Төңірекшың

 

Үміт ЖӘЛЕКЕ

Барлаушылар қонған жер Үстірттің Арқа бетіндегі Төңірекшың аталатын мидай ала дөң еді. Қаз-қатар қиындастырып құрып, төбесін шипырлаған қып-қызыл қарағай үйлер алыстан көз тартқанмен, қар басқан жертөлелер жанына жеткенше байқалмайды. Айдалада оқшау отырған шағын ауылды байтақ елмен байланыстыратын жалғыз жол аппақ қардың бетін таспадай тіліп жатқан қос сызық. Разведкі жұрты аудан орталығы Құлсарыға сол қара жолмен қатынасып, ауызсу мен отындық мазут екі араға көлікпен тасылады. Төрт-бес күнде айналып соғып тұратын бөшкелі машиналар жерқұдықтарға құйып кеткен қоймалжың қара сұйықты экспедиция қарамағындағы жүз қаралы үй шелектеп алып жағады.
Тез тұтанатын қауіпті отын босағадағы қақпақты бөшкеде сақталады. Екі бөлмені бірдей жылытатын шымылдық пештің ошағына құбырмен келтірген бұрандалы шүмектің астына биіктігі үш елі, көлемі дәптердің бетіндей жайпақ шойын ыдыс-қорапша қойылған. Қорапшаға төгілген мазут жазатайым от алып кетсе, көгілжім газ лыпылдап лаулай жөнеледі, сондықтан от жағуға сақтық керек. Сол мазуттың кесірінен ауылдың айналасы қыстай қара күйе. Кешке ел орынға отырып, үй басына бір-бір пеш жаққанда, қара түтіннің қалың бұлты аспанды бүркеп тастайды. Қардың беті, боз жандық, әйелдердің жаулығы, тіпті ақ итке дейін қап-қара болып, түтінге қақалып қалады.
Қыс ортасында көшіп келген кісілерге өндіріс бастығы қарағай корпустың бір басын босаттырып берген. Соның үш бөлмесін үш үйі паналап, екінші басына бұрыннан таныс Бөпеш-Әбуғали және жаңадан қосылған Қоянбай деген кісі кемпірімен кіріп алды. Мерғали өзі істейтін «Қазақмұнайбарлау» тресіне қарасты «Құлсары бұрғылау кеңсесінің» Төңірекшың бөлімшесіне кіші механик, Ыбырайым моторшы болып ауысқан. Әйелдердікі – күнделікті от басының шаруасы: бала бағу, азық-түлік тасу, ас-су қамдау.
Түскі шайдан соң, Бөпеш кіріп:
– Рәш, картоп келіп жатыр екен, саған ширет алып қойдым. Келерсің, – дегесін қызын бесікке бөлеп, азырақ тербетіп ұйықтатып тастаған келіншек дүкенге келгенде разведкінің құрқылтайдың ұясындай қарағай дүкені аузы мұрнынан шығып тұр екен. «От ала келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» демекші, кезекте тұрған әйелдердің жел сөзді сапырып, іштерін босатып алатын әдеті.
– Айлықтың жартысын зайымға ұстағасын тапқан табысымыз тамағы­мызға жететін емес. Осы қопыраған ала қағаздың бітетін күні болар ма екен, сірә?
– Шын-ау, бұл зайымы құрғыр қашан таусылады?
– Енді қояды деп еді, елден жылу жиюды!? Арты тағы қойбосынға айналып кетпесе?
– Бұрнағы жылдары бір азайып еді, қайта көбейіп кетті ғой. Осы күні айлықтың үштен екісін ұстайтын көрінеді.
– Күндердің күнінде құнын өтейді деп жүр ғой, рас болса.
– Е, оған дейін кім бар, кім жоқ? Біздің шал «керегі жоқ» деп, балдарға береді. Бала несіне қарасын, жыртып жоқ қылды.
– Өзіміз нан сұрап жатқан жоқ қой деп, кәзитке орап теңге салып тастадық.
– Сонша халықтан жиған қаражат қайда кетіп жатыр екен, деймін-ау?
– «Мектеп, бәлниса саламыз, елдің тұрмысын түзейміз» – депті ғой Құрышып.
– Рас, қой. Отап кетті ғой, үйің күйгір Китілер. От түскен жердің орнын оңалту оңай ма?
Рәш көп әйелдің арасынан Түймені көріп амандасты да, Бөпештің алдына тұра қалды.
…Төңірекшыңға келгенде Рәш жол жұмысынан таныс Түймені тағы кезіктірген. Ауылға қайтып барғасын жұмыс таппай тарыққан келіншек қайта осы жаққа ауыпты. Бірде дүкеннің алдынан тап болып, сол арада-ақ өз жағдайын бастан-аяқ баян еткен. Жол жұмысы біткесін ауылға қайтып кеткені дұрыс болмапты. Елде қай бір емешегі үзіліп отырған екі туып, бір қалғаны бар? Сірә, «Немеренің етін жеп сүйегін беретіні» белгілі. Жылойға жұмыс іздеп шыққан екі-үш адамға қосылып, мотормен Гурьевке, одан осы Төңірекшыңға жетіпті. Бұл жерге келгесін соғыстан жаралы болып оралған, жалғыз шешесі бар жігітпен қос болыпты, бірақ бетінің бір жағын оқ жұлып кеткен күйеуін менсінбейтін секілді.
«Құрысын, осыған бекер тиген екенмін. Қасыма жақындаса жарасының иісі шығады. Әлде, тастап елге кетіп қалсам ба екен?» – деп пұшайман болған келіншек сырын ашқанда Рәш оған ақыл қоса алмады. Тіпті ақыл айтпақ былай тұрсын, Түйменің сөзінің дұрыс-бұрыстығын да тап сол арада байыптай алған жоқ. Күні кеше қан майданда қаза болған бір боздақтың үшбу хатын бойтұмар қылып мойнына тағып жүрген Түйме емес пе еді, енді сол сойқан соғыстан жарым көңілмен оралған жауынгердің қадірін неге білмейді? Маңдайына тап болған қазақтың бір жігіті мерт болып жанын қайғыға салса, енді бірі аман келіп көзінің жасын сүртпеді ме? Көңілі қаламайтын болса, бастан неге жолады? Жарасы жазылар, тыртығы бітер деп азырақ сабыр қылса қайтеді? Жастығын жоғалтқаны аздай ажарынан қоса айырылғанына ол жігіт жазықты ма? Адамды тәлкек еткені несі? Рәштің түсінбейтіні осы. Шынында, не десе болады? Күйеуін көңілі сүймейтін келіншекке еріксіз көндік дей ме, әлде соғыстың лаңынан жарадар болған жарыңды тастап жүре бер дей ме? Бұндайда біреуге кеңес беру келіспейтін іс-ау. Қиын сәтте әркімнің патша көңілі ғана ақылшы болса керек. Онда да ойың жуан ортадан шыға ма, жоқ па, оны бір Құдай білмесе, адамның біле қоюы неғайбыл. Асылы «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп бұрынғылар біліп айтқан-ау…
«Мен саған ақыл бере алмаймын», – деп ақыры ашығын айтуға мәжбүр болды. Сонан кейін анда-санда кезіге қалса, Түйме тоң-торыс мінез танытып жүрді. Рәш та амандық-саулық сұраумен шектеліп, жанай өте шығатын болды. Басын ақ матамен таңып алған соқтадай жігітпен екеуін сыртынан көріп жүргенмен, олармен жақын араласып кете алмады.
Қыс беки Төңірекшыңды қалың қар басып, мұрты бұзылмастан мызғымай жатып алды. Үт туа қопалақ қар үсті-үстіне жауып, үй арасының қатынасы қиындады. Үлкендер «Жақсы туса – сүт, жаман туса – жұт» деп, жақсылығынан дәмететін айдың бірі еді, қабағы қатулау болды. Қары мол болатын елдің салтымен сыртқы есіктері ішке қарай ашылатын қарағай корпустар белуардан қарға көміліп қалды. Корпустың сыртын жағалай қазылған жертөлелер екібастан қалың қардың астында жатыр. Қардың қалың түсіп, ай бойы ерімей жатып алуы әсіресе, бір-жар жандығы барларға қиын тиді. Шөбі таусылған үйдің ұсақ жандығы ұлардай шулап, қырып барады. Әбден тығырыққа тірелгендердің көкей жасық тоқты-торымы пышаққа ілінді.
Есік алдының қарын аршып, сыртқа шығуға мүмкіндік алған ауыл балалары дайын сырғанаққа қарық болды. Анадай жерде суық түскенше сарқырап ағып жататын атпаның1 айналасы мұз-айдын. Су қатысымен ауыл баласының бәрі табанына сым жүргізген бір-бір ағаш тепкішекті аяқтарына байлап алып, сол маңда улап-шулап жүреді. Ойын баласының ұзақты күнгі ермегі – сырғанақ. Топ баланың басшысы он беске келіп қалған Оңғар. Мұрты тебіндеп қалса да, ерке бұлан бозбала ұсақ балаларды соңынан шұбыртып, күн ұзағына жалтыраған мұзда арсың-ұрсың сырғанақ теуіп жүреді. Адамның мұңсыз-қамсыз бір дәурені – балалық шағы ғой. «Тамақты қайдан табам, отты қалай жағам?» демейді. Бар міндеті ата-ананың мойнында. Әкелері тамақ табудың қамымен бұраубай басында жүрсе, шешелері отбасында су тасып, от жағу, қазан асудың қамымен мырғамға батып жатады.
Барлаушы ауыл әйелдерінің бейнеті өз бастарына жеткілікті. Әсіресе, қыс айында су тасу азап. Ауыз су үшін қазылған ұңғыманың2 айналасы көк мұз болып жатады. Қатын-қалаш куәлін сүйретіп, балтасын қапқа салып арқалап анадай жерде ақ сәукеле болып тұратын атпаға барады. Кейбір еріншек әйелдер іргені басып жатқан сүрі қардың бетін күрекпен аршып жіберіп, шетінен темір шелекпен көсіп-көсіп алып су ерітеді.
Жас баласын шешесінің қарауына қалдырған Рәш қолына сүйменін алып, қатындарға қосылды. Тұңғышын босанғанда отағасы: «Балаңды бағысатын енең жоқ, сен енді жұмысты қоя ғой. Үйдің шаруасы жетеді. Балаңа қарап, тамағыңды әзірлеп отырсаң болар» деп, жұмысынан шығарып алған соң, от басындағы әйелдердің қатарына қосылған.
Бес-алты әйел қабын арқалап шапыр-шұпыр етіп ұңғымаға жақындағанда басында тұқшыңдап жүрген бір қара көрінді. Күннің суығына қарамай екі аяғын толарсақтан жалаңаштап, қып-қызыл башпайларының арасына су жүгіртіп отыр. Мұзды сумен шімірікпей жуынып отырған кісіні көріп, әйелдердің қаралай бойы түршікті.
– Ищай, қалай тоңбайды екен, осы аязда? – деді аузы жеңілдеу әйелдің бірі.
– Осы кісіні ана жолы да көріп едім, бойлай мұзды сумен жуынып жүреді, – деді Бөпеш.
– Құр адам емес қой, жарықтық. Дәрет алып жүрген шығар. Көрмей­місіңдер киім киісін, – деді араларындағы бір кекселеу әйел.
Айтса айтқандай, әлгі кісінің киім киісі жұрттан өзгешелеу көрінді. Тамақ баулы сәрбөз көйлектің сыртынан ұзын шекпен киіпті. Аяғында байпақ, басында тығырық тері телпек. Жуынып болып ауылдан ұзай берген адамның жүрісі жылдам, тіпті табаны жерге тиер-тимес болып желе жортып барады. Қайта қарағанда тегіс жерде бұлдырап, бітікенеден соң көзге көрінбей кетті.
– Жападан жалғыз қайда барады екен бұ байғұс? – деді Бөпеш жанашырлық білдіріп.
– Ұшқан ата жаққа қарай кетті ғой, әулиенің басына түнеп жүрген шығар, – деді кексе әйел.
Ұшқан әулие – тоғыз жолдың торабында жатқан көне жұрттың орнындағы бір белгідей алыстан айшықты құлыптастары ағараңдап тұратын үлкен қойымшылық. Керуен жолының үстінде жатқан Ұшқанның атына қатысты жорамалдар бір нүктеде қиюласпай, қилы пікірлер пышырасып әрсаққа тартады. Бірі – Бекет атаның қонып ұшқан жері екен, содан бұл жер «Ұшқан» аталыпты десе, бірі – бұл өңірде ерте заманда үш хан қатар өмір сүріпті, содан «Үш хан» аталыпты дейді. Қатар аққан үш судың тоғысындағы қоныс бағзыда «Үш аққан» аталған дейтіндер де бар. Сол сулардың көзіндей тұщы бұлақтар әлі бар. Не болғанда да, тегін жер емес. Заманында кеудесі аяққаптай болып күпінген талай пенде көзіне құм құйылғасын қойдан жуас, жусаннан аласа болып, қара тастың астында жатыр. Көбінің қабірі ойылып, тасы құлап, жермен-жексен үйіндіге айналған. Ұшқан маңы, Бұғабай, Қарақұм мал жайылымы, оты шүйгін, еркек, жусаны, өлең шөбі ұйыса өскен, құмағы мен қоңырдаңы аралас қыс қыстауға қолайлы қоныс.
Бұл өңірдегі тағы бір әулиелі жер Қарашүңгілдің айналасы қоңырдаң, биік төбелердің етегі күміс теңгедей жарқыраған айдын сор. Шұңғыл ойға шүмектеп құйып жатқан жіңішке ыза сулар сордың деңгейін ортайтпай, жағасын қалың қамыс-құрақ басқан. Ертеректе көненің көзіндей киіз үй пішіндес шошақ молалар маңынан тұңғыш мұнай табылыпты. Біраз уақыт майы алынған киелі мекен кейінірек бұраубай станогын тұтасымен жұтып қойып, жат жерліктерді маңына жуытпапты деседі.
Ұңғыма үстіне сәукеле пішінде қатқан мұзды қаршылдатып балтамен шауып, сүйменмен түйгіштеп, куәлмен кесектеп сындырып қаптап алған әйелдер серейтіп маңдайына салып, жаймалап алысты. Үйге дейін біраз жер. Қара зілдей мұзды көтеріп мықшыңдаған әйелдердің борбайларынан аққан су жерге тамшылап келеді. Қара мақпал тақа киген Рәштің арқасы да үйге жеткенше шылқып кетеді. Соған қарамастан жұмыстағы азаматы мен баладан басқаны ойламайтын келіншек жанып тұрған пешке жон арқасын қақтап кептіріп, жылынған соң қазан қамына кірісетін.
Сондай бір кешқұрымғы қарбалас шақта Мерғали үйге біреуді ерте келді. Рәш бірден таныды, әнеукүнгі ұңғыма басында кезігетін кісі. Адамға тіке қарамайтын момын жан екен. Шайды малдас құрмай, тізерлеп отырып ішті. Төрт-бес кесе шайды үсті-үстіне ыстықтай ішкен соң, аузына түйір салмастан отырған жеріне қисая кетіп, жарты сағаттай мызғып алып басын көтерген.
– Аға, мынаны ауыстырып кие тұр, – деп дайындатып қойған көйлек, шалбарын қонақтың алдына тастады. Рәш қазанға су ысытып қонақтың кірін жуып, пештің екі бетіне жайып, плитаның көмейіне тамып тұрған мазуттың шүмегін молырақ ашып, өртей жақты. Ошаққа бір шелек су қойып, өзі қызын алып шешесінікіне кетті. Бір айналып келсе, күйеуі қонақтың шашын алып, сақал-мұртын бастырып отыр екен. Жирен шоқша сақалды, қияқ мұртты, қой көзді, қыр мұрынды, ақ құба кісінің ажары кіріп қалыпты. Бес құдық пеш қызғасын қолмен тепшіп тіккен сарбөз тез кеуіпті. Қонақ өз киімдерін қайта киіп, құбылаға қарап, намаз оқуға кіріскенде Мерғали сақтық үшін сыртқы есікті іштен бекітіп қойды.
Қонақтың естілер-естілмес күбірінен үй иелері ештеңе түсініп жарыған жоқ.
– Бәрі де уақытша нәсте ғой… Енді бір жиырма бес… Жоқ отыз… Жол ашылар… Кәрі-жас жарысып оқитын болады…
Таңғы шайдың үстінде қонақ көзін төмен сала отырып, тұңғыш рет Рәшқа бағыштап сөз бастады.
– Іммм… Ата-бабаң құр емес екен, шырағым. Нағашыларың да тегін емес… Өзге түс баланы елге барғасын көрерсің… Бару керек… деп бітікене кідірді. – Ойда мосының үш бұтындай… Қара қазан қайнайтын болады. Ооой, көбігі көкке жетіп… Ойдан-қырдан жиылған ел… Қара құрым… Ырысы судай тасып… Іммм… Елдің ерні майға тиер… Қара жердің емшегін емгесін… Берейін десе, Құдайда қазына кө-өп… Иә, Пірім… Үш жүз алпыс әулие… Жар бола гөр! – деп сөзін бітірді.
