Президентке кеңесшілер не үшін керек?

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
Өткен ғасырдың 80 жылдарында Батыс елдерінің бірқатарында бәріне жауапты саналатын патерналистік мемлекеттер халықтың жедел қарқынмен өскен әлеуметтік сұраныстарына жауап бере алмай, тығырыққа тірелді. Себебі еркін экономикамен әлеуметтік жаңашылдық өмір стаңдарттарын көз ілеспес жылдамдықпен өзгертіп жатты. Ал халық жаңа стандарттарға сәйкес, өмірге ілесіп, билікке, өзгеріс ағымына қарай жан-жақты жауап беретін сұраныстарға сай қатаң талаптар қоя бастады.
Осы кезеңде азаматтардың ой-ұсыныстарын тежеп, адамдардың дербестігіне тұсау болған бюрократиялық басқару стилі қоғам тарапынан сынға ұшырады. Нәтижесінде, қоғамдық қысымдағы үкіметтер бірқатар реформаларға баруға мәжбүр болды. Осы реформалар тудырған басқару тәсілі кейін жаңа мемлекеттік басқару стилі деген тың атауға ие болды.
Белгілі ойшыл Ю. Хабермас өткен ғасырдың соңында кеңесшілік немесе делиберативті демократия теориясын ұсынды. Бұл тұжырымға сәйкес, қазіргі мемлекеттер тәжірибесінде дәстүрлі демократиялық институттар (сайлау, референдум, сөз бостандығы және т.б.) билік пен қоғам арасындағы ауызбіршілікті тең ұстап отыру үшін жеткіліксіз болды. Тиісінше, азаматтық сана дамыған қоғамда демократиялық институттарды кеңесшілік қызметпен толықтырып, демократияның саяси-коммуникация құралдарымен демеп отырылды. Ал бүгінгідей ашық және ақпараттық қоғамда дәстүрлі институттар кеңесшілік демократия құралдарының көмегінсіз дағдарысқа ұрынуы әбден мүмкін еді.
Біздің өмір сүру формамызға шетелдік кеңесші деген термин – 1990 жылдардың басында, тәуелсіздікпен бірге ілесе келді. Отандық сарапшылар сол жылдардан бергі кезеңдердегі жүргізілген саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалардың құжаттамалық негізінде кімнің үлесі басым соған басымдық берді. Тіпті кейбірі «біздің нарық заманына бейімделуімізге жол салып берген идеологияны да солар жасады» деп жатты. Кейін елдегі реформалардың сәттілігі мен сәтсіздігінде де солардың қолтаңбалары бар десті.
Жаңа стиль мемлекеттік басқаруға бизнесте сыналған озық тәсілдерді алып келді. Мемлекет көптеген жауапкершіліктерін кәсіби азаматтық сектормен бөлісуді кеңейтті. Үкіметтік құрылымдар ашықтық пен есептілікке баса назар аударды. Мемлекеттік басқарудың, қызмет көрсетудің және қоғаммен кері байланыс орнатудың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманғы озық технологиялар кеңінен қолданыла бастады.
Басқаруда психологиялық тәсілдерді қолдану жөніндегі еңбегі үшін 2002 жылы Нобель сыйлығын иеленген америкалық ғалым Д.Канеман шешімдер жасау кезінде адамдармен кеңесу, олардың қабылданған шешімдеріне ықылас таныту жолдарын ұсынды.
Кеңес дәуірінде СОКП ОК кеңесшілер институтының жаңа бір лагерін қалыптастырды. Соның арқасында социалистік жүйе әлемнің 70-80 пайызына өз үстемдігін жүргізді. Ол ішкі және сыртқы саясатта өз жемісін берді. Әлемдік державалардың басшыларымен келісім шараларында Компартия басшылары кеңесшілерінің ақыл-кеңесіне арқа сүйеді.
КСРО кезінде СОКП ОК-нің Бас хатшылары өз кеңесшілері А. Бобиннің, Г. Арбатов, Г. Шахназаров, Ф. Бурлацкийлердің кеңестеріне үнемі сүйеніп отырды. Бас хатшылар шетелдерге шыққанда қаралатын мәселелерге қатысты кеңесшілерін өзімен бірге ертіп жүретін болды. Кеңесшілер институтына айрықша басымдық Бас хатшы Ю. Андроповтың тұсында берілді. Ю. Андропов кеңесшілері мен көмекшілерін Саяси бюроның мәжілістеріне қатыстырып отырды. Ол өз кеңесшілеріне: – Сіздердің маған емеурін танытқандарыңыз қажет емес, маған ашық пікірлеріңіз керек, егер ол менің көзқарасыммен қабысып жатса, мен онымен келісемін. Ал, қабыспаса, менімен келісулеріңізге тура келеді, деп ойын ашық білдіріп отырған.
Кеңесшілердің өз еркімен отставкаға кеткен оқиғасы болды ма? Ондай оқиға болды. Мәселен, СОКП ОК Бас хатшысы Л. Брежневтің кеңесшісі Ф. Бурлацкий өз патронына (Брежневке) ХХ съезд шешімдерін орындауынан ауытқуына байланысты атқарып жүрген қызметінен ресми түрде кететінін мәлімдеген. Бірақ ол араға аз ғана уақыт салып, келесі Бас хатшы Ю. Андроповқа кеңесшілік қызметке шақырылды.
Кеңесшілердің саясатқа тура ықпалы да болған. 1990 жылдары КСРО-ның тұңғыш президенті М. Горбачевтің кеңесшісі болған академик Агенбегянның бір ауыз сөзі Карабақтың Арменияға түбегейлі берілуіне жол ашып берді. Бүгінде Армения – Ресей үшін «Обыр ісігі» сияқты жазылмас жара. Ресей саясатының бұл өңірде болуы ұзақ жылдарға бағытталған стратегиялық жоба. Оның әскери күші дислокациялық ортаны тастап шыққан күні ұзақ жылдар бойы пісіп-жетілген бітеу жара жарылатыны анық еді. Бұл мәселе түбегейлі шешілді.
