ПЕРІШТЕЛЕР ЖОЛ САЛАДЫ ЫМЫРТТА…

Светқали НҰРЖАН

БАҒЗЫ ШАҺАР ҚИРАНДЫСЫ
Секілді бейне бұл көне шаһар
Олжекең айтқан «Қыш кітап».
Қараймын қат-қат мүрдеге қатар
Тілім өртеніп, тіс тұтап.

Мұсылман ұлын аяусыз қырған
Кәпірдің қанды қылышы.
Ырсиып күлді қаяусыз құрбан,
Қолында сынған ыдысы.

«Күлкісін» тыйып сақынады еппен,
Ибаның қабы ару да.
Есіл ер жатыр қапыда кеткен
Қолдары жетпей қаруға.

Тағдырын қылыш-пышаққа берген
Көне мұрамды тұтамын.
Ғалым да жатыр құшақтап өлген
Қаламын, кәлам-кітабын.

Ұрпағын көріп ұсқыны мұңсыз,
Сан басты жел кеп шайқардай.
Ақсиды бастар ышқынып үнсіз,
Ақырғы сөзін айта алмай!

Саба-көкірек сапырды сезім,
Қамдандым елге қайтпаққа –
«Қыш кітабымның» ақырғы сөзін
Ақырғы мәрте айтпаққа…

КӨНЕ ШАҺАР ЖҰРТЫНДА

Он екі ата Байұлы
Тізгінін берсе қолыма…
Махамбет
Мынау оба – көне шәрдің орыны,
Құрған мұнда талай дүрлер патшалық.
Опат болған Уақыттың қорымы,
Тастың бәрін сары тістей тат шалып.

Кіл қиранды…
Бір кездегі Астана…
Дұға оқимын мінәжатты пірше ұйып.
Қыш дуалдан төбесі ойық бас қана
Сығалайды…
Неге күлді ол ырсиып?..

Шаһар жатыр өлген пілдей жығылған…
Қаған көзге елестейді тақтағы.
Сансыз керуен – Қытай, Ұрым, Қырымнан
Ашқаны анық анау өлі қақпаны…

Бұл түріктің астана – Бас қаласы! –
Білге-ағамыз айтпаса егер асырып:
Машырық пен мағұрыптың арасы
Жатты дейді дәргейіне бас ұрып!..

Әруақ-кие жәрдем беріп сасқанда,
Не сұраса, – сұрапты ұлық Алладан.
Бұл дәулетте – «хан» атанып Аш-Қарға,
Дінін шату, жерін сату болмаған!..

Болса, шіркін, уақыт менің ырқымда,
Шәрді қайта сыйламас па ем елге ана?! –
Бір кездегі шулы астана жұртында
Ауыт-ауыт бабаурайды жел ғана.

Қор-қазақтың болмай міскін шайыры,
Мен де «қаған» атанар ма ем – құзда үнім:
Қазақ түгіл, Он екі ата Байұлы,
Қайтем енді, бермей қойса тізгінін?!

Мен «тар жерге тап боп тұрмын тағы да»,
«Нұр-Астанам» сасып кетті жат сарып…
Бәрі осылай қалар болса адыра,
Құрып кетсін, құрып қайтем – патшалық?!

Ақиқат-нұр қашан тамар – іш жуар,
Ғұмырды әрең сүріп келем амалдап.
…Тас-қамалдан қалғаны осы – қыш дуал,
Шөлмек-шаһар, күнің ертең не болмақ?..

Тіс-түрен жеп, қорлық көрсем күштіден,
Пана табам адыра қалған қорғаннан.
…Ай туғанда өлі шаһар үстінен,
Ұлыған үн шығады ылғи сол маңнан…

ТӘМАТ.ТӘМАМ
Жоқ пендемін мазмұным мен маңызым,
Жапсырғанмен «ақын» деген байтақ ат.
Есениннің 30 жылдық аңызын,
50 жаста шықтым зорға «қайталап».