Сары кісінің жүзіне қарауға Рәштің дәті бармады. Әлгі айтқандарының бәрін қарала алашаның жолағынан оқып отырғандай көне төсенішке тесіліп, ұмытып қалмайын дегендей асығып-үсігіп айтып, тез жиналып шығып кеткен соң ғана, «Апырмау, бұл не өзі? Жарықтық, түс көріп оянды ма екен? Әлде ата-баба аруағы аян берді ме?» деп аң-таң болып, кісі шыққан есікке қарап отырып, бір уақтарда барып: «Жарықтық-ай, айтқаның келсін!» деді даусын шығарып. Манадан бері қонақтың мысы басып, тұншыға тығылып дыбысы шықпай, қимылсыз отырып қалғандікі ме екен, өз даусын өзі танымай қала жаздады.
«Елге қашан жол түсер екен?! Тегін кісі емес-ау» деп түйіп, кешке күйеуі жұмыстан оралғасын жұмбақ қонақтың жайын білгісі келіп еді, ол әдетінше сөзді көп созбай: «Сұпы ағамыз ғой. Арқасы бар адам», – деп қысқа қайырды.
Барлаушылар бауырмал халық. Қыз мінезді Ыбырашты, ақжарқын Мерғалиды Төңірекшың басындағы ел бірден қатарға қосып алды. Қара жердің қабатынан «Қара маржанды» аспанға атқызып, қазынаны жалаңаш қолмен уыстап жүрген жұмысшылар көпшіл. Қиындықты тең бөлісіп, ауырлықты бірге көтеріседі. Қол боста дырдулатқанды жек көрмейтін мұнайшылар кезекті қуанышты бірге тойласып жатқан. Ізім деген жігіттің келіншегі босанып, «бауы берік болсын» дескен жұрт жұмыстан соң сол үйге жиналған. Төргі бөлмеде карта ойнап, бөтелкедегі ащы судан алып қойып отырған еркектер өзді-өзі гүжілдесіп, жас босанған ананы орталарына алып, ұзақ көңілді шайға кіріскен әйелдер арасында әнге басып кеу-кеулесті.
«Кешегі құм, шөл дала шаңырқаған, 
Бүгін қара, тамаша таң қалғандай,
Заулатшы-ай, құрбым, заулатшы-ай-ау…
Мерекеге өзі себепші болғанмен құндақтаулы сәби қауқылдасқан жұрт назарынан тыс қалып, бір бұрышта елеусіздеу жатқан. Әзіл-қалжыңы аралас әңгіменің қызығына түсіп, ащы су мен шайға тарыдай бөккен тойшылар бұл кезде май толы қорапшаны ұмытқан. Шыпа толып, жерге аға бастаған мазут есік алдына жетіп, қып-қызыл жалын атқан пеш гүрілдеп, ошақ аузынан жыланның тіліндей сумаңдап, шоғырлана қозданып жанып жатқан. Соның ұшқыны шоқ едендегі ыссы мазутқа түсіп, бір сәтте лап етіп от алғанда ғана, жайбарақат отырған жұрт у-шу болып тысқа қашқан. Бұндайда адамның ақылы азая ма, қолдан келгенше әркімнің өз басын сауғалауға ұмтылатыны белгілі ғой, төрдегі еркектер әйнекті шағып терезеден секірген. Жас босанған әйелді біреу көрпеге орап тысқа алып шығып, алақаудан адамдардың есінен шыққан нәресте сол күйі ұмыт қала берген. Әне-міне дегенше, қарайған жұрттың көзінше қарағай үйдің сау тамтығы қалмай шатырлап жанып кетті. Абыр-сабыр болып олай-бұлай топырласқанмен аяқ астынан болған апатқа ешкім айла жасай алмады. «Сәбиім-ай, біреуің алып шықшы!» – деген шарасыз әйел даусын қарбалас қапылыста жанталасып жүрген жұрт ести қоймаса керек.
Ізім мен Әлфия біреуі ойдан, біреуі қырдан жолығысып, былтыр бас қосқан жас жұбайлар еді. Апсардай Әлфия ноғайшатыс, Астрахан жақтың қызы, шыбықтай, шым қара жігіт Ізім жергілікті адам. Сөйтіп тұмса келіншек салғырттықтан шыққан төтен өрттің қырсығынан тұңғыш сәбиінен абайсызда айырылып қалды.
Өрт басылғасын үй орнынан табылған сәбидің денесі отқа күймепті. Ұйықтаған күйі түтінге тұншығып үзілсе керек, пәни жалғанның жарығын жарты күн көре алмастан шыбын жаны бақи дүниеге құстай ұшып жөнеле беріпті. Үйсіз қалған жастар құтсыз отауынан соқа бастары аман құтылғанына шүкірлік қылып, амалсыздан жаз шыққанша біреудің үстіне кіріп паналады. Бастарына іс түскен сыбайларына әркім көрші қақымен қолдан келген көмегін беріп жатты. Ардап аузынан қалғасын қоя ма? Доп-домалақ болып семірген ешкісі жазғытұрым үшем туып еді, соның біреуін Жәния да жетектеп апарды.
Қыс ортасында көптен төсек тартып жатқан Қиялбайдың әйелі Қымбат қайтыс болды. Жасында ата-анасы жал-жая, тәтті-дәмдіні аузына ұстап – үрлеп ішіп, шайқап төккен байдың жалғызы жұпыны жертөледе жетпестік пен жадау тірліктің бар сырына қанығып, жарық дүниемен қош айтысты.

* * *
Төңірекшың суық жер, қыстай азынаған адуын желі арылмайды. Әсіресе, қарлы жылдары қиын. Көнекөз қариялар бір жылдары неше күн қатарынан тынбай жауған жапалақ қар астында қалып, күн жылынғанша күртік аршып, азап көргенін әңгімелейтін. Ауыл маңынан табын-табын жылқы айдап қар таптатып, ағаш астау сүйретіп жол салыпты…
Қыс шілдесі қысып, қар үсті-үстіне жауып, түтеп тұр еді. Нағыз ақ қар, көк мұз күшіне мінгендей, ұшқындап басталған қиыршық қардың арты боранға ұласты. Мұндайда ызғырық желдің өтінде, бұраубай басында жүретін мұнайшыларға оңай болмасы екібастан. Барлаушы біткеннің беті суыққа домбығып, мұрты серейіп-серейіп сүңгі болып қалған. Үсті-бастары аппақ болып, түнгі вахтаны қабылдап алған бір ауысым адамдары қардан соққан аққала секілді сықыр-сықыр басып сап түзеп келе жатты.
Төрт сирағы жер тіреп, ұшар басы бұлтқа шаншылған барлау мұнарасы ышқына соққан зәрлі желдің екпінінен сықыр-сықыр етеді. Түкірік түйме мұз болып түсетін қара суық брезентпен қапталған қарағай алаңшаның ішін азынатып жібергесін бұрғышы топ моторды уақытша сөндіріп, күркеге кіріп паналаспақ болды.
Қауырт кез болмаса, мұндайда басшылар тысқа тұмсық шығара қоймайды,бірақ қарғадан да сақ, мосқал бұрғышы Ерсайын «Біреуді күзетке қоялық» деп, қолақпандай мұрнын солқ еткізіп бір тартып, көптің соңын ала ішке ұмтыла берген кішкентай кісіні табалдырық алдынан қолымен бөгеп тоқтатты.
– Әй, Қоянбай, сен жастаусың ғой, біз азырақ жылынып шыққанша, есік алдында қарауыл қарай тұрсайшы, – деп өзінің тәймөңке тәсіліне басып, алдарқатып есік алдына тастап кеткен. Жылы жерге бір кіріп алған адам қапелімде қайдан шыға қойсын? Аңдысын аңдап тақтай үстелді қоршай отырып қалды. Қоянбай болса, дірдек қағып далада тұр. Сағат түнгі үш пен төрттің арасы. Суықтың нағыз үдейтін уағы. Әуелі Ерсайын үстіне жауып кеткен тұлыптың жағасын көтеріп, етігінің басын бір-біріне соғып, амалдап көрген Қоянбай бара-бара жағы еркіне бағынбай, тістері сақылдап: «Ыбыв-вв-ывв-ы-ға» салып, селкілдей бастады. Ішке кіріп барайын десе, Ерсайынның «Сен жастаусың ғой» деген сөзі аяғына тұсау, кірмейін десе күйі кетті. Енді қайтпек? Қоянбай ақылынан торығайын деді. Бораны құрғыр да басылар емес, қайта үсті-үстіне үдеп бабаулатып әкетіп барады. Абырой болғанда, оны кезекшілікте жүрген Мерғали көріп қалды.
– Өй, Қоянбаймысың? Осы боранда нағып тұрсың? – деп еді.
Көгеріп қатып қалған Қоянбай «Ыбывввы-ывввыв-ы…» дегеннен басқа жауап қата алмады. Мерғали үсіп өлуге айналған моторшыны сүйрегендей қылып ішке алып кіргенде, аяғынан жан кете бастаған екен. Бұл кезде іштегілер темір пешті қып-қызыл қылып жағып, қара шайды ұрттап қойып, ала қартты сарт-сұрт соғып отырған. Қатты ашуланған Мерғали:
– Бұларың не? Үсіріп өлтіремісіңдер? Аяушылық деген қайда? – деп, ақыра сөйледі. «Не де болса, сенен келді» дегендей, Ерсайынға қарап еді, ол ұялған тек тұрмас деп, көзін ойнақшытып, өзінен кішілерге тегіс ит деп сөйлейтін әдетіне басты.
– Өйй, сен ит әлі далада тұр ма едің? Тіпті, тарс есімізден шығып кетіпті ғой. Тоңғасын ішке кірмеймісің? Суыққа ұшып өлмекпісің? Өзің сау ит болсаң, болар еді?! – деп Қоянбайдың өзіне дүрсе қоя берді. «Сорпа саған сөз жоқтың» кері болып шыққан соң, «Бұл тегіннен-тегін «Суқит Сайын» атанып жүр деймісің?» – деп, түңілген Мерғали жылы жерге келгесін тіл-жақтан айырылған Қоянбайдың үстіндегі етегі жер сызған сеңсең тонды шешіп тастап, оттан қашықтау, бұрышқа таман отырғызып, аяқ-қолын уқалай бастады. Оның сессіз қалғанын көрген жігіттер қорқып кетіп, Мерғалидың кеңесімен тыстан уыстап қар әкеліп, жабылып беті-қолын, құлағын ысқылай бастады. Аңғырттықтан алдырған Қоянбай бір қатерден қалуын қалғанмен бір жұмадай қатты қызулап ауырып, жаз шыққанша қақсап жөтелумен жүрді.
Сол жылы қыс аяғында Төңірекшың жұртын аяғынан тік тұрғызған тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Аязды түні ауыл шетіндегі қара қазан жақтан өрт шықты. Қалың ұйқыға бас қойған барлаушылар түннің бір уағында ащы айқайдан оянғанда, аспанды шарпыған алқызыл алауды көрді. Күрек, шелек алу бірден естеріне келмей ұйқылы-ояу жүгіре берген жұрт орта жолдан кейін қайтып, қолына түскен киіз, көрпе, ескі киім-кешек, бел, самар сияқты заттармен қаруланып тілсіз жауға қарсы шапты.
Аяқ астынан астаң-кестең болған поселке іші ызы-шу, айқай-ұйқай. Қараңғыда жанып жатқан отқа лап қойған жұрт бір-бірін тыңдап, түсініп жатқан жоқ. Тек жалынның құдық тұсынан шығып жатқанын байқаған үлкендер кезектегі жұмысшыларды түгендей бастады. Қызуы бет қаратпас қызыл жалын, аузынан от шашқан айдаһар сияқты жанына ешкімді жақындатар емес. Сумаңдаған алқызыл тілі жалаңдап маңайды жалмап барады. Қысылғанда қиыннан жол табатын ақсақалдар көпшілікке басу айта бастады. «Халайық, бала-шағаны бұл жерден аулақ әкетіңдер! Ер-азамат, қарулы қыз-келіншек қалсын. Мұндайда елдің көптігі пайда бермейді, қайта зиянын тигізеді. Бәрің бірдей қалу қауіпті!» – дегенді естіп, кемпір-шал жағы балаларын шақырысып, кейін серпіле бастады. Түн ортасы ауғанша алапат өртке қарсы қимылдаған топ азамат қалың киініп, брезент бүркеніп, құдық үстіне шығуға әрекет жасады.
Ауылға аттандап айғай салған күзетші шал Құрал екен. Көпшілік сабасына түскен кезде, ол: «Құлағыма бір әйел даусы шалынды. Мүмкін болса, соны құтқарыңдар!» – деген. Белсеніп шыққан азаматтың қызыл апатқа топырақ шашып, қар тастап, маңайына барғанда көргені: құдық аузында салбырап тұрған күйелеш түйіншек еді. Құдық басында тұрған май толы машина будақтаған қара түтін болып, көпке дейін сөнбеді. Жаңағы түйіншек – түнгі ауысымда тұрған жұмысшы келіншек екен, қара көміртек болып күйіп қалыпты.
Оқиға былай болған: Құлсарыдан мазут таситын машина түнделетіп келген соң, қараңғыда майдың қанша құйылғанын анықтау мүмкін болмайды. Құдайдың күні желдесіндетіп, ұйтқи соғып тұр екен. Жұмысшы әйел сол күні қас қылғандай фонарын ұмытып, алмай шығыпты. Қол шамның жоқтығын жұмыс орнына келгесін білгенмен үйіне қайта баруға ерініп, құдыққа үңіліп тұрған шопырдың желкесінен оттық шағуға мәжбүр болады. Жазым дегенге сөз жоқ қой, шала сөнген шырпы қолынан түсіп кетіп, мазут лып етіп бірден от алады. Қапелімде оқыстан тұтанған оттан шошып кеткен шопырдың аяғы ернеуден тайып кетіп, құдыққа құлайды. Оны құтқармақ болып қолын созған әйелдің күртесін буған қайыс белбеуі шүмектің бұрандасына ілініп, құдық аузында салбырап тұтылып қалады. Бар болған оқиға – сол.
Құдық бірнеше күн бықсып жанып жатты. Шала сөнгенде, ауыл азаматтары шопыр жігіттің сүйегін күлдесін астынан аршып алысты. Ол Нағиманың күйеуі еді. Разведкіден қара мәшиненің астауы толы адам көңіл айтуға барды. Көптің ішінен көріскен Жәнияға қайта жесір атанған жас келіншек: «Апа-ау, Құдай менің маңдайыма жалғыздықты жазғаны ма?» деп, дауыс салғанда көзін суламаған жан қалмады.
…Әкесі жастай қайтыс болып, шешесі күйеуге тиіп кеткенде Нағима бар болғаны он үштегі қызалақ екен. Есі кіріп қалған қыз бала шешесінің соңынан бөтен елге еріп баруға арланып, «Әкемнің үйін иесіз қалдырмаймын» деп, ауылда қалып қояды. Содан, Құдайдың басына салған ісіне көніп, екі-үш жылдай жападан жалғыз күнелтеді. Көрші-көлемнің кемпірлері жас қызға жаны ашып, қасына кезекпен қонып жүреді. Ауыл адамдары жетім қызға киім-кешекпен, азық-түлікпен қарасып қамқорлайды. Сөйтіп жүргенде, бір жақын жеңгесі өзі секілді жалқы жігітпен таныстырып, жастай күйеуге шығады, бірақ талайына тажал-соғыс тап келген Нағима тағы жалғыз қалады. Жағуға отын, жеуге тамақ жоқ, қарасыз үйде күңіреніп отырғанда күйеуінен қара қағаз алады. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ-ты» жақсы білетін жас жесір күн көру үшін талап іздеп, ауылдан жұмыс табу қиын болған соң, өндірісі бар жерге біржола кетуге бел буады. Сөйтіп, еті тірі келіншек разведкі жұртына қосылған екен.

* * *
Шәйнекті оттан алып жатып, терезеден кеңсе жаққа көзі түсіп кеткен Рәш есік алдына үймелеген қара-құраны көріп шайын шала ішті. Мереке тұсы болмаса, әйтпесе жоғарыдан уәкіл келіп жатпаса Разведка тұрғындары кеңсе маңына көп топырласа бермейтін. «Таң атпай бұл не болды екен?» Күн – бейсенбі. Амалға жеті-сегіз күндей бар. Не де болса, бұның тегін жиылыс емес екенін түсінген келіншек қызын бесікке таңып, үстін түйежүн көрпемен қымтап үйден шықты. Бір жақсысы, кішкентай тынымды. Ұйықтаса, түске дейін тұяқ серіппестен жатады. Жиынның жайын білмек болып, есікті сыртынан таспен бекітіп, конторға қарай аяңдай берді. Аздап маңдайдан жел бар екен, жаңа ғана шай ішіп, жылы жерден жіпсіп шыққан Рәштің тұла бойы қалтырап қоя берді. Бұрнағы күні үсті-үстіне жауған қардың ызғары сынбаған. Жалаң көйлектің сыртынан бешпетін кие салып, үйден шыққанша топ қарасы молая түсіпті. Әр жерден екеу-үшеуден жиылғандарға қосылып жатқандар аяғы басылар емес. Жітірек басып, кеңсе алдына жиналған жұрт қарасына қосылғанда шеткерілеу тұрған біреудің қасындағы кісіге:
– Кеше кешке қайтыпты, – деп күбір еткенін құлағы шалып қалды.
