдым да өз-өзіме тоқтау салдым. Алақандай бөлмедегі жалғыз суретке көзім түсті. Әкем мен шешем қарап тұр. Бұл суретке осылай зейін қоймағалы қашан! Күн аралап удай мас келемін. Түнімен сандырақтаймын, айқайлаймын. Ал, олар түрімді көріп тағы да мұңая түсетін шығар. Бүгін сәл жымиғандай көрінді. Ұлым дүниеге келгенде әке-шешемнің төбесі көкке жеткендей болып еді. «Бахадүр» деп ат қойды өздері. Тірі кезінде немерелеріне таласып қалатын. Бар мейірімін соған арнайтын. Ал, мен сол ұлымды тірі жетім етіп қойдым. Соңғы рет қашан көргенім есімде жоқ. Шешесі шетелге жұмыс іздеп кетті деп естимін. Ұзынқұлақтан «Күйеуге шығып алыпты» деген хабар келеді. Артынша-ақ «ажырасыпты» деген жаңалық жетеді. Бахадүрім шал-кемпірдің қолында. Бойы да өсіп қалған шығар. Айтпақшы, биыл мектепке барады. Ұлымның тұла бойынан аңқыған тәтті иісі мұрныма келді.
Сол күні моншада ұзақ отырдым. Бір жағынан Қадыр Періштені күтемін. Сөзі ащы болса да ақыл айтушы еді. Енді керек кезінде ол кезбе қайдан таптырсын! Әлде мені мас кезімде ғана іздей ме? Арақ иісі шыққан жерге ғана келе ме екен? Өзінше мені «алқаш» дейтін! Топас неме!..
– Тіліңді тартып сөйле!
– Иә, ұрысса да келеді екенсің, иә? Бағанадан аңдып тұрдың ба? Сонша уақыттан бері қайда жүрсің? – деп аяқ астынан пайда болған Қадырға ренжи бастадым.
– Мен әрқашан қасыңдамын, Надыр, – деді ол. – Осы аз күннің ішінде кәдімгідей-ақ өз қалпыңа келе бастадың. Соған қуандым. Сен қазір Садырдың отбасын көрсең ғой! Ол сені көкке көтеріп мақтап: «Ағамды тауып алдым» деп жүр.
– Оны да танисың ба?
– Әлбетте, танимын. Періштемін ғой.
– Әй, бәрін білетін менің дана Періштем! Мен ұлымды сағындым. Бүгін барсам көрсете қоя ма оны? Соны айтшы маған. Басқа ештеңенің керегі жоқ.
– Ұлың – сенің өміріңнің жалғасы. Қалтаңдағы ақшада оның да үлесі бар. Себебі оның тамырында сенің қаның ағып жатыр. Әлі де кеш емес. Оның жүрегі әппақ қағаз. Сол жерге не жазсаң кейін соны оқисың.
– Рақмет, досым. Қайта сенің бар болғаныңа шүкір. Соншама уақыттан бері қайда жүрдің? Мүмкін мені ертерек тапқаныңда бәрі басқаша болар ма еді?
– Надыр, бәрі де өз қолыңда. Мен тек «осыдан үміттенуге болады» дегендерге ғана ескерту жасаймын. Айналаңда періштедей кісілер көп. Көршің Сауыт көкең, сендер шәйхана соғып берген Имар ағаң, жаңа табысқан досың әрі бауырың Садыр, ұлың Бахадүр… Қаласаң сен де солардың қатарына кіре аласың.
– Әй, кім біледі. Қай кінәм мен күнәмді жуып тауысайын!
– Міне, осы сөзіңнің өзі періштелікке бастайтын алғашқы қадам. Жолың болсын, досым, – деді де мейірбан қорғаушым көзден ғайып болды.
Ұйғыр тілінен аударған
Минәмжан АСИМОВ