«Отқа сүңгу» – ақындарда бар дәстүр,
Арманды айтып тауыса алман іштегі.
Желкемнен кеп жабысқанда сан қасқыр,
Жүрегімде қалып қойған тістері…

Ешбір опа таппасам да өлеңнен,
Жел-сөзімнің болмаса да құны түк,
Ай астында тұрғанымда көрер ме ең –
Қасқыр тісті жүрегімді ұлытып!..

Ерлік қайда! –
Жігіт емен тәуперлі,
Арттан – дұшпан, алдан аран қысқанда,
Қолымдағы жарқылдатып жәуперді,
Оңды-солды сілтегем жоқ дұшпанға!..

«Жас алаштар» жазып қалар мен өлсем, –
зекей-мөкей тастамаса жаптырып?..
Өлтіргенге құпиялап берер «шен» –
«тажал-тақсыр» талтаңдаған тақ мініп!..

Жаназама жұрт жиылмас баса-бас,
Бұйырмайды байлар жатқан кесене.
Ешкім менің мүсінімді қашамас,
Есімім де берілмейді еш көшеге…

Құлпытасқа соғылғанда жай тасы,
Аза-жырым оқылады «хатым» боп:
«Руы – Адай, Мұңал-Жары тайпасы
Светқали Нұржанұлы жатыр» деп…

Мен фәниден таппадым еш Жарасым,
Күйе жағып, айтпасам да балағат.
Өлеңнің – өз,
елдің өгей баласын
Қарсы алады – қабірстан-жамағат!..

Қалады артта Алматысы, Ақтауы,
Бір көгершін аһ ұрмайды саһарда.
Күнә шығар бір шайырдың жатпауы –
Мынау байтақ «ит үрмейтін шаһарда»?..

Өгей өмір тоқтатқанмен күймесін,
Сөнбей жанар періштелер жаққан шам!
Ақиқатпен – Бақи-Бақпен Үйлесім
Табам ба деп аттанамын, – аттансам…

Руһбандар* жеңіл қойып сұрағын,
Мүңкір-Нәңкір бөлісер-ді мұңымды:
Бір жас шайыр – жағып жүрек-шырағын,
Құлпытастан отырса оқып жырымды!..

КӨНЕ ТОСТАҚ КЕРЕМЕТІ

Мен көне шаһардан табылған –
Кірпігіне Ай құя салған жас қатқан,
Бүртігіне қайғы ұя салған бес батпан;
Қасиетті кәламмен кемерленген,
Өсиетті өлеңмен бедерленген
Ескі тостақтан
Шербет пен ас татқам.
Содан бері тулап қаным,
Ормандарым шулап қалың,
Жанға айналдым асқақ, паң!

Иілем достарды көргенде,
Түйілем дұшпанға келгенде,
Шүйілем шайтанға шерменде!
Ай астында қалт-құлт етіп
Әруақтың қаңқасы арық,
Жалт-жұлт етіп,
Жанарға нажағайлар жаңқа салып,
Санамда қасиетті кәламның аңқасы ағып,
Тірілгем мен демде.

Мен, сөйтіп тап болдым ғажапқа,
Шықты Рухым – азатқа:
Енбеймін – тозаққа,
Көнбеймін – мазаққа!
Енді сол өсиетті Кәламды
Ұққызғым кеп жүр,
Қасиетті тағамды
Жұтқызғым кеп жүр,
Жұққызғым кеп жүр жарамды –
күллі қазаққа!..

САРЫАЙШЫҚТЫҢ КӨЗЕСІ

Саят Ыбырайға Жазықсыз адамның көз жасын төкпе!
Көзедегі жазу.
Ай астында бір көл бар –
Ат шаптырса жеткісіз.
Ортасында алуа, шекер бар –
Татқан қулар кеткісіз…
Махамбет

Ай, Сарыайшық!
Ей, Сарыайшық! –
Астанам! –
Мен қайтейін сенің адыра сәніңді!
Өмірінде бір қақпаңды ашпаған
Неге менің ауыртасың жанымды?