«Сырқостанып жатыр деп еді. Жаманат жата ма?» Рәш ілгері жүрді. Құрастырмалы қарағай кеңсенің алды қарақұрым. Көпшіліктің назары үстел басындағы кісілерге ауған. Әйелдердің ішінен жауырны күржиген, ірі тұлғалы Әлфияны байқап қасына жақындады. Үстіне қызыл браңсоз мата жапқан ұзыншақ үстелге таяу тұрған Жәнияны көрді. Әлфиядан мән-жайды білмек болып, бетіне қарап еді, ол да соны күткендей аңырай ұмтылды. Әй-шай жоқ құшақтай алған құрдасы:
– Әкемізден айырылып қалдық қой, Рәш-ау… деп боздай жөнелді. Тұрғандардың қабағы тегіс қату. Әйелдер жағы орамал ұшымен көз жасын сүртіп, біреуі бырсылдап, біреуі қорсылдап жылап тұр. Әлфияның құрбысын бас салып, дауыс шығара көріскенін ешкім ерсі көрмейтіндей. Қайта қайғысын ішке жұтып, пұшайман болып тұрғанша айғай салып шер тарқатқанды дұрыс дей ме екен, әр жерде бүйірін таянып, бір-бірінің басын сүйегендер уһі, аһы десіп, Әлфияға қосыла кетуге әзір тұр. Тек жиынды бастап тұрған мінбердегі басшылардан аздап қаймығатындай.
Өзінің дауыс еткені сөкет көрінбегенін сезген Әлфия:
– Енді қайтеміз, халқым-ау, жұртым-ау? – деп барқырап қоя берді.
Көп ішінен Ғабдол дауыс көтеріп:
– Бүгін Совет халқы үшін қаралы күн! Бекем болайық, жолдастар! Өмірдің заңы солай. Ажалға ешкім ара тұра алмайды. Иосиф Виссарионовичтің қазасы бәрімізге ортақ қайғы! Халықтың қабырғасын қайыстырып кеткен бұл орны толмас қаза қайсымызға батпай тұр? Бірақ қолдан келер шара жоқ, – деп көпті көзімен бір шолып өтті.
– «Жүк ауырын нар көтереді» дейді дана халқымыз. Халық деген қатепті қара нар емес пе? Арқасына батқан ауыр қайғыны көп болып, топ болып көтереді де, қайтеді! Біле білсек, бұл бәріміздің басымызға түскен ауыр сын! Кеңес халқы кешегі неміс фашистерін жеңген қаһарман халық! Үкімет бар, Партия бар! Белімізді буып, басымызды тік ұстайық! Басқа түскен ауырлықты бөлісе білейік! – деп жиналғандардың еңсесін көтере сөйледі.
Көсемнің өлімі ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Үш-төрт күн бойы аза тұтқан жұрт Разведка кеңсесінің жанындағы радио-бағаннан қаралы хабарды тыңдап, қарына қара шүберек байлаған коммунистер кезегімен ауысып күзетте тұрды. Төрт күннен соң экспедиция тұрғындары тағы жиналып, тікесінен тік тұрған жұрт кеңсе жанындағы ұзын бағанға қағылған қалпақша-радиоға құлақ салды. Саңқылдаған сабырлы дауыс анадайдан анық естіліп тұр.
Аз ғана Разведка жұрты бүкіл Одақ халқымен бірге радиодан естіліп тұрған азалы күйдің ырғағымен Кремльде өтіп жатқан көсемнің жерлеу рәсіміне сырттай қатысты. Баған басындағы қалпақша радиодан бірнеше дүркін атылған оқ даусы естілді. Кенет диктор даусы: «Жолдастар, міне, Совет халқы тағы да қажымас қайрат көрсетіп, ұлы көсемін, Иосиф Виссарионович Сталин жолдасты соңғы сапарға жөнелтіп жатыр» Бүкіл Кеңестер Одағындағы зауыт-фабрик, пойыз тоқтап, қаралы үнсіздік жарияланды», – деп саңқ еткенде:
– Біз де, барлаушы қауым, қиын кезеңде халықты тұйықтан алып шыққан адал коммунист, ұлы көсемімізбен қоштасайық! – деп Ғабдол басынан қара елтірі құлақшынын жұлып алды. Жұрттың бәрі жалмажан бас киімдерін қолдарына алып, бір мезет демдерін ішіне тартып, сілтідей тына қалды. Бес минуттық үнсіздіктен соң, үлкендердің бірі Ғабдолға қарап:
– Марқұмды қайда жерлеп жатыр? – деп еді.
– Қызыл алаңға, Мавзолейге. Ленин жолдастың қасына, – деді.
– Е, дұрыс болған екен, ол екеуін бір-бірінен бөлуге болмайды ғой…
– Орны сол ғой! – дескен дауыстар әр тұстан естіліп қалды.
Әлфияның омырауы алқа-салқа, өзі сары адамның алқымы шымыр аяздан шоқтай қып-қызыл болып, сұрғылт көздерінің жиегі қызарып, ісініпті. Түбі жуан, ұшы жалпақ жұдырықтай тұмсығының желбезегі жайылып, етегі делдиіп кеткен. Тамағының астынан орай тартқан ала шарқаты желкесіне ысырылып, жауырын тұсында жалпылдап жүр. Елден бөлек барылдап жылап, әркімге бір жабысып әкесі өлгеннен кем болып тұрған жоқ.
Әке демекші, Рәш әкесінің өлігін көзбен көрмегесін жоқ болдыға қимайтын. Хабарсыз кеткеніне көп болған, бірақ анасы байғұс әлі күдер үзер емес, киімдерін сандықтың түбіне салып сақтаумен жүр. Соғыстың біткеніне биыл аттай сегіз жыл. Не жұртпен бірдей қарақағазы қолға тимеді, не «Пәлен жерде жүр екен» деген хабар-ошары шықпады. Су түбіне шым батқан тастай зым-зия. Кейбіреулер «Дұшпанның қолына түсіп, соларға беріліп, пенде болды-ау» дегенді емеурінмен сездіріп қояды, бірақ оның анық дерегі жоқ. Тек бір дүдәмал болжам, тиянақсыз топшылау. Дүниеде белгісіздіктен жаман зат жоқ екен. Рәштің өз басы әкесін дұшпанға пенде болды дегенге сенбейді. Өлсе өлген шығар, бірақ ондай өжет жанның жан сақтау үшін жауға берілуі неғайбыл. Жәния кейде ауылдағы аздап тәуіпшілігі бар қара кемпірге құмалақ салдырып көрсе, ол: «Шалың тірі, бір жерде жүр, бірақ әзір ел жаққа жол түсіп тұрған жоқ. Бас-аяғын тұйықтап, бүркеніп алып бір жерде жатқан адам ғой», – дейтін құсайды. Оны естіп келіп, шешесі айран-асыр. Әр немеге бір жорып, ақыры: «Тірі болса, түбі бір келер!» – деп балаларын дәмелендіріп қоятын.
Қайран, әке! Қай жерде қалды екен сүйегің? Тірі жүрсең, не күйде екенсің? Әй, қайдам… Тірі болса, бір хабары болмас па еді?! Рәш өз ойымен өзі болып, қаралы жиынға қатысқандар арасында қан жылап, қайғы жұтып тұр еді. Әке дегенде бұның көз алдына суретін газеттен бір-екі рет көрген мұртты көсем емес, әлі күнге өлі-тірісі белгісіз туған әкесі елестеді. Өзінің қазіргі халін әкесі тірі Әлфия түсінбесін білді, білсе де, көптен иімеген көктей көз жасын көлдетіп, әлі ебіл-себіл болып тұрған құрдасын құшақтай алып еді, ол да жабыса кетті. Құрдасының кең құшағына кіріп, Рәш дыбыссыз, ағыл-тегіл, ақтарыла жылады. Көкірегіне шер болып қатқан перзенттік сағынышы кеудесіне сыймай, өкпесін қыса беретін еді, бүгін содан арылудың сәті туғанын түсінді. Бұларға ешкім тоқтау айтпады. Көптен ала бөле барлаушы ауылдан көсемді азалаған осы екеуі болды.

* * *
Қоянбай үйінің ұрысы арылмайтын. Қашан көрсең, кемпірімен қызыл кеңірдек болып айтысып, ірә болмаса қолдасып төбелесіп жатқаны. Жастары жер ортасына жетіп қалған ерлі-зайыптылардың айқай-шуы көршілерін мезі қылатын. Ешкіммен араласпайтын әйелі Қоянбайды отырса опақ, тұрса сопақ қылып, балаша жұмсап үйренген. Екеуінің дастархан басында шүйіркелесіп шай ішіп отырғанын ешкім көрмепті. Анда-санда есіктен сығалаған көрші-көлем кемпірдің төр жақта жалғыз құс жастықта ақбөкес болып, шалдың киімшең, күртесін басына жастап, бұралқы иттей бүктүсіп босағада жатқанын көрер еді. Сонымен бітпейтін дау-шардан көз ашпайтын көршілер амалдап күн өткізіп жатқан.
Әбуғалидың қалтиып өсіп қалған қызына кейде Рәш қарайлап қалса, кей-кезде бұның қызына Бөпеш көз болушы еді, бірақ көбіне үш үйдің баласын бағатын бойжеткен сіңлісі – Күміс. Күмістің балажандылығы сондай, сүтке тойған қозыдай томпиған балдырғандарды мәз қылып, кешке дейін ойнатудан жалықпайтын. Айсұлу қолы қалт еткенде Күмісті қасына отырғызып, іске байлайды. Іске икемі бар бойжеткен бармағы майысып, көйлектің етегін тепшу, жеңін қондыруға төселіп қалған.
Бір күні Бөпеш оны шешесінен бір күнге бұйымшылап сұрады. «Апа, Күміс біздің үйде отыра тұрсыншы. Мен Құлсарыға жүретін көлікпен керек-жарақ алуға барайын деп едім. Қызым аздап қызулап жатыр еді, сосын қызылша ма деп үйден шығарғым келмей тұр. Құлсарыға күнде-күнде мәшине бола бере ме? Рәшпен бірге барып қайтсам ба деп едім», – деп өтініш айтты Бөпеш. Жәния бұйығы, жуас келіншектің көңілін жыққысы келмей: «Барса-барсын» деген.
Құлсарыға базарлап кеткен Бөпеш пен Рәш түн ортасында оралған. Күміс жұмыстан келген Әбуғалидың қолына баласын тапсырып, үйіне қайтқан. Қызын жұбата алмай әбден титықтаған нән сары жігіт қып-қызыл болып, тоқпақтай жұдырығын даярлап: «Қап, сені ме, осыдан үйге бір келерсің, бәлем» деп тісін қайрап отырған. Кешіккен сайын терісіне сыймай тырсылдап ашу қысқан үй иесі буыншақ-түйіншегін арқалап есіктен кіре берген кішкентай, қара торы келіншектің аузын ашуға мұрша берместен желкесінен алып, түйгіштей берді. Содан Бөпеш ісіп-кеуіп, ертесіне шайға тұра алмай қалды. Түнімен ұйқысы қанбай, оның үстіне таңертең нәр сызбай кеткен отағасы кешке вахтыдан келісімен әйеліне қайта шүйліккен.
Итке ас құя шыққан Рәш шарылдаған Бөпештің даусын естіп, шыдай алмай ұрыстың үстіне кіріп барды. «Сен қатын кетсең өз жөніңмен кетпей біреудің әйелін ертіп нең бар?» – деп Әбуғали араша түспек болған Рәшқа тап берді. Істің мән-жайына қанған Рәш: «Әй, Әбуғали, саған не болған? Қоянбайдың үйімен қос болып көрген өнегең бе? Жазығы жоқ Бөпешті неге ұрасың? Бетіңе жел болып тимейтін байғұстың жуастығын пайдаланып, басынғаның ба бұл? Сенің әйеліңді жүрсең де жүр, жүрмесең де жүр деп ертіп кеткен ештеңем жоқ. Қатын болғасын керек-жарағын қарап өзі барған-дағы. Екеуміз үй жолдас болып бірге барып қайттық. Онда тұрған не бар? – деп біраз кейістік білдіріп, әрі аш, әрі ашулы Әбуғалиды сабасына түсірген. Күйеуінің Бөпешке артқан бар кінәсы: «Менен ұлықсат алмай жолға неге шығады? Қатынды басына жіберсең, бейбастақ болады» деген секілді еркектің өзімшіл уәжі.
Рәш ерлі-зайыптыларды татуластырып, бітуажаға келген үйдің дастарханынан бір-екі шыны аяқ шай ішіп, аяқ астынан өрбіген дауды бітіріп қайтқан. Жазықсыз сөз естіген Рәш «Әбуғалиды бұндай көрмекші емес едім» деп, Мерғалиға шағынғанда ол: «Тілеп алған бөгелек, өзіңе де со керек, – деп әжуалап күліп алып: «Сен жұрттың бәрін мендей деп жүрмісің? Көрдің ғой әне, мына тұрған Құлсарыға айтпай кеттің деп Әбуғалилар әйелін сабап жатыр. Мен болсам қабағымды шытуды білмедім, дегенмен, кеңмін ғой», – деп сөзінің соңын қалжыңға айналдырған.
Ойнаса да ойындағысын айтқан Мерғалидың сөзі рас. Рәш «Құлсарыға кетіп бара жатырмын» деп күйеуіне хабарласқан жоқ, жүріп бара жатқан көлікке мініп жүре берді. Күйеуінің өзіне сенетінін біледі. Бір уыс болып маңдайы тырысып, мазасыздана берген Бөпештің жол бойы уайым жеп, артына алаңдай бергенін байқағасын: «Балаңның қасына Күмісті қалдырдық. Ол Әбуғали келгенше қарайды ғой, несіне уайымдайсың?» деп оның қыпылықтауын түсіне алмап еді, бақса, жұрттың еркегі өз күйеуіндей емес екен. Әйелі көзден таса болса, жаманға жорып, арамдық ойлайтындар болады екен. Ашу үстінде боқтық сөз айтпайтын күйеуі, бірге тұрғалы басынан бір тал шашын түсіріп көрмепті. Оның аржайы мінезін жақсы көретін Айсұлудың неліктен: «Қайным аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөкірек адам ғой, оның қасында біздің Ыбырайымдар томырық» дейтінін жаңа ұққандай.
«Жақын әулиенің қадірі жоқ» демекші, Рәш өзінің Мерғалиды жете бағалай алмай жүргенін осы оқиғадан соң түсінгендей болды. Оның қадірін өзінен гөрі Оңғар мен Күміс жақсы біледі, шешесі екібастан Мерғали десе ішкен асын жерге қояды. Бәрін ойша сараптап алған келіншек маңдайына осындай жігіттің бұйырғанына іштей тәуба деуге мәжбүр болды. Өйтпегенде ше, өзі көріп жүргендердің арасында күйеуінен таяқ жемейтіні кемде-кем. Бәрін былай қойғанда, Құдайдай көріп жүрген қайнағасының өзі пендешілік қылып, анда-санда әйелінің көзін көгертіп қояды.
Ұрайын деген адамға сылтау көп: уақытымен тамағы дайын тұрмаса, көйлегі жуылмаса, кісі көзінше бетіне қарсы келсе – жұдырығы даяр. Үндемейтін адамның зілі ішінде бола ма екен, көп сөйлемейтін Ыбырайымның дауыс көтермегенмен, ептеп қол жұмсайтын әдеті бар болып шықты. Ал аңқылдаған, ақкөңіл Мерғалидың қызбалығы болғанмен ашуы да тез, қайтуы одан да жылдам. «Жақсы адамның ашуы шайы орамал кепкенше» демекші, қапелімде біреу-міреумен шартпа-шұрт болып қалса, қайта айналып келгенше әлгі адаммен араларында дым болмағандай қауқылдасып отырады. Жетімдік көріп өскендікі ме, кешірімшіл, бауырмал. Ожарлау Оңғар мойнына атша мініп алғанда да үндемейді. Ыбырайым екеуінің татулығына кісі қызыққандай. Оның Жұмашын өз қызынан кем көрмейтіні өз алдына, жеңгесінің істен қолы босамайтынын білгендіктен, отынын ұсату, шай-шекерін, бір қалаш нанын бөлісуді белқаста өзіне борыш санайтын секілді. Күнара бір соғып тұруды әдетке айналдырған.
Міне, Мерғали жертөлеге жақындағанда Айсұлудың сызылған даусын естіді.
– Күміс-әй, мә қи. Отыз да бес сәнті, тігісін қос бір сәнтіден, сонда отыз жеті қылып қи. Бір сәнті кем не артық қылма. Тошны болсын! Сен қыз мол қолсың. Иһә-әһ-әй. Сыңқ еткен Айсұлудың күлкісі естілді. Күмістің қолындағы өткір қайшының жүзі қырш-қырш күйсейді.
– Өлшеп қидың ба? Енді тепши ғой. Тек үбіссе болды. Әкел, енді маған бер, қиюы қашпай тұрғанда мәшінге салып тастайын. Қоқыр-соқырдың арасынан тұрып, тәлтиіп белін жазған келіншек терезе алдында тұрған аяқтымәшінге отыра қалысымен ісмәшіннің зырылдаған бір сарынды даусы құлаққа келді.
Неміс шеберінің қолынан шыққан асыл бұйым татаусыз жүрісінен жаңылмайтын бір су жорға.
Өстіп отырғанда терезе алдынан қараң еткен Мерғалиды көріп:
– Мә-ә, түс болыпты ғой, төрежан келе жатыр, – деді ісмер әйел.
Есіктен арсалаңдап кіріп келе жатып қайнысы Айсұлудан:
– Жеңеше, шайың бар ма? – деп сұрады.
– Бар шығар? Жаратылысында салмақты Айсұлу қимылдамастан қасындағы қызға қарады. Күміс орнынан ұшып тұрып, плитаның түбіндегі шайсандықтың қақпағын ашып жіберіп:
– Бар екен, – деді жездесіне қарап күлімсіреп.