Генри Киссинджер – бұрынғы АҚШ президенттері Ричард Никсон мен Джеральд Фордтың Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі болумен қатар, сыртқы саясат жөнінде АҚШ-тың өзге президенттеріне де ақыл-кеңес берген дипломат. Кеңесшілік қызметінде Киссинджер Американың егемендік идеалдарын толық қамтамасыз ету мен қатар түрлі ауыртпашылықты жеңу жолдарына да атсалысты. ХХ ғасырдағы Америка президенттері идеализмге деген ұстаным беріктігін әлсіретпеуін ойлап, идеализм тарихтың жүрісін өзгерте алады деген америкалықтардың сенімін бұрынғыдан да күшейтуге атсалысты. Кеңесшілік қызметінде америкалық ой-сананың ортасынан қақ бөлініп, патриархалдық өткен дәуір мен болашаққа бағытталған жасампаз идеяның арасында бір жағынан изоляционизмге басымдық берсе, екінші жағынан халықаралық мәселелерге белсенді араласып, тынымсыз күн кешу қажеттігін алға шығарды. Бұл істе олардың кеңесшілері басты рөл атқарды. Кеңесшілер өз президенттерін ғаламдық төрт іргелі тәртіптің – еуропалық, исламдық, қытайлық және америкалық тәртіп ошақтарының барын естеріне салып отырды. Осы арқылы әлемдік өркениеттердің моральдық құндылықтарының қалыптасуына жол ашты.
2006 – 2009 жылдары АҚШ-тың Қаржы министрі сол кездегі Америка президенті Джордж Буштың ішкі және халықаралық экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған Генри М. Полсон Қытай еліне 25 жылда 100-рет ресми сапар шегіп, жабық есік жағдайындағы қатаң мемлекеттің бақылауда қалыптасқан жаңа капиталистік жүйесінің бастау көзі мен эволюциялық даму үдересіне және болашақ бағыт-бағдарына қатысты АҚШ үкіметіне ең құнды шешімдер жасауына ықпал ете білді. Осы кезеңде Қытай экономикасының, ең алдымен ұлттық телекоммуникация жүйесін жетілдіруге, энергетика және ауылшаруашылық салаларын, банк және қаржы жүйесін реформалауға да ерекше назар аударды. Қытайға Ұлыбритания үкіметі кері қайтарған әрі инфрақұрылымы мықты дамыған Гонконг арқылы АҚШ-тан ауқымды инвестиция тартып, соның арқасында Қытайдың жоғарыда аталған салаларын ғана емес, өзге салаларын да қарқынды дамыту бойынша құнды ұсыныс білдірді. Генри Полсонның Қытайда қолға алынған урбанизация саясатының тиімді жағына өз үкіметінің назарына аударуы, қала дамуындағы адами ресурстың өрісі, баспана мәселесі, бала бақша, мектеп, аурухана, жол, көпірлер салу мәселесіндегі берген кеңесі өз жемісін берді.
Алайда кеңесшілердің өз міндеттерін асыра пайдалану әрекеттері орын алған мысалдар да жеткілікті. 2019 жылдың соңында АҚШ-тың Әділет министрлігінің 1100 экс-прокуроры елдің Бас прокурорын отставкаға жіберу жөнінде мәлімдеме жасады. Олардың былай етулеріне президент Трамптың сайлауалды науқанында кеңесшісі болған Роджер Стаунның демократтар үстінен компроматтар жинауы себеп болды. Оған Бас прокурор ықпал еткен.
Жаңа реформалар толқыны мемлекеттік басқару тәсілдерін де түбегейлі өзгертті. Бұрынғы «вертикалды» басқарудың орнына «көлденең» басқару тәсілдері көптеп енді. Елдің игілігі үшін мемлекет пен азаматтық сектор әріптеске айналды. «Үкімет ең әділетті әрі тиімді шешім қабылдаушы» деген сенімге құрылған постулат «халықтың пікірі ескерілмей қабылданған шешімдер әділетсіз әрі тұрлаусыз» болып өзгертілді. Сондықтан «көлденең» тәсілдер азаматтарды шешім қабылдау процесіне кеңінен қатыстыруды көздейтін кеңесуші демократия құралдарын қолдана бастады. Қоғаммен кең көлемді диалог орнатудың жаңа құралы ретінде көпшіліктің ақыл-ойын жүйелеп, бір арнаға түйістіруге қауқарлы болды. Бұл жолда мемлекеттік кеңесшілердің азды-көпті еңбегі зор.
Енді өз елімізге келейік. Қазақстан Тәуелсіздігінің елең-алаңында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшілері кімдер болды? Олар Президентке қандай кеңестер берді? Елбасының мемлекет басқару ісінде шалыс баспауын қадағалап отырды ма, әлде олар жеке басының қамын күйттеуден аса алмай жүрді ме?
Кеңесшілер Мемлекет басшысына нақты қандай ақылдар берді? Еліміз олардың кеңесімен жасалған қандай өзгерістерді бастан кешірді? Бүгінде қоғам мұны білуге құқылы еді.
Өзге ел президенттерінің кеңесшілерінің іс-әрекетін өз еліндегі ғана емес, олардың басқа мемлекеттегі іс-әрекеттерінен де біледі. Ал біздің Президент кеңесшілері көзге көрінбеді, халық олардың кеңесші ретінде ісіне баға бермек түгілі, аты-жөндерін де дұрыс білген емес. Тіпті кеңесшілердің қатары жиі ауысатыны сонша, олардың қатарына кімнің қосылып, кімнің кетіп жатқанын да байқамай да қалып жатты.
Осы уақытқа дейін президенттің қанша кеңесшісі болды және олардың қатарында кімдер болды? Бізге белгілісі, олардың қатарында африкалық та, азиялық та, америкалық та, еуропалық та саясаткерлердің болғаны ғана. Ал олар соңына не қалдырды, ол туралы нақты мәліметтер жоқ. Бұл тақырыпқа алда қайтадан оралатын боламыз.