Толғау айтып тоғыз ханды жоқтаман,
Бір жағымнан Жайық та тұр демігіп.
Ол да аждаһа болды бүгін – кекті аран,
Қаңқам менен қабыртқамды кеміріп.

Іздеп жүрмін –
Күдерімді үзбеген,
Қандай мұра қалды екен деп тектімнен?..
Әз Жәнібектің «Аққу көлін» іздемен –
Ортасына алуа, шекер төктірген.

У-қайғыға кетті айналып ол шекер,
Мәскеу жаққа көшкеннен соң бар сәнің.
Қайтара алман төксем де оны қанша тер,
Ойран-орда жоғын таппай шаршадым.

Жау боп алған толқыны да Жайықтың,
Бедірейіп міз бақпайды жартасы…
Ханша мінген сонау алтын қайықтың
Қалмағанын білем жарты жаңқасы…

О, осы сәт шықты көзе алдымнан,
Әз Жәнібектің қызы құсап бұралған.
Алиіндігін сары алтынға малдырған,
Ал бүйіріне аят жазған құраннан.

Шыжбай салған –
жұлдыз жауып,
ай шықтап,
Мұнша шексіз қонғаны ғой қолға да еп.
Шандоз шебер жазған және айшықтап:
«Жазықсыздың жасына ортақ болма!» – деп.

Мерт жұрт ем ғой – Сауап пенен Обалға,
Сенбес едің, тұр ғой, міне, көз көріп.
У қосылса ішіндегі халалға, –
Көзе түсі кетеді екен өзгеріп.

Шеберлікте шек жоқ еді не деген,
Беу, Сарыайшық, құпияңды тербей бер!
Сені көріп –
Әмір Темір Көреген
Шаппай кетті, – дегенге енді сенбей көр!

Көрді бәрін Ақ Жайықтың өзені,
Сондай да бір бастан өтті ғажап күн!..
Ұстап тұрып мынау жұмбақ көзені,
Ұқсаттым мен Жүрегіне ҚАЗАҚТЫҢ.

Жасаған ед ол жүректі басында
Дәл өзіндей мінсіз қылып –
Мінсіз ЖАР.
Аман жетті ол өлмей осы ғасырға,
Ішіне сан у құйса да құнсыздар.

Бәрі де айқын менің көңіл-дүрбімде,
Жан-жағымнан қамаса да қилы ұғым.
Сол Жүректің арқасында
Бүгінге
Ішпей жеттім жаттың улы пиғылын.

«Енді бізге не болды-лап?..» – зарлаған
Зарын шегем Зәкәрия-шайырдың.
Жұтты қазақ у-қармақты арбаған,
Аузындағы шабақ құсап жайынның.

Ей, жүрегім, халал менен харамға
Сүзгі салған қасиетің көшкен бе?
«Жазықсыз жас төкпе!» – деген Кәлам да
Бұл күндері бүйіріңнен өшкен бе?..

«Не қалды, – деп, – бабам жаққан отынан?» –
Ойдың талмап оңашада малтасын,
Ақ Жайықтың жағасында отырам,
Қажып шолып астанамның қаңқасын.

…Ай туғанда көзе құсап –
іңген-дүз
Боздайды-ай кеп, өші бардай қайғымда.
Ай астында –
алтын қайық мінген қыз
Сыңси жылап жүреді ұзақ айдында…

САРЫАЙШЫҚ. СҮЛДЕ
СҰЛУҒА СЫР

Үміт үзбе Ертеңнен,
Жүрегіңнен қазып не бір көркем кен,
Табаламай мыстан қыс пен мекер күз,
Күнге де әлі жетерміз –
Көкірегің сағыныштан өртенген!..