– Онда шәйнек қойып жібер, Күмісжан.
Күміс дастархан жайғанда Мерғали қолтығына қысып келген жарты қалаш нанын, шақпақ шекерін соның үстіне тастай салды. Шайдың жұпар исі бұрқырап үйдің ішін алып кеткенде, дастарханның шетіне жақындаған Айсұлу:
– Төрежан, Рәш үйде ме еді? – деді.
– Күнде-күнде Рәштің шайын іше берем бе? Бірауық, сенің шайыңды ішейін деп, үйге бұрылмай тіке осында келдім. Әрі өз үйімнен бір табан да болса жұмысыма жақын ғой, – деп күлді Мерғали.
– Ибәй-ау, іше бер. Шайды, нанды әкелген өзің. Енді қайнаған суды ішіп кетпесең бола ма?
Шай үстінде көбіне Мерғали сөйлеп, қалған екеуі күлумен болды.
– Мен бір жұмбақ айтайын, шешіп көрің. «Қара түйем кетеген, жүрген ізін бітеген» – бұл не?
Екеуі ойланып қалды. Ақыры Күмістің шыдамы сыр берді.
– Сенің де таппайтының жоқ екен осы. Жауабын айтшы, адамның діңкесін құртпай.
– Қой, ойлан! Күнде көріп отырған затың ғой.
– Күнде көріп отырған деймісің?
Күміс айнала қаранып, таба алмағасын, жездесіне еркелей сөйлеп, өкпесін білдіріп алды.
– Түу, сен де… Адамды әр немеге алаңдатып, шайымызды ішкізбейсің.
– Шынымен таппағандарың ба? Ойпырмай, күнде ұстап жүріп. Мерғали Күмістің шыдамының шегіне жете түсті.
– Біз жеңілдік, өзің айтшы енді, – деп әншейінде сабырлы Айсұлу да шарасыздық танытты.
– Өздеріңде тіпті сауа жоқ екен ғой. Іс мәшін емес пе? – деп балдызы мен жеңгесіне қарап ыржия бас шайқады.
– Иба-а-ай, іс мәшін ғой, иә.
– Қасқа, солай екен-ау?
Сағатына қарап кетуге ыңғайланған Мерғали:
– Ойбу, «Әңгіме – бұзау емізер, бұзау – таяқ жегізер» – деген. Уақыт болып қалыпты ғой. Орнынан тұрып, есікке беттеді. – Күміс терлеп отырған шығар тезірек шығайын!..
Анада Күміс пен Айсұлу шәйнекті орталай бергенде Мерғалидың төбесі көрінген. Сонда әбден бабына келіп отырған Күмістің: «Өзіміз терлеп шай ішіп отырғанда қайдан келе қалдың? Жылдам жапшы есікті!» – дегені бар-ды. Қонақүрікпес, қара торы қызда шешесінің дүңк етпе, дөйістеу мінез жоқ емес-ті.
«Е, терлеп отырсаңдар жабайын», – деп есікті тез қаусыра қойған Мерғалиға: «Манадан саған қарайлап шай ішпей отыр едік. Мезгілін өткізіп алып, Күмістің шекесі тырысып отыр. Тез жап есікті, Төрежан», – деп күлді Айсұлу.
«Ә, мені күтем деп шайдың мезгілін өткізіп алып отыр екенсіңдер ғой. Біздің балдыз шайқор. Мезгілімен шай ішпесе, басы ауырады», – деп күлген Мерғали.
Есіктен шығып бара жатып соны еске салып бара жатқаны еді.
* * *
Нағима күйеуінің жүзін бергесін барлаушыларға қайта қосылды. Қарайласатын жақын-жуық, жанашыры жоқ, жесір келіншек үйренген ортасына бірден тастай батып, судай сіңіп жүре берді. Қайтадан бұрынғы орнына жұмысқа тұрып алды, жеке пәтерге кірді. Разведкі ауыл жабылып күйеуінің жылын өткізіп берді, бірақ көп ұзамай Нағиманың бойынан бұрын байқалмаған бөтен қылық білініп, құлаққа жат әңгіме ауылға жайылып кетті. «Ыбыраш Нағимаға баратын құсайды!»
Ыбырайымды көргенде пісіп-толып тұрған нәпсі желігі жесір келіншекті жынша буып, көмірдей қап-қара көздерін шоқтай жайнатып жіберетін. Жиырманың жетеуіне шығып тұрған Нағиманың кімге соқтығарын білмей, ойнақ салған балықтай шиыршық атып, бойын кернеген қуат көзіндей бұла-бұзық сезімге бұғау сала алмай бұлқынып, буырқанып жүрген кезі болатын. Соны әлдебір жануарлық түйсікпен жер түбінен сезе қоятын еркек біткеннің оған сүйкенбей өтетіні аз еді. Табиғатында бар тәкаппарлықпен соның бірде-бірін маңына жолатпай, алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, асаулық танытудан танбайтын келіншек тек Ыбырайымның төбесі көрінгенде ғана көзінен ұшқын ата жайнап шыға келетін. Көр соқыр кісі болмаса, бұны байқамау мүмкін емес еді. Әрине, Ыбырайым да сезді. Көзге көрініп тұрған жан сезімінің ұшқын атқан қуатын қалай сезбесін? Әттең, бұл күнде шідерлі аттай. Ұшырасқан сайын бүкіл жан дүниесін жеті мүшесімен бірге балқытып, баурап алатын жесір келіншектің нұрлы шуағына малынып соңынан ере беруге, табалдырықтан аттасымен екі балағына жабыса кететін балауса күшіктей қос перзенті аяғына тұсау. Оларды қайтпек? Нағиманың етегінен ұстаса, ортан қолдай отау болып шыға келерін біледі, бірақ екі бірдей бейкүнә сәбиді қалай тірі жетім атандырмақ? Осыны ойлағанда жүрегі паршаланып, бауыры бордай езіліп, жанын қоярға жер таппады, бірақ қай затқа да Құдайдың өзі себепші болады-ау?! Жас немелерге тигізген жәрдемі ме екен, жаздың күнгі аз ғана сәттік жайдың оты Ыбырайым мен Нағиманың арасындағы тұтанып кете алмай тұрған сезім-талшығына шоқ тастап жіберген. Сол күнгі ауысымға Ыбырайым науқастанып қалған Қоянбайдың орнына Нағимамен бірге шығып еді.
Маусымның мақпал түні. Мотор зыңылынан аулақтау жерге шығып, екеуі әрнені сөз етіп жайбарақат отырған. Түнгі аспанда түйдектелген бұлт бар, ара-тұра аулақтан найзағай даусы естіледі. Бір кезде жыланның ысылындай суылдаған жел шықты. Кенет аспан аясын жарқырата шатыр-шұтыр етіп жалт ойнап, жер-дүниені жаңғырықтыра күркіреген көктен жарқ-жұрқ ете қалған жай айнасы жер бетін оңды-солды шола бастады. Ымырт түсе қапырықтанып, сілтідей тұнған тып-тымық даланы нөсер исі кернеп, көп ұзамай Рахман нұрындай алғашқы тамшылар тысырлай төге жөнелді. Іле көптен ылғал тамбай қақсып жатқан маңайды дымқыл топырақ исі алып кетті.
Оқыстан зеңбірек атылғандай аспанды қақ айыра гүрс ете қалған зор дауыстан шошына шыңғырып жіберген келіншек жанындағы жігіттің құшағына қойып кетті. Найзағай үсті-үстіне шатырлап, жоғарыдан жарқ-жұрқ етіп, алтын жебесімен қараңғылықты қақырата тілгілеген жай оғы оқтын-оқтын жерге атылып жатты. Апай төске ақ маңдайын басып, Ыбырайымды аш белінен айқара құшақтай алған Нағима айырылар емес. Қарулы жігіттің қызулы құшағында қорғасындай балқып бара жатқан жас келіншек сорғалаған жаңбырға арқа тосып, сілейіп қалған. Суға малшынған шыт көйлектің астынан бұлтиған омырауын бұлқынта тепсінген асау жүрек аттай тулап, дүрс-дүрс соғады. Көк жүзіндегі отты майдан жесір келіншектің жүрегінде қабат жүріп жатқандай жан сезімі алай-дүлей.
Ынтық жүректерді Тәңірдің өзі табыстырғандай, Ыбырайым қос қолымен қызулы келіншектің мойнынан орай, басын көкірегіне қыса берді. Аяқ астынан болған табиғат құбылысы жалынды құшақтарды көпке дейін жаздырмады. Екеуі де іштей төбеден төпелей құйған жаңбыр толастамай, дәл осылай айқасқан күйі айырылыспай отыра беруді тілейтін секілді. Тас қараңғыда жарқылдаған жай отының жарығы жаңбыр жуған жүздеріне айна сынықтарынша шағылып, малмандай болғанына қарамастан қоладан құйған ескерткіштей тұтас бір денеге айналып қатып қалған. Тек қартаң бұрғышының: «Әй, қайдасыңдар, моторды өшіріңдер!» – деген зілді дауысы шыққанда барып, сасқалақтап орындарынан тұрған.
Мерғали досының екі оттың ортасына түсіп, жаны қиналып жүргенін түсінді. Араға түспейін-ақ деп еді! Әттең, не керек, жақсы көретін жеңгесінің сөзін жерге тастай алмады. Ыбырайымның үйінде шай ішіп отырған Мерғали Айсұлудың қабағындағы кірбіңді байқағанмен дым білмеген болып, бір-екі шыны аяқтан соң сыртқа ыңғайлана бергені сол еді, ол көзінің қиығымен бағып отыр екен. «Анаған ақылыңды айтпайсың ба? Дұшпан емессің ғой!» – деді бірден сөздің тоқ етеріне көшіп. Осы сөзді бір күні еститінін біліп жүр еді, ақыры естіп тынды.
Жалпы Айсұлу жалпылдап көп сөйлемейтін, сөйлесе дөп сөйлейтіндер қатарынан еді. Бұл жолы да аңдаусызда төбеңнен тоқпақпен ұрғандай қылып дүңк еткізді. Қапелімде аузына жөнді сөз түспей абдырап, бітікене үнсіздіктен соң: «Ай, жеңеше-ай, буынсыз жерге пышақ ұрдың-ау!» – болды қайнысының бар айтқаны.
Содан кейін не де болса айтуға оқталды, бірақ қатын өсекке еріп, жандай досын жазықсыз қаралауға батпады. Ұрлық қылатыны рас болса, «ұрыны» ұрлық үстінде ұстауға тиіс. Ұстау қиын бола қоймас, үйі Нағиманікімен іргелес. Сол оймен кешке қарай сыртқа төсек салдырып еді, түннің бір уағына дейін ұйқысы келмеді. Ауық-ауық Нағиманың үйі жаққа қарап қояды. Жарық сөнген. Жұрттың бәрі ұйқы құшағына құлаған болуы керек, ошаң еткен жан көрінбейді. Ала бұлттың арасынан анда-санда бір жарқ етіп, көк жүзінде күміс теңгедей болып баяу сырғып бара жатқан ай сәулесіне әйнегі шағылысып, ішіне жер-жиһанның бар құпиясын жиып алып, тігісін білдірмей жатқан жұмбақ жымдай жалғыз терезе тұр.
«Ыбырайымның бұнысы несі, бірталай жасқа келгенде?» деп қояды өзі ғашық болмаған жандай-ақ. «Ойбай-ау, бірталайға келгендең не, бар болғаны отыз үште емес пе?» дейді екінші бір ойы алдыңғысын жазғыра кимелеп. Иә, отыздың үшеуінде! Нағыз қыннан суырған жалаң қылыштай жарқылдап тұрған шағы ғой! Белқаста бір-бірі үшін жаратылғандай екеуінің де әдемісі-ай! Құдайым анандай ажар берсе, жалыны бетті шарпитын жүрек берсе, ғашық болмай көр! Баяғы Қыз Жібек пен Төлегендер ғой, ғашықтық зарын тартып, арманда өтті. Олардікі оғаш болса, жыршылар өлеңге қосар ма еді?! «Батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтық жөні бір басқа…» Өй, қасқаң! Сөз тапқышын қарашы. Батырлық пен байлық кез-келген жұмыр басты пендеңе біте беретін бақ, бірақ ғашықтық кім-көрінгенге берілмейді дегені ме екен сонда? Әркімнің маңдайына жазыла бермейтін сол ғашықтық емес пе бұл!? Бұл жерде екі адамның жүрегі бірге соғуы керек. Ол үшін ғашықтар бір-бірін өлердей ұнатуы керек. Нағима мен Ыбыраштың бар кінәсы – бірін-бірі жақсы көруінде болып тұр. Адамды жақсы көру айып па екен? Әй, бірақ… Ыбыраш деген бала-шағасы бар адам емес пе? Осы жерге келгенде жеңгесі есіне түсіп, өзінен-өзі ұялып қалды. Қай ақылға салса да, ішкі түйсігі досын жақтай бергесін, не де болса, оңаша сөйлесіп, сыр тартып көрмек болды. Тұңғиық сырды ішіне бүккен тылсым терезеге тесілумен жатып ұйықтап кетіпті. Таңның атқанын ауыл шетінен аттандап әтеш шақырғанда біліп, санын бір соқты.
Ертесі күні тағы далаға жатты. Жаз орталап қалған уақ. Тамыздың тамылжыған түні. Шарасына тола шеңбірек атып, шарайнадай жарқыраған ай тас төбеден шақырайып төнді де тұрды. Айналадағы қыбырлаған жәндіктің бәрі күндізгідей өріп жүр. Солардың тіршілігін тамашалап, жалаң аяқ аула ішін қыдырыстап жүрген Мерғали бұл жолы көпке дейін ұйықтай алмады.
Кенет құлағына аяқ дыбысы шалынғандай болып, басын көтеріп еді, сүйекті, сұлу тұлғасынан, кербез жүрісінен жазбай таныды Ыбырайым екен. Әлі аяғы тегіс басылмаған ауылдан да, жер бетіне айнасын салып жоғарыдан бәрін бақылап тұрған аспандағы айдан да қымсынбастан алшаңдай басып келе жатыр. Бағыты көрші үй. Мерғали өзінің аңдыған адамын көргенмен, тосыннан дыбыс беруге ұялып, үнсіз отырып қалды. Бұның өзін торуылдап манадан ұйқысыз жатқанынан бейхабар Ыбырайым сол екі арада қасынан өтіп кетті. Дауыс шығаруға бекініп, «әу» деп аузын ашқанша, ішке кіріп үлгерді. Енді Ыбырайымның шығуын күтіп, темекісін қайта-қайта тұтатумен көз ілмеді. Не де болса, ойын ашық айтуға бекінгенмен күткен адамы шығып болмады.
Ай төбеден ауғасын төсегіне қисайған Мерғали шалқасынан түсіп, аспан әлеміне көз жіберді. Жыпырлаған жұлдыз жарығы жарқыраған ай нұрынан көмескі тартқандай сосаны. Адамзат баласы атам заманнан қараңғы түсісімен аспанды тамашалаумен келеді. Күндіз таусылмайтын күйбең тірлік мойын бұрғызбай ма, әлде түнгі аспанның әсері бөлек пе, әйтеуір Мерғалидың жаны жай тауып, бір сәт пенделік қамытынан босап шыққандай көк жүзін қиялмен шарлап кетті.
Әркімнің өз жұлдызы бар, ол адамның өзімен бірге туып, бірге сөнеді деп сенетін үлкендер аспаннан бір жұлдыз ағып түссе, «Жұлдызым жоғары!» деп ырым жасап жататын. Мұның мәнісі не екен? Оқымыстылар болса, жұлдыздар жер-дүние жаралғалы жарық шашып тұр деседі. Сонда жұлдызбен салыстырғанда адам ғұмыры кірпік қаққандай-ақ болғаны ма? Тіпті, оған да жетпес мүмкін? Ал қарапайым пенделердің өз түсінігінше, жұлдыздар дегенің Құдайдың адамзатқа арнайы жарық қылып, жағып қойған шырақтары. Шынында да осы пайымнан оңдысы жоқ секілді. Миың жетпейтін затқа бас қатырудың не керегі бар?
Жұлдыз аттары да қызық. Анау аспан төсіне төртеуі шаршылана шаншылып, үшеуі үшбұрыш құрай қадала қалған күміс шегелер – «Жетіқарақшы». Бұл жеті жұлдыз, аңыздың айтуынша, аспан әлемі патшасының таң алдында серуенге шығатын сұлу қызы «Шолпанды» ұрлауға шыққан жеті қарақшы көрінеді. Анау «Темірқазықты» айнала андағайлап тұрған баданадай қос сары жұлдыз – сол қарақшылардың қаңтарулы арғымақтары – «Ақбоз-Көкбоз»…
Тіпті, Ай мен Күннің өзі – бір замандарда апалы-сіңлілі арулар болған деседі. Сұлулық таластыру үстінде бірінің бетін бірі тырнап алып, өшпес тыртық салыпты. Ай бетіндегі дақ сол тыртықтың ізі екен. Апалы-сіңлілі сұлулар арасындағы өзара бақталастық мәңгілік араздық туғызып, бірін-бірі көрмейтін күйге жетіпті. Күн шықпай тұрып Айдың батып кетуі, Ай тумай тұрғанда күннің көзін жоғалтуы содан деседі, айтушылар.
