ГӘККУ-МҰҢ

Жақыпжан  НҰРҒОЖАЕВ

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Мұқағали

Алдында келе жатқан бәкене бойлы адамның қалқиған құлағына көзі түсіп, еріксіз күлкісі келді. Жыбырлай ма өзі, қалай?
Енді ғана аңдады. Пәлі, мынаның өзі емес, құлағы сөйлеп келеді!
– Мұқаш, адам өзін қашанда ақылды санайды ғой. Ол, тіпті, біреуге ақыл айтпай-ақ та қойсын. Бірақ, өз ақылын өзіне жеткілікті деп есептейді. Оны айтасың, ерегіскенде, ешкімнен ақыл-кеңес сұрамауға да бар.
Ал, «мен ақымақпын» дейтіндер өтірік айтады. Рас, күлкі үшін айта салуы да мүмкін. Әй, бірақ, біреу оған «сен ақымақсың» деп көрсінші, мұрнын бет қылар. Өй, әлі жетсе, көкесін танытады!
– Әй, сен өзің емес пе, «мен ақымақпын» деген, – деп, анау азар да безер болып, ақталып әлек.
– Сен не?! Соны шын көріп тұрсың ба? Өзің екенсің ғой ақымақ, – деп, жерге бір түкіріп, жағасын бір түзеп, теріс айналып кете барады.
Мұқағали құлақтың әңгімесіне күлкісі келсе де, оның бүлк етпегеніне таңданды.
– Басқасын білмеймін, Мұқаш, мына мен өзімді ақымақ көремін. Тоқта, сен менің сөзімді бөлмей, мұқият тыңдап ал. Өзімді неге ақымақ санайтынымды байыптап түсіндірейін.
«Егер сен ақылды болсаң, неге бейшара күйдесің?» деп сұрайды екен еврейлер. Рас-ау сол сөз. Ақылды болсам, өстіп жүрер ме едім? «Ұшарымды жел білер, қонарымды сай білер» дегендей, қаңбақша қаңғалақтап?
Сен мені жұбатуға тырысатыныңды білем, Мұқаш. Жүрегі жұмсақ адамсың ғой.
Енді ғана аңдады. Өзінің тіл қатуға шамасы жоқ екен. Құлақ сөйлеп келеді. Бұл оның артынан ілбіп, тыңдап келеді.
– «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген атам қазақ. Өте қатқыл айтқан. Бұл тәмсіл – қазақтың ең жаман қарғысы. «Өзімбілемдікке» салынған адамның өмір-бақи опық жеп өтетінін біліп айтқан. Өкінішке толы өмірдің несі қызық?
Шығыстың ұлы ойшылдары «дүниені өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деп өсиет қылыпты. Менің дүниені өзгерткім келген ештеңем жоқ. Бар болғаны – халқыма өнеріммен қызмет еткім келді. Оның несі айып? Осы ісім теріс пе? Жоқ, еш айыбы да, терістігі де жоқ екен. «Есі дұрыс, сау адамның тірлігі ғой» деп, бәрі де мойындайды. Тек…
Білетіндер маған ақыл айтты. Бірақ, мен олардың тілін алмадым. Олар маған «партияны жырла» деді. Ал, мен жырламадым. Партияны әніме қоспадым. Есесіне…
Мен жастық жырын жырладым. Мен халықтың арман, мұңын жырладым. Мен махаббатты жырладым. Осы әндеріме бүкіл халық қосылды. Халық менен осы әндерімді ғана сұрады. Партия туралы ән сұраған жоқ.
Мен халықтың өз әнін өзіне сыйлап бердім. Мен халықтың жүрегін тыңдадым. Өйткені, мен – халықтың құлағымын, Мұқаш.
Кенет, о, тоба, қалқиған қос құлақ зорайып өсе бастады. Даусы да ғайыптан зорайып, күллі жерге алып тау жаңғырығындай естіледі.
– Мына мен – халықтың (… халық… лық… ықтың…) құлағымын, Мұқаш (… қаш… аш…)…
Қос құлақ бірігіп, кірігіп, өсе келе, алып жүрекке айналып кетті.
Алыстан жігерлене салған ән естілді. Құдай-ау, таныс әуен ғой мынау!
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы…
Алып жүрек әуелетіп барып, алтын күнге айналып кеткені!
Өзінің де қалықтап ұшып жүргенін бір-ақ сезді.
Төменге көз салып еді, жүрегі дір ете қалды.
Ән салып, қол ұстасқан жастар легіне қарулы жасақ лап қойыпты. Жастар тобының алдыңғы қатарынан Айбарды анық көрді. Өз көзіне өзі сенбеді. Иә, сол! Қолында бұның жазу үстелінде тұратын Абайдың қола мүсіні бар.
– Айба-а-а-р!..
Бар даусымен айқайласа да, үні шықпайды. Ол мұны көретін де емес. Қарсы кеп қалған мілитсаға әлденені айтып дәлелдеуде. Мүсінді қос қолдап көтеріп қояды.
Әлгі мілитса айылын да жиған жоқ. Қолындағы темір сойылмен құлаштап тұрып соқты. Айбар сұлқ құлады. Қола мүсін домалап барады, домалап барады.
Қарулы жасақ жастарды аяусыз ұрып-соғуда.
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін…
Қан майданның үстіндегі әуелеген ән жыламсырап айтыла бастаса да, тынар емес.
Сұлқ жатқан Айбар көзін ашып-жұмды.
– Менің жазығым жоқ, әке. Халықтың үнін өшіре алмайды, – деді сыбырлап.
Неге екені белгісіз, жылайын десе де, көз жасы шығар емес. Бар айтқаны: «Дұрыс айтасың, балам. Халықтың үнін өшіре алмайды».
– Әке!..
Айбар бірдеңе айтқысы келгендей ұмсынды.
– Айбар!..
Ұлының ыстық демін сезінгендей болды.
– Әке!.. Бұл мен ғой, балаң Жұлдызбын.
– Жұлдыз?..
Көзін әрең ашты. Әдепкіде қайда жатқанын түсіне алмай, мәңгіріп жатты. Баласы Жұлдыздың сұлбасы айқындала бастағанда, біртіндеп есін жиды. Қара терге түсіп жатыр екен. Маңдайынан шып-шып шыққан терді Жұлдыз бас жақтағы сүлгімен сүртіп отыр. Соншалықты аяушылықпен, еппен қимылдайды.
– Қашан келдің, балам? – Даусы жарықшақтанып шықты. Тамағы кеуіп кетсе керек. Соны сезген Жұлдыз жауап қатпастан кесеге су құйып, әкесінің басын демеп, аузына тосты. Шөлдеп қапты. Бір-ақ сіміріп, басын изеді.
– Самолетпен ұшып келдім, әке. Жеткен бетім осы, – деді баласы.
– Жұмысың қалай?
– Жақсы, әке. Өзің қалай… тәуір болдың ба?
– Морфийдің күші ме? Жеңілденіп қалдым. Одан да мынаны айтшы. Шәмші ағаң туралы қаралы хабар рас па?
Жұлдыздың қабағы түйіліңкіреп, басын шайқады.
– Өтірік, әке. «Қалдаяқов қаңғып кетіпті». «Қалдаяқов өліп қапты». Осындай өсек-аяңдар біздің Гурьевте де гулейді кейде. Атағы алты алашқа тараған ардақты азаматтың артынан өсек өргізіп қойғанға шебер-ақ. Жұрттың соған илана қалатынына таңым бар.
– Олай болса, ұзақ жасайды екен Шәкем.
Басын шалқайтыңқырап, төбеге тесіле қарады.
– Шәмші түсіме кірді.
– Не болса да, жақсылыққа жоры, әке. Шәмші ағаның есімімен жамандық атаулы еш үйлеспейді.
– Дұрыс айтасың, балам. Әулие кісі ғой Шәмші.
Кенет палата-бөлменің есігі серпе ашылып, қабатынан Лашынның даусы естілді:
– Әйбүу-у, әкесі мен баласының шүйіркелесіп отыруын қарай гөр!.. – Үнінен әлдебір үркіп барып басылған қорқыныш та, үміт пен күдікке толы қуаныш та сезіледі. Жұлдыз орнынан құшағын жая тұрды.
Ана мен баланың қауышуын үнсіз ғана, жүрегі елжірей бақылап жатқан Мұқағалидың есіне Шәмшінің «Ана туралы жыры» түсті.
Не деген керемет жыр! Не деген әуелі әуен! Өзіңе күллі әлемнің жарығын сыйлаған, дархан даланың ең әсем, ең әдемі гүлдерін жинаған, ашық аспанда самғаған құстардың ақ қанаттарын берген, екі дүниенің де жаннаттарын тілеген, самал жел, саябақ құшағына алып, әлдилеп, аялап өсірген анаға қанша жыр арнасаң да, аздық етеді ғой, аздық етеді!..
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін…
«Алып анадан туады». Қанша жерден алпамса, гений болсаң да, анаңның алдында баласың. Қайран Шәмші осыны ұғындырады. Ғафу ақынның тілімен айтса да, жүрегінен шыққан үздік сырды үздіге жеткізеді. Анаға деген пәк махаббатын, шексіз сезімін алтын көпір – ән арқылы арнайды. Бұл ән – ұлы арнау. Бұл ән – аналарға арналған ұлы гимн.
«Әй, Шәмші, Шәмші! Сен бір әулиесің-ау!..»

***
Мұқағали рахаттана күлді.
– Әй, Шәкем-ай, айтқышсың-ау!
Былай қарасаң, қарабайырлау сұрақ сияқты. Жауабын іздесең, біраз толғанысқа түсерің де анық.
– Әйел мен еркек мінезіндегі айырма не?
Шәмші өзі сұрақ қойып, өзі жауабын бір мезетте айтып салды.
– Еркек әйелін оп-оңай кешіре салады да, болған жайдың бәрін ұмытып кетеді. Түк болмағандай. Әйел болса, кешіруін кешіреді. Бірақ, ешқашан ұмытпайды. Бәрін қотарып, еске салып, ерінің шаңын сілкіп отырады.
Әзіл ретінде айтылғанмен, шындықтың да ауылынан алыс емес-ау мынаусы. Әсіресе «ерінің шаңын сілкіп отырады» дегені қапелімде қатты күлкісін келтірді. Қай еркектің басынан өтпеген бұл жағдай? Есіне әлдене түскендей, Мұқағали тағы да мырс етті. «Әй, Шәкем-ай!..»
– Мұқа!
Әдетінше, «Мұқаш» демей, «Мұқа» деуінде бір мән бар сияқты. Байсалды, салмақты сөз айтқысы келгендей. Жүрегі соны сезді.
– Мұқа, екеуміз «ә» дегеннен сырлас жандай боп кеттік қой. Бірақ, мен ішін оп-оңай бере салатын кісі емеспін. Айтылмаған сырым көп. Атым белгілі болса да, ашылмаған аралмын ғой мен, Мұқа.
Жүзіне көз салып еді, мұңайып отырған секілді. Көкжиекке қараса да, көңілі шартарапты шарлап жүргендей. Темекісін құшырлана сорып, түтінін будақ-будақ шығарады.
– Мұқа, саған алғаш рет арақты қалай ішкенімді әңгімелеп бергенім есіңде шығар. Мәдеш Ниязбеков деген жолдасыммен бірге менің әніме сөз жазатын ақынды іздеп, «Алматы» ресторанына қалай барғанымызды, қос ақын Қуандық Шаңғытбаев пен Ізтай Мәмбетовтің мені қалай «ауыздырғандарын» күлкілі әңгімеге айналдырып, дос-жаранға талай айтқам-ды. Шынына келсек, менің алғаш рет арақ ішуім – одан әлдеқайда ертеректе, мүлдем басқаша жағдайда болған оқиға. Алматыда емес, Қапланбекте. Сақа жігіт болған кезімде емес, бозбалалықтан енді-енді арыла бастаған шағымда.
Мына мен пақырдың Қапланбек малдәрігерлік-зоотехникалық техникумында оқығанымды біреу біліп, біреу білмес. Оны қойшы, менің техникумда оқығанымда тұрған не бар дейсің? Ең қызығы, ол техникумның өзі білім ордасы емес, тұнып тұрған өнер ордасы екен. Құдды, малдәрігерлері мен зоотехниктерді емес, музыканттарды шығаратын жер. Ән-жырдың көкесі сонда. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей қыздар мен жігіттер бар өнерін көрсетіп, сылаң қағады. Консерватория дерсің. Оқуға түсерде алғаш қойылатын сұрақтың өзі: «Не өнерің бар?»
Атын ұмыттым, бір дәу қара, бұжыр бет жігіт бар еді. Өзі айтыскер. Сол тізімдейді екен бәрін. Маған малын даулайтын кісіше төне түсіп:
– Әй, қалқанқұлақ, мына құлағыңнан басқа неңмен таңғалдырасың?! – деп сұрағанда, қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Ызасы өтіп барады.
– Мандолин тартамын, – дедім ерегіскен адамша. Дәу қара қарқылдай күлді.
– Пішту, сол да сөз боп па?! Сен мандолин тартсаң, мен фокстрот билеймін, ал, – деп ежірейді. «Фокстрот» дегенді екінің бірі билейді ғой, әрине. Күжірейген жонын көрсетіп, теріс айнала бергенінде, «ей, тоқта!» дедім.
– Мен осы мандолиніммен қазақтың небір әнін құйқылжытамын! – дедім, намыстан жарылардай боп. Анау «рас па?» дегендей, аңтарыла қарады. Қасындағылары да мені сынағандай боп тұр.
«Қап, мыналарды-ай!» деп, жалма-жан шабаданымнан мандолинімді шығардым. Өзімді құдды концерт сахнасында тұрғандай сезініп, қомпиып қоямын. Әй, сосын безілдеттім келіп мандолинімді! Өз ойыныма өзім беріліп кетсем керек. Бір кезде, қарасам, тыңдаушы жұрт жиналып қапты. «Мына жігіт кім?» деп, иек қағысып, бір-бірін түртпектейді.
– Әу де! – деді бірі.
– Күй тартсаңшы, – деді, екінші біреуі дегбірсізденіп.
Дәу қара қолын көтеріп:
– Мандолин ойнайтыныңды көрдік. Ән де саласың ба? – деп сұрады, гүжілдеп. «Ән салмақ түгіл, ән шығарамын да!» деуге шақ қалдым. Сосын ол райымнан қайтып, басымды изеп, «Қорланды» нақышына келтіріп, айтып бердім. Жұрт «ой, бәрекелді, жарайсың, жігітім!» деп, көтермелеп, шапалақтай жөнелді. Бұжыр бет болса, қолындағы қағазына әлденені түртіп, «қабылдандың!» деп, кете барды. Құдды оқуға өзі қабылдайтындай-ақ, алшаң басады. Тыңдаушыларым «ән айтшы, күй тартшы» деп өтініп, қояр емес.
Қызық болғанда, оқуды бітірген күннің кешінде жігіттер мен қыздар «арақ іш» деп қолқалап қоймады. Оған дейін бұл құрғырды татып алмағам. Әдеттегідей, намысыңды жонады емес пе жұрттың бәрі. «Әп, бәлем, қоя ғой!» деп, тартып-тартып жібердім. Уытына шашалғам да жоқ. Ішімді кетті қыздырып. Бір сәтте айнала гүл-гүл жайнап сала берді. Көңіл шіркін алақайлап тұр. Көрінгенді құшақтап сүйе бергім келеді, сүйе бергім. Енді бір уақта есіме Вера түсіп кеткені. «Қайдасың, ау, ғашығым менің?!.»
Техникумның есепшілік факультетінде Вера дейтін қыз оқитын. Үріп ауызға салғандай. Орта бойлы. Толықша келген. Аккордеонның құлағында ойнайтын. Небір әуендерді жатқа біледі. «Әнді сүйсең, менше сүй» дейтіннің нақ өзі. Мың құбылтқанда, миың айналып қалады. Мен оның осы өнеріне тәнті болдым. Сөйтіп жүргенде, баяғы бұжыр бет: «Мына қалқан құлақ мандолин тартады», – деп, мені итеріп салды. Вера маған таңғалып та, сүйсіне де қарады. Тартынған жоқпын. Мандолинімді ыңғайлап: «На сопках Маньчжурии», – дедім. Ол да аккордеонымен сүйемелдейтінін білдірді. Алғашқы аккордтан кейін-ақ екеуміздің ойынымыз үйлесіп кетті.
Содан беріде талай кештің гүлі болдық қой. Жұрт екеумізді сөзбен қосып қойған баяғыда-ақ. Бірақ, қайтерсің, жұбымыз қосылмады. Бір-бірімізге сезімімізді білдіре алмадық. Абайдың сөзін бұрып айтсақ, «айтуға келгенде, қалқама сөз дайын» болмады.
Енді мына соңғы кеште қалқатайыма айтып қалмасам, айтар сөзім айдалада қалады-ау. Өлетін жерім де сол болмақ. «Шәмші, кеш қаласың, кеш», – деп, өзімді-өзім қайрадым. «Вера, Верочка» деп, айнала шарқ ұрдым. Билеп жүрген жұптарды көзіммен сүземін. Вера біреудің құшағында жүргендей, қызғаныш деген ит бас көтеріп қояды. Жұп таппай, биге қосылмай тұрған қыздарға жақындай бере, жалт бұрыламын. Маған Вера ғана керек. Олар емексіп қалатын болса керек. Жалт бұрылғанымда, ала көздерімен ата жөнеледі.
Басым айналды ма, сыртқа бір-ақ шығыппын. Жаздың кешкі салқыны құшағына алды. Қараңғыға көзім үйрене алмай, екі қолымды алға жіберіп, қарманып келемін. Біреуге соқтығысып қалдым. «К-кешіріңіз», – дедім, тұтығып. Сөйтсем, үндемейді.
Үңіле қарасам, Вераның аппақ жүзі айдай боп көрінеді. Үнсіз жымиып қояды. «Құдай-ау, Вера, сенбісің?!» Құшақтай алдым. «Вера, Верочкам менің! Ғашығым менің! Білесің бе, саған айтар сөзім кө-өп! Осы уақытқа дейін неге айтпадым екен соның бәрін?!. Енді айтар кезім келді… Вера, Верочкам менің! Біле-білсең, сен… сен… анау аспандағы ару айдан да өткен сұлусың сен!.. Айтқандай, ай көрінбейді ғой… Қайдасың, Ай?.. Көрдің бе, сенің сұлулығыңнан ұялып, Айдың өзі де жасырынып қапты!.. Айың не, Күн де шықпайды… сенен, сенің сұлулығыңнан қымсынып!.. Сен ғой менің күнім! Сен ғой менің айым!.. Айым, жарық жұлдызым!.. Құндым, сусар, құндызым!..»
Сөйтіп, Вераммен есім шыға аймаласып тұрғанымда, біреу жеңімнен жұлқи тартты. «Бауырым, есіңди жи!» Есерсоқ неменің не жұмысы бар ғашықтарда?!
– Кет, әкеңнің!.. Вера мына менікі! Таласың бар ма?! – деп, бұрқ-сарқ ете қалдым. Қызғаныш оты мен ашу өрті кеудемді күйдіріп барады.
– Әй, жігіт! Вераңда жұмысымыз жоқ. Арақ ішсең де, ақылыңды ішпесеңші. Өзің өлердей массың. Мына тұрысың не?! Верашылын өзінің! – деп жекіді әлгі.
Сөйтсем, шынында да, мас екем. Тәлтіректеп, тал құшып тұрмын. Масқара-а, манадан бері «Вера, Вера» деп құшақтап тұрғаным қураған жуан тал екен ғой! Ұят-ай!
Басым мең-зең, омырауым су-су. Бәрінен де сорақысы – ұяттың отына күйіп барамын. Ал, ең қиыны – алғашқы махаббатыңнан айрылғаның екен ғой! Озбыр біреу Вераны құшағымнан, құшағымнан емес-ау, жүрегімнен суырып алғандай, қатты өкіндім. Арақ ішіп алып, өкіре жылағаным да содан шығар. Алғашқы махаббатыммен қош айтысуым да болар сол оқиға.
Шәмші үнсіз қалды. Біртүрлі, мұңлы үнсіздік. Тұқылына дейін әбден бықсып, түтіні де шықпай қалған темекісінің күлін де түсірмей, қозғалыссыз отыр. Мұңнан мұз боп қатып қалғандай.
Оның мұндай күйі сирек-тұғын. Сирегің не, Мұқағалидың өзіне туған інідей болып кеткен досының мұндай күйін бірінші көруі. Ылғи да көңілді жүретін, жұртты күлдіріп, дуылдап жүретін Шәмші емес мынау. Өзі білетін Шәкеме еш ұқсамайды. Мұқағали: «Шәкем-ау, расында да, ашылмаған арал екенсің ғой», – деді іштей.
Жөткірініп қойды. Үнсіздікті бұзу үшін емес. Шәмшіні жұбатқандай сөз айту үшін де емес. Ол дәл осы сәтте өзінің де ешкімге айта бермейтін құпия-сырын жан досы санайтын адамға ашу керектігін ұғынды. Еш риясыз. Еш бүкпесіз. Егер досың өз ықыласымен саған сырын ашып отырса, сенің өз сырыңды бүгіп қалуың арамдық болып шықпай ма? Достыққа адалдық досыңа сырыңды жасырмай айтудан басталады емес пе?
– Шәкем-ау, алғашқы махаббатты әркім-ақ басынан өткереді ғой. Бала күнгі бір сәттік ғашықтық сезімдер кімнің есінде қалар дейсің? Кейбіреулер бала ғашық кезін мәңгі есінде сақтап, соны «алғашқы махаббат» деп атауы да мүмкін. Менің де алғашқы махаббатым кештеу оянған сияқты, Шәкем. Әлгінде айтқанымдай, еске әрең түсетін жылт етпе, бір сәттік құмарту сезімдерді есепке алмасақ.
Он жеті жасар кезім. Арман қуалап, Алматыны көріп келгем-ді. Өзің білесің, арман қуалау деген – аңсаған оқуға түсу. Сол арманға жетіп тұрып, мен одан өз еркіммен бас тарттым ғой. Таразы басына қарақан басымның бақыты мен ауылда қалған қара шаңырақтың болашақ тағдырын салып көрдім. Кейінгісі басым түсті. Сөйтіп, КазГУ-дің филфагына түсіп тұрып, арманымды қиып, ауылға тартып отырдым. Ойым – әзір қара жұмысқа жегіліп, жеткілікті қаражат жиып алғасын оқу туралы асыл арманыма оралу.
Біздің жақта Шибұт деген ауыл бар. «Оқыған атың бар ғой» деп, мені сол көрші ауылға кішігірім қызметке жіберді. «Студент болып та үлгермедім» деген уәжімді тыңдамады. Үлкен кісілердің айтқаны заң. Партия мен комсомолға бағынамыз ғой. Сөйтіп, мұрт енді ғана тебіндей бастайтын бозбала шағымда сельсовет секретары боп шыға келдім.
Жауапкершілік бар, әрине. Аяғымды аңдап басамын. Ауыл жастарына үлгі болуым керек. Басыма ауылдағылар сияқты малақайды басып кимей, сәндеп, жұқалтаң кепка киемін. Үстімде – көнетоз пальто. Суыққа тоңсам да, байқатам ба? «Бөрі арықтығын білдірмес» деген қағидаға берікпін. Қыз-қырқынға көз салудан да қашқақтаймын. Аядай ауылда өсек-аяңға ілігіп қалуың оп-оңай. Сыпайы қалпымнан ажырамауға тырысып бағам.
Біздің жақтың табиғаты қатал. Қысы – қытымыр, жазы – салқын. Күз, көктеміңде де бірде – жел, бірде – жаңбыр. Қар араласа себелегенде, есіңді шығарады. Күздің сондай жаңбырлы кезі еді. Екі күн бойы жаңбыр төпелеп, жердің миы шығып, езіліп жатыр. Оған қараймыз ба? Жетінші ноябрь мерекесі таяп қалды. Концертке дайындалу керек. Оның үстіне, мен үшін бұл күн бір ерекше күн болғалы тұр. Ауылдың маңдайалды көркемөнерпаз жастарына таныстырмақшы.
Колхоз клубына қарай асығыс басып келе жатқам. Анадай жерде бойшаңдау бір қыз бәтеңкесіне жұққан батпақтан қалай құтыларын білмей, аяғын сілкілеп тұр екен. Жанынан өте бергенімде, жалт қарады. Көзінен бір ұшқын атқандай болды. Жайшылықта елең қылмаушы едім. Жанарындағы жәй бір әуестікті емес, әлдебір жұмбақ сырды байқағандай болдым. Ол танымайтын адамға тесіле қалғанына қымсынғандай, төмен қарады. Мен де оны ұялтпайын дегендей, қасынан зулап өте шықтым. Бірақ, дәл осы бір мезет көз алдымда әдемі елес боп тұнып қалды.
Колхоз клубындағы қызыл мүйісте – халық ығы-жығы. Жиынды бастаған комсомол секретары жұрттан тынышталуды сұрады.
– Жолдастар! Таныстырып қоюға рұқсат етіңіздер. Мына жігіт біздің сельсоветтің жаңа секретары Мұқағали болады, – деді, жағалай қарап. – Өзі өнерлі жігіт: домбырада ойнайды, әнді де жақсы айтады. Өзінің қоңыр дауысымен сіздердің жандарыңызды баурайтынына зор сенім білдіреміз. Бәрінен де кереметі, бұл бауырымыз – өлең шығаратын ақын!
Комсомол секретарының маған соншалықты зор қошемет көрсеткеніне қымсынып, президиумда отырып алып, қолымдағы кепкамды мыжғылай бердім. Таныстыру рәсімінде орнымнан зорға тұрып, басымды изей бердім. Қызарып та кеткен шығармын.
Бір жағы, мақтау сөз құлағыма майдай жағып барады. Қыздармен танысуға бейімім жоқ маған мынадай таныстырудан артық не керек?! Көз алдымда – әлгіндегі әдемі елес. Ұрлана қарап, көзіммен көшеде көріп қалған жұмбақ жанды іздеймін.
Таптым-ау. Тапқанда… көздеріміз сүзісіп қалғандай болды, тіпті. Ол да менен көз алмай отыр екен. Көзқарастарымыз түйісіп қалғанда, иба сақтап, төмен қарады. Енді байқадым, басындағы орамалын иығына түсіріп қойыпты. Шашын екі жаққа жарып, қос бұрым қып өреді екен. Аққу мойын екені анадайдан-ақ көрінеді.
Шағын жиналыстан кейін концерт дайындығына кірістік. Тегінде, көбіне ойлы жүретінім болмаса, менің табиғатымда бұйығылық, жұртты жатырқау жоқ-тұғын. Жас күнімде өнер десе, ешкімді жатсынбай, арқа-жарқа араласып, жадырап сала беретінмін. Сол әдетіме салып, өнерлі жастар тобына қосылып, бірден шүйіркелесіп кеттім. Әзілдесіп, жақынырақ танысып, жарқылдап жүрмін. Әлгі жұмбақтау көрінген қызға тезірек жеткім келіп, ынтығып та барамын.
Бір кезде оған жақындай бере, алғашында байқамай өтіп бара жатқандай, артынша кездейсоқ көріп қалғандай, жалт бұрылып қарадым.
– Сіздің атыңыз кім? – деп сұрадым, толқынысымды сездірмеуге тырысып.
– Лашын, – деді ол да, барынша байсалды түрде.
– Лашын дейсіз бе? Ерекше есім екен! – деп, таңданысымды білдірдім де, ойдағы сұрағымды төтесінен қойдым. – Мен Қозы Көрпештің рөлін ойнайтын болдым. Сіз Баян Сұлу болуға барсыз ба?
– Бармын, – деді ол, өжеттене, отты жанарын жарқ еткізіп. Мұндай батыл жауапты күтпеген едім. Сасып қалғанымды білдірмеуге тырысып:
– Олай болса, келістік, – дедім, қолымды ұсынып. Ол нәзік саусақтарын алақаныма салып тұрып, күлімсіреп қойды.
– Өлеңді көптен бері шығарасыз ба? – деп, сынай сұрады. «Ақын болуға тым жас емессің бе?» дегендей.
Мен оның саусақтарын алақаныма қыса түсіп, наздана күліп алдым:
– Мен өлеңді, сіз айтқандай, «шығармаймын», жазамын.
– Қағазға ма? – деді ол, қасын керіп. Әлі аса ештеңе түсінбей тұрғаны байқалады. Суырыпсалма, айтыскер ақындарды көз алдына келтіріп тұрса керек.
– Бірден қағазға жазбаймын, әрине. Әуелі өлең деген менің санамда, жүрегімде жазылады. Сосын оны қағазға түсіремін. Жүрегімнен өткізіп алмасам болмайды, – дедім мен, сөзімнің соңын астарлап. Соны айта отырып, оның саусақтарын жібермеген күйі еппен кеуде тұсыма апардым. Осы батылдығыма өзім де таңмын.
– Өзім ақын болмағасын, бұл өнерді маған түсіну қиындау болатын сияқты, – деді ол, ақталғандай. Бірақ, қолын тартып алған жоқ. Қайта «кеудеңе қыса түс» дегендей, саусақтарын босаңсытпады.
– Лашын, өнер атаулыны түсіну қиын емес, ден қойса, – дедім мен, және де жұмбақтап. Не жұмбақтап отырғанымды өзім де білсемші.
Бірақ, осы сәтте сөздер аса маңызды емес еді. Мен кеудеме құйылып жатқан дүлей сезім толқындарын сезіндім. Көз алдым буалдыр тартып, санам құрсауланып бара жатқандай болды. Ғажап бір күйге түскендеймін. Тап осы бір сәт мәңгілік жалғаса берсе екен деп тіледім іштей.
– Мәс-саға-ан, секретарь жігіт пен мұғалім қыз екеуі Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың рөліне әбден кірген екен, – деп, созыла шыққан дауыс мені сезім тұманынан алып шыққандай болды. Әлгіні айтқан қыз сықылықтай күліп еді, қасындағы құрбылары да ду күлді.
– Иә, несі бар? Рөл ойнамақ түгіл, секретарь жігіт екеуміз осы ауылдың Қозы Көрпеші пен Баян Сұлуы болсақ, сенің тақияңа тар келе ме, Бәтес?! – деп күлді Лашын. Ойнап айтса да, менің ойымның үстінен дөп түскендей. Басымды изеп, ыржия күлгенімді өзім де байқамадым.
– Ойбай, мына екеуі ойынды қойып, шындайын деді, ей, – деп, Бәтес те тыйылар емес. – Ат қойған өздерің. Өз обалдарың өзіңе. Бүгіннен бастап Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу боласыңдар, ал, әйтпесе!
Естіген жұрт қыран-топан күлкіге қалды. Не десе де, Бәтестің мына сөзі маған майдай жағып барады. «Айта түссе екен» деп қоямын. Ыржалаңдап, Лашынға ұрлана қараймын. Ол да жүзі бал-бұл жанып, көзін төңкеріп қояды.
Сөйтіп, «ә» дегеннен-ақ, Лашын екеуміз ел аузына іліктік. Әлдеқалай көшеде бірге жүре қалсақ, «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу келе жатыр» деп, сыртымыздан көрсетеді. Сонысы қиын болды. Бір-бірімізді жақсы көріп қалсақ та, жүздесуге жер таппай қалдық. Сезімімізді тек концертке дайындық кезінде білдіретін болдық. Қатар жүрсек те, бірімізді-біріміз іздеп жүреміз. Неге солай екен десек, біздің іздейтініміз оңаша қалған сәттер екен ғой. Ондай сәттер сирек еді. Булыққан сезімдеріміз сахнада ғана бұрқ-сарқ етуші еді. «Бүйткен күйіміз құрсын» деуге шақ қалдық.
Сөйтіп жүргенімізде, арада үш-төрт ай өте шығыпты. Шыны керек, он сегіз жасқа толғанша ай бір асықтым-ау. Ойым – үйленіп, отбасын құру. Заң бойынша үйленуге он сегіз жасқа толғанда ғана рұқсат етілетінін жақсы білемін ғой.
Мұқағали бір сәт үнсіз қалды да, қалтасынан шақшасын шығарып, насыбай атты. Шәмші де темекісін шығарды.
– Шәке, сен менің қай күні туғанымды білесің бе? – деп жорта сұрады Мұқағали, Шәмшінің бетіне күлімсірей қарап.
– Өйбүу, Мұқа, білмейді екем, – деді ол, сәл кідіріңкіреп, ыңғайсыздық танытқандай болып. Будақтаған темекі түтінін қолымен сейілтіп жатып: – Әйтеуір, өзім, анамның айтуынша, ежелгі қазақша жыл санау бойынша жылқы жылы, яғни, 1930 жылдың жазында, сарша-тамыз айында дүниеге келген екенмін. Нақты күнін кім білген, тәйірі, құжатымда «15 август» деп жазылған. Анам «шөптің басы сарғайып, қурай бастаған шақ болатын» деп отыратын, – деп қосып қойды.
– Е-е, Шәке, біздің қазақта «туған күн» дегенді солай түсінеді ғой. «Метірке» деген болмады кезінде. «Нақты пәлен күн еді» деп, тап басып ешкім айта алмайды. Шамалап, бір оқиғаға байланыстырып, қисынын келтіреді, қызталақ. Осы күндері ғой, метіркеге тіркеп қоятыны.
Менің әжем Тиын да: «Балам, сен жылқы жылының аяқ кезінде тудың. Сен мынау фәни дүниенің есігін шар етіп ашқаннан біраз уақыт кейін «қой жылы кеп қалды, жыл басы – Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз» деп күтіп отырғанбыз», – деп еске алушы еді. Шешем Нақа болса: «Сен март айының сегізінде дүниеге келген болатынсың. Жаңылысуым мүмкін емес», – деп қоймайды. Қалайда мен сен сияқты жылқы жылында туыппын.
Мұқағали тілінің астындағы уыты басылған насыбайды еппен алып тастап, әңгімесін жалғастырды.
– Мен саған бір қызықты айтайын, Шәке. Ол бір тарих. Осы күнге дейін оны жан баласына айтқан емеспін. Сол туған күн дегеннен шығады ғой. Мен өз туған күнімді өзім «9 февраль» деп белгілеп, өз қолыммен документ толтырып алғанмын. Қалай дейсің ғой? Оның оңтайы сельсовет секретары боп тұрғанымда келе қалды. Сол тұста жергілікті совет орындарын сайлау науқаны өтіп жатқан. Жұртты жаппай тіркеумен айналысамыз. Басшылар менен «паспортың бар ма?» деп сұрай қалғаны. Алматыға оқуға барарда алған жапырайған бір жапырақ қағазым бар еді. Соны көрсеттім. Сөйтіп едім, әлгінің түріне менсінкіремей қарады да, «мә, мынаны өзің толтырып ала ғой» деп, су жаңа паспортты қолыма ұстатты. Өз аты-жөніңді, өзің туралы деректерді паспортқа түсіру де үлкен жауапкершілік екен ғой, шіркін. Ең қинағаны – туған күн датасы.
Қош. Демалыс күн болатын. Үйге келсем, пошташы өзім заказ берген кітаптарды әкеп тастапты. Жаңа басылып шыққан кітаптарды пошта арқылы алдыртып оқитын әдетім бар-ды. Солардың бірі – Ташкент қаласында орыс тілінде басылып шыққан Науаи жинағы. Бірден соған бас қойдым.
Асылы, маған Науаиды ашып берген Мұхтар Әуезов болатын. Филфакта оқыған аз ғана уақыт ішінде мен Мұхаңның ұлылығын танып үлгердім. Оның ұлылығы – Абайды күллі әлемге мойындатуында. Мұхаң Абай туралы сағаттап әңгімелеуден жалықпайтын. «Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді», – деген.
Бір күні Мұхаң аудиторияға әдеттегіден тыс қуанышты жүзбен кіріп келді. Екі танауы делдиіп: «Сүйінші! Науаидың шығармалары қазақ тілінде тұңғыш рет басылып шықты! Мен мұны жеті жыл бойы күткен едім», – деді. Сөйтіп, қолындағы кітапты жоғары көтеріп көрсетті. Оны бәріміз кезектесіп көріп шықтық. Қолдан-қолға өткізіп, парақтап, ырымдап мұқабасынан сипап, кеудемізге басқанымызға мәзбіз. Әуезовтің өзі алғысөз жазған екен. Сол әсерлі дәрістен кейін Науаидың «Таңдамалы шығармаларын» сатып алуға кітап дүкеніне жарыса жүгірдік. Ол да бір қызық дәурен екен ғой, шіркін!
Мұхаңның ол кітапты жеті жыл бойы күтуі тегін емес екен. Өйткені, кітап Әлішер Науаидың туғанына 500 жыл толуына орай 1941 жылы шығуға тиіс болған көрінеді. Оны да сол жолы өзі әңгімелеп берген-ді.
Бір қызығы, Мұхаңның өзгеріссіз қалған алғы сөзінде: «Әлішер 1441 жылы 13 февральда Ғират қаласында туған», – деп жазған. Ал, Ташкентте басылған орысша нұсқасында «родился в городе Герат (Афганистан) 9 февраля 1941 года» деп тұр. Бұл жазушының қолжазбасында солай ма, әлде басылым барысында кеткен қате ме, ол жағы маған беймәлім. Онда тұрған не бар деуге болушы еді. Бірақ, мен үшін бұл аса маңызды болды. Өйткені, мен өзімнің туған күнімді осы айтулы датамен орайластырғым келді. Ырымшыл қазақпыз ғой, пәлі.
Сөйтіп, қолыма түскен барлық дерек көздерін салыстыра қарап, Әлішер Науаидың 1441 жылғы ақпан айының 9-ы күнінде қазіргі Ауғаныстан аумағындағы Ғират қаласында туғанын анықтап білдім.
Пай, пай, шіркін! Енді араға тура 490 жыл салып, дәл сол күні қазақтың ешкім білмейтін алыстағы Қарасаз дейтін ауылында ешкім танымайтын Мұқағали деген ақын дүниеге келеді. Міне, мәселе қайда? Ә, Шәкем-ау?..
– Әй, Мұқаш-ай! Неткен сезімтал едің! – Шәмші балаша қуанып, екі санын шапаттай жөнелді. – Расында, мынауың адам ойына келмейтін керемет нәрсе екен! Тарих десең, тарих. Әдебиеттің алтын беттеріне лайық тарих қой. Бір әттегенайы – ұлы Науаи туғаннан кейін араға тура 500 жыл емес, 490 жыл салып туғаныңда. Орысша айтқанда, «круглая дата» үшін. Әй, бірақ… олай болса, сен менен он жас кіші боп қалар едің, ә?
Мұқағали кеңкілдей күлді.
– Ау, Шәке, онда мен Лашынның баласындай-ақ боп қалмаймын ба?!
– Өй, солай екен-ау!
Екеуі риясыз күлісіп алғаннан кейін Мұқағали жымиып қойып, әңгімесін жалғады.
– Шәке, шыны керек, сол кезде мен Лашынға тезірек қосылу үшін он сегізге ертерек толуды ойлап жасымды бір-екі айға болса да ұлғайтып алуды да көздедім. Ақиқаты осы.
Алайда, Лашын екеуміздің қосылатынымыз туралы хабарды естігенде, туған-туысқандарымыз біраз абыржыды. Аядай ауылда түрлі алыпқашпа сөз тарады. Сан-саққа жүгіртті.
Әжем Тиын: «Балам-ау, әлі он сегіз-ақ жастасың ғой», – деп қынжылды. Нақам үнсіз қарсылығын білдірді. Мен де ерегіскендей үндемедім. Бір әдетім, бірдеңені ұнатпасам, түрім өзгере бастайды. Соны байқады ма, үйдегілер шошып кетті. «Жо-жоқ, дұрыс. Өзің солай шешсең, болды!» – деп келісе кетті, ақыры.
Сөйтіп, 1949 жылдың 30 наурызында Лашын екеуміз шаңырақ көтердік. Мен сүйгеніме қосылғаныма қатты қуандым. Ересек өмірге, ендігі сәтте ерлі-зайыптылардың етене-жақын өміріне қадам басқанымыз да айдарымнан жел ескізді. Еркеккіндікті ретінде өз күшіммен бөлек отау құрып, шаңырақ иесі болғанымды іштей зор мақтаныш тұтқаным да жасырын емес. Жас та болсам, отбасылық өмірдің үлкен жауапкершілікті, мың батпан міндетті жүктейтінін де бір мезетте сезіндім. Тұрмыстың тауқыметіне, өмірдің қырық қабат қиыншылықтарына, сансыз қарама-қайшылықтарына мойымай, тағдырдың теңіздей тулаған толқындарына төтеп беретінімізге сенімді болдым.
Бар сырым осы, Шәке.
Шәмші ойлы кейіпте темекісін шығарып тұтатты.
– Мұқа, осы бар ғой, алғашқы махаббат туралы ән көп, ә? Алғашқы махаббатты жырламаған ақындар да кемде-кем. Енді деймін дә, «екінші махаббат», «үшінші махаббат», «төртінші махаббат» деген ән естісем, құлағым керең болсын. Жарайды, алғашқы-ақ махаббат болсын. Ал, одан кейінгі махаббаттың бәрі де алғашқы махаббатты қайталау. Мен әр әніме алғашқы махаббаттай қараймын. Зады, адам алғаш сүйген адамына «алғашқы махаббат» деп ат қойып алатын болса керек.
Менің ойымша, адамның бүткіл ғұмырында бір ғана махаббат болады. Жүрек біреу ғой. Ол солай жаратылған. Шексіз сүюге жаратылған. Сол жұдырықтай жүрегіңмен сен ата-анаңды, бауырларыңды, туған жеріңді, отбасыңды, Отаныңды, мына жарық дүниені, бүткіл адамзатты, бәрінен де сұлу бір жанды, басқа да сүйкімді жанды сүюге қабілеттісің.
Сол қабілеттің аты – махаббат. Бір ғана махаббат. «Махаббат жоқ» деген сөз өтірік. «Махаббатым көп» деген сөз жалған. Махаббат біреу ғана. Сен тек оны өзің сүйген жандарыңа бөліп бересің.
Ғашық болған, құмартқан адамың көп болуы мүмкін. Бірақ, махаббат көп болмайды. Оның сипаты көп болады. Махаббат от та болады, шоқ та болады. Махаббат зор да болады. Енді біреулер өмірінде бір ғана адамды сүйіп өтуі мүмкін. Алайда, махаббатты сезінбеген адам қор болады.
«Махаббатсыз дүние – бос» деген ғой Абай. Махаббатсыз дүниені көзге елестетудің өзі қиын. Қыбырлаған-жыбырлаған жәндіктің бәрі махаббатпен өмір сүрсе керек. Бірақ, жан-жануарды «жан-жануар» дейміз. Олардың сезінуі басқаша, махаббаты бөлек. Жан-жануар басқаша, адам мүлдем басқаша жаратылған ғой.
Жаратқан иеміз берген махаббат деген ұлы сезімді пенде-адамның өзі ұсақтатып алмаса, болғаны.
«Бір ғана махаббат?..» Мұқағали Шәмшінің бір демде айтып салған мына түйдек-түйдек ойларын бірден сіңіре алмай, үнсіз отырып қалды. Досының түріне қараса, ол көк тұманға оранғандай, темекінің көк түтінінің арасында сол ойлы кейіпте алыс көкжиекке көз тігіп отыр екен. Іштей осы шынайы қалпын бұзбай отыра тұрсын деп тіледі. Тіл қатуды артық көрді.
«Па, шіркін! Қалай-қалай сілтейді!.. Әй, Шәмші, Шәмші! Сен бір әулиесің-ау!..»