Штаттан тыс кеңесшілер қажет пе?
Кез келген мемлекет басшысы үшін кеңесші, логика бойынша, таптырмас дирижерлік таяқша іспетті. Ол өз уақытында және басқа да қадамдарды жасау перспективасын бейнелейді, болашақ ықтимал зардаптары бар қателіктерден сақтайды. Бұл – іс жүзіндегі факт.
Билеушіге кеңесшілер таңдау ісі аса маңызды. Сондықтан оларды мемлекеттік істерде шыңдалған кәсіби адамдардан таңдаған дұрыс. Мемлекет басшысы кеңесшілерін өзі таңдағаны абзал. Мұндайда ол өзіне сенімді, мемлекет ісіне адал кеңесшілерге ие бола алады. Бұл ретте Президент өзіне шындықты айтатын, сұраған сұрақтарына шынайы әрі нақты жауап ала алады. Басшы олардың пікірін тыңдап алып, өз талғамы бойынша шешім қабылдай алады. Ол өз кеңесшілерімен қаншылықты ашық болса, оған көп білуге жол ашылады. Сондықтан ол кеңесшілерінің айтқанына құлақ асқаны жөн. Ақылды президенттер сонда ғана жақсы кеңесшілерге ие бола алады. Ал жақсы кеңестер әрдайым басшының ақылдылығының жемісі болып табылады. Мұндайда басшы өз билігін жақсы заңдармен, адал достармен бекітіп, даңққа бөленеді.
Кеңесші таңдаудан жаңылмаған саясаткердің бірі – Сингапурдың ұлы реформаторы Ли Куан Ю. «Сингапур ғажайыбының» авторы әрі Сингапурдың ХХ ғасырдағы көсемі Ли Куан Юдің басты экономикалық кеңесшісі нидерландтық экономист Альберт Винсемиус болған. 1960 жылдары Ли мен келісімшартқа отырғанда ол Сингапур билеушісіне екі талап қойыпты. Оның алғашқысы – «Егер сіздер елдеріңіздің тез дамуын қаласаңыздар, биліктен коммунистерді және коммунист шатыс сұмпайыларды қуыңыздар» болыпты. Онысын «коммунистер ұрдажық, мұрындарына экономиканың исі де бармайтын, нарық заңдары дегеннің не екенін түсінбейтін, тек қана ұраншыл, ноқай болып келеді. Ал мұндай сауатсыз басшылар басқарып отырған кезде қандай да бір өрлеу, экономикалық даму, өркендеу деген ешқашан болмайды. Сондықтан Ли мырза, сіз менің ұсынысымның екеуінің бірін таңдайтын боласыз» депті.
Осыдан соң, Сингапур премьер-министрі кеңесшінің айтқанын кейінге шегермей, коммунистердің ықпалын шектеп, Батыс елдерінің даму жолын қалапты. Нәтижесін көрдіңіздер!
2014 жылы Тәжікстан Президенті Рахмон өзінің барлық кеңесшілерін қызметтен қуып жіберді. Осыдан соң үш деңгейлік жіктеуді енгізуге тура келді. Бірақ, тәжірибе көрсетіп бергендей, мұндай «бейбіт кезеңде» бірде-бір мемлекеттік шешім зардап шекпейтін еді. Дәл осылай деп үзілді-кесімді ұйғарым жасасақ, ол да ақылға сыймаған болар еді. Бір кездері Наполеон: «Мен кеңесшілерімді тыңдаған кезде ғана жаңылыстым, бірақ шешімді өзім қабылдағанда қателескен емеспін» деуіне де құлақ ассақ болады. Алайда басшылардың эмоцияның ешуақытта тиімді шешім қабылдау мен кадр ауыстырудың одақтасы болмайтынын байқай бермейтініміз күндердің күні билеушіге соққы болып тиетіні айқын.
Аса байсалды кеңесшілер кейде мәселенің шешімінің дұрыс шешілуіне ықпал етеді. Олардың кейбірі өз ойының дұрыстығы үшін табанды тұра біледі. Кейбір мемлекет басшылары өз кеңесшілерінің ақыл-кеңестеріне құлақ асып, олардың ойларын ашық білдіруіне жол ашып отырған. Мысалы, АҚШ президенті Кеннеди өзінің жанына қоғамдағы аса ықпалды саясаткерлер Макнамара, Банди, Саренсонды топтастыруы Американың өткен ғасырдың 60-шы жылдардағы саясат тақтасындағы тасын бір сатыға алға жылжытты. Ал сол кездегі кеңес басшысы Хрущевтің кеңесшілері Ильичев, Сатюков, Леведевтер орта талантты, елге аса танымал саясаткерлер қатарынан емес еді.
Кеңестік Бас хатшылардың арасында Андропов ғана айналасына әбден сыннан өткен саясаткерлерді жинай білуімен есте қалды. Бірақ ол кеңесшілерін суға тұншықтырмай, яғни, аса жоғары биіктетпей, су үстінде құрғақ ұстауға тырысты.
Қазақстан Президентінің кеңесшілер институты тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері іс жүзінде өзгерген жоқ. Алғашында отандық «мозгочиналармен» қатар, ол орынды арнайы шақырылған шетелдік легионерлер атқарды. Алайда, олардың кеңестері елімізге қаншалықты пайда бергені осы күнге дейін белгісіз. Әйтсе де, дәл қазір кеңесшілер институты қызметтің ең ашық түрі болып отыр.
Жақын және алыс шетелдерден кеңесшілерді шақыру әлемдік практикада бар. Алайда мұндайда белгілі бір нәтиже көрсеткен саясаткерлерге ғана ставка жасауға болады. Бірақ оларда кеңес берудің жинақталған тәжірибесі, өкінішке орай, таңқаларлық емес. Өкінішке орай, қазақстандық азаматтығы жоқ кеңесшілермен жұмыс істеу тәжірибесі жүйелі қателік болды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары елімізге қазақстанның экономикасы мен ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихи даму тенденциясын білмейтін экономистердің келгені белгілі. Олардың алды Еуропа мен соңы Африка елдерінен келді. Экскурсия жасаумен шектелген олардың кеңесі өздерімен кетті. Сол тұста экономикасы әбден тұралаған Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдері өз қотырын өздері қасып, ұлттық негізде дамудың жолын қалап алды.