Аспан әлемі қандай құпия болса, аңыздары сондай қызық. Арқадан аумайтын «Темірқазық» болса, жер жаралғалы түнгі жолаушының бағытынан жаңылдырмас бағдар-шамы. Көк күмбезінің күміспен сіркелеген деңмент белбеуіндей ұзыннан шұбақ созылып жатқан – «Құсжолы». Анау үйірден бөлініп үріккен қойдай болып тұрған алты жұлдыз – «Үркер».
«Апырау, Үркер туып қалғаны ма, бүгін өзі нешесі еді?» – деп, ойы көкті аралап кеткен Мерғали осы мезетте пәни тірліктің соқпағын қайта тапқандай болды. «Үркерлі айдың бәрі – қыс» деп шалдар бекер айтар ма, күздің жақындап қалғанының белгісі ғой бұл. Кеше түнде тоңазып қалып, бүгін түйе жүн көрпесін шығартқан. Күз келді дегенше, қыс түсті дей бер. Сөйтіп, бірін-бірі ауыстырумен қыс өтер – қыраулатып, бұрқасындатып, жаз шығар – жапырақ жайып, жанды жадыратып. Тағы да күз… Иә, күздің келмеген несі қалды? Ғұмыр шіркін де диірменнің тасындай дөңгелен-е-е-п өтіп бара-а-д…
Ертедегі кісілер көп жасап, сүйегі саудырап, жігі босап кеткен жағын жібекпен таңып отырады-мыс. Осы күнде ондай жай сирек. Шанда біреу болмаса, адам өмірі жүз жылдан аса бермейді. Жеме-жемге келгенде пенде пақыр Құдайдың берген жасын жасайды-дағы…
Ата-бабалар адам өмірін мүшелге бөліп, он екі жыл сайын бір айналып соғатын әркімнің өз мүшелі өмір жолында айқын белгі салып – ерекше есте қаларлық жаңалығымен келеді деп сенген. Бұл бір киелі нышан секілді. Өз басынан байқағаны, анасынан бір мүшелге толып тұрғанда айырылды, ал әкесі қырық тоғыз мүшелінде өмірден өткен…
«Қырық – қырдың басы» дегенде, бұрынғының шалдары қырық жасты адамның орта жасы деп есептесе керек. Мерғалидың ойынша, әр кісінің шығар тауының басы – қырық емес, қырық тоғыз мүшелі. Ал елуден соңғы өмір тау басынан домалаған тастай салдыр-гүлдір етіп ылдиға құлдилаумен көзді ашып-жұмғанша құлдырап өте шығатын секілді. Ал оған дейінгі уақыт – биікке көтерілген көліктей асықпай аяңдайтын болғандықтан өмір өтпестей, өлім жетпестей көрініп, жағаң – жайлау, қойның – қыстау болып, кісінің қайғы-мұңға көп берілмейтіні содан болса керек…
Ойды ой қуады деген рас-ау, Мерғали шеті шегі жоқ, шұбатылған ой құшағында жатыр. Тақырлап алғызған шашына әлі ақ түспеген, жазық маңдайының қыртысы қалың емес. Қақ маңдайдан кеңсірікке қарай тартылған көк тамыр білеулене адырайып тұр…
Бүгінде ойлап қараса, баяғы қан кешіп жүргенде өзі жап-жас бала екен ғой. Сол кезде бораған оқтың бірі жанды жерден тисе, бүйтіп жатпас па еді… Кім білген? Көретін жарығы болып тұр ғой… Одан бері міне, қанша жыл өтті?! Әлі де өзін кексе сезінбейді…
Таң алдындағы алаң-көбеңде тықыр естіліп, көрші үйдің есігі ашылды. Іштен шыққан Ыбырайымға Нағима ілесе шығып, айырылғысы келмеген сыңаймен екеуі есік алдында бітікене кідірді. Жігіт артына бұрылып, келіншек ішке қайта кіріп кеткенше көз айырмай қарап тұрды. Даяр тұрған Мерғали Ыбырайым жақындай бергенде бой жазып, таңғы ауамен сергіп жүрген болып, «Іһім» деп жорта жөткірінді.
– Өй, сен нәғып жүрсің таң атпай? – деп таңырқап қалды бұны қарсы алдымнан жолығар деп күтпеген досы.
– Өзің нәғып жүрсің?
Ыбырайым бұл жолы сөз таппай тосылды. Содан соң, аздап кідірістеп тұрып:
– Ті-теемекің бар ма? – деді даусы қожырай шығып.
Мерғали тіл қатпастан «Казбектің» бір шеті кетілген қорабын досының қолына ұстата берді. Екеуі ағаш шарбаққа қатар асылып тұрып асықпай темекі тұтатты. Ащы темекіні құшырлана сорып, аузы-мұрнынан көк түтінді будақ-будағымен шығара бастаған Ыбырайым жан-жағына зер сала тұрып, есік алдындағы сәкіге салынған төсекті көріп:
– Сен осы мені аңдып жүргеннен саумысың? – деді ренішін жасыра алмай тіксіне сөйлеп.
– Сау емеспін. Аңдып жатырмын. Кешеден бері қолға түсіре алмай жүр едім, ақыры тұтылдың. Елдің сөзіне сенбейтін едім, бүгін көзбен көрдім.
Ыбырайым досының сөзін аяқтатпай осы жерден шорт үзіп:
– Сен бұл араға кіріспе! – деп шалт бұрылып, кең адымдап үйіне қарай кете барды.
«Аййй, буынсыз жерге пышақ ұрғыздың-ау, жеңеше-ай…» деп, бармағын тістеп қала берді қайтып ауыз ашуға үлгермеген Мерғали.
Көзді ашып-жұмғанша күз де келген. Жұмыстан қайтқан Мерғали үйдің ық жағында оны-пұны сөз етіп шуақтап тұрған үш шалды көріп сәлем бермек болып, жандарына жақындағанда, анадайда мойны салбырап үйіне қарай кетіп бара жатқан Ыбырайымның сыртынан сүйсіне қарап тұрған Құрал:
– Па, шіркін, иық анау – шалқайған, төс анау – қайқайған… Баяғының күні болғанда Ыбырайымның екі әйелді екі қолтығына қысып жүретін нағыз дер шағы ғой. Қазақ: «Қатын – отын» демейтін бе еді? Үкіметтің дені сау еркекті қатыннан қысқаны ұят болды-ау, – деп самбырлай жөнелгенде, «Дұрыс айтасың» дегендей қасындағы өзі құралыптас Қиялбай мен Әбді бастарын шұлғып қоя берді.
– Аххах, нағашыеке, қатын деме, әйел де.
– Қайдан білейін, біздің қазақ алғанын қатын дейтін еді. Бойжеткен қыз болмаса, төменетектіні төрге шығармайтын еді. Қазір қатын – би, еркек – іи болған заман болды ғой өзі.
– Қайтесің енді, заман басқа, заң басқа…
– Қатынға товарыш деп праба беріп кеткен ана шоқша сақал ғой… деп, қолы қалт етсе жұдырықтай қызыл тұмсығымен жағаласа кететін Әбді делдиген танауының бір тесігін бас бармағымен жауып тұрып, таңқ еткізді.
– Ал жесірді жәутеңдетіп қойғаны қай праба? – деп көп сөйлемейтін Мәулен қызып кетіп, осы арада сөзге қосылды.
– Иә, десейші-ау, одан теңдік болмас. Ол теңдік емес – кемдік қой, – деді Құрал.
– Дұрыс айтасын, – деп қоштай кетті Қиялбай.
– Дұрысы дұрыс-ау, бірақ бізден кім ақыл сұрап жатыр?
– Сұрамаса келістіріп отыр ғой, қатынды қара жұмысқа салып… Со ма теңестіргені?!
– Ой, Құдай-ай, еркек пен қатын қайдан тең болсын?! Нашардың аты нашар-дағы – деп Әбді қолақпандай қотыраш тұмсығын қолымен умаштап тұрып, тағы бір қатты пысқырынып қалды.
– О баста еркекті саз балшықтан жасаған Құдай, қатынды сол еркектің қисық қабырғасынан жасапты. Бұрынғылардың «қабырғаммен кеңесейін» дейтіні содан қалыпты дейтін еді ғой баяғының молдалары.
– Қайдам, кітап ашқан қожа-молда білсе, біледі-дағы…
Мерғали үйіне қарай келе жатып: шынында да, бұрынғы заман болса, Айсұлу мен Нағима сыйыса да, сыйласа да алар еді-ау… деп ойлады.
Уақыт өтіп жатты. Өсек өрши берді, өздері біліп қояр болмады. Терісі мұнша кең болар ма, тырс етіп, Айсұлу да әйелдік танытпады. Екеуінің жүрісін: «Ауыл үй отырып бұнысы несі?» деп даттағандар да, «Енді қайтсін, жас қой?» деп жақтағандар да табылды. Сүйтіп жүргенде қыс түсті. Нағиманың бұл жүрісін ұнатпаған құрбылары араласуды азайтып, аралары суыса бастады. Ақыры жақсы көретін құрбысына батырып ақылын айтқан батымды адам Рәш болды.
Бір күні түсте аяз сорып, ағы ақ, қызылы қызыл болып алтайы түлкідей құлпырған Нағима кіріп келді. Үйде Айсұлу бар еді. Ажарлы болғанмен артынан сөз ерте бастаған құрбысының сәлемін солғындау алған Рәш түскі шайдың үстіне келсе де, бұрынғыша «Кел, отыр» демеді. Сабырлы Айсұлу қанша жаратпай отырғанмен, тіс жармастан қайта шығып кетудің ретін таппай, есік көзінде қипақтап қалған Нағимадан бұрынырақ қимылдап, болмашы бірдеңені сылтауратып шығып кетті. Бұрынғы тату құрбылар Айсұлу шығып кеткесін де, сүтке тиген күшіктей тымырайысып, бір-бірімен шүйіркелесіп кете алмады. Үй оңаша еді, бәрін естіп, біліп жүрсе де бұған дейін бір ретін келтіре алмай жүрген Рәш шешілудің сәті туғанын түсінді.
– Нағима, сені жақсы көретін едім. Бұның не? – деді келіншекке тура қарап.
Құрбысының өткір көздерінің қуатына төтеп бере алмаған келіншек тырс етпестен төмен қарап тұра берді.
– Айсұлу мен балдардың не жазығы бар? Көз жастарынан қорықпайсың ба? Ең болмаса, бейкүнә сәбилерді аясайшы…
Шындық шоғы жанын шырқыратқан күнәлі келіншек көздерінен от шаша бажаң ете қалды.
– Сонда мені аяйтын ешкім жоқ па? Менің көз жасымды кім көреді?
– Аяймыз. Аяғанда қайтейік? Адам аяп не келістіреді, қасқа-ау?! Онан да, Құдай аясын десейші!
– Сендер мені қайдан түсінейін деп едіңдер? Қойныңызда байларың, бауырыңызда балдарың жатса…
– Сонда қарғыс алып, ойнастан бала тумақсың ба?
– Туам, туам… деп өкіріп жіберген Нағима Рәштің алдына келіп жүресінен жығыла кетті. Рәш шыдай алмай бір басына айдай көрік біткенмен, маңдайына бармақтай бақ бұйырмаған қамкөңіл құрбысына қосыла жылады.
Жастай тағдыр тауқыметін тартып, талай теперішті көрген жесір келіншек әділ қазының алдына жүгінгендей жүрегін қысқан құсасын армансыз ақтарып ұзақ өксіді. Құрбысы солығын басқасын Рәш оның жас жуған бетін орамалмен сүртіп, басын құшақтап балаша жұбата отырып сөзін жалғады.
– Ақылсыз емес едің ғой, Нағимаш. Ұябұзар деген жақсы атақ емес және саған лайық ат емес. Өзің түсінесің ғой. Біреудің бақытына ортақтасқанша, өз бақытыңды тап! Неге түңілесің жас басыңмен? Табарсың әлі, торықпа!
Бұл жолы едәуір мұңайып, жасып қалған келіншек үндеген жоқ. Өзгелердей сыртынан сыпсыңдап, бетіне өтірік күлмей, ащы да болса ашығын айтқан құрбысының жүзіне қарай алмады.

* * *
Соғыс өртінің басылғанына он шақты жыл болған. Бейбіт еңбектің майданы қызып, мал басы мыңғырып өсіп, ел күйлене бастады. Өріске сыймаған қойды көрші аймақтарға сатып, Орскіге жыл сайын қырық-елу мыңдай қойды аяқтай айдап апарып етке тапсыру үрдіске айналды. Малды жая жүріп, асықпай айдаған сондай бір топ күзем айында Төңірекшыңның ойына жетіп еді.
– Маңғыстаудан Орскийге мал айдаған адамдар келіпті. Басшысы Алтыналы екен, – деген хабар айтты бірде Мерғали.
Алтыналының балалық шағы Жылойда өткен. Әкесі бұны он беске шыққанда атақты бай ағайыны Нұрбосынға қалашылыққа қосқан. Бай балаң жігіттің бойшаң, ірі тұлғасына сүйсініп: «Балаң нешеде?» – деп сұраған. «Он беске толды», – деді әкесі. «Тастап кет онда, қалашылыққа жарар».
Содан қалашылармен бірге Көкжар, Темір, Орынбор, Айдархан барып жүрді. Жүк артысады, күш-көліктерге қарайды. Сонда осы ұлы жолмен тұз бөрілерінше талай жортқан. Жол бойын торуылдаған тонаушыларға керуенді талатпай байдың базардан алған мүкәммалын ауылға жеткізу үлкен күш. Күш-қуаты толысқан шағында екі-үш жігітке әл бермеуші еді. Жас жолбарыстай серіппе-сіңірлі бозбаланың тегеурініне шыдас бере алмай талайлар тайсақтап кете беретін.
Одан бері көп уақыт өтті. Тегіс жерге иіргенде ортасы шұқырайып ойылып кететін көк ала жылқылы Нұрбосын жаңа өкіметтің құрығына ілігіп, кәмпескеге ұшырады. Шұрқыраған көп жылқыны ту талақай қылып алдына салып айдап әкеткен үкімет адамдары байдың өзін атып тастапты. Біреулердің: «Байдың қалашысы болған» деп көрсетуімен Алтыналы «Үкіметке сенімсіз адам» делініп айыпталып, біраз жыл түрменің дәм-тұзын татты. Әуелі Үйшікте, артынан Орынборда тұтқында жатты. Босап шыққасын туған жерге оралып, ел ішіндегі түрлі науқандық жұмыстарға белсене араласқан ол үкімет адамдарымен бірге ашаршылық пен жұттан босып Ауған, Иран аспақ болған ағайындарға ақыл айтып, адасқан көштің алдын орап, кері қайтарысты. Көп ұзамай зұлмат заман орнады. Ел ішін қайта қаңқу кеулеп, айдың-күннің аманында жалалы болып «халық жауы» атанғандар айдалып, атылып жатты. Алтыналы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, сібірге айдалып кете барған. Содан соғыс басталды. Жауды жеңген Кеңестер елі соғыс меңдеткен ауыл шаруашылығын әлдендіріп, енді күш жия бастаған шақта ғана айдаудан босап келген Алтыналы білек сыбанып, шаруашылық жұмысына араласып кеткен еді.
Ертесіне түске таман бір топ адам сау ете түсті. Алдында кенеп бешпет киген ұзын кісі келеді. Жолаушылар екі бөлініп, төрт-бесеуі Ыбыраштікіне, бес-алтауы – Мерғалидікіне түсті. Бастап келген кісі: «Келін, қазан аспа, бір шай берсең болады», – деген. Рәш жарты домалақ пілді шайдың аузын бұзып, аққұманға төңкеріп жіберіп, жеті-сегіз қалампыр дәнін қосып шай демдеген. Қазандықтың алдына қып-қызыл шоқты жайнатып, шама-шарқынша жолаушылардың бабын жасауға тырысты. Мата дастарқанды молынан жайып, қызара піскен таба нан тастап, шайға тістейтін сары секерді төрт бес жерге үлкендеу кесеге салып қойды.
Алтыналы айтқыш адам екен, келгелі көп ішінен суырылып жалғыз өзі сөйлеп отыр.
– Оталған ормандай азаматтары сиреп қалған Отанды аяғына тік тұрғызуды ойлаған Стәлін соғыс басылысымен, жеңіспен оралған жауынгерлердің Одақтың түкпір-түкпірінде түрмеде жатқан туыстарын қоса босатып, олар соғыстан қайтқан бауырларымен бір дастарқанда бас қосқан. Ол есеңгіреп қалған елге көп көмек еді.
Жеңіспен ауылға оралған жауынгерлер мен олардың бостанға шыққан тума-туыстарының бірқатары малшы қауым қатарын толықтырып, қолдарына бірі шопан таяғын, енді бірі жылқышы құрығын ұстап еді. Соғыс жылдарында арбаға жегіліп, қойшының тақымында жүрген Адай жылқысының тұқымы қырық жетінші жылы қырға шығарылып, ен дала – еркіндікте бағыла бастады. Суық пен ыстыққа төзімді, күтім талғамайтын тұқымның жергілікті халық ұзақ жылдар бойы сұрыптап өсірген төлі жүйріктіктен алдына қара салмайтын. Соғыстан соң жеңіс мерекесін ерекше тойлауды үрдіске айналдырған Кеңес халқы атжарыс ұйымдастыра бастағанда сынға түскен адай сәйгүліктері ерекше көзге ілігіп, бәйгінің алдын бермейтін болды. Қандай қашықтыққа салса да, нағыз ұзаққа шабатын шын тұлпардың сойын танытумен жүрді. Елу екінші жылы Уәлінің басында өткен жеңіс тойында «Жауын сарықызыл ат» үш жүз алпыс шақырымды бір тәулікте шауып өтіп, бас жүлдені жеңіп алып еді. Сол жарыста адай тұқымды бес жүйрік бірден елге танылған, – деп тоқтады.