***
– Мұқаш! Ау, Мұқаш!
Артына жалт қараса, анадайдан елпілдеген Шәмші жүгіре басып келеді екен. Мұқағалидың қуаныштан екі езуі екі жаққа жайылып жүре берді.
– Шәкем-ау, қайдан жүрсің-ей?! – деп, құшағын кеңінен ашты. Соны күткендей-ақ, ол да жас балаша қойнына күмп берді. Сағыныса көріскен екеуі хал-жағдай сұрасты.
– Ау, Шәке, сенің осы ғажайып ғайыптай жоғалуың да тез, пайда бола кетуің де тез. Тағы да Шымкентіңе қашып кеттің бе, бәтшағар, не істедің? Әлде өстіп сағындырып жүргенді тәуір көресің бе өзің? – деп, Мұқағали досына назын білдірді. Шәмшінің жүзінде ептеген өзгеріс бар сияқты. Енді байқады: мұрт қойыпты.
Шәмші мұңая жауап берді.
– Е-е, Мұқа, мен қайбір жетіскеннен ел кезеді дейсің? Не жұмыс жоқ, не табыс жоқ. Үйге қалай сияйын? Бала-шағамның көзіне жексұрын, қарабет болып көрінбейін деп «творчестволық командировкаға» кетіп қалатыным сол. Оның қандай «командировка» екенін өзің де ептеп сезетін шығарсың.
– Әрине, Шәкем-ау, білемін ғой бәрін, білемін. Ақын жүрек білмесе де, сезеді, рас. Сенің сергелдең өмірің жаныма батады-ақ. Әттең, «жомарттың қолы қысқа» деген. Әйтпесе, сендей жаны жайсаң жігітке қолдан келер көмегімді аямас ем. Менікі әншейін достық наз ғой. Сені сынап не көрініпті, Шәкем-ау?!
Шәмші елжірей қарап, бұның арқасынан қақты да, қолтығынан алып, емпеңдеп, алға қарай сүйрелей жөнелді.
– Қой, Мұқа, «екі бейбақтың кездесе қалуын» деп сыртымыздан көрген жұрт тілін сүйреңдетпесін. «Жарлының бір тойғаны – шала байығаны» деген екен. Мен бүгін баймын! Тарттық «Аққу» кафесіне! Өзім де: «Шіркін-ай, Мұқағали досым кезіге қалса екен», – деп армандап келе жатыр едім, жақсы болды ғой!
Бұл болса, сәл тартынып:
– Оу, Шәке, тоқташы, – деді. – Кафең не, біздің үй тұрғанда? Неше жылдан бері таныс болсақ та, біздің үйге бір бас сұғып көрмепсің. Бұл не ғажап, қызталақ?!.
Шәмші мұның бұл уәжіне тоқтамады.
– Мұқа, өзің айтқандай, екеуміздің бір-бірімізді сынайтындай жөніміз жоқ. Өйтіп санассақ, мен де сені үйде бір қонақ қылмадым. Жасырып керегі не, өз үйіме өзім қонақпын, не деп шақырамын? Саған да салмақ салғым келмейді. Дәстүрлі шарттылықтарды қояйықшы осы бір, – деп кесіп айтты. Қатты толқып кетсе керек, тұтығыңқырап сөйледі.
Мұқағали бұдан әрі салғыласып тұрғанды жөнсіз көріп, Шәмшіні иығынан қапсыра құшақтай алды.
– Әй, Шәкем-ай, әйтеуір көндіре қоясың адамды, – деді тамсанып. – Сенің бір сиқырың бар-ау осы?
Шәмші сықылықтай күлді. Досын әп-сәтте көндіргені үшін өзіне-өзі дән риза сияқты.
– Мұқаш-ау, үндемесеңші, – деді, қулана. – Ондай сиқырды қайдан үйренгенімді кафеге жетіп алғасын әңгімелеп берем.
Кенет екеуі бірдей осы күтпеген кездесуге таңғалғандай, өзді-өзі болып, ойға бата, үнсіз қалды.
«Пәлі, Шәмші екеуміз көріспегелі бір жылдан аса уақыт өте шығыпты-ау. Өзі мұрт қойыпты. Аздап толған сияқты ма, қалай? Жағдайы түзелген тәрізді ғой. Әй, бірақ, қайдам. Әлі де сергелдеңге түсіп жүр ме? Әйтеуір, сыр бермейді сырбаз досым», – деп ойлады Мұқағали, жүрегі елжірей.
Аяқтың асты сытырлайды. Үп еткен самал сабағынан үзілген сары-ала жапырақтарды тербетіп түсіріп, жолға төсеуде.
– Күздің белгісіндей, – деді Шәмші, үнсіздікті бұзып.
– Осы мезгілде ертеректе ел күзекке бет алушы еді, – деді Мұқағали, әлденені еске алғандай.
– Сығандар осы кезде көш түзейтін, – деді Шәмші.
– Сығандар дейсің бе? – деп сұрады Мұқағали, «жаңылыс есітідім бе» дегендей, Шәмшінің бетіне үңіле қарап.
– Иә, сығандар, – деді Шәмші, басын изеп. – Олар қайтқан құстар сияқты суық түспей жатып жылы жаққа қоныс аудара бастайды. Алдымен – тәжік жеріне, одан әрі Ауғаныстанға ауады. Пәкістаннан бір-ақ шығуы да әбден мүмкін.
– Өй, Шәке, сен оны қайдан білесің? – деп таңдана сұрады Мұқағали.
– Е-е, Мұқа, бұл Шәмші не көрмеді? – деп күлді ол. – Мен жастау кезімде сыған таборында бір жаздай өмір сүрген адаммын.
– Оған қалай тап болып жүрсің? Соны айтшы, Шәке.
– Мұқа, жаңа «кафеге жетіп алғасын әңгімелеп берем» деп едім ғой.
– Нені, Шәкем-ау?
– Сиқырды қайдан үйренгенімді-ші.
– Е-е, қызталақ.
– Сол сығандардан, сыған қызынан үйренгенімді айтам сиқырды. Міне, кафеге де кеп қалдық қой. Мұқаш, мен саған сыған қызына қалай ғашық боп қалғанымды қазір жер-топырақ бусанғандай, бусанып отырып әңгімелеп берейін.
Абырой болғанда, кафеде адам аздау екен. Жүзі таныстардан да ешкім көрінбеді. Түскі ас мезгілі әлдеқашан өтіп кеткен-ді.
Екеуі ішіне ел қондырып, Шәмші айтқандай, бусанып отырғанда, Мұқағали досының бетіне үңіле қарады. «Ал, енді әңгімеңді айта бер» дегендей. Ол да соны күтіп отырғандай: «Изольда», – деді жұмбақтап. Артынша мұның сұрағын күтпей-ақ, ұзынсонар әңгімесін бастап кетті.
– Иә, Изольда… Э-эх, Изольда, Изольда, – деп, тамсана қайталады. – Ол сондай сұлу болатын. Әдетте, сығандар қаралау боп келеді ғой. «Қарға баласын аппағым дер» дегендей-ақ, өз ғашығымды айдай сұлу көргенімдей болмасын. Ал, бұл қараторының аппағы еді. Талай сүттей ақ айлы түндерде оның аппақ тамағын да, алмадай тығыз қос анарын да аймаладым ғой. Содан білемін. Мен оны бір көргеннен-ақ ғашық боп қалдым ғой. Ол да мені бірден ұнатса керек. Әйтпесе, ол мені өз таборына шақырмас еді. Мен де момақан күшіктей оның жетегіне еріп жүре бермес едім.
Әңгіменің әлқиссасы былай. Бұл осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болған оқиға. Диплом берместен, консерваториядан қуып жіберген маусым айы-тұғын. Сондағы таққан айыптары – «төбелескіш». Тұзы жеңіл адаммын, негізі. Алдымен көзге түсетінім сол. «Ішкіш» дегені аз еді. Құдды Алматыда арақ ішетін жалғыз Қалдаяқовтай. Белгілі әңгіме ғой. Әсілі, мен өзім төбелеске жоқ адаммын. Біреулерді арашалаймын деп жүргенде, бірінші боп көзге түсе қаламын да.
Осы жолы да консерваторияның буфетінде арақ ішіп алып, қып-қызыл төбелес ашқандардың арасына түсіп қалдым. Мен байғұс араша боп жүргенімде, біреу артымнан келіп, бір тепкені-ші. Оңдырмады. Ойбайладым да, қалдым. Содан ба, буфетші қатынның көзіне мен ғана түсіп қалсам керек. «Төбелесті ұйымдастырған Қалдаяқов» депті. Сол айыппен оқудан шығарды да жіберді.
Е-е, ол көрген құқайым аз еді. Қырсыққанда, ақшасын төлей алмай, жалдап тұрған пәтерден де қуылдым. Жұмыс болмағасын, табыс та қайдан болсын. Елден көмек сұрауға да, елге қайтуға да – ұят. Шәмшінің сергелдеңі басталды тағы да.
Бір күні көшеде келе жатып, қалтамның түбін қағып көрсем, қалған-құтқан тиын сылдырайды. Ой деген-ай, қуанып кеткенім-ші. Отыра қалып, санайын: отыз тиын. Есептеп көрсем, тура он мәнтіге жетеді екен. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы. Ертеңгі күнге тағы бірдеңе табылар. Айдап отырып, көк базарға тарттым.
Базарға кіре бергенімде, біреу иығымнан түртіп қалды. Таныс біреу ме десем, бір бүйіріне таянып, бір алақанын жайып, қызыл-ала көйлек киген сұп-сұлу сыған қызы тұр. Сиқырлап алғаны. Жын ба, пері ме?
– Дай, дарагой, пагадаю, – деп көзін қысқанда, арбалып қалғандай болдым. Қарным ашқанын да ұмытып кеттім. Қалтамдағы қара бақырдың бәрін уыстап тұрып, «мә» деп, алақанына сала қойдым. Сөйтсем, «сперва скажи имя» деп, бұлданып, алмайды. «Оу, атым не керек?» деп ойладым. Тапқыш болса, атымды өзі тауып айтпай ма?
– Сама найди моё имя, – дедім, жорта қырсығып.
– Аи, а ты знаешь, если мы сами находим имя, человек сразу умирает, – деді ол, отты көзін жарқ еткізіп. Шошып кеттім.
– Э-э, постой, я жить хочу. Меня зовут Шәмші, – деппін сасқанымнан.
– А ты мне нравишься. Дай мне руку, – деді ол, өзімсіне.
«Нравишься» деген сөзі майдай жағып кетті. Арсалаңдап, алақанымды ашып көрсетіп ем, білегімнен ұстай алғаны. Қолы күйдіріп барады.
– Ты мне тоже нравишься. А как тебя зовут? – деп сұрадым, «шын атын айта қоймайды-ау» деген далбаса оймен. Ол маған сиқырмен қарағандай:
– Аи, цыганки свое имя не говорят. Если говорят, то неправду говорят. А тебе я правду скажу. Я – Изольда, – деді.
Мені сиқыр басты ма, әлде сұлулықтан басым айналды ма, «Изольда, Изольда» деп іштей қайталай бердім. Па, шіркін, өзі де, аты да қандай сұлу!..
Изольда болса, менің алақаныма үңіле қарап:
– У тебя долгая дорога, Шам, долго будешь жить, – деді. Мен күлдім:
– Ай, а до пенсии я доживу?..
– Дорога долгая, но не ровная. Богатства не наживёшь. Ни врагов, ни друзей не найдёшь. Всех потеряешь, – деді ол, ойлы жүзбен.
– Ну ладно, это всё в будущем, а что сегодня? – деп сұрадым, айтқанына аса сене қоймасам да.
– У тебя сегодня нет, а завтра неизвестно, – деді ол, көзіме тура қарап. Осы сөзіне біртүрлі боп қалдым. Өзімнің аянышты халімді тап басып айтқандай.
– Почему так говоришь? – деп сұрадым, жабырқап.
– Аи, для этого не надо быть гадалкой. Ты мне свои последние деньги отдал. А из кармана крошки сыпятся. Кто же хлеб в кармане носит? Ни от хорошей же жизни ты сюда пришёл, правда ведь? – деді ол, басын шайқап. Оның маған аяушылық білдірген түріне қарап, мен де басымды изей бердім.
– На, возьми обратно свои деньги, а то голодным останешься, – деп, Изольда көз ілеспес жылдамдықпен тиындарымды қалтама сала қойды. Тіпті, қолын кері қайтарып та үлгермедім.
– Я знаю, ты гордая птица. Но ты сейчас как жалкий воробей. Я знаю, ты выстоишь. Крылья расправишь и полетишь высоко, высоко. Твоя жизнь – одни взлёты и падения. Так говорят линии на ладони. Это – линии судьбы. Их начертал Бог, – деді ол, маған ойлана қарап.
Сенер-сенбесімді білмей, аңырдым да қалдым. «Құдайым-ай, тағдырыма айқыш-ұйқыш сызықтарды салып берген сен неткен қатал едің!» деп, іштей налып тұрмын. Маңдайыма жазып бергенді алақаныма қарап оқып берген мына сыған қызына несіне өкпелейін? Ақша үшін емес, тегін-ақ оқып берді ғой. «Взлёты» дегені ұнап тұр. «Падениясы» көкейге қонбайды-ақ.
Менің абыржып тұрғанымды көріп жұбатқысы келді ме, Изольда:
– Шам, ты поёшь? – деп сұрады. Маған осы сұрағы да, «Шам» деп өзімсіне ат қойып алғаны да ұнап кетті. Сонда да:
– Немножко, – дедім, мақтанғандай болмайын деп.
– Сегодня погости у нас в таборе. Цыгане любят петь. Послушаем казахские песни, оценим их, – деді ол, мені шын көңілімен қонаққа шақырып. Мен байғұсты елегеніне қуанып кеттім.
– Мандолина есть? – деп сұрадым, есім шыға.
– Аи, у цыган другое не проси, гитару спрашивай. Но для тебя мандолину найдём, – деді ол, жұмбақ көз тастап. Сөйтті де, «жүр» дегендей, иығымнан қақты да, өзі алға түсе жөнелді. Жолай маған табордағы тәртіпті түсіндіріп, ақыл үйретумен болды. Оның бір сөзін ұқсам да, бір сөзін ұғар емеспін. «Бара көрерміз» деп ойлап қоям. Бір түсінгенім, табордың көсемін «барон» дейді екен. Бәрі соған бағынады. Аты Стево екенін білдім. «Стево – мудрый человек», – деді Изольда. Оның солай екеніне күмән келтірмедім.
Табор Алматымен іргелес Чапаев колхозының бергі шетіндегі ел сирек жүретін көк майса жерге орналасыпты.
Стевоға мені апарып таныстырғанында, ол Изольдадан:
– Бұл адам саған сене ме? – сұрады.
– Сенбейді, – деді ол келте, пышақпен кескендей. Неге олай дегенін алғашқыда түсінбедім.
– Олай болса, дұрыс екен, – деді Стево. Сұқ саусағын көтеріп: – Бұл өмірде адам өзіне ғана сену керек. Тек өзіңе ғана сен, – деді. Саусағындағы дәу алтын сақинасы иесінің сөзін растағандай жалт-жұлт ете қалды.
Сонда барып мен Изольданың не үшін «сенбейді» деп айтқанын түсіне бастадым. «Сенеді» десе, ол Стевоның өмірлік қағидасына қайшы келеді екен ғой. Адам өзінен басқа ешкімге сенбеуі тиіс. Изольда түгіл, Стевоның өзіне де. Бірақ, мен Изольдаға сеніп келдім ғой. Оны Изольданың өзі де түсінді. Түсіне тұрып, менің сенбейтінімді тұжырымдады. Олай болса, Изольда шындықты жасырды. Стевоның алдында менің кейпімді жағымды қып көрсетуге тырысты. Не үшін? Осында бір сыр бар-ау. Менің таборға қабылдануымды мақсат қылса керек. Тағы да не үшін? Менің өз қасында болуымды қаласа керек.
«Иә, Изольда менен кетәрі емес», – дедім өзіме-өзім, іштей масаттанып. Осы жылт еткен ой сезімдерімді қытықтады.
Стево маған түрлі сұрақтар қоя бастады. Тергеу емес. Алайда, алқа-қотан отырыста ол емтиханнан да ауыр көрінді. Бүкіл табордың назары маған ауған. Шәкірт баладай жәутаңдаймын.
– Немен айналысасың?
– Сту-дентпін, – дедім, аздап тұтығып.
– Түсінікті. Оқиды екенсің ғой. Кім болып шығасың?
– Композитор.
– Бізге ән салып бер, – деді.
– Маған мандолина керек, – дедім.
Ол Изольдаға қарады.
– Барон, табамыз, – деді ол. Қайдан тапқанын кім білсін, әйтеуір, кешкі асқа дейін мандолинді де жеткізіп берді.
Стево «кешкі асты бізбен бірге ішесің» деген. Далада әйелдер даярлап жатқан тәтті тағамның иісі мұрын жарып барады. Ертеңгілікте жұмырыма жұқ болмаған күлше наннан басқа нәр сызған жоқ едім. Ішегім шұрылдап барады. «Не тамақ ішеді екен бұлар?» деген әуес сұрақ көкейімді тессе де, оны сұраудың жөні келмеді. Қарны аш адамның ойына тамақтан басқа не келуші еді? Стево мен оның айналасындағы адамдардың әңгімесіне алданып, аштыққа әзер шыдап бақтым. Дастарқан да дайын болды-ау бір кезде. Стевоның ашық мінезді әйелі Лачи жайраң қағып: «Кушать подано», – деп хабарлағанда, сілекейім еріксіз шұбырғандай боп көрінді өзіме.
Дастарқан басына жайғасқасын, Стево алақанын жайып, қысқаша батасын берді де, «аминь» деп бетін сипады. Бәрі бет сипағасын, мен де сөйттім. Байқаймын, еркектер мен әйелдер араласпай, бөлектеніп отырады екен. Менің құрметіме ме, өздерінің салты солай ма, ортаға қызыл шарап құйылған дәу графин қойылыпты. Ерлердің жастау біреуі шарапты қырлы стақандарға толтыра құйып, әрқайсымыздың алдымызға қойды.
Стево: «Угощайся, дарагой, молдаванское вино», – деді, маған иек қағып. Мен басымды изеп қойдым. Әдептен озбайын дегендей, Стевоның өзі бастауын күттім. Соным ақыл болыпты. Ол ернін тигізгендей болды. Бақсам, «тост айту» деген жоқ көрінеді. Стақан соғыстырмай, аз-аздан сыздықтатып ішеді екен бәрі де. Өзімнің әдеттегі арақ ішкендей тартып жібермегеніме риза болдым. Құрысын, ұят боп қалар еді.
Стево есіне әлдене түскендей:
– Шамс, ты можешь резать барана? – деп сұрады. Стево менің атымды өзінше «Шамс» деп қойып алғанын байқадым. Басқалары да осымен екі-үш рет сөйтіп айтып қалған. Мақұл, оған да көндім. Тек Изольда ғана «Шам» дейтін болды. Сонысы ұнайды-ақ.
Мен Стевоға қой соя алатынымды, керек болса, баптап ет асып бере алатынымды айтып едім, осы сөзімді күткендей: «Хорошо, Шамс, завтра угости нас», – деді, бірден ризалығын білдіріп. «У нас же есть баран?» – деп, әйеліне қарап, иек қағып еді, ол күліп: «Аи, есть один жирный баран», – деді. Дастарқан басындағылардың бәрі: «О-о, баранина будем кушать», – десіп, бір желпініп қалды.
Тамақ желініп болғасын, Стево бір нүктеге қадалып отырып, кенет бір мұңлы әнді бастады. Қасындағылары да үздік-создық қосылды. Алдымен ерлер бастап, әйелдер кейінірек іліп әкетті. Маған тілі түсініксіз болса да, әуені әлдебір сырлы дүниені ашып тұр. Әлденені аңсау ма, сағынышқа берілу ме, сондай бір шексіз мұң сезіледі. Бір қызығы, бір ән айтылып бітісімен, екіншісі үзіліссіз дерлік басталып кетті. Ол да сондай мұңды көрінді. Жас-кәрісі бірдей шырқай береді екен.
Сыған әндерінің осыншалықты сазды болатынын тұңғыш рет түйсіндім. Түйсіне отырып, сүйсіне бастадым. Неткен әнші халық! Бүткіл өмірін әнмен өріп, әнмен тербеп өтетін секілді ғой.
Осылайша әнге елтіп отырғанда, босағадан Изольда көрінді.
– О-о, Изольда! Мандолина әкелдің бе, майкэ? – деп сұрады Стево, қуанышты үнмен.
Изольданы көріп, мен де жадырап сала бердім.
– Кәне, Шамс, көрсет бізге өнеріңді, – деді барон, қолына Изольда ұстатқан мандолинді маған ұсынып жатып.
Мандолин қолға тигесін, баяғы өзім анамнан үйренген Естайдың «Қорлан» атты әнін аңырата жөнелдім. «Изольда, саған арнадым бұл әнді», – дедім ішімнен.
Жұрт тына қалған. Сүйсіне тыңдап отырғанын байқадым.
Изольдаға қарасам, ол екі жағын таянып отыр екен. Қызыл-ала көйлегінің кең етегін жайып жіберген. Қасындағы құрбылары басына қырдың сары-ала гүлдерінен шебер өрген шеңберді кигізіп қойыпты. Орамалын мойнына бостау байлай салған. Осы отырысы сондай сүйкімді көрінді. Сыған Қорланындай. Көз алдыма солай елестетіп, оған одан әрі ынтыға түстім. Даусым да ашылған үстіне ашыла берді.
Ахау, арман!
Құсни, Қорлан!
Екі-ай бағлан,
Екеуі туған екен бір анадан, – деп, үздіге созамын келіп махаббат гимніне айналған әннің қайырмасын.
Сол кеш менің төбемді көкке жеткізгендей болды. Қазақ әні қайта-қайта шырқалып, сыған деген азат халық қазақ деген асқақ халықтың асыл өнеріне қол соғып, қошемет көрсетті.
Ертеңіне мен өзіміз сияқты қонақжай сығандарға халқымыздың тағы бір қарапайым да дана салт-дәстүрін таныттым.
Стево мені азанымен түртіп оятып, әйелі Лачидың «қойды не істейміз?» деп сұрап жатқанын айтты. «Ой, қазір» деп жалма-жан атып тұрдым да, жуынып-шайынып жатып, пышақ пен жылы су құйылған шәугім сұрадым.
Қойы расымен де семіз, еркек тоқты екен. Алдымен соятын жерді белгілеп, пышақпен шұңқырлап қазып жібердім. Сосын тоқтыны «әуп» деп көтеріп, жерге шалып ұрдым. Әжептәуір салмағы бар екен. Мойнындағы ұзын арқан жіптің ұшымен сирақтарын айқастыра байладым. Пышақты жалаңдатып: «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, бісміллә», – деп, тамағынан орып жібердім. Қып-қызыл қан шапшып, борпылдаған топырақты тесердей шорылдап ақты. Қазып қойған шұңқырға шып-шып етіп сіңуде. Жануардың өңешінен қырылдаған дыбыс естілді. Қызық көріп, жағалай қоршап тұрған балалардың кейбірі тырқылдай күлді. «Байғұс-ай, жан беру оңай ма?» – деп күбірлеп қоямын.
«Балалы үйде ұрлық жатпас» деген, әлгі шуылдақтардың бірі қойдың колхоз малынан ұрланғанын айтып қойды. Одан ересектеу біреуі: «Дурак, наши баранов не воруют, лошадей воруют. Барана на золото выменяли», – деп, тыйып тастады. Басқалары күліп, ашықауыз баланы мазақ қылды.
«Пәлі, адам баласы кәсіп қылса, ұрлықы дүние де қу құлқынға сия береді екен ғой», – деп ойладым.
Шәмші темекісіне қолын созды.
– Е-е, Шәмші, бұл халықтың кәсібі солай болса, қайтесің енді? – деді Мұқағали, басын шайқап қойып.
– Мұқа, бір қызығы, сыған әйелдері де бас-сирақ үйітуді де, қуырдақ жасауды да біледі екен. Лачи: «Кавардак готовить мы умеем, только как русские называем «жаркое» и добавляем картошку», – деді, күліп. Сөйтіп, түскі асқа дәмі тіл үйірер қуырдақ жедік. Ошақ басындағы дәу қазанда ет бүлкілдеп жатыр.
Сол күні мен сығандарға жақсы атты болдым. Ет асып бергеніме алғысын жаудырды. Бүкіл табор ауыз тиді. Сорпасын да жалап-жұқтап ішіп қойды. «Какой вкусный бульон!» десті, таңдай қағып.
Сол кеште тағы да шалқыма ән мен биге кезек берілді. Сығандардың гитармен салған әндерін мен мандолинмен сүйемелдей жөнелемін. Шағын ансамбль боп шығады. Олар жас-кәрі демей, ортаға түсіп алып, ай, бір билейді дейсің. Бөкселерін бүлкілдетіп, кеуделерін дірілдетіп, биге қыздар шыққанда, еркектердің есі кететін. Бәрінен бұрын Изольданы айтсайшы. Мың бұратылады. Шалқая түсіп, ирелеңдеп, садақша иілгенде, басы жерге сәл-ақ жетпейтін. Буыны жоқ па дерсің.
Сол түн менің көптен бергі тілегімді көк тәңірге жеткізгендей болды. «Айдай ару құшсам» деп жүрген едім. Құдай соның сәтін салды, ақыры. Армандаған аруым Изольда екен ғой. Қалайша білмегем? Ол да балгер болса да, маған жолығатынын, мені сүйіп қалатынын білмепті.
Екеуміз оңаша шығып, сай табанына түстік. Ай сәулесі су бетінде жылт-жылт еткен жылғаның жағасында өсіп тұрған жалғыз талдың түбіне жайғастық. Тал басында үкі жасырынып отыр екен. Оны уілдеген даусынан таныдық. Бірақ, қос ғашық оған қараймыз ба?
Сол түн Изольда екеуіміз үшін соншалықты қысқа болды. Бізді бақыт құшағында әлдилеген барқыт түннің қалай өте шыққанын байқамай қалдық. Махаббатымызға куә болған ай жасырынып үлгеріпті. Ауық-ауық уілдеп қоятын ұйқысыз үкінің де үні өшіпті. Есесіне, басқа құстардың даусы естіле бастаған. Олар арайлап таң атып келе жатқанын біздің есімізге салды.
– Шам, сен алға түсіп, менен бұрынырақ бара бер таборға, – деді Изольда, жалаңаш кеудесін жасырып жатып.
Сай табанынан жоғары көтеріліп шыққанша ентігіп қалдым. Сүлем қатқанын сонда бір-ақ байқадым. Ентігімді басып, төмен қарасам, Изольда кеудесіне дейін салқын суға еніп, жуынып жатыр екен. Аппақ тәні көздің жауын алады. Қалың қара шашын жайып жіберген. Онысы су толқынында ақ қайыңның қалың жапырағындай жайқалады. Изольданың өзі де маған су жиегінде өскен ақ қайың боп көрінді.
Күн әлдеқашан көтеріліп, алыс көкжиектен мұнарта көрінетін биік таулардың бірінен соң бірін аттап басып келе жатқандай, дөңгелене жылжып келеді. Көк майсаны қызықтап, ілби басқан аяғымның астына қарап келе жатқам. Оқыс шыққан дауыстан селк ете қалдым.
– Сәлеметсіз бе?!.
Тап қарсы алдымда бөз көйлек киген бойжеткен күлімдеп тұр. Қалайша байқамағам?
– Сізді сыртыңыздан білемін, ағай, – деді ол, жайраң қағып.
– Қайдан білесің? – деппін, таңғалыңқырап.
– Сіз композиторсыз ғой, – деді ол сенімді түрде.
– Атымды да білесің бе? – деп сұрадым, оған сеніңкіремей.
– Иә-ә, сіз Шәмші ағайсыз ғой, – деді ол, даусын соза, мені бұрыннан жақсы білетін адамдай-ақ.
Артынша «білетініме әлі де сенбей тұрсыз ба?» дегендей:
– Мен сіздің «Қаракөз», «Бақыт құшағында» деген әндеріңізді айта аламын, басқаларын да шырқаймын, – деді ол, жайраңдай күліп.
Оның сыңғырлаған ашық даусынан ән салатын қабілетін өзім де танып тұрмын. Сөйтсе-дағы: «О, ғажап! Таң нұрынан жаралғандай бұл бойжеткен азанымен мұнда не істеп жүр өзі?» – деп, күдік ойладым. Ұрлығым ашылғандай, өзімнен-өзім қуыстанып, жан-жағыма қарадым.
Анадай жерде ат мінген падашы ара-тұра айқайлап қойып, сиырларды өріске айдап бара жатыр екен. Одан сәл әріректе екі-үш бозбала ауылға қарай ұзап барады. Сонда барып, мына қыздың сиыр айдап шыққанын түсіндім. Мені танып, сәлем беруге арнайы бұрылған сыңайлы.
– Атың кім, айналайын? – деп сұрадым одан жылы үнмен.
– Рәбиға, – деді ол. Сосын менің сұрағымды күтпей-ақ:
– Мен келер жылы оныншы класты бітіремін. Алматыға оқуға түскім келеді, ЖенПИ-ге. Басқасына түсу үшін ақша керек деп естимін, – деді, аздап мұңая үн қатып.
Мен оны не деп жұбатарымды білмей тұрғанымда:
– Ағай, кешке таборға келіп, ән салып беремін, – деді де, жалт бұрылып, жүгіре жөнелді.
Бірдеңе айтуға үлгермедім. Аңырып қалдым.
– Ай, кто это красавица, Шам? – деген Изольданың ойнақы даусы естілді артымнан.
Мен оған бұрыла қарап:
– Аульская певица. Школьница. Кстати, она вечером придет в табор мои песни петь. Ты только не ревнуй, Изольда, – дедім, ақсия күліп.
Изольда ұзын қызыл белдемшесінің кең етегімен сары-ала гүлдері шашыла өскен көк шалғынды жайқалта, маған жақын келді де, беліме оратыла кетті.
– Изольда не ревнует. Изольда всех любит, – деп, наздана, еркелей күлді.
Сосын қолындағы сары гүлдің сабағын менің ерніме қыстырып жатып:
– А Шам ревнивый? – деп сұрады, көзін төңкеріп.
– Нет, – дедім, бүйрегім бүлк ете түссе де.
Өз басым «қызғаныш» деген қызыл иттен аулақ болғанды тәуір көремін. Басқалардың қызғанышын көру де мен үшін тым ауыр болатын. Содан ба, «қызғаншақ» деген атақтан өлердей қорқып, қашатынмын. Бірақ, неге екенін білмеймін, осы сәтте Изольданы басқалардан қызғанатындай боп көріндім өзіме.
– Аи, бог не любит, когда люди без причины ревнуют, – деді Изольда, менің ойымды оқып қойғандай. «Изольданың құдайы неткен әділ», – деп ойладым мен.
Таборға екеуміз қол ұстасып келдік.
Үй шаруасына бөгеліп қалған бірлі-жарым адам болмаса, бұл уақытта таборда ешкім қалмайтын. Таңғы шәйін ішіп алып, жас-кәрі демей, бәрі қалаға аттанып кетеді. Кәдімгі күнделікті жұмысқа, сабаққа кеткендей. Әйелдердің кейбірі астың қамымен түске таман, еркектердің кейбірі түс ауа келе бастайды. Еркектердің кейде жортуылға түнде шығатындары бар. Ертесіне олар күні бойына ұйықтайды. Бала-шаға болмаса, көбі кешкі аста бір-ақ бас қосады. Ал, кешкі астан кейін ортаға от жағып қойып, алқа-қотан отырып, ән салып, би билейді.
Изольда екеуміз бір үлкен шаруа бітіріп келгендей, әрқайсымыз өз орнымызға жата қалып, кешке дейін тұяқ серіппей ұйықтадық.
Сол кеште қасына құрбы-құрдастарын ертіп келген Рәбиғаның өнерін тамашаладық.
Менің жүрегім алдамапты. Рәбиғаның табиғат берген даусы сондай бір ашық, әсем, әуезді екен. Шамасы, ол менің әндерімді радиодан естіп, үйренсе керек. Роза Бағланованың орындау мәнеріне салып, «Ақмаңдайлым» әнін шырқай жөнелгенде, Рәбиғаны тақ Розаның өзі болмаса да, тап Розаның талантты сіңлісіндей қабылдадым.
Сығандарың да әннің шын бағасын біледі екен.
– У казахов все песни такие красивые? – деп таңдана сұрады олар.
Осы сәтте маған ғажап әуендерді ақ бас Алатаудың өзі тамсана тыңдап, ән авторларына басын иіп тұрғандай көрінді.
Сол кештен кейін сығандар үш күн сыйлы қонағы болған мені жібергісі келмегені былай тұрсын, Рәбиғаны да құрбы-құрдастарымен бірге құрметті қонағындай күнде күтетін болды. «Қарны ашып қалмасын» деп бар жылы-жұмсағы мен тәттісін аузымызға тосады. «Жаурап қалмасын» деп жылы жамылғысын үстімізге жабады.
Мен бір құдайдың еркесі болдым. Бар бітіретін шаруам: күндіз – ұйқы басу, кешке – сайран салу, түнде – Изольдамен аймаласу.
«Изольда екеуміздің түнгі қыдырыстауымызды ешкім білмейді-ау, өзі. Әйтпесе, бұлайша еркімізге салып, еркінсітіп қоймайды ғой. Кіммін мен бұларға? Қайдағы бір «музыкант-гаджи». Шамс, қанша сыйлы болсаң да, күндердің күнінде жасырып жүрген құпияң ашылып қалса, жауап беруге тура келеді ғой», – деп ойлап, қарадай қуыстанатынмын. Алайда, осының сырын қанша ойласам да, түсінбедім. Изольданың өзінен де бір сұрамаппын.
Бірақ, Изольда былқ етер емес. Тым батыл. Ер адамдардай еркінсіп, өзін емін-еркін ұстайды. Ешкімнің алдында бүгежектемейді. Байқаймын, қайта оған басқалар біртүрлі иіліп тұратын сияқты. Кейде мен «өзінің бір сиқыры бар шығар» деп те ойлап қоямын.
Осы құпия-сырды мен Изольдадан қоштасар түнде ғана сұрадым. Сол кеште Стево табордың таң ата ұзақ жолға шығатынын айтқан.
– Изольда, мен сендердің араларыңда екі ай жүріп, салт-дәстүрлеріңе біраз қанықтым десем де болады. Әйелдер ерлерден гөрі өздерін төменшік ұстайды екен. Бірақ, сен тым еркінсің. Осының сыры неде?
– Изольданың «шувани», яғни, «ведьма» екенін білмедің бе? – деп күлді ол, сұқ саусағымен менің мұрнымның ұшынан түртіп қойып. Сосын басымнан мейірлене сипап:
– Менің әжем шувани болған, бал ашып, елді емдеген. Шешем мені туарда, толғақтан қайтыс болған дейді. Әкем де көп ұзамай, құсадан өтіпті өмірден. Әжем мені еркелетіп, еркін өсірді. Осыдан екі жыл бұрын дүние салды. Маған көп сиқыр үйретіп кетті. Сол үшін де мені бәрі сыйлайды, тіпті, қорқасақтайды, – деді, сөз соңында даусын бәсеңдете. Сөйтті де, менің құлағымның ұшын уқалауын жалғастырды.
– Изольда неге менің құлағымды уқалай береді? – деп сұрадым мен, оның осы қылығын ұнатып тұрсам да, қытығым келіп.
– Изольда «көзімдей көріп жүрсін» деп, Шамның құлағына алтын сырға тағып беруді ойлап тұр, – деді ол, сықылықтай күліп.
– Қой, рахмет! Изольда біздің салтымызда еркектер құлағына сырға тақпайтынын білмей ме, не?! – дедім мен, шоршып түсіп.
– Изольда ойнап айтады ғой. Шам соны шын көріп қалды ма? – деді ол, жорта бұртиып.
Сосын екі қолымен мойныма әлденені тағып жатып:
– Изольда Шамға мына үшбұрыш шүберек тұмарды береді. Мұның ішінде Изольда өз қолымен жинаған түрлі шөптің күлі бар. Ол Шамды бәле-жаладан қорғап жүреді, – деді қамқор үнмен.
Қоштасарда Изольда маған өзіме қатысты тағы бір құпия-сыр ашты.
– Табордың саған «Шамс» деп қойған аты не білдіретінін айтайын. Ол сыған сөзі емес, арабтікі. Арабша «күн» дегенді білдіреді. Бірақ, сенің табиғатыңа «Шам» деген лақап ат дәл келеді. Ол да арабша. «Шам, шырақ» деген мағынада. Шам есімді адам үнемі қозғалыста жүреді. Достары қанша көп болса да, түбінде жалғыз қалады. Жалғыздықта өмір сүреді.
Осыны айтып, Изольда кері шегінді де:
– Ал, енді, Шам табордың қалай кеткенін көрмей-ақ қойсын. Оны ешкім көрмеуі тиіс. Құдай қаламайды. Осы бетіңмен артыңа қарайламай кете бер. Қош бол, Шам! – деп, шалт бұрылып, кете барды.
Жүрегім қан жылап тұрса да: «Қош, Изольда!» – деп, мен де артқа қарамауға тырысып, Алматыны бетке алдым. Бар болғаны мойнымдағы үшбұрыш тұмарды сипалай бердім, сипалай бердім.
Кенет… о, ғажап, құлағыма өзінен-өзі бір бейтаныс әуен келе бастады. Әуенді қайта-қайта ыңылдап қоямын: иә, иә, мынау мүлдем жаңа ән. Ғажаптанып: «Әй, мынау серенада ғой», – дедім өзіме-өзім. Жаңа әнімді Изольдаға таныстыратын әдетімше, «Изольда!» деп шақыруға шақ қалдым да, өзімді ұстадым.
Көзімнен жас парлап келеді.
«Қош, Изольда, қош! Махаббатым менің! Мәңгілік мөлдір музам менің! Сенің терезеңнің түбінде тұрып, серенада айтуға жазбапты. Бірақ, саған арнап ешкім айта алмайтын серенада шығарғанымды білгейсің».
Міне, Мұқаш, «Сыған серенадасы» осылай туған.
Шәмші үнсіз қалып, сөніп біткен темекісін тұқылға толы күлсалғышқа енжар тастады. Онысы күлсалғыштың жиегіне сыймай, домалап түсті.
– Шәкем-ау, мынауың сыған қызына арналған шағын серенада емес, тұтас поэма ғой! – деді Мұқағали, әсерленіп. Досының ұзынсонар қызық әңгімесіне риза болғаны сонша, шақшасын шығарып, насыбай атты.
– Изольда менің жүрегімде мәңгі ән боп қалды, Мұқа, – деді Шәмші. – Ол аздай, ол менің шабыт құсыма айналды. Осының бір сыры бар екенін де айтайын. Байқап қараған адам менің әндерімнен молдавандық сығандардың сұлу саздарының сарынын таба алады. Алайда, оны тіс қаққан музыка мамандары болмаса, былайғы жұрт танымайды.
– Сола-ай ма? – Мұқағали даусын созып, таңғала сөйледі. – Бәсе-е, сенің әндеріңнен қазақ әндеріне ұқсамайтын өзгеше әуендердің естілетіні сол екен ғой. Музыка маманы болмасам да, мен өз пайымыма салып, оны Естайдың әсері ме деп ойлайтынмын. Естайдың «Қорланы» да әдеттегі қазақ әндеріне ұқсамайды ғой.
– Оның рас, Мұқа. Дәл байқапсың. Естайдың «Қорланы» өзгеше. Естай – қазақтың музыка өнеріне жаңаша сипат берген жампоз композитор ғой.
Шәмші есіне қызық оқиға түскендей, кенет күліп алды.
– Әй, Мұқаш-ай, менің әндерімнен бөтен үнді байқап қойған тек Кенжегүл Сыздықова ма десем. Ашып айтпасаң да, сен де бір сыр барын сезеді екенсің ғой. Кенжегүл жақсы-ақ әнші. Қайсар мінезді екен, бірақ. «Молдаван сығандарының әндеріне ұқсамаса, мұрнымды кесіп берейін», – деп, дауласып қоймады ғой. «Мақұл, жеңдің, бірақ, бұны ешкімге айта көрме, көкем», – деп, уәдесін алып құтылдым, ақыры. Мені «вальсоман» деп мұқатып жүргендер білмей жүр ғой. Бұл әңгімені естісе, жерден жеті қоян тапқандай, біржола бөркін аспанға атып қуанар еді.
Мұқағали бір жымиып қойып, жөткірінді.
– Шәкем-ау, сен сығандарға еріп кеткеніңде не болар еді? Қазақ халқы маңдайына біткен бірден-бір маңмаңгерінен айырылып қалушы еді ғой, – деді, басын шайқай түсіп.
– Е-е, Мұқа, өзімді көкке де көтеретін, жерге де оп-оңай тыға салатын қазағымды қалай қиып кетер едім? – Шәмші жеңіл күрсініп қойды. – Алайда, мен сығандардың арасында болғаныма өкінбеймін. Өкінгенің не? Өмірімнің ең бақытты шағы деп санаймын ол күндерді. Өйткені, мен азат болдым. Мен алпыс күн бойы азаттықтың тәтті дәмін сезіндім.
Шәмші кенет көкжиекке көз тіге отырып, қызулана сөйлеп кетті.
– Сыған халқы ежелден көшпенді өмірді қалайтын, өмір-бақи азаттықты көксейтін, ғасырлар бойы ұлы арманы өшпеген өрелі, рухты халық екеніне мына менің көзім жетті. Сығандарды сыртынан құбыжық көріп, «бұратана халық» деп санау сұм саясаттың сұрқия жемісі екенін түсіндім. Сығандарды «тек ұрлық жасап қана күн көреді, басқасына бейімі жоқ» деп айыптайды. Өтірік. Олар да қилы-қилы ата кәсіппен айналысып келген екен. Сауданың да көркін қыздыратын көрінеді. Даланы аң сияқты еркін кезіп, алаңсыз көшіп жүрген халықты тығырыққа тіреген соң, ашынбай, қайтеді? Аң екеш аң да азуын көрсетпей ме? Сығандар да жан-жақтан қысым жасай бергесін, ұрлық-қарлыққа барып, өңмеңдеген өкіметтен өш ала бастаған. Оларды өз еркінен тыс отырықшы етуге күш салады. Бірақ, олар ондай зорлыққа көнбейді. Олар бостан өмірді бәрінен де артық көреді.
Шәмші өзіне тесіле қарап қалған Мұқағалиға жүзін бұрды.
– Таборда өткізген күндерім менің ең бір мұңсыз күндерім екен ғой, Мұқа. Табор мен үшін махаббат мекені болды. Азаттық аралына айналды. Менің бұрын сезіп-білмеген осы ой-сезімдерімді, шалқар шабытымды оятқан, маған шексіз қуаныш пен бақыт сыйлаған Изольданы өмір-бақиына ұмытпаймын, сағынамын. Осы сағыныш қой маған ән шығартатын, Мұқаш-ау, – деп, бұның қолының сыртынан қысып қойды.
Мұқағали терезе жаққа бір қарап қойып, темекісін шығарғалы жатқан Шәмшінің қимылын бақылап, ойлана отырып қалды.
«Ашылмаған аралсың ғой сен, Шәкем. Әй, Шәмші, Шәмші! Сен бір әулиесің-ау!..»