Билеуші қашан да кеңеседі, бірақ ол сұраныс кеңесшілердің тарапынан болған емес. Ол билеушілер қалауымен болды. Мұндай жағдайда билеуші өз кемшіліктерін шыдамдылықпен тыңдағаны абзал.
Билеуші өз билігінің басын зайырлы заңдармен, адал достармен, жақсы үлгілермен бекітіп безендірсе ғана даңққа бөленеді. Жақсы кеңестер әрдайым билеушінің ақылдылығының жемісі болып табылады. Бірақ ол үнемі салтанат құра бермеген. Ежелгі Грекияда қоғам мәселелері талқыға түскенде кім қатты айқайласа, сол адамның сөзі әділ деп шешілетін болған. Осылайша охлократия дүниеге келген. Осы схемаға кезінде кеңес елінің басшысы Хрущев көп жүгінген. Оның іс барысындағы қимылы кейде «хайпократияның) айқайға бет алған азшылық диктатурасына сайған. Хрущевтің АҚШ президенті Кеннедимен кездесуіне дәл осындай баға берсек те болады. Бүгінгі таңда көптеген Президенттер халықпен ашық пікірталасқа шығуды дәстүрге айналдырған. Мұндайда оған командамен дайындалған кеңестердің қажеттігі айқын. Әсіресе, ең жақын идеялас, «альтер эго» кеңесшілердің ақылы аса қажет.
Мемлекет басшысы саясатта томаға тұйық қалмауы тиіс. Мұндай жағдай орын алған кезде басшы дұрыс шешім қабылдай бермеуі де мүмкін. Франция президенті Шарль де Голльдің «Жоғары билік адамды жалғыздық пен мұңға батырады» — деуі оның саясаттың шырмауында жалғыз қалған тұста қиналғанда айтқаны болар. Мемлекет басшысына тек ар-ождан үшін ғана емес, сонымен қатар жалақы үшін де жұмыс істейтін «қол» кеңесшілер бар.
Саяси және бизнес-элита өкілдерімен жеке өзара қарым-қатынасқа қарамастан, бейтарап қабілетті тәуелсіз кеңесшілер баламалы жұмыс жасау керек деген пікір жиі естіледі. Бұл ұстаныммен келіспеу қиын, осыдан бірнеше жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мәселелер жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Президентке оның аузына қарайтын және оның ой-пікірін табуға тырысатын кеңесшілер қажет емес» деген пікір айтты. Бұл – шын мәніндегі үлкен және басты мәселе.
Президенттің кеңесшілерін, олардың мемлекеттегі бірінші тұлғаға жақын болуына қарамастан, мемлекеттік иерархиядағы ерекше каста деп айту қиын. Көп жағдайда бұл лауазым қазір формальды. Мәселе, кім және қандай кеңестер береді деген сұрақтың жартысы ғана. Бізде берілген ұсынысқа сараптама жүргізілмейді.
Ресейлік экономист Евгений Ясин айтқандай, билік шешімдері, соның ішінде Президент шешімдері кеңестерден емес, мән-жайлар бойынша қалыптасады. Екінші жағынан, кеңесшілер, қалай айтса, олардың жасаған ұсыныстары құнарлы топырақта өнуі үшін қолайлы жағдайдың қалыптасуына ықпал ете алады. Бірақ бұл біздің кеңесшілерімізге тән емес.
Ресей президентінің қазіргі уақытта жеті кеңесшісі бар. Олардың ішінде Путиннің Каспий мәселелері бойынша кеңесшісі Виктор Калюжный бізге Қазақстан кеніштерінің ресейлік компаниялар меншігіне өте бастауы, Ресей-Қазақстан шекарасындағы кеніштердің ортақ пайдалануға берілуі, «Лукойл» бастаған алпауыттардың Қазақстан экономикасына бел шешіп араласуы Калюжныйдың міндетін жақсы түсінетіндігін және оны болашақпен қатыстыра отырып, болжайтындығын байқатты.
Путиннің экономика мәселелері жөніндегі кеңесшісі Андрей Илларионов 2003 жылдың шілдесінде Қазақстанға келіп, Президентпен кездесті. Кездесу барысында кеңесші мен Президент экономика мәселелері жөнінде ой бөлісті. Кеңесшінің біздің Елбасымызға не айтқанын кім білсін, бірақ оның осы кездесуге риза екенін байқадық. Тіпті ол масаттанған көңілмен Қазақстан экономикасына мақтау да айтып жіберді. Илларионов Кремльдегі ең беделді экономист мамандардың бірі болып саналатын. Дегенмен де президенттер дәрежесіндегі келісімнің оған сеніп тапсырылғаны оның абырой-дәрежесінің жоғарылылығынан ба, әлде бізге деген «ескі үлгідегі ағалық» көзқарастың әлі жойылмағандығынан ба, деп қалдық. Осыдан логикалық сұрақ туындайды? Қай елдің президенті Қазақстан Президентінің кеңесшісін қабылдапты? Есте жоқ, әзірге оны дөп басып айта алмаймыз. Әйтпесе, Қазақстан премьер-министрлерінің Ресейдің қатардағы министрлерінің қабылдауына кіре алмаған оқиғасын қайда қоямыз?.. Десе де, еркін ойлы кеңесшілер өз билеушісіне үнемі жаға бермеген. 2005 жылы Ресей президентінің кеңесшісі Андрей Иллиаронов Путиннің Ресейді Батыспен және өзге де әлеммен жанжалға алып бара жатқанын айтып, қызметінен кетті.