– Жарықтық баяғы Есболай торыалаяқтың тұқымы-дағы.
– Иә, соның тұқымы. Стәлін соғыстан соң мал шаруашылығының өркендеуіне үлкен мән беріп, озат шопандарды ынталандыруды көздеді. Жүз биеден жүз құлын алған жылқышыға он бес құлыннан сый бергізді. Біле-білсек, он бес құлын аз олжа емес. Тоқсан құлын алған адам он екі-он үш құлынға ие. Он екі құлын да аз емес, бір үйір жылқы-ау, баға алса. Сонымен, малдың басы дүркіреп өсті. Шіркін, жылқы даланың сәні ғой. Құйрық-жалы төгіліп, көздерін төңкеріп қарағаны қандай! Жылқыдай есті жануар жоқ шығар. Мына түрікпендер қатты қадірлеп, етін жемейді екен. «Таңертең тұр да атаңды көр, атаңды көр де атыңды көр» деп, оразасын ашпай тұрып, атасы мен атының жағдайын білетін құсайды ғой, шабаздар…
Бірді айтып, бірге кетеміз-ау, бұның бәрі партияның халыққа істеген жақсылығы! Бірқатарыңның көздерің көрген шығар, баяғы соғыс кезінде еңбеккүнге бір айға екі келі ұннан басқа үкіметтен жәрдем ала алмаған малшылар түйенің терісін үйтіп, құйқа қылып асып жеуге дейін барған жоқ па? Енді соның бәрі артта қалып, жаңағыдай көсемнің бел көтермесінің арқасында малшы біткен аз уақытта қоң жинап еді, әттең елу екі-елу үштің қысы елді қайта тұралатып кетті ғой. Қатты суық, мұз болып шөгіп жатқан түйенің терісі жерге жабысып, сыпырылып қалды. Ор қоянның қысынан басталған жұт қатарынан үш жылға ұласты. Жердің түгі қырқылып, тері сүйреткендей ақ тақырға айналды. «Жұт жеті ағайынды» демей ме, күйсіз малға ауру өш келеді екен ғой. Топалаң тиді, арам қатты, жамбасынан жатты, не керек, мал көп қырылды, бірақ бұлттан шыққан күндей оның бәрі ұмытылды ғой бүгінде, – деп ыдысын Рәшқа ұсынды.
– Мұртты көсемнен соң Кеңес үкіметін аз ғана мезгіл Маленков басқарғанын білесіңдер. Ол үкімет басында алты-жеті ай тұрса да, салықты азайтып, жеке шаруаның егін егіп, мал ұстауына кеңшілік етуімен халық арасында жақсы атқа ие болған басшы. Тұралап қалған ел бірер жылда қайта қоңданып қалып еді, бірақ елдің жайы енді түзеле бастағанда орнынан алынды. Билік өз қолына тиісімен Хрущев Маленковтың кеңшіліктерін жойып, шаңырақты бір сиыр, бес қой, бір жылқымен шектеп, бұқараның басы артық малын мәжбүрлеп үкіметке етке өткіздірді. Соны бір Сыр бойының ақыны: «Маленков берген байталды Хрущев келіп қайта алды» деп өлеңге қосыпты. Басшының басқан қадамы көптің көзінде болады. Халық сыншы ғой.
– Әй, құрдас, үй артында кісі бар деген, жайырақ сөйле, – деді жолаушының бірі.
– Немене, қараңғы үй көрмей жүрген жерім бе еді? Сөзімді бөлмей жайыңа отыр, – деп Алтыналы құрдасын тыйып тастады. – Бәле-жала тап осы төртеуіңнен келсе, онда сендерді серік қылып қасыма ертіп жүрген өз обалым өзіме! Содан бергі малдың басы өсіп, қайта түлей бастаған шақ осы ғой. Бүгінде Маңғыстаудың ойы-қыры төрт түліктің төліне толды. Жергілікті халық сиырдың сілекейінен жиреніп аздау ұстаса да, көзін жойған жоқ. Тұщықұдықтағы «Бірлікші» колхозында екі отар сиыр бар. Бір отардағы Зеңгі баба тұқымы жетпіс-сексен бастан кем емес. Осының бәрі – елдің ақ адал еңбегінің арқасы емей немене?!
Өздерің де білесіңдер, қоянның күзінде басталған жұттың соңы екі-үш жылға ұласып, шұбатылып елу төрттің қысына жетті. Көктем шыға Қарабұғаз тұстан күні-түні тынбай соққан жел теңіз жағасында кеуіп қалған күкірттің ұнтағын бері қарай боратып, Ұялының құмын жайлайтын малдың өрісін тұзды тозаңның «ақ қары» көміп тастады. Содан оны жеген жас төл қырыла бастады. Ел басына күн туса, сабылатын атқамінер азаматтар ғой. Қолда бар малды қырып алмау үшін дүрлігісті. Сонда жоғарыдан уәкіл келіп, ауыл азаматтарымен кеңес құрып, жайылымды сонау Аяққұмға дейін ұзартуды жөн деп тапты. Көбіне ұзын аяқты мал түйе мен жылқыны қолайлай беретін Маңғыстау елі сүйтіп, біраз жылдардан бері тусырап жатқан қыр үстіне қайта шығып, жайлай бастады.
Отызыншы жылдардан мал жайылмаған Үстірттегі құдықтардың көзі аршылып, Сам, Қарақұм, Алтықұлаш-Бөкен, Бұғабай, Қарнау, Есенқазақтың қара түлейі, Қарабауырға дейін бардық. Қасымда екі көмекшім болды. Ала жаздай ел бетін көрмей, адам, мал ішуге жарамды құдықтардың санын алып, санатқа қостық. Маңғыстауда елуінші жылдардың басында жиырма тоғыз колхоз болды. Қой, жылқы, түйе, ішінара сиыр бағатын. Кәзіргі мына майдың бастығы Сахи Өтеуов депутат болып тұрғанда, Нұртай Оңдағанов екеуі Үстіртті аралап, мал басы өсіп кеткен Маңғыстау жайылымын кеңейтіп берген. Осы тұста бұқырайған ақ құба, қара мұртты кісі сөзге қосылды.
– Райком болды ғой, сол уақта?
– Иә, осы Жылойдың райкомы болды. Ана жылы Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Обалы не керек, Маңғыстау малшыларының жағдайын көремін, танысамын деп келді. Соның арқасында малшылар Аспантай-Матай, Қарақұм, Бұғабай, Сарқасқа-Тайлан жаққа шықты. Келесі жылдары Желтау, Ырғызбай, Қарасай – Байғанин ауданының жеріне мал жайды. Жайылымның шеті Самнан Арқа бетке қарай Тасастау-Қайнар, Жетіқақ, Көлтабан, Жем-Сағыз, Борсық құм, Аяққұмға тірелді.
Әтгөнге шығу үрдісі сол жылдары басталды. Жылына қырық-елу мың қой-ешкі, үш-төрт мың жылқыны төрт-бес ай жайып айдап апарып, екі мың жарым шақырымнан аса жердегі Орск ет комбинатына тапсырамыз. Шүйгін жайылымда әбден бабымен семірген қой алпыс-жетпіс, жылқы үш жүз-үш жүз елу киләдан ет береді.
– Сол келгенінде ме, әлгі біздің ағамыздың екі әйелдің пайдасы көп екен дейтіні? Қара мұртты сөзді тағы бөлді.
– Иә, сенің ағаң ғой, Нұртайға, бір әйелім мал суарар еді, бір әйелім сендерге шай берер еді, қазақ екі әйелді білмей алып жүр деймісің? Енді менің жалғыз әйелім қай жағына жарылады? Құр ауыз кететін болдыңдар-ау? – дейтін.
– Сонда басшы не деді?
– Әзілі екені, шыны екені белгісіздеу қылып: «Ақсақал, ретін тапсаң, ала бер, қиянда жатқан қойшының не істеп жүргенін үкімет қайдан білсін?» – деп күлді.
Қасындағыларды аузына қаратып, көсіле сөйлеп отырған Алтыналы жұрттың қозғалақтап, орнынан тұрғысы келіп отырған ыңғайын сезгесін, күректей алақанын бет-алдына жайып жіберіп:
– Асқа – берекет, адамға – қанағат, күллі пәледен аман ет! – деп шайға бата жасады. Бет сипасқандар «Аллаһу акбарды» іштей айтысты. Сосын дастарқанның шетінде отырған үй иесіне қарап:
– Күніге бір қойды жеп келе жатқан адамдар етті не қылсын? Үйдің шайын сағынып едік. Не де боса, шөлімізді қандырып, келін бір сауапқа батты. Біз енді жүреміз, – деді.

* * *
Аяғы ауырлап, күні жақындаған сайын жұрттың бәрі Рәшқа «ішіңдегі егіз ғой» десіп жүрді. «Менің тұқымымда егіз жоқ еді, күйеуіңнің тұқымында болған ғой» деп шешесі өзінше тон пішіп қойған. Жәнияның топшылауы тегін болмады, сұрап көрсе, Мерғалидың анасы егіз туған әйел екен.
Жастар жаз шыға салқындау болады деп жартылай жертөле қазып кірген. Айы-күні жетіп, шәрмиіп отырғанда кешқұрым Күміс келіп:
– Рәш, бүгін далаға жатайықшы, күн жанып кетті. Түннің тымырсық болатын түрі бар, үп еткен жел жоқ қой, – деді.
Күйеуі түнгі ауысымға кеткенде қасына қонып жүрген сіңлісінің сөзін қимаған келіншек көрпе-төсегін сыртқа таси бастады.
– Күн ысығалы қарақұрт көп көрінеді, төсекті жерге салма, төбеге жатайық. Сен әперіп тұр, мен жая берейін, – деген Күміс үйдің қабырғасына тақап қойған бөшкеден басып, төбеге ырғып шықты. Аяғының басын көре алмай жүрген апасының тартыншақтағанына қарамай, жарға сүйеулі бөшкеге қос қолынан тартып мінгізіп, төбеге шығарып алды. Шығуын шыққанмен «Енді қалай түсер екенмін» деп уайым жеген Рәштің көпке дейін көзі ілінбеді. Шынында да, түн тымырсық ыссы болып, әлденеше оянып, сіңлісіне салқын су алдырып ішіп, тынши алмай, таңға жақын ғана ұйықтап кеткен.
Құбыла жақтан ала жіптен ескен бұйдасын шұбатқан айғыр нар көзін алартып, көкшулан қыл құйрығын екі санына кезек сабалап, шырпынып тұр екен, шошып оянды. Таң бозарып атып қалыпты.
– Бекет-ай! – деп, басын көтергенде құрсағы бүріп ауырып жатыр екен. Тәтті ұйқының құшағында жатқан сіңлісін оятпады. Қысылғанда жерге қалай түскенін де білмей қалды. Бебеу қағып, белін ұстап, есік алдында ерсілі-қарсылы сенделумен болды. Іштегі шараналар бір нәрседен шошынғандай қос бүйірін тепкілеп, тулап жатыр. Бір емес екеуі бірдей тар құрсақта тайдай тулағасын не жайы болсын? Сөйтсе де, шыдамының қыл арқауын ширата түскен келіншек түнгі вахтыдан келетін күйеуін күтті. Әйелінің түсі қашып, толғатып жүргенін көрген Мерғали ауыл шетіндегі доғдыр келіншектің үйіне қарай жүгіре берді.
Бұл кезде Рәш талықсып кетіп еді. Кеңсірігін жарып бара жатқан өткір иістен есін жиып, көзін ашқанда ақ халатты әйел мұрнына бармақтай шөлмек құтыдағы мүсәтірді иіскетіп тұр екен. Қасына шешесі, Күміс, көрші әйелдер жиналып, дабырласа бастапты. Тамырға жіберген дәрінің көмегімен дәрігердің айтқанындай бір тәуліктен соң, ертесіне түсте босанып, әбден айы-күніне жеткен екі бала бірінен соң бірі өлі түсті.
Қонаққа келіп жатқан Ыбыраштың енесі, «Берекет берсін» атанған кемпір – Рәштің хабарын естіп, үйіне жиналып қалған. Мерғали өлі туған нәрестелерге үлкендердің айтуы бойынша, ат қойып, киімдетіп, үш-төрт кісімен қауымға апарып жерлеп, бір қойын сойып садақа тарқатып жіберді. Оның налып отырғанын байқаған «Берекет берсін»:
– Қарағым, бастарың жас қой, келіншегіңнің аман қалғанына қуан. Екі арыс – өздеріңе Алла қуат берсін! Құдай берсе – ел қуанады, алса – жер қуанады деген. Жиырма баланың бірінің қызығын көрмей, міне мен де отырғаным жоқ па, қайнымнан алған жаман қараға алданып? Құдайдан күшті емеспіз. Не де болса, қалғанына берекет берсін! – деп жұбатты.
Садақа тарағасын Жәния мен «Берекет берсін» кемпір қонып қалып, екі кәрі есік алдында отырып әңгіме тиегін ағыта бастады.
– Жәния-ау, төркініңнен жұрнақ бар ма?
– Шүкір, жаңғыз інім бар ғой. Қыз тумаластарым да бар.
– Айтпайтын едің? …Алыста ма еді?
– Қарабуазда.
– Көтек, Қарабуазың қай жер?
– Түрікпенстанда, сүлпәт шығатын жер.
– Е, бәсе, алыста десейші.
– Алыста, сен біліңкіремейтін шығарсың.
– Қой қайдан білейін?…
Соғыстың алдында Таушықтан – көмір, Қарабұғаздан – сүлпәт өндірісі ашылып, тарығып отырған Маңғыстау елі қай жақынына жаяу шұбыра бастаған. Тума-туыс қос болып, септесіп теңіз жағалай жүріп, Сартас, Омарата, Бекдашқа қарай кеткендер де, Таушыққа келгендер де болды. Әйтеуір өзек жалғанар жер іздеген ел емен де семен шұбыруға түсті. Ашаршылықтан арып-ашып, жоқтық көрген бұқара қазақтың бірі қолына қайла алып, жамбастап жатып жер астынан көмір үңгісе, енді бірі тұзды көлдің ащы сорын жалаң аяқ кешіп жүріп, тәшкі айдады.
Рәштің балалау уағында, үйі кәсіп іздеп Шағала сорға көшкені бар. Сол көлдің жағасынан сүлпәт қаптасып, аздап өндіріске араласыпты. Шынжырласқан жұт пен жоқшылық кедей үйдің қазанын қарық қылмағасын, Омарата-Қайшылыны жағалап, Алтыншыдағы кәсіпшілік басына жеткен. Бәрі сол күнкөрістің қамы ғой, аң босып, нәпақасыз қалған әкесі сүлпәт өндіретін мекемеге тәшкі айдаушы болып жұмысқа тұрған. Шешесі сүлпәтті сыпырып, қаптайтын – ызборшік. Қол көмегі шамалы болғанмен кейде Рәшті қасына ерте кететін.
Суықтау күндері күнбатыстан соққан күшті жел ақ мақта секілді тұз тосабын көлдің жағасына тау қылып үпіріп шығарып тастайды. Құрғақ жерде желмен кебірсіп, жазғытұрымғы аңызақпен тобарсып, қатуға айналған кесек-кесек сүлпәтті кілең қыз-келіншек қанар қалтаға қаптап, аузын тігіп теңкитіп-теңкитіп тәшкішілердің алдына тастайды. Өзінің күңірсіген күкірт исі бар. Шешесі содан жиреніп, аузы-мұрнын жаулығымен бастырып байлап алады. Сондай ақ тозаң, ала топалаң жұмыстың арасында жүрсе де әйел байғұстардың пыш-пыш әңгімесі, сыңқ-сыңқ күлкісі тыйылмайды.
Жарқырап жатқан тұзды айдын күн көзіне күмістей шағылысып, көз қаратпайды. Шешесі: «Көзің қарығады, көлге қарама»! – деп қанша қақсағанмен, қарығудың мақұлжырына түсіне бермейтін Рәштің көлге қарамауға дәті жетпейді. Алып қазанда қайнап жатқан күміс секілді. Көл жағасы жағалай қыбырлаған жұрт. Сөйтіп жүргенде Рәш жерден жартылық ілгек тауып алды. Бұрынғының күмісі. Жүгіріп барып, ақ кесекті қалтаға салып жатқан шешесіне көрсетті.
«Жартылық қой, қайдан алдың»?
«Жерден тауып алдым».
«Ана қаптың аузын тігіп жүрген қатындардың бірінікі шығар түсіп қалған. Апар соларға».
Қыз шешесінің айтқанын істеп, ұзындығы сұқ саусақтай, жуан созан инемен қолы-қолына жұқпай сойдақтатып қаптың аузын бүріп жатқан әйелдердің қасына жақындады. Аяқтың асты шылқыған су. Қызу жұмыс үстіндегі әйелдер бұның жағалай жүріп көрсетіп шыққан жартылығына аса құмарта қоймады.
«Тауып алдым» дегенмен, күмістен сауыт кигендей үсті-басы түгел жарқырап жүрген қатындардың арасынан ілгек жоғалттым деген жан болмады. Ақыры иесі табылмаған жартылықты шешесі кеудешесінің өңіріне қадап берген. Қыз байғұс жылтырақты жек көрер ме, қуанып қалды.