***
Мұқағали Шәмшіні күле қарсы алды.
– Шәке, бір қызық айтайын. Жаңа осы, одақтың алдында Адамбеков пен Сарғасқаев сөзге келіп, жаға ұстасып қалды. «Естіген елден ұят» деп, елуді алқымдаса да, сабасына түспеген екеуін сабырға шақырып, араша түстім. Сөзге тоқтаған халықпыз ғой, қоя қойды. Ентігін баса алмай, жағаларын түзеп жатқан екеуіне қарап тұрып:
– Әй, ағалар, сендерге арнап өлең шығарып берейін бе? – деп сұрадым.
– Е, шығарсаң, шығар, – деді екеуі, жарыса.
– Ендеше, тыңдаңдар, – деп, өлеңдете жөнелдім.
Сары тісті, сары шашты Садықбекті,
Сансызбай Сарғасқаев салып кетті.
Ұрамын деп тағы да ұмтылғанда,
Жолдастары ұрғызбай алып кетті, – деп едім, әй, сөз қуған жазушы сабаздар-ай, екеуі де дереу блокноттарына түртіп алды.
Шәмші ішек-сілесі қата күлді.
– Әй, Мұқаш-ай, қатырыпсың! Бәрекелді, мына әзіл өлеңіңді, шынымен де, жазып аларлықтай екен. Таза анекдот болыпты ғой осы оқиғаның өзі де, – деп, қатты риза болған кейіппен мұртын сипалап қойды. Сосын әлдене есіне түскендей:
– Мұқаш, төбелес демекші, осы сен туралы «төбелесіпті» деген әңгімені естімедім. Төбелеске қалай едің? – деп сұрады, әуестене.
– Е, Шәке, бала күнде болмаса, қырыққа келгенде, ауылдың алыпсоқ иттеріндей құтырынып, не көрініпті? – деп күлді Мұқағали.
– Әншейін, жұрт сықылды қызық көріп жатқаным ғой, – деп, ақтала сөйледі Шәмші. – Әлгі жазушы ағаларымыз сияқты жаға жыртысып жатқаныңды көргенім де, естігенім де жоқ. Бірақ, кейбіреулердің сені анадайдан көрсе-ақ, аулақ қашатынын байқап жүрмін.
Мұқағали жымиып қойып:
– Жоға, Шәкем-ау, мен төбелесқұмар емеспін. Менің алпамсадай денеме қарап, ығатындар да бар шығар. Ал, әлгі қызталақтар менің жұдырығымнан емес, ызбарымнан қорқады. Сөзбен түйреймін ғой мен. Білгің келсе, жас кезімде де төбелеспен атым шыққан жоқ. Олжас екеуің сияқты төбелесіп, оқудан шығып қалған жоқпын, – деп, сөзінің соңын әзілге бұрды.
– Қойшы, Мұқаш, Олжас та төбелесіп, оқудан шығып қалған ба? – деп, шын таңырқады Шәмші.
– Ей, сен оны естімеп едің, Шәке? Екеуің Торғайдың төсін шарлаған күндеріңде өзі әңгімелеген жоқ па? – деп сұрады Мұқағали.
– Жоқ, Мұқаш, ондай әңгіме мүлдем болмады. Олжас өзі мәрт жігіт қой. Сол сапарда ол ескі мұраларды аралап, әңгімеге жуыспай, көбіне-көп ойлы жүрді, – деді Шәмші.
– Олай болса, ортақ досымыздың сен естімеген сырын мен айтайын. Айтуға тұрарлық. Оны өзі де жасырмайды. Олжас Мәскеудегі Горький атындағы әдеби институтта оқып жүрген жерінен жатақханада ашқан төбелесі үшін оқудан шығып қалған. Бірақ, жәй жұдырықтасуға бола емес, қазақтың намысын жыртып қырқысқан ғой. Қазақ қызының арын қорғамақ болды, содан жұдырыққа жүгінген.
Кім де болса, сөйтер еді. Мысалы, мына сен де, сұмпайы біреу қазақ қызына қырғидай тиіп жатса, қарап тұрмас едің. Солай ғой, Шәке?
– Оған сөз бар ма?! Мен ол сүмелектің тұмсығын бұзып, қан-жоса қылар едім!
– Олжас та менен тура осылай сұрап, мен де Олжасқа тап осылай жауап бергенмін, – деді Мұқағали, риза болған кейіппен.
Жүзінде әлдебір жылылық пайда болып, Шәмшіге бір әңгіме айтқысы келгендей көз тастады.
– Шәке, өзің айтқандай, Олжас өте мәрт жігіт қой. Мысы басып тұрады. Өзі де, сөзі де ірі. Сымдай тартылған тұлғасына қарап-ақ, тегін адам емес екенін танырлықтай. Олжастың бабасы Олжабай батыр болған адам. Әйгілі ғұлама-ғалым Әлкей Марғұлан Олжабай батырдың шөпшегі болса, Олжас ақын – оның жетінші ұрпағы.
Шәмші Мұқағалиға таңырқай қарады.
– Солай ма? Мен ондай әңгімені естімеппін. Олжастың өзі де ештеңе ашып айтқан жоқ. Сонда деймін-ау, Олжас ініміз Әлкей ағамыз екеуі немере туыс боп келеді екен-ау, ә?
– Солай боп тұр. Е-е, Олжекең сырбаз ғой. Көп ашыла бермейді. Әй, бірақ, Шәке, өзің айтшы, неше жылдан бері араласып жүріп, мына екеуміз де бұрын-соңды ашыла сөйлескен жоқ едік қой.
– Оның рас, Мұқа, екеуміздің оңаша отырып, ашыла сөйлесуіміз сирек. Қу тірліктің соңында жүріп, көз алдымызда күліп-ойнап, көлбеңдеп жүрген дос-жарандардың ішкі жан-дүниесін көрмейміз-ау кейде. Со күйі көрмей, білмей кетуіміз де мүмкін, ә?
– О да мүмкін. Бірақ, оның себебі тек қу тірлікте емес. Оның бәрі қорқып, бұғып қалған бордай жұмсақ болмыс-мінезімізден, Шәке. Заманның сұрқы солай. Арызқой-жазғыштар көп. «Әлдеқалай боп кетер» деп, жұрттан сырымызды жасырамыз. Дұшпаннан емес, достан күтеміз қауіпті. «Сатып кетер» деп. «Басқа іс түскенде, құтқармаса, құтқармай-ақ қойсын, сатып кетпесе болғаны» деп қауіптенеміз.
Мұқағали кенет жарқылдай күліп, басы салбырап кеткен Шәмшінің иығынан қапсыра құшақтай алды.
– Шәкем-ау, тым тұқыртып жібердім бе? Бірді айтып, бірге кетіп қалдым, білем. Олжасты айтып келе жатып, ойым заманның ой-шұңқырына түсіп кетіпті.
Шәмші күліп жіберіп, Мұқағалидың арқасынан қақты.
– Бәсе, сүйтші, Мұқаш. Күңгірт ойларға түсіп кеттім. Онсыз да өміріміз өксікке толы ғой. Олжас туралы әңгімеңді жалғастырсаңшы одан да, – деді, қабағы ашыла түсіп.
– Шәке, рас, досымыз жайлы әңгімені жәйдан-жәй бастаған жоқпын, – деді, Мұқағали, шашын артқа қайырып жатып. – Олжас екеуміздің бірде өзіміздің шыққан ортамыз, тегіміз туралы ағыл-тегіл әңгіме ағытқанымыз бар. Сол жолы екеуміз әңгімеден-әңгіме шығарып, Есенберлиннің «Қаһар» атты тарихи романын да талқылап тастадық. «Есенберлин жарады. Оныкі – ерлік. Бізге осындай дүниелер қажет», – деді ол. Тек хандардың ғана емес, батырлардың да бейнесін еш бояусыз беру керек екенін айтты. «Тарихты көмілген жерінен қазып алып, топырағынан тазартып, шаңын сүрткілемей, сол күйінде көрсету керек», – деді. Олжастың әңгімесі маған ой салды. Өзім де көптен бері батыр бабам Райымбек туралы жазсам ба деп жүр едім.
– Райымбек дейсің бе, Мұқа? Сенің де бабаң батыр болғанын білмеппін.
– Шәкем-ау, қазбалай берсе, бәріміздің де бабаларымыз батыр боп шығады. Ата-бабаларымыз жер үшін жан берiсiп, жан алысқан ғой. Әйтпесе, жан-жақтан анталаған жаудан кім қорғар еді?
– Рас-ау, ол да. Кең-байтақ жерімізді арыстан жүректі, атан жілікті батыр бабаларымыз қорғап қалды ғой. Солардың біз атын атап, түсін түстеп жатпағанымыз да жасырын емес.
– Сол ғой біздің көксеп жүргеніміз, Шәке, – деп, Мұқағали ауыр күрсінді де, ерін астындағы насыбайын алып тастап, әңгімесіне кірісті.
– Халқын қалмақтан қорғап қалған батырлардың бірі Райымбек туралы поэма жазуыма түрлі ойлар итермеледі. «Менің пірім – Сүйінбай» деп Жамбыл жәкем жырлағандай, өз пірім көретін Мағжанның «Батыр Баян» атты поэма жазғанынан хабарым бар. Бірақ, ол поэма қолыма түспеді.
Неге менің Райымбек батыр жайлы жазғым келді? Мәселе әркім өз ата-бабасының тарихын жазсын деген әңгіме емес. Өзің жақсы білетін дүниені дөңгеленте жаза аласың ғой.
«Ел іші – алтын кеніш» деген. Зер сала қараған адам қазақтың күллі тарихы аңыз-ертегілерден құралғанын байқаса керек. Елде Райымбек батыр туралы түрлі аңыз-әпсана көп. Інжу-маржандарын сүзіп ал да, сүйсіне жаза бер, жаза бер.
Бала күнімде Тиын әжемнен де естуім бар. Апам жарықтық салтқа сай Райымбек атасының атын атамай, «Дәу ата» дейтін. Оны кейін түсіндім.
Мына қазір «50 лет Октября» аталып жүрген көшенің бұрынғы аты Ташкентская екенін өзің де білесің. Сол жолдың бойындағы бір төбешікте «Райымбек Хангелдіұлы» деп белгі қойылған көк тас жатыр.
Бір күні түсімде марқұм әжемнің биік жотаның үстінде намаз оқып тұрғанын көрдім. Ақ киімге оранған. Аяғындағы мәсіге дейін ақ екенін анық көрдім. Апам намаздан кейінгі дұғасын оқып болды да, тау жаққа қарай беттеді. Алыстаған сайын денесі зорайып барады. Бір кезде таумен теңесті де, одан әрі боз тұманға сіңіп, көрінбей кетті. Енді бір сәт аспан қақ айырылардай күн күркіреп, найзағай оты жарқ етті де, алыстан апамның дауысы жаңғырығып естілді. «Балам, Дәу атаңның басына қойылған көк тасқа барып, Құран оқы», – деді.
Сол түсімді «апамның айта алмай кеткен аманаты шығар» деп жорыдым. Аманатты орындауға бардым. Батыр бабама бағыштап құран оқыдым. Көк тастың басында жынынан айырылған бақсыдай қалқиып отырып: «Қайран бабам-ай, әділдік орнауға тиіс қой. Жер жаннаты Жетісуды жаудан тазартқан сенің басыңа қалың қазақ жасқанбай келіп, құран бағыштар күн қашан туар екен?» – деп, күбірледім. Енді Райымбек батыр туралы поэмаға шындап кірісуге серт еттім.
Сол кезде аздап ауырыңқырап жүр едім. Басқан ізімді аңдып жүретін арызқойлардың күбір-сыбырынан шаршап, «жұмыстан кетсем бе?» деген ой болды. Жұмекен екеуміз бір кабинетте отырамыз. Менің мүшкіл күйімді көріп, ақылын айтты. «Мұқа, қиналып жүргеніңді көріп жүрмін. Ауылға барып, қымыз ішіп емдел. Ауданнан справка жаздыртып алсаң, бітті шаруа. Справка тапсырасың да, арызқойлардың аузына құм құясың. «Жұмыстан кетем» деуің әлсіздік болады, Мұқа! Бала-шағаны кім асырайды? Жеңгейдің иығына артып қоясың ба бар жүкті? Жаман ініңнің ақылын тыңда, аға», – деді. Бәтшағар, мұндай ой неғып басыма келмеген? Ауылға барғанда да, жәй бармайын, поэмама қажет дерек жинап қайтайын деп шештім.
Сөйтіп, салып ұрып, Нарынқолға тарттым. Тікелей өзім қарамағында жұмыс істеген «Советтік шекара» газетінің бас редакторы Әлнұр Мейірбеков ағамның үйіне бардым. Ол кісі керемет шежіреші, тарихшы. Қуанып қалды. Шаруамды айтып едім: «Өй, айналайын, Мұқаш, өзім де «сонау Алматыдан мені іздеп келуі тегін емес-ау», – деп ойлап едім. Райымбек батыр туралы дастан жазу оңай шаруа емес. Егер мұндай үлкен дүниеге бел шешіп кірісуге даяр болсаң, мен де бар білгенімді жайып саламын, қарағым. Сен дәптеріңе түсіріп ал. Жазудың жөнін білетін адамсың ғой, керегін өзің іріктеп аларсың», – деді. «Ой, аға, мені жазу өнеріне баулып, алғашқы қадамыма жол көрсеткен өзің емес пе? Осылай алдыңда отыруымның өзі кімнің арқасы?», – дедім мен, шынымды да, сырымды да айтып. Сол отырғаннан екеуміз екі демалыс тапжылмай отырдық.
Елден келгесін бабамның басына тағы бір барып, құран бағыштадым. Дұға оқып, бабаммен тілдестім.
«О, ұлы баба, сен өз заманыңның заңғар ұлы болсаң, мен өз заманымның зарлы ұлы боп туыппын. Мүмкін, заманымнан озық боп тудым ба, білмеймін. Сен артыңа ұрпақтарың үлгі қылар ұлағатты іс қалдырдың. Мен артыма ұрпақтарым айта жүрер сөз қалдыруға тырыстым. Аруағың разы болсын, тәңірім жарылқағай», – деп, басымды иіп, тағзым еттім.
Мақсатым көп еді. Мақсатым ізгі еді. Мақсатыма жете алдым ба, білмеймін. Оны келешек оқырман, келешек ұрпақ бағалар. Бәлкім, бабама арнаған ескерткішім аяқсыз қалмас. Келешек ұрпақ түсінер мені…
– Сонда қалай, Мұқаш? Поэмаңды жарияламайсың ба? – деп, таңырқай сұрады.
– Е-е, Шәке, бұл поэмамды жарияласам, бүгінгі оқырманым да дұрыс бағалай алар, бәлкім. Бірақ, баспаға ұсынсам, цензура өткізе ме? Қолынан қайшы түспейтін редакторлар қиқалап тастай ма деген уайымым бар. Қайшыға түсетін қандай жыр жолдары барын өзім де біліп отырмын.
– Мұқаш, ол рас, рас. Басыңнан сипамасы анық. Партиядан жақсылап тұрып таяқ жейсің. Мысал ретінде мен саған Жұмекен екеуміздің «Менің Қазақстаным» әнін қалай жарияламақ болғанымызды айтайын.
«Мәдениет және тұрмыс» журналына бардық, музыкаға қатысы бар ғой деп. Бір дөкей отыр екен, желпініп. Маңғаздана, тексті тексеріп, бір қарап шықты да: «Как так?! Мыналарыңда Коммунистік партия туралы бір ауыз сөз жоқ», – деді, сыздана. «Партияны әр өлеңге тықпалай беру міндет пе?» – деп, өзімізше уәж айтуға тырысып едік, дүрсе қоя бергені.
Сосын біраз тәжікелесіп көрдік. «Оу, бұнда біз ашып айтпасақ та, емеурін білдіріп, партияның бастауымен гүлденген бүгінгі Қазақстанымызды мақтаныш етіп жырлап тұрмыз», – дейміз біз. «Болмайды, жетіжылдық жоспар туралы бір ауыз қосыңдар», – дейді ол.
Содан, не керек, «бірдеңені бүлдіріп алмай тұрғанда, осы бәленің айтқанына көнейік» деп шештік. Жұмекен отыра қалып, бір шумақты қолма-қол қосып берді.
Жеті жыл жоспары,
Жеті қыр асқаны.
Думанды бастады
Қазақтың жастары.
Анау соған келіскендей болды, әйтеуір. Журналға текстің түзетілген нұсқасы басылды, сөйтіп. Бірақ, бұл кезде радиодан бастапқы нұсқасы беріліп, халыққа солай танылып кеткен-тұғын.
– Жұмекен екеуіңнің «жырың болып төгілемін» дегенде, айтқыларың келген түпкі ойларыңды цензорлар түсінбеді дейсің бе? Түсінгенде қандай! Түсінсе де, бір себебін ойлады. Ән халыққа кеңінен тарап кеткесін, тартынды. Әйтпесе, тентіретіп жіберуге шамасы жетер еді.
Мен музыкадан бірдеңе түсінер болсам, «Менің Қазақстаным» әні – марш әуенді «Марсельеза» сияқты революциялық әнұран болуға тұрарлық ән. Оның құдіреттілігі – адамның жанын тебірентуінде. Естіген адам өзінен-өзі толқып, ұлттық, патриоттық сезімге беріліп, асқақ күйге түседі. Осындай құдіретті ән авторының еркіндікте жүруіне ерік берген олар көрсоқыр емес шығар. Бір есебі болды, әйтеуір. Құдай сақтап қалған ғой сені.
– Ой, Мұқаш, мақтауыңа рахмет. Өзің музыкадан бірдеңе түсінбек түгіл, анау-мынау музыка зерттеушісінен артық білетіндейсің ғой. Әннің сипатын дөп басыпсың. Болжамың да дұрыс.
Рас, сол жолы құдай сақтап қалды. Одан басқа саяси әнім болмады да. Ғашықтық әндерім үшін қудалаудың жөні жоқ еді. Бірақ, тырнақ астынан кір іздейтіндерге ілік табу оп-оңай ғой.
– Шәке, мойындашы, сенің бір ғана саяси әніңнің салқыны өзіңді өмір-бақи тентіретіп, сергелдеңге түсіріп қойған жоқ па? Консерваториядан қуылғаның да сол себеп, ешбір жұмысқа алынбауың да сол себеп, композиторлар одағына қабылданбай жүруің де сол себеп. Олар сенің мүлт кеткеніңді ешқашан кешірмейді. Сен олар үшін «сенімсіз саяси элементсің». Басқан ізіңді аңдиды да жүреді. Аяғыңнан шалуын да қоймайды.
Мұны мен саған мұңым бір болғасын айтып отырмын, Шәкем-ау. Қос мұңлықпыз ғой екеуміз де. Бірақ, мұңайсақ та, мойымайық. Кел, досым, одан да көңіл көтерейік. Кәне, «Менің Қазақстанымды» басташы.