Билеушілердің қоғаммен байланысының тұрақты жолға қойылуы саясаттағы ең шетін мәселе. Мәселен, Қырғыз президентінің қоғаммен байланыс істері жөніндегі кеңесшісі бар. Ол саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейді. Оған қоғамдық пікірді зерттеп, жүріп жатқан өзгерістерді қадағалап, талдап отыру да жүктелген. Отыздан астам саяси партия тіркелген, төрт мыннан астам үкіметтік емес ұйымдары бар Қырғызстанда қоғамдық ұйымдардың жұмысына жауап беретін президент кеңесшісінің болғаны дұрыс-ақ.
Біз басқа елдердің президент кеңесшілерін тегіннен тегін мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Басқа ел президенттерінің кеңесшілері елімізге келіп, мемлекеттік саясатқа араласып жатады, ал біздің кеңесшілер неге көлеңкеден шықпайды? Тасада отырып, ақыл айтуға жарағанда өзінің саяси көзқарасын, ұстанымын қоғамдағы өзгерістер туралы субъективті пікірін неге қоғам алдында білдірмейді? Өзге елдерде президент кеңесшісі президенттің өзі сияқты қоғамдық тұлға, саясаткер. Еңдеше, олар халықтың алдына шығып, өзі мен сөзін танытса болмас па еді?
Өзбек саясатында да кеңесшілердің ықпалы зор. Осыдан бірер жыл бұрын Өзбекстан президентінің ауылшаруашылық істері жөніндегі кеңесшісі Исмаил Жорабеков (бір кездегі вице-премьер) жаңа тағайындалған облыс әкімдерін (хоким) қызметке өзі апарып таныстырып, отырғызғанын көрдік. Әрине, бұдан біз кеңесшілерге деген сенімнің артып отырғанын көреміз.
Бір уақыттары Президентке жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіре алатын, ішкі саясатта өзіндік ықпал ететін орталық рөлінде Президент аппараты құрылымында штаттық тепе-теңдікке қарсы, неғұрлым дайындалған және жан-жақты білімдар штаттан тыс кеңесшілер сөз сөйлей алады деп есептелді. Бұл енді кеңесшілерді таңдауға байланысты атқарылатын жұмыс алгоритмі.
Бұрынғы президенттерден кеңесшілік қызмет атқарып жүрген жалғыз саясаткер болса, ол – Минтемир Шаймиев. Татарстан Республикасы президентінің мемлекеттік кеңесшісі болып қызмет атқаратын оған, бүгінде бір ғана міндет – елдің байырғы атауы Булгарияны қайта қалпына келтіру жұмыстары тапсырылған. Біз оны Минтимир Шәріпұлының Қазан қаласындағы бас кеңсесіне барғанда көрдік.
Қазіргі татарлар – мыңдаған жылдар бойы өздерін булгарлармыз (Булгария) деп атап келген. Кама өзенінің жағалауында тіршілік етіп, қала соғып, қолөнерлерін дамытып және егіншілікпен айналысқан халықтың өзіндік мәдени дәстүрі қалыптасқан.
1396 жылы Булгар қаласы мен осы аттас мемлекет Алтын Орда империясының соққысынан тас талқаны шығып, оның қол астына кіреді. Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Булгарлар өз билігін қайтадан орнатып, астанасы етіп Қазан қаласын белгілейді. Осыдан соң қала аты – «Болгар-аль – Джадил» яғни «Жаңа Булгар»-деп аталады. Қазіргі татарлар қаншама ғасырлар бойы өзінің ата-бабаларынан келе жатқан булгар атауын қайтарып алу үшін Ресей билігімен қаншама рет күресіп келеді. Бүгінгі таңда Татарстан билігі Кама өзенінің аралында жаңадан Булгар – Свияжск қаласын салуда. Осы қасиетті іс Минтимир Шаймиевке жүктелген. Кеңесшінің бұдан басқа ісі жоқ, ол қызмет бөлісу кезінде айқындалған.
Тәуелсіздіктен соң, елімізге алыс-жақын шетелдерден бірнеше тәжірибелі саясаткерлер шақырылғанын жоғарыда айттық. Мәселең, белгілі құқықтанушы профессор Нағашбай Шайкеновті 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Свердловскіден Қазақстанға шақырып, өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Ол өз міндетін барынша сауатты атқара білді. Н. Шәйкенов 1993 жылы Әділет министрі қызметіне ауысты. Ол осы қызметте жүріп, елімізде құқықтық реформаның негізін қалады. Бірақ ол түрлі қарсылықтарға ұшырады. Президент аппаратының ұсынысымен штаттан тыс кеңесшілер институты пайда болды. Штаттан тыс кеңесшілер қатарында Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Болат Әбіловтің де болғанын еске алсақ, олардың қандай да бір мәселе бойынша өз пікірін білдіруі үшін мүмкіндіктері көп болмағанын бағамдаймыз. Мәселен олар өз кеңестерімен Мемлекет басшысының наразылығын туғызып, өздеріне үрке қарауға басымдық бергендей көрінеді. Алайда олар жүйенің бір бөлігі сияқты және бизнестің мемлекетпен және элита өкілдерінің бір-бірімен қалыптасқан өзара қарым-қатынасына байланысты тек бюрократиялық шарттардан ғана тәуелсіз болуға ықтимал болған сияқты.
Президентке тәуелсіз кеңесшілер қажет пе?- деген сұраққа жауап осы лауазымдарға кадрларды іріктеу қағидаттарына қатысты туындаған мәселенің қалай шешілетініне де байланысты. Жалпы, үдерісті саяси конъюнктура басқаратынын естен шығармағанымыз абзал. Егер ол обоймаға немесе жақын шеңберге кіретін шенеунік уақытша істер ісі жоқ болса және жұмысқа орналасуға мұқтаж болса немесе тағайындалған адамның кеңестері елдің одан әрі дамуы тұрғысынан маңызды және құнды болса, кәсіби мақсаттылыққа сүйене отырып жүргізіледі.
Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңінде Қазақстан Президенті кеңесшілері корпусындағы ойын ережелерін Олег Сосковецтің командасы жүргізген кездер де болған. Оны ең алдымен, экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесші Григорий Явлинский және шетелдік инвестициялар жөніндегі кеңесші Владимир Щербаковқа (бұрынғы КСРО Экономика және болжау министрі) қатысты айтуға болады. Бұл топтың жұмысының қорытындысы бірнеше рет ұрандатылып та айтылды. Бұл топ фаворитизммен, парақорлықпен, Сосковец бақылауындағы фирмалар мен компанияларды құрумен ерекшеленді. Осыдан соң, көп ұзамай дүние қуып кеткен жоғарыдағы кеңесшілердің бәрі отставкаға кетті.
Сосковецтің орнына американдық атышулы заңгер Джеймс Гиффен келді, ол да үлкен айқаймен кетті. Ақырғы мансабы Нью-Йорктің Манхэттен сотында аяқталды. Алайда, «легионерлердің» ашқарақ тәбеті бұл фактіні жоққа шығармайды. Соңғы уақытқа дейін экономикалық мәселелер бойынша Президенттің кеңесшісі қызметін КИМЭП президенті Чан Йан Бэнг атқарды. Ол КСРО-ның экономикалық реформалары, Корея мен Солтүстік Кореяның экономикалық дамуы туралы ғылыми еңбектің авторы болатын. Доктор Бэнг Қазақстанға 1990 жылы келіп, сараптама комиссиясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды және біздің шенеуніктерге экономикалық саясат, нарықтық реформалар және жекешелендіру мәселелері бойынша кеңес берген болды. Бірақ ол өзінің кеңестерімен емес, КИМЭП пен байланысты дау — жанжалдар сериясымен есте қалды. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысына кеңес беріп ғана қоймай, «ЮСКО Интернэшл» ЖШС-нің иесіне айналды. Ол көпсалалы компания құрылыс, телекоммуникация, инженерлік жүйелер, қоймалар мен логистика, жылыту және ауаны желдету сияқты бағыттарда жұмыс істеп, өрісін кеңейтті.
Президент кеңесшісі Дүниежүзілік банктің бұрынғы басшысы Джеймс Вульфенсонның Қазақстанға қаржылық дифирамбаны жолға қоюға берген уәдесі құрдымға кетті. Ол өз уәдесін орындамады және шынайы еврейлер сияқты ағылшын стилінде ұзақ қоштасып, әрең кетті.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр ұзақ уақыт қаржылық магнаттардың көңілін аулады. Кезінде Ливия лидері Муаммар Каддафидің кеңесшісі болған ол әртүрлі қаржы ұйымдарының, атап айтқанда «JP Morgan» Банкінің, «Абу-Даби» қорының және Таяу Шығыс аймағының бірқатар үкіметтерінің кеңесшісі болды. Өз кеңестері үшін Қазақстаннан жылына 13 миллион еуро жалақы алды. Бірақ оның ақыл-кеңесінен Қазақстан Президентінің кеңесшісі ұғымына қойылуы тиіс үлгі болып табылмады. Қазақстан көшбасшысы Блэрдің екі жылдық кеңес беру қорытындысы Human Rights Watch еуропалық және Орталық Азия бөлімінің директоры Хью Уильямсон айтып өткендей, «Блэрдің күш-жігері, мүмкін, Үкіметке ресми Астананың беделге ие болуына мүмкіндік берген болар, бірақ ол нақты өзгерістер әкелмеді» — деуімен сәйкес келеді. Егер олардың пайдасы аз болса, Президентке тәуелсіз кеңесшілердің қажеттілігі қаншалықты қажет?
Осыдан соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев штаттан тыс кеңесшілер институтын болмайтынын жариялады.
Кеңесшілер туралы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген итальян ақыны және тарихшысы Артуро Графтың: «Көп білетін адамдардың кеңестеріне, ең алдымен, сізді қатты сүйетіндердің кеңестеріне назар аударыңыз» деуінде үлкен мән бар. Ал біздің кеңесшілеріміздің бұрынғы Мемлекет басшысына деген махаббаты мен құрметі «альтер эго» тұрғысында мүдделес болған емес. Кейін бұл орын запастағы аэродромның рөлінде қалды.
Президент кеңесшілігін «тыл» ретінде пайдалану қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? Бұған дейін қанша адам бұл «тылды» пайдаланып келді? Бұл сұрақтарға біз барша қоғам болып жауап іздеуге міндеттіміз.
Экс-президенттің бұрынғы кеңесшілерінің ішінде Ертісбаевтан басқалардың үні неге шықпайды? Әлде өзі үшін де, басқалар үшін де қоғам алдында есеп беру міндеті тек соның мойнына жүктелген бе? Бұл тұрғыдан алғанда, «бірде терекке, бірде бұтаққа» тиіп жатса да, Ермұхаммед Ертісбаевтың өз көзқарасын ашық айтып жүргені пайдалырақ болған сияқты. Ол мемлекет кайраткерлері туралы да, оппозиционерлер туралы да пікірін ақпарат құралдары арқылы білдіріп жүр.
1990 жылы Қазақстан Президенті кеңсесінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс және мәдени-көпшілік бөлімінде жұмыс атқарған Игорь Романовтың есімі көпшілікке танымал. Бұдан кейін де оның қызметі ақпарат құралдарымен және қоғамдық пікірді зерттеу саласымен тығыз байланысты болды. Ол 1992-1993 жылдары Президент кенесшісі, 1994-1995 жылдары Президент көмекшісі де болды. Ол кеңесшілердің арасында көзге көп түсуімен есте қалды.
Өзекті мәселені шешуде ұжымдық интеллектінің пайдасы зор. Мұндай тәсілдер шешім қабылдаушыға ашық арналар арқылы жеке адамдардан, сарапшылардан келіп түсетін креативті идеялар мен білімнің артықшылықтарын басқаруда қолдануды көздейді. Осы арқылы ең тиімді және көпшіліктің қатысуымен қабылданған шешімдерді жасақтауға жол ашылады.