Тек менімен тең тербен,
Соз қолыңды желкендерге жел керген.
Құс жолының толқынында Ай ықты,
Ақ Жайыққа салып жүрек-қайықты,
Аттанармыз ақшағала-желкенмен!

Сарыайшықтың қабырғасы Серт өрген,
Сыбырлайды сиқыр сырмен желкемнен.
«Көз жас» дейді судан ұшқан пәк буды ел…
Әз Жәнібек шекер төккен «Аққу көл»…
Алтын қайық…
Жүзем мен де еркеммен…

Елестейді Сыпыра жырау теңселген…
Жұлдыз біткен шекер сынды көл көмген…
Інжу шұғыла төгіледі Жайыққа,
Күміс сәуле себіледі қайыққа –
Алтын Отау тіккен Айлы өлкемнен!..

САРЫАЙШЫҚ. МАРАЛТАЙ

Ей, Маралтай, есіңе алшы, бауырым,
Сол баяғы Алтын Орда дәуірін.

О, ол шақта Сарыайшық-тын Астана! –
Шекесінде Қос Айы бар қос бала

Жайық жақтан көтеріле жылы ауа,
Көшелерді кезуші ек қой түн ауа.

Екі бала, екеуі де бұйра бас,
Екеуі де әнге, жырға, күйге мас.

Күбір-күбір тіл қатса аспан көктеңбіл,
Көк күмбездің сары айшығы төккен нұр.

Көзімізде тылсым ғаршы бүр жарып,
«Аққукөлге» жетуші ек-ау ұрланып.

Аққукөлде жүрген сынды жүзіп үр,
Келетін-ді Әз Жәнібектің қызы бір.

Күллі ғалам сөйлеп сонда құс-тілде,
Қыз жүзетін алтын қайық үстінде.

Қайық та алтын!
Жайық та алтын!
Қыз да алтын,
Алтын аққу берердей-тін бізге Антын!

Алтын жалын орап алып көл үстін,
«Қоңыр салқын шығар-ды үні бейістің».

Алтын жарқыл… –
қажеті не шырақ ап,
Тал ішінен тұрушы едік сығалап.

Жан лүпілін жақын жерден естірсің,
Хан қызына ғашық болған қос қыршын!

Қос пәруана жүрек қылып қанатын,
Жалғыз отқа лүпілдетіп қағатын…

Көз жанатын орап алып қызды отқа,
Қыз жүзеді –
шаруасы жоқ біз жақта…

Ол сезімді ұмытуға еш хақым жоқ,
Содан бері кетіп ек біз ақын боп.

Сарыайшықты тауысқанша Жайық жеп,
Біздер содан үлгергенбіз шайыр боп.

Көп ұзамай қыз да кетті ғайыпқа,
Қайық та жоқ – қалды алтын Ай Жайықта.

Алтын қайық, Алтын Орда отын боп,
Жаңқалары жан-жаққа ұшты қоқым боп!

Ара-тұра елесі ұрад тек қана,
Жер әуірі шарпылғанда көкке ана…

Шәр көрінед – күмбездері көк тіреп,
«Алтынкүрек» жеткен шақта от күреп!..

Көл көрінед – шекер төккен, бал төккен,
Кездерде бір Ай сәулесі жалт еткен!..

Алтын қайық мінген қыздың Елесін,
Сәуірлі түн жарқылдаса, – көресің!

Сілкінеді кейде қорым күл басқан,
Сәтте ғана Шолпан мен Ай ымдасқан.

Сырды әшкертіп – жыртылар-ды көк перде,
Көктен күзде аққу сыңсып өткенде…

Біздік Сырды тек аққулар білген ед,
Ұшты олар да гүл-жүрегін күл бөлеп.

Екі шайыр есеңгіреп жүрген ед,
Өлі қала
мүрдесіне түрме боп.