***
Телефон тұтқасының ар жағынан Шәмшінің қарлыққан үні естілді. Жөткірініп қойып: «Әлеу, Мұқаш», – деді. Досының даусын естіп, Мұқағали қуанып кетті.
– Өй, айналдым даусыңнан, Шәкем-ау! Сен өз репертуарыңдасың, пәлі. Жыл құсындай сағындырып, жеттің бе?
– Жаурап жүрген жанымды жылытып алайын деп кеп қалдым, Мұқаш. Айтқандай, «Социалистік Қазақстанда» басылған поэмаңды оқыдым. Құтты болсын!
– Рахмет, Шәке. Шүкір, әйтеуір, «қуаланды қу байтал» хәлінде жарық көрсе де, «СҚ» сықитып басыпты.
– Мұқаш, одақта жолығайық та. Қалаубекке кіріп шығатын бір шаруам бар. Сосын боспын.
– Жақсы, Шәке. Өзім де одаққа барғалы жиналып жатқам.
Көктем күні жаймашуақ болса да, салқындау көрінді. Плащының кең жағасын көтеріп алды. Байсейітова көшесімен төмен қарай түсіп келе жатып, түрлі ойларға берілді.
Одақ ғимаратының алдында бір топ адамның сөйлесіп тұрғанын анадайдан көрді. «Сағынайдың асын талқылап тұрғандай кімдер екен бұлар?» – деп ойлады.
Таудай боп тұрған дәудің Әнуарбек екенін бірден біле қойды. Орта бойлысы Әсет болар. Екеуі жұп жазбаушы еді ғой. Одан кейін талдырмаш денелі Шәмшінің сұлбасын шырамытты. Оның қасындағы дәу Оспанхан болу керек. Екі-үшеуінің топтан бөлініп, ішке кіріп кеткенін байқап келеді. Олардың кім екенін танып үлгермеді. Біреусі Қалаубек болуы мүмкін, соған ұқсатты.
Жақындай бере, олардың жер жара күлген дауыстарын естіді. Шәмшінің әзіліне күліп жатқаны анық. «Анекдот айтуға да сақтық керек, жігіттер. Бір Берия өлсе де, тағы бір берияның шықпасына кім кепіл?» деген сөзінің соңын естіп қалды. Тыңдаушыларын бас шайқатып, кәдімгідей ойлантып қойды.
– О, екі композитор, екі балалар жазушысы одақ құрыпты ғой, – деп әзілдеді Мұқағали, құшағын жайып, топқа қосыла бере.
– Орта толсын, Мұқаш, – деп, Шәмші оны бірінші боп құшақтай алды.
Бәрімен жағалай амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан соң, Мұқағали:
– Ал, есепке кім жүйрік? Төртеу едіңдер, енді бір сом қосылды, неше шөлмек шықты? – деп, күле сұрады.
– Мұқаш, бір шөлмегің кеміді деп есепте. Мына досымыз үй алғалы «бұзылып», ішпейтін бопты, – деді Әсет, Шәмшіні иегімен нұсқап.
– Бәтшағар, мен екі бірдей керемет жаңалық естіп тұрмын ғой, – деп, Мұқағали Шәмшіге бар денесімен бұрыла қарады. – Үй алғаның да, ішуді қойғаның да рас па?
– Екеуі де рас, Мұқаш. Пәтер алғанымды естімей қалған екенсің ғой, – деді Шәмші, қипақтап.
– Біз де естімей қалдық, – деді Әнуарбек, Оспанханға қарап.
Оспанхан Шәмшінің иығынан ұстап тұрып:
– Ей, бұл қудың сүйіншісін өзім беріп, жуғызғам, – деп күлді. – Үйінде отыратын сынық тәбіреткісі де жоқ байғұстың. Тақыр еденге кәзит төсеп, малдас құрып отырғанбыз.
Оның сөзіне бәрі ду күлді.
– Әлі көшіп те үлгерген жоқ едік, – деді Шәмші, ақталғандай.
– Ей, жігіттер, не десеңдер, о деңдер, мына тұрған Шәмші бәрімізден де бақытты. Не жұмыстан, не одақтан қуыламын деп қорықпайды, – деп әзілдеді Мұқағали. Шетінен «мен атайын, сен тұр» жігіттер «не дер екен» дегендей, Шәмшіге қарады. Ол өңін бермей, саспастан:
– Бір сормаңдай әке жылап отыр дейді. «Қызым күйеуге кетті деп емес, барған жерінен қайтып келе ме деп жылаймын» деп. Сол айтқандай, мен пақырың «одақтан қуыламын» деп қорықпаймын. Мен одаққа кірсем, ондағылар тым-тырақай қашып кете ме деп қорқамын.
– Өйтіп, қорықсаң, жақсы ән жазба, – деді Әсет.
– Әй, Әсет, айтсайшы байыптап, жақсы ән жазу айып па? – деді Әнуарбек.
– Мына тұрған ауыз, сөйлей білмесе – жауыз. Өздері жақсы ән жаза алмағасын да Шәмшіні маңайына жолатпай жүргені, – деді Оспанхан.
– Е-е, ертерек өліп кеткен Ақан Сері, Біржан Салдарың неткен бақытты. Әйтпесе, «дипломың жоқ» деп, оларды баяғыда-ақ қуып жіберуші еді, – деп күлді Мұқағали.
– Менің бір таң қалатыным, өздері дипломы жоқтарды мойындамайды. Ал, Құрманғазының атын әкеледі де, консерваторияға береді. Құрманғазың қай консерваторияны бітіріпті? – деді Шәмші, міз бақпай.
Алқа-қотан топ оның астарлы сөзіне бас шайқап, күліп алды.
– Ай, жігіттер, француздың Виктор Гюго деген жазушысы «Күні бойы бір рет езу тартып күле алмасаң, онда ол күнің зая» деген екен. Біраз күлістік. Ендігі кезек мына менікі болсын. Мен жуайын Шәмшінің үйін. Таздан тарақ, Шәмшіден арақ қалған заман туыпты дейді. Ішпесе, өзі білер, – деді Мұқағали, айнала қарап.
– Мұқаш, осы қазір мына Әнуарбек, Оспанхан үшеуіміз Талдықорғанға жүргелі тұрмыз. Мен онда өзім басқаратын «Гүлдер» ансамблінің концертін қойып жатырмын. Қалаубекке осы шаруамен келгенбіз, негізі. Шәмшіні шақырсам, сені күтіп тұрғанын айтты. Ақыры, екеуің бос екенсің, бірге жүріңдер. Кім біледі, екеуің «Талдықорғаным әнімнен» бөлек жұрт аузынан түспейтін бір шедевр шығарып қайтарсыңдар, мүмкін, – деді Әсет.
Мұқағали басын шайқап, Әсеттің арқасынан қақты.
– Әсетжан, жігіттер, ренжімессіңдер. Ұсынысың жақсы-ақ. Бірақ, дәл қазір Талдықорғанға баратындай жағдай жоқ. Шәмші екеуміз көріспегелі көп ай болғасын, осында әдейі іздеп келдім, – деп, Шәмшінің иығынан қапсыра құшақтады.
Былай шыққасын Шәмші:
– Айтқандай, Мұқаш, одақтағы шаруаңды ұмытып кеткен жоқсың ба? Кіріп шықпадың ғой? – деп сұрады.
– Жоға, Шәке, одақта шаруам жоқ. Саған арнайы келдім ғой. Қызталақ, одақты сыртынан болса да, бір көріп кетпесем, көңілім көншімейді. Өзің ше? Қалаубекке жолықтың ба? Жаңа біразда сендермен бірге тұрды ғой деймін.
– Иә, жолықтым. Сәлден соң әлгі жігіттер кіріп келді. Кілең сайдың тасындай жігіттер. Бауыржан ағамыз да кеп қалды. Ол да бір паровоз. Бөлме іші түтінге толып кетті. Қалаубек «таза ауа жұтайықшы бір» дегесін, сыртқа шыққанбыз ғой.
Шәмші темекісін тұтатып жатып:
– Мұқаш, әлгіде аса мән бермеппін. Есіме енді түсті. Өзіңнен сұрайыншы. Анекдот айтып тұрып, байқап қалдым. Баукең сені көріп, жас балаша тұра қашқаны несі? Шалт бұрылып, осы Қалаубекті сүйрегендей, қолтықтап алып, ішке кіріп кетті. Қалаубектің бөлмесінде отырғанда сенің келе жатқаныңды айтқам-ды. Сенің атыңды естісе-ақ, оның осы қыпылдай бастайтынындай не сыры бар? – деп сұрады.
Мұқағали қарқылдап күліп алды.
– Е, Шәке, өзің білесің, Баукең қазақша біле тұра, орысшалайды ғой. Бір күні шыдай алмай: «Момышұлы жолдас, осы арада жалғыз сіз ғана емес шығар орысша білетін. Біз де орысша бір кісідей білеміз, бәтшағар. Білсек те, артымызды қысып жүрміз ғой», – дедім ардың-күрдің. Үндей алмай, жым болды. Содан бері мені көрсе, қашатын болды.
Мені одақтан шығарғалы жатқанда Баукеңнен араша сұрағаным бар. «Аға, кезінде ұлы отанның лүпілдеген отты жүрегі – Мәскеуді қарулы қалың немістің қанды шеңгелінен қорғап қалдыңыз. Енді ат төбеліндей аз ғана топтың батырған тырнағынан бір ақын ініңізді аман алып қалуға шамаңыз келмей ме?» – деп салдым. «Мұқаш, қамықпа, ақындықтың алтын тағы астыңда», – деп, кете барды. Маған қырғидай тиген қыртымбайлардан қорғай алмаған айыбын да сезінетін шығар, кім біледі.
– Ойпырмай, ә? Батырға да жан керек екен-ау, – деп, тамсанды Шәмші. Сосын күліп:
– Баяғыда осы оспақшыл Оспанханмен бірге оқыдық қой. Нұрсұлу деген қостанайлық бір жетім қыз болатын. Өзі орысшалау. Соны алам деп қоймады. Менен сұрайды: «Шәке, қалай?» – деп. Күлдім. «Алсаң, дайын орысың қасыңда», – дедім. Ничего, отасқан соң қазаққа айналдырып алды ғой, әйтеуір. Зымыраған уақыт-ай десейші, – деді.
– Иә, Шәке, уақыт бәріне сыншы ғой, – деп, езу тартты Мұқағали.
– Мұқаш, сен ат қойғышсың-ақ. Маған қойған лақап атың бар ма? – деп сұрады Шәмші, аяқ астынан әуестік танытып.
– Жәмшид Отырарский, – деді Мұқағали, қолмен қойғандай.
Шәмші риза болғандағы әдетімен шиқылдай күлді.
– Әбілахат та мені ара-тұра «Жәмшид» деп шақырады. Әрине, ол «Отырарский» деп қоспайды. Бірақ, «Шәуілдірдің Шәмшісі» дейтіні бар. Мен оның атын қысқартып, Ахат деймін ғой, – деді Шәмші, темекісін үсті-үстіне бұрқыратып.
Мұқағали езуіне күлкі үйіріліп:
– Бір күні Әнуарбек екеуміз сөзбен әбден сойылдастық. Аянбадық. Ол да қайтпайды. Мен де бет қаратпаймын. Бір кезде ол: «Осымен доғарайық, Мұқаш. Әйтпесе, бар ғой, тұп-тура Шәміл ағама айтып, сені сабатып алам, – деді. Өзі «қой» дегесін, сабама түстім. Артынша: «Гулливер мындай болса, ағасы қандай екен?» – деп ойладым. Көз алдыма тау көтерген Толағай елестеді. Шәмілді көргім келді. Сөйтсем, бойы сырықтай, қолы шыбықтай, өзі қыздай нәзік жігіт екен ғой. Дон Кихот нағыз. «Ә, қызталақ, Гулливер мені қатырыпты!» деп, санымды бір соқтым. Шәміл екеуміз тез шүйіркелесіп кеттік. Поэзиядан хабары мол екенін көрсетті.
Ардағым Торғай, асылым Торғай,
Ағыныңмен бірге ақтым.
Егер сен тасқын өлең-жыр болсаң,
Мен сенен туған ырғақпын! – деген сияқты жыр шумақтары Шәмілдің ақындық қуатын паш етті. Мәрттігін айтсайшы оның. Атымтай Жомарт қой.
Мұқағали жарқылдай күліп:
– Әй, Жәмшид Отырарский, осы күні ұмытшақтық пайда болды менде. Бірді айтып, бірге кетіп қаламыз кейде. Үй алғаныңды ұмытып бара жатқанымды айтам да. Сен өзің үндемей жүріп, пысық екенсің ғой. Жұрт ала алмай жүрген пәтерді қалай алып жүрсің, ей? Әлде Жәмила ма, пысықтық танытып жүрген? – деп сұрады.
– Жәмиланың қолынан қайдан келсін? Шарль де Голль ғой, пәтер бергізіп жүрген, – деп, шиқылдай күлді Шәмші.
– Қойшы сен де. Шарль де Голль баяғыда өліп қалған жоқ па? – деді Мұқағали, қолын сермеп қойып.
– Е, ол өліп қалса да, Қонаевтың есінде қалған ғой, – деп, Шәмші еш күлместен, әңгімесіне кірісті.
– Былтыр жазда маған жанығып Нұрғиса жүгіріп келді. «Әй, қалқанқұлақ, қайда жоғалып кеттің?! Сені іздеп, жер-көктен таппадық қой», – деді салған жерден. «Нұреке, не боп қалды?» десем: «Сені Қонаев іздетіп жатыр, жүр дереу», – деп сүйрей жөнелді. Жолай оның мәнісін айтып жеткізді. «Ойбай не дейсің, Димекең Францияға барған кезінде Шарль де Голль одан «Қалдаяқовтың жағдайы қалай?» деп сұрапты. Франция президенті қайсыбір жылдары Байқоңырда болған ғой. Қазақтар туралы біледі екен. Қалдаяқов туралы да естуі бар көрінеді. Бұл осыдан үш жыл бұрын болған оқиға дейді. Ал, таяуда Үндістанға барған сапары кезінде олар Димекеңді сенің әндеріңді айтып, қарсы алыпты. Содан, не керек, баяғы Шарль де Голльдің Қалдаяқовты сұрағаны есіне түсіп, елге келгесін сені іздетіпті. Құдайым берді дей бер, қалқанқұлағым. Сен енді, бәрін қойып, Димекеңнен үй сұра. Еш қысылма, дабай», – деп, мені қайта-қайта қайрады.
«Нұреке, менде микрорайонда екі бөлмелі пәтер бар ғой», – десем: «Өй, сен қайын жұртыңның үйін айтып тұрсың ба? Сол да сөз бе екен?! Ондай балтай-шалтайыңды қой», – деп, кәдімгідей ұрсып тастады. Сөйтіп, ойда-жоқта Қонаевтың қабылдауында болып, үш бөлмелі пәтер алып шықтым, Мұқаш.
Мұқағали Шәмшінің жүзіне барлай қарап:
– Қандай кісі екен? – деп сұрады ақырын ғана.
– О, Мұқаш, Димекең өте сыпайы, барынша қарапайым кісі екен, – деп, Шәмші әңгімесін жалғастырды.
– Маған үш-төрт сұрақ қойды. «Шәмші, келін бар ма?» – деп сұрады. «Келін бар, аға, екі ұлым бар», – деп едім: «Жақсы екенсің ғой», – деді, үлкен ризашылығын білдіріп. «Шымкенттенсің ғой, ә?» – деп сұрады бір кезде. «Иә, аға, Шымкенттің жігітімін, кіші жүз, жағалбайлымын», – деп едім, Димекең қабағын шытып: «Жігіттер, мыналарың дұрыс емес. Қазақтың түбіне жетіп жүрген де осы мәселе. Мұндайды қойыңдар», – деді. Жерге кіріп кете жаздадым. Сосын маған: «Шәмші, сен ана мәселені доғаруың керек», – деді. Ішкілікті айтып отырғанын бірден түсіндім. «Иә, аға, доғаруға сізге уәде етемін», – дедім.
Әңгімеміздің соңында Нұрғиса: «Аға, мынау Ыдырыс Ноғайбаев деген ініңіздің үй сұрап, сізге беріп жіберген арызы», – деп, бір қағазды ұсынды. Димекең телефонның тұтқасын көтеріп: «Әй, Саттар, осы қазір менің алдымда Қалдаяқов пен Тілендиев отыр. Әнеугүнгі екеуміз келіскен мәселе сөзбұйдаға салынбасын», – деді. Іштей мырс еттім. «Сөзбұйда» дегені тура менің сөзім ғой.
Мен Димекеңнің өзіме деген ыстық ықыласын сезіндім. Оның маған ішуді доғаруды шын тілейтінін түсіндім. Оның да құлағына жеткен екен ғой. Атақ шіркіннің де естісі бар, есері бар. «Айқайлағанның бәрі әнші емес, арақ ішкеннің бәрі Шәмші емес» деп, менің атымды араққа қосақтап қойғанының өзінен менің атағыма кір келіп тұр емес пе? Қой, мына жүрісім не жүріс? Осы оймен ішуді қою керек деген шешімге келдім, Мұқа.
Мұқағали Шәмшінің иығынан қапсыра құшақтады.
– Дұрыс, Шәкем. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, екеумізді жұрт ішкіш көретіні, ішуін қоймайды деп ойлайтыны жасырын емес. Ішсе ғана ән жазады, жыр жазады деген пікірде. Оның жалған, жала екенін екеуміз жақсы білеміз ғой.
Бірдеңе жазар кезде мен аузыма татып та алмаймын. Үш рет тілімді кәлимаға келтіріп, дұға жасайтынымды былайғы жұрт қайдан білсін? Үлкен дүниеге кірісер шағымда моншаға барып, ғұсыл құйынып, тазаланатын әдетім барын да ешкім сезбейді.
Кенет Шәмші Мұқағалидың бетіне жалт қарады.
– Айтпақшы, Мұқаш, сұрайын деп ұмытып барады екем. Үлкен дүние демекші, бағана сен поэмаң туралы «қуаланды қу байтал» хәлінде жарық көрді деп айтып қалдың ғой. Соның не мәнісі бар? – деп сұрады, қызығушылық танытып.
Мұқағали сөзін бастамастан бұрын күліп алды.
– Қызталақ, олар менің поэмамды бірден баспай, біраз уақыт ұстаған жоқ па? Әбден жалындырып барып, тұп-тура бір ай өткенде жариялады.
Поэзиядан хабары жоқ бір кеще отырып алып маған: «Мақатаев, сіздің поэмаңыз Чили оқиғаларынан кешігіп қалған, Пабло Неруда әлдеқашан өліп қалған», – дейді ғой. Мен оған: «Мен репортер емес, ақынмын ғой. Менің поэмам – жалғыз Чили оқиғалары емес, әлемдегі жағдай жайлы, ақынның қоғамдағы рөлі туралы. Пабло Нерудаға арналғанмен, мұнда дүниедегі барлық ақынның мұңы бар», – деймін. «Міне, тыңдашы өзің» деп, үзінді келтіремін:
Барлық ақын – баласы бір ананың.
Ақын келсе өмірге, қуанамын,
Ақын өтсе өмірден, жылағаным.
Барлық ақын – баласы бір ананың.
Барлық ақын – бауыры тірі адамның!..
«Мені дұрыс түсін, қымбаттым, поэзия журналистика емес, ал, ақын дабыра туғызатын жағдайларға жүгіре беретін журналист емес», – десем, түсінбейді. «Онда не асығыс, күтіңіз, кезекпен басылады», – деп, міз бағар емес. Зейноллаға рахмет, бар беделін салып, басылуын тездетті.
Сенесің бе, Шәке, поэмамды 27 қаңтарда бір демде, бір отырғанда, үзіліссіз, бірде-бір түзетусіз, таңертеңгі оннан түнгі он екіге дейін жазып бітірдім. «Менімен сайысып көріңдер, кәне» деп, ертеңіне-ақ редакцияға апарып тапсырдым ғой.
Шыны керек, мені тынышсыз елдің тағдырынан гөрі, Пабло Неруданың тағдыры көбірек алаңдатқан-ды. Әсіресе, ақын өмірінің соңғы сағаттары қатты толқытты. Өлер алдында не туралы ойлады екен? Бәлкім, іштей: «Чили, шуағым менің!» – деген шығар. Бәрі де ақынның жүрегі арқылы өтеді емес пе? Жүрегім арқылы өткізіп барып, жаздым бұл дүниемді.
– Ой, Мұқа, поэмаң мықты жазылған. «Чили – шуағым менің» деген атының өзі соншалықты жылы, шуақты. Алайда, ондағы өзің суреттеген оқиғалар соншалықты аянышты.
– Чилидегі оқиғалар басталғанда, мен Мәскеуде едім. Әдеби институтқа түскем-ді.
– Жұмекен де сонда оқыған жоқ па?
– Ол менің алдымда бітіріп кетті ғой. Мен үйдегі бір жағдаймен оқуымды оқыс үздім де, одан әрі жалғастыра алмадым. Әйтеуір, көңілге бір демеу болатыны – шығармашылығым. Бар қуанышым да, шуағым да сол.
– Расында да, Мұқа, соңғы жазған поэмаң ақындарға арнап жазған ода дейтіндей дүние екен. Ода сипатты оптимистік трагедия дейінші. Зейнолла, Жұмекендер жылы лебізін білдірген жоқ па? Мен басылым беттерінен сын көрмедім, әйтеуір.
– Зейнолла, Жұмекендер өз пікірін ауызша ғана білдірді. Асылы, жұрттың бәрі бір адамдай жақсы қабылдаған тәрізді.
Шәке, Чеховтың мынадай бір керемет сөзі бар. «А сколько погибло цивилизаций и великолепных произведений искусства только потому, что в свое время не было хороших критиков», – дейді ол. Қазақшаласақ: «Тек қана өз уақытында жақсы сыншылардың болмауынан қаншама өркениет пен ғажайып өнер туындылары құрып кетті екен десеңші».
Көргісі келмегендер көрмей-ақ қойсын, әйтеуір, бір нәрсеге өзіме-өзім дән ырзамын. Ол – өзімнің ақындық болжамым, ақындық интуициям. Пабло туралы менің поэмамнан кейін одақтық баспасөзде көп материалдар жарияланды. Әрине, олардың бірімен де мен таныс болған емен. Солармен кейін таныса отырып, дәл басып, бұрын білмеген жайттарымды алдын ала нақ айтқаныма мақтанам. Неруданың сүйегін қабірінен қазып, ұрлап әкетіпті, кітаптарын өртепті. Мен мұны білгем.
Ойран болса егерде жер бетінде,
Ол алдымен ақынның келбетінде.
Жер жарасын болар-ау жөндетуге,
Ақын жанын болмайды емдетуге!..
Шәке, менің ойымша, өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де қақысы жоқ. Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни, философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ал, ақынның міндеті – суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз – өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда, салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек. Қазір ақын болу қиын, бәтшағар.
– Оһоу, Мұқа, ағыл-тегіл айтылған мына інжу-маржандай асыл сөздеріңді әдебиет пәнінің оқулықтарына енгізіп, Жазушылар одағының маңдайшасына алтын әріптермен жазып қоюға тұрарлық екен.
– Шәкем-ау, өзім кейде жорта мақтана сөйлесем де, мақтауға жоқ мына мені бұлайша көкке көтеруің майдай ерітіп-ақ жіберді.
Асылы, мен өз шығармашылығымда қай жерде әлсіз, қай жерде күшті екендігімді өзім жақсы білем. Әлсіз жерім менің кінәм емес, ал, күшті жерім мен өмір сүріп отырған ортаның еңбегі емес. Үнемі өзімді өзіме қадағалатып, мәңгі мені қауіптендірумен келе жатқан уақыттың да еңбегі емес. Мені әлдебіреулер мақтаса, шын бағамды білмей, бүлдіре ме деп қорқатыным сол.
Ал, мына сен, Шәке, менің көңіл-күйімді тап басасың. Сөзіңде еш жасандылық жоқ, табиғи. Білесің бе, кейбіреулер сау жүріп те, мас адамның сөзін сөйлейді ғой. Ал, сен ішсең де, «трезво» ойлайтынсың. Енді, тіпті де «гениальный» ойлар айтатын болдың, – деп, жарқылдай күлді Мұқағали.
– Сенің шын бағаңды халық беріп қойған, Мұқа, мен тек соны қайталаймын, – деді Шәмші, жымиып қана.
«Әй, Шәмші, Шәмші! Сен бір әулиесің-ау!..»