Белгілі қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков 8 ай Президенттің аграрлық мәселелер бойынша кеңесшісі қызметін атқарды. Алайда осы уақыт аралығанда ол бірде-бір рет өзіне міндеттелген мәселелер бойынша Мемлекет басшысына шақырылмаған. 1991 жығы тәуелсіздіктің елең-алаңында Серік Әбдрахманов та президенттің кеңесшісі болды. Ол Президентке жекешелендіру, демократиялық даму, жаңа қоғамдық қатынастар мәселелері бойынша кеңестер берумен айналысты. Бірақ кеңесшінің ақылы президентке ауыр міндеттер жүктеп, соның салдарынан ол қызметтен кетуге мәжбүр болды.
Жазушы, саяси қайраткер Әбіш Кекілбаев Мемлекеттік хатшылық қызметке дейін Президент кеңесшісі болып қызмет атқарды. Сондай-ақ, Ұзақбай Қараманов, Атамұрат Шәменов те кеңесшілер қатарында аяқ суытты. Тіпті Қазақстан Патриоттар партиясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ғани Қасымов 1990-1992 жылдар аралығында Президент кеңесшісі қызметін атқарды. Қазақстан тәуелсіздік алғанда осы абыройлы істің басы-қасыңда Серік Бүркітбаев, Сәт Тоқпақбаев Президент кеңесшісі қызметтерін атқарды. Ал Георгий Ким Әділет министрі қызметіне тағайындалмай тұрып, бар-жоғы төрт-ақ ай Президенттің құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі болды. Сондай-ақ Георгий Ким 1995 жылдан 1997 жылға дейін Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды.
Атқарушы билікте сыннан өткен Жансейіт Түймебаев Президент кеңесшісімен қатар протокол қызметінің басшысы қызметін қатар алып жүрді. Ресейде елшілік қызмет атқарған Тайыр Мансұров та азғана уақыт кеңесшілік қызметтің дәмін татып, Солтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Ал Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңаөзен оқиғасынан соң уақытша кеңесшілік қызмет атқарып, кейін вице премьер-министр, Мемлекеттік хатшы қызметін атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында Гиффеннен бастап, талай адам Президенттің кеңесшісі қызметін атқарып келген. Алайда кеңесшілер бұл қызметте бір-екі жылдан астам отырған емес. Мәселен, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Серікбай Нұрғисаев Президент кеңесшісі болып қызметке тағайындалуынан ауысуы тез болды. Сыр суы мен күрішінің дауын шеше алмаған шенеунік үшін кеңесшілік қызмет те ауыр тигендей. Ал министрліктер мен агенттіктердегі кадрлық өзгерісте оған лайықты орын табылмады. Кейін Мәжіліс депутаты болып сайланып, ол жерде де құнды бір ұсыныс айтпай-ақ, қызметін ауыстырып кетті. Осыған қарап, Президент кеңесшісінің орны уақытша паналау орны ма деген ой туады?
Шетелдерде кеңесшілердің салмағы басым
Шетелдік сарапшы-кеңесшілердің көмегіне сүйену әлемдік тәжірибеде бар және ол өзін-өзі ақтаған саясат. Мәселе, оны жүзеге асыруда сияқты. Чехия реформаларының атасы атанған Вацлав Клаус кезінде егер мемлекеттің ішкі реформаларына шетелдік кеңесшілердің үлесі тым көбейіп кетуіне жол берілсе, сол елдің ұлттық-мемлекеттік үлесінің артуы мүмкін еместігін ескерткен. Бұл дегеніңіз, тізгінді 100 пайыз сеніп тапсыруға болмайды деген сөз.
Мұндай трендтердің озық үлгісі жайлы айтар болса, оны байқап көруге болады. Бұл біздің отандық сарапшылардың шетелдегі әріптестермен жан-жақты байланысуына, тәжірибе алмасуына, академиялық соңғы жаңалықтармен түпнұсқасында танысуға мүмкіндік береді. Жалпы, кез келген салада іштей тұмшалану, жақсы үрдіс емес. Бұл өсуге емес, кері кетуге жол ашады. Біздің елдің азаматы болмаса да, өз ісіне шын берілген ғалымдардың пікірі кез келген ел үшін маңызды. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, нарықтық қатынастардың, реформалардың, тіпті әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың концепсиясының негізі шетелдік сарапшылардың қолымен жасалды деген пікірге басымдық беріліп келді. 1990 жылдардың бас кезінде шетелдік банктерде эксперт болып жұмыс істеген мамандардың алған айлық табысы – 2 мың АҚШ доллары болса, олардың біздің еліміздегі айлық жалақысы – 20-30 мың АҚШ долларын құраған. Бұл – нені көрсетеді?
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында нарық зандылықтарын қалыптастыруға, реформаларды аяғынан тік тұрғызуға бөлінген қаржы несиелердің 60 пайызға дейінгі қомақты бөлігі шетелдік сарапшылар мен профессорларға айлық жалақы, қаламақы, бонус ретінде берілген. 1990 жылдары шетелдік сарапшылар елімізге келіп жатқан тұста, біздің Үкімет оған «қазақстандық сарапшыларды да қатыстырыңдар» деген талап та қойыпты. Бірақ ол ескерусіз қалған.
Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Өзіміздің азаматтар нарық заңын толық игерді. Отандық консалтинттік фирмалар қалыптасты. Биліктің құрамдас бөлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша ең үздік жоғары оқу орындарында білім алған жастармен толығып жатыр. Солардың арасынан кеңесшілерді неге іздемеске?! Ақыл айту, кеңес беру қай кезде де оңай көрінгенмен, істі алға жылжытатын, экономикалық секторда нақты пайда әкелетін маман қазір жеткілікті. Әйтсе де, консалтинг саласының мамандары орта және шағын бизнес үшін кеңесшілерінің қызметіне жүгіну өмірлік қажеттілік.