Сарыайшықта көмілмеген мүрде көп,
Сол мүрделер арасынан Сүлде боп

Ай туғанда көтерілер Екі Елес –
Алтын қайық мінген қызбен некелес.

Өлі шаһар…
айналасы дөйдала,
Ақ Жайықта жүзер жалғыз Ай ғана.

Өлі Астана…
жыр оқиды Қос Сүлде,
Үні, жыры естілмейді ешкімге.

Жыры естілед – соғарда тек от-боран,
Алтын қайық, Ақ Шаһарын жоқтаған!

Ести қалсаң, –
нарлар салып ауытын,
Өлі Шаһар киер қайта сауытын!

Ал қос шайыр қыздың алтын табытын
Арқалап ап,
түзер тағы бағытын!

О, сол шақта (болған сәті ол Бақтың кез!) –
Көрінеді сары айшықты Ақ Күмбез!

Ай астында Ақ Күмбезді құлатпа,
Қос пәруана, ғашық – жалғыз шыраққа!

Уай, сол сәтте Ғаршыға ұшар ақынды ап –
Алтын қайық – алтын шырақ лапылдап!

Көк төрінде –
ұстап қолға шан-шараф,
Ханның қызы қос шайырды қарсы алад!..

ДҰҒА

Жас бүршіктеп жанарда,
Қылдым дұға Таң жұлдызы жанарда:
«Мұқтаж қылма мені, Алла –
Ниеті құлаған пайда жырарға,
Бейілі сатулы бай-бағыланға;
Сезімі сатулы сұлу-сылқымға,
Сәлемі сатулы жігіт-жыртыңға;
Әлемі сатулы ұрғаш-қырқынға,
Әлегі сатулы құрдас-қыртымға;
Түрі – мұз-беден, тынысы боқта –
Бүлік іздеген інісымаққа!
Мұқтаж қылма мені, Алла –
Нұрын тонатқан көн-бетке,
Арын тонатқан жендетке!
Жиғанын тонатқан мұндарға,
Иманын тонатқан діндарға!
Ар-Антын жоғалтқан қатынға,
Талантын жоғалтқан ақынға!
Құлпын жоғалтқан жәлепке,
Ұлтын жоғалтқан нәлетке!
Елін талаған ғалымға,
Жерін тонаған залымға!
Қолы былғанып харамға,
Ары былғанып зарарға,
Жаны былғанып жаманға –
Еліне, дініне, піріне қарсы
Әскерін қаптатқан қолбастыға,
Хас Пірін соттатқан елбастыға –
Мұқтаж қылма мені, Алла!..»

Құлып сап Жүрек-Шаһарға,
Тіледім тілек саһарда:
«Өрге жеткізіп ыйығымдағы жүкті аз-көп,
Өтейін, Аллам, Өзіңе ғана мұқтаж боп!..»

КӨЗ бен СӨЗ

1.Көз

Бұл неғылған Көз еді –
Қанбайтын еш ындыны,
Толмайтын еш құрдымы?
Төрімнің нән қақпасына жақындап,
Көрімнің жандатпасына жақындап,
Жұлдыз-тісі сақылдап тұр, сақылдап –
Ай-сілекейлі, күн-күлөкөйлі,
Ұңғылы!

Бұл неғылған Көз еді –
Жаратылғалы тозаңнан,
Таратылғалы озалдан
Іші-бауырымды үңгіп барады,
Жүрегіме де сүңгіп барады –
Нұрсыз, сұрсыз обжыландай бозарған.

Бұл неғылған Көз еді –
Жатқа сататын атакүлдіктің тыс-түгін,
Боққа сататын ататүндіктің іш-құнын,
Антқа тігетін атакіндіктің ұстынын!
Кірпігімен тістеп шешіп
қызының да ышқырын,
Лыпасын бетперде ғып киіп,
Танытпай тұрған ұсқынын –
Бұл неғылған Көз еді?..