Күн жылына жағада жатқан кесек тұз еріп, ыдырап бұзылып тозаңға айналғанда тынысты тарыла түсетін. Шығанақтың тайыз суы күн қыза бусанып, көл бетіндегі іркілдек тұздар бірде түбіне батып, бірде бетіне шығып қалқып жүреді. Мүңсіген күкірттің исі қолқаны қауып, шырышты дымқыл ауада ақ тозаң пайда болады. Ыссы күндері көлдің суы қатты қызып, будақ-будақ будың аппақ бұлты аспанды тұмшалап тастайды.
Бұндай жер кең сахарада аң қуып, қырдың саумал самалын жұтып қалған әкесіне ұнамады. Әрі ауыр тәшкі айдап, азғана айдың ішінде белін алдырып, оқ тиген киікше кирелеңдеп қалған. «Құм арасына көшейік, қоян ұстасақ та аштан өлмеспіз», – деді бір күні. Ертесіне мекеме бастығынан рұқсат алып, еңбеккүнін есептесіп, көшіп кетті.
Қарабұғаз қалашығы кейін жабылып қалғанмен, айналадағы кәсіпшіліктің бәрі теңізден бөлініп, бөтеке құсап бұлтиып бөлек жатқан кішкене көлшіктердің атымен «Алтыншы көл», «Жетінші көл»… аталатын. Кейін сол маңайдағы тұз өндіретін кәсіпшілікке жалғыз інісі көшіп барып, орнығып қалыпты. Содан соғыс басталды, әркім өз басымен қайғы болып, Жәнияның төркінімен қатынасы үзілді, бірақ әзір жаманаты шыққан жоқ. Ұзынқұлақтан оларды «Бар, Қарабұғаз маңында отыр» деп естиді. Шешесінің айтып отырғаны сол…
Екі кемпірдің сөзі жарасқан сыңайлы, Жәния «Берекет берсінге» әке-шешесі туралы әңгімелеп отыр. «Қой көрмесек те қи көрдік, ешкілі байдың қызы едік», демекші, әкеміз дөңгелек дәулеті бар, үйші-малшы ұстаған, айналасына қарасқыш адам еді. Ағайындары сонысын біліп, әкемді маңайлап жүреді-ау деймін, ауылымыздың қарамы едәуір болатын. Құдайдың бергенін білгені шығар, жарлы-жақыбайларды ішіп-жемнен қыспайтын. Жалғыз інімді шешем менің артымнан туғасын, әкем мені «майқұйрық қыз» деп айырықша жақсы көретін еді. Қама бөрік, шоңқайма етік, мандала бешпет киіп, қыз салтанатын құрған кезде, бетімізден қақпай өсірген әкенің балажандылығын пайдаланып, күнде бастаңғылатып жатушы едік. Түнімен ән салып, думандатып таң атқанша отырмақ жасаймыз. Өзің білесің, ол күнде шай қыт. Таңертең аққұйрық шайдың шамасына аузы-мұрнынан шыға бөгіп тұрған аққұманды көріп шешеміз қабақ шытқанмен, әкеміз байғұс: «Өз үйінде ойын-сауық құрмағанда қайтеді? Қарақтарым, көңіл көтерсін!» – дейтін еді. Ой, дүние-ай!..
Үш-төрт күн өткесін Рәш баласынан айырылып қалатын таңда көрген түсін шешесіне айтып берген.
– Байғұс-ау, бала емессің, шаға емессің, айы-күніңе жетіп отырып, төбеге шыққаның не? Үйдің төбесі не, шаңырақ не – екеуі бір зат емес пе? Мерғали үйінің кенжесі деп еді, сонда бұл үй қара шаңырақтың орны ғой. Қасқа-ау, атаңның шаңырағына шыққан не болғаның? Ата-баба аруағы жаратпаған-дағы. Қап, ана дүзіқараның істеп жүргені ғой бәрі. Менің білмей қалғанымды қарасайшы. Обалдағы-ай, екеуі бірдей шашы қайырылып, тырнағы өсіп, күні жетіп туған бала екен, – деп өткен іске ойдай өкініш білдірді сәбилерді өз қолымен жуындырған Жәния.
* * *
Жұқалтаң жүзді, самайына ептеп ақ кіріп, егдере бастаған жігіт ағасы төрдегі жұмсақ орындығынан тұрып, сол жақ қабырғадағы үш көзді терезе алдына жақындады. Қабағында аздап кірбің байқалғанмен келісті келбеті сабырлы, жарқыраған қоңыр көздері жып-жылы шуаққа тұнып тұр. Сәуір айының басталғанына бір апта болған. Гурьевтің бозғылт аспаны тағы шұбартып, екі-үш күн бұрын жауған жаңбырдың суынан көше бойы лайсаң. Ауа-райының осындай қолайсыздығы қимыл-қарекетке қолбайлау болмай тұрмайды. Сонша жылдан бері шешімі табылмай жүрген шаруасы бірыңғайланып, бір жыл бұрын құрылған Қазақ ССР Мұнай министрлігі жыл басында-ақ Маңғыстаудан «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресін құруға қаулы алған. Оған да міне, аттай үш ай толыпты. Содан бергі уақыты тресті құрудың қамымен өтті. Үш айғы тынымсыз жұмыстың тоқетері бүгінгі бұйрыққа қол қоюы секілді.
Әуелден қарамағындағы қызметкерлерді ру түгіл, ұлтқа бөлмейтін Сахи бұл жолы да сол дағдысынан жазбай, бірлестік қарауындағы жаңадан құрылған басқарма басшылығының құрамы негізінен көп ұлтты болып қалыптасты. Бұл жағынан бар болмысымен интерұлтшыл Сахи өз үрдісінен жаңылған жоқ. Әдетінше адамды алаламай, үлкен шаруаны нағыз майталман маман иелеріне тапсырып отыр. Трест басшылығындағы жеті адам түгелімен өз ісінің білгірі саналатын байырғы мамандар…
Ең әуеліде, жиырма екінің қазан айының басында құрылған Жылой мұнайының басқармасы – «Эмбанефть» кеңсесі жиырма тоғызыншы жылға дейін Мәскеуде болып, тек отызыншы жылы ғана Гурьевке көшірілген. Бұған дейін өңірде Доссордағы ФЗУ-дан басқа кәсіптік оқу орны жоқ болатын. Осы жылы қаладан мұнай мамандарын даярлайтын техникум ашылды. Мұнай өндірісі қарқындап даму үстіндегі Гурьев отыз сегіздің басында өз алдына жеке облыс болып құрылған болатын. Ал соғыстан бір жыл бұрын іске қосылған Гурьев-Қандыағаш теміржолы Жылой мұнайын ішкі Ресейге, Ярославь мұнай айыру зауытына таси бастады. Соғыс басталысымен үкімет Гурьевтің өзінен зауыт салуды жедел қолға алғанмен ол оңай жұмыс болмады. Мұнай айыру зауыты тек қырық бесінші жылы толыққанды іске қосылды.
Жайық пен Жем арасындағы мұнайлы өңірдің ел басына күн туған шақта әскер көлігін жағармаймен жабдықтап тұрғаны рас. Елдің есін алып, әлеуетін әлсіретіп ұзаққа созылған ұрыстың барлау жұмыстарын тоқыратуға себеп болғаны да шын. Бар күш көбірек мұнай өндіруге бағытталды. Жеңіс таңы атып, жұрт етек-жеңін жия бастаған тұста ғана барлау жұмыстары қайта жандана бастаған. Қазақтың құйқалы өңіріне қашаннан құмарта көз тігумен келген Мәскеу қайтадан қауырт барлауға кірісіп, соның арқасында Қаратон, Төлес, Қарсақ, Мұнайлы кен орындарының бірінен соң бірін ашып, жаңа мұнай алаңдары игеріле бастады.
1957 жылы Хрущевтің жарлығымен геолог-барлаушылар қызмет ететін Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы мұнай министрлігінің құзырынан алынып, КСРО Геология министрлігінің қарамағына берілген соң, бүкілодақтық мұнай ғылыми-зерттеу институтына қарасты мұнай барлаушылар Бүкілодақтық бұрғылау технологиясы ғылыми-зерттеу институтына бағынышты болды. Бұл кезде жоғары жақ елу жылдай сүтті сиырдың желініндей жебей сауып келген ескі кәсіпшіліктердің бұрынғы қарқыны бәсеңсіп, Қазақстан өзге одақтас республикалардан кейіндеп қалған еді. Бұл жағдай басшылардың намысын қайрап, басын ауырта бастаған, бірақ билік тізгіні бөтеннің қолында болғандықтан бас ауырғанмен қанаты қырқылған құстай құр далпитын да қоятын. Себебі барлау жұмысын бастауға рұқсат беретін, қажетті қаржыны бөлетін сол – Мәскеу!
Әттең, бұл аймақта қазақтың бұрғы салатын жері жетеді-ау, жеткені не керек, «Қазақстанмұнай» аталатын жалғыз бірлестіктің жай-күйі «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайдының» тап өзі. Тізгінің өз қолыңда болмаған соң, қашан да жоғарыға қарап қыпылықтаумен отырады екенсің. Біреуге жалтаңдағанның жағдайы белгілі ғой. Атыгелді біреу былай тұрсын, «Алғаныңда болғанша, алақаныңда болсын» дегенді айтып кеткен бұрынғылар, не затқа болсын жеке өзі иелік етпей, адамның жаутаңкөздіктен құтылмайтынын, әркімнің бас еркі өзінде болмай, көрер күні қараң екенін жақсы білген екен. Баяғы Алашорда үкіметінің Қазақ автономиясын құрғанда көксеген арман-мұраты сол еркіндік емес пе еді?! Бірақ, олардың бостан ел болу ойлары іске аспады… Махамбет айтпақшы, «тілекті Құдай бермеді»…
Жайшылықта қалың бұқараның қатарында қызыл тудың аясында, бір басшының иегінің астында коммунизм әніне салып әжептәуір кісі болып жүргеніңмен, жергілікті жердің, елдің тағдырына қатысты мәселе қарсы алдыңнан көлденеңдеп бой көтергенде, желкеңнен басып тұрған бодандық қамытының салмағын кәдімгідей сезінеді екенсің. Сезініп қана қоймайсың, жарқын болашаққа талпынып құстай қалықтаған көңіліңді бір өксікті мұң жабырқатып, төбеңнен төніп тұрған тегеурінді тоқпақ еңсеңді жаздырмай, басыңды төмен тұқырып тастайды екен. Міне тап сол сәтте «Еркіндік!» деген тәтті қиял еріксіз есіңе түседі. Е-ей, «Айтып айтпай не керек, құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні!» деген күрескер ақынның тағы бір сөзі ойына орала кеткен басшы бір күрсініп алып, ой теңізінің тереңіне сүңги берді.
Шіркін, билік бүтіндей өз қолына тисе бірлестік басшысы мұнай көзін қайдан іздеуді білер еді, бірақ барлау алаңдарының шеңберін кеңейту – осыған дейін орайы келмеген арман күйінде көкірегінде тұншығып қала берген. Дегенмен, жоғарыға қанша ауыз ашқанмен, мүлдем қимылсыз да қалған емес, өз бетімен тырбынып біраз істі жөнге салуға әрекет жасады. Соғыстан соң мұнайбарлау жұмысының Жылойға қарай бағыт алуы өзінің тиянақтылығымен жалғасын тапқан шаруа. Мұнай іздеушілер көшінің өрісін ұзартып, қиянға қол созуға тәуекел етіп, осыдан алты жыл бұрын, қоянның қара күзінде барлаушылардың ілкі жасағын киелі түбекке аттандырып жіберген тағы өзі. Сонда бірлестіктің құрылғанына бар-жоғы төрт жарым айдың жүзі болып еді.
Барлау жүргізу үшін ең алдымен басқарма құру керектігі басы ашық мәселе. Иә, мәселе! Мәселе болатын себебі, Маңғыстау мен Гурьевтің арасы мың шақырымнан астам жол. Сондықтан жергілікті жерден басқарылатын орталық болмай, жұмыстың оңға баспасын жақсы түсінген жоғарыдағы басшылар ақыры елу жетінші жылдың басында Форт-Шевченко қаласынан «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресін құруға бұйрық шығарды.
Көш құлаш кабинеттің үш көзді айлапат терезесінің алдына келіп, екі алақанымен кәсек астындағы жиектің ернеуінен тірей тысқа көз жіберіп, терең ойға шомып кеткен бірлестік басшысының үстелінде бұйрық жазылған ақ қағаз жатыр. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген қос парақта жап-жаңа бұйрықтың мәтіні жазу машинкасымен мұқият терілген.
Гурьев қаласы. 8 сәуір 1957 жыл.
«Қазақстанмұнай» бірлестігі бойынша

№ 13-Бұйрық
«Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінің құрамынан жеке баланстағы кеңсе ұйымдастыру жөніндегі Мұнай өнеркәсібі министрлігінің 14 наурыз 1957 жылғы № 140-бұйрығын орындау үшін бұйырамын:
«Қазақстанмұнай» бірлестігі құрамынан жеке баланстағы «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресін ұйымдастыру: а) барлау бұрғылау кеңсесін,б) геологтік-іздестіру кеңсесін, в) автокөлік кеңсесін, г) құрылыс-құрастыру кеңсесін… төрт-бес парақта трестің құрамы, алдағы жылдың жоспары, сол жоспарды орындауға кететін шығын тағы сол сияқтылардың бәрі бүге-шігесіне дейін көрсетілген.
…Осы сәтте Сахидың есіне Мәскеудегі министрлік кабинетінде өзі куә болған бір оқиға түсе кетті. Одаққа белгілі, беделді ғалым алдында жатқан КСРО-ның Атлас картасынан қызыл бояумен қоршалған контурының қақ ортасында жатқан Каспийдің шығыс жағалауын бойлай теңіз бен құрлықтың шектескен жерінен оң қолындағы қара қарындаштың ұшымен жоғарыдан төмен түстікке қарай сызып көрсете келе тесіле қарап тұрып: «Жолдастар, мында қараңыздар! Мынау нағыз – Афродита ғой! Қандай керемет! Ай маңдайлы арудың өзі!» – деп, айғайлап жіберген. Ақ маңдайы жарқырап, қара көздері ұшқын ата: «Қараңыздаршы!» – деп, атласты бұларға қарай ысыра қойды.
Қасындағылар картаға ентелей үңіліп, оның көрсеткен аумағын көзбен шолып шыққанда тапқырлығына бас шайқай берген. «Аумайды!» Бетін құбылаға бағыттап, төбесін Астрахан бетке, теңіз қолтығына тірей, ту сыртын Арқаға беріп қырынан тұрған әйелдің түюлі шашы – Бозашы, жазық маңдайында желбіреген кекілі – Қараған түбек, Исан – қыр мұрны да, Кендірлі шығанағы – бүлкілдеген тоқ бұғағы!
Ғалым: «Иә, бір өкініштісі, әзірге бұл ару ұйқыда! Ғасырлар бойы селт етпестен мызғып жатыр. Енді, міне, Маңғыстау секілді ғажайып арудың оянатын кезі жеткен сияқты. Солай емес пе, жолдастар?» дегенде, қасында тұрғандар келіскен рай танытып бас изесті.
Осыдан былай Маңғыстау түбегіне қатысты айдар тағылатын айқындауыштар қатары толығып, «Ұйқыдағы ару» тіркесі пайда болды. Алдын ала сиқыршы әйел болжағандай саусағына ұршықтың ұшы тиісімен ұйықтап кетіп, жүз жылдан соң ояна келе, бірден бақытына жолығатын ару туралы ертегінің «Ұйқыдағы ару» аталатыны рас. Сәтимановтың соны меңзеп тұрғаны да түсінікті, бірақ Маңғыстау түбегінің картадағы нобайы қыздың бас пішініне ұқсастығын Сахи көктің құдіретімен берілген нышан деп қабылдады. Бұл жерді жаратқанның өзі көктен көзі түскенде кейпіне сүйсінерліктей сұлу пішінде, айырықша белгісімен жасапты. Картадағы бейнесіне сәйкес Италия түбегі – «Саптама етік» аталып кеткен жоқ па? Маңғыстауды – «Ұйқыдағы ару» атаса несі бар екен? Өрескел ештеңе жоқ, бірақ бір күндері қалғып жатқан арудың оянатын кезі келеді емес пе? Ғалымның айтып тұрғаны рас. Сахидың ойынша, оған да көп уақыт қалған жоқ. Ояна салысымен бұл атаудың өзінен-өзі мәнін жойып, «Ұйқыдан оянған ару» атануы сөзсіз ғой?! Не болғанда да, енді сол мыңдаған жылдар мүлгіп жатқан нысаналы өлке көп қызығарлық өндірісті өңірге, дүбір мен дүрмекке толы аймаққа айналғалы тұр.
…Маңғыстау даласына орыс оқымыстылары ерте көз тіккен. Ең әуелі Қайдақтың сорынан су бетіне шығып жатқан газ аралас мұнай көпіршігін көріп, жауапты қызметшілерге жеткізген орыс патшасының сенімді өкілі Карелиннен соң, арада жетпіс жылдай уақыт өткенде әскери топограф Насибьянц Тасбастан смола майын кезіктірген. Одан соң тағы бір он жыл өткенде Андрусовтың шәкірті Баярунас Түбіжік сайынан мұнай жұғыны бар қиыршық тас тауып, талай жер өлшеуші, май қараушы орыс теңіз қолтығындағы тұйық түбектің төсін оңды-солды шарлап, табанынан тозған. Қайсыбірінің сүйегі құла дүзде қарға-құзғынға жем болғанына қарамастан, өз жұмысын өлермендікпен атқарған ғалымдар соғысқа дейін-ақ Маңғыстаудың мұнай қабаттары мен түзілімдері туралы ғылыми түрде батыл болжам жасап, геологиялық картасының негізін сызып үлгеріп еді және олардың сызбалары бірін-бірі қайталап, мұнай жатқан қабаттардың үстінен өтетін.