Кадрлық ротация – қай кезеңде де аса маңызды рөль атқарған. Бұл – сайып келгенде билеушілердің өзіне лайықты кенесшілер табуы ең үлкен және табылған шешімдеріне саяды. Әлемдік тәжірибеде Мемлекет басшыларына кеңесшілер таңдағанда олардың атқарушылық және ұйымдастырушылық қабілетіне баса назар аударылады.
Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев кеңесшілер институтына бұрын ашық алаңдағы саяси тартыстарға шықпаған, бірақ ортаға танымал жаңа тұлғаларды тартты. Олар тарихшы саясаткер – Ерлан Қарин, филолог ғалым, журналист – Бауыржан Омаров, экономист-заңгер – Әлия Рақышова және Бағдат Мусин, Мәлік Отарбаевтар.
Е. Қарин – саясатта өте нәзік пайымдағы элементті алып кетуге қауқарлы. Ерлан Тынымбайұлы – Президент кеңесшісі құзырында Қоғамдық кеңестің, азаматтық қоғамның, Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарын үйлестіруге жауапты. Президенттің шетелдік сапарларында жанына еріп жүреді. Демек, оның қажетті кезде беретін кеңесі маңызды.
Ерлан Қарин ішкі саясатта да өз ойын ашық білдіріп отыруымен де танымалдыққа ие. Ол Қордайда орын алған жанжалдың әлеуметтік шығу себептеріне тоқталып, өз ойын сындарлы білдіре білді. «– Бірлікке, ынтымаққа шақырғанның бәрін биліктің сөзін сөйлеп отыр деп айыптау дұрыс емес. Бұлар – шынымен де қажет құндылықтар. Бірақ бар кемшіліктерді де мойындауымыз тиіс. Яғни, айналада болып жатқан кез келген оқиғаға байыппен салмақты қарауға ұмтылғанымыз жөн» – деуі оның мәселеге ашық пікір білдіре алатындығын білдіреді. Бұған дейін мұндай саяси салмағы басым сөзді бірде-бір кеңесші айтпаған еді. Президент оны күнде жанынан көргісі келеді. Жақында оған Мемлекеттік кеңесші қызметі сеніп тапсырылды. Енді ол мемлекетіміздің ішкі саясатына толық жауап береді.
Бауыржан Омаров – Мемлекет басшысының шығармашылық ұйымдармен қатынастарына, сала қайраткерлерімен байланысына оның БАҚ-тарда жарық көретін мақалалары мен сөздеріне жауап береді. Қазір бұл салада құнды ұсыныстармен тың бастамалар бар.
Президент кеңесшісі Әлия Рақышова – Мемлекет басшысына қандай кеңес бергені әзірге белгісіз. Еліміздің Әділет ведомоствасында заң жобалары мен халықаралық құқық нормаларын дайындаумен қатар, Орталық сайлау комиссиясында сыннан өткен маманның міндеттері осал болмаса керек. Бірақ ол бұл қызметте белгісіз күйінде орнын ауыстырып кетті.
Бағдат Мусин – саясаттағы жаңа тұлға. Әйтсе де, ол өз міндеті аясындағы міндетіне бірден кірісіп кеткен болатын. Цифрлық технология маманы ретінде ол елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде қашықтықтан оқытудың артықшылықтары мен кемшіліктерін ашып берді. Цифрлық білім беру ресурстарын құру және мұғалімдерге өз контенті деңгейіне сай етіп білім беру бағдарламасын цифрлық форматтың соңғы жетілген мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігінің сындарлы жолын көрсетті. Бұл мақсатта Білім және ғылым министрлігі жанынан Цифрлық кеңес құруды ұсынды. Бұл нағыз кеңесшіден шығатын ұсыныс болған еді. Алайда ол өз ұсынысының жемісін аяғына дейін көре алмады. Бағдат Мусин – ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш индустриясы министрі болып ауысып кетті. Бұл істе оған еркіндік берілуі керек.
Мемлекет басшысы өзіне кеңесшілікке шетелдік үнді текті Сума Чакробартиді тартты. Жалпы, халықаралық қаржылық институтты басқарған білікті маманды кеңесшілікке шақырудың еш артықтығы жоқ. Мұндай тұлғалардың елдің имиджін көтеріп, инвестицииялық тартымдылығын арттыратыны айқын. Еуропа қайта құру және даму банкінің экс-президенті қызметін атқарған банкирдің қаржы саласында үлкен тәжірибесі бар. Сума Чакрабарти Еуропаның даму және қайта құру банкін 2012-2020 жылдар аралығында басқарған белгілі тұлға. Алайда әлемдік қаржы пирамидасының үлкен ойыншысы болған Еуропалық банктің атақты Бильдерберг клубымен сыбайлас екенін еске алсақ, оның әрбір іс-қимыл әрекетін сараптамадан өткізуді талап етеді. Егер тәжірибелі қаржыгердің Орта Азияда орналасқан елдер арасындағы ықпалы күшті деген Қазақстан мен Өзбекстан елдері президенттеріне қатар кеңес жасауына сараптама жасауының сыры орны толмас қателіктерге ұрындырып жүрмесіне кім кепіл!? Ал әйгілі Бильдерберг клубы Қазақстан мен Өзбекстанның әрбір қимылын микроскоппен қарап отырған ұйым.
Еліміздегі мемлекеттік сатып алу жүйесінің жетілмеуі экономиканы ешуақытта алға сүйрей алған емес. Осыдан келіп, мемлекеттік кәсіпорындардың астыртын жекелеген монополия құруы, тамыр-таныстық пен нарықтық экономика заңының бұзылуы, одан жемқорлықтың белең алуы жайлап барады. Демек, су жаңа кеңесшіге осы саланы сауатты жүргізіп, қатаң бақылау міндеті тапсырылса болар еді.
Мемлекет басшысына ең жақын, күнделікті кездесіп, қоян-қолтық жұмыс істейтін топ – осы кеңесшілер тобы. Демек, кеңесшілерді ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауда тікелей ықпалы бар институт деп атауға болады.