Көздің пәрменімен –
Бәрі де шатылып, бәрі де атылып, бәрі де сатылып –
Тұл қалған бұ қуыс!
Өшіріп мүлде сұмдығын,
Бітей салатын түрме-құрдымын –
Топырақ таппай тұрғаным-ай –
Бір уыс!..

2.Сөз

Бұл неғылған Сөз еді –
Мұның бір аты – Өсек, бір аты – Ғайбат,
Шегеді Ақ Жүректерге сұрапыл айбат!

Бұл Сөзден сүйкімді шығар Сұмпайы сәл –
Салмағынан мұның нар түгіл, піл қайысар!

Бұл Сөзден әдепті шығар Сұмырайдың да өзі,
Сол Сөзден сөз естіп шошыған Құмыр-Айдың безі!..

Ең аяулы жерін мұздан суық, бізден өткір Сөз қарып,
Жұлдыздардың да жүректері кеткен қозғалып!

Бұл Сөздің сұрапылы мен сесінен,
Жер талай аунап кете жаздаған осінен!

Күллі дерт біткен таралған осы Сөздің ышқырынан,
Күллі өрт біткен жаралған осы Сөздің ұшқынынан!

Сөнген: ділдің дір еткеніне бөленген мәңгі ышықтар да,
Өлген: гүлдің жүректеріне бөленген таңғы шықтар да!

Бұл неғылған Сөз еді –
«Құсілім» заманнан мүсілім заманға дейін улаған,
Атамзаманнан атомзаманға шейін шулаған?!.

Бір сөз бар – тірі Сөз: ғаламның қуысында,
Кәлам мен Қаламның уысында –
Сұмырайдан да сұмпайы Сөздің суығын біртұтас жоятын!
Моласына құлпытас қоятын – бір Сөз бар!

Бір күнім озып бір күннен,
Сол Тірі Сөзді, сол Ұлы Сөзді таппай жүрмін мен!..

КҮН ЖАМАНЫ

Салардай сонша сүргінге,
Не жазып қойдым бұл күнге?

Сыртқа бұрылсам, – қабағандай арпылдап,
Ыққа бұрылсам, – обағандай жар тырнап;

Сөгіп барады қабырғаны мына күн,
Сөніп барады қабырғада шырағым…

Терістік беттен ұрып құйын ұлып кеп,
Қап-қара бұлттар тұлып боп тұр. –
Үміт жоқ.

Күдерім қалса, – үзіп тынбай тоқтамас,
Сүйегім болса, – мүжіп тынбай тоқтамас:

Сатымсақ достың көздеріндей – азулы,
Сақынсақ қастың көрлеріндей қазулы;

Екіес қатынның көңіліндей құбылғыш,
Нәкөс жақынның пейіліндей бұзылғыш;

Сайқал-сарықтың төсектегі сертіндей,
Сайтан-шалықтың өсектегі өртіндей;

Есеме сиіп –
Құтты ұрлаған вор құсап,
Көшеге шығып –
бұт бұлдаған қар құсап;

Қырық бір мәрте қысқа күнде құйқылжып,
Көрсетіп бақты тұтжалаңаш сиқын жұт.

Осындай боп тұр пешенеме біткен күн,
Сақ-сақ күледі бұлтты жүндей түткен жын;

«Кетер, – деп қоям, – күн жаманы». – Нақылдап,
Бір сүргін, бірақ жақын қалды тақымдап.

«Адам жаманы, – үстейді әкем, – кетпес», – деп,
Нажағай, бейне, топандағы отты ескек.

Парақтағанмын Хақтың көне кітабын:
Бұл жолғы Сүргін білем бәрін жұтарын!

Маңдайға жазды тапжылтпастай Алла сын,
Білемін бұдан жаман да аман қалмасын!

Өтінде тұрмын құтырынған құйынның,
Дал-дұлы шыққан үстімдегі киімнің.

Не жазды Тәңір пешенеме – еншіме, ал? –
Жаманы жанның, бәлкім, осы мен шығар?