Бәрібір жұлдызы туар сәтін шыдамдылықпен тосқан көне мекен сырт адамға сырын алдырмайтын томаға тұйық жандай сазарып жатты да қойды. Араға аздаған үзіліс түскенмен алпыс жылдай ой-қырды айналып жер түрткен қазына іздеушілерге көпке дейін көмбесін көрсетпеу себебі де жоқ емес-ті. Мәскеудің назары Маңғыстауға ертерек ауғанмен арада Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, бар күш, қаржы-қаражатты майданға жұмылдыру қажет болды. Соғыс бітіп, ел ес жиып-етек жинаған соң Дағыстан мен түрікмен мұнайын алып, ұртын толтырып, мұртын майлап отырған Одақ басшылары Маңғыстаудың қара алтынын барлауға бірден құлық таныта қоймады.
Оның үстіне, Башқұрт мұнайы мен Еділ бойынан жаңадан табылған кеніштердің Маңғыстауға барлау жасау жоспарын кідірте тұруға тағы бір себеп болғаны рас. Тек елуінші жылдардың басында ғана түбекке алғашқы барлаушылар тобы жол тартқан болатын. Екі жылдан кейін, мұнай белгісі анық білінген соң ғана Мәскеу Маңғыстау мұнайын барлауға шындап ынта танытып, көңіл аудара бастады. Ақыры Баутин поселкесіне Ленинград геологиялық барлау кешенді экспедициясы келіп қостарын тігіп, Маңғыстау аспанын айрапланның ақ сызығы айқұш-ұйқыш шимайлай бастады. Бұл уақыт ішінде түбек қазынасы кезең-кезеңімен әлденеше рет жата-жастана зерттелген. Әрине, осының бәрі Сахи Өтепұлының табандылығының арқасы.
Маңғыстау тыңына бұрғы жіберу Сахидың көптен көкейін тесіп жүрген ізгі мұраты еді және ол жайдан-жай қиял емес, мақсатты түрде қол жеткізген ұлы мұрат! Елу бірдің жазында өзін осы бірлестік директорлығына бекіту үшін шақырған мұнай министрлігіне, Мәскеуге барған. Ол тұста бүкіл Одақ мұнайының басшысы институтты өзімен бірге бітірген бакулік Байваров болатын. Қарапайым мұнайшы отбасынан шыққан, Сталин мектебінен өткен маман-басшы өте алғыр, іскер адам. Жастары қарайлас Сахи ресми түрде бекіту шарасы өткесін, бір оңашалықты пайдаланып үлкен басшының пікірін білгісі келіп: «Николай Константинович, Маңғыстауды барлауды қашан бастамақ ойларыңыз бар?» – деп өзімсіне сұраған.
Төбесінен басталып кең маңдайға ұласатын жалтырын самай шашымен көлденең жапқан доп-домалақ басын шалт бұрған бастық шүңірек көздерін әр талы сояудай қалың қастың астынан жанарына тура қадай отырып, өзіне тән ойнақылықпен: «Енді оны бастау мына өзіңе байланысты, Сахи. Саған бірлестік тұтқасын сол үшін ұстатып отырғанымыз жоқ па? Қазақстанның мұнай қоры Бакуден кем болмауы тиіс деп ойлаймыз», – деп бар салмақты өз иығына артқан.
Байваровтың емеурінін түсінген Сахи министрмен болған әңгімеден соң бұрынғыша жоғарыға жалтақтай беруді жөн көрмей, бірлестік билігі қолына тиісімен алғашқы барлау десантын аттандыру қамына кірісіп кетті. Күзге қарай крелиус станогымен геологиялық мұнай барлаушылар партиясын Фортқа кемемен жөнелтіп жіберген. Негізгі нысанасы – көптен үміт күттіріп жүретін Түбіжік.
Түбектегі тұңғыш бұрғы түсетін алаң ретінде сол Түбіжік таңдалды. Бор қабатынан-ақ мұнай белгісі білінді, бірақ ол өндіруге жарамды таза мұнай емес, ауыр, смола тектес, кир аралас мұнайлы жыныс болып шықты. Араға үш жыл салып екінші топты тағы жолға салды. Бұл жолғылар Қарасаз-Тасбас алаңын бұрғылауға бағыт алған болатын. Бұлардың соңынан іле-шала Маңғыстауды бетке алып карталау партиясы жолға шықты. Мұнай белгісі анық көрінгенмен таза мұнайлы қабатқа крелиустың шамасы жетпей жатқан секілді.
Соғыс кезінде ауыр қару жарақ, танк жасаған Уралмаш зауыты жеңістен соң «Уралмаш-1» бұрғылау қондырғысын шығара бастаған. Оның күш беретін агрегаттары В-2 танк қозғалтқышымен жарақталып, үш мың шақырымнан аса тереңдікті қазуға мүмкіндік алған. Бұл қондырғылар мұнай қабаттары жақын Баку барлаушыларының қарамағына көптеп жіберіліп, тәжірибеден өтіп жатқан, бірақ жобаланған көрсеткішті бағындыра алмай, екі мың метрден асқасын-ақ болдыра бастайтыны белгілі болды. Құрал-саймандары сынғыш, шыдамдылығы шамалы. Соның кесірінен мұнай барлаушылардың жұмысы мандымаған соң, «Уралмаш-3Д» бұрғылау станогының жаңа, дизельді нұсқасы жасалып шықты. Бұл бұраубайдың қуаты бес мың метр тереңдікті қазуға жететін. Бұл жаңа қондырғы тағы сол Баку алаңдарында сыналып, тоқтаусыз, тежеусіз талай тереңдіктен өткен. Демек, Маңғыстауға керегі осы – «Уралмаш-3Д»!
Маңғыстаудай жер қыртысы геологиялық жағынан өте күрделі аймаққа терең бұрғылаусыз болмайтынын Сахи сонда түсінген. Ойға алған мақсаттың орындалар кезі келіп жеткен секілді. Мәскеуге қайта-қайта пысықтап хат жаза жүріп, ақыры жоғарғы жақтың «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресін құру туралы келісімін алып тынған. Енді тек жорықты бастау ғана қалып тұр!
Бұндай жорыққа кез келген кісіні көшбасшы етуге болмайтыны белгілі. Ертеде біреудің ақылды келіні айтыпты-мыс: «Төс табаны түрілген атан жүрер жол екен, құс төсектен безінген атам жүрер жол екен» деген сөз бар еді. Бұл нақ сондай жол. Сондықтан атан өгіз тарта алмас ауыр міндетті арқалап бара жатқандардың бірде-бірі осал болмауға тиіс. Жорыққа бел буып шықтың екен – ұйқыны ұмытуға тура келеді. Тіпті мезгілімен тамақ ішуге мұрсат бола бермеуі мүмкін – ашқұрсақ жүруге төзесің. Бала-шағаның бетін айлап көрмеуге бейіл болуға тиіссің. Махамбет ақынның: «Түн қатып жүріп түс қашпай, алты малта ас болмай…» дейтініндей нағыз ерлердің жорығы болмақ бұл Маңғыстауды барлауға аттанатын мұнайшылар жорығы. Тек, жортқанда жолдары болғай!
Оңына оралған осы бір үлкен істің басына Орынғали секілді адал, бірбеткей, жастай өндіріс ісінде ысылған, ең бастысы – жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын жанкешті адамның тап бола кеткенін айт-тағы! Көптің ішінен таңдау талайдан сырмінез, сыралғы досқа бекер түскен жоқ. Ол тағдырдың талқысын көрген, өмірдің жартысын өткерген нағыз көкжалдың өзі. Әрі тәжірибе жағынан толысып, ақыл-парасат жағынан кемеліне келіп, әбден піскен шағы. Өзімен түйедей құрдас – қырықтың жетеуінде! Қосшылары тағы осал емес. Кілең еңбек майданында сыналған сырбаз ерлер. Әйтпесе, ойқы-шойқы жолдарына техника табаны тимеген тың жерге осындай өлермен жандар болмаса кез-келгеннің тәуекелі жетіп бұрғы салуы екіталай-ау.
Сахи құрдасына қалтқысыз сенгендіктен ғана Орынғалиды осындай қиын сынға салып отыр. Сан жылдар көкірегінде аялаған асыл арманының кілтін кім-көрінгеннің қолына қалай қиып ұстата қойсын?! Маңғыстауға басшы болып Бердібеков барады! Ұзақ ойланып, біраз толғанып барып осындай шешімге келген. Алғаш аттанған топ та, екіншісі де әзір мұнай көзін дөп баса алмай тұр. Ер кезегі үшке дейін! Бірлестік басшысы тап осы топтың, үшінші кезекте аттанатын жасақтың мұнай табатынына, сөйтіп Маңғыстаудың көптен күткен қара маржанына елдің қолын жеткізетін күннің алыс еместігіне әлдеқандай бір тылсым көріпкелдікпен сенетін.

* * *
Күн артынан күн өтіп жатты. Мұнайлы өңірге көктем қайтып оралды. Тегіс көгеріп кете қоймаған наурыз айының бас жағында Мерғали кезекті ауысымнан үй ішін елең еткізген тосын бір жаңалық айта келді.
– Маңғыстаудан мұнай табылыпты! Соған жұмысқа баратын адам жинап жатқан көрінеді. Жасақ бастығы – өзіміздің Ғабдол жездей екен.
Бұны естіп, «Қайда жүрсек те бірге боламыз» деген уәделері бар Мерғали мен Ыбырайым бірден бармақ боп сөз байласыпты. Ұйықтар алдында жас босанған Рәш көшу жайын қайта қозғап:
– Күн жылынған жоқ, қайтер екенбіз», – деп тартынып көріп еді.
Алған бетінен қайтуды жаны сүймейтін Мерғали:
– Маңғыстауға қалай да барамыз! Ата-бабамыздың сүйегі сонда жатыр, өзіміздің туып-өскен жеріміз. Біз бармағанда, кім барады?! Жинала бер, – деп сөзін біржолата тұжырып барып жастыққа бас қойған.
Ертеңіне таңнан тұрып, есік алдына шықса, күн сәулесі көкжиекті бүркеген ала бұлттан шашырай шығып келеді екен. Әлі ояна қоймаған ауыл аспаны түтіннен ада болыпты. Таза ауамен кеуде кере дем алсаң, көкірегің салқын лепке толып, бойың сергіп қалады. Мерғали ауыл шетіндегі кеңсе жаққа беттеді. Кеңсе үйінің жанындағы бағанға бекітулі ақ табақша-радиодан әлдебір әуен таңғы ауамен айналаға тамылжи тарап жатыр. Жақындағанда байқады, есік ашық тұр екен. Абажадай ағаш үстел басында Ғабдол жалғыз. Алдындағы қағазына алаңсыз шұқшиып қалғандықтан болуы керек, қасына келген Мерғалиды аңдамады.
– Ас-салау-ма-ғали-күм, Ғабе! – деп даусын соза сәлем берді Мерғали.
– О, ағайынды қоңыр қаз, амансың ба? Кел, кел, балдыз, – деп қалбаңдап қалды бастық. – Екеуің егіз қозыдай бір-біріңнен айырылмайтын едіңдер ғой. Ыбырайым қайда?
– Түнгі ауысымнан шыққан, ұйықтап жатқан шығар. Маңғыстауға жүретін жасақтың жайын білейін деп келіп едім, – деді Мерғали.
Ғабдол білетін бар хабарын балдызына жайып салды.
– Онда үстіне келдің. Сол мәселе жөнінде қазір жоғарыдан бастық келіп, Төңірекшың басындағы жұмысшыларға жиналыс ашпақ. Содан ертелетіп кеңсені аштырып, қам жасап, халықты күтіп отырғаным ғой, – деді ақтарыла сөйлеп.
Сол екі арада мұнайшылар біртіндеп кеңсеге жиналып, күбір-сыбыр көбейіп, адам қатары молая берді. Сәскеге таман орталықтан «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің бастығы Орынғали Бердібеков келіп, жиналысты бастады. Негізгі мәселе Маңғыстаудан ашылатын мұнай барлау жұмыстарына мамандар жасақтау екен. Бастық орта жасқа келіп қалған, орта бойлы, шапатылау, жазық маңдайын жарқыратып қара шашын кейін жатқыза қайырған, қоңыр көздері кісіге күлімсірей қарайтын кішіпейіл азамат екен. Жұқалтай ғана, аққұба жүзді, әдеміше қыр мұрынды кісінің сұйықтау жалпақ қастарының арасына айқын түскен әліп таңбасы секілді жалғыз терең әжім өмір жолының қиындықтан құр болмағанын айғақтап тұрғандай. Жастай қара жұмыс ширатқан қимыл-қозғалысының өзінен бір өжеттік, батылдық байқалады. Шапшаңқолдау бастық сөзді көп созбай, бірден қазақы қалжыңмен бастады.
– Маңғыстау мен Атырау аймағы бір теңіздің жағасын жайлаған,
төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс-жекжат ел және шетінен батырдың ұрпағы, қаражаяуы жоқ. Мұнайшы болу да батыр, батыл адамның қолынан келеді ғой. Сондықтан осы мұнай барлау жорығына ерік-жігері күшті, қажыр-қайраты мол жігіттер бірінші лекпен аттанады деп сенемін.
Жолдастар, Маңғыстауда мол қазына бар. Сол қазынаны тезірек тауып, елдің ырысына айналдыру мына біздің, барлаушылардың мойнында тұрған міндет. Тағдырдың бұйырмысы болар, тың жатқан түбекті игеру мүмкіндігі біздің еншімізге тиіпті. Үкімет шөл даладағы алаңдарды игерудің қиындығын ескеріп, барлаушылар жалақысына жетпіс пайыз үстеме ақы қосып отыр. Мындағы айлықтарыңды ол жаққа барғасын екі есе қылып алатын боласыңдар. «Киіз кімдікі болса – білек сонікі» дегенді білетін шығарсыңдар?! Жігіттер, өз жеріміздің мұнайын өзіміз барлап, табуымыз керек қой! «Солай емес пе?» дегендей бастық отырғандарды көзілдіріктің үстінен жағалай бір шолып өтті.
Бұндай топ – бірнешеу. Мұнайлыдан, Доссордан, Қаратоннан аттанады. Қане, тізімнің басына қайсыңды жазайын?! – деп көпшілікке сұраулы жүзбен барлай қарағанда қапелімде ешкім «мені жаз» демеді. Мұнай барлаушылардың екі есе төленетін айлыққа қызыға қоймау себебі де жоқ емес-ті. Иен далада ауыз судың жоқтығы былай тұрсын, ең әуелі баспанадан бастап өмір сүруге қажетті заттың бірде-бірі жоқ екенін бәрі біліп отыр. Сондықтан жылы орындарын суытқысы келмей ме, кібіртіктеп ешқайсысы үндей қоймады.
Бастық тағы сауал тастады:
– Өй, мен көп мақтап жібердім-ау, осы. «Танысаң, Адайыңмын!» дейтін батыр ағайындар қайда? Іштеріңде бір Адайдың болмағаны ма?
Мерғали бұдан әріге шыдамады.
– Мені жазыңыз! – деп алға шықты. – Менің ағам бар Ыбырайым деген. Оны да жазыңыз! Екеуіміз де Маңғыстауданбыз. Барамыз елге!
Екінші болып дизельші інісі Нұрмұхан қол көтерді.
Ыбырайымның елге кетуге оңтайлы себеп табылса бір күн кідірмесін біледі. Бұл жайында екеуінің бұрыннан берік байламы бар.
– Жарайсың! Адай деген осындай болуы керек қой! – деді трест бастығы жымыңдап.
Сең бұзылғандай тізімге жазылу басталды. Әр тұстан «мені де жаз» деген дауыстар шыға бастады. Қызды-қыздымен кеңседегілердің көпшілігі тізімге тіркелді.
– Бір айдың шамасында жүреміз, оған дейін ойлануға уақыт бар. Асырымға бара жатқан жоқсыздар, бір облыстың жері ғой. Өзге жұрт айшылық алыс жолы бар Сібірге де кетіп жатыр. Қашан да, біздің қазақтың жайбасарлығы қалмайды. Егер өз жерімізден шығып жатқан байлыққа өзіміз ие болмасақ, үкімет қарап отырмайды. Ертең-ақ алдымен теңіздің арғы бетіндегі бакулықтарды, содан кейін басқа жердегі мұнайшыларды біртіндеп көмекке шақырады. Сонда өз жеріміздің байлығын өзіміз игере алмай, өгей баланың күйін кешкен жақсы ма? Маңғыстауды жерсінбей жатсаңыздар қайтып келу қиын емес қой, – деп сөзін бітірген бастық бригада жасақтауды Ғабдолға тапсырып, орталыққа қайтып кетті.
Жеделдетіп барлау-бұрғылау тобы құрылып, бір айдың шамасында Ғабдол бастаған көш жолға әзір болды. Жылойдан шыққан мұнайшылар керуені – он төрт жүк машинасы шұбатыла тіркесіп Маңғыстауға бет түзеді.

Пікір қалдыру