***

Мұқағали көшенің бойында тұрып, әрлі-берлі қарап, көзімен Шәмшіні іздеді. Мәшиненің қатты дыбыстық белгісін естіп, жолдың арғы бетіне немкетті көз тастағанда барып, көрді жан досын. Шәмші сары «жигулидің» қасында бір бүйірін таянып, темекі шегіп, жымыңдап тұр екен.
– Өй, Шәке, мына тұрысың не тұрыс, мәшине алғандай? – деп сұрады бұл, жақындай бере.
Шәмші үндеместен, баланың арқасынан қаққандай алақанымен мәшиненің төбесінен сарт-сарт еткізіп, ұрып қойды.
– Әй, серім-ай, сағындырып келген сайын бір жаңалығыңмен таңғалдырасың да жүресің, – деп, Мұқағали келе, құшақтай алды досын.
Амандық-саулық сұрасқасын, екеуі мәшинеге жайғасқанда, Шәмші рөлді дөңгеленте, аялай ұстап:
– Мұқаш, бір жамбылдық жігіттер сыйлап берді бұны. «Әй, жігіттер, бұларың қалай? Мен мәшине айдай білмеймін ғой, правам да жоқ» десем: «Шәке, ер жігіттің астында арғымағы болуға тиіс. Ел ардағы сізді жаяу-жалпылатып қойғанымыз жарамас. Права деген сөз бе екен, алты-ақ ай ішінде оқып аласыз», – деп қоймады. «Рахмет, халқыма, өзі киіндіріп, өзі шешіндіреді, өзі ат мінгізіп, өзі аттан түсіреді», – деп әзілдедім. Түсінігі бар жігіттер екен, – деді, риза көңілмен.
– Мәрт екен жамбылдық жігіттер! Шәке, байғазысына мен бір өлең оқып берейін, – деп, Мұқағали жыр жолдарын төгілте жөнелді.
Күндіз көңіл тыншымас, түнде көңіл,
Бәрі аян:
Еткен тірлік, сүрген өмір.
Түнгі ұйқымды төрт бөліп, мазалаған,
Көкейімде, жолдастар, бірдеңе жүр.
Бірдеңе жүр…
Білмеймін не боларын,
He келерін басыма, не қонарын.
Су аяғы құрдымнан ойымды алып,
Су аяғы құрдымда доғарамын.
Бірдеңе жүр…
Білмеймін не боларын.
Жоққа жүйрік жетпейді,
Жеткізбейді!
Кім біледі, қу көңіл жоқты іздейді.
Жолын тауып, жолдастар, дариядан,
Жел қайыққа мінгіз де, өткіз, мейлі.
Су аяғы құрдым ғой ой дегенің,
Қалай ғана құрдымға бой беремін!?
Әлі талай алдымда салтанат бар,
Әлі талай алдымда той көремін.
Meн өмірге келмегем күдікпенен,
Үмітпенен енген ем, үмітпенен.
Жоқ іздеген жандайын әзірге мен,
Әйтеуір, жүріп келем, жүріп келем…
– Рахмет, Мұқа, жарадың! Жасай бер! Мына өлеңің менің де бір сәт тыншымайтын көңіл-күйімді тап басып қана қоймай, досымыз Төлегенді де еске түсіріп жіберді ғой, – деген Шәмші:
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ… бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай,
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам… – деп оқушы еді ол өлеңін. Сағындыртты ғой бізді, – деді, даусы құмығып.
– Иә, Шәке, мен де оны ауық-ауық есіме алып қоямын. Бір тойына жете алмай, арманда кетті ғой аңқылдаған ақжүрек азамат.
– Қайран дос: «Дорбаңда наның барда ашыққан, құдықтың қасында тұрып шөлдеген қандай-ды. Ең мықты өлеңің де, ең нашары да сол кезде туады», – деуші еді.
– Төлегенде нашар өлең жоқ қой, – деді Мұқағали, басын шайқап.
– Өзі де «ең мықты өлеңіңді оқышы» десең, «бәрі бірдей мықты ғой, қайсысын оқиын?» деп, жас балаша қутыңдайтын. Менің әндерімнің сөзін де еш қиналмастан-ақ жазатын марқұм, – деді Шәмші, естелікке беріліп. Сосын мәшиненің рөлін ақырын сабалап қойып:
– Ал, Мұқаш, зымырап отырып, Медеу жаққа барып, табиғатқа шығып, таза ауамен тыныстап қайтпаймыз ба? – деп сұрады.
Мұқағали оның жүзіне барлай қарап:
– Темір тұлпарыңның тізгіні өзіңде ғой, Шәкем-ау, – деп күлді.
– Оу, арғымағым арқырап тұр. Рахат, қалаған жеріме жеткізеді, – деді Шәмші, мәшинесін оталдырып жатып.
Мұқағали Шәмшінің мәшинені кәнігі жүргізушілердей айдайтынына таңғалды. Екі-үш көшеден кейін бұрылып, Ленин даңғылына түсіп алды да, тау жаққа өрледі. Шәмші оның таңданысын байқағандай:
– Мұқаш, осы күні мен жұртқа былай әзілдейтін болдым: «Шопырдың алқаш боп кеткенін көріп жүрген шығарсыңдар. Ал, алқаштың шопыр боп кеткенін көрдіңдер ме?» – деді, шиқылдай күліп.
– Арағың қалса да, әзілің қалмайды-ау, досым. Бірақ, шыны керек, ат құлағында ойнайтын қазаққа таңғалмасақ та, мәшинені «қақпақылдайтын» қазаққа таңғалатынымыз рас, – деп күлді Мұқағали да.
– Өй, оны айтасың, Мұқаш, мен Сахалинде әскерде жүргенде, мәшине емес, танкі айдағанмын! – деді ол.
Шәмші мәшинесін мұз айдынына жеткізбей тоқтатты. Шәй құйылған термосын шығарып жатып: «Мұқаш, әнебір биік қырға шығайық», – деді. Бірінің соңынан бірі еріп, шаршаған сәтте ауық-ауық тыныстап, қыр басына шыққанша үнсіз жүріп келді.
– Түһ, шіркін, жеттік-ау, – деді Шәмші, ентігін баса алмай тұрып.
– Ауасын айтсайшы, Шәкем-ау, мынадай саф таза, мөлдір ауасын! – деген Мұқағали, ентіксе де, құмары қанбағандай, қайта-қайта кеудесін кере дем алды.
Қырдың үстіндегі көк майсаға жайғасқаннан кейін Шәмші оған «шөл басайық» деп, термосын ұсынды. Суыңқырап қалса да, жылылау шәй тамақ жібітуге жетіп жатыр.
Шәмші құлашын кеңінен жайып:
– Айналаға қарашы, Мұқаш, қандай ғажап! Әне жайшылықта бұлдырап тұратын ақбас шыңдар алақанға салғандай ап-анық, – деп, иегімен нұсқады.
– Иә, Алатауды жақыннан көру бір ғанибет қой. Сірә да, Нұрғиса мен Нұрсұлтан да екеуміз сияқты тау басына шығып алып: «Алып тұлға байсалдым», – деп, ай-хай, шіркін, бір шабыттана шырқаған шығар-ау, – деді Мұқағали жарқын үнмен.
– Оған сөз бар ма, Мұқаш-ау. Ақын мен композитор одағынан небір ғажап әндер туындайды ғой. Ал, ақын да өзі, композитор да өзі болса, одан асқан ғажайып бола ма? Өкінішке орай, заманы солай ма, адамы солай ма, ондай өнер өшіп барады. Сал-серілікті айтам да. Естай болды-ау деймін сал-серілердің соңғы тұяғы, – деді Шәмші, күрсініп қойып.
– Шәкем-ау, бүгінгі заманның сал-серісі, бүгінгінің Естайы мына өзіңсің ғой, – деп, Мұқағали риясыз көңілмен досының арқасынан қақты.
Шәмші басын изеп қойып, досының бетіне жұмбақ жымиыспен мейірлене қарады:
– Шыны керек, Мұқа, мен осы уақытқа дейін Естайдың «Қорланын» айтып келе жатсам да, өмір-бақиына Ақан Серінің аруағын арқа тұтып келдім ғой. Ең алғаш Ақан Серінің әндерін Естайдың әні сияқты анамның аузынан естісем де, ақынды шын танытқан Сәкен Жүнісов болды. Ой, оның даусы деген керемет қой. Консерваторияда өткен бір кеште оның даусына тәнті болғам. Ән табиғатын терең түсінеді екен. Әншілік жолға түссе, түбінде мықты әнші болып шығушы ма еді?
– Бірақ, онда жақсы жазушыдан айрылып қалушы едік қой, Шәке. Ақан Сері жайлы романы дүниеге келмес те еді, кім біледі?
– Иә, Сәкен бар өмірін Ақан Серіні зерттеуге арнады десе болады. Сол кеште ол Ақан Сері жайлы ізденіп жүргенін ақтарыла айтып еді. Оның әсерлі әңгімесінен кейін Ақан менің де аққу-арманыма айналды ғой. Басына барып, бір түнеуді армандаушы едім. Осы жазда сол арманым орындалды, Мұқа.
– Дұрыс болған екен, Шәке. Қалай, тілдестің бе?
– Өй, оны қайдан біліп қойдың?
– Түрің айтып тұрған жоқ па?
– Қайдам, менің түрім бірдеңе айта қоятындай емес еді.
– Сенің түріңнен көп нәрсені көрем мен.
– Ойбай, Мұқаш, ондай қасиетіңді бұрын-соңды байқамаушы ем.
Мұқағали мырс етіп күлді де, арқалана сөйлеп кетті.
– Жоға, Шәке, менің ақындығымнан өзге артық қасиетім жоқ. Мен зерттеуші психолог та, бал ашушы көріпкел де емеспін, ақынмын. Асылы, адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін. Өйткені, өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады.
Ақын деген сондай халық қой, Шәке. Әлгінде саған арнап оқып берген өлеңімде сенің көңіліңді де тап басып айтқанымды мойындадың. Ол неліктен? Өйткені, екеуміз егіз қозыдай ұқсаспыз. Екеуміздің мұңымыз да бір, сырымыз да бір. Жыр жазбасаң да, сен ақынсың. Сен ақынжандысың ғой. Сенің шуақты жаныңдағы қуатты жыр әсем ән болып қалықтайды. Содан да сен ақынсың. Мықты ақынсың. Ақындар ақындардың, бойына айрықша өнер қонған адамдардың аруақтарымен тілдесе береді.
Өз басымнан өткен. Мен Дантемен де, Мағжанмен де, Моцартпен де тілдескенмін. Сенің Ақанмен тілдескеніңді білгенім жоқ, ақын жүрегім сезді. Сол жорамалымды айттым.
Шәмші досының ағыл-тегіл ақтарыла айтқан сөздерінің ырғағына сай басын изей отырып тыңдады.
– Апырай, Мұқаш, сен менің өзім де кей-кейде бағалай бермейтін қадір-қасиетімді қойнымды ақтарғандай ашып бердің ғой. Ақанмен тілдескенімде, осындай күйді басымнан кешіп едім. Ғажаптанып тұрғаным-шы.
– Ақанның аруағы екеумізді айнала ұшып жүріп, менің аузыма осы сөздерді салып та тұрған шығар, бәлкім. Тылсым дүниенің құпия тереңіне кім бойлаған, Шәке? Мен кейде өлең жазып отырып, жыр жолдарының басыма әлдеқалай өздігінен келіп құйылып жататынына таң қаламын. Ұйқас іздемеймін, тіпті де, өзінен-өзі тізбектеле қалады. Қағаз бетіне құр телміріп қарап отырсам да, су иіріміндей үйіріліп келіп, бір арнаға құйылып жататынын талай байқадым.
– Иә, иә, Мұқаш, маған да ән жазарда әлдебір әуенді біреу құлағыма келіп, жәйімен сыбырлағандай, ақырын ғана ыңылдап айтып тұрғандай боп тұрады. Содан сол әуенге әр беретін, нәр беретін әдемі, сұлу сөздерді іздеймін. Өзім айтып жеткізе алмаспын деп ақындарға жүгінемін. Тақырыбын да, мазмұнын да өзім тапсырып айтамын, бірақ. Сөзі тақ-тұқ етіп орнына түсе қалмаса, ақынды қинаймын. Ал, дайын текске ән шығара алмаймын, бір ғажабы. Сен жазған «Талдықорған әнінен» басқа дайын өлеңге ән шығармаппын өзі.
– Әніміздің үйлесім тапқаны сол бір ғана мысал боп тұр ғой. Бәтшағар, мен әннің сөзін жазуға олақпын, шынымды айтсам. Біреудің тапсырмасын орындай алмаймын, өз жүрегімнен шықпаса. Мен өз өлеңдерімде әлдебір ой толғағанды тәуір көремін. Ондай өлеңдерге ән шығару жарамайды-ау.
– Иә, Мұқа, ән дегенің өзіндік тағдыры бар жанды дүние ғой…
Аздаған үнсіздіктен кейін кенет Мұқағали табиғи қоңыр даусымен ән шырқап қоя берді.
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
«Өй, мынауың «Гауһартас» қой», – деді Шәмші, іштей таңырқап. Қайырмасына келгенде, «биік нотаны алып шыға алар ма екен?» деп, демін ішіне тартып-ақ отырды. Қорқынышы жалған екен, Мұқағали әнді аяғына дейін абыроймен алып шықты. Ән аяқталысымен: «Өй, бәрекелді, Мұқаш, бұрын қалай байқамай жүргем, әжептәуір даусың бар екен ғой!» – деп, екі қолын шапаттай жөнелді.
Мұқағали оған жымия қарап, бір жөткірініп алды да:
– Шәке, сен композиторсың ғой, өзің төрелігін айтшы. Даланың кең тыныспен, созылыңқы, маңғаз үнімен шырқалатын осы әнді әдеттегі халық әндерінің санатына қосуға бола ма? – деп сұрады.
– Жоқ, әдеттегі халық әндеріне ұқсамайды, – деді Шәмші, басын шайқап.
– Басқа аймақтарды қайдам, Жетісу өңірінде мұндай мақам мүлдем жоқ. Мен бірдеңе білсем, Шәке, осы «Гауһартас» Арқаның кеңге салатын әндеріне көбірек ұқсайды, – деп, Мұқағали отқа тамызық тастағандай, әңгіменің көрігін одан сайын қыздырып жіберді.
– Мұқаш, менің де оның қарапайым халық әні екеніне күмәнім бар. Осындай кәсіби дәрежедегі әннің авторы жәй халық емес, мықты композитор болса керек. Әрине, түптеп келгенде, бәрі де халықтың арасынан шыққан ғой. Ашығын айтсам, Арқаның атақты сал-серілерінің бірі шығарған сияқты осы әнді. Сенің көкейіңде тұрған «осы ән Ақан Серінің әні емес пе?» деген сұрақты түсініп тұрмын. Бірақ, олай деуге келіңкіремейді. Сарыны бөлек, сазы өзгешелеу. Ақан Серінің әндерін басқа біреулерге теліп жүргенін де естіген едім. Керісінше, оның кейбір әнін «халық әні» деп жаңылыс айтып жүр. Расында да, иесі табылмай жатқан әндер бар халық арасында.
– Басқасын қайдам, Шәкем, осы бір аяулы әннің мүсінінде қаншама жұмсақтық, нәзіктік бар десеңші! Мың құбылып, мың құлпырып тұрған жоқ па, шіркін!
– Ойхой, Мұқаш-ау, Арқа әндерінің өн бойында сымбатты үйлесім де, оралымды, икемді ырғақ та тұнып тұр ғой.
Ақыры, осы әңгімені бастаған екенбіз, олай болса, біраз ағытылайық. Менің тағы бір ойым, күрделілігі жағынан алғанда, осы «Гауһартас» әні сияқты «Япырау» мен «Назқоңыр» әндері де бір сипаттағы әндер сияқты. Авторының бір адам болуы да мүмкін. Мен мұны музыка маманы ретінде сенімді түрде мәлімдей аламын, – деп қосты Шәмші. Артынша:
– Әй, бірақ, консерваториялық дипломы жоқ маған кім құлақ асып, мені кім мойындап жатыр? – деп мұңайды, басын салбыратып.
Мұқағали оның иығынан сипап, жұбатқандай:
– Шәкем-ау, дипломы жоқ жалғыз сен бе едің? Менің де дипломым жоқ. Сен, әйтеуір, Ленин комсомолы премиясының лауреатысың. Менде ол да жоқ. Мәселе атақта емес. Маған атақта шатағы жоқ, өнерді шын сүйген, өнерге шын берілген, өнер үшін күллі дүниені тәрк еткен сенің болмысың ұнайды, – деді оған, сүйсіне қарап.
Шәмші кенет есіне түскендей, басын көтеріп алды.
– Білесің бе, Мұқаш, меніңше, сал-серілердің үлкен мектебін Сегіз Сері қалыптастырған сияқты. Оның алдында өмір сүрген серілігімен аты шыққан ақын, сал-серілер туралы естімедім. Әлкей Марғұланнан оқыдым ғой деймін Сегіз Сері жайында. Әйгілі «Елім-ай» әнін шығарған осы Сегіз Серінің арғы атасы боп келетін Қожаберген жырау дейді ғой.
– Солай ма? «Елім-ай» – қазақтың шексіз аңсауын, арман-мұңын жеткізе білген керемет ән. Керек десең, шағын симфония ғой.
Сегіз Сері жайлы деректі мен там-тұмдап Сәбит Мұқановтан естідім, Шәке. Сегіз Серінің шын аты Мұхамедқанапия екен. Шоқанның да шын аты Мұхамедқанапия емес пе? Әкесі Шыңғыс оған Сегіз Серінің өнері дарысын деп ырымдап қойыпты. Сегіз Серінің әншілігімен қоса, керемет күйшілігі де болған дейді.
– Ол рас, Мұқаш, Сегіз Серінің шығарған ән-күйлері көп-ақ. Кейбір әндері «халық әні» болып таралып кеткен. Кейбір әндері басқа сал-серілердің қанжығасына байланып кеткен. Анығын білмейміз ғой, әйтпесе, халық арасында айтылып жүрген «Гауһартас» та, «Япырау» да, «Назқоңыр» да Сегіз Серінікі болуы әбден мүмкін. Оның әндерін басқаларға, не халық әндеріне телудің бір себебін оның қуғын-сүргінге көп түсуінен көруге болады.
– Айтқандай, Сегіз Сері жайлы Ғабеңнен естіген бір әңгімем бар. Ол «Қыз Жібек» жырының Сегіз Сері жырлаған нұсқасы бар екенін айтты. Бірақ, ол түпнұсқа қолына түспепті. Ғабең соған өкінішін білдірді. «Қыз Жібек» операсының либреттосына да, «Қыз Жібек» фильмінің сценарийіне де Жүсіпбек Шайқысламовтың нұсқасын пайдаланыпты.
– «Қыз Жібек» фильмінде Төлегенді Бекежанға өлтіртеді. Сонысы ұнамады. Мұндай нұсқасымен еш келісе алмадым. Сөз жоқ, бұл кино қазақты күллі әлемге танытарлықтай күшті түсірілген. Әсіресе, Асанәлінің, Әнуардың жасап шығарған образдары аса айрықша. Әрине, кино – синтездік өнер. Бірақ, фильмнің бар жүгін көтеріп тұрған не екенін білесің бе, Мұқаш?
– Шәкем-ау, менің пікірім бір басқа да, сенің пікірің бір басқа ғой. Өз ойыңды өзің айт.
– Меніңше, киноның сәтті шығуы оның музыкасына да өте тығыз байланысты. Нұрғисаның музыкасы фильмнің бар жүгін көтеріп тұрған жоқ па? Оның «Аққу» күйін айтсайшы. Шегенің кейпіндегі Әнуардың асқан шеберлікпен осы күйді тартуы көрген адамды тебірентіп жібереді.
– Сөзің аузыңда, Шәке, фильмге редактор болған Асқар Сүлейменов күйді басқа адамның орындайтынын айтып еді. Бірақ, ол аса маңызды емес. Менің есіме Нұрғиса жайлы Қанабек ағамыздың айтқан көркем бейнелі құсни сөзі түсіп отыр. «Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп, өлең айтып жатады», – деп еді ол бір опералық кештің соңында.
– Рас, рас, Нұрғиса кез келген дыбысты лезде қағып алатын саққұлақ композитор. Ол бір музыкалық тақырыптың өзінен пәлен вариацияны мың сан құбылтып шығара береді. Кинодағы «Гәкку» әнін алайықшы. Фильмнің музыкалық лейтмотиві, басты музыкалық тақырыбы да – осы «Гәкку». Картинаны ұстап тұрған сол. Нұрғиса соны дұрыс түсінген. Ол операдағы Жібек ариясы бүкіл шығарманы ұстап тұрғанын жақсы білді. Шіркін-ай, опералық Жібектің – Күләш апамыздың «Гәккуін» айтсайшы. «Гәкку» – қазақ өнерінің өшпес жұлдызы. «Гәкку» – арман, «Гәкку» – мұң, «Гәкку» –ғұмыр, «Гәкку» – тағдыр.
– Пәлі, Шәке, сені мүмкіндігін асыра алмаған музыка зерттеушісі көріп жүрсем, өзің киноға білдей музыкальный редактор болуға жарап тұрсың ғой.
– Қайдағы, Мұқаш. Сенің поэт-песенник бола алмайтының секілді мен де музыкальный редактор бола алмаспын. Табиғатыма келмейді. Сырттай көнбіс көрінгенмен, менің де қырсық мінезім бар ғой. Радиода сыйғызбағаны сияқты, киноға музыкальный редактор боп барып жатсам, күндердің бір күні мені көре алмайтындар көкеме көрістіріп жіберер.
– Иә, Шәке, екеуміз бір-бірімізді жер-көкке сыйғызбай мақтап жүргенде, екеумізді ағаш атқа теріс мінгізіп жіберуге даяр дұшпандарымыз жетерлік. Не жетпейді десейші соларға мына бес күн жалғанда? Кинодағы Төлеген қаскөй қарақшының оғы тиіп, қан құсып, айдалада жатып, соңғы демі үзілер алдында: «Қайран қазағым-ау, дүниеден алар бар еншің осы ма еді?» – деп сұрамаушы ма еді? Төлегеннің аузына осы сөзді салып тұрып, Ғабең қазақтың қара ниет қаскөйлігін әйгілеп тұрған жоқ па?
– Ғабең ғажап суреткер, кемеңгер жазушы ғана емес, ұлы ойшыл да ғой, Мұқаш. Оның кейбір ойларының ұшығына жете алмастай көрінемін кейде өзіме. Ертеректе екеуміз оңаша сұқбаттасқанда, маған кәдімгідей ой салған бір ақылын ұмытар емеспін.
– Не айтып еді ақсақал?
– Ол маған жымия қарап: «Сен соңғы уақытта ғашықтық әндерге үйір боп кеттің», – деді. Биязы күліп, баппен сөйлейтін кісі ғой Ғабең. Мен үндеместен, сөзінің артын бағып, басымды изедім. Құлақ асып отырғанымды байқап: «Енді, махаббатты сен жырламағанда, кім жырлайды? Бірақ, сен өз позицияңды айқындап ал. Поэзияда «азаматтық үн» дегенді біржақты түсінетіндер бар. «Ұрандау, үгіт шақырып, уағыз айту» деп ойлайды. Олай емес. Махаббат әндерімен-ақ азаматтық үніңді танытуға болады. Махаббатты жырлап өткен Ақан Сері, Біржан Салдардың әндері – азаматтық поэзияның хас үлгілері. Елін, жерін сүйіп, халқын қадірлеп, отанын ардақтауға қабілетті адамның махаббаты – ақ, адал, шынайы, таза махаббат. Осыны ұмытпа, шырағым», – деді биязы үнімен. Ғабеңнің осы сөзін мен Ақан Серінің басына барғанда, еске алдым.
– Ақан Серімен не деп тілдескеніңді айтсаңшы, Шәке.
– Ол менің неден қорқатынымды сұрады. Мен оған алыс келешектен қорқатынымды айттым. «Неге, не үшін?» – деп сұрады ол. Мен оған: «Уа, баба, жат, бөтен музыканың ырғағына еліктей бастаған мына бүгінгі ұрпағың мені қойшы, сені ұмытып барады. Өсте берсе, ертеңгі ұрпағың бара-бара болашақта мүлдем азғындық жолға түсіп, адасып кете ме деп қорқамын», – дедім. Ақан: «Сен не бітіріп жүрсің? Өнеріңмен халқыңа қалтқысыз қызмет етіп, ұрпағымызды тәрбиелеу сенің міндетің емес пе?» – деп сұрады. Бірақ, мен оған жауап бере алмадым, Мұқаш.
Мұқағали басын төмен салып, мұңайып отырған Шәмшіге қарап:
– Ауыр сауалдар қойған екен Ақан. Жеңіл сауалдар қоймасы және анық. Өз басым да заман сұрқына қарап отырып, қарадай сұстанатынымды несіне жасырайын, Шәке, – деді, томсырайып.
– Қарашы әне ала көбелекті, – деді ол кенет, әлдеқайдан шығып, ұша жөнелген алабажақ қанат көбелекті иегімен нұсқап. – Абайдың өлеңін еске түсіріп жіберді ғой…
Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.

Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.

Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Шәкем-ау, менің ішімде де соңғы уақытта әлдене өлді. Адамдарға деген сенімімді бірте-бірте жоғалта бастадым. Сондықтан да, мына ала көбелектей бұлғақтаған заманды билеп отырғандарға, қолында билігі барларға титтей де ықыласым жоқ, қызталақ!
Араларында бір-біріне деген сатусыз, екі жаққа бірдей таза сенімі, саналы, кісілікті сыйласымы болғандықтан да адамдардың малдан айырмасы бар. Біз онсыз бір-бірімізден айырыламыз, өзімізді де, өзгені де біржола құртамыз. «Жан» дейтін ұлы байлықтан айрыламыз. Жансыз ештеңе жасалынбайды. Жан кеткен соң, өзіңді «өлік» деп есепте. Демек, жан сақтау үшін күресуге болады, Шәке.
– Ақанның Құлагерін өлтіріп, зар жылатқан да, Абайды сабатқан да өз қазағымыздың қара ниет қаскөйлігі, көре алмаушылығы ғой, Мұқаш. Онымен қалай күресеміз?
– Әй, білмеймін-ау, Шәке. Ойласам, ойымның әптер-тәптері шығып, шегіне жете алмай, жын иектеп өлген Ақан Сері мен Біржан Сал сияқты жынданып кете жаздаймын.

***

– Шәке, есіңде ме, екеуміздің соңғы сұқбатымызда мен саған Дантемен де, Мағжанмен де, Моцартпен де тілдескенімді айтып едім ғой.
– Иә, иә, Мұқа, ондайды ұмытуға бола ма? Менен «Ақанмен тілдестің бе?» деп сұрағаның да есімде.
– Соңғы кезде Мағжан түсіме кіріп жүр. Бүгін айдай келбетін айқын көрдім. Қырын қарап отыр екен. Бұйра шашы толқынданып, құсни жүзін маған қарата бұрды да: «Ницшенің «Кейде күдік келтірмей сену – өтіріктен де жаман» деген сөзін жадыңда ұста, ақын», – деді, күлімсіреп. Сосын боз тұманға біртіндеп сіңіп бара жатқандай, мұнарта алыстай берді де, мүлдем көрінбей кетті. Мен оған үн қата алмастан, тұрған орнымда состидым да, қалдым.
Оянып кетіп, көзімді жалма-жан жұмып, Мағжанды қайта көруге жан далбасаладым. Бұл әрекетімнен түк шықпады, бірақ. Сосын көзімді ашып, төбеге тесіле қарап, терең ойға баттым.
Құдайым-ау, бұл не? Өңім бе, түсім бе? Аян ба, елес пе? Аруақ сөзі ме? Жүрек аманаты ма? Не айтпақ болды Мағжан маған? Нені меңзеді? Нені астарлады? Ницшені мысалға келтіргені несі? Сол арқылы өз ойын білдірмек болды ма? «Мен де Ницше сияқты тыйым салынған адаммын» дегені ме? «Күдік келтірмей сену – өтіріктен де жаман». Түсіне алмай дал болдым.
Мұқағали ернін бүріп, үнсіз тыңдап отырған Шәмшіге қарап:
– Шәке, сенің неміс философы Фридрих Ницше туралы естуің бар ма? – деп сұрады.
– Өйбүу, Мұқаш, мен философиядан ұяттымын. Неміс философы жайлы өзің айтпасаң, оның фамилиясын айтуға да менің тілім келмейді, – деп зорлана күлді Шәмші, қалтасынан темекісін шығарып жатып.
Мұқағали байқатқысы келмегендей, жәйімен қалтасынан шыны құтысын алып, епті қимылымен насыбай атты да, әңгімеге кірісті.
– Мен Мәскеуде жүргенімде, Александр Межиров деген ұстазыммен достық көңілде болдым. Менен жеті-сегіз жас үлкендігі бар. «Дядь Саша» деймін оны. Өзі еврей. Менің атыма тілі келмейтін шығар деп ойлағам. Сөйтсем, оған небір айтуға қиын есімдердің дыбысталуы таңсық емес екен. Грузинше де, аварша да білетін көрінеді. «Мұқағали» деп кәдімгідей-ақ қазақшалап айтты.
Межиров әдеби шеберліктен лекция оқиды. Білімі ұшан-теңіз. Интеллигентті семьяда туып-өскен. Межировтің әкесі экономист болған, жазған кітабы бар. Шешесі неміс тілінен сабақ берген. Өте мұқият кісілер болған екен. Жеке кітапханасына жұртта жоқ сирек басылымдарды жинай беріпті.
Межировтің өзі экономика, философия, тарих дегеніңді шемішкеше шағады. Екеуміз «ә» дегеннен Маркс, Энгельс, Канттан бастаймыз әңгімені. Бір күні ол қызды-қыздымен Артур Шопенгауэр мен Фридрих Ницше жайлы айтты. Философия тарихында аттары үстірт аталғаны болмаса, бұлардың шығармаларына бізде қатаң тыйым салынған ғой. Кітаптарын жиырмасыншы жылдары бүткіл кітапханадан түгел сыпырып алып, өртеп жіберген. Ал, Межировтің жеке кітапханасында бұларың бар.
Мен лекцияға бармай, сол кітапханадан шықпайтынмын. «Дядь Саша» ерік беріп қойған. Қызық адам өзі. Әдебиетті былай жинап қойып, менен философия мен тарихтан емтихан алады. Кешке отыра қалып, цитаталарды қуалаймыз. Ницшенің «Так говорил Заратустра» атты еңбегімен сонда таныстым. Жұқа ғана кітапша. Таза философия деуден гөрі, кер толғау деуге келерлік прозасы мен поэзиясы аралас дүние екен. Оқуға ауыр кітап.
Межиров менен өз пікірімді сұрады. Мен оған Ницшенің ілімінен емес, кітаптағы рухани өмірдің тереңдігінен, рухани күрестен қатты толғанысқа түскенімді айттым. Межиров бұл кітап үлкен еңбектің бір бөлігі ғана екенін, Гитлер өз идеологиясында Ницше ілімін пайдаланғанын айтты. Лев Толстой Ницшенің ілімі орыс қоғамына зиянды әсерін тигізеді деп қауіптеніпті. Содан да болар, көпшілік одан бас тартқан екен. Ал, Горький оның философиясын аяусыз айыптайды. Ницшенің социализм туралы ойлары ұнамаса керек.
Ницше былай деген: «Социализм – как до конца продуманная тирания ничтожнейших глупейших, то есть поверхностных, завистливых, на три четверти актеров».
Ал, өзі жалғыздықта өмір сүрген Шопенгауэрдің «Ақылды адамдардың жалғыздықты ұнататын себебі, олар ақымақтардың даңғаза тірлігінен қашады» деген афоризмі ғана есімде қалыпты.
Қараша айында маған Мәскеумен қош айтысуға тура келді. «Я верю, что ты станешь большим поэтом как Расул Гамзатов, но ты должен продолжить учебу», – деді Межиров, қимастықпен қолымды қысып тұрып.
Шәмші темекісін бұрқыратуын қойып:
– Сонда қалай, Мұқаш, сенің айтуыңа қарағанда, Мағжан ақын Ницшені оқыған болып тұр ғой, ә? – деп сұрады, таңырқап.
– О-о, Шәке, Мағжан арқалы ақын ғана емес, керемет оқымысты болған кісі ғой. Мен Мағжан елінде болғанымда, ақын туралы там-тұмдап біраз дерек естідім. Ақынның аяулы есімі әлі күнге дейін ел есінде. Жұрттың аузына қақпақ боларсың ба? Бірі болмаса, бірі көрген-білгенін айтады.
Мақаң орысшаға өте жүйрік болған екен. Мәскеуде біраз жыл тұрып оқыған. Орыс оқығандарымен араласқан. Тыйым салынғанға дейін Ницшенің ілімі орыс интеллигенциясының ортасында ширек ғасыр бойы ресми түрде айналыста болған ғой. Ницшені Блок та, Маяковский те оқыған. Бертінге дейін айтылып жүргенін жаңа айттым. Ницшені мен білгенде, Мағжанның білмеуі мүмкін емес.
Әбділданың бірде «Мағжанның басын құртқан ең бәлекет дүние – телегей-теңіз білімі» деп мойындағаны бар. Мағжан Грибоедовтың әйгілі «Горе от ума» атты комедиясындағыдай, сол телегей-теңіз ақылынан азап шекті. Аяулы ақын он жыл бойы айдауда, түрмеде азап шеккені аздай, ақыры атылып кетті. Өлгеннен кейін де тынышына қойған жоқ. Атын ататпай, өзін ақтатпай отыр ғой. Атағы жер жаратын ағаларымыз ақынды арашаламақ түгіл, оның аруағын одан ары таптауға даяр, – деді Мұқағали, сөзінің соңында күйініп.
Шәмші көкжиекке көз салып тұрып, естелікке берілді.
– Мұқаш, өзің айтпақшы, Мағжанның аты ұмытылмайды, елдің жадында жаттаулы. Халқы тірі болса, ақынның есімі өлмейді. Халықтың қарапайым өкілдері әйтеуір бір әрекет жасайды. Мен де өзім байқамастан, соған үлесімді қостым. Мағжанның «Бәрінен де сен сұлу» атты өлеңін әнге айналдырдым. Бірақ, ол әннің сөзі марқұм Мақсұтбек Майшекиннің атына жазылып кетті. Есіңде ме, Мұқаш, екеумізді Мақсұтбек ағамыз таныстырып еді ғой? – деп сұрады.
– Иә, Шәке, есімде ғой, – деді Мұқағали, жымиып қойып. – Әнге байланысты даулы оқиға да есімде. Мен сол тұста радиода диктор едім. Мақсұтбек ағамен тонның ішкі бауындай араласып жүрдік. Мені туған інісіндей көріп, сырын жасырмай айтатын. Өзі қызық кісі-тұғын. Артық сөзі жоқ, үнемі ой үстінде жүретін. Еңбекқорлығын айтсайшы. Біреу шегелеп қойғандай, алдында қобырап жатқан қағаздарға шұқшиып отыратын. Сенімен таныстырғанда: «Екеуің жарасып, шығармашылық одақ құрып, дүниеге жақсы ән әкеліңдер», – деп, батасын берген.
Бірақ, кейін екеуің шығарған әннің тарихын әңгімелегенде, сені біраз тұқыртып алды. «Анау бала ән жазғаны болмаса, қояннан да жаман қорқақ екен ғой өзі. Өлең Мағжандікі екенін білгенде, көзі бақырайып кетті», – деді.
Сосын екеуміз, ал, кеп тәжікелесейік. Мен оған: «Аға, сіздің арманда кеткен ақынның өлеңін ұрлағаныңыз қып-қызыл қиянат емес пе?» – деп қоймадым. Мақаң да бірбеткейлігін көрсетті. «Әй, бала, сен мұны не десең, о де. Қаласаң, ұрлық дей бер. Ал, мен өз әрекетімді ерлік деймін! Неге десең, Мағжанның өзін өлтіргенмен қоймай, қалайда оның атын өшіруге, өлеңдерін ұмыттыруға тырысады. Сондықтан, мен арманда кеткен асыл ағаның ең болмаса бір өлеңін тірілтіп кеткенімді өзіме бақыт деп санаймын. «Алмас қылыш қын түбінде жатпас» деген. Күндердің күнінде Мағжан ақталғанда, жұрт менің де есімімді арашалап алады. Түсіндің бе?» – деді, өжеттеніп.
«Менің Қазақстаным» шыққанда, Мақсұтбек аға: «Бала жарады! Мен оны «қорқақ» деп бекер жазғырыппын. Білмей жүр екем, батыр екен ғой өзі. Әй, бірақ, «Бәрінен де сен сұлу» әні дем берді оған», – деп, мәз болды.
– Рас, Мұқаш, рас. Мақсұтбек аға дұрыс айтқан. «Бәрінен де сен сұлу» әнінің сөзі Мағжандікі екенін білгенде, шын қорықтым. Мағжан сияқты мені де «халық жауы» деп итжеккенге жібермесе де, маған кесірі тиеді-ау деп уайымдадым басында. Мақсұтбек ағаның «саспа, бала, өлеңнің шекесінде Майшекин деп жазулы тұр ғой, өзім жауап берем» дегеніне жұбандым. Тек Мағжанды білетіндердің «ұрлықы өлең» деп пыш-пыштауы шымбайыма батады-ақ.
Мақсұтбек ағаның «Менің Қазақстаным» туралы пікірі де шындыққа саяды. Оны шығаруыма Мағжанның рухы дем бергендей болғаны да рас. Мақсұтбек аға да дүниеден озды. Бір өкініштісі, көзі тірісінде өзі де, Мағжан да ақталмады, – деп мұңая сөйледі Шәмші.
Мұқағали досының иығына қолына салып, арқалана сөйледі.
– Мағжанның өршіл рухы айнала ұшып жүрді сол кезде. «Бәрінен де сен сұлу» әнінің әсері де болған шығар, бәлкім. Әйтеуір, сол жылдары Мағжанды ақтамақшы еді ғой. Бірақ, дөкей ағаларымыз қарсы болып, жоғары жаққа арсыз хаттарын ағылтты.
Алматыға тұрақтай алмай жүрген кезім. Қатын, бала-шаға ауылда, мен мұнда. Радиодан кетіп, Нарынқолдағы аудандық «Советтік шекара» газетіне жұмысқа орналасқам-ды.
Бір күні бірер күнге сұранып, Алматыға келдім. Журналға өлеңдерімді тапсырып, радиоға соқтым. Мақсұтбек аға: «Жақсы келдің, бала», – деді. «Олжас, Мұрат деген жігіттерді танисың ба?» – деп сұрады. «Естуім бар», – дедім. «Ей, оларың Мәскеуде «Жас тұлпар» деген ұйым құрып жүр, мынау солардың бергені», – деді. Сөйтіп, қолыма мәшіңкемен басылған мұқабасы жоқ журнал сияқты жұқа кітапша ұстатты. Мағжанның өлеңдері екен. Мақсұтбек аға: «Бұл жүрек жұтқан азаматтар Алматыға келіп, Мағжанның әйелі Зылихадан өлеңдерін сұрап алып, жиырма экземплярын бастырып, жасырын таратып кетті», – деді. «Мағжанды ақтамақшы едік, болмады. Анау қорқаулар қарсы шықты», – деп, әлдекімдерге кіжінді. Кімдер екенін ашып айтқан жоқ.
Шәкем-ау, менің сондағы елжірегенімді көрсең. Мағжанның өлеңдері басылған әлгі кітапшаны алақаныма салып, аялай ұстап, кеудеме бастым. Көзім жасаурап, дұға оқығандай, ернімді жыбырлатып: «Қош көрдім, аруағыңнан айналайын ардақты ақын!» – деп күбірледім.
Мақсұтбек аға: «Бала, біз Мағжанды оқып өскен ұрпақпыз. Оның үнін кейінгі ұрпаққа жеткізу мына сендердің міндеттерің», – деді.
Ауылға жеткенше Мағжанның өлеңдерін оқыдым. Оқып отырып, таң болдым. «ХХ ғасырдың Абайы ғой, ақындықтың асқар шыңы ғой мынау, Джомолунгма ғой!» – дедім еріксіз. «Осыншалықты зор ақыннан қалайша айрылып қалғанбыз?!» – деп, қатты қапа болып, көзімнен жас парлады.
Сол түні мен көз жасымды мөлтілдетіп отырып, мына жыр жолдарын жаздым.
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол – қайғы.
Бұл менің Мағжанның ақталуын жақтап қосқан өзіндік азаматтық үнім еді. Осылайша мен «Ақынды оятайық!» деп үндеу тастадым ақын ағаларыма. Олар естімеді. Естісе де, пенделікке салынып, естімеген болды.
– Мұқаш, сөзің аузыңда, елуінші жылдардың аяғында ма екен, әлде, алпысыншы жылдардың басында ма екен, сенің өлеңдерің алғаш жарқ етіп шыққанда, ақындық талантыңды бағалаған Әбділда ағамыз ақ батасын берген жоқ па еді? – деп сұрады Шәмші.
– Иә, алпысыншы жылдың көктемінде ғой. Сонда Әбекеңнің мені көкке көтеріп: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?» – дегені әлі есімде. Бәтшағар, сондағы оттылау жас жеткіншегі – орда бұзар отыздағы жігіт, – деді Мұқағали, мырс етіп. – Жә, оны қойшы. Кейін Алматыға көшіп келгесін Әбекеңнің алдына барғам-ды.
Әбекең мұрнын сипалап қойып: «Сен бала қазір қайқая шапқан қарагер атқа ұқсайсың. Байқамасаң, омақаса құлауың да оп-оңай. Жаман жырға үйір болма, жарай ма?» – деді, біртүрлі ерсілеу күліп. Мен оның астарлап айтқан сөзін қалай түсінерімді білмей, басымды енжар изей салдым.
Бұл не сонда? Менің «Ақынды оятайық!» деген үндеуіме берген жауабы ма? Ойдың шарпысуы ма? Мен оған соңыра бір өлеңімді арнадым. Менің нені астарлап айтқанымды өзі түсінер деген ойда болдым. Түсінбеді. Түсінсе де, түсінбеген болды.
– Мұқаш, сөзіңді бөлейін, сонда әлгі хат жазғандардың ішінде Әбекеңнің де болғаны ма? – деп, таңғала сұрады Шәмші.
– Солай, Шәке, – деді Мұқағали, басын изей, мақұлдап. – Хат жазғандардың ішінде Әбекең де бар боп шықты. Мен де алғаш осыны естігенде, тамағыма ащы запыран кептеліп, «қой, олай болуы мүмкін емес» деп, сенбеп едім. Оның қатарында тағы да бірнеше белгілі адамның аты-жөні айтылды. Осыны естігеннен кейін қатты күйзеліске түстім. «Сенген қойым сен болсаң, маңырағаныңа болайын» демекші, өзімнің пір тұтпасам да, сыйлап жүрген адамдарымнан жеріп шыға келдім. Заманымыздың заңғар ұлдары пенделікке салынып, осылайша бірін-бірі жеп құртады екен ғой.
«Дәлін айтпай, дау айтпа» деген. Көзің жетпей тұрып, ақиқатын айта да алмайсың. Мағжанның көп нәрсені аңғартатын мына өлеңін кімге арнағанын білмей, қиналдым. Бұндағы ақынның әрқалай бұрып әкетуге болатын «жолдас» деген сөзді алуында аса бір байқалмайтын жұмбақ бар екені айқын.
Ей, ей, жолдас жас жігіт,
Қиқу салған лепірген,
Кетті ме, әлде, жын соғып?
Аузың мұнша көпірген!