Келсе екен тездеп сол Сүргін! –
Білдіргей маған: көршім – Кім?..

ЗҰЛМАН КҮШТІҢ ЗҰЛМАТЫ

Зұлман күш тұр ғаршы жақта сап құрап,
Ай көрінсе, жұлдыздармен атқылап.

Діл-көзімде болғандықтан Нұр басым,
Зұлман күштің көрем қара сұлбасын.

Аққан жұлдыз – атқан жұлдыз: тізбек-оқ,
Тас Сұлбаның шашады-ай кеп іздері от.

Жұлдыз-жебе Ай тәніне қадалса,
Қан-сәуле ағад – жараланған маралша.

«Не көздеп жүр, – деп ойларсың, – ылаң жау?» –
Бар мақсұты – Айды көкке шығармау!

Құртуға жау болған сайын қанша ынтық,
Ай туады көкті нұрға малшынтып!

Бұлт та кейде қанаттары далпылдап,
Айды атады найзағайы жарқылдап!

…Маған да жау оқ кезейді қай шептен,
Қасіреттен кенде емеспін Ай шеккен…

Шомыламын кейде қанды жасыма,
Тазғараның боғы тиіп басыма…

Жарқылдайды тисе басқа саңғырық,
«Ол – жұлдыз!» деп салады айқай Жаңғырық.

…Құзғын біткен тамып жатыр баққа ана,
Жаралы Айдың қаны құсап қап-қара…

ЖЕБЕНІҢ ЖЫРЫ

Айтайын шыны себебін,
Жеңе алмайтынын мені өлім:
Күн түбінен атқан жебе едім –
Зырқырап ұшып келемін,
Сырқырап ұшып келемін,
Бұрқырап ұшып келемін,
Шырқырап ұшып келемін.
Мөл-қара барлық көрлерге
Аппақ бір Сәуле себемін.
Қан-жара барлық ерлерге
Бір тамшы дәру егемін.
Қап-қара барлық түнектің
Тас түнін нұр боп сөгемін.
Қап-қара барлық жүректің
Дақ-қара қанын төгемін.
Осы ісім тәмам болғасын –
Зырқырап ағып жөнедім,
Сырқырап ағып жөнедім,
Бұрқырап ағып жөнедім,
Шырқырап ағып жөнедім…
Ғаршыға қайта енемін,
Түбінде күннің сөнемін…
Ал оған дейін, біле жүр,
Жеңе алмайтынын мені өлім!..

ЫМЫРТ КЕШУ

Маған мүлде керектігін басқа хәл,
Кімге не деп ұқтыра алар қасқа тал?
Өрт жұтқызып, дерт жұққызып, мені де
Тұтқынынан босатпайды тас-шаһар…

Ай-қырғауыл басып жұлдыз-жұмыртқа,
Сиқыр сырлы сырға таққан шұбыртпа.
«Алтықұлаш» әулиенің үстімен
Періштелер жол салады ымыртта…

Ал ол жолды көре алмайды нас-надан,
Біте жаздап қалады тек тасқа жан.
Ол жолменен қыдырмайды ымыртта –
Өмірзая екеумізден басқа жан…

Алыс кетіп нас-надан мен малғұннан,
Шабыт алам жұпартүкті шалғыннан.
Таң-саһарда енгізеді жұмаққа –
Шолпан менен Ұлпан шығып алдымнан.

Бұл бақытқа тұра алмайды жан шыдап,
Мәләйіктер келіп жатыр хәл сұрап.
…Таңда оралам жұмағымды қалдырып,
Жүрегімнен жұлдыз исі тамшылап.

Кешке дейін кеусенің жеп, у ұртта,
Өмірзая қарсы алғай тек ымыртта.
…Ұзап кетіп тас-шаһардан,
Бір күні,
Келмей қалып жүрмес пе екем бұ жұртқа?..

Пікір қалдыру