Құдықтан ішіп жас жігіт,
Оған, сірә, түкірме.
Кетер сені сел соғып,
Басыл, жаным, көпірме.
Сәбит Мұқанов екеуінің жолдас болғанын анық білемін. Мағжан оған жәрдемдесіп, рабфакта оқуына болысқан екен. Аралары суып кеткен кездері де болыпты. Сәбеңнің өзі Мағжан екеуінің жастау кезінде бірін-бірі басылым беттерінде аяусыз сынға алғанын жасырмай айтады. Сәбең оны айдаудан оралғаннан кейін Мәскеуде жүрген жерінен Қазақстанға шақырып, қолғабыс көрсеткенін де өз аузынан естідім. Сөйткен Сәбеңнің жолдасы Мағжанға әлдебір қастық ойлағанына қалай сенуге болады?
Олжаспен оңашада сұқбаттасқанда, өзімді қажап жүрген ойларымды ортаға салдым. Ол мені үн-түнсіз тыңдап: «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық», – деді, бар болғаны.
Мұқағали әлденені есіне түсіргендей, бір сәт үнсіз қалды. Шәмші темекі алып тұтатты. Бұрқ еткен түтінді қолын әрлі-берлі сермеп сейілтті де, досының мұңлы жүзіне аянышпен қарады.
– Мұқаш, сенің жан күйзелісіңді енді ғана терең түсініп отырмын. Заман-ай десейші. Мағжанның өлеңі сияқты сенің де жыр жолдарыңның астарында талай сыр жасырынулы жатыр екен ғой. Сырттай қарап, аңғару да қиын, – деп, басын шайқады.
– Сол тұста сүйікті қызым Майгүл апатқа ұшырап, өлім құшты, – деп, сөзін жалғады Мұқағали. – Орны толмас қаза маған үлкен соққы боп тиіп, одан сайын есеңгіретіп жіберді. Оның үстіне, жұмыстан да, партиядан да шығып қалып, сорлап қалдым.
Мен өзімді туған әдебиетімізде қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк аттыдай көрдім. Ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым. Әлдекімдер де мені көлеңкеде ұстауға әрекет етті.
Бір күні көшеде келе жатып, Мақсұтбек ағаны кезіктірдім. Неше жылдан бері көріспегенбіз. Кәдімгідей шөгіп қалыпты. Пенсияға шығып, радиодан кетіп, еркін шығармашылыққа ауысыпты.
«Мағжанды тағы да ақтай алмадық қой», – деп, ауыр күрсінді. Себебін сұрадым. «Қазақтың көре алмаушылығы баяғы», – деді. «Бізді рушылдық құртады», – деді. Менен руымды сұрай ма деп ойлағам, үндемеді. Мен де үндемедім. Кетерінде: «Сен бала аманатты орында», – деді.
Мақаңның сөзі ой салды. Расында да, рушылдық дерті өршіген үстіне өршіп бара жатқан сияқты. Ру сұрасуда тұрған дәнеңе де жоқ, былай қарасаң. Қазақтың көнеден келе жатқан салты. Абайламасаң, алып түсер алмас қылыш та сол. Осы қауіпті қаруды әлдекімдер қарақан басының пайдасына шешу үшін шебер қолданады екен ғой. Біріне-бірін айдап салу үшін рушылдық, жершілдікті айта кетеді. Зымияндығын білдірмейді, қызталақ!
Ойлай-ойлай, кім қалай түсінсе, олай түсінсін деп, «Мен – Үйсінмін» атты өлеңімді шығардым.
– Мұқаш-ау, онда сенің не айтпағың көзге түрткендей көрініп тұрған жоқ па? «Үйсінмін» дегенде, жеке бір ру, тайпаны емес, бүкіл бір жүзді, ұлы жүзді айтып отырғаныңды салтқа, шежіреге жүйрік қазақ түсінеді. Ежелгі үйсіндердің ұлы жүзді құрайтынын есі дұрыс қазақ жақсы білуі тиіс.
«Албанмын» деп, өз руыңды айтып отырған жоқсың. Онда өлеңнің мәні де, сәні де кетер еді. Ұлы жүздің төбе биіндей ұлы жүздің атынан сөйлеуің бек жарасымды. Басқа жүздің атынан билік айтуың жараспас та еді.
Әр жүзді мінездейтін өзінің ен-таңбасы, кодындай «жау, дау, қауға» деген сөздер арқылы сенің үш жүзді айтып отырғаның кез келген қазаққа айдан анық. Негізгі ойың да белгілі. Ру-руға бөлініп, қырықпышақ болып қырқысуды қояйық. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дегендей, жүзге бөлінуді доғарайық. Бірімізден-бірімізді артық көрмейік. Пенделікке салынбайық. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген тәмсіл бар. Бар қазақ бір қазақ боп, ортақ мүддеге жұмылайық. Кішіпейіл болайық, кісі болайық. Осы ғой сенің айтпағың.
Ал, оның астарында сенің Мағжанды ақтап алуды ойлап, ағаларға тағы да ақыл салып отырғаныңды енді түсінген сияқтымын. «Ей, ол арғын ғой. Өз арғындары ақтап алсын, керек болса» деп ат-тонын ала қашып, пенделікке салынған тар пейілдегі ағаларға қарата айтылған сөзің ғой бұл, шамасы.
– Иә, Шәке, ойымды дәл таптың, – деді Мұқағали риза көңілмен. – Өлеңнің мән-мақсатын дұрыс түсініп, нені меңзеп, не астарлағанымды жіті аңғарыпсың. Өлең деген публицистика емес, көркем дүние ғой. Ойыңды бейнелеп бермесең, оның несі өлең?
Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Мұқағали Шәмшінің иығына қолын салды да, алыс көкжиекке көз тіге отырып, ақтарыла сөйледі.
– Мен жырламаймын ғой, Шәке, сырласамын, өзіңдей замандасыммен мұңыммен бөлісемін. Адымымды асыққан уақытпен өлшеп, аяғымды аңдап, абайлап, анда-санда бір басамын. Алайда, жыр қосағын көгендеп, жыр жасағым келмейді. Ғайыптан пайда болған сайтандайын жыр туса, оны және қайтармаймын. Бетонмен бөгендеп қоя алмайсың ғой. Жыр ағыны өзінше емін-еркін туласын деймін. Бірақ, май таңдайын улатып, ащы тілім дәйім ақиқатын айтады. Менің жүрегім жарамсақ жалғандыққа ешуақытта беттетпеген. Жүрегімдегі аманат маған маза берген емен.
Тұрғанда үнім өшпей, тіл кесілмей,
Жүре алман жырмен өмір бірге сүрмей.
Жүректің аманатын ойға алмасам,
Маған өмір Чилидің түрмесіндей.
Әйтсе де, менің тұрмыстық жай-күйімді кім түсінер дейсің? Міне, екі жылдан асты, еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр.
Қарап отырсам, қырық үш жасымда мен бір бейбақпын. Ал, кейде дүниеге жаңа келгендей, ой-санам, жүріс-тұрыс, мінезімде сұмдық өзгеріс барын байқаймын. «Сәл кештеу оянған жоқ па? Әлде дер шағы ма екен?» – деп, күдікті ойларға берілемін. Көз алдыма бүкіл ғұмырым кинодағыдай шыр айналып келе қалады. Барымды салып, еңбектенетінім. Қолым қаламнан қалт еткенде, мені жағалаған жағымпаз, жарамсақ достарыммен, дәлдүріш ақындармен іше бастайтыным. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалатынмын. Көңілшектік – менің ең бір осал жерім ғой. «Болмайды», «жарамайды», «жоқ» деп айта алмаймын. Қорлықты содан тартып жүрмін. Сірә да, сүріне беретінім де содан болар.
Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртене тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ, үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал, рухани жағын қайдам. Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым.
Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының басында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.
Кезінде мен «Жұлдыз» журналында да, Жазушылар одағының аппаратында да қызмет еттім. Бірақ, бәрібір мен өзімді әрқашан басы артық адамдай сезіндім. Қалайда, ол әріптестерімнің маған деген салқын қабағынан, сыздиған қарым-қатынасынан сезіліп тұратын. Бейне менің атыма жамалған жаманат ұдайы қаныма сіңгендей.
Әдетте, адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты – нәжіс. Ол адамға, әсіресе, мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиқсыз қарап, әсіресе, ішіп алғанымда, имансыздыққа бой ұрып, көп қателікке бой ұрыппын. Ешкімді күстәналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Сөйте тұра, мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу.
Ақырында, Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені СССР Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды. Өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Кінәлау керек те шығар, бәлки.
Ал, мен өзіме-өзім таққан кінәмнан тазару үшін шығармашылықта шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім. Менің жұмыстарымның барлығы – сол сілкіністерден соңғы жеміс.
Бәтшағар, бәріне де дариға ақын жүрек екен ғой кінәлі.
Мен Ницшенің «Адамдар өзінің ізгіліктері үшін бәрінен де күштірек жазаланады» деген қиянпұрыс ойын енді ғана түсініп жүрмін. Көз алдыма Мағжанның аяулы бейнесі келеді. «Жүрегіңнен ізгіліктің ғана нұры тарайтын сенің не жазығың бар еді, ардақтым?» – деп, жауабы жоқ сауал қоямын.
Мұқағали үнсіз қалды. Шәмші оның жүзіне қарап:
– Мұқаш-ау, сенің әңгімеңді тыңдап отырғанымда, менің де көз алдымда өз өмірімнің ең бір әсерлі сәттері кинолентаның зыр етіп айналғанындай өте шықты ғой. Өзің айтқандайын, екеуміздің тағдырымыз осыншалықты ұқсас болар ма? Екеуміздің егіз қозыдай портреттерімізді әлдебір көрмеде қатар қоюға тұрарлықтай екен, – деді, езу тартып.
Мұқағали оның сөзіне күліп жіберді.
– Шәкем-ау, сен маған бір қызық ой тастадың ғой, – деді, тағы да мырс ете түсіп. – Әбділда ақсақалдың ертеректе жазған «Портреттер» деген поэмасы есіме түседі. Менің ойымша, осы атауы сәтсіздеу қойылған тәрізді. «Шойын сағат» деген атау дәлірек келер ме еді? Өйткені, шойын сағат – поэмада қайталанып келе беретін әдемі образ. Поэмаға эпиграф етіп Абайдың «Сағаттың шықылдағы емес ермек, һәмиша өмір өтпек – ол білдірмек» деген жыр жолдары алынған. Бәлки, ақын поэма атауы мен эпиграфты қатар қойып жарыстырмайын деген де шығар. Жә, айтайын дегенім бұл емес-ті.
Сенің портреттерді қатар қою туралы ойың «Мағжан мен Әбділданың портреттерін қатар қойса, сыйысар ма еді?» деген ой тудырды.
– Мұқа, олар қатар тұра алмапты да, – деді Шәмші, жұлып алғандай. – Мағжан ақын оянса, ол портреттердің орны ауыспай ма? Мағжандардың портреттері келгенде, олардың «Портреттері» кері ығыспай ма?
– Солай екен-ау, Шәке, – деді Мұқағали, тамсанып.
– Мұқа, мен сенің түсіңді түсінген сияқтымын. Сен де мына мен сияқты адамға сенгішсің ғой. Еш қалтқысыз сенесің. Орға жығып кетеді деп күмәнданбайсың. Ницшенің «Кейде күдік келтірмей сену – өтіріктен де жаман» деген сөзі осыны аңғартпай ма?
Мағжан да сенгіш адам болса керек. «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі бар емес пе еді? Соның өзі оның алаңсыз сенгіштігін айқындап тұр. Сөйтіп жүргенде, ол өз қойнына шұбар жылан кіргізіп алғанын байқамай қалды. Ақырында, шұбар жылан өзін шағып, өлтіріп тынды. Мағжанның аруағы түсіңе кіріп, сені содан сақтандырды-ау. Бұл аян түс, Мұқаш.
– Шәке, маған тағы бір ой келді. Сірә да, Мағжанның өршіл рухы бізді мәңгілік айнала ұшып жүре беретін секілді ғой…
«Әй, Шәмші, Шәмші! Сен бір әулиесің-ау!..»

***
– Сүйінші, Мұқаш!..
Шәмші анадай жерден қолындағы жұқалау келген кітапты жоғары көтеріп көрсетті де, келе сала, Мұқағалиды құшақтай алды. Сөйтті де, кітапты таңырқап тұрған досының қолына ұстата қойды.
Мұқағали оның өрнекті мұқабасына үңілді. «Немат Келімбетов. Шәді ақын» деген жазу айшықты басылған екен. Бас-аяғы тоқсан алты беттік кітап. Аннотациясынан бұл кітап қазақтың белгілі ақыны Шәді Жәңгіров жайлы филология ғылымының кандидаты Немат Келімбетовтің зерттеуі екенін білді. Алғысөзін Әбділда Тәжібаев жазыпты.
Ол қарсы алдында екі бүйірін таянып, «ал, бұған не дейсің?» дегендей, өзіне масаттана қарап тұрған Шәмшінің жүзіне көз салып, иегін көтерді.
– Мұқа, бұл – менің нағашым Шәді төре туралы кітап, – деді ол, досының әлі де түсініңкіремей тұрғанын байқап.
– Өй, бәтшағар, не жұмбақтап тұр деп ойлап қоям, – деп күлді Мұқағали, оның иығынан қапсыра құшақтап. – Сенің нағашың Шәді төре екенін, төре тұқымына жиен екеніңді ұмытып қаппын, шынымды айтсам. Шәдінің ақын екенін айтқан жоқсың, бірақ.
– Е-е, нағашымның ақын екенін осы уақытқа дейін өзім де пәлендей жақсы біле бермеуші едім. Әкем оның бір-екі өлеңінен үзінді келтіріп, мысал қып айтып отыратыны болмаса, көп әңгімелей бермейтін. Шешем Шәдінің қатты қуғынға түскен діндар кісі болғанын айтып отырушы еді. «Әлдеқалай болып кете ме?» деп қорыққаннан да шығар.
– Келімбетов деген кім? Танисың ба өзін? – деп сұрады Мұқағали, қасындағы сәкіге жайғасып жатып.
– Танымаймын, Мұқаш, – деді Шәмші, ерекше леппен. – Бірақ, қалай танысқанымды бастан-аяқ әңгімелеп берейін. Әңгімелеуге тұрарлық.
Шәмші толғанғанда темекі шегетін әдетімен темекісін алып тұтатты.
– Танысу үшін жұрттан сұрастырып жүріп, екі кештің ортасында үйін тауып бардым. Есікті әдеміше келген жас келіншек ашты. Жүзі мұңды көрінді. «Сіз кімсіз?» – деп сұрады. «Шәмші Қалдаяқовпын», – деп едім: «Үйге кіріңіз, аға», – деді. Ас бөлмесіне алып барып, шәйдің қамына кірісе бастады. Екі бала келіп амандасты.
– Ой, айналайындар, өркендерің өссін! Аттарың кім болады? – деп сұрадым, жылы тартып.
Ондар шамасындағы ересектеуі: «Мұхит», – деді. Одан бес-алты жас кішілеуі: «Қайрат», – деді. Менен ұялды ма, екеуі бір-бірін түрткілеп, бұрылып алып, залға кіріп кетті.
Әйел үндемейді. Біртүрлі, ыңғайсыздық танытқандай, үнсіздік боп көрінді. «Иба сақтағаны болар» деп, аса назар аудармадым. Дарылдап, келген шаруамды айта бастадым. Соңыра:
– Кітаптың авторы жолдасың болар, ол өзі қайда екен? – деп сұрадым.
– Ол бөлмесінде, бірақ, сізбен сөйлесе алмайды, аға, – деп, іркіліп қалды.
«Не жұмбақ бұл?» деп ойладым да, «неге?» деп сұрап едім:
– Ол тілден қалған. Қазір ертіп апарайын, аға, жүріңіз, – деді, ыдыс жуған сулы қолын сүртіп жатып.
Керуетте серейіп, қимылсыз жатқан қалың қабақты, ат жақты жігіттің көзі жұмулы екен. Сергек жатқан сияқты. Қасына жақындағанымда, көзін ашты. Маңдайы кере қарыс, жылы жүзді екен. Келіншегі мені иегімен нұсқап: «Шәмші Қалдаяқов ағамыз Шәді ақынның жиені боп келеді екен. Арнайы іздеп келіпті сені, Немат», – деді. Немат күлімсіреп, қуанышын сездірді. «Рахмет, бауырым», – дедім мен, жүрегім елжіреп. Ол көзін ашып-жұмып, менің алғысымды қабыл алғанын білдірді.
– Аға, ас бөлмеге жүріңіз, – деді Нематтың әйелі. Аты Қуаныш екен.
Шәй үстінде ағытылып, әңгімесін айтты.
– Немат Совминде тәп-тәуір қызмет істейтін. Мына төрт бөлмелі пәтерді Совмин берген.
Нематтың екі білдей дипломы бар. Ташкенттегі инcтитутта оқып, экономист мамандығын алған. КазГУ-дың филфагын сырттай бітірді. Өзі Өзбекстанның Жаңажол қаласында туғанымен, орта мектепті Сарыағашта, Абай ауылында тұрып, оқып бітірген. Тілге бейімі болғасын сол Сарыағаш, Келестегі аудандық газеттерде журналист боп жұмыс істеді.
Кейін «Социалистік Қазақстанда» істеп жүрген жерінен Совминге референт қып шақырып алды. Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы қызметін қоса атқарды.
Ғылымға әуестігі күшті. «Социалистік Қазақстанның» алдында экономика институтында ғылыми қызметкер де болды ғой.
Атам, Нематтың әкесін айтам, Бұхардағы Көкілташ медресесін бітірген. Шәді ақын сияқты араб, парсы, шағатай тілдеріне жетік, ғұлама кісі болған еді. Нематқа білім әкесінен жұққан. Өзі ізденгіш, еңбекқор.
Оны ежелгі дәуір әдебиеті қатты қызықтырады. Профессор Бейсенбай Кенжебаевты аузынан тастамайды. Ол кісі кандидаттық диссертациясының ғылыми жетекшісі болды ғой. Тақырыбы – «Ақын Шәді Жәңгіров және оның әдеби мұрасы».
Жазмыш деймін бе, білмеймін. Диссертациясын қорғаймын деп жүріп қой, осы күйге ұшырағаны. Денсаулығына мән бермей, жүре берді.
– Не жағдай болды сонда, қалқам? – деп сұрадым мен, аң-таң боп.
– Басында жәй тұмау шығар деп ойладық. Дәрігерлер: «нервте жидкость бар, жатып емделу керек», – деді. Оған Немат көнбеді. Диссертациясын аяқтағанша жаны қалмады. Қалай қорғады, солай аяғынан қалды ғой. Хирург көріп: «Операция жасамаса, тірі қалуы екіталай», – деп, кесіп айтты. Енді не істейміз? Көнбеске шарамыз жоқ. Тоғыз сағат жүрген операциядан кейін хирург мені шақырып алып: «Енді осылай жатады. Тілі шешіліп, қолына жан кіреді. Ал, аяғы ешқашан қимылдамайды. Бір ай жата ма, бір жыл жата ма, он жыл жата ма, ол жағын білмейміз», – деді.
Міне, Нематтың төсекке таңылғанына содан беріде бір жылдан асты. Жағдайды өзіңіз көріп отырсыз, аға.
«Шәді ақын» монографиясының кітап боп шыққанына біраз боп қалды. Оған мынадай жағдайда өзі қуана да алмады. Бейсенбай аға құттықтап келген. Қайта кітап сіздің қолыңызға кешірек тиіпті ғой.
Аға, сізді ас үйде қабылдағаныма ренжімеңіз. Үй ыбырсып жатыр, жинап үлгермедім. Бұрын қонағымыз үзілмеуші еді, осы күні есігімізді ашуға ағайын-туысымыз да жарамайтын болды. Өзім де ертелі-кеш жұмыстамын. Екі-үш жерде жұмыс істеймін ғой, – деп, ақталғандай болды ол.
– Оқасы жоқ, келінжан. Мен де апақ-сапақта жетіп келіп, бәйек қып қойдым ба? Інімнің жасы нешеде? Қай ел боласыңдар? – деп, жуып-шайып, іле жөн сұрастым.
– Ініңіз отыз жетіде, менен он жастай үлкендігі бар. Шанышқылы-сұрым боламыз, аға, – деді ол, ибалық танытып.
Кетерімде «кітаптың көрімдігі» деп, қалтамдағы бар ақшамды қолына ұстатып кеттім. «Інім аяғынан тік тұрып шауып кетеді әлі, келінжан, уайымдама», – деп жұбаттым. Қайтсін байғұс-ай, «айтқаныңыз келсін, аға» деп, көзіне жас алып қалды.
Дәрігерлердің айтуынша, Нематтың аяғы жүрмейтін сал боп қалса да, тілі шығып, қолы іс-қимылға жарайтындай кезі келеді екен. «Тіршілік қатарына қосылады» деген үміт бар, әйтеуір. Өзі не деген жанкешті жігіт. Ауруы жанына батса да, диссертациясын қорғап шыққан. Оны ғылыми ерлік деуге болады. Ғылыми ерлік болатыны – өзі қуғынға түсіп, шығармаларына тыйым салынған Шәді төрені ақтап шықпаса да, жақтап шығуы. Және де бір таңғаларлығы – Нематтың өзі өкімет үйінде қызмет ете жүріп, осы күмәнды іспен айналысуы.
– «Аққа құдай жақ» деген, Шәке. Қайдан білейік, құдай оған қарасқан да шығар, – деді Мұқағали, қолындағы кітаптан көзін ала беріп.
– Мұқаш, әрнәрсенің өз себебі болады ғой. Мен «Нематқа Шәді төрені зерттеуге не сепші болды екен?» деген сұраққа жауап іздедім. «Төренің тұқымынан шыққан ба?» деп те ойладым. Жоқ, шанышқылы екен.
Нематтың әкесі Келімбет арабша оқыған, діндар кісі болыпты. Соғысқа қатысып, мүгедек боп оралған екен. Елінде болғанда, ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер естідім. Ауыл қариялары оны сопы болған дейді. Келімбет Бұхарадағы Көкілташ медресесін бітірген, ғұлама кісі болған көрінеді.
Шәді төре де сол Көкілташ медресесінде бес жыл оқып, жоғары білім алып шыққан ғой. Келімбет менің нағашымнан әлдеқайда кіші, баласы дерлік. Оның Шәді төренің шәкірттерінің бірі болуы да ықтимал. Олай болса, Келімбет өз ұлына Шәді төренің шығармашылығын зерттеуді аманат қылуы әбден мүмкін.
Әттең, Немат тілден қалып отыр, әйтпесе, оның тарихын өз аузынан естуші ек. Кітапта бұл турасында ештеңе айтылмаған.
– Шәке, оны байқап отырмын, – деді Мұқағали, қолындағы кітапты иегімен нұсқап. – Есесіне, кітап авторы Шәді шайырды мына біздерге, халыққа танытып отыр. Нематтың ерлік еңбегіне бас июге тиіспіз. Оның нар тұлғасы әдебиет ғылымының ауыр жүгін алға сүйрейді әлі.
– Мен де оған тілекшімін, Мұқаш, – деді Шәмші.
– Нағашың туралы не естіп білдің? – деп сұрады Мұқағали.
Шәмші ұзынсонар әңгімеге кірісетін түр көрсетіп, қыран құсша қомданып алды.
– Елде Файзулла Үрмізов деген нағашы ағам бар, – деп бастады әңгімесін. – Оның атын Шәді атамның өзі қойған. Менен он жас үлкен. Мектепте мұғалім. Өзі керемет күйші. Адалын айтып, ақ сөйлейтін кісі. «Әй, жиен, ана мандолиніңді қоя тұрып, домбырамен күй шертші бір», – дейді жорта. Домбыраны өзінен артық шерте алмайтынымды біледі. Мен де қырсықпын ғой. «Бестөре» күйін шала шерте жөнелемін. «Әй, қой, жиен, мынауың болмас. Әкел бермен домбырамды. «Бестөрені» тартқышын бұның. Көшелі күй не теңің сенің?» – деп, тыйып тастайды.
– Нағашы, Шәді атамыздың көзін көрген өзіңсің, білгеніңді айтып берсеңші, – деп, суыртпақтадым бір барғанымда.
– Шәді атамыздың көзін көрген дейтіндей емес, мен жас баламын ғой ол кезде, – деді ол, әңгімеге сараңсып.
Сосын менің қадалып отырғанымды байқап: «Не айтып жарытады дейсің? Есімде еміс-еміс қалғаны болмаса, естелік айтатындай мен пәлендей үлкен оқиғаларды білмеймін де», – деп алып, есіне түскендерін айта бастады.
– Әйтеуір, мына оқиға ерекше есімде қалған. Сол жазда біз Мырзабай даласындағы Мыңбасты деген құдықтың басында отырдық. Шәді атам қатты сырқаттанып қалды. Үш күн бойы тілсіз, үнсіз, көзін де ашпай жатты. Әйтеуір, кеудесінде жаны бар. Ауылдың көпті көрген қариялары «дем салайық» десіпті. Оған атам басын шайқап, көнбепті. Үш күн өтті. Қарасақ, өзінен-өзі айығып кетіпті. Сап-сау. Бұл не ғажап болғанын ешкім білмеді. Шәді атамыз сол құпиясын кейін Тәшкен жаққа көшерінде менің әжеме ғана айтып кетті.
Әжем ол құпияны Шәді атамыздың өлгенін естіген соң ашты. Әлгі төсек тартып жатқан кезінде оған үш күн бойына Ғайыперен Қырық Шілтендер келісе алмай таласқан көрінеді. Не үшін таласқанын өзі де білмейді. Әйтеуір, «бұның әлі үш жыл өмірі бар» деп аяғынан тік тұрғызып жіберіпті.
Шәді атам өлер шағында: «Менің ендігі жайым Қаратөбе болар. Әжем Зергер төренің жасына келдім, ол жетпіс сегізінде дүние салған еді», – депті. Естуімше, Шәді төре қорымының басынан шырақ жанып тұрады екен. Маңайындағы ел басына түнеп, топалаң болған малдарын түнететін көрінеді.
– Шәді атамыздың өлеңдері есіңде жоқ па, нағашы? – деп сұрап едім:
– Оның өлеңдері ұзақтау боп келеді, – деді ол, ойланып қап. – Көбіне қисса, дастандар шығарған ғой. Атағынан ат үркетін небір мықты ақындармен де айтысқан. Сынамаққа сұрасаң, бір шағын айтысын айтып берейін. Бірде Майлықожа жас Шәдіні сүріндірмек боп:
Шәді төре келеді жорғасымен,
Құдай артық жаратты ол басынан, – депті, қалжыңдап. Сонда Шәді оның қалжыңын одан әрі іліп әкетіпті:
Пұл емес, өлең жиған дорбасымен,
Әр сөзі құйылғандай қорғасыннан.
Сосын Файзекең маған қулана қарап:
– Әй, жиен, сен өзі Шәді атамыз жайлы ән шығарғалы жүрсің бе, әлде кітап жазғалы жүрсің бе? Несіне тәптіштеп сұрай қалдың? Әйтеуір, әлдеқалай жиендік жасап жүрмесең болғаны, – деді ол соңыра, әзіл-шынын араластыра.
– Е, нағашы, жиендік жасасам несі бар? – деп күлдім де, артынша шын ойымды айттым. – Нағашы, Шәмшінің енді әнді қойып, кітап жазуы қалып еді. Шәді атамыз жайлы кітап шығартпақ түгілі, атын да ататпай отыр емес пе? Менікі өзімнің арғы-бергі тегімді тереңірек тануға деген талпыныс. Адамның жасы ұлғайған сайын сол талпынысы күшейе түседі екен.
Файзулла маған сүйсіне қарап, тағы да ағытыла түсті.
– Оның дұрыс, жиен. Тегіңді білген дұрыс. Сенің текті жерден шыққаныңа біреудің таласы бар ма? Атаң Домбы ел басқарған би, сөз бастаған шешен болған. Шешендiгiмен қатар ақындығымен де аты шыққан. Созақтың жаз жайлауында «Домбы жайлауы», «Домбы құдығы» деген жерлердің аты өшкен жоқ. «Ер есімі – ел есінде» демекші, жер-су аттарына қазақ кiсi есiмiн тегiн бере салмайды. Домбы би Шу бойында «Төретоған», «Төретам» деген қоныстарының аты қалған Жүсiпбек төремен де қатар қонған кiсi. Домбы елге сыйлы, адамгершiлiгi мол, шаруа адамы болған. Керуенбасы болып, кiре де тартқан.
Қоштасарда нағашым Файзулла: «Ленин орденді Әнапия әкеңе сәлем айт, әпкемді көп ойлап қайғырмасын», – деді.
Мұқаш, мына құдіретті қара, сол кезде нағашымның аузына кітап жайында құдайдың өзі сөз салды ма, араға екі-үш жыл салып, өзі сүйіншілеп, қолыңдағы кітаптың шыққан хабарын телефон шалып, жеткізді. «Жиен-ау, сен емес пе қозғау салып жүрген кітаптың жазылуына?» – деп сұрады. Мен оған түк те қатысым жоқ екенін, кітап авторын мүлдем танымайтынымды айттым. Кейіннен бірер жыл бұрын Шәді төренің тікелей ұрпақтарына бір зерттеушінің хабарласқанын естідім. Сонда оның Немат екенін түсіндім. Оған Файзулла туралы айтпапты.
Мұқағали Шәмшінің әңгімесін ғажаптана тыңдаған.
– Шәкем-ау, екеуміз неше жылдан бері дос-жаран болсақ та, мен сенің шыққан ортаңды білмейді екенмін ғой, бәтшағар. Шәді төреге жиен екеніңді айтқансың, рас. Бірақ, оның үлкен ақын екенін білгем жоқ. Домбы атаңның би, шешен болғанын да білгем жоқ. Әкең Әнапияның Ленин орденді екенін де білгем жоқ. Оның «Қалдаяқ ұста» атанып кеткенінен басқа жарытып ештеңе айтпап едің. Ленин орденді болса, оның еңбегі ұшан-теңіз болғаны ғой, – деп, таңданысын жасырмады.
– Мұқаш-ау, әкемнің өзі де оны айта бермейтін, – деп күлді Шәмші. –Әкем орденді менің алты жасар кезімде алған. Менің тәй-тәй басып жүрген шағымда Арыс өзенiне бөгет салына бастайды. Әкем бөгеттің бас ұстасы болады. Тоғанның құрылысы аяқталғасын, оған Ленин орденiн береді.
Сол орденнен ол аяқ астынан айырылып қалды. 1969 жылы қыс қатты боп, қар қалың жауып еді ғой, есіңде ме? Көктемде Арыс өзенi тасыған кезде өзен жағасындағы қоржын тамдардың көбiн су ағызып әкеткен еді. Мiне, осы апатта әкемнің үйi де, дүние-мүлкi де суға кетті. Ордені де кете барды.
– Обал болған екен, – деп, Мұқағали басын шайқады.
– Әкемнің өзі обалсынса да, қатты күйзелген жоқ. «Балам, бас аман болсын», – деді де, қойды.
– Әкеңнің тұрқы қандай өзі?
– Орта бойлы, төртпақ кiсi. Атам Арыстанбек домаланған, iрi кiсi болған көрінеді. Сол тұрқына қарап, жеңгелерi Домалақ деп ат қойыпты. Кейін оны да қысқартып, Домбай деп кеткен. Елге Домбай, Домбы атанған. Бiздiң фамилиямыз да Домбаев боп қалды.
– Сен Қалдаяқов емессің бе, Шәке?
– Өй, Мұқаш, фамилиямның өзгеруі де бір қызық тарих. Мектептен кейін мені Кентауға ФЗО-ға оқуға жiберген ғой. Онда оқығым келмей, бiр күнi жаяулатып, ауылға қашып келдiм. Біреулер: «Партияның тапсырмасын орындамай қашқан адамды соттайды», – дедi маған. Зәрем зәр түбіне кетті. Әкемнiң паспортный столда iстейтiн бiр жолдасы бар еді. Сол кiсi бiр-ақ күнде фамилиямды өзгертiп, басқа паспорт жасап берген. Сол паспортпен Тәшкен жаққа тартып кеттiм. Шешемнiң сiңлiсi Зиякүл апамның үйінде бас сауғаладым. Кейін әкемнiң әмiрiмен Қапланбектегі зооветтехникумға түстiм. Әкем: «Малдың соңында жүрсең, жаман болмайсың. Ең құрығанда, ет әкеп берiп тұрасың», – деді, әзiл-шыны аралас.
– Қызық екен, Шәке, атаңның да, әкеңнің де, сенің де азан шақырып қойған аттарың өзгеріске түсіпті.
– Одан да қызық нәрсе көп, Мұқаш. Жәмшид деген атымды әкем Шәді төренің ықпалымен қойған ғой. Анығын айтсам, менің нағашы атам – Шәдi төренiң iнiсi Бұхарбай төре. Шешем Сақыпжамал мен Зиякүл апам – Бұхарбайдың қыздары. Бұхарбайдың әйелі қайтыс болғанда, әкем оған оң жақта отырып қалған Дiлдәгүл қарындасын қосыпты. Қызығы сол, нағашы атам әкеме әрi қайын ата, әрi күйеу боп шыға келдi.
Тегiнде, төрелердің қараға қыз бермейтiнi бар. Бiрақ, әкем Шәдi төренiң сүйікті шәкiртi болған. Шәдiнің жазғандарын қағазға көшiрiп, түгендеп, үнемi қасында жүретін хатшысы болған көрiнедi. Ұсталығын өз әкесі Арыстанбектен алса да, зергерлікті рухани әкесі Шәдiден үйреніп, батасын алған.
– Саған ол өнері жұқпады ма?
– Неге жұқпасын? «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Бала күнімде ауылдың бар тірлігін істедім. Соғыс кезінде трактор да айдадым. Зергер де боп кетер едім, Мұқаш. Бойымдағы музыка өнеріне деген құштарлық мені басқа жолға бет бұрғызды.
Бірақ, сол арман-жолға түскенше, өмірімнің бел-белестері кино кадрындағыдай ауыса берді. Қапланбек жолдамасы, Мұғалжар, зоотехник. Сахалин, үш жыл армия, офицер. Мәскеу, Чайковский училищесі, скрипка. «Темiр» совхозы, экспедитор, белсенді көркемөнерпаз. Ташкент, Хамза Ниязи училищесi, музыка теориясы.
Тәшкенде оқып жүргенiмде, Жамал Омароваға жолығып қалдым. Әншi апам жағдайымды көріп: «Қалқам, сенің мына жүрісің жарамайды. Алматыға жүр. Құрманғазы атындағы консерваторияға түс. Өзім көмектесемін», – деді, жанашырлық танытып. Сөйтіп, жас күнімнен арман болған консерваторияға түстім-ау. Бір-екі жыл қатарымнан қалып барып, тиіп-қашып оқысам да, барлық курсын тәмамдадым. Одан арғысын өзің де білесің, Мұқаш.
– Әй, Шәке, Шәкем-ай, ашылмаған аралымсың ғой сен менің, – деді Мұқағали, досына сүйсіне қарап.

***
Шәмші ауладағы өзі қолдан жасаған сәкіде отырып алып, ащы түтінін бұрқыратып, темекісін үсті-үстіне шегіп, ойдың шегіне жетер емес.
«Апыр-ау, Мұқағалидың бұ дүниеден өткеніне де тура он бес жыл бопты-ау. Құдайым-ай, өзінің тап осы күні, 27 наурызда өлетінін болжап кеткенін қалай түсінуге болады? Көріпкелдігі ме әлде?..»
Әлі күнге дейін көз алдында. Одаққа барып, Қалаубектің қасында әңгіме-дүкен құрып отырған. Кабинеттің есігі сарт етіп ашылып, алшаң басып, ардың-күрдің сөйлеп жүретін әдетімен Мұқағали кіріп келді. Түрі солғындау көрінді. Қол алысып жатып: «Жігіттер, қалайсыңдар? Қалау, маған мәшине тауып берші. Қаскелеңге барып келетін тығыз шаруам боп тұр», – деді. Қалаубек бір сөзге келген жоқ. «Қазір, Мұқа», – деп, телефон тұтқасына жармасты.
– Шәке, тым асығыс едім, тілдесуге титтей де уақыт жоқ. Бүгін қай күн еді өзі? – деп сұрады бұдан.
– Наурыздың он жетісі.
– Наурыздың он жетісі дейсің бе? Он күннен кейін менен бір хабар күт, Шәке, – деді Мұқағали.
Осы уақытта Қалаубек: «Мұқа, мәшине дайын, сыртта күтіп тұр», – деген. Мұқағали: «Рахмет, Қалау. Жақсы, жігіттер», – деп, шығып кетті. Бұл аң-таң. Сұрап та үлгермеді. «Бір хабар күт дегені несі?» Артынша әңгімеге алданып, онысын ұмытып та кетті.
Тұп-тура он күн өткенде, Қалаубек: «Шәке, Мұқағалидан айырылып қалдық қой», – деп, ақын өлімін естіртті. Қаралы хабарды естігенде, өз құлағына өзі сенбей, есеңгіреп қалған. «Қалайша? Кеше ғана сау жүр еді ғой. Бұл мүмкін емес…»
Сол күні күн де райын бермей, тым суық болды. Шәмші көңілі жабырқап, ешкімді көргісі келмеді. Терезенің алдында состиып, ұзақ тұрды. Көшеде бүрсеңдеп, үйлеріне қайтып бара жатқан адамдардың қарауытқан сұлбалары әзер-әзер көрінгенше қарай түсіп, орнынан қозғалмады. Көз байланып, кешкі қараңғылық қоюлана түсіпті.
Жәмиланың да жұмыстан келіп, үйге кіргенін естімепті. Бөлменің іші жарқ ете қалды.
– Түу, Шәмші шошытып жібердің ғой. Шам да жақпай, теріс қарап, неғып тұрсың? – деп сұрады ол, үрейін әзер басып.
– Мұқағали досым қайтыс бопты…
Үйдегілер кешкі асқа шақырса да, бармады. Диванда етбетінен түсіп, көзін жұмып, жатты да қойды…
Мұқағалиды жерлейтін күні ұзақ-сонар ақ жауын жауды. Ғажап, құдды табиғат-ана да көз жасын сорғалатып тұрғандай. Ол да халықпен бірге қимас ұлын соңғы сапарға шығарып салып тұрғандай көрінді Шәмшіге.
Әбділданың өзі бастап сөйлегені есінде. Жерлеу рәсімін ұйымдастырған сол екен. Мұқағалидың мәйітін ағайын-туыстары ауылдағы зиратқа, ата-бабаларының, әулетінің қасына апарып қоймақшы болған көрінеді. Әбділда олардың айтқанына көнбей қойыпты. «Кеңсайға жерлейміз, ақын-жазушылармен бірге жатсын», – депті.
Әбіш сөз алған екен бір кезде. «Мұқа, сіздің өнердегі өміріңіз енді басталды. Біз сізбен қош айтыспаймыз. Біз сізге «Қош келдіңіз, ақын аға!» демекпіз. Өмірге, өнерге келер әр ұрпақ сізге осылайша сәлем беретін болады», – дегені есінде қалыпты.
Қаралы митингті ұйымдастырушылар сөз сөйлеуді әркімнің өз атақ-дәрежесіне қарай белгілеп қойған сияқты. «Жер қойнына бергеннен кейін атақ-дәреженің бәрі ұмытылады ғой. О дүниеде атақ жоқ. Өлім бәрін теңестіреді емес пе?»
«Жұртым-ау, шын талантты көзі тірісінде керек қылмай, өлгеннен кейін өкіне жоқтайтынымыз қалай?» – деп ойлады Шәмші, сөйлеушілердің сөзі құлағына жетіп жатқанда. Кеңсайдың іші күңгір-күңгір етіп, күңіреніп тұрғандай естілді. «Ақынды жоқтауға тірілерге қосыла, өлілер де қатысып жатқандай. Олар да оны мәңгілік сапарға бірге шығарып салысып жатыр-ау».
Бір қызығы, ақынды жер қойнына бергесін ақ жауын да сап басылған.
«Мұқаш, сенің енді екінші өмірің басталды. Ол сенің аққан жұлдыздай қысқа ғұмырыңнан да ұзақ болғай. Сен өзің бар болғаны қырық бес жыл өмір сүрсең, сенің өлеңдерің одан да көп жыл, тіпті, ғасырлар бойы өмір сүреді», – деп ойлады Шәмші, Кеңсайдан қайтып келе жатып.
Шәмші сол күнгі оқиғаларды рет-ретімен тәптіштеп есіне түсіруге тырысып көрді. Кімдерге жолығып, кімдермен не сөйлескенін ұмытып қапты. Кейбірінің бейнесі көз алдында көлбеңдегені болмаса, не сөйлескені жадында қалмаған.
Мұқағалиды өзі көзі тірісінде жақсы көріп өткен одақтың ғимаратынан шығарған-ды. Халық қара нөпір. Ақын-жазушылар ғана емес, әншілер де, композиторлар да, артистер де жиналды. Ақынмен ақтық рет қоштасуға келгендердің ішінде басында шләпісі, қолында бір тал қызыл гүлі бар Бақыт Әшімованың бейнесі жадына мөрдей басылып қапты.
Көбіне Қалаубектің қасында жүрді. «Әбекең Мұқағалиды меншіктеп алғандай, оңды-солды бұйрық беріп жүр», – деп сыбырлап, оның мәнісін айтқан сонда.
«Мұқаш, кім білген, сен өлеріңде өзіңді Қарасазда жерлеуге аманат еттің бе екен? Мен о жағын білмеймін.
Бір білетінім, сен ауық-ауық еске алып, ауылыңды аңсап тұратынсың. Мен де кіндік қаным тамған киелі жерімнен, табаным тиген қасиетті топырағымнан нәр алатынмын. «Соншалықты не сыр бар ауылда, бізді өзіне тартып тұратын?» деп ойлаушы едім. Ауылдың суының, тамағының дәмі ме, қиының, түтінінің иісі ме, бұлағының сылдыраған үні ме, аспанындағы жұлдыздардың ерекше жымыңдауы ма?
Соның жаңа мәнін мен енді түсінгендеймін, Мұқаш. Біз екеуміз де өзімізді мезі еткен тасбауыр қоғамнан, арсыздардан, арамдардан қашып, өзімізді қорғайтын, бауырына басатын, жаурап қалған жанымызды жылытатын сая іздейді екеміз. Соны ауылдан табады екеміз. Ауыл біздер үшін адалдықтың ақ символындай болды. Ауыл біздер үшін азаттықтың кішігірім аралындай болды ғой, Мұқаш.
Міне, сен мәңгілік мекеніңді Кеңсайдан таптың. Сол қырда атағы жер жаратын қазақтың талай мықтысы жатыр. Кейбірі – қыр басында, кейбірі – сайдың табанында. Бірақ, халықтың сүйіспеншілігі тірінің қайда отырған атағымен, өлінің қайда жатқан орнымен өлшенбейді. Осы ыңғайдан алғанда, сен бәрінен биіксің, Мұқаш. Халқың сені ұшар биікке көтеріп отыр. Сенің мәртебең бәрінен биік.
Бір кезде сені өз қатарынан шығарып тастаған одақ сенің атыңда сыйлық тағайындауға мәжбүр болды. Олар сенің аруағыңнан қорықты, білем».
Шәмші өз ойына өзі мәз болды. Екі санын шапаттап еді, қайдан ұшып шыққаны белгісіз, бір ақ көбелек ұша жөнелді. Ол да асыр салып, қуана, ұшып бара жатқандай.
Оның қимылынан көз алмай отырып: «Апыр-ай, аруақтар кейде әлдебір жәндіктердің кейпіне еніп, хабар бере алады деуші еді. Мұқағалидың аруағы емес пе екен мына ақ көбелек? Әйтпесе, тіршілік әлі ояна қоймаған кезде бұл өзі қайдан шыққан жеке батыр?» – деп таңырқады бұл.
Тағы бір қызық жәйт жадына оралды. Мұқағали екеуі Медеуге барып, қыр басында Ақан Серіні еске алып отырғанда, осылайша бір көбелек ұша жөнелген еді. Сонда ақынның оған назары ауып: «Қарашы әне ала көбелекті, Абайдың өлеңін еске түсіріп жіберді ғой», – дегені есінде. Ақанның аруағы ма еді сол көбелек? Сол кезде ол жәйт елеусіздеу қалған.
Мұқағалидың Райымбек батыр туралы әңгімесі есіне түсті. Оның батыр бабасына құран бағыштап отырып: «Қайран бабам-ай, әділдік орнауға тиіс қой. Жер жаннаты Жетісуды жаудан тазартқан сенің басыңа қалың қазақ жасқанбай келіп, құран бағыштар күн қашан туар екен?» – деп, «аһ» ұрғаны да жадында.
«Мұқаш, сенің сол жалбарынғаныңды тәңірі естіді ме, әлде, о дүниеде жүріп, аруағың әрекеттенді ме, аңсаған арманың орындалды ғой. Сен дүниеден озғаннан кейін көп ұзамай-ақ, бес жылдан кейін бабаңа гранит ескерткіш орнатылды. Ол жерді жұрт киелі санайды. Қасиетті орын тұтып, тәу етіп тұрады.
Сол оқиға дем берген шығар, бәлкім, сенің «Райымбек! Райымбек!» атты поэмаңды «Лениншіл жас» қорықпастан жариялап жіберді. Рас, сол үшін редактор Сейдахмет Бердіқұлов партиялық сөгіс алды. Сенің артыңда қалған көп дүниеңді жариялап тұрушы еді. Соның салқыны тиді ме, кейін оны баспаға ауыстырды. Өжет жігіт қой өзі де. Анау-мынауға ыға бермейді. Баспаға директор боп барып, кітабыңды да басты. Сенің шәкірттеріңді де ұмытқан жоқ.
Талай арыстарды зар қақсатып, түбіне жеткен, қылышынан қан тамған компартияның заманы да келмеске кетті, әне. Қайта құру деді. Қайта құрып-құрып, ақыры, айналдырған бес-алты жыл ішінде өзі де құрып тынды. Жетпіс жыл бойы халықтарды қан қақсатқан диктатура құлады, Мұқаш».
Шәмші темекісін құшырлана тартып, естелікке елти түсті.
«Жасым алпысты алқымдаған шақта Изольданың сөзі құлағыма жаңғырып естілді. Ол менің алақаныма үңіле қарап тұрып: «Сенің жолың ұзақ, Шам, ұзақ өмір сүресің», – деп еді. Сонда мен күлгем: «Ай, мен осы пенсияға дейін жете алам ба?» – деп. «Жол ұзақ болғанмен, қисық. Байлық жия алмайсың. Дос та, дұшпан да таппайсың, бәрін жоғалтасың», – деп, жауап беріп еді ол, іштей аяныш білдірсе де, шындығын айтып.
Алпысқа жеттім, пенсия алмадым, бірақ. Бермеді. Сығандар пенсия дегеніңді білмейді екен ғой өзі. Мен де бір қаңғыма сыған болдым-ау, соған қарағанда.
Қоштасарда Изольда маған тағы бір құпия-сыр ашқан-ды. «Табордың саған «Шамс» деп қойған аты не білдіретінін айтайын. Ол сыған сөзі емес, арабтікі. Арабша «күн» дегенді білдіреді. Бірақ, сенің табиғатыңа «Шам» деген лақап ат дәл келеді. Ол да арабша. «Шам, шырақ» деген мағынада. Шам есімді адам үнемі қозғалыста жүреді. Достары қанша көп болса да, түбінде жалғыз қалады. Жалғыздықта өмір сүреді», – деп айтқаны да құлағыма жаңғырық боп келеді де тұрады. Сонда мен Изольданың аузынан сот үкіміндей өз тағдырымның пешене жазуын естіген екенмін ғой.
Абайдың жалғыздықтан жаны жабырқап, көңілі құлазыған кезде айтқан «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» дегені мына менің де басыма келді.
Бірақ, мен бұл жалғыздықты өзім қалап алдым. «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» десе де, жас кезімде қашанда ырду-дырду көпшіліктің арасында жүріп көңілім шалқып-тасып жүретін мен ендігі сәтте жалғыздықта өмір сүріп, жаным жай табарын түсіндім. Өзім пір тұтқан Ақан Сері де жырақта өмір сүрген жоқ па гәкку-ғұмырының соңғы кезеңінде.
Мұқаш-ау, мен сенің өсекшіл жұрттың сан-саққа жүгіртіп, күмәнді долбарының дүдәмал дәлеліндей көретін Фаризаға арнаған атышулы өлеңіңді мың сан рет ойға аламын. Бұның жәй арнау емес, халқыңа арнаған ашық хат екенін жел сөз қуған жұрт қайдан аңғарсын. Астарына үңіліп пе? Жә, жұрт сөзіне не дауа? Ойға алсам, осы өлеңіңде сен бейне-бір өміріңнің санаулы сағаттары қалғандай таусыла жырлайсың. Білген-ақ екенсің-ау, сезген-ақ екенсің-ау ғұмырыңның қысқа боларын.
«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деп тап басып айтқаныңды да мына мен сияқты жалғыздықты басынан өткерген адам жақсы білер. Сен өмірден шерменде боп өткен шын таланттардың ғана басында болатын мәңгілік жалғыздықты бір-ақ ауыз сөзіңмен түйіндеп беріпсің. Ойға алсам, сен осы өлеңіңде ақындық зарыңды, гәкку-мұңыңды ақтарыла айтып кеткен екенсің ғой, қайран досым.
Бірде сен жалғыздықта өмір сүрген Артур Шопенгауэр жайлы әңгімелей келіп, оның «Ақылды адамдардың жалғыздықты ұнататын себебі, олар ақымақтардың даңғаза тірлігінен қашады» деген афоризмі есіңде қалғанын айтып едің ғой. Шопенгауэрдің сол айтқаны да рас екен. Алматыда үйім, қатын, бала-шағам бола тұрып, айдаладағы дүнгендердің ауылында гараж-үй соғып алып, осында қашып келу себебім де сол ғой…
Айтқандай, Мұқаш, Мағжан ақын ақталды ғой. «Бес арыс» атанған алаш азаматтары халқымен қайта қауышты. «Мағжанның өршіл рухы мәңгілік айнала ұшып жүре береді» дегенің рас боп шықты.
Әттең-ай, радиодан сирек берілетін «Бәрінен де сен сұлу» әнінің авторы Майшекин емес, Мағжан екенін айтып, әділдікті қалпына келтіру керек еді. Оған кім құлақ салып жатыр дейсің? Ол да төрт бөлінген көңілімнің түкпірінде бір түйткіл боп қалды».
Мұқағали екеуі соңғы рет сұқбаттасқанда, ол бұған сүйсіне қарап тұрып: «Әй, Шәке, Шәкем-ай, ашылмаған аралымсың ғой сен менің», – дегені есіне түсті. «Ашылмаған арал», – деп, басын бір шайқап қойып, қайта ойға шомды.
«Әй, Мұқаш-ай! Мен арал болсам, сен тұтас құрлықсың ғой. Мен теңіз болсам, сен мұхитсың ғой, Мұқаш.
Екеуміздің бірге өткізген күндеріміз – менің өмірімдегі ең бір шуақты күндер екен. Соны енді түсіндім. Жылдар жылыстап, өмір-өзеннің жастық шақ жағалауы алыстаған сайын өміріңнің ең мәнді, ең сәнді сәттері аңғарыла бастайды екен-ау, ә.
Мұқаш, сенің күнделігіңді оқи отырып, ондағы кейбір жазбаларыңа таң болдым. Таң болғаным – олар маған соншалықты таныс, етене таныс. Рас, сенің отбасылық өміріңде орын алған кейбір оқиғалар маған беймәлім еді. Оларды маған әңгімелеуді аса қажет деп таппапсың. Ал, рухани дүниеңдегі өзгерістерді, ешкімге айтпаған ойларыңды менен жасырмапсың. Күнделігіңді қайталап оқыған сайын осыған көзім жете түсуде.
Күнделігіңнің сарашысы Бексұлтан жазушы оның кейбір беттерінің жыртылғанын айтады. Кім жыртқаны белгісіз. Әлденеден сақтанып, өзің жыртқан боларсың деген ойдамын. Болашақта балаларыма, ұрпақтарыма кесірі тимесін деп сақтық жасаған боларсың. Оныңды түсінуге болады. «Әлдеқандай заман боп кетер» деп, жүрегіміздің әбден шайлығып қалғаны өтірік емес қой.
Мұқаш-ай! Қарап отырсам, қылшылдаған қырық бес жасыңда сен аурудың түр-түрін жинап алыпсың ғой. «Менің денсаулығым қираған үй сияқты», – деп жазыпсың күнделігіңе. Ауырып жүргеніңді қалайша сездірмей жүргеніңе таңғаламын. Мен де алпысымда «жарау аттаймын» деп мақтана алмаймын. Бірақ, беті аулақ, сенің он аурудан тұратын тізімің менде жоқ сияқты. «Жүрек! Менің жалғыз тірегім – тек сол», – депсің. Сол кенен жүрегіңнің мықтылығынан шығар-ау, иектеп алған ауруға да, өзіңмен жағаласқан жауларыңа да төтеп бергенің. Сол жүрек шіркін мына мені анда-санда мазалап қояды, тәйірі».

***
Жаңа жыл қарсаңы. Аурухана. Шәмші екі иінінен әрең дем алып отыр. «Әлгі режиссер балдар қайда жүр екен?» деп ойлағанша болған жоқ, палатаның есігі ашылып, коляска итерген жігіт кірді.
– Ә, кеп қалдың ба? Сен баланың атың кім еді, қарағым? – деп, сұрады Шәмші одан.
– Аға, мен Тілегенмін, – деді ол.
– Өй, айналайын, құдай тілеуіңді берсін! Міне, осындай күйге түстік, қарағым, – деп, күрсініп қойды Шәмші.
Режиссер жігіт бұны коляскаға отырғызып, сыртқа алып шықты да, анадай жерде күтіп тұрған түсіру тобының ескі автобусына қарай алып жүрді.
– Аға, құтты болсын! Президентіміз сізге абыройлы, үлкен атақ беріп жатыр! – деді ол дауыстап, киноға түсірер алдында ағасының көңілін аулап, еңсесін көтергісі келгендей.
– Е-е, елеп-ескергендеріне рахмет. Ертерек бергендерінде сол құрғыр темір-терсектері таусылып қалмас еді ғой, түге, – деп, баяу үн қатып, ауыр күрсінді Шәмші.
Режиссер жігіт үндеген жоқ. Үйге барып, керек деген кадрлерді түсіріп алғанша, «ағаны шаршатпайын» деді ме, артық сұрақ та қоймады.
Жәмиламен екеуінің сөйлесіп отырған сәтін, Әбілқасымның рояльда, Мұхтардың скрипкада ойнағанын түсіріп алды. Мұхтар: «Фильмнің аты қалай?» – деп сұрады. «Шәмші Қалдаяқов», – деді Тілеген.
– Қарағым, киноның атын «Жылдарым менің, жырларым менің» деп қойыңдаршы, – деді Шәмші, соңғы өтінішім болсын дегендей.
Содан беріде екі ай өтті. Азапты, ауыр күндер. Биыл – кібісе жылы. Шәмші әкесінің «кібісе жыл кіді мінез көрсетеді» дегенді айтып отыратынын еске алды. «Жақсылық болғай, әйтеуір», – деп тіледі.
«Мұқаш, сен ақтық сапарға аттанғаннан кейін менің әкем де сол жылдың күзінде о дүниелік болды. Сексен бес жасында. Мен оның жасына жете алмаймын ба деп қорқамын. Дәрігерлер бауырда қатерлі ісік бар дейді. Бауырым, екеуміздің ауруымыз да ұқсас боп шықты, сөйтіп.
Сенесің бе, мен дөкей коммунистер емделетін совминнің ауруханасында жатырмын. Өмірінде коммунист болмаған, партия туралы бір ән жазбаған Шәмші бәлшәйбектердің бәлнісінде шалжиып жатыр, мінеки.
Маған атақ беріпті, Мұқаш. «Қалабасы Заманбек Нұрқаділов бергізуді сұрапты», – дейді. Тағы біреулері: «Мен жаздым хатты», – деп таласып жатқан көрінеді. Кімнің беріп, кімнің бергізгенінде шаруам жоқ. Атағын қайта алып қоймаса, болғаны да. Бір анық білетінім, халықтың өзі берген «Вальс королі» деген атағымды ешкім тартып ала алмайды. Мен үшін одан артық үлкен атақ, даңқ жоқ.
Мен туралы деректі кино түсіріп жатыр. Көрген-білгенімді айттым, әйтеуір. Сені ұмытқаным жоқ, Мұқаш бауырым. Киноның атын сенің өлеңіңе ұқсастырып «Жылдарым менің, жырларым менің» деп қоюын қаладым. Жаңа әзір халімді сұрай келген Нұрғисаларға киноның хабарын біліп беруін сұрадым. «Көріп қалайын» дедім. Көруге шамам келетін шығар. Жымпитып түсіріп, жұлмалап көрсетпесе, болғаны.
Мұқаш, сен өз күнделігіңде «менің бүкіл жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма» деп жазғаның есімде. Сол поэмадан сенің тұтас бейнең көрінеді. Сол бойынша оқырман сенің өміріңді зерттей алатынын айтқансың. Осы ойыңа толықтай қосыламын. Менің де әндерімнен бүкіл ғұмырымды зерттеп, зерделеп шығуға болады. Тек менің әндерім өз замандастарыммен бірге өшіп қалмаса екен деп тілеймін».

***

Темір жол вокзалының басында пойыздан түскен бір сыған әйел: «А где здесь театр Мусрепова?» – деп сұрастырды жағалай. Біреу жол көрсетіп тұрып: «А что там?» – деп сұрады, әлдебір әуестікпен. «Там провожают в последний путь «Короля вальса». Великий Шамс покинул нас», – деді ол, даусы тарғылданып, көз жасы мөлтілдеп.
Ақпанның төрт жылда бір айналып келетін артық күнінде Шәмші ақтық демін шығарды. Қайран Шәмші, өле-өлгенше аққудың сыңарындай болған мұңлық досы Мұқағалидың атын аузынан тастамай өтті.

Пікір қалдыру